text
stringlengths 3
252k
|
---|
Борсықжүн (Mіcrogynoecіum) — алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Іле, Күнгей Алатауларында кездесетін 1 түрі – тибет Б-і (М. tіbetіcum) бар. Қос үйлі өсімдік, дара жынысты, тозаң гүлдері гүлжапырақсыз. Аталығы 1 – 4, гүланалық гүлдері жеке немесе шоғырлы. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі домалақ. Тұқымы жұқа қабықты, қара түсті жылтыр.
## Дереккөздер |
Ботамойнақ – Қырғыз Алатауы жотасының батысындағы тау.
## Географиялық орны
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Тараз қаласынан шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 1637 м. Тау батыстан шығысқа қарай ендік бағытта созылып жатыр. Ботамойнақ Қырғыз Алатауы арқылы Қырғыз еліне өтетін асу жол. Бұл таудың "Ботмойнақ" аталу себебі, осы шыңға үңіліп қараса ботаның иілген мойнына ұқсайды.
## Жер бедері
Беткейлері жарқабақты. Тауаралық ойыстардан, Қырғыз Алатауы жотасы аралығындағы ойпаңдардан бұлақтар ағып шығады.
## Өсімдігі
Беткейіндегі қара топырағында бұталар, бетеге, астық тұқымдас шөптесіндер өседі.
## Дереккөздер |
Ботақара – Нұра алабындағы көл.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданында, Ботақара ауылының шығысында орналасқан.
## Гидрографикасы
Аумағы 7,3 км2 (көктемгі тасқында 2 есе ұлғаяды), ұзындығы 4,2 км, ені 2,5 км, ең терең жері 5 м. Жағалауы жайпақ, құмдақ. Оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс жағалаулары аласа қыраттарға ұласады. Көлге оңтүстік-шығысынан Өткелсіз өзені құяды. Түбі сазды, тегіс. Қарашада суы қатып, сәуірде ериді. Суы тұщы, сәл кермектеу. Суында қарабалық, теңгебалық, алабұға кездеседі. Көлде көптеген су құстары мекендейді. |
Ботаникалық қорықша — Қазақстанда өсетін өсімдіктердің сирек кездесетін және бағалы түрлерін қорғау, байырғы қорын қалпына келтіру және экологиялық деңгейін сақтау үшін ұйымдастырылған шағын аумақтар; олар шаруашылыққа пайдаланылмайды, мемлекеттің қорғауында болады.
## Қорықшалар
Қазақстанда жалпы аумағы 217 мың га болатын 16 ботаникалық қорықша бар (1991 жылы).
## Дереккөздер |
Боткөл – Еділ-Жайық алабындағы көл. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы жерінде, Нарын құмында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 2,1 м.
## Гидрографикасы
Аумағы 32 км2, ұзындығы 9,6 км, ені 6,6 км. Қар және жер асты суымен толығады. Жағасы жайпақ, батыс жағы сәл көтеріңкі. Желтоқсан-наурыз айларында мұзы қатады. Суы ащы, көктемнің басында ғана мал суаруға жарамды.
## Дереккөздер |
Ботақан мұнай кені — Каспий мұнайлы-газды алабында, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының батысында 65 км жерде орналасқан. Құрылымдық сейсмикалық барлау әдісімен зерттеліп (1962 – 76), терең бұрғылау нәтижесінде кен орны 1980 жылы ашылды.
## Геологиялық құрылымы
Геологиялық қимасы антропогеннен төменгі пермьге дейінгі шөгінділерді қамтиды. Өнімді қабаттар тұз күмбезінің үстінде орналасқан. Қалыңдығы 3,1-6,6 м орта юраның саз аралас құмтастарынан құралған мұнайлы горизонттар 1200-1450 м тереңдіктерде жатыр.Мұнай коллекторларының ашық кеуектілігі 22,5-25%, өткізгіштігі 0,05-0,15 мкм2. Қабат қысымы 14,2-20,4 МПа. Тәуліктік мұнай өнімдігі 14,45-32,0 м3.
## Тығыздығы, құрамы
Мұнайдың тығыздығы 0,812 – 0,850 г/см3, күкірті аз, парафині 1,8 – 2,65%. Кен орны игерілуде.
## Дереккөздер |
Мұздақ ботташық немесе Мұз пастинакопсисі (лат. Vastinacopsis glacialis) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда биік таулардың тасты белдеулерінде өседі. Биіктігі 15 – 20 см. Тамыры жуан, мойны қатты, тармақты. Сабағы бірнешеу. Жапырақтары сабақ түбіне топталып шығады, беті тықыр, астыңғы жағы түкті. Тостағанша жапырақтары ұсақ тісті келеді, күлтесі қызғылт күлгін түсті. Гүлдері қысқа, гүлтабаны болады. Шатырша (4 – 6 гүлді) гүлшоғырына топталған. Тамызда жемістенеді. Жемісі жалпақтау өрі сопақша келген. Сирек кездесетін эндемик түр. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Мұздақ ботташық Іле, Күнгей Алатауларының эндемигі болып саналады.
## Дереккөздер |
Ботташық (Pastinaca) — шатыршагүлділер тұқымдасына жататын екі не көп жылдық өсімдіктер туысы.
Қазақстандағы 2 түрі Тобыл, Есіл өңірлерінде, Іле, Күнгей Алатауларында, Алтайда, Каспий ойпатында өседі. Биікт. 30 — 80 см, сабағы қырлы, тік. Кіндік тамырының пішіні сәбіз не қызылшаға ұқсас. Жапырағы күрделі, тақ қауырсынды, сабаққа қарама-қарсы орналасады. Гүлдері сары түсті, майда, күрделі шатырша гүлшоғырына топталған, ұсақ жәндіктермен тозаңданады. Әрбір гүлінің тостағанша және күлте жапырақшалары бес-бестен, аталығы — 5, аналығы — біреу. Аналығы екі жеміс жапырағынан тұрады, екі ұялы. Әр ұясында бір тұқым бүршігі жетіледі. Аналық түйінінің, кейін жемісінің сырты ойықтанып, қырланып кетеді. Маусымда гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Жемісі қос дәнді болады. Ботташықтың тамырын тағам ретінде пайдаланады және тамырындағы эфир майынан дәрі алынады. Тамыржеміс алу үшін оның тамыры жуан, етженді P. satіva hortensіs деген ерекше түрін қолдан өсіреді.
## Дереккөздер |
Боялысай – Мойынты өзені алабында.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Шет ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 60 км.
## Бастауы
Шұнақ, Шауыпкелді, Қызылтас тауларының беткейлеріндегі бұлақтар суының қосылуынан түзілген. Сарықуыс тауынан солтүстіктегі сорға сіңіп кетеді.
## Гидрологиясы
Жоғарғы бөлігінің жағасы биік жарқабақты, орта және төменгі бөлігі жайпақ, құмдауытты. Қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасиды, жазда қарасуларға бөлініп қалады. Мал суаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Ботаника және фитоинтродукция институты - Қазақстандағы табиғи өсімдіктер дүниесін зерттейтін ғылыми мекеме.
Институт – қазіргі заманғы ботаниканың көптеген салаларын (флоратану, өсімдіктер жіктелімі, геоботаника, палеоботаника, қор тану, экология, интродукция), сондай-ақ өсімдік әлемінің екі әлемі – жоғары ағзалы өсімдіктер мен төмен ағзалы өсімдіктерді (саңырауқұлақтар мен балдырлар) зерттейтін ірі ботаника орталығы. Ботаника зерттеулердің кешенді жүргізілуі өсімдіктер әлемін сақтау мен тиімді пайдалану стратегияларын құру мақсатында оның әр түрлі деңгейлерінде (биоценотикалық және флоралық) жүріп жатқан процестер туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
## Тарихы
1946 ж. Алматы қаласында құрылған. 1995 жылы Ботаника институты (1945) мен Бас ботаника бағының (1932) жергілікті аймақтарда орналасқан төрт бақпен бірігуі негізінде Ботаника және фитоинтродукция институты ретінде қайта құрылған.
## Құрамы
Институтттың құрамында споралы өсімдіктер, жоғары сатыдағы өсімдіктер, өсімдіктер қоры, өсімдіктер морфологиясы және гермоплазма, жемісті өсімдіктер генофондын сақтау, өсімдіктер физиологиясы, интродукция, тропикалық өсімдіктер, өндірістік ботаника лабораториялары, 4 ботаникалық бақ (Бас ботаникалық бақ, Астана ботаникалық бағы, Жезқазған ботаникалық бағы, Іле ботаникалық бағы), 2 тәжірибелік станса (Арал қаласында, Боралдай кентінде) бар.
## Зерттеу бағыттары
Ғыл.-зерт. жұмыстарының негізгі бағыттары — Қазақстанда өсімдіктер дүниесінің қалыптасу тарихы, өсімдіктер түрлері (6 мыңнан астам) мен өсімдік жамылғыларының (2 мыңға тарта) жүйелік құрамы, оның қазіргі күйі, өсіп-дамуы, таралу ерекшеліктері, оларды қорғау, эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген дәрілік, техникалық өсімдіктерді тиімді пайдаланудың ғылыми негіздері, олардың биологиясы, физиологиясы, генетикасы және селекциясы. Институтта Қазақстанның жекелеген аймақтарында өсетін жоғ. және төм. сатыдағы өсімдіктер флорасы зерттеліп, гербарий қоры жасалды. Қазіргі кезде институттың генофонд қорында 4000-дай гүлді және сәндік, 2000-дай ағашты, 1000-дай тропикалық және субтропикалық, 800-дей жеміс-жидекті, 600-дей тех., 500-дей дәрілік, 300-дей мал азықтық өсімдік түрлері бар. Республиканың, оның жеке аймақтарының геоботаникалық карталары құрастырылып, өсімдік қорлары анықталды. Фитоморфология мен физиология, өсімдіктер генетикасы салаларындағы зерттеулер өсімдіктер селекциясының негізі ретінде одан әрі дамытылуда, ауыл шаруашылығы дақылдарының физиологиясы, генетикасы зерттелуде.
## Ғылыми еңбектер
Зерттеу нәтижелері —
* 9 томдық “Қазақстан флорасы” (1956 — 66);
* 13 томдық “Қазақстанның споралы өсімдіктері” (1956 — 87);
* 2 томдық “Қазақстан өсімдіктерінің анықтамалық көрсеткіші” (1969 — 70);
* Қазақстанның “Қызыл кітабы” (2 бөлім, 1981)
сияқты басылымдарға енді.
Институт қызметкерлері «Қазақстан Республикасындағы шөлге қарсы күрес шараларының ұлттық бағдарламасы» (1997) мен «Биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен үнемді пайдалану шараларының ұлттық стратегиясы мен жоспарын» (1999) құрастыруға қатысты. Қазақстанда тұңғыш рет «Қазақстанның жабайы алма ағашы», «Қазақстанның жабайы сары өрігі», «Қазақстанның жабайы жеміс өсімдіктері» жинақ қорлары құрылып, табиғи популяциялардың, оның ішінде «Пияз», «Қызғалдақ», «Ирис», «Эремурус» түрлерінің тірі өсімдік түріндегі жинақтары жасалды. Республикада тұңғыш рет 15-і «Қызыл кітапқа» енгізілген 89 таксон өсірілетін рокарий құрыла бастады. Жойылу қаупі төнген сирек өсімдіктердің 3 түрін табиғи популяцияға көшіру шаралары бойынша оң нәтижелер алынды. Зерттеулер нәтижелері 15 монографиялық жинақта, оқулықтарда, тақырыптық анықтамалықтарда, мақалаларда, карталарда жарияланып, ұлттық жобалар мен баяндамаларға енгізілді.
## Қызметкерлер
Институтта Н.В.Павлов, Б.А.Быков, Ғ.Бияшев, М.Айтхожин, Т.Дарқанбаев, Л.Қылышев, М.Көкенов еңбек еткен. Қазір 15 ғылыми докторлық, 70-ке тарта ғылыми кандидаттық жұмыс істейді (1999). Институт 40-қа тарта шет ел мекемелерімен тығыз байланыста әр түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді, форумдар, семинарлар өткізеді, тәжірибе алмасу, мамандардың білімін жетілдіру, халықаралық экспедициялар, т.б. жұмыстарды ұйымдастырады.
## Дереккөздер
## Сілтемелер
1. «Институт ботаники и фитоинтродукции» Мұрағатталған 4 мамырдың 2007 жылы. |
Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің маңындағы Жыланды тауынан батысқа қарай 6 км жердегі шоқы.
Ботақара көлінің оңт.-батысында. 3 ұсақ шоқыдан тұрады. Жалпы ұзындығы батыстан шығысқа қарай 3 км, ені 1 км.
## Дереккөздер |
Бөгембай көмір кен орны — Ақмола облысы, Астана қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 156 км, Ақсу алтын кен орнынан шығысқа қарай 27 км жерде. Кен орны 1935 жылы ашылды. 1936 жылы барлау-бағалау жұмыстары жүргізілді.
## Жатыс сипаты
Көмірі өте ауыр байытылады, күлділігі 28-45%-ды құрайды. 1937 жылы 8,3 мың т көмір, 1938 жылы 20 мың т көмір өндірілген. 1970 жылы көмір бағасының өзіндік құнының өсуіне байланысты кен орны жұмысын тоқтатты. 1984 жылы жұмысын жалғастырды. Кен орнынан барлығы 2,4 млн. т көмір өндірілді. Көмір қоры 18,4 млн. тоннаны құрайды. Оның 5,2 млн. тоннасы ашық әдіспен алынады. Бөгембай көмір кен орны Бөгембай ОЭС-нда электр энергиясын өндіруге және ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бөгенбай – Шалқар-Ырғыз автомобиль жолы бойындағы шоқы.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 45 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттiк биіктігі 240 м. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өзенінің кішігірім саласы – Талдысай өзені өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр (шамамен 1700 – 60 ж. өмір сүрген) жерленген.
