text
stringlengths
3
252k
Ақтөбе фосфорит кенді ауданы - Ақтөбе облысында орналасқан, құрамына Богданов, Қандыағаш, Көктөбе, Шилісай сияқты ірі кен орындары енеді. ## Сипаты, геологиялық құрылымы Аумағы 600 км2-ден асады. Қалыңдығы 1 м-ден аспайтын 2 кен қабаттары глауконит құмдармен (қалыңдығы 3,2 м-ге дейін) бөлінген, ал үстінің қалыңдығы 2 – 2,5 м шөгінді жыныстармен көмкерілген. Фосфор кендері мен олар орналасқан жыныстар юра және бор кезеңдерінде пайда болған. Кентас құрамындағы фосфор ангидридінің (Р2О5) мөлшері 18%. Ақтөбе фосфорит кенді ауданының жалпы болжанған қоры 1 млрд т-дан астам (2000). Ондағы фосфор кентастары карьерлерден ашық әдіспен өндіріледі. Фосфорит кентасы мен глауконит құмдарын қоса өңдеуден кешенді калийлі-фосфорлы тыңайтқыш алынады. Ақтөбе фосфорит кендерінің негізінде Ақтөбе химия комбинаты жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Ақтөбе мұнай кен орны — Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігінде. Барлау жұмыстары 1961–1962 жылдары жүргізіліп, кен 1965 жылы ашылды. ## Географиялық орны Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 125 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Шөгіндінің юралық бөлігінде мұнайлы қабаттардың бесеуі, ортаңғы юра қабатында екеуі жатыр. Қабат беттерінің орналасу тереңдігі 2215-2348 м аралығында. ## Құрамы Мұнай құрамында күкірт 0,4 – 0,5%, парафин 1,48 – 2,48%, асфальтендер 1,33, шайыры 2,1%-ды құрайды. Кен 1979 жылы пайдалануға берілді. ## Дереккөздер
Ақ тұңғиық (лат. Nymphaea alba) – Тұңғиықтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін су өсімдігі. ## Таралуы, өсетін жері Қазақстанда сирек өседі. Негізінен батыс аймақтарында (Батыс Қазақстан облысы) таралған. Су астындағы жүрек тәрізді, сопақша, тамыр сабағы топыраққа төселіп, кейде дөңгелек жапырақтары су бетіне жайылып өседі. ## Ботаникалық сипаты * Жұмыртқа тәрізді гүлі сопақтау, күлтелері көп желекті, ақ түсті болады. * Тұқымынан және өсімді (вегетативті) жолмен көбейеді. * Маусым-тамызда гүлдейді, қыркүйекте жеміс береді. Тамыр сабағы су астындағы топыраққа төселіп, дөңгелек, жүрек тәрізді жапырақтары су бетіне жайылып өседі. Гүлі кешке жабылып, күн шыққанда ашылады. Тұқымы ауа толған жеміс қабында тұрады. Онда көзге көрінбейтін саңылаулар бар. Сол арқылы ауа сыртқа тарап желдің әсерінен су түбіне түседі. Ал келесі жылда жаңа өсімдік өсіп шығады. ## Шаруашылықтағы қолданысы Ақ тұңғиық - сәндік өсімдік. Ол бау-бақшаны, саябақтарды көгалдандыру үшін өсіріледі. Өте сирек кездесетін түр болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ## Дереккөздер
Ақтұз – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Тебез көлінің солтүстік-шығысында 15 км жердегі көл. Шетырғыз өзені аңғарында орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 5,0 км2. Ұзындығы 2,5 км, ені 2,0 км. Жағасы жайпақ келген. Көлге орасан зор тұз шөккен. ## Дереккөздер
Ақтасты – Мұғалжар тауының солтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Миялыкөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 546 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 8 км созылып жатыр, енді жер 3,5 км. Оңтүстік-батысынан Жем өзені бастау алады. Беткейі көлбеу келген. ## Өсімдігі Таудың қоңыр топырағында бұталы талдар мен жусан, боз, селеу өседі. ## Дереккөздер
‎ Ақ тұт (лат. Morus alba) – тұт тұқымдасы тұт туысына жататын ағаш. ## Таралуы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында кездеседі, кейде жабайыланып кетеді. ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 15 – 20 м, бұтақтары сұрғылт қоңыр, жас бұтақтары үлпілдек болады. * Бүршіктерінің пішіні жұмыртқа тәрізді (ұзындығы 6 мм-дей). * Жапырақтары 2-5 қалақшалы, қауырсынды тарамдалған, жиектері тісті тілімденген (ұзындығы 6-15 см, ені 4-10 см). * Тозаңқаптық сырғалары цилиндр тәрізді (ұзындығы 3 см), аналық сырғалары сопақша келген. * Гүлсерігінің сырты жалаңаш, шеттері тісті болып келеді. Аналық аузын ұсақ бүртіктер жапқан. Ақшыл жасыл, қызғылт, қара қошқыл түсті жемісшоғыры гүлтабанында жетіледі. * Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, маусымда жеміс береді. Жемісі – шырыны аз, жалған сүйекше. ## Шаруашылықтағы қолданысы Ақ тұтты негізінен жібек көбелегінің қорегі ретінде өсіреді. Жемісінің құрамында қант көп болғандықтан, тағамға, спирт алуға пайдаланылады. Ағаш тінінен (луб) жіп, арқан, картон, қағаз, жапырақтарынан сары және қара бояу алынады. Тұқымында 30%-ға дейін май болады. Жалпы ағаштың құрамы илік заттарға бай, сүрегі қатты, одан әр түрлі ағаш бұйымдары жасалынады. Әсемдік өсімдік, кейде оларды көшені көгалдандыру үшін отырғызады. Ақ тұт Маңғыстау облысында Солтүстік Үстірттен және Маңғышлақтан табылып, облыстың Қызыл кітабына енгізілген. ## Галереясы ## Дереккөздер
Ақ түлкі (лат. Vulpes lagopus) – иттер тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Ақ түлкілер Солтүстік Америка мен Еуразияның орманды тундрасында, тундрада және Солтүстік Мұзды мұхиттың аралдары мен Командор, Алеут, Прибылов аралдарында таралған. Дене тұрқы 45 – 75 см, құйрығы 25 – 52 см, салмағы 2 – 9 кг. Сыртқы пішіні қызыл түлкіге ұқсас, бірақ тұмсығы мен құлағы қысқа келеді. Терісінің түсіне қарай ақ және көгілдір болып бөлінеді. Ақ түлкі жылына 2 рет түлейді. Қыста жүні ұзын қалың, жұмсақ және біркелкі ақ, ал жазда ақсары бурыл болады. Көгілдір түлкі түлемейді. Ақпан – наурызда ұйығып, 52 күннен кейін 3 – 15, кейде 22 күшік табады. Күшігін баулып жетілдіргенше інінен ешқайда кетпейді. Күз – қыс айларында тамақ іздеп кезіп жүреді. Тамақ талғамайды. Олар көбіне тышқантәрізді кеміргіштер – леммингтер мен және тоқалтістермен, құстармен қоректенеді. Қолда бағылып та көбейтіледі. Ақ түлкі – терісі өте бағалы аң, сол үшін ауланады. ## Дереккөздер
Ақтүкті таспа (Astragalus candidissimus) — бұршақ тұқымдасына жататын таспа туысының бір түрі, көп жылдық бұта, эндемик өсімдік. Қазақстанда Зайсан қазаншұңқырында, Балқаш-Алакөл ойысында кездеседі. Құмды жерлерде өседі. Биіктігі 30 см-ге жуықаласы Сабағы түзу, тік, түкті, ұзындығы 12-20 см. Жапырақтары қысқа сағақты, ұзындығы 10 см-дей, эллипс тәрізді болады не дөңгелек, үшкірлеу келеді, 7-12 жүп жапырақшалардан тұрады. Гүл тұғыры берік, қысқа, үстіңгі беті ақ, кейде қара түкті, ал гүл шоғыры 9-15 гүлді, ұзындығы 2-3 см., дөңгелек, гүлдері жоғарғы жапырақ қолтығыңда орналасқан. Тостағаншасы да ақ түкті, қызғылт, күлгін түсті болады. Ақтүкті таспа тұқымынан көбейеді. Маусым-шілде айларында гүддеп, шілде-тамызда жеміс береді. Жемісі — жұмыртқа пішіндес бұршаққап. Жылдан-жылға азаюына байланысты Ақтүкті таспа қорғауга алынын, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. , кітапхана, клуб, кинотеатр, аурухана, тағы басқа мәдени және денсаулық сақтау мекемелері бар. Ақжар тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Ақтықты – Доңызтау бөктерінің оңтүстігінде 20 км жердегі құдық. Ақтөбе облысы Байғанин ауданында орналасқан. Тереңдігі 24 м, су шығымы 3000 л/сағ. Маңайында Жаңақұдық, Тассай және тағы басқа құдықтар бар. Төңірегіндегі құмдақты қоңыр топырағында жусан, құмдақшөп және тағы басқа өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Ақүрпек , (Lepіdolopsіs) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік туысы. Қазақстанда 3 түрі бар, жиі кездесетіні – Түркістан Ақүрпегі (Lepіdolopsіs turkestanіca). Ол Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньның тастақты, далалы тау беткейлерінде және құрғақ сай-салаларда өседі. Биіктігі 35 – 100 см, тамыр сабағы жуан. Сабақтары жеке, кейде бірнешеуден тік өседі. Ұзынша, шеті екі-үш рет тілімденген жапырақтары кезектесе орналасады. Гүлдері қос жынысты, сары түсті түтік тәрізді гүлдері масақты-сыпыртқы гүлшоғырын құрайды. Себеті өте көп (50-дан астам). Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Голоскоков ақүрпегі өте сирек кездесетін өсімдік, қорғауға алынған. ## Дереккөздер
Ақтікен (лат. Nіtrarіa) – ақтікендер тұқымдасына жататын бұта; өсімдіктер туысы. ## Өсетін жері мен таралу аймағы Батыс, Орта және Орталық Азияның, Оңтүстік-Шығыс Еуропаның және Солтүстік Африканың далалы, шөлді аймақтарында кездесетін 10 түрі белгілі. Қазақстанда шөл даланың сортаң жерлерінде, өзен бойларында, тау бөктерлерінде өсетін 2 түрі бар. Жиі кездесетіні – Шовер Ақтікені (Nіtrarіa schoberі). ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 2 м-дей, тарбиған бұташықтарының ақшыл көк қабығы бар. * Жапырақтары 2 – 4-тен шоғырлана орналасқан (ұзындығы 15-25, ені 4-7 мм). * Ақшыл сары гүлдері өте қысқа гүлтабанында орналасып, шатырша гүлшоғырына топталған. * Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Гүлдеген кезде өте әдемі өсімдік. * Жемісі – боз қызғылт шырынды ірі сүйекше, жеуге жарамды. ## Шаруашылықтағы қолданысы Ақтікеннің күлінен сабын жасау үшін сақар, жіп, мата бояйтын бояу алынады. Шовер Ақтікені Солтүстік Үстіртте өте сирек кездесетін түр болғандықтан, Маңғыстау облысының Қызыл кітабына енгізілген. ## Дереккөздер
