text
stringlengths
3
252k
Альвин Эрнестович Бимбоэс (1878 жыл, Германия, Кобург — 1942 жыл, Ленинград) — экономист-ғалым, социолог, журналист, қазақ халқының музыкалық шығармаларын жинастырушы. * Мюнхен, Гейдельберг университеттерінде, Карлсруэ қаласындағы политехникалық институтта және Берлиндегі коммерциялық институтта оқыған. * 1911 жылдан Ресейде тұрған. * 1919 — 22 жылдары Ақмолада тұрып, Көкшетау ауданы саяси бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарған. ## Музыкалық зерттеулері Қызмет бабымен Ақмола губерниясында жүргенде 100-ге тарта қазақтың халық әндерін жазып алған. Олардың арасында Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты», лирикалық «Жиырма бес», «Қыз Бикен», т.б. әндері бар. Ақмолада тұңғыш балалар музыка мектебін ашқан. Фортепьяноның, хордың, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен айтуға бірнеше дауыс ырғақтарын өңдеген. Оның 25-і «Музыкалық этнография» жинағына енген. Бимбоэс композиторлар А.К. Глазунов, А.В. Затаевичтермен кездесіп, хат жазысып тұрған. Оларға өзі жазып алған әндердің аудармасы мен өңделген нұсқасы жазылған қолжазбаларын, өзі салған суреттерін берген. Өмірінің соңына дейін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы КСРО Қаржы халық комиссариатының жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында, әр түрлі басылымдар редакциясында қызмет істеген. ## Дереккөздер
Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Тек әр түрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік (әлпеншек) деген екі түрі кездеседі. Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік болып есептеледі. Бесіктің жасау-жабдықтары Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет. Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады. Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз). Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады. Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық. Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, ал арасына мақта салып қабылған көрпені қыстыгүні қолданады. Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді. Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады. Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады. Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне баптау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады. Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды. ## Бесіктің құрылысы * Алдыңғы бас (бөген). * Артқы бас (бөген). * Белағаш (арқалық, арыс). * Жақтау. * Жорға (табан). * Сабау. * Тақтай. * Түбек. * Шабақ. * Шүмек. ## Бесікті кім дайындауы тиіс? Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, - дейді салт-дәстүрді насихаттап, дұрыс-бұрыстығын насихаттап жүрген Зәйнеп Ахметова. ## Бесіктің сәбиге пайдасы Біріншіден – қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Екіншіден – баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Үшіншіден – сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Сырттан келетін кері энергия мен шаң-тозаңнан сақтайды. Төртіншіден – бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетілгендіктен баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіншіден – бесіктегі балаға бесік жыры, ана әлдиі айтылады. Өнегемен, тәрбиемен, өрілген өлең жолдары сәбидің бойына көркем мінез, ұлттық қасиет, жомарттық пен жанашырлық сынды жақсы қасиеттерді дарытады. ## Бесік қалай пайда болды? Ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік болып танылған бесіктің пайда болуы өте ертеде екен. Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған деседі. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар өсіп шығыпты. Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар болған қытайлар, бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би, алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады… Бірақ жылдар өте береді… Айдархан би үйленіп, тұңғышы туылады. Бірақ туыла сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Күндердің күнінде тынымсыз жылайтын бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан, қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды. Иә, бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, төсегі жайлы болады. Бір ырғақпен тербелген бесік баланың денсаулығының мықты болуына, миының дамуына, қол-аяғының дұрыс жетілуіне, тіпті тәлім-тәрбиесі мен мінез-құлқына керемет әсер етеді. «Бесік баласы бек баласы» деп бекер айтылмаған. Бесік жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне ықпал етеді. ## Дереккөздер
Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев (27.10.1946 ж. туған, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы) – ғалым, техника ғылымының докторы (1991), профессор (1992), ҚР ғылым академиясының академигі (1992), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. Қазақ химия-технология институтын бітірген (1968). 1969 – 1976 ж. Мәскеу химия-технология институтында аспирант, 1972 – 1976 ж. Қазақ химия-технология институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, 1976 – 90 ж. Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты Қызылорда бөлімшесінің директоры, 1990 – 1996 ж. Қызылорда агроөнеркәсіптік өндіріс инженерлері институтының ректоры болды. Дулат тайпасы Шымыр руы Темір бөлімінен шыққан. 1996-1998 жылдары - Жамбыл университетінің ректоры. 1998-2001 жылдары - М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. 2001-2012 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі. Негізгі ғылыми еңбектері табиғи қорларды тиімді пайдаланудың химия технологиясына, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған. Ол органикалық және анорганикалық текті шикізаттық дисперстік жүйелердің қалыптасу, өзгеру заңдылықтарын анықтады. Батыс Қазақстан мен Арал өңіріндегі мұнайлы битумды, сапасыз сазды жыныстарды және өнеркәсіп қалдықтарын өңдеу мен өндірісте қайта қолдану әдіс-тәсілдерін зерттеді. Бишімбаев табиғи күрделі гетерогендік жүйелердің құраушыларға ыдырау механизмін ашты. Фазалардың бөліну бетіндегі коллоидтық-химиялық құбылыстарды анықтады, мұнайлы битумды жыныстарды геоэкологиялық жағдайларды ескере отырып өндірудің тиімді әдістерін, сондай-ақ битумдық эмульсия алудың қалдықсыз технологиясын ұсынды. 500-ден аса ғылыми еңбектердің, оның ішінде 13 монография, оқулықтар, оқу құралдары, 29 өнертабыс пен патенттердің авторы. «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алған, ҚР білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері. Үйленген, екі баласы және немерелері бар. ## Сілтемелер Мәжілістің құрамы мен құрылымы, БИШІМБАЕВ Уәлихан Қозыкеұлы ## Дереккөздер
Бишік — қамшыдан ұзын, ұшына қарай бірте-бірте жіңішкере беретін, мал қайыруға қолайлы, қайыстан өрілген, сабы бар құрал. Бишік өрімі араларын металл шығыршықпен қосатындай, бірнеше бөлік етіп өрілуі де мүмкін. Кейде оны соп қамшы деп те атайды. Ұшына екі-үш қарыс қайыс таспа не іріктелген бірнеше тал жылқы қылы жалғанып өрілген Бишікті айналдыра үйіріп, оқыс сілкіп қалғанда, шарт еткен дыбыс шығады. Бишіктің сабы өрімнен үш есе қысқа болуы шарт. Сабына шикі таспадан шырмауық оралады. Бишікті ертеде ұрыс қаруы ретінде де қолданған. ## Тағы қараңыз * Қамшы ## Дереккөздер
Биялай * құсбегілер қыран құсты қолына қондырарда киетін теріден тігілген қолғап. Биялайды алғашында барлық саусақ бірге болатындай етіп тұйықтап тігіп, бертін келе ыңғайлы болу үшін бас бармақтың, сұқ саусақтың, ал ұсақ құстарға арнап жұқалау былғарыдан барлық саусақтар ұясын бөлек тіккен. Бүркіт биялайының ішіне талдырған киізден немесе арасына мақта, жүн тығылған матадан астар салынады да, тысын жұмсақ иленген теріден түгін ішіне қаратып тігеді. Биялайдың білезігін жеңді білек еркін сиып кететіндей етіп жасап, іліп қоюға қолайлы болуы үшін қайыстан бау немесе жез шығыршық тағады. Бүркітпен аң аулауға шыққанда, ат үстінде қары талмау үшін құс қондырған биялайлы қолды балдаққа сүйеп отырады; * былғарыдан тігілген, жүннен тоқылған қолғаптарды да кей өңірлерде Биялай деп атайды. Бұрынғы кезде көбіне бес саусақты қолғапты Биялай деген. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бұғра — Орта Азияда, Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда және Шығыс Түркістанда билік құрған яғма тайпасынан тараған Қарахан әулеті билеушілерінің жалпы лауазымы. Яғма шігіл тайпаларының ұрпағы екен. Аңыз бойынша, оны түйе майымен тамақтандырыпты. Олар түйені қасиетті жануар деп біліп, осы тайпадан шыққан билеушілердің өз атына Бұғра лауазымын қосып айтатын болған. Қарахан әулетінің Бұғра хандар тармағының негізін салушы — Сатұқ Бұғра хан Абд әл-Керим. Ол ислам дінін қабылдап, оны өз мемлекетіне таратқан. Немересі Бұғра хан Харун ибн Мұса 10 ғасырдың аяғында Мауераннахрды жаулап алады. Тараз бен Испиджабты билеген Бұғра хан Мұхаммед ибн Жүсіптің және Қашғарды билеген Бұғра хан Харунның (Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білік” дастаны осыған арналып жазылды) есімдері де белгілі. Бұғра хандар астаналарының бірі Баласағұн болды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Бозащы – Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы түбек. ## Орналасқан жерi Аумағы 20 мың км². Абсолютiк биіктігі 29 м. Жер бедеріне төрттік кезеңнің ойпатты аккумуляттық жазығы тән. Онда құмдауытты төбелер кездеседі. Жер беті солтүстікке қарай еңістеніп, шығыста Өліқолтық пен Қайдақ сорларына ұласады. ## Климаты Климаты континенттік. Қаңтарда ауаның орташа температурарасы –7С, шілдеде 26С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлш. 200 — 250 мм. Жылына 40 күндей дауылды жел (жылд. 15 м/с-тен астам) болып тұрады. Теңіз жағалауында сораң топырақ, қалған жерінде сұр және сортаң топырақ қалыптасқан. ## Өсімдіктер Өсімдіктерден бұйырғын, жусан, т.б. өседі. Құмды жерлерде тұщы құдықтар кездеседі. Түбек жері мал жайылымына пайдаланылады. Қаламқас, Қаражанбас, Бозащы мұнай-газ кендерін игеруге байланысты автомобиль жолдары салынған, мұнай құбырлары тартылған. ## Шаруашылық маңызы ### Бозащы артезиан алабы Бозащы артезиан алабы – Бозащы түбегіндегі арынды жер асты суы қалыптасқан аймақ. Бозащы артезиан алабының тұщы және тұзы аздау артезиан, грунт сулары елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге, мал жайылымдарын суландыруға, ішінара егістікке пайдаланылады. ### Бозащы мұнай-газ кен орны Бозащы мұнай-газ кен орны - Маңғыстау облысы, Ақтау қаласынан солтүстікке қарай 175 км жерде, Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауындағы Бозащы түбегінде орналасқан. Кен орын 300-дан аса адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. ## Дереккөздер
Бозаншы — қазақ халқының ежелгі саз аспабы. Шанағы шөміш тәрізді, мойны ұзынша, жіңішке, пернесі жоқ, 4 қыл ішекті, ұзындығы 1 м. 20 см, ысқымен ойналады. Ел арасындағы «боздап қалғыр бозаншы» дейтін мәтел бұл аспаптың үнінен хабар береді. Бозаншы түркі тектес халықтардың көбінде өз атауымен сақталған. Мысалы Тыва, Хақас, Алтай республикаларында бұл аспап "Бызанчы" деп аталады. Бозаншының жалғыз үлгісі Қазақтың халық музыка аспаптары мұражайында сақтаулы. ## Дереккөздер
Тоқаш Бокин (25 сәуір 1890 жыл – 19 қыркүйек 1918 жыл) — 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Қазақстанда (Жетісуда) Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысушы. Сары Үйсін руынан шыққан. Верный қаласындағы (қазіргі Алматы) ер балалар гимназиясында оқыған, сот органдары мен Верныйдың қоныс аударушылар басқармасында аудармашы болып жұмыс істеді. 1914–1916 жылдары Санкт-Петербург Сот палатасында, зауытта жұмыс істеді. 1918 жылы наурызда облыстық Төңкерістық комитеттің мүшесі болып сайланды, Жетісу облысындағы орыс-қазақ қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі комиссариат комиссарының орынбасары болды. Ауыл және селолық кеңестерді құруға қатысты. 1918 жылғы сөуір-мамыр айларында Верныйдағы Кеңес өкіметіне қарсы болған бүлікті басуға қатынасты. 1918 жылдың қыркүйегінде саяси күрестің құрбаны болды. ## Дереккөздер
Ғақаш Зәкиұлы Бияшев (10 қазан 1906 жыл, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Қамысты ауылы – 20 қараша 1987 жыл, Алматы қаласы) – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (1947 жыл), профессор (1949 жыл), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1967 жыл), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1971 жыл). * Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген (1931 жылы). * 1931–36 жылы Аққабақ тәжірибе станциясында ғылыми хатшы, Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (Ташкент қаласы) ғылыми қызметкер, аспирант * 1936–50 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары * 1950–57 және 1961–65 жылдары Қазақ Мемлекеттік Унивеситетінде (қазіргі Қазақ ұлттық университеті|Қазақ Ұлттық Университеті) кафедра меңгерушісі * 1957–61 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының вице-президенті * 1965–78 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Ботаника институтының директоры * 1978–87 жылы зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. * Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Бияшев қант қызылшасы мен қоза биологиясын зерттеп, оларды Қазақстанда өсіру жүйесін жасады. * Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. ## Шығармалары * «Культура сахарной свеклы в Казахской ССР» * «Система земледелия в Казахстане» * «Итоги ботанических исследований в Казахстане - 50-летию Октября» * «Корреляция между весом корнеплодов и сахаристостью у дитетраплоидных сортолинейных гибридов сахарной свеклы. Сельскохозяйственная биотехнология» ## Сыртқы сілтемелер 1. "БИЯШЕВ ҒАҚАШ ЗӘКИҰЛЫ" Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер
Болатшы, Буладжи, Поладчи (т.-ө.ж.б.) – Шағатай ұлысының әмірі. Атасы Өртөбеден қалған Маңлай-Сүбе деп аталатын жерде билік етті. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістанды, Ыстықкөлдің Оңтүстік, Ферғананы алып жатты. Ордасы Ақсу қаласында болды. Оның тікелей араласуымен Моңғолстан
Болғанбаев Әсет (8 наурыз 1928 жылы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қараменде ауылынды туған – 12 қаңтар 1999 жылы, Алматы қаласында қайтыс болған) – филология ғылымының докторы (1972 жылы). Арғын тайпасы, Қаракесек руының Сарым бұтағынан шыққан. Қарқаралы педагогика училищесін (1947 жылы), Қазақ Мемлекеттік Университетті бітірген (1952 жылы, қазіргі Қазақ Ұлттық Университеті). Осы жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты қазақ тілі лексикологиясы мен лексикографиясын зерттеуге арналған. Болғанбаевтың «Қазақ тіліндегі синонимдер» зерттеуі лексикологиядағы іргелі ғылыми еңбек ретінде бағаланды. Болғанбаев бұл монографиясында барлық сөз табына қатысты синонимдерді талдау арқылы қазақ тіліне тән дара заңдылықтарды зерттеді. Синонимдік қатардың, ең алдымен етістікте, сонан соң зат есім мен сын есімде көп кездесетінін көрсетті. «Қазақ тілі лексикологиясы» (1979 жылы) деген еңбегінде синхрондық зерттеу әдісін қолданып, лексикология қағидаларын тың тілдік деректермен толықтырды. Болғанбаев – «Абай тілі сөздігін» (1968 жылы), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі (1974–84 жылдары). Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы лауреаты (1988 жылы). Әсет Болғанбайұлы (1928 - 1999), қазақ тіл білімі маманы. Филология ғылыми докторы (1973). Ақтоғайдың түлегі. КазМУ-ді (1952) бітірген. 1952 жылдан ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында аспирант, кіші ғылыми, 1958 жылдан аға ғылыми қызметкер, ал 1986 жыдлан бөлім меңгерушісі, 1991 - 1999 жылы бас ғылыми қызметкер. «Қазақ тіліндегі синонимдер» деген тақырыпқа докторлық диссертация қорғаған (1972). Ғылыми-зерт. еңбектері қазақ лексикологиясы мен лексикографиясы мәселелеріне арналған. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1988). Ол 1947 жылы Қарқара педучилищесін үздік бітіріп, сол жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын бітірген соң 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасып, әуелі аспирант, кейін кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін 47 жылдан астам осы институтта еңбек етті. Ә. Болғанбайұлының негізгі еңбектері қазақ тіл білімінің көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін аса жауапты салаларына, яғни лексикологияға және тілдегі сөздердің жайын зерделейтін лексикологияға және сөздік құрамды жинақты түрде көрсететін лексикографияға арналған. Ғалымның көп ізденіп, атақ, дәреже алған еңбектері – осы лексикология мен лексикография саласында жазған монографиялық жұмыстары. Ә. Болғанбайұлы алғаш қазақ тіл білімінде зерттелмей, қолға алынбай жатқан тың, күрделі саласының бірі – синонимдер мен оның варианттылығын зерттеуді қолға алды. Ғ. Мұсабаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер» атты кандидаттық (1945), А. Ысқақовтың кеңесшілігімен «Қазақ тіліндегі синонимдер» (1971) атты докторлық диссертациясын қорғады. Ә. Болғанбайұлының 1970 жылы 22 баспа табақпен жарық көрген «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты ғылыми монографиясына отандық және шетелдік ғалымдар оң баға беріп, түркітануға қосылған елеулі үлес деп таныды. ## Шығармалары 1. "Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi", Ә. Болғанбаев.- Алматы: Мектеп, 1975.- 308 бет.; 2. “Қазiргi қазақ тiлiнiң лексикологиясы мен фразеологиясы“, Қалиев Ғабдолла, Болғанбаев Әсет - Алматы: Сөздiк-Словарь, 2006.- 264 б.; ## Сілтемелер 1. «ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДИНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҚОСАРЛАНҒАН СИНОНИМДЕР» Мұрағатталған 12 желтоқсанның 2011 жылы. ## Дереккөздер
Бунақ хан (Боняк, Маниак) – қыпшақ ханы. Тұғырылды қыпшақ еліне хан сайлаған Ескіл ханның ұлы. Ол туралы алғашқы дерек 1096 жылы кездеседі. Онда Боняктың Киевке шабуыл жасағаны туралы айтылған. 1097 және 1105 жылы Киев Русіне қайтадан шабуыл жасаған. 1107 жылы жеңіліске ұшырайды. Боняктың есімі соңғы рет 1167 жылғы жылнамада аталады. ## Тарихы Ол туралы алғашқы дерек 1096 жылғы орыс жылнамаларында кездеседі. Онда Бунақтың Киевке шабуыл жасағаны туралы айтылған. Қанды жорықтарға шығар алдында қасиетті “Көк тәңірге”, “Көк бөріге” сиынатын. Хан тағына Тұғырыл сайланса, ханзада Бунақ оған әскербасы болды. Бунақ талай рет орыс князьдерінің шабуылына қарсы қол бастаған, 1091 жылы Тұғырыл Византияны қолдап печенегтерге қарсы соғысқан кезде, ерлігімен көзге түседі.Осы 1091 дылы орыс князьдерімен өштесіп жүріп, Переяславль түбінде тұтқиылдан кездескен қалың әскермен жанталаса ұзақ шайқасады. Бунақ батыр сонда ғана төтеп бере алмай шегінуге мәжбүр болған.Дегенмен қанша рет орыс князьдерімен қақтығысып, қарсы келіп жатса да аңғал қыпшақтар ешқашан опасыздыққа бармайтын. Бунақ та, Тұғырыл хан сияқты 1097 жылы грузин князі Давидпен одақтасып, тегі жағынан өзіне туысқан мадияр королі, діні христиан Каламанға қарсы шабады. Бұл қақтығыста да қол басы Бунақ Русль әскерін Сан өзенінің бойында тізе бүктіреді.Алайда, орыс княздері 1105 жылға дейін қыпшақтарға маза бермей, оларды қайткен күнде де жоюды өздеріне мақсат тұтады. Үздіксіз шабуылдап, ақыры 1103 жылы 4 сәуірде Сүтен деген жерде күшті соққы берген орыстар қыпшақ елін аяусыз тонайды.Осы оқиғадан соң ашу мен намысқа булыққан Бунақ батыр, 1103 жылы бүкіл қыпшақ жұртын жиып, жаз бойы Русь жерін қанға бөктірді. ## Дереккөздер
Болыс - қазақ жерінің патшалық Ресейдің қоластында болған кезіндегі аумақтық әкімшілік бөлінісі, оязға (уезд) қараған әкімшілік аймақ, территориялық құрылым. Ресей империясы қазақ даласындағы хандық билікті жою және отарлық билікті күшейту мақсатында 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы жарғы» негізінде Ресейге шекаралас және шекараға жақын орналасқан орта жүз қазақтарының қоныстарын ауылға, болыстыққа, округтерге бөлген. 1824 жылы «Орынбор қазақтары туралы Жарғы» қабылдап, бұл жүйе Орынбор өлкесінде де жүзеге асты. Қазақтардың саяси басқару институтын жою отарлау саясатының ең басты міндеттерінің бірі еді. Жарғы бойынша ауыл 50-70 түтіннен, Болыс 10-15 ауылдан, уезд 15-20 болыстан тұрды. Сонымен қатар патша үкіметі жүргізген 1867-1868 жылдары реформаға сәйкес Болыстардың құрамына әрқайсысы 100-200 түтіннен тұратын шаруашылық ауылдар кірді. Мұндай ауылдардың саны 1000 түтіннен 3000 түтінге дейін барды. Бұл әкімшілік органдар қазақ даласындағы дәстүрлі басқару жүйесін және оның саяси және идеологиялық кеңістігін бірте-бірте ығыстырды. Жаңадан орнаған билік жүйесінің басына жоғарыдан патшалық режим сайлаған сұлтандар келді, ал ауылды старшындар (ауылнай) биледі, осылайша баскарудың жаңа жүйесі пайда болды. Болыстардыц әкімшілік аймақ ретіндегі болыс шекарасы қалыптастырылып, халық оның ережелерін сақтап отырды. Болыстық шекарасының сақталуына уезд басшылары аға сұлтандар, болыстар бақылау жасап отырды. XIX ғасырдың соңында Қазақстанда 300 болыс болған, ал әр облыстағы саны бойынша Орал облысында - 44, Торғайда - 43, Ақмолада - 50, Семейде - 74, Жетісуда - 89 болыс болған. Болыстықтың көлемі ауыл көлеміне қарай әртүрлі болды. Мысалы, 1868 жылы Илецк уезінде 8 болыс, 41 ауыл, Ырғыз уезінде 7 болыс, 34 ауыл, Николаевск уезінде 8 болыс, 51 ауыл, Торғай уезінде 5 болыс, 23 ауыл т.б. ## Дереккөздер
Эрнст Гербертович Боос (нем. Ernst Boos; 17 тамыз 1931 жылы, Украина, Қырым Республикасы - 11 ақпан 2017 Қазақстан Алматы) — ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы (1976 жылы), профессор (1978 жылы), Қазақстан Ғылым Академиясының корреспонденциясы мүшесі (1983 жылы). Қазақ Мемлекеттік Университетті бітірген (1954 жылы). 1954 — 55 жылдары Алматы қаласындағы орта мектепте мұғалім, 1955 — 56 жылдары Физика-техника институтында аға инженер, 1956 — 70 жылдарыЯдролық физика институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, 1970 — 90 жылдары Жоғары энергия физикасы институтында лаборатория меңгерушісі, 1990 — 94 жылдары оның директоры болды. 1994 жылдан Физика-техника институтында лаборатория меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары энергиялы протондардың нуклондармен және атом ядроларымен серпімсіз өзара әсерлесуін зерттеуге арналған. Ол элементар бөлшектерді статистикалық бірегейлендіру тәсілін және зарядталған бөлшектердің иондану шығынының тығыздығын анықтаудың автоматтық тәсілін тапты. Қазақстанда энергетиканың жаңа салаларын дамыту мәселесімен де айналысады. ## Шығармалары * "Множественное рождение адронов в адрон-ядерных взаимодействиях при 40 ГэВ в неупругих взаимодействиях и в событиях с Р1-1.0-2,0 ГЭВ" /с/ Э. Г. Боос, А. М. Мосиенко, Н. А. Покровский 7 с. граф. 21 см Дубна ОИЯИ 1983; * "Недиагональные нейтральные взаимодействия в шестикварковой схеме и возможное существование тока (s)r / Э. Э. Боос, К. Г. Клименко, Ф. Ф.Тихонин 22 с. 25 см. Серпухов ИФВЭ 1982; * "Особенности угловых распределений вторичных частиц во взаимодействиях протонов, сопровождающихся полным разрушением ядер мишеней" / D. Г. Боос, А. В. Холмецкая, В. В. Якоби 10 с. 20 см Алма-Ата ИФВЭ 1987; * "Перспективы использования нетрадиционных источников энергии в народном хозяйстве Казахстана": (Информ. обеспечение науч.-техн. прогр.) : Аналит. обзор / Э. Г. Боос, В. Е. Хван, В. И. Муратова ; КазНИИ НТИ и техн.-экон. исслед. 51,[2] с. 20 см Алма-Ата КазНИИНТИ 1987; * "Решение физических задач каскадно-вероятностным методом"/ Э. Г. Боос, А. И. Купчишин ; АН КазССР, Ин-т физики высок. энергий 21 см Алма-Ата Наука КазССР 1988; ## Сілтемелер 1. «Научные деятели - этнические немцы из Казахстана »(қолжетпейтін сілтеме)2. ТОО«Физико-технический институт» Мұрағатталған 6 наурыздың 2016 жылы.3. Ernst Boos Мұрағатталған 14 шілденің 2014 жылы. ## Дереккөздер
Боралдай: Елді мекендер: * Боралдай – Алматы облысы Іле ауданындағы кент. * Боралдай – Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы ауыл. * Боралдай – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл. Географиялық атаулар: * Боралдай – Қаратау жотасының оңтүстік-шығысындағы тау сілемі. * Боралдай – Арыс өзенінің оң саласы. * Боралдай қорықшасы – Түркістан облысындағы қорықша.