## Дереккөздер |
Бөгелек – қос қанаттылар отрядына жататын жоғары сатыда дамыған жәндіктер. Олардың бір жұп қанаты болады, жақсы ұшады. Қанатында ұзынынан және көлденең орналасқан жүйкелері бар, басы жақсы қозғалады. Ересек Бөгелектің ұзындығы 8 – 20 мм. Түсі сарғыш қоңыр, сарғыш бурыл болып келеді. Ересек Бөгелек өз бетінше қоректенбейді, олар дернәсіл сатысында жинаған қорек қорын пайдаланып, жануарлардың терісіне немесе ауыз айналасына жұмыртқа салады. Дернәсілдері үш даму сатысынан өтеді, пішіні құрт тәріздес. Сүтқоректілердің терісі мен ішкі органдарында масылдық тіршілік етеді. Бөгелектің 100-ге жуық түрлері дүние жүзінің барлық жерінде таралған. Олардың ішінде тері Бөгелегі (Нypodermatіdae) және американдық Бөгелек (Сaterebrіdae) тұяқты жануарлар мен кемірушілердің терісінде, қарын Бөгелегі (Gasterophіlіdae) жылқының ас қорыту жүйесінде, танау-жұтқыншақ Бөгелегі (Oestrіdae) тұяқты және ет тұмсықты жануарлардың кеңсірігі мен жұтқыншағында тіршілік етеді. Қазақстанда көп таралған түрлері – қой мен ешкінің, сиырдың терісінде болатын Бөгелектер (оқыра) мен жылқының қарын Бөгелегі. Бөгелектер тудыратын аурулар мал шаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Мал арықтайды, олардың терісі жарамсыз болады. Сиырдың сүті азаяды. Бөгелектерден мал басын қорғау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында 2 рет (жазда, күзде), солтүстікте бір рет (күзде) инсектицидтермен дәрілейді
## Дереккөздер |
Бөген бөгені – Түркістан облысындағы Бөген өзенінің төменгі ағысында орналасқан. 1967 жылы Ордабасы, Отырар аудандарының егістігін сумен қамтамасыз ету мақсатында салынып, пайдалануға берілген.
## Гидрологиялық сипаты
Аумағы 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, орташа тереңдігі 6 м, ең терең жері 15 м. Жиналатын су көлемі 377 млн м3. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады. Суы тұщы. Бөген бөгенінде шармай, Түркістан шабағы, торта, табан, сазан, жайын, көксерке, дөңмаңдай, ақ амур, т.б. балықтар өсіріледі. Жылына шамамен 300 т балық ауланады.
## Дереккөздер |
Бөгенкөл силикат-никель кен орны - Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы жерінде орналасқан.
## Сипаты
Кеннің 2 түрі анықталды: темірлі-магнезийлі 85% және темірлі 15%, тереңдігі 1,0-6,0 м. Кен 7 қатпарлы қабатта жатыр. Орналасу ауқымының мөлшері 300–600×600–1150 м. Құрамында никель, 1,01%, кобальт 0,063%.
## Дереккөздер |
Бөгетсай асбест кен орны - Ақтөбе облысы Хромтау қаласынан шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан Қазақстандағы ірі антофиллит-асбест кен орны. 1964 жылы ашылған.
## Геологиялық құрылымы
Бөгетсай асбест кен орны Мұғалжар мегантиклинорийіндегі Талдық антиклинорийін құраушы прекембрийлік гнейс қабаттарына енген карбонаттанған, тальктенген, метаморфтанған ультранегізді жыныстарда орналасқан. Антофиллит-асбест кентастары ірі гипербазиттердің шет жағындағы вермикулит-антофиллит-тальк, тальк-антофиллит жыныстарында шоғырланған.
## Жатыс сипаты
Кен денелері линза, таспа пішінді. Олардың қалыңдығы 1 м-ден 48 м-ге, тереңдігі 5 м-ден 110 м-ге дейін, ендік бағытта 12 -250 м-ге созылады. Кен орнында 11 өндірістік кен денесі бар. Кентастың үгілген және баяу үгілетін түрлері кездеседі, олар жақсы байытылады. Асбест талшықтарының ұзындығы 5-6 см-ге дейін жетеді. Кентастағы талшықтың шығымы 74-93%. Асбестің қышқылға төзімділігі 5,92-10,2%, топырақ қоспасы 2,5-8,0%.
## Дереккөздер |
Бөген-Шаян каналы – Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Бөген мен Шаян өзендерін қосатын канал.
## Гидрологиялық сипаты
Ұзындығы 24 км. Су өткізу мөлшері 1,5 м3/с. Канал өзендердегі су тасқынын Шаян өзеніне реттеп өткізу және оны ауыл шаруашылығына тиімді пайдалану мақсатында 1939 жылы салынған. Канал арқылы Бәйдібек ауданының егістігі мен шабындығы суландырылады.
## Дереккөздер |
Бөкенкөл – Торғай алабындағы ағынды көл.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 76,2 м.
## Гидрографикасы
Аумағы 11,28 км2. Ұзындығы 5,2 км. Суы ащы. Көлден Сарыөзек өзені ағып шығады. Жауын-шашын мол кезде маңайындағы кішігірім көлдермен қосылады. Суы қарашаның басында қатып, сәуірде ериді.
## Дереккөздер |
Бөктер, тау бөктері — таулы өлкенің, тау жүйесінің немесе жеке жотаның жазыққа ұласатын етегі не аласа таулы баурайы. Оның беткейлері сай-жыралармен және шатқалдармен тілімделеді. Бөктер негізгі тау жүйесімен біртекті ландшафт құрайды.
## Дереккөздер |
Бор сылдыршөбі (Sіlene cretacea) – қалампырлар тұқымдасы, сылдыршөп туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Батыс Қазақстанда құмайт-саз төбелерде кездеседі. Биіктiгі 10 – 30 см, ақшыл сабақтарының түп жағы сүректенген. Жапырақтарының ұзындығы 5 – 15 см, жуандау, үшкір, шет жиегі бұдыр, имектеу келеді. Ақ, кейде қызғылт гүлдері дара, кейде 2 – 3-тен топтала орналасады. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Бор сылдыршөбі тек түнде ғана гүлдейді. Оларды түн көбелектері тозаңдандырады. Жемісі – жұмыртқа тәрізді қорапша, ұзындығы 10 – 12 мм. Бор сылдыршөбі – хош иісті, сирек кездесетін реликт өсімдік, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Бөріаяқ (Шытырақ Lycopus) – еріндігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның барлық аймақтарында өсетін 2 түрі (Еуропа Б-ы, шытырақты Б.) бар. Биікт. 25 – 100 см. Төсемелі жуан тамыры бар. Сабағы төрт қырлы, тік аса қалың емес түктер мен ұсақ бездер жапқан. Жапырақтары ұзынша жұмыртқа тәрізді. Тостағанша жапырақтары 4 – 5 тісті, күлтесі тостағаншасына тең. Аталығы 4, бірақ жетілгені екеу. Гүлдері көп, ақ түсті, күлтебас гүлшоғырына топталған. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – жаңғақша.
## Дереккөздер |
Бөлекаяқ – Ойыл алабындағы көл.
## Географиялық орны
Атырау облысы Индер ауданы Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде орналасқан.
## Гидрографикасы
Көл теңіз деңгейінен 17,5 м төмен жатыр. Аумағы 13,5 км2. Ұзындығы 9,5 км. Жазда құрғап қалады. Суы кермек. Бөлекаяқтан өзі аттас өзен ағып шығады. Суы қарашаның ортасында қатып, сәуірдің басында ериді. Көл алабы мал жайылымына пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бөктерлік ойпаң , шеткі ойпаң, тауалды ойпаңы – платформа мен қатпарлы облыс арасындағы тектоникалық құрылым. Ол теңіз түбінен көтерілген геосинклиналь қатпарлы облысқа айнала бастағанда пайда болады. Бұл кезде Б. о-дағы жер қыртысы төмендеп, онда шөгінді жыныстардың қалың қабаты жиналады. Оның аумағындағы жер қыртысы өзгеріп тұрады. Б. о-ның платформа жағындағы жыныстары баяу қатпарланып, күмбездер мен белестер құрайды. Тіктеу құлайтын жыныстар пәрменді қатпарланғанда жіңішке антиклинальдар, кең синклинальдар, күмбездері жайпақ, қанаттары тік қатпарлықтар жаралады. Б. о. шөгінділерінде мұнай мен көмір кендері, гипстің, калий мен тас тұздардың қалың қабаттары кездеседі. Б. о-ды толтыратын жыныстардың жасы геосинклинальдың жасымен байланысты. Карпат, Кавказ, Орал, Жоғ. Яна тауларының бөктерінде ірі Б. о-дар бар. Мұхиттық Б. о-дар Антиль, Зонд, Филиппин аралдарының сыртқы бетінде жатыр.
## Дереккөздер |
Бөктергі (лат. Falco vespertinus)— сұңқарлар тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанның орманды дала аймақтарында, Жайық, Ертіс бойында мекендейді, Алтайда да ұшырасып қалады. Байқал көлінен Приморьеге дейін амур бөктергісі кездеседі. Дене тұрқы 30 см-дей, салмағы 130 — 200 г. Арқа қауырсындары қара-көкшіл, сұр келеді. Қанаттарының ішкі жағы көлденең ақ жолақтармен көмкерілген. Тұмсығының түбі сары болады. Бөктергі — жыл құсы. Қазақстан жеріне наурыз — сәуір айларында ұшып келеді. Ағаш басындағы ұяларына 2 — 6 жұмыртқа салып, 28 күннен кейін балапандарын басып шығарады. Қыркүйек — қазан айларында қыстау үшін тропиктік аймақтарға ұшып кетеді. Олар шегіртке, қоңыз, инелік және олардың дернәсілдерімен, кейде ұсақ кеміргіштер мен кесірткелермен де қоректенеді. Көбіне жемін ұшып жүріп аулайды. Орман алқаптарындағы зиянды жәндіктермен қоректеніп, пайда келтіреді.
## Дереккөздер |
Бөрікгүл , артишок (Cynara) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы.
Жерорта т. аймағы мен Канар а-нда кездесетін 10 түрі белгілі. Қазақстанда мәдени түрде өсірілетін 1 түрі – тікенді Б. (С. scolymus) бар. Биікт. 0,5 – 2 м. Сабағы жуан, тік, қырлы, сыртын түк басқан. Ірі жапырақтары сабақ түбіне шоғырланған. Күлтесі көкшіл түсті. Себет гүлдері ірі, бұтақтарының ұшында жеке жетіледі. Айқас тозаңданады, тұқымынан және сұлама бұтағынан көбейеді. Маусым – қазанда гүлдеп, жемістенеді. Тұқымдары қоңыр түсті, айдаршасы бар. Жемісін тағамға пайдаланады. Әсемдік өсімдік.
## Құрамы
100 г бөрікгүлде – 57 ккал бар.
Бөрікгүлде жасұнық, калий, кальций, темір, фосфор, каротин, B1, B2, PP және C дәрумендері бар.
## Пайдаланылуы
Бөрікгүлде, ең алдымен, гүлтұғыры және жапырақтар жұмсағы жеуге жарамды болып табылады. Бөрікгүлдің сабағын және төбесін кесеміз, қарайып кетпес үшін лимон шырынын бүркеміз және тұздалған суда 20 минут қайнатамыз. Жапырақтар қалауыңыз бойынша дайындалған тұздықтарға батырылады, ал ішкі жағы – яғни гүлтұғыры бөрікгүлдің ең тәтті жері болып есептеледі және бөлек қолданылады немесе салаттарға қосылады.
### Бөрікгүл денсаулық үшін пайдалы
Оның құрамында қант – инулиннің бар болуы арқасында – бөрікгүл қант сусамырымен ауыратын адамдармен қолданыла алады. Сонымен қатар, бөрікгүл холестерин мен триглицеридтардің деңгейін азайтатын дәрілер өндірісінде де қолданысын тапқан. Сонымен бірге, бөрікгүл жапырақтарында флаваноидтар бар, олар бауыр мен өт қабының жұмысын реттейді. Флавоноидтер қатты антиоксиданттар болып саналады – олар бос радикалдарды жояды және онкологиялық дерттердің пайда болу қаупін азайтады.
### Табиғи косметикалық құрал
Бөрікгүл косметикада және косметика өндірісінде бағалы өнім болып табылады. Сүт, тоник, крем және бетперде сияқты косметикалық құралдардың құрамына кіреді. Теріге қорғаныш, тазалағыш, асептикалық және тартылу әсерін береді, қабыну үдерістерінің алдын алады, безеулерді емдеу кезінде көмектеседі. Ауырсындырмайтын, вирусқа қарсы және аллергияға қарсы қызмет атқарады.
## Дереккөздер
## Сілтемелер
* Артраксон
## Сыртқы сілтемелер
* Артишок |
Бөріқарақат тұқымдасы (Вerberіdaceae) – қос жарнақтылар тобына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер, мәңгі жасыл бұталар. Солт. жарты шардың қоңыржай және субтропиктік аймақтарында өсетін 14 туысы, 650-дей түрі белгілі. Қазақстанда 3 туысы (бөріқарақат, бұланмүйіз, торсылдақ), 12 түрі бар. Биікт. 5 – 6 м-дей, тамыры тармақталып, кең жайылып өседі. Жапырақтары сопақша қауырсын тәрізді, сабақтары кезектесіп орналасады. Гүлдері қос жынысты, 3 мүшелі. Гүлшоғыры шашақ, масақ тәрізді топталып, кейде жеке-жеке орналасады. Наурыз – маусым айларында гүлдейді. Жемісі бір немесе көп тұқымды қорапша, жидек, кейде жаңғақ тәрізді болады. Бөріқарақат тұқымдасына жататын өсімдіктердің құрамында алкалоидтар, әсіресе, берберин бар. Олар дәрілік, әсемдік өсімдіктер. Гүлінен ара бал жинайды, тамырынан сары бояу алынады.
## Дереккөздер |
Бөрлі ауданы — Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы - Ақсай. Бөрлі ауданы 1935 жылдың 30 маусымында құрылған, қазіргі шекарасы бойынша 1965 жылы қалыптасты. Аудан аумағы 5 556 шаршы километр алаңды алып жатыр.
## Географиялық орны, жер бедері, климаты
Аудан шығысында Шыңғырлау, оңтүстігінде Сырым, батысында Теректі, Бәйтерек аудандарымен және солтүстігінде Жайық өзенінің бойымен Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі. Аудан жері өзен, сай-жыралармен тілімденген, қыратты, көтеріңкі жазық. Климаты тым континенттік. Жазы ыстық, қысы суық. Қаңтарда ауаның орташа температурасы –15°С, шілдеде 24°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 – 250 мм. Аймақтың жері шөлейт белдемде жатыр. Аудан аумағынан Жайық, Елек, Шыңғырлау өзендері ағып өтеді. Жері негізінен қоңыр және сортаң топырақты. Өсімдік негізінен өзен жайылмаларында өседі. Ағаштардан емен, шегіршін, терек, ырғай, т.б. бар. Жануарлардан түлкі, қарсақ, қабан; құстардан дуадақ, безгелдек кездеседі.
