text
stringlengths
3
252k
Мүбәрәк Қожа хан (т.ж.б. – 1345) – Ақ Орда ханы (1337/39 – 1340/41). Шыңғыс хан әулетінен шыққан, Орда Еженнің ұрпағы, Ерзен ханның ұлы. ## Басқаруы Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласында хан көтерілді. Мүбәрәк Қожа жайлы деректер Муин әд-Дин Натанзи шығармаларында кездеседі. Ол Ақ Орда хандарының ішінде бірінші болып өз иелігін Алтын Орда хандарынан тәуелсіз деп жариялап, 1337–38 жылы Сығанақта өз атынан күміс ақша соқтырды. Мүбәрәк Қожаның дербестікке ұмтылуы Алтын Орда билеушілері тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Алтын Орда ханы Өзбектің (1312 – 42) Ақ Орданы қайтадан өзіне қарату әрекетінің нәтижесінде ол ордадан кетуге мәжбүр болды. Мұсылман авторларының айтуынша ол Алтай мен қырғыздар арасында қашып жүріп, қазаға ұшыраған. Көп ұзамай Алтын Орда ханы Өзбек қайтыс болып, мұрагері Жәнібектің (1342 – 57) жарлығымен 1344 жылы Мүбәрәк Қожа орнына оның інісі Шымтай хан болды. Ал Мүбәрәк Қожа аңсаған дербестікке Ақ Орда билеушілері Ұрыс және Тоқтамыс хандар жетті. ## Сілтемелер * Шымтай хан * Тоқтамыс хан * Ақ Орда * Алтын Орда ## Сыртқы сілтемелер Сығынақ қаласы Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз
Мұхаммед Гирей(т.ж.б. – 1523) – Қырым ханы (1515 – 23). Қырым хандығының негізін қалаған Меңлі Гирейдің үлкен ұлы. М. Г-дің Қырым және Қазан хандықтарының біріккен күшімен Мәскеуге ұйымдастырған жорығы сәтсіз аяқталды.
Мүйіс – құрлықтың теңізге, көлге, өзенге сұғына еніп жатқан бөлігі. Мүйістер байырғы жыныстардан құралған. Қазақстанда Каспий теңізінде Түпқараған, Тоқмақ; Арал теңізінде Ұзынқайыр Мүйістері бар. Ағылшындардың мүйіс мағынасын беретін "кейп" деген сөзі кейде географиялық атаудың құрамдас бөлігі болып табылады (мысалы, Африканың қиыр оңтүстігіндегі Кейптаун қаласы). ## Дереккөздер
Мұхаммед Хайдар Хұсайынұлы Дулат (1499 жыл – 1551 жыл) — әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаһаннама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Мырза Мұхаммед Хайдар Хұсайынұлы Дулат. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» – өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» – әкесінің аты, «мырза» – текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), «дулат» – шыққан тайпасының аты. ## Өмірбаяны Мұхаммед Хайдардың ата – бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Оны кейін Әмір Темірдің немересі Мұхаммед Шайбани хан өлтірген. Анасы Хуб-Нигар ханым – Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захираддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады. Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың немере ағасы – Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін өз басына қауіп бұлты үйіріліп келе жатқанын сезген Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында өзінің атақты еңбегі «Тарихи Рашидиді» жазуға кіріседі. ## Тарихи Рашиди "Тарихи Рашиди" атты еңбекте қазақ хандығының қалыптасуы туралы, мұнан кейінгі Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық соғыстар, қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуы туралы көптеген мәліметтер бар. Сонымен бірге бұл еңбекте ХV-ХVI ғасырлардағы Оңтүстік жөне Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, орта ғасырлық Қазақстандағы Жетісудың тарихи жағрапиясы, қалалық және егіншілік мәдениеті туралы құнды мәліметтер бар. 1533 жылы хандық таққа қайта отырған Абу-ар-Рашид, өз тайпаларынан қауіп тоне ме деген оймен, оларды қуғындай бастады. Мұхаммед Хайдар Дулаттың немере ағасы Сайд Мүхаммед мырза Дулатты өлтірді. Мүхаммед Хайдар Дулат Үндістанға қашып кетті. Онда ол Ұлы Моғолдар сарайында әскерлерді басқарды. Ол сол кездегі саяси оқиғалар мен оған қатысқан қайраткерлерді, сондай-ақ Моғолстанмемлекетінің, Қазақ хандығының өткен тарихын жақсы білген. Оның тікелей өзі куә болған жайлары да көп еді. Содан да болар ол орта ғасырдағы қазақтарға, әсіресе дулат тайпасының тарихына қатысты өте құнды материалдар береді. Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы, одан кейінгі кезеңдері, олардың қырғыздармен, өзбектермен қарым қатынасы жайында кеңінен сөз болады. Мұхаммед Хайдар Дулат құрметіне аты Тараз мемлекеттік университетіне берілген. ## Мұхаммед Хайдар Дулати Фильм 2007 — «Мұхаммед Хайдар Дулати» режиссері: Қалила Омаров Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы ## Сілтемелер * Ұлы Моғолдар * Тарих-и Рашиди * Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ## Дереккөздер
Мүніс Хорезми, Мунис Мираб Шир Мұхаммед (1778 – 1829) – тарихшы, ақын, мемлекет қайраткері. Хорезм хандығында сарай қызметінде болған. Шағатай тілінде жазылған тарихи еңбегі – “Фирдаус ал-икбал” (“Бақыт жұмағы”) деп аталады. Еңбек 18 ғасырдың аяғынан бастап жазылып, 1813 ж. Мүніс Хорезмидің ауруына байланысты аяқталмай қалған. Еңбекте Адам Атадан бастап автор өзі өмір сүрген уақытқа дейінгі Орта Азия тарихы баяндалады. Бұл шығарманы 1825 жылға дейінгі оқиғаларды қоса отырып немере інісі Агахи аяқтаған. Еңбектің көп бөлігі Әбілғазыдан көшіріліп, өңделген. “Фирдаус ал-икбалда” Хиуадағы әскери, саяси, экономикалық және халықаралық жағдайлар баяндалғандықтан, 18 – 19 ғасырлардағы қазақ тарихы үшін алар орны ерекше. Тарихи шығармадан басқа Мүніс Хорезми поэзиялық “Мунис ал-Уштем” еңбегін жазды. Мүніс Хорезми еңбектерін зерттеуші А.Л. Кул 1873 ж. еңбекті тауып, ол жайлы бірнеше мақалалар, зерттеулер жазды және ғылыми айналымға енгізді. ## Дереккөздер
Мүрдетөбе– ортағасырлық қоныс орны. 1) Түркістан облысы Түлкібас кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 2 км жерде. 1940 жылы Жамбыл археологиялық экспедиция (жетекшісі Г.И. Пацевич), 1980 ж. Шымкент педагогикалық институты археологиялық экспедиция отряды (жетекшісі Н.П. Подушкин) зерттеген. Қазіргі орны табанының диаметрі 80 м, үстіңгі бөлігі 35 м, биіктігі 12 м дөңгелек төбе. Қазба жүргізу кезінде табылған қыш құты, құман, күбі ыдыстарының сынығына қарағанда тұрғындар қонысты 5–8 ғасырларда мекен еткен. 2) Түркістан облысы Түлкібас кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде. 1940 жылы Жамбыл археологиялық экспедиция (жетекшісі Г.Н.Пацевич), 1980 жылы Шымкент педогогикалық институты археологиялық экспедиция отряды (жетекшісі Н.П.Подушкин) зерттеген. Қоныс түрі – “алаңқай төбе”. Орталық төбе табанының ауданы 20х50 м, үстіңгі бөлігінің ауданы 40х30 м, биіктігі 3–6 м. Оның солтүстік және шығыс жағында таға тәріздес ауданы 0,1 га, биіктігі 1,5–2 м алаңқай төбешік оңтүстікке созыла орналасқан. Зерттеу барысында жиналған толқын сызықты өрнектер салынған заттарға (қыш ыдыстар – құм, тостаған, қазан, тағы басқа) қарағанда қонысты халық 8–10 ғасырларда мекен еткен. Олар егін егіп, мал өсірумен шұғылданған. ## Дереккөздер ## Cілтемелер * Оңтүстік Қазақстан * Құман * Ортағасыр
Мүрсейіт Бікеұлы (1860, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы – 1917, сонда) –Абай шығармаларын жинап, көшіруші, насихаттаушы. Семейде орыс мектебінде, кейін Бұхарада білім алған. Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь, мектепте мұғалім болған. Абай оны ауылына алдырып, бала оқыттырды. Мүрсейіттің балаларға жазып берген “Жарапазан” өлеңін оқыған Абай оған өз өлеңдерін жинап, жазып жүруді тапсырған. Абай өлеңдері 5 дәптерге жазылып алынған, екеуі Қазақстан Ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында, біреуі “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында сақтаулы. Абайдың Семейдегі мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорығында дәптерлердің фото-көшірмелері бар. 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек көрсеткен. Абай шығармаларының түпнұсқасы сақталмағандықтан, Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа саналады. Мүрсейіт (Нурсейіт)Бікеұлы (1860-1917)- Абай өлеңдерін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге орасан зор еңбек сіңірген кісі. Мүрсейіттің 7-ші атасы - Әнет баба. Әнет - Абайдың 7-ші атасы Әйтекпен бір туыс. Әнеттің бір ұлы-Байболат, Байболаттан - Бақай, Бақайдан - Тоққожа, Тоққожадан - Көбікен, Көбікеннен - Біке, Бікеден - Мүрсейіт. Орыс мектебінде 4 жыл, содан соң Бұхарда оқып, білім алған. Семей облыстық әкімшілігінде қызмет істеп жүрген көзінде Әбдіқызы Зағипа дауына байланысты Абайдың тапсыруымен Зағипа атынан арыз жазып, ұлықтарға жеткізген. Тағы да бір қыздың дауында қызға кемектесіп, жандаралдың сыртынан оның мөрін басып, азат етеді. Сол үшін Өскемен уезіне жер аударылады. Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Кенек руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында тұрып, бала оқытып, молда болады. Бірнеше жылдан кейін Тобықты еліне қайтып келеді. Сол күннен бастап оны Абай өз аулына алғызып, бала оқыттырады. Мүрсейіттің балаларға жазып берген «Жарапазан» өлеңін көрген Абай оған өз өлеңін жинап, жазып жүруді тапсырып, қалам ақысын төлеп тұратынын айтады. Мүрсейіт бұл тапсырманы ыждағатпен орыңдайды. Өлең жазылған дәптерді сұраушылар кебейген соң Мүрсейіт оларға да көшіріп беріп отырады. Абай өлеңдері 5 дәптерге жазып алынған, олардың екеуі - қазірде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында, біреуі - М. Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында. Абайдың Семейдегі мемлекттік әдеби-мемориалдық қорығында сол дәптердің фото-көшірмесі бар. 1909 ж. Абай- дың Санкт-Петербургте жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек керсеткен. Мүрсейіт қолжазбалары Абай шығармаларының бастыда негізгі нұсқасы болып саналады. ## Дереккөздер
Мүсәтір, аммоний хлориді, NH4Cl – түссіз, суда жақсы еритін кристалды зат; тығызд. 1,53 г/см³. Қыздырғанда балқымай ыдырайды: NH4Cl→NH3+HCl. Мүсәтірді аммиак ерітіндісіне тұз қышқылымен әсер ету арқылы алады. Мүсәтір артық мөлшердегі хлормен әлсіз әсерлесетін дақыл (қант қызылшасы, күріш, жүгері) егілетін, бейтарап және сілтілік топырақтарға арналған азот тыңайтқыштары (25%-ға дейін N) ретінде, гальваник. элементтер өндірісінде, медицинада қолданылады. ## Пайдаланған әдебиет
Мүсірәлі Бердәліұлы (т.-ө.ж. белгісіз) – күйші-композитор. Бөкей ордасында дүниеге келген, Дәулеткерей Шығайұлының замандасы, досы әрі оның күйлерін ел арасына таратып насихаттаушы. А.В. Затаевич “Қазақтың 500 ән мен күйі” жинағында Мүсірәлінің жеті күйін (“Ортба”, “Кенжебай”, “Атқа алған”, “Тұндырма”, “Мүсірәлі күйі”, “Қаражан”, “Ақжелең”, “Ақсақ құлан”) нотаға түсірген. Мүсірәлі күйлері терең мазмұндылығымен, өрнекті әуен-сазымен әрі өзіндік ырғағымен ерекшеленеді. Күйші шығармаларын біздің заманымызға жеткізген домбырашылар – Д.Нұрпейісова, Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, тағы басқа. ## Дереккөздер
Ғабиден Мұстафин (29 қараша 1902 жыл, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жауыр тауы – 20 қантар 1985 жыл, Алматы) — қазақ жазушы, Қазақстанның халық жазушысы (1984), қоғам қайраткері. ## Өмірбаяны Арғын тайпасы Қуандық руы Мұрат бөлімінен шыққан.Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 14 жасында Спасскі зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқиды. Сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты. 1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды. ### Шығармалары 1925 – 1964 жылы Қарағанды шахтасында темір жонушы, “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 1956, 1962 –1964) қызметтерін атқарды. Алғашқы әңгімесі “Сәрсен мен Боқаш” (1927) “Жыл құсы” альманағында жарияланса, тұңғыш жинағы “Ер Шойын” (1929) деген атпен шықты. 1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады, шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттелді. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Мұстафин Ғабиден дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ” (1942), “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді (“Жиырма бес”, 1953). Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүниежүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған ақтөбелік диқан Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды. “Миллионер” повесі (1948) соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған. Повесть бірнеше шет тілдерге аударылған (ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай, т.б.), шығарма желісі бойынша осы аттас пьеса да жазылған. Ол “Қарағанды” (1952), “Дауылдан кейін” ('1960), “Көз көрген” (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді. Мұстафин Ғабиден шығармалары шетел тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. Мұстафин Ғабиденнің шығармалары 20 ғасырдың басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауырпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда Мұстафин Ғабиден өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, ондағы адамдар қарым-қатынасын көркем бейнелейді. Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалардың біріне айналған “Қарағанды” романы (1952) – ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен сол өңірдегі жұмыскерлер, зиялылар турасындағы кең тынысты, күрделі роман. Мұстафин Ғабиден бұл шығармасында “Өмір мен өлім” романының кейбір сюжеттік желісін пайдалана отырып, ұлттық зиялылар қауымының қалыптасу кезеңін нанымды бейнелейді. Кейіпкер тағдырын қайшылықты оқиғалар легі арқылы өткір, ұтымды көрсетіп, адамдар әрекетін уақыт тұрғысынан емес, адамгершілік ұстаным тұрғысынан тануға ұмтылды. Әлеуметтік-психологиясының. тереңдігімен ерекшеленетін “Дауылдан кейін” романы (1960) 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Көркемдік сапасы, шынайылығы, психологиялық сезім күйлерін суреттеудегі шеберлігі, образдарының жан-жақты ашылуы, оқиғаларының күрделілігі жағынан роман қаламгердің елеулі табысы саналды. Шығармадағы өмір шындығы “Көз көрген” романында (1963) отаршылдық пен езгіге қарсы күрес арқылы жалғасын тапты. Өз өмірінен және өзімен тұстас аға буынның басынан кешкен тарихи кезеңдері жайында мағлұмат беретін мемуарлық трилогия жазуды жоспарлаған Мұстафин Ғабиден “Көз көргенді” дүниеге әкелді. Мұстафин Ғабиден шығармаларының негізгі тақырыбы – өндіріс өмірі мен ауыл тіршілігінің тынысы. ### Шығармаларының негізгі тақырыбы Қаламгер туындылары ерекше қуат-жігерге, қуанышқа толы. Мұстафин Ғабиден қаһармандары – өз еңбектерімен тарихи табыстарға жеткен жандар. Олар аға буынның қажырлы рухын, биік мақсаты мен арманын, мағыналы ғұмырын паш етеді. Жомарт, Жанат, Алма секілді жастардың халық алдындағы перзенттік, азаматтық парызды ақтау талабынан туған ізденісі мен махаббатты қастер тұтатын қасиеті – қазіргі ұрпақтың рухани тәрбиесінде жәрдемі болары сөзсіз. Мұстафин Ғабиден шығармаларының елеулі ерекшелігі оның өзіндік стилінде. Ол сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды, ұтымды. Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады. Әдеби-сын мақалаларында елдің, ұлттың жайын қозғап, әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, дамуы турасындағы тың ой-тұжырымдарын жазды (“Ой әуендері”, 1974). ## Марапаттары Мұстафин Ғабиден шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Ол 5-ші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің (1954), 6 – 9 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1962 – 1978) болды. Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1978). Ол 2 мәрте Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.. ## Мұстафин Ғабиден және Абай шығармашылығы Көркем сөз жайлы Абай айтқан талап, талғам - өлшеусіз өнеге. Қазақтың жазба әдеби тілінің тарихындағы «қайта өрлеу» дәуірінің басында туру бақыты Абайға біреудің ұсынысы бойынша берілген «мәртебе» емес, уақыт өлшемінен сараланған даналық ойға, ақындық қуатқа, көркемдік даралыққа, әлемдік ой-сана парасатымен бәйгі алаңынан үн қатқан озат ойлы классикті мойындаудан барып қалыптасқан шынайы пікір.Корреспондент мүшесі болған. Абайдың эстетикалық ойларының негізгі мәні, оның көркемдік туралы ұғым-нанымы айқын белгі беретін «Өлең - сөздің патшасы, сөз сара- сы...» деген өлеңін еске түсірейік. Өзінің даналық болмысы, сөз енеріндегі даралық сипаты поэзия әлемінде ерекше биіктікке көтерілген Абайдың әдебиетке қояр негізгі көркемдік талғам-талаптарын өлең сөзге байланысты білдіруі занды еді. Абай айтқан талап-тілектердің бастыла- рының бірі көркем шығарманың мазмұнды, идеялы болып келуіне айырықша зер салса, екіншіден, мазмұн мен түрдің үйлесімін қадағалауды, бірлігін сақтауды қатты көздеген. Өнер әлеміндегі Абайдың осы өнегелік сипаты өзінен кейінгі қазақ әдебиеті үшін тың идея, соны түр, жаңа көркемдік үлгілердің бастау көзі ретінде күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, әрқашан бағдар бола беретін құбылыс. Абайдың өнегелік қырларының бағдары сала-сала. Бүгінгі қазақ жазушыларының ішінде одан үйренбеген, оның көркем өнерге қойған талап-тілектерін басшылыққа алмаған ақын-жазушы жоқ десек артық емес. Алайда ол талаптарды бойына сіңіре білу әр жазушының талант-дарынына, зерттей ізденіп, кеңіліне зерделеп тоқи білуіне байланысты. Әдебиеттегі Абай тұлғасының биіктігі, классик өнер туындысын жасай алуы, көркемдік үлгіні ерекше меңгеруімен қатар өзі өмір сурген ортаның, қоғамдық қатынастардың реалистік бейнесін жасай білуінде. Өз заманының мінез-құлқын зерделеп, бүгінгі дәуірі мен кешегі күндерін саралап, болашақ өмірді пайымдап алуында. Қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Мұстафин шығармаларында Абай өнегесі, Абай дәстүрі берік орын тепкендігі, жазушының алдына жаңа идеялық мақсаттар қойып, өз дәуірінің көркем бейнесін жасай білуде Абаймен үндестік танытқаны айқын. Ондаған әңгімөлері мен бірнеше шағын пьесаларын былай қойғанда, «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзбен көрген» сияқты роман, повестері арқылы жазушы қазақ әдебиетінің дамуына, көркемдік жетістіктерге жетуіне мол үлес қосты. Жазушының қатар түзген бұл шығармалары бір-біріне жалғасып жатқан ұлкен көзенді қамти отырып, 20-ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының көркем шежіресін жасады деуге болады. Осы тұрғыдан келгенде Мұстафин Ұлы ақын дәстүрін, Абай өнегесін бірнеше түрлі сипатта сабақтастыра алды. Бірінші, Ғ. Мұстафин де Абай сияқты тақырыпты өз дәүірінен, бірге тыныстап, қатар тіршілік жасап жүрген замандастарының іс- әрекетінен, көзімен керіп, бастан кешірген өмір шындығынан іздеп тапты Екінші сөз енері жайлы Абай қойған талап деңгейіне ден қойды. Әр сөздің, әр сөйлемнің көркем құрылуы мен ондағы ойдың терең де мағыналы болып шығуына ерекше назар аударды. Жазушының жоғарыда айтылған шығармаларыныңқай-қайсысында болсын, мақал-мәтелге айналып кеткен жолдар аз көздеспейді. Аз сөзге көп мағына беріп, сөйлемді қысқа құруы, тілінің қарапайымдылығы, ұғымға жеңіл, жатық өрі ұтымды, оралымды болып келуі Мұстафинның өзіндік стилін танытады. Халықтың бейнелі, қанатты сөздерін орынды пайдалана отырып, өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жасай білген. Абай өлеңіндегі көптеген жолдардың мақал-мәтелге айналып кеткені секілді Мұстафин шығармаларында көздесетін: «Біткен іске сыншы көп, піскен асты жеуші көп», «Сыншының бәрі бірдей мінші ме, жеушінің бәрі бірдей енші ме?», «Өмір егер ащыны бермесе, тәттіні білер ме едік, тәттіні бермесе, ащыны білер ме едік?»,«Теңіздей терең халық ішінде алмастай асыл ойлар жатыр», «Жақсы тәртіп әдетке айналса - ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса - қырсық». «Барды қанағат тұтып, жоқты іздемеу - мешеулік» т. б. тәрізді бейнелі тіркестер қанатты сөздерге айналуы соның айғағы. Кейіпкер образын сомдау барысында портрет жасау шеберлігі де оның өзгеше өнерпаздық қырын айғақтап турғандай. Осының бәрі де - Абай тағылымын өнеге тұтып, Абай дәстүрін сабақтастыра білудің жемісі. Аз сөйлеп, көп толғану тағылымын әбден бойына сіңірген жазушы әдебиет жайлы ойларын да айтуға міндетті тұста ғана сыншыл зерде, биік талғам деңгейінен сүзгіден еткізіп, сығымдап беріп отырған. «Әдебиет - адам енерінің ішіндегі ең ұзақ жасайтындардың бірі» дей отырып, сөз өнері жайлы былайша толғанады: «Әдебиет-ойдың, тілдің жемісі. Алғыр тіл күн шалмағанды шалады, қараңғы көңілге сәуле бере алады, суық көңілді жылыта алады». Осылайша әдебиеттің маңызы, міндеті жайлы, әр көздегі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері, олардың шығармалары туралы толғаныстарын білдіріп отырған. Өзінің әдеттегі жинақы да қысқалықты бағдар тұтатын қалпын сақтай отырып, Ұлы Абай мұрасыжайлы да ойын бір мақаланың аумағында сабақтаған. Абайға арналған «Жұлдызы өлең-жырдың сөнбейтұғын» атты мақаласын Ғ. Мұстафин 1971 ж. Ұлы ақынның жүз жиырма бес жылдық мерейтойына арнап жазған.Жазушының 1978 ж. шыққан «Ой әуендері» кітабында басылып, кейін бес томдық шығармалар жинағының бесінші томына енгізілген. Мақалада Абайдың әдебиеттегі тарихи орны, ақындық тұлғасы жайлы сыр толғанады. «Әдебиет, шын мағынасындағы әдебиет жойылмайды. Өз тұсындағы қауым тіршілігін, табиғат тіршілігін кейінгі ұрпақтарға, кейінгі қауымдарға жеткізіп беріп отырады. Осының мысалдарын алыстан іздемей-ақ, өзіміздің қазақтың фольклор, эпостарынан немесе Абай шығармаларынан көріп, біліп келеміз» дей келіп, ұлы ақынның шығармашылығындағы ерен үлгі мен жан-жақтылығына, аудармашылық шеберлігіне тоқталады. «Абай шыңы бәрімізден жоғарытұр. Орыстың үлкен әдебиетшілері айтқандай-ақ Пушкиннің, Толстойдың орны бос тұр демекші, біздің Абайдың да орны бос тұр», - дейді жазушы. Абай талантының қайнар көзі, даналық сипатының негізі жайлы ойынбылайша ербітеді: «Әрине, ешбір шың тек өзі ғана тіп-тік шығып кетерілмейді. Шың неғұрлым биік болса, солғұрлым оны қоршаған төбе, шоқылар да көп болмақ. Абайды Абай еткен - алдымен өзінің халқы. Тастақ жерге өсімдік еспейді. Абайды өсіретін ортасы- әріден келе жатқан халықтың мұрасы, Шығыстан, Европадан алған білім нәрлері». Аз сөзге көп мағына сыйдырып айтылған бұл жолдарда тарихи баға, терең түжырым жатыр. Біріншіден, Абайдың өз ортасына, кейінгілерге еткен ықпал, әсері пайымдалса, екіншіден. Ұлы ақынды өсірген құнарлы топырақ, қасиетті орта зерделенеді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Мұстафин Ғабиден Мұрағатталған 19 желтоқсанның 2010 жылы. * Мұстафин Ғабиден
Мүлкәлән күмбезі немесе Молда-Қалан мазары немесе Мүлкәлән кесенесі – шамамен 16 ғасырда жеткен сәулет өнері ескерткіші. Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында орналасқан. Мүлкәлән (Молдан-қалан, Қалан-ұлы) - бұл Мехереғланның лақап есімдері. Мехереғлан - осы жерлердегі белгілі әулие-әнбие, қазіргі кезде де халықтың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Аңыздар бойынша, ол - суармалы жер шаруашылығымен айналысқан, жеті жерде бір мезгілде үйі болған. Мехереғлан жергілікті басқа әулие Мағзұммен жақсы таныс болған; тіпті олар бір бірімен кім қайда жерленеді деп әзілдескен екен. ## Кесене сипаты Кесене қам кесектерден тұрғызылған көптеген қоршаулары мен қабір үсті ескерткіштері бар үлкен қорымның түкпірінде орналасқан. Ескерткіш шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден (23×23×5 см, 10 қатар + 10 жым = 0,64) тұрғызылған, жоспарындағы аумақтық өлшемдері - 9,26×12,28 м. Ескерткіш қазіргі кезде қайта жөнделген: оның күмбезі (негізіне дейін) , бетше босағасы (беткі және жоғары бөліктері) қатты бүлінген, тұрқының қабырғалары ойылған. Ескерткіш жоспарында шаршы пішінді болып келген, төбесі төмен күмбез асты барабанында тұрған күмбезбен жабылған. Кіребері ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған. Ұзына бойы мен көлденең остерінде барабанның жоғарғы бөлігі мен күмбез негізін алып жатқан төрт тесік бар. Ескерткіштің корпусында сәл ауытқу бар, ол іс жүзінде безендірілмеген, тек негізгі қасбетте орналасқан бетше босағаның екі жағындағы екі аркалы қуыстан басқасы. Кіреберіс ойығының үстінде жазуы бар филенкаларға арналған қаландының тікбұрышты шығыңқы бөлігі бар. Камераның шаршы пішіндес негізінен күмбез шеңберіне өту сегіз қырлы қабаттың тромпталуы арқылы беріледі. Камераның төменгі бөлігіндегі әр төрт қабырғаларының ортасында сүйірлене жасалған ойықтар орналасқан, архивольттің үстіңгі бөлігі кірпіштің жалпақ бетімен қаланған. Ойықтың қабаттары ұшына қара сүйірленген , орта тұсында ойықтың қабырғалары камераның қабырғаларына қарағанда тереңдей түседі, бұрыштағы ойықтардың қуыстары камераның қабырғаларына тұтаса орналасқан, сөре тәріздес үш кірпіштен қалана отырып, жарты күмбездің сыртына қарай жалғасады. Ойықтың тромпталуы шаршы пішінді камераның төменгі бөлігінен ерекшеленеді. Оның шығыңқы сөрешесі сегіз қырлы ойықтың күмбез шеңберінің негізіне ауысқан. Өйткені күмбездің төменгі қатарының салмағын жеңілдету үшін әр сегіз қырдың бұрышына қуыстар қарастырылған. Жөндеуге дейінгі ішкі көрінісінде сылақтың қалыңдығы сақталған, едені күйдірілген кірпіштерден төселген. Камераның солтүстік бұрышында әулиенің қабір үсті ескерткіші орналасқан. Масаханамен жабылған огның үстіне Құран ілінген. Камераның оң жақ жартысында бір қатарда орналасқан, өқам кесектерден қаланып, күйдірілген кірпіштермен жиектелген бес қабір үсті ескерткіші бар. Елденнен бірнеше қабатта ескерткіш бойындай қамысты тығыздап дымнан қорғау үшін салған. Өйткені қаланған қабырғалар мен порталдарға көлденең ағаш қадалар салынған. Мүлкәлән кесенесі - ортағасырлық мұсылман архитектурасының дәстүріне салынғна, сонымен бірге Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпенділерге тән «дахистандық» бетше болсағам типін де қолданған. Сонымен қоса, ескерткіш үлкен маңызға ие. 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілді. 1985 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Күмбезге қатысты материалдар Қызылорда облысы тарихи-өлкетану музейі мен Алматы қаласындағы «Ескерткіштер» ғылыми-зерттеу институты архивінде сақтаулы. ## Дереккөздер
Дәулет Мықтыбаев (1 қаңтар, 1904, Қорғалжын ауданы - 4 тамыз, 1970, Алматы) – қобызшы. ## Өмірбаяны * Қобыз тарту өнерін Ықыластың шәкірті Әбікен Тоқтамысұлынан үйренген. Мықтыбаевтың сазгерлік қырының қалыптасуына қобызшы Түсіпбектің (Ықыластың ұлы) ықпалы көп тиген, одан ол «Кер толғау», «Тоғыз тарау», «Қорқыт» күйлерінің орындалу мәнерін бойына сіңіреді. * 1933 жылдан Қарағанды облысы радио комитетінде қызмет істеді. * 1937 жылы Қарағанды филармониясының қобызда жеке орындаушысы * 1945 – 65 жылдары Қазақ филармониясының және «Қазақконцерттің» қобызда жеке орындаушысы * 1968 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында қылқобыз класы бойынша оқытушы болды. ## Гастрольдік сапарлары 1934 жылы Алматыда өткен 1-Жалпықазақстандық халық өнерпаздарының слетіне қатысты. ## Орындаулары Қазақ радиосының алтын қорында Мықтыбаевтың орындауындағы * «Аққу» * «Ерден» * «Қазақ» * «Жолаушының қоңыр күйі» * «Қамбар» * «Кертолғау» * «Шыңырау» * «Жалғыз аяқ» * «Сарын» * «Сары дала» күйлері сақталған. Оның қобыз тартудағы өзіндік жаңа тәсілдері оның орындаушылық стилін ерекше әрі қайталанбас деңгейге көтерді. Мықтыбаев ұлттық муз. мұраны, орындаушылық дәстүрлерін насихаттауға және танымал етуге зор үлес қосты. ## Отбасы Дәулеттің әкесі Мықтыбай, оның әкесі Әупік Тыныбекұлы Өксікбайдың қарындасы Маржанға үйленген екен. Мықтыбайдың өзі де Барақ Таманың қызына үйленіпті. Дәулет өзі жайлы әңгіме айтқанда, оның қобызға құмарлығы нағашы жұртынан жұққан екен. Қарауыл мен Өксікбай қобызшы болыпты. ## Сыртқы сілтемелер * Malimetter.kz Дәулет Мықтыбаев реферат (қазақша) ## Дереккөздер
Мүшәйра — Шығыс әдебиетіндегі ақындар айтысының бір түрі. Мүшәйра түркі тілдес халықтар әдебиетінде өткізіледі. Үндістанда кең тараған Мүшәйра өлеңшінің ән салып, өнер таластыруы түрінде кездеседі. Екеуі қатар жарыса әндетіп, бірінен-бірі дауысын асыруға тырысады. Қайсысының дауысы жетпей, тоқтаса, сол жеңіледі. Соңғы жылдары қазақ поэзиясында Мүшәйра жазба ақындардың жыр мерекесі, жыр жарысы ретінде өткізіліп жүр. Дүниеден озған қаламгерлердің есімін жаңғырту, рухына бас ию мақсатында да олардың атындағы Мүшәйралар ұйымдастырылады. Ақындар өлеңін сараптау, шеберлігін ұштай түсу мақсатында өткізілетін Мүшәйраның белгілі бір тақырыпқа (мысалы, “Менің Отаным – Қазақстан”, тағы басқа) немесе жастар поэзиясына ғана арналған түрлері бар. ## Дереккөздер
Жалау Мыңбаев (1892, бұрынғы Адай оязы Құнан-Орыс ауылы – 16.11.1929, Алматы) – мемлекет қайраткері. Адай руының Құнанорыс бұтағынан. * 1905–1908 жылдары Форт-Александровскідегі (Форт-Шевченко қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған. * 1917 жылдан бастап Маңғыстау оязы кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі Адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919-шы жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салды. * 1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы. * 1920–1923 жылдары Маңғыстау ояздық атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай оязының милиция бастығы. * Адай ояздық ревкомының (1923–1924) төрағасы қызметтерін атқарды. * Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, қазақ облыстық 3–5 партия конференцияларының, Қазақстан кеңестерінің 4–6 съездерінің делегаты болды. * Қазақ АКСР Кеңесінің 5 съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасады, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды. Жалау Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес үкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақас, Н.Нұрмақұлы, т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады. * 1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ол бұл қызметі барысында Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салды. Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытты. * 1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды. ## Дереккөздер
Кәрім Мыңбаев (15.8. 1906, қазіргі Қарағанды облысы Нұра ауданы Ивановка ауылы – 30.9.1948, Алматы) – қоғам қайраткері, ғалым, биология ғылым докторы (1944), Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1946). Арғын тайпасы Қуандық руының Тоқа бөлімінен шыққан.. Орта Азия мақта-ирригация институтын бітірген (1932). 1932 – 36 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтында және Алматы селекция станциясында ғылыми-педогокикалық жұмыстарда болды. 1936 – 42 жылы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (Ленинград) аспирант, академик Н.И.Вавиловтың жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, сол институттың каучукты өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1942 – 44 жылы ҚазКСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1944 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық ауыл шаруашылғы академиясы Шығыс бөлімшесінің (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесінің Төралқасының төрағасы болды, Қазақ ауыл шаруашылық институтында өсімдіктер селекциясы және генетикасы кафедрасын, ҚазМУ-де дарвинизм кафедрасын басқарды. Сондай-ақ оның басшылығымен Алматы облысы Жамбыл ауданында тәжірибе танабы мен Ақмола облысындағы Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе станция ұйымдастырылды. Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Мыңбаев көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімділігін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының тәлімі жерлерінде де егуге болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Мыңбаев Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық-селекциялық жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Алматы облысы Жамбыл ауданындағы бір ауылға және Алматы қаласындағы көшеге Мыңбаев есімі берілген. ## Еңбектері * Кок-сагыз. Биологические особенности развития и новые методы селекции, А.-А., 1946; * Пути повышения урожайности сельскохозяйственных культур, А.-А., 1948; * Пустыня Бетпак-Дала, А.-А., 1948; * За передовую сель-скохозяйственную науку, А.-А., 1949. ## Дереккөздер
* Мыңбұлақ ойлауыты * Мыңбұлақ (Түркістан облысы) * Мыңбұлақ (Жамбыл облысы) * Мыңбұлақ артезиан алабы * Мыңбұлақ ауылдық округі (Жамбыл облысы) * Мыңбұлақ ауылдық округі (Бәйдібек ауданы) * Мыңбұлақ ауылдық округі (Абай облысы) * Мыңбұлақ — Баткен облысы Баткен ауданындағы ауыл. * Мыңбұлақ — Нарын облысы Нарын ауданындағы ауыл. * Мыңбұлақ — Талас облысы Бақайата ауданындағы ауыл. * Мыңбұлақ — Ыстықкөл облысы Түп ауданындағы ауыл.