Бопай (туған-өлген жылдары белгісіз) — Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Саржан, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай атты 6 ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Бопай бойжеткен шағында Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Өзінің күйеуі мен оның туыстары сұлтан Сартеке, Досан Әбілқайыровтарды көтеріліске қосылуға тартады. Олардан келісім ала алмаған соң, 1837 ж өзінің 6 баласын ертіп, көтерілісшілерге қосылады. Бопай 600 адамнан тұратын ерекше топты басқарады. Көтерілісшілердің бұл тобы Кенесары әскерлерін жабдықтаумен шұғылданып, елден зекет, көтеріліске қосылмаған сұлтандардан мал-мүлік жинады. Бопай қатысқан шайқастардың ішіндегі ең ірісі — 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының терістік батыс аудандарына бағытталған Аманқарағай дуанына шабуылы. 1840 жылы Қасым төре, балалары Көшек, Бопай қолдау іздеп, Хиуаға барар жолда (Созақ маңында) Ташкент бегінің қолына түсіп, Бопай Әзірет бекінісіне қамауға алынады. Көшек Ташкентке жіберіледі. Тұтқында жүріп Бопай Кенесары әскерінің құрамындағы ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына тұтқынға түскенін естиді. Бопай 1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. Дүние салған жері Ырғыз бойы. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында Бопай атында ауыл бар. Зираты осы ауылдың тұсындағы төбешік басында орналасқан. ## Естеліктер Тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегіндегі былай дейді: «Өзінің əскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сəмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке жəне Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен. Олар келісім бермеген соң Бопай 1837 жылы өзінің күйеуін жəне оның туыстарын тастап, өзімен алты баласын алып, өз тағдырын көтерілісшілер тағдырымен біржола қосады. Бопай зекет жинайтын жəне көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарды». Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында былай жазылған:«Қатын құтырған заман болды ғой осы кез... Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па? - Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уəли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.- Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші... - Неге? - Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар». ## Дереккөздер
Борбасов Сайын Молдағалиұлы(1954 ж.т.) – саясаттанушы, саясаттану ғыл. докт. (1999), проф. Ғыл. еңбектерінің негізгі бағыттары қазіргі заманғы ұлт саясаты, саяси билік, этник. әлемдік саясат, халықар. қатынастар. Уақ тайпасынан шыққан.
Борша — көбінесе ірі қара етінен дайындалады. Кәуәптің бір түрі. Санның, қолдың, жауырынның қара кесек еттерін ұзыншалап кесіп алады. Әрбір еттің бөлегін пышақты көп батырмай жұқалап тілін тұз, бұрыш себеді (тұздалған ет болса, тұз себудің қажеті жоқ). Етті темір тордың үстіне салып, жалындатпай шоңқа қақтал пісіреді. Пісірген кезде аудармалап отырады. Шоңқа қақталып қызыл-күрең тартқан борша өте дәмді болады. Оны әсіресе қымыз, шұбат ішкенде жеген жөн. Борша кісе-қаз, үйрек, бұзау, лақ, қозы еттеріне күріш, сарымсақ, бұрыш, шикі жұмыртқа, сары май майонез қосып бүйенге, қарынға немесе иленген қамырдың арасына салып пешке немесе духовкаға қойып пісіреді (күрішті бір қайнатып алған жөн). Боршаға: 1 кг ет, 3 бас пияз, 1 шай қасық бұрыш,1 тал жуа, 2 жұмыртқа, 2 ас қасық сары май, 100 г күріш керек. ## Дереккөздер
Борукаев Рамазан Асланбекович (24.1.1899, Ресей, Солтүстік Осетия, Правобережный ауданы Зильга ауылы — 9.7.1967, Алматы) — ғалым, геол.-минерал. ғылымдарының докторы (1954), профессор (1958), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1954), Қазақстанның еңбегін сіңірген ғыл. қайраткері (1958). Ленинград тау-кен институтын бітірген (1931). 1931 — 38 жылдары Бозшакөл геологиялық бөлімінің бастығы, Қазақ геологиялық тресінің бас инженері, бастығы, КСРО ғылым академиясының Қазақстан филиалындағы геология секторының меңгерушісі, геология-география бөлімінің бастығы (1938 — 1940), 1941 жылдан Қазақстан ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институтында директордың орынбасары, директор (1964 — 67) болды. Қ.Сәтбаевтың жақын әріптесі әрі көмекшісі болған. Борукаевтың негізгі ғыл.-зерт. жұмыстарының бағыты Қазақстан палеозой эрасының тау жыныстарының стратиграфиясын, тектоникасын, палеогеографиясын және кен орындарын зерттеуге арналған. Ол Бозшакөл мыс-молибден кенін ашты. Оның басшылығымен хлорит, фосфорит, полиметалл және бірнеше көмір кені ашылды, сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Борукаев Қазақстанның әр түрлі масштабтағы геологиялық картасының авторы және редакторы. Лениндік (1958), Қазақстан Мемлекеттік (1982) сыйлықтарының лауреаты. Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдермен марапатталған. ## Шығармалары 1. "Допалеозой и нижний палеозой северо-востока Центрального Казахстана", Сары-Арка, М., 1955.; ## Сілтемелер 1. «Борукаев Рамазан Асланбекович» 2. «Борукаев Рамазан Асланбекович»(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Боровской — ауыл, Қостанай облысы Меңдіқара ауданы және Боровской ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталығы Қостанай қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 90 км жерде, Қостанай–Петропавл автомобиль жолының бойында, қарағайлы орманның батыс жағында орналасқан. ## Тарихы Іргесін 1881 жылы қоныс аударған Игнатий Семенов Қарағайлы ауылының орнында құрған. Бастапқыда бейресми түрде Семеновка деп аталды. 1887 жылы ауыл ресми мәртебеге ие болды және Боровое деп аталды. Кейін (1940 жылға қарай) атауы Боровское болып өзгерді. 1964 жылы 16 қарашада қала типті кент болып, осыған сәйкес атаудың транскрипциясы Боровской болып өзгертілді. 2005 жылы қайтадан ауылға айналды. ## Халқы 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 10025 адам (4740 ер адам және 5285 әйел адам) болса, 2009 жылы 9781 адамды (4719 ер адам және 5062 әйел адам) құрады. ## Кәсіпорындар мен инфрақұрылымы Боровскойда май зауыты, диірмен, тігін фабрикасы, кірпіш зауыты, темір-бетон, ағаш бұйымдарын жасайтын, қиыршықтас, әктас өндіретін цехтар, машина-трактор жөндеу шеберханасы, аудандық баспахана, педагогикалық және кәсіптік-техникалық училищелер бар. Боровскойдың іргесіндегі қарағайлы орман ішінде демалыс үйі, туберкулез ауруын емдейтін санаторий, тарихи-өлкетану музейі орналасқан. ## Дереккөздер
Бородулиха — Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл, аудан және Бородулиха ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталығы - Семей қаласының солтүстік-шығысында 52 км-дей, Белағаш темір жолы станциясының шығысында 25 км жерде, Үлкен тұзды көлінің жағалауында, құрғақ далалық белдемде орналасқан. ## Тарихы Бородулиха селосының іргесі ХІХ-шы ғасырдың екінші жартысында қаланған. 1917 жылдарға дейін Бородулиха Уралдан Шығысқа дейін созылып жатқан көптеген селолардан айырмашылығы жоқ үлкен село болған. Әкімшілік орналасуы жағынан Бородулиха Томск губерниясына, Змеиногорск уезіне қатысты болған және болыс орталығы болған. Сондай ақ, егер Сібір түгелімен хандық Ресейдің шеті болса, Бородулиха одан да шеткері орналасқан. Экономикалық жағынан село Змеиногорск, Томск қалаларына қарағанда Семей қаласына жақын болған. Ол кездері Змеиногорск шаруалар қатынамайтын шағын уезд болған. Сібірдің барлық шаруалары сияқты Бородулиха селосының тұрғындары жерді жеке меншікке алуды білмеген. Жер жеке қолданыста болғанымен қоғамдық ұйғарымда табылған.1950-1995 жылдары астық шаруашылығымен айналысатын “Заветы Ильича” ұжымшарының орталығы болған. ## Кәсіпорындары Ауылда орман шаруашылығының мекемесі, “Кең дала”, “РУТ”, “Асыл”, “ШОС” ауыл шаруашылығы акциондік қоғамдары мен шаруа қожалықтары, май зауыты, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, т.б. мекемелер жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Баспахана, орта мектептер, кітапхана, мәдениет үйі және аудандық емдеу орталықтары бар. Тұрғындары Өскемен және Семей қалаларымен, басқа елді мекендермен автомобиль жолдары арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Босаға аттар — қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы бойынша қалыңдығын алуға келген күйеуге жүктелетін кәденің бір түрі. Күйеу үлкен үйдің босағасына жеткенде қыздың жеңгелері оны ортаға алып, Босаға аттар сұрайды. Мұндайда күйеу қалтасынан жүзік, орамал, білезік, сырға сияқты сыйлықтар алып береді. Жаңа түсіп жатқан келін де “босаға аттар” рәсімін жасайды. Сондай-ақ, жас келінді сол үйдің туған-туыстары қонаққа шақырып, үй-ішімен таныстыратын болған. Мұны Босаға аттар немесе “босаға көрсету” деп те атайды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бостандық — елдің ішкі және сыртқы саясаты саласында әлеуметтік субъектілердің (жеке адамның, топтардың, қоғамдық-саяси ұйымдардың, т.б.) өз мақсаттары мен мүдделеріне орай әрекет жасау еркіндігі; құқықтық мүмкіндіктер аясы. Адамдардың қол жеткізген Бостандықтары тарихи дамудың нәтижесі болып саналады. Қоғамдық дамудың кейбір қайшылықтары мен кереғарлықтарына қарамастан, қайсыбір тарихи кезеңдерде жеке адам иеленетін Бостандықтар аясы кеңи түсетіні дәлелденген. Ал “саяси Бостандық” ұғымы азаматтардың саяси белсенділігін, саяси өмірге ұдайы қатысып, қоғамдық оқиғаларға, әлеумет үшін мәні зор шешімдер қабылдау процесіне тікелей ықпал етуге қабілеттілігін білдіреді. Оның іргелі қағидалары Адам құқыларының жалпыға бірдей декларациясында негізделген. Жалпы, саяси Бостандық негіздері кез келген өркениетті елдің конституциясында, арнаулы заңдары мен құқықтық жосындарында бекітілуге тиіс. Мысалы, ҚР Конституциясында азаматтардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауына және оларға сайлануына шек қойылмайды; сондай-ақ, сөз және шығарм. бостандығына кепілдік беріледі; цензураға тыйым салынып, еркін түрде ақпарат алу және тарату еркі берілген, әркімнің ар-ождан, бірлесу бостандықтарын иеленуге құқы бар. Осы орайда адамдар, әлеум. топтар мен жіктер өздерінің құқыларымен қатар жауапкершіліктерін де айқын ұғына отырып, саясат субъектісі ретінде көрінуге тиіс. “Саяси субъектілік”, яки саясат субъектісі болуға қабілеттілік дегеніміздің өзі Бостандық мәселелерімен етене байланысты ұғым. Азаматтардың Бостандықтары аясы кең, құқықтық мүмкіндіктер өрісі неғұрлым биік болған сайын, елдің демократия даму деңгейі соғұрлым жоғары бола түседі. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бостанқұм – Маңғыстау тауының шығысындағы қыратты құмды алқап. ## Географиялық орны Маңғыстау облысының Қарақия және Маңғыстау аудандары жерінде орналасқан. ## Жер бедері Негізінен, борлы шөгінділерден түзілген. Алқап солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 85 км-ге созылған, ені 20 км. ## Өсімдігі Өсімдіктерден селеу, еркекшөп, қияқ, жүзгін, шағыр, сексеуіл, бұйырғын, т.б. өседі. ## Шаруашылық маңызы Бостанқұмда тұщы судың мол қоры бар. Ол құбыр арқылы Жаңаөзен және Ақтау қалаларына беріледі. Құм арқылы газ және мұнай магистральдік құбырлары өтеді. Бостанқұм — шөбі шүйгін, суаты мол мал жайылымы. Құмды алқап шеттерінде Үштаған, Жарма, Сауысқан, Бостан, Бостанқұм елді мекендері орналасқан. ## Дереккөздер
Ботағай күмбезі, Ботағай — 12 ғасырда салынған сәулет өнері ескерткіші. 19 ғасырдың 80-жылдарына дейін жақсы сақталып, одан кейін адам қолымен бұзылып, қирап қалған. Қалдығы Ақмола облысындағы Нұра өзенінің Қорғалжын көліне құятын сағасынан 15 км жоғары, қазіргі Қорғалжын ауданының орталығынан 1,5 км шығысқа қарай жалпақ дөңестің үстінде. Ботағай күмбезін бүтін кезінде 1831 ж. А.Шахматов бірінші рет қағазға түсірген. Сәулет өнерінің елеулі туындысы ретінде күмбез Ш.Уәлиханов, С.Б. Броневский, Н.И. Красовский, А.И. Левшин, И.А. Кастанье, И.П. Шангин, т.б-дың назарын аударып, баспа бетінде жарық көрген. Ботағай күмбезінің қағазға түскен екінші нұсқасы Уәлихановтың жеке қорынан (1855) табылған сызба-кескіндеме болып табылады. Күмбезді Шангин, Шахматов, топограф Козловтар арнайы көріп шығып, сипаттама берген. Мазар күйдірілген кірпіштен қаланған тік бұрышты, күмбезді зәулім құрылыс болған. Қалау барысында ғаныш лайы мен ақ балшық сылағы қолданылған. Кесененің ең көркем бөлігі — бет жағындағы (портал) шығыңқы жасалған арка ең алдымен көзге түседі. Ескерткіш жобасының өлшемі (Шахматов пен Уәлихановтың көрсетуі бойынша) — 10,67 х 8,53 м. Ал биіктігінің өлшемі зерттеушілердің дерегі бойынша екі түрлі: 10,67 м (Шахматов) және 9,24 м (Уәлиханов). Қабырғаның үстіндегі сегіз қырлы, биіктігі 1 м барабанға биіктігі 3,5 м, диаметрі 7 м күмбез орнатылған. Кесененің қасбеті, ішкі қабырғалары мен бұрыштары түрлі әдемі текшелермен әшекейленген. Қабырғаның ішкі кенересінде айналасы оюланып-өрнектелген жазу болыпты. Оны Шахматов оқуға тырысқанмен, эпиграфиканың көшірмесі көмескі боп шығып, не жазылғаны әлі күнге дейін беймәлім болып отыр. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1974 ж. қазба жұмыстары кезінде кесенені айнала 21,0х17,4 м аумақты алып жатқан кірпіштен қаланып төселген алап, 21х11х4; 35х22х5; 22х22х5; 22х22х4 см мөлшерлі күйдірілген кірпіштер, сондай-ақ, кесененің алдыңғы қабырғасының бетін қаптауға арналған тақталар мен өсімдіктер түріндегі ою-өрнектері бар терракота тапты. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Елді мекендер: * Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы ауыл. * Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы кент. * Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы темір жол бекеті. Басқа мағыналар: * Ботақара – Нұра алабындағы көл. * Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің маңындағы Жыланды тауынан батысқа қарай 6 км жерде орналасқан шоқы. * Ботақара – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Нұра өзенінің солтүстік жағасында орналасқан көне зират.
Босқыншылық— қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық және табиғи-климаттық ауыр ахуалдарға, апаттарға байланысты адамдардың ата қоныстарынан, тұрғылықты мекендерінен амалсыз босып, ауа көшулері. Босқыншылық соғыс салдарынан да орын алады. Қазақ халқының тарихындағы осындай үлкен Босқыншылық 18 ғ-дың 20-жылдарында жоңғар қалмақтарының қазақ жеріне баса-көктеп кіруіне байланысты орын алғаны белгілі. Тарихшы А.И. Левшиннің мәліметтеріне қарағанда, осы зобалаң барысында Ұлы жүздің қырғыннан аман қалған қалдығы Орта жүздің біраз бөлігімен бірге Ходжентке қарай, Орта жүздің үлкен бөлігі — Самарқанға, аз бөлігі Хиуа мен Бұхараға босқын түрінде қаша көшкен. Бұл алапат оқиға ел аузында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “Сауран айналған” деген атаумен белгілі. * Үлкен Босқыншылық 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын Ресей үкіметінің аяусыз басып-жаныштауы барысында да орын алды. М. Тынышбаев осы кезеңде Жетісу облысындағы екі ғана уездің өзінен “босқан қазақ 67 мың 650 жан, қырылғаны 35 мың 100 жан” болғаны туралы мәлімет береді. Босқындардың едәуір бөлігі Қытайға ауды. Қазақ зиялылары, Алаш қозғалысының қайраткерлері Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Тынышбаевтың осы босқындарға көмек көрсету ісін белсенді ұйымдастырушылар болғаны тарихымыздан белгілі. Алайда Қытайға босқан қазақтарды өздерінің отанына қайтару тек Уақытша үкімет пен Кеңес билігі тұсында мүмкін болды. 1917 ж. 6 желтоқсанда “Қазақ” газетінде М. Тынышбаев жариялаған дерек бойынша осы босқындардың 95200 адамы қайтыс болған. * Қазақ жеріндегі келесі бір үлкен Босқыншылық 1918 — 20 жылдардағы Азамат соғысы тұсында және 1921 ж. орын алды. Жұт, малдың көктайғақтан қырылуы, қыстың ерте түсуі, шөптің жетіспеуі тәрізді себептерге қосымша, большевиктердің қазақтар қолдарындағы малды Қызыл армия пайдасына жаппай тартып алулары, осындай жүгенсіздіктердің ақтар тарапынан да орын алулары қазақтарды жаппай Босқыншылыққа және қырғынға ұшыратты. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы шаруашылықтар саны 1917 — 23 ж. 25,3%-ке, ал ауыл тұрғындарының саны 38%-ке кеміп кеткен. Босқыншылық ауыртпалығы халық санасында терең із қалдырды. М. Тынышбаев “Қайың сауған” деген ұғымды түсіндіре келіп, босқындардың қайың ағашының сөлімен қалай тамақтанып, күн көргендері туралы халық естелігін әңгімелейді. Ол 1918 ж. Босқыншылық кезінде босқындар қорегіне айналған заттарды ата-бабалары жоңғар шапқыншылығы тұсында да пайдаланғанын, олардың арасында далалық картоп тәрізді “жаужұмыр”, пиязға ұқсайтын “алғыр”, “қозықұйрық” (саңырауқұлақ) тәрізді өсімдіктер кездесетінін айтқан болатын. * Жан түршіктірер алапат Босқыншылық қазақ жерінде 1930 — 33 ж. көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын зорлап отырықшыландыру және күшпен ұжымдастыру барысында орын алды. Бұл кезеңде жаппай ашаршылықтан аман қалған босқындар санының өзі ғана 1 млн. 150 мың адамға жуық болды. Бұлардың ішінде Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтіп кеткен қазақ босқындары 100 мыңға жуық еді. Сонымен қатар көрші кеңестік республикаға 300 мыңнан астам босқындар бытырап кетті. Бұл жылдары Қазақстанның өз ішіндегі қонысынан ауа көшкен босқындардың қалың легі т.ж. ст-лары мен вокзалдарын қаумалап, үздіксіз орын ауыстырды. Босқындардың ауыр жағдайлары Т. Рысқұловтың, Л. Мирзоянның және т.б. кісілердің И. Сталинге жолдаған хаттарында нақты көрсетілген (қ. “Алтаудың хаты”, “Бесеудің хаты”). Босқыншылықтың кең өріс алуы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі де жоспарлы түрде айналысуға мәжбүр етті. 1932 ж. 31 наурызда өлкелік партия к-тінің бюросы “Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде орналастыруды ұйымдастыру туралы” арнайы қаулы қабылдады. Қаулы негізінде осы мәселе бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Осындай комиссиялар облысы атқару комитеттері төрағаларының басшылығымен жергілікті жерлерде де құрылды. Бұл комиссиялар жіберген уәкілдер босқындарды елге қайтарумен және орналастырумен айналысты. Алғаш 30000 босқындар шаруашылықтарына көмек беру көзделді. 1932 ж. 13 сәуірде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі “Басқа аудандардан Қазақстанға оралып жатқан қазақтар шаруашылықтарына көмек көрсету туралы” қаулы қабылдап, онда Қазақстанға 1 млн. пұт көлемінде азық-түлікті несиеге бөлу және 2 млн. сом қарыз беру туралы шешімге келді. Қазақстан үкіметі босқындар сандарын анық білмейтіндіктен, босқындардың біразы көмек ала алмады. Мысалы, 1932 ж. 20 тамызда Қазақстанның 6 облысынан келіп түскен мәлімет бойынша осы мерзімге дейін 35000 босқындар шаруашылықтарын орналастыру жоспарланған болса, ата мекенге қайтып оралғандар саны шын мәнінде 75670 босқындар шаруашылығын құрады. Л.Мирзоян 1933 ж. 29 наурызда И. Сталиннің және В.Молотовтың атына жолдаған хатында босқындар жағдайының ауырлай түскенін, олардың қозғалысымен Қазақстанның 71 ауданы қамтылғанын және жәрдем берілетін шаруашылықтар саны 150000-ға дейін көбейгендігін атап көрсетті. Ол орталықтан көмекке 1 млн. пұт тары бөлуді, шекара пункттерінде жәрмеңкелер ұйымдастыруды, Батыс Қытайдан мал сатып алуды, қазақтарға кеңшарлардан сиырларды көптеп сатуға рұқсат етуді өтінді. Бұл өтініш негізінен қабыл алынды. Қазақстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, 1934 жылдың 1 қаңтарында есепке алынған босқындар саны Қазақстаннан тыс жерлерден қайтып оралғандарды қосып есептегенде, 139,6 мың шаруашылық болып шықты. Бұл Қазақстандағы барлық шаруалар шаруашылықтарының 22%-не жуығы, ал қазақ шаруалары шаруашылықтарының барлығының 30 — 40%-і еді. 1934 ж. 1 қазанға дейін Қазақстанда 138,6 мың босқындар шаруашылықтары орналастырылды. Осылайша, босқындар мәселесі негізінен 1934 ж. шешілді. Алайда олардың шағын топтар түрінде Қазақстанға біртіндеп қайта оралулары 1937 жылға дейін байқалды. ## Дереккөздер
* Бөген, су бөгені — арнасын бөгетпен бөгеу немесе жер бедерінің көлемді ойыстарына су толтыру арқылы құрылатын жасанды су қоймасы.Бөген өзен ағынын тиімді пайдалану (электр энергиясын өндіру, кеме қатынасы, сумен қамтамасыз ету, егін суару, балық өсіру, т.б.) мақсатында жасалады. Шағын Бөгендерді әуіт, тоған деп те атайды. Су мөлшерін реттеу мерзіміне байланысты тәуліктік, апталық, маусымдық (немесе жылдық) және көп жылдық Бөген болып жіктеледі. Дүние жүзіндегі ең ірі [Ангара|Ангарадағы Братск Бөгенінің көлемі 170 км3. Қазақстанда Ертіс өзенінде аса ірі Бұқтырма, Іледе — Қапшағай, Сырдарияда — Шардара Бөгендері бар. * Бөген - Сағалық өңірінде бірте-бірте кеңи түскен өзен аңғарын теңіз суы басып кетуіне байланысты пайда болатын шығанақтар. Ашық және жабық бөгендер болып екі түрге бөлінеді. Ашық бөгендер теңіз суымен басыбайлы байланыста болса, жабың бөгендер теңіз айдынынан көшпе аралдар мен бел-белестер арқылы дараланған күйде ұшырасады. ## Дереккөздер
Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847, Батыс Қазақстан облысы Орда қаласы — 1920, Батыс Қазақстан облысы Ақбақай елді мекені) — ақын. ## Өмірбаяны * Бес жасында ата-анасы қайтыс болып, жетім қалады. Бірақ ағаларының қамқорлығымен білім алған. Орынбор кадет корпусында, Астрахан гимназиясында оқыған. Орыс тілін үйреніп, әдебиет пен мәдениетке ден қояды. * Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы ата қонысы — Көлборсыда өмір кешеді. Бөкеев аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән-күйді, көркем сөз өнерін ұнатады, өлеңдер жазады. * 1917 жылы Көлборсыдан көшіп, қазіргі Тайпақ ауданына келеді. Бөкеев шығармалары 1911 — 12 жылы “Шайыр”, “Көксілдер”, 1926 жылы “Үш жоқтау” жинақтарында жарық көрген. * 1934 жылы жеке жинағы шығады. Одан кейінгі жылдарда шығармалары оқулықтар мен жинақтарда жарияланып отырды. Бөкеев — Еуропа әдебиетінен сусындап, қазақтың суырып салма поэзиясы дәстүрін жазба әдебиетке ұластырған ақын. Уақыт, заман, өмір, табиғат, ғылым, өнер туралы толғанады. “Өмірдің өтуі”, “Ғылым”, “Эдисон”, т.б. өлеңдері өзгермелі, өтпелі өмірдің заңдылығын ежелгі қазақ поэзиясының ең құнарлы сөздерімен, әсерлі суреттерімен бейнелейді. Бөкеев поэзиясында парасатты, ойлы дала қазағының ой-қиялы, ақын өмір сүрген дәуірдің алуан сырлары шебер өрнектелген. Бөкеев халық өмірімен біте қайнасып, араласып отырған. Ол Ғ. Қарашевті ауыл балаларына оқытушы етіп ұстайды. Оған орыс тілін үйретіп, орыс роман, повестерін мазмұндап береді. Ғұмар оны малшы шаруаларға әңгімелеп отырады. Бөкеев ел аузындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға қамқорлық жасайды. Жазықсыз жапа шеккен бұқара халық өкілдеріне (мысалы, Кубала ақын, т.б.) қол ұшын беріп, қолқабыс жасайды, Оралда “Қазақстан” газетін шығарысуға ат салысады. Бөкеев — қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі айқын ақын. “Үш ғасыр жырлайды” және “Бес ғасыр жырлайды” топтамаларына өлеңдері енген. ## Дереккөздер
Бөкебай– орамал, шәлі. Түйе, қой жүнінен, ешкі түбітінен иірілген жіптен тоқылады.Кей жерлерде мойын орағышты да Бөкебай деп атайды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бөке, Бөкі (1993 жылға дейін — Юбилейный) — Абай облысы Жарма ауданы, Ақжал ауылдық округі құрамында болған ауыл, 2017 жылы таратылған. Іргесі 1949 жылы қаланған. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Қалбатаудан оңтүстік-батысқа қарай 28 км-дей, Жалғызтөбе темір жол стансасынан оңтүстік-шығысқа қарай 31 км-дей жерде. ## Тұрғыны Тұрғыны: * 0,7 мың адам (2003); * 0,1 мың адам (2009). ## Дереккөздер
