text
stringlengths
3
252k
Жолаяқтөбе – Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей ауылының оңтүстік-батысында 3 км жердегі төбе. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 500 м-ге созылып жатыр, енді жері 200 м. Абсолюттік биіктігі 56 м. Беткейлері жайпақ келген. Төрттік кезеңінің жаңа түзілімдерінен пайда болған жыныстардан және эолды шөгінділерден түзілген. ## Өсімдігі Құмды, тақыр сортаңды топырақ жамылғысында жусан, ажырық, жантақ, қарабарақ, т.б. өсімдіктер өседі. Оңтүстік-шығысында Қақкөл, Адамбұлақ, Көшекбай бұлақтары мен Сарыаман мұнарасы орналасқан. ## Дереккөздер
Жолболды (1993 ж. дейін – Новоалексеевка) — Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы ауыл, Жолболды ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Ақтоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 75 км-дей жерде, селеу, бетеге, т.б. шөптесін өскен сортаңды қызыл қоңыр топырақты, құрғақ дала белдемінде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1976 жылы "Октябрьдің 25 жылдығы" атындағы мал бордақылау бірлестігі ретінде қаланған. Оның негізінде Жолболдыда 1997 жылдан шаруа қожалықтары жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, фельдшерлік пункт бар. Тұрғындары елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Жолбаян– Солтүстік Үстірттегі Уәліден шығысқа қарай 16 км жердегі сортаңды жазықтағы құдықтар. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы жерінде орналасқан. Кезінде құдықтар саны 10-нан астам болған. Тереңдігі 7 – 10 құлаш (7 сажын) аралығында. Бәрі дерлік таспен шегенделген. Кейбірінің аузы, тас ақыры сақталған. 1850 жылы Жолбаян бір мезгілде 1 мың жылқы, 600 түйені суаратын қуатты су көзі саналған. Құдықтар қазір де қолданыста. ## Дереккөздер
Жолдыбай – Есіл алабындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Ақмола облысының Көкшетау қалалық әкімдігіне қарасты аумақта, Бұлақ ауылынан солтүстікке қарай 4 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Ауданы 25,9 км2 , ұзындығы 6,8 км, ені 5,0 км шамасында. Оңтүстік және шығыс жағалауы 1,5-2,5 м келген тік жар, басқа жерлері жайпақ. Суы тұщы. Көлге батысынан Сарыөзек өзені құяды. Қарашаның басында қатып, сәуірдің аяғында мұзы түседі. Көктемде мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
ЖОЛДАС – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы Мәдениет ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 25 – 27 км жердегі қыстау. Қойтас, Қызылтас төбелерінің оңтүстігінде жатқан қыстаулардың жер бедері жазық келген. Онда бетеге, боз, айрауық, қоңырбас, т.б. астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер өскен. Қыстаудың батысында (4 км жерде) Көкен бұлағы бар. Шығыс бөлігімен Бақанас өзенінің саласы – Көксала өзені ағып өтеді. ## Дереккөздер
ЖОҒАРҒЫ СОҚЫР СУБАРТЕЗИАН АЛАБЫ– Қарағанды облысының орталығында орналасқан су кені. Аумағы 800 км²-ге жуық. Алап қалыңдығы 900 м-лік мезозой шөгінділерінен құралған. Олардың арасында 4 қабат (төменнен жоғарыға қарай) конгломератты саран қабаты, көмірлі дубовка қабаты, конгломератты-құмдақты, аргиллит-алевролитті, күміс құдық қабаты, Михайловка қабаты ерекше байқалады. Жер астының суы бүкіл алапта байқалады және секундына 80 л-ге жуық мөлшерде шығады. Күмісқұдық қабатының жоғарғы бөлігінде 120 – 160 м тереңдікте жатқан конгломераттар мен құмдақтар жер асты тұщы суының негізгі коллекторы болып табылады. Суы құрамы жағынан гидрокарбонат-сульфатты натрийлі, минералдығы 0,7 – 1 г/л, тереңірек су құрамында хлор мен натрий артып, минералдығы 2 – 5, кейде 10 г/л-ге дейін өседі. Толық зерттелген жер асты суының қоры тәулікке шаққанда 34,4 мың м3-ге жетеді және оны 25 жыл пайдалануға болады. Іске қосылған ұңғымалардың қысым деңгейі 100 м-ге жеткізілген кезде секундына 10 – 30 л су шығады. ## Дереккөздер
Жолтай – Обаған алабында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Златоуст ауылынан солтүстік-батысқа қарай 12 км жерде. Теңіз деңгейінен 96 м биіктікте жатыр. Оңтүстік мен батысы төбелі, солтүстік мен шығысы жазықты келеді. ## Гидрографикасы Аумағы 3 км2, ұзындығы 2,9 км, енді жері 1,7 км. Жағалау бойының ұзындығы 7,6 км. Солтүстік-батысында ұсақ тұзды көлдер бар. Суы қарашаның басында қатып, сәуірде ери бастайды. Суының тұздылығы орташа. Мал суаруға жарамды.
Жолымбет алтын кен орны — Ақмола облысында, Астана қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 65 км жерде орналасқан. 1932 жылы ежелгі кен қазбалардың ізімен ашылып, 1933 жылдан кен өндіріліп келеді. ## Геологиялық құрылымы Кен терең жарылымдармен тілінген және Степняк кешенінің (S2) интрузиялары енген төменгі және орта ордовиктің шөгінді жыныстарында орналасқан. ## Жатыс сипаты Өндірістік маңызы бар кен түзілімдері интрузия денелерінде шоғырланған. Олардың таралу тереңдігі 1600-1700 м. Алтынның морфогенетикалық үш түрі анықталған: пириттегі ұсақ дисперсті субмикроскопиялық алтын; пириттің шоғырлануына байланысты түзілген желіше пішіндес саф алтын; метасоматикалық өзгеріске ұшырамаған кварц желілеріндегі алтын. ## Минералдары, құрамы Негізгі кен минералдары: пирит, пирротин, халькопирит, галенит, алтын; қосымша кен материалдары – марказит, сфалерит, арсенопирит, висмутин, шеелит,молибденит, борнит, т.б. Кентас құрамында, сондай-ақ, шашыранды индий, кадмий және таллий бар. Кентас құрамындағы алтынның орташа мөлшері 6,6 г/т. Кен орнынан барлығы 110 тоннадан артық алтын өндірілген. Жолымбет алтын кенінен Қазақалтын АҚ құрамындағы Жолымбет кеніші алтын өндіруде. ## Дереккөздер
Жолшора – Сыпсыңағаш қолатында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қамысты ауданы Жолшора ауылынан оңтүстікке қарай 1 км жерде. Теңіз деңгейінен 227 м биіктікте жатыр. Солтүстік-шығысында Орқаш көлі, оңтүстігінде Қайыңдысор көлі орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 5,3 км2, ұзындығы 2,9 км, енді жері 2,5 км, жағалау бойының ұзындығы 9 км. Жағалауы тегіс. Суы қарашада қатып, сәуірде ериді. Суы тұщы. Жағасында бірнеше жайлау бар. Мал шаруашылығына пайдаланылады.
Жоңғар көкгүлі (лат. Gentiana dschungarica) – көкгүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар) Алатауының шалғынды беткейлерінде кездеседі. Жасыл түсті жуан жіп сияқты шырматылып жататын тамыры және аса көп емес күңгірт күлгін түсті тік өсетін сабағы болады. Жапырақтары қандауыр тәрізді, ұшы үшкір. Тостағанша жапырақшалары қоңырау сияқты, түтікше-түйреуіш тәрізді күлтесінен екі есе қысқа. Көк түсті гүлдері сабағының ұшынан жетіледі. Тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – ұзынша келген қорапша. Жоңғар көкгүлі өте сирек кездесетін эндемик түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жомарт марганец кен орны - Қарағанды облысы Қызылжар темір жол бекетінің оңтүстік-шығысында 45 км жерде. 1932 жылы ашылған. ## Геологиялық құрылымы Жомарт марганец кен орнының марганец және темір кентастары төменгі тас көмір кезеңінің қатпарланған кремнийлі әктастарында орналасқан. Үш кентасты горизонттың төменгі және жоғарғы қабатында марганец, ал ортаңғы қабатында темір кентасы бар. ## Минералдары, құрамы Негізгі кентас минералдары – браунит, гаусманит, родохрозит, мангонокальцит, мангоносидерит. Үгілу қыртысының шекарасындағы марганецті тотыққан кентастар құрамында псиломедан, аздап пиролюзит, вернадит, манганит кездеседі. Марганецті бастапқы кентастарда 15- 47%, тотыққан кентастарда 50%-дай марганец бар. Марганец кентасының жалпы қоры шамамен 5 млн. 245 мың т. ## Дереккөздер
Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесі – каледон қатпарлығының соңынан бастап миогеосинклинальдық жағдайда дамыған Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы ірі тектоникалық құрылым. ## Орналасуы Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесі Іле өзені мен Алакөл ойысының аралығында жота-жота болып Қытай шекарасынан Жетісу (Жоңғар) Алатауы арқылы солтүстік-батыс бағытта Солтүстік Балқаш өңіріне дейін, одан әрі Ақбастау, Ақжал–Ақсораң синклинорийлері мен Кентарлау–Сарқан антиклинорийіне дейін созылып жатыр. Солтүстік-шығысында Жоңғар, Алакөл, ал оңтүстік-батысында Оңтүстік Жоңғар және Текелі–Сайдамнұр жарылу белдемімен шектеледі. ## Геологиялық құрылымы Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесі жоғарғы силур, девон және төменгі тас көмір шөгінділерінен құралған. Орта палеозой дәуірінде болған күшті тектоникалық қозғалыстардың нәтижесінде бұл шөгінді жыныстар бірнеше қатпарлы белдемдер құрған. Геологиялық және геофизикалық деректерге қарағанда Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесі Орталық Қазақстан қатпарлы жүйесі ядросының үстінде жатыр деп саналады. Жоғарғы палеозойда Жоңғар–Балқаш жүйесінде көптеген қатпарлы құрылымдар мен терең жарылымдар пайда болып, олардың бойымен тас көмір, пермь кезеңдерінде көлемді гранит интрузивтері ығысып шыққан. Осы кезеңде бұл жерге жанартаутекті шөгінді, жанартаутекті жыныстар шөкті, көптеген жыныстар гидротермальдық өзгерістерге ұшырады. ## Белдемдері Жонғар-Балқаш қатпарлы жүйесі жарыспалы жарылымдар арқылы төрт белдемге бөлінген: * тастау белдемі (Жетісу Алатауының солтүстік-шығыс етегінде орналасқан); * Кентарлау–Сарқан белдемі (Жетісу Алатауының солтүстік қыраттарынан, Солтүстік Балқаш өңіріне дейін созылады); * Орталық–Жоңғар белдемі (Жетісу Алатауының басты жоталары); * Бораттам белдемі (Жетісу Алатауының оңтүстік-шығыс етегінде орналасқан). ## Кендері Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесінің табанындағы төменгі палеозой шөгінділерінде полиметалл (Текелі, Көксу, т.б.), диорит-гранодиорит-гранит интрузивтерімен, шөгінді және жанартаутекті жыныстармен байланысты молибден,мыс, полиметалл (Қоңырат, Саяқ, Көксай, Көкзабой, Көктастал, Гүлшат, Борлы, т.б.), пермь граниттерінде сирек металл (Ақшатау, Шығыс Қоңырат, т.б.) кендері, кейбір жоғарғы палеозой ойыстарында тас көмір кездеседі. ## Дереккөздер
Жонқызыл – Тарбағатай жотасының солтүстік-батысындағы тау массиві. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы Үшарал ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1729 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай доғаша иілген. Қарасу және Терісайрық өзендерінің аңғарында. Маңында Түлкілі, Өкпекті, Атбас тауларымен шектеседі. ## Геологиялық құрылымы Жонқозылдың геологиялық жер қыртысы Тарбағатай, Алтай тау жүйесімен қалыптасқан. ## Өсімдігі Таудың тіктеу келген беткейінде қайың, терек, т.б. өсімдіктер өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жоңғар аспарасы (Chesneya dshungarіca) – бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік-батысындағы Шолақ тауының тасты, тастақты жерлерінде өседі. Биіктігі 8 – 15 см, Сабағын күмістей жылтыр ақ түктер жапқан. Жапырақтары ұзын сағақты, 3 – 4-тен қосақталып, жоғарғы жағы ойма немесе дөңгелек болады. Гүл сағағында біреу, күлгін көк түсті. Тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршақ, қандауыр тәрізді, жоғары қарай кеңейген. Жоңғар аспарасы өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жолжелкен (Psyllіostachys) – қорғасыншөптер тұқымдасынажататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді, таулы аймақтардың сор, сортаңды, құмды, тақырлы жерлері мен сексеуіл өскен алқаптарда кездесетін 2 түрі (жіңіщке масақты жолжелкен,Суворов жолжелкені) бар. Олардың биіктігі 5 – 50 (80) см. Жапырақтары тамыр түбінен шығады, қанат тәрізді тілімденген. Тостағанша жапырақшалары түтікті, бес қалақты, түкті. Күлтесі шұңқырлау. Гүлдері ұсақ, қызғылт, ақ немесе қызғылт күлгін түсті. 2 – 4-тен масақ гүлшоғырынатопталған. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, мамыр – маусымда жемістенеді. Тұқымы жұмыртқа тәрізді, ашық қоңыр түсті, жылтыр. ## Дереккөздер
