text
stringlengths
3
252k
Берг мұздығы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейіндегі аңғарлық мұздық. Лепсі алабындағы Балақора өзенінің бастауында. 1947 жылы мұздыққа көрнекті географ-ғалым Л.С.Берг есімі берілді. ## Аумағы Мұздықтың ұзындығы 8 км. ашық жатқан бөлігі 6,5 км. Жалпы ауданы 16,7 км2, орташа қалыңдығы 80 м, көлемі 1,83 км3, фирн алаңы 8,0 км2, мұз тілінің ашық жері 6,3 км2, моренамен жабылып жатқан жері 2,3 км2. Фирн сызығы 3570 м биіктіктен өтеді, ең биік жері 4093 м шамасында. ## Дереккөздер
Беренгүл , линдерния (лат. Lindernia) – Linderniaceae немесе сабынкөктер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді, далалы және таулы аймақтардағы батпақты жерлерде, егістіктерде өсетін 1 түрі – шұңқыр беренгүл (L. pyxіdarіa) бар. Биіктігі 2 – 18 (25) см. Сабағы төрт қырлы, түбінен бастап бұтақталған. Жапырақтары жұмыртқа тәрізді. Тостағанша жапырақтары бес бөлікті, күлтесі түтік тәрізді, көкшіл түсті. Аталығы төртеу. Гүлдері жапырақ қолтығынан жеке жетіледі. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі – қорапша. Тұқымы көп. ## Дереккөздер
Березовка – БЕЛОУСОВКА КЕН ӨРІСІ – Кенді Алтайдағы ірі полиметалл кен орындары шоғырланған өңір. Кен өрісі Өскемен қаласының солтүстік-батысында 25 км жерде, Ертістің сол жағалауымен 30 км-ге созылып жатыр, жалпы аумағы 100 км2. Мұнда полиметалл өндірілетін негізгі 4 кен орнында (Березовка, Белоусовка, Жаңа Березовка, Ертіс) 10-нан астам ірі дербес кен денелері ашылған. Кен орындары Ертіс жаншылу белдемінің тармақтарында орналасқан. Кен өрісі жаншылу белдемінің оңт.-батысында девон, тас көмір кезеңдерінің әктасты-хлоритті, филлит типті көмірлі-алевритті тақтатастарынан, порфироидтардан, ал белдемнің солт.-шығысында девонның эффузивті-шөгінді жыныстарынан құралған. Габбродиабаз, плагиогранит-порфир интрузивтері қалыңд. 15 – 20 м, ұзындығы 2 – 3 км болатын силдер және сығылмалар (дайкалар) түрінде қабаттарды қиып өтеді. Кентас денелері филлит типті хлоритті-серицитті тақтатастардың бойында қалыптасқан. Кен өңірінде жыныс қабаттары жиі қатпарланған және жарықтармен бөлінген. Березовка – Белоусовка кен өрісіндегі кен орындары полиметалды-колчеданды кентас формациясына жатады, оларда мысалы, мырыш және қорғасын мөлшері басым. Қосымша өнім ретінде алтын, күміс, кадмий, сүрме, висмут, күшәла, сынап, теллур, индий, т.б. алынады. ## Дереккөздер
Берді – Баршақұм құмының батысындағы құдық. Қызылорда облысы Арал ауданында. Тереңдігі 2 м, су шығымы 80 л/сағ. Солтүстік-шығыс және оңтүстік бөліктерін тізбекті төбешіктер қоршап жатыр. Батыс бөлігі тегіс жазықты келген. Берді құдығының жанында Бөбешік және т.б. қыстаулар орналасқан. ## Дереккөздер
Бертіс – Балқаш көлінің солтүстік жағасындағы түбек. ## Географиялық орны Балқаш қаласы мен Шашубай кентінің арасында орналасқан. ## Сипаты мен геологиялық құрылымы Аумағы 18,7 км2, ұзындығы 7,5 км, ені 2,5 км. Жер бедері – аккумуляттік жазық. Орта және жоғарғы тас көмір кезеңі жүйесінің гранитінен, құмтасынан, тақтатасынан, әктасынан түзілген. Олардың бетін төрттік кезеңнің элювийлі-делювийлі шөгінділері жауып жатыр. ## Өсімдігі Түбекте шөлге тән сортаңды сұр қоңыр топырақ қалыптасқан. Баялыш, сұр жусан, т.б. шөлейттің сортаң өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
Берікқара – Сарыарқаның шығысындағы Қызылтас тауы сілемдерінің бірі; күміс, қорғасын, мыс өндірілген ежелгі кеніш орны. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында, Нұра, Тоқырау өзендерінің бастауында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1093 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 8-10 км-ге созылып жатыр, ені 5 км. Беткейлері көлбеу, сайлармен тілімденген. Таудан көптеген бұлақтар бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Жоғары девон кезеңінің кремнийлі-карбонатты жыныстарынан (кварц, порфир) түзілген. ## Өсімдігі Беткейлеріндегі қызыл қоңыр және ашық қызыл қоңыр топырағында бетеге, жусан, сұлыбас, қараған, тобылғы, тасжарған, т.б. өседі. Тауаралық аңғарлар мен сайларда көктерек, тал, түрлі бұталар, астық тұқымдас және түрлі шөпті шалғын кездеседі. Арқар, елік мекендейді. ## Тағы қараңыз * Берікқара кен орны ## Дереккөздер
Берг шыңы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Географ, академик Л.С.Бергтің құрметіне аталған (1947). ## Аумағы Жалпы аумағы 14,4 км2, орташа қалыңдығы 80 м, көлемі1,5 км3, 4247 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Мұздықтан Лепсі алабындағы Балақора өзені бастау алады. ## Дереккөздер
Берікқара терегі , Берқара терегі (лат. Populus caspica, Populus berkarensis) – талдар тұқымдасының терек туысына жататын ағаш. Қаратау жотасындағы Берікқара қорықшасының солтүстік беткейінде, 1000 — 1200 м биіктікте топтана өскен кішкене тоғайы белгілі. Теректің биіктігі 10 — 12 м, бұталары жайыла өскен. Жас бұтақшаларын ақ түсті түк басқан. Жапырақтары қалың, сағағының ұзындығы 6 см., ені 5 см. Жас жапырақтарының астыңғы жағы ақ киіз сияқты түкті, бет жағы тықыр. Берікқара терегі — қос үйлі өсімдік, тұқымынан және вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді. Сәуірде гүлдейді, маусымда жемістенеді. Берікқара терегі — сирек кездесетін, жойылып бара жатқан эндемик түр болғандықтан Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. 1970 жылдан Берікқара ботаникалық қорықшасында қорғалады. ## Дереккөздер
Белқұрақ, Шілікті – Лепсі өзенінің оң тармағы. ## Географиялық орны Жетісу облысы Сарқан ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейінен (Қарабөгет ауылы тұсында) Лепсіден бөлініп шығып, Арқарлы ауылынан төменде Сарықұмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Ұзындығы 80 км. Қараша айының ортасында суы қатып, наурыздың 2-жартысында мұзы ериді. Суы егін суғаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Берікқара – Тарбағатай жотасының солтүстік-батыс сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы жерінде. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 35-40 км-ге созылып жатыр, ені 10-25 км. Абсолюттік биіктігі 923 м. Батыс бөлігі силур жыныстарынан, шығыс бөлігі девон және ордовик кезеңі жыныстарынан түзілген. Беткейлері өзен аңғарларымен тілімделген. ## Өсімдігі Қызылқоңыр топырағында жусан, бетеге, селеу, қайың, тал өседі, аңғары шалғынды. ## Дереккөздер
Берікқара – республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорықша. ## Географиялық орны Жамбыл облысының Жуалы ауданында 1986 жылы құрылған. Аумағы 17,5 мың га. Қорықша Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. ## Флорасы Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, согдиана шағаны, т.б. өседі. Мұнда әсіресе берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені қазір бұл терек тек Қазақстанда ғана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар 4 жыл сайын келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Қорықшада торғайдың сирек кездесетін, қауырсындары құлпырып тұратын түрі – жұмақ шыбыншы қорғалады. ## Дереккөздер
Солтүстік қазақ мериносы – биязы жүнді қой тұқымы. 1976 ж. жаңакавказ және мазаев биязы жүнді қой тұқымдары саулықтарының қазақтың құйрықты қойларымен будандарын америка рамбульесі, алтай, аскания, кавказ қошқарларымен күрделі будандастыру арқылы шығарылған. Қойдың жүн өнімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында австралия мериностарымен будандастыру жұмыстары жүргізілді. Қойлардың дене бітімі берік, ірі, солтүстік-шығыс Қазақстанның табиғат жағдайларына жақсы бейімделген. Қошқарлары 100 – 110 кг, саулықтары 60 – 65 кг салмақ тартады. Қошқарларынан 12 – 15 кг, саулығынан 5,5 – 6,5 кг биязы жүн қырқылады, орта есеппен ұзындығы 9,0 – 11,0 см, жіңішкелігі 60 – 64 сапаға (20,6 – 25,0 мкм) тең. Жүнінің біркелкілігі, иректілігі, шайыр сапасы мен мөлшері меринос жүнге қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Саулықтарының төлшеңдігі 120 – 140%. Асыл тұқымды . Павлодар облысының “Бесқарағай”, Қостанай облысының “Сұлукөл” шаруалықтарында өсіріледі. Қой тұқымын жетілдіру жұмыстарымен Қазақ қой шаруашылығы. ғылыми-зерттеу институтының биязы жүнді қойларды өсіру және асылдандыру бөлімінің ғалымдары айналысады. ## Дереккөздер
Берік сүттіген (лат. Euphorbia sclerocyathium) – сүттіген туысына жататын бұта. Үстірттің солтүстік-батысында, Маңғыстау түбегіндегі Қауынды ойысы мен Сеңгір құмында өседі. Биіктігі 25 — 50 см. Сабағының төменгі бөлігі сүректенген. Бұтағын сындырғанда сүт бөлінеді. Жапырақтарының ұшы үшкір, бүтін жиекті, эллипс немесе ланцет тәрізді. Ұзындығы 3 — 15 мм, ені 2 — 6 мм. Гүлдері дара жынысты, бір не екі үйлі. Гүл шоғырының 2 орам жапырағы бірігіп, сырты жалаңаш, ішін қалың түк басқан қоңырау тәрізді дене түзеді. Осы денеге байланысты бұл өсімдік берік сүттіген деп аталады. Гүл шоғырының ұшында бір аналығы жетіледі. Оның түйіні — үш ұялы. Аталық гүлдері қоңырау тәрізді, орам жапырақтарының қойнауында топталып жетіледі. Берік сүттіген тұқымынан көбейеді. Мамыр — тамыз айларында гүлдеп, шілде — қазанда жемістенеді. Жемісі — үш жаңғақша. Тұқымдары жұмыртқа тәрізді, ұзындығы 2 — 3 мм, ашық сұр түсті. Берік сүттіген өте сирек кездесетін, реликт өсімдік болғандықтан, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Берік сүттіген — мал жемейтін улы өсімдік. Гүлінен аралар бал жинайды. ## Дереккөздер
