text
stringlengths
3
252k
Ақбұйым (А қ б и і м) — қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша Ұлы жүздегі Жалайыр тайпасынан таратылады. Ұраны — Бекбау, Бақтияр, таңбасы — тарақ. Ежелгі қонысы Алтынемел тауы мен Іле өзенінің арасы. Қыстауы — Іле өзенінің оң жағасы, Шолақ тауының іші, Алтынемелдің күнгей жақ беткейіндегі Бақтияр, Қосқұдық, Жартасты, Көктөбе жерлерінде. Жаздың ыстық айларында Қапал — Арасан тауларындағы Жалғызағаш, Қоянды, Арасан, Ақжар жайлауларына шыққан. Жидебай, Көшентоған, Теректі т.б. қыстаулардың маңына егін салған. Ақбұйым Сары, Құйас деген екі атаға бөлінеді, кейбір шежірелерде Құйас, Маман, Саман, Тұрлыбай, Көлбай, Есет, Дәуей деп таратылады. ## Тағы қараңыз * Ұлы жүз ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы
Шоқай Датқа Қарабекұлы – Қаратау өңірінде, ортағасырлық гүлденген қала болған Саудакентте 19 ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға. Ұлы жүз - ысты руынан шыққан. Ысты руынан шыққан. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Шоқай датқа 19 ғасырдың басында Саудакентте өмірге келген. Тарихымыздан белгілі, 19 ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағы Қоқан хандығының ықпалында болды. Қаһарлы Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға олардың арасынан шыққан беделді, ел арасында қадірі асқан ықпалды тұлғалар арқылы басшылық жасады. Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайына Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі – датқа атағы берілді.Шоқай датқа Қарабекұлы Құдияр ханға және оның шылауындағы зорлықшыл топқа емес, өзінің халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Сол замандағы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғалары Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа, Жәкел датқа, Майкөт ақын, басқа да белді азаматтармен қарым- қатынаста болды. Ел бірлігіне, халықтың болашағына байланысты мәселелерді солармен ынтымақта шешіп отырды. Ол Кенесары хан Шу бойына келгенде онымен дәмдес, тұздас болды. Оған қолдау көрсетті. Қырғыз, қазақ арасындағы дау-дамайларды шешуге араласты.Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Ол орыс халқымен экон. және әскери бірлікті жақтаған прогрессивті қайраткер болды. Оңтүстік қазақтарын Ресейге бірігуді жүзеге асырған тұлға да Шоқай датқа. Бұл жөнінде нақты тарихи дерек бар. Полковник Черняевтің өзінің басшылығына жолдаған хатында Қоқан хандығына да ықпалы зор, қазақтар арасында да зор беделге ие Шоқай датқа Қарабекұлымен осындай келісім болғандығын жазады. Шоқай датқаның орыстармен ынтымаққа баруын қатыгез Қоқан ханы кешірмейді. Кейбір деректер бойынша, Шоқай датқа кезекті бір сапардан оралғанда қоқандықтардың үзеңгісіне у жаққанынан қайтыс болады. Шоқай датқа – еліне, жеріне өлшеусіз қызмет жасаған, артында сөзі мен ісі қалған ірі тарихи тұлға. Оның өмірі мен қызметі қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеліп, жарық көре бастады. Шоқай датқа жайлы мемл. «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын М.Ыбыраев дастан жазды. Жазушылар Б.Әбілдаұлы хикаят, Д.Шалқарбаев пьеса, М.Төлепбергенов, Ж.Миллионов зерттеу мақалалар арнады. 2001 ж. Алматыда «Үш қиян» баспасынан журналист Ж.Миллионовтың құрастыруымен және Шоқай датқаның тікелей ұрпағы, кәсіпкер Серік Аппазовтың демеушілігімен тарихи танымдық «Шоқай датқа» кітабы шықты. Сол жылы Саудакент а-ндағы өзінің кесенесі жанына Шоқай датқаның еңселі ескерткіші орнатылды. Оның 200 жылдығы Сарысу ауданы көлемінде кеңінен аталып өтті.Шоқай датқаның туған жері Саудакент а-ндағы кесенесі 19 ғ-да салынған, респ. мәндегі сәулет өнерінің үздік үлгісі болып саналатын бағалы тарихи ескерткіш. Ол мемл. қорғауға алынған. ## Сілтемелер
