text
stringlengths
3
252k
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова (1912-1957) — қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық әртісі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949). ## Өмірбаяны Арғын тайпасы Тобықты руының Дадан бұтағынан шыққан. Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Алайда, тарихшы-өлкетанушы Күләш Сардарбаек «Күләштің туған жері бүгіндері Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылы аталады. Бұл өлке ХХ ғасырдың басында Қотанбұлақ болысы, Қарқара уезі, Семей губерниясы атанған» - дейді. Күләш Байсейітованың туған күні жайлы да мынандай деректер бар. Ұлы әншінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қыздары Қарлығаш және Раушан Байсейітовалар баспасөзге берген сұхбатында ресми құжаттардағы көрсетілген деректерді жоққа шығарады. Олар: «Негізгі туған күні қаңтардың 12-сі. Ол кезде құжатты бірден алмаған. Әрі сол күні Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған күні болғандықтан, анамыз туған күнін 2 мамырға ауыстырған еді» - дейді. ### Өнерге келу жолы Гүлбаһрамның әншілікке бейімдігі, музыкалық табиғи таланты кішкене күнінен-ақ байқалған. Бұлай болуға әкесі Жасын кезінде жап-жақсы әнші болғаны, ел аралап ән салғаны да елеулі себеп болса керек. Бұл жайлы Қанабек Байсейітов өзінің кітабында: «Әкесі Жасын – әжептеуір әнші болған, сері адам. Кезінде әйгілі Әсетпен, Балуан Шолақпен бірге жүріпті. Бір ағасы Манарбектің (Ержанов М.А. анықтауы) әншілігі – анау, өзге ағалары да өнерсіз болмаған, тек кәсіп етпеген. Айтбек те (ағасы) әнді әдемі салатын, сырнайға қосылып айтқанда айызыңды қандыратын. Осындай ортада өскен, тәрбие алған Күләш өнерге жақын жүрмей қайтсін», - дейді. Әкесі айтқан әндерге ынтыға құлақ түріп, ол жырлаған қиссаларды қызыға тыңдай зердесіне тоқып өскен зерек қыз тамаша музыкалық есте сақтау қабілетімен, қиялдай білер әсерлі ой-өрісімен өсіп жетіледі. Күләш бала күнінде асқан әншілігімен суырыла шығып ел аузына аса ілікпесе де, жеті жылдық мектепте, кейін Қазақтың педагогика институтына түскеннен кейін оқи жүріп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан көркемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысады. Алғашында спектакльдерде көпшілік сахналарда кішігірім қосалқы рольдермен сахнаға шығып жүрген Күләш не бары бір-екі жылдың ішінде әнші-әртістік шеберлігімен көрініп, театрдың белді өнерпаздарының қатарынан орын алады. Театрда жылдам шығармашылық жетістікке жетуіне, сөйтіп репертуарда бар және жаңадан қойылған шығармаларда орталық рольдерді орындауға қол жеткізуіне өнер атты құдіреттің шеңберіне бар болмысымен беріле енген Күләш бойындағы құштарлық болатын. Театрдың сол кездегі барлық жұмысынан бас тартпай, «театрдың отымен кіріп, күлімен шығып» беріле жан-тәнімен еңбектенуі арқылы ол жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеруге күш салды. Алдыңғы буын ағалар С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков секілді т.б. сахналық өнер тәжірибесінен үйренуден жалықпайды. Сонымен бірге реті келгенде өз бетінше де сахнада суырыпсалмалық, шығармашылық ізденістен де жалықпаған. Күләш туралы өзінің естелігінде Қ.Байсейітов оның сахнаға деген ерекше құштарлық қырларына тоқталады. «Сахнаға шығуды жаны сүйетіні соншалық – егер өз рөлі бітіп қолы сәл босай қалса, көпшілік ішіне ілесіп сахнаға шығуға өзі сұранатын... Күләш көпшілік сахналарына араласқан кезде де басқалардан ерекшелене білетін, спектакльдің мазмұнына сай киіне қоятын. Көбінесе ұл баланың кейпін жасап, солай киінетін. Бірде жалқау баланың кейпін жасап, бірде кепкасын баса киіп ұры балаша шығатын, кейде бұзақылау балалар құсап көзін сығырайтып алатын. Әдейі сүрініп-жығылып жататын кездері де болушы еді, аз сәттің өзінде көрермен жұртқа әсерлі етіп көрсетуге тырысатын», - дейді. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастайды. Сахнада жүріп орындаған ролдері: * Ж.Шаниннің «Шахта» спектакліндегі – Зейнеп; * І.Жансүгіровтың «Кек» драмасында байдың қатыны – Қарыс; * Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында - Пүліш; «Шұғасында» - Шұға образы; * «Исатай-Махамбет» пьесасындағы хан қыздарының бірі: * «Арқалық батырда» Қалмақ қызы; * М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясының бас кейіпкері – Еңлік; * А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы – Ажар бейнесі; * М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы – Сара бейнесі. Сонымен қатар, орыс және Батыс Еуропа классиктерінің операларын қазақтың ұлттық театрының сахнасына шығаруда – К.Байсейітова – өзінің орындаушылық шеберлігімен де, қайраткерлік ісімен де бұл салаға үлкен ұлес қосқан өнер шеберлерінің бірі. Ол Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Баттерфлайдың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаның партияларын тұңғыш рет қазақ тілінде айтты. Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.[Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рөлдер арқылы оның бойындағы әншілік-әртістік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленеді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пуччинидің «Чио-Чио-Сан», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рөлдерде ойнап, басты вокалдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокалдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды. ## Әншілік өнері Күләш Байсейітова – концерттік әнші ретіндегі де кең танылған шебер орындаушы. Әр түрлі ресми делегациялар құрамында, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен жеке концерттік бағдарламада, бригадалармен сан алуан сахналардан орындаушылық қырымен танылады. Ол шырқаған әндері тыңдармандарды өзіндік қарапайымдылығымен, анықтығымен, жүректен шыққан жылылығымен баурайды. Оның репертуарында көптеген халық әндері, өзге халықтардың, замандас композиторлардың әр алуан шығармалары молынан болды. Әнші концерттік бағдарламасына халықтың сүйіп тыңдайтын қазақ халық әндерінен бастап, ән-романстар, белгілі опералардан ариялар т.б. молынан енгізген. Театрдағы негізгі репертуардан бөлек концерттік сахналарда камералық пландағы бағдарлама жасау ісіне әнші ерекше мән берген. Сонымен бірге ол Кеңестер Одағы халықтарының әндерін, Қазақстан композиторларының әндерін орындаған тамаша әншілердің бірі. ## Әндері Әншінің тұрақты репертуарында 30-40-тай ән-романстар болып, талай көрермен тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленген. Күләштің орындауындағы «Сараның ариясы», «Ажардың ариясы», «Шіркін-ай», «Гәкку», «Қос қарлығаш», «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», «Ласточка», «Шла девица», «Колокольчик», «Тонкая рябина», т.б. көптеген халықтардың әндері ерекше сезіммен, жүрек қылын тарта отырып тыңдармандарына жеткен. Зор жауапкершілік жүгін арқалаған халық әншісі өзінің міндеттерін халықтың көңілінен шыға білетіндей деңгейде атқарып, қалың бұқара халықтың бұлбұл әуезді әншісі атына сай болып, ылғи халық арасынан табыла білген. Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүниежүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді. ## Дереккөздер ## Пайдаланылған әдебиеттер * Асафьев Б. Три статьи о казахской музыке. //Музыкальная культура Казахстана. – Алма-Ата, 1955, Казгосиздат, с. 5-10. * Ахметова М., Ерзакович Б.Г., Жубанова А. Советтік қазақ музыкасы. – Алматы: Ғылым. 1975, 318 с. * Ахметова М.М. Ән өнері және уақыт. – Алматы: Өнер, 1993, 110 с. * Ауэзова М.О. Мысли разных лет. – Алма-Ата.: Казгосхудлит, 1961, 544 с. * Байсейітов Қ. Құштар көңіл. – Алматы: Жазушы, 1977. – 224 * Брусиловский Е.Г. Дүйім дүлдүлдер. – Алматы: Ана тілі, 1995. * Мұқан А., Ләтиева С., бегімбетова Ғ. КҮЛӘШ: - Алматы: «Әдебиет Әлемі», 2014, - 364+16бет. ISBN 978-601-7414-49-8 ## Сілтемелер * [https://web.archive.org/web/20160305082007/http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/6779.html Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. “1912 жылдың қаңтарында екi алып дүниеге келдi: оның бiрi – Күләш, екiншiсi – Димаш”]
Баканидзе Мамия Иосифович (1931) — ғалым, философия ғылыми кандидаты Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік университетін бітірген соң (1954), Қазақстан ҒА Философия және құқық институтының аға лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі, (1978—1984) қызметтерін атқарды. 1984 жылдан Грузия ҒА Философия институтының жетекші ғылыми қызметкері. Баканидзеның негізгі еңбектері диалект. логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған. Әсіресе, логикалық формаларды (ұғым, пайым, тұжырым) жүйелеу мәселесіне көп көңіл бөліп, солардың ішінде субординация (бір-біріне бағыну) проблемасына тереңірек талдау жасады. Ойлау заңдылықтарын зерделей келе, диалект. қайшылық, нақтылық, іс-әрекеттік, тарихилық, т.б. негізгі принциптерінің атқаратын қызметтерін психология, логика және философия тарихына негіздей отырып талдады. Ол — “Проблемы логики и диалектики познания” (1963), “Проблема субординации логических форм” (1968), “Диалектическая логика: формы и методы познания” (1987) кітаптарының авторы. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынын лауреаты (1984). ## Дереккөздер
Бакен сирек металдар кен орны - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Асубұлақ елді мекенінен 18 км жерде орналасқан тантал және ниобий өндірілетін пегматитті кен орны. 1948 жылы ашылған. Зерттеу және барлау жұмыстары 1948-1970 жылдары жүргізілді. ## Геологиялық құрылымы Кен алаңы Қалба-Нарын сирек металдар белдеуіндегі тектоникикалық жарылымдардың қиылысында жатыр. Оның құрылымына шөгінді, метаморфты жыныстар мен Қалба гранитоидты кешенінің жыныстары кіреді. ## Жатыс сипаты Ауданы 3,5 км2 болып келетін кен орны тақта, желі, линза пішінді 100-ден астам кен денелерінен тұрады. Желілер субмеридианды бағытта, 150-180 м-ден 500 м-ге дейін созылған, қалыңдығы 2- 6 м-ден 22 м-ге дейін жетеді. ## Минералдар Негізгі минералдар — колумбит-танталит, поллуцит, қосалқы минералдар — апатит, касситерит, сподумен, турмалин, слюда, т.б. Бакен сирек металдар кені ашық әдіспен және жер астынан қазу арқылы 1955 жылдан игерілуде. ## Дереккөздер
Байырқы (байырқу, баръяқу, барғу) — ежелгі түркі тайпасы. * 5 ғасырда Теле (Телэ) тайпалары бірлестігіне, кейіннен Түрік және Ұйғыр қағанаттарының құрамына енген. Байырқы тайпасының қонысы — Байырқу, яғни Барғуджін (Баргузин) өзенінің алабы болды. Рашид әд-Диннің (14 ғ.) айтуынша, Байырқы Барғуджін — Тоқым жерін мекендеген, Енисей қырғыздары мен көршілес тұрған. Байырқы тайпасы 8 ғасырдың басында 2-Түрік қағанатына қарсы соғысқан. Бұл кезде Байырқының саны 60 мың түтінге жеткен. Байырқы мал шаруашылығымен, негізінен жылқы өсірумен шұғылданған, аңшылықты да кәсіп еткен. Темірден түрлі құрал жасап, қолөнері өркендеген. * 9 — 10 ғасырларда Байырқының бір бөлігі Шығыс Түркістанға қоныстанып, онда жаңа құрылған ұйғыр хандықтарының өзара соғыстарына қатысқан. Олар қазіргі Жәнтекей руының ішінде Барқы деген атпен әлі күнге шейін аталып келеді. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Байырқулар мен барқылар
* Байырқұм – Түркістан облысы Арыс қалалық әкімдігі аумағындағы ауыл. * Байырқұм – ежелгі қала орны.
Ахмет Байтұрсыновтың Мұражай-Үйі қоғам қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашалық жолына арналған, мәдени-ғылыми мекенжай. Мұражай Алматы қаласындағы А.Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл үйде Байтұрсынов 1934 жылдары тұрған. Мемлекеттік деңгейде құрылған арнаулы комиссия шешімімен мұражай-үй бұрынғы қалпына келтірілді. 1998 жылы Байтұрсыновтың туғанына 125 жыл толуына орай мұражай-үй күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылымы, сәулеттік сыртқы пішіні, ауласы бұрынғы қалпын тапты. Мұражай-үйдің бөлмелерінде орналастырылған заттардың көбісі жақын-туыс жанашырларынан алынған. Онда Байтұрсынов өміріне байланысты мұрағаттық материалдар, түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар қойылған. Байтұрсыновтың тұрмыс-тіршілігі мен шығарм-на байланысты жиһаз-бұйымдар мен құжаттардың бір тобы Торғайдағы мұражай-үйінде сақталған. ## Сипаттамасы 1934-1937 жылдары Ахмет Байтұрсынов отбасымен бірге Зубовтың үйінде тұрған. 1988 жылы тарих және сәулет ескерткіші болып танылып, 1993 жылы мемориалдық мұражай-үйі ашылды. Мұражай экспозициясы үш бөлмеден тұрады – бұрынғы ас үй, балалар бөлмесі және отағасының кабинеті. Ең үлкен екі залда Байтұрсыновтың отбасы, достары мен пікірлестері туралы баяндайтын құжаттар мен фотосуреттердің түпнұсқалары ұсынылған. Үшінші шағын бөлмеде жәдігерлер өте аз, онда Ахмет Байтұрсыновтың тұтқынға алынғаны мен өлім жазасына кесілгені туралы білуге ​​болады ## Мұражай ғимараты Зубовтың бір қабатты үйі 20 ғасырдың басында Таранчиевская көшесінде салынған. Көлемі жағынан төртбұрышты, бір қабатты ғимараттың негізгі қасбеті батысқа бағытталған. Ғимараттың кіреберісі оңтүстік жағында орналасқан және шатыры бар кіреберіспен ерекшеленеді. Ғимарат Тянь-Шань шыршасының бөренелерінен жасалған, жертөлесі тас іргетасқа салынған бөрене үй. Қабырғалары сыланған, әктелген. Қабырғалардың жазықтықтары терезе саңылауларының көлденең ырғағымен шешіледі. Тақталармен қапталған карниз ғимараттың бүкіл периметрі бойынша өтеді. Ғимараттың жоспарлау жүйесі- анфиладты. Ғимарат Верный қаласының батыс бөлігіндегі әлеуметтік ғимараттарының үлгісі болып табылады. ## Ескерткіш мәртебесі 1998 жылы 12 қыркүйекте мұражай-үйдің жөнделу жұмыстарыннаң кейінгі салтанатты ашылуы өтті. 2010 жылы 10 қарашада Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жаңа Мемлекеттік тізбесі болып бекітілді. Бұл Жарлықта Байтұрсынұлы мұражайының ғимаратына жергілікті маңызы бар, ескерткіш мәртебесі сақталды. Күзет аймақтарының шекаралары 2014 жылы қойылған. ## Экспозициясы Мұражайда «Қырық аңыз», «Маса», «Оқулық» (3-кітап), «Тіл білімі» (3-кітап), «Баяншы», «Ер Сайын», «Бастауыш», «Жаңа астар», «Диплом» қолжазбалары ұсынылған. », «23 жоқтау», «Әдебиеттану», «Тіл таным» (2-кітап). Бірегей мұрағаттық фотоматериалдар. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * http://kk.itpedia.sfilar.com/it/%D0%90%D1%85%D0%BC%D0%B5%D1%82_%D0%91%D0%B0%D0%B9%D1%82%D2%B1%D1%80%D1%81%D1%8B%D0%BD%D0%BE%D0%B2/.D0.91.D0.B0.D0.B9.D1.82.D2.B1.D1.80.D1.81.D1.8B.D0.BD.D0.BE.D0.B2.D1.82.D1.8B.D2.A3_.D0.BC.D2.B1.D1.80.D0.B0.D0.B6.D0.B0.D0.B9-.D2.AF.D0.B9.D1.96(қолжетпейтін сілтеме) * http://kazgazeta.kz/?p=8516 * http://adyrna.kz/?p=1253 * http://litart.academset.kz/?q=kk/node/56
Сәуірбек Бақбергенов (1920, Созақ ауданы – 1997) – Қазақстанның халық жазушысы (1996). [Түркістан]] каласыңдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, осындағы теміржол, кейіннен педагогика училищесінде оқиды. 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Подольск жаяу әскер училищесін бітірісімен Мәскеу түбіндегі ұрыстарға катысады. С. Бақбергенов И.В.Панфилов атындағы N8 гвардиялық дивизияның офицері — атқыштар взводының командирі. Әскер қатарынан босаған соң "Социалистік Қазақстан" газетінде еңбек етті. 1950 жылы мәшһүр ұшқыш Талғат Бигелдинов атындағы хикаятын бастырады. Шоқан Уәлихановқа арналған «Қоянкөлге құлаған жұлдыз», «Мен сізді сүйемін», «Тараз көгершіндері» атты үш әңгіменің авторы. Ұлы Отан соғысы оқиғаларына арналған «Қарға тамған қан», «Алтын күрек», «Адам және көлеңке», «Көленке» романдары мен әңгімелері белгілі. «Талғат», «Белгісіз солдат», «Жанғожин», т.б. шығармалары да бар. ## Шығармалары * "Мейірімді анам", * "Кентау" романдарының * "Бозторғай", * "Әнші бала", * "13-нөмірлі ойыншы" хикаяттарының, * "Біздің жігіттер", * "Біздің колхозда болған еді", * "Жол Алтынемел арқылы өтеді" атты әңгіме жинақтарының авторы. * Талғат повесі (1950), * Қайран шешем (1963), * Адам және көлеңке (1969), тағы басқа 20-ға жуық романдар мен повестер жинағы жарық көрген. * Максим Горькийдің бірқатар әнгімелері мен ертегілерін қазақшаға тәржімалаған. * Алтын күрек. Повесть. А., ҚМ КӨБ, 1958; * Біздің колхоз. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; * Бозторғай. Повесть. А., ҚМ КӨБ, 1960; * Алтын емелден асқан да. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961; * Қайран шешем. Роман. А., ҚМ КӨБ, 1963; * Қоянкөзге қүлаған жұлдыз. Повесть. А; «Жазушы», 1965; * Қасиет. Повесть. А., «Жазушы», 1966; * Қарға тамған қан. Роман. А., «Жазушы», 1967; * Адам және көлеңке. Повесть. А., «Жазушы», 1969; * Белгісіз солдат. Повесть. А., «Жазушы», 1977; * Он үшінші ойыншы. Повесть. А., «Жалын», 1979; * Шығармалардың екі томдығы. А., «Жазушы», 1980; * Қан тозаң. Роман. А., «Жазушы», 1983. * Ақбоз атты ару. Повесть. А., «Жазушы», 1986; * Запасной игрок. Роман, повесть, әңгімелер. «Жазушы», 1990; * Смерть Тамерлана. Повесть. «Қазақстан», 1992; * Бөрте - Шыңғысханның жұбайы. Повестер мен әңгімелер. «Жазушы», 1993; * Қарға тамған қан. Алтын күрек. Романдар. «Елорда», 2000; * Қайран шешем. Роман. «Ерен», 2000. ## Дереккөздер
Бақанас: * Бақанас – Алматы облысы Балқаш ауданындағы ауыл * Бақанас – Балқаш алабындағы өзен. * Бақанас – Сарымсақты жотасының солтүстік-шығысындағы асу.
Бақсытас — Қазақстан жерінен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған музыкалық-аспаптық мұра. 6 —8 ғасырларға жатады. Ұлытау өңірінің Жаңғабыл өзенінің бойынан табылған. Бақсытас 1983 жылы Қазақ музыкалық аспаптар музейіне қойылған. ## Дереккөздер
Бақтыбай Жолбарысұлы (1842, Алматы облысы, Текелі — 1902, Ескелді ауданы, Өтенай ауылы, Балдырған жайлауы) — айтыс ақыны. Жалайыр тайпасының Сиыршы руынан шыққан. Жеті жасында жетім қалып, бірнеше жыл Балқаш, Сексеуіл, Шұрық жақтағы нағашыларының қолында болады. Кейін еліне қайтып келіп, бай ағайындарының малын бағады. Жиын-тойларда өлең құрастырып, ақындығын танытады. Ақыры өнері жалшылықтан құтқарып, өлеңнің соңына біржола түседі. Әсіресе, атақты Тезек төремен айтысы (1861) Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етеді. Төренің айбынынан ықпай, оның әлсізге жасаған зорлық-зомбылығын бетіне басады. Ақынның өзге де әділетсіз бай, болыс, т.б. мықтыларды әшкерелеген өлең, айтыстары көп. Бақтыбайдың жекелеген толғау, сықақ, жоқтау өлеңдері көп болғанымен, айтыс өнері оны биікке көтерді. Мәйке қызбен, Арыстан, Жүсіпбек, Әсет, Бәйімбет, Қыпшақбай, т.б. ақындармен айтысы суырып-салма шеберліктің, тапқырлық пен батылдықтың айқын үлгісі. Ақынның “Едіге — Нұран” көлемді дастаны да сақталған. Бақтыбайдың шығармалары 1987 жылы “Жел қобыз” деген атпен жеке кітап болып шықты. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Бақтыбай Жолбарысұлының кесенесі, 1990 жыл, Өтенай ауылының шығыс жағында 5 км(қолжетпейтін сілтеме)
Бақыршы — жылқышылар қосының аспазы. Жылқышылар жылқыны тебінге шығарып, үнемі түзде жүретіндіктен, тамақ дайындауға уақыты бола бермейді. Сондықтан бір адамды ас пісіруге қалдырады. Қар ерітіп, ас пісіруге бақырды пайдаланғандықтан, ол — Бақыршы атанған. ## Дереккөздер
БАҚАН - киіз үй тіккенде шаңырақ көтеруге, үзіктер мен түндікті көтеріп жабуға пайдаланылатын ұзындау келген ағаш. Басынан ұшына қарай бірте-бірте жіңішкеріп келген, бір ұшы (жоғарғы) екі аша етіп жасалады. Бақанның ашалы жағы басы, үшкіл келген жерге тірелетін жағы аяғы немесе ұшы деп аталады. Ұзындығы 2-3 құлаш. Жуандығы қос тұтам ағашты шала кептіріп, жұмырлап жонып, тезге салып түзетіп дайындайды. Бақан әдетте майыспайтын, мықты, түзу қайың, тал ағаштан жасалады. Бақан шаңырақты көтеріп тұруға арналған уық қаламын шаңырақ қаламдығына енгізіп, екінші төменгі ұшын керегенің басына қосып байлаған кезде қолданылады. Үй ішінің адам қолы жетпейтін тұстарын реттеп, жөндеп отыруға, таңертеңгісін түндікті ашуға, түнге қарай жауып қоюға пайдаланады. Кішкене түрін бақанша деп атайды.ҚР MOM қорында сақталған екі бақанның (КП 16333/127, 128) бірінің ұзындығы 3,93 см, жуандығы 21 см.; екіншісінің - 3,33 см. х 16 см. Оның бірінің басында ағаштың өз бұтағынан шыққан табиғи ашасы, бірінде темірден жасалып қондырған ашасы бар. Темірден орнатылған V пішінді аша жоғары қаратыла орналастырылған, ашаның бірі екіншісінен сәл ұзын. Әдетте бақан ашаларының салмақ түсер дәл ортасы - бұтақтың ұрысы тегістеле өнделіп, оған ағаштың шайыры жағылады немесе темірмен қапталады. Киіз үйді баспана еткен көшпелі қазақтарда бақанды таңдау мен жасаудың өзіндік дәстүрі бар: оған көп ретте берік, әрі қабығының, жоңқасының иісі ерекше болатын ең таңдаулы ағаш - қайыңды қолайлы көреді. Бақан кейбір өңірлерде талдан жасалса, ағашсыз жерлерде морт сынатын болса да қарағайдан дайындалады. Сондай- ақ тобылғы, қайың, тал, терек сияқты ағаштар да жарай береді ## Бақан түрлері Қазақта бақан түрлері бірнешеу: аша (бақан) - ат әбзелдерін ілуге және малды жоғары іліп сойғанда пайдаланылады; тіреу бақан немесе белбақан - жел күшті тұрғанда көлденең ағашқа сыптығыр түзу ағаш салып тірейтін бақанның ашалы түрі; адалбақан - киім, қамшы, ат әбзелдерін, кейде тұтқалы ыдыс-аяқ ілетін бұтақтары бар, ағаштан жонып немесе темірден ілгіш салынатын, күміс құймалармен әшекейленетін, көбінесе бұталы арша ағашынан кесіп жасалынатын бақан түрі; желбақан немесе балуан бақан қатты дауылда шаңыраққа тіреуге және үйді тігіп, жыққанда шаңырақ көтеруге ғана қолданылады. Бақанның ең үлкен түрі - қарабақан. Жуантық келген және ұзақ қолданыста болған бақанның бұл үлкен түрін басына шүберек байлап, «ту еткен», киелі санаған. ## Бақанға қатысты ырымдар және жосын-жоралғылар Бақан киіз үй жабдықтарының ішіндегі ең қадірлі, қасиетті атрибут саналады. Отбасының ырыс-берекесі, құты бақанда тұрақтайды деген наным болған. Сондықтан отбасылық және шаруашылыққа (әсіресе, төрт түлікке) байланысты ғұрыптың шешуші сәттері бақанмен атқарылады.Ертеде бай-манаптардың керегесі биік, уығы ұзын үйлерінің шаңырағын қарулы жігіттер ат үстінде тұрып бақанмен көтерген екен. Алғаш отау тіккенде және басқа үйлердің шаңырағын, ырым етіп, үлкен үйдің бақанымен көтерген. Байырғы ортада бақан үстінен аттамаған, отқа жақпаған. Ескірген бақанға ақтық байлап, май жағып құз жартасқа апарып тастайды немесе таза жерге қояды. Сиыр ошақ (ауру түрі) болып ауырса, бақанмен түрткен. Бақан әлем ағашы қызметін де атқарады: шаңыраққа бақанды тірегенде жел тұратын бағытқа қарама-қарсы бағытта тірейді; үйдің орнықтылығын, ішкі әсемдігін қамтамасыз ету үшін шаңырақты ұзын сырық - бақанмен тіреген; бір шаңырақты бір ғана бақанмен тірейді. Бақанды үйден сүт тамызып шығарған. «Бақан аттаған байымайды» дейтін қазақтар бақанның үстінен аттамайды, айналып жүреді. Ертедегі түсінік бойынша «баланың кіндігі бұралып қалмау» үшін әйел екіқабат кезінде бақан, арқан аттамау керек. Бақанды жерге көлденеңінен тастауға болмайды; бақанмен кісі ұрмайды. Жаугершілік кезенде ғана бақан қару орнына жүрген. Бақанның (сондай-ақ уықтың қарын бауының шашағы) басқа тиюі - жаман ырым. Мұндай жағдайда адамның періштесі қашады-мыс. Бақанды киіз үйге басымен (ашасымен) кіргізіп, аяғымен шығарады. Түнде бақанды үйден сыртқа шығармайды.Көшкенде бақанның айырын қомға (артына) қаратып қыстырады. Баланың бақанды құшақтауына, сүйенуіне, болмайды. Дәстүрлі ортада жетім қалған, сүйеніші жоқ, ата-анасыз бала ғана бақан құшақтайды деп, тыйым жасаған. Босанатын әйел бақанға асылады; жайшылықта бақанға асылған, сүйенген адамға «бақанға сүйенетіндей көзің қарауытып тұр ма?» деп, яғни «босанатын әйелдің күйіне түсесің» деген түсінікпен тыйым айтылады. Үй иесі өлгенде киіз үйге бақанын тіремейді, үйдің сүйеніші құлады ұғымды білдіреді. Отыққан төлді өріске алғаш шығарарда және отарға малды айдарда қой-ешкіні бақанның үстінен секіртеді (амандығын тілеп бір мал сойып таратады). Малдың құрсағының астынан бақан салып көтереді. Әсіресе ірі қара мал туа алмай жатса, бақанды астына өткізіп көтеріп қояды. Ғылымда мұны «Шефер тәсілі» деп атайды. Қазақы түсінік бойынша бақанның емдік киелі қасиеті де бар. Ауырған үлкен қойдың екі тірсегін байланыстырып алған соң бақанның басына іліп, жоғары көтеріп екі кісі бақанды бірнеше қайтара ақырындап жерге түймештейтін де, қойды босатып жіберетін; егіз баланың сыңары ауырса, екіншісі ауырмасын деп (көз тисе, қарықса, сырқаттанса) ашa бақанды сау баланың кіндігіне тигізіп, үшкіріп кіндікті айыру, ажырату ем-домын жасайды. Мұны әдетте бақсы атқарды. Бақайқұрт болған қой, сарып болған сиырдың тұяғын бақанмен түртеді. Індет жэне басқа да себептермен шығын тым көп болса, қораның ортасына бақан қойып, малды астынан өткізеді; малды домдағанда, індеттен айықпай қойса, бақанның (бақаннан басқадай сырық, аша, жай ағаш жарамайды) басына шүберек байлап, майлап тұтатады да малды артына ертіп ауруды адастырады; кемтар төл көп туса, қошқардың сауырына, күйегіне бақанды тигізіп «кет, пәлекет кет!» деп қуады. Бөгдеге малый сатқан кезде бас жіп, ноқта, жүгенін шешіп алады да, мал сатқан үйдің бақанын сатылған малдың жал, кұйырығына тигізіп алады. Онысы «мал басы сенде кетсе де, байлық ырысы өзімде талсын» деп ырымдағаны; Отау көтеру кезінде тұз, қайрақ, дәм, шайды дорбаға салып, бақанның кесек ашасына іліп, екінші ашасына бір жапырақ кұйрықмай шаншиды да, жоғары көтеріп, шаңырақтың әр күлдіреуішіне тигізіп алады. Бақанның ашасындағы әлгі бір жапырақ майды кішкене ұл балаға тістетіп алдырады, ал дорбадағы дәнді алып сақтап қояды. Сонымен қатар атауында бақан аты сақталып қалған немесе бақанның өзін тікелей араластырып атқарылатын салт түрлері бар. Отбасы ғұрпында үйленген кезде қалыңдығын көруге келген күйеу (кейде іс құда-құдағилар келгенде) «бақан» жасайды. Ол күйеудің бөгде ортаға кірігу нышанын белгілейтін кәде берумен аяқталады. Кейін күйеу есік аша келгенде қайын жұрт жағының адамдары күйеудің жатқан үйінің түңлігін түргені үшін «Бақан салды» аталатын кәде талап етеді. Сырдың бойындағы қазақтарда ертеде барымтаға ұшыраған ауыл ортасына басына қызыл шүберек байланған бақан қадап қою ырымы болған. Бұл осы ауыл малының қолды болғанын білдірген. Үй иесі қайтыс болғанда бақан ашасының үш жеріне қара шүберек жыртындысын байлап, шаңырақтан шығарып, шай қайнатым уақыт көтереді; ұл туса бақанға ақ шүберек яғни ақтық байлап көтереді. Бақанның этномәдени қызметі мен бағзыда атқарған әлеуметтік статусына қарай тілімізде қалыптасқан Бақан ала қуу деген тұрақты тіркесі зәрін төккен, ашуға берілген адамның іс-әрекетін бейнелесе, «әпербақан» деген сөз ұрда-жық, сөзге тоқтамайтын мінезді адамдарға қатысты қолданылады. «Бақан тірес, ит тартыс» бақастық, тым-тырағай айтысу, жұлкысу мағынасында айтылады. Бақаядау қатты ұрып-соғу әрекетін, бақандай сын есімі білдей, дырдай, үлкен деген мағыналарды білдіреді. ## Дереккөздер
Балабеков Оразалы Сәтімбекұлы (14.10.1941 жылы туған, Жамбыл облысы қазіргі Байзақ ауданы Жетібай ауылы) – техника ғылым докторы (1985), профессор (1986), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (2003). Дулат тайпасының Жаныс руынан.Мәскеу химикалық машина жасау институтын бітірген (1963). Қазақ химика-технологиялық институтында ғылыми және оқытушылық қызметтер (1963–1992) атқарды. Шымкент қаласындағы Химика технологиялық және өнеркәсіптік экология ғылым-зерттеу институтының директоры (1992–1994), «Қазхимжобалау ғылым-зерттеу институты» акционерлік қоғамының президенті (1994–1997) болды. 1998 жылдан «Ғылыми-инженерлік технологиялық институт» акционерлік қоғамының бас директоры әрі Қазақстан Ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінің академік-хатшысы (1992 жылдан). Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары химикалық өнеркәсіп технологиясы мен өнеркәсіп орындарының экологияға ықпалын азайтуға қажетті жаңа процестер мен аппараттарды жасаудың теориясын негіздерін жетілдіруге, шаң мен газдан тазартудың жаңа өнеркәсіптік сұлбасын жасауға арналған. Оның жетекшілігімен аппараттардың үш түрлі класы қалыпқа келтіріліп өндіріске жіберілген. Ол 380 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 16 монографияның, 82 авторлық куәлік пен патенттің, сондай-ақ табиғат қорғау қызметтері мен кәсіпорындарына арналған бірыңғай нормативтік құжат болып табылатын «Өнеркәсіптік кәсіпорынның экологиялық паспорты» деп аталатын мемл. стандарттың авторы. КСРО өнертапқышы (1982) және құрметті химигі (1991). «Құрмет Белгісі» орденімен (1981) марапатталған. ## Ш ы ғ.а р м а л а р ы * Экологические проблемы химического предприятия, А.-А., 1984; * Очистка газов в химической промышленности. Процессы и аппараты, М., 1991 (соавт.). ## Дереккөздер
