text
stringlengths
3
252k
Жартас минералды суы, Қарағанды облысы Абай ауданы жерінде орналасқан. Әктас пен алевролит жыныстарынан түзілген. Қарағанды синклиналінің оңтүстік шетіне ұштасып жатыр. Жартас минералды суы көбіне сульфатты-хлоридті натрийлі, минералдығы 3,8 г/л, тәуліктік қоры 30 м3 шамасында бағаланған. «Жартас» санаторийінің гидроминералдық базасы ретінде ұсынылған. ## Дереккөздер
ЖАРТАС СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ, Қарағанды облысы Абай ауданы жерінде. 1945 жылы пайдалануға берілген. Сол жағалық және оң жағалық жүйелерден тұрады. Су Жартас бөгенінен келеді. Шерубайнұра бөгені мен Ертіс-Қарағанды каналы арқылы толығады. Жартас суландыру жүйесі суғарылатын егістіктерде картоп, көкөніс, мал азығы дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді. Магистральдық бас каналдың ұзындығы 10,7 км, оның 8,3 км-і темір-бетон плиталардан жасалған. ## Дереккөздер
Жартасшөп ((лат. Sergia ) – қоңыраугүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратау және Батыс Тянь-Шаньның құрғақ құздары мен тау жарықшақтарында өсетін 1 түрі – Северцов жартасшөбі (S. Severzovіі) бар. Биіктігі 10 – 15 см. тамыры жуан, қатты, жоғары қарай тарамдалған, шар тәрізді бұдырлы. Сабақтары жіңішке, бұтақты, ирелеңдеп иіліп келген. Жапырақтарының мөлшері бірдей ұзынша қандауыр тәрізді, жиектері аздап тілімденген. Гүлдері ұсақ, көк түсті, жіңішке, қысқа гүл тұғырына орналасқан. Олар ұсақ гүлді сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі — домалақ, бұдырлы қорапша. Северцов жарташөбі – Қаратаудың эндемик өсімдігі болып саналады. ## Түрлері * Sergia regelii (Trautv.) Fed. in V.L.Komarov – Тәжікстан * Sergia sewerzowii (Regel) Fed. in V.L.Komarov – Қазақстан ## Дереккөздер
Жарсор – Павлодар облысы Ақсу қалалық әкімдігі аумағындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Шідерті кентінің оңтүстік-шығысында 22 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 13 км2, ұзындығы 5 км, енді жері 3 км. Оңтүстік жағасы жайпақ, басқа жағы тік жарлы болып келеді. Суы тұзды. Жағалауы сортаң. ## Дереккөздер
Жарын, париетерая (Parіetarіa) – қалақайлар тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, тастақты, жартасты жерлерінде, көлеңкелі, ылғалды жерлерде, сай-сала жағалауларында өсетін 4 түрі (сырдария жарыны, ұсақгүлді жарын, серб жарыны, иудей жарыны) бар. Олардың биіктігі 5 – 50 см, сабақтары түзу кейде бұтақты. Жапырақтары қандауыр немесе жұмыртқа тәрізді. Гүлдері әр түрлі: дара немесе аралас жынысты гүлшоғырлары жапырақ қолтығынан шоқтанып шығады; қос жынысты гүлдерінің гүлсерігі төрт бөлікті, түбі біріккен. Аталығы 4, үрме тозаңды, аналық гүлінің гүлсерігі түтікті, жоғарғы жағы төрт тісті. Сәуірден тамыз айларына дейін гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – домалақ жаңғақша. Сырдария жарыны Қаратаудың эндемі болып саналады. ## Дереккөздер
ЖАРЫНҚҰДЫҚ – Сам құмының батысы мен оңтүстігінде жатқан сор. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында. Ендік бағытта созылып жатқан сордың ұзындығы 110 км, енді жері шығысында (12 км). Батыс бөлігінің жағалауы ашық, жайпақ. Сам құмымен шектесетін бөлігінің жағалауы биіктеу келген. Сор жағалауында бұйырғын, баялыш, жусан, күйреуік, солтүстігі мен батысында бұталар өседі. Құмға жақын жерінде Төлеш, Тасқабақ, т.б. қыстаулар орналасқан. Оңтүстік-батысынан мұнай, газ құбырлары және т. ж. өтеді. ## Дереккөздер
Жартас — үгілу процестеріне төзімді, қатты тау жыныстарынан құралған тау сілемінің жеке-дара тұрған биік тасы.. Көлемі мен ені әртүрлі, жалақ бетті тіп-тік биік тас. Қатты тау жыныстарынан тұрады. Жартастар әртүрлі тәсілдермен түзіледі. Кейбіреулері құм мен теңіз қабыршықты қабаттарының нығыздалуынан жасалған. Ал кейбіреулері жанартау көмейінен тау жыныстарының сырқа балқып шығуынан пайда болды. Олар суып, қатаяды. Жартастар қызғаннан, жаншылғаннан өзгереді. ## Дереккөздер
Жартас сәбізшөбі (лат. Silaum saxatilis) – шатыршагүлділер тұқымдасы, сәбізшөп туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Жетісу Алатауында, Шолақ тауындағы Талдысай, Қызылауыз сайларында кездеседі. Биіктігі 30 см, кіндік тамырлы өсімдік. Сабағы жіңішке, орта тұсынан бұтақтана бастайды. Тамырдан шығатын және сабақтың төменгі жағындағы жапырақтардың сағағы ұзын, жіңішке, үш рет қауырсынды тілімденген, ал сабақ бойындағыларының сағақтары қысқа болады. Гүл желектері жасыл, ұшына қарай қызыл түсті келеді. 4 – 6 сәулелі шатырша гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр айында гүлдеп, маусымда жемістенеді. Жемісінің пішіні сопақша, сырты бұдырлы. Жартас сәбізшөбі өте сирек кездесетін эндемик өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жас Гвардия шыңы – Іле Алатауындағы Кіші Алматы сілемінің оңтүстік бөлігіндегі шың. Үлкен Алматы және Талғар өзендері алабын бөліп тұрады. ## Жер бедері Биіктігі 4395 метр, пирамида тәрізді. Шыңның солтүстік-батыс беткейінде Тимофеев, шығыс беткейінде Жас Гвардия мұздықтары жатыр. Шың басына 1944 жылы В.Неаронский мен Б.Шнайдер шыққан. ## Дереккөздер
Жасыбай – Баянауыл тауындағы тау. ## Географиялық орны Павлодар облысы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының оңтүстік-батысында орналасқан тау. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Ең биік жері 1000 м шамасында. Орталық тау шоғырынан жан-жаққа тараған сілемдері – Жанбақты, Торайғыр, Жақсыаула, Жаманаула біртіндеп аласара береді. ## Геологиялық құрылымы Тау силур мен девон кезеңдерінің кристалды гранит, сияенит, порфирит, тақтатас жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Тау басы тік жартасты келген. Тау аралығындағы қазаншұңқырда суы мөлдір Жасыбай, Торайғыр көлдері жатыр. Әсем құзы, алуан бейнелі алып жартастары мен үңгірлері және бұлақтары табиғатқа ерекше көрік береді. ## Өсімдігі Етегінен басына дейін бозтал, балқарағай, ақ қайың орманы өскен. ## Дереккөздер
ЖАСЫЛ БЕЛДЕМ– 1) қала шекарасынан сыртқы аумақта орманды, орманды-саябақ отырғызылған қаланы қорғап, санитарлық-гигиеналық маңыз атқаратын қала халқының демалыс орны; 2) қала айналасында немесе басқа да ірі елді мекен төңіректерінде отырғызылған, сақталған кең аумақты ағашты, бұталы өсімдіктер жамылғысы, жануарлар дүниесі түгел жасыл белдемдер. Олар ортаны ластанудан сақтап, ауаны тазартып, оттекпен байытып, тұрғындардың демалуына жағдай туғызады. ## Дереккөздер
Жауғашты– Қызылқұм құмының солтүстік-шығысындағы құдық. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында. Сырдария өзенінің аңғарында. Тереңдігі 15 м, су шығымы 1080 л/сағ. Тізбекті-ұяшықты төбешіктердің бойында орналасқан. Маңайында Өмірбек құдығы Қызылшалы құдығы, Қараша құдығы, Ақберді құдығы құдықтары орналасқан. Шығысы мен оңтүстігінде көптеген қыстаулар бар. Құдық мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жатық жер – Қоңыртөбе тауының солтүстік-батысындағы қоныс. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында. Сарысу өзенінің аңғарында солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. Оңтүстігінде Ақасық тауы, шығысында Ақкөл, Аққұдық құдықтары бар. Қоныстың орны тегіс тақырлы. Мал жайылымына пайдалануға жарамсыз. ## Дереккөздер
Жарықкөл – Жем алабындағы көл. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы жерінде орналасқан. Талдышоқы тауының солтүстігінде 2,5 км, Құйғанкөл көлінен оңтүстік-батысқа қарай 1 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 280 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 3,8 км2, ұзындығы 2,8 км, енді жері 2,5 км, жағалау бойының ұзындығы 11 км. Суы қарашаның аяғында қатып, сәуірдің 1-жартысында ериді. ## Жағалау сипаты Жағалауы құмды келген. Оңтүстігінде Құмжарған құмы орналасқан. Маңында Сулыаша, Балауса, Тереңқұдық, т.б. қыстаулар бар. Жағасында қамыс, қоға, сораң өсімдіктер өседі. Мал жайылымына қолайлы, суы тұщы.