Берішті клавулина (Clavulіna cartіlagіnea) — клавариялар тұқымдасына жататын саңырауқұлақ. Қостанай облысының Боровск орман шаруашылығы алқабынан табылған. Жемісінің биіктігі 4 — 5 см. Жоғарғы жағы кеңейген саусақ салалы цилиндр тәрізді, майда қыртыстары бар бұтақтардан, ал төменгі бөліміндегі аяқшасының ұзындығы 0,5 — 4 см, ені 2 — 4 см. Шумақталған жемісінің бір клеткасы екі ядролы, дикардионды жіпшелерден (мицелийден) тұрады. Қыртыстарының бетінде спора түзетін — базидийлер жетіледі. Ал спора түзбейтін клеткаларды парафизалар немесе гимений қабаты деп атайды. Өніп-өскен споралардан топырақ астында мицелий, одан топырақ бетінде жемістік денесі пайда болады. Олар қоректік зат іздеп, ұзарып, әсіресе, жаңбыр жауғанда қарқынды өседі. Ол алғашқы кезде қызғылт сұр, кейін сұр түсті. Саңырауқұлақ піскенде құрғақ, морт сынғыш келеді. Олар шіріп, топырақ түзуге қатысады. Жеуге жарамайды. Берішті клавулина өте сирек кездесетін саңырауқұлақ болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Дереккөздер
Берденсор – Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бегімбет ауылының батысында 15 км жердегі көл. Теңіз деңгейінен 132 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы, сипаты Аумағы 13,61 км2, ұзындығы 6,8 км, енді жері 3 км. Көлдің солтүстік-шығыс жағалауына түйісетін сортаң жерін көктемде су басады. Суы қарашаның аяғында қатып, сәуірдің 1-онкүндігінде ериді. Шағырай үстіртінен бастау алатын Жыландысай өзені батыс бөлігінен құяды. Жаз айларында өзен және көл суы тартылып қалады. Негізінен қар суымен толығады. Суы тұзды және кермек. ## Дереккөздер
Бесмүйізді қаттыбас (лат. Sclerotiaria pentaceros) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Субальпілік белдеудің қиыршық тасты беткейлерінде өседі. Биіктігі 30 см, тамыры жуан, ұршық тәрізді, сабағы нашар дамыған. Жерге төселіп өсетін сабағының айналасына жапырақтары дөңгелектене қоршай жертағандап орналасады. Жапырақ тақтасы қауырсын тәрізді тілімделіп салаланып келеді. Ұсақ ақ гүлдері жиналып жай шатырша гүлшоғырын құрап, олар топтанып күрделі гүлшоғырына бірігеді. Әр шатыршада 10 — 15-тен гүл болады. Гүлдері — дара жынысты. Шілде айында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі призма тәрізді, ұзындығы 5 мм, көп қырлы, ұшы қалың, қысқа, біз тәрізді бүртікті, сәл сыртқа қарай иіліңкіреген 5 мүйізге ұқсас өсінділермен бітеді. Оны осы белгісіне байланысты Бесмүйізді қаттыбас деп атайды. Бесмүйізді қаттыбас өте сирек кездесетін өсімдік болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ақсу-Жабағылы қорығында өседі. ## Дереккөздер
Бесмұрын – Шығыс Қаратаудың оңтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 292 м. Шығысы мен батысы сайлы-жыралы, жарқабақты. Оңтүстігінен Шетпе – Үштаған автомобиль жолы өтеді. ## Өсімдігі Беткейінде жусан, бұйырғын, тасбұйырғын, баялыш өседі. ## Дереккөздер
Бесқотан – Белтау жотасының батысындағы құдық. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында орналасқан. Тереңдігі 6 м, су шығымы 300 л/сағ. Сырдария өзені мен Ызақұдық құмының шығысында орналасқан. Құдықтың солтүстік бөлігі тік төбешікті келген. Құмында жусан, жүзгін, сексеуіл, т.б. өседі. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Бесоба – Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы ауыл. * Бесоба – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы ауыл. * Бесоба – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы ауыл. Басқа мағыналар: * Бесоба – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының маңында орналасқан қола дәуірінен қалған обалар тобы. * Бесоба – Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 км жерде орналасқан б.з.б. 6 — 4 ғасырлардан сақталған ғұрыптық жерлеу орындары. * Бесоба – 13—14 ғасырлардан қалған күмбездер кешенінің орны.
Бессаусақты ергежейлі қосаяқ (лат. Cardiocranius paradoxus) – кеміргіштер отрядының қосаяқтар тұқымдасына жататын кішкентай аң. Қазақстанда Солтүстік Балқаш өңірінде кездеседі. Көбінесе, ұсақ қиыршық тасты шөлдерді мекендейді. Дене тұрқы 5,7 — 6,5 см, салмағы 15 — 17 г. Артқы аяғы бес бармақты, құлағы түтік тәрізді, құйрығы денесінен 2 еседей ұзын. Табанында сүйелді-мүйізді қабат бар. Ін қазып тіршілік етеді. Қорегін түнде аулайды. Негізінен өсімдік жапырақтарымен, тұқымымен қоректенеді. Бір жасында жыныстық жағынан жетіледі. Мамыр — маусымда ұрғашысы 2 — 4 қосаяқ табады. Қыркүйектің аяғынан сәуірдің ортасына дейін қысқы ұйқыға кетеді. Сирек кездесетін түр болғандықтан Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996). ## Дереккөздер
Бесоқты – Түйесу құмының шығысындағы құдық пен төрткіл атауы. ## Сипаттамасы Маңғыстау облысы Қарақия ауд-ндағы Сенек а-нан шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан. ## Тарихы Көне аңызда өзін қуған бөріні мерген осы жерде 5 оғымен жайратқаны айтылады. Жер атауы осыған байланысты қойылған. ## Дереккөздер
Бескемпір – Қарынжарық құмының батысындағы төбе. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 221 м. Төбе тегіс, жазық тақырда орналасқан. Солтүстік-батысында Маңғыстау үстірті, солтүстігінде Құнабай тауы жатыр. ## Дереккөздер
Бестау – Қызылтас тауының оңтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерінде. Абсолюттiк биіктігі 695 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа қарай 9-10 км-ге созылып жатыр. Енді жері 3-3,5 км. ## Жер бедері Солтүстік-батыс бөлігі тіктеу келген оқшауланған тау массивінен тұрады. Пішіні доға тәріздес. ## Өсімдігі Тақыр типті сұр қоңыр топырағында сұр жусан, күйреуік, баялыш, эфемерлі шөптесіндері өседі. ## Дереккөздер
* Бестерек — Абай облысының Үржар ауданындағы ауыл. * Бестерек — Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы ауыл.
Бестөбе алтын кен орны – Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Көне қазбалардың ізімен 1931 жылы ашылған. 1932 жылдан осы уақытқа дейін кен өндірілуде. ## Геологиялық құрылымы Бұл желілі кен орны (150-ден астам желілер) орта ордовик қабаттарының грабен-синклиналь құрып иілген жерінде жатыр. Интрузивтік жыныстар (габбро-диориттер, диориттер, кварцты-диориттер) шток тәрізді екі массив — батыс және шығыс массивтерін құрайды. Батыс массивтегі березиттелген магматогендік женттастан тұратын шток тарамдалып, жеке кен денесін құрады. ## Жатыс сипаты Кен денесінің жазықтықтағы қимасының өлшемі 100-150 м, ондағы алтын мөлшері 5,7 г/т. Желілердің морфологиясы күрделі келеді, кейде олар ұсақ тарамдалып кетеді. Бұлардың ішінде балансты кендердің негізгі қорлары кварцты-желілі типті кентастарда шоғырланған, олардың құрамындағы алтынның мөлшері өте жоғары (20-30 г/т), кейбір жерлерде бірнеше кг-ға жетеді. Бестөбе алтын кені орнынан 1932 жылдан осы уақытқа дейін барлығы 115 т алтын өндірілді. Кен орнын Қазақалтын акционерлік қоғамының Бестөбе кеніші игеруде. ## Дереккөздер
Бесшоқы – Қызылқұмның шығыс бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Түркістан облысы Отырар ауданы жерінде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 303 м. Тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге, енді жері 5 км-ге созылып жатыр. ## Жер бедері Оңтүстік беткейі тік жыралармен тілімденген. Оқшауланған тау массивінен тұрады. Баурайында Жұмабек, Ақболаткелте құдықтары орналасқан. Таудың солтүстік-батыс беткейі тегіс, жайпақ келген. ## Өсімдігі Сортаңды қоңыр топырағында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік шөптесіндері өседі. ## Дереккөздер
Бестөбе барит-полиметалл кен орны - Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы ірі барит-полиметалл кен орны. 1956 жылы ашылып, 1961-1965 жылдары барланған. ## Геологиялық құрылымы Кен орны ортаңғы палеозойлық Жайылма синклиналінің солтүстік-шығыс жағын құрайтын жоғарғы девон кезеңі шөгінділерінде орналасқан. Тақташа және линза тәрізді кен денелері жер бетіне жақын жатыр және 30-50 м тереңдікке дейін тотыққан. ## Құрамы, минералдары Кентастарда 2%-ке жуық қорғасын мен мырыш, 60%-ке жуық барит бар. Күміс, мыс, кадмий, индий, т.б. кездеседі. Негізгі минералдары: галенит, сфалерит, барит. Кенді ашық әдіспен өндіруге болады. Мұндағы қорғасын мен мырыш түсті металлургияның, ал барит әр түрлі өндірістің маңызды шикізаты. ## Дереккөздер
Бестөбе жер асты су кен орны - Қостанай облысы, Қамысты ауданы жерінде орналасқан. 1966 жылы барланған. ## Геологиялық құрылымы Кен орны карсталған төменгі тас көмір жыныстары мен қуаттылығы 26 м миоценнің су тұтқыш құмдарынан түзілген. Жер асты суының деңгейі 1,5-7,5 м аралығында. Өнімді қабаттың жалпы қалыңдығы 100 м. Ұңғымалардың белгілі бір мерзімде беретін су мөлшері 13 л/с. Суы Қамысты ауылымен жақын орналасқан ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бесшоқы – Шығыс Қаратауды ұзына бойлап жатқан шоқылар сілемі. Маңғыстау тауларының ең биік жері. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 556 м. Топырағының беткі жағы сарғыш түсті кебір, астыңғы қабаты ақ. Беткейі тақыр, шоқы ұштары сүйір болып келген. ## Дереккөздер
Бесшоқы – Талды тауының батысындағы тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында. Абсолюттiк биіктігі 1095 м. Тау батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км-ге созылып жатыр. Енді жері 3 – 4 км. ## Жер бедері Солтүстік беткейі тік сай-жыралармен тілімденген, батыс және шығыс беткейлері еңістеу келген. Кейбір жерлердің түпкі жыныстары жалаңаштанған. Батыс бөлігінен Қызылсу өзені бастау алады. ## Өсімдігі Таудың қоңыр топырағында боз, селеу, бетеге, жонды-қырқалы баурайында бұталар өседі. ## Дереккөздер
Елді мекен: * Бесікті – Атырау облысы Атырау қалалық әкімдігіне қарасты ауыл. Шоқы: * Бесікті – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының батысындағы шоқы.