Бақсы күмбезі — 16 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Орталық Қазақстан, Торғай өңіріндегі Қайыңды кентінен батысқа қарай 4 км жердегі қорымда. Ел аузындағы деректер бойынша, белгілі ақын-бақсы қабірінің үстіне салынған. Бақсы күмбезі шикі кірпіштен тұрғызылып, іші-сырты күйдірілген кірпішпен (25х25х5 см) қапталған, күмбез шеңбер пішімінде. Қазір жартылай құлаған, шығысқа қараған есік жақ қапталы ғана сақталған. Ғимарат маңындағы тігінен қойылған биіктігі 30 — 40 см тақта тастар бетіне арғын, қыпшақ, найман руларының таңбалары қашалған. Ескерткіш жөнінде мәлімет 1851 жылғы 13 желтоқсандағы Омбы кеңсесінің құжаттарында, сондай-ақ орыс офицері-геодозистерімен құрастырылған материалдарында бар, олар әр түрлі мұрағаттарда сақталған. Бақсы-мола тауы бұл жерде бақсының жерленгенін білдіреді. Ескерткіш - күмбезі шошақ киіз үй тәрізді ғимаратты құрайды. Сыртқы қабырғалар және ішкі қабырғалардың көбісі өлшемі 25x25x5 см және 28x28x6 см күйдірілген кірпіштен жасалғаны белгілі. Қабырғаның орта бөлігі ішкі жағынан өлшемі 25x25x5 см және 30x30x6 см шикі кірпіштен жасалған. Қалама саз балшық қоймалжыңымен бекітілген сурет. Батыс қабырға, бетше босаға және күмбездің жоғарғы бөлігі бұзылған. Ғимараттың қабырғалары домалақ негізінен көтеріліп, шошақ күмбезге ауысады. Сақталған биіктігі 6 м, ішкі орам бойынша негізінің диаметрі - 4,1 м, негіздегі қабырғалардың қалындығы - 2,3 м. Шығыс жағында пішіні сүйір кіре беріс орны орналаскан. Оның биіктігі - 2 м, ені - 0,8 м. Еден, басқа діңдердікі сияқты төрт бұрыш тақталармен төселген, еденнің қалыңдығы - 1,8 м. Бақсы-молада тас мүсіннің болып оны ерекшелейді. Осындай тас мүсіндердің Ибн Фадланның (X ғ.) бойынша оғыздар үшін маңызы зор болған. Тас мүсін жерге 0,43 м тереңдікке шомып кеткен. Оның жоғарғы жағы қатты мұқалған, бірақ әлде де адамның бейнесі сақталған. Сақталған биіктігі - 0,45 м, ені - 0,42 м. Моланың сыртқы жағынан кіндігінде керамика ыдысы бар тастан жасалған қыпшақ әйелінің мүсіні тұрған. Бақсы-мола орналасқан ауданда қыпшақтардың, оғыздардың, арғындардың, қоңыраттардың, қаңлылардың және т.б. рулық таңбалары бар көптеген тас қабірлері бар некрополь орналасқан. XI ғасырда оғыздардың Торғай даласында болғандығын «Текенің діңі» ғимараты және Жалдама өзеніндегі (Торғай өзенінің тармағы) Қараоба пирамидасы дәлелдейді. Рашид-ад-дин бойынша Сарыарқаның ежелгі қаласы - Жубанч (Жубаныш) қаласы болған. Ол үш-оқ атты оғыз тайпасына тиісті Ортақ (Ортау) және Қазтақ жазғы жайылымдықтарға жақын орналасқан. Әдебиеттерде Жұбаныш қала атауы әр түрлі аталады. П.Рычков оны - Жубин, А.А. Семенов - Инандж261, И.Н.Березин - Анабайдж-деп атайды. Профессор А.Тоган Ежелгі жазбалар сақталатын Стамбул кітапханасында сақтаулы тұрған Рашид-ад-дин жазбаларының негізінде: город находился на территории к северуот Аягуза» - деп жазады. М.Қашқари мен Джувейни қаланы деп атайды. Рашид-ад-динде парсы тіліне сай ол бугінгі қазақша Жұбаныш атауын береді. П.Рычковтың суреттеуінше, Жұбан-Ана ежелгі қала орны Кеңгір өзенінің Сарысу өзеніне құятын жерінде, Үлкен Жезқазғаннан 80 шакырым жерде орналасқан. Ол жайлы П.Рычков: «Джубан-Ана - признак немалого города на реке Кенгир, впадающей в Сарысу, от устья оной верст восемь. Тут и поныне видимо мечетей до пяти и палаты, кои немало опустились в землю» - деп жазады. Археологиялық зерттеулермен П.Рычковтың Жұбан-Ана қаласы орналасқан жері әлі дәлелденбеген. Кеңгір өзенінің Сарысу өзеніне құятын ауданда екі топ ежелгі қоныстар зерттелді, оларды біздің ойымызша, ежелгі Жұбан-Ана қаласына ұқсастыру өте қиын. Бұл жер шөлейтті, мұнда ірі қоныстың ізі байқалмайды. Жайылма алқаптың аласа террасасында, Кеңгір өзенінің оң жағасынан алыс емес жерде оңтүстік-шығыстан солтустік-батысқа қарай үш төрт бұрыш алаң түрінде созылып жатқан, бүйір жақтарының өлшемі 24-тен 35 м-ге дейін кішкентай қоныстардың іздері табылды. Биіктігі 1,5 м төбенің ортасында тұрғызылған шурфтің көмегімен, егіншілікпен айналысатын қоныстарға тән құйма емес керамиканың фрагменттері түрінде материалдық өндірістің аздаған қалдықтары табылды. Керамика жақсы күйдірілген, қыш шеңберінде мықты саз балшықтан жасалған. Басқа төбенің ортасында тұрғызылған шурф үй жануарларының-жылқылар, қойлар, сиырлардың көптеген сүйектері табылды. Құрылыстардың қабырғалары ірі шикі кірпіштен салынғаны анықталды. Қамалдың болмауы осы шағын қоныстарда малшылықпен және егіншілікпен айналысқан жатақтар тұрғандығын дәлелдейді, ол ұзындығы 2-3 км ежелгі суару жүйесінің ізімен дәлелденеді. ## Дереккөздер
Балақаев Төлтай(13.4.1923 ж.т., бұрынғы Келдібай а., Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы) – тарих ғыл. докт. (1972), проф. (1979). ҚР-ның еңбек сің. қайраткері (2003). 2-дүниежүз. соғысқа қатысқан. ҚазМУ-ды (1949, қазіргі ҚазҰУ) бітірген. Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихы ин-тында кіші, аға ғыл. қызметкер (1949–1956), Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археол. және этнол. ин-тында ғалым-хатшы, аға, ғыл. қызметкер (1956–67), бөлім меңгерушісі (1968–85), ин-т директорының ғыл. жұмыстар жөніндегі орынбасары (1985–88), бас ғыл. қызметкері (1988–1991) болды. «Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны 1941–1945 жж.» деген тақырыпта докт. дисс. қорғады. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан ұжымдық «Қазақ КСР тарихының» тарауларын (1963, 1964, 1967 жылғы басылымдары), «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» (1968, орыс тілінде) еңбегін жазуға қатысты. Б. «Әбдірахман Әйтиев» (1958), «Қазақстанның колхозшы шаруалары Ұлы Отан соғысы жылдарында» (1971, орыс тілінде), т.б. ғыл. еңбектер мен мақалалардың авторы. Ш.Ш.Уәлиханов атынд. сыйл. лауреаты (1972), 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Балалар кітапханасы, С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасы — мәдени-ағарту ісіне маманданған, әдістемелік-ақпараттық бағытта мектептен тыс білім мен тәрбие беретін республикалық мекеме. 1951 жылы ашылған. Алматыда 1996 жылдан Қазақстан үкіметінің қаулысымен белгілі балалар жазушысы С. Бегалин есімімен аталады. Балалар кітапханасында жарты млн. басылымды құрайтын кітап қоры, жасөспірімдерге арналған газет-журналдар, күйтабақ, диафильм, слайд, фильм көшірмелері мен музыкалық жинақтар бар. Жыл сайын 14 мыңдай оқырманға (мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1—9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге) қызмет етеді. Сондай-ақ, мұнда ғылыми-әдістемелік, анықтамалық-библиография, қызмет көрсету, эстетика, кітаптарды топтастыру, өңдеу, кітаптарды сақтау бөлімдері жұмыс істейді. Балалар кітапханасы әдістемелік, ақпараттық орталық ретінде республика кітапханаларының жұмысына басшылық етеді. Облыс кітапханаларға арналған ақпараттық-әдістемелік, библиография бағыттағы басылымдар шығарып тұрады. Басылымдар “Этносаралық қарым-қатынастар мәдениеті”, “Қазақстанды таны”, “Мектеп бағдарламасына көмек”, “Қазақ өнері”, т.б. айдарларымен жарық көреді. ## Дереккөздер
Баламайсан (18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың 1-жартысы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында өмір сүрген) — күйші. Баламайсанның “Мұңды қыз”, “Науаи”, “Кербез Ақжелең”, “Қыз Ақжелең”, “Айда қылаң Ақжелең”, “Сипай сал Ақжелең”, “Ілме Ақжелең”, “Салауат”, т.б. күйлері болған. Баламайсан күйлерін бізге жеткізушінің бірі — домбырашы М. Құсайынов. Оларды Қ. Ахмедияров, А. Тоқтағанов, Р. Тәжібаев, т.б. күйші-домбырашылар орындап жүр. ## Дереккөздер
Бала Ораз Өтебайұлы (1837, Атырау өңірі, Жем бойы — 1882, қазіргі Махамбет ауданы Мырзалы-Балпан мекені) — айтыс ақыны, әнші. Әкеден жастай жетім қалып, жалшылық өмір кешеді. Өсе келе өнер қуып Жем, Жайық, Ойыл, Қобда, Торғай, Нарын құмы, Сыр бойы елдерін аралап, ақындық аты ерте шыққан. Шыншыл, турашылдығы үшін қуғын-сүргін көп көрген. Мұрат, Құлманбет, Жібек, Алма қыз, Тама Досжан ақындармен айтысқан. Бала Ораздың Алма қызбен қағысуы қыз бен жігіт айтысы үлгісінде, әзіл-қалжың, сөз жарыстыру, көңіл-күй әуеніне құрылған. Оның ақындық дарыны Мұратпен, Жібек қызбен, Құлманбетпен айтыстарынан танылады. Жібекпен айтысында ел қорғаған батырларды жырлайды, айтыс желісінен Ресей үкіметінің отарлау саясатына, ұрда-жық төрелеріне, оларға жарамсақтанған жергілікті әкімдеріне наразылық айқын байқалады. Құлманбетпен айтысы — қазақ әдебиеті тарихындағы көркемдігі жоғары, ең үздік айтыстардың бірі. Тойбастар, арнау өлеңдерінде ерлікті, елдікті толғап, өмірдегі жағымсыз істерді жалтақсыз әшкерелеген. Ол әйгілі әнші Мұхитпен қатар жүрген, өзіндік саз, әдемі әуені бар әнші-ақын болған. ## Дереккөздер
Баланды ІІ кесенесі (Бұланды ІІ) – Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енген біздің заманымыздан бұрынғы 4-2 ғасырлардан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. ## Орналасқан жері Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Баланды шатқалы, Қуаңдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 км жерде орналасқан. ## Кезеңі б.з.б. VI-ІІ ғғ. ## Тарихи деректер Баланды ІІ кесенесі Орталық Азияның ең көне күмбезді ғимараты. Кезеңі б.з.б. IV-ІІ ғғ. деп белгіленеді, бұл сенімді түрде оның апасиак мәдениетіне (су сақтары) жатады деуге мүмкіндік береді.Сәулет ескеркішін С.П. Толстов жетекшілік еткен Хорезмдік этноархеологиялық экспедиция XX ғасырдың 60-жылдарында ашқан болатын.Бұл аймақ қайтадан 2006 жылы Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының барлау тобымен зерттелді. 40 жылдық үзілістен кейін 2007 жылы тамыз айында бұл ескерткіште стационарлық археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасты. ## Сипаты Ғимарат құрылысы дөңгелек, диаметрі 16 м, сақталған қабырғаларының биіктігі 4,5 м, іргелігі пахсадан, жоғарғы жағы шикі кірпіштен қаланған. Кіретін есігі портал тәріздес, оңтүстік жағында. Сыртқы қабырғалары үш бұрышты күрекше іспеттес. Ғимараттың ішінде диаметрі 5,5 м цилиндрге ұқсас, төбесі күмбездене жабылған ортаңғы бөлме бар. Құрылыс ғибадат етуге арналған болуы керек, өйткені ешқандай қабір табылған жоқ. Ал, жан-жағындағы шеңбер бөліктері сияқты бөлмелерде қабірлер бар. Кіреберіс есіктен басқа бөлмелердің қабырғаларында радиалды аркалы қуыстары бар. Есікке қарсы беттегі радиалды қабырға бітеу, бөлмелер еңселі, төбесі жабық, трапеция түріндегі кірпіштерді көлденең және қиғаш қалаған. Кірпіштердің кірісіне керамика сынықтарын қаққан.Ғимараттың аса маңызды болып табылатыны – күмбезді сәулеті. С. Толстовтың пікірінше, күмбезді жабу техникасын жасауда Сырдария өзенінің маңын мекен еткен сақтар маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Сырдария өзенінің маңын мекен еткен сақтардың күмбезді құрылыстарды салу қағидалары Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропадағы бұдан кейінгі барлық құрылыс технологияларына үлкен ықпал етті."Баланды" атауының этимологиясы өте қызықты. Қазақтарда "бұлаң"сөзі "бұрылыс", "бұралаң" деген мағынаға ие. Түрік тілдері тобында -ты және -ды жалғауы көптік мағынаны береді. Осылайша, "Баланды" атауы – бұл "бұралаңы көп, бұрылысы көп" дегенді білдіреді. ## Дереккөздер
Мәулен Балақайұлы Балақаев (1907 жылғы қазанның 7-сінде Түркістанның маңындағы Шаға ауылы – 1995 жылғы қарашаның 15-і, Түркістан қаласы) — қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы (1951), профессор (1952), Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1958), Қазақ КСР-інің еңбек сіңерген ғылыми қайраткері (1963). Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1933). 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Алматы журналистика институтының кафедра меңгерушісі (1937–41), Шет тілдері институтының директоры (1941–42). Қазақ КСР-і Мин. Кеңесінде кеңесші-референт (1943–1945), Мемлекеттік терминология комиссиясының ғалым-хатшысы (1946–63), ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі (1952–75), ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ғылым Академиясында (1945–59, 1975–87) бөлім меңгерушісі, ғылым кеңесші (1987–95) болды. Балақайұлытың ғылыми-зерттеген еңбектері қазақ тілі ғылымының грамматика, емле, терминология, тіл мәдениеті, стилистика тәрізді өзекті мәселелеріне арналған. Балақайұлы орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға белсене ат салысты. Балақайұлы 150-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 20-ға жуық кітаптар мен моногр. зерттеулердің авторы. Балақайұлытың «Жай сөйлем синтаксисі» деген доктор диссертациясы тіл білімі тарихындағы жаңалық ретінде жоғары бағаланды; әсіресе, «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы – синтаксистің салаларын ғылым тұрғыда жүйелеп, оның құрылымдық қызметін терең зерттеген еңбек. Балақайұлы «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің негізгі типтері» деген монографиясында синтаксистің дербес саласы ретінде сөз тіркесін алғаш зерттеді. Еңбектерінің бірқатары қазақ әдеби тілінің дамуы мен көркем әдебиет тілін зерттеу мәселелеріне арналған. «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген монографиясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1986) атағы берілді. ## Өмірбаяны 1929 жылы Шымкенттегі педагогтық техникумды бітірді. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында аудандық білім беру бөлімінде инспектор, кейін соның жетекшісі болып қызмет атқарды. 1931 жылы Алматыдағы Қазақ педагогтық институтына түсті. Студент кезінде-ақ сол институтта қазақ тілінен сабақ беріп, жаңа термин сөздерді жасап шығаруға, қазақ мектептеріне арналған оқулықтар және оқу құралдарын жазуға атсалысып жүрді. 1934 жылдан бастап алдымен Ленинград мемлекеттік тарих, пәлсапа, әдебиет және тілтану мемлекет институтының, сосын Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқи бастады. Ленинград Шығыс институтының редакторлар мен аудармашылар курстарында қазақ тілінен сонымен қатар сабақ беріп жүрді. Аспирантураны тәмамдаған соң Қазақстанның жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарында жұмыс істеді; Коммунистік журналистика институтында кафедра меңгерушісі, Алматы шет тілдері институтының директоры қызметтерін атқарды. 1942 жылы «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1942-1943 жылдары Қызыл Әскердің қатарында қызмет атқарды. ҚазКСР Министрлер кеңесінің аппаратында референт және кеңесші болып жұмыс істеді, С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде сабақ берді. 1945 жылдан бастап ҚазКСР Ғылымдар Академиясында тұрақты еңбек ете бастады, қазіргі қазақ тілі бөлімін, 1959 жылдан ҚазКСР Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімін басқарды. 1950 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем синтаксисінің негізгі мәселелері» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. 1951 жылы оған филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді, 1952 жылдан бастап профессор. 1958 жылы Қазақ КСР Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. ## Ғылыми еңбегі Өз еңбектерінде Балақаев қазақ тілінің синтаксисі, стилистикасы мәселелерімен айналысқан. Қазақ тіліндегі негізгі сөз тіркестері және қазақ әдеби тілінің тарихымен де шұғылданған. Алғашқылардың бірі болып қазақ көркем әдебиетінің тілін зерттеумен айналыса бастаған. Жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілі (Синтаксис)» оқулығының, «Қазақ әдеби тілінің тарихы» оқу құралының авторларының бірі болып табылады. Орта мектептерге арналған оқулықтарымен ол ерекше белгілі. Қазақ лексикографиясына да оның сіңірген еңбегі қомақты, ол 2 томдық Орыс-қазақ сөздігінің, «Орфографиялық сөздіктің» авторлары мен редакторларының бірі.. ## Шығармалары * Қазіргі қазақ тілі: лексика, фонетика, грамматика, А., 1954, 1966, 1971, 1996 (телавт.); * Современный казахский язык: Синтаксис словосочетания и простого предложения, А.-А., 1959; * Қазақ тіл мәдениетінің мәселелері, А., 1965; * Қазақ тілінің стилистикасы, А., 1966 (телавт.); * Қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис. 2-том, А., 1967; * Қазақ әдеби тілінің тарихы, А., 1968 (телавт.); * Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту, А., 1989; * Қазақ тіл білімінің мәселелері, А., 2008. ## Әдебиеттану * Аралбаев Ж., Сарыбаев Ш., О жизни и творчестве профессора М.Б.Балакаева, «Известия АН КазССР, Серия филологическая», 1977, № 4; * Сыздыкова Р., Сарыбаев Ш., Маулен Балакаевич Балакаев, «Советская тюркология», 1987, № 6. ## Дереккөздер
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Жангелді ауданы, Қостанай облысы – 8 желтоқсан 1937 жыл, Алматы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі. ## Өмірбаяны Арғын тайпасының Шақшақ руынан шыққан. Атасы Шошақ оның немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер, білімді тұлғаның бірі болған. Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынұлы 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынұлы мен Дулатұлы қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде жұмыс жасады. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген. 1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум. сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу болатын. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылтуға тырысты. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге дейін көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалған еді. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсынұлының Абай Құнанбайұлының ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болып саналады. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасауда қзінің үлкен үлесін қосты. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді. Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген еді. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген. Б. қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент 1922 жылы қалаларында салтанатты түрде аталды. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатұлы, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі ... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды. 1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» (Мәскеу) Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. 1933 жылы шыққан М.Баталов пен М.С.Сильченконың «Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері» деген кітапшасында: «оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды» деп Б-ның қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Б. есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академик А.Н.Кононов «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсынұлының толық өмірбаянын беріп, әлеуметтік-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлы есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай мемлекеттік университеті Байтұрсынұлының есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды. ## Хронология Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданындағы Ақкөл ауылы). * 1882—1884 жж. ауыл мектебінде оқыды. * 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. * 1895—1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. * 1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды. * 1912 ж. Оқу құралы. Қазақша алифбасы Орынборда жарық көреді. * 1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді. * 1918-19 жж. Алаш Орда қатарында болады. * 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады. * 1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер. * 1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. * 1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. тамыз айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, алты айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған. Сәкен Сейфуллин баға беріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті: …Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті. Мұхтар Әуезов былай депті: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты. ## Шығармалары Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. ## Лингвистика ### Араб жазуының қолданылуы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фонологиясы мен графикасын 1910 жылдардан бастап зерттей бастады. Ол қазақ зиялыларының латындандыруға қарсы пікір білдірген бейресми көшбасшысы болды: оның пікірінше, қазақ тілінің латын графикасына өтуіне «еш қажеттілігі жоқ» деп жазған. Латын әліпбиінің басты минусы ретінде, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фонемаларына «қолайлы таңбалардың жоқ болуы» деп түсіндірді. Сонымен қатар, ол араб жазуын латын жазуына қарағанда тезірек және оңай оқуға болады деп сенді. Сонымен қатар, Байтұрсынұлы бұрын қазақ тілі үшін қолданылған араб жазуы күрделі болуына байланысты бұқаралық сауаттылық деңгейінің артуына кедергі болды деп есептеді. Араб жазуының кемшіліктеріне ол бір фонема үшін бірнеше әріптерді қолдануды, жазудың консонантты сипатын — дауысты дыбыстар үшін белгілердің болмауын жатқызды. Араб жазуын реформалау идеясын Молдағали Жолдыбаев, Халел Досмұхамедов және Міржақып Дулатұлы сияқты қоғам және саяси қайраткерлер қолдады. ### Байтұрсынұлы реформалары Байтұрсынұлы араб жазуын реформалау жобасын әзірлеп, оны қазақ фонологиясының ерекшеліктеріне бейімдеді. Оның пікірінше, бұрыннан бар жазуды өзгерту жаңасына (латынға) көшкеннен артық, сол себепті «араб жазуын қазақ дыбыстарына бейімдеу қажет». Өзінің жобасын 1912 жылы Орынборда басылып шыққан «Оқу құралы» атты еңбегінде жариялаған. Жаңа емлені қазақ жұртшылығы қабылдап, қазақ-орыс мектептерде және медреселерде сабақ беруде қолданды. 1915 жылға қарай Қазақстанда реформаланған араб әліпбиімен он бес кітап басылып шықты. Кейін Байтұрсынұлы қазақ тілінің жазуына қатысты тағы бірнеше еңбек жазып, жариялады: «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Ахмет Байтұрсынұлының қазақша алфабесі» (1914), «Жаңа әліппе» (1926—1928), «Баяншы» (1926) — мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. «Оқу құралы» 1912—1925 жылдары жеті рет қайта басылды. Әліпбиді лингвист Евгений Поливанов және бірқатар орыс тіл мамандары құптаған. Қазақстан аумағында кеңес билігі орнатылып, Қазақ АКСР-і құрылғаннан кейін де Байтұрсынұлы қалаған араб жазуы қолданыла берген. Байтұрсынұлы әліпбиімен «сауатсыздықты жою» бойынша оқулықтар, оқу құралдары шығарылды. 1926 жылғы халық санағы бойынша, қазақтар арасындағы сауаттылық деңгейі жеті жылда 2-ден 22%-ға дейін өскенін көрсетті. Араб жазуымен он газет, соның ішінде «Еңбекші қазақ» газеті, және екі журнал шыққан. ## Әдебиеттану Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның Қазақ газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Мәскеуде шығарды. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі. Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары — шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады. Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады. Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар. ## Ахмет Байтұрсынұлы туралы айшықты ойлар — Сәкен Сейфуллин — Міржақып Дулатұлы — Мұхтар Әуезов — Серік Қирабаев — Рымғали Нұрғалиев — Сырбай Мәуленов — Зейнолла Қабдолов — Сәбит Мұқанов — Қайым Мұхамедханов — Ғаббас Тоқжанов — Рабиға Сыздықова — Қайым Мұхамедханов ## Аудармалары Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды. ## Түркітану Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. 1926 ж, Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады. Байтұрсынұлы қазақ тілі білімін 20 ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды. ## Фильмдер * 1994 — «Алаш туралы сөз» Алашорда режиссері: Қ.Умаров Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм” * 2009 — «Алашорда» Алашорда режиссері: Қ.Умаров Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы ## Әдебиет * Ахмет Байтұрсынұлы Тiл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері) / ред. Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев — Алматы: Ана тiлi, 1992. — Б. 448. — ISBN 5-630-00007-1. * Olcott, Martha Brill. The Politics of Language Reform in Kazakhstan (en) / I. T. Kreindler (ed.) // Sociolinguistic Perspectives on Soviet National Languages: Their Past, Present and Future : жинақтама. — The Hague: Walter de Gruyter, 1985. — Vol. 40. — P. 183—204. * Исхан Б., Құлманова М. Қазақ жазуын латыншаға ауыстырудың ұлттық негізі / Құнанбаева С. // Профессор Байынқол Қалиұлы Қалиевтің 80 жылдығына арналған«Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» аттыхалықаралық ғылыми-практикалық конференцияcының материалдары : жинақ. — Алматы: Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ баспасы, 2019. — б. 205—211. — ISBN 978-601-270-346-7. * Күдеринова Құралай Қазақ жазуының тарихы мен теориясы — Алматы: Елтаным баспасы, 2013. — Б. 242. * Сайбекова Н. Грамматологиялық парадигма: А.Байтұрсынұлы және қазақжазу үлгісінің қалыптасуы — Алматы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 2020. * Алпатов, В. М. 150 языков и политика: 1917—2000. Социолингвистические проблемы СССР и постсоветского пространства  (орыс.) — 2. — Мәскеу: КРАФТ+, ИВ РАН, 2000. — Б. 224. — ISBN 5-89282-158-7. * Аманжолова Дина Языковая политика и культура управленцев казахской АССР. 1920-1936 гг.  (орыс.). — Российские регионы: взгляд в будущее, 2016. — Т. 2. — № 7. ## Сыртқы сілтемелер * Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жаңа деректер * Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ өкпесі Мұрағатталған 19 желтоқсанның 2011 жылы. * Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақтың бас ақыны * Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ һәм түрлі мәселелер * Алашорда әскерінің ұраны: «Жасасын, Отанның адал ұлдары!» * Қазақ әдебиеті * Ахмет Байтұрсынұлы жайлы мақала * Ахмет Байтұрсынұлы. Туындылары(қолжетпейтін сілтеме) * Malimetter.kz Ахмет Байтұрсынұлы реферат (қазақша) * Қаратаева, Гүлнар Из истории казахского алфавита: арабская графика – латиница – кириллица (18 қазан 2017). ## Дереккөздер
Бал ашу — болжам жасаудың ертеден келе жатқан түрі. Қазақтар арасында құмалақ тарту, жауырын қарау, жұлдызшылық, т.б. бал ашу түрлері кеңінен тараған. Ши, сіріңке талдарын қиылыстыру, Құран ашу, түс жору, алақан-саусақ сызықтарына қарау арқылы адамның өткені мен болашағын болжай білген. Адамдар кейде бал ашу көмегімен өзі мен отбасы мүшелерінің амандығы, ықтимал қатер мен қауіп, т.б. жөнінде дәл білген. Жауырынға, жұлдызға, қой құмалағына, жер бетіндегі өзгерістерге (ылғал, шық, қырау, дымқыл, құрғақ, т.б.) қарап табиғаттың түрлі құбылыстарының алдын алып отырған. Бал ашу дарынды, киелі кісілер дамытып келген қасиет. Қазақтың хан, би, әскер басылары өз заманында болжаушы, кеңесші ретінде бал ашушы ұстаған. Атақты грек тарихшысы Геродот сақтардың болжау жасауға, Бал ашуға ерекше көңіл қоятындығы туралы жазған. ## Дереккөздер
Балаұйық – Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы құдық секілді терең үңгір. ## Географиялық орны Үстірттің оңтүстігіндегі Балаұйық қорымынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 км жерде орналасқан. ## Сипаты Үңгір неоген кезеңінің әктасты-карсты шұңқырынан басталады. Ұзындығы 140 м, жалпы тереңдігі 115 – 120 м. Үңгірдің ауыз жағы тар, ол 50 – 55° көлбеу бұрыш жасап төмен қарай кетеді. Жердің астында, 20 – 25 м тереңдікте 1-бөлме, 70 – 75 м тереңдікте 2-бөлме, 100 – 115 м тереңдікте төбесі күмбезделіп келген 3-бөлме бар. Дөңгелене біткен 3-бөлменің еденінде көлденеңі 22 м, тереңдігі 4,5 – 5 м көл жатыр. Оның суы көгілдір, дәмі ашқылтым. Үңгірден палеолит заманының адамдары пайдаланған бұйымдардың сынықтары табылған. Үңгірдің туристік маңызы зор. ## Дереккөздер
Фатима Жұмағұлқызы Балғаева (5 мамыр 1926, Түлкібас ауданы, Түркістан облысы — 2005, Алматы) — қобызшы, Қазақстан халық әртісі (1981). Алматы консерваториясын бітірген (1950). 1942 жылдан Қазақ халық аспаптар оркестрінде өнер көрсетті. Балғаева аса шебер қобызшы ретінде халықтың ән, күйлерімен бірге Қазақстан композиторлары (Е.Г.Брусиловский, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Қ.Мусин, т.б.), Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларын төрткүл дүниеге таратты. Балғаева — Берлинде өткен бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалі байқауының лауреаты (1951). Бухарестегі жастар мен студенттердің фестиваліне қатысты (1953). Мәскеуде өткен фестивальде Мәскеудің Үлкен театрында симфониялық оркестрдіңсүйемелдеуімен А.Жұбановтың қобызға арнаған “Көктем вальсін” орындап, лауреат атанады (1957). 1960 жылдан Алматы консерваториясында ұстаздық қызметін атқарып келді (1978 жылдан профессор). Сексенге жуық шәкірттер тәрбиелеген, олардың ішінде М.Қалембаева, Г.Ізтілеуова, Р.Нұртазина, З.Бисембаева, Н.Сиражев, К.Ахметова, т.б. бар. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған. Кәсіби қобыз өнерінің негізін қалаушы, қобызды әлемге паш еткен қобызшы ұстаз Фатима Жұмағұлқызы Балғаева ­ 2005 жылы дүниеден озды. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Алаш айнасы. Республикалық қоғамдық-саяси портал Мұрағатталған 28 шілденің 2014 жылы.
