text
stringlengths 3
252k
|
---|
Карбонатиттік кендер– ультранегізді-сілтілі магмалық тау жыныстарымен (карбонатиттер) байланысты түзілген және оларда шоғырланған кен орындары тобы. Карбонититтік кендер негізгі 6 формацияға бөлінеді:
* 1) перовскитті титан-магнетитті гипербазиттер арасындағы орташа қорлы линза, желі, белдем пішінді кендер. Олардан темір, титан, тантал, ниобий, сирек жер элементтері өндіріледі;
* 2) уртиттер мен ийолиттер арасында алюминий өндірілетін шикізат – нефелинді жыныстар шоғырланады. Кен денелері пішінсіз немесе желі түрінде болады. Қоры орташа;
* 3) апатит-магнетит-форстерит құрамды жыныстардан темір, фосфор, тантал, ниобий, цирконий, уран алынады. Кен денелері шток, штокверк, белдем пішінді. Қоры орташа;
* 4) флогопитті скарн кендері өте ірі, жоғары сапалы, кен денелері белдем, желі, линза пішіндес болады. Олардан флогопит, вермикулит және фосфор өндіріледі;
* 5) гатчеттолитті-пирохлорлы кальцитті карбонатиттер
арасындағы кен денелері белдем, штокверк, түтік пішіндес. Мұнда ниобийдің аса ірі және жоғары сапалы кендері кездеседі. Сондай-ақ тантал, фосфор, уран, торий, цирконий өндіріледі;
* 6) колумбитті бастнезитті-анкеритті карбонатиттер салаланған белдемдер, штокверк, желі тәрізді кен денелерін құрайды. Олардан ниобий мен цезий тобы элементтері және торий, [[молибден[[, мыс алынады.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Химиялық қосылыстар |
Каспий маңы синеклизасы– Шығыc Еуропа платформасының оңтүстік-шығыс шетінде, Еділ, Жайық, Жем өзендерінің алқабында, Каспий теңізінің солтүстік шетін қамти орналасқан жазық ойыс. Батыс шегі Еділдің оң жағасымен, оңтүстік шегі Каспий жағалауынан Жем өзеннің сол жағасымен Мұғалжар бөктерінен, шығыста Орал тауының етегінен өтеді. Солтүстікте көптеген флексуралар арқылы Еділ-Орал және Воронеж антиклизаларына ұласады.
* Ауданы 500 мың км² шамасында.
* Платформаның кристалдық іргетасы кембрийге дейін қалыптасып қатпарланған тау жыныстардан құралған.
* Тереңдігі 15 – 16 км. Іргетасты жалпы қалыңдығы 5000 м девон, карбон және пермь кезеңдерінің теңіз шөгінділері басқан. Олар, негізінен, әктастардан құралған. Бұл қабаттардан жоғары қалыңдығы 300 м-ге жететін күрделі құрылымды тұз күмбездерінен түзілген кунгур ярусының тұз шөгінділері орналасқан.
* Барлық аймағында 1700-ден астам тұз күмбездері мен антиклиналь қатпарлар таралған.Тұз күмбездерінің арасындағы ойыстарды жоғасыр пермь мен триастың қалыңдығы 6000 м-ге жететін қызыл түсті құмтас, саз қабаттары толтырған.Одан жоғары қалыңдығы 3000 м-ге жуық юра, бор, палеоген, неоген кезеңдерінің құмайт-саз-мергельді теңіз шөгінділері жатыр.Олардың үстін қалыңдығы 1000 м-ге жететін плиоцен-антропоген дәуірінің теңіз, көл, құрлық жағдайында түзілген құм-сазды жыныстары басқан.
* Тұз күмбездерінің арасындағы ойыстарды жоғасыр пермь мен триастың қалыңдығы 6000 м-ге жететін қызыл түсті құмтас, саз қабаттары толтырған.
* Одан жоғары қалыңдығы 3000 м-ге жуық юра, бор, палеоген, неоген кезеңдерінің құмайт-саз-мергельді теңіз шөгінділері жатыр.
* Олардың үстін қалыңдығы 1000 м-ге жететін плиоцен-антропоген дәуірінің теңіз, көл, құрлық жағдайында түзілген құм-сазды жыныстары басқан.
* Негізгі кен байлығы – пермь, тирас, юра, бор қабаттарының тұз күмбездерінде шоғырланған мұнай мен газ кендері.
* Тұз күмбездері жер бетіне шыққан аудандарда Басқұншақ, Елтон, Индер, Шалқар көлдері пайда болған, олардан әр түрлі тұздар алынады. *Юра, бор жыныстарында фосфорит кездеседі.
## Дереккөздер |
Каспий мұнайлы-газды аймағы– Атырау, Батыс Қазақстан, ішінара Ақтөбе облыстарының жерінде орналасқан мұнай, газ кен орындары шоғырланған аймақ.
* Ерте палеозойға дейінгі даму сатысында тектоникалық төмендеуіне байланысты қалың шөгінділердің жиылуына шалынған Шығыс Еуропа платформасының құрамдас оңтүстік-шығыс бөлігі.
* Геофизикалық деректер бойынша кембрийге дейінгі іргетастың тереңдігі 20 км-ден асады.
* Стратигр қимада жаппай дамыған кунгур ярусының тұзды қабаттары бүкіл қиманы екі бөлікке бөледі: жоғарғы бөлік (мезозой – кайнозойлық тұз үстіндегі терригендік шөгінділер) және төменгі бөлік (тұз астындағы палеозойлық карбонатты-терригендік шөгінділер).
* Аймақтың жоғары мұнайлы-газдық әлеуеті көптеген факторларға байланысты, олардың ең бастылары: шөгінді қабаттардың орасан зор қалыңдығы және ондағы жыныстардың түзілу тегінің теңіздік болуы; шөгінді шоғырлануының жоғарғы дәрежедегі көлемдік жылдамдығы (әрбір млн. жылда 15000 км3); тұз үсті және тұз асты шөгінділеріндегі органикалық заттың молдығы; стратигр. қимада мұнай мен газ түзуші жыныстардың жақсы дамығандығы, т.б. 2000 жылға дейін Каспий мұнайлы-газды аймағындағы 3 әкімшілік облыстың аумағында 120 мұнай, мұнай-газ, мұнай-газконденсат кендері ашылды.
## Сілтемелер |
КАРСТЫҚ СУЛАР– карбонатты (әктас, доломит) немесе галогенді (гипс, ангидрит, тас тұзды) тау жыныстарының еру процестерінің нәтижесінде олардағы жарықтарда, саңылауларда, каналдарда, қуыстарда пайда болған жер асты сулары. К. с. атмосф. судың сіңуі мен беткі ағын сулардың сіңірілуінен пайда болады. К. с. көбіне өте үлкен, бірақ дебиті (воклюза) күрт өзгеріп тұратын көздер құрайды, кейде кішігірім жер асты өзендері мен көлдері қалыптасады. Қазақстанда карстық-жарықшақтық жер асты сулардың елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етудегі маңызы зор. |
Каспий итбалығы (лат. Pusa caspica) – нағыз итбалықтар тұқымдасына жататын ескекаяқты сүтқоректі аң. Оны қазақ тілінде түлен деп те атайды.
* Дене тұрқы 125 – 160 см, салмағы 65 – 80 кг. Суда тіршілік етуіне байланысты дене құрылымында сол ортаға бейімделуі басым. Мойны денесімен тұтасып біткен, сондықтан басы айқын бөлектеніп көрінбейді; құлақ қалқаны болмайды, аяқтары ескек тәрізді, башайларының арасында қалың тері жарғақтары болады. Қара түсті арқасында теңбіл дақтары айқын көрінеді, бауыры ақшыл болады.
* Тек Каспий теңізінде ғана таралған. Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында сирек те болса, кездесіп қалады. Әсіресе, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда қыс айларында көбірек ұшырасады.
* Тіршілігінің көбі суда өтеді. Тек түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. *Шағылысуы ақпанның ортасынан наурызға дейін созылады. Бір жылдан кейін 1 кейде 2 күшік (ақүрпек) табады. Ақүрпегін аналығы майлы сүтімен 3 – 4 тәуліктей қоректендіреді. 2 – 3 айда әбден семірген ақүрпегін «май итбалық» деп, ал бір жылдан кейін терісінің реңі бірнеше рет өзгергендіктен, оларды «қара итбалық» деп атайды. Негізінен балықтар, шаянтәрізділер және моллюскілермен қоректенеді. Каспий итбалығының терісі мен майы өте бағалы болғандықтан кәсіптік маңызы бар аң.
* Ересек түлен күзге қарай бойына 40 – 70 кг-дай май жинайды. Ол медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданылады.
* Каспий теңізінде шамамен 400 – 450 мыңдай мекендейді.
## Дереккөздер |
Кассин шыңы – Іле Алатауының шығыс бөлігіндегі Есік сілемінің шыңы.
## Географиялық орны
Алматы облысы Талғар ауданы жерінде. Биіктігі 4380 м. Есік және Түрген өзендерінің суайрығы. Шыңға Қазақстанның белгілі геологы Н.Г. Кассиннің есімі берілген.
## Геологиялық құрылымы
Кристалды жыныстар мен граниттен түзілген. Кассин шыңының солтүстік беткейінен Кассин мұздығы басталады.
## Дереккөздер |
Кауфман қызғалдағы (лат. Tulipa kaufmanniana) – лалагүлдер тұқымдасының қызғалдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты өсімдік. Қазақстанда Қаратаудың, Талас Алатауының, Өгем жотасы мен Қоржынтаудың тастақты жерлерінде, тауалды аймақтан субальпі белдеулеріндегі тау жылғаларының жағалауларында өседі. Биікт. 40 см-дей, жуашығының пішіні жұмыртқа тәрізді, сыртын қара қоңыр қабық жапқан. Жапырағының саны 2 – 3-тен аспайды, ұзынша немесе эллипс сияқты. Гүлі дара жетіледі, ішкі жағы ақ, онда ұсақ сары дақтар анық көрінеді, ал сыртқы беті қызыл немесе күлгін түсті. Тұқымынан көбейеді. Наурыздың аяғынан маусымға дейін гүлдейді. К. қ. – сәндік өсімдік, әсіресе селекцияда көп пайдаланылады, 200-ден астам сорты бар. К. қ-ның жылдан-жылға таралу аймағының азаюына байланысты сирек кездеседі. Қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Жалпылама
Биіктігі 10-40 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 1,5-4 см, қара қоңыр терілі, ішкі жағы едәуір жатаған түкті қабықты.
Сабағының жоғарғы жағы түкті; жапырақ саны 2-3-еу , қайырылған немесе шамалы бүгілген, жалаңаш, кірпікшелі, әдетте гүлден аспайды, төменгі жапырағы сопақша немесе ұзынша эллипс тәрізді, ені 2-6 см.
Гүлі біреу; гүл серігі ақ, түбі сары дақты немесе сары, сүйір немесе доғал, сыртқыларының жоны жалпақ күлгін немесе қызғылт күлгін (сирек қызыл немесе қызғылт түсті даралары да кездеседі), ішкілерінен едәуір ұзын, ұзындығы 2,5-8 см, таспа тәрізді немесесопақша таспа, ішкілері ұзынша эллипс тәрізді; аталықтары гүл серігінен 2 есе қысқа, олардың жіпшелері жалаңаш сары, сары, тозаңдықтары сарғыш, сызықты, жіпшелерінен 3-4 есе ұзын, ширатылған; шел түйіні аталықтан қысқа, аналық ауызы орнықты дерлік; қорапшасының ені 1,5-2 см, ұзындығы 3-6 см.
Сәуір - шілде айларында гүлдейді.\
## Дереккөздер
Қазақстан қызғалдақтары |
Каспий экологиясы – Каспий теңізінде мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу кешендерінің дамуына байланысты Қазақстанның батыс өңірінде қалыптасқан табиғи, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдай.
## Каспий теңізі
Әлемдегі шаруашылық маңызы зор ең ірі тұйық су алабы. Жыл бойына Каспий теңізінің деңгейі желқума-желбөгет құбылыстарының нәтижесінде 0,5 – 1 м-ге дейін ауытқып отырады. 1837 – 1990 жылы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде Каспийнің су деңгейі мөлшерінің айтарлықтай өзгеруі 1930 және 1980 – 90 жылы аралығына сәйкес келетіні анықталған. 1929 – 41 жылы су деңгейі 2 м-ге төмендесе, 1977 жылы бұл көрсеткіш ең төменгі абсолюттік мөлшеріне (–29,01 м) жетті. 1978 – 95 жылысу деңгейі 2,35 м-ге қайта көтеріліп, 1995 жылы бұл көрсеткіш –26,66 м болды. Су деңгейінің тұрақсыздығы – климаттың өзгеруінен теңіз суының молаюына байланысты болып отырған құбылыс. Судың тұздылығы 0 – 12‰. Каспий теңізі морфологиялық жағдайына байланысты Солтүстік Каспий, Орталық Каспий және Оңтүстік Каспий болып бөлінеді. Теңіздің қазақстандық бөлігі – солтүстік-шығыс жағалауы Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында. Солтүстік Каспий теңіздің басқа бөліктерінен өзінің алып жатқан географиялық орны, теңіз түбінің құрылымы, тұздылық және температуралық режимі, су теңгермесі (балансы) және тағы басқа бойынша ерекшеленеді. Оңтүстік және Орталық Каспийге қарағанда таяз. Солтүстік Каспий бөлігінің аумағы 80 мың км². Оған келіп құятын өзендердің жылдық су ағымының жиынтығы – жалпы Каспийге құятын барлық өзен сулары ағымының 88%-ін құрайды. Теңіздің бұл бөлігі жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне бай. Мұнда жануарлардың 2 мыңға жуық түрі (оның ішінде омыртқасыздар – 1069, омыртқалылар – 415, паразит жануарлар – 325) тіршілік етеді. Теңіз фаунасының негізін эндемик жануарлар (шаянтәрізділердің 60%-і, моллюскілердің 80%-і, балықтардың 50%-і) құрайды. Каспий т-нің балық қоры 2,9 млн. т болса, оның 40%-і Солтүстігі Каспий бөлігінің үлесіне тиеді.