Бесбақан – Абай облысының Үржар ауданындағы өзен. Ұзындығы 84 км, су жиналатын алабы 964 км2. ## Бастауы Тарбағатай жотасының батыс сілемі Қызбелтаудан басталып, Сасықкөлге 18 км жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы Текебұлақ ауылына дейін тау арасында тар шатқалмен ағады, жағасы тік. Орта және төменгі ағысында жағасы жайпақ. Қар, жауын-шашын суларымен толығады. Өзен алқабы қысқы мал жайылымы. ## Дереккөздер
Бетеге (лат. Festuca) – астық тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер. Далалық, шалғындық жерлерде, тау бөктерлерінде өседі. Олардың гүлшоғыры селдір, кейде тығыз сыпыртқы гүлді. Масақ гүлі үш немесе көп гүлді болады. Сабағында жапырағы сирек орналасқан, ұзынша, жылтыр болып келеді. Қазақстанда 20 түрі бар, жиі кездесетін түрлері кәдімгі бетеге, су бетегесі. Кәдімгі бетеге (Festuca sulcata), биіктігі 30 — 60 см, сабағы тегіс, кейде бұдырлау болады. Жапырақтары жіңішке, жіпше тәрізді. Гүлшоғыры — қысыңқы не жайма шашақ. Масағы ұсақ, гүл қабыршағы қысқа, қылтанақты келеді. Мамыр — маусым айларында гүлдейді. Кәдімгі бетегенің 100 кг пішенінде 50-ден астам азық өлшемі, 5 кг сіңімді протеин болады. Оны жылқы, қой, ешкі сүйсініп жейді. Су бетегесі (Festuca pratensіs) — биіктігі 30 — 100 см, сирек түпті өсімдік. Жабайы түрде Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық өзендерінің шалғынды алқаптарында өседі. Гүлдегенге дейін оның құрамында протеин (17%), белок (15%), май (23%), клетчатка (8%) көп болады. Су бетегесі — суыққа, қуаңшылыққа төзімді, құнарлы мал азықтық шөп. ## Дереккөздер
Бетқұдық – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы құдық. Семейтау тауларының оңтүстік-батысында орналасқан. Тереңдігі 2 м, су шығымы 1500 л/сағ. Құдық мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бетпақдала артезиан алабы , Шу мен Сарысу өзендерінің арасындағы кең аймақты алып жатыр. Жамбыл облысы Сарысу мен Мойынқұм аудандары жерінде орналасқан. Жер асты суы девон мен тас көмір дәуірлерінің шөгінді жыныстарына жиналған. Сулы қабаттың қалыңдығы 20 – 60 м, арынды суы 20 м биіктікке дейін көтеріледі. Судың минералдығы 1 – 6 г/л. Ұңғымалардан шығатын су мөлшері сулы жыныстардың литол. құрамына байланысты. Құм мен конгломерат қабатынан өткен ұңғымалардан тәулігіне 50 – 150 м3, ал әктастан өткендерінен 750 м3 су шығады. Бұл жер асты суымен жайылымдарды суландыруға болады. ## Дереккөздер
Бериллий кентастары – құрамында бериллий металы болатын минералдар тобы. Бериллийдің 42 минералы белгілі, олардың басым бөлігі силикаттар класына жатады. Басты бериллий құрамды минералдардағы бериллий оксидінің (ВеО) мөлшері: берилде 14%, фенакитте 42 – 45%, бертрандитте 40 – 42%, гельбертрандитте 32 – 35%, хризобериллде 18 – 20%, гельвин мен даналитте 10 – 12%, эвклазда 16 – 17%, лейкофанда 10 – 12%. Бұл минералдардан механикалық іріктеу немесе уатып көбікке шығару (флотация) тәсілдерімен 10%-дық, 8 – 6%-дық және 5%-дық ВеО концентраты алынады. Бериллий минералдарда изоморфты қоспа түрінде де кездеседі (мысалы, везувианда 1 – 4% және бериллий-маргаритте 1 – 3%). Бериллий кентастарының көпшілігі магма әсерінен пайда болған жыныстарда – лейкократты граниттерде, сілтілігі жоғары гранитоидтарда түзіледі. Негізінен олар 7 кентастық формацияларға жіктеледі: * бериллийлі гранит-пегматиттер (ВеО-ның орташа мөлшері 0,05 – 0,4%); * фенакит-гентгельвинді дала шпатты метасоматиттер (0,3 – 0,55%); * гельвинді және хризобериллді грейзендер (0,1 – 0,3%); * берилл және бертрандит құрамды слюдалы грейзендер мен кварцты желілер (0,1 – 0,15%, кейде 1%); * берилл, хризоберилл және фенакит құрамды слюда-флюоритті грейзендер (0,1 – 0,15%); * фенакит, бертрандит және т.б. құрамды флюоритті метасоматиттер және дала шпаты-кальцийлі ұсақ желілер (0,2 – 1,5%); * гельбертрандитті флюориттелген риолит туфтары (0,4 – 0,7%). Әлемде пегматиттік формация кендеріндегі бериллий қоры 80%-ға жуық, бірақ олардан тек 30 – 35% ВеО өндіріледі, ал флюориттелген риолиттерден ВеО өндірілу мөлш. 65 – 70%-ға жетеді. Қазақстанда бериллий кен орындары Қарағанды облысында (Бакен, Ақшатау, Қараоба, Нұраталды, Қоңырат), Шығыс Қазақстан облысында (Ақтау, Жоғарғы Лабан, Желке, Талдысай, Қаражал) бар. ## Дереккөздер
Бетпақдала сылдыршөбі (Sіlene betpakdalensіs) — қалампыр тұқымдасы сылдыршөп туысына жататын көп жылдық, шөлге төзімді шөптесін өсімдік. Шу — Іле таулары мен Бетпақдаланың тастақты жазықтарында кездеседі. Биіктігі 15 — 35 см. Сабағы түптеніп, көп болып шығады, түбі қатты, шоғырлана өседі. Жапырақтары ланцет тәрізді, ұзындығы 3 — 8 мм, ені 2 мм. Жас өркендері жапырақ қолтығынан дамиды. Гүлдері сабағының ұшында шашақ гүлшоғырын құрайды. Гүл желектері ақ, кейде қызғылт болады, тұқымы арқылы көбейеді. Маусым — шілде айларында гүлдеп, шілденің аяғында, тамызда жемістенеді. Жемісі — қауашақ, қорапшасының ұзындығы 6 — 8 мм. Бетпақдала сылдыршөбі — сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Дереккөздер
Бетпақдалит — молибдаттар тобының минералы, күрделі құрамды мышьяк-молибден қышқылының темір және кальций тұзы. Химиялық формуласы H4CaFe2 (Mo5As2O26)x12H2O. Моноклиндік сингонияда кристалданады, кристалдары қысқа призма тәрізді, ұсақ түйірлі кеуекті немесе тығыз агрегаттар түзейді. Түсі қанық сары, солғын жасыл кейде қоңыр реңді, тығыз агрегаттары күңгірт. Ұнтақ түрлері шыныдай жылтыр. Қаттылығы 3,0, меншіктік салмағы 2,98 г/см3. Алғаш рет 1954 ж. Бетпақдала өңіріндегі Қараоба вольфрамит кен орнынан табылған. Бетпақдалит кварц-вольфрам желілері мен кварц-слюда грейзендерінде ярозит, опал, гидрослюда, лимонит және гипспен бірге кездеседі. Бетпақдалиттен молибден мен мышьяк алуға болады. ## Дереккөздер
Бетеге боз немесе Бетеге боз қау (лат. Stipa lessingiana) – астық тұқымдасының қау туысына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанның далалық, таулы аймақтарының тасты және майда топырақты жерлерінде тараған. Қазақстанда кездесетін осы туыс өкілдерінің кең тарағаны. Өсімдіктер бірлестігінің доминанты болып табылады. Құрғақ далалардың қаулы-бетегелі жолағында қаулай өседі, шөлге айналған далаларда Тарбағатайдан Тянь-Шаньға дейінгі таулы өңірде аз мөлшерде кездеседі. ## Ботаникалық сипаттамасы Бұл түбі мықты көпжылдық , тамыр жүйесі жақсы жетілген, 1 метр және одан да тереңге кетеді. Жапырақ саны көп, өте жұқа, оралған (ені 1 мм-ден аз), сабағы 70 см дейінгі биіктікте. Гүлшоғыры жіңішке, сыпыртқы тәрізді, біргүлді масақтан тұрады. Масақ қабыршақтары әр түрлі, төмендегілері үш есе қысқа(1 см айналасында), ұзындығы (26 см дейін) қатты ұшы екі қайтара иілген. Оның биіктігі 30 — 70 см. Тамыры тығыз, шымдана өседі. Сабағы тықыр, тегіс болады. Жапырақтары жіңішке, қабыса біткен. Гүлі шашақ гүлшоғырына топталған. Сәуір — мамыр айларында гүлдейді. Жеміс қылтанының ұзындығы 20 — 26 см, екі рет иіліп келген. Төменгі жағы жалаң, жоғарғы бөлігін түк басқан. Бетеге боз — жақсы мал азығы. Жаңбырлы жылдарда оны 2 рет оруға болады. Бұл тұрдің ажыратылу ерекшелігі, басқа қауырсынды қаулардың тобындай қатты, жоғары бөлігінің біркелкі иіліп тұруы. Гүлдеу кезеңнде (сәуірдің аяғы-мамыр) қаулы дала ерекше ідемі. Желмен біркелкі тербелген ақшыл қаулар, бір қарағанда күмісті жібек толқынға ұқсайды. Қаудың гүлдеу ырғағы өзінше ерекше. Алғашқыда түнгі сағат үште гүл шоғырының жоғарғы масақтары ашыла бастайды, таңғы беске дйін гүлдердің басым көпшілігі ашылады, жетіге дейін аракідік (бірен-саран) аталықтардың тозаңдануы сағат алтыға жуықтағанда басталып сағат тоғызға қарай аяқталады. Әрбір гүл барлығы 1-2 сағат тозаңданады. Сағат 11-ден кейін алғашқы гүлдер жабыла бастайды, ал сағат 15-те барлығы жабылып қалады. Мұндай гүлдеу жылдамдығын тек ауа райының ашық күндері көруге болады. Бұлтты күндері жай , ал жаңбырлы күндері мүлдем гүлдемейді. Ауа райы қолайсыз құрғақшылық жылдары біржола ашылмайтын (плейстогамды) гүлдер салады, ішінде өзіндік тозаңдану жүреді. Жемістердің пісуі (дәнектер) өте тез жүреді, гүлдеген соң 15-16 күннен кейін, 20-25 күннің ішінде дәнектер шашылады (шілденің басында). Жемістердің қауырсынды өстіктері олардың желмен таралуына ықпал етеді. Әдетте аналық өсімдіктен барлығы бірнеше метрге ғана таратады, бірақ қатты жел соққанда 50-100 метрге дейінгі қашықтыққа алып кетеді. Дәндердің топыраққа енуінің өзіндік ерекшелігі бар. Өткір ұшының (өзегінің) көмегімен жерге қадалады да біртіндеп (1-1,5 см) бұрғы тәрізденіп тереңдей береді. Тұқым көктемде өнеді, бірақ өну мүмкіндігі 3 жылға дейін кейде одан да көбірек сақталады. Жас өсімдік алғаш рет өз тіршілігінің 5-6- жылында гүлдейді. Одан кейін әр түбір біртіндеп тарала өсіп 20-25 жылға дейін гүлдейді және жеміс береді, қартайған өсімдіктің тіршілігін жоюы тез жүреді, барлығы бірнеше жылдың ішінде. Қаудың дала жайылымындағы мал азығы ретінде бағасы жоғары. Мал жайылып өткен соң қаулай өседі, сонымен бірге өсіп жетілу ырғағы бойынша көктемдік-жаздық-қыстық жасыл өсімдік болып табылады. Жазғы тыныштықтан соң және алғашқы күзгі жаңбырдан соң, жапырақ қайта өседі және ол жасл түбіртек түрінде қыстайды.Қаудың бұл ерекшелігі ерте көктемде малға жақсы азық болуына мүмкіндік туғызады. Ауа райы қолайлы жылдары кейбір жерлерде шауып малға шөп даярлайды. ## Дереккөздер
