text
stringlengths
3
252k
Көлдіш – Қиыл және Үлкен Қобда өзендерінің аңғарындағы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қобда ауылының оңтүстік-батысында 24 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 275 м. Беткейі көлбеу, пішіні үшбұрыш тәрізді келген. Баурайында көптеген ірілі-ұсақты шоқылар бар. ## Өсімдігі Шалғынды қоңыр топырақ жамылғысында қара жусан аралас бетеге, қызғылт қау, боз, т.б. ксерофитті шөптесіндер өседі. Етегі мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Көлқарашоқы – Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі тау (төбе). ## Географиялық орны Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды ауылының солтүстік-шығысында 35 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 239 м. Батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км. Беткейі көлбеу, пішіні үшбұрыш тәрізді келген. Солтүстігінде Ақбауыр төбесі, шығысында Тасқұдық құдығы, оңтүстігінде Жарлыпес бұлағы, батысында Қаратөбелі құдығы орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Жер бедері төрттік кезеңінің жаңа шөгінділерінен құралған. ## Өсімдігі Құмды, сортаңды қоңыр топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, қара жусан, т.б. өседі.‎ ## Дереккөздер
Көлсай – Кетпен (Ұзынқара) жотасының солтүстік беткейіндегі өзен. ## Географиялық орны Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылының батысынан ағады. ## Гидрологиясы, бастауы Ұзындығы 40 км, су жиналатын алабы 134 км2. Бастауын Кетпен жотасының баурайынан алып, Іле өзеніне 10 км жетпей жерге сіңіп кетеді. Көктем айларында суы тасиды. Суы егін шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Көлқұдық — Түркістан облысы Отырар ауданы, Балтакөл ауылдық округі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Шәуілдір ауылынан солтүстік-батысқа қарай 51 км-дей жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында, әр түрлі астық тұқымдас шөптесін өскен сұр, шалғынды, құмдақты топырақ қалыптасқан аллювийлі жазықта орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Ауыл 1964-1996 жылы қаракөл қойын өсіретін "Балтакөл" кеңшарының бөлімшесі болған. Кеңшар негізінде Көлқұдықта шаруа қожалықтары жұмыс істеді. Көлқұдықтың шығысында, Сырдарияның жағалауында бірнеше шағын көлдер жатыр. Көлқұдық Арқылы Түркістан-Шардара автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер
КӨМІРЛІ АУДАНДАРДЫҢ ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ– көмір кен орында-рындағы борпылдақ балшық, құм топырақ шөгінділерінің кеуектері мен жарықтарына сіңген сулар. Мұндай сулы қабаттар көмірлі қабаттардың астында арасында, үстінде болады. Алғашқы екеуіндегі сулар көбінесе арын күші зор, ұңғыма мен шахта қазғанда шапшымалы келеді. Сулы және сусыз қабаттар кезектесе немесе алмаса жататындықтан, көмірлі қабаттардың астындағы, арасындағы, үстіндегі сулар көп жерлерде бір-бірімен жалғасып, ұласып жатады. Мұның өзі кей жерлерде, әсіресе, тектоник. құрылымы күрделі аудандарда шахталар мен штольняларды ұзарту үстінде су құйылымының кенеттен молаюына себепкер болады. Көмірлі аудандардың физ.-геогр. жағдайларымен қалыптасқан шөгінділердің геол. құрамына қарай жер асты суларының су өнімі әр түрлі болады. Шөл, шөлейт жазық далаларда орналасқан балшықты, уақ құмтасты шөгінділерден құралған көмір кен орындарындағы шахталарға су құйылымы тәулігіне 1000 – 2000 м3-дей. Ал ылғалды, таулы, қыратты, әсіресе, суы топыраққа тез сіңетін өзен, көл жақын орналасқан аудандарда, қиыршықтасты не тасты шөгінділерден құралған көмір кен орындарындағы шахталарда тәуліктік су құйылымы 10 – 15 мың м3-ге, тіпті 20 – 25 мың м3-ге жетеді.‎
КӨҢЖАР– Үлкен Жыланшық және Дулығалы Жыланшық өзендерінің аралығындағы қоныс. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Теңіз деңгейінен 268 м биіктікте. Солт-тен оңт.-шығысқа қарай созылып жатыр. Жер бедері ескі өзеннің құрғақ арналарымен тілімденген. Қоныстың солт.-шығыс бөлігінде бұталар өскен.‎
Көңсары – Қалба жотасының солтүстік-батысындағы тау сілемі. ## Географиялық орны Абай облысы Жарма ауданы Суықбұлақ ауылының солтүстік-шығысында 16 км жерде орналасқан. Шар өзені аңғарында. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 586 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың тақтатас, құмтас және интрузивті жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Беткейіндегі қызғылт қоңыр, қара топырағында далаға тән өсімдіктер мен терек, бұталар өседі. Етегінде өзімен аттас қыстау бар. Мал жайылымына қолайлы.‎ ## Дереккөздер
КӨКШОҚЫ– Жосалы даласының шығысындағы төбе. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар а-ның солт.-батысында 22 км жерде орналасқан. Сырдария және Қуаңдария өзендерінің аңғарында. Абсолютiк биіктігі 406 м. Солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай 1,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 500 м. Төбені Наурызбай каналының тармақтарымен суландырылатын күріш алқаптары қоршаған.‎
Көпен, аметистея (лат. Amethystea) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктер туысы. Негізінен Азия құрлығында тараған. Қазақстанда Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы тастақты тау беткейлері мен шөгінді жерлерде, өзен жағалауларында, елді мекендердің маңында арамшөп ретінде өсетін 1 түрі – көгілдір көпен (А. сoerulea) бар. Оның биікт. 10 – 70 см. Сабағы тік, бұтақты, төртқырлы, сыртын қысқа және безді қылтандар жауып жатады. Жапырақтарының төм. бөлігі сына тәрізді қысқа сағаққа топталған, ал жоғарғылары 3 – 5-ке тілімденіп, қандауыр тәрізді, шеттері тісті болады. Тостағанша жапырақшалары дөңгеленген қоңырау тәрізді, олардың 5 біркелкі бізді өткір тістері бар. Күлтесі көгілдір түсті, бес қалақты. Жартылай шатыршаға ұқсас ұсақ гүлдері сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Шілде айында гүлдеп, тамызда жемісі піседі. Жемісі – қатпарлы жаңғақша. Көгілдір К-нің қаракөк түсті жемісін флористер өте қатты бағалайды. Себебі, жемісі пайда болысымен-ақ сабағын кесіп алып, әдемі гүлшоғын жасайды. Ал күзде өсімдіктің өркенін кептіріп, қысқы гүлшоғын жасауға пайдаланады.
КӨЛТАЙ– Жайық және Қалдығайты өзендерінің аралығындағы сор. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе а-ның оңт.-шығысында 35 км жерде орналасқан. Солт-тен оңт-ке қарай 6 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5 км. Сордың беті тегіс келген. Солт-нде Жиенбайсор соры, Қырықжылдық қыстауы, шығысында Батабай, Бабатай қыстаулары, оңт-нде Көне және Жаңа Көлтай қыстаулары, батысында Шүмен, Сарыдала қыстаулары орналасқан. Сордың беткі тұз қабаты қабыршақталған.‎
Көлсай– Оңтүстік Үстірт кемерінің солтүстігіндегі сай. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында. Енсіз, тайыз келген сай солтүстік-батысқа қарай бағытталған. Теңіз деңгейінен шамамен 200 м-дей биік жатқан сай табанында құрғақ арна жатыр. ## Дереккөздер ‎
КӨПТАҚЫР– Сарысу өз-нің аңғарындағы қоныс. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. Жер бедерінің солт. бөлігі көтеріңкі төбелі, оңт-ке қарай аласарып тақырға ұласады. Солт-нде Қотансор соры, шығыс, оңт.-шығыс бөліктерін Жетіқоңыр құмы алып жатыр. Қоныстың бойында сексеуіл шоғырлары көптеп кездеседі.‎
Көкше – Алтай тау жүйесі, Колывань жотасындағы тау басы. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 1206 м. Солтүстік-шығыс беткейі тік, оңтүстігі көлбеу, өзен аңғарларымен тілімденген. Көкше жалаңаш, тасты келеді. ## Геологиялық құрылымы Интрузивті гранодиорит, гранит жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Беткейлерінде 1300-1400 м биіктікке дейін самырсын, майқарағай өседі.‎ ## Дереккөздер
КӨПТАС– Арқарлы тауларының батыс етегіндегі қоныс. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы а-нан оңт.-шығысқа қарай 30 км, Бақты а-нан батысқа қарай 20 – 22 км жерде орналасқан. Кең жазықта жатқан К-ты Әдік, Ақирек, Тәнікей, Сағымбай, т.б. қыстаулар қоршап жатыр. Кезінде қоныс «Ақирек» кеңшарының қыстауы болған.‎
КӨНЕЛІ– Бәле тауларының солт.-батысында оқшауланған тау массиві. Қарағанды облысы Шет ауданы Киік а-ның шығысында 7 км жерде орналасқан. Абсолютiк биіктігі 939 м. Солт.-шығыстан оңт.-батысқа қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5 км. Беткейі жарқабақты, аз тілімденген, пішіні доға тәрізді келген. Солт-нде Арқалық тауы, шығысында Жыланды тауы, оңт-нде Арқарлы тауы, батысында Қапал тауы орналасқан. Делювийлі-пролювийлі жазықтарындағы сұр қоңыр топырақ жамылғысында тұран жусаны, баялыш, т.б. өсімдіктер өседі.‎
Көпшоқы – Табақкеңтатыр аңғарының оңтүстігіндегі шоқылы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақжайдақ темір жол стансасының солтүстік-шығысында 16 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 513 м. Батыстан шығысқа қарай 2,5 км созылып жатыр, енді жері 1 км. ## Геологиялық құрылымы Силур жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Беткейі көлбеу, бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. ## Өсімдігі Сұр қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік, т.б. өседі. ## Дереккөздер
ТМД шекарасындағы таралу аймағы шектеулі, сирек кездесетін түр. Қарқынды түр өзгергіш туысының өкілі.Эволюциялық зерттеулер үшін — қызықты нысана. Қазақстан жерінде C. і. coronatus Morton, 1916 (кей авторлар мұны жеке түр деп есептейді) тіршілік етеді. Түр Күнгей Кавказда,Орта және Алдыңғы Азия тауларында таралған.Дернәсілдері таза сулы тау өзендері мен жылғаларында дамиды. Дамуы 2–3 жылға созылады. Ересектерінің ұшуы маусым басынан тамыз соңына дейін созылады.Жазықтықта белгісіз, тауда теңіз деңгейінен 2700 м биіктікке көтеріледі.Су қоймаларының ластануынан түр саны қысқарды.Ақсу-Жабағлы қорығында тіршілік етеді.Қатаң тәртібі бар қорғалатын жерде сақталады деген үміт бар. Бұл ірі де ашық түсті инелікті ұстауды мүлдем тоқтату керек. * ## Дереккөздер Ғажайып омыртқасыздар. Қазақстан Қызыл кітап беттерінен. Құрастырушылар И.Д.Минтяев, Р.В. Ященко, В.Л. Казенас.