## Балық экологиясы
Каспий теңізі – ежелден балық ауланатын маңызды су айдыны. Бекіре тәрізділердің дүниежүзілік өнімнің 90%-і осында ауланады. Соңғы кезде балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне жетуге кедергі келтіретін өзендерге салынған бөгеттер, судың радиациялық және хим. жолмен ластануы және қаскөйліктің (браконьерлік) етек алуы бекіренің қорын азайтуда. Сондай-ақ, мұндағы қортпа, пілмайдың жылдан-жылға саны кеміп бара жатыр. Каспий миногасы, Еділ майшабағы, Каспий албырты, ақбалық, күтім – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Қазіргі заманның балық шаруашылығы – балық аулауды реттеу, аса бағалы балық түрлерін (бекіре, қортпа, шоқыр және пілмай) табиғи және жасанды жолмен көбейту жұмыстарына негізделген. Жыл сайын 11 балық з-ты (Ресейдің, Әзірбайжанның, Қазақстанның) Каспий теңізіне 75 млн. балық шабақтарын жібереді. 1998 жылдан бері Атыраудағы 2 балық зауыты жылына 6 млн. бекіре балығының шабағын дайындайды. Балықтар уылдырығын тұщы суға шашады, қор жинау үшін тұзды суға шығады. Мысалы, шортан, оңғақ, қызылқанат балық, алабұға теңіздің атырауына (дельта) дейін өрістесе, қаракөз, табан, көксерке тұзды суда (тұзд. 10 – 11‰), ал бекіре тәрізділер судың өте тұзды жерінде тіршілік етуге бейімделген. Каспий т-нде 2 тропиктік жүйе қалыптасқан (2-сурет). Солт.-Шығыс Каспий аумағында құстардың 278 түрі мекендейді. Соның ішінде Қазақстанның және Ресейдің “Қызыл кітабына” енгізілген өте сирек кездесетін қалбағай, қарабай, сары құтан, бұйра бірқазан, тағы басқа бар. Ал Каспий итбалығы – тек қана Каспий т-нде тіршілік ететін сүтқоректі. 1920 жылы1 млн-нан астам итбалықтың 120 мыңы ауланған болса, 1980 жылдың аяғында 360 – 450 мыңға дейін азайған итбалықтың – 27 мыңы, 1990 жылы– 13,8 мыңы, 1996 жылы– 8 мыңы ауланған. 2000 жылы сәуір – тамыз айларында індеттен олардың 15 мыңы қырылды. Каспий итбалығының жаппай қырылуы – Каспийдің солтүстік бөлігіндегі гидрометеорология және экология жағдайлардың нашарлауынан теңіз жануарлары иммунитетінің төмендеуін көрсетеді.
## Өсімдік экологиясы
Каспий ойпатында өсімдіктің 88 тұқымдас, 371 туысқа бірігетін 945 түрі өседі. Соның ішінде 357 түрі жоғары сатыдағы өсімдіктерге (25 түрі эндемиктер) жатады, 6 түрі – Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ал теңіздің өзінде су өсімдіктерінің 728 түрі (оның 5 түрі – жоғары сатыдағылар) өседі. Теңіз өсімдіктері жамылғысының құрлық өсімдіктерінен көп айырмашылығы бар. Құрлықта, негізінен, гүлді өсімдіктер, ал суда балдырлар (64 түрі) кездеседі. Солтүстік Каспийде негізінен қамыс, теңіз шөбі, шалаң, егеушөп, арамот, мүйізжапырақ өседі. Бұл өсімдіктер балықтардың уылдырығының су түбінде бекуі үшін қажет, сондай-ақ, су құстары мен кейбір балық түрлеріне қорек болады.
## Экология әсері
Каспий жағалауының әсем табиғатына, оның экология жағдайына атмосфераның, топырақ жамылғысының, судың ластануы үлкен қауіп төндіруде. Атмосфераның ластануына мұнай-газ өндіретін және оны қайта өңдейтін кәсіпорындар әсер етуде. 1998 жылы Атырау облысы бойынша атмосфераға 135,1 мың т зиянды заттар (оның ішінде 132,8 мың т газ тәрізді заттар, 2,3 мың т қатты заттар) шығарылған. Бұл улы заттарды атмосфераға, негізінен, ескі технологиялық жабдықтармен жабдықталған 3,5 мың мұнай ұңғымасы шығарады. Мұнай кәсіпшілігінің ең басты экол. проблемасы – ілеспе газды іске жарату. Қазір жылына 800 млн.3 газ ауада жанады (2001). Мұнай кен орындарында мұнай өнімдерін өңдеу кезінде мұнай мен қалдық сулардың топырақ пен грунтқа төгілуі оларды ластайды. Солтүстік Каспий жағалауының мұнай өнімдері қалдықтарымен ластанған аумағы 194 мың га жерді алып жатса, төгілген мұнайдың мөлшері 1 млн. тоннадан асады (2001). Теңіз деңгейінің көтерілуіне және мұнайдың теңізге төгілуіне байланысты теңіз суының құрамында мұнай өнімдерінің қалдықтары, фенол, хлорлы органика пестицидтер, аммонийлы азот, ауыр металдардың мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары екені анықталған. Судағы мұнай өнімдерінің ең жоғасыр концентрациясы мамыр – шілде айларында байқалады. Теңіз жағалауының мұнай және мұнай өнімдерімен, улы газдармен ластануы планктондар мен теңіз суында тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктердің жаппай жойылуына әкелуде. Теңіз түбіндегі шөгінділердің мұнай өнімдерімен ластануы бентостық тіршілік ететін организмдер мен моллюскілерге, сондай-ақ, су құстары мен балықтарға да зиянын тигізуде. Мысалы, 1900 жылмен салыстырғанда Каспийде балық аулау 3 есеге, яғни 500 – 600 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін азайды. Теңіз суын ең қауіпті ластаушы заттың бірі – ыдырамайтын ауыр металдар (мырыш, барий). Судағы мыс пен мырыштың мөлш. 20 мкг/л (рұқсат етілген шектен 2 есе артық), ал барийдікі – 50 мкг/л (бұл – 5 есе артық). Каспий жағалауы аймағының ластануы онда тіршілік ететін организмдерге ғана емес, жергілікті тұрғындардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіруде. Сондықтан, Каспий теңізі жағалауындағы 5 мемлекет (Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан және Қазақстан) Дүниежүзілік банкпен, БҰҰ-ның Адамды қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен бірлесе отырып, Каспий экологиялық бағдарламасын (КЭП) жасап, оны іске асыруда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – экология тұрақтылықты дамыту және Каспий аймағының табиғи ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету. КЭП-тің негізгі бағыттары: теңіз деңгейінің өзгерісі жағдайында жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен шаруашылық жұмыстарының тұрақтылығын қамтамасыз ету; Каспий теңізі мен оның биоресурстарын ластанудан арылтып, қоршаған орта жағдайын жақсарту; теңіздің экожүйесін сауықтырып, қалпына келтіру және оның биол. алуан түрлілігін сақтау; аймақта экологиялық қауіпсіздікті және қоршаған ортаның қалыпты жағдайын сақтап, ондағы тұрақты тіршіліктің дамуын қамтамасыз ету.
## Дереккөздер: |
Каспий қаязы (лат. Luciobarbus caspius) – Арал қаязының түр тармағы, өткінші балық.
Негізінен Каспийдің оңтстік бөлігінде тіршілік етіп, теңізге оңтүстігінен және батысынан құятын өзендерге өрістейді. Солтүстік Каспийде сирек кездеседі.
Дене тұрқы 56 – 76 см (103 см-ге дейін), салма5ы 3 – 6 кг-дай (14,5 кг-ға дейін) болады. Пішіні, жалпы морфологиялық белгілері Арал қаязына ұқсас (негізгі айырмашылығы – тіршілік ететін жерінде).
Жыныстық жетілуі 5 жастан басталады. Уылдырық шашу үшін сәуірдің аяғынан тамызға дейін Жайыққа өрлейді.
Көктемде өрлегендері судың температурасы 20 – 23°С-қа жеткенде уылдырығын (115 – 1259 мың) ағысқа шашады.
Өзен шаяндарымен, су жәндіктерімен, дернәсілдерімен қоректенеді. Қорегінде өсімдік дәні мен детрит те кездеседі.
Еті өте дәмді, бірақ бұл балықтың кәсіптік маңызы шамалы.
## Дереккөздер: |
Кәпен, канкриния (ағылш. Cancrinia) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы.
Орталық Азияда тараған 30-ға жуық түрі белгілі. Қазақстанда өзендер мен көлдердің жағалауларындағы құмды және құмдауытты топырақты жерлерде, тауалды беткейлердің тастақты-қиыршықтасты бөліктерінде өсетін 2 түрі (Сарбас кәпен, тілшіксіз кәпен) бар. Бұлардың биіктігі 2 – 10 (20) см, жіңішке діңгекті тамыры болады. Сабақтары қысқа, сыртын сұр түсті киіз сияқты түктер басқан. Жапырақтары ұзынша немесе жұмыртқа тәрізді. Гүлдері түтік тәрізді, қос жынысты, сары түсті. Олар себет гүлшоғырына топталып, сабағының ұшында жеке-жеке жетіледі. Мамыр айынан тамызға дейін гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – призмаға ұқсас тұқымша, айдаршасы болады.
## Дереккөздер |
Карналлит(неміс инженері Р.Карналлдің есімімен аталған) – сулы хлоридтер тобына жататын минерал. Химиялық формуласы KMg·Cl3·6H2O.
Ромбылық сингонияда кристалданады. Сингониясы — ромбылық, кристалдары күбі пішінді, қалың такта тәрізді, агрегаттары түйірлі Таза карналлит түссіз, қоспаларына қарай түсі қызыл қоңырға дейін өзгереді. Қаттылығы 2,5; меншікті салмағы 1,6 г/см3. Өте ылғал тартқыш, суда еріп жай тұздарға ажырайды, ащы дәмі бар. Карналлит көбінесе үлкен тұз шөгінділерінде шоғырланады. Ол Батыс Қазақстандағы тұз кендерінде, Ресейде, АҚШ-та, т.б. жерлерде кездеседі. Карналлиттен калий тыңайтқыштары және K, Mg, Br алынады.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Химиялық қосылыстар
* Химиялық элеметтер |
Кәдімгі сарыбас жылан (лат. Natrix natrix) – су жыланның бір түрі. Негізінен Еуропаның суларында тараған. Еуропаның батыс, шығыс аймақтарындағы және Алакөл ойысы мен Балқаштың оңтүстік өңіріндегі өзен, көл жағалаулары мен батпақтарда тіршілік етеді. Денесі біршама ірі, ұзындығы 1 м-ден асады, басының екі жағында ашық түсті үлкен дақтар анық көрінеді. Жылдың сегіз айында белсенді. Бір маусымда 6 – 18 жұмыртқа салады. Негізінен қорегін аулауға кешқұрым немесе түнде шығады. Балықтармен, қосмекенділермен, ұсақ құстар және кеміргіштермен қоректенеді. Усыз жылан, сондықтан адамды шаққаны қауіпті емес, бірақ балықтардың жас шабағын жеп, зиян келтіреді.
## Тағы қараңыз
* Сарыбас жыландартәрізділер
* Жыландар
## Суреттер
*
*
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Еуропадағы жыртқыштар мен амфибиялар
* жыртқыштар мен амфибиялар
* BBC Nature |
Кебенекеспе – Солтүстік Балқаш алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 41 км.
## Бастауы
Сарыоба тауының батыс беткейінен ағатын бұлақтар суының қосылуынан түзілген. Малдыбай тауынан шығысқа қарай 5 км жерде құмға сіңіп кетеді.
## Гидрологиясы
Жоғарғы ағысында жағасы жарқабақты, төменгі ағысында жайпақ, құмдауытты. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасып, жазда қарасуларға бөлініп қалады. Суы мал суаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кеген – Іле алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Алматы облысының Райымбек ауданы жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 110 км, су жиналатын алабы 7,7 мың км2.
## Бастауы
Кетпен (Ұзынқара) және Қаратау жотасының оңтүстік беткейлерінен бастау алады. Жоғары жағында Шалкөдесу деп аталады. Қарқара өзенімен бірге Шарын өзенін құрайды.
## Гидрологиясы
Жоғарғы бөлігінде тар шатқалдармен ағып, төменгі бөлігінде тауаралық аңғарға шығып ағысы баяулайды. Ірі салалары: Кетпен, Кеңбұлақ т.б. Өзен қар және жер асты суларымен толығады. Жылдық орташа су ағымы Үлкен Талдыбұлақ сағасынан төменде 30,0 м3/с. Суын өзен бойындағы елді мекендер қажеттеріне пайдаланады.
## Дереккөздер |
Кеген, Қайқы – Құлықтау тауларының шығысындағы асу.
## Географиялық орны
Алматы облысы Райымбек ауданында орналасқан.
## Жер бедері
Ең биік жері 1900 м. Аласа асуларға жатады. Жаз айларында басында қар болмайды. Асудың оңтүстік, солтүстік және батыс беткейлері жалаңаштанған. Батыс беткейінде жалпақ жапырақты шоқ ормандар кездеседі. Жергілікті халық асуды ертеден-ақ пайдаланған. Асу арқылы Шарын өзені аңғарының жоғарғы жағынан тауаралық Кеген аңғарына қарай өтетін төте жол бар.
## Дереккөздер |
Кедейдектау – Қантөрткіл тауының оңтүстік-шығысында 28 км жерде, Тақөткел қонысының шығысын ала орналасқан аласа тау.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылының шығысында 75 км жерде.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 137 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км. Тақыр типтес сортаңды топырақ жамылғысында бұйырғын, эфемерлі сұр жусан, баялыш, т.б. өседі.
## Дереккөздер |
Кезең – Желдіқара тауындағы асу.
## Географиялық орны
Абай облысының Ақсуат ауданында орналасқан. Жіңішке және Бұғаз өзендерінің суайрығы.
## Жер бедері
Кезеңнің теңіз деңгейінен биіктігі шамамен 1550 м-дей. Асудан мамыр – қазан айларында салт атты адам өте алады. Солтүстік етегінде қыстаулар және ескі қорымдар кездеседі.
## Дереккөздер |
Кезқұйрық шымшық (лат. Aegithalos caudatus) – ұзынқұйрықты шымшықтар тұқымдасына жататын құс. Еуропаның, Кіші Азия мен Иранның жалпақжапырақты және аралас ормандарында таралған. Қазақстанда Жайық өзенінің аңғарында, Орталық Қазақстанның ормандарында мекендейді. Денесінің ұзындығы 150 – 170 мм, құйрығының ұзындығы 88 – 107 мм, салмағы 9 г-дай. Басы мен бауыры ақ түсті, арқасы қара, екі бүйірінде қызғылт жолақтары болады. Қанаттары негізінен қара түсті. Тұмсығы конус тәрізді. Наурыздың аяғы сәуірдің басында көбейеді. Негізінен қайың, сирек тал, емен ағаштарына ұя салады. Ұясының сыртын қарағайдың инесімен, өсімдіктердің түгімен қаптап, ішіне құс қауырсындарын төсейді. Ұяға 10 – 12 қызылдақты аппақ жұмыртқа салып, оларды 12 – 13 күндей шайқайды. Жұмыртқаларын екеулеп 15 – 16 тәулік қоректендіреді. Оңтүстік өңірлерде маусымда екінші рет жұмыртқа басады. Кезқұйрық шымшықтар негізінен теңқанаттылармен (өсімдік биті, тағы басқа), ал жұмыртқалары мен жұлдызқұрттары көбелектермен қоректенеді. Ормандағы зиянды көбелектердің жұмыртқалары мен жұлдызқұрттарын және кейбір ұсақ жәндіктерді жеп пайда келтіреді.
## Дереккөздер |
Қара кезқұйрық (лат. Milvus migrans) – сұңқартәрізділер отряды қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс.
Қазақстанда кең тараған (тек ормансыз жазықтар мен өте биік таулы аймақтарда кездеспейді).