Бөгенбай Қожекеұлы (кейбір деректерде Бірқұртқаұлы) (1700, Қостанай облысы Жангелді ауданы Торғай өзені бойы — 1759, Жайыққа құятын Шаған өзені бойы) — батыр, қолбасы. Орта жүздегі кіші арғынның қараман атасынан. Бөгенбай арғын-қыпшақ қолын, кейін Кіші жүз қазақтары мен ноғай әскерін басқарған. Маңғыстау аймағы, Жайықтың шығыс жағалауы, Ойыл,Жем, Сағыз өзендері бойы мен Түркістан, Шу, Жетісу, Аягөз өңіріндегі, т.б. шайқастарға қатысып, қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарын, Алатау қырғыздарын жоңғар-қалмақ шабуылынан қорғауда ерлігімен танылған. Архив құжаттарында Бөгенбайдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де араласқаны туралы деректер келтіріледі. 1747 жылы 20 мамырда Шақшақ Жәнібек тархан мен Бөгенбай батыр Орынбор губернаторы И. Неплюевке Орта жүз жері арқылы Ресейдің тауарлы керуендері ешбір қақтығыссыз өтетіні жөнінде аманат хат жолдаған. 1748 жылы 20 маусымда Ор қамалында А. Тевкелев пен қазақтардан Жәнібек тархан, оның баласы Жауқашар, Бөгенбай батыр және тағы 6 адам арасында қазақ-орыс өзара қарым-қатынасы жөнінде құжат қабылданды. Бұл құжатта Бөгенбай батыр Жәнібек тарханның сенімді адамы әрі орынбасары ретінде “бригадир Тевкелевпен тең дәрежеде” болғаны көрсетіледі. Бөгенбай 1759 жылы жазда Маңғыстау аймағын түрікмен басқыншыларынан тазартып, жеңіске жеткен соғыста ауыр жараланып, сарбаздары найзаға салып әкеле жатқан жолында қаза табады. ## Дереккөздер
Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халық Қанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келіптіОның атасы — Әлдекүн, әкесі Ақша қанжығалы руы ішінде белгілі адамдар болған. Әз Тәуке хан оның әкесіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Ол сонымен қатар өнерлі адам болған. Ұсталық өнермен айналысып, соғыс қару-жарақтарын жасаған. Бойында ақындық, айтыскерлік өнері де болған. Әкесінің өнері баласына дарыған. Бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Өзіне жақын адамдардан топ құрып, кейін елде "Қанжығалының қырық батыры" деп аталып кеткен.Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай өскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кездегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. ## Жоңғар соғысында атқарған ролі Өмірден көргені көп, қазақтың жүздері мен батырларын таныған, заңды жөне қазақ-жоңғарлар арасындағы қиын жағдайды ғана емес жоңғарларға қарсы әскери өрекеттердің тарихын да жақсы білетін Тәуке хан елді билеп тұрған кезде 1710 жылы Қарақұмда қазақ жүздерінің Төле, Қазыбек және Әйтеке билер қатысқан жиыны өтіп, билермен бірге халық жасағы өкілі ретінде Бөгенбай батыр да сайланған. Бөгенбай батырға мұндай сенімділік танытуға оның бүкіл қазақ даласына тараған әскери қолбасшылық өнері мен 1710 жылғы Сары-Кеңгір өзені жағасында болған жоңғар ноянымен болған шайқастағы ерлігі себеп болды. Съезде қаралған басты мәселе Жоңғар хандығымен арадағы қатынас болды. Кейбіреулер руларды ғана емес жүздердің басын біріктіріп, жоңғарларға қарсы шығып, оларды қуып шығу керек десе, екінші біреулері жоңғар хандығы жағына шығу керек дегенді айтты. Көп пікірталастан кейінгі шешуші кез келгенде ортаға ашулы, қайсар Бөгенбай батыр шығады. Ақсақалдардың алдына шыққан ол семсерін аяғының астына тастап, көйлеғін айырып, кеудесін ашып жіберіп: "Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға кару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірғен? Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түспеген еді! Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын. Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар", — деді. Бөгенбай батырдың бұл сөзі жоңғар мәселесін шешудің шегі болды. Бұл сөзден кейін ешқайсысы ашық шығып сөйлей алмады. Қазақ жасағының басшысы болып Бөгенбай сайланды. Бөгенбай батырдың есімімен 1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен қалмақтардың арасында болған шешуші Аңырақай шайқасы да тығыз байланысты. Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек, Малайсары сияқты атақты батырлар бастаған қазақ қолдары мен жасақтары қалмақ әскерлеріне екінші рет күйрете соққы берді. Майдан даласында мыңдаған қалмақ әскерлері қаза тапты. Көбі қырылып, жаралы болып, жаны шықпай жатқан жау әскерінің аңыраған дауысы бірнеше күн даланы басына көтерді. Бұл жер кейін "Аңырақай" деп аталып кеткен. Аңырақайда аяусыз соққыға душар болған Шуно-Дабо басқарған қалмақ әскерлері Ӏле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болған. Жеңісті баянды етіп, жауды өкшелей қуып, қазақ жерлерін азат ету жорығына жиналған үш жүздің әскер жасақтарының Шымкентке таяу Ордабасы деген жерде жиыны өтіп, онда қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып, Әбілқайыр және Бөгенбай батыр сайланады. Олардың басшылығымен қалмақ әскерлеріне үсті-үстіне соққы берілген. Осындай шайқастардың бірінде Бөгенбай батырмен жекпе-жекте қалмақтың қолбасшысы Шуно-Дабо қаза табады. Бұл оқиға жау әскерлерінің рухын түсіріп жіберген екен. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсан қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. ## Қытай әскерлеріне қарсы әрекеттері Бөгенбай батыр қартайған шағына дейін ат үстінде жүрген. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.Бөгенбай батырдың ең ірі жорықтарының бірі 1750 жылы Аягөз өңірінде жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін екі жақ мәмілеге келіп, достық келісім жасады. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Ол 1761 жылы елшілік миссиямен Абылай ханның ұлы Әділді алып Қытайға барған. Батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған. Бұрында бұл жер "Бөгенбай сөресі" деп аталған, ал қазір "Шахта" деп аталады. Денесін қырық күн бальзамдағаннан кейін 45 күнде Ежелгі екінші Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи — Әзірет Сұлтан кесенесіне ақ түйемен алып барып жерлеген. ## Дереккөздер
Бөкейханов Махамбет Нұрмұхамбетұлы(1890, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы — 1937) — күйші-композитор. А.В. Затаевич, А. Жұбанов, Е.Г. Брусиловскийлерге қазақ күйлерін жаздырушы. Махамбет бұрыңғы Бөкей хандарына қарасты Шоңай көлі деген жерде туған. Махамбет - Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Салауаткерей, Сейтек т.б. халық компазиторларының ондаған күйлерін біздің заманға жеткізген дарынды күйші. А.В.Затаевич Махамбеттен "Байжұма", "Бұлбұл", "Ойбай балам" т.б. 28 күй жазып алған. Махамбеттің өзі де күй шығарған. 1930 ж. Музика драма техникумының жанындағы қазақтың ұлттық аспаптарын жетілдіру шеберханасында жұмыс істеген. Махамбет бұл салада елеулі еңбек сіңірді. 1933-37 жылдары Музыкалық драма техникумының (қазіргі Алматы музыкалық училищесі) жанындағы қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру шеберханасында қызмет етті. 1933 жылы студенттердің халық аспаптары оркестрін ұйымдастырды. Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің құрылуына көп еңбек сіңірген. Сонда көркемдік жетекші, дирижер, концертмейстер әрі жеке орындаушы болды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Сейтек, Макар, т.б. халық күйшілерінің көптеген күйлері Бөкейханов арқылы біздің заманға жетті. Затаевич Бөкейхановтан “Қазақ халқының 500 әні мен күйі” жинағына кірген “Байжұма”, “Бұлбұл”, “Ойбай, балам”, “Жошы”,“Шора”, т.б. 28 күй жазып алған. Бөкейхановтың өзі де бірнеше күй (“Жаңа ауыл”, “Би күйі”, т.б.) шығарған дарынды күйші. 1937 жылы 1 желтоқсанда саяси құғын-сүргінге ілігіп, ату жазасына кесілген. 1957 жылы ақталды. Сүйегі Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы бауырластар бейітіне жерленген ## Дереккөздер
Бөбек– — нәрестенің бір жасқа дейінгі кезі. Бөбек шарана болып туып, біртіндеп жоғары жүйке жүйесі қалыптаса бастайды. Іштен туа бітетін шартсыз рефлекстен басқа негізгі анализаторлары (көз, құлақ, т.б.) жетіле түседі. Бөбек ширай бастаған сайын, шартты рефлекстері өріс алып, анализаторлары тітіркендіргіштерді ажырата алатын халге жетіп, қимыл-қозғалыстары дамиды. Мысалы, мойнын өздігінен қозғалтуға (2 — 3 айда дыбыс шыққан жаққа қарауы), қолы мен саусақтарын сезіне қимылдатуға (4 — 5 айда ұсынған затқа қол созуы) шамасы келе бастайды. 5 — 6 айда еңбектеп, 8 — 9 айда қаз тұрады. Бір жасқа келгенде жүре бастайды. Осы кезде тілінің шығуына даярлық кезеңі басталып, психикасының жетіле беруіне мүмкіндік туады. Бір жасқа жақын өз бетінше отырып, тұрады, кей бала 9-10 айлығында қаз тұрып, жүре де бастайды. Түрегеліп тұру, жүру оның танымын кеңейте түседі, ол бұрын көрмеген заттарымен әуестене бастайды. Үлкендермен қарым-қатынасын да заттарды танып, бәлуге бағытталған сәттер байқалады. Сәби ойыншықтың «не нәрсе екенін», оны «не істеу керек екенін» білгісі келеді. Бала дыбыс шығарып уілдейді, үлкендерге жылы шырай береді, ұмтылып, бір нәрсе айтқысы, сұрағысы келеді. Мұның аяғы кейде айқай, қыңқыл, жылауға барып ұштасады. Осылардың барлығы да өз айналасын қоршаған дүниемен шама-шарқына қарай байланыс жасауға талпынудың қажетінен туған жайлар. Осы кезде баланы сөйлеуге үйрете бастаған дұрыс. Балаға сөзді бұрмаламай жеткізгенде ғана жеке сөздерге , сөз тіркестеріне түсіне алатын болады. Сөздік сигналдар баланың есту, көру қабылдауына қатарынан әсер ететіндіктен, сөздің мәніне түсіну балаға онша қиынға түспейді. Бір жасар балада 10-15 сөз болады. Бұл – баланың актив сөздігін құрайды, өйткені енді сөздердің мәніне түсінеді, оларды өзі де айта алады. Бөбек алдымен заттың атын білдіретін, кейін оның өимылын білдіретін сөздерді меңгереді. Үшке аяқ басқанда өз айналасына байланысты айтылатын барлық сөздердің мәнін түсіне алады да, өзі де сөйлем құрастырып, «әңгімелесуге» жарап қалады. Бір жасқа жақын өз бетінше отырып, тұрады, кей бала 9-10 айлығында қаз тұрып, жүре де бастайды. Түрегеліп тұру, жүру оның танымын кеңейте түседі, ол бұрын көрмеген заттарымен әуестене бастайды. Үлкендермен қарым-қатынасын да заттарды танып, бәлуге бағытталған сәттер байқалады. Сәби ойыншықтың «не нәрсе екенін», оны «не істеу керек екенін» білгісі келеді. Бала дыбыс шығарып уілдейді, үлкендерге жылы шырай береді, ұмтылып, бір нәрсе айтқысы, сұрағысы келеді. Мұның аяғы кейде айқай, қыңқыл, жылауға барып ұштасады. Осылардың барлығы да өз айналасын қоршаған дүниемен шама-шарқына қарай байланыс жасауға талпынудың қажетінен туған жайлар. Осы кезде баланы сөйлеуге үйрете бастаған дұрыс. Балаға сөзді бұрмаламай жеткізгенде ғана жеке сөздерге , сөз тіркестеріне түсіне алатын болады. Сөздік сигналдар баланың есту, көру қабылдауына қатарынан әсер ететіндіктен, сөздің мәніне түсіну балаға онша қиынға түспейді. Бір жасар балада 10-15 сөз болады. Бұл – баланың актив сөздігін құрайды, өйткені енді сөздердің мәніне түсінеді, оларды өзі де айта алады. Бөбек алдымен заттың атын білдіретін, кейін оның өимылын білдіретін сөздерді меңгереді. Үшке аяқ басқанда өз айналасына байланысты айтылатын барлық сөздердің мәнін түсіне алады да, өзі де сөйлем құрастырып, «әңгімелесуге» жарап қалады. Баланың тілі шығып, жүре бастауы оның түрлі қажеттерін өзі орындауға (тамақ ішу,киіну т.б.), әртүрлі заттарды атқаратын қызметін ұғынуға мүмкіндік береді. Бала біртіндеп нәрселердің негізгі, өзіне тән белгілерін, ортақ қасиеттерін аңғарады, кейбір сөздің мәнісіне түсініп, оларды жалпылай білетіндігін көрсетеді. Мәселен, балаға «мияуың қайда?» десе, оның бейнесін қимылмен білдіреді, немесе өз сөзімен жауап қайтарады. Мәселен, «мияу» деген сөз – бөбектің мысықты көргенін немесе оның дауысын естігенін, одан қорыққанын немесе ұстағысы келетінін білдіретін сигнал. Кейде ол жүннен істелген нәрселерді де осылай атайды. Бұл оның ойлауында жалпылау тәсілінің біртіндеп қалыптасып келе жатқандығын байқатады. Біртіндеп баланың ойлауында анализ, синтез тәсілдері пайда бола бастайды. Мәселен, ол ең алдымен үлкен қызыл шарды бір тұтас нәрсе деп ұғынса, кейін оның түсі, мүсіні жөнінде ойлауды үйренеді. Бұл жөнінде И.М.Сеченов былай дейді: «Сыртқы әлемнің заттарын бала тек бөлек күінде емес, сол тұтас заттардың бірімен-бірінің, сондай-ақ олардың әрбәр бөлшектерінің тұтас затқа қатысы қандай екенін біле бастайды... Баланың орашолақ ойынан барып біртіндеп ой тізбегі пайда болады». Үш жастағы бала үлкендердің сөзін (тақпақ, өлең, ертек) тыңдауға өте әуес келеді. Осыдан барып баланың ой-өрісін өсірудің, оған тәрбие берудің алғашқы сатысы басталады. Сөздік сигналдар бөбектердің мінез-құлқын тәрбиелеудегі шешуші рөлге ие бола отырып, тәрбиешілерге де зор міндет жүктейтіні сөзсіз. Осы кезден бастап балалардың сөйлеу белсенділігін арттыру үшін, ересек адамдар баламен үнемі сөйлесіп, пікірлесіп отырулары керек. Екі жасқақарай балада бір сөзден құралатын жай сөйлемдер, одан былай қарай екі-үш сөзден құралатын жай сөйлемдер туады. Екі жастың аяғында тіл дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл кезеңде бала ана тілінің көлемінде біраз сөздерді, атауларды меңгереді. Жанұяда жақсы тәрбие алған баланың осы уақыттағы сөздік қоры 800-1000-ға дейін жетеді. Бала кішкентай өлеңдер мен ертектерді тез жаттап алатын болады. Бұл айтылғандар оның барлық психикалық процестерінің дамуына (қабылдау, ес, ойлау, ерік т.б.) қолайлы жағдайлар болып табылады. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Науша Мырзагерейұлы Бөкейханов (1870, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы — 1944) — домбырашы, күйші, қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушылардың бірі. Күйші-композиторлар Салауаткерей мен Макар Жапаровтың шәкірті болған, халық композиторы Дәулеткерейдің күйшілік дәстүрін біздің заманға жеткізген. Бөкейхановтың шығармашылық өнер жолының қалыптасуына А.В. Затаевичпен кездесуі (1927) зор ықпал етті. Оған “Жігер”, “Керілме”, “Ақсақал”, “Терісқақпай”, “Сыбырлақ”, “Қос ішек”, “Ысқырма”, “Топан”, “Салық өлген” сияқты 20-дан астам күйлер жаздырды. Сондай-ақ, Қазақтың халық аспаптары оркестіріне 30 күй тапсырды. Домбырашының репертуарында халық композиторларының 90-нан астам күйлері (оның ішінде Дәулеткерейдің 50 шақты күйі) болған. Бөкейхановтың орындаушылық өнері музыкалық образды бейнелеу шеберлігімен, көркем саздылығымен ерекшеленеді. ## Дереккөздер
Бөбектер үйі— 3 жасқа дейінгі жетім балаларды тәрбиелейтін мемлекеттік мекеме. Бөбектер үйіне жалғыз басты аналардың балалары да қабыланады. Бұл үйге қабылданған балалар жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлінеді. Өз тәрбиешісі, медбикесі, күтушісі болатын әр топтағы бала саны 15 — 20-дан аспайды. Тәрбиеленушілер 3 жасқа толғанда балалар үйіне тапсырылады. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бөкейханов Ғабдол Хакім Нұрмұхамедұлы(15.4. 1896, Бөкей ордасы, Шонай ауылы — 25.2.1938, Алматы облысы, Талғар ауданы Жаңалық ауылы) — мемлекет және қоғам қайраткері. Бөкей ханның ұрпағы. Белгілі күйші М. Бөкейхановтың інісі. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін (1917), Ауыл шаруашылығы академиясын (Мәскеу, 1922 — 25) бітірген. Бөкейханов 1918 жылы Бөкей ордасы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1-қазақ атты әскер полкін құруға тікелей қатысты. 1919 жылы Қазревком мүшесі ретінде Кеңес өкіметі жағына тарту мақсатында Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізді. Қазревкомның ұлттық кадрларды іріктеп, қызметке тағайындау комиссиясының мүшесі бола жүріп, көптеген Алаш қозғалысы қайраткерлерін ОАК мен ХКК-ндегі жауапты қызметтерге тағайындауға көмегін тигізді. 1920 жылы БОАК-де Қазревком өкілі болды. 6-, 7- және 10-Бүкілресейлік Кеңестер съезіне, сондай-ақ, Коминтерннің 4-конгресіне қатысты. 1921 — 22 жылы Семей губуберния атқару комитетінің және Семей мен Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы. 1925 — 32 жылы Жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары, 1933 — 37 жылы КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Түркістан облысының Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталған. Бөкейханов дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болған. А.В. Затаевичке қазақтың “Шалқыма”, “Қос алқа”, “Мерген”, “Соқыр Есжан” күйлерін, “Екі жирен”, “Атырау”, “Қарашаш”, т.б. жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бөкен – көне обалар тобы. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Өсбөкен ауылынан батысқа қарай 300 — 500 м жерде. 1956 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.С. Черников) зерттеген. Құрамында 57 зират бар. Диаметр 6 — 30 м, биіктік 0,5 — 5 м. Қазылған 18 обаның көбі темір дәуіріне (б.з.б. 5 — 4 ғасырларға), 3 оба қола дәуірінің Андрон мәдениетіне жатады. Бір қабірдің батыс жақ басына тұтас қақпақ тас қаланған, қалған қабырғалары жалпақ тастармен шегенделіп, тас сандықша түрінде жасалған. Қабірден мәйіттің сүйегімен бірге өрнекті қыш ыдыстардың сынығы, т.б. табылды. Бұл оба б. з. б. 18 — 16 ғасырларға жатады. ## Дереккөздер
Бөлек Қараұлы (1700, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы — 1785, сонда) — батыр,би.Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Асыл (Теке) руынан. Сатайдың тұңғыш немересі болғандықтан Сатай баласы атанып кеткен. Бөлек 18 ғасырдың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте Шапырашты Наурызбай батырдың мыңбасы болған. 1729 жылы шайқаста жоңғар әскерлерінің қолбасы Аңырақаймен жекпе-жекке шығып, оны өлтірген. 1734 жылы орыс бодандығын қабылдау жөнінде Ресей патшасы Анна Иоанновна атына Қодар би, Төле би, Сатай батырмен бірге хат жолдауға қатысты. Бөлек батыр бастаған қазақ жасақтары 1750 жылы жоңғарларды Тұрфаннан асыра қуған. Сәкен Сейфуллин жинақтап, 1931 жылы сол кездегі бірегей "Қазақстан" баспасынан шыққан "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" жинағында Бұқар Жырау толғаулары да бар. ## Бөлек батыр дулығасы Бөлек Қараұлының дулығасы оның ұрпақтарымен сақталып, біздің заманымызға дейін жеткен.Елдің азаттығы үшін күрескен батырдың қазіргі ұрпақтары бұл затты ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің мұражайына 2005 жылы тапсырған. ## Тұлғаға тағзым * Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Бөлек есімімен аталатын ауыл және ауылдық округ бар. * Туған жері Ақши (Еңбекшіқазақ ауданы) Ақши аулындағы орталық көше Бөлек батыр есімімен аталған. * Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 883 қаулысына сәйкес Алматы обласы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши орта мектебіне "Бөлек батыр атындағы орта мектеп" атауы берілді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * http://catalog.karlib.kz/irbis64r_01/Kraeved/Personalii_kaz/Bukar_zhyrau/Saken_zhigan_Bukhar_zhyrau_tolgaulary.pdf * Ұлы даланың ұлы бейнелері Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. * Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің қару-жарақ коллекциясы Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. * Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарын қайта атау туралы (қолжетпейтін сілтеме)
Бөкеева Хадиша (21.02.1917 - 31.01.2011, Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Казталовка ауылы ) — қазақстандық және бұрынғы советодағының кино және театр актрисасы, театр қайраткері, профессор. КСРО және Қазақстанның халық әртісі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының ең жоғарғы «Отан ордені» мен марапатталған (2000 жылы). ## Жалпы мәліметтер * Санкт-Петербург театр өнері институтын бітірген соң (1938), курстарымен тұтас келіп, Шымкент облысының драма театрын ашқан. Осы театрда Еңлік (М. Әуезовтің “Еңлік — Кебегінде”), Ақтоқты (Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқтысында”), Людмила (А. Островскийдің “Кешіккен махаббатында”) сияқты рөлдермен көрермен назарын аударған. * Бөкеева 1942 жылы Шекспирдің “Асауға тұсауындағы” Катаринаны ойнау үшін Алматыға Қазақ драма театрына шақырылды. Сол кезден бастап актриса Қазақ драма театрының сахнасында Қарлыға, Әйгерім (Әуезовтің “Қарақыпшақ Қобыландысы” мен “Абайында”), Күнікей (Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлуында”), Сәуле (Т. Ахтановтың “Сәулесі” мен Ә. Әбішевтің “Достық пен махаббатында”), Майра, Маржан (Ә. Тәжібаевтың “Майрасы” мен “Көңілдестерінде”), Катарина, Эмилия, Королева Маргарита (Шекспирдің “Асауға тұсау”, “Отелло”, “Ричард ІІІ-сінде”), Катерина, Негина, Кручинина (Островскийдің “Найзағай”, “Таланттар мен табынушылар” және “Жазықсыз жапа шеккендерінде”), Мехменебану, Әйел (Н.Хикметтің “Фархад — Шырыны” мен “Елеусіз қалған есіл ерінде”), Айша апай (Ш. Айтматовтың “Көктөбедегі кездесуінде”), Ана (Қ.Мұхамеджановтың “Жат елдесінде”), Луиза (Шиллердің “Зұлымдық пен махаббатында”), Диана (Лопе де Веганың “Шөп қорыған итінде”), Беатриче (Мольердің “Екі мырзаға бір қызметшісінде”), Сидзу (Каорудың “Шығыстағы бір бейбағында”), Ана және Сот (М. Байжиевтің “Қалыңдық пен күйеуінде”), Соқыр әйел (М. Метерлинктің “Соқырларында”), т.б. әр ұлттың характеріндегі сан қырлы образдарды сомдады. ## Шығармашылығы * Бөкееваның табиғи дарыны мен актерлік шеберлігі қазақ театрының сахнасында небір айшықты бейнелерді дүниеге келтіріп, бірнеше буын көрермендердің мәдени-көркемдік талғамын қалыптастыруға әсер етті. Әлемдік классиканың, орыс және басқа халықтардың таңдаулы шығармаларындағы әр алуан бейнелерді дәл сол елдің таңдаулы шеберлері дәрежесінде сомдай білген Бөкеева, сонымен бірге, тек қана қазақ актрисасы болып қала білді. Оның Қарлығасы ерліктің, өрліктің, қайраттың, елдікті сынар намыстың, сонымен бірге нәзік жанды әйелдің жиынтық бейнесі. Ел қорғауда батыр қыз әке алдында ибалы, бірақ әпербақан еркектердің алдында қара тастан бетер қайсарлық танытады. Ал махаббат алдында нәзік, тіпті дәрменсіз. Бөкееваның ойнауында Қарлығаның осы мінезінің бәрі дәлелді, сенімді, ерге ер, серіге сері деген қазақ қызының бейнесін жан-жақты ашады. Ал, оның оттай лаулап, құйындай ойнаған Катаринасы кезінде ерекше құбылыс деп танылып, қазақ өнерінің дәрежесін Шекспирдің өз еліне танытқан. Сонда да Бөкеева “ағылшынданып” кеткен жоқ, қайта Катаринаны қазақ қызының бойындағы ашық, еркін, ерке де ұстамды, жүрек қозғайтын қылықты мінездерімен байытты. Бөкеева сомдаған Қарлыға, Әйгерім, Мехменебану, Сәуле, Катерина образдары қазақ театрының тарихындағы айрықша шоқтығы биік туындылар, канондық нұсқалар. Бөкееваның тағы бір қыры — көркемсөз оқу. Ешқандай декорациясыз, костюмсіз, үн мен мимиканың қуатымен тұтас бейнені елестету үшін үлкен шеберлікке қоса іштей терең тебіреніс, толғаныс, сезім керек. * 1952 жылы қойылған “Абай” спектаклінде Бөкеева бастаушының бейнесін атқарды. Сахнадағы өтіп жатқан оқиғаны сырттай бақылап тұрғандай әсер қалдыратын Бастаушы — Бөкееваның үні, оқиғаға сай мимикасы, дауысының дірілі Абай заманы мен оның замандастырының қам-қарекетін көз алдыңызға әкелетін. Сондықтан да бұл жұмысы үшін Бөкееваға КСРО Мемлекеттік сыйлыйлығын (1952) берілді. * Бөкеева орыс театрларында қойылған А. Афиногеновтың “Қарсаңда”, А. Толстойдың “Иван Грозный”, А. Корнейчуктың “Жеңімпаздары” сияқты спектакльдерге қатысып, өз өнерінің тағы бір қырын байқатты. * Ол бірнеше киноға түсіп, қазақ киносының қалыптасуына да үлес қосты. “Райхан”, “Асау Ертіс жағасында”, “Даладағы дарақ”, “Тұлпардың ізі”, т.б. фильмдер қазақ киносы тарихындағы кезеңді туындылар. 1965 жылдан бастап ұстаздық қызметпен айналысқан Бөкеева өзінің тағы бір дарынын танытты. Еліміздің барлық театрларында қызмет істейтін оның шәкірттері қазақ театр өнеріне айтарлықтай үлес қосты. ## Еңбек жолы * 1938-1942 жж Шымкент облысы қазақ драма театрының әртісі; * 1942 жылдан өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі. (1942-2011) * 1965 жылдан бастап ұстаздық қызыметін атқарды. ## Шәкірттері * Қазақстанның халық артисттері: Ә. Кенжеев, Қ. Тастанбеков, Д. Жолжақсынов, Т. Жаманқұлов, М. Өтекешева, Р. Машурова және т.б ## Марапаттары Х.Букееваның қазақ ұлттық өнеріне сіңірген айрықша ерен еңбегі үшін: * 1946 - "Құрмет белгісі" Ордені * 1952 - КСРО Мемлекеттік сыйлыйлығының лауреаты (“Абай” спектакліндегі "Айгерім" бейнесі үшін) * 1957 - Қазақстанның халық әртісі (Қазақ КСР халық артисі) * 1959 - КСРОның ең жоғарғы Ленин ордені берілді. * 1964 - КСРО халық әртісі * 1974 - Профессор * 1987 - "Халықтар Достығы" Ордені * 2000 жылы ҚР президентінің жарлығымен ең жоғарғы «Отан ордені» мен марапатталды. * Бірнеше медальдар мен "Құрмет" грамоталарымен де марапатталған. ## Жеке өмірі * Хадиша Букееваның жұбайы қазақ опера әншісі, педогог-профессор Қазақ КСР халық артисі (1954), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949), Қазақстанның ең жоғарғы «Отан ордені»нің иегері Байғали Досымжанұлы Досымжанов (1920-1998жж). ## Естеліктер * Актрисаның туған жерінде музей ашылған, бас көшеге есімі берілген. * 2014 жылы актрисаның атымен аталатын Орал қаласында драма театрына есімі берілген. ## Дереккөздер