## Халқы
Аудан тұрғындарының саны 2019 жылы 56 086 адамды құрады. Ұлттық құрамы: қазақтар 70,90%, орыстар 19,09%, украиндар 5,33%, татарлар 1,74%, беларустер 0,70%, немістер 0,34%, мордвалар 0,29%, башқұрттар 0,21%, өзбектер 0,18%, басқалары 1,22%.
## Әкімшілік бөлінісі
28 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 13 ауылдық округке біріктілген:
## Ірі елді мекендері
## Жол торабы
Бөрілі ауданы арқылы Саратов – Елек (Илецк) темір жолы, Ақсай – Жымпиты – Шыңғырлау автомобиль жолы өтеді. Аудан орталығынан облыс орталығына дейінгі арақашықтық 120 км. Темір жол ұзындығы 85 км, ол облыс жолдары ұзындығының 17,1 % құрайды. Автомобиль жолдарының ұзындығы 465 км, оның ішінде 240 км қатты жабындымен, 220 км қиыршық тас жабындымен және 5 км топырақ жабындымен жабылған.
## Пайдалы қазбалар
Кен байлықтарынан мұнай, газ (Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны), табиғи құрылыс материалдары кездеседі. Аудан аумағында пайдалы қазбалардың 10 кен орны белгілі, олардың біреуі - мұнай-газ, қалғаны - құрылыс материал. Кен орны қорының мөлшері, өнімділігі және қызмет мерзімі бойынша бірегей болып табылады.
## Шаруашылығы
Негізінен астық өсіру мен мал шаруашылығымен шұғылданады. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жері 553,2 мың га, оның ішінде егістігі 86,3 мың га, жайылым 56,2 мың га, шабындық 9,7 мың га.
## Дереккөздер |
Бөрілі жер асты су көзі , Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының солт. бағытында 3 – 4 км жерде. Су көзі 1970 – 71 ж. ашылған. Жер асты суының орналасу деңгейінің тереңд. 4,5 – 5 м. Су қоры 4,32 мың м3/тәулік. Суды жер бетіне 4 ұңғымамен (жалпы өнімд. 50 дм/с) шығару көзделген.
## Дереккөздер |
Бөрілі орман шаруашылығы – Батыс Қазақстан облысы Бөрілі мен Теректі аудандарындағы орманды зерттеу, күту, қорғау, жаңарту, пайдаланумен айналысатын шаруашылық. 1953 ж. құрылған. Жер аумағы 18900 га, солт-тен оңт-ке дейін 90 км, батыстан шығысқа дейін 120 км. Шаруашылықтың құрамына телімдік 4 орман мекемесі қарайды. Шаруашылық аумағын бұлан, шошқа, елік, құндыз, қоян, сусар, қасқыр, түлкі, борсық, т.б. жануарлар, кекілік, құр, ақ сұңқар сияқты құстар мекендейді. Ұшқат, итшомырт, шомырт, шәңгіш сияқты өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Бөрібас – Маңғыстау облысы Оңтүстік Үстірт беткейіндегі асу. Бесбұлақтан шығысқа қарай 8 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Сырт тұлғасы, жарлауыт жиектері бөрінің басына ұқсағандықтан осылай аталған. Асуға көтерілер жері тіктеу келген. Әуелде онда атты адам шығып түсе алатын соқпақ болған.
## Дереккөздер |
Бөрілісор, Борлысор – Ертіс өзені алабындағы көл.
## Географиялық орны
Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Басқамыс ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 22 км жерде орналасқан көл.
## Гидрографикасы
Аумағы 11,5 км2, теңіз деңгейінен 98,4 м биіктікте. Ұзындығы 5,7 км, енді жері 3,5 км, жағалау бойының ұзындығы 22,6 км. Негізінен қар және жер асты суларымен толысады. Қарашада суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Суы тұзды.
## Жағалау сипаты
Жанында Жарсор, Жапасор, Ақтүйесор, Сұлусор көлдері бар. Жағалауы жарлауытты, ажырық, бетеге, жусан, боз, селеу өседі.
## Дереккөздер |
Бөрілі тас көмір кен орны – Қарағанды облысы Осакаров ауданында орналасқан. 1979-1981 жылдары барланды. 1980 жылдан Молодежный көмір кеніші пайдаланылып келеді.
## Геологиялық құрылымы
Төменгі тас көмірдің көмірі бар сілемдері көлбеу түрде ендік бағытында 8×2,5 км шамасында созылып жатқан мульда жыныстарын құрайды.
## Жатыс сипаты
Қарағанды шоғырына (төменгі тас көмір) жататын көмір қабаттары жалпы қалыңдығы 26 м болатын 3 көмір қабатын құрайды. Көмірі К маркалы, күлділігі жоғары (35 – 42%-дан 39 – 47%-ға дейін) байытылуы қиын, энергетикалық отын есебінде қолданылады. Жанған кездегі көмірдің жылуы 15,1 – 18,4 МДж 1 кг. Құрамы (%): 8 – 0,5 – 0,6; Р – 0,01 – 0,02. Атмосфералық жауын-шашынды қоса есептегенде жобалық су ағымы 100 м3/сағ.
## Дереккөздер |
Брахиантиклиналь – (гр. brachs — қысқа және антиклиналь) — бір-бірімен астасып жатқан тау жынысы қабаттарының қысқа антиклинальдік иілім (қатпар) түрі. Иілімнің ең жоғарғы нүктесі иілім құлпы деп аталады. Ол нүктеден таралған иілім қанаттары барлық бағытта бірдей еңістенеді. Төбесі шайылу нәтижесінде мұжылып тегістелген Брахиантиклинальдың бет көрінісі концентрлі эллипстер жиынтығы немесе бір-біріне кигізілген сопақша сақиналар тәрізді болады (суретті қ.). Брахиантиклинальдың үлкен осінің кіші осіне қатынасы онша үлкен болмайды [3:1 — 10:1 шамасында], сондықтан да ол қысқа антиклиналь деп аталған. Брахиантиклинальдың ядросы көне тау жыныстарынан, ал қанаттары олардан гөрі жас жыныстардан тұрады. Ені мен ұзындығы шамалас Брахиантиклинальдар күмбез деп аталады. Өзінің тұтастығын сақтаған, мұжылуға ұшырамаған Брахиантиклинальдың пішіні төңкерілген сопақша тақия тәріздес болады.
## Дереккөздер |
Бриллиант, гауһар – өңделіп қырланған зергерлік алмас. Ең алғашқы бриллианттар – табиғи процестер нәтижесінде егеліп жылтырланған кристалдар, алмас кенқайраңдарында кездесті. Алмас кристалдарын өңдеу жұмыстары 14 ғасырда Венецияда басталған. Бриллиантты қырлау жұмыстарының негізі алмас кристалдарының табиғи пішінінен (октаэдр, додекаэдр) өрбіген. 17 – 18 ғасырларда «роза», «багет», «перуцци» және «регент» деп аталынған Бриллианттың қырланған түрлері кеңінен тараған. 19 ғасырда алмас өндірісіне ендірілген механикалық егеу-өңдеу әдістері тастардың жалпы бейнесін өзгертуге, сонымен қатар қазіргі дөңгелекше Бриллианттың шығуына себепкер болды. Бұл дөңгелек бейнелі, қырлы Бриллианттар ғажайып жылтыр және сәуле шағылыстыру-құлпырма қасиеттеріне ие болды. Осындай 57 тегіс жақты дөңгелекше – «толық» Бриллиант 3 қабаттан тұрады: жоғарғы (тәж), ортаңғы (рундист), төменгі (павильон). Тәж Бриллианттың ортанғы осіне тік перпендикуляр орналасады. Оны айнала 32 жақты 2 – 3 қатарлы белдеу жүргізіледі. Рундист Бриллианттың аумағын және бейнесін реттейді. Павильонда 24 жақ 2 қатарға айнала орналасып, орт-нда бір нүктемен аяқталады (кейде нүкте орнына 8 бұрышты кішкентай 58 жақ өңделеді). «Толық» қырлы Бриллианттың геометриялық сипаттамасын (қабаттарының биіктігі, ортаңғы қабатының диаметрі, қырланған жақтардың қиылысу бұрышы, т.б.) 1919 жылы орыс зерттеушісі М.Толковский есептеп шығарған. Бриллиантты қырлаудың көп тараған түрлері: дөңгелекше («қарапайым» және «толық»), түрлі пішінді («алмұрт», «жүрек», «сопақ», т.б.), тікбұрышты («багет», «изумруд»), жұпсыз симметриялы («импариант», «принцесса»), т.б. Бриллиантты бағалауда оның түсі, түрлі «ақаулары» (жарығы, қоспалары, т.б.), салмағы және қырлау сапасы ескеріледі. Бұл қасиеттерді анықтау үшін түрлі стандарттық эталондар мен әдістер қолданылады. Бриллиант зергерлік бұйымдар жасауда (сақина, сырға, түйме көздерін және композициялы бұйымдардың жеке элементтерін немесе топталған жиынтық түрінде оның негізін құрауға), ордендер мен жоғ. ерекшелік белгілерін әшекейлеуге қолданылады. Бриллианттың салмағы каратпен (0,2 г) өлшенеді.
## Галерея
*
*
*
## Дереккөздер |
Бударин каналы – Батыс Қазақстан облысы Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесінің құрамына енетін арна. 1970 жылы іске қосылды.
## Гидрологиялық сипаты
Каналдың ұзындығы 99,5 км. Канал Ақжайық ауданының түрлі шаруашылықтарын сумен қамтамасыз етеді.
## Дереккөздер |
Бөрітарақ (лат. Hibiscus) – құлқайырлар тұқымдасына жататын бір жылдық бұта.
Негізінен тропиктік, субтропиктік және қоңыржай белдеулерде өсетін 300-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда Іле, Күнгей Алатауларында, Қаратауда, Балқаш – Алакөл ойысында, Қызылқұмда кездесетін 2 түрі бар: кендір Бөрітарақ (cаnnabіnus) және үшқатар Бөрітарақ (trіоnіum). Олардың биікт. 50 – 75 см, кейде 3 – 4 м-ге жетеді. Кіндік тамырлы, сабағы тік, көп қырлы. Жапырақтарының жиектері әр түрлі иректеліп, өркен бойына кезектесіп орналасады. Сары, ақ түсті ірі гүлдері жапырақ қолтығынан дамиды. Жәндіктермен тозаңданады. Маусым – қазанда гүлдеп, тамыз – қарашада жемістенеді. Жемісі 5 ұялы, көп тұқымды қауашақ. Жас жемістерін және бамияны көкөніс ретінде жеуге болады. Бөрітарақтың барлық мүшесінде кілегей зат шығаратын ерекше клеткалары бар. Бұл клеткалар өсімдіктің бойындағы ылғал мөлшерін реттеп отыратындықтан, өсімдік шөлді жерге төзімді келеді. Бөрітарақ – талшықты өсімдік. Одан бағалы кендір, арқан есетін, қап тоқитын жіп, су өтпейтін кенеп, ал тұқымынан май алынады. Кейде Бөрітарақ ты сәндік үшін де өсіреді.
БӨРІТАРАҚ (HIBISCUS) – мальвалар тұқымдасына жататын бөлме өсімдігі. 200-ден астам түрі бар. Оны «кенаф», «каркаде», «қытай раушан гүлі» деп те атайды. Бөрітарақ мәңгіжасыл, бұтақты өсімдік. Өз отанында оның бойының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді. Үй жағдайына байланысты бөрітарақты қалаған биіктікте ұстаған дұрыс. Жапырақтарының жиектері аратісті, қою жасыл түсті. Ерте көктемнен күзге дейін гүлдеп тұрады. Гүлдері жай, гүлпарлы, жартылай гүлпарлы болып бөлінеді. Олардың диаметрі 12-16 см, күлгін, ақ, қызыл, сары түсті болып келеді. Египетте бөрітарақтың гүлдерінен «каркадэ» шайын дайындайды. Ол Малайзияның ұлттық гүлі болып саналады. Ал, Гаити аралында бөрітарақты «махаббат гүлі» деп есептейді. Елімізде бұл өсімдіктің оншақты түрін үй жағдайында әдемі гүліне бола өсіреді. Жақсы күтім жасалса жылдың мезгіліне қарамастан гүл жарып, ұзақ уақыт үйіңізді көркейтіп тұрады.
## Жарығы:
Күн көзінде өскенді қалайды. Көлеңке жерде гүлдемейді әрі жапырақтары ұсақталып кетеді.
## Жылуы:
Қыста ауа температурасы 12°С-ден төмен болмағаны дұрыс.
## Суғарылуы:
Жазда жиі, қыста сирек суғару керек.
## Ылғалдылығы:
Жапырақтарын тазарту және ылғалдандыру мақсатында су бүркіп тұрған пайдалы. Құрғақ ауадан жапырақтары сарғайып кетуі мүмкін. Жылу құбырынан алшақ қою керек.
## Қоректендірілуі:
Айына екі рет минералды тыңайтқышпен қоректендіру қажет.
## Аурулары:
Жапырақтарын таза ұстаса, ауруға көп шалдыға бермейді.
## Көбейтілуі:
Қалемшесі арқылы ақпан, наурыз айларында көбейтуге болады. Қалемшесін бірден топыраққа отырғызып тамырландырған жөн.
## Сілтемелер
* Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы.
## Дереккөздер
"Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727
## Дереккөздер
## Суреттер
*
*
*
*
* |
Будённый жылқысы — салт мінілетін жылқы тұқымы. 1921 — 48 жылы Ресейдің Ростов облысының С.М. Буденный атындағы және 1-атты Армия атындағы жылқы зауыттарында таза тұқымды Дон мініс жылқысы мен Қара теңіз жағалауының жылқыларын будандастыру арқылы шығарылған. Буденный жылқысы ірі, дене бітісі мығым келеді. Басы етсіз, қаз мойын, шоқтығы биік, аяғы сіңірлі, тұяғы берік. Шоқтығына дейінгі орташа биікт. 163 — 166 см, кеуде орамы 190 — 195 см; жіліншік орамы 20—21 см. Айғырының салм. 550 кг, биесінікі — 500 кг. Жаңа туған құлынының салм. 50 кг. Буденный жылқысының ұшқырлығы 1200 м-де 1 мин 16 с; 2000 м-де 2 мин 36 с; 3600 м-де — 3 мин 29 с. Қазақстанда Буденный жылқысын жетілдірумен Алматы облысындағы Қызылағаш жылқы зауыты шұғылданады.
