text
stringlengths
3
252k
Жартас далазығыры (лат. Galatella saxatilis) – астралылар тұқымдасының далазығыры туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Іле Алатауындағы Сөгеті тауының баурайы мен жартасты жерлерінде өседі. Биікт. 20 — 30 см. Көп бұтақты сабағы төм. жағынан сүректеніп кеткен. Майда, ланцет тәрізді сүйір отырмалы жапырақтары сабаққа кезектесіп орналасады. Гүлінің түсі әр түрлі: шеткі аналық гүлдері — қызғылт күлгін, күлтесі — ақшыл сары түсті болады. Бұлар жиналып, себет гүлшоғырын құрайды. Тұқымынан көбейеді. Шілде — қыркүйек айларында гүлдейді. Тұқымы — сыртын түк жапқан дәнек. Жарсуат далазығыры — өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Дереккөздер
Жарсай мұздығы – Іле Алатауы орта тұсының солтүстік беткейіндегі аңғарда қалыптасқан. Талғар шыңы төңірегіне шоғырланған тұтас мұздықтар алабының қиыр шығыс шетінде (4560- 4600 м биіктікте) орналасқан. Мұздықтан Есіктің саласы - Жарсай өзенінен бастау алады. ## Аумағы, жер бедері Жалпы ауданы 5 км2, ұзындығы 4,6 км, таза мұзының көлемі 0,3 км3. Фирн алаңы 3760 метрден жоғарыда жатыр. Мұздық тілі 3410 м-ге дейін төмендейді. Жарсай өзенінің аңғарымен сел жиі жүреді, сондықтан Жарсай мұздығын кейде "Жындысу мұздығы" деп те атайды. 1963 жылы 7 шілдедегі лай тасқыны Есік қорғаны кемерін бұзып өтіп, көл шарасын сусыз қалдырды. ## Дереккөздер
Жартас таңба суреттері — ежелгі дәуірлер (палеолит, неолит, қола, темір) кезеңдеріндегі адамдар қалдырған өнер шығармалары. Осындай көне дәуірлерде адам қолынан туындаған өнер шығармалары алғаш әр түрлі белгі суреттер арқылы басталып, кейін жануарлар әлемін және тұрмыстық өмір бейнесін көрсететін мағыналы сурет, нақыштарға ұласқан. Жартас таңба суреттері Жер шарының барлық түкпірінен кездеседі: Африкада (Бумен жартасында, Алжир сахарасы — Тассилин — Аджерде, Ливия сахарасында — Феццианда), Испанияда (Альтамира, Альпера жартас үңгірінде), Францияда (Ляско жартас үңгірінде), Азия құрлығында (Сібірде, Қиыр Шығыста, Алтайда), оның ішінде Қазақстан жерінде кездеседі. Жартас таңба суреттерінің ең көнесі — Испаниядағы Альтамира үңгіріндегі суреттер. Ол суреттер шамамен бұдан 40 мың жыл бұрын таңбаланған. Қазақстанда ірі екі Жартас таңба суреттері қорымы сақталған: Шу — Іле тауының оңтүстік-батысындағы Таңбалы шатқалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Бұғытас қорымы. Жартас таңба суреттері кейін әр түрлі өнер ағымдарының, рәміздік белгілердің қалыптасуына ықпал еткен. Мысалы, сақтардың “аң бейнелі” өнер өзінің бастауын Жартас таңба суреттерінен алған (мысалы, Таңбалы, Бұғытас Жартас таңба суреттерінен, т.б.). “Азия дауысы” фестивалінің негізгі рәміздік белгісі — “Күн тәңірісі” Таңбалы Жартас таңба суреттерінен алынған, т.б.); қ. Петроглифтер. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Жәдігөй — біреудің жадын айламен шатастырып , сиқыршылықпен айналысушы адам. Шамандыққа, сиқырлы құбылысқа сенген ежелгі замандардан сақталған ұғым. Кейде айлакер, алдампаз адамдарды да Жәдігөй дейді. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Жәдік сұлтан , Джадк, Адик, Иадик (туған жылы белгісіз-1520) — қазақ сұлтаны. Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы. Мұхаммед Хайдар Дулати Жәдік сұлтанды ықпалды сұлтандардың бірі болған деп көрсетеді. Жәдік сұлтанның бауыры Қасым хан түрлі саяси, дипломатиялық жолдармен Қазақ хандығын нығайтып, территориясын кеңейтуде оның қолдауына сүйенгені байқалады. Тарихи деректерде Жәдік сұлтанның өмірі туралы мәліметтер аз кездеседі. Ол Моғолстан ханы Жүністің төртінші қызы Нигар ханымға үйленген. Жәдік сұлтанның Тоғым, Бөкей және Шығай мен Мәлік деген төрт ұлы бар, оның екеуі Қазақ хандығының хандары болған. Мұхаммед Шайбани хан 1503 жылы Ташкент қаласын басып алған кезде Жәдік сұлтан қазақ даласына қашып кетеді. Жәдік сұлтан Шығым мырза бастап барған, ноғайлармен болған шайқаста Жыландытөбе деген жерде қаза табады. Бұл 1518 жылға дейін болуы керек, өйткені Шығым мырза 1518 жылы өледі. Қадырғали Жалайырдың мәліметіне қарағанда, Жәдік сұлтанның бейіті Үргеніштегі Бақырған Ата деген жерде. Әкесі - Әз Жәнібек хан.Баласы - Шығай хан.
Жәке Қойтанұлы (1830, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Сайқан тауы — 1914, Қытай, Сауыр жоталары) — би, шешен. Абақ Керей тайпасының Меркіт руынан шыққан. * Он жеті жасынан ел ісіне араласып, билік айтып, шешендігімен танылған. * 1883 ж. 800 үй меркіт руын бастап Сауыр тауына барып қоныстанған, сол рудың үкірдайы болып сайланған. Керей, Найман тайпаларына төрелік айтып, би болған. Түрлі дау-дамайларда әділдігімен көзге түсіп, “керейдің Жәкесі, меркіттің әкесі” атанған. Тарбағатай, Алтай, Қобданы билеген қытай ұлықтары, салық салу, жер мәселесін Жәке бимен келісіп шешкен. * Жәке ел ішінде сауат ашу ісіне де ат салысып, 1889 ж. Ласты өзеннің бойынан медресе ашқан. Зайсаннан Нұғман қазіретті шақыртып, бала оқытқан. Сол медресе кейін “Жәке медресесі” аталып кеткен. * Жәке бидің айтқан билік, нақыл сөздері Алтай аймағының орталық Сарсүмбе қаласынан шыққан “Таң шолпан” журналының 1947 жылғы 2-санында жарияланды. * 1944 ж. немересі Қабыл тәйжінің аузынан І.Омаров жазып алған Жәкенің шешендік сөздері М.Әуезов мұражайында сақтаулы тұр. ## Дереккөздер
Жәйрем полиметалл кен орны - Қарағанды облысы Қаражал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 60 км жерде. Кен орны 1951 жылы ашылып, 1964 жылдан барланған. ## Геологиялық құрылымы Кен Жайылма грабен-синклиналінің ортасында пайда болған екінші дәрежелі брахиантиклиналь бойында орналасқан. Кентас жоғарғы девонның фамен ғасырының флишоид қабатында шоғырланған. ## Жатыс сипаты Кен орны Шығыс, Батыс, Қиыр батыс деп аталатын 3 телімге бөлінген. Кен денелері – сыйыстырушы жыныстарға сәйкес жатқан линза және қабат пішінді күрделі денелер. Ұзындығы 200-1600 м, ені 100-700 м, қалыңдығы 1 м-ден 115 м-ге дейін. ## Түрлері, құрамы Кентастардың қорғасынды-мырышты, таза баритті, мырышты-олигонитті, тотыққан қорғасынды-мырышты түрлері бар. Негізгі минералдары – галенит, сфалерит, мельниковит, олигонит, барит, пирит. Кентастардан қорғасын, мырыш, барит, қосымша мыс, күміс, кадмий алынады. Жәйрем полиметалл кені негізінде Жәйрем кен-байыту комбинаты салынған. ## Дереккөздер
‎ ‎ Жармұхамед ишан Оразайұлы (1858, бұрынғы Ақмешіт уезі, Сырдария ауданы “Зіңкетер” елді мекені — 1919, Ақмола облысы Есіл ауданы “Дальний” деген жерде) — діни ағартушы. Бұхара медресесінде оқыған. Кейін Есіл бойы қазақтарының арасына келіп, мешіт салдырып, бастауыш мектеп ашқан. Балалары Құлмұхамед пен Абдолла Уфадағы Ғалия медресесінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Жармұхамед ишан ағасы Ахметишанмен бірге “Қазақ” газетінің жарық көруіне үлес қосқан. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Ғийас Әд-Дин Ибн Масуд Жәмшид Әл-Кәши(Ғиасуддин Жәмшид әл Кашани , т.ж.б. – шамамен 1436/37) – математик және астроном, Орталық Азиялық ұлы ғалым. Көлемді 10 – 15 кітап жазған. Арифметика кілті (1427) деген еңбегінде көрсеткіші натурал сан болатын бином формуласын пайдалануға негізделген түбір табу тәсілдері баяндалған;Жәмшид әл Кашани — Ислам кезеңіндегі әйгілі ғалым, математиктердің бірі. Ол астрономия саласына қажетті дәл өлшейтін құралдар ойлап тапты. Еуропалық ғалымдар Ғиасуддиннің математика саласындағы білімі еуропалықтардан жоғары екенін мойындаған. Ғиасуддин Джамшид Кашани қамаридің 824 жылы Ұлықбектің шақыруымен Самарқандқа кетіп, қаладағы обсерватерияны басқарды. Оның математика саласындағы белгілі еңбектеріне "Пи" саның, яғни шеңбер периметрінің радиусына деген қатысты үлкен дәлелдікпен шығаруы жатады. Оның бұл өнертабысына келесі 150 жылға дейін теңелетін өнертабыс болмады. Ғиасуддин Жәмшид Кашанидің математиматика саласындағы әдістері соншалықта қызықтыратындай болғаннан, үлкен математиктер оларды ұқыпты зерттеген. Ғиасуддин Жәмшид Кашанидің математика саласында көптеген маңызды еңбектері бар. Олардың бірі "Ресале Мухитие". Ол бұл кітабін қамаридың 827 жылы аяқтаған. Дәл осы уақытта оның бір нұсқасы Мешхедтегі Разави кітабханасында бар.
Жәмеңке Мәмбетұлы (1838, бұрынғы Жетісу облысы, Жаркент уезі — 10 тамыз 1916, Қырғызстан, Қаракол қ.) — батыр. Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. Жетісудағы 1916 жылғы Қарқара көтерілісі жетекшілерінің бірі. Жастайынан өткірлігімен, шешендігімен көзге түсіп, 18 жасынан билікке араласып, әділдігімен елге танылған. 19 жасында Қарқара өңірінің игі-жақсыларымен бірге Тезек төремен кездеседі. Жәмеңке Қарқара қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздарының ақылгөй ағасы атанған. Туысқан екі елдің татулығы мен достығын, бірлігі мен бейбітшілігін сақтап, нығайтуға көп еңбек сіңірген. Жәмеңкенің ұйымдастырушылық дарыны 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс тұсында айқын байқалды. Патша үкіметінің 1916 жылы 25 маусымдағы жарлығына орай туындаған жағдайға байланысты Нарынқол-Шарын өңіріндегі Албан тайпасының 16 болысының өкілдері Қарқара жәрмеңкесінің шығыс жағындағы төбенің үстіне жиналып мәжіліс өткізеді. Мәжілісті Жәмеңке бастап ашып, ол патшаның жарлығына қарсы шығып: “...Бізден бала сұрайды. Қара жұмыс істетеміз деп жақақтады. Елден бір кеткен соң не қылса, өзі біледі. Қолдан шыққан соң соғысқа айдап салмай не қылады. ... бала өлгенше, шал өлсін, патшаның жарлығын орындамаймыз” - деп сөз сөйледі. Осы мәжілістен кейін халық бұқарасы патша үкіметінің билік орындарына бағынудан бас тартты. 11 шілде күні Қарқара жәрмеңкесінде жиналған халықтың алдында Жәмеңке Нарынқол-Шарын бөлімшесінің бастығы Подворковке қазақ халқы ресми түрде патша жарлығын орындамайтынын мәлімдеді. Жәмеңкеге өзақ Саурықұлы, Жаңабай Құдайбергенұлы, т.б. ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырушылар қолдау көрсетті. 22 шілде күні бөлімше бастығы Подворков Жәмеңке мен өзақ Саурықұлын, 10 күннен кейін 11 шілде күні жәрмеңкедегі жиынға қатысып, белсенділік көрсеткен бір топ адамды тұтқынға алып, Қарақол түрмесіне айдатады. Түрмеге түскеннен кейін уезд бастығы полк. Иванов олардан патша жарлығын орындауды талап етеді, Жәмеңке бастаған қозғалыс жетекшілері бұл шарттан бас тартады. Патша жендеттері 9 тамыз күні Жәмеңкенің тамағына у қосып береді де, 10 тамыз күні Жәмеңке қайтыс болады. Саурықұлы қайтыс болған Жәмеңкені құшақтап отырып: “Жан жолдасым Жәмеңке”, деп басталатын жоқтау айтады. Ұлы: Жәменкеұлы Сағындық ## Дереккөздер
Жәмші, Жаман, Қарасай – Солтүстік Балқаш алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысының Ақтоғай, Шет аудандары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 117 км, су жиналатын алабы 1150 км2. ## Бастауы Өзен Қызылтас тауларының оңтүстік беткейінен бастау алып, Балқаштың солтүстігіндегі Көкдомбақ көлінің тұсында құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Көктемде қар ерігенде ағады, жазда жеке қарасуларға бөлініп қалады. Жылдық орташа су ағыны 0,86 м3/с. Жәмші аңғарының жер асты суы Ақшатау, Ақжал кенттерін, тау-кен кәсіпорындарын сумен жабдықтау үшін пайдаланылады. Өзенінің бойында Жәмші, Қарабұлақ ауылдары бар. ## Дереккөздер
Жәдидшілдік (араб.: طريقة جديدة‎— жаңа әдіс) — 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс. Алғаш 19 ғасырдың 80-жылдарында Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасты. Кейіннен Жәдидшілдік Орталық Азиядағы барлық дерлік түркі халықтары (қазақ, қырғыз, өзбек, т.б.) арасында жалғасын тауып, өрістей түсті. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері қатарында И.Гаспралы, Ш.Маржани, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбуди, А.Фитрат, Ф.Ходжаев, т.б. болды. Ағартушылық сипатта жүрген Жәдидшілдік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алып, оны жаңғыртуды көздеді. Жәдидшілдік патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Түркі халықтарының ерікті әрі өркениетті болуын қалады. Мұсылмандық хадими (ескіше) мектептердегі ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келген оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін жаңа заман талабына сәйкестендіріп, қайта құруды ұсынған ілгерішіл бағыт ұстанды. Мектеп-медреселердегі өз беделдерінен айырылып қалғысы келмеген кейбір дін иелері Жәдидшілдікті шариғатқа қарсы әрекет ретінде бағалады. Жәдидшілдікке патша өкіметі тарапынан да қысым көрсетілді. Жәдид мектептері оқушыларының басым көпшілігі Қазан, Орынбор, Уфа қалаларында білім-тәрбие алған татар, башқұрт және қазақ жастары болды. Олардың арасында Стамбұл, Мысыр, Бағдат оқу орындарының түлектері де кездесетін. Патша өкіметі оларға өзінің Орталық Азия мен Қазақстандағы отаршылдық саясатына зиянын тигізетін саяси сенімсіз адамдар ретінде қарады. 19 ғасырдың соңында Ресей мұсылмандары хадимшілдер және жәдидшілдер болып, іс жүзінде бір-біріне қарсы екі топқа бөлінді. Хадими бағытты қолдаушылар “Сират әл-мустақим” (“Тура жол”) атты партия құрып, 1907 жылы Орынбор қаласындағы баспахана иесі, бай Ұ.Хұсайыновтың қаржысына “Дін уа мағишат” (Дін және өмір”) деген журнал шығарды. Бұл журнал Гаспралы басшылық еткен, Бақшасарайда (Қырым) 1883 жылдан бастап шығып отырған “Тәржіман” газетінің Жәдидшілдік көзқарасына қарсы күрес жүргізді. Жәдидшілдік бағыт пен хадимшілдер арасындағы тартысты патша өкіметі әдейі қоздырып, біріне-бірін өшіктіріп, айдап салып отырды. Мұндай кедергілерге қарамастан, Жәдидшілдік қозғалысы екпін алып, жер-жерлерде аталмыш бағыттағы мектеп-медреселер ашыла бастады. Мұндай оқу орындарында жаратылыстану пәндеріне, түркі халықтарының төл тарихы мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Уфадағы “Ғалия”, Орынбордағы “Хусайния”, Қазандағы “Мұхаммедия”, Қырғызстандағы “Шабдания” секілді мектеп-медреселер Жәдидшілдіктің ірі ошақтарына айналды. 1913 жылы бүкіл Түркістан өлкесінде Жәдидшілдік бағыттағы 92 мектеп-медреселер қызмет етті. Қазақстандағы Жәдидшілдік бағыттағы мектептердің ең ірілерінің бірі — “Мамания” мектебі болды. ## Дереккөздер
Жәнбекей төлеұлы (т.-ө.ж.б.) — қазақ байы, әйгілі Төле би Әлібекұлының баласы. Қазығұрт тауының маңында дүниеге келген. өлы жүз құрамындағы дулат тайпасының жаныс руынан шыққан. Ж. Төле бидің өзімен бірге қартайған деген аңыз бар. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Ж. асқан байлығымен халыққа танымал болған. Ол басқыншы жауға қарсы күрес жылдарында қазақ әскерін мініс аттарымен, ас-сумен қамтамасыз етіп, жоқ-жітіктерге қамқорлық көрсетіпті. Бірде Ж. қазақ-қырғыздың басын қосып, аламан бәйгелі үлкен той жасапты. Осы тойға Арқадан атақты “Елім-ай” дастанының авторы Қожаберген жыраудың әкесі Толыбай сыншыны алдырып, оған ішінде Шапырашты Наурызбай мен Балпық Дербісәліұлы бар бірнеше баланы сынатады. Сондағы Толыбай сыншының ол балалар жөнінде айтқан болжамы кейін дәл шығыпты деседі.
Жәмішбай Бегенұлы (1830, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жанболды ауылы — Торайғыр қыстауы, Мұсайын ауылы) — әнші, сері, ақын, композитор. Ж. жас кезінде ауыл молдасынан оқып, хадимше хат таныған. Әкесі Едіге би ауылындағы медресеге беріп, оны да жақсы оқып бітіреді. Ж. жас кезінен ән салып, домбыра тартып, өлең шығарып көзге түседі. Ол —Сегіз серінің тәрбиесін көрген, батасын алған шәкірттерінің бірі. Ж. 1856 ж. Торайғыр өңіріне көшіп келіп, сонда тұрақтайды. 1855 ж. Керей жайлауында Сегіз серіге арнап ас берілгенде Ж. “Сегіз сері баҺадүр” дастанын шығарып, ас беруші Қожамжар мырза Дауылұлынан мол сыйлық алған. Сегіз серіге арнап жоқтау да шығарған. Сегіз сері асы өткен соң, батыр ақынның қанды көйлек жолдасы Нияз серіден, БаҺрамұлының туыстарынан рұхсат сұрап, олардың ризашылығын алып, баянауылдық әнші ақындар Жапар, Жаяу Мұсамен бірге туған жерге оралған. 1856 ж. құрғақшылықта қайта Торайғыр өлкесіне (қазіргі Новосибирск қ. орналасқан жер) көшіп барып, Ресей отаршылары 1893 ж. күштеп көшіргенше сонда отырған. Ж-дың көптеген әндері халық әндері санатында жүр. Ол “Ер Құлжабай”, “Шотана сардар”, “Боранбай батыр”, “Дәстем сал”, “Асқап баҺадүр”, “Жасыбай батыр”, “Сегіз баҺадүр” атты тарихи дастандар шығарған. Ж. айтыс ақыны ретінде өзінен жасы үлкен Әбутәліп, Әлеке, Асылбай, Арыстанбай, Орынбай (Қарауыл), Шөже, Қожабек, өзімен қатар Балтекей, Тезекбай, Кемпірбай, Сұртай, Жылтыр, Қарқабай, Есенбай, Нұркей, Майлықожа, Майкөт, Сарыбас, Әзілкеш, Құлмамбет сияқты ақындармен сайысқа түскен. Ж-дың Шөжемен, Кемпірбаймен айтыстары 1965 ж. жарық көрген “Айтыс” жинағының 1-томынан орын алды. Ж-дың өмірбаяны оны көзі көрген Ә.Жақауұлы, Д.Нұрпейісұлы, Ү.Құлжанұлы, Б.Жүнісұлы, С.Жүнісұлы, М.Ахметұлы, Темірғали Әлкөншекұлы (С.Қонақбаевтың нағашы атасы) сияқты ақсақалдардан жазып алынды. . ## Дереккөздер
## Қысқаша өмірбаяны Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменов (1956 жыл,Түркістан облысы Түркістан ауданы) — техника ғылымдарының докторы (1991), професор (1994), Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент мүшесі (1995). * 1976 - ҚазМУ-ді бітірген. * 1976—77 ж. - Қарағанды мемлекеттік университетінде аға лаборант; * 1977 — 93 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Химия-металлургиялық институтында инженер, кіші, аға ғылыми қызметкер, лаборант, бөлім меңгерушісі; * 1985 — 87 ж. - Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі; * 1992 — 93 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Орталық Қазақстан бөлімі төрағасының орынбасары болды. * 1993 жылдан - Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталық директорының орынбасары, бірінші орынбасары. ## Еңбектері Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары мысты электролиздік рафинадтау, сондай-ақ, электр мембраналық және гидролиздік процестер негізінде ерітіндідегі ауыспалы металл тұздарын бөлу мәселелеріне арналған. Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменов тұз ерітінділерінің физика-химия қасиеттерін (ерігіштігі, электр өткізгіштігі, т.б.) олардың электр мембраналық жүйелердегі күйлерімен байланысты қарастырды. Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменовтің басшылығымен өндірістік электролиттерді тазалаудың тиімділігі жоғары және экология таза технологиясы жасалып, өндіріске (“Балхашмыс” және Қарағанды тау-кен машиналары өндірістік бірлестіктерінде) енгізілді. Шығармалары: * Полимерные ионитовые мембраны в гидроэлектрометаллургии меди, А.-А., 1988; * Применение биполярных мембран для корректировки состава медного электролита. * В сборнике: Физико-химические основы комплексной переработки минерального сырья Казахстана, Қарағанды, 1989 (соавтор). ## Дереккөздер ## Қысқаша өмірбаяны Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменов (1956 жыл,Түркістан облысы Түркістан ауданы) — техника ғылымдарының докторы (1991), професор (1994), Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент мүшесі (1995). * 1976 - ҚазМУ-ді бітірген. * 1976—77 ж. - Қарағанды мемлекеттік университетінде аға лаборант; * 1977 — 93 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Химия-металлургиялық институтында инженер, кіші, аға ғылыми қызметкер, лаборант, бөлім меңгерушісі; * 1985 — 87 ж. - Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі; * 1992 — 93 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Орталық Қазақстан бөлімі төрағасының орынбасары болды. * 1993 жылдан - Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталық директорының орынбасары, бірінші орынбасары. ## Еңбектері Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары мысты электролиздік рафинадтау, сондай-ақ, электр мембраналық және гидролиздік процестер негізінде ерітіндідегі ауыспалы металл тұздарын бөлу мәселелеріне арналған. Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменов тұз ерітінділерінің физика-химия қасиеттерін (ерігіштігі, электр өткізгіштігі, т.б.) олардың электр мембраналық жүйелердегі күйлерімен байланысты қарастырды. Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменовтің басшылығымен өндірістік электролиттерді тазалаудың тиімділігі жоғары және экология таза технологиясы жасалып, өндіріске (“Балхашмыс” және Қарағанды тау-кен машиналары өндірістік бірлестіктерінде) енгізілді. Шығармалары: * Полимерные ионитовые мембраны в гидроэлектрометаллургии меди, А.-А., 1988; * Применение биполярных мембран для корректировки состава медного электролита. * В сборнике: Физико-химические основы комплексной переработки минерального сырья Казахстана, Қарағанды, 1989 (соавтор). ## Дереккөздер
Әбдіғаппар Кенжебайұлыв Жәкелов — ғалым, геология-минералдар ғылымдарының докторы (1984), Қазақстан ұлттық академиясының корриспондент мүшесі (1992). ## Қысқаша өмірбаяны * 1954 - Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазөТУ) бітірген. * 1954 — 58 ж. - Солтүстік Қазақстан геология басқармасының гидрогеологы, аға гидрогеологы; * 1958 — 64 ж. - Шымкент, Мойынқұм гидрогеология партияларының аға гидрогеологы, техник жетекшісі; * 1964 — 66 ж. - Қазақ гидрогеология тресінің бас инженері; * 1966 — 79 ж. - Қазақ гидрогеология басқармасының бас инженері, бастығы; * 1979 — 85 ж. - “Қазгидрогеология” өндірістік бірлестігінің бас директоры; * 1985 — 90 ж. - Алматы гидрогеология экспедициясының бастығы; * 1990 — 99 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Гидрогеология және гидрофизика институты директорының орынбасары қызметтерін атқарған. * 1999 жылдан - осы институттың лабарант меңгерушісі. ## Еңбектері Ұылы еңбектері жер асты суының орналасу және олардың қорларының түзілу, қалыптасу заңдылықтарын зерттеуге, су қорын барлаудың теориялық негіздері мен барлау әдістерін анықтауға, жер асты суын қалалар мен өндіріс орындарында, а. ш-нда тиімді пайдалануға арналған. Әбдіғаппар Кенжебайұлыв Жәкелов Қазақстанның шөл және шөлейт аудандарында жер асты суы қалыптасуының конденсаттық және инфильтрациялық теорияларын негіздеді. Биік таулы аудандарда қалыптасқан жер асты суы ағынының артезиан алаптарына қарай жылжу заңдылықтарын ашты. Жер асты суы қорын тиімді пайдалану, ластанудан қорғау проблемалары бойынша әдістемелер ұсынды. КСРО Мемлекеттік сыйлық (1981), Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлық (1991) лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдермен марапатталған. Шығармалары: * Формирование подземных вод Чу — Сарысуйского артезианского бассейна, их ресурсы и перспективы использования]], А., 1993; * Генезис подземных и поверхностных вод северного склона Зайлийского Алатау, А., 1996; * Подземные воды Казахстана. Ресурсы, использование и проблемы охраны, А., 1999. ## Дереккөздер
Мұқатай Жәнібеков (1887 жыл, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі, Темірші болысы – 1932 жыл) — қоғам-саяси қайраткері, большевик және төңкерісші. ## Өмірбаян Арғын тайпасы, Қаракесек руының Майлық бұтағынан шыққан. Ресей империясының Чита қаласы маңындағы Замятин шахтасында жұмыс істеп жүріп, 1905 жылы жұмысшылар ереуіліне қатысқаны үшін шахтадан қуылады. Кейін Лена алтын кеніндегі жұмысшы қозғалысына қатысып (1912), 12 жылға жер аударылады. 1917 жылы босап шығып, Омбыдағы депутаттар кеңесінің жұмысына араласады. Омбы маңындағы Куломзино станциясындағы ақ гвардияшылармен соғыста бір топ достарымен тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Қамаудан шығып, астыртын большевиктер ұйымын басқарады. Кейін Колчак әскерлерінің қолына түсіп, Красноярск түрмесіне жөнелтіледі. Бұдан қашып шығып, Омбы уездік милициясының атты әскеріне алынады. Жәнібеков өмірінің соңғы жылдары Петропавл губерниялық атқару комитетіті революциялық трибуналының нұсқаушысы, мүшесі, Қарқаралы уездік милиция бөлімінің, Қазақстан өлкелік милиция мектебінің, Семей қалалық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. ## Дереккөздер
