text
stringlengths
3
252k
Допшагүл тұқымдасы (Globularіsceae) – көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда қорымтасты беткейлер мен далалы жерлерде өседі. Допшагүл тұқымдасының 1 туысы – допшагүл бар. ## Дереккөздер
Долматов құламалары – табиғаттың палеонтологиялық ескерткіші. Солтүстік Қазақстан облысыҚызылжар ауданында, Есіл өзені аңғарының тік жарлы беткейінде орналасқан. Биіктігі 25 – 50 м. Есіл – Ертіс өзендері аралығын құрайтын палеоген-неоген жасындағы түпкі континенттік ашық жыныстары аршылған. Түбі аршылған тау жыныстарының бірі Новопавловка аулынан солтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. Мұндағы тік беткейдің жоғары бөлігі миоцен жасындағы жасыл сұр саз балшықтан түзілген. Құлама сайдың орта тұсы жұқа тасты қабаттан түзілген. Саз балшықтың жазық беткейінен детрит-сағы, жануарлар мен өсімдіктер қалдықтарынан тұратын түйіршіктер, Торғай қабатының жылу сүйгіш, жалпақ және қылқан жапырақты флорасының ізін көруге болады. ## Дереккөздер
Доссор мұнай кен орны — Атырау облысының Мақат ауданында, Атырау қаласынан шығысқа қарай 90 км жерде орналасқан. Қазақстанда ашылған ең алғашқы өндірістік маңызы бар мұнай кені. ## Тарихы Доссор мұнай кені 1860 –1887 жылы орыс геологтары Н.А.Северцев, Д.В. Кирпичников, М.М. Новаковский барлап, картаға түсірген. Мұнай 1911 жылы сәуір айынын 29-шы жұлдызында 250 м тереңдіктен юра қабатынан мұнай фантаны атқылаған. 1911–17 жылы аралығында Доссор мұнай кенінде 11 мұнай фонтандық ұңғысы болды. Ең үлкен фонтан тәулігіне 525 т мұнай беріп отырды. Сол жылы жалпы шығымы 15700 тонналық 1 ұңғы, 1912 жылы шығымы 16657 т 6 ұңғы, 1913 жылы шығымы 117640 т 16 ұңғы болды. Бұл жылдары негізгі өндірістік алаңы Шығыс Доссорда болатын. Кейіннен (1930 –1940) тұз күмбезді көтерілімнің мұнайлы құрылымы зерттеліп дайындалды. Мұнда 1938 жылы 185-телім ашылып, 1939 жылы өндіріске қосылды. 1941 жылы Солтүстік Доссор мұнай кені ашылып, 1945 жылы пайдалануға берілді. 1944–45 жылдары Оңтүстік-батыс Доссор мұнай]кені құрылымы барлауға дайындалып, іздестіру-бұрғылау нәтижесінде тек 1978 –1982 жылдары ғана нақтыланды. ## Геологиялық сипаты Кен орны тұз күмбезінің үстіндегі юра кезеңінің шөгінділерінде қалыптасқан. 30-300 м тереңдікте 6 мұнайлы қабат ашылған. Бұл қабаттардың қалыңдығы 2,4-26,7 м аралығында, ашық кеуектілігі 24-30,9%, өткізгіштігі 0,128 – 4,76 мкм2, ұңғыманың бастапқы өнімділігі 1,7 – 132,6 м2/тәулік, қабат қысымы 14,4-3,6 МПа, температурасы 19-27°С. ## Тығыздығы, құрамы Мұнайдың тығыздыздығы 0,84 – 0,88 г/см3, құрамындағы күкірті (0,2 – 0,22%), шайыры (7%), парафині (0,2 – 2,07%) аз. Ілеспе газ, негізінен, метаннан (77,1 – 93,8%), этаннан (7,17%) және пропаннан (0,4 – 5,1%) тұрады.
Досайқопа – Тобыл өзенінің алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қамысты ауданы Қамысты ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 256,5 м биіктікте орналасқан. Аумағы 8,90 км2, ұзындығы 4,1 км, енді жері 3 км, жағалауының ұзындығы 11,5 км. Жағалауы жайпақ, түбі тегіс, лайлы келген. Негізінен қар және жауын-шашын суларымен толысады. Қараша айында суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Көлдің жағалауында қамыс, құрақ, т.б. өсімдіктер өседі. Суы тұзды. Досайқопа көлінің жанында Көбенқопа, Оразқопа, Қояндықопа көлдері бар. ## Дереккөздер
Достық каналы – Өзбекстанның Сырдария облысы мен Түркістан облысы Мақтаарал және Жетісай аудандары жерімен ағып өтеді. Республикадағы маңызды су құрылыстарының бірі. Мырзашөл өңірін игеру мақсатында Сырдария өзенінің су қорына негізделіп салынған. ## Тарихы 1901 жылы «Солтүстік» канал құрылысы басталып, 1913 жылы қазан айында канал бойымен су жіберілді. 1914 жылы «Романов» каналы болып өзгертіліп, 84 км-ге ұзарды. 1926 жылы Орта Азия ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің съезінде «Мырзашөлді игеру бағдарламасы» қабылданып, Қазақстандағы 326 мың га жерін суландырып, мақта алабын ұлғайту жедел қарқынмен жүрді. Канал көптеген ұзақ тармақтарға бөлініп, бойында мақта ұжымшарлары ұйымдастырылды. 1938 жылы канал С.М. Киров атындағы магистральды канал деп аталды. 1943 жылы батыс, 1949 жылы солтүстік, 1956 жылы орталық су жүйелері іске қосылды. 1959 – 1961 жыл|1961 жж К-34 Қызылқұм, К-25 Арнасай тармақтары толығымен салынып бітті. Каналдың іске қосылуы Мырзашөл өңірін ең ірі мақта өсіретін ауданға айналдырды. ## Бастауы, сипаты Өзбекстан жеріндегі Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы Бекабат қаласының маңындағы Фархад ЖЭС-ы тұсынан басталады. Каналдың ұзындығы 113 км. Оның 49-ы Қазақстанның территориясынан өтеді. Канал 216 мың га жерді суландырады. Оның 136 мың га Қазақстанда. ## Дереккөздер
Дөңгелек бөгені — Жайық алабындағы бөген. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы жерінде орналасқан. Көшім өзенінің су қорына негізделіп, егістік суғару және жайылым суландыру үшін 1967 жылы салынған. Жайық-Көшім суғару жүйесінің құрамына кіреді. ## Гидрологиялық сипаты Үйінді бөгетінің ұзындығы 640 м, ені 10 м, орташа биіктігі 5 м. Бөгеннің ауданы 31,43 км², ұзындығы 6,54 км, ені 2,5 км, ең терең жері 6,2 м, суының көлемі 57,4 млн. м³, пайдаланылатын көлемі 51,4 млн. м³. Бөгеннен Фурманов және Тайпақ каналдары, Фурманов ауыз су құбыры басталады. Жаңақала, Ақжайық, Казталов аудандарының жайылымын суландырады, қалған суын іргесіндегі Жамбыл, Бітік, Бұлан, т.б. елді мекендері пайдаланады. ## Дереккөздер
Дөңмаңдай (лат. Hypophthalmichthys) – тұқы тұқымдасына жататын балық. Қиыр Шығыстағы Амур өзені алабында таралған. 1950 – 60 жылдары тоғанда өсіру үшін Қазақстанда жерсіндірілген. Қазір екі түрі – кәдімгі дөңмаңдай (Hypophthalmichthys molіtrіx) және шұбар дөңмаңдай (Hypophthalmichthys nobіlіs) бар. Олар Арал, Каспий теңіздерінде, Балқаш көлінде, Ертіс, Тобыл, Есіл, Шу, Сарысу өзендерінде тіршілік етеді. Олардың сыртқы пішіндері ұқсас, денелері екі бүйірінен қысыңқы, құрсағы қырлы, басы үлкен. Маңдайы дөңес келеді, аты осыдан шыққан. Шұбар Дөңмаңдайдың түсі қоңырлау әрі дақтары болады. Дене тұрқы 1,2 м-дей, салмағы 40 кг-нан асады. Жыныстық жағынан 5 – 7 жасында жетіледі. Мамыр – маусым айларында 4 млн-ға жуық уылдырығын түбі құмайт не тасты, ағынды су ішіне шашады. Дөңмаңдайдың шабақтары балдырлармен және ұсақ су жәндіктерімен қоректенеді. Дөңмаңдайдың кәсіптік маңызы бар. ## Дереккөздер
Домбыралытау – Ұзынтау тауының оңтүстік-батысында 9 км жердегі төбе. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Сарысу ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 380 м. Төбе солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 3,5 км-ге созылып жатыр. Енді жері 1,5 км. Солтүстік-батысында тау жыныстары жер бетіне шығып жатса, оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігі сай-жыралармен тілімденген. ## Өсімдігі Сұрғылт қоңыр топырағында баялыш, тұран жусаны, сұр жусан шөптесіндері өседі. ## Дереккөздер
‎ Доланқара – Құлжабасы тауының солтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Алматы облысы Жамбыл ауданында. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1166 м. Оңтүстік-шығыс беткейі тіктеу келген. Тау солтүстік-батысқа қарай Батпаққайнар төбесімен, т.б. шоқылармен ұласады. Оңтүстігінде шамамен 18 км жерде Отар-Алматы темір жол бойы орналасқан. Шығысында аласа келген Қолаңбас тауы мен құдығы бар. ## Өсімдігі Қоңыр және сұр топырағында жусан басым, астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Дуана – Дегелең тауының оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Жаңасемей ауданы аумағында. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 727 м. Тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Солтүстік бөлігі тіктеу келген, солтүстік-шығыс бөлігі ұсақ шоқылар мен таулар арқылы Мыржық жотасына ұласады. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында жусан, боз, селеу, бұталар, астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Батысынан ағатын Қарасу, Ащысу өзендерінің бойы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Дөңбет , цимболена (Сymbolaena) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньның тасты, тастақты беткейлерінде өсетін 1 түрі – ұзынжапырақты Д. (С. longіfolіa) бар. Биікт. 1 – 15 (20) см. Сабақтары жеке, жатаған, жоғ. жағы бұтақты, сыртын қалың түк басқан. Жапырақтары ұзын, түкті. Күлтелері жіпше тәрізді. Аналық мойны күлте түтікшелеріне тең, екі бөлікті. Жатыны домалақ. Орт. бөлігіндегі гүлдері қос жынысты, ақ, қызғылт түсті. Гүлсебеттері 5 – 12 гүлден домалақ шоғыр құрайды. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, мамыр – шілдеде жемістенеді. Тұқымы ұсақ. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Дулығалы Жыланшық – Ұлы Жыланшық өзенінің сол саласы. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 108 км, су жиналатын алабы 3,1 мың км2. ## Бастауы Ұлытаудың оңтүстігіндегі Құсмұрын, Үшқырлытау және Ақтас тауларының батыс беткейлерінен басталып, Бірәлі қыстауы тұсында Ұлы Жыланшық өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Қар және жер асты суларымен толығады. Арнасы енсіз, өзенді бойлай тал, т.б. бұталар өседі, жағасы жарлы келеді. Жаз айларында суы иірімдерге бөлініп қалады. Қараша – наурыз айлары аралығында суы қатады. Мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Дүйсебай – Түркістан облысы Отырар ауданындағы Төртқұдық Нұрасы тауының солт.-шығысындағы құдық. Тереңд. 9 м, су шығымы 800 л/сағ. Қызылқұмның шығыс бөлігінде орналасқан. Солт.-батысында 7 км жерде Босаға қыстауы мен құдығы, батысында Божменбай, Алтынқұлаш, оңт-нде Ортақұдық, Ошақбай, шығысында Қосымбет құдықтары бар. Жанынан Босаға – Ақдала қара жолы өтеді. Тізбекті төбешікті құмында ақ сексеуіл, еркек шөп, жусан, теріскен, жүзгін өседі. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Дүйсекеқойтас – Ханшыңғыс тауының солтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы жерінде орналасқан. Ащысу өзенінің аңғарында. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 519 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 13 км-ге созылып жатыр. Енді жері 6 км. Таудың жанында Қайрақты, Ордатас, Ақтөбе таулары орналасқан. Беткейі көлбеуленіп, қырқалы жазыққа ұласады. ## Геологиялық құрылымы Дүйсекеқойтас тас көмірдің граниті мен гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, тобылғы, қараған, селеу өседі. Баурайы мен беткейі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Дүйсеке – Павлодар облысы Железин ауданындағы ауыл. * Дүйсеке – Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауыл. Тау: Дүйсеке – Амантаудың солтүстік сілеміндегі тау.
Дүйсенбай – Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Мұзбел жонының солтүстігіндегі құдық. Тереңдігі 30 м, су шығымы 180 л/сағ. Құдықтың оңтүстік-шығысында Қарабауыр жоны, батысында Батыс Үстірт кемері орналасқан. Солтүстік тегіс жазық келген. Оңтүстігінде Қоңыр, Айтман құдықтары бар. Тақыр және сортаңды қоңыр топырағында тасбұйырғын, бұйырғын, жусан, баялыш, күйреуік, сораң өседі. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Дөң хромит кендерінің тобы - Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан. Қоры бойынша дүние жүзіндегі ең ірі хромит кендерінің бірі. 1936 жылы ашылған, қазіргі кезге дейін игеріліп келеді. ## Геологиялық құрылымы Дөң хромит кендерінің тобында 80-ге жуық кен орындары мен кен көздері барланған. Олар екі субмеридиандық белдем құрайды. Бұл белдемдер Кемпірсай базит-ультрабазит массивінің оңтүстік бөлігінде тереңде тоғысып, бірыңғай кентасты-магмалық жүйе түзеді. ## Сипаты Массив жыныстары құрамына қарай габбро-пироксенит-дунит формациясына жатады, мұнда ультрабазиттер (дунит, гарцбургит, верлит, пироксенит) массивтің ядросы, ал габброидтар жоғары және ядроаралық бөлігін құрайды. Пішіні линза, желі, ұя тәрізді болып келетін дунит серпентиниттері мен гарцбургиттердегі кен денелерінің ұзындығы ондаған м-ден 1500 м-ге дейін, қалыңдығы бірнеше м-ден 150 м-ге дейін, ал тереңдігі 1400 м-ге жетеді. ## Минералдары Кен түзуші негізгі минералдары: магно-хромит типті хромшпинелид, серпентин және оливин. Кентастың сапасы өте жоғары: Cr2O3– 52 – 60%, тұтас кентастарда 64,5%-ға дейін, сеппелі жыныстарда 45 – 52%-ға дейін. Хроммен қоса Tі, Mn, Nі, Co, Cu, V сияқты ілеспе элементтер де кездеседі. Кен орны, негізінен, ашық әдіспен өндіріледі. ## Дереккөздер
Дөңгелексор – Қызылорда облысы Арал ауданы. Арал қ-ның солт-нде 45 км жердегі қыстау. Жанында Жаңаталап, Жантақты және басқа көптеген қыстаулар, Аймандай, №272-арт. құдықтары бар. Тізбекті төбешікті құмында сексеуіл, баялыш, күйреуік, жусан өседі. Қыстау мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Дүре жайылмасы – Каспий маңы ойпатының солтүстігінде, Жайықтың оң саласы – Көшім өзенінің жағалауында, Шежін (Шыжың) жайылмасының шығысында орналасқан шалғынды жазық. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы жерінде. ## Жер бедері Жайылманың орта бөлігінің абсолюттiк биіктігі 14 м. Ұзындығы 60 км, ені 25 км. Пішіні өте тегіс, жазық келген. Жер бедерінің ойысты жерлерінде көлтабандар, көлшіктер мен бидайықтар кездеседі. ## Өсімдігі Топырағы қызғылт қоңыр және сортаң келген. Шалғынды-далалық және астық тұқымдас жусан аралас әр түрлі шөптесін өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Дубовка қыштық саз кен орны - Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында орналасқан. 1981-1982 жылдары барланған. ## Геологиялық құрылымы Ортаңғы юраның күмісқұдық шоғыры мен созылмалы, бірқалыпты созылмалы өнімді қабаттар қоңыр көмір мен қоңыр темір кентасты конкрециялары бар алевролитті қатпарлардан тұрады. ## Жатыс сипаты Өнімді қабаттың қалыңдығы 4,7-28,0, аршылатын беткі қабатының қалыңдығы 2,3 м. Саз керамик. қасиеттері жағынан біртекті, шашырандылығы орташа және төмен, балқуы қиын, кептіргенде өзгеріске ұшырамайды. ## Дереккөздер
Ебі желі — Жоңғар Алатауының оңтүстік шығысында Қытайда орналасқан Эбі -Нұр көлі қазаңшұңқырында, жоғарғы қысым пайда болғанда соғады. Мұндай антициклонда шығыс желі тұрады да, Қазақстан аумағындағы Алакөл көліне қарай соғады. Осы кезде төменгі қысым аймағы пайда болады. Жоңғар қақпасы - ені тар тектоникалық жарық, ені 20 км-ден 40 км болатын, ең тар жері - 10 км шамасында. Ауа тау жоталарының арасымен қысылып, үйкеліске ұшырап өтеді, жылдамдығы секундына 60-80 м-ге жетеді. Қыс кезінде қысылып өткен ауаның температурасы қоршаған ортасынан 8-10 C жоғары болады. Сондықтан ол жылы желге жатады. Бұл жел жыл ішінде орта есеппен 70-100 күндей соғады. Ебі желін алғаш рет сипаттап жазған қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов. Жоңғар қақпасынан ескен күшті жел Алакөл көлі маңынан балық аулауды қиындатады, жол қатынасына, басқа да шаруашылыққа зиянын тигізеді.