## Дереккөздер |
Булаев су құбыры , Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар, Аққайың және М.Жұмабаев атындағы аудандардың аумағында орналасқан. Водопроводный ауданы (Қызылжар ауданы) тұсында станциялық су сорғысы орналасқан. Су құбыры сумен қамтамасыз ететін ең ірі су құбыр жүйесі. Су құбыры Сергеев бөгенінен басталады. 211 елді мекенді сумен қамтамасыз етеді, сонымен қатар тың жерлердің игерілген жерлерін суландырады. 1971 жылы пайдалануға берілді. Магистральды су тартқыштың ұзындығы 1694 км. Құбыр 48 ауыл мен 5 әкімшілік аудан орталықтарын, 3 нан қабылдағыш пунктін, 4 темір жол станцияларын сумен қамтамасыз етеді. Суғаратын жер аумағы 2,3 млн. га.Булаев су құбыры - Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Аққайың, Булаев аудандары арқылы өтетін су магистралі. 1971 жылы пайдалануға берілген. Ол Есіл өзеніндегі Сергеев су бөгенінен төмен, Водопроводное елді мекені тұсынан басталады. Жалпы ұзындығы 1694 км. Облыстың 200-ден астам елді мекендері мен шаруашылықтарын (2 млн. га-дан астам) сумен қамтамасыз етеді. Булаев су құбыры тәулігіне 60 мың м³ су жібере алады.
## Дереккөздер |
Булыойық, Құрмаштың сүйретпесі – Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Үстіртке шығар жердегі Өнере бұлағынан солтүстік-шығысқа қарай 70 – 80 км жердегі үңгір.
## Сипаты
Тегіс жер дөңгелек болып төмен түскен, тереңдігі 10 – 12 м. Оның кіретін жері жарқабақ тәріздес. Төбесі тегіс плита тас, табаны ойшық-ойшық. Түбі біртіндеп төмен кете береді, 10 – 15 м төменге қарай қиғаштап түскеннен соң арттағы жарық көрінбей кетеді. Үңгірдің аузынан 70 – 75 м-дей жерде су көзі бар. Суы тұщы, негізінен, жауын-шашыннан жиналған.
## Атау тарихы
«Құрмаштың сүйретпесі» аталуы кезінде Құрмаш ата жаудан қашып, біраз уақыт осы жерге паналаған дейді. Ол тастан ойып аты ішетін астау жасаған. 2 – 3 шелек су сиятын мыс ыдысы болған. Төменнен су мен толы месті қайыс арқанымен тартып шығарған. Үңгірдің аузынан суға дейін әр жерде тастарда қайыс жіптің іздері бар. 1967 – 1968 жылдары баспада «Подземная озеро» (жер астындағы көл) деген мақала жарық көрген.
## Дереккөздер |
Бударин қорықшасы – Жайықтың табиғи қорларын қорғап, оны молайту мақсатында 1986 жылы ұйымдастырылған зоологиялық қорықша.
## Географиялық орны
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық, Бәйтерек, Теректі аудандарында орналасқан. Жер аумағы 80 мың га. Қорықшаның мақсаты аңшылық-кәсіптік маңызы бар құс түрлерін көбейту, сондай-ақ тоғайлар мен даланы мекендейтін аңдарды сақтау болып табылады. Қорықшада жылдан-жылға саны азайып бара жатқан құндыз, бұлан, жабайы шошқа, орман сусары, бірқазан, қалбағай, сұр, аққу, т.б. сүтқоректілер мен құстар қорғалады. Негізгі міндеті - суда жүзетін көл құстарының аңшылық-кәсіпшілік түрлерін қорғау, Орал-Көшім суару жүйесінің жасанды су қоймаларындағы жануарлардың аңшылық-кәсіпшілік түрлерімен қоныстандыру.
## Жер бедері
Қорықша аумағы солтүстіктен Скворцов ауылынан оңтүстікте Барановка ауылына дейінгі 80,0 мың шаршы шақырым, Зеленов, Ақжайық аудандарына қарасты жерлерді алып жатыр. Аумағы Каспий маңы ойпатының жазықты бөлігінде орналасқан және жайылмадан жоғары екі сатыға созылады. Бударин ауылына дейін солтүстікке қарайтын өңірі үнемі су тасқыны болып тұратын бөлік болып табылады, енсіз жалдарында және терең қойнауларында далалық дәнді дақылдар кездеседі. Ағаш тәрізді өсімдіктер едәуір кеңістіктерді алып, негізінен талды-теректі ормандардан тұрады.О ңтүстік Будариннің жер бедері кең көлемді ірі құмды тізбектермен алмасып келіп отырады, мұндағы шалғындықтарда әртүрлі шөпті-дәнді дақылдар көптеп кездеседі.
## Флорасы мен фаунасы
Су жағалаулары мен жалдар арасындағы бүкіл жайылма бойына бұталы талдар орналасса, ара-арасында үйеңкілі тал, қара теректер байқалады. Ақ теректен құралған шағын ормандар мен нағыз жағалаудан шегіршінді-теректі бұталарды көруге болады.
Солтүстік беттегі тоғай ішіндегі алаңдар күйіп кеткен шалғындыққа, орталығындағы кеңістік жерлер сұлы мен бидайықтың тұтасқан жері деуге болады. Оңтүстіктегі жалдар жусанды, жыңғылды болып келеді. Су қойнауында қамысты-қоғалы өскіндермен қатар біздің өңірімізде сирек кездесетін, Қызыл Кітапқа енгізілген бұршақты өсімдіктер, қыржапырақтарды т.б кездестіруге болады.
Жануарлар дүниесінен құстардың 120 түрі, балықтардың 30 түрі, сүтқоректілердің 20 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі және суда жүзгіштер кездеседі. Ірі жануарлардан елік, қабан, түлкі, ондатр, қоян және басқа да жануарлар бар. Құстардың ішінен кең тарағаны сұр үйрек, қасқалдақ, сүңгуірлер. Жайық өзенінің бай балық ресурстары үлкен қызығушылық тудырады.
Қорықша ұйымдастырылғаннан бері қарай мұнда арнайы зерттеулер жүргізілмеген.
## Дереккөздер |
Бурақожыр, Борохудзир – Іле алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Панфилов ауданы жерімен ағады.
## Бастауы
Бастауын Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік-батысындағы Қояндытау жотасындағы бұлақтардан алып, Көктал ауылының оңтүстігінде Іле өзеніне 5 км жетпей сарқылып қалады.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 78 км, су жиналатын алабы 548 км2. Жылдық орташа су ағымы 2,3 м3/с. Өзен суының деңгейі сәуір – маусым айларында көтеріледі.
## Дереккөздер |
Буратал аңғары – Жетісу Алатауындағы ендік бағытта орналасқан аңғар.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Ескелді ауданы жерінде.
## Жер бедері
Аңғар Жетісу Алатауының орталық жотасын екі бөлікке бөледі: оңтүстік орталық жота және солтүстік орталық жота, (биікт. 2000 – 2800 м). Шығысында Көксу асуымен (3376 м) шектелсе, батысында Талдықорған ойысына қарай кеңейіп, одан биіктігі 1000 м-лік жармен бөлінген. Аңғардың негізінде Буратал синклинорийі жатыр. Бұл синклинорийдің ерекшелігі – ассиметриялығы, оңтүстік қанаты солтүстігіне қарағанда тереңірек иілген. Көксу өзенінен басталатын Қытай жеріндегі Буратал өзені оңтүстік-батысқа қарай аңғармен ағады. Аңғар түзу және кең, беткейлері тік, сусымалы борпылдақ шөгінділермен жабылған. Өзен арнасы тегіс; аңғардың түбінде түптік жыныстар жатыр. Екі беткейі ұсақ кремнийлі тақтатастардан түзілген.
## Дереккөздер |
Бутаков шығанағы – Солтүстік Арал теңізінің қиыр солтүстігінде, Шұбартау және Көктырнақ түбектері аралығында орналасқан.
## Сипаты
Теңіз суы тартылғанға дейін шығанақтың суы батыстан шығысқа қарай 40 км шамасында созылып, енінің жалпақ жері 20 км болған. 2004 жылғы деректер бойынша, А. И. Бутаков шыңының ұзындығы 20 км, теңізге шығар жерінің ені 3 км, солтүстік жағалауы жарқабақты және тереңдеу, оңтүстік-батысы мен оңтүстік жағасы жайпақ, аласа. Шығанаққа жақын жер бедері көтеріңкі, қырқалы, құмдауытты, сортаң және тақырлы алқап.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы бор, палеоген, неоген және төрттік кезеңдердің шөгінділерінен түзілген.
## Өсімдігі
Батпақты-құмды топырағында қамыс пен құрақ, ши өседі. Батыс жағалауында 3 км жерде Ақеспе, оңтүстік шығысында Тастүбек ауылдары орналасқан. Арал теңізін алғаш зерттеген А.И. Бутаковтың есімімен аталған.
## Дереккөздер |
Бөріктал, Талдыбұйрат – Есіл алабындағы Тастыталды өзенінің оң саласы.
## Географиялық орны
Ақмола облысы Жарқайың ауданы жерімен ағады.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 50 км. Су жиналатын алабы 730 км2. Қар суымен толығады. Өзен наурыз – сәуірде 15 – 25 күндей тасиды. Жылдық орташа су ағымы 0,50 м3/с. Қараша айының басында қатып, сәуірдің аяғында мұзы ериді. Суы шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Буырлы – Түндік өзенінің Қызылащы саласының сол жағалауында орналасқан тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің оңтүстік-шығыс жағында 77 км жерде. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 3,5 км-ге созылып жатыр, ені 1,5 км. Ең биік жері 956 м.
## Геологиялық құрылымы
Силур жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Таудың қоңыр сұр топырағында бетеге, т.б. шөптесіндер өседі.
## Дереккөздер |
Бұғы кладинасы , бұғы мүгі, ягель (Cladіna rangіferіna) – баяу өсетін көп жылдық бұта тәрізді қына. Қазақстанда Бурабай көлінің оңтүстігінде кездеседі. Биіктігі 2 – 8 см-дей. Көлбей (қабыршақ түріндегісі) және тік (бұта түріндегісі) өседі. Денесінің ішкі құрылысы: сыртқы қабықты қабат (тек саңырауқұлақ жіпшелерінен тұрады), балдырлы (гонидиялды) және өзекті қабаттардан құралады. Қабыршағының үстінде біз, бұта, мүйіз тәрізді өсінділер (подециялары) болады. Подецияларының дәмі ашқылтым келеді. Денесінің ұшында орналасқан қоңыр түсті, көбею мүшесі – апотецийлері (ені 0,5 – 1 мм) арқылы жынысты және вегетативті (өсімді) жолмен де көбейеді. Оны бұғы және т.б. жабайы хайуанаттар сүйсініп жейді. Бұғы кладинасы – өте сирек кездесетін қына, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Бұғымүйіз , лепторабдус (Leptorhabdos) – сабынкөктер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтарда, өзен бойларында, құмдарда, ормандар арасында, арамшөп ретінде егістіктерде өсетін 1 түрі – ұсақгүлді Б. (L. parvіflora) бар. Биікт. 18 – 130 см. Сабағы тік, төрт қырлы. Жапырақтары сабақтың төм. бөлігіндегілері жұмыртқа тәрізді, сабақ бойындағылары қауырсынды тілімденген. Тостағанша жапырақтары бес тілікті, күлтесінің пішіні түтік сияқты, қызғылт не ақшыл көк түсті. Аталығы төртеу. Шілде айында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі – домалақ қорапша. Тұқымы жылтыр, бір ұяда 1 – 2 тұқым болады.
## Дереккөздер |
Бұғылы – Сарыарқаның орта тұсындағы тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Шет ауданында, Сәкен Сейфуллин кентінің солтүстік-шығысында орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 1187 м (Бүркіт тауы). Тау оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 40 км-ге созылған, ендірек жері 15 км.
## Жер бедері
Шығысында Шерубайнұра өзені ағып өтеді. Беткейлері қатты тілімденген.
## Геологиялық құрылымы
Орта және жоғарғы тас көмір дәуірінің гранитоидты жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Батыс бөлігінде таулы жердің қиыршықтасты сұр, шығысында ақшыл қоңыр топырағы қалыптасқан. Мұнда тобылғы, қараған, жусан, селеу, т.б. шөптер өседі, таудың солтүстік етегінде бұталы тоғай кездеседі.
## Дереккөздер |
Бұғылы – Сарыарқаның солтүстік-шығысында, Шаған өзенінің бастауындағы ұсақ шоқылы тау.
## Географиялық орны
Абай облысы Абай ауданында орналасқан. Ендік бағытта созылып жатқан тау сілемінің ұзындығы 30 – 35 км, ені 15 – 18 км. Ең биік жері – Бұғылы тауы (1061 м).
## Геологиялық құрылымы
Ордовиктің жанартаутекті және силур кезеңдерінің гранитті, гранодиоритті тау жыныстарынан түзілген. Оларды неоген және төрттік кезеңдерінің элювийлі-делювийлі шөгінділері жапқан. Жер бедері биіктігі 50 м-ге жететін ұсақ шоқылы жондардан, денудацияланған жазықтардан тұрады.
## Өсімдігі
Аласа таулы жердің қиыршықты қоңыр топырағында бұта аралас жусан, боз, селеу және селеулі-сұлыбасты өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Бурақожыр бұлақтары , Борохудзир бұлақтары – Бурақожыр өз-нің аңғарында, 1100 – 1200 м биіктікте жер астынан атқылап жатқан минералды су көзі. Алматы облысы Панфилов ауд. Көктал а-ның солт-нде 18 км жерде. Б. б-ның суы порфир жыныстарындағы жарықшақтардан шығып жатыр. Қазылған ұңғымалар арқылы температурасы 34 – 36°С-қа тең 3000 м3 су алуға болатындығы дәлелденді. Суының құрамында хлорлы-сульфат, натрий, радиоактивтік заттар бар; минералдануы 0,6 – 0,8 г/л-ге, радон мөлш. 25 – 210 эманға тең. Б. б-н Панфилов аудандық емханасы пайдаланады.
## Дереккөздер |
Бұғыты вольфрам кен орны – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Іле Алатауының шығыс шетіндегі Үлкен Бұғыты тауында орналасқан. 1941 жылы ашылып, барлау жұмыстары 1942 – 1974 жылдарында жүргізілген.
## Геологиялық құрылымы
Геологиялық құрылымы негізінен ұсақ түйіршікті құмтас, тақтатас, әктастардан және интрузивті ақшыл қызғылт граниттерден тұрады. Кен денелері орналасқан сыйыстырушы тау жыныстары диорит және диабаз порфириттерінің дайкаларымен (сығылмаларымен) тілімденген. Ордовик жыныстарынан тұратын синклинальдың грейзенделген бөлігінде кварц-желілі шеелит кенді штокверк бар. Тереңдеген сайын грейзенделген тау жыныстарының мөлшері азаяды.