Ақшайыр (лат. Gnaphalium) – астралылар тұқымдасына жататын бір, екі, көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда жусанды-сораңды алқаптарда, шабындық жерлерде, аласа тау баурайларында өсетін 6 түрі белгілі. Бұлардың биіктігі 10–35 см, сабақтары түбіне қарай қатаң, қалың киіз түкті. Жапырақтары кезектесе орналасқан, жиегі тегіс. Себеттері көп гүлді, масақ немесе қалқан шоғыр құрайды. Гүлдері түтікті, тозаңқаптары ұзынша келеді. Маусым – тамызда гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Тұқымдары жұмыртқа немесе ұршық тәрізді, сыртын емізікшелер жапқан айдаршасы болады. ## Дереккөздер
Ақтөбе – Қызылорда қаласының оңтүстік-шығысында 38 км жердегі құмды төбе. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Сырдария ауданында орналасқан. ## Жер бедері, өсімдігі Абсолюттiк биіктігі 141 м. Солтүстік-шығыс алқабын сексеуіл тоғайы алып жатыр. ## Дереккөздер
Ақшағыл полиметалл кен орны - Қарағанды облысы Шет ауданында орналасқан. Бұл жерден 1834-1918 жылы орыс және шет ел концессионерлері мыс, қорғасын, мырыш өндірген. ## Геологиялық құрылымы Кен орны Балқаш көлінен солтүстікке қарай созылған Тасарал – Қызылеспе антиклинорийінің шығысын алып жатыр. Мұндағы кен линзалары ортаңғы палеозой гранитоидтары мен силурдың жанартаутекті-терригендік және карбонатты жыныстарының жапсарында қалыптасқан. Жапсарласу белдеміндегі тау жыныстары грейзенделген. Онда мөлшері жоғары вольфрам, қалайы түзілген. Ал әктастар мәрмәрға айналған жапсарда магнетит-магнезиалды скарндар пайда болған. Оларға шашыранды, сеппе не шомбал түрде кездесетін полиметалл кентастары шоғырланған. ## Минералдары, құрамы Кентасты минералдардан халькопирит, галенит, сфалерит, пирит және висмут пен күшән минералдары, ал бейметалл минералдардан гранаттар, пироксендер, эпидот, везувиан, кальцит, кварц бар. Тотығу белдемінің минералдарынан малахит, хризаколла, брошантит, каламин, смитсонит кездеседі. Ақшағыл полиметалл кен орны барланған қорының аздығына байланысты өндіріске қосылмаған. ## Дереккөздер
Ақшагүл , Киікоты (Hypecoum) – көкнәрлар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік туысы. Жерорта теңізі. жағалауларында, Оңтүстік-Шығыс Еуропада, Орта Азияда, Моңғолияда, Гималайда және Қытайда кездесетін 18 түрі белгілі. Қазақстанда 3 түрі бар, жиі кездесетіні – ұсақгүлді ақшагүл(Hypecoum parvіflorum). Биіктігі 30 см-дей, жеке немесе бірнеше сабақты. Тамыр жапырақтары сағақты, үш рет қанатша тілімденген, сабақ жапырақтары отырыңқы. Гүлдері ашыларда иілмелі, гүлтабандары қысқа (1,5 см). Күлтелері ашық сары түсті. Наурыз – мамыр айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – қос қақпалы қорапша, піскен кезде көлденеңінен морт сынады. ## Дереккөздер
Ақшатау – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ақшатау ауылының солтүстік-батысында 2-3 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Ең биік жері 237 м. Беткейі жайдақ, ендік бағытта созылып жатыр. ## Өсімдігі Сұрғылт қоңыр, сортаң топырағында жусан, боз, селеу, көкпек, бұйырғын, қозықұлақ өседі. ## Дереккөздер
Ақшат гипс кен орны - Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Батысы мен шығысында Жылантау брахиантиклинальдарымен ұштасқан. Геологиялық барлау жұмыстары 1985–1988 жылдары жүргізілген. ## Жатыс сипаты Кунгур ярусында жатқан өнімді қабатының қалыңдығы 5-тен 30 м-ге дейін. Екі бөліктен тұратын жалпы қалыңдығы 5 – 12 м аралығында. Кен орны саз, құм, аргиллиттің жұқа қабықты қатпарларымен бөлінген. Гипстер негізінен ақшыл сұр түсті келеді. ## Дереккөздер
Ақшатыр (лат. Kosopoljanskia) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратау, Талас және Қырғыз Алатауының тау беткейлерінде өсетін 1 түрі – түркістан ақшатыры (Kosopoljanskіa turkestanіca) бар. Биіктігі 40 – 60 см, тамыры жуан, тамыр мойнын кепкен жапырақ қалдықтар басып жатады. Сабақтары жеке, кейде 2 – 3 бұтақты, тықыр, ұзындығы 40 – 60 см. Жапырақтары көбіне тамыр мойнына шоғырлана өседі. Шатыршалары 10 – 18 сәулелі, 15 гүлді. Ортаңғы шатырша гүлдері жемісті, шеттеріндегілері – жеміссіз не аралас. Желектері ақ түсті. Тұқымынан көбейеді. Маусым айында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі піскен кезде 2 жарты жемістікке бөлінеді, тықыр. Тұқымы іш жағынан имектеу. Түркістан ақшатыр өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Ақшатау жотасы – Сарыарқаның оңтүстік-шығысындағы жота. ## Географиялық орны Абай облысындағы Абай, Аягөз аудандары жерінде, Шыңғыстау жотасының оңтүстігінде орналасқан. ## Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай жалғаса созылып жатқан Қарақшы (биіктігі 1151 м), Жалтыртұмсық (биіктігі 1169 м), Қособа (биіктігі 1305 м) сияқты бірнеше жеке таулар мен шоқылар тізбегінен тұрады. Оларды Арсалаң, Ақшатау өзендерінің аңғарлары бөліп жатыр. Жотаның оңтүстік-батыс беткейі тіктеу, жартасты, биіктігі 1300 м-ден 1000 м-ге дейін күрт төмендейді. Солтүстік-шығыс беткейі еңістеу, бірте-бірте көлбеуленіп жазыққа айналады. Оңтүстігінен Балқыбек, Көксала, Қалғұтты, шығысынан Сарыбұлақ, солтүстігінен Шетембай, Терісайрық өзендері бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Ақшатау жотасы палеозойдың кварцит, құмтас, әктас, конгломерат, эффузивті жыныстарынан құралған. ## Өсімдігі Жотаның жалпақ төбелері мен беткейлерінің қоңыр топырағында далалық өсімдіктер (қараған, тобылғы, тасжарған, т.б. бұталар) өседі. Сайларында шоқ қайың, көктерек, тал өседі. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Ақшат үстірті– Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылынан 12 км жерде орналасқан шағын үстірт. Үстіңгі беті шөп өспейтін ақ әктастан құралған. Үстірт етегіндегі бұлақтан Ақшат өзенінен бастау алып, Қызылжар өзеніне қосылып, Қалдығайты өзеніне құяды. ## Дереккөздер
Ақшәулі (1992 жылға дейін — Ақсәуле) — Абай облысы Аягөз ауданындағы ауыл, Ақшәулі ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Аягөз қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 72 км-дей жерде, Ақшәулі тауының оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. ## Дереккөздер
Ақшешек (лат. Arabis) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір немесе екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеулерінде, тропиктік Африканың таулы аймақтарында кездесетін 100-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда далалық және таулы аймақтарда, тастақты тау беткейлерінде, өзен бойларында өсетін 11 түрі бар. Биіктігі 10 – 100 (200) см, сабағы тік немесе бұтақты, сыртын қатты түк басқан. Жапырақтары тұтас, пішіні көбінесе ұзынша келген. Гүлдері көп жағдайда ақ, қызғылт немесе күлгін түсті. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Жемісі – ашылмалы бұршақ. Тұқымы жалпақ болады. Кейбір түрі балды өсімдіктер. Ақшешекті әдемі гүлі үшін әсемдік өсімдік ретінде де өсіреді. Попов Ақшешегі (Arabіs popovіі) – өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Ақшешекше (лат. Arabidopsis) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір немесе екі жылдық шөптесін өсімдіктер. ## Өсетін жері мен таралуы Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеулерінде кездесетін 13 түрі белгілі. Қазақстанда далалық, таулы, шөлді аймақтардың сортаңды, шалғынды жерлері мен құмдарда өсетін 5 түрі бар. ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 2-25 (70) см. * Сабақтары бұтақты. * Жапырақтары ұзынша, пішіні жұмыртқа тәрізді. * Тостағанша жапырақшалары төменгі жағынан біркелкі, күлтелері ақ түсті. Гүлдері шашақ гүлшоғырына топталған. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. * Жемісі – ұзынша бұршаққын. * Тұқымы домалақ, қоңыр түсті. ## Дереккөздер
Ақтөбе – Желдіадыр жотасынан оңтүстік-шығысқа қарай 30 км жердегі шоқы. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Нұра ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 557 м. Ұзындығы 20 км, ені 0,6 км. Тау шығыстан батысқа қарай ендік бағытта созылып жатыр. Жанында Тасты және Ақирек таулары орналасқан. ## Өсімдігі Сұрғылт қоңыр сортаң топырағында бұта аралас жусан, көкшұнақ, бетеге, т.б. өседі. ## Дереккөздер
Ақтөрткіл – Шошқакөл бұйратындағы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 313 м. Батысынан Шаған өзені ағып өтеді. Маңайында Алтықұдық, Қызылеспе құдықтары бар. Беткейі көлбеу келген. ## Дереккөздер
Ақшоқы – Үстірт жазығының батыс бөлігіндегі құдық. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында орналасқан. Теңіз деңгейінен 150 м биіктікте. Құдықтан жер асты су жолы жүргізілген. Солт-нде Маңғыстау – Бейнеу т. ж. өтеді.