Биқұм – Алакөл алабының солтүстік-шығысында, Үржар мен Қатынсу өзендері аралығындағы төбешікті құм. Екі өзеннің арасында, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 30 км-ге созылып жатыр. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 418 м. Орташа ені 10 – 12 км, кей жерлерінде 18 км-ге дейін кеңейеді. Жер бедерінде биіктігі 3 – 5 м болатын құм төбешіктері басым. Олар бір-бірімен жалғасып, құмды жалдар түзейді. Ойыстар мен қазаншұңқырларда сор және сортаң жерлер тараған. ## Өсімдігі Өсімдік жамылғысынан жүзгін, теріскен, қоянсүйек, жусан, қара жусан, еркек, т.б. бар. Өзен жағалауларында шеңгел, жыңғыл, құрақ, қамыс өседі. ## Дереккөздер
Бесшоқы – Жақсы Тағылы және Қызылтас таулары аралығындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерінде орналасқан.. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 1110 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 9 км-ге созылып жатыр. Енді жері 5 км. Солтүстік беткейінде түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Оңтүстігінен Қарабидайық өзені мен бұлақтар бастау алады. Батысынан Қарағанды – Балқаш автомобиль жолы өтеді. ## Геологиялық құрылымы Тас көмір граниті және гранодиориті қиып өтетін пермь, тас көмір, силур және девон кезеңдерінің эффузивті-тұнбалы шоғырларынан түзілген. ## Өсімдігі Аласа таудың қызыл қоңыр топырақ жамылғысында жусан, боз, бетеге, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Бесшоқы – Каспий маңы ойпатындағы қырат. ## Географиялық орны Атырау облысының Құрманғазы ауданында орналасқан. ## Жер бедері Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 20 км-ге созылған, ені 8-12 м. Абсолюттік биіктігі 14 м. Қыраттың оңтүстік-шығыс беткейі кемерлі. Көлбеу солтүстік-батыс беткейі біртіндеп аласарып, Бесоба сорына ұласады. ## Топырағы, өсімдігі Топырағы құнарсыз, сортаңды сұр. Онда бұйырғын, сораң сияқты өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Бетехтинит — сульфидтер класындағы минерал, академик А.Г. Бетехтиннің құрметіне осылай аталған. Химиялық формуласы (Cu, Ғе)11(Pb, Ag)S7. Ромбылық сингонияда кристалданып, ұзынша ине тәрізді кристалдар мен түйіршік масса құрайды. Қаттылығы 3,0, меншікті салмағы 6,13 — 6,14 г/см3, түсі қоңыр реңді қара, кейбіреулері күлгін реңді, болаттай сұр болып келеді. Бетехтинит мысты құмтастардың арасында және кентастық желілерде борнит, халькозин, саф күміс, кальцитпен бірге ұшырасады. Бетехтинит Қазақстанда ашылған сирек кездесетін жаңа минерал. Оны 1959 ж. қазақ ғалым-минералогы Т.А. Сәтбаева Жезқазған кен орнынан тұңғыш рет тауып, зерттеген. Кейінірек Майқайың алтын кен орнында табылды. 55 шахтадан табылған, салмағы 2 кг-ға жуық бетехтинит кристалы Жезқазған кен-металлургия комбинатының геологиялық музейінде сақтаулы тұр. ## Дереккөздер
Биосфералық қорықтар – дүние жүзіндегі кейбір ауқымды аймақтардың табиғатын қорғау және оның байлықтарын сақтап қалу мақсатында табиғат қорғау шараларын жүзеге асырудың халықаралық деңгейдегі бағдарламасы. Оны биосфералық резерват деп те атайды. Биосфералық қорықтардың үлгі нұсқасы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Адам және биосфера» атты ғылыми бағдарламаның шеңберінде 1973 ж. қабылданған. Биосфералық қорықтардың мақсаты – бастапқы табиғи қалпы өзгермеген не аз өзгеріске ұшыраған аймақтардағы экожүйелерді, ондағы тірі организмдердің генетикалық қорының әр түрлілігін сақтап қалу; табиғатта үздіксіз болып жататын өзгерістерді үнемі әрі жан-жақты бақылау және оған талдау жасау. Биосфералық қорықтарда ғылыми-зерттеу жұмыстары экожүйелер бойынша аймақтық және бүкіләлемдік деңгейде арнайы әдістемелер бойынша жүргізіледі. Биосфералық қорықтардың алып жатқан аумағы бірнеше жекеленген аймақтарға бөлініп, онда әрбір аймақтың өзіне тән ғылыми-зерттеу жұмыстары белгіленеді. Биосфералық қорықтардың орталық аймағында (ядросында) табиғат қатаң қорғалады да, шаруашылық жұмыстары мүлде жүргізілмейді. Оған іргелес буферлік аймақта шаруашылық жұмыстарына шектеу қойылады, ал ең сыртқы аймақта шаруашылық жұмыстары табиғат қорғау шараларымен бірге жүргізіледі. Қазіргі кезде дүние жүзінің 105 мемлекетінде 529 биосфералық қорықтар ұйымдастырылған (2007). Оның ең үлкені – көлемі 70 млн. га алқапты алып жатқан Даниядағы Солтүстік-Шығыс Гренландия биосфералық қорығы. Қазақстанда Қорғалжын қорығын Биосфералық қорықтарқа айналдыру жоспары қарастырылуда (1999). ## Сілтемелер 1. "Биосфералық қорықтар" бейнефильмі (35 мин.)(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Көгілдір ақық — фосфаттар класының минералы. Химия формуласы CuAl6[PO4]4Һ(OH)8Һ5H2O. Кристалдары тығыз масса, қабыршық, талшық түрінде кездеседі. Жеке кристалдары қысқа призма пішінді болады. Аспан түстес көгілдір немесе жасыл, жылтырлығы күңгірт, балауыз тәрізді. Қаттылық 5 — 6, морт сынады, сынған жері бұдыр келеді. Меншікті салмақ 2,6 — 2,8 г/см3. Бирюза алюминий оксиді мен фосфаттарға бай дала шпаты бар жыныстар үгінділеріне мысты су әсер еткенде түзіледі. Бирюза — асыл тас ретінде қолданылады. Басты кен орындары — Иранда (Нишапур), Тәжікстанда (Карамазор), Өзбекстанда (Қызылқұм) және Қазақстанда бар. Оптикалық оңқай; 2u = 40°, Ng=1,65, Nm = 1,62, Np =1,61. Сингониясы триклиндік; пинакоида пішіндес. Кристалдарымайда, кәбінесе тұтас жұмыр формада кездеседі. * Жаратылысы. Бирюза үгілуден лимонитпен қатар пайда болады. Бирюзаның әдемі түрлері (асыл тастары) көркемдікке қолданылады. Нашар түрлері бояуға жұмсалады.Бирюзит кендері Иранда (Мадан кендері) бар. ## Дереккөздер
'Биші орман' – діңі бұралып немесе бір жағына иіле біткен ағаштар өсетін орман. Биші орман жылжыма және термокарст құбылыстар кең тараған аудандарда жиі кездеседі. Қазақстанда мұндай орман Көкшетау маңында бар. ## Дереккөздер
Биікжал — (СГ-2) – Атырау облысы Жылыой ауданы, Мұнайлы кенінен 20 км шығыста 1967 жылдан бұрғылана бастаған ұңғыма. Жылыой ауданының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Биікжал тұз күмбезіне орнатылды. Оны бұрғылаудағы мақсат – Биікжал тұз күмбезі мен бүкіл Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аумақты қалың тұз қабаттары астында жатқан палеозой шөгінділерінің мұнай мен газ жөніндегі келешегін анықтау. Бұл ұңғыманы бұрғылауға Солтүстік Каспий маңының ернеуі мен оған таяу жерлерде мұнай мен газ бар екендігінің анықталуы. Оңтүстік Жылыой көтерілімінің Биікжал маңындағы палеозой шөгінділерінде көптеген мұнай мен газ белгілерінің табылуы және қолайлы құрылымдар негіз болды. Ұңғыма алаңында жалпы қалыңд. 9 – 10 км палеозой, мезозой және кайнозой шөгінділерінің кешені тараған.Биікжал ұңғымасын бұрғылау арқылы тұз астындағы төменгі пермь, тас көмір, жоғарғы девон шөгінділерінің стратиграфиясы мен заттық құрамын, олардың литологиялық-физиологиялық қасиеттерін, Каспий ойпатының оңтүстік-шығысында осы шөгінділердегі мұнай мен газ мөлшерін, жоғары қысым мен температура жағдайында бұлардың гидрогеологиялық, гидродинамикалық ерекшеліктерін, осы ауданның сейсмикалық толқындарды шағылыстырушы және сындырушы горизонттарды белгілеуге, тұзды шөгінділердің заттық құрамы мен физикалық-химиялық қасиеттерін зерттеуге мүмкіндік туады. Бұл ұңғымаға орнатылған автоматтық аспаптар арқылы жердің терең қабаттарының термикалық режимін, газдың факторларын үздіксіз зерттеп, арнаулы геофизикалық бақылауларды жүргізуге болады. ## Дереккөздер
Бидайбас (Crucіanella) – риандар тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда таудың тасты, тастақты беткейлерінде, құмдарда өсетін 3 түрі (бұдыр бидайбас, Бұқар бидайбасы, жіпжапырақты бидайбас) бар. Олардың сабақтары жіңішке, төрт қырлы. Жапырақтары ұзынша, тықыр. Гүлдері қос жынысты, дара немесе екеуден жетіледі. Масақ гүлшоғырына топталған. Аталығы 4 – 5, аналық мойны екі бөлікті. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, мамыр – маусымда жемістенеді. Жемісі – құрғақ, қос жаңғақша. ## Дереккөздер
Богатырь мұздығы – Іле Алатауындағы қазаншұңқырлы мұздық. ## Географиялық орны Алматы облысы, Талғар ауданы жерінде, Шілік өзенінің саласы – оңтүстік-шығыс Талғардан басталатын Жусанды Күнгей жотасы мен оның сілемі – Есік шоқысының аралығында. ## Аумағы Жалпы ұзындығы 9,1 км, ашық бөлігінің ұзындығы 8,7 км. Мұздықтың ауданы 29,8 км2, морена жапқан бөлігін қоса есептегенде 30,3 км2, көлемі 4,50 км3 (1971 жылы). Ең биік жері 4580 м, етек жағы 3420 м биіктікте. Богатырьдан 3 өзен басталады. Мұздық жылына 7,7 м шегінуде, 1927 – 30 жылдары Богатырь мұздығы 84 м шегінді. Соңғы кездегі бақылаулар да мұздықта шегінуі тоқтамағанын дәлелдеді. Мұздықты тұңғыш рет С.Е.Дмитриев ашып, зерттеген (1909-1910 жылдары). Мұздықтың оңтүстігінде Жусанды Күнгей, солтүстігінде Шокальский мұздықтары жатыр. ## Дереккөздер ## Сілтемелер "Ледники Заилийского Алатау"
Елді мекендер: * Бозай – Абай облысы Аягөз ауданындағы ауыл. * Бозай – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы ауыл. * Бозай – Түркістан облысы Келес ауданындағы ауыл. Өзен: * Бозай – Қараторғай өзенінің сол саласы.
