text
stringlengths
3
252k
Елді мекен: * Арғанаты – Жетісу облысы Сарқан ауданындағы темір жол бекеті. Таулар: * Арғанаты – Балқаш-Алакөл ойысындағы тау. * Арғанаты – Ұлытау облысы Ұлытау ауданының солтүстігіндегі тау сілемдері.
Арқалық боксит кен орны - Қостанай облысы Арқалық қаласының оңтүстігіндегі боксит пен отқа төзімді саз өндірілетін кенді өңір. ## Геологиялық құрылымы Оның құрылымдық табаны – жоғарғы девон мен төменгі тас көмір шөгінділерінен тұратын Арқалық атты брахисинклиналь. Кенді қабаттар бор-палеоген жүйелеріне жатады. Боксит қабаттары іргетастағы терригендік жыныстар мен әктастар жапсарын бойлай біткен эрозиялық-карст шұқырларында (депрессия) орналасқан. Олар сенон (жоғарғы бор) саздары мен палеозой жыныстарының үгілу қыртысының үстінде шалыс жатады да, өздері эоцен және төменгі олигоценнің терригендік шөгінділерімен, кейде шұбар саздармен бүркеледі. ## Жатыс сипаты Кенді өңірдің 9 иірімінде бокситтік 37, отқа төзімді саздың 15 қабаты бар. Олардың ұзындығы 50 м-ден 1680 м-ге, ені 50 м-ден 450 м-ге, орташа қалыңдығы 2 м-ден 12 м-ге (карст шұқырларында 20 – 40 м), жер бетінен тереңдігі 1-2 м-ден 120-180 м-ге дейін жетеді. ## Минералдары, құрамы Боксит құраушы негізгі минералдары – гиббсит, каолинит, гематит. Кейде 28 – 53% Al2O3, 1,8 – 20% SіO2 бар. Оның орташа құрамы бокситтің Б-8 маркасына жатады. Боксит Байер тәсілмен өңделеді, одан алюминий тотығы, кальцийі аз ғана концентраттан электрокорунд, темір, азынан муллит өндіріледі. Кен ашық әдіспен өндіруге қолайлы. Арқалық боксит кен орнының Павлодар алюминий зауытын шикізатпен қамтамасыз етуде маңызы өте зор. ## Сыртқы сілтемелер * Арқалық Қазақстанның Мәртебе Төрі ## Дереккөздер
Арқарлы – Айгүл тауының солтүстік-батысындағы асу. ## Географиялық орны Жетісу облысы Кербұлақ ауданы жерінде. Батысынан Түрксіб темір жолы және асу арқылы Алматы – Өскемен мемлекеттік автомобильдік жолдары өтеді. ## Жер бедері Ең биік жері 758 м. Арқарлы солтүстік-батысында Малайсары жотасымен, оңтүстігінде Итжон үстіртімен шектеседі. ## Өсімдігі Беткейіндегі сұр топырағында жусан, бетеге, селеу, т.б. шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Арқал , кникус (лат. Cnicus) – астралылар тұқымдасына жататын тікенді бір жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанның таулы аймақтарындағы шөлді жерлерде, егістіктерде арамшөп ретінде өсетін 1 түрі – аскөк Арқал (С. benedіctus) бар. Биіктігі 5 – 50 см, шоғыр бұталы өсімдік. Әрбір бұтағының басында бір-бірден қызғылт себеті орналасқан. Жапырақтары түкті, күлтелері боз, сары түсті. Мамыр айында гүлдеп, маусымда жемістенеді. Тұқымы ұзынша, жуан, жылтыр, қара түсті, шеті тілімденген, құрамында май көп (24 – 29%). Арқал – дәрілік өсімдік, сондай-ақ оны ликер жасау үшін де пайдаланады. Қолдан да өсіріледі, ондай кезде одан түсетін өнім мол болады (26 ц/га). ## Сілтемелер * Арқалық * Арамшөп ## Сыртқы сілтемелер * Кникус аптечный Мұрағатталған 22 маусымның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Арқарлы – Кешубай тауының солтүстік сілемі. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы жерінде, Түндік өзені мен оның солтүстік саласы Ақжарық өзенінің аралығында, Қарағайлы кентінің оңтүстік-шығысынан 5 км жерде орналасқан. Ең биік жері 1272 м. ## Жер бедері Оңтүстік және шығыс беткейлері аласара келіп Түндік өзенінің аңғарына ұласады. Солтүстік және солттүстік-шығыс беткейлері тік, жартасты келген. ## Геологиялық құрылымы Тас көмір гранитоидтарынан және девон жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қызыл қоңыр топырағында бетеге, жусан, селеу, сұлыбас, қараған өседі, қайың, көктерек, тал аралас тоғайлар кездеседі. Етегінде көптеген бұлақтар бар. ## Дереккөздер
Арқароты , амбербоа (лат. Amberboa) – астралылар тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда оңтүстік және батыс аймақтардың тасты, тастақты, балшықты беткейлерінде, құмды, сортаңды жерлерде өсетін 3 түрі (аласа арқароты, бұхар арқароты, тұран арқароты) бар. Биікт. 2 – 30 (70) см. Сабақтары жапырақты. Жапырақтарын қысқа, бұйра түктер жапқан. Гүлдері қос жынысты, олар көп гүлді, ірі себет гүлшоғырына топталған. Күлтелері қызғылт не сары түсті. Аталығы ұзын, қосымша жіпшелері болады. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Тұқымы ұзынша, қысыңқы, түкті. ## Түрлері 9 түрі белгілі. * Amberboa amberboi (L.) Tzvelev – * Amberboa bucharica Iljin – бұхар арқароты * Amberboa glauca (Willd.) Grosch. – * Amberboa iljiniana Grossh. – * Amberboa moschata (L.) DC. – * Amberboa nana Iljin – аласа арқароты * Amberboa odorata DC. – * Amberboa sosnovskyi Iljin – * Amberboa turanica Iljin – тұран арқароты ## Сыртқы сілтемелер * АМБЕРБОА * Растения балконов и терас(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Арқарлы жотасы – Балқаш-Алакөл ойысындағы ұсақ шоқылы таулар. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы аумағында орналасқан. ## Жер бедері Ең биік жері 758 м, ені 20 км, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай доғаша иіліп, Сарықұмға дейін 60 – 65 км-ге созылып жатыр. Солтүстік беткейі көлбеу, оңтүстігі тіктеу, сай-жыралармен тілімденген. Өте қуаң өңірде орналасқандықтан жотасы әбден мүжілген, беткейлері жазық тау. ## Геологиялық құрылымы Жота тас көмір шөгінділерінен түзілген. ## Топырағы, өсімдігі Етегі мен төңірегі құмды, негізінен, сұр топырақты. Құмдауыт сұр топырағында бұйырғын, жусан, баялыш, т.б. шөптесін өсімдіктер аралас өседі. ## Дереккөздер
Арқаршайыр , гименолима (Hymenolyma) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның шөлді, таулы аймақтарындағы тау етегіндегі жусанды, бетегелі, тырсалы далаларда, кейде тастақты тау беткейлерінде, сортаңды шалғындарда өсетін 2 түрі – түкті А. (Н. trіchophyllum) және шоқсары А. (Н. bupleuroіdes) бар. Олардың биікт. 30 – 70 см. Сабақ түбін қураған жапырақтар басып жатады. Тамыры түйнекті. Тостағанша жапырақшалары тіссіз, желектері ақ түсті. Аналық мойны қысқа. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісі – ұзынша (2 – 4 мм). ## Сілтемелер * Арқароты * Арқат ## Сыртқы сілтемелер * Энциклопедий ## Дереккөздер
Арасантау – Алакөл ойысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Мақаншы ауданы жерінде. Таудың солтүстік-батысында Қосайшағыл қонысы мен Бармаққұм құмы, солтүстігінде Арқарлы тауы орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1114 м. Арасантау батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылған. ## Жер бедері Таудың беткейі жайпақ келген. Солтүстігінен Шағантоғай, оңтүстігінен Тасты өзендері ағып өтеді. ## Өсімдігі Баурайындағы сұр қоңыр және шалғынды қоңыр топырағында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік, бұталы шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Арқат — Абай облысы Абай ауданындағы ауыл, Арқат ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Қарауыл ауылынан шығысқа қарай 76 км-дей жерде, Арқат тауының солтүстік батыс етегінде орналасқан. ## Дереккөздер
Аралкөл – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Железное ауылының солтүстігінде 6 км жердегі көл. Ресейдің Қорған облысымен шекаралас. ## Гидрографикасы Аумағы 5,2 км2. Көл теңіз деңгейінен 139,3 м биіктікте жатыр. Дөңгелек пішінді көлдің ұзындығы 2,6 км, ені 2,5 км, жағалау бойының ұзындығы 9,0 км. ## Жағалау сипаты Жазық жерде орналасқан көлдің жағалауын ну қамыс басқан. Батысында қарағай, қайың, терек өскен орман жатыр. Суы мал ішуге жарамсыз. Айналасы шабындыққа пайдаланылады.
Арқат тауы – Абай облысы Жарма ауданы жеріндегі тау. Оңтүстік-батысында Қарағайлы тауымен шектеседі. Абсолюттік биіктігі 914 м. Батыстан шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, ені 5 – 7 км. ## Жер бедері Солтүстік беткейлері сай-жыралармен тілімденген, оңтүстігі тіктеу келген. Кейде адам мүсініне, кейде аң-құсқа ұқсайтын түрлі жақпартастардан құралған таудың сұлу көрінісі осы жерде болған жиһанкездерді (П.П.Семенов Тянь-Шанский, Н.М. Пржевальский, Ш.Уәлиханов, А.Янушкевич) ерекше таңырқатқан. А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, т.б. қазақтың көрнекті тұлғалары Арқат тауының көлдерінде (Қопа, Аймақкөл) суға шомылған, жағасында аң-құс атқан. ## Геологиялық құрылымы Тау тас көмір кезеңінің жыныстарынан түзілген, етегін төрттік кезеңнің шөгінділері жауып жатыр. ## Өсімдігі Шалғынды қызыл қоңыр топырағында негізінен ши, ажырық, жусан, т.б. өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Арман мұнай-газ кен орны — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында, Ақтау қаласынан солтүстікке қарай 200 км жерде орналасқан. ## Тарихы 1979 жылы ашылған. Оған 1979-1988 жылдары іздеу-барлау, бұрғылау жұмыстары жүргізілген. ## Иеленушілері СП "Арман" (50% Лукойл/25% Sinopec/25% Mittal Investments) ## Гелологиялық құрылымы Қаламқас дөңінің батысында жатқан және одан жыра арқылы бөлінген енсіз антиклинальдық иілімді алып жатыр. Кен орны мұнай-газ шоғырларымен қабаттаса орналасқан, жарылымдармен және бітеу жыныстармен оқшауланған. ## Жатыс сипаты Өнімді қабаттары шөгінді жыныстардан тұрады. Коллекторлардың кеуектілігі 23 – 30%, өткізгіштігі 0,013 – 0,138 мкм2, мұнай сіңіргіштік коэффициенті 0,45 – 0,78. Мұнайдың тәуліктік өнімдері ұңғымаларда 4,2 – 109,2 м3, ал газдың өнімдері 10,8 – 64,4 мың м3 аралығында өзгереді. Газдық фактор 25 – 48,5 м3/т. Қабат қысымы 9,81 – 14,25 МПа, температурасы 37 – 51°С. ## Құрамы Мұнайдың тығыздығы 0,881 – 0,912 г/см3. Оның құрамында күкірт (0,53 – 2,4%), парафин (0,5 – 4,7%), шайырлар (5,86 – 12,7%), ванадий мен никель (7 – 16 г/т) кездеседі. Кен орнындағы бос және еріген газдардың құрамында метан (74,4 – 95,4%), этан (9,6 – 15,7%), пропан (0,8 – 8,1%), бутан (0,1 – 1,9%), азот (2,4 – 2,5%) және көмірқышқыл газ (0,2 – 0,7%) бар. Мұнайлы-газды шоғырлардың режимі негізінен сулы, арынды келеді. Судың минералдығы 151,3 – 164,7 г/л. Кен 1995 жылы игерілуге берілген. ## Дереккөздер
Шаянот (лат. Arum) – шаяноттар тұқымдасының 113 тегінің бірі. ## Биологиялық сипаттамасы Улы, түйін тамырды, көпжылдық шөптес өсімдік. Жапырағы жебе пішіндес, гүлі бір жынысты, гүлшоғыры - собық. Жемісі - ашық қызғыл-қызыл, жұмырт қатірізді жидек. Дәні көп болады. ## Таралуы Аронниктің жер шарында 30 түрі белгілі, Оңтүстік және Орталық Еуропада (Дания, Ұлыбритания, Ирландия, Швеция, Аустрия, Бельгия, Нидерланд, Чехия, Германия, Венгрия, Польша, Швейцария, Корсика, Франция, Португалия, Балеар аралдары, Сардиния, Испания, Албания, Болгария, Грекия, Италия, Крит, Румыния, Сицилия, Түркия, Югославия, Ресейдің Еуропалық бөлігі) , Азияда (Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Кипр, Иран, Ирак, Палестина, Израиль, Қытай, Непал, Пәкістан) және Африкада ( Алжир, Ливия, Марокко, Тунис, Азор аралдары, Канар аралдары, Мадейра) орманды жерде өседі. Қоныржай және субтропикалық климатта өседі. ## Химиялық құрамы Ароннктің барлық түрі улы болады, құрамында улы алколоидтар болады. Кептірген кезде улы қасиетін жоғалтады. Тамырында 25 % крахмал болады. ### Түрлері Аронниктің жер шарында 30 түрі белгілі: * Arum alpinariae (Alpinar & R.R.Mill) P.C.Boyce * Arum apulum (Carano) P.C.Boyce * Arum balansanum R.R.Mill * Arum besserianum Schott * Arum byzantinum Blume * Arum concinnatum Schott * Arum creticum Boiss. & Heldr. * Arum cylindraceum Gasp. [syn. Arum alpinum Schott & Kotschy] * Arum cyrenaicum Hruby * Arum dioscoridis Sm. * Arum elongatum Steven * Arum euxinum R.R.Mill * Arum gratum Schott * Arum hainesii Riedl * Arum hygrophilum Boiss. * Arum idaeum Coustur. & Gand. * Arum italicum Mill. * Arum jacquemontii Blume * Arum korolkowii Regel * Arum lucanum Cavara & Grande * Arum maculatum L. Үлгі:Тип * Arum megobrebi Lobin * Arum nigrum Schott * Arum orientale M.Bieb. * Arum palaestinum Boiss. * Arum pictum L.f. * Arum purpureospathum P.C.Boyce * Arum rupicola Boiss. * Arum sintenisii (Engl.) P.C.Boyce * Arum × sooi Terpó ## Галерея * * * * * * * * ## Дереккөздер * Қазақ Совет энциклопедиясы/Бас редакторы М.Қ.Қаратаев - Алматы, 1972, 1 том ## Сыртқы сілтемелер * Arum(қолжетпейтін сілтеме)// www.cate-araceae.org  (ағыл.)  (Тексерілді 9 қарашаның 2010) * Arum Мұрағатталған 25 ақпанның 2008 жылы.// www.agbina.com  (Тексерілді 10 қарашаның 2010) * Arum// flower.onego.ru  (Тексерілді 10 қарашаның 2010) * Arum species  (фран.). IPCS Poisons Information Monograph (PIM) G006. IPCS. Басты дереккөзінен мұрағатталған 14 наурыз 2014. Тексерілді, 14 наурыз 2014.