Ақши кир кен орны - Атырау облысы Жантерек темір жол станциясыныңның оңтүстік-шығысында 40 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Күмбез тәрізді қатпарлар сеноман шөгінділерінен пайда болған, атқылаудан бұзылған көтеріңкі қанатында кир шоғыры қалыптасқан. Кир кабаттары онша терең емес ойпатпен бөлінген екі линза тәрізді шөгінді түрінде түзілген. Кир қабатының үлкен бөлігі жалаңаш және ауқымды (ұзындығы 1 км) асфальтты көл кұрайды, оның бетінде калындығы 0,2-ден 1 м-ге дейін жететін тығыз қатайған кир кабыршығы бар. ## Құрамы Кир құрамы 2,3-тен 44,7% арасында, орташа 17,6%, кей жерлерде кирленген жыныстардың бетінде төрттік дәуір шөгінділері дамыған (кабаттың қалынд. 0-ден 3,8 м аралығында, орташа 1,5 м-ге тең). Шөгіндінің табаны кен орнының үлкен бөлігінде тығыздығы әлсіз, сазды құмдық. Шөгіндінің қалыңдығы 9,0 м-ге дейін жетеді, жалпы кен бойынша орта есеппен 4,45 м-ді құрайды. Битумданған жыныстың уатылмалы-минералды бөлігі құмнан тұрады. Құмның минералды құрамында: кварц (25 – 40%), дала шпаты (60 – 70%), амфибол дәндері (5%-ға дейін) кездеседі. Кен бойынша кирдің қоры 800 мың т-ға жуық. ## Дереккөздер
Ақшоқы – Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан тау. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 413 м. Таудан Ақпансай өзені бастау алады. Баурайының топырағында астық тұқымдас шөптесіндер басым, жусан, баялыш, т.б. өседі. ## Дереккөздер
Ақшоқы – Алакөл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Абай облысы Мақаншы ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 59 км, су жиналатын алабы 572 км2. ## Бастауы Тарбағатай жотасының мұздықтарынан басталып, Қытай жерінде құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Көп жылдық орташа су ағымы 2,61 м3/с. Қараша айының аяғында суы қатып, сәуірдің басында мұзы ериді. Жайылмасы шабындыққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Ақшоқы оптикалық кварц кен орны - Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Тамды өзенінің сағасында, Қопа ауылының оңтүстігінде 40 км жерде. ## Жатыс сипаты Кен орны кварц талшықтарымен бейнеленеді. Талшықтар таза метаморфты кварц пен кокс шпатынан құралған. Кварц түрлі әйнек өндіруге және микроэлектроника саласында қолданылады. ## Дереккөздер
Ақшолақ, Дауыл – Жем алабындағы Атжақсы өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы жерімен ағады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 52 км. Су жиналатын алабы 736 км2. Қар, бұлақ суларымен толығады. Көктемде тасып, жаздың ыстық айларында құрғап қалады. Алабында мал жайылады. ## Дереккөздер
Ақшоңғал Оба (орыс. Белая Уба) – Үбі өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы жерімен ағатын өзен. Ұзындығы 51 км, су жиналатын алабы 590 км2. ## Бастауы Алтайдағы Қорған жотасының батыс беткейінен басталады. ## Гидрологиясы Жоғарғы ағысында жағасы тік жарлы, төменгі ағысында арнасы жайылып, ағысы баяулайды. Қар, жауын, жер асты суларымен толығады. Су деңгейі көктемде көтеріледі. Егін, мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Ақшұңқыр – Қызылқұмның солтүстігі бөлігіндегі құдық. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан. Солтүстік-батысын сексеуіл шоғыры алып жатыр. Батысында Жаңадарияның ескі арнасы бар. ## Дереккөздер
Ақшығанақ – Бозащы түбегінің шығысындағы түбек. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы жерінде орналасқан. Ұзындығы 3,0 км, ені 0,5 км шамасында. Түбектің Қайдақ сорымен жалғасқан жерінде өзек болған. Өзектен Үстіртке қарай өтетін жер Өтебай өткелі деп аталады. ## Дереккөздер
Ақшытыр (лат. Cryptospora) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. ## Таралуы Орта Азия мен Қазақстанда кездесетін 2 түрі бар. Жиі кездесетіні – Орақша ақшытыр (Cryptospora falcate). ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 10-40 см. * Сабағы бұтақты, сыртын ұсақ, қалың түк жапқан. * Жапырақтары ұзынша, пішіні қандауыр тәрізді, жиегі тегіс. * Гүлдері ақ немесе қызғылт түсті. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, жемістенеді. * Жемісі – иілген орақ тәрізді бұршаққын. * Тұқымы ұзынша (ұзындығы 3 мм). ## Дереккөздер
Ақыш, Ақұш – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы көл. Дубровный ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 3 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 121,5 м биіктікте, аумағы 25,81 км2, ұзындығы 3,6 км, ең жалпақ жері 3,8 км, жағалау бойының ұзындығы 20,9 км. Су айдынының 1/3-і Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Су жиналатын алабындағы егістік 70%-ды құрайды. Тереңдігі 3-4 м-ге жетеді. ## Өсімдігі, жануарлары Жағалау бойы жолағы құмды-сазды ені 5-10 м, біртіндеп шабындыққа, далалық немесе сор шөп басқан телімдерге ұласады. Суында дафния, гаммарус, т.б. моллюскалар тіршілік етеді. ## Дереккөздер
Ақшаадыр – Солтүстік Балқаш маңындағы ұсақ шоқылы тау массиві. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданында. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, ені 4 км. Ең биік жері 586 м. ## Жер бедері Шатқал, сайлармен тілімденген бірнеше ұсақ шоқылар мен жеке тау массивтерінен тұрады. Орталық бөлігінде тұщы сулы Сорбақ құдығы бар. ## Геологиялық құрылымы Силур жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңды сұр және қоңыр топырақ жамылғысында жусан, баялыш, көкпек өседі. Баурайы күзгі-көктемгі жайылым. ## Дереккөздер
Алаайғыр қорғасын кен орны – Қарағанды облысы Шет ауданы жеріндегі кен орны. ## Геологиялық құрылымы Кен денесі Успен тектоникалық алқабының шығысында, Қарағайлы-Алаайғыр кенді ауданының құрамында күшті жентектелу, уатылу белдемінде гидротермаль процестер әсерінен түсі ағарған девонның қышқыл эффузивтері арасында біткен. Линза тәрізді кен денелері тектоникалық белдемге бағыттас, салалана орналасады. Кен сеппе, тарам, тұтас күйінде кездеседі. ## Минералдары Кен минералдары: күмісті галенит, пирит, сфалерит, халькопирит, церуссит, англезит; кен емес минералдар: серицит, хлорит, кварц, барит. Ежелгі «Чуд қазбалары» көптеп кездеседі. Кенді карьер арқылы өндіруге болады. ## Дереккөздер
Алаайғыр – Алматы облысы Райымбек ауданы Хан Тәңірі шыңының солтүстік-шығысындағы асу. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 3870 м. Асудан мамыр – қыркүйек айларында салт атты адам өте алады. Алаайғырдың солтүстік баурайынан Нарынқол өзені бастау алады. Тіктеу солтүстік-батыс бөлігі тауаралық аңғарға ұласады. Шығысында Қытаймен шектеседі. ## Өсімдігі Тау беткейлерін альпілік және субальпілік шалғындары көмкеріп жатыр. Одан төменде қарағай, қайың ормандары өскен. ## Дереккөздер
Ақінген газ-мұнай кен орны — Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігінде. Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. Барлау жұмыстары 1979 жылы басталып, 1980 жылы ашылған. Барлап-бұрғылау жұмыстары 1983 жылы аяқталды. ## Геологиялық құрылымы Кен қос қанатты, тұз күмбезді құрылымнан орын алған. Төменгі бор жыныстарын өнімді бес қабат құрайды: екі альб қабаты мұнайлы, апт-неоком және неоком қабаттары газды және неоком қабаты мұнайлы-газды. Өнімді қабаттардың орналасу тереңдіктері: альбтікі 660 – 682 м, апт-неокомдікі 927 м, неокомдікі 1028 – 1111 м. ## Жатыс сипаты, құрамы Жатындар қойнауқаттық-күмбездік және қойнауқаттық, литологиялық тұрғыдан қалқаланған. Альб мұнай жатындарының биіктігі 10-16 м, неоком газ горизонтының мұнайлы бөлігінің қалыңдығы 6 м. Газ жатындарының биіктігі 11-22 м. Су-мұнай жапсары -679-877 м белгілерде, газ-су жапсары -947-1090 м белгілерде. Өнімді қатқабаттың қимасы терригендік таужыныстардан құралған, жинауыштары кеуекті. Мұнайға қаныққан қалыңдық 3,2-4,9 м, газға қаныққаны 3,3-8,9 м. 15,8 мм-лік штуцердегі бастапқы шығымдар (өнімдер): мұнайдыкі 27-51 м3/тәу, газдыкі 452,8-716,9 мың м3/ тәу. Газдылығы 7,7-119,9 м3/м3. Бастапқы қойнауқаттық қысымы 6,2-12,8 МПа, температурасы 34-74°С. Мұнай жатындарының режимі серпінді суарынды, газ жатындарының режимі серпінді газ-суарынды. Хлоркальцийлі типті қойнауқаттық сулардың тығыздығы 1078-1105 кг/м3, минералдылығы 127,1-162,5 г/л. Кен 1992 жылы пайдалануға берілген. ## Дереккөздер
Ақшат – Үлкен Борсық құмының шығысындағы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Байқадам ауылының оңтүстік-шығысында 35 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 285 м. Тау оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатыр. Маңайында Бесағаш, Көккөл құдықтары бар. ## Өсімдігі Баурайындағы қоңыр топырағында жусан, құмдақшөп, жүзгін, күлтеқұйрық, т.б. өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Алабота – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау, Тайынша аудандарының аралығында, Мәдениет ауылының оңтүстік-батысында 3 км жерде орналасқан көл. ## Гидрографикасы Аумағы 7,2 км2, теңіз деңгейінен биіктігі 232 м. Жағалауы жайпақ келген. Қар және жер асты суларымен толысады. Суы қарашада қатып, сәуірдің аяғында мұзы ериді. Суы ащы, кермек, мал суаруға жарамды. ## Дереккөздер