Бөлекеев Қасым (туған жылы белгісіз – 1827) — сұлтан, Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы қазақтардың ханы (1809–1827). Ералы ханның немересі, Бөлекейдің баласы. Бөлекеевтің қол астында 7 мың отбасын құрайтын Кіші жүздің Шөмекей руының қазақтары болған. Бөлекеев Бұхар және Хиуа хандықтарының билеушілеріне белгілі дәрежеде бағынышты болды. Оның хан болып сайлануына Бұхар әмірі Хайдар мен Хиуа ханы Мұхаммед Рахым қолдаушылық көрсеткен.Бөлекеев Қоқан хандығына қарсы күрес жүргізді. Қоқандықтармен болған шайқас кезінде қаза тапқан. Бөлекеевтің ұлдарының ішінде әйгілісі — Ермұхаммед (Елекей). Ол 1845-ші жылы хан сайланған. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бөлекеев Сауқым (туған жылы белгісіз — 1843/44) — сұлтан, Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы қазақтардың ханы (1837 — 38). Ералы ханның немересі, Бөлекейдің ұлы. Ағасы Бөлекеев Қасым өлгеннен кейін оның өшін алу үшін қоқандықтармен аяусыз күрес жүргізді. 1837 жылы Хиуа ханы Аллақұлдың қолдауымен Кіші жүздің Шөмекей руы қазақтарының ханы болып сайланды. Сондықтан Хиуа ханына қарсы келмеген. Қоқандықтардың Сырдария бойындағы қамалдарына жорықтар ұйымдастырып тұрды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бөлекей (туған жылы Белгісіз – 1808) – сұлтан, Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның немересі, Ералының баласы. Сырдарияның төменгі ағысы мен Ырғыз өзені бойын мекендеген шөмекей руының 4 мыңға жуық отбасы, сондай-ақ, Жаңадария өзені жағалауындағы қарақалпақтар Бөлекейдің қол астында болған. Ол 1770 жылы Қайып ханның Жәңгір Хиуа тағынан тайдырылған соң, жергілікті ықпалды топтың қолдауымен оның орнына отырды. Бірақ бір айдан кейін әмір Мұхаммед Әминнің тегеурінімен Хиуадан қуылып, әкесі Ералыға жіберілді. 1780 жылы Бұхар әмірінің қолдауымен шөмекей руының және қарақалпақтардың басым бөлігінің ханы болып сайланды. Ол өзінің билігі кезінде орыс шекаралық өкіметімен байланыс жасамауға тырысты. Бөлекейдің 4 ұлы болған. Олардың ішінде Қасым мен Сауқым мұрагерлік жолмен хан сайланған. Бөлекейдің қызы Хиуа ханы Елтүзер Мұхаммедке ұзатылған. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Шоқыр Бөлтекұлы (29 қазан 1916, Жармыш ауылы, Маңғыстау облысы — 6 сәуір 1994, Алматы) — Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушылардың бірі. ## Өмірбаяны Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйiнде оқып, орта мектептi бiтiрдi. Байұлы тайпасының Беріш руының Құлкеш бөлімінен. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жарақаттанып елге оралады. Шоқыр Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен. 1947 жылы Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітіреді. 50-ші жылдары Қазақ ССР-інің 3 рет чемпионы атанады. Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы ізбасар шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми бiрiншiлiгi өттi. Оған 50 спортшы қатысқан. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер Одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты. Ол республикада жаттықтырушылар қатарының көбеюіне де үлкен үлес қосты. Қуғын-сүргінге ұшырап, Қарлаг-та жүрген жаттықтырушылар Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Мулаевты (балқар) түрмеден босатып, оларды Алматыға әкеліп жаттықтырушы қызметіне орналасуына көп еңбек сіңірді. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында Алматы қаласында дүниеден озды. Қазіргі таңда Шоқыр Бөлтекұлының есімін құрметтеу мақсатындағы бірқатар шаралар іске асырылуда. Оның туған топырағы Маңғыстау облысында Ш.Бөлтекұлының атындағы халықаралық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл турнир былтыр төртінші рет өткен тұста Қазақстан Республикасы бокс Федерациясының шешімімен жеңімпазға спорт шебері атағы берілетін болды. Маңғыстау облысының Маңғыстау аудынының орталығында Шоқыр Бөлтекұлының атындағы спорт кешені салынып, спортшылардың игілігіне берілді. Сонымен бірге Ақтау қаласында Шоқыр Бөлтекұлының атымен аталатын боксшылар клубы құрылды. ## Дереккөздер
Бөкей Ағарту Институты — мұғалімдер даярлауға арналған жоғары оқу орны. 1920 жылы Ордада ұйымдастырылған. Алғаш 22 тыңдаушы қабылданды. Олардың кәсіби білім алуына қажетті оқу базасы мен білікті ұстаз кадрлар жеткілікті болды. Бөкей ағарту институтында 11 оқытушы, оның ішінде 6 жоғары білімді оқытушы болды. Оқу ана тілінде жүргізіліп, орыс тілі пән ретінде ғана оқытылды. Бөкей ағарту институты 1923 жылы педагогикалық-техникалық училище болып қайта құрылды. ## Дереккөздер
Бөкпен– ұлттық тағам.Дайындалуы қарапайым, сіңімі — жеңіл. Еленіп тазартылған тары ұнын отты жайлап жаға отырып, қазанға қуырып алғаннан кейін, құйрық немесе жылқы майын араластырып, үстіне сүт құяды. Қоспа қойылғанша үстіне ұн себелеп араластырып отырады. Дастарханға ыстық күйінде қойылады ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Оралхан Бөкей (28 қыркүйек 1943, Шыңғыстай ауылы, Қатонқарағай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы — 17 мамыр 1993, Дели, Үндістан, Алматыда жерленген) — драматург-жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты. ## Өмірбаяны Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Найман тайпасы Көкжарлы Қаратай руынан шыққан. Әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарған. Керемет даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен. Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды. 1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды. Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды да жіберді. Өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді. 1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болды. ## Шығармашылығы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) әңгімелер мен повестері шығарылды. Оралхан Бөкейдің «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестері «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1986 жылы оның «Құлыным менің» деп аталатын драмалық шығармалары «Өнер» баспасынан, 1987 жылы «Ұйқым келмейді» деп аталатын творчестволық әңгімелері «Жазушы» баспасынан шығарылды. “Алданған ұрпақ” трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған. “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Жау тылындағы бала” (1985), “Мен сізден қорқамын” ([[1987]]) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ, бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған. Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оның өзге тілде жарық көрген шығармалары - «След молний» (Молодая гвардия, М, 1978); «Поющие барханы» (Советский писатель, М, 1981); «Чағылған» (Қырғыстан, Фр., 1981); «След молнии» ( Христо Данов, Болгария, 1981); «Кербұғы» (Эстония, 1981); «Крик» (Советский писатель, М, 1984); «Үркер ауып барады» (Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982)Оралхан Бөкейдің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер Б.Аюханов) балеті қойылды. 1994 жылы Оралхан Бөкейдің повестері «Таңдамалы» 1 том болып, 1996 жылы повестері мен романдары «Таңдамалы» 2 том «Жазушы» баспасында жарық көрді. ## Марапаттары * 1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, * 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, * 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.. ## Шығармалары * Қайдасың қасқа құлыным: Повестер, новеллалар. - Алматы:Жазушы, 1973 * Мұзтау: Повесть, эссе, новеллалар.- Алматы:Жазушы,1975.-256б * Үркер ауып барады.: Повестер мен әңгімелер.-Алматы:Жалын,1981.-528б * Өз отыңды өшірме: роман .- Алматы: Жазушы, 1981.-384б * Біздің жақта қыс ұзақ.-Алматы: Жалын, 1984.-432б * Құлыным менің: пьесалар.-Алматы:Өнер,1986.-368б * Ұйқым келмейді:Повесть, әңгімелер.- Алматы:Жазушы,1990.-559б * Өнерге өлердей-ақ ғашық едім: Очерктер, көсемсөздер, эсселер / Кұраст.А.Бөкеева.- Алматы: Санат, 1995.- 304б * Екі томдық таңдамалы шығармалар .- Алматы: Жазушы, 1994. Т.І:Повестер.-496бет, Т.2: Өз отыңды өшірме: Роман, Атаукере:Повесть.-1996.-496б * Қайдасың қасқа құлыным:Повестер, әңгімелер, /Құраст: Р.Мәженқызы.- Астана: Елорда, 1999-328б * Кербұғы: Әңгімелер мен повесть .- Алматы: Атамұра, 2003.- 204бет.- (Атамұра кітапханасы). * Тоқалдан қалған тұяқ: Әңгімелер / О. Бөкей.- Астана: Таным, 2003.- 80б. * Қар қызы : Хикаяттар / құраст.Р.Мәженқызы.- Алматы: Раритет, 2008.- 280б.- (Алтын қор кітапханасы).- (Қазақ прозасы қазынасынан). * Өз отыңды өшірме: роман.- Алматы: Өнер, 2010.- 384б.-(Қазақтың 100 романы). * Атау-кере (Кауіпті будан) .Мұзтау (Соңғы ертек): хикаяттар.-Алматы: Ан Арыс, 2010.-320б * Атау кере (эл.ресурстар): роман.-Алматы:Жазушы, 2005.- (Аудиокітап) * Қасқыр ұлыған түнде//Жас қазақ.-2011.-20 мамыр. * Ән салады шағылдар: повестер мен әңгімелер.-А.: Жалын,1978.- 280 б. * Шығармалары 7 томдық.- А.: Ел-шежіре. ### Шығармаларының аудармасы * Крик: Повести /Авториз. пер. с каз.-М.:Сов.писатель, 1984.-334с * Поезда идут мимо: Роман, повесть. Авториз. пер. с каз.-Алма-Ата:Жазушы, 1985.-400с * Поющие барханы: Повести /Авториз. пер. с каз.-М.:Сов.писатель, 1981.-343с * След молнии:Повести и рассказы /Авториз. пер. с каз.-М.:Мол.Гвардия, 1978.-320с * Снежная девушка (Нуржан): Повесть. Авториз. пер. с каз. А.Ким// Всадники: Сборник повестей казахских писателей - Алма-Ата:Жазушы, 1990-С.190-277 * Человек-Олень: Повести и рассказы //Авториз. пер. с. каз.-М.:Известия,1990.-511с ### Бөкей Оралханның шығармашылығы туралы мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар * Алтайдың кербұғысы: Оралхан Бөкеевтің шығармашылығы//Түркістан.- 2003.-15 мамыр. * Асылова Р. О. О. Бөкей туындыларындағы қарсы мәнді фразеологизмдер // Ізденіс-Поиск Гуманитарлық ғылымдар сериясы.- 2013.- №2.- Б.5-9. * Ахметжан Т. Қазақ прозасының мұзтауы: Оралхан Бөкей //Қазақ әдебиеті.- 2003.-5 желтоқсан. * Ахметжан Т. Оралханды ойлағанда..:Оралхан Бөкей //Қазақ әдебиеті.- 2004.-21 қыркүйек. * Әшірова А. О. Бөкеевтің "Атау кере" повесіндегі табиғат және кейіпкер сыры //Тәрбие жұмысы.- 2004.-N3.-11-13б. * Бөкейқызы Ғ. Әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды, ең тәкаппар адам менің ағам еді //Жұлдыздар отбасы.- 2011.- №17.-Б.32-35. * Дүйсен Қ. Оралханды ұстаз тұтқан қаламгер //Айқын.- 2009.- 28 қаңтар.-8б. * Егеубай А. Мұзбалақ: Оралхан Бөкей-60 //Жұлдыз.- 2003.-N12.-106-112б. * Елеубай О. Мұзтаудың Мұзбалағы: Оралхан Бөкейдің 60 жылдық мерейтойы //Егемен Қазақстан.- 2003.-11қазан. * Ерғалиева Ж. Оралхан Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат...» //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде.- 2012.- №1.-Б.31-32. * Ерман Жүрсін. Оралхан Бөкей және опасыз жалған //Жас Қазақ.-2008.- 29ақпан.-6б. * Жапақов Н. Оралханға әжем де разы болған//Орал өңірі.- 2008.-16 қазан.-11б. * Жәкешбаева Р. Менің Оралханым //Дала мен қала.- 2008.- 4сәуір.-16б. * Жұмабай Н. Менің Оралханым//Қазақ әдебиеті.- 2011.- 30 қыркүйек.-Б.4. * Жұмабай Н. Сізді ойыма алғанда...//Түркістан.- 2010.- 20мамыр.-Б.11. * Жұматайқызы Л. Оралмайтын Оралхан...//Қазақ әдебиеті.- 2007.-5 қазан.-7б. * Капарова А. М. О.Бөкей "Тортай мінбер ақбоз ат" әңгімесі // Білім технологиялары = Образовательные технологии.- 2020.- №4.- Б.55-60. * Кәрібай М. "Неге біз осы қатыгез де, қасиетсіз болып кеттік?.."// Дидар.- 2013.- 21маусым.- Б.15. * Кемелбаев А. Оралхан Бөкеев әңгіме жанрында //Абай.- 2002.- №4.-70-72б. * Кемелбаева А. Ардақ: Оралхан Бөкеев прозасындағы мифологиялық сарындар //Алтын Орда.- 2004.-30қаңтар. * Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы VІІ республикалық байқауын өткізудің тәртібі//Жас Алаш.- 2004.-19 тамыз. * Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ҮІІІ республикалық байқауын өткізудің тәртібі//Ана тілі.- 2005.-7 шілде. * Қаңтарбаев Ә. Өр Алтайдың ойында, Оралханның тойында: Оралхан Бөкей-60 //Қазақ әдебиеті.- 2003.-24қазан. * Құттымұратұлы Қ. Оралханның белгісіз махаббаты: Оралхан Бөкей күнделігі туралы //Жас Алаш.- 2003.-20 қыркүйек. * Қырықбаева А. О.Бөкей әңгімелеріндегі табиғатпен тамырластық/ А. Қырықбаева // Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану мәселелері: бүгіні, болашағы : Республикалық ғылыми-тәжірибелік конф. материалдары, 4 наурыз 2015 ж. - Семей, 2015.- 4 наурыз.- Б.92-95 * Мұртаза Ш. Оралхан Бөкей еске түскендегі елес пен ойлар//Жұлдыздар отбасы .- 2011.- №17.-Б.39. * Нұрсұлтанқызы Ж. Оралхан Бөкей шығармаларындағы бейвербалды омонимдер //Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2007.-№11.-75-78б. * Омарова Д. Халықтық тіл мен әдеби тілдің байланысы //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде.- 2009.- №12.-18-25 б. * Оңғарсынова Ф. Дүниеден ерте кеткен дарынды жазушы, қаламдас бауырым Оралхан Бөкеевтің рухына //Атамекен.- 2012.- 23 ақпан.-Б.6. * Оңғарсынова Ф. Түркілердің, Өр Алтай, төркіні едің //Егемен Қазақстан.- 2011.- 16 мамыр.- Б.5. * Отарбаева Ғ. Н. О.Бөкейдің "Сайтан көпір" повесіндегі мифтік танымның көркемдік-идеялық қызметі // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті хабаршысы. Филология сериясы.- 2015.- № 6.- Б. 70-74. * Сапанова А. М. О.Бөкей шығармаларындағы адамның мінез-құлқына байланысты фразеологиялық бірліктер // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы.- 2009.- №7-8.- Б.101-104. * Сейтқазы Э. А. О.Бөкей шығармаларындағы әлемнің ұлттық бейнесі // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті хабаршысы. Филология сериясы.- 2015.- № 2.- Б. 414-419. * Сығай Ә. Ой түбіндегі Оралхан //Дала мен қала.- 2012.- 16 қаңтар.-Б.10-11. * Сыдықов Т. Мұзтаудың мұзбалағы: Оралхан Бөкеевтің шығармашылығы //Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2004.-N5.- 86-94б. * Тоқсанбай Қ. Оралхан оқулары //Егемен Қазақстан.- 2010.- 1қазан.-Б.9. * Толысбаева Ә. О.Бөкей шығармаларын талдаудың кейбір ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы.- 2008.- №8.- Б.47-49. * Төлеуов С. Бұлт ұйықтаған ұжмақ жер: [Ор-ағаң мінген ақбоз ат...] / /Алтын Орда.- 2009.- 2-8шілде.-18-19 б. * Шарабасов С. О.Бөкеев әңгімелері құрылымын фольклорлық сарындар// Ізденіс..-2000.-№4-5.-22-26б (Гуманитарлық ғылымдар сериясы) * Ыбырайқызы Г. О. Бөкейдің "Атау Кере" шығармасындағы герменевтикалық сарындар // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті хабаршы. Филология сериясы.- 2018.- №2.- Б.63-68. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Қазақстанның ашық кітапханасындағы Оралхан Бөкейдің шығармалары * bokey.kz * https://adebiportal.kz/kz/authors/view/846
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (5 наурыз 1866(18660305), Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі — 27 қыркүйек 1937, Мәскеу)— қазақтың мемлекет қайраткері. Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. ## Өмірбаяны Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Барақ сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Барақ сұлтанның баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны "техник" мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Дала генерал-губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1894 жылы Ресей империясының елордасы Петерборға барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. ### Саяси қызметі Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейхан Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Народная свобода» (Халық бостандығы) партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп-жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болған. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Н. Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен 3 ай Павлодар абақтысында отырды. Абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Н. Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды. 1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде; 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. 1909-1917 жылдары «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. 1911-1914 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 20 ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде-ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылып, онда тек ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысуға ғана мәжбүр болды. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. ### Алаш Орда Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылғы тамызда қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. 1989 жылғы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды. Сөз соңында, ғалым, Ә.Бөкейхан XX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалымдарымыздың бірі болды. Ол қарастырған негізгі аспектілер: эпостың тарихилығы, қазақ фольклорының түрлері, шығу мезгілі, жыршы мен оның шеберлігі, қоғамдық ой-сананың жырда көрініс табуы, бейнелер, олардың атқарған идеялық қызметі, үлгінің көркемдік ерекшеліктері т.с.с.- әлі де қазақ фольклортану ғылымында өз маңызын жойған жоқ, және сол дәуірдің жетістігі болып саналатыны сөзсіз. ## Ғылыми еңбектері XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысады. Ол 1896 жылы көрнекті ғалымдардың ықпалымен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланды. Әлихан Нұрмұхамедұлы «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды.1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды.1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. ## Әлихан туралы ### Зерттеулер 2009–2013 жылдары Ә. Бөкейханның 9 томдық толық шығармалар жинағы шықты. 2011 жылы Әлихан Бөкейханның 145-жылдық мерейтойына байланысты 15 томдық шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Оған мақалалары, очерктері, хаттары, жеке іс қағаздары, саяси сатиралары, ғылыми және көркем аудармалары, т.б. кірді. Басылым 2011-2018 жылға дейін жалғасты. ### Атаулар 1992 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай аудандық кеңестің шешімімен ол туған ауылға Ә.Н. Бөкейханов есімі берілді. ### Фильмдер 1994 — «Алаш туралы сөз»режиссері: Қалила УмаровЖанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм” 2009 — «Алашорда» режиссері: Қалила УмаровЖанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм”. ### Әдебиеттер * Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Телехабар] / Қ. Мұхамедханов. -  Семипалатинск телевидениесі, 1989. - 20 июнь. - Машинкамен терілген 14 парақ. - Телехабар авторы және жүргізушісі Қ.Мұхамедханов. * Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Мәтін] /  Қ. Мұхамедханов // Семей таңы. - 1990. - 17 қаңтар. - Б. 3-4; Қазақ әдебиеті. - 1990. - 8 маусым - Б. 10-11; 15 маусым - Б. 10-11. * Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Телехабар] / Қ. Мұхамедханов. - Семипалатинск телевидениесі, 1991. - 28 октябрь. - 40 п. мәтін, фотосуреттер, құжаттар т.б. - Телехабар авторы және жүргізушісі Қ.Мұхамедханов. * Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейхановтың Абай туралы мақалалары (1903, 1905, 1907 ж.ж) [Мәтін] / Қ. Мұхамедханов // Абай. - 1992. - №2. - Б. 23-27. * Мұқаметханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Мәтін] / Қ. Мұхамедханұлы [Мұхамедханов]  // Абай : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы : Атамұра, 1995. - Б. 166 -167. * Мұхамедханов, Қ. Абай мұрагерлері [Мәтін] Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер енген] / шығармаларын жинап, зерттеп, өмірбаяндары жазып, баспаға әзірлеген Қ. Мұхамедханов. - Алматы : Атамұра, 1995. - 208 б. * Мұхамедханұлы, Қ. Абайды тұңғыш рет баспасөзде танытқан Әлихан Бөкейханов [Мәтін] / Қ. Мұхамедханұлы [Мұхамедханов] // Түркістан. - 1995. - 9 тамыз. - Б. 1. ## Сыртқы сілтемелер ## Дереккөздер
Бөртпе * жібек жіптен тоқылған шашақты орамал. Оны бөртпе шәлі деп те атайды; * семірмес үшін қыран құстарға берілетін ет. Оны суға салып бөрттіріп, қан-сөлінен айырып, ақжем күйінде жемаяққа салып береді; * арпа, бидай, күріш, тары тәрізді дәнді суға, сүтке, сорпаға бөктіріп әзірленген тамақ түрін де Бөртпе дейді. * теріде, шырышты қабатта болатын ауру түрі. Бөртпе түрлі себептерге байланысты адам терісінің сыртына және ішкі кілегей қабаттарына шығады. Ол теріге сыртқы ортаның әсерінен (суық, ыстық, қышқыл, сілті т.б.), кейде ішкі органдардың, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан (бас ауруы, қан қысымы көтерілуі), сүзек, т.б. сырқаттар әсерінен шығады, кейде антибиотиктерді тым көп қабылдағандықтан, организмнің аллергиялық реакциясы әсерінен де пайда болады. Бөртпе адам терісінің кез келген жеріне шығады. Әсіресе, қолтыққа, мойынға, шапқа шыққан Бөртпенің аузы суланып, қатты қышып, адамның мазасын алады. Бөртпенің пішіні мен түсі әр түрлі болады. Дер кезінде емдемесе, созылмалы түрге айналады. Ондай жағдайда Бөртпе теміреткіге айналып кетуі мүмкін. Бөртпені уақытында емдесе, тез жазылып кетеді. Бөртпемен мал да ауырады. Сырт пішініне қарай Бөртпе қызарған дақ, қатты түйіншіктер мен төмпешіктер, күлдіреуіктер, іріңдемелер түрінде кездеседі. Жылқы, мүйізді ірі қараның мойнында, ернінде, желінінде ұсақ қатты қызғылт түсті Бөртпелер білінеді. Бөртпе шыққан мал қатты қышынып, мазасызданады, жемшөпке тәбеті шаппайды. Бөртпені уақытында дезинфекциялаушы ерітінділермен жуып, құрғатып, майлы дәрілер жағып қойса, бір аптадан қалмай, қабыршақтанып жазылып кетеді. ## Дереккөздер
Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі, оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Қыстық бөрік ішіне жүн немесе мақта салып тігіледі. Ал жаздық бөрік мақта салынбай, қос астарланып тігіледі. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік, т. б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Бөріктің төбесі көбінесе алты сай (қиық), төрт сай болып келеді. Оны тіккенде алдымен өлшеп алып, жұқа киізден төрт не алты сай етіп пішеді. Әр сайдың төбеде түйісетін ұштары үш бұрыш тәрізді, етек жақтары тік төрт бұрыш болады. Осы қиындылардың бір бетіне шүберектей астар, екі арасына жұқа матадан бидай шүберек салып, жиі етіп сыриды. Одан соң жеке-жеке сайларды біріне-бірін өбістіріп ішінен де, сыртынан да жермен тігеді. Оның сыртын асыл матамен (барқыт, пүліш, қамқа, т. б.) болады. Бөріктің іші сай болса, оның тысы да сонша сай болады. Бұдан кейін бөріктің төбесінің етегін жай матамен астарлан тігеді де төменгі жағын төрт елідей терімен (қылшығын сыртына қаратып) көмкереді. Бұрын қыздар киетін төбесіне үкі, жібек шашақ тағын, зер жіппен, жібек жіппен кестелеген, меруерт, маржан тізбелер, алтын, күміс түйме қадаған. Кейде бөріктің етегін жауып тұратындай етіп айналдыра зер не жібек шаш ақтар ұстаған. Бөрікті қазақ халқы сияқты қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, татар, ұйғыр т. б. халықтар да киеді. ## Бөрік тігу Аң мен мал терілері иленіп, тазаланып болған соң далаға жайып, иіс-қоңысын кетіріп, бөрікке сәйкестендіріп пішіп, астарлап тігеді. Бөріктің төбесін қымбат күрең, қызыл, жасыл, көк, қара өңді бұлдан тігеді. Бөріктер ұзынша, сопақша, төбесі үшкір, күнқағарлы, үш, төрт немесе алты қиықтан құралады. Қиығына қарай оны үш, төрт, алты сай деп атайды. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі, конус тәрізді биіктеу болып келеді. Қыстық бөрік ішіне жүн, немесе мақта салып тігілсе, жаздық бөрік ішіне мақта салынбай, қос астарланып тігіледі. Төрт төбелі бөрік киізден сырылып үш құлақ тымақтың төбесіне ұқсас тігіледі. Бөріктің етегі түлкі, пұшпақ, құндыз, сусар, түлкі, қарсақ, мәлін терілерінен иленіп, етегі көмкеріле жұрындалып ұсталады. Төбесінің тысы қара, қара көк, жасыл болып келеді, оған үкі қадалмайды. Төрт төбелі бөрікті көбінде орта, орта жастан төменгі жастар, әйел, еркек демей, кибге болады. Қыз балалар мен келіншектердің бөріктерінің төбесінің тысы ашық өңді келеді. Бөрік – көне сөз, "бөрі" – қасқыр деген сөзден шыққан. Қасқыр –түрік тайпаларының ежелгі тотемі. ## Бөрік безендіру Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Тысына маржан тағып, әшекей-сәндік үшін ою салады. Төбесіне шоқпардай үкі тағып, оның түбіне асыл тас маржан тағады. Оқалы бөрік құндызбен жиектеліп қызыл немесе көк масатымен тысталады. Бөріктің төрт сайының тігісін бастыра отырып оқа ұстайды. Сайларының арасы алтын, күміс жіптермен безендіріледі. Қыздардың бөркінің түрмесі көбінесе жалпақ, төбесі төрт сайлы, биіктеу болып келеді. Алтын, күміс теңгелермен, асыл жіптермен безендіріледі, үкі де тағылады. Дөңгелек бөрік төбесі киізден, не мақта тартылып, сырылып, қатырылып, астар, тыс қапталып тігіледі. Дөңгелек бөрікке үкі тағылады және оны тек қыз балалар киеді. Етегі сусар, құндыз, түлкі, қарсақ, мәлін, қоян терілерімен көмкеріліп жұрындалады. Бөріктің етегі жалпақ төбесінен 2-3 елі төмен болса жақсы жарасады. Қыс, жаз, көктем мезгілдерінде көп киіледі. ## Дереккөздер