Сарықияқ, жауқияқ деп те аталады (лат. Stratiotes) – сукөріктер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанның көлдерінде, ағысы баяу су айдындарында кездесетін бір түрі – кәдімгі жауқияқ (S. aloіdes) бар. Биіктігі 50 – 100 см. Қысқа сабағы суға батып тұрады, тек гүлдеген кезде ғана, жапырағы мен гүлі су бетіне шығады. Жапырағы қалың, етжең, жиегі тікенекті, иректеліп келген, сабақты айнала орналасады. Ақ түсті гүлі – қос үйлі. Маусым – тамыз айларында гүлдейді. Жемісі – алты қырлы, жұмыртқа пішінді. Жауқияқты ірі қара мен шошқа сүйсініп жейді. Ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жасанды көлтабан– көктемде еріген қар суын немесе тасыған өзен суын жинау үшін аумақтың ыңғайлы телімін үйілген топырақ жалымен шектеу жолымен жасалған алаң. Қазақстанның қуаңшылық жағдайында топырақты көктемде бір рет ылғалдандыру үшін пайдаланылады. Уақытша көлтабандар суайрығында және сайлардың жайпақ беткейлерінің жоғарғы биіктерінде, аласа, жыл сайын қайта салынатын топырақ жалдарын тұрғызу жолымен салынады. Су басқан қабатының тереңдігіне қарай жасанды көлтабан терең толтырылған (≥0,6 м) және тайыз (≤0,6 м) толтырылған деп бөлінеді. Көлтабандағы судың тұру ұзақтығы онда егілген дақылға байланысты болады. ## Дереккөздер
Жаурауық, шұбар шымшық (лат. Fringilla coelebs) – торғайтәрізділер отряды, құнақтар тұқымдасына жататын құс. Еуропада, Солтүстік-Батыс Африкада және Батыс Азияда тараған. Қазақстанда орманды-далалы алқаптарда кездеседі. Дене тұрқы 15 см-дей, салмағы 18 – 26 г. Аталығының басы ақшыл сұр түсті, арқасы қоңыр, белі сары жасыл, құйрық жағы құлпырған күлгін түсті. Қара қанаттарында аппақ жолақтары болады. Үні қатты және сыңғырлаған, сайрағанда ерекше құбылған дыбыс шығарады. Жыл құсы. Наурыз – сәуірде ұшып келіп, тостағанға ұқсас, жақсылап жасырып бүркемелеген ұясын жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты ағаштарға салады. 4 – 5 қоңыр дақты көгілдір жасыл жұмыртқаларын аналығы 14 күндей басып шығарады. Балапандарын екеулеп осынша уақыт ұясында асырайды. Зиянкестерді жеп пайда келтіреді. Қыркүйек – қазанда оңтүстік жаққа қыстау үшін ұшып кетеді. Кейде Оңтүстік Қазақстанда шамалы топ құрып қыстап та қалады. ## Дереккөздер
Жауыртоғай – Қарқаралының шығыс сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы қаласынан оңтүстікте 4 км жерде орналасқан. Бір-бірінен оқшауланған бірнеше аласа төбелерден тұрады. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Батыстан шығысқа қарай 9 км-ге, солтүстіктен оңтүстікке қарай 7 км-ге созылып жатыр, ең биік жері 1113 м. Девон жыныстарынан түзілген. Таудың қара топырағы тараған түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатады. ## Өсімдігі Солтүстік және оңтүстік беткейлерінде қарағай, қарағайлы қайың ормандар мен тал қопалары кездеседі. Жауырторғайдың тауаралық аңғарында Үлкен көлінің жағасында «Қарқаралы» туристік базасы орналасқан. ## Дереккөздер
Жауыркезең – Жетіжол жотасының орта сілеміндегі асу. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Қордай және Алматы облысы Жамбыл аудандарында орналасқан. ## Жер бедері Биіктігі 2500 м-дей. Жетіжол асуының маңындағы шатқалдар беткейінен Жаманты өзені бастау алады. Жылдың барлық мезгілінде салт атты адам өте алады. ## Дереккөздер
Жәнібекшалқар – Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы көл. Қорғалжын ауылынан оңтүстікке қарай 16 км жерде, теңіз деңгейінен 327 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 19,1 км2 (суы мол жылдары 21,5 км2-ге дейін ұлғаяды). Ұзындығы 7,5 км, енді жері 6,3 км. Жағалау бойының ұзындығы 26,2 км. Көлге Нұра өзені құйып, ағып шығады. Батыс, солтүстік және шығыс жағалаулары жайпақ, оңтүстігі тіктеу. Солтүстік-шығысында ұзындығы 1,5 км, енді жері 1,2 километр болатын түбек орналасқан. Көл табаны лайлы. Көл, негізінен, Нұра өзенінің суымен, қар және жер асты суларымен толысады. Қарашада суы қатып, сәуірде ериді. Суы тұщы, мал суаруға пайдаланады. Суында мөңке, оңғақ, нәлім, алабұға, торта, шортан және аққайран тіршілік етеді. Су құстары (қаз, үйрек) ұя салады. Солтүстік жағалауында қамыс, құрақ өседі. ## Дереккөздер
Жезқазған Ботаника Бағы– Қазақстан Республикасы Білім министірлігі және ғылым министірлігіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институтытының құрамындағы ғылыми-зерттеулік мекемесі. 1957 жылы Жезқазған қаласының оңтүстігіне қарай 4 км жерде, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында академик Қ.И. Сәтбаевтың тікелей басшылығымен құрылған. Ауданда 62 га. Жезқазған ботаника бағы тұрған жердің климаты тым континенттік, жазы құрғақ ыстық, қысы суық, желді болады. Топырағы құнарсыз, жерсіндірілген өсімдіктер қолдан суғарылады. Жезқазған ботаника бағындағы ғылыми-зерттеулік жұмыстардың негізгі бағыттары: Орталық Қазақстандағы өсімдіктер дүниесін қорғау; пайдалы өсімдіктер түрлерін өсіріп, оның қорын көбейту; басқа жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктерді жерсіндіру және олардың биологиялық-экологиялық ерекшеліктерін зерттеу; аймақтағы өндіріс орталықтарын көгалдандыру. Бақта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1,5 мыңдай түрі бар. Соның ішінде ағаш пен бұталардың 350-дей түрі, сәндік өсімдіктердің 470, жеміс-жидек өсімдіктерінің 240, көкөністің 60, осы аймақта өсетін, жойылу қаупі бар эндемик өсімдіктердің 22 түрі өседі. Жезқазған ботаника бағы табиғатты қорғау бағытында Орталық Қазақстанда сирек кездесетін өсімдік түрлерін зерттеу жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ Жезқазған қалысын өндіріс қалдықтарымен, шаң-тозаңмен ластанудан қорғауда, елді мекендерді көгалдандыруда, тұрғын халыққа эстетикалық-экологиялық білім беруде бақтың маңызы зор. ## Дереккөздер
Жебежапырақты ергеш (лат. Stroganowia sagittata) – орамжапырақ тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Тарбағатай мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының құрғақ құмды алқаптарында кездеседі. Биіктігі 80 см, жуан, сүректі тамыры бар. Сабағы жіңішке, бұдырлы, жоғарғы жағы бұтақтанған. Жапырақтары ірі, көбінесе жиегі тегіс. Гүлдері ақ түсті, олар ірі сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Жемісі – эллипс тәрізді, домалақ үрме қақпақшасы бар бұршаққын. Жебежапырақты ергеш – өте сирек кездесетін эндемик және реликт өсімдік, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізлген. ## Дереккөздер
Жәнібек суару-суландыру жүйесі, 1975 ж. Жәнібек ауданында салынған. Арнасының ұзындағы 76,2 км. Жүйе суды copy стансасының көмегімен (ағыны 7 м³/сек.) Палласов суару-суландыру жүйесінен (Еділ өзеннен келетін) алады. Жәнібек суару-суландыру жүйесі Жәнібек және Бөкей ордасы ауданың елді мекендерін суменқамтамасыз етеді. Ол осы өңірдегі 3,539 га жерді тұрақты,6,397 га жер кәріздеп, сондай-ақ 489,3 мың га жайылымдыкөлдете суландырды. ## Дереккөздер
Жауыр – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Айыртас ауылының солтүстік-шығысында 10 км жерде орналасқан тау. Батыстан шығысқа қарай 7 км-ге созылып жатыр, ені 5 км. ## Атауының шығу тегі Жауыртау тауының атауы жауыр сөзінен, яғни аттың арқасындағы ертоқымнан пайда болған жара сөзінен негізін алады. Тау атауының шығу тегі туралы аңыз қазақтың «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» эпосымен тығыз байланысқан. Атаудың шығу тегіне байланысты нұсқалардың біріне сәйкес тау пішіні жағынан аттың арқасына ұқсауына орай өз атауын алған. Басқа нұсқада оның атауы пішін сипатын алмай, эпостың кейіпкері Айбастың өз көктайын қалдырып кеткен жерімен байланысты. «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» эпосында ашкөз Қарабайдың көрікті қызы Баянды Қозыға тұрмысқа бергісі келмей, Қозы ауылынан «лайықты» ерге ұзатамын деген үмітпен кетіп қалғаны суреттелген. Аягөз жағасына жеткенде, олар көп ұзамай Баянға демде ғашық болып қалған Ноғайдан шыққан байдың ұлы Қодарды кездестіреді. Бақыттан үмітін үзген бойжеткен сүйіктісіне әкесінің оны еркінен тыс Қодарға үйлендіргісі келетіні туралы хабар беремін деп шешіп, Айбас деген жігітті хабармен жіберуге бел буды. Баян сеніп тапсырған Бақа атты сәйгүлікпен Айбас Сарыарқаның шексіз даласын ұзақ уақыт кезіп, шаршап-шалдығып, Баянның «сәлемдемем» деп берген домбырасының, алқасының және қарқара қадаған топысының сандықтан түсіп қалғанын байқамады. Ол Баяннан Қозыға жіберген сәлемдемесі түсіп қалған жерлер кейіннен «Домбыралы», «Моншақты» және «Қарқаралы» деп аталып кетті деседі. Айбас өзінің қалжырауына қарамастан сапарын жалғастырса да, жүдеген сәйгүлік одан әрі шаба алмай кейіннен халық арасында «Тоқырауын» (тоқырау, тоқтау) деп аталып кеткен өзеннің жағасына келіп тоқтап калды. Мақсатына берілген Айбас Бақаны осы өзеннің бойында демалдырып, одан әрі қарай тағы да шаба жөнелді. Аңыз бойынша, Бақа ұзақ сапар мен ертоқымның астына шыққан орасан жараның салдарынан күшсіздіктен тоқтапты. Сол себептен «жауыр» тұлпардың қалған жері «Жауыртау» деп атанды. Жауыртау тауы өзінің алғашқы атауын ХХ ғасырға дейін сақтап келіп, түздегі үлкен өзгерістерге байланысты Теміртау атанды. 1940 жылы академик Қаныш Сәтбаев Қарсақбай, Атасу және Қарқаралы кен орындарында өндірістік темір рудасының ауқымы 200 млн. тонналық қоры барлығын дәлелдеді, осының арқасында Жауыртаудың жанында Теміртау атты металлургтер қаласының негізі қаланды. Қаланың атауы «тау-тау темір» сөзінен шығып, темірдің көп көлемде шыққандығын бейнелейді. Нәтижесінде қасындағы тау да қала атауын алып, Теміртау деп атала бастады. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Солтүстік беткейі көлбеу, оңтүстік тік, ең биік жері 1090 м. Тас көмір жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қоңыр топырақ жамылғысында жусан, сұлыбас, боз, бұталар өседі. Бұлаққа бай, Еспе өзеніне құятын шағын өзендер бастау алады. ## Дереккөздер
Жәмет – Құмжарған құмының солтүстігінде 35 км жердегі тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 320 м. Беткейі көлбеулеу келген. Көлденеңтемір және Жем өзендерінің аңғарында жатыр. Маңында Алданай-Аққұдық құдығы бар. ## Өсімдігі Тау етегінде жусан, айрауық, тал, терек, еркекшөп өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жезқазған мыс кенді ауданы – Қарағанды облысы Жезқазған қаласының маңында орналасқан кен орындар тобы. Кенді аудан Орталық Жезқазған, Солтүстік Жезқазған және Жомарт мыс кен орны кенді алаңдарына бөлінеді. ## Геологиялық құрылымы Кен алаңдары Сарысу ойысының тереңдік жарылымдар әрекетінен туындаған брахиқатпарлы белдемдерінде шоғырланған. Жезқазған мыс кенді ауданында орналасқан кендердің геологиялық құрылысы, тектоникалық құрылымы, стратиграфиясы мен литологиясы ұқсас. ## Сипаты, құрамы Кен денелері негізінен 300 – 350 м тереңдікте шоғырланған, қалыңдығы 1,5 – 30 м-ге дейін. Негізгі кен минералдары – халькозин, борнит, галенит және сфалерит. Кентастың құрамында мыс, қорғасын, мырыш, қосымша күміс, рений, кобальт, молибден, т.б. бар. Өндіріс жұмыстары кен денелерінің пішініне, өлшемдеріне және инжинерлік-геологиялық жағдайына қарай ашық немесе жер асты әдісімен жүргізіледі. Өндірілген кентас Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы кен байыту фабрикаларында өңделеді, ал алынған концентрат Жезқазған мыс зауытында қорытылады. ## Дереккөздер
Жекедісай – Ойыл алабында орналасқан өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ойыл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 40 км жерде, Қамыскөл көлінің шығысында жатыр. Ұзындығы 40 км. ## Бастауы Бастауын Ақшатау ауылының батысындағы бұлақтардан алып, Сарыбие ауылының оңтүстік-батысында Қамыскөл көліне жетпей сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Суы қарашада қатып, сәуірдің басында ери бастайды. Жайылмасында қыстаулар орналасқан. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Жекекөл – Қостанай облысы Қарасу ауданындағы ауыл. * Жекекөл – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы ауыл. Көл: * Жекекөл – Есіл алабындағы көл.
Жекебай, Жекебұлақ – Жыланды өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Ақмола облысы Сандықтау және Атбасар аудандары жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Солтүстік Қазақстан облысынан алып, Жыланды өзенінің саласы – Ащылы өзекке сол жағынан құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 50 км, су жиналатын алабы 1130 км2. Көпжылдық орташа су ағымының мөлшері 23,8 мил. м3. Батыс саласы – Ащылы (37 км). Карбонатты және сортаңдау қара топырағында бетегелі-қаулы әртүрлі астық тұқымдастары өскен. Қараша айының 1-онкүндігінде суы қатып, сәуір айының 2-онкүндігінде мұзы ериді. Шоңғалды жерлерде суы түбіне дейін қатады. Қар суымен толысады. Суы мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
ЖЕБІРБАЙ– Арал қарақұмының шығысындағы құдық. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында. Қалмаққырылған өзенінің аңғарында, Көкбұлақ бұлағының солтүстік-шығысында 32 км жерде орналасқан. Тереңдігі 4 м, су шығымы 70 л/сағ. Құдықтың жағалауы жазық, шығысын сор алқабы алып жатыр. Солтүстігінде Сарыадыр, Мүйір, Бұланты қоныстары орналасқан. ## Дереккөздер
ЖАУРАҒАН– Қызылорда облысы Арал ауданы Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы төбе. Баршақұм құмында. Абсолюттік биіктігі 103 м. Төбе солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Жер бедері қырқалы-төбешікті. Төрттік жүйесінің түзілімдерінен құралған. Құмның сұр, сортаңды топырағында жусан мен бұта аралас эфемерлі өсімдіктер, жер асты суы жер бетіне жақын жатқан етегінде жыңғыл, ши, құрақ өседі. Мал жайылымына пайдаланылады. Оңтүстігінде Манасбай, Жыланды қыстаулары орналасқан. ## Дереккөздер
Жаюлы – Ақмола облысы Ерейментау ауданының қиыр солтүстігіндегі тау. Ақсу кентінен солтүстік-батысқа қарай 30 км жерде, Қарасу және оның салалары аралығында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 319 м. Тау солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км-ге созылған, енді жері 1 км. Биіктіктері бірдей екі шоқысы бар. ## Геологиялық құрылымы Жер қыртысын ордовиктің тау жыныстарынан түзілген аллювийлі шөгінділер жапқан. ## Өсімдігі Сортаңдау қара топырағында әртүрлі шөптесіндер аралас сұлыбасты қызыл қаулы өсімдіктер өскен. ## Дереккөздер
Желаев қиыршықты құм кен орны - Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы жерінде орналасқан. Орал қаласының солтүстік-шығыс бағытында, Желаев ауылынан 1 км жерде. Ол қиыршықты құм кен орнына жатады. ## Жатыс сипаты Пайдалы кенінің қалыңдығы 9-20 м. Құмы силикат кірпішін, ұяшықты құмтасты шығаруға жарамды. Қиыршықты құмының қоры 42,5 млн. м3, ал силикат кірпішін шығаруға жарамды майда құмының қоры 11,4 млн. м3. ## Дереккөздер
Желдіадыр – Ұлытау облысы Ұлытау ауданының солтүстігіндегі ұсақ шоқылы тау. ## Геологиялық құрылымы Девонның граниті мен тас көмірдің тақтатасынан, төменгі жағы делювий, пролювий және аллювий шөгінділерінен түзілген. ## Жер бедері Ендік бағытта доғаша иіліп жатқан суайрық. Абсолюттік биіктігі 748 м (Сасықбастау), ұзындығы 100 – 110 км, ені 25 – 35 км. Қырқалы, күмбез тәрізді, жалды болып келеді. Терісаққан, Қыпшақ, Керей, Жақсыкөң, Сарыкеңгір, т.б. өзендердің суайрығы. Оңтүстік-батыс беткейінде Ащыкөл көлі бар. ## Топырағы, өсімдігі Топырағы қиыршықтасты, карбонатты бозғылт қоңыр. Беткейінде бетеге, жусан, селеу, аңғарында қайың, тал, көктерек, қараған аралас бұта өседі. ## Дереккөздер
Желбіршөп (лат. Ofaіston) – алабұталар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда далалық, шөлді аймақтардағы сортаңды жерлерде өсетін 1 түрі – Біраталық желбіршөп (лат. Ofaіston monandrum) бар. Биіктігі 5 – 40 см, сабағы тік, жоғарғы жағы бұтақты, сыртын түк жапқан. Төменгі жапырақтары етті, жоғарғы және гүлжапырақтары қысқа, сүйір, сабаққа кезектесіп орналасады. Гүлдері қос жынысты, олар шашыраңқы, масақ тәрізді гүлшоғырына топталған. Шілде – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі домалақ, ұзынша. Тұқымы ұсақ. ## Дереккөздер
Желдіайрық – Іле алабында орналасқан өзен. ## Географиялық орны Жетісу облысы Панфилов ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Үлкен Тоқсанбай жотасының шығысындағы мұздықтардан алады. Арнасы тар, жарқабақты, тау аңғарларымен аға отырып, Қорғас өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы шамамен 25 км. Маңында Үлкен Өсек, Кіші Өсек, Қазақ өзендері орналасқан. ## Дереккөздер
Желдібел – Шу-Іле тауларының солтүстік-шығысында оқшауланған тау массиві. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Қордай ауданы Алаайғыр темір жол бекетінен солтүстік-шығысқа қарай 32,5 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1015 м. Қопа аңғарындағы Ақкөл және Қопалы өзендері аралығында. ## Өсімдігі Тауалдының сұр топырағында жусан аралас эфемерлі өсімдіктер басым. Оңтүстігінен Шу – Отар темір жолы өтеді. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Желдіқара – Абай облысы Аягөз ауданындағы ауыл. * Желдіқара – Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы ауыл. Таулар: * Желдіқара – Алматы облысы Көксу ауданы жерінде орналасқан тау. * Желдіқара – Тарбағатай жотасының солтүстігінде орналасқан оқшау тау.
Желдіқарағай – Жетісу Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан жота. ## Географиялық орны Жетісу облысы Ақсу және Сарқан аудандарында. Ақсу және Сарқан өзендерінің суайрығы. Батыстан шығысқа қарай 60 км-ге созылып жатыр. Енді жері 15 км. Абсолюттік биіктігі 3103 м. Оңтүстігінде Жетісу (Жоңғар) Алатауы сілемдерінен Айдаусай өзені бөліп жатыр. Желдіқарағайдан Теректі өзенінің салалары бастау алады. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Төменгі палеозойдың кристалдық тақтатас, кварцит, мәрмәр жыныстарынан құралған. Жатық беткейлі өзен аңғарлары тар шатқалдарға ұласады. Батысында Желдіқарағай, шығысында Шығыс Желдіқарағай асулары бар. Солтүстік беткейлерінде Аманбөктер, Ақсу қыстаулары орналасқан. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
‎‎ Желқуар бөгені — Сынтасты өзені бойында, Қостанай облысы Жітіқара ауданы жеріндегі бөген. 1964 жылы салынған. ## Гидрологиялық сипаты Аумағы 5,6 км². Су көлемі 38,4 млн. м³. Ең терең жері 11 м. Жітіқара қаласын және маңайындағы шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етуде пайдаланылады. Бөгенде шортан, табан балық, сазан, т.б. балықтар тіршілік етеді. ## Дереккөздер
Желқарағай – Күнгей Алатау жотасындағы асу, Ыстықкөл (Қырғызстан) мен Шілік өзені алаптарының суайрығы. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 3850 м. Асудың оңтүстік беткейі қарсыз, ал солтүстік беткейінен Қорымдық мұздығы басталады. Желқарағай асуынан өтетін жол Қорымдық өзенінің (Шіліктің оң саласы) жоғарғы ағысы арқылы Ақсуға құятын Желқарағай өзенінің бастауымен жалғастырады. Асуды Ыстықкөлдің жағасынан Алматыға саяхат жасаушы туристер пайдаланады. ## Дереккөздер
Желмая – Шахтинск қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км жердегі шоқы. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Абай ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Ең биік жері 612 м. Ұзындығы мен ені 2 км. Девон жыныстарынан түзілген. Беткейі жалпақ, аз тілімденген. ## Өсімдігі Топырағы қызғылт қоңыр, дала өсімдіктері өседі. Жайпақ беткейлерінің баурайы жыртылған. ## Дереккөздер
Желдімұз – Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздық. ## Географиялық орны Алматы облысы Талғар ауданы Солтүстік Талғар шыңы аумағында (биіктігі 3720 – 3350 м) орналасқан. ## Аумағы Жалпы ұзындығы 2,5 км (ашық бөлігі 2,3 км). Абляциялық ауданы 1,6 км2 (ашық бөлігі 1,4 км3). Мұз көлемі 0,11 км3. Фирн алаңы терең шатқалдармен екі бөлікке бөлінген. ## Дереккөздер
Желтау – Мұғалжар тауының қиыр оңтүстік-батысындағы оқшау тау сілемі. ## Географиялық орны Атырау облысының Жылыой ауданы жерінде, Солтүстік Үстірт маңындағы Доңызтау тауының батысында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 221 м, ұзындығы 45 км, енді жері 12 км шамасында. ## Геологиялық құрылымы Желтау төменгі төрттік және жоғарғы миоцен дәуірінің оолитті әктастарынан түзілген. ## Жер бедері Солтүстік шеткейі тіктеу келген, оңтүстігі көлбеуленіп біртіндеп жазыққа ұласады. Сай-жыралармен тілімденген оңтүстігінде Тұрсынбай тоғаны жатыр. Тоғаннан және тау етегінен Жақсы Қарасай өзені бастау алады. ## Өсімдігі Сортаңды сұр топырағында жусан, сарсазан, баялыш, қара сексеуіл өседі. Желтау баурайы маусымдық мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Желтау – Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы тау. Ерейментау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 17 км жерде, Қарабұлақ өзенінің сол жағалауында орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 490 м. Өзен аңғары Желтауды оңтүстігіндегі Мыңшұқыр тауынан бөліп тұрады. Беткейлері эрозиялық-тектоникалық сай-жыралармен тілімденген аласа таудың төбесі доғал келген. Орталық бөлігі және солтүстік беткейлері тік құлама, өзен, жыралармен тілімденген. Кейбір жерлерінде түпкі жыныстар жер бетіне шығып жатыр. ## Геологиялық құрылымы Протерозойдың жыныстарынан түзілген жер қыртысының бетін кесек тасты, құмтасты коллювийлі және коллювийлі-деллювийлі шөгінділер жапқан. ## Өсімдігі Нашар дамыған күңгірт қоңыр топырағында бетеге, боз, сұлыбас, қараған, тобылғы, т.б. өсімдіктер өскен. ## Дереккөздер
Желтау – Шу-Іле тауларының солтүстік-батысындағы таулы қырат. ## Географиялық орны Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 145-150 км-ге созылған. Ең биік жері Суықадыр тауы (599 м). Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 220 мм. ## Геологиялық құрылымы Кембрийге дейінгі метаморфтанған жыныстардан, гнейс және эффузивтерден түзілген. ## Өсімдігі Сұр, сортаң топырағында таудың астық тұқымдас әр түрлі шөптері (бетеге, селеу, айрауық, сұр жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік, тобылғы) өседі. Желтау баурайы жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жем үстірті– Атырау облысының шығысындағы көтеріңкі морфоқұрылым. Жаңа тектоникалық қозғалыстың инверциялық көтерілімінен пайда болған. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 км-ге созылған Жем үстірті 190 – 200 м абсолюттік биіктіктен батысқа қарай 50 – 60 км бойы төмендей келе Каспий маңы ойпатына ұласады. Үстірттің жер бедері Жем, Сағыз, Ойыл, т.б. көптеген ұсақ өзендермен, сайлармен тілімденген. Өзен аралықтарында эрозиялық тауларға жататын биікт. 150 – 200 м, аумағы шағын суайрық массивтер кездеседі. Жем үстірті негізінен бор және палеогеннің құмтастарынан, саздардан және мергельден түзілген. ## Дереккөздер
Желтау – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының солтүстік шетінде, Егіндібұлақ ауылынан солтүстік-батысқа қарай 65 км жерде орналасқан тау. Батыстан шығысқа қарай 20 – 22 км-ге созылып жатыр, ені 6 – 7 км, ең биік жері 959 м. ## Жер бедері Бір-бірінен оқшауланған шоқылардан тұрады, барлық жерде түпкі жыныстарының жер бетіне шығуы байқалады. Беткейлері тік құламалы, өзен аңғарларымен, сайлармен қатты тілімденген. Оңтүстік беткейлерінен Ащысу өзенінің сол саласы Қырғын өзенінің тармақтары басталады. ## Геологиялық құрылымы Девон, ортаңғы және жоғарғы тас көмір гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Баяу дамыған күңгірт сары топырағында австрия жусаны, салқын жусан, бетеге, сұлыбас, қараған, өзен жылғаларында шөп аралас бидайық шалғындар кездеседі. ## Дереккөздер
Жем (Ембі) – Каспий алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе және Атырау облыстары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 712 км, су жиналатын алабы 40 мың км²-ге жуық. ## Бастауы Мұғалжар тауының 365 м-лік оңтүстік-батыс беткейінен басталатын Жанай және Жалаңаш өзендерінің қосылған жерінен бастау алады. Каспий ойпатының шығысын бойлай ағады. Каспий теңізіне жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы, сипаты Аңғары жоғарғы және орта ағысында жақсы байқалады. Төменгі ағысында тармақтар арқылы жалғасқан шағын шөл және сор тізбектерге айналған. Жағалауы құм және саз жыныстарынан түзілген. Арнасы ирелең келеді, көбіне қарасуларға бөлініп қалады. Басты салалары: Темір, Атжақсы. Негізінен қар суымен толығады. Жылдық орташа ағысы (Дүйсеке ағысы тұсында) 488 млн. м3, орташа жылдық су ағымы Жанбике ағысы тұсында 11,3 м3/с. Қарашада суы қатып, сәуірде ериді. Өзенде алабұға, сазан, қамыс-қорысты жерде ондатр кездеседі. Жағасында Құлсары , Ақкиізтоғай елді мекендері орналасқан. Минералдылығы көктемде 400 мг/л, ең төменгі деңгейі кезінде 1500 мг/л. Жем ауыз су ретінде шабындық суғаруға, жайылым суландыруға пайдаланылады. Бастауынан сағаға дейінгі жалпы құламасы 390 м. Су ағынының 96%-ы, өзен сағасында 100%-ға дейінгі мөлшері су тасуы кезінде қалыптасады. ## Дереккөздер
Жеміл, валерианелла (лат. Valerianella) – ұшқаттар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Оңтүстік Еуропадан Иран, Ауғанстан және Орталық Азияға дейінгі аймақта таралған 60-қа жуық түрі белгілі. Қазақстанда шөлді, таулы аймақтардың тасты, тастақты жерлерінде, орман, бұта арасында, аласа тау беткейлерінде өсетін 8 түрі бар. Бұлардың биіктігі 15 – 50 см, сабақтары тік өседі, жоғары қарай бұтақтанған, сыртын түк басқан. Жапырақтары созылыңқы-ұзынша, бүтін жиекті. Күлтесі оймақша тәрізді, имек болады. Гүлдері шатырша гүлшоғырына топталған. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, мамыр – шілдеде жемістенеді. Жемісі 3 ұялы. ## Дереккөздер
ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ ДЕҢГЕЙІНІҢ ҚҰБЫЛУЫ, жер асты суларының оның бетіне (батпақтарда) жақын орналасуы. Жер асты суларының деңгейі (айнасы), әдетте батпақ бетінің формасын түгелдей қайталап отырады. Бұл процесс шымтезек қабатының су ұстап тұру қабілеттілігінің күштілігінен болады. Беткейлік батпақтардың жер асты суларының деңгейінің жылдық режимінде екі максимум және екі минимум байқалады. Бірінші максимум көктемгі қар еруіне тікелей сәйкес келеді. Жазда буланудың шұғыл өсуіне байланысты деңгейдің төмендеуі байқалады. Күзде буланудың азаюына және жауын-шашынның көбеюіне байланысты деңгей көтеріледі, ал қыста атмосферадан ылғал түсудің доғарылуына және тіршілік қабатынан сорғудың нашарлауына байланысты тағы да жер асты суларының деңгейі төмен түседі. Жер асты суларының орташа деңгейі 5 – 40 см шамасында құбылады. Жер асты суларының орналасу тереңдігінің азаюы (кемуі) ағаш тектес өсімдіктердің жиілігі мен биіктігінің кемуінің және бұта тектес өсімдіктердің шөп тектес өсімдіктермен алмасуының арқасында әрі фитомасса түсімінің нашарлауына байланысты батпақ массивтерінің түрлі микроландшафтарындағы жер асты сулары деңгейінің құбылуы ауытқуының мөлшері орта есеппен 0,2 – 1,0 м. Батпақтағы жер асты суларының режимінің ерекшелік сипатына, батпақ массивінің әр түрлі нүктелеріндегі су деңгейінің құбылуының синхронды қайталанып отыруы жатады. Дегенмен, құбылудың ауытқуы түрлі микроландшафта түрліше болады. Құбылудың мұндай сипатта болуы әр түрлі микроландшафтардан булану дәрежесінің және жоғарғы тірі қабаттағы құрғақ нәрсенің тығыздалуының түрліше болып келуіне байланысты болады. ## Дереккөздер
Жемір су– металдарды, бетонды және басқа материалдарды химиялық бұзуға қабілеті жоғары су. Әсіресе құрамында аммоний тұздары, күкірт және басқа қышқылдары бар судың жемірлігі жоғары болады. Тазаланбаған судың және химиялық тыңайтқыштар себілген алқаптардан шайылып ластанған судың, сонымен қатар ауаны ластайтын азот пен күкірттің қосылыстарымен қаныққан атмосфералық ылғалдың (қышқыл жаңбырлар) жемірлік қабілеттері жоғары болады. Гидротехникалық ғимараттарға көп зиян келтіреді. Оларды жемір судан қорғау үшін әр түрлі шаралар қолданады. ## Дереккөздер
ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫНЫҢ РЕЖИМІ– гидрологиялық құбылыстардың және өсімдік, топырақ жамылғысының әсерінен жер асты суларының белгілі бір мерзімде сандық және сапалық өзгерістерге ұшырауы немесе жер асты суларының қалыптасуын қамтып көрсететін тарихи-табиғи процесс. Ол жер асты сулары ресурсының, қасиетінің және құрамының, соның ішінде деңгейінің немесе арын күшінің, өтімінің, ағу жылдамдығының, температурасының, химиялық газдық және бактериялық құрамының уақыт бойынша өзгеруін сипаттайды. Жер асты суларының режимі климаттық, гидрогеологиялық, гидрологиялық, жасанды және аралас типтерге бөлінеді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер [1] ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫНЫҢ РЕЖИМІ
Жер асты тұщы суының линзалары, жер асты суының, өзінің созылымы бойынша тез жұқарып, жеке линзалар түрінде жатуы. Құрғақ аймақтарда тұщы жер асты суларының линзалары, көбінесе олардан төмен орналасқан тұзды сулардың үстінде жатады. Мұндай тұзды сулардың тығыздығы тұщы суларға қарағанда, жоғары болуына байланысты олар бір-бірімен араласпайды. Тұщы сулы линзалары Қазақстанның құмды аудандарында, теңіз шығанақтарында кездеседі.[ ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер ЖЕР АСТЫ ТҰЩЫ СУЫНЫҢ ЛИНЗАЛАРЫ
ЖЕРГІЛІКТІ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ТЕРМИНДЕР– шектелген кеңістікте таралған әр түрлі географиялық нысандардың (тау, көл, өзен, орман, елді мекен, т.б.) атаулары. Әр терминнің таралу шегі алғашқы кезде өзі шыққан тіл немесе диалект қолданылған аумақтарға сәйкес келеді. Ал кейінірек олардың қолданылу аясы біртіндеп өзгереді; кейбір терминдер қолданудан шығып қалады, ал кейбіреулерінің қолданылу аясы кеңейіп, ғылыми қолданысқа еніп, әмбебап сипатқа ие болады (мысалы, финдік, тундра). ## Дереккөздер
Жер кадастры — мемлекет аумағындағы жер ресурстарының табиғи және шаруашылық жағдайы мен оларды бағалау туралы мәліметтер жүйесі. Жер телімдерінің орналасқан жері, нысаны, пайдаланылуы, ауданы мен шекарасы, сапалық сипаттамасы, жер пайдалану есебі мен жер телімдерін бағалау Жер кадастрының мәліметтері жүйесіне кіреді. Мемлекеттік Жер кадастрының деректері жерді пайдалану мен қорғауды жоспарлаған, жерге орналастырған, шаруашылық қызметін бағалаған, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да шараларды жүзеге асырған кезде сүйенетін негіз болып табылады. Ол деректер жер үшін төлем мөлшерін анықтау кезінде, құқықтық және басқа кадастрды жүргізген кезде пайдаланылуы мүмкін. Жер кадастрын жүргізу мемлекеттік тапсырыспен бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жер кадастрының мәліметтеріне әркімнің қолы жете алады, ол мүдделі тұлғаларға ақылы түрде беріледі. Мемлекеттік органдарға Жер кадастры мәліметтерін беру тегін жүзеге асырылады. Мемлекеттік Жер кадастрын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер Жер кадастры
Жембарақ – Есіл алабында орналасқан өзен. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы ауданы жерімен ағады. Аққанбұрлық өзенінің оң саласы. Ұзындығы 30 км шамасында. ## Бастауы Бастауын Төтеқұз тауының солтүстігіндегі Сарыбұлақ ауылының батысындағы ұсақ шоқылардан алып, Сивковка ауылының батысында Шарық өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Жағалауы жыралы келеді. Суы қарашада қатып, сәуірде ериді. Төтеқұз тауынан бастау алатын бір ғана саласы бар. Жазда тармақталып, қарасуларға бөлініп қалады. ## Дереккөздер
ЖЕР ПАЙДАЛАНУДЫҢ КАРТАЛАРЫ – пайдаланылатын жерлердің орналасуы мен пайдаланылуын бейнелейтінкарталар. Оларды пайдаланылатын жердің карталары, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің карталары, жер пайдалану динамикасының карталары деп бөледі. Пайдаланылатын жердің картасында егістік жерлер, тыңайған жерлер, шабындық, жайылым, ормандар, мекендік аумақтар және басқалар; ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жердің карталарында ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жыртуға жарамды жерлердің (ауыл шаруашылығы дақылдарының құрамы бойынша) және табиғи азықтық жерлердің (пайдаланудың маусымы және бағылатын малдың түрі бойынша) қалыптасқан нысандар көрсетіледі. ## Дереккөздер
Жерсабын (Аққаңбақтүсті аллохруза Allochrusa gypsophіloіdes) – қалампырлар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Қаратау, Талас Алатау және Қазығұрттың құрғақ тау беткейлерінде кездеседі. Биіктігі 90 см-дей, жуан тамырлы өсімдік. Сабақтары көп, тықыр, түзу өседі. Жапырақтары ұзын, біз тәрізді. Тостағанша жапырақшалары жіңішке қоңырау сияқты, күлтесі ақ немесе қызғылт түсті. Гүлдері жалпақ сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жерсабынның құрамында бағалы сапонин көп. Оның жылдан-жылға таралу аймағы азаюда, өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер [1] Жеміс шыбыны
Жерсіндіру – * жануарларды олар мекендемеген экожүйелерге қоныс аударуы. Сирек кездесетін немесе құрып кетуге жақындаған түрлерді қорғап сақтап қалу үшін және адамдардың қажетін өтейтін түрлердің барынша кең таралуына жағдай жасау үшін қолданылады; * ағзаның өз аралынан тыс жерлердің орта жағдайларына бейімделуі; * организмдердің жаңа орта жағдайына бейімделуі. Өсімдіктерді жерсіндіруде климаттық факторлардың (ауа температурасы, ылғалдылығы, жауын-шашын және жарық мөлшері, т.б.), топырақтың түрі мен оның құрамындағы микрофлораның, сондай-ақ өсімдіктердің өздеріне тән ерекшеліктерінің маңызы зор. Өсімдіктерді жерсіндіруде жеке түрлердің географиялық және жіктелімдік гибридизациясы пайдаланылады. Жабайы өсімдіктермен будандастыру, қайталанған ұрпақтарды өсіру, телітуші ағашқа егу, суғару, тыңайтқыштар енгізу, өсіретін және дамытатын реттегіштер арқылы әсер ету жұмыстары орындалады. Ауыл шаруашылығында жерсіндіру мәдени өсімдіктердің жаңа аудандарға таратылуын тікелей байланысты. Мысалы, астық тұқымдас өсімдіктер көптеген аймақтарда мыңдаған жылдар бойы өсіріліп келеді. Жүзім, өрік, шие, т.б. жеміс ағаштары, шай бұтасы, шырын жемісті өсімдіктер (апельсин, мандарин, грейпфрукт, т.б.) эвкалипт, бамбук, т.б. бірте-бірте солтүстік аудандарға ауысты. Жерсіндіруге байланысты негізгі жұмыстарды ботаникалық бақтар мен жерсіндіретін көшеттіктер (питомниктер) жүргізеді. Жануарларды жерсіндіруде ауа райының ерекшеліктерінен басқа азыққа бәсекелестіктің, маусым кезінде жерге таласудың, жыртқыштар мен ауру қоздырғыштардың маңызы зор. Әдетте, жаңа жерге қоныстанған түрлер сырттан қысым, бәсекелестік көрмесе тез бейімделіп кетеді. Сырттан әкелінген малды жергілікті малмен будандастыру арқылы өнімділігі жоғары түрлер алынады. Мысалы, қазақтың ақбас сиыры, алатау сиыры, қазақтың қылшық жүнді қойы, т.б. ## Дереккөздер
ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫНЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ТҮРЛЕРІ– жер асты суларын құрайтын аниондар мен катиондар мөлшерінің арақатысы. Судың химиялық түрлерін атағанда, ондағы ең көп мөлшерде болатын иондар бірінші айтылады. Сонымен қатар аниондардың атаулары катиондардың атауларының алдында беріледі. Мысалы, гидрокарбонатты-кальцийлі немесе гидрокарбонатты-сульфатты кальцийлі-магнийлі су және т.б. Кейбір жұмыстарда судың химиялық түрінің атауы иондардың аз мөлшерден көп мөлшерге қарай өзгеруі бойынша келтіріледі. Яғни, су құрамындағы ең көп мөлшердегі аниондар мен катиондар атаудың соңына қойылады. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫНЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ТҮРЛЕРІ
ЖЕЛІМБАС(Vіscarіa) – қалампырлар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Солтүстік жарты шардың қоңыржай және салқын аймақтарында кездесетін 5 түрі белгілі. Қазақстанның далалық аймағындағы ормандардың шеттерінде, шөпті беткейлерінде өсетін 1 түрі – жабысқақ желімбас (V. vіscose) бар. Биіктігі 30 – 80 см, сабағы тік өседі, қарапайым немесе аздап бұтақтанған. Тамыр жапырақтары қандауыр тәрізді, сабақ бойындағылары ұзынша, отырыңқы. Тостағанша жапырақшалары қоңырау сияқты, бес тісті, күлтелері қызыл күрең түсті. Аталығы 10, аналық мойны бесеу. Гүлдері шашақты-сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Гүлшоғырының білігі жабысқақ болады, өсімдіктің аты осыған байланысты қойылған. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – қорапша. ## Дереккөздер
Жекешағыл – Арғанаты тауының оңтүстік-шығысы мен Арқарлы жотасының солтүстік бөлігінде орналасқан құмды алқап. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы жерінде. ## Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 16 км-ге созылып жатыр, енді жері 11 км. Аумағы 86 км2. Жер асты суының 3-5 м тереңдіктегі минералдылығы әр түрлі. Маңында Белсексеуіл, Тауқұм, Қарақұм, Сарықұм құмдары бар. ## Өсімдігі Құм төбешіктерінде жусан, еркек шөп, сексеуіл, т.б. бұталы ағаштар өседі. Қысқы жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жершошақ немесе Циноморий (лат. Cynomorіum) – жершошақтар тұқымдасына жататын бір жылдық паразитті, шөптесін өсімдіктер туысы. Негізінен Жершошақ туысында 1 биологиялық түр бар: Cynomorium coccineum. Оның 2 түршесі болады: * Cynomorium coccineum var. coccineum немесе «мальта саңырауқұлағы» - Канар аралдары мен Жерорта теңізі маңында өсетін түрі. * Cynomorium coccineum var. songaricum – Жоңғар жершошағы. Орта Азия, Моңғолия,Қытайда өсетін түрі. Қазақстанда далалық, шөлді аймақтардың сортаңды жерлерінде кездеседі. * * * Биіктігі 9 – 80 см, тамыр жабысқақтарымен сораңның тамырына жабысып өседі. Сабағы етті, жуан, сыртынан қарағанда саңырауқұлақтың жемістік денесіне ұқсайды. Жетілмеген қабыршақты жапырақтары сабаққа кезектесіп орналасады. Бір-бірден аталығы мен аналығы болады. Гүлдері қос жынысты, саны көп, ұсақ, олар шоқпар немесе цилиндр тәрізді масақ гүлшоғырына топталған. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, шілде – қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – бір тұқымды жаңғақша. Жершошақтың 2-түрі – «мальта саңырауқұлағын» Жерорта теңізі жағалауы мен Батыс Еуропада орта ғасырда сыртқы түріне (түсі қатып қалған қанға ұқсаған) қарап, қан тоқтату үшін көп пайдаланған. ## Дереккөздер
Жетенсор, Төлен – Қалдығайты өзенінің сағасында орналасқан көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Үшана ауылынан батысқа қарай 27 км жерде. ## Гидрографикасы Аумағы 3,6 км2, ұзындығы 2,7 км, енді жері 1,4 км, жағалауының ұзындығы 7,8 км. Негізінен Қалдығайты өзенінің суымен толысады. Суы кермек татиды. Қарашада суы қатып, сәуірдің 2-жартысында ериді. Жағалауы шабындық және мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жертесерлер (лат. Soricidae) - жәндікқоректілер тұқымдасы. Бұлардың қазба қалдықтары эоцен дәуірінен белгілі. Дүние жүзінде кең тараған (тек полюстік облыстар мен Австралияда және Оңтүстік Америкада кездеспейді), 21 туысы, 290 түрі белгілі. Республикамыздың солтүстігінде және шығысында, оңтүстік-шығысында шөбі қалың өзен, көл маңында, таулы жерлерде, 2500 – 2600 м биіктікке дейін тіршілік етеді. Жертесердің Қазақстанда 5 туысының 13 түрі мекендейді, олардың ішінде путорактар, ала жертесерлер, кішкентай жертесерлер, ақтіс жертесерлер және су жертесері бар. Дене тұрқы 3 – 18 см, салмағы 1,5 – 4 г-дай. Құйрығының ұзындығы 1 – 12 см. Тышқанға ұқсайды, бірақ басы үлкен, тұмсығы үшкірлеу. Құлақ қалқандарының құрылысы ерекше қалта тәрізді қатпарлы болады. Мұрттары ұзын. Көзі кішкентай. Жүні барқыттай жұмсақ, қоңырқай, сұр, қара не қара қоңыр. Ересек еркектерінің бүйірінде, шабында өзіне тән иіс шығаратын бездері болады. Қорек талғамайды, омыртқасыз жәндіктермен қоректенеді. Тәулігіне жейтін қорегінің мөлшері өз салмағынан 1,5 – 2 есе артық болады. Арнайы ін қазбайды, басқа кемірушілердің бос інін пайдаланады. Өте өсімтал: жылына 2 – 3 рет (әр жолы 6 – 8, кейде 14-тен) балалайды. Зиянды жәндіктерді жеп пайда келтіреді. ## Дереккөздер
Жетібай – Үржар алабындағы өзен. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданы жерімен ағады. Ұзындығы шамамен 65 км. ## Бастауы Бастауын Тарбағатай жотасының орта тұсындағы Үшбұлақ асуының беткейінен алып, Үржар өзенінің саласы – Қарағайлы өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Аңғары жоғарғы бөлігінде тау шатқалымен ағады, қалған бөлігі сайлы-жыралы келген жазық өңірмен өтеді. Суы жыл бойы болады. Төменгі бөлігінде бірнеше тоғандар, каналдар салынған. Алабы шабындық және мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жерлігаз — Тобыл алабында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қарабалық ауданы Назаровка ауылынан оңтүстікке қарай 5 км жерде. Теңіз деңгейінен 213 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 4,5 км2, ұзындығы 3,2 км, ені 1,8 км. Жағалау бойының ұзындығы 8,4 км. ## Жағалау сипаты Батысында Жұрын, оңтүстік-шығысында Қарашасор, т.б. ұсақ көлдер кездеседі. Айдынын қамысты-қоғалы өсімдіктер жауып жатыр. Суы тұщы. Қарашаның аяғында суы қатып, сәуірдің ортасында ери бастайды. Мал суаруға пайдаланылады.
Елді мекендер: * Жетікөл – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы ауыл. * Жетікөл – Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы ауыл. Көл: * Жетікөл – Есіл алабындағы тұзды көл.
Жетікөл суғару жүйесі – Бұлдырты өзеніндегі суғару жүйесі. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы жерінде 1969 жылы салынған. Аудан аумағындағы Жетікөл, Қособа ауылдық округтерінің 6,6 мың га жерін кәріздеп суландырады. ## Дереккөздер
Жетіқара – Ерейментау тауларының солтүстігінде, Теңіз көлінің солтүстік-батысында орналасқан тау. ## Географиялық орны Ақмола облысы Ерейментау ауданында. Абсолюттік биіктігі 439 м. Ұзындығы 3 км, енді жері 1,5 км. ## Жер бедері Оңтүстігінде Ащыкөл, Шеркөл, т.б. ұсақ көлдер орналасқан. Айналасы тасты үйінділермен қоршалған. ## Географиялық орны Төменгі каледонның гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт топырағында бетеге, сұр жусан, сонымен қатар бұталы өсімдіктер өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жетіқайнар– Желдісай мекеніндегі емдік қасиеті бар қайнар көзі. Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал (Жамбыл облысы)нан оңтүстікке қарай 7 км жерде орналасқан. Бұл қасиетті жерде қазір де гранитті ванна сақталған. Халық арасында бұл жерді «Жеті аурудың жеті қайнар көзі» деп атайды. Бұлақ суының ішкі органдарға, көз ауруы, эпилепсия, т.б. ауруларға тиетін шипасы зор. ## Дереккөздер
Жетіқара-Қайрақты вольфрам кен орны - Қарағанды облысындағы Ақадыр темір жол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан. Кен орнын 1945 жылы геолог Г.И. Бедров ашқан. ## Геологиялық құрылымы, сипаты Кен алаңы плутонның интрузия үсті белдемінде (5×17 км) орналасқан екі конус пішіндес штокверктермен ұштасқан. Вольфрам кені солтүстік-батыс бағытқа қарай созылған жарықтарда 750 – 800 м тереңдікке дейін шеелит-пирит-кварц минералдары қауымдастығында шоғырланған. Кентас құрамында 100-ден аса минералдар бар екені анықталған, олардың басым бөлігі шеелит минералы (СаWO4), құрамында Мо, Ві, Ag бар. Жетіқара-Қайрақты вольфрам кені қоры жағынан бірегей кен орындары тобына жатады. Кен орны толық барланып, өндіріске дайындалған. Кен орны вольфрам кенінің көлемі жөнінен ТМД елдерінде барланған бүкіл вольфрам кенінің 95%-ға жуығын және қазіргі уақытта дүние жүзіне белгілі вольфрам кен орнының 30%-ға жуығын құрайды. Осы кен орнының негізінде Қайрақты кен-металлургия комбинаты жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Жетіқыл – Торғай алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 62 км. ## Бастауы Ұлытаудың батыс беткейінен ағып шығатын бұлақ суының қосылуынан түзіледі. Сарыторғай өзеніне құяды. ## Гидрологиясы 12 саласы бар, ең ірісі – Көкалажар. Көпшілік жерінің жағасы биік, аңғары кең. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасиды, жаздың ыстық айларында қарасуларға бөлініп қалады. Өзен аңғарларында шабындық және жайылымдық жерлер, қыстаулар бар. Суы ауыз суға және мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жетісу аяқтыбалығы, жетісу бақатісі (лат. Ranodon sibiricus) — құйрықты қосмекенділер отряды бұрыштістілер тұқымдасына жататын өте сирек кездесетін түр. Кесслер (Kessler) 1866 жылы ашқан. Таралу аймағы шағын, Қазақстанда Балықты, Ойсаз, Көктал, Қарасу, Қараарық, Арасан, Көксу және Борохудзир, т.б. өзендерінен табылған. Жоңғар Алатауының эндемигі. Жетісу аяқтыбалығы ағыны қатты тау өзендерінде тіршілік етеді. Дене тұрқы 20 — 25 см. Басы жалпақ, тұмсығы доғал, дене ұзындығының жартысы құйрығының үлесіне тиеді. Құйрығының үстінде жал сияқты тері қатпары және бүйірінде 10 — 13 көлденең жолағы бар. Тістері, бақа сияқты үстіңгі жақ сүйегінде ғана болады. Алдыңғы аяғы 4, артқы аяғы — 5 бармақты. Қорегін кешке қарай немесе түнде іздеуге шығады. Жауын құрты, барылдауық қоңыз, қос қанаттылар және бүйірімен жүзушілермен қоректенеді. Қатпайтын су қоймаларында қыстап шығады. 4 — 5 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Сырттай (денесінен тыс жерде) ұрықтанады. Аналығы 18 — 85-ке дейін уылдырық шашады, одан 20 — 25 күнде пайда болған дернәсілдері су түбінде қыстап шығып, келесі жылы ересек түріне айналады. Жетісу аяқтыбалығы — Жетісу Алатауының (Жоңғар Алатауы) сирек кездесетін жәндігі. Таралу аймағының көпшілік бөлігі Қазақстанда, бірақ Қытайда да кездеседі. Су деңгейінің тұрақты болмауы, тау жоталарында малдың жайылуы және сулардың ластануы - оның санының азайып кетуінің негізгі себептері. Оны қорғаудың нақты жолы - Жоғарғы Көксу мерзімді қорығынан қандайда бір болмасын адам әрекетінен тысқары жерді бөліп, оны айрықша қорғау. Қолдан өсірудің белгілі тәсілдерін тәжрибе жүзінде іске асыру керек. Адамдардың іс-әрекетінің ықпалына сәйкес популяцияның өзгеруін қадағалауды онан әрі жалғастыру керек. Оның жылдан жылға санының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Дереккөздер
Жетісу шошқасы – етті-майлы шошқа тұқымы. Ірі ақ және Кемерово шошқаларының мегежіні мен ортаазиялық жабайы шошқа қабанын будандастыру арқылы 1978 жылы Эксперименттік биология институтында (қазіргі “Биоген” жабық ационерлік қоғамы) шығарылған. Оңтүстік Қазақстанның табиғи жағдайына бейімделген, дене бітімі мықты. Қабаны 270 — 300 кг; мегежіні 232 кг тартады. Орта есеппен 10,2 торай береді. Бордақыланған торай 196 күндігінде 100 кг тартады. Әр кг үстеме салмаққа 3,87 азық өлшемі шығындалады. Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында өсіріледі. ## Дереккөздер
Жетіқоңыр – Бетпақдаланың батысындағы құмды алқап. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерінде, Сарысу өзенінің сол жағалауында орналасқан. ## Жер бедері Теңіз деңгейінен 280 – 300 м биіктікте жатыр. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 65 км-ге созылған, енді жері 20 км, аумағы 825 км2. Жетіқоңырдың жер бедері қырқалы-төбешікті, кейбір жерлерінде шағылдар (биіктігі 10 м-ге дейін) кездеседі. Ежелгі Сарысу өзенінің орта төрттік шөгінділерінен түзілген. Тұщы грунт суы жер бетіне таяу жатыр. ## Өсімдігі Сортаңды құмды топырағында еркек шөп, теріскен, жусан, жүзгін басым әр түрлі шөптесіндер өскен. Жетіқоңыр өңірі жыл бойына жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиде – Қалмаққырылған өзені алабындағы өзен. Ұзындығы 48 км. ## Бастауы Ұлытау облысы Ұлытаудың оңтүстік беткейіндегі ағып шығатын бұлақтар суының қосылуынан құралып, Қалмаққырылған өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жағасы биік, аңғары кең. Қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде тасиды, жаздың ыстық айларында қарасуларға бөлініп қалады. Жалпы ұзындығы 65 км болатын 26 саласы бар. Ірілері: Жарқұдық, Шыныбай Жиде. Орта ағысында шаруашылық қажеттілігіне сай бөген салынған. Өзен алабында жайылымдық жерлер мен қыстаулар бар. Суы мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жетісу металлогения аймағы - Қазақстанның оңтүстік бөлігін қамтиды. Солтүстігінде Балқаш, солтүстік-шығысында Алакөл, оңтүстік және оңтүстік-батысында Солтүстік Тянь-Шань, Қырғыз жоталарымен шектеледі. ## Геологиялық құрылымы Аймақ герцин дәуіріндегі тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде қалыптасып, мезозойда Еуразия платформасының бір бөлігін құрады. Альпі дәуірінде тектоникалық қозғалыстардың әсерінен Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Алтай, Саяқ таулары қалыптасты. ## Кентастық белдемдері Бұл өңірдегі кен орындар белдеуленіп орналасқан бірнеше кентастық белдемдерге бөлінеді: * ішкі Жоңғар — Балқаш белдемі (Сu, Аu); * сыртқы Жоңғар — Балқаш белдемі (Cu, Рb, Zn); * Көксу — Текелі белдемі (Рb, Zn, Аg); * Оңтүстік Жоңғар белдемі (Рb, Zn, Аu, Сu); * Іле сырты белдемі (Рb, Zn); * Баянқол белдемі (Аu); * Шу — Іле белдемі (Аu); * Бетпақдала — Кіндіктас белдемі (Сu, Аu); * Шу— Сарысу белдемі (Сu); * Қырғыз белдемі. Кентасты белдемдер бір-бірінен тереңнен өтетін жарылыстармен бөлінген және олардың тектоникалық қалыптасуында өзгешеліктер бар. ## Кен орындары Шағын темір кендері Қаратау мен Талас тауының айналасындағы девон — төменгі таскөмір шөгінділерінде кездеседі. Саяқ, Жоңғар, Іле тауларында гематитті желілер, аздап ванадий, титан кентастары ұшырасады. Түсті металдар Саяқ, Кіндіктас, Талас, Жоңғар тауларында шоғырланған. Саяқта скарнды кен (Ірісу), Шатыркөлде халькопиритті кварц-карбонат желілері, Көксайда мысты порфирлі кен орындары, Жетісу (Жоңғар) Алатауында (Көксу-Текелі аймағы), Қаратауда (Мырғалымсай, Тұрлан) қорғасын мен мырыш, Іле Алатауы мен Кетпен (Ұзынқара) жоталарында (Шынасылсай, Тұйық) үлкенді-кішілі скарнды және метасоматозды кен орындары орналасқан. Жетісу металлогения аймағының жалпы металлогениясын анықтайтын металдар — қорғасын, мырыш, мыс, алтын, уран, сирек жер металдары. Басты өндірістік маңызы бар кен орындары: Текелі, Яблоневое, Бурылтас, Байжансай, Шалқия, Тұйық, Текес, Шатыркөл, Жайсаң. ## Дереккөздер
ЖИДЕЛІ – Арал маңы Қарақұмының оңтүстік-шығысында орналасқан құдық. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында. Бәйбіше жотасының батысында 18 км жерде, теңіз деңгейінен 200 м биіктікте. Тереңдігі 4 м, су шығымы 300 л/сағ. Құдықтың бойымен Арал маңы Қарақұмындағы жайлауларға баратын жалғыз қара жол өтеді. Солтүстік-батысында 1 км жерде 220 м-лік оқшауланған төбе бар. Айналасында сексеуіл шоғыры жиі кездеседі. ## Дереккөздер
Жиделі – Сырдария алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Қаратаудың солтүстік батысындағы Раң асуы тұсынан алып, тар шатқалдармен ағып, Жайылма ауылы тұсында жерге сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Өзенде су жылдың көктем айларында (сәуір, мамыр) жауын-шашын, қар суларымен толығады. Төменгі ағысында шағын Жайылма бөгені салынған. Бөген бойына жиналған қар суы мен көктемгі жауын сулары жазғы егістікке пайдаланылады. Жайылма ауылының шаруашылық жерлері суғарылады. ## Дереккөздер
Жиделі – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында. Ұзындығы 58 км, су жиналатын алабы 1200 км². ## Бастауы Сарыарқадағы Айғыржал (Омарбек) тауының оңтүстік-батыс беткейінен ағатын бұлақтар суының қосылуынан түзіліп, Сортаңмаңсай мекені тұсында тартылып қалады. ## Гидрологиясы Арнасы тар, қар, жаңбыр суларымен толығады. Мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиделі – Сырдария алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Шиелі ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 72 км, су жиналатын алабы 728 км2. ## Бастауы Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі бұлақтардан басталып, Нарбайтам ауылының шығысында Сырдарияға 1 км-дей жетпей тартылып қалады. ## Гидрологиясы Арнасы жоғарғы, орта ағысында тар, тік жарлы, төменгі ағысында кең. Қар, жауын-шашын суларымен толығады. Суы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиделіқара – Сиректау тауларының оңтүстігіндегі оқшауланған тау. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданында, Қарақол өзенінің оң жағалаулық аңғарында орналасқан. ## Жер бедері, өсімдігі Абсолюттік биіктігі 518 м. Дөңгелек пішінді таудың ұзындығы мен ені 2,5-3 км шамасында. Беткейлері аз тілімденген. Онда бұта аралас бетеге, сұлыбас, қараған, теріскен, т.б. шөптесіндер өседі. Етегі мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиделі – Іле өзенінің оң тармағы. ## Географиялық орны Алматы облысы Балқаш ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Көкөзек ауылы тұсында Іле өзенінен басталып, Әрден қонысының батысындағы құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Ұзындығы 123 км. Арнасы жайпақ, батпақ. Қар суымен толығады. Қарашаның 2-жартысында суы қатып, наурыздың соңында ериді. Жағалауында қамыс, құрақ өседі. ## Дереккөздер
Жетіжал – Қаратал алабындағы құмды алқап. Жеті үлкен жал тәріздес құм шағылдарға байланысты ертеден "Жетіжал" деп аталған. ## Географиялық орны Жетісу облысы Көксу ауданында, Мойынқұм құмды алқабының шығысында орналасқан. ## Өсімдігі Мұнда қырықбуын, селеу, жусан, бетеге, сарыбас, жоңышқа, қылша, теріскен өседі. Құм қойнауы қыстық мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиделіөзен – Торғай алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Ақтас тауынан алып, Ақтас ауылынан 25 км жерденДулығалы өзеніне сол жағынан құяды. Ұзындығы 40 км. Жайылмасында Бірман, Талап, т.б. қыстаулар бар. ## Гидрологиясы Қуаңшылық жылдары қарасуларға бөлініп қалады. Арнасы тар. Жайылмасында бұталы өсімдіктер мен жусан, еркек шөп өседі. Мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиделі – Арал теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан шығанақ. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Арал ауданында, Шұбартарауыз түбегінің оңтүстік-шығысында. Кезінде шығанақта Сарыбасат деп аталатын шағын кеме айлағы мен аэродром болған. Теңіз тартылғаннан кейін шығанақты сор мен құм басқан. Солтүстік-батысы биік жарқабақты келеді. ## Дереккөздер
Жиренайғыр – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы облысы Жамбыл ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 133 км, су жиналатын алабы 1130 км2. ## Бастауы Бастауын Жетіжол жотасының солтүстік беткейінен алып, Жиренайғыр темір жол бекетінің солтүстігіндегі (6 км) Қопа өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Арнасы тар, жағасы – тік жарлы. Қар және мұздық суларымен толығады. Жылдық орташа су ағымы 0,43 м3/с. Басты салалары Қастек, Самсы, Шиен. Бау-бақша, егін суғаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жиренайғыржал – Алматы облысы Балқаш ауданы Қаншеңгел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км жердегі қоныс. Сымбылшағыл төбешігінің солтүстік-шығысында орналасқан. Тауқұм құмдарының аумағында. Жер бедері төбелі, сай-жыралы келеді. Теңіз деңгейінен орташа биіктігі 400 м. ## Дереккөздер
Жиделісай – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 27 км. ## Бастауы Молалыжал жотасының солтүстік беткейінен ағып шығатын бұлақтар суының қосылуынан түзіледі. Тегісдала мекенінен батыста Қаракеңгір өзеніне сол жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жағасы жайпақ, кең аңғармен ағады. Көктемгі еріген қар және жер асты суларымен толығады. Сәуірде суы тасиды, жаздың ыстық айларында қарасуларға бөлініп қалады. Өзен алабында жайылымдық жерлер мен қыстаулар бар. ## Дереккөздер
Жетібай мұнай-газ конденсат кен орны — Маңғыстау облысында орналасқан кен орын. Оңтүстік Маңғыстау ойпатындағы аса ірі мұнай-газконденсат кені. ## Орналасқан жері Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км жерде орналасқан. ## Тарихы Құрылымы 1952 – 56 жылы жүргізілген аймақтық геологиялық-геофизикалық жұмыстардың нәтижесінде анықталған, 1956 – 60 жылы сейсмобарлау және құрылымдық бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Іздестіру бұрғылауы 1959 жылы басталып, 1961 жылы кен орны ашылды. ## Сипаттамасы Кен орны солтүстік-батыс бағытта созылған брахиантиклинальдық құрылымда орналасқан. Бірінші юра қабатының беті бойынша (1620 м-лік изогипс) құрылымның өлшемдері 22,5×6,5 км, амплитудасы 60 м. Солтүстік қанатының құлау бұрышы 3°-қа дейін, оңтүстік 5°. Жоғарғы және ортаңғы юра тау жыныстарында 13 өнімді қабат анықталған, олар құмтас, алевролитжәне саздан құралған. Жалпы өнімді қабаттардың қалыңдығы 700 м, тереңдігі 1700 – 2500 м. Коллекторларының ашық кеуектігі 16 – 22%, өткізгіштігі 0,06 – 0,239 мкм2. Мұнайы жеңіл, тығыздығы 0,830 – 0,870 г/см3, шайыры 4,53 – 15,5%, парафині көп (17,2 – 25), күкірті аз (0,2 – 0,28%), асфальтені 0,9 – 3,4%. Еріген газдың құрамында 58,86 – 76,4% метан, 22 – 37% ауыр көмірсутегі, 1,3 – 5,8% азот, 0,3 – 1,1% көмір қышқыл газы бар. Қабат сулары хлоркальцийлі, тығыздығы 1,01 – 1,08 г/см3, минералдығы 150 г/л, құрамында йод, бор және бром бар. Кен орны игерілуде. ## Кен орнының геологиялық зерттеу және игеру тарихы Жетібай кен орны кіретін Оңтүстік-Маңғышлақ иілімінің Солтүстік беті өткен жүз жылдықтың ортасынан бастап зерттеле бастады. Ауданды едәуір жоспарлы геологиялық зерттеу 1950-ші жылдардың соңынан бастап басталды.1962 жылы «Казнефтегеофизика» және «Мангышлак-нефтегеофизика» Жетібай ауданында 1:50000 масштабында МОВ сейсмикалық жұмыстары жүргізілді, ІІІ-Г жағылмалы горизонты бойынша солтүстік-батысқа өте жатық екенін ауқымды құрылымдық терраса айқындалған.1962-1964 жылдары іле геофизикалық экспедицисымен (А.В. Праршков, В.А. Попов, В.Л. Рыбак) графометриялық және радиогеологиялық жұмыстар жүргізілді. Батыс-Жетібайлық құрылымның сипаттамалары алынды.Турандық геофизикалық экспедициясымен (Н.Я. Купик, А.О. Урсов, В.О. Быкадоров) Оңтүстік-Маңғышлақ территориясында КМПВ әдісімен аудандық сейсмикалық профилдеу жұмыстары жүргізілді. ## Стратиграфия Жетібай кен орнында терең барлау ұңғыларымен жоғарғы триастан неоген-төрттік жастағы шөгінді жыныстардың шамамен үш километрлік қалыңдығы ашылған және олардың Юра жүйесіндегі шөгінділері өнеркәсіптік-мұнайлы болып табылады. ## Мезазойлық топ - MZ ## Триастық жүйе. (Т3) Жоғарғы бөлім. Ұңғылармен 18, 28, 33, 63, 66, 71, 73, 92; НВО-2708 метр тереңдікте кезектесіп құмтастармен, алевро қабатшалары бар алевролиттермен; саз балшықтар мен аргиллиттермен көрсетілген жоғарғы триастың шөгінділері ашылған. Құмтастар тығыз, сұр ұсақ, түйірлі, саз балшықты алевролитті. Құмтастардың құрамы кварцтық едәуір қоспасы бар кварцты-полевошпаттық, мускавит және эффузивті жыныстардан құралған. Құмтастар мен алевролиттер негізінен базальтті және қуысты типті сазды-карбонаттық, сонымен қатар саз балшықты-хлораттық цементпен цементтеліп кеткен.Аргиллиттер күкірт-сұрлы, алевролитті; каолилит гидроқабатшалы. Тік жарықшақтар кальцитпен көрсетілген. Ашылған қалыңдығы 253 метр.Жоғарғы триастың ашылған бөлігінде (92 ұңғы) екі бума байқалады. Аргиллиттер мен аргиллит тектес құмтастары бар сазбалшықтар басым төменгі (2973-2875); жоғарғы (2875-2630) керісінше аргиллиттер мен саз балшықтарға қарағанда құмтастық басымдылығымен сипатталады. ## Юра жүйесі (J1) Кен орнында юра жүйесінің шөгінділері барлық үш бөлімдермен көрсетілген; орта, жоғарғы және төменгі: бір-бірінің арасындағы, сол сияқты ярустардың арасындағы шек ара қазіргі уақытта аяғына дейін толық орнықталмаған және әрі қарай нақтылауды, айқындауды қажет етеді. Юраның жалпы қалыңдығы орташа алғанда 1300 метрді құрайды. ## Төменгі бөлім (J1) Төменгі юраның қимасы құм тастардың, алевриттердің, саз балшықтардың және аргиллиттердің кезектелік келуімен сипатталған және де құм тасты қабатшалар аудан бойынша ұсталмаған және аргиллиттердің, саздардың және сазды алевролиттердің ірі линзаларымен орын ауыстырады. Төменгі юралық құмтастар сұр, ашық-сұр, ұсақ-орташа-сирек-ірі түйіршекті, нашар іріктелген бұрыштар айырмашылықтармен көрсетілген.Құмтастар мен алевролиттердің иілімді материал кварцпен, далалық шпатпен эффузив және мусковитпен көрсетілген.Саз балшық пен аргиллиттер гидрослюдалы-каолилитті, сұр, қалың-сұр, құмайтты және көмірлі затпен байытылған. Қазіргі уақытта А.А. Цатуровтың микроскопиялық анализінің негізінде төменгі юралық қимасында төменгі юра ярустарының төменгі және жоғарғы бөліктеріне тән екі кешен бөлініп көрсетілген. Сәйкес кешендер Солтүстік Кавказдық төменгі юралық шөгінділеріне (71 және 92 ұңғылары) өте ұқсас. Төменгі юралық шөгінділердің жалпы қалыңдығы 100-120 метрді құрайды. ## Ортаңғы бөлім (J2) Ортаңғы юра бөлімі аалендік, байостық және баттық ярустармен көрсетілген. Жалпы қалыңдығы 745-835 метрді құрайды. ## Аалендік ярус (J2 а) Аалендік ярустық шөгінділері негізінен сазды-алевролитті және аргиллитті жыныстардың бағынышты линзалары бар қиыршық тасты қалыңдықпен көрсетілген. Құмтастар орташа, ұсақ-орташа және ірі түйіршікті ерекшеліктерден тұрады, олар төменгі қалыңдықтарда гравелиттер мен ұсақ галечникті конгломераттарға жиі көшеді. Қима бойынша жоғары қарай иілмелі материал жұқаланады және доминацияланатын орнын ұсақ түйіршікті құмтастар алады.Конгломераттар ұсақ, көмірлі, кварц, кремнидің нашар жұмырланған үгінділерімен, эффузивпен және сирек болса да галькамен көрсетілген.Әлсіз карбонатты, тығыз, бір шама байтылған, өсімдік қалдықтарымен көмірленетін және жеке жағдайда олар дербес көмірлі қабатшаларды түзеді.Ярустық жалпы қалыңдығы 165-200 метрді құрайды. Барлығы құрамында ХІІІ және ХІІ өнімді горизонттары бар. ## Байостық ярус (J2 в) Байостық жыныстар қалыңдығы аудан бойынша ұсталмаған саз балшықтардың, құмтастардың және алевролиттердің бір қалыпсыз кезектесіп келуімен көрсетілген. Қиманың төменгі жақ бөлігі құмайытты алевролиттік жыныстар бағынышты линза тектес қабатшалары бар едәуір саз балшық. Жоғарғы жақ бөлігінде құмтасты кешендер басым. Барлық қима бойынша құмайтты-сазды жыныстар шашырақты, көмірленген өсімдік қалдықтарымен байытылған, олар қиманың төменгі жақ бөлігінде айтарлықтай мөлшерде қабатшаларды түзеді. Ярустық негізінде құйылу орнықтырылған.Құмтастар сұр, сарылау-сұр, бұрыл, ұсақ түйіршікті және сазды-алевролитті, полимикті, нашар жұмырланған. Құмтастардың және алевролиттердің иілмелі материал кварцтан, негізінен регенерацияланған, шпаттардан, сонымен қатар кремнилік, эффузивті, слюалы және басқа да жыныстардан құралған.Цемент сазды-хлоритті және сирек-кварцты-регенерациялық. Саз балшықтар негізінен, қанық-сұр, тіпті қара сирек болса да бұрыл түсті, құм тасты, алевритті, көмірленген органикасымен едәуір күшті қанықтырылған, оларда жиі монайлық топырақтың қалдықтары қатпарланады. Түпкі жүйелерде литологиялық және фациалдық өзгергіштігі нақтылы қабаттық коорреляцияны айтарлықтай дәрежеде қиындатады.Байостық ярусқа ХІ,Х,ІХ,УШ өнімді және сулы горизонттары кіреді, ярустық жалпы қалыңдығы 335-365 метр. ## Баттық ярус (J2 bt) Баттық ярус үшін олармен көтерілген саз балшықты қабатшалары бар алевролитті бумалар қалыңдығы 30-50 метрге дейін болатын ірі құмтастардың кезектесіп келуі тән. Құмтастар сұр, қанық-сұр, бұрыл-сорғыш-сұр, ұсақ түйіршікті, алеврит-сазды, бұрышты, жартылай жұмырылған. Құмтастардың және алевролиттердің құрамы полимикті, көпшілік бөлігі далалық сипатпен, хлоридтенген слюидтермен және басқа да жыныстармен, жиі регенерацияланған кварцпен көсетілген. Үгітілмелі материал жарықшақты. Цемент саз балшықты, карбонатты, базальт тектес, кварцті-регенерациялық.Баттық саз балшықтар қанық-сұр, қанық-қоңыр, жасыл-қанық-сұр, тығыз, құмайытты және алевритті, каолинит-гидрослюидті-монтморилонитті. Осы саз балшықтардың ерекшеліктері жанартаулық шынымен байытылғандығы болып табылады.Баттық ярусқа VІ,V өнімді және ІV сулы горизонттары жатады, ярустық жалпы қалыңдығы 225 метр. ## Жоғарғы бөлім (J3) Жоғарғы юралық жүйе келловейлік, оксфордтық кимериджтік және титондық ярустармен көрсетілген, олардың жалпы қалыңдығы шамамен 450 метрді құрайды. ## Келловейлік ярус (J3 k) Келловейлік ярустық шөгінділері бағынышты құмайтты-алевролиттік жыныстардың қабатшасымен көрсетілген, олардың төменгі бөлімінде І және ІІ өнімді горизонттар бөлінеді.Келловейлік ярустық құмтастары сұр, жасыл-сұр, ұсақ түйіршікті, күшті алевриттік, нашар іріктелген, көмір тектес. Иілмелі материал кварцпен, далалық шпатпен, кварцпен, кремнилік, эффузивті және басқа да жыныстармен көрсетілген.Саз балшықтар жасыл-сұр, қанық-сұр, сирек бұрыл түсті, тығыз, алевритті, құмтасты, монтмориллонитті гидрослюидті құрамды.Саз балшықтардың карбонаттылығы мергел қабатшаларының және карбонат сазды құм тастардың кездесетін жерлерінде, қима бойынша өседі.Барлық қима бойынша көмірленегн өсімдік қалдықтары кездеседі. Ярустық орталық бөлігінде түпкі жүйелердің қалдықтары бар қазбалы топырақ қабатшасы жатыр. Ярустық жалпы қалыңдығы 87-113 метрді құрайды. ## Оксфордтық ярус (J3 о) Оксфордтық ярус үшін қиманың төменгі жақ бөлігінде саз балшықтар басым сазды-карбонаттық жыныстардың қалыңдығы тән. Саздар тығыз, сұр, жасыл және бұрыл түсті, мергел тектес, алевролиттік, гидрослюидті- монтмориллонитті. Мергелдер пелигоморфті –микро түйіршікті, сазды-кальцитті, алеврит тектес. Сол сияқты таза және сазды әктастар кездеседі пелитоморфті, ұсақ кристалды, жарықшақты, сирек те болса алевролиттің және майда түйіршікті құмайттардың қуаты аз қабықшалары кездеседі. Оксфордтық шөгінділері көрінбейтін үйлесімсіз келловейлік ярустың жыныстарының үстінде жатыр. Ярустың қалыңдығы 230-260 метр. ## Кимериджтік ярус (J3 km) Кимериджтік ярустың шөгінділері оксфордтыққа жатады және мергель мен доломит қабатшалары бар 30-50 пайызға доломиттелген және қайтадан кристалданған әктастармен, саз балшықтармен, алевролиттермен майда түйіршікті құмтастар мен кристалдық әктастармен көрсетілген. Әктас тілік ретінде шектелген. Ярустың қалыңдығы 8-93 метр. ## Бор жүйесі (К) Тез бұрыштық үйлесімсіз бор шөгінділері юра шөгінділерінің жуылған бетінде жатыр және жүйенің сегіз бөлімдерімен көрсетілген. Өзінің литологиялық ерекшелікетері бойынша бор шөгінділерінің барлық қималарын төменгі терригенді-карбонаттық, орталық терригенге бөлуге болады. Жалпы қалыңдығы 1200 метр. ## Палеогендік жүйе (P) Палеогендік шөгінділер лезді бұрыштық неогенмен бор шөгінділерінің жуылған бетінде жатады. Палеогендік шөгінділердің қалыңдығын төменгі карбонатты-терригендік және жоғарғы-терригендік деп бөлуге болады. Жалпы қалыңдығы 163-203. ## Неогендік жүйе (N) Неогендік шөгінділер бұрышты үйлесімсіз қиманың төменгі жақ бөлігінде терригенді-карбонаттық жыныстармен кезектесіп келген және жоғарғы жақ бөлігінде тығыз шектелген әктастармен көрсетілген палеогендік шөгінділердің жуылған бетінде жатыр. Жалпы қалыңдығы 100-150 метр.Жоғарыда қима бойынша жалпы қалыңдығы 5-10 метрді құрайтын төрттік жастағы құмдар мен саздар жатыр. ## Тектоника Жетібай кен орны белгілі болғандай, Оңтүстік-Маңғышлақ майысуының шегінде тұр, оған тән ерекшелік, оның көлденең құмды-ракушкалы көтерілу аймақтары. Қараудандық білек тәрізді тоқының және Қараудандық аңғарының бірнеше тереңдік изомертлік ойысымен айырғандылық болып табылады. Майысудың солтүстік бортында оңтүстік шекараның Жетібай-Өзендік-қақшабаттық тектоникалық сатылары орналасқан, олар шағылмалы горизонт бойынша тіркелетін тереңдік айырмашылық болып табылады. Солтүстігінде Жетібай-Өзендік тектоникалық саты тереңдік сынулармен (шығыс жақ бөлігі қазіргі уақытта әлі де болса айқындалмаған), өзінің құрамына бір қатар ірі білік тәріздес көтерілулермен майысулар кіретін Маңғышлақтық дислокация аймағын Оңтүстік-Маңғышлақ майысуын бөліп тұрады. Жетібай-Өзендік тектоникалық сатысы едәуір айқын болып табылады, онда Өзен, Қарамандыбас, Жетібай, Теңге, Тасболат, Ақтас сияқты бір қатар газ-мұнайлы кен орындары анықталған, олар басқа да бір қатар құрылымдармен бірге үш күмбез тәріздес орналасқан тік сызықтар түзеді, оларға өз кезегінде ІІ кезекті құрылымдар үйлескен. І Өзендік-Өзен-Қарамандыбас, Асар-Қарамандыбай, Солтүстік Жетібай құрылымдарымен бірге.ІІ Жетібайлық-шығыс Жетібай, Ақтас, Оңтүстік-Асарлық құрылымдармен бірге.ІІІ Теңгелік-Теңге, Тасболат, Тарлы, Атанбай құрылымдармен бірге.Осы аймақтардың геологиялық құрылыстардың жалпы ерекшелігі Маңғышлақ дислокация аймағына қарай бағытта тектоникалық сатыны бойлай сызықты шығыңқылық болып табылады. Жетібай Өзендік тектоникалық сатының барлық айқындалған құрылымдары антиклиналдық қатпарлары бар, өте тік, батыс шеті бір шама жетілген және шығысында едәуір ауқымды ассиметриялық ақаулы болып табылады. Сонымен қатар бөліктен нақты зерттеуден кейін бірнеше өстер байқалды. Өзінің дамуында барлық құрылымдар зерттелген болып табылады. Олардың құрылымдық қабаттарының өте толық сәйкес келуі және морфологиялық лездік нақтылығы тереңдігіне байланысты. Геологиялық құрылыс тән болып табылады. Жетібай тектоникалық жағынан ірі жатық, субендікті бағытта шығыңқы қатпарларды білдірді. Турон неоком табаны бойынша құрылымдық карталарға талдау жасау көрсететіндей қатпарлардың негізі пішіні және оның кеңістіктегі орны әртүрлі стратиграфиялық горизонттар бойынша жақсы сәйкес келеді, бірақ-та онша үлкен емес ауытқулар бар. ## Мұнайгаздылық Жетібай кен орны субендікті жазықтықты ірі антиклиналдық қатпарға үйлескен. Юра горизонтының құрылымдық бет бойынша оның өлшемдері 22х6 километр көтерілу амплитудасы 65 метр болған кезде. Құрылым айтарлықтай жатық, құлау бұрышы тереңдік бойынша 2қ-тан 5қ-ққа дейін өседі.Терең барлау ұңғыларымен кен орнында жоғары триастықтан бастап төртік жасқа дейінгі шөгінді тау жыныстарының үш километрлік қалыңдығы, олардың ішіндегі юра жүйесінің шөгінділері өнеркәсіптік мұнайлы болып табылады.Юра жүйесі төменгі, ортаңғы және жоғарғы бөлімдермен көрсетілген. Юра шөгінділері құмтастар, алевриттер, саз балшықтар, аргиллиттердің жалпы қалыңдығы 1300 метр болатын қабатшалардың кезектесіп келуімен сипатталады. Юра шөгінділерінің қалыңдығы 10-120 метр. Отаңғы юра бөлімдері аалендік, байостық және баттық ярустардың шөгінділерінен тұрады. Аалендік ярустық қимасында ХІІ және ХІІІ горизнттар бөлінген. Шөгінділердің жалпы қалыңдығы 165-200 метр. Байостық яруста ХІ, Х, ІХ, ХІІІ, ХІІ горизонттар бөлініп көрсетілген. Шөгінделерінің жалпы қалыңдығы 335-365 метр.Баттық яруста ХІ, V, ІV, ІІІ өнімді горизонттар бөлініп тұр, ярустың жалпы қалыңдығы 225 метр. Келловейлік ярустың төменгі жақ бөлігінде І және ІІ өнімді гоизонттары айқындалған. Жоғарғы бөлімнің жалпы қалыңдығы 450-460 метр. Бор жүйесінің шөгінділерінің қалыңдығы 1200 метр, палеогендік және неогендік қабатта сәйкесінше – 170-200 метр және 100-125 метр. Кен орнының өнімді қалыңдығы оның аудан және қима бойынша бір теңсіздігімен сипатталатын күрделілікке ие. Юра шөгінділерінің қимасында 13 өнімді горизонттары айқындалған, оларға мұнай және газ кеніштері үйлескен.Газ кеніштері І горизонтта, мұнай кеніштері ІV горизонтта, V (Б1+Б2+В1+В2+В3), VІ (Б2+Б3), VІІ (1-6,8+9), VІІІ (а4), ІХ (3+4), Х,Х2 (5,6+7,8+9) және ХІІ горизонттарда, ал мұнай кеніштері В11 (Б1+Б2), ІІІ (1+2+3+4+5+6), VІ (а1+а2+а3,Б1+Б2+Б3), ІХ (1+2+3+4+5) және ХІІІ горизонттарда. Қима мен аудан бойынша өнімді горизонттарының құрылысын сипаттайтын мұнай кенішінің сыйымдылық-сүзгілену қасиеттерінің құрылысын айқындап нақтылау 2-ші кестеде көрсетілген. ХІІІ горизонтта, оның қалыңдығы орташа алғанда 53 метрді құрайды, А және Б екі бумасы көрінеді, олардың әр қайсысында сәйкесінше төрт үш қабат орнықтырылған. А бумасының «аң және «а2ң, «а3ң, «а4ң қабаттарына екі мұнайгаздылы және бір мұнайлы кеніштер үйлескен. Олардың газдық бөлігінің өлшемдері 12,8х2,4 және кеніштікі 14,6х3,5. Газ бөлігінің қуыстық көлемі Мпор=0,82; 5,8х1,2 километр және кеніштікі 13,6х3,5 километр, Мпор=0,6 кеніштігі 12,5х4,0 километр.Б-бумасының «Б», «Б2+Б3» қабатына екі мұнайгазды кеніне байланысты. Олардың өлшемдері сәйкесінше газдық бөріктікі ІІХ,1,75 километр және кеніштікі 17,2х5 километр, Мпор=0,16 газдық бөліктік 3;8х1,4 километр және кеніштікі 16х4,2 километр Мпор=0,02.VІІІ горизонт жоғарыда жатқан горизонттан қалыңдығы шамамен 4-17 метр болатын сазды бөліммен бөлінген.Горизонт, жалпы қалыңдығы 150-160 метр болатын горизонт бағынышты мәнге ие, қуаты аз өткізбейтін ерекшеліктері бар бір текті тұтас қалыңдықтықтағы құмтасты-алевролиттік жыныстармен көрсетілген. Коллектор қима бойынша да және аудан бойынша да жақсы ұсталған, күнделікті тараумен сипатталады. Кейін қабаттық, төбелі, табан суы бар мұнайгаздылығы. Газ бөлігінің 6,2х2 километр, мұнайлы бөлігі 7,5х3,2 километр, Мпор=0,38Горизонт астының тиімді қуаттылығы едәуір кең ауқымда толқиды 3,6-дан 20м дейінгі аралықта және орташа алғанда 8, м-ге тең. Горизонт асты VІІІ а+б қабаттың, төбелі шекті суары бар мұнайгаздылы кенішті білдіреді. Көтерілудің төбе алдындағы бөлігі солтүстік-батыстан, оңтүстік-шығысқа қарай шығыңқы бұрыштармен күрделенген, олардың екеуі негізгі төбе келеді.Нақтылы корреляциямен кеніштің нұсқа сыртындағы аумағындағы батыс күшклинал (655 ұңғы) және оңтүстік қанат (68 ұңғы) ауданында VІІІ а+б горизонт тастының жоғарыда жатқан УП горизонтымен бірігіп кеткендігінің екі онша үлкен емес аймақтары белгілі болған. 2 кесте – Қима мен аудан бойынша қабаттардың құрылысы мен таралу сипаттамасы ## Сулылығы Гидрохимия мен гидродинамика бойынша материалдардың негізінде Жетібай кен орнының қимасындағы геологиялық құрылым мен мұнайлылықтың мәндерін есепке алғанда екі гидрогеологиялық сатыға бөлуге болады: юра және бор.Юра шөгінділерінің сулары бор шөгінділерінің суларынан ерекшеленеді. Бұлар тығыздығы бойынша (1109-1110 кг/м3) үлкен және минералдылығы 140-160 г/дм3 хлоркальцийлі типті тұздықтар. Скважинаның орташа шығымы 50 м3/тәу құрайды. Юра қабат суларының химиялық құрамы біркелкі.XІІ горизонттық табан суы №6 скважинаның ашық фонтандауы мүнаймен бірге алынды. Оның жалпы сұйықтағы мөлшері 35-40 %.Бор шөгінділері тең, апт және баррем горизонттарының суларың тығыздығы 1102 кг/м3-ті құрайды. Төменгі бор сулары тоғыз горизонттан алынды, олардың шығымы 0,2-ден 903,7 м3/тәу дейін жетті. Бұл горизонттардың суларының тығыздығы 1018-1020 кг/м3 құрайды. Барлық сулар сульфатты-натрийлі типті. Тек қана готерив ярусының суы хлор-кальцийлі. Құмтастар мен алевролиттер су араластырғыш жыныстар және саздар мен аргиллиттер су тірегіш жыныстар болып табылады.Жетібай ауданындағы сормат шөгінділерінің сулары тұздылау, арынсыз, тереңдігі 30 метрге жететін шығымы аз құдықтар. Құдықтардан алынатын судың шығымы шамамен 260-330 м3/тәу. Нақты талдаулардың мәндері бойынша Жетібай кен орнының юра және бор горизонттары үшін корреляционды гидрохимиялық графиктер тұрғызылды.Графиктер бойынша иодтың концентрациясы 6-8 мг/дм3 әдетте кездеспейді. Жетібай үшін көбінесе иодтың құрамы 10-11 мг/дм3, бірақ 15мг/дм3-ден аспайды. Жетібайдың өнімді горизонттарының (VІІІ-XІ горизонттар) төменгі қабатында иод мөлшерінің ұлғаюына беталыс қатты байкалмайды. Ортаңғы юра кешеніндегі суларда аммоний 60-тан 130 мг/дм3 дейін мөлшерде кездеседі. Әсіресе төменгі шегі тән.Бор ортаңғы юра кешеніндегі сулардың барлық сынамаларынан тадылды. Оның концентрациясы 20-52 мг/дм3 шегінен аспайды. Көбіне жиі кездесетін бор концентрациясы шамамен 30-40 мг/дм3. ## Дереккөздер
Жирен құтан (лат. Ardea purpurea) — ескекаяқты құстар отрядының құтандар тұқымдасына жататын құс. Тұрақты жұп құрады. Қазақстанның оңтүстік және батысындағы аудандарда мекендейді. Кейде қошқыл түсті болып келеді, сондықтан қошқыл құтан деп те аталады. Қанатының ұзындығы 36 — 37 см, салмағы 1,25 кг-дай. Ескі қамысты немесе қоғалы қопаға шоғырласып, кейде жеке жұп болып ұя салады. өядағы 3 — 5 жұмыртқаны мекиені мен қоразы кезектесіп басады. Балапандары 24 — 28 күнде жұмыртқаны жарып шығып, 6 аптадан соң қанаттанып, ұядан ұшады. Жирен құтан ұсақ балықтармен, бақалармен, кесірткелермен, сарыбас жыландармен, ұсақ жәндіктермен, кейде тышқан және егеуқұйрықпен қоректенеді. Жирен құтан — жыл құсы. Қазақстанға наурыз айында ұшып келіп, қазан айында жылы жаққа ұшып кетеді. Кейбір Жирен құтандар Қазақстанның оңтүстікнде қыстап та қалады. Жирен құтан Азия (көкқасқа) шегірткелерін жеп, ауыл шаруашылығына пайдасын да тигізеді. ## Дереккөздер
Жирен сарбасқурай (лат. Erysimum croceum) – орамжапырақ тұқымдасына жататын екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда Іле және Күнгей Алатауларының ылғалды беткейлерінде, өзен жағалауларында, шалғындарда кездеседі. Биіктігі 30 – 60 см, сабағы тік өседі. Жапырақтары ұзынша немесе қандауыр тәрізді, жиегі тілімденген; төменгілері сағақты, жоғарғылары отырмалы. Гүлдері қызғылт сары немесе қызыл түсті, шашақ гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – төртқырлы бұршаққын. Сәндік өсімдік, мәдени түрде өсіруге болады. Жирен сарбасқурай өте сирек кездесетін реликт түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жиренсақал – Қарқаралы тауының оңтүстік-шығыс сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы қаласынан оңтүстікке қарай 10 км жерде. Ең биік жері 1403 м. Ұзындығы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр, енді жері 5 км. Жиренсақал туристік және спорттық нысан. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Ортаңғы және жоғарғы тас көмір гранитоидтарынан түзілген. Беткейлері құзды, сай-жыралармен аз тілімденген. ## Топырағы, өсімдігі Тау етегін қара топырақ жапқан. Баурайында қарағай, арша, қарағайлы-қайыңды ормандар, түрлі бұталар, әр түрлі шалғындар өседі. ## Дереккөздер
Жиренше (Arіstolochіa) – жиренше тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Негізінен тропиктік және субтропиктік аймақтарда тараған 350-дей түрі белгілі. Қазақстанда өзен жағалауларында, шалғындарда және бұталар арасында өсетін 1 түрі – шырмауықты жиренше(А. clematіtіs) бар. Биіктігі 90 см-дей, төсемелі тамыры бар, сабағы аз имектелген өсімдік. Жапырақтары жүрек тәрізді, өркенге кезектесіп орналасады. Гүлдері бірнешеуден жапырақ қолтығынан жетіледі, қос жынысты, шашақ гүлшоғырынатопталған. Аталығы 6, аналығы 4, алдымен аналығы жетіліп, содан кейін аталығы жетіледі. Сондықтан жиреншелер жәндіктер арқылы айқас тозаңданады. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – алмұрт тәрізді қауашақ. Жиренше улы өсімдік, оның құрамында алкалоидтар, көптеген активті заттар болады. Халық медицинасында жиреншені тыныс алу жолдарының, бүйрек, кейбір қатерлі ісік ауруларын емдеуге, сондай-ақ уын жылан шаққанда пайдаланады. Сәндік өсімдік ретінде де өсіреді. ## Дереккөздер
Жоғарғы Көксу қорықшасы – Жетісу өңірін мекендейтін аңдар мен құстарды қорғау, көбейту мақсатымен 1980 жылы құрылған республикалық мәні бар зоологиялық қорықша. ## Географиялық орны Жетісу облысының Панфилов және Кербұлақ аудандарында орналасқан. Аумағы 240 мың га. ## Жер бедері Қорықша Көксу, Қорғас, Үлкен Өсек және Кіші Өсек өзендерінің бастауындағы Жетісу Алатауының (Жоңғар Алатауының) Тоқсанбай жотасының орталық бөлігін алып жатыр. Жер бедері биік және аласа таулы болып келеді. Теңіз деңгейінен 2500 м биіктіктегі қылқан жапырақты (майқарағай және шырша) орман белдеуі одан жоғары бетегелі дала белдеуіне, субальпілік және альпілік шалғынға ұласады. ## Фаунасы Қорықшада барыс, арқар, марал, жабайы шошқа, елік, сілеусін, ақ қоян, ақ тиін, сұр суыр, қарабауыр ұлар, сақалтай, бүркіт мекендейді; сирек кездесетін және жойылып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлардың 8 түрі (Жетісу аяқтыбалығы, барыс, т.б.) бар. Қорықшада аң аулауға, құс атуға тыйым салынған, қорғауға алынған жануарлардың тіршілігіне бөгет жасауға, өсімдіктерді өртеуге, сондай-ақ әр түрлі уландырғыш заттарды қолдануға рұқсат етілмейді. ## Дереккөздер
Жоғарға Мұсабай– Қызылқұм құмының шығысында орналасқан құдық. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 60 км жерде, теңіз деңгейінен 200 м биіктікте. Тереңдігі 14 м, су шығымы 700 л/сағ., айналасын құм шағылдары қоршаған. Әліп-2, Бектемір,Әменшақ құдықтары жақын орналасқан. Оңтүстігінде 20 км жерде Ұялы қыстауы бар. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жоғарғы Соқыр қоңыр көмір кен орны – Қарағанды қаласынан шығысқа қарай 30 км қашықтықта, Қарағанды көмір алабында орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Кен орналасқан Жоғарғы Соқыр синклиналі юра кезеңінің тау жыныстарынан (аргиллит, алевролит, құмтас, конгломерат) түзілген. ## Жатыс сипаты, құрамы Жалпы қалыңдығы 900 м. Көмірлі горизонт бес көмір қабатынан тұрады, олардың жалпы қалыңдығы 27,6 м. Көмір қабаттарының құрылысы күрделі, таралымы тұрақсыз. Көмірі күшті метаморфталған, маркасы 3Б, ылғалдылығы 15 – 21%, күлділігі 13 – 21%, күкірті аз (0,5 – 0,8%), қызулығы 6,7 – 7,1 мың ккал/кг. Көмірдің барланған жалпы қоры 2,15 млрд. т, оның 898 млн. тоннасын ашық әдіспен алуға болады, көмір жергілікті отын ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жолан, таушерия (лат. Tauscheria) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда барлық аймақтардың сортаңды топырақтарында, тасты, тастақты беткейлерінде далалық алқаптардағы бұталар арасында өсетін 1 түрі – түкжемісті жолан (Т. lasіocarpa) бар. Биіктігі 15 – 30 см, сабағы тік жоғарылаған сайын бұтақтана береді. Жапырақтары ұзынша жұмыртқа немесе қандауыр тәрізді. Гүлдері сары түсті. Аталық жіпшелері бос жатады, аналық мойны қысқа. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бұршаққынша. Тұқымы домалақ. ## Дереккөздер