text
stringlengths
3
252k
Ойпат, ойпатты жазық — ой, ойпаң жазық, мұхит деңгейінен есептегенде 200 м биіктікке дейін орналасқан, құрлықтағы айтарлықтай кеңістік алып жатқан жазық үлескісі (телімі). Ойпаттың беткі жазықтығы теңіз деңгейінен төмен орналасқан түрлері де ұшырасады (Мысалы, Каспий маңы ойпаты). Ойпаттың жер беті жазық, төбешікті келеді. Қыраттарға қарама-қарсы бедер түрі. Негізінен, горизонталь жайласқан борпылдақ тау жыныстарының қабаттарынан тұрады. Ойпат тектоникалық жолмен пайда болған теңіз және құрлық шөгінділерінен түзілген. Жер шарындағы едәуір ірілері: Амазонка, Атлант маңы, Үнді-Ганг, Тұран ойпаттары, Батыс Сібір ойпаты, т.б. Тауаралық ойпатқа Алтай тауындағы Шу ойпаты және Абай даласы, Кура-Аракс ойпаты; теңіз деңгейінен төмен жатқан ойпатқа Каспий маңы ойпаты (–28 м) жатады. Адамдардың теңіз жағалауын құрғатудан пайда болған Нидерланд ойпаты бар. ## Дереккөздер
Окладников Алексей Павлович (3.10.1908, Ресей, Иркутск облысы Жигалов ауданы Константиновка ауылы – 17. 11.1981, Ресей, Новосибирск қаласы) – ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1947), профессор (1962), КСРО ҒА-ның академигі (1968). Неолит и бронзовый век Прибайкалья, ч. 1-3. М.–Л., 1950 – 55; Якутия до присоединения к Русскому государству, М.–Л., 1955; Олень золотые рога, М.–Л., 1964; Центр.-Азиатский очаг первобытного искусства, Новосиб., 1972; Петроглифы Байкала, Новосиб., 1974; По Аляске и Алеутским островам, Новосиб., 1976; Петроглифы Монголии, Л., 1981. Ларичев В.Е., Сорок лет среди сибирских древностей, Новосиб., 1971; Финашина Г.Н., А.П. Окладников, М., ,1981.Ж. Таймағамбетов, Ғ. Қиясбек Якут АКСР-і (1956), Ресей (1957), Бурят АКСР-і (1970) елдерінің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Иркутск педагогика институтын бітірген (1934). КСРО ғылым академиясының Ленинград бөлімшесі тарих институтының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі (1938 – 52), Археология институтының полеолит секторының меңгерушісі (1952 – 61). КСРО ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде гуманитарлық зерттеу бөлімінің меңгерушісі, осындағы тарих, филология және философия институтының директоры (1961 – 66) қызметтерін атқарған. Сібір, Қиыр Шығыс, Орта Азия далаларындағы палеолит, неолит, қола және темір дәуірлерінің жергілікті мәдениетін анықтады. Осы аймақтардағы алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті жөнінде көптеген зерттеу еңбектер жазды. КСРО Мемлекет сыйлығы лауреаты (1950, 1973). Көптеген орден, медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Октябрьский — Қостанай облысы Лисаковск қаласына қарасты кент (1957 жылдан бері). ## Географиялық орны Лисаковск қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 10 км-дей жерде, Тобыл өзенінің оң жағасында дала белдемінде орналасқан. ## Халқы 1999 жылы ауыл тұрғындарының саны 3633 адам (1751 ер адам және 1882 әйел адам) болса, 2009 жылы 3737 адамды (1819 ер адам және 1918 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1950 жылы боксит кен орындарын игеруге байланысты қаланды. Октябрьскийде шағын тігін фабрикасы, геология, экспедиция, т.б. мекемелер бар. Октябрьскийге таяу жерден Тобыл – Алтынсарин – Хромтау темір жолдары өтеді. ## Дереккөздер
Ойтал — Жамбыл облысы Меркі ауданындағы ауыл (бұрын кент болған), Ойтал ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Меркі ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 6 км-дей жерде, Ойтал өзені аңғарында орналасқан. ## Халқы ## Инфрақұрылымы Екі орта мектеп, байланыс бөлімшесі, фельдшерілк пункт, кітапхана, саз мектебі жұмыс істейді. ## Тарихы Аймақтағы қант зауыты жұмыс істей бастаған 1934 жылдан кейін бұл өңірге халық көп қоныстана бастаған. Іргесі осы өңірден кен орындарының табылуына байланысты қаланған. 1932 жылдан қызылша өсіретін "Мерке" кеңшарының орталығы болып келді. 1956 жылы мал өнімдерін даярлау және жеммен бордақылау кеңшары құрылып, кейіннен ол "Ойтал" мал бордақылау кеңшары атанды. Оның негізінде 1997 жылдан Ойталда ЖШС-тер, "Ойтал-Меркі" АҚ-дары құрылды. ## Дереккөздер
Октябрь Туы– газет. 1944 ж. Сталиншіл деген атпен шыға бастады. Қазақстан КП Талдықорған облысы және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облысы кеңесінің органы болды. 1944 жылдың 7 қарашасынан “Сталиншіл” деген атпен шыға бастады. 1956 жылдың 23 маусымынан “Советтік Жетісу” деп аталды. Алматы, Талдықорған облыстарының қосылуына байланысты 1959 жылы мамырда жабылды. Талдықорған облысы қайта дербес облысы болғаннан кейін 1968 жылы “октябрь туы” деген атпен аптасына 5 рет шығып тұрды. 1996 жылы Алматы мен Талдықорған облыстарының бірігуіне байланысты сол жылдың сәуірінен “Жетісу” газетіне қосылып, Алматыда, кейін Талдықорған қаласында шыға бастады. ## Ішкі сілтемелер * Талдықорған * Сталин ## Дереккөздер
## Өмірбаяны Оқаев Қаби Оқаұлы (2.9. 1929 жылы туған, Атырау облысы Құрманғазы ауданы Утеры кенті) – экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы (1975), профессор (1978). Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1995). ҚазМУ-ды бітірген (1959). 1959 – 63 жылдары ҚазМУ-дың экономика факультетінде оқытушы, аға оқытушы, 1963 – 75 жылы Алматы халық шаруашылық институтында доцент, факультет деканы, 1975 жылдан осы институтта (2001 жылдан Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті) кафедра меңгерушісі. Оқаев өнеркәсіптегі негізгі қорлардың ұдайы өндірісі, шаруашылық есеп қатынастарын, экономиканы басқарудың шаруашылық тетігін жетілдірудің экономика заңдылықтарын зерттеумен айналысып, осы салалар бойынша Қазақстанда ғылыми мектепті қалыптастырды. 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді, оның 18-і монография, оқулық кітаптар, оқу құралдары. Оқаевтың өнеркәсіп саласындағы ұсыныстары мен әдістемелері Қазақстанның машина жасау, түсті металлургия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс ұйымдарында енгізілді. “Құрмет белгісі” орденімен (1986), медальдармен марапатталған. ## Ішкі сілтемелер * Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті * Монография ## Дереккөздер ## Өмірбаяны Оқаев Қаби Оқаұлы (2.9. 1929 жылы туған, Атырау облысы Құрманғазы ауданы Утеры кенті) – экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы (1975), профессор (1978). Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1995). ҚазМУ-ды бітірген (1959). 1959 – 63 жылдары ҚазМУ-дың экономика факультетінде оқытушы, аға оқытушы, 1963 – 75 жылы Алматы халық шаруашылық институтында доцент, факультет деканы, 1975 жылдан осы институтта (2001 жылдан Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті) кафедра меңгерушісі. Оқаев өнеркәсіптегі негізгі қорлардың ұдайы өндірісі, шаруашылық есеп қатынастарын, экономиканы басқарудың шаруашылық тетігін жетілдірудің экономика заңдылықтарын зерттеумен айналысып, осы салалар бойынша Қазақстанда ғылыми мектепті қалыптастырды. 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді, оның 18-і монография, оқулық кітаптар, оқу құралдары. Оқаевтың өнеркәсіп саласындағы ұсыныстары мен әдістемелері Қазақстанның машина жасау, түсті металлургия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс ұйымдарында енгізілді. “Құрмет белгісі” орденімен (1986), медальдармен марапатталған. ## Ішкі сілтемелер * Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті * Монография ## Дереккөздер
Октябрь үңгірі – Іле Алатауының солтүстік беткейінде, 3300 м биіктікте орналасқан, Қазақстандағы ең ұзын (1390 м) үңгір. ## Географиялық орны Кіші Алматы өзенінің бастауындағы Богданович мұздығының етегінде, Шымбұлақ шаңғы базасынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км-дей жерде. ## Сипаты Үңгірдің ауыз пішіні сопақ, ені 1 – 3 м, ішкі биіктігі 12 – 15 м, түп жағындағы ені 4 – 10 м-ге кеңейіп, биіктігі 1,5 м-ге аласарады. Үңгірдің төбесі бірнеше жерден тесілген, оның тар ауызды камералары жер бетіне шығып жатыр. Мұздық суы әрекетінен үңгір қабырғалары мен табанының пішіні үнемі өзгеріп отырады. Үңгір аузын қар көшкіндері жиі басып қалады. ## Дереккөздер
Оқпан – кен орнын ашу мен жер асты жұмыстарына қызмет етуге арналған жердің бетіне тік немесе көлбеген шығысы бар күрделі кен қазбасы. Кейбір жағдайларда оқпандар ашық кен жұмыстарында сутөкпе, желдеткіш, пайдалы қазбаларды көтеріп шығару үшін де қолданылады. Оқпан басты және көмекші болып ажыратылады. Басты оқпан шахтаның орталық алаңына орналасады да, негізінен, жердің бетіне пайдалы қазбаларды (көмір, кен, т.б.), ал көмекші оқпан адамдарды, бос жыныстарды, құрал-жабдықтарды көтеруге арналады. Көмекші оқпан сонымен қатар шахтаға таза ауа беру үшін және пайдаланылған ауаны сыртқа шығару үшін желдеткіш ретінде де қолданылады. Мұндай оқпандар орталық өндіріс алаңдарында және шахта алабының қапталдарында (қапталдық оқпан) орналастырылуы мүмкін. ## Оқпан түрлері Шахта оқпандарының бір түрі – тұйық оқпан. Олар төңгершек, клеть, рельсті немесе конвейерлі көлікпен, ал құрылыс кезінде қауғалармен жабдықталады. Шахта оқпанының жердің бетіне шығатын жоғарғы бөлігі – аузы (кейде жағасы); ал төменгісі (оқпан албары горизонтынан төмен) – сужима (зумпф) деп аталады. Олардың көлденең қимасы дөңгелек, кейде тікбұрышты, сирегірек эллипс тәрізді де болады. Тік оқпандардың диаметрі 9 м-ге, тереңдігі 3 – 3,5 км-ге дейін болады. Көлбеу оқпандардың пішіні тікбұрышты, арқалы, дөңгелек келеді, қабырғалары бетонмен, темірбетон мен металл немесе темірбетон тюбингтермен; тұрақты берік жыныстарда – бүрікпе бетонмен бекітіледі. Оқпанды арқаулау төңгершектер мен клеттердің жатық жүрісін қамтамасыз ететін көлденең (керме) және тік (бағыттауыш) металл элементтерді қамтиды. Шахта оқпандарын бұрғыжарылыс жұмыстарының немесе бұрғылық үңгілеудің көмегімен орнатады. ## Ішкі сілтемелер * Тұйық оқпан * Бетон ## Дереккөздер
Ойраш (лат. Ostrowskia) – қоңыраугүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанда Өгем жотасының (Батыс Тянь-Шаньда) оңтүстік-батысындағы орташа биіктіктегі тау белдеулері мен жартастардың қорымдарында өсетін 1 түрі – көрікті ойраш ( magnіfіca) бар. Биіктігі 1 метрдей. Сабағы мықты, сырты тегіс, іші қуыс болады. Шоқтанып орналасатын жапырақтарының пішіні жұмыртқа тәрізді, жиектері ара тісті ойықталып келген. Тостағанша гүлжапырақшалары жіңішке қандауыр тәрізді, күлтесі ашық көгілдір, сирек ақ түсті. Тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс салады. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. ‘’Көрікті ойраш’’ сәндік үшін өсіріледі, Орта Азияның өте сирек кездесетін реликт өсімдігі. Қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ## Ішкі сілтемелер * Қоңыраугүлділер тұқымдасы * Өгем жотасы ## Сыртқы сілтемелер Қызыл кітап ## Дереккөздер
Ойраттар (батыс моңғолдар; қыт. элюттер, eleuths; мұсылм. қалмақ(тар), кейде жоңғарлар, орыс. джунгары, зюнгары, зенгоры, моңғ. ойрад, қалм. өөрд) * Бір-біріне жақын туыс болып келетін, Ресей Федерациясында (Қалмақия Республикасы), Қытай Халық Республикасында (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы мен Цинхай провинциясы), Моңғолияда (батыс аймақтар) мекендейтін түркітектес халықтарының тобы. * Батыс "моңғолдардың" орта ғасырлардағы атауы (XIII ғасырдан бері таныс). Ойраттар (ойрат-дорбенттер) түркі тұқымдас, олар қият руынан шыққан Тууа-Соқырдың (оның інісі Табын-Мерген Шыңғыс ханның арғы бабаларының бірі) төрт ұлынан тараған. Моңғол империясы ыдырағаннан кейін (XIV-XVI ғасырлар) ойраттар Дүрбен-Ойрат бірлестігін құрып, XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында бөлініп кетті. Жоңғарияны мекендеген тайпалардың бір бөлігі ешқайда көшпей Жоңғар хандығының негізін, бір топ Тибетке қарай бет алып, Кукунор (Хошоуыт) хандығының негізін, үшінші топ батысқа қоныс аударып, Қалмақ (Торғауыт) хандығының негізін қалаған. ## Қоныстану аумағы Ойраттар Моңғолияның батысын (Убсунур және Қобда аймақтары), Ресей Федерациясын (Қалмақия Республикасы), Қытайдың батысын (ШҰАА мен Цинхай провинциясы) мекендейді. Ойраттардың Қытайдағы үлкен топтары төмендегі аймақтарда қоныстанған: * Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы Жоңғар қазаншұңқырында (Іле-Қазақ автономиялы округінде 65 мыңға дейін, Баянкөл-Моңғол автономиялы округінде 45 мыңға дейін, Бөрі-Тала-Моңғол автономиялы округінде 25 мыңға дейін). * Цинхай провинциясының солтүстігі мен шығысында (90 мыңға дейін). Ойрат тілінің кукунор диалектін қолданады. 2015 жылғы мәліметтерге қарағанда Қытай Халық Республикасындағы ойраттардың жалпы саны 390 мың адам шамасында. Ойраттардың Моңғолиядағы негізгі мекендері: * Қобда аймағы (захчиндер (31,2 мың), мингаттар (8,2 мың), торғауыттар (13 мың)). * Убсунур аймағы (дербеттер (70,3 мың), баяттар (53,2 мың), хотондар (6,9 мың)). * Баян-Өлке аймағы (өлет пен жоңғарлар (11,3 мың)). 2007 жылғы санақ бойынша ойраттардың Моңғолиядағы жалпы саны 205 мың адам. 2002 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша қалмақтардың (торғауыттар, дербеттер, хошоуыттар, бузавтар) Ресейдегі жалпы саны 175 996. Оның 155 938-і Қалмақия Республикасында (республикадағы үлесі 53 %) тұрған.Ойраттардың кішігірім топтарын Орталық Азияда (Қырғызстандағы 5-10 мың сарт-қалмақтар), Кавказда, «алыс шетелдегі» АҚШ (2 мың адам) пен Францияда (1 мың адам) кездестіруге болады. Ойрат қоғамындағы діншіл адамдар негізінен буддизмнің тибеттік Гелуг мектебінің өкілдері. ## Тарихы Тарихи деректерде ойраттар XI - XII ғасылардан белгілі. Шыңғыс хан империясы құрылғаннан кейінгі кезеңде ойрат қауымы Жошы ұлысы билігінде болған. Н.Я. Бичуриннің тұжырымына сәйкес Ойрат одағының қалыптасуына Юань империясының 1368 жылғы ыдырауы түрткі болды. Бичурин алғашқы одақ құрамына чорос, хошоуыт, торғауыт, дербет тайпаларын жатқызған. Г.О. Авляевтің пікірінше, ойраттардың арғы аталарына ойрат тайпаларын (олёт, батут, хойт, кэргуд) ғана емес, цзубу тобының тайпаларын (керейіт, найман, меркіт) да қосу қажет. Хошоуыт нойоны Батыр-Ұбашы Түмен 1819 жылғы «Дүрбен-ойраттардың тарихы» еңбегінде ойрат одағының құрамы төмендегідей болды: * элөт тайпасы - бірінші ойрат. * хойт және баатут тайпалары - екінші ойрат. * баргут және бураат тайпалары - үшінші ойрат. * дербет, жоңғар, хошоуыт, тумэт тайпалары - төртінші ойрат. «Хо Өрлөг» тарихи шығармасын зерттей келе дүрбен-ойрат (төрт-ойрат) одағының 3 кезеңін анықтай аламыз: * Алғашқы Төрт Ойрат (Türügün Dörben Oyirad, 1437-1502) * Ортаңғы Төрт Ойрат (Dumdadu Dörben Oyirad, 1502-1637) * Кейінгі Төрт Ойрат (Segül-ün Dörben Oyirad, 1637-1758) ### Алғашқы Төрт Ойрат Алғашқы Ойрат Одағының құрамына элөт, хойт және баатут, баргут және біріккен 4 анги (ру-тайпалық бірлестік) кірген. Дүрбен-ойраттардың алғашқы одағының шарықтау шегі Тогон тайшы (1439 жылы қайтыс болды) мен оның қлы Эсэн тайшының (1440-1454) тұсына сәйкес келді. ### Ортаңғы Төрт Ойрат Эсэн тайшының өлімінен кейін ойрат одағының тоқырау кезеңі басталып, одақтың ыдырауына алып келді. «Хо Өрлөгтің» белгісіз авторы одақтың ыдырауын элөт тайпасының 1502 жылы батысқа көшіп, қалған ойраттармен одақтық қарым-қатынасын тоқтатуымен байланыстырады. Кейін хойттардың жартысы баатут, хошоуыт, торғауыт тайпаларына қосылған. Орыс мемлекетінің шығысқа енуі буряттардың вассалға айналуымен аяқталды. Екінші Ойрат Одағының құрамына хошоуыт, элөт (жоңғарлар), торғауыт, дербет тайпалары кірген. ### Кейінгі Төрт Ойрат Екінші Ойрат Одағының ыдырауы хошоуыттардың Кукунор, торғауыттардың Еділ бойына қоныс аударуымен аяқталды. Хошоуыт тайпалары өз ықпалынан айырылып, элөттер (жоңғарлар) және оларға туыс болып келетін дербеттер басты рөлге ие болды. Дәл осындай саяси жағдайда 1637 жылы Кейінгі Ойрат Одағы құрылды. Оның құрамы төмендегідей болды: * хошоуыттардың жартысы - бірінші ойрат; * торғауыттардың орнын басқан жоңғарлар - екінші ойрат; * дербеттер - үшінші ойрат; * хойттардың жартысы - төртінші ойрат. 1755 – 1757 жылдары Цинь империясы Жоңғар хандығына бірнеше дүркін шабуыл жасап, халықты аяусыз қырып жойды. ## Генетикалық қоры Қалмақ халқын құрайтын үш негізгі тайпаның (торғауыт, хошоуыт, дербет) 426 өкілін зерттеудің қорытындысы бойынша негізгі гаплотоптар төмендегідей жиілікпен кездескен: * C-M48: 38,7% * C-M407: 10,8% * N1c: 10,1% * R2:7,7% * O2:6,8% * C2 (M407 емес, M48 емес): 6,6% * O1b: 5,2% * R1:4,9% * Қалғандары: 9,2% ## Тағы қараңыз * Қалмақтар * Жоңғарлар * Қалмақ хандығы * Жоңғар хандығы * Қалмақстан * Алтайлықтар ## Дереккөздер
Ойыл ауданы — Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан әкімшілік бөлік. 1930 жылы құрылған. Орталығы – Ойыл ауылы. ## Географиялық орны Солтүстігінде облыстың Қобда, шығысында Темір, оңтүстігінде Байғанин аудандарымен, батысында БҚО-ның Қаратөбе, Атырау облысының Қызылқоға аудандарымен шектеседі. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Ойыл ауданының жері негізінен эрозия-денудациялық жазықта орналасқан. Орталық бөлігі көтеріңкі келген, сай-жыралармен тілімденген. Өзен аңғарында Барқын, Сарытөбе т.б. құмды алқаптар кездеседі. Геоморфологиялық тұрғыдан аудан Каспий маңы ойпатының құмды-саздақты жазығында орналасқан. Жер қыртысы Шығыс Еуропа платформасының Каспий маңы синклизасына (ойысына) кіреді. Ол өз кезегінде Елек-Ембі белдеміне ажыратылады. Елек-Ембі белдемі Орал алды ойпаңының Елек-Ойыл жарылысы арқылы өтеді. Жер бетін жоғарғы бор жыныстары жауып жатыр. Кейбір жерлерінде палеоген жыныстары ұшырасады. Жер қойнауында мұнай, газ, гипс, әктас, қиыршықтас, т.б. кен байлықтары барланған. ## Климаты Ойыл ауданының климаты тым континенттік, қысы суық, қар жамылғысы 20 см-ден аспайды. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы –14 – 16°С. Шілдедегі орташа температура 22 – 24°С. Жел жиі соғады. Оның басым бағыты оңтүстік-батыс және солтүстік-батысқа келеді. Жылдамдығы 3 – 4 м/с. Аязсыз күндер 140 тәулік. Жылудың көпжылдық жиынтығы 2800°С. Агроклиматтық тұрғыдан аудан қоңыржай-құрғақ белдемге жатады. Оның геотермиялық коэффиценті 0,3 – 0,5 (қуаң). Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 220 – 250 мм. ## Су жүйесі, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Аудан жерінен шығыстан батысқа қарай Ойыл өзені ағады. Оның Ащыойыл, Шағырлы, Қайыңды, Ботабай, Қиыл, Кенжалы, Қуырдақты, т.б. салалары бар. Бірнеше шағын көлдер (Қамыскөл, Соркөл, т.б.) орналасқан. Жер асты су қабаты жоғарғы бор және бор кезеңінің құрылымында шоғырланған. Ол 5 – 15 м тереңдікте жатыр. Суы сәл кермек татиды. Артезиан суы 15 – 40 м тереңдікте және ол Орал-Ембі артезиан алабына жатады. Топырағы бозғылт қоңыр, қызғылт қоңыр, оңтүстігінде қиыршықтасты қоңыр, сортаңды бозғылт қоңыр. Өзен-көл аңғарлары мен жайылымдарында шалғынды қызғылт қоңыр топырақ тараған. Өсімдігінде бұта шоғырлары аралас бетеге, қылқанбоз, еркекшөп, көде, бозжусан, құмжусан, т.б. қуаң далаға тән өсімдіктер басым. Барқын құмында шағын қарағай орманы бар. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, ақбөкен, жабайы шошқа, қоян, суыр, сарышұнақ, аламан; құстардан дуадақ, безгелдек, үйрек, қаз кездеседі. ## Халқы Тұрғындар саны - 18651 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (99,15%), орыстар (0,65%), украиндар (0,02%), татарлар (0,17%), басқалары (0,08%). Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,62 адамнан келеді. ## Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 22 елді мекен 7 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Шаруашылығы Ауданда 1997 жылға дейін биязы жүнді қой, оған қосымша етті-сүтті мал, жылқы өсіруге, астық өндіруге маманданған 6 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі болған. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты бұрынғы шаруашылықтар әр түрлі бағыттағы шаруашылық субъектілеріне жекешелендірілді. Нәтижесінде 2003 жылдың басында ауданда ауыл шаруашылық құрылымдарында 200-ге жуық шаруа қожалықтары, 17 ЖШС, 46 ӨК жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында жарамды жердің аумағы1,08 млн. га, оның ішінде егістігі 8,6 мың га, шабындығы 383,2 мың га, жайылымы 607,3 мың га, орманы 2,8 мың га. Аудан негізінен қой өсіруге және бақша, көкөніс, картоп өсіруге маманданған. ## Инфрақұрылымы Әлеуметтік салада ауданда 25 мектеп, 14 кітапхана, 1 мәдениет үйі, 4 клуб, 1 музей, аудандық аурухана, емхана, сан.-эпидемиологиялық станция, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Аудан жерінен Ойыл – Шұбарқұдық, Ойыл – Қобда автомобиль жолдары өтеді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер Каспий маңы(қолжетпейтін сілтеме)
Оқшантай – мылтықтан атылатын қорғасын оқтарды салып алып жүруге арналған кісе белдікке ілінетін кішкене тері қалташа. ## Дәстүрлік сипаты Белдікте екі оқшантай ілініп, олар әдетте қатар орналасты, кейде бір-бірімен де қайысбаумен қосылды, бірақ, кейде бір немесе үш оқшантай да тағылды. Кавказдықтардың, шеркестердің ұлттық костюмнің дәстүрлі элементіне айналған оқ салғыштар – «газырлар» сияқты, оқшантайлар да қазақтардың кісе белдігінің дәстүрлі тұрақты ұлттық элементіне айналды. Қазақтарда оқшантайларды тағып жүру берік дәстүрге айналғаны соншалықты, XX ғасырдың басында қазынадан оқталып унитарлы патрондармен атылатын мылтықтың пайда болуымен оқ салатын қалташаның қажеттілігі болмай қалса да оқшантайлар кісе белдікте дәстүрлі элемент ретінде кейін де өз орнында сақталып қалды. Этнолог Нұрсан Әлімбайдың пікірінше, дәстүрлі қазақы ортада кісеге міндетті түрде екі оқшантай тағылды. Ол жасы бес-алтыдан кем емес бұқа немесе өгіздің аталығының «қабы» – шонтайдан жасалды. Осындай материалдан және оқ салуға арналғандығына қарағанда, оқшантай өркендеу идеясымен байланысты еркектіктің символы болса керек. Қалталық қызметі қажет болмай қалғандықтан оқшантайлар енді қалтасы жоқ салпыншақ түрінде жасала бастады. Өзінің қалташа функциясынан айырылса да, кейінгі кісе белдіктерде оқшантай-салпыншақтар дәстүрлі қалта қызметінен туындаған формаларын өзгерткен жоқ. Тіпті бұл салпыншақтарда оқшантайдың ауызын жауып тұратын қақпағы да сақталған. Бергі замандағы кісе белдіктерде бұл салпыншақтардың да жоғалғанын көреміз. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Захарова И.В. Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда: XIX – начала XX вв. Алматы: Наука, 1964; * Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1967; * Курылев В.П. Оружие казахов. Материальная культура и хозяйство народов Кавказа, Средней Азии и Казахстана. СМАЭ. Т.XXXIV. Л.:Наука, 1978. С.4-22; * Самашев З., Жетібаев Ж. Қазақтың этнографиялық суреттеріндегі белбеу мотиві. ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 1997. №12. 57-67 бб.; * ҚР МОМ материалдарынан; * ОМЭЭ-материалдарынан.