Мыңбұлақ артезиан алабы (Мынбулакский артезианский бассейн) – Қарағанды, Қызылорда облыстары өңіріндегі, Ұлытаудан Сырдарияның оң жағасына дейін созылған арынды және арынсыз жер асты су алабы. Бірнеше артезиан алаптарының шектескен жерінде орналасқан. Негізгі артезиан сулы қабаты жоғары бор дәуірінің құмды шөгінділерінде 50 – 106 м-ден (алаптың шет жағында) 350 – 500 м-ге дейінгі тереңдікте (орта тұсында) қалыптасқан. Судың минералдығы 0,6 – 1,1 г/л аралығында, құрамы гидрокарбонатты-сульфатты-хлорлы натрийлі. Сулы қабаттамалардың жалпы қалыңдығы 35 м-ден 153 м-ге дейін өзгереді (орташа алғанда 96 – 118 м). Бұл қабаттамалардағы судың арын күші 15 – 20 м-ден 542 м-ге дейін. Сулы қабаттарға жеткізіле қазылған әр ұңғымадан деңгейі жер бетіне жақындап көтерілетін (60 м-ге дейін) немесе жер бетінен 42 м биіктікке дейін көтеріліп, шапшып ағатын су алынады. Жер бетіне жақын жатқан (0,5 – 13 м тереңдікте) неоген – антропогендік көшпенді құмдармен байланысты грунт суы қабаттаманың орташа қалыңдығы 7 м. Артезиан алабындағы жер асты суларының болжамдық пайдалану қоры 70 м3/с (артезиан сулары) және 3,9 м3/с (грунт сулары). Барланып бекітілген тәулік пайдалану қоры 250 мың м3. Мыңбұлақ артезиан алабы суларын негізінен егістіктерді суаруға, мал жайылымдарын суландыруға және ауыз су ретінде пайдалануға болады. ## Дереккөздер
Мыңбасы, мыңбегі – ертедегі түркі-моңғол әскерлерінің бір мың жауынгерлік бөлімінің қолбасшысы. М-на түркіше – бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір лауазымы беріліп, әскери билікпен бірге уәлаяттар мен ұлыстарға әкімш. билікке тағайындалған. ## Дереккөздер
Мыңдық– * Түркі қағанаты кезінен орныққан әскери құрама атауы. Түркілер әскери құрылымы ондық, жүздік, Мыңдық, он Мыңдық (Шыңғыс хан заманынан бастап – түмен жүйесінен тұрған. Ондаған жүздіктерМыңдық деп аталған. Әр Мыңдықтың өз әскери тулары болған. Мыңдықты басқаратын адамды мыңбасы, мыңбегі деп атаған. * Артиллерия мен ату тәжірибесінде (көздеу құралдарының, ату, бақылау және қашықтыкты анықтау құралдарының көмегімен) бүрышты өлшеу бірлігі. Шеңбердің узындығы шамамен оның 6 радиусына тең. Егер оны 6000 бөлікке бөлсек, доғаның ұзындығы бүкіл шеңбердің 1/6000 бвлігінде 1/1000 радиусқа тең болады. Догасының ұзындығы шеңбердің ұзындығының (1/1000 радиус ұзындығы) 1/6000 бөлігіне тен орталық бұрыш мыңдық деп аталады. ## Дереккөздер
Мыңтөбе — ежелгі қорым. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылынан батысқа қарай 6 км жерде, Келес өзенінің Сырдария өзеніне құяр сағасының сол жағалауында. 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедиция (жетекшісі А.Г. Максимова), 1982 жылы Шымкент педогокилық институты археологиялық экспедиция тобы (жетекшісі Н.П. Подушкин) зерттеген. Қазіргі күні 400-ден астам обадан тұрады, табанының диаметрі 8–12–25 м, биіктігі 1–1,5–2,5 м шамасындағы жүйесіз қойылған қиыршық құм аралас сопақша үйінді. Мыңтөбе біздің заманымыздан бұрын 5–1 ғасырларға жатады. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз * Мыңғыттөбе
Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов (22 наурыз 1902 жыл — 31 желтоқсан 1985 жыл) — қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ КСР ҒА академигі (1958), Социалистік Еңбек Ері (1974), Қазақстан халық жазушысы. Қазақстан жазушылары Одағының төрағасы (1961), КСРО Жазушылар Одағының хатшысы, КСРО Жоғары Кеңесінің 5-шақырылымының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаты. ## Өмірбаяны Ғабит Мүсірепов бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Орта жүздің керей тайпасының Сибан руынан шыққан. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат танып, жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіреді. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер-ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осында өткізген 1923 – 1926 жылдары Орынбордағы жұмысшы факультетінде Сәбит Мұқановпен бірге оқыды және Сәкен Сейфуллинмен танысты. 1927 жылы Омбы ауылшаруашылығы интернатын бітірді; 1927 – 1928 жылы Бурабай орман шарушылық техникумында оқытушы қызметінде; 1928 – 1932 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметінде; 1933 жылы - Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі қызметінде; 1934 жылдан “Қазақ әдебиеті” және “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) (1935) газеттерінде бас редактор қызметінде; 1936 жылы - Қазақ Өлкелік комитетінде баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде; 1937 жылдан Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметінде; 1938 –1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан; 1956 – 1957 жылы “Ара – Шмель” журналының бас редакторы; 1956 – 1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы; 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі; 1964 – 1966 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы болып; 1959–1985 жылдары КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. ## Шығармашылығы Алғаш 1925 жылы «Едіге» әңгімесі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген “Тулаған толқында” мен “Американ бидайығы” атты шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. “Тулаған толқында” повесі сюжеттік құрылысының босаңдығына қарамастан, жас қаламгердің пейзаждық, юморлық, диалог жасағыштық шеберліктерін байқатып, суреткерлік қырын танытқан шығармасы болды. М. әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. “Қос шалқар” (1928), “Көк үйдегі көршілер” (1929), “Өмір ертегісі” (1930), “Алғашқы адымдар” (1932), “Шұғыла” (1934), “Үздіксіз өсу” (1934), “Жайлау жолында” (1936), “Тұтқын қыз” (1938), “Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі. Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел — Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел — Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады. Мүсіреповтің алғашқы романы — “Қазақ солдаты”. 1945 жылы “Қазақ батыры” деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 жылы қайта жариялады. Бұл шығарма бүкіл қазақ әдебиетінің проза саласында II дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың санатынан лайықты орнын алған аса елеулі еңбек болды. Романның басты кейіпкері — Қайрош Сарталиевтің прототипі Қайырғали Смағұлов 1941—45 жылдардағы соғысқа бастан-аяқ қатысып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған адам. Соғыс кезіндегі халықтың басқыншыларға қарсы патриоттық сезімі мен күресін шынайы бейнелеген романда жазушы өзіндік шығармашылық өрнекпен отты жылдардың көркем шежіресін жасады. Нақтылы кейіпкерлердің жинақталған бейнесі арқылы бүкіл халықтың, елдің ерлік бітімін көрсетті. “Оянған өлке” (1953) тарихи романында қазақ халқының 19 ғасырдағы өмірі үлкен суреткерлікпен өрнектелген, қазақ жеріне өндіріс орындарының орнай бастауы шынайы сипатталған. Шығармада жазушы ескілікті әдет-ғұрыптарды сынап, кейбір кертартпа дәстүрлердің қазақ даласында азая бастағандығын көрсетті. Қазақ топырағындағы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауытының құрылуы мен жаңа өмірге ұмтылған адамдар тағдыры, характер шиеленістері, түрлі қақтығыстар – барлығы романда көрініс тапты. Үш томға лайықталған еңбектің алғашқы кітабы Жұман мен Игілік секілді қазақ байларының, орыс байлары мен жұмысшы тобының тартысты қатынастарын жан-жақты көрсету арқылы қазақ даласының бүкіл бір дәуірін суреттейді. Көркем филос. толғауы басым роман қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы ретінде танылды. “Оянған өлкенің” заңды жалғасы болып табылатын “Жат қолында” (1984) романы 30 жылдан соң жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Өйткені романда суреттелген өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлері де соны. Роман өндіріс ошақтарын ағылшындар мен француздардың билеп-төстеуі мен сол тұстағы (19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басы) халық тұрмысын тарихи тұрғыдан терең бейнелеуімен, Орталық Қазақстан өңіріндегі әлеум. өмірдің шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеуімен құнды. Жазушы бейнелеп отырған дүбірлі оқиғаларға толы тарихи мезгіл сол тұста өмір сүрген жекелеген адамдардың сомдалған тұлғалары, сан алуан әрекеттері, тағдырлары арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына елестеп отырады. Көлемді романдармен қатар Мүсірепов прозада шағын жанрды да дамыта түсті. “Автобиографиялық әңгіме” (1956), “Этнографиялық әңгіме” (1956), “Сөз жоқ, соның іздері” (1962), “Өмір жорығы” (1963), “Айгүл қойшының бір күні” (1964), “Айжан қойшының түндері”, “Бірінші фонтан”, “Қыран жыры” (1967), “Жапон балладасы” (1967), тағы басқа шығармаларында сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады. “Арқаның, Көздің, Тастың әңгімелері” арқылы, ондағы көркем бейнелер негізінде адамзатқа шексіз қайғы-қасірет әкелуші адамдарды әшкереледі. Оның “Кездеспей кеткен бір бейне” повесі (1966, ҚР Мемл. сыйл., 1970) — классикалық шығарма. Повесть Мүсіреповтің шынайы сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті бұл шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Адам бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін әдемі штрих-детальдармен беруде жазушы ірі көркемдік табысқа жеткен. Бас кейіпкер Еркебұланның жігерлі тұлғасы, оның рухани әлемінің алуан сырлары көркемдік бояумен әсем өрнектелген. Оның прототипі ретінде ақын Сәкен Сейфуллин алынған. Терең лиризммен, сан түрлі сезім толқындарымен тебірене жырланған Еркебұлан бейнесі қазақ әдебиетіндегі ұнамды образдар қатарын байытып, сөз өнерінде үлкен жетістік саналды. Қаламгердің көп ізденіс, үлкен дайындықпен келген образы — Ұлпан бейнесі (“Ұлпан” романы, 1974), ол — қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, оқшау тұрған әдеби образ. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен көрінетін Ұлпан бейнесін жасауға жазушы өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны байқалады. Ол күнделігінде: “Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы.” деп жазды. Шығармадағы Ұлпан мен Есеней ойдан шығарылған образдар емес, тарихта болған адамдар. Сонымен қатар туынды арқауына алынған 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірі тарихи жан-жақты зерделеніп, іріктелген оқиға, мәліметтер. Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Оның “Қыз Жібек” (1934), “Қозы Көрпеш — Баян Сұлу” (1939), “Ақан Сері — Ақтоқты” (1941) пьесалары лиро-эпостық жырлар негізінде туындаған. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол тың өрнекті дүниелер жасады. Жазушы пьесалары қазақ театры репертуарынан тұрақты орын алды. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” ұйғыр, корей театрларының сахналарында, Украинадағы Винницкий театрында және Мәскеу қаласындағы театрларда, Франциядағы Нанси қаласы театрында (1984) қойылды. Бұл спектакль Париж қаласында өткен театр фестивалінде 1-орын алды (1981). Мүсірепов сондай-ақ “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты опера либреттоларының да авторы. Ол тарихи тұлғалар өмірінен “Амангелді” (1939), “Ақан сері – Ақтоқты” (1942), “Болашаққа аманат”, “Қыпшақ қызы Аппақ”, “Қайран Майра” атты драмалық шығармалар жазды. Мүсірепов драматургиясы шиеленіскен әлеуметтік тартысқа құрылған, қимыл-әрекеттері ширақ, диалогтары дәлме-дәл, монологтары ақындық пафоспен рухтанған серпінді, тілі құнарлы да бейнелі: осы қасиеттер кейіпкерлер характерлерін терең ашуда қолайлы қызмет атқарған. Сценарийін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған “Амангелді” фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, “Махаббат туралы дастан”, “Қыз Жібек” (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар.Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның “Уақыт іздері” (1977) атты еңбегі идеялық соңдылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің “Күнделік” атты кітабы жарық көрді (құрастырған Ә.Нарымбетов). Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары “Суреткер парызы” (1970), “Заман және әдебиет” (1982), “Дәуір дидары” (1986), “Әдебиет – кәсіп емес, өнер” (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20 ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғысынан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті. Көркем аудармада О. Генри, С.Тагарао, М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург, У.Шекспир, А.Островский, Ж.Мольер, Я.Галан, К.Симонов, А.Леонов, А.Сафронов, А.Штейн, тағы басқа қаламгерлер пьесаларын қазақ тіліне аударды. Мүсірепов белгілі ғалым Г.Ломидзе атап көрсеткендей: “Ол керемет дәлдікпен әрі үйлесімділікпен жұмыс істейтін өте нәзік, өрнекті шебер. Мүсірепов қаламынан жанды бейне, тірі пішін сомдалып, ол суреттеген адам мінез-құлқы мен құбылыстарға кең тыныс, ауқымдылық тән” суреткер болды. ## Қоғам және мемлекет қайраткері Мүсірепов – көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылдың 4 шілдесінде ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне “Бесеудің хатын” жолдады. Хаттың мазмұны мен көтерген келелі мәселесі Мүсіреповтің қай кезеңде де болмасын халқының қамы үшін күресіп, қоғам алдындағы парызын адал орындаған азамат болғандығын айғақтай түседі. 1990 жылы Мүсірепов атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында “Бесеудің хаты” спектаклін қойды, пьеса авторы – Ш.Мұртаза, қоюшы-режисер Р. Сейтметов). Мүсіреповтің қоғам қайраткері ретіндегі, қарапайым адам қатарындағы адамгершілік ұстанымдарын айғақтайтын іс-қимылдары жетерлік. Соның бірі 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағындағы жиналыста тағдыры талқыға түсіп, ұсталып бара жатқан Б.Майлинге араша түсіп, “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” деген сөзі бүгінгі күні аңызға айналған. Осының салдарынан ол 1938 жылы партия қатарынан шығарылды. Ол сондай-ақ Азия және Африка елдері жазушыларының Ташкент, Бейрут, Дели, Алматы конференцияларының белсенді ұйымдастырушыларының бірі болды. Жазушы бейбітшілік күрескері ретінде Алматы мен Мәскеуде ғана емес, Париж, Рим, Джакарта, Токио, Каир, тағы басқа қалаларда өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, күрделі мәселелерді көтерді. Ол 5-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Бесінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және 6, 7, 8, 9, 10, 11-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.1974 – 75 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. ## Сценарийлері * 1938 - Амангелді * 1942 - №12 әскери киножинақ * 1950 - Советтік Қазақстан * 1954 - Қозы Көрпеш - Баян Сұлу * 1969-1970 - Қыз Жібек * 1972 - Арман асуы * 1977 - Кездеспей кеткен бір бейне ## Марапаттары * "Кездеспей кеткен бір бейне" кітабы үшін 1968 ж. Абай атындағы республикалық сыйлық алды. * Қазақстан Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығын (1977) алды. * 3 мәрте Ленин (1962, 1972, 1974), * 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту (1957), * “Халықтар достығы” (1982) ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. * Мүсірепов есімі Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға, Алматыдағы бір бульварға, Нұр-Сұлтандағы көшелердің біріне берілді. * Қазақ мемлекеттік Балалар мен жасөспірімдер театрына есімі берілген, сондай-ақ театр алдына ескерткіш-мүсіні қойылған (2002). * 2002 жылы 100-жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. * 100-жылдығына орай пошта маркасы мен естелік тиыны шықты. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Автобиографиялық әңгіме * Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Мұрағатталған 23 шілденің 2020 жылы.
Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев (1887, Ресей империясы, Торғай облысы – 1938, Алматы, Қазақ КСР) – кеңестік партия және қоғам қайраткері, Қазақ АКСР-і басшыларының бірі. ## Өмірбаяны * 1887 жылы дәулетті отбасында дүниеге келген. Тегі-Жетіруға жататын кердері руы; * Болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орал әскери училищесінде, 1908–14 жылдары Марийнск ауыл шаруашылық мектебінде оқиды; * 1919 жылы қыркүйекте – Жайықтың қазақ бөлігі мен Бөкей ордасын басқару үшін құрылған Қазревком Орал бөлімшесі төрағасының орынбасары; * 1920 жыл – Жымпиты уездік ревкомның төрағасы; мамыр айында РК(б)П Қазақ облысы ұйымдастыру бюросының құрамына енді; тамыздың басында Бүкілресейлік Төтенше комиссиясының уәкілетті өкілінің орынбасары және Орынбор – Торғай Төтенше комиссиясының төрағасы болып тағайындалды; қазан айында өткен Бүкілқазақ кеңестерінің құрылтай съезінде Қазақ АКСР-і ОАК мүшесі және ішкі істер халкомы болып сайланды; желтоқсан айында Қазақ АКСР-і Халкомкеңесі төрағасының орынбасары және Қазақ еңбек және қорғаныс кеңесінің төрағасы; * 1921 жылы 27 қаңтар – 11 маусым аралығында РК(б)П Қазақ облысы бюросы төралқасының жауапты хатшысы болды. Осы қызметте республиканың соц. жолмен дамуының өз ерекшелігі барын, партияның орталықтағы қызмет тәсілдерін Қазақстанға қарапайым көшіре салуға болмайтынын табанды түрде дәлелдеді; маусым айында өткен РК(б)П облыстық конференциясында Мырзағалиевтың тезистері ұлт саясаты жөнінде қабылданған қарарға негіз етіп алынды. Осы жиында ол РК(б)П Қазақ облыстық комитеттінің жауапты хатшылығына сайланды. * 2-Бүкілқазақ съезінде (1921, қазан) Қазақ АКСР-і ХКК-і төрағасы болып сайланды. * 1923 жылы қаңтарда РКФСР ХКК-і жанындағы Қазақ АКСР-і өкілі болып тағайындалып, Мәскеуге жіберілді. * 1925 жылы маусым айында Қазақ өлкелік партия комитетінің Қазақстан аумағын межелеу жөніндегі комиссиясының құрамына кірді. Ол БОАК комиссиясының алдына Торғай облысының төңкеріске дейінгі шекарасын қалпына келтіру, Қостанай және Ақтөбе губернияларын Қазақ АКСР-і құрамында тұтас қалдыру, Орынбор губерниясының қазақтар тұратын бөлігін Қазақ АКСР-і аумағына қарату жөнінде принципті мәселелер қойды. Мырзағалиев тезистері Қазақстан үкіметінің осы мәселе бойынша ұстанған позициясына негіз етіп алынды. * 1926 жылы 30 маусым – 1929 жылы 28 мамыр аралығында Қазақ АКСР-і қаржы халық комиссары болды. * 1930–37 жылдары РКФСР Жер шаруашылық халкомында жауапты қызметтер атқарды. * 1938 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, саяси қуғын-сүргінге ұшырады. ## Дереккөздер
Мырғалымсай қорғасын-мырыш-барит кен орны - Түркістан облысы Кентау қаласының маңында орналасқан. Оны алғаш 1928 жылы М.Қадылбеков ашқан. Кейін Н.Л. Бубличенко, И.П. Новохатский, Л.И. Балавинский, В.С. Булыго, Д.Н. Малечник, Е.С. Зориндер зерттеген. ## Геологиялық құрылымы Мырғалымсай қорғасын-мырыш-барит кен орнының кенді қабаттары жоғарғы девонның фамен ярусының доломиттенген әктасты, доломитті, доломит-баритті жыныстарындағы таспа пішіндес горизонттарда орналасқан. ## Жатыс сипаты Кен алаңы 8 телімге (Орталық, Жайпақ, Оңтүстік, Сонкөл, Батыс, Солтүстік, Мұхамбет, Беріксай) бөлінеді. Тарамды-сеппелі, әр текті, бірнеше км-ге созылған негізгі кенді қабат буданың төменгі жартысын қамтиды. Оңтүстік-батыстағы құлау бұрышы 30. Қорғасынды, қорғасынды-мырышты, қорғасынды-баритті кентастардың 3 басты иірімі (Ұялы, Негізгі, Аралық) бар. Олардың ұзындығы 6,3– 0,9 км, қалыңдығы 7,5–13,6 м шамасында. ## Минералдары, құрамы Кеннің басты минералдары: барит, галенит, доломит, кальцит, ал қосымша минералдары сфалерит, пирит, халькопирит, арсенопирит, гематит, аргентит, тағы басқа Кен орнындағы қорғасынның орташа мөлшері 1,01%, мырыш 0,6%, барит 11,6% және күміс 23 г/т. Тотығу белдемінің тереңдігі 30–40, кейде 150–200 м. Барит пен қорғасынның қоры бойынша Мырғалымсай қорғасын-мырыш-барит кен орны ірі кен орындарының қатарына жатады. ## Дереккөздер
Мыржық марганец кен орны - Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық әкімдігі аумағы мен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының солтүстік-шығысында орналасқан. Іздеу-барлау жұмыстары 1943-1946 жылдары жүргізілген. Ұсақ масштабты аймақтық геологиялық түсіру жұмыстары кезінде ашылған. ## Геологиялық құрылымы Кен орны Шығыс-Тарбағатай мегаантиклинорийінің солтүстік-батыс бөлігіндегі ұзындығы 30 км болатын жоғары девон мен төменгі карбон жыныстарындa орналасқан. Кен денелері фаменнің төменгі бөлігіндегі қалыңдығы 50 м құмтастар, сазды-әксазды жыныстар мен әктастар будаларында шоғырланған. Кен орнының аумағы 1618,5 км. Ол Мыржық мульдасының солтүстік-батыс қанатында орналасқан. Тау жыныстары кабаттарының созылымы меридиaндық. Оңтүстігінде құлау бұрышы 85 – 87° шығыс бағытта. Солтүстік-шығыстағы құлау бұрышы 60 – 68° солтүстік-батыс бағытта. ## Жатыс сипаты Тау жыныстарының жатысы лықсымалармен, бастырмaлармен және үгітілу белдемдерімен күрделіленген. Әктасты, сазды-мергельді жыныстар aрасындағы марганец кентастарының қабаты (қалыңдығы 1 – 14 м) Мыржық синклиналінің тікше келген батыс қанатындағы сыйыстырушы жыныстармен сәйкес орналасқан. Кен сыйыстырушы әктастардағы марганецтің мөлшері 3%-ға дейін жетеді. Кен денелері қaт (пласт) тәріздес. Марганец кені тотықты және карбонатты, араларында aз мөлшерде темір кендері бар. Кентастың текстурасы жолақты болып келеді. Кен орны үш кен денелеріне бөлінген: Солтүстік, Орталық, Оңтүстік Олардың қалыңдығы 1,4; 1,8 және 1,5 м. 120 – 140 м тереңдікке дейін кендер тотыққан, құрамы пиралюзитті және пиралюзит-псиломеланды. 140 – 190 м тереңдіктерде кендер карбонат-манганитті, олар манганит пен марганецті кальциттердің жіңішке (1 – 100 мм) қабаттарынан құралған. Одан терең қабаттардағы кендер карбонатты, құрамы сирек кірікпелі родохрозитті манганокальцитті, ішінара олардың арасында шомбалды манганит кенінің телімдері кездеседі. ## Минералдары, құрамы Темір құрамды минералдары – гематит, магнетит, мартит, гидрогематит, гидрогетит, кенсіз минералдары – кальцит, кварц, халцедон, опал, барит, гипс, сазды минералдар. Тотыққан кендердегі марганец мөлшері 32,6 – 37,8%, фосфор 0,01 – 0,1%, күкірт 0,09 – 0,14%. Төменгі қабаттарда барлау жұмыстары жүргізілуде. ## Дереккөздер
Мырза Қалендар Исфараги(лақап аты – Мүшриф) (т-ө.ж.б.) – тәжік тілінде жазған ортаазиялық тарихшы; “Шаһнама” (“Тарих-и Әмір Омар-хани”) және “Мунтахаб ат-Тауарих” атты тарихи еңбектердің авторы. Мұхаммед Хаким ханның баяндауынша, М. Қ. И. Қоқан билеушісі Омар ханның әскери кеңесшісі әрі сарай тарихшысы болған. М. Қ. И. “Шаһнаманы” 1822 жылдан жаза бастады. Онда Қоқан билеушісі Әлім ханның Ташкентті қазақтардан тартып алуы мен Омар ханның Қоқан хандығы тағына отыру кезеңінен бастап, оның өліміне, Мұхаммед Әли ханның таққа отыруына дейінгі аралықтағы оқиғалар қамтылған. Автор сондай-ақ Бабыр мен Шайбани әулеті дәуіріндегі Орта Азия мен Қазақстанға қатысты тарихи оқиғаларды баяндайды. “Шаһнамада” Қоқан хандығының Қазақстан жеріне шапқыншылығы (1819 – 20 жылы Түркістан мен Созақ аймағындағы бекіністерге шабуылы), Қырғызстанның таулы аймақтарына жасаған екі жорығы, Тентек төре бастаған көтеріліс жайлы мәліметтер және Омар ханның қырғыз тайпаларын бір-біріне айдап салу саясатын көрсететін, автордың өзі куә болған оқиғалар келтірілген. Еңбектің екі қолжазбасы бар. Олар: Санкт-Петербург пен Душанбе қалаларында сақтаулы. ## Дереккөздер
Мырзалытөбе– бекіністі мекен орны. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында. 1936 ж. Жетісу археологиялық экспедиция (жетекшісі А.Н. Бернштам) зерттеген. Қазіргі көрінісі – төрт бұрышты төбе (аумағы 150x200 м). Мырзалытөбеден табылған құты, манқұс сияқты қыш ыдыс сынықтарына, олардың пішіндері мен жасалу тәсілдеріне қарағанда, Мырзалытөбені тұрғындар 9 – 11 ғасырларда мекен еткен. ## Дереккөздер
Мырзашөл – Сырдарияның жоғарғы бойының сол жағын алып жатқан құмды шөл. ## Географиялық орны Солтүстік жағы Түркістан облысы жеріне кіреді. ## Жер бедері Қызылқұмға ұласатын қазақстандық Мырзашөлдің абсолюттік биіктігі 150–250 м келген құм төбелі, белесті жазық. ## Климаты Климаты қуаң континенттік. Қысы жылы, жазы ыстық және ұзақ болады; ауаның орташа температурасы қаңтарда -2,1С, шілдеде 27,9С. Жауын-шашын мөлшері 200-240 мм. Жер асты суының қоры мол (қ. Қызылқұм артезиан алабы). ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Негізінен сұр топырақты келеді, сортаңдау жерлері де кездеседі. Көктемде эфемерлік шөптесін өсімдік қалың өседі, кейін бұлар қурап кетеді де, жазда жусан, жантақ тектес өсімдіктер сақталады. Ақбөкен, қасқыр, түлкі, қарсақ, құмқоян, бауырымен жорғалаушылардың түрлері; құстардан қырғауыл, үйрек, бөдене, дуадақ, тағы басқа кездеседі. ## Игерілуі Мырзашөл өңірін игеру 20 ғасырдың 20-жылдары Түркістан өңірін суландыру және суармалы егіншіліктің аумағын едәуір ұлғайту мақсатында жүргізілген ирригациялық жұмыстардан басталды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Мырзашөл өңірінде Шардара бөгені, Қызылқұм суару жүйесі сияқты жасанды айдындар іске қосылды және бұлардың негізінде Мырзашөл суару-суландыру жүйесі қалыптастырылды. Мырзашөлдегі Мақтаарал, Шардара аудандары республикадағы мақта өсіруші басты алқаптардың бірі. ## Дереккөздер
Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әли (5 қаңтар 1935 жыл, Жымпиты, Орал облысы - 24 қаңтар 2011 жыл, Алматы) — ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі. ## Өмірбаяны Байұлы тайпасының Байбақты руынан шыққан. * 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. * Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. * «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары. * 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі. * «Балауса» баспасының редакторы. * Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі. * Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды. ## Шығармашылық жолы Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. Қадыр Мырза Әлінің көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғүламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударды. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бұрынғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты. Соңғы жылдары ақынның он алты томдық таңдамалары жарық көрді. 2003 жылы Санкт-Петербургтің «Славия» баспасында «Прапамять» атты үлкен бір томдығы орыс тілінде басылып шықты. ### Кітаптары * «Жаңғалақтар» (1960); * «Кішкене қожанасырлар» (1961); * «Данышпан» (1961); * «Ноян-қоян» (1962); * «Алуан палуан» (1963); * «Сабақ» (1964). ### Жыр жинақтары * «Ой орманы» (1965); * «Дала дидары» (1966); * «Ақ отау» (1968); * «Домбыра» (1971); * «Көш» (1973); * «Жерұйық» (1976); * «Алақан» (1977); * «Қорамсақ» (1980, 1981); * «Қызыл кітап» (1983); * «Күміс қоңырау» (1970 — 1985); * «Мәңгі майдан» (1993); * «Биік баспалдақ» (1993); * «Үкілі үзінділер» (1996); * «Алаштың арманы» (2001); * «Жазмыш» (2001); * «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001); * «Иірім» (2004); * «Шырғалаң» (2004); * «Алмас жерде қалмас» (2004). ## Марапаттары * «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы (1966). * «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы (1980). * Әлемдік поэзияға қосқан аса зор еңбегі үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯАС» сыйлығы (1993). * Қазақстанның халық жазушысы (1995). * Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы (2001). * Достық ордені. * Парасат ордені. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Қадыр Мырза Әли Adebiportal.kz сайтында * Қазақтың Қадыры Qazaqstan.tv сайтында * Қоштасулар
Мысқал(орс. золотник)-– Шығыс елдерінде кең тараған салмақ өлшеуіші. Бүкіл араб елдерінде, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Ерте замандарда-ақ мысқалдың дәл баламын өзгеріссіз ұстау үшін оның баламасы ретінде шыны сауыттар жасалған. Қазіргі зерттеулер бойынша олар миллиграмның үштен біріне дейінгі дәлдікпен жасалған. Бұл өз дәуірінің талабын толық қамтамасыз ететін дәлдік, аса шеберлікті қажет ететін зергерлік жұмыс. Сол сауыттарды салмағы бойынша бағалағанда, мысқал шамамен 4,1 г-ға тең. Мысқал негізінен алтын, күміс ақшалар мен құнды заттардың өлшемі ретінде қолданылған. Бірақ ол әр жерде әртүрлі мөлшерде пайдаланылған. Мысырдағы мөлшері шамамен 4,63 г-ға тең болса, Иракта – 4,46 г-ға, Иранда – 4,6 г-ға, Үндістанда – 4,58 г-ға тең болған. Қыпшақтар арасында қолданылған “Азов мысқалы” үшін 4,41 г алынған. Орталық Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында мысқалдың бірнеше түрлері қолданылған. Мысқалдың баламасы Хорезмде 4,45 г, Бұхарда 4,8 г не 5,0 г, Самарқанда 4,46 г алынған. Қазақстанда негізінен Бұхар мысқалы қолданылған. Мысқал соңғы кезге дейін дәрі-дәрмек, бояу мөлшерін анықтау кезінде пайдаланылып келді. ## Сілтемелер * Өлшем бірлігі * Шығыс елдері * Араб елдері ## Дереккөздер
Күшән немесе Күшәла (лат. Arsenic; As) — элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент. Реттік нөмірі 33. As деген таңбамен белгіленеді. Қарапайым зат болып сынғыш металл болып келеді. Оның аты ерте кезде орыс тілінде тышқан өлтіруге қарсы қолданғандықтан оны Мышьяк деп атап кетті. Оны 1789 жылы А. Л. Лавуазье ашқан. Мышьякқа бай орындар ол – Грузия, Орта Азия, сонымен бірге Қазақстанда , АҚШ, Швеция, Норвегия, Жапония, Канада, Ресейде. Мышьяктың қосылыстары және дара түрінде улы болып келеді. Онымен улынған адам басы аурып, іші өтіп, жүйке жүйесі қозады. ## Сілтемелер * Химиялық элементтер тізімі * Химиялық элементтер * Қоспалар * Шикізат ## Дереккөздер
Міртөбе – ортағасырлық қала. ## Географиялық орны Түркістан облысы Түркістан қаласынан 35 км жерде орналасқан. ## Зерттелуі 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н. Бернштам), 1970 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К. Ақышев) зерттеген. ## Сипаты Міртөбе 10 мұнаралы дуалмен қоршалған төрт бұрышты алаң, ауданы 45х45 м, биіктігі 5 м. Солтүстік жағы 20 м-дей еңіс. Алаңқайды қоршаған дуалдың биіктігі 3 м. Сауран қаласын сумен қамтамасыз ететін жер асты кәріз жүйесі аршылды. Кәрізді Сауран тұрғындарына жергілікті дінбасылар уәкілі Мір-Араб сыйға тартқан, осыған орай қала Міртөбе деп аталған. Міртөбедегі кәріздің бұлақтары, Васифидің айтуынша, Саураннан бір фарс жерде болған, оның үстінен қамал салынған. Міртөбе 16 – 18 ғасырларға жатады. ## Дереккөздер
Назаров Филипп Михайлович (1785 – өлген жылы белгісіз) – Ресей этнографы, саяхатшы. 1803 жылы Омбыдағы Азия уч-щесін бітіріп, Петропавл (Қызылжар) бекінісінде 30 жылдай тілмаш болып істеген. Патша өкіметінің арнайы тапсырмасымен 1813 – 14 жылдары Есіл, Сарысу,Шу өзендері, Созақ, Шымкент қалалары арқылы Қоқан хандығына елшілікке барған. Осы сапарында қазақ және өзбек халықтарының өмірі мен тұрмысы жайында жинаған этнографиялық және географиялық мәліметтері негізінде “Ерекше Сібір корпусының аудармашысы, 1813 – 14 жылдары Қоқанға жіберілген Филипп Назаровтың Азияның орталық бөлігінің халқы және жері туралы жазғандары” атты жинақ шығарды (Санкт-Петербург, 1821). Еңбекте қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ауыз әдебиетінің үлгілері және билер үкімі, барымта, саятшылық, күрес, ат шабыс, т.б. жайлы мағлұматтар берілген. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * География * Этнография * Қазақстан өзендері * Қалалар
Мекемтас Мырзахметұлы (9 мамыр 1930 жылы, ОҚО, Түлкібас ауданы, Майтөбеде туған) — Абайтанушы, ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының (1996) жән «Түркі әлеміне қызымет» халықаралық сыйлығының иегері. "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. ## Өмірбаяны Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасы Шымыр руынан. Мекемтас Мырзахметұлы - 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзахмет 1933 жылы қайтыс болды. Анасы 1945 жылы 50 жасында дүниеден өтті. Балалары жетім қалды. Отбасында 12 бала болған, оның бірі ашаршылық кезінде қайтыс болса, енді бірі соғыстан оралмады, қалғандары қылшамен ауырып, науқат болып кетті. Солардан 3 бала ғана аман қалған (ағасы Ордабек 72 жасында дүниеден озды және әпкесі Күләнда орта жастан асқан соң дүниеден қайтты). Мекемтас Мырзахметұлының айтуы бойынша анасы ұзын бойлы, жүдеу, қараторы кісі еді. "Суретке түсу шариғатқа қайшы" - деп суретке түспеген. Балалары жастай шешектен өле бергендіктен, "тастай қатты, бекем болсын" деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты. Анасы қайтыс болғаннан кейін ағайындарының қолында тұрады. 8 жасында мектепке барды, кейін балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленді. 8 сыныпты бітіре сала Тар1948 жылы Ванновқа (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді. ## Еңбек жолы * Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті)нің филология факультетін (1953), оның аспирантурасын (1964) бітірген. * 1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор; * 1969–75 жылдары ҚазПИ-де доцент, 1975–91 жылдары Қазақстан Ғ.А Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. * 1991–2000 жылдары арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі‚ Иасауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зертттеу орталығының директоры; * 2002–2003 жылы Түркітану ғылыми-зертттеу институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан М.Х. Дулат атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және “Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зертттеу орталығының директоры, “Бауыржантану” ғылыми-зертттеу орталығының бас ғылыми қызметкері. ## Ғылыми еңбектері Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, иасауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, Абай мұрасының шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап терең зерттеле бастады. Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Иасауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді. Мырзахметұлы кеңестік кезеңде-ақ патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”, 1993)‚ қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты. ## Шығармалары * «Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіш» (1965), * «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары (1982), * «Абай жүрген ізбенен» (1985), * «Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш» (1988), * «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1993), * «Абайтану тарихы» (1994), * «Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю» (1994), * «Абай және Шығыс» (1995), * «Әуезов және Абай (1996), * «Түркістанда туған ойлар» (1998), * «Түркістан, Тараз арасы...» (2002), т.б. монографиялар, кітаптардың («Абайды оқы, таңырқа», 1993; «Абайтану дәрістері», 1994; «Абайтану дәрістерінің дерек көздері», «Абайды білмек парыз, ойлы жасқа», 1997; ## Мемлекеттік марапаттары * 1996 жылы елбасының жарлығымен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды. * 2001 жылы «Құрмет ордені» мен марапатталды. * 2003 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты (Анкара); * Бауыржан Момышұлының атындағы «Құрмет белгісі» ордені; * «Парасат ордені» мен марапатталған. * 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалі; * «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалі» мен марапатталған (ҚР БжҒ министрлігі); * Бірнеше медалдар мен құрмет грамоталарымен марапатталған. ## Ғылыми атақтары * 1989 жылы Филология ғылымдарының докторы (ғылыми атағы); * 1995 жылы профессор құрметті ғылыми атақтары берілді. ## Дереккөздер
Назарова Тамара Александровна (27.4.1912, Украина, Донецк облысы Бахмут қаласы – 2.7.1983, Семей қаласы) – ғалым, медицина ғылымының доктары (1958), профессор (1959), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1969). Харьков медицина институтын бітірген (1955).1955 – 83 жылдары Семей медицина институтында патофизиология кафедрасының меңгерушісі, институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры (1958 – 63), ректоры (1963 – 74) болды. Негізгі ғылыми еңбектері патофизиология мәселелеріне арналған. Назарова Тамара Александровна шок (кенет естен тану), есеңгіреу салдарынан болатын мидағы патофизиологиялық өзгерістерді анықтады. Қан орнына құйылатын арнайы ерітіндіні жасады (ерітінді соғыс кезінде жаралы жауынгерлерді емдеуге қолданылды). Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Медицина * Ғылым * Қазақстан * Патофизиология
Найып ( арабша – орынбасар, уәкіл, мирасқор) – 1) ортағасырлық мұсылман мемлекеттерінде (Араб халифаты, Алтын Орда, т.б.) аймақ билеушісі; 2) Шәміл имамдығында (Солтүстік Кавказ, 19 ғасыр) белгілі бір аумақта әскери-әкімш. билікті жүзеге асырушы, оның уәкілі; 3) Шығыстың кейбір елдерінде белгілі бір басшының немесе дін басының орынбасары, кейде жергілікті полиция немесе ауылдық қауым басшысы; 4) Осман сұлтандығында шариат сотының төрешісі, Жоғарғы сот қазысының орынбасары қызметін атқарған. ## Сілтемелер * Ислам * Мұсылман * Арабтар * Қазақтар * Осман империясы ## Дереккөздер
Найза– жақын қашықтықта, бетбе-бет шайқаста түйреу мақсатында қолданылатын қарудың түрі. Ерте заманнан бері әлем халықтарының көпшілігі соғыс және аң аулау кезінде қолданған. Алғашқыда ұшы ұшталған таяқтан жасалды, бертін келе ұзындығы 1,5 – 2 м-ге дейін жететін ағаш сапқа тастан немесе сүйектен, металдан үшкір ұш орнатылған түрлері шықты. Найзаның ұзын сапты, екі басы үшкір, сауытты бұзуға арналған түрі – “сүңгі” деп аталады. Сүңгілердің ұзындығы 3 – 3,5 м-ге дейін жетеді. Ерте замандарда көшпелі түркі халықтарында лақтыруға арналған қысқа Найзалар – “жылда” да болған. Ұшының қырлануына қарай Найза сегіз қырлы, төрт қырлы деген түрлерге бөлінген. Сынбас үшін сабын тарамыспен орап, темір шығыршықтармен бекітеді. Найзаға жауынгерлер әр түрлі дәрежеде белгі ретінде қыл шашақтар, жалаулар таққан. ## Сілтемелер * Әдебиет * Батыр * Жоңғар шапқыншылығы * Дастан ## Дереккөздер
Атжомарт Мырзамәдиев (1927 – 2005) – гистолог-ғалым, биология ғылымдарының докторы (1966), профессор (1970), Қазақстан Академиясының академигі (2003). Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген (1950). 1950 – 62 жылы осы институтта, 1962 – 95 ж. Қазақстан Академиясының Эксперименттік биология институтында ғылыми-педагокикалық және басшылық (1988 – 93 жылдары директоры) қызметтер атқарды. 1995 жылдан Қазақстан Академиясының Зоология институтында қызмет істейді. Мырзамәдиевтің негізгі ғылыми еңбектері цитология және цитогенетика мәселеріне арналған. Ол алғаш рет электрондық микроскоппен әрбір метафазалық хромосомаға ультрақұрылымдық сипаттама беріп, тұтас хромосомды зерттеудің идентификациясынжасады. Қазіргі кезде оның жасаған метафазалық хромосомалардың тотальдік препараттарын зерттеу әдістері көптеген шетелдік лаборотияларда қолданылады. Ол мал миының нейрондары дифференциясының (өсуінің) толық аяқталу мерзімін анықтады. Электрондық микроскоппен зерттеу әдісін қолдана отырып, кроссбред қойларына тән гетерозис құбылысының механизмін ашты. Оның жетекшілігімен адамдар мен мал хромосомасының субклеткалық құрылысы және қой жүнінің өсуі гистохимиялық тұрғыдан зерттелді; жаңа туған қозыларда болатын тұқым қуалаушылық ауытқулар хромосомалық ауытқуларға (аберрацияға) байланысты екені анықталды. Мырзамәдиев “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған. ## Дереккөздер ## Cілтемелер * Гистохимия * Хромосома * Нейрондар
Нартай Бекежанов(26 наурыз 1890 жылы, қазіргі Шиелі ауданы, Қызылорда облысы – 17 желтоқсан 1954 жылы, Алматы) – ақын, композитор, әнші. Бай - молдаларды шенеген (“Сараң байға”, “Мырзалық емес”), барымта әмеңгерлікті әшкерелеген. (“Жесір дауы”), жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақындар айтысында Н. Баймұратовпен,Қ. Байболовпен өнер сайысына түсті. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер (“Толқын”, “Нартай сазы”, “Өсиет терме”) шығарды. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Оның өмірбаяны туралы Мұхамеджан Рүстемов “Нартай” повесін жазды. 2010 жылы Қазақстанда туғанына 120 жыл болуына байланысты мерейтойы аталып өтті. ## Өмірі Арғын тайпасы Қаракесек руының Шұбыртпалы бөлімінен шыққан.Анасы Бақтыгүл, ағасы Мансұр ақын болған. Сауықшыл ауыл дәстүрін өнеге тұтқан өнерлі бала он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркем-өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театр да ән шырқап, жыр толғайды. «Қызыл Москва» деген толғауы осы тұста шығарылды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен өнер сайысына түседі. 1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады. ## Еңбегі Шығармаларының жинағы екі дүркін жеке кітап болып басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Өсиет» деген атпен өлеңдер, дастандар, айтыстар енген жинағы жарық көрді. ## Жетістіктері «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы (1939) берілген. ## Дереккөздер