Ешкітал, жоңғар талы (лат. Salix songarica) – талдар тұқымдасына жататын жататын ағаш. Қазақстанның оңтүстік мен батысындағы жазық жерлерде, өзен аңғарларында, орман-тоғайда өседі. Табиғи жағдайда 75 жылдай өмір сүреді. Биіктігі 8 – 10 м. Ағаш діңінің жуандығы 35 – 40 см-дей. Бұтақ шоғыры қалың, жапырағы жіңішке, қандауыр пішіндес, оның жиектері бүтін немесе тілімденіп иректелген, екі беті бірдей жасыл түсті. Гүл сырғасының ұзындығы 5 — 7 см, 2 — 3 жапырақшасы бар. Қалемшеден және шыбықтан көбейеді. Сәуір — мамыр айларында гүлдейді. Жемісі — қорапша. Ешкіталды елді мекендерді көгалдандыру мақсатымен және құм бекіту үшін егеді. Ешкіталдың қабығының құрамында илік заттар, салицин глюкозиді, флавондар мен С витамині бар, сондықтан медицинада қолданылады. ## Дереккөздер
ЖОҢҒАР ТҰТАСЖАПЫРАҒЫ(Нaplophyllum dshungarіcum) – руталар тұқымдасы, тұтасжапырақ туысына жататын көп жылдық бұташықты өсімдік. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік сілемдеріндегі тасты беткейлерінде кездеседі. Биіктігі 15 – 45 см. Сабағының төменгі жағы бұтақты. Жапырақтары ұзын, жиегі тегіс. Тостағанша жапырақшалары дөңгелек, тықыр. Күлтесінің пішіні жұмыртқа сияқты, сары түсті. Гүлдері көп емес, сыпыртқы-қылқанды гүлшоғырына топталған. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – ашылмалы қорапша, сырты бұдыр. Сәндік өсімдік. Жоңғар тұтасжапырағы өте сирек кездесетін эндемик түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жоңғар түймебасы (лат. Serratula dshungarica) – астралылар тұқымдасы, түймебас туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жетісу(Жоңғар), Теріскей және Іле Алатауларының тасты, тастақты төменгі белдік беткейлерінде кездеседі. Биіктігі 30 – 35 см, қысқа сүректенген тамыры бар. Сабағы дара, қарапайым, сыртын түк жапқан. Сабағының төменгі бөлігіндегі жапырақтарының табақшалары ұзынша, қанат тәрізді тілімденген; жоғарғылары қандауыр сияқты, отырыңқы. Гүлдері қызғылт қызыл түсті, себет гүлшоғырына топталған. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Тұқымы ұзынша, тықыр, ашық сары айдаршасы бар. Тұқымынан көбейеді. Жоңғар түймебасы өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның«Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жоңышқа (лат. Medicago) – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдік. Еуропа, Азия және Африкада өсетін 100-ге жуық түрі бар. Кәдімгі жоңышқа (M. satіva), сарбас жоңышқа (M. falcata), көк жоңышқа (M. caerulea), т.б. кең таралған. Қазақстанда 18 түрі өседі. Сабағы тарамданған, бұтақты түп құрады, биіктігі 40 – 80 см. Жапырағы үш құлақты, ұзынша келген. Гүлшоғыры – көп гүлді шашақ. Жемісі – көп тұқымды бұршақ. Жоңышқа – республикамызда көп өсірілетін мал азықтық дақыл. Малға пішен, балғын көк майса, кептіріліп ұнтақталған, сүрлем күйінде беріледі. Жоңышқада (құрғақ затқа шаққанда) 15,5% протеин, 43,9% азотсыз заттар, 29,4% клетчатка, 3,1% май болады. Кәдімгі Жоңышқаның 100 кг жасыл массасында 21,7 азық өлшемі, 4,1 кг қорытылатын протеин, ал 100 кг пішенінде 50,2 азық өлшемі және 13,7 кг қорытылатын протеин бар. Қазақстанда аудандастырылған Жоңышқа сорттары: Ертіс жоңышқасы, Қарабалық жоңышқасы, “Дархан 90”, т.б. Жоңышқа – ылғал және жылу сүйгіш дақыл. Егіндік және мал азықтық ауыспалы егістікте егеді. Жоңышқаны гүлдей бастағанда орады. Шөбі орылғаннан кейін егістік үстеп тыңайтылса, Жоңышқаны екінші орған кезде мол өнім алуға болады. Жоңышқа зиянкестері – жоңышқа сұр көбелегі, жоңышқа жапырағының бізтұмсығы, жоңышқа қандаласы, т.б.; аурулары – ақұнтақ, тат кеселі. ЖОҢЫШҚА (TRIFOLIUM КЛЕВЕР) – бір және көпжылдық шөптесін өсімдік. Латынша атауы Trifolium, “үшжапырақ“ дегенді білдіреді. 300-ге жуық түрі белгілі. Дәрілік мақсатта жоңышқаның гүлі мен жоғарғы жапырақтарын қолданады. Жаз бойы гүлдейді. Жоңышқаның емдік қасиеті өте жоғары, оны суық тигенде, өкпе ауруына, қан тазалауға, қан аздыққа, безгек ауруларына қарсы қолданады. ## Жарығы: Жарықта өседі. Тіке түскен күн сәулесіне төзімді. ## Жылуы: Жылылықты ұнатады. ## Суғарылуы: Жазда молынан, қыста азырақ суғарады. ## Ылғалдылығы: Ылғалды ұнатады. ## Қоректендірілуі: Толық минералды тыңайтқышпен айына бір рет қоректендіреді. ## Аурулары: Ауруға аса көп шалдықпайды. ## Көбейтілуі: Тұқымы арқылы көбейтіледі. ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер
Жоңышқа қандаласы (Adelphocorіs lіneolatus) – қансорғыштар тұқымдасына жататын жәндік. Қазақстанның барлық жерінде тараған. Жоңышқа қандаласы – жоңышқа, эспарцет, түйе жоңышқа, беде, мақта, қант қызылшасының зиянкесі. Дене тұрқы 7,5 – 9 мм, қоңыр немесе сарғыш-жасыл түсті. Қанат қалқаншаларында екі қара жолағы болады. Жылына 1 – 3 рет ұрпақ береді. Аналығы жұмыртқасын (160-тай) өсімдіктердің сабағына, бұтағына және гүлсидамына салады да, сонда қыстап шығады. Келесі жылы көктемде 25 – 30 күннен кейін дернәсілдері ересек қандалаға айналады. Жоңышқа қандаласы өсімдіктің жас бұтағын, бүршігін, гүлшанағын, гүлін және жемісін сорып, зақымдайды. Жоңышқа қандаласы зақымдаған өсімдіктің жапырағы, бүршігі, шанағы сарғайып гүлі түсіп қалады. Егіс өнімінің 75%-іне зиян келтіреді. Күресу шаралары: ерте көктемде егіс алқабын алдыңғы жылғыдан қалған өсімдік қалдықтарынан тазалау керек, егіс алқабына фосфорлы органикалық инсектицидтер бүрку қажет. ## Дереккөздер
Жорға – Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау массиві. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында. Ең биік жері 1090 м, ұзындығы 5 км, ені 2 км. ## Жер бедері Таудың оңтүстік беткейі тік жарқабақты, солтүстік-батысы көлбеу келген. Шығысында бірнеше ұсақ шоқылар орналасқан. Батысынан Еспе өзені ағып өтеді. ## Геологиялық құрылымы Девон және силур жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Жартылай және шала дамыған қиыршықтасты қызғылт қоңыр топырақ жамылғысындағы бұталы-жусанды-көделі тасты дала. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Жорғаторғай (лат. Podoces panderi) – торғайтәрізділер отряды, қарға тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда Оңтүстік Балқаш маңында, Қызылқұм және Үстірттің кейбір құмды жерлерінде кездеседі. Тұрқы 30 см-дей, салм. 80 – 100 г, сұр түсті. Құмда қалдырған ізі түзу бір сызық болып созылып жатады. Даусы ащы шырылдап шығады. Отырықшы құс. Ұясын ағаш бұталарына салады, ондағы 3 – 6 көгілдір жасыл түсті жұмыртқаларын аналығы басып шығарады, аталығы аналығына жем тасиды. Балапандарын екеулеп 18 – 20 күндей, осынша уақыт ұшқаннан кейін асырайды. Жорғаторғай тіршілігінің көпшілігін жер бетінде жемін ұстаумен өткізеді. Қауіп төнген кезде ұшпайды, жорғалап қураған бұта түбін тасалайды. Ешқашан топ құрмайды. Жәндіктермен және шөл өсімдіктерінің дәндерімен қоректенеді. Іле жорғаторғайы (P. p. ilensis) – Қазақстан эндемигі, саны аз, таралу аймағы жылдан-жылға азаюда, сондықтан қорғауды қажет ететін құс. ## Дереккөздер
Жолдыөзек – Ертіс алабындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысының, Аққайың ауданының жерінде, Амангелді ауылының солтүстігінде 8 км-жерде, Талдыарал көлінің оңтүстік-батысында орналасқан. ## Гидрографикасы Ауданы 12,0 км2. Ұзындығы 6,2 км, ені 3,0 км шамасында. Қарашаның басында қатып, сәуірдің аяғында мұзы ериді. ## Жағалау сипаты Жағасы жайпақталған. Суы тұщы. Көктемгі қар суымен жайылмасы шабындыққа айналады. Шаруашылық маңызы бар. ## Дереккөздер
Жоса, Қарғалы, Ақши – Шалқартеңіз алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерінде. Ұзындығы 135 км, су жиналатын алабы 3090 км². ## Бастауы Ұлытаудың батысындағы аласа шоқылардың етегінен басталып, Ақшолақ қыстауы тұсында тартылып қалады. ## Гидрологиясы Көктемде қар ерігенде су ағады, жазда құрғап қалады. Қар суымен толығады. Жоса шаруашылық қажеттеріне пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жорын, хамеродос (Chamaerhodos) – раушангүлділер тұқымдасына жататын екі және көп жылдық шөптесін кейде бұташық өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, ормандарда, өзен бойларында, құмды жерлерде өсетін 4 түрі (Алтай жорыны, Жоңғар жорыны, құм жорыны, түзу жорыны) бар. Бұлардың биіктігі 5 – 60 см, тамыры жуан, жайылып өскен қатты бұтақтары болады. Жиегі тілімденген жапырақтары өркенге кезектесе орналасады. Тостағанша жапырақшалары түспейді, күлтесі бесеу, ұзындығы тостағаншамен бірдей немесе сәл ұзынырақ, ақ не қызғылт түсті. Гүлдері ұсақ, сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы тықыр. ## Дереккөздер
Жосалы — Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы кент (1939 жылдан), темір жол стансасы, ауданы және Жосалы кенттік әкімдігі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталығы Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 147 км жерде, Қараөзек өзенінің Сырдарияға құяр тұсындағы қамыс, құрақ аралас әр түрлі шөп өскен өзен аңғарының шалғынды сұр, сұр қоңыр топырақты шөлдік белдемінде орналасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 18997 адам (9323 ер адам және 9674 әйел адам) болса, 2009 жылы 18983 адамды (9406 ер адам және 9577 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі темір жол станциясы ретінде 1906 жылы қаланған. 1925–1926 жылдары Жосалыда механикалық завод, 350 орындық автобаза салынған. ## Кәсіпорындары 19 мемлекеттік, 2 қазыналық мекемелер мен кәсіпорындар, 5 акционерлік қоғам, 22 жауапкершілігі шектелген және 4 толымды серіктестіктер, 9 өндірістік кооператив, 81 жеке шаруашылықтар бар. Оларға құрылыс, көлік, сауда, тұрмыс қажетін өтеу кәсіпорындары біріктірілген. Бұдан басқа 2 ұн тартатын, 4 күріш ақтайтын диірмен, т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Кентте мектепке дейінгі 7 балалар мекемесі, 7 жалпы білім беретін мектеп, мұражай, мешіт, мәдениет үйі, стадион мен спорт алаңдары (5), 4 кітапхана, 2 аурухана, емхана, фельдшер-акушерлік және 2 дәрігерлік-амбулаторлық пункт бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль және темір жолдарымен қатынасады. ## Ауыл суреттері * * * * * ## Дереккөздер
Жоса – Ырғыз алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Хромтау ауданында. Бақсай өзенінің оң саласы. Ұзындығы 45 км. ## Бастауы Бастауын Әулиемола тауының оңтүстік-шығысындағы бұлақтардан алып, қыстаудан шығысқа қарай Бақсай өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Жағасы жайпақ, құмдауытты. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Жайылмасында Жаркөл, Сынтас, т.б. қыстаулар орналасқан. Суы мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жосалы – Торғай алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қостанай облысы Арқалық қалалық әкімдігіне қарасты аумақта. Ұзындығы 65 км. Ащытасты өзенінің оң саласы. ## Бастауы Бастауын Арқалық қаласының солтүстігіндегі ұсақ шоқылардың бойындағы бұлақтардан алып, Көктау ауылынан батысқа қарай 1 км жерде Ащытасты өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы ағысында жағасы жайпақ, құмдауытты, төменгі ағысында оң жағасы төбелі-қырқалы (313 м) келеді. Көктемгі қар және жер асты суларымен толығады. Жаз айларында қарасуларға бөлініп қалады. Суы егін және мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жосалы – Малайсары жотасының солтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Жетісу облысы Көксу ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 945 м. ## Жер бедері Солтүстік беткейі Быжы өзенінің арналарымен тілімденген. Солтүстік-батысында Мойынқұм құмымен, батысында Көкшиелі тауымен, оңтүстігінде Достар тауымен шектеседі. Батыс беткейі тіктеу келген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, селеу, т.б. өседі. Етегі мал жайылымына қолайлы. Шығысынан Сарыөзек – Үштөбе темір жолы өтеді. ## Дереккөздер