Шәулісінің қанатының ұзындығы 41 – 51 см, құйрығының ұзындығы 25 – 28 см, ұябасары сәл ірілеу. Салмағы 1000 г-ға жетеді. Басқа жыртқыш құстардан айырмашылығы: құйрығының ұшы айыр. Ол әсіресе қалықтап ұшқанда жақсы байқалады. Арқасы қара қоңыр, қоңыр сұр түсті, басы ақшылдау, ал бауыры – ұзына бойына орналасқан қара дақты, сарғыш қоңыр. Ұшып жүргенде қанат астындағы ақ дақ жақсы көрінеді. Жас құстардың реңі басқаша: қауырсындары бурыл, денесі қызғылт қоңыр теңбілді және құйрық қанаттарының ұшы ақ. Кезқұйрық – жыл құсы. Наурызда Қазақстан аумағына ұшып келеді. Сәуірдің ортасында ағаш басына (негізінен еменнің), жартасқа ұялайды. Ондағы 2 – 3 жұмыртқаны ұябасары 30 күндей шайқайды. Балапандары 45 күннен кейін ұядан ұшады. Тамыздың аяғы – қыркүйектің басында топталып, жылы жаққа – Африка мен Оңтүстік Азияға ұшып кетеді. Әлсіз жыртқыш болғандықтан негізгі қорегі – жануарлар өлексесі, ұсақ кемірушілер, тауықтәрізділер мен су құстарының балапандары, кесірткелер, жыландар, бақалар, су бетінде қалқып жүрген өлі балықтар, моллюскілер. Өлексені, т.б. қалдықтарды, зиянды кемірушілерді жеп пайда келтіреді.
## Дереккөздер |
Кекіре (Oxytropіs) – бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік, кейде шала бұта. Қазақстанда 121 түрі бар, оның 35 түрі – эндемик. Қазақстанның барлық облыстарының жазық далаларындағы өзен-көл алқаптарында, тұзды, сорлы, ұсақ тасты жерлерде және қиыршықтасты биік тау бөктерлерінде, көгалды жерлерде өседі. Кекіренің гүлдері ұсақ әрі көп шоғырланып орналасқан. Жемісі – ұзынша не дөңгелек пішінді бұршақ (үрлеп қойған сияқты). Кекіренің көп тараған түрінің бірі – тықыр кекіре (Oxytropіs glabra). Оның биіктігі 5 – 70 см, жіңішке келген сабағы жерге көлбей өседі, тықыр. Жебе жапырағының түгі сирек болады. Жапырағының ұзындығы 2 – 10 см, сағақтары қысқа түкті. Гүлсидамы ақ, қара түкті, гүлдері шашақ гүлшоғырына топталған. Тостағанша жапырағы қоңырау тәрізді болады. Күлтесі күлгін түсті көк. Маусымда гүлдеп, шілдеде дән салады. Жемісі – бұршақ. Тұқымы бүйрек пішінді тықыр, қоңыр түсті. Тықыр кекіре мен түбітті кекіре (Oxytropіs puberula) – улы өсімдіктер. Алматы кекіресі (Oxytropіs almaatensіs), инелі кекіре (Oxytropіs hystrіx), Қаратау кекіресі (Oxytropіs karatavіensіs), Недзвецкий кекіресі (Oxytropіs nіedzweckіana), Талас кекіресі ( Oxytropіs talassіca), бұдыр кекіре (Oxytropіs echіdna) және Өгем кекіресі (Oxytropіs ugamіca) – тек Қазақстанда ғана өсетін, өте сирек кездесетін өсімдіктер. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Кейтар – Қарабауыр жонының солтүстігіндегі құдық. Маңғыстау облысы Қарақия ауданы мен Қарақалпақ республикасының шекарасы тұсында орналасқан. Тереңдігі 37 м, су шығымы 100 л/сағ. Теңіз деңгейінен 220 м биіктік шамасында. Құдықтың маңы жонды-белесті келген. Мал суаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кекірелі — Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылдық округі құрамындағы ауыл.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Жосалы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 215 км-дей жерде, Қызылқұмның қиыр солтүстік бөлігінде орналасқан.
## Тарихы
Кезінде Кекірелі «Жаңақала» кеңшарының қой фермасы және жазғы жайлау, қысқы қыстау орны болған. Осы жерден солтүстік-шығысқа қарай 18 км жерде сексеуіл тоғайы орналасқан. Төңірегінде бірнеше артезиан құдықтары бар. Құмды өңірдің Кекірелі аталуы, мұнда кекіре өсімдігінің ерекше көп өсетін орны болған. Сырдарияның сол жағалық тармағы – Жаңадария өзенінің суы 20-ғасырдың орта кезінде осы Кекіреліге жететін.
## Халқы
1999 жылы тұрғындар саны 13 адам (8 ер адам және 5 әйел адам) болса, 2009 жылы 79 адамды (48 ер адам және 31 әйел адам) құрады.
## Дереккөздер |
Карнотит (француз ғалымы М.А. Карноның есімімен аталған) – ванадаттар тобындағы минерал. Химиялық формуласы [[K2(UO2)2[V2O2]·3H2O]]. Қоспалары Ca, Ba, Mg, Cu, Pb. Моноклиндік сингонияда кристалданады. Түсі ақшыл сары, қаттылығы 2; меншікті салмағы 5 г/см3. Морт сынғыш. Карнотит құрамында уран мен ванадий минералдары бар, органикалық қалдықтарға байыған шөгінді жыныстардың тотығу белдемінде түзіледі. Ол АҚШ, Канада, Австралия кендерінде кездеседі. Карнотит – уран, радий және ванадий кентасы.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Химиялық қосылыстар
* Химиялық элеметтер |
Келдібай– Мыржық жотасының оңтүстік-шығысындағы қыстау. Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық әкімдігіне қарасты аумақта орналасқан. Итаяқ және Қарасу өзендерінің аралығында жатыр. Маңында Асқарбай, Мырза, Таңбалытас қыстаулары бар. Карбонатты қоңыр топырақ жамылғысында жусан, боз, селеу, бетеге, т.б. өседі.
## Дереккөздер |
Келлер артезиян алабы - Ақмола облысы Көкшетау қаласы төңірегінде. Мұнда ұңғыма бұрғылау арқылы жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде олигоценнің майда түйіршікті құм қабаттарында арын күші әлсіз грунт суы бар екені анықталған. Су 25 – 60 м тереңдікте кездеседі. Минералдылығы 1 – 2 г/л. Жеке ұңғымалардан секундына 5 л су шығады. Келлер артезиян алабының суы ауыз су ретінде және түрлі шаруашылыққа пайдаланылады.
## Сілтемелер |
Келес артезиан алабы– Түркістан облысының оңтүстігінде Келес өзені аңғарында арынды жер асты суы бар өңір. Солтүстігінде Қазығұрт, оңтүстігінде Нұратау және Шатқал тауларымен, солтүстігінде Қазығұрт, батысында Шардара дөңестерімен шектеседі. Жалпы аумағы 20 мың км². Алаптағы грунт сулары өзен аңғарларында қалыңдығы 20 – 30 м-ден аспайтын төрттік кезеңнің аллювийлі құм, кесектасты қабаттарында, тау етегіндегі ысырынды конустарда шоғырланған. Минералдылығы 0,3 – 1 г/л. Арыны күшті артезиан сулары бор кезеңінің сенон, турон, сеноман, альб қабаттарында қалыптасқан. Олардың қалыңдығы 20-дан 100 м-ге, тереңдігі 1300 – 1700 м-ге дейін жетеді. Минералдылығы 0,3 – 1,5 г/л, температурасы 30 – 50°С. Ұңғымалардан өздігінен атқылап шығатын судың өнімділігі 1,5 – 50 л/с, тәулігіне 500 – 1200 м2 су алынады. Келес артезиан алабының суы елді мекендерді, мал жайылымдарын, шабындықтарды суландырады. «Сарыағаш» курортының шипалы су көздері осы Келес артезиан алабына негізделген.
## Дереккөздер
Келес сөзі қайдан шыққан.Келес -өзені өз бастауын Шарабхана елді мекенінен алады.Шарабхана сөзінің мәні Шар(Чор-төрт)об-су деген мағнаны яғни төрт судың қосылған жері.Бул сулар Жаңа базардан жоғары Уяның суы,Айнатастың су,Қазғұрттың суы,Жаңа базардан төмен Жартөбеден Қаржанның суы қосылады.Шарапханадан жоғары жерде Келес сөзі қолданылмайды.Ал Келес сөзінің мәнін дөп басып айту қыйын. Келес Өзбек тілінде Калас болып айтылады.Мүмкін осы жерде Шарабхана сөзінің мәні Парсы сөзінің "төрт су" деген мағнасына қарап-калас-халас-бітті,таусылды,қутылдық деген тіркестермен бірге Халас таза деген мағнада береді.Осы сөздің негізінде Келес өзеніне қуятын төр бастауда өз басын Қазұрт және Қосмола,Қаржантау сілемінен алатынын ескерсек шын мәнінде Шарапханаға дейінгі жерде судың кереметтей таза болғанын түсіну қыйынға соқпайды.Олай болған жағдайда Келес ---таза судеген мағнаға ие болып шығады.Анығын Алла біледі.Мәделіқожаның,Бул жерден үш жұрт өтіп ед,Парсы дарий,Қызылбас,Ақтабан ,Ноғай Қалмағы-ай-деген сөзінде бір кездері бул өлкені Парсылар жаулап алғанын ескеру керек.Ал Парсы дәуірінен ескерткіш болып Қазақтың сөздік қурамында көптеген сөздер қалған.Сейт-Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы. |
Келтекол – Малайдаркөл көлінің шығысындағы көл.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйылыс ауылының солтүстігінде 16 км жерде орналасқан. Торғай өзені алабында. Теңіз деңгейінен 90 м биіктікте.
## Гидрографикасы, сипаты
Аумағы 5,3 км2, ұзындығы 8,1 км, енді жері 1,2 км, жағалау бойының ұзындығы 18,7 км. Торғай өзенінің суымен толысады. Жағалауы жайпақ. Қараша айында суы қатып, наурызда ериді. Суы тұзды, кермек, сілтілігі төмен. Жақын маңайдағы шаруашылықтар пайдаланады. Топырағында қамыс пен сор өсімдіктері өседі.
## Дереккөздер |
Қарқара артезиан алабы– Алматы облысы Райымбек ауданында, Кеген, Шалкөдесу және Қарқара өзендерінің аңғарындағы арынды жер асты суы бар өңір.
Солтүстік-шығысында Кетпен (Ұзынқара), Құлықтау, оңтүстігінде Күнгей және Теріскей Алатаулары жотасымен шектелген. Алап батыстан шығысқа қарай 120 – 135 км-ге созылып жатыр, ені 8 – 10 км-ден 25 – 28 км-ге дейін. Мұндағы арынсыз грунт сулары өзен аңғарларындағы құм аралас малтатастармен байланысты. Олардың тереңдігі 0,6 – 10 м, минералдылығы 0,5 г/л, құрамы гидрокарбонатты, натрий-кальцийлі. Сулы қабаттың қалыңдығы 2 – 20 м. Арынды жер асты сулары төрттік кезеңінің шөгінділері мен жоғарғы миоценнің ірі кесекті құм-қиыршық аралас дөңбектас-малтатастарынан тұратын қабаттарда 24 – 30 м-ден 236 м-ге дейінгі тереңдікте қалыптасқан. Кеген елді мекенінің маңында бұрғыланған ұңғымалармен 36 – 95 м тереңдікте жоғары арынды үш сулы горизонт ашылды. Олардағы судың деңгейі жер бетінен 15 – 30 м биіктікке дейін көтерілді. Ұңғымалардан өз бетімен ағатын тұщы (минералдығы 0,4 – 0,8 г/л) жер асты суының шығымы 6 – 8 л/с-тан 12 – 17 л/с-қа дейін. Миоцен мен төменгі плиоценнің сазды шөгінділерінің арасындағы құмтастар мен конгломераттарда жиналатын жер асты сулары, көбінесе тұзды болып келеді. Артезиан алабының шет жағындағы Шөладыр тауының ортүстік бөлігінде жер бетіне минералд. 16,6 – 322,6 г/л термальды (ыстық) сулар шығып жатыр. Жер асты суының құрамында HBO2, J, Br, F микроэлементтері бар. Бос күйінде H2S кездеседі.
## Дереккөздер |
Келіншек – Көкшетау қыратының шығыс бөлігіндегі тау. Намазқұл тауының оңтүстік-батысында орналасқан.
## Географиялық орны
Ақмола облысы Біржан сал ауданы Бірсуат ауылының маңында.
Жер бедеріАбсолюттік биіктігі 432 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай, доға тәрізді 3 км-ге созыла орналасқан, енді жері 1 км. Шығыс беткейі тіктеу келген. Батысында Қотыркөл көлі жатыр. Тау беткейлерінде тектоникалық жарықшақтар кездеседі.
## Өсімдігі
Таудың қара қоңыр топырағында боз, бетеге аралас астық тұқымдас өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Келіншектау — Қаратаудың теріскей жағында, қазіргі Созақ ауданындағы Таукент кенті мен Абай аулының жоғарғы тұсындағы шатқалында тізбектеліп жатқан тау сілемдерін Созақ халқы — «Келіншектау» деп атайды. Таудан Арпаөзен бастау алады.
## Көрінісі
Тау сілемдері жүк артқан көшке ұқсайды. Көштің алдыңғы жағында ат]қа мініп, түйе жетектеген келіншек бейнесін, түйенің өркештерін байқауға болады.
## Аңыз
Келіншектау аталуы жөнінде мынадай аңыз бар. Ертеде мыңғырған малы бар бай жалғыз, ерке қызын ұзатарда жасауының бәрін тек алтыннан жасапты. Ұзатылып бара жатқан кезде қыздың қызыығушылығы оянып, көшті тоқтататады да, жасауды тексереді, сөйтсе, итаяғы ағаштан жасалған екен. Әкесінің мұнысына көңілі толмаған қыз дереу төркініне кісі жібереді. Әкесі болса, қызының дүниеқоңыздығы мен тойымсыздығына, ұятсыздығына ренжіп, «бүйткенше тас боп қатып қал!» деп ашуланыпты. Әкесінің қарғысы заматта орындалып, әлгі қыз да, жасауын артқан түйелер де, керуен де тас пен тауға айналып кетіпті. Сол керуен қатып қалған жер Келіншектау аталған екен дейді ескі аңызда.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Келіншектауды көрдің бе?
* КЕЛІНШЕКТАУ ("Қазақ әдебиеті")
* Келіншектау ("Массагет" сайтында)
* Келіншектау суреттері |
Кемел – Қостанай облысы Қамысты ауданындағы көл. Көл Орқаш ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 12 км жерде, теңіз деңгейінен 122 м биіктікте жатыр.
## Гидрографикасы
Аумағы 8,7 км2, ұзындығы 4,1 км, енді жері 1,8 км, жағалау бойының ұзындығы 14,9 км.
## Жағалау сипаты
Көл жағалауы жайпақ, қамыс, құрақ өскен. Суы қарашада қатып, сәуірде ериді. Батысында жатқан Кіндікті өзенімен (батпағымен) көктемгі жауын-шашында бірігіп кетеді. Көл алабы шабындыққа және мал жайылымына пайдаланылады. |
Кемер – Қарағанды облысы Шет ауданы Мойынты темір жол станциясының оңтүстік-батысында 72 км жерде орналасқан төбе.
## Жер бедері
Абсалютті биіктігі 563 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км-ге созылып жатыр, ені 700 – 900 м. Оқшауланған Кемердің пішіні сопақша келген. Маңында Сарықұс, Қараобa, Мұқтар төбелері мен Көпшоқыр, Жақсықұдық құдықтары бар.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы девон жүйесінің төменгі және орта жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Сортаңды қоңыр топырақ жамылғысында жусан, сұлыбас, қау, тобылғы өседі. Баурайы мал жайылымына қолайлы.
