text
stringlengths
3
252k
Қазышбұлақсай – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы облысы Ұйғыр ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 38 км. ## Бастауы Бастауын Кетпен (Ұзынқара) жотасының солтүстік беткейінен алып, Іле өзеніне 10-12 км жетпей жерге сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Жоғарғы арнасы шатқалмен, орта бөлігі сайлы-жыралы өңірмен өтеді. Төменгі арнасының жағалауы жайпақ, аңғары кең. Қар және жер асты суларымен толығады. Аңғары жайылымға және шабындыққа пайдаланылады ## Дереккөздер
Қазығұрт (лат. Filago) – астралылар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуропада, Кіші Азияда, Кавказда, Сол түстік Африкада және Иранда кездесетін 40-қа жуық түрі белгілі. Қазақстанның барлық жерінде өсетін 3 түрі (дала Қазығұрты, күрекше Қазығұрт және тау Қазығұрты) бар. Көп тараған түрі – дала қазығұрты (F. arvensіs). Оның биіктігі 5 – 45 см. Сабағы тік, ұшына қарай сыпыртқы тәрізді тарамдалып келеді, сыртын ақшыл не сұр түсті түк жапқан. Жапырағының ұзындығы 5 – 15, ені 1 – 3 мм-дей қауырсын тәрізді. Ортаңғы бөлігі жасыл, шетіне қарай ақшыл тарта беретін ұсақ гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Ашық қоңыр түсті сопақша тұқымы ұсақ болады. Дала Қазығұрты – дәрілік өсімдік. Оның қайнатылған тұнбасын іш өткенде, қызба ауруларында ішеді. Сондай-ақ тіс ауырғанда, қотырға және жараға жағады. ## Сілтемелер
ҚАЙДАҚ СОРЫ – Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Бозащы түбегі мен Үстірт аралығында орналасқан. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы аумағында, Өліқолтық шығанағының оң түстігінде жатыр. Ұзындығы 135 км, ені 20 км. Сор табаны Каспий теңізі деңгейінен 28 – 34 м төменде. Оңтүстігін жағалай сазды-батпақты Қаракешу соры орналасқан. Шығыс жағалауын Батыс Үстірт кемерлі шыңы алып жатыр. Бозащы түбегіне қараған батыс бөлігі жайпақ келген. Қайдақ сорының оңтүстігімен Шетпе – Өтеш темір жол және автомобиль жолдары өтеді. 1978 жылдан бастап Каспий теңізі суының көтерілуіне байланысты (2 м-ден 2,7 м-ге дейін) Қайдақ сорының басым бөлігін су басқан. ## Сілтемелер
Қайдауыл – Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы тау. Баянауыл тауларының солтүстігінде 25 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 293 м. Пішіні күрделі. Тау оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 8 км-ге созылған, солтүстігінің енді жері 10 км-ге жуық. Беткейлері көлбеу келген. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы тас көмір жүйесінің гранитті, гранодиоритті тау жыныстарынан түзілген. Оның үстін делювийлі-пролювийлі шөгінділер жапқан. ## Өсімдігі Құрғақ даланың нашар дамыған карбонатты қара топырағында бетеге, боз, қау, жусан, т.б. шөптесіндер өскен. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. Маңында бірнеше жайлау бар. ## Дереккөздер
Қайқықанат, каллипельтис (лат. Callipeltis) – рияндар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таудың балшықты, тастақты және ірі қиыршықтасты беткейлерінде, кейде өзен жағалауларындағы малтатасты жерлерде өсетін 1 түрі – орама Қайқықанат (C. cucullaris) бар. Оның биіктігі 5–20 см, сабағы қарапайым немесе жоғары қарай бұтақтанған. Тамыр түбіндегі жапырақтары ерте солып қалады. Сабақ бойындағы жапырақтары төрт-төрттен бірігіп, ұзынша немесе қалақты келеді. Тостағанша жапырақшалары білінбейді, күлтелері сары түсті, төрт бөлікке бөлінген. Гүлдері қос жынысты, аталығы төртеу, өте қысқа, аналығы – біреу, олар жартылай шатырша гүлшоғырына топталған. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, мамыр – шілдеде жеміс салады. Жемісі ұзынша, сәл орақ сияқты иілген. ## Сілтемелер
Қайқаң, Бұланбай – Жүнжүрек тауларының солтүстігіндегі тау массиві. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы Тоқжайлау ауылының солтүстік-шығысында 2 км жерде орналасқан. Алакөл көлінің аңғарында. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 2385 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 25-27 км шамасында созылған, енді жері 14 км-ге жуық. Солтүстік-шығыс беткейі тік жарқабақты, батысқа қарай еңістеніп өзен арнасына тіреледі. Беткейлерінен бастау алатын өзен салалары Жаманты, Орта Тентек өзендеріне құяды. ## Геологиялық құрылымы Девон және силур кезеңдерінің шөгінділерінен түзілген. Таудың қоңыр, қара топырағында бетеге аралас астық тұқымдастары, бұта және жалпақ жапырақты орман өскен. ## Дереккөздер
Қайнар – Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы көл. Жылтыр ауылының солтүстік-шығысында 25 км жерде, теңіз деңгейінен 178 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 6,7 км2, ұзындығы 4 км, енді жері 2,4 км, жағалау бойының ұзындығы 12 км. Бойлық бағытта созылып жатқан көл айдынын түгелімен қамыс шоғырлары басқан. Жазда көл құрғап, сорға айналады. Оңтүстігінде Жанелгір көлі жатыр.‎ ## Дереккөздер
Қайнар сөзінің бірнеше мағынасы бар: ## Елді мекендер ### Абай облысы * Қайнар – Жаңасемей ауданындағы ауыл * Қайнар – Көкпекті ауданындағы ауыл ### Ақмола облысы * Қайнар – Ақкөл ауданындағы ауыл. ### Ақтөбе облысы * Қайнар – Алға ауданындағы ауыл. ### Алматы облысы * Қайнар – Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл. * Қайнар – Қарасай ауданындағы ауыл. * Қайнар – Райымбек ауданындағы ауыл. * Қайнар – Талғар ауданындағы ауыл. ### Батыс Қазақстан облысы * Қайнар – Бәйтерек ауданындағы ауыл. ### Жамбыл облысы * Қайнар – Байзақ ауданындағы ауыл. * Қайнар – Қордай ауданындағы ауыл. ### Жетісу облысы * Қайнар – Алакөл ауданындағы ауыл. * Қайнар – Қаратал ауданындағы ауыл. ### Қарағанды облысы * Қайнар – Нұра ауданындағы ауыл. ### Түркістан облысы * Қайнар – Ордабасы ауданындағы ауыл. * Қайнар – Созақ ауданындағы ауыл. * Қайнар – Төле би ауданындағы ауыл. ### Шығыс Қазақстан облысы * Қайнар – Зайсан ауданындағы ауыл. * Қайнар – Күршім ауданындағы ауыл. ### Қырғызстан * Қайнар – Жалалабат облысы Созақ ауданы Сәйпеден Атабеков айыл аймағы құрамындағы айыл. * Қайнар – Жалалабат облысы Созақ ауданы Ырыс айыл аймағы құрамындағы айыл. * Қайнар – Талас облысы Айтматов ауданындағы айыл. * Қайнар – Ыстықкөл облысы Жетіөгіз ауданындағы айыл. ## Өзен-көлдер * Қайнар — Жем алабындағы өзен. * Қайнар — Қорағаты алабындағы өзен. * Қайнар — Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы көл. ## Тағы басқалар * Қайнар бұлақ * Қайнар колледжі
Қайрақтас – Ақөзек аңғарының солтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы Қарабұлақ ауылының оңтүстік-батысында 23 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 870 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 6 км шамасында созылған, енді жері 1,5 – 2 км-ге жуық. Беткейі көлбеу, бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Таудың түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. ## Өсімдігі Қоңыр топырақ жамылғысында жусан, сұлыбас, бұталар өседі. Бұлаққа бай, таудың оңтүстік-батысында Жаңғызтал қыстауы орналасқан. ## Дереккөздер
Қайрақкөл, Қырықкөл – Жетісу Алатауының сол сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Жетісу облысы Ақсу мен Сарқан аудандарының шекарасында орналасқан. Сарқан және Ақсу өзендерінің аралығында. Абсолюттік биіктігі 2201 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 32 км-ге созылған, енді жері 12-14 км шамасында. ## Жер бедері Солтүстік мен шығыс беткейлері тік жарқабақты, оңтүстік көлбеу бөлігін өзен салалары тілімдеген. Солтүстік-батысында таудың жартастары жалаңаштанып, эрозиялық процестерге ұшыраған. ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың метаморфты тақтатасы мен палеоген шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр, қара топырақты далалық-орманды белдемінде селеулі-бетегелі шалғын, итмұрын, т.б. жеміс ағаштары өседі. Баурайы мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Қайрақты – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Жақсы Тағылы тауының шығыс беткейіндегі бұлақтардан алып, Қайрақты ауылынан 30 км жерде Жаман Сарысу өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 40 км, су жиналатын алабы 522 км². Аңғары 0,5 – 1 км, арнасы жатық. Сағасындағы жылдық орташа су ағымы 0,41 м³/с. Өзенге кішігірім 5 сала құяды. Суы тұщы, шаруашылық қажетіне пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қайрақты – Қандарақ жотасының солтүстік-шығысындағы асу. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы Көкжар ауылының оңтүстігінде 37 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 3129 м. Асуда көктем айларында қар жатады. Солтүстігінде Қараағаш жотасы, шығысында Батыртас тауы, оңтүстігінен Ащыкезең асуы өтеді. Қайрақты асуынан мамыр-қыркүйек айларында салт атты адам өте алады. Солтүстік беткейінен Тентек өзенінің салалары бастау алады. Беткейлері тік шатқалды, құзды келеді. ## Дереккөздер
Қайшы – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жетісу облысы Панфилов ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 51 км, су жиналатын алабы 298 км2. ## Бастауы Бастауын Қояндытау жотасының шығыс бөлігінің оңтүстік беткейіндегі бұлақтардан алып, Айдарлы ауылына жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы Аңғары тар. Жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Көктемде суы мол, ағыны қатты. Шаруашылық қажетіне, егін суғаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қайызғақшөп (лат. Stachys) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдік, кейде шала бұта. Қоңыржай және субтропиктік аймақтарда кездесетін 300-ден астам түрі белгілі. Талас Алатауы, Қоржынтау, Алтай, Тарбағатай, Іле Алатауының тастақты сол түстік беткейлерінде, Семей, Ақтөбе,Мойынқұм аймақтарының тастақты (қорымтасты) жерлерінде, Балқаш –Алакөл ойысының өзен, арық жағалары мен ылғалы мол шалғындықтарында көп өседі. Қазақстанда 6 түрі бар. Олардың биікт. 15 – 125 см. Сабағы тік, жапырақтары өркен бойына қарама-қарсы орналасады. Гүлдері сабағы мен бұтақтарының ұшында 6 – 8 гүлден топталып, масақ тәрізді гүлшоғырын құрайды. Гүлшоғырлары жапырақ қолтығынан да дамиды. Жеке гүлінде бір-бірімен біріккен түтік тәрізді 5 тостағанша жапырақша, қызғылт, ақшыл сары, көгілдір түсті 5 күлтесі бар. Күлтелерінің екеуі бірігіп жоғары ерін, үшеуі бірігіп, төм. ерін құрайды, түбінен түтік тәрізді тұтасып бірігіп кеткен. Аталығы – төртеу, ол жоғары ерін құрайтын күлтенің ішіне орналасқан. Біріккен күлтелер аталықтарды сыртынан қоршап, жаңбыр суынан қорғайды. Маусым, шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс салады. Жемісі – үш қырлы жаңғақша. Қайызғақшөптің кейбір түрлері дәрілік өсімдіктер (мыс., орман Қайызғақшөпі), арасында шірнелі түрлері де кездеседі. ## Дереккөздер