Арқарлы алтын кен орны – Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Арқарлы тауының маңынан ашылған. Жалпы қоры 1955 жылы анықталды. ## Геологиялық құрылымы Археологиялық зерттеулердің деректері бойынша адамдарға ерте заманнан белгілі болған. Кен орны Арқарлы антиклиналінің оңтүстік қанатын алып жатыр. Жоғарғы палеозойдың тектоникалық-магмалық циклінің аяғына таман осы аймақта эффузивті-пирокласты қалың қабаттар қалыптасқан. Жанартаулық процестер нәтижесінде кентассыз қайталама кварциттер түзілген. Кейіннен бұл кварциттерге трахиандезит-трахибазальт экструзиялары және орта қышқылды сығылмалар (дайкалар) қосылған. Олардағы гидротермальдық процестердің нәтижесінде алтыны бар кварцты және кварц-калишпатты желілер түзілген. Кен орны бірнеше алаңға жіктелген. Алтынды кварц желілердің қалыңдығы 0,5-0,3 м, ұзындығы 150-160 м. ## Минералдары Кен денелерінің негізгі минералдары кварц, адуляр, хлорит. Сонымен бірге пирит, сфалерит, галенит, гематит, т.б. кездеседі. Саф алтыны микробөлшекті, ұсақ түйірлі немесе дендрит тәрізді болып қалыптасқан. Арқарлы алтын кен орны негізінде кеніштер мен карьерлер жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Артезиан алабы – бір немесе бірнеше арынды су қабаттары бар аумақты, біртұтас геология(қолжетпейтін сілтеме) лық құрылым. Сулы қабаттар көбінесе көлбеу орналасқан синклиналь пішінде болады және олар өзара су өткізбейтін қабаттар арқылы бөлінген. Артезиан алабы бір-біріне жалғас үш бөліктен (су жиналу, арын және арылу аймақтарынан) құралады. Ең биік орналасқан су жиналу аймағы таулы, қыратты аудандарды алып жатады да, сулы қабаттары жер бетіне біршама таяу келеді. Бұл жауын-шашын, өзен-көл суларының жерге сіңіп, Артезиан алабының су қорын толтыруға қолайлы жағдай туғызады. Арын аймағында сулы қабаттар тереңдеген сайын қысым арта түседі. Мұндай жерден артезиан суы бұрғыланған ұңғыма арқылы жер бетіне атқылап шығады. Арылу аймағында арынды су қайнар бұлақ түрінде жер бетіне шығады. Артезиан алабы тектоник., стратиграф. және литол. ерекшеліктері бойынша платформалардың Артезиан алабы және қатпарлы өңірлердің Артезиан алабы болып жіктеледі. Ірі Артезиан алабы өзін құрайтын екінші ретті субартезиандық алаптарға бөлінеді. Платформалардың Артезиан алабы кең аумақтағы ірі тектоник. ойыстарда орналасады. Дүние жүзіндегі ең үлкен Батыс Сібір Артезиан алабының аумағы 3,0 млн. км². Оның бір шеті Қазақстанның аумағына енеді. Республиканың батысындағы Каспий маңы, оңтүстігіндегі Қызылқұм Артезиан алабы да платформалық түрге жатады. Қатпарлы өңірлердің Артезиан алабы тау бөктерлері мен тауаралық ойыстарға орналасады. Олардың аудандары алдыңғылармен салыстырғанда бір дәреже төмендеу (бірнеше мыңнан жүздеген мың км²-ге дейін) келеді (мыс., Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Тянь-Шань мен Жетісу Алатауының таулы жоталарының арасында Текес, Кеген – Қарқара, Жалаңаш, Сөгеті, Басшы – Қоңырөлең, т.б. шағын Артезиан алабы бар).Артезиан алабының суы хим. құрамы және температурасы бойынша әр алуан болып келеді. Ол қалалар мен а. ш-ның мұқтаждықтары үшін кеңінен пайдаланылады. ## Қосымша АРТЕЗИАН АЛАБЫ - су өтпейтін қабаттармен бөлінген суіріккіш қабаттардан немесе кешендер жүйесінен тұратын арынды жер асты суларының шоғырланған аумағы. ## Сілтемелер * Артезиан суы * Минералды сулар ## Сыртқы сілтемелер * Что такое артезианская вода? Мұрағатталған 7 қарашаның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Арпабас (лат. Bromus) – астық тұқымдасына жататын бір, екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуразия мен Африкада, сондай-ақ Жерорта теңізі жағалауларында кездесетін 44-тей түрі белгілі. Қазақстанда 20 түрі бар. Жиі кездесетіні орманды дала, қуаң дала мен таулы алқапта өсетін – қылтансыз арпабас (В. іnermіs). Биікт. 80 – 160 см, сабақтары тік, тықыр, кейде жапырақты. Жапырағының пішіні таспа тәрізді, түкті. Гүлшоғыры – шашақ. Тұқымы ірі (6 – 8 мм), қос бүйірінен қысыңқы. Маусым айында гүлдеп, тұқымы шілде – тамызда піседі. Қазақстанда Арпабастың 2 сорты аудандастырылған. Жылына 2 рет оруға, орта есеппен га-нан 17 – 45 ц пішен жинауға болады. Көк шөп құрамында: 2,9 – 4,4% протеин, 0,4 – 2,3% май, 5,9 – 10,5% клетчатка, 7,6 – 18,3% азотсыз экстрактивтік заттар, 1,7 – 2,6% күл бар. Құнарлы мал азығы. ## Дереккөздер
Артыбек — Найзакескен қыстауының солтүстік-шығысында 6 км жердегі көл. ## Гидрографикасы Аумағы 5,5 км2. Теңіз деңгейінен 182,0 м биіктікте жатыр. Ұзындығы 3,9 км, енді жері 2,0 км, жағалау бойының ұзындығы 10,9 км. Көл табанында қалыңдығы 0,4 м тұнба шөккен. Жағалауын қамыс басқан. Аңғарының біршама жері жыртылған.
Аруана – сыңар өркеш түйе. Африка мен Азияда, Орталық Азия республикаларында, әсіресе, Түрікменстанда көп өсіріледі. Айыр түйеге қарағанда ыстыққа төзімді, сүті де одан 2 – 3 есе көп, бірақ жүн түсімі аз келеді. Қазақстанда Аруана қазақ түйесімен будандастырылып өсіріледі. Атырау облысы шаруашылықтарында Аруананы сауын үшін өсіреді. Бұл жерде көбіне айыр інгенге үлек шөгереді, өйткені одан туған буданның сүті Аруанадан да көп әрі жергілікті жағдайға төзімді. ## Сілтемелер * Түйе * Түйелер ## Сыртқы сілтемелер * УКРАЇНСЬКИЙ ХОРТ Мұрағатталған 24 қазанның 2015 жылы. ## Дереккөздер
Аршалыкезең – Тікқия асуының солтүстік-шығысындағы асу. ## Географиялық орны Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан. Оңтүстігінен Ұзынқарғалы өзені бастау алады. ## Өсімдігі Баурайында бұта аралас астық тұқымдас шөптесін, қарағай, т.б. өседі. ## Дереккөздер
## Географиялық орны Аршалы – Есіл алабындағы өзен. Ұзындығы 174 км, су жиналатын алабы 4160 км2. ## Бастауы Ақмола облысы Зеренді ауданы жеріндегі Айдабол көлі маңынан бастау алып, Қалқұтан өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Басты салалары – Түкті, Кеңащы және Қоңыр. Жоғарғы ағысы Көкшетау қыратымен өтіп, төменгі ағысы төбелі жазықпен ағады. Салаларының жалпы ұзындығы 514 км. Орта ағысында аңғарының ені 1 – 2 км-ге жетеді. Еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сағасындағы жылдық орташа су ағымы 2,44 м3/с. Суы көктемгі тасқын кезінде тұщы (200 – 300 мг/л), жазда тартылғанда ащы (450 – 500 мг/л) болады. Алабы толық игерілген, көпшілік бөлігі жыртылған. Шабындыққа, мал жайылымына пайдаланылады. Жаңа Қалқұтан ауылы тұсында өзен арнасы бөгелген. Бөгеннің көлемі 650 мың м2. ## Дереккөздер ## Географиялық орны Аршалы – Есіл алабындағы өзен. Ұзындығы 174 км, су жиналатын алабы 4160 км2. ## Бастауы Ақмола облысы Зеренді ауданы жеріндегі Айдабол көлі маңынан бастау алып, Қалқұтан өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Басты салалары – Түкті, Кеңащы және Қоңыр. Жоғарғы ағысы Көкшетау қыратымен өтіп, төменгі ағысы төбелі жазықпен ағады. Салаларының жалпы ұзындығы 514 км. Орта ағысында аңғарының ені 1 – 2 км-ге жетеді. Еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сағасындағы жылдық орташа су ағымы 2,44 м3/с. Суы көктемгі тасқын кезінде тұщы (200 – 300 мг/л), жазда тартылғанда ащы (450 – 500 мг/л) болады. Алабы толық игерілген, көпшілік бөлігі жыртылған. Шабындыққа, мал жайылымына пайдаланылады. Жаңа Қалқұтан ауылы тұсында өзен арнасы бөгелген. Бөгеннің көлемі 650 мың м2. ## Дереккөздер
Аршалы – Алматы облысы Көксу ауданындағы жайлау. Ол Текелі тауындағы Ақтөбе жайлауымен шектеседі. Текелі қаласынан 10 – 15 км жерде. Жері ой-шұқырлы, дөңес-жоталы болып келеді. Шөбі тықыр. Онда қазтабан, аюжүн, сарыбас жоңышқа, теңгежапырақ тәрізді өсімдіктер өседі. Жайлау шоқ-шоқ болып ұйысқан аршалар өсетіндіктен Аршалы деп аталып кеткен. ## Дереккөздер
Арықдығыр – Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 км жердегі төбе. Абсолюттік биіктігі 86 м. Аранды – Қожабақы автомобиль жолының батысында жатыр. Төбенің етегінде жусан, ебелек, жантақ, т.б. өсімдіктер өскен. ## Сілтемелер * Аршашыл құнақ * Арынды су ## Дереккөздер
Арыснұра – Дариялықтақыр жазығының солтүстігіндегі қоныс. Қызылорда облысы Сырдария ауданында орналасқан. Жанында Доңыз, Табаққабыл, т.б. құдықтар бар. Тізбекті төбешіктерде сексеуіл өскен. Оңтүстігінен Сырдарияның тармағы Қараөзек өзені ағып өтеді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Өлкенің жер-су аттары
Арынды су – қысымы атмосфералық қысымнан жоғары болатын жер асты суы. Ол су өткізбейтін жыныстар (саз, аргиллит, т.б.) арасындағы сулы қабаттарда кездеседі. А. с-дың көзін ұңғыма немесе құдық қазу арқылы ашқан кезде су деңгейі оны жауып жатқан қабаттан жоғары көтеріледі. А. с. кейде жер бетінен жоғары атқылайды.