Бөлтірік Әлменұлы — қазақтың көрнекті шешені, биі, батыры. Бөлтірік Әлменұлы 1771 жылы қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы Шоқпар темір жол станциясы маңында дүниеге келген. Ысты руынан шыққан. Бала кезінен-ақ ақындық, шешендік сөз өнеріне және батырлыққа бейім болған, есейген шағында ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесір дауларына талай әділ төрелік айтқан. Ел арасындағы тапқыр, ұтқыр сөздерді, тақпақ, терме, аңыз әңгімелерді жаттап, оны жастар арасында айтып, қызық думан құрған. Ел арасында "Бөлтірік айтыпты" деген шешендік сөздер көп. Бөлтіріктің "Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді", "Ұры қары деген атақ алыпты", "Төре баласы мен түйе ботасы", "Хан баласына бата", "Қырғыз-қазақтың байлық айтысқаны", "Құдайдың өзі оңғарар", "Даудың түбін қыз бекітеді"секілді сөздері аз сөзбен көп мағына берудің үлгісі болып табылады. Соның бірінде Бөлтірік шешен "Арғымақ атта жал болмас, жабы келіп жалыменен теңесер", - деп түйіндейді. Бөлтіріктің шешендің сөздері қырғыз, өзбек халықтары арасында да кездеседі. Бөлтірік сонымен бірге мерген, саяткер, ат үстінен алдырмайтын шабандоз, батыр болған. Есейген шағында ел арасындағы жер, су, жесір дауына, жайлау, қыстау, еңбек жөніндегі талас-тартыстарға араласып, әділ де шешен төрелік айтқан. Сондықтан да халқы оны қалап, би сайлап алған. Зорлықшыл, қиянатшыл, барымташы, басбұзар, жалақор, алаяқтар Бөлтірік бидің қара қылды қақ жарған әділ билігінен беті қайтып, әшкереленіп отырған. Ондайлар Бөлтірік отырған жерден сескеніп аулақ жүрген. Бөлтірік шешен тек қана қазақтар арасында ғана емес, қырғыз, өзбектерге де белгілі, беделді шешен болған. Не бір төрелер, бектер, бай, манаптар оның өткір сөзінен, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын жөн-жосықты билік-шешімінен аяғын тартқан. Бөлтірік шешен 1854 жылы дүниеден қайтқан. Оның үрім-бұтақтары Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарының қалалары мен далаларыңда еңбек етеді. ## Шыққан тегі Бөлтіріктің шыққан тегі Ұлы жүз — Ысты. Шежіре дерегі бойынша Ыстыдан өрбіген бір ата Ойықтан Қызылқұрт, Зорбай (Ауызүсіген), Орбай (Көкшекөз), Сәтек туған. Осы төрт бұтақтың Зорбайынан Бәйгелді, одан Қосай, одан Малай, одан Сүйіндік, одан Өтеген, одан Сабдалы, одан Әлмен, одан Бөлтірік туады. Бөлтіріктің нағашысы — әйгілі Қараменде би. Ақындық, шешендік өнері ерте танылып, төңірегін әділдік-тапқырлығымен тәнті еткен Бөлтірік ел ішінің дау-шарына көп араласқан, өз ортасының ісілікті, жарастықты болуына айрықша ықпал еткен. Оның абырой беделі ауыл арасымен шектелмей, ел қамы мен халық тағдырына қатысты істерде де еленіп-ескеріліп отырған. Ол Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, сөзімен де, ісімен де танылған. Сондай-ақ, Бөлтірік өз тұсындағы Балпық би, андас Құтым би, мырза Жайнақ би, сарыүйсін Сары би, ботпай Сыпатай би, Байсерке би, албан Малай би, суан Қожбанбет би, шапырашты Сұраншы би, қасқарау Ноғайбай би, тобықты Құнанбай Өскенбайұлы мырза, сондай-ақ, Сұраншы батыр, Сыпатай батыр, Тезек төре сияқты игі жақсылармен тізе түйістіріп, бастас болып, ел ісіне бел шеше араласқан. Айтқан сөзі жерге түспеген аға сұлтан Тезек төре айтыпты дейді: "Мен екі ақын, бір шешенді көрдім: бірі — жалайыр Бақтыбай, біреуі — қызыл екей Сүйінбай, үшіншісі — Бөлтірік шешен. Атам — Абылай, әкем — Әділ, өзім Тезек едім. Он сегіз мың ғаламды жарылқап, қорғауға күшім жетуші еді, осы үшеуінен біржола сағым сынды". Сондай-ақ, "Ақын деп Шөжені айт, шешен деп Бөлтірікті айт, батыр деп Сыпатайды айт", — деген сөзді әйгілі Ноғайбай би айтыпты дейді. Бөлтірік шешен туралы А.Байтұрсынов, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, К.Әзірбаев, З.Қабдолов, Ж.Дөдебаев еңбектерінде толымды мағлұматтар кездеседі. ## Дереккөздер
Бөріқазған– төменгі палеолиттің шелль кезеңінің соңғы дәуірінен сақталған қоныс орны. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 38 км жерде. Алғаш 1958 жылы Қаратау археологиялық тобы (жетекшісі Х. Алпысбаев) ашқан. Табылған құралдар саны 442. Көбісі қара кремнийден жасалған артефактілер (еңбек құралдары). Тас құралдардың осыған ұқсас түрлері ежелгі тас дәуірінің тұрағы — Сивалик (Үндістанда) өңірлерінде жиі кездеседі. Тас құралдарды Алпысбаев бірнеше түрлерге бөлген: екі жағы бірдей өңделген шапқылар (чоппингтер), жұмыр құралдар, үш қырлы өткір құралдар, унифастер, т.б. Олардың арасында үшкір пышақтардың, қырғыштардың алуан түрлері бар. Бұлардың бәрі Оңтүстік Азиядан (Бирма, Вьетнам, Қытайдан), Шығыс Африкадан (Олдувей, Рудольф, Омо маңынан) табылған құралдаға өте ұқсас. ## Сілтемелер 1. «Қазақстан жеріндегі тас ғасы­ры»(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Бөстек– құлын, бөкен,елік, ешкінің иленген терісінен жасалатын жұмсақ төсеніш, көне түркі тіліндегі “посты” (тері) сөзінен шыққан. Бөстекті құлын, бөкен, елік, ешкі терісінен іш жағына қара бидайдың ұны мен кебегіне айран қосып жасаған ерітінді жағып, бірнеше күн жылы жерде ұстайды. Содан кейін иі сіңген теріні кергілеп, уқалап жұмсартады да, қатты сүйекпен не қайрақ таспен сүргілеп барқыт, шұға сияқты матамен көмкере астарлап пайдаланады, көбіне иленген қалпында да төсене береді. Бөстекті төрге не қарттар отыратын орынға төсейді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
* Бөрілі – қола дәуірінен сақталған қоныстар орны. Қызылорда облысы Жаңадария өзенінің жағалауында. 1958 жылы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық экспедициясы зерттеген. Жел мен жаңбыр жуып кеткендіктен мәдени қабаты толық сақталмаған. Қыш ыдыстар, ақ кварциттен жасалған бірқатар тас құралдар табылған. Қыш ыдыстар батырып салынған геометриялық өрнектермен әшекейленген. Табылған заттай деректер қоныстардың б.з.б. 15 — 12 ғасырларға жататынын және тұрғындарының отырықшы болғанын көрсетеді. ## Дереккөздер
Александр Васильевич Бричкин (2.11.1900, Ресей, Рязань губерниясы Михайлов қаласы — 5.2.1971, Алматы) — ғалым, техника ғылымдарының докторы (1941), проффессор (1942), Қазақстан ғылым академиясының корр. мүшесі (1946), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1968). Томск технологиялық институтын бітірген (1924). 1924 — 41 жылы Ресейдің әр түрлі өндіріс орындары мен жоғары оқу орындарында қызмет етті. 1941 — 71 жылы Қазақ кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) кафедра меңгерушісі болды. Негізгі ғылыми еңбектері қопару ұңғымаларын термиялық әдіспен бұрғылауға, қатты тау жыныстары мен темір-бетон бұйымдарын отпен кесіп өңдеуге арналған. 35 өнертабыстың авторы. Екі рет Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдермен марапатталған. ## Сілтемелер 1. «Бричкин Александр Васильевич »2. «Бричкин А. В.»3. "В годы суровых испытаний (1941-1945 жж.)" Мұрағатталған 2 сәуірдің 2015 жылы. ## Дереккөздер
Броневский Семен Богданович (1786 — 14.2.1858) — Ресей империясының генерал-лейтенанты, Сенат мүшесі. 1808 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы және Сібір шебінің бастығы генераль Глазенаптың адъютанты болып тағайындалды; мұнда ол 1857 жылға дейін істеді. 1814 жылдан Сібір шептік казак әскерлерінің атаманы болды. Броневский 1822 жылы тобықты руының қазақтарына қарсы жазалаушы әскери экспедицияны басқарды. 1823 жылы Омбы облысының бастығы болып тағайындалды. 1824 жылы қазақ даласындағы экспедицияны басқарды. Экспедиция “Сібір қырғыздары туралы жарғы” ережелеріне сәйкес орта жүз қазақтары жерінде “сыртқы округтер” құру шараларын қолма-қол жүзеге асырысты. Қазақ даласында өткізген осы 2 айлық сапарын ол қазақтар туралы этнографиялық материалдар мен деректер жинау үшін де пайдаланды. 1825 жылы Қозы Көрпеш — Баян сұлу ескерткішін қарап шығып, оны суреттеп жазды, осы ескерткіш жайындағы аңыз-әңгімелерді жинады. 1827 жылы Броневский генерал-майор атағын алып, Тобыл қаласындағы жеке Сібір корпусының штаб бастығы болып тағайындалды. 1831 ж. Броневский қазақ даласымен 2 мың км жол жүріп, 5 сыртқы округті, қазақ болыстары мен ауылдарын аралады. Соның нәтижесінде Батыс Сібір генерал-губернаторына орта жүз жеріндегі жағдай туралы хат түсірді. Онда қазақтардың егіншілігі, киім-кешегі, ас-суы, малдың бағасы, қазақ билері, барымта жайында мәліметтер келтірді. 1835 жылы 8 қаңтарда Броневский Шығыс Сібірдің генерал-губернаторы әрі әскери қолбасшысы болып тағайындалып, генерал-лейтенант атағын алды. Броневский ауыл шаруашлық, әсіресе, қазақ жеріндегі егіншілік жайлы материалдар жинап, Мәскеу ауыл шаруашлық қоғамының “Земледельческий журналда” жариялады. ## Дереккөздер
Евгений Григорьевич Брусиловский (12 қараша 1905, Ресей, Дондағы Ростов — 9 мамыр 1981, Мәскеу) — композитор, Қазақстанның халық артисі (1936). ## Өмірбаяны * Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) консерваториясын бітірген (1931). * 1933 жылы КСРО Композиторлар одағының жолдамасымен Алматыға келді. * 1933 — 34 жылдары Қазақ музыкалық драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде қызмет етті. * 1934 — 38 жылы Қазақ музыка (қазіргі Қазақ опера және балет театры) театрының музыкалық жетекшісі * 1939 — 56 жылы Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы * 1956 — 76 жылдары КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі * 1944 — 51 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі * 1944 — 70 жылдары Алматы консерваториясының композиция кафедрасының меңгерушісі болды. ## Шығармашылығы Брусиловский қазақ музыка өнерінде еуропалық бағыттағы шығармашылық мектептің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ол 9 опера, 2 балет, 9 симфония, “Кеңестік Қазақстан” атты кантата, оркестрге, аспаптарға арналған концерттер, 500-ден астам әндер мен романстар, сондай-ақ, Қазақстан әнұранының музыкасын (Мұқан Төлебаев, Л. Хамидилермен бірігіп) жазды. Брусиловский қазақтың ұлттық әндерін өз шығармаларында жоғары шеберлікпен пайдаланды. Ол 250-ден астам қазақ ән-күйлерін жазып алған. Ол — “Қыз Жібек”, “Жалбыр”, “Ер Тарғын” сияқты алғашқы қазақ операларының авторы. Олар музыка мәдениетінде, елдің мәдени өмірінде зор маңызға ие болды. 1970 жылдан Мәскеуде тұрған Брусиловский қазақ тұрмысы тақырыбына 8-, 9-симфонияларын, “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” балетін жазды. ## Шәкірттері * Б.Байқадамов * А.Бычков * К.Күмісбеков * Қ.Қожамияров * Н.Меңдіғалиев * Қ.Мусин * С.Мұхамеджанов * Е.Рахмадиев. Орыс және қазақ тілдерінде “Естеліктер” атты кітабы жарық көрді. ## Марапаттары * КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1948, “Кеңестік Қазақстан” кантатасы үшін) * Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы (1967, “Құрманғазы” атты 6-симфониясы үшін) лауреаты. * Ленин * Еңбек Қызыл Ту * Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. ## Есте қалдыру Алматы қаласында Брусиловский атында көше бар. ## Дереккөздер
## Өсімдік туралы Бөріқарақат – биіктігі екі жарым метрге дейін жететін, Қазақстанның таулы аймақтарында табиғи түрде кездесетін, жапырағы және жемісі әдемі бұталы өсімдіктің бірі. Мәңгі жасыл өсімдіктер қатарына жататын түрлері де бар. Табиғатта 400-ден аса түрі кездеседі. Мәңгіжасыл түрлері: жасыл жапырақты, қызылқоңыр жапырақты және мол жемісті, ұсақ жапырақты болады. Ал, биіктігіне қарай бөріқарақат он шақты топқа бөлінеді. Олардың арасында биіктігі 30 см болатын және 3 метрден асатын үлкен бұталыларын да кездестіруге болады. Көгалдандыруда бөріқарақатты жапырағының және жемісінің әдемілігі үшін отырғызады. Жапырағы әдемі түрлерін гүлзар, рокарий және жасыл шарбақ ретінде өсіреді. Бұтағын кесіп шар, төртбұрыш, цилиндр пішінінде де өсіруге болады. Бірақ ботаника бағы үшін бөріқарақатты қырқып, пішіндеп өсірудің қажеті жоқ. Еркін өскен бөріқарақаттың бір бұтағының ұзындығы 3 метрге дейін жетеді. Қазақстан жерінде өсетін бөріқарақаттың жапырағы сопақ, ұсақ, қызыл және жасыл түсті болып келеді. Сабағы тікенді. Қазақстанның Алтынемел және Шарын қорықтарында Қызыл кітапқа енген Іле бөріқарақаты өседі. Мамыр, маусым айларында гүлдейді, жаздан күзге дейін жапырақтары әдемі қызыл түске еніп, қыс кезінде қып-қызыл жеміс береді. Жемісінен тосап, кондитерлік тағамдар дайындайды. Ал, жіңішке жапырақты бөріқарақат жұпар иісімен бағаланады. ## Күтімі Топырақ талғамайды, ашық күн астында немесе алакөлеңкеде өсе береді. Қыс кезінде жидегі сақталады. Ерте көктемде артық және қураған бұталарын қырқып-реттеу керек. ## Көбейтілуі Жаз айларында қалемшесімен және күз бен көктем мезгілдерінде түбін бөлу арқылы көбейтіледі. Жидегі мен жапырағының әдемілігі жақсы көрінуі үшін бөріқарақатты жеке еккен жөн. ## Бөріқарақат туралы тақпақ Өседі тауда, беткейде, Гүлдейді ерте көктемде. Еніпті «Қызыл кітапқа», Азайып саны кеткен бе? Бөріқарақат, зерек (Berberіs) — бөріқарақат тұқымдасына жататын көп жылдық тікенді бұта. Қазақстандағы 9 түрі Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында, Алтайда, Тарбағатай тауларында, Зайсанда, Қарқаралыда, тау беткейлері мен тасты шатқалдарда, тау өзендерінің жағалауында өседі. Оның ішінде Қарқаралы бөріқарақаты мен Іле бөріқарақаты Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ең жиі кездесетін түрі — кәдімгі Бөріқарақат (heteropoda). Оның биіктігі 2 м-дей. Жапырақтары ірі, ұзындығы 7,5 см, ені 4 см-дей, спираль тәрізді бұралып өседі. Гүлдері ұсақ, ашық сары түсті, әрі хош иісті, шашақты гүлшоғырына топталған. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, қыркүйек — қазанда жемісі піседі. Жемісі — көп тұқымды жидек. Бөріқарақат — бал-шырынды өсімдік, жемісі тағам және шарап өндірісінде қолданылады. Тамырынан сары бояу алынады. Оның жемісі, жапырақтары және қабығы емдік мақсатқа пайдаланылады. ## Галерея * * * * * * * * * ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жидектер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8 ## Өсімдік туралы Бөріқарақат – биіктігі екі жарым метрге дейін жететін, Қазақстанның таулы аймақтарында табиғи түрде кездесетін, жапырағы және жемісі әдемі бұталы өсімдіктің бірі. Мәңгі жасыл өсімдіктер қатарына жататын түрлері де бар. Табиғатта 400-ден аса түрі кездеседі. Мәңгіжасыл түрлері: жасыл жапырақты, қызылқоңыр жапырақты және мол жемісті, ұсақ жапырақты болады. Ал, биіктігіне қарай бөріқарақат он шақты топқа бөлінеді. Олардың арасында биіктігі 30 см болатын және 3 метрден асатын үлкен бұталыларын да кездестіруге болады. Көгалдандыруда бөріқарақатты жапырағының және жемісінің әдемілігі үшін отырғызады. Жапырағы әдемі түрлерін гүлзар, рокарий және жасыл шарбақ ретінде өсіреді. Бұтағын кесіп шар, төртбұрыш, цилиндр пішінінде де өсіруге болады. Бірақ ботаника бағы үшін бөріқарақатты қырқып, пішіндеп өсірудің қажеті жоқ. Еркін өскен бөріқарақаттың бір бұтағының ұзындығы 3 метрге дейін жетеді. Қазақстан жерінде өсетін бөріқарақаттың жапырағы сопақ, ұсақ, қызыл және жасыл түсті болып келеді. Сабағы тікенді. Қазақстанның Алтынемел және Шарын қорықтарында Қызыл кітапқа енген Іле бөріқарақаты өседі. Мамыр, маусым айларында гүлдейді, жаздан күзге дейін жапырақтары әдемі қызыл түске еніп, қыс кезінде қып-қызыл жеміс береді. Жемісінен тосап, кондитерлік тағамдар дайындайды. Ал, жіңішке жапырақты бөріқарақат жұпар иісімен бағаланады. ## Күтімі Топырақ талғамайды, ашық күн астында немесе алакөлеңкеде өсе береді. Қыс кезінде жидегі сақталады. Ерте көктемде артық және қураған бұталарын қырқып-реттеу керек. ## Көбейтілуі Жаз айларында қалемшесімен және күз бен көктем мезгілдерінде түбін бөлу арқылы көбейтіледі. Жидегі мен жапырағының әдемілігі жақсы көрінуі үшін бөріқарақатты жеке еккен жөн. ## Бөріқарақат туралы тақпақ Өседі тауда, беткейде, Гүлдейді ерте көктемде. Еніпті «Қызыл кітапқа», Азайып саны кеткен бе? Бөріқарақат, зерек (Berberіs) — бөріқарақат тұқымдасына жататын көп жылдық тікенді бұта. Қазақстандағы 9 түрі Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында, Алтайда, Тарбағатай тауларында, Зайсанда, Қарқаралыда, тау беткейлері мен тасты шатқалдарда, тау өзендерінің жағалауында өседі. Оның ішінде Қарқаралы бөріқарақаты мен Іле бөріқарақаты Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Ең жиі кездесетін түрі — кәдімгі Бөріқарақат (heteropoda). Оның биіктігі 2 м-дей. Жапырақтары ірі, ұзындығы 7,5 см, ені 4 см-дей, спираль тәрізді бұралып өседі. Гүлдері ұсақ, ашық сары түсті, әрі хош иісті, шашақты гүлшоғырына топталған. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, қыркүйек — қазанда жемісі піседі. Жемісі — көп тұқымды жидек. Бөріқарақат — бал-шырынды өсімдік, жемісі тағам және шарап өндірісінде қолданылады. Тамырынан сары бояу алынады. Оның жемісі, жапырақтары және қабығы емдік мақсатқа пайдаланылады. ## Галерея * * * * * * * * * ## Сілтемелер * Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт Мұрағатталған 20 ақпанның 2012 жылы. ## Дереккөздер Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жидектер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8
Николай Лазаревич Бубличенко (9.10.1899, Украина, Харьков қаласы — 2.7.1990, Ресей, Санкт-Петербург) — ғалым, геология-минералдарының ғылыми докторы, профессор, (1940), Қазақстан ғылым академиясының корр. мүшесі (1958), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1961). Ленинград кен институтын бітірген (1924). 1924 — 39 жылы Геологялық комитеттің барлау экспедициясында аға коллектор, геолог болып Алтайда, Қаратауда және Балқаш аймағында жұмыс істеді. 1939 — 50 жылдары Қазақстан ҒА-нда геология секторының аға ғылыми қызметкері, 1951 — 69 жылдары Өскемен қаласындағы Алтай тау-кен металлургия институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі және директордың орынбасары. 1969 — 73 жылдары Қазақстан Геологиялық ғылымдар институтының Алтай бөлімінде ғылыми жетекші, 1973 — 82 жылы осы институтта ғылыми қызметкер және кеңесші болды. Негізгі ғылыми еңбектері орта палеозойдың, әсіресе, девонның стратиграфиясы мен палеонтологиясын зерттеуге арналған. Ол Қазақстанда төменгі, ортаңғы девон жәнеКузбаста жоғарғы силур шөгінділерінің бар екенін алғаш рет дәлелдеді. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдермен марапатталған. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Букреев Анатолий Николаевич(16.1.1958, Ресей, Челябинск қаласы — 25.12.1997, Гималай тауындағы Аннапурна шыңы) — альпинист, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Альпинизммен 1970 жылдан айналысқан. Абсолюттік биіктігі 7000 м-ден асатын шыңдарға 30 рет, 8000 м-ден асатын шыңдарға 18 рет, Жер шарындағы ең биік 14 шыңның 11-іне, оның ішінде тек Джомолунгма (Эверест) шыңының өзіне (8848 м) 4 рет (1990, 1991, 1994, 1994, 1996) шыққан. “Қар барысы” атағының иегері. “Жеке ерлігі үшін” орденімен (1989), “Ерлігі үшін” (1998) медалімен марапатталған. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Бунақ — өлең тармағының (жолының) ырғақтық құрылысы жағынан жекеленген бір бөлшегін құрайтын буындар тобы; сөз өлшемі, ырғақтық пауза. Өлеңнің әр тармағы екі, үш, төрт буынды Бунақтарға бөлінеді. Мысалы, он бір буынды тармақ үш Бунақтан құралады: Қан-со-нар-да // бүр-кіт-ші // шы-ға-да(а)ң-ға (Абай). Сондай-ақ, жеті буынды тармақ екі Бунақтан, бұдан аз буынды тармақтар бір Бунақтан тұрады. Бунаққа жіктелу түркі тілдес халықтар поэзиясына, соның ішінде қазақ өлеңіне тән құбылыс. ## Дереккөздер
Бурқут, баркут — көне түркі тайпасы. “Та’рих-и Қыпшақи” бойынша, Бурқуттың негізгі қонысы орта ғасырдағы Чинги-Тура қаласы болған. Оның ескі жұрты Түмен қаласының маңында. “Та’рих-и Абу-л-Хайр-хани” мен басқа да деректер бойынша, 1428 жылы Жәйтар Жалқын (Житар Жалқын) деген жерде Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Жұмадұқ (Шайбани әулетінен) пен оған қарсы көтеріліске шыққан көшпелі тайпалар арасында шайқас болған. Көтеріліс басшыларының қатарында Омар би Бурқуттың аты аталады. Бурқут тайпасы түгел немесе оның бір бөлігі көтерілісшілер жағында болса керек. 1429 — 30 жылы Шығыс Дешті Қыпшаққа хан болғаннан кейін Әбілхайыр Чинги-Тураны басып алған. Оған бағынғандардың ішінде Чинги-Тураның әкімдері Әдәд-би Бурқут пен Кепек Қожа Бурқут бар. Бурқут түгел дерлік Әбілхайырға қараған. “Та’рих-и Абу-л-хайр-хани” бойынша, Омар би Бурқут сол қанаттағы әскерде басшы болыпты, ал “Та’рих-и Қыпшақи” бойынша, Әбілхайыр оған өз әскерінің сол қанатын түгел басқаруға берген. Бурқут билері Әбілхайыр хандығында зор ықпалға ие болса керек. Хорезмге жорық жасау мәселесін шешу үшін 1430 — 31 жылы әскери кеңеске Әбілхайыр шақыртқан беделді басшылардың ішінде Әдәд би Бурқут пен Кепек Қожа Бурқут та болған. “Абдулланаме”, т.б. деректер бойынша, Әбілхайыр ханның бәйбішесі Бурқут тайпасынан екен. Одан 2 ұл — Шаї Будағ сұлтан мен Қожа Мұхаммед туған. 15 — 16 ғасырлар аралығында басқа өзбек тайпаларымен бірге Бурқут тайпасы да Орталық Азияға көшіп, мұндағы саяси оқиғаларға араласты. “Абулфейз хан тарихында” 1723 жылы Аштархан әулетінің соңғы ханы Абулфейздің әскері їезарә қамалын қоршағанда оған Бурқут тайпасы көмекке келгені, оның көсемі Сарығ би Бурқут болғаны айтылады. Кейін Орталық Азиядағы Бурқут тайпасы қазіргі өзбек халқының құрамына енді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Бурхан Әд-Дин Ахмад Әл-Фараби(туған жылы белгісіз — 1174) — отырарлық ғалым. Толық аты-жөні: Бурхан әд-Дин Ахмад бин Әби Хафс бин Йусуф әл-Фараби. Алғаш Отырарда білім алған. Араб тілі мен әдебиетін, дін тарихын, Құран мен сұннаны жақсы білген. 11 — 12 ғасырларда Құранды оқуды үйрету кезінде жіберілетін қателіктерді жою мақсатында көптеген шығармалар жазған. Осыған байланысты Бурхан Әд-Дин Ахмад Әл-Фараби де “Заллат әл-Қари” (“Оқу үстіндегі қате”) деген еңбек жазды (бізге жеткені де осы туындысы). Еңбек Құранды дұрыс оқу әдісіне арналған. Зерттеуші Құранды оқу кезіндегі қателік кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмау, дыбыс үзілісін дұрыс жасамау, т.б. мәселелерге байланысты екендігін айтады. Бурхан Әд-Дин Ахмад Әл-Фараби туралы басқа деректер әзірге белгісіз. ## Дереккөздер
Бурнашев Тимофей Степанович (1771 — 1850) — кен инженері, саяхатшы. 1796 жылы құрамында Бурнашев, А.С. Безносиков, Д.Телятников бар Ресей елшілігі Ташкентке келді. Олар бұл сапарында Бетпақдала шөлдерінің географиялық орнын анықтап, Шу өзені мен Мойынқұм жеріне сипаттама берді. Бурнашев пен Безносиковтың жасаған карталарын кейін Р.Л. Югай тауып алып, бастырып шығарды. Бурнашев 1800 жылы Ташкент билеушісінің кен жайын білетін мамандар сұратуына байланысты Ресейден өкіл ретінде жіберілді. Бурнашев әріптесі М. Поспеловпен бірге Семейден шығып, Бетпақдала арқылы Ташкентке барып, одан Түркістан, Созақ арқылы қайта қайтты. Өздерінің елшілік жолжазбаларында қазақтың жер, су, тау аттарына сипаттама беріп, қазақ ауылының тұрмысы, ішкі, сыртқы саяси өмірі, әлеум. жағдайы, шаруашылығы, жер көлемі, т.б. жөнінде маңызды мағлұматтар келтіреді. Қазақ даласынан Ташкентке барар жол, Ташкент иелігі, оның географиялық, экономикалық, саяси жағдайы, Қоқанмен, қазақ аймақтарымен өзара қарым-қатынасы жөнінде мәліметтер келтіреді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * «Бурнашев Тимофей Степанович» Мұрағатталған 3 шілденің 2011 жылы. * «Тимофей Степанович Бурнашев»
Бурабай сөзінің келесі мағыналары бар: Елді мекендер: * Бурабай – Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл. * Бурабай – Ақмола облысы Бурабай ауданындағы кент. * Бурабай – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы ауыл. Басқа мағыналар: * Бурабай – Қазақстандағы ұлттық парк. * Бурабай – Көкшетау қыратындағы тұйық көл. * Бурабай – мәдениет ескерткіші. * Бурабай – қола дәуірінен қалған зираттар тобы. * Бурабай – Ақмола облысы Бурабай ауданындағы қымызбен емдейтін республикалық маңызы бар шипажай.