Өзбекәлі Жәнібекұлы Жәнібек (28 тамыз 1931, Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылы — 24 ақпан 1998, Алматы) — мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты (1990). Қоңырат тайпасы Жаманбай руынан шыққан.Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952). ## Қызмет жолы * Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952 — 1955); * Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы (1955 — 1956); * Шымкент облысының комсомол комитетінің хатшысы (1956 — 1961); * Қазақстан ЛКЖО ОК-нің 1-хатшысы, хатшысы (1961 — 1970), * Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы (1970 — 1975); * Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975 — 1977); * Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977 — 1988); мәдениет министрі (1987 — 1988); * Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988 — 1991) қызметтерін атқарды. ## Қоғамдық қызметі * Ө. Жәнібек қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. * Ө. Жәнібек бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды; * Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылды. * Жәнібеков “Шертер”, Адырна”, “Алтынай”, т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. * “Наурыз” мейрамының, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. * Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. ## Еңбектері “Қазақтың ұлттық қол өнері” (1982), “Жаңғырық” (1991), “Уақыт керуені” (1992), “Жолайрықта” (1996), “Қазақ киімі” (1996), “Ежелгі Отырар” (1997), “Тағдыр тағылымы” (1996, 1-кітап, 1997, 2-кітап) еңбектері жарық көрген. ## Марапаттары 2-3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдермен марапатталған. ## Дереккөздер
Қасым Әбенұлы Жәкібаев (12 желтоқсан 1929 жыл Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қарғалы – 8 тамыз 2011 жыл Алматы) — кеңестік және қазақ кино және театр актері. Қазақ театрының мэтрі атанған дарынды артист. Қазақстанның халық әртісі. Тәуелсіз «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының және Қазақ Ұлттық киноакадемиясының «Құлагер» сыйлығының иегері, театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған актер. ## Жалпы мәліметтер Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кеткен, Қасым қа-зіргі Панфилов паркінде орналасқан «Красная звезда» артелінде жұмысшы болды. 15 жасында әкесі Әбек Ұлы Отан соғысында қаза табады. Әке өлімінен соң, көп ұзамай анасы Сарқыт та марқұм болады. Өмірдің қиын-қыстау кездерін, ауыртпашылығын ерте көрген Қасым 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны бітіріп шығады. Сол кезде Халық әртісі Яков Виктор Иванович пен қазақ өнерінің майталманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс алды. ## Шығармашылығы * Қасым Жәкібаевты алғаш өнерге әкелгендердің бірі – Наталия Ильинична Сац болатын. Наталия Сац бір топ өрендермен (Ақыл Құланбаев, қазақ теледидары мен театрына еңбегі сіңген Ыдырыс Қасымовтармен) бірге, Қасымды да театрға шақы-рады. Алғашқы қойылым А.Толстойдың «Алтын кілт» спектаклінде Қасым Базилио мысықтың рөлін сомдайды. Ал, одан кейінгі рөлі Мұсатай Ақынжановтың «Алтын сақасындағы» бай баласы Сарман болды. * Тума дарын театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдайды. Соның ішінде, Полоний (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вурле (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Қайрақбай (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»), Бүкір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан енисейінде»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында»), Қонқай (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқ-тысында»), Әлібек (Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселімінде») т.б. Қасым Жәкібаев–ойнақтаған жеті жасар баладан, қартайған жетпістегі шалға дейінгі рөлдерді сомдап, қазақ театр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген дарынды тұлға. * Қасым Жәкібаев сахна өнері үшін туғандай. Сахнагердің бойындағы шеберліктің тағы бір ерекшелігі – оның суырып-салмалылық (импровизация) өнерін жете меңгергендігі еді. Ол әрқ сахнадағы таптауырындылықтан алшақ болуға тыры-сып бақты. Қайталана беретін сахналық әдіспен көрермендерді де, әріптестерін де, тіпті өзін де жалықтырып алмаудың амал-тәсілін іздеумен болды. * Жәкібаев кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. “Дерсу Узала”, “Жансебіл”, “Қан мен тер”, “Үшеу”, “Дәнекер”, “Отырар”, “Махаббат станциясы”, “Тоғысқан тағдырлар” фильмдеріндегі рөлдері — кино өнері тарихында қалды. ## Еңбек жолы * 1944-1948 жылдары Алматы көркемсурет училищесін бітірген. * 1948-1984 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлік құрамында болды; * 1984 жылдан өмірінің соңына дейін Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының штаттағы актері болды. * 1994 жылдан өмірінің соңына дейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өнер көрсетті. ## Марапаттары * 1966 жылы (Қазақ КСР) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағы; * 1996 жылы (ҚР) Қазақстанның халық әртісі құрметті атақтары берілген. * 2001 жылы «Парасат ордені»; * 2004 жылы Қазақ кино және театр өнеріне сіңірген айрықша еңбектері үшін Тәуелсіз «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды; * 2008 жылы «Құрмет ордені»; * Қазақ Ұлттық киноакадемиясының «Құлагер» Ұлттық кино сыйлығының иегері. * Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері. ## Дереккөздер
Жәлменде Байшығашұлы (1846, Алматы облысы Қаратал өзенінің төменгі сағасы — 1901) — би, шешен. Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасының арықтыным-байшегір тармағынан шыққан. Жәлменде 12 жыл болыс, 9 жыл би болған. Қоянды жәрмеңкесінде Абаймен кездесіп, жақын танысады. Үржарда өткен 7 уезд өкілдері бас қосқан съезде түйіні қиын мәселелерді шешуге Абай Жәлмендені шақыртады. Жол аяғы қашықтықтан 2 — 3 күн кешігіп барғанымен, съезді Жәлменде би ашады. Съезде хатшылық міндетін атқарған Абай Жәлменденің сөздерін уезд бастығы Лосовскийге аударып отырады. Уезд бастығы осы жиында Жәлменденің басшылығымен шығарылған ережені өзгеріссіз бекітіп, оған атқарған адал еңбегі үшін алтын медаль береді. Жәлменде қырғыз Шәбдан манап, қазақ халқының белгілі адамдары Бөлтірік шешен, Маман бай, Есімбек Тәнекеұлы, Бақтыбай Жолбарысұлымен етене араласқан. Ж. 1901 ж. қажылыққа барған сапарында Мекке мен Мәдиненің аралығындағы “Жаннәтіл бақия” деген құдықтың маңында қаза тапқан. Жәлменде туралы ел аузында сақталған аңыздар “Баласы Жәлменденің Пішән едім” (Талдықорған, 1999), “Армысың, қайран бабалар” (Талдықорған, 1995) атты кітапшаларда жинақталып берілген. ## Жәлменде Байшығашұлы турады әңгімелер ### Жәлменде Байшығашұлы турады әңгіме Жәлменде би үлкенге де, кішіге де, кедейге де, байға да әділ билігін айтып, қамқор болған. Талайдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ел ағасы болған азамат. Бір жолы оған Бақтыбай ақын мұңын шағып барады. - Мына кедейлік түбіме жетті, - дейді ол. Ғашық боп жүрген Мәйке қызды бай ағайындары маған қоспайтын болды. Бар сылтауы сол - қалың малын төлей алмайтын жалаң аяқ кедейге қыз бермеймін деп жолатпайды. Енді не амал қыламын, өзің қамкорлық етпесең болатын емес. Бұл жайды ұққан Жәлменде би сонда Бақтыбайға: Бақ қонбайды жасыққа,Жан жуымас пасыққа,Көңіліңді батыр жасытпа,Жігіт адам жетеді.Шын тілеген ғашыққа,Мен аяман Бақтыбай.Келгенін саған қолымнан,Байқоржын Тарақ жалғасып,Құр тастамас жолдасын.Мәйке кетпес еш жаққа,Туғызып айды оңынан,Бұрылар сенің жолыңа,Құдай аруақ қолдасын, - Бақ қонбайды жасыққа,Жан жуымас пасыққа,Көңіліңді батыр жасытпа,Жігіт адам жетеді.Шын тілеген ғашыққа,Мен аяман Бақтыбай.Келгенін саған қолымнан,Байқоржын Тарақ жалғасып,Құр тастамас жолдасын.Мәйке кетпес еш жаққа,Туғызып айды оңынан,Бұрылар сенің жолыңа,Құдай аруақ қолдасын, - деп оған жұбату айтады да, оны ертіп Мәйке қыздын ауылына, ағайындарына барады. Бақтыбайдың шебер, дарынды ақындығына, оның адал да, адамгершілік қасиетіне көптеген дәлелдер айтып, екі жақты бітімгершілікке шақырады. Жәлмендедей ақылды, алғыр, аға би солай деп, араға түскен соң Мәйке қыздың бай, шонжар ағайындары амал жоқ көнеді. Екі ғашықты қосып, некесін қиып, ортадан отау тігіп береді. Жәлменденің қысылған жерде кенеттен сөз тауып кететін алғырлық, тапқырлық қасиеті күшті бопты. Атақты Құнанбай, Тобықты еліне, ал, Жәлменде Қапал уезінде аға сұлтан боп тұрған жылдары бір барымта даумен Қарқаралыға барыпты. Әр тараптан келген билер, сұлтандар кездесіп сәлемдесіп жатса, Құнанбай ауылының жас жігіттері тасыраңдап, үлкенді сыйламайтындай сыңай көрсетіп олардың алдын кескестей беріпті. Ауыл ақсақалдары да, Құнанбай өзі де оларға тоқтам сала қоймапты. Сонда Жәлменде сұлтан: Біздің жақтың даласы құм болады,Үлкен айтса баласы жым болады.Үлкен тілін алмайтын мына біреу,Тасыраңдаған иттерің кім болады? - Біздің жақтың даласы құм болады,Үлкен айтса баласы жым болады.Үлкен тілін алмайтын мына біреу,Тасыраңдаған иттерің кім болады? - дегенде, Құнанбай көпке қарап қолын жоғары көтеріпті де: Бұл Жәлменде қиқу сөздің қияғы ғой,Ескелді мен Балпықтың тұяғы ғой. Бұл Жәлменде қиқу сөздің қияғы ғой,Ескелді мен Балпықтың тұяғы ғой. Сендер танымай жатырсыңдар ма? Оның алдында байқап-байқап сөйлеңдер! - деп, Жәлмендеге өз қасынан орын беріпті. Көсем, шешен сөзге дес бермеген Жәлменде биді ат үстінен ешбір жан аударып ала алмайды екен. Көкпар додасында болсын, найзаласу сайысында болсын оған ешкім төтеп бере алмаған дейді қариялар. Ол ұзын бойлы, зор денелі, екі иығына екі адам мінгендей алпауыт батыр, балуан кісі бопты. Жолға, сапарға шықса үнемі екі атпен (бірін мініп, екіншісін жетекке алып) жүреді екен. Бір аттың белі талғанда, ертоқымды жетегіндегі тың атқа салатын болған. Өзі кедей адам жарамды ат іздейді. Көрші ауылда Жақанбай дейтін бай замандасына былай деп хат жазып бір жігітін жібереді. Сәлем де Жақанбайға бір ат берсін,Жеті жыл мінілмеген құр ат берсін.Биіктігі, зорлығы мендей болсын,Семіздігі Жақанбай өзіңдей болсын.Жүрісі Жиенқожа ақынның сөзіндей болсын,Берсе берсін, бермесе өзі білсін,Өзімнің кара атыма қуат берсін... Сәлем де Жақанбайға бір ат берсін,Жеті жыл мінілмеген құр ат берсін.Биіктігі, зорлығы мендей болсын,Семіздігі Жақанбай өзіңдей болсын.Жүрісі Жиенқожа ақынның сөзіндей болсын,Берсе берсін, бермесе өзі білсін,Өзімнің кара атыма қуат берсін... Жәлменде би айтқан соң, сөз бар ма, Жақанбай құрдасы іздестіріп жүріп, өзінің қара атындай жуан, белді шоқтығы биік нардай күрең қасқа атты апарып өз қолымен табыс етеді. ### Жәлменде Байшығашұлы турады әңгіме Жәлменде бидің Меккеге сапар шегіп, қажы атанғаны хақында да аңыз, әңгімелер аз емес. Соның бірін Жетісу өңірінің шежіреші ақсақалы Алматы бас мешітінін имамы, бүгінде жасы тоқсанға таянған Рахымбай Кәрімбайұлы ақсақалдан сұрағанымызда ол кісі мынаны айтып еді:- Ертеде менің әкемнің әкесі Қарымбай атамыз Меккеге қажылыққа барған. Сол жолы атамызбен бірге Жәлменде, Димаш Ахметұлы Қонаевтің үлкен әкесі Ысты Жұмабай, атақты бай, болыс болған Шапырашты Шөптібайдың әкесі Құдайберген, тағы көп кісі бірге аттанған. Менің естуімше Жәлменде ол кезде 57-59 жаста болған секілді. Жетісуға ұзақ жыл аға сұлтан болған қажыға кетерінде аға сұлтандығын тапсырып, билігін өзгеге беріп, елімен қоштасып бір-ақ шыққан деседі. Әулие адам емес пе, сол жақта мәңгіге қалатынын білген секілді. Меккеге ниет қылған топты сонау Әулиеатаға дейін елі шұбырып шығарып салады. Бүгінгі Қызылорда-Ақмешітке (Қызылорда) барғанда тағы біраз адамдар қосылады. Солардың ішінде бір жесір әйел бар екен. Шариғатта Меккеге жесір әйел бармайды ғой, ол әйелге уақытша некеге тұру қажет болады. Сонда ол осы 200-300 адамнан Жәлмендені таңдап, етегінен ұстайды. Жәкең ризалығын білдіріп, некелерін қиып, бірге аттанады. Меккеге жеткен соң, қыруар алтынмен барған ғой. Жәлменде үй салдырады. Біраз уақыт сол үйде тұрады. Кенеттен науқастанып, беті ары қараған шағында, Жәкең, әйелге: "Құдай қосып, ерлі-зайыпты болдық. Енді мен туған жерді көре алмаспын. Сен менің еліме бар, құрметін көр, қандай адаммен жар болдым" деме. Бірер жыл тұрасың, содан соң қайтамын десең рұқсат, - дейді. Жәкең қайтқанда аруақты жан екен" деп ол жақтығылар Жәлмендені арулап қояды. Басына тас қойылады.(Бұл 1901 жыл болса керек. Сонда Жәлменде би 55-56 жастар шамасында дүниеден қайтқан болады). Қажыларды Ақмешіттен ат шаптырып, сүйінші сұрап қарсы алады. Ал, Жалайырлар өз адамдарын Шудан күтіп алады. Жәлменденің елі әйелді басына ақ орда тігіп қарсы алады. Қырқын, жылын, асын бергеннен соң, рұқсатын алып, еліне қайтады. Жәкеңнің елі ол әйелдің жүгін 12 түйеге артып, алдына бір үйір қысырақ беріп, апарып салады. Әкесінің ел басқару, билік қызметін оның артында қалған 17 жасар баласы Пышан қолға алып, ілгері жалғастырады. Сонда Пышан Жәлмендеұлы 1884 жылы туған боп шығады. (1921 жылы қызыл империяның кезінде "халық жауы", қанаушы тап өкілі, байдың баласы, әкесі би, сұлтан болған деген асыра сілтеу жаласымен ол Талдықорған абақтысында атылып жазықсыз мерт болған). Пышан да (шын аты Мұса) әкесіне ұқсаған алып денелі, ақыл-парасатты әрі саяткер, бапкер, әрі әнші, ақын сері боп есейеді. Халық қамын ойлап, ел тыныштығын сақтауда мол қызмет атқарады. Пышан болыс туралы жоғарыда есімі аталған Рахымбай ақсақал да, бүгінде 80-ге келіп отыр, атақты Үмбетәлі Кәрібайұлының жақын туысы әрі шәкірті, белгілі төкпе айтыскер ақын Әсімхан Қосбасаров та көп естелік айтып берді бізге. Енді соның шағын бір әңгімесіне көңіл қояйық: - Менің жастау кезімде біздің үйге үш ақын келді. Бірінің аты - Құрама, екіншісі - Өпежек, үшіншісі - Пышан еді. Үшеуі 3-4 күн ән салды, жыр-дастан жырлады. Өйтеуір біздің ауыл ән-күйге, өлең-хиссаға кенелді де қалды. Солардың ішінде, әсіресе, Пышан серінің түрі бөлек еді. Ол мынау Жалайыр еліндегі Жәлменде бидің баласы екен. Өзі сал-сері түске дейін ақ, түстен кейін қара киіп жүреді. Қасындағы серіктерін де сөйтеді екен. Мінген аттарының түр-түсі де, солай болатын көрінеді. Ал, ән салғанда, күй тартқанда бірінен-бірі асып түседі. Сырнайлатып, домбыра шертіп, қылқобыздарын сарнатқанда тіптен жүйке-жүйкеңді сал-сал қылады. "Баласы Жәлменденің Пышан едім" деп басталатын әні қандай, асқақ шырқалатын. Оны: Айналайын көзіңнен күлімдеген,Басқан ізің ешкімге білінбеген.Ақша балық шомылған айдын көлден,Алтын қармақ салса да ілінбеген.Угай-ай, Угай-ай, әніміз,Арпа, бидай дәніміз.Угай-ай деп өн салсақ,Келіспей ме сәніміз.Өлең деген немене білген құлға,Ақ жеңгесін кім қимас алар пұлға.Оралыңның барында ойна да күл,Өлгеннен соң адыра қалар тұлаң.Қарағайлы ендеше, қарағайлы,Қарағайды қыз, жігіт аралайды.Жақсы - жайсаң, осылай бас қосқанда,Бекер қарап отырған жарамайды, - Айналайын көзіңнен күлімдеген,Басқан ізің ешкімге білінбеген.Ақша балық шомылған айдын көлден,Алтын қармақ салса да ілінбеген.Угай-ай, Угай-ай, әніміз,Арпа, бидай дәніміз.Угай-ай деп өн салсақ,Келіспей ме сәніміз.Өлең деген немене білген құлға,Ақ жеңгесін кім қимас алар пұлға.Оралыңның барында ойна да күл,Өлгеннен соң адыра қалар тұлаң.Қарағайлы ендеше, қарағайлы,Қарағайды қыз, жігіт аралайды.Жақсы - жайсаң, осылай бас қосқанда,Бекер қарап отырған жарамайды, - деп шырқалатын "Угай-ай" әнін осы Жетісу жастары осы күнге дейін айтып келеді. Артында қалған ұрпақтары, ел-жұртының ұйымдасуымен 1995 жылдың күзінде Жәлменде бидің 150, Пышан болыс, ақын-сазгердің 110 жылдық мүшел жасқа толуын атап, ас берілді, аламан бәйге шабылды, бастарына ескерткіш қойылды. Жиналған дүйім жұрт, тізе бүгіп, дұға оқыды, аруағына бас иіп тағзым етті. ## Дереккөздер
Жәуке Назарғұлұлы (1822, Қостанай облысы Амангелді ауданы Ақшығанақ қонысы — 1904, сонда) — Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен батыр. Орта жүз құрамындағы арғын тайпасының төлек руынан шыққан. Жәуке жастайынан өр мінезді, намысқой, дұшпанына қатал болып өскен. Ол Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы қазақ ханы Кенесары Қасымовтыңкөтерілісіне 1838 жылдан кейін қосылған. Бұл кезде хан қолы Торғай, Ырғыз өңіріне қарай ығысқан. Кенесары сарбаздарының отаршылдармен Өлкейек өзенінің бойындағы, Толыбай, Балапан мекендеріндегі қақтығыстарында, Ресей үкіметінің жандайшабы Ахмет Жантөрин отрядына қарсы 1844 жылғы соғыста, Екатеринск станциясына шабуыл кезінде ерекше көзге түскен. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген. Ақын Н.Ахметбековтің “Қарға” дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген. ## Дереккөздер
Жәрімбет Cолтанұлы (1735 — 1809) — би. Сырдарияның төменгі ағысы бойында туып-өскен. Кіші жүздің Шөмекей руы Бозғыл (Бозғұл) бұтағынан шыққан. Ел бірлігін, тыныштығын сақтауға ат салысқан. Жәрімбет биді Сыр бойының ақындары өз жырларына арқау еткен. Есімі бүтін бір рулы елге айналған Жәрімбет биден 14 ұрпақ тараған. Белгілі қоғам қайраткері Т.Жүргенов Жәрімбет бидің 5-ші ұрпағы. 1995 жылы Жәрімбет бидің қабірі қайта тұрғызылып, басына ескерткіш күмбез орнатылды. Шежіре: Жәрімбет-Солтан-Өтебай (алты Өтебай)-Келдібай-Бозғүл (Бозғыл)-Шомекей ## Дереккөздер
Жебежапырақ (лат. Sagittaria) – кербезгүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Американың қоңыржай және тропиктік белдемдерінде кездесетін 20 түрі (оның 3 – 4 түрі Еуропада) бар. Қазақстанның барлық облыстарындағы сулы және батпақты жерлерінде өсетін 3 түрі (жүзгіш жебежапырақ, кәдімгі жебежапырақ, үшжапырақты жебежапырақ) бар. Бұлар тек биік таулы аймақтарда кездеспейді. Жуан тамыр сабағынан күзде ұзын өркендері өсіп жетіледі. Оның ұшындағы түйнектерінен көктемде жаңа өсімдік дамиды. Жапырақтарының пішіні әр түрлі: суда өсетіндерінде – таспа, жүзіп жүретіндерде – ұзын сағақты, жұмыртқа, су бетіндегілерінде – жебе тәрізді болады. Ақ гүлдері дара жынысты, бір үйлі, үш-үштен бірігіп сыпыртқы гүлшоғырына топтасады. Ұсақ жәндіктермен тозаңданады. Маусымнан тамызға дейін гүлдейді. Жемісі сумен таралады. Жебежапырақтың тамыр түйнектерінде крахмал көп, сондықтан тамаққа пайдаланылады. Сондай-ақ үйрек, ондатр, кәмшат үшін бағалы азық болып саналады. ## Дереккөздер
‎‎ Жезді бөгені – Ұлытау облысы Ұлытау ауданында, Сарысу өзені алабының Жезді өзенінің бойында орналасқан. ## Гидрологиялық сипаты Ауданы – 17,6 км2, ұзындығы – 11 км, енді жері – 2,5 км, ең терең жері – 8,0 м, орташа тереңдігі – 3 м, көлемі – 76 млн. м3. Су жиналатын алабы – 3580 км2. Өнеркәсіп орындарын сумен қамтамасыз ету және аудан шаруашылықтарының егіншілік жерлерін суару үшін пайдаланылады. Жағалауының ұзындығы – 4,0 км. Өнеркөсіп орындарын сумен қамтамасыз ету және аудан шаруашылықтарының егіншілік жерлерін суару ісінде маңызы зор. ## Дереккөздер
Жебір немесе Жебіршөп (лат. Thymus) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын хош иісті шала бұталар туысы. Еуразия және Солтүстік Африканың қоңыржай белдеулерінде кездесетін 150-дей (кейбір мәліметтерде 400-ге жуық) түрі белгілі. Қазақстанның далалы, жазық жерлерінде, қиыршықтасты тау бөктерлерінде өсетін 27 түрі бар. Көбірек тарағандары: * Кәдімгі жебір - лат. Thymus vulgarіs, * Маршал жебірі - лат. Thymus marschallіanus * Қызғылт жебір - лат. Thymus roseus. Биіктігі 1 – 25 см. Сабағы түп жағынан сүректеніп қатайып кеткен. Жапырағы бүтін жиекті, сағақты, кейде сағақсыз. Ұсақ, қызғылт, күлгін кейде ақ түсті гүлдері шоғырбас гүлшоғырын құрайды. Гүлдері қос жынысты, аталығы – 4, аналығы – біреу, тостағанша жапырағы да, күлте жапырақшасы да – бесеу. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, маусым – қыркүйекте жеміс береді. Гүл тәжі бозғылт қос ерінді, үстіңгі ерінінің бас жағында ойығы бар, және төменгісі үшжапырақты, аталығы төртеу. Гүлдеу мерзімі өте ұзақ (мамырдан тамызға дейін) , жемістері ұсақ, қара шар тәрізді, маусым-қыркүйек айларында піседі. Барлық жебірлердің құрамында эфир майы көп болғандықтан күшті хош исті. Бұл түрден өндірісте эфир майы дайындалады. Шикізат-кептірілген сабақтардан, жапырақтардан, гүлдерден тұрады, «чабрец щөбі» деп аталады. Эфир майы парфюмерия, косметика, консервлеуде және кондитер өндірісінде, кейде тағамға дәм беру үшін пайдаланады. Жемісі – жаңғақша. Жебірдің құрамында эфир майы көп. Одан алынатын тимол медицинада, парфюмерияда және тамақ өнеркәсібінде қолданылады.. Жебір шөбі - ертеден келе жатқан емдік зат, тіпті Ежелгі Грецияда пайдаланылған. Біздің елімізде суықтигенде, тіс ауруларына, асқазан т.б жиі қолданады. Жақын түрлері барлық белгілі, жөтелге қарсы ішетін тәтті сироп - пертусиннің негізгі құрамы болып табылады. Басқа бағалы қасиеті - омарталық және декоративтік. Ауа райы қолайлы жылдары ол мықты деген омарталық өсімдіктермен бәсекелес бола алады, әсіресе жазықта, далада және тауда. Саяжайларда өсіру болады. Жақсы күтім жасалған болса тұқымнан өскен дербес түр екінші - үшінші жылдары гүлдейді . ## Дереккөздер
Жезді марганец кен орны - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында, Жезқазған мыс кен орнынан солтүстікке қарай 40 км жерде орналасқан. Кен орны 1941 жылы Қ.И. Сәтбаевтың басшылығымен жедел барланып, өндіріске қосылған. ## Геологиялық құрылымы Кен алаңы жоғарғы девонның ірі малталы конгломераттарынан, аркозды құмтастар мен кремнийлі әктастардан құрылған. Жезді кентінің маңайында бұл жыныстар Есқұл антиклиналінің оңтүстік-батыс қанатында орналасқан. Кен алаңын Жезді, Қарсақпай, Ағадыр сырғу жарылымдары оңтүстік-батыс, орталық және солтүстік-шығыс блоктарға бөледі. ## Жатыс сипаты Кен денелері тақта, линза және желі түрінде Үйтас қабатының конгломератында орналасқан. Солтүстік-батысқа қарай 5 км-ге созылып, екі қатар белдем құрайды, қалыңдығы солтүстік-батысында 120 м, оңтүстік-шығысында 40 м. Геологиялық қимасында 6-7 кен қабаттары бос жыныстармен кезектесе орналасқан. Кен қабаттарының қалыңдығы 1 – 12 м-ден 30 м-ге дейін, желілердің қалыңдығы 0,1 – 0,5 м. ## Минералдары Кен түзуші минералдар: браунит, гематит, магнетит, якобсит, псиломелан, пиролюзит және лимонит. Кентас сапасы өте жоғары. ## Дереккөздер
Орымбек Ахметбекұлы Жәутіков — ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы (1961), профессор (1961), Қазақстан ұлттық академиясының академигі (1962), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1974). ## Қысқаша өмірбаяны 4 жасында шешесі өліп, жетім өскен Орымбек 1921 ж. 10 жасқа толғанда ауыл мектебінен сауатын ашады. 1923 ж. Қарқаралыдағы мектеп-интернатқа орналасып, оны 1930 ж. үздік бітіреді. Төлеңгіт руынан шыққан. * 1930 ж. Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1934 ж. үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербург мемлекеттік университеті) аспирантурасын тамамдаған. * 1934 - ҚазПИ-ді (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген. * 1934 — 51 ж. - ҚазПИ-де ассистент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі; * 1945 — 65 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі; * 1965 — 69 ж. - Қазақстан ұлттық академиясының Математика және механика институтында директордың орынбасары, зертхана меңгерушісі; * 1969 — 89 ж. - Қазақстан ұлттық академиясы Президиумының мүшесі, Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы; * 1985 — 89 ж. - Қазақстан ұлттық академиясы Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі болды. ## Еңбектері Негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. Орымбек Ахметбекұлы Жәутіков — республикалық физика-математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі (1968). Бұл мектеп қазір Орымбек Ахметбекұлы Жәутіковтің есімімен аталады. Ол республикамызда математик ғалымдарды дайындауда және математиканы насихаттауда көп еңбек сіңіріп, отандық математиктер мектебін қалыптастырды. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976). Октябрь Революциясы орденімен, 2 рет “Құрмет Белгісі” орденімен және медальдермен марапатталған. Шығармалары: * Математикалық анализ курсы, Алматы, 1958; * Математиканың даму тарихы, Алматы, 1967; * Бесконечные системы дифференциальных уравнений, А.-А., 1974 (сооавтор); * Теория бесконечных систем дифференциальных уравнений, А.-А., 1978 (соавтор). Мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, жалпы зиялы қауымға арналған «Білім және еңбек» журналының шығуына атсалушылардың бірі болды. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * ЖӘУТІКОВ ОРЫНБЕК АХМЕТБЕКҰЛЫ Мұрағатталған 24 қыркүйектің 2015 жылы.