Омаров Сейітжан (22.6.1906 Ақмола облысы Атбасар ауданы Керегетас ауылы - 19.12.1985, Алматы) - жазушы, журналист. Арғын тайпасының Бегендік руынан шыққан.Қостанай халық ағарту ин-тын бітірген (1932). ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1930 - 42 жылдары мұғалім, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде редактордың орынбасары жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі 1946 - 66 жылдары "Әдебиет және искусство" (қазіргі "Жұлдыз") журналының жауапты хатшысы, Қазақ мемл. көркем әдебиет (қазіргі "Жазушы") баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1959 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан жазушылар одағы басқармасының қазақ бөлімшесінің директоры болған. 1966 жылдан шығарм. жұмыста. Алғашқы "Бақыт" әңгімелер жинағы 1938 жылда жарық көрген. "Заман күші" (1948), "Әңгімелер" (1953), "Балзия" (1960), "Қайырлы жаз" (1961, 1976), "Алтын алқап" (1963), "Күн шуақ" (1965), "Дала кызы" (1967), "Бақ жұлдызы" (1969), "Қиыр жол" (1974), "Қасиетгі бұлақ" (1983), т.б. повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қызыл арай" (1970) романы басылып шыққан. Орыс жазушылары Л.Н. Толстойдың балаларға арналған әңгімелерін, А.П. Чеховтың, [A.M. Горькийдің шығармаларын, В.П. Катаевтың "Жалғыз жалау жалтылдап", "Полк баласы" повестерін, неміс филологтері ағайынды Гриммдердің ертегілерін, башқұрт жазушысы С.Құдаштың повестерін, чех жазушысы Б.Немцованың "Алтын кітап", "Күміс кітап" ертегілерін қазақ тіліне аударған. Омаровтың туындылары шетел тілдеріне аударылған. Қызыл Жұлдыз, "Халықтар достығы" (1977), 2 рет "Құрмет белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. ## Естелік Жазушының есімі Сейітжан Омаровтың мұражайы да орналасқан Атбасар қаласындағы №3 орта мектепке берілді. ## Дереккөздер
Омар Хан, Омар Нарботаұлы немесе Сейіт Мұхаммед Омар хан (1787, Қоқан – 1822, Қоқан) — Қоқан хандығының ханы (1809–1822). Әлім ханнан кейін билікке келді. Әйелі — өзбек әдебиетінің классигі Мохларойим Надира. Оның тұсында қоқандықтардың Оңтүстік Қазақстанға басқыншылық саясаты күшейе түсті. Ташкенттің солтүстігінде жатқан бірқатар қалалар мен бекіністерге жорық жасап, 1813 жылы Қарнақ, 1814 жылы Түркістан қалаларын басып алды. Әсіресе Түркістан қаласын алуға үлкен мән беріп, осыдан бастап өзін «әмір әл-муслимин» – «мұсылмандардың әміршісі» деп атауға бұйрық берді және мұсылмандардың халифы саналатын түрік сұлтанына Түркістанды бағындырғаны жөнінде хат жазып, Ыстанбұлға арнайы елшілік жіберді. Қоқан – Бұхар арасындағы бақталастықты пайдаланған Түркістанның билеушісі Тоқай төре Бұхар хандығын паналап, сондағы қазақтардан қол жинады. Бірақ Түркістанды қайтармақ болған әрекеттері сәтсіз болды. 1821 жылы қоқандықтарға қарсы Тентек төре бастаған қазақтардың көтерілісі болды. Бұл жолы Омар Сайрам, Шымкент қалаларын басып алды. Тентек төре баж салығы мен зекет төлеп тұруға келісім беруге мәжбүр болды. Ал кейбір қазақ төрелері оған өз еріктерімен бағынды. Омар хан солтүстік-батыста Қармақшы, шығыста Іле өзеніне дейінгі жерге Ақмешіт, Күмісқорған, Жаңақорған, Жөлек, Жаманқорған, Әулиеата, Ақсу, т.б. бекіністер салды. Мұндай бекініс қамалдар Талас, Шу өзендері бойындағы қырғыздар жеріне де салынды. Оның тұсында Қоқанның ресми жылнамасы – Умарнама және Шахнама-ий Умар-хани жазылды. Ол көптеген мешіт-медреселер салдырды, Әмір деген бүркеншек атпен парсы және түркі тілдерінде өлеңдер жинағын қалдырды. Ш.Уәлиханов Қоқан хандары Омар ханнан бастап өздеріне «сейіт» деген сөзді қосып айтатын болған деп көрсетті. ## Дереккөздер
Омар Шораяқұлы (22 қазан 1878 жыл, қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Майлыөзек ауылы – 14 маусым 1924 жыл) – ақын. Алшын тайпасының Кете руынан шыққан. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан бастап өлең шығара бастаған.Революцияға дейінгі Қазақстанның Сырдария төңірегіндегі аты көбірек аталатын халық құрметтеген ақынның бірі Омар Шораяқов. Омар бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезінде, сол уездегі Аққыр болысының 12-ауылында (қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы селолық ауданы) 1878 жылдың 22 қазанда туып, 1924 жылдың 14 маусымда қайтыс болды. Ақынның әкесі Шораяқ Балжанұлы байдың малын бағып, жалшы болып, күнін көрген кедей шаруа. Омар он жеті жасқа дейін өз ауылындағы Алдашбай деген молдадан оқып, мұсылманша білім алады. Одын әрі білімін молықтыруға қанша талпынса да кедейлік тұрмыс аяғына тұсай болады. Бірақ өз бетімен көп ізденеді, әсіресе Шығыс әдебиетімен жақсы танысады. Күн көру үшын өскен ортасын тастап, кәсіп іздеп 1896 жылы Қазалы қаласына келеді. Осы қаладағы Болташев деген саудагерге жалданып, тоғыз жыл жұмысн істейді. Жалшылықта жүріп ауруға шалдыққан Омар одан әрі еңбек етуге жарамаған соң 1905 жылы туған аулына келеді. Отбасын асырарлық аздаған малы болған өз туысқандарымен бірге бірлесіп, олардың шауашылық жұмыстарына қолқабыс көмегін тигізеді. Социалистік Ұлы Октябрь революциясы орнағаннан кейін Омар 3-4 жыл совет атқару комитетінің председателі, кейін судья болып қызмет атқарады. Омар өлең жазуды оны алты жасынан бастайды. Шығармаларының ішінде көптеген толғау, терме, тақпақ, өсиет, мысалдармен қатар он бестен аса дастаны («Қара шекпен»,»Жарлы тәліп», «Кедей», «Тау елі» т.б.) және Қарасақал Ерімбет ақынмен жазып айтысқан айтыс өлеңі бар. Совет тақырыбына арнап та шығарма жазған. Газет-журнал бетінде, жинақтарда ақынның бір қатар шығармалары жарияланды. Оның творчествосына байланысты әр кезде айтылған пікірлер мен жазылған мақала, зерттеу еңбектері аз да болса бар. Бұл жинаққа омар ақынның таңдамалы шығармалары беріліп отыр. ## Шығырмалары Алғашқы өлеңдерінде (“Сөйле, тілім, жосылып”, “Шығарған сөзім шырайлы”, “Өмір өрнектері”, т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. “Аталық кеңес”, “Жастарға өсиет” өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы “Барамыз байтақ орынға”, “Әмманың ажал тағдыр мұрасындай”, “Айналайын атыңнан”, “Әуелі аспан менен жер жараттың”, “Жәрдемші Жаппар атты жалғыз еге”, т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілік пен имандылыққа уағыздайды. Омар мысал жанрында “Бір пияла май”, “Қойшы мен ұры”, т.б. туындылар жазды. Оның адалдықты үлгі ететін (“Жарлы Тәліп”, “Қара шекпен”), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен (“Үш күлше”) дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы “Мұхаммед”, “Мағауия”, “Хақ Сүлеймен”, “Калимулла”, “Әбу Шахыма” сияқты жыр дастандары сақталған. “Тау еліне” атты тарихи хат-дастаны – қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма. Омардың Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен арада болған жазбаша айтыстары, сондай-ақ әдебиет тарихында “Алты ақынның өмір туралы айтысы”, “Шәкей сал мен алты ақын” деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған. ## Жинақтар Омар шығармалары туралы алғаш М.Байділдаев “Ақындар творчествосы” (1959) атты кітабында жазды. Ақын өлеңдері “XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары” (1963), “Үш ғасыр жырлайды” (1965), “Айтыс” (1965, 2-т.), “Бес ғасыр жырлайды” (1985, 3-т.), “Ай, заман-ай, заман-ай” (1991), “Қазақ поэзиясының антологиясы” (1993) жинақтарында жарияланған. ## Сілтемелер * Қазақ ақындары * М.Байділдаев * Айтыс ## Дереккөздер * http://bilimdiler.kz/akin_zhazushi/14-omar-shorayaov.html
Ілияс Омарұлы (1912-1970) – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист. ## Өмірбаяны Арғын тайпасының Саржетім руынан шыққан. Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген (1933, Ташкент). 1933 – 1936 жылдары Республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941 – 1945 жылы Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. “Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын” ұйымдастыруда, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуде, “Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының” жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945 – 1947 жылы Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947 – 1952 жылы Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды. Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген “Қазақ КСР тарихының” толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е.Бекмаханның қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, Қ.Жұмәлінің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды. Осы жағдайлар оның 1951 – 1952 жылы “ұлтшылдарды қолдаушы” деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952 – 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955 – 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959 – 1961 жылы “Қазақфильм” киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961 – 1967 жылы Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967 – 1970 жылы Қазақ КСР-і Мәдениет министрі болды. Омарұлы осы кезеңде қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық циркті, театр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды. Осы жылдары қазақтың хор капелласын, классикалық және халық билерінің хореграфиясын дамытуына үлесін қосты. ## Жетістіктері “Жас балет” ансамблін, Жетісай қаласында қазақ музыкалы драма театрын ашуға және жастардың эстрадалық “Гүлдер” ансамблін құруға ұйтқы болды. “Мәдени ескерткіштерді қорғау туралы” заң қабылданды. “Әдебиет туралы ойлар” (1962), “Оқушы көзімен” (1967), “Серпін” (1970), “Шабыт шалқары” (1973) еңбектері жарық көрген. Омаров Ленин орденімен, 3 рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қостанай облысы қазақ драма театры Омаров есімімен аталады. ## Дереккөздер
Жамал Омарова (8 наурыз 1912 жыл, Түркістан облысы, Жаңажол ауданы, Қауыншы жер – 15 қыркүйек 1976 жыл, Алматы) — Қазақстан халық әртісі. Өмір жолын көркеменерпаздар үйірмесінен бастады. Мектеп қабырғасында-ақ тамылжыта ән салып, көзге түсе бастаған жас Жамал 1925 жылы Ташкентте өткен Орта Азиялық балалар олимпиадасында әншілік өнерімен көзге түсіп, бірінші жүлдеге ие болған. Шанышқылы тайпасы Балықшы руынан. ## Өнер жолы 1925-27 жылы Ташкенттегі қазақ, қырғыз, өзбек жастарына арналған педагогикалық училищеде оқыды. Жамал Алматыға Мәскеуде өткен қазақ өнері онкүндігінің аз-ақ алдында келген. Келген бетте 1934 жылы Қазақ музыка драма театрының (қазіргі Қазақ опера және балет театры) құрамына қабылданды. Ол Мақпал ("Шұғада"), Қамқа ("Қыз Жібекте"), Айман ("Айман-Шолпанда") образдарын жасады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің тұңғыш онкүндігі біздің халқымыздың болашақ өнеріне ашылған алтын қақпа іспеттес болды. Сонда көзге түсіп, көп көңілінен шыққандардың ішінде атақты әншіміз Жамал Омарова да бар еді. Мұнда Жамал Омарова үш ән шырқаған: "Ертіс","Қараторғай", "Ләтипа". Бұрын мұндай әдемі дауысты қазақ әнін тыңдамаған, талап-талғамы жоғары Мәскеу жұртшылығының риза болғаны соншалық, әр әнді әдеттен тыс екі реттен орындатып, үсті-үстіне қол соғып отырғанда, ложаға Михаил Иванович Калинин келген екен. Осыдан бір жыл бұрын ғана Қазақстанның 15 жылдық тойында Алматыға келіп, мерекелік концертте болып, әнші өнерін тыңдаған Михаил Иванович: "Ән салған қараторғай ма? Олай болса, қайта тыңдайық" деген. Сөйтіп "Қараторғай" әнін мәскеуліктер үш дүркін тыңдаған екен. Осы кезде Жамал Омарова 24 жаста ғана еді. Ол кісі сахнаға келерде ешқандай да музыка мектебінде немесе арнаулы оқу орнында оқып, даярлықтан өтпеген. Тумысында табиғаттың өзі қазақтың кең даласындай кең тынысты үн сыйлаған. Құлаққа жағымдылығы, жүрекке қонымды, жұмсақтығына қарай, халық ондай дауысты "мақпал дауыс" деп атайды. 1937 жылы қазақ филармониясының әнші-солисі болды. 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әртістерінің конкурсына қатысқан. Осы жылдары жоғарыда аталған атақты үш әнді және "Екі жирен", "Ой-гөк", "Ақ дариға", "Жалғыз арша", "Қорлан", "Кәмила" сияқты әндерді орындап жүрген. Қилы замандардан халық жадында ұмытылмай сақталып келе жатқан бұл әндер әншінің орындауында қайта жанданып, ауылдан ауылға, ауыздан ауызға тарайды. Әнші халық әндерін орындағанда дауысын әдейі құбылтып, боямалап, кейбір әншілерде кездесетін жасандылыққа салынып әуреленбейтін. Әндерді халықтың өзі білетін мәнерінен шығармай-ақ, үнінің назды, сазды, қоңыржайлығымен жүректерге жеткізе орындаған. Осы қасиеті Жамал Омарованы қазақ халқының сүйікті әншісі еткен. Тағы бір ерекшелігі, әндерін көп тілде шырқауында болатын. Репертуарын орыс, украин, беларус, тәжік, өзбек, татар, қырғыз, грузин, армян, басқа да халықтар әндерімен байытқан. Кейінгі жылдардағы репертуарында казақтың халық әндері: "Ақ дариға", "Бипыл", "Ләтипа", қазақ кеңес композиторларының шығармалары: "Менің елім", "Алтай", "Оңтүстікте ақ алтын", "Гүлденген Қазақстан", "Ұстазым" т.б. әндері болған. ## Ұлы Отан соғысы жылдары 1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге концерт беріп, патриоттық сезімдегі әндерді орындады. Солтүстік Батыстағы майдан шептеріне дейін барып, жауған оқ пен жанған оттың арасында жүрген жауынгерлерге ойын-сауық көрсеткен, оларды жауды жеңуге жігерлендірген. ## Марапаттары Әнші еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Қазақ КСР-нің халық әртісі деген құрметті атақ берілген. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және ондаған медальдармен марапатталған. КСРО Мәдениет министрлігінің "Мәдениеттің озық қызметкері" значогымен үш дүркін наградталуының өзі оның өнер өрінде ерекше орын алғанын сипаттайды. Жамал Омарова атына берілген Шымкент қаласында музыка мектебі, Алматы қаласында көше бар. ## Дереккөздер
Ономастика (грек onomastіke – ат беру өнері) – тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы. Жалқы есімдерге кісі, жануарлар аттары, халық, ұлт, ру-тайпа атаулары, жер-су, аспан денелері жатады. Ономастика заттарды жекелеп атайтын жалқы есімді зерттейтін тіл білімі саласы. Ономастика термині сонымен бірге жалқы есім жиынтығын казіргі ғылымда “онимия " ретінде белгілі онимдерді (rp. unoma, unuma “есім, атау") атау үшін қолданады. Жеке ел, аймақ немесе мәтіндегі жалқы есімдердін тізбегі "ономастика " (лексикон сөзіне сай) деп аталады. XX ғ. 60-жылдарындағы жеке ономастикалык еңбектерде ономастика термині антропонимика, яғни адамның есімдер жиынтығы мағынасында қолданылған. Ғылыми пән ретінде құрылғанға дейін ономастика үш кезеңді басынан өткізді: * ғылымға дейінгі (XIX ғ. дейін); * ономастиканың ғылым ретінде қалыптасуындағы аддынғы кезен (ХІХ-ХХ ғ. басы); * ғылыми (XX ғ. 30-жылдарынан қазірге дейін). Қазак ономастикасы өз кезегінде әлемдік еңбектерге, соның ішінде орыс, түркі ономастикасының еңбектеріне сүйене отырып, Ғ.К. Қоңқашпаев, Е. Қойшыбаев, Т. Жанұзаков, А. Әбдірахманов. Ә.Т. Қайдаров, В.Н. Попова. О.А. Сұлтаньев жүйелі зерттеулерінің арқасында дамыды. Ономастика атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді. Ол зерттеу нысанына қарай топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, теонимика, фитонимика секілді түрлерге бөлінеді. Топонимика географиялық атауларды зерттесе, антропонимика кісінің аты-жөнін, тегін, лақап, бүркеншік есімдерін қарастырады. Этноним - ұлттық ру-тайпа қатысьты мәліметтер жинағы. ## Мысалдар Қазақ тіліндегі әйел есімдері гүл, күн, ай, сұлулық, асыл тастармен байланысты болса, ерлер есімі батыр, бек, би, құл, мырза, хан сөздерімен, сан есімдермен бірлікте келуімен ерекшеленеді. Араб, парсы тілдерінен енген есімдер де (Жамал – сұлу, Абдолла – құдайдың құлы, Нәзипа – таза, пәк) кездеседі. Этнонимика ел, ру аттарын, астронимика (космонимика) аспан әлемі, жұлдыз, планета атауларын, зоонимика жануар, фитонимика өсімдік, теонимика құдай аттарын, рухтар мен мифтік түсініктерге байланысты атауларды тексереді. Ономастика халықтың этнографиясымен тығыз байланыста қаралып, басқа халықтармен жүргізген тарихи, мәдени қарым-қатынастың сыр-сипатын танытады. Ономастика қазақ тілінде ғылым ретінде соңғы 20 жыл ішінде дами бастады. ## Дереккөздер
Оншақырымдық Алқап– Ресей үкіметі тартып алған қазақ жерлері. 18 ғ-дың 1-жартысында Сібір шебі бойында (1500 км) орнатылған. Ол қазақтардың көшіп-қонуына үлкен зиян келтірді. Кейіннен Орынбор шебінен де О. а. орнатылып, қазақ жерін отарлау іс жүзінде жүзеге аса бастады.