Яса – әскери - құқықтық заңдар жинағы. 1206 жылы Шыңғысханның басқаруымен өткен түркі - моңғол ақсүйектерінің құрылтайында құрастырылған; Яса — Шыңғысхан тұсында қабылданған моңғолдардың әдет-ғұрып зандарының жинағы. 13 ғасырдың басында моңғол мемлекетінің құрылуы мемлекетті баскару үшін ортақ, жазбаша баянды етілген құқыктық нормалар мен заң ережелерін әзірлеу қажеттігін туғызды. Жаңа жағдайларға сай келетін, кодификацияланған әрі өзгерістерге ұшыраған әдеттегі құқык осы мақсатқа орайластырылды. Заңдар мен ережелердің бұл жиынтығы Шыңғысханның "Ұлы ясасы" деген атқа ие болды. Яса (неғұрлым толық формасы ясак, моңғол дзасак) "қаулы", "заң" дегенді білдіреді. Жувейнидің айтуы бойынша, Шыңғысханның зандары мен қаулылары орамаларға ("тұмар") жазылып, Ясаны терең білетін неғұрлым беделді ханзадаларда сақталған. Яса түпнұсқада сақталмаған және үзінділер мен мазмұны қысқаша баяндаулар түрінде ғана белгілі. Ұлы жасақ — Шыңғысхан тағайындаған заңдар кодексі. Ұлы жасақтың кейбір баптары: * Нәпсіқұмар, оның әйелі бар-жоқтығына қарамастан, ешбір ерекшеліксіз өлім жазасына кесіледі. * Кімде-кім қасақана өтірік айтса, біреудің ізіне түсіп аңдыса немесе келіспей тұрған екеуінің біреуіне барып жақтасса, ол өлім жазасына кесіледі. * Кім суға немесе күлге дәрет алса, ол да өлім жазасына кесіледі. * Кім тауар алып, ақысын қайтара алмаса, тағы да тауар алып, ақысын қайтара алмаса, ол үш мәртеден соң өлім жазасына кесіледі. * Кім тұтқынға рұқсатсыз тамақ пен киім берсе, ол өлім жазасына кесіледі. * Кім қашқан құлды немесе тұтқынды тауып алып тұрып, иесіне қайтармаса, өлімге бұйырылады. * Кімде-кім ас ішіп жатқан адамдардың қасынан өтсе, аттан түсіп, олармен бірге ауқаттануы тиіс, ал аналар бұған қарсылық көрсетпеуге міндетті. * Әбу Әлидің ұрпақтары мен үрім-бұтағы, сол сияқты Құран оқушы факирлер және заңгерлер, емшілер, ғұлама ғалымдар, дәрәуіш-кезбелер, азаншылар алым-салықтардан азат етіледі. * Әскерлер соғысқа кеткенде, әйелдер ерлердің жұмысын істеуі міндетті. * Егер әмірлердің бірі кінәлі болып, қаған жаза қолдану үшін оған шені ең төменгі қызметкерді жіберген күннің өзінде ол қарсыласпай, хан бұйырған жазаны құлдық ұра қабыл алуы тиіс. * Әрбір адам діндердің кез-келгенін құрметтей білуге тиісті. * Мемлекет ішіндегі жай-жағдаяттардан дер кезінде хабардар болып отыру үшін нояндар мен сұлтандар байланыс жүйесін жолға қоюға міндетті. * Кісі өлтірген қылмысы үшін мұсылманға қырық алтын теңге (балаш), қытайлыққа бір есек түрінен құн төлеп құтылуға рұқсат етіледі. * Кімнен ұрланған жылқы табылар болса, ол атты иесіне тоғыз жылқы қосып қайтаруға міндетті. * Кәнизактан туған балалар заңды болып есептелінеді һәм әкесінің бұйрығы болған жағдайда дүние-мүліктен енші алуға құқылы. Дүние, мүлікті бөлу былайша жүзеге асырылады: жасы үлкеннің үлесі де үлкен, кішісі әке шаруашылығын иемденіп қалады. Балалардың үлкенді-кішілі жолдары олардың шешелерінің жол-жоралғысына қарай анықталады. Әйелдердің жол реті некеге тұру уақытына орай белгіленеді. * Әкесі өлген жағдайда оның мұрасына баласынан басқа адамның қақысы жоқ. * Ешкімнің де нояндар мен сұлтандар және басқа да шонжарлардың Жалпы кеңесте алдын-ала сайлауынсыз қаған жариялануға құқы жоқ. Мұндайда өлім жазасына бұйырылады. * Хан тұқымынан бөтен былайғы жұрттың құрметті лауазымға ие болуға қақысы жоқ. ## Сілтемелер * Әскер * Құқық * Шыңғысхан ## Дереккөздер
Өтпелі кезең экономикасы – * экономикалық өзгеру үдерісінде тұрған, яғни әлеуметтік-экономикалық жүйенің бір күйінен өту үдерісінде тұрған елдің немесе елдердің экономикасы. Өтпелі кезең экономикасының біршама тұрақты күйдегі және өзіне тән индикаттары, өзіндік негізде дамушы экономикадан өзгешелейтін бірқатар арнаулы сипаттамалары бар.Өтпелі кезең экономикасының толғағы жеткен кезеңде ескі индикаттарды және байланыстар мен қатынастарды ығыстыратын жаңа индикаттар, байланыстар мен қатынастар пайда болады. Нәтижесінде жаңа макроэкономикалық және микроэкономиялық заңдылықтар мен үрдістер, әлеуметтік және саяси өзгерістер қалыптасып, экономикалық саясаттың жаңа міндеттері туындайды. * Экономикалық ғылылыми пән (транзитология). Ол экономикалық транформация мәселелерін, әлеуметтік-экономикалық жүйенің бір күйінен екіншісіне өту үдерісінде тұрған елдің немесе елдердің экономикасын зерттейді. 20 ғасырдың аяғы – 21 ғасырдың басында тарихи себептерге байланысты социологиялық жүйедегі елдердің нарықтық экономикаға өту мәселелерін транзитолог-ғалымдар саяси, әлеуметтік-мәдени, т.б. аспектілермен тығыз байланыста қарастырды. Шындығында, Өтпелі кезең экономикасы ғылыми пән ретінде 20 ғасырдың басында пайда болды, алайда ол әуелі маркстік әдебиетте көрініс тауып, онда экономикалық құрылыстан екінші құрылысқа ауысу мүмкіндігі және оның болмай қоймайтындығы туралы мәселе алғаш рет қозғалды. Кеңестік кезеңде шыққан еңбектердің көбінде тоталитарлық қоғамға тән тұрпайылықтың, қасаң қағидалықтың табы табиғи түрде байқалды. 