Ала бүйі – өрмекшітәрізділер отрядына жататын буынаяқты жәндік. Денесі біріккен бас-көкіректен және құрсақтан тұрады. Бас-көкірегі тұтас қалқанмен қапталған. Құрсағының артқы ұшында өрмек бездерінің өзегімен жалғасқан 3 жұп өрмек сүйелдері бар. Олардың бір жұбынан жуан берік өрмек, екінші жұбынан қорегін аулайтын жабысқақ өрмек, үшінші жұбынан пілдеге жұмсалатын жіңішке жіп тәрізді өрмек шығады. Қорегін аулау үшін ұрғашы ала бүйі аулағыш тор тоқиды. Ауға түскен қорегін аудың ортасынан созылған жіптің қимылынан сезеді. Қорегін күйіс аяғымен қармап, өрмек жібімен шырмап, орап тастайды да, жеміне уын жібереді. Уы жемін өлтіріп қана қоймай, оны қоймалжың сұйықтыққа айналдырады да, жұтқыншағы арқылы сорып алады. Ала бүйі жұмыртқасын күзде піллә ішіне салады. Одан көктемде ұрпағы өсіп өнеді. Ала бүйі зиянды бунақденелілерді жеп, ауыл шаруашылығына көп пайда келтіреді. Қазақстанда орманды, бұталы, тоғайлы жерлерде, бақтарда кездеседі. ## Дереккөздер
Ақшатау вольфрам-молибден кен орны - Қарағанды облысындығы Шет ауданы жерінде орналасқан. ## Жатыс сипаты Кенді құрылымдары Ақшатау гранит массивінің гранит-порфир, гранит-аплит және пегматит желілеріндегі штокверк тәрізді кварц сызаттары мен сызықтарынан тұрады. 300-ден астам желілі және грейзен-желілі кен денелерінің ұзындығы ондаған метрден жүздеген метрге, қалыңдығы бірнеше метрге жетеді. Олардың ірілері бұтақтана тарамдалған. ## Минералдары Ақшатау вольфрам-молибден кенінде 95 минерал белгілі; негізгілері кварц, мусковит, топаз, пирит, вольфрамит, молибденит, флюорит; сирек кездесетіндері – турмалин, калий шпаты, цеолит, шеелит, касситерит, т.б. Сондай-ақ таза ірі пирит, раухтопаз, морион кристалдары да бар. Өндірістік маңыздылары – вольфрамит пен молибденит. Вольфрамит грейзен денелерінде ұсақ түйіршіктер мен сызықтар, ал желілерде мөлшері 10 – 20 см-ге жететін жеке кристалдар мен кристалдар шоғырын құрайды. Молибденит кварц грейзендерінде ұсақ түйіршіктер мен қабыршақтар түрінде, ал кен денесінің бетінде шоғырланған және тұтас сызаттар түрінде кездеседі. ## Дереккөздер
Алабұта (Chenopodіum) – алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдіктер туысы. Ол көбіне өзен-көл жағаларында, сор, сортаң, жерлерде өседі. Қазақстанда 20 түрі бар. Алабұтаның биіктігі 5 – 300 см-дей. Гүлі қос жынысты, шашақты гүлшоғырына топталған. Алабұтаның ең жиі кездесетін түрлері кәдімгі Алабұта және иісті Алабұта . Кәдімгі Алабұтаның биіктігі 10 – 300 см-дей. Тік бұтақты сабағына ақтүкті жапырақтары кезек орналасады. Гүлі қосжынысты, ақшыл сары түсті келеді. Маусым – тамызда гүлдейді, қыркүйекте жеміс береді. Тұқымында көптеген пайдалы заттар бар. Халық медицинасында пайдаланады. Тұқымын кебекпен араластырып, малға береді. Иісті Алабұта сары жасыл түсті, хош иісті, биіктігі 15 – 60 см-дей. Ұзынша келген жапырағы сабаққа кезек орналасады. Ұсақ гүлдері шашақты гүлшоғырына топталған. Маусым – тамызда гүлдейді. Дәрілік өсімдік ретінде қан тамырларын, демікпе ауруларын емдеуге және қара күйе көбелегін жоюға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Алагүлік (лат. Lytta vesicatoria) – қатты қанаттылар сабының зауза қоңыздар тұқымдасына жататын зиянкес қоңыз. Қазақстанда Шығыс Қазақстан облысында кездеседі. Дене тұрқы 11 – 21 мм, түсі сарғыш жасыл келеді, жағымсыз иісі болады. Алагүліктің даму мерзімі 1 жыл. Топыраққа бірнеше мыңдаған жұмыртқа салады. Дернәсілдері жабайы араның ұясында тіршілік етеді. Жалған қуыршақ сатысында қыстап, ересек қоңыз келесі мамыр – маусым айларында шығады. Оның қанында кантаридин уы болғандықтан дәрілік май (пластыр) алынады. Кептірілген қоңыз медицинада пайдаланылады. Шетен, ұшқат және жеміс ағаштарының жапырақтарын, қара бидайдың масағын кеміріп, оны зақымдайды. Күрес шаралары мамыр – маусымда түрлі инсектицидтер себу. ## Дереккөздер
Алажиде – Ақсу өзені алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жетісу облысы Қаратал, Ақсу аудандары жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Үшқара тауының шығысындағы Үшкөл көлінен алып, Көлтабан ауылының батысында Ақешкі өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 38 км. Орта ағысы құмды өңірмен ағады. Негізінен жер асты суымен толығады. Жаз айларында құрғап қалады. ## Дереккөздер
Алаешкі – Өгіз-Өреулінің шығысындағы Өзен-Самара мұнай құбырына жақын жатқан жайпауытты төрткіл. ## Орналасқан жері Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында орналасқан. ## Сипаттамасы Абсолюттік биіктігі 214 м. Жер қыртысы негізінен бор аралас тау жыныстарынан түзілген. Табиғи су көздері жоқ. Қаратаудан келіп, Қызыладыр, Бөрібас арқылы Үстіртке шығатын керуен жолдары жанынан өтеді. ## Дереккөздер
Ақшоқы – Нарын жотасының оңтүстігінде Күршім өзенінің аңғарындағы тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 1335 м. ## Өсімдігі Таудың беткейін орман алқаптары алып жатыр. ## Дереккөздер
Ақшоймақ, Ақшүймек – Солтүстік Ақтау жотасының солтүстігінде Ауыздыбас ойысының шығысында жатқан аласа тау. Абсолюттік биіктігі 92 м. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында орналасқан. Таудың ортасындағы ойпаңда суы тұщы артезиан құдығы бар. ## Дереккөздер
Алакөл — Ақмола облысы Астрахан ауданындағы тұзды көл. Көл теңіз денгейінен 311 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 40,0 км2, ұзындығы 12 км. Енді жері 4,5 км, ең терең жері 3 м-ге жетеді. Жағалау бойының ұзындығы 35,8 км. Су жиналатын алабы 1240 км2. Суының көлемі 12,3 млн. м3. Қазаншұңқырда орналаскан көл жағалауының биіктігі 4-5 м-ге жетеді. Жағалауында қамыс құрағы өседі. Қар және жер асты суларымен толысады, кей жылдары кеуіп қалады.
Ақық – оксидтер класына жататын кварц минералының жасырын кристалды, талшық құрылымды түрі. Ол іркінді агрегаттар, бүйрек тәрізді жалбырлар, тұтас жұмыр кесек түрінде болады. Шыны, май, балауыз секілді жылтыр, қаттылығы 6,5 – 7; меншікті салмағы 2,5 – 2,8 г/см3. Түсі құрамындағы темір, марганец, кобальт, никель, т.б. қоспаларына байланысты. Соған сәйкес сердолик (сарғылт қызыл, қызыл, қою қызыл), хризопраз (жасыл), гелиотроп (қызыл сары, жолақты, қою жасыл), сардер (қоңыр, қызыл қоңыр), сапфирин (сұр, көгілдір сұр), плазма (жасыл), кахалонг (сүттей ақ), т.б. түрлері, сондай-ақ агат және оникс сияқты нақышты түрлері бар. Ақық төмен температуралы гидротермальдық және салқын ерітінділерден түзіледі. Ол үгілу қыртысы мен тотығу белдемінде, шөгінді және эффузивті жыныстардың қуыстары мен жарықтарында кездеседі. Яшма, кремнийлі тақтатас, шақпақтас, т.б. жыныстарды құрайды. Ақықтан химиялық ыдыс, дәл өлшейтін аспаптардың үйкелетін, салмақ түсетін бөлшектері, әдемі түрлерінен зергерлік бұйымдар жасалады. Ақықтың ірі кен орындары Орталық Қазақстанда, Қаратауда орналасқан. ## Дереккөздер
Алакөл – Тобыл алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қамысты ауданы Қуыссор көлінің батысында орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 10,8 км2, теңіз деңгейінен биіктігі 225 м. Ұзындығы 6,5 км, енді жері 3 км, жағалау бойының ұзындығы 20,5 км. Негізінен қар және жер асты суларымен толысады. Қарашада қатып, сәуірдің аяғында мұзы ериді. ## Жағалау сипаты Көл Сыпсыңағаш қолатындағы Теңіз, Қуыссор, Ұзынсор, Жаркөл, Қайыңдысор көлдерінің жанында орналасқан. Жазық келген жағалауында қамыс, құрақ, қоға, т.б. шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Алакөл – Нұра алабындағы тұзды, тұйық көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданының солтүстік-шығысында орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 15,4 км 2. Су жиналатын алабы 145 км 2. Батыс және солтүстік жағалауы батпақты. Қарашада мұзы қатып, сәуір айында ериді.
Алакөл – Теңіз-Қорғалжын алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Құмкөл ауылының оңтүстік-батысында 9 км жердегі көл. ## Гидрографикасы Аумағы 8,3 км2, теңіз деңгейінен 350,8 м биіктікте. Ұзындығы 4,4 км, енді жері 3,7 км, жағалау бойының ұзындығы 13,5 км. Маңында Құмкөл, Саумалкөл, т.б. ірілі-ұсақты көлдер бар. Қар және жер асты суларымен толысады. Жағалауында қамыс, қоға, беде, жусан өседі. Су деңгейі 0,7 м-ге ауытқып отырады. Суы қарашада қатып, сәуір – мамыр айларында мұзы ериді. Суы ащы кермек, мал суаруға пайдаланылады.
Алакөл – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы көл. Кеңжарық ауылының оңтүстік-батысынан 21 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 371,6 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 5,5 км2, ұзындығы 4,5 км (жағалауының ұзындығы 12 км, енді жері 1,7). Су жиналатын алабы 125 км2. Негізінен еріген қар суымен толысады. Қараша айында суы қатып, сәуірде мұзы ериді. Қуаң жылдары кеуіп қалады. Суы тұзды кермек, сілтілігі төмен. Жақын маңайдағы шаруашылықтар пайдаланады. Жағалауы жайпақ, жусан мен сор өсімдіктері өседі.
Алакөл — Ақмола облысы Ақкөл ауданы Көмей ауылының солтүстігінде 12-14 км жердегі көл. ## Гидрографикасы Аумағы 7,6 км2. Көл теңіз деңгейінен 260 м биіктікте жатыр. Ұзындығы 4,9 км, енді жері 2,1 км, жағалау бойының ұзындығы 14,1 км. Су жиналатын алабы 273,0 км2. Көл табаны лайлы. Батысынан Дуанбай өзені құяды. Кермек татитын суы мал суаруға пайдаланылады.