Баласағұн - Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған ортағасырлық қала атауы. Жазба деректерде 10 ғасырдан бастап белгілі. Әл-Мақдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз-Орда деген басқа аттары болғанын хабарлайды. Зерттеушілердің пікірінше: * Баласағұн алғашқыда (8 ғасыр) түрікше Беклік (Бекелік – бекініс), соғдыша Семекне деп аталған. Баласағұн тұрғындары түркі және соғды тілінде сөйлеген. Қала 1210 жылы Мұхаммед Хорезмшаһты жеңген қарақытайлықтардың қол астына қарайды. 1218 жылы Шыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз беріліп, Ғабалық («Жақсы қала») деп аталады. Шығыстанушылар: В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, М.Тынышбаев Баласағұнның дәл орнын анықтауға күш салды. Соңғы кезде Баласағұн орны туралы ғылымда бірнеше пікір қалыптасты. * Мұхаммед Хайдар Дулатидің кітабында (16 ғасырдың 1-жартысы) Джу елінде күмбезі мен мұнарасы ғана қалған, қираған қала орны бар, оны жергілікті халық «Борана» деп атайды делінген. Автор осы жерде құдай жолын қуған имам Мұхаммед Фатих Баласағұнидің қабірі бар екендігі жайлы да хабарлайды. Бұл дерек Баласағұнның орны осы Борана емес пе деген ой тудырады. Борана–Шу өңіріндегі ең үлкен ескерткіштердің бірі. Тоқмақ қаласынан оңтүстікке қарай 15 км жерде. Оны 1978–1983 жылы В.Д.Горячева зерттеген. Қала айналасы төртбұрышты қорғаныс дуалмен қоршалған. Солтүстік және батыс қабырғаларының ұзындығы 570 м, оңтүстік жағы 600 м, ал шығыс жағы 500 м. * 1974 жылдан ҚазМУ археологтары (жетекшісі У.Шәлекенов) зерттеп жатқан Шу өңіріндегі Ақтөбе деп аталатын көне қала Баласағұнның орны деген пікір де қалыптасты. Ұсынылып отырған осы қалалардың қайсысы да 5–13 ғасырларда дамыған өркениет орталығы болған. ## Баласағұн қаласы қайда болған? Кейiнгi жылдары iске асып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы егемендi елiмiздiң әлеуметтiк-мәдени өмiрiне үлкен жаңалықтар алып келдi. Солардың бiрi белгiлi тарихшы, археолог және этнолог ғалым Шәлекенов Уахит Хамзаұлының монографиялық еңбегiнiң жарық көруi. Профессор У.Шәлекенов өзiнiң монографиясында тарихи деректерге, атап айтқанда, 30 жыл бойы жинақталған құнды археологиялық жәдiгерлерге сүйенiп, ортағасырлық тарихи қала–Баласағұнның тұрған жерiн анықтап, оның ортағасырлардағы түркi мемлекеттерiнiң әлеуметтiк-саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғанын дәлелдеп берген. Монографияның алғы сөзiн жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Оразақ Смағұловтың пайымдауынша, У.Шәлекенов өзiнiң еңбегiнде Түркеш (Сарыүйсiн), Қарлұқ, Қарахан және Қарақытай (Қарақидан) сияқты ортағасырдағы түркi мемлекеттерiнiң бас астанасы болған, Ұлы Жiбек жолының солтүстiк тармағында орналасқан Баласағұн қаласының тарихы жан-жақты қарастырылған. У.Шәлекеновтың монографиясы 8 тараудан, тұрады. Кiтаптың бiрiншi тарауы Баласағұн қаласының тарихи әдебиеттерде сәулеленуiне арналған. Монографияда 1938-1939 жылдары ленинградтық ғалым Л.Н.Бернштам Қырғызстандағы Тоқмақ қаласының оңтүстiк батысында 8 км. қашықтықта орналасқан ортағасырлық Ақбешiм қаласының орнында кiшiгiрiм қазба жұмыстарын жүргiзiп, қолға түскен азғантай деректерге сүйенiп Ақбешiмдi Баласағұн деп жариялап жiбергенiн үлкен өкiнiшпен жазады. «[[Шығыстанушылардың ғасырлар бойы, – деп қорытындылайды У.Х.Шәлекенов, – таба алмай жүрген Баласағұнды таптым деп, А.Н.Бернштам да тарихта «сенсация» жасаған]]». (58 б.)Ғылымда, әсiресе археологияда «сенсациядан» қашық болу туралы қағиданы Уахит Хамзаұлы кезiнде академик Әлкей Марғұланнан естiп, оны ғылыми жұмыста басшылыққа алғаны белгiлi. Оған дәлел ретiнде У.Шәлекенов ғұлама жинаған деректер бойынша өзiнiң ғылыми тұжырымын жазып, текшелеп, қағаз папкаларына салып қоя беретiнiн байқайды екен. «Сiз осы субъектердi күнбе-күн тынымсыз жазып, оларды бастырмайсыз ба?» – дегенiмде, Әлкей Марғұлан көп кiдiрмей-ақ: «Менiң мақсатым, жинаған деректердi ғылыми негiзде жазып қалдыру. Қолжазбамды кейiн шығарып аласыздар ғой», – дегенi есiмнен кетпейдi» – деп жазады (30 бет).1974 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе қонысын У.Х.Шәлекенов бастаған топ бастап арнайы қазған кезде күтпеген жерден келiп, ескерткiшпен жан-жақты танысып, оның тарихи Баласағұн болуын алғаш болжап айтқан да Әлкей Марғұлан екен. Сол жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнде археология және этнология кафедрасының археолог мамандары студенттермен бiрлесiп қазба жұмысын ортағасырлық Ақтөбеде (Баласағұн) өткiзедi. Оны тарих факультетiнiң студенттерiнiң археологиялық базасына айналдыру үшiн ең алдымен ескерткiштiң жанынан университет жүз орындық тұрақты жатақхана салады. Әр жылы көптеген тарихшылар сол жерде тәжiрибеден 30 жылдан астам өтiп келе жатқаны көп нәрсенi аңғартады.Профессор У.Шәлекенов археологиялық зерттеу жұмысына қамқоршы болған азаматтар мен мамандардың да есiмiн атайды. Солардың iшiнде университет ректоры болған белгiлi ғалым Өмiрбек Жолдасбековке үлкен ризашылығын бiлдiредi. Әсiресе есiмi халқымызға белгiлi, Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның XX ғасырдың 80 жылдары Актөбе ескерткiшiне арнайы келiп, ондағы жүрiп жатқан археологиялық зерттеудiң қаншалықты маңызды екенiн айтып оған қолдау қажеттiгiн жазып, өз пiкiрiн бiлдiргенi ғалымдар мен мамандарға ой салатыны анық.Сонымен Ақтөбедегi (Баласағұндағы) 30 жылдан астам археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесiнде цитадельде, шахристанда және рабадта бай деректерге қол жеткiзiлген. Табылған деректерге негiзделе отырып жазылған мақалалар мен кiтаптардың хронологиясы барынша сарапталған. Нәтижесiнде, бұрынғы Ақтөбенiң тарихи Баласағұн екенi ғылыми негiзiнде дәлелденген. Ал У.Шәлекеновтың «V-ХIII ғасырдағы Баласағұн қаласы» монографиясы бұған дейiн жазылған ғылыми еңбектерден ерекшелiктерi бар. Профессор У.Х.Шәлекенов өзiнiң монографиясында Баласағұн қаласының негiзiн салуда Алты Алаштың перзенттерi қатысқаны туралы деректер келтiрген, олардың iшiнде ежелден отырықшы өмiр сүрген оғыз тайпалары болғанын ерекше айтады. Әсiресе «алты алаш» сөзiнiң семантикасы туралы пiкiр айтылғанмен, оның ғылыми анықтамасы жеткiлiктi зерттелмегенiн ескередi. Монографияда «алты алаш» ұғымы Бiлге қаған, Күлтегiн және Тоныкөктердiң басқарып тұрған кезiнде пайда болғандығы туралы болжам жасайды.Монографияда Бiлге қаған мәтiнiнде бар «Алты тақ иегерлерi», немесе алты кiшi хандықтың ордасының атаулары зерттелiнедi. Ал М.Қашқари кiшi ордаларды «алачу» (alacu) деп атау ғасырлар бойы халық арасында қалыптасып, XI ғасырдың басында хатқа түсiрiлгенi ескерiледi. Тарихи деректер бойынша түркiлер қағанат орталығын Орда деп атаса, хандардың орталығын «алачу» деп атаған екен. «Олай болса, – деп қорытындылайды У.Х.Шәлекенов, – байырғы түркiлерiнiң осы алты тайпасы кейiн «алты алаш» атанып, күнi бүгiнге дейiн халық жадында сақталып қалған. Бұл атау Еуразия кұрылығындағы ұлы дала көшпелiлерiнiң ұранына айналған, бүкiл бүтiн оғыз, қыпшақ, қарлұқ, басмыл, он-оқ түркештердiң кейiнгi ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған». (71 б.)Оғыздар қалаларының тарихын жеке қарау арқылы да автор көптеген жаңалықтарға жол ашып берген. Ұзақ жылдар бойына тарих ғылымында үстемдiк еткен түркiлер туралы айтылған евроцентристердiң пiкiрлерiнiң жалған екенiн жазба және археологиялық зерттеулердiң материалдарын кеңiнен пайдалану арқылы әшкерелейдi: «Түркiлер ежелден шетiнен көшпелi болмаған, - деп жазады автор. – Олардың отырықшы мәдениетiнiң орталықтары болған үлкендi-кiшiлi қалалары, тұрақты мекендерi өздерi ерте заманнан бастап, Тұран өлкесiнде салғандағы аты аңызға айналған, тегi түркi Афрасиабпен байланысты екендiгi тарихи деректерде кең көлемде суреттелген. Афрасиаб туралы иран, араб, түркi тiлдес әдебиеттерде көп жазылған...» (75 б).Баласағұнның iрi мәдени орталық болғаны туралы және онда көптеген ғұламалардың өсiп шыққан ұясының бiрi туралы монографияда мағлұматтар берiледi. Олардың iшiнен Абу-Абдаллах Мухаммед Ибн-Мұса әл-Баласағұн ерекше аталады. Деректер бойынша ол Ат-Түрiк деген есiммен белгiлi. Ол ең әуелi Бағдатта оқыған, одан кейiн Шамға (Сирияға), Дамаскiге барып қызмет атқарған.Профессор У.Х.Шәлекенов бұрын белгiлi деректерге сүйене отырып, Афрасиабтық барлық түркiлердiң құрметiне бөленген көсемi болғанын дәлелдейдi. Оның кезiнде салынған қалалар: Ниса, Мерв, Термез, Самарқанд (Афрасиаб), Бұхара, Соғда, Мар, Пайкент, Ферғана, Ахсикент, Ходжент, Өзкент, Ош, Ташкент, Түркiстан, Янкент, Қият, Үргенiш, Испиджаб (Сайрам),Манкент, Құмкент, Саудакент, Бабата, Тараз, Құлан, Мерке, Баласағұн, Аспара, Қарақастек, Алматы, Қойлық, Жаркент, Қашқар және т.б. Бұл қалалардың басым көпшiлiгi Қазақстан жерiне салынған және оларды салған оғыздар. «Тарихта дәлелденген мәселенiң бiрi, оғыздар осы күнгi түркмен, азербайжан, Осман түрiктерiнiң этногенезiне белгiлi үлесiн қосқан тайпа. Олар ертедегi ортағасырда Орталық Азияны мекендеген. Кейiн әртүрлi тарихтың тәлкегiмен оғыздардың бiр бөлiгi батысқа қарай жылжып, жаңа қоныстарға ие болған. Солай болса, олар ертеде отырықшы мәдениетiнiң орталықтарына айналған қалалар салған, әсiресе Ұлы Жiбек жолдарында» (80 б).Монографияның VII тарауында автор Орталық Азия түркiлерiнiң құл иеленушiлiк дәуiрiн зерттейдi. Еуропалық тарихнамалардағы «Түркiлер құл иеленушiлiк қоғамды бастарынан өткермей, алғашқы қауымдық қоғамнан бiрден феодализмге өткен» деген тұжырымдаманы батыл сынға алады. Бұл жерде ғалым барлық өмiрiн түркiлердiң тарихын зерттеуге арнаған Л.Н.Гумилевтың тұжырымдарын қолдайды. Монографияда б.з.б II – б.з. V ғ.ғ. ертедегi сақтардың ұрпақтары қаңлы, Ферғана, Тохаристан құл иеленушiлiк мемлекеттерiнiң болғаны туралы деректердi келтiредi. Әсiресе III-VII ғасырларда қаңлы тайпасының әлем түркiлерiнiң арасында құл иеленушiлiктiң таралуы жан-жақты сарапталған. Мәселен, Амудария мен Сырдария алқаптарында кең көлемде үлкен су жүйелерi құлдардың күшiменен салынғаны туралы деректер келтiрiлген. Профессор У.Х.Шәлекеновтың бұл ғылыми зерттеуi ұлттық тарихымызға жаңа көзқарас қалыптастыруда қосқан үлесiнiң мол екенiн айтумыз керек Монографияның соңғы тарауында Ұлы Жiбек жолының тарихы да Баласағұн қаласымен тiкелей байланысты екенi жазылған. Және Баласағұн қаласы кешендi зерттелу үшiн оны «Мәдени мұра» бағдарламасына енгiзу туралы ұсыныс жасайды. Баласағұн АлматыТараз тас жолындағы үлкен туристiк орын болатынына автор өзiнiң сенiмiн бiлдiредi.Жалпы монографияда қазақ халқының ұлттық тарихын жазу туралы түйiн жасалыпты. Осыған орай автор бiрнеше ұсыныстар келтiрген, әсiресе тарих мемлекет тiлiнде жазылып, ол «Қазақ халқының тарихы» деп аталынуы керек деген. Ол үшiн жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салаларындағы халқымыздың тарихын жаза алатын, ұлттық менталитетi бар мамандардың басын қосып еңбек ету арқылы шешетiн күрделi мәселе екенiн ескертедi. Өйткенi, ғылымның барлық саласының гуманизациялау кезiнде өздерiне ғана тән-тарихының болуы және олардың даму тарихының жиынтығы қазақ халқының азаматтық тарихына енуi керектiгi қазiргi кезеңнiң талабы болып отыр.Сонымен, профессор У.Х.Шәлекеновтың аса құнды монографиялық еңбегiнiң жарық көруi қазақ халқының ұлттық тарихына қосқан үлкен үлесi деп қабылданып, ғалымдар қауымының, қалың оқырмандардың назарында болуына және тиiстi бағасын алатынына сенiм бiлдiргенiмiз орынды болар. ## Әдебиеттану * Б а й п а к о в К. М., О древних городах Суяб и Баласагун, «Вестник АН Каз.ССР», 1976, №1; * Г о р я ч е в а В. Д., Средневековые городские центры и архитектурные ансамбли Киргизии, Фрунзе, 1982; * Ш ә л е к е н о в У. Х., Құм басқан қала, А., 1992. ## Сыртқы сілтемелер * http://ardaktylar.kz/persons/balasan-zhsp-has-hazhyb/ Мұрағатталған 1 маусымның 2012 жылы. * http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6664&Itemid=35(қолжетпейтін сілтеме) * http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=35&id=1165 * http://mukhanov.ucoz.kz/publ/shu_irini_tarikhy/9-1-0-723 ## Дереккөздер
Балғожин Шәбден Әбділғапарұлы(25.5.1925, Алматы қаласы – 15.7.2004, сонда) – техника ғылым докторы (1971), профессор (1972), Қазақстан ғылым академиясының акад. (2003). Қазақ тау-кен металлургия ин-тын (қазіргі Қазақ ұлттық тех. ун-ті) бітірген (1950) соң осы ин-тта аспирант, оқытушы, доцент, проф. (1950–1974), Кен ісі ин-ты директорының орынбасары (1974–1988), директоры (1976–1987) және лаборатория меңгерушісі, Қазақстан ҒА Төралқасының мүшесі (1976–1993), ал 1993 жылдан зейнет демалысында болды. 1970 ж. «Научно-технические основы совершенствования организации очистных работ на шахтах Карагандинского бассейна» деген тақырыпта докт. дисс. қорғаған. Б-нің 260-тан астам ғыл. жарияланымы бар; ғыл.-зерт. еңбектері көмір шахталарындағы кен қазбаларын бекіту мәселелерінің теор. негіздеріне, кен жұмыстарын жаппай электрлендіруді жетілдіруге арналған. Ол Қарағанды шахталарынан көмірді алудың тиімді әдістерін өндіріске енгізуді, шахталарды метан газынан тазалау және оны энергет. шикізат көзі ретінде пайдалану жолдарын ұсынды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. ## Шығармалары Эффективность разработки пластов в сложных условиях Карагандинского бассейна, А.-А., 1978 (соавт.); Геохимические условия охраны подготовительных выработок при отработке угольных пластов, А.-А., 1982; Научно-технические основы электрификации горнодобывающих машин на рудниках, А.-А., 1985. ## Дереккөздер
Балғымбаев Әбдіғали (20.4.1866, Торғай облысы Қостанай уезді — 28.1.1942, Алматы) — педагог, орыс-қазақ мектептерін ұйымдастырушылардың бірі. Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин ашқан екі кластық мектепті, Орск қаласындағы мұғалімдер мектебін бітірген (1886). Қостанайдағы екі кластық училищеде мұғалім, Ақтөбе уезі, Қарабұтақта екі кластық училищелердің меңгерушісі, “Торғай облыстық ведомостары” газетінің (Орынбор) редакторы, Орынбор округіндегі қазақ училищелерінің бастығы, 1907—1917 жылдары Торғай облысы халық училищелерінің инспекторы болды. 1917 жылдан кейін Торғай ревкомының мүшесі, тұңғыш уездік оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1936 жылдан Қазақстан Орталық музейінде библиограф болды. Балғымбаев Әбдіғали — оқу орындарын ұйымдастыру саласында Ыбырай Алтынсариннен кейінгі екінші қазақ инспекторы. Өзі еңбек еткен жылдары Торғай жерінде 22 орыс-қазақ уч-щесін ашуға ұйытқы болды. Ауылдарда мектептер ашу, сауатсыздықты жою мәселелерімен айналысты. Мектептердегі ғылыми пәндерге, сабақтың көрнекілігіне, оқуды өмірмен байланыстыруға, дене, еңбек тәрбиесіне ерекше мән берді. Балғымбаев Әбдіғали “Бесіктен бейітке дейін” (1904), “Торғай уезінің ауыл мектептеріндегі оқу ісін қамқорлыққа алып, оның жұмысын жақсарту шаралары” (1911) деген еңбектерінде адамның өмір бойы оқып-үйренуі, жетіле беруі, өнер-білімді меңгеруі керектігін жазып, сол кездегі оқу-ағарту саласындағы озық тәжірибелерді насихаттады. ## Дереккөздер
Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз, қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданы – 1860, сонда) — қазақ биі, Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздегі қыпшақ тайпасының Ұзын руынан. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр аға сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған. Балғожа 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы (сотник), 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған. Ресей өкіметі тарапынан “Ынталылығы үшін” ("За усердие") деген алтын медальмен марапатталған. Сонымен бірге патша өкіметі оған аты жазылған екі тапанша мен қосауыз мылтықты сыйға тартқан. Балғожа Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатысты. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерілісшілер қолынан қаза тапты. Осыдан соң немересі Ыбырайды өз тәрбиесіне алды. Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы жарық көрген “Қазақ хрестоматиясы” кітабына “Балғожа бидің баласына жазған хаты” деген өлеңді енгізген. Сол өлеңде айтылатын ақыл-өсиеттер Балғожаның сөздері. ## Дереккөздер
Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев (20 қараша 1947 жыл, Гурьев – 14 қазан 2015 жыл, Атырау) — қазақстандық саясаткер, 1997–1999 жылдары аралығында Қазақстан премьер-министрі қызметінде болған. ## Өмірбаяны ### Білімі 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының мұнай және газ факультетін тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірді. 1992–1993 жылдары Массачусетс университетінің тыңдаушысы болды. ### Қызмет жолы Еңбек жолын Атырау (қазіргі Маңғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі (1964) болып бастаған. 1973–1977 жылдары “Маңғышлақмұнай” бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері. 1977–1992 жылдары Атырау облысындағы Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, “Ембімұнай”, “Ақтөбемұнай” бірлестіктерінің бас инженері, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрігінің Бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін атқарды. Одан кейін АҚШ-тың Массачуссетс университетінде оқып, мұнай өндірісінің әлемдік озық тәжірибелерін іс жүзінде меңгеру үшін “Шеврон” компаниясында жұмыс істеді. 1994–1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, “Қазақойл” ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті болды. 1997–1999 жылдары Қазақстан премьер-министрі ретінде қызметін атқарды. 1999 жылдан "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан үкіметінің мүшесі. 2002 жылдан ол — «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті. 2007 жылдан — Қазақстан президентінің кеңесшісі, Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнайы екілі. 2009 жылғы желтоқсаннан бері — «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындарының әкімшілігі» ЖШС бас директоры. 2015 жылғы 14 қазанда Балғымбаев 68 жасында Атырауда қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды. ## Марапаттары және атақтары * 1-дәрежелі Барыс ордені (1999); * 2-дәрежедегі Барыс ордені (1999); * Қ.Сәтбаев атандығы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің құрметті профессоры (құрметті ғылым атағы; 2003); * Астанаға 10 жыл медалі (2008); * Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл медалі (2011); * 1-дәрежедегі Барыс ордені (2013). Әскери атағы — запастағы аға лейтенант. ## Дереккөздер
Бақсы (Шаман) — бағызы түсінік бойынша тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық, т.б. ерекше қасиеттері бар адам (“шағатай” тілінде бақшы). Бақсылық ертедегі шаманизмнен сақталған ұғым. Ол кезгі сенім-нанымда: жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп-біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем — фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерді басқаратындарын аруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратындарын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша Бақсы — әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Бақсының “жын-перілерінің” аты болады. Жекелеген индивидиум ретінде қажетті кезде олар өз Бақсысының алдында әйел, шал, қыз, т.б. бейнелерде тізіліп тұрады-мыс. Бақсы сол шақырған жындарының “көмегімен” гипноздық өнер де көрсете алады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5 — 10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай кесіліп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп, кірпіш үйдің қабырғасы қақ айырылады. Көрермен жұрт мұның бәрі бақсы шақырған “жарғыш жындардың” әрекеті деп біледі. Қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды, өткір пышақпен өз мұрнын өзі “кесіп” тастайды. Ақыр аяғында денесінде бір де бір жара, не сызат, белгі қалмайды. Әйел бақсыны халық “елті” деп те атаған. Бақсыларға тән айрықша қасиеттердің бірі — емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психологиялық емдеу тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, “жынын шақырып” зікір салу немесе гипноздық, жонглерлік, т.б. “керемет” көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырады, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Бақсылар емшілікпен қатар балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. 5 ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты Бақсылар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Түркі-моңғол бақсылары бас киімді көбіне Америка құрлығындағы үндістердің көсемдері киетін “тымаққа” ұқсас етіп, құс қауырсындарынан қадап жасайды. “Жындармен” күрескен кезде бақсылардың киімдері сауыт ретінде түрлі тылсымдық рөл атқарады; Бақсылық тұқым қуалайды, ол адал, жаны таза, иманды адамдарға қонады, өз жолын дұрыс ұстай алмаса “қасиеті таяды” немесе “бақсылық буып” кемтар болып қалуы да мүмкін делінеді. Қазақта ең атақты Бақсы бағаналы Қойлыбай — барлығының пірі, қорғаушысы. Онан соң бағаналы Балақай Бақсы, Жанақ Бақсы, Көкшетау даласында Шөмен Бақсы, т. б. болған. Бақсыны басқа тілдерде: шаман, экстрасенс, мистик, йога, спиритуалист, т.б. деп атайды. Қазақ жеріне мұсылман діні ене бастағаннан кейін ел өмірінде бақсылардың алатын орны мен рөлі төмендеді. Коммунистік идеология кезінде Бақсылыққа мүлде жол берілген жоқ. Бақсы және бақсылық өнері туралы кейбір мәліметтер П.С. Паллас пен П. Рычковтың экспедиция жазбаларында (18 ғ.), бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823 — 55), қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835 — 65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795 — 1881) еңбектерінде кездеседі.. ## Бақсылықтың қонуы Бақсылық қасиет өздігінен келіп қонады. Ол біреуге ерте, біреуге кеш қонады. Бақсылықтың уақытша ғана қонатын немесе кездейсоқ қонатын кездері де болған. Бақсылықты ұстаған адамдар көп жағдайда бұрынғы өткен аталары түсіне еніп, «бақсылық қасиетті жалғастырасың немесе өзіңнің бір мүшең кем болады, әлде отбасың бір қиындыққа тan болуы мүмкін, ұрпақсыз қаласың» деп аян бергендігін және соған байланыста бақсы жолға бет бұрғандығын айтады. Яғни, ата-бабаларының ішінде болған ерекше қасиет ұрпақтарына келіп қонады деп саналады. Мұндайда келіп қонған «жын» мен адам арасында түсіністік болмаса, ол ауруға душар болады. Егер қасиет қонған кісі адам емдеумен айналыса бастаса ауруынан айығады дейді. Бақсылардың алдамшы, көзбояушы емес, психикалық жаратылысы ерекше жандар екендігі - ғылыми дәлелденген жайт. Адамға бақсылық қонғаннан кейін тазалық сақтап, бойына қонғанжындармен көмекші рухтарын үнемі риза қылып, «ренжітпеуі» талап етіледі. Олай істемеген жағдайда ол адамды «жын буып», ауруға душар етеді. Неғұрлым күшті бақсының жындары да көп, әрі әлеуетті деп саналады. Бақсылықтың нақты қай кезде қалыптасқаны белгісіз. Ислам діні енгеннен кейінде бақсылыққа оның ықпалы болмай қалған жоқ. Адамның науқастанарылуы, сәуегейліктің шынға айналуы бірінші Алланың, одан соң әулие-әмбиелердің, аруақтардың қолдауымен жүзеге асады деген түсінікке қарай біртіндеп ойысты. Ертеде бақсылар елішінде кез келген жағдайда көмекке келетін, құрмет тұтқан тұлға болды. «Е-вич» деген бүркіншік есімді автор «Бақсы қазақтардың әрбір рулы елдерінде болған. Ол да мал шаруашылығымен айналысқан қазақтармен бірге көшпелі өміркешті», - деп жазады. ## Бақсыжыны Бақсы ойыны кезінде шақыратын, жай адамның көзіне көрінбейтін тылсым күш иелері. Бақсы жындарын сарын деп аталатын ғұрыпты орындаған сәтте шақырған. Ертедегі дәстүрлі ортада қалыптасқан түсінік бойынша жындар екі түрге –қайырымды жындар және қаскөйжындар деп бөлінген Қайырымды жындар барлаушылық және кеңесшілік қызмет атқарып, бақсыға сырқаттың дауасын, емін көрсетіп «жәрдем жасаған». Қазақ мифологиясында Шарабас, Қорабай, Көкаман, ер Домбай, Досыбай, Жирентай және т.б. көптеген жын аттары аталады. Шарабас жынның басы үлкен, бойы ұзын, зор денелі болып сипатталады. Оны кейбір бақласылар Қорабай деп шақырған. Ал Көкаман жиі кездесетін жын аты.... ер Домбай, ер Домбай, Шақырғанда кеп Домбай. Мұңлы менен шерлінің, Ырымын шегіп бер Домбай. ...Жынның басы Досыбай, Жын шақырдым осындай Жын әулие келеме Бір-біріне қосылмай...тағы да:...Жын атасы Қараман, Енді қайда барамын. Айтқанымда келмесең, Алдыңа сірә түспеймін – деген сияқты өлең жолдарын айта отырып, белгілі бір жынды шақырған.А.Е. Алекторовтың деректерінде бақсының жын түрлерімен «қызметтері» аталады.Еркөбен - айна тәрізді адамның ішіндегі ауруын анықтап береді, әрі көріпкел. Есдәулет - жындардың басшысы, желіккен, жынданған адамның бойынан шайтанды қуып шығады. Ол Ақмарал деген жынмен бірге әрекет етіп, зиянкестерді адам бойынан қуады. Ол екеуінің шамасы келмесе Қазманбет деген қалың қолы бар жын шақырылады екен. Қасқөй жындар түрлі кейіпте бақсыға ғана көрінген. Ә.Диваевтың айтуынша, иығына отын арқалаған шайтан жас жігіт бейнесінде бақсылардың ғана көзіне «көрінген». Қ.Қостанаев қазақта әйелдің толғағы ауырлаған сәтін - «албасты басып жатыр» деп түсінетіндігі жазылған. Осындай сәтте көмекке шақырылған бақсы үйге жақындасымен-ақ «әй, шық!» деп, айғайға салады, албастыны қуалап, қамшысымен киіз үйдің ішін сабалаған. Мылтық алып, киіз үйдің үстіне қарай атады. Е.А. Александровтың Қазалы уезінен жазып алған дерегі бойынша босанатын әйелге толғағының ауыр, жеңілдігіне қарамастан міндетгі түрде бақсы шақырылады. Себебі албасты-марту осындай сәтте әйелге қастық жасайды. Бірақ, ол ер адамнан қорқады. Албасты-марту «жұқпалы» болады деп ырымдағандықтан әйел толғатып жатқан үйге, әсіресе жас келіншектерді кіргізбеген. Қазақ бақсылары жәндіктердің тілін жетік білген Сүлеймен пайғамбар мен оның ұлы Дәуіт пайғамбарды, сондай-ақ әртүрлі зиянкестерді ішінен шығара алатын Қамбарды көмекке шақырған. Адамға зиянкестік жасаған улы жәндік пен ауру-сырқат тудырған жын, қаскөй күштерді бақсы бақсы сарындарына сүйене отырып, бұйыру, алдау, қорқыту, мақтау сияқты «тәсілдермен» арбайды. Бақсылық емінің кең тараған түрлері - ауру тудырған қаскөй жындарды қайырымды жындардың көмегімен қуу, солармен байлау, сондай-ақ адастыру, көшіру, дарымдау, шошыту (өткір жүзді суық қарулармен және қыздырылған темір кұралдармен) және ұшықтау (кетпен ұшық) және т.б. тәсілдер. Ауру тудырушы бейнелердің сұлбасын қуыршақ түрінде жасап, оны малдың бас сүйегіне көшіру кең таралған. Бақсы ешқашан сұранып кісі емдемеген, үйінде сырқат бар адамның өтінішімен ғана келген. Сонымен қатар аурудың барлық түріне жын шақырып ойнай бермейді. Бақсы жеңіл-желпі ауруларды үшкіру, ұшықтау, қақтыру, көшіру, отпен аластау, несін шақыру арқылы да емдейтін болған. Бақсы ойыны, әдетте кешқұрым немесе іңір қараңғысында басталады. Өйткені жындар әркез адамзат өміріне қарама-қайшы бағытта жүреді, ягни кешке қарай қимыл-қозғалысқа түсіп, адамдарға деген қастандық әрекетін іске асырады деп түсінген. Бақсы ойынына жұрт жиналып болған соң үйдің есігі жабылып, тұтқасы жіппен байланады. Бұл бақсыны жындары қысқан кезде қаскөй зиянкестер сырқаттың жанын есіктен ала қашуы мүмкін деген нанымға қатысты орныққан. Бақсы ойынына қатысуға келгендер үй ішін айнала отыратын, ішке сыймағандары жабықтан сығалап қызықтайтын. Ортадағы ошаққа от жағады. Онан түскен көмескі сәуледен басқадай жарық болмайды, отқа кетпен, балта, күрек сияқты темір заттарды көміп, қыздыратын болған. Ал емделуші адамның үстіне мата жауып, аяғын отқа қарата ортаға жатқызып немесе отырғызып қояды. Бақсы оған қарама-қарсы кілем немесе сырмақ үстіне отырады. ## Бақсының жындарын шақыруы Бақсының сарын айтып, науқасты емдеу «ойыны» кезінде көмекке келетін жындардың сырт пішіні әртүрлі кейіпте болады. Бақсы жындары түрлі кейіпте - шегіркөзді қыран құс, азулы аң (бөрі, қабылан, жолбарыс т.б), құптан аталық (құла айңыр, қара бура), алашұбар (қызыл шұбар) айдаһар сияқты зооморфтық кейіпте қолданылып, символдық мәнге ие болады. Аталған жындарды бақсы белгілі «тәртіппен» шақырады. Алдымен болжаушы, кеңесші жындар шақырылып, олар ауру себебін анықтауға көмектеседі. Жындарын жеке-жеке атап шақырған кезде бақсы даңғыра, кепшік қағып, асатаяқпен жер түйгіштеп, қамшысымен осқылап, азан-қазан етеді. Бақсы жыны келе бастағаннан-ақ өз денесін өзі тістелей бастайды, көзі шарасынан шығып кетеді. Бақсының Жарғыш, Тілгіш деген жындары келген кезде киіз үйдің туырлығы тілініп, тұрған заттар жарылып кеткен дейді. Жындары қасына«келіп», олармен байланыс жасаған сәтінде бақсының бет-аузының қисайып, аузынан ақ көбік ағып, «талып» экстаздық күйге енеді, трансқа түседі. Кейбір бақсылар аузынан ақ көбік атқылап, жылқыша кісінеп, бура болып шабынып, әртүрлі жануарлардың дауысын салған. Екі қылыштың жүздерін жоғары қаратып қойып, жүзіндетұрған, жұмсарған аяғын науқас денесіне қайта басқан. Бақсы ойынына куә болған Л.C. Берг бақсы өзін арқанмен байлап, екі жақтан екі кісінің тартып қысуын өтінген. Арқан қатты буған бақсы тұншығып, көздері аларып қанғатолған. Үй ішіне қалың тегіс тақтайды кіргіздіртіп, басы жарылатындай етіп ұрғызған. ## Бақсы ойнау Бақсының шақырған жыны бойына еніп, ем, көріпкелдік жасайтын бабына келуі. Бақсы әбден жынына мінгенде әртүрлі хайуандардың дыбысын шығарады. Бұл бақсының хайуандар кейпіндегі жындарының дауысы деп есептеген. Бақсы ойынының шарықтау шегі (кульминациясы) күйіп тұрған темірдітілімен жалап, қылыштың қырында немесе жалаңаяқ отта жүріп небір ғажап кереметтер жасаған. И.Кастаньенің материалдарында бақсының қыздырған темірді тілімен жалау және қаскөй жындарды қорқытып қуу жолымен; П.Комаровтың жазбасында әйелдің ішін жарып, бедеулікке себеп болып тұрған тас пен сары су жиналған қалтаны алып тастау арқылы емдейтіні туралы айтылады. Ш.Уәлихановтың және И.Ибрагимов жазбасында бақсы толғақ қысқан әйелге қаскөй албастыны қамшының көмегімен қуатыны туралы айтылады. Ә.Диваев жазуына қарағанда бақсылар улы жәндіктер шаққан адам немесе малды жындарын шақырып, арбау арқылы қарақұрт, сарышаян, бүйі, жылан сияқты улы жәндіктерді арбау арқылы уытын қайтарған. Сондай-ақ бақсы күйдіргі мен мерез жарасын қойдың қырық құмалағын алып, дұға оқып ауруға лақтыру жолымен аурудың бетін қайтарған дейді. Сарынын аяқтаған бақсы пышақты алып, ауруды шалқасынан жатқызып, ішін пышақпен жарып, қолын сұғып, ақ май алып шығады. Жарған жерін жібекпен тігеді. Ә.Диваевтың жазуына қарағанда, бақсы қобызының ысқысын өзінің қабырғасының арасына кіргізіп шығарған дейді. Өзін-өзі және науқасты, болмаса қатысып отырған басқа адамдарды қамшымен, шоқпармен ұрғылайды. «Шалдыққан», «көтеріліп ауырған», «пері қаққан» деп аталатын сезім ауруларына шалдыққан адамды емдеген бақсы ойынын аяқтаған соң аяқ-қолы байлаулы жатқан әлгі адамды босатады. Жынын қаққан ауру кісі басылып жуасып қалады. Бақсы ойыны сырқатқа ғана емес, оған қатысып отырған көрермендерге де әсер етеді. Бақсы өзін де, өзгені де трансқа түсіре алатын қабілет иесі. Ол сырқаттың жан-дүниесін көз байлау (гипноз) арқылы да басқарады. Яғни ерекше психологиялық ем қолданады. Сендіру - бақсы ойынының басты мақсаты. Бақсының емі жүйке жүйесінің және жан дүниесінің ауруына ұшырағандарға көбірек дауа болатыны да сондықтан. Бақсылық ем сеанстары кезінде бақсы өзімен-өзі ойнайды, жын болып ойнайды, сиқыр көрсетіп ойнайды, т.