«Оңтүстік Қазақстан» – Түркістан облысының газеті. Түркістан Республикасы Орталық партия комитетініңің органы ретінде «Ақ жол» атауымен 1924 ж. 26 қарашада жарық көрді. Алғашқы кезде газет облысқа және Сырдария, Жетісу губернияларына, Қарақалпақстанға тарады. 1925 ж. республика астанасы Қызылорда қаласына көшірілгенде газет сол қалада шыға бастаған «Еңбекші қазақ» газетімен біріктірілді. Ал 1929 ж. республика астанасы Алматы болған соң, Сырдария аймақтық партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» атауымен шыға бастады. 1932 жылдың көктемінде республиканың аумақтық құрылымдары қайта қаралып, облыстар құрылған кезеңде газет қазіргі атауына ие болды. Газеттің негізін қалаған Т.Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, О.Жандосов, О.Исаевтар қатысты. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Асқар Тоқмағамбетов, Бауыржан Момышұлының туындылары жарияланып тұрды. Газет 1967 ж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1980 – 90 ж. Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарын алды. Таралымы 23 мың дана, аптасына үш рет шығады. ## Тағы қараңыз * Ана тілі * Газеттер ## Дереккөздер
Оңтүстік Балқаш артезиан алабы – жер асты суы бар өңір; оңтүстік және оңтүстік-шығыста Жетісу (Жоңғар) Алатауы, оңтүстік-батыста Шу-Іле тау жоталарымен шектеліп, солтүстігінде Балқаш көліне дейін созылып жатыр. Судың минералдығы оңтүстік, оңтүстік-батыс бағыттардан Балқаш көліне қарай 0,5 – 1 г/л-ден 30 – 50 г/л-ге дейін артады. Алаптың әр бөлігіндегі арынды сулы қабаттарының үстінде аллювийлі шөгінділерде және көбінесе өзен аралықтарындағы үрмелі үгінді құмдардан құралған құмшағылдарда арынсыз грунт сулары кең таралған. Олар 1 – 30 м тереңдікте қалыптасқан. Бұл шөгінділердегі су өнімділігі 0,1 – 2 л/с, минералд. 0,5 – 2 г/л-ден аспайды. ## Аумағы Жалпы аумағы 80 мың км²-ден астам. Артезиан алабы екі бөліктен (батысында Іле-Қаратал, солтүстік-шығысында Ақсу-Лепсі ойыстарынан) тұрады. Олардың аралығында аласа Үшкөл тау жотасы орналасқан. ## Даму тарихы Ойыстарда палеозойлық метаморфты тау жыныстарының үстінде негізгі арынды сулы қабаттар бар. Олар жоғарғы палеоген мен неоген дәуірлерінің құм, құмтасты шөгінділерінде 40 – 600 м тереңдікте орын алған. Су өткізбейтін қабатшалармен бөлінген әр сулы қабаттың қалыңдығы 20 – 100 м-ден аспайды. Бұл қабаттарға жеткізіле қазылған ұңғымалардан шыққан су солтүстік, солтүстік-шығыс бағыттарда жер бетінен 5 – 30 м-ге дейін көтеріліп төгіледі. Олардың су өнімділігі 5 – 50 л/с аралығында. ## Сілтемелер * Балқаш * Артезиан сулары * Жер асты сулары ## Дереккөздер
Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы – ежелгі дәуірден орта ғасырларға дейінгі уақыттағы ескерткіштерді зерттеген экспедиция. 1948 – 51 ж. ауылы Н. Бернштам, 1953 – 59 ж. Е.И. Агеева басқарған. ауылы Н. Бернштам Сырдария, Арыс, Келес өзенінен Ташкент шұраттарына, солтүстіктете Шу өзеніне дейінгі аймақта барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көптеген обалар мен қоныстар, қалашықтар орны анықталып, жобалары қағазға түсірілді. Барлау жұмыстарынан басқа Қандытоғай, Бөржар, Тамды, Шегенексай, т.б. қорымдарына, сондай-ақ Ақтөбе, Алтынтөбе, Тарсатөбе, Мардан-Күйік, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе,т.б. қалашықтарда ішінара қазба жұмыстары жүргізілді. Е.И. Агеева Қаратаудың солтүстік беткейінде отырықшы мәдениетті зерттеді. Негізгі зерттеу нысаны ретінде Бабаата қалашығы таңдап алынды. Мұндағы жүргізілген қазба жұмыстары ескерткіштің даму генезисін анықтауға мүмкіндік берді. Бабаата қаласында ауыл энциклопедиясының ізденістері нәтижесінде алынған мәліметтердің отандық тарихтың ежелгі және ерте орта ғасырлардағы беттерін толымды түрде сипаттауда маңызы зор болды. Автохтонды ежелгі тұрғындардың өндіргіш күштерінің дамуын, көшпелі және отырықшы тайпалардың өзара мәдени байланысын көрсетіп берді. ## Сілтемелер * "Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" * Экспедиция * Археология ## Сыртқы сілтеме * Отырар экспедициясы Мұрағатталған 25 қазанның 2010 жылы.
Ибрагим Әбілғазыұлы Онаев (19 мамыр 1913 ж., Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 24 тамыз 1994 ж., Алматы) – металлург ғалым, технология ғылылымының докторы (1968), профессор (1969), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1971), Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі (1972). ## Өмірбаяны Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан. Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1941). Қарсақпай мыс қорыту зауытында жұмыс істеген (1941 – 44). 1944 – 74 ж. Металлургия және кен байыту институтында аспирант, ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, директордың орынбасары (1965 – 74), 1974 – 94 ж. ҚазҰТУ-да кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Негізгі ғылыи еңбектері түсті металлургия шикізаттарын өңдеудің жаңа тәсілдерін жетілдіруге арналған. Орталық Қазақстандағы мыс кендерінен өндірілген кентастар мен концентраттарды балқыту процесін кешенді түрде жетілдіру ісін жүргізген. Түсті металлургия саласындағы штейнді-қожды жүйелердің физикалық-химиялық қасиеттерін зерттеді. Металл-шлак және штейн-қож-газдық фаза жүйесіндегі металдардың таралу заңдылықтарын ашқан. Мысты және полиметалдық материалдарды шашыранды күйде циклондық (кивцэттік) балқытудың ерекше технологиясын жасаған авторлардың бірі. Онаев 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 28 өнертабыстың авторы. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. ## Шығармалары * Әлемнің тұңғыш металы, А., 1977. * Физико-химические свойства сплавов цветной металлургии, А., 1972; Циклонная плавка, А., 1974. * Современные технологические процессы в металлургии меди и никеля, А., 1984. * Восстановление сульфидов, А., 1988. ## Сілтемелер * Ғалымдар * Металлургия ## Дереккөздер
Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясы – 1960 ж. Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының құрамында құрылған. Облыстың Төле би ауданындағы Тоғыз станцияда орналасқан. Оған Оңтүстік мұнай барлау тобы деп аталатын Арыс және Луговой мұнай барлау өндірістік бөлімшесі кіреді. Шу – Сарысу ойпаңында іздеу және барлау жұмыстарын жүргізді, мұнда азотты-гелийлі газдар (Солтүстік Үшарал, Үшарал-Кемпіртөбе) және жанғыш газдар (Амангелді, Айрақты, Орталық, Батыс Әппақ) кеніштері ашылды. * 1983 ж. - Оңтүстік Торғай ойпаңындағы Арысқұм иінін барлады. * 1984 ж. - [[[Құмкөл мұнай-газ кен орны|Құмкөл]] мұнай кенішін анықтады. Мұнда кейіннен 13 мұнай-газ кеніші ашылды. * 1988 ж. - кәсіпорын құрамынан ұңғымаларды сынақтан өткізетін Ленгір және Сырдария мұнай барлау экспедициялары бөлініп шықты, олар көп ұзамай акцияландырылып, қайтадан құрылған «Сенім» холдингілік компаниясының құрамына кірді. * 1993 ж. - ол өз кезегінде «Оңтүстік мұнай» АҚ болып қайта құрылды. Республика аумағының бүкіл оңтүстік-шығыс бөлігі ОҚМБЭ-нің бұрғылау жұмыстарымен зерттелді. ## Дереккөздер
Оңтүстік Маңғыстау артезиан алабы – жер асты суы бар өңір; Каспийдің шығыс бөлігінде, шығыста Үстірт шыңына дейін, солтүстік Қаратаудан (Маңғыстаудағы) басталып, оңтүстікте Түрікменстанға дейінгі аймақты қамтиды. ## Қалыптасуы Юра, бор, палеоген, неоген шөгінділерінен құралған алаптың жалпы тереңдігі Қаратау маңы мен Түрікменстан шегінде 1,5 – 2 км, алаптың ортасында 5 – 6 км шамасында. Юра мен төменгі бор қабаттарында қалыптасқан сулардың арыны күшті. Ұңғымалармен көзін ашқанда жоғары көтеріліп, жер бетінен 20 – 90 м биікке шапшып шығады. Бұл арадағы ең сулы қабат жалпы қалыңдығы 50 – 300 м болатын, түйіршікті құм, құмтастардан тұратын альбессеномен шөгінділерінде қалыптасқан. Ол шөгінділердегі сулар Қаратау маңында және Беке-Басқұдық құрылымында 200 – 350 м, ойыс ортасында 1200 – 1500 м тереңдікте жатады. Осындай тереңдіктен ұңғымалар арқылы алынған арынды судың өнімділігі 10 – 20 л/с-тен 50 – 60 л/с-ке дейін жетеді. ## Минералдығы Қаратау мен Қарақия маңында оның минералдығы 0,7 – 3 г/л болса, Жетібай, Өзен мұнай кен орындары мен Түпқараған жерінде 10 – 30 г/л, ал ойыстың ортасында 110 – 220 г/л-ге дейін жетеді. Ұңғымалар арқылы алынған сулар елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, жер суару үшін пайдаланылады. ## Сілтемелер * Артезиан суы * Жер асты суы ## Дереккөздер
“Оңтүстік мұнай құбыры” – еліміздің ірі мұнай тасымалдау желісі. ## Тарихы 1968 – 70 жылы бұрынғы Атырау және Маңғыстау магистралдық мұнай өнімдері басқармалары мен “Өзен – Құлсары – Атырау – Самара” мұнай құбыры басқармасы негізінде осы атпен өндірістік бірлестік ретінде құрылған. Маңғыстау мұнайын Еділ – Жайық бағытындағы мұнай ағынына қосу және мұнайды араластыру, құбырлармен тасымалдауды бір жерден басқару әрі сол кездегі ең үлкен мұнай құбыры – “Өзен – Құлсары – Атырау – Самара” магистралдық мұнай құбырының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатымен бұл мекеме 1971 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласынан Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласына көшірілді. ## Негізгі мұнай құбырлары Бірлестіктің пайдалануында болған негізгі мұнай құбырлары: ұзындығы 141,5 км “Өзен – Жетібай – Ақтау” (1966), ұзындығы 1932 км “Өзен – Атырау – Самара” (1970), ұзындығы 264,5 км “Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау” (1979), ұзындығы 30 км “Сарықамыс – Теңіз” (1968), ұзындығы 105,9 км “Прорва (Теңіз) – Құлсары” (1986), ұзындығы 84,7 км “НПС-3 – Қосшағыл” (1940), ұзындығы 18,75 км “Іскене – Эстакада” (1936), ұзындығы 85,6 км “Мартыши – Атырау” МӨС (1972), ұзындығы 47,6 км “Комсомольск – Мақат” (1942), ұзындығы 22,9 км “Мұнайлы – Қосшағыл” (1950), ұзындығы 63,6 км “Ақтау – Жетібай” (1990), ұзындығы 34,3 км “Доссор – Мақат” (1991). Бірлестік 1997 жылы 1 қаңтардан “ҚазТрансОйл” ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы ЖАІ-ның құрамына еніп, оның Батыс бөлімшесіне айналды. Қазір қарамағында “Өзен – Атырау – Самара”, “Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау”, “Ақтау – Жетібай – Өзен”, “Мартыши – Атырау – Доссор” мұнай құбырлары және Еділ, Жайық, Сауысқан өзендерінен Атырау мен Маңғыстау облысының тұтынушыларына су тасымалдайтын бірнеше су құбырлары жұмыс істейді. ## Тағы қараңыз * Мұнай * Мұнай құбыры ## Дереккөздер
Оңтүстік Жоңғар кенді аймағы, Алматы облысында орналасқан. Солтүстігінде Көксу өзені арқылы бөлініп, оңтүстігінде Жетісу Алатауымен шектеледі. Аймақтың металлогениясы негізінен, көптеген алтын-күмісті формациялы кен орындарымен (Арқарлы, Далабай, Игілік, Быжы, т.б.) және кен көздеріне (Малайсары, Қалқан, Қатутау, Қызылсай, т.б.) байланысты кейінгі палеозойлық жанартаулы-плутоногенді магматизмнің болуымен анықталады. Кен орындары күрделі палеожанартаулық құрылымдар жүйесінен өтетін, сақиналы жанартаулы тектоникалық құрылымдардағы концентрлі және радиалды жарылымдарға тәуелді. Олар адуляр-кварц және галенит-сфалерит-кварц құрамды желілі кенді денелерден тұрады. Жиектері эпидот-актинолит-хлоритті метасоматиттер мен туынды кварциттер болып келеді. Бұл аймақтан алтын мен күмістің маңызды кен орындарының ашылу мүмкіндігі бар. ## Сілтемелер * Алматы облысы * Кен * Жетісу Алатауы ## Дереккөздер
Оңтүстік-Шығыс Новобогат мұнай кен орны — Атырау облысы Исатай ауданында, Атырау қаласынан батысқа қарай 60 км жерде. Құрылым 1976-1978 жылы жүргізілген сейсмикалық барлау арқылы анықталып, 1982 жылы кен орны ашылды. ## Геологиялық құрылымы Тектоникалық қатынаста кен орны тұзды карниздің астында дамыған жартылай дөңеске ұқсас. Карниз асты пермь-триас қабаты жатыс тереңдігі 1640 – 1900 м болатын 11 мұнайлы горизонтқа бөлінген. Ондағы шоғырлар биіктігі 40-310 м. Шоғырлар қабатты, литолданған экрандалған. Горизонттар терригенді жыныстардан құралған, коллекторлары кеуекті. Бастапқы қабат қысымы 15,1-23,6 МПа, температурасы 42-51°С, тығыздығы 0,632 г/см3. ## Қанығу сипаты, құрамы Мұнайға қаныққан қалыңдығы 2,2-25,6 м. Газдың құрамы: метан 70,6-80,5%, этан 10,8-16,2%, пропан 4,7-8,1%, изобутан 0,7-1,9%, бутан 0,7-2,5%, пентан және одан жоғарғылары 0,19-0,85%, азот және сирек элементтер 0,74-1,61%, гелий 0,0079-0,03%, көмір қышқыл газ – 0,2%.
"Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы" АҚ — жоғары медициналық білім беретін оқу орны. Қазақстан Республика Министірінің Кабинетінің 1997 ж. 25 ақпандағы қаулысымен Шымкент мемлекеттік медициналық институты негізінде құрылды. Оның емдеу, педиатрия, химия-фармацевтік факультеттері, дәрігерлер мен провизорлар біліктілігін көтеру секілді медицина саласына қажетті түрлі мамандар даярлайтын факультеттері мен 38 кафедрасы бар. Академияда Қазақстан Республика Ұлттық ғылым академиясының 1 академигі, 17 ғылым докторы және 115 ғылым кандидаты қызмет етеді. ## Тарихы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1979 жылғы 03 шілдедегі №247 "Шымкент қаласында Алматы мемлекеттік медицина институтының филиалын ұйымдастыру туралы" қаулысымен АММИ филиалы ашылды.Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 29 қазандағы № 429 қаулысымен АММИ филиалы Шымкент мемлекеттік фармацевтикалық институты болып қайта құрылды.Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 14 шілдедегі №778 қаулысымен Шымкент мемлекеттік фармацевтикалық институты Шымкент мемлекеттік медицина институты болып өзгертілді.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 ақпандағы №263 қаулысымен Шымкент медициналық институты "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы"республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 08 шілдедегі № 1037 Қаулысымен "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы"шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 09 қарашадағы № 681 қаулысымен "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы" акционерлік қоғамы болып қайта құрылды (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы 2017 жылғы 13 қаңтардағы анықтама). ## Факультеттер * Медицина факультеті * Фармация факультеті * Халықаралық факультет * Интернатура және түлектерді жұмысқа орналастыру деканаты * Резидентура деканаты * Ғылыми-клиникалық жұмыстар, докторантура және магистратура басқармасы * Үздіксіз кәсіби даму факультеті * Медициналық колледж * Әскери кафедра ## Ректорлар * 1979-1989-Тегісбаев Есболған Тегісбайұлы, ф.ғ.к., доцент * 1990-1993-Үшбаев Кеңесбай Үшбайұлы, ф.ғ.д., профессор * 1993-1997-Төлебаев Райыс Қажыкенұлы, м.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі * 1997-1999-Рысұлы Мұстафа, м.ғ.д., профессор * 1999-2008-Дайырбеков Орынбай Дайырбекұлы, м.ғ.д., профессор * 2009-2018-Сексенбаев Бақытжан Дерибсалиевич, м.ғ.д., профессор * 2018-қазіргі уақытқа дейін Рысбеков Мырзабек Мырзашұлы, м.ғ.д., профессор ## Атақты түлектер * Цой Алексей Владимирович - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі (2020-2021). * Бүркітбаев-Қазақстан Республикасының Жандос Қонысұлы Денсаулық сақтау вице — министрі (2020-2021). * Асылбеков Нұрлыбек Әбибуллаұлы-Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы (05.2022 бастап). * Пашимов Марат Орынбасарұлы-Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы (04.2020 бастап). * Позилов Бақытжан Жолдасбекұлы-Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы (2020-2022). * Қашқымбаева Ләззат Рсымбекқызы-Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің басшысы (2011-2019) ## Дереккөздер
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті — 1943 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Шымкент қаласындағы 76 техникалық мамандықтар және гуманитарлық мамандықтар бойынша білім беретін көпсалалы жоғары оқу орны. ## Тарихы Сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдың 29 маусымында КСРО Халкомы жанындағы жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комисарының «Қазақ КСР-і Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» білескен бұйрығы шықты. Бұл ел басына күн туған сол бір ауыр кезде ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын. Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Қ. Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол еңбек сіңіріп, оқу ғимараттар кешенін салу үшін қаржы бөлуге көп ықпал етті. КСРО Жоғары білім министірлігінің бұйрығымен 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ технологиялық институтының кешкі филиалы ашылып, ол 1959 жылы күндізгі факультет құрылды. Осының негізінде кейінірек Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институты ашылды. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің бұйрығымен Семей қаласында Қазақ технологиялық институтының филиалы ашылып, соңынан Тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына айналды. Осылайша Шымкенттегі Қазақ технологиялық институты екі дербес жоғары оқу орнына өмірге жолдама берді, олар кейінірек ірі білім ошақтарына айналды. 1993 жылы Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орны еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды. 1996 жылы ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Үкіметтің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді. ## Құрылымы * Ректорат * Ғылыми Кеңес * Оқу-әдістемелік Кеңес * Оқу-әдістемелік басқарма * Тіркеу кеңсесі * Тәрбие ісі жөніндегі басқарма * Орталықтар * Кәсіподақ * Бітіруші түлектер Ассоциациясы ## Университет құрамындағы факультеттер Университеттің құрамында – 14 факультет: * Агроөнеркәсіп факультеті * Ақпараттық технологиялар факультеті * Заң факультеті * Жаратылыстану-педогогикалық факультеті * Жеңіл және тамақ өнеркәсібі факультеті * Құрылыс және көлік факультеті * Механика және мұнайгаз ісі факультеті * Педагогика және мәдениет факультеті * Дене шынықтыру және спорт факультеті * Кешкі және қашықтықтан оқыту факультеті * Филология факультеті * Химия-технологиялық факультеті * Экономика және қаржы факультеті * Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу жөніндегі факультеті * Әскери кафедра ## Оқу процесі Шет ел студенттерімен жұмыс жасау факультеті және колледж бар. Университет білім берудің халықаралық стандарттарына ауысқан, бакалавриатта, магистратурада, phD докторантурада мамандарды дайындау барысында оқытудың кредиттік технологиясы мен үш деңгейлі жүйесі жұмыс истейді. Университет жоғары кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау бойынша білім беру қызметтеріне ИСО 9001:2000 сәйкес халықаралық сертификациядан өткен. Университетте елге танымал ғалымдар мен мамандар, білім беруге, мәдениетке және спортқа еңбегі сіңген қызметкерлер жұмыс атқарады: 120 – ғылым докторы, 604 – ғылым кандидаты, 4 ҚР ҰҒА академигі, 4 ҚР ҰИҒА академигі, 1 Қазақ білім беру академиясының академигі, 1 педагогикалық білім беру Халықаралық ғылым акадмиясының академигі. Білім беру үрдісіне практикалық тәжірибесі бар ең үздік ғалымдар мен мамандар, жақын және алыс шетелдерден, оның ішінде АҚШ, Германия, Испания, Бельгия, Ресейдің ғалымдары шақырылған. ## Материалдық-техникалық базасы Университеттің материалдық-техникалық базасы қазіргі үлгідегі он оқу ғимараттарынан, алты студенттер жатаханасынан және екі спорт кешенінен тұрады. Университет барлығы 457 оқу, 130 лабораториялық аудиториялармен және 46 компьютерлік класстармен жабдықталған. Оқу процессінде 1700 компьютер, олардың жартысынан көбі – жаңа үлгідегі компьютерлер, 1200 Интернет желісіне қосылған компьютерлер қолданылады.Университетте 87 мамандық бойынша 31 мыңнан астам студенттер оқиды. Олардың ішінде 8873 студент – мемелекеттік грант бойынша оқиды. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде инженерлік мамандық студенттері контингентінің артуының тұрақты тенденциясы қалыптасты. Соңғы екі жыл көлемінде біздің университет ұтып алған грант нәтижесінде республикадағы 2-ші орынды иеленіп келеді. ОҚУ Германиялық ASIIN агенттігінде білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредитациялаудан өткізу арқылы техникалық сала мамандарын даярлаудың жоғары сапасын дәлелдеген қазақстандық ЖОО-лардың алғашқысы болды. Университет ректорының бастамасымен кәсіпорындармен, ұйымдармен тығыз байланыс жасау негізінде университет бітірушілерінің жұмысқа орналасуына ат салысу, еңбек және білім нарығындағы қызмет көрсету және маркетингтік зерттеулер жүргізумен айналысатын мансап және маркетинг орталығы ашылды. М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры – ҚР ҰҒА академигі, ## Студенттік өмір ОҚУ – бұл, Қазақстанның 50 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында, республиканың өсіп-өркендеуіне әрдайым жаңа идеялар шығаратын белсенді студент жастар ордасы. Университеттегі тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Студент жастардың құқығын, еркіндігі мен көзқарасын сақтау, жастар мәселесіне қатысты 2002 жылдан бастап университетте өзінің Жарғысы мен құрылымы бар студенттік Кеңес қызмет атқарады. Университетте жалпы ЖОО басқарудың ажырамас бөлігі, студенттік өмірдің маңызды қызметі ретінде студенттік өзін-өзі басқару болып табылады. Студенттік Кеңестің іс-әрекетіне ректорат тарапынан қолдау жоғары деңгейде көрсетіледі. Университет ректоры жүйелі түрде студенттермен кездесіп, әр ай сайын студент белсенділері мәжілістерінде оқу мәселелерін, студенттердің қоғамдық өмірінің ұйымдастырылуы мен дамуын, олардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық потенциалдарын талқылап отырады. Студент белсенділері университеттегі оқу Кеңесімен ректораттың мүшелері болып табылады. Әр айда университетте студенттік өзін-өзі басқару күні өтіп тұрады. Бұл күні университеттің оқу тәрбиелік және ғылыми үрдісті жақсарту мәселелері шешімге алынады. Әр сессия соңында тәуелсіз студенттік анкеталау жүргізіледі, студенттік «Сенім поштасы» қызмет көрсетеді. Студенттер мен ректор арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Студенттер Интернет желісі мен ректор e-mail поштасына жалпы білім беру үрдісін ұйымдастырудағы ұсыныстарын, ескертулері мен идеяларын жазып жібере алады. Студенттердің әр ұлттың мәдениетіне әрекеттесуімен өзара толысу үшін, университет ректоры У.Қ.Бишімбаевтың бастамасымен университетте студент белсенділерінің базасымен, құрамында 29 ұлт өкілдерінен тұратын ОҚУ-да Кіші халықтар Ассамблеясы құрылған. Университет базасында 2005 жылдан бастап, жалпы ОҚУ-дың 450 студенттерінен құралған 20 облыстық студенттік құрылыс отряды (СҚО) штабы жұмыс жасайды. Университетте барлығы 250 студенттен 10 отрядтан тұратын «Жасыл ел» штабы құрылған. Отряд бағдарламасының мақсаты ОҚО-ның табиғатын қорғау заңдарын, қалалар мен аудандардағы табиғатты қорғаудағы экологиялық және оны көгалдандыру мәселелерін қамту болып табылады. Университет студенттері арасында жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында, студенттердің түрлі сала бойынша қызмет көрсете білуі үшін Жастар ісі жөніндегі Комитет (ЖІК) жұмыс жасайды. Университет факультеттерінде дебаттар, дөңгелек үтелдер, нашақорлықтың алдын алу, жемқорлық пен құқықбұзушылық жөніндегі семинарлар, Еңбек және ҰОС ардагерлерімен, интернационал әскерлерімен, ғылым және мәдениет қайраткерлерімен, ҰҚК, СІД, наркодиспансер, СПИД, СӨС насихаттау орталықта-рының қызметкерлерімен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұратын 20 клуб қызмет атқарады.Университет студенттерінің көркем-шығармашылық қабілеттерін, таным іс-әрекеттерін, рухани, өнегелі және физикалық потенциалын телінуі үшін қоғамдық мамандықтар факультеті (ҚМФ) жұмыс істейді.Бүгінгі таңда университеттің студент жастары республикалық және жергілікті ұйымдардың мүшелері ретінде, Қазақстанның өзін көрсете білу үрдісіндегі мемлекеттік жастар саясатына белсенді қатысады. 6500 студент жастар «Жастар Рухы», 3200 студент «Қазақстан студенттерінің Альянсы» атты жастар қозғалысының мүшелері болып табылады.Университетте университет әкімшілігімен, ішкі саясат бөлімімен, қоғамдық мамандықтар факультетімен, университеттің ақпарат орталығымен (газет, телестудия), студенттік кеңеспен, жатақханалармен, спорт кешендерімен, университет қызметкерлерінің кәсіподақтық комитетімен тығыз қарым-қатынас жасайтын «М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттік кәсіподақ комитеті» қызмет атқарады. Студенттік кәсіподақ комитеті жаппай мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен қаржыландыруға белсенді түрде қатысады.Спорт, университет қызметінде ерекше орынға ие. Университетте жыл сайын күздік және көктемгі студенттік спартакиада, «Президенттік миля» атты денсаулық фестивалі, институтаралық түрлі спорт түрлерінен жарыстар, профессор-оқытушылардан құралған спартакиада, сонымен қатар Президенттік тест нормативтерін тапсыру өткізіледі. Студенттер үшін гимнастика, шейпинг, күрес, бокс, жеңіл атлетика және волейбол, баскетбол, үстел теннисі мен шұғылдануға арналған тренажерлық залдармен қамтылған арнайы «Денсаулық» және «Буревестник» спорт кешендері қызмет атқарады. Университетте жыл бойы жүзу бассейні жұмыс істейді. Студенттер мен ПОҚ абонементінің бассейнге түсу ақысы 50%-ға төмендетілген. Жазғы демалыста «Машат» және «Біргөлік» шатқалдарында орналасқан университеттік спорттық-шипалы лагерьлер жұмыс істейді. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Университеттің ресми сайты Мұрағатталған 7 қарашаның 2023 жылы.