Арыс желі – Түркістан облысы Арыс ауданы жеріндегі, Арыс өзені аңғарымен соғатын құрғақ, ұйтқымалы ауа ағысы. Жел Талас Алатауының батыс сілемдерінен шығатын суық ауа мен жазық жердің жылы ауасының араласуынан пайда болады. Жыл бойы соғады. Жаз кездерінде Арыс желі шаңды дауыл түрінде байқалады. ## Сыртқы сілтемелер * Әдеби әлем(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Арыстанды – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы өзен. ## Бастауы Қаратау тауының Күрден асуынан бастау алып Төменарық ауылы тұсында құмайтты жерге сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Ұзындығы 45 км-дей. Ұзындығы 10-15 км болатын бірнеше шағын салалары мен тармақтары бар. Жоғары ағысы тау шатқалымен өтеді, төменде жағалау жазық келеді. Алабы мал жайылымы. ## Дереккөздер
Аршашыл құнақ (лат. Leucosticte nemoricola) – торғайтәрізділер отряды, құнақ тұқымдасына жататын сайрауық құс. Тянь-Шаньнан Алтайға дейінгі аралықты мекендейді. Тұрқы 18 – 20 см, салмағы 18 – 26 г. Аршашыл құнақтың мекиені өзінің түсімен, сондай-ақ шуылдасып, топтаса ұшуымен кәдімгі торғайға ұқсайды. Тек ұшқан кездегі үшкір де ұзын қанаты Аршашыл құнақтың одан өзгешелігін білдіреді. Дауысы шырылдақ, үні әуезді емес. Аршашыл құнақ – отырықшы құс. Ұясын інге, тастың қуысына салады. Мекиені 4 – 6 аппақ жұмыртқаны 12 – 15 күн басады. Балапандары 15 – 18 күнде ұядан ұшады. Оның үстіне алғашқы күндері балапандарға негізінде бунақденелілерді береді, алайда көп ұзамай оларды тек қана өсімдіктекті қорекке көшіреді. Өсімдік тұқымдарымен, жәндіктермен қоректенеді. Күзде, қыста ұядан ұшқан балапандарымен үлкен шоғыр түзіп, топтасып ұшады. ## Сыртқы сілтемелер * Гималайский вьюрок ( Leucosticte nemoricola altaica ) Мұрағатталған 26 шілденің 2011 жылы. * Гималайский вьюрок (қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Арыс-Түркістан каналы – Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы жер суармалауға арналған канал. 1967 жылы пайдалануға берілген. ## Гидрологиялық сипаты Жалпы ұзындығы – 194 км. Канал – Арыс және Түркістан деп аталатын екі тармақтан тұрады. Арыс тармағы Арыс өзеніндегі Қарааспан су бөгетінен басталып, Бөген бөгеніне құяды. Ұзындығы – 51 км. Секундына 15 м3-ге жуық су өткізеді. Түркістан тармағы Бөген бөгенінен басталады. Ұзындығы – 145 км-ге жуық. Түркістан қаласының, Отырар, Ордабасы аудандарының 57 мың га-дан астам жерін суландырады. Жағасында Майарық, Ермоловка, Қаражантақ, Сыпатаев, Төрткөл, Ескі Иқан ауылдары орналамқан. ## Дереккөздер
Аршалы ауданы – Ақмола облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 5,8 мың км². Аудан орталығы – Аршалы кенті. ## Тарихы Аудан 1928 жылы құрылған. 1939 жылдың қазан айына дейін Қарағанды облысының құрамында болды. 1928 жылы "Коммунист", 1935 жылы "Вишневка" ауданы болып аталды. 1997 жылдан Аршалы ауданы деп аталады. ## Географиялық орны және жер бедері Батысында Целиноград ауданымен және Астана қаласымен, шығысында Ерейментау ауданымен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Қарағанды облысының Нұра және Осакаров аудандарымен шектеседі. Аудан Сарыарқаның орта тұсында, құрғақ дала белдемінде орналасқан. Жер бедері абсолюттік биіктігі 600 м аспайтын төбелі-белесті жазық болып келеді. Шығыс жағын Ерейментаудың ұсақ шоқылы оңтүстік сілемдері алып жатыр. Жуантөбе (498 м), Тастөбе (432 м), Түйетөбе (464 м) сияқты төбелер бар. ## Климаты Климаты тым континенттік, қысы суық, ұзақ. Жазы қоңыржай ыстық. Орташа температурасы қаңтарда –17°С, шілдеде 20°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 – 350 мм. ## Су жүйесі Аудан жерінен Есіл өзені және оның салалары Мойылды, Шортанды, Ақтасты, Беріктал, Жыланды, Сүгір және Қызылмола, Өлеңті өзендері ағады. Олардың біразы жазда құрғап, қарасуға айналып бөлініп қалады. Ірілі-ұсақты тұщы әрі тұзды көлдер көп. Үлкендері: Үлкен және Кіші Сарыоба, Балықтыкөл, Танакөл, Байдалы, Шалқар, Қызылкөл, т.б. ## Топырағы, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі Аудан жерінде негізінен сортаң қара қоңыр топырақ тараған. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары олардың көбі жыртылған. Құрғақ дала белдеміне тән селеу, бетеге, сұлыбас, кермек, жусан, т.б. өсімдіктер, өзен жайылмаларында, көл жағаларында әр түрлі шөпті шалғындар, шоқы беткейлерінде қайың, көктерек, итмұрын, тобылғы, ұшқат және басқа бұталар өседі. Жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, борсық, ақ қоян, суыр, ақ тышқан, сарышұнақ, қосаяқ; сулы жерлерде ондатр; қамысты жерінде жабайы шошқа; құстардан шіл, құр, тырна, қаз, үйрек, балықшы, шағала, т.б. мекендейді. Көлдерде алабұға, мөңке, оңғақ, торта, шортан, ақ қайран өседі. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері 538,9 мың га, оның 201,8 мың га-сы егістік, 6,5 мың га-сы шабындық, 300,0 мың га-сы жайылымдық жерлер. Аудан жері арқылы Астана – Қарағанды, Астана – Павлодар темір жол, Астана – Қарағанды автомобиль жолдары өтеді. ## Халқы Тұрғындар саны: 27404 адам (2019). * ұлттық құрамы: орыстар (41,63%), қазақтар (39,84%), украиндар (5,21%), немістер (5,23%), беларустар (1,72%), татарлар (1,60%), басқалары (4,82%) ## Әкімшілік бөлінісі 12 ауылдық округ пен 1 кенттік әкімдікте 32 елді мекен бар: ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Информация о районе на сайте области Мұрағатталған 3 қыркүйектің 2011 жылы.
Арыстысай – Шалқар алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Байғанин және Шалқар аудандарының аралығында орналасқан. Ұзындығы 45 км. ## Бастауы Шағырай үстіртінен бастау алады. Өзен сәл ирелең, аңғары кеңдеу келген. Өзен суы Сұлтанқазған көліне құяды. ## Гидрологиясы Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Суы жазда тартылып қалады. Төменгі аңғары тегіс жазық, тақыр келген. ## Дереккөздер
Арыш (лат. Camelina) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір немесе екі жылдық өсімдіктер туысы. Солтүстік Африка мен Солтүстік Америкада өсетін 15 түрі белгілі. Қазақстанда 4 түрі бар. Биіктігі 25 – 75 см. Сабақтары қарапайым, жоғрғы жағынан бұтақталып өседі. Жапырақтары ұсақ, бүтін жиекті. Тостағанша жапырақшалары түзу, күлтелері сары түсті. Аталығы бос жатады. Гүлдері қалың шашақ гүлшоғырына топталған. Наурыз – сәуір айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршаққын. Екі қақпақшалы, көп тұқымды. Тұқымы – домалақ. Арыштың кейбір түрлерін тұқымынан май алу үшін өсіреді. ## Дереккөздер
Асаймұса (лат. Abelia) – ұшқаттар тұқымдасына жататын бұталы өсімдіктер. Батыс Тянь-Шаньның тасты, шатқалды тау бөктерлерінде, әсіресе, аршалы, жаңғақты ормандардың арасында өседі. Қазақстанда қалқанды асаймұса (Abelіa corуmbosa) түрі бар. Оның биіктігі 2 – 3, кейде 4 м-ге жетеді. Бұтақтары ақшыл, кейде қоңырқай түсті. Жас өркендері қысқа, жіңішке, сырты қалың түкті болып келеді. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан, қандауыр немесе сопақша пішіндес, бүтін жиекті, ұзындығы 1,5 – 5 см. Ақшыл, қызғылт гүлдері қысқа гүл сағағына бекіп, сирек гүлді қалқанша-шоқпарбас гүлшоғырын құрайды. Жемісі қандауыр тәрізді, етті, бір тұқымды. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс береді. Асаймұса сәндік гүл ретінде өсіріледі. Сүрегі өте қатты, олар әр түрлі бұйымдар (қамшысап, асатаяқ, мүштік, т.б.) жасауға пайдаланылады. ## Сілтемелер * Арыш * Гүл * Орамжапырақ тұқымдасы ## Дереккөздер
Асар газ-мұнай кен орны – Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 55 км жердегі кен орны. ## Тарихы 1969 жылы ашылған. Кен орнынан 1973 жылдан мұнай мен газ өндіріледі. ## Иеленушілері Маңғыстаумұнайгаз ( Mangistau Investments B.V. (51% Қазмұнайгаз/49% CNPC)) ## Геологиялық құрылымы Асар газ-мұнай кен орны солтүстік-батыс бағытта созылған, тектоникалық бұзылыс арқылы оқшауланған асимметриялық брахиантиклинальдық иілімді алып жатыр. Көлбеу жазықтықтағы өлшемдері 7 ×2,5 км. Юра шөгінділерінде орналасқан өнімді қабаттары құмтас пен алевролиттен тұрады. ## Жатыс сипаты Орта юра жүйесінің қимасында 9 өнімді қабат бар, оларда 16 кен шоғыры анықталған. Олар жарылымдармен, сұйық және газ өткізбейтін қабаттармен оқшауланған. Коллекторлардың кеуектілігі 18 – 21%, өткізгіштігі 0,009–0,046 мкм2, тиімді қалыңдығы 2,5-36 м. Бастапқы қабат қысымы 15,99-22,9 МПа, температурасы 70-90°С, ұңғыманың тәуліктік мұнай өнімділігі 4-04 м3. ## Құрамы Мұнайдың меншікті салмағы 0,857-0,905 г/см3, шайырлылығы 12,6-23,9%, парафин 18,8-22,6%, күкірті аз. Газдың құрамындағы метан 75 – 80%, ауыр көмірсутектер 11-20%, азот 4,24-8,08%, көмірқышқыл газ 0,17%. ## Дереккөздер
Аскания қойы – биязы жүнді қой ішіндегі ең ірі, өнімі мол қой тұқымы. Мұны акад. И.Ф. Иванов Херсон облысының (Украина) «Аскания-Нова» шаруашылығында жергілікті украин мериносын үнемі жетілдіріп, анда-санда қан шатыстыру әдісін (америкалық рамбульесін) қолдану арқылы 1925 – 35 ж. шығарды. Қошқарының орташа салмағы 100 – 110, саулығы 60 – 65 кг тартады; қошқарынан 10 – 12, саулығынан 5,7 – 6 кг жүн қырқылады. Жүні қою, көбіне 64 сапа, талшығының ұзындығы 7 – 8 см, таза жүні 42 – 49%, әр 100 саулықтан 140 – 160 қозы алынады. Аскания қойы жергілікті қой тұқымын жақсарту үшін Павлодар облысының «Бесқарағай», Қостанай облысының «Сұлукөл» асыл тұқымды қой зауыттары мен Орал тәжірибе станциясының шаруашылықтарында, Алматы облысының «Сарыбұлақ» асыл тұқымды қой заутытында пайдаланылып келеді. ## Сыртқы сілтемелер * АСКАНИЙСКАЯ ТОНКОРУННАЯ ПОРОДА ОВЕЦ * Асканийская овца ## Дереккөздер
Ас бұршақ (лат. Pisum sativum) — шырмалғыш немесе жер тағандап өсетін, біржылдық бұршаққынды өсімдік, асқа жасыл дәндері қолданылады. Бұршақ, тіпті, ежелден-ақ әйгілі көкөністерге жатады. Ол Таяу Шығыста және Балкандарда өсіріле бастаған көкөністердің ең алғашқыларының бірі болды. Итальян бағбандары шикі түрінде қолдануға арналған сұрыпты шығарғанша, оны асқа кептірілген дәндер түрінде XVI ғасырға дейін қолданды. Бұршақты Версаль бақтарында өсіруге бұйрық берген XVI Людовик оны өте қатты жақсы көрген. ## Құрамы Ас бұршағының 100 г - 79 ккал. Ағуыздың, көмірсулардың, жасұнықтың тамаша көзі, құрамында темір, калий, фосфор, мырыш, С дәрумені, В тобының дәрумендері бар. ## Пайдасы Холестерин деңгейін төмендетеді. Қатерлі ісіктен қорғайды және сүйек жүйесіне жақсы әсер етеді. Ол өте дәмді ғана емес, сонымен қатар пайдалы заттардың ерекше үйлесімділігі болып табылады. В1, В2, В6 мен С дәрумендерінің, сондай-ақ темірдің бар болуының арқасында, ол шаршағандыққа, қаназдыққа қарсы дәрі болып табылады, ақыл-ой қабілетін жақсартады, төзімділік жүйесінің мәселелерін шешуге көмегін тигізеді.
Асаубалық – Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы тұщы көл. Теңіз көлінің шығысында 5-7 км жерде, теңіз деңгейінен 305 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 13,3 км2. Ұзындығы 4,7 км, ені 3,7 км. Көлден Нұра өзені ағып өтеді. Сондықтан көлдің деңгейі өзен суының мөлшеріне байланысты. Суы қарашаның 1-жартысында қатып, сәуірдің 2-онкүндігінде мұзы ериді. ## Өсімдігі, жануарлары Батыс жағалауы қамысты, шалғынды болып келеді. Көлде мөңке, оңғақ, лақа, торта, алабұға, шортан, аққайран, т.б. өседі. Қоқиқаздар, қаз, үйрек, т.б. су құстары мекендейді.