Қайықша томағашөп (лат. Scutellaria navicularis) – ерінгүлділер тұқымдасы, томағашөп туысына жататын көп жылдық шала бұта. Балқаш – Алакөл ойысының құмды жерлері мен құмды беткейлерінде өседі. Биіктігі 40 см-дей. Ұзын тамыры ағаштанып кеткен, қатты болады. Сабағының қабығы қоңыр, түп жағынан бұтақтанып келген, мықты. Жапырақтары қысқа сағақты, жұмыртқа пішіндес, ұзындығы 1 – 2 см, ені 0,3 – 1,5 см, өркенге қарама-қарсы орналасады. Жапырақ тақтасының үстіңгі беті ашық жасыл, жылтыр, астыңғы жағын жұмсақ қалың түк басқандықтан бозғылт түсті келеді. Гүлшоғырының ұзындығы 4 – 10 см, негізгі сабаққа гүлдері қос-қостан топталып орналасады. Тостағанша жапырақшалары қалың түкті, ұзындығы 2 – 3 мм. Күлте жапырақшалары сары түсті, ұзындығы 2,5 см, сыртын түк басқан. Гүлдері ашылған кезде ерін тәрізді екі жаққа бөлініп тұрады. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістері маусымның аяғы мен шілдеде піседі. Жемісі – қоңыр түсті құрғақ жаңғақша, ұзындығы 1,5 мм. Қайықша томағашөп – өте сирек кездесетін эндемик түр. Оның жылдан-жылға таралу аймағының кемуіне байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Сілтемелер
Қайрақты қорғасын кен орны - Қарағанды облысы Шет ауданында Ақадыр темір жол станциясының солтүстік-шығысында орналасқан (40 км). 1944–1954 жылдары толық барлау жүргізілді. Кен орны шығыс және батыс синклинальдарынан құралған. 1944 жылдан барит-полиметалл кендері өндіріледі. ## Геологиялық орны, сипаты Кен фаменнің (девон) әктастарында, тас көмірдің саз-карбонат жыныстарында орналасқан. Линза тәрізді кентас денелері құмтас қат-қабаты мен саз-карбонат қабаттары аралығында жатыр. Кен денелерінің ұзындығы 100 – 350 м, құлау бағытының ұзындығы 160 – 300 м, қалыңдығы 12 – 40 м, кей жерінде 5 – 12 м. Кентастар, негізінен, барит, галенит, сфалерит, халькопирит, пирит минералдарынан құралады; олардың ішінде қорғасын, мырыш, мыс, барит негізгі құраушылар болса, ал күміс қосалқы құраушы болып саналады. Кен орнының негізгі қорлары қазылып алынған. ## Дереккөздер
Қайрақты – Дегелең (892 м) тауларының шығысындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы Қасқабұлақ ауылының оңтүстік-батысында 32 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 628 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 8 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. ## Жер бедері Беткейлері көлбеу, ұсақ шоқылардан тұрады. ## Өсімдігі Таудың қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге аралас астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қайыңды — Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы ауыл, Қайыңды ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Құлан ауылынан батысқа қарай 63 км-дей жерде, боз жусан, баялыш, күйреуік, т.б. шөптесін өскен шалғынды сұр топырақты шөлейт белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы 1977–1997 жылдары қой өсіретін «Мақпал» кеңшарының орталығы болып келді. Оның негізінде Қайыңдыда «Мақпал» ӨК және бірнеше ЖШС ұйымдастырылды. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшер-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар. ## Дереккөздер
Қайыңды, Үлкен Қайыңды – Ертіс алабындағы өзен. ## Географиялық орны Абай облысы Көкпекті ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Қайыңдышоқ қонысы мен Қайыңды (1598 м) тауынан алып, Миролюбовка ауылынан төменде Бұқтырма бөгеніне сол жағынан құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 58 км, су жиналатын алабы 604 км2. Жалпы ұзындығы 200 км болатын 70-тей саласы бар. Ірілері: Кіші Қайыңды, Поперечная, т.б. Раздольное ауылына дейінгі арнасы жонды-белесті, жарқабақты қырқалармен ағады. Жоғарғы алабының басым бөлігін Қайыңдышоқ орманды алқабы алып жатыр. ## Дереккөздер
Қайыңды – Шалқар алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысының Мұғалжар, Шалқар аудандары жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Мұғалжар тауының шығысындағы Шортай тауынан алады. Қаратоғай ауылы тұсында Шетырғыз өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 98 км, су жиналатын алабы 1060 км2. Аңғары кең, арнасы жалпақ. Қар, жер асты суларымен толығады. Көктемде тасиды. Ағынды суы көктемдегі қар еру кезінде 10 – 15 күнге ғана созылып, жазда қарасуларға бөлініп қалады.‎ ## Дереккөздер
Қайыңды– Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы сор. Көкиірім және Сұлусор көлдері аралығында жатыр. Дөңгелек пішінді Қайыңдының жағалауында қамыс шоғырлары кездеседі. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын әсерінен сор шалшық көлге айналады да жазда кеуіп, бетін сор басып жатады. ## Дереккөздер
Қайнар – Жем алабындағы өзен. ## Географиялық орны Атырау облысы Жылыой ауданы жерімен ағып өтеді. ## Бастауы Ошан тауының солтүстік етегіндегі бұлақтан бастау алады. Ұзындығы 144 км, су жиналатын алабы 3160 км2. ## Гидрологиясы Арнасы тік жарлы. Негізінен еріген қар және жер асты суларымен толығады. Өзенге ұзындығы 10 км-ден аспайтын бірнеше кішігірім салалары қосылады. Көктемде ағыны 7 – 10 күндей үзіліссіз болады. Суы ащы. Кей жылдары өзен суы тартылып қалады.‎ ## Дереккөздер
Қайыңды – Арғанаты тауларының солтүстік-батысындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Қостанай облысы Арқалық қалалық әкімдігіне қарасты аумақта орналасқан. Абсолюттік биіктігі 470 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 6 км-ге созылған. Енді жері 2,5 км. ## Жер бедері Беткейі көлбеу, пішіні доға тәрізді. Баурайындағы бұлақтардан Жақсы Қайыңды өзенінің салалары (Ақсоқыр, т.б.) бастау алады. ## Өсімдігі Қоңыр топырақ жамылғысында боз, селеу, бетеге, сұлыбас, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Қазоты (лат. Crypsis) – астық тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдіктер туысы. Еуразия, Солт. және тропиктік Африканың қоңыржай және тропиктік аймақтарында кездесетін 10 – 15 түрі белгілі. Қазақстанда Тобыл – Есіл өзендерінің бойында, Ақтөбе,Мойынқұм, Тарбағатай, Қаратау аймақтарының ылғалды, сор топырақты жерлерінде өсетін 5 түрі бар. Жиі таралған түрлері: тікенді Қазоты (C. aculeata) және қамыстәрізді Қазоты (C. schoenoіdes). Бұлар биікт. 4 – 50 см-ге жететін сабан сабақты өсімдіктер. Жапырақтары таспа тәрізді жіңішке, қынапты. Сабақ ұшына жақын орналасқан жапырақтарының қынабы жалпақ келеді әрі сабақтан сәл ажыраңқырап тұрады. Масақ тәрізді гүлшоғыры сабақтың ең ұшынан дамитындықтан оны сабақ ұшына жақын орналасқан жапырақтың қынабы жауып тұрады. Масағындағы масақшасы қысқа сағақты, екі бүйірінен қысыңқы, масаққа дара орналасады. Гүліндегі масақша қабыршағының ұзындығы 3 – 4 мм, қандауыр тәрізді, қырлы, қылтанақсыз. Гүл қабыршағы мөлдір, жарғақ тәрізді, ұзындығы 5 – 6 мм. Гүліндегі аталық саны 2 – 3. Сәуірден тамызға дейін гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – дәнек. Қазотын үй құстары, әсіресе, үйрек пен қаз сүйсініп жейді. ## Дереккөздер
ҚАЙЫҢДЫ ОРМАН, қайың өскен алқап. Сол түстік жарты шарда тундрадан субтропикке дейін таралған. Еуропа, Азия, Сол түстік Американың қоңыржай белдемі мен салқын белдеулерін қамтиды. Ормандар ішіндегі майда жапырақтылар қатарына жатады. Сол түстік Қазақстанның орманды дала, дала белдемдерінің ылғал молырақ жиналатын ойпаңды жерлерінде шоқ-шоқ болып өседі. Бұл ормандар ішінде қайыңға араласып көк терек, тал, қарақат, дала шиесі, итмұрын кездеседі. Қайынды орман алқабының жалпы аумағы 600 – 700 мың га. Олар негізінен Көкшетауда, Баянауылда, Қарқаралыда, біраз бөлігі Қазақстанның оң түстік-шығысындағы таулы алқаптарда кездеседі. Мысалы, Тянь-Шань тауының қылқан жапырақты шыршалы-орманды белдеуінен кейін, негізінен, майда жапырақты қайыңды-көктеректі белдеу орналасқан. Оң түстік Алтай тау етектерінде де Қайынды орман біршама орын алған. Қайынды ормандар желден жақсы қорғайды, қар тоқтатады, басқа екпе ағаштарға қарағанда, орман өртіне төзімді, топырақты құнарландырады. Топырақтың сортаңдануына жол бермейді. Орманның табиғи қайыңдары 80 жылдай өседі, 55 – 60 жылдай бағалы ағаш сүрегін береді. Негізінен қайың ағаштарын кесу жасы 55 – 75 жыл, ал жоғары өнім беретіндерінікі 45 – 50 жыл. Қайыңды орман топырақ құрылымын жақсартуда, батпақтанудан сақтауда үлкен рөл атқарады. ## Сілтемелер
Қайыңдыкөл — Қостанай облысы Фёдоров ауданындағы батпақ. Костычевка ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 13 км жерде, теңіз деңгейінен 196 м биіктікте жатыр. Аумағы 4,1 км², ұзындығы 3,1 км, енді жері 2 км, жағалау бойының ұзындығы 8,8 км. Күрделі пішінді Қайыңдыкөлдің орта тұсы көтеріңкі келген. Қалған бөлігін қамыс, құрақ басқан. Оң түстігінде Көмпіркөл батпағы жатыр. Кезінде көл болған Қайыңдыкөлде тек көктемде еріген қар суы мен жауын-шашында ғана көлшік пайда болады да, жылдың басқа кезеңдерінде шалшық суға айналады. Алабы шабындыққа және мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қайыңдысор – Сыпсыңағаш қолатының орта бөлігіндегі тұзды тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қамысты ауданы Аралкөл ауылының солтүстік-батысында 16 км жерде орналасқан. Өлкейек өзені алабында. Теңіз деңгейінен 214 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 5,6 км2, ұзындығы 3,8 км, енді жері 2,7 км, жағалау бойының ұзындығы 10,5 км. Жағалаулары тік жарлармен тілімденген. Солтүстігінде Жолшора, оңтүстігінде Жаркөл, батысында Қуыссор көлдері орналасқан. Көктемгі еріген қар, жауын-шашын суларымен толысады. Суы қараша айының аяғында қатып, сәуірде ериді. Жағалауы шабындық, мал жайылымы.