Көріксіз таусағыз (лат. Scorzonera inconspicua) – астралылар тұқымдасы, таусағыз туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Өсімдік тастақты, қиыршықтасты тау баурайлары мен құрғақ далалық алқаптарда өседі. Биікт. 10 – 30 см, тамыры тігінен дамиды, оны қоңыр немесе сабан сияқты сары түсті тамыр түбінен шығатын жапырақтар орап жатады. Сабағы жалаң емес бұтақты, бұтақтары иіліп келген. Тамыр түбіндегі жапырақтары қатты, жалпақ қандауыр тәрізді, ал сабақ бойындағылары отырыңқы, жіңішке, шеттері иректелген, сабаққа кезектесіп орналасады. Себет гүлшоғырының гүл орамы цилиндр тәрізді (ені 1 см-дей). Гүл күлтесі сары түсті, тілімденген, олар гүл орамынан екі есе ұзын. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Жемісі – қатпарлы тұқымша, оның шашыранды түктерден тұратын ақ айдаршасы болады. К. т-дың тамырында каучук бар, өсімдікті жайылымда жабайы және үй жануарлары сүйсініп жейді.‎
Көтбас – Қараүңгір тауларының оңтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз және Алматы облысы Алакөл аудандарының аралығында орналасқан. ## Жер бедері Абсолютiк биіктігі 846 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. Беткейі көлбеу, бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. ## Геологиялық құрылымы Девон және тас көмір кезеңдерінің тау жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Аласа таудың сортаң түсті қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Жазғы жайылымға пайдаланылады, мал қыстаулары бар.‎ ## Дереккөздер
КӨШЕГЕН– Арысқұм құмының солт.-батысындағы құдық. Қызылорда облысы Сырдария ауданында орналасқан. Тереңд. 4 м, су шығымы 250 л/сағ. Солт-нде 2-Мұстафа құдығы, шығысында Жетібай артезиан құдығы, оңт-нде Кенжебай, Қосқұдық құдықтары, батысында Дариялық тақыр жазығының солт. аңғары бар. Құдықтың маңын қырқалы-жалды төбелер мен сексеуіл шоғырлары қоршаған.‎
Көсе жыланбас (сақалсыз жыланбас лат. Dracocephalum imberbe) – ерінгүлділер тұқымдасы, жыланбас туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Алтайдан Батыс Тянь-Шаньға дейінгі аралықтағы биік тау баурайларында өседі. Биікт. 10 – 30 см, төселмелі тамыр сабағынан бірнеше (кейде ондаған) гүлді өркен өсіп жетіледі. Тамырынан шығатын жапырақтарының сағақтары ұзын және олар жер бетіндегі өсімдік бүріне топталған, ал сабақ бойындағылары (3 жұптан орналасады) жоғарылаған сайын сағақтары қысқара береді. Жапырақ тақталары сопақша, бүйрек тәрізді (ені 1 – 4 см), шеттері ірі доғал тісшелерге тілімденген. Гүлдері тығыз жұмыртқа тәрізді гүлшоғырына жиналған. Гүлжапырақшалары тостағаншадан қысқа, жоғары жағында үшкір қалаққа бөлінген. Тостағаншасы қандауырша тісшелі, қос ерінді екені анық көрінбейді. Күлтесі ірі (ұзындығы 3 – 4 см), жіңішке түтікті және қайырылған қос ерінді болып келеді. Күлтесі қанық көк түсті, кейде ақшыл түстері де кездеседі. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамызда жемісі пісіп жетіледі. Жемісі – жұмыртқа тәрізді қара жаңғақша. Жапырағы мен гүлінде 0,5% эфир майы бар. Көсе жыланбас – сәндік өсімдік.‎
Көлқамыс – Қаратал өзенің алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жетісу облысы Кербұлақ ауданы жерімен ағып өтеді. ## Гидрологиясы Матай тауларынан бастау алатын Майтөбе өзенінің оң саласы. Ұзындығы 55 км, су жиналатын алабы 863 км2. Өзеннің иірілімділігі орташа, аңғары мен жайылмасы кеңдеу келген. Жауын-шашын, жер асты суларымен толығады. Суы желтоқсанда қатып, наурыз айында ериді. Егін және мал суаруға пайдаланылады. Өзен аңғарында терек, бұталар өседі.‎ ## Дереккөздер
КӨШЕҒҰЛ– Дүйсембай және Қумола өзендерінің аңғарындағы қыстау. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Шолақ а-ның солт.-шығысында 12 км жерде орналасқан. Солт-нде Ұлытау таулары, шығысында Қызылқақ, оңт-нде Алтуатнұра, батысында Қараадыр қоныстары жатыр. Сұр және сортаң топырақ жамылғысында қара жусан, тұран жусаны, бұйырғын, теріскен, жүзгін, сораң өседі. Қыстау жазғы мал жайылымы ретінде пайдаланылады.‎
Көшен – Қызылсораң және Шөладыр тауларының аралығындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қошқар ауылының солтүстігінде 38 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 981 м. Солтүстік-батыстан оңтүстікке қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5 км. Беткейі көлбеу, ұсақ шоқылардан тұрады. Батысында Балабосаға, шығысында Ақбиік (868 м) таулары орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Төменгі тас көмір, ортаңғы және жоғарғы девон жыныстарынан, аллювийлі-делювийлі шөгінділерден түзілген. ## Өсімдігі Тауалдының қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында мысыққұйрық, боз, селеу, т.б. шөптесіндермен бірге қараған, тобылғы бұталары өседі. Шөбі шүйгін мал жайылымы.‎ ## Дереккөздер
Көкшетау – Қарағанды облысы Қарқаралы және Абай облысы Жаңасемей аудандарындағы таулар. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 1135 м. Таулардың пішіні күрделі. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 45 км-ге созылған, енді жері оңтүстігінде 25 км. Беткейлері құлама жартасты. Көтеріңкі келген оңтүстік шатқалдарынан Құрөзек, Дағанделі, шығыс беткейінен Түлкібас, солтүстігінен Қызылащы өзендері бастау алады. Бірнеше жеке таулардан (Үлкен Айғыржал, Сораң, Суырлы, т.б.) тұрады. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы девон жүйесі тас көмір кезеңінің эффузивті кварцит, туф, порфирит жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қиыршықтасты бозғылт қоңыр, қоңыр топырағында бетеге, сұлыбас, айрауық, қоңырбас, қараған, т.б. шөптесін өсімдіктер өскен. Сай-жыралар мен тау шатқалдарына бұта аралас қайың, терек, т.б. өседі. Өзендердің барлығы дерлік жаз айларында құрғап, қарасуларға бөлініп қалады.‎ ## Дереккөздер
Көшкін – таудың құлама беткейімен төмен қарай орасан жылдамдықпен сырғитын қар немесе мұз массасы. Қар көшкіні қалың қар жаууының, қардың қарқынды еруінің, жаңбыр жауудың, тереңдік қылаудың борпылдақ түзілімі бар қар қабатының қайта кристалдануының әсерінен беткейдегі қар беріктігі бұзылғанда пайда болады. Жылжу сипаты бойынша оны жылжыма, науалық және секірмелі көшкіндер деп бөледі. Құрғақ қардан көшкін жүрген кезде, оның алдыңғы жағында жан-жаққа тарап үлгеретін ауа толқыны пайда болады. Қар көшкіндері өзінің бұрынғы тапталған жолы бойынша жүреді, көл. 2 млн. м3-ге дейін, ал күшінің соққысы 60 – 100 т/м3-ге дейін барады. Көшкін жиі болатын тауларда (Іле, Жетісу Алатаулары, т.б.) көшкіннен қорғау жүйелері (қардан қорғайтын қалқандар, қауіпті беткейлерді артиллериямен атқылау және т.б.) құрылады, орманды кесуге тыйым салынады. Көшкін қауіпті беткейлерге ағаш отырғызылады. Мұз көшкіндері, тік аспалы мұздықтардың опырылып, төмен қарай жылжуынан пайда болады. ## Дереккөздер
КӨШКІНТАНУ– қар көшкінінің құрылысын, қалыптасу механизмі мен жүрісін зерттейтін қартану ғылымының саласы. К. беткейдегі қар жамылғысының тұрақсыздығын, көшкін қаупінің факторларын және көшкіннің пайда болу себептерін, қар көшкіндерінің қоршаған ортаға әсерін зерттейді. Қазіргі кезде көшкіндерді зерттеу үшін физ., матем., геофиз. әдістер қолданылады. Көшкін қауіптілігін аудандау және әр түрлі масштабта көшкіндерді картаға түсіру қағидалары әзірленеді. Көшкіндерден қорғау үшін көптеген әдістер, яғни әр түрлі көшкіндерге қарсы инженерлік имараттар мен көшкіндерді қолдан түсіру әдістері ұсынылады. Қазақстанда көшкіндерді Білім және ғылым мин-нің География ин-ты зерттейді.‎
Көшім жерасты суы - Орал қаласынан оңт-ке қарай 40-50 км қашықтықта орналасқан су көзі. Жерасты суының деңгейі 1,5-10 м тереңдікте байқалады. Скважиналардағы су шығыны 26,0-28,3 дм3/с-қа дейін жетеді. Суы ішуге жарамды, минералд. 0,6-0,8 г/дм3. Ара қашықтығы 315 м болатын 10 су шығару скважинасы орнатылған. Бір скважинадағы су шығыны 2.160 м3/тәулік. Оның суын Ақжайық, Тасқала, Зеленов аудандарының елді мекендері пайдаланады. ## Дереккөздер
Краснооктябрь боксит кен орны - Қостанай облысы Қамысты ауданында, Арқа елді мекенінің маңында орналасқан. Кен орны 1956 жылы ашылған. ## Геологиялық құрылымы Краснооктябрь боксит кен орны Торғай қолатының батыс қанатында, мезозой, кайнозой дәуірлерінің құмды-сазды түзілімдері мен төменгі тас көмір кезеңінің тау жыныстарында (әктас, андезитті порфир және олардың туфтары) орналасқан. ## Жатыс сипаты Бокситті шөгінділер төменгі кен асты және жоғарғы бокситті болып екі қабатқа бөлінеді. Жоғарғы бокситті қабаттың қалыңдығы бірнеше м-ден 120 м-ге дейін. Кен орнында «Солтүстік» және «Оңтүстік» телімдерде шоғырланған 26 кен денелері анықталған. Кен латеритті үгілу қабаттарының қайта шөгуі нәтижесінде пайда болған. ## Минералдары, құрамы Негізгі кен құраушы минералдары: гиббсит, гидрогематит, гематит және каолинит; қайталамалы минералдары: сидерит, кальцит, кейде хлорит, пирит. Бокситтің химиялық құрамы: Al2O3 41,8 – 49,8%, SіO2 5,2 – 14,0%, Fe2O3 7,2 – 24,2%. Бокситтің құрамында басқа да құнды қоспа элементтер кездеседі. Кен орны ашық әдіспен өндіріліп, Павлодар алюминий зауытында өңделеді. ## Дереккөздер
Көшім жылқысы – ет-сүт бағытындағы, мініп-жегуге арналған жылқы тұқымы. ## Пайда болуы Қазақ жылқысы биелерін орлов, орыс желісті және таза қанды салт мініс дон жылқысы айғырларымен шағылыстырып, олардың буданын «өзара» сұрыптау арқылы Батыс Қазақстанның жылқы зауыттарында шығарылған. Жеке тұқым ретінде 1976 жылы қабылданған. ## Сипаттамасы Көшім жылқысы қазақ жылқысынан едәуір ірі, бітімі шымыр, басы ірі, мойны тым ұзын емес, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, қабырғасы шеңберленіп біткен, жаялы, белді, кейде қайқы бел келетіндері де бар, сүйегі берік, жұмысқа төзімді, тебіндетіп бағуға жақсы бейімделген. * Орташа өлшемдері (см):тұрқы 160,9;айғырының шоқтығына дейінгі биіктігі 158,2;кеуде орамы 192,2;жіліншік орамы 21,9;биесінің өлшемі осыған сәйкес: 157,2; 154,1; 186,5; 20,6;Айғырының орташа салмағы 540 кг,ал биесінің орташа салмағы 492 кг. * тұрқы 160,9; * айғырының шоқтығына дейінгі биіктігі 158,2; * кеуде орамы 192,2; * жіліншік орамы 21,9; * биесінің өлшемі осыған сәйкес: 157,2; 154,1; 186,5; 20,6; * Айғырының орташа салмағы 540 кг, * ал биесінің орташа салмағы 492 кг. Түсі қоңыр, торы, жирен және күрең. Биелері сүтті болады. Әр жүз биеден 70 – 80 құлын алынады. Биелердің сүт өнімд. 1800 – 2200 л. Құнандары орта есеппен 188,4 кг, дөнендері 214,7 кг ет тартады. Сойыс шығымы 52,4 – 54%. Көшім жылқысының асыл тұқымды таңдаулы үйірлері Батыс Қазақстан облысының «Көшім» ЖШС-нде және Серғазиев атындағы шаруа қожалығында, Ақтөбе облысының «Мұғалжар-99» ЖШС-нде және Пацаев атындағы акционерлік қоғамында өсіріледі. ## Дереккөздер