20 ғасырдың аяғында экономикалық және саяси өмірдің тоталдық мемлекеттенген жүйеден нарықтық демократия негіздеріне өту мәселелері пайда болды. Социологиялық жүйе 1989 – 91 жылдары күйреді. Алайда алдағы уақытта кеңестік жүйенің күйрейтін мәселесі талқылана қойған жоқ. Қазіргі түрдегі транзитологияның қалыптасуында елдің өз ішіндегі бірқатар әдебиетте 60 – 70-жылдар бойына нарықтық қатынастардың қолданылуы аясын кеңейту жолымен шаруашылық жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелерінің (“Нарықтық социализм”, “Шаруашылық тетікті жетілдіру теориясы”) қозғала бастауы белгілі дәрежеде дайындық рөлін атқарды. Коммунизмнің күйреуіне байланысты көкейтесті мәселелерге айналған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді үш топқа бөлуге болады. Біріншіден, ырықтандыру және макроэкономикалық тұрақтандыру мәселелері. Жүйенің дағдарысы көп елдерде қаржы-бюджет дағдарысымен тұспа-тұс келді және нарықтық баға белгіленіміне көшу міндеттері шын мәнінде инфляцияны тоқтату мәселесінің екінші жағы болып шықты. Екіншіден, индикаттық мәселелер, яғни “жалпы халықтық” монополизмнің қираған күресінде жеке меншік қатынастардың дамыған жүйесін қалыптастыру керек болады. Үшіншіден, экономикалық өрлеу мүмкіндігі мен келешегі дербес мәселе күйінде қалды. Транзитология мәселелерінің осы аталмыш топтары бойынша кейінгі жылдары теориялық талдау және экономикалық-математика үлгі жасау аясында да, тәжірибелік байқаулар жүргізу және практикалық тәжірибені қорытындылау аясында да елеулі ғылыми жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл жетістіктер Өтпелі кезең экономикасы жөніндегі ұсыныстарды үкіметтер мен халық баламалы түрде қабылдаған елдерде көбінесе экономикалық саясаттың және бұрынғы коммунистік трансформацияның қалыптасуына септігін тигізді. ## Сілтемелер * Макроэкономика * Коммунизм * Қазақстан экономикасы ## Дереккөздер
Мірәлі Баба – 12 ғасырда өмір сүрген діни ғұлама. «Сайрам туралы рисала» кітабында Мірәлі Бабаның ислам қағидаларына жетік болғандығы, дінді уағыздау мен ел арасына таратуда орасан зор еңбек еткендігі айтылады. Әкесі Мәлік шах I пен ұлдары Қожа Насыролла, Қожа Фатхоллалар өз дәуірінің оқымыстылары саналды. Сайрам ауылының маңында Мірәлі Бабаға арнап күмбез тұрғызылған. Кесене ғимаратының алғашқы нұсқасы 15–16 ғасырларда бой көтергенімен, кейіннен қирап, 19 ғасырда қайта орнатылған. Аумағы 9,8х6,4 м, күмбезінің биіктігі 9 м кесене төрт бұрышты портал-күмбез түрінде салынған, ішкі құрылымы аркалы қабырғалардан тұратын шаршы үй. Мойындығы мен күмбезін қасбетке қаратылған кірпіш белдеу бөліп тұр. ## Дереккөздер
Тілеужанов Матжан Мақсымұлы (15 желтоқсан 1927, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы – 1995, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы) — филология ғылымының докторы (1984), профессор (1986). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері (1987). Орал педагогикалық институтын (1950, қазіргі Батыс Қазақстан мемлекетік университетін) бітірген. 1950 жылдан осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, декан, кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. «Қазақ әдебиетіндегі (прозасындағы) юмор мен сатираның идеялық көркемдік өзгешелігінің проблемалары» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелеріне арналған. ## Дереккөздер
Құрғақ аңғар — көктемгі қар немесе жазғы жаңбыр суымен толығып, кейін құрғап қалатын арна. Өздігінен ондаған км-ден бірнеше жүздеген км-ге дейін созылады. Солтүстік Африкадағы Арабия шөлдерінде құрғақ аңғарды уәди (вади) деп атайды. Қазақстанда құрғақ аңғар көбіне жері шөлейтті Қызылорда (Қуаңдария), Қарағанды (Табақкеңтатыр аңғары), Алматы (Құрбақанас, Ортабақанас) облыстарында кездеседі. ## Дереккөздер
Шұңқыр – Қорағаты алабындағы өзен. ## Географиялық орны Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы жерімен ағады. ## Бастауы Бастауын Қырғыз Алатауындағы Шұңқыр асуынан алып, Қорағаты өзеніне жетпей Құлан ауылы тұсында тартылып қалады. Ұзындығы 32 км. ## Гидрологиясы Жоғары және орта ағысында арнасы тік жарлы келген. Төмендегі жағалауы жайпақ. Қар, жауын-шашын суымен толығады. Суын ауданның шаруашылықтары егіске пайдаланады. ## Дереккөздер