Алакөл артезиан алабы (Алакольский артезианский бассейн) - Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аралығындағы Алакөл ойысында орналасқан. Аумағы 26 мың км2-ден астам. Су тұтқыш қабат төрттік кезеңнің борпылдақ шөгінділерінен тұрады. Қалыңдығы 3 – 15 м-ден 200 – 300 м-ге дейін жетеді. Шөгінділердің төмен қабаттарында (100 – 300 м тереңдікте) арыны күшті шапшымалы артезиан сулары жиналады. Ұңғымадан шыққан су жер бетінен 18 м-ге дейін көтеріледі, өнімд. 20 – 50 л/с-қа жетеді, минералдар 0,4 – 0,8 г/л. Көл жағалауларындағы арынсыз ыза суының минералдығы 10 – 30 г/л. Алакөл ойысындағы бұрғылау кезінде жоғарғы плиоцен шөгінділерінің қиыршық және малтатасты сулы қабатынан 539 м тереңдіктен зор арынды артезиан суы алынған. Арынының күші жер бетінен 12,5 м-ге дейін шапшиды, минералдар 1,0 г/л-ден аспайды. Алакөл артезиан алабындағы арынды және арынсыз жер асты суларының жалпы табиғи қоры 80 млрд. м3-ден астам, жылдық ресурсы 72 м3/с. Алакөл артезиан алабының елді мекендерді сумен қамтамасыз етуде, егістік пен жайылымдарды суландыруда маңызы зор. ## Дереккөздер
Алакөл-балқаш артезиан алабы , Оңтүстік-шығыс Қазақстандағы өте ауқымды алап. Ол оңтүстігінде Жетісу (Жоңғар) жотасымен, солтүстігінде Балқаш көлі жағалауымен және Орталық Қазақстан адырларының оңтүстік-шығыс жиектерімен, оңтүстік-батысында Шу-Іле, ал солтүстік-шығысында Тарбағатай тауымен шектелетін ойпат аумағына сәйкес келеді. Ойпат негізінен мезозой-кайнозой түзілімдерінен тұратын біршама саяз синклинорий құрайды, ол альпілік тектогенез нәтижесінде бірнеше мульдаларға дараланған. Жер асты сулары көбінесе неогендік және төрттік кезеңдері түзілімдеріне шоғырланған. Иондық құрамы жағынан жер асты сулары сульфатты-хлоридті натрийлі-кальцийлі және сулфатты-хлоридті натрийлі-магнийлі болып бөлінеді. Олар өнімділігі, минералдану дәрежесі және хим. құрамы жағынан әр түрлі болып келеді. Ақсу-Лепсі, Іле-Қаратал және Алакөл мульдаларында ұшырасатын сульфатты-хлоридті натрийлі сулардың орташа дебиті 10 – 200 м3/тәулік, кейде 550-ге дейін жетеді, минералдану дәрежесі 2,5 – 4,5 г/л, сирегірек 10 г/л-ден астам; гастрит, панкреатит және бүйрек ауруларын емдеуге қолданылады. Солтүстік-Балқаш мульдасындағы (Іле өзенінің сол жағалауы) сульфатты-хлоридті натрийлі-кальцийлі сулардың орташа дебиті 50 – 250 м3/тәулік, 30-дан 100 м3/тәулік мөлшерге дейін өзгереді; минералдану дәрежесі 2,5 – 3,5 г/л аралығында. Сульфатты-хлоридті натрийлі-магнийлі сулар Оңтүстік Балқаш (Балқаш көлінің оңтұстік жағалауы) және Іле-Қаратал мульдаларында ұшырасады; дебит мөлшері 120 – 225 м3/тәулік аралығында өзгереді, минералдану дәрежесі 2,5 г/л-ден 57 г/л-ге дейін. ## Дереккөздер
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы — Тентек сағасының табиғатын және Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған. Жетісу облысының Алакөл және Абай облысының Үржар аудандарында орналасқан. Аумағы 65672 га. Қорықтың аумағы 12 телімге бөлінген. Қорықта өте сирек кездесетін реликті шағаланың ұя салып, балапан өрбітетінін қазақ орнитологы Е.Әуезов 1968 – 69 жылдары жүргізген ғылыми жұмыстары кезінде анықтады. Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан да қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады. Қорық жануарлар дүниесіне өте бай. Мұнда балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 324 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Омыртқасыздардан инеліктердің 34 түрі бар. Құстардың 16 түрі (бұйра бірқазан, қалбағай, қара дегелек, безгелдек, дуадақ, үкі, т.б.) және балқаш алабұғасы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Өсімдік жамылғысына да бай (өсімдіктің 286 түрі өседі). Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми - зерттеулер жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ «Табиғат жылнамасы» жазылады. «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді, шағын дендрарий ұйымдастырылған. Қорық шекарасында ұзындығыы 2 км болатын қорғаныш белдем салынған. 2004 жылдан Қазақстан Республиканың Үкіметі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің біріккен ұзақ мерзімге арналған жобасы қолға алынды. Алакөл қорығының туризмді дамытудағы маңызы зор. ## Алакөл көлі Алакөл Қазақстанның көз жауын алатын көлдерінің бірі. Жетісу Алатауының солтүстік шығысында жатқан тұзды көл минералды тұздар мен күкіртті батпаққа бай. Сонымен қатар, Сіз көл бойында 35 км созылып жатқан Құстар Аралынана Фламинго құстары мен басқа да 40 түрлі құстарды көре аласыз.
Алакөл көмір кен орны — Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары аралығында жатқан Алакөл ойысында орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Құрамында көмір қабаттары кездесетін кентас қалыңдығы 300 м-ден астам юра кезеңінің шөгінді жыныстарынан синклинальдық құрылым болып қалыптасқан. Оның ішіндегі көмірлі қатпар (қалыңдығы 100 – 125 м) құмтастан, алевролиттен, аргиллиттен, конгломераттан, көмірлі аргиллиттен және 6 көмір қабатынан тұрады. ## Құрамы Көмірі қарашірінді және сапропельді-қарашірінді, көміртек мөлшері 73,8 – 75,8%, күкірті (0,4 – 0,94%) мен күлі (3,1 – 8,6%) аз, қызуы жоғары (7220 – 7450 ккал/кг). Алакөл көмір кен орны жергілікті отын мұқтажы үшін пайдаланылады. ## Дереккөздер
46°19′54″ с. е. 81°18′35″ ш. б.46.33167° с. е. 81.30972° ш. б. / 46.33167; 81.30972   Алакөл ойысы – Тарбағатай мен Жетісу Алатауы арасындағы тектоникалық құрылым. Аумағы 49000 км2. ## Географиялық орны, жер бедері Алакөл ойысының шегі: солтүстікте Тарбағатай тауы, солтүстік-шығыста Арқарлы, Бақты таулары, шығыста Барлық жотасының бөктерлері, оңтүстік-шығыста Қарауылтөбе, Қызылтөбе тауларының оңтүстік беткейлері, солтүстік-батыста Сасықкөлдің солтүстік-батыс шеті арқылы өтеді. ## Геологиялық құрылымы Алакөл ойысы солтүстік-шығыста Аягөз өзенінен оңтүстік-шығысқа қарай созылып, Алакөл, Жалаңашкөл, Сасықкөл көлдерінің ойпатты өңірін қамтиды. Ойыстың құмтас, конгломерат, кремнийлі тақтатас, әктас, жанартау жыныстары палеозой шөгінділерінен құралады. Мезозой шөгінділері құрамында жоғары сапалы көмір бар (Алакөл көмір кен орны). Мезозой шөгінділерін палеоген мен неоген құмы, сазы, саздағы конгломераты жауып жатыр. ## Дереккөздер
Алабұға – Обаған өзенінің саласы. ## Бастауы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы, Иваноровное ауылының оңтүстік-батысындағы бұлақтардан алып, Ресей жерінде Обаған өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 50 км, су жиналатын алабы 304 км2. Жылдық су ағымының мөлшері 7,0 млн. м3. Су тасыған кездегі минералдануы 0,2 г/дм3, сабасына түскен кезде 20 г/дм3. ## Дереккөздер
Алакөл суландыру жүйесі - Оң жағалық бас канал, 1932 жылы Жетісу облысы, «Приалаколь» және «Қазына» тоғандары негізінде салынған. Оған 1975 жылы Тентек су бөгені (35,2 мың га жерді суландыруға арналған) қосылды. Жалпы ұзындығы 88 км. Жүйеге су Шілікті, Шынжылы, Тентек және Жаманты өзендері арқылы келеді. Оң жақ магистральды канал арқылы Үшарал, Қазақстан, Ынталы, Ақтүбек, Қайнар, Жайпақ, Бесағаш елді мекендерінің 21,5 мың га жері суландырылады. ## Дереккөздер
‎ Алақайдың ақтақыры – Қызылқұмның солтүгіндегі тақырлы жазық. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Қызылқұм мен Ескідариялық арнасының аралығында орналасқан. ## Жер бедері Ұзындығы 35 км, ең биік жері 108 м. Төрттік дәуірдің аллювийлі, құмдақты шөгінділерінен түзілген. Жазықта сексеуіл аралас жусанды сораңды шөптесін өсімдіктер өседі. Алақайдың ақтақыры аумағында ежелгі қалалар орны көп. ## Дереккөздер
Алакүлтелі қызғалдақ (Tulіpa heteropetala) – лалагүлділер тұқымдасына жататын қызғалдақ туысының бір түрі, көп жылдық баданалы өсімдік. Қазақстанда тек Оңтүстігінде Алтайда ғана өседі. Ол қиыршықтасты, жалаңаш тастақты жерлерде кездеседі. Биіктігі 20 см-ге жуық, сабағы мен тамырының жалғасқан буынында жұмыртқа пішінді баданасы бар, жуандығы 1,5 см-дей болады. Сабағы жұмыр, тік, жалаңаш, 2 – 3 таспа тәрізді жіңішке жапырақты келеді. Гүлі біреу, сабақ ұшында орналасады. Гүл қоршауы сары, сыртынан күңгірт күлгін түсті. Тұқымынан көбейеді. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, маусымда жеміс береді. Баданасын күзде гүлі түскеннен кейін жинайды. Оны құрғақ, салқын жерге сақтап, көктемде егеді. Алакүлтелі қызғалдақ – өте сәнді әсем гүлдейтін хош иісті, өте сирек кездесетін өсімдік. Сондықтан ол қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Сипаттамасы Биіктігі 10 - 20 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 1 - 1,5 см, қара қоңыр, қағаз тәрізді, ішкі жағының ұшы жатаған түкті қабықты. Сабағы жалаңаш; жапырақ саны екеу, өте алшақ орналасқан, қайырылған, сызықты, жалаңаш, тегіс, төменгісі едәуір жалпақ, ені 5 - 7 мм, гүлден аспайды. Гүлі біреу; тік сабақты\, гүл серігі сары, ұзындығы 17 - 25 мм, ұзын, өте сүйір, жалаңаш, сыртқылары таспа тәрізді, сырты күлгін, ішкілерінен 1,5 есе жіңішке, ішкілері сопақша, біртіндеп жіңішке, ұзын тырнақшаға созылған; аталықтыры гүл серігінен 1,5 есе қысқа, олардың жіпшелері сары, жалаңаш, өртасынан төмен кеңейген, тозаңдықтары сызықты сопақша, ұзындығы 5 - 6 мм, сары; түйіні аталықтарына тең, бағаны ұзын. ## Қазақстанда таралуы Эндемик. Далалы жерлерде, тау шатқалдары мен тасты беткейлерінде, сирек альпілік белдеуде өседі. Алтай мен Тарбағатай флористикалық аудандарында кездеседі. Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген. ## Дереккөздер Қазақстанның қызғалдақтары Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Алакөл ауданы — Жетісу облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы — Үшарал қаласы. ## Географиялық орны Аудан солтүстігінде Абай облысының Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарымен, батысында Сарқан ауданымен, оңтүстігінде Қытаймен шектеседі. ## Жер бедері, су жүйесі Алакөл ауданы Балқаш-Алакөл ойысы мен Жетісу (Жоңғар) Алатауы аралығында орналасқан. Жерінің оңтүстік-шығысын Жетісу Алатауының Шыбынды, Қайқаң, Жабық, Күнгей Тастау, т.б. жоталары алып жатыр. Ауданның қалған бөлігі салыстырмалы түрде жазық келеді. Бұл жерлерде аласа таулар (Арғанаты, Арқарлы, т.