## Жатыс сипаты, минералдары
Кенді желілердің қалыңдығы 10-50 см, ұзындығы 200-300 м-ге жетеді. Кеннің басты минералдары шеелит, молибденит, халькопирит, пирит, турмалин, вольфрамит, сфалерит; бейкенді минералдардан мусковит, калий шпаты, турмалин, кальцит, апатит, топаз, т.б. бар. Шеелит кварц желілерінде жекеленген кристалдар (0,2 – 40 мм) мен түйіршік агрегаттар түрінде кездеседі. Жер бетінде кенқайраңдар түзілген.
## Дереккөздер |
Бураш , смелоския (Smeloskіa) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда биік таулы аймақтардың тасты, тастақты, жартасты жерлерінде өсетін 2 түрі (талақжапырақты Б., тостағанша Б.) бар. Олардың биікт. 3 – 20 см, сабақтары бірнешеу, жапырақтары қанат тәрізді бөліктерге бөлінген. Тостағанша жапырақтары жоғары орналасқан. Күлтелері ақ, қызғылт түсті. Аталық жіпшелері тіссіз. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – ашылмалы бұршаққынша. Тұқымы бір қатар орналасқан, бір ұяда 1 – 4 ұрығы болады.
## Дереккөздер |
Бұғыты – Іле Алатауының солтүстік-шығысындағы тау сілемі.
## Географиялық орны
Алматы облысы Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандары жерінде жатыр. Бұғыты таулары Үлкен және Кіші Бұғыты атты екі тау сілемінен құралған. Батыстан шығысқа қарай ұзындығы 70 км-ге созылған, енді жері 40 км. Абсолюттік биіктігі 1816 м (Үлкен Бұғыты тауы).
## Геологиялық құрылымы
Тау тас көмір және пермь кезеңдерінің интрузивтік тау жыныстарынан түзілген. Мұнда вольфрам кен орны ашылған.
## Климаты
Климаты тым континенттік, ауаның орташа температурасы қаңтарда –90С, шілдеде 240С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 – 400 мм.
## Топырағы, өсімдігі
Топырағы бозғылт сұр, кей жерлерінде ақшыл қоңыр түсті. Тау беткейінде бұйырғын, тасбұйырғын, баялыш, т.б. өседі.
## Дереккөздер |
Бұдыр кекіре (Oxytropis echidna) – бұршақ тұқымдасы, кекек туысына жататын көп жылдық бұташық. Қазақстанда Қаратау жотасындағы Мыңжылқы тауының тастақты беткейлерінде ғана кездеседі. Ол биікт. 10 см-дей, жатаған тамырлы, тікенді бұташық. Сабағы сұрғылт, жасыл түсті, тікенді болып келеді. Қысқарған бір жылдық бұталарының ұзындығы 1 – 2 см. Жапырақтары жұмыртқа пішінді, ұзындығы 7 см, ұсақ жапырақшалары 10 – 14-тен жұптасып орналасады. Гүлі қызғылт түсті. Тұқымынан көбейеді. Шілде айында гүлдейді. Бұдыр кекіре өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Бұғы шаруашылығы – бұғы өсірумен айналысатын шаруашылықтың бір саласы. Бұғы (марал, теңбіл бұғы) мүйізінен дәрі жасалады, сондай-ақ еті, терісі пайдаланылады. Солтүстік Бұғы шаруашылығы (солтүстік бұғыларды өсіреді) және панталық Бұғы шаруашылығы (теңбіл бұғылар, марал, изюбрь өсіріледі) болып бөлінеді.Солтүстік Бұғы шаруашылығы Ресейде, Финляндияда, Швецияда, Норвегияда, Канадада, АҚШ-та (Аляска), ал панталық Бұғы шаруашылығы Ресейдің Алтай, Красноярск, Приморье өлкелерінде, Қытайда, Кореяда, Моңғолияда, Қазақстанда дамыған. Қазақстанда бұғылар 19 ғасырдың басынан қолда өсіріледі. Катонқарағай ауданында 8 бұғы өсіретін шаруашылық ұйымдастырылған. Онда 11300 марал өсіріледі (1999). Мұндағы бұғылар жазда арнайы темір сыммен қоршалған кең алқаптарға жайылады, қыста қыстауларда бағылады. Жас төлге арналып жеке қора салынады. Қыс кезінде бұғылар әр түрлі жемшөп (сүрлем, концентраттармен) қоректендіріледі. Мүйізі жылына 1 рет кесіледі. Әр бұғыдан 6 – 7 кг-ға дейін мүйіз алынады. Ол арнайы әдіспен қайнатылып кептіріледі. 14 – 16 жастан аспаған маралдың мүйізі өте жоғары бағаланады. Бұғының әлі сүйектенбеген, ішіндегі қаны жас мүйіздерінен өте құнды пантокрин дәрісі алынады. Қазақстанда «Ақсу» акцион. қоғамы, «Ақсу-ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны пантокрин дәрісін жасап, экспортқа шығарады.
## Дереккөздер |
Бұғыл, Бүгіл – Ақжар көлі алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Жамбыл облысы Сарысу ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 52 км, су жиналатын алабы 202 км2.
## Бастауы
Өзен бастауын Үлкен Ақтау тауының шығыс беткейінен алып, таудың солтүстік етегін бойлай алғашында солтүстік-шығысқа, одан кейін солтүстік-батысқа қарай бұрылып Шабақты өзенінің оң жағына келіп құяды.
## Гидрологиясы
Жоғарғы және орта ағыстарындағы арнасы тар, тік жарлы, төмен арнасы жазыққа шығып кеңейеді. Жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Желтоқсанның ортасында суы қатып, ақпанның соңында мұзы ериді. Суы тұщы, жаз айларында сәл кермекті. Жағалауы жайылым, суы мал және егістікті суғаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұзанай құмы – Атырау облысы Исатай, Құрманғазы аудандары жерінде орналасқан құмды алқап. Солтүстігінде Қосдәулет, оңтүстігінде Мыңтөбе, батысында Батпайсағыр (Бетпақшағыр) құмдарымен шектеседі.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 15 – 17 м. Жартылай көшпелі төбешікті құм, шағыл тізбектері батыстан шығысқа қарай 60 – 70 км-ге созылған, ені 40 км-дей. Жер бедері төбелі, жалды, қырқалы келеді.
## Климаты
Климаты қуаң, континенттік. Қаңтардың орташа температурасы –11°С, шілдеде 25°С. Сортаң ойыстарда ыза суға толатын тұзды көлшіктер кездеседі.
## Өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Шөлейт климатқа бейім жүзгін, құмаршық, еркек шөп, қияқ, жусан, теріскен т.б. шөп өседі. Жануарлардан ақбөкен, қасқыр, түлкі, қоян, қосаяқ т.б. кездеседі. Бұзанай құмы мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұзаубас (Gryllotalpіdae) – түзу қанаттылар отрядына жататын зиянды жәндіктер. Қазақстанда 2 түрі кездеседі. Кәдімгі Бұзаубас (Gryllotalpa gryllotalpa) және біртікенекті Бұзаубас (unіspіna). Бұзаубастар дымқыл топырақты, ойпаңды жерлерде тіршілік етеді, алдыңғы қанаттары артқыларына қарағанда едәуір қысқа. Жаздың жылы кездерінде індерін топырақтың үстіңгі қабатына таяу, ал қыста 1 м тереңдікке дейін қазады. Даму циклі бір жылдан аса уақытқа созылады. Жұмыртқаларын тереңдігі 10 – 20 см қазылған інге салады. Эмбрионалдық дамуы 10 – 15 күн. Олар көбінесе картоп, көкөніс және бақша дақылдарын зақымдайды. Бұзаубасты жою үшін жүгері, қара бидай, арпа, сұлы дәндерінің уландырылған еліктіргіштерін топыраққа араластырады. Сүдігер терең жыртылып, отамалы дақылдардың қатар аралығы өңделеді. Күздің бас кезінде Бұзаубастар қыста мекендейтін телімге тереңд. 70 см ұстағыш ор (70×70 см) қазылып, көңмен толтырылады. Температура 0°С-қа төмендеген кезде көңді шығарып, жиналған Бұзаубастарды жояды.
Бұзаубас - қара шегірткеге жақын, ұзын мұртшалы тікқанатты жәндіктер қатарына жатады. Бұл ірі жәндіктің алдыңғы аяқтары жақсы жетілген, қазуға жақсы бейімделген, сондықтан латынша аты - "шегіртке көртышқан" деп аталады. Денесі қоңыр түсті, ұзындығы 3,5 - 5 см, денесі қалың ұсақ жылтыраған түктерінің арқасында жібек тәрізді жылтырайды. Ылғалды топырақтарда, көбіне өзен аңғарларында өм ір сүреді. Өсімдік тамырымен, жауын құрттарымен және жәндіктер дернәсілдерімен қоректенеді. Көбею кезінде жабайы және мәдени өсімдіктердің тамырында 5 - 10 см тереңдікте шар тәрізді ұя жасайды. Жаз ортасында бір жатын бөлмесінде 600 жұмыртқалары немесе дернәсілдері болады. Мәдени өсімдіктердің тамырларын зақымдап, бау - бақшаларға зиянын тигізеді.
## Дереккөздер |
Бұдыр мия (Glycyrrhіza aspera) – бұршақ тұқымдасы, мия туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның қуаң далалы, шөлейтті аймақтарында өседі. Биіктігі 8 – 40 см-дей. Сабағы сирек бұтақталған, сыртын қалың безді тікен жауып жатады, осыған байланысты оны Бұдыр мия деп атайды. Тақ қауырсынды жапырақтарының ұзындығы 3 – 12 см, ал бөбешік жапырақтары қандауыр немесе жұмыртқа тәрізді болады. Ақшыл күлгін түсті гүлдері шашақ гүлшоғырын құрайды. Аталығы – 10, аналығы – біреу, ол 1 жеміс жапырағынан тұрады, бір ұялы. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жеміс береді. Жемісі – сәл иіліп келген бұршаққап. Сырты тегіс, көп тұқымды, бүйрек тәрізді, қоңыр түсті болады. Тамырында глюкоза, сахароза, крахмал, биол. активті заттар (флавонид, т.б.) бар. Бұдыр мия медицинада, тамақ, тері илеу өнеркәсіптерінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұжырдән (Taphrospermum) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Алтай Бұжырдәні және жалпақкүлтелі Бұжырдән деген 2 түрі Зайсан ойпатында, Алтай, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында кездеседі. Көбірек тарағаны – Алтай Бұжырдәні (altaіcum), биіктігі 1 – 20 см-дей, сабағы тік не көлбей өседі. Жапырағы жұмыртқа пішінді, бүтін жиекті, өркен бойына кезектесіп орналасады. Гүлдері ақшыл сары түсті, жапырақ қолтықтарында жетіледі, тостағанша жапырақтарының ұшы доғалдау келген, жиегі жұқа болады. Шілде айында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі – бұршаққын. Бұршаққыны үшкір, төрт қырлы, ұзындығы 5 – 9 мм, сырты тегіс. Тұқымы – дәнек, сырты бұдырлы. Ал жалпақкүлтелі Бұжырдән (platypetalum) – тек Жетісу (Жоңғар) Алатауында ғана өсетін эндемик. Бұжырдән әсем гүлдейтін өсімдік, сондықтан сәндік үшін өсіріледі.
## Дереккөздер |
Бұзаубас сораң немесе Сораңшөп (лат. Salіcornіa) – Қызылқұйрық тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Жер жүзінде 30 түрі бар. Қазақстанда 1 түрі - Еуропа бізбелдігі немесе Бізбелдік кездеседі.
## Түрлері
Тропиктік және субтропиктік белдеулердің жылы аймақтарында кездесетін 60 түрі белгілі.
Жиі кездесетін түрлері:
* Salicornia virginica
* Salicornia europaea
* Salicornia bigelovii
* Salicornia perennis
* Salicornia ramosissima
* Salicornia maritima
* Salicornia brachiata
Қазақстанда теңіз, көл жағалауларында, сор, сортаңды жерлерде өсетін 1 түрі – қызыл бұзаубас сораң (лат. S. europae) бар. Биікт. 5 – 30 см. Негізінен тік өсетін, көбінесе қызғылт түсті сабағынан, жалаң, көп буынды бұтақтары шығады. Жапырақтары өте ұсақ. Гүлдері қос жынысты, үштен бірігіп, сабағының етті ұлпаларынан жетіліп, олар масақша гүлшоғырын құрайды. Маусым – тамызда гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – домалақ. Дәрілік өсімдік. Күзде, қыста Бұзаубас сораңды түйе мен қой сүйсініп жейді.
## Дереккөздер |
Бұйра зығыр (Lіnum һumіle) – зығыр туысына жататын бір жылдық өсімдік. Ол Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында қара және қоңыр топырақты жерлерде өседі. Биіктігі 30 – 70 см. Тамыры жуан, жақсы жетілген. Екі, кейде бірнеше сабақты, қалың жапырақты, түптеніп өседі. Көгілдір, көк түсті гүлдері өздігінен тозаңданады. Маусым – шілде айларында гүлдейді. Қауашағы бірнешеу, дәнінің ұзындығы 5 – 7 мм. Бұйра зығыр құрамында 42 – 45% май болғандықтан май өнеркәсібінің құнды шикізаты. Ол лак, олиф, бояу, су өтпейтін маталар жасауға және медицинада, техникада қолданылады. Зығыр майы тамаққа да пайдаланылады. Зығыр күнжарасы құнарлы мал азығы, ал сабанының ұнын шошқа сүйсініп жейді. |
Бұйрасораң (Halogeton) – алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Тобыл, Есіл, Ертіс бойында, Арал, Каспий маңында, Торғай, Зайсан, Маңғыстау, Балқаш – Алакөл өңірлерінде, Бетпақдалада, Мойынқұмда, Іле, Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында кездеседі. Олардың сортаң, қиыршықтасты жерлерде өсетін шоғыр Бұйрасораң ( H. glomeratus) және өрмек Бұйрасораң (H. araсhnoіdes) деген 2 түрі бар. Олардың биікт. 3 – 40 см. Сабағы көкшіл сұр, тықыр, түбінен жоғары қарай бұтақтанады. Жапырағы қалың, кезектесіп орналасқан. Аталығы жіп тәрізді, 2 – 3-тен бірігіп өседі. Гүлі жапырақ қолтығында жетіледі. Шілде – тамыз айларында гүлдейді. Тұқымы – домалақ немесе сопақша келген тұқымша. Бұйрасораң – шөлді аймақтағы жайылымдарда жақсы мал азығы, оны, әсіресе, түйе мен қой сүйсініп жейді.