Желдіқара – Жетісу облысы Көксу ауданы жерінде орналасқан тау. Айнабұлақ және Сарыөзек стансалары аралығында. ## Жер бедері Тау сілемдері, негізінен, ұсақ шоқылы қыраттар болып келеді. Абсолюттік биіктігі 1357 м. Шығыстан батысқа қарай ұзындығы 10 км-ге созылған, ені 8 км-ге жуық. Батыс және оңтүстік беткейі тік жарқабақты. ## Геологиялық құрылымы Каледон қатпарлығы жыныстарынан түзілген. ## Өсімдігі Таудың етегі жазық, сайлы-жыралы, шөбі тықыр келген. Мұнда изен, жусан, бетеге, селеу, тобылғы, қараған өседі. Мал жайылымына қолайлы. ## Дереккөздер
Ауыл шаруашылығын коллективтендіруге қарсы шаруалар қозғалысы — 1929 - 1932 жылдары Коммунистік Партия мен Кеңес өкіметінің Қазақстандағы әділетсіз, зорлықшыл ішкі саясатына наразы болған халық көтерілістері. Халық наразылығына қазақ ауылына жасанды әлеум. жіктелістің таңылып, тап күресін шиеленістіру; ауқатты және орта дәулетті қожалықтардың мал-мүлкін тәркілеу; бай мен кулактарды тап ретінде жою; шаруаларды күштеп колхоздарға біріктіру; жедел қарқынды индустрияландыруды іске асыруға байланысты ауыл-ауылдан өкіметке шектен тыс азық-түлік, мал, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін зорлықпен жинау; елдің шын жанашырларының, рухани көсемдердің, Алаш ардагерлерінің қуғынға ұшырауы; өкіметтің тым ұшқары атеистік саясаты (мешіттерді жаппай қирату, дін иелерін қудалау); коммунистік саясатты ұйымдастырушылар мен іске асырушылардың (жалған белсенділердің) жүгенсіздіктері т.б. себеп болды. Осы науқандармен қоса бір мезгілде жүргізілген көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшыландыру, қазақ шаруаларының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір сүру жүйесін қауырт күйрету ауылдағы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді. Әсіресе, мемлекетке өткізілетін мал, астық, азық-түлік жоспарлары халықты әбден титықтатты. Оны орындамағандар түрмеге жабылды. Күнкөріс малынан, азын-аулақ астық, т.б. азық-түлігінен айрылған ауылға аштық апаты төнді. Кейін ресми құжаттарда “асыра сілтеу” деп аталған қатыгез саясат елді азамат соғысы жағдайына алып келді. “Голощекин орыс деревнясында азаматтық келісімді, ал қазақ ауылында азамат соғысын уағыздайды” деп жазды Л.Д. Троцкий (11.03.1927 жылы) (Коммунистическая оппозиция в СССР, Из архива Льва Троцкого, т. 2, Бенсон, 1988, 197 — 199 беттер). Егер 20-жылдары Кеңес өкіметінің тұрпайы-зорлықшыл саясатына шаруалар қарсылығы әр жерде көрініс берсе (белсенділерді, партия-кеңес қызметкерлерін ұрып-соғу, өлтіріп кету, өрт қою, шаруалар тарапынан мал-мүлкін, астығын жасыру, ауа көшу, “қарулы” топтар құру т.б.), 1928 жылы ірі байларды тәркілеу науқанынан кейін басталған жаппай коллективтендіруге, кулактар мен байларды жою деген желеумен жүргізілген саяси террорға қарсы қозғалыс ауылдың көпшілік бөлігін қамтып, Қазақстандағы халық наразылығы КСРО-ның басқа республикаларына қарағанда ерекше кең сипат алды, соңы ауыр қасіретке ұласты. Көтерілісшілер құрамы негізінен ауыл қазақтары болып, ол ұлттық сипат алды. Шаруалардың ұйымдасқан алғашқы бас көтерулері 1929 жылы күзде басталып, 1932 жылдың жазына дейін созылды.1929 жылы қыркүйек айында Сырдария округінің Бостандық ауданында, Қарақалпақ Автономия облысының Қазақстанға көршілес Тақтакөпір елді мекенінде қарулы көтерілістер болып өтті. Оларға қарақалпақ, өзбек, қырғыз шаруаларымен қатар қазақтар да қатынасты. Сол жылғы қазан айының 2 - 9 күндері Қостанай округінің Батпаққара (қазіргі Амангелді) ауданында шаруалар бір апта бойы билікті өз қолына алды (Батпаққара көтерілісі). Бірақ әскер күшімен олардың бәрі басылып-жаншылып, басшылары жауапқа тартылды. Республиканың барлық жерлерінде өкіметтің зорлық-зомбылығына қарсылық әрекеттері кеңінен өріс алды. Шаруалар қозғалысының 2-кезеңі КСРО ОАК мен Халком Кеңесінің 1930 жылғы 1 ақпандағы кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы қаулысын іске асыру барысында ауқатты және орта шаруаны жаппай қудалау, өкіметке мал, азық-түлік дайындау науқанын шектен тыс үдету нәтижесімен тығыз байланысты болды. 1930 жылы ақпан — наурыз айларында Қазақстанның барлық жерлерінде толқулар, жете ұйымдаспаған бас көтерулер орын алды. Олардың көпшілігі қанды қақтығыстарға ұласты. 