Ебелектің елу аңғары – Маңғыстау облысы Оңтүстік Үстірттегі Оғыланды тауының шығысындағы аңғар. ## Жер бедері Өзеннің ұзындығы шамамен 30 – 40 км. Үстірт қырына сұғына еніп жатқан бірнеше аңғар Ақса, Қызылсай ауылдарынан басталып, Басқараған құдығына дейін жетеді. Етегіндегі негізгі су көздері: Несібектің Жаңасуы, Қызылсай, Бас Қараған. Қыр үстіне негізінен бұйырғын, ебелек өседі. Қазан айынан бастап қаңбақ болған ебелек желмен ұшып аңғарлар табанына толып, қыста тебіндеген жылқының азығына айналады. Ебелектің елу аңғары деп аталуы осыған байланысты. ## Дереккөздер
Дуақтас – Қызыларай тауларының солтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Солтүстіктен оңтүстікке қарай 20 км-ге созылып жатыр, ені 7 км. Ең биік жері 1207 м. Беткейлері көлбеу, сай-жыра, аңғарлармен тілімденген бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. ## Геологиялық құрылымы Кембрий жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында боз, сұлыбас, бұталар, арша өседі. ## Дереккөздер
‎ Егеуот (Mіnuartіa) – қалампырлар тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы, тастақты тау беткейлерінде, сортаңды топырақты жерлерде өсетін 7 түрі (арктика Е-ы, көктем Е-ы, Крылов Е-ы, қосгүлді Е., Литвинов Е-ы, Мейер Е-ы, Регель Е-ы) бар. Бұлардың сабақтары тік өседі, кейде бұтақты келеді. Жапырақтары жіңішке, жіп тәрізді. Тостағанша жапырақшалары 5, безді, түкті. Күлте желектері де бесеу, бітік немесе ойма, тостағаншасынан қысқа немесе тең болады. Аталығының саны 10, аналық мойны – 3. Сәуірден тамызға дейін гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – домалақ қорапша. Тұқымдары көп болады. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Егеубас (лат. Sclerochloa) – астық тұқымдасына бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Іле Алатауының, Батыс Тянь-Шаньның, Қаратаудың сортаң жерлерінде өсетін бір түрі – қатты егеубас (S. dura) бар. Оның биіктігі 3 – 20 см-дей. Тамыры сүректеніп кеткен. Түбінен тармақталып шығатын сабағы тік, сырты тегіс болады. Қандауыр тәрізді жапырағының ұзындығы 5 см-дей, ені 4 – 5 мм. Гүлі масақ гүлшоғырына топталған. Жасыл масағының қылтанағы егеу сияқты, өсімдіктің аты осыған байланысты аталған. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Егеубастың пішенін қой мен ешкі жейді. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
ЕГЕУШӨП (Myrіophyllum) – көп жылдық су өсімдіктері. Қазақстанда 2 түрі – шоқ Егеушөпі (M. vertіcіllatum), масақты Егеушөп (M. spіcatum) бар. Олар жылғалар мен өзен-көлдердің жағасында, негізінен, тұщы су түбінде, басқа су өсімдіктерімен бірігіп, қалың тоғай болып өседі. Оның ұзындығы 15 – 80 см. Су түбіне жатаған тамыры арқылы бекиді. Ұзын, түтік тәрізді сабағының біраз бөлігі су бетіне шығып тұрады. 4 – 6-дан топталған ирек тісті түкті жапырақтары болады. Ұсақ гүлдері бірігіп, масақ гүлшоғырын құрайды. Желмен, кейде ұсақ жәндіктер арқылы, кейбір түрлері өздігінен де тозаңданады. Қыстап шыққан бүршіктерінен де көбейеді. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, қыркүйекте жеміс береді. Егеушөптердің су астындағы тоғайлары балықтардың уылдырық шашатын қолайлы орны болып табылады. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Егібай – Мыржық жотасының оңтүстік бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Жаңасемей ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 970 м. Түпкі жыныстары жалаңаштанған, жыра-сайлармен тілімденген батыс және шығыс беткейлері жатағандау келеді. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырағында жусан, боз, селеу, қозықұлақ, қылқұрт, бұталар өседі. Шоқыаралық ойыстарында шалғын өседі, бұлақ көп, сортаңдар ұшырасады. ## Дереккөздер
Егінек (лат. Leucanthemum) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шалғынды, бұталы, орманды алқаптарда, егістіктер арасында өсетін 1 түрі – кәдімгі Егінек (L. vulgare) бар. Биіктігі 15 – 80 см, тамыры жіңішке шашақтардан құралады. Сабағы көбінесе дара, тік өседі. Сабақ бойындағы жапырақтары ұзынша, жұмыртқа, ал тамыр түбіндегілері тұтас болады. Гүлсебеттері жеке, сирек 2 – 5, сабақ ұшында дара жетіледі. Аналық мойнының саны 12 – 40, шетінде тілшік гүлдер орналасады. Тілшік гүлдері ақ түсті. Аталық жіпшелерінің жоғары жағы жуандау, аналық мойны екі бөлікті. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, маусым – қыркүйекте жемістенеді. Тұқымы ұзынша сұр түсті, үстінде ақшыл қыртысы бар.ар. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Егізқызыл — Абай облысы Аягөз ауданы, Аягөз қалалық әкімдігі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Аягөз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 11 км-дей жерде. ## Дереккөздер
Егінсу ауылдық округі – Жетісу облысы, Ақсу ауданындағы әкімшілік бірлік. ## Әкімшілік құрамы Құрамына Егінсу ауылы, Құмтөбе темір жол бекеті кіреді. Орталығы – Егінсу ауылы. ## Жер бедері, климаты Егінсу аумағы шөл, шөлейтті болып келеді. Шағыл-шағыл құм арасы құрғақшылыққа төзімді сексеуіл, тораңғы, жиде, шеңгел, жыңғыл сияқты бұтақты ағаштарға бай. Жазық жерлер мен ойдым-ойдым саздауыт ойпаттар еркек шөп, теріскен, ран, көкпек, изен-жусан, көк шалғынды. Көктем айларында қар суы кең жайылып, ояң жерлерде шабындық шөптің қаулап өсуіне жағдай туады. Шөл-шөлейт аймақтың қысы суық, аязды келеді, қар қалың түспейді, жазы ыстық, көктем, күз айларында құм үйірген қара құйын соққанда кейде көз аштырмайды. Солай дегенмен шағыл-шағыл жалаңбас құм төбешіктер қыс айларында ашық жататындықтан мал отарлауға қолайлы. Даласы елік, ақ бөкен, қара құйрық, жабайы шошқа, қоян, сары шұнақ, тағы басқа аңдарға, қырғауыл, шіл, қаз-үйрек сияқты құстарға бай. Сондықтан ел арасында “бұта түбі - бір асым ет” деген мақал қалған. Ертеде бұл жерлерде құлан, жолбарыс болғанын аңыз етеді. Бәрі жойылып біткен. ## Дереккөздер
Еділбай қойы – ет-май өндіру бағытында өсірілетін қылшық жүнді, құйрықты қазақы қой тұқымының бір түрі. 19 ғасырдың аяғында Еділ-Жайық бойынан тараған. Құрғақ және шөлейт аймақтарда өсіруге бейімделген. Түсі бозғылт, қызыл қоңыр, көбінесе қара болады. Дене бітімі мығым, басы үлкен, тұрқы ұзын, жоталы, кеудесі кең, құйрығы үлкен. Қошқарының тірідей салм. 100 – 120 кг (160 кг-ға дейін), саулығы 65 – 75 кг (115 кг-ға дейін), қозысы енесінен айырғанда 40 – 45 кг тартады. Еділбай қойы өсімтал келеді, тез ет алады. Семіз ісектің сойыс салм. 40 – 45 кг, құйрық майы 10 – 12 кг. Ет түсімі 50 – 55%. Жүн түсімі де басқа құйрықты қой тұқымдарынан жоғары, түбіті көбірек, қылшығының ұзындығы 15 см, жіңішке әрі жұмсақ. Қошқарынан 3,5 – 5 кг, саулығынан 2,3 – 2,6 кг, қозысынан 0,6 – 1,0 кг жүн қырқылады. Әр 100 саулықтан 110 – 115 қозы алынады. Еділбай қойы құйрықты қазақы қой тұқымдарын жақсарту үшін пайдаланылады. Көбінесе Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында өсіріледі. ## Дереккөздер
Егіншілік жүйесі – жерді дұрыс пайдалануға, топырақ құнарлылығын қалпына келтіріп, одан әрі арттыруға, сақтауға, егілетін дақылдардан тұрақты мол өнім алуға бағытталған өзара байланысты агротех. мелиоративтік және ұйымдастырушылық шараларының жиынтығы. Егіншілік жүйесіне жер жағдайына, ауа райының ерекшеліктерін еске ала отырып, ауыспалы егіс жүйесін қолдану, дақылды жақсы жерге егу және сапалы тұқым себу, жерді органик., минералдық тыңайтқыштармен тыңайту, суғармалы жерге егілген дақылдарды дер кезінде қандыра суғару, қол еңбегін көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру, арамшөппен, өсімдік зиянкестерімен, ауруларымен күресу, т.б. жатады. Ғылым негізде дұрыс құрылған ауыспалы егіс жүйесі жердің құнарлылығын арттыра түседі, барлық дақылдардың өнімділігін көтеріп, оның сапасын жақсартумен қатар, ауыл шаруашылыгы машиналарын, техникалык, материалдық ресурстарды, қарқынды технологияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дақылдардың құрамына, олардың үлес салмағына қарай ауыспалы егіс жүйесі әр түрлі аталады. Республиканың топырақ-климат жағдайына байланысты Қазақстанда аймақтық Егіншілік жүйесі енгізілуде. Белгілі бір аймақтың ерекшеліктеріне қарай осы жүйенің өзі топырақ қорғау жүйесі, суғармалы жүйе және тау жүйесі, т.б. болып бөлінеді. Топырақ қорғау жүйесі Қазақстанның солтүстік, батыс және орталық аудандарындағы егіс танаптарына енгізілген. Мұнда дәнді дақылдардан кейін пар жыртылады, оған көбіне жаздық дақылдар егіледі. Суғармалы жүйе республиканың оңт.-шығысындағы егіс танаптарына енгізілген. Мұнда арнайы ауыспалы егіс игерілген, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдар алмастырылып отырылады. Тау Егіншілік жүйесін Алматы облысының шаруашылықтары пайдаланады. Мұнда дәнді дақылдардан кейін пар жырту ауыспалы егістігі игерілген. Дәнді дақылдар мен мал азықтық дақылдар егіледі. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Еділсор – Жалтыркөл көлінің шығысында 15 км жердегі қоныс. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында. Теңіз деңгейінен 1 м төмен орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км-ге, енді жері 4,5 км-ге созылып жатыр. Қоныстың біршама бөлігін сор басқан. Солтүстік-шығысынан Қарақұдық каналының тармағы өтеді. Маңында Қарашакөл, Жыра, Өтепбай, т.б. қыстаулар орналасқан. Оңтүстігінен Орталық және Орта Азия газ құбыры өтеді. ## Дереккөздер
Едірей – Сарыарқадағы Арқалық және Мыржық тауларының солтүстіндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы жерінде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 893 м. Ұзындығы 15 км, ені 5 – 10 км. ## Жер бедері Көптеген жақпартасты шоқылар мен қырқалардан тұрады. Беткейлері тік құламалы, жартасты, аз тілімденген. Таудың орталық бөлігінде Қызылшілік қонысы бар. ## Геологиялық құрылымы Пермь мен девонның граниттері мен гранитті сиениттерінен түзілген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр сортаң топырағында бетеге, селеу, сұлыбас, жусан, қараған, тобылғы өседі. Аңғарларында шөпті-айрауықты, шилі-бетегелі шалғындар кездеседі. ## Дереккөздер
Егіндікөл ауданы — Ақмола облысының оңтүстік-батысындағы әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 5,4 мың км². Аудан орталығы – Егіндікөл ауылы. ## Тарихы 1970 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Краснознамен ауданы құрылды. Аудан құрамына Астрахан ауданынан Бесбидайық, Полтава, Атбасар ауданынан Қоржынкөл, Қорғалжын ауданынан Абай, Армавир, Буревестник, Калинин, Коммунар, Ушаков, Краснознамен ауылдық кеңестері енді. Аудан құрылған кезде 15 елді мекенде 16589 адам тұрған. 1980 жылы Жұлдыз ауылдық кеңесі құрылды. 1997 жылғы 14 қарашадағы Президент Жарлығымен Краснознамен ауданының атауы Егіндікөл болып өзгертілді. ## Географиялық орны Солтүстігінде Астрахан ауданымен, батысында Атбасар және Қарағанды облысының Нұра ауданымен, оңтүстігінде Қорғалжын ауданымен шектеседі. Егіндікөл ауданы Сарыарқаның орталық бөлігінде, Есіл өзені мен Теңіз-Қорғалжын ойысы аралығында орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Жер бедері негізінен жазық, тек орталығы (бөлігі) сайлы-жыралы, белесті келген (абсолюттік биіктігі 400 м). Жерінің көпшілігін жоғарғы плиоцен мен төменгі антропоген жүйелерінің көлді-аллювийлі шөгінділері жапқан. Кен байлықтарынан гипс, құм, гипсті саз кездеседі. ## Климаты Климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы ыстық, құрғақ. Қаңтардың орташа температурасы –18°С, кейде – 40°С-қа дейін төмендейді. Шілденің орташа температурасы 21°С. Кейде оның максимумы 42°С-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 – 300 мм. ## Су жүйесі Өзендер сирек кездеседі. Терісаққан өзенің саласы – Талдысай өзенінің бастауы және жазда құрғап қалатын бірлі-жарым еспелер ғана бар. Аудан аумағында көптеген суы тұщы және ащы көлдер орналасқан. Бастылары: Қожакөл, Жалманқұлақ, Егіндікөл, Жосалы, Жарлыкөл, Самарбай, Ұзынкөл, Алакөл (тұзды), т.б. Жер асты сулары 50 – 100 м тереңдікте жатыр және тұздылығы жоғары болғандықтан (3 – 10 г/л) пайдалануға жарамайды. Сондықтан ауданның барлық елді мекендеріне Нұра өзенінен су құбыры тартылған. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Аудан жерінде карбонатты қызыл қоңыр топырақ кең тараған. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде аудан жерінің басым бөлігі жыртылған. Өсімдіктерден сұлыбас, селеу, бетеге, жусан, көл жағаларында түрлі шөпті шалғын, бидайық, өлең, қамыс, т.б. өседі. Даласында қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, қоян, суыр, ондатр, күзен, сарышұнақ, аламан тышқаны, қосаяқ; құстардан кезқұйрық, күйкентай, бозторғай; көлдерде қаз, үйрек, аққу, қасқалдақ, қызғыш, тауқұдірет, жылқышы, шіл, тырна, бөдене мекендейді. Ірі елді мекендері: Абай, Бауман, Спиридоновка, Қоржынкөл, Буревестник, Жалманқұлақ, Ұзынкөл, Полтавское. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері 518,8 мың га, оның 346,2 мың га-сы жыртылған, 1,0 мың га-сы шабындық, 171,5 мың га-сы жайылым. Аудан Егіндікөл – Астраханка – Макинск – Щучинск – Көкшетау автомобиль жолы арқылы облыс орталығымен және Егіндікөл – Новочеркасское – Астана автомобиль жолы арқылы Астана қаласымен байланысады. Егіндікөл – Атбасар темір жол тармағы арқылы Астана – Қараталды темір жол магистралімен жалғасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 10050 адам (5092 ер адам және 4958 әйел адам) болса, 2009 жылы 6802 адамды (3389 ер адам және 3413 әйел адам) құрады. ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 12 елді мекен 1 ауылдық әкімдік пен 8 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Дереккөздер
Екпе шөп жайылымы – жайылымның бір түрі. Шөбі сирек өсетін жерлерге бұршақ пен астық тұқымдастарды көп жылдық не бір жылдық шөптермен араластырып егеді. Екпе жайылымда болған малдың әр гектардан алатын азық өлшемі, қорытылатын протеин мөлшері шабылған шөпті бергендегіден анағұрлым артық. Мысалы, 1 сиырды екпе жайылымда жаю қорада ұстап азықтандырудан 3,5 есе арзан болады. Көп жылдық екпе жайылымға беде, тарғақ шөп, екпе бидайық, шалғындық қой көде, қылтықсыз арпабас, т.б. егіледі. Екпе шөп жайылымы суғармалы және тәлімі жерлерде жасалады. Е. ш. ж-н жасаудың негізгі бағыты – табиғи шалғындар мен жайылымдарды түбегейлі жақсартып, ол алқаптарда екпе шөп өсіру, суғару үшін жер асты суын пайдалану. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Егінсай қоңыр көмір кен орны — Қостанай облысы Қарасу ауданында орналасқан. Кен орны 1951 жылы ашылып, өлшемі 35×5 км, тереңдігі 50-530 м өзімен аттас ойпаңда орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Көмір түзілімдері брахисинклинальды қатпарлықтарда көлбеу жатыр. Төменгі-ортаңғы юра конгломераттары, құмдары, алевролиттері, эргилиттері, көмір қаттары түрінде берілген. ## Жатыс сипаты, құрамы Кеннің үстіңгі беті қуаттылығы 30-150 м ұсақ құмды-сазды жаралымдармен жабылған. Көмірдің жұмыс қаттарының ең жоғары қосынды қуаты 85 м, түсі қоңыр, қара шірінді маркасы Б2. Орташа күлділігі 14,5%, ылғал мөлшері 33,68%, күкірті 0,03-17,4%, жанғыш массаның жылу бөлгіштігі 2880-3538 ккал/кг. Көмірінің А+В+С1 категориясы бойынша баланстық қоры 1097 млн. тоннаны құрайды.