ҚАЙЫҢДЫШОҚ– Бұқтырма бөгенінің батысындағы шоқ қайыңды қоныс. Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында, Қайыңды (1598 м), Суықшоқы (Холодная Сопка, 1380 м), Кальчуга (1377 м) таулары аралығында жатыр. Аумағы 80 км²-ге жуық, ұзындығы 22 км, енді жері 2,2 км. Түгелімен дерлік қайыңдардан тұратын орман ішінде биіктігі 10 – 12 м болатын жартастар мен құздар кездеседі. Қайыңдышок арқылы Қайыңды өзені ағып өтеді. Мұнда Көкпекті ауданының «Қайыңды» орман шаруашылығы орналасқан. ## Сілтемелер
Қайдағұл – Ұлы Жыланшық алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 36 км. ## Бастауы Бастауын иен даладағы бұлақтардан алып, Дәнсары көлінің шығысындағы Мырзабаймола бейітіне 1,5 км жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы Жағалауы ашық және жайпақ келген. Орта ағысының 20 км-ге жуық бөлігін жарқабақты жыралар тілімдеген. Қар және жер асты суларымен толығады. Ұзындығы 2,5 км болатын бір саласы бар. Арнасында су жыл бойы болады. Сондықтан алабы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қайыпмергеннің қарасуы – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 100 км, су жиналатын алабы 2150 км². ## Бастауы Бастауын Сасырлы тауының батысындағы қыраттан алып, Шабдаржуған (455 м) тауының солтүстік-батысында 15 км жерде Жаңасортаң қонысында тартылып қалады. ## Гидрологиясы Негізінен жауын-шашын, жер асты суларымен толығады. Ағыны көктемде 15 – 20 күндей ғана болады, жаздың ыстық айларында төменгі және орта ағыстары құрғақ арнаға айналып, жоғарғы ағысы қарасуларға бөлініп қалады. Қайыпмергеннің қарасуы көктемде мал суаруға қолайлы. ## Дереккөздер
Қақ, Кіші Қақ – Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданындағы көл. Дружба ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 км жерде, теңіз деңгейінен 156,5 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 45,1 км2, ұзындығы 9 км, енді жері 6,1 км, жағалау бойының ұзындығы 37,6 км, тереңдігі 1 м-ге жуық. Түбі тегіс, тұнба, саз-батпақты. Суы ащы, тұзды. Көл жағасына жаз бен күз айларында құстар мекендейді.‎
Қалайы кентастары — қалайы металы шоғырланған минералдық шикізатом Жер қыртысындағы қалайының орташа мөлшері 0,0006%. Ашық әдіспен алынатын кенқайраңдарда қалайы мөлшері 340 г/м³-ден, жер астынан өндірілетін жағдайда 850 г/м³-ден кем болмауы, ал олардағы металды қабаттың қалыңдығы 1,6 м-ден кем болмауы шарт. Қалайының 17 минералының ішінде металл бөлуі жөнінен маңыздылары – касситерит SnO2 (68 – 78% Sn) пен станнин Cu2FeSnS4 (24 – 29% Sn). Қалайы кентастарының құрамында вольфрам, қорғасын, күшәла, висмут, т.б. элементтердің қоспалары болады. Минералдық құрамы мен түзілу ерекшеліктеріне қарай Қалайы кентастарының түп кендері пегматиттік, касситерит-кварцтық, касситерит-сульфидтік формацияларға ажыратылады, ал кенқайраңдары элювийлі, делювийлі, аллювийлі, көлдік, теңіздік, көмбе және қазба болып бөлінеді. Дүние жүзіндегі қалайы қорының 75%-ы кенқайраңдарда шоғырланған. Қалайы кентастарының басым бөлігі ҚалбауылыНарын, Ертіс аймақтарында, Шу-Іле мен Балқаштың солтүстік-батысында, Көкшетау қыратында, Арқалық, Ұлытау, Тоқырау, Жарма, Шар аймақтарында орналасқан. Бұл өңірлердегі Қалайы кентастарының басты генетик. түрлері: кварцты желілер (44,4%), грейзендер (14,5%), кварц желілі грейзендер (15,2%), қалайылы граниттер, пегматиттер, апограниттер, силикатты-касситеритті сульфидтер. Қалайы кентастарының ірі түпкі кендері мен кенқайраңдары (Ресейде Байкал сырты, Карелия, Сібірдің солтүстік-шығысы, Сихотэ-Алинь, Кіші Хинган), Қытайда, Боливияда, Малайзияда, Индонезияда, Бельгияда, Конгода, Нигерияда шоғырланған. ## Сілтемелер * Қалайы * Кен ## Дереккөздер
Қалақай (лат. Urtica) — қалақайлар тұқымдасынан бір туысы. Бір жылдық не көп жылдық, қос үйлі және сирек те болса бір үйлі шөптесін өсімдік. Сабағы мен жапырағы түкті. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан. Ұсақ гүлдері масақ тәрізді гүл шоғын құрайды. Қоныржай және тропик аймақта 40-тан астам, Қазақстанда 3 түрі бар. Көлеңкелі, ылғалды жерлерде, орманда, бақта, жол бойында өседі. Қазақстандың барлық түрінің құрамында ақуыз көп болады. Жемшөптік маңызды түрі — қосүйлі қалақай (Urtica dioica) сондай-ақ Қазақстанның барлық жерінде кездеседі.Биіктігі 1 м-дей. Сабағы тік, жапырақтары өркенге қарамауылықарсы орналасады. Өсімдікті түгелдей күйдіргіш безді түктер жапқан. Безді түктер денеге тисе түктің ұшы морт сынып, түбіндегі (ішіндегі) сұйықтық дереу денеге жайылып күйдіреді. Халық аузындағы «қалақай шақты» деген осы. Бұл туысқа жататын өсімдіктер бір үйлі, кейде екі үйлі болады. Гүлшоғырлары сырғагүл, жай және күрделі масақ тәрізді, жартылай шатыр болып жапырақ қолтығынан немесе сабақтың ұшынан дамиды. Аталық гүлінде біркелкі 4 тостағанша жапырақша, 4 аталық (жай гүлсерікті) бар. Аналық гүлінде 4 тостағанша жапырақшаның екеуі сыртқы, екеуі ішкі шеңберде орналасқан. Көктемнің аяғынан бастап, жаз бойы гүлдейді. Жемісі – бір-бірімен біріккен қос жаңғақша. Қос үйлі қалақай – құнарлы мал азығы. Малға туралған және булаған түрінде беріледі. Тұқымын жылқы мен құс сүйсініп жейді. Қалақайдың барлық түрінің құрамында ақуыз, сондай-ақ К, С, В витаминдері, илік заттар және минералды тұздар, әр түрлі органикалық қышқылдар болғандықтан, ол тағам ретінде және медицинада пайдаланылады. Қалақай препаратын диабетпен ауырғанда, кептірілген жапырағынан жасалған қайнатындыны қақырық түсіру және асқазанды тазарту үшін ішеді. Жаңа жұлып алған жас жапырағын сүйелге жапсырады. ## Сілтемелер * Дәрілік өсімдіктер ## Дереккөздер
Қайрақты, Шопанқарасу – Есіл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақмола облысының Атбасар, Жақсы аудандары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 66 км, су жиналатын алабы 3890 км². ## Бастауы Өзен бастауын Телекей көлінің солтүстік-батысында 10 – 12 км жердегі жазықтағы бұлақтан алып, Балталы ауылына жетпей Терісаққан өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Басты салалары: Талдысай, Егінқарасу, Шұрымсай, Шортанбай. Аңғары кең, арнасы жалпақ. Жауын-шашын, жер асты суларымен толығады. Жылдық ағынының негізгі бөлігі көктемгі қар еру кезінде қалыптасады. Су ағымы көктемгі су тасқыны кезінде 9,86 м³/с-тан жазғы саба кезінде 0,025 м³/с-қа дейін азаяды, кейде құрғап қалады. Көктемгі мол суды егінді көлдетіп суғаруға пайдалану үшін орта ағысында бөгет салынған. ## Дереккөздер
Қалақай көбелегі (Aglaіs urtіcae), нимфалидтер тұқымдасына жатады. Көбелек қанатының өрісі 50 мм. Қанаты қара жолақты, ашық қызыл сары түсті. Еуропа мен Азияның қоңыржай аймақтарында кең таралған. Көбелектер тасалау жерлерде қыстайды (тек ұрғашылары ғана, ал еркек көбелектер күзде өліп қалады). Ерте көктемде ұшып шығып, жұмыртқаларын қалақайдың (аты соған сәйкес қойылған), кейде сиырбүлдіргеннің жас өркендеріне салады. Өсімтал, бірден 200-дей жұмыртқа салады. Қара сары жолақты жұлдызқұрттары топталып, тормен шырмалған ұяларды мекендейді. Қуыршақтанудың алдында ұяларынан шығып, өсімдік бойымен өрмелеп, дараланып кетеді. Жылына 1 – 2 ұрпақ береді. ## Сілтемелер * Көбелек * Жәндіктер ## Дереккөздер
Қалақайлар тұқымдасы (Urtіcaсеае) – қос жарнақты өсімдіктер. Көбінесе шөптесін, кейде бұта, шырмауық және ағаш түрінде өседі. Жер шарының барлық жерінде кездеседі, әсіресе, тропиктік, субтропиктік аймақтарда өсетін 60 туысы 700-дей түрі (кейбір деректерде 2 мыңға жуық түрі) бар. 2 туысқа жататын 7 түрі республиканың шығысындағы таулы аймақтарда, Балқаш – Алакөл ойыстарында, Тобыл, Есіл, Ертіс өзендері алабында, жол бойында, т.б. жерлерде өседі. Сабағы тік, жай жапырақтары кезектесіп немесе қарамауылықарсы орналасады. Өсімдікті түгелдей күйдіргіш түктер қаптап жатады. Ұсақ, реңсіз гүлдері шоғырбас, сыпыртқы, сырға тәрізді гүлшоғырына топталған. Дара және қос жынысты болады. Аталығы 4 не 5, аналығы – біреу, оның аузы қостілімді. Қалақайлар тұқымдасы желмен тозаңданады. Аталығы қалыпты жағдайда бүршік ішінде ішке қарай бүктеліп жатады. Тозаңданар кезде аталықтың жіпшесі дереу жазылып, желдің әсерінен тозаңқап жарылып, тозаңдар шашылады. Бұл тек осы тұқымдасқа ғана тән құбылыс. Кейбір түрлері (мысалы, эластостема) жыныссыз, тамыр атпалары, түйнектері арқылы вегетативті жолмен көбейеді. Жемісі – жаңғақша. Қалақайлар тұқымдасының арасында тағамдық, құнарлы мал азықтық, медицинада пайдаланылатын түрлері бар (мысалы, қос үйлі қалақай, күйдіргіш қалақай). ## Сілтемелер * Қалақай * Өсімдіктер ## Дереккөздер
Қайып – Қаратал-Талас алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жамбыл облысының Байзақ, Талас аудандарында ағады. Ұзындығы 105 км, су жиналатын алабы 2620 км2. ## Бастауы Бастауын Алмалы тауының баурайынан алып, Талас өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы арнасы тік шатқалды, төменгі ағысы сайлы-жыралы, төбелі-белесті жерлермен өтеді. Суы аудан шаруашылықтары егістігін суғаруға пайдаланылады. Аңғары мал жайылымы. ## Дереккөздер
‎‎ Қақпатас бөгені — Шу алабындағы бөген, Жамбыл облысы Қордай ауданында Қақпатас өзені бойында орналасқан. Бастауын Кіндіктас тауының оңтүстік беткейінен алып, Шу өзеннің оң жағынан құяды. Бөген 1988 жылы салынған. ## Гидрологиялық сипаты Суының көлемі 10 млн. м3. Қордай ауданының 1,9 мың га егістігін суғаруға пайдаланылады. ## Тағы қараңыз Қақпатас өзені ## Дереккөздер