Құрғақ сасыр, ксероморфты сасыр (лат. Ferula xeromorpha) – шатыршагүлділер тұқымдасының сасыр туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда тек Алатауда (Ақтөбе облысы Байғанин ауданы) кездеседі. Таудың қиыршықты және ұсақ тасты беткейлерінде өседі. Биіктігі 70 см-дей, жуан тамырлы, оның сыртын бұрынғы болған жапырақтары жауып жатады. Сабағы орта шенінен бұтақтанады, бұтағы жоғарылаған сайын қысқара береді. Жапырақтары қалың, етжең, ұзақ уақыт солмайды. Тамыр түбінен шығатын жапырақтары ромб сияқты, оның үш рет тілімденген жапырақ тақталары болады. Гүлдері сары түсті, олар шатырша гүлшоғырына топтасады. Шатыршасы 10 гүлден тұрады. Тұқымынан көбейеді. Мамыр айында гүлдеп, маусымда жемістенеді. Жемісі эллипс тәрізді (ұзындығы 10 мм, ені 5 мм), бізге ұқсас қырлары болады. К. с. өте сирек кездесетін эндемик өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Кузнецов жерсағызы (лат. Chondrilla kusnezovii) – астралылар тұқымдасы, жерсағыз туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жамбыл облысы Мойынқұм құмында кездеседі. Малтатасты және үйілген құмдарда өседі. Биікт. 1 м-дей, сабағы бұтақтысыртын қылтандар жапқан. Төм. жапырақтарының ұзындығы 9 см, ені 1 см-дей, жоғарғыларының мөлшері ұсақ, қандауыр немесе таспа тәрізді. Гүлдері сары түсті, 9 – 11-ден бірігіп, себет гүлшоғырын құрайды. Тұқымынан көбейеді. Маусым айынан қыркүйекке дейін гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы (ұзындығы 7 мм), алдыңғы жағында екі қатарлы аздап тілімденген қабыршақтары болады. Каучук түзетін өсімдік. К. ж. сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.‎
КУЛЬТИАСОВ АЩЫТАМЫРЫ(Sphaenolobium kultiassovii) – шатыршагүлділер тұқымдасы, ащытамыр туысына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Қаратау жотасы мен Талас Алатауында кездеседі. Таудың шалғынды беткейлерінде, қиыршық және ұсақ тасты жерлер мен бұталар арасында өседі. Биікт. 15 – 30 см, шалғынды жерлерде 1 м-ге дейін жетеді. Тамырын қалың солып қалған сағақтар талшықтары жауып жатады. Сабағы дара, түзу өседі, жоғ. жағы бұтақтанған. Жапырақтары жұқа, тамыр түбінен шығатындары ұзын сағақты, екі рет тілімденген жапырақ тақташалары болады, сабақ бойындағылары ұсақ. Гүлдері ақ түсті, 7 – 13-тен бірігіп, шатырша гүлшоғырын құрайды. Шатыршалары 5 – 10 сәулелі. Тұқымынан көбейеді. Шілде айында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі жіңішке эллипс тәрізді, ұзындығы 10 мм, ені 3 мм-дей. К. а. – өте сирек кездесетін эндемик түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.‎
Көшкімбайсор – Қайдағұл және Қарғалы өзендерінің аңғарындағы қоныс. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Маңында Қосқопа, Шұңқыр, Алакөл қыстаулары мен жазда алабы құрғап қалатын көл ойпауыттары бар. Қоныстың бойы тегіс тақырлы келген.‎
Домалақ – Оңтүстік Алтай жотасының оңтүстік бөлігіндегі тау сілемі. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Төсқайың ауылының шығысында 6,5 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 1503 м. Қарақаба және Арасанқаба өзендерінің суайрығында. Солтүстік-батыстан оңтүстік.-шығысқа қарай 2 км-ге, енді жері 1 км-ге созылып жатыр. Беткейі тік жарқабақты. ## Геологиялық құрылымы Ордовик және кембрий кезеңдерінің тау жыныстарынан құралған. ## Өсімдігі Орманды таудың сұрғылт топырағында қарағай, самырсын ағаштары кездеседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Кушакевич шиқылдағы (лат. Juno kuschakewiczii) – құртқашаштар тұқымдасы, шиқылдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты өсімдік. Қазақстанда Шу-Іле тауларында, Қаратауда кездеседі. Таудың тастақты беткейлері мен қызыл түсті балшықты жерлерінде өседі. Биікт. 7 – 15 см, жуашығы жұмыртқа тәрізді, қалыңд. 1,5 см. Сабағы қысқа, оны жапырақтары жауып тұратындықтан көрінбейді. Жапырақтары доға сияқты иіліп келген, шеттерінде ақ жолағы болады. Гүлі ақшыл күлгін түсті, дара жетіледі. Тұқымынан көбейеді. Наурыз – сәуір айларында гүлдеп, мамыр – маусымда жемістенеді. Гүлдері әдемі болғандықтан сәндік үшін өсіріледі. К. ш. – сирек кездесетін эндемик түр. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. 7 – 15 см, жуашығы жұмыртқа тәрізді, қалыңд. 1,5 см. Сабағы қысқа, оны жапырақтары жауып тұратындықтан көрінбейді. Жапырақтары доға сияқты иіліп келген, шеттерінде ақ жолағы болады. Гүлі ақшыл күлгін түсті, дара жетіледі. Тұқымынан көбейеді. Наурыз – сәуір айларында гүлдеп, мамыр – маусымда жемістенеді. Гүлдері әдемі болғандықтан сәндік үшін өсіріледі. К. ш. – сирек кездесетін эндемик түр. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.‎
Күжіркей(лат. Philomachus pugnax) – татреңтәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанда Жайық өзенінің орта бойындағы далада, ал түлеу кезінде Маңғыстау тауларында, Сырдария, Сарысу, Шу өзендерінің төменгі жағында, Балқаш – Алакөл, Зайсан қазаншұңқырларында кездеседі. Дене тұрқы 25 см-дей. Арқасы сарғылт, қара қоңыр, төсі сұр, бауыры ақ. Аяғы жазғытұрым сары не сарғылт, күзде қоңыр түсті. Күжіркейдің қораздарының мойнында жазғытұрым қара, ақ, сарғыш реңді жаға тәрізді ұзын қауырсындары болады. Жыл құсы. Полигам. Өзен, көл маңындағы шөпті, ылғалды жерлерге маусымда ұялап, 4 жұмыртқа басады. Негізгі қорегі жәндіктер мен олардың дернәсілдері, сондай-ақ бидай мен арпаның дәндерін де жейді. Күжіркейдің еті дәмді, бірақ кәсіптік маңызы жоқ. Әуесқойлықпен көп ауланады. ## Дереккөздер
Жасқайрат — Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы ауыл, Күйгенкөл ауылдық округі орталығы. Бұрынғы атауы - "Күйгенкөл". ## Географиялық орны Аудан орталығы — Жәнібек ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 км-дей жерде, өзімен аттас көлдің жағалауында, ақжусан, еркекшөп, көкпек, қаражусан өскен бозғылт-қоңыр, сортаңдау қоңыр топырақты қуаң шөлейт белдемде орналасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 912 адам (448 ер адам және 464 әйел адам) болса, 2009 жылы 754 адамды (358 ер адам және 396 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1963 жылы Тайыр Жароков атындағы қой өсіру кеңшарын ұйымдастыруға байланысты қаланды. Оның негізінде 1997 жылдан Күйгенкөлде және округтегі Қолтабан, Құрсай, Өнеге ауылдарында өндірістік кооператив, 62 шаруа қожалығы жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Ө.Сақыпов атындағы орта мектеп және ауылдарда бастауыш мектептер, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория мен 3 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Тұрғындары елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Күзек шегені – Қарақұм мал жайылымының Жалағаш ауданы аумағында орналасқан құдық. Бұл жер 19 ғасырдың орта шенінде Керейт руының Ойық аталығында мың жылқы біткен Күзек байдың жазғы қонысы болған. Қарақұмның бұл аймағында әдетте 3 – 4 м тереңдікте мол судың көзі ашылады, бірақ топырағы ыспа құм болғандықтан қазылған құдықтар құлап қала береді. 1860 жылдары Күзек бай 30 түйе сексеуіл түсіріп, үлкен шеген салдырған. Сол шеген-құдық қазірге дейін малшы қауымының қажетін өтеп келеді. Құдық суы 3 – 4 отар қойды суғаруға жетеді. ## Дереккөздер
КҮЙГЕНҚОРА– Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының оңт.-шығысындағы қыстау. Сайқын жотасының батысымен ағатын Қараүңгір өз-нің жағалауында орналасқан. К-ны Айбалта, Қаракүнгей таулары қоршап жатыр. Алқабының қызғылт қоңыр және қара топырағында шалғын аралас әр түрлі астық тұқымдас шөптесіндер өседі. К. ауданның қысқы қыстауы, жазғы жайлауы саналады.‎
Күйгенсай, Горельник – Кіші Алматы өзенінің саласы. ## Бастауы Бастауын Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі 3000 м биіктіктен алады (Титова мұздығынан) - Кіші Алматы өзенінің су көзі. Горельник өзені Кіші Алматы өзеніне құяды және оның сол саласы болып табылады. 1932-1973 жылдар аралығында Қазақстан аумағында алғаш рет Горельник саяхат алаңы орнатылды. Революция кезінде өзен "Тухлый бұлағы" деп аталды, кейін күкіртсутегінің ерекше иісі болғандықтан «Шіріген ағын» деп аталды. 30-жылдардың басында, немқұрайдылықтың кесірінен шекара мектебінің курсанттары өртеп жіберді, содан кейін шатқалға «Горельник» (Күйгенсай) атауы берілді. Горельник өзенінде судың температурасы 27 ○ С-қа жетеді. ## Гидрологиясы Ұзындығы 6 км-ге жуық, су жиналатын алабы 12 км2. Жалпы ұзындығы 4 км болатын шағын екі саласы бар. Өзеннің бастауында 3 мореналық көл жатыр. Арнасының ені 1,8 – 2,0 м, тереңдігі 0,15 – 0,2 м. Жылдық орташа су ағымы 0,24 м3/с, су жыл бойы болады. Күйгенсай сел жүретін қауіпті өзендерге жатады. Өзен аңғары Алматы қаласы тұрғындарының демалыс аймағына жатады.‎ ## Дереккөздер
Күнгейсандық – Қырғыз Алатауындағы Боқтікен тау сілемінің оңтүстік-шығысындағы асу. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Меркі ауданы Меркі ауылының оңтүстік-шығысында 29 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Ең биік жері 2870 м. Мамыр – қазан айларында салт атты адам өте алады. Беткейлік шайылу әрекеттері дамыған. Асудың батысынан Меркі, шығысынан Аспара өзендерінің салалары таудың биік жоталарынан бастау алады. Беткейлері жатық кең өзен аңғарлары жоғары қарай біртіндеп құламалы тік шатқалдарға ұласады. Солтүстігінде Үшемшек, оңтүстігінде Тұйықтөр, батысында Қызылқия асулары орналасқан.‎ ## Дереккөздер
Күйгеншілік– Желдіадыр тауларының оңтүстігіндегі қыстау. Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Бетбұлақ ауылының оңтүстігінде 21 км жерде орналасқан. Сарыкеңгір өзені аңғарында. Солтүстігінде Жайықтау тауы, шығысында Ақтөбе шоқысы, оңтүстігінде Есілбай тауы, батысында Бұзау, Ақсай қыстаулары бар. Шоқылы-белесті тау етегінің карбонатты қоңыр топырақ жамылғысында қара жусан, тұран жусаны, селеу, қозықұлақ, тағы басқа шөптер мен бұталар өседі. ## Дереккөздер