Егізқара – Арал қарақұмының оңтүстік-шығысындағы қырат, тау жұрнағы. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жалағаш ауданы жерінде. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 288 м. Батыстан шығысқа қарай 40 км-ге созылған, ені 10-13 км. Жондалып тегістеу келген денудациялық қырқаның беткейлері сай-жыралармен тілімденген. ## Геологиялық құрылымы Бор дәуірінің құмдақ, алевролит, кварцит, саз араласқан шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Сұр, сортаңды топырағында жусанды-сораңды шөптесіндер өскен. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Екпінді мәрмәр кен орны – Жетісу облысы жерінде. Текелі қаласынан батысқа қарай 5 км жерде орналасқан. 1962-1969 жылдары жоңғар экспедициясы анықтаған. 1991 жылы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, кен орнының батыс, шығыс өңірлерінде тағы да 20-30% өнім беретін жыныс қабатының бар екені анықталды. ## Дереккөздер
Ежелгі кен қазбалары – қола ғасырында, шамамен б.з.б. 3-мыңжылдықтың 1-жартысынан б.з-дың басына дейін қазылған кен қазбалары. Қола алу мақсатымен мыс, қалайы, кейде полиметалл кендерінде жүргізілген бұл қазбалар дүние жүзіндегі кенді аймақтарға, әсіресе, Қазақстан жеріне ерекше тән. Е. к. қ. шұқыр, үңгір, ұра, жыра түрінде келеді, тереңд. бірнеше м-ден ондаған м-ге дейін жетеді. Бұлардың маңында металы бөлініп алынған кентас қалдықтары, бос жыныс үйінділері кездеседі. Қазу жұмыстарына алғашқыда тас балғаларды, сыналарды, түйгіштерді, уатқыштарды, мүйіз бен сүйектен, мыс пен қоладан, кейінірек темірден жасалған қолсүймендерді, қайлаларды, балғаларды, ағаштан жасалған астаулар мен баспалдақтарды, шыбықтан тоқылған шелектерді, тері дорбалар мен қолғаптарды, саздан жасалған шырағдандарды, т.б. пайдаланған. Е. к. қ. Қазақстанның Қалба, Нарын жоталарында, Кенді Алтайда, Ертіс, Есіл бойында, Балқаш маңында, Сарыарқа, Жетісу, Қаратау, т.б. көптеген аймақтарда кездеседі (картаны қ.). Б.з.б. 2-мыңжылдықтың бас кезінен бастап б.з-дың басына дейін көптеген мыс кендерінің (Жезқазған, Кенқазған, Алтынтөбе, т.б.) негізінде Қазақстан мыс пен қола өндірісі жөнінен еуразиялық ең ірі орталықтарының бірі болды. Қазу жұмыстарының көлемі шамамен Жезқазғанда 1 млн т-ға, Кенқазғанда 800 мың т-ға дейін жеткен. Көбінесе тотыққан кентастар өндірілген. Ұзақ жылдар жұмыс істеген, өндірісі көлемді болған нысандарда ұзындығы жүздеген, ені ондаған м-ге жететін карьерлер, штольнялар, шахталар, орлар кездеседі. Ол кезде Қалба, Нарын жоталарында қалайы кентастары, Степняк, Ақсу кендерінде едәуір мөлшерде алтын өндірілген. Мыс пен қалайы өндірілген орындарда біршама дамыған металлургия өндірісінің жұрнақтары сақталған. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында көптеген темір кендерінің ашылып, пайдаланылуына байланысты мыс кентасын өндірудің біршама төмендегені байқалады. Бағзы заман мамандарының кентас іздеу белгілерін жақсы білгендігі, кентастан металды бөліп алуға шебер болғандығы аңғарылады. Кен белгілері қатты кентасқа от қойып, жоғары темп-раға жеткізіп, кейін суық сумен күрт салқындату арқылы қажетті минералдарын ажыратқан. Мыс пен қалайы минералдарын белгілі қатынаста араластырып балқыту арқылы жоғары сапалы қола алған. Қалба, Нарын жоталарындағы қалайы кендері түгел дерлік, Кенді Алтай, Жетісу, Сарыарқаның мыс, полиметалл кендерінің басым көпшілігі, Жезқазған, Кенқазған, Қорғасын, Берікқара, Нілді, Шатыркөл, Майқайың, Гүлшат, Текелі, Қарағайлы, Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай, т.б. үлкенді-кішілі кендер Е. к. қ-ның қалдықтары негізінде ашылған. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
‎ Екібастұз бөгендері – Ертіс алабында, Ертіс-Қарағанды каналы бойындағы бөгендер тобы. ## Географиялық орны мен сипаты Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігіне қарасты аумақта орналасқан. Біреуі Екібастұз қаласынан солтүстікке қарай 17 км жердегі Жыңғылды көлінің шарасына Ертіс-Қарағанды каналының суын толтыру арқылы қалыптасқан. Аумағы 19,5 км2, тереңдігі 4,6 м, суының көлемі 90,14 млн. м3. Жиегінде қамыс, шалғын қалың өскен. Екінші бөген Екібастұз қаласынан солтүстікке қарай 25 км жердегі Шаңдақсор көліне канал суын толтыру арқылы қалыптасқан. Аумағы 42,7 км2, тереңдегі 6,1 м, суының көлемі 260 млн. м3. Алабында шалғын өскен. Бөгендердің суы Екібастұз жылу электр станцияларының пештерін (блоктарын) салқындату үшін (секундына 420 м3 су ауыстырып тұрады) пайдаланылады. ## Дереккөздер
Екібастұз көмір алабы – Сарыарқаның солтүстік-шығысында, Павлодар облысы жерінде. Дүние жүзіндегі аса ірі көмір кендерінің бірі. Мұндағы қоңыр көмірді 1876 жылы жергілікті зергер Қосым Пішенбаев тапқан. Алғашқы барлау жұмыстары 1896 жылы жүргізіліп, көмір шахталардан өндіріле бастады. ## Геологиялық құрылымы Құрылымы бойынша Екібастұз көмір алабы – солтүстік-батыс бағытта созылған асимметриялық мульда, оның ұзындығы 24 км, ені 8,5 км. Алаптың жалпы аумағы 155 км2. Оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс жиектерінде көмірлі шөгінділердің еңістік бұрышы 5 – 20°-тан 10 – 40°-қа дейін. Қатпарлы көмір қабаттары бар тас көмір жүйесінің қимасы төменнен жоғары қарай Ащылыайрық, Екібастұз, Қарабидайық және Ақбидайық шоғырларына жіктеледі, олардың жалпы қалыңдығы 1500 м. Шоғырлардың литологиялық құрамы сұр және қара сұр аргиллит, алевролит, әр түрлі түйіршікті құмтас, әктас және туф қабаттарынан тұрады. ## Жатыс сипаты Көмір қабаттары негізінен ең төмендегі Ащылыайрық (6-, 5-қабаттар) және Екібастұз (4 – 1-қабаттар) шоғырларында 6-, 5-қабаттардың орташа қалыңдығы 7,6 м, 4-, 1-қабаттардың жалпы қалыңдығы 130 – 230 м аралығында. Көмір қабаттарының заттық-петрографиялық құрамы өте күрделі. Витринит (таза көмір) мөлшері қима бойынша жоғары қарай 29%-дан (6-қабат) 51 – 80%-ға (1-қабат) артады. Көмірдің күлділігі 26 – 60%. Күлдің құрамында айырып алуға болатын Tі, Zn, Pb, Cu, Sn, Sc, Zr, Ag сияқты пайдалы элементтер кездеседі әрі ол құрылыс материалы ретінде пайдаланылады. Тауарлық көмірдің орташа қызулығы (жылу бөлгіштігі) 4170 ккал/кг. Технологиялық көрсеткіші бойынша алаптың көмірі «ОС» маркасына жатады. Көмір өндіру ашық әдіспен жүргізілуде. Екібастұз көмір алабында Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Алаптың жалпы көмір қоры 11,3 млрд. т. Жылына 87 млн. т көмір өндіріледі. Өндірілген көмірді Қазақстан, Ресей және басқа көршілес мемлекеттердің ірі энергетикалық орталықтары пайдаланады. ## Дереккөздер
Екінші әліп – Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігіндегі құдық. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орналасқан. Тереңдігі 15 м, су шығымы 700 л/сағ. Құдықтың солтігінде Жоғары Мұсабай құдығы, батысында Әменшақ құдығы, оңтүстігінде Ұялы, шығысында Жауғашты а-дары бар. Ұялы құмдарында ақ сексеуіл, еркек шөп, жусан, теріскен, бұйырғын өседі. ## Дереккөздер
Екіншіауыздылар (лат. Deuterostomіa) – қосжақты симметриялы омыртқасыз жануарлардың бір тобы. Екіншіауыздылардың алғашқы ауыздылардан айырмашылығы – эмбриондық даму кезінде ауыз қуысы бластопордан емес, соған қарама-қарсы жақтан пайда болады, ал бластопор әдетте аналь тесігіне айналады немесе жабылып кетеді. Екіншіауыздылар негізінен теңізде, көпшілігі оның түбінде тіршілік етеді. Бұларға тікентерілілер жартылай хордалылар және хордалылар жатады. Кейбір ғалымдар Екіншіауыздыларға қылтанжақтылар мен погонофорларды да қосады. Екіншіауыздылар – жұмыртқасының сәулелі бөлшектенуімен, екінші реттік дене қуысының (целом қуысы) пайда болуымен, аралық қабаттың (мезодерманың) энтероцелді даму жолымен (мезодерманың бастамасы энтодерма қабатынан оқшауланып шығады) ерекшеленеді. ## Дереккөздер
Екіжолқұдық – Қарағанды облысы Шет ауданындағы Қатасор тауының оңтүстік-батысындағы құдық. Тереңдігі 2 м, су шығымы 600 л/сағ. Құдықтың оңтігінде сор алқабы, оңтүстік-батысында Шоқпаржал тауы, батысында Қалиқожа құдығы, солтігінде Тұзды Қосқұдық құдығы, шығысында Отты таулары орналасқан. Екіжолқұдық тың сортаңды топырағында қара жусан, көкпек, бұйырғын, жалманқұлақ өседі. ## Дереккөздер
Екі ағайынды – Мұғалжар тауындағы Дәутау тауының оңтүстігінде 35 км жердегі тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 634 м. Тау солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта созылып жатыр. Оңтүстік-батыс беткейі тіктеу келген. Осы тұстан Ембі – Шалқар темір жолы мен автомобиль жолдары өтеді. Баурайында ірілі-ұсақты шоқылар бар. ## Өсімдігі Таудың қоңыр қызғылт топырағында жусан, боз, селеу, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Еділбай соры – балшықты сор.Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандағы Жаңажол ауылдық округінің аумағында орналасқан. Аумағы 553 га жерді алып жатқан минералды-сулы қабаты бар. Балшығы мен суы емдік қасиетке ие. Буын ауруларын емдеуге пайдаланылады. ## Дереккөздер
Екітау – Қарағанды облысы Шет ауданындағы тау. Абсолюттік биіктігі 631 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан екі шоқыдан тұратын таудың ұзындығы 3,5 км, ені 2,0 км-ден астам. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Төменгі палеозойдың тақтасы мен магмалық жыныстардан түзілген жер қыртысының кейбір жерлерінде түпкі тау жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Беткейлері көлбеу. Екітаудың солт-нде Қарабас (664 м) тауы орналасқан. ## Өсімдігі Етегінде далаға тән жусан, бұйырғын, баялыш, т.б. шөптесіндер өскен. Тау етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елдіжан қарашоқысы – Доңызтау тауының солтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Байғанин ауданы жерінде. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 68 м. Таудың батысынан Аққоңыр, шығысынан Қамысты өзендері ағып өтеді. Оңтүстік-батыс беткейі тіктеу, солтүстік жайпақ келген. Солтүстігінде Қосқарашоқы тауы, батысында Замыстақ тауы, оңтүстігінде Доңызтау жоны, шығысында Қарашоқы тауы орналасқан. ## Өсімдігі Тақыр және сұр қоңыр топырағында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік өседі. ## Дереккөздер
Елек артезиан алабы – Ақтөбе облысындағы Елек өзенін бойлай орналасқан жер асты суы мол өңір. Бұл алаптағы артезиан сулары жалпы аумағы 10 мың км²-ден асатын 30-дан астам тектоник. ойыстарда қалыптасқан. Негізгі су қабаттары қалыңдығы 50 – 150 м төменгі бор мен орта юра дәуірлерінің құмтасты шөгінділерінде шоғырланған. Су 50 – 100 м және 250 – 300 м тереңдікте кездеседі. Әрбір ұңғыма тәулігіне 1700 – 2500 м3 су бере алады. Бор жыныстарының суы тұщы (минерал 0,1 – 0,7 г/ л), ал орта юра жыныстарының суы ащы (минералды 1 – 12 г/л). Елек артезиан алабындағы тұщы судың жалпы қоры 25 – 30 млрд. м3, ол жылына 50 – 70 млн. м3 сіңбе сумен толықтырылып тұрады. Төменгі бор қабатының суы елді мекендер, мал жайылымдары мен шабындықтарды суландыруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елекшөп (лат. Juncus) – елекшөптер тұқымдасына жататын көп сирек бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Екі жарты шардың қоңыржай және салқын белдеулерінде, тропиктік және субтропиктік аймақтарда кездесетін 250-ден артық түрі белгілі. Қазақстанның барлық жерінде кездесетін 24 түрі бар. Көбірек тарағаны – қызғылт Елекшөпі (J. erythropodus) бар. Биіктігі 10 – 30 см, көп сабақты, түбінен бастап бұтақталады. Жапырақтары өте жіңішке, бүктемелі келеді, сабағынан екі еседей қысқа, түп жағы қызыл не қызғылт сары түсті. Гүлі қоңыр кейде жасыл түсті, олар бұтақталған сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – қауашақ. Өсімдіктің құрамында 6,4 – 10,3% протеин бар. Оны мал сүйсініп жейді. Е-тің кейбір түрінің сабағынан Ежелгі Мысырда хат жазатын таяқша жасаған, көптеген түрінің тұқымы медицинада, сабағы ши тоқуға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елді мекен – адамдардың тұрақты қонысы. Ол үй-жайлардың, кәсіпорындардың, әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың ғимараттар жиынтығынан тұрады және өзіне тән география атауы (топонимі) болады. Елді мекендер қоршаған табиғи ортаның әсеріне және әлеуметтік-экономикалык жағдайға байланысты қалыптасады. Елді мекен кеңістіктік орналасуы (тығыз, бытыраңқы), халық шаруашылық қызметі, мөлшері (тұрғындарының саны), әкімшілік мәртебесі және т.б. сипаттары бойынша әр түрлі болып келеді. Көп жағдайда Елді мекен мен ондағы құрылыстардың сәулеттік ерекшеліктеріне жергілікті ұлттың мәдениеті мен дәстүрі әсер етеді. Қазақстанда Елді мекендер бұл сипаттары бойынша ауыл, кент, қала болып негізгі үш дәрежеге бөлінеді. Ауылдық Елді мекенге, сондай-ақ қыстақтар, балық, орман ш-тарының орталықтары, т.б. жатады. Елді мекендер өзінің даму деңгейіне және әлеум. маңызының өзгеруіне сәйкес үкіметтің шешімі бойынша бір дәрежеден екінші дәрежеге көшіріліп отырады (мыс., ауылдық Елді мекеннің кентке, кенттің қалаға немесе қаланың кентке, кенттің ауылға айналуы). ## Қазақстандағы елді мекендердің мәселелері * 1.Елді мекендер халқын сапалы ауызсуымен қамтамасыз ету. Халықтың сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін елде 2002 жылы 3 салалық бағдарлама қабылданды: "Ауызсу", "Ақбұлақ", "2020 жылға дейін аймақтарды дамыту бағдарламасы". Тұщы жерасты суларының - 59%-ы оңтүстік аймақтарда: Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында шоғырланған. Тұщы жерасты суларының ресурстарына тапшы аймақтарға Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстары жатады. Сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесі 3671 ауылға немесе халықтың 55,6%-ына қолжетімді. Халық саны бойынша қарастырғанда, Қазақстан халқы санына шаққанда орталықтандырылған сумен 80%-дан аса ауыл халқы қамтылған. * 2. Экологиялық мәселелер. Қазақстанның экологиялық мәселелерінің бірі - ауаның ластануы. Пайдалы қазбаларды өңдеу мен өндіру (қорғасын, мырыш, фосфор, хром өндірісі) жұмыстарының қарқын алуынан 20 млрд тонна қалдық жиналып, олар күнделікті ауаны токсиндермен уландыруда. Өнеркәсіптерде тиімсіз тазарту жүйелері қолданылғандықтан, зиянды заттар тонналап атмосфераға шығарылып жатыр. Бұл қалдықтар тау-кен өндіру мен өңдеуде, қара металлургия, мұнай-химия, құрылыс материалдарын өндіру нәтижесінде пайда болады. Мұнай мен газ өндірісінде қосымша газды ауада жағу қара күйенің атмосфераға шығарылуымен қоса жүреді. Сапасыз отын қолданылып, көміртек тотығын және қорғасынды атмосфераға шығаратын автокөлік санының артуы да ауа қабатын ластауда. Осы факторлардың ықпалынан еліміздің 15 ірі қаласында ауа ластануы шекті деңгейден асып тұр. Ең ластанған Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары. Соңғы жылдары тұрмыстық қалдықтар экологиялық мәселеге айналды, әсіресе үлкен қала аймақтарында кездеседі. Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары тұрғызылып жатыр. * 3.Қазақстан Республикасындағы жол-көліктік инфрақұрылымның дамуынан туындайтын мәселелер'. Соңғы жылдарда Қазақстанда қатты жабындылы жол желісінің жалпы ұзындығын арттыру, елді мекендерді жыл бойы қамтамасыз ететін пойыз жолдар желісімен қосу жалғасты. 2015 жылы 500 км-лік автокөлік жолы салынып, жөнделді. 2016 жылы жоспар үш есеге көбейтілді. Бұған қарамастан аймақтық жолдардың 40%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Ал Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетеді. Жол салушылар мен құрылысшыларға бюджеттен бөлінген қаржының 40-50%-ы ғана жетеді. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан аймақтарын жол-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, дамытудың маңызды міндеті тұр. ## Дереккөздер