Жосалы минералды су көзі, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында, Жосалы тауының солтүстік бөктерінде орналасқан. Су көзі орналасқан алап девонның туфтекті-шөгінді жыныстарынан түзілген. Жер қыртысы жарығынан шығып жатқан судың тәуліктік шығымы 100 – 300 м3 (пайдаланылатын су қоры тәулігіне 190 м3), судың минералдығы 0,4 – 0,5 г/л. Құрамында темір ионы мол (100 – 125 мг/л), аздаған йод, бром, фтор бар. Жосалы минералды су көзінің негізінде денедегі қан қызыл түйіршіктерінің азайып кетуін, асқазан шырыны, басқа да іштегі сырқаттарды емдейтін «Жосалы» санаторийі жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Жосалы – Айыр тауларының батысындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында орналасқан тау. Қарасор көлінен оңтүстік-батысқа қарай 20 км жерде. Абсолюттік биіктігі 871 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр, енді жері 9 км. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Кембрий, тас көмір кезеңінің гранитті жыныстарынан түзілген. Беткейі сай-жыралармен қатты тілімденген. Бірнеше бұлақтар орналасқан. Ащысу өзенінің салалары бастау алады. Солтүстік-батысында «Жосалы» санаторийі орналасқан. ## Өсімдігі Сұр қоңыр топырағында қараған, боз, селеу, аңғарында итмұрын, долана, қайың өседі. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Жөке тұқымдасы (Tіlіaceae) – қос жарнақты өсімдіктер, ағаштар,бұталар, сирек жартылай бұталар. Негізінен тропиктік және субтропиктік аймақтарда кездесетін 45 туысы, 400-дей түрі белгілі. Жөке тұқымдасының жапырақтары сағақты, кезектесіп орналасқан, жиегі тегіс не ара тісті; гүлі ақ не сары түсті, қос жынысты, кейде дара жынысты болады. Гүлшоғыры жартылай шатырша. Аталығы көп, 5 – 10-нан топталып тұрады, аналығы біреу, көп ұялы. Жәндіктер арқылы тозаңданады. Жемісі – етті немесе құрғақ көп тұқымды қауашақ не бір ұялы, бір тұқымды жаңғақша. Қазақстанда Жөке тұқымдасының 1 туысы бар; қ. Жөке. ## Дереккөздер
Жоңғар сабынкөгі (лат. Scrophularia dshungarica) – сабынкөктер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар) Алатауының Белқайың тауында шағын ғана ареалы кездеседі. Биіктігі 20 см, сүректі тамыры болады. Сабағы көп, жоғары қарай көтеріліп өседі. Жапырақтары жұмыртқа тәрізді, жиегі тілімденген. Тостағанша жапырақшалары тықыр, дөңгелектеніп бөлшектенген. Күлтесі қызғылт, жоғарғы ерні қалақты. Аталығы күлтесінен шығып тұрады. Гүлдері 1 – 3-тен қысқа гүлсағақты, жіпшелі сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр айында гүлдеп, маусымда жемістенеді. Жемісі – қорапша. Жоңғар сабынкөгі өте сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жуантөбе – Ақмола облысы Целиноград ауданының қиыр оңтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Ақмол ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 67 км, Аршалы кентінен оңтүстік-батысқа қарай 20 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 497 м. Беткейі аз тілімденген. Элювийлі-делювийлі шөгінділер жапқан, девонның жыныстарынан түзілген. Нашар дамыған сортаңдау қоңыр топырағында бетегелі-сұлыбасты-қаулы өсімдіктер өскен. ## Дереккөздер
Жуанқұм – Қызылқұмның солтүстігіндегі құмды алқап. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Қазалы ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Сырдария өзенінің қазіргі аңғары мен атырауы және Сырдарияның тармағы – Қуаңдарияның ескі арнасы аралығында, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 80 км-ге созылған, енді жері 20 км, аумағы 1,2 мың км2. Көне аллювийлік шөгінділерден түзілген. Қырқалы-төбелі, ұсақ төбелі құмдар Сырдарияның ежелгі атыраулық жазығын алып жатыр. Жер бедерінің ойпатты жерлерінде жазда кеуіп қалатын көлшіктер кездеседі. Жер асты суы 5 – 20 м тереңдікте жатыр. ## Өсімдігі Еркекшөп, сұр жусан және әр түрлі шөпті эфемерлі өсімдіктер (үрме жемісті өлеңшөп, қоңырбас, күйреуік, эфедра, жүзгін) өскен. Қырқалар етегінде ақ сексеуіл тоғайы кездеседі. Жуанқұм жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жосабай алтын кен орны - Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау кентінің солтүстігіндегі кен орны. 1955-1959 жылдары барлау жасалып, 11 кентас белдемі анықталды. ## Геологиялық құрылымы Кен орны төменгі және орта субжанартаулық андезитті порфирит, агломератты туфтарынан, жоғарғы тас көмір кешеніне жатқызылатын фельзит іспетті гранитті порфирлер сығылмасынан түзілген. ## Жатыс сипаты, құрамы Кен телімінің орталық бөлігіндегі сығылым белдеуі шегіндегі жыныстар кварцқа бай, мұнда ұзындығы бірнеше ондаған м-ден бірнеше км-ге дейін көптеген кварц желілерінің белдемі дамыған. ІІІ белдемдегі кварц желілерінде полиметалмен қатар алтын, күміс минералдарының маңызы бар, ол 100 м-ден астам тереңдікте тараған. Белдем оңтүстік-батыс бағытта 70-75° тік құламалы. Кварц массасының 1 т-сында алтын 1 г-нан бірнеше ондаған г-ға дейін, күміс 10-15 г шамасында. Алтын таза түрінде, күміс тотығу белдемінде кераргит түрінде түзілген. Жосабай алтын кен орны шағын кенге жатады. Кентас 25-30 м-ге дейінгі тереңдіктен ашық әдіспен өндіріледі. ## Дереккөздер
Жуанқоңыр – Қызылтас тауының оңтүстік-батысында оқшауланған тау массиві. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы Батыстау ауылының солтүстік-шығысында 10 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1058 м. Шығыстан батысқа қарай ендік бағытта 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Солтүстік-батыс беткейі тіктеу келген. Тас көмір кезеңінің гранит, гранодиорит интрузивтері аралас пермь, тас көмір, силур, девон шоғырларынан түзілген. Таудан Бидайық, Қарабидайық, Шерубайнұра өзендерінің салалары бастау алады. ## Өсімдігі Ашық қоңыр топырақ жамылғысында қайың, көк терек, тал, т.б. астық тұқымдас өсімдіктер өседі. Тау етегі шабындық ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жуантөбе – Қалба жотасының орта тұсындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Жарма ауданының солтүстігінде, Қызылсу өзенінің сол жағалауында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 798 м. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы палеозойдың метаморфталған жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері, өсімдігі Енсіз келген Жуантөбенің солтүстік беткейі тіктеу келген, оңтүстік беткейі сай-жыралармен тілімденіп, төбелі жазыққа ұласады. Оңтүстік беткейіндегі бірнеше бұлақтан Шар өзенінің саласы Жарлы өзені бастау алады. Етегінде бұта аралас астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Таудың етегінде бірнеше қыстаулар бар. ## Дереккөздер
Жуантөбе – Жетісу Алатауындағы Тоқсанбай жотасының оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Жетісу облысы Панфилов ауданында орналасқан. Өсек және Бұрхан өзендерінің суайрығы. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Абсолюттік биіктігі 1528 м. Жота палеозойдың қатпарлы шөгінділерінен түзілген. Солтүстік беткейі тік, оңтүстігі көлбеулеу келген. ## Өсімдігі Топырағы мен өсімдік жамылғысы биіктік белдеуге сәйкес таралған. Етегінде астық тұқымдас шөптер өседі. ## Дереккөздер
Жуантөбе – Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан тау. Арал қарақұмында. Байқоңыр қаласынан солтүстікке қарай 135 м жерде, құмды алқапта. Абсолюттік биіктігі 136 м. ## Жер бедері Төбесі доғал, жалпақ төбе. Маңында Айыртабан, Құмқайнар, Боқай, т.б. құдықтар кездеседі. Солтүстігінде биіктігі 118 м болатын Үштағантөбе тауымен шектеседі. ## Өсімдігі Сұр топырағында сексеуіл, қарабарақ, жыңғыл өседі. ## Дереккөздер
Жосалысор – Торғай өзені алабында тұзды тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Жангелді ауданында орналасқан Көкалат ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде, теңіз деңгейінен 123 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 5,9 км2, ұзындығы 4,5 км, енді жері 2,2 км, жағалауының ұзындығы 14,6 км. Қарашаның соңында суы қатып, сәуірде ери бастайды. Маңында бірнеше құдықтар кездеседі. Суы ащы, сілтілігі жоғары. Шаруашылыққа жарамсыз. ## Дереккөздер
Жусандала – Шу-Іле таулары мен Тауқұм құмды алқабы аралығындағы жазық дала. ## Географиялық орны Алматы облысы Балқаш және Жамбыл облысы Мойынқұм аудандары аумағында. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Дала Шу-Іле тауларының солтүстік-шығысын бойлай 130 км-ге созылған. Абсолюттік биіктігі 400 – 500 м. Жер бедеріне жазда кеуіп қалатын арналар және сай-жыралармен тілімделген тау алдының делювийлі-пролювийлі жазығы тән. Ол антропоген кезеңінің малтатасты-қиыршықтасты және саз-құмдақты шөгінділерінен түзілген. ## Климаты Климаты континенттік. Қаңтардың орташа температурасы –7°С, шілдеде 25°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 мм. Жусанды жазда кеуіп қалатын Ақсүйек, Күйеліқара, Ботабұрым, Жалпақши, Тесік, Жыңғылды және Қопалы өзендері кесіп өтіп, Тауқұмға сіңіп кетеді. Сай-жыраларда бұлақтар кездеседі. ## Топырағы мен өсімдігі Топырағы сұр, сұр қоңыр, сортаңды және шалғынды-құмдақты. Онда сұр жусан басым қылқан боз, күйреуік, баялыш, қоңырбас, өлеңшөп, арпабас өседі. Анда-санда сексеуіл шоғырлары кездеседі. Жусанда бірнеше елді мекендер (Айдарлы, Көлшеңгел, Тоғыз, Ақсүйек) орналасқан. Жусан арқылы Алматы – Астана автомобиль магистралі өтеді. ## Дереккөздер
Жусанжапырақ, зосимия (лат. Zosima) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда далалық, шөлді аймақтардың балшықты, құмды, тастақты жерлерінде кездесетін 1 түрі – ащы жусанжапырақ (Z. absіnthіfolіa) бар. Биіктігі 40 см-дей, діңгек тамырлы өсімдік. Сабағы дара, қатпарлы, сырты түкті. Жапырақтарын ұйысқан сұрғылт түсті түк басқан, жиектері қауырсынды тілімденген. Гүлдері сары түсті, көп сәулелі шатырша гүлшоғырына топталған. Сәуір айында гүлдеп, мамыр – маусымда жемістенеді. Жемісі домалақ, қалың түкті, шеті ақшыл. ## Дереккөздер
Жусанды, Жосалы – Қызылқұм мен Сырдарияның қазіргі атырауы аралығында жатқан батпақты жазық. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Қармақшы ауданы жерінде, Сырдарияның төменгі ағысының сол жағалауында, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 60 км-ге созылып жатыр. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 102 м. Жазық беті сәл ғана тілімденген, Сырдарияның ежелгі Қуаңдария және Ескідариялық арналарын бойлай түзілген. Бетін жоғары антропогеннің құмды-батпақты аллювийлі шөгінділер жапқан. ## Өсімдігі Жазықтың шөлді сұр, сұр қоңыр және тақыр келген сортаңды топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, теріскен, күйреуік, т.б. сораң шөптер өседі. Қара сексеуіл шоғырлары өседі. Жер бедерінің ойпаңдау жерлерінде және Сырдария өзені бойында құрақ пен айрауық шалғындары кездеседі. Бұл жерлер шабындық саналады. Жусанның біраз бөлігі күріш өсіру үшін жыртылған. ## Дереккөздер
Жұмай – Теңіз-Қорғалжын ойысында орналасқан көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Саумалкөл көлінің шығысында, теңіз деңгейінен 322 м биіктікте жатыр. ## Гдрографикасы Аумағы 4,2 км2, ұзындығы 6,5 км, ені 1,4 км, жағалау бойының ұзындығы 15,8 км. Ең терең жері 0,8 м. Су массасының көлемі 1,8 млн. м3, жалпы су жиналатын алабы 124 км2. Жағалауы тегіс, батыс жағасында өзімен аттас ауыл орналасқан. Суы тұзды. Қарашада суы қатып, сәуірде ери бастайды. Мал шаруашылығына пайдаланылады.