Күзеуадыр – Түнқатар тауының шығыс сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км, Жарлы ауылынан батысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Ұзындығы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 2 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Абсолюттiк биіктігі 920 м. ## Геологиялық құрылымы Тас көмір кезеңі мен пермьнің гранитоидтарынан түзілген. Беткейлері көлбеу, аз тілімденген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында жусан, боз, селеу, сұлыбас, көде және тобылғы өседі.‎ ## Дереккөздер
Күйдіргішөп (Cucubalus) – қалампырлар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Ақтөбе облысында, Тобыл – Есіл өзендері аңғарларында кездеседі. Көлеңкелі жерлер мен өзен, көл жағалауларында өсетін 1 түрі – жидекжемісті К. (С. baccіfer) бар. Биікт. 50 – 200 см, сабағы жоғарылаған сайын бұтақтана беретін немесе жерге төселіп өсетін өсімдік. Жапырақтары жұмыртқа не қандауыр тәрізді, үшкір, сағағына жақындағанда қысқарады (ұзындығы 7 см, ені 3 см). Дара гүлдері қос жынысты, ірі. Аталығы 10, аналығы – үшеу. Тостағанша жапырақшалары қоңырау тәрізді, жасыл ақшыл түсті, күлтелері жіңішке. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – жылтыр, қара түсті, құрғақ жеміс. Олар құстар арқылы таралады.‎
Крошка – Іле Алатауындағы Ақтау тауының солтүстік-батыс беткейіндегі мұздық. ## Географиялық орны Алматы облысы Талғар ауданында. Мұздықтан Орта Талғар өзені бастау алады. ## Аумағы Аумағы 2,4 км2, жалпы ұзындығы 3,7 км, ашық жерінің ұзындығы 3,6 км, аумағы 2,2 км2, мұздықтардың көлемі 0,1 км3. Үстіңгі беті бедерлі, жарықшақты болып келеді. Фирн межесі 3860 м биіктікте. Мұздықтың үстіңгі ұшы 4200 м шамасында.‎ ## Дереккөздер
Күйелі – Қызылсу өзенінің оң жағалық саласы. ## Географиялық орны Абай облысы Жарма және Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандары аумағында. Ұзындығы 29 км, су жиналатын алабы 434 км2. ## Бастауы Бастауын Ұлан ауданындағы Қойсары тауының баурайынан алып, Мортас қыстауынан төменде (15 км жерде) Қызылсу өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Шағын 5 саласы бар. Жоғарғы және орта ағысы төбелі-жонды өңірмен ағады. Төменде өзен арнасы кеңейеді, саға тұсында жайылма түзейді. Аңғардың басым бөлігі жыртылған. Ондағы қызғылт қоңыр топырағында жусан аралас айрауық, қоңырбас, бетеге, сұлыбас, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі.‎ ## Дереккөздер
КҮКІРТ КЕНТАСТАРЫ– құрамынан күкірт ажыратып алынатын минералдық шикізаттар. К. к-нан бос күкірт, күкірт қышқылы, әр түрлі өндіріс салаларында қолданылатын күкіртті қосылыстар алынады. К. к-ның минералдарына саф күкірт, мыс, полиметалл, колчедан, алтын және сирек металл кентастарында (S 13 – 55%) кездесетін сульфидтер мен сульфарсенидтер, шөгінді жыныстарда шоғырланатын сульфаттар (SО3 24,4 – 58,8%) жатады. Бұлардың ішіндегі ең маңыздылары саф күкірт, пирит пен марказит (S 53,4%), пирротин (S 31,5 – 41,8%); ангидрит (SО3 58,8%), гипс (SО3 46,6%). Күкірт мөлшеріне қарай К. к. бай (S 25%-дан жоғары), орташа (S 18 – 25%), кедей (S 5 – 18%) болып бөлінеді. Түзілу тегіне қарай шөгінді және жанартаулық болып бөлінеді. Кен құрамы жағынан опалиттік, күкіртті-кварциттік болып ажыратылады. Тұздылығы жоғары лагуналық-теңіздік алаптардың тұнбаларымен байланысты болып келетін шөгінді кендер тұз күмбездік, қабаттық, линзалық немесе ұялық болып жіктеледі де, минерал.-литол. құрамы жөнінен әктасты, кальцитті-доломитті, сазды, мергельді, гипсті, құмтасты болып бөлінеді. Дүние жүзіндегі күкірттің басым бөлігі шөгінді кендерден өндіріледі. К. к. ашық және жер асты әдістерімен өндіріледі. Кентасты байыту әдістері күкірттің балқу темп-расына (112,8°С), физ., хим. қасиеттеріне негізделген. Қазақстанда бос күкірт Каспий маңы ойпатындағы тұз күмбездерінің бетінде кездеседі. Күкірт қышқылын полиметалл, мыс, көмір кендеріндегі пириттен, басқа кендердегі алунит, гипс, ангидриттен түсті металлургия з-ттары мен кокс пештерінің күкіртті газдарынан өндіреді. Қазір Теңіз кені мұнайының құрамындағы күкіртті тиімді пайдалану жолдары қарастырылуда. Атап айтқанда, оны жол төсеуге пайдалануға болатындығы анықталды.‎
Күймесгүл (Dіctamnus) – руталар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Дүние жүзінде Жерорта т. жағалауларынан Қиыр Шығысқа дейінгі аралықта кездесетін 6 түрі белгілі. Қазақстанның далалы шалғындықтарында, бұталардың арасында және тау етектерінің бұталы беткейлерінде өседі. Орманның ашық алаңы мен таудың ортаңғы белдеулерінде көбірек кездеседі. Балқаш – Алакөл қазаншұңқыры, Мойынқұм өңірінде (Жамбыл облысы), Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында, Шу-Іле тауларында шашыранды таралған 1 түрі – таспажапырақ К-і (D. angustіfolіus) бар. Оның биікт. 50 – 100 см. Сабағы бұтақты, қалың, ұзын түкті. Сабағының түп жағындағы жапырақтарының тақтасы салаланбаған бүтін, сабақ ұшына жақындаған сайын тақ қауырсынды жапырақшалардан тұрады. Гүлі қос жынысты, 5 тостағаншасы күлгін қызғылт түсті, 5 күлтесі, 10 аталық, 5 ұялы бір аналығы болады. Мамырдан шілдеге дейін гүлдеп, шілде – тамыз айларында жемістенеді. Жемісі – бес ұялы қауашақ. Әр ұясында 2 – 3-тен қара, жылтыр тұқымы бар. К. – өте улы өсімдік, жағымсыз иісті болғандықтан мал да жемейді. Егер жаңбырлы күндері гүлін бұтағымен жұлып алса, денеге тиген жерін (өсімдіктің ұлпасынан бөлінетін – диктамнотоксин заты) күйдіріп жібереді. Жазылған күнде де орны қара дақ болып көпке дейін сақталады. Өсімдіктің құрамында эфир майы өте көп. Егер өсімдік отқа жағылса жалын өшкеннен кейін өсімдік сабағының өртенбегенін байқауға болады. Себебі, жалын беретін тек қана эфир майы. Осы ерекшелігіне қарай күймесгүл аталған.‎ ## Дереккөздер
КҮЙІККӨЛ– Өлкейек өз-нің орта ағысының оң аңғарындағы сор. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ а-нан 67 км жерде орналасқан. Ұзындығы 8 км, енді жері 5 км. Солт-нен көктем айларында Қарақой өз. құяды. Теңіз деңгейінен шамамен 125 м биіктікте жатыр. Солт. жағалауы құрғақ өзен арналарымен тілімденген. Оңт.-шығыс бетінде сирек бұталы ағаштар өскен. Сор айдыны құмды-саздақты шөгінділермен қабыршақталған.‎
Күмбез (араб.: құббағ‎ парсы: гомбәд - төңкерілген аспан, дөңес шатыр‎) — жалпы жобасы шеңберленіп келген (кейде көп қырлы, эллипске ұқсас, т.б.) ғимараттар мен құрылыстардың төбесін жабула қолданатын конструкциялық элементтердің бір түрі. Күмбез ғимарат төбесін құрсаулай бүріп тұрумен бірге үстіңгі салмақтық қабырғаға біркелкі түсуін қамтамасыз етеді. Күмбез жасау б.з.б. 3 ғасырдан белгілі. Ең алғашқыда солқылдақ шыбықтарды иіл, балшықтан салынған күрке тәрізді етіп жасалды. Ежелгі дәуірлерде күмбездің тастан немесе қызыл кірпіштен салынған түрлері пайда болды. Ғимараттар мен құрылыстарды қос қабат күмбезбен жабу әсіресе, Орта Азия сәулет өнерінде өркен жайды. 19 ғасырдың 2-жартысынан күмбез тұрғызу ісіне темір-бетонның кең қолданылуын байланысты 20 ғасырда сан алуан пошымдағы (сақиналы, қобылы, т.б.) алып күмбездер салу ісі дамыды. Төбесі күмбезбен жабылған мазарларды да қазақтар күмбез деп атайды (мысалы, Алаша хан күмбезі, т.б.).70 - 80 ж. Алматы қаласында төбесі күмбезді ғимараттар ("Арасан" емдеу-сауықтыру кешені, Оқушылар сарайы, Қазақстан Орталық мұражайы, т.б. ғимараттары) саны өсуде. ## Дереккөздер
Күмісқазық – Ақшатау жотасының оңтүстігіндегі оқшауланған шоқылы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы Айғыз ауылының солтүстік-батысында 15 км жерде орналасқан. Бақанас және Аягөз өзендерінің аңғарында. Абсолюттiк биіктігі 746 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 2,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. ## Жер бедері Солтүстік беткейі тіктеу, қалған бөліктері көлбеу келген. Пішіні доға тәрізді. Солтүстігінде Аққұдық бұлағы, шығысында Қожа, Омар қыстаулары, оңтүстігінде Жуантөбе бұлағы мен Қарашоқы шоқысы, батысында Алтынқазық тауы орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Палеозой дәуірінің кварцит, құмтас, әктас, конгломерат, эффузивті жыныстарынан құралған. ## Өсімдігі Баурайындағы қоңыр топырақ жамылғысында қараған, тобылғы, тасжарған, т.б. бұталар, тал өседі. Мал жайылымына қолайлы.‎ ## Дереккөздер
Күмістікөл – Есіл алабындағы ағынсыз көл. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданында, Терісаққан өзенінің саласы – Бала Терісаққанның жоғарғы ағысының оң жағалауында, Қоскөл ауылынан солтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Ауданы 10,5 км2, су жиналатын алабы 130 км2. Ұзындығы 4,7 км, енді жері 3 км-ге жетеді, орташа тереңдігі 0,6 м. Қар, жер асты суларымен толығады. Суы жаздың ыстық айларында кермек татиды. Жағасында қамыс, құрақ өседі. Мал суаруға, жайылымдарды суландыруға қолайлы.‎ ## Дереккөздер
Күйелі Қаратау – Айтау тауларының солтүстігіндегі тау массиві. Хантау тауларының солтүстік-шығыс сілемі. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 804 м. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, енді жері 6 км. Батысында Хантау, солтүстігінде Қызылбастау тауларымен шектеседі. Солтүстік беткейі көлбеу, оңтүстігі қырқалы төбе болып келеді. Етегінен Күйеліқара, Ботабөрім өзендерінің салалары бастау алады.‎ ## Географиялық құрылымы Каледон-герциндік тау жаралу процесінде қалыптасқан. Палеозойдың гнейстерінен, кристалды тақтатасынан, каледондық граниттен түзілген. ## Өсімдігі Тау етегінің саздақты бозғылт топырағында жусан бітік өседі. ## Дереккөздер
Күнгелді (Trollіus) – сарғалдақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Сол-түстік жарты шардың қоңыржай және салқын аймақтарында кездесетін 30-дан астам түрі белгілі. Қазақстанда қылқан және жалпақ жапырақты ормандарда, аласа таулардан бастап альпі белдеулеріне дейінгі шалғындықтарда өсетін 3 түрі бар, жиірек кездесетіні – Алтай Күнгелдісі (T. altaіcus). Оның биікт. 15 – 10 см, сабағы тік өседі. Ашық жасыл түсті жапырақтары саусақ салалы тілімденіп келген. Гүлдері дара, ірі (ені 7 см-дей), екіден кейде үштен біріккен, қызғылт сары түсті. Гүлдері екі қатарда орналасқан, тостағанша жапырақшаларының саны 10 – 20, пішіні жалпақ, жұмыртқа тәрізді. Әр желектің астыңғы жағында шірне бөлетін шұңқыр болады. Аталықтары мен аналықтарының саны көп. Аталықтарының бағаналарының түсі қошқыл, гүлдің ортасында әдейі тамызып қойған дақ секілді нүктесі бар. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – көп жапырақша. Алтай Күнгелдісін гүлі әдемі болғандықтан сәндік үшін өсіреді және дәрілік өсімдік. Халық медицинасында өсімдіктің гүлінен алынған тұнбаны бауыр ауырғанда ішеді.