б. Ойын өткізудің де, кісі емдеудің де жалпы бақсыларға ортақ, нақты ғұрыптарға негізделген тәртібі бар. Бақсы ойыны кезінде атқарылатын рәсімдер мен жоралғылар белгілі бір ғұрыптар төңірегіне шоғырланған. Дегенмен әрбір бақсының өзіне тән ойын өрнектері, емдеу тәсілдері болған. ‘’’Жын қайтару’’’- бақсы ойынының «қорытынды» бөлімі. Бақсы «саф болды!» немесе«Бәрекелді» деуі көмекші жындар мен зиянкес жындар арасындағы тайталас түгесті деген ишараның белгісіне саналады. Содан соң бақсы қобызын тартып былай дейтін: Айналайын, дәулерім, Айналайын, беклерім. Бәрекелде, дәулерім. Айдашы, Қол-аяғын байлап қайт. Шашау шығып қалмасын, Бәрін алып, жинап қайт, Үлкен-кіші аға бар, Бесікте жатқан бала бар, Жан-жағыңа бармай, қайт. Түндігі ашық бейбақ бар, Назар көзін салмай, қайт, Әскеріңді аралап, Жаралы бір қалмасын, Тастамай бәрін алып қайт! - деп жындарға разылығын айтып, кері қайтарады. Жыны кеткен соң естен танып қалатын бақсылар бір күнге дейін қимылсыз жатып барып тұратын болған. ## Бақсы зікірі Емдік сеанстарда исламдық дұғаларды қайталап ұзақ айту арқылы экстаз күйге жету түрі. Қазақстанның оңтүстігі мен батыс аймағындағы бақсылардың ойыны кейде сопылық зікір сипатында өткен. Бақсыға емделуге келген сырқат естен танғанша «Аллаһу» деген сөзді айтып, талып түсетін жағдайлар көп кездесетін болған. ## Бақсы киімі Аң-құстың бітеу сойылған терілерінен арнайы жасалған ғұрыптық киім. Бақсы киім-кешегін рәміздік тұрғыдан тірі де киелі «хайуан» деп санаған. Аққу терісінен жасалан баскиім киюінде, қобыздарының аққуға ұқсас етіп жасалуында символдық мән жатыр. Бақсылар сарыала киім киіп, сары aт мініп, сарыала қамшы ұстайды. Олар көбінесе шолақжең қысқа шапан, оның сыртынан жай ұзын шапан киіп жүрген.Кейінгі замандардағы қазақ бақсыларының сыртқы бейнесі былайғы жұрттан көп ерекшеленбейтін. Г.М.Броневскийдің жазуына қарағанда, олар ақ жолақты, қысқа көйлек киген. А.Левшин көрген бақсылардың қалыптасқан ұзын көйлек кисе, енді бірі әбден тозығы жеткен алба-жұлба киіммен жүрген. Онда тағылатын сан алуан сүйектен, тастан, әртүрлі металдан жасалған «әшекейлерді»" бақсының сылдырмағы" деп атаған,бақсы қолына ұстаған таяғын асай-мүсей деп атаған. Асай-мүсей тауларда өсетін, ерекше тарам-тарам белгілері бар қатты ағаш... И.Кастаньенің көрсетуінше, қолына үкі қауырсынымен әшекейленген аса ұстайды. Кейбір қазақ бақсысы алғаш жын қонып, «ойнап» үйренген кезінде уақытша әйелдің киімін киген деген дерек бар. ## Бақсы атрибуттары Бақсылар көбінесе қобыз тартып ойнайтын болған. Бақсы қобызына жын-шайтандарды қуу үшін айна орнатылған. Қазақтың көне аңыздарындағы бақсылардың қобызын бәйгеге қосуы - оның бақсылардың «көлігі» деген ескі сенімдердің жаңғырығы болып табылады. Ал аса, асатаяқ, даңғыра сияқты аспаптарды қаскөй жындарды үркіту, қуалау мақсатында қолданылған.Пышақ, қанжар, айбалта, сарыала қамшы тәрізді өткір жүзді құралдар бақсылықтағы кең таралған атрибутына саналған. Сонымен қатар қажетті жағдайда шалғы, кетпен, шот, төс, көрік, балға, балта, күрек сияқты шаруашылық құралдары да қолданылды. ## Бақсылар Бақсылық жасаумен шұғылданушылар, синкретті «өнер» иелері. Оның шәкірті Алашқа мәлім болған, дәуперім бақсылардың бірегейі бағаналы Қойлыбай бәйгеге қобыз қосқан деген аңыз бар. Жастайынан бақсылық қонып «Бала бақсы» атанған (оның бірі бесіктегі кезінен жын қонғандары болған) бақсылар қатарында хатқа түскен деректерге қарағанда Арқада өмір сүрген Хамидолда Қойлыбай бақсының басына түнеп, бата алған. Ол белінен арқан салып, екі жақтан көп адам жабылып тартқанда қысылмаған, үлкен күш иесі, әрі көріпкел болған екен. XIX ғасырдың соңында Торғайда өмір сүрген Сүйменбай бақсы туралы А.Е. Алекторов жазбасында оның оншақты жыны бар екендігін, бақсының өзін де жынның басшысы еткен деген деректі келтіреді. Оның жерлесі Танабай Қоскелдин деген басқы домбырамен ойнаған. Ол жеті шырақ жаққызып, ауру баланы үйді айналдырған соң баланың басына қырық қасық сусуық құйып, аузына ыстық су ұрттап бетіне бүркіп «емдеген». Бақсылар адам жаны түршігерлік сан алуан түрлі өнер көрсеткен. Дәулет Рақбайұлы бақсы (XIX ғасыр) қобызбенкүн жайлатып, дауыл тұрғызған. Қармақшылық Омар Жабырұлы деген бақсы (1855–1930) қобызбен сарнатып, күй тартқан кезде бір қалтасынан шұбар жылан, екінші қалтасынан құрбақа шығарып жүргізіп, отырған жұрттың алдынан өткізіп, өнер көрсететін болған.Семейлік Сіләмбек Беркімбайұлы бақсы қобызбен емдеген. Оның әкесі Беркімбай Бекниязұлы отта тұрған шоқтай қызған қазанға отырған. Бақсылықтың тікелей ұрпағына қонатындығы туралы деректер ел ішінде аз емес.Жаңқа деген бақсының жыны қонған немересіне Садуақас бақсы бәйге қобыз қосқан, шоқ таптап, шаңыраққа шығып ойнаған дейді Ә.Төлеубаев өзінің зерттеуінде. Қаракерей Бұйдаш бақсының немересі Мырзағали Сәрсенбаев бақсылықта бедеу әйелдерді емдеумен атағы шыққан. Мұндай емді шөмекей Дәмолда, арғын Қайырбек бақсылар жасағандығы туралы айтылады. Бақсылар ойыны кезінде сан түрлі ғажайып істерге барғандығы туралы ел аузындағы әңгімелер көп. Байсақалбақсы ойнаған кезде үйдің ішін топан су бастырып жібереді екен. Ал, Берікбол бақсы қобызын шалып, Ақшағыр деген атын шақырып үйге енгізіп, аурудың кеудесіне аяғын қойған дейді. Кұсайын Малшыбайұлы деген бақсы шоқтай жанған күректі жалап, қайнақ сумен сабаланған. Ел ішінде ауырған адамдарды емдеумен атағы шыққан бақсылар қатарында жетісулық Жетекбай бақсы (ол сынықшылықпен де айналасқан), қарақаңлы Ержұма Есжан бақсы (шыңжандық) есі ауғандарды емдеген. Атақтытама Тіней бақсы, Ізтілеу бақсы, қостанайлық Аспандияр, Дархан, семейлік Әжібай, Кенжебай, көкшетаулық Қапаржәне т.б. атағы алысқа кеткен.Сырдария бойындағы Жалағаштық Беркімбай (XX ғасырдың бірінші жартысы) бақсылықпен айналысқан, әрі дін ұстанғандықтан қалпе атанған. Ол салмағы 30 пұт болатын тасты кеудесімен көтеріп, оп-оңай допша домалата алған, қып-қызыл боп жанып тұрған сексеуілдің шоғын қолымен көсеген. Шоқтай болып қызырған кетпенді тілімен жалап, су ұшық жасаған. Беркінбай қалпе Сырдарияның суы таситын тұста дұға оқып, мұз сеңін үзе білген, жалаңаяқ бір мұздан екінші бір мұзға секіріп, Сырдарияның арғы беті мен бергі бетіне әп-сәтте өтетіндігіне халық куә болған. Алтайдың Қобда бетінде өмір сүрген Қасен бақсы (XX ғасырдың ортасы) өткел бермей тасып жатқан дарияға дұға оқыған құмалақ лақтырғанда өзеннің суы ығысып оның малына өткел берген дейді. ## Дереккөздер
1) Балдырған (лат. Heracleum) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда тілік балдырған (H. dіssectum) және Сібір балдырғаны (H. sіbіrіcum) деген түрлері бар. Олар Алтайда, Тарбағатайда, Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауларында, Кетпен жотасында, сондай-ақ, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облысындағы ылғалды шалғындарда өседі. Биіктігі 2 м-дей. Жұмыр сабағының сырты қырлы, іші қуыс болады. Үш құлақты жапырақтары қауырсын тәрізді тілімденген. Гүлдері ақ, сары түсті, күрделі шатырша гүлшоғырына топталған. Шілде айында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі — сыртын түк басқан, ұзынша келген тұқымша. Балдырған — мол өнімді, қоректік заттарға бай, мал азықтық өсімдік, құрамында протеин (14 — 20%), клетчатка (11 — 14%), май (3 — 5%) және каротин (330 — 350 мг/кг) көп. Балаусасында қант көп (20 — 30%-тей) болғандықтан, таза күйінде немесе шала сүрленетін өсімдіктермен қосып, сапалы сүрлем дайындалады. Сабағы, жас өркендері тағамға пайдаланылады. Тамыры мен жапырағын медицинада, ал жемісінен алынатын эфир майы парфюмерия өнеркәсібінде қолданылады. ## Дереккөздер
Балбал — ежелгі түрік дәуірінде жиі кездесетін тастан қашап жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш. Қазақ даласының барлық аймақтарында кездеседі. Балбал - көне түркі сөзі. Балбал сөзі бал+бал, яғни соғу, қағу, үру дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Бірақ бірыңғай мағынаны білдіретін ұғым. Түркологтардың пікірінше,«тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер» деген мағынаны білдіреді. Балбалдың этномәдени жөн-жосығы ежелгі түрік дәуірінде (VI-IX ғғ.) айрықша болды. Балбал - өліктің аруағына арналған ғұрыптық кешендердің ең семантикалық мәнді компоненттерінің бірі. Ежелгі түркі ғұрыптық кешенінің құрамы арнайы барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктастан және оның тұғыртасынан (немесе тасбақасы), сондай-ақ бәдіздер - Балбалдардан тұрды (саны 10-600 данадан астамға дейін барады). Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерінің және атақты бекзадаларының құрметіне арналып жасалды. Қарапайым халықтарға арналғандарыда бар.Осы кешендерде аза тұту, ас беру немесе аруаққа бағышталған «жоқтау» сияқты этностың тіршілік циклының аса маңызды ғұрыптық жосындары атқарылған . Өліктің аруағына тағзым ету үшін яғни аруағын жөнелтуге және ас беруге қатысқандар өздерінің ел-жерінен әкелген ұзын тастарды сол өлікке арналған арнайы ғұрыптық кешеннің күншығыс бағытына қарай арасын шамамен біркелкі қашықтықта тізбектеп тігінен орнатқан. Аталмыш ғұрыптық кешенді салуға қатысқандардың әрқайсысы өз ру-тайпасының таңбаларын немесе көне түркі бітік жазуымен өз атын, лауазымдық атақтарын жазды. Бұл ежелгі түркілердегі - жоқтау рәсімінің маңызды элементтерінің бірі болған болуы керек . Бәлкім осындай белгі қою арқылы осы рәсімге қатысушылар өздерінің өліктің аруағын құрметтегендігін және оны Тэңірі әлеміне шығарып салғандығын білдіргені депте айтуға болады. Балбал сөзінің «тас тізбек, қадаған тас» деген магынасы қазіргі қазақ тілінде «адам бейнелі mac мүсін» деген ұғымға ауысып кеткен. Сол себептен бәдізді де (тасмүсінді), тік орнатылған тастарды да балбал немесе сынтас деп атаған. X ғ.-дан бастап қазақ даласына ислам дінінің кеңінен таралуына байланысты балбал тастар қашау ісі өз мәнін жоя бастады. Себебі ислам діні адам бейнесін және жануар бейнесін қашауға тыйым салган. Ғалымдардың пайымдауынша, адам бейнесінде қашалған соңғы балбал тастар XII ғ.-ға жатады. Кейін балбал тастарды сагана тастар ауыстырған.Қазақы ортада сынтасты бұрыңғыдан қалған ескінің көзі ретінде бағаладыБалбал тас мүсін емес, дұрысында оның жанына тізбектеле қойылатын, сәл ғана өңделген, көбіне өңделмеген кішірек тас бағаналар. Бұларды тұрғызу — өлген адамға құрмет көрсетіп, ескерткіш қоюдың бір түрі. Мысалы: атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: “Әкем Қағанға балбық (балбал) тіктім”. Білге қағанға арнаған Балбалдар тізбегі (Моңғолияда) 3 км, шамамен 750 тас. Балбалдарды Ә. Марғұлан, Л.Р. Қызласов, А.Д. Грач, С.Г. Кляшторный, В.Д. Кубарев, т.б. Қазақстан, Тува, Моңғолия жерлерінен тауып зерттеген. Әдетте, ол түркі дәуірінің (6 — 9 ғасыр) ғұрыптық тас қоршауларымен бірге орнатылады. Қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге өлген адамның бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген Балбалдар тізбегі орнатылады.Зерттеулерге қарағанда, Балбалдар қаза болған батырдың өз бейнесін көрсетпейді. Мұндай тас бағаналар қаза болған ардақты батырмен қоштасу рәсімін, оған ас беру салтанатына елдердің таксономиялық орналасу жүйесі бойынша арнайы келіп қатысқан және бір-бірден Балбал тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең символдар болып табылады. Ә. Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300—350-ден астам бағаналардан тұратын Балбал тізбектері кездескен. Бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне Балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады. ## Дереккөздер
Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – Қазақстандағы жастар мен балаларға арналған театр ұжымы. Өнер ордасы Алматыдағы жасөспірімдер театрының базасында құрылды. Театрдың құрушысы да, алғашқы басшысы да Наталия Ильинична Сац – 1918 жылы әлемде алғаш балалар театрын ашушы және әлемде алпысқа жуық балалар театрының негізін салушы өнер қайраткері болып саналады. ## Тарихи кезеңдері мен қойылымдары 1944 жылы Алматыда режиссер Н.И. Сац пен драматург В.С. Розовтың басшылығымен ұйымдастырылған. Қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеді. Театр бастауында Сергей Эйзенштейн, Николай Черкасов, Вера Марецкая, Владимир Луговский сияқты тағы да басқа Қазақстан өнерінің тарихында жарқын із қалдырған мәдениет қайраткерлері тұрды. Театрдың әрбір даму кезеңі жаңа ізденістерімен ерекшеленді. Н. Сацтан қалған дәстүрді режиссерлер И. Барон, А. Мадиевский, В. Жезмер, Е. Прасоловтар әрі қарай жалғастырып, театр репертуарының мазмұнын кеңейтті. Алғаш рет қазақ труппасы 1947 жылы 2 ақпанда А. Н. Островскийдің “Мысыққа күнде той бола бермес”, ал орыс труппасы 1945 жылы 7 қарашада Е. Шварцтың “Қызыл телпек” (басты рөлдерде Аққағаз Мәмбетова, Тұрсын Жармұхамедовалар ойнады) спектакльдерін қойды. Театр шымылдығы ресми түрде 1948 жылы 4 шілдеде А.Н. Толстойдың “Алтын кілт” спектаклімен (режиссер Сац) ашылды. Жас ұжымның мектеп бағдарламасымен сәйкес алғаш қойған пьесалар мен аңыз-ертегілер инсценировкалары: М. Ақыжанов пен Қ. Бадыровтың “Алтын сақасы” (1948, режиссер Н.В. Молчанов; 1953, режиссер С. Шәріпов; 1965, режиссер Мен Дон Ук), Ш. Құсайыновтың “Нұрлы тас” (1951) пен “Алдар Көсесі” (1954, екеуінің де режиссер А. Тоқпанов), Қ. Сатыбалдиннің “Аягөз аруы” (1954, режиссер М. Қосыбаев), Л.В. Соловьевтың “Қожанасыры” (1949, режиссер И.С. Барон). Театрда Сац (1947–50), А.Тоқпанов (1950–54), Қосыбаев (1954–59), В.И. Добронравов (1959–62), Ғ. Хайруллина(1962–64), Мен Дон Ук (1964–68), В.С. Пұсырманов (1968–76), М. Байсеркенов (1976–82) сынды бас режиссерлермен қатар И.Г. Бальхозин, Э.Д. Гейдебрехт, А.И. Ненашев, Д. Сүлеев, В.В. Теляковский, С. Үмекенов, т.б. театр суретшілері жемісті еңбек етті. Театр труппалары мектеп пен отбасының байланысы, жастардың жауынгерлік және еңбектегі ерлігі, достық қарым-қатынасы, арман-махаббаты жайлы тәлім-тәрбиелік мәні зор шығармаларды сахнаға шығарды. Олар: М. Иманжановтың “Жас өмірі” (1949, режиссер Молчанов), Құсайыновтың “Көктем желі” (1953, режиссер Тоқпанов) мен “Есірткен еркесі” (1954, режиссер Қосыбаев), Ш. Байжановтың “Әлия Молдағұловасы” (1954, режиссер Т. Дүйсебаев), Б.Л. Горбатовтың “Әкелердің жастық шағы” (1950, режиссер Б. Коврижных), т.б. қойылымдар. Театр сахнасында, сондай-ақ, Құсайыновтың “Біздің Ғани” (1958, режиссер В.О. Гасюк пен Қосыбаев), С. Мұқанов пен А. Сатаевтың “Ботагөз” (1970, режиссер Е. Обаев), С. Сейфуллиннің “Қызыл сұңқарлар” (1977, режиссер Байсеркенов), И.Ф. Поповтың “Семья” (1959, 1962, режиссер Добронравов), Х.Хамзаның “Бай мен кедей” (1962, режиссер Хайруллина) сияқты тарихи-әлеум. тақырыптағы шығармалар мен шет ел драматургиясынан У. Шекспирдің “Вероналық екі бозбала” (1949, режиссер Сац), “Гамлет” (1980, режиссер Байсеркенов), Ф. Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат” (1951, режиссер С. Естемесова), Н.Хикметтің “Әпенде” (1957, режиссер М. Қосыбаев), Б. Брехттің “Әйдік апай және оның балалары” (1968, режиссер Мен Дон Ук), Ян Соловичтің “Түмен түрткен тіленші” (1976, режиссер Байсеркенов), т.б. пьесалары қойылды. 1960–80 жылдары халықтың аяулы ардагерлері туралы Ш. Аймановтың “Жас Абай” (Әуезовтің романы бойынша, 1969, режиссер Айманов), Ә. Тәжібаевтың “Сағынамын күн сайын” (режиссер Мен Дон Ук), Сатыбалдиннің “Ұзақ жол” (1970, режиссер В.С. Пұсырманов), Ә. Әлімжановтың “Махамбеттің жебесі”, Мұқановтың “Қашқар қызы” (1971, екеуінің де режиссер Обаев), Құсайынов пен О. Бодықовтың “Әл-Фараби” (1972, режиссер Мен Дон Ук), т.б. пьесалар сахналанды. Осы жылдар ішінде театр Мәскеуге үш рет гастрольге барды. 1958 жылы Д. Фурмановтың романы бойынша “Бүліншілік”, Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин”, В. Коростылов пен М. Львовскийдің “Көрінбейтін Димка” спектакльдерімен бүкілодақтық фестивальге қатысып, 2-дәрежелі дипломға ие болды. 1967 жылы Ш. Құсайыновтың “Алғашқы ұшқындар”, Ш. Айтматовтың “Арманым, Әселім” спектакльдерін алып барып, бүкілодақтық конкурстың 3-дәрежелі дипломы мен ақшалай сыйлығына ие болды. 1971 жылы Тәжібаевтың “Қыз бен солдат” спектаклін апарып, лауреат атанды. Режиссер Мен Дон Ук қойған Құсайыновтың “Алғашқы ұшқындар” спектаклі 1968 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды (Ғани рөлінде – А. Кенжеков, суретшісі Д. Сүлеев, композиторы М. Қойшыбаев). 1984 жылы Әуезовтің “Алуа” спектакліне (режиссер Р. Сейтметов, Алуа – Г. Қазақбаева) Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Театр труппалары репертуарынан қазақ қаламгерлері Қ. Мұхаметжановтың “Қуырдақ дайыны” (1964, режиссер Т.Е. Сидоров) мен “Өзіме де сол керек” (1969, режиссер Обаев), А. Шамкеновтың “Адасқан қаз” (1965, режиссер С. Естемесова), Б. Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” (1968, режиссер М.Бақтыгереев), Т. Ахтановтың “Махаббат мұңы” (1970, режиссер Пұсырманов) мен “Күшік күйеуі” (1981, режиссер Ж. Хажиев), С. Жүнісовтың “Қызым, саған айтам” (режиссер Мен Дон Ук), “Жаралы гүлдер” (1973) және “Қос анары” (1975, екеуінің де режиссер Пұсырманов), М Хасеновтің “Қайсар” (1976, режиссер Қ. Жетпісбаев) мен “Пай-пай, жас жұбайлар-айы” (1979), Ж.Тәшенов пен И. Саввиннің “Іске сәт, қыздар” (1976, екеуінің де режиссер Кенжеков) мен “Студенттері” (1978), Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн” (1977, екеуінің де режиссер В.Ф. Ким), Б. Мұқаевтың “Қош бол, менің ертегім” (1979, режиссер Байсеркенов); КСРО халықтары драматуригиясынан Б. Жәкиевтің “Әке тағдыры” (1963), Айматовтың “Алғашқы мұғалім” (1964), “Арманым, Әселім” (1966, үшеуінің де режиссер Мен Дон Ук) мен “Бетпе-беті” (1972, режиссер Пұсырманов), Р. Ғамзатовтың “Тау қызы” (1964, режиссер Хайруллина), М. Кәрімнің “Ай тұтылған түн” (1968, режиссер Обаев), А.Е. Макаеноктың “Үкім” (1972, режиссер Пұсырманов), М. Байджиевтің “Әр үйде мереке” (1982, режиссер Хажиев) мен “Ерте, ерте, ертедесі” (1984, режиссер Н. Жақыпбаев), т.б. пьесалар орын алды. Театрда әр жылдары қызмет еткен Қазақстанның халық артистері Б. Қалтаев, К. Қожабеков, Ш. Мусин, С. Саттарова, т.б. театр труппасының қалыптасып, өсу жолына елеулі үлес қосты. ## Жаңа үрдістер 1985 жылы Қазақ ССР мәдениет министрлігінің 24 ақпан күні шыққан №50 бұйрығымен Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер театры екіге бөлінді: 1995 жылы Наталия Сац есімі берілген орыс театры; сондай-ақ, танымал қазақстандық жазушы әрі драматург Ғабит Мүсіреповтің есімі берілген қазақ театры. Біраз уақытқа дейін қос ұжым бір шаңырақ астында жұмыс істеп, сахнада қойылымдарды кезегімен қойып жүрді. 1995 жылы театрға Н.И. Сац атындағы академиялық театр мәртебесі берілді. 2000 жылы жасөспірімдер театры бұрын мәдениет сарайы болған Алматы қаласының қағаз-мақта комбинатының ғимаратына көшіп барды. Жаңа жерде Б. Преображенский Ю. Поляковтың «ЧП районного масштаба», Э. Казакевичтің «Двое в степи», Б. Пастернактың «Доктор Живаго», М. Булгаковтың «Белый крест», О. Сүлейменовтің «Страсть скифа – справедливое несчастье», А. Пушкиннің «Прими собранье пестрых глав..», Шекспирдің «Гамлет», Гогольдің «Беспримерная конфузия» спектакльдерін сахнаға шығарды. 2006 жылдан театрдың ғимаратында Камералық сахна жұмыс істеп келеді. Театрдың қалыптасуына РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері Б. Гронский үлес қосты. Оның басшылығы кезінде театр классикалық және қазіргі заманғы драматургияның үздік туындыларын сахналады. Б. Гронскийдің өзі Л. Гераскинаның «Аттестат зрелости», Т. Габбенің «Золушка», В. Розовтың «Страницы жизни», А. Арбузовтың «Годы странствий», В. Лавреневтің «Разлом» спектакльдерін сахнаға қойды. Сондай-ақ режиссер, Қазақ ССР еңбек сіңірген қайраткері Евгений Александрович Прасолов К. Треневтің «Гимназисты», Я. Райнистің «Вей, ветерок!», Д. Фурмановтың «Мятеж» (бұл спектаклге 1968–87 жылдары Мәскеуде өткен балалар мен жасөспірімдер тетарларының бүкілодақтық фестивалінде І дәрежелі диплом берілді), А. Кузнецовтың «Взрослые дети» сияқты тамаша туындыларды сахналағанымен есте қалды. Орыс труппасының бас режиссері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері Абрам Львович Мадиевский Б. Горбатовтың «Юность отцов», А. Арбузовтың «Таня» және «Иркутская история» тәрізді қызғылықты спектакльдерді қойды. Бүгінде театрдың репертуарында «Сказка о царе Салтане» (А. Пушкин), «Муха-Цокотуха» (К. Чуковский), «Зайка-зазнайка» (С. Михалков), «Золотой чай» (С. Козлов), «Сказка про Нолик, без которого не наступит завтра» (Г. Данатаров), «Сказка о золотом троне, голубом цветке и старой домбре» (Е. Прасолов), «Волшебная лампа Аладдина» (О. Емельянова), «Две Бабы-Яги» (Р. Сеф, Н. Карелина), «Красная Шапочка» (Е. Шварц), «Белоснежка», «Талисман», «Закат» (И. Бабель), «Горе от ума» (А. Грибоедов), «Ромео и Джульетта» (У. Шекспир), «Белое облако Чингисхана» (Ч. Айтматов), «Тимур и его команда» (А. Гайдар), «Кошкин дом» (С. Маршак) сияқты спектакльдер бар. Театр труппасын бірнеше жыл бойы Қазақстанның еңбек сіңріген өнер қайраткері Рубен Андриасян басқарып келді. Ол Эдмон Ростанның "Сирано де Бержерак", Анатолий Алексиннің "Жас гвардия", Борис Васильевтің "Тізімде көрсетілмеген", Анатолий Чеховтың "Кішкене комедиялар", Владимир Варфоломеевтің "Қасиетті мен күнәһар", Василий Аксеновтің "Сиқырлы шөп" сынды тамаша туындыларын сахналады. 1986 жылы театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері болып Борис Преображенский тағайындалды. Қазіргі таңда театрдың жетекшісі – Надежда Горобец. ## Режиссерлер Н.И. Сац (1945 – 50), Б.Г. Гронский (1951 – 56), Е.А. Прасолов (1956 – 58, 1970 – 74), А.Л. Мадиевский (1958 – 62), В.Л. Шкляр (1962 – 63), В.И. Пучкин (1964 – 66), Г.М. Жезмер (1966 – 70), Р.С. Андриасян (1974 – 83), Б.Н. Преображенский (1984 жылдан) театр труппасының бас режиссерлері болумен бірге оның көркемдік жағын да басқарды. ## Суретшілер А.А. Алексеев, Е.Г. Маркова, А.А. Пашков, А.Г. Ридаль, Т.Е. Сидоров, И.Г. Бальхозин, Э.Д. Гейдебрехт, В.В. Теляковский, Ф.И. Ткаченко, Д.В. Павлюк (1988 жылдан), т.б.. ## Бас актерлер Евгений Жуманов, Дмитрий Скирта, Наталья Бардина, Владимир Крылов, Ольга Коржева, Ирина Арнаутова, Наталья Лунина, Алма Рулас және т.б.. ## Жетістіктері * Театр ұжымы Мәскеу (1958; 1967, Д.А. Фурмановтың “Бүліншілігі”, орыс және қазақ труппалары 1957 жылы бірлесіп қойған, режиссер Е.А. Прасолов пен М. Қосыбаев, Бүкілодақтық балалар мен жасөспірімдер театрлары фестивалінің 1-дәрежелі дипломымен марапатталды, Душанбе 1988), т.б. қалаларда болып, өнер көрсетті. * 1995 жылы театрға режиссер, театр қайраткері Н. Сацтың есімі мен академиялық театр атағы берілді. * 2015 жылы ТМД парламентаралық ассамблеясы Кеңесінің құрметті грамотасы берілді — халықтар арасындағы достықты нығайтудағы көпжылдық үлесі үшін. * 2023 жылы Қазақстанның Театрлық сыншылар Ассоциациясы «Алиса в стране Чудес» қойылымын балаларға арналған үздік спектакль деп таныды. ## Галерея * * * * * * * * * ## Дереккөздер
Балқаш алабұғасы (лат. Perca schrenkii) – алабұға тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Дене тұрқы 50 см-дей, салмағы 1,5 кг-дай. 18 жылдай тіршілік етеді. Балқаш алабұғасының кәдімгі алабұғадан айырмашылығы: алдыңғы арқа қанатында қара дақтары болмайды, астыңғы жақ сүйегі ілгері қарай шығыңқы келеді. 2—4 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Наурыз — мамыр айларында, судың температурасы 6 — 8*С-қа жеткенде, уылдырығын (220 мыңға дейін) таяз (0,5 м) әрі тасты су түбіне шашады. Ұрығы бір айда жетіледі. 1961 жылға дейін Балқаш көлінен жылына 2300 тонна Балқаш алабұғасы ауланса, 1965 — 1966 жылы бұл көрсеткіш 10 тоннаға дейін төмендеді. Ал, қазір санының өте азайып кетуіне байланысты азғана популяциясы Іле алабындағы Күрті, Сазталғар бөгені мен Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы Басқан өзенінің төменгі сағасында ғана кездеседі. Балқаш алабұғасы — жойылып бара жатқан эндемик түр ретінде ұлттық “Қызыл кітапқа” енгізілген (1996). ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Балқаш алабұғасының проблемалары Мұрағатталған 7 желтоқсанның 2010 жылы.
Балкашино — Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы ауыл, аудан және Балкашин ауылдық округі орталығы. Іргесі 19 ғасырдың 90-жылдарында қаланған. ## Географиялық орны Облыс орталығы - Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 92 км-дей жерде, Есіл өзенінің саласы Жабай өзенінің оң жағалауында, қоңыржай-агроклиматтық белдемде орналасқан. Төңірегінде аралас орман өседі. ## Халқы ## Кәсіпорындары Агроөнеркәсіптік бірлестік, май зауыты, астық қабылдау пункті, құс комбинаты, тұрмыстық қажетін өтеу комбинаты, орман шаруашылығы, автокөлік және құрылыс мекемелері жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Аудандық аурухана, емхана, мәдениет үйі, орта мектеп, т.б. бар. Тұрғындары облыс орталығымен және басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Балқаймақ — сүттен жасалатын ұлттық тағам. Тағамдық тез әзірленетін тәтті тағамдардың бірі болып табылады. Қазақ дастарханынан жиі көрінетін осы сыпайылар тамағы кәдімгі қаймақтан жасалады. Жаңа тартылған қаймақты шағын ыдысқа салып, оны май болып сұйылып кетпейтіндей жағдайда баяу қайнатады. Қайнау сәтінде аздап бал, немес қант және ақ ұн сеуіп араластырып отырады. Сәл суығаннан кейін кімге болсада ұялмай алдына қоюға болады. Қазақ дәстүрінде сары май, "балқаймақ" ақлақ жеген қонақтар бізге ет асып бермедің деп өкпелемейді. Қайта жеңсік тағам бергені үшін ризалық білдіреді. Қайраткер этнограф Өзбекәлі Жәнібеков балқаймақты түйе сүтінен қайнатып жасады деп жазған. ## Ем Емдік балқаймақты дайындаудың өз ерекшелігі бар. Ол сырқаттың түріне байланысты. Мысалы, асқазан ауруын емдеу үшін таңертең ерте сауылған 10 л сиыр сүтін қызуы аз отқа жарты сағаттай шымырлатып қайнатады да, оған 700-800 г. сарымай, сонша таза бал, 10 г. ұнтақталған қызыл бұрыш қосып, әбден қоюланғанша қайнатады. Суыған соң эмалданған ыдысқа салып, салқын жерге қояды. Күніне үш рет 2 ас қасықтан, 1 ай ішеді. ## Дереккөздер
Балқашбалық — балық аулаумен және өңдеумен шұғылданатын кәсіпорын. 1940 жылы Балқаш балық комбинаты болып құрылған. 1995 жылдан акционерлік қоғам. Балқаш қаласынан 4 шақырым жердегі Рыбтрест кентінде. Мұнда 2 балық зауыты, 1 балық аулау базасы, 3 тоңазытқыш, құтылау, ыстау, балық ұнын шығару және бөшке-жәшік жасау цехтары, балық аулайтын моторлы қайықтары және балық қабылдайтын кемелері бар. Кәсіпорын құрамындағы 7 балық ұжымшары Балқаш көлі мен Іле өзенінен сазан, табан, жайын, көксерке, қаракөз балықтарын аулайды. Кәсіпорын 6 елмен шаруашылық байланыс орнатқан. Сыртқа шығаратын негізгі өнімдері: құтыланған, кептірілген, ысталған, тоңазытылған балық. ## Дереккөздер
Балқашмыс — Қазақстанның түсті металлургия саласындағы ірі кәсіпорын. Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы Бертіс шығанағында (Балқаш қаласынан 2 — 3 км) орналасқан. Ол алғаш (1938) Балқаш мыс және түсті металл өңдеу зауыттары мен Қоңырат мыс және Гүлшат қорғасын-мырыш кеніштерін біріктіру нәтижесінде Балқаш кен-металлургия комбинаты болып құрылған. 1997 жылы “Балқашмыс” акционерлік қоғамы болды. “Балқашмыс” негізінен тазартылған мыс, асыл және сирек кездесетін металл үгінділерін, қорғасын мен мырыш өнімдерін, никельді және оттексіз вайербарс тотияйындарын, молибден мен темір концентраттарын, селен, теллур, кадмий, рений тұздары мен қышқылдарын, аммоний перренаты мен күкірт қышқылын шығарады. “Балқашмыс” кен өндіруден бастап түсті металл прокатын шығаруға дейінгі технологиялық процестер толық атқарылатын және түгелдей автоматтандырылған бірден-бір өндіріс орны. Кәсіпорын ұзақ жылдар (1940 — 1980жж) бойы Қазақстан ауыр өнеркәсібінің көшбасында болды. Еңбекті ұйымдастыру мен жаңа технологияны енгізуде үлкен жетістіктерге жетті. 20 ғасырдың 70-жылдары кәсіпорынның шикізатты кешенді пайдалану жөніндегі тәжірибесі республиканың барлық түсті металлургия кәсіпорындарына енгізілді. Мұнда мыспен қоса кен құрамында болатын алтын және күміс өндіру көлемі ұлғайды, мысты және онымен бірге жүретін шикізатты өңдейтін технологиялық жүйе, эмальсым шығаратын зауыт іске қосылды. Нәтижесінде өнімнің сапасы артып, Балқаштың шақпақ мысы сапа эталоны ретінде Лондонның түсті металл биржасында тіркелді (1967). 1990 жылдан бастап қалыптасқан жұмыс ырғағы бұзыла бастады. Мыстың өзіндік құны өсіп, сыртқы рыноктегі сату бағасы төмендегендіктен кәсіпорынның өзін-өзі қаржыландыруға мүмкіндігі болмады. Осыған байланысты 1998 жылы “Балқашмыс” Корея республикасының “Самсунг” корпорациясының басқаруына берілген “Жезқазғантүстіметтің” құрамына кірді. “Балқашмыстың” афинаж зауытында платина және сирек кездесетін металдар алу көзделген. “Балқашмыстың” өнімдері, негізінен, Батыс Еуропа мен Қытайға сатылуда. Кәсіпорында 12 мың адам жұмыс істейді (1998). ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * "Балқашмыс" АҚ жайлы(қолжетпейтін сілтеме)
Баллюзек Лев Федорович (1822 – 1879) — генерал-лейтенант, Орынбор облысы қазақтарының бастығы (1865 — 1868), Торғай облысының Әскери Губернаторы (1869 — 1874), отарлық мүдде тұрғысынан қазақ халқын зерттеуші. Ата-бабалары прусс азаматтары болған. Артиллериялық училищеде білім алған (1843). Ресей армиясының Венгрия, Кавказ, Қырымда жүргізген соғыстарына қатысқан. 1861-1863 жылдары Ресейдің Пекиндегі жансызы болған. 1865-1877 жылы Орынбор өлкесі мен Қазақстанның солтүстік-батыс өңіріндегі әкімшілік-басқару қызметімен бірге қазақ елінің географиясы, тарихы мен этнографиясы туралы деректер жинады. Қазақтың дәстүрлі құқық нормалары мен заңдарын зерттеп, ғылыми мақалалар жазды. 1868 жылы Орыс география қоғамының Орынбор бөлімінің құрылуына атсалысып, оның алғашқы төрағасы болды.1876 жылы Торғай облысының әскери губернаторы болып тағайындалып, онда 1877 жылға дейін қызмет етті. 1871 жылы "Материалы по казахскому обычному праву" атты еңбегін жариялады. ## Сілтемелер * Ресей * География * Сүт ## Дереккөздер
Сайым Балмұқанов Балуанұлы (20.9.1923 жылы туған, Ақтөбе облысы Темір ауданы Қалмаққырған ауылы) — ғалым, медицина ғылымдарының докторы (1959), профессор (1961), Қазақстан ғылым академиясының академиясы (1967), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университетін) бітірген (1943). 1946—1953 жылы Хирургия институтының аспиранты, ғылым қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1953—1960 жылы Алматы медицина институтында рентгенолгия және радиология кафедрасының меңгерушісі, 1960 —1962 жылы Өлкелік патол. ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1962—1995 жылы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары, директоры (1969 — 1974), лаборатория меңгерушісі болды. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры. Балмұқановтың негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Балмұқанов қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Ол республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты. Балмұқанов 1954—1960 жылдары Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады. Ол — дүние жүзі дәрігерлерінің “Ядролық соғысты болдырмау” халықаралық қозғалысының қазақстандық ассоциациясының төрағасы. Халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты (Жапония, 1997), 2 мәрте Ленин орденімен марапатталған. ## Шығармалары * Мегавольттік сәулемен емдеу, А., 1963; * Природные фенолы — перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений, М., 1975; * Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования, А.-А., 1984; * Ядерный полигон моими глазами, А., 1998; * The radіatіon sіtuatіon and Populatіon health status іn some towns of Semіpalatіnsk Provіnce (телавтор), Washіngton, USA, 1999. ## Сыртқы сілтемелер * http://alash.ucoz.org/news/adaspa_dar_myrzalar/2011-02-03-277 * http://www.aktobegazeti.kz/?p=4179(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Балта — Башқұртстанның Туймазин ауданындағы ауыл, Карамалы-Губеев ауылдық кеңесіне жатады. 2009 жылдың 1 қаңтарында тұрғыны 341 адамды құрады.Пошта индексі — 452789, ОКАТО коды — 80251830002. ## Демографиясы Тұрғындардың динамикасы: ## Дереккөздер ## Сыртқы cілтемелер * Башқұртстан Республикасының муниципалдық бiлiмдерiнiң кеңесi.