Жұлдызшешек (лат. Matthiola) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір, көп жылдық өсімдіктер туысы. Еуропа, Батыс және Орта Азия, Солтүстік және Оңтүстік Африкада кездесетін 55-ке жуық түрі белгілі. Қазақстанда далалық, шөлді, таулы аймақтардың тасты, тастақты беткейлерінде, сор, сортаң, құмды, батпақты жерлер мен өзен жағалауларында өсетін 7 түрі бар. Олардың биіктігі 15 – 70 см, сабақтары түкті, кейде тықыр. Жапырақтары сағақты ұзынша, жиектері тілімденген. Гүлдері қызғылт, ақ немесе күлгін көк түсті. Сәуір – маусымда гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршаққын. Тұқымы қысыңқы, жарғақ қанатты. Жұлдызшешектерді әдемі гүлдері үшін сәндік өсімдік ретінде өсіреді. ## Дереккөздер
Жуантөбе – Домбыралы тауының оңтүстік-шығысында орналасқан тау. ## Географиялық орны Ақмола облысы Ақкөл ауданы жерінде. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 412 м. Ұзындығы 1 км, ені 0,5 км. Шығыс беткейінен Тасмола өзенінің салалары бастау алады. Батыстан шығысқа қарай созыла орналасқан. ## Өсімдігі Етегінде бұталы өсімдіктер өскен. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жұмақан – Қараүңгір тауларының солтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданындағы Емелтау ауылының шығысында 10 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 838 м. Күрделі пішінді таудың ұзындығы 11 км, енді жері 9,5 км. ## Жер бедері Оңтүстік және солтүстік беткейлері тіктеу, қалған беткейлері көлбеу келген. Шығысында қорымды төбелер кездеседі. Батыс бөлігінде өзімен аттас қыстау жатыр. Солтүстік етегінде Тасқара кеніші бар. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жұмақ – Шыңғыстау жотасының оңтүстік-шығысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысының Абай және Аягөз аудандары шекарасында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1119 м. Ендік бағытта созылып жатқан Жұмақтың ұзындығы 3 км, енді жері 2,2 км. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы орта және төменгі палеогеннің жанартаутекті шөгінділерінен, құмтас, тақтатас, конгломерат, т.б. жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Шығысы мен оңтүстік, оңтүстік-шығыс беткейлері тіктеу келген. Батыс және шығыс беткейлерінен Қыстаубай және Қос өзендері бастау алса, оңтүстік баурайынан Шеттембай өзенінің салалары бастау алады. Көлбеуленіп келген солтүстік бөлігінде Жүрекадыр ауылының Рақымжан қыстауы бар. Таудың оңтүстік шығысында 2,5 км жерде Кенесары атты зират жатыр. ## Өсімдігі Жұмақтың сайлы-жыралы келген етегінде бетеге, боз, қылқан боз, т.б. далаға тән өсімдіктер өскен. ## Дереккөздер
Жөкей – Есіл алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақмола облысының Біржан сал ауданында орналасқан. Щучинск және Степняк қалалары аралығындағы таулы-орманды алқапта, Бүркітті тауының шығыс баурайында жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 19,3 км2, ұзындығы 5,5 км, ені 4,6 км, тереңдігі 1,5-1,8 м. Көлдің батысы мен оңтүстікі тік, жарқабақты, қалған жағалаулары жазық, жайпақ келген. Суы ащы. Көлге солтүстігінен Сарымсақты өзені құйып, оңтүстік-шығысынан ағып шығады. Суы мол жылдары Қотыркөлге ұласып кетеді. Мал суаруға пайдаланылады, жайылмасы шабындық. ## Дереккөздер
Жұмыр бозтүк (лат. Anaphalis racemifera) – астралылар тұқымдасы, бозтүк туысына жататын шала бұта. Қазақстанда Батыс Тянь-Шаньның Қаратау, Қырғыз Алатауыныңтастақты беткейлерінде кездеседі. Биікт. 30 – 60 см, сыртын ақ киіз түкті немесе тықыр, қос үйлі өсімдік жапқан. Сабақтары көп. Жапырақтары ұзынша, отырыңқы, ұзындығы 4,5 см, ені 4 мм-дей. Гүлдері қос жынысты, аналық гүлдері өте көп, жіңішке түтік тәрізді күлтелі; аталық гүлдері қоңырау түтікше тәрізді күлтелі болады. Олар себет гүлшоғырына топталған. Гүлсебеттері сабағының ұшында жетіледі. Тұқымынан сирек вегетативті жолмен де көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Тұқымы ұзынша, тықыр, бұдырмақ қылтанды айдаршасы бар. Жұмыр бозтүк өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жұмыскер– Абай облысы Үржар ауданындағы қыстау. Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 2 км жерде, Қарақол өзені салаларының аралығында орналасқан. Сайлы-жыралы келген жер бедерінде құрғақ далаға тән бетеге, селеу, қылқан, боз, көкпек, т.б. шөптесіндер өскен. Мал жайылымына және шабындыққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жұматай– Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы қыстау. Қыстау Бақанас өзенінің оң жағалауында, Өркен ауылынан оңтүстікке қарай 14 км жерде орналасқан. Өзенаралық аңғарда жатқандықтан Жұматайдың аумағында шабындыққа жарамды шалғын шөптер өскен. Қыстаудың маңында Бақанас ауылыБақанас ауылының орны және Орта, Райымқан, Шумақан, т.б. қыстаулар орналасқан. ## Дереккөздер
Жұмбақтас – Әулиекөлдің сол жағында, Көкше мен Теміртау тауларының айырығында орналасқан жартас. Пішіні пирамида тәріздес, жиектері дөңгеленген граниттен тұрады, биіктігі 18 м. Жұмбақтастың пайда болу тарихы туралы халық жадында сақталған аңызда: 17-жастағы тұтқынға түскен қалмақ қызы Оқжетпес шыңынан Бурабай (ескі атауы Әулиекөл) көліне секіріп кетеді де, сұлудың түскен жерінен таңғажайып жартас пайда болған. Егер Жұмбақтасқа көгілдір шығанақтан қараса, қыздың бейнесі байқалады, ал қарама-қарсы жағынан қараса мыстан кемпірдің бейнесін көруге болады. Орыс тілді авторлар Жұмбақтасты «Сфинкс» деп атап кеткен. ## Жұмбақтас туралы аңыз Ертеде, мыңды айдаған, азуы алты қарыс бір бай болған екен дейді. Байдың ұлы көп, ал қызы жалғыз–ақ екен дейді. Қызы бет біткеннің көріктісі, асып туған перизат. Өзі және ақылды, өнерлі. Ата-анасы әлпештеп өсіреді. Әкенің ойы қызын хан баласына немесе ақылгөй би баласына беру. Күндердің күні сол елге бір сері жігіт келеді. Өзі сұлу, өзі әнші, өзі күйші. Сегіз қырлы, бір сырлы. Жігіттің сұлтаны. Үлкен де, кіші де оны ауыздарынан тастамай мақтаумен болады. Бірде жігіт байдың қызымен жүздеседі. Екеуі де махаббат отына жанып, жас жүректер жалындап табысады. Бірақ қыздың әкесі олардың қосылуына өлсе ризашылық берер ме? Соны білгендіктен, қос ғашық ретін табады да, екі сәйгүлікке мініп, түн жамылып, қашып кете барады. Талай күн, талай түн бел шешпестен суыт жүріп, Бурабайға келіп жетеді. Қуғыннан қара үзіп кеттік, ізімізден адастырдық деген қуанышты көңілмен осы араға тоқтайды. Күміскөлдің жағасына хош иісі аңқыған жасыл жапырақ, көк балаусадан қос тұрғызады. Жігіт анау-мынау шағын кемеге бергісіз үлкен, сәнді қайық жасайды. Онымен екеуі көл бетіне шығып сайрандайды. Күміскөлдің теріскей – шығысы тұсындағы әдемі иінге жиі барып, ұзақ-ұзақ аялдайды. Көкшенің көлеңкесі үнемі түсіп тұратындықтан ба, әлде басқадай бір сыры бар ма, әйтеуір қолтыққа ұқсаған бұл иін алқара көк тартып, күміс судан бөлек бояумен әдемі әсер туғызады. Сол реңкіне қарай оны ата-бабаларымыз Көгілдір қолтық деп атаған екен. Екі жас осы Көгілдір қолтық айдынында тамылжыған табиғатқа тәнті болады. Суда шоршып ойнаған балықтарды қызықтайды. Махаббат періштесіндей аққуларды тамашалайды. Қосылған қос аққудай екі жастың махаббатқа мас, қызықты күндері осылайша өтіп жатады. Бұл кезде оларды қыздың ағалары шарқ ұрып іздеп жүр еді. Қызының салт басты, сабау қамшылы бір "әуейімен" қашып кеткенін білгенде әкесі жер тепкілеп күркіреген болатын. Бүкіл елін қырып жібере жаздаған. Ұлдарына жасақ қосып беріп, қуғынға аттандырған. Жігітті өлтіріп, қызын қайтып әкелуге қатал әмір еткен. Әке қаһарынан қорыққан ұлдарының бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Айлардан-айлар өткен бір кездері қашқандар ізінің сорабын дәл тауып, қауіп-қатерсізде төбеден түсуге шақ қалады. Әйтеуір, құдай сақтағанда, екеуінің көзі олардың қарасын ертерек шалып қалған еді. Оны-мұны керектерін ала жан ұшырып қайыққа жетіп үлгереді. Бөгелместен көлге шығып кете барады. Қуғыншылар бармақ шайнап қала береді. Бірақ кейін қайтпайды. Бай қаһары қатты. Жағалауды торуылдап жүреді де қояды. Олар қайықтың Көгілдір қолтыққа жиі соғатынын байқайды. «Қайық бір табылса осы арадан табылар» деп аңдиды. Қалың жапырақ жамылып, жасырынып, садақ ыңғайлап тұрады. Оларды екі жас аңғармайды. Бір жолы жағалауға тым жақын келіп тоқтайды. Оңтайлы сәтті пайдаланған қыздың ағалары қапы жібермейді. Жігітті кеудеден көздеп, садақты тартып кеп қалады. Найзағайдай зу еткен сұр жебе жігіттің тура жүрегіне қадалады. Жігіт қайықтан ауып құлап түседі. Күміс суды қызыл қанға бояп, шым батып кете барады. Ғашық жарынан арманда айырылған аяулы ару қайғыдан зар еңірейді. Сүйгенінің артында қалған тіршіліктен безінеді. Екі кеш зауал шақта таудан асып бара жатқан күн көзіне қарап, екі қолын бірдей созып, тәңірге жалбарынады. Өзін қайғымен бірге тасқа айналдырып жіберуін тілек етеді. Жасаған ие оның шын төгілген көз жасын қабыл қылады. Кейінде ата-бабаларымыз кіршіксіз махаббатқа куә сол тасты Жұмбақтас деп атапты. Бір жағынан қарасаң кәдімгі кеме, екінші жағынан – шашын жел жұлқылап тұрған пісте мұрын қыз. Сәл бұрыстау жылжысаң, ару қызымыз қайғыдан мүжілген кемпірге ұқсап кетер еді. ## Дереккөздер
Жұпаргүл (лат. Origanum) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуропада (негізінен Жерорта теңізі жағалауында) және Батыс Азияда кездесетін 20-дан астам түрі белгілі. Қазақстанда далалық, таулы аймақтардың шалғындарында, орман шеттерінде, бұталар арасында, тасты, тастақты тау беткейлерінде өсетін 2 түрі (киікшөп Жұпаргүл, көкбас Жұпаргүл) бар. Бұлардың биіктігі 30 – 80 см, тік сабақты, сыртын түк жапқан өсімдік. Жапырақтары ұзынша жұмыртқа тәрізді, безді-түкті, жиегі тілімденген. Гүлдері ұсақ, қызғылт немесе қызғылт қошқыл түсті, қалқанды-сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Шілде – тамыз айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – ашық қоңыр түсті, домалақ жаңғақша. Өсімдіктің құрамында эфир майы, илік заттар және аскорбин қышқылы бар. Кептірілген гүлі мен жапырақтары емдік мақсатта қолданылады. Жапырақтарын дәм-татымдық мақсатта тағамға және арақ-шарап өндірісінде пайдаланады. Балды өсімдіктер. Мал жемейді. ## Дереккөздер
Жуа тұқымдасы (лат. Allioideae немесе Alliaceae) – амариллистер тұқымдасына жататын дара жарнақты, жуашықты көп жылдық өсімдіктер. Жер шарында кең тараған (тек Австралияда кездеспейді), негізінен, Жерорта теңізі аймағында өсетін 30 туысы, 650 түрі белгілі. Жапырақтары тамыр түбінен шығады, пішіндері әр түрлі (таспа, эллипс тәрізді, т.б.). Жуашықтары мен жапырақтарында сүтті шырын (млечный сок) болады. Гүлдері ұсақ, көбінесе ақ, қызғылт және қара қошқыл түсті, олар жапырақсыз гүлсидамының ұшында жетіледі. Жәндіктермен, кейде колибрилермен (құс) тозаңданады. Тұқымынан және вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді. Жемісі – қорапша. Тұқымы желмен, омыртқасыз жануарлармен (көбінесе құмырсқалармен), сумен таралады. Жуа тұқымдасына жататын өсімдіктердің барлық органдарында сарымсақ майы болады, бұл өсімдіктерге айрықша дәм және иіс береді. Бұлар бағалы тағамдық, мал азықтық, дәрілік және сәндік өсімдіктер болып саналады. ## Дереккөздер
Жұпариіс– Жайық өзенінің сол аңғарында орналасқан қыстау. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Сүттігенді ауылының солтүстігінде 7 км жерде. Оңтүстік-батысында шағын сор көл, шығысында Биғалышеген құдығы орналасқан. Айналасында суы мол, шөбі майса шалғынды жерлер бар. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жұпаршөп (лат. Platanthera) – сүйсіндер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Негізінен солтүстік жарты шарда кездесетін 50 (кейбір мәліметтерде 200-дей) түрі белгілі. Қазақстанда Алтайда, Тобыл, Есіл өзендерінің бойында қосжапырақты жұпаршөп (P. bіfolіa) өседі. Оның биіктігі 25 – 60 см. Түйнек тамырлы өсімдік. Ұзын жапырақтары гүлсидамының айналасынан өсіп шығады. Ақ, ақшыл жасыл, ұсақ гүлдері тік сабағының бойында орналасады. Түнгі көбелектер арқылы тозаңданады. Тұқымынан көбейеді, тұқымы жел арқылы таралады. Гүлі түнде немесе жаңбыр жауар алдында ашылады, сондықтан Жұпаршөпті түнгі шегіргүл деп те атайды. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жұпаршөп – хош иісті өсімдік, сондықтан сәндік үшін қолдан да өсіріледі. ## Дереккөздер