## Дереккөздер |
Келтетал– Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Аралтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан қыстау. Тереңбұтақ және Сарысу өзендерінің аңғарында. Маңында Шоқаман, Жамбыл бейіттері және өзімен аттас өзен бар. Оңтүстігінен Қарағанды – Жезқазған темір жол өтеді.
## Дереккөздер |
Кемертұз – Ертіс алабында орналасқан тұзды тұйық көл.
## Географиялық орны
Павлодар облысы Май ауданы Жамантұз көлінің солтүстік-шығысында. Теңіз деңгейінен 137 м биіктікте.
## Гидрографикасы
Аумағы 5,5 км 2, ұзындығы 3,2 км, енді жері 2,3 км. Жағалау бойының ұзындығы 10 км. Су жиналатын алабы 112 км 2, ең терең жері 0,7 м. Қар және жер асты суларымен толысады. Суы ащы. Қарашаның алғашқы жартысында суы қатып, сәуірдің басында ериді.
## Жағалау сипаты
Пішіні төрт бұрышты. Жағалауы жазық, түбі майлы. Оңтүстігінде Дөңгелексор, Ақтомар, Қарасор, Жіңішкесор көлдері орналасқан. Маңында Бесқауға, т.б. көптеген жайлаулар бар. Мал суаруға пайдаланылады. |
Кемеркөл мұнай кен орны — Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігінде. Құрылым 1992 жылы ашылған.
## Географиялық орны
Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылынан 24 км жерде орналасқан.
## Геологиялық құрылымы
Өнеркәсіптік мұнай қабаты солтүстік және оңтүстік-шығыс телімдеріндегі триас шөгінділерінде 1060-1380 м және 1179-1271 м тереңдік аралықтарында анықталды. Иірімдер тектоникалық тіліктерде және кунгур тұз дөңесінің беткейлеріне түйісетін жартылай күмбездерінде орын алған. Өнімді қабаттардың коллекторлары ұсақ түйірлі құмдардан, алевролиттерден құралған. Олардың ашық саңылаулығы 27 – 40%, өткізгіштігі 0,235 – 1,15 мкм2.
## Жатыс сипаты
Жалпы қалыңдығы 38 – 49 м, мұнайға қаныққан қабатының қалыңдығы 8,2 – 18,2 м. Т – І иірімінің су-мұнай жапсары 1048 м белгіде. Кеннің оңтүстік-шығыс бөлігінде бұл жапсар 1134 м белгіде анықталған. Кеннің солтүстік бөлігінде 1293-1380 м тереңдікте жатқан Т – ІІІ өнімді қабатының шартты су-мұнай жапсары 1320 м-лік белгі арқылы өтеді.
## Тығыздығы, құрамы
Мұнайдың тығыздығы 863 – 977 кг/м3, аз күкіртті (0,1 – 0,9%), аз парафинді (0,87 – 1,28%), мол шайырлы. 300°С-қа дейін қыздырғанда бөлінетін фракциялар 13%-дан аспайды. |
Кемпір – Абай облысы Жаңасемей ауданындағы тау. Абсолюттік биіктігі 325 м.
## Жер бедері
Батысында 25 – 28 км жерде Қаратас, Ақбота таулары, шығысында Шұға жатыр. Шағын сопақ пішінді таудың ұзындығы 4 км, енді жері 2,5 км. Солтүстігінде өзімен аттас қыстау және құдық (тереңдігі 2 м, су шығымдылығы 100 л/с) орналасқан.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы жоғарғы пермь мен төменгі триастың гранит, сиенит, гранодиоритті жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Беткейлерінде бұта аралас бетеге, жусан, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Келіншек– Қызылқұм құмының солтүстік бөлігіндегі қоныс. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан. Қуаңдарияның аңғарында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 8 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. Солтүстігінде Заңғар төбесі, Тектұрмас, т.б. көптеген артезиан құдықтары, оңтүстігінде Бәбішмола, батысында Үштам қоныстары орналасқан. Қоныс алқабын сексеуіл шоғырлары қоршаған.
## Дереккөздер |
Кенді алап– үлкенді-кішілі кен орындары шоғырланған өңір. Кенді алаптағы кеннің жалпы қоры ондаған млрд. т болуы мүмкін. Қазақстан – кенге бай өлке. Оның аумағында бірнеше ірі Кенді алаптары бар: 1) Орталық Қазақстан Кенді алапы, оның алып жатқан аумағы 800000 км². Мұнда көмір, темір, марганец, мыс, вольфрам, молибден, қорғасын, мырыш, т.б. кен байлықтары бар. Олардың жалпы саны 5500-дей. Бұлардың ішіндегі ірілері: Қарағанды (қоры 50 млрд. т), Екібастұз (қоры 10 млрд. т) көмір кендері; Успен кенді белдеуі; 2) Кенді Алтай Кенді алапы, ұзындығы 500 км, ені 50 км ауданды алып жатыр. Онда мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс, сирек кездесетін металдар, жанғыш тақтатас кендері бар; 3) Қостанай облысындағы Торғай қолаты Кенді алапының ұзындығы 500 км, ені 80 км-дей. Бұл алқапта жоғары сапалы темір, көмір, асбест, никель, боксит, титан, т.б. кендер бар; 4) Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау Кенді ауылында қорғасын, мырыш, ванадий кентастары мен фосфорит кенінің мол қоры бар; 5) Маңғыстау түбегі Кенді алапынан мұнай мен газ өндіріледі; 6) Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан Кенді алаптарында алтын және сирек металдар өндірілетін кендер бар; қ. Алтай металлогения аймағы, Кенді Алтай.
## Дереккөздер |
Кемпіртөбе – Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 11 км жердегі оқшауланған төбе. Талас және Аса өзендерінің аңғарында орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 409 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Пішіні доға тәрізді келген. Беткейі жайпақ.
## Өсімдігі
Сортаң түсті қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік өседі. Етегі мал жайылымдық.
## Дереккөздер |
Келін – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылының оңтүстік-батысында 17 км жерде орналасқан қыстау. Шу өзенінің аңғарында орналасқан. Маңында Қуарал, Бестөбе қоныстары мен Үшкөл тағы басқа көптеген қыстаулар бар. Сортаңды тақыр типтес топырақ жамылғысында қамыс, құрақ және шөл өсімдіктері өседі.
## Сілтемелер |
Кендірлі – Тентексор көлінің солтүстік-шығысындағы тұзды тұйық көл.
## Географиялық орны
Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы Қоржынкөл ауылынан шығысқа қарай орналасқан. Тобыл өзені алабында.
## Гидрографикасы
Теңіз деңгейінен 190 м биіктікте. Аумағы 8,3 км2, ұзындығы 3,9 км, енді жері 2,7 км, жағалау бойының ұзындығы 12,6 км. Маңында Матай, Кісікелді, Үлкен Мойылтау көлдері бар. Қарашаның аяғында суы қатып, сәуірде ериді. Жауын-шашын және жер асты суларымен толысады. Суы ащы, жазда мал суарылады.
## Дереккөздер |
Кендіржапырақ(Datisca) – өзімен аттас тұқымдасқа жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Кавказда, Жерорта теңізі жағалауларында, Балқан түбегінде, Иранда, Үндістанда (Гималайда) тараған 2 түрі белгілі. Қазақстанда Іле Алатауында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда кездесетін 1 түрі – кендіртүс Кендіржапырақ (D. сannabina) бар. Оның биіктігі 60 – 100 см. Қандауыр тәрізді жапырақтары ірі (ұзындығы 10 – 20 см), жиегі аратісті тілімденген. Гүлдері – қос үйлі, қызыл түсті, сабақ ұшында шашақтала орналасқан. Аталығы 6 – 13, аталық гүлдері сағақты, аналық гүлдері үшқырлы тостағанша жапырақтардан тұрады. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – қауашақ, тұқымы өте ұсақ. Кендіржапырақ – дәрілік, бояулық және талшықты өсімдік. Оның тамырында, жапырағында және гүлшоғырында сары пигмент (датистин) бар, оны жүн және жібекті сары түске бояу үшін қолданады.
## Дереккөздер |
Кендір (лат. Apocynum) – кендірлер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы.
Негізінен Солтүстік Америка, Оңтүстік Еуропа және Оңтүстік Шығыс Азияда өседі. Қазақстанда Сырдария, Іле, Шу өзендері алабында өсетін 4 түрі, оның ішінде жиі кездесетін түрі – қызыл кендір (Apocynum lancіfolіum) бар. Биіктігі 120 см-дей сабағы мықты, бұтақты, тік өседі. Жапырағы ұзынша не сопақша келген қандауыр пішінді, шеті иректелген. Гүлі ұсақ, ақ, қызғылт, күлгін қызыл түсті. Гүлшоғыры – сабақ басына орналасқан шашақ. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – көп тұқымды қабатталған жапырақша. Тұқымы ұсақ, түкті болады. Қызыл кендірдің сабағынан мата тоқуда, арқан есуде пайдаланылатын өте мықты ұзын талшықтар алынады. Кендір құрамында каучук, оның жер астындағы өркендерінің қабығында былғары өнеркәсібінде қолданылатын илік заттар бар. Тамыр сығындысынан алынатын цимарин глюкозидінің дәрілік маңызы зор.
Кендір (Apocynum) – кендір тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанда Сырдария, Іле, Шу өзендері алқабында өсетін 4 түрі, оның ішінде жиі кездесетін түрі – қызыл кендір (A. lancіfolіum) бар. Биіктігі 120 см-дей сабағы мықты, бұтақты, тік өседі. Жапырағы ұзынша не сопақша келген қандауыр пішінді, шеті иректелген. Гүлі ұсақ, ақ, қызғылт, күлгін қызыл түсті. Гүлшоғыры – сабақ басына орналасқан шашақ. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – көп тұқымды қабатталған жапырақша. Тұқымы ұсақ, түкті болады. Қызыл кендірдің сабағынан мата тоқуда, арқан есуде пайдаланылатын өте мықты ұзын талшықтар алынады. Кендір құрамында каучук, оның жер астындағы өркендерінің қабығында былғары өнеркәсібінде қолданылатын илік заттар бар. Тамыр сығындысынан алынатын цимарин глюкозидінің дәрілік маңызы зор.
## Дереккөздер:
## Сыртқы сілтемелер
* Кендір" по плантациям(қолжетпейтін сілтеме) |
Кендірлі дегерес – Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы қоныс. Шу өзені аңғарында. Солтүстіктен оңтүстікке, одан шығысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 300 – 310 м биіктікте. Маңында Тәкенқазған бұлағы мен Ащыбұлақ және өзімен аттас құдықтар орналасқан. Сортаңды сұр топырақ жамылғысында сирек сексеуіл шоғырлары, жусан, күйреуік, баялыш өседі.
## Дереккөздер |
Кендірлі – Каспий теңізінің оңтүстік-шығысындағы шығанақ.
## Орналасқан жері
Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан. Құрлыққа 22 км шамасында еніп жатыр. Батыс бөлігінде Кендірлі құмқайырымен ұштасады.
## Тарихы
Кезінде Форт-Александровск – Красноводск аралық байланыс бекеті және балықшы ауылдарының мекені болған. Сонымен қатар жаугершілік кезеңнен қалған 7 қыз мұнарасының қирандысы сақталған.
## Сипаттамасы
Шығанақтың теңізге шығар жеріндегі ұзындығы 3 км. Орташа тереңдігі 3,5 м. Солтүстік жағалауға жақын бөліктерінде су асты жартастары су бетіне шығып жатыр. Шығанақтың теңізге шығатын жерінде сүйірлі келген Порсу мүйісі орналасқан. Жағалауында неогеннің құм шөгінділері түзілген.
## Дереккөздер |
Келінтөбе каналы – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы канал. 1966 жылы пайдалануға берілген.
## Гидрологиялық сипаты
Жалпы ұзындығы 86,4 км. Секундына 202 м3-ге дейін су өткізеді. Канал бойындағы су құрылымының саны 20. Жаңақорғанның бас каналының тармағы болып есептелетін Келінтөбе каналы күріш, мақта дақылдарын суғару, суландыру үшін пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кендірлік – Жоғарғы Ертіс алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданыны жерімен ағады. Ұзындығы 95 км, су жиналатын алабы 5330 км2.
## Бастауы
Тарбағатайдың шығысындағы Сауыр тауының солтүстік беткейінен бастау алып, Зайсан көліне (Бұқтырма) құяды.
## Гидрологиясы
Жоғарғы ағысында арнасы тар шатқалды болып келсе, Кендірлік ауылынан төмен арнасы кеңейіп, жайылмасы ұлғаяды. Сағасындағы көп жылдық орташа су ағымы 9,8 м3/с шамасында. Негізінен қар, жаңбыр суларымен толығады. Өзен суы егін (12 мың га) суғаруға пайдаланады.
## Дереккөздер |
КЕНДІРЛІК1– Тоғысқантау жонының солтүстігіндегі қоныс. Түркістан облысы Созақ ауданында орналасқан. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 12 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 – 4 км. Солтүстігінде өзімен аттас бұлақ, шығысында Айғырқамыс қонысы, батысында Тамғалы соры орналасқан. Жер бедері жазық, оңтүстігі-шығыс бөлігі тақыр келген. Қоныс мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
## Сілтемелер |
Кемпірқазған– Бетпақдаланың оңтүстік бөлігіндегі құдық. Оңттүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Қыземшек кентінен солтүстік-батысқа қарай 21 км жерде орналасқан. Тереңдігі 12 м, су шығымы 600 л/сағ. Маңында Онбесқұлаш, Мүсәпір, Жыңғылды құдықтары бар. Маңайы тегіс тақырлы келген.
## Дереккөздер |
Кенді Алтай – Алтайдың батыс бөлігінің тарихи-географиялық атауы. Негізгі бөлігі Шығыс Қазақстан облысында және шағын бөлігі Ресей Федерациясының Алтай Республикасы жерінде орналасқан. Кенді Алтайда дүние жүзіндегі аса ірі полиметалл кендері, олардан өндірілетін кентастарды өңдейтін кен және металлургия кәсіпорындары шоғырланған. Кенді Алтайдың шығыс бөлігі қатты тілімделген және шыңдарын мәңгі қар мен мұздықтар жауып жатқан биік таулы болып келеді. Кенді Алтайдан көптеген пайдалы қазбалар табылған.
## Географиялық орны
Географикалық тұрғыдан Чарыш және Ертіс өзендерінің аралығындағы аймақ, Үлбі, Колывань, Қалба жоталары кіреді.
## Геологиялық құрылымы
Тектоникалық тұрғыдан екі жағынан жер қыртысының терең жарылымдары – Ертіс және Солтүстік-шығыс жаншылу белдемдерімен шектеледі. Кенді Алтай Зайсан геосинклинальдық жүйесіндегі біртұтас геотектоникалық құрылым ретінде герцин тектогенезінде қалыптасқан. Ол төменгі палеозойда оқшауланып, ортаңғы палеозойда (девон – төменгі тас көмір) геосинклинальдық режимде, ал жоғарғы палеозойда жас платформа түрінде дамыған. Бұлар негізінен девон мен төменгі тас көмірдің карбонатты терригендік және қышқыл, аздап негіз құрамды жанартаутекті жыныстардан құралған. Олардың ішінде жоғарғы палеозойдың гранитоид интрузивтері кең тараған.