Народное Хозяйство Казахстана” – өндірістік-экономикалық журнал.Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитетінің органы болды. 1926 жылы негізі қаланды. 1941 жылы шілдеде жабылып, 1958 жылдың қаңтарынан қайта шыға бастады. Журнал өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым мен техника, қаржы және бюджет, кадр даярлау, экономикалық білім мәселелерін көтерді. ## Сілтемелер * Газет * Айқап * Қазақ * Журнал ## Дереккөздер
Нарын жотасы – Оңтүстік Алтайдағы таулы жота. ## Географиялық орны Абай облысы Көкпекті ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Жота батыстан шығысқа қарай 130 км-ге созылып жатыр. Ең биік жері шығыс бөлігінде (абсолюттік биіктігі 2533 м). Нарын жотасы Күршім және Нарын өзендерінің суайрығы саналады. Жотаның баурайынан Құрғаққайыңды, Жіңішке, Күршім, Нарын, Қиынсу, Қумырза, Маралды, Озерная, т.б. өзендер бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Жота палеозой эрасының конгломераттарынан, әктас, құмтас, тақтатас, туф, порфирит және интрузивті граниттерден түзілген. Жер қойнауында түсті металл кентастарының кен орындары барланған. ## Өсімдігі Өсімдік жамылғысында 600 м-ден 1300 м-ге дейінгі биіктікте бетеге, жусан, т.б. далалық өсімдіктер, 1300 м-ден жоғарыда (солтүстік беткейінде) қайың, көктерек, одан жоғарыда шырша, самырсын, тау басында альпілік шалғын өседі. ## Дереккөздер
Нарын құмы – Каспий маңы ойпатының солтүстік-батыс бөлігінде, Еділ мен Жайық өзендері аралығында орналасқан. ## Географиялық орны Әкімшілік тұрғыдан Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет аудандары және Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы, Жаңақала және Ақжайық ауданының оңтүстік бөлігін қамтиды. ## Жер бедері мен геологиялық құрылымы Аумағы 40 мың км2. Құмды өңір орта есеппен теңіз деңгейінен 21 м төмен жатыр. Өңір Каспий теңізінің Хвалын және Хазар кезеңдерінің шөгінділерінен түзілген. Неоген, пермь-триас жыныстары да кездеседі. Батпайсағыр, Теректіқұм, Жаманқұм, Орда, Бұзанай, Қосдәулет, Ментеке массивтерінен тұрады. Солтүстік-шығысын Қамыс-Самар жайылмасы алып жатыр. ## Климаты Климаты тым континенттік, қаңтар айындағы орташа темпертурасы –10,4 – 12,2 °С, шілдеде 24,9 – 25,5 °С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 214 – 246 мм. Қардың қалыңдығы 10 см-ден аспайды. Жерге түскен ылғалдың булану мөлшері жауын-шашыннан 5 – 6 есе артық. Аңызақ жел, шаңды дауыл жиі соғады. Тұрақты ағатын өзен-жылғалары жоқ. Жер астының тұщы су қоры (1,5 – 2 м тереңдікте) мол. Құдықтар мен шұратты жерлер көп. Қараөзеннің және Сарыөзеннің көктемгі жайылма ағыны кейде Нарын құмының солтүстік жағын суландырады. ## Топырақ жамылғысы, өсімдіктері мен жануарлары Топырақ жамылғысы негізінен бозғылт қоңыр, құмдақты-саздақты, сортаңды сұр топырақтан тұрады. Еркекшөп, жүзгін, қияқ, құмаршық, ойыстау жерлерінде жыңғыл, терек, қандыағаш, көктерек өседі. Киік, қоян, қарсақ, дала күзені, т.б. кездеседі. Нарын құмы аумағында Орда геоботаникалық қорықшасы орналасқан. ## Дереккөздер
Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов (1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылы - 08.07.2021, Алматы) — қазақстандық кинорежиссер, жазушы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005). Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері (1996). ## Өмірбаяны Жетіру тайпасының Тама руынан шыққан. * Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын (1969 жылы) бітірген. * 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген. * 1969 жылдан “Қазақфильм” студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. * 1970 жылдан - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері. * 2005 жылдан бері - Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі. ## Қоғамдық қызметі * Жан Виго атындағы Халықаралық кпубтың мүшесі (Париж қаласы). * КСРО Жазушылар одағының мүшесі. * ҚР Жазушылар одағының мүшесі. ## Сценарийлері * балаларға арналған “Шоқ пен Шер” фильмінің сценарийін (1971 жылы) жазды. ## Режисерлігі * “Құрманғазы” атты деректі фильмін (1972 жылы) * “Зауал” (1981 жылы) * “Күзгі бұралаң жол” (1984 жылы) қысқа метражды фильмі * “Ұрын келген күйеу” (1987 жылы) * “Созақтан шыққан Гамлет” (1990 жылы) * “Көзімнің қарасы” * “Жас аккордеоншының өмірбаяны” (1994 жылы, Анапа қаласында өткен 3-Бүкілресейлік “Кино-Шок” кинофестивалінің жүлдесі, Халықаралық кинофестивалі жюриінің дипломы, Франция, Анже (1995 жылы); Француз кино өнері академиясының сыйлығын (1996 жылы), тағы басқа) * “Омпа” (1998 жылы) * тағы басқа көркем фильмдерді қойды. ## Кітаптары * “Тентек” (1968 жылы) * “Ассалаумағалейкум, Атлантида!” (1981 жылы) атты повесть, әңгімелер жинақтары жарық көрген. ## Марапаттары * Анапа қаласында өткен 3ші Бүкілресейлік «Кино-Шок» кинофистивальінің жүлдегері; * 1995 жылы Францияның Анже қаласында өткен Халықаралық кинофистивальінің қазылар алақасының құрметті грамотасының иегері; * Фрацуз кино өнері академиясының «Жорж Сэдуль» атындағы құрметті сыйлығының иегері; * 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; * 1996 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат «Құрмет ордені» берілді. * 2000 жылы Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері. * 2005 жылы президент жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен марапатталды. * 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі; * 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігініе 25 жыл» медалі. ## Отбасы * Жұбайы - Ізмағанбетова Ізтөле, марқұм, драматург, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы анимациялық фильмдер бірлестігінің жетекшісі болған. * Ұлдары - Нарымбетов Асқар-Мұхит (1968 жылы туған), кинорежиссер; Нарымбетов Ескендір (1977 жылы туған), кинооператор. ## Дереккөздер
Науакент, Навакет – Шу алқабында орналасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық әйгілі қалалардың бірі. 7 ғасырдағы қытай деректерінде Науакент (Синчень – жаңа қала) Батыс Түрік қағандығының соңғы қағанының ордасы болғаны айтылады. Ол Ыстықкөлдің жағасындағы Суяб қаласына жақын орналасқан. Ірі сауда орталықтарының бірі болған бұл қалада соғды саудагерлері көп тұрған. Ол туралы 8 ғ-дың басындағы соғдылар билеушісі Деваштич архивіндегі құжаттардың бірінде айтылған. Парсы деректері бойынша Науакент Түрік қағанының ялан шах дәрежесін алған бауыры билеген қала. Қала бір мезгілде 20000 жауынгер жасақтай алған. 10 ғасырдағы Худуд әл-Әламның географиялық шығармасында “Науакент Ұрын-Ардж тауының маңында орналасқан, бұрын қала болған, қазір қираған және қарақшылардың ордасына айналған” делінеді. Кейбір деректерде “Қашқар мен Науакет” митрополиттері туралы айтылады. Соған қарағанда, қалада христиан дінінің өкілдері де тұрғандығы байқалады. Археологиялық зертеулер нәтижесінде Науакент орны Бішкек қаласынан шығысқа қарай 40 км жердегі Қызыл өзен қалашығы екендігі анықталған. Қалашық “ұзын қорғанды қалашықтар” тобына жатады. Топографиясы жағынан цитадель, екі шаһристаннан және зираттан тұрады. Қалашықтың әр түрлі жиіліктегі ғимараттардың іздері сақталған аймағының жалпы көлемі 20 км², орталық бөлігінің кешені 100 га. ## Дереккөздер
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев (6 шілде 1940 жыл, Шамалған ауылы, Алматы облысы) — кеңестік және қазақстандық саясаткер, мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Республикасының бірінші президенті (1991–2019) және Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының соңғы басшысы (1989–1991). 2010 жылдан бері 2023 жылға дейін Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті — Елбасы ресми мәртебесіне ие болды. Бұрын Назарбаев Қазақстан Конституциялық Кеңесінің мүшесі (2019–2023), Нұр Отан ХДП төрағасы (2007–2022), Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы (1995–2021), Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы (1991–2022) лауазымдарының иесі болған. Қазақстан тәуелсіздігіне және өзінің президенттігіне дейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы (1984–1989), КОКП ОК мүшесі (1986–1991), КОКП ОК Саяси бюро мүшесі (1990–1991), Қазақстан КП ОК хатшысы (1974–1984), Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы (1989–1991), КСРО Жоғарғы Кеңесінің 10–11-шақырылымының Солтүстік Қазақстан облысынан депутаты (1979–1989), КСРО халық депутаты (1989–1991), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1990), Қазақ КСР президенті (1990–1991). Назарбаевтың президенттігін саясаттанушылар және бақылаушылар жеке басына табынуы бар, авторитарлық, непотистік диктатура етіп сипаттайды. ## Өмірбаяны ### Еңбек жолының бастауы Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысының Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында Әбіш (1903–1971) пен Әлжанның (1910–1977) отбасында дүниеге келді. 1957 жылы Қаскелең қаласында Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді. Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына бүкіл одақтан комсомолдарды жинап жатқанын естіп, Нұрсұлтан Назарбаев металлург болуға бел буды. 1958 жылдың алғашқы екі айында Қарағанды облысында Теміртау қаласынан 15 км жердегі Токаревка ауылында жатақханада тұрды. Украинаның Днепроджерсинск қаласындағы Днепр металлургиялық зауытындағы №22 Кәсіптік-техникалық училищеде оқып, 1960 жылы тәмамдады. 1960 жылы Теміртау қаласында «Казметаллургстрой» трестінің құрылыс басқармасына жұмысшы болып орналасты. 1960 жылы 3 шілдеде Қазақстан және Орталық Азиядағы алғашқы домна пеші іске қосылды, Назарбаев алғашқы қазақстандық шойын қайнатуға қатысты. Содан кейін Қарағанды металлургиялық комбинатында құю машинасының шойыншысы, домна пештің горновойы, домна цехтың диспетчері, газшысы, аға газшысы болып істеді. 1967 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатындағы Жоғарғы техникалық оқу орнын бітірді. 1969 және 1973 жылдары Теміртау қаласында партиялық комсомолдық қызмет атқарды. 1973–1978 жылдары Қарағанды металлургиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы болды. Турасын айтқанда Назарбаев кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлға еді. Бұл жерде 30 мың адам жұмыс істейтін. Назарбаев естеліктерінде менмен амбициясының болмағанын, басқарушы лауазымдарға құмар болмағанын айтады, бірақ жас күнінен әрқашан да бірінші болу керек деген дағды қалыптасқан. Осы кезеңде ол басшы ретінде цех басшылары мен министрлерге дейін қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады. 1978–1979 жылдары партияның Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болды. 1979 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып тағайындалды. 1984–1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, ал 44 жасында одақ республикалары арасындағы ең жас басшы атанды. 1986 жылғы желтоқсанда республика астанасы Алматы қаласында ереуіл басталды. Оған Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысының қызметіне Дінмұхамед Қонаевтың орнына бұрын-соңды Қазақстанда тұрмаған Геннадий Колбин сайланғаны түрткі болды. Жастар ереуілі аяусыз жаншылды, оқиға қатысушылары қудаланды, тек 1989–1991 жылдары ғана қайта қаралды. 1989–1991 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы. 1989–1992 жылдары КСРО халықтық депутаты. Сол уақытта 1990 жылғы ақпан-сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы. 1990 жылғы 14 шілде мен 1991 жылғы 23 тамыз аралығында КОКП ОК Саясибюро мүшесі. КОКП Орталық ревизиялық комиссиясының мүшесі (1981–1986). КОКП ОК мүшесі (1986–1991). ### Президент сайлануы, 1990 жылдар 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ КСР президенті лауазымы құрылып, оған Нұрсұлтан Назарбаев лайық деп табылды. 1991 жылғы жазда Михаил Горбачёв пен Борис Ельцин жаңа одақтық келісімшартқа қол қою барысында Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер одағы үкіметінің төрағасы лауазымын иеленетін болды, алайда ТЖМК Тамыз бүлігі бұған кедергі келтірді. Назарбаев КСРО-ны конфедерацияға айналдыруды қолдады. 28 тамызда Қазақстан КП ОК пленумында президент Назарбаев КОКП-дан шығатыны туралы мәлімдеді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бір ғана үміткердің қатысуымен Қазақ КСР-інің тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Назарбаев сайлаушылардың 98,7%-ын дауысын иеленді. 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауы Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылдады, ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болды. 5 күн өткен соң осы статусымен КСРО-ның тарағанын растайтын ТМД мақсаттары мен принциптерінің Алма-Ата декларациясына қол қойылды. 1995 жылғы 29 сәуірде өткен референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылғы 10 қаңтарда Назарбаев 79,78% дауыспен президент болып сайланды. ### 2000–2010 жылдар 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлауда Назарбаев Қазақстан президенті болып қайта сайланды, сайлауда 91,15% дауыс жинады. 2010 жылғы 15 маусымда Елбасы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті мәртебесі ресми бекітілді. 2010 жылғы 23 желтоқсанда Өскеменде өткен форумда ел президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс айтылды, ол үшін жалпыреспубликалық референдум өткізу керек еді. Ұсыныс білдірушілердің бірі – Олжас Сүлейменов болатын. Көп ұзамай 2011 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республика парламентінің Қазақстан Республикасы Конституциясына қазіргі президенті өкілеттігін 2020 жылғы жалпыхалықтық сайлауға дейін ұзарту бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдумға салу туралы ұсынысынан бас тартты. Бірақ қол жинау тоқтаған жоқ, сөйтіп 2011 жылғы 13 қаңтарда осы бастаманы қолдап 5 миллион 16 мың қол жиналды. 2011 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Парламенті Конституцияға түзету енгізуді бірауыздан қабылдады. 31 қаңтарда Қазақстан Конституциялық кеңесі сайлауды референдумға ауыстыру туралы заңды конституцияға сай емес деп тапты. Сол күні халыққа жолдауында президент Конституциялық кеңестің шешімін қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынды. 3 сәуірде мерзімінен бұрын өткен сайлауда 2016 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы есебі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев 95,5% дауыс жинады. Конституция бойынша бір тұлға екі реттен артық қатарынан сайлауға қатыса алмайды, бірақ бұл шектеудің Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қатысы жоқ. 2015 жылғы наурызда Назарбаев 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауына қатысуға үміткер ретінде тіркелді. Сайлауда 97,75% дауыс жинады. ### Қызметін доғаруы 2019 жылғы 19 наурызда 2019 жылғы 20 наурыздан бастап президенттік өкілеттігін өз қалауымен өткізетін қаулы қабылдады. Халыққа үндеуінде Назарбаев: – деп жариялады. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша президент өкілеттігі Парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріледі, ол 20 наурызда Қазақстан парламенті қос палатасының біріккен отырысында ант берді. Бұдан кейін Назарбаев елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі және «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазамын сақтап қалды. Сонымен қатар Тұңғыш президент қоры аясында қоғамдық қызметпен айналысуды жалғастырды. 2019 жылы қор «Ел үміті» және «Қамқорлық» жастарды қолдау жобаларын жүзеге асыра бастады. Біріншісі – өзгерістерді басқару бойынша жас менеджерлерді дайындауға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар әлемнің озық университеттері мен компанияларында білім алуға мүмкіндік алды, сондай-ақ олардың тәлімгері ретінде әрекет ететін үкімет, отандық және халықаралық сарапшылармен тікелей байланыс орната алады. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ауруханаларда оңалту орталықтары, мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жылына 5 мыңға жуық балаға тегін кешендік оңалту жүргізеді. 2020 жылғы маусым-шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен ауырды. Коронавирус пандемиясы тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз біргеміз!» ұлттық акциясы бастама алды, оның аясында 2,3 миллион азаматқа көмек көрсетілді: мұқтаж отбасыларға азық-түлік, медицина қызметкерлеріне еріктілер көмегі беріліп, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қашықтан оқытуға компьютер алынды. 2021 жылғы 28 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы өкілеттегін өткізді. Оны Н.Назарбаев 1995 жылдан басқарған еді, жалпықазақстандық социумға барлық этноәлеуметтік топтарды біріктіруді жалғастыру қажеттігін алға тартты. Назарбаевқа «Ассамблеяның құрметті төрағасы» атағы берілді. 2021 жылғы сәуірде Назарбаевтың бастамасымен «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Акция барысында Нұрсұлтан Назарбаев және «Дегдар» қайырымдылық қоры тұрмысы нашар, көпбалалы, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған, Ұлы Отоан соғысының ардагері бар отбасыларға көмек көрсетеді. 681 мұқтаж отбасының әрқайсысына салмағы 132 кг тауар берілді. ### Елбасы лауазымы және басқа да мәртебелерінен айырылуы 2023 жылғы қаңтарда Назарбаев отставкасынан бері иелеген «құрметті сенатор» лауазымынан айырылған. Келесі күні Парламенттің екі палатасының шешімі бойынша «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» өз күшін мүлдем жоғалтты. Нәтижесінде экс-президент пен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылуды тоқтатты, пәтер мен мемлекеттік саяжай жеке меншікке берілмей, қажетті қызмет көрсетумен, жеке күзетпен, жүргізушілері бар жеке автокөлікпен, ел бойынша тегін жол жүрумен, медициналық қызмет көрсетумен және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етілуі тоқтатылды. Парламент төрағасы Мәулен Әшімбаев осы өзгерістердің себебін «2022 жылғы конституциялық референдумның нәтижесі, «халықтың шешімі» деп айтып кеткен. Алайда басқа дереккөздер оның себебін 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасын» атаған. Назарбаевтың бірнеше мәртебесінен айырылуына қарамастан оның бірнеше артықшылықтары да қалған еді, мысалы ол президент кезіндегі істері үшін жауап бермейді, оған мемлекет есебінен қызмет көрсету және күзет беру қарастырылған, және т.б.. 2023 жылғы 1 маусымнан бері Назарбаевты қорғайтын мемлекеттік күзет өз қызметін тоқтатты. ## Отбасылық жағдайы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі Сара Қонақай (1941 жылы туған) — инженер-экономист. Халықаралық Бөбек қорының негізін қалаушы және президенті, SOS Қазақстанның балалар ауылдары қорының президенті, тұңғыш бірінші ханым. Нұрсұлтан мен Сара Назарбаевтардың некесінен үш қыз туған. * Үлкен қызы Дариға Назарбаева (1963 жылы туған) — Мәжілістің III (2004–2007), V (2012–2015), VII (2021–2022) және Сенаттың VI сайланым депутаты, Парламенттің төрағасы (2019–2020), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының директоры (2007 жылдан бастап), Асар партиясының төрайымы (2003–2006), «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ және Астана Опера кеңесінің төрайымы. Бірінші күйеуі (некеде 1983–2007, ажырасқан) Рахат Әлиев (1962–2015) — Аустриядағы (2002–2005, 9 ақпан 2007–26 мамыр 2007), Македониядағы, Хорватиядағы, Сербиядағы, Черногориядағы және Словениядағы елші (2002–2005), Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. Екінші күйеуі (2013 жылдан бастап) Қайрат Қаматайұлы Шәріпбаев (1963 жылы туған) — «ҚазТрансГаз» (2014–2015, 2020–2022), «QazaqGaz» (2020–2022), Қазақстан темір жолы (2005–2006) бас директоры.Үлкен ұлы Нұрәлі Рахатұлы Әлиев (1985 жылы туған) — «Еуропа плюс Казахстан» (2007 жылдан бастап), «Транстелеком» (2023 жылдан бастап) және «Нұрбанк» АҚ (қараша–желтоқсан 2008) Директорлар кеңесінің төрағасы, альпинизм федерациясының (2017 жылдан бастап), «Hit TV» арнасының (2006–2007) және «Қант орталығының» (2004–2006) президенті. Байлығы 220 000 000$ бағаланған. Әйелі (2003 жылдан бастап) Аида Берікқызы Әлиева (Берік Имашевтың қызы) (1984) — Arte Di Casa жиһаз компаниясына иелік етеді және бірнеше адамдармен бірге «Janum» қоғамдық бірлестігін құрды. Балалары: Лаура (2003), Алаң (2005), Амира және Әнуар.Ортаншы ұлы Айсұлтан Назарбаев (1990–2020) — Рахат (2006), Қайрат (2007), Астана (2011), Сұңқар футбол клубтарында (2012) ойнаған. Әйелі (2013–2020, ажырасқан) Әлима Қайратқызы Боранбаева (Қайрат Боранбаевтың қызы) (1993 жылы туған) — Лондондағы Courtauld Institute of Art өнер институтының түлегі. Балалары Сұлтан (2010) мен Амели (2016).Қызы Венера Рахатқызы Әлиева (2000 жылы туған) — SCI CDG Garden House компаниясының 99,99% иелік етеді. 11 жасында қазақ-орыс-неміс «Байқоңыр» фильмінде шопанның қызы ретінде эпизодтық рөлді сомдаған. Күйеуі (2018 жылдан бастап) Дален Шайжүнісов (1995) (Жақия Шайжүнісовтің немересі). * Үлкен ұлы Нұрәлі Рахатұлы Әлиев (1985 жылы туған) — «Еуропа плюс Казахстан» (2007 жылдан бастап), «Транстелеком» (2023 жылдан бастап) және «Нұрбанк» АҚ (қараша–желтоқсан 2008) Директорлар кеңесінің төрағасы, альпинизм федерациясының (2017 жылдан бастап), «Hit TV» арнасының (2006–2007) және «Қант орталығының» (2004–2006) президенті. Байлығы 220 000 000$ бағаланған. Әйелі (2003 жылдан бастап) Аида Берікқызы Әлиева (Берік Имашевтың қызы) (1984) — Arte Di Casa жиһаз компаниясына иелік етеді және бірнеше адамдармен бірге «Janum» қоғамдық бірлестігін құрды. Балалары: Лаура (2003), Алаң (2005), Амира және Әнуар. * Ортаншы ұлы Айсұлтан Назарбаев (1990–2020) — Рахат (2006), Қайрат (2007), Астана (2011), Сұңқар футбол клубтарында (2012) ойнаған. Әйелі (2013–2020, ажырасқан) Әлима Қайратқызы Боранбаева (Қайрат Боранбаевтың қызы) (1993 жылы туған) — Лондондағы Courtauld Institute of Art өнер институтының түлегі. Балалары Сұлтан (2010) мен Амели (2016). * Қызы Венера Рахатқызы Әлиева (2000 жылы туған) — SCI CDG Garden House компаниясының 99,99% иелік етеді. 11 жасында қазақ-орыс-неміс «Байқоңыр» фильмінде шопанның қызы ретінде эпизодтық рөлді сомдаған. Күйеуі (2018 жылдан бастап) Дален Шайжүнісов (1995) (Жақия Шайжүнісовтің немересі). * Ортаншы қызы Динара Құлыбаева (1967 жылы туған) — Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының (қазіргі NNEF) директоры, Қазақстан-Британ техникалық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы. Күйеуі (1990 жылдан бастап) Тимур Құлыбаев (1966 жылы туған) — Қазақстан темір жолы, «Самұрық-Энерго» (2009–2011), Қазатомөнеркәсіп (2008–2012), ҚазМұнайГаз (2006–2007, 2009–2012), KEGOC (2006–2007, 2008–2011) Директорлар кеңесінің төрағасы. Екеуінің байлығы жеке-жеке 5 000 000 000$ бағаланып, Құлыбаевтардың байлығы 10 000 000 000$ бағаланды.Балалары — Алтай Асқар (1990), Дениза Асқар (2004), Нәби Назарбаев (2008), Алишия Асқар (2010). * Балалары — Алтай Асқар (1990), Дениза Асқар (2004), Нәби Назарбаев (2008), Алишия Асқар (2010). * Кіші қызы Әлия Назарбаева (1980 жылы туған) — «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің төрағасы (2021 жылдан бастап), Қоршаған ортаны қорғау ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы (2017–2022). Бірінші күйеуі (некеде 1998–2001) Айдар Асқарұлы Ақаев (1976–2020) Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың баласы. Екінші күйеуі (2002–?) Данияр Пернебекұлы Хасенов (1979 жылы туған) — Қазақстан темір жолы Басқарма мүшесі. «LOKOMOTIV» Астана футбол клубында ойнаған. Үшінші күйеуі (некеде 2015–2023) Димаш Ғабитұлы Досанов (Сәбит Досановтың жиені) (1981 жылы туған) — «Қазақстан-Қытай құбыры» (2014-2016), ҚазТрансОйл (2016–2022) бас директоры.Балалары — Тиара Назарбаева (2007), Алсара Хасенова (2011), Алдияр (2016) және Айлана (2018). * Балалары — Тиара Назарбаева (2007), Алсара Хасенова (2011), Алдияр (2016) және Айлана (2018). Азаттық радиосы сияқты оппозициялық дереккөздердің болжауынша Назарбаевтың бейресми әйелі (1996–?) Гүлнар Оразқызы Рақышева (1970 жылы туған) — «ФИРМА ШАРМ», «Sergio group», «Мой сервис» компанияларының иесі. Болжау бойынша бұл некеден екі қыз туылған (туылған жылдары 2000-жылдардың басы), бірақ Гүлнар Оразқызы 2004 жылы Испанияға көшкеннен кейін қыздарының аты-жөнін өзгертіп тастаған. Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Тілектесқызы (Құрманбаева) Исабаева (29 қазан 1980) — Мисс Қазақстан 1999, «Астана Балет» театрының және «Қазақ ұлттық хореография академиясының» Арт-директоры. «Астана Балет» пен «Almaty Theatre» театрларының құрылтайшысы.2-некеден: * Үлкен ұлы Тауман Нұрсұлтанұлы (2005). * Кіші ұлы Байкен Нұрсұлтанұлы Нұрсұлтан (2008). Ресми мәлімет бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев жастайынан он екі атасына дейінгі шежірені жатқа білетін: Әбіш, Назарбай, Еділ, Кембаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай, Алтынай, Есқожа, Малды-Ыстық, Шапырашты, Жалманбет, Бәйдібек. Нұрсұлтанның сегізінші атасы Қарасай батыр болған, 1640–1680 жылдары жоңғарлармен шайқаста көптеген ерлік көрсеткен. Нұрсұлтанның атасы Назарбай би болған, Қазақстанның Орталық мұрағатындағы құжат бойынша 1880 жылдары дәулетті адам. Сонымен қатар Назарбаев бала күнінен анасының да жеті атасын жақсы білген: Әлжан (1910–1977), Бұхарбай (Бұқа), Жатқанбай, Кенебай, Олжабай, Ізбасар, Жолай, Тығыр, Жалмамбет, Жаныс, Дулат. 1991 жылы жарық көрген «Без правых и левых» еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазады: Ауыл шаруашылығымен айналысатын Әбіш пен Әлжанның отбасында дүниеге келді. Ұлы жүздің Шапырашты руынан шыққан. Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі Әбіш 1903 жылы Алатау баурайында Назарбайдың отбасында туылған. Әбіш Назарбаев 1971 жылы көз жұмды. Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аулында молданың отбасында дүниеге келген, ол да 1977 жылы дүниеден озды. Анасы Дулат руының ішінде Жаныс елінен, одан Бесқалмақтан тарайды. * Бауыры — Сатыбалды Назарбаев (1947–1981). * Бауыры — Болат Назарбаев (1953–2023) * Қарындасы — Әнипа Назарбаева (1950). ## Саяси көзқарасы ### Сыртқы саясат Назарбаевтың президент ретінде қабылдаған бастамаларының бірі – Семей ядролық полигонын жауып, ізінше әлемде 4-орын алатын ядролық қару арсеналынан бас тартты. Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттар мен институттардың белсенді қатысушысына айналды. 1990 жылдары президент Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы қырын жариялады, яғни халықаралық істерде маңызды роль атқаратын кез келген мемлекетпен достық қарым-қатынасты дамыту. Президенттік жылдарында Қазақстан 130 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Аймақтық интеграция аясында Назарбаев бұрынғы КСРО мемлекеттерінің экономикалық-сауда қарым-қатынасын жандандыруға күш салды, Еуразия экономикалық одағының экономикалық маңызын алға тартты. Қазақстан халықаралық ұйымдардың қызметіне белсене араласты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына бірінші күннен-ақ белсене кірісті, ал 2010–2011 жылдары оған төрағалық етті. 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017–2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі боп тағайындалды. 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры Astana Club халықаралық пікірталас алаңын ұйымдастырды, мұнда жыл сайын әлемдік және еуразиялық аймаққа ықпал ететін жаһандық тенденциялар мен түйткілдердің шешімін талдау мақсатында саяси қайраткерлер, дипломаттар және АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің аналитикалық орталықтарының сарапшылары жиналады.. 1987 жылы Назарбаев Қарабақ қақтығысы, 2014 жылғы Украина дағдарысы, Сирия бойынша Астана процесі және басқа да халықаралық қақтығыстар тұсында бейбіт бітімші ретінде әрекет етті.. 2011 жылы Назарбаев жаңа G-Global коммуникациялық алаңын құруды ұсынды, себебі оның ойынша G-20 және G-8 форматы әлемдік антикризистік жоспарды шешпеді. G-Global идеясы мынада, әлемдік мәселелердің тағдырын мейлінше көп ел мен планета азаматтарының қатысуымен демократиялық принциптер негізінде өткізген абзал. Осы мақсатта мемлекет көшбасшылары мен сарапшылар және олардың жауаптарын қамтитын мәселелерді талқылау үшін интернетте халықаралық ақпараттық-коммуникациялық платформа құрылды. 2017 жылы Астанада 112 мемлекеттің қатысуымен баламал энергетика тақырыбына арналған Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Көрме аяқталған соң оның орнына «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды. ### Әлеуметтік-экономикалық даму КСРО құлаған соң 4 жылдың ішінде Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі екі есе қысқарды, ауылшаруашылығы 30 пайызға қысқарды, көптеген ірі кәсіпорындар жабылды. Қазақстанды басқарған жылдары ел экономикасының көлемі (ЖІӨ) 15 есе өсті, халықтың табысы доллармен есептегенде 9 есеге артты, кедейлік 10 есеге яғни 90 пайызға азайды. 2018 жылы жалпы өнеркәсіптік көлемде өңдеу секторы 40 пайыздан асты. Қазақстанда баспанамен қамту көлемі жылына 10 миллион квадрат метрден асып түсті, бір адамды баспанамен қамту 21,8 м квадратқа өсті. 1997 жылы президент «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жасақтады. Оның басты мақсаттарының бірі – шетелдік инвестиция мен ішкі қордың үлесі жоғары болатын ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсім. Президенттің басшылығымен Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. 1993–2006 жылдары Қазақстан 51,2 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты (Орталық Азиядағы инвестицяның 80%-дан астамы). Макроэкономикалық тұрақтылықты қамту мақсатында елдің мұнайдан түскен табысының жартысын жинау есебінен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылды. Назарбаев астананы Алма-ата қаласынан Астанаға көшіруді қолдады. 1995 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» қаулы қабылдады, оған сәйкес жоғарғы және орталық билік органдарын Ақмола қаласына көшіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. 1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстан астанасы болып бекітілді, ал 1998 жылғы 6 мамырда қаланың атауы Астана деп өзгертілді, 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп аталды. Түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таза сөйлеуі үшін білім саласында үш тұғырлы тіл қағидасы жарияланды. 1993 жылы президент «Болашақ» білім беру бағдарламасын ашты, оның аясында мектеп түлектері конкурс бойынша мемлекеттік стипендиямен шетелге оқуға жіберілді. Бағдарлама бойынша 15 мың маман дайындалды. 2010 жылы президенттің бастамасымен Назарбаев университеті және Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне біртіндеп өту жүзеге асырылды. Бұл халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ынтымақтас жауапкершілігіне негізделді. 2010 жылы президенттің қаулысымен Қазақстан Республикасының үдемелі индустиралды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Экономиканың шикізат секторын дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін әртараптандыру және арттыру, табысты арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында құрылды. 2012 жылғы желтоқсанда дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасақталды. 2008 жылы басталған жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама шаралары 5 негізгі бағытқа шоғырланды: қаржы секторын тұрақтандыру; жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешу; шағын және орта бизнеске қолдау көрсету; агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру; индустриалды және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – халықты әлеуметтік қорғау, атап айтқанда инфляцияны ырықтандыру және негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұру, бюджеттік қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы: зейнеткерлер, мүгедектер, жетімдерге жас бойынша зейнетақыны, мүгедектік бойынша жәрдемақыны, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақыны көтеру арқылы әлеуметтік қамқорлықты жақсарту. ### Партиясы КСРО күйрегенге дейін КОКП мүшесі болды. 1999 жылғы президенттік сайлауға дайындық тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікке үміткерлігін қолдайтын қоғамдық штаб құрылды. 1999 жылғы 19 қаңтарда президент инаугурациясы кезінде штаб отырысында соның базасында саяси партия құру туралы шешім қабылданды, 12 ақпанда «Нұр Отан» республикалық саяси партиясы тіркелді. 1-съезде партияға Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералды қозғалысы және «Қазақстан-2030» қозғалысы қосылды. 2007 жылы Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазымына ресми бекітілді. ## Атақ-даңқы және наградалары Қазақстанның мемлекеттік наградалары: * Халық қаһарманы, айрықша ерекшелігі белгісі «Алтын жұлдыз» ордені және «Отан» ордені (2019 жыл 20 наурыз) – Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін. * Қазақстан Еңбек ері «Алтын жұлдыз» орденімен (2019 жыл 20 наурыз) КСРО мемлекеттік наградалары: * Октябрь революциясы ордені * Тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі * «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медалі * «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» медалі (1970) * Еңбек Қызыл ту ордені (1972) * «Құрмет белгісі» ордені (1972) 2010 жылғы 12 мамырда Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттары Назарбаевқа Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті статусын беретін заң жобасына түзетулерді қарауға бірауыздан қабылдады. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті өз статусы бойынша Халық қаһарманы атағының иегері деген норма қабылданды. 2019 жылғы 30 мамырда «Құрметті сенатор» төсбелгісі берілді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негізде қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» берілді. 2021 жылы 28 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы статусы берілді. ## Мәдениет Нұрсұлтан Назарбаеатың өмір жолы «Елбасы жолы» киноэпопеясында баяндалды. Киноэпопеяның алғашқы төрт фильмі – «Балалық шағымның аспаны» (2011), «Отты өзен» (2013), «Темір тау» (2013), «Тығырықтан жол тапқан» (2014) болашақ президенттің балалық шағы, жасөспірім және жастық шағын баяндайды. Қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірәшов түсірді. Назарбаевтың бала күнгі ролін жас актер Елжас Әлпиев сомдады, жастық шағын Нұрлан Әлімжанов сомдады. Әжесінің ролін Бибігүл Төлегенова, анасын Наталья Орынбасарова, әкесін Нұржұман Ықтымбаев ойнады. Қазақстан тарихы мен тұтас посткеңестік кеңістіктегі бетбұрысты кезең тура келген 90 жылдарды қамтитын эпопеяның қорытынды фильмі «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталды. Оның түсіріліміне ресейлік режиссер Сергей Снежкин шақыртылды. Аталған режиссердің күрделі тарихи сериалдарды қою тәжірибесі мол. «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасындағы басты ролді Берік Айтжанов сомдады. 2011 жылы қыркүйекте НТВ телеарнасында режиссер Александр Моховтың «Ельцин. Тамыздың үш күні» фильмі жарыққа шықты. 2011 жылы қарашада Астанадағы Бейбітшілік сарайында Еркін Жуасбектің Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай президенттің Қазақстан тәуелсіздігін алу мен бекіту кезеңіндегі ролі туралы «Терең тамырлар» драмасының тұсауы кесілді. 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру. Орталық Азиядағы ең ірі екі театр «Астана опера» және «Астана балеттен» басқа Қазақстан астанасында Назарбаевтың бастамасымен Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды. 2017 жылы президент рухани құндылықтарды сақтап қалу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізін қалады. Қазақ тілін әлемдік кеңістікке интеграциялау үшін біртіндеп латын әліпбиіне ауысу жоспарланды. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының нысандары елдегі туризмді дамыту орталықтарына айналды. Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология бойынша 100 заманауи оқулық қазақ тіліне аударылды. 2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді, содан кейін қаланы жаңарту мен дамыту жұмыстары басталып кетті. Түркістан – қазақ хандығының көне астанасы және «түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде белгілі. Түркістан облысын құру туралы қаулысына қол қоятын күні Назарбаев жиналыста ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдерін қала құрылысына белсене қатысуға шақырды. 2021 жылы Назарбаев Түркістанда жаңа салынған нысандар – әуежай, керуен-сарай және басқа да нысандарды аралап көрді. Түркістан жылдар бойы мұндай қайта жаңғыруды бастан өткермегенін айтты. 2020 жылы Назарбаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтанда аумағы 22 мың метр квадрат болатын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры құрылды. Журналистермен сұхбатында ол астананы көшіргелі бері қалада жаңадан үлкен қазақ драмтеатрын тұрғызуды армандағанын жеткізді. 2020–2021 жылдары эксклюзив сұхбаттар негізінде көпсериялы деректі фильм «Штрихи к портрету» циклі жарық көрді. Фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қайраткерлігіне арналған. 2021 жылы Назарбаевтың өмірі туралы «Қазақ: алтын адамның тарихы» деректі фильмі жарыққа шықты. Режиссері Оливер Стоун және Игорь Лопатёнок. ## Негізгі жұмыстары * «Қазақстан жолы» * «Қазақстанның болат профилі» * «Оң және солсыз» * «Ресурстарды үнемдеу стратегиясы және нарыққа көшу» * «Кремлёвский тупик» * «Қазақстанды егемен мемлекет ретінде қалыптастыру және дамыту стратегиясы» * «Нарық және әлеуметтік-экономикалық даму» * «XXI ғасыр қарсаңында» * «Н. Назарбаев. Еуразиялық одақ: идеялар, тәжірибе, перспективалар. 1994-1997» * «Тарих толқынында» * «Әлемнің эпицентрі» * «Еуразия жүрегінде» * «Тәуелсіздік дәуірі» (2017) * «Менің өмірім: Бодандықтан - бостандыққа» ### Мақалалар * «Шебер сақтық» * «Қазақстан экономикасы: шындық және жаңару перспективалары» * «Еңбек бөлімін бөлу мәселелері» * «Кәсіподақтардың әсері: тәжірибесі мен мәселелері» * «Жағдай жаңа, ал» тежегіштер «ескі» * «Арал теңізінің мәселелері және оларды шешу жолдары» * «Terra Incognita кейінгі тоталитарлық демократия» * «Императорлық одақтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына» * «Экономикалық интеграция - ақылға қонымды балама жоқ» * «Ұлтаралық бірлік және экономикалық эгемендік - бұл біздің жетістігіміздің басты және сенімді қолдаушысы» * «Біздің нұсқауларымыз - бұл біріктіру, әлеуметтік прогресс, әлеуметтік әріптестік» * «Қиын онжылдық» * «Нарықтық реформаларды жеделдету және экономикалық дағдарысты еңсеру шаралары туралы» * «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық әлеует және оны жүзеге асыру» және т.б. ## Сыни пікірлер * Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше құқық қорғаушы ұйымдар адам құқығының бұзылуы бойынша айып таққан, The Guardian-ның пікірінше басқаша ойлайтындарды тұншықтырды және авторитарлы режимді басқарды. Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін өткізілген Назарбаев кезіндегі сайлауларды Батыс еркін және әділетті сайлау деп есептемеді. * Бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында биліктегі мерзімі бойынша ұзақ отырудан рекорд орнатты. 1989 жылдан 2019 жылға дейін Республиканың бірінші тұлғасы ретінде болды. * Өз мемлекетінде шексіз билігі бар 1,1 млрд $ байлығымен планетаның ең бақуатты және шексіз билік рейтингінде 10-орын алды. Бұл тізімді Handelsblatt басылымы құрастырған болатын. * Президенттің отбасында екі миллиардер бар (екінші қызы Кулибаева Динараның байлығы — 3,1 млрд доллар және екінші күйеу баласы Кулибаев Тимур — 3,1 млрд $ 2017 жылғы қарашадағы жағдай бойынша) және бірнеше миллионерлер (бірінші қызы Дариға Назарбаева — 593 млн $ , немересі Нурали Алиевта — 200 млн $ ), бұрынғы күйеу баласы Рахат Алиев, інісі Болат Назарбаев. Назарбаевтар кланының жағдайы $7 млрд-қа бағаланады. ## Қосымша ақпарат ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігі Мұрағатталған 29 қыркүйектің 2011 жылы. * Қазақстан Республикасы Президентінің ресми торабы Мұрағатталған 18 сәуірдің 2007 жылы. * «Менің Президентім» атты жастар жобасы Мұрағатталған 12 қыркүйектің 2019 жылы.