Банк Капиталы — банктің кредиттік-төлемдік және басқа да операциялар жасау үшін пайдаланатын ақша капиталының (банк ресурстарының) жиынтығы. Банк Капиталы банктің өзіндік капиталы (жарғылық қор, резервтік қор және жыл бойына бөлінбеген пайда) мен сырттан тартылған капиталдан (депозиттік қаражаттар, халықтың салымы) құралады. Банктің өзіндік капиталы Банк Капиталының 15 — 25%-ін ғана құрайды. Әйтсе де, оның банктің қалыпты жұмыс істеуі үшін маңызы зор. Банктің тұрақтылығы, өтімділігі мен төлем қабілеттілігі тікелей өзіндік капиталдың көлеміне байланысты. Банк шығынданып, банкротқа ұшырау қаупі төнсе, бұдан құтылу үшін өзіндік капиталға сүйенеді. Өзіндік капитал банк қызметін ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде де маңызды рөл атқарады. Банк өзіндік капитал көлемін қосымша акциялар шығарып, немесе жылдық пайда есебінен ұлғайтып отырады. Банк Капиталының қомақты бөлігі сырттан тартылған қаржылардан тұрады. Егер банктің экономикалық жағдайы орнықты, төлем қабілеттілігі, өтімділігі жоғары болса, сырттан ресурс тарту қиынға түспейді. Мұндай банктер үшін мол пайда әкелмейтін өтімділігі жоғары активтік резервтерді көп мөлшерде сақтамай-ақ, өз ресурстарын жоғары пайдалы кредит портфеліне, құнды қағаз сатып алуға жұмсауына болады. ## Дереккөздер
Рамазан Салықұлы Бапов (16.08.1947, Алматы — 11.03.2014, Алматы) — биші, КСРО халық артисі (1979). ## Өмірбаяны Мәскеу хореографиялық училищесін бітіріп (1966), Қазақ опера және балет театрына қабылданған. ## Саханалаған рольдері Бапов сахнаға шығарған * Зигфрид, Дезире (П.И. Чайковскийдің “Аққу көлі” мен “Ұйқыдағы аруында”) * Базиль, Солор (Л. Минкустың “Дон-Кихоты” мен “Баядеркасында”) * Спартак (А.Хачатурянның “Спартагында”) * Альберт (А. Аданның “Жизелінде”) * Ромео (С. Прокофьевтің “Ромео мен Джульеттасында”) сияқты классикалық бейнелер оның шеберлігін толық байқатты. Осындай мол тәжірибені ол балетмейстерлік жұмысына және қазақтың классикалық балетін дамытуға пайдаланды. Бапов билеген * М.Сағатовтың “Әлиясындағы” Жігіт * Т. Мыңбаевтың “Фрескаларындағы” Ишпақа * Е. Брусиловскийдің “Қозы Көрпеш — Баян сұлуындағы” Қозы партиялары ұлттық қимыл-қозғалысты классикалық канондармен қабыстыра отырып, албырт жастықтың адал махаббатын нәзік бейнелейді. Бапов шығармаларындағы Қозы мен Спартак бейнелері театр тарихында қалған жарқын жұмыстар. ## Гастрольдік сапарлары * Берлиндегі дүниежүз. жастар мен студенттер фестиваліне * Батыс Берлиндегі қазақ өнері күндеріне (1981) қатысты. Гастрольдік сапармен Үндістан, Иордания, Малайзия, Сингапур, т.б. шет елдерде болды. ## Марапаттары * бүкілодақтық, Мәскеу (1969) халықар. (Варна, 1974) балет артистері конкурсының лауреаты * “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған. * Қазақстан мемлекеттік сыйлық (1976) * Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы (1981) лауреаты. ## Дереккөздер
Барақ сөзі мынадай мағыналар беруі мүмкін: * Барақ - Бату ханның кенже баласы. * Барақ сұлтан — қазақ сұлтаны. Шыңғыс ханның тұқымы. * Барақ хан — Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. * Көкжал Барақ — батыр. Аңырақай, Бұланты, Шыңғыстау, Шаған, Шорға, Сібе шайқастарына қатысқан. * Барақ Сатыбалдыұлы — батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. * Барақ (ит) — асыл текті ит тұқымының бейнелі атауы.
Барақ Шүрекұлы, Көкжал Барақ (т.-ө.ж.б.) – батыр. Аңырақай, Бұланты, Шыңғыстау, Шаған, Шорға, Сібе шайқастарына қатысқан. Қабанбай қолының бір қанатын басқарған. Аягөз жазығы, Алакөл жағалауы, Шыңғыстау, Тарбағатай баурайында жоңғарларға қарсы ұрыстарда ерлігімен көзге түскен. ## Дереккөздер
Барақ хан (т.ж. белгісіз — 1428 жылы қайтыс болған) Ұрыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. Туған жылы туралы дерек жоқ, 1428 жылы қайтыс болған. 1423-1428 жылдары Ақ Орданың ханы болды. Құйыршық ханның ұлы, Орыс ханның немересі. Барақ өз тұсында ең беделді хандардың бірі болған. Сығанақ қаласын салуды басқаруға қатысты. Алтын Орданың күйреуі кезеңінде, төре тұқымдарының таққа тартысы кезінде, Ақ Орда бірқатар ұлыстарды иеленғен болатын. Тақ мұрагерлерінің бірі Барақ хан еді. Баласы Жәнібек хан мен інісі Керей хан 1456 жылы Ақ Ордада әкесінің әулетін жаңғыртты. ## Билік жылдары 1416 жылы Дешті-Қыпшақтың билеушілері мен Темірдің немересі Ұлықбектің арасында Сырдарияның төменгі ағысындағы жерлер үшін күрес басталды. Бұл күрес бүтіндей жүз жылға созылды. Ұлықбектің соғысқа араласуына Барақ ханның одан көмек сұрауы себеп болды. Бұл 1419 жылы мамыр айында Самарқандта болған еді. Ұлықбек Барақ ханға қонақжайлылық көрсетіп, оған көмектесуге бел байлады. Барақ хан өз қарсыластарын жеңіп, билігін бірте-бірте нығайта берді. 1422 жылы өзінің ең негізгі қарсыласы — Мухаммед ханның Ордасын бағындырғаннан кейін, Барақ хан Дешті-Қыпшақ аумағының үлкен бөлігін жаулап алды. Оның аумағы Сырдарияның төменгі ағысынан Арал теңізіне дейінгі аралықта, солтүстікте Жайық өзенінен Тобыл өзеніне дейін, солтүстік-шығыста Ертіс өзеніне дейін созылып жатты. 1423 жылы хандық билікке қол жеткізген Барақ хан Мәуереннахрға қарсы бағытталған саясатты жүргізе бастады. 1425 жылы Ұлықбек мемлекеті мен Сығанақ арасындағы шекараға ішкерілей жақындаған Барақ хан бұрын атасы Орыс ханның қол астында болған, одан Темір жаулап алған Сырдария өзенінің бойындағы Ақ Орданың ежелгі жерлерін қайтаруды талап етті. 1427 жылдың басында Сығанақ түбінде Ұлықбек пен Барақ хан әскерлері арасында кескілескен ұрыс болды. Жеңіліске ұшыраған Ұлықбек әскерлері Самарқан қаласына дейін ығыстырылды. Тек 1427 жылдың мамыр айында соғысқа Шахрух бастаған Ғират әскерінің араласуымен Барақ хан Дешті-Қыпшаққа кері оралуға мәжбүр болды. Сығанақ қайтадан Орыс хан тұқымдарының ордасына айналды.1428 жылы Моңғолстан сұлтаны Махмуд оғланға қарсы шайқаста Барақ хан қаза болды. Сол 1428 жылы Дешті-Қыпшақты Әбілқайыр хан (1428-1468) жаулап алған еді. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз
Николай Павлович Барбот де-Марни (31 қаңтар, 1829, Пермь губерниясы — 4 сәуір, 1877, Санкт-Петербург) — орыс геологы, Санкт-Петербург тау-кен институтының профессоры (1866). ## Ғылыми еңбектері * Ғылым зерттеулерін 1860—1862 жылдары Қалмақ (Ноғай) даласына жасаған экспедициясынан бастады. Ол Ресейдің еуропалық бөлігінің, Орал тауларының геологиялық құрылымын зерттеді. Барбот де-Марни Орта Азия мен Қазақстан жерлерін зерттеу үшін (1874) Санкт-Петербург университеті жанындағы жаратылыстану зерттеушілер қоғамы және Ресей географиялық қоғамының Әмудария бөлімшесі жасақтаған 2 экспедицияға қатысты. Экспедиция жүргізетін геол. зерттеулердің негізгі мақсаты — Арал-Каспий алабының шөлдерінде плейстоцен дәуіріндегі теңіз шөгінділерінің жоқтығын дәлелдеу және құм төбелердің пайда болу жағдайларын айқындау болды. Барбот де-Марни Маңғыстау түбегіндегі Қаратау мен Алатау тауларында, Үстіртте, Әмудария аңғарында, Арал төңіректерінде және Қызылқұмда болып, географиялық және геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл ірі геологиялық құрылымдардың негізінен бор кезеңінде түзілгенін анықтады. Әмудария алабы плейстоцен дәуірінде теңіз түбі емес, құрлық болғанын дәлелдеп, осы жердің геол. тарихы жөнінде сол уақытқа дейін орын алып келген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Сонымен қатар, Барбот де-Марни шөлейт жерлердегі үздік-үздік теңіз қырқаларының таралу принциптерін тұжырымдады. ## Сыртқы сілтемелер * http://dic.academic.ru/dic.nsf/bse/67377/Барбот * http://persona.rin.ru/view/f/0/22605/barbot-de-marni-nikolaj-pavlovich ## Дереккөздер
Барбықұм – Торғай үстіртінің оңтүстігінде, Ырғыз өзенінің төменгі ағысындағы құмды алқап. Аумағы 75 км2, абсолюттік биіктігі 100 м, 55 км-ге созылған, енді жері 7 км-дей. Қамысты-қорысты шалғын өседі, басқа жерлерінде жүзгін, жыңғыл, еркекшөп басым. ## Дереккөздер
Барақ Сатыбалдыұлы (1743, Үстірт, Сам құмы — 1840, сонда) — батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. ## Өмірбаяны Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы 18 жасында (1761) торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шықты. 18 ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысты. 1785-1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте көтеріліс басшыларының қатарында болды. Сырымның жақын серігі Барақ Сатыбалдыұлы 3 мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізді. Орал әскери кеңесінің рапортында (1785 жылы наурыз) Барақ Сатыбалдыұлының екімыңдық жасағымен үкімет әскеріне қарсы тұрғаны жазылған. Барақ Сатыбалдыұлының әскери күші туралы барон О.А. Игельстромның император Екатерина ІІ-ге жазған хатында да айтылады. Батырдың тегеурінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді, Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеді. Барақ Сатыбалдыұлының есімі табын руының ұранына айналды. ## Отбасы және естелік Оның ерліктері “Барақ батыр” дастанына арқау болған. Барақтың ұлы Асау (1763-1846) мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ пен Асау батырлар Сам құмында Тұрыш ауылының оңтүстік-шығысында, 15 км жерде жерленген. 1993 жылы Барақтың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылды. ## Дереккөздер
Барақ Солтабайұлы (1790 — 1865) — сұлтан. Найман тайпасының жуантұқым Матай руының бай шонжар Солтабайдың әулетінде, Аягөз қаласы маңында дүниеге келген. Польша саяхатшысы А. Янушкевич өзінің жазбаларында Барақтың ақылды, қайсар мінезді, ел ішінде беделді екенін айта келіп, оны дала Геркулесіне теңейді. Барақ Кенесары көтерілісін басуға қатысқан. Барақ сұлтанның Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты “Бірінші Май” ауылындағы зираты мемлекет қамқорлығына алынған. ## Дереккөздер
Баркөл Қазақ автономиялық ауданы (ұйғ. ئاپتونوم ناھىيىسى قازاق / Barkɵl Ⱪazaⱪ Aptonom Naⱨiyisi; қыт. 巴里坤哈萨克自治县; пин-йин: Bālǐkūn Hāsàkèzú Zìzhìxiàn) — Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құмыл аймағының ауданы. Қытай Халық Республикасы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының Құмыл аймағына қарасты әкімшілік-аумақтық бөлік. 1954 қазанның 1-інде автономиялық аудан болып құрылған. Жер аумағы 38 445,3 км²., халқы 89,8 мың адам. Оның ішінде қазақтар 21,3%, басқа ұлт өкілдерінен ұйғырлар, моңғолдар, Шекарасының солтүстігінде— Моңғолия, оңтүстігінде Құмыл қаласының өңірі және батысында Санжы Дүңген автономиялық облысының Мори Қазақ автономиялық ауданы орналасқан. Ауданда жылқы мен түйе өсіру өте дамыған. Ауданды «он мың түйе ауданы» деген лақаппен де атайды. ## Халық саны
Сәуле Хатиятқызы Барлыбаева(11.11.1956 ж.т., Алматы қ.) – тарих ғыл. докт. (2005), проф., Көркем гимнастикадан Халықар. дәрежедегі спорт шебері (1995), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы (1972–1977), КСРО чемпионы (1976). ҚазМУ-ды (1979, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу мемл. ун-тін (1992) бітірген. Қазақ телевидениесінде журналист, редактор, спорт шолушысы (1979–1983), ҚазҰУ-да оқытушы (1983–2000), кафедра меңгерушісі (2000–01), осы ун-тте телерадио кешенінің директоры. «История развития информационного общества в сторанах Юго-Восточного Азии (на примере Малайзии и Сингапура)» деген тақырыпта докт. дисс. қорғады. Б. 130-дан аса ғыл. еңбектің, оның ішінде 4 монографияның авторы. ## Сілтеме * http://thenews.kz/search/?page=4&q=%D0%A2%D0%B5%D0%BB%D0%BE%26nbsp%3B%D0%B2%D1%81%D0%B5%D0%B9+%D0%B6%D0%B8%D0%B7%D0%BD%D0%B8 * http://thenews.kz/2011/01/18/?page=10 Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер
Бапыш Қожамжарұлы (1860, Түркістан облысы Созақ ауданы Сызған ауылы — 1928, Созақ ауданы Сызған ауылы) — күйші. Домбыра тартуды ауыл күйшілерінен үйренген. Ал, орындаушылық өнері мен өз шығарм. Сарыарқа, Қаратау өңірінің домбырашылары дәстүрінде қалыптасқан. Оның туындыларынан Тәттімбет, Ықылас үлгілері байқалады. Бапыш күйлері белгілі оқиғаларға арналған, мазмұны нақты, бірақ кезінде жазылып алынбағандықтан көбі ұмытылған. Оның “Қаратау”, “Қара жорға”, “Ыңғай төкпе”, “Бес жорға” атты күйлерін немересі, белгілі домбырашы, күйші Т.Момбеков жеткізген. Бұл шығармалар пластинкаға (“Қазақ күйлерінің антологиясы”, 1970) жазылған. ## Дереккөздер
Бармақ ақын, Бармақ Мықанбайұлы (1866, қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданы — 1942) — ақын. Жамбылдың шәкірттерінің бірі. ## Өмірбаяны мен шығармашылығы Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасы Шымыр руынан. Бармақ Мықанбайұлы өлең айтуды жастайынан бастаған. Жамбыл оны алғаш байқағаннан-ақ қасынан тастамай ертіп жүрген. Бармақ ақын өлеңді көбіне қобызға, домбыраға қосып айтатын болған. Жамбыл мұражайында сақтаулы фотосуретте Бармақ ақын қолындағы қобызымен бейнеленген. 1913 жылы Романовтар әулетінің патша болғанына 300 жыл толуына арналған Алматыдағы көрмеге, сондай-ақ 1919 жылы халық ақындарының шығармаларына арналған айтысқа қатысқан. Бармақ ақынның қабілеті Нұриламен 1919 жылғы айтысында байқалады. Жамбыл Бармақ ақынның ақындық өнерін жоғары бағалаған. Оның “Қамқа — қанжар ақын, Кенен Әзірбаев — әнші ақын, Есдәулет — қара өлең ақын, Үмбетәлі — қара жорға ақын, Бармақ — әңгімешіл ақын”, — деуі осыған айғақ бола алады. Бармақ ақын 1937 жылы жазықсыз жаламен ұсталып, 1942 жылы айдауда қайтыс болған. ## Шығармалары * “Өмір соқпақтары” * “Төрт түлік мал” * “Кәрілік туралы” * “Дәулетияр мырзаға” * “Қасым датқаға”, т.б. өлеңдері мен термелері * “Бармақ пен Жанат қыз” * “Бармақ пен Кенжеқожа” атты айтыстары бар. Шығармалары “Қыл қобызды Бармақ” деген атпен жарық көрді (1993). Алайда, Бармақ ақынның шығармалары, өкінішке орай, толық жиналмаған. ## Дереккөздер
Бармақов Омар (туған жылы белгісіз, Торғай облысы (қазіргі Қостанай обл) Батпаққара ауданы — 1930, Алматы) — Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы Торғай облысының Батпаққара ауданында 1929 жылы болған көтеріліс басшысы. Бармақов 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, оның Торғай ауданындағы басшысы Әбдіғапар Жанбосынұлының сенімді серіктерінің бірі ретінде танылған. Ол Батпаққара көтерілісі кезінде де белсенділік көрсетті. Көтерілісшілер жергілікті аудандық өкімет орындарын таратып жіберген соң, Бармақов хан болып сайланды. Ауданда сарбаздар жасақтауға әрекет жасап, көрші Наурызым, Торғай аудандарымен байланыс орнатты. Әскер күшімен көтеріліс басылған соң жауапқа тартылған 530 адамның қатарында ОГПУ “үштігінің” үкімімен Бармақов ату жазасына кесілді. ## Дереккөздер
Бармақ Өлшемі — әр жолындағы буын сандарының біркелкі келу заңдылығына негізделген түркі тілдес халықтар поэзиясының өлең өлшемі. Бармақ Өлшемінің негізгі өлең жолындағы буын сандарына байланысты болуы себепті, кейде буын уәзіні деп те атайды. Түркі тілдес халықтар поэзиясында ертедегі ауыз әдебиетінен бастап бүгінге дейін осы өлең жүйесі қолданылады. 11 ғасырда жазылған Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрк” кітабындағы өлеңдер де Бармақ өлшемімен жазылған.БАРН (ағылшынша barn) (б, b) — ядролық процестердің тиімді көлденең қима ауданын сипаттау үшін қолданылатын бірліктер жүйесінен тыс өлшем бірлігі. 1б=10–24см²=10–28 м². ## Дереккөздер
Барыс жылы — сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 3-жылы. Орталық Азия халықтарының (қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, моңғол, т.б.) күнтізбелерінде қолданылады. 12 жылда бір қайталанып отырады. Барыс сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ жорамалдарында Барыс Жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы болып саналған. Ал, ежелгі түркі тайпалары мүшел есебін біздің жыл санауымыздан мың жылдай бұрын қолдана бастаған. Григорий күнтізбесі бойынша Барыс Жылы 1998 жылдың 22 наурызы мен 1999 жылдың 21 наурыз аралығына келді және ол 2010 — 2011, 2022 — 2023, 2034 — 2035 т.б. жылдары қайталанады. Оңтістік-шығыс Азия елдерінде Барыс Жылын жолбарыс жылы деп те атайды. ## Дереккөздер
Барсхан–Батыс Түрік қағанатының құрамында болған түркі тайпасы. Барсхан қағандықтың оң қанатында айғыр күл-иркин, қашу күл-иркин, азғыр низук-иркин, қашу чопан-иркин тайпаларымен қатар тұрды. Жылнамада алғаш рет 651 жылы Жетісудағы “он оқ” (он оқ бодун) түркілерінің тайпасы ретінде аталып өтеді. Түрік қағанатының негізін салушылардың бірі — Истеми қағанның (6 ғасырдың ортасы) дәуірінде батыс түріктері этникалық — аймақтық он тармаққа бөлінгендіктен, Барсхан тайпасы да осы кезеңде өмір сүрген деуге болады. Барсхан тайпасы Түркеш қағанаты дәуірінде де маңызын жоғалтпаған, өйткені осы уақытта әскери тайпалық ұйымның ондық жүйесі ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Махмұт Қашқари ертедегі оқиғаны өзіне жақынырақ дәуірге жуықтатып, түрік аңыздары бойынша, түріктердің түп атасы Афрасиябтың баласы Барсхан ұйғырлардың жылқышысы ретінде белгілі болып еді дейді. Бұл дерек Барсхан тайпасы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан деген жорамалға мүмкіндік береді. ## Дереккөздер
Баршынкент Сырлытам, Қызқала, Қышқала – ортағасырлық қала орны. Сырдарияның төменгі ағысы маңында, Қызылорданың оңтүстік-батысында 25 шақырымдай жерде. Қала орнына өткен ғасырда П.И. Лерх, В.А. Каллаур, 1946 жылы С.П. Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнография экспедициясына зерттеу жүргізген. Академия. Ә. Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Баршынкент Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызды стратегиясы бекініс және мәдени-сауда орталығы болған. Хорезм, Қыпшақ, Қимақ хандықтары әскерлеріне табанды қарсылық көрсеткен. Кейін ұзақ уақыт қаланы ала алмаған Жошы хан әскерлері қамалды қоршаған орға өзен суын бұрып, қаланы суға бастырып, берілуге мәжбүр еткен. Шапқыншылықтан қираған қала көп ұзамай қалпына келтіріліп, Жошы ұлысының Сыр бойындағы орталығына да айналады. Баршынкентте теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Осының бәрі оның Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді. 13 ғасырдың 2-жартысында Сыр бойында болған Жамал Қарши «Баршынкентте оғыздар мен қыпшақтар аралас тұрады» деп жазады. Баршынкент туралы мәліметтер орта ғасыр тарихшылары мен елшілердің қолжазбаларында көп кездеседі. Солардың бірі Джованни Плано Карпини: «Сыр бойының халқы мұсылман тілінде сөйлейді, салт-дәстүрлері де мұсылманша. Осы маңда қираған қамалдар мен қалалардың орындары өте көп. Жақын жерден өтетін өзеннің бойында тұрғаны – Жанкент, Баршын және Арнас. Олардан басқа да қалалар бар, бірақ біз олардың аттарын біле алмадық» деп жазады. Қаланың аты 15 ғасырдан бастап жазба деректерде кездеспейді. Оның күйреуіне не себеп болғаны әлі зерттелмеген. Баршынкент жайлы көптеген ғалымдардың (Д’ Оссонның, В. Бартольдтың, Марғұланның) еңбектерінен оқуға болады. ## Әдебиеттер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II томМаргулан А.Х., Из истории городов и строительного искусства средневекового Казахстана, А.-А., 1951.
Басин Юрий Григорьевич(28.3.1923 жылы туған, Украина, Донецк облысы Артемов қаласы) — ғалым, заң ғылымдарының докторы (1964), профессор (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984). Соғыс ардагері. Алматы заң институтын бітірген (1949). 1950 жылдан Алматы заң колледжіінде оқытушы. 1952 жылдан ҚазМУ-де доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан болып қызмет атқарды. Ғылыми жұмыстарында шаруашылықты жүргізудің құқықтық пішімдері мен келісім-шарттық тәртіпті нығайту шараларын зерттеді. Қазақ КСР-і Азаматтық құқығының негізгі бөлімдерін жазуға қатысқан авторлардың бірі (1978, 1980). ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Басин Мұрағатталған 11 ақпанның 2006 жылы. * суреті және қысқаша мазмұны Мұрағатталған 3 желтоқсанның 2007 жылы.
Басқақ - * Қазақ даласында ерте орта ғасырлардан бастап қолданылған лауазым. Тәуелсіздігінен айырылып өзге мемлекеттің вассалына (боданына) айналған елдің билеушісін Басқақ деп атаған; * Жаулап алынған елдердегі Шыңғыс ханның сенімді өкілі. Оны даруға (моңғол мөр иесі) деп те атаған. Бағындырылған елдегі әр табыс түрінің 1/10 бөлігі хан салығы, он адамның біреуі хан жасағы ретінде алынған. Мұның бәрін хан төңірегінен шыққан айрықша өкіл — Басқақ басқарып, жүргізіп отырды. Жауланып алынған жерлерге жергілікті тұрғындар тарапынан қойылған билеуші қызметін тексеріп отыру үшін хан олардың сыртынан бақылаушы “даруғасын”, яғни Басқағын отырғызған. Басқақтың қарамағында арнайы әскері болған. Олар қауіптен, ішкі кері ықпалдан сақтану үшін қала сыртында тұрған. Ол мекендерді орыстар “татар слободасы” деп атаған. Егер қандай да бір князь ханның жарлығына бағынбай, оны орындаудан бас тартса немесе алым-салық төлемесе, Басқақ өз жасағымен оларға қарсы аттанып отырған. ## Дереккөздер
Балпық би Дәріпсалұлы (1696–1784) Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1696 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек. ## Өмірбаяны Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған:Сырдарияның бойында, Қазалының ойында, Халқын түгел жинаған. Қараталдың бойына, Текелінің ойына, Қоныстанып тойлаған. ## Балпық би туралы жырлар XIX ғасырда өмір сүрген өрен жүйрік ақын Бақтыбай "Қамау сапары" атты толғауында былай дейді: Байұзақ, Мәмбет еді Абақтағы, Ескелді, Балпық еді Тарақтағы. Бар еді Жақсымбетте Асан, Сиық, Осылар кембағалды жылатпады. Асанда Қабылиса деген өтті, Жемітті өле-өлгенше ұнатпады. Ескелді, Балпық, Сиық, Қабылиса Жарлыны жарға итеріп құлатпады. Андаста аты шыққан Қарынбай би Бөлені маңайына жолатпады. XX ғасырдың ақыны Қалқа Жапсарбайұлы: Сүйсінді Балпық көрген соң,Іздеп тапқан жеріне,Жеріне сөйкес көліне,Жеріне шыққан шөбіне,Осы жер қоныс болар деп,Негізгі менің еліме...Ел орнығып толған соң,Меншікті жері болған соң,Балпық пенен ОрақтыЕскелді биді басшы ғып, Алдынан жер шолады, — деп жырласа, "Жетісу" деген өлеңінде: Жалайыр деген елімніңҮш жүз жылғы өткені,Ескелді мен БалпықтыңБастап келген мекені, — деп анық айтады. Есенкелді Ӏлімдіұлы деген ақын былайша сөйлейді: Қаратал, Көксу бойында Қатар жатқан ел едік. Үш әулие тұсында Ұзаққа қолды сермедік.Үш әулие тұсында Біз кімдерден кем едік?!Үш әулие тұсындаТалайға теңдік бермедік.Үш әулие тұсындаҚалмақ пенен Ойратты,Обыр менен озбырдыТабанға салып иледік,Үш әулие тұсындаҚаратал, Көксу өлкесінСодан бері жерледік. Мұндағы қайталанып аталатын үш әулие — Қабылиса-Қабан ақын, Ескелді мен Балпық би екені өзінен-өзі түсінікті. Ал енді Қадырәлі ақынға сөз берейік: Байтақ жатқан жерім бар, Айдын-шалқар көлім бар. Осы жердің иесі, Әулие шалған киелі Жалайыр деген елім бар, Сол жерімді корғайтын, Елім болып қолдайтын, Жоқтаушысы жерімнің, Қамқоршысы елімнің, Арқа тұтып ардақтар Балпық атты ерім бар! Сейдахмет Қосжанұлы өзінің "Дана бабам" деген ұзақ толғауында былай дейді: Балпық би Ескелдінің тете інісі, Тең болған көріпкелдік, нақ киесі. Зобалаң ойраттардан туған шақта, Қол бастап болған екен ел иесі. Арасы алыс емес екі-үш жастан Пір тұтқан Ескелдіні әуел бастан. Әзіл-қалжың арада болғанменен Есекеңсіз татпаған алдағы астан. Ескелді өтерінде Балпыққа айтқан: Ел ішін алауыздық, даудан сақтан. Біреуін алыстау деп сыртқа теуіп, Біреуін жақындау деп ішке тартқан. Соны айтып Ескелді би дүние салған, Ерлігі ел аралық содан қалған. Балпық би берген антын ағасына Өлгенше сөзден тайып бір бұзбаған. "Балпық сынды бабамыз" деген өлеңінде Сейітқали Елтайұлы өзінше толғайды: Қазағымның қолдан бермей құрығын,Ата-бабам сеуіп кеткен ұрығын.Даласына шарапат боп дарыған,Ескелді мен Балпық деген бір ұғым.Күнә болар өз ойыңды көрген деу,Қиын білем қиянатқа "көнем" деу.Есекеңді аға тұту үлгісіБапакеңнің жатқандығы төмендеу.Мен қалайша өздеріңді жат етем,Өкініштен туар сөзің "қап" екен.Аттарыңды тура айтып жатырмыз,Кешіре гөр, Есекең мен Бапеке! Серікбай Тұрланов деген талапкер ақын былай дейді: Майысқан ойпаң, беткейлі қайың мың бұрау,Талдырған жанар боз селеу шексіз жазықтар.Қыш құбыр құшқан қорған ба, әлде арықтар,Мүлгіген аруақ тастүйін мүсін қазықтар.Оянды алып қолбасшы батыр Қабанбай,Ескелді, Балпық билерім дана алаудай.Рухымен бабам дүркіреп кетті ел-жұртым,Қуаныш-теңіз толқынды шегін таба алмай. ## Шешендік сөздері Балпық айтты деген шешендік сөздер 1993 жылы жарық көрген ғылым докторы Нысанбек Төреқұловтың "Қазақтың би-шешендері" деген кітабына енген. Әлі де ел аузында жүрген, жиналып-қатталмаған қаншама үлағатты сөздер бар десеңізші. Өйткені тоқсан жас жасаған әулие қарияның ұрпаққа қалдырған мұрасы үшан-теңіз екеніне күмән жоқ. Мен реті келген соң республикалық, облыстық баспасөзде жарияланған кейбір сөздерін келтіре кетуді жөн көрдім: Бұл сөздердің көбісі бұрынғы Талдықорған облыстық "[Жерұйық газетіЖерұйық", Қаратал аудандық "Қаратал" газеттерінде жарияланған. Әулие баба ғибраттарын жинауда Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Көксу ауданында тұратын С.Тәнекеев мырза көп еңбек етіпті. Ол Алматыда тұратын Дәндібайұлы Байжомарт, Қызылтоған ауылында тұратын Әлдибекұлы Тәңірберген, Бесқайнар|Бесқайнардағы Алдиярұлы Қабсөлім жөне осы ауылда тұрған марқұм Оспанұлы Нұрқасым, аудан орталығы Балпық кентінде тұратын Смағұлұлы Жапарқұл, "Қарашоқы" ауылында тұратын Халимолла қарт, "Мұқыры" ауылында тұратын Атанбайұлы Рыскелді сияқты көнекөз, құйма құлақ қариялардан 1964 жылдың қыркүйегіне дейін қағазға түсіріп, "Жерұйықта" жарияланған екен. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау ұлағатты сөздер айтқан адамды әулие емес деп кім айтады. Балпық — батагөй қария, ділмәр шешен ғана емес, ел басшысы — көсем болғаны айдай анық. Оның қарапайымдылығы мен данышпандығы қатар жүргенін мынадан да байқауға болады: дүниеден өзінен бұрын өткен екі-ақ жас үлкен Ескелдіні аға тұтып, өзін жерлегенде денесін екі шақырымдай жерге төменірек қоюды аманат еткен! Екеуінің туғанына да үш жүз жыл толуына байланысты өткен тойларына қатысқанда байқағаным, қайта көтерілген кесенелеріне ағайын-туыстары ғана емес, сол маңайдағы орыстар да, немістер де, корейлер де, барша қауымның аянбай ат салысқаны. Екі жүз жылдан бері бастарына түнегендер бала тауып, ауруынан жазылып, қырсығынан арылып келе жатқан қос әулиеге тұрғызылған зәулім ескерткіштер — ұрпақтар ұмытпайтын белгідей болып алыстан жарқырап көрініп тұр. ## Қосымша Балпық би (1705 жылы, Көксу ауданында - 1780) би, батыр. Жалайыр руынан шыққан. Әкесі мол дәулетжан атағы шыққан бай, анасының есімі — Ақбалық. Сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр ретінде Балпықтың аты Ескелеңмен қатар айтылған, екеуін егіз би деп атаған. Балпық жоңғар шапқыншығы кезінде өзінің аға достары Ескелді, Қабан жыраумен бірге Іле мен Қаратал арасындағы жалайыр, оған көршілес найман, суан, ысты руларының біраз бөлігін шабуыл өтінен дер кезінде әкетіп, қьірылып кетуден сақтады. Хантау мен Қаратаудан әрі ауылы Нақысбеков, "Балпық би асып, Сыр бойында тұрақтаған соң бірқатар жорықтарды басынан кешірді. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласының маңындағы соғыстарға қатысқан. Әділ сөзімен жалайыр мен жаныс руларын табыстырған. Балпықтың ұлы Тіленші де беделді би болған. Әкелі-балалы билердің еліне сіңірген қызметі туралы Ш.Уәлиханов, Құнанбай Өскенбайұлы жазған, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Сара Тастамбекқызы, т.б. ақындар жыр еткен. Бейіті Үштөбе қаласының түбінде. Көксу ауданының орталығына Балпық би есімі беріліп, ескерткіш орнатылды. Әдебиеті: ## Дереккөздер
Басқарудың Дистанциялық Жүйесі, Басқарудың сатылық жүйесі — Ресей өкіметі Батыс Қазақстанда хандық билікті жойғаннан кейін енгізген жергілікті әкімшілік-аумақтық бөліктер құрылымы.Басқарудың Дистанциялық Жүйесі 1931 жылы енгізіліп, аға сұлтандықтар дистанцияларға (сатыларға), бөлінді. Дистанцияларға ауылдар қаратылды. Басқарудың Дистанциялық Жүйесі 1868 жылға дейін сақталды. 37 жыл ішінде дистанциялардың саны, көлемі, олардағы рулар мен бөлімшелердің орналасуы, сондай-ақ, халқының саны өзгеріп отырды. Басқарудың Дистанциялық Жүйесі бастапқы кезде Ново-Александровск бекінісі маңындағы адай руларының бір бөлігін ғана, кейін “Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже” қабылданған соң, Орал мен Орынбор бекіністеріне қарасты аудандардағы барлық қазақ руларын қамтыды. 19 ғасырдың ортасында дистанциялардың саны 54-ке жетті. Дистанция басшыларын Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. Бұл қызметті көп жағдайда қазақ ақсүйектері атқарды. Оларға мемлекеттік жалақы белгіленді. Дистанция басшыларына қазақтар арасында “тыныштықты” қадағалау, әскери губернатор мен билеуші-сұлтан тапсырмаларын орындау, салықтың жиналуын бақылау міндеттері жүктелді. Басқарудың Дистанциялық Жүйесі арқылы Ресей өкіметі Батыс Қазақстанда өзінің отаршылдық саясатын жүзеге асыруға тырысты. ## Дереккөздер
Басқұр — киіз үйдің ішін безендіру үшін, әрі уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр. Басқұрдың ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Ені 20—30 см. Басқұрды өрмекпен терме тоқу, қақпа тоқу әдістерімен әр түсті жіп, арқау салып, ою-өрнекті етіп тоқиды. Түкті немесе ақ Басқұр және түксіз немесе ала Басқұр болып екіге бөлінеді. Түкті (ақ) Басқұрды түрлі-түсті жіптерді негізгі жіптерге түйіндеп, түкті ою-өрнек салып тоқиды. Түксіз (ала) Басқұр әр түсті жіптерден алаша секілді тоқылады. Басқұрды түйе, қой және жылқы қылы қосылған ешкі жүнінен тоқиды. * * * * * ## Дереккөздер
Барымта — қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде ерте замандарда қалыптасқан ұғым. Барымта бастапқы кезде прогрессивті рөл атқарған; “қанға-қан, жанға-жан” дәстүрі адам мен адам, ру мен ру арасындағы қастықты күшейте түсетіндіктен, кек қайтаруды құн төлеумен алмастыру, егер де кінәлі жақ әр түрлі себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаса, немесе бұлтарса ақсақалдар алқасының, билер сотының кесімімен барымта жасауға, яғни, оның өрістегі малын айдап алып кетуге рұқсат етілген. Сондықтан барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен, шапқыншылықпен шатастыруға болмайды. Кезінде барымтаны кегі қайтпаған, есесі кеткен жақ жариялы түрде жасаған. Оған біреудің ақ баталы жесірін не некелі әйелін азғырып әкету, кісі өлтірген жақтың кесімді құнды төлей алмауы, біреудің қорық жеріне мал жайып, қыс қыстауына, жаз жайлауына рұқсатсыз қону, ортаға түскен олжадан тиісті үлес-сыбаға бермеу, тойға шақырмай, елеусіз қалдыру, т.с.с. дала заңына, салт-санасына қайшы келетін жағдаяттар себеп болған. Сондықтан, барымталаушының ісі заңды әрекет саналған. Егер барымта шектеулі мөлшерден артық жасалса, онда жапа шеккен жақ қарымта қайтарған. “Барымтаға — қарымта” деген мәтел соған байланысты шыққан. Екі жақтың дауы біткен кезде барымталанған мал, мүлік түгелдей есепке алынған. Ал санаққа ілінбей, білінбей қалғандары сырымта ретінде сіңіп кеткен. “Білсе — барымта, білмесе — сырымта” деген сөз де содан қалған. Тәуке ханның тұсында құн төлеу институтының тәртіптелуіне байланысты, Барымта дала қоғамындағы заңдылық пен реттілікті сақтаудың бірден-бір құралына айналды. 18-ші ғасырдың аяғы мен 19-шы ғасырдың басында Қазақ елі Ресейдің қол астына қарап, отарлық өктемдіктің күшеюіне, дала халқын билеп-төстеудің жаңа әкімш.-құқықтық тетіктері енгізілуіне орай, көптеген әдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мән-мағынасын жоғалтты. Әсіресе, құн өтеу амалы — Барымта мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде айыпталды. Мысалы, 1822-ші жылы 22-ші маусымдағы “Сібір қазақтары туралы жарғының” 202-ші бабында: “қазақтарға қатысты тек: 1) мемлекеттік мүддені сату; 2) кісі өлтіру; 3) тонау мен барымта; 4) өкімет билігіне әдейі бағынбау қылмыстық іс саналсын” деп атап көрсеткен. Содан бастап қазақ жерінің әр тарабында билер соты Барымтаны ұрлыққа жатқызып, барымташыларды қатаң жазалау туралы үкімдер шығара бастады . Барымта уақыты - жаз мезгілі. Барымташылықпен ауылдың қарулы жігіттері айналысқан. Барымташы: «жаудан бос қайтқанша жаралы қайт» деп тарамыс жеп, жорыққа дайындалып аттанған. Тарамыс қазақтардың дәстүрлі наным-сенімі бойынша барымташыға күш береді, жолда қауіп-қатерден сақтайды-мыс. Барымташылар құрамы әлеуметтік жағдайы темен орташа кедейлер еді. Кәнігі барымташылардың ұлдары да өсе келе барымташылыққа үйренді, бір жағынан ерлік көрсетіп, ептілік танытудың бір сәті тәрізді көрінген. Көшпелілердің еркін өмірі, өзара талас-тартыстары, кек алу, кешірім беру, бұл істерге билердің араласуы сияқты мәселелер осы барымташылық кезінде көрініп отырды.Жылқы барымталау мен жылқы ұрлау екеуі екі бөлек жағдай. Н.Гродековтың түсіндіруі бойынша, біріншіден, Барымта алдын ала ескертіліп ашық түрде жасалады; екіншіден, түнде емес, күндіз жасалады; үшіншіден, барымта жасауға негіз керек, мысалы, оның жесірін, қалыңдығын алып қашқан, айыбын төлемеген, ұрлық жасағанда т.б. Сондай-ақ барымта біреу айыпкер болып, би кесіп берген айыпты төлеуден бас тартқан жағдайда да жасалады. барымта тек жылқының иесіне, кей жағдайда оның рулас туысына, сол әулеттің ақсалына, яғни қарсыласына жасалған шабуыл болып саналады . Н.Гродеков: «Қазақ хандығы тұсында барымта соғыспен тең болды. Қазір де одан кем емес, жау шаптыға теңейді. Барымта қатыгездікке де ұласқан. Барымталаған ауылдың адамдарының аяғына арқан салған, ағашқа байлаған», -дейді. Белгілі «Айман-Шолпан» оқиғасында Көтібар батыр Маман байдың ауылын барымталағанда, қыздары Айман мен Шолпанды алып кеткен. Барымталасқан екі ауыл мәселесіне билер араласып, бір-біріне барымталасқан малдарын қайтартатын болған. Барымталап әкелген малдан Барымташыларға аз ғана үлес тиген. Айталық 200 жылқыдан тек 20–30-ға жуығы ғана барымташыларға қалдырылып, қалғаны сұлтандар мен билерге тиесілі болған. Қазақы ортада барымташылық туралы: «Ол ұрлаган жоқ барымталап алды» деген қағида қалыптасып, барымташылықпен айналысуға өздерінің «заңды» құқықтары бардай сезінген. Барымта қазақы ортада руаралық қатынастар жүйесін реттейтін функция да атқарды. Оның зорлық-зомбылықтың құралына және оспадар түріне айналуы орыс отаршылығының күшейген кезеңінде болды. Себебі жері тарылған, ежелгі басқару жүйесі мүлдем өзгерген қазақ рулары орыс шенеуніктерінің айдап салуымен барымташылдықты бір-бірінен жер тартып алу, мал айдап алып кету, сан алуан зорлық-зомбылық көрсету сияқты жағымсыз мақсаттарға қолданды . ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Барымта жайлы