Аскөк (лат. Anethum graveolens) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Шыққан жерлері – Сирия, Түркия, Үндістан. Қазақстанда иісті Аскөк өседі. Оның сабағының биіктігі 40 – 120 см болады, бұтағы тік келеді. Өткір хош иісті. Жапырақтары жіңішке, үшкір, көп тілімді, түсі жасыл. Гүлдері майда, ашық сары, қос жынысты. Тұқымдары ұсақ сопақша, түсі сұрғылт қоңыр, тұқымының айналасы жұқа қатпарлы қабатпен көмкерілген. Аскөк құнарлы топырақта 2 – 3 жыл бойы өседі. Жасыл жапырақтарында аскорбин қышқылы, каротин, хош иісті дәм беретін эфир майлары бар. Аскөк тұқымын күзде немесе ерте көктемде 10 – 12 күн аралығында, бірнеше қайталап себеді. Жапырақтарын биіктігі 15 см-ге жеткенде 25 – 30 күннен кейін, ал тұқымдарын 80 – 120 күннен кейін жинап алады. Аскөкті тағамға көктей не өңделген түрде қосады, көкөністерді тұздауға дәмдеуіш ретінде пайдаланады. Аскөкті тұздау және кептіру (Көкөніс, Жемістер мен жидектерді кептіру мақаласын қараңыз) жолымен мол етіп дайындауға мүмкіндік бар. Тұздау үшін гүлдеп үлгермеген жас аскөк іріктеліп, оның тамырын кесіп, жақсылан жуу керек. Содан кейін пышақпен немесе шапқымен турап кесіп, банкаға салады. Банкаға салған соң тұз сеуіп (1 кг аскөкке 200 г тұз себеді), шырыны шыңқанша нығыздау қажет. 2 күннен соң, яғни олшөккеннен кейін тұздалған аскөкті салқын температурада тоңазытқышта немесе жертөледе сақтау оңтайлы. Аскөк өсіру жөнінде Бақша мақал асын оқыңыз. ## Дереккөздер
Асқазансор қазба фаунасы – Бетпақдаланың Асқазансор тұзды ойпатының оңтүстік жағалауынан табылған омыртқалы жануарлар қалдығы. Ертеде тіршілік еткен жануарлардың бұл қазба қалдығын 1929 ж. Орта Азия ун-тінің кешенді экспедициясының геологы Д.И. Яковлев ашқан. Кейінірек Ресей және Қазақстан палеонтологтарының жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде, бұдан 20 – 25 млн. жыл бұрын тіршілік еткен жануарлар сүйектері табылды. Олар тақтұяқтыларға жататын: халикотерийлер – Phіllotіllon, мүйізтұмсықтар – Brachypotherіum, Protaceratherіum, Aprotodon, жұптұяқтыларға жататын шошқатәрізділер – Hemіmeryx, Brachyodus, Conohyus, бұғытәрізділер – Lophіomerux, жыртқыш аңдар – Amphіcyon, Machoіrodontіnae сүйектері болды. Басқа қазба орындарымен салыстырғанда Асқазансор қазба фаунасы табылған орын ерекше саналады, себебі, ол жерде халикотерий сүйектері өте көп кездескен. Онда тіршілік еткен жануарлар алдыңғы үшкір тұяқтарымен ағаш діңдеріне сүйеніп, оның жапырақтарымен қоректенген. Асқазансор қазба фаунасының геол. жасы жөнінде кейбір зерттеушілер олигоцен дәуірінің соңы десе, олардың екінші біреулері миоцен дәуірінің басы деген болжам айтады. Асқазансор қазба фаунасы жануарларының тіршілік ету ерекшеліктеріне қарағанда, олардың басым көпшілігі ормандар мен өзен-көл жағалауларын мекендеген. ## Сілтемелер * Асқабақтар * Фауна ## Дереккөздер
Асқаралы — Абай облысы Жарма ауданы, Қарасу ауылдық округі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Қалбатау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 100 км-дей жерде. ## Дереккөздер
Асмантай-матай – Үстірттің солтүстік шетіндегі сор. Ақтөбе облысы Байғанин ауданы жерінде орналасқан. Аумағы 650 км². Батыстан шығысқа қарай 52 км-ге созылып жатыр. Ені 17 км, Сордың сазды-әктасты топырағында жусан, сораң, т.б. өсімдіктер өседі. ## Сілтемелер * Асқаралы * Асқара ## Сыртқы сілтемелер * Топографические карты * Казахстан ## Дереккөздер
Ассеке-аудан ойысы – Үстірттің оңтүстігіндегі ойыс. Қазақстан жеріне тек қиыр батыс шеті ғана енеді. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Неоген жүйесінің миоцен дәуіріндегі мергельді жыныстардан түзілген. Табаны теңіз деңгейінен 29 м биіктікте орналасқан. ## Өсімдігі Ойыстың құнарлылығы нашар сұрғылт топырағында бұйырғын, жусан, т.б. өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Аспараасу – Қырғыз жотасындағы асу. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Меркі ауданында орналасқан. ## Жер бедері Шамамен биіктігі 4000 м-ден жоғары. Асудан салт атты адам өте алады. ## Өсімдігі Биіктік белдеудегі далалық шабындық пен арша, шырша, т.б. бұталы өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Астаусор – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылының батысында 28 км жердегі көл. Өтек көлдері құрамында. ## Гидрографикасы Аумағы 3,5 км2. Теңіз деңгейінен 222,3 км биіктікте жатыр. Дөңгелек пішінді көлдің ұзындығы 2,2 км, енді жері 2,1 км, жағалау бойының ұзындығы 6,8 км. Жағалауы ашық және жазық. Жауын-шашын, қар суларымен толысады. Жаз айларында құрғап сор батпаққа айналады.
Ассүттіген (лат. Lactuca) – астралылар тұқымдасына жататын бір, екі және көп жылдық өсімдіктер туысы; сирек жартылай бұта түрінде де кездеседі. Еуразия мен Африкада (аздап Оңтүстік және Солтүстік Америкада) кездесетін 20-дан астам түрі белгілі. Қазақстанның барлық аймақтарында өсетін 8 түрі (алтай Ассүттігені, бұйра Ассүттіген, егістік Ассүттігені, жабайы Ассүттіген, құлақты Ассүттіген, сібір Ассүттігені, тамаша Ассүттіген және татар Ассүттігені) бар. Ассүттіген – биіктігі 30 – 120 см болатын өсімдік. Сабағы дара, жапырағы кезектесіп орналасқан. Сары, көк не қызғылт түсті гүлдері шашақты гүлшоғырына топтасқан. Тұқымы ұзынша болып келеді. Мамыр – шілдеде гүлдеп, маусым – қыркүйекте жемісі піседі. Жапырағының құрамында көптеген витаминдер болғандықтан Ассүттіген тамаққа пайдаланылады. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Көсегесі көгергендер(қолжетпейтін сілтеме)
Арнасай бөгені (Вячеслав су қоймасы) — Есіл алабындағы жасанды су айдыны. ## Географиялық орны Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Арнасай ауылынан шығысқа қарай 3 км-дей, Астана қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 45 км-дей жерде орналасқан. ## Гидрологиялық сипаты Су айдынының аумағы – 60,7 км², ұзындығы – 11,2 км, енді жері – 9,8 км, орташа тереңдігі – 6,3 м, ең терең жері – 25 м. Су сыйымдылығы – 410 млн м³, су жиналатын алабы – 447 км², жағалау бойының ұзындығы – 80 км. Суы егістік суаруға (3,7 мың га), жайылымдарды суландыруға және өнеркәсіп кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Арнасай бөгені Астана қаласын ауыз сумен қамтамасыз ететін басты су көзі саналады. ## Дереккөздер
‎ Аспара бөгені — Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы жеріндегі Ойранды өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Пайдалануға 1970 жылы берілді. ## Гидрологиялық сипаты Суының көлемі — 1,5 млн м³. Аспара бөгені суын Аспара, Тасөткел ауылдарының шаруашылықтары пайдаланады. ## Дереккөздер
‎ Ас тұзы кендері – ас тұзын өндірістік жолмен өндіруге жарамды кен орындары. Ас тұзы кендері тұзды көлдер, қазба тұздар және жер асты тұзды сулары болып үшке бөлінеді. Тұзды көлдерге суында 3,5%-дан жоғары тұзы бар көлдер жатады. Қазақстанда олар Каспий маңы ойпатында, Арал ойысында, Балқаш маңында, Ертіс, Есіл, тағы басқа өзен аңғарларында таралған. Қазба Ас тұзы кендері аридтік климат жағдайларында, теңіз қолтықтары мен теңізден бөлінген шығанақтардағы тұзға бай сулардың буланып суалуынан, тұздардың қайта кристалдануы мен шөгуі нәтижесінде қалыптасқан. Сондай-ақ қазба тұздар тұнба түрінде кейбір тұзды көлдерде (Басқұншақ, [Индер ас тұзы кен орны|Индер]]) және осы күнгі теңізге жақын көлдер мен қолтықтарда (Каспийдегі Қарабұғаз, Аралдағы Жақсықылыш) кездеседі. Олардағы тұз массасы жылжымалы тепе-теңдік күйде болатын тұзды судан, тұздықтан және қатты тұздан тұрады. Тұз шоғырлары әдетте қабат, линза, шток түрінде түзілген. Жер асты тұзды сулары (тұздықтар) тау жыныстары құрамындағы тұздардың үздіксіз еріп аса қанығуынан пайда болады. Ас тұзы кендерінен тұз өндіру ашық және жер асты кен қазу тәсілдермен не бұрғылау ұңғымалары арқылы су айдап еріту және судағы тұзды тұндыру арқылы жүргізіледі. Тұзды көлдердегі ас тұзы табиғи тұнбадан не арнаулы бассейндерде тұзды суды суалту арқылы алынады. ## Сілтемелер * Ас тұзы * Астрахан ауданы * Астық бітесі ## Сыртқы сілтемелер * Өлке туралы, оның қазба байлығы хақында(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Ас қызылшасы, көкөніс қызылша. Еліміздің барлық жерінде өсіріледі. Ұзақсақталатын өнімді және дәмді сорт тары — Бордо 137, Несравненная А—463, ал Грибовская плоская А—473, ал Египетская плоская және Пушкинская плоская К—12сорттарының ерекшелігі ерте пісетіндігі.Бірақ бұл сорттар ұзақ мерзімге сақтауға келмейді және сапасы да төмен. ПодзимняяА—473 сорты солтүстік аудандарда қысқа қарай және ерте көктемде егуге бейімделген.Тағамға жас қызылшаның — жапырағын, жемісін және тамыр жемісін, ал піскен кезде— тек қана тамыр жемісін пайдаланады. Қызылшаның құрамында қант, белок, органикалық қышқылдар, клетчатка, 37—41 мг процент Р витамині, С витамині (жапыр ақтарында 60 мг процент) және минералдық тұздар бар. Қызылшаның жапырағы борщ, свекольник дайынд аранда, ал тамыр жемісі — борщ, винегрет, гарнир, басытқы, икра, салат, соус жасауға, көкөністі шала тұздауға және келтіруге пайдаланылып жүр. Жинап алғанбойда пісірген қызылшаның емдік қасиеті бар.Ол жасы ұлғайған, гипертониямен және бауыры ауыратын және іші қатқан адамдарға пайдалы.Қызылша өте көп қайнатуды қажет етеді. (2—3 сағат), оны тез пісіру үшін 1 сағатқайнатыл оттан алып, суын төгеді де, 10 минут үстіне суық су ағызып қояды. Алсалат немесе винегрет жасау үшін, оны щеткамен тазартып, суық сумен жуып, қабығымел қайнатады немесе тез пісіреді. Қайнақай кезде қызыл түсін жоймас үшін суғақұмшекер салуға болады (2 л суға 0,5 шай қасық). ## Шикі қызылшата алма мен ақжелкен қосып жасаған салат Қызылшаны жуып, тазалан, салқын сумен шайып, көзі ірі үккішпен үгу керек. Жуылған алманы жіңішкелеп кеседі. Ақжелкеннің де тамырын әуелі жуып алып, үккіштен өткізеді. Петрушка мен кинза көгін майдалан турап, барлығын қаймаққұйын араластырып, тұз, құмшекер және лимон шырынын қосу керек, (шырынның орнына суда еріткен лимон қышқылын қосуға да болады). Дастарқанға қоярда петрушка және кинзамен әс емдеуге болады.100 г қызылшаға: * 100 г алма (қышқыл сортын) * 1 шай қасық үгітілген ақ желкен * 2 ас қасық қаймақ * 1 ас қасық майда туралған кинза мен петрушка * қос ады * ал тұз * құмшекер * лимон шырынын дәмі енгенше салады. ## Пісірілген немесе қуырылған қызылшадай әзірленген салат Қызылшашы суға қайнатып немесе духовкада пісіріп, қабығын аршын, таспалан турап,тұздай, бұрыштал, өсімдік майып, сірке суын немесе лимон шырынын қосып, барлығын араластыру қажет. Бетін аскөкпен немесе петрушкамен әдемілеуге болады. Салат ет тағамдарымен бірге беріледі. ## Қызылшадан жасалған икра Қызылшаны қайнатыпалын, қабығын аршын, ет тартқыштан өткізіп, құмшекер, май, лимон шырынын қосып араластырыпкастрюльге салады да, отқа қояды (5—10 минутқа).Тек үнемі араластырып отыру қажет.500 г шикі қызылшаға: * 2—3 ас қасық құмшекер * 2 ас қасық сары май * 0,5 лимон шырыны керек * тұзды татымына қарай салады. ## Қызылша, пияз және сарымсақтан жасалған икра Піскен қызылшашы аршын, ет тартқыштан өткізеді. Пиязды қуырыл, қызылшамен араластырып, тағы да ет тартқыштан өткізеді. Томатты аздап қуырып, оған лимон шырынын, тұзға үлкен сарымсақ, құмшекер қосу қажет. Барлығын ар аластырып,кастрюльге салып отқа қояды (5—10 минутқа).Үнемі араластырғыш отыру керек.500 г шикі қызылшаға: 2 пияз, 2—3 ас қасық өсімдік майы, 2 ас қасық томат, 2—3 түйір сарымсақ, 0,5 лимон шырын ы керек, құмшекер мен тұзды дәмділігіне байланысты салады. ## Қаймаққа бұқтырылған қызылша Қызылшаны жуып, пісіріп, тазартыл, төрт бұрыштан немесе кеспелеп турайды да кастрюльге салады. Майдалан туралып, шамалы қуырылған пияз, қаймақ немесе қаймақсоусын қосып, бетін жауып 20—25 минут бұқтыру (жиі-жиі араластырып отырып) қажет. Сонан кейін тұзбен құмшекер салады. 500 г шикі қызылшаға: * 1,5 ас қасық сары май * 1 пияз * 3 / 4 стакан қаймақ керек * тұзды татымына қарай салады. ## Фаршталған қызылша Қызыл шапы жуып алып, қуырады, қабығын аршын, кесе іспеттес етіп ортасын ою қажет. Оны күріш пен ет фаршына толтырып, сарs май жағылған қаңылтыр табаға салып бу пешіне 20 минут қояды. Содан кейін қызылшаға қаймақ құйып, бу пешіне тағы да бірнеше минутқа қояды.Фаршты дайындау : * етті ет артқыштан өткіз еді немесе майдалан турап * піскен күріш * шамалан қуырған пияз * тұз * бұрыш қосу керек. Ірілігі орташа 8 қызылшаға: * 200—250 г ет (біріңғай) * 1/4 стакан күріш * 1 пияз * 2 ас қасық сары май * 200—250 г қаймақ керек * тұз және бұрыш ас дәм енгенше салынуға тиіс. ## Қызылша және грек жаңғағынан дайындалған салат Қызылшашы пісіріп немесе бу пешіне қуырып алып, қабығsнан тазартып, көзі ірі үккіштен өткізеді немесе майдалан турап, сарымсаққа тұз қосып ұсақтан, жаңғақты майдалау қажет. Барлығын, майонезбен араластырып, тұз, құмшекер қосу керек. Сарымсақтың орнына ақжелкен қосуға болады. 200 г қызылшаға: 2 түйір сарымсақ немесе 1 ас қасық дайын ақжелкен, 2 ас қасық майдалану жаңғақ, 2 ас қасық майонез, тұз, құмшекер —керегінше. ## Дереккөздер
Астық бітесі (лат. Schizaphis graminum) – теңқанаттылар отрядының бітелер тұқымдасына жататын жәндік. Қазақстанның орманды-дала және далалы аймақтарында таралған. Түсі көк немесе сарғыш сұр болады. Астық бітесі партеногенетикалық жолмен көбейеді. Жылына 15 рет ұрпақ береді. Астық бітесі астық тұқымдастарға жататын өсімдіктерді (арпа, бидай, қарабидай, сұлы, күріш, жүгері) зақымдайды. Ол түскен өсімдіктің жапырағы, сабағы ағарып қурап кетеді, масақтанбайды. Астық бітесі көбейіп кеткен кезде, агротех. шаралармен қатар, химиялық препараттар қолданылады. ## Сілтемелер * Астық кенесі * Астық қандаласы * Астық қоңызы ## Сыртқы сілтемелер * Астық Мұрағатталған 13 мамырдың 2011 жылы. ## Дереккөздер