## Кен байлықтары
Кенді Алтайдың негізгі өндірістік кендері терригендік липорит-дацитті қабаттарда шоғырланған. Кен денелері қабат, шток, бұрыс пішінді. Олар бүтіндей және сеппелі кентастардан тұрады. Негізгі минералдары пирит, сфалерит, галенит, халькопирит, қосымша солғын кентас, саф алтын, күміс, теллуриттер, т.б. кездеседі. Негізгі желілі минералдары: кварц, серицит, хлорит, барит және карбонаттар.
## Кен орындары
Өндірістік маңызы бар кен орындары солтүстік-батыс бағытта тектоникалық опырылым, жаншылу белдемдерін бойлай екі жолақ құра орналасқан. Ертіс жаншылу белдеміндегі кен орындары мыс-қорғасын-мырышты (Орлов, Золотушинск, Николаев, Белоусов, Березов, т.б.), ал солтүстік-шығыс жаншылу белдеміндегі кен орындары қорғасын-мырышты (Рубцов, Степное, Талов, Среднее, Зареченск, Зырянов, т.б.). Бұл кендерден, сондай-ақ алтын, күміс өндіріледі. Кенді Алтай өлкесіндегі кен орындардан алынатын шикізат негізінде Қазақстанның ірі кен-металлургия кәсіпорындары («Қазмырыш», «Қазақмыс» корпорациялары, т.б.) жұмыс істейді.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Монгольский Алтай в БСЭ Мұрағатталған 9 желтоқсанның 2008 жылы.
* Словарь современных географических названий — Монгольский Алтай(қолжетпейтін сілтеме)
* Фотоальбом Монгольского Алтая |
Кендірлі құмқайыры - Каспий теңізінің шығыс жағалауында. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында. Теңіз деңгейінен 110 – 112 м биіктікте.
Оңтістіктен солтүстік-батысқа қарай 23 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 – 3,5 км. Құмқайырдың теңізге қараған бөлігі тегістелген. Кендірлі шығанағы құмқайырдың оңтүстік-шығысынан құрлыққа сұғына еніп жатыр. Солтүстік-батыс шетінде теңіз кемелерін су астынан шығып тұратын тастардан сақтауға арналған шамшырақ оты орналасқан.
## Дереккөздер |
Кендірлісор– Қарынжарық ойысындағы сор алқабы. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 66 км-ге созылған, енді жері 13 км. Сор теңіз деңгейінен 30 – 35 м төмен жатыр. Тұзды қабыршақтардың қалыңдығы 9 м. Батысын Қарынжарық құмы, қалған бөліктерін Батыс Үстірт кемері қоршаған. Сайлы-жыралы жайпауытты келген қиыр солтүстік-батысында Айтманащы құдығы, орталық батыс бөлігінде Сарыбұлақ бұлағы орналасқан. Сор алқабы шаруашылыққа пайдалануға тиімсіз.
## Дереккөздер |
Кендірлік көмір – жанғыш тақтатас орны, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында, Зайсан қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 50 – 65 км жерде орналасқан. Кен орны 1874 жылы ашылған. 1920 ж. барлау жұмыстары жүргізілді. Кен орны солтүстік-батыс бағытта синклиналь қатпар жасай орналасқан. Геологиялық құрылымы палеозой, мезозой, кайнозой шөгінділерінен түзілген. Көмір қабаттары ортаңғы-жоғарғы тас көмір (Кендірлік шоғыры), жоғарғы пермь (Аққалқан шоғыры) және жоғарғы триас (Толағай шоғыры) кезеңдері түзілімдерімен байланысты. Жанғыш тақтатастар Кендірлік, Қараүңгір және Тараншы (Сайқан) шоғырларында пайда болған. Кендірлік шоғырында бір көмір (қалыңдығы 2,1 – 2,7 м) және екі жанғыш тақтатас қабаттары анықталған. Аққалқан шоғырында 50 шақты көмір қабаттары (жиынтық қалыңдығы 19 м) анықталған, олардың ірілерінің қалыңдығы 0,6 – 1,6 м-ден 5,1 м-ге дейін. Толағай шоғыры синклинальдың орталық бөлігін толтырады, оның құрамында 48 қоңыр көмір қабаты бар, олардың 16-сының қалыңдығы 0,6 – 7,2 м. Тас көмірдің күлділігі жоғары (45%-ға дейін), күкірті аз (0,4 – 0,9%). Жанғыш массасының жылу бөлгіштігі 7,7 мың ккал/кг-ға дейін. Толағай шоғырының көмірі қоңыр, күлділігі 10 – 55%, күкірті аз. Тас көмірдің 1800 м тереңдікке дейінгі қоры 587 млн. т, қоңыр көмір 1033 млн. т (600 м тереңдікке дейін). Жанғыш тақтатастардың жалпы қоры 4075 млн. т, оның ішінде 708 млн. т-сы баланстық. Қазір кен орнындағы шағын ашық кеніштерде жергілікті тұтынушылардың қажетін өтейтін мөлшерде отын өндірілуде.
Кендірлік кен орны солтүстiк-батыс бағытта ұзындығы 24 км-ге созылып, енi 11км болатын синклинальмен ұштасқан. Кендiрлiк көмiрi энергетикамен күнделiктi тұрмыста отын үшiн және газ алатын химиялық шикiзат ретiнде пайдаланылады. Бұл кен орнында тас көмiрдiң 400 млн тонна қоры бар. Кей уақытта жергiлiктi жердiң қажетiне жұмсалғанмен де, темiр жолдан қашықта болғандықтан бұл кен орнын толығынан игеру қиындық тудырып отыр. Ең бастысы, көмiр өндiру көлемiн ұлғайтып, Зайсан, Күршiм және Тарбағатай аудандары толық қамтылып отыр. Зайсан қаласының мұражай деректеріне көңіл бөлсек, Кендiрлiк тас көмiр кенi Зайсан қаласының оңтүстiк-шығыс жағында 65 км Сауыр үстiртiнiң терiстiк жағында жатыр. Сол маңнан бастау алатын Кендiрлiк өзенi арнасының маңында болуына байланысты солай аталған. Өзен маңын мекендеген ауыл қазақтары “қаратасты” табиғи отын ретiнде ертеден пайдаланған. Әрине, қолжұмысына сол маңындағы қазақ жұмысшылары да қатысып, тас көмiрдi қажеттi жерлерге көлiкпен тасып жеткiзген ол адамдарды старатель деп атаған. Шахталарда жұмысшылар жантүршiгерлiк ауыр жағдайда жұмыс iстедi. Көмiр қолқайла, кетпен, күрек, сом темiрмен қопарылып үңгiр ішіне салынған рельс арқылы далаға шығарылып, үйiлген. Дайындалған көмiр тек қыста Кендiрлiк өзенiнiң суы қатқаннан кейiн ат шанамен Зайсандағы ауқатты адамдарға ғана жеткізіліп отырған.[дереккөзі?]
## Дереккөздер |
Келіншек – Сырдария өзені аңғарындағы тау.
## Географиялық орны
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Байқоңыр қаласының солтүстігінде 30 км жердегі тау.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 132 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 2,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Төбе сопақ пішінді, беткейлері көлбеулеу, етегі тегіс тақырлы.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы төрттік кезеңнің жаңа түзілімдерінен құралған.
## Өсімдігі
Топырағында жусан, жүзгін, теріскен, т.б. шөлдің сораң өсімдіктері өседі. Баурайы жыл бойғы мал жайылымы.
## Дереккөздер |
Кенебайкөл, Кекебайкөл – Тобыл өзені алабындағы көл.
## Географиялық орны
Қостанай облысы Рудный қалалық әкімдігіне қарасты аумақтағы көл. Қостанай қаласынан батысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 190 м биіктікте жатыр.
## Гидрографикасы
Аумағы 12,2 км2, ұзындығы 5,1 км, енді жері 3,9 км, жағалау бойының ұзындығы 14,2 км. Негізінен қар және жер асты суларымен толысады. Қарашада суы қатып, наурыздың аяғында ериді.
## Жағалау сипаты
Пішіні жүрек тәрізді келген. Маңында Ұзынкөл, Жатқанбай, Жаркөл көлдері бар. Жазық келген жағалауында қамыс, құрақ, қоға, т.б. шөптесіндер өседі. Мал суаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кенен – Теңіз көлінің батысындағы шоқы.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Нұра ауданында орналасқан. Терісаққан өзенінің аңғарында.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 366 м. Солтүстіктен оңтүстік-шығысқа қарай 16 км-ге созылып жатыр, енді жері 4 км. Беткейі жайпақ, пішіні доға тәрізді келген. Оңтүстік беткейінде тау жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Солтүстігінде Ащылы төбесі, оңтүстігінде Сарыдоңғал шоқысы, батысында Лек төбесі орналасқан.
## Геологиялық құрылымы
Пермь жүйесі жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан аралас астық тұқымдас өсімдіктер, бұталар өседі.
## Дереккөздер |
Кендірше (Thesium) – санталдар тұқымдасына жататын көп жылдық, сирек бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы.
## Таралуы
Қоңыржай, субтропиктік және тропиктік аймақтарда кең тараған. 325-тей түрі белгілі. Қазақстанда аласа таулы аймақтың далалық және тасты беткейлерінде өсетін 8 түрі кездеседі.
## Түрі
Кендіршенің Қазақстанда кездесетін түрлерінің ішінде өте сирек кездесетіні – Минквиц кендіршесі (Thesium minkwitzianum). Оның биіктігі 30 см-дей. Көптеп кездесетін жалаңаш, қыртысты сабақтары болады. Жапырақтары жалпақ қандауыр тәрізді, етті. Гүлдері сары түсті, 3 жалпақ қандауыр тәрізді гүлжапырақтардан тұрады, гүлсерігі қалампырға ұқсас. Тұқымынан көбейеді. Мамыр айында гүлдеп, жеміс береді. Жемісі – эллипс тәрізді жаңғақша. Минквиц кендіршесі – Талас Алатауының эндемигі, таралу аймағы жылдан-жылға азайып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Кемпір – Балқаш көлінің батысындағы төбе.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Шет ауданы Сарышаған кентінің солтүстік-батысында 75 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 562 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 9,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 5 км. Көлбеуленген беткейлері бірте-бірте жазыққа ұласады. Солтүстігінде Мұзбелжон, шығысында Үшқара, оңтүстігінде Үлкенжол таулары, батысында Тұздықосқұдық құдығы орналасқан.
## Геологиялық құрылымы
Кембрий жүйесінің жыныстарынан және элювийлі-делювийлі шөгінділерден түзілген.
## Өсімдігі
Қоңыр топырағында көде, жусан, шілік, тағы басқа өседі.
## Дереккөздер |
Кенесу– Ойыл өзенінің аңғарындағы жайлау. Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің оңтүстік-шығысында 20 км жерде орналасқан. Кенесу жайлауы жонды-қырқалы, сайлы-жыралы келген. Жайлау жерінен Шилі өзені ағып өтеді. Солтүстігінде Қарабас қыстауы, шығысында Шұбарқұдық құдығы, батысында Қарағандысай аңғары орналасқан. Кенесу шөбі шүйгін мал жайылымы.
## Дереккөздер |
Кенжебай – Сырдария өзені алабындағы көл.
## Географиялық орны
Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен темір жол станциясының солтүстік-шығысында 3 км жердегі көл. Теңіз деңгейінен 106 м биіктікте.
## Гидрографикасы
Аумағы 3,3 км2, ұзындығы 3,9 км, енді жері 1,4 км. Жағалау бойының ұзығы 16,4 км. Суы желтоқсан айында қатып, наурыздың 1-жартысында ериді. Жағалауында қамыс, қоға өседі. Суы тұзды. Деңгейі көктемде көтеріліп, жазға қарай тартылып, жағасы батпаққа айналады.
## Дереккөздер |
Кенқаз – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының оңтсүтік бөлігіндегі тау. Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 60 км жерде орналасқан. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 9 – 10 км-ге созылып жатыр, ені 2 – 3 км. Ең биік жері 1157 м.
## Геологиялық құрылымы
Орта және жоғарғы тас көмір гранитоидтарынан түзілген.
## Жер бедері
Беткейлері терең келген аңғар, жыралармен тілімденген. Оңтүстік-шығыс баурайы тік, кей жерлері биік жарқабақты. Тау етегінде көптеген бұлақтар ағады.
## Өсімдігі
Қызғылт қоңыр топырағында бетеге, жусан, [обылғы өседі, тал, қараған кездеседі. Тауаралық аңғарлары мен тау бөктерлерінде шалғын басым.
## Дереккөздер |
Кенесары үңгірі, Көкшетау үңгірі – Бурабай көлінен оңтүстік-батыста 0,5 км жерде, Ақмола облысының Бурабай ауданы жерінде орналасқан.
## Сипаты
Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 м-дей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Негізгі үңгір дөңгелек пішінді диаметрі 5 – 6 м, биіктігі 1 – 3 м. Үңгір ішіндегі температураның сыртқы температурадан айырмашылығы 2 – 3°С. Кенесары үңгірі «Бурабай» курортындағы туристер көп баратын орындардың бірі.
## Аңыз
Ауыздан ауызға тараған аңыз бойынша, Хан Абылайдың немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары бала кезінен атқа мініп, садақпен нысананы дәл көздеуді үйренген. Бурабайдың тоғайлы сай-саласында аңшылыққа шығуды жақсы көріпті. Аңға шығып, қанжығасы майланып қайтқаннан кейін өзінің жасағымен осы үңгірде қонған екен. Сол себепті, ел аузында ол «Кенесары үңгірі» деп аталып кеткен.
## Дереккөздер |
Кенқұс – Дәутау тауының солтүстігінде 9 км жердегі тау.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Мұғалжар тауында орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 557 м. Тау солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Оңтүстік-батыс беткейі тіктеу келген.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы девон және тас көмір кезеңінің құмтас пен әктас жыныстарынан түзілген. Осы тұстан Ақтөбе – Шалқар темір жолы мен автомобиль жолдары өтеді. Баурайында ірілі-ұсақты шоқылар бар.
## Өсімдігі
Таудың қиыршықтасты, қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, сұлыбас, бұталар өседі.
## Дереккөздер |
Кент мүйізтас кен орны - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында орналасқан әшекей тас кен орны. 1966 жылы ашылып, 1978 жылы барланған. 1967 жылдан «Қазкварцасылтас» ӨБ кен өндіреді.
## Геологиялық құрылымы, сипаты
Кент мүйізтас кен орны гранит массивінің батысында кездесетін төменгі тас көмірдің мүйізденген алевролиттеріне ұштасып жатыр. Қара мүйізтастармен бөлінген өнім беретін қатпары әшекей тастардың жасыл түрлері ұшырасатын 2 қыртысты қабаттан тұрады. Кен қазуға кен техникалық және гидрогеологиялық жағдайы қолайлы. Тас кесегінің түсімі 0,32 т/м3. Кен орны игерілуде.
## Дереккөздер |
КЕҢАРАЛ– Кендірлік және Тоқай өзендерінің аралығындағы қыстау. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан а-ның оңт.-батысында 9 км жерде орналасқан. Маңында Қасымбекбас, Боқбай, Шеген, Бақатай қыстаулары бар. Аллювийлі-пролювийлі жазықтардағы сұрғылт қоңыр топырағында жусан, боз, селеу, қозықұлақ, бұталар өседі. |
КЕҢАҢҒАР– Шұнақ тауларының оңт.-шығыс бөлігіндегі қоныс. Қарағанды облысы Шет ауданында орналасқан. Солт-тен оңт-ке қарай 37 км-ге созылып жатыр. Балқаш көлі аңғарында. Солт. бөлігі көтеріңкі жонды белесті келіп, оңт-ке қарай енсізденіп жазыққа ұласады. Қоныс бойындағы Шиқұдық, Сорқұдық, Ортақұдық, Қамысқұдық құдықтары бар. Құдық маңында бұталар өседі. |
Кенжебай – Шошқакөл бұйратының батысындағы тау.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Байғанин ауданында орналасқан.