Жүзадыр – Батыс Үстірт кемерінің шығыс бөлігіндегі құдық. Маңғыстау облысы Қарақия ауданының орта тұсында, теңіз деңгейінен 200 м биіктіктегі жазықта орналасқан. Құдық суы кермек татиды. Құдықтан шығысқа қарай 25 км жерде Ақотты (Ақоты) құдығы мен қыстауы орналасқан. Бірнеше қара жол (керуен жолы) өтетін бұл өңірде 1969 – 70 жылдары ядролық сынақ жасалған. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жұмағұл – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының оңтүстік-батысына қарай 10 км жерде орналасқан тау. Абсолюттік биіктігі 927 м. Ұзындығы мен ені 1,5 – 2 км. ## Геологиялық құрылымы Тас көмір гранитоидтарынан түзілген. ## Жер бедері Беткейлері тік құламалы, кей жерлерде түпкі жыныстарының жер бетіне шығуы байқалады. ## Өсімдігі Таудың күңгірт қоңыр топырағында қараған, қарағай мен көк терек өседі. ## Дереккөздер
Жүзасу – Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік бөлігіндегі Матай және Дегерес жоталары аралығындағы асу. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1474 м. Асу арқылы өтетін жол солтүстікте Қоянкөз ауылынан басталып, Матай тауының шығысындағы Қарақасқа өзенінің бас жағына қарай өтеді. Одан әрі жол оңтүстікке, Іле аңғарына қарай кетеді. ## Дереккөздер
Жүзгін, жүзген, дүзген, қандым (лат. Calligonum) – тарандар тұқымдасына жататын ағаш не тармақталған бұталар. Солтүстік Африка, Азия және Еуропада кездесетін 80-ге жуық түрі белгілі. Биіктігі 40 см-ден 7 м-ге дейін болады. Жапырағы өте ұсақ, ұзынша ине тәрізді. Гүлі қос жынысты, ақ не қызғылт түсті, хош иісті. Жемісі – қатты қабықты ұсақ жаңғақша. Жүзгіннің негізгі тамырының ұзындығы 1,5 – 2 м, ал көлбей өскен тамырының ұзындығы 12 – 20 м. Жүзгін тұқымынан, атпа тамырларынан өсе береді. Топырақ талғамайды, қуаңшылыққа төзімді; құмда, тасты жерде де өседі. Жүзгіннің 80-ге жуық түрі бар. Қазақстанның шөл, шөлейтті далаларында 30-ға жуық түрі кездеседі. Қызыл жүзгін (Callіgonum aphyllum), елек жүзгін (Callіgonum jucnceum), тікенді жүзгін (Callіgonum cetosum) кең таралған. Жүзгіннің отындық, жемшөптік маңызы бар, сусымалы құм мен қарды тоқтату үшін де өсіріледі. Жас бұтағы мен жемісін түйе, қой мен ешкі сүйсініп жейді. Жүзгін - жапырақсыз, жасыл өркенді, бунақ-бунақ болып өсетін бұталы өсімдік. Сыр өңірі, Аралдың шығыс бетіндегі шөлді аймақта өсетін жүзгінді түйе малы сүйсініп жейді. Жаз басында гүлдейтін жүзгінді жайылымға зауқын арттырады деп қой мен түйені жаяды. Шөлейт жердің түрғындары жүзгінді баялыш, теріскен, шимен араластыра өріп, арасына құм салып қалап, желде ықтасын, аязда суық өткізбейтін жылы қора соғуға көп пайдаланады. Сондай-ақ жүзгіннен түйенің мұрындығын жасаса, түйе танауын іріңдетіп, қабындырмайды делінеді. Ел аузында «Түйе айтыпты» деген төмендегідей жыр жолдары кездеседі: Мұрындыгым дүзгеннен болсын,Төсегім күлден болсын,Бұйдам алалы болсын,Жабуым шималы болсын,Өспегенде немене. ## Дереккөздер
ЖҰТ – ауа райының аса қолайсыз құбылыстары (қуаңшылық, жерді көк мұз басуы, тағы да басқа) салдарынан белгілі бір аймақ тұрғындарының экономикалық күйзеліске ұшырауы. Қазақ халқы Жұтты “жеті ағайынды” дейді. Олар: Жұтты, құрғақшылық, өрт, індет, сел (көшкін, топан су), зілзала, боран (бұрқасын, дауыл). “Жұт жетеу, содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он” деген мақал арқылы халық табиғат апатының зардабы адамның өзіне байланысты екенін аңғартқан. Ауа райының өзгеріп, Жұтқа әкеп соқтыратын атмосфералық процестердің бірі – антициклондар мен арктикалық құрғақ ауа массаларының белгілі бір аймаққа ұзақ уақыт ықпал етуі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, бұл құбылыс Жер шары аумағында әрбір 11 – 12 жыл немесе 80 – 90 жыл өткен сайын қайталанып, Күн белсенділігінің минимумы кезеңіне сәйкес келуі мүмкін. Ондай жылдары жауын-шашын мөлшері мүлде азайып, дамылсыз аңызақ жел соғады, ауа температурасы бірнеше градусқа көтеріледі, нәтижесінде климаттың континенттігі күрт артады, мұның салдарынан өсімдіктер тез қурап кетеді. Атмосфералық циркуляция кезінде ауа массаларының бағыты мен полюстері кейде қалыпты жағдайынан ауытқып отырады; оның салдарынан жылы аймақтар қатты суынып, суық өңірлердің ауа райы жұмсарады. Мұндай процестер әрбір 8 – 13 жылда қайталанып отыруы ықтимал. Бұл жағдай, әсіресе, жылы аудандардың мал шаруашылығына үнемі қауіп туғызады. Кейде атмосфералық жауын-шашын (жаңбыр, қарлы жаңбыр) кезінде ауа температурасының тез суынуымен жер бетін көк мұз басады. Бұл құбылыс, көбінесе, шағын аймақтарды қамтиды және, негізінен, жергілікті атмосфералық циркуляцияға байланысты болады. 19 ғасырда қазақ даласында 20 ірі Жұт тіркелген. Есепшілер дерегі бойынша, олар 10 – 12 жылда қайталанып отырған. Олардың ішінде ең ірісі – 1879/80 жылдары өткен “ұлы қоян жұты” кесірінен қазақ даласындағы малдың шамамен 48 пайызы шығынға ұшыраған. Торғай облысында 1850 жылғы Жұтта 257425, 1855/56 жылғы Жұтта 126797, 1879/80 жылғы Жұтта 1071 384 мал қырылған. Сол 1879/80 жылғы Жұтта Сырдария облысы тұрғындары малының 56 пайызынан айырылса, 1892 жылғы Жұтта Қазалы уезі тұрғындары жылқысының 90 пайызы, қойының 80 пайызы, түйесінің 60 пайызы өлген. 1891/92 жылғы “кіші қоян жұтынан” Торғайдағы малдың 36 пайызы қырылған. 20 ғасырдың басында “доңыз жұты” (1902/03 және 1911/12 жылдардағы), “қой жұты” (1919/20 жылдары) іспетті кесапатты Жұттар болған. Жұт зардабы орта есеппен 8 – 10 жылдан соң ғана қалыпқа келетін болған. Жұт жылдары халық көлденең ауруға шалдыққан. Бұл жағдайды ескерген ел ақсақалдары қыс кезінде малға беретін шөп, пішен қорын жазда жинақтау ісін ұйымдастырған. Дөңбек сүйреткімен қар мен мұзды аршып, малды тебінге шығарған. Дәстүрлі қазақ қоғамында Жұт кезінде Құдайдың табиғаттың тосын құбылыстарынан, қуаңшылықтан құтқаруы үшін тасаттық берілген, жадытаспен күн жайлатып, жауын шақырған, су іздеп жаңа қонысқа көшкен. ## Сілтемелер * Ауа райы * Құрғақшылық * Қуаңшылық * Антициклон * Жауын-шашын * Мал * Атмосферадағы айналым * Жел * Жылқы * Қой * Түйе ## Дереккөздер
Жүзімсай – Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы өзен. Келес өзені алабында. ## Бастауы Бастауын Қаржантау және Қазығұрт жоталары аралығынан алады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 20 км. Майбұлақ ауылы маңында Келес өзеніне құяды. Арнасы тар, тау шатқалдарымен Ұясай, Қызылатасай өзендерімен қатар ағады. Суын Көкібел, Майбұлақ ауылдары жүзім шаруашылығына пайдаланады. ## Дереккөздер
Жүндіқара, жаман қасқыржем (лат. Asparagus neglectus) – қасқыржемдер тұқымдасының қасқыржем туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Ұлытау, Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында өседі. Биіктігі 80 – 100 кейде 150 см-дей. Сабағының төменгі жағы көбінесе тікенді келеді. Жапырақтары қабыршақ тәрізді. Гүлі дара жынысты. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі шар тәрізді, қызыл түсті. Жүндіқара – мал азықтық өсімдік. Төрт түлік мал сүйсініп жейді. ## Дереккөздер
Жүк жылқысы – жүк тасымалдау үшін арнайы өсірілетін жылқы тұқымы. Ұзақ уақыт күту, сұрыптау, іріктеу арқылы шығарылған. Жүк тасуға және ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Жүк жылқысының ТМД аумағында кеңестік, владимир, орыс, першерон, арден, ал өзге шет елдерде шайр, бретон, т.б. тұқымдары өсіріледі. Арден жылқысы Бельгияда шығарылған. Басы үлкен, мойны қысқа, тұрқы ұзын, кеуделі келеді. Арден жылқысын будандастыру арқылы ауыр салмақты орыс жүк жылқысы шығарылды (1952). Орыс жүк жылқысының өлшемдері: шоқтығына дейінгі биіктігі 147 – 150 см, тұрқы 157 – 162 см, кеуде орамы 184 – 200 см, жіліншік орамы 21 – 22 см, салмағы 700 кг. Жүк жылқысының ең көп тарағаны – барбансон жылқысы. Айғырының шоқтығына дейінгі биіктігі 160 – 167 см, тұрқы 157 – 176 см, кеуде орамы 215 – 220 см, жіліншік орамы 26 – 28 см, салмағы 900 – 1200 кг, күтімді көп қажет ететін жылқы. Қазақстанда кеңестік жүк жылқысының айғыры қазақ жылқысын асылдандыруға қолданылады. Алынған будандар қазақ жылқысынан ірі, орташа салмағы 560 – 590 кг. ## Дереккөздер
Жұмағұл – Қалба жотасының оңтүстігіндегі тау, Сарыжал тауларының батысында. ## Географиялық орны Абай облысы Жарма ауданы жерінде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 885 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған таудың ұзындығы 11 км, енді жері орта тұсында (2,5 км). ## Жер бедері Солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс беткейлері тіктеу, қалған беткейлері көлбеу, сай-жыралармен тілімденген. Таудың батысымен Таңды өзені ағып өтеді. ## Геологиялық құрылымы Герцин қатпарлығында пайда болған тау палеозойдың метаморфталған тау жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Беткейлерінде бұта аралас бетеге, селеу, айрауық, т.б. шөптесіндер өскен. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Жүргеніш, клайтония (Claytonіa) – қараоттар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауының тасты, жартасты беткейлерінде, тастақты және мүкті-қыналы жерлерінде, қарлы мұздықтарда өсетін 1 түрі – Иоан Жүргеніші (С. joanneana) бар. Биіктігі 7 – 25 см, жуан тамырлы өсімдік. Сабағы бірнешеу. Жапырақтары ұзынша, сабақ бойындағылары отырыңқы, қарама-қарсы орналасады. Гүлдері қос жынысты, бір үйлі, боз қызғылт түсті, сабақ ұшында жетіледі. Шашыраңқы шашақ гүлшоғырына топталған. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – көп тұқымды көлденеңінен ашылатын қорапша. Тұқымы қара түсті, құрамында белок көп. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жүрекжапырақты ергеш (лат. Stroganowia cardiophylla) – орамжапырақтар тұқымдасы, ергеш туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Қаратау мен Талас Алатауының батысындағы (Машат тау, Дәубаба) таулардың тасты, тастақты, далалық шалғындары мен бұталар арасында өседі. Биіктігі 80 см, сабағы тік, жоғары жағы бұтақтанған. Жапырақтары тамыр түбіндегілері ұзын сағақты; сабақ бойындағылары сопақша, қысқа сағақты; ең жоғарғылары қандауыр тәрізді, отырыңқы. Тостағанша жапырақшалары түкті, күлтесі қызғылт түсті. Гүлдері жайылған сыпыртқы гүлшоғырына топталып, сабақ ұшында жетіледі. Тұқымынан көбейеді. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – жартылай шар тәрізді, үрілген қақпағы бар бұршаққын. Жүрекжапырақты ергеш – өте сирек кездесетін реликт түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жүзағаш — Абай облысы Аягөз ауданы, Тарлаулы ауылдық округі құрамындағы темір жол бекеті. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Аягөз қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 120 км-дей жерде. ## Дереккөздер
Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы – Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан үңгір. ## Географиялық орны Түркістан облысындағы Түркістан қаласынан 80 км-дей жерде. ## Сипаты Үңгір аузының биіктігі 3 – 4 м, ені 8 – 9 м, тереңдігі 50 – 60 м шамасында. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында биіктігі 10 – 12 м жартаста диаметрі 15 – 18 см болатын қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. ## Дереккөздер