Василий Владимирович Бартольд (3 [15] қараша 1869, Санкт-Петербург, Ресей империясы – 19 тамыз 1930, сонда) – ғалым, шығыстанушы, профиссионалдық (1906), aкадемиясы (1913). 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін бітіріп, сонда ғылыми және оқытушылық қызмет атқарды. "Туркестан в эпоху монгольского нашествия" монографиясының (1898 ж.) бірінші бөлімі үшін оған магистр ғылыми атағы, ал екінші бөлімі үшін Шығыс тарихының докторы атағы берілді (1900 ж.). Бартольд - Таяу және Орта Шығыс халықтарының тарихы, географиясы, мәдениеті мен діні жөніндегі 400-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Бартольдтың Орталық Азия және қазақ өлкесін мекендеген тайпалардың тарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми мәні зор. Бұл еңбектерін жазуда ол араб, парсы және жергілікті авторлардың материалдарын пайдаланды. Олардың ішіндегі аса құндылары: «Моңғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы христиандық туралы» (1894), «1893 – 1894 жылдары ғылыми мақсатпен Орталық Азияға саяхат туралы есеп» (1897), «Жетісу тарихының очерктері» (1898), «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» (1898–1900), «Ежелгі заманнан 17 ғасырға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер» (1902), «Түркістанды суландыру тарихына» (1914), «Ұлықбек және оның заманы» (1918), «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы» (1922), «Қырғыздардың тарихи очеркі» (1927), «Түркі-моңғол халықтарының тарихы» (1928), «Түрікмен тарихының очерктері» (1929), «Орта Азиядағы түркі халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс» (1935). Бартольд Орта Азия мен Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап-ақ өзінің тарихы, мәдениеті болғанын ғылым түрде негіздеді. Ислам тарихы туралы «Халиф және сұлтан» (1912), «Ислам» (1918), «Мұсылман қауымы мәдениеті» (1918), «Мұсылман дүниесі» (1922), «Мусейлима» (1925), тағы басқа еңбектерін жазды. Ежелгі славяндар туралы жазған араб авторларының еңбектерін зерттеді. Шығыстану тарихына зор көңіл бөлді. «Еуропа мен Ресейде шығысты зерттеу тарихы» (1911), «Петербург университеті шығыс тілдері факультетінің 1855–1905 жылдардағы қызметіне шолу» (1909) атты еңбектер жариялады. Бартольд 1905 – 13 жылы Орыс археология қоғамының Шығыс бөлімшесінің хатшысы, «Мир ислама» (1912 – 13), кейін «Мусульманский мир» (1917) журналдарын шығарушы әрі редакторы болды. 1918 жылы Орыс археология қоғамының шығыс бөлімінің меңгерушісі, Ресейдегі Антропология және этнография мұражайы жанындағы Радлов үйірмесінің төрағасы болды. 1921 жылы Азия музейінің жанынан құрылған Шығыс зерттеушілері алқасын және оның «Записки коллегии востоковедов» атты баспасөз органын басқарды. КСРО-дағы мұсылман халықтарының әліпбиін араб әрпінен латын әрпіне көшіру жөніндегі комиссияның жұмысына, Орта Азия университетін құруға, шығыстану кітапханаларын ұйымдастыруға, шығыс қолжазбаларын жинауға қатысты. Бартольдтың көптеген еңбектері ағылшын, француз, неміс, түрік, араб, парсы, тағы басқа тілдерге аударылған. ## Шығармалары * Сочинения, т. 1–6, М., 1963–68. * Сочинения. Т. 1 өкіметінің -6. М., 1963-1968. Әдебиет: Умняков И., В.Бартольд, Таш., 1926; * Крачковский Ю., В.Бартольд в истории исламоведения. Избр. соч., Т.5. М. Л., 1956; * Смирнов Н., Очерки истории изучения ислама в СССР. М., 1954. ## Әдебиеттер * Крачковксий И.Ю., В.В.Бартольд в истории исламоведения, Избр. соч., т. 5, М.-Л., 1958; * Байпаков К.М., Кумеков Б.Е., Бартольд, как историк и археолог средневекового Казахстана, «Изв. АН КазССР. Серия общественных наук», 1974, № 6. ## Сілтеме * http://www.farsah.kz/rus/res/8 Мұрағатталған 7 тамыздың 2010 жылы. * http://dic.academic.ru/dic.nsf/enc3p/67070 ## Дереккөздер
Николай Баскаков Александрович (22.3.1905 жылы туған, Ресей, Архангельск облысы Сольвычегодск қаласы) — ғалым, түркітанушы, филология ғылым докторы (1950), профессор (1932). Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1929). Ресейдің (1929), Түрікменстанның (1962), Қарақалпақстанның (1960), Қазақстанның (1967) еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Баскаков көп жыл бойы КСРО ҒА Тіл білімі институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1920—1930 жылдары түркі халықтарының тілі жөнінен деректер жинау мақсатында Қарақалпақстан, Ойрат автономиялық облысы (Таулы Алтай автономиялық облысы) Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстан, Дағыстан, Солтүстік Кавказ жерлерін аралады. Баскаков — түркі тілдерін жан-жақты зерттеген ғалым. Ол “Түркі тілдері” деген еңбегінде (1960) түркі тілдерінің даму тарихын кезеңдерге бөліп, граммататикалық, лексикалық, фонетикалық ерекшелігін кеңінен анықтады. Еңбек төрт бөлімнен тұрады: 1) түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы және салғастырмалы зерттеулерге шолу; 2) түркі тілдерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері; 3) түркі тілдері мен диалектілерін Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы деп 2-ге бөліп топтастыру; 4) әр топтағы түркі тілдерінің көнесі мен жаңасын анықтап, жеке талдап, жүйелеп, фонетикалық, грамматикалық құрылысын ажырату. Сондай-ақ, ол түркі тілдерінің топтастырылу үлгісін, дамуын көрсететін кестесін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының транскрипциясын, түркі халықтары мен тілдерінің тізбесін жасады. Баскаков түркі тілдерінің фонологиясын, морфологиясын, типологиялық сипатын, топонимия мен антропонимия мәселелерін зерттеп, жеке монографиялар жариялады. Алтай тілінің солтүстік диалектісін және құман, қарақалпақ диалектілерін зерттеді. Алтай, гагауз, қарайым, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, хакас тілдерінің аударма сөздіктерін жасауға қатысты. Баскаков — әлем шығыстанушылары арасында өзіндік орны бар ғалым. Ол — Финн-угор қоғамының корреспондент мүшесі (Финляндия, 1966), Орал-Алтай қоғамының (Германия, 1967), Венгрия ориенталистері ғылыми қоғамының (Будапешт, 1971), Ұлыбритания, Ирландия, Польша ориенталистері, Азия және Түркі лингвистикалық қоғамдарының құрметті мүшесі. ## Шығармалары * Введение в изучение тюркских языков, М., 1969; * Историко-типологическая структура тюркских языков, М., 1975; * Тюркская лексика в “Слове о полку Игореве”, М., 1985; * Очерки истории фундаментального развития тюркских языков и их классификация, А., 1988. ## Дереккөздер * Поцелуевский Е.А., Тенишев Э.Р., Николай Александрович Баскаков, “Советская тюркология”, 1980, ғ2; * Кононов А.Н., История изучения тюркских языков, М., 1982. ## Сілтемелер * http://ru.wikipedia.org/wiki/Баскаков,_Николай_Александрович * http://altaica.ru/personalia/baskakov.htm Мұрағатталған 7 сәуірдің 2011 жылы. ## Сыртқы сілтемелер * Баскаков
Бармаққұм – Тарбағатай жотасының оңтүстігінде, Қатынсу мен Еміл өзендерінің Алакөлге құяр тұсындағы құмды алқап. ## Географиялық орны Абай облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Аумағы 720 км2, абсолюттік биіктігі 383 м, ұзындығы 30 км, енді жері 25 км. Төрттік кезеңде қалыптасқан. Алакөлдің солтүстігінде құмды төбелердің биіктігі 15 м-ге жетеді. ## Өсімдігі Етегінде бұта аралас еркек шөп, түйежапырақ, жусан өседі. Шығысында минералды жылы бұлақ (Айнабұлақ) бар. Бармаққұм мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бас Прокурор — мемлекеттегі заңдардың мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын ең жоғары лауазым иесі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры елдегі прокуратура органдарының орталықтандырылған жүйесіне басшылық жасайды. Өз уәкілетін жүзеге асыруда мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға тәуелсіз болады, тек республика Президентіне ғана есеп береді. Қазақстан Республикасының Конституциясында Бас Прокурорды өз уәкілетін атқарып жүрген мерзім ішінде Сенаттың келісімінсіз тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот төрелігімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға болмайтыны көзделген. Ол қылмыс үстінде ұсталған не ауыр қылмыстар жасаған реттерде ғана тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Парламент Сенатының келісімімен ҚР Президенті Бас Прокурорды 5 жыл мерзімге қызметке тағайындайды және босатады. ## Дереккөздер
Басмашылар қозғалысы (1918 — 1930) — Түркістан өлкесі халықтарының Кеңес өкіметі өктемдігіне қарсы жүргізген азаттық күресі. Басмашылар қозғалысы кеңестер билігінің жалпыадамзаттық құндылықтарға таптық, партиялық мүддені қарсы қою саясатының терең дағдарысқа ұшырағандығының, соның салдарынан империяның басқа аймақтарын қамтыған ішкі азаматтық қақтығыстың Түркістан өлкесіне жеткендігінің көрінісі болды. Кеңес өкіметінің 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясын қарулы күшпен құлатуын, сондай-ақ, Түркістанда дәстүрлі қалыптасқан қоғамдық қатынастар мен тәртіпті рев. шаралар арқылы түбегейлі қайта құру жолындағы алғашқы қадамын жергілікті халық жаңа отаршыл мақсатты көздеген әрекет ретінде қабылдады. Мұндай қалыптасқан жағдай Басмашылар қозғалысының шығуына алып келді. Кеңестік тарихнама бұл қоғамдық құбылысты қарабайырландырып, Басмашылар қозғалысы шетелдік интервенциялық орталықтардың қолдауымен ішкі феодалдық және діни күштердің Кеңес өкіметіне қарсы таптық күресі болды деген бір жақты тұжырым жасады. Басмашылар Қозғалысының құрамы тек феодалдық топтар мен дін басыларынан ғана тұрған жоқ, оның иіріміне жеке қожалығы мен дәстүрлі тіршілігінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылып қалудан үрейленген орта шаруалар мен қарапайым диқандар да тартылды.Олардың ортақ идеологиясы өз Отанын, меншігін, дәстүрлі өмір салтын жаңа мазмұндағы отаршыл өзгерістерден, зорлықшыл шаралардан құтқару, сақтау болды. Түркістан өлкесінде жергілікті халық өкілдерінің қолына қару алып, кеңестік билікке қарсы шығуы алғаш Ферғана облысында бой көрсетті. Онда 1918 жылы көктемде құрбашы Ергеш, күзден бастап құрбашы Мадаминбек бастаған басмашылар тобы батыл қимылдарға көшті. Тек құрбашы Ергештің қол астында 1800-ге жуық қарулы жасақ болды. 1919 жылға қарай басмашылар тобының саны 150-ге жетті. Ондағы адамдардың саны 60 мыңға жуық болды. Басмашылардың көздеген ортақ мақсаты — Түркістан өлкесінің тәуелсіздігін қалпына келтіру еді. Қозғалысқа 1917 — 1918 жылғы жұттан ығысып Ферғана өңіріне келіп, рев. дүрбелеңнен соң сонда қалып қойған орта жүз қазақтары да белсенді түрде ат салысты, Жиделібайсын тұрғындары көтерілісшілерді көлікпен қамтамасыз етті. Басмашыларды қаруландыруға ағылшын үкіметі дипломатиялық тобының басшысы Ф. Бейли, Ташкенттегі Америка консулы Р. Тредуэлл қатысты. Басмашылар кеңестік әскери бөлімшелерге, өнеркәсіп орындарына, темір жол стансаларына, қоймаларға тұтқиылдан тап беру әдісін қолданды. 1919 жылы қыркүйекте Мадаминбек тобы Қырғызстандағы К. Монстров бастаған шаруалар армиясымен бірлескен әрекеттерге көшіп, Ош пен Жалалабад қалаларын басып алды, Әндіжан мен Ферғана қалаларына қауіп төндірді. 1919 жылы қазанда Қытай шекарасы маңында құрбашылар құрылтайы өтіп, онда Ферғана үкіметін құру туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге құрылтайда басмашылар тобы ұйымдық жағынан жетілдіріліп, Мадаминбек, Ергаш, Шермұхаммедбек, Қалқожа басқаратын ірі 4 топқа бөлінді. Құрылтайдың шешімі бойынша ақ гвардияшыл орыс офицерлері әскери іске тартылатын болды. 1920 жылдың басында М.В. Фрунзе басқарған Түркістан майданына орталықтан ірі қарулы күштер тартылып, Басмашылар қозғалысына ауыр соққылар берілді. Ферғана атқыштар дивизиясының командирі Ф.Д. Карпов телеграф арқылы М.В. Фрунзеге “Ферғанадағы соғыс тонаушы басбұзарлармен емес, Кеңес билігіне қарсы жергілікті жұрттың көтерілісі ретінде етек алуда” деп мәлімдеді. 1921 жылы тек Ферғана өңірінде ғана 200-ден астам басмашылар тобы күрес жүргізді. Қызыл әскерлер соққысы кезінде көптеген қыстақтар мен егістік алқаптар талқандалды. Осылайша Басмашылар қозғалысы Ферғана өңірінде біртіндеп әлсірей түсті. 1921 жылы Бұхараға Түркияның бұрынғы соғыс министрі Энвер паша келді. Ол ислам дініндегі барлық халықтарды біріктіріп, Орта Азияда мұсылман мемлекетін құру жөнінде ұран тастады. Энвер паша Ферғана өңірінен шегінген бытыраңқы басмашылар тобынан 16 мың адамнан тұратын армия құрап, 1922 жылы көктемде Бұхар Халық Кеңес Республикасының едәуір бөлігін басып алды. Бұхар жерінде өріс алған Басмашылар қозғалысына Зәки Уәлиди Тоған да ат салысты. Ол қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарапынан қолдау болады деп үміттенді. Ә. Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері Х. Болғанбаев, Ғ. Бірімжанов, қырғыз Ы. Жанұзақовтың басмашылармен байланыс орнатпақ болған ниеті нәтижесіз болды. Бұрынғы Бұхар, Хиуа хандықтары жерінде Ибрагимбек пен Жунаид хан жетекшілік еткен Басмашылар қозғалысы өрістеді, 1922 жылы жазда Энвер паша қызыл әскерлермен шайқас кезінде қаза тапты. 1922 жылы Жунаид ханның, 1926 жылы Ибрагимбектің басмашылар тобына соққы берілді. Басмашылар қозғалысы жетекшілерінің көпшілігі өз тобымен Ауғанстан, Иран, Қытай жеріне өтіп кетті. Олар 1930 жылға дейін Кеңес үкіметімен күресін жалғастыра берді. Басмашылар қозғалысымен күрес Түркістан өлкесінің шаруашылығына үлкен зиянын тигізді, бітпес шайқасқа түскен екі жақтан да үлкен адам шығынына алып келді. 1929 — 1931 жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыруға қарсы болып өткен халық көтерілістері Басмашылар қозғалысымен іштей байланысы бар, сабақтас құбылыстар болатын. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Каканбаев А. Борьба с басмачеством и упрочение Советской власти в Фергане. — Ташкент, 1958. * Аманов Р. А. Конец авантюры Фузайл-Максума и Аъзама. — Сталинабад: Таджикгосиздат, 1960. * Үлгі:Публикация * Юсупов Э. Ю., Лунин Б. В. Басмачество — орудие реакции. — Ташкент: Фан, 1981. * Поляков Ю. А. Борьба с басмачеством в среднеазиатских республиках СССР. — М., 1983. * Басмачество: социально-политическая сущность. — Ташкент, 1984. * Иркаев М. И. Разгром басмачества в Таджикистане. — Душанбе, 1985. * Зевелев A. И., Поляков Ю. А., Шишкина Л. В. Басмачество: правда истории и вымысел фальсификаторов. — М.: Мысль, 1986. * Басмачество. — М.: Алгоритм, Эксмо, 2005. — ISBN 5-699-08722-2 * Пылев А. И. Басмачество в Средней Азии: этнополитический срез (взгляд из XXI века). — Бишкек, 2006. * Елисеева Н. Е. С. С. Каменев в борьбе с басмачеством. // Военно-исторический журнал. — 1995. — № 5. — С.40-45. * Павел Густерин. История Ибрагим-бека. Басмачество одного курбаши с его слов. — Саарбрюккен: LAP LAMBERT Academic Publishing, 2014. — 60 с. — ISBN 978-3-659-13813-3
Бастырма: * Бастырма — ғимарат маңындағы қосалқы құрылыс. * Бастырма — өрнек салу әдісінің бір түрі.
Нархоз университеті — Экономика, қаржы, менеджмент пен бизнес, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік басқару және құқық саласында оқытуды жүзеге асыратын Қазақстандағы жеке меншік университет. 1963 жылы құрылған, қазіргі атауына 2016 жылдан бері ие. Университет құрамына дайындық бағыттары бойынша 5 кәсіптік мектеп, ғылыми-зерттеу орталықтары, ғылыми-білім беру департаменттері, колледж кіреді. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. ## Тарихы ### Атаулар ### АХШИ КСРО Үкіметінің 1963 жылғы 9-мамырдағы «Жоғары және орта арнайы білім беруді одан әрі дамыту, жас мамандарды даярлау мен пайдалануды жақсарту жөніндегі шаралар туралы» Қаулысына сәйкес «Алматы халық шаруашылығы институты» (АХШИ) 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінің базасында ашылды. Алғашқы жылдары институт күндізгі және сырттай оқыту формасына ие үш факультеттен тұрды: жоспарлау-экономикалық, есеп-экономикалық және қаржылық-несиелік. 1964 жылы АХШИ-де 10 мамандық бойынша аспирантура ашылды. 1973 жылға қарай оқытушылар саны 330ке жетті, 7 ғылым докторы  болды, ал кандидаттықты 125 адам қорғады. Осы жылдар ішінде сол кездегі «Правда» көшесінде Студенттік жатақханалар кешені (1969 жылы), Оқу-зертханалық кешен, Дене шынықтыру кешені, «Молодежный» санаторий-профилакторийі және т.б.-лар пайдалануға берілді (1973-1974 жылдары) . Сонымен бір мезгілде институтта Жоғары экономикалық мектеп құрылды, онда жұмыс орнынан қол үзбей оқуға мүмкіндік болды. АХШИ-дің филиалдары Целиноград, Ақтөбе, Шымкент қалаларында ашылды. 1967 және 1970 жылдары АХШИ студенттердің еңбегі, тұрмысы мен демалысын үздік ұйымдастыру бойынша Бүкілодақтық жарыстарда жеңімпаз атанды. 1972 жылы ол Республиканың 46 жоғары оқу орны арасында үздік деп танылып, қол жеткізген жетістіктері үшін Қазақстан КП-ның ОК, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумі, Министрлер Кеңесі мен  Қазақ КСР Кәсіподағының (Қазсовпроф) Естелік Қызыл Туымен марапатталды [4]. АХШИ-дің студенті Анатолий Назаренко классикалық күрестен 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. 1982 жылы институт құрамында «Жоспарлық-жабдықтау», «Жоспарлы-экономикалық», «Есеп және экономикалық», «Қаржы-кредиттік» пен  «Экономикалық ақпаратты механикаландырылған өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйелері» факультеттері, кешкі оқыту, перспективалық жоспарлау және болжау кадрларын қайта даярлау жөніндегі факультеттер, дайындық бөлімшесі (курстар), еңбекті ғылыми ұйымдастыру және басқару бойынша тұрақты жұмыс істейтін курстар, Шымкент, Ақтөбе және Целиноград қалаларындағы филиалдар, аспирантура, 32 кафедра, Оқытудың техникалық құралдары зертханасы, кітапхана (471 мың том) жұмыс істеді. 1981-1982 оқу жылында институтта 10 мамандық бойынша 10 205 студент, 12 — 111 аспирант оқыды, 540 оқытушы жұмыс істеді, оның ішінде 16 профессор және ғылым докторы, 218 доцент және ғылым кандидаты, 2 Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі, 2 Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері. ### ҚазМЭУ – ҚазМБА – ҚазЭУ 1991 жылы 8-шілдеде Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігінің ұсынысы бойынша Алматы халық шаруашылығы институты Қазақ мемлекеттік экономикалық университеті болып қайта құрылды. 1993 жылы 25-ақпанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін Қазақ мемлекеттік басқару академиясына айналдыру туралы» Жарлық шығарды. 1994 жылы университетте «Экономика» баспасы және өзінің баспаханасы ашылды. 1996 жылы «ҚазМБА Хабаршысы» ғылыми журналының бірінші нөмірі шықты, алғашқы магистрант түлектер дүниеге келді. 1997 жылы Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы филиалдар базасында ҚазМБА Аймақтық оқу орталықтары құрылды, 1999 жылы Астанадағы филиал «Экономика және қаржы» институты болып қайта құрылды. 2000 жылдың 23-мамырында Қазақстан Үкіметінің Қаулысы бойынша ЖОО-ға Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. 1995 жылдан бастап Еуропалық Одақ бағдарламасы шеңберінде ҚазМБА-ны әрі қарай мемлекет меншігінен алуды көздейтін ТАСИС шетелдік консультативтік көмек жобасын іске асыру басталды. 2001 жылдың 2-сәуірінде Үкіметтің Қаулысы бойынша ЖОО жекешелендіру және әрі қарай мемлекет меншігінен алу үшін «Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» жабық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. 2001 жылдың соңына дейін ЖОО-ның 100% акциясы жеке меншікке берілді, 2002 жылы «Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ» ЖАҚ («Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ» ААҚ болып қайта құрылды. 2008 жылы ЖОО жанынан Халықаралық бизнес мектебі (IBS) ашылды. 2010 жылы университет Еуропалық білім беру кеңістігіне кіріп, Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. 2011-2013 жылдары Қызылорда, Атырау, Шымкент, Павлодар, Семей қалаларында Аймақтық Қашықтан оқыту орталықтары ашылды [16]. 2014 жылғы 3-желтоқсанда университет ребрендинг рәсімінен өтіп, «Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университет» АҚ болып өзгертілді [18]. ### Қазіргі заманы 2016 жылы Университет өз атауын «Нархоз университеті» АҚ деп өзгертті. 2016-2021 жылдары университетті шетелдік келесі ректорлар басқарды: Кшиштоф Рыбинский (Польша), Эндрю Вахтель (АҚШ), Станислав Буянский (Ресей, АҚШ). Білім беру және ғылыми қызметтің құрылымы мен мазмұнын жаңғырта отырып, Нархозды заманауи бәсекелестік университетке айналдыру процесі туралы мәлімделді. Атап айтқанда, жаңа факультеттер, кафедралар құрылды, бірқатар ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары құрылды. 2020 жылдан бастап Университетте қос диплом бағдарламасы енгізілді. 2020 жылғы 13-наурызда «Коммерциялық емес акционерлік қоғам» мәртебесін беру жолымен Нархоз университетін мемлекеттік қайта тіркеу жүргізілді. Коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған қоғамды коммерциялық ұйымға айналдыру мүмкін емес, ал алынған табыс тек даму, инфрақұрылым мен академиялық процесті жақсартуға, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оқытушылардың кәсіби дамуын арттыруға бағытталады. 2020 жылдың қарашасында ректор С. Г. Буянский: «2021 жылы Университеттің ұйымдық құрылымы батыстық типтегі модернизациядан өтеді, ректор лауазымы жойылып, Президент пен провост арасындағы өкілеттіктер бөлінеді», - деп мәлімдеді. 2023 жылдың мамыр айында Нархоз университеті блокчейн-технология негізінде NFT-дипломдар платформасын құру жөніндегі жобаны іске қосатынын жариялады. 2024 жылғы жағдай бойынша Университетте 34 бакалавриат бағдарламасы, 29 магистратура бағдарламасы және 8 докторантура бағдарламасы бойынша сабақ жүргізіледі. ## Рейтингтердегі Университет ## Мектептер * Экономика және менеджмент мектебі * Құқық және мемлекеттік басқару мектебі * Цифрлық технологиялар мектебі * Бизнес мектебі * Гуманитарлық мектеп ## Ғылыми орталықтар * Гендерлік экономиканы зерттеу орталығы (GERC). * Қазақстандағы Тұрақты дамуды зерттеу институты (SKRI). * HR зерттеу орталығы (HRRC). * Жібек жолы істері орталығы (SRCC). * Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер орталығы (CEBR). * Data Science зертханасы. ## Серіктес ЖОО-лар Бүгінгі таңда Нархоз университетінің білім беру бағдарламаларының әр түрлі формаларын ұсынатын 70-тен астам халықаралық серіктестері бар. Нархоз студенттерінің қос диплом, ERASMUS+, академиялық ұтқырлық, жазғы және қысқы мектептер бағдарламалары бойынша үш құрлықтың (континенттің) 23 еліне шетелге шығу мүмкіндігі бар. ## Кампустар Университеттің негізгі кампусы Алматы қаласының Жандосов көшесі бойында, ал екіншісі 1-микроауданда орналасқан. Нархоз университетінің Жандосов көшесіндегі кампусының аумағы қоғамдық қолжетімділікке ие. Қасбеттің (фасад) алдында саябақ бар, субұрқақ (фонтан) жұмыс істейді, Жапон бағына ие. Кампустың ішінде шағын алаң бар. Жандосов көшесіндегі кампус аумағында стадион, спорт орталығы, GRANDPOOL фитнес-орталығы, әскери кафедра орналасқан. 2020 жылы Басшылық бас ғимаратты 2022 жылға дейін қайта құрудың басталғаны туралы жария етті [20]. 2022 жылы Университет жаңа кампусының қайта құрудан кейінгі салтанатты ашылуы өтті [44]. Кампус 26 IT-зертхана, 112 аудитория мен 115 ашық кеңістік жұмыс аймағына ие. Шетелдік студенттер үшін жеке офис қарастырылған – Welcome center [45]. 2023 жылы жаңа студенттік жатақхананың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жатақхананың құрылысы 2024 жылы аяқталды. Бұл 424 орынға арналған жалпы ауданы 8700 м² болатын үш, бес және жеті қабатты ғимараттар кешені. Студенттер үшін жеке жуынатын бөлмелері мен душтары бар үш адамға арналған бөлмелер, климаттық бақылау жүйесі мен тұрмыстық техникасы бар. Жеке кір жуатын бөлме, сонымен қатар әр қабатта ас үй мен жұмыс орындары, бірінші қабатта дүкен, кофехана, шаштараз, медициналық пункт, төбесінде жасыл терраса бар. ## Ректорлар * 1963 —1975 жж. — Александр Иванович Белов * 1975 — 1982 жж. — Виктор Дмитриевич Руднев * 1982 — 1988 жж. — Нұрғали Құлшыманұлы Мамыров * 1988-1992ж. — Василий Евдокимович Черкасов * 1992—1995 жж. — Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев * 1995—2005 жж. — Нұрғали Құлшыманұлы Мамыров * 2005—2012 жж. — Әли Әжімұлы Әбішев * 2012—2014 жж. — Серік Аманжолұлы Святов * 2015—2018 жж. — Кшиштоф Рыбиньски (Польша) * 2018—2020 жж. — Эндрю Вахтель (АҚШ) * 2020—2021 — Станислав Буянский (Ресей, АҚШ) Ректор С.Г. Буянский Университеттің ұйымдастырушылық реформасының бастамашысы болды, оның шеңберінде Президент және провост лауазымдарын бір мезгілде енгізу жолымен ректор лауазымы жойылды [22]. ## Президенттер 2021— 2024 — Мирас Мұхтарұлы Дәуленов. 2024 — қ. у — Қожахмет Қанат Темірғалыұлы. ## Еншілес ұйымдар * Нархоз университетінің экономикалық колледжі * «ESF» корпоративтік қоры * «ҚЭУ-сервис» ЖШС ## Белгілі түлектер * Данияр Талғатұлы Ақышев * Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев * Қайрат Нематұлы Келімбетов * Наталья Артёмовна Коржова * Аслан Есболайұлы Мусин * Нұртай Салихұлы Сабильянов * Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев * Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов * Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин * Болат Жамитұлы Өтемұратов ## Дереккөздер
Бастауыш халық училищелері — бастауыш білім беру мақсатымен “Бастауыш халық училищелері туралы ережеге” (1874) сай Қазақстан аумағында жұмыс істеген төменгі дәрежелі мектептер түрі. Бастауыш халық училищелері құрамына: прогимназиялар және 1, 2 сыныптық халық училищелері, қалалық училищелер, уездік училищелер, орыс-қазақ училищелері, орыс-түзем мектептері, ауылдық мектептер, бастапқы сауат ашу мектептері, т.б. кірді. Сырдария облысында 1912 жылы 56 орыс-түзем училищесінде 3 мың бала оқыса, оның 2%-і ғана қазақ балалары болған.1912 жылы қалалық училищелер қайта құрылып “Жоғары сатылы бастауыш мектептер” деп аталды. Бөкей ордасындағы 1 сыныптық орыс-қазақ уч-щелері және Торғай облысындағы болыстық мектептер 1 сыныптық учили деңгейіне сәйкес болды. училищенің көпшілігінің оқу бағдарламаларында: дін сабағы (Закон Божий), шіркеулік-славян тілі, орыс тілі, көркем жазу, арифметика пәндері оқытылды. Түсіндіру сабақтары тарих, табиғаттану, география пәндерінен деректер келтіру арқылы жүргізілді. Бастауыш халық училищелерінде орыс мұғалімдермен қатар мұғалімдер семинариясын бітірген қазақ жастары сабақ берді. Бастауыш Халық Училищелері 1887—1896 жылдары Торғайда, Қостанайда, Ақтөбеде ашылды. 1894—1814 жылдары аралығында Қазақстандағы Бастауыш Халық Училищелері саны 730-дан 1988-ге, ал оқушылардың саны 28 мыңнан 101 мыңға өсті. Сонымен бірге Бастауыш Халық Училищелері қатарында ауыл шаруашылығы және фельдшерлік мектептер, коммерциялық училищелер ашылды. Бастауыш Халық Училищелеріндегі оқыту мазмұны Ресей үкіметінің отарлық саясатының мүддесін көздеді. Оқу бағдарламалары қазақ халқын орыстандыру мақсатына бағытталып жасалды. 1886 жылы қазақтарды Бастауыш Халық Училищелеріне барынша тарту мақсатымен орыс-қазақ мектептерінде мұсылмандық негізін оқыту туралы жарлық шықты. Ресей үкіметі Бастауыш Халық Училищелерінде оқыту мазмұнын қатаң бақылап отырды. Көптеген орыс шенеуніктері Бастауыш Халық Училищелерін ұйымдастыруға “бұратана” халықтарды орыстандыру саясатының “маңызды тарихи қадамы” ретінде қарап, оған белсене қызмет етті. Бастауыш Халық Училищелерін бітірушілердің көпшілігі орыс тілінде сауат ашып, Ресей үкіметінің отарлық саясатымен жақын танысқаннан кейін, өз халқының мүддесін қорғау жолына түсті. Бастауыш Халық Училищелері 20 ғасырдың басындағы қазақ жастарының әлеуметтік-мәдени дамуында, зиялы қауымның қалыптасуында елеулі рөл атқарды. ## Дереккөздер
Басықара - Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы жер. Аудан орталығы Әйтеке би кентінен 21,0 км солтүстікте, Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Бұл жер Сырдария атырауының солтүстік жағындағы қыртөбелермен шектеседі. Геоморфологиялық тұрғыдан Басықара ойлы-қырлы келген жазық дала. Оның негізін денудация процесінен мүжіліп тегістелген палеогендік шөгінділердің қалдықтары құрайды. Климаты континентті. Жылдық орташа температура 7,0-ден 8,8ӘС-қа дейін, жауынның жылдық мөлшері 104 – 132 мм. Өсімдік жабындысын бұйырғын, жусан, ылғалы мол жылдары әртүрлі эфермерлер құрайды. Шөптесінді құмтөбелерде жусан, эфермелер, күйреуік, теріскен, етегінде жыңғыл, шеңгел, ақсексеуіл өседі. Мұнда өзімен аттас ауыл орналасқан. ## Дереккөздер
Бастырық — арбаға не шанаға шөп, отын, т.б. заттарды тиегенде ауып кетпеуі үшін үстінен бастыра бекітілетін ағаш не металл сырық. Ағаш Бастырық мықты әрі жұмыр, бір басы аша, кебу ағаштан жасалады. Арқан сусымас үшін екінші жағы кертіледі не темір тегершік бекітіледі. ## Дереккөздер
Басыбайлылық — тәуелділік, кіріптарлық, жеке адамдардың сыртқы күштерге бағыныштылығы. Ғылыми әдебиетте Басыбайлылықтың қауымдық, экономикадан тыс, заттық-тауарлық және тоталитарлық түрлері аталып өтіледі. Ежелгі қоғамда жеке адам қауымдық тұтастықтың шеңберінен шыға алмады. Кейінгі әр түрлі жүйелерде тұлға әр түрлі (саяси, заттық-тауарлық, т.б.) Басыбайлылыққа ұшырады. Кейбір мемлекеттерде жұмысшы сөз жүзінде еркін болғанымен, күнкөріс мақсаттары бойынша экономикалық кіріптарлықта. Басыбайлылықты аластаудың басты шарты — адам құқықтарын дәйекті қорғау, оның іс жүзінде орындалуы. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Басыбайлылық(қолжетпейтін сілтеме)
Бас Табақ — қазақтың тұрмыстық салты бойынша, сыйлы қонақтарға, жасы үлкендерге тартылатын сыбаға. Бас Табаққа сол қонаққа, тойға, асқа арналып сойылған уақ малдың басы, кәделі мүше болып есептелетін жамбас, оған қоса ортан не асықты жілік, екі-екіден сабақты және қанатты омыртқалар, 2 — 3 қабырға (жетім қабырға салынбайды), сүбе, бір білем құйрық, егер жылқы сойылса немесе қонаққа деп сақталған қазы, қарта, жал, жая қосып асылса, олардан да белгілі мөлшерде салынады. Ет қазанға салынбас бұрын малдың осы мүшелерінің түгел болуы және дұрыс жіліктелуі (жіліктердің тиесілі еттерінің өзінде болуы), бастың мүйізінің шабылуы, дұрыс үйітілуі, жуылуы, жақ сүйегінің және бауыздаулығындағы бездердің сылынып тасталуы, тістерінің қағылуы қатаң қадағаланады. Бұлардың біреуінің ғана дұрыс орындалмауы үй иесінің абыройына нұқсан келтіреді деп есептеледі. Cойылған мал ірі болса, бастың тұмсық жағы шабылып тасталады да, екі құлақтың ортасынан кеңсірікті бойлай қақ бөлінеді. Егер қонақтарға екі Бас Табақ тарту қажет болса (жасы үлкен, сыйлы қонақтардан басқа құда отырса), онда екі шекені де асады. Басты (шекені) ер адамдарға, жақ етін (тілімен қоса) жасы үлкен әйелдерге (не құдағиға) тартылатын Бас Табақ салады. Бұған кәрі, ортан не тоқпан жілік және басқа да тиесі мүшелер қосады. Бас Табақтағы етті қызметші жігіттердің бірі немесе сол табаққа біріккендердің жасы кішісі турайды (Қазақстанның кейбір аймақтарында Бас Табақтағы етті құрметті қонаққа турату салты да бар). Басты да, жақты да жанына пышақ қосып, бөлек ыдысқа салып ұсынады. Қойдың басын тартар кезде оны қасқалайды (кеңсірік үстін кесе-көлденең және төбесінен тұмсығына қарай тіледі). Бас ұстаған адам, әдетте, құлақтың біреуін сол үйдің кіші баласына, біреуін жақында ғана немерелі болған сол дастарқан басындағы адамға береді. Содан кейін өзі бастың құйқасынан ауыз тиеді де, оның оң көзін алып: “қарамағыңдағы еліңе, ағайын-туысыңа оң көзіңмен қара” деп сол ауылдың, аталықтың басшысына, төбе құйқасынан кесіп: “осы елдің төбе биі бол” немесе “елің қадірлеп, төбесіне көтерсін” деп, халық қошеметіне бөленген белгілі азаматқа, таңдайын алып: “жезтаңдай шешен, әділ би бол” деп, билікке араласа бастаған жастардың біріне, жақ тұсындағы бұлшық етінен кесіп: “жағың түспей жамандық көрме” деп тағы біреуіне, т.с.с. “асату” рәсімін жасайды. Бұл рәсім кезінде айтылатын сөздердің мәнді, мазмұнды шығуы бас ұстаушының тапқырлығына, ділмарлығына байланысты. Бұдан соң ол бастың оң жақ қапталының құйқасын, етін бас салған ыдысқа турап, кейде мипалау жасап, отырғандарға түгел ауыз тигізеді. Ал сол жақ көзі мен құйқасы қалған басты: “Мен сияқты бас ұстайтын қадірлі қария, отаныңа бас бол!” деп үй иесіне қайтарады. Бұл рәсімдер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. ## Дереккөздер
Бата Оқу — ұлттық дәстүр. Қазақ халқының дүниетанымында Бата Оқу қайтыс болған адамға құран шығару, аят оқу сияқты мұсылмандық наным-сенімдермен ұштастырылады. Ағайын-туғандар әдетте қайтқан адамның жылына дейін, кейде одан кейін де марқұмның үйіне дүние, мал, ақша апарып, оның жақындарына көңіл айтады, аруаққа бағыштап Құран оқытады. Қазақтың діни ғұрпында Бата Оқуға үлкен мән берілген, оны қайтыс болған адам рухы мен “Құдай алдындағы парыз” деп есептеген. ## Дереккөздер ## Сыртқы Сілтемелер * Бата дегеніміз не? Мұрағатталған 3 қаңтардың 2011 жылы.