Рахым Алмабекұлы Оразалиев (8.12.1935 ж.т., Алматы облысы Қарасай ауданы Каменка ауылы) – ғалым, биология ғылымдарының докторы (1989), профессор (1996), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі (1996). Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1998). Қазақ аграрлық университетін бітірген (1960). 1960 – 66 ж. Алматы облысының Алакөл, Қарасай аудандары шаруашылықтарында агроном, 1970 жылдан В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, басшылық қызметтер атқарып келеді (директор, 1995 – 2003). Рахым Алмабекұлы Оразалиев бидайдың бірнеше сорттары мен түрлерінің негізгі биологиялық заңдылықтарын, гибридті бидайдың генетикасы мен физиологиясын зерттеп, қазақстандық агроэкотиптің бірнеше сорттарының биологиялық және селекциялық модельдерін жасаған. Генетика, физиология, биохимия, биотехнология, молекулалық биология саласында жасаған іргелі және қолданбалы зерттеулерінің арқасында дәнді дақылдар сорттарының модельдері мен критерийлері, принциптері негізделген. Оразалиевтің жетекшілігімен (шәкірттерімен бірлесіп) дәнді дақылдардың 110 сорты шығарылды, оның 40 сорты аудандастырылып, Мемлекеттік селекциялық көрсеткіштер реестріне енгізілген. 620 ғылыми жұмыстың, оның ішінде 12 монографияның авторы. 10 алгоритм мен патенттің, 40 авторлық куәліктің иегері. “Құрмет белгісі” орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев (1936 жылы 29 қаңтарда Түркістан облысы Арыс ауданында туған) — актер, театр қайраткері. Қазақ КСР халық артисі (1976). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994). Отан, Парасат, Достық және Еңбек Қызыл ту ордендерінің иегері. Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының лауреаты. ## Толығырақ Сары Үйсін руынан шыққан. * Сәбит Қоңырбайұлы 1936 жылы 29 қаңтарда Түркістан облысы Арыс ауданында дүниеге келген. * 1955 - 1959 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін бітірген. * 1960 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында. ## Сахнадағы негізгі рөлдері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: Алғашында негізінен комедия жанрында, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ. Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінде жарқырады. Осы сахнадағы жарты ғасырдан аса шығармашылық өмірінде қазақ және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзге тарта сахналық кейіпкер сомдады. Олардың үздіктері қатарында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық, Ә. Тәжібаевтың «Майрасындағы» Дүрбіт, З. Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Жаяу Мұса, А. Островскийдің «Жазықсыз айыптылардағы» Муров, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек, О. Бодықовтың «Дала тұтқынындағы» Достоевский, Т. Ахтановтың «Антындағы» Әбілхайыр хан, Н. Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу, Ә. Таразидің «Жолы болғыш жігітіндегі» Асан, Д. Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» Демесін, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымындағы» Серебряков, т.б. сияқты біріне-бірі ұқсамайтын кесек кейіпкерлер бар. Көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегі үлкен. Бұл кезеңде ол жасаған күрделі бейнелер қатарында А. Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогындағы Әбдінәсім шал, Д. Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» Айтөре, Б. Мұқайдың «Өмірзаясындағы» Әли, қырғыз драматургы М. Ғапаровтың «Тұзды шөліндегі» Президент, К. Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентіндегі» Ібіліс, М. Байсеркеновтің «Абылайханның ақырғы күндеріндегі» Бұқар жырау, Ф. Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасындағы» Абдулла және қырғыз драматургы Б. Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасындағы басты кейіпкер Қария сынды бір-біріне ұқсамайтын, жан дүние драматизмі күшті кейіпкерлерін жүрегінде заманның дерті бар әлеуметтік тип деңгейіне көтерді. Халықтық өнер бастауынан қанып ішкен өнерпаз, әнші, сазгердің әндері де халық арасына кең тараған. Және бұл өнері М. Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З. Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек рольдерінде кезең-кезеңімен жарқырай көрінді. ## Марапаттары * Сәбит Қоңырбайұлының ұлттық өнерге сіңірген зор еңбегі бағаланып: * "Қазақ КСРның еңбегі сіңген артисі" * 1976 жылы "Қазақ КСРның Халық артисі" құрметті атақтары берілді. * 1994 жылы "Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі" * 1994 жылы президент жарлығымен "Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты" атанды; * КСРОның «Еңбек Қызыл Ту ордені» * 1996 жылы «Парасат ордені» иегері; * 2008 жылы ҚР Ең жоғарғы айрықша белгідегі «Отан ордені» иегері атанды. * 2016 жылы 80 жылдық мерей тойы қңында ҚР тұңғыш президенті - елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, ұлттық театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін І дәрежедегі «Достық ордені» марапатталды. * ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" құрметті белгісінің иегері. * 2016 жылғы Қазақстан президеентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері. * 2016 жылы "Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл" медалі. ## Дереккөздер
Алма Оразбаева (28 желтоқсан 1898, Бөкей ордасы, — 1948, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Луговой станциясы) — мемлекет және қоғам қайраткері. ## Білімі * Жұмысшы отбасында дүниеге келген. * Ордадағы 1 кластық орыс-қазақ мектебінде сауат ашқан. * 1909-11 ж. Симбирскідегі чуваш мектебінде оқиды. Әкесінің қайтыс болуына, қаражат тапшылығына байланысты оқуын аяқтай алмай, елге оралып, алдымен Ордадағы жаңадан ашылған 2 кластық қыздар мектебінде оқиды. * Кейін осындағы жоғарғы бастауыш ерлер мектебі жанындағы 3 жылдық курсты бітіріп, бастауыш класс мұғалімі мамандығын алып шығады (1916). ## Еңбек жолы * Ұстаздық жолын Новая Казанка ауылында бастайды. * 1917 ж. мамыр айында С.Меңдешевтің бастауымен Ордада өткен, бүкіл оқу жүйесін өзгертуді талап еткен мұғалімдер съезінің жұмысына белсене қатысады. Ордада Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап әйел теңдігі, жесір дауы мәселелеріне тікелей араласьш, өзінің жалынды сөздерімен, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған уытты мақалаларымен қазақ әйелдерінің көзін ашуға тырысады. * Оразбаеваның ұйымдастырушылық қабілеті қазақтың 1-үлгілі атты әскер полкін құру кезінде ерекше байқалды. * 1919 ж. 17 маусымда Қазақ әскери істер жөніндегі комиссариатының бұйрығымен комиссариаттың саяси-ағарту бөлімінің үгітшісі болып тағайындалып, көп ұзамай Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университеті жанындағы үгітшілер мен насихатшылар курсына оқуға жіберіледі. * 1919 ж. қазанда осында РК(б)П қатарына қабылданады. * 1919-28 ж. РК(б)П Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшысы * Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі * Қазақстан өлкелік саяси-ағарту бас басқармасының бөлім меңгерушісі болып істейді. * 1928 ж. БК(б)П ОК Оразбаеваны Қазақстаннан шақырып алып, Саратовқа жұмысқа жібереді. Ол мұнда Нижне-Волжск өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі және әйелдер бөлімінің меңгерушісі әрі өлкелік колхоз одағы төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарады. * 1929 ж. Коминтерниянің тапсырмасымен Моңғол Халық Республикасына іссапармен барып қайтқаннан кейін айықпас дертке шалдығып, 1931 ж. зейнетке шығады. ## Қоғамдық қызметі * БОАК-нің мүшесі * РК(б)П ОК-нің жұмысшы және шаруа әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі комиссиясының мүшесі * Қазақ АКСР ОАК-нің әрі президиум мүшесі болып сайланады. * Партияның 12, 13, 14-інші съездеріне делегат * 14-Бүкілодақтық партия конференциясына делегат * коммунист әйелдердің 3-халықаралық конференциясына делегат * Коминтерінің 5-конгресіне делегат болып қатысады. ## Александр Викторович Затаевичтің бағалауы Оразбаеваның қазақ өнеріне, өнерлі жастарға жасаған қамқорлығы да ерекше. А.В.Затаевич одан халқымыздың 10 әнін («Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Саржан», «Төртпішен», «Ғиндаш», «Айнамкөз» және «Қоштасу» әнінің екі түрлі нұсқасы) жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына кіргізген. Оразбаеваның даусы мен орындаушылық шеберлігін Затаевич: деп жоғары бағалады. ## Дереккөздер
Орақ, Қолорақ – егін немесе шөп оруға арналған құрал. ## Пайда болуы мен пішіні Адам баласы өнім өндіре бастаған неолит дәуірінде пайда болған. Алғашқыда микролит тастар таңдап алынғанда, ағашқа немесе сүйекке ұзына бойына орнатылып, қара маймен бекітілген. Онымен жабайы дәнді дақылдар немесе қолдан өсірілген егін орылды. Қола және темір дәуірлерінде орақ металдан жасалды. Ол кездегі орақ сәл ғана иілген, шағын болды. Уақыт өте келе көлемі үлкейіп, жетілдірілді.Орақтың жарты ай тәрізді доғалданып темірден жасалған негізгі бөлігі – басы және ағаштан жасалған сабы болады. Орақты қолорақ деп те атай береді. Дәстүрлі қазақы ортада орақты әркім өзінің шаруашалық қажетіне қарай тиісті мөлшерде ауылдағы ұстаға арнайы тапсырыспен жасатып алды. Дегенмен, орақтың көшпелі ортада ежелден қалыптасқан өзіндік қалпы болды: жарты ай пошымды басының ұзындығы бір жарым қарыс, жалпақтығы екі елі шамасында, сабы бір қарыстай болып келеді. Кейбіреуінің жүзі араның жүзі сияқты жасалды. Совет дәуірінде қазақ ауылдарында орақтың фабрикада жасалған нұсқалары қолданысқа енді. ## Қолдану барысы Орақпен егін орғанда сол қолмен егіннің шетінен шақтап уысқа қыса ұстап, оң қолдағы орақты сабақтың сыртынан салып, өзіне қарай тартып кесіп отырады. Егінді еңкейіп жүріп оруға да болады. Дегенмен, мұндай тәсіл адамның белін талдырып жіберетіндіктен орақшы бір тізерлей отырып орғанды қолайлы көреді. Қолорақпен орылған егінді бір жерге топтап шетінен баулайды. Сондай-ақ, қолорақ егіннің арам шөбі мен малға шөп дайындауға да пайдаланылды. Қолорақтың белорақ деп аталатын түрлері де бар. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; * Хозяйство казахов на рубеже XIX-XX веков. Материалы к историко-этнографическому атласу. Алма-Ата: Наука, 1980; * ҚӘТС. 9-том. Алматы: Арыс, 2008; * ҚР МОМ – материалдарынан; * ОМЭЭ – материалдарынан.
Ораз-Мұхаммед сұлтан (орыс. Ураз-Магмет царевич, тат. Ураз-Мөхәммәт, 1573 – 1610) – қазақ сұлтаны, Қасым хандығының билеушісі, Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы, Шығай ханның немересі. Ораз Мұхаммед орыс жылнамаларында “қазақ ордасының ханзадасы” деп аталады. 1588 ж. Ораз Мұхаммед хан кеңесшісі (қарашысы) Қыдырғали Жалайыримен бірге Сібір хандығының астанасы Искерге (Қашлық) жергілікті билеуші Сейдахметке (Сейтек, Сейдақ) қонаққа барып, Сейтек ханмен бірге Ертіс бойында аңшылықта жүрген кезінде Тобыл воеводасы Данила Чулков жасағының қолына түсіп, Мәскеуге жөнелтілді. Федор Иванович патша оны жылы қабылдап, қызметке тартты. Ораз Мұхаммед патша сарайындағы салтанатты қабылдауларға, орыстардың шведтерге (1590), Қырым хандығына (1598) қарсы соғыстарына қатысты. 1594 жылдың соңында Тәуекел хан Мәскеуге аттандырған Құлмұхаммед елшілігі Ресеймен достық келісім жасау жөніндегі саяси ұсыныстармен қатар Ораз Мұхаммедті еліне қайтаруды өтінді. Тәуекел хан Ресеймен саяси келісімді бекіту мақсатымен Ораз Мұхаммедтің орнына өз балаларының біреуін аманатқа беруге міндеттенді. Бірақ бұл Тәуекелдің өліміне байланысты аяқсыз қалды. Орыс патшасы Борис Годунов 1600 ж. Ораз Мұхаммедті Ока өзенінің бойындағы Қасым (Касимово) хандығының ханы етіп тағайындады. 1605 – 13 ж. Ресейде болған бұлғақ жылдарында Ораз Мұхаммед Лжедмитрий ІІ жағына шығып, жалған патшаның сарайындағы атақты адамдардың бірі болды. Ораз Мұхаммедтің өзіне адал қызмет етпейтінін сезген Лжедмитрий ІІ оны Ока өзенінің жағасына аң аулауға ертіп барып, жалдамалыларына өлтіртті. ## Дереккөздер
Базарбай Мәмбетұлы Оразбаев (21.11.1912, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Қараүңгір ауылы – 31.7.1981, Алматы) – физика-матемематика ғылымдарының докторы (1962), профессор (1965), Қазақстан Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі (1967). Санкт-Петербург (бұрынғы Ленинград) мемлекеттік университетін бітірген (1935). 1937 – 81 ж. ҚазПИ-де (қазіргі ҚазҰПУ), КСРО Ғылымдар Академиясының Қазақ бөлімшесінің математика және механика секторында ғылыми, педагог, басшылық қызметтер атқарды. Негізгі ғылыми еңбектері алгебра және сандар теориясы мәселелеріне арналған. Базарбай Мәмбетұлы Оразбаев алгебра ғылымы үшін маңызы бар абельдік өрістегі сандардың орналасу заңдылықтарын зерттеді. Зерттеулері әлемдік деңгейге көтерілді. 100-ден астам ғылыми еңбектің, жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі бірнеше оқулықтың авторы. 2 рет “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. ## Сілтемелер "Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы"
“Оралагрожөнмаш” – арнаулы мақсаттағы автомобильдер, жүгері оратын комбайндар, монтаждау аспаптарын, жылыту пештерін, т.б. шығаратын кәсіпорын. 1955 ж. Орал жөндеу зауыты ретінде құрылған. 1997 жылдан қазіргі атымен аталады. Дәнекерлеу-құрастыру, ұстаханалық-қалыптау, гальваникалар құю, т.б. цехтары бар. Зауыт арнаулы мақсаттағы автомобильдер (өрт сөндіргіш, бензин тасушы машиналар), КСС-2,6 комбайндарын, жанар май құю жабдықтарын, т.б. шығарады. Соңғы жылдары суару-жуу машиналарын, күш-көлікке жегетін шөп шапқыштар, гайка кілттерін жасау қолға алынды. ## Дереккөздер
Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин (1947 жылы 13 маусымда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Диқан ауылында туған) — ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының төрағасы. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). Алматы облысының құрметті азаматы. ## Толығырақ * Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин 1947 жылы 13 маусымда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Диқан ауылында дүниеге келген. Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. * 1965 жылы ол мектепті күміс медальмен бітірді. * 1965 - 1970 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университеті)нің филология факультетін бітірген. * 1970 жылы ол еңбек жолын "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер болып істеді. * 1972-1984 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. * 1984-1986 жылдарда Республикалық қуыршақ театрының директоры болды. * 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының I съезінде Одақ Басқармасының бірінші секретары болып сайланды. * 1986 жылы өткен КСРО театр қайраткерлері Одағының I съезінде Басқарма құрамына енді. * 1990 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі XII шақырылуының депутаты болды (Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі Комитет Төрағасының орынбасары қызметін атқарды). * 1991 жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жоғарғы Палатасында ғылым, білім және мәдениет Комитеті төрағасының орынбасары. * 1993-1996 жылдар аралығында "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. * 1996 жылы Қазақстан Жазушыларының XI съезінде Одақ Басқармасының Бірінші секретары болып сайланды. * 2002 жылы Қазақстан жазушыларының XII съезінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып қайта сайланды. * Қазіргі Республикадағы Жазушылар Ұйымын басқарады. ## Шығармашылығы * Нұрлан Оразалин қаламынан ондаған көркем дүниелер туды. Ер жылдарда "Беймаза көңіл", "Көктем көші", "Жетінші құрлық", "Азаматқа аманат", "Қүралайдың салқыны", "Ғасырмен қоштасу", "Сырнайлы шақ" атты жыр жинақтары мен "Азаматтық айдыны" атты көркем публицистикалық-эссе толғаулар кітабы жарық көрді. Сондай-ақ Нұрлан Оразалиннің қаламынан туған "Шырақжанған тун", "Тас киіктер", "Аққүс туралы аңыз" ("Бойтүмар"), "Қарымта", "Қилы заман", (М.Әуезовтың аттас шығармасының ізімен жазылған), "Бастықтың бір күні", "Қарақазан ғасыр", "Көктемнің соңғы кеші" тәрізді драмалық шығармалары көп жылдар бойы Қазақстан театрларында табыспен жүріп, теле-радио спектакльдерінің арқауына айналды. * Нұрлан Оразалин орыс жазушысы Г.Свиридовтың "Жанкешті сапар" романын, үнді классигі Р.Тагордың "Пошта", қалмақдраматургі А.Балақаевтың" Ана жүрегі", әзірбайжан драматургі Р.Гейдардың "Бір ендіктің тынысы", неміс драматургы Х.Каллаудың "Зәйтүн толы қүмыра", белорус драматургы А.Петрашкевичтің "Дабыл" пьесаларын қазақшаға аударды. * "Шырақ жанған тун", "Аққүс туралы аңыз" пьесалары орыс, қырғыз тілдеріне аударылып, өлеңдері орыс, украин, болгар, түрік, молдаван, қырғыз, өзбек тілдеріне тәржімаланды. * Ақынның "Шырақ жанған түн", "Аққүс туралы аңыз" пьесалары орыс, украин, молдаван, қырғыз, өзбек тілдеріне тәржімаланды. Нұрлан Оразалин еліміздің саяси, мәдени, өміріне қоян-қолтықараласып келеді. Стамбүл қаласындағы Еуразия Қорының түрақты мүшесі, Қор қасынан шығатын "ДА" ("Диалог Авразия") журналының алқа мүшесі. Ол, сондай-ақ, Мәскеу қаласындағы Жазушылар Үйымдарының Халықаралық Қауымдастығы төрағасының орынбасары, Халықаралық Әдеби Қордың теңтөрағасы, Орта Азия халықтары Мәдени Ассамблеясының Вице-Президенті. * Нұрлан үшін "Қараңғы түн де", "Аруақтарға мекен болған көк аспан да", "Кеудесін қысқан Дәуірдің қасіретті толғағы да", бәрі-бәрі "Жүрегін жұлқыған Тәңір сөзіндей" елестейді. Ақын үшін оқшау ескі обалар кешегі "ғұндар мен сақтардан қалып қойған оқылмаған кітаптай" көрінеді". Г.Свиридовтың "Жанкешті сапар" романын, Р.Тагор, А.Балақаев, Р.Гейдар, Х.Каллау, А.Петрашкевич пьесаларын қазақ тіліне аударған."Зеленая огонь" өлеңдері орыс тілінде жарық көрді. Шығармалары "француз", "ағылшын", "қытай", "түрік", "болғар", "өзбек", "қырғыз", "украин" т.б. тілдерге аударылған. ## Марапаттары * 2017 - ІІІ дәрежелі Барыс ордені * 2010 - Парасат ордені * 2005 - Құрмет ордені * 2002 - "Ғасырмен қоштасу" өлендер жинағы үшін, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы берілді. * 1998 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді. * Алматы қаласының құрметті азаматы * Алматы облысының құрметті азаматы * ҚР көптеген мерекелік медалдарымен және президенттің алғыс хаттарымен марапатталған. * 2022 - І дәрежелі Барыс ордені ## Дереккөздер
Орал әк зауыты – әр түрлі құрылыс материалдарын, соның ішінде әк, бор, т.б. шығаратын кәсіпорын. 1999 жылы Орал құрылыс материалдары өндірістік бірлестігі негізінде құрылған. Зауыт құрамына әк зауыты, бор кеніші және 2 құм шахтасы кіреді. ## Дереккөздер
Орал арматура зауыты– болат пен шойын құбырларын бекітетін арматура, арнаулы өнеркәсіп салаларында кенді ұнтайтын жентек шарлар, т.б. металл бұйымдар шығаруға маманданған кәсіпорын. Зауыт тарихы 1912 ж. ұйымдасқан механикалық шеберханадан басталады. 1923 ж. Владимир Ильич Ленин атындағы шеберхана, 1925 ж. металл құю зауыты ретінде қайта құрылды. 1942 ж. Ресейден көшіп келген “Арманит” зауытымен біріктірілді. 1946 ж. өнеркәсіп арматураларын жасауға маманданды, 1952 жылдан өз өнімдерін экспортқа шығара бастады. 1983 ж. кәсіпорында металлды балқытып құю цехы іске қосылды. 1990 ж. зауыт “Орал-Арма” өндірістік кооперативі ретінде қайта құрылды. 1997 жылдан қазіргі атауымен аталады. Кәсіпорынның металл құю, механикалық өңдеу, жөндеу, аспап, т.б. цехтары жұмыс істейді. 2 жұмысшылар жатақханасы, 1 балабақша, тарихи музей, т.б әлеуметтік-мәдени объектілері бар. ## Дереккөздер
Орал балық комбинаты – тамақ өнеркәсібі орны. 1930 жылы балық аулайтын артельдерді біріктіру негізінде құрылған. Негізінен балық аулаумен және оны өңдеумен, сондай-ақ тоғандарда балық өсірумен айналысады. Комбинатта жылына 1200 – 1300 т балық ауланады, 400 т балық кептіріліп-ысталады. Тоғаннан 300 – 400 т балық өндіріледі. Балық негізінен Шалқар, Жалтыркөл, Қамыс-Самар көлдерінен және Жайық өзенінен ауланады. ## Дереккөздер
Орал-Елек темір жолы – Орта Азияны, Батыс Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіп аудандарын (Орск), Саратов облысы мен Украинаны байланыстыратын темір жол тармағы. Ұзындығы 236 км. Құрылысының жобасы 1936 жылы бекітілген. 1937 жылы ақпанда іске қосылды. ## Дереккөздер