Бозайғыртау – Ақмола облысы, Ерейментау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 23 км жерде орналасқан тау тарамы. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 620 м. Оңтүстік-шығыстан солтүстікке қарай ұзындығы 8 км, ені 3 км доға тәрізді созыла орналасқан. Шығыс беткейі тік жарлы. Тау беткейлері эрозиялық-тектоникалық сай-жыралармен тілімденген. ## Өсімдігі Қара қоңыр топырағында боз, бетеге аралас астық тұқымдас өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Бозащы мұнай-газ кен орны — Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан солтүстікке қарай 175 км жерде, Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауындағы Бозащы түбегінде орналасқан. ## Тарихы Кен орны сейсмикалық барлау нәтижесінде 1975 жылы анықталған. Бұрғылау жұмыстары 1975-1978 жылдары жүргізілген. ## Иеленушілері * Buzachi Operating Ltd. (50% CNPC/50% Nelson Petroleum Buzachi BV (50% Лукойл Оверсиз/50% Sinopec)) ## Геологиялық құрылымы Кен орны антиклинальдық құрылыммен байланысты. Юра мен бор шөгінді жыныстарынан тұратын құрылымның орталық бөлігі тектоникалық жарылымдармен 10 блокқа бөлшектелген. ## Жатыс сипаты Қалыңдығы 4,2-20 м кенге бай мұнай-газ шоғырлары юра қабаттарында кездеседі. Коллекторлар құмтас және алевритті жыныстардан құралған, олардың орташа кеуектілігі 26-28%. Мұнайдың бастапқы тәуліктік өнімділігі 3,4-48 м3 болды (газ 25-54 мың м3). ## Құрамы Мұнайы ауыр, тығыздығы 0,938 – 0,940 г/см3, күкірті 2%, парафині 1,5%, шайыры 15%. Мұнайдың құрамында ванадий мен никель бар. Газы «құрғақ», құрамында 95,5% метан, 4,5% басқа көмірсутектер бар. Кен орны өндірістік игеруге дайындалған.
Бозащы артезиан алабы – Бозащы түбегіндегі арынды жер асты суы қалыптасқан аймақ. ## Тарихы Артезиандық сулы қабаттар пермь-триас кезеңдерінің іргетасты қыртыстарының үстінде, юра-бор-палеоген кезеңдерінің құмды және құмтасты шөгінділерінде қалыптасқан. ## Сипаттамасы Бұл қабаттардың жалпы қалыңдығы Бозащы түбегінің солтүстік-батысынан (1000 м шамасынан) оңтүстікте Маңғыстау таулы ауданына (1500-ден 1800 м-ге дейін), әсіресе, шығыстағы Үстіртке қарай (2000 – 2500 м-ге дейін) ұлғая түседі. Негізгі артезиандық сулы қабат бор қабаттарының орта шенін (альб-сеноман құмды шөгінділерін) алып жатыр. Ондағы арынды жер асты суының тереңд. 200 – 500 м-ден 1500 – 2000 м-ге дейін жетеді. Бұрғылау кезінде күшті арынмен атқылап шығатын су жер бетінен 10 – 50 м биіктікке көтеріледі. Ұңғымадан шығатын судың мөлшері секундына 10 – 27 л-ге жетеді. Артезиандық судың минералдылығы алаптың оңтүстігінде 2 – 5 г/л болса, солтүстік мен солтүстикте-шығысында 80 – 120 г/л-ге дейін артады. Түбектің үстіңгі жұқа (5 – 30 м) антропогендік құм-сазды теңіз шөгінділерінде грунт суы қалыптасқан. Оның тереңдігі 1 – 10 м-ден, су мөлшері секундына 0,1 – 0,3 л-ден аспайды. Суы негізінен ащы. ## Шаруашылық маңызы Тұщы сулар түбектің орталық бөлігінде, теңіз бетінен биіктеу жерлердегі құмшағылдар мен құмды теңіз шөгінділерде орналасқан. Бозащы артезиан алабының тұщы және тұзы аздау артезиан, грунт сулары елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге, мал жайылымдарын суландыруға, ішінара егістікке пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бозарал – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы Смирнов кентінен оңтүстік-батысқа қарай 16 км жерде, теңіз деңгейінен 127,9 м биіктіктегі қазаншұңқырда жатқан көл ## Гидрографикасы Аумағы 5,02 км2, ұзындығы 3,8 км, енді жері 1,5 км, жағалауының ұзындығы 11,0 км. Қамысақты, Қарасу‎ және Қамыстысайдың оңтүстік-батысындағы 9 тұщы (Кіші Тораңғыл, Үлкен Тораңғыл, Сарыкөл, Жыланды, Ақсуат, Жолдыөзек, Үлкен Жарма, Питное) көлдерімен бірге Бозарал су жүйесін құрайды. Қазір Бозарал су жүйесін Иманбұрлық өзенінің суымен жасанды толықтыру жобасы жасалды.
Бозбас отқұйрық (лат. Phoenicurus caeruleocephala) – торғайтәрізділер отрядының сайрауық тұқымдасына жататын сайрағыш құс. Қазақстанда Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының қылқан жапырақты ормандарында мекендейді. Қанатының ұзындығы 15 – 16 см, салм. 15 – 17 г. Қоразының қанатында ақ дағы бар. Арқа жоны қара, бауыры ақ, ал мекиенінің түсі бозғылт, құйрығы қара болады. Даусы ащы, шырылдақ. Бозбас отқұйрық – жыл құсы. Сәуірде ұшып келіп, ұясын тастың астына, шөптің үйіндісіне, ағаштың түбіне жасырып салады. Жылына 2 рет жұмыртқалайды. Ашық түсті 3 – 5 жұмыртқаны мекиені 2 аптадай басып, балапандарын 10 – 15 күнде қанаттандырады. Ұядағы балапандарыдары тамыз айында түлей бастайды да, ұшқат жидегімен, ал ересектері ұсақ жәндіктермен, өсімдіктердің тұқымдарымен қоректенеді. Қыркүйекте жылы жаққа ұшып кетеді. Бозбас отқұйрық зиянкес жәндіктерді жеп, пайда келтіреді. ## Дереккөздер
Бозгүлжапырақ (лат. Coeloglossum) – сүйсіндер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Алтайда, Тарбағатайда, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында, Талас Алатауында сирек орманды және ашық жерлерде, тау шалғындарында өсетін түрі жасыл Бозгүлжапырақ (C. vіrіde) бар. Биікт. 10 – 35 см. Топырақ астындағы түйнек тамырлары бірнеше бөлікке тарамдалып, ұштары жіңішкерген.Сабағы қоңырқай түсті. Жұмыртқа, эллипс, қандауыр тәрізді жай жапырақтары (ұзындығы 3 – 8 см, ені 3 – 5 см) сабаққа кезектесіп орналасады. Сарғыш жасыл гүлдері (ұзындығы 2 – 10 см), шашақ кейде масақ гүлшоғырына біріккен. Гүлқоршауында тозаңдану кезінде бейімделген шыбын-шіркей қонатын ернеуі бар. Маусымда гүлдеп, шілдеде жемісі піседі. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. Тұқымдары майда, құрамында белок болмайды. ## Дереккөздер
Биіктік белдеулері, вертикал белдеулер — бірінен кейін екіншісі кезектесіп орналасқан, табиғат жағдайларының бүкіл кешені бойынша біршама біртекті, кейде үзілмелі болып келетін таулардағы ландшафт өңірлері (атыраптары). Бір беткейді немесе бүкіл тау жүйесін қамтитын үлкен аумақта созылып жатады (мысалы, Тянь-Шань тауларындағы орманды-шалғындық, далалық, субальпілік, гляциалдық-нивалдық биіктік белдеулері). Биіктік белдеулік — таудың биіктігіне қарай климат өзгеруі. Негізінде климаттың биіктік бойынша өзгеруімен, дәлірек айтқанда, ауа температурасының (орта есеппен, биіктеген сайын 5°С-қа), тығыздығының, қысымының төмендеуімен, Күн радиациясының қарқындылығының артуымен, сондай-ақ (2-3 шақырым биіктікке дейін) бұлттылық пен жылдық жауын-шашынның көбеюімен байланысты болады. ## Қазақстанда Қазақстан тауларында биіктік белдеулер Алтай тауынан оңтүстіктегі Батыс Тянь-Шаньға қарай біртіндеп биіктей береді. Тау орманы Оңтүстік Алтайда 700 – 900 м, Жетісу Алатауында 900 – 1100 м, Іле Алатауында (Тянь-Шаньда) 1200 – 1400 м биіктікте өседі. Бұл таулы өлкенің географиялық орнына, ендігіне, биіктігі мен беткейлерінің сипатына, ылғалды желдің мөлшеріне, т.б. байланысты. Алтай тауына Сібір мен батыстан келетін ылғалды жел, Тянь-Шань тауларына Ауғанстан мен Иран жақтан соққан аңызақ жел әсер етеді. Сондықтан Қазақстан тауларындағы биіктік белдеулерінің өз ерекшеліктері (топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі) бар. Айналасындағы жазықпен салыстырғанда тау табиғатының өзгеше болуына температураның биіктеген сайын суынып, ылғалдылықтың көбеюі ықпал етеді, оның климатындағы айырмашылықтың себебі осында. Қазақстан тауларында 6 биіктік белдеу бар. Бұл биіктік белдеулер тек Іле Алатауында ғана түгел кездеседі, басқа тауларда 5 белдеу бар, яғни альпі шалғыны белдеуі болмайды. ## Белдеулер Тау етегіндегі шөлейт белдеу Іле Алатауы, Жетісу Алатауы және Оңтүстік Алтай тауларының етегінде анық байқалады. Ол Алтайдың солтүстік-батысында далаға, Тянь-Шаньның батысында шөлге ұласады. Бұл белдеудің абсолютiк биіктігі 1300 м, негізінен кайнозойдың лëсс-құмдақ шөгінділерінен түзілген, еңіс келген жазық. Климаты шөлейт, қысы жылы, жазы ыстық, жауын-шашын мөлшері 200 – 300 мм. Өсімдігі селдір, сұр топырақта қау, жусан, бетеге, бұйырғын, итсигек, баялыш, ебелек, теріскен өседі. Мұнда тышқан, тасбақа, жылан, кесіртке, шаян, қарға, қарақұс, түлкі мекендейді. Тау етегіндегі шөлейт белдеуді шаруашылық қажетіне бейімдеу оның табиғатын мүлде өзгерткен, сондықтан оны «мәдениетті зона» деп те атайды. Таудың дала белдеуі 1000 – 2000 м биіктік аралығында, әлі бекімеген шөгінділер мен палеозойлық тау жыныстарынан құралған. Климаты қоңыржай континенттік, жауын-шашын мөлшері 400 – 600 мм. Қоңыр топырақты және шіріндісі мол қара топырақты келеді. Дала өсімдігі, шалғын, бетеге, қау, жоңышқа, т.б. өседі. Таудың шалғынды орман белдеуі Оңтүстік Алтай, Жетісу (Жоңғар) және Тянь-Шань тауларында 800 – 1300 м-ден 2800 м-ге дейінгі биіктік аралығында жатады. Бұл таулардың беткейлері өзен аңғарларымен қатты тілімденген. Жауын-шашын мол, жылдық орташа мөлш. 800 – 1000 мм. Орман көбіне таудың солтүстік беткейінде өседі. Орманды белдеудің етек жағын ала жалпақ жапырақты алма, өрік, жаңғақ, ақ қайың, терек ағаштары және шалғын, ал жоғары жағын ала пихта, қарағай, шырша өседі. Бұл белдеуде қасқыр, борсық, түлкі, тиін, қоян, т.б. мекендейді. Таудың субальпілік белдеуі орманды белдеуден жоғары жатады. Алтайдың солтүстік-батысында 2000 м, оңтүстік-шығысында 2400 м, Тянь-Шань тауларында 3000 м биіктіктен басталады. Алтайдағы бұл белдеуде Алтай қарабас шалғыны, манжетка, аю балдырған, түлкіқұйрық, тарғақшөп өседі. Одан жоғары мүк пен қына өсетін тырбық, қисық бұталар, түркістан аршасы кездеседі. Ал Жетісу (Жоңғар) Алатауының осы биіктігінде тау шалғыны бар. Таудағы альпілік белдеу Солтүстік Тянь-Шань тауларында 2800 – 3200 м биіктікте. Топырағының шіріндісі мол (12 – 15%), альпілік шалғын хош иісті сан алуан гүлге бай. Шөбі малға жұғымды жайлау. Алтайда, Жетісу (Жоңғар) Алатауында бұл биіктікті нивальдық белдеу алып жатыр. Нивальдық белдеу (мәңгілік қар белдеуі) Солтүстік Тянь-Шань тауларында 3200 м-ден 5000 м-ге дейінгі аралықта. Жер бедері биік шың, жартасты, құлама болып келеді. Беткейлерін үйме қорым тас, көп жылдық мұз бен қар басып жатады. Өсімдік өспейді, жануарлар мекендемейді. ## Дереккөздер