Қалба кеніштері – қола дәуіріндегі қалайы кентасын өндіретін ежелгі кен орындары. Кеніштер Ертіс өзеннің жоғарғы ағысында (Батыс Алтай аймағында) орналасқан. Құрамында қалайы кентасының негізгі минералы – касситеритті желілі кенінің 30-ға жуық орны бар. Кен орындары Қалба және Нарын жоталарында, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 км-ге созылып жатыр. Тау қазындыларының пішіні – саңылау (үңгі) тәрізді, ең ұзын саңылау 400 м-ге жуық (Чуд кен орны), ең тереңі 70 м-ге жетеді (Қырықшұрық кен орны), орташа тереңдігі 2 – 10 м. Бұл аймақта кен өндіру жұмыстары б.з.б. 1 – 2-мыңжылдықтың 2-жартысында жүргізілген. Бастапқыда жер бетінің жоғарғы қабатын «шашудан» тұрды. Оған әр түрлі құрал-саймандарды (тас балға, қола қайла, жануарлардың мүйізінен жасалған құралдар, т.б.) пайдаланған. Кейіннен кеніш жұмыстарына шағын ағаш бекітпелер мен кентіректерді (Ұрымқай кенінде, тереңд. 28 м) пайдаланды. Бағам бойынша Қалба кеніштеріндегі барлық кен орындарынан 130 т-ға жуық касситеритті қалайы өндірілген. Кен орындары Қазақстан және т.б. көршілес аудандарда соңғы қола дәуірінде өмір сүрген тайпалардың қалайы өндірудегі маңызды көзі болып саналған. ## Сілтемелер * Кен * Қалба жотасы ## Дереккөздер
Қайрақты – Бала Қосмұрын жотасының батысындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы Сарыарқа ауылының солтүстігінде 21 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1033 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км-ге созылған, енді жері 2,5 км-ге жуық. ## Жер бедері Беткейлері жарқабақты, сай, аңғарлармен тілімденген. Көптеген ұсақ шоқылардан тұрады. Таудан Балтатарақ, Қарасу өзендерінің салалары және Көкпекті өзeні бастау алады. ## Өсімдігі Таудың ашық қоңыр топырақ жамылғысында сұлыбас, бетеге, қылқан боз, селеу, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Қайыңдышоқы – Арғанаты тауларының солтүстік-батысындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Қостанай облысы Арқалық қалалық әкімдігі аумағына қарасты және Ұлытау облысы Ұлытау ауданының шекарасында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 568 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 10 км-ге созылған, енді жері 7 км шамасында. ## Жер бедері Беткейі көлбеуленіп жазыққа ұласады. Қайыңдышоқы тауынан Бала Терісаққан, Түйемойнақ өзендері бастау алады. Солтүстігінде Қушоқы, шығысында Ақадыр, оңтүстігінде Ақтас таулары орналасқан. ## Өсімдігі Карбонатты қоңыр топырақ жамылғысында бетеге, боз, селеу, жұлдызшөп, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Қайыңды – Ойыл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 52 км, су жиналатын алабы 1030 км2. ## Бастауы Бастауын Қызылжар қыстауының жанындағы биіктігі 4 м болатын жарқабақты жырадағы бұлақтардан алып, Ойыл өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы бөлігінде арнасы сайлы-жыралы, Қайыңды ауылынан төменде арнасы кеңейіп жайылма пайда болады. Бірнеше саласы бар. Ірілері: Қызылжарсай, Қызылсай, Күкіртті. Суы жыл бойы болады. Жағалауында бұта аралас бетеге, сұлыбас, жусан, т.б. шөптесіндер өседі. Негізінен жер асты суымен толығады. Суы шаруашылыққа, ауыз суына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қалба-Нарын сирек металды белдеуі, Шығыс Қазақстан облысының Алтай металлогения аймағындағы маңызды кен белдеулерінің бірі. Кенді Алтайдың полиметалды және Батыс Қалбаның алтын кенді белдеулері аралығында; оңтүстік-шығыста Қазақстан – Қытай шекарасынан солтүстік-батыста Батыс Сібір ойпатына дейін (Сібір маңы) 450 – 500 км-ге созылып жатыр, ені 50 – 70 км. Геотектоникалық жағынан – герциндік. Зайсан геосинклиналь жүйесінің өзек тұсы, ал геол. құрылысы жағынан синклинорий болып саналады. Белдеу негізінен төменгі тас көмірдің күрделі қатпарлы, флиштекті терригендік жыныстарынан және жоғарғы палеозойдың гранит интрузивтерінен құралған. Мұндағы сирек металдар қалайы, вольфрам, ниобий, тантал, цезий, т.б. кендері Қалба кешенді гранит интрузивтерімен тығыз байланысты. Қалайы мен вольфрам кендері сан жағынан өте көп тараған. Шашыранды сирек элементтер (Ta, Nb, Gs, т.б.) кендері негізінен пегматиттерде. Қалба тауларының кварц-желілі қалайы кендері ежелгі қазба орындары көптеп қазылып қола дәуірі мәдениетінің қалыптасуына зор әсер еткен. ## Сілтемелер * Қалба жотасы * Кен ## Дереккөздер
Қалғұтты, Тораңғы – Ертіс алабындағы өзен. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 62 км, су жиналатын алабы 652 км2. ## Бастауы Бастауын Күршім жотасындағы Салқыншоқы тауының етегінен алып, Қарақұдық қыстауына 8 км жетпей жерге сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Жоғарғы арнасы шатқалды, орта ағысы сайлы-жыралы, қырқалы-төбелі жерлермен ағады. Қаратоғай ауылынан төменде арнасы кеңейіп, жайылма пайда болады. Ақши аулына дейінгі арнасында жыл бойы су болады. Қар, жауын-шашын суларымен толығады. Қалғұттының жалпы ұзындығы 45 км болатын 15 саласы бар. Ірілері: Ортабұлақ, Тесікқия, Өртенбұлақ, т.б. Ақши ауылынан төменде өзен Тораңғы деп аталады. ## Дереккөздер
Қаламқас мұнай-газ кен орны — Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысында орналасқан мұнай және газ кен орны. Кен орнының құрылымы 1974 жылы белгілі болды, іздестіру-бұрғылау жұмыстары 1976 жылы басталып, сол жылы кен орны ашылды. Қаламқас мұнай-газ кен орны өзі қарайтын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жалпы мұнайының 70 пайызын өндіретін ірі кенорны. 1979 жылдың 2 наурызында Қаражанбас газ-мұнай кен орнымен бірге өз алдына «Комсомолскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы болып құрылды. Ол атау 1992 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына өзгертіліп, кен орны өз төл атауын иемденген. Кен орны 1980 жылдың 2 қарашасында алғашқы миллион тонна мұнайын өндірсе, одан 25 жыл өткен соң 2005 жылдың 6 маусымында 100 миллионыншы тонна «қара алтынын» өндіруге қол жеткізді. Ал бүгінгі күнге дейін 118 миллион тоннадан астам мұнай өндіріліп, ел байлығын еселеп отыр. ## Географиялық орны Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 280 км жерде Бозащы түбегінде орналасқан. Солтүстік Бозащы мұнай бассейніне жатады. ## Атауының тарихы Бозащы түбегіндегі ежелгі қорымның бірі – Қаламқас қыздың есімімен аталады. Қаламқас Маңғыстауға алғаш қоныс аударған адай, беріш, таз, т.б. рубасылары – Атағозы, Шотан, Шақан, Қожамбет, Есболай, Ақпандармен бірге келген ұрпақтың өкілі. Бозашы түбегін алғаш жайлағандар Адай руының жары, жеменей, түрікпенадай Тәңірберген, Беріштің қаратоқай тайпалары болса, Қаламқас ару жарының бектеміс бөлімінен. Ол – жаугершілік заманда ат үстінен түспегей, белінен бесқаруын тастамай, ел қорғаны -ер азаматтармен бірге талай қанды жорықтарға қатыса отырып, Отанын басқыншы жаулардан қорғаған батыр қыздарымыздың бірі. Ал бейбіт күнде ауылды азық –түлікпен қамтамасыз етуге белсене араласқан, аңшы–мерген атанған ару. Осы мәдени –тарихи ескерткіштер қатарына жататын «Қаламқас әулие» қорымын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әкімшілігі өз қамқорлығана алып, басына сәулетті кесене тұрғызу жөніндегі Қаламқас кен орнының бір топ мұнайшыларының ұсынысын жерге тастамай Қаламқас арудың бес қаруы бойында ақбоз атпен шауып келе жатқан бейнесі тасқа бедерленіп қашалған ескерткіш және Қаламқастың өзі тыныстап жатқан қорымда алып кесене дүниеге келді. ## Геологиялық құрылымы Кен ортаңғы юра қабатының беті бойынша амплитудасы 100 м-ге жуық ендік бойымен созылған брахиантиклинальдық қатпардан орын алған. Кеннің мұнай сыйыстырушы қимасы триас, юра және бордың терригендік шөгінділерінен құралған, бұлардың ең қалың тұсы 2395 м. Апт шөгінділерінде 2 газды қабат, неокомда 6, ортаңғы юра шөгінділерінің қабатында 2 газды-мұнайлы, 5 мұнайлы қабат анықталған. ## Жатыс сипаты Өнімді қабаттар 505 – 936 м тереңдікте жатыр. Табиғи сыйымдылықтың түрі жөнінен апт иірімдері, неокомның бір қабаты, юраның бес иірімі қабаттық күмбездік, неокомның бес иірімі қабаттық литологиялық қалқаланған, юраның үш иірімі қабаттық, тектоникалық қалқаланған болып қалыптасқан. Коллекторларының кеуектілігі 23 – 29%-ға, өткізгіштігі 0,105-тен 1,468 мкм2-ге жететін құмтастар мен алевролиттерден құралған. Жаппасы қалыңдығы 4-53 м-ге дейінгі сазды жыныстардан тұрады. Өнімді қабаттардың жалпы қалыңдығы 4-28 м, тиімді қалыңдығы 4,2-10,3 м-ге дейінгі шаманы құрайды. ## Қанығу сипаты Мұнайға қанығу коэффициенті 0,66-0,72, газға қаныққандығы 0,32-0,69. Мұнайдың тығыздығы 0,902 – 0,914 г/см3, күкіртті, парафинді, шайырлылығы жоғары, газға қаныққандығы 25 м3/т. ## Құрамы Қаламқас мұнайы ванадий және никельдің өнеркәсіптік шоғырларымен ерекшеленеді. Бастапқы қабаттық қысым 6,5 – 9,6 МПа, температура 39-44°С, 7 мм-лік штуцерде мұнайдың бастапқы шығымдары 26,4-62,1 м3/тәулік болды. Аз мөлшерде азот пен көмір қышқыл газы кездеседі. Юраның үш қабатындағы газдар жеңіл, ондағы ауыр көмірсутектердің мөлшері 5,9-9,9%-ға дейін өзгереді. Юраның бір иірімінде еріген газ құрамы жөнінен «құрғақ», құрамындағы метан 94,5%-ға жетеді. Төменгі бор иірімдерінің еркін газдары құрамы жағынан метаннан тұрады, оларда ауыр көмірсутектер аз кездеседі (0,85%), азот мүлдем кездеспейді, көмір қышқыл газының мөлшері 0,31%-дан аспайды. Бастапқы қабаттық қысым 9,5 – 8 МПа, температура 30-38°С. Кен орны 1979 жылдан бері игерілуде. ## Дереккөздер
* Қалдар – Аягөз алабындағы көл. * Қалдар – Есіл алабындағы көл. * Қалдар – Қарақұм құмының солтүстігіндегі шоқылы таулар.
Қайыршақтыкөл – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы тұщы көл. Мұғалжар темір жол станциясынан солтүстікке қарай 20 км жерде, теңіз деңгейінен 174 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 14,6 км2, ұзындығы 4,8 км, енді жері 4,6 м, жағалау бойының ұзындығы 15 км. Көлде жыл бойы су болады. ## Жағалау сипаты Дөңгелек пішінді көлдің солтүстік жағалауы көтеріңкі, қалған бөлігі жайпақ. Шығысынан шағын өзен құяды. Оңтүстігінде Екі ағайынды тауы орналасқан.