Орал Керамикалық Бұйымдар Зауыты– қаптама керамикалық плиталар, керамикалық және фарфор ыдыстар шығаратын кәсіпорын. 1988 жылдан өнім бере бастаған. ## Дереккөздер
Орал нан комбинаты - құрамында 3 нан зауыты, 14 дүкен болды. 1-нан зауыты 1965 ж. (тәулігіне 60 т нан, 18-20 т макарон дайындайды), 2-нан зауыты 1937 ж. (тәулігіне12-15 т бөлке нан, 5 т қара нан,т.б. дайындалды), 3-нан зауыты1967 ж. (кондитер өнімдерін, т.б. дайындалды) салынды. ## Дереккөздер
“Орал өңірі” – облыстық газет. Қазақстан КП Орал облыстық және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің органы болды. Алғашқы саны 1918 жылы 17 қарашада Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде “Хабар” деген атпен жарық көрді. 1919 жылы 1 қаңтардан “Қазақ дұрыстығы”, 26 ақпаннан 10 шілдеге дейін “Дұрыстық жолы”, кейін “Сахара таңы”, 1920 – 1932 жылы “Қызыл Ту”, 1932 – 1957 жылы “Екпінді құрылыс”, 1957 – 1963 жылы “Октябрь туы” деген атпен шықты. 1963 жылы мамырдан “ Орал өңірі” деген атпен шығады. Газет облыс экономикасын көтеріп, мәдениетін өркендетуде, халыққа тәрбие беруде зор рөл атқарып келеді. Құрылтайшысы – облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат. ## Дереккөздер
Орал «Зенит» зауыты – қорғаныс және шаруашылық мақсатындағы өнімдер шығаратын кәсіпорын. 1941 жылы салынған. Бастапқы кезде бұл құпия қорғаныс кәсіпорны “231-зауыт”, “38-пошта жәшігі”, 1966 – 1991 жылы “К.Е. Ворошилов атындағы машина жасау зауыты” деп аталды. 1996 жылдан ашық акционерлік қоғам. Зауыт жанында “Зенит” мәдениет сарайы жұмыс істейді. Кәсіпорын 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, бірнеше мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған. ## Дереккөздер
“Орал полипласт” – пластмассадан әр түрлі өнімдер: ыдыс-аяқ, санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын, автомобиль қозғалтқыштарын жөндейтін кәсіпорын. 1985 жылы “Коммунар” зауыты ретінде құрылған. 1993 жылдан осы атпен аталады. Пластмассалық бұйымдар, дайындау және аспаптар цехтары бар. ## Дереккөздер
Орал мұнай құбыры басқармасы, 1970 жылы Оңтүстік магистралды мұнай құбыры басқармасының құрамында Орал аудандық мұнай басқармасы ретінде құрылған. 1971 жылы Приволжск магистралды мұнай құбыры басқармасының қарауына берілген. Қазір “ҚазТрансОйл” ҰМТК ЖАҚ-тың Батыс бөлімшесіне (Ақтау) қарайды. Атырау-Самара құбыры бойымен мұнай айдайды. ## Дереккөздер
Орал Силикат Кірпіш Зауыты– кірпіш, жылу-энергиясын өндіретін кәсіпорын. 1999 ж. Орал құрылыс материалдары өндірістік бірлестігінің негізінде құрылған. Облыс орталығы маңындағы Зачаганск кентінде орналасқан. Құрамында силикат кірпішін дайындау, жылыту және жылу тарату, т.б. цехтары бар. 70 адам жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Орал реалдық әскери училищесі – арнаулы әскери оқу орны. 1832 жылы Орал казактарының балаларын оқыту үшін ашылған. Училищеде пәндер 1 жыл дайындық, 5 жыл жалпы және 3 жылдық арнайы курстарға бөліп оқытылды. Онда әскери пәндермен қоса дін, орыс тілі мен әдебиеті, неміс және француз тілдері, математика, жаратылыстану ғылымдары, география, тарих, статистика, заңтану, сурет және сызу сабақтары берілді. 1840 жылдан жоғарғы сынып құрамында 1 жылдық артиллериялық және инженерлік бөлімдер болды. 1854 жылдан арнаулы артиллериялық, инженерлік училищелерге және әскери академияға оқуға түсуге дайындайтын қосымша сынып ашылды. Бұл оқу орнын 20 ғасырдың басында 18 қазақ баласы бітіріп шықты. Олардың арасында кейіннен жолдамамен Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академияны бітірген Н.Ипмағамбетов, Д.Күсепқалиев, Х.Досмұхамедов және Ж.Досмұхамедов болды. Училище Кеңес өкіметінің орнауына орай 1918 жылы жабылды. ## Дереккөздер
“Орал су жобалау” – инженерлік су құрылысы нысандарын жобалаумен айналысатын мекеме. Бұрынғы “Казгипроводхоз” жобалау институты (1951) негізінде 1999 жылы ұйымдасқан. Орал-Көшім суландыру жүйесін, Орал қаласын тасқын судан қорғаудың, облыстағы ірі су құбырларының жобаларын жасады. “Бектал-Интернешнл ИНК” фирмасы және “Қарашығанақ-Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясымен бірлесіп Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеру жобаларын жасауда. ## Дереккөздер
Оралснабсбыт - тамақ өнеркәсібі орны. 1965 жылы “Орал нан пісіру комбинаты” ретінде құрылған. Нан-бөлке түрлерін, кондитер тағамдарын, сүт және майонез өнімдерін шығарады. 2000 жылы кәсіпорын жұмысы уақытша тоқтады. 2001 жылы оның негізінде “Оралснабсбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істей бастады. Нан-бөлке пісіретін, кондитер тағамдарын әзірлейтін, макарон, майонез шығаратын цехтары бар. ## Дереккөздер
Орал сырты үстірті, Оңтүстік Оралдың шығыс етегінде, Ресейдің Челябинск және Қазақстанның Қостанай облыстарының жерінде орналасқан. Оралды бойлап солтүстіктен оңтүстікке қарай 400 км-ге созылады, ені 200 км-ден астам. Палеогендік денудацялы-аккумуляцялық биік жазық. Үстіртті Тобыл өзенінің салалары (Үй, Тоғызақ, Әйет, т.б.) жеке бөліктерге бөлшектеген. Оралға іргелес бөлігінде биіктігі 400 м-ден асады, оңтүстік-шығысқа қарай 300 м-ге дейін аласарады. Еңіс жазықтың үстінде көптеген ұсақ көл қазаншұңқырлары тараған. Климаттың континенттілігі солтүстіктен оңтүстікке және батыстан шығысқа қарай арта түседі. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 300 – 400 мм. Қаңтардың орташа температурасы –16 – 180С, шілдеде 18 – 200С. Топырақ жамылғысына қара топырақ пен қызыл-қоңыр топырақ тән. Суайрықтарды әр түрлі шөпті-селеулі дала алып жатады. Өзен аңғарларында астық тұқымдас шалғын өсімдігі өседі. Солтүстік аудандарда, әсіресе, шұқанақтарда қайың-көктерек ормандары кездеседі. Қиыршықты-тастақты жерлерде түрлі бұталар: ырғай, тобылғы, сайларда үшқат, қандыағаш, қарағаш, шәнкіш өседі. Егістікке қолайлы жерлері түгелдей жыртылған. Астықтан тұрақты мол өнім алынады. Үстірт темір кен орындарына бай; Қашар темір кен орны, Лисаков темір кен орны, Соколов темір кен орны, Сарыбай темір кен орны. ## Дереккөздер
Орал уезі – “Дала облыстарын басқару жөніндегі Ережеге” сәйкес 1869 жылы желтоқсанда Орал облысында құрылған әкімшілік-аумақтық бөлік. Халқының саны 223 мың 717 адам болды. Орал уезі Жайық өзенінің екі жақ алқабында орналасты, оң жағында қазақ-орыс әскерлері, сол жағында қазақтар тұрды. Халқының тығыздығы жағынан Орал облысында 1-ші орын алды. Қазақ-орыстар негізінен балық аулаумен, егін шаруашылығымен, ал қазақтар мал өсірумен, ішінара егіншілікпен айналысты. Уезд жерінің 2,1%-ы ғана егіншілікке пайдаланылды. Орал уезінде 1367 жұмысшысы бар шағын 466 зауыт және диірмен болды. Бақша өсіру өркендей бастады, айналымдағы ақша қоры 1 млн. сомға жуықтайтын Петровский, Воздвиженский, Калмыковский және Орал жәрмеңкелері жұмыс істеді. ## Дереккөздер
“Оралэнерго” – Орал облысындағы электр энергиясын тарату компаниясы. 1990 жылы электр энергиясы жөніндегі өндірістік бірлестік ретінде құрылған. Компанияның құрамына 1 қалалық, 16 аумақтық электр жүйесі кіреді. ## Дереккөздер
Орал көтерілісі – 1869 жылы болған Орал облысында болған ұлт-азаттық қозғалыс. Көтеріліс Ресей өкіметі 1868 жылы қабылдаған “Уақытша Ережеге” (“Далалық облыстарды басқару жөніндегі Ереже”) қарсы бағытталды. Ресей өкіметінің 1867 – 1868 жылғы реформалары, алым-салықтың көбейіп, қанаудың одан әрі күшейе түсуі, қазақ халқының жаппай наразылығын тудырды. 19 ғасырдың 60-жылдарында әр түтінге салынатын салықтың мөлшері 10 – 12 сомға жетіп, әр отбасынан жеке-жеке өндірілді. Заттай төлемдер тұрақты алымға айналды. Кіші жүз қазақтары мемлекет кіресін тегін тарту үшін (Наурызым орманынан Сырдария бойындағы қалаларға ағаш тасу, т.б.) түйешілермен қоса 4 мың түйе беруге, Орта Азия хандарына жорыққа шыққан патша әскерлерін азық-түлікпен, баспанамен, жылы киімдермен, т.б. жабдықтауға міндетті болды. Жергілікті әкімдер көлікпен, қаражатпен халық есебінен қамтамасыз етілді. Күйзеліске ұшыраған қазақ кедейлері топ-тобымен казак-орыс шептеріне, қалаларға жалданып жұмыс істеуге кете бастады. Жалшылардың егіншілікпен айналысуына тыйым салынды. 1868 жылғы “Ереже” бойынша жер үкімет меншігі болып жарияланды. Қазақтар пайдаланған жері үшін түтін басы салығын бұрынғы 1 сом 50 тиын орнына 3 сом 50 тиын төлеуге, түрлі қосымша алымдар төлеуге тиіс болды. 1869 жылдың басында елге ұйымдастыру комиссиялары шықты. Комиссия халық санағын жүргізіп, салық жинауға, жергілікті әкімдер сайлауын өткізуге, болыстар құруға кірісті. Бұл халық наразылығын күшейтіп, көтерілістің шығуына тікелей түрткі болды. Табын, Кете, Таз, Шеркеш, Есентемір руларының қарулы көтерілісшілері 1869 жылы наурызда Гурьев қаласындағы ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасап, 10 көлік пен 900 сомның бағалы заттарын қолға түсірді, комиссия мүшелері қашып кетті. Елек өзенінің бойында 200 солдат күзеткен азық-түлік отрядына 600-ге жуық көтерілісші қазақтар шабуыл жасады. 1869 жылы наурызда ұйымдастыру комиссиясына қарсы көтеріліс Орал облысын түгел қамтыды. Көтеріліс жаз шыға күшейе түсті. Көтерілісшілерді Т.Есенжанов, І.Өтерғазин, О.Нақанов, О.Байғожин, Ү.Сүтемгенов, Б.Жездібаев, Ж.Намазов, т.б. басқарды. Ханкөл, Азнабай, Тайпақ, Өлеңті, Қурайлы аймақтары көтеріліс орталығына айналды. Көтерілісшілер казак-орыс селолары мен сауда керуендеріне 41 рет шабуыл жасады. Көтерілісті басуға 5300 солдат, 20 зеңбірек бөлінді. С.Түркебаев, Б.Ұсман басқарған 20 мыңдай көтерілісші 2 зеңбірегі бар фон Штемпельдің 360 солдатын Калмыково қамалына шегіндірді. Көтерілісшілердің енді бір тобы Григорьевтің 150 солдатына, Рукиннің 300 солдатына тойтарыс берді. Патша өкіметі көтерілісті біржола басуды Орал облысының әскери губернаторы Н.Н. Веревкинге тапсырды. Ол 1700 солдат, 1 атқыштар ротасымен Қазыбек биігіне келді. Қатары сиреген көтерілісшілер бұл күшке қарсы тұра алмады. Патша әскері көтерілісшілерді ауылдарымен бірге аяусыз жазалады. Кіші жүз қазақтарының үштен бірі Орталық Азия хандықтарына өтіп кетті. Қалғандары түтін сайын 1 сомнан айып төледі. “Жаңа Ереже” күшпен енгізілді, әрбір үй, мал есепке алынды, 144 мың сом контрибуция өндіріліп, 511 адам әскери сотқа берілді. Көтерілістің ең табанды, қажырлы басшысы С.Түркебаев түрмеде азаптап өлтірілді. Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да қазақ халқының отарлау саясатына қарсы қозғалысының ерекше көрінісі болды. ## Дереккөздер
Органикалық синтез және көмір химиясы институты – ғылыми-зерттеу мекемесі; химия өнеркәсібінде маңызы бар органикалық заттардың, көмірдің, басқа жанғыш қоспалар химиясы мәселелерімен айналысады. 1983 жылы Қазақстан ҒА-ның Химия металлургия институтының органикалық химия бөлімі негізінде Қарағанды қаласында құрылған. 2001 жылы ЖАҚ, 2003 жылдан ЖШС болып тіркелді. Институтт құрамында 5 лаборатория (электркатализ және кванттық-химиялық зерттеулер, биологиялық белсенді заттарды синтездеу, көмір химиясы, спектроскопия, полимерлер), диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: органикалық қосылыстардың құрылысын, түзілу механизмін, реакцияға қабілеттілігін зерттеу; көмірден, сланецтен және ауыр мұнай қалдықтарынан синтетикалық сұйық жанармай алудың жаңа технологиясын жасау, т.б. Институтта мұнай-газ бұрғылау ісінде қолданылатын көмір-сілтілік реагент алу технологиясы жасалып, өндіріске енгізілді (А.Молдыбаев). Көмір өндіру, қайта өңдеу және химия өнеркәсіптерінің өнімдерінен және қалдықтарынан жаңа мономерлер мен полимерлер алу негіздері, Орталық Қазақстан көмірі негізінде қозғалтқыш сұйық жанармайын алу технологиялары жасалды. ## Дереккөздер
Орал балқыту-механикалық зауыты– шойын мен болат бақыту негізінде өнім өндіретін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын өндірістік кооператив. 1942 жылы қаңтар айында Воронеж облысының Усмань қаласынан көшіріп әкелінген. Бастапқы кезде қазіргі атауымен аталып, артиллерияға қажетті оқтар шығарды. 1942 – 1992 жылы “Құрылыс-монтаждау жабдықтары зауыты” деп аталды. 1992 жылы ұжымдық кәсіпорын, 2000 жылдан өндірістік кооператив ретінде жұмыс істейді. Кооперативтің металды балқытып құю, механика және дәнекерлеу-құрастыру цехтары бар. ## Дереккөздер
Орда Ежен хан (туған жылы белгісіз – 1253 жылы дүниеден озған) – Жошы ұлысының сол қанатының алғашқы билеушісі (1226 – 1253), қолбасшы Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның үлкен ұлы, қазақ хандарының арғы атасы. Орда Ежен 1236 – 1242 жылы моңғолдардың батысқа жасаған барлық жорықтарына белсене қатысты. Жошы ұлысы екі қанатқа бөлінгенде сол қанатын Орда Ежен, оң қанатын Бату хан басқарған. Осының негізінде 13 ғасырдың ортасында әскери-саяси иеліктер қалыптасып, соңынан олар дербес мемлекеттерге айналды. Жошы ұлысының сол қанатын билеген Орда-Ежен інілерімен қосылып Алтын Орда құрамына енетін, ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз Ақ Орда мемлекетін құрды. Рашид әд-Дин Алтын Орда мен Ақ Орда жөнінде олар бір-бірінен өте алыста жатты және өзара тәуелсіз ұлыстар болды деп жазды. Алғашында Орда-Ежен өзінің ордасын әкесі Жошының орталығына жақын жердегі Ертіс өзенінің жағалауына жайғастырды. Дегенмен, 1246 жылы Плано Карпини Моңғолияға бара жатқан сапарында оның ордасы Алакөл маңында болды деп көрсетеді. Орда Ежен өз беделінің күштілігіне қарамастан әкесінің орнына інісі Батудың Алтын Орда тағына отыруын қолдады. Қарақорымда Күйікті ұлы хан көтерген құрылтайға Жошы әулетінің атынан қатысты. Осы жиында Шыңғыс хан ұрпақтарының үлкендері ретінде Мөңке екеуі бірігіп, көтеріліске шыққандардың ісін тексеріп, жазаға тартты. Орда-Еженнің саяси рөлі тек Жошы ұлысында ғана емес, бүкіл моңғол империясында да жоғары болды. Рашид әд-Диннің айтуы бойынша, Алтын Орда билеушісі ресми түрде Бату болғанымен, Мөңке хан Шыңғыс хан империясының атынан өзі шығарған үкімдері мен жарлықтарында Орда-Еженнің атын Батудан бұрын қойған. Орда-Ежен өлген соң оның орнына төртінші ұлы Күнқыран келді. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз
Орда — түркі-моңғол тайпаларының әскери-әкімшілік орталығы, мемлекет басшыларының тұрағы, (астана). Осыған байланысты кейде мемлекеттердің де атауы шыққан. Мысалы: Алтын Орда, Ноғай ордасы, Ақ Орда, т.б.18-19 ғасырлардағы орыс ғалымдары мен шенеуніктері қазақ қоғамындағы жүздерді Орда деп те атаған. Дала өркениетінен хабары мардымсыз еуропалықтар басы бірігіп ұйымдаспаған қыруар адамдардың тобырын Орда деп атады. Дәстүрлі қазақ дүниетанымында Орда ұғымы мемлекеттілікті, елдікті білдіреді. ## Дереккөздер
Орал автожөндеу зауыты – әр түрлі маркалы жүк автомобильдерінің қозғалтқыштарын жөндейтін кәсіпорын. 1941 жылы автомобиль жөндеу шеберханасы ретінде құрылған. 1975 жылы Орал автожөндеу зауыты деп аталды. Соңғы жылдары ашық акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді. Зауытта 50 адам еңбек етеді. ## Дереккөздер
Орда-Шейх – Алтын Орда ханы (1359 – 1360). Ақ Орда ханы Сасы-Бұқаның ұлы, Орда-Еженнің бесінші ұрпағы, Жошы әулетінен. Бердібек хан өлгеннен кейін (1359) Алтын Ордада өзара алауыздық күшейіп, 20 жылда (1359 – 80) 25-тен астам хан ауысты. Осы кезеңде Алтын Орда әмірлері Ақ Орданы 17 жыл бойы билеген Шымтай ханды Алтын Ордаға хандыққа шақырды. Шымтай хан ұсынысты қабыл алмай, өз орнына інісі Орда-Шейхты жіберді. Тарихи деректерге қарағанда (Му’ин әд-Дин Натанзидің “Мунтахаб ат-тауарих-и Му’ини” атты шығармасында) Орда-Шейх Ақ Орда билеушілері әулетінен Алтын Орда ханы болған бірінші адам еді. Осыдан бастап Ақ Орда билеушілері Алтын Ордада өз билігін орнату үшін күрес жүргізді. ## Дереккөздер
Ориньяк мәдениеті (Ориньяк үңгірі бойынша, Франция) — соңғы палеолит археологиялық мәдениеті. Мустьеден кейінгі, солютренің алдындағы, шамамен осыдан 25-40 мың бұрынғы жылдар. Құралдар шақпақтас өзегінен ұзынша қалақшалар түрінде жарып алынып, шеті қияланып өңделген. Сүйек құралдар да таралған. Қабырға мүсіндері мен суреттері пайда болған. Ориньяк мәдениетінің адамдары қазіргі адамдардың арғы тегі саналады. ## Дереккөздер
Орлов мыс кен орны - Шығыс Қазақстан облысында, Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. 1959 жылы ашылған. Жезкент кен байыту комбинатының кенді базасы. ## Геологиялық құрылымы Кенді алаң ортаңғы және жоғарғы девон кезеңінің шөгінді жыныстары мен орта карбон жыныстарынан тұрады; құрылымы қаңқалы-блокты. ## Жатыс сипаты Кен орнын Негізгі және Жаңа деп аталатын екі шоғыр құрайды. Негізгінің құрамына бірінші, екінші, үшінші кен денелері енеді. Жаңа кен шоғыры батысқа қарай орналасқан. Кен денелерінің пішіндері қабатты-линзалы болып, 100 м-ден 1100-ге дейінгі тереңдікте жатыр. Кен көлемінің 50%-ын тұтас массивті кендер құрайды. ## Құрамы, минералдары Кеннің басты құраушылары: Cu, Zn, Pb, S, Ba, қосымша Au, Ag, Cd, Hg, As, Sb, Se, Te, Tl. Басты минералдары: пирит, халькопирит, сфалерит, галенит, т.б. Минералдар 210 – 5800C шамасында кристалданады. ## Дереккөздер
Ордакент – шағын қала орны. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған темір жол стансасынан солтүстікке қарай 5–6 км жерде орналасқан. ## Зерттелуі, сипаты 1967 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К. Ақышев) барлау жұмыстарын жүргізген. Қала орны диаметрі 100 м болатын сопақша төбе. Шетінің биіктігі 4–5 м, орталық бөлігі 6–7 м-ге дейін. Қазба жұмыстары барысында қолдан жасалған қыш ыдыстар, астық, су сақтайтын үлкен хұмдар, құмыралар, құмғандар, т.б. заттардың сынықтары табылған. Бұл заттарға қарағанда Ордакент біздің заманыздың 1 ғасырында бой көтеріп, 8 ғасырға дейін жеткен, тұрғындары егін егіп, мал шамамен айналысқандығы аңғарылады. ## Дереккөздер
Камал Сәруарұлы Ормантаев (11 қыркүйек 1936 жылы, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Октябрь ауылында туған) — қазақстандық балалар хирургиясының негізін қалаушысы ғалым. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Қазақ КСРның Еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1980). Қызылорда облысының Құрметті азаматы. ҚР Денсаулық сақтау ісінің Үздігі. Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999). ## Толығырақ * Байұлы тайпасының Алтын руынан шыққан. * Камал Сәруарұлы 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Октьябр ауылында дүниеге келген. * 1959 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (бұрынғы Алматы ММУ) бітірген. * 1963 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінде ассистент, кафедра меңгерушісі, * 1980-1985 және 1993-2001 ж. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры болды. ## Ғылыми шығармашылығы Негізгі ғылыми еңбектері балалар хирургиясына арналған. К.Ормантаев балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді; бассүйек пен миға жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп және оны емдеудің алты жаңа әдісін анықтады, сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалады. * Бүгінгі таңда Қаз ГМУ балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 40-тан астам авторлық куәлігі және 1 патенті бар. Жыл дәрігері номинациясы бойынша "Алтын адам" (2000,2001) сыйлықтарын алған ## Ғылыми атақтары * 1971 жылы Медицина ғылымдарының докторы (ғылыми атағы); * 1972 жылы профессор құрметті ғылыми атақтары берілді. * 1994 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. ## Мемлекеттік марапаттары * 1980 жылы ебасының жарлығымен «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері» құрметті атағы берілді; * 1999 жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды; * 1999 жылы «Парасат ордені» мен марапатталды; * 1999 жылы Қызылорда облысының Құрметті азаматы (құрметті атағы); * 2002 жылы «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы сыйлығы; * 2004 жылы екінші мәрте «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы сыйлығы; * 2004 жылы «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты; * 2016 жылы ҚР Президенті жарлығымен ІІ дәрежелі "Достық ордені" мен марапатталды.