'Жүндібас, эпилазия (Epіlasіa) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді аймақтардың құмды, батпақты, тастақты жерлерінде өсетін 2 түрі (түктесін Жүндібас, шалатүкті Жүндібас) бар. Бұлардың биіктігі 5 – 50 см, сабақтары дара немесе бірнешеу, түзу, түкті, кейде жатаған бұтақты, қырлы, тықыр. Жапырақтары ұзынша. Гүлдері боз сары түсті, себет гүлшоғырына топталған. Гүлсебеттері дөңгелек ұзынша, көп кейде дара, сабақ ұшынан жетіледі. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы қара түсті. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жүнжеміс(Lachnoloma) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда шөлді, таулы аймақтардың батпақты көлдерінде, сортаңды ойпаңдарда, құмды жерлерде өсетін 1 түрі – Леман Жүнжемісі (L. lehmannіі) бар. Биіктігі 10 – 20 (30) см, сабағы қарапайым немесе бұтақты, сыртын қалың, ұзын, жұмсақ түктер жапқан. Жапырақтары қандауыр тәрізді немесе ұзынша келген. Тостағанша жапырақшалары ұзынша жұмыртқа тәрізді, күлтесінің ұзындығы 9 – 10 мм. Гүлдері ақшыл қызғылт түсті, аз гүлді шашақ гүлшоғырына топталған. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – төрт қырлы бұршаққынша, сыртын қалың түк жапқан. Тұқымы эллипс тәрізді, ұзындығы 3 мм-дей. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жыланбұршақ, термопсис (Thermopsіs) – бұршақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Азия, Оңтүістік Және Солтүстік Американың қоңыржай белдемдерінде өсетін 30-ға жуық түрі белгілі. Қазақстанда таулы аймақтардың тау беткейлерінде, орманды жерлерде, бұталар арасында, өзен жағалауларында өсетін 5 түрі бар. Бұлардың ішінде жиі кездесетіні – улы Жыланбұршақ (Т. lanceolata). Биіктігі 12 – 70 см, тамыр сабағы жуан, тік өседі. Жапырақтары үшеуден топталып шығады. Гүлдері сары түсті, жапырақ қолтығынан жетіліп, шашақ гүлшоғырына топталған. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – бір ұялы, жалпақ бұршақ, оның екі қақпақшасы бар. Улы Жыланбұршақтың, әсіресе, тұқымы мен жапырағы улы болады, сондықтан медицинада дәрі жасауға пайдаланылады. Түркістан Жыланбұршағынсәндік үшін өсіреді. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жыланды, Серікбай – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 100 км, су жиналатын алабы 2800 км2. ## Бастауы Бастауын Жаманқотыр тауының солтүстігіндегі бұлақтардан алып, Қарағансай қонысы тұсында Қаракеңгір өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Көктемде қар ерігенде тасиды, жазда кішігірім қарасуларға бөлініп қалады. Аудан шаруашылықтары өзенді мал суаруға, жайылмасын шабындыққа пайдаланады.‎ ## Дереккөздер
Жүзім (лат. Vitis) – жүзім тұқымдасына жататын өсімдіктердің жемісі. Жүзімнің 70-ке жуық түрі бар. Қазақстанда дақылдық Жүзім (V. vіnіfera) өсіріледі. ## Өсімдіктің қысқаша сипаттамасы Діңі – шырмауық тәрізді оралып өсетін өсімдік. Көп жылдық жүзім сабақтары жуан, ал бір жылдықтары ұзын (3 – 5 м), жіңішке болып келеді. Жапырағы кезектесіп орналасқан, бүтін жиекті не тілімделген. Гүлі ұсақ, жасыл түсті. Гүлшоғыры сыпыртқы тәрізді. Айқас (жәндіктермен не желмен) немесе өздігінен тозаңданады. Жемісі – жидек. Жидегінің шырын құрамында: су (65 – 80%), фруктоза, глюкоза (15 – 35%), органикалық қышқылдар (4 – 11%), пектин (0,3 – 1,2%), минералдық заттар (0,3 – 0,6%) және С, В1, В2, РР витаминдері, провитамин А (каротин) бар. Дәнінен тағамдық және техникалық май алынады. Өңделген Жүзімнен шарап, коньяк, шампан, сығынды қалдықтарынан этил спирті, сірке суы, шарап қышқылдары, т.б. заттар алынады. Піскен Жүзім жемісі адамның ас сіңіруін жақсартып, зат алмасуын тездетеді. Жүзім дақылының жылдық тіршілігі екі кезеңнен (тынығу және вегетация) тұрады. Тынығу кезеңінде жапырақтары түсіп, қоректік заттар сабағына, тамырларына жиналады. Вегетация кезеңі Жүзім бүршік жара бастағаннан жемісі толық пісіп, жапырақтары түскенге дейін созылады. Жүзім тұқымынан және вегетативтік тәсіл арқылы көбейеді. Тұқымынан көбейту жаңа сорт шығару үшін қолданылады. Негізгі вегетативтік көбейту түрлері – сүректелген не жасыл бұтағын қалемшелеу, сабағын сұламалау, ұластыру, т.б. Екпе шыбықтарынан отырғызылған Жүзім 2- 3-жылы өнім салады. Жүзімдіктер 40 – 50 жылға дейін пайдаланылады. Жүзімнің 5 мыңнан аса сорты белгілі, оның 2,5 мыңы ТМД елдерінде, 50-ден астамы Қазақстанда өсіріледі. Қазақстанда өсірілетін Жүзім сорттарының негізгілері: асханалық сорттар – інжу саба, мадлен анжевин, ақ халили, Алматы ерте пісетін сорты, ақ шасла, нимранг, агадан, Гамбург мускаты, Өзбекстан мускаты, қызғылт түсті тайфи, венгр мускаты, оның ішінде жидектері кептіріліп мейіз жасалатын сорттары – рислинг, ркацители, алеатико, қара пино, саперави, Құлжа жүзімі, т.б. Жүзімнің түрлері мен сорттары туралы ғылым – ампелография деп аталады. Жүзім өсірумен жүзім шаруашылықтары айналысады. ## Өсімдік туралы Жүзім – шырмалып өсетін жүзімділер тұқымдасы, 70-ке жуық түрі бар. Зерттеушілер тұқымын тауып, 60 миллион жыл бұрын, яғни жер бетіне адамдар болмаған кезде жабайы жүзім болғандығын дәлелдеген. Қазіргі кезде 4000-нан аса мәдени түрі тропикалық және субтропикалық аймақтарда өседі. Жүзім өзінің жақсы қалыптасқан тамыр жүйесімен ерекшеленеді. Сабақтарынан өсіп шығатын мұртшалары арқылы жүзім шырмалып өседі. Жапырақтары ірі, 3-5 салалы болады. Гүлі ұсақ, жасыл түсті. Жемісі шырынды, ішінде 1-4-ке дейін сүйекшелері болады. Кейбір мәдени түрлерінде сүйекшелер болмайды. Сұрыпына қарай жемісінің пішіні домалақ, ұзынша-сопақтау болады. Жемісінің түсі жасыл, сары, қызғылт-сары, күлгін т.б. болады. Жемістері шоғырланып өседі. Бір шоқта 100 данаға дейін жүзім болады. Дұрыс күтім жасалса, жүзім 50 жылға дейін жеміс береді.Жүзімді тұқымы, қалемшесі және ұластыру арқылы көбейтеді. Жүзім отырғызылғаннан кейін 2-3 жылда жеміс бере бастайды. Жүзімнің түбін ашу мерзімін дұрыс білгеннің маңызы зор. Егер жүзім түбі ерте ашылса, үсіп кетуі ықтимал, ал кеш ашылса, шіріп кетуі мүмкін. Дұрысы, жүзім түптерін ашуға сөл жүре бастаған кезде кірісіп, бүршік бөрте бастағанға дейін аяқтау қажет.Мол және тұрақты өнім алу үшін жүзімді уақтылы тыңайтып отыру қажет. Жүзімнің гүл шоғырлары өсіп келе жатқанда азотпен, жеміс өсе бастағанда фосфор және калий тыңайтқышымен қоректендіреді.Жүзім сабағын аспаларға өнімнің салмағын көтере алатындай берік жіппен байлау қажет. Өсу кезеңі ішінде жүзім сабағы жуандайтын болғандықтан, байлаған жіп сабақты қиып кетпуі үшін, кеңірек етіп байлау керек. Синтетика жіпті және сымды пайдалануға болмайды.Көктемде қырқу-кесу жұмыстары жүргізілмесе, онда күзде міндетті түрде жасау қажет, өйткені бұтақтары жиі болып кеткен жағдайда, жеміс беру сапасы нашарлайды. ## Ботаникалық анықтамасы Жүзім сыртқы түрі бойынша, әдетте, революцияның ұзартылған эллипсоидына ұқсайды. Осылайша, жүзімнің немесе жүзімнің жемістері шар тәрізді немесе жұмыртқа тәрізді жидектер болып табылады, олар әрқайсысында 15-тен 300 данаға дейін болатын азды-көпті борпылдақ (сирек тығыз) шоғырларда өсетін жемістер түріне жатады және әртүрлі түстерде болуы мүмкін: күлгін, таңқурай, қара , қою көк, сары, жасыл, қызғылт сары және қызғылт. «Ақ» жүзім шын мәнінде жасыл түсті және күлгін жүзімнен пайда болды. Ақ жүзімдегі екі реттеуші гендерде болған мутациялар күлгін жүзімнің түсіне жауап беретін антоцианиндер өндірісін тоқтатты. Ақ жүзімдегі екі реттеуші гендерде болған мутациялар күлгін жүзімнің түсіне жауап беретін антоцианиндер өндірісін тоқтатты. Сонымен қатар, күлгін жүзімдегі полифенолдардың кең отбасының химиялық заттары болып табылатын антоцианиндер және басқа пигменттер қызыл шараптарға берілетін күлгін түстің әртүрлі реңктеріне жауапты. Жүзімде бірнеше тұқым бар, бірақ тұқымы мүлдем жоқ тұқымсыз сорттар да бар (кишмиш деп аталады). ## Қолданылуы Жүзім құрамында қант, органикалық қышқылдар, ферменттер, илік, азотты және пектинді заттар, С, В1, В2, В6, В12, Р, РР дәрумендері, өзектер, сонымен қатар минералдар мен микроэлементтер бар.Жүзім ағзаны холестериннен тазартады. Медицинада гемоглобинді көтеру үшін, қан аздыққа, бүйрек, жүрек, жүйке ауруларына қарсы, бронхит кезінде жөтел мен қақырық шығару үшін қолданады. Жүзім шырыны несеп және өт айдау үшін қолданылады. Қазіргі кезде ғалымдар жүзім сүйегінің қатерлі ісіктерге қарсы ем болатынын дәлелдеуде.Жүзімнен шырын, компот, тосап, мармелад жасайды. Жүзім шарап өндіруде кеңінен қолданады. Ал шарап жасаудан кейінгі қалдықтардан сірке қышқылы, этил спирті, эфир майы шығарылады. Сонымен қатар жүзімді кептіріп, мейіз жасайды. ## Жүзім туралы тақпақ Өседі екен топтанып, Өседі екен шоқтанып. Жүр оңтүстік қазағы Жүзімімен мақтанып. Депті жүзім бұрында: «Ексең жетем Қырымға. Эфир майы, Сірке су, Жүзім - мейіз, шырын да ## Жүзім өсетін өңірлер Жүзім өсіру біздің заманымызға дейінгі 5 мың жылдықта басталған. Көп өсірілетін аймағы негізінен – Кіші Азия. Жүзімнің шамамен он мыңдай түрі кездеседі. Піскен жүзімнің 100 грамында 154 грамм карбондық гидрат, 1 грамм протеин, 1 грамм май, 21 грамм фосфор, 0,6 мг темір, аз-аздан болса да басқа да элементтер, түрлі дәрумендер, су кездеседі. 100 грамында 60 калория бар. ## Жүзім құрамы Жүзім құрамындағы дәру-мендер миға өте пайдалы. Түстен кейін қос уыс жүзім немесе жүзімнің бір кесе таза сығынды шырынын ішу денеге де, ми жасушаларына да өте пайдалы. Калория тұрғысынан 1 келі жүзім, 1,150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 грамм нан және 1,200 грамм картопқа тең деп саналады. Бұған қоса, емдік қасиеті бар амин қышқылы, А және В дәрумені (В1, В2), калий, магний, кальций, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтері де жүзімнің құрамында кездеседі. Жүзім адамның иммунитетін күшейтеді, жүйкені тыныштандырып, терінің түлеуін арттыра түседі. Ол – сондай-ақ аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуда таптырмайтын жеміс. Жүзімнің құрамындағы табиғи фруктоза денедегі жұмсалатын қуаттың аз уақытта қайта қалпына келуін қамтамасыз етеді. Шырынындағы биофлавонойдтары арқылы С дәрyменінің белсенділігін арттырады. Жүзім қасиетінің Құранда айтылуы да тегін болмаса керек. Неге десеңіз, қандағы оттегін жүргізетін гемоглабин синтезіне қажетті темір мен бүйректердің жұмыс істеуі және жүрек соғысының реттелуінде жұмсалатын калий онда өте көп кездеседі. Дәрумендер мен минералдарға қоса, жүзімде жүйке жасушалары үшін қажетті 15 түрлі амин қышқылдары бар. Тіпті, барлық тіршілік иелерінде 20 шақты амин қышқылдары кездесетіндігін ескерсек, жүзі-мнің тамақ мәзірінде алар орнын ұғына түскендейміз. Қоректің ыдырауы нәтижесінде пайда болған немесе темекі, ішімдік, ауаның ластығы секілді зиянды қалдықтар капиляр тамырлардың қа-бырғаларын зақымдайды. Мұндай зақымдануға қарсы жүзімде кездесетін кейбір күшті антиоксидандар (еркін радикалдардың әсерін жоятын заттар) төменгі тығыздықтағы зиянды липопротейндердің (LDL) капилляр тамырларда түзілуіне бөгет келтіретін қасиетке ие. Осы тақырыпқа қатысты бір зерттеуде ірілеу қара жүзімнен жасалған жеміс шырыны берілген кісілерде LDL холестеролдың тотығуға ұшырамағандығы анықталған. Зертеушлілер егер көп уақыт ішілсе, жүзім шырынының LDL-ге деген әсерінің анағұрлым көбірек болатындығын аңғарған.Жүзім құрамындағы магний адам денесіне де, мидың да тынығуына да ерекше әсер етеді. Ол бауыр аурулары, анемия делінетін қан азаюды емдеуде көп қолданылумен қатар, құрамындағы жеміс қышқылдары (тартарик, малик, суксиник, фумарик, пирувик, гликолик қышқылдары) бүйрек пен ішек жүйесінің жұмысын реттеуде, қанның тазаруы мен майдың еруіне де көмектеседі. Дененің вирустарға қарсы тұруын да күшейтеді.Жоғары калориялы болуымен қатар құрамында өте аз мөлшерде май мен протеин болғандықтан жүзім өте тамаша қорекке жатады. Құрғақ жүзімде су аз болатындықтан оның калориясы өте жоғары, әрі темір мен кальцийге өте бай.Жүзім қатерлі ісіктен (рак) қорғау ерекшелігіне ие. Клетка іші молекулаларда ісік пайда болуына апаратын еркін радикалдар шабуылдап, тойтару – жүзімге берілген таңғажайып қасиет. Яғни, ол қатерлі ісік ауруының алдын алады. Екінші жағынан, жүзімнің құрамындағы ең маңызды зат-тардың бірі ресвератролдің де ракқа қарсы әсер ету күші бар екендігі 1985 жылы Жапонияда жүргізілген зерттеу еңбектерінде де анықталған болатын. Бұл зат өсімдіктер тарапынан өндірілетін фитоалексин тобына жатады. ## Жүзім пайдасы Жүзім өсіру біздің зама-нымызға дейінгі 5 мың жылдықта басталған. Көп өсі-рілетін аймағы негізінен – Кіші Азия. Жүзімнің шамамен он мыңдай түрі кездеседі. Піскен жүзімнің 100 грамында 154 грамм карбондық гидрат, 1 грамм протеин, 1 грамм май, 21 грамм фосфор, 0,6 мг темір, аз-аздан болса да басқа да элементтер, түрлі дәрумендер, су кездеседі. 