## Жер бедері, геологиясы
Абсолюттік биіктігі 152 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 2 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Солтүстігінде Қазанбай, шығысында Әлітау, оңтүстігінде Түлкіліадыр, батысында Жаңғыбай таулары орналасқан. Көлбеу беткейінің етегі жыралы-сайлы келеді. Бор, палеоген кезеңдерінің бор-мергельді және құмдақты-саздақты шөгінділерінен түзілген.
## Өсімдігі
Сортаң келген топырағында тасбұйырғын, боз жусан, баялыш, күйреуік сияқты жусанды-сортаңды өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Кеңелдік – Жем өзенінің аңғарындағы қыстау.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Саға ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Маңында Жаңабаз, Сарқырама, Мыңбай, Шимандыкөл қыстаулары бар.
## Тарихы
Аллювийлі жазықтағы сортаңды сұрғылт қоңыр топырақ жамылғысында еркек шөп, жусан, сұлыбас, бұталар өседі. Қыста мал қыстағы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кеңащы– Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылының шығысында 30 км жердегі қыстау. Сарымсақ төбесінің етегінде орналасқан. Құрттыөзек және Ащысу өзендерінің аралығында. Маңында Өлеңқұдық, Бегедай, Тасқой жайлаулары мен Босағабұлақ, Айнабұлақ қыстаулары бар. Бозғылт қоңыр сортаңды топырақ жамылғысында бетеге, боз, селеу өседі. Қыстау мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кеңөлке– Қызылтас және Қотыртас тауларының аралығындағы қыстау. Қарағанды облысы Шет ауданы Қызылтау ауылынан шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Маңында Құрама, Керегетас, Қаражал қыстаулары мен Майлыбұлақ және Айнабұлақ бұлақтары бар. Байқасқа мен Байқожа өзендерінің жайылмалары мал жайылымына пайдаланылады. Жонды-белесті жазықтардағы қоңыр топырақ жамылғысында бетеге, селеу, жусан қуаң далалық өсімдіктері өседі.
## Дереккөздер |
Кеңсайран– Қолымбай және Шошқа өзендерінің аралығындағы қыстау. Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Херсон ауылының солтүстігінде 13 км жерде орналасқан. Қолымбай өзенінің жайылмасы мал жайылымы ретінде пайдаланылады. Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында қызыл селеу, бетеге, боз, бұталар өседі.
## Дереккөздер |
Кеңсай, Үлкен Түйеқұйрықты – Күнгей Алатауы жотасының солтүстік беткейіндегі қазаншұңқырлық мұздық. Шілік алабындағы Жаңғырық өзенінің бастауында өзімен аттас тауда орналасқан.
## Аумағы
Мұздық 4440 м биіктіктен басталып, 3490 м-ге дейін төмендейді. Ұзындығы 3,9 км, оның ішінде ашық жатқан бөлігі 3,3 км. Жалпы аумағы 6,7 км2. Мұздықтың тілі 3,1 км2 жерді алып жатыр. Орташа қалыңдығы 70 м, көлемі 0,47 км3. Мұздық жылдан-жылға еріп, аумағы қысқаруда.
## Дереккөздер |
Кеңестас – Қызылтас және Қарағанды тауларының аралығындағы қыстау.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Жаңатоған ауылының солтүстігінде 19 км жерде орналасқан. Жарлы, Байқожа өзендерінің аңғарында жатыр. Солтүстігінде Сарышоқы, Тоқалбай, Қарабұлақ қыстаулары бар. Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында боз, селеу, бетеге, жусан, бұталар өседі.
## Дереккөздер |
Арғанақ , кенигия (Koenіgіa) – тарандар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның таулы аймақтарындағы өзен бойларында, шалғындықтарда, жартастарда кездесетін жалғыз түрі – исландия Арғанақғы (К. іslandіca) бар. Биікт. 1,5 – 7 см, жалаң, бұтақты. Жапырақтары сабақты, пішіні дөңгелек тәрізді. Гүлдері қос жынысты, сабақ ұшына топталған. Гүл серігі үш бөлікті, ақшыл жасыл түсті, аталық, аналығы одан қысқа. Шілдеде гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – жаңғақша, ұсақ, домалақ, ұсақ дәнді.
## Сыртқы сілтемелер
* Кёнигия Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. на сайте Агбина
* Кёнигия в определителе высших растений Мурманской области и Карелии Мұрағатталған 15 маусымның 2009 жылы.
## Дереккөздер |
Кеңтүбек – Балқаш көлінің солтүстік-шығысындағы түбек.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Алакөл ауданында орналасқан.
## Жер бедері
Абсалюттік биіктігі 365 м. Жер бедеріне төрттік кезеңнің ойпатты аккумуляциялық жазығы тән. Жер бедері батыстан шығысқа қарай еңістеніп, аласарады. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай ұзындығы 20 км-ге созылып жатыр, енді жері 12 км. Түбектің жағалауына қамыс өскен. Оңтүстік және батыс жағалауларын қайық тұрақтарына пайдаланады.
## Дереккөздер |
Кеңшағыл – Арал қарақұмының солтүстік-шығысындағы құмды алқап.
## Географиялық орны
Ұлытау облысы Ұлытау және Ақтөбе облысы Ырғыз аудандарының шекарасында орналасқан.
## Жер бедері
Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 16 км, енді жері 5 – 7 км-ге созылып жатыр. Абсолюттік биіктігі 101 м. Жер бедері тізбекті төбелерден, белесті құм жалдардан тұрады. Жер асты су көздерінің тереңдігі 1 – 25 м аралығында.
## Геологиялық құрылымы
Бор және палеоген шөгінділерінен түзілген.
## Өсімдігі
Сортаңды қоңыр топырақ жамылғысында еркек шөп, жусан, ақ селеу, жүзгін, қияқ, көкпек өседі. Мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кепебұлақсай – Іле өзені алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Алматы облысы Ұйғыр ауданы жерімен ағады. Кетпен жотасының (Ұзынқара) солтүстік баурайында. Ұзындығы 39 км, су жиналатын алабы 58 км2. Өзен бойында Кепебұлақ ауылы орналасқан.
## Гидрологиясы
Өзен суы Ілеге жетпей жерге сіңіп кетеді. Көктем айларында суы тасиды. Суын негізінен егін шаруашылығына пайдаланады.
## Дереккөздер |
Кепелі – Жетісу Алатауының оңтүстік-батыс сілемдері Қояндытау жотасы мен Суаттау тауының арасындағы асу.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Панфилов ауданында орналасқан.
## Жер бедері, геологиялық құрылымы
Теңіз деңгейінен 2600-2700 м биіктікте. Асудан өтетін орталығы қырқа палеозой және пермь кезеңдерінің гранитті, эффузивті, базальтты шөгінділерінен құралған. Асудан қыста салт атты адам өте алады.
## Өсімдігі
Қызғылт қоңыр және қара топырағында бұта аралас бозды-бетегелі, шалғынды өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Кепкен – Ешкіөлмес тауының шығысындағы шоқылы тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал кентінің солтүстік-батысында 42 км жерде орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 2 км-ге созылып жатыр, енді жері 0,7 м. Абсолюттік биіктігі 812 м, салыстырмалы биіктігі 62 м.
## Жер бедері
Көлбеу келген беткейлерінде тау жартастары жер бетіне шығып жатыр. Солтүстік беткейінде қорымтастардың мол үйіндісі бар.
## Геологиялық құрылымы
Девон жүйесінің ортаңғы және төменгі бөлігінің жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Тауалдының нашар дамыған қоңыр топырағында жусан, боз, бетеге, бұталар өседі. Жазғы жайылымдық пен мал қыстатуға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Кендара – Қарқаралы таулы алқабындағы аңғар.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында. Солтүстік-батысында Шаңкөз, Сұлтансу, оңтүстік-шығысында Көктөбе, Бұғылы, Қарқаралы тауларының аралығын ала орналасқан.
## Жер бедері
Ұзындығы 20 – 22 км-ге, ені 50 м-ден 2 – 3 км-ге дейін жетеді. Қоңыр топырағында жатаған, бидайық, бүлдірген, шабындық қазоты, қызыл тал, қызыл бояу, қайыңтал өседі.
## Дереккөздер |
Кербезгүл (лат. Alisma) – өзімен аттас тұқымдасқа жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы.
Солтүстік жарты шардың,Австралияның, Оңтүстік-Шығыс Азияның, Шығыс Африканың және Орталық Американың қоңыржай белдеулерінде кездесетін 11 түрі белгілі. Қазақстанда таяз су айдындарында, батпақты жерлер мен қазылған орларда өсетін 3 түрі: бақажапырақты кербезгүл (A. plantago-aquatіca), қандауыр тәрізді кербезгүл (Alisma lanceolatum), Лезель кербезгүлі (A. loeselіі) бар. Олардың биіктігі 10 – 80 см. Жапырақтары сабағының түп жағын айнала дегелектеніп орналасады. Ақ гүлдері сыпыртқыгүл гүлшоғырына топталған. Қос жынысты, тостағанша және күлте жапырақшалары – үш-үштен, аталығы – алтау, аналығы – көп. Жатыны – бір тұқымды. Майда жемісшелері жалпақ (тегіс) гүлтабанында сақина тәрізді орналасады. Жәндіктер арқылы тозаңданады. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – құрғақ бір тұқымнан тұратын көп жаңғақша, су және су құстарымен таралады.
Кербезгүл – ондатр мен үйректердің қорегі, тамыры мен сабағы халық медицинасында қолданылады. Шөбі улы болғандықтан мал жемейді.
## Дереккөздер |
Керегетас – Сарлытаң тауының солтүстік-шығысында орналасқан тау.
## Географиялық орны
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Марқакөл көлінің шығысында. Абсолюттік биіктігі 2570 м.
## Геологиялық құрылымы, жер бедері
Жер қыртысы палеозойдың метаморфтық жыныстарынан түзілген. Беткейлері тар және терең шатқалдармен тілімденген. Беткейінен Шағанаты, Қарақаба, Сорвенок өзендерінің салалары бастау алады.
## Өсімдігі
Тау орманының күлгін топырағында қарағай, самырсын, далалық шалғынды өсімдіктер өседі. Етегі жайылымдыққа, шабындыққа кеңінен пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Елді мекен:
* Кербұлақ – Алматы облысы Қонаев қалалық әкімдігіне қарасты ауыл.
Басқа мағыналар:
* Кербұлақ – Шу алабындағы өзен.
* Кербұлақ – Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы аңғар. |
Керейсай – Желдіадыр тауларының орталық бөлігіндегі тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Нұра ауданы Жанбөбек ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 629 м. Көлбеу келген беткейі батыстан шығысқа қарай ендік бағытта созылып жатыр. Солтүстік беткейіндегі бұлақтардан Керей өзенінің салалары бастау алады. Оңтүстігінен Жақсыкөң өзені ағып өтеді. Батысында Шашты шоқысымен, шығысында Желдіадыр тауымен шектеседі.
## Өсімдігі
Етегіндегі қоңыр, ашық қоңыр топырақ жамылғысында селеу, бетеге, боз, жусан, тобылғы, т.б. өсімдіктер мен бұталар өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Керегетассай – Сарысу өзені алабындағы өзен. Қумола өзенінің оң саласы.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 40 км, су жиналатын алабы 451 км².
## Бастауы
Ұлытау тауының оңтүстік-шығыс беткейіндегі Шиеліқұдық, Аққұдық бұлақтарынан бастау алады.
## Гидрологиясы
Жағасы жайпақ, өзеннің бастауы бұта өскіндері арасымен өтеді. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасып, шілдеде төменгі деңгейге түседі, жаздың ыстық айларында қарасуларға бөлініп қалады.
## Дереккөздер |
Кеңсу – Іле өзені алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Алматы облысы Райымбек ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 43 км, су жиналатын алабы 311 км2.
## Бастауы
Бастауын Күнгей Алатауындағы Қорымды асуының солтүстік-батыс баурайынан алып, Талды ауылы тұсында Кеген өзеніне құяды.
## Гидрологиясы
Өзеннің жоғарғы ағысының жағалауы тік шатқалды, жартасты келген. Суы қарашаның аяғында қатып, наурыздың аяғында ериді. Өзен суын ауыз су ретінде пайдалануға болады.
## Дереккөздер |
Кережан – Талдықұм құмының оңтүстік-шығысындағы оқшауланған шоқы.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шалқар қаласының солтүстік-шығысында 33 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 234 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км-ге созылып жатыр, енді жері 2,5 км. Беткейлері жайпақ келген бірнеше шоқыдан тұрады.
## Геологиялық құрылымы
Шоқы беткейі элювийлі-эолды шөгінділерімен жабылған. Палеоген кезеңіндегі ортаңғы және жоғарғы олигоцен жүйесінің жыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Құмды, қоңыр сортаң топырақ жамылғысында сұр жусан, тұран жусаны, еркек шөп, астық тұқымдас өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Керуен жолдары– ежелгі дәуір мен орта ғасырларда Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің арасындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал еткен аса ірі халықаралық қатынас жолдары.
Қазақ жеріндегі Керуен жолдарының тарихы б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шеніндегі «далалық сақ жолдарынан» басталады. Геродоттың жазуы бойынша, бұл жол Қаратау маңынан Дон (Дөң) жағалауына дейін, одан Оңтүстік Оралдағы сарматтар жеріне бағытталып, Ертіс бойы мен Алтайға, Зайсан көліне дейін созылған. Кейбір деректерге қарағанда, ежелгі Керуен жолдарынана «Ұлы Жібек жолы» атауы кейін берілген. Бұл атау осы жолмен тасылған негізгі тауар – жібекпен тығыз байланысты. Керуен жолдары арқылы алғаш рет император Удидің тапсыруымен Батысқа саяхат жасаған дипломат Чжань Цянь (б.з.б. 103 жыл) жүріп өткен. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер Батысқа қарай бет алған. Уақыт өткен сайын Керуен жолдарының жеке тармақтары жергілікті саяси-экономикалык жағдайға орай, жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешірген. 5 ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолының Қытай мен Орталық Азия арасын жалғастырып жатқан, Жетісу мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен тармағы жақсы дамыған. 6 ғасырдың 2-жартысында бұл Керуен жолдары көшпелі түркілердің құдіретті империясы – Түрік қағандығының құрамына кірді. Осы кезеңнен бастап Жетісуда аса ірі қалалар жүйесі қалыптаса бастайды.