Ор мыс-колчедан кен орны – Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан. 1967 жылы ашылып, 1968-1972 жылдары барланған. ## Геологиялық құрылымы Ор мыс-колчедан кен орны Батыс Мұғалжар синклинорийінің шығыс қанатында, батысы мен шығысынан жарылыстар арқылы шектеліп меридиандық бағытқа созылған горст-антиклиналда орналасқан. Бұл құрылым жанартаутектік силур-девон жыныстарынан құралған. Кен аумағындағы мұғалжар свитасының андезит-базальт лавалары мен пиропластик жыныстары ассимметриялы антиклинал құрайды. ## Жатыс сипаты Солтүстік-батыс қанаты жайпақ, оңтүстік-батыс қанаты тіктеу келген, ядросы липарит-дациттермен қиылған. Солтүстік-шығысқа созылған және шығысқа қарай 40 – 500-тан (жоғарыда) 70 – 900-қа (төменде) бұрыш жасай еңістенетін кен иірімі липарит-дациттердің имек жапсарында жатыр. Иірімнің жапсары іргелес жыныстардан анық ажыратылады, жер бетінен 24 м тереңдікте орналасқан, созылымы 50 м. ## Минералдары, құрамы Басты кен минералдары: пирит, сфалерит, халькопирит, магнетит, пирротин. Кеннен бөліп алынатын құраушылардың негізгілері: мыс, мырыш, күкірт (пириттен), қосымшалары: алтын, күміс, кадмий. Қорының шамасы жөнінен Ор мыс-колчедан кен орны орта кендерге жатады. ## Дереккөздер
Орда тарихи музейі, 1962 ж. 15 желтоқсанда қоғамдық негізде ашылды. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі,Азамат соғысының ардагері Ахметфайыз Жүсіпұлы Тажетдинов өзі жинаған 55 экспонат негізінде ұйымдастырған. 1967 ж.арнаулы шешіммен ол мемлекеттікмузейлер санатына жатқызылды. Бастапқы кезде ол «Ордатарихи-революция музейі» деп аталды. * 1969 ж. Ордадағы «Қазына (банк) үйі» музейге беріліп, 3 бөлмесіне экспозиция жасақталды. Қоры жылдан жылға толығып, деректік негіздері жетіле түсті. * 1981 ж. музей ғимаратын қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Экспозиция ауданы 500 м2 жетіп, 7 зал жасақталды. * 1997 ж. «Қыздар мектебі» бөлімінде (4- зал) «Бөкей ордасында халыққа білім беру» экспозициясы құрылып, жаңа бөлім ашылды. * 1997 жылдан ол «Бөкей ордасының тарихи музейі» деп аталады. ## Дереккөздер
Ғали Орманов (15.8.1907, Алматы облысы, Қапал ауданы, Қызыл жұлдыз ауылы – 5.9.1978, Алматы) – ақын. Найман тайпасының Матай руының Төртсары бөлімінен шыққан. ## Өмірбаяны Қазақ педагогика институтын бітірген (1943). 1929 – 60 ж. Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Жамбыл ақынның әдеби хатшысы, “Майдан” альманағының редакторы, “Әдебиет және искусство” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының жауапты редакторы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, секция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Шеңбер” деген атпен 1934 ж. жарық көрді. “Шәуілдір” (1934), “Алынған қамал” (1935) поэмалары, “Абысын сыры” (1936) жыр кітабы, “Көтерме” атты прозалық жинағы (1935) жарыққа шықты. Ормановтың туындылары адамдардың қаһармандық ерлігін, табиғаттың дүлей күшіне қарсы шыққан күресін бейнелеуге арналған. “Халық – қаһарман” (1941), “Емен” (1944) атты жыр кітаптарында соғыстың ауыртпалығын, жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі жолындағы ерліктерін, тылдағы тынымсыз еңбекті сөз етті. Ақын поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолданудағы шеберлігімен ерекшеленеді. “Өмір дастаны” (1948), “Бөбек жүрегі” (1949), “Сәт сапарда” (1957), “Ой қанаты” (1961), “От өзен” (1965), “Жер қазығы” (1972), “Жыр қанаты” (1975), “Жылдар жыры” (1976), т.б. өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаны суреттеуде ақындық шеберлік танытты. Ол қырғыз эпосы “Манастың” 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының, А.Тоқомбаевтың бірқатар поэмаларын, Л.Н. Толстойдың “Анна Каренина” романын, Н.В. Гогольдің “Нева проспектісі” повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.С. Бубенцовтың “Ақ қайың” романын, М.Тұрсын-Заденің “Үндістан балладалары” өлең кітабын қазақ тіліне аударды. Ормановтың көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімаланған. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. ## Марапаттары * Ленин ордені * Еңбек Қызыл Туы ордені * Халықтар достығы ордені * Қызыл жұлдыз ордені ## Ғали туралы естелік * Алматыда Многоводная көшесі Ғали Орманов көшесі болып өзгертілді. * Талдықорған қаласында Садовая көшесі Ғали Орманов көшесі болып өзгертілді. * Қапал ауылдың бір көшесіне және осы ауылдағы орта мектепке Ғали Ормановтың есімі берілді. * Ғали Ормановтың есімі – Астана қаласындағы №7 мектеп-гимназияға қойылған. * Талдықорған қаласында Ғали Ормановтың бюсті қойылды, 2008 ж. * 2008 жылы ақынның дүниеден өткеніне 30 жылдығына орай «Ғали ғибрат» (Көмекке баратын адам) деректі фильмі жарыққа шықты. ## Дереккөздер
Орталық Қазақстан – Қарағанды облыстық газеті. Алғашқы саны 1931 ж.ылы4 қазанда “Қарағанды пролетариаты” деген атпен шықты. 1938 жылы 18 қаңтарынан “Советтік Қарағанды” деп аталды. 1963 жылдың 1 мамырынан Орталық Қазақстан деген атпен шығып келеді. Газеттің негізін қалауға қазақтың көрнекті жазушылары Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, С.Ерубаев үлес қосты. С.Мұқанов, Б.Майлин, т.б. қайраткерлер басылымның жұмысына араласып, көмек көрсетті. ## Танымал қызметкерлері * Дәулет Ырысбайұлы Сәтибеков ## Дереккөздер
Орталық ғылыми кітапхана — Алматы қаласында орналасқан «Ғылым ордасы» кешенінің құрамындағы Қазақстанның ғылыми кітапханасы. КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасының құрамында 1932 жылы құрылған. Алғашқыда кітап қоры КСРО ҒА сыйға тартқан 2000 дана ғылыми еңбектен құралды. 1946 жылы құрылған Қазақ КСР-і ғылым академиясының бірінші мәжілісінде атауы Орталық ғылыми кітапхана болып өзгертілді. Сол жылы кітап қорына 74258 басылым, 15000 дана шетелдік әдебиет жинақталып, КСРО кітапханаларымен және ғылыми мекемелерімен кітап алмасу жолға қойылды. 1947 жылдан ғылыми-зерттеу институттары ақылы негізде ғылымиеңбектер жіберіп тұрды. 1959 жылы сирек кітаптар қоры құрылды. Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, І.Кеңесбаевтың бастамасымен қолжазба қоры, қазақ ғылыми әдебиеттері қоры құралып, Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі мәлімет көздері және шығыс әдебиеті жинақтала бастады. 1950 – 60 жылдары кітапхана Мәскеу, Санкт-Петербург, Рига, Львов, Ташкент кітапханаларының көшірме қорынан алынған кітаптармен толықтырылды. 1979 жылы 1,5 млн. томдық кітап қоймасының іргесі қаланды. 1980 – 90 ж. Орталық ғылыми кітапхана жыл сайын 60 – 90 мың данамен толығатын кітап қорымен әр түрлі академ. ғылыми-зерттеу мекемелерінде 20-ға жуық бөлімшелері бар, біртұтас кітапханалық жүйеге айналды. Сол жылдары кітапханада 800000-нан астам шетелдік ғылыми әдебиет жинақталып, 62 елдің 884 кітапханасымен және ғылыми мекемесімен кітап алмасу ісі жолға қойылды. Бүгінгі таңда Орталық ғылыми кітапханада 5,5 млн. дана ғылыми әдебиет сақтаулы. Оның 210000-нан астамы сирек кітаптар, қолжазбалар, ұлттық әдебиет қорларына тиесілі. Мұнда көне түркі, араб, парсы, түрік, шағатай және араб, латын әріптерімен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар, оның арасында 18 ғасырда табылған Құран Кәрім, 1819 жылы Қазаннан шыққан “Ахбар Шыңғысхан уә Ақсақ Темір”, 1841 жылы Парижде жарық көрген “Құлиат пен Науаи”, т.б. кітаптар бар. Сирек жәдігерлер қорында А.Левшин, В.Бартольд, В.Радлов, Ш.Уәлихановтың еңбектері, қазақ фольклорына қатысты қолжазбалар, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия туралы орыс тілінде жазылған ескі басылымдар сақтаулы. Қазір Орталық ғылыми кітапхана күніне 352,2 мың адамға қызмет көрсете алады. Кітапхана жыл сайын әр түрлі ғылыми-көпшілік кітаптар, көрнекті ғалымдардың библиографиясын және басқа да көрсеткіштер мен анықтамалықтар шығарады. Қорларды сақтау саласына осы заманғы сандық технологиялар енгізілген. ## Дереккөздер
Ортеке– қазақтың халық биі. Оның қуыршақ теке, жеке биші және бишілер тобы орындайтын түрлері бар. Біріншісінде үстел үстіне орнатылған қуыршақ-текенің аяғы, мойны, денесі қозғалмалы етіп жасалады да, жіңішке жіптер арқылы домбырашының саусақтарына байланады. Күй тартылғанда саусақтардың жоғары-төмен қозғалуына орай қуыршақ-текенің дене мүшелері де қимылдап, күй ырғағына сай билеп жүргендей әсер тудырады. Бидің бұл түрін Шашубай ақынның орындағаны туралы дерек бар. Екінші түрінде (жеке орындалуы) “Ортеке” биін алуан қимыл-қозғалыстар мен мимикалар арқылы орға түскен текенің, одан шықпақ болған нәтижесіз әрекетін бейнелейді. “Ортекенің” үшінші түрін (“Соқыр теке”) бишілер тобы орындайды. Мұнда жастар дөңгелене қол ұстасып, әндете жүріп билейді. Ортадағы көзі байлаулы адам шеңбердегінің біреуін ұстауға тырысады. Ұсталған ойыншы “айыбын” өтеген соң көзін байлап, ортаға шығады, сөйтіп ойын-би одан әрі жалғаса береді. 1934 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілқазақстандық халық таланттарының слетінде “Ортеке” биін Ж.Оразәлиев орындаған. Ал сахналық нұсқасын Қазақ мемлекеттік академия опера және балет театрында (балет артистерінің орындауында) Д.Әбіров қойды. Музыкасы Н.Тілендиевтікі. Музыкалық өлшемі 2/4. Ырғағы баяу, жылдам және екпінді. 1957 жылы Мәскеу қаласыннда өткен Бүкілодақтық және VI дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде көрсетілді. ## Дереккөздер
Орынбор-Ташкент темір жолы – 1901 – 05 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 км. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты Ортадық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент – Көбек) Түркістан өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал Ташкент жағынан 9 қарашада басталды. Бұған 70 млн. сом қаржы жұмсалды, 40 – 50 мың жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойынша поездардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап Орынбор – Самара – Златоуст жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы Орынбор-Ташкент темір жолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станса – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды. Орынбор-Ташкент темір жолы қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарын Ортадық Азия республикаларымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі темір жол желісі. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Мұқаш Орынбайұлы Орынбаев (13 қыркүйек 1900, Шыңғыстау, Бұғылы болысы, Семей уезі, Семей облысы, Ресей империясы – 26 ақпан 1938, Алматы, Қазақ КСР) – мемлекет және қоғам қайраткері. ## Өмірбаяны 1900 жылы 13 қыркүйекте Шыңғыстау ауылы, Бұғылы болысы, Семей уезі, Семей облысы (қазіргі Абай облысы, Абай ауданы) кедей малшы Шормықов Беркімбайдың отбасында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты-Дүзбембет руынан шыққан. Семейдегі бастауыш орыс мектебін (1914), Зайсан қаласындағы жоғары бастауыш учелищесін 1918, Семейдегі ерлер гимназиясын (1920), Мәскеудегі бүкілресейлік төтенше комитет курсын (1921) бітірген. 1920 – 23 ж. Семей губерниясы атқару комитетінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарып, 1924 – 25 ж. Қазақ АКСР-і Ішкі істер халық комиссары болды. 1925 – 27 ж. Ақмола губерниясында атқару комитетінің төрағасы, 1927 – 29 ж. Қазақ АКСР-і жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары, 1930 – 33 ж. Қазақ АКСР-і Қаржы халық комиссары, 1933 – 36 ж. Оңтүстік. Қазақстан облысы атқару комитетінің, 1936 – 37 ж. Гурьев (қазіргі Атырау) округтік атқару комитетінің төрағасы болды. Қаржы комиссары болған кезінде ұжымдастыру науқаны салдарынан аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр хәлін айтып, жоғары үкімет орындарына бірнеше рет хат жолдаған. 1937 ж. саяси қуғынға ұшырап, 1938 ж. атылды. 1957 ж. КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды. ## Дереккөздер
Тағы қараңыз: Қазақ жүздері Орта жүз – қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі. Орталық және солтүстік шығыс Қазақстанды мекендеген қазақ тайпаларының одағы болып табылған. ## Тарихы Этнотарихи жағынан Орта жүздің қалыптасуы-орта ғасырдағы қыпшақ этно-мәдени ортасымен, Ақ орда, Өзбек ұлысы ру-тайпаларымен байланысты. Оның қалыптасуына XV – XVI ғасырларда' пайда болған географиялық және этно-саяси факторлар негіз болды. Яғни, Алтын Орданың, оның шығысындағы автониялық құрылым Ақ Орданың ыдырауы, жаңадан құрылған тәуелсіз ұлыстардың (өзбек, қазақ, ноғай, т.б.) өзара соғыстары өзара жақын, туысқан руларды біріктіруге мәжбүр етті. Қазақ хандығының нығаюы мен халықтың топтасуында Орта жүз тайпалары елеулі қызмет атқарды. XVI – XVII ғасырларда Қасым хан, Ақназар, Тәуекел, Есім хан, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының аумағы күрт кеңейіп, бір-біріне жақын тайпалар бірігіп, аумақтық-әкімшілік бөлік болып қалыптасты (Жүз). Үш жүздің қалыптасуы жаугершілік уақытта, сыртқы жауға қарсы әскер топтастыруда шешуші рөл атқарды. XVIII ғасырда қазақтарға қарсы Жоңғар хандығының агрессиясы күшейіп ( Жоңғар шапқыншылығы), қазақ тайпаларының батысқа қарай ығысуына, көшуіне әкеп соқты. Жеке-жеке бытырай қоныстанған олар жоңғарлардың ұйымдасқан тегеурінді күшіне төтеп бере алмады. Ш.Уәлиханов бұл жайында былай жазады:“Құтырынған жоңғарлар түре қуған Орта жүз қазақтары Самарқанд маңынан барып шықты, олардың бірқатары көмек пен қамқорлық іздеп, Ресей шекарасына жақын қоныстанды”. Жоңғар шапқыншылығына қарсы халықты Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, т.б. батырлар көтеріп, оларға қарсы бірнеше рет соққы берді. Сыртқы жаудан қорғану үшін Орта жүз тайпаларының біразы Ресей бодандығына өте бастады. 1734 жылы 10 маусымда Сәмеке хан бастаған Орта жүз руларының бір бөлігі Ресейдің қол астына өз еркімен өтті. 1740 жылы тамызда Әбілмәмбет хан, 1742 жылы қарашада найман тайпасын билеуші Барақ сұлтан Ресей бодандығын қабылдады. 1754 жылы қазанда қоңыраттардың біраз бөлігі бодандыққа кіргенімен, олардың Ресей қол астына өтуі XIX ғасырдың орта тұсына дейін созылды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жан-жаққа бытырай көшуге мәжбүр болған Орта жүз тайпалары мен рулары XVIII ғасырда өз Орта жүз руларына ежелгі жерін қайтару үшін әскери және дипломатиялық әдістерді қатар қолданды. Қазақтарды іштей ыдыратуды көздеген Ресей өкіметі 1815 жылы Орта жүзде екінші хандық құрып, оған Бөкей хан болды. 1817 жылы Бөкей хан, 1819 жылы Уәли хан өлген соң 1822 жылы орыс патшасының жарлығымен Орта жүзде хандық билік жойылып, 8 сыртқы дуанға бөлінді. “Сібір қазақтары туралы ереже” бойынша әр дуан 15 – 20 болыстан, әр болыс 10 – 12 ауылдан, әр ауыл 50 – 70 түтіннен құралды. Ереже бойынша белгіленген 8 сыртқы дуанның [Қарқаралы, Құсмұрын (1824), Аягөз (1831), Ақмола, Аманқарағай (1832), Баянауыл, Үшбұлақ (1833), Көкпекті (1844)]ашылуы жергілікті халықтың наразылығын туғызды. 1824 – 36 жылдары Саржан сұлтан басқарған Қарқаралы және Көкшетау округтеріндегі халық бірнеше рет стихиялы түрде көтерілді. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс одан да ауқымды болды. Алғашқыда оған Ақмола, Қарқаралы, Аманқарағай, Баянауыл округтерінің халқы ғана қосылса, уақыт өте келе бұл көтеріліс үш жүзді қамтыды. XIX ғасырдың II жартысында Қазақстанға әкімшілік-аумақтық бөлініс енгізілді (1866, 1891 жылғы реформалар). Орта жүз қазақтары Семей және Ақмола облыстарының құрамына енді, олар Жетісу облысы Лепсі уъездінде, Торғай облысы Қостанай және Торғай уъездінде халықтың көпшілік бөлігін құрады. Орта жүз тайпаларының біраз топтары Торғай, Сырдария облыстарының кейбір уъездін де қоныстанған. Орта жүз қазақтары енген екі облыста 130 болыс, 1048 старшын, 183668 шаңырақ болған. 1889 жылғы санақ бойынша, Семей облысында – 519887, Ақмола облысында – 466364 адам тұрған. 1897 жылғы санақ бойынша, халық саны көбейіп, мұнда барлығы 1267198 қазақ тұрған. ## Құрамы Шежіре бойынша Орта жүз құрамы алты тайпадан тұрады: арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, қыпшақ. Орта жүз қазақтарының тарихы мен рулық-тайпалық құрамының толық сипаттамасы толымды түрде Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж. Көпейұлы, І.Халиди, А.И. Тевкелев, А.И. Левшин, П.И. Рычков, т.б. ғалымдар еңбектерінде баяндалады. Бұл тайпалар өз ішінде руларға бөлінеді. Арғын руы өз ішінде екі үлкен атадан тұрады: бес мейрам (қуандық, сүйіндік, бегендік, шегендік, қаракесек) және жеті момын (атығай, қарауыл, қанжығалы, тобықты, бәсентиін, шақшақ, сарыжетім); Найман руы өз ішінде төрт үлкен атадан тұрады: Терістамғалы(Келбұға,Кетбұға),Сарыжомарт(ергенекті)(Бораншы,Сарғалдақ,Шоңмұрын,Қожас,Қожамберді,Беске,Дәулет,Шеруші,Тенеке),Төлегетай бабадан (Матай,Қаракерей,Төртұл,Садыр) Сүгірші(Ергенекті, Бағаналы, Балталы);қыпшақ: жолаба қыпшақ, қара қыпшақ, құлан қыпшақ, сары қыпшақ, қытай қыпшақ қоңырат: жаманбай, аманбай, жетімдер, божбан, саңғыл, байдар, жандар, құлыншақ; керей: ашамайлы және абақ; уақ: жантелі және жангелді деген үлкен аталарға бөлінеді. Кейбір шежірелер алты тайпаға қосымша жетінші етіп тарақтыны қосады. Аңыз бойынша тарақты(Найманға да,Арғынға да кіреді,кей дерек бойынша Алтай-Қарпық) Орта жүз ноқта ағасы. Ноқта ағасы ретіндегі құрметке Ұлы жүзде жалайыр, кіші жүзде табын руы ие. Ноқта сөзі бұл рулардың жетекші рөлге ие болғанын көрсетеді. Әрі аталған үшеуінің де таңбалары тарақ таңба, яғни төре таңбасымен үндес келеді. 1917 жылға дейін Орта жүз рулары қыста Сырдария, Қызылқұм, Қаратау, Мойынқұм өңірлерінде, Балқаш көлінің солтүстігінде, жазда Тобыл, Есіл, Нұра, Торғай, Ертіс, Сарысу өзендері салаларының алқабында, Орталық Қазақстанның кең байтақ далаларында көшіп-қонып жүрген. ## Ұрандары Жолы үлкендігі бойынша: * Арғын Мекендеген аумақтары:Торғай Үстіртінен Шыңғыс тауларына дейін, Балқаш көлінің шығысы мен солтүстік-батысы. Ата қонысы Ертіс (Павлодар), Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Семей (Абай), Қызылжар (Солтүстік Қазақстан) және Қостанай облыстарында. Ұраны - "Ақжол"; * Найман Мекендеген аумақтары:Тарбағатай тауының жотасы мен Наймантау/Шыңғыстау және Жоңғар Алатауына дейін Ертістің төменгі және жоғарғы ағысы Балқаштың оңтүстігі. Ата қонысы Өскемен,Семей,Риддер,Талдықорған,Шығыс Қазақстан және Орталық Қазақстан және Алматы облыстарында.Ұраны - "Қаптағай!". * Қыпшақ — Ұраны — "Ойбас"; * Қоңырат — Мекендеген аумақтары: Оңтүстік Қазақстан, Сырдарияның ортаңғы ағысының оңтүстік жағалауы, Шымкент, Первоск, Ташкент ояздары. Ұраны - "Алатау"; * Керей — Ұраны - "Ошыбай, Абақ"; * Уақ — Мекендеген аумақтары: Солтүстік Қазақстан облысы. Ұраны - "Жаубасар, Мұқамал". ## Аумағы Орта жүз аумағы оңтүстікте Сырдарияның орта ағысы алабындағы және Орта Азия өңіріндегі отырықшылық жағдайда егіншілігі өркендеген көне мәдени орталықтармен шектескен. Ауызша деректер бойынша кезінде Ұлы жүз бен Орта жүз табиғи шекараларының бірі болып Шу өзені белгіленген.Орта жүз солтүстікте Ресей иеліктеріндегі жерлермен шектесті. Кейбір рулар қазіргі Қазақстан шекарасынан тыс жерлерде де орын тепкен. Найман руының бір бөлігі (қызай, байжігіт) мен керей руының үлкен бір бөлігі (абақ керей) қазіргі Шыңжаң жеріне (ҚХР) қоныстанған. Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймағында өмір сүріп жатқан қазақтардың да негізгі бөлігін осы абақ керейлер құрайды. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін абақ керей руы малға жайылым іздеп бұрынғы қоныстарынан шығысқа қарай көшіп, қазіргі Қытай жеріндегі Алтайдың таулы аймақтарын, Қара Ертіс бойын жайласа, қыста Моңғолия жеріне өтіп, қыстап жүрген. Моңғолияда революция жеңіске жетіп, 1921 жылы Қытаймен арадағы шекара белгіленген соң, абақ керейлер Моңғолияның Қобда аймағында түпкілікті орналасып қалған. Моңғолияда біршама найман, аздап арғын, уақ рулары кездеседі. Қытай жерінде өмір сүріп жатқан Орта жүз руларының көпшілігi Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі зұлматтың нәтижесінде Қазақстаннан қоныс аударғандар. Орта жүз құрамына кірген тайпалар ежелгі заманда-ақ көшпелі жағдайда мал шаруашылығымен шұғылданған. Сырдария бойында, Сарысу, Нұра, Торғай өзендері, Алтайдың тау бөктерлерінде суармалы егіншілікпен де айналысқан. Балық аулау Балқаш, Зайсан көлдерінде жақсы дамыды. Аңшылық кәсіп, қолөнер түрлері де (ағаш ұсталығы, зергерлік, кілем тоқу, т.б.) айтарлықтай дәрежеде болды. Бұған қосымша Орта жүз жұртшылығы өзіне көршілес аймақтардан астық, өнеркәсіп және қолөнері бұйымдарын негізінен малға және мал шаруашылығы өнімдеріне айырбас жасады. Ортағасырлық деректемелерде Орта жүз құрамына кірген тайпалар туралы біршама мәліметтер бар (Рашид әд-Дин, Әбілғазы, т.б.). Олардың тарихы ежелгі уақыттардан басталады. Орта жүз тайпалары ерте орта ғасырларда (VI– XII ғасырлар) болған саяси-тарихи оқиғаларға белсене араласып, Орта Азиядағы түрлі халықтардың этногенезінде маңызды рөл атқарды. Кейіннен басқа да түркі-моңғол тайпалары сияқты Шыңғыс хан құрған мемлекеттің құрамына кірді, Жошы әулеті билеген Алтын Орда мемлекетінде үлкен рөл атқарды. ## Саны 1896-1911 жылдары өткен ауыл-шаруашылық санақтарына сәйкес Орта жүз қазақтарының саны төмендегідей болды: * арғын - 509 000 (753 000) * найман - 395 000 (557 000) * қыпшақ - 169 000 (192 000) * қоңырат - 128 000 (148 000) * керей - 90 000 (221 000) * уақ - белгісіз ## Хандары ### Тәуелсіздік алғанға дейін Орта жүз билеушілері * Қайып хан (1710-1715) * Тәуке хан (1715-1718) ### Орта жүз билеушілері * Қайып хан (1718-1719) * Шах Мұхаммед хан (1719-1734) * Әбілмәмбет хан (1734-1771) * Абылай хан (1771-1781) * Уәли хан (1781-1819) * Ғүбайдолла хан (1819-1822) ### Орта жүздің жеке сайланған билеушілері * Күшік хан (1718-1748) * Барақ хан (1749-1750) * Дайра хан (1781-1784) * Бөкей хан ІІ (1815-1817) * Бөкей хан ІІІ (1816-1819) * Жантөре хан ІІ (1817-1819) * Жұмажан хан (1817-1819) * Шыңғыс хан (1819-1822) ## Дереккөздер Алтай тауының солтүстігінен басқа бөліктері, Сырдарияның төменгі бөлігі, Солтүстік Қазақстан, Ертіс өзенінің алабы
Орыс-түзем мектептері (орыс. Русско-туземские школы) – XIX-ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия жерлерінде Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығында ашылған орыстілді оқу орындары. Бұл өлкедегі билік орындары жергілікті халықтар арасында Ресей дүниетанымы мен тәртібін тарату үшін және исламның ықпалын тежеу мақсатында жасалған еді. Қазақ ішіндегі тұңғыш орыс-түзем мектебі 1874 жылы Шымкент қаласында ашылды. Тұңғыш орыс-түзем мектебі Ташкент қаласында 1884 жылы ашылған еді. Бұл мектеп төрт жылдық оқу мерзімін берді. Кейбір жағдайларда дайындық сабақтары да болды. Орыс мектебінде оқитын оқушылардың жасы 7 жастан 17 жасқа дейін болды. Мектепте ұлдар мен жігіттер оқыды. Кейінірек екі кластық әйелдер орыс мектептері ашылды. Бұл мектептердегі оқушылар орыс және ана тілдеріне бөлінді. Мектепте орыс мұғалімдері де, Түркістан генерал-губернаторлығының тумалары да жұмыс істеді. Барлығы Түркістан өлкесінде 1901 жылы 45, 1905 жылы 82, 1912 жылы 89 мектеп болды. ## Дереккөздер
Османов Тұрғыт Сәдуақасұлы(1927 – 1982) – дирижер. Қазақстанның халық артисі (1978). Мәскеу консерваториясын бітірген (1957). Сол жылдан Қазақ академикалық опера және балет театрының дирижері, 1974 жылдан бас дирижері болды. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" (1958), М.Төлебаевтың "Біржан - Сара" мен "Амангелді" (Е.Г. Брусиловскиймен бірге), Брусиловскийдің "Қыз Жібек" (1959) пен "Жалбыр" (1960),Е.Рахмадиевтің "Қамарсұлу"(1965), Ғ.Жұбанованың "Еңлік - Кебек" (1975), А.П. Бородиннің "Князь Игорь" (1974), Дж. Вердидің "Аида" (1964) мен "Дон Карлосы" (1974), Ж.Бизенің "Кармен" 1964), т.б. операларына; В.В. Великановтың "Қамбар - Назым" (1959), А.И. Хачатурянның "Спартак" (1974) балеттеріне дирижерлік етті. Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен Мәскеу (1958), Ташкент (1962), Қазан (1967), Бішкек (1972), т.б. қалаларда өнер көрсетті. 1957 жылдан Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) педагогикалық қызметпен (1960 жылдан доцент) шұғылданды. ## Дереккөздер
Осакаровка, Шеткібұлақ — Қарағанды облысындағы кент, Осакаров ауданы орталығы, темір жол бекеті. ## Географиялық орны Облыс орталығы – Қарағанды қаласынан солтүстік-батысқа қарай 77 км-дей жерде. ## Халқы ## Тарихы Іргесін 1908 жылы Украинадан қоныс аударған шаруалар қалаған. ## Кәсіпорындары Кентте жиһаз фабрикасы, жол-құрылыс техникасын жөндеу зауыты, нан зауыты, мұнай базасы бар. ## Дереккөздер
Өмірбек Оспанов (10.8.1906, қазіргі Қостанай облысы Федоров ауданы Тоғызақ ауылы – 8.4.1993, Алматы қ.) – топырақтанушы, геология-минералдық ғылым кандидаты (1937), Қазақстан Ғылым Академиясының корресподенттік мүшесі (1962), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). * 1931 Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. * 1936-1939 КСРО Ғылым Академиясы Қазақ бөлімшесінің Геология және топырақ секторларында кіші, аға ғылым қызметкер * 1939-1942 Жезқазған тәжірибе станциясында директор * 1942-1946 КСРО Ғылым Академияның Қазақ бөлімшесі төрағасының орынбасары * 1943-1945 Қазақстан Ғылым Академиясының Топырақтану және ботаника ин-тының директоры * 1945-1968 Қазақстан Ғылым Акамедияның топырақтану институтының директоры.Oсы институтта бөлім меңгерушісі, аға ғылым қызметкер, кеңесші (1968–1983) қызметтерін атқарған. * 1995 жылдан Топырақтану институты (қазіргі Топырақтану және агрохимия зерттеу орталығы) Оспановтың есімімен аталады. ## Ғылыми еңбектер «Тақырлы топырақтардың пайда болуы және оларды жақсарту» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Оспанов – Қазақстанда топырақтану ғылымының негізін салушы. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан топырағының генезисі мен географиясына, топырақ түрлерін жіктеуге арналған. Оспанов республика облыстарының топырақ карталарын жасады, жазық жерлер топырағының география-генетикалық, аймақтық, т.б. ерекшеліктерін сипаттап, топырақ түрлерін аграрлық-өндірістік топтарға, табиғи аймақтар мен облыстарды топырағына қарай категорияларға бөлді. ## Қалған мұрасы Жыртуға жарамды тың жерлерді іріктеу жөніндегі зерттеулерге басшылық етті. Оспанов есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген. ## Марапаттар Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.. ## Дереккөздер ## Қосымша мәлімет * Оспанов Өмірбек Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы.