100 грамында 60 калория бар. Жүзім құрамындағы дәру-мендер миға өте пайдалы. Түстен кейін қос уыс жүзім немесе жүзімнің бір кесе таза сығынды шырынын ішу денеге де, ми жасушаларына да өте пайдалы. Калория тұрғысынан 1 келі жүзім, 1,150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 грамм нан және 1,200 грамм картопқа тең деп саналады. Бұған қоса, емдік қасиеті бар амин қышқылы, А және В дәрумені (В1, В2), калий, магний, кальций, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтері де жүзімнің құрамында кездеседі. Жүзім адамның иммунитетін күшейтеді, жүйкені тыныштандырып, терінің түлеуін арттыра түседі. Ол – сондай-ақ аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуда таптырмайтын жеміс. Жүзімнің құрамындағы табиғи фруктоза денедегі жұмсалатын қуаттың аз уақытта қайта қалпына келуін қамтамасыз етеді. Шырынындағы биофлавонойдтары арқылы С дәру-менінің белсенділігін арттырады. Жүзім қасиетінің Құранда айтылуы да тегін болмаса керек. Неге десеңіз, қандағы оттегін жүргізетін гемоглабин синтезіне қажетті темір мен бүйректердің жұмыс істеуі және жүрек соғысының реттелуінде жұмсалатын калий онда өте көп кездеседі. Дәрумендер мен мине-ралдарға қоса, жүзімде жүйке жасушалары үшін қажетті 15 түрлі амин қышқылдары бар. Тіпті, барлық тіршілік иелерінде 20 шақты амин қышқылдары кездесетіндігін ескерсек, жүзі-мнің тамақ мәзірінде алар орнын ұғына түскендейміз. Қоректің ыдырауы нәтижесінде пайда болған немесе темекі, ішімдік, ауаның ластығы секілді зиянды қалдықтар капиляр тамырлардың қа-бырғаларын зақымдайды. Мұндай зақымдануға қарсы жүзімде кездесетін кейбір күшті антиоксидандар (еркін радикалдардың әсерін жоятын заттар) төменгі тығыздықтағы зиянды липопротейндердің (LDL) капилляр тамырларда түзілуіне бөгет келтіретін қасиетке ие. Осы тақырыпқа қатысты бір зерттеуде ірілеу қара жүзімнен жасалған жеміс шырыны берілген кісілерде LDL холестеролдың тотығуға ұшырамағандығы анықталған. Зертеушлілер егер көп уақыт ішілсе, жүзім шырынының LDL-ге деген әсерінің анағұрлым көбірек болатындығын аңғарған.Жүзім құрамындағы магний адам денесіне де, мидың да тынығуына да ерекше әсер етеді. Ол бауыр аурулары, анемия делінетін қан азаюды емдеуде көп қолданылумен қатар, құрамындағы жеміс қышқылдары (тартарик, малик, суксиник, фумарик, пирувик, гликолик қышқылдары) бүйрек пен ішек жүйесінің жұмысын реттеуде, қанның тазаруы мен майдың еруіне де көмектеседі. Дененің вирустарға қарсы тұруын да күшейтеді. Жоғары калориялы болуымен қатар құрамында өте аз мөлшерде май мен протеин болғандықтан жүзім өте тамаша қорекке жатады. Құрғақ жүзімде су аз болатындықтан оның калориясы өте жоғары, әрі темір мен кальцийге өте бай. Жүзім қатерлі ісіктен (рак) қорғау ерекшелігіне ие. Клетка іші молекулаларда ісік пайда болуына апаратын еркін радикалдар шабуылдап, тойтару – жүзімге берілген таңғажайып қасиет. Яғни, ол қатерлі ісік ауруының алдын алады. Екінші жағынан, жүзімнің құрамындағы ең маңызды зат-тардың бірі ресвератролдің де ракқа қарсы әсер ету күші бар екендігі 1985 жылы Жапонияда жүргізілген зерттеу еңбектерінде де анықталған болатын. Бұл зат өсімдіктер тарапынан өндірілетін фитоалексин тобына жатады.Ресвератроль – жануарлар тарапынан өсімдіктер желінген кезде ауру тудыратын факторлардан немесе өте күшті ультрокүлгін сәулелерден өсім-дікті қорғау үшін синтезделетін зат. Ресвератроль жер жаңғақ, тұт секілді жетпіс шақты өсімдік түрлерінде, сондай-ақ негізінен ең көп мөлшерде жүзімде кездесетіндігі анықталған. Ресвератроль көбінесе қызыл-қара жүзімдердің қабықтарында болады. Сол себепті жүзім жегенде, оның қабығын қоса жеген дұрыс.АҚШ-та жүргізілген бір зерттеуде ісігі бар тышқандарға төрт айдан аса апта сайын екі рет 1-5-10 немесе 25 микрограмм ресвератроль берген зерттеушілер ресвератроль берілмеген тышқандарға қарағанда берілгендерде ісіктің өте тез қайтқандығын байқаған.Жүргізілген тағы бір зерттеуде американдық ғалымдар қара жүзім шырынының жүрек ауруларына қарсы анти-кансерогендік ықпалы барлы-ғын растаған. Қара жүзім шырынының қан бөгелуіне де қарсы ықпалы барлығы анықталған. Джорджтоун университеті ғалымдарының бірі др. Жан Е. Фридман екі апта бойы жиырма адамға күніге екі кеседен күлгін жүзім шырынын берген. Нәтижесінде қандағы Е дәрумені 13 пайызға, қан плазмасының жалпы антикансероген мөлшері 50 пайызға артқан. Бұған қоса, тексеруге алынғандарда қандағы бөгелменің яғни варикоз ауруының анағұрлым реттелгендігі анықталған. ## Жүзімді сақтау Сақтауға негізінен табиғи жағдайда өскен жүзімдерді таңдаған жөн. Жүзімнің ең жақсысы ұстағанда қатқылдауы, реңі ашықтары. Жасыл түстегі жүзім алынса, сәл сарғыштауын, қара жүзім алынса, қою түстісін таңдаған жөн. Жүзімді мүмкіндігінше сыртқы тозаңымен сақтай білген дұрыс. Сабағының құрғап қалғандығы – жүзімнің үзілгеніне біраз уақыт болғанын көрсетеді. Тез үзіле қоймауы жүзімнің сапасын білдіреді. Бір тал жүзімнің шіри бастауы тұтастай бір шоқ жүзімнің шіруіне алып келеді. Жүзімді сатып алғаннан кейін көп уақыт ұстамаған жөн. Жүзім міндетті түрде суық жерде сақталуы тиіс. Бөлменің жылылығы жүзімді тез солдырады. Жүзім тоңазытқышта бір-екі күн бойы бұзылмастан сақталып тұра береді. Тоңазытқыштан алынған жүзімді бір сағаттан кейін жесе, дәмі анағұрлым тәтті болады. Жүзім тез ферментацияға ұшырайтындықтан оны дереу тамақтан кейін жеген дұрыс емес. Басқа да жеміс шырындары секілді жүзім шырыны да сығылғаннан кейінгі жарты сағат ішінде іщілгені жөн. Адам денсаулығына пайдалы дәрумендер жүзімнің дәнегінде де болатындықтан, оның да шайналып желінгені дұрыс. Қай жағынан алсақ та, шипалық қасиеті мол жүзімнің бізге Жаратушыдан нәсіп етілгеніне шүкір еткеніміз жөн. «Био Нан» ЖШС жүзім көшеттерін отырғызуымен айналысады. Аталмыш ша-руашылық бір ғана Алматы облысының өзінде 20 мың гектар жерге жүз мыңға жуық көшеттерін отырғызып баптауда. Онда негізінен арнайы Франциядан әкелінген Мерлот, Каберне Совиньон, Каберне франк және Брокколь сынды жүзім сорттары өсірілуде. Мамандардың айтуынша, бұла-рдың отандық сорттардан айырмашылығы – 150 жыл өмір сүреді және өнімді әлдеқайда көп береді.1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 10,7 мың гектар жерде жүзім алқабы болған болса, 1990 жылы 6,62 мың гектарға, 2000 жылы 5,7 мың гектарға, 2004 жылы 3,9 мың гектарға дейін кеміп кеткен. Ал, 1980 жылы облыс бойынша 125,2 мың тонна жүзім өндірілсе, 2004 жылы 31,3 мың тонна ғана жүзім өндірілген. ## Ресвератрол Ресвератрол – жануарлар тарапынан өсімдіктер желінген кезде ауру тудыратын факторлардан немесе өте күшті ультрокүлгін сәулелерден өсімдікті қорғау үшін синтезделетін зат. Ресвератроль жер жаңғақ, тұт секілді жетпіс шақты өсімдік түрлерінде, сондай-ақ негізінен ең көп мөлшерде жүзімде кездесетіндігі анықталған. Ресвератроль көбінесе қызыл-қара жүзімдердің қабықтарында болады. Сол себепті жүзім жегенде, оның қабығын қоса жеген дұрыс.АҚШ-та жүргізілген бір зерттеуде ісігі бар тышқандарға төрт айдан аса апта сайын екі рет 1-5-10 немесе 25 микрограмм ресвератроль берген зерттеушілер ресвератроль берілмеген тышқандарға қарағанда берілгендерде ісіктің өте тез қайтқандығын байқаған.Жүргізілген тағы бір зерттеуде американдық ғалымдар қара жүзім шырынының жүрек ауруларына қарсы антикансерогендік ықпалы барлығын растаған. Қара жүзім шырынының қан бөгелуіне де қарсы ықпалы барлығы анықталған. Джорджтоун университеті ғалымдарының бірі др. Жан Е. Фридман екі апта бойы жиырма адамға күніге екі кеседен күлгін жүзім шырынын берген. Нәтижесінде қандағы Е дәрумені 13 пайызға, қан плазмасының жалпы антикансероген мөлшері 50 пайызға артқан. Бұған қоса, тексеруге алынғандарда қандағы бөгелменің яғни варикоз ауруының анағұрлым реттелгендігі анықталған. ## Жүзімді сақтау Сақтауға негізінен табиғи жағдайда өскен жүзімдерді таңдаған жөн. Жүзімнің ең жақсысы ұстағанда қатқылдауы, реңі ашықтары. Жасыл түстегі жүзім алынса, сәл сарғыштауын, қара жүзім алынса, қою түстісін таңдаған жөн. Жүзімді мүмкіндігінше сыртқы тозаңымен сақтай білген дұрыс. Сабағының құрғап қалғандығы – жүзімнің үзілгеніне біраз уақыт болғанын көрсетеді. Тез үзіле қоймауы жүзімнің сапасын білдіреді. Бір тал жүзімнің шіри бастауы тұтастай бір шоқ жүзімнің шіруіне алып келеді. Жүзімді сатып алғаннан кейін көп уақыт ұстамаған жөн. Жүзім міндетті түрде суық жерде сақталуы тиіс. Бөлменің жылылығы жүзімді тез солдырады. Жүзім тоңазытқышта бір-екі күн бойы бұзылмастан сақталып тұра береді. Тоңазытқыштан алынған жүзімді бір сағаттан кейін жесе, дәмі анағұрлым тәтті болады.Жүзім тез ферментацияға ұшырайтындықтан оны дереу тамақтан кейін жеген дұрыс емес. Басқа да жеміс шырындары секілді жүзім шырыны да сығылғаннан кейінгі жарты сағат ішінде ішілгені жөн. Адам денсаулығына пайдалы дәрумендер жүзімнің дәнегінде де болатындықтан, оның да шайналып желінгені дұрыс.Қай жағынан алсақ та, шипалық қасиеті мол жүзімнің бізге Жаратушыдан нәсіп етілгеніне шүкір еткеніміз жөн. «Био Нан» ЖШС жүзім көшеттерін отырғызуымен айналысады. Аталмыш ша-руашылық бір ғана Алматы облысының өзінде 20 мың гектар жерге жүз мыңға жуық көшеттерін отырғызып баптауда. Онда негізінен арнайы Франциядан әкелінген Мерлот, Каберне Совиньон, Каберне франк және Брокколь сынды жүзім сорттары өсірілуде. Мамандардың айтуынша, бұла-рдың отандық сорттардан айырмашылығы – 150 жыл өмір сүреді және өнімді әлдеқайда көп береді.1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 10,7 мың гектар жерде жүзім алқабы болған болса, 1990 жылы 6,62 мың гектарға, 2000 жылы 5,7 мың гектарға, 2004 жылы 3,9 мың гектарға дейін кеміп кеткен. Ал, 1980 жылы облыс бойынша 125,2 мың тонна жүзім өндірілсе, 2004 жылы 31,3 мың тонна ғана жүзім өндірілген. ## Тағы қараңыз * Жүзім қанты * Жүзім шараптары * Жүзім шаруашылығы * Фруктоза * Глюкоза * Зат алмасу * Ресвератрол * Ампелография * Дәрумендер * Шарап ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жемістер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8
Жұпарбас (лат. Anthoxanthum) – астық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуразия мен Африкада кездесетін 20-ға жуық түрі белгілі. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей Алатауларында, Алтай және Тарбағатай тауларында өсетін 2 түрі бар: кәдімгі Жұпарбас (A. odoratum) – биіктігі 10 – 50 см және альпілік Жұпарбас (A. alpіnum) – биіктігі 7 – 30 см. Бұлардың сабақтары жіңішке, жылтыр. Ұзын жапырақтарының сыртын жұмсақ түк басқан. Сары, жасыл гүлдері бір-бірімен қабысып өседі. Гүлдеген кезде жан-жағына жайылып, масақ гүлшоғырын құрайды. Масағында жеміс беретін бір ғана гүлі болады. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – дәнек. Жұпарбастың құрамында кумарин болғандықтан, айналасына жағымды иіс таратады. Құнарлы мал азығы. Жұпарбастың суға тұндырылған тұнбасы тыныс тарылғанда, өкпе туберкулезіне қарсы емдік мақсатта пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жыланды – Есіл алабында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Димитровка ауылынан батысқа қарай 9 км жерде, Балықты көлінің оңтүстік-батысында орналасқан. Теңіз деңгейінен 134 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 8 км2, ұзындығы 3,8 км, енді жері 3,3 км, жағалау бойының ұзындығы 12,3 км. Көлге Басқарасу жылғасы келіп құяды. Жағалауы тегіс, аз тілімденген. Қарашаның басында суы қатып, сәуірдің аяғында ериді. Суы тұщы. Мал және егін шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жыланды – Аягөз алабындағы өзен. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Көшкентал ауылының оңтүстігіндегі бұлақтардан алып, Аягөз өзенінің саласы – Таңсық өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 27 км. Шағын 54 саласы бар. Өзеннің орта арнасының жағалауы тіктеу, Таңсық өзенінің сағасында жайпақ келген. Көктемгі еріген қар және жауын-шашын кезінде сағасында жайылма пайда болады. Жаз айларында құрғап, қарасуларға бөлініп қалады. Жайылмасы шабындыққа және мал жайылымына пайдаланылады. Өзен бойында кішігірім бөген бар.‎ ## Дереккөздер
ЖЫЛАНДЫ– Шыңғырлау өз. алабында орналасқан тоған. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Тіксай а-ның шығысында 15 км жерде, теңіз деңгейінен 230 м биіктікте жатыр. Ұзындығы 2 км, ені 1,8 км. Оңт.-шығысы жарлы келеді. Шыңғырлау өз. бөлініп шығатын тармақтармен толысып тұрады. Суы қарашада қатып, сәуірде ериді. Шығысында Қарасу қыстауы бар. Мал ш-на пайдаланылады.‎