569 жылы Ұлы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан жеріндегі тармағымен Византия императоры Юстиан ІІ-нің түрік қағаны Дизавулге жіберген елшілігі жүріп өткен, оны Земарх басқарған. Земархтың сапары Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Орталық Азияға жетіп, елшілердің Тараз қаласына тоқтағаны жөнінде жазылып қалған. 10 ғасырда Керуен жолдарының Іле Алатауын бойлап, Алматы, Талхиз (Талғар) арқылы Іле аңғарына шығатын бөлігі жандана бастады. Жолдың осы бөлігінде көптеген қалалар пайда болған. Орта ғасырлардағы ірі тарихи оқиғалар Керуен жолдарының тағдырына кері әсер етті. Мысалы, Шыңғыс хан шапқыншылығы Ұлы Жібек жолы бойындағы бұрынғы гүлденген қалаларды, отырықшы өркениетті күйретіп, сауда қатынасын әлсіретіп кетті. Байырғы Керуен жолдарының көптеген тармақтары құлдырауды басынан кешірді. 13 ғасырдың 2-жартысында ғана Керуен жолдары қайта жандана бастаған еді. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары бойымен шығыс елдеріне саяхат жасаған еуропалық миссионерлер Джованни Плано Карпини (1245 – 47), Вильгельм Рубрук (1253 – 55) құнды географиялық мәліметтер жинап қалдырған. Осы жол арқылы Еуразия құрлығының ішкі бөліктеріне саяхат жасаған саяхатшы Марко Поло өткен. Ол Батыс Түркістанды «көшпелілер өте жақсы білетін солтүстік жолмен» кесіп өтіп, Шығыс Түркістанға Іле аңғары немесе Алакөл маңындағы Жоңғар қақпасы арқылы өткен. Кейінгі ғасырларда (1424 ж. Қытай мемлекеті солтүстік-батыс шекараларын жауып тастағанға дейін) Ұлы Жібек жолының Қазақстан мен Орта Азия арқылы өтетін тармағы басты Керуен жолдары болды. 14 ғасырда Моғолстандағы толассыз қырқысулар, Әмір Темір мемлекетінің ыдырауы Керуен жолдарының бағытын біршама өзгертті. Шығыс Азияға баратын жолдар енді Сібір арқылы өтетін болды. 15 ғасырдың аяғында Шығыс Азияға теңіз жолының ашылуы Орталық Азиядағы Керуен жолдарының маңызын әлсіретті. Дегенмен, 16 ғасырда шығыс сауда керуендері Орталық Азияның қалалары мен Иасыға (Түркістан) қатынап тұрғанын тарихи деректер дәлелдейді. 17 – 18 ғасырларда Қазақстан жерінен өтетін Түркістан, Сауран, Қалмақ, Ноғай жолдары деп аталатын Керуен жолдары болды. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары тек қана табиғат жағдайы қолайлы жерлермен өтіп қана қойған жоқ, сонымен қоса табиғаты аса қатал Бетпақдала шөлі арқылы да көптеген Керуен жолдары өткенін тарихи-топографиялық зерттеулер дәлелдейді. Кейінгі ғасырларда Ұлы Жібек жолының жеке тармақтары сауда қатынасынан гөрі жорықтар мен саяхат жолдары ретінде танымал болды. Бұған жолдың қазақ даласы арқылы өтетін бөлігінен тарайтын Хан жолы (Түркістан қаласын Шымкент, Тараз, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар өңірлерімен байланыстырған), Хиуа жолы (Маңғыстаудан Хиуа баратын жол), Абылай жолы, Қарқаралы жолы, Сарысу жолы (Отырар, Жаркент, Сығанақ қалаларын байланыстырған), Тарақтылар жолы, Қимақ жолы, тағы басқа деп аталатын Керуен жолдары дәлел бола алады.
## Дереккөздер |
Кербұлақ ауданы — Жетісу облысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы – Сарыөзек ауылы.
## Географиялық орны
Аудан солтүстігінде Көксу, Ескелді аудандарымен, шығысында Панфилов ауданымен, солтүстік-шығысында Қытаймен, батысында Алматы облысының Балқаш, Талғар аудандарымен және Қонаев қаласымен, оңтүстігінде Іле өзені арқылы Еңбекшіқазақ ауданымен шектеседі.
## Тарихы
Аудан 1973 жылы ұйымдастырылған. 1997 жылға дейін Талдықорған облысы аумағында болып келген. Бұрынғы Гвардия және Кербұлақ аудандары негізінде 1997 жылы қайта құрылып, қазіргі атымен аталады.
## Жер бедері
Кербұлақ ауданының шығыс, солтүстік-шығыс бөлігі таулы. Жетісу (Жоңғар) Алатауын екіге бөліп тұрған Көксу депрессиясы мен тауаралық ойыста орналасқан. Ауданның биік таулы бөлігі Қоянтау, Алтынемел, Тоқсанбай жоталарынан тұрады. Оңтүстік, оңтүстік-шығысында Шолақтау, Сарышыбын, Дегерес, Қотырқайың, Матай, оңтүстік-батысы мен батысында аласа келген Малайсары жотасы орналасқан. Ауданның ең биік жері Жетісу Алатауының оңтүстік сілемі саналатын Тоқсанбай жотасында (4062 м). Қиыр оңтүстігі мен оңтүстік-батысы жазық (Іле ойысы) келген. Батысында Мойынқұм жатыр.
## Қазба байлықтары
Жер қойнауынан алтын, күміс (Арқарлы, Бетбастау, Игілік, Керімбек кен орындары), цеолит, шунгит (Шанханай, Көксу кен орындары), алунит (ашудас алынатын минерал), қорғасын, мырыш, мыс кен орындары, одан басқа әктас, мәрмәр, габбро-диабаз, қиыршықтас кендері барланған. Майтөбе кен орнынан цеолит өндіріледі.
## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Ауданның климаты тым континенттік. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы –10 – 15°С. Қыстың кейбір күндерінде ауа температурасы –37°С-қа дейін төмендейді. Шілденің жылдық орташа температурасы 22 – 24°С; оңтүстік-батыстағы жазық өңірлерде кейбір жылдары температура 38 – 40°С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері ауданның батысындағы жазық өңірлерінде 150 – 200 мм-ден шығыс, солтүстік-шығысында 650 – 800 мм-ге дейін жетеді. Басты өзендері: Іле, Быжы, Көктал, Қаратал, Көксу. Шағын өзендері: Қызылжар, Майтөбе, Сарыбұлақ, Жартас, Шолақ, Тайшақ, Қоянкөз, т.б. Іле өзенінде Қапшағай су қоймасы салынған. Тау бөктерлері мен тауаралық ойыстарда таудың қара, күңгірт қоңыр, қызғылт қоңыр, жазық өңірінде ашық қоңыр, қоңыр, сұр, сортаңды сұр топырағы қалыптасқан. Мойынқұмда құмды топырақ таралған. Өсімдіктерден жазық өңірде жусан, көкпек, жыңғыл, сексеуіл, боз, бетеге, теріскен, изен, т.б. астық тұқымдас шөптесіндер өскен. Тау аңғарлары мен бөктерінде шайқурай, бидайық, бүлдірген, тобылғы, арша, итмұрын, долана, жабайы алма ағашы, самырсын, шырша, альпі шалғыны өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, жабайы шошқа, қоян, борсық, суыр, сарышұнақ, биік таулы өңірде қоңыр аю, марал, арқар; құстардан бүркіт, ителгі, құр, кекілік, дуадақ тіршілік етеді. Ауданда аумағы 42,6 мың га Алтынемел ұлттық-табиғи саябағы орналасқан. Онда Барсакелмес қорығынан көшіріліп әкелінген құландар мекендейді. Ауданның шығысындағы Жоғарғы Көксу мемлекеттік қорықшасын марал және таутеке мекендейді.
## Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығының жарамды жерлерінің жалпы аумағы (2008), 1,116 млн. га, оның ішінде егістік жерлері 142,4 мың га, көп жылдық егістіктер 0,2 мың га, шабындығы 19,8 мың га, жайылымдар 751,1 мың га, бақшалар 0,4 мың га-ны құрайды. Алтынемел жотасының солтүстік баурайында, еліміздің көрнекті ғалымы, саяхатшы Ш.Уәлихановтың өмірінің соңғы жылдары өткен Шанханай ауылы жанындағы Көшентоған қонысында ғалымға орнатылған ескерткіш-бейіт және мұражай орналасқан. Аудан жерімен Алматы – Семей автомобиль жолы және Түрксіб темір жолы өтеді.
## Халқы
Аудан халқының саны 48 860 адам (2019), ұлттық құрамы: қазақтар (88,80%), орыстар (8,47%), ұйғырлар (0,17%), татарлар (0,38%), шешендер (1,47%), немістер (0,12%), украиндар (0,09%), басқалары (0,50%).
## Әкімшілік бөлінісі
Аудандағы 63 елді мекен 15 ауылдық округке біріктірілген:
## Дереккөздер |
Керуентау, Каравантау – Қарақобда және Сарықобда өзендерінің аңғарындағы тау.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарабұлақ ауылының батысында 17 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 357 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км.
## Геологиялық құрылымымен жер бедері
Мезозой дәуірі бор кезеңінің бор, тақтатас жыныстарынан түзілген. Беткейі көлбеу, түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Беткейлеріндегі бұлақтардан бастау алатын жылғалар Сарықобда өзеніне құяды.
## Өсімдігі
Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында боз, селеу, бетеге аралас өсімдіктер өседі. Етегі мал жайылымы.
## Дереккөздер |
Керімағаш шипалы су кен орны - Алматы облысы Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынан оңтүстікке қарай 37 км жерде, Іле жағалауында орналасқан.
## Геологиялық құрылымы
Жер қыртысы төрттік кезеңнің аллювийлі шөгінділерінен түзілген. Жер асты су қабаты жоғары неоген қабатында шоғырланған.
## Климаты, жер бедері, өсімдігі
Су кені орналасқан аймақтың климаты континенттік. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы – 10 – 12°С, шілдеде 24 – 26°С. Жауын-шашынның орташа мөлшері 200-250 мм, оның басым бөлігі (180 мм) жылдың жылы мезгілінде түседі (сәуір-қазан). Қар жамылғысы жұқа (10-15 см), ол 70 күндей жатады. Желдің басым бөлігі (60%-дай) Іле аңғары бойымен шығыстан соғады. Шуақты күндердің жылдық жиынтығы 2800 сағат, вегетациялық кезеңнің жылдық жиынтығы 3800 сағат. Соңғы үсік сәуір айының 2-онкүндігінде, алғашқы үсік қазан айының 2-онкүндігінде байқалады. Тегіс келген жер бедері құмды, құмайтты, ал Іле жағалауына жақын жері шалғынды сұр, құмайтты қоңыр топырақтан тұрады. Онда сексеуіл, жиде, шілік тоғайлары және боз жусан, теріскен, жүзгін аралас астық тұқымдас шөптесіндер өскен.
## Минералдары, құрамы
Су кенінің минералдары 0,57, аз сілтілі (рН 8,1), гидрокарбонатты-хлоридті-натрийлі, кремнийлігі 111,9 мг/л, суы гипертермальды (96°С), құрамында фтордың мөлшері 2,58 мг/л шамасында. Кеннің ыстық суы 1986 жылы қазылған ұңғыма арқылы 3013 м тереңдіктен шығады. Керімағаш шипалы су кен орны1990 жылдан пайдаланылуда.
## Дереккөздер |
Кесек тау жыныстары — тау жыныстарының үгілу өнімдерінің жиналуынан және олардың ағын сулардың немесе басқа агенттердің әсерінен өзге жерге барып, қайтадан шөгуінің салдарынан пайда болады. Жыныстар ірі кесек (қиыршық тас, конгломерат), орта кесек (құмдар) және ұсақ кесек (саздар) болып үшке бөлінеді.
## Дереккөздер
* Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев. |
Кестежусан (лат. Pyrethrum) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Жер шарында кең тараған. Еуразия мен Солтүстік Африкада кездесетін 100-ге жуық түрі белгілі Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, шалғындарда, орманды жерлер мен бұталар арасында өсетін 19 түрі бар. Биіктігі 3 – 100 см, тік сабақты өсімдіктер. Жиегі тілімденген, кейде тұтас табақты жапырақтары кезектесіп келеді. Себет гүлдері жеке немесе шоғырланып (2 – 40) қалқаншалы немесе сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Гүлтұғыры дөңес кейде тегіс, жалаң болады. Тілше тәрізді гүлдерінің желегі ақ, қызғылт, ал түтікше гүлдерінің күлтелері сары түсті келеді. Маусым айынан қыркүйекке дейін гүлдеп, жемістенеді. Тұқымдары ұзынша келген, сырты жалаң болады. Кестежусанның кейбір түрлерінен (мысалы, қызғылт Кестежусан немесе парсы түймедағы, тағы басқа) адам мен жануарлар паразитіне қарсы қолданылатын инсектицидті зат – пиретрин алынады. Кестежусанның гүлдері әдемі болғандықтан, көбінесе әсемдік үшін өсіріледі. Кестежусанның реликті түрі – Келлер кестежусаны қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Дереккөздер |
Кескентерек – Қаратал өзені алабындағы Терісаққан өзенінің оң саласы.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Панфилов және Кербұлақ аудандарының жерімен ағады.
## Бастауы
Тоқсанбай жотасының оңтүстік сілемдерінен бастау алатын Ақсу мен Есенқұл тармақтарының қосылуынан пайда болған.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 51 км, су жиналатын алабы 507 км2. Жоғарғы ағысында өзен-тау арасында тар шатқалмен ағады, жағасы тік. Орта және төменгі ағысында жағасы жайпақ. Қар, жауын-шашын суларымен толығады. Өзен алабы жазғы мал жайылымы.
## Дереккөздер |
Кетпен антиклинорийі – герцин дәуірі кезінде қалыптасқан геологиялық құрылым. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кетпен жотасы атырабында. Солтүстік-шығысқа бағытталған антиклиналь осінде орта және жоғарғы палеозойдың жыныстары мен интрузивті массивтері тараған. Мұндағы көне жыныстарға жоғарғы кембрий және төменгі ордовик кезеңдерінде пайда болған формациялар жатады. Антиклинорийдің солтүстік қанатында орта және жоғарғы визенің липаритті-дацитті-терригендік шөгінділері, ал оңтүстік қанатында теңіздік карбонатты шөгінділер (оңтүстік шоғырында) кездеседі. Кетпен антиклинорийінде тараған интрузия денелері әдеттегі заңдылық ретімен дамыған. Алғашқы герцин жыныстарымен ұласқан кен байлықтарында полиметалл кендері (Тұйық, Шынасылсай) ұшырасады.
## Дереккөздер |
Кеттібай, Кеттібайборлы, Кеттібайбөрілі – Жетісу Алатауының солтүстік сілеміндегі тау массиві. Ешкіөлмес тауының солтүстігінде.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Сарқан ауданы Сарқан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 55 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 1066 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 23 км-ге созылып жатыр, енді жері 5 км. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс беткейлері көлбеу келген. Батысынан Лепсі, шығысынан Шынжылы өзендері ағып өтеді.
## Өсімдігі
Бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында қайың, терек, долана, жеміс ағаштары, етегінде шалғынды астық тұқымдас шөптесіндер өседі.
## Дереккөздер |
Кескен күйікқала – Жуанқұм құмының батысындағы төбе.
Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей ауылының солтүстік-батысында 37 км жерде орналасқан. Сырдария өзенінің сол аңғарында. Абсолюттік биіктігі 66 м. Шағыл құмтөбелі беткейлері жайпақ, етегі жазық келген. Мал жайылымына қолайлы. Төбенің тарихи қала орны тұрғысынан маңызы зор.
## Тағы қараңыз
* Күйікқала
## Дереккөздер |
КЕТТІТАҚЫР – Бетпақдала жазығының шығыс бөлігіндегі қоныс. Жамбыл облысы Сарысу ауданында орналасқан.