Жезқазған мыс кен орны - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. ## Тарихы Кен орнында энеолит заманында (б.з.б. 5000 — 6000 жылы) сақтар кен өндіріп, мыс пен қола балқытқан. Қазіргі заманғы алғашқы мыс кәсіпшілігін 1847 жылы Ушаков ашқан. 1904 жылы кен орны ағылшындардың “Атбасар мыс кентасы” қоғамына концессияға беріледі. Жете барлау жұмыстары 1925 жылдан жүргізіліп, бірінші отандық мыс 1928 жылы Қарсақбай комбинатында балқытылады. Академик Қ.И. Сәтбаевтың 1929 жылы қолға алуымен басталған геологиляқы барлау жұмыстарын 1931 жылдан Жезқазған экспедициясы үздіксіз жүргізіп келеді. ## Геологиялық құрылымы Жезқазған мыс кен орнының геологиялық құрылысы таскөмір, пермь және кайнозой шөгінділерінен құралған. Таскөмір жүйесінің орта және жоғарғы бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарына жіктеледі. Қалыңдығы 250-300 м Тасқұдық свитасы 3 кенді горизонт құрайтын қызыл және сұр түсті 16 қабаттан тұрады. Қалыңдығы 350-400 м Жезқазған свитасы 7 кенді горизонт түзетін қызыл және сұр түсті 36 қабаттан тұрады. Бұл қабаттар литологиялық құрамы бойынша қызыл және сұр түсі аргиллит, алевролит, құмтастан және аз мөлшерде жұмыртас, жентектас, әктас қабаттарынан тұрады. Кен сұр түсті құмтас қабаттарында шоғырланған. Тектоникалық құрылымына шығыс жағын шектейтін меридиан бағыттағы Шыңғыс-Ұлытау, оңтүстігінен Теректі терең жарылымдары кіреді. Жезқазған синклиналі аумағында орналасқан кенді алаң Спасск мульдасы, Ақши күмбезі, Златоуст мульдасы, Кресто күмбезі, Анненск мульдасы және Анненск күмбезі атты бірінен бірі флексуралармен бөлінген құрылымдардан тұрады. Жезқазған мыс кені алты геологиялық-өндірістік учаскеге бөлінген: Ақши-Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солтүстік Покро, Златоуст, Кресто және Анненск. ## Минералдық құрамы Кеннің минералдық құрамы: борнит, халькозин, халькопирит, галенит, бетехтинит, сфалерит, пирит, домейкит, арсенопирит, альгондит. Тереңдігі 10-60 м, тотығу белдемінде азурит, малахит, хризоколла, куприт, элит және таза мыс түзіледі. Негізгі кен құрамдас бөліктері: мыс, мырыш, қорғасын, қосымша Au, Ag, Re, Os, Mo, Nі, Co, Cd, Ge, Se, Te, Ga, S, т.б. Кен денелері таспа, линза, кейде күрделі пішінді. Инженерлік-геологиялық жағдайлары бойынша кен алаңдары оңтайлы, орташа, күрделі және өте күрделі түрлерге бөлінеді. Кен өндіру ашық және жер асты әдістерімен жүргізіледі. ## Дереккөздер
Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары Жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, әдетте, ру есіміне тіреледі. Немесе, керісінше, руынан бастап сатылап өз әкесіне яки өзіне дейін таратылады. Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Мұның өзі қазақтардың этникалық ерекшеліктерін танытады, әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды. Жеті атадан Үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы “қазақ халқы — бір атаның баласы, бір тамырдан тараған” деген ұстанымды орнықтырған.Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді.Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген, сөйтіп бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. Сөйтіп Жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткен. Жеті аталық ұстанымға негізделген туыстық байланыс институты әрбір казақтың білмекке деген ынтасын оятқан. Жеті атасын, руы мен жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез келген шалғайында өзін туысқандарының ортасында жүрген алып бір жанұяның мүшесіндей сезінген. Нәтижесінде біртұтас жанұя секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, жер басып жүргендер ғана емес, жадта сақталған баяғы ата-бабалар да тірілердің санасында тірлігін жалғастырған. Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестетіп, жан-жүрегімен сезінуіне себепші болған. Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілікті дәріптеп, ұлттық сенімін орнықтырған. Бабалар рухы — аруақтың күн сайын желеп-жебеп отыратындығы туралы сенімін тудырған. Сөйтіп Жеті ата институты қазақ халқының өткеннен болашаққа деген сенімін мың сан ұрпақтар арқылы сабақтастырып отыратын тетік ретінде танылған. Жеті аталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақ пен бүкіл халықтың іштей жауапкершілік сезімін оятқан. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдік кодексі, салт-дәстүрі мен тыйым-жораларының негізі қаланған. Сөйтіп туыстық қарым-қатынас қалыптары күнделікті моральдік санаттан бірте-бірте заңдық мәртебеге ұласқан. Мұндай құқықтар мен міндеттер жүйесі біртұтас әдеп деңгейінде көрініс тапқан. Әдепті бұзғандар қатал жазаланып, ең ақыры туған жерінен қуылған, яғни гипержанұядан аластатылған. Дені дұрыс адам үшін мұнан ауыр, масқара жаза болмаған. Жеті ата ұстанымы бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді. Ол этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы болды. ## Немере Немере– туыстық атау. Ер адамның баласынан тараған ұл мен қыз. Ағайынды кісінің балалары туыстық жақындығы жағынан Немере аға, Немере іні, Немере қарындас, сол сияқты ағайынды кісінің қыздары да Немере апа, Немере сіңлі болып аталады. ## Шөбере ШӨБЕРЕ – туыстық атау. Атадан санағанда немереден өрбіген ұрпақ. Дәстүрлі қазақ қоғамында Шөбере немереден таралған ұл-қыздардан құралады. ## Шөпшек Шөпшек – туыстық атау. Атадан тараған төртінші ұрпақ. Немере мен шөбереден туғандар туыстық жағынан қашықтай бастайды. Шөпшекті кейбір жерлерде туажат деп те атайды ## Немене Немене– туыстық атау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеті ата жүйесі бойынша таратылатын жетінші ұрпақ. ## Жүрежат Жүрежат – алыс туысқандықты білдіретін атау, яғни туажаттан туған бала. Жүрежат – адамның өзінен санағанда жетінші буыннан қосылатын туысы. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы бойынша Жүрежаттың балалары бір-бірімен қыз алысып, құдандалы бола алады. ## Туажат Туажат – дәстүрлі қазақ қоғамындағы туыстық атау, немененің баласы. Туажат адамның өзінен бастап санағанда алтыншы буын. Ол туыстық қатынас жағынан бір атаның баласы саналғанымен, одан кейінгі ұрпақтардың іргесі бөлініп, туыстық қарым-қатынасы алшақтай бастайды. ## Жұрағат Жұрағат – алыс туыстықты білдіретін ұғым. Жеті атасынан туысқандар үлкені кішісін Жұрағат дейді. Әдетте, бір рудан тараған адамдар да бірін бірі Жұрағат дей береді. ## Жекжат Жекжат, жамағайын, жамағат — бір-біріне құдандалық, т.б. жақындығы бар адамдар. Жегжат атауы қандас туыстарға қатысты қолданылмайды. Жекжат — туыстығы жоқ, бірақ құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы сияқты туыстық қатысы бар адамдар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Олар құда, нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық құқықтарды талап ете алмайды. ## Жалпы кесте Жеті ата, ұрпақ * Бала * Немере * Шөбере * Шөпшек * Немене * Туажат (кейде некеге рұқсат берген) * Жүрежат (некеге рұқсат) ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры – Жезқазған қаласындағы мәдени-сахналық орталықтардың бірі. ## Тарихы Театр 1972 жылы сол кездегі Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің жетекшілігімен ашылды. Мәскеудегі М.С. Щепкин атындағы жоғары театр училищесін бітірген 17 түлек театрдың алғашқы әртістері болды. Театр шымылдығы М. Әуезовтің “Айман — Шолпан” комедиясымен ашылды. Театр труппасына режиссер Ж. Есенбеков жетекшілік етті. 1974 жылы театр труппасына Қазақстанның халық артісі З. Сүлейменов , актер Ә. Теңелбаев келіп қосылды. Театр құрамында Ш. Есенғұлова мен М. Манапов, т.б. жемісті еңбек етті. ## Театр жетістіктері 1978 жылы театр Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» спектаклін қойғаны үшін Қазақстан Жастар одағының сыйлығымен марапатталды. 1981 жылы театрға белгілі театр қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың есімі берілді. 1985 жылы Тбилиси қаласында өткен, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған ІІ Бүкілодақтық жастар фестиваліне театр Әкім Таразидің «Қыз махаббаты» спектаклімен қатысты. 1988 жылы Торғай облысының таратылуына байланысты театр Жезқазған қаласына ауыстырылды. 1992 жылы Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығына арнап Алматыда өткізілген республикалық театр фестивалінде Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуын» қойып, Гран-приді жеңіп алды (режиссер ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев). Осы жеңістің арқасында 1993 жылы театр Мысырдың Каир қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысты. 1994, 1996 жылдары республикалық фестивальдерде ІІ орын алса, 1995 жылы Гран-Приді жеңіп алды. 1998 жылы Жезқазған облысының тарауына байланысты драмалық труппа құрамына бұрынғы облыстық қуыршақ труппасы қосылды. Театр аз жылда Ф. Эрвенің “Түлкі бикеш”, Б. Майлиннің “Шұға”, У. Гаджибековтің “Аршын мал алан”, М. Кәрімнің “Тастама отты, Прометей!”, Н. Островскийдің “Құрыш қалай шынықты?” (Қазақстан комсомолы сыйлығы, 1978; режисер Тәпенов), О. Бөкеевтің “Құлыным менің”, т.б. секілді күрделі шығармаларын сахналап, көрермендер ықыласына бөленді. Бүгінгі күнге дейін театр сахнасында дүние жүзі мен ТМД елдерінің, сондай-ақ, ұлттық драматургиямыздың 200-ден астам таңдаулы туындылары қойылды. Олардың арасында Ж.Б. Мольердің “Әлін білмеген әлек”, У. Шекспирдің “Ромео — Джульетта”, М. Әуезовтің “Таңғы жаңғырық”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Қарагөз”, Ғ. Мүсіреповтің “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, Ш. Хұсайыновтың “Алдаркөсе”, Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен тер”, Ш. Мұртазаның “Сталинге хат”, Т. Ахтановтың “Күшік күйеу”, Қ. Мұхаметжановтың “Жат елде”, Д. Исабековтің “Әпке”, Ә. Тәжібаевтың “Көтерілген күмбез”, Ш. Айтматовтың “Арманым, Әселім”, М. Байджиевтің “Жекпе-жек”, С. Асылбековтің “Желтоқсан жаңғырығы”, т.б. көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған, өзгеше өрнек, көркемдік шешімін тапқан шығармалар болды. 2000 жылы Павлодар қаласында Иса Байзақовтың туғанына 100 жыл толу құрметіне арнап өткізілген VІІІ республикалық театр фестиваліне Ә. Тәжібаевтың "Көтерілген күмбез" спекаклін қойып, үшінші мәрте Гран-приге ие болды. 2001–2012 жылдары республикалық театр фестивалдерінде (Қызылжар, Қызылорда, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Қостанай қалаларына) шығармашылық ұжым түрлі номинацияларды бірнеше рет жеңіп алып, талантты әртістері лайықты бағаланды. Театр ұжымы Қарағанды қаласында жыл сайын өтетін аймақтық балалар театрының фестиваліне де қатысып, 2002, 2005, 2009 жылдары І орын алса, 2007 жылы Р. Ибраеваның «Алпамыс батыр» ертегісі Гран-приге лайықты деп саналды. ## Актерлер жетістіктері * Режисер Жанат Хаджиев сахналаған қойылымдар театр ұжымының ғана емес, отандық театр өнерінің табысы ретінде бағаланды. Олардың ішінде “Қыз Жібектегі” Бекежанды бұрынғы қойылымдардан өзгеше бейнелеген А. Исмағұловқа 1989 жылы Бішкекте өткен Орталық Азия республикалары театрларының аймақтық фестивалінде бас жүлде берілді. * Абайдың 150 жылдығына орай өткен республикалық театрлар фестиваліндегі “Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым” қойылымындағы рөлі үшін актер С. Бұлғақбаев бас жүлдеге ие болды. * Халық артісі Д. Жанботаев (Жиренше) “ерлер образын” үздік сомдағаны үшін арнаулы жүлде алды. * Бішкекте өткен “Ш. Айтматов және театр” халықаралық театрлар фестивалінде Хаджиев қойған “Арманым, Әселім” спектаклінде басты рөлде ойнаған Қ. Бегайдаровқа “ерлер образын үздік сомдағаны үшін”, қойылымның музыкасын жазған театрдың музыка бөлімінің меңгерушісі, композитор М. Түсіпбековке “ең үздік музыкасы үшін” арнайы жүлделері берілді. Театр ұжымы Алматы қаласында төрт рет (1974, 1987, 1992, 1995) шығармашылық есеп берді. * 2002 жылы өткен театрлар фестивалінде Райхан Ибраева "Сиқырлы кітап" ертегісі үшін "Үздік драмалық шығарма", Серік Бұлғақбаев "Ең үздік ер рөлі" номинациясын жеңіп алды. * 2009 жылдың қыркүйек айында Қарағанды қаласындағы XYII республикалық фестивальде ҚР халық әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев "Қанда бар ғой, қанда!" қойылымындағы рөлі үшін "Ең үздік ер рөлі" номинациясын иеленді. Сондай-ақ, ол аталған рөлі үшін "Жыл әртісі" номинациясы бойынша облыс әкімінің "Алтын қобыз" жүлдесін алды. * 2010 жылы Тараз қаласындағы XVIII республикалық театрлар фестивалінде қойылған Сәкен Жүнісовтің "Жаралы гүлдер" спектакліндегі Бақыт рөлі үшін жас актер Кенжетай Әбілдин "Ең үздік ер рөлі" номинациясын иеленді. Театрдың кәсіби тұрғыдан өсіп, дамуына белгілі режиссер Қ. Жетпісбаев (1974 — 75), Е. Тәпенов (1976 — 79), Ж. Есенбеков (1972 — 82), Жанат Хаджиев (1982 — 88), А. Дүйсебаев, Е. Дүйсенбинов, М. Бекхожин, С. Қарабалин, М. Ахманов елеулі үлес қосты. ## Галерея * * * * ## Дереккөздер
‎ Жезқазған университеті , О.А. Байқоңыров атындағы — жоғары білім беретін жекеменшік оқу орны. Жезқазған университеті құрамында 4 институт: * Экономика және құқық * Тау-кен инженерлік * Филология және өнер * Жаратылыстану институттары) бар. ## Тарихы 8 факультетте 47 мамандық бойынша мамандар даярланады. Университетте 506 білікті маман дәріс береді. Олардың арасында 16 ғылыми доктор, 19 професор, 40 доцент, 85 ғылыми кандидат бар. Күндізгі бөлімде 4171, сырттай бөлімде 2522 студент білім алуда (2001). Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті 1996 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №573 Қаулысы негізінде Жезқазған тау-кен - технологиялық және педагогтік институттарын біріктіру жолымен құрылды.Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2001 жылғы 3 тамыздағы бұйрығымен Жезқазған университетіне А № 0000035 мемлекеттік аккредитациялау туралы куәлігі берілді. Үкіметтің «Білім беру қызметін лицензиялау Ережелерін бекіту туралы» 2000 жылдың 18 сәуірдегі № 596 Қаулысына сәйкес 2002 жылғы 9 ақпанда университетке жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру саласында білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін АА № 0000019 мемлекеттік лицензиясы берілді. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қызметі халықаралық деңгейде танылған. 2005 жылы желтоқсанда АС «Русский регистр» және IQNеt СҚ-ның ИСО 9001:2000 халықаралық сапа сертификатын алды және оны 2006 жылдың тамызы мен 2008 жылдың қазан айлырында жүрген инспекциялық тексеріс нәтижесінде растады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі №585 бұйрығымен «Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті» АҚ Мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Университет құрамындағы 3 институт (гуманиарлық-педагогтік, экономика және құқық, тау-кен - технологиялық) 33 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. ## БАКАЛАВРИАТ * 5В010100 Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу * 5В010200 Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі * 5В010700 Бейнелеу өнері және сызу * 5В010800 Денешынықтыру және спорт * 5В010900 Математика * 5В011000 Физика * 5В011100 Информатика * 5В011300 Биология * 5В011600 География * 5В011700 Қазақ тілі мен әдебиеті * 5В011800 Орыс тілі мен әдебиеті * 5В011900 Шетел тілі: екі шетел тілі * 5В012000 Кәсіптік оқыту * 5В042100 Дизайн * 5В060200 Информатика * 5В030100 Құқықтану * 5В050600 Экономика * 5В050700 Менеджмент * 5В050900 Қаржы * 5В051000 Мемлекеттік және жергілікті басқару * 5В090800 Бағалау * 5В070200 Автоматтандыру және басқару * 5В070600 Геология және пайдалы қазбалар кен орнын барлау * 5В070700 Тау- кен ісі * 5В070900 Металлургия * 5В071200 Машина жасау * 5В071300 Көлік, көліктік техника және технологиялар * 5В071800 Электр энергетикасы * 5В072400 Технологиялық машиналар және жабдықтар (сала бойынша) * 5В072900 Құрылыс * 5В073100 Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі * 5В073200 Стандарттау, сертификаттау және метрология * 5В090100 Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру ## МАГИСТРАТУРА * 6М010300 Педагогика және психология, * 6М010900 Математика, * 6М011300 Биология, * 6М011600 География, * 6М011700 Қазақ тілі мен әдебиеті, * 6М050600 Экономика ## Дереккөздер ## Сілтемелер Жезказганский университет имени О. А. БайконуроваЖезУ имени О.А.Байконурова Мұрағатталған 29 сәуірдің 2007 жылы.
Желдік – ердің ат арқасына батпауы үшін пайдаланылатын әбзел. Кейбір ердің оқпаны аласа болуы немесе қапталдарының ат арқасына үйлеспеуі салдарынан ат жауыр болуы мүмкін. Мұндай ерлердің ат арқасына залалы болмас үшін желдік пайдаланған. ## Жасалуы Желдікті жасау үшін ердің қапталынан сәл үлкенірек төртбұрышты қалың екі киізді көнмен, былғарымен қаптап, бір-біріне былғары бүлдіргемен бекітеді. Атты ерттегенде желдік тоқымның үстінен, ер қапталдарының астына дәл келетіндей етіп салынады. Ал, ортасын қосып тұрған бүлдіргі олардың төмен сырғымауын қамтамасыз етеді. Әсіресе, құранды ер желдіксіз ерттелмеген. Желдік салынғаннан кейін ердің оқпаны биіктеп, қапталдары ат арқасына біркелкі тиетіндіктен ат жауыр болмайды.Желдіктің келесі түрі, ердің қапталының үлкендігіндей қалың киізді кесіп алып, қайыс таспаның немесе екі жағына жасалған былғары қалталардың көмегімен қапталдың астына біржолата бекітіліп тасталады. Мұндай желдік былғары қалталары кейде оюланып немесе күміспен әшекейленуі де мүмкін. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Сейдімбеков А.С. Мың бір маржан (қара өлең табиғаты). Алматы: Өнер, 1989; * Кәмәлашұлы Б. Қазақтың дәстүрлі құсбегілігі және атбегілігі. Алматы: Өнер, 2006; * ҚР ҰМ – материалдарынан; * ОМЭЭ – материалдарынан.
Катакомба (латынша catacomba – жер астындағы қабір) – көне дәуірлерде діни салт-жоралғылар мен ғұрыптар өткізуге, адам жерлеуге пайдаланылған табиғи немесе қолдан істелген үңгір. Құдайға табынатын, өлгендерді дәріптеп жерлейтін орны ретінде түсіндіріледі. * Үлкен, күрделі Катакомбалар Рим маңында, Неапольде, Сицилия мен Мальта аралдарында, Солтүстік Африка өлкелерінде, сондай-ақ, Алдыңғы және Кіші Азияда, Балқан түбегінде кездеседі. Атақты Рим Катакомбасы көпке танымал. Мұндағы көптеген кіші бөлмелері бар тармақталған жіңішке жолдардың күрделі лабиринт тәріздес жүйесі кеңінен зерттелген. Саны аз христиан қауымы Рим императорларының қатты езгісінде өмір сүріп, үнемі олардың қудалауында болған. Сол себепті алғашқы христиандар осы жер астындағы құпия құрылыстарға тығылып, жасырын жиындарын, діни мінәжаттарын өткізген және өлген адамдарын жерлеген. * Рим Катакомбалары б.з.б. 2 – 4 ғ-ларда кеңінен қолданылған. Қазақстанда Жетісу сақтарының Бесшатыр қорымын зерттеу барысында ғ3, ғ6 үлкен обалардың астында Катакомбаға ұқсас құрылыстар ашылды. ғ6 обаның Катакомбасы үйіндінің солтүстік-батыс етегінен басталады да, жер астына түсіп, оба аумағын ұзынынан кесіп өтеді. Ұзын бойынан басқа, оның бүйірлерінен 7 қосымша тұйық дәліздер шығарылған. Жолдардың жалпы ұзындығы 55 м, биіктігі 1,1 – 1,68 м, ені 0,7 – 0,8 м. Төбелері күмбезделген. Әр жерден қабырғаларға арнаулы керткіштер жасалып, жер астына жарық беретін шырағдандар қойылатын болған. * Жолдардың кіре беріс аузына қабырғалар бойына екі-екіден 4 ағаш баған орнатылып, үсті бөренелермен жабылған, еденінде кезінде басқыш қызметін атқарған үлкен тақта тастар бар. Археологтардың пікірінше, сақ көсемдері жерлеген үлкен Бесшатыр обаларындағы Катакомба абыздардың жасырын діни ғұрыптар өткізуі үшін жасалған. Одесса қаласының астындағы және Керчь маңындағы Аджимушкай Катакомбасы 2-дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес әскерлері тығылған қамал қызметін атқарған. Бұл екеуі де арнайы салынбаған, алғашында жер астынан тас қазып алу барысында пайда болған ## Дереккөздер:
Хордалылар, желілілер (Chordata) — жануарлар дүниесінің тарихи дамуының ең жоғары сатысында тұрған тип. Қазіргі кезде хордалылардың 3 тип тармағы: басжелілілер, қабықтылар және омыртқалылар, 40 мыңнан астам түрі белгілі. Бұлар Жер шарының барлық аймақтарында таралған. Хордалылардың өздеріне тән бірнеше белгілері бар: 1) денесінің арқа жағында ұзына бойына орналасқан арқа желісі — хордасы болады; 2) хорданың үстіңгі жағында ұзына бойына орналасқан орталық. жүйке жүйесінің қызметін атқаратын жүйке түтігі бар. Төменгі сатыдағы хордалыларда бұл өмір бойы сақталады, ал жоғары сатыдағы хордалыларда даму барысында оның алдыңғы бөлігі миға, артқысы жұлынға айналады; 3) хордалылардың жұтқыншағының екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары болады. Бұл төменгі сатыдағы хордалыларда өмір бойы сақталады да, жоғары сатыдағы хордалыларда өкпеге айналады; 4) хордалылардың көпшілігінің қан айналымы тұйық және олардың жүрегі де денесінің құрсақ жағында орналасады. Тек қандауырша тәрізділердің жүрегі болмайды, оның қызметін құрсақ қолқа қантамыры атқарады. хордалыларда бұдан басқа, омыртқасыз жануарларға да ұқсас белгілері де болады. Мысалы, екінші реттік дене қуысы, екінші реттік ауыз қуысы, денесінің екі жақты симметриялы болуы, бұлшық еттерінің метамерлі орналасуы, т.б. Хордалылардың табиғатта және адам өмірінде атқаратын маңызы өте зор. Олар биосферадағы зат пен энергия айналымында, әсіресе, тірі организмдер арасындағы қоректік тізбек құруда елеулі рөл атқарады. Олардан алынатын өнімдер (терісі, жүні, еті, жұмыртқасы, уылдырығы) шаруашылықтың түрлі салаларының бәрінде қолданылады; қара Дөңгелекауыздылар, Балықтар, Қосмекенділер, Бауырымен жорғалаушылар, Құстар, Сүтқоректілер.
Желімсабақ (Melandrіum) — қалампыр тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде бір не екі жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда тастақты беткейлер мен далалық жерлерде, шалғындықтар мен егіс алқаптарында, бақша дақылдарының арасында, өзен жағалауларындағы жайылымдарда өсетін 11 түрі бар. Ең көп тарағаны: жабысқақ желімсабақ (M. vіscosum) және ақ желімсабақ (M. album). Сабағы тік, биіктігі 20 см-ден 80 см-ге дейін жетеді. Сабағын, жапырағын, гүлсидамын, тостағаншасын желім тәрізді жабысқақ түк басқан. Бұл түктер өсімдікті әр түрлі жәндіктерден қорғайды. Жапырағы ланцет тәрізді, сағақты да, сағақсыз да болады. Ақ, сарғыш-жасыл, қызғылт, ашық көк гүлдері шашақты-сыпыртқы гүлшоғырына топтасады. Тұқымынан көбейеді. Мамырдан тамызға дейін гүлдейді. Жемісі — көп тұқымды қауашақ. Піскен кезде өздігінен қақырап ашылады. Желімсабақ — хош иісті әдемі гүлді өсімдік, сондықтан сәндік үшін де өсіріледі. ## Дереккөздер
Жер алмұрты немесе Топинамбур (лат. Helianthus tuberosus) – астралылар тұқымдасына жататын тамыр жемісті көп жылдық өсімдік. Отаны — Солтүстік Америка. Жер алмұртыныңның сабағы, жапырағы күнбағысқа ұқсайды, бірақ жапырағының көлемі одан кішілеу, сабағы жіңішке болады. Биіктігі 1-5 м. Тамыр сабақтарынан көптеген (5 — 6, кейде 30 — 40) ақ, сары, күлгін, қызыл түйнектер дамиды. Олардың пішіні ұзынша, сопақша, домалақ болады. Құрамында протеин, фосфор, темір, С1, В1 витаминдері бар. Түйнегі тағамға, малға жем ретінде, спирт және фруктоза алуға пайдаланылады. 100 кг тамыр түйнегі 25 — 27 азық өлшеміне тең, онда 1,5 кг сіңімді протеин бар. Жер алмұртын көктемде немесе күзде егеді. 1 га-дан 200 — 250 ц түйнек, 350 — 500 ц көк шөп алуға болады. Топинамбурда 20% инулин, 1,5—3% азотты заттар, 2—5% сахароза бар. ( Топинамбурды малға жем ретінде, 1 спирт, инулин алу үшін және қуырып тағам ретінде қолданылады. Тамыр түйнектерін топырақ астында сақтап, қажет кезде қазып алуға болады. Жер алмұрты мал азықтық дақыл ретінде Қазақстанның барлық аудандарында өсіріледі. Жер алмұртының 100 граммында 306 ккал бар. Құрамында A, B1, B2, B6, C және E дәрумендері бар. Кұрамында кремний, калий, әк, фосфор, темір және цинкпен қатар фруктоза, пектин өзегі мен аминқышқылдары бар. ## Картоптың бәсекелесі Үндістер жералмұртты Колумбтың Американы ашпас бұрын көп жылдар бойы өңдеген. Түйнектері аздап картоп тәрізді, бірақ кішкене өскіндері зімбірге де ұқсас. Дәмі бөрікгүл немесе алмұрт дәмдеріне ұқсайды, сондықтан оны жер алмұрты деп атап кеткен. Шикі қалпында салаттарда, пісірілген қалпында және картоп сияқты қуырылған қалпында да қолдануға болады. Францияда жералмұрт түйнектері салаттардың әдепкі құрамдасы. Германияда жералмұрт негізінде жасалған, «Жералмұрт брендиі» деп аталатын арақ та бар, өсімдік құрамындағы алкоголь түрлі алкоголь сусындарын даярлауға мүмкіндік туғызады. ## Үндістердің құнарлы түйнектері Ежелгі заманнан жералмұрттың жерасты түйнектері үндістер үшін тек қорек қана емес, әрі дәрі-дәрмек болған. Ең соңғы зерттеулер оның ағзадағы холестерол деңгейін төмендетіп, қан қысымын әрі ас қорыту жүйесін реттеп, иммунитетті күшейтіп, күш-қуат беретінін көрсетті. Әсіресе шажырқай безінің ауруына шалдыққан адамдарға аурудың бастапқы кезеңінде қолдануға ұсынылған. Құрамына жералмұрт кіретін диеталардың несеп айдағыш қасиеті бар, сондықтан ол бүйрек ауруына шалдыққан кезде өте пайдалы. Жералмұрт тағамдары мен дәрі- дәрмектеріне ағзадан уыттар мен ауыр металдарды шығарған кезде оны сүйейтін қорғау қасиеттері таңылады. ## Солтүстік лимоны Жералмұрт тілімшесі қосылған ыстық шайда лимон қосылған шайдың ерекшеліктері бар. Сондықтан жералмұртты «Солтүстік лимоны» деп атайды. ## Ас қорыту үшін Америкада жералмұрт құтаю өнерімен әуестенетін адамдар үшін өте маңызды. Сонымен қатар ол Америкадағы алғашқы еуропалық қоныстанушылардың да өмірлерін құтқарған. ## Дереккөздер
Жер жалдау (уақытша өтеулі жер пайдалану), жерді жалға беру — жер учаскесінің жеке немесе заңды тұлғаға белгілі бір уақытқа ақылы пайдалануға берілуі. Қазақстан Республикасының “Жер кодексінде” жерді жалдаудің нақты тәртібі мен шарттары бекітілген. ## Тағы қараңыз * Жер пайдалану құқығы ## Дереккөздер
Жермен қосу , жерлету — электр машиналарының элементтерін, аппараттарды, құралдарды, т.б. жермен электрлік қосуға арналған құрылғы. Жермен қосу жерге қағылған металл электродтардан (жермен қосқыштардан) және оларды электрлік қондырғылардың жермен қосу бөліктерімен жалғастыратын ток өткізгіштерден тұрады. Жермен қосқыштар жерге тік қағылған болат құбырлар (жоғарғы кернеулі электрлік қондырғыларда — ондаған құбырлар), рельстер немесе көлденең орналасқан болат не мыс тілкемдері түрінде болады. Кей жағдайда жермен қосқыштар ретінде болат трос (сым арқан) не шынжыр пайдаланылады. Жермен қосу мақсатына байланысты адамдарды электр тогына түсуден қорғайтын (мысалы, электрлік машиналардың және аппараттардың корпустарын жермен қосу) қорғаныстық жермен қосу және жұмыстық жермен қосу (мысалы, радиотехникалық антенналарды жермен қосу) болып ажыратылады. Жермен қосудың кедергісін төмендету үшін жермен қосқыштарды грунт суы деңгейіне орналастырады. ## Дереккөздер