Науа– мал суаратын астаудың бір түрі. Науа ағаштан, темір-бетоннан, асбоцементтен, т.б. жасалады. Науаға суды құдықтан насос, шелек, су таситын машина, т.б. көмегімен құяды. Ірі мал науасының биіктігі 35 см, бетінің ені 35 – 40 см, тереңдігі 30 – 35 см, мал екі жағынан ішетін болса көлемі екі есе үлкен болады. Науаның ұзындығы сиыр табыны, жылқы үйірі және қой отарының үлкен-кішілігіне байланысты. Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында, таулы және тау бөктерлерінде малды құдықтан науа арқылы суарады. ## Сілтемелер * Табын * Үйір ## Дереккөздер
Науат – қайнатылып қатырылған қант. Ол қанттан ерітіліп, жіптер керілген арнайы сыйымдылыққа құйылып, кристалдандырылып алынады. Науат түсі мөлдір, дәмі тәтті, қатты тағам. ## Сілтемелер * Тағам * Мөлдір * Кристал ## Дереккөздер
Наурызшешек, Наурызгүл, Примула (Prіmula)— наурызшешек тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда Балқаш — Алакөл, Жетісу (Жоңғар), Күнгей, Іле, Қырғыз Алатауларында, Алтайда, Батыс Тянь-Шаньда, Сарыарқада кездеседі. Биік тау басындағы мұздықтардың маңайында, жартастарда, шалғынды тау беткейлерінде, ормандарда бұта арасында, өзен, көл жағалауларында өсетін 12 түрі бар. Бұлардың биіктігі 15 — 30 см-дей, сабағы тік, жапырақтары сабақ түбінде шоқтанып өседі. Тостағанша жапырақшалары түтікшелі қоңырау тәрізді, күлтелері ұзын, желбір қалақшалары бүтін не екіге бөлінген. Аталығы — бесеу, өте қысқа жіпшелермен күлтенің түтікшесіне бекіген. Қызыл, күлгін, сары, т.б. түсті гүлдері шатырша гүлшоғырына топталған. Ерте көктемде гүлдейді, аралар және көбелектер арқылы тозаңданады. Жемісі — қорапша. Примула гүлдері әдемі болғандықтан әсемдік үшін өсіріледі. Тостағанша примуланың (P. macrocalya) жапырағы С витаминіне бай және қақырық түсіретін қасиеті бар, сондықтан емдік мақсатта қолданылады. Примуланың 1 түрі — Минквиц примуласы (P. mіnkwіtzіae) қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Қазақстанда 12 түрі бар, оның Минквиц Примуласы деген түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Примула - ғаламшардың барлық жерінде, негізінен Солтүстік жартышардың қоңыржай климаттық зоналарында және Оңтүстік-Шығыс Азияның тауларында кездесетін көпжылдық шөптесін өсімдік. Гүлдері әртүрлі реңктегі 600-дей түрі бар, олардың арасында қарапайым шағын түрлерден бастап, адамның белінен келетін ұзындарына шейін кездеседі. Примуланың гүлдеуі ұзаққа созылып, гүлдері бірнеше жаңа түрлі болып өзгереді. Ерте көктемде гүлдейтіндіктен де примуланы ежелден алғашқы гүл деп атайды. Тіпті «примула» деген атаудың өзі де латын тілінен аударғанда «алғашқы» деген мағынаны білдіреді. Ол туралы тамаша аңыз бар. Бір жолы Петр апостол жұмақ қақпасын күзетіп тұрып, қолын дағы аспан патшалығының алтын кілттері байламын байқаусызда түсіріп алады. Кілт күнәға толы жерге құлап түсіп, оның жанасқан жерінен сақиналана бұйраланған алқызыл гүл өсіп шығады. Іле-шала жіберілген періште кілтті көтеріп алады, бірақ кілттің жылтырлығы мен әдемілігі бэрібір кішкентай ғана әсем гүлге беріліп үлгерген еді. ## Дереккөздер
Наурыз хан, Наурыз ибн Мұхаммед, Навруз, Наурус, Ноуруз (туған жылы белгісіз – 1360) – Алтын Орданың ханы (1360 жылы, қаңтар – маусым). ## Биографиясы Шығу тегі белгісіз, кейбір деректер бойынша Бату ханның немесе оң қанаттағы билеуші әулеттердің бірінің ұрпағы. Ол Жәнібектің бәйбішесі Тайдұлу бегім мен оның жақтастарының қолдауымен Бердібектің мұрагері Күлна хан және оның екі баласы Михаил мен Иванды өлтіріп, билікке келген. Наурыз хан 1358 – 59 жылдары өз атынан күміс, мыс теңгелер соқтырды. Бұл теңгелерде оның Мұхаммед деген мұсылманша аты жазылған. 1360 жылдың ортасында Тайдұлу бегім бастаған топ енді Шайбани әулетінен Құзырды (Хызыр) хан етіп көтерді. Алайда Құзыр билікке келген соң Наурыз ханға қоса Тайдұлу бегімнің өзін де өлтірді. Осы кезден бастап Алтын Ордада шайбани әулеті мен Ақ Орда билеушілерінің рөлі артты. ## Сілтемелер * Алтын Орда * Ақ Орда * Шайбани әулеті ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – Қостанай облысы Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан мемлекеттік қорық. 1931 жылы ұйымдастырылған (320 мың га), 1966 жылы ауданы ықшамдалып (87,7 мың га), қайта құрылды. Оған Терсек(көлемі 4,7 мың га), Сыпсың (көлемі 7 мың га) және Наурызым (көлемі 37,2 мың га) орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енеді. Олардың үлесіне бетегелі-жусанды 5 мың га тың жазық дала кіреді. Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы – суық, ызғарлы; жазы – ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200 – 250 мм. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі (қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, тал, мойыл, қырыққұлақ, т.б.) өседі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр, т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя басуына мүмкіндік береді. Қорықта “Табиғат мұражайы” жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Наурызым боксит кен орны - Қостанай облысында, Сарымойын кенінен солтүстікке қарай, Торғай ойысының орталық бөлігінде орналасқан. ## Геологиялық құрылымы Кен орнында алюмосиликатты тау жыныстары дамып, аумағы борға дейінгі қатпарланған іргетас және көлбеу жатыстағы бор және кайнозой тау жыныстарынан құралған. Борға дейінгі іргетас эффузивті-шөгінді турин свитасымен (әктас, құмтас, алевролит, аргиллит, туффиттер), төменгі-ортаңғы триастық (базальт, долерит, кварцты порфир және алевролит, аргилит, құмтас, тақтатас) және оңтүстігінде көмірлік шөгінді юралық тау жыныстарынан тұрады. Іргетас тау жыныстары қалыңдығы 50 м мору қыртысымен жабылған. Оның жоғары бөлігі әр түрлі монтморилонитті және каолинитті саздардан құралған. Мору қыртысының үстінде қалыңдығы 30 – 80 м континентальды бокситтік альб және сеномен түзілімдері орналасқан. Одан жоғары эоцен-олигоцен (чеган свитасы) табақты саздар және төрттік көлді-аллювиальді шөгінділер дамыған. Альб-сеномен бокситті түзілімдер қимасы төрт горизонтқа бөлінеді. ## Жатыс сипаты, құрамы Кен орнының негізгі кенді шоғыры тоғыз кен денелерінен құралған. Олардың ең ірісі ғасыр 1 кен денесі барлық кеннің 90%-ын құрайды. Кен орнының бокситтерінің құрамында Al2O3 (39,88%), Fe2O2, (22,5%), TіO2 (4,8%), CO2(2,08%) болады. Негізгі кен құрайтын боксит минералдары: гиббсит және кен сыйыстырушы тау жыныстары (ванадий, хром, скандий, стронций, ниобий, т.б.). ## Дереккөздер
Хакімжан Есімханұлы Наурызбай (27 тамыз 1925, Қостанай облысы Меңдіқара ауданы бұрынғы 1-ауылы қазіргі Ұлыкөл ауылы - 4 қыркүйек, 2009, Алматы) - мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі (1969), ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі. ## Өмірбаяны * Харьков көркемсурет институтын бітірген (1951). * Алматы көркемсурет училищесінде оқытушы (1951 - 1964; 1952 ж. осында тұңғыш рет мүсіншілер үйірмесін ұйымдастырды), аға оқытүшы (1980- 1985) * Алматы сәулет-құрылыс институтында (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) аға оқытушы (1982 - 1985) * 1985 жылдан Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) кафедра меңгерушісі, 1993 жылдан профессор. ## Шығармалары * "Абай" (1960, Алматы қаласында); * Абай 1965, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылы) * "Шоқан Уәлиханов" (1969, Алматы қаласында; Қазақстан Мемлекетік сыйлығы, 1970; КСРО Көркемсурет академиясының дипломы, 1971). * "Жамбыл" (1963, Тараз қаласында) * "Мәншүк Мәметова" (1988, Орал қаласында) * "Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов" (1990, Қостанай облысының Торғай ауданы Торғай ауылы) атты монументті ескерткіштері бар. ### Ол 200-ден астам әр алуан ескерткіштер: * "Амангелді Иманов", 1960, Қостанай облысы Амангелді ауданының орталығында)ъ ### Бюсттер * "Құрманғазы", 1958; * "М.Хакімжанова", 1961; * "С.Қожамқұлов", 1962; * С.Сейфуллин", 1964; Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайында; * Қ.Сәтбаев, 1982, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев атындағы кеңшарда ### мүсіндік портреттер * "Ы.Жақаев", Қызылорда облысы тарихи-өлкетану мұражайында; * "А.Жұбанов", Ақтөбе облысы өлкетану мұражайында; екеуі де 1981 ж.) ### құлпытастар * "Т.Тәжібаев * "Ж.Саин" * "Д.Нүрпейісова" үшеуі де 1965; * "Т.Жароков", 1967; * Х.Есжанов", 1979; жасаумен Қазақстанда мүсін өнерінің қалыптасып өркендеуіне зор үлес қосқан тұңғыш кәсіби мүсінші. Әсіресе тарихи түлғалардың мүсіндерін сомдауда Наурызбай көркем бейнелілікке, кейіпкерінің жан-дүниесін психологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылды. * "М.Әуезов" * "С.Мұқанов" (1965, Қазақстан Суретшілер одағының көркемсурет қорында) * "Жас Жамбыл" (1960, Мәскеу, Третьяков галереясында) * "Шолпан портреті" (1965, Мәскеу, Третьяков галереясында) * Социалиятік Еңбек Ері К.Дөненбаева (1972) * "А.Н. Сызғанов" (1982, Қазақстан Мәдениет министрлігінің Көркемсурет көрмесінің дирекңиясы) т.б. портреттер бар. ## Қосымша лауазымдары * Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының (1959-1965) мүшесі. * Лениндік сыйлығы тағайындау жөніндегі комитеттің (1961 - 1965) мүшесі. ## Марапаттары * Алдабергенов атындағы ұжымшардың құрметті колхозшысы (1960, қазіргі Алматы облысы, Талдықорған ауданы) * Ұзынкөл ауылың құрметті азаматы (1995, Қостанай облысы) * Парасат * Еңбек Қызыл Ту * Октябрь Революциясы * "Құрмет белгісі" орденімен, медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап).Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік секілді халықтардың арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, ал Орталық Азия елдерінде және Әзербайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі. ## Шолу Иран күнтізбесінің бірінші күні наурыздың теңелу нүктесіне, көктемнің бірінші күніне, шамамен 21 наурызға сәйкес келеді. Біздің заманымыздың XI ғасырында күнтізбелік жылдың басын, яғни Наурыз мейрамын көктемгі күн мен түннің теңесуіне бекіту үшін Иран күнтізбесі өзгертілді. Осыған сәйкес, ирандық астроном Туси берген Наурыздың анықтамасы: «Ресми Жаңа жылдың бірінші күні әрқашан күн түске дейін тоқтыға кірген күн болды». Наурыз - Фарвардин айының бірінші күні, Иран күн күнтізбесінің бірінші айы, Иранда және бұрын Ауғанстанда қолданылған ресми күнтізбе болып табылады. Наурыз иран күнтізбесі жаңа жылды тойлау үшін біздің дәуіріміздің XI ғасырында жасалған реформадан бері тойланса, 2010 жылдың ақпаныда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/253 қарарын қабылдау арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халықаралық Наурыз күнін» ресми түрде мойындады. ### Этимологиясы Наурыз сөзі парсы тіліндегі نو now – «жаңа» деген мағынаны білдіреді – және روز ruz – «күн» деген сөздердің бірігуінен жасалған. Шығыс диалектілері [nawˈɾoːz] (дари және классикалық парсы тілдеріндегідей, алайда тәжік тілінде бұл navrūz [жазылған наврӯз]), батыс диалектілері [nowˈɾuːz] және Tehranis [noːːːz] айтылуымен айтылуы парсы диалектілері арасында өзгереді. Ағылшын тілінде новруз сөзінің әртүрлі емле нұсқалары бар, соның ішінде norooz, novruz, Novruz, Navruz, Nauruz және newroz. ### Уақыттың дәлдігі Наурыздың уақыты көктемгі күн мен түннің теңелуіне негізделген. Иранда бұл дәл астрономиялық бақылауларға негізделген хижри күнтізбесі алгоритмдік күнтізбесіндегі жаңа жыл күні, сонымен қатар оны еуропалық аналогы Григориан күнтізбесіне қарағанда дәлірек ететін күрделі интеркалация жүйесі қолданылады. Әрбір 2820 жылдық үлкен циклде 365 күннен тұратын 2137 қалыпты жыл және 366 күннен тұратын 683 кібісе жыл бар, үлкен үлкен циклдегі орташа жыл ұзақтығы 365,24219852. Бұл орташа тәулігіне небәрі 0,00000026 (2,6×10−7) – секундтың 1/50 бөлігінен сәл артық – Ньюкомбтың орташа тропикалық жылдағы 365,24219878 күндік мәнінен қысқа, бірақ көктемгі күн мен түннің теңелуінің ағымдағы орташа жылынан айтарлықтай ерекшеленеді. 365,242362 күн, яғни көктемгі күн мен түннің теңесуіне келетін жаңа жыл цикл бойына жарты тәулікке жылжиды. Дереккөз түсіндіргендей, 2820 жылдық цикл қате және іс жүзінде ешқашан пайдаланылмаған. ## Тарихы Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуар, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. ## Қазақ салты Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты іс-қарекетімен айналысатын. Наурызды кейінге қалдыра тұратын ауылдардың өзінде де мейрамнан кейінгі 2-ші күні жаппай егіске кірісетін. Наурыздың 22 күні Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандағының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. ˝Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін˝ дегендей жұрттың бәріне үміт, әркім де жылы шырай сезіне бастап, ˝бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз˝ дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын. ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝, - десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер
Наушабаев Нұржан (Нұрмұхамбет) (1858, қазіргі Қостанай облысы Алтынсарин ауданы – 1919) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі. Қыпшақ тайпасының Ұзын руының Құттық бөлімінен шыққан.Анасы Қадишадан (Шал ақынның қызы) жастайынан айырылған ол нағашыларының қолында тәрбиеленген. Троицк қаласында З.Расулов медресесінде білім алған. Жастайынан араб-парсы тілдеріндегі кітаптар мен татар, башқұрт жазушыларының шығармаларын оқыды, әнші, сері, балуан атанып, дидактик. үлгідегі нақыл, терме, толғау, мысал және назым, ғақлия жырларын жазды. Оның 40 шақты өлеңі мен айтыстары “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1903), “Манзұмат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) атты жинақтарында Қазан қаласында басылған. Наушабаев өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау. “Замананың қалпына айтылған сөз”, “Тақпақ”, “Терме”, “Леп ұрған жігітке” өлеңдерінде, сондай-ақ А.И. Крыловқа еліктеп жазған “Түлкі мен әтештің хикаясы”, “Өгіз бен есек”, т.б. мысалдарында адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана бағытын, қоғамдық құбылыстарды сипаттады. Адам бойындағы қараулық, дүниеқорлық, тойымсыздық көріністерін сынады. Дидактикалық жанрда жазылған “Қырық тілек” атты 13 жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңі көркемдігімен ерекшеленеді. Қоғамдық жайларды исламдық тұрғыдан таразылап, діни өлеңдерінде Құран Кәрімнің маңызын, қасиетін түсіндіруге талпынған ақын мұсылманның парыз-уәжіптеріне талдау жасайды (“Қырық парыздың баяны”, т.б.). Наушабаев шығармаларында татар ақыны, әнші Сапарғали Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Наушабаев тапқырлықпен жауап беріп, білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш “Манзұмат қазақия” (1903) кітабында, кейін “Айтыс” жинағының 2-томында жарық көрді. Ы.Алтынсаринге арнаған өлеңінде ағартушының еліне, замандастарына өнеге көрсеткен биік азаматтық тұлғасы айқын көрініс тапқан. Өлеңнің 3 шумағы Ы.Алтынсарин құлпытасына қашап жазылған. Ақынның “Көкем-ай”, “Көңіл ажар”, “Жан сәулем”, “Асылай”, “Мұқидаш”, “Бес тілек”, т.б. әндері ел арасына кең тараған. Қостанай ауданының Тобыл қаласының мектеп-гимназиясына Нұржан Наушабаев есімі берілген. ## Дереккөздер
Науырзым ауданы — Қостанай облысының орталық бөлігінен оңтүстікке қарай орналасқан әкімшілік бөлік. Аудан 1964 жылы құрылған. Жерінің аумағы — 18,3 мың км². Орталығы — Қарамеңді ауылы, Қостанайға дейінгі арақашықтығы — 198 км. Аудан аумағында ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміндегі №1102 нысан саналатын Наурызым қорығы орналасқан. ## Географиялық орны Солтүстігінде Әулиекөл, батысында Қамысты, оңтүстігінде Амангелді, Жангелдин аудандарымен, шығысында Қарасу және Ақмола облысының Жарқайың ауданымен шектеседі. ## Жер бедері Науырзым ауданы Торғай үстіртінің солтүстік жағында орналасқан. Жер бедері едәуір күрделі. Шығыс жағындағы Торғай Үстіртінің орталық бөлігі ауданды бойлық бағытта бөліп жатыр. Жерінің оңтүстік жағында өзен аңғарларымен бөлінген, беттері негізінен тегіс Қызбелтау, Қарғалы таулары мен Қыземшек шоқысы орналасқан. Ең биік жері Қарғалы тауында (308 м). Жер қойнауында Панфилов қоңыр көмір кені, Шошқалы құм-қиыршықтас кені, отқа төзімді балшық, Шолақсай кен орны, Қарасу құм кендері бар. Науырзым ауданы жер беті суларына біршама бай. Өзендер жүйесі Үлкен Дәмді, Наурызым Қарасуы, Қаражылға, солтүстігінде Данабике өзендері мен олардың көптеген сай-салаларынан тұрады. Көлдерінің көпшілігі тұзды сулы. ## Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Науырзым ауданы құрғақ дала белдемінде орналасқан, климаты шұғыл континенттік. Қаңтардың жылдық орташа ауа температурасы — -18–-19°С. Өте суық қыста температура Ақсуат кені төңірегінде -46°С-қа дейін төмендеген. Жазы ыстық. Шілденің орташа температурасы — 22°С. Жаз тым ыстық жылдары ауа температурасы 40°С-қа дейін жетеді. Климаттың құрғақ болуына байланысты жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 200–250 мм-ден аспайды. Оның 70–75%-ы жылдың жылы мезгілінде жауады. Желсіз тымық күндер аз. Соғатын желдердің жылдық орташа жылдамдығы 4,5–5 м/с шамасында. Жер қыртысы түгелдей дерлік қызғылт қоңыр топырақтан тұрады. Торғай және Сыпсыңағаш қолаттарының табанында сортаң және шақатты қызғылт-қоңыр топырақ тараған. Ауданның солтүстігінде бетеге мен селеуі басым әр түрлі астық тұқымдас шөп өскен. Наурызым қорығы алқабында қарағайлы, қайыңды-қарағайлы орман, Торғай қолатының және Қаражылға мен Науырзым Қарасуы өзендерінің бойы бұйырғын аралас қара жусан мен көкпектен және әр түрлі шөп аралас бидайық пен қияқ шөптерден тұрады. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, саршұнақ, суыр, қосаяқ, аламан, ормандарда тиін, тұяқтылардан елік, қабан, құстардан бүркіт, кезқұйрық, күйкентай, дуадақ, шіл, ақ және қара құрлар, өзен-көлдерде аққу, қаз, үйрек, тырна, қызғыш, жылқышы, т.б. мекендейді. ## Халқы Ауданда халық сирек қоныстанған және түгелдей ауылдық жерде тұрады. Тұрғындар саны – 10 766 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 71,87%, орыстар – 14,82%, украиндар – 5,49%, әзербайжандар – 2,35%, татарлар – 1,64%, беларустар – 1,22%, немістер – 0,93%, башқұрттар – 0,46%, басқа ұлт өкілдері – 1,24%. ## Әкімшілік бөлінісі 11 елді мекен 4 ауылдық әкімдік пен 4 ауылдық округке біріктірілген: ## Ірі елді мекендері ## Шаруашылығы Ауданында негізінен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Мұнда ауыл шарушылығына жарамды жердің жалпы аумағы 1129,8 мың га, оның 187,0 мың га-сы — егістік, 53,7 мың га-сы — шабындық, 889,1 мың га-сы — жайылым. Ауданда 20 ғасырдың 90-жылдарының орта кезінде таратылған бұрынғы кеңшарлардың, т.б. шаруашылықтардың негізінде жаңа типтегі көптеген ауыл шарушылық бірлестіктері құрылды. Науырзым ауданы негізінен астық және мал өсірумен айналысады. 2003 жылы мұндағы егістіктің аумағы 170,1 мың га-ға жетті. Мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінен Науырызым ауданында жалпы білім беретін 22 мектеп, 1 мәдениет үйі, 9 клуб, 11 кітапхана, аудандық аурухана мен емхана, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 дәріхана жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Аты аңызға айналған ержүрек батырларымыздың бірі, XVIII ғасырдағы Қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысындағы көрнекті қаһарман — Шапырашты Наурызбай Құттымбетұлы. Құттымбетұлы Наурызбай 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында дүниеге келген. Бұл кезде Ӏле, Талас, Алатау мен Қаратау аралығындағы қазақ пен қырғыз жоңғарларға тәуелді еді.Батырдың көзін ашқаннан естігені батырлар тұралы жырлар, аңыз әңгімелер болып, теңдессіз бай рухани ортада өсті. Екінші жағынан елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын да көрді. Мұның өзі жүрегінде оты бар жасты туған елін, атамекенін жаудан азат ету тұралы арманға жетеледі, батыр болуға құлшындырды.Наурызбай батырдың өмірі тұралы бүгінгі күнгі деректерде Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бабаларымыз Абылай хан айналасындағы бас батырлар қатарында бағаланады. Бұқар жырау осы үш тұлғаның жанындағы мынадай ірі батырларды атайды: Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Текеден шыққан Сатай мен Бөлек, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсыққожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл және басқалар.Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақталған аңыз-әңгімелер Наурызбай батырдың бүкіл халықтың ықыласына бөленіп, мақтанышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігіне мензейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай бабамыз ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, бас батыр атағына ие болады. ## Карл Миллер күнделігі Наурызбай батырдың өмірінің бір сәті Ресей патшалығының 1742 жылы күзде жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенге жіберген елшісі Карл Миллердің күнделігінде сақталған. 1742 жылы 6 қыркүйектің кешінде Карл Миллер Қарасу өзенінен өтіп, ертеңіне түске жуық Ұлы жүздің Өтеміс деген батырының ауылына келеді. Қасында Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан бастаған топ пен жоңғардың қазақтарға келген екі жаушысы Қашқа мен Бурун болады. 16 қыркүйекте Ресей елшісі осы тобымен Шапырашты Наурызбай батырдың ауылына ат басын тірейді. Батыр орыс елшісінің қайдан келе жатқанын, қайда баратынын, не мақсатпен жүргенін, сапарға кімнің жібергенін сұрап, аулына келген жолаушылар тұралы толық білгісі келеді. Карл Миллер Ресей патшасының жарлығы бойынша Орынбордан генерал Неплюевтен Қалдан Серенге хат алып келе жатқанын, онда жоңғарлардың қазақтарға шабуылын тоқтатуы тұралы ақ патшаның талабы жазылғанын баяндайды. Ресей елшісінен Наурызбай батыр Неплюевтің Қалдан Серенге жазған хатын өзіне оқытуды талап етеді. Бұл талапқа байланысты К.Миллер хаттың мөрленген жабық қағазда екенін, оны бұзуға болмайтындығын айтқанда, Наурызбай былай деген екен:— Сенің айтқан сөзіңе сенейін бе, жоқ бастығыңның жазған хатына сенейін бе? Хатталмаған сөзіңе, оқымаған хатыңа қалай сенуге болады? ## Абылай ханның тұтқыннан босатылуы Сол жылғы 18 қыркүйекте Наурызбай батыр К.Миллермен тағы әңгімелеседі. Бұл жолы ол әңгімеге Мәмбетбай мен Келдібай деген екі биін қатыстырады. Ресей елшілігінің мақсаты тұралы әңгіме қайта басталады. Ол И.Неплюевтің қонтайшыға хатында анық көрсетілген-ді. Онда қазақтардың Ресей патшалығының қол астына қарайтыны тұралы мәліметтер де бар болатын. Сонымен бірге жоңғар тұтқынындағы Абылай ханды босатып, еліне қайтару тұралы да талап қойылған болатын. Бұл әңгімелердің мазмұнын Наурызбай батыр да Мәмбетбай мен Келдібай да мақұл көреді. Әңгіме соңында Наурызбай батыр Ресей елшісіне өзінің көңілі толғанын, оны енді жолынан қалдырмайтынын, сапарының сәтті болуын тілейтінін айтып, қанағаттанғандық сезімін білдіреді. 24 қыркүйекте Наурызбай батыр Ресей елшісін өз Ұлысының шекарасына дейін шығарып салады. К.Миллер бастаған елшіліктің нәтижесінде жоңғар билеушілері Қазақстанның мүддесін Ресей қорғайтынына көздері жетеді. Жоңғардың қазақтармен қарым-қатынас үшін жауапты нояны Сары Манжы К.Миллермен бірге қазақ даласын аралап келген өз адамдары Кашка мен Бурун ақпарын тыңдап, одан елшіліктің сөзіне құлақ қойып, істің жайын қонтайшыға мәлімдейді. Елшіліктің үсыныстары мен талаптары, тұжырымдары жоңғар басшысын ойға қалдырды. Ақырында қонтайшы Ресей талаптарын қабылдайтындықтарын білдіруге бет бұрады. Абылайды тұтқыннан босатып, еліне қайтарады. Осы оқиғадан кейін К.Миллер бастаған елшіліктің Ресей-Қазақстан-Жоңғария қарым-қатынасы аясында қазақтар үшін саяси-әлеуметтік маңызы жоғары келісімге қол жеткізуіне, Абылайдың тұтқыннан босануына Шапырашты Наурызбай батырдың қосқан үлесінің барына көзіміз жетеді. ## Шәді төренің мәліметі Шәді төренің дастанында да Шапырашты Наурызбай батырға қатысты бір мәлімет бар. Ол мәлімет бойынша Абылай хан қалмақтармен бітімге келеді де, Қытайға елші жібереді. Елшінің алдында Шәуешекте екі жаққа ортақ базар ашып, екі ел арасында сауда қарым-қатынасын орнату туралы келісімге қол жеткізу міндеті қойылды. Осы елшілік құрамындағы басты тұлғалардың бірі Шапырашты Наурызбай батыр болады. Шәді төре осы жайды былай сипаттаған: Шапырашты Наурызбай дүр бірісі, Найманнан Барлыбай бар екіншісі. Елшіге Кіші жүзден қосылды кеп, Тамадан Есет батыр деген кісі.Осы сапардан елшіліктің алдына қойған міндеті ойдағыдай жүзеге асып, олжалы оралады.Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай — үшеуі Абылай ханның ту ұстаушы бас батырлары болған.Бүгінгі ұрпақтың тарихи танымында Шапырашты Наурызбай батыр — осындай батыр, осындай ер. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы тауында Шапырашты Наурызбай батырға ескерткіш орнатылған. Алматының бір үлкен көшесіне аты берілген. ## Қабдеш Жұмәділовтың Наурызбай батырды жоққа шығаруға тырысуы Жазушы Қабдеш Жұмәділов бірнеше рет Наурызбай, Қарасай батырлардың бар болғанын жоққа шығаруға тырысты. Мысалы "Общественная позиция" газетінің тілшісі Ж. Шөкеге берген сұхбатында: – Қабдеш аға, «Дарабозды» жазу үшін оншақты жыл мұрағаттарды ақтарып, біраз тарихи кітаптарды оқыдыңыз ғой. Қазақ тарихында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Албан Қангелді мен Райымбек сияқты батырлар айтылады. Ал кейбір тарихшылар қытай немесе орыстың жазбаша тарихында Шапырашты Наурызбай батыр туралы ешқандай деректің жоқтығын айтып жүр. Сізге кездесті ме? – Жоқ, маған да кездеспеді. Бұқар жыраудың жырындағы батырлар – Қабанбай, Бөгенбай, Батыр Баян, Барақ, Олжабай, қаз дауысты Қазбек, Шақшақұлы Жәнібек – бәрі айтылады. Қарақалпақтан шыққан Қылышбек батыр да жырланады. «Дарабозда» осының бәрі бар. Ал мен шынымды айтайын: Шапырашты Наурызбайды саясат үшін ойдан қостым. Өйткені роман баспадан шығуы керек. Аяймын ба, кітапқа Наурызбайды солай қостым.проект «DAT» № 22 (150) 23 мамыр 2012 ж. Бұл пікірдің шындыққа жанаспайтындығын жоғарыдағы мәліметтер растайды. Сәкен Сейфуллин жинақтап, 1931 жылы сол кездегі бірегей "Қазақстан" баспасынан шыққан "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" жинағында Бұқар Жырау толғаулары да бар. Сондағы толғауда Абылай қалмақтың ханы Қалдарды жеңгенде Бұқар жыраудың айтқаны: — Қалдарменен ұрысып,Жеті күндей сүрісіп, Сондағы жолдас адамдар:Қаракерей қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай,Шақшақ ұлы Жәнібек, Сіргелі Қара Төлек,Қарақалпақ Қылышбек, Текеден шыққан Сатай, Бөлек,Шапырашты Наурызбай, Қаумен, Дәлет, Жепек батырқасында, Бақ — дәулеті басында,Сеңкібай мен Шойбек бар, Таңсық қожа Мәмбет бар,Қасқараудан Молдабай, Қатарда жақсы қалдырмай,Есенқұл батыр ішінде, Өңкей батыр жиылып,Абылай салды жарлықты. Қалдар ханды қашырып,Шеп салған жерді бұздырып, Ұрысты қатты қыздырып.Қасым ханның шешесін Хан Абылай алған-ды...Жабы деген қалмақ қа Тырнағын қатты батырды.Бұзылып қалмақ кеткен соң, Өңкей батыр жиыл, деп,— Хан Абылай шақырды! Бір төбеге жиылды,Құм төбедей үйілді, Бөліске олжа түссін деп,Хан Абылай бұйырды. Сондықтан Жұмәділовтың Бұқар Жырау Наурызбайды атамаған деген уәжі шындыққа сай емес және сонау 1931 жылы Сәкен Сейфуллин жазбаға түсірген толғау мәтіні дұрыс болуы керек, өйткені ол тұлға қазіргі "саясатты" ескермеді, Наурызбайды қосуға ешқандай мүддесі болмады. Қазақстан облыстарында, аудандарында Наурызбай батырдың аты көшелерге берілген, Наурызбай батырға арнап ескерткіштер орнатылған. ## Сілтемелер * Қазақ хандығы * Жоңғария ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер http://catalog.karlib.kz/irbis64r_01/Kraeved/Personalii_kaz/Bukar_zhyrau/Saken_zhigan_Bukhar_zhyrau_tolgaulary.pdf