Жыланды – Тарбағатай жотасының солтүстігінде, Базар өзенінің аңғарындағы тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 1527 м. Оңтүстіктен солтүстікке қарай 4 км-ге созыла орналасқан, енді жері 2 км. ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың шөгінді тақтатас, әктастарынан, девонның құмтасты шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Өсімдік және жануарлар дүниесі жағынан Тарбағатайға ұқсас. Етегіндегі шөлейтте жусан, бетеге, тауаралық аңғарда тау шалғыны, тобылғы өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Жыланды – Тоқырау өзенінің жағалауына орналасқан тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының солтүстік-батысында, Ақтоғай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 км жерде. ## Жер бедері, өсімдігі Абсолютiк биіктігі 1156 м. Жылан көп болғандықтан Жыланды деп аталған. Шығыс бөлігінде бұталы өсімдіктер өседі. Солтүстік және оңтүстік етегінде бұлақтар бар.‎ ## Дереккөздер
Жылан артезиан алабы– Солтүстік Арал маңы құрылымдар жүйесіне кіретін Жылан мегасинклиналінде орналасқан. Қызылорда облысы Арал ауданы жерінде. 1940 жылы анықталды. Ұзындығы 230 км-ге, ені 60 км-ге дейін жетеді. Арынды су палеоген мен бор шөгінділеріндегі құм қабаттарында. Бұл құмдардың жиынтық қалыңдығы палеогенде 5 – 10 м-ден 75 – 125 м-ге дейін, жоғарғы борда 30 – 50 м, альб-сеноман горизонттарында 30 м-ге дейінгі шамада. Жер асты суларының жатыс тереңдігі осы ретпен тиісінше 20 – 170, 50 – 400 және 60 – 600 м. Арал маңында бұрғыланған ұңғымалардан су өздігінен шығады және арын биіктігі 10 – 15 м-ге, шығымы тәулігіне 100 – 405 м3-ге дейін жетеді. Судың химиялық құрамы хлоридті-сульфатты натрийліден хлоридті натрийліге дейін ауытқиды. Тұщы және сәл тұзды (0,8 – 3 г/л) сулардың ғасырлық қоры 40 млрд. м3 шамасында, жыл сайын орны толатын қоры 30 млн. м3, жылына 100 млн. м3 суды пайдалануға болады. ## Дереккөздер
ЖЫЛАНДЫ– Имантау және Зеренді тауларының аралығындағы жота. Ақмола облысы Зеренді ауданы Айдабол а-ның солт.-батысында 23 км-ге созылған, енді жері 5 км. Жота бірнеше ұсақ шоқылардан құралған. Оңт. беткейі тік жарқабақты келген. Солт.-батысынан Шағалалы өз-нің салалары бастау алады. Жер қыртысы палеозойға дейінгі гнейс, мәрмәр және кристалды тақтатастан, сондай-ақ девон және тас көмір кезеңдерінің шөгінділерінен түзілген. Етегіндегі күңгірт қоңыр топырақ жамылғысында қараған, тобылғы бұталары, қызғылт селеу, бетеге, сәбізшөп, жусан, т.б. өседі. Мал жайылымына пайдаланылады.‎
Жыланды – Сор көлінің оңтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Павлодар облысы Баянауыл ауданы Керегетас қонысының оңтүстік-батысында 2 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 584 км. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 2,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Беткейлері жайпақтау, оқшауланған тау массиві. ## Геологиялық орны Жоғарғы кембрий кезеңінің шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт топырақ жамылғысында жусан, боз, селеу, бетеге, бұталы өсімдіктер өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
ЖЫЛАНДЫ– Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Аягөз қ-нан шығысқа қарай 17 км жерде, Берікқара тауының солт.-батысында орналасқан қыстау. Жер бедері сайлы-жыралы келген. Қыстау жанынан Қарағанды өз-нің бірнеше салалары бастау алады. Ж-ның маңында Ханкелді, Сарышоқы қыстаулары орналасқан.‎
Жыланды – Ақмола облысы Жақсы ауданының оңтүстік-батысындағы тау. Есіл өзенінің оң аңғарынан 8 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 358 м. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан. Ұзындығы 8 км-ге жуық, енді жері 3 км-дей. Салыстырмалы биіктігі 33 м. Беткейлері тіктеу келген сай-жыралармен тілімденген. Шығысында тас қиыршықтары кездеседі. Оңтүстігі мен шығысында шағын тоғандар салынған. Таудың оңтүстік-шығысын бойлай автомобиль жолы өтеді.‎ ## Өсімдігі Өсімдік жамылғысы негізінен бетеге, көкпек, баялыш, ши, селеуден тұрады. ## Дереккөздер
Жыландышалқар – Нұра өзені алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Қорғалжын ауданында орналасқан ағынды көл. Шишалқар, Ұялышалқар, Жәнібекшалқар көлдерінің аралығында, теңіз деңгейінен 328 м биіктікте. Қорғалжын ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 26 км жерде. ## Гидрографикасы Аумағы 15,8 км2. Ұзындығы 5,1 км, енді жері 4,8 км, жағалау бойының ұзындығы 16,6 км. Нұра өзені солтүстігінен құйып, батысынан ағып шығады. Сәуірде мұзы ериді. Жағалауында қамыс құрақтары өседі. Суы тұщы. Мал шаруашылығына және тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылады. Батысында Ұялы ауылы орналасқан. ## Дереккөздер
Жыландысай – Шалқар көлі алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы жерімен ағып өтеді. ## Бастауы Мұғалжар тауының оңтүстігіндегі Шағырай үстіртінің солтүстік-шығысынан басталып, Берденсор көлінің тұсындағы сорға сіңіп кетеді. ## Гидрографикасы Ұзындығы 104 км, су жиналатын алабы 2740 км2. Арнасы көбіне жайпақ келеді. Көктемде еріген қар суымен толығып, жазда тартылып қалады. Жыландысайдың алабы – күзгі және көктемгі мал жайылымы. ## Дереккөздер
Жыландытөбе – Ұлытау облысы Ұлытау ауданында орналасқан төбе. Қумола және Дүйсембай өзендерінің қосылған жерінен оңтүстікке қарай 23 км жерде. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 375 м. Оңтүстігінде 372 м болатын Көктөбе тауы орналасқан. Оңтүстіктен солтүстікке қарай 4 км-ге созылып жатыр, ені 2 км. Оңтүстігінде Байжаннұра қонысына ұласады. Беткейлері көлбеу. Маңайында Ақшеңгел, Қарақұдық құдықтары бар. Етегі мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Жыландытау – Торғай үстіртінің орта тұсында орналасқан үстіртті тау жұрнағы. ## Географиялық орны Қостанай облысы Науырзым ауданы жерінде орналасқан. Таудың батысында Қарғалытау, шығысында Қызбелтау төрткілді қыраты қоршап жатыр. Оңтүстігінде 30 км жерде Сарықопа көлі орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биікігі 262 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км-ге созылған. Жер бедері Торғай қолатына қарай тік беткейі көлбеуленіп жазыққа ұласады. Таудың етегінде бұлақтар жиі кездеседі. Бұл жерден Теке өзені бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы миоцен дәуірінің саздарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңды қоңыр және шалғынды қоңыр топырағында көкпек, қара жусан, бұйырғын тәрізді өсімдіктер өскен. Жыландытау – жазғы және күзгі жайылым. ## Дереккөздер
Жыланжегіш аллолобофора – буылтық құрттар типі, люмбрикоморфа отряды, люмбрицидтер тұқымдасына жататын жауын құртының бір түрі. Қазақстанда Талас Алатауының долана өскен тоғайларындағы топырақ жамылғысында кездеседі. Дене тұрқы 135 – 195 мм, буылтықтарының саны 200 – 250 м-ге дейін жетеді. Қылтандары екі-екіден жұптасқан. Түсі негізінен қоңыр болып келеді. Топырақ бетіндегі ағаштан түскен жапырақтармен қоректенеді. Негізінен көктемде көбейеді, егер қолайлы жағдай болса, күзде де көбейе береді. Жыланжегіш аллолобофораның тіршілігі аз зерттелген, өте сирек кездесетін реликт түр. Ақсу-Жабағылы қорығында (Талдыбұлақ және Жетімсай) қорғалады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жылантамыр (лат. Epipactis) – сүйсіндер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда далалық, таулы аймақтардың ылғалы мол жерлерінде, батпақты шалғындарында, өзен жағалауларында, орман және бұталар арасында кездесетін 2 түрі (айылжапырақты жылантамыр, батпақ жылантамыры) бар. Бұлардың биіктігі 20 – 80 см, қысқа шашақ тамырлы өсімдік. Сабақтары қырлы, тықыр, жоғ. жағы аздап түкті. Жапырақтары дөңгелек, ұзынша, өркенге кезектесіп орналасқан. Гүлдері шашыраңқы шашақ гүлшоғырына топталған. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жыланды (Керегетас) – Есіл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақмола облысы Сандықтау және Атбасар аудандары жерімен ағып өтеді. ## Бастауы Бастауын Көкшетау қыратындағы Жыланды тауының оңтүстігінен алып, Атбасар қаласының солтүстік-шығысындағы Жабай өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 140 км, су жиналатын алабы 3650 км². Өзеннің аңғары тар. Әрқайсысының ұзындығы 50 км-ден аспайтын 9 саласы бар. Ірілері: Құттың көзі, Жекебұлақ. Жылдық орташа су ағыны Новосельское ауыл тұсында 0,68 м³/с. Өзенде аққайран, шортан, мөңке, т.б. тіршілік етеді. Өзен суы шаруашылыққа пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жылантіл (Ophіoglossum) – жылантілдер тұқымдасына жататын көп жылдық қырыққұлақ туысы. Жер шарында кең тараған, әсіресе, тропиктік аймақтарда кездесетін 45-ке жуық түрі белгілі. Қазақстанда ылғалы мол батпақты шалғындарда, өзен-көл жағалауларында өсетін 1 түрі – кәдімгі Жылантіл (О. vulgatum) бар. Биіктіңгі 5 – 20 см, тамыр сабағы қысқа, сабағы жер астынан шығады. Жапырағы 1 сирек 2, ұзынша, шанышқы сияқты бөлінген. Спорангийлері екі қатарлы, гаметофиттері көбінесе цилиндр тәрізді, хлорофилсіз, жер астында болады. Жылантілдің гаметофиті мен тамырына эндотрофты микориза (саңырауқұлақтар жіпшумағымен селбесіп, иесінің организмінде тіршілік етуі) тән. Жылантілдің тамырында вегетативті көбеюге қажетті бүршіктер жетіледі. Шілде – тамыз айларында споралары піседі. Жылантілдер өте баяу өседі, қоңыржай аймақтарда өсетін түрлерінде 1 жылда 1 жапырағы өсіп шығады. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жыланшықеспе – Солтүстік Балқаш алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 58 км, су жиналатын алабы 743 км². ## Бастауы Қызылтас тауының оңтүстігіндегі бұлақтардан басталып, Шөладыр тауының оңтүстігінде 20 км-дей жерде тартылып қалады. ## Гидрологиясы Жыланшықеспеде көктемде қар ерігенде 10 – 15 күндей ғана су ағады. Суы мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жыланшықтүрме – Торғай төрткілді үстіртінің шығысын алып жатқан таулы қырат. ## Географиялық орны Қостанай облысының Амангелді және Ұлытау облысының Ұлытау аудандары жерінде орналасқан. Шығыс етегі Ұлытауға ұласады. ## Жер бедері Қараторғай және Ұлы Жыланшық өзендері аралығында жатқан Жыланшықтүрме солтүстіктен оңтүстікке қарай 150 км-ге созылған, енді жері 40 км, абсолюттік биіктігі 340 м (оңтүстік бөлігінде). Қараторғай және Ұлы Жыланшық өзендерінің жоғарғы суайрығы саналатын қыраттың беткі бедері эрозиялық қолаттармен тілімденіп, өзенаралық еңкішті-жонды жазық болып келген. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысы неоген кезеңінің саз, алеврит және құмдақтарынан түзілген. ## Климаты Климаты шөлдік континенттік, қысы суық, жазы ыстық. Қаңтар айының орташа температурасы –16°С, шілдеде 22°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 мм. ## Топырағы, өсімдігі Жер бедеріне бозғылт қоңыр және сортаңдау топырақты қуаң дала тән. Онда астық тұқымдас және жусан, қылқан боз өсімдіктер қауымдастығы қалыптасқан. Суайрықтар және жондардың беткейлері мен етегінде Лерх жусаны, сарепта бозы, қылқан боз, бетеге, ойпаң жерлерінде қара жусан, бұйырғын, көкпек, ши, айрауық өскен. Жыланшықтүрме көктемгі және күзгі жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
ЖЫЛЖЫМАЛЫ ҚҰМДАРДЫ БЕКІТУ– желілік (көлік жолдарын, каналдарды, құбырларды) және аудандық (құрылыстарды, ауылдарды, егіс алқаптарын, т.б.) шаруашылық нысандарды жылжымалы кұмдардың басуына қарсы күресу шаралары. Тропиктерден тыс шөлдердің жағдайында фитомелиорациялау – жергілікті өсімдіктермен ормандандыру арқылы, ал экстрааридтік шөлдерде – әр түрлі механикалық тәсілдер қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда Жылжымалы қумдарды бекіту 2002 – 2007 жылдары Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Сенек аулын қорғау мақсатында жүзеге асырылды. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
ЖЫЛҚЫБАС– Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы қыстау. Бақасу ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жерде, Үйдене өзенінің жағалауында орналасқан. Жылқыбастың алқабын мал қыстатуға, шабындыққа және мал жайылымына пайдаланады. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"
Жылқышытөбе– Қызылорда облысы Қазалы ауданында орналасқан төбе. Кәукей ауылынан шығысқа қарай 45 км жерде. Абсалют биіктігі 88 м. Солтүстігінде Жуанқұм құмы жатыр. Қуаңдария бойындағы төбе. Құм шағылдар мен құм қырқаларының аралығында орналасқан. Шығысында Моншақ, Ескекқора қыстаулары, Қараөзен, Бидайастық артезиан құдықтары орналасқан. Етегінде сексеуіл шоғырлары, қарабарақ, жыңғыл өседі. ## Дереккөздер "Қазақ Энциклопедиясы"