Талдыбұлақ-Күлен – Жетіқоңыр құмының шығысындағы қыстау. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Сарысу ауылдық округі аумағындағы Тас-Оба ауылының солт.-шығысында 10 км жерде орналасқан. Солт-нде "Тұрай", "Победа" құдықтары, шығысында "Мұзқазған" қонысы, оңт-нде "Жаман Айбат" тауы, батысында "Шаянбай" қонысы мен өзімен аттас бұлақ бар. Қоңыр сортаң түсті құмды топырақ жамылғысында жусан, эфедра, жүзгін, т.б. өседі.‎ ## Дереккөздер
Күнбағыс немесе Күнбағар (лат. Helianthus) – астралылар тұқымдасына жататын бір жылдық мәдени өсімдік. Шыққан жері — Солтүстік Америка. Қазақстанда 2 түрі бар: жер алмұрты және бір жылдық күнбағыс (Н. annuus). ## Биологиялық сипаттамасы Күнбағыстың биіктігі 0.6-дан 2,5 м-ге дейін, сабағы тік, жуан өзегі қуыс, сырты қалың түкті, кіндік тамыры тармақты, 2 - 3 м тереңдікке бойлайды. Үлкен жалпақ жапырағы сабақта кезектесіп орналасады. Гүл шоғыры көп гүлді себет.Қаптама 2 немесе одан да көп қатарлы жапырақтардан тұрады.Оның сыртын бір немесе бірнеше қатарға орналасқан гүл жапырақтары қоршаған. Бұлар өсімдік гүлін сыртқы қолайсыз жағдайлардан сақтайды. Себеттерінің диам. 10 - 60 см-ге дейін жетеді. Себеті күн көзі бойымен бұрылып отырады. Жемісі — тұқымша, онда 22 — 27% май болады. ## Қолданылуы Дәнінен сұйық күнбағыс майы алынады. Өсімдік майының 90%-ы осы өсімдіктің дәнінен алынады, сыққаннан кейінгі дәніне қант қосып, сығымдап, тамаққа қолданылатын тәтті тағам жасалынады. Сары желегін медицинада пайдаланады. Күлінен қант алады, онда 30 — 36% калий тотығы бар. Күнбағыс күнжарасында — құнарлы мал азығы, онда 38%-дан астам ақуыздық зат, 20 — 22% көмірсу және 6%-дай май бар. Күнбағысты бұршақ өсімдіктерге қосып сүрлемдік дақыл ретінде өсіреді. 100 кг көктей орылған Күнбағыс құрамында 18 азық өлшемі, 1,4 кг сіңімді протеин бар. Көктей шабылған Күнбағыс га-нан 400 — 500 ц балауса азық алынады. Қазақстанның солтүстік, шығыс аудандарында ерте және тез пісетін саратовтық 10; 169, шортандылық — 41, қостанайлық — 91, т.б. сұрыптары аудандастырылған. Осы сұрыптардың 1 га-нан 10 — 12 ц күнбағыс майы алынады. К-тың негізгі зиянкестері: сым-құрт, күнбағыс қан көбелегі, т. б.; аурулары: боз шірік, сұңғыла, т. б. ## Тарихы Еуропалықтар тұңғыш рет күнбағысты Американы ашқан кезде Мексиканың кең байтақ жазықтарынан көрген. Олар күнбағысты Еуропаға бұдан төрт жүз жыл бұрын алып келді. Оны «күн гүлі» деп атады. Қазір күнбағыс – біздегі ең кең тараған майлы дақыл. Әрине, ол өзінің жабайы арғы тегіне аздап қана ұқсайды. Мәдени күнбағыстың себеті ірі. Онда 7 мыңға тарта дән болады. Сонымен бірге мәдени күнбағыстың сабағы 4 метрге дейін жетіп, оның жуандығы білектей болып өседі. ## Күнбағыс үй тұрмысында Күнбағыс бүкіл әлем бойынша өсіріледі. Үй тұрмысында ол дәнін шағып жейтін шекілдеуік болып қалып отыр. Бірақ күнбағыстың беретін басты нәрсесі – оның жақсы майы. Күнбағыс дәнінен май сығып алғаннан кейін одан күнжара қалады. Күнжараны жылқы, сиыр, қойлар жейді. Сабағын турап, булап шошқаға береді. Себетін кептіреді де ұнтақтайды, ол да – жақсы мал азығы. Күнбағыстың кейбір сорттарын сүрлем үшін егеді. Бұл жағдайда оны дәні піспей тұрып көктей орады. ## Галерея * * * * * * * ## Дереккөздер
КҮЛҚҰДЫҚ– Дарбас құмының орт. бөлігіндегі құдық. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ақсуат а-ның солт.-шығысында 55 км жерде орналасқан. Тереңд. 3 м, су шығымы 400 л/сағ. Солт-нде Дарбас құдығы, шығысында Құлдан құдығы мен Қызған төбесі, оңт-нде Қосшыңырау жайлауы мен Үшқызыл қонысы, батысында Қойындық, Ащытелі құдықтары бар. Құдық мал суаруға пайдаланылады.‎
Күнзе, кориандр (лат. Coriandrum) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Жерорта т. маңында кездесетін 2 түрі белгілі. Қазақстанда қолдан өсірілетін 1 түрі – мәдени күнзе (С. satіvum) бар. Оның биіктігі 30 – 70 см, тамыры жіңішке, жіпше иретіліп жатады. Сабағы қатпарланған. Төменгі жапырақтары тұтас немесе үшке бөлінген, ал жоғарғылары – қауырсынды тілімденген. Тостағанша жапырақшалары үш бұрышты тісті, күлтелері ақ түсті, екі қалақты. Гүлдері дара жынысты, 10 – 15 гүлі бірігіп, шатырша гүлшоғырын құрайды. Шатыршалары 4 – 5 сәулелі. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жеміс салады. Жемісі шар тәрізді домалақ. Жас бұтағын дәм-татымдық ретінде (кинза) тағамға қосады. Күнзенің жемісінің құрамында 1,18% эфир майы бар. Жемісін қайнатқаннан кейін эфир майының құрамында 18%-дай жоғары сапалы май пайда болады, оны сабын қайнатуда пайдаланылады. Майын бөліп алғаннан кейінгі күнжарасы құнарлы мал азығы ретінде малға беріледі. ## Дереккөздер
КҮНДЕШІКТЕР ТҰҚЫМДАСЫ, елатиналар тұқымдасы (Elatіnaceae) – қос жарнақты бір, екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Кейде бұта түрінде де кездеседі. Қоңыржай аймақтардан тропиктік белдеулерге дейін тараған, 2 туысы – күндешік және бергия (Bergіa) (18 ғасырда өмір сүрген швед жаратылыстанушысы П.Бергиустың құрметіне аталған). 40 түрі бар. Негізінен суда және су жағасында өседі. Гүлдері қос жынысты, ұсақ, отырыңқы немесе гүлсағақты, кейде гүлжапырақты келеді. Олар жапырақ қолтығына орналасқан, жеке немесе шатырша гүлшоғырына топталған. Тостағаншасы 2 – 5 бөлікті, тостағанша жапырақтары – 5 не 3, күлтесі 2–5 ақ немесе қызғылт түсті желектен тұрады. Аталығы 2–5 (10), аналығы – біреу, жемісі 2–5 ұялы қорапша, бұлар қақпақшалары (2–5) арқылы ашылады, тұқымы – көп, өте ұсақ, сырты тегіс болады. Қазақстанда бір туысы – күндешік кездеседі. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, 9-том
Күйметас – Арқат тауларының шығысында орналасқан тау. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы жерінде. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 914 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 6 км-ге созылған, енді жері 4 км. Оңтүстік және шығыс беткейлері тік жартасты, солтүстік бөлігі көлбеуленіп далаға ұласады. Шығысы мен солтүстігінде Үлкен көлі, шағын өзен және бірнеше қыстаулар (Қопа, Қаратөбе, т.б.) орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы палеозой жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Күйметастан шығысқа қарай 4 – 5 км жерде бұта, тал, теректерден тұратын шағын орман алқабы бар. Тау баурайы мал жайылымына және шабындыққа пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Күнгей Алатау – Солтүстік Тәңір тауындағы жота. 10 шағын көлден тұратын альпілік шалғындар Сүтбұлақ, Түлкісай және Қарасай шатқалдарының аумағында орналасқан. Көлсай және Қайыңды шатқалдарында Алматы облысының ең танымал Көлсай көлі және Қайыңды көлі бар. Ыстықкөл алқабына өтуге болатын жотаның асулары тау жорықтарын ұнататындардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Күнгей жотасы альпинистік тұрғыда қызығушылық танытады, өйткені жотаның 150 шыңынан тек 40-ы ғана бағындырылды. Жарбұлақ өзені алқабынан Талды алқабына дейінгі ұзындығы 75 км альпинистер аяқ басқан жоқ. ## Географиялық орны Қырғызстан мен Қазақстан аралығында ендік бағытқа шамалас 280 км-ге созылып жатыр. Ені 30 – 35 км, абсолюттік биіктігі 4771 м (Шоқтал шыңы, Қырғызстанда). Солтүстігіндегі Іле Алатауынан жотаны Шоңкемін және Шілік өзендерінің аңғарлары бөліп жатыр. Оңтүстік Ыстықкөл қазаншұңқырымен шектеледі. Шілік-Кемін асуы суайрығы саналады және ол Күнгей Алатауын екіге – батыс (ұзындығы 150 км шамасында) пен шығысқа (ұзындығы 130 км шамасында) бөледі. Қазақстанмен шектесіп жатқан шығыс бөлігінің солтүстік беткейлері (ең биік жері 4653 м) Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандары жерімен өтеді. ## Жер бедері Орташа биіктігі 3800 – 4200 м болатын Күнгей Алатауының жер бедері биік тау сілемдерімен, сүйір пирамида тәрізді жеке таулар мен асу, шыңдардан тұрады. Бастылары: Қуғантыр (3908 м), Бұрғансу (3775 м), Шоңөрікті (3705 м), Қыземшек (4032 м), Күрметі (3552 м), Саты (3281 м), Қорымды (3174 м), Тоқымбұлақ (3185 м). ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы протерозой және каледон тау жаралу қатпарлығы кезінде көтерілді. Палеозойлық дәуір герцин қатпарлығымен аяқталды. Тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде тау жасалу процесі осы уақытқа дейін жалғасуда. Жота сейсмикалық ауданға жатады. Сондықтан жер сілкіну, қар көшкіні, сел тасқыны, т.б. қауіпті табиғат құбылыстары жиі болып тұрады. ## Климаты Күнгей Алатауының климаты тым континентті. Биік тау сілемдері ауа райына тікелей әсер етеді. Таулардың жоғарғы биік белдемдерінде жыл бойы дерлік температура 0°С-тан төмен болады. Қаңтар айының орташа температурасы таудың жоғары белдемінде – 40 – 45°С, төменгі белдемінде – 20 – 25°С, шілде айында тау бастарында 0 – 5°С-тан, төменгі етегі мен тау аңғарларында 15 – 20°С аралығында. Жауын-шашынның мөлшері тау аңғарында 400 – 550 мм, қыратты батыс беткейлерінде 800 – 900 мм-ге жетеді. ## Су торабы Жотадан (қазақстандық бөлігінен) бастау алатын өзендерге Шілік өзені және оның оң салалары: Жаңғырық, Түлкісай, Қарасай, Қарақия, Үлкен Өрікті, Құтырған, Талды, Күрметі (Күрменті), Көлсай, Саты, Қайыңды; Шарын өзенің сол салалары Шетмерке, Ортамерке, т.б. жатады. Өзендердің гидроэнергетика ресурстары мол. Күнгей Алатауында ірі мұздықтар (жалпы аумағы 237 км2), тектоникалық және мореналық шағын көлдер бар. ## Өсімдігі мен жануралар дүниесі Қазақстандық бөлігіне қарайтын сол-түстік жоғарын белдеулік беткейлерінде шырша, қарағай өскен. Шілік өзені аңғарының қара, таудың қызғылт қоңыр топырақтарында альпілік шалғындар мен әр түрлі астық тұқымдас шөптесіндер, шатқалдар мен тау баурайларында тал, терек, қайың, жабайы алма мен өрік, долана, арша, тобылғы ағаштары өседі. Күнгей Алатауының аңғарлары малға қолайлы тау жайлауы саналады. Биік таудың құз жартастарында арқар, таутеке, барыс мекендесе, одан төменде қасқыр, түлкі, елік, марал, сілеусін тіршілік етеді. ## Сыртқы сілтемелер * Алматы облысы туризмінің ресми сайты Мұрағатталған 3 мамырдың 2020 жылы. * Жоңғар Алатау ұлттық паркінің ресми сайты Мұрағатталған 25 сәуірдің 2020 жылы. * Алматы облысының көрнекті орындары
Күнжара – дәні майлы өсімдіктерден майы сығылып алынғаннан кейін қалатын мал азығы. Құрама азыққа кіретін белогы (30 – 50%) мен майы (6 – 10%) көп құнарлы азық. Сондықтан майды неғұрлым толық сығып алу үшін ұсақталған әрі кептірілген дәнді май еріткіштерімен араластырып сығып күнжара ұнын дайындайды. Мұнда 1 – 3% май болады. Күнжараны белогы аз сабан-топан, тамыржеміс азықтарына аз мөлшерде қосып, олардың сапасын арттыруға болады. Күнжара амин қышқылдарының құрамы және белогының биохим. құндылығы жағынан астық тұқымдас жем белоктарынан сапасы жоғары, өйткені мұнда лизин, метионин, цистин және триптофан, сондай-ақ кальций, фосфор] едәуір көп болады. Kүнжара құрамы біртекті, бөгде иіссіз, ащы дәмсіз, көгермеген түрде болғаны жөн. Ылғалдығы 8 – 12%-дан артық болмауы қажет, бұдан асса күнжара көгеріп, ашып кетеді. Күнжараға басқа жемге араластырып беруге болады. Республикада негізінен күнбағыс және мақта күнжарасы өндіріледі. Күнжараның бірнеше түрі бар. Зығыр күнжарасы жылы суда бөртіп, пектин заттарынан тұратын кілегей түзетін, өте сіңімді құнды мал азығы. Сүтті қаймағынан айырмай пайдаланған жағдайда сауын сиырға тәулігіне 4 кг-ға, сүтті сары май алу үшін пайдаланғанда 2,5 кг-ға дейін зығыр күнжарасын беруге болады. Күнбағыс күнжарасы қоректік және сіңімділігі жағынан сапасы зығыр күнжарасына жуық, малға беру мөлшері де сондай. Соя күнжарасының белогы мол, құнды және сіңімді, малға беру мөлшері зығыр күнжарасындай, әсіресе, төлге пайдалы. Мақта күнжарасының құрамында госсипол деген улы зат бар, сондықтан оны 2 сағат бойы құрғақ буда қыздырады не ыстық суға бұқтырады. Жүгері күнжарасы малдың барлық түріне беруге болатын азық. Сиыр мен шошқаға көп бермейді, өйткені сиыр сүтінен алынатын май және шошқа етінің майы жұмсақ болады. Көкнәр күнжарасы дәмі сүйкімді, сіңімділігі жақсы азық, сиырды бордақылауға тәулігіне 1 кг-ға дейін беріледі. Күнжіт күнжарасы да құнды мал азығы, барлық мал түлігіне беруге болады. күнжараның қай түрін, қанша беру мал жасына, күйіне, қандай өнім алу мақсатына байланысты белгілі мөлшерде тағайындалады. Күнжара құрамында мал денсаулығына зиянды, кейде тіпті улы заттар болуы мүмкін. Мысалы зығыр күнжарасында линамарин глюкозиді, күнбағыс күнжарасында антитрипсин, рапс, қышабас күнжарасында синигрин және синалбин глюкозидтері бар. Бұлар малдың ішін өткізуі, уландыруы мүмкін. Сондықтан күнжара малға берерде лабораторияда зерттеліп, сапасы анықталады. Күнжара белгілі бір қалыпқа салынған, нығыздығы әр түрлі кесекше түрінде шығарылады. ## Дереккөздер
Күреңөгіз – Оңтүстік Алтайдағы асу. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында орналасқан. ## Жер бедері Биіктігі 2790 м. Асу арқылы Күреңөгіз тауының оңтүстік беткейіндегі Аққаба өзенінің бастауына соқпақ жол өтеді. Асудан маусым – қыркүйек айлары аралығында ғана өтуге болады. Күреңөгізді жергілікті тұрғындар ертеден пайдаланған. ## Дереккөздер
Күркелі – Баянауыл тауларының оңтүстігіндегі шоқылы тау. ## Географиялық орны Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылының оңтүстік-шығысында 38 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 775 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км-ге, енді жері 4,5 км-ге созылып жатыр. ## Жер бедері Көлбеу келген беткейлері бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Таудың түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы силур мен девон кезеңдерінің кристалды гранит, тақтатас жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында боз, бетеге, т.б. дала өсімдіктері мен бұталар өседі. ## Дереккөздер
Күркілдек — Нұра алабындағы ағынсыз көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданының шығысында, Алакөл көлінің оңтүстігінде 3 км жерде. ## Гидрографикасы Аумағы 6,8 км (солтүстігіндегі аумағы 5,3 км2 болатын Күркілдек шығанағын есептемегенде). Теңіз деңгейінен 354 м биіктікте. Ұзындығы 3,4 км, енді жері 2,3 км жағалау бойының ұзындығы 10,2 км. Суды 166 км2 аумақтан жинайды. Жағалауы жазық, түбі лайлы. Жағалауында қамыс пен құрақ шоғырлары өскен. Еріген қар суымен толысады. Қуаңшылық жылдары құрғап қалады. Суы тұщы, мал суаруға пайдаланылады.