Жасанды серік (кейде "Жасандысерік", немесе "Жердің жасанды серігі", ЖЖС, ағылш. Satellite, орыс. спутник) — Жер төңірегіндегі орбитаға шығарылып, әр түрлі ғылыми және қолданбалы мәселелерді шешуге арналған ғарыштық аппарат. Дүние жүзіндегі ең тұңғыш ЖЖС КСРО-да 1957 жылы 4 қазанда ұшырылды. 1958 жылы 1 ақпанда орбитаға тұңғыш америкалық ЖЖС — Explorer 1 шығарылды. Кейінірек өз Жасандысеріктерін басқа елдер: 26.11.1965 — Франция (Астерикс), 11.2.1970 — Жапония (Осуми), 24.4. 1970 — Қытай (Дунфан Хун-1), 1962 — Ұлыбритания (Ariel 1) ұшыра бастады. Канада, Франция, Италия, Ұлыбритания, т.б. елдерде жасалған кейбір серіктер 1962 жылдан бастап америкалық тасығыш ракеталардың көмегімен ұшырылды. Кеңестік тасығыш ракеталардың көмегімен Үндістан, Франция, Чехословакия, т.б. елдердің Жасандысеріктері орбитаға шығарылды. Жасандысерікті тасығыш ракетаның көмегімен орбитаға шығару үшін оған бірінші ғарыштық жылдамдыққа тең немесе одан артық (бірақ 1,4 еседен асып кетпейтін) жылдамдық берілуі тиіс. Жасандысеріктің ұшуының төменгі биіктігі (орбитаның перигейінде) 140 — 150 км (атмосферада жылдам тежелуден сақтану үшін), жоғарғы биіктігі (орбитаның апогейінде) бірнеше жүздеген мың км-ге дейін. Жасандысеріктің жерді бір айналып шығу уақыты оның ұшу орбитасының орташа биіктігіне байланысты және 1,5 сағаттан бірнеше тәулікке созылады. Экватор жазықтығына жақын жатқан экваторлық орбитаға шығарылған жасандысерік - экваториалдық Жасандысерік, ал Жердің полюстері маңынан өтетін полярлық (немесе поляр маңындағы) орбитадағы жасандысерік - полярлық жасандысерік деп аталады. Жер бетінен 35800 км қашықтықтағы экваториалдық орбитаға шығарылып, Жердің айналу бағытымен қозғалатын жасандысерік Жер бетінің бір нүктесінің үстінде “қалқып” тұрады (геостационарлық орбита). Мұндай жасандысеріктер стационарлық деп аталады. Жасандысеріктердің ерекше типіне ғарыш кемелері және герметикалық кабинасында адам өмір сүретін орбиталық станциялар жатады. Халықаралық келісімге сәйкес, егер ғарыштық аппарат Жерді кем дегенде бір рет айналып ұшса, ол жасандысерік деп аталады. Бұл шарт сақталмаған жағдайда ғарыштық аппарат баллистикалық траектория бойымен өлшеулер жүргізген зондылау ракетасы болып саналады және жасандысерік ретінде тіркелмейді. Орбитаға шығар кезінде жасандысеріктен бөлініп қалатын тасығыш ракетаның соңғы сатылары, бас бөлігіндегі ауа ақтырғыш, т.б. қосалқы орбиталық нысандар болып есептеледі; бұл нысандар Жер төңірегіндегі орбитамен қозғалады; олар бірқатар жағдайларда ғылыми мақсат үшін бақыланатын нысан қызметін атқарғанымен, әдетте, оларды жасандысерік деп атамайды. Жасандысеріктер көмегі арқылы шешілетін мәселелерге байланысты олар ғыл.-зерт. жасандысеріктері және қолданбалы жасандысеріктер болып бөлінеді. Егер жасандысерікте радиотаратқыштар, қандай да бір өлшеуіш аппаратура, жарық сигналдарын беретін импульстық шамдар, т.б. орнатылса оны активті жасандысерік деп атайды. Аталған жабдықтардың ешқайсысы жоқ, тек кейбір ғыл. мәселелерді шешу үшін жерден бақыланатындары (мұндай жасандысеріктер қатарына диаметрі бірнеше ондаған м-ге жететін жасандысерік баллондар жатады) пассивті деп аталады. ғылыми-зерттеу жасандысеріктері Жерді, басқа аспан денелерін, ғарыштық кеңістікті зерттеуге, ғарыштық кеңістікте биологиялық, т.б. зерттеулер жүргізу үшін қызмет атқарады. Жасандысерік бортында орналастырылған аппаратура, сондай-ақ, жасандысерікті жер бетіндегі станциялардан бақылау астрономиялық, геодезиялық, биологиялық, геофизикалық және арнайы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. ғыл.-зерт. жасандысеріктеріне алғашқы кеңестік “Электрон”, “Протон”, “Космос” сериялы жасандысеріктер, америкалық “Авангард”, “Эксплорер”, “ОГО”, “ОСО”, “ОАО” (геофизикалық, күндік, астрономиялық обсерваториялар) сериялы жасандысеріктері; ағылшын жасандысеріктері — “Ариэль”, француз жасандысерікі — “Диадем”, т.б. жатады. Байланыс орнатуға арналған ЖЖС-тер (кеңестік — “Экран”, америкалық — “Синком”, “Интелсат” жасандысерігі), метеорологиялық серіктер (кеңестік “Космос”, “Метеф” сериялы жасандысеріктер, АҚШтық “Тирос”, “ЭССА”, “Нимбус”), Жер ресурстарын зерттеуге арналған ЖЖС-тер (америкалық “Лэндсат және “АЭМ”), навигациялық жасандысеріктер, (кеңестік “Космос — 1000”, америкалық “Транзит”), техникалық мақсаттарға арналған жасандысеріктер (ғарыштық жағдайдың материалдарға әсерін зерттеуге, борттық жүйелерді сынауға арналған), әскери жасандысеріктер, т.б. қолданбалы жасандысеріктер болып саналады. Кейбір ЖЖС-терге ғыл. зерттеулерді де және қолданбалы мәселелерді де шешуге мүмкіндік беретін аппаратура орнатылады. Жасандысерік көмегімен шешілетін ғылыми және қолданбалы мәселелердің әр түрлі болуына байланысты олардың пішіндері, массалары, құрылымдық сұлбалары, борттық құрал-жабдықтарының құрамы әр түрлі болып жасалады. Мысалы, кішігірім жасандысеріктің массасы (“ЭРС” сериялы) — бар жоғы 0,7 кг; кеңестік “Протон — 4” жасандысерігінің массасы 17 т. ## Тағы қараңыз * Космос * Жердің табиғи серігі ## Сыртқы сілтемелер * «Спутник как предостережение», «Los Angeles Times», 30 қыркүйек 2007 * Спутник: от вредной идеи к национальному символу * Спутник вместо бомбы. Документальный фильм телестудии Роскосмоса Мұрағатталған 26 ақпанның 2009 жылы. ## Дереккөздер
Жерге меншік құқығы — жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі жер учаскесін заң актілерінде белгіленген негіздерде, жағдайлар мен шектерде иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік және жеке меншік нысандары заң жүзінде танылған және олар тең дәрежеде қорғалады. Жерге мемлекеттік меншіктің субъектісі мемлекет, яғни Қазақстан Республикасының өзі. Жердің меншік иесі ретіндегі мемлекеттің құқықтарын заң актілерінде белгіленген ережелерге сәйкес оның атынан мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады. Жер учаскесіне жеке меншік құқығы бар субъектілер өздеріне тиесілі құқықтарды заң актілерінде көзделген негіздерде, жағдайлар мен шектерде қалаулары бойынша жүзеге асырады. Олардың қатарына азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар жатады. ## Тағы қараңыз * Жер құқығы ## Сыртқы сілтемелер Жерге меншік құқығы немесе оны сақтап қалудың жай-жапсары(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Жерсағыз , құмсағыз (лат. Chondrilla) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде екі жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда шөл-шөлейтті, құмды жерлер мен жазық далаларда өсетін 16 түрі бар, соның ішінде ірі жерсағыз (Ch. mасra), мойынқұм жерсағызы (Ch. mujunkumensіs), Боссэ жерсағызы (Ch. bosseana) — Балқаш — Алакөл ойысының, Мойынқұм, Бетпақдаланың сирек кездесетін өсімдіктері. Көп тараған түрлері: қысқатұмсықты жерсағыз (Ch. brevіrostrіs) және ақ түкті жерсағыз (Ch. canescens). Биіктігі 30 — 100 (150) см-дей. Бұтақты сабағын түк басқан. Жебе тәрізді сүйір жапырақтары кезек орналасады. Сары түсті, қос жынысты гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Маусым — қыркүйекте гүлдеп, қазан айында жемісі піседі. Тұқымы — ұзынша жолақты дән, оның ұшында қалың түкті айдарлары болады. Жерсағыздың тамыры мен сабағында ақ сүті болады, одан кепкеннен кейін сағыз алынады. Жерсағыз — каучук алатын өсімдіктер. Оның — Кузнецов жерсағызы (Ch. kusnezovіі) деген түрі, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Жер сағыз торғай өлкесінде де өседі. оны ол жақтың қазақтары құмсағыз деп атайды. ## Дереккөздер
Әбіл Қуанғалиұлы Жетбаев (1938 сәуірдің 16, Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Володар ауданы Қарабүйрек ауылы-1999 наурыздың 1 Алматы, Алатау кенті) - ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы (1983), професор (1986), Қазақстан ұлттық академияның корриспондент мүшесі (1994), Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1993). ## Қысқаша өмірбаяны * 1961 - ҚазМУ-ді (қазіргі ҚазөУ) бітірген. * 1961 — 87 ж. - Ядролық физика институтында аға лаборант, инженер, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, лаборант меңгерушісі; * 1987 — 99 ж. - сол институттың директоры қызметтерін атқарған. ## Еңбектері Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары қатты денелердегі радиациялық құбылыстардың ядролық гамма-резонанстық спектроскопиясын зерттеуге, сондай-ақ, нейтронография мен радиография мәселелеріне арналған. Үш өнертабыстың авторы. Шығармалары: Исследование радиационных последствий ядерных реакций с помощью эффекта Мессбауэра. В сб.: Прикладная ядерная спектроскопия, в., 12, М., 1983. ## Дереккөздер
Жертаған (лат. Rosularіa) — жасаңшөптер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Шу — Іле, Жетісу (Жоңғар), Күңгей Алатауларында өсетін 5 түрі бар. Биікт. 5 — 35 см-дей. Тамыры жуан, баданалы болады. Сабағы тік, оның түбінен өте шырынды, етжең жапырағы айнала дегелектеніп, жертағандап орналасады, аты осыған байланысты қойылған. Өсімдіктің сыртын түгелдей өңез қаптап тұрады, бұл оның құрғақшылыққа төзімділігін арттырады. Ақ, қызғылт, қызыл, сарғыш жасыл түсті, қоңырау пішінді гүлі қос жынысты. Қос шеңбер құрып орналасқан 10 — 12 аталықтан, бір аналықтан тұрады. Мамыр — шілде айларында гүлдейді. Жемісі — көп жапырақша. Жертағанның гүлі әдемі болғандықтан саябақ, гүлзарларда әсемдік үшін өсіріледі. ## Дереккөздер
Жетібай (1993 жылға дейін — Новоивановка) — Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы ауыл, Жалғызтөбе ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Сарыкемер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 км жерде, ақ жусан, баялыш күйреуік аралас өскен шалғынды сұр топырақты шөлді белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1962 жылы “Фрунзе” атындағы қызылша өсіретін ұжымшар ретінде қаланған. Оның негізінде Жетібайда 1997 жылдан 1 өндірістік кәсіпорын, 2 шаруашылық серіктестігі, 200-ден астам шаруа қожалықтары жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Орта және бастауыш мектеп, клуб, дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Тұрғындары аудан орталығымен және т.б. елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Атау тарихы ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында Ресей мұжықтары қазақ жеріне қоныс аудара бастаған кезеңде осы елді мекенге Иван атты бай көпесі бастаған орыстың жеті байы көшіп келеді. Орыстар жаңа қоныстарын оларды бастап келген Иванның атымен байланыстырып "Ново-Ивановка" деп, ал жергілікті қазақтар Жетібай деп атап кеткен. Еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссиясының 06.02.1997 жылғы ұйғарымымен аталмыш ауыл тарихи атауын қайта алды. ## Дереккөздер
Жетісай — Түркістан облысы Жетісай ауданындағы қала, аудан және Жетісай қалалық әкімдігі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталығы – Түркістан қаласынан онтүстік-батысқа қарай 393 км жерде, «Достық» каналының сол жағалауында, Сырдария алабында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Мырзашөлде Достық (Киров атындағы) канал құрлысының жүргізілуіне және мақта шаруашылығын дамытуға байланысты 1939 жылы іргесі қаланды. 1951 жылы кентке, 1969 жылы қалаға айналды. ## Инфақұрылымы Жетісайда мақта тазалау, сыра, нан зауытттары, май өндіру цехтары, т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді. Қалада «Сырдария» университеті, Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің филиалы, педагогикалық колледж, 6 орта мектеп, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, «Жетісай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, аурухана, емхана, орталық кітапхана, т.б. мекемелер жұмыс істейді. Ж. арқылы халықар. Ташкент – Сырдария – Бұхара темір жол өтеді. ## Дереккөздер
Алатау (2024 жылға дейін — Жетіген) — Алматы облысындағы облыстық маңызы бар қала, темір жол стансасы. ## Географиялық орны Облыс орталығы - Қонаев қаласынан оңтүстікке қарай 38 км, Алматы қаласынан солтүстікке қарай 54 км-дей жерде, Кіші Алматы өзенінің оң жағалауындағы әр түрлі астық тұқымдасты шөптер өскен, сұр, бозғылт қоңыр топырақты шөлейт белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1959 жылы “Рассвет” сүт өндіру кеңшарының құрылуына байланысты қаланды. 1997 жылдан оның негізінде өндірістік кооператив, серіктестіктер мен шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. 2024 жылғы 9 қаңтардағы Президент Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып өзгертілді. ## Инфрақұрылымы 2 орта, бір орталау мектеп, клуб, кинотеатр, кітапхана, стадион, мешіт, аурухана, дәріхана, т. б. әлеуметтік инфрақұрылымдар бар. Ауылдың солтүстігінде Жетіген әуеайлағы орналасқан. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль және темір жолдары арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Жетіжол – Іле Алатауының батысындағы жота. ## Географиялық орны Алматы облысы Жамбыл ауданы жерінде орналасқан. Сілемнің батысы Кіндіктас жотасына ұласады. Шығысында Іле Алатауынан Қастек асуы және Қарақастек өзені арқылы бөлініп жатыр. Абсолюттік биіктігі 3273 м (Суықтөбе тауы), ұзындығы 85 км, енді жері 25 км. ## Геологиялық құрылымы мен жер бедері Негізінен тас көмір кезеңінің кристалдық тақтатасынан, гнейстен, кейбір тұсында жер бетіне шығып жатқан гранитоидтардан түзілген. Жер бедері орта таулық, жалдары тегістелген, беткейлері тік, сай-жыралармен тілімденген. ## Су торабы Іле мен Шу өзендерінің суайрығы саналатын жотаның баурайынан Ырғайты, Жанысай, Жіңішке, Ешкілі, Жиренайғыр, Жаманты, т.б. өзендер бастау алады. ## Климаты, өсімідігі Жетіжолда бірнеше ландшафттық-климаттық белдеулік байқалады. Тауалдының далалық қоңыр топырақты белдеуінде (800 – 1400 м) бидайық, тарғақ шөп, бозшағыл, т.б. шөптесіндер өседі. 1400 – 2600 м биіктіктегі шалғынды қара топырақты жерлерінде орман сирек кездеседі, үстіртті-жонды белдеуінде (2600 м-ден биікте) доңызот, самалдық, байғұт, субальпілік шалғын өскен. Жетіжолдың баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры – Түркістан облысы Жетісай қаласында 1968 жылы халық театрының негізінде құрылған театр. ## Тарихы Алғаш "Сырдария облысы қазақ музыкалық драма театры" (Өзбекстан Республикасы) деп аталып, кезінде Мәскеуде Кремльдің Съездер сарайында өнер көрсеткен халықтық ұжымның негізінде құрылды. 1969 жылы 18 қаңтарда Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің "Жалбыр" музыкалық драмасымен шымылдығы ашылды. Басты рөлде Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев ойнады. Тұңғыш бас режиссері – Қ. Шанин, директоры – Т. Бәйімбетов. 1969 жылдан 2001 жылға дейін А. Оңалбаев бас режиссер болды. Театрдың негізін қалаушы өнер иелері: Өзбекстанға еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев, Қазақстанның халық әртісі, көркем сөз оқудың хас шебері Т. Қыстаубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – М. Өтебаев, Ы. Иманқұлов, Ұ. Әкімова, т.б. 1969-71 жылдары музыкалық театр, ал 1971-99 жылдары музыкалық драма театр болып аталды. 1999 жылдан Жетісай драма театры болып аталды. Театр тарихында рухани із қалдырған Виктор Мингалев басқарған бишілер тобын көрермен қауым ерекше мақтан тұтты. Жетісай театрының музыкалық театр болып қалыптасуына зор үлес қосқан дирижер, домбырашы Бөрі Иса, Владимир Тен мен Болат Айдыновтар көп еңбек сіңірді. 1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ – музыкалы драма театрына Қазақ ССР-нің халық артисі, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ. Жандарбековтың есімі берілді (Құрманбек Жандарбеков 60-шы жылдардың ортасында Жетісайға бір топ өнер майталмандарымен арнайы келіп, Мәскеудің Кремльдер сахнасында «Қыз Жібекті» қою үшін дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Әу баста халықтық театр атанған Мырзашөлдік өнерпаздардың Мәскеу төріндегі жоғары шеберлігінен кейін кәсіби театрдың негізі қаланған). М. Өтебаев, А. Ысрайлов, Х. Саурықов, З. Қожамұратов, Т. Бәйімбетов, С. Бәйімбетов, А. Жәбішев, З. Меңлібаев, Н. Тілеубергенов, Ы. Иманқұлов, А. Оңалбаев және тағы да басқа сахна шеберлері көрермендер есінде қалды. Театр әртістері әр жылдары жастар шығармашылығына арналған байқаулардың жеңімпаздары болды. Жетекші әншілер С. Бәйімбетов пен Ж. Қарғабаев бірнеше дүркін одақтық және республикалық фестивальдердің лауреаты атанды. ## Қойылымдары Жетісайлықтардың репертуары қазақ, қырғыз, өзбек, орыс және тағы да басқа шетелдік авторлардың туындыларымен толығып, осы уақытқа дейін екі жүзге жуық драмалық, комедиялық және трагедиялық қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Олардың ішінде М. Әуезовтің "Еңлік–Кебек", "Айман–Шолпан", Ғ. Мүсіреповтің "Амангелді" мен "Қозы Көрпе–Баян Сұлу", Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай" мен "Ақсақал аңтаң", Т. Ахтановтың "Махаббат мұңы" мен "Күшік күйеу", З. Ақышевтың "Жаяу Мұса", С. Адамбековтің "Аюбайдың ажалы"”, Б. Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа", И. Сапарбайдың "Шіркін, Шәмші!", У. Азимнің "Алпамыс", Х. Хурсандовтың "Өлдік те, құрметті болдық", Ә. Оразбековтың "Бір түп алма ағашы", Еврипидтің "Троя арулары", Ш. Құсайыновтың "Әл-Фараби", І. Есенберлиннің "Ғашықтар", С. Балғабаевтың "Қазақша күресі", Ш. Құсайыновтың "Үкілі Ыбырай", З. Найзағараевтың "Мүсінші", Д. Исабековтың "Пері мен періште", С. Сматаев пен Т. Теменовтың "Көгілдір такси", Б. Римованың "Қос мұңлық", Ж. Әлмашұлының "Ай астындағы алтын шаhар" және т.б көптеген қойылымдар бар. ## Режиссерлер жетістіктері Жетісай театрының атағы түрлі режиссерларымен бірге танылды. Мәскеудегі мәдениет институтының түлегі А. Оңалбаев бұл қызметті ширек ғасыр атқарды. Ол қойған "Айман-Шолпан", "Амангелді", "Еңлік-Кебек", "Свадьба в Малиновке", "Аршын-Малалан", "Алдаркөсе" спектакльдері көп жылдар бойы сахнадан түскен жоқ. Режиссер Т. Әшімов те "Соловьиные ночи", "Голос матери", "Чарующее утро" қойылымдары арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, драматург, ақын, режиисер Ы. Иманқұлов та театрдың дамуына елеулі үлес қосты, әртістердің жас буынын тәрбиеледі. Режиссерлер Ж. Есенбеков, Ғ. Арынов, Қ. Жандарбеков, Б. Досымханова, Б. Нұрпейісов, Р. Сейтметов, К. Жетпісбаев, К. Кенжетаев, Е. Оразымбетова, Ә. Құлдановтардың да еңбектері арнайы атап өтуге тұрарлық. Театрдың өркендеуіне суретшілер Давид Роот, Амангелді Қойшыбаев, Бақыт Срайлов, Тоғайбек Байдарбековтер де елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда театрдың директоры және көркемдік жетекшісі ҚР мәдениет қайраткері Б.Б. Сраилов. 2013 жылы оның басқаруындағы театрда өткен "Театр көктемі – 2013" облыстық театрлар фестивалінде, Новель сыйлығының лауреаты Юджин О-Нилдің "Шырмаулық астындағы шырғалаң" трагедиясы үшін "Ең үздік қойылым" номинациясын иеленіп, театр шығармашылығын қайта жаңғыртты. Танымал актерлері: Ш. Қожамұратова, Р. Бейсебаева, Қ. Жолшыбеков, К. Молдәулетов, Б. Сүлейменова, Б. Айдаров, К. Құлыншақов, Ұ. Базарбаева, А. Қарғабаева, Ғ. Қаппаров, О. Қалыбекова, З. Найзағараев, М. Жұмаділдаева, А. Төлеубаев, К. Сейтметов, Р. Маңжігітова, Н. Тілеубергенов, А. Серікбаева, А. Раметова, Ә. Сапаров, Ұ. Дәрменшина, Б. Балабаева, Ж. Тастеміров, т.б. ## Театр жетістіктері Жетісай драма театры бірнеше мәрте фестивальдер мен конкурстарға қатысты. Екі рет бүкілодақтық театр байқауының дипломанты болды. * М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде үшінші орын алып, режиссер Т. Қыстаубаев "Үздік қойылым" номинациясын иеленді. * Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлаған кезде Жетісай театры қойған "Әзірет Сұлтан" қойылымы есте қаларлықтай болды. * Өзбекстанда өткен халықаралық театр фестивалінде қойған "Ах, Шәмші" спектаклі режиссер мен әртістердің еңбегін тағы бір қырынан көрсетті. * "Алпамыс" пьесасын қойғаны үшін Қызылордада өткен театр фестивалінде Қ. Жандарбеков атындағы сыйлық табыс етілді. ## Дереккөздер
Жетітөр, Жетітор – Күнгей Алатауындағы асу. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 3912 м. Асу өтетін кезең Шілік-Кемін тауларының шығыс жағында орналасқан. Күнгей Алатауының бұл бөлігі - Шілік өзені және Ыстықкөл көлі алаптарындағы суайрық жота. Асудың солтүстік беткейінде шағын Жарбұлақ мұздығы жатыр, оңтүстік беткейі қорымтас. Жарбұлақтың (Шілікке құятын Жаңғырық өзенінің оң саласы) жоғарғы ағысынан Ыстықкөлге құятын Ақсу өзенінің бас жағына баратын жол осы Жетітөр асуы арқылы өтеді. Алматыдан Ыстықкөлге апаратын ең төте жол саналады. ## Дереккөздер
Жетісу облыстық қазақ съезі, 1917 ж. 12 — 14 сәуір аралығында облыстық қазақ комитетінің ұйымдастыруымен Верный қаласында өтті. Съезге Верный, Жаркент, Лепсі, Қапал, Пішпек, Пржевальск уездерінен 81 өкіл қатысты. Съездің төралқасы құрамына Ы.Жайнақов (төраға), Ғ.Ордабаев пен А.Құдайбергенов (төраға орынбасарлары), Қ.Шегіров пен Н.Жақыпбаев (хатшылары) сайланды. Съездің күн тәртібіне соғысқа көзқарас, Уақытша үкіметке көзқарас, азық-түлік, жер-су мәселесі, рухани-діни іс, сот, оқу-ағарту, мал шаруашылығы, орыстар мен қазақтардың ара қатынасын реттеу және 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыстан соң ауған босқындарды Қытайдан қайтару сияқты 17 мәселе қойылып, нақты шешімдер қабылданды. Соғыс мәселесінде — “оны жеңіске жеткенше жалғастыру”, Уақытша үкіметке бағынып, оған жан-жақты қолдау көрсету, дін ісінде — “далалық Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарына ортақ” ерекше діни жиналыс құрып, оны “Қазақстан” деп атау, басқару жүйесінің барлық деңгейлерінде міндетті түрде екі комиссардан — бірі орыс, екіншісі мұсылман тағайындау, жер мәселесінде “облыс шеттен қоныс аударушылар үшін мүлде жабық деп саналсын” делініп, Қытайға ауған босқындарды мүмкіндігінше қауіпсіз жерлерге орналастыру, қарулы қақтығыстарды болдырмау үшін бұл мәселені Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің бақылауына беру болды. Съезд делегаттары назарынан жалпықазақ және бүкілресейлік мұсылмандар съезі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері сырт қалды. Жетісу облыстық қазақ съезіне мал шаруашылығы, отырықшылыққа көшу сияқты жекелеген, нақты экономикалық мәселелерге көбірек көңіл бөлінді. Большевиктер билік басына келгеннен кейін саяси ахуалдың күрт өзгеруіне орай Жетісу облысында 1918 жылдың қаңтар, мамыр және тамыз айларында тағы да бірқатар қазақ съездері шақырылып, онда облыста басқару органдарын құру, ұлттық әскер жасақтау, оларды қажетті заттармен қамтамасыз ету және т.б. кезек күттірмес мәселелер талқыланды. 1918 жылдың 10 — 31 тамыз аралығында өткен съезде облыстық қазақ комитетінің құрамы қайта сайланып, оған М.Тынышбаев енгізілді. Мүшелері: Ы.Жайнақов (төраға), С.Сабатаев, Түлембай Дүйсебаев, Н.Жақыпбаев, Б.Мәметов, Б.Сүлеев, И.Тергеусізов болды. ## Дереккөздер
Жигули, Жегули — Орыс жазығының оңтүстік-шығысында, Еділ қыратының шығыс бөлігінде орналасқан таулы қырат. Ресейдің Самара облысы аумағына кіреді. Орташа биіктігі 300 м шамасында. Абсолют биіктігі 370 м. Самара қаласының жанында Еділ өзенінің оң жағасын бойлап, батыстан шығысқа қарай 50 км-ге созылып жатыр. Еділ өзені Жигули қыратын үлкен айналма (Самара иіні, ұзындығы 138 км, ені 20 км) жасап оралып өтеді. Еділдің осы тұсында Жигули, Қыранды тауларының бір-біріне таяу келуінен “Жигули қақпасы” пайда болады. Жигули қыраты, негізінен, палеозой және мезозой жыныстарынан түзілген. Оның едәуір бөлігі карстық тау жыныстарынан тұрады. Таудың беткейлері өте жиі тілімденген, әсіресе, Жигулидің Еділге қараған беткейлері қатты тілімденіп терең тік жартасты жыралар құраған. Мұнда жалаң жартастар мен тас қорымдар алма-кезек таралған. Солтүстік және оңтүстік беткейлері юра, бор және үштік шөгінділерінен тұратын төбешіктер мен қырқаларға ұласады. Жигули тауында жапырақты және аралас ормандар кең тараған. Қайың, емен, үйеңкі, жөке, алма ағаштары жиі кездеседі. Жигули мемлекеттік қорығы ұйымдастырылған. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Жиде (Elaeagnus) — жиде тұқымдасына жататын жапырақ тастайтын (кейбіреулері мәңгі жасыл) ағаш. Бұта түрлері де бар. Қазақстанда 2 түрі бар: түрікмен жидесі (E.turcomanіca), үшкіржеміс жидесі (E.oxycarpa). Солтүстік облыстардан басқа барлық жерлерде өседі. Бұталары тікенді, күміс түсті ұзынша кезек орналасқан жапырақтары болады. Гүлі қос жынысты. Жазғытұрым гүлдейді. Жиде — шірнелі өсімдік. Тұқымынан, тамыр өскінінен не тамыртүбінен көбейеді. Жемісі — жалған сүйек, сырты ұнтақты жұмсақ қабықпен жабылған, түсі қызғылттау, бірақ қоңыр қабыршақпен жабылғаннан кейін күлгін көрінеді. Оны жеуге болады. Жиденің барлық түрі — әсемдік өсімдіктер. Оларды шөлді жерлерді көгалдандыруға, құм тоқтатуға, өзен мен арналардың жағасын бекітуге, т.б. пайдаланылады. Ағашын, сүрегін құрылысқа және отын ретінде, жемісін медицинада қолданады, құстарға жақсы азық болады. Жапырағы мен қабығында бояулық және илік заттар бар. Сабағынан алынатын сағызды заттан (камедь) лак және бояу өндіріледі. ## Өсімдік туралы Жиде – жидектер тұқымдасына жататын ағаш және бұталы өсімдік. Жиде ағашы еліміздің барлық өңірінде өседі. Биіктігі 10 метрге дейін жететін бұталы ағаш. Жапырақтарының үстіңгі беті сұрғылт көк, астыңғы жағы ақшыл, діңі және бұтақтары жылтыр, қызыл-қоңыр түсті. Жапырақтары сопақша келген, ұзындығы 3-8 см, ені 0,4-1,8 см. Гүлі ұсақ, жұпар, хош иісті, қызғылт сары. Гүлінің жұпар иісі жүз метрге дейін шығып тұрады. Жиденің гүлінен ара бал жинайды. Жиде жеміс-жидек тұқымдастарының ішіндегі ең соңында гүлдейтін ағаш. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде мамыр мен маусымда, ал солтүстік өңірлерде маусым мен шілде айларында гүлдейді. Жидегі сүйекті, тәтті, құрғақ болады.Дүние жүзінде жиденің 40-қа жуық түрі бар. Қазақстанда 2 түрі өседі. Біріншісі – ұсақ, ақшыл түсті, сүйір жемісті жидек ағашы. Биіктігі 3-4 метр, бұталары тікенді болып келеді. Республикамыздың батысында, оңтүстігінде, Жоңғар, Іле, Күнгей Алатауларында,Қаратауда, сонымен бірге Сырдария, Шу, Талас, Іле, Арыс, Сарысу өзендерінің маңайында, көл бойындағы тоғайларда, құмды және сортаң жерлерде өседі. Екіншісі – түрікмен жидесі еліміздің оңтүстік аймағында өседі. Биіктігі 3-8 метр. Жидегі ірі, түсі қоңыр. ## Қолданылуы Жиде – көптеген дертке шипа. Гүлінің құрамында эфир майы, жапырағында аскорбин қышқылы болады. Сабағы мен бұтағының құрамында илік және бояу заттары бар. Жидегінде қант, органикалық қышқылдар, ақуыз, көмірсулар, фруктоза, аздап илік заттар, дәрумендер бар. Жидеде Е дәрумені көп болады. Жидені іштің ауырғанын басу, иммунитетті көтеру, ас қорыту органдарының жұмысын жақсарту үшін пайдаланады. Жүрек-қан тамырлары ауруларын жидек жемісімен емдейді. Жиде құрғақшылыққа төзімді. Оны құм тоқтатуға, жыра, арық, өзен бойын, қаланы көгалдандыруға пайдалану керек. Гүлінен хош иісті май, иіс сулар алынады. Жиде балы адам денсаулығына өте пайдалы. ## Тағы қараңыз * Жаңғақ * Жаңғақтар * Бидай * Дән * Жеміс ағашы * Жетілмеген дән ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жидектер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8