Небольсин Павел Иванович(1817 – 1893) – Ресей тарихшысы, этнограф. 1850 – 51 жылы қазақ даласына жасаған алғашқы ғылыми-этнографиялық сапарында Орынбор, Орал, Астрахан қалалары мен көптеген қазақ ауылдарында болған. Бұл сапары туралы жазған “Астрахан және Орынбор өлкесіне жасаған саяхат есебі”, “Еділ бойы очерктері” (1852) мақалаларында Бөкей хандығының қазақтары, олардың шығу тегі жөнінде мағлұматтар берген. Ол Ресей мен Орталық Азияның сауда-саттық байланысына,Еділ алқабына, керуен жолдарына арналған күрделі еңбектерімен бірге, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы этнографиялық және статистикалық деректер жинап, монографиялар мен мақалалар жазған. Ш.Уәлихановпен, М.Бабажановпен кездескен. ## Шығармалары Шығармалары: Покорение Сибири, СПб, 1849; Очерки Волжского низовья, ЖМВД, 1852, ч. 39; Очерки торговли России со Средней Азией, Зап. Русского географического общества, 1855, кн. 10. ## Әдебиеттер Әдебиеттер: Масанов Э.А., Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР, А.-А., 1966. ## Дереккөздер
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (28 қараша, 1935 жыл, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ - 22 қараша, 1983 жыл, Алматы) — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері. ## Өмірбаяны * Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін. Кіші жүздің Байұлы тайпасы Алаша руынан шыққан. * 1956-59 жылдары Қазақтың мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінде оқыған. * 1959-74 ж.«Жазушы» баспасының редакторы * «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгеруші * Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші * 1974-78 ж, Қаз.КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы * 1978-83 ж. «Мектеп» баспасында бөлім меңгеруші болып қызмет атқарған. ## Шығармашылығы Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы «Егіс» лирикалық жинағы 1961 жылы жарық көрді. Төрт жылдан кейін «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы шықты. Ж.Нәжімеденовтің тірі кезінде барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды. Ақын өлімінен кейін жарық көрген он жинағына тірі кезінде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, повестері мен романдары, мақалалары мен аудармалары және тоғыз күй енді. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылып, басылды. Ақын А.Вознесенскийдің, Е.Евтушенконың, Н.Хикмет пен Ә.Файзи шығармаларын аударған. Ақынның Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворог» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды. 2003 жылы Санкт - Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. ## Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны Жұмекен Нәжімеденов Қазақстанның қазіргі әнұран мәтінінің авторы. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша Жұмекен әнді осыдан 50 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен , негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған. Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда Жамал Омарова ара түсіп, эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып қудалана бастаған ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздіктің арқасында ресми әнұранға айналды. 2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды. ## Шығармалары Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында Жұмекеннің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді.Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары "Жазушы", "Жалын" баспаларынан жарық көрді: * "Балауса" (1961) * "Сыбызғы сыры" (1962) * "Өз көзіммен" (1964) * "Жоқ, ұмытуға болмайды" (1965) * "Жарық пен жылу" (1966) * "Күй кітабы" (1967) * "Мен туған күн" (1972) * "Мезгіл әуендері" (1968) * "Ұлым, саған айтам" (1970) * "Қызғалдақ жайлы баллада" (1971) * "Ақ шағыл" (1973) * "Кішкентай" (1975) * "Даңқ пен дақпырт" (1977) * "Жеті бояу" (1977) * "Шуақ" (1980) * "Темірқазық" (1981) * "Ашық аспан" (1981) * "Менің топырағым" (1985) * "Ұрпағым, саған айтам" (1988) кітаптары * үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997) * "Мен — тамырмын" дастандар (2001) * "Қасірет пен қайсарлық" (2001) * "Жұмекен" (2002) * "Жаңғырық" (2003). * "Аспан шақырады" (2005) * "Домбыраның қоңыр үні: Көне замандардан бізге жеткен домбыраның бүгінгі акустикасы қандай?" (2007) Ақын жырлары бірнеше шет тілдеріне аударылған. * 1967 жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. ## Дереккөздер
Невада-Семей, ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия,Жапония, Түркия, т.б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы “Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру” қарарын қабылдады. ## Тағы қараңыз * Хиросима ## Дереккөздер
Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев (3 маусым, 1938 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында туған — 22 маусым 2020, Алматы, Қазақстан ) — экономист - ғалым, жоғарғы мектеп ұйымдастырушысы, қоғам және саяси қайраткер. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1996). ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Академигі, Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше Халықаралық және шетелдік ғылым академиясының академигі. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Экономика Институтының аға ғылыми қызыметкері (2006 жылдан). ## Толығырақ * Көпжасар Нәрібайұлы 1938 жылы 3 маусымда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында дүниеге келген. 1964 жылдан Алматы халық шаруашылық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. 1976 – 87 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, министрі, 1987 – 90 жылдары Қазақстан ҒА Экономика институтында жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1990 – 91 жылы Қазақ КСР Министер Кеңесінің Экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік Комиссиясы төрағасының орынбасары. 1991 – 2001 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың ректоры, 2001 – 02 жылы ҚР Премьер-министрінің білім және ғылым саласы бойынша кеңесшісі. 2002 жылдан Алматы технологиялық университетінің оқу-әдістемелік мәселелері және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры. Нәрібаев бухгалтерлік есеп негіздері, оны ұйымдастыру, есеп ақпаратын өңдеу әдістемесі, экономикадағы ғылыми зерттеулер әдістемесі, халықар. экон. қатынастар, экономиканы басқару, білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша 260-тан астам ғылыми еңбектер жазды, оның 30-ға жуығы монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары. Бірқатар еңбектері АҚШ,Англия, Германия,Франция, т.б. шет мемлекеттерде жарық көрді. 10 (1983) және 11 (1987) сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. * 2000 ж. Англиядағы халықаралық Кембридж орталығында Нәрібаевқа “Халықаралық жыл адамы” деген құрметті атақ берді, 2001 жылы осы орталық оны халықаралық аса көрнекті 500 қайраткер – “ХХІ ғасырдың негізін қалаушылар” қатарына қосты. ## Білімі * 1955 – 1960 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің экономика факултетінде; * 1960 – 1963 жылдары, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Мәскеу қаржы институтының Қаржы университетінің аспирантурасын бітірген. ## Ғылыми атақтары * 1980 жылы Экономика ғылымдарының докторы (ғылыми атағы берілді); * 1982 жылы профессор (ғылыми атағы); * 1994 жылы Мәскеу Халықаралық Жоғары мектебінің Ғылым академиясының академигі. * 1995 жылы Қазақстан Халықаралық Жоғары мектебінің Ғылым академиясының академигі. * 1996 жылы Украина экономика ғылым академиясының академигі. * 1998 жылы Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі * 2003 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Академигі. * 2005 жылы Қазақстан педагогика ғылым академиясының академигі. ## Марапаттары * 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Лениннің туғанына 100 жыл» құрмет белгісі (медалі) * 1971 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасы * 1977 жылы КСРО министрлер кабениетінің құрмет грамотасы * 1980 жылы КСРО ғылым министрлігінің құрмет грамотасы * 1981 жылы КСРОның «Құрмет белгісі» ордені * 1984 жылы Манғолияның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (құрметті атағы) * 1996 жылы .Қазақстанға Еңбегі сіңген ғылым қайраткері (құрметті атағы) * 1998 жылы Астана медалі * 2000 жылы Ұлыбританияның жыл адамы сыйлығы * 2001 жылы жылы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері (құрметті атағы) * 2001 жылы «Ғылым және білім беру саласындағы 21 ғасырдың 500 қалаушылардың бірі.» Ұлыбритания сыйлығы * ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалі» * 2008 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік награда «Парасат ордені» мен марапатталды. ## Әдебиеттер Әдебиеттер: Есеп жұмыстарын механикаландыру, А., 1971; Организация и методология бухгалтерского учета в условиях АСУ, М., 1983; Менеджмент, А., 1998; Научно-технический прогресс и занятость: современные мировые тенденции, А., 1998; Методы научных исследований в экономике, А., 1999; Международные экономические отношения, А., 2001. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ атты шараны КӨПЖАСАР НӘРІБАЕВ қорытындылады(қолжетпейтін сілтеме)
Неменов Леонид Михайлович (16.11.1905, Днепропетровск қаласы, Украина – 20.7.1980, Алматы) – ғалым, техникалық ғылымдар докторы (1949), профессор (1962), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1962). Ленинград мемлекеттік университетін бітірген (1929). 1929 – 68 ж. Ленинград физика-техника институтында, КСРО ғылым академиясының И.В. Курчатов атындағы Атом энергиясы ин-тында, Қазақстан ғылым академиясының Ядролы физика институтында ғылыми қызметпен айналысқан. 1963 – 68 ж. Қазақстан ғылым академиясының физ.-матем. бөлімшесінің академигі-хатшысы, Қазақстан ҒА Президиумының академигі-хатшысы қызметтерін (1967 – 68) атқарды. 1968 – 80 ж. Бүкілодақтық физика-техника және радио-техника өлшеулер ғылыми-зертеу институтының үдеткіштер орт-ның бастығы болды. Негізгі ғылыми еңбектері диэлектриктер мен шала өткізгіштер физикасына, ядрлы физикаға және үдеткіштер техникасына арналған. Неменовтың басшылығымен КСРО-да масса ақауын өлшеуге арналған алғашқы прецизиондық масс-спектрограф (1937) және полюстерінің диаметрі 1200 мм циклотрон (1946) жасалды. Қазақстанда болған кезінде Неменов иондарының энергиясы реттеліп отыратын изохронды циклотрон жасап өндіріске енгізді (1965). КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған (1953). 2 рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, 2 рет “Құрмет белгісі” ордендерімен және медальдармен марапатталған. ## Сілтемелер * Ядорлы Физика * Физика * Циклотрон ## Дереккөздер
Неплюев Әскери Училищесі, Неплюев кадет корпусы – әскери мамандар даярлаған оқу орны. 1825 ж. 2 қаңтарда Орынборда ашылған. 1844 ж. Орынбор Неплюев кадет корпусы болып қайта құрылды. Оқу орны Азия халықтарын отарлауға қажетті мамандар даярлау мақсатын көздеді. Алғашында арнайы жабық оқу орны болып, қазақ балалары қабылданбады. Кейін кадет корпусындағы екі эскадронның (Еуропалық және Азиялық) біріне, Азиялық эскадрондағы 30 орынға қазақ ақсүйектері мен старшындарының балаларын қабылдауға рұқсат берілді. Бірақ кейін патша үкіметі мұндай оқу орнында қазақ балаларын оқытуды қауіпті деп есептеп, 1868 жыл 4 тамызда қазақ балаларына бөлінген 30 стипендияны жойды. Енді қазақтар ерікті түрде өз қаражатымен оқитын болды. Бұдан кейін корпуста қазақ балаларының саны күрт азайып, бірен-саран ірі байлардың балалары ғана бітіріп шықты. ## Сілтемелер * Суворов кадеттер училищесі * Училище * Әскер ## Дереккөздер
Николаев полиметалл кен орны – Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан. ## Минералдары Басты минералдары: пирит, марказит, халькопирит, сфалерит, кварц, барит. Алынатын басты металдар: мыс, мырыш, қорғасын. ## Геологиялық құрылымы Кен денесі девон жүйесінің эйфель-фран жасындағы жанартаутекті-шөгінді тау жыныстарынан құралған. Олар субжанартау-текті кварцты альбитофир және базальтты порфирит денелерімен кескінделген. ## Жатыс сипаты Кен орнында жарылымдармен, майда линзалармен бөлінген Орталық және Оңтүстік екі ірі кенді шоғыр белгілі. Олар 90 м тереңдікте бірігіп, ыдыс тәрізді денені құрайды. Орталық кенді шоғырына кен орнының негізгі металдық қоры жатады. ## Құрамы Кен сом, тұтас, сеппе, құрамы жағынан колчеданды, мысты-мырышты болып келеді. Олардың бір-біріне қатынасы тиісінше 1:2, 2:0,1:1. Қосымша элементтері алтын (0,7 г/т), кадмий (0,013%), сүрме (0,014%), күміс, кобальт, висмут, т.б. Күкірт мөлшері 40%-дай. Тотығу белдемінің тереңдігі 55-100 м. Кен шахта және ашық кеніш арқылы алынады. ## Дереккөздер
Ниобий (лат. Nіobіum; Nb) — элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы хим. элемент, ат. н. 41, ат. м. 92,9064. Табиғатта тұрақты бір изотопы 93Nb бар. Ниобийді ағылшын химигі Ч.Хатчет (1765 – 1847) ашқан (1801ж). Жер қыртысындағы массалық мөлшері 2.10–3%. Маңызды минералдары: колумбит-танталит тобы (Fe, Mn) (Nb, Ta)2O6, пирохлор (Сa, Na) (Nb, Ta, Tі)2O6 (OH, F), лопарит (Na, Ce, Ca)2(Tі, Nb, Ta)O3. Ниобий ашық-сұр түсті иілгіш металл, кристалдық торы көлемді орталықтандырылған кубты; тығыздылығы 8,57 г/см3, балқу t 2500ӘС, қайнау t 4927ӘС. Тотығу дәрежесі +5, +1-ден +4-ке дейінгілері сирек кездеседі. Бөлме температурасында HCl, HNO3, H2SO4, H3PO4, патша арағы және NH3 ерітіндісі әсеріне тұрақты, фторсутек және оның HNO3 қоспасымен, сілті ерітінділері және балқымаларымен, 300 – 400ӘС-та F2, 200ӘС-тан жоғары O2 және Cl2, 250ӘС-тан жоғары Br2, H2, 400ӘС-та N2, 1200 – 1400ӘС-та C-пен әрекеттеседі. 1500 – 1800ӘС-та Nb2O5-ті көміртекпен немесе алюминиймен, K2NbF7-ні натриймен тотықсыздандыру, Nb2O5-ті K2NbF7 балқымасында электролиздеу арқылы алады. Оның құймалары реактивті қозғалтқыштардың, зымырандардың, газды трубиналардың, хим. аппараттардың, электронды құралдардың, эл. конденсаторлардың және асқын өткізгіш қондырғылар бөлшектерінің құрылымдық материалдары ретінде қолданылады. Ниобийдің құрамы ультра негізді (0,2 г/т Nb) қышқыл жыныстарға (24 г/т Nb) артады. Ниобий әрдайым тантал жүреді. Ниобий мен танталдың жақын химиялық қасиеттері олардың бір минералдарда бірге болуына және жалпы геологиялық процестерге қатысуына себепші болады. Ниобий құрамында титан бар минералдар қатарында титанды алмастыра алады (сфен, ортит, перовскит, биотит). Ниобийдің табиғатта болу түрі әртүрлі болуы мүмкін: шашыраңқы (магмалық жыныстардың тұқым түзуші және акцессорлық минералдарында) және минералды. Жалпы алғанда, ниобий бар жүзден астам минералдар белгілі. Олардың өнеркәсіптік маңызы тек кейбір: колумбит-танталит (Fe , Mn)(Nb, Ta)2O6, пирохлор (Na, Ca, TR, U)2(Nb, Ta, Ti)2O6(OH, F) (Nb2O5 0 — 63 %), лопарит (Na, Ca, Ce)(Ti, nb)O3 ((nb, Ta)2O5 8 — 10 %), кейде эвксенит қолданылады сондай-ақ құрамында қоспалар (ильменит, касситерит, вольфрамит) түріндегі ниобий бар минералдар бар.
Болат Кеңесбекұлы Ниязымбетов (19.09.1972 ж. т., Тараз қаласы, Жамбыл облысы) – боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Алғашқы бапкері – Д.Буданбеков. Қазақстанның және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері (1991,Минск, Беларусь), ТМД чемпионатының (1993ж) және Азияның екі дүркін чемпионы (1994ж, Тегеран, Иран, 1995ж, Ташкент, Өзбекстан), Әлем кубогы бәсекесінің (1994ж, Бангкок, Тайланд), 12-Азия ойындарының (1994ж, Хиросима, Жапония) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының жеңімпазы (1995ж, Ташкент, Өзбекстан). 26-Олим¬пия¬лық ойындардың қола жүлдегері (1996, Атланта, АҚШ), 2-Шығыс Азия ойындарының алтын жүлдегері (1997ж, Пусан, Оңт. Корея) болды.
Сабыр Біләлұлы Ниязбеков (15 желтоқсан 1912, Ақмола облысы Астрахан ауданы Өрнек ауылы – 26 тамыз1989, Алматы қаласы) – мемлекет қайраткері. 1963–1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1930–1931 жылдары Орал кеңес-партия мектебінде оқыған. 1931–1932 жылдары Қарағанды облысы, Нұра ауданы комсомол комитетінің хатшысы, Семей облысы атқару комитеті жастар жөніндегі инспектор, 1933–1937 жылы Семей және Ақмола облыстарында шаруашылық басшысы жұмыстарында, Қызыл Армия қатарында болды. 1938–1941 жылдары баспасөзде мемлекеттік құпияны қорғау жөніндегі Қарағанды облысы бөлімінің редакторы және оның бастығы. 1941–1943 жылдары Қарағанды облысы партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. 1943–1945 және 1954–1956 жылдары Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқыды. 1945–1954 жылдары Қостанай облысы партия комитетінің хатшысы, Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің 2-хатшысы, 1956–1965 жылдары Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы, Қазақстан КПТ-ның өлкелік комитетінің 2-хатшысы, Целиноград облысы партия комитетінің 1-хатшысы, Алматы облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. 1965–1978 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болды. Ниязбеков республиканың көптеген облыстарының экономикасының дамуына басшылық жасап, 1960 – 1970 жылдардағы Қазақстанның саяси, мәдени өміріне белсене аралас-ты. 2 Ленин, 2 Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. 1978 жылдан одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. ## Дереккөздер
Ново-Александровск — патшалық Ресейдің әскери бекінісі. 1834 жылы Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, Адай руы қоныстарының бірі – Қызылтас деген жерде, Хиуа хандығына баратын жол бойына салынған. Патша өкіметі Ново-Александровск бекінісі арқылы жергілікті қазақтар мен түрікмендерді Ресейге біржола бағындыруды көздеді. Бекініс 1846 жылы жойылды.
Новоишим (1997 жылға дейін — Куйбышев) — Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының (1969 жылдан) және Новоишим ауылдық округінің орталығы, темір жол бекеті. ## Географиялық орны Облыс орталығы – Петропавл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 270 км жерде, Есіл өзенінің жағасында орналасқан. ## Халқы 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 10152 адам (5019 ер адам және 5133 әйел адам) болса, 2009 жылы 11284 адамды (5407 ер адам және 5877 әйел адам) құрады. ## Тарихы Ауыл 2000 жылға дейін "Куйбышевский" деп аталған. Іргесі 1914 жылы қаланды. Алғашында "Козырное" деп аталған. Кейін жақын жатқан Ашанино, Пески, Целинное және Трудовое ауылдарымен бірігіп, қазіргі атымен аталды. Кенттегі бұрынғы кәсіпорындар негізінде 10 акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрылды. ## Инфрақұрылымы Аурухана, емхана, санэпидстанса, 3 мектеп, кәсіптік-техникалық мектеп, мәдениет үйі, т.б. бар. Новоишим арқылы Петропавл – Көкшетау автомобиль магистралі өтеді. ## Дереккөздер
Нөгербек дарасы – ортағасырлық қала орны. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Ұлытау тауындағы өзен жағасында орналасқан. Ә.Марғұлан, С.Жолдасбаев, Ж.Смайылов зерттеді. Орлармен және жалдармен қоршалған, аумағы 92.76 м, тікбұрыш алаң түрінде сақталған. Қазіргі сақталған өлшемдері бойынша, жалдардың ені 10 м, биіктігі 1,2 – 2 м. Қаланың бұрыштарында орналасқан қарауыл мұнараларының сақталған биіктігі 2 – 2,5 м. Оңтүстік жағын ішінен екіге бөлінген цитадель қалдықтары алып жатыр. Мұның шығыс бөлігі қабырғалармен 3-ке бөлінген. Қаланың орта тұсында диам. 9 м, тереңд. 1 м дөңгелек шұңқыр байқалады. Кең көлемде қазбалар жүргізілмеген. Салынған шағын шурфтардан қыш ыдыс сынықтары алынды. Деректер бойынша, ескерткіш “орда” деңгейіндегі бекініс қала болып саналады. Ғалымдардың пікірінше, оғыздар әуелі осы Ұлытау төңірегінде бірнеше қалалы орындар салып, өз ұлысын көтерген соң, 10 – 11 ғасырларда Арқадан төмен Сыр бойына қоныс аударған. ## Дереккөздер
Асылбек Ғазизұлы Нұғыманов (1933 жылы 23 маусымда Қызылордада - 2013 жылы 10 қаңтарда Алматыда) — кеңестік кинорежиссер. Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1978). Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының иегері (1976). ## Толығырақ * Асылбек Ғазизұлы 1933 жылы 23 маусымда Қызылордада дүниеге келген. * 1964 жылы Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтын (А.М. Згрудидің шеберханасы бойынша) бітірген. * 1957 жылдан “Қазақфильм” студиясында режиссер болып бірнеше деректі ленталарды түсірді. * 1978 жылы “Үндістанмен кездесу” және “Йеменнің аптабында” деген деректі-хронологиялық фильмдерді жасады. * 1973 жылы “Медеу. Ерлікке толы күн мен түн” * 1974 жылы “Армысың Тың өлкесі” (1974 КСРО ХШЖК-нің күміс медалі мен дипломы) * 1975 жылы “Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында” және “Ерлік туралы аңыз” (1975) атты деректі фильмдер топтамасы үшін 1976 ж. Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын алған. ## Марапаттары * 1976 жылы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының иегері. * 1978 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағымен марапатталды. * КСРОның "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған. * Бірнеше медалдарыдың иегері. * "Құлагер" Ұлттық киносыйлығының иегері. ## Жеке қасиеттері * Саяси қайраткер ретіндегі идеалы - «Барлық адамдар заң алдында тең құқылы». * Қазақстанның болашағы туралы болжамы - Н.Назарбаевтың ісін жалғастырып, тәуелсіздік мәртебені, Ұлт аралық татулықты сақтау, мәдени мұраны қайта жаңғырту». * Хоббиі - газет-журнал қиындыларын жинау, автомобиль, болашақ киносценарийлер, фильмдер үшін материалдар жинау. * Сүйіп оқитын әдебиеті - әдебиеттің барлық түрлерін оқу. ## Жеке өмірі * Үйленген. Жұбайы - НҰғыманова Светлана Сапиқызы, әдебиет пәнінің оқытушысы. * Ұлдары - Нұғыманов Асан, менеджер; Нұғыманов Ғазиз, компьютер маманы. ## Дереккөздер
Нұралы мұнай-газ кен орны — Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жосалы темір жол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 150 км жерде. Құрылымы 1986-1987 жылдары жүргізілген сейсмикалық барлау арқылы анықталған. Іздестіру-бұрғылау жұмыстары 1987 жылы басталып, сол жылы кен орны ашылды. ## Геологиялық құрылымы Тектоникалық тұрғыда Нұралы кен аудaны Ақсай көтерілімі аумағындағы күрделі құрылымда орналасқан. Кен орнында жоғары юралық және неоком түзілімдерінің мұнайгаздылығы анықталған. Ондағы өнімді горизонттар мұнайлы (Ю-0, М-ІІ-2) және мұнай газды (Ю-І, М-ІІ-1) болып бөлінген. Барлық шоғырларға күрделі құрылым тән. Табиғи резервуар типі бойынша шоғырлар пласты, линза тәрізді, литологияық экрандалған, стратиграфиялық және тектоникалық тұрғыдан шектелген. ## Жатыс сипаты, құрамы Өнімді горизонттардың жатыс тереңдігі 1620 м-ден 2050 м аралығында өзгереді. Юралық өнімді горизонттар (ашық кеуектілігі 22 – 24,5%, өткізгіштігі 0,031 – 2,2 мкм2) терригенді жыныстардан құралған. Мұнайы жеңіл, тығыздығы 0,807 – 0,838 г/см3, күкірті аз, жоғары парафинді (12,1 – 19,8%), аз мөлшерде шайыр және асфальтендер кездеседі. Неоком М-ІІ-1 және M-ІІ-2 арысқұм свитасының өнімді горизонттары гравелиттерден, құмтасты және сазды алевролиттерден құралған. Мұнай шоғырларының ілеспе газдары ауыр, 49,4 – 63,83% метан, 30,2 – 45% ауыр көмірсутектер, 2 – 3,5% азот және аз мөлшерде гелий, көмір қышқыл газ бар.