Отар — Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ауыл, темір жол бекеті, Отар ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Қордай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 69 км-дей жерде, Қопа жазығының боз жусан аралас әр түрлі астық тұқымдасты шөптесін өскен шөлді белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1928 жылы Түрксіб темір жол салуға байланысты қаланды. 1973 жылы Жамбыл облысының Красногор ауданының орталығы болып келді. Ауданы таратылып, Қордай ауданына берілген соң, ауылдық округ орталығы болып қалды. ## Кәсіпорындары Отарда ауыл шаруашылығы техника, химия бірлестіктері, жұмыс қажетін өтеу комбинаты, мұнай базасы, өндірістік кооперативтер мен ЖШС-терге, шаруа қожалықтарына біріктірілді. ## Инфрақұрылымы Ауылда орта мектеп, клуб, аурухана, емхана, т.б. мәдени-ағарту, денсаулық сақтау мекемелері бар. Отар арқылы Тараз – Алматы автомобиль және темір жолы өтеді. ## Дереккөздер
“Отырар сазы”, Н.Тілендиев атынд. – Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі. Қазақ филормониясы жанынан 1980 жылы құрылған. Оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Н.Тілендиев басында шағын ансамбль ретінде ұйымдастырып, 1982 ж. оркестр санатына көтерген. Оркестрдің құрамында домбыра мен қобыздан басқа қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, т.б. саз аспаптары бар. “О. с.” репертуарындағы фольклорлық туындылармен қатар аңыз, шежіре, күйлер сипатында жазылған Қазақстан композиторларының шығармалары ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оның репертуары кинофильмдер музыкасымен, солистер орындайтын аспаптық шығармалармен толықтырылған. Ұжым қазақтың муз. фольклорының тамаша үлгілерін сақтап қана қоймай, қазіргі мәнерлеу аспаптары мен оркестрдің тембр мүмкіндігіне сәйкес келетін туындыларды өңдеп, жетілдіріп келеді. Оркестр құрамында 65 өнер шебері қызмет етеді. Солтүстік Кореяда өткен дүниежүз. өнер фестивалінде (1994) “Отырар сазы” 1-орынды иеленіп, алтын жүлдемен оралды. 1999 ж. оркестрге Тілендиев есімі, 2000 ж. Академиялық атақ берілді.Оркестрдің репертуарында: халық күйлері- “Кеңес”, “Сары өзен”, “Сал күрең”, халық композиторларының шығармалары “Қосбасар”, “Сары жайлау”, Тәттімбеттің “Сылқылдағы”, “Ерденнің күйі”, Ықыластың “Қамбар батыры”, М. Төлебаевтың “Еске алуы”, Н. Тілендиевтің “Ата толғау”, “Қош керуені”, К. Күмісбековтың “Қорқыт күйі”, “Фараби сазы” және т. б. бар. ## Дереккөздер
Отызыншы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 1941 ж. наурыз айында Семей, Өскемен, Алматы қалаларында жасақталған. Алғашында 238-атқыштар дивизиясы деп аталды. 1942 ж. 24 мамырда О. г. а. д. болып қайта құрылды. Дивизияның алғашқы командирі ген.-лейтенант Г.П. Коротков болды. Соғыстың алдында дивизия шекара күзетінде болған. * 1941 ж. қазанда Батыс майдан әскерлерінің құрамында Мәскеу бағытын қорғауға қатысты. * Дивизия бөлімдері 18 қазанда Алексин қ-ның маңындағы Средняя ст-ның түбінде алғаш рет жаумен шайқасып, оның моторлы күштеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. * Кейін дивизия жауынгерлері Погорелое қалашығының түбінде (1942) болған ұрыстарға, 1943 ж. Ржев бекінісін талқандауға, 1944 ж. Калинин облысының батыс бөлігі мен Латвияны жаудан азат ету ұрыстарына қатысты. * Кеңес әскери құрамаларымен бірге жау әскерлерінің Курляндия тобын талқандауға ат салысты. * О. г. а. д. соғысты Балтық т. жағалауында аяқтады. ## Жетістіктері * Герман әскеріне қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін дивизияның туына Қызыл Ту ордені тағылып, * Ржев қ-н азат етуге байланысты ржевтік деп аталды. Соғыстан кейін 1946 ж. 6 мамырда таратылды. ## Дереккөздер Портной С.И., 30-я гвардейская стрелковая Рижская Краснознаменная дивизия, Рига, 1972; Потапов А., Гладышев П., Огненный путь, А.-А., 1980.
38-атқыштар дивизиясы (Жетпіс үшінші гвардиялық дивизия) – 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматыда жасақталған әскери құрама. * 1942 ж. наурыз – 28-армияның құрамында Оңт.-батыс майданға аттанды . * 1942 ж. 12 мамыр күні Харьков облысының Волчанский ауданында алғаш рет жаумен шайқасты. * 1942 ж. 31 шілдеде О. с. а. д. бөлімдері (командирі ген.-майор Ғ.Сафиуллин) Сталинград бекіністерінің сыртқы қорғаныс шебіне орналасты. 21 тамызда дивизия бөлімдері жау қоршауында ауыр ұрыстар жүргізе отырып, 28 тамызда қоршауды бұзып шықты да 64-армияға қосылды. Қыркүйек пен қарашаның басында дивизия бөлімдері Сталинградты оңт.-батыс жағынан табандылықпен қорғады. * 1943 ж. 10 қаңтар – 2 ақпан аралығында О. с. а. д. Сталинград түбінде қоршауға алынған жауды толық жою жолындағы ұрыс қимылдарына қатынасты. *Сталинград түбіндегі қиян-кескі шайқастарда асқан ерлігі мен ұйымшылдығы үшін дивизия КСРО Қорғаныс Халық Комиссарының 1943 ж. 1 наурыздағы бұйрығы бойынша 73-гв. дивизия болып құрылды. Кейін бұл дивизия (командирі ген.-майор С.А. Козак) Воронеж майданындағы 57-армияның құрамында неміс-фашист басқыншыларының 1943 жылғы жазғы шабуылын тойтарудағы ұрыстарға қатысты. Белгородты, кейінірек Харьков, Красноград қ-ларын азат етті. * 1944 ж. Кеңес Армиясының шабуылдарында ол Оңт. Украина мен Молдавияны, Югославияның астанасы Белградты азат етіп, Венгрияның Балатон к-нің оңт-нде кескілескен ұрыстар (1945 ж. наурыз) жүргізді. Дивизия өзінің жауынгерлік жорығын Австрияның Альпі тауларында жеңіспен аяқтады. ## Жетістіктері 73-гв. атқыштар дивизиясы 16 рет Жоғ. Бас қолбасшының алғысын алды, Белградты азат етудегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды. Дивизияға жергілікті халықтың тілегі бойынша сталинградтық және дунайлық деген қосымша атақ берілді, оның 36 жауынгері мен командирі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Козак 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры және Югославияның Халық Батыры атағымен марапатталды. О. с. а. д. соғыстан кейін 1946 ж. 5 маусымда таратылды. ## Дереккөздер Сафиуллин Г.Б., Через реки, через горы.., Казань, 1973; 73-я гвардейская // Сб. воспоминаний, документов и материалов о боевом пути 73-й гвардейской стрелковой Сталинградско-Дунайской Краснознаменной дивизии, А.-А., 1986.
Ошақ – қазан асуға арналған тұғыр. Жасалған материалдарына қарай темір ошақ, тас ошақ, жер ошақ және қазандық болып бөлінеді. Темір ошақтың жерге тірелетін үш аяғы, қазан түбіне кигізілетін шеңбері болды. Ошақтың аяқтары шеңберіне шегемен бекітіліп, оның жерге тірелетін ұшы орнықты болуы үшін аздап сыртқа қарай иіледі. Тас ошақ, негізінен, үш тастан жасалады. Қазанның түбі үш тастың арасына қойылғанда, оның астында от жанатын бос орын қалуы керек. Жер ошақ сопақша етіп жерден қазылады. Оның бір басы от жағылуы үшін үлкендеу етіп жасалады, ал кішірек келген екінші басынан түтін шығады. Қазандық кесектен немесе тастан қаланып, оның үстіне қазан орнатылады. Оның от жағатын оттығы және түтін шығатын мойыны болады. Дәстүрлі қазақ қоғамында ошақ қасиетті де қастерлі дүние болып саналады. «Ошағы құлап, оты сөну» бір шаңырақтың тыныс-тіршілігі тоқтағандығын білдірген. ## Дереккөздер
* Өзек – жер бетіндегі маусымдық су (нөсер, қар суы) әрекетінен пайда болған тереңдігі 3 – 15 м-ге жететін жер бедерінің теріс пішіні. Өзек гидрографиясы тораптың қолаттан кейінгі жалғасы. Оның қолатқа қарағанда ені тар, табаны жатық, анық байқалатын жарқабағы болады. Беткейлерінің тіктігі 15 – 45C. Беткейлерінде өсімдік өседі. Географиялық орналасу жағдайына қарай өзек эроз жуып-шаю әрекетінен сайға, жыраға, т.б. айналып кетуі ықтимал. Көлденең қимасы астау тәрізді, түбі жайпақ, батпақты, беткейлері көлбеу болып келеді. Өзек тереңдеп сайға айналуы мүмкін. * Өзек - цилиндрдің ішіндегі поршенге жалғасқан және онымен қоса қозғалатын ұзын шыбықша түріндегі тетік. ## Дереккөздер
Өзбек хан, Мұхаммед Сұлтан Өзбек хан (шамамен 1280 – 1341) – Алтын Орда ханы (1313 – 1341). Бату хан әулетінен, Меңгу Темір ханның немересі. ## Басқаруы Алтын Орда билігіне Тоқта хан өлген соң билікке жақын сұлтандардың көмегімен келді. Өзбек хан билеген тұста Алтын Орда мемлекетінде елеулі өзгерістер болды. Алтын Ордада ислам ресми дін болды. Өзбек ханның Шыңғыс хан ұрпақтарынан ислам дініне кіргісі келмегендерін аяусыз жазалағаны туралы мәліметтер кездеседі. Қазіргі кейбір тарихшылар Шыңғыс өкілдері мен нояндарының Ордадан Мәскеу княздарына қызметке көптеп кетуін осы оқиғалармен байланыстырады. Ол билік құрған кезеңде Алтын Орда нағыз өрлеу кезеңін бастан кешті, оның саяси-әскери қуаты мен экон. дамуы шарықтау шегіне жетті. Бұл өрлеуді қалалардың өсуінен, халықар. қатынастар мен сыртқы сауданың, мәдениеттің дамуынан көруге болады. Алтын Орданың екінші астанасы – Сарай әл-Жадид гүлденіп, жаңа құрылыстар жүрді. Өзбек хан бұйрығымен Еділ, Қырым бойындағы, Хорезмдегі қалаларда мешіт-медреселер, түрлі сарайлар салынды. Оның тұсында Алтын Ордаға бағынышты орыс князьдіктерінің ішінде Мәскеу ерекше күшейді. Өзбек хан Ұлы Владимир князьдігі үшін болған күресте Мәскеу князьдарына қолдау көрсетті. Өзінен бұрынғы хандар сияқты Өзбек хан да Русьтегі православие дінін қудалаған жоқ, қайта олардың барлық жеңілдіктерін сақтады. Алтын Орданың мәмлүктер билеген Египетпен сауда, мәдени, дипломат. байланысын жандандырды. 1319 ж., 1335 ж. Хулагу иелігіндегі Әзірбайжанға екі рет жорық жасады. Өзбек хан 1330 ж. Ақ Орда хандарының бұрынғы тәуелді кезін қалпына келтіру үшін Мүбәрәк қожамен соғысып, ұлы Тыныбекті Сығанақ қ-нда хан тағына отырғызды. Өзбек хан өлген соң Алтын Орда тағына ұлы Жәнібек отырды. ## Дереккөздер
Өзкент, Өгізкент – ортағасырлық қала. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Ақжол ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 км жерде. Ортағасырлық араб деректерінде Сырдарияның сол жағалауындағы сауда орталықтарының бірі болған қала ретінде жазылған. Қалашықты алғаш 1900 жылы В.А. Каллаур, 1969 – 1970 жылдары Отырар археологиялық экспедиция (жетекші К.Ақышев), 2004 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Тұран археологияылық экспедиция (жетекші М.Елеуов) зерттеген. Қаланың жобасы көпбұрышты, мықты қорғаныс қабырғасымен қоршалған. Сол қабырғалардың бойында 15 күзет мұнара орындары сақталған. Қалашықтың өлшемі солтүстіктен оңтүстікке қарай 250 – 300 м. Қорғаныс қабырғасының сыртынан айналдыра қазылған ордың тереңдігі 2 м, ені 10 м шамасында. Қалаға кіретін қақпаның орны шығыс шетінде орналасқан, оның ені 8 – 10 м. Зерттеу барысында табылған заттар қаланың 8 – 12 ғасырларда өмір сүргендігін көрсетеді. ## Дереккөздер
Өзенмұнайгаз — қазақстандық мұнай және газ өндіруші кәсіпорыны. ## Тарихы 1961 жылы ашылған «Өзен» кенішінің негізінде 1965 жылдан «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы ретінде жұмыс істей бастады. 1966 жылы 10 шілдесінде «Өзен» кен орнынан алғашқы миллион тонна мұнай өндірілсе, 1980 ж. 150 млн. т мұнай өндірілді. 1994 жылы қазан айынан осы атпен өндірістік бірлестікке айналды. 1996 жылғы сәуірден ААҚ болып қайта құрылды, 24 өндірістік бөлімшені қамтиды. 2004 жылы «Филиалды заңды тұлғаға тіркеу» қаулысына сәйкес «Қазмұнайгаз» біріккен өндірістік АҚ-нда, «Өзен» өндірістік филиалы пайда болды. «Өзен» бірлестігінің бас директоры болып Ж.Жанғазиев тағайындалды. ## Иеленушілері Акцияларының 90%-ы «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясына, 10%-ы еңбек ұжымына тиесілі. ## Көрсеткіштері мен құрамы Қазір «Өзен» ААҚ-ның балансында 11 кеніш бар, өндіріп алынатын мұнай қоры 204 млн. т, конденсат қоры 1,5 млн. т және газ қоры 22 млрд. м3. Қоры жағынан олардың ең ірілері – «Өзен» және «Қарамандыбас» кеніштері. Пайдаланудағы мұнай ұңғымасы – 3583, газ ұңғымасы – 82 (2001). Кәсіпорын құрамында газ өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Өндірілген мұнай ТМД елдеріне және шетелдерге шығарылады. 1997 жылдың 31 шілдесінен стратегиялық инвесторды таңдау жөніндегі халықаралық тендерді Қытай ұлттық мұнай корпорациясы жеңіп алды. ## Дереккөздер
Елді мекендер: * Өлеңті – Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы ауыл. * Өлеңті – Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы темір жол бекеті * Өлеңті – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы ауыл. Өзендер: * Өлеңті – Жайық алабындағы өзен. Батыс Қазақстан облысының Сырым және Ақжайық аудандары жерімен ағады. * Өлеңті – Ертіс алабындағы өзен. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары жерімен ағады.