Аршаты – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының батысындағы тау, Шошқакөл көлінен шығысқа қарай 4 – 5 км жерде. Ең биік жері 540 м. ## Жер бедері, геологиясы Беткейі жайпақ, аз тілімденген. Протерозой және девон жыныстарынан түзілген. ## Топырағы, өсімдігі Топырағы сортаң, қызыл қоңыр. Әр түрлі жусан, бетеге өседі. ## Дереккөздер
Астық қандаласы (лат. Trigonotylus ruficornis) – дәнді дақылдарды зақымдайтын зиянды жәндік. Қазақстанда екі түрі бар. Бақашық қандала Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарына; Үшкір басты қандала Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысытарына көп тараған. Бұлар аңызда, астық тұқымдас көп жылдық өсімдіктерді паналап қыстап шығады да, егіс көгін ойсырата жейді. Күрес шаралары: егінді қысқа мерзімде жинау; егіс жағалауындағы арамшөптерді құрту; егістікті сыдыра жырту; не қайырмалы соқамен сүдігер жырту. ДДТ дусы, 2,5%-ды метафос дусы, 65%-ды хлорофос қолданылады. ## Сілтемелер * Астық кенесі * Астық бітесі * Астық қоңызы ## Сыртқы сілтемелер * Агроөнеркәсіптік кешенін техникалық жарақтандыру Мұрағатталған 9 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер
Астық тескіш (лат. Stegobium paniceum) – қатты қанаттылар сабына жататын тескіш қоңыздар тұқымдасының өкілі. Қазақстанның барлық аймағында кең тараған. Денесінің ұзындығы 2 – 3 мм, түсі қызғылт келеді. Астық тескіштің дернәсілдері қойма зиянкестері болып табылады. Ол қоймадағы кептірілген көкөністерді, дәрілік өсімдіктерді, ұн өнімдерін, сондай-ақ кітап, қағаздарды да зақымдайды. Зақымданған ұн өнімдерінің сапасы төмендеп, қарайып кетеді. Астық тескіш маусым – шілде айларында жаппай ұша бастайды. Ұрғашылары тағам өнімдеріне 140-қа дейін жұмыртқа салады. Дернәсілдері ұн өнімдерін, астық тұқымдарын жеп, сол жерде қуыршаққа айналады. Астық тескіш жылына 4 рет көбейеді. Ол астық қамбаларында тазалық тәртібін дұрыс сақтау, уақытында химиялық және физикалық өңдеу әдістерін қолдану арқылы жойылады. ## Сілтемелер * Астық қоңызы * Астық қандаласы * Астық кенесі ## Сыртқы сілтемелер * Астық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар ## Дереккөздер
Астрахан ауданы — Ақмола облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. 1936 жылы құрылған. Аудан орталығы – Астраханка ауылы. ## Географиялық орны Солтүстігінде Бұланды, шығысында Ақкөл, Шортанды, Целиноград, батысында Атбасар, оңтүстігінде Егіндікөл, Қорғалжын аудандарымен шектеседі. Аудан Сарыарқаның солтүстік-батысында орналасқан. Жер бедері теңіз деңгейінен 100 – 300 метрден аспайтын ұсақ төбелі-белесті жазық келеді. Кен байлықтарынан алтын, табиғи құрылыс материалдары кездеседі. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты тым континенттік, қысы ұзақ суық, жазы қоңыржай ыстық. Орташа температурасы қаңтарда – 18°С, шілдеде 20°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 300 – 350 мм, көбіне жазда жауады. Аудан жерін Есіл, Қалқұтан, т.б. өзендер суландырады. Тұщы және ащы көлдері: Ұзынкөл, Баршын, Жалтыркөл, Ортакөл, Берсен, Үштаған, Шұңқыркөл, Нарынбай, т.б. Жер асты сулары 2 – 8 м тереңдікте кездеседі. Есіл өзенінің оң жағалауы карбонатты, кей жері сортаңды қара топырақ, сол жағалауы карбонатты қара қоңыр топырақ болып келеді. Тың игеру жылдары аудан жерінің көбі жыртылды. Аудан жері селеу, қылқан селеу, бетеге, жусан, кермек, өлең, т.б. түрлі шөп өскен дала белдеміне жатады. Өзен жайылмаларында бидайық, арпабас, жауқияқ, айрауық, қамыс, түрлі шөп аралас шалғын өседі. Жануарлардан қарсақ, дала суыры, ор қоян, ақ қоян, үлкен сарышұнақ, дала шақылдағы мен тышқаны, аламан тышқаны, эверсманн атжалманы, сасық күзен, дала және кәдімгі тоқалтіс, жабайы шошқа, ондатр; су құстарынан қаз, үйрек, т.б. мекендейді. Суларында мөңке, оңғақ, алабұға, торта, шортан, аққайран кездеседі. ## Шаруашылығы Ауыл шаруашылығымен 1 аудан арнаулы шаруашылық бірлестігі, 12 кеңшар, 6 ұжымдық ауыл шаруашылығымен мекемесі, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік шұғылданады. Ауыл шаруашылығымен жері 671 мың га, оның 417,9 мыңы (62,3%-і) дәнді дақылдық, 36,0 мыңы шабындық, 217,1 мыңы жайылымдық жер. Орман 2,5 мың га. Ауыл шаруашылығыменның басты саласы — астық, жем-шөп, картоп егу. Негізінен сиыр, қой, жылқы, шошқа өсіріледі. ## Инфрақұрылымы Ауданда 36 мектепке дейінгі балалар мекемесі, 36 жалпы білім беретін және музыка мектебі, ауылдық кәсіптік-техникалық училище, 7 мәдениет үйі, 23 клуб, 46 кітапхана, 48 емдеу-сауықтыру мекемесі бар. Аудан жері арқылы Астана – Атбасар – Қарталы темір жолы, Астана – Атбасар, Астраханка – Макинск автомобиль жолдары өтеді. ## Халқы Тұрғындар саны: 23 615 адам (2019). * Ұлттық құрамы: қазақтар (39,77%), орыстар (33,47%), украиндар (6,36%), немістер (6,72%), беларустар (2,33%), татарлар (1,83%), шешендер (0,34%), башқұрттар (0,25%), ингуштар (1,09%), поляктар (5,64%), удмурттар (0,18%), басқалары (2,03%). ## Әкімшілік бөлінісі 34 елді мекен 11 ауылдық округ пен 1 ауылдық әкімдікке біріктірілген: ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтеме * Астрахан ауданы(қолжетпейтін сілтеме)
Астық шаруашылығы – дәнді дақылдар өндіру жүйесі, Қазақстандағы егіншілік кәсібінің негізгі саласы. Қазақстанда дәнді дақылдар егу ерте замандардан бері қалыптасқан (қ. Егіншілік). Бірақ егістік жерлердің ауқымы мен алынған өнімдердің мөлшері жайында нақты мәлімет жоқ. 20 ғ-дың бас кезінде (1913) Қазақстан аумағына астық шаруашылығы дақылдары 4,1 млн. га-ға себілді. Оның 94%-ы дәнді дақылдар, негізінен, бидай болды. Ол кезде Ақмола, Торғай облыстары жер өңдейтін ірі аумақ болып есептелетін. Оларда 1914 – 15 ж. егіс аумағы 2171,7 мың га-ға (53,4%-ы бидай) жетті. Дәнді дақылдар өсіру Қостанай, Ақтөбе, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан), Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да дамыды. 1913 ж. астық өнімділігі орта есеппен гектарына 5,6 ц-ден ал, бидай 5,2 ц-ден келді. Ол жылдардағы егіншілік табиғи шығымдылыққа негізделді. Қазақстанда 2-дүниежүз. соғыстың аяғында (1945 ж.) егістік аумағы мен өнім шығымдылығының осы деңгейі сақталды. Астық шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде дәнді дақылдарды өндіру соғыстан кейін (1953 жылға дейін) біршама артты. Жалпы егістік аумағы 7,1 млн. га-ға (оның ішінде бидай 4,5 млн. га) жетті. Барлық дәнді дақылдар түсімі 5,425 мың т болды. 1953 ж. басталған тың және тыңайған жерлерді игеру барлық астық шаруашылығы дақылдарын, ең алдымен дәнді дақылдардың егістік көлемін күрт арттырды. 6 – 7 жыл (1954 – 1960) ішінде Қазақстанның егістік алқабы 25,5 млн. га-ға жетті, яғни 3,5 есе артты. Оның 17,0 млн. га-сы (66,6%-ы) солт. облыстардың (Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Солт. Қазақстан және Павлодар) үлесіне тиді. 1960 – 90 ж. егістік аумағы 23 – 25 млн. га мөлшерінде сақталды. Бұл кезеңдегі астықтың жылдық орташа түсімі 18,6 млн. т болды. 1991 – 93 ж. егістік алқабы 22,5 млн. га-ға, 1995 ж. 18,8 млн. га-ға, ал 2005 ж. 14,8 млн. га-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан Астық шаруашылығы Қазақстанның астық шаруашылығыөндірісінің негізі болып отыр. Астық шаруашылығы – мал ш-н жедел дамытуға да ықпал жасайтын жем-азық көзі. Қазақстанның Астық шаруашылығы Астық шаруашылығы дамыған облыстарының ауа райы тым континенттік, құрғақ болғандықтан протеині мен қуаты жоғары сапалы астық алуға қолайлы жағдай тудырады. ## Сілтемелер * Астық тұқымдасы * Астық ## Сыртқы сілтемелер * астық шаруашылығы ҒЗИ * «ҚазАгроИнновация» АҚ білім тарату орталықтары ## Пайдаланылған әдебиет
Асутөр – Күнгей Алатау жотасының орташа бөлігінде, Қыземшек тауының оңтүстік-батысындағы асу. ## Географиялық орны Алматы облысы Райымбек ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 3933 м. Асудан салт атты адам өте алады. ## Өсімдігі, жануарлары Баурайында шырша, арша, қарағай, т.б. бұталы өсімдіктер өседі. Жануарлар дүниесінен Сібір тауешкісі, тау арқары, т.б. мекендейді. ## Дереккөздер
Асусай – Жетісу облысы Көксу ауданындағы Лабасы тауы арқылы атты не жаяу жолаушы жүріп өтетін төте асу жолы. Жазда бұл жолмен Мұқыр тауының оңтүстігін жайлаған тұрғындар қатынайды. Олар Асусай арқылы Мәмбет және Жамбыл ауылдарының тұсынан шығады. ## Өсімдігі Жол жағалауында тобылғы, қарақат, итмұрын, жабайы алма, ырғай, ұшқат, ақтаспа тәрізді бұталар мен ағаштар тұтасып өсіп, қалың жынысқа айналған. ## Дереккөздер
Асқара – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Байқожа өзенінің оң жағалауында, Жаңадауыл ауылының солтүстік-шығыс жағында 18 км жерде орналасқан тау. ## Жер бедері Ең биік жері 851 км. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 40 км-ге созылып жатыр, ені 2-3 км. Шығыс беткейі тік, батысы жайпақ, жыртылған. ## Геологиялық құрылымы Элювийлі-делювийлі шөгінділермен жабылған тас көмір гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың қызыл қоңыр топырағында тобылғы, бетеге, қара сұлы тәрізді дала шөптері өседі, қараған қопалары кездеседі. ## Дереккөздер
Асыл тұқымдық мал шаруашылығы — өнімді және таза тұқымдық мал тұқымы өсірілетін ауыл шаруашылығының бір саласы. Асыл тұқымдық мал шаруашылығының негізгі буыны — асыл тұқымды мал зауыты болып табылады. Онда мал тұқымының ең таңдаулылары өсіріледі. Мал зауыттарының міндеттері: өсіріп отырған мал тұқымын одан әрі жетілдіру, жаңа зауыттық тип, аталық іздер мен аналық ұялар құру арқылы тұқымның генетикалық мүмкіншілігін арттыру; өсірілген жоғары сапалы мал тұқымымен зауыттардың өздерін, мемлекеттік асылдандыру стансаларын және асыл тұқымды шаруашылықтарды қамтамасыз ету. Мал зауыттарында асылдандыру жұмысы ғылымы негізде жүргізіледі, тек таза тұқым өсіру жұмысы іске асырылады. Келесі буын — асыл тұқымды мал шаруашылықтары. Олардың міндеттері: өсіріп отырған малдың өнімдік және тұқымдық қасиеттерін жақсарту; мал төлдерімен асыл тұқымды фермаларды және өндірістік шаруашылықтарды қамтамасыз ету. Республикада мұндай шаруашылықтарға Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауыты, Алматы облысындағы Ақсай сиыр зауыты (Алатау сиыры), Қастек қой зауыты (Қазақтың биязы жүнді қойы), Атырау облысындағы қой зауыты (қаракөл қойы) жатады. ## Сыртқы сілтемелер * Асыл тастар * Асыл металдар ## Сыртқы сілтемелер * ОРТАЛЫҚ ТУРАЛЫ Мұрағатталған 30 қазанның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Астахов әктас кен орны – Қарағанды облысы Осакаров ауданы жерінде орналасқан. 1943 жылы игерілген, 1954 жылдан бері Қарағанды цемент зауыты пайдаланады. Қоры 1961-1964 жылдары анықталған. ## Жатыс сипаты Ұзындығы 2,5 км, орташа ені 0,5 км, солтүстіктен батысқа қарай созылып жатқан Астаховка мульдасының оңтүстік-батыс қанаты болып табылады. Өнімді қабаттың қалыңдығы 350-400 м. Солтүстік пен шығыста өнімді қабаттың әктасы, цемент шахтасында саз қосындысы ретінде пайдаланылатын сазды тақтатаспен жабылған. ## Қолданысы Кен орнының әктасы құрылыста (силикат, бетон әзірлеу үшін), ауыл шаруашылығына (әк тыңайтқыштар), сондай-ақ металлургия (флюстер) мен химия өнеркәсібінде қолданылады. ## Дереккөздер
Асы жайлауы – Іле Алатауының шығыс сілеміндегі биік таулы жайлау. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жерінде орналасқан. Солтүстігінде Қараш тауы және Бақай тауларымен, оңтүстігінде Сарытаумен шектелген. Ұзындығы 15 – 17 км, ені 8 км. Теңіз деңгейінен 2380 – 2410 м биіктікте. Жайлаудың топырағы шұрайлы, шөбі шүйгін. Мөлдір сулы Асы өзені жайлаудың өн бойымен ағады. Асы жайлауы көшіп-қонуға ыңғайлы мал жайылымы болып табылады. ## Сыртқы сілтемелер * http://www.testent.ru/publ/kazak_tili_sabagi/tuan_lke_zhajlau/3-1-0-83 ## Дереккөздер
Атабай – Тарбағатай жотасының оңтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1173 м. ## Өсімдігі Таудың беткейінде балқарағай, шырша, баурайында шалғын шөп аралас жусан, ақ селеу, бетеге, т.б. өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Асыранды кептер, немесе кәдімгі көгершін – кептер тұқымдасына жататын қолға үйретілген құс. Мұның хат таситын, әуестік үшін өсірілетін, сәндікке-соғып билейтін, биікке самғайтын, декоративтік т.б. дегендей 150-ден аса түрі бар. Етті тұқымдарының салмағы 0,8 – 1 кг, жылына 8 – 12 балапан шығарады. Балапанның салмағы 45 – 60 күндігінде 0,5 – 0,6 кг-ға жетеді. Асыранды кептердің еркек-ұрғашысын бөліп, 20 – 30-дан топтастырып өсіреді. Қора еденінің әрбір м2-іне 3 жұп кептерден есептеп, аумағы 60×40 см екі жұп ұя жасалады. Кептерге дән (оның ішінде бидай, жүгері, тары, күріш), бұршақ, көк шөп беріледі. Еркек пен ұрғашысы жұптасқаннан кейін араға күн салып екі жұмыртқа қояды. Оны күндіз еркегі, түнде ұрғашысы басып шамамен 18 күнде балапан шығарады. Ашып шыққанына 4-5 күн өткен балапандардың көздері ашылады. Балапанын енесі жемсауындағы құс сүтімен асырайды. Жұмыртқадан шыққан балапандар 30 күннен соң жетілген кептерге айналады. Асыранды кептердің 45 – 60 күндік балапанын союға болады. ## Сілтемелер * Асыранды үйрек * Құстар ## Сыртқы сілтемелер * Спортивные голуби(қолжетпейтін сілтеме) * ПТИЦЕВОДСТВО Мұрағатталған 22 тамыздың 2011 жылы.