б.) мен құмды алқаптар (Қарақұс, Сарықұм, Тасқарақұм) алып жатыр. Солтүстігінде Алакөл топ көлдері (Алакөл, Қошқаркөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл) орналасқан. Жетісу Алатауынан бастау алатын Лепсі, Тентек, Шынжылы, Көксуат өзендері аудан аумағын кесіп өтіп, солтүстіктегі Алакөл, Сасықкөл көлдеріне құяды. ## Климаты, топырағы, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі Алакөл ауданының климаты тым континенттік, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы –12 – 16°С, шілдеде 18 – 23°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері жазық аймақтарда 150 – 260 мм, тау бөктерлері мен аңғарларында 350 – 550 мм. Жерінің басым көпшілігін шөлейт белдемнің сұр топырағы, ал тау бөктері мен аңғарларында қара қоңыр, бозғылт қоңыр топырақ құрайды. Құмды алқаптарда сор, сортаң топырақ түрлері кездеседі. Даласында жусан, ебелек, баялыш, күйреуік, изен, қияқ, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі. Биік тау беткейлері мен аңғарларын шыршалы-қарағайлы орман қамтыған. Аңдардан қасқыр, түлкі, қоңыр аю, қабан, борсық, таутеке, арқар, марал; құстардан үйрек, қаз, аққу, реликті шағала, қырғауыл мекендейді; суларында сазан, алабұға, маринка, ақ амур, көксерке кездеседі. Алакөл ауданына аумағы 12,5 мың га жерді алып жатқан Алакөл мемлекеттік сулы-сазды қорығы, жалпы аумағы 27 мың га болатын Тоқты және алма ағаштарынан тұратын ауданы 32 мың га Лепсі қорықшалары кіреді. Кен байлықтарынан Андреев және Ілдерсай бентонитті кендері бар. ## Ауыл шаруашылығы Алакөл ауданында суғармалы және тәлімі егін шаруашылығы дамыған. Онда негізінен астық тұқымдастар, техникалық дақылдар (қызылша) және картоп өсіріледі. Алакөл ауданына пайдаланылатын жерінің аумағы 165,5 мың га, оның ішінде жыртылған жері 76,7 мың га, шабындығы 87,3 мың га, жайылымы 1,46 мың га. Аудан жерінен Ақтоғай-Достық темір жолы және Алматы – Өскемен автомобиль жолдары өтеді. Үшаралдан облыс орталығы — Алматы қаласына дейінгі қашықтық 570 км. ## Халқы Тұрғындар саны – 69679 (2019). * ұлттық құрамы – қазақтар (84,74%), орыстар (13,64%), украиндар (0,01%), немістер (0,13%), шешендер (0,40%), татарлар (0,74%), ұйғырлар (0,07%), басқалары (0,27%). ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 56 елді мекен 23 ауылдық әкімшілік округ пен 1 қалалық әкімдікке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Дереккөздер
Алатау – Мұңлы тауының оңтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 441 м. Беткейі көлбеу келген. Шығысынан Сағынтай өзені ағып өтеді. Маңайында Молабұлақ, Сағынтайбұлақ атты құдықтар бар. ## Дереккөздер
Аламан – Шу-Іле суайрығында орналасқан жота. ## Географиялық орны, жер бедері Жамбыл облысы Шу ауданында. Абсолюттік биіктігі 1223 м. ## Өсімдігі Баурайындағы сұрғылт қоңыр топырағында сұр жусан, баялыш, күйреуік, бұйырғын аралас эфемер өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
Аласор – Торғай алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Москалевка ауылының солтүстік-батысында 18 км жерде орналасқан көл. Торғай алабында. Теңіз деңгейінен 185,7 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 10,0 км2, ұзындығы 7,9 км, енді жері 2,4, жағалау бойының ұзындығы 40 км. Жағасы жайпақ, батпақты. Деңгейі көктемде көтеріліп, жазға қарай тартылады. Алабы мал жайылымы, шабындық ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Алатау – Ақтолағай жонының оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Байғанин ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 232 м. Тау солтүстік-батыстан шығысқа қарай 40 км-ге, енді жері 18 км-ге созылып жатыр. Таудың оңтүстік беткейі тік, солтүстік бөлігі жайпақ келген. ## Геологиялық құрылымы Девон, тас көмір жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңдау қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, айғыр қияқ, ақ сексеуіл өседі. Баурайындағы бұлақтар мен құдықтардың маңайы мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Дала алақоржыны (лат. Lagurus lagurus) – кеміргіштер отрядының аламантәрізділер тұқымдасына жататын тышқан. Қазба қалдықтары төменгі плиоцен дәуірінен сақталған. Сары алақоржын (Eolagurus luteus) - туыстас түрі. Дала алақоржынының дене тұрқы 96 – 125 мм, салмағы 18 – 46 г болады. Арқасында төбесінен құйрығына дейін созылып жатқан қара жолағы бар. Қазақстанның солтүстік жартысындағы орманды-дала, шөлейтті-далалы аймақтарда (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстары), оңтүстік-шығыс таулы аудандарда (Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары) кездеседі. Дала алақоржынының бірнеше іні болады. Қысқы ұйқыға жатпайды. Жылына 6 рет (1 – 14-тен) балалайды. Астық, бағалы жемшөп өсімдіктерімен қоректенгендіктен алақоржын шарушылығына зиян келтіреді. ## Дереккөздер
Ала қарға (лат. Corvus cornix) – торғайтәрізділер отрядының қарға тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда кең тараған. Дене тұрқы 47 – 50 см, салмағы 0,6 кг-дай. Ала қарғаның басы, қанаты, құйрығы қара, ал арқасы мен бауыры сұрғылт, тұмсығы үшкір, тырнақтары өткір. Орман шетіндегі, өзен бойындағы тоғайларға, бақтарда, кейде дара өскен ағаш басына ұя салады. Мекиені 4 – 7 қызыл қоңыр, секпілді көгілдір жұмыртқаны 19 күн басады. Балапандарын кезектесіп 35 күндей ұяда негізінде жәндіктермен асырайды. Тамызда балапандары ұядан ұшады. Ересегі қорек талғамайды. Қазан айында Тянь-Шань тауының етегіне қыстауға ұшып кетеді. Ала қарға пайдалы құстардың жұмыртқасын зақымдап зиян келтіреді. ## Өмір сүруі Ала қарға – қарғалар туысының адамдарға ең белгілі өкілі. Дене мөлшері қара қарғадай (441-600г) бола тұрып, оның өзіне тән реңі бар: басы, тамағы, қанаты және құйрығы – қара, ал қалған жабын қауырсындары-сұр. Бұл жыртқыштыққа икемдігі айқын көрінетін күшті құс. Ормандағы қарға- барлық ұсақ қанаттыларға төнген қатер, ал көлдерде суда жүзетін құстардың ұяларына үлкен нұқсан келтіреді. Адам үйректің, қасқалдақтың немесе сұқсырдың ұяларына тиіп кетсе-ақ болды ( мысалы, қайықпен қасынан жүзіп өтсе), қарғаны тап сол жерден көруге болады. Сөйтіп , бірнеше минуттан соң ұядан тек жұмыртқаның қабығы ғана қалады. Ол балапандарды да дәл солай жәукемдейді. Қазақстанда ала қарға республиканың бүкіл солтүстік жартысында – суда жүзетін құстары көп көлдерде, дала және орманды дала зоналарында қоныстанады. Қыста Қазақстанның оңтүстік жартысына жылыстайды. Әдетте қыс кезінде тау етегіндегі далада және қалалар мен ауылдардың көшелерінде жүреді. Ала қарғалар қыс жылы болса, тіпті тауға биіктей көтеріледі.Ала қарғаның саны соңғы онжылдықта Қазақстанның барлық аумағында өсе түсуде. Сөйтіп суда жүзетін құстарға маманданған аңшылықтар үшін оның зиянды әрекеті жер-жерден өте күшті сезіле бастады. Сірә ала қарғаның санын ретке келтірудің мезгілі жеткен тәрізді. ## Дереккөздер
Алатау бөденешөбі (лат. Veronica alatavica) – бақажапырақ тұқымдасының бөденешөп туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Іле Алатауы мен Шілік өзенінің жоғарғы сағасында кездеседі. Алатау бөденешөбінің биіктігі 30-50 см. Бұтақталған тамыр сабағы бар. Тік сабағы сұр түсті, сыртын бүйраланған түк басқан. Ланцет тәрізді үшкірленген жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Ақшыл, қоңырау тәрізді гүлдері масақ, кейде сыпырғыш гүл шоғырына топталады. Тұкымынан көбейеді. Шілде айында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі жұмыртқа тәрізді қауашақ, ұзындығы 3 мм-дей, түкті, кара түсті болады. Өте сирек кездесетін түр болғандықтан, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. ## Дереккөздер
«Алатау» – климаттық - бальнеологиялық санаторий. Іле Алатауының солтүстік бөктерінде, теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан, Алматы қаланан 10 км. Ауа температурасы (орта есеппен): қаңтарда – 3,8°С, шілдеде 21°С. Жауын - шашын мөлшері 900 мм. Санаторий өзінің алғашқы демалушыларын 1986 жылы қабылдады. 371 адамға арналған (2007 жылы). Санаторийде буын және омыртқа, жүрек және қан тамырлары, асқазан - ішек жолдары, тыныс алу органдары, гинекология, урология, тері ауруларын емдейді. Қосымша стоматолог, психотерапевт, косметолог мамандарының қызметтері көрсетіледі. Негізгі емдеу факторлары: климат, емдік балшық, физиотерапия (электр жарығы, ингаляция, парафин, массаж, сауна), инемен емдеу, ем-дом терапиясы, мануальді және лазерлік терапия, сүлікпен қан сору, оттекпен демалу, аутотренинг, қажет болса дәрі-дәрмекпен емдеу. Демалушыларды Ақсай минералды суымен емдеу (ванна түрінде, ішуге, ингаляция, микроклизма) кеңінен қолданылады. Минералды су көзі санаторий аумағында орналасқан. Сонымен қатар санаторийде құйынды, ауыспалы, гидрогальваникалық ванналар, әр түрлі душтар (Шарко, циркулярлы, т.б.) бар. Санаторийде қолданылатын шипалы балшық жоғары минералданған майлы сульфитті балшық тобына жатады, ол Алматы облысы Райымбек аудандағы Тұзкөл көлінде өндіріледі. Балшықты тірек - қимыл аппаратын, жүйке жүйесін, асқазанды, т.б. емдеуге пайдаланылады. Балшықпен емдеу аппликация әдіс түрінде, балшық ерітіндісімен компресс, балшық ерітіндісі электрфорезі, гальвано - балшық, қынаптық және ректальдік балшық тампондары түрінде қолданылады. Санаторийде фитобар жұмыс жасайды. Санаторий аумағында 1996 жылы гольф алаңы және 2001 жылы жабық аквапарк ашылды. ## Сілтемелер * Алматы * Ванна * Балшық ## Дереккөздер
Алатау сиыржоңышқасы (Onobrуchіs alatavіca) – бұршақтар тұқымдасы, сиыржоңышқа туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Іле Алатауындағы Түрген өзенінің шатқалды тау бөктерінің балшықты, тақтатасты жерлерінде өседі. Биіктігі 50 см. Шамалы түк басқан сабақтарының бұтақтары жұмсақ болады. Жапырақтары жалпақ, 4 – 7 жұптан тұрады, ұзындығы 15 см-дей, сары қызғылт түсті гүлдері көпгүлді гүлшоғырына топталған. Маусым айында гүлдейді, шілдеде жеміс береді. Тұқымы ұзынша келген бұршақ. Алатау сиыржоңышқасы – өте сирек кездесетін өсімдік. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Алатұқым (лат. Phalacrachena) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Оңт. Еуропада кездесетін 2 түрі белгілі. Қазақстанда далалық аймақтың сортаңды жерлерінде, балшықты, тастақты тау беткейлерінде, өзен-көл жағалауларының құмдақты жерлерінде өсетін 1 түрі – қасқа А. (Р. сalva) бар. Биікт. 15 – 20 см, қалың түкті өсімдік. Сабақтары жеке, кейде бірнешеу, тік немесе жатаған. Жапырақтарының пішіні әр түрлі, көбінесе қауырсынды тілімденген. Гүлдері қызғылт түсті, көпгүлді себет гүлшоғырына топталған. Себеті сабақ ұшына дара орналасады. Мамыр – шілдеде гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы ұзынша келген, ұзындығы 4 – 6 мм, айдары болмайды.