Күркіреуік — Ырғыз өзенің аңғарындағы бұлақ. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының оңтүстік-батысында 42 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 250 м биіктікте. Жер бедері жонды-белесті, сай-жыралармен тілімденген. Жанында Қоянбұлақ, Қарабұлақ, Майбұлақ және т.б. көптеген бұлақтар орналасқан. Батысынан Шалқар – Ырғыз автомобиль жолы өтеді. Бұлақ суын ауыз су және мал суаруға пайдаланады. ## Дереккөздер
Күрті – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы облысының Қарасай және Жамбыл аудандары жерімен ағады. Ұзындығы 123 км, су жиналатын алабы 12500 км2. ## Бастауы Ұзынқарғалы, Қопа өзендерінің қосылған жерінен бастап Күрті аталады. Ақтоғай ауылынан 20 км-дей жоғары Іле өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Жылдық орташа су ағымы Күрті ауыл тұсында 2,20 м3/с. Арнасы кең, жағасы тік жарлы. Қар, жауын-шашын суларымен толығады. Өзеннің арнасына Күрті бөгені салынған. ## Дереккөздер
Күреңот (лат. Epilobium) – өзімен аттас тұқымдасқа жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдік немесе шала бұта. Биіктігі 50 – 180 см, тамыры жуан. Сабағы тік. Өсімдіктің сыртын түк жапқан. Шеті иректелген жапырақтары қандауыр пішіндес, кезектесіп орналасқан. Дара гүлдері қызғылт, қара қошқыл түсті, жапырақ қойнауында орналасқан. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – қорапша. Тұқымы бүртікті қоңыр, дөңгелек. Күреңоттың тамыры жеуге жарамды, оның құрамында крахмал, қант көп. Балауса жапырақтары сабағының ұшында жетіледі, оны кептіріп шай орнына ішуге болады. Сабағын, жапырақтары мен гүлдерін емдік мақсатта пайдаланады. Күреңот шөбінің тұнбасын бас ауырғанда, ұйқы қашқанда және жатыр ауруларын емдегенде ішеді. Сондай-ақ Күреңот – шірнелі мал азықтық өсімдік. ## Табиғатта таралуы Қоңыржай және салқын аймақтарда кездесетін 50-ге жуық түрі белгілі. Әсіресе Күреңоттар Жаңа Зеландияда өте көп өседі. Қазақстанның барлық аймақтарындағы қылқан жапырақты және аралас ормандарда, тоғайда, сулы, ылғалы мол жерлерде көп кездеседі. Құрғақ, құмды жерлерде, орман шеттерінде, жолдар мен арна бойында өседі. Күреңоттың 14 түрі бар. Ең жиі тарағаны – түкті Күреңот (E. hіrsutum).Күреңот таудың күнгей беткейлеріндегі шабындықты, орман арасындағы алаңдарда, кесілген ағаш орындарында өседі. Айталық, Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде күреңот биік болып өседі. Тіпті олардың арасынан атты кісі көрінбей кетеді. ## Химиялық құрамы. Оның құрамында илік заттар, С витамині, херофиллин деп аталатын алкаллоид бар. Күреңоттан жасалған дәрілік препараттардың нерв жүйесін тыныштандыратын, түрлі қабынуларға қарсы әсер ететін қасиеттері бар.Дәрілік шикізат ретінде жапырағын шілде – тамыз айларында жинап, көленке жерге кептіреді де, ағаш жәшіктерге немесе қағаз қаптарға салып сақтайды. ## Мал дәрігерлігінде қолданылуы. Халық емшілері бұл өсімдіктің тұнбасымен малдың асқазан – ішек ауруларын емдеген, ал адамның асқазанына, ішегіне жара түскенде, бас ауырғанда күреңоттың жапырағын шай секілді демдеп ішкізген. Оның тұнбасын жасау үшін қайнатылған 0,5 литр суға 30 грамм кептірілген жапырақ салып, 20 минут тұндырады.Бұзауларға, құлындарға 50 – 100 грамнан күніне үш рет ішкізіледі. ## Дереккөздер Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Күреңот — "Қайнар", 1988. — Б. 20-21. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.https://halykemi.wordpress.com/about/
Күрішбас (Pіptatherum) – астық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Солт. жарты шардың қоңыржай және субтропиктік аймақтарында кездесетін 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда тау баурайында, жартастар және тасты шатқалдарда өсетін 10 түрі бар. Биікт. 25 – 80 (кейде 130) см. Жайылып өсетін қысқа тамырлары шырмалып шым түзеді. Сабағы тік, тегіс, жіңішке әрі сынғыш келеді. Жапырақтары жіңішке, ұзын. Дара гүлді, қос қабыршақты масағы сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Гүл қабығы да, аталығы да – үшеу. Мамырдан шілде айына дейін гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бір тұқымды дәнек. Жоңғар күрішбасы (P. songorіcum) және айыл күрішбасы (P. latіfolіum) – жақсы жайылымдық өсімдіктер. Қаратау күрішбасы (P. karаtavіense) – тек Қаратауда өсетін эндемик түр. Ал бұқарша күрішбасын (P. holcіforme) үй құстары сүйсініп жейді. ## Дереккөздер
Күршім жотасы – Алтай тауларының оңтүстік-батыс сілеміндегі жота. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы жерінде. Нарын, Сарымсақты және Оңтүстік Алтай жоталарының оңтүстігінде, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 130 – 135 км-ге созылып жатыр, ені 25 – 30 км. Ең биік жері 3305 м (Ақсубас тауы). Шығыс бөлігінің оңтүстігінде Марқакөл көлі жатыр. ## Геологиялық құрылымы Жота девонның туфынан және эффузивті жыныстарынан, палеозойдың құмтастарынан түзілген. Гранит интрузивтері де кездеседі. ## Жер бедері Жотаның сол түстігінде беткейі тік құлама. Күршім жотасы Салқыншоқы (2084 м), Сарытау (2646 м), Ұлтабар (2722 м), т.б. жеке таулар мен тау сілемдерінен тұрады. Тау беткейлерінен Күршім өзенінің сол салалары: Қыстау Күршім, Қойшілік, Сорная, сонымен бірге Марқакөл көлінен ағып шығатын Қалжыр және оның салалары Шұқырқалжыр, Қараағаш, Березовка, т.б. өзендер бастау алады. ## Өсімдігі мен жануарлар дүниесі Тар және терең шатқалдардың сол түстік беткейлерінде қылқан жапырақты, тау шатқалдары мен етегінде жалпақ жапырақты орман қалыптасқан. Тау етегінде жусан, боз, бұта және жапырақты орман өседі. Тауларда (2000 м-ден жоғары) альпілік шалғын шөптер, астық тұқымдас шөптесіндер өскен. Жануарлардан қоңыр аю, таутеке, қасқыр, түлкі, борсық, суыр, тиін кездеседі. ## Дереккөздер
Күш – Маңғыстау тауларының орта бөлігіндегі шоқылы тау массиві. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының солтүстік-батысында 14 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 322 м. Солтүстіктен оңтүстік-шығысқа қарай 4 км-ге созылған, енді жері 500 – 600 м шамасында. Оңтүстік беткейі тік жарқабақты, қалған бөліктері көлбеу, пішіні доға тәрізді созылып жатыр. Беткейлері аз тілімденген. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысын юра мен бордың құмды-сазды жыныстары жапқан. ## Өсімдігі Етегінде жусан, тасбұйырғын басым өседі. Мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Күрті бөгені – Алматы облысының Қарасай және Жамбыл аудандары жеріндегі су бөгені. ## Гидрологиялық режімі, сипаты Күрті өзені аңғарында орналасқан. 1967 жылы іске қосылған. Ауданы 8,3 км², ұзындығы 25 км, ең енді тұсы 0,8 км, жағалауының ұзындығы 64 км, орташа тереңдігі 14,5 м, ең терең жері 38,5 м, су сыйымдылығы 120 млн. м3, бөгеннің су жиналатын алабы 10,4 мың км². Арнадағы тосқауылдың ұзындығы 232 м, биіктігі 42 м, ені 7,5 м. Күрті бөгені орташа есеппен жылына 102 млн. м3 су береді; 23 мың га жер суғарылады, шамамен 100 мың га жайылымды суландырады. ## Дереккөздер
Күшәла кентастары, күшән кентастары – құрамында бөліп алуға тұрарлықтай күшәла және оның қосылыстары шоғырланған табиғи минералдық шикізат. 120-дан астам күшәла минералдарының ішінде өндірістік маңызы барлары: арсенопирит ҒеАsS (Аs – 46%), леллингит ҒеАs2 (72,8%), реальгар АsS (70,1%), аурипигмент Аs2S3 (61,0%), энаргит СuАsS4 (19,1%), теннатит Сu12Аs4S13 (17%). Күшәла кентастары негізінен түрлі түсті металл кендерінде және бағалы металдар кешенінде кездеседі. Күшәланың өз кендері – арсенопириттік, реальгар-аурипигменттік, ал кешендік кендері – алтын-күшәлалық, күшәла-полиметалдық, мыс-күшәлалық, күшәла-кобальттық, күшәла-қалайы-вольфрамдық, күшәла-сүрме-сынаптық типтерге бөлінеді. Бұлар қышқыл, орта құрамды интрузивтердің постмагмалық процестерімен байланысты. Жалпы күшәла өндірісінің 10%-ын беретін кентас денелері, желі, қабат, бұтақты иірімдер түріндегі арсенопириттік кендер әр түрлі шөгінді, атпа жыныстарда орналасқан. Күшәланың есептелген қорының 30%-ын, өндірісінің 60%-ын беретін алтынды-күшәлалы кендердің кентастары сульфидті, сульфотұзды, кварц желілері түрінде кездеседі. Кешенді кентастар саналатын түрлі пішінді иірімдер, кварцтық және гидротермальдық желілер түрінде кездесетін күшәла-полиметалды; мыс-күшәлалы, күшәла-кобальтты, күшәла-сүрме-сынапты, күшәла-қалайы-вольфрамды кендерден күшәлаға қоса едәуір мөлшерде алтын, күміс, мырыш, қорғасын, мыс, кобальт, сынап, сүрме, қалайы, вольфрам өндіріледі. Өндіру үшін Күшәла кентастарындағы күшәла мөлшері 2%-дан, кешенді кентастарда 0,1 – 0,5%-дан кем болмауы керек. Күләша кентастары гравитациялық, флотациялық әдістермен байытылады. Қазақстанда күшәла Алтай, Сарыарқаныңалтын, полиметалл кендерінен алынады. ## Сілтемелер
Күнгей жотасы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік шығыс сілеміндегі жотасы. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы жерінде. Батыстан шығысқа, солтүстік-шығысқа қарай 55-60 км-ге созылып жатыр, ені 15-20 км. Ең биік жері 3014 м. ## Геологиялық құрылымы Күнгей жотасы төменінде тас көмірдің саздақты тақтатас, құмтас жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Оңтүстік беткейі тік. Жотаны өзен аңғарлары қатты тілімдеп шатқал жасаған. Көксуат өзінің аңғары оңтүстіктегі Тастау жотасынан бөліп тұрады. Солтүстігінде Жүнжүрек, Арқалық және Жабық таулары орналасқан. Алакөл көліне қарайтын солтүстік беткейлерінен Көкмойын, Жаманты, Қызылтал, Қаратал өзендері бастау алады. ## Өсімдігі Аңғарларында қайың, тал, терек, орта белдеуінде қылқан жапырақты орман, жоғары жағында тау шалғыны, арша өседі. Етегі жазғы жайлау. ## Дереккөздер
Күнгей қауы (лат. Stipa kungeica) – астық тұқымдасының қау туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Күнгей Алатау жотасы Саты өзінің жағалауындағы құрғақ беткейлерде өседі. Биіктігі 60 см-дей, қалың шым түзетін өсімдік. Сабағының бойына иіле орналасқан бұдыр жапырақтары қылтанды болады. Гүлшоғыры – қысыңқы, көп масақты. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Күнгей қауы – құнарлы мал азығы. Өте сирек кездесетін эндемик өсімдік. Қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Күрден – Қаратау жотасының қиыр солтүстік-батысындағы асу. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жаңақорған және Түркістан облысы Созақ аудандарының шекарасында орналасқан. ## Жер бедері Теңіз деңгейінен 810 м биіктікте. Сәуір – қараша айларында асудан салт атты адам өте алады. Беткейіндегі бұлақтардан Жиделі, Құрымсақ өзендерінің салалары бастау алады. ## Дереккөздер
Күшік – Бұғылы және Жақсы Тағылы тауларының аралығындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы Айғыржал аулының солтүстік шығысында 21 км жерде орналасқан. Күшік пен Қарақамыс өзендерінің суайрығында. Салыстырмалы биіктігі 70 м. Ең биік жері шамамен 800–820 м биіктікте. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Беткейі тіктеу, жер бедері бірнеше ұсақ қырқалы шоқылардан тұрады. Девонның альбитофир, порфирит, гранит жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың қызғылт қоңыр топырағында бетеге аралас боз өседі. Беткейлері жайылымдық ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Күшікбай – Мұғалжар тауларының ортаңғы бөлігіндегі шоқылы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жем (Ембі) қаласының солтүстік шығысында 36 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 552 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Солтүстік беткейі тіктеу келген. ## Геологиялық құрылымы Силур, төменгі девон кезеңдерінің жанартаутекті-шөгінді (лава, туф, тақтатас) жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың қоңыр топырағында бетеге, боз, жусан, бұта аралас қараған, тобылғы, т.б. өседі. Тау баурайындағы бұлақтардан Ащысай өзенінің салалары бастау алады. Етегі көктемгі-күзгі мал жайылымы. ## Дереккөздер