Топонимика — ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Бұл гректің «топос» — орын, жер, «онома» — атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз. Топоним дер, яғни жер-су аттары, негізінен үш бағытта зерттеледі: * семантикасы (мағынасы); * жасалу жолдары; * этимологиясы. Топонимика география, тарих, тіл білімі, этнология ғылымдарының деректеріне сүйеніп, өзара байланыста дамиды. Кез келген аумақтың географиялық атауларының жиынтығы сол жердің топонимиясын құрайды. Топоним дер зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне не мөлшеріне қарай макротопонимдерге (тау жоталары, үлкен ойпаттар, мұхиттар, т.б.), мезотопонимдерге (жеке таулар, теңіздер, т.б.), микротопонимдерге (көл, бұлақ, құдық, қоныс, т.б.) бөлінеді. Топонимика тіл тарихын зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады. Өйткені кейбір топонимдер (әсіресе, эндооронимдер мен эндогидронимдер) архаизмдер мен диалектизмдерді тұрақты сақтайды, көбінесе олар сол аумақты мекендеген халықтың субстрат тілдерінен бай мағлұмат береді. Топоним дердің халық берген дұрыс нұсқасын барлық жағдайда және басқа тілдерде дұрыс жазылуының маңызы зор. Қазақ тілінің Топонимикасын Ғ.Қоңқашбаев, Н.Баяндин, А.Әбдірахманов, т.б. ғалымдар зерттеген. ## Тарихы Географиялық атауларға және олардың семантикалық мазмұнына деген қызығушылық адамзат өркениетінің қалыптасуының ең ерте кезеңдерінде туындады. Ежелгі Египеттегі мәтіндерде топонимдер сипатталып, жіктелген, бірақ бұл атаулар көбінесе мифологиялық сюжеттермен байланысты болды. Б. з. I ғ. топонимикалық ақпаратты ғылыми түрде қолдануға алғашқы әрекеттер жасалған. Оңтүстік Испаниядан шыққан, ежелгі ғалым Помпононь Мела «De situ orbis», сондай-ақ «Хорография» атымен танымал, жұмысында алғашқы рет топонимдерді ғылыми құрал ретінде қолданды. Белгілі бір тілге жататын географиялық атаулардың негізінде автор өзінің туған жері - оңтүстіктегі Лузитан мен Селтик аймақтарының шекараларын анықтауға тырысты. Бұл жұмыста автор географиялық атаулардың испан немесе басқа тілдерге тиесілігі негізінде, өзінің туған жерінің Лузитан мен Селтик аймақтарының - Иберий түбегінің оңтүстігінің шекарасын анықтауға тырысты. Сонымен қатар, топонимикалық деректерге деген ғылыми көзқарасты ортағасырлық Шығыс ғалымдарының шығармаларында да байқауға болады. Олардың қатарында: армян ғалымы Мовсес Хоренатси (VII ғасыр), Орталық Азия зерттеушісі және энциклопед Әбу Райхан әл-Бируни (X-XI ғасыр), түрік географы және тілші Махмұд Қашқари (XI ғасыр). Бұл ғалымдар топонимдердің этимологиясын ғылыми түрде түсіндіріп, Азияның гидронимдерінің қызықты түсіндірмелерін қалдырды. Алайда, ортағасырлық әртүрлі дерек көздерінде кездесетін жеке топонимдердің түсіндірмесі көбінесе спекуляцияға негізделген, өйткені топонимикалық заңдылықтарды анықтаудың әдістері әлі де болмады. Географиялық атауларға ғылыми географиялық ақпараттың маңызды көзі ретіндегі қызығушылық Ресейде XVIII ғасырда пайда бола бастады. Топонимдік бағыттағы зерттеудің негізін қалаушы, топонимияны географияның элементі ретінде қарастырған тарихшы және географ - В.Н. Татишев. Топонимикалық деректер географиялық зерттеулерде XIX ғасырда кеңінен қолданылды. Ең алдымен, Н.А. Надеждиннің «Ресей әлемінің тарихи географиясының тәжірибесі» (1837) топонимикалық материалға негізделген жұмысын айтап өткен жөн. Автор топонимикалық жоспарды тарихи-географиялық зерттеуде картографиялық әдісті қолдану қажеттілігі мәселесін көтереді. Ол сондай-ақ кейіннен қанатты болып кеткен: «Топонимика - бұл Жердің тілі» дәйексөзінің авторы. Топонимикалық зерттеулер А.Х. Востоков, М.А.Кастрен, Я.Кроттың сиақты академиктердің шығармаларында қарастырылады. Осылай, XVIII - XIX ғасырларда топонимика саласының негізі қаланып, айтарлықтай материал жинақталып, топонимияның жиі кездесетін заңдылықтары анықталды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында академик Л. С. Берг өзінің еңбектерінде танымал географиялық терминдер мен топонимдерді жинау, жіктеу, зерттеу және қолданудың география ғылымы үшін маңыздылығы туралы жазған. Ол былай деп жазды: «Тұрақты жергілікті халықтың ғасырлар бойы бақылауы мен данышпан халықтың шығармашылығының нәтижесі бола отырып, халықтық терминдер филологтар мен әсіресе географтардың назарына лайық». Автор алғаш рет терминдерді семантикалық өзгеріс феноменін байқап, кейін әртүрлі топонимикалық жүйелердің мысалдарын зерттеген. Топонимдерді географиялық зерттеуді қалыптастыру және дамыту үдерісіндегі маңызды кезең - ұлы ғалым-географ В.П. Семенов-Тянь-Шанскийдің жұмыстары. Топонимика ғылым ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ғалымдардың еңбектерінің арқасында дамыды. А.В. Никонов бірқатар топонимикалық заңдарды тұжырымдады, топонимияның тарихилығын көрсетті, типологиясы мен жіктелуін жетілдірді. А. В. Суперанская жалқы есімдердің теориясын дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Топонимикалық зерттеулердің теориялық негіздері О.Н.Тручевтің, В. Н. Топоровтың, Н.И.Толстойдың, А.Поповтың, Ю.А.Карпенконың және т. б. ғалымдардың шығармаларында қарастырылған. Заманауи геотопонимикалық зерттеу бағытының негізін қалаушы ретінде Е.М.Мұрзаевті қарастыруға болады. Ол танымал географиялық терминдерден географиялық ақпарат алу әдісін ұсынды. Автор топонимдер географиялық орта туралы ақпарат көзі ретінде қарастырды. Э.М.Мұрзаевтың көпжылдық зерттеулерінің нәтижесінде көптеген жұмыстар жазылды, соның ішінде «Халықтық географиялық терминдер сөздігі». Е.М.Поспеловтың еңбектері топонимикадағы математикалық және картографиялық әдістерге, халық терминологиясы және географияны оқыту үдерісінде топонимияның қолданысына бағытталған. Әлемнің түкпір-түкпірінде географиялық атауларды зерттеуге айтарлықтай үлес қосқан ғалымдар: А. Доза, А. Шерпилё (Франция); Г. Краэ, М. Фасмер(Германия), Э. Экуолл, А. Смит, А.. Рум, С. Мэттьюз (Великобритания); А. Профоуз, В. Шмилауэр (Чехия); В. Тащицкий, Й. Сташевский, С. Роспонд, К. Рымут (Польша); В. Георгиев (Болгария); Л. Киш (Венгрия), И. Иордан, Г. Драгу (Румыния); М. Ольсон (Швеция); Дж. Р. Стюарт, Н. Холмер (США), Дж. Армстронг (Канада), А. Кардозу (Бразилия) және т. б. көптеген ғалымдар. Әртүрлі ғылым өкілдерінің күшімен топонимика ғылыми танымда өз орнын алды. ## Жіктелуі Ороним - жер үсті қабатындағы нысандарының: тау, қырат, шың атаулары. Мысалы: Алатау, Хан Тәңірі, Алтай, Орал, Қаратау. Спелеоним - жер асты қабатының нысандарының: үңгір, құдық, жар, лабиринт, сифон, жер асты өзен атаулары. Хороним - кез келген территория, аймақ, облыс, аудан атауы. Мысалы: әкімшілдік, қалалық, табиғи хоронимдер, Шығыс Қазақстан, Орта Азия, Еуразия, Алматы облысы, Қызылжар ауданы. Агроним - жер бөлімшелерінің атауы. Гидроним - су нысандарының атауы. * Потамоним - өзен атауы. * Лимноним - көл, көлшік, тоған атаулары. Мысалы: Балқаш, Сасықкөл, Алакөл, Жалтыркөл. * Гелоним - саз, батпақ атауы. * Океаноним - мұхит не оның бөліктерінің атауы. Мысалы: Атлант мұхиты, Солтүстік Мұзды мұхит, Үнді мұхиты. * Пелагоним - теңіз не оның бөліктерінің атауы. Мысалы: Каспий теңізі, Арал теңізі. * Пегоним - бұлақ атауы. Топонимика нысан ерекшеліктеріне байланысты келесідей бөлінеді: Ойконим - елді мекен атауы. * Астионим - қала атауы. Мысалы: Москва, Варшава, Прага, Вышний Волочек. * Урбаноним - қалаішілік нысан атаулары. Мысалы: агороним - алаң атаулары, годоним - көше атаулары, хороним, эмпороним-дүкен атаулары. * Комоним - ауылдық елді мекен атауы. Мысалы: Кеген, Нарыңқол, Қарасу, Жекекөл. Дромоним - кез келген байланыс жолдары, жер үсті, су, жер асты, әуе қатынас атаулары. Мысалы: Жібек жолы, Қасқа жол. Некроним - жерлеу орындары: зират, бейіттер мен молалардың атауы. Мысалы: Кеңсай, Ваганьковское кладбище. Дримоним - орман, алқап, тоғай атауы. Мысалы: Роща, Баума, Беловежская пуща. Инсулоним - арал атаулары. Экклезеоним - ғұрыпты өткізу орындары мен кез келген дінге бағну орындары монастырь, шіркеу атаулары. Мысалы: Орталық мешіт, Никольская церковь. Топонимдер зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне не мөлшеріне қарай макротопонимдерге, мезотопонимдерге, микротопонимдерге бөлінеді. Макротопоним - ірі физикалық-географиялық объектілерінің: тау жоталары, үлкен ойпаттар, мұхиттар, т.б. атаулары. Мысалы: Сарыарқа, Ақжайық, Нарын, Бетпақ дала, Қызылқұм. Мезотопоним - жеке таулар, теңіздер, т.б. атаулары. Микротопоним (шағынтопоним) - кең қауымға беймәлім географиялық объектілердің:көл, бұлақ, құдық, қоныс, т.б. атаулары. Пайда болу жағынан эндоним және экзонимдерге жіктеледі. Эндоним - жергілікті халықтың өзі тұратын жердегі географиялық нысандарға берген атаулары. Экзоним - сол жерге отарлаушылардың не сырттан келгендердің берген атаулары. Этнотопоним - этнонимдердің қатысымен қалыптасқан жер-су атаулары. Мысалы: Қалмаққырған, Қоңырбұлақ, Базар, Шүршүтсу. ## Топонимика және география География үшін топонимия өте маңызды. Топонимдер географиялық объектілердің орналасуын анықтайды және жеке географиялық түсініктерді көрсетеді. Тарих үшін уақыт бойынша бағдар маңызды болса, география үшін кеңістіктегі бағдар өте маңызды. «Географиялық орналасуы» ұғымы өте жақсы дамыған. Бұл жерде Н. Баранскийдің еңбегі үлкен рөл атқарды, оның айтуынша: « Географиялық объектілердің математикалық орналасуы координаттар жүйесінде, физикалық орналасу - физикалық картада, экономика-географиялық орналасу - экономикалық картады, саяси-географиялық орналасуы - саяси картада беріледі». Географиялық картаға түсірілген бұл және түрлі ақпараттың құдайы арасында номенклатураның құрметті орны бар. Географиялық картаға енгізілген осы және басқа да түрлі ақпараттардың ішінде номенклатура құрметті орынға ие. Географиялық нысандар алуан-түрлі болып келеді және оларды тағайындау үшін арнайы сөздер қажет. Брест және Бобруйск қалалары көлемдері бойынша шамамен тең және картада бірдей белгілермен белгіленеді. Бірақ олардың арасында тек математикалық немесе географиялық тұрғыда айырмашылықтар ғана емес, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерде А.В. Даринскийдің сөзін өте орынды: «жекелеген географиялық объектілердің әр-қайсысы өзінше ерекше және олардың әр-қайсысына олармен біртұтас болып келетін белгілі бір географиялық атау сәйкес келеді». География тек қана жеке ұғымдармен ғана емес, сондай-ақ апеллятив лексикада көрсетілген жалпы ұғымдармен және де географиялық терминдерде көрсетілген жеке географиялық ұғымдармен де жұмыс істейді. Жеке географиялық ұғымдар салыстырмалы, бірақ бағыныңқы емес. Бұл қатынастар келесі сипаттамаларда көрсетілген: 1. Жалпы географиялық ұғымдар. Мысалы, өзен, көл, жазық, тау және т.б. 2. Географиялық объектілердің өзіндік ерекшелігін айқындайтын жеке ұғымдар. Оларға мыналар жатады: а) географиялық объектілерге тән ерекшеліктер көрсететін ұғымдар (мысалы, Енисей, Байкал, Ұлы Орыс жазықтығы, Кавказ және т.б.); б) аймақтық ұғымдар, жекелеген елдердің немесе аймақтардың географиясын көрсететін ұғымдар (мысалы, Польша, Франция, Белорус КСР және т.б. с) Күрделі жеке ұғымдар. Олар географиялық объектінің бірнеше ерекшеліктері негізінде қалыптасады: бедер пішіні, аймақтағы өзендердің ерекшеліктері, климат, топырақ, өсімдік, популяция және олардың айналысатын шаруашылығы және т.б. ерекшеліетер негізіндегі ұғымдар 3. Оқшауландырылған ұғымдар географиялық ортаға тән құбылыс. Мұндай ұғымдар тек география ғана емес, басқа ғылымдарға және географияға қатысты ақпарат қамтуы мүмкін(«табиғи жағдайлар», «шикізат көзі» және т.б.) Географиялық атаулар географияның өзіндік тілі болып табылады және олардың көбі жалпы атауға айналып, географиялық терминологияға айналып кетті: исланд минимумы, әлпілік қатпарлық, карст үдерісі және т.б. Кейде топонимдерде көрсетілген бірыңғай географиялық ұғымдар кең мағынаға ие болып, топоним негізінде географиялық терминдер пайда болуы мүмкін. Мысалы: Карст үстірті және карст (Карст құбылысы), Вулкано тауы және вулкан (вулкандық құбылыстар), Гейзер бұлағы және гейзер, Меандрас өзені және ирелең және т.б. Жиі атаудың өзі объектіні сипаттайды (Рудный қаласы, Верхнее өзені және т.б.) Топонимдер көбінесе бірыңғай географиялық ұғымдарды білдіретіндіктен, оларды географиялық ғылымнан тыс зерттеудің маңызы жоқ екені анық. Географияның бір бөлігі болып табылатын картография үшін де географиялық атаулар өте маңызды. Бұл жерде В.А. Казакевичтің сөзі өте орынды: «Кез-келген елдің картасы әрдайым ауданның орографиялық және гидрографиялық жағдайларын нақты көрсете білуі тиіс, сондай-ақ барлық географиялық атауларды картаға дұрыс түсірілуі қажет. Географиялық атаулар көрсетілмеген карта мылқау болып келеді, және оны қолданған адам көптеген қателіктер жібереді». Географиялық карта бізге алуан-түрлі ақпарат береді. Картаның мазмұны тек градустық тормен немесе тек дәстүрлі белгілермен ғана емес, көптеген атаулармен де көрсетілген. Бұл атаулар тек қана бағдар ретінде ғана емес, қосымша ақпарат көздері ретінде де қызмет етеді. Картадағы орынды анықтаған кезде, атауларды градустық тор қарағанда жиі қолданамыз және «Мәскеуден солтүстікке қарай», «Оралдан тыс» және т.б. жиі қолданылады. Карта тек қаланың тек орналасуын ғана көрсетеді, бірақ ол туралы басқа ақпарат бермейді. Географиялық атаулардан айырылған карта өзінің құндылығын жоғалтады. Демек, 'мылқау' карта тек оқуға ғана қиындық тудырмайды, ол өзінің көптеген мүмкіндіктерін жоғалтады. Сондықтан, географиялық номенклатураның белгілі бір минимумын игерместейінше, картаны зерттеу мүмкін емес. ## Топонимика және тарих Топонимдерді зерттеудің ғылыми маңызы жоғары. Топонимиканың тарих ғылымдарындағы маңызы географиялық атаулардың кейбір халықтардың таралу ареалын анықтаудағы, тарихи оқиғаларды қалпына келтірудегі рөлімен түсіндіріледі.Топонимдердің, әсіресе, эндонимдердің ең негізгі касиеті-олардың тұрақтылығы, сол үшін де мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне ғылым мәліметтер береді.Жер, су, теңіз, өзен, көл, таулардың жалқы атаулары сол жерден ертеде өмір сүрген халықтың тілінен алынған. Бұл атаулар әлгі халықтар сол жерден басқа жаққа кетіп, орнына басқа халық келсе де, алғашқы қалпында сақталып, ғасырлар бойы өмір сүреді. Мысалы, география атаулардың құрамын зерттеу сол аймақты ежелгі заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға, олардың өткен тарихының ерекшелігін қалпына келтіруге, тараған жерінің шекарасын белгілеуге, орын ауыстыру бағытын шамалауға, сауда жолдарын т.б. білуге болады.Осы мағынада топонимдер (жер-су, елді мекен, халықтар аттары) тарих, этнология, археология және тіл біліміне нақтылы мағлұмат береді. Топоним тіл тарихын (тарихи лексико-семантик., лексико-грамматик., диалектол., этим.) зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады. Өйткені кейбір топонимдер (әсіресе, эндооронимдер мен эндогидронимдер) архаизмдер мен диалектизмдерді тұрақты сақтайды, көбінесе олар сол аумақты мекендеген халықтың субстрат тілдерінен бай мағлұмат береді. Тіпті бір құбылысқа байланысты қойылған атаулар, сол құбылыс жоғалған уақытта да сақталатын жағдайлар көп. Мысалы, орман жоқ жерде Залесье деген атау, жол қиылыстары жоқ жерде Перекрестье деген атаулар кеңінен кездеседі. Географиялық атаулар тұрақтылығының басты себебі - бұл топоним болған сөз өзінің топоним болмағандағы мағынасымен ассоциативті байланыстарын біртіндеп жоғалуы. Енді топоним белгілі нысанды сипаттау үшін емес, белгілеп атау үшін қолднылады. Болашақта топоним оның негізгі белгілері өзгерген кезде де географиялық нысан бар болғанша сақталады. Қазақстанның топонимиялық жүйесі – осы аумақты мекендеген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының заттық және рухани мәдениетінің ғасырлар бойы жинақталып, сақталып қалған көрінісі. Өткен замандардың реликтілік мұралары ретінде тарихи топонимдер аумақтың табиғат жағдайларын, ондағы мемлекеттер мен халықтардың тарихындағы маңызды оқиғаларды “жадында” сақтап, қаз қалпында бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Сондықтан топонимдерді диахрондық бағытта зерттеуге топонимист ғалымдар ерекше маңыз берген. Кез келген қоғамның материалдық негізі қоғамдық қатынастардың тарихи дамуы мен қоғамның рухани келбетін анықтаған. Рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын географиялық атаулардың қалыптасуында да тарихи астар бар. Е.М. Поспеловтың бейнелі түрде атап көрсеткеніндей, тарихи география “топонимиканың бесігінің жанында тұрды, ал алғашқы топонимистер тарихи географтар болды”. Топонимдерді зерттеуде жергілікті тарихи деректерге сүйену атаулардың семантикасы мен этимологиясына қатысты құнды мәліметтер бере алады. Бетпақдалада Кескентерек деп аталатын кішігірім төбе бар. Мағыналық жағынан талдасақ, осы атаудың негізінде “кесілген терек” деген сөз тіркесі жатқан сияқты. Бірақ, тарихи деректерге үңілсек, XVIII ғ. соңында осы өңірді жайлаған арғын руының атақты байы Убәнәстің жалғыз ұлы Кескентеректі аңшылық кезінде өзінің бүркіті өлтірген екен. Оның денесі сол маңдағы төбенің басында жерленіп, сол кезден бастап төбе Кескентерек деп аталады. Осылайша, төбе атауының терекке ешқандай қатысы жоқ екендігі тарихи деректер негізінде дәлелденеді. Топонимдердің тарихи негіздерін анықтауда тарихи жазба ескерткіштер, көне карталар, саяхатшылардың жолжазбалары, мұрағат қорлары белгілі дәрежеде көмек бере алады. Сол себепті тарихи топонимдерді зерттеудің қолданбалы маңызы зор. ## Дереккөздер:
Жетісу қызыл адыраспаны кейде Жетісу күреңкөкгүлі, Қызыл адыраспан, Жетісу недзвецкиясы (лат. Nіedzwedzkіa semіretschenskіa) — бигнония тұқымдасына жататын өте сирек кездесетін, тар эндемикті, жеке типті туыстың жоғалып, бара жатқан қалдық түріндегі көп жылдық өсімдік. Қазақстанда Шу-Іле тауының оңтүстік-шығысындағы Аңырақай тау сілемінде ғана өседі. Бұл керемет өсімдік, үштік дәуірдің ежелгі тропикалық флорасының қалдығы. Бірінші рет 1909 жылы В.Е. Недзвецкий бастаған Жетісу облыстық санақ басқармасы экспедициясына қатысқан Лютик деген студент жинаған. Осы жеке типті туыс Недзвецкий құрметіне аталған, оны 1915 жылы Б.А. Федченко сипаттап жазған. Бұдан кейін бұл өсімдікті бірнеше рет тапты және қайта жоғалтып алды. Тек 1926 жылы геоботаник Р. И. Аболин көшпенді аудандарды тексеру экспедициясын басқарушы недзвецкиясының мемлекетіміздің гербарий қоры үшін жеткілікті мөлшерде жинады. Одан кейінгі жылдары бірнеше рет жойылып кетті деп есептелінді. Оны әрбір 10,15, 25 жылда тауып отырды. Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында Қазақстандық ботаник Б.А. Винтерголлер недзвецкия өсетін барлық орындарды зерттеп, олардың алаңдарын анықтады (7 га). Және де түрдің саны 30-40 мыңдай түр жекелеген популяцияларымен ірі қиыршық тасты сазды беткейлерде, онша биік емес құрғақ адырларда өседі. Л. В. Денисова мен Л. С. Белоусовтың 1974 жылы жарық көрген кітабында былай деп жазылған еді: "... Шу-Іле тауларының 2-3 жерінен табылды, бірақ одан әрі іздегенмен еш нәтиже шықпады. Мүмкін бұл сирек кездесетін өсімдік құрып біткен болар". Таралу аймағында қорғалатын жер болмағандықтан, түрге малды шектен тыс бағу бұл әдемі сәндік көпжылдық өсімдікті мәдени өсіруге кең түрде енгізу қажет. Ол Қазақстан мен Орта Азия ның көптеген қалаларында тұқымнан жақсы өсіріледі. Көшеттері алғашқы жылы гүлдеп, 16-25 жыл бойы жеміс береді. Жекелеген үлкен бұталары ірі қара қошқыл-күлгі түтікті 350 гүлге дейін салады. Сүйірленген тісті-қанатты қауашақты жемістері әдемі көрінеді. Жетісу күреңгүлін ашық құрғақ жерлерде өсіруге болады, тұқыммен, жасыл қалемшелермен, бұтаның бөлінуімен көбейеді. Ол жылыжай жағдайында да жақсы өседі. Санкт-Петербург ботаника бағында 1912 жылдан бері өсіріледі. Бұл сирек кездесетін ежелгі түр мәдени түрде сақталуы тиіс. Бұл биік (30 см-ге дейін) жартылай бұта шошақ басты тамырымен, түбі ағаштанған бірнеше вегетативті және генеративті өркендер бастау алады. Жапырағы көп санда. Кезектесе орналасқан, жіңішке таспалы бөліктерге тарамдалған. Гүлдері қос жынысты, ірі, ұзындығы 4,5 сантиметр, сабақтары мен бұтақтарының бас жағындағы босаң шашақ тәрізді гүлшоғырына жиналған. Тостағаншасы ұсақ, кең, қоңыраулы бес бөлікті. Күлтесі қошқыл күлгін, воронка тәрізді, ұзын (3 сантиметр), түтікті. Бес дөңгеленген бөлікті желбірімен. Аталықтар төртеу, күлте түтігіне бекінген, түйін ұзарған, бағанасымен гүлден сәл ғана қылтиып тұрады. Гүлдеу мерзімі мамыр маусым, шілдеде жеміс салады, жемістері ерекше қатты қорапшалар, төрт қанатты, әр түрлі тісті қабырғаларымен, тұқымы ашық қоңыр, тегіс, беткейден домалаған жемістен көп уақытқа дейін шашылмайды.Недзвецкия әдемі жаңа декоративті өсімдік. Шу, Іле тауының шөлді, құрғақ пейзажын жандандырғандай әсер береді. Мәдени жағдайда тамаша өседі. Тұқымынан өсірілген алғашқы түрлер тіршілігінің бірінші жылында-ақ гүлдейді. Алматы, Қарағанды, Ташкент және Киев ботаника бақтарында өсіріледі. Барлық табиғаттағы мекен орталарын жедел түрде қорғауға алу керек. Бұл сирек кездесетін реликт түр. Халықаралық табиғатта құрғау бірлестігінің және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ## Дереккөздер
Жиде тұқымдасы (Elaeagnaceae) — қос жарнақты өсімдіктер. Бұта немесе биік ағаш. Дүние жүзінде қоңыржай және субтропиктік белдеулерде өсетін 3 туысы, 50-дей түрі бар. Қазақстанда 2 туысы (шырғанақ және жиде), 3 түрі кездеседі. Сабағы мен жапырағының сыртын майда, күміс түсті жылтыр қабыршақтар мен жұлдыз тәрізді тарамдалған түктер жауып жатады. Жапырағы бүтін жиекті, кезектесіп не қарама-қарсы орналасады. Гүлі екі үйлі, қос кейде дара жынысты; желмен немесе жәндіктер арқылы тозаңданады. Жемісі — тостағанша жапырақшаның шырынды түтігімен қапталған жаңғақша. Жиде тұқымдасын сусымалы құмды бекітуге, сүрегін құрылысқа, жемісін тағамға, дәрі жасауға пайдаланады, гүлінен ара бал жинайды. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Жетісу қақпасы, Жоңғар қақпасы — батысында Жетісу Алатауы (Жоңғар Алатауы) , шығысында Бірліктау және Майлытау жоталарының аралығындағы тауаралық ойыс, табиғи өткел. Ол Балқаш-Алакөл ойысын Ебінұр көлі арқылы Жоңғар жазығымен жалғастырады. * Абсолют биіктігі 300 — 400 м, ұзындығы 80 км, ең тар жері 10 км. * Солтүстігінде Жалаңашкөл көлі жатыр. Климаты қуаң, күшті Ебі желі соғады. Қыс айларында желдің соғатын бағыты оңтүстік, оңтүстік-шығыстан болса, жаз айларында солтүстік, солтүстік-батыстан. Қыста желдің жылдамдығы 60 — 80 м/с-қа жетеді. * Өзінің жіңішке және ұзын пішініне байланысты Жетісу Қақпалары табиғи аэродинамикалық құбырды пайда қылады. Қақпа арқылы өткенде жел қысымға ұшырап, Бернулли заңының әсерімен жылдамдығы артып 70 м/с-қа дейін жететін желдер соғады * Желден қуаттылығы 5 мың МВт шамасында энергия алуға болатындығы болжанды (қараңыз Жел энергетикасы). * Жетісу қақпасы Еуразия бассейніндегі орасан зор ауа массасы ауысатын Ортa Азиядағы “жел полюсі” саналады. * Жетісу қақпасы ерте заманда Орта Азиямен Қазақстанның көшпелі халықтары бір-бірімен қатынасатын жол болған. П.П. Семенов-Тянь-Шанский, Шоқан Уәлиханов, Н.М. Пржевальский, Л.С. Берг саяхатшы ғалымдар зерттеген. Қақпа арқылы Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын Достық — Алашанкоу (Гофузди) темір жолы өтеді. * Табиғи тар өтуі ені 10 км-ден аз. * Жел Сайқанның қытай тілінен аудармасымен бірнеше мағынасы бар - «Жайсаңдар Иесі», «Қанатты жел» немесе «Жел бұзушы». * Аңыз бойынша 300 жылдай бұрын, жоңғарлармен соғыс кезінде Қабанбай батыр оларды жеңіп, терең шатқалға барғанда, ақпайтын өзен ағып кеткен. Қабанбай батыр қолын көтеріп: «Тоқта» деді. Содан бері өзен Тоқта деп аталады. Қазір Үшарал-Достық жолының бойындағы өзен үстіндегі көпір қауіпті жерлердің бірі болып саналады. ## Әдебиет * Гинатуллин Лингвистикалық сөздік. - Алматы: Рарий, 2010 ## Дереккөздер
Жиенбаев Сейіл Сарықұлұлы (1.5.1896, Батыс Қазақстан облысы Бөрте ауданы Жайық ауылы — 5.5.1945, Алматы) — қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан ғалым, филологиялық ғылыми кандидаты (1942). Бөрте 2 сыныптық училищесін (1912), Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын (1916), ҚазПИ-ді (1928) бітірген. 1917 — 21 жылдары Ақбұлақ уезі Талды болысы Сазды ауылында мұғалім. Орынбор қаласындағы мектепте, оқытушылар инситутында (1921), әскери мектепте (1925), Шымкент қаласындағы педтехникумда (1926) оқытушы болды. 1929 ж. Қазақстан Оқу комиссариатында, Ауыл шаруашылық институтында, Ұлт мәдениеті инстиутында (1931 — 39), Оқу комиссариаты жанындағы ғылыми-зерттеу институтында және ҚазПИ-де (1939 — 42) қызмет істейді. 1942 жылдан өмірінің соңына дейін Тіл, әдебиет, тарих инстиутында сектор меңгерушісі болған. Жиенбаевтың “Қазақ тілі” (1930), “Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі” (1935), “Үлкендерге хат таныту методикасы” (1935), “Грамматика талдауыш” (1936), “Сөйлемнің тыныс белгілері” (1941), “Синтаксис мәселелері. Құрмалас сөйлемнің топтастырылуы” (1941), “Сөздіктің жасалу мақсаты мен принципі” (1945), т.б. еңбектері жарық көрген. ## Дереккөздер
Герман Борисович Жилинский — ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1958), профессор (1959), Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1970), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1960). ## Қысқаша өмірбаяны 1937 Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген.1937 — 50 ж. Чукоткада геолог, бас геолог, Чукотка құрылыс басқармасы бастығының орынбасары. 1951 — 75 ж. Қазақстан ғылым академиясының Геология ғылымдар институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары; 1964 — 66 ж. Қазақстан ғылым академиясы Президиумының академик-хатшысы;1975 — 79 ж. КСРО ғылым академиясының Геология ғылымдар институтының Сібір бөлімшесі, Якут филиалының меңгерушісі;1979 — 85 ж. Хабаровск политехникалық институтының Магадан филиалында ғылыми қызметкер;1985 — 90 ж. Қазақстан ғылым академиясының Геология ғылымдар институтында бас ғылыми қызметкер болды. ## Еңбектері Негізгі ғылыми еңбектері металлогения, қалайы геологиясы, геохимия мәселелеріне арналған. Жилинский тұңғыш рет касситерит монокристалдарын гидротермальдік синтездеу технологиясын жасады. Ленин сыйлығының лауреаты (1958). ## Дереккөздер
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті (толық атауы "Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы) — Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орны. 1972 ж. 25 қазанда Қазақстан Министрлер Кеңесінің қаулысымен Талдықорған педагогикалық институты болып ашылған. 1994 ж. 2 маусымда І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті, 1999 ж. 21 сәуірде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып өзгерді. Университетте экология және табиғатты пайдалану, ағылшын тілі, корей тілі, информатика, музыкалық білім, дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери дайындық және спорт, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік, қаржы және несие, бухгалтерлік есеп және аудит, педагогика мен психология, дефектология, әлеуметтік педагогика, кеден, тарих, құқық пен экономика негіздері, т.б. мамандық бойынша 4000-нан астам студенттерге 260 оқытушы дәріс береді. Олардың арасында 6 ғылым докторы, 23 профессор, 80 ғылым кандидаты бар. Университетте үш оқу ғимараты, жатақхана, 2 ғылыми зерттеу зертханасы, 15 ғылыми-әдістемелік кабинеті және 300 мың кітап қоры бар кітапхана, университет мұражайы, Балқаш көлінің жағасында демалыс аймағы, “Қарлығаш” атты спорттық-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Соңғы он жылдың ішінде 7 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 93 спорт шебері, 113 спорт шеберлігіне кандидат, 300-ден астам 1 разрядты спортшылар даярланды. Олардың ішінде М.Мамыров, Дмитрий Хегай және т.б. олимпиялық, әлемдік және Азия ойындарының жүлдегерлері бар. Университетте философиядан, педагогика мен психологиядан, қазақ ауыз әдебиетінен аспирантура ашылған. Корей Республикасының Сэнчжу Ұлттық университетімен, Түркияның халықаралық ғылыми-зерттеу орталығымен Мармара университетімен, Қазақстан және ТМД елдерінің жоғары оқу орындарымен байланыстары жақсы жолға қойылған. Университетте халық аспаптар оркестрі, жастардың “Құлагер” атты шығармашылық бірлестігі, “Эрудит” атты таным клубы, т.б. жұмыс істейді.І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 1972 жылы білім беру қызметін бастады.2006 жылы университет 5 жылдық мерзімге мемлекеттік аттестациядан табысты өтті.Университет қызметі негізгі стратегиялық – инновациялық бағдарламаларды - Қ Р индустриалды-инновациялық дамуының Президенттік стратегиясын, Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту Мемлекеттік бағдарламасын, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 29 қаңтар 2010 жылғы Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық- жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыруға бағытталған. Онда 41 мамандық бойынша 5809 студент білім алып жатыр. Оның 3085 күндізгі, 2724-і сырттайғы бөлімде оқиды. Университетте 350-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 10-ы ҚР-ның Ғылым академиясы салаларының және халықаралық академиялардың корреспондент мүшелері, 21-і профессор - доктор, 1-философия ғылымдарының докторы (Ph.D) 120 ғылым кандидаттары, 25 –і магистр, 80-і доцент. Университет үздіксіз білім беруді жүзеге асырады. Колледж, университет, магистратура кешенді білім берудің жаңа үлгісі. Жетісу мемлекеттік университетінде студенттер 41 мамандық бойынша бакалавриат, 6 мамандық бойынша магистратура, 14 мамандық бойынша колледже білім алады. Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғанов 2008 жылдың сәуір айында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректорының қызметіне кірісіп, осы аз уақыт аралығында ұжымның болашақта дамуының бірқатар стратегиялық міндеттерін анықтады. 2008 жылдың қазан айында Болонья қаласында (Италия) университет ректоры Ә.Е.Бектұрғанов Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. ## Факультеттер Бүгінгі таңда университет сәулетті 3 ғимаратта орналасқан. 6 факультет бар: * педагогика және психология, * математика және жаратылыстану, * заң, * қаржы-экономика, * гуманитарлық, * мәдениет және өнер ## Ректорлар * 1972—1977 жж. Рустемов Лениншил Зиябекұлы * 1977—1987 жж. Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы * 1987—1989 жж. Салагаев Валерий Георгиевич * 1990—1995 жж. Жапаров Жомарт Жапарұлы * 1996—1998 жж. Касабек Аманжол Касабекұлы * 1998—2001 жж. Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов * 2001—2008 жж. Үсенгелді Өміржанұлы Медеуов * 2008—2016 Бектұрғанов Әбдіманап Елікбайұлы * 2016—қ.у. Қуат Маратұлы Баймырзаев ## Дереккөздер ## Дереккөздер Жетісу университеті Мұрағатталған 2 қаңтардың 2015 жылы.Жетісу университеті Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы.