Елтай темір кендері – Қостанай облысында 1950 жылы ашылған темір (магнетит) кендерінің тобы. Рудный қаласының оңтүстігінде 47 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Кендер Қарасу антиклиналі бойында, диорит интрузиясы мен төменгі тас көмір шөгінді-жанартаутекті жыныстарының жапсарынан орын алады. Жыныстар бетін қалыңдығы 40 м-дей мезо-кайнозой шөгінділері жапқан. ## Жатыс сипаты Әр кенде қабат, линза тәрізді бірнеше кентас денелері бар. Олардың ұзындығы 500 – 550 м, қалыңдығы 5 – 40 м, құлау бұрышы солтүстік-батысқа 20 – 25°, тереңдігі 50 – 400 м. ## Минералдары, құрамы Тұтас және сеппе түрінде кездесетін негізгі кентас минералдары – магнетит пен гематит. Тотығу белдемінде (тереңдігі 50 – 60 м) магнетит кентастары мартит пен қоңыр теміртасқа айналған. Кентас құрамында 20 – 30%-дан 50 – 60%-ға дейін темір, 0,5 – 4%-дай күкірт бар. Кентас оңай байытылады. Елтай темір кендерінен барланған өндірістік қоры 15,2 млн. т, кентастағы темірдің орташа мөлшері 45,0%; ал болжамдық қоры 50 – 100 млн. т шамасында. ## Дереккөздер
Елтінжал – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 км жерде орналасқан қайыңды орман. Орман 4 км-ге жуық созылып жатыр, ені 1 км. ## Флорасы мен фаунасы Кей жерлерінде көктерек өседі, сан алуан шөп пен гүл арасындағы алаңқайларда қой бүлдіргені, шие бұтасы, қалың тоғай ішінде бүлдірген мен саңырауқұлақ өседі. Қоян, түлкі, борсық, елік пен құр мекендейді. ## Тариха дерек 1826 жылға дейін Елтінжал халық ақыны, сазгер Біржан салдың қыстауы болған. Орман шетінде сибан руының басшысы Есеней ауылы орналасқан. 1826 – 42 жылдары Есенейдің күйеу баласы Елтіннің туған-туыстарының қыстауы болғандықтан, орман атауы сол адамның есіміне байланысты қойылған. Бұл қыстауда қазақтың атақты жазушылары 1900 жылы Сәбит Мұқанов, 1902 жылы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген. ## Дереккөздер
Елқонды – Арғанаты жотасының оңтүстік-батысындағы бұлақ. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында. Маңында Бозай, Қоянды, Аққоян, Тілеген, Итауыз қыстаулары бар. Солтүстігінен Бекет өзені ағып өтеді. Оңтүстігінде Ұлытау таулары орналасқан. Бұлақ мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елшінбүйрек – Алматы облысы Райымбек ауданындағы тау. Абсолюттік биіктігі 2978 м. Ендік бағытта доңғалана созылып жатқан таудың ұзындығы 18 – 20 км, енді жері 10 км-ге жуық. ## Геологиясы, жер бедері Гранит аралас эффузивті тау жыныстарынан түзілген таудың солтүстік беткейлері тіктеу келген, батысы мен оңтүстік көлбеуленіп барып Айғыржал тауына ұласады. Шығысында суы шипалы Тұзкөл жатыр. Солтустігінен Кеген өзенінің саласы Үлкен Қарасу өзені ағып өтеді. ## Өсімдігі Шатқал, сай-жыралармен тілімденген беткейлерінде жеміс-жидек аралас қайың, терек орманы, етегінде бетеге, боз, айрауық, т.б. астық тұқымдас шөптесіндер өскен. Жоғары бөлігінің шырша, қарағай аралас шалғын шөпті бөлігі – жайлау. Тау бөктерлерінде Қарасаз, Шалкөде, т.б. елді мекендер орналасқан. Тау баурайындағы Қарасаз ауылында елімізге белгілі, көрнекті ақын М.Мақатаев дүниеге келген. ## Дереккөздер
Елік (лат. Capreolus pygargus) – бұғылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, сүтқоректі жануар. Еліктің 3 түр тармағы (Еуропа, Сібір, Маньчжур) таралған. Қазақстанда Сібір түр тармағы (C.c. pygargus) кездеседі. Дене тұрқы 120 – 160 см, шоқтығына дейінгі биіктігі 75 – 100 см, салмағы 30 – 55 кг. Құйрығы өте қысқа. Ешкісі мүйізсіз, текесінің наурыз – мамырда толық жетіліп, қараша – желтоқсанда түсетін 3 – 5 ашалы мүйізі (25 – 40 см) болады. Аяқтары жіңішке әрі ұзын. Қыста түгінің түсі қоңырқай сұр, жазда жирен, жас лақтарының түгінде ашық түсті теңбіл дақтары болады. ЕлікТалас, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Батыс және Орталық Тянь-Шаньда, Қаратауда, Тарбағатайда, Сауырда және Оңтүстік Алтайда кездеседі. Жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Бір жарым жасында лақтайды. Шілде – тамыздан бастап 9 ай көтеріп 1 – 2, кейде 3 лақтан туады. Лақтарын 6 – 8 ай сүтімен қоректендіреді. Ешкісі 11 – 12, текесі 16 жылдай тіршілік етеді. Еті мен терісі үшін арнайы рұқсатпен ауланады. Кәсіптік маңызы бар. ## Дереккөздер
Елшібай – Сарыарқаның орталық бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерінде, Жамбыл кентінен солтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 20 км-ге созылған, ені 3 – 4 км. Ең биік жері 936 м. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Бір-бірінен оқшауланған бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Девонның интрузивті гранитоид жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңдау ашық қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, боз, бұталар өседі. Тау етегі жайылымға және қыстауға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Еменжапырақ , кортуза (лат. Cortusa) – наурызшешек тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, өзен жағалауларында, жартастардың көлеңкелі жерлерінде өсетін 3 түрі (Алтай Еменжапырақы, бротерус Еменжапырақ, Түркістан Еменжапырақы) бар. Бұлардың биікт. 7 – 25 (40) см. Жапырақтары тамыр түбінен шығады, ұзын сағақты, сыртын түк жапқан. Тостағанша жапырақшалары қоңырау пішінді, күлтесі қызғылт күлгін түсті. Аталығы бесеу, аналық мойны жіпше тәрізді. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – қорапша. Тұқымы көп. ## Дереккөздер
Елеғажы – Үстірт жазығының батысында, Өтес темір жол станциясынан шығысқа қарай 27 км жерде орналасқан бір топ құдық. Тереңдігі 22 м, су шығымы 1000 л/сағ. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында 19 ғасырдың 50-жылдары суы тұщы 6 құдық болған. Қазір қолданыста қалған бір құдықтың суы кермек татиды. ## Дереккөздер
Емболат – Жайық алабындағы өзен. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 82 км, су жиналатын алабы 890 км2 . ## Бастауы Бастауын Жалпы Сырт қыратынан (Ресей аумағынан) алып, Жайық өзеніне Красноармейское ауылы тұсында құяды. ## Гидрологиясы Арнасы тар, жаңбыр және жер асты суларымен толығады. Кішігірім 12 саласы бар. Қараша айының 2-жартысында суы қатып, сәуірдің 2-онкүндігінде мұзы ериді. Суында ақмарқа, қаракөз, табан, қызылбалық (бекіре) бар. Өзен бойында бірнеше шағын бөген салынған. ## Дереккөздер
Еліксай – Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы қыстау. Қыстау Қараөзен ауылдық округіне қарасты Жас а-ның солтүстігінде 4 км жерде, Әжімбет каналының жағалауында орналасқан. Оңтүстігінінен 7 км жерден Қараөзен өзені ағып өтеді. ## Дереккөздер
Еліктау – Батыс Қаратау жотасының оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 169 м. Таудың батысы, оңтүстік-шығыс бөліктері тік жарлы келген. Солтүстігі сай-жыралармен тілімденген. Тау солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта созылып жатыр. Солтүстігінен Маңғыстау – Шетпе темір жолы өтеді. ## Өсімдігі Тақыр және сортаңды сұр қоңыр топырағында тасбұйырғын, бұйырғын, қара жусан, сұр жусан өседі. ## Дереккөздер
Елікті – Зеренді тауының солтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ақмола облысы Зеренді ауданында. Абсолюттік биіктігі 502 м. Тау солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта созылып жатыр. ## Жер бедері Беткейі көлбеу келген. Солтүстік-батысында Жолдыбай, солтүстік-шығысында Қопа, оңтүстігінде Зеренді, оңтүстік-батысында Құмдыкөл, батысында Шалқар көлі орналасқан. Шығысынан Шағалалы өзені ағып өтеді. Солтүстігінен Көкшетау – Айыртау темір жол мен автомобиль жолдары өтеді. ## Өсімдігі Қара топырағында боз, селеу, жұлдызшөп, бұта, емендер өседі. ## Дереккөздер
Ементұмсық – торғай тәрізділер отряды құнақтар тұқымдасына жататын құстар туысы. Қазақстандағы қунақ тұқымдастарға жататын 18 туыстың біреуі. Бір ғана типті, яғни бір түрден - кәдімгі ементұмсықтан құралады. Қазақстанда Тянь-Шань, Батыс Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында кездесетін кәдімгі ементұмсық (лат. Сoccothraustes coccothraustes) және арша ементұмсығы (лат. Мycerobas carnіpes) бар. Бұлардың дене тұрқы 18 – 23 см, салм. 45 – 70 г. Қоразының басы қоңыр, мойны қызғылт сұр, бауыры сұрғылт, құйрығы, тамағының асты, тұмсығының түбі қара. Мекиенінің түсі қоразына ұқсас болғанымен, реңі солғындау. Ементұмсықтың тұмсығы жуан және мықты болады, қатты тұқымды, сүйекті жемістерді (мыс. шие, алша, т.б.) оңай шағып жейді. Аттары да осы ерекшеліктеріне байланысты қойылған. Ементұмсықтар ағаш басындағы ұясына 3 – 7 (көбіне 4 – 5) жұмыртқа салып, оны мекиені 15 – 16 күн басады. Балапандарын алғашқыда ұсақ жәндіктермен, кейін дәнмен қоректендіреді. Ементұмсықтар кейде жеміс, жүзім бақтарына зиян да келтіреді. ## Дереккөздер
Емтікен (Alfredіa) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның таулы аймақтарында өсетін 3 түрі: еңкіш Емтікен (A. cernua), тікенқабықты Емтікен (A. acantholepіs) және қарлы Емтікен (nіvea) бар. Бұлардың биіктігі 40 см-ден 1 м-ге (кейде 3 м) дейін жетеді. Жуан тамыр сабағынан бірнеше тік сабақтары шығады. Қалың жапырақтарының ұшы сүйірлеу, тұмсық тәрізді. Сары түсті түтік гүлдері жиналып, себет гүлшоғырын құрайды. Себеттің сыртындағы қорғаныш қызметін атқаратын орам жапырақшалары жарғақ сияқтанып тұрады. Гүлі – қос жынысты, аталығы 5, аналығы – біреу, бір ұялы. Әрбір гүлінің тостағанша жапырақшаларынан түзілген айдаршасы бірнеше қатар тікенектерден тұрады. Шілде айында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс береді. Жемісі – конус тәрізді тұқымша. ## Дереккөздер
Елшібектің төрткілі , Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан оңтүстікке қарай 140 км жерде орналасқан. Қарынжарық құмының батыс бетіндегі Өнере бұлағынан 15 км жерде. Қарынжарық құмында бір-бірімен жалғасып жатқан құдықтар көп. Бұл жерде 1920 – 30 ж. Елшібек атты дәулетті адам қоныстанған. Ол қоныстанған жердегі құдықтың суы тұщы әрі мол болғандықтан төрткілді Елшібектің төрткілі деп атаған. ## Дереккөздер
Еменшөп (лат. Teucrium) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шала бұта. Қазақстанда өзен-көл жағалауларындағы шалғынды жерлерде өсетін үш түрі бар. Олардың ішінде жиі кездесетіні – сарымсақ еменшөпі (T. scordіum). * Биіктігі 10 – 25 (кейде 50) см-дей. * Сұлама тамырсабағы болады. * Тік өсетін қырлы сабағына шеті тілімденген қауырсынды жапырақтары қарама-қарсы орналасады. * Тостағанша жапырақшалары қоңырауға ұқсайды. * Қос ерінді күлтесі ашық қызыл, сирек ақ түсті болады. Гүлінен сарымсақтың иісі шығып тұрады. * Шілде – тамыз айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемісі піседі. * Жемісі – сырты торлы, көп саңылаулы жаңғақша. Сарымсақ Еменшөпі медицинада дәрі алу үшін қолданылады. Ал жапырағы дәм-татымдық зат ретінде тамаққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елікбалдырған (лат. Ligusticum) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер. Алтайда, Тарбағатайда, Іле, Күнгей, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында, Тянь-Шаньда кездеседі. Тау баурайларында, өзен аңғарларында, арша, бұталар арасында өсетін 2 түрі бар: алагүл Елікбалдырғаны (L. dіscolor), талас Е-ы (L. talassіcum). Олардың биіктігі 30 – 100 см. Сабағы дара, жоғ. жағы бұтақты келеді. Жапырағы жалпақ, шеті ирек тісті, үш салалы қосарланып келген. Гүлі ақ түсті, шатырша гүлшоғырына топталған. Жемісі қос тұқымды, ұзынша болады. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, шілде – қыркүйекте жемістенеді. Жемісінің құрамында эфир майы бар. ## Дереккөздер
Еншіқарман – Еділ-Жайық алабындағы ойыс, көлтабан. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы жерінде, Кіші Өзен өзенінің орта ағысының оң жағасында, теңіз деңгейінен 25–30 м жоғары орналасқан. ## Жер бедері Аумағы 57 км2, ұзындығы 25 км, ені 0,5–3 км. Жағасы жайпақ, құмды. Негізінен көктемгі қар суымен толығады. Суы тұщы, жаз ортасына дейін мал суарады, суы тартылғаннан кейін шабындыққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Ербол – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы жеріндегі құдық. Шыңғыстау жотасының солтүстік-шығысында орналасқан. Тереңдігі 25 м, су шығымы 400 л/сағ. Суын ауданның елді мекендері пайдаланады. ## Дереккөздер
Ережепай – Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы құдық. Қызылқұм құмды алқабының солтүстік-шығысында орналасқан. Тереңдігі 11 м, су шығымы 600 л/сағ. Жанында Бақтияр, Ноғайқұдық құдықтары жалды тізбекті төбешіктер арасындағы сайда орналасқан. Құдықтың маңайын қалың сексеуіл шоғыры қоршаған. ## Дереккөздер
Еңсеп , мелисситус (Melіssіtus) – бұршақтар тұқымдасына жататын көп жылдық сирек бір жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, өзен жағалауларында, орман, бұталар арасында өсетін 6 түрі бар. Бұлардың биікт. 15 – 40(100) см, сабақтары тік немесе жатаған, сыртын түк жапқан. Тостағанша жапырақтары қоңырау тәрізді, күлтесі сары кейде көкшіл түсті. Аталығы 9, түтікше тәрізді бірігіп кеткен. Үш жапырақты гүлдері шашақты гүлшоғырына топталған. Сәуір – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бүйрек тәрізді бұршақ. Еңсеп бағалы мал азығы, құнарлылығы жағынан жоңышқаға жақын. Балды өсімдік. Мәдени түрде де өсіруге болады. ## Дереккөздер