Қалқан – Іле аңғарының бойындағы құмды алқап. Үлкен Қалқан тауының шығысында 22 км жерде орналасқан. ## Географиялық орны Жетісу облысы Кербұлақ ауданы жерінде. ## Жер бедері Ендік бойымен 37 км-ге созылған, енді жері 10 км. Төрттік кезеңнің саз, құмтастарынан түзілген. Құм төбелердің салыстырмалы биіктігі 15 – 18 м, кейде 30 м-ге дейін жетеді. Беткейлерінде шөлге тән сораң өсімдіктер өседі. Баурайы жайылым ретінде пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Қалқаншалы сымырлар – сымырлардың бір отряд тармағы. Дүние жүзінде кең тараған. Негізінен тропиктік және субтропиктік аймақтарда кездесетін 1600-ден артық түрі белгілі. Қазақстанда 100-ге жуық түрі бар. Қалқаншалы сымырлардың көпшілік түрі жылына 2 кейде 4 ұрпақ береді. Дернәсілдері алғашқы жылы өсімдіктердің үстінде қозғалып жүреді де, жел арқылы таралады. Көптеген түрлері жеміс ағаштарының, оранжереяда өсетін және сәндік өсімдіктердің зиянкестері болып табылады. Кейбір түрлері (мысалы, кошенильдер) пайдалы да болып келеді. Қазақстанда ісік түзгіш сымыр (Acanthococcuc orbiculus) бар. Оның аналығының денесі жасыл түсті, пішіні жұмыртқа тәрізді. Денесінің ұзындығы 2,3 мм, ені 1,2 мм, түк тәрізді қылшықтармен жабылған. Көздері 7 буынды мұртшаларының түбіне жақын орналасқан. Аталығы зерттелмеген. Бұлардың буын аралықтарына орналасқан дернәсілдері жасыл етті қабықпен қапталып, ісік түзеді. Ісік қуысы тегіс, пішіні бұрыс шар тәрізді. Дернәсілдер осы ісік ішінде дамиды. Күздің басында ісік қабығы жарылып, одан жұмыртқасын салған аналық шығып қалады. Жаңа түзілген ісіктер кеуіп, түсіп қалады да, бір өркеннің бойында қайтдан 1 – 2 ісік түзіледі. Ісік түзгіш сымыр өте сирек кездесетін, қазір республикада жойылып кеткен түр есебінде, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Сілтемелер * Жәндіктер * Зиянкестер ## Дереккөздер
Қалқыма су – жер бетіне ең жақын жатқан жер асты суы. Қалқыма су грунт суынан жоғары орналасады. Ол көбінесе ойыстарда, өзен-көл арналарында, су өткізбейтін қабаттардың бетінде, құм топырақтар арасында қар суы ерігенде, су тасығанда, нөсер жауыннан кейін пайда болады. Қалқыма судың қоры, су шығымы әр өңірде әр түрлі болады, температурасы да өзгермелі келеді. Ылғалдылығы біршама мол, булану мөлшері аз аймақтарда қалқыма су тұщы, ал тұзды топырақтар арасында тұзды болып кездеседі. Оның сапасына жер бетіндегі сарқынды сулар мен ластану көздері әсер етеді. Қорының, өнімділігі мен сапасының тұрақсыздығына байланысты қалқыма суды ауыз су ретінде, мал суаруға тек уақытша ғана пайдалануға болады. Мұндай сулардың қорын қар тоқтату, жауын және тасқын суларды ойыс жерлерде жинау арқылы жасанды жолмен арттыруға болады. Көп жағдайда қалқыма су астыңғы қабаттардағы грунт және тұрақты жер асты суларымен байланысты болатындықтан оны да ластану көздерінен сақтай білу қажет.Әдетте қалқыма су тұтас таралмайды, сутірек таужыныстардың үстінде орналасатыш шағын линзалар жасайды. Қалқыма судың мұндайлинзаларының қалындығы көбінесе 0,5-1 м-ден аспайды, кейде 2-3 мге жетеді. Мүндағы су гравитациялық түрде болып, деңгейге ие болады. Қалқыма судың режимі тұрақсыз - деңгейі мен минералдылығы айтарлыктай өзгеріп тұрады. Кейде құрғақ климатты аудандарда қалқыма сулы құдықтар жазда толық кеуіп кетеді. ## Тақырыпқа байланысты * Жер асты суының жатыс жағдайлары * Топырақ суы * Грунт суы * Қабатаралық су ## Дереккөздер География
Қалмақеміл – Солтүстік Балқаш маңындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды (Ақтоғай ауданы) және Абай (Аягөз ауданы) облыстарының шекарасында орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 870 м. Батыстан шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, енді жері 5 -6 км. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Беткейі тіктеу, солтүстік бөлігі көлбеуленіп жазыққа ұласады. Оңтүстік-батыс беткейлерінде түпкі тау жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Тас көмір жүйесінің жыныстарынан түзілген. Тау бойындағы бұлақтардан Ащыөзек өзенінің салалары бастау алады. ## Өсімдігі Сортанды сұр қоңыр топырақ жамылғысында жусан, баялыш, бұйырғын, т.б. өсімдіктер өседі. Жайылымдық және шабындық жерлер бар. ## Дереккөздер
Қалтагүл (лат. Caltha) – сарғалдақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. ## Тараулы, өсетін жері Екі жарты шардың қоңыржай белдеулерінде кездесетін 40-қа жуық түрі белгілі. Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс аудандарындағы батпақты, сазды шабындықтарда, көлдер мен өзендердің жағаларындағы ылғалды жерлерде өсетін – батпақ Қалтагүл (Caltha palustrіs) бар. ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 30-40 см, тамыры шашақталып ұйысып жатады. * Тік өсетін сабағының төменгі жағындағы жапырақтары сағақты, жоғарғы жапырақтары сабаққа қондырмалы болады. * Жапырағы бүтін жиекті, бүйрек кейде жүрек пішінді, кезектесіп орналасады. * Гүлі ірі, ашық сары түсті, аналығы мен аталығы көп. * Наурыздан маусымға дейін гүлдеп, дән салады. * Дәні – қара, жылтыр түсті. ## Құрамы Қалтагүлдің құрамында протоанемонин алкалоиды бар. Сондықтан көктемде оны жеген сиырлар уланады. ## Қолданысы Қалтагүлдің гүлі әдемі болғандықтан, әсемдік үшін де өсіреді. Өсімдікті пісіргеннен кейін улылығын жояды. Сондықтан тамырын пісіріп, ет және балыққа дәмтатымдық тағам ретінде қосады. ## Дереккөздер
Қалмас – Соналы өзенінің оң жағалауындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Нұра ауданы Соналы ауылының оңтүстік-шығысында 12 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Тас көмір жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 460 м. Ұзындығы мен ені 4-5 км. Беткейлері тіктеу, аз тілімденген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында қара жусан, бұйырғын өседі. ## Дереккөздер
Қалмақжатқан – Солтүстік Балқаш маңындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Саяқ кентінен оңтүстік-батысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 589 м, ұзындығы 10 км, ендік жері 4 км. ## Геологиялық құрылымы Девон жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Солтүстік беткейі көлбеулеу келген. Беткейінде Сарықамыс, Арқарсу, т.б. бұлақтар бар. Солтүстігінен Балқаш-Ақтоғай тау жоталары өтеді. ## Өсімдігі Сортаңдау сұр қоңыр топырақ жамылғысында жусан, баялыш, т.б. өседі. Етегі көктемгі, күзгі мал жайылымы. ## Дереккөздер
Қалыңқанат (лат. Pachypterygium) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. ## Өсетін жері Қазақстанда таудың тасты және қиыршықтасты беткейлерінде, сор топырақты, құмбалшықты жерлерінде кездесетін 3 түрі (гүлдес Қалыңқанат, қысқааяқ Қалыңқанат және сабақты Қалыңқанат) бар. Бұлардың ішінде жиі кездесетіні – сабақты Қалыңқанат (Pachypterygium multicaule). ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 10 – 25 см, сабағы бұтақты. * Тамыр түбінен шығатын жапырақтары ұзынша, доғал, сабақ бойындағылары – қандауыр тәрізді, үшкір. * Тостағанша жапырақшалары жұмыртқа немесе қандауыр тәрізді, күлтелері ұсақ, ұзынша. * Гүлдері сары түсті, шашақ гүлшоғырына топталған. * Сәуір – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – ұзынша, эллипс тәрізді бұршаққын. ## Дереккөздер
Қамаргүл, каллистефус (лат. Callistephus) – астралылар тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдік монотипті туысы. Табиғи отаны Қытай мен Жапония. Қазақстанның барлық аймақтарында қолдан өсірілетін 1 түрі – қытай қамаргүлі (Callisterhus chinensis) бар. Биіктігі 1 м-дей, сабағы дара, тік өседі. Сабақ бойындағы жапырақтары ұзынша, жиектері аздап тілімденген, ұшындағы жапырақтары ұсақ қандауыр тәрізді болады. Гүлдері қос жынысты, көк, қара қошқыл, күлгін, қызғылт және ақ түсті. Олар себет гүлшоғырына топталған. Себеті ірі, көп гүлді, сабағының немесе бұтағының ұшында дара жетіледі. Гүлорамының пішіні жарты шар сияқты, көп қатарлы. Шілде – қыркүйек айларында гүлдеп, қыркүйек – қазанда жемістенеді. Жемісі – сұрғылт түсті тұқымша (ұзындығы 5 мм-дей), оның сыртын қысқа түк жапқан, ақ айдаршасы болады. Қытай қамаргүлі – өте әдемі өсімдік, сондықтан сәндік үшін өсіріледі. ## Дереккөздер
‎ Қамыс-Самар жайылмасы – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының орталық бөлігінде, Қараөзен және Кіші Өзен өзендерінің төменгі ағысында. ## Жер бедері Солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 км-ге созылған, ені 50 км. Көктемде қар суы мен тасыған өзен суларының жайылуынан пайда болады. Жайылма аумағында Айдын, Сорайдын, Қандыкөл, т.б. таяз көлдерімен қатар Басыр, Домбақ, Саржан қыстаулары орналасқан. Жайылма теңіз деңгейінен 2 – 3 м төмен жатыр. Көп бөлігінде қалың қамыс, шалғынды өсімдіктер өскен. Жайылма шабындыққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қамба қанкөбелегі – кәдімгі күйе көбелектер тұқымдасына жататын ұсақ көбелек. Бұлар жер шарында өте көп (Қазақстанның барлық облыстарында) тараған. Дән, тұқым, азық-түлік өнімдері мен саңырауқұлақтарды зақымдайды. Денесінің ұзындығы 6 – 8 мм, қанаттарының өрісі 9 – 14 мм. Жылына 1 – 2 рет жұмыртқалап, өсіп-өнеді. Жұмыртқаларын (100-шақты) бір-біріне жабыстырып астық дәндерінің бетіне салады. Жұмыртқадан шыққан ақсары, басы қоңыр, кейде сарғыш қоңыр түсті жұлдызқұрттары (ұзындығы 10 мм-дей) алғашқы кезде астық дәндерінің ішін кеміреді. Олар өсе келе дәннің сыртын жеп, зақымданған дәндерді денесінен шығатын өрмек жіптермен шырмап тастайды. Күзде қамбаның керегелері, діңгектері, төбелеріне өрмелеп еніп, сол жерде қыстап шығады. Қамба қанкөбелегінің ішінде ең көп тарағандары: диірмен қанкөбелегі (Ephestіa kuehnіella); дән қанкөбелегі (Ephestіa elutella); ұн көбелегі (Pyralіs farіnalіs), т.б. Күрес шаралары: қамба, қойма, қырманды тазалап, әр түрлі инсектицидтермен дезинсекциялау; Қамба қанкөбелегі түскен дән мен жармаларды дән тазалайтын машинамен тазарту; желдету, кептіру. ## Сілтемелер * Көбелек * Зиянкестер ## Дереккөздер
Қамысты – Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы тұзды көл. Теңіз деңгейінен 128,1 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 5,3 км2, ұзындығы 4,5 км, енді жері 1,9 км, жағалау бойының ұзындығы 11,2 км. Жайпақ жағалауларында қамыс шоғыры өскен. Көл түбіне тұнба шөккен. Негізінен еріген қар және грунт суларымен толысады. Мал суаруға жарамсыз. Алабы толығымен дерлік жыртылған.
Қандалашөп (лат. Cіmіcіfuga) – сарғалдақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. ## Таралуы және өсетін жері Қоңыржай аймақтарда өсетін 10 түрі кездеседі. Ал Қазақстанда Семей қарағайлы орманы мен Алтайдың қылқанжапырақты және жалпақжапырақты ормандарында өсетін 1 түрі – сасық Қандалашөп (Cіmіcіfuga foetіda) бар. ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 80-200 см, жуан, тарамдалған тамырынан бірнеше сабағы өсіп шығады. * Шеттері тілімденген күрделі жапырақтары (екі немесе үш бірдей жапырақтары бірігіп кеткен) бар. * Аталығы – көп, аналығы 1 – 5 ұялы. * Ұсақ, ақшыл жасыл түсті гүлдері доға тәрізді иілген шашақ гүлшоғырына топталған. * Шілде – тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Сасық қандалашөптің жағымсыз иісі болады. Осы иісінен қандалалар қашады, өсімдіктің аты осыған байланысты қойылған. ## Емдік қасиеті, қолданысы Қандалашөптің кейбір түрі (мысалы, даур қандалашөп) тұнба қайнатуға пайдаланылады. Оны жүйке жүйесін тыныштандыруда, ұйқы қашқанда, сондай-ақ қан қысымы көтерілгенде ішеді. ## Дереккөздер
Қалатұз, Ямышевское – Ертіс алабындағы көл. ## Географиялық орны Павлодар облысы Аққулы ауданының солтүстік-батысында, Ямышев ауылынан шығысқа қарай 5,5 км жерде орналасқан. Көл теңіз деңгейінен 102,2 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 8,2 км2, ұзындығы 3,9 км, енді жері 2,4 км, жағалау бойының ұзындығы 12,2 км, тереңдігі 2,7 м, суының көлемі 13,8 млн. м3. Көл суын 85 км2 жерден жинайды. Көл суы қатты минералданған. Құрамы хлорлы-натрийлі. Мал суаруға жарамайды. Тұз мөлшері шамадан тыс болғандықтан қыста қатпайды. ## Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан көлдің алабы құмдақ грунттан тұратын сәл белесті жазық. Беткейлері негізінен көлбеу, солтүстік мен оңтүстік беткейлері биіктігі 6 м-лік жарқабақты келеді. Жағалаулары нашар тілімденген. Тұйық көлге бірнеше шағын жылғалар құяды. ## Тарихи дерек Көлде 16-18 ғасырларда Қазақстан және Сібірдің тұз өндіретін кәсіпшілігі болған. 1948 жылы тұз рапасының мөлшері 2,1 млн. т болған. 20 ғасырдың 20-50-жылдары аралығында мұнда ұжымшар диірмені істеген, жергілікті тұрғындар көл шығанақтарында шөккен тұздарды жинап өз қажеттеріне пайдаланған.