Бұйрасораң - алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Балқаш-Алакөл өңірінде, Іле, Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында кездеседі. Олардың сортаң, қиыршық тасты жерлерде өсетін шоғыр бұйрасораң және өрмек бұйрасораң деген 2 түрі бар. Олардың биіктігі 3-40 см. Сабағы көкшіл сұр, тықыр, түбінен жоғары қарай бұтақтанады. Жапырағы қалың, кезектесіп орналасқан. Аталығы жіп тәрізді, 2-3-тен бірігіп өседі. Гүлі жапырақ қабығында жетіледі. Шілде-тамыз айларында гүлдейді. Тұқымы — домалақ немесе сопақша келген тұқымша. Бұйрасораң — шөлді аймақтағы жайылымдарда жақсы мал азығы, әсіресе, түйе мен қой сүйсініп жейді.
## Дереккөздер |
Бұқтырма бөгені — Ертіс өзенінде, Шығыс Қазақстан облысы аумағында, Қалба, Нарын, Күршім жоталары аралығында орналасқан Қазақстандағы ең ірі бөген.
## Гидрологиясы
Су айдыны 5940 км2, ұзындығы 600 км, ені 40 км, ең терең жері 80 м. Суының көлемі 49,6 км3. Бөгеннің құрамына Қара Ертіс өзенінің атырауы, Зайсан көлі, Ақ Ертіс өзенінің бір бөлігі (бастауынан Серебрянск қаласына дейін), Бұқтырма, Нарын өзендерінің төменгі ағысы кіреді.
Су деңгейі мамыр айының бас кезінде көтеріле бастайды да, тамызда ең жоғарғы биіктігіне жетеді. Қыркүйек айынан сәуірге дейінгі мерзімде су деңгейінің көп жылдық ауытқуы 5,0 м-ге жетсе, маусымдық тербелісі – 1,3 – 3,8 м аралығында болады. Суы тұщы. Минералдылығы 0,05 – 0,14 г/л, жұмсақ, химиялық құрамы – гидрокарбонатты кальцийлі.
## Тарихы
Бұқтырма бөгенін толтыру 1960 жылдың сәуір айында басталып, 1962 жылы Ертіс өзенінің суы Зайсан көлімен қосылған соң біртұтас су айдынына айналды.
## Морфометриялық ерекшеліктері
Бұқтырма бөгенін су түбінің морфометриялық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде үшке бөлінеді: жоғарғы (көлдік), орта (таулы-аңғарлық) және төменгі (таулық) бөліктер.
## Шаруашылықтағы маңызы
Бөгенде фитопланктонның 280, зоопланктонның 260 түрі кездеседі. Сазан, Табан балық, көксерке, түрке балық (омуль), шармай, ақ амур, бақтақ, т.б. балықтар өседі. Жылына орта есеппен 8 – 9 мың т балық ауланады. Бұқтырма бөгеніндегі Өскемен, Бұқтырма су электр станциялары Шығыс Қазақстан облысының аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Көктемде бөгеннен жіберілген су Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының жүздеген мың га егісі мен шабындықтарын суландырады.
## Бұқтырма бөгенінің төменгі таулық бөлігінің көріністері
*
*
*
*
*
*
*
*
*
*
## Дереккөздер |
Бұлақтыкөл – Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы. Сам құмының шығысындағы қыстау. Үстірттің солт. бөлігінде орналасқан. Жанында Абай, Құлыбек, Қарабұлақ, Найзақара қыстаулары бар. Құмды, сұр қоңыр топырағында теріскен, еркек шөп, бұталар өседі. Қыста мал қыстағы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұқтырма ойысы – Бұқтырма өзенінің аңғарын бойлай жатқан науа тәрізді эрозиялық ойыс. Алтай тауының оңтүстігіндегі Қалба, Нарын жоталары мен Зайсан көлінің аралығында жатыр. Ұзындығы 45 – 50 км, ені 10 – 15 км. Беткейлері – делювийлі шөгінділердің жұқа қабаты жауып жатқан түпкі жыныстар; табаны – малтатас, құм, саз сияқты аллювийлі шөгінділер. Ойыстың көпшілік бөлігі 1960 – 67 жылы салынған Бұқтырма бөгенінің астында қалды.
## Дереккөздер |
Бұлақшы (лат. Tringa stagnatilis) – татреңтәрізділер отрядының тауқұдіреттер тұқымдасына жататын су құсы.
Қазақстанның солтүстік-далалық аймақтарында, Қамыс – Самар көлдері мен Ырғыз өзенненің төмен, Нұра өзенінің жоғарғы сағасында таралған. Қанатының ұзындығы 120 – 150 мм, тұмсығының ұзындығы 43 мм, салмағы 60 – 90 г-дай. Арқасы сарғыш қоңыр, тұмсығы қара, маңдайы, басының екі жағы және бауыры ақ болады. Бұлақшы – жыл құсы. Наурыз айының аяғында ұшып келіп, ұясын өзендер мен көлдердің батпақты жағасындағы құрғақ төбешіктерге ұя жасайды. Оған 3 – 4 жұмыртқа салады, оны қоразы мен мекиені 3 аптадай басып, балапандарын 20 – 21 күнде қанаттандырады. Негізінен су жәндіктерімен, кейде ұсақ шаян тәрізділермен қоректенеді. Күзге қарай жылы жаққа (Африкаға, Оңтүстік Азияға, Австралияға) қоныс аударады.
## Дереккөздер |
Бұзаубай – Шошқакөл бұйратының солт.-шығысындағы жайлау. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы. Қопасор а-нан солт.-батысқа қарай 40 км жерде, Шағырай үстіртінің солт. беткейінде орналасқан. Шошқакөл бұйратының солт. бөлігінен ағатын Терісбұтақ, Кеңқұдық өзендері жазда тартылып, тау баурайындағы бұлақ көздерімен толығады. Маңайында Алтынқұдық, т.б. құдықтар бар. Сортаңды сұрғылт топырағында жусан, селеу, астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Жайлау мал жайылымына қолайлы.
## Дереккөздер |
Бұланды қорықшасы – республикалық маңызы бар зоологиялық қорықша.
## Географиялық орны
Ақмола облысы Бұланды және Біржан сал аудандарының жерінде. Қорықша 1971 жылы құрылған. Аумағы 47 076 га.
## Жер бедері, флорасы мен фаунасы
Жер бедері – қыратты, жоталы жазық, кей жерінде аласа гранит жоталар да кездеседі. Жазық жерлердің көпшілік бөлігін қарағайлы орман алып жатыр, онда қайың, көктерек, жеміс-жидек бұталары өседі. Бұланды қорықшасында тұяқты сүтқоректілерден бұлан, марал, елік тіршілік етеді. Бұл өңірде ерте кездерде бұлан көп болған, соған байланысты «Бұланды» аталған.
## Дереккөздер |
Бұлғын (лат. Martes zibellina) – сусарлар тұқымдасының сусарлар туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң.
Дене тұрқы 40 – 55 см, құйрығы – 20 см-дей, салмағы 0,4 – 1,6 кг. Қазақстанда Алтайдың қылқан жапырақты ормандарында кездеседі. Құлақ қалқаны жалпақ, дөңгеленген ұшы үшбұрышты. Денесіндегі жүндері қалың қою жібектей, түсі – бурыл, сарғыш, қара қоңыр, алқымында кішкене ақшыл дағы болады. Сирағы қысқа, қимылы икемді келеді. Ұсақ жәндіктермен, самырсын жаңғағымен, жидекпен қоректенеді. Кейде жабайы бал арасының балын да жейді. Шыршалы, майқарағайлы ормандардағы ағаш діңдері мен тас қуыстарды мекендейді. Мекендейтін жерлерінен көп ұзамайды, азығы азайған жылдары орманның бір жерінен екінші жеріне қоныс аударады. Табиғи жағдайда 1 жыл 3 айда жыныстық жағынан жетіледі. Бұлар 2 рет (наурыз – маусымда және тамыз – қарашада) түлейді. Бұлғын маусым – тамызда шағылысып, 245 – 300 күннен кейін наурыздың аяғында, 2 – 6 соқыр күшіктен туады. Күшіктерінің салмағы 30 г-дай, дене тұрқы 11 – 12 см. 30 – 36 күнде олардың көздері ашылып, тістері шыға бастайды, ал 3,5 айда тұрақты тістері қалыптасады. Бұлғын – терісі өте бағалы аң. Терісінен бас киім тігіледі.
## Дереккөздер |
Бұйрагүл (Streptoloma) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді аймақтардың құмды, балшықты жерлерінде өсетін 1 түрі – шөлдік Б. (S. deaertorum) бар. Биікт. 5 – 25 см. Сабағы бұтақты, сыртын түк жапқан. Жапырақтары сағақты, ұзынша, ойма тісті, үшбұрыш тәрізді қалақты. Тостағанша жапырақтары орнықты, күлтесі ақ түсті. Наурыз – сәуір айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршаққын.
## Дереккөздер |
Бұлдырты — Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы ауыл, Бұлдырты ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Жымпиты ауылының оңтүстік-шығысына қарай 45 км-дей жерде, Бұлдырты өзенінің жағалауында орналасқан. Құрғақ қоңыржай агроклиматтық белдемде жатыр. Жері шөлейтті, сұр, бозғылт-сұр топырақты. Жусан, бетеге, селеу, көде, ши өседі.
## Халқы
1999 жылы тұрғындар саны 1990 адам (997 ер адам және 993 әйел адам) болса, 2009 жылы 1990 адамды (1016 ер адам және 974 әйел адам) құрады.
Шаруа қожалықтары мен өндірістік шаруашылықтар жұмыс істейді. Орта мектеп, дәрігерлік-амбулаториялық пункт, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады, Самара-Шымкент жолынан 12 шақырым жерде орналасқан.
Бұлдырты ауылдық округіне 4 елді-мекен кіреді: Бұлдырты, Көкөріс, Қарақұдық және Жарқамыс.
## Дереккөздер |
Бұралқының тұзы – Жамбыл облысы Сарысу ауданы Андағұл төбесінің батысындағы сор. Бетпақдала жазығының оңт-нде, Шу өз-нің аңғарында орналасқан. Теңіз деңгейінен 211 м биіктікте жатыр.
Сор батыстан шығысқа қарай ендік бағытта шамамен 11 км, енді жері 4 – 5 км-ге созылып жатыр. Б. т-ның солт., шығыс, оңт. жағалаулары ойысты, тілімденген. Батыс бөлігі тегіс жазықты келген.
## Дереккөздер |
Бұланды ауданы — Ақмола облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік аудан. 1930 жылы Қарағанды облысы Щучинск ауданының аумағы екіге бөлініп, орталығы Вознесенка ауылы болып Макинск ауданы құрылған.
## Географиялық орны
Солтүстігінде Бурабай, солтүстік-шығысында Біржан сал, шығысында Ақкөл, оңтүстігінде Астрахан, оңтүстік-батысында Атбасар, батысында Сандықтау аудандарымен шектеседі.
## Тарихы
1936 жылы 29 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысының, 1939 жылы 14 қазанда Ақмола облысының қарамағына берілді. 1957 жылы аудан орталығы Вознесенка ауылынан Макинск қаласына көшірілді. 1963 жылы қаңтар айында аудан таратылып, 1964 жылы қайта қалпына келтірілді. 1997 жылы 14-қарашадан бастап Бұланды ауданы болып аталады. Аудан орталығы — Макинск қаласы, 1928 жылы ауыл болып негізі қаланып, 1945 жылы аудан бағыныстағы қала мәртебесі берілді.
Жер аумағы 5,4 мың км².
## Халқы
1999 жылы тұрғындар саны 41387 адам (20308 ер адам және 21079 әйел адам) болса, 2009 жылы 34815 адамды (16801 ер адам және 18014 әйел адам) құрады.
Оның ішінде Макинск қаласында 17,8 мың адам (2008). Ұлттық құрамы: орыстар (44,80%), қазақтар (35,19%), немістер (6,24%), украиндар (4,82%), ингуштар (2,29%), беларустар (1,78%), татарлар (1,51%), басқалары (3,37%) (2009). Халқының тығыздығы 1 км²-ге 7,3 адамнан келеді.
## Әкімшілік бөлінісі
Аудандағы 38 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 11 ауылдық округке біріктірілген:
## Жер бедері, климаты
Орманды дала мен дала белдемінде орналасқан аудан жерінің көпшілігін Көкшетау қыратының оңтүстік өңірі алып жатыр (абсолюттік биіктігі 300 — 500 м). Жер бедері Есіл өзенінің аңғарына қарай еңістеу келген, ұсақ шоқылы, белесті жазық. Климаты тым континенттік, қысы суық, қары аз, жазы біршама ыстық әрі құрғақ. Ауаның көп жылдық орташа температурасы қаңтарда –17°С, шілдеде 20°С, жылдық жауын-шашын мөлшері 350 — 400 мм.
## Өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Топырақ жамылғысында қара, қызыл қоңыр топырақ басым. Қызғылт селеу, бетеге, жусан, өлеңшөп, тобылғы, т.б., өзен жайылмалары мен көл жағалауында қамыс, астық тұқымдасты қалың шалғын, ұсақ шоқыларында шоқ қарағай, қайың, терек, түрлі бұта өседі. Даласында қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, аламан тышқаны, ормандарында саңырау құр, құр, көлдерінде су құстары мекендейді. Аумағының шамамен 35 мың га жерін орман алып жатыр. Аудан жерінен Аршалы өзені және оның салалары Қоңыр, Жолболды, Қайрақты өзендері ағып өтеді. Үлкен көлдері: Шошқалы, Алакөл, Байтөбет, Шортанды, Жарлыкөл, Қызылмола. Жалпы аумағы 1975 га-ға жететін 24 су қоймасы бар, оның екеуі тоған, біреуі бөгет.
## Шаруашылығы
Ауданда кесектас өндіретін «Булаев тас карьері» ЖШС-і, станоктарға, машиналарға, ауыл шаруашылық машиналарының жылжымалы құрамаларына арналған бөлшектер шығаратын «Макинск механикалық-құйма зауыты» ЖШС, пенобетон шығаратын «Макин» ЖШС, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, типография, машина сынау станогы, агроөнеркәсіптік және арнаулы шаруашылық бірлестіктері бар. Бұрынғы әртүрлі салада мамандандырылған кеңшар, ұжымшар, агробірлестіктер негізінде ауданда астық, картоп егетін, сүтті, етті-сүтті ірі қара мал, шошқа, жылқы өсіретін өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, шаруа қожалықтары құрылған. Ауыл шарушылығы жерінің аумағы 485 мың га (1998), оның ішіндегі егіндік жер 62,5%, жайылымдық 36,1%, шабындық 1,4%. Егін шаруашылығының басты бағыттары: астық, көкөніс, картоп, жемшөп өсіру. Мал шаруашылығымен айналысатын 85 заңды тұлға, 1417 жеке кәсіпкер, 141 фермерлік шаруашылық тіркелген.