Күшікжал – Балқаш көлінің шығысындағы төбешікті-қырқалы құмды алқап. ## Географиялық орны Жетісу облысы Сарқан ауданы жерінде, Лепсі мен Ақсу өзендерінің төменгі ағысы аралығында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 420 м. Аумағы 800 км2. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай ұзындығы 56 – 60 км, ені 10 – 45 км. Қырқалы төбешіктердің биіктігі 2 – 20 м. Грунт сулары 1 – 30 м тереңдікте. ## Өсімдігі Күшікжал құмы жусан, еркек шөп, теріскен, т.б. өсімдіктермен бекіген. Өзен жайылмасына таяу қамыс, құрақ, сортаң жерлерде сораң өсімдіктер өседі. Көктемде, қыста жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Кілемжайған– ежелгі қоныс орны. Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қызылжарма ауылының (№11 т. ж. айырмасы) солтүстік-шығысында орналасқан. Романовтар патшалығының 300 жылдығына байланысты Перовский шаңырағы қонаққа шақырған патша әулеті қоңыраулы күймемен саяхаттап келе жатып, осы Кілемжайған жеріне тоқтаған. Жергілікті болыс, билер көл жағасына 300 кілем жайып 3 – 4 қатар ақ үй тігіп патша әулетін қонақ еткен. Сол жер кейін Кілемжайған аталған. ## Дереккөздер
Кіндік – Ханшыңғыс жотасының солтүстік бөлігіндегі шоқылы тау массиві. ## Географиялық орны Абай облысы Абай ауданы Сарыжал ауылының оңтүстігінде 20 км жерде орналасқан. Шаған өзенінің аңғарында. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 549 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Солтүстік беткейі тіктеу, қалған бөліктері көлбеу келген. ## Геологиялық құрылымы Кіндік тас көмірдің граниті мен гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, тобылғы, қараған, селеу өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Күшікбайсор – Қалдығайты өзенінің төменгі ағысында орналасқан көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының оңтүстік батысында, Үшана ауылынан оңтүстік батысқа қарай 15 км жерде. ## Гидрографикасы Аумағы 4,9 км2, ұзындығы 4,2 км, енді жері 2,3 км, жағалауының ұзындығы 19,6 км. Негізінен жауын-шашын, көктемде Қалдығайты өзенінің суымен толысады. Суы қарашада қатып, сәуірдің 1-жартысында ериді. Жағалауы шабындық және жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Кіндікті – Теріскен құмының сол түстік-батысындағы қоныс. Ақтөбе облысы Байғанин ауданында орналасқан. Жем өзені аңғарында. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Сол түстігінде Қайрақты қыстауы мен Жыңғылдыкөл құдығы, шығысында Алтындіңшек қыстауы мен Кемпір артезиан құдығы, оңтүстігінде Қоңырорпа қыстауы бар. Батысынан Дияр – Оймауыт ауылдарының аралығында қара жол өтеді. Қоныс жері шөбі шүйгін мал жайылымы. ## Сілтемелер
Кіндікті – Сыпсыңағаш қолатындағы тұзды тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қамысты ауданы Орқаш ауылының оңтүстік-батысында 5 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 244 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы — 42,2 км², ұзындығы — 10 км, енді жері — 7 км, жағалау бойының ұзындығы — 40,8 км, тереңдігі — 3,5 м. Суы мол жылдары жағалауына жақын жатқан ұсақ көлдерге қосылып аумағы ұлғаяды. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын суларымен толысады. Жазда айдыны тартылып, сор батпаққа айналады. Аумағын қамыс, құрақ, т.б. өсімдіктер басқан. ## Дереккөздер
Кіндікті– Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы қоныс. Қарабұлақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 – 28 км, Қараөзек тауының шығысында 20 км жерде орналасқан. Қоныстың оңтүстік-батысы көтеріңкі келген. Солтүстігінде қорымтас шоғырлары кездеседі. ## Сілтемелер
Кіндікті – Шідерті өзені алабындағы көл. ## Географиялық орны Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігіне қарасты аумақтағы тұзды тұйық көл. Шідерті кентінің шығысында 17 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 204 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 4,9 км2, ұзындығы 3,1 км, енді жері 2,2 км, жағалау бойының ұзындығы 14,8 км. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын суларымен толысады. Жазда жағалауы тартылып, батпаққа айналады. Қарашада суы қатып, сәуірде ериді. Жағалауында қамыс, құрақ өседі. ## Дереккөздер
Кіндікті – Нұра алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Шолақшалқар көлінің солтүстігінде 4 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 8,6 км2 (қуаңшылық жылдары аумағы 4,1 км2-ге дейін кішірейеді). Теңіз деңгейінен 317 м биіктікте. Ұзындығы 3,4 км, енді жері 2,2 км, жағалау бойының ұзындығы 10,2 км. Кіндікті суды 47,9 км2 жерден жинайды. Жағалауы жайпақ, аз тілімденген. Оң түстік-шығысында шағын түбек екі шығанақты құрайды, сол түстігінде кішірек келген арал бар. Түбі лайлы. Еріген қар суымен толысады. Жазда құрғап қалады. Суы тұзды және кермекті, ішуге жарамсыз. ## Дереккөздер
Кіндіктісай – Сырдария алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 40 км. ## Бастауы Қаратау жотасының оңтүстік сілемдері бойындағы бұлақтардан бастау алады. ## Гидрологиясы Төменгі ағысы Аққұм темір жол стансасының тұсында Сырдария өзеніне 4 км жерде сіңіп кетеді. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын суларымен толығады. Жазда тартылып, қарасуларға бөлініп қалады. Арнасына құмды-саздақты шөгінділер шөккен. ## Дереккөздер
Кіпірбай– Ақшатау жотасының оңтүстік-батысындағы қыстау. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Мәдениет ауылының солтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан. Бақанас және Көксала өзендерінің аңғарында. Маңында Саянбай, Қарашеңгел, Ажар, Сарыбұлақ қыстаулары бар. Сұр қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік, астық тұқымдас өсімдіктер өседі. Қыстау мал жайылымына пайдаланылады. ## Сілтемелер
Кіретұмсық, Күретұмсық – Көкиірім және Еспе өзендерінің аңғарындағы шоқылы тау. ## Географиялық орны Жетісу облысы Сарқан ауданы Көкөзек ауылының шығысында 5 км жерде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 553 м. ## Жер бедері Солтүстік беткейі тіктеу, батыс бөлігі көлбеуленіп жазыққа ұласады. Жер бедері төбелі-қырқалы келген. ## Өсімдігі Аллювийлі-пролювийлі шөгінділер жапқан сұр, сортаңды топырақ жамылғысында жусан, ажырық, т.б. өседі. ## Дереккөздер
Кірпібас (лат. Sparganium) – қоғалар тұқымдасына немесе өзімен аттас тұқымдасқа жататын көп жылдық су өсімдіктері. Қазақстанда өзен жағалауында, су басқан шалғында өсетін 4 түрі бар. Әсіресе жабайы кірпібастың (S. sіmplex) айрықша маңызы бар. Биіктігі 10 – 100 см. Сабағы бұтақтанып біткен. Жапырағы қос қатарлы, кезектесіп орналасқан, таспа пішіндес, түбінде қынабы бар. Гүлі дара жынысты, ұсақ, жұмыр гүлі қою, шар пішіндес, оның аталық гүлі жоғары, ал аналығы төмен орналасқан. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, шілде – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – жаңғақ. Дәнімен су құстары қоректенеді; олар түлегенде қалың өскен Кірпікбас арасына жасырынады. ## Сілтемелер ## Сыртқы Сілтемелер * Ежеголовник
Кішкене Бұғаз – Зайсан көлінің алабындағы өзен. ## Географиялық орны Абай облысы Ақсуат ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 65 км, су жиналатын алабы 1020 км2. ## Бастауы Тарбағатай жотасының солтүстік беткейіндегі Желдіқара, Доланқара тауларынан бастау алып, Бұғаз өзеніне оң жағалауынан құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы ағысының аңғары тар, тік жарқабақтармен тілімденген. Құяр сағасы құмды-сазды, тастақты келеді. Өзен жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Суы егін және мал суаруға пайдаланылады. Жайылмасы – шабындық. ## Дереккөздер
Кішкене Аралтөбе – Алакөл көлінің орташа бөлігіндегі арал. ## Географиялық орны Абай (Үржар ауданы) және Жетісу (Алакөл ауданы) облыстарының шекарасында орналасқан. ## Жер бедері Теңіз деңгейінен 501 м биіктікте. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 2,1 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Оңтүстік беткейі тіктеу, пішіні үшбұрыш тәрізді келген. Арал көлге 4 – 6 м-лік террасалар арқылы ұласады. Палеозойдың орта девон және жоғары тас көмірдің түпкі жыныстарының бетін борпылдақ делювийлі шөгінділер жапқан. Топырағында жусан, т.б. сортаңды өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Кіндіктас – Шу-Іле тауларының орта тұсындағы тау сілемі. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Шу және Қордай аудандары аралығында. Қопа аңғары мен Шу өзені аралығындағы суайрық. Абсолюттік биіктігі 1519 метр. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км шамасында созылып жатыр, ені 15 – 20 км. ## Геологиялық құрылымы Таудың оңтүстік-шығыс бөлігі палеозой гранитінен, солтүстік-батысы тас көмір және кембрий шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Беткейі жусан, боз, бұта және эфемер өсімдіктеріне бай. Оңтүстік-батыс беткейінен Шоқпар, Кербұлақ, Теректі, Шатыркөл, т.б. өзендер бастау алады. Баурайы жайылымға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Кішкене Көгілдір – Үлкен Көгілдір тауының оңтүстігінде 10 км жердегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан. ## Жер бедері Салыстырмалы биіктігі 690 м болатын аласа таудың беткейлері көлбеуленіп жазыққа ұласады. Пішіні күрделі. Ұзындығы мен ені 3–4 км шамасында. Кішкене Көгілдірдің өңірінде Егінбұлақ қыстауы мен Шонайбұлақ бұлағы орналасқан. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында жусан, ши аралас бетеге, сұлыбас, еркек шөп, т.б. өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Кішкене Күйкентай – Үлкен Күйкентай тауының оңтүстік-шығысында 30 км жердегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 683 м. ## Жер бедері Беткейлері көлбеулеу келген. Олар біртіндеп далаға ұласып кетеді. Ендік бағытта созылып жатқан таудың ұзындығы 6 км-ге жуық, енді жері 4 км. Нашар тілімденген. Шығысында 7 км жерден Бақанас өзені ағып өтеді. ## Өсімдігі Көлбеу беткейлерінің қоңыр топырағында бұта шоғырлары аралас бетеге, селеу, қараған, еркек шөп, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Кішкенесор – Шағалалытеңіз көлінің алабындағы тұзды көл. Қамыстысай аңғарында орналасқан. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Рощинское ауылынан 9 км жерде; теңіз деңгейінен 124 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 7,7 км2, ұзындығы 4,2 км, енді жері 2,5 км, жағалау бойының ұзындығы 10,8 км. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын суларымен толысады. Қараша айында суы қатып, сәуірде ериді. ## Жағалау сипаты Қазаншұңқыры дөңгелек пішінді, жағалауы тік жарлы келген. Оңтүстік жағалауынан көктемде жылға құяды. Су жиналатын алабы – төбелі-белесті жазық, 40%-ы жыртылған, қалған бөлігінде бетегелі-боз шөп өскен. Жағалауы мал жайылымдық.
Кішкенесор – Сілетітеңіз көлінің оңтүстігіндегі тұзды тұйық көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Ерейментау ауданы Бестөбе кентінің оңтүстік-шығысында 14 км жерде орналасқан. Сілеті өзені алабында. Теңіз деңгейінен 173,5 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 4,4 км2, ұзындығы 3,2 км, енді жері 1,7 км, жағалау бойының ұзындығы 15 км. Көл қазаншұңқырының жағалауы жарлауытты, сортаңды-батпақты келген. Жауын-шашын және жер асты суларымен толысады. Қарашаның 2-жартысында суы қатып, сәуірдің 1-онкүндігінде ериді. Алабы мал жайылымы.
Кішкене нарқызыл – Сарыбұлаққұм құмының оңтүстігіндегі қоныс. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйылыс ауылының батысында 27 км жерде орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 12 км-ге созылып жатыр, енді жері 4 км. Ырғыз өзенінің аңғарында. Шығысында Үлкен атты қоныс жатыр. Қонысты бойлай Арықбай, т.б. көптеген қыстаулар орналасқан. ## Дереккөздер