Ерейментау-қарқаралы ландшафттық облысы , Қарағанды – Шыңғыстау провинциясының табиғи аймағы. Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі Шерубайнұра өзенінің аралығын қамтиды. Е.-Қ. л. о-на Есіл, Нұра, Өлеңті, Шідерті, Ащысу өзендерінің жоғ. ағыстарын қамтитын өңірлер – Ертіс – Балқаш суайрығы таулы бөлігі кіреді. Жер бедері құрылымы ярусты келеді. Жерінің басым бөлігінің абсолютiк биіктігі 700 м-ге дейін жететін жартасты, қырқалы төбелі келген суайрықтарының ұсақ шоқылары мен шоқыаралық мүжіліп тегістелген жазықтары алып жатыр. Ландшафттық облыс негізінен граниттер қиып өткен кембрий мен ордовик жыныстарынан түзілген Ерейментау – Нияз және Тектұрмас антиклинорийлерінен тұратын ерте палеозойлық қатпарлы белдемге жатады. Антиклинорийлер арасында ортаңғы, соңғы палеозойда, сондай-ақ мезозойда ұзақ уақыт майысқан Қарағанды ойпаты жатыр. Қарағанды көмір алабының тас көмірлік тас және юралық қоңыр көмірлері ірі кен орны осы ойпатта орналасқан. Қарқаралы ауд-нда Көнтөбе магнетит кентастарының кендері барланған. Қарағайлы полиметалл кені игерілді. Климаты қоңыржай қуаң. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –15 – 16°С, шілдеде 19 – 20°С, жауын-шашынның орташа жылдық мөлш. 350 мм. Нұра (салаларымен бірге) және Есіл, Сілеті, Өлеңті, Шідерті, Жарлы, Талды, Түндік өзендеріне қарағанда суы мол. Тұщы көлдері аз, тұзды көлдері (Қарасор, Балықтыкөл, Шыбынды, т.б.) басымырақ. Ландшафттық облыста жарықшақтық-қаттық, жарықшақтық карсты тұщы сулар көп тараған. Мезозой шөгінділері қабаттарында су мол әрі арынды келеді. Қат-қабаттың жоғ. бөлігіндегі су тұщы, төм. бөлігінде тұзды. Аллювийлі шөгінділерінің тұщы жер асты сулары 1 м-ден 5 м-ге дейінгі тереңдікте кездеседі. Самарқан, Жартас және Шерубайнұра бөгендері, Ертіс-Қарағанды каналдары салынған. Облыстың қызғылт қоңыр топырағында құрғақ бетегелі-бозды, жусанды бетегелі-бозды өсімдіктері басым өседі. Ерейментау, Нияз таулы қара топырақтарында петрофитті-түрлі шөпті дала өсімдіктері, сайларда көктерек пен қайың ормандары, қара шіріндісі аз оңт-тің карбонатты қара топырағында бетегелі-бозды дала өсімдіктері өседі. Қарқаралы, Кент, Қу, Боқты тауларында қарағанды сұлыбасты-селеулі, түрлі шөпті сұлыбасты-селеулі және түрлі шөпті сұлыбасты қызғылт бозды дала өсімдігі, таудың қара және қызғылт қоңыр топырағында, граниттерде қарағай ормандары, қайың, көктерек шоқтары, тауаралық аңғарларда үйеңкі, тал өседі. Облыс жері негізінен жайылым ретінде пайдаланылады. Тауаралық ойыстар мен өзен аңғарларында шабындық жерлер кездеседі. Тегіс жерлердің, әсіресе, батыс және солт. шығыс бөліктерінде дәнді дақылдар егістіктері орын алған. Гранитті жерлердегі қарағай ормандары мен тауаралық аңғарлар беткейлеріндегі қайың ормандарының су мен ылғалды қорғауда мәні зор. ## Дереккөздер
Паракариум (Paracaryum) – айлауықтар тұқымдасына жататын бір, екі не көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді, таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, батпақты, құмды жерлерінде өсетін 4 түрі (Бунге Емшөпі, қаратау Емшөпі, Орталық Емшөп, тасшыл Емшөп) бар. Бұлардың биікт. 5 – 20 см, тамыры жуан, жертағандап өседі. Жапырақтары ұзынша, сабақ бойындағылары түкті. Тостағанша жапырақтары 5 бөлікті, күлте иілмесі күлгін көк, көкшіл түсті. Аталығы қысқа жіпті, аналық мойны қысқа. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісі – жаңғақша. Қаратау Емшөпі өте сирек кездесетін эндемик түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Ерейментау қорықшасы – Ақмола облысы Ерейментау ауданында Респеспубликалық маңызы бар, 1986 жылы ұйымдастырылған қорықша. Жер аумағы 35 мың га. Қорықша табиғаты әсем таулы өлкеде, Ерейментау таулы алқабында орналасқан. ## Флорасы мен Фаунасы Қорықшада көне дәуірлерден осы уақытқа дейін сақталып қалған реликт өсімдіктердің алуан түрлері өседі. Өсімдіктердің 400-дей түрінің 50-ге жуығы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Мысалы, жабысқақ қандыағаш, көктем жанаргүлі, т.б. Қорықшада негізінен жан-жануарлар дүниесі қорғалады. Арқар, елік, дала суыры, ақ қоян сияқты бағалы аңдармен қатар 150-ге жуық құстардың түрлері бар. Онда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген хайуанаттардан: арқар, безгелдек, қызылжемсаулы қарашақаз, сұңқылдақ аққу, дуадақ, ақбас тырна, дала қыраны, лашын, т.б. мекендейді. ## Дереккөздер
Еркекқамыс (Erіanthus) – астық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Жерорта теңізі жағалауларында, Азия мен Африканың тропиктік және субтропиктік аймақтарында тараған 25-ке жуық түрі белгілі. Қазақстанда өзен, көл, арық бойларында өсетін 1 түрі – қызарғыш Е. (Е. purpurascens) бар. Биіктігі 3 м-дей, тамырсабағы жуан, шым құрайды. Сабағы қатты, іші қуыс. Жапырақтарының жалпақтығы 15 мм, тамыр жапырақтарының ұзындығы 1 м-дей, шеті бұдыр. Гүлдері ірі сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Сабағы мен жапырағынан себет, жүк орағыш (цыновка), жіп тоқиды. Үйдің төбесін жабуға, отын ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Еңбекшіқазақ ауданы — Алматы облысының оңтүстік бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы – Есік қаласы. ## Географиялық орны, жер бедері және табиғаты Солтүстігінде Қапшағай су қоймасы арқылы Қонаев қаласымен және Жетісу облысының Кербұлақ ауданымен, шығысында Ұйғыр ауданымен, батысында Талғар ауданымен, оңтүстігінде Кеген ауданымен шектеседі. Ауданның оңтүстігін Іле Алатауының Қараш, шығысын, оңтүстік-шығысын Бақай тауы, Сарытау, Сөгеті, Торайғыр таулары, қиыр шығысын Сөгеті жазығы алып жатыр. Ауданның ең биік жері оңтүстік-батысындағы мәңгі қар мен мұз басқан Саз тауы (4241 м). Аудан жері солтүстікке қарай ылдиланып Қапшағай су қоймасына тіреледі. Бұл жазық келген өңірінде Іле ойысы жатыр. Таулардан Есік, Түрген, Киікбай, Шолақ, Шыбықты, Белшабдар, Қаратұрық, Лаварсаз, Асы және Шілік өзендері бастау алады. Шілік өзеніндегі Бартоғай бөгенінен Д.А. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бастау алып, шығыстан батысқа қарай ағып өтеді. Таулық бөлігінде ұсақ мореналық көлдер (Есік, Жасылкөл, т.б.) кездеседі. Өзендерде бірнеше кішігірім СЭС-тер салынған. Толқын ауылы тұсында арнайы балық өсіруге арналған Есдәулетсай тоғаны, Түрген шатқалында бахтах (форель) шаруашылығы ұйымдастырылған. Аудан аумағында Алматы қорығы, Есік обасы («Алтын адам» мүрдесі табылған), Тянь-Шань шыршасы өсетін Шыңтүрген (Шымтүрген) шыршалығы (889 га) орналасқан. Тау бөктерлерінде Таутүрген, Қорам минералды бұлақтары бар. Шіліккемерде құм мен кесектас өндіріледі. Бұғыты тауларында вольфрам кен орны барланған. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты континенттік. Қысы суық. Таулы өңірлерде қар қалың түседі (40 – 60 см). Қаңтар айының орташа температурасы –6 – 10°С, кейде температура –28 – 30°С-қа дейін төмендейді. Жазы ыстық әрі құрғақ. Шілденің орташа температурасы 20 – 24°С. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері жазық өңірде 200 – 400 мм, тау бөктерлерінде 550 – 700 мм. Аудан аумағында ендік бағытта айқын байқалатын бірнеше табиғи белдемдер өтеді. Іле ойпатының шөлейтті белдемінде сұр, сортаң сұр топырақ қалыптасқан. Онда баялыш, жусан, ши, күйреуік, т.б. сораң шөптер, өзен аңғарлары мен ойысты жерінің шалғынды-батпақты топырағында құрақ, қамыс, қияқ, жалбыз, тау алдының жонды-белесті жерлерінің қоңыр, қызғылт қоңыр топырағында бұта аралас бетеге, боз, селеу, тау бөктерлерінде астық тұқымдас әр түрлі шөптесіндер өскен. Таулардың орта және биік белдеулерінде тау шалғыны, одан биікте альпілік шалғындар қалыптасқан. Тау етегі мен шатқалдарын тал, үйеңкі, көктерек, емен, өрік, алма, алмұрт жеміс ағаштары, биік таулы бөлігін шырша, қарағай орманы алып жатыр. Жануарлардан қоңыр аю, барыс, қасқыр, түлкі, таутеке, арқар, жазық жерлерде елік, борсық, суыр, қырғауыл, т.б. мекендейді. Су айдындары балыққа бай. ## Ауыл шаруашылығы Ауданында суармалы және тәлімді (тау бөктерлерінде) егін шаруашылығы жақсы дамыған, сонымен қатар қой шаруашылығы бар, жүзім, жеміс-жидек, көкөніс, темекі өсіріледі. Ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 641, 6 мың га (2006), оның ішінде жыртылған жері 92,1 мың га, шабындық 16,6 мың га, жайылым 521,5 мың га. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібінің салалары жақсы дамыған. Ірілері: «Филипп – Моррис», «Фудмастер», «Голд продукт», «Есік жүзім зауыты», «Дионис», «Елес» т.б. Өсімдік шаруашылығында егістің басым бөлігі (80%) астық шаруашылығының үлесіне келеді. Еңбекшіқазақ ауданы жерінен Алматы – Райымбек, Алматы – Жаркент автомобобиль жолы өтеді. Есік қаласынан облыс орталығы – Талдықорған қаласына дейінгі арақашықтық 340 км. ## Халқы Тұрғындар саны – 300427 адам (2019). 40-тан астам ұлттың өкілдері тұрады, оның ішінде: қазақтар (57,50%), орыстар (13,15%), түріктер (4,80%), ұйғырлар (17,67%), әзербайжандар (1,47%), күрдтер (1,26%), татарлар (0,56%), шешендер (0,55%), қырғыздар (0,50%), немістер (0,45%), корейлер (0,38%), өзбектер (0,39%), украиндар (0,22%), гректер (0,22%), поляктар (0,12%), басқалары (0,76%). ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 79 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 25 ауылдық округке біріктірілген: ## Инфрақұрылымы Жалпы білім беретін 75 мектеп, гимназия, педагогика, заң және медициналық колледждер, 2 балабақша, 5 оқу-өндірістік комбинаты, 2 музей бар. Ауданы аурухана мен емхана, елді мекендерде 6 аурухана, 33 дәрігерлік амбулатория, 16 фельдшер-акушерлік және 23 фельдшер пункт, т.б. мектептер бар (2004). Еңбекшіқазақ ауылы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1471 км, оның ішінде 238-і республика, 689 км-і облыстық маңызы бар жолдар, ал 544 км-і елді мекендердің аралығындағы және ауыл ішілік жолдар. ## Танымал тұлғалары Ауданнан елге танымал Т.Молдағалиев, М.Құмарова, Қ.Қожамияров, Қ.Қарсақбаев, Х.Абдуллин, Ғалымбаева, Тұрлығазы Шаяхметұлы т.б. мәдениет қайраткерлері, А.Розыбакиев сынды тарихи тұлғалар шыққан. ## Мәдени мұра Еңбекшіқазақ ауданында республика және облыстық маңызы бар архитектура-мәдени ескерткіштер көп. Есік қаласы маңында және Түрген шатқалында осы өңірден табылған (1969) "Алтын адамға" ескерткіш орнатылған. Елді мекендерде 1, 2-дүниежүзілік соғыстардың, сондай-ақ сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына арналған ескерткіш-белгілер, монументтер орнатылған. Есік өңіріндегі 100-ден астам сақ дәуірінің қорғандары мемлекеттік қамқорлыққа алынды. Аудан тарихындағы әлеулі оқиғалардың бірі — 1963 жылы шілдеде Есік тасқын су әсерінен шайылып кетті. 1930 жылдың шілде айынан "Еңбекшіқазақ", 1999 жылдың мамыр айынан "Иссык" газеті шығады. Есік қаласынан облыс ортығы — Талдықорған қаласына дейінгі қашықтық 340 км, ал Алматыға дейін 55 км. ## Дереккөздер
Еркекқырыққұлақ (Pterіdіum) – кәдімгі қырыққұлақ тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның солтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, шөл-шөлейтті жерлерінен басқа, қарағайлы-шыршалы, аралас ормандарындағы ылғалды жерлерде өсетін 1 түрі – кәдімгі еркекқырыққұлақ (P. aquіlіnum) бар. Оның биіктігі 50 – 100 см-дей. Көлбеу өскен жуан тамырынан екі қатар қауырсын тәрізді жапырақтары жетіледі. Алғашқы кезде жапырақтары спираль тәрізді ораулы болады. Олардың жылына тек бір қатары ғана көктейді. Жапырағының астыңғы жағынан екі қатар қоңыр түсті сорустары (өсімдік спорасы дамитын мүшелері) пайда болады. Сол споралар піскеннен кейін жерге түсіп, көктей бастайды. Еркекқырыққұлақ – өте улы өсімдік. Оның шөбін де, сүрлемін де шошқадан басқа мал жемейді. Тамырының құрамында 45%-дай крахмал, сапонин болады. ## Дереккөздер
Ермексу – Сырдария алабындағы өзен. ## Географиялық орны Түркістан облысы Түркістан қаласы жанынан ағып өтеді. Ұзындығы 88 км, су жиналатын алабы 743 км². ## Бастауы Қаратау жотасының оңтүстік беткейінен бастау алып, Арыс-Түркістан каналына құяды. ## Гидрологиясы Бастауында жағасы тік жартас, төменгі ағысында жағасы жайпақ, құмды. Өзен суы желтоқсанда қатып, наурыздың басында мұзы ериді. Тұздылығы 0,8 – 1,0 г/л. Суы егін суғаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Еркек шөп , еркек бидайық (лат. Agropyron cristatum) – астық тұқымдасының бидайық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық облыстарында өседі. Биіктігі 25 – 70 см. Сабағы түкті, кейде жылтыр, жіңішке жапырағы таспа тәрізді. 3 – 10 түкті гүлі болады. Гүлшоғыры – масақ, жемісі – сопақша дәнек. Маусымда гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Еркек шөп – құнарлы мал азығы, оны басқа өсімдіктермен (әсіресе беде не эспарцетпен) қосып егеді. Далалы жердің ойпаттарында өсетін еркек шөптің масақтары жалпақ үш бұрышты болып келеді, ал оның құмда өсетіндерінің масақтары жіңішке және ұзын болады. Бір түптен 2-3 сабақ өседі. Масақ салған соң жылына бір рет орылады. 3 – 4 жылдан кейін өнімділігі жақсара түседі. 100 кг пішенінде 48,7% азық өлшемі, 3,3 – 4,1 кг сіңімді протеин бар, га-нан 12 – 20 ц пішен, 40 – 50 ц-дей көк шөп, 3 – 4 ц тұқым алынады. Аудандастырылған сорттары: жіңішке масақты Тауқұм, жергілікті Ақсеңгір, Қарабалық-202, жіңішке масақты Орал, т.б. ## Табиғатта таралуы. Жалпақ масақты еркек шөп Орал, Ақтөбе, Қостанай, облыстарыңда, ал жіңіщке масақты еркек шөп Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында кездеседі.Дәрілік шикізат және азық ретінде өсімдік жаңадан гүлдей бастаған кезде шалғымен шабылып немесе орақпен орылып алынып, қуратылмай кептіріледі. ## Химиялық құрамы. Оның сабағы мен масағының құрамында көп мөлшерде нәруыз, клетчатка, майлар, минералды заттар бар. ## Қолданылуы. Бұл өсімдік, біріншіден, жұғымды мал азығы, екіншіден, малдың асқазан-ішек жұмыстарын жақсартып, малды тез қондандырады. Сондықтан оның алдын – ала дайындалған шөбі қыста және көктемде арықтап, көтерем болуға айналған малдың жеміне араластырып беріледі. ## Дереккөздер Шәріпбаев Н. Малдың асқазан - ішек ауруларын емдеуге қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Еркек шөп — "Қайнар", 1988. — Б. 84-85. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.