1930 жылы ақпан — наурыз айларында Созақ, Ырғыз, Қазалы, Қордай, Биен-Ақсу, Бәрібаев, Жаңақала, Қарақұм, Өскемен, Зырян, Самара және басқа аудандарда шаруалардың қарулы көтерілістері болып өтті. Адай округіндегі қарулы қарсылық 1932 жылы жазға дейін жалғасты (Адай көтерілісі). Олардың көпшілігінде экономикалық қана емес, саяси ахуалға байланысты талаптар да қойылды. Нашар қаруланған шаруа көтерілістері әскер күшімен, кей жерлерде тұрақты әскер бөлімдерінің ірі күштерін шақыру (Ырғыз, Қарақұм, Созақ т.б. көтерілістері) арқылы аяусыз басылды. Оларға қатынасқандар қатаң жазаланды. Бірақ үкіметтің зорлық-зомбылық саясатына қарсылық жалғасып, 1930 жылы жазда Адай, Қызылқұм т.б. жерлерде көтерілістердің жаңа ошақтары пайда болып, халық қарсылығы жалғаса берді. Шаруалар қозғалысының 3-кезеңі 1931 жылы қаңтар айында жүргізілген мемлекетке мал өткізу науқанына байланысты өрбіді. Бұл шаруалардың сағын сындырып, жаппай колхоздастыру науқанына көндірген кез болатын. Бірақ өкімет Қазақстанға мал басының сарқылмас көзі ретінде ғана қарап, 1931 жылы респ-ның өзінде қалған басы артық малдың бәрін тартып алды. Ашаршылық нәубеті төнген халық босқындыққа душар болды. Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстау және басқа аудандарда, бұрынғы Адай округінде бұл күресті басуға жіберілген әскер шаруаларды жаппай қырғынға ұшыратты. Ресми деректер бойынша 1929 - 1931 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс пен қақтығыс, 210 толқу мен бүлікшілік болып өтті. Тек ірі көтерілістер мен толқулар ғана 80 мыңдай адамды қамтыды. Соларға қатынасқан 5500-ден астам шаруа ату жазасына кесілді және әр түрлі мерзімге сотталды. Көпшілігі жер аударылды. Қозғалыс шаруалардың жаппай үдере көшуіне әкеліп соқты. Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мыңға тарта, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 50 мыңдай адам ауа көшті. Шаруалардың біразы Қытайға т.б. жерлерге өтіп кетті (қ. Босқыншылық). Мал басы 45 млн-нан 3,5 млн-ға дейін күрт төмендеді. Елді жаппай ашаршылық меңдеді. Қозғалыс жете ұйымдаспағанына қарамастан қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жалғасына айналды. Бұл қозғалыс туралы шындық тек 90-жылдардың басында ғана ашық айтыла бастады. ## Дереккөздер
Октябрь – Алматы облысы, Көксу ауданындағы ауыл, ауылдық округ орталығы. Аудан орталығы – Балпық би кентінен батысқа қарай 18 км жерде, Мұқыр және Мұқаншы өзендері аралығында, құрғақ дала белдемінде орналасқан. Тұрғыны 1,1 мың адам (2004). 1970 – 97 жылы 23-партсъезд атындағы қызылша өсіретін кеңшардың орталығы болды. Оның негізінде Октябрьде және округке қарасты Бозтоған, Мұқаншы ауылдарында ӨК және бірнеше шаруа қожалығы құрылды. ## Ішкі сілтемелер * Алматы ## Дереккөздер
Мірәлі Баба күмбезі – архитектуралық ескерткіш. Сайрам ауылының маңында. Аңыз бойынша кесене 11–12 ғасырларда өмір сүрген киелі кісінің қабіріне 15–16 ғасырларда тұрғызылып, кейінгі кезде жойылып кеткен мазардың орнында тұр. М.Е. Массонның мәліметтері бойынша 1925 жылы күмбез әлдеқашан құлап қалған, ғимараттың соңғы қалдықтары мүлде бұзылған. Қазіргі құрылыс 19 ғасырдың аяғына жатады, көлемі 120х250х60 мм күйдірілген кірпіштен қаланған, жөнделген, сыланбаған, жобасы текшеленіп келген күмбезбен жабылған. Күмбездің сырты сыланған. Қасбеті биік аркалы қуысы бар порталмен нақышталған. Қуыс ойығынан кіре беріс есік шығарылған. Ішкі құрылымы аркалы қабырғалары бар шаршы үй болып келеді. Қабырғалары мен едені сыланған. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз * Мірәлі Баба
## Географиялық орны Құрғақшолақ, Майжеген, Ақтасты – Жамбыл облысының Шу, Алматы облысының Балқаш аудандарындағы өзен. Ұзындығы 83 км, су жиналатын алабы 457 км². ## Бастауы Құрғақшолақ Шу-Іле жотасындағы Айтау бұлақтарынан басталып, Серәлі бейітінен солтүстікке қарай 7 км жерде тартылып қалады. ## Гидрологиясы Қар, жаңбыр, жер асты суымен толығады. Арнасында көктемде ғана ағын болады. Алабы мал жайылымы. ## Дереккөздер ## Географиялық орны Құрғақшолақ, Майжеген, Ақтасты – Жамбыл облысының Шу, Алматы облысының Балқаш аудандарындағы өзен. Ұзындығы 83 км, су жиналатын алабы 457 км². ## Бастауы Құрғақшолақ Шу-Іле жотасындағы Айтау бұлақтарынан басталып, Серәлі бейітінен солтүстікке қарай 7 км жерде тартылып қалады. ## Гидрологиясы Қар, жаңбыр, жер асты суымен толығады. Арнасында көктемде ғана ағын болады. Алабы мал жайылымы. ## Дереккөздер
Гүлнәр Ермұратқызы Нәдірова (28.10.1955 жыл, Қарағанды қаласы) – филология ғылымдарыны докторы (2006). Ленинград (1978, Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін және Мәскеу қаласындағы Шығыстану институтының аспирантурасын (1990) бітірген. 