## Инфрақұрылымы
Ауданда 14 клуб, 30 кітапхана, 40-тан астам жалпы білім беретін мектептер (екеуі мектеп-бала бақша), музыкалық мектеп, балабақшалар, кәсіптік-техникалық училище, 30 тарихи ескерткіш, 5 монумент бар. Денсаулық сақтау мекемелерінен аудандық аурухана, емхана, 8 ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, жедел жәрдем стационарлар, 3 фельдшерлік-акушерлік, 24 фельдшерлік пункттер халыққа қызмет көрсетеді. Балалар шығармашылығы үйінің жанынан құрылған «Бұланды ауданының тарихы» музейі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, шаңғы базасы, спорт алаңдары бар. Қазақ тілінде «Бұланды таңы» және орыс тілінде «Вести Буланды» қоғамдық-саяси газеттері жарық көреді. 2005 жылы атақты балуан, композитор Балуан Шолаққа арнап мемориалдық кешен орнатылды. Аудан жері арқылы 343,7 км автомобиль жолы өтеді, оның 31 км республикалық, 110 км облыстық, 202,7 км аудандық маңызы бар. Алматы — Астана — Петропавл темір жол және Астана — Көкшетау автомобиль жолы өтеді.
## Дереккөздер |
Бұрқылдақ – Жамбыл облысы Шу ауданы Шоқпар а-нан солт.-шығысқа қарай 29 км жердегі қыстау. Шу-Іле тауларында. Қыстау Тесік өз-нің сол жағалауында орналасқан. Оңт-нен Шу – Отар т. ж. өтеді. Таудың сұр қоңыр топырағында жусан, астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Қыстау мал жайылымына пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұлаққұдық – Бетпақдаланың солт.-шығыс бөлігіндегі құдық. Қарағанды облысы Шет ауданында. Тереңд. 2 м, су шығымы 300 л/сағ. Солт-нде Айыртау, солт.-батысында Шұнақ, Шауыпкелді, шығысында Қосқопа, батысында Қарауылшоқы, оңт-нде Қызылтау таулары орналасқан. Маңайында Кеңаңғар, Ақсортопырақ қоныстары бар.
## Дереккөздер |
Бұршақбас , клеома (Cleome) – кеуелдер тұқымдасына жататын бір, көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Тропиктік, субтропиктік және қоңыржай аймақтарда кездесетін 150-дей түрі белгілі. Қазақстанда шөлді, таулы аймақтардың тасты, тастақты, әктасты, балшықты жерлерде өсетін 2 түрі белгілі. Бұлардың биікт. 10 – 60 см. Сабақтары бұтақты, бездері бар, сыртын түк басқан. Төм. жапырақтары дөңгелек, жоғарғылары ұсақ. Аталығы төртеу. Гүлдері сары түсті, көбінесе ұзын шашақ гүлшоғырына топталған. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршақ тәрізді қорапша, қос қақпалы. Тұқымы бүйрек тәрізді. Кейбір түрінің тұқымы қыша ретінде тамаққа пайдаланылады. Әсемдік өсімдіктер.
## Дереккөздер |
Бұланмүйіз (лат. Bongardia ) – бөріқарақаттар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер. Қазақстанда Қызылқұмның, Түркістанның, Қаратаудың сазды қырқаларында, сортаң жерлерде, жол, арық бойлары мен тау бөктерлеріндегі егістік жерлерде өсетін 1 түрі – сары Бұланмүйіз (chrysogonum) кездеседі. Оның биіктігі 30 – 50 см. Тамыртүйіндері бұдыр (жуандығы 3,5 см). Ұзын жапырақтары (8 – 15 см) тамыр түбінен басталып, жерге жайылып өседі. Сабағы жапырақсыз. Гүлдері сары, шашақ гүлшоғырына топталған. Наурыз – сәуір айларында гүлдейді, жемісі – дәнек. Қорапшасы жұқа, қабықты. Бұланмүйіздің тамыртүйіні крахмалға бай, ол тағам ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том |
Бұрандажапырақ (лат. Vallisneria) – сукөріктер тұқымдасына жататын, суда өсетін көп жылдық өсімдіктер. Тропиктік, субтропиктік кейде қоңыржай аймақтардағы су айдындарында кездесетін 6 – 10 түрі анықталған. Қазақстанда Каспий, Арал теніздерінде, Түркістан өңіріндегі өзен-көлдерде, ащы, тұщы суларда өсетін 1 түрі – спиральды бұрандажапырақ (V. spіralіs). Оның жатаған тамырсабағы қысқа, дегелек жапырақтары таспа тәрізді, бүтін жиекті, жоғары шеті ара тісті келеді. Ұзындығы 50 – 80 см, ені 5 – 12 мм. Екі үйлі өсімдік. Гүл сағағы қысқа. Гүлшоғыры қарапайым тостағанша тәрізді жапырақшалардан тұрады. Аталық гүлдері майда. Гүл сағағы бұранда тәрізді иіліп келген. Бір ұялы. Ұясында көп тұқым бүршігі жетіледі. Әр тұқым бүршігінің бұранда тәрізді иілген сағағы болады. Тамыз – қыркүйек айларында гүлдейді. Жәндіктер немесе жел арқылы айқас тозаңданады. Бұрандажапырақ ауаны, суды оттегімен байытады, шіріп сапропельге айналады. Ол су құстары мен балықтардың негізгі азығы. Бұрандажапырақты жиі аквариумда өсіреді.
## Дереккөздер |
Бұлыңғыр балшықшы, бұлыңғыр тауқұдірет (лат. Tringa ochropus) – татреңтәрізділер отрядының тауқұдіреттер тұқымдасына жататын құс. Республикамыздың барлық облыстарында кездеседі. Орманды, өзектерді, батпақты-сазды жерлерді, шалшықтарды мекендейді. Қанатының ұзындығы 12 – 15 мм, салмағы 70 – 80 г-дай. Денесінің үстіңгі жағы қоңыр, көкірегі мен мойны сұр, теңбіл дағы бар, бауыры ақ болады. Басқа балшықшы құстардан ерекшелігі: құйрығының үстіңгі жағы шымқай ақ, арқасы қара. Бұлыңғыр тауқұдірет – жыл құсы. Наурыз айынан бастап ұялайтын аудандарға ұшып келеді. Жұптасып, ұясын ағаш басына салады. Басқа құстардың да ұяларын пайдалана береді. Көкшіл қоңыр түсті 4 жұмыртқа салады, оны тек мекиені шайқайды. Ұсақ жәндіктермен, жауын құртымен, моллюскілермен қоректенеді. Олар ауыл және орман шаруашылығының зиянкестерін жеп пайда келтіреді.
Бұлыңғыр Балшықшы (Tringa ochopus ) – шағын денелі (70-80 грамм, қанатының алымы – 45 см мөлшерінде ) балшықшы. Жоны – жасыл реңті, ұсақ ақ сепкілді қоңырқай қара. Алқымы, Бауыры және құйрық асты – ақ түсті. Құйрық үсті және құйрық өзі де – ақ, алайда құйрықтың ұшына таман екі жалпақ қара жолақтары болады. Оны ұшып жүргенде құйрық үстіндегі ақ реңнің қошқыл жонының айқын қарама-қарсылығы және құйрық шындағы жалпақ қара жолақтары бойыгнша ажыратып тану онша қиын емес. Еуразияның қоңыржай ендігінің үлкен бөлігін мекендйді. Қазақстанда тек қана Батыста және Солтүстікте, сондай-ақ Ертіс маңында ұялайды, дегенмен көбеюге қатыспаған (ұшып жүрген) дарақтар жазда барлық жерде дерлік кездеседі. Ұя салу үшін қандай да бола (тоқтау немесе ағынды) суға тікелей жақын орман шетін ұнатады. Басқа балшықшылардан айырмашылығы – ағаш басына қонақтаумен ғана шектелмей, бөтен ұяларды пайдаланып жиі ұялайды. Салындыды бар болғаны төрт ашық зәйтүн түсті немесе сепкілді қоңырқай түсті жұмыртқалары болады.
## Бізтұмсық БАЛШЫҚТЫ тұқымдастар
Бізтұмсық БАЛШЫҚТЫ тұқымдастар – 4 түрді біріктіріп, үш туыстан тұратын шағын санды құстар тұқымдасы. Ірі денелі (100- 500 г ), қарама-қарсы түсті және ұзын сирақты балшықшылар. Ортыңғы және сыртқы саусақты немесе 3 саусақтың барлығы жарғақпен қосылған.Тұмсықтың пішіні мен ұзындығы түрлі- түрлі. Қауырсын жабыны қалың, денеге тығыз жабысқан. Жеке жұп немесе шағын шоғыр түзіп мекендейді. Аталығы мен аналығының түсі бірдей . Ұясын қорғап, көбінесе жаралы болғансып, басқа жаққа бұрып жібереді. Тек қана жәндіктерді жеп, балапандарын солармен қоректендіреді. Қазақстанда 2 түрі- ұзынсирақ және бізтұмсық балшықшылар кездеседі.Бізтұмсық балықшылар туысы- жоғары қарай өзгеше иілген ұзын тұмсықты татрең тұқымдастарға жататын туыс. Бұдан басқа олардың артқы саусағы жақсы дамыған, ал алдыңғы саусақтары жарғақпен қосылған. Бар болғаны 2 түрден құралған , олардың біреуі Қазақстанда кездеседі.
## Дереккөздер
Құстар.Мектеп энциклопедиясы.Ковшарь А.Ф., Ковшарь В.А. |
Бұлдырты суландыру жүйесі – Бұлдырты өз. бойына салынған көлдете суғару жүйесі. 1974 ж. іске қосылған. Жүйе арқылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Бұлдырты және Абай а-дарының 4,5 мың га жері суғарылады.
## Дереккөздер |
Бүйі (лат. Lycosa sіngorіensіs) – өрмекшілер отрядының Қасқыр-өрмекшілер тұқымдасының бүйі туысына жататын ірі өрмекші.
## Таралуы
Қазақстанның шөл-шөлейтті, далалы аймақтарында кең тараған, әсіресе, ылғалы мол өзен-көл жағалауларында жиі кездеседі. Дене тұрқы 25 – 35 мм, өне бойын түк жапқан, түсі қоңыр, қара қоңыр, сарғылт. Бүйі ылғалды жерден тереңд. 50 – 70 см ін қазып, сонда мекендейді. Жыртқыш жемтігін, көбінесе түнде аулайды. Ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Өрмек торын құрмайды.
## Көбеюі
Көбеюі маусым айында басталады. Шағылысып болғаннан кейін, көп жағдайда Бүйінің ұрғашылары еркектерін жеп қояды. Жұмыртқаларын өрмек жіпшелерінен тұратын пілләларға (кокон) орап, ұрғашы Бүйі қамқорлыққа алады. Жұмыртқаларының саны 20-дан 300-ге дейін жетеді. Жұмыртқадан шыққан өрмекшілер бірнеше күн бойы аналығының жотасына жабысып жүреді де, қорегін ұстауға жарағанда ғана дара тіршілік етеді.
## Уы
Бүйі – улы өрмекші. Уы тырнағымен жалғасқан 1-жұп аяқтарындағы ірі бездерінде түзіледі. Оның уы өмірге қауіп төндірмейді, бірақ Бүйі шаққан кезде адамның басы айналып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Сондықтан Бүйі шаққан жердің қанын сәл ағызып жібереді де, үстіне дәрі ерітіндісіне малынған дәке басып, таңып тастайды.
## Бүйі түрлері
* Алқызыл аяқты бүйі - алқызыл аяқты қаратүсті бүйінің түрі.
* Бразилиялық қара бүйі - айтарлықтай үлкен бүйінің түрі. Ерексектерінің ұзындығының 153-183 см-ге дейін өседі.
* Көк қаңқалы бүйі - құсжеуші өрмекші тұқымдасының бір түрі.
## Дереккөздер |
Бүйіргүл , рамишия (Ramіschіa) – алмұртшөптер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың орманды жерлерінде 2 түрі (мұқыл Б., сыңарбүйір Б.) кездеседі. Олардың биікт. 3 – 25 см. Тамыры ұзын, бұтақталған. Жапырақтары дөңгелек, ұзынша. Гүлдері ұсақ, көпгүлді сәулелі шоғыр құрайды. Тостағанша жапырақшалары үшбұрыш тәрізді бөлектенген. Тозаңдықтары күлтесінен шығып тұрады. Аналық мойны аталығынан ұзындау. Маусым айында гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Жемісі төменнен жоғары қарай ашылатын қорапша.
## Дереккөздер |
Бүйіртас – Кешубай тауының батыс жағын ала орналасқан қырат.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы жерінде орналасқан.
## Жер бедері
Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 25 км-ге созылып жатыр. Енді жері 20 км, ең биік жері 1267 м. Беткейлері тік құзды жыралармен қатты тілімденген.
## Геологиялық құрылымы
Тас көмір және пермьнің сиенит жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Таудың қызыл қоңыр топырағында бетеге, қараған, жусан, тобылғы, ойпатты жерлерде қайың, терек, қалың ормандар, алуан түрлі шөптесіндер өседі.
## Дереккөздер |
Бұталық ақбасбалау (Аsterothamnus frutіcosus) – күрделігүлділер тұқымдасының ақбасбалау тұқымдасына жататын шала бұта. Қазақстанда тек Жетісу (Жоңғар) Алатауы өңірінде кездеседі. Биікт. 45 см. Бұтақталған сабақтарының сыртын қалың түк басқан. Жапырақтары жіңішке, ұзындығы 25 см, ені 4 мм. Ұсақ, ашық көк түсті гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Қос жынысты, тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Тұқымы 3 қырлы, сыртын түк басқан. Айдаршасы ақ, сұрғылт түсті болады. Бұталық ақбасбалау өте сирек кездесетін өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Бүркітті – Талас алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Жамбыл облысы Сарысу ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 58 км, су жиналатын алабы 248 км2.
## Бастауы
Бастауын Қаратаудың Үлкен Ақтау сілемінің солтүстік беткейінен алып, Жаңатас қаласының шығыс жағымен ағып өтіп, Шабақты өзеніне сол жағынан құяды.