Жиен-Жырау, Жиен жырау Тағайұлы (18 ғ.) — қарақалпақ жырауы. Өмірі мен шығармашылығы туралы деректер өте тапшы. Жиен жырау жырлаған “Қырық қыз” дастанындағы “Қарақалпақ халқында, мүйтен деген рудан шыққан Жиен жыраудан нұсқа болып бұл дастан, ел жырлады тынбастан” деген жолдарға қарағанда жыраудың руы — мүйтен. Бұл ру 18 ғ-дың орта шенінде Сырдарияның төменгі ағысы бойын қоныстанған. Қуаңдария мен Жаңадарияның суы тартылып, құрғақшылық туғанда Жиен жырау елімен бірге Әмудария жағына қоныс аударған. Жиен жыраудың “Босқан ел” атты көлемді дастаны, “Бер түйемді”, “Ей, жігіттер”, “Қош болыңдар, достарым”, т.б. шығармалары белгілі. Мұның барлығында дерлік қарақалпақ халқының басына түскен ауыртпалық, құрғақшылық зардаптары жырланады. Жиен жырау есімі қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтарына ортақ “Алпамыс батыр”, әсіресе, “Қырық қыз” дастанын жырлаушы ретінде жақсы таныс. Бұл дастан Жиен жыраудан соң оның шәкірттері — Қалмұрат, Шаңқай, Қазақбай, Жиемұрат, т.б. арқылы бүгінгі заманға жетті. “Қырық қыз” дастанының Жиен жырау орындаған нұсқасы 1959 ж. қазақ тілінде басылып шыққан. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Жиренше сұлтан (туған-өлген жылы белгісіз) — Жәнібек ханның баласы, Ақ Орданың ханы Барақтың немересі. 15 ғ-да өмір сүрген. 15 ғ-дың 70-жылдарының ортасында Мұхаммед Шайбани Иасы қаласының Әмір Темір әулетінен шыққан әкімі Мұхаммед Мазид тарханнан қолдау тапты. Алайда Керей хан әскерімен Түркістанға келген кезде оған қарсы тұрар күші болмаған Мазид тархан Мұхаммед Шайбанидың Түркістанды тастап, Бұхараға кетуін дұрыс көрді. Керей хан бұл кезде Жиренше сұлтанды Мұхаммед Шайбани жақтастарының бірі Әлике сұлтан билеп тұрған Сауран қамалын алуға жіберді. Шайқас үстінде Әлике сұлтан қаза тауып, оның әскері жеңілгеннен кейін, Мұхаммед Шайбани Дешті Қыпшақ пен Түркістандағы билікті өз қолына алу әрекетінен уақытша бас тартып, Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Түркістанның солтүстік бөлігі қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің билігіне көшті. 15 ғ-дың 70-жылдары Жиренше сұлтан Сауран қаласының дербес билеушісі болды. ## Дереккөздер ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Жирен тоқалтіс (лат. Myodes rutilus) — кеміргіштер отряды атжалмандар тұқымдасына жататын тышқан. Қазақстанның оңтүстігінен басқа барлық аймақтарында кездеседі. Дене тұрқы 90 — 115 мм, салмағы 32 — 35 г. Арқасы қызыл сұр немесе қызыл қоңыр, бүйірі сұр, бауыры ақшыл түсті болып келеді. Құйрығының ұзындығы 40 мм-ден аспайды. Қара қоңыр түсті, оның ұшында қоңырқай түктерден тұратын шашағы болады. Отырықшы жануар, сан мөлшері жыл маусымдарына қарай өзгеріп отырады. Жазық жерлер мен тау бөктерлеріндегі орман-тоғайларда тіршілік етеді. Жирен тоқалтіс — түн жануары. Өзі ін қазбайды, ағаштар мен бұталар арасын, құлаған ағаш діңінің қуысын пайдаланады. Өсімдіктердің жапырағымен, бүршігімен, тұқымымен және әр түрлі саңырауқұлақтармен қоректенеді. Жирен тоқалтістер жылына 4 — 5 рет, 2 — 8-ден балалайды. Энцефалит вирусын таратады. Жирен тоқалтіс — бұлғын, сары күзен, ақкіс тәрізді терісі бағалы аңдардың азығы. ## Дереккөздер
Жиренше тұқымдасы (Arіstolochіaceae) — қос жарнақтылар класына жататын бұта, шырмауық немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Жер шарының барлық жерінде (Австралиядан басқа) кездеседі. Оның 7 туысы 450-дей түрі (кейбір деректерде 600-дей түрі) белгілі. Қазақстанда бұта арасында, өзен жағалауларында, суармалы шалғындықта өсетін 2 туысы (жиренше, құсықшөп), олардың бір-бірден түрі (шырмауық жиренше және еуропа құсықшөбі) бар. Жиренше тұқымдасының сабағы тік болып өсетін түрлері өте сирек, тек биіктігі 90 см-ге жететіндерінің ғана сабақтары тік болады. Ұзын сағақты, жүрек тәрізді жай жапырақтары кезектесіп орналасады. Гүлдері қос жынысты, зигоморфты, шашақ гүлшоғырын құрайды немесе сабақ ұшында жеке дамиды. Аталық гүлі 3 — 6, аналық гүлінің (4 — 6) сабағы қысқа, жуан келеді. Алдымен аналығы жетіліп, содан кейін аталығы жетіледі. Сондықтан өздігінен тозаңданбайды. Күлтесі болмайды, тостағанша жапырақшалары қоңыр, қоңыр қызыл түсті болады да, өлексе немесе шіріген темекінің иісіндей жағымсыз иіс шығарады. Бұл өлекселермен қоректенетін жәндіктерді өзіне еліктіріп, соның нәтижесінде тозаңданады. Сәуірден — тамызға дейін гүлдейді. Жемісі — қауашақ. Тұқымындағы шырынды өсінділермен құмырсқалар арқылы, кейбір түрлерінің тұқымы желмен таралады. Жиренше тұқымдасы — өте улы өсімдік. Оны халықтық медицинада шемен, безгек ауруына қарсы қолданады. Уын жылан шаққанға пайдаланады. Жиренше тұқымдасын мал жемейді. ## Дереккөздер
Жиембет Бартоғашұлы (1570–1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан). Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Батыс Қазақстанды мекендейтін Алшын елінің Тана руынан. Ол Алшынның он екі ата Байұлы рулық бірлестігінің Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын баскарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарады. Жиембет жыраудың ересен ерлігі мен әділ де алғыр билік қызметі былай жазылған: "...Ол Есім ханның кіші жүздегі ел басқарушы биі, қолбасшы батыры болған. Қалмақтарға қарсы 1620–1627 жылдарғы жорықтарға қатысып ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен". Сөйтіп ол үлкен абырой, беделге ие болады.Жиембет бидің Есім ханмен бұл достық қарым-қатынасы ұзаққа бармайды. Екеуінің арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістей береді. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсарөжет би Есім ханның кейбір озбыр жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға бермейді. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастайды. Жиембет ханнан іргені аулақтатып, қол астындағы елге өзінше билік жүргізе бастайды. Мұны білген хан оның соңына түсіп, куғынға салады. Сонда бір кездесуде Жиембет жырау Есім ханға былай депті: Міне содан бері бұл толғау ел жадында сақталып, жатқа жырланып бізге жеткен. Хан мен би арасындағы сол бір келіспеушілік өрши түседі. Бұл жанжалға енді мынадай бір жесір дауы кеп жалғасады. Ол былай: Қасым ханның атасы Тәуекел өліп, оның Ақторғын дейтін әйелі жесір калады. Ақторғын өзі сұлу, келбетті, әрі ақылды болса керек. Қасым ағасының жылы өткен соң Ақторғын жеңгесін әмеңгерлікпен өзі алмақ ойда жүреді. Ал, Ақторғын болса, өзі сүйетін Жолымбет нағашысының бір батыр насат інісімен көңіл қосып жүріп, жүкті боп қалады. Мұны сезген Қасым хан енді бұрынғыдан бетер қаһарланады. Жиембеттің батыр інісі Жолымбетті қарауындағы мың сан қолымен шүршіт соғысына айдайды. Әлгі батыр жігітті зынданға салады. Жиембет биді ойрат соғысынан қолға түскен құлдарға косып, жер аудармақ болады.Хан бұйрығы бойынша Жолымбет батыр өз сарбаздарымен шығысқа аттанып, алты ай дегенде зор жеңіс, мол олжамен оралады. Жүздеген пенде-шүршітті ханға әкеп сыйға тартады. Есім хан бір жағынан Жолымбеттің бұл ерлігіне риза болса да, екіншіден іштей оған деген өшпенділігін тастамайды, қайта өршіте түседі. Бір айтыс тартыста Жолымбеттің көзін жоймақ боп оны әуелі зынданға тастатып, артынан дарға асылсын деп, жұртқа жар салады. Осы жарлықты есіткен Жиембет би дар басына жетеді, сөйтеді де анадай жерде би, батырлар ортасында тұрған Есім ханға тура барып былай деп зәрлі де, қаһарлы жырын термелейді: Жиембет жырау осылай дегенде, хан Есім райынан қайтып, дар алдында тұрған Жолымбетті босаттырып жібереді. - Жырауым, - дейді хан Жиембетке қарап - мен өзіңді сыйлап бір өтінішіңді қабыл алдым. Енді сіз де бұрынғы райыңыздан қайтарсыз?! - Қайтпағанда ше, хан ием, - деп би екі бүктелген бұзау тісті қамшысын төсіне басып оған ризалық білдіреді.Ханның Жолымбет батырды жазадан құтқарып, оның ағасы Жиембет биді риза етуінде үлкен мән бар-тын. Жесір даулап бір батырды дарға асқанша, оның қарамағындағы қалың бұқара елді өзіне каратып, билік ауқымын бұрынғыдан да кеңейту, нығайту еді. Ол ең алдымен осыны ойлады. Егер осылай шешімге келмеген күнде, Жиембет жырау оның бұл озбырлығын бүкіл Жайық жағалауындағы елге жайып жіберуі мүмкін еді. Есім хан сөйтіп дегеніне жетеді. Дау-дамай саябыр тауып, ел арасы мамыражай тыныштық қалыпқа келеді.Бірер жыл өткізіп алып Есім хан тағы да Жиембет бидің соңына түседі, ондағы мақсаты, Жиембет би ықпалында жүрген елдерді өзіне түгелдей каратып алып, өзінің хандық құзырын бұрынғыдан да кеңейту болатын. Оның бұл ойы Жиембет биді биліктен тайдырмайынша іске аспайтын еді. Сондықтан ол өзінің жендеттерін жұмсап Жиембетті қолға түсіреді де, оны Қиыр Шығысқа жер аудартып жібереді. Содан Жиембет би жат жерде азап шегіп күнелтеді. Бидің бұл жылдарғы хал-ақуалын бейнелейтін толғау, жырлары көп. Соның екі нұсқасын келтірейік: Бірінші толғауы: Екінші толғауы: Сол айдаудан Жиембет би 1643 жылы ауылына қайтып оралады. Бұл кезде Есім хан өлгенді. Ел-жұрты, ағайын-туыстары өзінің сүйікті биі, талай ел қорғаны болған батырын зор құрмет көрсетіп қарсы алады. Төбесіне көтеріп оған сый-құрмет көрсетеді. Айдау, бұғауда тапқан кесел, жарақатын жазуға көмектеседі. Бірақ жырау бұрынғыдай көсіліп жырлай алмайды. Дендеп кеткен ауру алмай қоймайды. Жетпістен асқан шағында бұл дүниемен коштасады.Біз Жиембеттің билік кызметіне қатысты сөз қозғадық, ал оның жыраулық таланты өз алдына арнайы сөз етуді кажет етеді. Жиембет жыраудың біраз толғаулары "Бес ғасыр" жинағында жарияланған. ## Дереккөздер
Жобалай Бәйсейітұлы (1730–1818) — Керей тайпасы Шақантай руынан шыққан би. Билік жолын әкесі Бәйсейіт биден алған Жобалай би елін әділдікпен, халық арасынан шыққан азаматтармен ақылдаса отырып билеген. Жобалай биден кейін билік Томан, Байқотан, Тоқсанбай, Есенжол билерге жалғасып кете берген. Жобалай бидің соңында көптеген сөздер қалған. Солардың бірі: “Атыма тай бер, Тайыма қой бер, Қой болар, қозы болар, Келер жылы өзі болар”, – деп келетін билік сөздері. Бұл сөздердің мағынасын ел-жұрт Абайдан сұрағанда, Абай: “Күшті зорлығын қойған ба? Әлсізді әлім-жеттікпен жеп, есе бермегеннен кейін, Жобалай бидің ойлап тапқан билігі ғой” деп жауап беріпті. Дау шиеленісе бергеннен кейін, тұяқ орнына тұяқ алып бітісуді “Жобалай жолы” деседі. Жобалай би жайындағы сөздер М.Мағауиннің “Мен” атты ғұмырнамалық романында кездеседі. Жобалай бидің өмірі, билік сөздері ел ішінде жиі айтылады. “Қаракерей Қабанбай” дастанында Жобалай бидің жорықтағы істері суреттелген. Жобалай бидің тікелей ұрпағы, заманының көзі ашық азаматы, Томск мал дәрігерлік институтын бітірген, Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Бейсембай Тойсарыұлы 1914 жылы Жобалай бидің бейіті басына Қазан қаласында жаздырылған көктас (биіктігі 2 метр, ені 80 см) қойдырады. Көктаста шағатай жазуымен керей елінің қысқаша шежіресі берілген. Жобалай бидің мазары қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Шұбартау өңірінде. ## Дереккөздер
Жарық газы — метан, сутек және көміртек оксидінен тұратын жанғыш газдар қоспасы. Ол қатты отындарды термиялық жолмен қайта өңдегенде (кокстеу, жартылай кокстеу) түзіледі. Құрамындағы газдардың адам организмі үшін ең қауіптісі — көміртек оксиді (СО). Жарық газы толық жанбаса, көміртек оксидінің мөлшері көбейіп адам уланады. Сондықтан жарық газын қолданғанда газ аппаратураларының дұрыстығын қадағалау керек.
Жарылғап Байшораұлы (шамамен 18 ғ-дың орта шені) — аға батыр, қолбасы.Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Қаракерей руының Қожамбет елінен шыққан. Қаракерей Қабанбай батыр мен Найман Барақ сұлтанның жасағында жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарға қатысқан. Ел ішінде “жауырыншы қара Құдыс” атанған Жарылғаптың арғы атасы Құдыс Жалмамбетұлының алыстағыны болжайтын көріпкелдік қасиеті болған. Жарылғап батыр 1744 жылдың көктемінен 1745 жылға дейін Барақ сұлтанның баласы Шығай сұлтанмен бірге Қалдан Сереннің қолында аманатта болады. Бұл туралы арнайы мақсатпен Қазақ елінде болған Тюкен Балтасов деген башқұрттың 1743 жылы 14 тамызда Орынбор комиссиясына жазған рапортында айтылған. Жарылғап Барақ сұлтанның ұлы Шыңғыс сұлтан, қаракерей қожамбет Сырымбет би, тағы басқа, елдің игі жақсыларымен бірге Қожамбет руын бастап, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл өңіріне қоныстандыру ісіне ат салысқан. Жарылғап батырдан 7 ұл туып, “Жеті Жарылғап” атанған. Ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл, Күршім аудандары мен Қытай, Моңғолия жерінде тұрады. Жарылғаптың Атанбай есімді баласынан Алтай өңіріне белгілі Бәшік деген атақты би туған. ## Дереккөздер
Жарылғап батыр Түйтеұлы (1733 жылы туған – 1784 жылы қайтыс болған) — Қазақ халқы Орта жүзінің Арғын тайпасының Қаракесек бұтағынан тараған Керней руының "батыры, биі, шешені". Түйте батырдың ұлы. Күні бүгінге дейін ата сөзін жаттаған аксақалдар бұл батыр туралы кезінде Бұқар жырау: деп, Жарылғап батырды жоңғарларға қарсы шайқастарда ту ұстаған батырлар қатарында мадақтайды. Жарылғап батырдың әкесі Түйте 18 ғасырдың басында ноғайлармен бірге Ресей отаршыларына қарсы күрескен. Жарылғап батыр 16 жасында Қаз дауысты Қазыбек биден бата алып, жорыққа аттанған. 1749 жылы Қалба-Шаған шайқасында Кебін қалмақты жеңіп, ерлігімен көзге түскен. Жарылғап батырдың аты шыға алғашқы көрінуі Абылай ханның Қалба жорығына байланысты. 1751 жылы Қалба өзені бойында жатқан жоңғарға Абылай хан жорық жасаған кезде 18-ден жаңа асқан Жарылғап батыр бірге аттанады. Сол жорықта жас батыр жонғар нояны Қапал батырымен жекпе-жекке шығып, бір-біріне атпен шауып найзаларымен кездескенде бір-бірінің қалқандарына тиіп жұмыртқаның сырты сияқты жарылып кетіп, батырлар ер тоқымдарынан ұшып түсіп, қылыштарын қолға алып қайтадан шайқасқа түсті, бірақ Жарылғап батырдың бір ерекшелігі болған - ол оның ұзын қолдары, сондықтан Жарылғап батыр өзімен бірге қылыш емес алдаспанды (ауыр ұзын қылыш) алып жүрген. Сол шайқаста Қапал өзінің қылышымен бұлғап жатқан кезде, Жарылғап батыр күтпеген ұмтылыста алдаспанмен Қапалдың иегінен төмен тамағына тиіп, даусыз жеңіске жетеді. Жоңғарлар жеңіліп солтүстік-шығысқа тым-тырақай қашуға жүнігеді. Жарылғап батырдың ерлік жорықтары жөнінде ел ішінде небір аңыздар сақталған. Онда Найзакескен деген жерде қалын жауды ойсырата женуі, батырдың бүркіт бейнесінде аруағы болғаны айтылады. Одан басқа, Жарылғап батыр Анырақай және Зайсан шайқастарында қатысқан. Бөгембай батыр бірнеше шайқастарды басынан бірге кешірген үзеңгілес серігі Жарылғап батырдың баласына қызын ұзатып, құда болған. Жарылғап батыр ел билеген көсем, дауға түскен шешен ретінде де танылған. Абылай ханмен, Қаз дауысты Қазыбек бимен, Бөгембай батырмен сөз қағыстырып, артында тағылымды, шешендік сөздер қалдырған. Жарылғап батыр 51 жасында Айыртауда қайтыс болып, денесін ұлы Жәнібек Әзірет сұлтанға Түркістанда жерленген. 1993 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында Жарылғап батырға арнап ас беріліп, Ақшатау кентіндегі орталық алаңға батыр есімі берілді. Жарылғап батыр Қытайдан «Тархан» атағына ие болды. ## Дереккөздер
Жарылқасын Сырманұлы, Аяған (1857, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Еңбек ауылы — өлген жылы белгісіз, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Еңбек ауылы) — ақын. Оны Сыр бойының көптеген ақындары, оның ішінде Шораяқтың Омары да ұстаз тұтқан. Жарылқасынның Айқын қызбен айтысы Қазан қаласында үш рет басылған (1908, 1911, 1913). Кейін “Айтыс” жинағының (1965, 1988) басылымдарына енген. Жарылқасынның осы айтыстан басқа “Тау еліндегі туыстарға”, “Көрпелі мен Көмекке”, “Бекәліге”, “Аламесектегі тамалар”, т.б. өлеңдері бар. Аяған — Жарылқасынның лақап аты. ## Дереккөздер
Жарыпшыққан – Қостанай облысы Амангелді ауданы Ақкісі ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 17 км жердегі қыстау. Қараторғай өзенінің аңғарында. Қыстау сай, төбелі-белесті жерде орналасқан. Солтүстігінде Топалаң көлі, маңында Қоғалы, Шақпақ қыстаулары мен Аққұдық, т.б. бұлақтар бар. Қыстау мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жастар сарайы — 1976 жылы Астанада салынған (архитекторы А.Полянский, К.Миронов, инженері Ц.Накутина, суретшілері Д.Мерперт, Н.Миронова) мәдени ғимарат. Жастар сарайында сахнасы ауысып тұратын 1200 орындық көрермендер залы, көлемі 18х36 м, 400 орындық әмбебап спорт залы, көрермендер галереясы және трамплинді жүзу бассейні, 150 орындық жастар кафесі және басқа да қосалқы құрылыстар бар. Жалпы ауданы 76840 м2. Сарайға төрт жағынан кіруге болады, көрермендер залы мен спорт залын қажет болған жағдайда біріктіріп, үлкейтуге болады. Зал декоративті-монументті паннолармен, нақыштармен безендірілген. 1997 — 1998 жылдары күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілді. ## Дереккөздер
Жасыл мүйіс — Африканың батыс қиыр шеті (14°45' с. е. пен 17°33' б.б.). Атлант мұхиты жағалауындағы Жасыл мүйіс түбегінде. Мүйіске таяу жерде Сенегал мемлекетінің астанасы Дакар қаласында орналасқан. 1445 жылы Жасыл мүйісті португалдық теңізші Б. Диаш (1450 — 1500) ашқан. Жағалауында мәңгі жасыл орман өскендіктен Жасыл мүйіс аталған.
Жатаған (Halerpestes) - сарғалдақтар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Азия мен Солтүстік Американың қоңыржай аймақтарында кездесетін 6 – 7 түрі белгілі. Қазақстанның құмды, саз топырақты жерлерінде өсетін екі түрі (сор жатаған, орыс жатағаны) бар. Бұлардың биіктігі 12 – 18 (25) см. Сабақтары жерге төселіп не жер бауырлап тырбиып өседі. Қысқарған өркендері бар. Жұмыртқа немесе бүйрек тәрізді жапырақтары сабағының түбінен шығады. Сары түсті ұсақ гүлдері ұзын сағағының ұшында жетіледі. Тостағанша жапырағы – бесеу, күлте жапырақшалары 5 – 12-ге дейін болады. Маусым – тамыз айларында гүлдейді. Жемісі жаңғақша. Жатағанды құмды, сай-салалардың жиегін бекітуге қолданылады. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Жатаған шырша, шренк шыршасы (Pіcea schrenkіana) — қарағай тұқымдасына жататын мәңгі жасыл, өте сирек кездесетін ағаш. Теңіз деңгейінен биіктігі 2800 — 3100 м, ұсақ тасты, жартасты тау беткейлерінде бірыңғай шыршалы кейде сібір самырсынымен аралас орман құрап өседі. Жатаған шырша 1842 жылы Жетісу (Жоңғар) Алатауында табылған. Биіктігі 150 — 250 см-ден 40 метрге дейін, жуандығы 2 метрге жетеді. Діңінің қабығы — қоңырқай сұрғылт түсті, қабыршақтанып оңай сылынады. Қылқаны (жапырақтары) 4 қырлы, үшкір, ұзындығы 2 — 3,5 см, ені 2,0 мм-дей, ұзарған өркенінің қабық төмпешіктеріне бір-бірден бекінеді. Жапырақтары түскенде төмпешіктері сақталып қалады. Бүрі сопақша, цилиндр пішінді, ұзындығы 8 — 10 см, жуандығы 2,5 — 4 см. Жеміс жапырақтары, көбінесе, бүрлерінде орналасады. Мамыр айында гүлдейді. Вегетативтік (өсімді) жолмен көбейеді. Тұқымы — майда, қоңырқай түсті, жұқа қанатшалы өсіндісі арқылы желмен таралады, тамыз — қыркүйекте піседі. Алғашқы 15 жылда баяу (жылына 5 — 25 см) содан кейін тез өседі. 250 — 300 жыл жасайды. Жатаған шырша сүрегінен бағалы музыкалық аспаптар жасалынады, құрылысқа пайдаланады. Жатаған шырша тау беткейіндегі топырақты шайылудан қорғайды. Жылдан жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Жаһит Марат Нұрмұханбетұлы (7.11.1944 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы) — самбодан Қазақстанның (1978) және КСРО-ның (1986) еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Мектепте шаңғымен, шахматпен шұғылданып, облыстық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер болды. Студент кезінде (Алматы ауыл шаруашылығы институты) П.Г. Терещенкодан самбо әліппесін үйреніп, Жаһит 1963 жылы республикалық біріншілікте, кейін бүкілодақтық бәсекеде (Грузия, 1966) жүлделі орынға көтерілді. Үш жыл бойы КСРО-ның студенттер құрамасына еніп, есімі әлемге танылған атақты жаттықтырушы А.А. Харлампиевтен тәлім алды. Әскерде жүріп Беларусьтің чемпионы, күміс жүлдегері болды. Оның таланты Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында жаттықтырушылық қызметте жүргенде жан-жақты ашылды. Жаһит тәрбиелеген [Мұсабеков|А.Мұсабеков, Қ.Байшолақов, Т.Байшолақов, С.Жартыбаев, С.Валобуев, А.Махмұтов, Н.Оспанов, А.Жақит, М.Жүнісбеков, Ұ.Ахметов, С.Жақит Қазақстанның, КСРО-ның, Азияның, Еуропаның, дүние жүзінің чемпионаттары және Кубок жолындағы жарыстарда қола, күміс жүлдегер болып, жеңімпаз, чемпион атанды. 20 жыл бойы Қазақстанның, 10 жыл бойы КСРО-ның құрамасын басқарды. Аягөзде және Семейде Жаһит атындағы жүлде үшін самбошылардың жарысы өткізіліп тұрады. “Халықтар достығы” орденімен марапатталған. ## Сілтеме Қазақ энциклопедиясы
Елбарыс хан (туған жылы белгісіз — 1740) — Хиуа ханы (1728 — 40), Шерғазы мен Батыр хандардың мұрагері, Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі. Жәнібек ханның баласы ҙсек сұлтанның ұрпағы, Әбілқайырдың немере інісі. Әбілқайыр ханның ықпалымен өзбек әмірі Ишмұхаммед би Елбарысты Хиуа ханы етіп сайлайды.Елбарыс хан билік еткен тұста Хиуа хандығы Әбілқайыр хан мен Кіші жүз сұлтандары арқылы Ресеймен сауда қатынасын орнатып, бірнеше рет Ор бекінісіне елшіліктер жібереді. Елбарыс хан 1740 жылы парсы шаhы Нәдірдің Орта Азияға жасаған жорықтарына қарсы күресіп, сол жылы күзде 20 шақты Хорезм әмірлерімен бірге өлтіріледі. Кейін Елбарыс ханның ұрпақтары Хиуадан Арал маңының солтүстік-шығысына қоныс аударады. ## Дереккөздер
Елбасы — Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы 14 маусымнан 2022 жылғы 8 маусымға дейін иеленген титулы. Бұл атау Назарбаевтың жеке басына табынуының маңызды элементтерінің бірі болды. ## Тарихы 2010 жылғы 12 мамырда Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы — Мәжiлiс депутаттары президент Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін беретін заң жобалары топтамасына түзетулерді бірауыздан қабылдады. 2010 жылғы 13 мамырда Қазақстан Парламентінің Сенаты (жоғарғы палата) президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» мәртебесін беретін заңнамаға түзетулерді мақұлдады. Сол жылдың 3 маусымында Назарбаев жобаға қол қоюдан бас тартты, бірақ оған вето да салған жоқ. Қазақстан заңнамасындағы олқылықтарға сәйкес, президент қол қоймаған, бірақ парламентке де қайтарылмаған заң президент қол қоюға түскеннен кейін 30 күннен кейін күшіне енеді. Осылайша Назарбаев «Елбасы» атағын 2010 жылдың маусым айында ресми түрде алды. 2022 жылғы 29 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізетінін жариялады, түзетулердің бірі — Нұрсұлтан Назарбаевты конституциядан, оның ішінде елбасы титулын толығымен алып тастау болды. Референдум қорытындысы бойынша ел халқының басым бөлігі түзетулерге дауыс беріп, сол арқылы Назарбаевты бұл титулынан айырды. ## Тағы қараңыз * Назарбаевтың жеке басына табыну * Тұңғыш президент күні ## Дереккөздер
Жауылша (лат. Alyssum) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір, екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Арасында шала бұта түрлері де кездеседі. Қазақстанның далалы аймағында, шөл-шөлейтті жерлерінде кең тараған 10 түрі бар. Бұлардың биікт. 5 — 20 (30) см. Сабағы тамырынан тік өседі де, ұшына қарай тармақталып кетеді. Жұлдыз тәрізді жапырақтарының сыртын түк басқан. Ақшыл сары түсті майда гүлдері шашақ гүлшоғырына жиналады. Тостағанша да, күлте де жапырақшалары — төртеу. Аталығы — 6, аналығы — біреу, қос ұялы. Сәуірден маусымға дейін гүлдейді. Жемісі — жұмыртқа тәрізді, екі бүйірінен қысыңқы, қос жақтаулы. Ж. — мал азықтық өсімдік, әсіресе, шөл Ж-сын (А. desertorum) ерте көктемде (жемістенбей тұрып) төрт түлік мал сүйсініп жейді. ## Өсімдік туралы Жауылша (лат. Alyssum) – орамжапырақтар туысына жатады. Тұқымдасында 100-ге жуық көпжылдық және біржылдық түрлері Жерорта теңізінің жағалауында таралған. Қазақстанда көпжылдық түрі де, біржылдық түрі де қолданыста. Біржылдық түрлері мамырдан алғашқы қар жауғанға дейін гүлдеп тұрады. Оны көбінесе ландшафт дизайнында «альпі шоқысына» егеді. Биіктігі 20-30 см аралығында, жапырағы сұр түсті, ұсақ гүлдері сабақтың басында орналасқан. Гүлінің түсі түрлеріне қарай ақ, қызыл, қызғылт, күлгін, көгілдір болады. Гүлдерінің бал татитын тәтті хош иісі араларды ғана емес, сонымен қатар жеміс-жидектерді тозаңдандыратын басқа да пайдалы жәндіктерді өзіне тартады. ## Қолданылуы Ақ түстілері ерекше хош иісті болады. Сондықтан да гүлзарларға түсіне қарай бөліп топтап егеді. Әсіресе, жол жиектеріне егілген жауылша күндіз гүлімен әдемі болса, кешкілік жұпар иісімен адамға жақсы әсер етеді. Жұпар иісіне бола ыдыстарға егіп, балкон мен демалыс орындарына да қойып жатады. Көшеттерді еккенде арақашықтығы 15-20 см болуы керек. ## Күтімі Жауылша – күтімі жеңіл өсімдік. Ашық күн түсетін жерде де, алакөлеңкеде де өсе береді. Ыстық пен суыққа шыдамды. Құрғақшылыққа да төзімді, дегенмен, жақсы гүлдеуі үшін, аптасына 2-3 дүркін суғарған дұрыс. Топырақ талғамайды, тастақты, әкті жерлерде де өсе береді. Өсімдікке көңді гүл түйін салғанға дейін қосу керек, ал әрі қарай өте көп қолдануға болмайды, себебі, көңде азот көп болғандықтан, жапырақтары мол болып өсуіне пайдалы, ал біз жапырағы емес, гүлі үшін өсіретіндіктен, гүлдейтін гүлдерге арналған тыңайтқыштармен қоректендіріп тұрған абзал. Тұқымын гүлдеп болған сайын бірнеше рет жинап тұруға болады. ## Көбейтілуі Біржылдық гүлдерді жыл сайын тұқымнан көбейтіп өсіріп отырады. Мамыр айында гүлдету үшін, ақпан айының соңы, наурыз айының басында жылыжайда немесе үйде 20-22ºС жылылықта тұқым арқылы көбейтеді. Тұқым 7-10 күнде өніп, өскін шығарады. Өскінге бір-екі жапырақ шыққанда, көшеттеп әрқайсысын жеке отырғызады. Сәуірдің аяғында немесе мамыр айының басында, көктемнің ызғарлы суығы өткеннен кейін, көшеттерді далаға егеді. Өскін өніп шыққан уақытынан бастап, 40-50 күннен кейін гүлдей бастайды. Бақшаға сәуірдің аяғы, мамырдың басында тұқымынан егетін болсаңыз, жаздың ортасында гүлдейді. ## Жауылша туралы тақпақ Хош иісі бұрқырап, Сүйетіні күншуақ. Жауылша көз тартады Түймедей боп жылтырап. Тозаңдандырар ара да, Ұнатады жәндік те. Гүлзарларға, балконға Егеді оны сәндікке. ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Біржылдық гүлдер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б; ISBN 978-601-7237-49-3
Жауыр – көлік малының арқасында малдың жалпы күйіне, әбзелдің ыңғайсыздығына және пайдалану, жұмыс кезіндегі күтімсіздігіне байланысты шығатын, өрши келе ауруға айналатын жараның жалпылама атауы. ## Пайда болу себебі, белгісі мен өршуі Мініс және жегін малын жұмысқа пайдалану кезінде терлік, тебінгі, айыл, тартпалары, өмілдірік, құйысқандары дұрыс қондырылмаған жағдайда арқа, мойын, қаптал шоқтығындағы түгі қажалып, қырқылып ойыла бастайды. Малдың арықтығы немесе суытылмай отқа қою, суыру сияқты себептер жауырдың ары қарай өршіп ұлғаюына себеп болады. Қылшығы жидіп жалаңаштанған соң, терiсі қызарып, қыртыстары қажалады, біртіндеп терісі бүлінеді. Ары қарай өршісе шелі мен етіне қарай тереңдеп, асқынған кезде жараға айналады. Жауыр болған жылқының белгісі: аттың күйi кетiп, жем-суға, жайылуға зауқы соқпай, арып, аза бастайды, арқасы қышиды, әбзел тұрманды салғанда қашқалақтайды, мөңкіп, оғаш мінез көрсетеді. ## Халықтық ұғымдар Халықтық ұғымда жауыр болудың басталғаны – арқа кету (немесе жайдақ жауыр) деп аталады. Арқа кетуде: қазақта ат арқасының қылшығының ұйлығысып "сынып" тұруын – жүн жауыр; мал арқасының қызара iсiнуін – арқа қызару, қылшық түгiнің түсіп, терi бетiнiң жалаңаштанып қырылуын – қажалу, терiнiң жараланып, тегiстiгiнен айырылуын – қыршаңқы деп атайды. Осылай басталған ауру ары қарай асқынуға ұласады.Бусанып терлеп тұрған жылқыны отқа қою, суару салдарынан арқасының тез арада iсiнiп кетуiн – ыстық шығу, арқасының шектен тыс ісіп кетуiн – домбығу, iсiкке сарысу аралас қан толып асқынуын – басарқасы ошақтай болу деп жіктеген. Жауырдың келесі асқыну, өршуінен лоққы (лонқа), өлеттi жауыр, iрiңдi жауыр, желке тесiлу, жалқаяқ жауыр, шилi жауыр аталатын жара түрлеріне қарай ауысады. ## Жауырдан сақтандыру жолдары Дәстүрлі ортада ат арқасында жауырдың пайда болуынан сақтаудың ежелден орныққан қағидалары бар. Мысалы, оқпаны төмен ер-тоқымды желдік салып ерттеген. Мiнгенде, жүк артқанда көліктің арқасына түсетiн салмақтың тепе-теңдiгiн сақтау қажет деп санаған. Ол үшін мiнiс, жегiн көліктің әбзелдерінің (ер, ашамай, қамыт және т.б.) үйлесімділігіне баса назар аударған. Атты дұрыс ерттеу, атпен жүргенде көп тебiнбеу, iлгерi-кейiн, оңды-солды жантайып отырмау, қоржынды тең бөле қанжығалау қажет деген қағидалар қалыптасқан.Жыл маусымының өтпелi кезеңi – жазғытұрымғы және күздiгүнгi таңертеңгi және кешкi салқында бусанып, денесi қызып келген аттың ерiн суыған соң ғана алған. Көктемгi қарақатқақ пен суық шақта жұмыс атын суытқан соң ғана суарып, жемдеген. Үйiрден жаңа ұсталған атты 2-3 күн бойы ауыр жүрiске салмай жаратып, "жын-тоғын бастырып" мінген. Ұзақ жүріс немесе ауыр жүкке салған атты суытып барып жем-су берген. Егер ат қатты қиналған болса түн асырып байлап, ертеңiнде таңертең шөп салған.Арқасы жауыр атты пайдалануға тура келсе, ердiң астындағы өң немесе терлiк, iшкiлiк қабаттарына мүйет, ойма, тығылдырық қою, жаба тоқып немесе желқомдап ерттеу тәсiлдерiн қолданады: жауыр жараның айналасын қоралай мүйет қояды; аттың арқасына батқан ердiң қапталының астына тығылдырық немесе кепiл киiз деп аталатын жалпақ киiз қояды. Ал, міністен, жұмыстан ығыры шыққан ақ айыл атты мүмкіндігінше ұзақ уақыт бос жіберуге тырысқан. Сонымен қатар түйе, өгіз сияқты жұмыс малдарына арналған жабдықтарды жүк батпас және қажамас үшiн лайықтап, жұмсақтап қолданады. ## Жауыр түрлерін емдеу Жауырдың сипатына, ауыр-жеңілдігіне қарай халық арасында әртүрлі емдеудің тәсiлдерi болған. «Жайлы ерттелмеу мен дұрыс мiнiліп пайдаланбаудан өршiген жайдақ жауырды қазақтар алдымен "суықпен" емдейдi. Қабынған бөлiктi саз балшықпен сылап қояды да, оқтын-оқтын суық сумен шылап отырады", – деп жазады C.Сейдалин. Жылқы қапталы мен жая тұсының жүнi сиреп, жалаңаштанған жуыр түрлерін қазақтар А.И. Добросмысловтың жазуына қарағанда қайың, қый, сүйек майларының біріне малдың майын араластырып жағу және ыстық күлдiң қоламтасын себу арқылы емдеген. * "Ыстық шыққан" аттың арқасын ыстық маймен сылап, құрым киiзбен жабулап тастау тәсілімен емдейді. Егер ашық жауырдың төңiрегi жиектелiп, бүртiктеп қабынуға бейiмделе түссе жаңадан сойылған қойдың өкпесi мен талағын аттың арқасына тартқан. Арқасы iсіген атты сорға түсіріп немесе ащы көлдің суына шомылдыратын тәсіл де бар. * Ат арқасының жарасы асқынған кезде ет пен терi арасына аузы жоқ бiтеу iсiк шықса "бiтеу (жара) жауырға" айналды деп айтады. Ондайда бiтеу iсiк айналасын ыстық темiрмен қарып, iсiктiң дәл ортасынан қыздырылған iстiк ұшымен теседi немесе қандауырмен бiрнеше рет шабақтай тiледі. Одан кейін жараның аузы жабылып қалмай, қанды іріңі ағып тұруы үшін анжылайды. * Қазақтар жауыр болған атты тал, қарақат сабағы және қара андыз, меңдуана тәрізді емдік шөптердің қайнатындыларымен суарған соң, киiзбен жабулап терлетсе, созылмалы сырқаттың бетi қайтады деп есептейдi. * Аттың арқасы қызарып, ісініп, қанды сарысу жиналған кезде жайдақ жауыр асқына түссе лоққыға айналады. * "Лоққы" көбiне шоқтық пен иықтан басталады. Лоққыға шалдыққан дене бөлiгiнiң iшкi бетi өлі еттеніп, iрiң толған қалтасынан сасық сұйықтық ағып тұрады. Ондайда өлi етке айналған бөлiгiн сылып, жара қалтасын тiлiп iрiңін ағызады. Лоққы жарасына қойдың өкпесiн немесе жас терiсiнiң бiр тiлiмiн тартса, өлі еттенген бөлiгi қошқыл қаракөк түске енедi. Өлі еттенген бөлiгiн оташы сылып алады да, жара орнын қызыл тұзбен немесе сақар сабынмен жуып, рауғаш үгiндiсiн себедi. Кейде сарышұнақты өлтiрiп iшек-қарнын алып тастап, аузы шыққан лоққыға 2-3 күн бойы тартып қояды. * Жауыр өте асқынған кезінде желке тесілу деп аталатын деңгейге дейін жетеді. Терi астынан iсiндiретiн мандам, шиқан, сыздауық тәрiздi арқа мен шоқтықтың iрiңдi ауруларының бүдiрлер шоғырын қандауырмен қанын шығара шабақтап, орнына ұнтақ дәрi себедi немесе оқ дәрiмен жуады. Оған қоса қасқыр өтiн тарту, қызыл тұз, тотияйын себу, ыстық шоқ, қоз басып күйдiру секілді iрiңнен тазарту шараларын жасаған. * Жауырдың жазыла бастаған орны – жалақ деп аталады. Алайда, жауырдың сырты жазылған сияқты көрінгенмен терi астындағы шел қабатында зақымданудың салдары қалуы мүмкін деп есептелінеді. Жалақты құрғатып, жылдам жазу үшiн қылша немесе меңдуананы өртеп күлiн жылы күйiнде сеуiп, әлсiн-әлсiн май жағады. Жараны зақымдап бүлдірмес үшін жазылғанға дейін аттың мойнына жауырағаш байлап қояды. * Жауырдың жыл сайын өршитiн, "ойнамалы" (созылмалы, қайталанатын) түрі – шилi жауырды емшілер қанның бұзылуы салдарынан болады деп есептейді. Ондай аттың бірнеше тамырынан қан алады: танаудың барлауынан қан ағызуды – шұраны қанату; шоқтыққа жақын мойынның көлденең барлауынан алса – желкенi тесу деп аталатын тәсілдер қолданылады. Дұрыс емделгеннен кейін жауыр орны бітіп, жүн өсіп шығады. Кейде мұндай жауырдың орнына ақ түсті жүн шығып, малдың қапталдары аққапталданып тұрады. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Алекторов А.Е. Скотоводство киргизов // ОЛ. 1888, №18; * Добросмыслов А.И. Скотоводство в Тургайской области. Оренбург: Тургайский обл. стат. комитет, 1895; * Сейдалин С. Ветеринария у киргизов // ВОВ. 1906, №4, С.19; * Боштаев А.С. Лечение домашных животных у киргиз // ВОВ. 1911, №12. С.612; * Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; * Бөкеев О. Ұйқым келмейдi. Алматы: Жазушы, 1992; * Mori temegeu soyilua neyilegu uyaqu qauli bicig // Katalogsignatur Mong.90. Manuscrict. The Royal Library, Copengagen Ruth I.Meserve The traditional mongolian method of conditioning horses and preventive venerinary medicine// In: International symposium on mongolian culture Taipei, Taiwan. 1993. P.p 484-501; * Қинаятұлы Б. Жауыр тобындағы сырқат кiнараттарды емдеудiң дәстүрлi тиiмдi тәсiлдерi // Жаршы. ҚР ҰААЗО ғылыми-теориялық журналы. А., 1997, №6. 23-32-бб.; * Нұрғалиұлы Н., Еженбекұлы. Ат әбзелдерi. Ер // Ата салтыңды аяла (жинақ). Алматы, 1998.