1978 жылдан ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) оқытушы, доцент болды. 1997 жылдан кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. «Эволюция художественного создания в современной арабоязычной литературе Туниса» тақырыбында доктор диссертация қорғады. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * ғылым докторы ғылыми дәрежесіне қайта аттестатталғандар Мұрағатталған 1 желтоқсанның 2017 жылы.
Төлепбек Әбдіұлы Назарбеков (17.5.1927, Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылы – 23.5.2004) – еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы (2002). Дулат тайпасының Жаныс руынан.Еңбек жолын ауылдық Кеңестің хатшысы болып бастаған. 1959-65 жылдары облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аумақтық ұжымшар-кеңшар басқармасының бастығы, 1965–75 жылдары Созақ және Бөген ауданы партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1976–87 жылдары облыстық орман шаруашылығы және орманды қорғау басқармасының бастығы болды. 1992 жылы Халықаралық Д.А. Қонаев атындағы қордың облыстық филиалының президенті болып сайланды. Бүкілодақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, 2 мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, 7 медальмен марапатталған. Шымкент қаласының, Түркістан, Ордабасы, Созақ аудандарының құрметті азаматы. ## Сілтемелер
Төрешілдік – мемлекетаралық саяси қарым-қатынаста және мемлекеттің ішкі даму мәселелерін реттеуде қолданылатын құбылыс. Төрешілдік сонымен қатар қоғамдық қозғалыстар мен партиялар қызметтерінде де кездеседі. Қазіргі қоғамда төрешілдік құбылысы кең тараған. Мысалы, Қазақстан 2008 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық одағына төрешілдік етуге ниет білдіруде. Халықаралық дау-шар мен шиеленістерді шешуде үшінші бір бейтарап мемлекетті төрешілдікке тағайындау арқылы шешу кең қолданылатын тәсіл. Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның Қауіпсіздік кеңесі, ОБСЕ-нің Еуропа кеңесі секілді халықаралық ұйымдар әлемдік немесе аумақтық мәселелерді реттеу мақсатында төрешілдік айтады. ## Сілтеме
Құм қоян (лат. Lepus tolai) – қоян туысының бір түрі. Құм қоян – қояндардың ішіндегі ең кішісі. Дене тұрқы 38 – 53 см, салмағы 1,5 – 2,5 кг. Арқасы мен бүйірі қоңыр, сұр, ал бауыры ақ түсті. Қазақстанда Арал Қарақұмы, Қызылқұм, Мойынқұмда және Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы құмды жерлерде мекендейді. Құм қоян өсімдіктің 118 түрімен қоректенеді. Оның 66 түрі шөптесін өсімдіктер, 38 түрі бұталар, 14-і ағаш тектес өсімдіктер. Құ мқоян қорегін іздеуге ымырт түскен кезде, түнде шығады. Ұйығу қаңтар мен ақпанның аяғында басталады. Құм қоян – өте өсімтал, жылына 3 рет көбейеді, әр туғанда 1 – 9 көжектен табады. Көжегінің дене тұрқы 11 см, салм. 85 – 95 г болады. Құм қоян жыртқыш сүтқоректілер (түлкі, шиебөрі, қасқыр, дала мысығы, т.б.) мен құстар (бүркіт, жамансары, қарақұс, кезқұйрық, үкі, т.б.) аулап, қорек етеді. Көбейіп кетсе бау-бақшаға едәуір зиян келтіреді. Сондай-ақ, кейбір жұқпалы ауруларды таратады. Терісі жеңіл өнеркәсіпте пайдаланылады. ## Дереккөздер
Құрман Ата (Құрбан Ата) — (шамамен 1604 – 1712, Сауран қаласы) – діни қайраткер. Қоңырат тайпасының Көтенші руы Жаманбай тармағынан шыққан. ## Өмірбаяны Ел ішінде сақталған деректерде Құрман Атаның тоғыз жасында әкесі қайтыс болады. Күнкөрістері қиындаған соң, ағалары мал ұрлап, «Қыл белбеу» ұры атанады. Ұрлықтарын айтып қоя бергендіктен, Құрман Атаның көзін байлап, Созақ өңіріндегі Жартөбе деген жерге апарып тастайды. Ол хантағылық Ақтамбердіден діни оқу үйреніп, соңынан Түркістан медресесінен екі жыл дәріс алады. Отыз жастан асқанда туған жері Сыр бойына оралады. Меккеге қажылыққа барады. Діни білімі, ақыл-парасаты, турашылдығымен аты шыққан ол ел ішінде әділ би, Құрман әулие атанған. Тәуке хан тұсында қабылданған қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жиынтығы «Жеті жарғыны» жасауға қатысқан. Тәуке хан кеңесшілерінің бірі болған. ## Құрман ата ұрпақтары Құрман Атаның ұрпақтары Түркістан облысы жəне Қызылорда облыстарына тараған. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесі жанында Құрман Атаға күмбезді сағана орнатылған. Е. ӘкімқұлұлыҚұрман Атаның өмірін негізге ала отырып «Құрман ата» романын жазды (2004). ## Дереккөздер
Балтабаев Қуаныш Жетпісұлы (1948 жылы туған, Зеренді ауданы Айдабол ауылы) — эконономика ғылылым докторы (2000), профессор (2001). Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген (1976). 1966 — 67 жылы жүргізуші болды. 1967 — 70 жылы Әскери теңіз флотында әскери борышын өтеген. 1976 — 81 жылы зерттеуші-стажер, аспирант, 1981 — 99 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, 1999 — 2001 жылы Еуразия Ұлттық университетінің Мұрағатталған 8 желтоқсанның 2012 жылы. доценті, кафедра меңгерушісі, 2001 — 02 жылдары ҚР Парламент Сенатының аппаратында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі. «Құрмет» орденімен марапатталған. 50 астам мақаланың, монографияның авторы.. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Ибадулла Үмбетаев - 1951 жылы сәуір айының 15-і Түркістан облысы Жетісай ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келді. * 1972 жылы Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы интститутын ( қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірді * 1972–78 жылдары аралығында :Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе станциясында аға лаборант, ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі * 1978–78 жылдары аралығында :КСРО Мақта ғылыми-зерттеу институтында аспирант * 1979–82 жылдары аралығында :Түркістан облысы Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, кеңшар директоры * 1982–88 жылдары аралығында :Келес ауаткомы төрағасының орынбасары, аудандық агроөнеркәсіп бөлімінің төрағасы * 1988–91 жылдары аралығында :Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық агроөнеркәсіп бастығының орынбасары, 1-орынбасары, Бөген ауаткомының төрағасы * 1991–92 жылдары аралығында :бұрынғы Шымкент облысы аткомы төрағасының орынбасары * 1992–97 жылдары аралығында :Жетісай ауданының әкімі * 1997 жылы Мақтаарал су шаруашылығы жүйесі басқармасының бастығы * 1997–99 жылдары аралығында :Мақтаарал ауданының әкімі * 2004 жылы ауыл шаруашылығы ғылымының докторы * 1999–2006 жылдары аралығында :Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры * 2006 жылдан Мақта шаруашылығы ғылыми зертттеу институтының директоры қызметін атқарады. Ибадулла Үмбетаев «Научные основы сортовой технологии возделывания хлопчатника на мелиорируемых почвах юга Казахстана» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. ## Дереккөздер
Леонид Павлович Ни (9.4. 1923, Ресей, Владивосток қ. – 30.7.2005, Алматы) – металлург-ғалым, техника ғылымдарының докторы (1967), профессор (1969), ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі (1994). Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) (1946) және аспирантурасын (1951) бітірген. 1951 жылдан Металлургия және кен байыту институтында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары (1970 – 1981). ## Еңбектері Негізгі ғылыми еңбектері алюминий тотығының (глинозем) физикасы-химиясы мен технологиясын зерттеуге арналған. Павлодар алюминий зауытында төменгі сапалы бокситтерді өңдеудің жаңа тәсілін жасап, өндіріске енгізді (КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1980). Кеңқұрамды глиноземі бар жүйелердің құрылымдық және фазалық ауысуларын, алюминий ерітінділеріндегі күрделі зат алмасуларын, қатты фазалардың кристалдану процестерін, олардың метатұрақты және нағыз тепе-теңдік жағдайындағы құрылымдық түрлендірілу тәсілдерін зерттеді. Ни Леонид Павлович 700-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 15 монографиясы, 100-ден аса патенті мен авторлық куәлігі бар. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдармен марапатталған. ## Шығармалары * Щелочные гидрохимические способы переработки высококремнистых бокситов, А., 1967; * Переработка высокожелезистых бокситов (физикохимия и технология), М., 1979 (соавт.); * Комбинированные способы переработки низкокачественного алюминиевого сырья, А., 1988 (соавт.). ## Дереккөздер