Бозизен (Echіnopsіlon) – алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Балқаш, Алакөл, Тобыл, Есіл, Ертіс бойында, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Каспий, Арал төңірегінде сор, сортаңды жерлерде өседі. Оның 4 түрі: (иссоп жапырақты Бозизен, көкемарал Бозизен, тарбақ Бозизен, қатаңтүкті Бозизен) бар. Бұл түрлердің биіктігі 20 – 80 см. Сабақтары тік бұтақты, төменгі бұтақтары сиректеу, жас бұтақшаларының сырты түкті болады. Жапырақтары кезектесіп, кейде қарама-қарсы орналасады, пішіні доғалдау, ұзындығы 0,5 – 2 см, ені 0,5 мм. Гүлдері майда, қос жынысты. Аталығы – 5, аналығы 2, кейде 3 болады. Гүлшоғыры масақ тәріздес. Тұқымы сопақша. Шілде – қыркүйекте гүлдейді. Бозизен қой, түйе, ешкі үшін құнарлы жемшөп. ## Дереккөздер
Бозкілем (Sedum) – жасаңшөптер тұқымдасына жататын бір және көп жылдық өсімдіктер. Еуразияның қоңыржай белдеулерінде өсетін 600-дей түрі белгілі. Қазақстанда шалғындық жерлерде, өзен-көл жағасында, тау беткейлерінде, орман шетінде, егістіктерде, жол бойында, құмды және сортаң жерлерде кездесетін 9 түрі бар. Биіктігі 10 – 60 см. Сабағы тік не жатаған келеді. Жапырағы етжеңді, қалың, қарама-қарсы не кезектесіп орналасады. Сары, ақ не қызыл түсті гүлдері сыпыртқы тәрізді гүлшоғырына топталған. Маусым – қыркүйекте гүлдейді. Бозкілем вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді, сонымен қатар тұқым арқылы да жақсы өседі. Жемісі көп тұқымды. Бозкілем әсемдік үшін өсірілетін және бал шырынды өсімдік. Кейбір түрлері бау-бақшаларды көгалдандыру үшін де қолданылады. ## Дереккөздер
Бозқұдық – Азат тауының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі құдық. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында. Тереңдігі 3 м, су шығымы 200 л/сағ. Құдықтың шығысы тақыр, солтүстік-батыс бөлігі тік жартасты келген. Маңайында Көкирек, Бекей құдықтары орналасқан. ## Дереккөздер
Биесойған – Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданының батысындағы тұйық көл. Қостанай облысымен шекарада. ## Гидрографикасы Аумағы 28,6 км2. Жағасы жайпақ. жер асты суымен толығады. Қар суымен көл деңгейі көктемде біраз көтеріледі. Қараша айының 1-онкүндігінде суы қатып, сәуірдің басында мұзы ериді. Суы тұщы, мал суаруға, шаруашылық қажетіне пайдаланылады.
Бозоба мұнай кен орны — Ақтөбе облысы Темір ауданыны жерінде орналасқан. 1978 жылы ашылған. ## Қанығу сипаты, тығыздығы, құрамы Мұнда 4 мұнай қабаттары анықталды. Мұнайға қаныққан қабаты 1,3-тен 10,2 м-ге дейін, қанығу коэффиценті 0,57-0,6. Тығыздығы 795 кг/м3, күкірті 0,86-1,6%, шайыр және асфальтен 14,6%.
Бозтүк , анафалис (лат. Anaphalis) – астралылар тұқымдасына жататын бұташық немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таудың тасты, тастақты беткейлерінде өсетін 2 түрі (жұмыр бозтүк, түйіншәй бозтүк) бар. Олардың тамырсабағы қатты, сүректенген. Сабағы мықты, боз қабықты, сыртын түк жапқан. Жапырақтарының шеті тегіс, кезектесе орналасады. Гүлдері үш түрлі: біреулерінде гүланалық басым; екіншілері аталық гүлді; үшіншілері қос жынысты жеміссіз гүлдерден тұрады. Себеттері көп гүлді, қалқанша-сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – қыркүйекте жемістенеді. Тұқымдары ұзынша, тықыр немесе бұдырлы, кейде безді. ## Дереккөздер
Бозой үстірті – Тауқұм құмды алқабының оңтүстігінде, Ащысу және Күрті өзендері аралығында жатқан үстіртті жазық. ## Географиялық орны Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан. Бозой үстіртінің орташа биіктігі 400 – 500 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 45 – 50 км-ге созылып жатыр. Ең биік жері оңтүстігінде (Қазбек тауы, 785 м). ## Геологиясы, климаты Үстірт жоғары тас көмір – төменгі пермь жүйелерінің жыныстарынан түзілген. Климаты тым континенттік, қаңтарда ауаның орташа температурасы –10°С, шілдеде 25°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 250 – 300 мм. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Бозшакөл – Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігіне қарасты ауыл. Көлдер: * Бозшакөл – Есіл алабындағы көл. * Бозшакөл – Шідерті алабындағы көл. Басқа мағыналар: * Бозшакөл – Павлодар қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 125 км жердегі мысты порфир типті ірі кен орны.
Елді мекендер: * Бозой – Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы ауыл. * Бозой – Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауыл. Басқа мағыналар: * Бозой – қоныс. * Бозой – үстірт.
Бозшағыл (лат. Bothriochloa) – астық тұқымдасына жататын жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Солтүстік және Оңтүстік жарты шардың тропиктік, субтропиктік, кейде қоңыржай аймақтарында өсетін 25-ке жуық түрі белгілі. Бұлар – неоген кезеңінде тропиктік саванналарда дамып, осы заманға келіп жеткен реликт өсімдіктер. Оның ішінде ең жиі кездесетін түрі – қантияр бозшағыл (B. іschaеmum). Оны халық арасында тарла, қызылот деп те атайды. Қазақстанда таудың құрғақ беткейлерінде, дөңес төбелерде, тегіс далаларда, көбіне қуаң жерлерде өседі. Биіктігі 30 – 80 см. Тамыр сабағы қысқа. Сабағы жіңішке, жалаңаш, жапырағы таспа тәрізді. Гүлшоғыры күлте жапырақшаларының ұшында саусақтана топталған. Маусымда гүлдеп, шілде айында жемістенеді. Тұқымымен де, вегетативті (өсімді) жолмен де көбейеді. Жемісі – дәнек. Бозшағыл – бағалы мал азықтық өсімдік. Гүлденген кезінде оның құрамында 11,3% протеин, 2,2% май, 35,0% клетчатка болады. Өнімд. 6 – 10 ц/га. Бозшағылды шөбі азайып, тақырланған қуаң жерлерді көгалдандырып, жайылым сапасын арттыру үшін де егеді. ## Сілтеме * Jepson Manual Treatment * USDA Plants Profile ## Дереккөздер
Бозшасор — Нұра өзенінің алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Үшсарт ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4 км жерде орналасқан көл. ## Гидрографикасы Аумағы 5,7 км2, теңіз деңгейінен 334,8 м биіктікте. Ұзындығы 3,2 км, енді жері 3,0 км, жағалау бойының ұзындығы 10,4 км. Шоқылар арасындағы көл қазаншұңқырында жатыр. Көл қар және жер асты суларымен толысады. Суы жаз айларында тартылып қалады. ## Өсімдігі Жағалауында қамыс, құрақ, жусан, бұталар өседі.
Бозшакөл мыс кен орны – Павлодар қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 125 км жердегі мысты порфир типті ірі кен орны. Бозшакөл мыс кен орны ежелгі кен қазбаларының ізімен 1930 жылы Р.А.Борукаев ашқан. ## Геологиялық құрылымы Кен орны Бозшакөл антиклинорийінің оңтүстігінде қанатында орналасқан. Оның жаралу тегі төменгі кембрийдің негізгі құрамды жанартаулық жыныстарын кесіп өтетін дайка (сығылма) тәрізді плагиогранит-порфир интрузиясымен байланысты. Мұнда ендік бағыттағы уатылу белдемін бойлай орналасқан екі кен денесі бар. ## Минералдары, құрамы Басты кен минералдары – пирит, халькопирит, молибденит, магнетит, олар сыйыстырушы жыныстарда ұсақ желі және сеппе түрінде таралған. Тотығу белдемінің тереңдігі 3-40 м. Кен құрамында мыс, молибден, сондай-ақ алтын, күміс, рений, кобальт, т.б. бар. Кентастағы металл мөлшері шамалы болса да қоры мол, ашық әдіспен алуға қолайлы. Кен орны толық барланып, игеруге дайындалған. ## Дереккөздер
Бозшасор – Павлодар облысы Май ауданы Теміртау тауының солтүстік-батысындағы көл. ## Гидрографикасы Аумағы 4,82 км2, теңіз деңгейінен биіктігі 129,1 м, ұзындығы 2,3 км, енді жері 1,8 км, жағалау бойының ұзындығы 11,4 км. Негізінен қар және жер асты суларымен толысады. Қараша айында суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Суы тұзды, кермек, сілтілігі төмен. Жақын маңайдағы шаруашылықтар пайдаланады. ## Өсімдігі Жағалауы жайпақ, жусан мен сор өсімдіктері өседі.