‎ Атамекен [араб, мәкан - орын, жай] – туған жер, өлке. Түркі қауымына ортақ «ата» сөзімен қосылып, әуелде «ата қоныс» ұғымында қолданылған. Кейін келе мәні кеңейіп, ата-бабалар ғұмыр кешкен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы» деген ұғымды білдіреді. Отан ұғымдарының баламасына айналған Атамекен еліміздің, мемлекеттілігіміздің негізі. Атамекен - атадан балаға мұра болып қалып отыратын, "кіндік қаны тамған" жер. Әуелде жалпы түркі қауымына ортақ "ата" сөзімен бірігіп "ата қоныс" үғымында түсінілген. Кейін келе мағынасы кеңейіп, "ата-бабалар мекен еткен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған ең асыл мұрасы" деген ұғымды меңзейтін термин түрінде орныққан. "Ата" - көне түркі дәуірлерінде әрі колбасы, әрі елбасы болған кісілер есіміне жанама қосылатын атау. "Ата" сөзі тіркескен қасиетті орындардың бәрі де сондай адамдардың аттарымен байланысты. Атамекен осындай жерді, мекенді киелі рухқа теңеуден шыққан. Атамекен бұрынғы замандарда ру, тайпа иелігіндегі белгілі бір аймақ, өңір болса, бертін келе туған жер, Отан ұғымдарының баламасына айналған. Ол - елдіктің, мемлекеттіліктің негізі. Атамекен - Адамның ата бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, ата бабасының қоныс тепкен , өсіп өніп келе жатқан жері. Сондықтан адам туған жерін дүниедегі ең кымбаттты, ең қасиетті, ең аяулысы - Анасына балайды. Туған жерге қатынас - адамның адамшылығының , ізгілігінің, парасатының көрінісі. Туған жер- белгілі бір адам үшін , жанан пида ғып күресіп келе жатқан құт мекені. ## Дереккөздер Қазақ әдебиеті 10 сыныбына арналған оқулық Алматы МЕКТЕП баспанасы
Атасу кенді ауданы – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы темір-марганец, барит-полиметалл кендері орналасқан алқап. ## Кен орындары 60-қа жуық ірілі-ұсақты кендері бар. Ірілері: Қаражал темір-марганец кен орны, Қтай, Жәйрем полиметалл кен орны, Үшқатын марганец кен орны, Жомарт марганец кен орны, Қамыс, Керегетас, Бестөбе барит-полиметалл кен орны, Қылыш, Аққұдық. ## Геологиялық құрылымы Олар девон және тас көмір кезеңдерінің жанартаутекті және терригенді-карбонатты жыныстарынан тұратын Жайылма синклинорийінің бойында орналасқан. ## Жатыс сипаты Жалпы ұзындығы 140 км, ені 10-30 км. Жеке кен орындары бойынша марганецті және темірлі кен қабаттарының саны 4-5-тен 10-13-ке дейін, қалыңдығы 0,3-0,5 м-ден ондаған м-ге дейін жетеді. Кен денелерінің қимасында минералдар концентраты орналасқан: ортасында негізінен пирит және халькопирит шоғырланса, шет жағы галенит-сфалерит-баритпен қоршалған. Темір-марганец және барит-полиметалл кентастарының бұлай орналасуы оларды кешенді игеруге мүмкіндік береді. Ең ірі темір-марганец кендері (Батыс Қаражал, Үлкен Қтай, Шығыс Қаражал, Үшқатын-3) ашық әдіспен игеріледі. Кентастарды байытудан алынған шикізат Қазақстанның қара және түсті металлургия кәсіпорындарында өңделеді. ## Дереккөздер
Атасу минералды суы – Қарағанды облысы Атасу темір жол станциясынан солтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан шипалы жер асты су көзі. Сулы қабат 80 м-ден төмен тереңдіктегі девон кезеңінің жарықшақтанған құмтастарынан түзілген. Ұңғымадан шығатын судың тәуліктік мөлш. 200 м3-ден астам. Судың минералдылығы 3,7 г/л, ол хлоридті-сульфатты натрийлі түрге жатады. Құрамында стронций, бром, фтор, т.б. элементтер болғандықтан, бұл минералды су асқазан, ішек, бауыр ауруларын емдеуге шипалы. Атасу минералды суы жергілікті тау-кен кәсіпорындарының емдеу-сауықтыру мекемелерінде пайдаланылады. ## Сыртқы сілтемелер * Атасу * Атасу кенді ауданы * Атбасар артезиан алабы ## Сыртқы сілтемелер * Минеральная вода Мұрағатталған 18 маусымның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Атансор темір кен орны – Ақмола облысы Біржан сал ауданында орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Ордовиктің эффузивті-шөгінді жыныстары мен диорит интрузиясының жапсарында жатыр. Темір кені порфирит арасындағы әктастарда пайда болған скарндармен байланысты. ## Жатыс сипаты «Восточная» деп аталатын үстіңгі кен қабатының ұзындығы 1650 м, тереңдігі 600 м-ге дейін жетеді, орташа қалыңдығы 29 м, «Западная» атты төменгі қабатының ұзындығы 610 м, тереңдігі 240 м-ге дейін жетеді, орташа қалыңдығы 9 м. Кен қорының 70%-ы магнетит, 30%-ы мартит және шала мартит. Кендегі темірдің орташа мөлшері 40%. Кен оңай байытылады. Мұнан тереңдігі 200 м карьер ашуға болады. ## Дереккөздер
Атамбай-Сарытөбе мұнай кен орны — Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан. Іздестіру жұмыстары 1989 жылы басталып, кен сол жылы ашылды. ## Геологиялық құрылымы Ортаңғы триас шөгінділерінен орын алған, шағылдырушы қабат бойынша, құрылым тектоникалық тілікке түйіскен екі жарты күмбезді қамтиды. Мұнай иірімі 4092 м тереңдікте жатыр. Коллекторы аралас, карбонатты, ашық кеуектілігі 17%, өткізгіштігі 0,244 мкм2. Өнімді қабаттың жалпы қалыңдығы 13,4 м, тиімді және мұнайға қаныққан қалыңдығы 6,7 м. Иірімнің ауданы 7,3 км2, биіктігі 75 м. ## Құрамы Мұнай жеңіл, тығыздығы 815 кг/м3. Қабат мұнайының газдылығы 129,8 м3/т, газдық факторы 118 м3/м3. ## Дереккөздер
Атбасар артезиан алабы – Ақмола облысының солтүстік-батысындағы (Теңіз ойысында) арынды жер асты суы бар аймақ. Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты зерттелген (1954 – 60). Артезиан алабы аумағы 4 мың км² болатын мульда тәрізді құрылымды алып жатыр. 50 – 150 м тереңдікте орналасқан сулы қабат девон, тас көмір кезеңінің құмтастары мен әктастарынан тұрады. Кей жерлерде су ұңғымадан фонтанша атқылайды. Әр ұңғыма тәулігіне 100 – 1300 м3 су бере алады. Су негізінен гидрокарбонат және хлорид құрамды, минералд. 1 г/л-ге, ал алаптың оңтүстігінде 3 г/л-ге дейін жетеді. Атбасар артезиан алабындағы жер асты суының жалпы қоры 10 – 12 млрд. м3 шамасында. ## Сілтемелер * Атбасар ауданы * Атбасар * Атасу минералды суы ## Дереккөздер
Атбасар жазығы – Ақмола облысының солтүстік-батысындағы эрозиялық-тектоникалық жазық. ## Географиялық орны Атбасар ауданында орналасқан жазық солтүстігінде Көкшетау қыратымен, оңтүстігінде Теңіз көлі жазығымен шектеседі. ## Жер бедері Ендік бағытта 320 км-ге, меридиандық бағытта 100 км-ге созылған. Жазықтың кейбір тұстары таяз келген көл қазаншұңқырларымен, төбелер және сай-жыралармен тілімденген. ## Климаты Климаты тым континенттік. Қаңтар айының орташа температурасы –18°С, шілдеде 19 – 21°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 – 300 мм. ## Су торабы Жазық арқылы Есіл өзені және оның салалары – Қайрақты, Жаман Қайрақты, Жыланды, Жабай, Аршалы, Боқсық, Қалқұтан, т.б. ұсақ өзендер ағады. Сонымен қатар бірнеше таяз келген тұзды көлдер (Қалмақкөл, Салқынкөл, Жаркөл, Баршын, Ұзынкөл, Балықтыкөл, т.б.) кездеседі. ## Өсімдігі Жазықтың басым бөлігінде бетеге, боз, айрауық өседі. ## Дереккөздер
Атбасар зоологиялық қорықшасы – шаруашылыққа пайдалануға болатын табиғи аумақ. Зоологиялық қорықша 10 жылға арналып 1976 жылы құрылған. ## Географиялық орны Ақмола облысы Атбасар ауданында Атбасар қаласынан оңтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан. Ауданы 75 мың га. Қорықшада оны мекендеген аңшылық-кәсіптік жануарларға, ұя салатын құстарға түлеу, қыстауы кезінде, балықтардың уылдырық шашуына қамқорлық жасалған. ## Флорасы мен фаунасы Негізгі жер бедері – жусан мен бетеге аралас бозды дала, қырат бөктерінің таулы-тасты бөлігі, сулы және сай-сала шалғындары. Онда өсімдіктерден: қау, итсигек, теріскен, сондай-ақ қалың қараған мен тобылғы, т.б. өседі. Қорықшаның жер бедері жануарлар үшін де қолайлы. Онда суыр, ор қоян, түлкі, қарсақ, қоныс аудару кезінде ақбөкен де тіршілік етеді. Құстардан қара және ақ қанатты бозторғайлар, дала құладыны, дуадақ, ақбас тырна, т.б. кездеседі. Дуадақ, ақбас тырна, жалбағай, тарғақ, т.б. сирек кездесетін құстар қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабын енгізілген. Қорықша аумағында аң аулауға тыйым салынған. ## Дереккөздер
Ат бұршақ , жембұршақ, атбас бұршақ (Vіcіa faba) — бұршақтар тұқымдасына жататын, сиыржоңышқа туысының бір түрі; қолдан өсірілетін бір жылдық өсімдік. Қазақстанның оңт. және солт. облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында Ат бұршақтың тез пісетін сорттары өсіріледі. Биіктігі 15 – 20 см, бұтағы селдір, сабағы жуан, төрт қырлы, тік өседі. Жапырағы күрделі, қалың, 1 – 3-тен қосақталған, сопақша, ұшы үшкір келеді. Маусым – шілде айларында гүлдейді. Гүлі ақ түсті. Жемісі – бұршақ. Бұршағы ірі, түсі сары не қоңыр болып келеді. Ат бұршақтың дәнін, сабағын және жапырағын малдың қай түлігі болса да сүйсіне жейді. Ат бұршақтың құрамында белок көп. Гүлдеген кезде ат бұршақты өсімдік бітесі қатты зақымдайды, сондықтан сақтық шарасы ретінде өсімдік ұшын қырқады немесе сабын эмульсиясына темекі қосып қайнатып, осы ерітіндіні өсімдікке бүркеді. Дәндерінің құрамында 35% ақуыз, 55% көмірсулар, 0,8—1,5% майлар. Ат бұршақ минералды тұздарға, дәрумендерге және ферменттерге бай. ## Дереккөздер
Астық кенесі , дән кенесі – түйе кенелер тұқымдасына жататын дәнді дақылдарды зақымдайтын зиянды кене. Қазақстанның солтүстік облыстарында кездеседі. Ұрғашы кене сарғылт немесе қызғылт сары түсті, ұзындығы 0,2 – 0,25 мм болады. Еркегінің ауыз мүшелері жетілмеген, кішірек келеді. Ұрықтанған ұрғашы кенелер аңызда, өсімдік қалдықтарының арасында қыстайды да, көктемде егіс алабына көшеді. Ұрықтарының саны 500-ден 1000-ға дейін жетеді, олар ұрғашысының ішінде дамиды. Астық кенесі арпа, қарабидай, сұлы, жүгері және астық тұқымдас жабайы өсімдіктермен қоректенеді. Кенелердің зақымдауы салдарынан өсімдіктердің жапырағы мен өркені солып қалады, масағы жартылай немесе тұтас ағарып кетеді. Ауыспалы егіс тәртібін дұрыс сақтау, кене байқалған егінге таяу өскен астық тұқымдас өсімдіктерді шауып тастау немесе гербицидпен өңдеу арқылы Астық кенесінің залалын жоюға болады. ## Сілтемелер * Астық бітесі * Астық қандаласы ## Сыртқы сілтемелер * Кенелер. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗИЯНКЕСТЕРІ * Ауылшаруашылық және астық өңдейтiн машиналар кафедрасы ## Дереккөздер