Қандыағаш (Alnus) – қайыңдар тұқымдасына жататын ағаш. Негізінен Солтүстік жарты шарда өсетін 40-қа жуық түрі белгілі. Бұлардың биіктігі 20 – 35 м-дей, бір үйлі, дара жынысты болады. Қабығы қара қоңыр. Жапырағы кезектесіп орналасады, олардың жиегі иректеліп, астыңғы беті қалың жүйкеленіп біткен. Аталық гүл шоғы ұзын сырға тәрізді, аналық гүл шоғы – масақша, ол жеміс піскенде бүрге айналады. Бүрі ерте көктемде ашылады. Жел арқылы тозаңданады. Жемісі – бір тұқымды, қос қанатты жаңғақша. 50 – 120 жылдай өседі. Қандыағаштың тамырындағы түйнек бактериялары бос азотты сіңіріп, топырақтың құнарлылығын арттырады. Қандыағаштың сүрегі жеңіл, қызыл түсті. Одан үй жиһаздары, ыдыс жасалады. Өзен жағалауларын, жырауылысайларды бекітуге пайдаланылады. Оның көшеттерін қала және өндіріс орталықтарын көгалдандыруға қолданылады. Бүрінен дәрі алынады. Бір түрі – жүректәрізді қандыағаш (Alnus subcordata) – реликт өсімдік. Қазақстанда 1 түрі – жабысқақ қандыағаш бар. ## Сілтемелер * Қайың * Ағаш ## Дереккөздер
Қандауыр айрауық (лат. Calamagrostis lanceolata) – астық тұқымдасының айрауық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Тобыл, Есіл, Ертіс өзендері алабында, Көкшетау қыратының батпақты, су жайылмалы шабындық жерлерде өседі. Биіктігі 60 – 130 см, сабағы жіңішке, түбі бұтақты, тамырсабақты өсімдік. Жапырағы ұзынша, ені 5 мм, ұшы доғал келеді. Гүлшоғыры сыпыртқы тәрізді, борпылдақ, ұзындығы 12 – 15 см. Масағының ұзындығы 4 – 5 мм, кейде 3 – 4 немесе 5 – 7 мм. Маусым – тамыз айларында гүлдейді. Қандауыр айрауық – мал азықтық шөп, оны шабындықта гүлденер алдында орады, кейін қатаңданып жұғымдық қасиеті төмендейді. ## Дереккөздер
Қандыгүл, қансигек (лат. Pedicularis) – сұңғыла тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Кейде бір не екі жылдық түрлері де кездеседі. Жер шарында кең тараған 600-дей түрі белгілі. Қазақстанның жазықты жерлеріндегі ылғалды шабындықтарда, батпақты және сазды жерлерде, таулы аудандағы субальпілік, альпілік белдеулердің төменгі бөліктерінде өсетін 47 түрі (оның 9-ы – эндемиктер) бар. Қандыгүлдің биіктігі 10 – 50 см, кейде 80 см-дей болады. Жапырақтары кезектесіп, топтасып немесе қарамауылықарсы орналасқан. Тостағанша жапырақшасы қоңырау немесе түтік тәрізді. Күлтесі қос ерінді болады. Аталығы – 4, аналығы – біреу. Гүлшоғыры масақ тәрізді. Мамырдан тамызға дейін гүлдеп, маусым – тамыз айларында жеміс береді. Жемісі – екі ұялы қорапша. Қандыгүл – жартылай паразиттік өсімдік. Бұлар әр түрлі өсімдіктердің тамырына жабысып алып, ондағы су мен минералды заттарды сорады. Осының нәтижесінде өсімдік қурап қалады. Қандыгүлдің кейбір түрлері – улы. Тундрада өсетін түрлерімен бұғылар қоректенеді. Кей жағдайда Қандыгүлді халық медицинасы мен ветеринарияда инсектицидтер жасауда пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қандықараша, Қызылтас – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 39 км. ## Бастауы Бастауын жарқабақты келген сайдағы бұлақтардан алып, Сарыапан тауының солтүстік-батысында 15 км жерде тартылып қалады. ## Гидрологиясы Арнасы кең, алабы жазық. Көктемде еріген қар суынан арнасында 15-20 күн ағын болады. Жылдың басқа мезгілінде құрғап қарасуларға бөлініп қалады. ## Дереккөздер
Қант қызылшасы (Beta vulgarіs) — қызылша туысына жататын екі жылдық бағалы техникалық дақыл. Бірінші жылы оның қоректік заттары бар тамыры мен жапырақ шоғы өседі. Осы жылғы өсу кезеңінің ұзақт. 150 – 170 күн. Екінші жылы топыраққа отырғызылған қант қызылшасының жемісінен гүл шашатын сабақ және тұқым пайда болады. Екінші жылғы өсу кезеңінің ұзақтығы 100 – 125 күн. Қант қызылшасы – құнарлы мал азықтық дақыл. Оның пәлегін (жапырағы мен сабағын) з-тта өңдегеннен кейінгі қалған қалдықтардан сірне, сығынды мал азығы даярланады. Қант қызылшасының түсімінің 40%-ы пәлегінің үлесіне тиеді. Қант қызылшасының сығындысында 15% құрғақ заттар, 3% жасұнық, 0,7% күл, 0,1% май және 1,2% ақуыз болады. Осы сығындының 100 кг-ында 80 мал азықтық өлшем және 3,6 кг қорытылғыш протеин бар. Қант қызылшасы тамақ өнеркәсібінде қант алу үшін пайдаланылады, өйткені оның тамыр жемісінде 17 – 19%-дай қант болады. Қант қызылшасы – жылу сүйгіш өсімдік. Қант қызылшасының тұқымы қант з-ттарында дайындалады. Мұнда тазаланған тұқым 2 фракцияға (3,5 – 4,5 мм және 4,5 – 5,5 мм) бөлінеді. Негізінен тұқым себуді топырақтың 10 см тереңдіктегі температурасы 5,6°С жылынғанда бастайды. Бұл кезең көбінесе наурыздың 3-онкүндігі мен сәуірдің 1-жартысына сәйкес келеді. Органикалық заттарға бай, құнарлы қара топырақта жақсы өседі. Оған топырақтың қышқылдау немесе бейтарап болғаны дұрыс (рН 6,5 – 7,5). Қазақстанның суғармалы жерлерінде негізінен қатар аралығы 60 см кең қатарлы себу әдісі қолданылады. Қазақстанда қант қызылшасы Жамбыл, Алматы облыстарының суғармалы жерлерінде өсіріледі. 1991 жылдан Қазақстанда қант қызылшасының бір тұқымды жаңа сорттары аудандастырылып, себілді. Қант қызылшасын бір танапта ұзақ жылдар бойы ауыстырмай сепкенде, оның зиянкес жұмыр құрты мен тамыр биті көбейеді. Сондықтан қант қызылшасын түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауда, оның өнімділігін арттырып, қанттылығын көтеруде ауыспалы егістің маңызы зор. Мал азықтық қант қызылшасының (Beta vulgarіs z. v. crassa) құрамында көмірсулар, витаминдер, тұздар, азотсыз экстракты заттар бар. Сондықтан ол жоғары сапалы және жұғымды мал азықтық дақыл. Бұл қызылша Қазақстанның барлық облыстарында өсіріледі. ## Сілтемелер * Ауру * Қылша ## Дереккөздер
Қамысты ауданы – Қостанай облысының батысында орналасқан әкімшілік бөлініс (1955 жылдан). Жер аумағы 12 мың км². ## Географиялық орны Солтүстігінде Бейімбет Майлин, Денисов, шығысында Әулиекөл, Науырзым, оңтүстігінде Жангелді ауданымен және Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданымен, батысында Жітіқара ауданы және Ресей Федерациясымен шектеседі. ## Жер бедері Аудан облыстың батыс жағында Торғай Үстіртінің солтүстік-батыс жағын алып жатыр. Жер беті негізінен белесті жазық дала. Шығысын көптеген көл қазаншұңқырлары және жырауылысайлар, өзен аңғарлары, батыс жағын Тобыл өзеннің еңістеу өңірі қамтиды. Аудан аумағының оңтүстік бөлігін оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай Сыпсыңағаш қолаты қиып өтеді. Жайылма ауылынан шығысқа қарай Қоңыртау тауы орналасқан. Жер беті жоғарғы олигоценнің, неогеннің және төрттік кезеңнің шөгінділерінен түзілген. Кен байлықтарынан боксит кентасы мен отқа төзімді саз бар. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы біршама ыстық. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 200 – 250 мм. Желді және боранды күндер (қыста) жиі байқалады. Жел көбінесе оңтүстік-батыстан соғады. Ауданның топырағы карбонатты қоңыр, қызғылт қоңыр, кей жерінде тастақты келген. Оларда селеу, бетеге аралас жусан басым, қазаншұңқырлар мен бидайықтарда шалғынды өсімдіктер өседі. Жануарлардан: қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, күзен, суыр, сарышұнақ, құстардан: қаз, үйрек, тырна, байғыз, бүркіт, шіл, бөдене, дуадақ, бозторғай, т.б. тіршілік етеді. Тобыл өзенінде алабұға, шортан, оңғақ, көкшұбар, т.б. балықтар бар. ## Су торабы Қамысты ауданы көлге бай, олардың көпшілігі Сыпсыңағаш қолатында орналасқан және жартысына жуығы тұщы көлдер. Қулыкөл, Талдыкөл, Ақбай, Тұмарлықопа, Жолшора, Шөптікөл, Мамыркөл, Жаркөл, т.б. көлдерінде балық кәсіпшілігі дамыған. Табиғаты әсем Үлкен Кіндікті көлінің бойында жабайы шошқа мекендейді. Орқаш көлінде ас тұзы өндіріледі. Теңіз бен Шұңқырқопа көлдері Тауынсор қорықшасының құрамына енеді. Аудан аумағының батыс жағымен (66 км-ге жуық) Тобыл өзен ағып өтеді. ## Халқы Тұрғындар саны – 12 362 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 48,62%, орыстар – 26,20%, украиндар – 13,70%, немістер – 2,81%, беларустар – 2,05%, татарлар – 1,47%, башқұрттар – 1,41%, молдовандар – 0,57%, басқа ұлт өкілдері – 3,17%. ## Әкімшілік бөлінісі 17 елді мекен 3 ауылдық әкімдік пен 6 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Шаруашылығы Шаруашылығы астық өндіру мен мал өсіруге маманданған. Аудан бойынша ауыл шаруашылық жерінің жалпы аумағы 1 млн. 196 мың га, оның ішінде жыртылған жері 414,6 мың га, шабындығы 9,1 мың га, жайылым 711,1 мың га (2008). ## Дереккөздер
Қантөрткіл – Шағырай қырқасының оңтүстігіндегі төбе. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылының шығысында 56 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 262 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 6 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км шамасында. Жайпақ беткейлері жонды-қырқалы төбешіктерден тұрады. Солтүстік-батысында Жаман Қантөрткіл төбесі, оңтүстігінде Төрткіл бұлағы орналасқан. ## Өсімдігі Тақыр типтес сортаңды топырағында шөл өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
ҚАҢБАҚ (Salsola paulsenіі) – алабұталар тұқымдасы, сораң туысына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Каспий, Арал теңіздері атырауында, Сарыарқаның шығысы мен батысында, Үстірттің солтүстігінде, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында, Мойынқұм, Балқаш – Алакөл ойысының саз топырақты шөлді аймақтарында өседі. Биікт. 15 – 60 см. Сабағы түбінен бастап бұтақтанған, бұтағы өте қалың, тікенегі көп болады. Жапырағы таспа пішіндес, кезектесіп орналасқан, тікенекті, тамыр жүйесі әлсіз. Гүлі – қос жынысты, гүлшоғыры – масақ не шашақ тәрізді. Маусым – тамыз айларында гүлдейді. Мал азығы, оны әсіресе түйе сүйсініп жейді. ## Сілтемелер
Қаншықкөл, Қапшықкөл – Арал теңізінің оңтүстік-шығысындағы сор. ## Географиялық орны, сипаты Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ажар ауылының оңтүстік-батысында 52 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен шамамен 70 м биіктікте жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 14 км-ге созылған, енді жері 3,5 – 4 км шамасында. Солтүстік-батысында Арзанкөл, батысында Жаманжармола сорлары, солтүстік-шығысында Қапшық төбесі орналасқан. Қаншықкөлдің беті тегіс тақырлы, жағалауында сексеуіл тоғайы өскен. ## Дереккөздер
Қанатжеміс (лат. Thlaspi) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір және көп жылдық өсімдіктер туысы. ## Тараулы және өсетін жері Негізінен Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеулері мен Оңтүстік Америкада кездесетін 60-қа жуық түрі белгілі. Қазақстанның барлық аймақтарының орманды, далалы жерлерінде, таудың тастақты беткейлерінде, шалғындықта, орман шетінде, өзен аңғарында, бұталардың арасында, альпі белдеуінде, бақша мен егістік арасында арамшөп ретінде 5 түрі өседі. Соның ішінде жиі кездесетін дала Қанатжемісі (Thlaspі arvense). ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 20 – 85 см, сабағы тік, ұшына қарай бұтақтанып келеді. * Жай жапырағы түксіз, өркенге кезектесіп орналасады. * Гүлдері шашақ гүлшоғырына жиналған. Жеке гүлінде 4 тостағанша жапырақша, ақ немесе қызғылт 4 күлте, 6 аталық (2-уі қысқа, 4-уі ұзын), аналығы біріккен 2 жеміс жапырақшасынан тұрады. * Сәуірден тамызға дейін гүлдеп, жеміс салады. * Тұқымынан көбейеді. * Жемісі – екі ұялы бұршаққынша, жемісінің екі жағында (қырында) желмен таралуға бейімделген жұқа өсінді қанатшасы болады. Өсімдік аты соған байланысты аталған. Жемісі көп тұқымды (10 мыңға дейін). Қанатжеміс – улы өсімдік, себебі оның құрамында эфирлі-қышалы майға ыдырайтын глюкозид болады. Сондықтан бұл өсімдікті мал жесе, мал сүтінен сарымсақтың иісіндей жағымсыз иіс шығады. ## Қолданысы Өсімдіктен алынған шырынды медицинада дәрі жасау үшін пайдаланады. ## Дереккөздер
Қаңбақкөл – Кіші Борсық құмының солтүстігіндегі сор. ## Географиялық орны, сипаты Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шілікті ауылының солтүстігінде 20 км жерде орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 10 км-ге созылып жатыр, енді жері 5 км-ге жуық. Жазда тартылып сор батпақты, тақырға айналады. Солтүстігінде Жалпақсор соры, шығысында Шұбартөбе төбесі, шығысында Аққоңырдөң қонысы орналасқан. Жағалауында сирек сексеуіл шоғырлары кездеседі.