Бозтікен (Acanthophyllum) – қалампырлар тұқымдасына жататын көп жылдық бұта не шөптесін өсімдіктер туысы. Азияның аридтік аймақтарында өсетін 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда 6 түрі Торғай қолатында, Бетпақдалада, Мойынқұмда, Қызылқұмда, Зайсан, Балқаш–Алакөл ойыстарында, Арал маңында, Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей Алатауларында, Шу-Іле тауында, Қаратау мен Маңғыстау өңірлеріндегі далалы жерлерде, тау бөктерінде өседі. Биіктігі 15 – 35 см, кейде 100 см-дей болады. Сабағы бұтақты, шоғырланып топтана өседі. Жапырақтары тікенді, сабақта қарама-қарсы орналасады. Сыпыртқы гүлшоғыры бұтақ басына шоқтанған, гүлі қос жынысты, қызғылт не ақ түсті келеді. Мамыр – маусымда гүлдейді. Бозтікеннің кейбір түрлерінің (аққаңбақты, шашақты Бозтікендер) тамырында 30%-ға дейін сапонин болады. Суға салып езгенде тамыры сабын сияқты көпіреді, сондықтан оны «сабын тамыр» деп те атайды. Бозтікен – тамақ, тоқыма, тері өңдеу, кондитер, парфюмерия өндірістерінде қолданылады. Ветеринарияда сапонин вакцинасынан қойдың сарып ауруына қарсы қолданылатын дәрі даярланады. ## Дереккөздер
Бозымбай – Қызылқұмның солтүстігінде, Жаңадария өзені аңғарындағы төбе. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жалағаш ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 132 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 5 км-ге, ені 2 км-ге созылған. Бозымбайдың батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс бөліктері тақыр келген. Оңтүстік тізбекті төбешіктер, сайлы жерлерінде ажырық, жусан, ақ сексеуіл өседі. Маңында Боздақ, Татен, Буровая артезиан құдықтары бар. ## Дереккөздер
Бозінген – Қалмаққырылған өзенінің алабында орналасқан өзен. Ұзындығы 45 км. ## Бастауы Ұлытау облысы Ұлытаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі бұлақ суларының қосылуынан түзіліп, Қалмаққырылған өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жағасы биік, аңғары кең. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасып, жазда қарасуға бөлініп қалады. 3 саласы бар, ең ірісі – Төрткөл. Өзен алабында жайылымдық жерлер мен қыстаулар бар. Суы кермек, мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бойдана (Trіgonella) – бұршақ тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуразияның қоңыржай белдеулерінде, Африкада, Австралияда өсетін 130-ға жуық түрі белгілі. Қазақстанда батпақты жерлерде, тау беткейлерінде, егістіктерде өсетін 5 түрі бар. Жапырақтары үш салалы қауырсынды, шеті тісті. Гүлдері сары, көкшіл, қызғылт түсті, шатырша гүлшоғырына топталған. Аталығы 9, олар түтікше тәрізді біріккен. Сәуір – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бір кейде көптұқымды бұршақ. Бойдананың кейбір түрлері бағалы мал азығы, шабындық ретінде де пайдаланылады. Балды өсімдіктер. Бау-бақшада Бойдананы көбінесе дәм-татымдық өсімдік ретінде өсіреді. ## Дереккөздер
Боқтыбай – Мұғалжар тауының оңтүстігіндегі ең биік шоқы (657 м). ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, Біршоғыр станциясынан батысқа қарай 17 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Девон жүйесінің порфирит, туф, алевролиттерінен түзілген. Ұзындығы 7 км, ені 4 км-дей. ## Жер бедері Беткейлері тік, етегінде қорымтас үйінділері кездеседі. Сай-жыралармен тілімденген.Тау етегінен Шетырғыз, Қауылжар өзендері бастау алады. ## Өсімдігі Таудың қызғылт қоңыр топырақты жерінде бетегелі қау, далалық өсімдіктер өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бозғақ – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы жерімен ағатын өзен. Ұзындығы 50 км. ## Бастауы Кенжебай-Самай зираты маңына таяу жерден бастап, Жатық жер мекеніндегі құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Жағасы жарқабақты келген. Орта ағысында аудандары 2,5 және 1 км2-лік 2 көлмен байланысып жатыр. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Суы арнасынан асып сәуірде ағады, жазда тартылып қалады. Өзен аңғарында суы тұщы 2 құдық бар, олардың ірісі – Ақкөл, тереңдігі 2 м, су ағымы 200 л/сағ. ## Дереккөздер
Боқсық, Бақсұқ – Есіл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақмола облысының Бұланды және Астрахан аудандары жерінде. ## Бастауы Көкшетау қыратынан басталып, Қалқұтан өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 171 км. Су жиналатын алабы 4930 км2. Боқсық жоғарғы ағысында, Капитоновка елді мекеніне дейін Қайрақты болып аталады. Өзен көктемде қар, жазда грунт суларымен толығады. Оның 10-нан астам салалары бар, ірілері: Жолболды, Мәт және Құрғақ өзендері. Жылдық орташа су ағымы 1,97 м3/с. Минералд. көктемде 0,2 – 0,35 г/л, жазда 1,5 – 2,0 г/л. Өзенде бірнеше бөгет бар. Суы шаруашылық қажетіне, жер суғаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Болаттау – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы жерінде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы мен жер бедері Девонның интрузивті гранитоидтары мен элювийлі-делювийлі шөгінділерден түзілген. Қырқалы жондары тектоникалық.-эрозиялық ұсақ шоқылардан тұрады. Абсолюттік биіктігі 767 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 30 км-ге созылып жатыр, ені 10 км. Беткейлері көлбеу. Етегінде бұлақтар бар. ## Өсімдігі Сұр қоңыр топырағында бетеге, селеу, жусан, бұйырғын, тасбұйырғын, баялыш өседі. ## Дереккөздер
Боқтықарын – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Түркістан облысы Созақ ауданы Бетпақдаланың батыс бөлігімен солтүстіктен оңтүстікке қарай ағады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 123 км. Суы мол жылдары Ащыкөлге құяды. Қар суымен толығатындықтан, өзеннің көктемде ғана тұрақты ағыны болады, жазда арнасының ойыс жерлерінде қарасуларға бөлініп қалады. Өзен суы мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Большое – Ертіс өзені алабындағы көл. ## Географиялық орны Абай облысы Бородулиха ауданы Белағаш ауылының шығысында 18 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 12,3 км2, теңіз деңгейінен 308,8 м биіктікте. Ұзындығы 11,8 км, енді жері 2,4 км, жағалауының ұзындығы 27 км. Су жиналатын алабы 310 км2. Ең терең жері 2,5 м. Негізінен қар және жер асты суымен толысады. Қарашада суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Жылдық су көлемінің массасы 18 млн. м3. ## Жағалау сипаты Көл жағалауында бетеге, боз, селеу, бұталы шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Болғанмола мұнай кен орны — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында, Орал қаласынан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай 240 км жерде орналасқан. 1969 жылы ашылған. Құрылымы Болғанмола дөңбек күмбезінің солтүстік-шығыс бөлігінде. ## Жатыс сипаты Өнімді шөгінді қабаты 1828 м тереңдікте кездеседі. Шоғырлар 2000 м тереңдікке дейін жетеді. Биіктігі 1700 м-ді, ал шоғырдың жалпы биіктігі 300 м-ді құрайды. Коллекторы төменгі триастың құмайтты және алевролитті жыныстарынан тұрады. ## Қанығу сипаты Кеуектілігі 20%-ға жетеді. Мұнайға қаныққан тиімді қабатының қалыңд. 3 м. Сумен аралас мұнайдың дебиті тәулігіне 7 м3-ді құрайды, тығыздығы 839 кг/м3. ## Құрамы Құрамында күкірт (0,13%), парафин (15,4%), шайыр (17%) бар. 200°С температурада буланатын фракцияның мөлшері 17,5%. Кен шоғыры іздестіру-барлау сатысында. ## Дереккөздер
Большое – Атырау облысы Жылыой ауданы, Прорва метерологиялық стансасынан оңтүстікке қарай 9 км жерде орналасқан көл. ## Гидрографикасы Аумағы 9,84 км², теңіз деңгейінен 27,8 м төменде. Ұзындығы 18 км, енді жері 1,3 км, жағалауының ұзындығы 46 км. Көктемгі қар, жауын-шашын суларымен толысады. Қарашада суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Суы тұзды. ## Өсімдігі Жағалауы жайпақ, жусан мен сор өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
Большое – Теңіз-Қорғалжын алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы, Песчанка ауылынан 1 км шығыста орналасқан көл. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 158,0 м биіктікте. Аумағы 5,13 км2. Ұзындығы 4,1 км, енді жері 2,1 км. Маңында Долбилово, Куриное, Торакөл, т.б. көлдер орналасқан. Негізінен қар суымен толысады. Қарашада суы қатып, сәуірде мұзы ериді. ## Өсімдігі Тегіс жазықты жағалауларында боз, селеу, қияқ, мажыра, бұталы ағаштардан қайың, қарағай, теректер өседі.
Боралдай қорықшасы – республикалық мәні бар мемлекеттік табиғи кешенді қорықша. ## Құрылуы 1967 жылы Түркістан облысының Түлкібас ауданында ашылған. Қорықша Батыс Тянь-Шань өңіріндегі өсімдіктер мен жануарлардың эндемик түрлерін қорғау мақсатында ұйымдастырылған. Қорықшада сирек кездесетін Түркістан аршасы, Согдиан шағаны, алша, т.б. өсімдіктер түрлері өседі. Қорықша жерінде Ақсу-Жабағылы қорығының Қарабастау жеміс-жидектерді аудандастыру телімі орналасқан. ## Дереккөздер
Боранқұл мұнай кен орны — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу ауылынан солтүстік-батысқа қарай 108 км жерде орналасқан. Кен орны сейсмикалық барлау және терең бұрғылау нәтижесінде 1959 жылы ашылған, барлау жұмыстары 1973 жылдан жүргізіліп келеді. ## Геологиялық құрылымы, сипаты Боранқұл мұнай кені оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылған мезозойлық асимметриялы жайпақ антиклинальда қалыптасқан. Антиклинальдың геологиялық қимасы жалпы қалыңдығы 3000 м-ден асатын төменгі пермь кезеңінен антропогенге дейінгі шөгінділерді қамтиды. Қалыңдығы 3-41 м құнарлы мұнай шоғырлары юра қабаттарында 2000-2400 м тереңдікте жатыр. Өнімді қабаттар терригенді тау жыныстарынан құралған, коллекторлары кеуекті. ## Тығыздығы, құрамы Мұнайдың тәуліктік өнімділігі 29-96 м3 (газ 44 мың м3). Қабат қысымы 21,4 – 25,3 МПа, температурасы 64-75°С. Мұнайдың меншікті салмағы 0,866 – 0,918 г/см3, құрамында күкірт (0,91 – 1,63%), парафин (1 – 1,69%) бар, шайыры 14,44 – 35%. Газдың құрамы: 72% метан, 3% этан, 1,5 – 3,8% пропан, 3,6 – 4,39% азот. Кен орнында барлау жұмыстары жүргізілуде. ## Дереккөздер
Бозқасқа – Қызбелтаудың солтүстік-шығысы, Торғай қолатының орталық бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Қостанай облысы Науырзым ауданы жерінде. Абсолюттік биіктігі 229 м. ## Жер бедері Бірнеше сай-жыралармен тілімденген. Шығысында Үлкен Дәмді өзені және Дәмді ауылы орналасқан. Таудың баурайында өзімен аттас бұлақ бар. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырағында ажырық, ши, жусан, боз, селеу, бетеге өседі. ## Дереккөздер
Боргөз (Cenolophіum) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шалғындардағы өзендердің жайылмаларында өсетін 1 түрі – Фишер Б-і (С. fіscherі) бар. Биікт. 60 см, діңгек тамырлы өсімдік. Сабағы дара, тегіс, жоғарылаған сайын тармақты. Жапырақтары үш рет қауырсынды тілімденген, төмен қарай иілген. Гүлдері ақ түсті, себет гүлшоғырына (15 – 25 гүлді) топталған. Шілде айында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі – домалақ, қырлы. ## Дереккөздер
‎ Борацит – бораттар тобына жататын минерал. Химиялық формуласы Mg3[B7O12]ОCl. Кристалдары куб немесе октаэдр пішінді. Ұсақ дәнді тұтас (мәрмәрға ұқсас) агрегаттар түзеді. Түсі сұр, сарғылт немесе көгілдір ақ, шыныдай жылтыр. Қаттылығы 7,5; меншікті салмағы 2,95 г/см3. Тұз және борат кендерінде галит, сильвин, ангидрит, гипс және т.б. минералдармен бірге кездеседі. Бор өндірілетін минерал. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Борлы – Абай облысы Абай ауданындағы ауыл. * Борлы – Абай облысы Аягөз ауданындағы таратылған ауыл. Басқа мағыналар: * Борлы – Маңғыстау түбегінің батыс бөлігіндегі құдық.
Борлыкөл – Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы көл. Ақсу кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 13 км жерде, теңіз деңгейінен 276 м жоғары орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 5,1 км2, ұзындығы 3,5 км, ені 2,5 км, жағалауының ұзындығы 8,9 км. Су жиналатын алабы 157 км2. Жағалау сипатыЖағалауы жазық, түбі лайлы. Жағасында қамыс, құрақ өскен. Қар, жер асты суларымен толысады. Суы ащы, суатқа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Борат тұз кен орны – бордың, калийдің және басқа элементтердің табиғи қосындысы. ## Географиялық орны Атырау облысы Индер ауданы жерінде орналасқан. ## Құрамы Өнімді қабаттың заттық құрамы бірқалыпты емес, калийлі, калийлі-магнийлі және борлы тұздардан тұрады. Қатты жыныстағы калий қышқылы 8,5% шамасында, ал шөгінді қабат бойынша калий қышқылының мөлшері 4,54-тен 23,1% аралығында. Қабаттың қалыңдығы бірнеше метрден ондаған метрге дейін ауытқып отырады. ## Дереккөздер
Борсақ, дендростеллера (Dendrostellera) – көкендер тұқымдасына жататын бұталы өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді аймақтардың құмды жерлерінде, аласа тау беткейлерінде өсетін 3 түрі (құмдық Б., масақша Б., ірімасақты Б.) бар. Олардың биікт. 0,8 – 2 м. Шырматылған бұтақты сабағы болады. Жапырақтары ұзынша, шеті төмен қарай қайрылған, түкті. Аталығы 8, екі қатарға орналасқан. Гүлсерігі төрт қалақты, гүлдері масақша гүлшоғырына топталған. Сәуір – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – жаңғақша. Масақша Б. – Іле, Күнгей Алатауларының эндемигі. Б-ты құм тоқтату үшін пайдаланады. ## Дереккөздер
Борохоро жотасы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының шығысындағы тау. Борохоро жотасы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Демократиялық Республикасының аумағында орналасқан. Боророхоро жотасының ортаңғы және шығыс бөліктері Қытайда, батыс бөлігі - Тоқсанбай тауында (Оңтүстік Жоңғария). Жотада Қорғас, Шыжың, Тышқан, Көктал және Үсек шатқалдары орналасқан. Жотаның оңтүстігінде Іле алқабы созылып жатыр; солтүстігінде Жоңғар Алатауынан Көксу мен Қазан шатқалдары бөлінген; Барохудзир алқабы Жоңғар Алатауын Алтын Емел тауынан бөледі. Тоқсанбай тауының ең биігі 4370 метр. Жотаның құрамына рифтік метаморфит тау жыныстары, рифтік интрузивті түзілімдер, ерте және кеш палеозой, девондық және көміртекті эффузивті жыныстар жатады. Жотаның көтерілуі 2,5 миллион жыл бұрын басталып, жалғасуда. ## Географиялық орны Батыс шеті Қазақстан аумағына енеді, қалған бөлігі Қытайда. Іле өзені мен Ебінұр көлі аралығында орналасқан. Ұзындығы 250 км, абсолюттiк биіктігі 4500 м. ## Геологиялық құрылымы Прекембрийдің және палеозой дәуірінің кристалдық, метаморфтық тау жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Жер бедері терең шатқалдардан тұрады, олар соңғы тектоникалық қозғалыстар әсерінен қатты тілімденген. Жотаның басында 50-ден астам мұздықтар бар. ## Белдеулері 1800 м-ге дейінгі беткейлерде таулы-далалы, 1800 – 2800 м аралығында шалғынды орман белдеуі (шыршалы белдеу), одан жоғарыда альпі шалғыны мен нивальды (қарлы) белдеулер жатыр. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Алматы облысы туризмінің ресми сайты Мұрағатталған 3 мамырдың 2020 жылы. * Жоңғар Алатау ұлттық паркінің ресми сайты Мұрағатталған 25 сәуірдің 2020 жылы. * Оңтүстік Жоңғария Мұрағатталған 22 ақпанның 2020 жылы.
Борсымұрын, Порсу – Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Кендірлі шығанағындағы шағын мүйіс. ## Сипаты Су көзі теңіз жағасына таяу жердегі ыза құдықтардан алынады. Сенек арқылы көне Хиуа жолына қосылатын ескі жол торабы Борсымұрыннан басталады. ## Тарихы 1917 жылға дейін Адай, Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) уездері арасындағы су жолының бекеті болған. ## Дереккөздер
Боровской керамзит кен орны - Қостанай облысы Меңдіқара ауданында орналасқан. Кен орны 1967 жылы ашылған. ## Жатыс сипаты Пайдалы қалыңдығы орташа қуаттылығы 10,5 м саздардың қосындысынан алынады. Құм-сазды қабатының қуаттылығы 9,5 м. Саздардан маркісі «500» болатын керамиттік гравий өндіруге болады. Оның қоры 7,1 млн. м3. Игеру кезінде 20 м тереңдіктегі су ағымы 15 м/сағ. деп болжамданған. Кен орны әзірше іске қосылмаған. ## Дереккөздер
Борыққамыс немесе Қант қамысы (лат. Saccharum) – астық тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік туысы. Тропиктік және субтропиктік аймақтарда өсетін 12 түрі белгілі. Оның мәдени түрі лат. S. offіcіnarum Оңтүстік-Шығыс Азиядан тараған. Биіктігі 6 м-ге дейін, сабағының жуандығы 5 см-дей болады. Жапырағы ұзын, жалпақ, сабаққа кезектесіп орналасады. Борыққамыс қалемше арқылы көбейеді. Жылына 3 – 5 рет орылады. Оның сабағында 16 – 18% сахароза болады. Борыққамыста қант, спирт, т.б. өндіруге, малға жем ретінде пайдаланады. Қазақстанда оның бір түрі – Жабайы борыққамыс (лат. S. spontaneum) Сырдарияның тоғайлы алқаптарында, кейде тау етегінде, өзен жиегінде, егінжайда, арық жиектерінде кездеседі. Биіктігі 2 м-дей, сабағы қатты, бірақ өзегі борпылдақ, жапырағы жіңішке, ұзын болады. Гүлшоғыры сыпыртқы тәрізді. Мамыр – шілде айларында гүлдейді. Сабағында 2 – 4% сахароза болады. Жабайы Б-ты балғын кезінде мал сүйсініп жейді, сүрлемге салуға болады. Сабағынан ши тоқиды, жапырағынан арқан еседі, ширатып қапшық жасайды. Оның өңдеуден кейінгі қалдығын құрылыс материалдарын дайындауға және отын ретінде пайдаланады. ## Дереккөздер
Бортау, Ақтау – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы жерінде орналасқан таулы қырат, Шыңғырлау және Елек өзендері аралығында. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі – 262 м. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 22 км-ге созылып жатыр, енді жері 12 км. Жер бедері тегіс, батысы мен шығысының сай-жыраларынан Ақсу, Шилі, т.б. кішігірім өзендер бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Бор, юра кезеңдерінің әктас, кварцит, құмтасты шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Жазық жерлерінде бетеге, боз, еркек шөп, т.б. астық тұқымдас өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Борщов қызғалдағы(Tulipa borszczowii) – лалагүлдер тұқымдасының қызғалдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты шөптесін өсімдік. Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда өседі. Биіктігі 20 — 40 см. Жуашығы жұмыртқа тәрізді, ені 2 — 4 см. Сабағын түк басқан. Жапырағы — 4, олар кезектесіп орналасады, сыртқа қайырылып, бұйраланған. Қызғылт-сары, қызыл, сия көк түсті гүлі — біреу. 6 аталығы, 1 аналығы болады. Тұқымынан көбейеді. Сәуір — мамыр айларында гүлдеп, мамыр — маусымда жемістенеді. Жемісі — үш ұялы көп тұқымды қауашақ. Оның ені 1,5 — 2 см, ұзындығы 2,5 — 4,5 см.Гүл қоршауының бөліктері сары , қызғылт, негізінің екі жағында қара - күлгін бөлімдері бар, сыртқы бөліктері ромб тәрізді, ішкі және теріс сына тектес - жұмыртқа сынды әсем сәндік өсімдік. Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданының оңтүстік - шығыс жағында өседі. Борщов қызғалдағы — өте әдемі, сирек кездесетін өсімдік, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Дереккөздер
Ботабөрім, Ботабұрым – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы облысының Балқаш ауданы, Жамбыл облысының Шу ауданы жерлерімен ағады. ## Бастауы Шу-Іле тауларындағы Айтау сілемінің оңтүстік-шығыс беткейінен басталып, Іле өзені алабындағы Жалпақшидің құрғақ арнасына 10 км жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 85 км, су жиналатын алабы 858 км2. Өзен суы ақпан – маусым айлары аралығында молаяды. Суы жайылымдарды суландыруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Ботакөз, құралай (лат. Myosotis) – айлауықтар тұқымдасына жататын бір, екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Павлодар, Ақтөбе облыстарында, Алтайда, Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Күнгей Алатауында кездеседі. Бұлар табиғи жағдайда тау беткейлерінде, жазық далада, су жағасында өседі. 12 түрі бар: бұлардың ішінде көп тарағаны орман Ботакөзі (M. sіlvatіca). Биіктігі 30 — 60 см, сабағы тік, көп бұтақты, сыртын ұзын түк басқан. Жапырағы (ұзындығы 2 — 5 см, ені 0,5 — 1,5 см) сабаққа кезек орналасқан. Көгілдір, көк түсті гүлдері ұсақ, көп гүлді, гүлшоғырына топтасқан. Мамыр — маусымда гүлдейді. Жемісі — көп дәнді жаңғақ. Бұлардың батпақ Ботакөзі, альпі Ботакөзі деген түрлері қолдан өсіріледі. Тұқымынан, кейде вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді. Жақсы өсіп-жетілуі үшін оларды құнарлы топыраққа, Күн сәулесі тік түспейтін көлеңкелі және ылғалды жерлерге отырғызады. Ботакөздер — хош иісті, әдемі гүлді әсемдік өсімдіктер. ## Дереккөздер