Хабиба Қарақбайқызы Елебекова (16 шілде 1916 жыл Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар - 18 қазан 2016 жыл, Астана) — актриса, мемуаршы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1976). * 1934 — 35 жылдары Қарқаралыдағы жергілікті халық театрында қызмет істеген. * 1935 жылдан Қазақ драма театрында актриса. * 1935 — 37 жылдары осы театр жанындағы студияны бітірген. Елебекованың театр сахнасында сомдаған алғашқы рөлі — Қарагөз (Ж.Шаниннің “Арқалық батыр” спектаклінде). Актрисаның ойнаған рөлдерінің жалпы саны 100-ден асады. Олардың ең көрнектілері — М.Әуезовтің “Абайындағы” Қанікей, Ұлжан, “Қарақыпшақ Қобыландыдағы” Күнікей, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян Сұлуындағы” Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің “Амангелдісіндегі” Қырмызы, Б.Майлиннің “Майданындағы” Мамық, Қ.Аманжоловтың “Досымның үйленуіндегі” Айғаным, Иран-Ғайыптың “Естайдың Қорланындағы” Айнаш, т.б. * Сондай-ақ, Елебекова — белгілі әнші, өз жұбайы Ж.Елебеков туралы “Үні кетпес құлақтан” (1981), “Ән-Аманат” (1989), “Қайран Жүсекем” (1998) кітаптарының авторы. ## Дереккөздер
Екі палаталы жүйе, бикамерализм — жалпыұлттық өкілетті орган парламенттің құрылымы; мұндай парламент әрқилы жолмен құрылады әрі әркелкі құзырет иеленетін екі (жоғ. және төм.) палатадан тұрады. Е. п. ж. алғаш рет 14 ғ-да Англияда пайда болды. Е. п. ж. үлгісінде құрылған парламенттердің төм. палаталары тұрғындардың тікелей қатысуымен сайланады. Жоғ. палаталар әртүрлі жолмен: тікелей емес сайлау (Нидерландия мен Франциядағы Сенат, Аустралиядағы Одақтық кеңес, т.б.) немесе тікелей сайлау тәртібімен (АҚШ-тағы, Италиядағы, Жапониядағы Кеңесшілер палатасы) қалыптасады; кейбір елдерде жоғ. палаталар мұралау жолымен (Ұлыбританиядағы лордтар палатасы) не олардың мүшелерін мемлекет басшысының тағайындауы арқылы (Канададағы Сенат) құрылады. Кей реттерде жоғ. палаталар аралас тәсілдермен қалыптасады: яки олардың мүшелерінің кей бөлігі сайланады, кей бөлігі тағайындалады, ал қалғандары мұралау принципі бойынша орындарды иеленеді (Бельгиядағы, Ирландиядағы сенаттар). ҚР Конституциясына (50-бап) сәйкес, Қазақстан Парламенті тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның мүшелерінің құқықтық жағдайы арнаулы конституциялық заңдарда айқындалған.
Жаужұмыр сасыр (лат. Ferula dshaudshamyr) – шатыршагүлділер тұқымдасының сасыр туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның батыс, солт. облыстарында, Балқаш — Алакөл аймағында, Бетпақдалада, шөлді және шөлейт жерлердің сазды топырақты жерлерінде өседі. Биікт. 15 — 30 см. Тамыры жұмыр, жіңішке сабақтары тармақталып бұтақталған. Бұтақтары кезектесіп орналасады. Жапырақ тақтасының жиегі терең ойықталған, төрт тілімделген қауырсын тәрізді. Сары гүлдері күрделі шатыр гүл шоғырын құрайды. Маусымда гүлдейді. Шілде айында жемістенеді. Жемісі— тықыр дән. Ж. с-дың тамырында хош иісті шайыр, эфир майы, крахмал болады. Шайырынан медицинада дәрі алынады. Жапырағы мен жемісінен малға азық дайындалынады. ## Дереккөздер
Елекшөптер тұқымдасы (лат. Juncaceae) – дара жарнақты өсімдіктерге жататын көп жылдық немесе бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Екі жарты шардың қоңыржай және салқын белдеулерінде, тропиктік аймақтардағы биік тау беткейлерінде кездесетін 10 туысы, 400-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда өзен, көл, бұлақ маңында, ылғалды жерлерде, таудың альпілік, субальпілік белдеулерінде өседі. Сабағы жұмыр, кейде қабысыңқы, іші қуыс, сырты жапырақты, кейде жапырақсыз. Жапырақтары жалпақ немесе жұмыр. Гүлдері қос жынысты, ұсақ, көкшіл, сарғыш, қоңырқай түсті, 6 желектен тұрады. Аталығы 6, кейде 3, аналығы – біреу. Гүлшоғыры шашақ немесе шатырша тәрізді. Жел арқылы айқас тозаңданады. Жемісі – қорапша, бір немесе үш ұялы. Ірі үш тұқымды немесе ұсақ көп тұқымды. Қазақстанда екі туысқа бірігетін 30 түрінің 24 түрі елекшөп (Juncus) туысына, 6 түрі жалтыршөп (Lusula) туысына жатады. Көбірек тарағаны — қызғылт елекшөп (Juncus erythropodus). Барлық аймақта кездеседі. Биікт. 10 — 30 см, көп сабақты, түбінен бастап бұтақтанады. Жапырағы өте жіңішке, бүктемелі келеді, сабағынан 2 еседей қысқа, түп жағы қызыл не қызғылт сары түсті. Гүлі қоңыр кейде жасыл болады. Гүлшоғыры — бұтақтанған сыпыртқы. Маусым — шілде айларында жемістенеді. Жемісі — қауашақ. Қызғылт елекшөптің құрамында 6,4 — 10,3% протеин бар. Оны мал сүйсініп жейді. ## Дереккөздер
Елемес Таласбайұлы (16.9. 1926, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылы — 9.6. 2000, Алматы) — домбырашы, күйші. Атасы Еспембет, өз әкесі Таласбай аймағына әйгілі күйшілер болған. Таласбайдың “Жорық”, “Қайран шешем” күйлері Елемес арқылы бүгінгі күнге жетті. Елемес домбыраны 7 жасында әкесінен үйренеді. Оның өз жанынан шығарған тұңғыш туындысы — “Арман-ай” күйі. Сталиндік асыра сілтеу кезінде Елемес ата-анасымен бірге Қытай жеріне қоныс аударады. Шыңжаң өлкесіндегі Гоминьдан үстемдігіне қарсы күреске қатысқаны үшін Елемес 1966 — 76 ж. “мәдениет төңкерісі” науқанының қудалауына ұшырайды. Сол азапты он жылда көрген жапасы оның “Шер тарқатар” күйіне арқау болған. Елеместің Қазақстанның тәуелсіздік алуына арналған “Атамекен”, сондай-ақ, “Күй шақыртқы”, “Кеңес”, т.б. күйлері бар. 1996 ж. Қазақстанға қоныс аударған күйшінің орындауындағы 25 күй 1998 ж. Қазақ радиосының, ал 2000 ж. “Қазақстан-1” телеарнасының алтын қорына жазылып алынды. Сондай-ақ, Елеместің орындауындағы 10 күй 1998 ж. жарық көрген “Жетісу күйлері” жинағына енген. ## Дереккөздер
Елшібек батыр (туған-өлген жылы белгісіз) — 18 ғасырда өмір сүрген қазақ батыры. Ұлы жүздің Сіргелі руынан шыққан. 18 ғасырда жоңғар қалмақтарына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен. Елшібек батыр туралы ел арасына таралған әңгіме-жырлар көп. Сондай әңгіменің бірі — кезінде Ш. Уәлиханов ел аузынан жазып алған “Елшібек туралы әңгіме”. Ол әңгімеде Абылай ханның қалмақтармен болған бір соғысында Елшібек батырдың жауға қарсы жасқанбай жалғыз шапқан ерлігі, батылдығы туралы айтылған. ## Дереккөздер
Елжау би Байтболатұлы, Лэйгяом, Лецзяоми (Б. з. д. 178 жыл — Б. з. д. 104 жыл) — Үйсін мемлекетінің күнбиі. Елжау би жөнінде қытай елшісі Жаң Чиянның жазба деректері мен ежелгі аңыздарда баяндалады. Әкесі Дәу би тақ үшін болған соғыста қайтыс болып, жаңа туған Елжау биді туысы ақсүйек Бөже ябғу (Бужю) ордадан жасырын алып шығып, ғұн тәңірқұтына жеткізеді. Жылнамада Елжау биді ордадан алып шығып ғұндар жеріне жеткізгенге дейінгі аралық ежелгі аңызбен жалғастырылған. Аңыз бойынша, қорғансыз қалған нәрестені көк бөрі (кейбір деректерде ит, барыс, қабылан) емізіп асырайды. Ғұн ордасында тәлім-тәрбие алып, ғұн тәңірқұтымен бірге бірқатар жорықтарды басынан өткізіп, шыңдалған Елжау би Үйсін мемлекетінің күнбиі болып сайланады. Елжау би билік еткен тұста Үйсін елі қуатты мемлекетке айналады. Б. з. д. 160 жылы Іле өзені бойында иүзилермен болған ірі шайқаста Елжау би әскері жеңіске жетеді. Елжау би тұсында (Б. з. д. 138 жыл) Үйсін елі 120 мың отбасы, 630 мың тұрғыны, 188 мың 800 адамдық әскері бар ірі мемлекет болып қалыптасты. Үйсін елі Қытаймен дипломатиялық қатынаста болған. Қытай императоры қызын үйсін күнбиіне ұзатып, туыстық қарым-қатынас орнатқан. ## Елсау би Елсау би Нәндиұлы б.з.д. 104 жылы Шулен деген жерде туып, 73 жасында 177 жылы дүниеден өткен. Ежелгі үйсін мемлекетінің әуелгі бас биі. Елсау әке-шешеден бір жарым жасында жетім қалады. Әкесі Нәнди би бір соқтығыста сойылға жығылып мерт болады. Нәнди би билік еткен үйсін мемлекетімен соғысқан көрші Хұн елінің қолбасшылары үйсіндердің малын талап, жерін талап алады. Мыңдаған адамдарын құлшылықта ұстайды. Бұл оқиға Қытай тарихи – шежіресінде жазылған. ## Елсау бидің жастық шағы Енді Елсау бидің жас шағына келейік. Шапқыншылықтан аман есен қалған нәестені Нәнди бидің жақын туысы Бөже шаңырағы ортасына түскен жұрттан баланы тауып алып, бауырына басады. Өшіккен жаулар: «Кейін әкесінің кегін аламын деп қайта шауып жүрер» Деп, жас балаға іздеу салады. Бөже баланы жау қолына түсірмей жасырады. Ауылдан тысқарылау тау қойнауына жиналған ескі мая шөп болады екен. Бөже сол шөптің арасын кеулеп баланы сонда жасырып, түн-түнде барып тамақтандырып жүреді. Бала түннен түнге түлеп өсе береді. Бөже бір күні кешқұрым мая шөпке жақындай берсе, әлгі шөптің арасында бауырында емшегі салпылдаған бір бөрі шығып бара жатады. Ұяны барып қараса бала аман есен ұйықтап жатыр дейді. Ол баланы дереу құшақтап ауылға апарады. Бар көргенін ауылдастарына айтады. Үлкен-кіші бәрі: «Бұл киелі бала екен жөндеп күтіп, тәрбиеге алайық», — дейді. ## Елсау бала ер жетеді Сонымен Елсау бала ер жете береді. Қойшы, жылқышылармен бірге жүріп, ат ойындарын үйренеді, садақ тартып мергеншілікті меңгереді. Қойшы, малшылардан ел аңыз-әпсаналарын, бұрынғы батыр,билер сөзін тыңдайды. Сөйтіп, Елсау бара-бара батыр тұлғалы, ақылды, алғыр, елге қамқор дана болып ер жетеді. Ол 11 жасынан ел билігіне араласады. Талай-талай дау дамай істердің түйінін шешіп, әділ би, ел қамқоры аталады. Мыңдаған жасақ қол жинап, елін талап, әкесін өлтірген Хұн еліне аттанып, олардан әке кегін, ел есесін қайтарады. Елсау би және ол басқарған үйсін мемлекетінің тарихнамасы қақында ежелгі Қытай тарихшысы Бань-Гүдің «Ханнама, батыс өңір шежіресі. Үйсін мемлекеті» деген еңбегін зерттеп жазған белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев өзінің «Дулыға» (1994) атты кітабында жан жақты жазыпты. Енді осы еңбектің мына бір жолдарына көңіл қоя кетейік:«Ұлы Күнбидің астанасы – Қызылқорған қаласы, түтін саны – 120 мың, әскері – 188 мың 800. Күнбидің екі уәзірі, оң қанаттағы, сол қанаттағы екі әскер басы, үш сұлтаны, екі биі, бір тұтық биі, екі бас бақылаушысы болған. Жері ұлан-байтақ кең, әрі жазық, жауын-шашыны көп, ауа райы суық. Тауларда қалың қарағай өседі. Егіншілікпен шұғылданбайды. Малшылармен бірге, жайылым-суат жағдайына қарай көшіп жүреді. Әдеп-ғұрпы хұндарға ұқсайды. Бұл елде жылқы көп, байларында 4-5 мыңнан болады. Халқы қайсар, батыр келеді. Ұры қарасы көп. Ең күшті мемлекет. Бұрын Ғұндарға бағынышты болған, кейін күшейді де, оның сұрауынан құтылып, оған бағынбайтын болды. Шығыс жағы Хұндармен, батыс, солтүстік Қаңлымен, батыс жағы Ферғанамен, оңтүстігі қалалық мемлекеттермен шектеседі. Әсілі сақтар қоныстанған орын еді. Иузилер сақтарды жеңгеннен кейін, сақ халқы оңтүстік жағындағы Шуандызды (қазіргі Кашмир, Балтистан – Болурды) Басып өтіп көшіп кетті. Ал иузилер сақтардың жеріне ірге тепті. Кейін Үйсін Күнбиі Иузилерді соққымен жеңді. Иузилер батысқа көшіп Бактрияны бағындырды. Үйсін оның жерін иеленді. Сондықтан үйсін елінің құрамында сақтар мен иузилер бар деген деректерден ақ Елсау баба билік еткен ежелгі үйсін мемлектінің қандай болғанын аңғаруға болады.Шығысы Қытаймен шектелетін Алтай, Алатау, Қаратау алқабын алып жатқан, іргесі біздің заманымыздан бұрын қаланған Елсау би басқарған үйсін мемлекеті талай қуғын сүргін, шапқыншылықты бастан кешірді. Ол оқиғалар тарихи шежірелерде, әсіресе, Қытай жылнамаларында ілгеріде жазылған. Біз ол жағына тоқталмаймыз. ## Елсау бидің ғұмырнамасы Елсау бидің ғұмырнамасына назар аудармақпыз. Елсау бабамыз үйсін мемлекетіне елу жылдан астам билік жүргізген, Әр тарапта бытырап жүрген үйсін жұртының басын біріктіріп, ұйымдастырып («Үйсін» деген сөздің өзі «ұйысын», біріксін деген сөзден шықса керек) ірі мемлекеттер қатарына жеткізген. Үйсін жұрты мал шаруасымен, әсіресе жылқы өсіруден өзге елдерге өарағанда озық болған. Кейінірек егін егумен шұғылданған. Қол өнер, темір, шойын қорыту, қыш құю, құмыра ыдыс-аяқтар жасау өнерімен, зергерлікпен айналысқан. Мұның бәрі археологиялық қазба зерттеулерде дәлелденген. Елсау бидің бес әйелі болыпты. Сол бес әйелден 23 бала өсіп, ер жетеді. Әрқайсысы ру-ру болып Алатау Қаратау атырабын алып жатады. Арғын жұртынан алған Ұмай бәйбіше өзі 13 құрсақ көтерген.Елсау би тұңғыш баласы Нұлыны көрші елді билетуге таққа отырғыэбақ болғанда, одан өзі бас тартып, орнына Дулы інісін ұсыныпты. Дулы әкесән де, ағасы Нұлыны да өле-өлгенше сыйлап өткен. Олардың айтқанын бұлжытпай іске асырып отқан.Елді дұрыс басқарған. Ағасы Нұлы 22 жасында қайтыс болған. Одан Абыл Албан, Азық Санжар (Жөңше би) деген төрт ұл бала қалдырған. Олар өсе келе Абылдан – абыл елі, Албаннан — албан елі, Азықтан – азық елі таралады. Кейін сол ұсақталып кеткен үш елдің басын Санжар би біріктіріп іргелі елге айналдырады.Ежелгі шежіреге қарағанда Елсау бимен Майқы би Мәнұлының арасы жеті ата болап шығады екен. Оларды Тауасарұлы Қазабек «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында былай таратады: Елсау Абыл, Қайыр, Бақ, Тан, Мән - осылардын бәрі де өз халқының қамын ойлаған, олардың бірігіп ел болу жағынакөп еңбек сіңірген әруақты бабалар болған екен. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Елсау би Мұрағатталған 14 шілденің 2014 жылы.
Елюй даши (өз есімі — Чжундэ) (1087 — 1143, Баласағұн) — Қидан мемлекетінің (1125 — 1212) негізін қалаушы. Тарихи деректерге қарағанда, Қидан мемлекетінің астанасы алғаш Емел өз. алабындағы Емел қ. болған, кейіннен Шу өз. алабындағы Баласағұн қ-на көшірілді. Астананың ауысуына қарлұқтар мен қаңлылардың қысымы әсер еткен. Жамал Қарши мен ибн әл-Асирдің деректері бойынша, Е.Д. 1128 ж. Қашқардағы Арслан хан Ахметке қарсы жорық жасап, Шығыс Түркістанды өзіне қаратады. Одан соң Енисей қырғыздарына басқыншылық жорыққа аттанып, оларды жеңді. 1137 ж. Е. Д-дың әскері Ферғана мен Мауераннахрды бағындырды. 1141 ж. Катван даласында (Самарқанның солт-нде) салжұқ сұлтаны Санжардың әскеріне шабуыл жасады. Бұдан соң Иранға қарсы соғыс ашып, Керман әулеті билеген бірнеше аймақты басып алып, өзін император етіп жариялайды. Әдебиеттер: Бартольд В.В., Очерк истории Семиречье, Соч., т. 2, ч. 1, М., 1963.
Елісхан Әліпұлы (1909, Шыңжаң, Алтай аймағы — 1943, Үндістан, Пешавар штаты, Шатрал деген жерде) — Шыңжаң қазақтарының ұлт-азаттық күресі басшыларының бірі. 1930 — 53 ж. Шыңжаңнан шет елдерге ауа көшкен қазақ босқындарының басшысы. Әкесі Әліп Жәмісбайұлы 1931 ж. Шыңжаң өлкесінің Құмыл аймағында жергілікті әкімшіліктің империялық өктемдігіне қарсы Қожанияз, Әйімбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа ат-көлік, азық-түлікпен көмек көрсетеді. Жергілікті әкімшіліктің бұйрығына бағынбай, салық төлеуден бас тартып, елін алып қашып жүрген Әліптің соңына түскен империя армиясы қару-жарақсыз 400-ден астам адамды қырып, Әліпті өлтіреді. Бұл кезде Моңғолияға ауған ауылдарды құтқару қамымен жүрген Е. енді Қытай империясы өктемдігіне қарсы табанды күрес жүргізуге бекініп, қарулы топ құрады. Діні мұсылман дүнгендер аяушылық етер деген үмітпен елді Гансу, Синхай өлкелерінің иен даласына көшіреді. 1938 ж. бұл өлкедегі босқындар саны 20 мыңнан асты. Бірақ өлке әміршісі ген. Мабуфаң 1932 ж. Алтай халқынан жеген соққысының кегін босқындардан қайтарып, 1000-ға жуық адамды қырып, бесіктегі қырық баланы найзаға шанышты. Осы айуандық әрекеттен соң Е., Зәйіп, Хамза бастаған көш Тибет асып, Үндістанға өтуді көздейді. ҙкшелеген жаумен арпалыса жүріп, таңғұттардың тосқауылын бұзып, Гималай асып, оба мен ыс ауруларын бастан өткізіп, 1941 ж. үш мың қазақты Үндістанға жеткізеді. Е. 1943 ж. Үндістандағы босқындар лагерінде дүние салады. Осы босқын елдің жұрнағындай 1800 адам 1953 ж. Түркияға барып тиянақтайды. Бүгінде олардың саны 20 мыңға жеткен. ## Дереккөздер
Елек хан , Елхан — Қарахан әулеті мемлекетіндегі билеушілер лауазымы. Махмұт Қашқаридің сөздігіне сүйенсек, “илек”, “илик” — “бірінші”, “алғашқы” деген ұғымдарды білдіреді. Елек хан атауы Қарахан әулеті мемлекетінің тұсында соғылған теңгелердегі жазуларда жиі кездеседі. Бастапқыда бұл лауазым Шығ. Түрік қағандарына берілген. Қарахан әулеті мемлекетінің негізін салушы Сатұқ Бұғра хан Абд әл-Керим (қ. Әулие ата) осы лауазымға ие болған. Мұсылман авторлары 999 ж. Мауераннахрды Самани әулетінен тартып алған Қарахан мемлекетінің билеушісі Наср ибн Әли есімін осы лауазыммен атайды. Ортағасырлық түркі әдебиетшісі Жүсіп Баласағұн өзінің атақты “Құтадғу білік” атты шығармасын 1069 ж. Қарахан әулетінен шыққан Елек ханға тарту еткен. ## Дереккөздер
Елтай — Атырау облысының Индер ауданындағы ауыл, Елтай ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Индербор кентінен батысқа қарай 10 км жерде, Жайық өзенінің оң жағасында, Каспий маңы ойпатының шөлейт белдемінде орналасқан. * Елтай ауылы шекарасының жалпы аумағы - 383,136 гектар * Шекарасының ұзындығы - 8214,3 метр ## Халқы 1989 жылы елді мекенде 1848 адам тұрған. 1999 жылы тұрғындар саны 2438 адам (1241 ер адам және 1197 әйел адам) болса, 2009 жылы 2444 адамды (1238 ер адам және 1206 әйел адам) құрады. 2021 жылғы санақ бойынша 2325 адамды (1197 ер адам және 1128 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1931 жылы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланған. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болды. Оның негізінде 1997 жылдан шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер жұмыс істейді. Елтай арқылы Атырау — Орал автомобиль жолы, Атырау — Самара және Мақат — Орталық мұнай құбырлары өтеді. Тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль және Жайық су жолы арқылы қатынасады. ## Мәдени-әлеуметтік мекемелері * М.Сиранов атындағы орта мектеп — 1929 жылы бастауыш, 1933 жылы 7 жылдық, ал 1936 жылы ауданда тұңғыш орта мектеп болып жұмыс жасай бастады. Мектеп 1936 - 1962 жылдары Елтай орта мектебі, 1962 - 1995 жылға дейін В.И.Ленин атындағы орта мектеп, 1996 жылдан бастап Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектеп болып аталады. * «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы * Елтай ауылдық мәдениет үйі * Елтай ауылдық кітапханасы * Елтай ауылдық мұражайы — „Аманкелді“ кеңшары басшылығының қолдауымен 1979 ж. ашылған. Алғашқы меңгерушісі ардагер ұстаз О.Аманқұлова болған. Мұражайда 1689 жәдігер жинақталған. * Елтай дәрігерлік амбулаториясы * Шәкәрім Құдайбердіұлы мешіті — 2023 жылы желтоқсан айында ашылды. Мешіт 200 орындық. Онда ерлер, әйелдерге арналған намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі бар. Заманауи таһаратхана да жабдықталған. ## Ауыл көшелері * Дәулет Базарбаев көшесі * Жеңіс көшесі * Исатай Тайманов көшесі * Қадиша Қауашева көшесі * Қазақстан көшесі * Мақажан Қабиев көшесі * Маржан Енбаева көшесі * Махамбет Өтемісұлы көшесі * Мұқанғазы Сиранов көшесі * Мұрат Мөңкеұлы көшесі * Мүтәлі Шәріпов көшесі * Сәлімгерей Саптаяқов көшесі * Серік Досмағанбетов көшесі * Сырым Датұлы көшесі ### Қазақстан-1 шағын ауданы * Жанша Уәлиева көшесі ### Қазақстан-2 шағын ауданы * Баламайсаң Дауылұлы көшесі * Қаби Меңетаев көшесі * Сағынтай Құсанов көшесі ## Дереккөздер
Географиялық координаттар (лат. со – бірге, ordinatus – реттелген) — жер бетіндегі экваторға және нөлдік меридианға қатысты нүктенің орнын көрсететін мөлшер. Олар географиялық ендік және географиялық бойлық болып ажыратылады. Географиялық ендік жер бетінің кез келген нүктесіне түсірілген тік сызық пен экватор жазықтығы арасындағы бұрышпен өлшенсе, географиялық бойлық бастапқы меридиан жазықтығы мен берілген нүкте арқылы өтетін меридиан жазықтығы арасындағы бұрышпен өлшенеді. Бастапқы (нөлдік немесе бірінші) меридиан ретінде халықаралық келісім бойынша Лондон қаласы маңындағы Гринвич обсерваториясы арқылы өтетін меридиан алынған. Географиялық ендік экватордан 0°-тан басталып солтүстік және оңтүстік полюстерге қарай 90°-қа дейін өзгереді. Солтүстік жарты шарда – оң, оңтүстік жарты шарда – теріс болып есептеледі. Бойлық бастапқы меридиандағы 0°-тан басталып 360°-қа дейін өзгереді. Ол шығысқа немесе батысқа қарай өлшенуіне сәйкес, шығыстық немесе батыстық бойлық деп аталады. Бойлықтың 0°-тан 180°-қа дейінгі санау әдістері де қолданылады. Географиялық координаттар бұрышты өлшегіш аспаптардың көмегімен (теодолит, секстант, т.б.), астрономиялық бақылаулар арқылы анықталады. ## Дереккөздер
Енжарлық (лат. passivus — әрекетсіз) — адамның белсенділікке қарама-қарсы қасиеттерінің бірі. Енжар адамда әрекетсіздік, немқұрайлылық, ынтасыздық, еріксіздік сияқты және т.б. қасиеттер көрінеді. Енжарлыққа жетелейтін әр түрлі объективті және субъективті себептер болуы мүмкін. Ондай себептердің мәнін игеріп енжарлықты жеңуге болады. Мұндай мәселелермен тәжірибелік психология айналысады. ## Дереккөздер
Емші , халық емшісі — өзінің табиғи қабілеті мен тәжірибесіне сүйеніп, әр түрлі ауруларды емдеумен айналысатын адам. Қазақ халқы арасында ерте кезде шипагерлік қызмет атқарған адамдарды Е. деп атады. Бұл жұмысты, әдетте, бақсы, балгер, тәуіптер жүзеге асырды. 15 ғ-да өмір сүріп, “Шипагерлік баян” атты еңбек жазған ҙтейбойдақ Тілеуқабылұлы: “Емшіні шипагер деп атаған жөн, шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділіктен туады. Жазылсын, қонсын, дару болсын деген ақ тілек. Бұл науқас пендеге қуат беру”, — деп, өз тұжырымын ұсынған. Ол сонымен қатар шипагерлікті дарымдылық және болжамшы деп екіге бөліп, оның 24 түрін атайды. Е-лер науқас адамның ауруының себебін анықтау жолын, емдік дәріні, оны қолдану мезгілін, бақылау уақытын жақсы білген; қ. Халық емшілігі.