Өлке – * Өлке – ел, облыс, жер, бірнеше географиялық өңірді алып жатқан аумақ. Алғашқыда мемлекет иелігіндегі жердің шекарасында орналасқан территорияны, шет аймақты, кейіннен жер көлемі едәуір кең географиялық облыстарды (Мешер өлкесін, Турухан өлкесін, Уссури өлкесін) немесе тарихи облыстарды атаған. Тар мағынада белгілі бір географиялық объектіге (қалаға, өзенге) қатысы бар, тіпті жер көлемі, аз кіші-гірім жерлер де өлке деп аталады. Қазақстанда 1960-65 жылдары 3 өлке болған;Батыс Қазақстан өлкесі (құрамына Ақтөбе, Атырау, Орал облыстары мен 3 өнеркәсіпті аудан)Тың өлкесі (Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен 1 өнеркәсіптік аудан)Оңтүстік Қазақстан өлкесі (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары). * Батыс Қазақстан өлкесі (құрамына Ақтөбе, Атырау, Орал облыстары мен 3 өнеркәсіпті аудан) * Тың өлкесі (Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен 1 өнеркәсіптік аудан) * Оңтүстік Қазақстан өлкесі (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары). * Өлке – Ресей Федерациясының бірінші реттегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің бірі. Мысалы, Алтай өлкесі (орыс. Алтайский край), Краснодар өлкесі, Ставрополь өлкесі, Хабаровск өлкесі . ## Дереккөздер
Өмірзақ – Маңғыстау облысы Ақтау қалалық әкімдігіне қарасты ауыл, Өмірзақ ауылдық округі орталығы, теңіз порты. ## Географиялық орналасуы Облыс орталығы – Ақтау қаласынан оңтүстікке қарай 12 км жерде, Каспий теңізінің шығыс жағасында шөлді белдемде орналасқан. Ең жақын темір жол станциясы – Маңғыстау (12 км). ## Тарихы Іргесі 1983 жылы магистралдық мұнай өнімдері құбырларының Оңтүстік басқармасының қосалқы шаруашылығын ұйымдастыруға байланысты қаланған. ## Халқы ## Инфраструктурасы Өмірзақта Қаламқас мұнай, газ өндіру басқармасы, Ақтау теңіз порты, құрылыс ұйымдары, автокөлік кәсіпорны, сауда орындары орналасқан. ## Дереккөздер
Өліқолтық – Каспийдің солтүстік-шығысындағы шығанақ, бұрынғы сор. ## Орналасқан жері Маңғыстау облысы аумағында жатыр. Сор Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауындағы Комсомол шығанағы суының тартылуынан пайда болған. Шығыс Еуропаның оңтүстік-шығысындағы эпигерциндік платформасының Оңтүстік Жем көтерілімінде орналасқан. ## Сипаттамасы Ұзындығы 180 км, ені 80 км, аумағы 12,0 мың км2-ден астам. Шөгінді, сортаңды, лайлы түбі теңіз деңгейінен 26,5 м төменде жатыр. Бетін қабыршақтанған тұз қабаты жапқан, өсімдік жамылғысы өте сирек. Айнала жағалауы негізінен ойпаңдау келеді. Өліқолтықтың оңтүстік-шығысы Үстірттің батыс кемеріне, оңтүстігіндегі Қайдақ сорына ұласады. Теңізден соққан дауылды желдің әсерінен Каспийдің суы кейде сорды басып қалады. Геоморфологиялық зерттеулер бойынша Каспий теңізінің ауытқуы уақыт өткен сайын өзгеріп отырған. ## Пайдалы қазбалар Өліқолтық сорынан және онымен іргелес жатқан өңірден мұнай мен газдың мол қоры барланып, игерілуде (Боранқұл мұнай кен орны, Бозащы мұнай-газ кен орны, Қаламқас мұнай кен орны, т.б.). ## Тарихы Қазіргі климаттық және антропогендік факторлар әсерінен теңіз деңгейі 1978 жылдан бері 2,7 м-ге көтерілген. Нәтижесінде Өліқолтық аумағының басым бөлігі судың астында қалып қойды. Бірнеше елді мекендер (Қаратон кенті, т.б.) мен мұнай қалашықтары басқа жерлерге көшірілді. ## Дереккөздер
Өмірзақова Әмина Ерғожақызы (1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қараауыл ауылы - 2006 жылы 26 қыркүйекте Алматыда) — кеңестік және қазақстандық кино және театр актрисасы. Қазақ КСРнің Халық артисі (1965), Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының иегері (1967). Қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды артист. ## Толығырақ * Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан. * 1938 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітірген. * 1938 – 1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының актрисасы * 1940 – 1942 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театрының труппасында * 1942 – 1949 жылдары “Қазақфильм” студиясында қызмет атқарды. * 1949 жылдан Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының (қазіргі Қазақ мемлекетік академия жастар мен балалар театры) актрисасы болды. ## Шығармашылығы Оның театр сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі – М.Әуезовтің “Түнгі сарын” спектакліндегі Мөржан. Бұдан басқа ойнаған басты рөлдері қатарында Баян (Ғ.Мүсірепов “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”), Луиза (Ф.Шиллер “Зұлымдық пен махаббат”), Смеральдина (К.Гольдони “Екі мырзаға бір қызметкер”), Шәуәли (М.Ақынжанов “Ыбырай Алтынсарин”; Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды, 1958), Рәбиға (Ш.Хұсайыновтың осы аттас драмасында), Кенжегүл (І.Мұхамеджанов “Өзіме де сол керек”), Алтынай (Ш.Айтматов “Алғашқы мұғалім”), Гүлжамал (Т.Ахтанов “Күшік күйеу”), Қалампыр шешей (Ш.Уәлиханов “Тағдыр”), Глумова (А.Н. Островский “Адам аласы ішінде”), т.б. бар. 1942 жылдан киноға түскен: Ажар (“Абай әні”, 1945), Мұғалима (“Қанатты сыйлық”, 1956), Айша (“Бір ауданда”, 1960), Ана (“Ана туралы аңыз”, 1963, Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1-сыйлығы, 1964; Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы, 1966), Тана (“Тақиялы періште”, 1968; Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-кино өнері байқауының сыйлығы, 1969), т.б. Отан, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. ## Кино Әмина Өмірзақова киноға 1938 жылы Ленинград институтында студент болып жүрген кезден бастап түсе бастады. Оның алғашқы түскен фильмдері "Комсомольск", "Амангелді", "Алыптың әні", "Ақ раушан". Десе де оны танымал еткен алғашқы үлкен рөл - 1945 жылғы "Абай өлеңдері" фильміндегі Ажардың рөлі. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элитасы қатарына кірді.1945-1963 жылдар аралығында "Жамбыл", "Қыз жігіт", "Қанатты сый", "Әрі қалжың әрі шын" фильмдеріне түсіп, атақ–даңқ жинады. 1964 жылы Анатолий Карповтың "Ана туралы жыр" фильмі экран бетіне шықты. Бұл фильмде Әмина Ерғожаевна ұлының майданда қаза тапқаны жайлы есірткен, бірақ бар қайғыға төтеп берген ананың рөлін сомдады. Кейіпкер оқу–жазу білмейді. Майданда болып жатқанның барлығынан хабардар болідың жалғыз тәсілі осы болғандықтан, өз бетімен оқуды үйреніп алады да почтальон болып жұмыс үстейді. Ол бірнеше рет басқа аналарға қайғылы хабар жеткізсе де, оларға сүйеу болып, көмек қолын созады. Фильм көпшіліктің көңілінен шығып, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды, ал Әмина Өмірзақова 1964 жылғы Жалпыкеңестік кинофестивальде "ең жақсы әйел рөлі" сыйлығын, К. Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды."Ана туралы жырдан" соң 1968 жылға дейін "Ең тілалғыш", "Мың шақырым саяхат" картиналарында басты да, екінші реттік рөлдерді сомдап жүрді. Сондай–ақ, "Алдар–көсе" бейнефильмінде эпизодтық рөлде ойнады. 1968 жылы Шәкен Аймановтың "Тақиялы періште" комедиялық фильмі жарық көрді. Бұнда Әмина Ерғожаевна Тана атты ананың бейнесін сомдады. Бүкіл фильм бойы ол өзінің Тайлақ атты ұлына қалыңдық іздеумен болады. Бұл рөлдің қызығы, актрисса едәуір жас болса да, өзінен бірнеше есе үлкен кейіпкерді ойнады. Сондай–ақ, өзге рөлдерінен ерекшелігі—көңілді кейіпкерді сомдауы. Картина бүкіл Кеңес Одағындағы кинотеатрларында көрсетілді. Соның арқасында оны бүкіл ел таныды. "Тақиялы періштеден" соң оншақты фильмдерде түсті. Соның ішіндегі ең ерекшесі "Мама Роза" картинасы. Бұл фильмде ол қара нәсілді баланың өгей анасы бейнесін сомдады. Актриссаның кейіпкері — шейіттей баланың тәрбиесін қолына ойда жоқта алған, жасы келген адам. Ойнаған рөлі үшін "Шоқжұлдыз" кинофестивальінің лауреаты атанды.Бүкіл карьерасында Әмина Өмірзақова көп рөлде ойнады. Десе де, "Ана туралы жыр", "Тақиялы періште", "Жұлдызыңды сақта", "Мама Роза" картиналарында ойнаған ана рөлдері нағыз қазақ анасының бейнесін айқын көрсетті. 1996 жылы ұлының бастама фильмі "Аминада" өз–өзін сомдады. ## Фильмографиясы * 1938 - Амангелді - эпизод * 1938 - Комсомольск - эпизод * 1942 - Алыптың әні - эпизод * 1943 - Ақ раушан - эпизод * 1945 - Абай әндері - Ажар * 1952 - Жамбыл - эпизод * 1955 - Қыз-жігіт - эпизод * 1956 - Қанатты сый - мұғалім * 1960 - Бір ауданда - Айша * 1963 - Әрі қалжың, әрі шын - жас жұбайлардың біреуі * 1963 - Ана туралы аңыз - ана * 1964 - Алдар көсе - эпизод * 1965 - Ең тілалғыш - Күлсін * 1966 - Ата-бабалар жері - эпизод * 1966 - Менің арманым - Сапардың анасы * 1968 - Тақиялы періште - Тана * 1968 - Мың шақырымдық жол - Сарларбектің анасы * 1968 - Әркімнің өз жолы бар - Бұрұлша * 1969 - Найзатас бөктерінде - эпизод * 1970 - Шыжыған күннің астында - Айша * 1971 - Ыстықкөлдің қызғалдақтары - Кемпір * 1972 - Арман асуы - Тайырдың анасы * 1972 - Үлкен өзгеріс - эпизод * 1972 - Ең әдемі қайықтар - Туар * 1973 - Гулька - эпизод * 1974 - Бәйшешектер - Бадиға Осланқызы * 1974 - Бұлақ - эпизод * 1975 - Гауһартас - Тастанның анасы * 1977 - Тұз бен нан - бәйбіше * 1978 - Қара таулардың қазынасы - Марзияның анасы * 1978 - Раушан - эпизод * 1979 - Нанның дәмі - қарт шаруа әйел * 1980 - Ебелек - Жамиля * 1981 - Қыршың өмір, қиылған сүю - эпизод * 1982 - Ақ бақсы - Еккі * 1982 - Өрнек - ана * 1984 - Тоғызыншы ұлдан сақтан - Еркенже әже * 1986 - Пантераның үш қарғуы - Әсияның әжесі * 1991 - Роза ана - Роза ана * 1996 - Әмина - камео * 1996 - Шанхай - Әмина ## Мемлекеттік марапаттары * 1958 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі * 1965 жылы Қазақ КСР халық артисі * 1967 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері * КСРО-ның жоғарғы марапаты "Еңбек Қызыл Ту" Ордені * КСРО-ның "Ерен Еңбегі үшін" (медаль «За трудовое отличие») медалінің иегері. * КСРО-ның "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған. * 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен марапатталды. * 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз "Платинды Тарлан" сыйлығының иегері атанды. * 2004 жылы "Ұлы Отан соғысына 60 жыл" мерекелік медалімен марапатталған. ## Дереккөздер
Елубай Өмірзақов (1 қаңтар 1899 жыл, қазіргі Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы – 2 сәуір 1974 жыл, Алматы) — қазақ актёры, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АКСР-інің халық артисі (1931). ## Өмірбаяны Найман тайпасының Қаратай руынан. Өмірзақов еңбекке ерте араласты. Болашақ актердің талантын танып, өнерге баулыған әрі оны оқуға үйреткен сол кездері (1914) ауыл ұстазы, жазушы-драматург Б.Майлин. 1923 – 1925 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтында оқыған. 1924 жылы Орынбор қаласында қойылған М.Әуезовтің “Еңлік – Кебегі” және Ж.Ерданаевтың “Малқамбайында” Өмірзақов Абыз бен Малқамбай рөлдерінде ойнады. Бұл актердің сахналық өнерге бүтіндей бет бұруына үлкен әсер етті. 1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры (қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театры) құрылғанда А.Абдуллин, І.Бадыров, С.Байғожин және С.Оспановпен бірге Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты. 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты. 1931 жылы қазақ сахна шеберлері қатарынан режисер Ж.Шанинмен бірге театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты Өмірзақов республиканың тұңғыш халық артисі атағына ие болды. Өмірзақов қазіргі Қазақтың мемлекеттік академия опера және балет театрын (1934) ұйымдастырушылардың бірі, осы театр сахнасында қойылған Әуезов пен И.В. Коцыктың “Айман – Шолпан” (1934) және Майлин мен Е.Г. Брусиловскийдің “Жалбыр” сияқты музыка спектакльдерінде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақбайдың рөлін орындады. 1930 – 1940 жылдары драма театрында ойнаумен ғана шектелмей, радио мен филармонияға, эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу ат салысты, табиғи талантының әр қырынан танылды. Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған Өмірзақов әйгілі халық батыры Амангелдінің (әуелі Майлин мен Ғ.М. Мүсіреповтің осы аттас спектаклінде; одан кейін осы аттас фильмде, 1938), сондай-ақ Жарас пен Дәркембайдың бейнесін (Әуезовтің “Түнгі сарыны” мен “Абайында”; соңғы рөлі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді, 1952) шеберлікпен сомдады. ## Мәдениетке қосқан үлесі Өмірзақов ойнаған рөлдерінің саны 150-ден астам, олардың қатарына Асан, Кеңгірбай, Қазан (Әуезов “Қарагөз”, “Еңлік – Кебек”, “Қара қыпшақ Қобыланды”), Мұңайтпас, Жалмұқан (Мүсірепов “Амангелді”, “Ақан сері – Ақтоқты”), Мырқал (Ә.Әбішев “Достық пен махаббат”), Есіркеп (Ш.Хұсайынов “Кеше мен бүгін”), Костя – капитан, В.И. Ленин (Н.Ф. Погодин “Ақсүйектер”, “Мылтықты адам”), Пантелеев (Б.Ф. Чирсков “Жеңімпаздар”), Караваев (Д.А. Фурмановтың “Бүліншілігі” бойынша), Романов (В.М. Киршон “Астық”), Кочкарев, Осип (Н.В. Гоголь “Үйлену”, “Ревизор”), Отелло (У.Шекспирдің осы аттас трагедиясында), т.б. Өмірзақов актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болған. 1938 жылдан киноға түсті: Жексен (“Райхан”, 1940), Ерден (“Абай әні”, 1945), Ақтанбай (“Дала қызы”, 1954), Бақсы (“Атамекен”, 1967; Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы, 1968), т.б. 2-дүниежүзілік соғыс (1942 – 1943) жылдары майданның алғы шептерінде болып, жауынгерлерге мәдени қызмет көрсетті. Өмірзақов халық әндерін (“Шәпибаяу”, “Кербесті”, “Нақ-нақ”, “Қыздар-ау”, “Заулатшы-ай”, т.б.) шебер орындаушы ретінде де белгілі. 1936 және 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. ## Фильмографиясы * 1938 - Амангелді - Аманкелді Иманов * 1940 - Райхан - Жақсен бай * 1945 - Абай әндері - Ерден * 1948 - Алтын керней - Тұрдықұлов * 1952 - Жамбыл - Сүйінбай * 1954 - Дала қызы - Ақтанбай * 1955 - Бұл Шұғылада болған еді - Жанас * 1958 - Жерге оралу - Мұрат * 1959 - Өмір жолында - қарт * 1959 - Көк өзендердің адамдары - Күзкелдей * 1961 - Егер біздің әрқайсымыз... - Күндебай * 1964 - Алдар көсе - Иса бақсы * 1965 - Еңлікгүл шешек атқанда - Баршамбек * 1965 - Шыңдағы шынарда - молда * 1966 - Ата-бабалар жері - ата * 1968 - Мың шақырымдық жол - Ырымғали * 1970 - Ақ шаршы алаң - эпизод * 1970 - Атаманның ақыры - эпизод * 1971 - Ыстықкөлдің алқызыл көкнәрлары - Қалмат * 1971 - Мұслима - эпизод * 1971 - Ерекше күн - ақсақал * 1971 - Он төртінші ендіктегі түн - Ка-Кху * 1972 - Арман асуы - ақсақал * 1973 - Саған не айтайын? - эпизод ## Марапаттары және ол туралы естелік 1975 жылдан Алматы қаласында ол тұрған үйге (Қабанбай батыр көшесі, 89-үй) мемориалдық тақта орнатылып, актер есімімен көше (бұрынғы 14-линия) және Қостанай облысы филармониясы аталды. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Өске (Ысмайыл) Торқаұлы – ақын, жырау. Ол кісі 1788 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданында туып 1857 сонда қайтыс болған .Өз кезіндегі заман ағымына үн қосып, әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген. Толғауларында заман, тіршілік, барлық пен жоқтық туралы ойларын ортаға салады.Тарихи деректерде бірде қыпшақ Өске, бірде танабұға Өске аталғанымен, барлығы бір адам турасында айтылған. Он жасында әке-шешесінен жетім қалған ол Қазы атты беделді адамның (қыпшақ Наурызбай бидің әкесі) қолында тәрбиеленеді. Жамағайын інісі Тоқбайдың жылқысын бағады. Қырыққа келгенше кедейлікпен күнін өткізген Өске қожайынымен ренжісіп, еліне оралады. Бұл жай оның “Кел, қатын, үйіңді жық, біз көшейік, Көкшеге екеуара мінгесейік, Бауырына Қызылжардың қонып алып, Бір жаздай қымыз ішпей күн кешейік” деп келетін туындысында айқын айтылған. Өскенің Жарасбай, Жантақай, Қылышбай, Асаубай, Байшүлен сияқты байлар мен Наурызбай би, Сүлеймен төреге арнаған жырлары, Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа биді сынап жазған өлеңі бар. Сондай-ақ қыз-келіншектерге арнаған әзіл-оспақ, сайқымазақ өлеңдері кезігеді. Тәтті қызбен сөз қағыстыруы оның тапқыр сөзге кенде болмағанын, суырыпсалмалық қасиетін айғақтайды. Өске өлеңдері алғаш “Жаңа әдебиет” журналында (1929, ғ5) жарияланған, сегіз өлеңі “ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы” (1988) жинағында жарық көрген. ## Дереккөздер
Өскемен Қорғасын-Мырыш Комбинаты («Қазмырыш» ЖШС) – түсті металлургия кәсіпорны. 1942 жылы Орджоникидзе қаласынан көшіріліп әкелінген “Электр-мырыш” зауытының негізінде ұйымдастырылған Өскемен мырыш зауыты мен 1952 жылы іске қосылған қорғасын зауытының біріктірілуі нәтижесінде 1955 жылы құрылған. 1994 жылдан АҚ. Комбинаттың құрамына қорғасын мен мырыш зауыттарынан басқа күкірт қышқыл өндірісі, сирек металдар өндіру цехы және қосалқы өндіріс пен қызмет көрсету желілері кіреді. Кәсіпорын кенді Алтай, Орталық Қазақстан, Орал, Қиыр Шығыс кен металлургия кәсіпорындарының полиметалл шикізаттарын, сондай-ақ Ертіс өңірінің пайдалы 20 компонентінен тұратын шикізатын өңдейді, өнімнің 17 түрін (мырыш, қорғасын, кадмий, алтын, күміс, күкірт, висмут, индий, таллий, селен, сынап, оттек, аргон, азот, теллур, мыс, хлор) шығарады. Оның өнімі аккумулятор, электр-техника, лак-сыр, химия, автомобиль, тоқыма өнеркәсібінде, радиотехникада, а. ш-нда (тыңайтқыш өндіру үшін), өнеркәсіптің басқа да салаларында пайдаланылады. ## Сілтемелер * Өскемен.(қолжетпейтін сілтеме) * Өскемен Жиһаз Комбинаты. * Өскемен Конденсатор Зауыты * Өскемен Титан-Магний Комбинаты. Мұрағатталған 15 қыркүйектің 2011 жылы. * Өңделуде: Өскемен Су Электр Станциясы.
Өскемен Конденсатор Зауыты– электрлендіру саласының кәсіпорны. 1959 жылы сәуірде іске қосылған. Қуат конденсаторларын, жиынтықты конденсатор қондырғыларын, халық тұтынатын тауарлар (электр каминдерін, электр духовкалары мен пештерін) өндіреді.. 1960 жылы синтетикалық диэлектрикті конденсаторлар, 1961 жылы түрлі үлгідегі габаритті стабилизаторлар үшін конденсатор, 1962 жылы әр түрлі жиынтықты конденсатор қондырғылары мен байланыс конденсаторларын сериялап шығару, 1966 жылы бір тектес сериялы конденсаторлар шығару игерілді. 1972 жылы зауытта қағаз-пленка конденсаторының үлгілерін шығару қолға алынды. 1994 жылдан АҚ. ## Сілтемелер * Өскемен.(қолжетпейтін сілтеме) * Өскемен Жиһаз Комбинаты. * Өскемен Қорғасын-Мырыш Комбинаты.(қолжетпейтін сілтеме) * Өскемен Титан-Магний Комбинаты. Мұрағатталған 15 қыркүйектің 2011 жылы. * Өскемен Су Электр Станциясы.(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Өскемен Жиһаз Комбинаты– ағаш өңдеу кәсіпорны. 1956 жылы іске қосылған. Жиһаз фабрикасы негізінде 1979 жылы құрылған. Алғашқы кезде диван, диван-кереует, буфет, түрлі шкафтар, сервант, үстел, трюмо, балалар жиһазын шығарды. Комбинат болып қайта құрылғаннан кейін кәсіпорынның технология үдерісі жетілдіріліп, мамандану саласы кеңейтілді. 1994 жылдан АҚ. Қазіргі кезде шкаф-бар, шифоньер, “Салют”, “Ульбинка” маркалы жиынтық жиһаздар, басқа да көптеген жиһаз түрлерін шығарады. ## Сілтемелер * Өскемен.(қолжетпейтін сілтеме) * Өскемен Конденсатор Зауыты. * Өскемен Қорғасын-Мырыш Комбинаты.(қолжетпейтін сілтеме) * Өскемен Титан-Магний Комбинаты. Мұрағатталған 15 қыркүйектің 2011 жылы. * Өскемен Су Электр Станциясы.
Өтеген Өтеғұлұлы, Мүйізді Өтеген – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр, қолбасшы. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді өңірінде дүниеге келгіп,1773 жылы Іле өзенінің бойындағы Шолақтау, Шеңгелді өңірінде көз жұмған. Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Бабасы Сырымбет 1643 жылы Батыр қонтайшының 50 мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқан. Өтеген 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысқан. Қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болған. ## Шайқастары Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа араласқан. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Ӏле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаган Төле би өскеріне қосылып, елін жаудан азат етіседі. 1756 жылы шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделібайсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген аңыз да бар. Өтеген батыр — ел арасында аңызға айналған адам. ## Тарихтағы ізі Оны алғаш жырлаған Сүйімбайдың бабасы Күсен ақын. Өтеген батыр жайында тарихи дерек жинаган тарихшы Делебаевтың материалына қарағанда, Тілеміс, Майкөт ақындар да батырды дастан етіп жырлаған екен. Бүлардың ішінде бізге жеткені — Жамбылдың "Өтеген батыр" дастаны. Кенен Әзірбаев пен Делебаев дерегіне қарағанда, Өтеген батырдан — Тарпаң, одан Бименбет — Толымбек — Жолдасбай. Соңғы ұрпағы Жолдасбай 1956 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданы, "Кеңес" колхозында тұрған. Өтеген батыр туралы дерек-аңыздар жинауға өдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Тұрғанбаев, Н.С.Смирнова, С.Беғалиндер қатысқан. Алматы облысының Бозой мен Қарой аралығында Өтеген батыр есімімен аталатын жерлер бар. Халық аңыздарында Өтегеннің жүрегінде түк бар екендігі туралы айтылады. Бұл тектен тек емес. Енді бір аңыздарда Өтеген туғанда оның маңдайында қос мүйіз болған екен деседі жұрт. Біз білетін Шығыс, Азия тарихына қатысты әдеби туындыларда ондай мүйізді асыл тек Ескендір Зұлқарнайын ғана. Қазақ батырлары шежіресінде мұндай нысаналы бейне жалғыз Өтеген батыр. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Аңырақай шайқасы. * Батыр. * Қазақ батырлары. Мұрағатталған 10 қазанның 2009 жылы.
Өтеген батыр — Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл, аудан (1976 жылдан) және Өтеген батыр ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталағы – Қонаев қаласынан оңтүстікке қарай 55 км-дей, Алматы қаласынан солтүстікке қарай 20 км-дей жерде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Ауыл 1999 жылға дейін “Энергетический” деп аталды. Іргесі 1962 жылы Алматы мемлекеттік аймақтық электр станциясының салынуына байланысты қаланған. Кентте темір-бетон зауыты, мемл. аймақтық электр станция, автокөлік, құрылыс салаларындағы кәсіпорындар, т.б. бар. Өтеген батыр ауылынан Түркісіб темір жолы өтеді. ## Дереккөздер