Алатөбе мұнай кен орны — Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 33 км жерде орналасқан кен орны. Мұнайлы құрылым 1977 жылы анықталған. Барлау жұмыстары 1980–1982 жылдары жүргізілген. ## Геологиялық құрылымы, сипаты Құрылым жартылай күмбез тәрізді көтерілімде орналасқан және солтүстік-батыс бағытында тектоникалық жарылыммен шектелген. Мұнай кені тереңдігі 3875 м-дегі тектоникалық жарықтарға жанасқан орта триас кезеңінің карбонатты тау жыныстарында шоғырланған. Мұнайлы қабаттың жалпы қалыңдығы 60 м, тиімді қалыңдығы 17,8 м; ашық кеуектер 17%, өткізгіштігі 0,74 мкм2, мұнай сіңірімділік коэффиценті 0,74. Бастапқы қабат қысымы 52,5 МПа. Ұңғыманың тәуліктік өнімділігі 180 м3. ## Құрамы Мұнайы жеңіл (0,844 г/см3), парафин мөлшері 9,3%. Мұнайдың 300°С-қа дейінгі фракция шығымы 41%. Барланған геологиялық қоры бойынша Алатөбе мұнай кені орташа кен орны болып есептеледі. ## Дереккөздер
Алатікен (лат. Silybum) – астралылар тұқымдасына жататын бір немесе екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Бір ғана түрі – шұбар А. (S. marіanum) белгілі. Ол Қазақстанда таулы, шөлді аймақтарында өседі. Биікт. 14 – 30 см, кейде 1,5 м-ге жетеді. Сабағы жалаң, кейде түкті, бұтақты. Жапырақтары тікенді, жылтыр ақ дағы болады. Гүлдері көп, қызғылт, көкшіл, кейде ақ түсті, ірі, дара себет гүлшоғырына топталады. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы домалақ, тықыр, қара қоңыр немесе ақшыл шұбар. А. – дәрілік өсімдік, одан алынған препараттарды геморрой, сары ауру, т.б. емдеуге пайдаланылады.
Алатау сиыры – сүтті, етті сиыр тұқымы. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның жергілікті сиырын швиц және кострома сиырымен будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1950 ж. мойындалды. Алатау сиырының түсі негізінен қоңыр, ал дене құрылысы швиц сиырына ұқсас болады. Басы үлкен, мойны жалпақ етті, арқасы мен белі түзу, кеудесі кең, сандары білеуленген, сирақтары ұзын, түзу, тұяқтары мықты келеді. Орта есеппен: сүттілігі 2800 – 3500 кг, майлығы 3,8 – 4,0%. Шоқтығына дейінгі биіктігі 129 см, тұрқы 171 см, кеуде орамы 197 см, жіліншігінің орамы 20 см болады. Ұрғашысы тірідей 500 – 550 кг, бұқасы 850 – 1040 кг тартады. Алатау сиыры Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында өсіріледі. ## Дереккөздер
Алакөл (Мокрое) – Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы Ақсуат кентінің оңтүстігіндегі көл. ## Гидрографикасы Аумағы 17,63 км2. Ұзындығы 8,2 км, ені 4,1 км. Жағалауы жазық, алабы жайылым ретінде пайдаланылады. Қарашаның басында суы қатып, сәуірдің басында ериді.
Алашбай – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының батысындағы өзен. Ұзындығы 55 км, су жиналатын алабы 1220 км2 ## Бастауы Шұбароба және Қосқора тауларынан басталып, Бозкөлге жетпей құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Қар және жер асты суларымен толығады. Жазда құрғап қалады, суы ащы. ## Дереккөздер
Алаш үстірті – Ресей Федерациясы Тыва Республикасы Батыс Саян жотасындағы үстірт. Ең биік жері 3129 м (Бай-Тайга тауы). Жер қыртысы негізінен метаморфтанған алевролиттер, тақтатастар және құмдақтар мен конгломераттардан түзілген. Беткейлері тік жартасты. Өзен аңғарларымен тілімденген, аралықтарында тасты далалар кездеседі. Алаш үстіртінің беткейлерін жапырақты орман көмкерген. Ең ірі өзені – Сут-Холь (Сүткөл). Климаты қатаң, қыста жиі бұрқасынды желдер болып тұрады. Қаңтар айында температура –50°С-қа жетеді. Жазы қоңыр салқын. Шілде айындағы орташа температурасы 16°С. ## Дереккөздер Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Алғазы аралы – Балқаш көлінің орта тұсында, Байғабыл түбегіне жақын, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан арал. ## Географиялық орны Жетісу облысы Қаратал ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Ұзындығы 7 км, ені 1 – 3 км, ауданы 13 км2 шамасында. Аралды солтүстігінен ені 1,5 км, оңтүстігінен 4 км шамасында бұғаз бөледі. Жағалауы негізінен жазық, солтүстік-батысы ғана тік (абсолюттік биіктігі 366 м) келеді. ## Геологиялық құрылымы Девонның туф қабаттары аралас құмдақ жыныстардан түзілген. ## Өсімдігі Өсімдікке кедей. Тек ұсақ қиыршықтасты, топырақты жерлерде ғана жусан, сораң, т.б. өсімдіктер өседі. 1931 – 1959 жылдар аралығында мұнда өзімен аттас Алғазы балық зауыты жұмыс жасаған. ## Дереккөздер
Алдатөмпек – Бозащы мен Солтүстік Үстіртте кездесетін қызыл құмырсқаның илеуі. Жазық жер бетінен томпиып, кейде биіктігі 1 м-ге дейін барады. Оңтүстік беті – тік, солтүстік беті – жатаған, түйетайлы болып келеді. Құмырсқалар топырақты сілекейлерімен қатырып жасайды. Бұл жұмыспен жазда, әсіресе, жауыннан кейін айналысады, ал қыста төмпек астындағы жердің терең қатпарына кетеді. А-ті Э.А. Эверсманн 1825 – 26 ж. экспедиция кезінде беткі бөлігін қазып зерттеп, қызыл құмырсқаны термит тұқымдасына қосып, ғылыми айналымға алғаш енгізген. ## Дереккөздер
Алға ауданы – Ақтөбе облысының солтүстігіндегі әкімшілік бөлініс. ## Географиялық орны Батысында Қобда, солтүстігінде Мәртөк ауданы мен Ақтөбе қаласы, шығысында Хромтау, оңтүстігінде Мұғалжар, Темір аудандарымен шектеседі. Аудан орталығы – Алға қаласы. ## Халқы Тұрғыны 40783 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (80,61%), орыстар (10,15%), украиндар (4,23%), немістер (1,08%), беларустар (0,20%), татарлар (0,78%), басқалары (2,95%). ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 30 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 12 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Жер бедері Алға ауданының жері негізінен қыратты жазық (биіктігі 200 – 400 м). Солтүстік-батысында Тасқоралы тауы (биіктігі 386,7 м), оңтүстік-батысында Бесоба тауы орналасқан (биіктігі 324 м). Олардан басқа Аққұдық, Қарамең, Керуентау, Ақшоқы, Қайқы, Есет, Бесоба, Қаратөбе, Нартау, Тасшоқы таулары бар. Кен қазбаларынан тас көмір, мұнай, фосфорит, құрылыс материалдары, т.б. кездеседі. ### Климаты Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық, қуаң. Қаңтардың орташа температурасы –15 – 16°С, шілдеде 22 – 23°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 200 – 250 мм шамасында. ## Өзендері Аудан жерінен оңтүстікке қарай Елек, Сарықобда, Қарақобда және олардың салалары Тәңірберген, Талдысай, Батпақты, Сазды, т.б. өзендері ағып өтеді. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Топырағы негізінен қызғылт қоңыр, сортаң қызғылт қоңыр болып келеді. Өсімдіктерден жусан, бетеге, боз шөптері өседі. Аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен, борсық; тұяқтылардан бөкен, елік; құстардан дуадақ, тырна, бүркіт, қаз, үйрек мекендейді. Ауданда ауыл шаруашылығы (астық) мен мал шаруашылығы (ірі қара, қой, жылқы, шошқа) жақсы дамыған. Минералдық тыңайтқыштар өндіретін Ақтөбе «Нитрохим», «Неохим» химия кәсіпорындары, нан, май зауыттары бар. Орынбор – Ташкент темір жолы, республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау автомобиль жолы аудан аумағынан өтеді. ## Дереккөздер
Александров жер асты су кен орны - Қостанай облысы Қостанай ауданы жерінде, Тобыл өзені аңғарында орналасқан. 1967 жылы барланған. ## Жатыс сипаты, геологиялық құрылымы Су кені Солтүстік, Орталық, Оңтүстік деп аталатын 3 телімнен тұрады. Жер асты суы жайылманың аллювийлі және төселме опока мен эоцен жасындағы құмтастарға шоғырланған. Судың тәуліктік жиынтық қоры 12,2 мың м3. Аллювий қабатындағы судың эоценге қарағанда (0,6-1,3 г/дм3) құрамы негізінен тұщы (0,2-0,6 г/дм3). Су 1975 жылдан пайдаланылуда. ## Дереккөздер
‎ Александров сайы — Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы аумағында орналасқан сай. Александров ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жерден басталып, Есіл өзенінің оң жағына тіреледі. Ұзындығы 6,6 км, су жиналатын алабы 148 км. Қайыңды ормандар шоғыры алабының 21%-ын алады. Далалық жерінің жартысынан астамы жыртылған. Александров сайы бастауында ені 10 м-ден бастап, сағасында 200 м-ге дейін кеңейеді. Шымнан құралған беткейі тік, биіктігі 15 – 20 м. Жыралар мен құрғақ өзектер терең тілімденген. Арнаның жазғы уақыттағы тереңдігі 6 – 10 м-ден 14 м-ге дейін ауытқиды. Ағын жылдамдығы 0,1 – 0,4 м/с. Жайылым ені 4 – 10 м, құмайтты, шалғынды, саға тұсын бұта басқан. Су мол жылдарда ғана ағыны қатты келеді. Жаз бен күздегі ағыны мардымсыз және жер асты суына тікелей байланысты болады. Көктемде судың минералдылығы 150 – 800 мг/л шамасында, кермектілігі 20 – 60 мг/экв. Жазда минералдылығы 1,0 – 1,2, г/л дейін жетеді, ал кермектілігі 8,0 – 9,0 мг/экв-ға дейін ұлғаяды. Суы гидрокарбонаттық сипатта. Сағадан 1,6 км тұста топырақ бөгетінің көмегімен ұзындығы 84 м және тереңдігі 0,5 м болатын Жапырақ бөгеті салынған. Суы жазғы-күзгі кезде мал суару үшін пайдаланылады.