Қаңсар – Нарын жотасындағы тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 2065 м. Оңтүстігіндегі Күршім жотасынан Күршім өзенінің аңғары бөліп жатыр. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 8 км-ге созылған, енді жері 3 км-дей. Солтүстік және шығыс беткейлері тік жартасты, оңтүстігі мен оңтүстік-батыс беткейлері көлбеуленіп Күршім өзенінің аңғарына ұласады. Беткейлерінен Күршім өзенінің салалары бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы палеозойдың гранит, гранодиориттерінен түзілген. ## Өсімдігі Шатқалдарында шырша, қарағай, қайың, терек орманы өскен. ## Дереккөздер
Қаңтарбай – Желдіқара тауының солтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының солтүстік-батысында 20 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1096 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 6 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5-3 км. Беткейі тік жартасты, бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Аягөз өзенінің аңғарында. Солтүстігінде Биесимас, шығысында Батпақ, оңтүстігінде Сынтас, батысында Берікқара таулары орналасқан. ## Өсімдігі Таудың жонды белестеріндегі қара топырақ жамылғысында бетеге, селеу, қылқан боз, қызыл қау, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Қапал – Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы ауыл. * Қапал – Жетісу облысы Ақсу ауданындағы ауыл. Басқа мағыналар: * Қапал – Ақсу алабындағы өзен. * Қапал – Қызылжар тауларының шығысындағы шоқылы тау.
Қалғанкөл – Ақсу алабындағы көл. ## Географиялық орны Жетісу облысы Сарқан ауданы Мұқан Төлебаев ауылынан батысқа қарай 12 км жерде, Ақсу өзенінің сағасында орналасқан. Теңіз деңгейінен 349 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 8,1 км2, ұзындығы 6,4 км, енді жері 1,7 км, жағалау бойының ұзындығы 19 км. Батысында Балқаш көлінің Қоқан шығанағы жатыр. Ескі арналық көл болғандықтан, негізінен, Ақсу өзенінің суымен толысады. Шарасында жыл бойы су болады. ## Жағалау сипаты Жағалауы жайпақ, оны түгелдей дерлік қамыс басқан. Балығы мен суын Лепсі балық шаруашылық кәсіпорны (Мұқан Төлебаев аулында) пайдаланады. Көктем айларында көлемі мен аумағы ұлғайып, батысында Қоқан шығанағымен ұласып кетеді. ## Дереккөздер
Қапал суару жүйесі, Жамбыл облысы Жамбыл, Байзақ аудандары жерінде. 1920 ж. іске қосылған, 1962 ж. толық қайта жаңартылды. Суы негізінен егін суаруға пайдаланылады. Жалпы ұзындығы 357,4 км, Талас өзеннен басталады. Жүйе секундына 267 м3 су өткізеді. Жылына 24,4 мың га егістік суарылады. Егістіктің басты дақылы – қант қызылшасы. ## Сілтемелер * http://www.aksuakimat.kz/kaz/ochirk_2/ Мұрағатталған 17 сәуірдің 2016 жылы. ## Дереккөздер
Үй тышқаны, қаптесер (лат. Mus musculus) - тышқан туыстасына жататын сүтқоректі жануар. Дене ұзындығы 11 см дейін, салмағы 12 – 25 г; құйрығы қысқа. Арқа түгі қоңыр немесе сарғыш сұр, құрсағы сұр немесе ақшыл, кейде сарғыш түсті болады. Тұрғын үйлерде, салынып жатқан құрылыстарда мекендейді, егістік алқаптарда, далалық жерлерде тіршілік етеді. Дүние жүзінде кең таралған. Шыққан ареалы, Солтүстік Африка, Еуразияның тропиктері мен субтропиктері; адаммен бірге, жоғарғы таулы аймақтар мен белдеулерден басқа барлық жерлерге тараған. Қазақстанда биік таулардан басқа барлық жерде кездеседі. 15 түр тармағы, (кейде оларды 2 түрге жатқызады) ТМД-да, барлық жерде тараған Соңғы он жылдықта Солтүстік және Шығыс Сібірді, ал Африкада тропикалық аймақтарға таралуда. Далалы аймақтан солтүстікке қарай адамдар мекенінде кездеседі. Қатал иерархияға бағынған жанұямен тіршілік етеді. Түнде және ымыртта белсенді. Табиғи жағдайда өсімдік дәнімен қоректенеді; үйде - талғамсыз қоректілер. Жылына бірнеше рет көбейеді, ұрпақтарының саны 5-7. Бір қатар инфекциялық аурулардың тасымалдаушылары болып саналады. Туляремия, оба қоздырғышын, гельминт, кепе, т.б. паразиттерді таратады. Зертханалық жануарлар, (әсіресе ақ үй тышқаны, альбинос). Кей жағдайда генетикалық тәжірибелер жасауға пайдаланады. ## Дереккөздер
ҚАПШАҒАЙ АҢШЫЛЫҚ-ҚОРЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, арқар, қарақұйрық, құлан, қарабауыр бұлдырық, т.б. жануарларды сақтап, одан әрі көбейту үшін, сондай-ақ қырықбуын, қылша, Іле бөріқарақаты, Іле көкжалбызы, Іле ұшқаты, Іле сасыр шөбі сияқты өсімдіктерді қорғау мақсатымен 1982 ж. құрылған. Қапшағай бөгенінің солтүстік жағалауында орналасқан. 1996 ж. Қапшағай аңшылық-қорық шаруашылығы «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағының құрамына енді. ## Сілтемелер
Қаптыадыр – Сырдарияның батыс бөлігіндегі қырқалы таулар. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданында Арғанаты тауларының қиыр солтүстігінде орналасқан. Бала Терісаққан және Терісаққан өзендерінің суайрығы. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 525 м (Қосаяқ тауы). Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бағытта 30 км шамасында созылып жатыр, ені 15-18 км. Беткейлерінде (Мыңбұлақ тауының етегінде) бұлақтар және шайынды жыралар көптеп кездеседі. ## Геологиялық құрылымы Қаптыадыр палеозойға дейінгі гранит және гнейс жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Адырлы қырқаның сұр топырағында жусан, бетеге, құмайтты жерінде тобылғы өседі. Жайылымға пайдаланылады. ## Дереккөздер
ҚАапаларасан минералды суы, Алматы облысы Талдықорған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 83 км, Қапалнаннан 35 км жерде, Бүйен өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ол 1000 – 1200 м биіктікте тектоникалық жарықтар арқылы тереңнен шығып жатқан қайнар бұлақ су көзі. Суы шипалы. 1954 – 64 ж. бұл арада бірнеше ұңғымалар қазылып, минералды судың құрамы мен шипалық қасиеттері зерттелді. Суы арынды, жер бетінен 0,2 – 5,5 м биіктікке дейін көтеріледі. Деңгейін 7,5 – 15 м-ге төмендеткенде тәулігіне 130 – 670 м3 су алынады. Химиялық құрамы хлорлы-сульфатты натрийлі, минералдар 0,5 – 0,6 г/л. Суының температурасы 34 – 44°С аралығында. Судың құрамындағы элементтер мөлшері: кремний қышқылы (50 – 88 мг/л), фтор (8 – 9,7 мг/л), бром (0,3 – 0,5 мг/л), бор (0,2 мг/л), молибден (0,03 мг/л), вольфрам (0,003 мг/л). Суда еріген газдың құрамында азот (63,6%), көмір қышқыл газы (10,02%), аргон (1,05%), гелий (0,15%), т.б. бар. Қапаларасан минералды суы жүрек, қан айналу, қозғалыс, жүйке, өкпе-бауыр, тері және гинекологиялық, т.б. көптеген ауруларға ем. Қапаларасан минералды суы негізінде 1886 ж. Қазақстанда ашылған емдеу орны қазір «Қапаларасан» деп аталады. ## Дереккөздер
Қапшағай бөгені – Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы бөген. ## Географиялық орны Шаян өзені бойында, Қазата ауылының солтүстік-шығысында орналасқан. 1983 жылы салынған. ## Сипаты Жалпы су сыйымдылығы 34,5 млн. м3, пайдалы сыйымдылығы 32,5 млн. м3. Суы айдынының беткі деңгейі теңіз деңгейінен 429,6 м биіктікте, аумағы 3,3 км2, ұзындығы 3,1 км, енді жері 0,3 км. Суымен аудан шаруашылықтарының егістігі суғарылады, шабындықтары суландырылады. ## Дереккөздер
Қараағаш орман алқабы – Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында орналасқан. ## Флорасы мен фаунасы Жер көлемі 18 га. Құмды алқап шұрат тәріздес. Мұнда қарағаш, емен, қайың, қарағай, шырша, құм шағылдарында арша, шілік, қараған өседі. Орман алқабында аң шаруашылығы бар. Онда жабайы шошқа, қасқыр, түлкі, бұлан, қарақұйрық кездеседі. ## Дереккөздер
Қараағаш қорықшасы – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан кешенді қорықша. 1986 жылы ұйымдастырылған. Аумағы 68 км². ## Флорасы Алқапта қайың, көктерек, тал, долана, мойыл, шілік және қарағаш ағаштары өседі. Қараағаш қорықшасының жер бедері – аласа таулы алқап. Жалды-қырқалы жазықтар да кездеседі. Тау жоталарының арасындағы аласа жерлерде астық тұқымдас шөптесін өсімдіктерден бетеге, бидайық, селеу, еркек қоңырбас, жусан, құмсағыз, ши, ойдым-ойдым жерлерде жеміс-жидекті бұталар кездеседі. Топырағы қызғылт, қызғылт қоңыр, құм араласқан. Жануарлардан жабайы шошқа, елік, ақ бөкен, ал құстардан құр, ақ шіл, т.б. кездеседі. ## Дереккөздер
Қараағаш — Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылдық округінің құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Терісбұтақ өзенінің аңғарыңдағы орманды алқапта, Жаңаарқа кентінің солтүстік-батысында 56 км-дей жерде орналасқан. ## Тарихы Қараағаш көне дәуір ескерткішіне өте бай тарихи аймақ. Кеңес дәуіріне дейін «Шонның Қараағашы» деп аталған. Іргесі Мойынсерік негізінде 1930 жылы қаланған. Округ құрамында 20 ғасырдың 30-жылдары Ынталы, Қосшоқы, Қараағаш ұжымшарлары ұйымдастырылды. 1934 жылы 7-ауыл аталып, Қараағаш ауылдық кеңесі құрылды. 1962 жылы «Дружба» кеңшарынан «Рассвет» кеңшары болып бөлініп шықты. 1960-1990 жылдары осы кеңшардың және ауылдық кеңестік орталығы болды. Шаруашылықтың мамандандырылған негізгі бағыттары — мал, егін шаруашылығы болды. Жерінің жалпы ауданы 48, 9 мың га. Кеңшар негізінде 59 шаруа қожалығы құрылған (2006). ## Халқы Жергілікті тұрғындар саны 1999 жылы 111 адам (63 ер адам және 48 әйел адам) болса, 2009 жылы 108 адамды (51 ер адам және 57 әйел адам) құрады. ## Инфрақұрылымы Округтің елді мекендерінде 2 мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, кітапхана, басқа да мәдени-тұрмыстық мекемелер бар. ## Дереккөздер