Ентікпе (лат. dyspnoe) — тыныс алу жиілігінің, ырғағының, тереңдігінің бұзылуы салдарынан тыныс алудың қиындауы. ## Түрлері Ентікпенің 2 түрі: * физиологиялық Ентікпе * патологиялық Ентікпе бар. Адам ауыр жұмыс жасағанда, биіктікке көтерілгенде немесе қоршаған орта температурарасы артқанда тыныс алуы жиілеп, организмге қажетті оттектің мөлшері 2 — 3 есе артады. Себебі адам дем алғанда ауамен бірге организмде жиналған көмір қышқыл газын да шығарады. Соның салдарынан тыныс алу бұлшық еттерінің жұмысы жиілеп, адам ентігеді. Мұндай ентігуді физиологиялық Ентікпе деп атайды. Патологиялық Ентікпе тыныс алу, орт. жүйке жүйесі және жүрек-қан тамырлар жүйесінің жұмысы нашарлағанда, анемия кезінде, организмде зат алмасу процесі бұзылғанда, ұйықтатын дәрілермен, улы заттармен уланғанда болуы мүмкін. Мысалы, өкпе Ентікпесі кезінде адамның дем алуы қиындап, ауа жетпей, терісі көгеріп, мойынның вена қантамырлары білеуленіп ісініп кетеді. Ал жүрек Ентікпесінде адамның қол-аяғы көгеріп, мұздап кетеді. Тыныс алуы қиындап, ентіге бастағанда, адамды орындыққа отырғызып, терезені ашып, бөлменің ауасын тазарту керек. Кей жағдайда науқас адамды оттекті жастықпен дем алғызады. Емді терапевт-дәрігер белгілейді. Әуелі патологиялық Ентікпеге себеп болған ауруларды емдейді. Дәрігердің рұқсатынсыз өз бетінше дәрі-дәрмек ішуге болмайды.
Елікшөп (Ulugbekіa) — айлауық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда аласа тау баурайларындағы бұталардың арасында өсетін 1 түрі — Шымған елікшөбі (U. tschіmganіca) бар. Оның биікт. 20 — 60 см. Қара түсті, бұтақталған тамыры болады. Тік сабағына ірі, түкті, ұшы сүйірленіп келген жапырақтары кезектесіп орналасады. Ашық сары түсті қоңырау тәрізді гүлдері (1 — 3-тен) сабағының ұшында жетіледі. Гүл тұғыры қысқа, сәуір — мамыр айларында гүлдеп, маусым — шілдеде жемістенеді. Жемісі — жаңғақша, сырты жылтыр.
«Қыз Қорлан хор қызындай тамсандырған...». Сұлулықтың символына айналған Қорлан жайындағы бұл ғажайып әнді естімеген қазақ кемде-кем шығар. Қазақтың салқар даласын көктей өтіп, әлемнің байтақ шаһарларындағы әйгілі сахналардан шырқалып, тыңдаушысын ынтық еткен өнер туындысын тудырған ақын Естай мен Қорлан сұлу арасындағы махаббат хикаяты да уақыт жылжыған сайын аңызға бергісіз болып ұрпақтан ұрпаққа жетті. Әйтсе де күні бүгінге дейін Естай Беркімбайұлы турасында айтылып та, жазылып та жүргенімен, ән кейіпкері Қорлан сұлудың кейінгі тағдыры белгісіз қалып келді. Енді, міне, тарих парақтарының көмбесі ашылып, Қорлан арудың ақ босаға аттап, келін болып түскен жұртынан сыр тарқатудың да сәті түсті. * «Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан...» Мұрағатталған 12 желтоқсанның 2010 жылы.
Есіл ауданы – Ақмола облысының батысындағы әкімшілік аудан. 1930 жылы құрылған. Жерінің аумағы 8,0 мың км². Әкімшілік орталығы — Есіл қаласы. ## Географиялық орны Аудан солтүстігінде СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданымен, шығысында Жақсы ауданымен, батысында Қостанай облысының Қарасу ауданымен, оңтүстігінде Жарқайың ауданымен шектеседі. Аудан Есіл өзенінің екі жағын (Көке және Қоңырау өзендерінің аралығында) алып жатқан дала белдемінде орналасқан. Аудан аумағында құрылыстық материалдар (тас, құм, керамзит, саз, т.б.) кен орындары кездеседі. ## Тарихы Есіл ауданы 1930 жылы Пролетар ауданы мен жартылай Атбасар ауданының аумағынан құрылды. 1935 жылы аудан орталығы Қима ауылы болып бекітілді. 1932 жылы Қарағанды облысының, 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысының, 1939 жылдан бастап Ақмола облысының құрамына енді. 1955 жылы 22 қазанда Есіл ауданынан Баранкөл және Қима аудандары бөлініп шығып, аудан орталығы Есіл станциясына көшірілді. Есіл станциясы 1958 жылы кент мәртебесін алып, 1963 жылы қалаға айналды. 1970-1988 және 1990-1997 жылдары аудан Торғай облысының құрамында болды. ## Климаты Климаты тым континенттік: қысы суық, қары жұқа (20 см), жазы ыстық әрі құрғақ. Ауаның жылдық орташа температурасы қаңтарда –17 — 18ºС, шілдеде 20 — 21ºС. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 — 350 мм. ## Су жүйесі Аудан жерінен Есіл өзені ағып өтеді, оған сол жағынан Қарақол, оң жағынан Қызылсу салалары құяды. Үлкен көлдері: Обалыкөл, Жыландыкөл (тұщы). ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Солтүстігінде, негізінен, карбонатты қара топырақ, оңтүстік бөлігінде карбонатты күңгірт қызыл қоңыр топырақ тараған. Тың және тыңайған жерлерді игерген жылдары аудан жерінің 75%-і жыртылған. Ауданның солтүстігінде түрлі шөп, қызғылт селеу, қылқан селеу, оңтүстігінде бетеге, қылқан селеу, қараған, сұлыбас өседі. Өзен аңғарларында түрлі астық тұқымдасты шалғын, тал, бұта тараған. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, суыр, қоян, сарышұнақ, қосаяқ, т.б. мекендейді. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 37309 адам (18428 ер адам және 18881 әйел адам) болса, 2009 жылы 27697 адамды (13379 ер адам және 14318 әйел адам) құрады. Тұрғындарының орташа тығыздығы 1 км²-ге 3,8 адамнан келеді. ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 31 елді мекен 1 қалалық, 1 кенттік, 1 ауылдық әкімдік пен 12 ауылдық округке біріктірілген: ## Шаруашылығы Бұрынғы 2 ұжымшар, 18 кеңшар және ауданаралық арнаулы шаруашылық бірлестігі негізінде ауыл шаруашылық мекемелер, жеке шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер мен серіктестіктер жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерінің аумағы 768,6 мың га, оның ішінде егістігі 579,9 мың га, шабындығы 20 мың га, жайылымы 186,7 мың га, орман алқабы 12,5 мың га жерді қамтиды. Аудан тұрғындары, негізінен, егін шаруашылығымен айналысады. Дәнді дақылдар мен жемшөп, картоп, көкөніс, техникалық дақылдар өсіріледі. Мал шаруашылығынан сиыр, шошқа, жылқы өсіріледі. Ауданда 3 элеватор, 3 астық қабылдау пункті, май, нан зауыттары, ауылдық құрылыс материалдары комбинаттар, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаттары, локомотив депосы, баспахана, т.б. бар. ## Инфрақұрылымы Есіл ауданында жалпы білім беретін 31 мектеп, музыка, спорт мектептері, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, клубтар мен мәдениет үйлері, қонақ үйі, емдеу-сауықтыру мекемелері, санитарлық-эпидемиологиялық станция, 14 фельдшерлік-акушерлік, 9 дәрігерлік пункттер бар. Аудан жері арқылы Нұр-Сұлтан — Есіл — Қараталды, Есіл — Арқалық темір жолдары, Есіл — Атбасар — Көкшетау, Есіл — Атбасар — Астана, Есіл — Жақсы — Чистополье, Арқалық — Ломоносовка автомобиль жолдары өтеді. ## Дереккөздер
Целиноград ауданы (1961 жылға дейін Ақмола ауданы) — Ақмола облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бірлік. Аудан орталығы — Ақмол ауылы. ## Тарихы Аудан 1928 жылы 17 қаңтарда Ақмола уезінің Ақмола және жартылай Ереймен, Есіл болыстарының жерінен Ақмола атауымен Ақмола округінің құрамында құрылған. Әкімшілік орталығы Ақмола қаласы болған. 1940 жылы 30 маусымда аудан орталығы бір-бірінен 2,5 шақырым қашықтықтағы Новоишимка және Семёновка ауылдарына, ал 1949 жылы Кирово ауылына (қазір Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал кенті) көшірілген. 1961 жылы аудан атауы Целиноград ауданы болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 243 Жарлығымен аудан орталығы кейін Ақмол болып өзгертілген Малиновка ауылына ауыстырылды. ## Географиялық орны Аудан солтүстігінде Шортанды ауданымен, шығысында Ерейментау, Аршалы, батысында Астрахан, Қорғалжын аудандарымен, оңтүстігінде Қарағанды облысының Нұра ауданымен шектеседі. Астана қаласы ауданды екі бөлікке бөледі. ## Жер бедері Жер бедері негізінен жазық. Батысы — борпылдақ жыныстан түзілген сәл белесті жазық, шығысы — ұсақ шоқылы белесті-төбелі жазық. Кен байлықтарынан силикаттық бұйымдар жасайтын құм, кірпіш шикізаты, отқа төзімді саз, минералдық бояу, құм, қиыршықтас, т.б. кездеседі. ## Климаты Климаты континенттік. Қысы суық, ызғарлы. Қаңтардың жылдық орташа температурасы –17 — 18°С, қардың орташа қалыңдығы 20 см. Жазы ыстық, құрғақ. Шілденің орташа температурасы 20°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 — 300 мм. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Негізінен қара және қызғылт қоңыр топырақты. Аудан аумағының көп жері тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жыртылған. Өсімдіктен бөрте жусан, ақ төскейшөп, бидайық, далалық сәлбен, шалғындық атқонақ пен түлкіқұйрық, селеу, бетеге, көде, өзен бойында қайың, көктерек, қарағай, терек, шегіршін, тал, шілік, т.б. бұталар өседі. Құстардан: дала бүркіті, ұзақ, сауысқан, дала бозторғайы, сары және ақ шақшақай, көкек, шалғын және дала құладыны, барылдауық үйрек, шүрегей, қамыс сұлыкеші, т.б. мекендейді, сүт қо-ректілерден: дала суыры, кіші сарышұнақ, қосаяқ, дала тоқалтісі, қасқыр, борсық, түлкі, қоян, ондатра, күзен кездеседі. ## Халқы Тұрғындар саны 76891 адам (2019).Халқы көп ұлтты: қазақтар (79,32%), орыстар (11,42%), немістер (1,93%), украиндар (1,80%), беларустар (1,00%), татарлар (1,31%), поляктар (0,48%), басқалары (2,75,00%) Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 5,0 адамнан келеді. ## Әкімшілік бөлінісі Аудан аумағындағы 48 елді мекен 5 ауылдық әкімдік пен 16 ауылдық округке біріктірілген: ## Өнеркәсiп Ауданның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы 2006 жылы 2650,8 млн. теңгенің өнімін шығарды. Өнеркәсіп орындарынан “Цефар” АҚ-ның (1992 жылдан) фарфор зауыты (Фарфоровое а.) жұмыс істейді. Ол 2005 жылы 8,4 мың т фарфордан жасалған асхана және ас үй ыдыстарын шығарды. Бұдан басқа “АРЭК” АҚ мен “АРЭК — энергосбыт” ЖШС-і халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен 55 шағын кәсіпорын, 273 шаруа қожалығы, 11,4 мың жеке шаруашылықтар шұғылданады (2005). Олардың ішінде 2 ААҚ, 17 ЖШС, 1 ӨК, 1 АҚ, 1 мемл. кәсіпорын, 1 ұжымдық серіктестік, т.б. бар. Осылардың қарамағында 7 шұжық цехы, 3 шағын диірмен, 3 макарон цехы, 2 сүт өңдейтін блок, 1 май сығатын цех, 3 наубайхана, т.б. жұмыс істейді. Аудан аумағында ауыл шаруашылығына жарамды жер аумағы 834,5 мың га, оның ішінде жыртылған жер 411,6 мың га, шабындығы 33,1 мың га, жайылымы 325,4 мың га, орманы 400 га. 247,8 мың га егістік жердің 229,8 мың гасына дәнді дақылдар егілген; малазықтық дақылдар 16,6 мың га жерге егілді (2006). 2007 жылдың басында ауданда 33,0 мың мүйізді ірі қара, 24,3 мың қой мен ешкі, 7,9 мың жылқы, 7,6 мың шошқа, 515,5 мың құс болды. Олардан 10,0 мың т ет (тірі салмағы), 41,9 мың т сүт, 55,3 млн. жұмыртқа өндірілді.Ауданда 2006 ж. басында 1 балабақша, 26 орта, 14 орталау, 10 бастауыш мектеп, кәсіптік-техн. мектеп, 1 жоғары оқу орнының бөлімшесі, 1 музыка, 1 спорт мектебі, 62 клуб, 68 кітапхана, 15 отбасылық-дәрігерлік емхана, 31 фельдш.-акушерлік пункт болды. Автомобиль жолы жақсы дамыған, олар Астана, Көкшетау, т.б. елді мекендермен байланыстырады. Аудан аумағы арқылы Астана — Қараталды (Қарталы), Қарағанды — Петропавловск, Астана — Павлодар темір жол өтеді. ## Дереккөздер
Байқоңыр — Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объектілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан, олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржол аркылы байланысқан. Байқоңырдың негізгі объектілеріне: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері (олардың әрқайсысы жалпы техника және арнаулы технология кұрал-жабдықтары бар ірі құрылыстар), ғарыш алаңына әр түрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б.; көмекші және қызмет көрсету объектілеріне: отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін заттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б. жатады. Байқоңырда ракета тасығыштың (РТ) әрбір түріне сәйкес бір не бірнеше техникалық тұғырлар және олардың әрқайсысына арналып бір не бірнеше старттық кешендер салынған. Байқоңыр қаласы қалану барысын Ресейден келген техникалық инженер Г.М. Шубников басқарған болатын. Сондықтан Г.М. Шубников Байкоңыр қаласының "әкесі" атанып кеткен дейді. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында Г.М. Шубников есімі берілген көше және ескерткіштер бар. Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр.1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол - дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарды. Байқоңыр әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым. Байқоңырдан 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Алексеевич Гагарин "Восток" ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, "Восток", "Восход", "Союз", "Прогресс" ғарыш кемелері, "Салют", "Мир" орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған "Протон", "Зонд", "Прогноз", байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған "Молния", "Экран", "Горизонт", "Радуга", "Метеор", т.б. ЖЖС-тері ұшырылды. Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар РТ-лар да Байқоңырдан аттандырылды.1991 ж. 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіров "Союз Т-13" ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Т.А. Мұсабаев ғарышта 3 рет (1994, 1998, 2001) болды.Байқоңыр ғарыш алаңын салуға әр жылдары түрлі мамандықтағы көптеген қазақстандықтар қатысты. Олардың арасында Байқоңыр ғарыш алаңының қызметкерлері Қ. Тоқмұхамедов, Б. Межіғұлов, Т. Уәшев, К.Әбілғазин, полковник Ә. Исмаилов, М. Құлымгереев, Қ. Нұрмағамбетов, С. Мұхаметқалиев, Б. Ешімов, Қ. Нұрмұқанов, Р. Құлмырзаев, М. Мұқанов, т.б. болды.Қазақстан азаматы, ұшқыш-сынақшы, майор М.З. Рафиков алғашқы ғарышкерлер тобында Ю.А. Гагаринмен бірге дайындықтан өтті.Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 ж. Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 ж. Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Байқоңыр кешенін пайдаланудың экологиялық зардаптары байқалды. Байқоңыр кешенінен Қазақстан Республикасы аумағына жылына 30 — 35 мың т. улы заттар таралады. Ракеталардан түскен қалдықтар Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына зиян келтіруде. ## Дереккөздер
Катонқарағай ауданы — Шығыс Қазақстан облысының шығысында орналасқан әкімшілік бірлік. Орталығы — Катонқарағай ауылы. ## Географиялық орны Аудан батысында Алтай, Үлкен Нарын, оңтүстігінде Күршім ауданы, Марқакөл аудандарымен, солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстік-шығысында Қытай Халық Республикасымен шектеседі. ## Халқы Тұрғындары 23 141 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 80,23%, орыстар – 18,39%, басқа ұлт өкілдері – 1,37%. ## Әкімшілік бөлінісі 27 елді мекен 7 ауылдық округке біріктірілген: ## Этимологиясы Бұл атаудың түптөркіні жайлы жазушы Қ.Ысқақов былай жазады:"Бұл елді мекеннің тарихи аты - "Қатынқарағай". "Қатонқарағай" - кеңес дәуірінде бұрмаланып аталған атау. Ол жерде алқа қотан қарағай болған. Ар жақтан мал әкелгендер сол жерде мал тапсырған. Содан "Қотан", "Қотанқарағай" атанған. Алтай мен екі шекарадағы жер, елді мекен аты. Алтай тауынан Ақбұлақ деген үлкен өзен ағады да, ол екіге бөлініп, "Қотан" және "Бұқтырма" деп аталады. Бұқтырма Бедел, Шыңғыстай елді мекендерінің тұсынан ағады, Қотанқарағайды жанап өтеді". Таулы Алтайдағы биіктігі 4506 м Мұзтау жотасынан басын алатын Қатун өзені Таулы Алтайға құлай ағып, Обь жазығындағы Би өзеніне қосылады. Оған "Қатун" "Чуймен" байланысты ағыны қатты көптеген өзендер келіп құяды. Қатун өзенінің жалпы ұзындығы - 680 км. Осыдан барып, ағыны қатты, тасқынды, адуынды өзенді де "Қатын"("қадын") атағаны байқалады. Алтай тауының терістігінде Қатун (Қадын) өзені ақса, оның бергі бетінде қалың қарағай өскен. Сонда бұл атау "Қатун өзені жағындағы қарағай" деген мәнде қойылғаны байқалады. Таулы Алтай тұрғындары қадын - "патша әйел, ханша, қатын, өзен патшасы" деген мағынаға ие деп түсіндіреді. ## Әкімдері * Серік Зайнулдин (2007-2010) * Арман Бекбосынов (2010-2013) * Дәурен Тілеубаев (2013-2014) * Қалиқан Байғонысов (2014-2016) * Ахметқали Нұрғожин (2016-2019) * Ренат Құрмамбаев (2019-2021) * Ділдар Қалиқан (2021-2024) ## Тарихы Катонқарағай ауданы 1928 жылы 1 тамызда құрылған, бір жылдан кейін 1929 жылы 20 қыркүйекте Шыңғыстау ауданы Катонқарағай ауданының құрамына енді. 1932 жылы Катонқарағай ауданы Шығыс-Қазақстан облысының құрамына кірді. 1935 жылы Катонқарағай және Зырян аудандарының құрамынан Большенарым және Бұхтарма аудандары бөлініп шықты. 1954 жылы аудан көлемі Алтай өлкесі Таулы-Алтай автономдық облысы Усть-Коксинский ауданы «Жоғарыкатон» совхозының қосылуы есебінен кеңейді. 1963 жылғы 1 қаңтарда Катонқарағай ауданы Большенарым ауданымен біріктіріліп, аудан орталығы болып Большенарым ауылы анықталды. 1970 жылы 4 желтоқсанда Катонқарағай ауданы орталығы Катонқарағай ауылы болып қайтадан құрылды. 1997 жылы 23 наурызда Большенарым ауданы жойылып, Катонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Большенарым ауылына көшірілді. 2023 жылғы 28 желтоқсандағы ҚР Президентінің №424 Жарлығымен бұрынғы Большенарым ауданының аумағында Үлкен Нарын ауданы құрылуына байланысты Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілді. ## Климаты Катонқарағай ауданы агроклиматтық жағдайы бойынша таулы және қатты-континенттік ауа-райлы альпілік аймақта орналасқан, қатты ұзаққа созылатын қысымен, ыстық және баяу өтетін жазы мен күзі арқылы сипатталады. Аудан аумағы анық төрт климаттық аймаққа бөлінеді:Биік тау аймағы (тундра-шалғынды)Таулы-орманды, артық ылғалдыТаулы, ылғалды орманды далаТаулы – далалы. Биік таулы және таулы-орманды аймақтың ауа-райы өте ылғалды, қоңырсалқын суық, кей жерлерде өте суық. Аймақтың солтүстік жартысында бір жылда 550-560 мм ылғал түседі. Шілделік ылғалдың ызғары әсіресе анық сезіледі. Желдің орташа айлық жылдамдығы бір жыл ішінде 1,7 м/сек құрайды. Қатты желді күндер саны жылына 7 күнді, ал шаңды боран -10 күнді құрайды. Өсімдік жамылғысы өз таралымында, ауа райы мен жер жамылғысы тәрізді вертикалды аймаққа бағынады. Биік таулы тундралық аймақтарда жасыл қыналар, тал-шілік, бұталар басым. Биік таулы шалғынды аймақ дәнді өсімдіктер, сан алуан шөп түрлерінің басымдығымен ерекшеленеді. Альпі белдеуінде өсетін өсімдіктер жерге жақын, аймақта тақыр жерлер көбірек, ал субальпілік белдеуде өсетін өсімдіктер неғұрлым жиірек және биік болып өседі. Биік таулы альпі шалғындары Оңтүстік Алтай мен бір бөлігі орталыққа кіретін, атмосферасы ылғалмен жақсы ылғалданатын аймақтарда орналасқан. Таулы-тайга және шалғынды - тайга аймақтары өсімдік жамылғысында қою қылқан жапырақты және ашық қылқан жапырақты тайга ормандарының басымдығымен ерекшеленеді. Орман арасындағы ашық жерлерде жылы және құрғақ ауа райына өсіп үйренген шөптер және қыналы шөптер, әр түрлі дәнді өсімдіктер, шөптер, бұталар және сирек орман таралған. Таулы тайга ормандарында шөптің орташа биіктігі 120-150 см болса, қалыңдығы 80 100 % құрайды. Ірі шөптердің үлесі басым болғандықтан, шөптердің азықтық құндылығы төмен, мал жөнді жемейді және улы деуге де болады. Таулы және орманды-шалғын-дала аймағы тайга ормандарынан қырға ауысады. Ол өсімдік жамылғысында ормандар, орман шалғындары, дала шалғындары мен шалғындық-дала бұталық -шөп тоғайлары өседі. Бұл аймақтағы ормандар ұсақ жапырақты, көк теректі және ақ қайыңды болып келеді. Оңтүстікте, батыста, аздап шығыста, әсіресе тік тау баурайларында –шалғындар, шалғынды далалар, тал шілік тоғайлары секілді ашық ландшафтылар салтанат құрған. Орманды далалы және орманды-шалғын-дала (Нарым және Бұхтарма өзендері бассейні) белдеуінің төменгі бөлігінде негізінен қайыңды-бал қарағайлы және бұталы-шөпті ормандар орын алған. Ашық алаңқайларда және орман алаңдарында бұрынғыдай сансыз көп орман бұталары ( кәдімгі мойыл, орта таволга, тікенді және қылқанды итмұрын, татар бөріжидегі және т.б.) және әр түрлі орманды шалғын шөптері өседі. Аумақтың оңтүстік-шығыс бөлігінде шөпті –бұталы- қарағайлы ормандар таралған, онда қарағайлы орманның бір бөлігі аралас, кей жерлерде тұтас шөпті-бұталы тоғайлар. Таулы және далалы аймақтардың өсімдік жамылғысын дала дәнді өсімдіктері, даланың әр түрлі шөптері құрайды. Большенарымның тау арасындағы алқабында, оның шығыс (жоғары) бөлігінде әр түрлі шөпті- бетегелі, ал батыста (төмен) – бетегелі құрғақ далалар жатыр. Аудан аумағының топырақ жамылғысы әр түрлі және негізінен жердің бет-бедеріне тәуелді. Тау жамылғылары 30 %-ға дейін тамырлы жыныстар арқылы шыққан таулы-тундралы, 50 %-ке дейін альпілік және субальпілік таулы- орманды, 30 %-ға дейін кәдімгі таулы қара топырақты болып келеді. Бұл жамылғылар жоғары таулы рельефі жағдайында 2500-2800 м-ден жоғары биіктікте қалыптасқан. Тау жамылғылары жазғы отардағы жайылым ретінде, мал күтуге қысқа мерзімге пайдаланылады. ## Гидрологиясы Ауданның гидрографикалық желісі сансыз көлдер, өзендер, бұлақтардан тұрады. Аудан аумағының солтүстік шекарасынан ағып өтетін Бұхтарма өзені - ең ірі су ағымы болып табылады. Ауданды шығыстан батысқа қарай қиып өтетін Нарым өзені – екінші ірі су ағымы. Көптеген бұлақтар басын таудан алып, үлкен жылдамдықпен ағысы 1-2 м/сек ағады. Дария тау мінезді. Судың сапасы жақсы, тұрмыста және ауыл шаруашылығында қолдануға жарамды. Жер асты суларының қуаттылығы 60-80 м-ден аспайды. Судың тереңдігі 80 см-ге дейін болады. Жер асты сулары алқаптарда бастау түрінде кездеседі. Тау жағдайында жер асты сулары 30-60 м тереңдікте жатады. Тау арасындағы ойпаттарда, аңғарларда жер асты сулары 0-6 м тереңдікте кездесіп қалады. Ауыл шаруашылығы мақсатына жерлерді бөлу, бұрынғы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының кадастр шекараларында, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге әсер ететін, табиғат факторлары кешені бойынша аудан аумағын салыстырмалы бағалау негізінде жүргізілді, атап айтқанда:аумақтың аудан және облыс орталығына, өнім сату базарына, жабдықтау қорына, техникалық қызмет көрсету орталығына қатысты орны;ауыл шаруашылық құрылымы;азықтың сапалы болуы, жайылымдардың орнықтылығы;аумақтың бет-бедері. Аумақтың қолайлылық деңгейіне оңды ықпал ететін факторлар:транспорттық желілермен жақсы қамтамасыз етілу;өнімді сату- базарлары, жабдықтау қорлары, техникалық қызмет көрсету орталықтарының жақындығы. Кері ықпал ететін факторлар :жердің сату базарларынан, жабдықтау қорларынан алыста орналасуы;аумақтың транспорт желілерімен аз қамтылуы, жолдың нашар жағдайы. Жайылымдар көбінесе тасты аймақтарда, таудың биік құламасында орналасқан. Жайылымдық жерлердің ортақ ауданы 108,0 мың гек.-16 %, 200-245,6 -ға дейін -36,8 %, 200-313,4 -тен жоғары 47 %-ды құрайды. Аудан аумағының ауданы облыстың ортақ ауданының 4,7 %-ын құрайды. Ауыл шаруашылығында жайылым жерлер 81%, егістік жерлер 11% орын алады. Аудан аумағы 13167 кв. км (1319075 га). Аудан тұрғындарының саны 01.01.05 жылы 41000 адамды құрады, басым бөлігі- қазақтар (87 %), орыстар, татарлар, немістер және басқа ұлт өкілдері.Аудан – ауыл шаруашылықты. Ауданда мың екі жүзден астам шаруашылықпен айналысатын субъектілер бар. Олар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Егістік ауданы 60818, 5 га жер, соның ішінде: 23613 га- дәнді дақылдар. Ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өндіру 2004 жылы-134 млн 366 мың тенгені құраса, өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі- 2 млрд 768, 6 млн. тенгені құрады. Марал және ара шаруашылығы дамуда. Барлық шаруашылық категорияларында мал басы саны өсуде. Аудан аумағында «Большенарымдық лесхоз» Катонқарағайлық ГНПП жұмыс істейді. Ауданда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін:16- диірмен21- шағын наубайхана2- макарон өнімдерін шығаратын желілер21- бөлшектеуіштер1- сливочный май өндіретін цех1- пантокрин цехы1-КРС соғым цехы Жұмыс істейді:198- дүкен16- қоғамдық тамақтану мекемесі15-АЗС13- қызмет көрсету мекемесі Өз заманында ауданда Шыңғыстау болысының болысы Әбдікерім Ережепов тұрып, қызмет атқарған. Дамыған көзқарас адамы 20 ғасырдың басында ақ, Шыңғыстаулық екі сыныпты қазақ-орыс мектебінің негізін қалады. Көптеген танымал катонқарағайлықтар, өз кезеңінде осы мектепте дәріс алған. Солардың арасында, қолбасшы генерал-лейтенант И.Д. Копылов, Ленин орденінің иегері, танымал ұстаз-ағартушы С. Түкебаев, КСРО Халық мұғалімі Қ. Нұрғалиев, Социалистік еңбек ері Б. Кітапбаев және тағы басқалар. Аудан өз жерлестері, Совет Одағының Батырларын мақтан тұтады: И.В. Топорков, А.Г. Огнев, В.Р. Спиридов, В.Ф. Величко, В.А. Шулятиков, Т.М. Клименко, үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері А. Құсметов. Социалистік еңбек ерлері С.К. Слабодчиков, А.Е. Сычук қоғамдық өмірге ат салысуда.Ең үздік 12 катонқарағайлықтарға «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» деген жоғары атақ берілді. Олар: О. Бөкей, К. Искаков, Б. Кітапбаев, К. Кулженов, К. Баекин, А.Е. Сычук, С.К. Слабодчиков, Н. Кубинов, Ф. Тумарбаев, К. Базарбаев, Е. Ретивых және басқалар. Жерлес-жазушылар: О. Бөкей атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары К. Искаков, Д. Ашимханов, А. Асқаров, танымал журналистер – К. Назырбаев, Ермұхан Абдрахманов, М. Алипинова өз заманында аудандық және облыстық газеттерде еңбек еткен. Көптеген Катонқарағайдан шыққан -ғалымдар еліміздің әр түрлі ЖОО-да еңбек етуде. ## Тағы қараңыз * Аустрия жолы ## Дереккөздер