Жерсағыз , құмсағыз (лат. Chondrilla) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде екі жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда шөл-шөлейтті, құмды жерлер мен жазық далаларда өсетін 16 түрі бар, соның ішінде ірі жерсағыз (Ch. mасra), мойынқұм жерсағызы (Ch. mujunkumensіs), Боссэ жерсағызы (Ch. bosseana) — Балқаш — Алакөл ойысының, Мойынқұм, Бетпақдаланың сирек кездесетін өсімдіктері. Көп тараған түрлері: қысқатұмсықты жерсағыз (Ch. brevіrostrіs) және ақ түкті жерсағыз (Ch. canescens). Биіктігі 30 — 100 (150) см-дей. Бұтақты сабағын түк басқан. Жебе тәрізді сүйір жапырақтары кезек орналасады. Сары түсті, қос жынысты гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Маусым — қыркүйекте гүлдеп, қазан айында жемісі піседі. Тұқымы — ұзынша жолақты дән, оның ұшында қалың түкті айдарлары болады. Жерсағыздың тамыры мен сабағында ақ сүті болады, одан кепкеннен кейін сағыз алынады. Жерсағыз — каучук алатын өсімдіктер. Оның — Кузнецов жерсағызы (Ch. kusnezovіі) деген түрі, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Жер сағыз торғай өлкесінде де өседі. оны ол жақтың қазақтары құмсағыз деп атайды. ## Дереккөздер
Ергежейлі боз қосаяқ (лат. Salpingotus pallidus) – кеміргіштер отрядының қосаяқтар тұқымдасына жататын кішкентай аң. Қазақстанда ғана, оның ішінде Қызылорда облысындағы Арал өңірінде (Қарақұм, Үлкен және Кіші Борсық құмдары) және Алматы облысындағы оңтүстік Балқаш құмдарында (Сарыесік Атырау) кездеседі. Дене тұрқы 52 – 61 мм, салм. 8,9 – 12,5 г. Өзі тектес басқа қосаяқтардан ерекшелігі – арқасы боз түсті болады. Ғылымға 1984 жылдан бастап белгілі. Саны аз, таралу аймағы шағын. Ін қазып, сонда тұрақты тіршілік етеді. Інінің ұзындығы 215 см-ге жетеді. Ергежейлі боз қосаяқ – түн жануары. Ол өсімдіктердің дәнімен, жемісімен және түрлі қоңыздармен, шегірткелермен қоректенеді. Қыркүйекте қысқы ұйқыға жатады. Бұл кезде денесіне жинаған майдың үлесі жалпы салмағының 28%-ын құрайды. Қысқы ұйқыдан сәуірде оянып, мамыр – шілде айларында 2 рет көбейе алады, әрқайсысында орта есеппен 4 – 5 қосаяқтан туады. Бұлар келесі көктемде жыныстық жағынан толық жетіледі. Ергежейлі қосаяқтың тіршілігі әлі толық зерттелмеген. Бозтүсті ергежейлі қосаяқ сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ## Статусы III-ші санат. Сирек таралу аймағы тар түр, Қазақстан фаунасының әндемигі. ## Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы Туыстың әлемдік фаунадағы төрт түрінің бірі. Қазіргі Тұранның территориясында пайда болған алғашқы формаларының бірі ретінде қарастырылады. ## Таралуы Таралу аймағы екі оқтауланған учаскеге бөлінеді, оның біреді Солтүстік Арал өңірінде, ал екіншісі – Оңтүстік Балқаш өңірінде орналасқан. Солтүстік Арал өңірінде Аралмаңы Қарақұмында, Үлкен және Кіші Борсық құмдарында мекендейді . Оңтүстік Балқаш өңірінде Іле-Қаратал өзендері аралығының солтүстік бөлігінде кең тараған , сол сияқты Аксу-Қаратал өзендері аралығынан да табылған . ## Мекендейтін жерлері Солтүстік типті құмды шөлдерде мекендейді. Арал өңірі Қарақұмында жусанды – астық тұқымды өсімдіктер қскен бекінген құмдарда , Үлкен Борсық құмында – құмдардың тегістелген шеттерінде мекендейді. Оңтүстік Балқаш өңірінде барлық типтегі құмдарда – жоталы, жоталы-адырлы, ірі бекінген құмдарда – десе де жоталар мен шағыл құмдардың етектерінде, олардың арасындағы онқықтарда, сол сияқты құмды жазықтар мен бекінген аласа моталы құмдарда кездеседі . ## Саны Аз десе де аңтайлы биотоптарде жекелеген жылдары біршама кәдімгідей. Арал өңірінде 10 км автомаршрутта 3-тен 11-ге дейін қосаяқ есепке алынған, қоныстану тығыздағы 1га-да 2-3 басты құрады . Оңтүстік Балқаш өңірінде 10 км автомаршрутта бір қосаяқ, бірақ жекеленген оңтайлы жерлерде 1 км жаяу маршрутта 8-10 басқа дейін жетеді . ## Негізгі шектеу факторлары Анықтармаған. Белгілі бір дәрежеде, әсіресе жастары, жыландардың (1998 ж. шығыс айдаһаршасының қарнынан бұл қосаяқтың 2аласын таптың) және жапалақтардың, ең алдымен үй бағызының оңай жемтігі болады, Оңтүстік Балқаш өңірінде соңғысынаң саны біршама жоғары. ## Биологиялық ерекшіліктері Жеке тіршілік етеді. Қысқы ұйқыға жатады. Сәуірден қыркүйекке дейін белсенді. Жазғы індері кішкентай (ұзындағы 40 см-дей, тереңдігі 8 см) және қапапайым құрылысты (шығу аузы 2-3 және бір ұя камерасы). Негізгі қорегі – тұқым мен насекомдар, өсімдіктің жасыл бөлігі шамалы болса да үнемі кездеседі. Көбеюінің басталуы кеш түседі. Арал өңірінде – маусымның бірінші онкүндігі , Оңтүстік Балқаш өңірінде – сәуірдің аяғы – мамырдың баса. Солтүстік Арал өңірінде біраналыққа 2-4, орташа 2.8, ал Оңтүстік Балқаш өңірінде – 4-5, орташа 4.1 эмбрионнан келеді . 10-11 айда жыныстық жағынан жетіледі. Табиғатта тіршілігінің ұзақтығы 2.5, ал қолда – 3 жыл . ## Қолда өсіру Қолда ұстауға оңай үйренеді. Торда 3 рет ұсталып өсірілгені, оның екі жағдайында ұрпақ алынғаны белгілі. ## Қабылданған алынған қорғау шаралары Алынбаған. ## Қорғауды керек ететін шаралары. Арнайы қорғау шаралары қолданылмайды. ## Зерттеу үшін ұсыныстар Боз түсті ергежейлі қосаяқтың белгі популяцияларына тұрақты түрде мониторинг жүргізу. ## Дереккөздер
Біржан сал ауданы (бұрынғы Еңбекшілдер ауданы) — Ақмола облысының солтүстігіндегі әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы – Степняк қаласы. ## Географиялық орны, жер бедері Аудан солтүстігінде СҚО-ның Тайынша, Ақжар, Уәлиханов аудандарымен, шығысында Ерейментау ауданымен, батысында Бұланды, Бурабай аудандарымен, оңтүстігінде Ақкөл ауданымен және Степногорск қаласына қарасты аумақпен шектеседі. Біржан сал ауданының жері Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан Сілеті жазығының орталығы бөлігінде, орманды-дала және дала белдемдерінде орналасқан. Жерінің беті негізінен ұсақ шоқылары бар (абсолют биіктігі 250 метрге дейін) жазық болып келеді. Шоқылардың ең ірісі – ауданның оңтүстік-шығысындағы Арқалық тауы. Кен байлықтарынан: темір, түсті металл кентастары, оның ішінде: алтын, құрылыс материалдары (әктас, құм және кірпіш сазы) кездеседі. ## Тарихы Аудан 1928 жылы 17 қаңтарда Қызылжар округі орталығы Казгородок ауылы (қазіргі Үлгі ауылы) құрылды. 1928 жылдың 10 мамырынан 1930 жылдың 17 желтоқсанына дейін Петропавл округінің құрамында болды. 1932-1936 жылдары аудан Қарағанды ​​облысының құрамында болды 1936 жылғы 29 шілдеден 1939 жылғы 14 қазанға дейін - Солтүстік Қазақстан облысына бағынған. 1939 жылғы 14 қазаннан 1944 жылғы 15 наурызға дейін - Ақмола облысының құрамында болды. 1944 жылғы 15 наурыздан бастап Көкшетау облысының құрамына енді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен 1955 жылы 3 маусымда аудан орталығы Степняк қаласына көшіріліп, Степняк қаласы облыстық бағыныстағы қалалар санатынан аудандық бағыныстағы қалалар санатына жатқызылды. Ауданның қарқынды дамуы тың игерумен тұс келді. 1960 жылдың желтоқсанынан 1965 жылдың қазанына дейін 5 жыл бойы Еңбекшілдер ауданы теріскейдегі барлық аудан-облыстармен қатар Тың өлкесінің құрамында болды. Өлке орталығы 1961 жылы Целиноград болып өзгертілген  Ақмола қаласы болды. 1963 жылдың 2 қаңтарынан 1964 жылдың 30 желтоқсанына дейін Еңбекшілдер ауылдық ауданы деп аталды. Тың өлкесінің 1965 жылы таратылуымен, 1964 жылдың 30 желтоқсанынан Көкшетау облысының әкімшілік бағынысында болды. 1997 жылы мамырда Еңбекшілдер ауданы Солтүстік Қазақстан облысына қосылады. Уәлиханов ауданының кейбір елді мекендерінің қосылуымен аудан аумағы ұлғаяды. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына ауысуына байланысты 1999 жылы 8 сәуірде Еңбекшілдер ауданы Ақмола облысының құрамына енді. 2017 жылғы 13 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Еңбекшілдер ауданы қазақтың ақыны, сазгер Біржан сал Қожағұлұлының құрметіне Біржан сал ауданы болып өзгертілді. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Ауданның климаты тым континенттік, қысы суық және ұзақ, жазы ыстық әрі қуаң. Қаңтарда ауаның орташа температурасы –16 – 17°С, шілдеде 19 – 20°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері шығысында 250 – 300 мм, батысында 300 – 350 мм. Жер бетінің сулары жазда жеке қарасуларға бөлініп қалады, сирек кездесетін өзендер мен көптеген ащылы-тұщылы көлдерден тұрады. Өзендерінің біршама ірілері: Жөкей мен Қотыркөл көлдерін қосатын Саға, Мамай және Атансор көліне құятын Тәттімбет пен Атан. Ірі көлдері: Жөкей, Шошқалы, Итемген, Кіндікті, Сасыққопа (тұщы сулы), Тасшалқар, Қарасор, Қотыркөл, Мамай, Атансор, Майлысор, Жамбайсор, Көксор. Аудан жерінде негізінен саздақ қара топырақ, кейбір жерлерінде сортаң қара топырақ қалыптасқан. Дала белдемінде селеу, жауқияқ, жусан аралас өскен бетеге, т.б. шөптесін өсімдіктер орманды жерлерінде қайың, терек, тал, ал батыс жағында қылқан жапырақты ағаш өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, қосаяқ, суыр, тараққұйрық, дала тышқандары, бұлан, елік; құстардан қаз, аққу, үйрек, шағала, көл жағалай қызғыш, тауқұдірет, дуадақ, бүркіт, кезқұйрық, сауысқан т.б. кездеседі. ## Ауыл шаруашылығы Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің жалпы аумағы 1,1 млн. га. Оның ішінде жыртылған жері 141,2 мың га, 1,7 мың га шабындық, 121,3 мың га жайылым, 150,3 мың га тың жер бар. Заозёрный – Ерейментау темір жол және Степняк – Щучинск – Макинск автомобиль жолдары бар. ## Халқы Тұрғындар саны: 14 360 адам (2019). * Ұлттық құрамы: қазақтар (63,99%), орыстар (24,74%), украиндар (1,89%), немістер (2,29%), беларустар (1,69%), татарлар (1,80%), поляктар (0,20%), башқұрттар (0,23%), ингуштар (0,43%), басқалары (2,74%). ## Әкімшілік бөлінісі 35 елді мекен 5 ауылдық, 1 қалалық әкімдік пен 9 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Дереккөздер
Ертіс артезиан алабы – Ертіс өзені аңғарының Семейден төменгі бөлігін алып жатқан жер асты суы бар өңір. Бұл алаптағы жалпы қалыңдығы 1200 – 1300 м-ге дейін жететін мезозой-кайнозой шөгінділері Ертіс және Құлынды қазаншұңқырларының қанатын құрайды. Бұл шөгінділер бірнеше сулы горизонттарға бөлінген. Антропоген-неогеннің құмды-малтатасты шөгінділерінде жер асты сулары бірнеше м-ден 87 м-ге дейінгі тереңдікте жатады. Олардың минералд. 0,2 – 0,5 г/л-ден 18 – 20 г/л-ге дейін. Ұңғымалардың су өнімділігі 0,2 – 0,4 л/с-тан 25 – 30 л/с-қа дейін. Олигоценнің кварцты және кварц-глауконитті құмдарымен байланысты арынды сулар 150 – 200 м тереңдікте кездеседі. Бұл сулар көбінесе тұщы және аздап ашқылтым. Бор кезеңінің құмдарында шоғырланған сулы горизонттар оңт-те 200 – 250 м-де, ал солт-те 800 – 1200 м-ге дейінгі тереңдікте орналасқан. Судың қозғалу бағыты бойынша минералд. 0,5 – 1,0 г/л-ден 5 – 8 г/л-ге дейін артады, ал температурасы Павлодар облысының солт-нде 35 – 37°С-қа дейін жетеді. Төм. бордың минералды сулары Ақсу қаласындағы емханада түрлі ауруларды емдеуге пайдаланылады. ## Дереккөздер