Қаңбақ Сораң (Salsola collіna) – алабұталар тұқымдасы, сораң туысына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Тобыл – Есіл, Зайсан, Ертіс алабында, Ақмола, Ақтөбе облыстарында, Каспий маңында, Мойынқұм, Балқаш – Алакөл ойысында, Алтай, Іле, Күнгей Алатауларында кездеседі. Жол жиегінде, қоқыс арасында, сортаң топырақты жерлерде өседі. Кейбір жерлерде бұл өсімдікті түйеқарын деп атайды. Биіктігі 15 – 50 (100) см. Сабағы түкті, бұтақтанып біткен. Жапырақтары кезектесе орналасқан, жіңішке, қысқа қылтанды, екі бүйірінде 2 гүлсерігі бар. Гүлшоғыры масақ тәрізді. Шілде – қыркүйек айларында гүлдейді. Жемісі – дәнек. Мал азықтық өсімдік, әсіресе, түйе сүйсініп жейді. Жемістенген кезінде сүрлем жасауға пайдаланылады. Қаңбақ Сораңнан сақар (сабын, шыны жасау өндірісінде қолданылатын хим. қосынды) алынады. ## Сілтемелер
Қараадыр – Ханшыңғыс жотасының солтүстігіндегі таулар. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы Бестамақ ауылының шығысында 28 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 684 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 37 км-ге созылып жатыр, енді жері 10 – 12 км шамасында. Беткейлері көлбеу, көптеген ұсақ шоқылардан тұрады. Солтүстігінде Үлкен Шонай, Шонай, шығысында Ордатас таулары орналасқан. ## Өсімдігі Бозғылт, қоңыр топырақ жамылғысында тал, терек аралас далалық өсімдіктер өседі. Тау етегі мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Қараадыр – Ұлытау тауларының солтүстік-шығысындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Жезді кентінің солтүстік-батысында 31 км жерде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 674 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5 – 3 км шамасында. ## Жер бедері Солтүстік беткейі тіктеу, қалған бөліктері көлбеуленіп, сай-жыралармен тілімденген. Бөктеріндегі бұлақтардан Бала Жезді өзенінің салалары бастау алады. ## Геологиялық орны Протерозойдың метаморфталған және дислокацияға ұшыраған жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Ашық қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында бұта аралас астық тұқымдас шалғын өседі. ## Дереккөздер
ҚАРААДЫР– Қалмаққырылған өз-нің оң жағалауындағы шалғынды сор жазықтағы қоныс. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында, Қарсақпай а-нан оңт-ке қарай 80 км жерде орналасқан. Оңт.-батыстан солт.-шығысқа қарай 60 км-ге созылған, ені 5 км-ге жуық. Дүйсембай және Шолақсай өзендерінің суайрығы саналатын жазықтағы қоныс теңіз деңгейінен 300 м-ге жуық биіктікте жатыр. Қалмаққырылған өз-не сәл еңкіш келген қоныс аллювийлі құмдақты-саздақты және қиыршықтасты тасындыдан түзілген. Сор даланың шалғынды сор, сортаң топырағында көкпек, бұйырғын, қара жусан, тасбұйырғын және бүртікті сораң (тытыр), т.б. сораң шөптесіндер өседі.‎
Қараала сиыр – сүт бағытындағы тұқым. Голланд тұқымы мен одан тараған остфриз тұқымдарының бұқаларын жергілікті сиырмен ұзақ уақыт бойы өндіре будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1959 ж. бекітілді. Қазақстанға тың игеру жылдары әкелінді. Қараала Сиыр – сүтті мол беретін тұқым, етінің сапасы жақсы. Жергілікті жерге тез бейімделеді. Түсі қара, ала, кейбір сиырлардың жамбасы мен жауырынында ақ жолағы болады. Республикада асыл тұқымды Қараала Сиырдың саны 30 мыңнан асады. Өнеркәсіптік әдіспен сүт өндіру технологиясына әбден бейімделген. Бұқасы 850 – 950 кг, сиыры 470 – 550 кг тартады. Жылына 3,7 – 4,2 мың кг сүт береді, майл. 3,6 – 3,7%. Ет шығымы 55 – 57%. Таңдаулы табындары Ақмола облысы «Красноярское» АҚ-да, «Бастау» ЖШС-де, Алматы облысы «Панфиловский», Қостанай облысы «Заречное» шығысында, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу тәжірибе шаруашылығында өсіріледі. ## Дереккөздер
Қараайғыркөл – Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы көл. Ряжское ауылының шығысында 1 км жерде, теңіз деңгейінен 168 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 6,1 км2, ұзындығы 4 км, енді жері 2,6 км, жағалау бойының ұзындығы 11,8 км. Көл түбі тегіс, 0,1 м тұнба шөккен. Қар және жер асты суымен толығады. Қарашаның ортасында суы қатып, сәуірдің ортасында ериді. ## Жағалау сипаты Жазық жағалауында қамыс, құрақ өскен. Аңғары шабындық және жайылым.
Қараалып – Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы төбе. Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуілді кентінің оңтүстік-батысында 60 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 180 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 3 км-ге созылып жатыр. Енді жері 1 км шамасында. Көлбеу беткейі жонды-адырлы жазыққа ұласады. Солтүстігінде Бестөбе төбесі, шығысында Кіші Борсық құмы, оңтүстігінде Шот, батысында Шаршаған (Соршаған) төбелері орналасқан. Аллювийлі жазығындағы сортаңды қоңыр топырағында қара жусан, сұр жусан, бұйырғын, тасбұйырғын, т.б. өседі. ## Сілтемелер
Қаңбақты, Қаңбақ – Қамыс-Самар көлдерінің солтүстік бөлігіндегі көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылынан батысқа қарай 8 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 6 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 8,3 км2, ұзындығы 8,1 км, енді жері 2,6 км, жағалау бойының ұзындығы 24 км. Қаңбақтыдан солтүстік-батысқа қарай Жыланды өзені ағып өтеді. ## Жағалау сипаты Жағалауы жайпақ, қамыс], құрақ өскен. Суы кермек татиды. Жағалауы шабындық және жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қараала – Қайындышоқ орманды алқабының солтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Манат ауылының оңтүстік-батысында 11 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1181 м. Батыстан шығысқа қарай 6 км-ге созылған, енді жері 2-2,5 км шамасында. Беткейі көлбеуленіп өзен арналарына тіреледі. Батыс бөлігінен Манат өзенінің салалары бастау алады. ## Өсімдігі Таудың жонды белестерінде далаға тән өсімдіктер, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Қара Андыз (биік андыз, Іnula grandіs) – күрделігүлділер тұқымдасына, андыз туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық таулы аймақтарындағы дымқыл жерлерде, ормандағы шабындықтардың ішінде, таулардың, тасты жерлердің қара топырақты беткейлерінде өседі. Биіктігі 60 см-ден 2,5 м-ге дейін жетеді. Сабағы тік, қырлы, бұтақтары жуан, жапырақтары ірі, көбінесе түп жағына орналасқандары ұзынша, жиегі ирек, сопақша келеді. Сабағындағы жапырақтары жүрек немесе жұмыртқа тәрізді. Сабағы мен тамырының дәмі ащы, ерекше иісі бар. Гүлдері сары, гүл себетінің диаметрі 7 – 10 см-ге дейін жетеді. Жемісі – цилиндр тәрізді, 4 қырлы, тықыр дәнек. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте дән салады. Сабағы мен тамырының құрамында – инулин, инуленин полисахаридтері, сапониндер, аздаған алкалоидтар, Е витамині және эфир майы бар, жапырағында ащы зат болады. Медицинада емдік мақсатта гүлі мен тамыры пайдаланылады. Халық медицинасында тұнбасын тыныс жолдары, асқазан, ішек аурулары кезінде, сондай-ақ өкпе туберкулезіне, ревматизмге қарсы ішеді. Қара Андыз гүлі мен тамырының спиртке ашытылған тұнбасымен безгекті емдейді. Қара Андыздың тұнбасын қақырық түсіру үшін ішеді. ## Дереккөздер
Қараапан – Павлодар облысы Успен ауданының оңтүстігіндегі қыстау. Аудан орталығы Успенка ауылынан оңтүстікке қарай 8 км жерде, Тобылжан көлдерінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Қыстаудың оңтүстігінде Сусар көлі жатыр. Тегіс жер бедерінің карбонатты қара топырағында бетеге, боз, жусан, т.б. шөптесіндер өскен. Қыстау арқылы Успенка – Ульяновка қара жолы өтеді. ## Сілтемелер
Қара Арша (Junіperus pseudosabіna) – кипарис тұқымдасы, арша туысына жататын мәңгі жасыл қылқан жапырақты бұта. Алтайдан Батыс Тянь-Шаньға дейін созылған кең алқапта, Батыс және Орталық Қазақстанда таралған. Таулы аймақтардағы тау шатқалдары мен тасты жерлерде өседі. Биіктігі 1 – 3 м-дей, жатаған не тік сабақты, қызыл сұр қабықты, мәңгі жасыл ағаш не бұта. Қылқан қабыршақты не қысқа инелі, тікенекті болып келеді. Бүрі жидек пішіндес, қара қоңырқай түсті, көкшіл болады. 4 – 6 қауашақтан тұрады. Шілде – тамызда гүлдеп, келесі жылы тамызда жемістенеді. Қара Арша – екі үйлі ағаш. Тұқымы сопақша. Қала ауданының көшеттерін көгалдандыру үшін қолданады. Шөлге төзімді өсімдік. Шөлейт және далалық аудандарда су мен топырақ қорғауда маңызы зор. Жапырағында эфир майы көп. Құмды, сортаң топырақты жерде, тау беткейінде өседі. Сібір, Қырым, Кавказ, Европа, Қазақстанның барлық облысында кездеседі. ## Дереккөздер
Қарабайыр жылқы – Орта Азиядағы жергілікті жылқы тұқымының бірі. Орта Азия арғымағын моңғол, түрікмен, араб жылқыларымен будандастыру арқылы Өзбекстанда шығарылған. Қарабайыр жылқы онша ірі емес, еті тығыз, кеуделі. Мойны ұзын әрі етті, сауыры жалпақ, сирағы етсіз, жалқұйрығы селдір, желісті, жорғаға тез машықтандыруға болады. Бұл тұқымды арбаға жегеді, салт мінеді және жүк тасу көлігі ретінде пайдаланады. Қарабайыр жылқысының ірі әрі жақсысы Самарқанд облысында өсіріледі. Айғырларының орташа өлшемдері: шоқтығына дейін биіктігі 153,3 см; көкірек орамы 175,3 см; жіліншік орамы 19,6 см. Жайып бағуға төзімді. Шөлейт аймақтарда жүк тасуға көнбіс. Қарабайыр жылқы 115 – 120 кг жүкпен тәулігіне 100 – 125 км жол жүре алады. ## Дереккөздер
Қараатозған – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында орналасқан қоныс. Торғай өзенінің аңғарында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта шамамен 15 км-ге созылған, енді жері 8 км. Қоныстың солтүстігінде Шөжекөл көлі, шығысында Нұра төбесі, басқа бөліктерін құмды төбешіктер қоршап жатыр. Ойысты келген қоныс жері мал жайылымына пайдаланылады. ## Сілтемелер
Қарабақанас, Бақанас, Ортабақанас – Іле алабындағы құрғақ арна, Іле өзенінің ежелгі арнасы. ## Географиялық орны Алматы облысының Балқаш ауданы жерімен ағып өтеді. Садырбек мүйісі тұсында Балқаш көліне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 301 км. Құмды арнасы өзгеріп отырады. Арнасындағы су көктемгі қар суымен 7 – 10 күндей ғана ағады. Аңғары көктемгі жайылым. ## Дереккөздер