Ыдырыс Ноғайбаев (15 мамыр 1931 жылы, қазіргі Алматы облысы, Талғар қаласы — 1 қыркүйек 1989) — қазақ актері, педагог, Қазақ КСР халық әртісі (1966). ## Өмірбаяны Профессор И.М.Раевскийдің шәкірті. 1954 жылы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы қазақ студиясын бітірді. Сол жылдан қазақ драма театрының құрамында қызмет етеді. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Гастрольдік сапармен Қазанда, Уфада, Нүкісте, Ширазда (Иран) өнер көрсетті. 1970 жылдан Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ консерваториясы) актерлер факультеті мен республикалық эстрада студиясында педагогтық қызметпен шұғылданады. ## Ойнаған рөлдері Сахналық дебютін М.Горький драмасы бойынша қойылған спектакльдерде Тетерев пен Егор Булычов ("Тоғышарлар" мен "Егор Булычов және басқаларында") рөлін ойнаудан бастады. М.Горький қаһармандарының тағдырымен байланысты өзінің актерлік творчествосының өн бойынан өтетін өзекті бір тақырыпты ашты. Ол — қоғамдық ауыр тұрмыстан ғұмырлық ой-мұраты мен бақытын таппай, өмірдің тұйық тұңғиығынан биік тұғырға ұмтылған өрелі жандар тағдыры, жалғыздықтан қайғылы өмірге тап болған жандардың шиыршық атқан ой арпалысы. Осы тақырыпта сахналық бояуын тапқан кейіпкерлер қатарында М.Әуезовтің "Еңлік—Кебегіндегі" Есенді, Ғ.Мүсіреповтің "Ақын трагедиясындағы" Мылқауды (Балуанды), Э.Раннеттің "Адасқан ұлындағы" Март Туйскіні, Қ.Мұхамеджановтың "Жат елдесіндегі" Құрбанды, Қ.Бекхожиннің "Ұлан асуындағы" Абылайды, Ә.Нүрпейісов пен Ә.Мәмбетовтің "Қан мен теріндегі" Кәленді т.б. атауға болады. Бүдан басқа актер ойынында сахналық шешімі күрделі характерлер болып шыққан — Абай, Қобыланды (Әуезов пен Соболевтың осы аттас трагедиясы мен "Қара Қыпшақ Қобыландысында"), Қарабай (Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлуында"), Отелло, Петруччио (Шекспирдің осы аттас трагедиясы мен "Асауға түсауында"), Теодоро (Лопе де Веганың "Қызғаныштан махаббатында"), Агабо (Иоселианидің "Арбаң аман болсынында") өзара мүлдем ұқсамайтын өскен ортасы мен туған топырағы бір-бірінен тым шалғай жатқан қилы-қилы тағдырлар. Осындай адам бойындағы қым-қиғаш сезім иірімдері мен күрделі ой-толғаныстарын көрермендерге терең ашып өткізу — оның актерлік өнеріне тән қасиет. 1955 жылдан фильмдерде ойнап, ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ыдырыс ("Мазасыз көктемде", 1955), Амантай ("Ботакөзде", 1958), Оспан ("Өмір жолында", 1959), Данияр ("Асуда", 1963), Нармағанбет ("Алғашқы мүғалімде", 1964), Сағит ("Шыңдағы шынарда", 1965), Бәйтенов ("Қилы кезеңде", 1966), Сырлыбай ("Қыз Жібекте", 1970) т. б. ## Фильмографиясы * 1955 - Бұл Шұғылада болған еді - Телғара Темірбеков * 1956 - Мазасыз көктемде - Ыдырыс * 1956 - Біз осында өмір сүреміз - Қуаныш Қорқытов * 1957 - Ботакөзде - Амантай * 1958 - Жерге оралу - Ыдырыс * 1959 - Өмір жолында - Оспан * 1959 - Бір түні - жүргізуші * 1961 - Асу - Данияр * 1965 - Алғашқы мұғалім - бай Нармағамбет * 1965 - Шыңдағы шынарда - Сағит Шеңгелбаев * 1966 - Менің арманым - Болат Асанов * 1966 - Қилы кезеңде - Тоқтар Бәйтенов * 1969-1970 - Қыз Жібек - Қаршыға * 1970-1971 - Жұлдыздар сөнбейді - Тоқтар * 1971 - Муслима - эпизод * 1978 - Қан мен тер - Қален * 1979 - Нанның дәмі - Кемелов * 1979 - Қала қалқаны - мемлекеттік комиссияның председателі * 1980 - Суыт жортқан жаушылар - Бөгенбай * 1983 - Оның домбырасында адал дыбыс болды - эпизод * 1985 - Толқындар жағада өледі - эпизод * 1986 - Айқай - эпизод * 1989 - Нокдаун - Абаев ## Марапаттары КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). "Құрмет Белгісі" орденімен жөне медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Нұра су құбыры, Ақмола облысындағы Нұра және Терісаққан өзендерінен бастау алады. 1979 жылы іске қосылған. Ұзындығы 1252 км. Екі өзеннен тәулігіне 16,4 мың м3 су алады. Құбыр жүйесінде 8 ұңғыма, 5 су көтергіш сорғы және 2 су тазарту станциясы бар. Қарағанды және Ақмола облыстарының 89 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етеді. ## Тағы қараңыз * Дарбаза су құбыры * Булаев су құбыры * Айнабұлақ су құбыры * Есіл су құбыры
Серік Төкенұлы Нұрқазов (4.10.1959 жылы туған, Қарағанды облысы Теміртау қаласы әкімдігіне қарасты Ақтау кенті) – боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1985).Алғашқы бапкерлері – Л.Тілеубаев, Я.Фетисов. * Қазақстанның және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. * КСРО халықтары спартакиадасының күміс (1979) және қола медалін алды (1983). * Еуропа чемпионы (1983, Варна, Болгария) және қола жүлдегері (1981, Тампере, Финляндия) * КСРО чемпионы (1982, 1984, 1986), күміс (1979, 1980), қола жүлдегері (1983, 1987) * Әлем кубогінің күміс жүлдегері (1983, Рим, Италия) болған. ## Дереккөздер
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов (25 мамыр 1924, Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Еңбек ауылы — 24 қыркүйек 2013, Алматы) — әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы. ## Өмірбаяны * Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. * 1946 жылы Әскери академияны тәмамдады. * 1981 жылы Бас штаб академиясын бітірді. * 1950-1989 жылдары – Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары. * 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы * 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. * 1992-1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі, армия генералы. * 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. * Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы. * Үйленген. 2 баласы, 4 немересі бар. ## Дереккөздер
Нұрлыбаев Әбдірахман Тұрлыбайұлы (27.3.1927 жылы туған, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылы) – ғалым, геология-петрология ғылым докторы (1971), профессор (1975). Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академикі (2003). Республиканың құрметті кен барлаушысы (2002). Петрология саласынан шыққан тұңғыш қазақ докторы. Орта Азия мемлекеттік университетін (Ташкент мемлекеттік университетін) бітірген (1951). 1948 – 56 жылдары геология басқармаларында жұмыс істеген. 1956 жылдан Қ.И. Сәтбаев атындағы геология ғылымдар институтында қызметте. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы сілтілі тау жыныстарының геологиясы мен минералогиясына, геохимиясы және минерагениясына арналған. Нұрлыбаевтың күрделі ғылым еңбектерінің тұжырымды зерттеулерінің арқасында түсті металлургия, химия, құрылыс және басқа да өндіріске қажетті шикізат қорлары бола алатын нефелин-лейцит, алунит, каолинит, слюда, кианит, дала шпаттары, дюмортьерит, т.б. жоғары глиноземді және геотехногенді кендері, оған қоса көптеген сирек кездесетін металл кен-көздері (Есіл тобы, Қосістек, Борсықсай, Абай, Қарсақпай, Қаратал, Иірсу, Бадам) ашылды. 10 монография, 300-ден астам ғылыми еңбек жазған. Бірнеше медальмен марапатталған. ## Шығармашылығы * Табиғаттың тамаша қазба-байлықтары, А.-А., 1972 * Қазақстанның сілтілі тау-жыныстарының минералогиясы, А., 1976 * Оңтүстік Торғай ойпаты мен Солтүстік Ұлытау өлкелерінің геологиясы мен пайдалы қазбалары, 1 – 2 т., А., 1984 * Солтүстік Қазақстанның геологиясы, 1 т., Солтүстік Қазақстанның магматизмі, 2 т., А., 1988
Нұрмақанов Қалжан Әлібекұлы (24.9.1927, Қызылорда облысы Қазалы қаласы – 3.6. 1963, Алматы) – әдебиет сыншысы, аудармашы. ММУ-дың филология факультетін бітірген (1951). 1952 – 58 жылдары Жазушылар одағының Орта Азия мен Қазақстан әдебиеті бойынша кеңесшісі, “Дружба народов” журналында, “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінде әдеби қызметкер, Қазақстан мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясының бас редакторы (1956 – 58), “Әдебиет және искусство” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының бөлім меңгерушісі болды. Нұрмақановтың орыс-қазақ әдебиеті байланысына, шығыстық үлгідегі туындылар мен аударма мәселелеріне қатысты ғылыми-теория тұжырымдары “Әдеби ойлар” (1960, орыс тілінде), “Дәстүрлі достық” (1962), “Дос лебізі” (1968) атты әдеби-сын мақалалар жинақтарына топтастырылған. Ш.Айтматовтың “Жәмилә”, “Бетпе-бет”, “Алғашқы ұстаз”, “Құс жолы”, сондай-ақ Нұрмақанов Николай Семенович Тихоновтың “Вамбери” повестерін қазақ тіліне аударған. Ш.Айтматовтың повесі негізінде жазылған “Аңсаған менің әнімсің” пьесасы жарық көрген. Қазалы қаласының орталық көшелерінің біріне Нұрмақанов есімі берілген. ## Дереккөздер
Нығмет Нұрмақұлы Нұрмақов — (25 сәуір 1895 жылы, Семей облысы Қарқаралы уезі - 25 қыркүйек 1937 жылы Мәскеу) - ірі мемлекет және қоғам қайраткері. ## Өмірбаяны * Арғын тайпасы Қаракесек руының Көшім бөлімінен шыққан. * 1915 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген. * 1931 жылы ВКП (б) ОК жанындағы Коммунистік университетті тәмамдады. * 1915—1918 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі. * 1918 жылы ақпан-мамыр айлары — жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы. * 1918—1919 жж. Ақгвардияшылар түрмесінде. * 1920—1921 жж. — Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі. * 1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы. * 1923 жылдың 11 сәуірінен РКФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы. Н. Нұрмақовтың Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуратураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор. * 1923—1924 жж. Юстиция халық комиссары. Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды. 1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді. * 1925 жылғы қыркүйек—қазан айлары — ВКП(б) Киробкомының бөлім меңгерушісі. * 1924 жылғы қазан — 1929 жылғы сәуір — ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы. * 1929—1931 жж. — Мәскеуде оқуда. * 1931—1937 жж. — ВЦИК хатшысының орынбасары. ВЦИК Президумының бөлім меңгерушісі ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі. * 1937 жылы атылып, 1956 жылғы тамызда ақталды. ## Сіңірген еңбектері Нығмет Нұрмақов берік қалыптасқан интернационалист болды. Ол туған республика жетістіктерін бүкіл совет елінің табыстарымен тығыз байланыста қарады. Оның Одақтық үкімет алдына қойған бірқатар маңызды ұсыныстары терең дәйектілігімен назар аударды. Мәселен, астықты аудандардың бірі ретінде Қазақстанның ролін арттырудың қажеттігін мәселе етіп қойды. Партиялық және мемлекеттік жұмыстың қай саласында жүрсе де барлық күш-жігерін, ұйымдастырушылық дарыны мен білімін жаңа құрылыс ісіне аянбай жұмсады. ## Дереккөздер
Нағымбек Жемал-Әд-Динұлы Нұрмұхамедов (06.11.1924, Павлодар облысы Баянауыл ауданы-17.12.1986, Алматы) – кескіндемеші, өнертану ғылым кандидаты (1961), Қазақ КСР-інің халық суретшісі (1974). 1940 – 1942 жылдары Алматы театр-көркемсурет училищесінде, 1947 – 1953 жылдары Санкт-Петербург кескіндеме, мүсін және архитектура институтында оқыған. 1961 жылы КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы аспирантураны А.М. Герасимовтың шеберханасы бойынша бітірді. Қондырғылы кескіндеменің әр түрлі жанрында жұмыс істеп, сюжетті картина саласында жемісті еңбек етті. “Кеңес Одағы Әскери Теңіз-флотының адмиралы И.С. Исаков” (1964 – 1965), “Бес қаруың сай болсын” (1965), “Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин” (1969) портреттерін салды. Франция, Бразилия, Жапония елдеріне сапар шегіп, нәтижесінде бірнеше суреттер топтамаларын жасады. Нұрмұхамедов еңбектері Канада, Бельгия, Югославия, Финляндия көрмелерінде қойылды. Қазақстанның бейнелеу өнері жөнінде кітаптар мен альбомдар шығарды. “Еңбек даңқы ерлері” топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1978), “Құрмет белгісі” (1959, 1971), 2-дәрежелі Отан соғысы (1985) ордендерімен және медальдармен марапатталған. ## Шығармашылығы * Научись рисовать, А., 1962 * Искусство Казахстана. Альбом, М., 1970 * Мавзолей Хаджи Ахмеда Ясави. Альбом, А. 1980 ## Дереккөздер
Рафиқа Бекенқызы Нұртазина (8.3.1921 жылы туған, Павлодар облысы Павлодар ауданы 6-ауылы) – педагог-әдістемеші, ғалым, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі (1966), Социолистік Еңбек Ері (1968), педагогика ғылым кандидаты (1974). Қазақтың мемлекеттік қыздар педигогика институтының филология факультетін бітірген (1951). 1951 – 71 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан сол мектептің директоры болды. 1972 жылы республикалық педагогика қоғамның төрағасы болып сайланды. Нұртазина – 40-тан астам ғылыми әдістемелік еңбектің (орыс тілінде) авторы, ол қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты. Ленин (1968), “Құрмет белгісі” (1966) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Діни көзқарасы - ислам. Саяси қайраткер ретіндегі идеалы - В.И. Ленин. Қазақстанның болашағы туралы болжамы - «Өз балаларымның, немерелер мен шеберелерімнің жарқын болашағына сенемін». Хоббиі - қазақ балалар әдебиеті. Сүйіп оқитын әдебиеті - А.С. Пушкин. Жұбайы - Сүлейменов Дүйсен Әлібайұлы (1914-2000),мал дәрігері болған, ҰОС ардагері (49-шы кавалериялық дивизияның капитаны), Отан соғысының II дәрежелі орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдар және құрмет грамоталарымен марапатталған. Қыздары - Сүлейменова ГүлнұрДүйсенқызы (1943 жылы туған) дәрігер, Сүлейменова ЭлеонораДүйсенқызы (1945 жылы туған), ЖМ ХГА академигі, филологияғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы тіл білімі кафедрасыныңпрофессоры, Сүлейменова Баян Дүйсенқызы (1949 жылы туған),орыс тілінің оқытушысы, дефектолог-логопед, Алматы қаласы№9 мектеп-интернаттың директоры; ұлы - СүлейменоиНұрлан Дүйсенұлы (1952 жылы туған), биолог. ## Шығармашылығы * Занимательнай грамматика, А., 1973 * Книга для чтения для 5 класса казахской школы, А., 1974 * Сабақ жалғасы, А., 1996 * Мирастың кітабы (телавтор), А., 1998. ## Дереккөздер
Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс (15 наурыз 1935 жыл, Алматы облысы Райымбек ауданы — 10 желтоқсан 2007 жыл) — ғалым, тарих ғылымының докторы (1973), профессор (1980), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1982), Қазақстан Ұлттық ғылыми академиясының академигі (2003; 1987 жылы — корреспондент мүшесі). Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. 1957 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірді. 1958 жылдан Қазақстан Ұлттық ғылыми академиясының Тарих жөне этнология институтында қызмет істейді. Нұрпейісов Қазақстан тарихы, ұлттық-мемлекеттік құрылым проблемалары жөнінде бірнеше монография, кітапша және 400-ге жуық ғылыми- зерттеу мақалаларын жариялады. Қазақстан мен Орта Азиядағы Азамат соғысы туралы 2 томдық құжаттар жинағын (“Иностранная военная интервенция и гражданская война в Средней Азии и Казахстане”. Документы и материалы, том 1,1963; том 2, 1964), Қазақстандағы Қазан революциясының шежіресін (1967), Қазақстан ҒА-дағы тарих, археология және этнография институтының Ақмола, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында істеген ғылыми экспедицияларының зерттеу қорытындьларын (кітапта: “Из истории социального строительства в Казахстане”, 1960; “Из истории Октябрьской революция и гражданской войны в Казахстане”, 1962; “Из истории борьбы за власть Советов в Казахстане”, 1963) жариялауға қатысты. 1982 жылы Қазақстан тарихының 5 томдық үжымдық жинағын шығаруға қатысқаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен технология қайраткері (1998). 3 ғылыми доктор, 25-тен аса ғылым кандидатын даярлады. 300-ден аса ғылыми жарияланымның, соның ішінде 20-дан аса монографияның авторы. ## Шығармалары * "Становление Советов Казахстана", 1987; * "История Казахстана с древнейших времен до наших дней", очерк, 1993; * "Алаш һөм Алашорда", 1995. ## Дереккөздер
Нұрпейісов Садық (24.02.1904, бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезді Әйет болысы – 1938, Мәскеу) – мемлекет және қоғам қайраткері. Алғашында ауыл мектебінде, соңынан 2 сыныптық қазақ-орыс бастауыш училищесінде оқыды. 1918 жылы көктемде Қостанайдағы еріктілер қатарында колчакшыларға қарсы күресті. 16 жасында (1920) ауылдық кеңестің төрағасы болып сайланды. 1920 жылы қыркүйекте Челябі губераторының Полтавск поселкесінде жасақталған ерекше тағайындалған бөлімнің (ЧОН) құрамына кірді. 1922 жылы шілдеде Қазақстанға қайтып оралып, Қостанай губаторының Денисов уездінде әртүрлі қызметтер атқарды. “Қосшы” одағы мен кеңесңестерге тарту, халық ағарту саласы мен көркемөнерпаздар театрын құруда үлкен белсенділік көрсетті. 1924 – 29 жылы Қостанай губернор, Жетісу мен Сырдария облыстарында комсомолдық қызметтер атқарды. Қазақ өлкелік комсомол к-тінің бірінші хатшысы болды. 1931 – 34 жылы қазіргі Жамбыл облысы Мерке ауданы партия к-тінің бірінші хатшысы, Қарағанды облысы партия к-тінің екінші хатшысы, 1934 – 38 жылы Қазақ өлкелік партия к-тінің және Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Нұрпейісов қай жұмыста жүрсе де ұлттық кадрларды басшы қызметтерге көптеп тартты. 1938 жылы мамырда БК(б)П ОК-не жұмысқа шақыртылуына байланысты Қазақстан Компартиясы ОК құрамынан босатылды. Тұтқындалғанға дейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумында жұмыс істеді. ## Дереккөздер
Обаған – Тобыл алабындағы өзен. ## Бастауы Шағын тұщы сулы Көктал көлінен басталып (Қойбағар ауылы маңында), Ресей Федерациясы аумағында Звериноголовское селосынан 10 км жерде Тобылға құяды. ## Географиялық орны Қостанай облысының Әулиекөл, Қарасу, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарының жерімен ағады. ## Гидрологиясы Ұзындығы 376 км, су жиналатын алабы 27300 км2. Аңғары жоғарғы ағысында 2,5 – 3 км, орта бөлігінде 3 – 8 км, сағасына таяу 7 – 7,5 км. Арнасы жарлы (2 – 4 м). Торғай қолатымен ағады. Ірі саласы – Құндызды. Аңғарында Құсмұрын, Талды, Алакөл, Теңіз, Қарақамыс, т.б. көлдер бар. Жер асты, жауын-шашын суымен толығады. Жылдық орташа су ағымы сағасында (Ақсуат ауылы тұсында) 140 м3/с. Суы жоғарғы бөлігінде тұщы, төменде кермек татиды. Жайылмасы шабындық. ## Дереккөздер
Обаған бокситті ауданы, Орталық Торғай бокситті ауданы – Қостанай облысы Обаған өзені алабы мен Құсмұрын көлі маңайында орналасқан кенді алап. Обаған бокситті ауданына Батыс Обаған, Приозерная, Құсмұрын, т.б. кен орындары жатады. Кен орындары континенттік түзілімдердің бор кезеңінде жаралған. Обаған бокситті ауданы екі құрылымдық қабатқа бөлінеді: төменгі қабаты – кристалдық іргетас (ол кенге дейінгі қатпарлы қабаттан, кембрийге дейінгі палеозой, триас және юра түзілімдерінен құралған), жоғарғы платформалық қабаты – мезо-кайнозойлық түзілімде. Іргетастың жоғарғы бөлігі көбінесе эффуз. және жанартаутекті шөгінді құрамды. Олар төменгі-ортаңғы триас жарылымдарын құрайды. Бокситті шөгінділер борға дейінгі бедердің төменгі бөлікшесін толтырған төменгі және жоғарғы топтардан тұрады. Төменгі топ шұбар түсті, ақ және сұр каолинитті саздардан, ал жоғарғы топ сұр түсті құм, алевролиттер және саздардан құралған. Бұлардан жоғары жоғарғы бор мен палеогеннің теңіз шөгінділері орналасқан. Олардың үстін жоғарғы палеоген мен неогеннің континенттік түзілімдері және төрттік шөгінділері көмкеріп жатыр. Обаған бокситті ауданы кендерінің бокситті иірімдерінің қалыңдығы 2 – 7 м, тереңдігі 35 – 160 м. Кенді минералдары гиббсит, гематит, каолинит, сидерит, т.б. Al2O3 40 – 45%, SіO2 9%-дай. Кен ашық әдіспен өндіріледі. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Қостанай облысы
Обалар, қорған — күзеттік немесе молалық үйінді төбелер. Қазақстанның далалық өңірінде кездеседі. Биіктігі 30–60 сантиметрден 20 метрге, көлденеңі 3–4 метрден 100 метрге дейін жетеді. Кейде қорған деп табиғи жолмен пайда болған қалдық қыратты да атайды (мысалы, Волгоградтағы Мамай қорғаны). ## Дереккөздер ## Дереккөздер
Обручев мұздығы – Жетісу Алатауының солтүстік беткейіндегі аңғарлық мұздық. Сарқан өзенінің алабындағы Шатыртас бастауында орналасқан. Мұздықты алғаш 1957 жылы П.А. Черкасов зерттеді. Оған көрнекті геолог В.А. Обручевтің есімі берілген. ## Аумағы, жер бедері Аумағы 4,47 км2, оның ішінде борпылдақ жыныс жапқан жері 0,38 км2. Ұзындығы 3,75 км. Фирн (мұзқар) алаңының ауданы 1,74 км2. Мұздық 4010 м биіктікте, ал мұздық тілі аңғар табанына (3391 м) тіреледі. Мұздық қарқынды ерігінде төмен моренадағы алаңда көлемді көл пайда болады. Одан Шатыртас өзені басталады.
Әзілхан Нұршайықов (15 желтоқсан, 1922 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ақбұзау ауылы - 12 ақпан, 2011 жылы Алматы) — жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978). Қазақстанның халық жазушысы (1990). А.А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (1987). Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы. ## Өмірбаяны Найман тайпасының Бура руынан шыққан. * Алматы қаласындағы Тау-кен институтында, Семейдегі қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған. * 1941 – 45 жылдары — Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері, әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық, облыстық газеттерде басылды. * Соғыстан кейін ҚазМУ-ды бітірген (1949). * 1953 – 79 жылдары — “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінің бөлім меңгерушісі, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, * 1953 – 56 жылдары — Павлодар облысы “Қызыл ту” газетінің редакторы, * 1961 – 63 жылдары — республикалық “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, Қазақ Совет энциклопедиясы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыстағы ауданда” деген атпен 1956 жылы жарық көрді. * 1987 жылы — “Дорогие памяти” әскери-патриоттық жинағы үшін А.А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықты алды. 2011 жылы Азиада 2011 қысқы ойындарында эстафетаны жалғаған. Бірнеше күннен соң дүние салып, әйелінің жанында жерленген. ## Шығармашылығы * Тоғыз толғау, А., 1977 * Автопортрет, А., 1977 * Шығ. жин. 2 т., А., 1992 * Жамбылға хат: Әскери естеліктер, А., 1996 * Қаламгер және оның достары, А., 2000 * Өмір өрнектері: Әдеби күнделіктер, А., 2000 * Махаббат қызық мол жылдар (орыс тілінде, 1980 – 82), А., 2002 * Ақиқат пен аңыз, А., 2004 * Махаббат жырлары (орыс тілінде, 1965 – 82), А., 2005 * Мәңгілік махаббат жыры, А., 2005 * Таңд. шығ. жин., 10 т., 2005. * Мәңгілік махаббат жыры: поэма.- А.:Өлке,2005.- 607 б. * Мен журналистпін.-А.: Қазақстан, 1977.-167 б. * Батырдың өмірі: шағын повестер, әңгімелер, естеліктер.-А.: Жазушы,1969.- 176 б. * Боздақтар.-А.:Санат, 2005 * Жер туралы жыр: очерктер.-А.:Қазақстан, 1974.-320 б. * Екі естелік (Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов туралы хиқая, эсселер).-А.:Жалын,1985.-176 б. ## Аудармалары И.Буниннің шығармаларын, М.Шолоховтың “Адам тағдыры”, П.Павленконың “Жарияланбаған хат” әңгімелерін, А. Якобсонның “Қорқау” пьесасын, т.б. туындыларды қазақ тіліне аударды. ## Мемлекеттік марапаттары * Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы; * 1943 жылы КСРО-ның «Ерлігі үшін» медалі; * 1944 жылы КСРО-ның «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі; * 1944 жылы КСРО-ның 3-дәрежедегі «Даңқ» Ордені * 1945 жылы КСРО-ның «Германияны жеңгені үшін» медалі; * 1945 жылы КСРО-ның «Варшаваны азамт еткені үшін» медалі; * 1956 жылы КСРО-ның «Құрмет белгісі» Ордені; * 1984 жылы КСРО-ның «Халықтар Достығы» Ордені; * 1985 жылы КСРО-ның 2-дәрежедегі «Отан соғысы» Ордені; * КСРО-ның Еңбек ардагері медалі; * 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Ленин туғанына 100 жыл медалі; * 1978 жылы «Ақиқат пен аңыз» романы үшін Абай атындағы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. * 1987 жылы А.А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты; * 1990 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. * 1995 жылы тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. * 2005 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты «Парасат ордені» елбасының жарлығымен марапатталған. * 2010 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан ордені» мен елбасының өзі марапаттады (Астана, Ақорда 2010 жылы). * 2010 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті елбасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік және Президенттік степендиясының иегері. * Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы * Жарма ауданының Құрметті азаматы. ## Жеке қасиеттері * Әскери шені - аға сержант. * Хоббиі - фотография, жақсы кітаптар жинау. * Жұбайы - Өзбақанова-Нұршайықова Халима Қалиакбарқызы (1922-2001), оқытушы, әдеби серігі болған. Қыздары - Нұршайықова Жанар Әзілханқызы (1949 жылы туған), филология ғылымдарының докторы, профессор, Нұршайықова Жаннат Әзілханқызы (1951 жылы туған), экономист; ұлдары - Арнұр Әзілханұлы (1952 жылы туған), инженер-энергетик, Жаннұр Әзілханұлы (1954 жылы туған), инженер-электрик. ## Дереккөздер
Нысанбай жырау Жаманқұлұлы (1822-1883) - 1822 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туып, сонда 1883 жылы қайтыс болған. Атақты қазақ ақын жырауы. Жетіру тайпасының Керейіт руының Ашамайлы бөлімінен шыққан. Тарихи тақырыптағы Кенесары – Наурызбай дастанын жазған. Бұл шығарма алғаш рет 1875 ж. "Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества" журналында жарияланды.Нысанбай жырау Жаманқұлұлы (1822, Сыр бойы – 1883, қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққошқар мекені) – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жыршысы. Нысанбай жырау көтеріліске бастан-аяқ қатысып, көрген-білгенін жырға қосқан. “Кенесары – Наурызбай” атты көлемді дастанында көтеріліс басшыларын батырлар жыры дәстүрінде бейнелеп, заман шындығын отарлық езгіге қарсы көтерілген халық үнімен шебер қиюластыра білді. Жырда Кенесарының қырғыздарға жасаған жорығы, оның қаза табуы мазмұндалған. Дастан халық арасына кең тараған, алғаш 1875 жылы С.Жантөрин мен Т.Сейдалиннің аудармасымен “Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества” журналында орыс әліпбиімен қазақ тілінде басылды. Шығарманы 1912 жылы Қазан қаласында ЖЫЛЫ Шайхысыламұлы жеке кітап етіп бастырды, 1923 жылы Ташкентте Х.Досмұхамедұлының, 1924 жылы Н.Төреқұловтың алғысөздерімен кітап болып шықты. 1996 жылы “Қазақ халық әдебиеті” атты көп томдықтың 17-кітабында жарық көрді. Нысанбай жыраудың шығарм. жолын Х.Досмұхамедұлы, Е.Ысмайылов, І.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Т.Тебегенов, т.б. зерттеді. ## Дереккөздер
Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов (5 қаңтар, 1937 жылы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында туған) — әнші. Қазақстанның халық әртісі. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Парасат, Құрмет ордендерінің иегері. ## Жалпы мәліметтер Нұрғали Нүсіпжанұлы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында 1937 жылдың 5 қаңтарында қарапайым шопан отбасында дүниеге келді. Оның ата-бабалары ежелден осы өлкенің күңгейтеріскейін мекендеген. *Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында әнге құмартты. Көркемөнер ұйымының құрамында үшінші сыныпта жүрген шағында сайлау алдындағы ата-аналарға арналған концерттердің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындағаны үшін мақтау қағазын алды. Нұрғали студенттер мен жастар арасында Мәскеуде өтетін фестивальге жолдама алу үшін ауылдық, облыстық конкурстардан өтеді. Ақыры Алматыдағы қорытынды байқауға қатысты. Әділқазылар алқасы Нұрғалидың ән салушылық қабілетін көріп, консерваторияға қабылдауға ұсынды. ## Өнер жолы * Он тоғыз жасқа келген Нұрғалиды ән өнерін кәсіби, жан-жақты білім алу мақсаты алға тартты. Ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның класында жеті жыл оқыды. Ұстазға Нұрғалидың кең тынысты, сазды дауысы ұнады. Нұрғали консерваторияны бітірген соң Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Осы кезде Нұрғали Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарды. Ол жеке әнші болуды аңсады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетіне әкелді. Бұл ұжымда Нұрғали музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов (1966 – 1976) он жыл қызмет етті. Қызмет бабы Нұрғалиға әншілікті кең атқаруға бағыштады, ол концерттерге тікелей қатысуды қалады. Оның бұл талабы 1976 жылы орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды. ## Білімі 1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Ұстазы Қазақ КСР халық артисі Надежда Николаевна Самышина. ## Шығармашылығы Қазақтың әйгілі композиторы, халық қаһарманы, КСРО халық артисі Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев Нұрғалиға «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтың «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан. * Әнші Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы АХА оркестрінде 20 жыл жетекші әнші болып қызмет атқарған соң, «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамблін ашты. Енді Нұрғали жастарды таңдауға, ансамбльге тартуға белін бекем буып кірісті. Әрі қарай ансамбль еліміздің түпкір-түпкіріде концерттер бере бастады. Алжирде де өнерлерін көрсетіп, сол елдегі Кеңес елшілігі қабылдауында болған-ды, сонда, ұжым Құрмет мақтау қағазымен марапатталды. * Жанұя, туған-туыстары Нұрекеңнің 70 жылдық мерейтойы қңында «Өз елім» (мақалалар, сұхбаттар жинағы) кітабын жарыққа шығарды. * Қазақ халқының толағай көңіл ықыласымен сүйетін әншісі Нұрғали Нүсіпжанов бұл күндері қазақ халқына аянбай, барлық табиғат берген дарынын арнауда. Оның алдағы жылдары сүйсіндірер шығармашылығы үдей түсер. ## Гастролдік сапары Нұрғали Нүсіпжанұлының концерттік бай бағдарламасымен бүкіл Қазақстанды шарлап, ең алыс деген елді мекендерде өнерін көрсетіп, республикамыздың алыс-жақын аудандары мен облыстарында, шалғай елді мекендерде шағын фольклорлық, эстрадалық ансамбльдердің көптеп дүниеге келуіне ықпал етті. Ақиық әнші Қазақстанның орындаушылық өнерін Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай сияқты және басқа да көптеген шет елдерде абыроймен таныта білді. ## Еңбек жолы * Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында әнші; * 1966 – 1976 жылдары Қазақ телевизиясы мен радио хабарын тарататын мемлекеттік комитетінде музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісі; * 1976 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің жетекші әншісі болған (20жыл); * Қазіргі таңда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің солисі болып жұмыс істейді. ## Марапаттары * Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты; * Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы); * Қазақстанның халық әртісі (құрметті атағы); * Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (құрметті атағы); * Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты; * Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты; * «Құрмет ордені»; * 2011 жылы президент жарлығымен «Парасат ордені» мен марапатталған. * 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальі; ## Отбасы * Бірінші жанұясы: жары - Айгүл * Балалары: Бибігүл Нүсіпжанова, Алма, Дариға, Нұргүл, Нұрзар. * 2019 жылы Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші танымал журналист Жадыра Сейдештіге үйленді. ## Дереккөздер
Огни Алатау– газет. Қазақстан КП Алматы облыстық және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыс кеңесінің органы болды. 1918 жылы "Заря свободы" деген атаумен шыға бастады. Әр жылдары "Вестник Семиреченского трудового народа" (1918), "Голос Семиречья" (1919), "Правда" (1919), "Джетысуская правда" (1922), "Джетысуская искра" (1925), "Красное знамя", "Социалистическая Алма-Ата", "Алма". 1963 жылдан қазіргі атымен шығып келеді. ## Дереккөздер
Нұрмаханов Әбдісалан (19 сәуір 1936, Өзбекстан, Сухандария облысы, Шыршық ауданы, Күлтафа ауылы – 14 шілде 2002, Алматы) – боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963). Нұрмахановтың құрметіне Түркістанда дәстүрлі бокс бәсекесінің ұйымдастырылуы да заңды. Себебі ол кісінің ұлтына сіңірген еңбегі көп. Әбекең боксшы ретінде ғана туған халқының намысын көтеріп қойған жоқ, ғалым ретінде де осы саланың дамуына үлес қосты. Ал бапкерлік қызметте Нұрмахановтың спорттағы екінші дәурені басталды десек, артық айтқандық емес.Әбекең бірнеше жыл Қазақ физкультура институтында кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет істеді. Тағдырдың жазуымен екеуміз бірнеше жыл қызметтес болдық. Мен ҚазМУ-дың спорттық лагерінде басшы болғанда ол кісі менің қасымда болды. Бірге еңбек еттік. Талай мәрте дәмдес болдық. Нұрмаханов университетте ұстаз болғанда да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Әбекеңнің кейін Олимпиада чемпионы болған Ермахан Ыбрайымовтың қабілет-қарымын ерте аңдап, бауырына тартып, өз баласындай үйіне тұрғызғаны да – біле білген жанға тәлімі мол жағдай. ## Жастық шағы Әбдісалан Нұрмахановтың ата-бабалары Арқаны мекен еткен, дәулетті, иманды, елге сыйлы адамдар болыпты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ақ пен қызылдың соғысы, одан кәмпеске қазақты әбден титықтатты емес пе. Сол тұста Нұрмахан әулеті Бетпақты басып, Қызылдың құмын сағалай Өзбекстанға ауады. Қиын-қыстау кезеңде Нұрмаханның шаңырағы көп қиындық көреді. Жолда балалары шетінеп, қайғыдан қан жұтады. Содан Нұрмахан көші Сухандария өңіріндегі Күлтөбе ауылына тұрақтайды. Сол жерде 1936 жылы Әбдісалан дүниеге келеді.Қатал тағдыр Әбдісаланды ерте есейтті. Алты жасынан әкесіне еріп, қой бақты. Жұдырықтай бала көктем мен күздің қара суығында мал бағып жүріп, қазақы қойдың ерітілген майынан бір кесесін ішіп алады екен. Тері шалбар, жарғақ тон киген қара бала суыққа алдырмайды, әкесінің қолғанаты. Сол кездің балалары осылай есейді. Осылай шыңдалды. Олардың балалық шағы иен далада, желдің өтінде, малдың соңында өтті. Қызығы кем, бейнеті мол заман еді. ## Боксшының қалыптасуы Әбдісалан он жасқа толғанда олардың үй іші Түркістанға көшті. Мектепке қатарластарынан кеш барған Әбдісалан сегізжылдықты бітірген бойда Алматыға барып, темір жол техникумына оқуға түседі. Қарулы, бойшаң бозбала баскетбол мен ядро лақтыруда бағын сынап көреді. Ядро лақтырудан Алматыдағы оқу орындары арасында топ жарып, мамандар назарына ілігеді. Бірақ көңіл соқпаған соң тұрақтамай, әйгілі волейбол бапкері Октябрь Жарылғаповтың шақыруымен волейболға ауысады. Волейболға да көңіл хошы болмайды. Осыны сезген Жарылғапов үш айдан кейін Нұрмахановты қолынан жетектеп, боксшыларға қосып жібереді. Түркістанда Молдабек Құралбаев деген жас бапкерден он бес жасында бокс әліппесін үйренген Әбдісаланға керегі осы еді.Нұрмахановтың шаршы алаңдағы жеңісті жолы осылай басталды. Бойы қарағайдай, қара торы жігіт аз уақытта Қазақстанда топ жарып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республика намысын қорғады. Осы сында жиырма жастағы Әбдісалан Нұрмаханов литвалық боксшы, Еуропаның екі, КСРО-ның алты мәрте чемпионы Альгидрис Шоцикастан «ұтылды». Шоцикастың дүркіреп тұрған кезі. Альгидрис Мельбурн олимпиадасының жүлдегері, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, орыстың «жанды танк» атанған алыбы Николай Королевтің өзін жеңіп, әлемдегі ең күшті боксшының бірі болып тұрған. Көпшілік ойлағандай, Шоцикас Нұрмахановты айқын басымдылықпен ұта алған жоқ. Бокс қолғабын дұрыстап кигеніне екі жыл болған Әбдісалан атақты қарсыласымен аянбай, шегінбей айқасты. Төрешілер жақ-жақ болып, жеңісті кімге берерін білмей тартысты. Ақырында 3:2 есебімен Шоцикастың қолын көтерді.Келесі, 1957 жылы Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалынан бір-ақ шықты. Финалдағы қарсыласы – Одақ пен Еуропаның әлденеше дүркін чемпионы Андрей Абрамов. Салмағы 100 келіден асады. Әбдісалан оның қасында жіңішкелеу. Абрамовтан 20 келідей жеңіл. Есесіне Әбдісалан бойшаң, қолы ұзын. Қимылы ширақ. Бұл жолы тәжірибелі Абрамовтың жолы болды. Жиырма бір жастағы Нұрмаханов қазақ спортшыларынан бірінші болып КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Мұндай биікке нағыз дарындар ғана жете алады. Бокспен шындап шұғылданғанына үш-ақ жыл толғанда КСРО-дай алып империяның күміс жүлдегері атану Нұрмахановтай саңлақтың ғана қолынан келді.Арада бес жыл өткенде Киевте Нұрмаханов пен Абрамовтың жолы тағы да түйісті. КСРО чемпионатының ақтық айқасы. Әбдісалан осы жекпе-жекте нағыз батырға тән мінез көрсетті. Үш раунд бойы Абрамовқа ес жиғызған жоқ. Қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе де, төрешілер әділдікті белден басып, жеңісті Андрейге алып береді. Рефери Абрамовтың қолын көтерген сәтте Нұрмахановтың бапкері Дәулеткерей Муллаев қиянатқа шыдай алмай, мыңдаған адамның көз алдында жылап жібереді. Ол кезде қазақ секілді кішкентай ұлттың батырлары әділетсіздікті көп көрді. Бірақ біздің бауырлар жасыған жоқ. Ел мүддесі, ұлт намысы үшін бастарын бәйгеге тікті. Одақтың алтын жүлдесі бұйырмаса да, алтыннан да салмақты, алтыннан да қадірлі сый – қалың қазақтың сый-құрметіне бөленді. Сондай даңқты батырларымыздың бірі әрі бірегейі Әбдісалан Нұрмаханов болатын. ## Бапкер болып қалыптасуы Нұрмахановтың бапкерлік білігі бір күнде қалыптасқан жоқ. XX ғасырдың алпысыншы жылдарында басталған ізденісі мол, бейнетті жол 1997 жылға дейін жалғасты. Шәкірті Болат Сағындықов КСРО-ның жастар арасындағы чемпионы болғаннан кейін Әбекеңнен тәлім алған Борис Хрянин КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, жастар арасында Одақ чемпионы атанды. Бұлардан басқа Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Марат Бекежанов, Владимир Чипурин секілді шәкірттері Кеңес одағының ересектер және жастар біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. КСРО-ның студенттер чемпионатында Болат Нұрпейісов олжа салды. Нұрмаханов жаттықтырған Қазақ мемлекеттік университетінің боксшылар командасы 1982 жылы Красноярск қаласында болған КСРО университеттері арасындағы жарыста бас бәйгіні жеңіп алса, одақтық студенттер ойындарында екі рет үшінші жүлдеге иелік етті. Жүздеген жас Нұрмахановтан тәлім алды. Кезінде даңқты боксшыдан, майталман маманнан бокстың қыр-сырын үйренген жігіттер қазір елдің әр қиырында еңбек етіп жүр. Солардың қай-қайсысы да Әбекеңді ілтипатпен еске алатыны даусыз. Себебі Нұрмаханов – қазақ спортының тарихында із қалдырған айтулы тұлға. ## Ұлттық құрама бас бапкері Әбдісалан Нұрмаханов қазақ құрамасының тізгінін 1993 жылы ұстады. Табиғатынан табанды, намысқой азамат ең әуелі құрамадағы тәртіпке баса назар аударды. Ол кісі шәкірттеріне тек спортшы деп қана қарамай, боксшылардың ішкі жандүниесіне үңіле білді. Нұрмахановтың бас бапкер болуымен қазақ құрамасы бұрынғыдан да күшейе түсті. 1993 жылы Иранның астанасы Теһранда өткен Азия чемпионатында қазақ құрамасы командалық есепте жеке-дара шықты. Осы жылы Таиландта болған әлем кубогы жарысында Азия, Еуропа, Америка құрлықтарының ең күшті құрамалары күш сынасты. Осы бәсекеде Әбдісалан баптаған қазақ боксшылары командалық үшінші орынға табан тіреді.Сол тұста экономикасы әлсіз, тарихтың өтпелі сатысында тұрған елдің еңсесін көтеруде Нұрмаханов баптаған жігіттердің еңбегі зор. Етек-жеңін енді-енді жинай бастаған ел боксшылардың дүркін-дүркін жеңістерімен рухтанып, болашаққа сеніммен қарады. 1995 жылы біздің жігіттер Ташкенттің төрінде Азия чемпионатының алты алтын жүлдесін жеңіп алды. Сыралғы қарсыластарымыз – өзбек ағайындар мен Азияның небір мықты спортшылары қазақ боксшыларының жұдырығына төтеп бере алмай, бармақ шайнады. Атланта олимпиадасының қарсаңындағы бұл жеңіс Нұрмахановтың бас бапкер ретіндегі бағытының дұрыс әрі құрама тізгіні сенімді қолда екенін көрсетіп берді. ## Бекет Махмұтов пен Әбдісалан Кәрімұлы 1995 жылғы әлем чемпионатында Болат Жұмаділов күміс, Василий Жиров қола жүлдеге ие болды. Бұл жүлделер іргетасы әуелден берік қаланған қазақ боксының тәуелсіздік тұсындағы үлкен жеңістерінің басы еді.Осы кезде Қазақстан бокс федерациясының тізгінін іскер басшы, білікті кәсіпкер Бекет Махмұтов ұстады. Махмұтов пен Нұрмаханов тізе қосқан сәттен бастап қазақ боксы аршындап алға басты. Нұрмаханов білім-білігі мен маңдай терін аямай жұмсаса, Махмұтов жанашырлық көңілімен қатар қаржылай көмектесті. Бекет Махмұтовтың АИБА-ның бірінші вице-президенті болып сайлануы қазақ боксына қанат бітірді. Осындай кесек турап, кеңінен толғайтын ағаларына арқа сүйеген боксшылар да барын салды.1996 жылғы Атланта олимпиадасында Әбдісаланның шәкірттері бір алтын, бір күміс, екі қола медальді жеңіп алып, жалпы командалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ боксы бұрын-соңды мұндай биікке жетіп көрмеген еді. Бес құрлықтың мықты деген мамандары қазақ жігіттерінің бұл табысына қайран қалды. Әлем жұртшылығы Қазақстанды боксшыларымыздың тамаша табысы арқылы тани бастады. Сол Олимпиадада Қазақстан спортшылары барлығы он бір медальға ие болса, соның төртеуі Нұрмахановтың командасының үлесінде. Василий Жиров Қазақстан боксшыларынан бірінші болып, ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын жеңіп алды.Кезінде Мәскеудің әділетсіздігінен боксшы ретінде бағы байланған Әбдісалан Нұрмаханов Атланта олимпиадасында бапкерлік білігімен дүниежүзін мойындатты. Осы Олимпиада қарсаңында Нұрмаханов өзінің нағыз майталман маман екенін көрсетті. Тоқсан алтының көктемінде боксшы жігіттерді Сарыағаш шипажайына арнайы апарып, ішқұрылыстарын тазартып, асқазандарын жуғызды. Одан кейін құраманы Ыстықкөлдің жағасында жаттықтырып, бір жағынан суға малтытып, тыңайтып алды. Алатаудың баурайындағы жиында жігіттерге ақшұбар тас лақтыртып, шой балғамен трактордың дөңгелегін ұрғызды. Күнге күйдіріп, таудың салқын ауасында әбден шыңдады. Қазы-қартаны кертіп жеп, қымыз, шұбатты таңдап ішкен батырлар нағыз бабында еді.Олимпиада басталуға екі апта қалғанда Нұрмаханов шәкірттерімен АҚШ-тың Орландо штатына барып орналасты. Осы қалада асықпай жаттығып, жергілікті ауа райына, сол жердің табиғатына бейімделген спортшылар дәл Олимпиада қарсаңында Орландоның былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жекке шықты. Бұл бәсекеде қазақ жігіттері айқын басымдылық танытты. Содан кейін қазақ құрамасы Атлантаға ат басын бұрды. Бұл дегеніңіз – нағыз өзіне сенген, өзіндік көзқарасы бар, білімді әрі батыр адамның ғана қолына келетін тірлік. Ол кезде жер түбіндегі Америка Құрама Штаттарына жарыс басталардан екі апта бұрын бару оңай емес болатын. Қазақстанның экономикалық жағдайы қазіргідей болса, ештеңе емес. Спорт министрлігінің қаржысы қазіргіден бірнеше есе аз. Оның үстіне мұндай қадамның жауапкершілігінің өзі мың батпан. Нұрмахановтың орнында басқа бапкер болса, дәл осылай тәуекел жасай алар ма еді, кім білсін. Мен сол тұста республиканың Спорт министрі ретінде осы істің басы-қасында болдым. Боксшыларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасадық.Қазақ боксшыларының сол жеңісі басқа спорт түрлеріндегі жаттықтырушылар мен спортшыларға ой салды. «Боксшылар жеткен биікке біз неге ұмтылмаймыз?» деген сауал Атланта олимпиадасынан кейін талай адамды мазалап, ширықтырғаны, қамшылағаны анық. Атланта олимпиадасынан кейін елдің түкпір-түкпіріндегі бокс үйірмелері балаларға лық толды. Ең бастысы, Нұрмаханов пен Махмұтовтың бокс шыңына бастаған жеңіс жолы сәтімен жалғасты. Біздің былғары қолғап шеберлері Атланта, Сидней, Афины, Бейжің олимпиадаларында алтын медальдарға қол жеткізді. ## Сілтемелер * Күлпаш НҰРМАХАНОВА: Ғұмырында бір-ақ рет көзіне жас алған еді(қолжетпейтін сілтеме) * Саңлақ Салан!(қолжетпейтін сілтеме) * Әбілсейіт аға Әбдісалан замандасы туралы(қолжетпейтін сілтеме) * Ұлттың рухын көтерген – Әбдiсалан Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы.