Ерейментау ауданы – Ақмола облысының шығысындағы әкімшілік бөлініс. ## Тарихы Аудан Ақмола округінің құрамында Еркіншілік атауымен (орталығы Торғай қонысы) 1928 жылы қыркүйек айында құрылған еді. Ауданның құрамына Ақмола уезінің Еркіншілік және бұрынғы Ермен болысының бөліктері кірді. 1930 жылы таратылғаннан кейін Ақмола округінің аудандары мемлекеттік органдарға бағынышты болған және 1932 жылы жаңадан құрылған орталығы Петропавл қаласындағы Қарағанды облысының құрамына енген еді. 1935 жылдың қаңтар айында аудан орталығы Благодатный ауылына ауыстырылды. 1939 жылы қазан айында аудан Ақмола облысының құрамына берілді. 1948 жылының көктемінде Ерейментау тауының етегінде Ерейментау кенті салынды. 1954 жылдың 11 қыркүйегінде аудан орталығы Благодатный ауылынан Ерейментау кентіне ауыстырылды. 1963 жылдың 2 қаңтарында бұл аудан Ерментау ауданы деп аталды. Ерментау ауданы 1997 жылының 14 қарашадағы ҚР Президентінің Жарлығымен Ерейментау ауданы деген атауға ие болды. ## Халқы ## Әкімшілік бөлінісі Аудан жеріндегі 33 елді мекен 3 ауылдық, 1 қалалық әкімдік пен 10 ауылдық округке біріктірілген: ## Географиялық орны, жер бедері Аудан батысында Біржан сал, Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандарымен және Степногорск қаласымен, солтүстігінде СҚО-ның Уәлиханов ауданымен, шығысында Павлодар облысының Ақтоғай ауданымен және Екібастұз қаласымен, оңтүстігінде Аршалы және Қарағанды облысының Осакаров ауданымен шектеседі. Ерейментау ауданы Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы дала белдемінде, Сілеті, Өлеңті өзендерінің алабында орналасқан. Солтүстік жер бедерінің биіктігі 300 м аспайтын белесті жазық. Оңтүстікке қарай күмбезді, үшкілді төбелер мен жондардан тұратын денудациялық ұсақ шоқылар, оңтүстігі делювийлі-пролювийлі аккумуляттық жазықпен және бойлық бағытта созылған Ерейментау тауымен алмасады. Ауданның жер қойнауында алтын, сүрме, тас көмір, боксит, тұз, әктас, гранит, қиыршықтас, құм кен орындары барланған. ## Климаты Климаты тым континенттік, қысы суық қары аз, жазы ыстық, құрғақ. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –16 – 18°С, шілдеде 20 – 21°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 – 350 мм. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай Сілетінің басты салалары – Ащылыайрық (сол), Ақмырза, Кедей, Шилі (оң) және Өлеңті өзендері ағып өтеді. Көлдерінің ірілері: Теңіз, Шолақсор, Жақсытұз, Тамсор, Қарасор, Үлкен және Кіші Шарықты, Көбейтұз, Қоржынкөл (тұщы), Қабыланкөл, Бозайғыр, Әжібай, т.б. Өзен мен көлдер жауын-шашын және жер асты суларымен толығады. Жер асты сулары 30 – 50 м (оңт-нде 100 метрге дейін) тереңдікте кездеседі. Ерейментау бөктерінде суы тұщы әрі мол бұлақтар көп. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Аудан жерінің солтүстік бөлігі сортаңды күңгірт қызыл қоңыр топырақты, оңтүстігі қызыл қоңыр топырақты. Таулы өңірінде қара топырақ, өзен, көл жайылмаларында шалғындық сортаң топырақ қалыптасқан. Даласында бетеге, селеу, қылқан селеу, жусан, шығысында түрлі бұта, сұлыбас, қылқан селеу өседі. Ерейментаудың баурайы мен шатқалдарында қайың, көктерек, тал, қараған, тобылғы, түрлі шөп, сұлыбас, қызғылт селеу, өзен аңғарларында түрлі шөп, астық тұқымдас шалғын өседі. Тауда арқар, елік кездеседі. Аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, ақ қоян, борсық, суыр, сарышұнақ, ақ қалақ, ақкіс; құстардан қаз, үйрек, тырна, құр, бүркіт, дала қыраны, қаршыға, бөктергі, т.б. мекендейді. Ауданда Ерейментау қорықшасы орналасқан. Ірі елді мекендері: Торғай, Майлан, Бестөбе, Павловка, Сілеті. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері 1676,4 мың га, оның ішінде егістік 115,6 мың га, шабындық 23,1 мың га, жайылым 1402,3 мың га, орман 17,5 мың га-ны құрайды. Бестөбе, Ешкіөлмес алтын кендерінен алтын өндіріледі. Аудан жері арқылы Астана – Ерейментау – Павлодар, Ерейментау – Айсары темір жол, Астана – Ерейментау – Павлодар, Ерейментау – Бестөбе автомобиль жолдары өтеді. ## Дереккөздер
Ертіс-Қарағанды каналы — Павлодар және Қарағанды облыстары жерімен ағып өтеді. ## Сипаттамасы Қазақстандағы аса ірі су құрылыстарының бірі. Ертіс өзенінің су қорына негізделіп салынған. Құрылысы 1962 жылдан басталып, 1974 жылы канал іске қосылды. Ертіс өзенің сол жағасындағы Ақсу қаласы тұсынан басталып, Қарағанды қаласына таяп аяқталады. Жалпы ұзындығы 458 км. Оның 272 км-і Павлодар облысы, 186 км-і Қарағанды облысы жерінде. Арнасының беткі ені 40 м, табан ені 4 м, тереңд. 5 – 7 м. Канал бойындағы 22 су көтергіш станциялары суды 420 м биіктікке көтереді. Канал бойында, сондай-ақ 11 су торабы, 2 бөген, 17 көпір және автомобиль жолы салынған. Канал секундына 13 – 75 м3 су өткізеді. Жылдық су өткізетін көл. 2,5 млрд./м3, оның 0,94 млрд./м3-і Павлодар облысына, 0,35 млрд./м3-і Ақмола облысына, 1,21 млрд./м3 суы Қарағанды облысына таратылады. Су Ертіс жазығымен батысқа қарай 4 су көтергіш станциялары арқылы жіберіледі. Қалқаман көлі тұсында Павлодар – Астана темір жолын кесіп, Сарыарқаның шоқылары арасымен ағып өтіп (175 км) Шідерті өзеніне жетеді. Бұл аралықта 6 су көтергіш станциялары суды 100 м биіктікке көтереді. Осы тұста Шідертінің арнасы 200 км бойы бөгендер мен тоғандар тізбегіне айналды. Ондағы су көтергіш станциялардың әрқайсысы суды төменгі бөгеннен жоғарғы бөгенге айдап, Шідерті өзерін кері ағызды. Су тағы да 200 м-дей биіктікке көтеріледі. Одан әрі канал Шідертінің сол жағасын бойлап, Нұра мен Шідерті өзенінің суайрығын кесіп өтеді. Бұдан кейін Ертіс-Қарағанды каналының 80 км бөлігіндегі 6 су көтергіш станциялар суды 110 м биіктікке көтереді. Нұра аңғарына шығатын жерде еңіс басталады. Бұл тұста су Тұзды бөгеніне жіберіледі. Одан әрі Нұраның астынан салынған құбырлармен ағып өтіп, Қарағандыға таяу жерде аяқталады. Осы жерде салынған су тазарту станциясында сүзілген су құбыры арқылы Қарағанды қаласына жеткізіледі. ## Тиімділігі Ертіс суының қуаң Сарыарқа өңіріне келуі — тың жерлерді игеру процесін жалғастырды: жасанды су магистралы негізінде жаңа кеңшарлар мен қосалқы шаруашылықтар құрылып, суармалы алқаптардан мол өнім алынды. Ертіс-Қарағанды каналы республикасының ірі индустриялық орталықтары еңбекшілерін ауыл шаруашылығы өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ## Дереккөздер
Ертіс жазығы – Ертіс өзенінің екі жағын және Батыс Сібір ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан жазық. ## Географиялық орны Қазақстанның Абай, Павлодар облыстары және Ресейдің Омбы, Түмен облыстары аумағын қамтиды. ## Жер бедері Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 550-600 км-ге созылып жатыр. Ені 80 км-ден 250 км-ге дейін кеңейеді. Шығысында Барабы жазығы және Құлынды далаларымен, оңтүстік-батысында Сарыарқамен, батысында Солтүстік Қазақстан жазығымен ұласады. Жер беті оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай біртіндеп еңістене отырып, 200 м-ден 100 м-ге дейін төмендейді. ## Геологиялық құрамы Жазық палеозойлық іргетасты жауып жатқан мезозой мен палеогеннің құмды-сазды және көлді-аллювийлі шөгінділерінен тұрады. Жазықты Ертіс аңғары екіге бөледі. Соған байланысты оның сол жағалауы Ертіс бойы деп, оң жағалауы Ертіс сырты деп аталады. ## Су торабы Ертіс жазығында өзен торы сирек. Ертіс алабындағы кішігірім өзендер (Шідерті, Өлеңті және Сілеті) көлдерге құяды. Көлдердің көбі тұзды және кермек татиды. Тұз байланатын ірі көлдері – Тобылжан, Қалқаман, Теке, Үлкен Қараой, Кіші Қараой, Қызылқақ, т.б.. Маралды көлінің суы шипалы. ## Климаты Жазықтың климаты тым континенттік. Қысы суық, ызғарлы және ұзақ. Қаңтардағы орташа ауа температурасы –17 – 20°С, кейде – 48 – 53°С-қа дейін төмендейді. Қар жамылғысының қалыңдығы 30-35 см. Жазы қоңыржай жылы. Шілдеде ауаның орташа температурасы 19-22°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері оңтүстіктен солтүстікке қарай 200 мм-ден 350 мм-ге дейін көбейеді. ## Өсімдіктері Ертіс жазығының солтүстік және орталық бөліктері астық тұқымдас әр түрлі шөп аралас қау, селеу және бетеге өскен қара топырақты, оңтүстік-шығыс бөлігі селеулі-бетегелі қызғылт қоңыр топырақты. Өзен бойында қарағайлы ормандар, ойпаң жерлерде батпақты шалғындар, тұзды көлдер, жағалауларында алабота, сораң шөптер тараған. ## Жануарлары Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, суыр, қосаяқ, елік; құстардан қаз, үйрек, аққу, тырна, қызғыш, шағала; орманды жерлерде бүркіт, кезқұйрық, күйкентай және т.б. мекендейді. Ертіс жазығын астық, көкөніс, көп жылдық мал азықтық шөптер және мал өсіруге пайдаланылады. Алқабында Павлодар облысының көптеген қалалары, кенттері мен ауылдық елді мекендері орналасқан. ## Дереккөздер
Ертіс жаншылу белдемі – Алтайдағы Зайсан геосинклиналь жүйесінің ірі тектоникалық құрылымы. Оның Қазақстандағы бөлігі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Теректі ауданының маңынан өтетін Қазақстан – Қытай шекарасынан Батыс Сібір ойпатына дейін солтүстік-батыс бағытта 450 км-ге созылып жатыр. Ені 200 – 300 м-ден 15 – 20 км-ге дейін.Ертіс жаншылу белдемін алғаш зерттеп, сипаттама беріп картаға түсірген геолог В.П. Нехорошев (1932) болды. Бұл белдем бір-біріне жанаса параллель не сүйір бұрышпен ұштасқан үлкенді-кішілі көптеген жарықшалардан тұрады. Белдем шегіндегі тау жыныстары күрделі қатпарланған, өте күшті метаморфизмге ұшыраған, кристалды тақтатастарға, амфиболиттерге, гнейстерге айналған. Ертіс жаншылу белдемі төменгі палеозойда жер қыртысының үлкен әрі терең жарылымы бойында қалыптасып, бүкіл палеозой бойы қозғалмалы құрылым ретінде дамыған. Ол іргелес жатқан Кенді Алтай мен Қалба-Нарын жоталарының геологиялық тұрғыдан ерекше дамуына, Кенді Алтай полиметалл және Қалба-Нарын сирек металдар белдеулерінің қалыптасуына себепші болған табиғи шекара. Белдем бойында бірнеше ірі мыс-колчедан (Белоусовка, Березовка, Николаевка, т.б.) кен орындары орналасқан. ## Дереккөздер
Ертіс полиметалл кен орны - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан солтүстік-батысқа қарай 55 км жерде орналасқан. 1958 жылы ашылып, 1967 жылға дейін барланған. ## Геологиялық құрылымы Кен орны девонның жанартаулық-шөгінді жыныстарынан (кварцты-серицитті тақтатас пен микрокварциттер) құралған. Кен шоғырлары қатты тотығып, гидротермальдық өзгерістерге ұшыраған тау жыныстарында орналасқан. ## Жатыс сипаты, құрамы Кен денелері солтүстік-батысқа қарай бағытталған, жалпы ұзындығы 8 км, ені 150-200 м-дей линза пішіндес қабаттар. Кентас құрамына қарай күкірт-колчеданды, мыс-колчеданды, полиметалды болып бөлінеді. Негізгі кен минералдары: пирит, халькопирит, сфалерит, галенит. Кен орны көлемі жағынан орта кен орындарына жатады. Алынатын пайдалы компоненттер: қорғасын, мыс, мырыш. Ертіс полиметалл кенінің негізінде кеніш және Ертіс полиметалл комбинаты жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Ершін , криптокодон (лат. Cryptocodon) – қоңыраугүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратаудың тасты, тастақты беткейлерінде, жартастарда өсетін 1 түрі – дарабас Е. (С. monocephalus) бар. Биіктігі 10 – 15 см, тамыры жуан, оны қураған жапырақ сағақтары басып жатады. Сабақтары көп, тік өседі, қалың жапырақты. Төменгі жапырақтары сопақша (ұзындығы 7 см, ені 1,5 см) шеттері ұсақ тілімденген, сабақ бойындағылары ұзын, отырыңқы болады. Гүлдері жапырақ қолтығынан шығады, аса үлкен емес тығыз гүл басына жинақталған. Тостағанша жапырақтары эллипс тәрізді, ұзын тіліктерге бөлінген. Күлтесі түтікті-қоңырау пішінді, ақшыл көк түсті. Тұқымынан көбейеді. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, маусымда жемістенеді. Жемісі – эллипс тәрізді қорапша. Дарабас Ершін өте сирек кездесетін Қаратаудың реликт өсімдігі, таралу аймағы жылдан-жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Есекара (Vespa) – кәдімгі ара тұқымдасының бір туысы. Жер шарында, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда кең тараған. 20-дан астам түрі белгілі. Қазақстанда жиі кездесетін түрі – кәдімгі Есекара (V. crabo) бар. Тұрқы 25 – 30 мм, ағаш қуыстарында ұялайды. Есекара жәндіктермен (оның ішінде бал арасын да), жеміс-жидекті жейді. Тағамдық заттарды ластап, инфекция таратуы да мүмкін. Егер Есекара адамды шақса, сол жер ісіп, ауырады. ## Сыртқы сілтемелер * http://animalnewyork.com/tag/vespa/ ## Дереккөздер
Есекшөп (лат. Oenothera) – күреңоттар тұқымдасына жататын екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Көбінесе Американың қоңыржай белдеулерінде өсетін 80-нен астам түрі белгілі. Басқа материктерге Америкада әкелініп жерсіндірілген. Қазақстанда Балқаш – Алакөл ойысында, Іле, Күнгей Алатауларының ылғалы мол жерлерінде, жол бойында, сарбалшықты жерлерде өсетін 1 түрі – екіжылдық Есекшөп(О. bіennіs) бар. Биіктігі 60 – 130 см тамыры жуан, сабағы тік өседі. Тамыр жапырақтары ұзын сағақты, сабақ бойындағылары қысқа сағақты, кезектесе орналасады. Гүлдері жапырақ қолтығына топталған, сары түсті, хош иіс шығарып кешке қарай ашылады. Негізінен түнгі күйе көбелектермен тозаңданады. Маусым – қыркүйек айларында гүлдеп, шілде – қазанда жемістенеді. Жемісі – қорапша. Тұқымы көп, ұсақ, қара қоңыр түсті. Жас тамыры кейде тағам ретінде пайдаланылады. Тұқымы олиф жасауға жарамды май береді. Әдемі, хош иісті гүлдері үшін сәндік өсімдік ретінде жиі өсіріледі. ## Дереккөздер