Алексей Иванович Бутаков (19 ақпан 1816 жылы, Ресей, Кронштадт — 10 шілде 1869 жылы, Германия, Швальбах) — орыс теңізшісі, контр-адмирал. Арал теңізін тұңғыш зерттеп, картаға түсірген саяхатшы-географ. ## Биографиясы 1840 — 42 жылдары “Або” кемесімен дүние жүзін айналып шығу саяхатына қатысты. 1848 — 49 жылдары Арал теңізін зерттеу және картаға түсіру үшін ұйымдастырылған теңіз экспедициясын басқарды. Теңіздің барлық жерінің тереңдіктері өлшенді, көптеген пункттердің координаттары анықталды, жаға сызығы түгелдей картаға түсірілді. Арал теңізінің орталық бөлігінен жергілікті тұрғындарға бұрын белгісіз болып келген аралдарды ашты. Бутаковтың зерттеулерінің нәтижесінде Ресей Теңіз министрлігінің Гидрография департаменті 1850 ж. Арал теңізінің тұңғыш картасын басып шығарды. Бутаков пен А.И. Макшеев] теңіздің толық гидрогр. сипаттамасын жариялады. 1853 — 55 және 1862 — 63 жылдары Сырдарияның төм. және орта ағысын зерттеп, картаға түсірді. 1858 — 59 жылдары Әмударияның атырауын зерттеді. Арал т-нде және Сырдария мен Әмударияда жүргізген зерттеулері үшін Бутаков Орыс география қоғамының мүшесі және Берлин география қоғамының құрметті мүшесі болып сайланды. Бутаков орыс үкіметінің тапсыруымен Арал флотилиясын құрды. 1863 жылдан өмірінің соңына дейін Балтық (Балт) флотында әскери қызмет атқарды. Бутаков есімімен Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы шығанақ аталған. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * «Алексей Иванович Бутаков» * «Бутаков Алексей Иванович»
Бұғалық — жылқы мен түйенің асауын ұстау үшін арқаннан 12 — 15 құлаш етіп жасалған арнайы құрал. Бұғалықтың бір ұшын күрмеу арқылы кішкене тұзақша істеледі де, екінші ұшы сол тұзақшадан өткізіліп, одан жылжымалы үлкен тұзақ жасайды. Тұзақты асаудың мойнына салу үшін сол қолға арқанның бос ұшын, оң қолға бұғалықты шумақтап ұстап, тез лақтырады. Бұғалықты кей жерлерде көбіне құрықтың көмегімен де пайдаланады. Мойнына тұзақ түскен асау (жылқы) қылқынады да, оп-оңай қолға түседі. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Аманжол Күнболатұлы Бұғыбаев (5.4.1944 жылы, Алматы облысы Сарқан ауданы Новопокровка ауылы) — палуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1973). Еркін күреспен 1962 жылдан бастап айналысады. КСРО чемпионатына жеті рет (1966 — 73) қатысып, қола (1966), күміс (1972), алтын (1973) медальдерге және КСРО кубогіне ие болды. Бұғыбаев 1996 жылдан еркін күрестен Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы. ## Дереккөздер
Ебіней Арыстанұлы Бөкетов (23 наурыз 1925 жыл, Қырғыз (Қазақ) АКСР, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданы, Бағанаты ауылы, — 13 желтоқсан 1983 жыл, Қарағанды) — химик-металлург, ғалым, қоғам қайраткері. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген (1950). Техника ғылымының докторы (1967), профессор (1967), Қаз КСР ғылым академиясының академигі (1975), КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1971). ## Өмірбаяны Арғын тайпасы Атығай руының Бәйімбет бұтағынан шыққан. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қазақ ҰТУ) бітірген (1950). 1951-1953 ж. осы институттың аспиранты. 1954-1960 ж. сонда ассистент, кафедра доценті, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары, 1960-1972 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Химиялық-металлургия институтының директоры (Қарағанды), 1972-1980 ж. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры. 1980-1983 ж. Қазақ КСР ғылым академиясының Химиялық-металлургия институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болды. 1970 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған. 1969 ж. Ғылым мен техника саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бөкетов химия саласындағы жаңа бағыттың – халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған. Бөкетов мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидрохимиялық әдістерін жасап, Д.Менделеев жасаған Элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. 50 өнертабыстың, 10 патенттің иесі. Бөкетов сонымен қатар белгілі жазушы әрі аудармашы. Эссе Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Д.Менделеев туралы естеліктер жазған. «Шесть писем другу», «Человек, родившийся на верблюде», «Грани творчества», т.б. повестерінің авторы. Батыс және орыс классиктерінің «Макбет», У.Шекспирдің «Юлий Цезарь», Дж.Флетчердің «Испанский священник», Д.Маяковскийдің «Клоп» атты еңбектерін, И.Василенконың «Артемка» повесін, Э.Золдің әңгімелері мен мақалаларын аударған. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.Әуезовтің Абай шығармашылығын зерттеудегі еңбектеріне шолу жасады. «Абай жолы» ақынның ақындық қасиетін, ойшылдығын, тұлға бітімін жан-жақты аша білген сыр сандық деп бағалады. Ал «Халқымыздың мерейі мен мақтанышы» деген мақаласында Әуезовті ұлтымыздың ары мен абыройы деген («Жалын», 1972, N95). ## Жетістіктері Ол басқарған ұжым бес бірдей авторлық куәлікке ие болып, Канада, АҚШ, Аустралия, Швеция, Франция, Германия, Жапония, Италия тәрізді елдер патент тапсырған. Осы институтта түрлі түсті, сирек және бытыраңкы металдар зертханасын ашады. Бұл Қазақстан ғылымы үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі басқарған осы зертханада молибден, вольфрам, селен және теллур бойынша зерттеулер жүргізген. 1965 жылы еңіс торлы шахта пештерінде бір топ құрастырушы түйіршіктелген жезқазғандық концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізген. Осы еңбегі үшін ол КСРО-ның авторлық куәлігіне қоса 1969 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын иеленген. Бөкетов жаңалығы Ресейдің Орал электр мыс комбинатында, Жамбылдың фосфор, Теміртаудың "Карбид" зауыттарында қолданылған. Екінші жаңалығы — флотациялық байыту сатысында бос жыныстардан айырып алуға жеңіл көнетін, тотықтандырылатын мысты сульфидтік түрге айналдыру. Соның арқасында жарамдылығы аз кендерден жоғары сапалы шикізат алынып, табиғат байлығы арта түскен. Осы екі табысы оны әлемге танытты. 1966 жылы докторлык диссертациясын ойдағыдай қорғап, төрт жылдан соң Қазақ КСР ҒА-ға мүше-корреспондент, бес жылдан кейін академик болып сайланды. 1972 жылы ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған. Жаңа оқу орнының құрылысы, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбиелік және тағы да басқа жұмыстар танымал ғалымды сырттай шаруашылық басшысына ұқсатып жібергенімен, ол қашанғы ұстамды, батыл мінезінен таймады, республикадагы екінші университетті аяғынан тік тұрғызып, жоғары білім берудегі төрт қабырғасын берік етіп қалап, атақ-даңқын биікке көтеріп берген. 1972 жылы тақырыптық жоспарға 10 жұмыс енгізілсе, арада жеті жыл өткенде 15 ғылыми бағыт бойынша 91 тақырып орындалған. Мәскеу, Ленинград, Алматы, Новосібір т.б. қалалардың жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Халькогендер мен халькогенидтер химиясы және технологиясы жөніндегі жинақталған ғылыми бағытты жасаушы, әрі осы сала бойынша Бүкілодақтық 1-ші (1978) және 2-ші (1982) кеңестердің (Қарағандыда өткен) ұйымдастырушысы және басқарушысы. Ұнтақ (шлам) құрамынан қарапайым фосфорды айыру әдісі Бүкетов- Бәйешов әдісі деп аталған (1986). 200-ден астам ғылыми еңбектің, 9 монографияның, АҚШ, Канада, Аустралия, Швеция, Финляндия, ГДР және басқа елдерде патенттелген 90-ға жуық ғылыми жаңалықтардың авторы. Негізгі ғылыми еңбектері: мыс-электролиттік шламдардан (ұнтақтарынан) селен мен теллурды айырудың пиро және гидрохимиялық тәсілдері. Балқаш кен-металлургия комбинаты жағдайында молибден мен ренийді айыру мақсатымен металлургиялық процестерді интенсивтендіру, рудалылығы төмен және күлділігі жоғары көмірден марганецті ферроқорытпаарқылы алу жолдары. Букетов металлургиялық ыдыратқыштар көмегімен гидрогенезация су сіңіру салдарынан тау жыныстарының геохимиялық процеске шалынуы мүмкіндігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Әдебиет саласында Ебіней Бөкетов Абай мен Мұхтар Әуезов шығармаларын талдап, бірсыпыра туындылар жазған сарабдал сыншы. Ол студент кезінде-ақ Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафиндердің алдында өзінің өз қатарынан артық туған асыл жанның бірі екенін дәлелдеп берген. Қарағанды Университетіне ректор болып тағайындалмастан бұрын ол қара металлургия мен органикалық химияның, журналистиканың, аудармашылықтың кез келген салаеын шыр айналдыратын құдірет иесіне айналған. Сергей Есениннің "Анна Онегина" поэмасын, Владимир Маяковскийдің өлеңдерін ана тілімізде сөйлеткен тамаша аудармашы, өйткені ол өзі де көкірегі тұнып тұрған ақын болатын. Артына "Алты хат" атты көркем әңгіме-хикаялар жинағын қалдырған. Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің қайраткерлері туралы көркем публицистика, естелік және өмірбаяндық повесть жанрында орыс және қазақ тілдерінде жазылған бірқатар әдеби шығармалары жарияланған. "Түйе қомында туған адам" ("Человек, родившийся на верблюде", 1975); "Творчество қырлары" ("Грани творчество", 1977); "Шоқанның қасиетті ісі" ("Святое дело Чокана"); "Белгісіздікке барар жолда" ("Пути в незнание" жинағында. - М., 1984) атты очерктер мен эсселер жинағының авторы. И.Василенконың "Артемка" повесін, Э.Золяның "Әңгімелер мен мақалаларын", И.Вазовтын "Тепкіде" романын, У.Шекспирдің "Макбет" және В.Маяковскийдін "Кандала" ("Клоп") пьессаларын қазақ тіліне аударған. Өзімен араласқан, қызметтес болған адамдардың естеліктеріне сүйенсек, ғалымның хоббиі бильярд ойыны болған, музыканы ерекше жақсы көрген.1990 жылы АҚШ ғалымдары аепанда жаңадан табылған жұлдызды "Бөкетов-Баешов жұлдызы" деп атапты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1969). Қазақстан Компартиясының XIII,XIV съездерінің делегаты. Еңбек Қызыл Ту ор- денімен және медальдармен марапатталған. 1985 жылы Букетовты есте қалдыру мақсатымен, ол соңғы жылдары еңбек еткен Химия-металлургия институтында мемориал тақта орнатылған (1987). Қарағандының бір көшесі оның есімімен аталады. Баешов — бүгінгі күні Түркістандағы қазақ-түрік университетінің профессоры. Ебіней Бөкетовтың шәкірті. Екеуі бірігіп, химия саласында жаңалық ашқан. Бірақ, академик бұл әдістің халықаралық тұрғыда қуатталғандығын естімей кеткен. Е. Бөкетов — 70-тен астам авторлық куәлікке ие болған еңбекқор ғалым. Қарағанды мемлекеттік университеті бүгінде Ебіней Бөкетов есімінде. ## Ғылыми еңбектері * Извлечения селена и теллура из медеэлектролитных шламов; Алматы, 1969. * Технологические процессы шахтного обжига в цветной металлургии; Алматы, 1973. * Гидрохимическое окисление халькогенов и халькогенидов; Алматы, 1975. * Автоклавный щелочный способ переработки фосфорсодержащего сырья; Алматы, Наука 1978 * Металлургическая переработка марганцевых руд Центрального Казахстана; Алматы, Наука 1979 * Современные формы выражения таблицы элементов Д. И. Менделеева; Қарағанды, Б. и. 1982 * Халькогенидные электроды в потенциометрическом анализе; Қарағанды, КарГУ 1982 * Нефть, уголь и вода в химии и энергетике; Қарағанды, Б. и. 1994 ## Әдеби шығармалары * Человек, родившийся на верблюде; Алматы, 1975 * Грани творчества; Алматы, Жалын 1977 * Шесть писем другу; Алматы, Жалын 1989 * Святое дело Чокана; Қарағанды 1994 ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Академик Е.А.Бөкетов Мұрағатталған 3 мамырдың 2009 жылы. * Ебіней Арыстанұлы; Қазинформ Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. * Евней Бөкетов; өмірбаяны * Евней Букетов - ученый и гражданин Мұрағатталған 27 қыркүйектің 2007 жылы.
Бұғылы-1 — қола дәуірінде өмір сүрген тайпалардың қоныс орны. Қарағанды облысы Шет ауданы. Ақсу-Аюлы кентінен солтүстікке қарай 35 км жерде, Шопа өзенінің оң жақ жағалауында. Бұғылы-2 қонысы мен қола, сақ, т.б. тарихи дәуірлердің ескерткіштерінің жиынтығы ретінде “Бұғылы ықшам ауданын” құрайды. 1955 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә. Марғұлан) зерттеген. Бұғылы-1 б. з. б. 9 — 8 ғасырларға, яғни қола дәуірінің соңын ала сақ дәуіріне жалғасатын “өтпелі кезеңге” жатады. Ол көшпелілік жүйеге ауыса бастаған көне Қазақстан тұрғындарының алғашқы қыстау мекендері жөнінде хабар береді. 1998 жылдан бастап жүргізілген “Сарыарқа” археологиялық экспедициясының (А. Бейсенов, В.Г. Ломан) кешенді зерттеу жұмыстарының барысында Бұғылы-1 Қазақстанның қола дәуірі қоныстарының ең ірілерінің бірі екендігі анықталды. Оның аумағында 100-ге тарта құрылыстар, көбінесе, тұрғын үйлер орналасқан. Қоныс екі бөліктен тұрады. Неғұрлым ертерек кезеңге жататын оңтүстік топтың үйлері сиректеу орналасқан, пішіні жағынан дөңгелектеу, бір бөлмелі болып келеді. Кешірек салынған солтүстік топтың үйлері шоғырланған, көп бөлмелі болып келеді. Солтүстік топтағы үйлердің аум. 109,5 м шамалас. Қабырғалар ұзынша тас плиталардан (5 қабатқа дейін) қаланған. Үйге кіретін есік оңт.-батыс бұрыштан шығарылған. Жылу ошағы жалпағынан қойылған тастардан дөңгелектеу пішінде жасалып, үйдің сәл тереңдетілген орта тұсына орнатылған. Ошақ айналасы мен іргелерінде шаруашылық ұралары және көптеген тіреу бағаналары, үйдің сыртын ала солтүстік және шығыс қабырғаларын бойлай жапсарлас салынған екі жіңішке, ұзынша келген дәліз тәріздес қосымша құрылыстар болған. Үй іргелерінің көп тереңдетілмей салынуы тұрақты мекенді емес, уақытша қоныстық сипатты меңзейді. Табылған өндірістік қалдықтар (шлактар) тұрғындардың темірді пайдалана бастағанын көрсетеді. ## Пайдаланылған әдебиет ## Сілтемелер * «Қола дәуірі» * “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Бұзанай құмы – Атырау облысы Исатай, Құрманғазы аудандары жерінде орналасқан құмды алқап. Солтүстігінде Қосдәулет, оңтүстігінде Мыңтөбе, батысында Батпайсағыр (Бетпақшағыр) құмдарымен шектеседі. ## Жер бедері Абсолюттік биіктігі 15 – 17 м. Жартылай көшпелі төбешікті құм, шағыл тізбектері батыстан шығысқа қарай 60 – 70 км-ге созылған, ені 40 км-дей. Жер бедері төбелі, жалды, қырқалы келеді. ## Климаты Климаты қуаң, континенттік. Қаңтардың орташа температурасы –11°С, шілдеде 25°С. Сортаң ойыстарда ыза суға толатын тұзды көлшіктер кездеседі. ## Өсімдігі мен жануарлар дүниесі Шөлейт климатқа бейім жүзгін, құмаршық, еркек шөп, қияқ, жусан, теріскен т.б. шөп өседі. Жануарлардан ақбөкен, қасқыр, түлкі, қоян, қосаяқ т.б. кездеседі. Бұзанай құмы мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бұғышақ — көне саз аспабы. Маралдың немесе бұғының мүйізін үңгіп, үрлейтін жағындағы ұшына дыбыс шығаратын тілше салынып жасалған. Ұзындығы 28 – 30 см. Бұғышақ бұрын да, қазіргі кезде де жайылымда жүрген маралдар мен бұғыларды бір жерге жинау үшін, көбінесе аңшылар мен бұғы, марал өсірушілер арасында жиі пайдаланылады. Өйткені, аспаптың үні марал мен бұғының дауысына өте ұқсас. Ел ішінде бұл аспапты “бұғы шақырғыш”, “бұғы сыбызғы” деп те атайды. Бұғышақтың әр түрлі шеберлер жасаған екі-үш нұсқасы түрлі музейлер қорында сақтаулы. Алтайлықтар бұл аспапты “абырға”, хакастар “пырғы” дейді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, II том
Тоқтасын Ысқақұлы Бұзыбаев (8 мамыр 1949, Уба-Форпост ауылы, Жаңа Шүлбі ауданы, Семей облысы, Қазақ КСР) — әскери қызметкер, генерал-майор (1995). 1967 жылдың 1 шілдесінен Қарулы Күштер қатарында. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары шекарашылар командалық училищесін (1971), Мәскеудегі Әскери академияны (1981) бітірген. ҚР Шекара әскері қолбасшысы қызметіне тағайындалғанға дейін (1997), Шығыс шекара округінде застава бастығының, кейін отряд бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарлығынан бастап, ҚР Шекара әскерлері Қолбасшысының орынбасары, ҚР Қорғаныс министрінің айрықша тапсырмалар жөніндегі офицері — адьютанттар бөлімінің бастығы, ҚР Қорғаныс мининисрлігі Бас штабы бастығының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Бірнеше жауынгерлік наградалармен марапатталған. ## Сілтеме * Әскери-саяси зерттеулер орталығы  (орыс.) * ТМД атқару комитеті  (орыс.) ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Бұйрық Хан, Бай Бұқа (туған жылы белгісіз — 1206) — Найман мемлекетінің батыс бөлігінің билеушісі, найман ханы Инаныш Білге Бұқаның екінші ұлы. Әкесі қайтыс болған соң, ағасы Таян ханмен (Тайбұқа) билікке таласып, Найман мемлекетінің батыс бөлігін, Алтай тауының оңтүстігі мен солтүстігін өз қол астына қаратып алды. 1199 жылы Шыңғыс хан мен Керей хандығы одағы Бұйрық Хан иелігіне шабуыл жасады. Бұйрық Хан Үңгіркөл маңында жеңіліс тауып, Енесей қырғыздары арасына қашып кетті. Ол 1201жылы Жамұқаның басшылығымен татар, найман, ойрат, тайшұғыт, жажират секілді тайпалардың бірлескен одағының Шыңғыс ханға қарсы жасаған жорығына қатысты. Бірақ бұл жорық жеңіліспен аяқталды. 1204 жылы Шыңғыс хан Найман мемлекетіне шабуыл жасап, Таян ханды өлтіріп, ұлыстың шығыс бөлігін басып алды. Таян ханның ұлы Күшіліктің Бұйрық Ханмен бірлесіп, Шыңғыс ханға қарсы тұрмақ болған әрекеті нәтижесіз болды. Бұйрық Хан 1206 жылы Шыңғыс хан қолының шабуылы кезінде қолға түсті. Сөйтіп Найман мемлекеті түбегейлі жойылды. ## Дереккөздер
Бұқарбай Естекбайұлы (1822, Жалағаш ауданы – шамамен 1898, Қараөзен өзені бойы) – батыр, шешен. Кіші жүздегі Табын руының теке атасынан шыққан. Кенесары Қасымұлына қосылғанға дейін Қоқан бектерінің ықпалында болған. Бұқарбай Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысып, 1847 жылға дейін көрнекті батырлардың қатарында аталады. Ол 1838 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. 1850 жылы Бұқарбайдың жасағы Қазалы, Арал, Қосқорған бекіністеріне шабуыл жасап, казак-орыстар мен қоқандықтарды жеңді. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» (ұзындығы 25 – 30 км) қаздырған. Бұқарбай батырдың ерліктері ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ. Бердәулетовтың «Бұқарбай батыр» кітабында көрініс тапқан. ## Дереккөздер
Бұқтырма — көне обалар тобы. Шығыс Қазақстан облысы, Глубоков ауданы, Бұқтырма ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде. 1953 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.С. Черников) зерттеген. Барлығы 8 обаның 4-і қазылып зерттелген. Олар тас дуалмен дөңгелене қоршалған. Мүрделер сопақша қабірлерге жерленген. Обалардың ішінен б.з.б. IV — III ғасырларға жататын қола шанышқы, қорамсақ ілетін темір ілмешек, мата қалтаға салынған қола айна, қола түйреуіш, моншақтар, ағаш қайықтың қалдықтары табылған. ## Дереккөздер
Бұқтырма Су Электр Стансасы — Қазақстан энергетикалық жүйелері ішіндегі қуатты су электр стансасы. Бұқтырма Су Электр Стансасы Бұқтырма өзенінің төменгі сағасына 1956 жылы салына бастады. Алғашқы үш агрегаты 1960 жылы, келесі үшеуі 1961 жылы, қалғандары тиісінше 1963, 1964, 1965 жылдары пайдалануға беріліп, 1966 жылы жобалық қуатына (675 мың МВт) жетті. Жылына орта есеппен 2300 млрд. кВт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұқтырма Су Электр Стансасы су торабының құрамына: бірлік қуаты 75 МВт 9 агрегаты бар станса ғимараты, бөгеттің су жіберетін бөлігі, тұйық гравитациялық бөгеті және үш камералы шлюз кіреді. Бөгеттің биіктігі — 90 м, ең жоғарғы су тегеуріні — 67 м, су қысымы түсетін қырының ұзындығы — 380 метр. Бұқтырма Су Электр Стансасы үшін сыйымдылығы 49,8 млрд. текше метр су қоймасы жасалған. Ол жылма-жылғы маусымдық ағысты реттеп отырады, жылдық су ағыны көлемі 18 км3. Мұның өзі Ертіс өзені бойындағы басқа СЭС-тердің (Өскемен және Шүлбі) жұмысын ыңғайлы ұйымдастыруға, қуат беру мүмкіндіктерін толық пайдалануға жағдай туғызады, су деңгейін көтеру арқылы Ертіс өзенінің саяз жерлерінен кемелердің өтуіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан су турбиналарынан бір тәулікте өтетін су көлемінің кемелер жүрісіне қажет мөлшерден кем болмауы көзделіп, станса электр энергиясының жылдық көлемінің жазда 2/3 бөлігін, ал қыс айларында 1/3 бөлігін өндіреді.Бұқтырма Су Электр Стансасының су шаруашылық үшін мәні зор. Стансаның жұмыс режимі Ертіс өзенінің су ресурстарын энергетика, су көлігі, ауыл шаруашылығын суландыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттіліктеріне икемделіп жүргізіледі. Стансадағы негізгі және көмекші жабдықтарды басқару толық автоматтандырылған. 2010 ж. модернизация болды, қуаты 738 МВт. ## Дереккөздер