Әбдімәлік Нысанбайұлы (1 мамыр 1937 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қарауылтөбе (Қызылорда облысы) ауылында туған - 21 ақпан 2023 жылы қайтыс болған) — ғалым. Философия ғылымдарының докторы (1977 ж.), профессор (1980 ж.). Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі (2003 ж.), Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1994). Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1984), ҚР тұңығыш президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының (1998) иегері. ## Білімі * 1960 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. * 1955 - 1960 жылдары иниститут қабырғасында жүргенде Сталиндік степендияның степендиянты болды. * 1962 - 1964 жылдары КСРО философия иниститутының асперантурасын бітірген. ## Еңбек жолы * 1960 - 1961 жылдары КСРО ғылым академиясының Химия ғылымдары институтында аға лаборант. * 1961 - 1976 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылым философиясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі. * 1990 жылдан Философия және құқық институтының (қазіргі Философия және саясаттану институты) директоры. * 1997 – 2003 жылдары “Қазақ энциклопедиясы” баспасының Бас редакторы қызметін қоса атқарды. * 2011 жалдан ҚР Білім және ғылым министрлігінің философия иниститутының "дінтану және саясаттану" камитеті директорының кеңесшісі қызыметінде. ## Қоғамдық қызыметтері * ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі. * Қазақстан халқы ассамблиясының мүшесі. * ҚР Мемлекеттік сыйлықтарды тағайындау коммисиясының мүшесі. * ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының президенті. * РФ философия ғылым академиясының мүшесі. ## Ғылыми еңбектері Нысанбаевтың негізгі зерттеу еңбектері диалектика және таным теориясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеум. және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол ғылыми мектеп қалыптастырып, көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындады. Нысанбаев 600-ден астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік еңбектер, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазған. Бірқатар еңбектері 25 шет тілдерінде жарық көрген. 41 ғылым докторы мен 100-ден астам ғылым кандидатын дайындаған. ## Ғылыми атақтары * 1977 жылы Философия ғылымдарының докторы. * 1980 жылы профессор. * 1995 жылдан РФ әлеуметтік ғылым академиясының академигі. * 1997 жылдан Украина саясаттану ғылым академиясының академигі. * 2000 жылы Бишкек Аймауытов атындағы халықаралық ғылым академиясының академигі. * 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Академигі. ## Ғылыми марапаттары * 1974 жылы Ш.Уалиханов атындағы сыйлықтың иегері; * 1997 жылы "Озат кісі" сыйлығы (Маңғолия); * 1997 жылы Мұстафа Шоқай атындағы алтын медалі; * 1997 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы алтын медалі; * 1999 жылы Түркия мәдениет министрлігінің алтын медалі; * 2005 жылы "Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін" Халықаралық сыйлығы (Анкара); * 2007 жылы Тәжікстан Республикасының Білім саласының үздігі (атағы; * 2010 жылы РФ Философия иниститутының "философия ғылымына сіңірген еңбегі үшін" қүміс медалі және т.б медалдармен марапатталған. ## Мемлекеттік марапаттары * 1984 жылы Қазақ КСР ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегері. * 1986 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің "Құрмет" грамотасы; * 1994 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері (құрметті атағы); * 1994 жылы "Ыбырай Алтынсарин" атындағы құрметті төсбелгі; * 1996 жылы "Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері" (құрметті атағы); * 1998 жылы "Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім" сыйлығының иегері. * 1999 жылы Түркияның "Еңбегі үшін" орденімен марапатталды. * 1998 жылы мемлекеттік жоғарғы награда ІІ дәрежелі «Достық ордені» мен марапатталды. * 2001 жылы "Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл" медалі; * 2004 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегші үшін" медалі; * 2004 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік награды «Парасат ордені» мен марапатталды. * 2005, 2006, 2007, 2008, 2009 жылдары ғылым саласындағы мемлекеттік степендия иегері. * 2006 жылы "Қазақстан парламентіне 10 жыл" медалі; * 2001 жылы "Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл" медалі. ## Нысанбаев Әбдімәлік туралы Фильм 1994 — «Философ Нысанбаев» режиссері: Қ.Умаров ## Шығармашылығы * Диалектика и современная математика, А-А., 1982 * Адам және ашық қоғам, А., 1998; Қазақстан. Демократия. Рухани жаңару, А., 1999 * Становление исламской философии в Казахстане, А., 2000 * Жаһандану және Қазақстанның орнықты дамуы, А., 2002 * Қазақ философиясы. Тегеран, 2002 * Kazakh turklerіnіn felsefesі. Анк., 2002 * Kazakhstan: Cultural Іnherіtance and Socіal Transformatіon. Вашингтон, 2004 * Казахстан и Ресей в ХХІ веке: опыт модернизационных реформ, Новосиб., 2004 ## Дереккөздер
Есмұхан Несіпбайұлы Обаев (23 маусым, 1941 жыл, Кеген, Кеген ауданы, Алматы облысы) — актер, театр режиссері, театр қайраткері, профессор. Қазақ КСР Халық артисі (1988). Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975). "Тарлан" тәуелсіз платинды сыйлығының лауреаты. Барыс, Парасат ордендерінің иегері. Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының лауреаты. ## Толығырақ Есмұхан Несіпбайұлы 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында дүниеге келген. Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. 1960 - 1964 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінің режиссерлік бөлімін үздік бітірген. ## Еңбек жолы * 1965 - 1967 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы - режиссері болып, «Жаяу Мұса» (З.Ақышев), «Боран» (Т.Ахтанов), «Көзілдірік» (Б.Майлин) қойылымдарында режиссерлік қабілетін танытты. Жас режиссер шеберлігін шыңдай түсу үшін Қазақстанның Мәдениет министрлігі Коллегия алқасының шешімімен Мәскеудегі М.Горький атындағы академиялық театрына (МХАТ) екі жылдық жоғарғы курсқа жіберілді. * 1968 1970 жылдары МХАТ-та КСРО халық артисттері М.Н.Кедров пен И.М.Раевскийден дәріс алып, олардың "Ревизор" (Н.Гоголь), "Сүйікті алдамшы" (А.Тур) қойылымдарына көмекші-режиссер болды; * 1970 - 1972 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы - режиссер болып, Б. Майлиннің «Шұға», С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», т.б. пьесаларды қойды. * 1972 - 1992 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы Қазақ музыкалық-драмалық театрының көркемдік жеткшісі болды. Бұл жиырма жыл - Батыс, орыс, қазақ классиктерімен қатар, бүгінгі күн драматургтерінің пьесса сахнаға шығарған айрықша кезеңі болды. * 1992 - 1995 жылдары Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды. Бұл басшылық қызыметінде жүріп, оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сәйкес қайта жаңғыртуына үлкен үлесін қосты. * 1995 - 2001 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет Комитеті төрағасының орынбасары лауазымды қызыметтерін атқарып, кәсібіи Қазақ өнерінің өркендеп, өсуіне үлкен үлесін қосты. * Германия, Үндістанда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы басқа алыс-жақын шетелдерде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің күндерінің көркемдік жетекшісі болды; * 2001 - 2013 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік - жетекшісі. * 2013 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директорының кеңесшісі лауазымды қызыметін абыраймен атқарып келеді. ## Кәсіби шығармашышылығы Н. Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», М. Горькийдің «Шыңырау түбінде», У. Шекспирдің «Асауға – тұсау», Ғ. Фаизидің «Башмағым», С. Құдаштың «Құдаша», У. Гаджибековтің «Аршын мал алан», О. Иоселианидің «Арбаң аман болсын», ұлттық классикадан М. Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Дос – Бедел дос», Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын, Е. Рахмадиев, Ғ.Мүсіреповтің «Қайран, Майрасын», сондай-ақ, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С. Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975-1990жж. келген жас буын өкілдері О. Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д. Исабековтің «Әпке», «Перизат», Т. Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н. Оразалиннің «Тас киіктер», Р. Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді. Ұзақ жылғы режиссерлік қызыметінде Абайдың 150 жылдығы, Жамбылдың 150 жылдығы, М.Әуезовтың 100 жылдығы және Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың 2000 жылдық мерйтойларында ұлттық мерекелік қойылым топтарын басқарып, шығармашылық ізденістерін жоғарғы дәрежеде екеінін тағыда дәледеді.Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера балет театрында, облыстық көптеген қазақ және орыс, сондай-ақ, Орта азия театрларында 100-ден аса өзінің қойылымдарын қойды. ## Марапаттары Шығармашылық зор жетістіктері, кәсіби ұлттық өнерді дамытуға сіңірген еңбектері бағаланып: * 1975 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағы * 1988 жылы ҚазақКСРнің халық артисі құрметті атақтары мен марапатталған. * 1993 жылы "Өнертану ғылымының профессоры" ғылым атағы; * 2004 жылы Театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін "Бас Платинды Тарлан" сыйлығының иегері атанды. * 2007 жылы «Парасат» Орденінің иегері атанды. * 2011 жылы "ҚР тәуелсіздігіне - 20 жыл" мемлекеттік мерекелік медальі; * 2014 жылы ҚР тұңғыш президентінің жарлығымен ІІ дәрежедегі «Барыс ордені» иегері атанды; * 2016 жылы "ҚР тәуелсіздігіне - 25 жыл" мемлекеттік мерекелік медальі берілді. * 2016 жылғы ҚР тұңғыш президенті - Елбасының мәдениет саласы бойынша мемлекеттік степендиясының иегері.
Оғызнама – түркі халықтарының ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде баяндайтын эпостық дастан. Шығарма алғаш ауызша туындап, бертін келе қағазға түсірілген. «Оғызнаманың» екі нұсқасы бар: бірі – көне ұйғыр әрпімен 13 – 14 ғасырларда көшірілген, Париждің Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Оның көлемі небәрі 42 бет, әр беті 9 жолдан ғана тұрады. Бұл нұсқаны алғаш В.В. Радлов орыс тіліне аударған. Кейін А.М. Щербак тілдік тұрғыдан зерттеп, ғылыми түсініктерін жаза отырып, қайта аударған, ол қолжазбаны түпнұсқа деп танымай, оның көшірмесі деген пікірге келген. Екіншісі – араб әрпімен жазылған, тарихшы, Хиуа ханы Әбілғазы нұсқасы. Әбілғазыдан мұраға қалған екі еңбек бар, бірі – «Шежіре-и тарахима», («Түрікмен шежіресі, 1661), екіншісі – «Шежіре-и Түрк» («Түркі шежіресі»). Екі шығарма да Оғыз батырдың ерлік жорықтары, ұрпақтарының игілікті істері, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, т.б. жайлы жазылған. «Оғызнамада» батыр ұйықтап жатқанда шатырына көктен нұр сәулесінің түсуі, сәуле ішінен көкжал қасқыр шығып, оның қалың қолды бастап жүруі, аспаннан түскен сәуледен сұлу қыздың шығуы секілді діни-мифологиялық көріністер орын тепкен. «Оғызнаманы» ақиқат пен аңызға бірдей негізделген шығарма деп қарастыруға болады. Мұнда алғашқы қауымдық құрылыс кезінде, сақтар мен ғұндар дәуірінде, орта ғасырларда орын алған сан қилы тарихи оқиғалар өзара жалғаса мазмұндалған. Оғыз қағанды белгілі бір адам бейнесіне телу, яғни тарихтағы нақты тұлғасын тану мүмкін емес. Бірақ Оғыздың әдеби бейнесі белгілі тарихи тұлғалар іс-әрекетінің жиынтығы деуге негіз бар, себебі дастан тарихи оқиғалар желісі бойынша жазылған. Оғыз қағанның анасы Айқаған бейнесін ғалымдар отбасы қамқоршысы Ұмай-ана бейнесімен байланыста қарайды. Дастандағы мәліметтерді: * Оғыз-түрікмен эпосына негізделген (Оғыз бен оның ұрпақтарының жорықтары туралы аңыздар); * Тарихи негізі бар, бірақ бізге аңыз күйінде жеткен (оғыз тайпаларының көшіп-қонуы, қоғамдық-әлеум. өмірі туралы деректер); * Оғыз елінің көрші тайпалармен, тайпа бірлестіктерімен қарым-қатынасы жайлы аңыздар деген топтарға бөлуге болады. «Оғызнама» – тарихи әрі әдеби ескерткіш. Онда түркі халықтарының көптеген аңыз әңгімелері көрініс тапқан. Оғыз төңірегіндегі Қыпшақбек, Қалаш, Қанғалық, Қаңлы, Қарлық, Сақтаб тәрізді есімдердің қазақ ру-тайпа атауларымен сәйкестігі дастанның қазақ ертегілерімен, эпостық жырларымен этностық жағынан жақындығын айқындай түседі. ## Дереккөздер
Ожау — қымыз, айран, сүт, сусын құюға қолданылатын ыдыс. Шұңғыл бөліктен және қолға ұстауға ыңғайлы саптан тұрады. Ожау ағаштан, металдан жасалады.Ағаштан жасалған түрлері б.з.б. 2 ғасырымыздан бастап қолданыла бастаған. Археологиялық деректерге қарағанда, ожаудың ағаштан жасалған түрлерін Орталық Азия халықтары ерте темір дәуірінде-ақ қолдана бастаған. Металл ожау 16 – 19 ғасырларда кең тарады. Дәстүрлі қазақ қоғамында дастарханның шырайын келтіретін мүлік ретінде ерекше бағаланған. Оны қазақ шеберлері әр түрлі ағаштардан (тораңғы, емен, т.б.) ойып дайындаған. Кейде сабы ою-өрнектермен безендірілген. Ауқатты қазақтар сәндік бұйым есебінде ожауды алтынмен, күміспен қаптатып, кейде сабына асыл тас орнаттырған. ## Тағы қараңыз * Бақыр (бақыраш) * Шөміш (ыдыс) ## Дереккөздер
Сұлтан Мәжитұлы Оздоев(7.11.1939 жылы туған, Ресей, Солтүстік Осетия Республикасы, пригородный ауданы Базоркино селосы) – геология-минералдық ғылымының докторы (1986), профессор (1994). Қазақстан Ұлттық Fылым Aкадемиясының академигі (2003). ## Оқу жолы Қазақ политехникалық институтын (1966, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. ## Жұмыс жолы 1967 жылдан Қазақстан Fылым Aкадемияның Геология ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында инженер, аға, бас инженер, кіші, аға, жетекші және бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. ## Ғылыми еңбектер * «Геология и нефтеносность Устюрта и других осадочных бассейнов с обращенным платообразным рельефом» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. * Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның мұнай алаңдарының геологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. * Оздоев зерттелмеген кен орындарының болашағы мен оны анықтаудың бұдан бұрын қолданылмаған әдістерін: мұнайгаз кен орындарын барлап-болжау жұмыстарында қолданыс тапқан тау жыныстарының толқынданып орналасуына негізделген жаңа критерий ұсынды. * 3 монография, 60-тан астам ғылыми еңбек жазған. ## Қосқан үлесі Оздоев 1995 жылдан Қазақстандағы ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы. ## Дереккөздер
Мөде қаған (Маодунь) (ж.ж.с.д. 228-174) — ғұн (қытайша хунну) империясының негізін қалаушы. ## Басқаруы Қытай жазбаларында оның есімін «Маудун», ал билік лауазымын «шаньюй» деп атайды. Чәниүй атауының жеке сөз ретінде не мағына беретіні әлі күнге белгісіз, ал лауазым ретіндегі мағынасы ғұндар үшін ортағасырлық түркілердің «Қаған» дегенімен мәндес. Қазіргі тарихшылардың шаньюйді «тәңірқұты» деп аударады. Мөде шамамен 18-19 жасында, ж.ж.с.д. 209 жылы, әкесі Тумәнді өлтіріп, ғұн хандығының тағына отырып, өзін ғұн елінің дара билеушісімін деп жариялайды. Содан көп ұзамай шығыста дунху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде хуниүй, чуйшы, динлиң, гыгун және шыңли, оңтүстігінде лыуфаң, бай — иән секілді елдерді жаулап алып, шағын ғұн хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Осыдан кейін елі оны «ақылы асқан дана» деп мойындап, оған «Чиңтижы» деген ат береді. Бұл қазіргі түсінікте «Тәңірінің күші», яғни «Құдайдың қаһары» деген мағынаны білдіреді. Ел билігінің басына көсемдік дарыны аса жоғары, қолбасшылық қабілеті тым ерен, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын жігерлі жас Мөденің келуі тек ғұн халқының ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарының тағдырына үлкен өзгеріс әкеледі. Бұрын жеке-жеке хандықтарға бөлініп, өзара қырқысып жатқан түркі халықтарының басы бірігіп, бәрі тарихқа танылған үлкен бір далалық империяның құрамына енеді. Елді басқарудың жаңа жүйесі қалыптасады. Бұл жүйе елді үш әкімшілік аумақтық құрылымға бөліп басқару арқылы жүзеге асырылып, бар билік бір адамның чәниүйдің қолына көшеді. Мөде қаған тұсында мемлекетті басқару жүйесінің шен дәрежесі де белгіленеді. Мемлекеттің шығыс бөлігін Сол тужи уаң, батыс бөлігін Оң тужи уаң басқарды. Қытайша аталған бұл лауазымдардың билік пәрмені кейінгі түркілердің «кіші хан» деген ұғымына келеді. Бұдан кейінгі лауазым иелерін Сол лули уаң, Оң лули уаң деп атайды. Бұлар кіші хандарға бағынышты азық-түлікке жауап беретін уәзірлер. Кезінде осы төрт лауазым иелерін топтастырып ортақ бір ақ атаумен чәниүйдің «төрт мүйізі» деп атаған. Мұның сыртында «түмен басы» деп аталатын 24 әкімшілік басшылары болған. Тәрізі қазақтың қария сөзінде жиі айтылатын «24 баулы ел» деген тіркес сол бір шалғай кез кезеңнен келе жатқан үрдіс болуы әбден мүмкін. Мөденің реформасынан кейін мемлекетте әскери шен жүйесі де (бас қолбасшы, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы) бір қалыпқа түседі. ғұн империясы азаматтарының бәрінің бірдей әскер қатарына шақырылуға міндетті болуы, шақырылғандардың әскери бастықтарына сөзсіз бағынуы, әскердің үнемі жауынгерлік рухта болуы үшін әскери жаттығулардың жүйелі жүргізіліп тұруы ғұндардың тұрақты армиясы болғанын дәлелдейді. Оның саны бір деректе «300 000, екіншісінде 400 000 еді» деп көрсетіледі. Ғұндардың ата-баба дәстүріне негізделген азаматтық, қылмыстық заң жүйесінің өмірге келуі де осы Мөде қағаннан басталады. Бірақ бұл заңдардан қытайдың байырғы жазбалары арқылы бізге жеткені 4-5 бап қана. Олар: * Адамға пышақ, не қанжар салып, өлімші еткендер өлім жазасына кесіледі; * Ұрлық жасаушының мал мүлкі түгел тәркіленеді; * Жеңіл қылмыс жасағандардың беті тілінеді; (Қазақтың «бетің тіліңгір» деген қарғысы осы Мөде қаған заманынан бүгінге жеткен бір белгі болса керек) * Ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына бұйырылады; * Қылмыстыларды қамауға алып, жазасын беру он күннен әріге созылмайды. (Бірақ мемлекетте мұндай қамауға алынатын қылмыстылар онша көп болмаған) Ғұндарға шын ниетімен беріліп, өлгенше чәниүй ордасында тұрып, адал қызмет атқарған қытай оқымыстысы Жүншин Иөннің айтуына қарағанда: «олардың заңдары орындауға жеңіл» көрінеді. Бұл, әрине, оның ғұн мемлекетінің заңын Хән патшалығының заңдарымен салыстырудан шығарған қорытындысы еді. Ғұн империясы билігінің тізгінін 35 жыл уысында ұстаған Мөде қаған ж.ж.с.д. 174 жылы қайтыс болғаннан кейін де, кезегімен билік басына келген оның ұрпақтары ол орнатқан ел басқару тәртібі мен заңдылықтарды қатаң сақтап, жарты әлемді жалпағынан басқан алып мемлекеттің үш ғасыр бойы өмір сүруін қамтамасыз ете алады. Модэ(Мөде), Модэ тәңірқұт, Оғыз қаған (т.ж.б. – б.з.б. 174) – ғұндардың билеушісі. Б.з.б. 201 ж. Модэ Алтай өңірін түгелдей бағындырды. Б.з.б. 177 ж. Модэ юечжилерді, Шығыс Түркістанды, үйсіндерді өзінің қол астына қаратты. ## Тағы қараңыз * Оғыз қаған * Алтай * Шығыс Түркістан ## Дереккөздер
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылы — 2022 жылы 5 ақпан) — Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан. ## Өмірбаяны ### Тегі Әлімұлы тайпасының Шекті руының Жақайым тайпасынан.. Ата-тегі Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-45 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсыңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан. ### Өмір жолы Жазушы өзі туралы сыр-сұхбатында: «Біздің ру жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет шығады. Бәйдібек батыр, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет Көкіұлы батыр келіпті.Алтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастарқан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім.Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық.Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен.Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді. «Сәбит Мұқановтың “Адасқандар”, “Жұмбақ жалау”, Мұхтар Әуезовтің “Абай” романындағы алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейінше шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді”. 10-сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.» – дейді жазушы естелігінде. 1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.«Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналады. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді.1943 жылы наурызда лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын. – дейді жазушы. 1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды.1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады. 2000 жылы ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы.Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, қазақстандық Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды. Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию. Әдебиетке сүйіспендікті, ар ісіне берілгендікті ұлы [[Абай]] айтқан «жар ісіне» теңгеру. «Қорлығына», «мазағына», азабына көну. Әдебиеттің жауапшылығы зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған. ## Марапаттары * Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендері; * «Еңбек Қызыл Ту» ордені; * «Құрмет Белгісі» ордені; * КСРО Мемлекеттік сыйлығы; * Қазақ ССР-і Халық жазушысы. 200 томдық Бүкіләлемдік кітапхананы дайындап басып шығаруды жүзеге асыруға белсене атсалысқаны үшін, оның ішінде осы сериядағы Мұхтар Әуезовтың екі томдығына арналған алғысөзді мұқияттылықпен жазып шыққаны үшін РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы; * Қазақстанның «Отан» ордені; * 1985 жылы «Қазақ КСР халық жазушысы» құрметті атағы берілді. ## Шығармашылығы Әбдіжәміл әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден сүйекті жанр – романнан бастады. Ұлы Отан соғысынан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді. Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниеге келтіреді (1950). Көркемдік бітімі көңіл тойғандай шықпады десек те, бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылап аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей үрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты. Жазылған дүние шығарманың көркемдік сапасын жетілдіру мақсатында өнделді. Кейбіреулер «Курляндия» «сын көтермейтін нашар» шығарма десті. Авторының өзі тіптен тұқыртып: «...1947 жылы әскер қатарынан босанып қайтқан шала сауатты қалпыммен роман жаздым. Әрине, шала сауатты баладан шала сауатты роман шығатыны белгілі», – деп атүсті сынды растағандай болды. Жөнін айтқан – жазушы, сыншы Тахауи Ахтанов. «Курляндия» романында, – деп жазды ол, – жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді. Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ыстық жанды күйде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет – жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті». ### Қан мен тер Майданнан қайтқан жас офицер Әбдіжәміл туған жерімен қаншама сағынып қауышса, оған деген махаббатын роман жанрының кең байтақ өрісінде шын жүректен жырлап шығуға соншама ынтыққандығын шығармашылығынан айқын аңғартады. «...Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні... сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңс аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді»– дейді жазушы. Жазушының «Қан мен тер» романының дүниеге келу сыры осы сөздерде жатыр. «Қан мен тер» трилогиясын құрайтын «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), «Күйреу» (1970) романдарынан, атының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған күнді аз кезіктіреміз. Ал, жарқырап шақырая қалса, кейіпкерлері тағы бір тозаққа ілінді дей бер. Өзінің бас кейіпкері Еламан тәрізді туынды ұдайы дерлік томырылып, үнсіз-түнсіз тұнжырап түнерген қалпынан жазбайды. Соның өзінде де туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімінің орны бөлек.Прозашының туған халқына, оның жазира даласына деген сүйіспендігі елінің кең қолтық мінезін, шалқар әнін, салқар көштей шұбатылған тарихын эпостық құзарға көтере суреттеуінен аңғарылады. «Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Соңғы жетпіс жылғы алтын әдебиетімізді мысқа балағысы келетін қайсыбір неонигилист даңғойлар бұл романға тап күресін жазғандықтан ескірді деп мін де тақты. «Қан мен тер» трилогиясын қазіргі тәуелсіздік мұнарасынан, демократиялық көзқарас тұрғысынан оқығанда, оның қазақ шындығынан бұра тартқан жерін табылмайды. Қайта коммунистік үстем идеологияға қайшы пікірлерді жолықтырып, «бұны қырағы цензура қалай жіберді екен?» деп қалуға негіз бар. Романның «Күйреу» аталатын үшінші, соңғы кітабында комиссар Дьяков насихаттайтын болашақ коммунистік қоғамның басты принципінің дұрыстығына Еламан әжептәуір күмән келтіреді. «...Ол кезде жер басқан адамның бәрі бірдей болады дейді. Жә, жарайды, адам баласының көкірегінде алалық болмас. Осы жұрттың ішер асы, киер киімі, сөйлер сөзі бірдей-ақ болсын. Бірақ құдай бірдей жаратпаса қайтеді? Басқаны қойғанда бір оттың басында бір қазаннан ас ішіп, бірге жатып, бірге тұрып жүрген, бауырлас кісілердің арасында бірдейлік бола қоймаушы еді ғой. Олардың арасында да бірінің сөзі үстем, бірінің өзі үстем. Бірі ертеден қара кешке дейін қоңынан күн өтіп, сылпылдап қой соңында жүрсе, енді бірі алшайып ат үстінен түспейді. Түсінбеймін...Қара борбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың киер киімі, ішер асы бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма?» Жазушының алғашқы романымен салыстырғанда «Қан мен тер» – тірлік-тынысы әлдеқайда кең шығарма. Жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. «Курляндия» оқиғалы роман санатына жатса, бұл – әлеумеітік-психологиялық типті шығарма. Ізденіс салмағы характерге түскен. Бар суреткерлік қабілетін ата-бабалардың мінез-кескінін ашуға жұмсаған. Характер – Нұрпейісов романының қозғаушы күші. Ел қазанында қайнап піскен характер өз тарапыпан ел тамырының соғуына, тонус, райына ықпал етеді. Романдағы оқиғаларға мұрындық боп көрінеді. Әрі сюжет ұйтқысы. Еламанның бүтін бітімді тұлғасы оның жалпы һәм жалқы қасиеттерінің бірлігінен тұрады. Осы екеуінің жұптаса дамуына сай характері толысады, байиды. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» Еламан – қарапайым балықшы. Туа біткен мінезіне өршілдік, қайраттылық тән. Намысқой жігіт. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, айбат шеккен, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған. Бір-екі сөзінен ой түйғіш, көкірегі ояу жан екені байқалып қалады. Жетпей жатқан тұсы әзірше былайғы дүниемен ісі жоқ. Жазушы міне, осындай бұйығы, патриархалдық қапастағы тұңғиық тұлғаның ішіне бірте-бірте әлеуметтік сәуле түсіреді. Жазушы өмірі жайлы естелігінде: «О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста атамыздың санына садақ жебесі тиеді. “Жау марқайып кетеді”, – деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: “Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын”, – дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: “Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді!” – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса–тістелген тақия қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін “Қан мен тер” романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім» – деп Еламанның мінез-бітімін қайдан алып сомдағанынан сыр шертеді. Еламан өміріндегі ілкі әлеуметтік сілкініс кездейсоқ оқиғадан басталады. Арал промселінің қожайыны «тентек Шодыр» атанған Федоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Жалданған балықшыларды басыбайлы құлы есепті ұрып соғады. Өзіне де қол көтерген соң іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды сүйменмен салып өтеді... Кездейсоқ оқиға. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойламаған. Тумысында жуас, ақ пейілді адам. Мына кездейсоқ оқиғаның қажеттілік деп аталатын астары бар. Жазықсыз Андрей мен Жалмұраттың қазасы, көпестің олардың өмірінен дүние боқты жоғары қоюы, адамшылық ар-инабатының жоқтығы адал кеудеде кек отын тұтатады. Нұрпейісов характер сомдауда әлеуметтік һәм психологиялық талдау тәсілін бір арқанның екі тіні есебінде өреді. Романның алғашқы беттерінен-ақ автор би-төл сөз және төл сөз (несобственно-прямая речь) арқылы Еламанның жанын сөйлетеді. Және психологиялық талдаудың монолог формасын жиі қолданады. Монолог шарты – жалғыздық. Еламан «Жалғыз кісіге ой үйір келеді-ау» – деп түйеді . Ойы үнемі екіге бөлініп жүреді. «Теңіз үстінде әйелі жайында көп ойлайды. Алғашқы кезде ол бір түндік астында бірге тұрғасын бойы үйреніп кетер деп үміттеніп жүрген. Бірақ «Кешкісін үйге кеп әйелінің бетіне бір қарағаннан-ақ көңілі суып сала беретін». Еламан қасында құр сүлдесі жатқан әйелі Ақбаланың тәні ғана өзінікі, ал жаны басқа жақта екенін сезгенде мүлде моқап қалады. Бас кейіпкердің осы күйі үзақ-сонар ішкі монолог, би-төл сөз арқылы беріледі. Кей кейде ғана ішкі монологі ішкі төл сөз пішінін алады. «Бейшара қайтсін, мен кінәлімін. Ие, ие, мен кінәлімін», – деді Еламан ішінен». Кейіпкер іштей күйінеді, опынады, толғанады. Адамның осы бір ішкі драматизміне жазушы әрдайым құлақ түргіш. Трилогияның екінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлеуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді. Ақ патша тағынан құлап, орнына келген Уақытша үкімет те ел тізгініне ие бола алмай, Қос үкімет дейтіннің орнаған кезі. Ел іші дағдарыста. Соғыс ауыртпалығы ес жиғызбай езіп, жаншып әкетіп барады. Бұрынғы майлы, жайлы орнынан тапжыла қоймаған ескілік Петербор жақтан шыққан дүрбелеңнен шошынғанымен, әлі айылын жияр емес. Түрмеге қамалған, айдауда жүрген, одан түріктермен соғысқа қатысқан, майданнан оралғанда Шалқарға келіп теміржол бойына жұмысқа орналасқан Еламан, ендігі жүріс-тұрысында біраз дүниені бағдарлап, байыздайтын өреге көтерілген. Бірақ кейіпкердің әлі де «бір қайнауы ішінде». Әлі де ол оң мен солын айырып жетпеген сергелдең пішінде, әуре-сарсаңда. Екінші кітаптың сюжеті мен композициясы бас кейіпкер характерінің осы ерекшеліктерінен туындайды. Сюжет әлеуметтік дауылдың қарсаңындағы ісініп-қабына бастаған теңіздей теңселген ахуалды бейнелеу барысында шиыршық атады. Бұрынғы самарқау ырғағынан жаңылған кейіпте. Композиция сюжеттің сабақтас оқиғаларынан құралады. Әлдебір үлкен оқиға аяқтала бере, ширыққан сюжет суреті публицистика әуеніне ауысады. Суреттелген оқиғаларды тың ойлармен түйіндейді. Эпикалық сюжеттің ішкі драмалық, күрделі-психологиялық сипаты өзгеріп, ақырында талдама-жинақтаушылық реңк алады. «Еламанның сең соққан балықтай сергелдеңге түскен жаны соқтықпалы өмірден соқпақ іздеп, баяғы Шалқарға бет қойды».Романның соңғы редакциясында бұл сөйлем түсіп қалған. Онсыз да түсінікті жайттарды оқырманға шайнап берген астай беруді автор жөн көрмеген тәрізді. Оның бер жағында, Еламанның сең соққан балықтай күй кешіп жүруі рас болғанымен, Шалқарға бет қоюында саналы әрекет барлығы байқалады. Талай елді, жерді аралады. «...Ұйықтап жатқан кеще ойға тас тиіп оятқандай болды; сонан бері өз басының қайғысын ел қасіреті жеңіп, шерлі жүрегі сыздап қайтты». Шалқарға бет алғанда Еламан қара басының қамын ойлаған жоқ. Еліне көмек тиетін көздің қай жерде екенін біліп аттанған. Характердің сюжеттік арнасы кеңи түседі. Майданнан еңсесін тік көтеріп қайтқан Еламан ешкімге кеудесін бастырмауға, есесін жібермеуге тиіс. Іс жүзінде солай болады да. Майданда казак-орыстармен төбелес үстінде жазым бола жаздаған жерінен арашалап алып, Шалқарға жұмысқа орналастыруға көмектескен, үйінен пәтер берген Мюлгаузенмен жұдырықтасып қалады. Мюлгаузеннің «қорқақсың» деп жұрт көзінше қорлап былапыттағаны жанына батады, намысына тиеді. Кейіпкер характерінің қатайғаны Тәңірбергенмен айырылысқан бетте төркініне қайтуға жүзі шыдамай Шалқарға келген Ақбаламен ойда жоқта ұшырасып қалғанда байқалады. Ескі нұсқада Еламан бұрынғы әйеліне жаны ашығандай, онымен қайта табысқысы келгендей кейіп көрсетуші еді. Жаңа нұсқада оның Ақбалаға қайырылғысы жоқ. Құштарлыққа бой ұрып, емшектен шықпаған баласын тастап, бір кезде айдауға кеткен Еламанға ол да бұрылмастан кетті ғой, – деп қорытады өз шешімін. Мюлгаузенмен төбелестен кейін ауылға оралған Еламан бастапқы кезде тағы да бұрынғысындай іштен тынып жүрген. Тағы да оқиға ағысында жаңқадай қалқитын тәрізді. Шалқардан әкелген мылтықты жолшыбай бір ескі жұртқа тығып кеткен. Балықшылар арасынан тыныш тірлік іздейтіндей. Қайын атасы Сүйеудің үйіндегі баласын қолына алады. Бірақ бұлайша жеке басының қамын күйттеумен жүруі ұзаққа бармайды. Өмір еркіне қоймай иіріміне тартады. Амалсыз білегін сыбануға мәжбүр. Әлеуметтік тартысқа қайта араласпасына амалы қалмайды. Айдын шалқар теңізді бір өздері иемденіп, балығы көп ойыққа басқаларға ау салдыртпайтын Темірке көпес пен Тәңірберген байдың озбырлығына қарсы тұрады. Жеңілетінін біле тұрса да, топ бастап қайрат көрсетеді. Түрікпендер шабуылдап, бейқам жатқан елдің мал-жанын айдап кеткенде, қол бастап, жаудан өш алады. Мал-жанды үйіріне қосады. Жағдай намысты оятып, кеудеде жігер туғызса, жігер характерді қайрайды. Ар-намыс жетегіндегі характерге оқиға арнасын өз деген жағына бұра алатын қуат бітеді... Бұрынғы жылқышы, балықшы, сарбаз ой-санасының әлеуметтік қабаты қалыңдай түседі. Шодырды өлтірген кездегі Еламан – стихиялы бүлік құрбаны еді. Бұл жолғы Еламан басқа жан. Саналы күрескер. Халқының қолындағы қаһарлы қару. Білек күші жағынан ғана емес, ақылы да пәрменді құралға айналған. Түрікпен шабуылының құрбандықтарын жерлеп, асын берген Еламан төбе басында жалғыз қалып, «ауыр оймен тұнжырап отыр». Жай ғана қамығып отырған жоқ. Ой ойлап отыр. Бұған дейінгі шертілген ұзын хикая публицистикалық жолмен сығымдалып қорытылады. «Осы қазақ неге көнгіш? Аштыққа көнуге болар, ал бірақ қорлыққа көнген қасиет пе?..Көненің көзі ғой деп, қариялардан жөн сұраған кезі болды. Қанша жасаса да олардың осы өмірден түйген зәредей де сабағы болмапты... Олар өз елінің тірлігін ұзақ сонарға сап, баяғы заманда өткен даңғой батырын, жезтаңдай биін мақтап, жөн сұраған кейінгі ұрпаққа тірліктің жолын қиындата түседі... Ата-бабасының бір ісіне ырза емес. Үстіне кісі кіргізбейтіндей, кең далаға сыймай, мал жайып жатқаннан не ұтты? Талай заманнан бері жер дауы кішкентай елді жегідей жеп, алауыздық асқына түскен. Соның арқасында ит-құсқа таланып, таяқ жеумен күн кешіп келеді. Кеше де өздерінен он есе күші аз жауға қарсы тұра алмады. Таланды. Тоналды. Алдағы уақытта әлі қанша таланбақ!» Публицистикалық толғау драмалық сюжет есепті. Іші қазандай қайнаған Еламан тығырықтан шығаратын жол іздейді. Ізденіс үстінде ойы шартарапты шарлайды. Арғы-бергі тарихқа «ат сабылтады». Ауылына қайтқан беттегі қалпы қызық. Көзін алдындағы жалпақ даладан алмай келеді. Ал ойы басқада. Қап тауын, Ресей жерін аралайды, қала берді Түркия майданына кірісіп кетеді. Кезбе ойы кесек ойларға бастай ма, қалай? Сюжет-толғау, сюжет-естелік ащы ішектей шұбатылған ұзақ ішкі монологке ұласады. Еламан іштей түлейді. Оянған, рухани жағынан байыған Еламан санасы жаңарып, ел сөзін ұстайтын өреге көтеріледі... Роман кеңістігі теңіз айдынын елестетіп ұлғая береді... Еламанның ел-жұртының тағдыры хақында ендігі түйгендерінің бәр-бәрі мінсіз емес. Келісетін де, келіспейтін де жерлері бар. Қазақ халқының өткен күнін, бұрынғы бетке шығарларын түгін қалдырмай сынап-мінеуі сыңаржақтау. Роман жазылған уақыттағы, яки кеңес кезіндегі үстем көзқарастың – социалистік реализмнің салқыны тигендей. Ел тарихын тым кемсітіп жібергенімен келіспейміз. Келісетініміз – Еламанның ел ішінің бірлігі хақындағы түйгендері. Мұның жөні бөлек. Біріншіден, тарихи шындықты қозғап отыр. Екіншіден, заманалық мағынасы бар. Қазақ елінің күн тәртібінен әлмисақтан бері түспсй келе жатқан ел бірлігі проблемасын қозғайды. Ұлттық идеямызбен үйлесім табады. Еламан жер дауы хақында да көп толғанады. Бұл да – ежелгі дерт. Көріп отырғаныімыздай, ішкі монолог енді кейіпкердің өзін-өзі қазбалаудан (самоанализ) үлкен өріске, ел жағдайына ауысқан. Еламан көрген-білгенін гүрілдеген жан көрігінде пісіреді. Біреуден шала естігенін малданбайды. Бәрін жүрегінен өткізеді. Трилогияның соңындағы Еламан – өскен, есейген, шыныққан көргенді адам. Қоғам хақындағы ойларында нақтылылық та, пәлсапа да бар. Кейіпкердің идеялық һәм рухани эволюциясы, жаңғырып өзгеруі шырқау биігіне көтерілген. Мұндағы ішкі монолог қайсыбірде ішкі диалогке ауысып, монолог-талқыға айналады. Жас Федоровтың қылышынан қаза болар алдындағы Еламан монологі өзгеше сипатты. Оны монолог-өсиет, монолог-арман десең де сиымды. «Қан мен терде» айналасына үлкенді-кішілі сюжет тармақтары түйісетін Еламаннан басқа да бір кейіпкер бар. Ол – Тәңірберген. Тәңірберген – жағымсыз тип. Бұрынғы таптық көзқарас, қазіргі парықтық дүниетаным тұрғысынан да оңып тұрған адам емес. Ақбаланың Тәңірбергеннен тапқан ұлының атын Құдайберген деп қояды. Осыны естіген кесір шал Сүйеу осқырына отырып, Тәңірбергеннің бай тұқымына мінездеме береді. «...Құдайберген дсйді, ә? Бұл күшігі – Құдайберген... Әкесі – Тәңірберген. Ал, ал, әнебіреулер Алдаберген... Жасағанберген... – деп ызалы сөздер алқымына тығылғандай, үзіп-үзіп сөйледі. – Әй-әй, о несі? О несі екен?.. Абыралы ауылының балаларын Құдай береді... Алла береді... Тәңір береді... Жасаған береді... Әй, сонда біздің балаларымызды кім берген екен? О несі, әй?». Трилогияны қазір оқығанда да байқалатыны, автор Тәңірбергенді байлығы үшін жерлеп отырған жоқ. Бұл бейне таптық тұрғыдан емес, жалпы адамгершілік тұрғыдан әшкереленген. Перзент ретінде оны Тәңірдің, Құдай тағаланың бергені рас. Малын ше? Оны Құдай берді дей алмайсың. Дей алмайтының – кісі еңбегін жегіш. Оның үстіне ұры ұстайды. Түрікпеннің жылқысын әлденеше рет айдатып алып, көршілес екі елдің арасына от жағады. Түрікмендердің қазақ ауылын шауып жүргені осы байдың кеселінен. Қалаға тоң балық апаратын кірешілердің тең жартысы – Тәңірбергендікі. Кіре тартқан түйелер сонікі. Романның сынайтыны Тәңірбергеннің бұл тірлігі емес. Оның тым құнығып кеткендігі. Қала байы, промысел қожасы Темірке екеуінің шалқар теңізді меншіктеніп, басқа халыққа күн көрсетпеуі. Көзі топырақтан басқа ештеңеге тоймайтын тиранға айналып бара жатқаны. Сол қаралықтарын роман сықақ тілімен қариды. Тәңірберген ел бірлігін көп сөз етеді. Адалдықты, тазалықты дәріптеуге құштар. Іс жүзінде ел ішіне іріткі салушы нағыз қызыл көздің өзі. Тып-тыныш отырған балықшылар ауылын екіге жарып, бір-бірімен өштестіріп, қастастырып қояды. Тұрмыс жағынан да азып біткен. Күйдім-жандым деп алып қашқан Ақбалаға көрсеткен қиянаты, баласынан айырып қоя беруі оның қатыгез келбетін толықтыра түседі. Ақбаланы үйден түріп шыққан күннің ертеңінде қаннен қаперсіз ел аралап кетеді. Бұл дүниеде Ақбала дейтін әйелінің болғанын тарс естен шығарғандай. Бұл қаталдығына Тәңірбергеннің өзі де таң қалады. Құрбандығын жұтып алған қолтырауын екеш қолтырауын да көзіне жас алады екен. Ал, Тәңірберген өз тас бауырлығына өзі тәнті... Және сол мінезін мақтан еткендей ме, қалай?Еламан іштей жуылса, Тәңірбергенді кір басады. Сол ластығына өзі сүйсінетін мұндай жан – қазақ әдебиетінде бұрын кезікпеген кейіпкер. Құнанбай да қатыгез, бірақ дәл мына Тәңірбергендей сырты бүтін, іші түтін, су жұқпас мүттайым, баянсыз қара жүрек емес. «Қан мен терді» сынаушылар оның кейіпкерлерін Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының қаһармандарымен салыстырып қарайды. Тіпті кейбіреуін содан көшіріп алған деседі. Ал, салыстыра келгенде, қазақ жазушысының трилогиясындағы екі жүзден асып жығылатын кейіпкердің бір де бірі, тіпті орыстарына дейін, еш шығарма образына ұқсамайтыны айқындалады. Тәңірбергенге келсек, мұндай типті қаһарманға ұлы орыс жазушысының романындағы кейіпкерлердің арасынан тіпті тырнағы ұқсастары да кезікпейді. Тәңірберген – қазақ әдебиеті тарапынан әлемдік әдебиет образдар галереясына қосар бейнеге жататын бітімі бөлек характер. «Қан мен тер» трилогиясы Тәңірберген тағдырының соңғы күндерін суреттейтін үлкен тараумен аяқталады. «Ақтар Аралдан шегінгелі Тәңірберген төтен бір халде». Өстіп басталатын тарау тұтастайын ішкі монологтен тұрады. Тәңірберген бар дүниеден баз кешкен. Аяр залым, айлакер қу бұрын ойына алғанын істемей қоймаушы еді. Иті қырын жүгірген соң амалы құрыды. Не істесе де, ойлағанынан кері шығады. Өзінің халіне көлденеңнен тосырқай қарайтынды шығарған. Ішкі монолог ұйтқыған құйындай. Кейіпкер қай жерден қапы соқтымға ұшырайды. «Үстіңдегі үйіңді жығатындай беті қатты заман бұны төсегінде тыныш жатқызбады». Шалқарға айдап келді. Осы жерде ұсталып қалды. Шегінген генерал Черновтың әскерін құм арасымен бастап алып шығатын кісі керек болып, опасыз досы Темірке саудагер лайықты ешкімді таба алмағандай, Тәңірбергенді нұсқап иек көтеріпті. Басында ақтарға Алтықұдыққа дейін жол көрсетсем, арғы жағына өздсрі бір лажын істер деп ойлап еді, қателесіпті. Ұлықұм, Кішіқұм бойына баруға тура келді. Ол жерден де аман алып шығып еді, ендігі жолын қырсық шалды... Сусыз қаталаған шақта, бар көз өзіне шұқшиып зәресін алып барады. «Ну, гад! Құдық қайда?» – деп ақ офицер жанын мұрнының ұшына келтіріп тұр. Нұрпейісов психологизмі бұл тұстарда ерекше шабыт алады. Психологиялық мінездеме көркемдік талдауға ұласқанда бақыты күйген кісінің бар пәлені жазмышқа артуы дұрыс па деген сауал туады. Жақсы болсын, жаман болсын, көп харакет істететін адамның пешенесіне жазылған мінезі – характері. Бәрінсн де бұрынғы өр Тәңірбергенге қосымша жаңа табалаушы Тәңірбергеннің шыға келгенін айтсаңшы. Монолог-тексеріс монолог-айыптауға ұштасып, кейіпкер санасын әбдсн сансыратқан. Сансыраған сананың, мәңгүрттенген ахуалы қандай болушы еді? Тәңірберген өзін-өзі жерлейді. Ақылдымын, айла-амалым мен қулығымды бәрінен асырамын деп жүрген жігіт өзін аяусыз кіналап сөгеді. Заманың түлкі болғанда, тазы боп шалу есіне кірмепті. Сол үшін өзін өзі айыптайды. Әсіресе, қызылдарға қарсы шыққанына өкінеді. «Қызылдарға осынша күшпен Колчак түк істсй алмай жатқанда, есалаң сорлы-ау сен күл шашып пе бітірмексің?» Жаны күйзелген Тәңірберген өстіп өзімен-өзі ішкі диалогке кірген мезетінде тірі пенденің істеп жүрген ісінің бәрін тәрк ететіндей. Бара-бара өмірдің өзінен түңіледі. «Өмірдің түк қасиеті қалмапты-ау», – деген гөй-гөйге басады. Сүлесоқ, енжар, құлықсыз. Көкірегіндсгі ежелгі жауларына деген кектен де ада. Осы дүниеде өзінің де бар-жоғы, өлі-тірісі бәрібір. «Иә, маған, бәрібір» – деді Тәңірберген». Жынды кісіше өзімен-өзі сөйлесетін кейіпкер әуеніне автордың мұңды мақамы қосылып, психологизмнің ең бір күрделі сатысына көтеріледі. Ішкі монолог жиі-жиі ішкі диалогке ауысады. Тәңірберген «өң мен түстей бір халде». Тайталас ойының кезбейтін жері қалмаған тәрізді. Дүниенің төрт бұрышын аралайды. Кербаланың шөлінде қаталаған Хұсайын туралы қиссадағы аңыздарды есіне түсіреді. Әркіммен қызу айтысқа түседі. Бір жұлқысуға жарамаған ақ патшаға наразы. Тағы бірде «бар пейілі малға, байлыққа ауып, болған үстіне болса екен деп құнығып жүргендерді» кекетіп мысқылдайды. Өзі ше? Өзінің олардан асқан жері қайсы? – деп кейіпкер өзін де аямайды. Сана ағымы күшейе келе машықты кенересінен асып төгіледі. Үлкен философиялық арнаға бет қояды. Жалпы адамзат хақындағы толғанысын еселете түседі. Роман енді адам атаулының бір тұтам тірлігін дұрыс пайдаланып отырғанына күмән келтіреді. Өйтпесе қамшының сабындай қысқа ғұмырында талай күнәға батып үлгіретіні қалай? «Әркім өз күлшесіне күл тартқан заман. Оның бергі жағында өзіміз де құдайдың кең дүниесін қолдан тарылтып, көртышқанша бас-басымызға бір-бір ін қазып ап, күнделікті күйкі тірлікпен күйбеңдеп жүріп, үстіміздегі осынау биік аспанды да жөндеп байқамаппыз». Трилогияға бұл тұстарда ұлттық ая аздық ететіндей. Ойы енді жер шары үстінде қалқып, адамзаттық өреге көтерілген. Сол бойда ұғып жететіні: адамзат қаншама өмір сүрсе де, өмірдің шын мәніне әлі түсініп жетпеген, Құдай жолының сырына қанықпаған. Кеңестік атеистік заман шығармасы «Қан мен тер» кейіпкері Құдайды көп аузына ала бермейді. Белгілі себептермен Құран Кәрімді оқып түйсініп, Алла жолын білуге шақырмайды. Алланың аты аталмаса да, заты бар. Ол астарлап айтылады. Тәңірберген көк аспанға жиі көз тігеді. Түркі әлемінде аспан, көк, Тәңір ұғымдары мағынасы тең ұғымдар. Бір ойды екінші ой түртпектеп оятады. Адам опасыз дүниеден әрдайым жаманшылық күтіп зәресі кетіп жүреді. Осының түп себебі неде? Күнәні жамай бсргенше, күнәдан арылуды неге ойламасқа? Тәңірбергеннің аузынан бір сәтте ғана «Құдай зауалыңды берсін!» – деген сөз шығады. Осы қарғысты ол кімнен есітті? Әлде, мына сырттан келген зауалды асқындырып бара жатқан сол қарғыс па екен? Тәңірбергеннің іші солай шиыршық атып сенделсе, бергі, сыртқы ойы мына қу даладан су іздеп әлек. Талай жүрген таныс жері еді. Тас қараңғы түнде де көзін жұмып жүріп тауып алатын құдықтардың шегенін біреу тарқатып алып, топырақпен көміп кетеді. «Бір айналдырғанды шыр айналдыратыны» рас екен. Жолда көрген азабы аздай, зауалды күн енді Тәңірбергеннің ауылына төнеді. Жадап-жүдеп титықтаған ақ әскерлері кенет Тәңірбергеннің аулының үстінен шығады. Сусынын қандырып, тамағы тойып, ауылдың бұт артарға жарамдысын сыпырып алған соң, бар сиқынан айырылып, азғындаған әскер әйел атаулының етегін ашып масқаралайды. Ішкі монолог арғы-бергіні қорытып үлгермей жатқанда қосарланып битөл сөз кетеуі кеткен дүниенің сұмдықтарын үсті-үстіне басады. Тәңірбергеннің есіне түрікпен ауылын шапқан кезі оралады. Түрікпеннің бір жасамыс әйелі құлақты жарған ащы даусын кілт тыйып: «Жалғыз баламнан айырдың. Қартайған шағымда жұлынымды үзіп жерге қаратып отырсың. Қүдай сенің де зауалыңды берсін!» – дегені енді жаңғырық сияқты қайталанып, жүрегін жұлқылап барады. Табиғат екеш табиғат та бұдан теріс айналғандай... Оның өзі де бір түрлі символистік бейнеге айналып, өлмесең өрем қап дейтіндей. «Тәңірберген бозторғай үнін жақсы көретін. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін көл-көсір далада салт атпен жолаушылап келе жатқанда жалғыз көңіл ашатын осы ғана». Көмейінен күн төгілген құмық құс жолаушы жанын жабықтырмайтын қасиетінен мына зауалда айырылып қалгандай. Тәңірберген төбесінде бір жоғарылап, бір төмендеп шыр-шыр еткен бозторғай үнін сезген жоқ. Өйткені ауылдан қайта шығып, Қарақалпақстанды бетке алып, құм арасына сіңгенде бұлар тағы да көмілген құдықтарға тап болады. Титығы құрыған өзінің де, өзі жол көрсетіп келе жатқан ақтардың әскерінің де жан созар жағдайы қалмаған-ды. Шығарманың трагедиялық әуені философиялық ой-толғаққа ұласады. Аспанды торуылдап қаптап кеткен мына қара құс – зауал құсы. Ертеңгі күн кімнің басын торуылдамақ?Тәңірбергеннің ішкі драмасы шырқау шегіне жеткендей. «Тағдырға тәбділ жоқ» деп мойындатпай қоймайтын қатыгез трагизм дендеп алған. Есі кіресілі-шығасылы. Өзімен-өзі «сен» деп сөйлесетін ішкі диалогі мүдіріңкі, үзік-үзік, сандыраққа ұқсайды. «Қап-қара тұңғиық дүние кенет қып-қызыл боп алаулап бара жатты.» Бұны өрт екен деп ойлайды. Өртке қарсы жүгіріп бара жатқан оқыған інісіне көзі түсіп: «О, сорлы...есалаң сорлы! Есі дұрыс кісі үстіне келген өртті қарсы жүгіріп өшіре ме? Ха-ха-ха!» Санасы сөнер шағында қайта бір есін жияды. Тәңірберген бойын қайта тіктегендей. Аспанға көзі түседі. Безерген жерден көңілі қалып болған ол бар үмітін зеңгір көкке артатын тәрізді. «Мына аспанның әділ болмауы мүмкін емес. «Жоқ, мына аспан әділ, шексіз әділ!» – деп ол осынау опасыз жалғанға өзінің кеш байқаған пұшайман бір сырын бар даусымен жар салғысы кеп кетті. Оған бірақ шамасы келмеді. Бұл кезде ол бар дауыстан жұрдай боп айырылған еді». Ғарышпен тілдесу – романның жер-көкпен астасқан көкжиегін мейлінше кеңейткен. Кішкентай балықшы ауылының тірлігі қазақ елінің үлкен шындығына айналған. «Мен – қазақпын!» деп тұрған характерлерінің сомдалу сапасының биіктігі Әбдіжәмілдің эпикалық талантын жаңа бір қырынан танытты. Іштей ашылатын Еламан, Тәңірбергендермен қатар, оқиға барысында кескінделетін характерлерге де роман ерекше жомарт. Бұлар – даралығы көзге ұрып тұратын Кәлен, Сүйеу, Ақбала, Айғаным, Мюлгаузен, Федоров, Қарақатын, Судыр Ахмет, т.б. бейнелері. Кәлен – халық топырағының тереңінен тамыр тартатын образ. Трилогияның басты идеясы тумысынан батыр, жаужүрек, дара тұлға Кәленнің жан сүйсінтер қайрат-жігерімен, үлкен масштабты іс-әрекетімен байытылып отырады. Еламанның, Тәңірбергеннің бейнесі Кәленсіз жүдеп қалар еді. Кәлен – 1916 жылғы халық көтерілісінің сардары. Трилогияның соңғы нұсқасында оның қолбасшылық ісі кеңірек көрсетілген. Күші басым жау әскері құм ішінде шабуылға шыққанда қорғаныс шебінің алдына киіз үй керегелерін жайып тастайды. Көмулі тұзаққа тап болған дұшпан талай сарбазын жоғалтып, кері шегінуге мәжбүр. Кәлен комиссар Дьяков пен Еламанның тапсырысы бойынша, ақтар әскерлерінің алдына түсіп алып, қу медиен даладағы құдықтарды жауып отырады. Ақ гвардияшыларға жолбасшы боп жүрген Тәңірберген байдан талайдан кеткен кегін қайтарады. Ақ әскер құзғындарын Тәңірберген ауылының үстінен түсіріп, ақыры тұтас бір әскерді судан қаталатып, бір оқ шығармай қырғынға ұшыратқан асқан ерлік иесі – дәл осы Кәлен. Ол құдды Тәңірбергенге тауқымет тартқызбаққа көктен арнайы түскен, көзге шалынбайтын зауал секілді. Кәлен бір өзі мың сан қолды жайпап кететін ертегінің батырындай асқан ерлік танытады. Фольклор кейіпкерінен айырмасы – ерлігінің нанымдылығында, реалистік сипатында. Кәлен образының сомдалуындағы бір ғажап нәрсе – кейіпкер роман сахнасына мүлде шығарылмайды. Ол туралы Тәңірбергеннің аузынан бір-ақ ауыз сөз естиміз. Кәленнің құдықты қалай жауып жүргені суреттелсе, артық болмас еді. Бірақ автор өйтпеген. Тек істеп жүрген орасан қайратының нәтижесін ғана көрсеткен. Қисапсыз «үнемді» тәсіл. Әбдіжәмілдің айтарлықтай олжасы – қазақ романы поэтикасына қосқан жаңалығы. Кәлен қазақ әдебиетінің батырлар галереясына сұранбай-ақ кіріп тұр. Жазушының шығармашылық жұмысқа әбден беріліп, ысылып алған кезде көріктеуін, бояуын келістіре жасаған образы – Судыр Ахмет, көк мылжың, қуыс кеуде, есі кірмеген пәруайсыз жан. Еңбекке қыры жоқтығы жағынан Қалау мен Төлеуге ұқсас. Айырмашылығы – қолынан дәнеңе келмейтін. Бір бақаннан бір қазық шығара алмайтын, кандай да іске орашолақ, бос белбеу. Бар жақсылықтан жұрдай, бар кеселді мойнына артқан сорлы тәлкекке ұшырайды да жүреді. Байғұсқа басына келіп дұға оқитын мола да бұйырмаған. Ешкім білмейді. Із-түзсіз жоғалып кеткен. Судырдан артында қалған жалғыз белгі ақ киіз қалпағы. Соның өзінде роман жүрегін соқтыруға бұл өте-мөте қажет характер. Ұлт талайы-тағдыры, адамның өмірдегі еңбегі туралы ойға шомдырады. Өлім де адамның қалай өмір сүргеніне сын... Бұрау басын сындырмаған адамның өмірге келдісі не, кеттісі не? дегізеді. Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологке құрылған бұл роман нағыз замана эпосы. Кезінде «Қан мен тер» романы жанрын эпопея жанрына қарсы қоюшылар табылды. «Ішкі драматизм сыртқы қабыршақты бұзып, мән-мағынаға бойлатады». Сондықтан бұл таза роман (роман чистых кровей») делінді. Бұл көзқарасқа дау айтылды. Роман эпос, оның түрлері фольклорды да, лириканы да, тіпті сүреңсіз хабар, хроника, цифрларды да бойына сыйыстырып, жарасым таптырып, тамаша көркем поэзия болып шығатыны жайындағы ежелгі қағида еске алынды. «Қан мен терде» эпостың көп қасиеті табылатыны дәлелденді. Эпосты романға етене жақындататын шешуші белгі – кең құлаштылығы. Халық өмірі өзенінің табанындағы ағыс, жылғаларды көрсететіндігі. Ұлттық һәм адамзаттық проблемаларға шығатын шалқар шығарма екендігі.Тәңірбергеннің ішкі монологінде мынадай бір пікір бар. Әбден әлі құрып, ойы сан саққа жүгіретін Тәңірберген бір уақ көк аспанға көз тастайды. «Ана қарашы, жарықтық, қандай биік және қандай кіршіксіз таза. Адамзат жетпей сорлап жүр. Көре қал, күндердің күнінде көкке қолы жетсе, адам аспанды да былғайды». Адамзат һәм табиғат, қоршаған орта. Экология... Белгілі себептермен бұл тақырып идеялық-эстетикалық нысанасы басқа «Қан мен тер» романында көп өрістетілмегені түсінікті нәрсе. Адам табиғат-анаға тым қатыгез екендігін айтып үлкен бір әңгіменің шетін шығарды да (қолы жетсе, адам аспанды да былғайды), сол заматында тоқтайды. Бірақ басталған әңгіме аяқсыз қалған жоқ. Жалғасын жаңа шығармадан тапты. Атап айтқанда, маңызы зор экология әңгімесі, табиғат пен адам туралы толғаныс «Соңғы парыз» роман-дилогиясының (1999) өзекті тақырыбына айналды. Жанры жағынан «Соңғы парыз» дилогиясы «Қан мен тер» трилогиясымен қарайлас: әлеуметтік-психологиялық роман. Сонымен бірге ерекшелігі де бар. Ерекшелігі, кетеуі кеткен қоғамдық-саяси өмірді әжуалап әшкерелеуші роман-памфлет те. Экранизация 1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. * Сценарий авторы: Андрей Михалков-Кончаловский, Родион Тюрин * Оператор: Асхат Ашрапов * Суретші: Ыдырыс Қарсақбаев, Р.Каримов * Композитор: Ғазиза Жұбанова * Дыбыс операторы: Қадыр Кусаев Басты рөлдерде: Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Г.Шойбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Н.Рахимов, Ж.Кайрлиев, Е.Евстигнеев, В.Сошальский, Олег Видов, М.Таванов, А.Құланбаева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Ш.Хакимжанов, Қасым Жәкібаев, Ю. Герасимов, Ш.Ахметова, Римма Кабдалиева, Айша Абдуллина, Кененбай Қожабеков, А. Собелев, Г. Юдин, В. Гусев, Лола Абдукаримова. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медальын және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда "Ең үздік тарихи-революциялық фильм" номинациясы бірінші жүлденің ие атанды. Ескерткіш 2008 жылдың 14-қараша күні Ақтөбе қаласында "Қан мен тер" трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Ескерткіш Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған.Мүсіндік копозицияда "Беларан" аралындағы романның негізгі жеті кейіпкері және ит мүсінделген. Ескерткіш құны 324 000 АҚШ долларын құрайды. ## Дереккөздер
Ойқарағай көмір кен орны – Алматы қаласынан шығысқа қарай 300 км жерде, Алматы облысы Райымбек ауданының Қытаймен шекаралас бөлігіндегі таулы өңірде орналасқан. Кен орны 1931 жылы ашылған. Іздеу, барлау жұмыстары 1943–1948 жылы жүргізілді. ## Геологялық құрылымы Көмірлі қабаттардың жасы ортаңғы юра кезеңіне жатады, қалыңдығы 45 – 110 м. Бұл қабаттар ендік бағытта созылған моноклин құрылым жасайды. ## Жатыс сипаты Құрылымның ұзындығы 8 км, ені 2 – 3 км. Тау жыныстары оңтүстік және оңтүстік-шығысқа қарай 3 – 5 км еңістенген. Көмірлі қабаттар өзендердің тілімдеуінен Батыс, Орталық, Шығыс бөлікшелерге жіктелген. Олардың ішінде Батыс бөлікшесі өнеркәсіптік мәнге ие. Мұнда шағын кеніште жергілікті тұрмыс қажетін өтейтін көмір өндіріледі. Көмір қабатының қалыңдығы 4,5 м-ден 23,5 м-ге дейін, құрылысы қарапайым. ## Құрамы Көмірі қоңыр (Б3), күлділігі төмен (6 – 16%), қызуы жоғары (жанғыш массаның жылу бөлгіштігі 5,4 – 7,9 мың ккал/т), күкірттілігі төмен, ауада жеңіл уатылады. Кен орнының қоры 80 млн. тонна, оның 41 млн. тоннасы ашық тәсілмен өндіруге қолайлы. Қоңыр көмір қоры бойынша Ойқарағай көмір кен орны Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы ірі кен орындарының біріне жатады. ## Дереккөздер
Оймақ– тігінші құралдарының бірі және де қолмен іс тіккенде саусаққа киетін құрал. Жұқа жез темірден саусақ ұшына сыйып тұратындай көлемде жасалады. Қолмен іс тіккенде сұқ саусаққа немесе ортаңғы саусаққа кигізіледі. Оймақ инені әрі қарай өткізуді жеңілдету және саусақты қорғау үшін қолданылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында оймақтың былғарыдан, көннен жасалған түрлері де жиі кездеседі. Сондай-ақ оймақтың жүзікке, сақинаға баумен бекітіп қоятын түрлері де болған. Бұларды қазақ әйелдері күнделікті тұрмыс-тіршілікте жоғалтып алмау мақсатында жасаттырған. Металдан, былғарыдан жасалады Оймақ- қалың маталарды кестелеген кезде қолды жарақаттамай матаға иненің кіруін жеңілдетеді. Оймақтар металдан, былғарыдан немесе пластмассадан жасалуы мүмкін., қандай материалдан жасалса да ортаңғы саусаққа киюге ыңғайлы болғаны дұрыс. Қазір оймақтардың төбесі металл, ал саусаққа киілетін басқа бөлігі жұмсақ теріден жасалған түрлері де бар. ## Сілтемелер * Былғары * Тұрмыстық құралдар ## Дереккөздер
Оймаша мұнай кен орны — Ақтау қаласынан (Маңғыстау облысы) оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде. Іздестіру жұмыстары 1965 жылы басталып, 1980 жылы кен орны ашылды. ## Геологиялық құрылымы Ол субкеңдіктік созылымның брахиантиклиналдық қатпарына жатады. Кен орнының ашық қимасында палеозой, мезозой, кайнозой жыныстары бар. Ортаңғы палеозойдың (морулы гранитоидтар) мұнайлылығы 9, 10, 12-ұңғымаларда анықталған. 12-ұңғымада 3752-3720 м аралығын сынақтан өткізуде мұнай атқыны алынды. Бастапқы қабат қысымы 47,6 МПа, температурасы 163°С, тығыздығы 0,834 г/см3. ## Құрамы, қанығуы Мұнай құрамы аз күкіртті, парафинді (13,3%), аз мөлшерде асфальтені бар шайырлы (2,6%). Мұнайға қаныққан қалыңдығы 96,1 м. Резервуар типі бойынша шоғыр массивті. Триасты түзілімдердің өнеркәсіптік мұнайлылығы туф және туфит қабатты карбонатты қалыңдықта анықталған. Өнімді қабаттардың тиімді қалыңдығы 28,4 м, мұнайға қаныққан қалыңдығы 18,2 м. Шоғыр биіктігі 70 м, типі қабатты, дөңесті. Бастапқы қабат қысымы 44,1 МПа, температурасы 144ӘС, тығыздығы 0,837 г/см3. Мұнайы аз күкіртті, парафинді (11,7%), аз мөлшерде шайыр (3,6%) және асфальтен (1,4%) бар. Төменгі юра түзілімдерінің мұнай газдылығы литолиз құмтасты, алевролиттер және саз қабаттармен алмасатын Ю-XІІІ горизонт табанына жатқызылатын резервуарға байланысты. Өнімді қабат 3142-3146 м аралығында. Триас және ортаңғы палеозой гранитінің мұнайындағы еріген газ ауыр, этанды метан (61 – 65,4%), ауыр көмірсутектер (28,1 – 32,3%), азот (3,5 – 4,5%), көмір қышқыл газ (2 – 3%). ## Дереккөздер