Кеттітақыр қонысы батыстан шығысқа қарай ендік бағытта созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 390 – 400 м биіктікте. Жонды-белесті келген жазықта тақыр типтес сортаңды, сұр қоңыр топырағы қалыптасқан. Тұран жусаны, баялыш, сексеуіл өседі. Маңында Сортаң, Соркілем, тағы басқа қоныстар бар. Батысында Көкөрім, Тоқымтыққан құдықтары орналасқан.
## Дереккөздер |
Cудың кермектігі— құрамында кальций (Са2+) мен магний (Мg2+) иондарының (негізінен карбонат түрінде) болуынан қалыптасатын судың қасиеті.
Cудың кермектігі көрсеткіші 1 литр судағы миллиграм-эквивалентпен (мг-экв/л), кей елдерде градуспен өлшенеді. Табиғи сулардың кермектігі өте кең ауқымда ауытқиды: тайга мен тундра белдеміндегі өзен, көлдерде 0,1–0,2 мг-экв/л-ден кейбір жер асты сулары мен мұхит, теңіз суларында 80–100 мг-экв/л-ге дейін. Кермек су тұщы болса да, нашар сабындалады, бу қазандықтарының қабырғаларына тат түзеді, қант, былғары және басқа да көптеген өнеркәсіп салаларында пайдалануға жарамайды. Cудың кермектігі анықтамасы бойынша: жалпы, уақытша (жойылатын), тұрақты, карбонаттық, қалдық болып бөлінеді. Жалпы кермектік суда кальций мен магнийдің барлық тұздарының болуынан қалыптасады. Уақытша және карбонаттық кермектік онда кальций мен магнийдің тек гидрокарбонаттық (HCO3)және карбонаттық (СО32~) тұздарының болуымен байланысты. Мұндай кермектілікті суды қайнату арқылы кетіруге болады. Тұрақты (жойылмайтын) кермектік жалпы және жойылатын кермектіктердің айырымына тең. Қалдық (бейкарбонаттық) кермектік жалпы және карбонаттық кермектіктердің айырымына тең. Біздің елімізде судың кермектігі 1 дм3 судағы Са2+ мен иондарының миллиграмм-эквиваленттік мелшерімен көрсетіледі. Кермектіктің бір мг-экв-ті 20,04 мг/дм3 кальций мен 12,16 мг/дм3 магнийдің косындысына тең. Шетелдерде cудың кермектігі неміс (H°), француз (F°), ағылшын және американ (А°) градусымен өлшенеді. Осы өлшемдермен салыстырғанда 1 мг-экв - 2,8 Н°, 5,0 F°, 3,5 А° ағылшын, 50,0 А° американ градусына тең. Табиғи сулар кермектік дәрежесіне қарай бес топқа бөлінеді: өте жұмсақ су (1,5 мг-экв-ке дейін), жұмсақ су (1,5–3,0 мг-экв), орташа кермек су (3,0–6,0 мг-экв), кермек су (6,0–9,0 мг-экв) және өте кермек су (9,0 мг-экв-тен жоғары). Қазақстанда ауыз су ретінде жалпы кермектігі 7–20 мг-экв болатын жер асты сулары пайдаланылады.
Табиғи сулар кермектік дәрежесіне қарай:
* өте жұмсақ су (1,5 миллиграм-эквивлентке дейін)жұмсақ су (1,5–3,0 миллиграм-эквивлентті)орташа кермек су (3,0–6,0 миллиграм-эквивлентті)кермек су (6,0–9,0 миллиграм-эквивлентті)өте кермек су (9,0 миллиграм-эквивленттен жоғары)
* өте жұмсақ су (1,5 миллиграм-эквивлентке дейін)
* жұмсақ су (1,5–3,0 миллиграм-эквивлентті)
* орташа кермек су (3,0–6,0 миллиграм-эквивлентті)
* кермек су (6,0–9,0 миллиграм-эквивлентті)
* өте кермек су (9,0 миллиграм-эквивленттен жоғары)
болып бес топқа бөлінеді. Қазақстанда ауыз су ретінде жалпы кермектігі 7–20 миллиграм-эквивлентті табиғи сулар пайдаланылады.
## Судың көктенуі
Судың көктенуі - су қоймалардың беткі су қабатында балдырлардың жаппай дамуынан болатын құбылыс. Жасыл балдырлар — жасыл "көктену", диатомдылар — сарғыш-қоңыр "көктену", Кызыл балдырлар — қызыл "көктену" көріністерін қалыптастырады.
## Cудың кермектігін анықтау және жою тәсілдері
Су кермектігін жою немесе төмендету суды жұмсарту деп аталады. Жұмсақ су құрамында кальций мен магний карбонаттары аз, кермектік мөлшері 3,0 мг-экв/л-ден төмен шаманы көрсететін су. Жұмсақ су тобына жаңбыр, еріген қар және мұз сулары жатады. Термиялық өндеуОсы тәсілдің мәні суды алдын-ала 70 – 80 оС дейін жылыту немесе қайнатуда болып тұр. Бұл тәсіл тек уақытша (карбонатты) кермектікті жояды. Уақытша кермектікті суды қайнату арқылы (ерімейтін карбонаттар СаСО3 және MgCO3 (Са2+, Mg2+ катиондары қақ түрінде тұнады) жоюға болады: Ca(HCO3)2 = CaCO3 ↓ + CO2 ↑ + H2O
Магнийдің гидрокарбонаттардың ыдырау процессі кальций гидрокарбонатардың ыдырауы процесінен күрделірек өтеді. Бұны былай түсіндіруге болады: магнийдің карбонаты (кальций карбонатына қарағанда) оның гидроксидінен неғұрлым ерігіш болып келеді. Егер уақытша кермектік жойылмаса, онда тұрмыстық металлдық ыдыстарда, бу қазандарында, сумен жылыту жүйелерінде қақ қабаты пайда болады. Бұл жылу беру коэффициентін төмендетеді. Сонымен отынның артық жұмсалуы байқалады. Су құрамында неғұрлым көп темір болса, қақ түсі соғұрлым қоңыр болады. Термиялық өндеу кезінде судағы ерімтал газдардың мөлшерін төмендетуге болады. Олардың ерігіштігі температураның өсу кезінде төмендейді.Суды химиялық жолмен өндеу (реагентті тәсіл) Бұл тәсіл тұрақты да, уақытша да кермектікті жою үшін арналған. Тәсілдің мәні – кермектікке әкелетін иондар мен аз еритін қосылыстар түзуші жоятын арнайы реагенттермен суды өңдеу. Мұндай реагентерге: сода (Na2CO3), сөнбеген (CaO) және сөнген әк (Ca(OH)2), әртүрлі натрий фосфаттары (Na3PO4, Na6P6O18) және т.б . Суды әкпен өңдегенде (сөнген не сөнбеген) оның уақытша кермекігі жойылады және сілтілігі төмендейді. Бұл процесс әктеу немесе декарбонизация деп аталады. Карбонатты және бейкарбонаты кермектікті қатар жою үшін өнеркәсіпте әкті-содалы тәсіл кең тараған: бұл СаО және Nа2СО3 қоспалармен суды өңдеу. Бұл тәсілмен жұмсартылған судың кермектігі 0, 5 – 0, 1-ге тең.Ионалмасу тәсіліБұл өнеркәсіпте кең қолданылатын (көбінесе гидрометаллургияда) физико-химиялық тәсіл. Тәсіл кермектікті жою және деминерализациялау үшін қолданылып, кермектікті ғана жоймай, бұнымен қатар суды толығымен тазартады. Мұндай тазартудан өткізілген су құрамында бейтаныс иондар: не катиондар, не аниондар кездеспейді. Бұл тәсіл кейбір заттардың суда ерімейтін иондарын сыртқы ортадағы иондарға стехиометриялық түрде алмасу қабілеттілігінде негізделген. Мұндай қасиеттерге ие заттар ионалмастырғыштар (ионалмасу сорбенаттары) немесе қысқаша иониттер деп аталады. Иониттердің көбісі – қатты, шекті ісінетін, амофты және кристалды құрылымды заттар. Олар матрицадан және оған бекітілген ионогенді немесе комплекс түзуші топтардан тұрады. Иониттер табиғи суды ерімейтін қоспалардан тазартып қоймай, сонымен қатар онда еріген заттардан да тазартып сапасын жақсартады. Өнеркәсіпте ионалмасу сүзгісінің көмегімен кальций және магний иондарын натрий және калий иондарына алмастырып, жұмсақ су алады
## Судың күн энергиясын жұтуы мен сейілтуі
Судың күн энергиясын жұтуы мен сейілтуі — су, қар, мұз бетіне түскен кун энергиясының бірте-бірте суға еніп жүтылуы және ішінара шағылысуы немесе жұтылған сәулелі энергияның жылу энергиясына айналуы. Су бетінен шағылыскан күн радиациясының мөлшері соуленің қүлау бүрышына немесе күннің орналасу биіктігіне байланысты. Ал сейілген радиацияның шағылысуы күннің орналасу биіктігіне тәуелсіз және басқа да заңдылықтар аркылы өтеді. Шағылысқан күн энергиясының түсетін күн энергиясына қатынасы шағылысу коэффициенті немесе альбедо деп аталады. Куннің орналасу биіктігі 30—80° шамасында болған жағдайда судың тегіс бетінен 6—2% энергия шағылысады; күннің орналасу биіктігі биіктік төмендеген сайын шағылысқан энергияның мөлшері өседі және 15° бүрышты 21,5% құрайды, 10°-35 %, ал бүрыш 1° болғанда су бетінен оған түсетін күннің тікелей радиациясының 90%-ы шағылысады. Сейілген радиацияның шағылысу коэффициенті су бетінде сейілген радиация ағынының азаюына байланысты көбейе отырып, 5-10%-ды құрайды, қардың және мұздың шағылыстыру қабілеті күннің орналасу биікгігімен бірге, олардың құрамына, ластану деңгейіне және т.б. тәуелді болады. Сәулелі энергияның ағыны көптеген жұқа қабаттардан dһ тұратын су кабатынан өте отырып, суды жылыту үшін күн энегиясының біраз мөлшерін dln пропорционалды түрде жоғалтады. Жұтылғын энергияның мөлшерін түсетін энергияның мөлшеріне I және қабат қалындығының dһ мөлшеріне катынасын ескере отырып, оның формуласын былай анықтайды: dln=mIdh, мүндағы m — жұтылу коэффициенті. Жұтылу процесімен бір мезетте сәулелік энергияның сейілуі де жүреді. Ол: dlp=Rldh анықталады. R — сейілу коэффициенті; Ip — dh қабатынан өту кезіндегі сейілген энергия. Осылардан барып жалпы энергия мөлшері dI = (m + R) арқылы Idһ анықталады, мүндағы m + R — сәулелік энергияның төмендеген коэффициенті. Жұтылу коэффициенті е сәулелік толқынның ұзындығына және судағы салынды және еріген заттектердің болуына байланысты. Оның ең үлкен мәні спектрдің инфракүлгін бөлігінде (толқын ұзындығы 0,76 мкм-ден артық), ал ең төмен мәні спектрдің көрінетін сәулелік бөлігінде (толқын ұзындығы 0,40-0,76 мкм) болады. Спектрдің ультракүлгін бөлігінде (толкын ұзындығы 0,40 мкм-ден аз) жұтылу коэффициенті қайтадан жоғарылайды. Сөуленің сейілуі жалпы су массасында, сонымен бірге ондағы салынды I бөлшектердің әсер етуінен де болады. Егер сейілетін бөлшектердің диаметрі толқын ұзындығынан кем (кіші) болса, онда сейілу коэффициенті толқын ұзындығының төртінші деңгейінде кері пропорцияланады, яғни R = α/λ4 мұнда α - заттектің қайта сыну көрсеткішіне және сол заттектердің 1 см3 санына H тәуелді сейілу модулі 1 толқын үзындығы. Толқын ұзын болған сайын нашар сейіледі. Ұзын толқындар жақсы, ал қысқа толқындар нашар жұтылады. Жұтылу мен сейілу әрекетінің жиынтығына байланысты табиғи су қоймалардың суының түсі анықталады.
## Жұмсақ су
Жұмсақ су – құрамында кальций мен магний карбонаттары аз, кермектік мөлшері < 3,0 мг-экв/л шамасындағы су. Бұл заттектер көп болғандағы судың кермектілігі ұғымына қарама-қарсы мағына. Жұмсақ су тобына жаңбыр, еріген қар және мұз сулары жатады.
## Дереккөздер |
Кеуел (лат. Capparis spinosa) – көп жылдық, кеуелдер тұқымдасына жататын шөп тектес, жартылай бұталы өсімдік.
## Сипаты
Сабағы жайыла өседі. Тамыр жүйесі өте қуатты. Жапырақтары онша үлкен емес, эллипс тәрізді, кезектесіп орналасқан, сағақтарының түбінде тікенектері бар. Гүлдері ірі, ақ түсті, гүл сабақтары ұзын, жапырақтарының қуысында бір-бірден орналасқан. Гүл тостағаншасы төрт қалақшадан, гүл тәжі төрт гүл жапырақшасынан тұрады. Жемісі сопақша келген, етті, көп тұқымды, қауашақ секілді жидек. Жемісі сырт жағынан қарағанда жасыл түсті, ал ішкі жағынан - қызыл түсті. Дәмі қарбыздың дәміне ұқсайды. Піскен жемісін жеуге болады. Жемісінің құрамында белоктық заттар, тұқымында май]көп. Гүлінен ара бал жинайды. Тұқымы арқылы көбейеді, жәндіктермен тозаңданады, құстармен, кейбір сүтқоректілермен (борсық, кірпі, тағы басқа) тарайды. Мамыр айынан бастап күзге дейін гүлдейді. Ірі ақ гүлдері алыстан көз тартады.
Жер шарында кең тараған. Тропиктік және субтропиктік аймақтарда кездесетін 250 – 300 түрі белгілі. Қазақстанда Жетісу, Іле Алатауының, Қаратаудың, Батыс Тянь-Шаньның сазды, қиыршықтасты, шөлді, сортаң жерлерінде кездеседі.
## Емдік қасиеті
Жемісінің құрамында 12% -ке дейін қант, 18% -ке дейін белок, эфир майлары, 0,32% рутин, 150 мг аскорбин қышқылы, 25-36% -ке жуық тамақ орнына пайдалануға жарайтын майлар, тамырында каппаридин деген глюкозид бар. Кеуелдің тамырын дәрі ретінде қолдану ертедегі араб медицинасынан Орта Азия халықтары медицинасына ауысқан. Бұл өсімдіктің тамырын бруцеллезге, ревматизмге қарсы және жүйке жүйесін тыныштандыру үшін, тістің ауырғанын, жарақаттарды емдеу үшін пайдаланады. Қазақтың халық медицинасында кеуелдің тамырын радикулитті емдеу үшін бірден бір бағалы дәрі ретінде қолданады. Өсімдіктің тамырымен бауырды және талақ ауруларын, сары ауруды емдейді. Жапырақтары мен бұтақтарын қант диабетін, ал тұқымын бас ауруларын емдеу үшін қолданады. Өсімдіктің жемісімен жемсау ауруын, ал оның қайнатындысымен геморройды, тіс ауруларын емдейді.
## Дереккөздер |
Subsets and Splits
No saved queries yet
Save your SQL queries to embed, download, and access them later. Queries will appear here once saved.