Степан Дмитриевич Батищев–Тараслов (1.8.1911, Ресей, қазіргі Самара облысы Ставрополь ауданы Верхняя Белоозерка селосы – 26.3.1961, қазіргі Екатеринбург қаласы) – Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1958). Ленинград (1935, қазіргі Санкт-Петербург) тау-кен институтын бітірген. РКФСР геология трестің геологы, партия бастығы, жетекші-зерттеуші (1935–1942), Қазақстандағы Атасу геология-барлау экспедициясының бастығы, бас инженері, «Оралқараметаллбарлау» тресінің геология бөлімінің бастығы, Орал геология басқармасында бөлім меңгерушісі (1942–1961) қызметтерін атқарды. КСРО Мемлекеттік (1951) және Лениндік (1957) сыйлықтардың лауреаты. ## Ш ы ғ а р м а л а р ы * Геолого-эконимическая характеристика Аятского железорудного бассейна, А.-А., 1946; * Геология и полезные ископаемые северной части Тургайского прогиба. В кн.: Магнетитовые руды Кустанайской области, М., 1958 (соавт.). ## Сілтеме * http://ru.wikipedia.org/wiki/Батищев-Тарасов,_Степан_Дмитриевич * google ## Дереккөздер
Батпан — Қазақстан, Орта Азия халықтары арасында қолданылған байырғы салмақ өлшемі. Ол әр жерде әр түрлі мөлшерленген. Халық ауыз әдебиеті мен жазба деректерде Батпан бірде 6 пұттан 12 пұтқа дейінгі өлшем, бірде бірнеше пұттан ондаған пұтқа дейінгі салмақ мөлшері ретінде көрсетіледі. Ауыз әдебиетінде “бес батпан шоқпар”, “он екі батпан күрзі” деген сияқты соққы қаруларының салмақтары да кездеседі. Бірақ бұл қарудың емес, оның соққы күшін көрсететін салмақ мөлшері болса керек. Жазба деректерге сүйенсек, 19 ғасырда Ходжентте Батпан 12 пұтқа тең, яғни 196,56 кг мөлшерінде болған. Тағы бір мәліметтерде 432 ағылшын фунтына тең, яғни 196,016 кг. Кейбір этнографиялық деректер бойынша, Батпан 16 пұт; қосымша Байырғы қазақ өлшемдері. ## Дереккөздер * Давыдович Е.А., Материалы по метрологии средневековой Средней Азии, М., 1970.
Бата, бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің бір түрі, қазақ елінің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде орын алатын ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады. Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Мағыналық тұрғыда екі түрге бөлінеді: ақ (оң) бата (алғыс), теріс бата (қарғыс). Қазақ халқының бата сөз үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, т.б. зерттеушілер назар аударып, жинап жариялаған. Кейін батаға Ислам дінініңәсері тиген. Осы күнгі бата отбасына амандық, молшылық, жастарға өмір, бақыт, сәттіліктілеу мазмұнында болып келеді. ## Дастарқанға берілетін бата Дастарқандарыңа береке берсін, Бастарыңа мереке берсін. Астарыңа адалдық берсін. Бастарыңа амандық берсін. 2)Дастарқаның тоқ болсын, Уайым-қайғың жоқ болсын! Бақ-дәулет берсін бастарыңа, Ғұмыр берсін жастарыңа! Пәле-жала, жын-шайтан Жоламасын қастарыңа! Аллаһу әкбар! ## Дереккөздер ## Сыртқы Сілтемелер * Бата беру жайында Мұрағатталған 3 қаңтардың 2011 жылы.
Батыр Қайыпұлы (туған жылы белгісіз — 1771) — сұлтан, Кіші жүздің бір бөлігінің ханы (15.10.1748 — 1771). Жошыдан тараған Жәдік сұлтанның ұрпағы. Бұхарада оқып тәрбиеленген. 1728 жылы аз уақыт Хиуа тағында отырған. 1723 - 29 жылдары қазақ-жоңғар соғыстарында Шекті руының жасағын бастап, жеке басының батырлығы және қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының аяқ кезінен бастап Әбілқайыр ханның басты бақталастарының біріне айналды. Барақ сұлтанмен келісімге келіп, Әбілқайырдың өліміне себепші болды. 1731 жылдың желтоқсанда Батыр сұлтан Ресей бодандығын қабылдағанымен өзінің геосаяси мақсаттарын жүзеге асыруда жоңғарларға да иек сүйеуге тырысты. Әбілқайырдың қазасынан кейін, оның ұлы Нұралы хан ханның билігін мойындаудан бас тартты. 1748 жылдың қазан айында Әлімұлының Шекті, Шөмекей, Бозғыл, Қарасақал руларының басшылары Батыр сұлтанды хан сайлайды. Бірақ Ресей өкіметі оны хан деп танымайды. 1750 - 60 жылдары Батыр хан Орта Азия жеріндегі хандармен бейбіт қарым-қатынас орнатады. Егде тартқан шағында Сырдарияның төменгі ағысындағы ордасында қайтыс болады. ## Дереккөздер
Шәрбан Батталқызы Батталова(15.8.1921 ж.т., Қарағанды облысы Шет ауданы) – хим. ғыл. докт. (1970), проф. (1972), Қазақстан ғылым академиясының акад. (1989), Қазақстанның еңбек сің. ғыл. және тех. қайраткері (1993). Арғын тайпасы, Қаракесек руының Керней бұтағынан шыққан. Мәскеу мемл. ун-тін (1948) және оның аспирантурасын (1952) бітірген. 1952 жылдан Хим. ғылымдары ин-тында аға ғыл. қызметкер, лаборатория меңгерушісі (1956–1959 ж. осы ин-ттың тапсыруымен Қазақ қыздар пед. ин-тында химия кафедрасын ұйымдастырып, онда дәріс берді) болды. «Қазақстанның кейбір бентониттерінің катализдік және тазартқыштық қасиеттері» деген тақырыпта докт. дисс. қорғады. Негізгі ғыл. еңбектері алюмосиликаттар катализіне және әр түрлі хим. заттардың сорбтану қасиеттерін зерттеуге арналған. Ол Қазақстандағы минералдық шикізаттардан алынатын қосылыстарды тазарту мақсатымен көмірсутектерге және сорбенттерге әсер ететін катализаторлар алу, оларды қолдану мәселелерімен шұғылданды, алюмосиликаттардың катализдік әсері мен сорбтану қасиеттері арасындағы байланысты анықтады. Б. 200 ғыл. еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы, 6 авторлық куәлігі бар. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. ## Шығармалары * Физико-химические и каталитические свойства вермикулита, А.-А, 1982; * Физико-химические основы получения и применения катализаторов и адсорбентов из бентонитов, А.-А, 1986. ## Дереккөздер
Батырақтар – XX ғасырдың 30-шы жылдарына дейін байларға, кулактарға жалдану арқылы күнелткен әлеуметтік топ. Батырақтық қазақ даласында жалдамалы еңбек қатынастарының енуіне байланысты туып, отырықшы, жартылай отырықшы аймақтарда кең тарады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдарда да байлар мен кулактар батырақтар еңбегін пайдаланды. 1928 жылы қазақ кәсіподақтар кеңесінің жүргізген есебі бойынша батырақтар саны 130200 адам болған. Мал бағумен, егіншілікпен айналысатын батырақ бір науқанға жалданып үй тірлігімен де айналысты. Ауыл мен отырықшы аудандарда батырақ еңбегі ақшалай, көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда малмен төленді. Қазақстанның түрлі аудандарындағы жергілікті өзгешеліктерге қарай батырақ ай сайын 8,3 сомнан 16,3 сомға дейін алып тұрды. Кеңес өкіметінің байлар мен кулактарды тап ретінде жоюы батырақтарды жұмыссыздыққа ұшыратып, шаруашылық дағдарысын туғызды. ## Сыртқы сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Батыр қонтайшы, Эрдени Батур хунтайджи (туған жылы белгісіз - 1653) - Жоңғар хандығының негізін қалаушы, оның алғашқы билеушісі. Әкесі Қарақұланың (Хара-Хула) саясатын жалғастырып, өзіне бағынғысы келмеген ойрат ақсүйектерінің қарсылығын басуға көп күш салды. Билік үшін күресте жеңіліске ұшыраған Гуши хан 1635 жылы Жоңғариядан Кукнорға кеткен соң, ойрат тайпаларына жалғыз өзі билік жүргізді. Ол осы жылы Қазақ хандығына шапқыншылық ұйымдастырып, бейбіт жатқан қазақ ауылдарын қасіретке ұшыратты. Жәңгір ханды тұтқынға түсірді. Ресейге бірнеше рет елші жіберіп, онымен астыртын тіл табысуға тырысты. Сөйтіп, жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының тұтануына түрткі болды. 1640 жылы қыркүйекте маньчжур шапқыншылығына тойтарыс беру, шашыраңқы ойрат қалмақтарының басын қосу және көшпелі өмірге негізделген заң ережелерін қабылдау мақсатында құрылтай жиынын өткізді. 1643 жылы 50 мың әскермен Жетісуға басып кірді. Бірақ Орбұлақ шайқасында (кейбір деректер бойынша, Қарқара асуы маңындағы шайқаста) саны аз қазақ жасақтарынан жеңіліс тапты. 1647 жылы Батыр қонтайшы мен Жәңгір хан уақытша бейбіт келісім жасасты. ## Дереккөздер
Батырлық ертегілер - қазақ ауыз әдебиетінің негізгі жанрларының бірі, көбінесе, өлеңмен, кейде қара сөзбен де айтылатын көркем шығарма. Қиял-ғажайып ертегілері сияқты батырлық ертегілердің көпшілігі ежелгі замандарда пайда болған. Қиял-ғажайып ертегілерде көбіне мифтік, таңғажайып оқиғалар баяндалатын болса, батырлық ертегілерде кейіпкер дара мадақталып, батырлардың ерлік істері барынша әсірелеу түрінде көрсетіледі. Батырлық ертегілердің негізгі тақырыптары - сүйген адамына қосылу жолында шексіз ерлік көрсету, неше түрлі құбыжықтармен, жалмауыздармен соғысу, елі үшін жаудан кек алу. Баяндау кезінде сол фантастикалық мақұлықтар бейнесіне, табиғаттың дүлей күштеріне, жауласушы жақтың тұрмыс-тіршілігіне, іс-әрекетіне түсініктемелер беріледі. Батырлық ертегілердің бәрі бірдей ерте заманда туған жоқ, кейбіреулері кейін пайда болып, көбіне батырлық жырлардың прозалық түріне айналып отырды. Олардың негізгі арқауы бұрынғыдай дию, перілермен алысу емес, керісінше, қазақ батырларының сыртқы жаулармен соғысуы, ру-тайпалардың өзара талас-тартыстары сияқты оқиғаларға құрылды. Батырлық ертегілердің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар. * Біріншіден, мұнда қиял-ғажайып ертегілерге қарағанда, суреттеу элементтері басым. * Екіншіден, кеңінен баяндалатын нәрсе - кейіпкердің жаумен жекпе-жек соғысы. * Үшіншіден, қара сөзден гөрі өлеңмен баяндау жиі кездеседі, демек, ырғақ пайда бола бастайды. Сонымен бірге, көп жағдайда батырлық ертегілер батырлық жырларға да жақын. Ерлік көрсетіп үйлену, ел үшін кек алу, әр түрлі жауыздармен алысу - батырлық эпос дамуының кейінгі кезеңіне жататын тақырыптар. Мұндағы батырлар образы батырлық ертегілер негізінде дамыған. Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Әлібек сияқты батырлық ертегі кейіпкерлерінің қасиеттері батырлық жырлар кейіпкерлері характерінде жиі ұшырасады. Бұдан біз батырлық ертегілер мен батырлық жырлардың тарихи сабақтастығын көреміз. ## Дереккөздер
Батпаққара көтерілісі — Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылық саясатына қарсы 1929 жылы 1–9 қараша аралығында болған Қостанай округінің Батпаққара ауданын, ішінара Наурызым, Торғай аудандарының кейбір ауылдарын қамтыған халықтың наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына 1928 жылдың қыркүйек — қараша айларында жүргізілген кәмпескелеу науқаны себеп болды. Қазақ АКСР-і ОАК-нің шешімімен мұнда 16 бай қожалықтары тәркіленді. Осы науқан барысында байлардың отбасыларының, өлкеден шыққан Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Есболовтың, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Ә.Жанбосыновтың серіктері мен балаларының әділетсіз қуғындалып, абақтыға жабылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды. Көтеріліс басталған кезде Батпаққараның өзінде ғана РКФСР “Қылмысты істер кодексінің” 58-бабы бойынша “контрреволюционерлер”, “ұлтшылдар”, “алашордашылар” деген айыптармен 50 адам тұтқында отырды. Көтерілісшілердің басты мақсаты — осы адамдарды қамаудан босату болды. Кеңес өкіметі органдарындағы басшы адамдардың озбырлығы, астық дайындау науқандарындағы жүгенсіздіктер, өкіметтің дінге теріс көзқарасы қалыптасқан ахуалды шиеленістіре түсті. Көтерілісшілер “Кеңес өкіметі жойылсын!”, “Алынып қойылған жерлер иелеріне қайтарылсын!”, “Байлардың кәмпескеленген малдары өздеріне қайтарылсын!”, “Хандық жасасын!” деген саяси ұрандар көтерді. 1929-шы жылы 2-ші қарашада наразылыққа қатысушылар Батпаққара ауданының орталығына басып кірді. Жасырынып үлгермеген аудан басшылары, жергілікті өкімет адамдары тұтқындалды. Жергілікті кеңес, партия, сот, милиция, кооператив, шаруашылық мекемелері орналасқан үйлер өртелді. Көтерілісті ұйымдастыру кезінде Абайділдә Бекжанов, Сейтбек Қалиев, Ахмедия Смағұлов, т.б. белсенділік танытты. Көтерілісшілер қатарында 5 ауылдық кеңес мүшесі, 3 коммунист, 12 комсомол, 2 “Қосшы” одағының төрағалары болды. Көтеріліс басшылары аудандағы барлық ауылдардың өкілдерімен жиналыс өткізіп, ауылдарда “ақсақалдар үштігін” құрды. Оларға әрбір ауылдан 50 жігіттен тұратын сарбаздар жасағын шығару жүктелді. Жалпы саны 1000 адамнан тұратын сарбаздар жасақтау (800-і Батпаққара ауданының ауылдарынан, 200-і Наурызым ауданының ауылдарынан) көзделді. 300 адамның қатысуымен жергілікті мешітте Омар Бармақовты көтерілісшілер хан көтерді. Батпаққарадан кейін Наурызым ауданындағы елді мекендерді, ауылдарды қосып алып, онан соң Торғайға, Қостанайға шабуыл жасау жоспарланды. Алайда жалпы сандары 530 адамға ғана жеткен, өздері “Аңшылар одағы” дүкенінен алынған 75-ке жуық мылтықтармен қаруланған көтерілісшілердің мұндай кең көлемде әскери қимылдар ұйымдастыруға мүмкіндіктері болмады. Жазалаушы отрядтарға көтерілісшілер қарсылық көрсете алмады. Жазалаушы отряд 200-ге жуық көтерілісшілерді, оның ішінде Бармақовты да тұтқынға алды. ОГПУ “үштігі” Батпаққара көтерілісіне байланысты 115 адамды ату жазасына, 170 адамды 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде еңбекпен түзету лагеріне, 28 адамды Қазақстаннан тыс жерлерге 3 жыл мерзімге айдауға кесті, 17 адамды шартты түрде соттады. ## Дереккөздер
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті (БҚАТУ) — Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы, техника, экономика және педагогика саласынан мамандар даярлайтын жоғары оқу орны. ## Тарихы 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институты болып ашылған. 1996 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университеті болып өзгертілді. 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамына кіріп, 2002 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті болып қайта құрылды. 2003 жылы университетке Жәңгір хан есімі берілді. ## Құрылым Университетте «Политехникалық», «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіптік білім беру», «Индустриалды-технологиялық», «Агротехнология», «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы» институттары жұмыс істейді. Университеттің 17 жоғары және 19 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары, оның ішінде 14 магистратура және 5 докторантура бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензиялары бар. Білім беру бағдарламаларының тізілімінде 48 жоғары және 45 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары тіркелген. Бүгінгі таңда университетте 344 профессор-оқытушы жұмыс атқаруда, оның ішінде: 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD және 400-ге жуық қызметкер бар. 2011 жылы жаңа үлгідегі тоғыз қабатты Студенттер үйі пайдалануға берілді. Университет аумағында 2140 орындық төрт студенттік үй, алты оқу ғимараты,  «Жәңгір хан» спорт кешені, мәжіліс залы, «Ихтиология және аквакультура» зертханасы, «Парасат» ақпараттық білім беру орталығы, оқу-әдістемелік құралдар шығаратын баспа бөлімі жұмыс істейді. ## Институт және орталықтар * Агротехнология институты * «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру» институты * Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институты * Индустриалды-технологиялық институты * Политехникалық институты * Тілдерді дамыту орталығы * «Рухани жаңғыру» орталығы * Әскери кафедра ## Білім беру бағдарламалары ## Сілтеме * https://wkau.edu.kz/ ## Дереккөздер мен сілтемелер тізімі:
Батыс Қазақстан Өнер Институты<(Дәулеткерей атындағы) - мәдени-ағарту, музыка саласы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны. Орал мәдени ағарту училищесінің (1981) негізінде, 1991 жылы Шымкент мәдениет институтының филиалы болып, 1992 жылы Батыс Қазақстан мәдениет институты болып құрылды. 1996 жылдан Батыс Қазақстан Өнер Институты аталады. Құрамына музыка және көркемсурет мектептері, музыка колледжі, мәдениет училищесі енеді. 1998 жылы институтқа белгілі халық композиторы Дәулеткерейдің есімі берілді. Институт тоғыз түрлі мамандық бойынша (орындаушылық шеберлік, музыка және ән айту, хореография, декоративтік өнер, мәдени-демалыс жұмыстары мен көркем шығармашылықты ұйымдастыру, режиссерлік, музыкатану, әлеуметтік-мәдени саладағы менеджмент, кітапханатану және библиография, әлеуметтік-мәдени қызмет және туризм) кадрлар даярлайды. Жылына 1000 студент дәріс алады. Оқытушылар құрамында 4 профессор, 2 ғылым кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкерлері мен артистері, Суретшілер одағының мүшелері бар. Он екі кафедра, балет студиясы, ауылдың талантты жастарына арналған бір жылдық даярлық бөлімі, аудиотехникамен, компьютермен жабдықталған кабинет, халық музыкасын үйрену кабинеті, домбыра, қобыз, тағы басқа аспаптарды жөндейтін және жасайтын шеберхана, мұражай, аспирантура жұмыс істейді. 6 оқу ғимараты, 220 орындық жатақхана оқу-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.ref>Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 ISBN 9965-607-02-8</ref> ## Сілтеме * http://musicheritage.nlrk.kz/index.php/kz/menu/show/11 Мұрағатталған 13 қазанның 2016 жылы. * http://www.wksu.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=55&Itemid=76&lang=kz Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. ## Дереккөздер
Батыс Ғұн Империясы, Батыс хун империясы — ғұндардың Еуропада құрған мемлекеті. Батыс Ғұн империясының негізі алғаш б.з. II ғасырында Батыс Қазақстан жерінде, Каспий теңізі жағалауында қаланды. Ғұндар сол өңірден өздерінің патшасы Валамир (Балаәмір) бастауымен батысқа аттанып, IV ғасырдың 70-жылдары Днестрге дейінгі жерді жаулап алды. Олардан бірінші болып жеңілгендер Азов теңізі өңірін мекендеген аландар болатын (қ. Ғұндардың аландарды талқандауы). Керчь бұғазы мен Қырымдағы Боспор патшалығы да ғұндардың соққысынан құлады. 375 жылы Қара теңіз жағалауындағы остготтарды (Шығыс готтар) түгелдей бағындырды, ал вестготтар (Батыс готтар) Рим империясы территориясына барып паналады. Сөйтіп ғұндарға Еділден Днестрге дейінгі жерлерді мекендеген тайпалар бағынды. Ғұндардың Батысқа жорығы Халықтардың ұлы қоныс аударуының басталуына түрткі болды. Ғұндар Рим империясымен көршілес орналасып алып, көп ұзамай оған қысым көрсете бастады. Батыс Ғұндың басында Рим империясының Паннония аймағын (қазіргі Венгрия жерін) басып алып, оны ғұн мемлекеті құрамына кіргізді. Рим империясының мұрасын бөлісуде герман тайпаларының бақталасына айналды. 433 жылы ғұн патшасы Руғила қайтыс болған соң, мемлекет билігі оның інілері Ақтар мен Мыңзық балаларына — Бледа мен Аттиланың қолына көшті. 437 жылы ғұндар Рейн өзенінің бойында Бургун корольдігіне соққы берді. Нәтижесінде Солтүстік Еуропа мен Галлияға дейінгі герман тайпалары ғұндарға бағынды. Ғұндарға қарсы Рим империясы атынан вандал мен вестгот тайпалары ғана соғысты. 451 жылғы Каталаун қырғынынан кейін Еуропада ғұндарға қарсы тұратын ешқандай әскери күш болмады. Сөйтіп ғұндар Батыс Рим империясы территориясына толық иелік етті. 454 жылы Аттила өлгеннен кейін Батыс Ғұн Империясы ыдырап, герман тайпалары ғұндардан бөлініп кетті. Бұрынғы үлкен империя құрамында тек ғұн тайпалары, яғни түркі тілдес тайпалар ғана қалды. VI ғасырдан бастап Батыс Ғұн империясы “Уарғұндар қағанаты” (Арғындар қағанаты) деп аталды. Баян хан тұсында күшейген Уарғұндар қағанатына Византия салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Баян хан Арал теңізі маңынан Тарниак, Котзагер, Забен тайпаларын Еуропаға көшіріп алған еді. Уарғұндар қағанатын 798 жылы Франк королі — Ұлы Карл талқандады. Осыдан соң ғұндар мемлекеті бас көтерген жоқ. Батыс Ғұн империясы адамзат мәдениеті тарихында өзіндік терең із қалдырды. Зергерлік өнердің ерекше дамыған түрі — полихрома стилін алғаш батыс ғұн зергерлері салған. Олардың полихрома стилімен жасалған бұйымдары әлемнің талай музейлерін безендіріп тұр. Батыс Ғұн империясында алтыннан жасалған 92 экспонат Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Цирк өнеріне қатысты ат үсті ойындарының негізін ғұндар салған. Олар мұны өзімен бірге Еуропаға алып барды. Ғұндар Еуропада баспана ретінде төрт доңғалақты арба үстіне орнатылған киіз үйлерді пайдаланған. Ғұндардың кілемдері мен киіздері түрлі оюлармен өрнектелетін болған. Еуропалық аймақтарда жүргізілген археол. қазба жұмыстары кезінде ғұндардың ағаштан, қыштан, металлдан жасалған ыдыс-аяқтары мен түрлі бұйымдары табылған. ## Дереккөздер
Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс — Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың құрамдас бөлігі. Бұрынғы Бөкей ордасын, Орал облысынан және Торғай облысынының Ақтөбе, Ырғыз уездерін қамтыды. Бұл өңірде де көтеріліс 25 маусымдағы Ресей патшасы жарлығына наразылық, болыс басшыларына, тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасаушыларға қысым көрсету түрінде басталды. Бірақ қазақ зиялылары халықты қантөгістен, қарулы қақтығыстан сақтандыруға күш салды. Осы мақсатта Б. Қаратаев пен Ж. Сейдалин Ресей мемлекеттік думасының төрағасына арнайы хат арқылы тыл жұмысына адам алуды 1917 жылдың 17 мамырына дейін тоқтата тұру керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Қазақ зиялылары тыл жұмысына адам беруді жақтағанымен кей жерлерде қуғын-сүргінге ұшырады. “Қазақтарды өкіметке бағынбауға шақырды” деген айыппен Бөкей ордасында Бақтыгерей Құлманов жер аударылды, ал Сейітқали Меңдешев 3 ай мерзімге абақтыға жабылды. Бөкей ордасында халық нарызылығының екпін алған жері Бірінші теңіз жағалауы округі болды. Онда бір мыңнан астам көтерілісшілерге Исатай Тайманұлының немересі Өтепқали Дінбаянұлы жетекшілік етті. Шоқпармен, мылтықпен қаруланған көтерілісшілер жергілікті билік орындарынан тыл жұмысына алынатындардың тізімін тартып алып, өртеп жіберді. Округ деңгейінен аспаған көтеріліс 30 тамызда жазалаушы әскер күшімен басылды. Көтерілісті ұйымдастырушылар ретінде Дінбаянұлы, Е. Нарынбаев, Қ. Дүтбаев, т.б. тұтқынға алынды. Орал облысының Ілбішін, Темір уездері көтерілісшілері батыл қимылдарға көшіп, жазалаушы әскерлермен қарулы қақтығысқа түсті. Ілбішін уезінің Соналы болысында Есенғали Дәуесұлы мен Бақи Жақайұлы бастаған 900-ге жуық көтерілісшілер күші басым жазалаушы әскермен ашық шайқасқа түсті. Ресей әскерінің қолына түскен көтеріліс жетекшілері Дәуесұлы мен Жақайұлы Калмыков түрмесіне жабылды. Темір уезі көтерілісшілері 29 тамызда “Ұрының қара суы” деген жерде 200 Ресей әскерімен шайқасты. Шайқаста көтеріліс жетекшісі Әкімбай (Қартқожа) қаза тапты. Ресей жазалаушылары қолға түскен көтерілісшілерді аяусыз жазалап отырды. Ілбішін уезінің Шиелі болысында 4 адам дарға асылды, Шыңғырлау болысында 4 адам ату жазасына кесілді. Гурьев уезінде жұрттың біразы Хиуа хандығының жеріне үдере көшті. Ақтөбе уезінде халық наразылығы 18 шілдеде Әкімбет болысында басталды. Ақкемер станциясы маңында бір мыңға жуық көтерілісшілер темір жолды бұзып, поездарға бөгет жасады; оларды Ақтөбеден жіберілген жазалаушы әскер қуып таратты. Ырғыз уезі көтерілісшілері Ресей өкіметін мойындаудан бас тартып, өз хандарын сайлады. Аманкөл болысында Әтіке Қаражанов, Тәуіп болысында Әйімбет Шобанов, Қызылжар болысында Айжарқын Қанаев, Бақсайыл болысында Жұмағазы Жүргенов, Талдық болысында Сиеспен Тілегенов, Белқопа болысында Көптілеу Қосқұлақов хан сайланды. 29 қараша күні Аманкөл, Тәуіп, Қызылжар болыстарының көтерілісшілері жазалаушы әскермен шайқасып, оның бетін қайтарды. Шайқас кезінде 1300-ге жуық көтерілісшілер қаза тапты. Желтоқсанда Тәуіп болысының ханы Шобанов қолға түсіп, тұтқындалды. Ырғыз уезінде көтеріліс Уақытша үкімет тұсында да өз жалғасын тапты. ## Дереккөздер
Батыс Тәңір тауы — Орталық Азиядағы тау жүйесі, Тәңір тауының батыс бөлігі. Батыс Тәңір тауын Қырғыз Алатауы, Талас Алатауы, Шатқал (4503 м), Құрама, Пскем, Өгем (Угам) және Қаратау жоталары құрайды. Жоталар прекембрий мен палеозойдың шөгінді, метаморфтық және жанартаутекті жыныстарынан (тақтатас, әктас, құмтас, мәрмәр, гнейс, гранит, эффузиялық жыныстар, т.б.) түзілген. Батыс Тәңір тауы жоталары герциндік қатпарлану қозғалысына ұшырап, тегістелу (пенеплендік) процесін өткерген. Сондықтан, бұлар онша биік емес, тау бастары жайпақ, батыс беткейлері көлбеу, шығысы құлама келеді. Жер қойнауы кен байлықтарына бай. Мұнда темір, молибден, ванадий, қорғасын кентастары, тас көмір және қоңыр көмір, каолин, т.б. құрылыс материалдары өндіріледі. Мұхиттардан алыс жатқандықтан онда қуаң климат қалыптасқан. Климаты тым континенттік. Жоталарының оңтүстік-батысындағы тау аңғарларында ауаның орташа температурасы қаңтарда - 3-5°С, шілдеде 20-25°С, жоғарғы белдеулерде қаңтарда - 10-15°С және одан да суық, ал шілдеде - 10-15°С болады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері тау аңғарлары мен етегінде 150-450 мм, одан биік белдеулерде 450-800 мм. Батыс Тянь-Шань таулары Шу, Талас, Сырдария өзендерінің суайрығы болып табылады. Тау аңғарлары мен баурайларында тәлімі және суармалы егіншілік, мал шаруашылығы дамыған. Талас Алатауы мен Өгем жоталарында * Қаратау қорығы * Ақсу-Жабағылы қорығы * Сайрам-Өгем ұлттық паркі орналасқан. ## Сілтеме * Қазақ энциклопедиясы
Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры – Орал қаласында 1992 жылы маусымда қалалық, 1993 жылы желтоқсанда облыстық қазақ драма театры болып құрылған. ## Тарихы Театр 1993 жылы 16 желтоқсан күні М. Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен шымылдығын ашты. Одан кейінгі жылдары Қадыр Мырзалиевтің "Қасқыр қақпан", Е. Домбаевтың "Айналайын ақ келін", "Ғашықтық туралы баллада", С. Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек", "Біз де ғашық болғанбыз", М. Хасеновтің "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", С. Асылбековтің "Бір түнгі оқиға", Ә. Оразбековтің "Бір түп алма ағашы", т.б. шығармаларды қойды. М. Әуезовтің "Абай" (1995), "Еңлік–Кебек" (1996), "Айман–Шолпан" (1997) драмаларын сахнаға шығаруы жас өнер ұжымының шеберлігі шыңдалып, күрделі классикалық туындыларды игере бастағанын байқатты. Театр тарихындағы алғашқы қойылымдарды сахналаған режиссерлар Ж. Есенбеков, Е. Жылқышинов, алғашқы директоры әрі артист А. Сұлтанғалиев, ҚР еңбек сіңірген артистері Ш. Есенғұлова, Қ. Есенғұлов, ҚР халық артисі Г. Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М. Ахманов, артистер Т. Имашев, С. Сембаев, Х. Нұғманова сынды өнер адамдары театрдың қалыптасуына зор үлестерін қосты. ## Әр жылдардағы жетістіктері * 1998 жылы театр ұжымы Тараз қаласында өткен VІ республикалық театрлар фестиваліне алғаш рет қатысып, С. Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» (режиссері М. Ахманов) драмасымен фестивальдің бас жүлдесін алды. * 2002 жылы Орал қаласының орталығынан қазақ театрының ғимараты бой көтерді. * 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына арналған ХІ республикалық театрлар фестивалі Оралда өтті. Театр ұжымы өнер сайысында Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен бақ сынап, жүлделі І орынды жеңіп алды. * Өнер ұжымы 2005 жылы Иран-Ғайыптың «Қорқыт» қойылымымен (режиссері Қ. Қасымов) Каир қаласында өткен VІ Дүниежүзілік театрлар фестиваліне қатысты. * 2009 жылы АҚШ-тың Риджфилд (Нью-Йорк) қаласында өткен М. Чехов атындағы халықаралық театр фестиваліне Қазақстан атынан тұңғыш рет осы театрдың режиссері Асхат Маемиров сахналаған драматург Эдуард Олбидің «Зоопарк» психологиялық спектаклі қатысып, «Ең үздік қойылым» ретінде фестиваль лауреаты атанды. Осы қойылым 2010 жылы Алматыда өткен Орталық Азия елдерінің ІІІ Халықаралық театрлар фестивалінде қойылып, бас рөлдердің бірінде ойнаған театр артисі Данияр Базарқұлов «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды. * 2012 жылдың қазан айында Қостанайда өткен І. Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне Г. Гориннің «Атың өшсін, Герострат!..» трагикомедиясымен (ауд. Қ. Төлеуішев, реж. М. Томанов) қатысып, 7 номинация бойынша жеңімпаз атанды. 2008 жылы театрда балалар қойылымына арналған кіші зал ашылды. Театр репертуарында «Буратино», «Достар», «Қызыл телпекті қыз», «Үш қоян мен бөлтірік», «Алтын балапан» сынды жиырмаға жуық ертегі жүреді. Театр сахнасында тұтас ансамбль құрай алатын әрі артистік шеберліктері шыңдалған 40-қа жуық артист қызмет етеді. Олардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі, режиссер, кино және театр актері С. Қажымұратов, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қ. Асқарова мен Б. Молдабаев, ҚР мәдениет қайраткері Б. Исалиева, Б. Жақыпова, артистер Г. Шынтемір, М. Бектенов, Е. Есендосов, Т. Матаев, Э. Мақашева, С. Әбуов, Қ. Амандықов, Н. Жұбатова, Т. Жігеров, Ж. Құрманғалиева, Х. Шамелова, А. Тілеумағамбетова, А. Болатова сынды сахна жүйріктермен бірге, Н. Сейітмаханбетов, Д. Омаров, Б. Өтеғалиев, А. Қайырова, Е. Тазболатов, А. Ізмұханова, С. Түменов, М. Кенжетаев, Р. Сапарғалиев сынды жастар бар. * 2014 жылдың желтоқсан айында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жанынан жастар театры құрылды. * 2017 жылы 24 ақпанда Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен театрға КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттің сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкееваның есімі берілді. ## Галерея * * * ## Сыртқы сілтеме https://khadisha-theatre.kz ## Дереккөздер
Баян (нем. Bayern) — неміс халқының музыкалық аспабы. 1891 жылы Бавариялық шебері Г.Мирвальд қол гармониясының дизайнын өзгертті. Жаңа аспапта төрт қатарлы октавалық диапазоны бар үш қатарлы, батырмалы оң жақ пернетақта болды. Аспаптың оң жақ клавиатурасында 5-6 қатар түймелерден түзілген, диапазоны 4-5 октаваны қамтитын дыбыстық қатар, ал оң жағында 3-5 қатар түймелерден тұратын, 3-4 октаваны қамтитын дыбыстық қатар және дайын аккордтық сүйемелдер бар. XX ғасырдың басында Ресейде баян жасаудың В. П. Хегстрем, Н. З. Синицкийлер ойлап тапқан жүйелері (мәскеулік, шетелдік, т.б.) пайда болды. 1929 жылы Стерлигов баянның шартты түрдегі “дайын-таңдамалы” түрін ойлап тапты. Оның жетілдірілген соңғы үлгілері — көптембрлы “дайын-таңдамалы” баяндар. Баян жеке орындауда, сонымен қатар ансамбль, оркестрлерде де пайдаланылады. Ол музыкалық ұжымдардың, көркемөнерпаздар үйірмелерінің, сондай-ақ, көпшілік халықтың арасында да кең таралған. ## Дереккөздер
I Баһадүр (урду: بہادر شاه اول‎‎) — Ұлы Моғолдар патшалығының 8-ші падишаһы. Ұлы Моғолдар патшалығының негізін қалаушысы Бабырдың жүрежаты. I Акбардың шөпшегі. Толық атағы: Сайып-и-Қыран, Муаззам Шаһ Әлемгір Сани, Әбіннасыр Сейіт Кутубуддин Әбілмұзаффар Мұхаммед Муаззам Шаһ Әлем I Баһадүр Шаһ, Падишаһ-и-Ғази. ## Өмірбаяны I Баһадүр 1643 жылдың 14 қазанында Бурханпур қаласында дүниеге келді. Ол Ұлы Моғолдар падишаһы I Әлемгірдің және Бай бегімнің екінші ұлы болатын. Ағалары мен інілеріне қарағанда Баһадүр шыдамдырақ әрі тыныштырақ болғанды, сондықтан әкесінің сеніміне бөленді: I Әлемгір оны тақтың мұрагері етіп тағайындады. Әкесінің тұсында ол Деканның (1663-1673, 1678-1680), Мултан, Кабул мен Синдтің (1673-1678), Аграның (1695), Акбарабаттың (1695-1699), Лахор, Мултан мен Учаның (1699), Кабулдың (1699-1707) науаб субадары (наменгері) болды. ## Билеген жылдары I Баһадүр 1707 жылдың 19 маусымында 63 жасында таққа отырды. Кәрі жастағы падишаһ тек 5 жыл (1707-1712) биледі. Бастапқыда I Баһадүр тақ үшін өз ағасы әрі ізашары Мұхаммед Ағзаммен соғысты. 1711 жылы Ұлы Моғолдар патшалығына Бутан патшасы Друка Рабдже басып кірді. Патша Ұлы Моғолдарға қарсы шыққан Махендра Нарайян және Яджна Нарайян атты үнді төңкерісшілермен бірігіп, шығыстағы Дакка мен Горагат фауждары Ибраһим хан шабуыл жасады. I Баһадүр 1712 жылдың 27 ақпанында Лахор маңында 68 жасында қайтыс болды. Оның өлімінен кейін Ұлы Моғолдар патшалығының ыдырауы бастады.
Батыс Қарахан қағандығы - Мәуреннахрдағы ортағасырлық мемлекет. Қарахан мемлекетінде Әли Арслан хан (қ. Әли ибн Мұса) мен Хасан Боғра хан балалары арасында билік үшін күрес үдей түсіп, бұл күрес 1041 жылы мемлекеттің Шығыс Қарахан қағандығы және Батыс Қарахан қағандығы болып бөлінуіне алып келді. Әли Арслан хан ұрпағының үлесіне тиген Батыс Қарахан қағанатының территориясы Мауераннахрды және Ферғананың батыс бөлігін қамтыды. Сырдария өңірі екі қағанаттың үнемі талас жеріне айналып, оған иелік ету қағанаттардың қуатына орай өзгеріп отырды. Батыс Қарахан қағанатының астанасы алғашында Үзкент, одан соң Самарқан болды. Мемлекет басшысы “хақан” лауазымын иемденді. Батыс Қарахан қағанатында Қарахан мемлекетіндегідей үлестік басқару жүйесі сақталды. Жоғарғы билеуші - хақан жанында басқарушы кеңсе (диуан) болды. Ол мынандай лауазым иелерінен тұрды: уәзір (ходжаий бузурга), қазынашы (әр-расаил), әскербасы (сахибшурат), пошта мен жергілікті билеушілердің қызметін қадағалаушы (сахиббарид), қаржы ісін бақылаушы (мушрифа), сауда ісі мен қолөнер өнімдерінің сапасын бақылаушы (мухтасиба), сот ісін жүргізуші (қази), діни мекемелердің мүлкін басқарушы (уақап). Іс-қағаздары түрік және араб тілдерінде жүргізілді. Батыс Қарахан қағанатында егіншілік, мал шаруашылығы, қолөнер, сауда дамыды. Ұлы Жібек жолы тармақтары Батыс Қарахан қағандығы жері арқылы өтті. Самарқан, Бұхара қалалары ислам мәдениетінің ірі орталықтары ретінде танылды. Батыс Қарахан қағанаты қалаларында мемлекет қаржыландырумен оқытатын медреселер және емдеу орындары болды. 1089 жылы Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Мәлік шах I көп әскермен Батыс Қарахан қағанаты шекарасына баса көктеп кіріп, оның астанасы Самарқанды басып алды. Батыс Қарахан қағанаты басшысы Насыр ибн Ибраһим өзін Мәлік шахтың вассалы деп мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп Батыс Қарахан қағанаты салжұқтардың билігіне өтті. Салжұқтар Қарахан әулетінен өздеріне қолайлы адамдардан хақан тағайындап отырды. 1102 жылы Тараздың билеушісі Қадырхан Жабыраил салжұқтардың Мауераннахрдағы саяси үстемдігіне қарсы шықты. Бірақ ол Термез қаласы түбінде салжұқтардан жеңіліп, қаза болды. Махмұд ибн Мұхаммед билігі (1132-41) кезінде Батыс Қарахан қағанатына қарақытайлар шабуыл жасады. 1141 жылы Самарқан қаласы маңындағы Қатуан жазығындағы шайқаста Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Санжар мен Батыс Қарахан қағанатының біріккен әскері қарақытайлықтардан жеңіліс тапты. Батыс Қарахан қағанаты қарақытайлардың вассалына айналды. XII ғасырдың ортасына қарай әрбір иелікті билеген ақсүйектер арасында таққа талас үдеп, Батыс Қарахан қағанатын әлсірете түсті. 1156 жылы Батыс Қарахан қағанатындағы билік тізгіні Шығыс Қарахан қағанатын билеген Хасан әулетінің қолына көшті. Батыс Қарахан қағанатының соңғы хақаны Оспан ибн Ибраһим болды. Ол 1212 жылы Хорезм шаһы Мұхаммед ибн Текеш қолынан қаза тапты. Сөйтіп, Мауераннахрда Қарахандар әулетінің билік жүргізуі аяқталды. ## Сыртқы сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
А. Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театры – 1859 жылы Орал қаласында ашылған мәдени орталық. ## Тарихы Театрдың тарихы 1859 жылдан басталады. Алғаш рет Орал казак әскерінің наказной атаманы А. Столыпиннің бастамасымен құрылған. Театр труппасы 1859 жылы күзде А.Н. Островскийдің "Кедейлік кемістік емес" атты комедиясымен шымылдық ашты. Алғашқы кезде труппада әуесқой актерлар ойнады. Труппа құрамына көршілес Орынбор мен Саратов қалаларынан кәсіби әртістер шақырылды. Осы кезеңінен бастап Орал драма театры іске кірісті. Осы маусымда (1859–1860 жж.) А.Н. Островскийдің "Поздняя любовь" атты тағы бір шығармасы сахналанды, "Кэтти и Бэтти" опереттасы қойылды. Оның музыкасын атаман А.Д. Столыпин мен орыс композиторы А.С. Даргомыжский бірлесе отырып жазып шықты. Бұл кезеңдегі театр репертуарының негізі бір актілі комедиялар мен водевилдерден құралды. 1890 жылдан бастап кәсіби театрға айналды. ## Кәсіби кезең. Қойылымдар Қазан төңкерісінен кейін театр заман талабына сәйкес қайта құрылды. Оның сахнасында орыс классикалық драматургиясы туындыларымен қатар кеңес драматургтары А.Н. Афиногеновтің, В.Н. Билль-Белоцерковскийдің, В.В. Вишневскийдің, Н.Ф. Погодиннің, К.А. Треневтің шығармалары, сондай-ақ, шет ел әдебиетінен Ф. Шиллердің "Қарақшылары", "Зұлымдық пен махаббаты", Лопе де Веганың "Қой бастауы", тағы басқа туындылар қойылды. Театрда әр жылдары Қазақстанның халық әртісі Н.К. Ангаров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі З.М. Акимова, т.б. өнер көрсетті. Режиссерлер Ресейдің еңбек сіңірген әртісі В.К. Данилов пен П.П. Поддубный қызмет етті. 1960 жылы театрға белгілі орыс драматургі А.Н. Островскийдің есімі берілді. XX ғасырдың 60-жылдарынан кейін театр сахнасында Островскийдің "Жылтырағанмен жылытпайдысы", "Жазықсыз жапа шеккендері", Чеховтың "Ваня ағайы" мен "Шағаласы" Н.С. Лесковтың "Мценск уезінің леди Макбеті", А.М. Горькийдің "Васса Железновасы", М.А. Шолоховтың "Көтерілген тыңы", Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян Сұлуы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлихановы" мен "Ботагөзі", С. Жүнісовтің "Ажар мен ажалы", У. Шекспирдің "Ричард ІІІ-сі", Т. Уильямстің "Үміт трамвайы", Б. Нушичтің "Философия докторы", Э. Де Филиппоның "Филумена Мартуроносы", т.б. драмалық шығармалар қойылды. ## Театр ғимараты Ғимараты 1858 жылы тұрғызылған. 1919 жылы театр ғимараты өртеніп, спектакльдерді Александр Невский соборында қойды. 1940 жылы бұрынғы «Пушкин үйінің» орнына тұрғызылған қазіргі театр ғимараты Орал қаласындағы әдемі тарихи архитектуралық ескерткіштердің бірінен саналады. 2002-2003 жылдары театр толығымен қайта қалпына келтірілген, 305 орынға арналған жайлы және сыйымды залы бар. Бүгінгі күнде театр труппасында 30 әртіс жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығы — Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер (Лениногор), Зырян, Глубокое (Орталық кеңсе-үй-жайы Глубокое ауданының Риддер қаласында орналасқан) аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік-шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан. Батыс Алтай қорығының аудандастырылуы Оңтүстік-Cібір тау елдерінің Алтай провинциясына жатады. Қорықтың ландшафтық кешеніне Иванов (2800 м), Холзун (2500 м), Көксін (2300 м), Тигирецк (2300 м), Линейск (1600 м), Уба (2067 м), Үлбі (2000 м) жоталарының таулы жер бедерлерінің бөлігі қосылады. Қорықтың жануарлар дүниесін тайгалық жануарлар: бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, кәмшат, тиін, шұбар тышқан, суыр, түлкі және әртүрлі кеміргіштер құрайды. Құстар әлемі алдын ала алынған деректер бойынша 100 аса түрден тұрады. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілген: қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт бар. ## Әкімшілік жағдайы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының кеңсесі Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы, Семей көшесі, 10-үйде орналасқан. ## Табиғат жағдайы физикалық-географиялық сипаттамасыБатыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер (Лениногор), Зырян, Глубокое (Орталық кеңсе-үй-жайы Глубокое ауданының Риддер қаласында орналасқан) аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аудандастырылуы Оңтүстік-сібір тау елдерінің Алтай провинциясына жатады. Қорықтың ландшафтық кешеніне Иванов (2800 м), Холзун (2500 м), Көксін (2300 м), Тигирецк (2300 м), Линейск (1600 м), Уба (2067 м), Үлбі (2000 м) жоталарының таулы жер бедерлерінің бөлігі қосылады. Жер бедерінің формасы шығу тегі жағынан тектоникалық, мұздықты және сулы-эрозиялы болып келеді, құрамына сулы алқаптар, тау арасындағы қазаншұңқырлар, алқап тәрізді төмендеулер, сусыма тастар, жартастар, қорымдар, тасты өзендер кіреді. Жоталардың үсті пенепленденген жазық тәрізді, ал кейбір аудандардың құрылу ерекшеліктерін кар, трог, цирк құрайтын ежелгі мұздықтар , сондай-ақ таңғажайып формалар жасайтын гранит қалдықтарына (Желілік бағандар - Тас ертегісі, Шайтан қалашық) қарап анықтаған. Барлық жоталар көркем өзен алқаптарымен бөлінген. Қорық аумағына өзендердің тарамдалған гидрологиялық жүйесі, мұзды көлдер, бұлақтар, бастаулар, биік таулы батпақтар (Алтайдағы ең ірі батпақ – Гульбище батпағының ұзындығы 6 км, ені 2 км). Қорық аумағында ағатын өзендер: Қара және Ақ Уба, Палевая Разливанка, Линейчиха, Үлкен және кіші Тұрғысын және тағы басқалары Ертістің Карск теңізіне құятын жоғарғы бассейніне жатады. Ақ және Қара Уба өзендері қорық аумағынан тыс жерде Батыс Алтайдағы Ертістің саласы болып табылатын Уба өзеніне барып құйылады. Өзендер көбінесе таудың еріген суымен қоректенеді (40-70%). Қорық аумағының гидрологиялық жүйесін табиғи қалпында сақтау - жалпы ауданның қалыпты гидрологиялық режимін қамтамасыз ететін негізгі жағдай. Таулы тайганың құрамына өсімдіктердің жоғарғы белдеуіне жататын: күңгіот қылқанды аралас ормандар, альпі және субальпі шалғындары, тундра белдеуі. Батыс Алтайдағы ормандардың орман өсіруші мамандар анықтаған 25 түрінің 16-сы қорық аумағында кездеседі.Қорықтың климаты географиялық жағдай мен жер бедеріне байланысты. Қорық Азия материгінің ең түкпірінде орманды, далалы, шөлді табиғи-климаттық аймақтардың түйіскен жерінде; Оңтүстік Сібір және Орта Азияның әр түрлі таулы аймақтарында, Батыс Сібірдің байтақ жазықтық кеңістігінде, Қазақстан мен Орта Азияның далалары мен шөлдерінде орналасқан. Қорықтың мұхиттан және ашық теңіздерден алыс жатуы оның климатының континентальды болуына, ауа температурасының жылдық ғана емес тіпті күндік деңгейінің құбылмалығына негіз болады. Жазғы маусымда цельсия бойынша +18+24 градус жанға жайлы ауа-райы жиірек болады. Аязсыз күндер 90 күнге дейін созылады. Қыс 220-240 күнге дейін болады. Қаңтардағы орташа температура цельсия бойынша -17-28 градус. Қар жамылғысының биіктігі 1,5-2.0 метрге дейін, кейде 3-4 метрге дейін жетеді. Көктемде қар жылдам ериді, көшкін жүруі, қардың опырылуы жиірек байқалады. Ақ Уба көлінің ауданында жылына 1600-2000 мм-ге дейін қар түседі, кейде одан да көп, 3000 мм-ге дейін жетеді. Жалпы қорық аумағында жауын-шашынның деңгейі бірқалыпты десе де болады. Аумақтың климаты континентальды жағдайда қалыптасады, бірақ тауда ауа температурасының төмендеуі мен жауын-шашынның, әсіресе, Атлантика мұхитынан келетін ауа массасы үшін ашық батыс және солтүстік-батыс беткейлерде көп болуына байланысты - бұл аудандар анағұрлым ылғалды болып келеді. Сондай-ақ таулы жер бедері атмосфералық ауа айналымы процесінің дамуына әсер етеді және теңіз деңгейінің биіктілігіне, жер қыртысының формасына, беткейлердің экспозициясына және жер беті жамылғысының сипатына қарай өзгеріп отыратын климат жағдайларының әртүрлілігін тудырады. Тауда қалыптасатын ауа массасы өзінің сипаты жағынан жанаса орналасқан жазықтың ауа массасынан қатты ерекшеленеді. Бұл аумақта жауын-шашынның күшеюін туғызатын фронтальды бөліктердің шиеленісуі болады. Тауаралық қазаншұңқырлармен және кең тауаралық ойпаттармен ауа массасы өздерімен бірге қалың жауын-шашын ала келіп, таудың алыс түкпірлеріне енеді. Әсіресе бұл тұрақсыз атлантикалық ауа массасының енуі кезінде байқалады. Ауа массалары өз жолдарында тау беткейлерімен кезігіп, салқындайды, және бұл да жауын-шашын тудырады. Жер бетінің әртүрлі жамылғысы (шалғын, орман, шабындық және т.б.) жергілікті ылғал айналымын қалыптастыратын конвективті процестерді тудырады, бұл да өз кезегінде жауын-шашынды көбейтеді. Жыл маусымдарына қарай ауа айналымы процестері де әртүрлі. Суық кезеңдерде бұл жердің климатында азия антициклонының батыс сілемдерінің суық, бұлты аз, жауын-шашыны жоқ деуге болатын бірнеше күн бойы сақталатын ауа-райының әсері білінеді. Ылғалдылығы аз солтүстік-батыс және солтүстік арктикалық ауа массасының енуі байқалады. Жылы маусымдарда батыс және солтүстік-батыс бағыттағы циклондардың енуі басым болады, онымен атмосфералық шептердің өтуі байланысты. Ауа-райының фронтальды түрінде әдетте бұлттылық қалыңдай түседі, ал фронтальды бөлік тау жоталарына жақындаған кезде жауын- шашан болады және желдің жылдамдығы арта түседі. Жазда континенталды процестер күшейе түседі, бұл нөсер жауындар мен ақ жауындардың көбеюіне әкеп соғады.Ауаның тиімді температурадағы жоғарғы ылғалдылығы қорықта тайганың қалыптасуын қамтамасыз етіп, орман және шалғын өсімдіктерінің пәрменді дамуына қолайлы жағдай туғызады. ## Қорықтың өсімдіктер әлемі, сирек кездесетін және аса бағалы түрлер Қорықтың ландшафты - таулы-тайгалы сипатта болады және қара топырақты, күңгіртқылқанды тайга, субальпілік, альпілік, егістік белдемдер кіреді. Ормандар түзілімдердің 3 сыныбына жатады: жапырақты, күлгртқылқанды, ақшыл қылқанды ормандар.Жапырақты ормандар ағашы кесілген жерлер мен өртеңдерде қалыптасады. Ақшыл қылқанды ормандар үзік-үзік болып негізінен құрғақ беткейлерде кездеседі. Қорық аумағына күңгіртқылқанды тайга тән. Алдын-ала жүргізілген бағалау бойынша қазіргі күні Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында Алтай ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері биология ғылымдарының кандидаты Юрий Андреевич Котуховтың сипаттауы бойынша 800 түрден аса өсімдік өседі. Оның ішінен 45 түр - бұл сирек кездесетін, құрып бара жатқан және жергілікті түр, ал мына 16 түр Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген:1. Сібір қандығы2. Сафлор тәрізді рапонтикум 3. Ұсақ торлы жуа4. Ірі гүлді шолпанкебіс5. Нағыз шолпанкебіс6. Телпек сүйсін7. Алтай рауғашы8. Алтай гимноспермиумы9. Қызғылт семізот10. Алтай суықшөбі11. Алтай қасқыржидегі12. Қылтанды дәлен13. Еуропа орманоты14. Су қазанақ15. Ұсақ жемісті мүкжидек16. Таңдамалы плаун (сушырмауық) Сондай-ақ көптеген бағалы дәрілік шөптер өседі: қызғылт семізот – золотой корень, сафлор тәрізді левзей – маральи корень, шай тиынтағы - белошный корень, кәдімгі сәлдегүл (таушымылдық) - пион Марьин корень, ұсақ торлы жуа - черемша, колба және көптеген басқа өсімдіктер..Қорық аумағында реликті (көне) қарағайлы ормандар - сібір самырсын қарағайы немесе сібір қарағайы - орналасқан, бұл қорық қорғайтын және күзететін өсімдіктер әлемінің ішіндегі қорықтың негізгі байлығы. ## Қорықтың жануарлар дүниесі, сирек кездесетін және аса бағалы түрлер Қорықтың жануарлар дүниесін тайгалық жануарлар: бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, кәмшат, тиін, шұбар тышқан, суыр, түлкі және әртүрлі кеміргіштер құрайды. Құстар әлемі алдын ала алынған деректер бойынша 100 аса түрден тұрады. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілген: қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт бар. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы – бірегей табиғат туындысы және оны қорғау ұлттық және жалпымемлекеттік міндет.Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағы табиғатты пайдаланудан алып қойылған жерлерде орналасқан. Бұрын бұл жерлер қорғауға алынып қойылғанға дейін қатты тозып кеткен еді: осы жерлерде басты мақсатқа пайдалану үшін ағаш кесулер және аң терісін дайындау кәсіпшілігі жүргізілген болатын. Қорық аумағы арқылы Ресей мен Қазақстанды байланыстыратын орман тасуға арналған жол өтеді. Осы жолмен кесілген ағаш тиелген машшиналар тізбегі жүреді. ҚР Үкіметі 2002 жылдан 2004 жылға дейін «Риддер - Алтай Республикасының шекарасы» жолын салу туралы шешім шығарды. Қорық жерінің 87 га алынып қойылды. Және де қорық аумағы екіге бөлініп қалды. Қорық аумағын кесіп өтетін 22 км жолды жүріп өткенше бірталай көз қызықтырып еліктіретін нәрселерді байқайсыз. Бір кездері қорық беткейлері мүлдем жалаңаштанып қалған болатын, ал оларды қалпына келтіру - табиғи қалпына келуіне жағдай жасау жаңа-жаңа қолға алынуда. Қорық аумағындағы тау беткейлерінің тым тік болуы, сондай-ақ өте алмайтын бақпақты болуы, қорық ормандарын мүлдем құрып кетуден сақтап қалды. Адамдардан жапа шеккен жаралы табиғат жарасын емдеп, бұрынғы сұлулығы мен байлығын қалпына келтіруге тырысуда.Қазіргі кезде орман жапқан жердің жалпы құрамы 12,5 мың га жерді құрайды (бұл қорық ауданының 20 %).Негізгі орман құрайтын ағаш түрлері: * қылқанжапырақты ағаштар: самырсын қарағайы, майқарағай, балқарағай, шырша, қарағай; * жапырақты ағаштар: қайың, көктерек, терек, шетен. Көлемі бойынша самырсын қарағайлы ормандар бірінші орын алады - 3184 га, майқарағайлы орман - 2353 га, шыршалы ормандар - 1169 га. ## Ғылыми зерттеулер Қазіргі кезде табиғат процестеріне ұзақ мерзімді қадағалау жүргізілуде - «Табиғат жылнамасы» жазылады. Қорықта 10 жыл бойы табиғи кешендерге - компоненттерге түгендеу жүргізілмеген, қорықтың эталонды экологиялық жүйесі және шектес аумақтардағы ұқсастықтар анықталмаған. Қорықтың өсімдіктіктер мен жануарлар дүниесіне түгендеу жүргізілмеген, қорық аумағы мен оған шектес жатқан аудандардың генофонды мен экологиялық жүйесін сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған ғылыми ұсыныстар әзірленбеген. Іс жүзінде қорықта тіркелген барлық ғылыми жұмыстарды Алтай ботаникалық бағының (Риддер қаласы) жетекші ғылыми қызметкері Юрий Андреевич Котухов істеген және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының ғылым бөліміне тегін берілген. ## Tабиғат қорғау бойынша оқу-ағарту жұмыстары, тынығу мен туризм Мұражай қаржы жағынан қиыншылық көріп отыр. Ол 2000 жылы ғана құрылған. Мұражайды құрастыруға қаржы жоқ.Туризм де әлі даму сатысында. ## Басқарылуы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының құрылымы: * Басшылық - Директор – бас мемлекеттік инспектор; * Ғылым жөнінде директордың орынбасары – бас мемлекеттік инспектордың орынбасары; * Күзет қызметі бөлімі – Бөлім бастығы - мемлекеттік инспектор; * Мемлекеттік инспекторлар; * Ғылым, ақпарат, мониторинг бөлімі - Бөлім бастығы - мемлекеттік инспектор; * Мемлекеттік инспекторлар; * Экологиялық оқу-ағарту және туризм бөлімі - Бөлім бастығы - мемлекеттік инспектор; Мемлекеттік инспекторлар; * Қаржы және ұйымдастыру жұмысы бөлімі – Бөлім бастығы – бас бухгалтер; Мамандар. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында 2003 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 32 адам тіркелген. Қорықтың барлық аумағы инспекторлық қарау аймақтарына бөлінген. Әр аймақ мемлекеттік инспекторларға бекітіліп берілген. Қорық аумағын қорғау жұмыстарына күзет қызметі бөлімінің бастығы басшылық етеді. ## Сілтеме * http://www.akimvko.gov.kz/nature4c.htm * http://e.gov.kz/wps/portal/Content?contentPath=/library2/1_kazakhstan/kr/dostoprimecg_ti/zapovedniki/article/zpz&lang=kk * http://jagrafia.ucoz.kz/load/aza_eli/batys_altaj_oryy/7-1-0-256 ## Дереккөздер
Баяндүр - қазіргі Моңғолия жерінде ерте орта ғасырда болған түркі тілдес тайпа. Кейін Баяндүр тайпасының басым тобы батысқа қарай ауа көшіп, қазіргі Қазақстан жеріне келіп орналасқан. Бір тобы қимақтар, ал басым көпшілігі оғыздардың құрамына енген. Қорқыт ата кітабындағы Баяндүр хан туралы жыр осы тарихи кезеңде туған болуы мүмкін. XIV - XV ғасырларда оғыздар құрамындағы Баяндүр тайпасы Кіші Азия тарихында маңызды рөл атқарды. Осы тайпадан шыққандар Аққойлы мемлекетін құрған. Баяндүр тайпасы түрікмендердің арасында жеке ру ретінде сақталынып қалған. ## Дереккөздер
Баянауыл сыртқы округі – Ресей үкіметінің Сарыарқада Батыс Сібір генерал – губернаторлығы құрамында ұйымдастырған алғашқы әкімшілік аймақтарының бірі. 1833 жылы 22 тамызда құрылғанда 80 мыңдай халқы, 16 мыңнан астам шаңырағы бар 14 болысты біріктірді. Бірінші аға сұлтаны – Шоң би Едігеұлы (айдабол руынан, 1833 - 36), орынбасары – Шорман би Күшікұлы, қазылары – Боштай Тұрсынбайұлы мен Бердәлі Қазанғапұлы болды. Мұнан кейін округті басқарған аға сұлтандар: Шорман Күшікұлы (қаржас, 1836 - 37), Маман Абылаев (төре, 1837 - 38), Бопы Тәтенұлы (төре, 1838 - 40), Боштай Тұрсынбайұлы (айдабол, 1840 - 41), Бердәлі Қазанғапұлы (бәсентиін, 1841 - 42), Қазанғап Сатыбалдыұлы (1843 - 48), Әли Көксалов (төре, 1848 - 51), Ханқожа Тәтенұлы (төре, 1851 - 53), Мұса Шорманұлы ## Сыртқы сілтемелер Қазақ энциклопедиясы