Атбасар ауданы – Ақмола облысының батысындағы әкімшілік бөлініс. 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы – Атбасар қаласы. ## Тарихы Атбасар атауы он тоғызыншы ғасырдың 30-жылдарында пайда болды. Атбасарка мен Керегетас өзендерінің қосылысқан жерінен алғашқыда № 96 шекаралық пункт салынды, 10 жылдан кейін Ақмола мен Көкшетау арасын байланыстыратын №89 Атбасар бекінісі қайта құрылды. Керуен жолының ортасында болғандықтан жылдар өте маңызы өсіп, нығайды. 1843 жылы Батыс Сібірдің генерал – губернаторы Горчаков бекітілген пункттің орнына Атбасар станицасын салуға ұсыныс жасады, ал 1845 жылғы 6 маусымнан Атбасар жыл санаудың басы болып табылады, ал 1878 жылы станица атауы Атбасар қаласына өзгертіліп, содан Атбасар уезінің орталығы болып қалады. Революцияға дейін Атбасар уезінде өндірістік күштер нашар дамыған, бумен істейтін диірмен, сондай-ақ бірнеше тері илейтін және май қорытатын зауыттар жұмыс істеп тұрды. Жылына үш рет сауда-жәрмеңкесі өткізіліп, онда ірі және ұсақ қара малдар, жылқы, түрлі шикізаттар мен материалдар сатылды. 20-жылдардың басында Атбасар уезінде 9 өнеркәсіп кәсіпорыны, оның 7-і қалада және 2-і ауылдарда жұмыс істеп тұрды. 1928 жылы Автономды Қазақстан Республикасының аумағында жаңа аудандар құрыла бастады. ЖОАК 1928 жылы 17 қаңтардағы қаулысымен Атбасар уезі жойылып, 28 қыркүйекте Ақмола округінің құрамындағы Атбасар, Тасөткел және Атбасар уезінің Қарағанды болысының бөлігінен Атбасар ауданы құрылып, әкімшілік орталығы Атбасар қ. орналастырылады. 1932 жылы Қарағанды облысы құрылу кезінде аудан соның құрамына енеді, ал 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысының құрамына беріледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1939 жылғы 14 қазанда Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары аумақтарының бөлігі есебінен орталығы Ақмола облысына орналастырылған Ақмола облысы құрылады. Ақмола облысының құрылуымен Атбасар соған енгізілген. ## Жер бедері Аудан Ақмола облысының батыс бөлігінде орналасқан. Аудан көлемі оңтүстіктен солтүстікке қарай 180 км қашықтықта созылып, 10562,5 шаршы метр жерді алып жатыр. Солтүстігінде Сандықтау, оңтүстігінде - Қарағанды облысының Нұра, шығысында – Бұланды, Астрахан және Егіндікөл, батысында – Жақсы, Жарқайың аудандарымен шектеседі. Аудан аумағының геологиялық құрылысы күрделі және әртүрлі. Есіл өзенінің ойпаты төрттік жүйеден, қалған аумақ-төменгі, жоғарғы бөлімдер пермдік және таскөмірлі жүйе. Ауданның аумағына тән жер бедері – ұсақ таулы және ұсақ шоқылы, қатарында төбешікті–бөктерлі және қыратты-жазық кеңістік. ## Климаты Аудан климаты – тым континенттік, орташа жылдық ауа температурасы – 17°С. Ішкі жылдық ауа температурасының барысы қыс кезінде тұрақты қатты аяздарымен, қысқа көктем кезінде үдемелі жылумен және жазы ыстықпен сипатталады. Қаңтарда ауаның орта температурасы 18-19°С, жекелеген жылдары – 51°С дейін жетеді, жаз кезінде температура 19-дан 21°С-ге дейін ауытқиды, ең көбі + 43°С дейін. Сөйтіп ауаның ауытқу амплитудасы 40°С жақын құрайды, ауаның абсолюттік ауытқу амплитудасы 90°С асып түседі. Жылу кезеңінің ұзақтығы орташа 190-200 күнді құрайды. Желдің басым бағыты оңтүстік-батысқа және әсіресе қыс кезінде батыстан, жазда желдің солтүстіктен қайталануы арта түседі, желдің орташа жылдамдығы 4,5-5,5 м/с, жылдық жауын-шашын мөлшері 300-350 мм. құрайды, ылғалдың негізгі көлемі әдетінше жаңбыр және қар жуу мөлшерімен аз қарқынмен түседі. Қар әдетінде қараша айында жауады, орта биіктігі 25-35 см, қарлы жылдары 50-60 см жетеді. Кенеттен жеткіліксіз дымқылдану тек аз көлемде ғана емес, сонымен ауаның төменгі дымқылдануымен де байқалады. Дымқылданудың ең азы жаз айларында (40-45%), ең көбі қыс айларында (60-55%). Қысы суық және ұзаққа созылған орнықты қар жабындысы жатады. Жазы қысқа, бірақ ыстық. Қолайсыз климаттың ерекшелігі кеш түсетін-көктем және ерте түсетін күзгі қатқақ суық. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Ауданда топырақ негізінен қара-қоңыр және сортаң. Бетеге, селеу, ши аяқ, сұлыбас, австриялық жусан өседі. Сортаңды жерлерде – сирек бұталар, жусан, кермек, қына өседі. Шабындықта - бидайық, түлкі құйрық, жусан, алау, шөп, иманжапырақ, батпақты жерлерде – қамыс, құрақтар өседі. Аңдардары мен құстары: қасқыр, түлкі, қарсақ, ақ қоян, күзен, елік, бөкен, суыр, сарышұнақ, қасқалдақ (үйрек), жабайы шошқа, үйрек, қарға, құтан, бүркіт, бөктергі мекен етеді. ## Жер ресурстары Ауданның жер ресурсы 10634,9 шаршы км. немесе 1063456 га. Оның ішінде: егістік - 405514 га, көпжылдық өсімдіктер – 253 га, тыңайған жер 34937 га, жайылымдық - 537934 га, шабындық – 40028 га, басқалар(су астында, батпақты) – 44790 га. ## Су ресурстары Аудан аумағындағы су ресурстары жер асты және үстіңгі су қосындыларынан тұрады. Негізгі қуат көзі олар үшін атмосфералық ылғал жауын-шашын болып табылады. Атбасардың көлбеу жазығының оң жағында Есіл өзенінің ұсақ салалары бар: Жабай, Колутон, Жыланды, Қайрақты. Есіл өзенінің ұзындығы 196 км. Су жинайтын аумағы -8800 шаршы км, 14 саласы бар. Бастауы Көкшетау облысының Зеренді тауының оң баурайынан басталады. Сандықтау және Атбасар аудандарының аумағымен ағып өтеді. Ихтиофауна: табан, қара балық, алабұға, торта, шортан, аққайран және тағы басқалары. Аудан аумағында 30 астам таяз, жиі тұзды көлдер бар:(Жаркөл, Сарыкөл, Ұзынкөл, Барлыкөл), 12 тұщы сулы көлдер бар: Есіл, Терісаққан, Шортанбай, Жыланды, Жабай, Ащылы, Қайрақты, Колутон көлдері. ## Транспорты Аудан жері арқылы Қарталы – Арқалық – Астана темір жолы, Астана – Алматы автомобиль жолдары өтеді. ## Халқы Тұрғындар саны: 48 234 адам (2019). * Ұлттық құрамы: қазақтар (36,63%), орыстар (38,35%), украиндар (8,03%), немістер (5,77%), беларустар (1,84%), татарлар (2,13%), шешендер (1,84%), мордвалар (0,28%), башқұрттар (0,47%), ингуштар (1,13%), молдовандар (0,29%), әзербайжандар (1,00%), поляктар (0,34%), удмурттар (0,28%), армяндар (0,34%), марилер (0,08%), басқалары (1,14%). ## Әкімшілік бөлінісі 30 елді мекен 2 ауылдық, 1 қалалық әкімдік пен 11 ауылдық округке біріктірілген: ## Дереккөздер
## Географиялық орны Атжақсы – Ақтөбе облысындағы Жем өзенінің сол саласы. Ұзындығы 105 км, су жиналатын алабы 4680 км2 . ## Бастауы Мұғалжар тауының оңтүстік-батысындағы Намазтау (318 м) тауының етегінен бастау алып, Көкжиде құмының тұсында Жем өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Арнасы кең, ағысы баяу. Жемге құяр жердегі орташа су ағымы 2 м3 /с. Қараша – сәуір аралығында суы қатады. Жаз айларында кейде суы тартылып, Жем өзеніне жетпей қалады. ## Дереккөздер ## Географиялық орны Атжақсы – Ақтөбе облысындағы Жем өзенінің сол саласы. Ұзындығы 105 км, су жиналатын алабы 4680 км2 . ## Бастауы Мұғалжар тауының оңтүстік-батысындағы Намазтау (318 м) тауының етегінен бастау алып, Көкжиде құмының тұсында Жем өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Арнасы кең, ағысы баяу. Жемге құяр жердегі орташа су ағымы 2 м3 /с. Қараша – сәуір аралығында суы қатады. Жаз айларында кейде суы тартылып, Жем өзеніне жетпей қалады. ## Дереккөздер
Ат құлақ , атқұлақ (лат. Rumex confertus) – тарандар тұқымдасы, қымыздық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның солт., батыс, шығыс облыстарындағы өзен жағалауларында, орманды алқаптарында және шалғынды-жайылымды жерлерінде өседі. Биікт. 150 см-дей, сабағы тік, қырлы болады. Шоқтана біткен жапырағының сырт пішіні аттың құлағына ұқсас болғандықтан өсімдіктің аты соған байланысты қойылған. Шеті тілімденген, гүлшоғыры ұзынша келеді, кейде шоғырлана орналасады. Гүлшоғырына жиналған гүлі майда, ақшылдау. Мамыр – маусымда гүлдейді. Жемісі – үшқырлы жаңғақша. А. қ-ты мал жемейді. Оның тамырында 8 – 12% илік заттар бар. Одан сары немесе қара бояу алынады. Тамырынан алынған дәрілік заттар – іш және тері ауруларына ем. Халық медицинасында бауыр ауруын емдеуге де пайдаланады, тұқымынан қайнатып алынған дәрімен дененің күйген жерін емдейді. А. қ-тың құрамында 13% белок, 2%-ға жуық шикі май және ерітінді темір қоспасы бар. Сондықтан оның сабағы мен дәнінен ұн қоспасын алуға болады. ## Дереккөздер
Аткаштан тұқымдасы (Hіppocastanacеae) — көп жылдық ағашты өсімдіктер. Қазақстанда Күнгей, Іле Алатауында, Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Аткаштан тұқымдасының Аткаштан (Aesculus) туысы, оның бір ғана түрі — кәдімгі Аткаштан (A. hіppocastanum) бар. Биіктігі 30 м-дей, жуан діңі шеңбер не пирамида тәріздес, қабығы қоңырлау сұр келеді. Саусақ салалы жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Тостағанша, күлте жапырақтары, аталығы бес-бестен, ал аналығы біреу және ол 3 жеміс жапырағынан тұрады. Гүлі алғашқы кезде сары болады, кейін оған қызғылт дақ түседі. Сәуір — мамыр айларында гүлдеп, қыркүйек — қазанда жеміс береді. Жемісі — 3 тұқымды қауашақ. Аткаштан тұқымдасы — саябақтарда, көшелерде сән ағашы ретінде өсіріледі. Тұқымы мал азығына пайдаланылады. Оның қабығында илік заттар бар. Сүрегі жеңіл, ағаш бұйымдарын жасау үшін қолданылады. ## Сілтемелер * Атжалман * Атжақсы * Атеринотәрізділер ## Сыртқы сілтемелер * Семейство КОНСКОКАШТАНОВЫЕ (HIРРОСASTANАСЕАЕ) Мұрағатталған 13 мамырдың 2012 жылы. * Семейство Конскокаштановые — Hippocastanaceae Мұрағатталған 14 қазанның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Атпақияр (лат. Ecballium) – асқабақтар тұқымдасына жататын бір не көп жылдық өсімдік. Қазақстанда 1 ғана – кәдімгі А. (E. elaterіum) түрі бар. Ол Қаратау, Батыс Тянь-Шань тауларында кездеседі. Биікт. 0,5 – 1,5 м. Тамыры жуан, жақсы жетілген. Сабақ бұталары қысқа, ұзындығы 10 – 20 см болады. Жапырақтары қатпарлана біткен ұзын келеді. Гүлдері ақсары түсті, жемісі ұзын, қанық жасыл, сыртында қылтаны болады. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, қыркүйекте жеміс бере бастайды. Бір үйлі, дара жынысты, аталық гүлдері шашақталып, ал аналық гүлі жалғыз өседі. Жетілген жемістері кәдімгі ас қиярына ұқсас келеді, тек айырмашылығы мөлшері кішілеу, сыртын қалың түк басқан. Піскен жемісіне бір нәрсе тисе болды, түп жағынан жабысқақ кілегей бөлініп шығып, тұқымдары 12 м-дей жерге шашырап кетеді. Осыған байланысты оны «атпақияр» деп атайды. А-дың бұл биол. ерекшелігі оның тұқымының тез таралып өсуіне мүмкіншілік береді. А-ды Қазақстанның оңт. аудандарында қолдан да өсіреді. Оның жемісі мен шөбін мал сүйсініп жейді. ## Дереккөздер
Атыраулық шөгінділер – нің теңізге, көлге құятын жерінде жиылған теңіздік, қолтықтық және құрлықтық шөгінді жыныстар. А. ш. беттік, беткейлік және негіздік болып бөлінеді. Беттік шөгінділер су жиегінде қалыптасады. Оның құрамында құмды саздар, малтатастар, шымтезек пен көмір қабаттары, ірі кесекті жыныстар мен алеврит кездеседі. Беткейлік шөгінділер жануарлар мен өсімдіктер қалдықтарымен, ірілі-ұсақты кесектермен араласып, көлбеу қабатты беткей болып түзіледі. Негіздік шөгінділер пирит, сидерит, т.б. минералдардың, флора қалдықтарының өте ұсақ түйірлі тұнбасы түрінде атырау суының түбіне көлденең қабат болып түзіледі. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Ауан (Аван) – Кіші Арал теңізінің оңтүстігінде, Көкарал түбегінің солтүстігіндегі жер атауы. Қызылорда облысы Арал ауданы жерінде. Жер аумағы 0,3 мың км². 20 ғ-дың басында А-да осы өңірге жер аударылған орыс, қалмақ, неміс, корей, т.б. ұлт өкілдері тұрған. Ертеректе мұндағы тұрғындар теңіз жағасынан естілетін әуенді (дыбысты) «обен» деп атаған. Қазақтар оны Ауан деп атап кеткен. Жер бедері жазық, құмдақты. Арал теңізінің тартылуына байланысты А. құрлыққа айналған. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Аумақтық сулар – белгілі бір мемлекет иелігіне енетін, сол мемлекет аумағының бір бөлігі болып табылатын теңіз айдыны. А. с. жағалаудан 3 – 12 мильдік (бір теңіздік мильдің ұзындығы 1850 м) қашықтықтағы су айдынын қамтиды. А. с-ды пайдалану тәртібі сол мемлекеттің заңдары мен БҰҰ-ның 1982 ж. қабылдаған теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы негізінде реттеледі. А. с. мемлекет жерінің жалғасы болып саналады. Дүние жүзінің барлық мемлекеттерінің теңіз кемелеріне А. с. жөніндегі халықар. келісімдерді және теңіз (көл), мұхит жағалауында орналасқан мемлекеттердің А. с. жөніндегі бекіткен заңдарын сақтай отырып, А. с. айдынын жүзіп өту құқығы берілген. Ал соғыс кемелері А. с-дан жүзіп өтуі үшін сол мемлекеттің рұқсатын алуға немесе оларды хабардар етуге міндетті. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Аурукеткен – Мұзбел жонының оңтүстігінде Құланөтпес өзенінің аңғарындағы шоқы. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Нұра ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 457 м. Шоқының маңайынан су құбырлары жүргізілген. Көлді-аллювийлі жазықтағы қоңыр топырағында жусан басым астық тұқымдас шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Ауызорпа – Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Қаракешу тұзды көлінің солт.-батысында 3 км ойпаңдағы бірнеше құдық. Ойпаң табанында бірнеше орпа құдықтардың орны сақталған. А. құдығы қазір қолданыста. Бозащыдан Үстіртке баратын ежелгі керуен жолдарының бірі осы жерден өтеді. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Атжайлау – Жетіжол жотасының солтүстік-батысындағы Кіндіктас сілемінде орналасқан таулы массив. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Қордай ауданы жерінде орналасқан. Солтүстік бөлігі Алматы облысының Жамбыл ауданында. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 2405 м. Тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа және шығысқа қарай 35 км-ге созылып жатыр, ендірек жері 15-17 км. Жер бедері орта таулық, оңтүстік, оңтүстік-батыс беткейлері тіктеу жартасты келген. Таудың бұл тұсынан Ырғайты және Батыс Ырғайты өзендері бастау алады. Солтүстік беткейлері көлбеуленіп Қопа жазығына (аңғарына) ұласып жетеді. Таудың шығыс баурайынан Шығыс Ырғайты өзені басталады. ## Геологиялық құрылымы Негізінен тас көмір кезеңінің кристалдық тақтатасынан, гнейстен және гранитоидтардан түзілген. ## Өсімдігі Атжайлау тауының оңтүстік беткейлерінде бидайық, тарғақ шөп, бозшағыл, етегінде жусан, көкпек, баялыш, теріскен, күйреуік өскен. Жоғарғы белдемінде бұта шоқтары аралас орман кездеседі. Атжайлаудың баурайы мал жайылымына пайдаланылады. Батыс бөлігінде Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр елді мекендері орналасқан. ## Дереккөздер
Ауыл шаруашылығы географиясы – а. ш. өндірісі орналасуының табиғи және әлеум.-экон. факторларын, оның жеке елдер мен аудандарда даму жағдайлары мен ерекшеліктерін анықтау мен талдауды қоса а. ш. өндірісінің аумақтық саралануының заңдылығы мен ерекшеліктерін зерттейтін географияның бөлімі; а. ш. өндірісін аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің басқа салаларымен өзара байланысын қарастырады. Ауыл шаруашылығы географиясы. ауыл шаруашылығы өндірісінің орналасуы мен аумақтық ұйымдастырылуының жалпы теориясын, ауыл шаруашылығының жеке салаларының (егіншілік, мал шаруашылығы, т.б.) географиясын, әр түрлі аумақтарды аудандауды және типке бөлуді қамтиды. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Ашудасты – Жетісу облысы Көксу ауданы Көкшиелі тауының оңтүстік-шығысындағы тау. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 1160 м. Тау оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, енді жері 7 км. Батысы мен оңтүстік-батысында бірнеше ұсақ шоқылар бар. Беткейі негізінен жайпақ келген. ## Өсімдігі Таудың сұр топырағында жусан, қылқұрт, боз, селеу, баурайындағы бұлақтардың бойында астық тұқымдас шөптесіндермен бірге бұталар өседі. ## Дереккөздер
Ащыағар – Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы өзен. Ұзындығы 45 км-ге жуық. ## Бастауы Маңғыстау тауларының оңтүстік бөктерінен бастау алып, Қарақия ойысының солтүстік-батысынан шығысқа бойлай ағады. Жазда қарасуларға бөлініп қалады. ## Гидрологиясы Өзен ұзындығы 45 км, су алабы ауданы 15 мың км2 құрайды. Өзен бастауын Қаратау жотасының оңтүстік бөктерінен бастап, Қарақия ойпатының батыс жағында орналасқан Батыр сорында тартылып қалады. Өзен арнасының ені - 10-50 м, жағалауының биіктігі – 1-4 м-ге тең. Суы тұщы болып табылады. Өзен негізінен қар суымен толығады. Су шығыны шамамен 5 м³/с тең. Сәуір айында су деңгейі орташа деңгейден 4-5 м асып, ауданда су тасқыны қауіпі кездеседі. Желтоқсан айының ортасында өзен қатып (қыстың соңында мұз қалыңдығы 0,5 м жетеді), наурыз айының басында өзен қайта ашылады. ## Дереккөздер
Ашудастар – күкірт қышқылы қос тұздарының кристалгидраттары. Құрамы металдар валенттілігіне және су молекулаларының санына тәуелді. Хим. формуласы: Ме+Ме3+(SО4)2·12Н2О.Ашудастар құрамына бір валентті калий, рубидий, цезий, аммоний тобы, үш валентті алюминий, хром және темір кіреді. Ең жиі кездесетіні калий-алюминий ашудасы – КАl(SО4)2·12Н2О. Ол октаэдр не куб пішінді кристалдар түзеді. Дәмі қышқыл келеді, 92,5°С-та балқиды. Ашудастар сусыздандырылған сазға қанық күкірт қышқылын және калий сульфатын қосу арқылы алынады. Ашудастар төменгі температурада нашар ериді. Бірақ жоғ. темп-рада ерігіштігі күрт артады. Мыс., температурасы 0° суда 2,95 г, ал температурасы 100° суда 154 г калий-алюминий ашудасы ериді. Ашудастар адамға ертеден белгілі. Олар медицинада қабыну ауруларына қарсы, қан тоқтататын, құрғататын дәрі есебінде, өндірісте тері илеуде қолданылады. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Ащыайрық – Ертіс алабындағы өзен, Ащысу өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы Арқат тауларының оңтүстігінен ағады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 50 км. Жағасы жоғарғы ағысында жарқабақты, сәл ирелең, аңғары кең. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Суы жазда тартылып қалады. Өзен аңғарында суы тұщы құдықтар бар. ## Дереккөздер
Атымтайшағыл – Ақсу өзенінің орта ағысы бойындағы құмды алқап. ## Географиялық орны Жетісу облысы Ақсу ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 473 м. Батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 30 км-ге, оңтүстіктен солтүстікке қарай 18 км-ге созылып жатыр. Қырқалы төбешіктердің биіктігі 2 – 20 м. Жер асты сулары 1 – 3 м тереңдікте. ## Өсімдігі Құмында жусан, еркек шөп, теріскен, т.б. өсімдіктер бар. Өзен жайылмасында қамыс, құрақ, сораң өсімдік өседі. Көктемде, қыста мал жайылымдық. ## Дереккөздер
Ащыағар мұнай кені — Маңғыстау облысы Ақтау қаласының шығысында 40 км жерде орналасқан. Құрылым 1987–89 жылдары барланып, 1990 жылы ашылды. ## Геологиялық құрылымы Құрылымның өлшемдері 3,1×1 км, амплитудасы 40 м-ге жуық. Кен ауқымының қимасы стратиграфиялық жағынан триастың терригендік-карбонатты шөгінділерінен, юра мен бордың терригендік жыныстарынан құралған. Коллекторы аралас типті, карбонатты, ашық кеуектілігі 9%, өткізгіштігі 0,19 мкм2. ## Құрамы Мұнайы жеңіл, тығыздығы 830 кг/м3, парафині 19,5%, 3,5% шайырлар мен асфальтендер бар, газға қанық қабаты 196 м3/т. Мұнайда еріген газ құрамы жағынан ауыр этан мен пропаннан тұрады. ## Дереккөздер
Ахметбек әктас кен орны - Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы жерінде орналасқан. 1951-1953 және 1965-1966 жылдары барланған. Қарағандының «Жолқұрылысматериалдары» комбинаты мен темір-бетон құрылымдар зауыты әктасты осы жерден алады. ## Геологиялық құрылымы, сипаты Өнімді қабат жоғарғы девонның фамен ярусының мейстров және сульциферлік қыртысына қабысып, ұсақ түйіршікті әктастармен, мергельдің жұқа қабатымен кезектесіп отыратын қалың кесекті бөліктермен ұштасады. Өнімді қабаттың қалыңдығы 200 м, көлбеулік бұрышы 10-15°, ашылған бөлігінің қалыңдығы 3,4 м. Ұсақталуы жағынан ірі фракциясы 600 маркасына, ал ұсақ және орта фракциясы 800 маркасына жатады. Әктастық ұсақ тастары жолға төсеуге, асфальтты бетонға және 300 маркалы бетонға қосуға жарамды. ## Дереккөздер
‎ Ащыбұлақ бөгені — Жетісу облысы Ескелді ауданы жерінде, Ащыбұлақ өзені бойында 1977 жылы салынған. ## Гидрологиялық сипаты Суының көлемі 4,5 млн. м3, ұзындығы 3 км. Құрамында 3 гидротехникалық құрылыс бар. Аудан шаруашылықтарының егістігі суғарылады. ## Дереккөздер
Ащыкөл – Ұлытау облысы Ұлытау ауданының солтүстігіндегі тұйық, тұзды көл. ## Географиялық орны Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендері бастауларының аралығында, оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 16 км2. Ұзындығы 6,6 км, енді жері 4 км. Тереңдігі 0,8 м, су көлемі 12 млн. м3. Су жиналатын алабы 117 км2. Оңтүстігі мен шығыс жағалары жарлауытты, қалған жағалары жайпақ келген. Көктемде, жазда мал суаруға пайдаланылады, күзге қарай суы кермек татып кетеді. Жағалай қамыс өскен. ## Дереккөздер
Ащыкөл – Жамбыл облысы Талас, Сарысу аудандарының аумағында, Ақкөл ауылының солтүстік-батысында 12 км жерде орналасқан көл. ## Аумағы Ұзындығы 10 км, ені 8 км, жылдық жауын-шашын мөлшеріне байланысты аумағы 31-67 км2 аралығында өзгереді. Тереңдігі 5 м-ге жуық. ## Жер бедері, өсімдігі Көлдің солтүстік жағалауы тік жарқабақты (биікт. 6 – 8 м), шығысы жазық, құмдауытты, оңтүстігі сазды, жағалауында қамыс, қоға өседі. Көлге оңтүстік-батыстан Көктал, шығысынан Аса өзенінің бір тармағы құяды. Желтоқсанның аяғында суы қатып, наурыздың аяғында ериді. Көлде қаз, үйрек, т.б. су құстары мекендейді. ## Дереккөздер
Ащыкөл – Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы тоған. Аса өзені алабында орналасқан. Өзімен аттас өзеннің суымен толығады. Тоғанның су сыйымдылығы. 4,7 млн. м3. Тоғанмен аудан аумағындағы шаруашылықтардың егістігі, шабындығы және жайылымы суғарылады және суландырылады. ## Дереккөздер
Ащықарасу – Сарысу алабындағы өзен, Атасу өзенінің сол саласы. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет және Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандары жерімен ағады. Ұзындығы 40 км. ## Бастауы Тасқаралы және Қушоқы тауының беткейінен ағып шығатын бұлақтардың қосылуынан құралады. Айшырақ ауылы тұсында Атасу өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Өзен жағасы жарқабақты. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде арнасы толып тасиды. Жылдың қалған айларында қарасуларға бөлініп, тартылып қалады. Суы мал суаруға пайдаланылады, өзен алабында мал қыстатылады. ## Дереккөздер
Ашамайлы – Қырғыз Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан асу. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы жерінде. Құлан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 21 км жерде. Абсолюттiк биіктігі 1968 м. ## Өсімдігі Таудың қоңыр және қара топырағында әр түрлі шалғынды шөптесіндер мен бұталар өседі. ## Дереккөздер
Ащыкөл ойысы – Қызылорда және Түркістан облыстары аумағында, Сарысу, Шу өзендерінің төменгі ағысында жатқан ойыс. ## Жер бедері Ойыс Бетпақдаланың жазықты оңтүстік-батыс бөлігінде ендік бағытта 80 км-ге созылып жатыр. Енді жері 25 км-дей. Өзендердің құмтасты-сазды және құмды аллювийлі шөгінділерінен түзілген. Ойыстың орта тұсында Ақжайқын және Ащыкөл көлдері орналасқан. ## Климаты Климаты континенттік. Қаңтардың орташа температурасы –11°С, шілдеде 27°С, жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150 мм. ## Өсімдігі Сор, сортаң және шалғынды сортаң топырағында қамыс, айрауық, ажырық, боз жусан, теріскен және баялыш өседі. ## Дереккөздер
Ащықарын – Тоқырау алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 30 км. ## Бастауы Сарыоба тауынан солтүстік-батысқа қарай 10 км жердегі сордан басталып, Қотыр тауы маңында Тоқырау өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Орта ағысында ұзындығы 3 км, ені 1 км-дей Ащықарын көлі бар. Өзен суы сәуірде тасып, жазғы ыстық айларда қарасуларға бөлініп қалады. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Суы кермек, мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер