text
stringlengths
3
252k
Жағастай дембеті (лат. Mertensia dshagastanica) – айлауықтар тұқымдасы, дембет туысына жататын көп жылдық көлеңке сүйгіш өсімдік. Қазақстанда Кетпен (Ұзынқара) тауындағы Қалжат сайында өседі. Биіктігі 15 см-дей. Тамыр жапырақтарының сағақтары ұзын, жүрекше тәрізді. Сабағында ұсақ жапырақтары кезектесіп орналасады. Көгілдір гүлдері шар тәрізді шоғырланған. Тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс береді. Жемісі жаңғақша, сырты тегіс болады. Жағастай дембеті – өте сирек кездесетін реликт өсімдік. Оның өсу ареалының жылдан-жылға таралуына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ## Дереккөздер
Жаздыбай – Жақсы Қарғалы өзенінің оң саласы. Елек өзенінің алабында. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 35 км. ## Бастауы Жездібай (Березовка) ауылының шығысындағы Шаншар қыстауы маңындағы бұлақтардан бастау алып, Петропавловка ауылының тұсында Жақсы Қарғалы өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы ағысының жағалауы тік жарлы, орта және төменгі бөлігі жайпақ. Қар және жер асты суларымен толығады. Мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Қопа – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Қордай ауданы және Алматы облысы Жамбыл ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 163 км, су жинайтын алабы 6940 км². ## Бастауы Жетіжол, Кіндіктас тауларының солтүстік беткейіндегі Бел аулының төңірегінен басталып, Жиренайғыр темір жол стансасының солтүстігінде 7 км жерде Ұзынқарғалы өзенімен бірге Күрті өзенін құрайды. ## Гидрологиясы Арнасы кең, жағасы тік жарлы. Жер асты суларымен, жауын-шашынмен толығады. Жылдық орташа су ағымы сағасында 1,01 м³/с. Жағалауы – шабындық, мал жайылымы. Егістік, бау-бақша суару үшін пайдаланылады. Қопадан бірнеше шағын канал тартылған. Салалары: Жанжігіт, Кірөзек, Төбет, Жартас, Мұса, Ақсеңгір, Жиренайғыр. ## Дереккөздер
Жайрақты – Маңғыстау тауының орта бөлігіндегі тау массиві. ## Географиялық орны Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 351 м. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Пермь мен триастың қатпарланған құмтас, тақтатас, әктас және конгломерат жыныстарынан түзілген. Беткейі тік немесе жарқабақты келеді. Аласа таулы қырқаларды юра мен бордың құмды-сазды жыныстары жапқан ойысты жерлер қоршап жатыр. Солтүстігінен Солтүстік Ақтау жотасы, оңтүстігінен Батыс Қаратау жотасы өтеді. Таудың оңтүстігі және батысы қатты тілімденген. ## Өсімдігі Беткейлерінің етегінде тасбұйырғын, жусан, т.б. шөл өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
Жайсаң мыс кен орны — Жамбыл облысы Шу ауданында, Шу қаласынан солтүстік-батысқа қарай 55 км жерде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Жайсаң мыс кені энеолит дәуірінен белгілі, ежелгі сақтар кен өндіріп, мыс қорытқан. 1906-1915 жылдары ағылшын концессионерлері кен өндірген. Жүйелі геологиялық барлау жұмыстары 1950 жылдан жүргізілуде. Кенді алаң ордовиктің интрузивтік жыныстарынан құралған, оның ішінде солтүстік және шығыс бөліктері Қордай кешенінің кварцты сиенит-диориттерінен, ал қалған аудандары Шатыркөл кешенінің биотитті граниттерінен тұрады. ## Жатыс сипаты, құрамы Кен алаңы жарылымдар жүйесімен блоктарға бөлінген. Жарылым белдемдерінде кен денелеріне жапсарлас микродиорит пен диабазпорфирит сығылмалары бар. Тарамдала созылған желілер мен линза пішіндес кен денелерінің ұзындығы 550-1700 м, қалыңдығы 0,9-13 м-ге дейін. Кен денелері кварц-магнетит, гематит-магнетит, кальцит-магнетит-халькопирит және пирит пен молибдениттен тұрады. Тотығу белдемдерінің қалыңдығы 10 – 200 м, тереңдігі 30 – 40 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Тотыққан кен құрамында мыс, куприт, тенорит, псиломелан, малахит, хризоколла бар. Пайдалы кешендері: мыс, молибден, темір, күміс, селен, германий, рений, теллур, алтын. Жайсаң мыс кен орны қоры жағынан шағын кендер тобына жатады.
Жайық-Каспий теңіз каналы - Жайықтың атыраулық бөлігіндегі су жолы. Атырау облысы жерінде. Жалпы ұзындығы 56 км, оның 20 км-дейі Каспий теңізінің солтүстік таяз бөлігімен өтеді. Орташа тереңдігі 4,4 м, ені 90 м. Атырау қаласына теңіз кемесінің еркін қатынауына мүмкіндік береді. Жағасында Тасқала, Жаңаталап, Атырау, Дамба елді мекендері орналасқан. ## Дереккөздер
Жайтөбе – Тарбағатай жотасының оңтүстік баурайында орналасқан төбе. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 791 м. Солтүстік -батыстан оңтүстік -шығысқа қарай 5 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 км. Оңтүстік және солтүстік беткейлері тік жарқабақты, ал шығыс және батыс беткейлері көлбеу келген. Оңтүстігінен Қатынсу өзенінің салалары бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Ортаңғы және жоғарғы төрттік кезеңнің шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Сұр қоңыр топырақ жамылғысында еркек шөп, жусан, астық тұқымдас өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Жайық-Каспий қоңыр көмір алабы - Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Жалпы аумағы 150 мың км2. Көмірлі түзілімдер туралы алғашқы деректер 19 ғасырдың аяғында белгілі болған. 1941-1945 жылдары алаптың жекелеген кен көздері игеріліп, жергілікті отын базасы болды. Негізгі іздеу-барлау жұмыстары 1941-1952 жылдары жүргізілген. ## Геологиялық құрылымы Алаптың көмірлілігі сазтас, құмайттас және құмтастан тұратын триас (Құрашасай шоғыры) және орта юра (Елек шоғыры) түзілімдерімен байланысты. Кендердегі көмір қабаттарының саны 3-10, кейде 23-24-ке (Жайсаң, Жолдыбай) жетеді. Өнімді қабаттардың саны 1-3-тен аспайды, қалыңдығы 0,1-4,3 м, ең қалың жері 9,5 м (Доссор кен орны). Алаптың оңтүстік бөлігіндегі кендер юра тұз күмбездерінде орналасқан. Көмір қабаттары күмбездің орталық бөлігінде қалың және бір-біріне жақын орналасқан, ал қанаттарында күрт жұқарып, сыналанып кетеді. ## Алап сипаты Жайық-Каспий қоңыр көмір алабындағы көмірдің сапасы орташа, күлділігі жоғары (солтүстігіндегі кендердің күлділігі 21-46%, оңтүстігінде – 8-36%), ылғалдығы 12-20%, жылу бөлгіштігі 5-7 мың ккал/кг. Көмірі – күкіртті. Б2 маркалы көмірі өз бетінше жануға бейім, жеңіл брикеттеледі, брикеттері суға төзімді. Жайық-Каспий қоңыр көмір алабында 100-ден аса көмір кендері мен кен түзілімдері бар, оның ішінде жете барланғандары: Құрашасай, Жайсаң, Оңтүстік Мортық, Алға, Ақтөбе, Шұбарқұдық, Жақсымай, Кендісай, Мамыт, т.б. Алап көмірінің жалпы қоры 1474 млн. т, оның ішінде барланғаны 142 млн. т. ## Көмір құрамы Көмір күлінің құрамында титан, ванадий, т.б. элементтер бар. Көмір сапасының төмендігі мен кен-геологиялық жағдайының күрделілігіне қарамастан алапта ашық тәсілмен игеруге жарамды кендер жеткілікті. Олардан жылына 5 млн. т-ға дейін көмір өндіріп, батыс аймақты жергілікті отынмен қамтамасыз етуге болады. ## Дереккөздер
Жайықтау – Желдіадыр жотасынан оңтүстікке қарай 35 – 40 км жерде орналасқан оқшауланған тау массиві. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданында. Абсолюттік биіктігі 657 м. Сарыкеңгір өзені аңғарында. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Шығыс беткейі көлбеу, солтүстік және батыс беткейлері тік жарлы келеді. Девонның граниттері мен тас көмірдің тақтатастарынан, төменгі бөлігі делювий, пролювий шөгінділерінен түзілген. ## Өсімдігі Топырағы карбонатты бозғылт қоңыр және қиыршықтасты. Беткейлерінде жусан, селеу, бетеге, етек жағында қараған аралас бұталы өсімдіктер өседі. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Жайық-Шалқар суару жүйесі– Жайық өзенінің сол бетінде, Ақжайық ауылынан оңтүстік бағытқа қарай 2 км жерде орналасқан суғару жүйесі. Суы Жайық өзенінің сол жағынан екі сорғы станциясы арқылы алынады. 1977 жылы пайдалануға берілді. Ұзындығы — 45 км, арнасынан секундына 5,0 м3 су өтеді. Канал 4,0 мың га егістік суару, 41,5 мың га жайылым суландыру және Шалқар көлінің деңгейін көтеру мақсатында салынды. Канал бойында мал суару орындары (суат) ұйымдастырылған. ## Дереккөздер
Жайынды – Жем алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы жерінде. Ұзындығы 94 км, су жиналатын алабы 1670 км2. ## Бастауы Шошқакөл бұйратының солтүстік-батысынан басталып, Жемнің саласы – Атжақсы өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Көктемде қар ерігенде суы тасиды. Қарашаның басында суы қатып, наурыздың аяғында ериді. Жайылмасы шабындық ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақанкөл – Есіл алабында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Ақмола облысы Аршалы ауданы Сарыоба темір жол станциясынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде. Үлкен Сарыоба көлінің солтүстігінде, теңіз деңгейінен 382 м биіктікте. ## Аумағы Аумағы 1,2 км2, ұзындығы 1,5 км, енді жері 1,2 км, жағалау бойының ұзындығы 4 км. ## Жер бедері Жағалауы тегіс, суы қарашада қатып, сәуірде ери бастайды. Суы тұщы. Айдынын қамыс пен қоға шоғырлары жапқан. Мал суаруға пайдаланылады.
Жақсы Абралы – Үлкен Сарымбет тауларының шығысында 20 км-ге созылып жатыр. ## Географиялық орны Абай облысы Жаңасемей ауданы аумағындағы тау. Шығыс етегінде Қайнар ауылы орналасқан. Қарасу өзенінің сол жағасы арқылы өтеді. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Силур мен девон жыныстарынан түзілген. Беткейлері құламалы, көптеген сай-жыралармен, құзды жартастармен тілімденген. ## Өсімдігі Таудың қызғылт қоңыр топырағында австрия жусаны, салқын жусан, бетеге өседі. Аңғарлар мен сайларында түрлі шөпті бидайықты шалғындар кездеседі. ## Дереккөздер
Жайра (Hystrіcіdae) – кеміргіштер отрядының бір тұқымдасы. Бұлар негізінен Еуразия мен Африканың субтропиктік және тропиктік аймағында тіршілік етеді. Қазақстанда Талас Алатауында, Қаратауда, Маңғыстау түбегіндегі тау жоталары мен бөктерлеріндегі ормандар мен тоғайларда, өзен аңғарларында мекендейді. 6 түрі бар, оның бір түрі – үнді жайрасы (H. іndіca), ол Қазақстандағы ең ірі кеміруші. * Тұрқы 60 – 90 см, құйрығының ұзындығы 12 – 15 см, салмағы 15 – 27 кг. Оның дене бітімі ерекше – арқасы мен бүйірінде қаптаған ине (шамамен 30 – 35 мыңдай) болады. Жайралар інін тастың қуысына, өзен бойындағы биік жарға салады. * Інінің тереңдігі 4 м-ге дейін барады. Ол көбіне шөппен, өсімдік, тамыр жеміс, жеміспен қоректенеді. Қоректенуге түнде шығады. Жылына бір рет (2 – 5-ке дейін) балалайды. * Буаздық мерзімі 60 – 90 күн. Жаңа туған жайралар өте әлсіз, денесіндегі инелері алғашқы тәуліктерде жұмсақ болады. Қолда ұстағанда үнді жайрасы 20 жылдай тіршілік етеді. Үнді жайрасының жылдан-жылға саны азаюда мысалы, Алматы мен Шымкенттегі хайуанаттар саябақтарында 5 жұбы, Қарағандыда 2 жұбы бар (1996). * Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Статусы IV-ші санат. Сирек кездестін аз зерттелген түр. ## Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы Қазақстан фаунасында тұқымдастың жалғыз түрі. ## Таралуы Маңғыстаудтың оңтүстігінде, Талас, Қырғыз, Іле Алатауларында, Қаратау және Шу-Іле тауларында кездеседі. Маңғышлақтың оңтүстігінде Кендірлі-Қайсан үстіртінде, Елшібек құдығы, Жабайұшқан бөлігінде, Талас Алатауында Сайрам-Ақсу өзенідерінің аралығындағы тау қойнауында, Іле Алатауының батыс бөлігіндегі Жетіжол, Қастек тау етектерінде, Қырғыз Алатауының Аспара, Мерке, Қаракыстақ, Қарақат, Сарыбұлақ, Шұңқыр қойнауларында, Қаратаудың Сырдария бөлігінің оңтүстік-шығысында және Кіші Қаратаудың таралған. ## Мекендейтін жерлері Қазақстанда жайралар таудың шатқалдары мен қойнауларының теңіз деңгейінен 2000 м биіктіктегі жер бедері ойлы- қырлы аласа таулар мен тау етектерінде мекендейді. Іле Алатауында жапырақты орманда (1200-1700 м мекендесе, Қырғыз Алатауында – шетен, долана, арша, талдар өскен бұталардың арасын қоныстайды (900-1800) м. Талас Алатауында өзен аңғарындағы тоғай мен аршалардың және тас шатқалдардағы үңгірлер мен қуыстарда мекендесе, Қаратауда өзен аңғарындағы тоғайлар мен жеміс-жидек арасында кездеседі. Маңғыстауда жарлардың қуыстарын, сиректе болса кейде құмда кездеседі. Барлық жерде таудың қары аз, шөбі қалың оңтүстік бөлігін қоныстайды. ## Саны Барлық жерде саны сирек, анық саны туралы дерек жоқ. Қаратауда 1983 жылы 200 км² жайраның 200 іні кездессе, осы жерде бір шаршы км² шақырымда 1,0-2,5 жайра санаққа алынған . ## Негізгі шектеу факторлары Қардың қалың түсіп, топырақтың қатты қатып қалуы. Мекендейтін жерлерде мал санының шектен тыс көп болуы мен браконьерлік жолмен аулауы, қойшы иттерінен зардап шегуі. ## Биологиялық ерекшіліктері Бір жерде ғана тіршілік ететін аң. Ін қазады. Тасты учаскілердегі қуыстарды, саңлауларды уақытша баспана ретінде пайдаланады. Тіршілігі т.нде өтеді. Өсімдіктектес азықпен қоректенеді, оның ішінде жер асты бөлімдерін (тамыр, сабақ, тамыр түйнек), жемістер мен тұқымдарды сүйсіне жейді. Жайралар көктемде көбейеді, 3-5 ұрпақ туады. Қыста ұйқыға жатпайды, бірақ белсенділігі азаяды . ## Қолда өсіру Мәлімет жоқ. ## Қабылданған қорғау шаралары Қаратау қорығында қорғалады. ## Қорғауды керек ететін шаралар Аңдарды браконьерлерден қорғауды күшейту керек. ## Зерттеу үшін ұсыныстар Биологиясын зерттеу қажет. ## Дереккөздер
Жақсы Арғанаты – Тарбағатай жотасының солтүстік бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы жерінде, Жалаңаш және Тымырсық өзендері аралығында орналасқан. Батыстан шығысқа қарай 15-18 км-ге созылған, ені 12 км, абсолюттік биіктігі 1608 м. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Тақтатас, әктас, гнейс жыныстарынан түзілген. Солтүстік беткейі көлбеу, аңғарлармен тілімденген, оңтүстігі құлама. ## Өсмдігі Беткейлері мен шатқалдарында қайың, көктерек, таудың қара топырағында бетеге, селеу өседі. ## Дереккөздер
Жақсы ауданы – Ақмола облысының солтүстік-батысындағы әкімшілік бөлініс. 1955 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты құрылған, әкімшілік шекара ретінде 1957 жылы құрылды. Аудан орталығы – Жақсы ауылы. ## Географиялық орны Аудан солтүстігінде СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданымен, шығысында Сандықтау, Атбасар, батысында Есіл, Жарқайың аудандарымен шектеседі. ## Тарихы 1955 жылы 22 қазанда Есіл ауданының ықшамдалуынан Қима ауданы болып құрылды. Орталығы Қима ауылы болып, құрамына Есіл, Жақсы, Жирен, Запорожье, Киров, Қима, Новоярослав, Талсай, Шұрымсай ауылдық кеңестері енді. 1957 жылы аудан орталығы Жақсы ауылына көшірілді. 1963 жылдың 2 қаңтарында ауданға қазіргі атауы берілді. 1970-1988 және 1990-1997 жылдары Жақсы ауданы Торғай облысының құрамына кірді. Сонымен бірге 1970-1997 жылдары ауданның оңтүстік бөлігінде Қима ауданы болды. ## Жер бедері Жақсы ауданы дала белдемінде орналасқан. Ауданның солтүстік жартысын абсолюттік биіктігі 300 — 400 м ұсақ шоқылы — жонды таулар мен Көкшетау қыратының оңтүстік-батыс бөлігі алып жатыр. Оңтүстік жағын жонды-белесті келген, абсолюттік биіктігі 250 — 300 м болатын Атбасар жазығының батыс бөлігі қамтыған. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты континенттік, қысы суық, қары аз (20 см), жазы ыстық, құрғақ. Қаңтардағы орташа температура –17 — 18°С, шілдеде 19 — 20°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 300 — 350 мм. Аудан жері арқылы Есіл, Терісаққан, Аққайрақты, Жаман Қайрақты, Құмай өзендері ағып өтеді. Ең үлкен көлі — Қалмақкөл. Солтүстігінде карбонатты қара, оңтүстігінде карбонатты қызыл қоңыр топырақ, өзен жайылмаларында шалғындық топырақ тараған. 1954—56 жылдары аудан жерінің көпшілік бөлігі жыртылды. Жыртылмай қалған жерлерінде жусан аралас селеулі, бетегелі-селеулі далалық өсімдіктер, Есіл аңғарында бұта аралас шалғын өседі. Қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, суыр, қарабауыр, күзен, сарышұнақ, қосаяқ, дала белдеміне тән құстар (бозторғай, қаратамақ, т.б.) мекендейді. ## Халқы Тұрғындар саны: 19 088 адам (2019). * Ұлттық құрамы: қазақтар (47,32%), орыстар (23,73%), украиндар (13,76%), немістер (4,35%), беларустар (2,45%), татарлар (2,16%), мордвалар (1,75%), башқұрттар (0,71%), ингуштар (0,70%), молдовандар (0,73%), әзербайжандар (0,51%), удмурттар (0,50%), армяндар (0,05%), марилер (0,02%), басқалары (1,26%). ## Әкімшілік бөлінісі 25 елді мекен 2 ауылдық әкімдік пен 12 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Дереккөздер
Жабық – Жетісу Алатауы тауының шығысында орналасқан жота, Алакөл өңірінің жазғы жайлауы. Теңіз деңгейінен 2500-2600 м биіктікте жатыр. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 3130 м. Жазғы жайлауға Тік, Қарағайлы және Көл асулары арқылы шығуға болады. Тау шатқалында Жасылкөл көлі орналасқан. Суы мөлдір, таза. Жабық жотасындағы Майтөбе, Жаманкүнгей, Бұжыр, Шатыр қыраттары мен Ойжайлаудың шөптері шүйгін әрі малға өте жұғымды. Қайнар мен тұмалары көп, суы мол. Айнакөл, Оразбай сайы, Қараой бастауларынан қосылған бұлақтар Үпі шатқалымен төмен ағып, Ырғайты өзеніне қосылады. ## Ауа-райы Күні бұлыңғыр, жауын-шашынды, аспанды бұлт торлап, ашық күні сирек болғандықтан оны «Жабық жота» деп атаған. Түні салқын, дүркін-дүркін қарлы бұршақ жауып тұрады. Биік жоталарының солтүстік шатқалдарында жазда да қар жатады. ## Дереккөздер
Жақсы Жаркөл – Тоғызақ алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Фёдоров ауданы жерінде орналасқан. Тоғызақ аңғарының оң жағында, теңіз деңгейінен 174 м жоғары орналасқан. ## Гидрографикасы, жағалау сипаты Аумағы 13,5 км2, ұзындығы 4,5 км, енді жері 4 км, жағалау бойының ұзындығы 14 км. Негізінен жауын-шашын суымен толысады. Жағасы жайпақ, батпақты. Қараша – сәуір айлары аралығында суы қатады. Суы тұщы. Жайылым суландырылады, мал шаруашылығына пайдаланылады. Алабы – шалғынды шабындық. ## Дереккөздер
Жақсыбұталы – Солтүстік Арал маңында, Үлкен Борсық құмының шығысындағы қыратты тау жұрнағы. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы жерінде. Абсолюттік биіктігі 345 м, ұзындығы 25 км, ені 7 – 10 км. ## Жер бедері Оңтүстік мен оңтүстік-шығысы тіктеу, сай-жыралармен тілімденген. Жақсыбұталының етегінен Сабыржылға өзені бастау алады, жазда тартылып қалады. ## Геологиялық құрылымы Эоцен саздарынан түзілген. ## Өсімдігі Бозғылт қоңыр топырағында жусан аралас астық тұқымдас сораң шөптесін басым өскен. ## Дереккөздер
Жақсы Иманақ – Нұра-Сарысу каналы мен Сарысу өзенінің аралығындағы тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жаңаарқа кентінің солтүстік-шығысында 25 км жердегі оқшауланған тау массиві. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 718 м. Батыстан шығысқа қарай 4 км-ге, солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км-ге созылып жатыр. ## Геологиялық құрылымы Орта және жоғарғы тас көмір гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Қиыршықтасты сұр, бозғылт қоңыр топырақтарында тобылғы, қараған, жусан, селеу, т.б. өсімдіктер өседі. Жақсы Иманақ тауының баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақсы Қайрақты – Есіл алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақмола облысы Жақсы ауданында орналасқан. Ұзындығы 25 км. ## Бастауы Бастауын Подгорное ауылының солтүстік-шығысындағы Подгорное (423 м) тауының етегіндегі бұлақтардан алады. Запорожье ауылының тұсында Есіл өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Арнасы тік жарлы, жағалауы бастауынан сағасына дейін жыралы келген. Оң жайылмасында бірнеше ірілі-ұсақты салалары бар. Ірілері: Аққайрақты, Талсай. Суы егін және түрлі шаруашылықтарға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақсы Жармола – Арал алабында, Алтыбай құдығының батысында 14 км жердегі көл. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Қазалы ауданы жерінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 53 м биіктікте. ## Гидрографикасы, сипаты Аумағы 4,6 км2, ұзындығы 6 км, енді жері 0,8 км. Қар суымен, жауын-шашын, ішінара жер асты суларымен толысады. Суы желтоқсанның аяғында қатып, наурыз айында ериді. Суы ащы, сілтілігі жоғары, шаруашылыққа пайдаланылмайды. Жағалауындағы сортаңды жерде қамыс, қоға өседі. ## Дереккөздер
Жақсы Қоянды – Ерейментау тауларының батысында орналасқан тау. ## Географиялық орны Ақмола облысы Целиноград ауданы жерінде, Сілеті өзенінің оң жағалауында, Софиевка ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 452 м. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, ені 5 км. Солтүстік-шығысындағы 375 м-лік төбемен Красная Круча сайы арқылы бөлінеді. ## Геологиялық құрылымы Жоғарғы кембрий және кембрийге дейінгі кезеңде түзілген тау жыныстарынан тұрады. ## Өсімдігі Қою күлгін және сортаң топырақтарында жусанды, дәнді өсімдіктер өседі. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақсы Қарсақбас – Тосынқұм құмының батысында 15 км жердегі тау. ## Географиялық орны Қостанай облысы Жангелді ауданында. Торғай өзенінің аңғарында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 156 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. ## Жер бедері Шығыс беткейі тіктеу келген. Жаңа түзілімдік шөгінділерден пайда болған. Түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатады. Жақсы Қарсақбас тауының жанында Басқарасу, Алакөл, т.б. көптеген қыстаулар бар. ## Өсімдігі Сортаңды қоңыр топырақ жамылғысында жусан, баялыш, күйреуік, астық тұқымдас өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Жақсықарт – Нұра өзенінің оң жағалауындағы шоқы. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Нұра ауданы Ақмешіт ауылынан солтүстікке қарай 11 – 12 км жерде. Ең биік жері 637 м. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Ең биік жері 637 м. Ұзындығы мен ені 4 – 5 км. Девон гранитоидтарынан түзілген. Беткейі өзектермен және өзен аңғарларымен қатты тілімденген. Оңтүстігінде көп жерлерде жартастары жер бетіне шығады. Солтүстігінде Бұйрабас шоқысымен шектеседі. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында көптеген дала өсімдіктері өседі. ## Дереккөздер
Жақсы Айыртау – Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерінде орналасқан тау. Абсолюттік биіктігі 551 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. ## Жер бедері Оңтүстік-шығыс беткейі тік жарқабақты келген. Оқшауланған 2 тау массивінен тұрады. Таудың етегінен Талдысай (өзен, Сарысу алабы) ағып өтеді. ## Геологиялық құрылымы Палеозой дәуірінің девон кезеңінің интрузивті жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңдау бозғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, сұлыбас, астық тұқымдас шөптесіндермен бірге бұталы өсімдіктер өседі. Баурайы жазғы жайылым және қыстау ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақсы Сарысу – Сарысу алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет және Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 113 км, су жиналатын алабы 3510 км². ## Бастауы Сарыарқаның ортаңғы бөлігіндегі Бұғылы, Жақсы Тағылы тауларынан басталады да Сарысу өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Қар және жер асты суларымен толығады. Жоғарғы жағында арнасы тар келеді. Саға төңірегінде кеңейіп, жайылмасы қалыптасады. Ірі салалары – Ақсу (40 км), Нарбақ (28 км). Жылдық орташа су ағымы 0,33 – 0,67 м³/с. Қараша – сәуір айларында мұзы қатады. Ағынын реттеу және шабындықты көлдетіп суғару үшін Нарбақ саласы құйған жерінен шағын бөген салынған. Мал суарылады. Алабы – жайылым. ## Дереккөздер
Жақсықылыш тұз кен орны — ас тұзы мен натрий сульфаты өндірілетін тұзды көлдер тобы. "Аралтұз" комбинаты бұл кеннен 1940 жылдан бері ас тұзын өндіріп келеді. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Арал ауданы жерінде. ## Жатыс сипаты Қыс пен көктемнің басында көлде беткі, ал басқа уақыттарда түпкі тұздық ерітінді болады. Түпкі шөгінділерде галиттің жаңа тұнбасы (2,5-14 см), саз бен құм аралас гранатқа (23-48 см), таза гранатқа (9-110 см), тығыз гранатқа (28-83 см), астраханит (93-140 см), эпсомит (8,5-14 см), ал бұлардан төмен ми батпақ бар. Өндірістік категориялардағы ас тұзының қоры 38928 мың т, ал сульфат тұздары 8071 мың т. ## Дереккөздер
Жақсымай мұнай кен орны — Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласынан солтүстік-батысқа қарай 65 км жерде орналасқан. Барлау жұмыстары 1926-1937 жылдары жүргізіліп, кен орны 1933 жылы ашылған. ## Жатыс сипаты Кен үш қанатты тұз күмбезінің құрылымымен ұштастырылған. Мұнай шоғырының тереңдігі 330 – 380 метр. ## Қанығу сипаты Мұнай қанықтылығының коэффициенті 0,73 – 0,79, кеуектігі 24,9 – 33,4%. Жалпы қалыңдығы 35 – 45 метр, мұнай қанықтығы 7,5 – 8,5 метр. Алғашқы қабат қысымы пермь-триас қатпарында 5,5 МПа, төменгі юрадан 3,5 МПа. ## Тығыздығы, құрамы Мұнайының тығыздығы 849 – 904 кг/м2 және құрамында: 0,29 – 0,4% күкірт, 0,7 – 0,84% парафин, 12 – 20% шайыр мен асфальтен. Төменгі юрада гидрокарбонатты-натрийлі, су тығыздылығы 1036 кг/м2. Кен көзі ұзақ уақыт пайдаланылғаннан кейін 1975 жылы тоқтатылған. Пайдаланылғаннан бері 430 мың т мұнай өндіріліпті.
Жақсытұз – Сілеті алабындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов және Ақмола облысының Ерейментау аудандары жерінде. Сілеті көлінің оңтүстігінде, теңіз деңгейінен 69,5 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 15,9 км2, ұзындығы 5,1 км, енді жері 3,8 км. Жауын-шашын және жер асты суларымен толысады. Жағасы жайпақ, батыс жағы жарлауытты, кемерлі келген. Қараша – сәуір аралығында мұзы қатады. Суы тұзды, көктемде мал суаруға жарамды. Алабы – жайылым. ## Дереккөздер
Жақсы Тағылы – Сарыарқаның оңтүстік бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерінде. Жақсы Сарысу, Қайрақты және Жаман Сарысу өзендері аралығында бойлық бағытта созылып жатыр. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1076 м. Ұзындығы оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 35–40 км, ені 15–20 км. Аласа қырқалардан, күмбез және саңырауқұлақ тәрізді көптеген шоқылар мен төбелерден тұрады. Оңтүстік беткейі тіктеу, солтүстікке қарай көлбеуленіп жазықты белестерге ұласып кетеді. Беткейлері сай-жыралармен тілімденген. ## Геологиялық құрылымы Девон мен тас көмірдің альбитофир, порфирит жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр қиыршықтасты топырағында қараған, тобылғы аралас бетегелі-бозды дала өсімдіктері өседі. Қысқы мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақынжол – Бетпақдаланың шығысында, Желтау тауларының солтүстік-батысындағы оқшау төбе. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Солтүстіктен оңтүстікке қарай 6 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км. Абсолюттік биіктігі 522 м. Оңтүстік-батысында Қотанақ (537 м) төбесімен шектеседі. ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың эффузивті шөгінді жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қиыршықтасты сұр қоңыр топырағында боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік басым өседі. Жазғы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жақсытүкті – Көкшетау қыратының оңтүстігіндегі эрозиялық-денудациялық тау. ## Географиялық орны Ақмола облысы Сандықтау ауданы жерінде орналасқан. Бірнеше шоқылардан тұратын таудың абсолюттік биіктігі 593 м. Доғалданып, бойлық бағытта созылған. Ұзындығы 35 – 37 км, ені 10 – 12 км. ## Жер бедері мен геологиясы Беткейлері көлбеу, Сарқырама өзені басталатын оңтүстік батысы тіктеу, жартасты. Жоғарғы девонның интрузивті гранит жыныстарынан түзілген. Оның бетін аллювийлі-делювийлі шөгінділер жапқан. ## Өсімдігі Күлгін түстес шымды топырағында әр түрлі шөптесіндер, баурайында қарағайлы-қайыңды орман өседі. ## Дереккөздер
Жалайыр – Шерубайнұра өзенінің оң жағасындағы қырат. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Абай ауданы Қарабас кентінің оңтүстік-батысында 3 км жерде орналасқан. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 6–7 км-ге созылып жатыр, енді жері 1–1,5 км. Абсолюттік биіктігі 672 м. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Элювийлі жамылғысы бар тас көмір жыныстарынан түзілген. Беткейлері сайлармен, түп жыныстардың шығымдарымен тілімденген, батыс беткейлері құламалы жартасты келеді. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында әр түрлі өсімдіктер өседі. Етегінен көптеген бұлақтар бастау алады. ## Дереккөздер
Жақсы Алакөл – Тобыл алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Денисов және Бейімбет Майлин аудандары жерінде, Тобыл және Әйет өзендері аңғарларының аралығында, теңіз деңгейінен 217 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 25 км2, ұзындығы 7,1 км, ені 4,3 км, жағасының ұзындығы 21 км. Жауын-шашын және жер асты суларымен толысады, шағын Ащысу өзеніне құяды. Жағасы жайпақ, батпақты. Қараша – сәуір айлары аралығында суы қатады. Суы тұзды. Көктемде мал суарылады. Алабы - қалың құрақ, қамыс өскен шабындық. ## Дереккөздер
Жалайыр барит кен орны - Қарағанды облысы Абай ауданында орналасқан. 1938 жылы ашылған. ## Геологиялық құрылымы Ортаңғы және жоғарғы девонның қызыл түсті конгломераттарынан, құмтастарынан, төменгі тас көмірдің әк және тақтатасты жыныс қабатынан құралған Қарағанды синклинорийінің оңтүстік қанатымен ұштасқан. ## Жатыс сипаты Барит иірімдері солтүстік-шығыс бағытта 14 км-ге созылған Жалайыр жарылымының көлемді аймағына кіреді. Жарылым бойымен ұсақталған жыныстар аймағында пішіндері тізбектеле орналасқан желі іспеттес келген барит кентастарының құламалы 7 иірімі анықталған. Олардың ұзындығы 100 – 1500 м, қалыңдығы. 1 – 50 м. №1 және №3 ірі иірімдердің ұзындығы 400 – 1500 м, орташа қалыңдығы. 60 және 30 м. Минералдары, қолданысыКентастың мономинералды, кварц-баритті, бариттенген әктасты женттасты, бариттенген құмтасты, тақтатасты түрлері табылған. Барит концентратын мұнай мен газ көздерін бұрғылағанда ауырлату үшін, резина және қағаз өндірісінде бояулар мен лактардың толтырмалары үшін пайдалануға болады. ## Дереккөздер
Жалағаш ауданы — Қызылорда облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік бөлініс. Аудан Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен 1939 жылы 17 қазан күні құрылды. Жер аумағы — 27,1 мың км². Орталығы — Жалағаш кенті. ## Жер бедері, климаты Аудан батысында Қармақшы, шығысында Сырдария аудандарымен, теріскейінде Ұлытау облысы Ұлытау ауданымен, түстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Аудан үстімен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай халықаралық теміржол магистралы, автотрасса жосылып жатыр, олармен жарыса «Сырдария» өзені ағуда. Жері негізінен жазық. Солтүстігі тақыр (Дариялық тақыр жазығы), сор, сортаң, Сыр бойындағы жері шалғынды-батпақты, оңтүстікке қарай (Қызылқұм) құмды келеді. Ең биік жері — ауданның солтүстігінде орналасқан Егізқара тауы (288 м). Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық, аңызақ. Қыс айларында жылымық күндер жиі болып тұрады. Қаңтар айының орташа температурасы — 9–12°С, шілдеде — 25–26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 100–150 мм. Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары Жаңадария, Қараөзек ағып өтеді. Шеңгелдікөл, Сарыкөл, Қаракөл, т.б. көлдер бар. Шөлдік белдемде орналасқандықтан Жалағаш ауданының топырағы Сырдария өзені жайылмасында шалғынды сұр, сортаң, солтүстігінде тақырлы сортаңды сұр топырақ, ал оңтүстігінде ақшыл сұр, сұр, қызыл құмды топырақ дамыған. Жазық жерлерде және төбе аралықтарында баялыш, жүзгін, шеңгел, сексеуіл, еркек шөп, күйреуік, су айдындары бойында қамыс-құрақ, ақбас, кекіре, т.б. өседі. Жануарлардан жабайы шошқа, борсық, түлкі, қарсақ, қасқыр, шиебөрі, ақ бөкен, қоян, кекілік, қырғауыл, т.б. мекендейді. ## Халқы Тұрғындар саны – 35 925 адам (2023). Ұлттық құрамы: қазақтар – 98,85%, шешендер – 0,42%, басқа ұлт өкілдері – 0,53%. ## Әкімшілік бөлінісі 17 елді мекен 14 ауылдық округ пен 1 кенттік әкімдікке біріктірілген: ## Ауыл шаруашылығы Ауыл шаруашылығына жарамды жері 391,1 мың га (2008), жыртылатын жерінің аумағы 28,1 мың га, шабындығы 5,3 мың га, жайылымы 252,7 мың га. Басты дәнді-дақылдары — күріш, сондай-ақ, бидай, арпа, жүгері, жоңышқа егіледі. Ауыл шаруашылығына жарамды жердің ауданы — 1,76 млн га, оның 1,45 млн га-сы пайдаланылады. Жыртылатын жерінің аумағы — 40,1 мың га. Жалағаш ауданында 21,9 мың сиыр, 6,4 мың жылқы, 0,5 мың түйе, 42,5 мың бас қой мен ешкі бар (1999). ## Әлеуметтік құрылымдары Ауданда 21 орта және орталау мектеп, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 9 мәдениет үйі, 17 кітапхана, 1 музей, 7 мешіт, 10 аурухана, 6 дәрігерлік амбулаторлық пункттер бар. Елді мекендерге 82,7 км су құбыры жүргізілген. Жалағаш ауданында тарихи және мәдени ескерткіш орындары көптеп кездеседі. Аудан жерімен Орынбор-Ташкент темір жолы және мемлекеттік маңызы бар автомобильді жолдары өтеді. * 2002 ж. — Жалағаш кентінде Қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионаты өткізілген. ## Аудан басшылары · 1939 -1944 ж.ж. Кистанов Сергей Иванович, ауданның алғашқы басшысы, 1939 жылдың қазанынан 1944 жылға дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.· 1944 -1947 ж.ж. Ардабаев Әлімбет Әбженұлы.· 1947-1949 ж.ж. Жанасов Қаппар.· 1949-1953 ж.ж. Бейсембин Махмут.· 1953 ж. Тайымов Аманжол.· 1953-1954 ж.ж. Әзқожаев Омар.· 1954-1961 ж.ж. Соппеков Байбол.· 1961-1963 ж.ж. Тасыбаев Болтай Жұманұлы.· 1965-1972 ж.ж. Әбдікәрімов Исатай.· 1972-1975 ж.ж. Сұлтан Шаханұлы Аманов.· 1975-1985 ж.ж. Қазантаев Қонысбек Төрешұлы.· 1985-1987 ж.ж. Сәпиев Оңалбек.· 1987-1992 ж.ж. Қаюпов Биғали Әбдікерұлы.· 1992-1997 ж.ж. Далдабаев Сәмит.· 1997-1999 ж.ж. Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлы.· 1999-2003 ж.ж. Жолдасбаев Нұрлыбек Қалжатайұлы.· 2003-2004 ж.ж. Ибраев Жұпарбай Өткелбайұлы.· 2004-2005 ж.ж. Талқанбаев Нұрман Бақбергенұлы.· 2005-2006 ж.ж. Есенов Марат Сағынтайұлы.· 2007-2010 ж.ж. Шаменов Өмірбек Мөрәліұлы.· 2010-2011 ж.ж. Бекенов Қайрат Әскербекұлы.· 2011 ж. Қаюпов Биғали Әбдікерұлы.· 2011-2014 ж.ж. Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы.· 2014-2017 ж.ж. Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы.· 2017-2020 ж.ж. Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы.· 2020 ж. наурыз айынан Шәменов Асылбек Өмірбекұлы аудан әкімі. ## Дереккөздер ## Сілтеме * zhalagash.gov.kz Мұрағатталған 18 шілденің 2020 жылы.
Жалайыр құрылыс тас кені - Қарағанды облысы Абай ауданында орналасқан. 1954-1956, 1962 жылдары барланды. ## Геологиялық құрылымы, сипаты Туфтық лавалардан және липариттерден құралған девонның өнімді қабатының ұзындығы 1200, 620 м, қуаттылығы мен физикалық-механикалақ қасиеті кен қабатын құрайды. Солтүстік-шығысқа қарай 58 – 65° еңіс келеді. Беткі жыныс қабатының қалыңдығы 1,3 м. Негізінен шақпатас ретінде жол құрылысы үшін, 300 және одан жоғары маркалы бетон дайындау ісіне пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалаңаш – Нұра алабындағы тұйық көл, Теңіз-Қорғалжын ойысында. ## Географиялық орны Ақмола облысындағы Целиноград ауданында орналасқан. Теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 8,8 км2, ұзындығы 4,7 км, енді жері 2,5 км, жағалау бойының ұзындығы 11,8 км. Орташа тереңдігі 2,5 м. Жағалауы саздақ, жайпақ. Суы тұщы. Қар суымен деңгейі көтерілгенде, суы кемерінен асып, жағалауындағы ойпатты батпаққа айналдырады. Жайылмасында қамыс, шалғын шөп өседі. Көлді аудан шаруашылықтары құс өсіруге, мал суаруға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалаңаш – Шу өзені алабындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының оңтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 261 м биіктікте. Аумағы 3 км2, ұзындығы 2,5 км, енді жері 1,2 км, жағалау бойының ұзындығы 12,5 км, орташа тереңдігі 1,5 м. Көктемде су деңгейі көтеріліп, жазда азаяды. Жағалауы жазық келген. Суы тұзды. Желтоқсанның аяғында суы қатып, наурыздың аяғында ериді. Алабы мал жайылымына қолайлы.‎
Жалайыр-Найман тектоникалық белдемі– Орталық Қазақстан және Тянь-Шань каледондық массивіндегі доға тәрізді иіле параллель созылып жатқан үш аса ірі геологиялық құрылым. Оның батыс белдемі Көкшетау – Ұлытау – Қаратауды, ортаңғы белдемі Cтепняк – Бетпақдала – Солтүстік Тянь-Шань жоталарын; шығыс белдемі Бозшакөл – Баянауыл тауларын құрайды. Жалайыр-Найман тектоникалық белдемінің оңтүстігінде Шу Іле антиклинорийі,оңтүстік-батысқа қарай Жалайыр-Найман синклинорийі одан әрі Қоңыртөбе – Шу антиклинорийі орналасқан. Соңғы екі құрылымның арасынан Жалайыр-Найман жарылымдық белдемі өтеді. Жалайыр-Найман синклинорийі қимасының төменгі жағында кембрийдің кварц-дала шпатты және спилит-диабазды формациялары жатыр. Бұл формацияларды ультранегізді және негізді габбро-перидотит формациялары тесіп шығып, солтүстік-батысқа бағытталған массивтер құрайды. Қиманың жоғары жағы күшті жарылымдарға ұшырап, ұсақ блоктарға бөлінген. Жалайыр-Найман синклинорийінде кендер магмалық процестер нәтижесінде түзілген. Ерте ордовиктің габбро-перидотит кешендерінде асбест, титан, кобальт, никель, т.б. кендері шоғырланған. Ультрамафиттерде және негізді вулканиттерде мыс кендері, абразивтік граниттер кездеседі. Девон кезеңінің магмаларынан молибден, вольфрам, қалайы, алтын, полиметалл кендері түзілген. ## Дереккөздер
Жақсыбөрілі, Қарабас – Жайық алабындағы өзен. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында. Ұзындығы 47 км, су жиналатын алабы 2212 км². ## Бастауы Бастауын Шалқар көлінен алып, Жайық өзенінің сол жағынан құяды. ## Гидрологиясы Арнасы көлбеу, тегіс келген. Өзен көл суымен және жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Жылдық орташа су ағымы 0,10 – 0,20 м³/с. Жайылмасы шабындық, суы егістік суғаруға, мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалаңашкөл – Алакөл алабындағы көл. ## Географиялық орны Жетісу облысы, Алакөл ауданының жерінде орналасқан. Алакөл ойысының шығыс бөлігінде, Жоңғар қақпасының солтүстігінде, теңіз деңгейінен 372,5 метр биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 37,6 км², ұзындығы 9 км, ені 5,8 км, ең терең жері 3,2 м, суының жалпы көлі 98 млн. м³. Жауын-шашын және Алакөлдің жайылма суымен толысады. Жағасы негізінен жайпақ, құмды. Желтоқсан-наурыз айлары аралығында мұзы қатады. Суы тұзды. Алабы жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалаңбас – Қу және Арқалық тауларының аралығындағы тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Абсолюттік биіктігі 784 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатқан тау өзен аңғарлары, сай-жыралармен бөлінген бірнеше қырқалардан тұрады. Оңтүстігінен Жарқайың өзені бастау алады. Оңтүстік-шығысында Қарасор көлі жатыр. Кембрий жүйесінің тау жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Өзен аңғарларының сортаңды қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында бұталар, сондай-ақ сұлыбас, боз, селеу және түрлі шөптесін өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Жалаңаш – Тоқырау алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Сарыөзек қыстауы маңындағы Қызылтас тау массивінің батыс беткейінен ағып, бұлақ суларының қосылуынан түзіліп, Қарақой ауылынан 5 км жерде Тоқырау өзеніне қосылады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 38 км. Жоғарғы ағысында жағасы тік жарлы. Қар және жер асты суларымен толығады. Кішігірім 6 саласы бар. Суы тұщы, ауыз суға және мал суаруға пайдаланылады. Өзен алабында жайылымдық және шабындық жерлер бар.‎ ## Дереккөздер
Жақсы Сарытау – Қызылтау тауларының солтүстік-батыс сілемі. Еспе өзенінің сол аңғарында орналасқан. ## Географиялық орны Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл тауларының оңтүстігінде 60 км жерде. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр. Абсолюттік биіктігі 757 м, ені 4 км. ## Жер бедері мен геологиясы Оңтүстік-шығысы биік жарқабақты. Девон, ортаңғы және жоғарғы тас көмір гранитоидтарынан түзілген. ## Өсімдігі Күңгірт сұр топырағында австрия жусаны, салқын жусан, бетеге, сұлыбас өседі. Мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалаулы – Шалқартеңіз алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қостанай облысы Амангелді ауданы жерімен ағып өтеді. ## Бастауы Бастауын Жыланшықтүрме қыратының оңтүстік-батыс беткейіндегі бұлақтардан алып, Рахмет ауылының тұсында Ұлы Жыланшық өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Ұзындығы 72 км, су жиналатын алабы 735 км2. Арнасы тік жарлы, көктемде ғана су ағады, жаз айларында тартылып қалады. Әрқайсысының ұзындығы 10 км-ден аспайтын 13 саласы бар. Мал суаруға пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Жалаулы – Тарбағатай жотасының орталық бөлігіндегі тау басы. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 2992 м. Беткейлері тік, құз-жартасты. Тау басында мұз басу болмаған, жаз айларында аздаған қар жатады. Жалаулыдан Мақаншы өзені бастау алады. Тау басы және оның биіктеу аңғарлары шалғынды.‎ ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың тақтатас, диабаз, туф жыныстарынан түзілген. ## Дереккөздер
Жалғанбозкілем (Pseudosedum) – жасаңшөптер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның далалық және шөлді аймақтарында, тау баурайларының тасты шатқалдарында, бұта арасында өсетін үш түрі бар. Олардың биіктігі 20 – 50 см. Тамыры шоқталған, бірнешеу. Сабағы (1 – 4) тік, өте берік. Жапырағы ұзынша, сабаққа кезектесіп орналасады. Бастапқыда гүлі қызғылт болып, гүлдеген кезде сары түске айналады. Тостағанша жапырақшалары (ұзындығы 3 мм-дей) бөлек-бөлек орналасады. Күлтесі одан 3 – 4 есе ұзын, жемісі қоңырау тәрізді болып келеді. Аталығы 10 – 12, аналығы күлтесінен қысқа. Олар көп гүлді гүлшоғырын құрайды. Сәуір – маусым айларында гүлдейді. Дәнінің ұзындығы 1 мм-дей, өте ұсақ болады. Жалғанбозкілемнің бір түрі – Қаратау жалғанбозкілемі (Pseudosedum karatavіcum) өте сирек кездесетін эндемик өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жалғанбұршақ таспасы (Аstragalus pseudocytіsoіdes) – бұршақ тұқымдасы, таспа туысына жататын көп жылдық бұташық өсімдік. Қазақстанда Іле, Шу-Іле Алатауларының тасты, құрғақты беткейлерінде өседі. Биіктігі 5 – 25 см, сабағы жайылып өседі, жуан, бұтақты, қоңыр қабақты. Жапырақтары 1 – 2 жұптан, желпуіш тәрізді сағағының ұшында жетіледі. Гүлсағақтары жапырағынан ұзын болады. Тостағанша жапырақшалары ақ түкті, күлтесінің ұзындығы 25 – 30 мм, қызыл сары түсті. Гүлдері шашақ гүлшоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісі – ұзынша, түкті бұршақ. Жалғанбұршақ таспасы – өте сирек кездесетін эндемик өсімдік, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жалаулы – Сілеті және Қарасу өзендерінің алабындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Павлодар облысы Ақтоғай ауданы жерінде, теңіз деңгейінен 71,9 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 171 км2, ұзындығы 21 км, ені 15 км, жағасының ұзындығы 81 км. Жауын-шашын, жер асты суларымен толығады және Қарасу (Ащықарасу) өзені құяды. Қараша – сәуір айлары аралығында мұз қатады. ## Жағалау сипаты Жағалауы негізінен жайпақ, батпақты, құмды, батыс жағалауы түйетайлы, жарлы келеді. Суы тұзды, көктемде және Қарасу өзені қосылатын солтүстік-шығыс жағы жазда мал ішуге жарамды. Алабы шабындық, шүйгін жайылым ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалғанқүрең (лат. Pseudoclausia) – орамжапырақ тұқымдасына жататын бір, екі жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардағы тасты, тастақты беткейлерде, өзен бойларында өсетін 6 түрі бар. Олардың биіктігі 20 – 100 см. Сабағы бұтақты, сыртын түк жапқан. Жапырақтарының шеті тегіс немесе қанат тәрізді тілімденген, түкті. Тостағанша жапырақшаларының төменгі жағы дорбашық сияқты кеңейген. Гүл желектері ірі, ұзын тырнақ сияқты, күлгін, көкшіл кейде қоңыр түсті. Сәуір – шілде айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – ұзынша, төрт қырлы бұршаққын. Тұқымы жалпақ, жіңішке қанатты, бір қатарға орналасқан. ## Дереккөздер
Жалғантөскей (лат. Pseudolinosyris) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық бұташық өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньның тасты, тастақты тау беткейлерінде өсетін 1 түрі – гримм жалғантөскейі (Р. grіmmіі) бар. Биіктігі 50 см, сабағы бұтақты, қырлы, сыртын ұсақ, жылтыр, сары түсті бездер жапқан және сирек түктері болады. Қалың жапырақтары ұзынша, қандауыр тәрізді, өркенге кезектесіп орналасады. Гүлдері қос жынысты, қызғылт түсті, гүлсидамының ұзындықтары әркелкі, себет гүлшоғырына (онда 4 – 5 гүл болады) топталған. Шілде – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы жіңішке, ұзын, ұсақ, жылтыр бездер жапқан. Оның жіңішке ақ немесе қызғылт түсті қылтаңды айдаршасы болады. ## Дереккөздер
Жалаңаш – Қарасор көлінің оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданында, Тобыл өзенінің алабында. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 197 м биіктікте орналасқан. Аумағы 5,7 км2, ұзындығы 3 км, енді жері 2,5 км, жағалауының ұзындығы 9 км. Көлдің жағасы түйетайлы келген. Суы кермек. Қараша айының аяғында суы қатып, сәуір айында ериді. Көктемде еріген қар және жер асты суларымен толысады.‎
Жалғызтау – Жақсы Абралы тауының солтүстік-шығысында оқшау жатқан тау массиві. ## Географиялық орны Абай облысы Жаңасемей ауданы, Қараөлең ауылынан шығысқа қарай 6 км жерде орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Абсолюттік биіктігі 1126 м. Қарасу және Ащысу өзендерінің аңғарында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 19 км-ге созылып жатыр, енді жері 7 км. Тік жарқабақты келген солтүстік-батыс беткейі сай-жыралар мен құздардан тұрады. ## Геологиялық құрылымы Силур мен девон жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың қызғылт қоңыр топырағында австрия жусаны, бетеге, боз, селеу өседі. Аңғарлары мен сайларындағы түрлі шөпті шалғындары мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Жалғызқұдық — Ақмола облысы Целиноград ауданындағы ауыл, Жарлыкөл ауылдық округі орталығы. Іргесі 1961 жылы Красноярский астық кеңшарының орталығы болып қаланған. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Ақмол ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 41 км-дей, Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 44 км-дей жерде орналасқан. ## Халқы ## Кәсіпорындары Астық өңдеу және сақтау заводы, наубайхана, тұрмыстық комбинат, т.б. өндіріс орындары жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, мәдениет үйі, 2 балабақша, кітапхана, отбасылық дәрігерлік амбулатория, сауда орталығы бар. Ауыл арқылы Астана – Қорғалжын автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер
Жалғызтас – Ақшаадыр тауының оңтүстігіндегі оқшауланған тау массиві. ## Географиялық орны, жер бедері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында. Шығыс Қоңырат кентінің солтүстік-шығысында 38 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 500 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. ## Геологиялық құрылымы Төрттік кезеңінің шөгінді жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Тақыр, сұр қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, баялыш, күйреуік, бұйырғын өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалғызтөбе желі — Шығыс Қазақстан облысы Жаңғызтөбе кентінің маңында оңтүстік-шығыстан соғатын дауылды жел. Ол Қара Ертіс өзенінің аңғарында түзіледі де Көкпекті өзенінің ағысына қарсы бойлай, Қаражол тауының Семей — Зайсан автомобиль жолы өтетін асудан асқаннан кейін күшейе түседі, Жарма мен Жаңғызтөбе темыр жолы станцияларының аралығында тым қатты соғады. Көп жылдық бақылау нәтижесінде жел Жалғызтөбе кенті төңірегінде қыс бойы орта есеппен 68 күн, ал тек қаңтар айында 16 күн соғып тұратыны анықталды. Қыста желдің орташа жылдамдығы 40 м/с-тан 70 м/с-қа дейін (қаңтарда) жетеді. ## Дереккөздер
Жақсы Қаражал – Жаман Қаражал тауының солтүстік сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданының шығыс шетінде, Қарқаралы ауданымен шектесетін Дария ауылының шығысынан 105 км жерде орналасқан. Солтүстік (Қоңыртөбе мен оның салалары) және оңтүстік (Керегетас) бағыттарда ағатын өзендердің суайрығы болып саналады. Батыстан шығысқа қарай 10 – 11 км-ге созылып жатыр, ені 1,5 – 2 км. Абсолюттік биіктігі ортаңғы бөлігінде 1088 м, шығысында 995 м. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Девон мен тас көмір жыныстарынан түзілген. Беткейлері құламалы, кей жерлерде түпкі жыныстарының шығуы байқалады. Етегінен көптеген бұлақтар бастау алады. ## Өсімдігі Таудың нашар дамыған бозғылт қоңыр топырағында бетеге, жусан, сұлыбас, тобылғы, қараағаш, т.б. өсімдіктер өседі. Етегінен көптеген бұлақтар бастау алады. ## Дереккөздер
Жалғызтөбе мұнай кен орны — Солтүстік Үстірт синеклизасының Бозащы күмбезінде орналасқан. Құрылымы 1947 –1959 жылдары белгілі болған. 1974–1975 жылдары іздестіру, бұрғылау жұмыстарына дайындық жүргізілді. Ол жұмыс 1976 жылы басталып, кен орны сол жылы ашылды. ## Геологиялық сипаты Құрылымы батысқа созылған антиклиналь болып табылады. Иірімдерінің түрі қабаттық, тектоникалық қалқаланған. Мұнай иірімі бор жасындағы терригендік шөгінділерден орын алған, ашық саңылаулылығы 28%, өткізгіштігі 305 мД, мұнайға қаныққан қалыңдығы 6,5 м-ге дейін жетеді. ## Тығыздығы, құрамы Өнімді қабаттар мұнайының тығыздығы 0,94 г/см3, мол күкіртті (2,1%), парафині аз (1,8%), асфальтендерінің мөлшері 5,2%.
Жақып – Тарбағатай жотасының батысындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданында орналасқан тау. Ай (өзен)нің аңғарында. Абсолюттік биіктігі 700 м. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай ұзындығы 3 км-ге созылып жатыр. ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Орта тас көмір және пермь гранитоидтарынан түзілген. Жарқабақты беткейлері қиыршықтастардан тұрады. ## Өсімдігі Сұрғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, еркек шөп және астық тұқымдас өсімдіктер өседі. ## Дереккөздер
Жалдықұм– Жамбыл облысы Сарысу ауданы Шығанақ ауылының оңтүстік-батысында 30 км жердегі қоныс. Мойынқұм құмының солтүстігіндегі тізбекті жалды құмдардың бойында орналасқан. Шу өзенінің аңғарында, теңіз деңгейінен 256 м биіктікте жатыр. Солтүстік бөлігі сор, тақырлы келген. Маңайында Қотырқазған, Тұма құдықтары, оңтүстігінде Айкене қонысы орналасқан. Қоныстың бойындағы құмды алқапта сексеуіл, жүзгін, еркек шөп, жусан өседі. ## Дереккөздер
Жалпақ – Күшікбай тауының батысындағы тау. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы жерінде орналасқан. Әулие және Құндызды өзендерінің аралығындағы оқшауланған тау массиві. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 350 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 3,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 1,5 км. Оңтүстік беткейі тіктеу келген. ## Геологиялық құрылымы Мезозой дәуіріндегі бор кезеңінің тау жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың бозғылт қоңыр топырағында боз, селеу, бетеге, жусан, бұталы ағаштар өседі. Баурайы мал жайылымына қолайлы.‎ ## Дереккөздер
Жалпақжапырақты сораң (Salsola euryphylla) – алабұталар тұқымдасы, сораң туысына жататын көп жылдық бұта. Қазақстанда Солтүстік Арал маңында (Құяңды, Қарақұмда және Сырдарияның оңтүстік жағалауында) кездеседі. Биіктігі 20 см-дей, қабығы ашық сұр түсті, жарықшақтанып кеткен. Кейбір қисайған сабағының ұзындығы 60 см-ге дейін жетеді. Жапырақтары қандауыр тәрізді, етті, кезектесіп орналасады. Гүлшоғыры масақша. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, қыркүйек – қазанда жемістенеді. Жалпақжапырақты сораң – өте сирек кездесетін эндемик өсімдік, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жалқұм – Сарыесікатырау құмының шығысындағы құмды алқап. ## Географиялық орны Жетісу облысы Ақсу ауданы жерінде, Ақешкі және Ақсу өзендері аралығында орналасқан. ### Жер бедері Абсолюттік биіктігі 400 м, ұзындығы 60 км, енді жері 55 км. Жер бедері адырлы, қырқалы келген. Оңтүстігін бойлай Қошқарбасы құмы орналасқан. Өсімдігі Жалқұмда жыңғыл, шеңгел, жүзгін, теріскен, т.б. сораң өсімдіктер өседі. Жер бетіне жақын жатқан жер асты суы сәл кермек татиды. Құм қойнауы қысқы, көктемгі мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалпаққұйрық бұлбұлша (лат. Cettia cetti) – торғайтәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанның шөлді-шөлейтті және далалы белдемдеріндегі қалың қамыс пен бұта өскен өзен-көл жағалауларын мекендейді. Дене тұрқы 10 – 12 см, салмағы 12 – 17 г. Денесінің үстіңгі жағы қызғылт қоңыр, бауыры бозғылт, бүйірі қоңыр сұр болады. Құйрығы жалпақ, дөңгеленіп келген. Жыртқыш құстардан қорғану үшін қалың жыңғыл арасында жасырын тіршілік етеді. Көбіне бұл құстың бар-жоғын ашық, сазды даусынан ғана білуге болады. Жалпаққұйрық бұлбұлша – жыл құсы. Қазақстанда наурыздың ортасынан қазан, қараша айларының ортасына дейін мекендейді. Орталық Азияның оңтүстік аймақтарын қыстайды.Тостағанша тәрізді ұясын жерге таяу бұта не шөп арасына, өсімдіктің сабақтары мен жапырақтарын өріп жасайды. Оған 4 – 5 жұмыртқа салады, оны аналығы 13 – 15 күндей шайқап, тағы осындай уақыт аталығымен бірге қоректендіреді. Балапандары қанаттары қатаймай жатып ұясын тастап, қалың жыңғыл арасына жасырынады. Осылайша өздерін түрлі жыртқыштардан қорғайды. Жалпаққұйрық бұлбұлша әр түрлі жәндіктермен, олардың дернәсілдерімен қоректенеді. Ол зиянды жәндіктерді жеп қоршаған ортаға пайда келтіреді, эстетикалық мәні бар, бірақ тіршілігі әлі де толық зерттелмеген. ## Дереккөздер
Жалпақой– Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Балдырған ауылынан шығысқа қарай 10 км жердегі жайлау. Сарыөзеннің аңғарында орналасқан. Маңайында ірілі-ұсақты көлдер мен Отармұқыш, Бұзауой, Байшоғыр қыстаулары бар. Сұр қоңыр топырақ жамылғысында боз, селеу, жусан, еркек шөп өседі. ## Дереккөздер
Жалпақтаспа (лат. Platytaenia) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Қазақстанда таулы аймақтардың тасты, жартасты, шөпті беткейлерінде өсетін 4 түрі (Голоскоков Жалпақтаспасы, қоңырбас Жалпақтаспа, Рубцов Жалпақтаспасы, түкжеміс Жалпақтаспасы бар. Олардың биіктігі 20 – 50 см. Сабағы дара кейде бірнешеу, сыртын түк басқан. Жапырақтары қанат тәрізді тілімденген. Тостағанша жапырақшалары әр түрлі мөлшерде тісті кейде тіссіз болады. Күлтелері сарғыш түсті. Гүлдері көп сәулелі шатырша гүлшоғырына топталған. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, маусым – шілдеде жемістенеді. Жемісі жалпақ, жіпшелі болады. ## Дереккөздер
Жалпақсор – Кіші Борсық құмының солтүстігіндегі ойыс. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы жерінде. ## Жер бедері, өсімдігі Ұзындығы 35 км, ені 20 км-ге жуық, теңіз деңгейінен 67 – 70 м биіктікте жатыр. Сор және сортаң қоңыр топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, бұзаубас сораң, сарсазан, сары қаңбақ, ақтікен, кермек, қара жусан сияқты сораң шөптер өседі. ## Дереккөздер
Жалпақтау – Шүмек және Ащыөзек өзен аңғарларының арасында орналасқан тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 17 км-ге созылып жатыр, енді жері 3 – 4 км. Абсолюттік биіктігі 891 м. Беткейлері тегістелген бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Девон жүйесінің жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Қоңыр топырақ жамылғысында жусан, бетеге, боз, бұталар өседі. Жазғы жайылымдыққа пайдаланылады, мал қыстатылады. ## Дереккөздер
Жалпақтөрткіл– Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Кендірліқиясай үстіртінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі төбе. Абсолюттік биіктігі 188 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 1 км. Маңайында Қарабарақты, Базыгүрлі, Шалой, Мақшыбай құдықтары орналасқан. Неоген жүйесінің плиоцен жыныстарынан түзілген. Қоңыр, сұр қоңыр, сортаңды тақыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, күйреуік, баялыш, сексеуіл өседі. ## Дереккөздер
Жалпақши – Балқаш көлі алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы және Жамбыл облыстары аумағындағы маусымдық өзен. ## Бастауы Айтау тауының солтүстік беткейлерінен бастау алып, Жусандала жазығында қарасуларға бөлініп, құмға сіңіп кетеді. ## Гидрологиясы Ұзындығы 68 км. Су жиналатын алабы 288 км2. Негізінен жауын-шашын және жер асты суларымен толығады. Бойында Жылқыбай, Ахмет қыстаулары орналасқан. Мал шаруашылығына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалтас – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы жерінде. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр, ені 3 км. Ең биік жері 701 м. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Жұмырланған ұсақ шоқылардан тұрады. Жоғарғы кембрий және кембрий жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Сортаңдау қоңыр топырағында жусан, боз, бетеге, бұталар өседі. ## Дереккөздер
Жалтау – Ұлытау тауының батысындағы тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Ақтас ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 км жерде орналасқан. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Абсолюттік биіктігі 542 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 6 км-ге созылған, енді жері 2–3 км шамасында. Оңтүстігінен Дулығалы өзені, солтүстігінен Ащылы өзендері ағып өтеді. Архей мен протерозойдың тақтатас, кварцит, кварцитті парфириттері мен туфтарынан түзілген. Төменгі палеозойдың эффузивті тұнба жыныстары да кездеседі. Таудың етегінен бұлақтар бастау алады. ## Өсімдігі Қызғылт қоңыр топырағында изен, қарағаш, жусан, бидайық, боз, сораң өседі. ## Дереккөздер
Жалпақ – Іле Алатауының батысындағы тау. Қаскелең мен Ақсай өзендерінің суайрығы. ## Географиялық орны Алматы облысы Қарасай ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттiк биіктігі 3852 м. Ұзындығы 15 км, ені 8 – 10 км. Оңтүстігі мен оңтүстік-батыс беткейлері тік құлама жартасты, қалған беткейлері көлбеулеу келген. ## Геологиялық құрылымы Протерозой мен палеозойдың шөгінді жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Шалғынды топырағында альпілік шалғын мен субальпілік өсімдіктер өседі. Солтүстік беткейі мен батыс шатқалдарында қарағайлы-шыршалы орман өскен.‎ ## Дереккөздер
Жалтыртұмсық – Ақшатау жотасындағы тау. ## Географиялық орны Абай облысы Аягөз ауданында. Шыңғыстау жотасының оңтүстігінде, Аягөз қаласының солтүстік-батысында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1169 м. ## Геологиялық құрылымы Кембрий жүйесінің ортаңғы және төменгі кезеңіндегі жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Беткейлері құламалы, жартасты, кей жерлерінде түпкі жыныстарының шығуы байқалады. Ақшатау жотасынан Шет, Балқыбек, Қалғұтты өзендері бастау алады. ## Өсімдігі Таудың қоңыр топырақ жамылғысында боз, селеу, жусан, бетеге, тобылғы, т.б. бұталы өсімдіктер өседі. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалтыркөл — Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Өндіріс (Самамбет) ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1 км-ге созылып жатқан көл. Теңіз деңгейінен 159,5 м биіктікте орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 8,8 км2, ұзындығы 3,7 км, енді жері 3,2 км, жағалауының ұзындығы 10,9 км, ең терең жері 2,3 м. Су жиналатын алабы 24,8 км2. Жағалауы жайпақ. Көл түбіне 0,1 – 0,4 м шөгінді тұнған. Судың минералдылығы 0,2 – 0,5 г/л, тұздылығы 2,5 – 6,0 мг/экв, суы гидрокарбонатты. Жағалаудан 300 м-ге дейін су беті өсімдіктері өседі. Көл мал суаруға, жағалауы шабындыққа пайдаланылады.‎
Жалтыркөл — Жайық алабындағы көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы жерінде. Ойыл өзенінің сағасында, теңіз деңгейінен 7 м төмен жатыр. ## Гидрографикасы, сипаты Аумағы 19 км2, ұзындығы 8,5 км, енді жері 3,7 км. Жауын-шашын және Ойыл өзені суымен толысады. Тамыз айынан бастап Ойыл өзені көлге жетпей тартылып қалады да көл деңгейі күрт төмендейді. Жағасы жайпақ, солтүстік жағы көтеріңкі келеді. Желтоқсан – наурыз айлары аралығында суы қатады. Суы тұзды. Көктемде мал ішуге жарамды. Алабы – шабындық, жайылым.‎
Жалтыркөл – Жайық алабындағы көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы жерінде. Жайықтың сол аңғарында, Бұлдырты өзенінің сағасында, теңіз деңгейінен 9 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 10,3 км2, ұзындығы 5,1 км, енді жері 2,3 км. Ертеректе іргелес жатқан Айдар, Жанғабылсор және Есентемір көлдерімен тұтас айдын құраған. Жауын-шашын және Бұлдырты өзенінің суымен толысады. Тамыз айынан бастап деңгейі күрт төмендейді. Жағасы жайпақ, шығысы батпақты, батыс бөлігі көтеріңкі кемерлі келеді. Желтоқсан – наурыз айлары аралығында мұзы қатады. Суы тұзды. Көктемде мал ішуге жарамды. Алабы шабындық, жайылым ретінде пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Жалдама – Торғай алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қостанай облысы Амангелді ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 63 км, су жиналатын алабы 8370 км2. ## Бастауы Қарынсалды, Тасты өзендерінің Амантоғай ауылы маңында қосылған тұсынан Жалдама деп аталады. Арал ауылы тұсында Торғай өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Негізінен қар және жер асты суларымен толығады. Қарашада суы қатып, сәуірде ериді. Арнасы да, жайылмасы да кең. Жылдық орташа су ағымы 2,06 м3/с. Өзен бойына бірнеше бөген және сорғы станциясы салынған. Жалдама өзенінің жайылмасы шөбі мол шабындықтар. ## Дереккөздер
Жалтыркөл қорықшасы – Жайық алабындағы сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан жануарларды қорғау мақсатында құрылған мемлекеттік зоологиялық қорықша. ## Географиялық орны мен жер бедері Жалтыркөл қорықшасы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында 1967 жылы уақытша 10 жылға ұйымдастырылып, 1977 жылы таратылып жіберілген. 1986 жылы Қазақстан Министірлігі Кеңесінің қаулысы бойынша республикалық мәні бар зоологиялық қорықша болып қайта құрылды. Қорықша Көпжасар елді мекенінің солтүстігінде Жайық өзеніне жақын жатқан тұйық көл – Жалтыркөлдің атымен аталды. Аумағы 19 мың га. Қорықша жеріне Көшім өзенінің жоғарғы ағысы, Итбалық және Жалтыркөл жағалаулары кіреді. ## Фаунасы Көл жағалауында қоға, қамыс өседі. Бұл жабайы жануарлардың тіршілігі үшін өте қолайлы. Су айдындарында балықтардан сазан, табан, тыран, шортан, т.б. бар. Құстардан аққу, бірқазан, қалбағай, қасқалдақ, қоңыр үйрек, ал далалы өңірінде үкі, дала қыраны, саз құладыны, т.б. жыртқыш құстар кездеседі. Сүтқоректілерден түлкі, қабан, қарсақ, ор қоян, құндыз, сусар, т.б. мекендейді. Қорықшада сирек кездесетін жануарларды қорғау мақсатында биотехникалық шаралар (мысалы, жануарлардың санын есепке алу, қолдан ұя жасау, жабайы өсімдіктердің тұқымын себу, құстардың қонып отыруына қолайлы қондырғылар жасау, т.б.) жүргізіледі. ## Дереккөздер
Жалтыр Қарабас – Тоғызақ өзенінің оң аңғарында орналасқан тұзды тұйық көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Қарабалық ауданы жерінде, Орал алды үстіртінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 205,5 м биіктікте. ## Гидрографикасы, сипаты Аумағы 4,6 км2, ұзындығы 2,6 км, енді жері 2,2 км. Жағалауының ұзындығы 8,6 км. Негізінен жауын-шашын суымен толысады. Кей жылдары құрғап қалады. Суы кермек. Көл бетін қамыс, қоға өсінділері жапқан. Суында балықтардан сазан, табан балық; құстардан үйрек, қасқалдақ, қаз, т.б. мекендейді. Мал шаруашылығына пайдаланылады.
Жаман Абралы – Абай облысы Жаңасемей ауданы, Абыралы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 14 км жерде орналасқан оқшау тау. Ащысу және Қарасу өзендерінің суайрығы. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 1113 м. Жаман Абралы тауы солтүстіктен оңтүстікке қарай 18 км-ге созылып жатыр, енді жері 14 км. Шығыс беткейлері тіктеу келсе, батысы көлбеулеу келеді. Маңайында Ащыбай, Қарашоқы, т.б. қыстаулар орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Силур мен девон жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың қызғылт қоңыр топырағында австрия жусаны, бетеге өседі. Баурайында бидайықты шалғындар кездеседі. ## Дереккөздер
Жалтырсор – Торғай өзенінің орта ағысы алабындағы көл. ## Географиялық орны Қостанай облысы Амангелді ауданы жерінде орналасқан. Торғайдың саласы – Қабырға өзенінің сол аңғарында, теңіз деңгейінен 124,2 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 11,6 км2, ұзындығы 5,2 км, енді жері 3,3 км. Қар және жер асты суларымен толысады. ## Жағалау сипаты Жазда тарылып, батпақты шалшыққа айналады. Жағасы жайпақ, тастақты, батпақты. Суы тұзды. Көктемде мал суарады. Алабы – жайылым. ## Дереккөздер
Жамандыр сөзі мына мағыналарды білдіруі мүмкін: * Жаманадыр (Ақмола облысы) – Ерейментау ауданындағы тау. * Жаманадыр (Қарағанды облысы) - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы тау. * Жаманадыр (Павлодар облысы) - Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігі аумағында орналасқан тау.
Жаман Айбат – Жетіқоңыр құмының шығысындағы тау. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында. Абсолюттік биіктігі 385 м. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып Азат тауымен жалғасады. ## Жер бедері Солтүстік-батыс беткейі тіктеу, шығыс беткейі көлбеу келген. Солтүстік-шығысы тегіс тақырлы. ## Геологиялық құрылымы Ордовиктің ортаңғы және жоғарғы кезеңінің тау жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Делювийлі-пролювийлі жазығындағы қоңыр топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, күйреуік, астық тұқымдас шөптесіндер өседі. ## Дереккөздер
Жаман — Қостанай облысы Ұзынкөл және Сарыкөл аудандары аралығында Амангелді ауылының шығысында 24 км жердегі көл. Теңіз деңгейінен 165 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 7,5 км2, енді жері 3,2 км, жағалауының ұзындығы 11,5 км. Пішіні шар тәрізді, суы қараша айында қатып, сәуір айында ериді. Негізінен қар және жер асты суларымен толысады. ## Жағалау сипаты Жанында Камышевое, Шошқалы, Жақсы Жаркөл көлдері бар. Жағалауы сазды, лайлы батпақты, қамыс, құрақ аллювийлі-көлді жазығындағы сортаңды қара топырақ жамылғысында бетеге, боз, селеу, жусан, қайыңдар өседі.
ЖАМАНЖАРМОЛА– Арал т-нің оңт.-шығысындағы сор. Қызылорда облысы Қазалы ауданында Алтынкөл сорынан шығысқа қарай 2,5 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 50 м биіктікте. Сор маңында 3 – 10 км тереңдікте кездесетін грунт суларының минералдылығы әр түрлі. Шығысында кең аумақты жерді қамтитын сексеуіл шоғырлары өскен. Солт.-шығысында Қалшық төбесі (71 м) жатыр. Солт-нде Арзанкөл соры орналасқан. Сорды айнала бірнеше қара жолдар өтеді.‎
Жаман Алакөл – Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы Бағалы темір жол стансасынан оңтүстік-шығысқа қарай 9 км жердегі тұзды тұйық көл. Шөптікөл ауылының солтүстігінде. Көл теңіз деңгейінен 206,4 м биіктікте. ## Гидрографикасы Аумағы 8,9 км2, ұзындығы 3,4 км, енді жері 3,4 км, жағалауының ұзындығы 14,4 км. Суы кермек. Қамыс пен қоға өскен айдынында үйрек, қаз, т.б. құстар мекендейді. Жер асты және жауын-шашын суларымен толысады. Мал шаруашылығына пайдаланылады.
Жаман Айбат мыс кен орны - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 160 км жерде орналасқан. Қарағанды облысы жерінде. ## Геологиялық құрылымы Кен орны Жаман Айбат антиклиналін бойлай бірнеше км-ге созылған. Антиклинальдың оңтүстік қанаты көлбеу (5 – 25°), ал солтүстік қанаты флексура түрінде тік құлайды. ## Жатыс сипаты Кен орны Шығыс, Орталық, Солтүстік телімдерден және 11 жеке кен денелерінен тұрады. Негізгі өндірістік маңызы бар кен денелері «раймунд» конгломераттары қабаттарында шоғырланған. Кен денелері қабат, линза пішіндес, орташа қалыңдығы 4 – 5 м. ## Құрамы Кентастар минералдық құрамы бойынша мысты, қорғасын-мысты, қорғасынды, мырышты, күмісті-мысты, ренийлі-мысты болып жіктеледі. Жаман Айбат мыс кен орны ірі мыс кен орындарына жатады. Кен орны толық барланған. ## Дереккөздер
Жаманжол – Байқара тауының батысындағы төбе. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылының батысында 42 км жерде орналасқан. Абсолюттiк биіктігі 419 м. ## Жер бедері Төбенің пішіні оқшауланған дөңгелек тәрізді. Ұзындығы 3,5 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км. Батысынан Қаратал құрғақ арнасымен, солтүстігінде Сорбұлақ құдығымен, оңтүстігі мен шығысы тегіс тақырлы жазықтарға ұласады. ## Өсімдігі Сортаңды топырақ жамылғысында сексеуіл, жусан, жүзгін, еркек шөп, теріскен, т.б. өседі.‎ ## Дереккөздер
ЖАМАНЗАҢҒАР– Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Суықбет қыратының оңт.-шығысындағы төбе. Абсолютiк биіктігі 128 м. Солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км. Ортаңғы және жоғ. төрттік кезеңнің жыныстарынан түзілген. Төбенің солт. аумағында Қамысты, Ақшұқыр, Шұқырқазған, Қосшын, Ілесбай құдықтары орналасқан. Тақыр тәрізді топырақ жамылғысында эфемерлі сұр жусан, теріскен, жүзгін, сексеуіл өседі. Етегі мал жайылымына қолайлы.‎
Жаманкөл – Жетісу Алатауының батысындағы Қойтас жотасының солтүстігіндегі жота. ## Географиялық орны Жетісу облысы Ескелді ауданы Текелі қаласының солтүстік-шығысында 25 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Абсолюттік биікттігі - 3469 м. Батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Солтүстігінде Мыңшұңқыр, Қаратау таулары бар. Беткейлері биік өзенаралық сай-жыралармен тілімденген. ## Геологиялық құрылымы Палеозойдың герцин тау жасалу кезеңіне сәйкес келеді. Геологиялық құрамы жағынан гнейстерден, кварцтар мен әктастардан тұрады. ## Топырағы, өсімдігі Етегінде шөлдің сұр топырағы биіктеген сайын таудың қызғылт қоңыр топырағына ауысады, ал 2500 м-ден жоғары таудың орманды қоңыр топырағына алмасады. 2000 м-ден жоғары орман ағаштары қарағай мен самырсын өседі. Етегі мен қойнауы мал қыстатуға қолайлы.‎ ## Дереккөздер
Жаман Көктал – Іле алабындағы өзен. ## Географиялық орны Алматы облысы Балқаш ауданындағы өзен. Ұзындығы 65 км. ## Бастауы, гидрологиясы Жайлау қонысы жанындағы көлшіктен басталып, Ілеге (сағасына 37 км жетпей) құяды. Арнасы өзгеріп тұрады. Сағасына жақын қамыс, құрақ, бұта өскен. Құстар ұя салады. Мал суаруға пайдаланылады.‎ ## Дереккөздер
Жаманкөл – Есіл алабында орналасқан тұйық көл. ## Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Заградовка ауылының жанында. Оңтүстік-батысында Орлиная (372 м) төбесі орналасқан. ## Гидрографикасы Теңіз деңгейінен 154 м биіктікте. Аумағы 3,3 км2, ұзындығы 2,3 км, енді жері 1,8 км, жағалау бойының ұзындығы 7,8 км. Суы қарашада қатып, сәуірде ери бастайды. Оңтүстік және оңтүстік-батыс жағалауы орманды алқапқа ұласып жатыр. Батысында Жамбыл, оңтүстігінде Рубановка қыстаулары бар. Суы тұщы, мал шаруашылығына пайдаланылады.‎
Жаманкөң – Нұраның төменгі алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Нұра ауданы жерінде. Ұзындығы 85 км, су жиналатын алабы 5780 км2. ## Бастауы Бастауын Ұлытаудың солтүстік-шығыс етегіндегі Желтимес, Қабанбай және Сарыжал тауларынан алып, Құланөтпес ауылы тұсында Көң өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Қар және жер асты суларымен толығады. Арнасы жоғары жағында енсіз (50 – 80 м), төмен қарай кеңейеді (100 м-ге дейін). Жылдық орташа су ағымы 2,04 м3/с. Жайылым суландырылады.‎ ## Дереккөздер
ЖАМАН ҚАНДЫАДЫР– Қарағанды облысы Осакаров ауданы Шыбынды а-нан шығысқа қарай 10 км жердегі шоқы. Солт-ке 5 км, батыстан шығысқа қарай 2 – 3 км-ге созылған. Ең биік жері 593 м. Девон жыныстарынан түзілген. Беткейі негізінен көлбеу, шығысында тіктеу. Қызғылт қоңыр, сортаң топырағында дала өсімдіктері өседі. Шығыс және оңт. жағында бұлақтар көп. Беткейінің баурайы егістікке пайдаланылады.‎
Жаманқайрақты – Есілдің төменгі алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақмола облысы Жақсы және Атбасар аудандары жерінде. Ұзындығы 106 км, су жиналатын алабы 1640 км2. ## Бастауы Көкшетау қыратының оңтүстік-батыс етегінен басталып, Алғабас және Қарақоға ауылдары тұсында Есіл өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жауын-шашын және жер асты суларымен толығады. Арнасы кең, жағалауы жайпақ, орта ағысында жарлы келеді. Шағын жылғалық салалары бар. Жылдық орташа су ағымы 2,4 м3/с. Суымен шабындық және жайылым суландырылады.‎ ## Дереккөздер
Жаман Қаражал – Сарыарқаның орталық бөлігіндегі тау. ## Географиялық орны Қарағанды облысы Шет ауданының шығыс бөлігінде, Ақсу-Аюлы ауылынан шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Шерубайнұра мен Керегетас өзен аңғарлары арасында оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 15 км-ге созылып жатыр, ені 3 – 4 км. Ең биік жері 1080 м. Жазық беткейлі бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. ## Геологиялық құрылымы Силур жүйесінің жоғары бөлімі жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Аласа таулы қызғылт қоңыр топырақ жамылғысында жусан, боз, бетеге, қараған, т.б. бұталар өседі. Жайылымдық ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Жалтыркөл – Жайық алабындағы көл. ## Географиялық орны Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы жерінде. Жайық аңғарының оң жағында, теңіз деңгейінен 0,4 м биіктікте жатыр. ## Гидрографикасы Аумағы 20,6 км2, ұзындығы 7,4 км, енді жері 3,3 км. Жауын-шашын және Жайық суымен толысады. Көлге Жайықтың тармағы Көшім өзені құяды. ## Жағалау сипаты Жағасы жайпақ, оңтүстік жағы тіктеу. Суы тұзды. Көктемде мал ішуге жарамды. Алабы – жайылым. ## Дереккөздер