Бұлғашы, бұлғыншы — орта ғасырлардағы түркі тектес тайпа. Оның “булагачин” (“бұлғын аулаушылар”) деген атауы 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың басында алғаш рет белгілі болды және бұл тайпаның сол кездегі аты емес, кәсібін ғана білдірді. Тайпаны Шыңғыс хан бағындырып және оған осы дәстүрлі шаруашылық міндетін жүктегеннен кейін, сол замандағы әдет бойынша “булгачин” атауының күші жойылды. Ертедегі Бұлғашылардың айналасында тек нағыз түркі тайпалары — барғұт (ежелгі түркіше байырқу), кури (ежелгі түркіше құрықандар), теле (телес) (түркілердің сол қанаты) тұрған; Бұлғашылар Барғожын — Тоқымды (“Баргуджин — Тоқум” аймағын — Байқал көлінің алабын) қоныстанған, ал бұл жерлерде ежелгі заманнан түркі тайпалары, негізінен, құрықандар мен байырқулар тұрған. Мұның бәрі Бұлғашының моңғол тайпасы еместігін дәлелдейді. Рашид әд-Дин (14 ғасыр) “Жами ат-тауарих” атты шығармасының арнаулы тарауында булагачин мен кәрәмучин тайпалары туралы былай деп жазды: “Бұлардың екеуі де сол Барғожын — Тоқым аймағында, қырғыздар елінің қиыр шетінде өмір сүрді дейді. Сондай-ақ, ол Иранда Хулагу әулеті билік жүргізген заманда “бұл тайпалардың әмірлері де, әмір еместері де белгілі және атақты болмағанын” хабарлайды. Бұлғашы Шыңғыс хан әскерімен бірігіп, олардың батысқа жасаған жорығына қатысқан. Темірдің Моғолстанға жорығы туралы деректемелерінде Бұлғашы (түркіше булгаши деген атпен) моңғол тайпаларының бірі ретінде тағы да аталады. Моғолстанның билеушісі Уәйіс хан өлгеннен кейін Бұлғашы бұл елден кетіп, Түркістанға, Әбілхайыр ханның қол астына қоныс аударды. Қазір Бұлғашы ұрпақтары қырғыздар ішінде кездеседі. ## Дереккөздер “Қазақ энцклопедиясы II том”
Бұланты– Ұлытау тауының батысында, Байқоңыр және Қалмаққырған өзендерінің төменгі бөлігінде орналасқан жазық келген сортаң қоныс. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы жерінде. Ұзындығы 60 км, ені 20 км, абсолюттік биіктігі 130 — 150 метр. Жер қыртысын төрттік кезеңнің сазды-құмдақты аллювийлі шөгінділері түзеген. Оның сұр және сортаңдау топырағында баялыш, сарсазан, қарабарақ, бұйырғын, жусан өседі. ## Дереккөздер
Бұлан (туған-өлген жылы белгісіз) — Хазар қағанатының қағаны. Бұлан Кавказ жеріне ішкерілей енген араб әскерлеріне қарсы күрес жүргізді. Бірақ оның бұл әрекеттері сәтсіз аяқталды. 727 ж. араб қолбасшысы Хабиб ибн Маслам Бұланға ойсырата соққы бергеннен кейін Хазар қағанатының астанасы — Беленджер қаласын жаулап алды. Бұлан қағанатты қайта нығайту мақсатында парсы елінен Дағыстан жеріне келіп қоныстанған еврейлерден көмек алуға ұмтылды. Себебі ол иудей дініне ислам дініндегі арабтарға қарсы күресте үлкен идеологиялық құрал ретінде қарады. Сөйтіп 731 жылы Бұлан қағанның өзі және оның қол астындағы Солтүстік Дағыстанды қоныстанған хазарлардың бір тобы иудей дінін қабылдады. Бұлан иудей дініне арнап ғибадатхана салу мақсатында арабтардың қол астындағы Әзірбайжан жеріне жорық жасап, мол олжамен оралды. Бұланның тұсында иудей діні Хазар қағанатында кең тарала қойған жоқ. Бұланның немересі Обадия билік еткен кезде ғана иудей діні мемлекеттік дін ретінде жарияланды. ## Дереккөздер
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — ақын, жазушы. Шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде жазған ## Өмірбаяны Найман тайпасының Бағаналы руының Жылкелді бөлімінен шыққан. * Қарсақпайдағы ФЗО мектебін бітірген (1932-1934). * Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп (1937), көптеген өлең, “Балалық шақ” поэмасын, “Ауылдан Алматыға” атты әңгімесін жазды. * 1939 жылы “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер * “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінде бөлім меңгерушісі болған. * 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады да, Мәскеу әскери училищесінде оқиды. * Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ұрыстарға алғашқы күндерден бастап қатысты. Оның соғыстағы отаншылдық ерлігі ата дәстүрінің жалғасы іспетті. Баубектің әкесі Булкыш А. Иманов басқарған ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысқан. Ата дәстүріне берік азамат, жалынды көсемсөз шебері, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болды. * 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. ## Шығармашылығы * Көптеген өлеңдер жазып, республика баспасөз беттерінде жариялады, оның “Алматы — менің туған қалам” деген бітпей қалған романы * “Айсұлу” деген поэмасы бар. * “Балалық шақ” поэмасы * “Ауылдан Алматыға” атты әңгімесін жазды. * Бұлқышевтың шығармашылық дарыны Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 жылы 1 мамырда “Комсомольская правда” газетінде Бұлқышевтың “Өмір мен өлім туралы” (жас қазақ әскерінің хаты) деген өршіл, отаншыл мақаласы жарық көрді. Соғыс кезінде жазған шығармаларының дені “Комсомольская правда” газетінде жарияланды. * “Я хочу жить” * “Жизнь принадлежит нам” * “Коварство и любовь” * “Письмо сыну Востока” * “Слушай, Кавказ” және басқа мақалаларын көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов қазақ тіліне аударып, республика “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде жариялады. Бұлқышев шығармалары әдеби жинақтарда * “Жизнь солдата”, М., 1946; * “Журналисты в шинелях”, А.-А., 1968; * “Есімізде қанды майдан жорықтары”, А., 1968 басылды, жеке кітап болып жарық көрген. ## Дереккөздер
Буылтық құрттар (лат. Annelida) – омыртқасыз жануарлардың ішіндегі үлкен бір типі. Қазіргі уақытта 9 мыңдай түрі белгілі. Буылтық құрттар 2 тип тармағына бөлінеді: белдеусіздер және белдеулілер. * Белдеусіздердің 1 класы – көпқылтанды құрттар * Белдеулілердің 2 класы – азқылтанды құрттар және сүліктер бар. Буылтық құрттардың денесі ұзын, бірнеше мм-ден 3 м-ге дейін, біркелкі бөлшектелген сегменттерден тұрады. Эпителий қабатының астында сақина тәрізді қиғаш бұлшық еттері орналасқан, солардың жиырылуы нәтижесінде құрттар қозғалады. Буылтық құрттарда екі жақты симметриялы, сегменттелген, ішкі сұйыққа толы өзіндік қабатының болуымен ерекшеленетін целом қуысы болады. Буылтық құрттардың жүйке жүйесі жақсы дамыған, ол жұтқыншақ үсті ганглиядан және ұзынынан орналасқан құрсақ жүйке талшықтары тізбегінен тұрады. Қан айналу жүйесі көпшілігінде тұйық біткен, ол арқа қан тамырынан (қан арттан алға қарай ағады) және құрсақ қан тамырынан (қан алдан артқа қарай ағады) құралады. Терісімен, ал кейбір түрлері желбезек арқылы тыныс алады. Ас қорыту жүйесі алдыңғы, орта және аналь саңылауымен аяқталатын артқы ішектен құралады. Зәр шығару жүйесі – метанефридиялы (әрбір сегментінде орналасқан қос түтікшелер арқылы зәр шығару), кейбір түрлерінде протонефридиялы (қарапайым немесе тармақталған каналдар арқылы зәр шығару). Буылтық құрттардың көпшілігі – гермафродитті, ішінде дара жыныстылары да бар. Төм. сатыдағы өкілдерінің дамуы метаморфоз арқылы жүреді. Олардың дернәсілін – трохофера деп атайды. Буылтық құрттар теңізде, тұщы суда, топырақ арасында тіршілік етеді. Олар Қазақстанның барлық аудандарында кездеседі. Паразиттік тіршілік ететіндері де бар. Көптеген түрлерімен балықтар қоректенеді. Буылтық құрттарға жататын Жауын құрты топырақты құнарландырады, ал сүлік медицинада қолданылады. ## Буылтық құрттар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері Буылтық құрттардың бұған дейінгі жәндіктерден негізгі ерекшелігі - дене қуысының екінші рет қайталануы. Сондай-ақ оларда тұңғыш рет тұйық қанайналым жүйесі пайда болған. Қажетсіз заттарды бөлетін әр буылтықта зәршығару мүшелері бар. Соңғы қуыс - целом (гр. цейлома - қуыс, ) деп аталады. Целом дегеніміз - көпжасушалы жәндік және жануарлар денесінің ішкі қабырғасы мен ішкі мүшелер арасындағы кеңістік. Бұл қуыс аралық қабаттан пайда болған. Қуысқа толған сұйықтықты дене қабырғасын құрайтын бұлшықеттер - мезодерма қоршап тұрады. Жәндіктер бұлшықеттердің көмегімен қозғалып жүреді. Ал ішек қабырғасындағы бұлшықеттер алма-кезек жиырылып, ішек ішіндегі асты орнынан жылжытпалы. Құрттар денесіндегі соңғы қуыстың қызметі: * қозғалыс кезінде тірек болып, сұйықтық күйдегі қаңқа қызметін атқарады; * ішектің және дене қабырғасының өз алдына жеке жұмыс атқаруына мүмкіндік жасайды; * ішкі мүшелердің және дененің мөлшері жағынан едәуір ұлғаюына көмектеседі; * қуыс ішіндегі сұйықтықтың көмегімен құнарлы заттарды, зат алмасудың соңғы өнімдері мен газды тасымалдайды; * зат алмасудың соңғы өнімдері мен сұйықтықтың артық мөлшері жинақталатын орын бола алады; * ағзадағы қысымды реттеуге қатысады. Дененің біркелкі буылтықтарға бөлінуі - буылтық құрттардың сыртқы құрылысындағы ерекшелік. Сақина тәрізді бұл бунақтар жәндіктің сыртында ғана емес, ішкі жағында да айқын көрінеді. Ішкі бунақтарда жәндіктің көптеген ішкі мүшелері қайталанады. Буылтық құрттарда қантарату жүйесі жақсы дамыған. Олардың көпшілігінде қанның түсі қызыл болады. Қан жәндіктің дене қуысына құйылмай, қан тамырлары арқылы ағатындықтан, қантарату жүйесі - тұйық жуйе. Қантарату жүйесі арқа және құрсақ қан тамырларынан құралады. Қанның ағуын арқажәне құрсақ қантамырларын сақина тәрізденіп жалғастыратын «жүрекше» реттейді. Қан дененің артқы бөлігінен арқа қантамыры арқылы - алға жылжиды. Сөйтіп құрсақ қантамыры арқылы кері бағытта қозғалады. Қаны түссіз немесе жасыл түсті буылтық құрттар да бар. Буылтық құрттардың имек түтікше тәрізді зәршығару мүшелері эктодермадан түзіледі. Олар буылтықтардың әрқайсысында екі-екіден орналасады. Имек түтіктер тек соңғы буылтықтарда болмайды. Буылтық құрттардың жабыны өте жұқа бір қабатты эпителийден тұрады. Эпителийден серпімді сірқабық бөлініп шығады. Жабында шырыш бөлетін біржасушалы бездер өте көп орналасады. Теңізде тіршілік ететін құрттар онымен ұяшық қазады. Ал топырақта тіршілік ететіндері топырақтағы қозғалысы жеңілдетуге пайдаланады. Бездерден бөлінген шырыш заттарды желімдестіріп, үйкелісті кемітеді. Құрт жабынының астында - сақиналы бұлшықет, ал оның астында бірыңғай салалы бұлшықет жатады. Сақиналы бұлшықет жиырылғанда құрт денесі ұзарады. Бірыңғай салалы бұлшықет жиырылғанда — қысқарады. Соның нәтижесінде құрт бір орыннан екінші орынға қозғалады. Буылтық құрттардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы бірімен-бірі жалғасқан екі жұп жүйке түйінінен және қатарласа созылған құрсақ жүйке тізбегінен тұрады. Үстіңгі екі түйін — жұтқыншақ үсті жүйке түйіні. Ал астыңғы екеуі жұтқыншақ асты жүйке түйіні деп аталады. Жүйке түйіндері жұтқыншақ маңында бірімен-бірі сақина тәрізденіп жалғасады. Құрсақ жүйке тізбекшесі жұтқыншақасты жүйке түйінінен созылып, буылтықтардың әрқайсысында жүйке түйінін түзеді. Жүйкелер әр буылтықтағы жүйке түйіндерінен денеге және мүшелерге тармақталып таралады. Құрттың бас бөлігінде орналасқандықтан, жұтқыншақ үсті жүйке түйіні кейде «ми» деп те аталады. Құрттардың тіршілік ететін ортасына байланысты сезім мүшелері әр түрлі деңгейде дамиды. Өте сезімтал болғанымен де топырақта тіршілік ететін шұбалшаңның көзі де, қармалауыштары да жоқ. Құрттың жарық сезгіш жасушалары бүкіл денесінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан денеге жанасқан затты, жарықтың өзгеруін оңай сезінеді. Су түбінде өмір сүретін және суда еркін жүзетін көпқылтанды құрттарда жақсы жетілген көздері және қармалауыштары болады. Буылтық құрттарға тән ерекшеліктердің бірі - айрықша қозғалыс мүшелерінің болуы. Мұндай мүшелер құрт денесіндегі буылтықтардың әрқайсысының екі қапталын бойлай орналасады. Оны параподия (гр. пара+подион- жуық + кішкене аяқ, яғни аяққа ұқсас) дейді. Денеден бұлтиып шыққан, бір буда қылтанақтары бар кішкене өскіндер көпқылтанақтылардың жүруге арналған мүшесі болып табылады. Бұл құрттардың барлығында бола бермейді. Дегенмен алғашқы буылтық құрттарда және көпқылтанақты құрттарда жақсы дамыған. Азқылтанақты құрттарда тек қылтанақтары ғана сақталып қалған. Буылтық құрттар параподияларының көмегімен бір жерден екінші жерге еркін қозғалып бара алады. Буылтық құрттардың дене құрылымы төмен құрылысты жәндіктерден күрделі екенін байқадық. Бұларда бас, тұлға және дене соңында аналь тесігі бар. Тұлға буылтықтардан құралады. Бұлар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Азқылтанақты буылтық құрттар — қосжынысты (гермафродит). Теңізде мекендейтін нереида, құмқазар сияқты көпқылтанақты буылтықтар дара жынысты болып келеді. Бұлардың денесінде қылтанақтар көп болғандықтан, көпқылтанақты буылтық құрттар деп аталады. Жыныссыз жолмен көбейгенде бүршіктену немесе бөліну арқылы тікелей дамиды. Жынысты жолмен дамығанда түрлент, ұрықтан дернәсіл пайда болады. Мұндайда ұрықтану аналық денесінен тысқары - суда өтеді. Денесінде кірпікшелері бар дернәсіл пайда болады. Ол трохофора деп аталады. Трохофора (гр. трохос+форос- доңғалақ + алып жүру, яғни доңғалағы немесе доңғалақтары бар дернәсіл) біраз уақыт судың үстіңгі қабатында өмір сүріп, кейінірек су түбіне шөгеді. Сөйтіп біртіндеп ересек көпқылтанақты буылтық құртқа айналады. Азқылтанақты және көпқылтанақты буылтық құрттар дененің жойылған бөлігін тез қалпына келтіре алады. Оларда регенерация құбылысы едәуір жақсы байқалады. Сүлік - буылтық құрттар типіне жататын арнайы кластың өкілі. Сүліктердің құрылысы мен тіршілік әрекеті ерекше назар аударады. Сүліктердің бас бөлігі нашар ажыратылады. Олардың денесінде буылтықтары болады. Бірақ буылтықтар саны ішкі бунақтарға сай келмейді. Қылтанақтары да жоқ. Сүліктер - қосжынысты (гермафродит) жәндіктер. Жұмыртқасын пілләге салады. Тура дамиды - ұрықтанған жұмыртқалардан жас сүліктер өрбиді. Сүліктер - паразиттік жолмен де, жыртқыштықпен де тіршілік ететін жәндіктер. Олардың негізгі қорегі - әр түрлі су жәндіктері: ұлулар, бунақденелілердің дернәсілдері. Сондай-ақ өзге сүліктер, итшабақ және балық шабақтары, омыртқалы жануарлардың қанымен де қоректенеді. Сүліктер суда тіршілік етеді. Сүлік денесінің алдыңғы және соңғы ұштарында сорғыштары болады. Алдыңғы сорғышындағы аузының айналасын ұшы тіс тәрізді өте үшкір 3 өсінді қоршай тұрады. Жануарлардың немесе адамның денесіне сорғышымен жабысып, үшкір өсінділерін қалайды да терісін теседі, сүлік өсінділері қадалған жерінен аққан қанды сорады.Қан соратын сүліктің жұтқыншағына арнаулы бездерден «гирудин» (лат. гирудо - сүлік, гирудин - сүліктен бөлінетін зат) деп аталатын ерекше зат бөлініп шығады. Бұл зат қанды сұйылтады, сондықтан жара аузындағы қан ұйымайды. Халықтық медицинада гирудиннің осы қасиеті пайдаланылады. Сүлікке вена бітелгенде, жүрек бұлшықеттері жансызданғанда, миға қан құйылғанда, емдік мақсатта пайдаланып, адамның қанын сорғызады.Көпқылтанақты буылтық құрттардың басым бөлігі суда тіршілік ететіндіктен, теңізде маңызды рөл атқарады. Олар балдырлармен, ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Ал өздері суда мекендейтін балықтарға, шаянтәріздестерге және басқа да теңіздегі мақұлықтарға жем болады. Азқылтанақты буылтық құрттар, әсіресе топырақта, сондай-ақ тұщы суларда мекендейді. Топырақта тіршілік ететін шұбалшаңдардың маңызы ерекше. Олар топырақтан терең ің қазып, топырақты ауамен, ылғалмен байытады. Бұл әрекет топырақтағы микробтардың белсенділігін арттыруға көмектеседі. Өсімдіктер тамырының топыраққа тереңірек бойлай, бекінуіне жәрдемін тигізеді. Шұбалшаңдар - нағыз топырақ қопсытқыш жәндіктер. Сондай-ақ шұбалшаңдар - үй құстары мен балықтардың жемі. Суда тіршілік ететін азқылтанақты буылтық құрттардың да пайдасы зор. Олар су түбіндегі тұнбаны ішегі арқылы өте көп мөлшерде өткізеді. Сөйтіп су-қойма түбіндегі топырақ қабатына ықпалын тигізеді. Сонымен бірге азқылтанақты құрттар өсімдік шірінділерімен қоректенеді. Демек олар суқоймаларын өсімдіктердің шірінді қалдықтарынан тазартуда да маңызды рөл атқарады.Денесі біркелкі сақина тәрізді буылтыққа бөлінген шұбалаң тұрықты көпжасушалы жәндіктер буылтық құрттар типіне жатады. Олардың денесі үш қабаттан тұрады. Денесінің ішкі қабырғасы мен ішкі мүшелер арасындағы кеңістік соңғы қуыс - целом деп аталады. Екіжақты симметриялы. Соңғы қуыс әр сақиналы буылтықтарда қайталанады. Сақиналы буылтықтар перде арқылы бөлінгенімен, ауыз және аналь тесігі бар ішек бүкіл денені бойлай созылады. Жүйке жүйесінің құрсақтық бағанасы және ең алғашқы тұйық қанайналым жүйесі де бар. Дененің екі қапталындағы әрбір буылтықта будаланған қылтанақта өскіндер - параподиялар орналасқан. Ол құрттың қозғалып жүру мүшесінің қызметін атқарады. Ал сүліктердің денесінде мұндай қылтанақтар болмайды. Буылтық құрттар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді.Қосжыныстылары (гермафродит) да бар. ## Дереккөздер
Бухгольц Экспедициясы(1714 — 20), Солтүстік-шығыс Қазақстанның Ертіс өзені бойына Ресейдің әскери бекіністерін салу үшін ұйымдастырылған. Қазақ даласын отарлау мақсатында 1714 жылы 22 мамырда Петр І Шығысқа лейб-гвардия подполк. И.Д. Бухгольц басқарған арнаулы әскери экспедицияны аттандыру туралы жарлыққа қол қойды. Қарулы экспедицияның жасақталуына Батыс Сібірдің бірінші генерал-губернаторы князь М.П. Гагариннің “осы өлкеде құм-алтын шашылып жатыр” деген лақабы да түрткі болды. 70 зеңбірекпен жарақталған 3 мыңға жуық солдаты бар жасақ Тобыл қаласынан шығып, 1716 жылы Ертіс жағасында Омбы, Ямышев, 1717 жылы Железинск, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Коряков (Павлодар), Өскемен бекіністерін салды. Соңынан Үлбі, Верблюжский, Чернорецский, Осморожский, Семиярский, т.б. форпост-қамалдар орнатты. Жоңғарлармен арпалысып жатқан қазақтар Ресейдің бұл басқыншылық әрекеттеріне қарсылық көрсете алмады. Аталмыш бекіністер кейін Ресейдің Сарыарқаны, Ертіс бойы мен Алтайды түгел басып алуына қолайлы жағдай туғызған Есіл, Кузнецк, Сібір, қазақтар “Қасірет белдеуі” деп атаған “Ащылыөзек”, т.б. әскери шептердің құрылуына мүмкіндік берді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Бұратаналарды басқару туралы жарғы– Ресей империясының Сібір өлкесінің байырғы халықтарын басқару жөніндегі заң актісі. 1822 жылы 22 шілдеде қабылданған. Жарғының жобасын М.М. Сперанский жасаған. Ресей империясының отаршылдық саясатын көздеген бұл құжат Сібірдің орыстан басқа халықтарын “бұратана” деп кемсітіп, оларды кезбелер, көшпелілер және отырықшылар деп 3 топқа жіктеді. Жарғы бойынша кезбе халықтар (орочтар, алеуттер, т.б.) арасында қалыптасқан рулық және тайпалық қарым-қатынас сақталып, отырықшы халықтарға (татарлар, т.б.) орыс мемлекетіндегі шаруаларды басқару жүйесі қолданылды, ал көшпелі “бұратаналарды” (буряттар, сахалар, вогулдар, т.б.) билеп-төстеу үшін рулық басқармалар (әрбір ру не ұлыстың елді мекенінде ең кемі 15 үй болса), бұратаналар басқармалары (оған бірнеше ұлыстың не бір рудың бірнеше елді мекені кірген) құрылды. Жарғы Ресей патшалығының шапқыншылығына ұшырап, бодандығына кірген Сібірдің байырғы халықтарын отарлық қанаудың құралына айналды. ## Дереккөздер
Бұрыштістілер (Hynobiidae) — құйрықтылар отрядына жататын қосмекенділер. Қазақстанда 2 түрі cібір бұрыштістілері, жетісу аяқтыбалығы бар. Қазақстанның солтүстік облыстарының қайыңды, орманды дала аймағында кездеседі. Денесінің ұзындығы 60 — 75 см, құйрығының ұзындығы 4 — 5 см. Құйрығы екі бүйірінен қысыңқы келеді. Бүйірі мен қарнында 12 — 15 көлденең сызықтары бар. Терісі жалаң, аяғы қысқа, 4 тармақты. Түсі қоңыр, тек арқа жағы сары жылтыр болады. Көбею кезінен басқа уақытта ересектері тіршілігін құрғақ жерде өткізеді. Күндіз құлаған ағаш, шіріген түбір астында, ағаш қуысында жасырынып жатады. Көбіне жемін аулауға кешкілік, түнде шығады, құрттармен, моллюскілермен, жәндіктермен қоректенеді. Бұрыштістілер ағаш түбінде жеке, кейде топтанып бір жерде қыстайды. Көктем шығысымен бұрыштістілер тайыз көлдерге уылдырық шашады, 3 — 4 жетіден кейін уылдырықтан кішкентай дернәсілдер шығады. Бұрыштістілер жыныстық жағынан 3 жасында жетіледі. Бұрыштістілердің жаулары — қарғалар. Сондай-ақ, қар аз түскен жылдары жер қатып қалып, олардың көпшілігі өледі, көл таязданған кезде бұрыштістілердің уылдырақтары дамымай қалады. ## Дереккөздер
Бүйен — ащы ішек пен тоқ ішектің тоғысатын тұсындағы тұйық, жуан ішектен арнайы жасалатын ыдыс, кейде “түп бүйен” деп те атайды. Оны жасау үшін жаңа сойылған қойдың не ешкінің бүйенін айналдырып тазалаған соң, тұзды судың қанық ерітіндісіне бір тәулік батырып қойып, иіс-қонысы кеткен соң алады да, үрлеп, көлеңкеге кептіріп, тобарсыған кезде сары май сіңіріп жұмсартып, ішіне ағаш қасықпен сары май, жент, майға араластырған талқан толтырып, аузын жіппен байлап, адалбақанға асып қояды. Бүйенде сақталған мұндай тағамдар ұзақ уақытқа дейін бұзылмайды әрі ерекше дәмді болады. Қажет кезінде жібін шешіп, сығып ала беруге болады. Жорыққа аттанған ежелгі қазақ жауынгерлерінің, ұзақ жолға шыққан жолаушылардың, отбасына келген қонақтардың сүйсініп жейтін, дастарқан сәнін келтіретін ұлттық тағамдардың бірегей дәмдісі, осы бүйенге салынған тағамдар болған. ## Дереккөздер
Бұлқыншақ – сойған жылқының сан терісін істелетін ыдыс. Ыдыс жолаушыға арналады. Қанжығаға байланса да, иыққа салып жүрсе де үнемі қозғалып, ішіндегі қымыз шайқатылып жүретін болғандықтан, бұлқыншақ аталған. Бұлқыншақты Таулы Алтай өлкесіндегі Қосағаш қазақтары әлі де пайдаланады. ## Жасалу жолдары Оны жасау үшін жылқының сан терісін шашасына дейін бітеу сойып алады да саба әзірлегендей жолдардан өткізеді. Сан жағына сопақшалау етіп тері тігеді, ол пайдаланғанда астынғы жағына келеді. Аузына ағаштан, тоздан тығын жасайды да, ішіне күл толтырып, тығындап, көлеңкеге кептіреді. Әбден кепкен тері қатайып көнге айналады. Содан соң күлін төгіп тастап, ыдысты ыстайды. Әрі қарай шаймен жуып, ішіне бірнеше күн ашыған айран құйып қояды. Оны «шикі дәмін алу» деп атайды. Одан кейін пештің ысын (күйесін) жинап алып, оны суға шылап, теріні біраз уақыт соған салып қояды. Оны «құрымдау» дейді. Содан соң ыдыстың ішіне қайнаған сұйық май құйып шайқап алып, әрі қарай пайдалана беруге болады. Бұлқыншақты керегенің басына бауынан іліп қояды. Салт атпен жүргенде ердің алдыңғы қасына іледі немесе қанжығаға байлайды. Жаяу адам иығына асып жүреді. Бұл ыдыс малшы қауымның ыстық күндерде айран, шалап, қойыртпақ құюына мейлінше қолайлы. ## Дереккөздер “Қазақ энцклопедиясы II том”