Алексеев гранит кен орны – Ақмола облысы Ақкөл ауданында орналасқан. Барлау жұмыстары 1960 жылы жүргізілген. ## Геологиялық құрылымы, құрамы Кен орны Бұланды алқабының герциндік қатпарлығына шоғырланған. Граниті лейкократты ақшыл қызыл және сұр түсті. Механикалық құрамы орташа түйіршікті, қошқыл түсті минералдардың мөлшері 5-8%. Аршылым жыныстарының қалыңдығы 2 м-ден асады. Кварцты порфирлерінің түсі қошқыл қызыл түсті. Кен денелерінің беріктілігі 865-1610 кг/см2; су сіңірімділігі 0,28-0,38%, тығыздығы 2,57-2,59 г/см3. Кен орнындағы тас 300 маркалы гранитке сай келеді. ## Дереккөздер
Алешин темір кен орны - Қостанай облысы Меңдіқара ауданында орналасқан. Кен орны 1957-1964, 1969-1979 жылдары барланған. ## Геологиялық құрылымы Кен денесі брахисинклинальды қатпарлықта жатыр. Изометриялық тұрғысынан (аумағы 10-15 км2 кен денесі екіқабатты төменгі тас көмір тау жыныстарынан түзілген. Жабынды шөгіндінің қалыңдығы 100 – 170 м. Кен орны 1000-1200 м тереңдікке дейін барланған. Алаңның оңтүстігіндегі скарнды-кентасты белдемі палеозой іргетасының үстінде жатыр, солтүстігінденде ол 1500 м-ге тереңге батқан. ## Жатыс сипаты Кен орны айрылымдық бұзылыстармен күрделеніп, оны Батыс, Орталық, Шығыс, Солтүстік-шығыс және Солтүстік-батыс телімдерге бөлген. Олар біртұтас магнетитті (бүкіл қордың 55%-ын құрайды), сеппелік магнетитті және пирит-пиротинді сульфидті болып бөлінеді. Кен денесінің қалыңдығы 100-140 м. ## Құрамы Баланс қорының мөлшері 432 млн. т және ондағы темірдің мөлшері 43,56 – 44,85%-ды, күкірт 3,06%-ды, фосфор 0,04%-ды құрайды. Баланстан тыс кентас мөлшері 110 млн. т деп бағаланды. Ондағы темір құрамы 29%-ға жуық. ## Дереккөздер
Алқабек – Қара Ертіс өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Азутау жотасының оңтүстік беткейінен бастау алады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 82 км, су жиналатын алабы 1420 км2. Қар, жаңбыр, жер асты суларымен толығады. Жоғарғы тау шатқалында сарқырай ақса, жазыққа шығысымен ағысы баяулайды. Алқабек елді мекенінің тұсында көп жылдық орташа су ағымы 0,57 м3/с. Суы егін суғаруға, мал жайылымына пайдаланылады. Басты салалары: Орта Теректі, Шет Теректі, Ашалы. ## Дереккөздер
Алма-Арасан (шипажай) – бальнеологиялық санаторий. Іле Алатауының шырша жамылған солтүстік баурайында (Өтпелі шатқалы), теңіз деңгейінен 1780 м биіктікте орналасқан. Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 19 км. Жыл бойы жұмыс жасайды. Ауа температурасы (орта есеппен): қаңтарда –4°С, шілдеде 15°С. Санаторийде жауын-шашын мөлшері 900 мм, жылына 1600 сағ күн ашық болады. Емдеу үшін кремний қышқылы радон аралас сульфат-гидрокарбонатты азот, кальций-натрийлі минералды жылы су (37,8°С) қолданылады, сондай-ақ климат факторлары (таза су, әсем табиғат), физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру пайдаланылады. Санаторийдің минералды суы 14 ғ-дан белгілі, 1930 жылдан зерттеле бастады. Алма-Арасан санаторийінде жүйке жүйесі, әйел аурулары, аяқ, қол, буын, тері және асқазан аурулары емделеді. ## Дереккөздер
Алқамерген – Ертіс алабында орналасқан тұзды көл. ## Географиялық орны Павлодар облысы Май ауданының батысында. ## Гидрографикасы, сипаты Аумағы 20,4 км2. Су жиналатын алабы 1475 км2. Жағалауы негізінен жазық. Көлге батысынан Ащысу өзені құяды. Алабұға, шортан, табан балықтар өседі. Қарашаның алғашқы жартысында суы қатып, сәуірдің аяғында ериді. ## Дереккөздер
Алмаарасан минералды суы – Алматы облысы Қарасай ауданы аумағындағы жер асты суы. Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 26 км жерде орналасқан. Құрамы мен емдік қасиеті бойынша кремнийлі-термальды суларға жатады. Диорит жыныстарындағы жарықшалардан шығатын су көздерінің тәуліктік шығымы 48 м3. Суда күкіртті сутек иісі бар, бұлақтарының ернеуі сульфат-бактериялардың қардай ақ түсті колонияларымен көмкерілген. Бұл төңіректе 1951 – 53 жылдары 5 ұңғыма бұрғыланған, олардан тәулігіне 520 – 525 м3 су өздігінен атқылап шығады. Судың температурасы 33 – 38°С, минералды 0,3 г/л, химиялық құрамы сульфатты-гидрокарбонатты натрийлі, оның кремний диоксиді (40 – 75 мг/л), фтор (3,6 – 6 мг/л), күкіртті сутек (0,58 мг/л), радон (9 – 13 эман) тәрізді биологиялық активті құраушылары бар. Алмаарасан минералды суы негізінде 1932 жылдан «Алмаарасан» санаторийі жұмыс істейді. ## Дереккөздер
‎ Алма күйесі (лат. Yponomeuta malinellus) – ақкіс күйе тұқымдасына жататын зиянды көбелек; жеміс ағаштарын зақымдайды. Батыс Еуропа, Солтүстік Қытай, Корея және Жапонияда, ал Қазақстанның солтүстігінен басқа аймақтарда тегіс таралған. Көбелектің алдыңғы қанаттарының үсті үш қатар қара нүктелі күмістей ақ болады, ал артқы қанаттары күл түстес, жиек шашақтары ақшыл келеді. Қанаттарының жайғандағы ұзындығы 8 – 20 мм. Жұлдызқұрттарының ұзындығы 18 мм, түсі сарғыш, басы қара, арқасында қылшықты қара сүйелдер екі қатар орналасады. Пілләсінің түсі ақ, ал қуыршағы күңгірт сары. Алма күйесі жылына бір рет көбейеді. Жұлдызқұрттары алма ағашы бұтағы қабығының астында қыстайды. Көктемде олар тобымен жапырақ тақтасының арасына кеулеп еніп, жас тіндерін кеміріп жеп, тек жапырақ жүйкесін ғана қалдырады. Олар жіпшелерімен жапырақтарды, бұтақтарды шырмап, өрмек ұя жасайды. Алма күйесінен қатты зақымданған ағаштардың жеміс түйіндері төгіліп, өрт шалғандай болып көрінеді. Жетілген жұлдызқұрттар ақ пілләға оранып қуыршаққа айналады, ол кезең 15 – 20 күнге созылады. Алма күйесінің жұлдызқұрттарын жою үшін жеміс ағашы бүршік жармай тұрып немесе гүлдегеннен кейін инсектицидтер шашады. ## Дереккөздер Қазақ энциклопедиясы
Алмалы – Жамбыл облысы Тараз қалалық әкімдігі аумағына қарасты жердегі асу. Қырғыз Алатауының батысында орналасқан. ## Жер бедері Асудың ең биік жері шамамен 1550 м-ге жуық. Беткейінен көптеген өзендер бастау алады. Алмалы асуынан жаяу және салт атты адам өте алады. Батыс және шығыс бөліктері тіктеу келген. ## Дереккөздер
‎ Алмалы бөгені — Жетісу облысы Ескелді ауданындағы Сарыбұлақ (Алмалы) өзенінің бойында орналасқан. 1979 жылы салынған. ## Гидрологиялық сипаты Суының көлемі — 5,5 млн м³. Бөген суын аудан шаруашылықтары егістікке пайдаланады. ## Дереккөздер
Алмат – Сарыбұлаққұм құмының солтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ырғыз ауылының шығысында 11 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 114 м. Таудың оңтүстік-батысы төбешікті, құмдауытты, солтүстігінен Сарыөзек, оңтүстігінен Ырғыз өзендері ағады. ## Дереккөздер
Алматы – Іле Алатауындағы шың. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 3681 м. Шың Үлкен Алматы көлінің батысында, Проходная (Өтпелі) өзенінің шығысын ала орналасқан. Жалаңаш жартасты, тік құлама беткейлі. 3000 м-лік биіктігінде жылдың 9-10 айында қар жатады. ## Геологиялық құрылымы Алматы шыңы плиоцен және төрттік кезеңнің басындағы тау түзілу процесінде пайда болған. Гранит, конгломерат, әктас, тақтатастан түзілген. ## Өсімдігі Төменгі бөлігін шыршалы орман, альпілік шалғын көмкерген. Батысындағы Проходная өзені бойымен Алматы асуына туристік жол барады. ## Дереккөздер
Алматы – таза ауа, әсем табиғат, шипалы су және балшықпен емдейтін климаттық - бальнеологиялық санаторий. 1967 жылы ашылған. 1999 жылға дейін мемлекеттік мекеме, 1999 – 2003 жылы Қазақстан Республика Президенті Іс басқармасы Медицина орталығының «Алматы» клиникалық санаторийі, 2003 жылдан «Алматы» санаторийі АҚ болып қайта құрылды. Санаторий Іле Алатауының солтүстік бөктерінде, теңіз деңгейінен 1000 м биіктікте, Алматы қаласының оңтүстігінде орналасқан. 155 орны бар (2007 жылы). Жыл бойы қызмет көрсетеді. Ауа темпратурасы: қаңтарда –3,8°С, шілдеде 23°С. Жауын-шашын мөлшері 700 мм-дей. Негізгі емі: хлорлы - натрийлі - кальцийлі орташа минералданған Ақсай минералды суы және Тұзкөл көлінің (Алматыдан 330 км, Райымбек ауданында) шипалы балшығы. Минералды су әр түрлі ванналар (минералды, жартылай минералды, камералық, гидрогальваникалық, т.б.), ал шипалы балшық былау жасау үшін пайдаланылады. Сондай-ақ физиотерапия, массаж жасалады, жаяу жүретін бағдарлар (1000 метр, 1500 метр, 2200 метр) белгіленген. Санаторий асқазан - ішек жолдарының, жүрек - қан тамыр, жүйке, эндокринді, зәр шығару, тыныс алу жүйелері, тері, урология, гинекология ауруларды емдейді. Функционалдық диагностика, стоматология, инемен емдейтін, т.б. кабинеттер бар. ## Дереккөздер