## Гидрологиясы
Арнасы жоғарғы бөлігінде тар, жағасы тік жарлы. Жауын-шашын, жер асты суларымен толығады. Желтоқсан айының аяғында қатып, ақпанның аяғында мұзы ериді. Суы егін суғаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Бұршаққолтық , гитарник (Сіthareloma) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді аймақтардың құмды, құмдақты жерлерінде өсетін 2 түрі (көктем Б., Леман Б.) бар. Олардың биікт. 3 – 40 см. Сабағы бұтақты, сыртын түк басқан. Жапырақтары сағақты, шеті оймалы. Тостағанша жапырақтары ұзынша, күлтелері ақ, қызғылт түсті. Жатыны отырыңқы, аналық мойны ұзынша, аузы қос қалақты. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – ұзынша бұршаққын. Тұқымы өте көп, бір не екі қатарға орналасқан. |
Бүркітауыл – Сарымсақты жотасының батыс бөлігіндегі тау.
## Географиялық орны
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында. Абсолюттiк биіктігі 3373 м.
## Жер бедері
Таудың пішіні крест тәрізді келген. Беткейі тік жарқабақты, аздап тілімденген. Солтүстік беткейінен көптеген өзен салалары ағып Бұқтырма өзеніне барып құяды.
## Өсімдігі
Тау альпілік және субальпілік шабындықтармен көмкерілген.
## Дереккөздер |
Бүрмек , кельпиния (лат. Koelpinia) – астралылар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді, шөлейтті аймақтарда өсетін 3 түрі (жіңішке Б., таспа Б., Тұран Б-і) бар. Олардың биікт. 5 – 40 см. Сабақтары түбінен бұтақталған. Жапырақтары ұзынша, тамыр түбіндегілері сағақты, сабақ бойындағылары отырыңқы. Гүлдері қос жынысты, ашық сары түсті, себет гүлшоғырына топталған. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісінің ұшында қармақ тәрізді тікендері болады. Тұқымдары бос жатады, саны 6 – 8. Б-терді ерте көктемде мал жақсы жейді. Жемістенген кезде жемістеріндегі тікендер ұсақ малдың жүніне жабысып, қой ш-на зиян келтіреді.
## Дереккөздер |
Бүйен суғару жүйесі , 1940 ж. Алматы облысы Ақсу ауданың егіс алқаптарын суландыру мақсатында салынған. Б. с. ж-не Жетісу (Жоңғар) Алатауынан шыққан Үлкен Бүйен, Кіші Бүйен, Орта Бүйен, Мұзбұлақ, Зәуре, Бүркітті және Салқынбел тәрізді бұлақтардан су құйылады. Құрамында 3 бас тоған, 33,1 км-ге созылған каналдары мен арықтары, 4 гидротех. қондырғысы бар.
## Дереккөздер |
Бүршікбас , телиптерис (Тhelypterіs) – қырыққұлақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Алтайдың қылқанды және аралас ормандарында, көлеңкелі тасты жерлерде немесе жартастарда өсетін 1 түрі – қызылағаш Б. (Т. phegopterіs) бар. Биікт. 15 – 30 см, тамырсабағы жуан, жылжымалы. Жапырақ сабақтары сарғыштау, жапырақ табақшалары дөңгелек, жоғ. жағы ұшқыр, екі беті де түкті. Сорустарының (жапырақтың астыңғы жағында орналасқан қаптаулы спорангийлер) жамылғысы болмайды, пішіні дөңгелек, споралары бүйрек тәрізді, жіңішке айдаршасы бар. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді.
## Дереккөздер |
Быжы, Біже – Қазақстандағы өзен, Қаратал алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Жетісу облысының Кербұлақ, Көксу аудандарымен ағады. Быжы өзені — Қаратал өзенінің екінші үлкен саласы, Қарымсақ ауылы маңында Қоғалы (оң жақ бөлігі) және Бәйтерек (сол жақ бөлігі) өзендерінің қосылуынан пайда болған. Бұл өзендер өз кезегінде Алтынемел жотасының солтүстік-батыс беткейінен шамамен 2000 м[5] биіктіктен бастау алады. Өзеннің барлық су қоймасы Жоңғар Алатауының батыс аласа таулы сілемдерінде орналасқан. Биже өзенінің таулы өзендерге қарағанда бастауында кең, анық емес аңғары мен ені 700 м-ге жететін жайылмасы бар.Басынан Биже өзені солтүстік-батысқа ағады, Қызылтоған ауылынан төмен солтүстікке қарай бұрылады. Орта ағысында өзен аласа таулар мен қыраттарды кесіп өткенде аңғар мен жайылма тар, бірақ жазыққа кірген кезде аңғар қайтадан кеңейіп, оның беткейлері айналамен түйіседі. Қанабек ауылының солтүстігінде Қараталға құяды.
## Бастауы
Алтынемел жотасы тауының солтүстік баурайынан бастау алып, Қаратал өзеніне сол жағынан құяды.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 177 км, су жиналатын алабы 5490 км2. Жылдық орташа су ағымы 2,49 м3/с (Айдар ауылы тұсында). Суы тұщы.
## Дереккөздер |
Борлықақ – Балқаш көлінің алабындағы көл.
## Географиялық орны
Абай облысы Жаңасемей ауданында, Қайнар ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан.
## Гидрографикасы
Аумағы 21,4 км2, теңіз деңгейінен 812,2 м биіктікте. Ұзындығы 8,5 км, енді жері 4,1 км, жағалауының ұзындығы 24,0 км. Негізінен еріген қар және жер асты суларымен толысады. Қараша айында суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Қуаң жылдары суы тартылады. Суы тұзды, кермек, сілтілігі төмен. Жақын маңайдағы шаруашылықтар пайдаланады. Жағалауы жайпақ, жусан мен сораң өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Бытыраңқы ақмамық (лат. Puccinellia distans) – астық тұқымдасының ақмамық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Каспий, Арал т-дерінің жағасында, Балқаш, Алакөл төңірегінде, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстарында, Іле Алатауында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Бытыраңқы ақмамық шөл, шөлейтті жерлердегі ылғалды сортаң топырақта, су қоймалары маңында өседі. Биіктігі 15 – 60 см, сабағы жуан, түксіз келеді. Жапырағы майда, таспа тәрізді. Гүлі жасыл не күлгін түсті. Маусым – шілдеде гүлдейді. Бытыраңқы ақмамық – шөлейт аймақтар шабындықтарының негізгі шөптерінің бірі, топырақ тоқтатуда маңызы бар. Құнарлы мал азығы. Гүлдемей тұрған көкмайса кезін және пішенін барлық мал жейді.
Бытыраңқы ақмамық — астық тұқымдасының ақмамық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Балқаш, Алакөл төңірегінде, Іле Алатауында, Батыс Тянь Шанда кездеседі. Бытыраңқы ақмамық шөл, шөлейт жерлердегі ылғалды сортаң топырақта, су қоймалары маңында өседі. Биіктігі 15-60 см, сабағы жуан, түксіз келеді. Жапырағы майда, таспа тәрізді. Гүлі жасыл не күлгін түсті. Маусым-шілдеде гүлдейді. Бытыраңқы ақмамық — шөлейт аймақтар шабындықтарының негізгі шөптерінің бірі, құм тоқтатуда маңызы бар. құнарлы мал азығы. Гүлдемей тұрған көкмайса кезін және пішенін барлық мал жейді.
## Дереккөздер |
Бізтұмсық (лат. Recurvirostra avosetta) – татреңтәрізділер отряды бізтұмсық туысына жататын құс. Қазақстанның жазық өңіріндегі сулы-батпақты жерлерінде кездеседі. Дене тұрқы 44 – 47 мм, салмағы 220 – 310 г. Бізтұмсықтың тұмсығы ұзын, жіңішке, жоғары қарай қайқиған біз тәрізді имек келеді (аты осыған байланысты қойылған). Төбесі мен мойнының үстіңгі жағы және қанатының кей жері бірыңғай ақ түсті, сирағы ұзын, қауырсынсыз болады. Бізтұмсық – жыл құсы. Сәуір – мамыр айларында ұшып келіп, су жағалауларында кішкене шұқырларға немесе ұсақ тастар арасына әдетте 4 жұмыртқа салады. Оны мекиені мен қоразы 24 – 25 күндей басады. Бізтұмсық тайыз шалшық суларды кешіп жүріп, әр түрлі шаян тәрізділермен, жәндіктермен және бұлардың дернәсілімен, кейде өсімдіктердің дәнімен қоректенеді. Тамыз – қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді.
Бізтұмсық - шөжебізтұмсық шөже тұқымдасына жататын салм. 89 г торғай тәрізді кішкене құс. Бізтұмсық шөженің арқасы көлденеңінен қарақошқыл, бауыры көлденең сұрғылт жолақты, қоңыр. Іле, Күнгей, Теріскей Алатауларын, сирек те болса Балқаш, Зайсан аймақтарын, Тянь-Шань тауының қылқан жапырақты ормандарын мекендейді. Құс қайту кезінде өзен-көл маңында кездеседі. Сөуір-мамыр айларында Бізтұмсық шөженің еркегі жарқабақтар мен жартастардың жарықтарына, ағаш басына ұя жасап, дайын ұяға ұрғашысын ертіп келеді. Бізтұмсық шөже жазда екі рет балапан шығарады. Алғашында 5-6 жұмыртқа салады. 16-18 күнде балапандарын ұядан ұшырып, тағы 4-5 жұмыртқа салады. Бізтұмсық шөже әр түрлі ұсақ жәндіктерді және олардың дернәсілдерін жейді.
## Дереккөздер |
Бізқұйрық үйрек, қылқұйрық үйрек (лат. Anas acuta) – қазтәрізділер отрядының үйректер тұқымдасына жататын құс. Республикамыздың солт-нде сулы-батпақты жерлерінде, Қамыс – Самар көлінде, Торғай өзенінің төменгі сағасы мен Зайсан ойпатында, кейде Алматы қаласының маңында кездесіп қалады.
Қанатының ұзындығы 230 – 292 мм, салм. 600 – 1150 г. Кежегінің басы мен мойны қара қоңыр, желкесі жасыл, кеудесі, жемсауы ақ, арқасы қара қоңыр болады. Мекиенінің бас жағы қара қоңыр, қауырсындарының ұшы ақ. Басқа үйректерден ерекшелігі – мойны ұзын, ортаңғы қанаты құйрығынан асып жіңішке ұзын болып шығып тұрады. Осыған байланысты оны бізқұйрық немесе қылқұйрық деп атайды. Бізқұйрық үйрек – жыл құсы. Олар ақпанның аяғында ұшып келіп, өзен-көл маңындағы құрғақ жердегі қалың өсімдіктер арасына ұялап, көбінесе 7 – 9 жұмыртқа салады. Оны мекиені 22 – 23 күн басады. Жаз бойы жақсы семіріп, қазан айында жылы жаққа ұшып кетеді. Негізінен суда өсетін өсімдіктермен, жәндіктермен қоректенеді. Дәмді еті мен жұмсақ жүні үшін көп ауланады.
Көктемде аталығының қара қоңыр басы ақ кеуде мен құрсағынан жақсы бөлініп тұрады, қалған негізгі реңі - сұр. Ең ерекше белгісі - ұзын, жіңішке қыл сияқты құйрығы, сондықтан осындай атқа ие болған. Республикалық солтүстігін мекендейді, оңтүстікте шөлді аймаққа дейін жетеді. Ұшып өту кезінде барлық жерде кездеседі. Ұяларын өсімдік арасына суатқа жақын немесе бірнеше километр қашықтыққа салады. Аналығы ұясына өсімдік қалдықтары мен мамық төсейді де, 6-10 сары қоңыр жұмыртқаларын салып, өзі басып шығарады. Осы кезде аталықтары, бірнеше мыңдаған құс жиналып, ірі топ құрып түлейді. Аналығы жауына белсенді шабуыл жасайды немесе өтірік жаралыға ұқсап, балапандарынан дұшпанының көңілін аударып алып кетеді. Аналығы аталығынан бір жарым айдан кейін түлейді. Қылқұйрық ұялау орнына барылдауық үйрекпен бір мезгілде, ақпанда ұшып келеді, қазанда ұшып кетеді. Біразы Сырдарияда қыстайды.
## Дереккөздер |
Білісқопа – Қостанай облысы Қамысты ауданы Богдановка ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 19 км жерде орналасқан тұзды көл. Теңіз деңгейінен 255,5 м биіктікте.
## Гидрографикасы
Аумағы 10,53 км2, ұзындығы 4,3 км, енді жері 3,7 км, жағалау бойының ұзындығы 14,8 км. Жауын-шашын және жер асты суларымен толысады.
## Жағалау сипаты
Жазық келген жағалауында қамыс, құрақ өскен. Солтүстігінде Оразқопа, шығысында Адайкөл көлі жатыр. Көл аңғары жыртылған.
## Дереккөздер |
Біркүндіктер (Ephemeroptera) – жәндіктер класының бір отряды. Жер шарында кең тараған 2000-нан аса түрі белгілі. Біркүндіктер тас көмір кезеңінен белгілі. Денесінің ұзындығы 2 – 40 мм, қанатының жайма өрісі 25 – 35 мм. Артқы қанаты алдыңғысынан қысқа, құрсағының ұшында 2 – 3 тал ұзын құйрық жіпшесі бар. Ересек Біркүндіктер қоректенбейді (ауыз қуысы редукцияға ұшыраған). Көпшілігі 1 тәулікке дейін ғана тіршілік етеді, аты осыған байланысты қойылған. Ұрықтанғаннан кейін суға мыңдаған жұмыртқа салады да, ұрғашылары өледі. Біркүндіктер дернәсілдері ұзындығы 20 мм-ге жеткенге дейін суда өсіп-өнеді. Балдырлармен, ұсақ омыртқасыздармен, шіріген органикалық зат қалдықтарымен қоректенеді. Даму мерзімі 2 – 3 жыл, осы кезде 25 рет түлейді. Біркүндіктер көбіне су жағасында топталып ұшады. Олардың дернәсілдерімен балықтар қоректенеді, ересектері әр түрлі құстарға жем болады.
## Дереккөздер |
Елді мекендер:
* Бірсуат – Ақмола облысы Аршалы ауданындағы ауыл.
* Бірсуат – Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы ауыл.
* Бірсуат – Ақмола облысы Жарқайың ауданындағы ауыл.
Өзен:
* Бірсуат – Тобыл алабындағы өзен. |
Subsets and Splits
No saved queries yet
Save your SQL queries to embed, download, and access them later. Queries will appear here once saved.