Бүреке, Бұрыш Оғлан, Берке (т.ж.б. — 1472) — сұлтан, Қазақстанның 15 ғ-дағы тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Ата тегі: Жошы — Шайбан — Баһадүр — Жошы Бұқа — Бәдіғұл — Мың Темір — Болат — Араб шаһ — Тоғлықожа — Темір Шейх — Жәдігер — Б. 1728 — 68 ж. жазған деректерінде Мұхаммед Хайдар Дулати Бүрекені Әбілхайыр ханның үлкен ұлдарының немесе немерелерінің бірі дейді. Хандар шежіресінде Әбілхайыр ханның 11 ұлының және олардан тараған ұрпақтардың арасында Бүреке есімі кездеспейді. Әбілғазының, Махмұд ибн Уәлидің және авторы беймәлім “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” аталатын тарихи еңбектің мәліметтері бойынша, Бүреке — Жәдігер (Иадгар) ханның 4 ұлының үлкені. Бүреке сұлтан Әбілхайыр хан тұсында “көшпелі өзбектер” мемлекетінің әскери қолбасшыларының бірі болған. Бүрекенің 1453 — 54 ж. Мауераннахрға аттанып, Әбу Сайид мырзаның орнына Ұлықбектің немересі Мұхаммед Жөкі мырзаны отырғызбақ болған ниеті жүзеге аспай қалады. Ол 15 ғ-дың 50-жылдарындағы Ноғай мырзалары арасындағы күресте Мұса биді қолдап, Қожас биді өлтіреді. Әкесі Жәдігерді хан көтеріп, Мұсаны би етеді. 1469 ж. Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін, “көшпелі өзбектер” мемлекетін талқандауға араласады. Бүреке сұлтанның өлімі жайында мәліметтер әр түрлі. “Тарих-и Рашидиде” ол Сыр бойындағы Қаратоғай деген жерде Моғол әулетінің ханы Жүністің қолынан қаза тапты десе, Әбілғазының дерегінде Бүрекені Сырдың төменгі ағысы бойындағы қыстауында жатқан жерінде Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани хан өлтірді деп көрсетіледі. ## Дереккөздер
Былқылдақ – лирикалық би. Тәттімбеттің “Былқылдақ” күйінің желісіне (Е.Г. Брусиловскийдің өңдеуімен) қойылған. ## Би ерекшелігі Жылдам екпінді. Музыкалық өлшемі 2/4 және 3/4. Былқылдақ биі билеушінің қол қимылдарының пластикасына құрылған өрнекті би. ## Тарихы Бидің алғашқы нұсқасын (1934; “Қыз Жібек” музыкалы драмасында) балетмейстер А.А. Александров қойған. Алғаш рет 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде халық артықшылығы Шара Жиенқұлова орындады. Бір (1954), екі (1956) және төрт (1984) бишіге арналған нұсқаларын балетмейстер Д. Әбіров жасады. 1965 жылы бұл бидің 3-нұсқасын Жиенқұлова қойды. “Былқылдақ” биін қазақ бишілері (Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Ф. Жолымбетова, А. Мәжікеева) шет елдерде (Венгрия, Моңғолия, Польша, Канада) орындады. ## Дереккөздер
Білге Құтылық, Елтеріс (шамамен 650 — 691) — Екінші Шығыс Түрік қағанатының алғашқы қағаны. Өз есімі —Құтылық, Елтеріс Білге — лауазымы. 682 — 687 ж. шығыс түркілер Қытайға қарсы азаттық күрестің нәтижесінде өз мемлекеттерін қайта құрады. Күлтегін жазбасы бойынша, Білге Құтылық “Тудун” лауазымында қытайларға, оғыздарға, хуригандарға, қырғыздарға, хятандар мен татабилерге қарсы 47 жорық жасап, ірі-ірі 20 шайқаста түркілер қолын бастап жеңіске жеткен. Білге Құтылықтың әкесі де Ашина тайпасын бастап жорыққа қатысқан. Білге Құтылық 687 ж. Орхон өз. бойында қаған болып сайланып, “Елтеріс Білге қаған” (“Елінің басын қосқан білгір данышпан”) деген лауазымға ие болады. Білге Құтылық ел ордасын ежелгі Өтүкенге (Отгон тэнгэр) тігеді. Білге Құтылық тұсында Шығыс Түркі қағанаты территориясы Алтайдан Шығыс Моңғол құмына (Инь Шань жотасы) дейін созылды. Білге Құтылық қайтыс болған соң, таққа інісі Қапаған (693 — 716) отырды. Білге қаған ескерткішінде түркі халқын біріктіріп, іргелі ел еткен Білге Құтылық жайында құнды деректер берілген. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, 5-том
Былқылдақ ескерткіштері— қола дәуірінде Орталық Қазақстанды қоныстанған тайпалардан қалған ескерткіштер кешені. Қарағанды облысы Шет ауданы Қызылтау ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 7 км жердегі Талды, Нұра өзендері бастауында, Қарашоқы тауының етегінде. 1951, 1955 ж. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә. Марғұлан) зерттеген. Былқылдақ кешенінің үш тобы да Андрон мәдениетінің әр түрлі кезеңдеріне жатады. Бірінші топта 70-тен аса, екіншісінде 60, алғашқысы деп есептелетін үшінші топта 70 қоршау-қабір, оларға ғибадат орнын, сынтастарды, т.б. қосқанда барлығы 200-ге жуық ескерткіш бар. 20 қоршау зерттелген. Барлығы қола дәуірінің екінші Атасу кезеңіне жатады. Қоршаулар дөңгелек, шеңбер, төртбұрыш, шаршы пішімде. Іргелері қырынан ойылған үлкен қақпа тастардан тұрғызылған, биіктігі 15 — 80 см. Қоршаудың ішіндегі қабір-жәшіктердің саны төртеуден онға дейін жетеді, негізінен төртбұрышты, трапеция пішінде, ұзындығы 1,5 — 2,5 м, ені 0,8 — 1 м, тереңдігі 0,6 — 1 м. Мәйітті сол кездегі дәстүр бойынша, сол жақ қырынан, екі тізесін бауырына бүгіп, басын батысқа не оңтүстік-батысқа қаратып жерлеген. Бас жағынан 1 — 4 қыш ыдыс, маңайынан қой, жылқы сүйектері алынды. 7-қоршаудағы мәйіттің бел тұсынан қызғылт бояумен боялған, ұзақ уақыт пайдаланғандықтан жұқарып, қажалған жауырын табылды. Бұл ертедегі сәуегей-жауырыншының мәйіті болса керек. Әйелдерді тас, сүйек, қола моншағымен, қола білезігімен, алтын сырғасымен жерлеген. Әшекейлерден басқа қоладан жасалған қару-жарақ, әр түрлі өрнекті қыш ыдыстар, мыс, қола моншақтар, жапсырмалар, ине, біз екі жүзді қанжар-пышақ, алтын салпыншақтар, жыртқыштардың азу тістерінен жасалған алқа, т.б. көп алынды. Заттай деректер қола дәуірі тұрғындарының тұрмысының, әдет-ғұрпы дамуының қарапайым кезінен күрделі дәрежеге жеткенге дейінгі кезеңдерінен мол мағлұмат береді. ## Дереккөздер
Назым Біләл(1825, Қытай, Құлжа қаласы — 1900, сонда) — ақын, ұйғыр әдебиеті классиктерінің бірі. Құлжадағы Байтулла медресесінде оқыған. Шығыс халықтарының тарихы мен әдебиетін жетік білген. Біләлге Ә. Фирдоуси, Ә.Жәми, Ә. Науаи шығармаларының әсері айрықша болған. Біләлдің ақындығы 19 ғ-дың 40-жылдары басталған. Алайда бізге оның 26 — 27 жастан кейінгі жазған өлеңдері ғана белгілі. 1952 ж. “Ғазалият” атты өлеңдер жинағын аяқтап, халық арасына өз қолымен көшіріп таратқан. Біләл поэзиясының негізі — лирикалық шығармалары. Ақын өз шығармаларында қоғамдағы еркіндік пен адамның бас бостандығын насихаттады. Ол әділеттілік пен гуманистік идеяларды ту етіп, ұйғыр поэзиясының мазмұнын кеңейтті. 1864 — 67 ж. Шығыс Түркістанда ұйғыр, қазақ, дұңған халықтарының манжұр-қытай отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы өрістеді. Садыр Палуан, молда Шәкір, Саидмұхамед Қаши тәрізді ақындармен бірге Біләл де осы көтеріліске белсене араласты. “Қытай мемлекетіндегі қозғалыс” атты тарихи дастан жазды (1876). Белгілі шығыстанушы Н. Пантусов оны 1880 ж. Қазанда бастырып шығарды. Біләл ұйғыр халқы арасына кеңінен тараған ауыз әдебиеті туындыларының сюжетіне сүйене отырып та бірнеше шығармалар жазған. Солардың ішіндегі кең танылғандары — “Алдамшы Юсупхан” сатиралық поэмасы мен “Назгүм” повесі. Бұл екі шығарманы да Пантусов 1909 ж. Қазанда орыс тіліне аударып бастырған. “Алдамшы Юсупхан” поэмасында Қоқаннан келген, қожамын деп жұртты алдап, сан түрлі қулық-сұмдық әрекеттер жасаған алаяқтың бейнесін әшкерелесе, ал “Назгүм” повесінде қытай отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан ұйғыр халқының батыр қызы Назгүмнің қаїармандық образы сомдалған. Біләл өз халқын үлкен жүрекпен сүйе біліп, оның азаттығы үшін қалам қуатымен де, қолына қару алып, білек қайратымен де күреске түскен биік рухты азамат әрі ұйғыр әдебиетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан реалист ақын болды. ## Дереккөздер
Назарбай Қыдырұлы Білиев (15.9.1935 жылы туған, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылы) — ғалым, физик-математика ғылымдарының докторы (1980), профессор (1985), Қазақстан ҒА-ның коррпоратив мүшесі (1989). ҚазМУ-ді (1957), КСРО ғылым академиясының Математика институтының аспирантурасын (1963) бітірген. 1957—60 ж. Гурьев (қазіргі Атырау) педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы болды. 1963 — 65 ж. Қазақстан ғылым академиясының Математика және механика секторында жұмыс істеді. 1965 — 88 ж. Қазақстан ғылым академиясының Математика және механика институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болды. 1988 жылдан Теориялық және қолданбалы математика институтының директоры, сонымен қатар 1999 жылдан ҚР ғылым академиясының Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы. Негізгі ғылыми еңбектері функция және функционалдық теория тәсілдерін дербес туындылы дифференциалдық теңдеулерге қолдану саласына, комплекс айнымалы функциялар теориясына арналған. Ол Никольский — Бесов кеңістігіндегі жалпыланған аналитикалық функциялар теориясын одан әрі дамытып, оның анализде, геометрияда және механикада қолдану аясын кеңейтті. ## Шығармалары 1. "Обобщенные аналитические функции в дробных пространствах", Алматы, 1985; ## Сілтемелер 1. «функциялар теориясының білгірі» Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер
"Білім арнасы"— әдеби, саяси-әлеуметтік журнал. 1946 — 47 ж. Құлжа қаласында (Қытай) ай сайын қазақ тілінде шығып тұрған. “Білім арнасы” Шыңжаңдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік өмірінің келелі мәселелерін қозғап, ұлттық мәдениет пен әдебиетті өркендету, білім беру ісіне көп көңіл бөлді. 1948 ж. “Одақ” журналының шығуына байланысты жабылды. ## Дереккөздер
Білтелі мылтық – білтемен от алатын мылтық атауы. Білтелі мылтық оқпан түбіндегі түтікшеге тамызық-дәрі салып, білтені шақпақпен тұтатып от алдыру жолымен атылады. Білтелі мылтық атауы арабтың “фатила” деген сөзіне байланысты шыққан. Мұндай мылтықтар ең алғаш шығыс елдері мен арабтарда пайда болды. 15 ғ-дың соңы 16 ғ-дың басында мылтыққа білте қыстыратын түтікше орнына серіппелі құлақша және оны қозғалысқа келтіретін шүріппе қондырылады. Бұл от беру процесін біршама жеңілдетті. Шүріппелі мылтықтар әуелде Испанияда, содан соң Германия, Франция, Ресейде пайда болды. Мұны еуропалықтар мушкет деп атады. Оны бастапқы кезде мушкетерлер ғана қолданды. Ату сәтінде қатты тебетін болғандықтан, олар иықтарына былғарыдан мият (жастықша) байлап алатын болды. Бұлардың калибрі 20 мм шамасында, салмағы 8 — 10 кг болатын. Кезінде қазақтар арасына кең таралған бұл ауыр, ескі мылтық түрі туралы М.П. Вяткин былай дейді: “Қазақтар білтелі мылтық ұстаған. Мұндай мылтықты аттан түсіп, оның сирағын жерге тіреп барып атқан. Бұған сирақты көбінесе киіктің мүйізінен істеген”. Шындығында, қазақтар да Білтелі мылтықты жетілдіріп, атқан кезде тіреп қоятын жиналмалы ағаш сирақ қондырды. Жерге нық тұру және берік болу үшін оларды мүйізден не темірден жасады. Білтелі мылтықты қолдануға қажетті оқшантай, дәрі салынатын құты — дәндәку, шақпақ, т.б. кісе белдікке ілінеді. Білтелі мылтық 17 ғ-дың соңынан бастап алдымен Францияда, сонан соң өзге елдерде бірте-бірте қолданыстан шыға бастады. Қазақ жауынгерлері Білтелі мылтықты 19 ғ-дың аяғына дейін пайдаланып, ұсталар оны одан әрі жетілдірді. Білте орнына мыс оталғыш (пистон) қыстырып, қарауыл темір орнатты. Жауынгер бабаларынан қалған Білтелі мылтықтарды кейбір ұрпақтары 20 ғ-дың 60-жылдарына дейін сақтап, кейін музейлерге табыс еткен. ## Дереккөздер
"Бірлік туы (بىرلىك تۋى)"– алғашқы қазақ басылымдарының бірі. 1917 ж. 24 маусымнан 1918 ж. сәуір айының ортасына дейін Ташкент қаласында аптасында 1 рет шығып тұрған. Негізін қалаушы әрі алғашқы редакторы — Мұстафа Шоқай. Газетті шығару ісіне Қ. Болғанбаев пен С. Қожанов тікелей атсалысты. Газет 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сондай-ақ, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық жолындағы күрестің жаршысы болды. Газет қазақтардан басқа, қырғыз, өзбек, татар, т.б. түркі халықтарының арасына кеңінен тарады. 1917 ж. тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезі баспасөз туралы мәселе бойынша “жаңадан шыға бастаған “Бірлік туы” барша қазақ-қырғызға ортақ болсын” деген қаулы қабылдаған. “Бірлік туы” Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне қолдау көрсетіп, бұл жөнінде “Түркістан автономиясы”, “Бостандық һәм автономия”, “Қоқан шаһарында болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары”, “Сырдария қазақ-қырғыз съезі” деген мақалалар жариялады. “Бірлік туы” кеңестік биліктің Түркістан өлкесінде орнығуына наразылық танытып, оның таптық негізді басшылыққа алған саясатын сынайтын “Кім дос, кім қас?”, “Өзіміздің большевиксінгендерге”, “Қазақ халқының дұшпандары”, “Тұла бойы қан сасиды”, “Қоқан қырғыны”, “Мұстафа хаты”, т.б. мақалалар жариялаған. Газет кеңес өкіметі тарапынан қысымшылық көріп, жабылды. ## Дереккөздер
Біртұтас мемлекет, унитарлық мемлекет — мемлекеттік немесе ұлттық-мемлекеттік құрылыстың бір түрі. Оның территориясы әкімшілік-аумақтық бөліктерге (аймақтарға, облыстарға, округтерге, аудандарға, департаменттерге және т.б.) бөлінеді. Федерация пішімінен айырмашылығы: бір конституциясы, бір жоғары өкілеттік органы, бір үкіметі, т.б. болады, бұл оның бүкіл ел территориясына орталық билік ықпалын күшейту үшін қолайлы ұйымдық-құқықтық алғышарттар жасайды. Территориясы федеративтік бірліктерге бөлінбейтін мемлекеттік құрылыстың тұрі. Біртұтас мемлекеттің құрамында жекелеген, тіпті дербес мемлекет атрибуттарын иеленетін (мысалы, біртұтас Украинадағы Қырым Республикасы) автономды ұлттық — мемлекеттік құрылымдар болуы мүмкін. Әкімшілік территория бірлік статусын иеленуші біртұтас мемлекеттің құрамдас бөліктері орталық органдар қабылдайтын заңдардың негізінде басқарылады, олардың жер аумағы жергілікті органдар мен тұрғындардың келісімінсіз жалпы мемлекет заңның күшімен өзгертілуі мүмкін. Біртұтас мемлекеттің орталықсыздандырылған және орталықтандырылған түрлері болады. Оның біріншісіне аймақтық басқару органдары орталық билік органдарына тәуелсіз түрде құрылатын әрі олардың арасындағы заңи қарым-қатынастар орталыққа бағыныштылық принципінсіз жүзеге асатын мемлекеттер (мысалы, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Жапония, Испания, Италия) жатады. Ал екіншісіне аймақтық органдардың орталыққа бағыныштылығы орталық тағайындайтын лауазымды басшылар арқылы жүзеге асатын Біртұтас мемлекеттер (мысалы, Нидерланд, Қазақстан, Өзбекстан) жатады. Қазақстан республикасының Конституциясында “Қазақстан Республикасы — президенттік басқару пішіміндегі біртұтас мемлекет” делінген (2-бап). Мемл. орталық билік ел территориясының тұтастығын, қол сұғылмаушылығын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттің әкімшілік-территория құрылысы, астананың орналасатын жері мен статусы заңмен белгіленеді. ## Тағы қараңыз * Мемлекеттік басқару түрлері. ## Дереккөздер
Білге қаған ескерткіші–— Орхон түркі жазба ескерткіштерінің ішіндегі көлемі мен мазмұны жағынан ең үлкені әрі аса ірі “мәңгі тас” (көне түркі тілінде — “Беңгү таш” ) қатарына жататын ескерткіш кешен. Күлтегін ескерткішінен 0,5 км жерде орнатылған. Білге қаған ескерткіші мен Күлтегін ескерткішін орыс ғалымы Н.М. Ядринцевтауып (1889), оны белгілі түркітанушы В.В. Радлов Дания ғалымы Вильгельм Томсен анықтаған әріптік жүйемен оқыды (1894). Білге қаған ескерткішін А. Аманжолов, Ғ. Айдаров, т.б. ғалымдар әр қырынан қарастырып, зерттеген. Ескерткіш Екінші Шығыс Түрік қағанатының атақты қағаны — Білге қағанға арналған. Көне түркі бітік жазуындағы Білге қаған есімі қытай жазбарында рі-кіа, мо-кі-lіen, mo-gі-lan, могилен т.б. кездеседі. Сол себептен ғалымдар “Білге қаған” лауазымы, ал “Могилиен, могилян” — оның өз аты дейді. Көне түркі бітігіндегі “Білге қаған” деген сөздің мән-мағынасы — “білікті, билік-төрелікті ұстай білген, сұңғыла-білгір қаған” деген ұғымды білдіреді. Білге қаған тұсында Екінші Түрік қағанаты территориясы тұрғыдан кеңейіп бекіді, аса қуатты құдыретті империяға айналды. Бұл жайында Білге қаған ескерткішінде кеңінен мәлімет берілген. Ескерткіште көшпелілердің “тәңрітекті түрік елі үшін” Бумын, Естемі, Білге Құтылық қағандары мен баїадүр, ақылгөй ерлерінің “ел-жер-тірлік” тұтастығын сақтау, қорғау, болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы ерліктері, мемл. ұлы істің бірегей мақсат-мүддесі шебер тілмен, тұжырымды да тиянақты түрде жазылып, тарихи оқиғалар уақыт желісімен баяндалып бәдізделген. Ескерткіште “елді халық едім, елім енді қайда! Қағаны бар ел едім, қағаным енді қайда, қай қағанға іс-күшімізді жұмсар екенбіз!” деген астарлы тілмен ел тағдырын жырлайды. Тәңірі күш-қуат бергендіктен, қағандық әскері бөрідей, жаулары қойдай болды деген рухтандырғыш жолдар да мол. Білге Қаған Ескерткішінде оғыз, тоғыз-оғыз, қырқыз, құрықан, отұз татар, татабы, қытан, ұйғыр, үч құрықан, қарлұқ, түргеш секілді көшпелі түркі этностары және де моңғол-манжұр тектес ру-тайпаларымен қатар Бөклі чөллік ел, түпүт, апар, пұрұм, табғач, т.б. отырықшы елдер туралы тарихи деректер, нақты мәліметтер баяндалған. Жер жүзінің төрт тарапы (бұрышы), Ұлы Түрік қағандығын нығайту, одан әрі ұлғайта дамыту жолындағы саяси іс-шаралар, көптеген жорық-шабуылдар, олар өткен Бөклі шөлі, Темір қақпа, Шантұң, Йашыл өзен, Көгмен, Қадырқан, Бесбалық, Селеңгі, Ертіс, Езгенті, Мағы Қорған, Байырқұ, т.б. жер-су, елді-мекендер көркем жырланады. Бұл “мәңгі таста” Білге қағанның інісі Күлтегін, дана білгір Тоныкөк жайында да сөз етеді. Білге қаған ескерткішіндегі көне түрік бітік-жазуын бекзада Йоллық-тегін 1 ай 4 күн бәдіздеп жазған (734). Білге қаған ескерткіші сол заманға лайықты өте шеберлікпен жасалған. Кешен сегіз қырлы мәрмәр тас ескерткіш (құлпытас), тасбақа, тас мүсін (8 дана), бейіт тас (саркофаг) (4 дана), тасаттық тас (1 дана), арыстан бейнелі мүсін (2 дана) және балбал тастардан тұрады. Бұлармен қоса кесене (13х13х8 м), оны қоршаған қамал (80х70 м) орнатылған. 2,29х0,72х0,44 м өлшемді тасбақа тасқа орнатылған 3,45х1,74х0,78 м түркі бітік жазулы (бір жағы қытай иероглифті жазулы) тас ескерткіштің жалпы биіктігі 3,89 метр. Түркі бітік жазулы ескерткішінің күншығысқа қараған жағында 41 жол жазу, оның үстінде қағандық таңба, өзара алысқан екі айдаїар бейнесі қалған 2 бойында 15 (15) жол (барлығы — 32), екі қырында бір-бір жолдан. Барлығы — 80 жол жазуы бар. Қытай жазуы Таң мемлекеті кезеңіне қатысты. Ескерткіш о баста тасбақа тас үстіне күншығысқа қаратылып орнатылған. Күлтегін ескерткішінен 0,5 км жерде. Қазір осы кешеннен үш бөлінген ескерткіш, бірнеше бөлшектенген тасбақа тас және де табиғат құбылыстары әсерінен ескіріп, талқандалған тас мүсін, балбалдар ғана сақталынған. Кесененің орны ғана білінеді. Білге қаған ескерткішіндегі бітік жазудың біршама жолдары толық танылмайтындай, анық емес, кейбір жерлері кетіліп, өшіп кеткен. Дегенмен, жазулардың 70%-ке жуық бөлігі сақталған. Білге Қаған Ескерткіші кешенінің құрылысы, жасалуы тұрғысынан Күлтегін ескерткіш-кешенімен өте ұқсас. Сонымен қатар Күлтегін ескерткішіндегі бітік жазулы жолдардың 30-ы (68 жолдан) мазмұны, сөз қолданысы жағынан Білге Қаған Ескерткішімен айна-қатесіз бірдей. 80 жол, 3000-нан астам сөз, 10 мыңдай таңба-әріп бар. Білге Қаған Ескерткішінде көне түрік () тілінің классикалық әдеби тіл нормасы кеңінен көрініс тапқан. Білге қаған ескерткіші тасбақа үстіне орнатылған құлпытасқа жоғарыдан төмен қарай өте нақышты, бірыңғай өлшеммен көркем бәдізделген. Ескерткіштің төртінші, яғни күнбатыс жағына қытай иероглифімен сол кездегі Таң (Табғач) мемлекетінің патшасы Минь-хуанның “көңіл айту” сөзі жазылған. Ескерткішті зерттеушілер шығыс жағындағы жазуды Х (41 жол), оңтүстік жағындағы жазуды Х а (15 жол), солт-ндегі жазуды Хь (15 жол), екі қырындағы бір-бір жолды ХІ, ХІІ және батыс жағының төменгі бойындағы 7 жолды Хс деп белгілеп қарастырады. Б. қ. е. “Теңрітег теңрі йаратмыш түрік Білге қаған сабым”, яғни “Тәңірітекті тәңірлік жаратылған түрік Білге қаған сөзім” деп басталады. Мұның трансграфикасы: тңрітг: тңрі: иртмш: білге; қғн; сбм. Демек, жалпы түрік бітік жазуының тілдік (фонологиялық) құрылысы, графикалық жүйесі өзіндік төлтума сипатымен ерекшеленген аса ықшам әрі қолайлы жасалынған. Білге Қаған Ескерткіші және Күлтегін, т.б. ескерткіштер тілін ғалымдар көне түркі тілдерінің солтүстік тобына (В.В. Радлов) жатқызады. Оның басты ерекшелігі: сөз басында б, м (ben/men) дыбысы алмасып кездеседі, жатыс септігінің -да, -де, ілік септігінің -ың, -ің, т.б. тұлғалары деп көрсетеді. Ескерткіштің тілі “таза” сақталған, кірме сөздер өте аз дерлік. Сол себептен түркі этностарының тілдік табиғатын, тарихи, әдеби, этнографиялық, т.б. сыр-қырын анықтай зерттеу үшін қайталанбас дара мұра. ## Пайдаланылған әдебиет