Есенаңқаты – Жайық алабындағы өзен. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы жерінде. Ұзындығы 130 км, су жиналатын алабы 1860 км2. ## Бастауы Шыңғырлау өзенімен қатарласа созылып жатқан биік жонның солтүстік жағынан (160 – 190 м) басталады да Шалқар көліне құяды. ## Гидрологиясы Жер асты және жауын-шашын суларымен толығады. Арнасының ені 20 – 30 м, жағасы жайпақ. Салалары Жандыбұлақ, Көпіраңқаты (ұзындығы 45 км), Аңқаты (29 км). Жылдық орташа су ағымы 0,14 м3 /с. Егістік, шабындық суғарылады. ## Дереккөздер
Емшырмауық (лат. Periploca) – кендірлер тұқымдасына жататын бұта өсімдіктер туысы. Жерорта теңізі жағалауларында, Африканың тропиктік, Азияның қоңыржай және субтропиктік аймақтарында тараған 15-тей түрі белгілі. Қазақстанда мәдени түрде өсірілетін 1 түрі – грек Емшырмауықы (Р. graeca) бар. Бұл биікт. 12 м-дей болатын шырмауық. Жапырақтарының пішіні эллипс немесе жұмыртқа тәрізді. Гүлдері ірі, диам. 3 см-дей болады, күңгірт жасыл түсті, у иісі шығып тұрады. Гүлдері цимозды (гүлі өсімдік ұшынан төмен қарай ашылатын) гүлшоғырына топталған. Жемісі – өте көп тұқымды жапырақша. Емшырмауықтың қабығында алкалоид, глюкозидтер бар, одан медицинада дәрі дайындалады. Улы өсімдік. ## Дереккөздер
Есенбай – Ханшыңғыс тауының (1001 м) шығысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы Ащысу өзені аңғарында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 655 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 12 км-ге созылған, енді жері 4 – 5 км. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Беткейлеріндегі тау жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Сай-жыралармен тілімденген. Орта және төменгі тас көмір гранитоидтарынан түзілген. Баурайынан бұлақтар бастау алады. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, боз, селеу, астық тұқымдас шөптесіндермен қатар бұталы ағаштар өседі. ## Дереккөздер
Есен – Нұраның сол саласы. ## Географиялық орны Қарағанды облысының Абай және Шет аудандары жерімен ағады. Өзен 85 км, су жиналатын алабы 3430 км2. ## Бастауы Арқалық тауының оңтүстік-батыс сілемдерінен басталады да, Есенкелді ауылы тұсында Нұраға құяды. ## Гидрологиясы Қар және жер асты суымен толығады. Жоғарғы ағысында арнасы тар, тік жарлы, ал төменгі жағында біртіндеп кеңейе береді. Көктемде 20 күндей тасиды, жазда тартылып қалады. Жылдық орташа су ағыны 0,12 м3/с. Суы кермек татиды, ащылау. Мал ішеді. Жайылмасы — шабындық, жағасында шілік тал өседі. ## Дереккөздер
‎Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – қоршаған табиғи ортаны қорғауға байланысты мемлекет және жеке адамдар тарапынан арнайы бөлініп қорғауға алынған жер телімдері мен су айдындарының жеке бөлімдері. Қазіргі кезде дүние жүзінде Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны 13 мыңнан асты, бұл Жер бетінің 8,5 %-ына тең. Халықар. жіктеу бойынша Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 10 топқа бөлінеді: 1. Қатаң түрде қорғалатын табиғи-ғыл. резерваттар; 2. Ұлттық саябақтар; 3. Табиғат ескерткіштері мен табиғаттың ерекше көрікті нысандары; 4. Табиғат қорғауға арналған резерваттар; 5. Қорғалатын ландшафтылар; 6. Табиғат ресурстарын сақтауға арналған резерваттар; 7. Антропол. резерваттар (адамның іс-әрекеттерімен жасалған нысандарды қорғау); 8. Жергілікті жердің өзіне тән табиғаты қорғалатын және түрлі мақсатта пайдаланатын аумақтар; 9. Биосфералық резерваттар; 10. Бүкіләлемдік маңызы бар тарихи және табиғи орындар.Қазақстан Республикасы 2006 ж. 7 шілдесінде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 4-тарауының 4-бабында респ. маңызы бар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы түрлері: мемлекеттік табиғи қорықтар; мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар; мемл. табиғи резерваттар; мемлекеттік зоология саябақтар; мемлекеттік ботаникалық саябақтар; мемлекеттік дендрол. саябақтар; мемлекеттік табиғат ескерткіштері; мемлекеттік табиғи қорықшалар; мемлекеттік қорықтық аймақтар. Қазақстан бойынша Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға: 10 мемлекеттік қорықтар, 10 мемлекеттік ұлттық саябақтар; 3 табиғи резерваттар; 49 табиғи қорықшалар, 127 геологиялық табиғи-қорықтық қор, 5 қорықтық аймақ, 6 ботаникалық және 3 зоологиялық бақтар, 26 мемлекеттік табиғат ескерткіштері, 2 ірі резерват (Семей, Ертіс орманы) бар. Бұлардың жалпы аумағы 2 млн. га-дан астам. Бұл көрсеткіш республиканың жалпы жер аум-ның 8%-ына тең. Халықар. стандарт бойынша әрбір мемлекеттің жалпы жер аумағының 10 – 12%-ы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бөлінуі тиіс. Мыс., мұндай көрсеткіш Германияда 31,5%, АҚШ-та 15,8%, Жапонияда 14%, т.б. 2008 ж. Дүниежүзілік мұралар комитетінің 32-сессиясының шешімімен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне, Орт. Азия мен Қазақстан бойынша алғаш рет Қорғалжын қорығы мен Наурызым қорығы енгізілді. ## Дереккөздер
Есенжол – Атырау облысы Жылыой ауданы Қарақұм құмының солтүстік-шығысында 25 км жердегі сор. Құлсары қаласының шығысында орналасқан. Сор теңіз деңгейінен 3 – 4 м төменде. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 22 км, енді жері 13 км-ге созылып жатыр. Сордың аумағы жер асты суының көтерілуіне байланысты өзгеріп отырады. Аймақ шаруашылықты жүргізуге жарамсыз. ## Дереккөздер
Ерінгүлділер (лат. Lamiáceae), немесе Тауқалақайгүлділер (лат. Labiátae) Қосжарнақтылар класының тұқымдасы, тұқымдасқа 250-дей тегі және 7850-дей өсімдіктер кіреді, оның арасында кең таралған: жалбыз, сәлбен, жаужапырақ, тасшөп, киікоты, т.б. түрлер кіреді. Қазақстан аумағында олардың 234 түрі бар. ## Ерінгүлділер тұқымдас өсімдіктердің ортақ белгілері Тауқалақайдың гүл құрылысына зер сала қарайтын болсақ, гүлдердің әрқайсысы аузын аңқайта ашқандағы көрінісі жоғары және төменгі ерінді еске түсіреді. Гүлдің 5 күлтесі жіңішкерт бітіседі де түтікше құрайды. Біріккен 2 жоғары күлте - жоғары ерін тәрізді, ал біріккен 3 күлте төменгі ерін тәрізді болып көрінеді. Тауқалақайгүлділер сондықтан ерінгүлділер деп аталады. Гүлдің мұндай құбылысы - осы тұқымдастағы өсімдіктердің барлығына тән ерекшелік. Ерінгүлділер тұқымдасы - жапырақтары қарама-қарсы орналасатын шөптекті өсімдіктер. Олардың бөбешік жапырақтары болмайды. Тропиктік Оңтүстік Америкада бұталы, шала бұталы, кейде аласа ағаш түрінде, өрмелегіш түрлері өседі. Бұлардың сабағы 4 қырлы. Аталығының саны 2,4. Аналығы әдетте 2 жеміс жапырақты болып келеді. Жоғары жатынды. Жемісі - сүйекті жеміс немесе бір-бір тұқымнан төртке бөлінетін жаңғақша. Гүл формуласы: Т(5)С(2+3)А4Ж(2). Гүлшетен, лаванда, молдавандық жыланбас, көкжалбыз және басқа өсімдіктер парфюмерия өнеркәсібіне шикізат есебінде пайдаланылады. Өте хош иісті. ## Кермек жалбыз Қазақстанда жалбыздың 10 түрі бар. Олар суармалы жерлерде, бұлақ, өзен, көл маңында, арықты бойлай өседі. Шалғындықта, тоғайда, таулы аймақта да өсетін жалбыз түрлерін кездестіруге болады. Солардың бірі - кермек жалбыз. Оны кейде бұрыш жалбыз деп те атайды. Кермек жалбыз - биіктігі 30-120 см шамасындағы көпжылдық шөптектес өсімдік. Оның тармақталған тамырсабағы көлбей өседі. Жапырақтары жұмыртқа тәрізді, бір ұшы сүйірлеу болады. Өзіне ғана тән хош иісі бар. Гүлдері ұсақ, түсі - бозғылт күлгін немесе қызғылтым, шоғырланып орналасады. Өркендердің ұшында масақ тәрізді гүлшоғыр түзіледі. Гүл шірнелігінде тәтті тірне жиналады. Кермек жалбыз - маңызды дәрілік өсімдік. Оның жапырақтарында 3%-ға дейін, гүлшоғырларында 6%-ға дейін эфир майы болады. Жалбыз майы ауырсынуды басатын дәрі ретінде пайдаланылады. Бас сақиналы, асқазан, тыныс жолдарының ауруларын емдеуге таптырмайтын дәрі. Дәрілерге, парфюмерия бұйымдарына хош иіс беру үшін өте пайдалы. Соңғы кезде Ресей кермек жалбызды қолда өсіре бастады. Кермек жалбыздың бір гектарынан 18-25 ц түсім алуға болатыны анықталды. Кермек жалбыз - ылғал, жарық, топырақ құнарлылығын талап ететін өсімдік. Оны тамыреабақ кесінділерінен көбейтеді. Өсімдіктің қаулап өсуі үшін орташа тәулікте 18-220С температура қажет. Температура бұдан жоғарылап кетсе, жалбыздың өсуіне кедергі жасайды. Тамырсабақты ерте көктемде егеді. Ол үшін жыртылған жердің тереңдігі 8-10 см болуы шарт. Жалбыздың түсімін гүлдеу кезінде жинайды. Өсімдік сабақтарын жасыл күйінде орып алып, май алады. Дәріханаға қажетті жапырақтар бөлігін кептіріп, кепкен жапырақтарды бастырады. ## Көкжалбыз Еріндігүлділерде халық медицинасы мен медицинада дәрі ретінде пайдаланылатын өсімдік көп. Солардың бірі - көкжалбыз. Ол - биіктігі 1 метрге дейін жететін, жапырақтары ірі, сабағы тармақталған шөптектес өсімдік. Гүлдері төбе жапырақтардың қолтығында масақ тәрізді топтасып өседі. Тостағаншасы үлпілдек түкті, күлтесі - ақ немесе қызғылт түсті, ерін тәрізді. Аталығы - 4. Жемісі -жаңғақша. Маусымнан тамызға дейін гүлдейді. Халық медицинасында тынысалу, асқорыту мүшелері талаураған кезде пайдаланады. ## Кәдімгі жебір Қазақстанда киікшөп деп аталатын кәдімгі жебірдің отаны - Жерорта теңізі. Ол - хош иісті, бұтағы тармақталған көпжылдық бұта. Гүлдері жапырақ қолтығында шоғырланып өседі. Гүлінің екі ерінді, бес тісшелі тостағаншасы болады. Жемісі - 4 жаңғақша. Мамыр, маусым айларында гүлдейді. Кәдімгі жебір - дәрілік өсімдік, қақырық түсіреді. Сондықтан халықтық медицинада оны көкжөтел, бронхит ауруы кезінде ауызды шаюға қолданады. Құрамында эфир майы болғандықтан, тіс пастасына, тазартқыш сабынға қосады. ## Сәлбен Сәлбен (шалфей) ерінгүлділер тұқымдастарының ең көп тараған түрі. Олардың 700-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда сәлбен туыстастардың 8 түрі бар. Сәлбен қоңыржай, субтропиктік және тропиктік аймақтарда көп тараған. Олардың дәрілік, эфир майы алынатын және сәндік түрлері бар. Сәлбенді халық «тіршілік шөбі» деп те атайды. Халықтық медицинада оның жапырағы ойық жаралы емдеуге қолданылады. Тұқымынан алынған тұнба бала көтеруге себепші болады деген ұғымдар болған. Сәлбен қазіргі медицинада да дәрілік өсімдік болып саналады. Жұпарлық сәлбен - эфир майы өндірілетін өсімдік. Жылтыр сәлбен, қызыл сәлбен, айқарылма сәлбен сәндік мақсатта қолданылады. Сәлбен - балды өсімдік. Гүл формуласы: Т(5)К(2+3)А2Ж(2). Қырынан қарағанда гүлі аузын ашқан адамның кескінін бейнелейтін, үстіңгі 2 күлтесі - жоғары ерінді, астыңғы 3 күлтесі төменгі ерінді еске түсіретін өсімдіктер ерінгүлділер тұқымдасына топтастырылған. Бұлардың жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Жапырағында бөбешік жапырақ болмайды. Ерінгүлділер - бұталы, шөптекті өсімдік. Сабағы - төрт қырлы. ## Таралуы Қазақстанда ерінгүлді өсімдіктердің жебір туыстыларынан - 27, жыланбас туыстыларынан - 22, көкжалбыз туыстыларынан 16 түр белгілі. Бұлар хош иісті болғандықтан, парфюмерия өнеркәсібіне шикізат есебінде пайдаланылады. Ежелгі Мысырда жебірмен мәйіт бальзамдалған. Сан алуан эфир жайы көп мөлшерде хош иісті лаванда, гүлшетен, молдавандық жыланбастан алынады. Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатайдың альпілік белдеулерінде өсетін аталықты жыланбастың жер бетіндегі бөліктерінде 0,4%-ға дейін эфир майы болады. Ол - бал жинағыш өсімдік. Ерінгүлділер ағашы тек тропикте өседі. «Жарғақты хиптис» деп аталатын бразилиялық түрі ағаш тәрізді ерінгүлділердің ең биігі. Оның биіктігі 12-15 метрге жетелі. Ал өзге ерінгүлді ағаштардың биіктігі 5 метрден аспайды. Ерінгүлді лиана аз мөлшерде тропиктік аймақта кездеседі. Оған америкалық салазария туысын, кейбір томағашөп түрлерін және гавайлық стеночипа туысын жатқызуға болады. ## Қолданылуы Ерінгүлділердің әр түрлі эфир майын көп мөлшерде өндіруде маңызы зор. Олардың көпшілігі медицинада дәрі-дәрмекке пайдаланылады. Мәселен, дәрілік жөтелшөп. Халықтық медицинада демікпені, асқорыту мүшелерінің талаурауын емдеуге және жүйкені тыныштандыруға пайдаланылады. Ерінгүлділер тұқымдас өсімдіктердің тағамға пайдаланылатын да түрлері (кәдімгі жұпаргүл) бар. ## Дереккөздер