Құттыбай, Қу дауысты Құттыбай (шамамен 1700–1770) — би. Найман тайпасының Қаракерей руының Сыбан бөлімінен шыққан. Арғы аталары Жанкөбек, Нарынбайлар өз заманында әйгілі билер болған. Құттыбай 1760 жылы Абылай және Әбілмәмбет хандардың тапсырмасымен Пекинге Цинь императоры Цяньлунге қазақ елшілігін басқарып барды. Елшіліктің сапары нәтижелі болып, Қытаймен шекарадағы аймақтарға қазақтардың қоныстануына жол ашылды. Қазақ саудагерлерінің Үрімжі, Құлжа, Шәуешек қалаларына келіп сауда жасауына рұқсат етілді. Құттыбайдың баласы Байғара, немересі Ақтайлақ билер де әйгілі адамдар болды. Ақтайлақ би 1773 жылы Әбілпейіз хан мен Болат сұлтанның атынан Ежен ханға елші болып барған. Даналық, озық ойлылылық, батылдық, батырлық, қаталдық пен мейірім, байлық, біліктік, кісілік, парасат пен тектілік аталатын бар қасиет бір басынан табылып елге қызметі айырықша өткендіктен де болар Дулат жырау бабамыздың тұлғасын былай сомдаған ғой: "Қу дауысты Құтыбай,Қазақ туын көтерді.Даналықпен айырды, Келер менен кетеді.Өтірік деші қанеки,Мен айтпаймын бекерді.Тұлпар мініп, ту алып,Олжа салды еліне.Тояттаған сұңқардай,Құйылып еді жеміне.Қазықтай жерге қадады.Дұшпанын деген "сені ме".Тізе қосып теңесті, Тепкісі тең теңіне!" ## Дереккөздер
Ибраһим І – Шығыс Қарахандар әулеті мемлекетінің билеушісі (1057 – 59). Ибраһим І-нің әкесі Мұхаммед өзінің ағасы, Қарахандар әулеті мемлекетінің ұлы ханы Сүлеймен ибн Жүсіп Арслан ханмен билік үшін күрес жүргізеді. Мұхаммед билік басына келіп, бұғыра хан атағын алады. Кейін ол үлкен баласы Хусейн чагры тегінді өзінің мұрагері етіп тағайындайды. Бірақ Мұхаммед ханның екінші әйелі өзінің баласы Ибраһим І-ді таққа отырғызбақ болып, оның мұрагеріне у беріп өлтіреді. Ибраһим І билік еткен қысқа уақыт аралығындағы тарихи оқиғалар жөнінде деректер тапшы. Ибраһим І таққа отырғаннан кейін көп ұзамай Барсханды билеуші Янал тегінге қарсы жорықта қаза тапқан. ## Тағы қараңыз * Қарахан мемлекеті ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
Сәуле Полатқызы Назарбекова (3.12.1956 жылы туған, Шымкент) – ғалым, химия ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002). Қазақ химия-технология институтын (ҚазХТИ) бітірген (1979). 1979–80 жылдары ҚазХТИ-да инженер, ғылыми қызметкер. 1981–90 жылдары ҚазМУ-да ғылыми қызметкер, 1990 жылдан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекетік университетінде ғылыми қызметкер, аға оқытушы, доцент, жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі. Комплекс түзуші металдардың ғылыми негіздерін жасау және аса таза бейорганикалық қосылыстарды алу мәселесін зерттейді. 2 ғылым кандидатын даярлаған.«Комплексообразование гибридов и гасогенидов щелочных, щелочно-земельных металлов, редкоземельных элементов в диэтиловом эфире и получение чистых веществ» тақырыбында докторантуралық диссертация қорғады.100-ден астам ғылыми еңбегі жарияланған, оның біреуі монография, алтауы оқу құралы және патент. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Химия * Қазақ химия-технология институты * Инженер
Тілеулиев Талап Әбдіманапұлы (2.1.1941 ж.т., Оңт. Қазақстан облысы Шымкент қ.) – экономика ғылымының докторы (1984), профессор (1984). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1984). Қазақ политехникалық институтын (1964, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Қарағанды политехникалық институты Мұрағатталған 30 маусымның 2012 жылы. нда лаборант, стажер-зерттеуші (1964–66), 1966 жылдан қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университетінде аспирант, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ғылыми еңбектері өндірісті басқару функциялары мен методологиясына арналған. ## Дереккөздер
Ибраһим І, Бөрі тегін, Тамғаш хан (1052 – 1068) – Батыс Қарахандар әулеті мемлекетінің билеушісі. 1037 жылы Қарахандар әулеті мемлекетінің батыс бөлігінде билік құрған Әли тегін әулетінің ұрпақтарымен күресе отырып, ол өзіне Мауераннахрдың басым бөлігін қаратты. 1040 жылы Бөрі тегін Әли тегін ұлдарының қолындағы Мауераннахрдың қалған бөліктерін қаратып, Бұхара мен Самарқанда өз атынан теңге соқтырады. Осы кезден бастап ол Тамғаш хан (Хандардың ханы) деген жоғары лауазымға ие болады. 1060 жылы Ферғана өлкесін өз иелігіне қосып, Шаш пен Түнкет қалаларын алады. Ол билік еткен тұста мемлекетті басқару ісін жақсартуға күш салды. Ферғанада ақша жүйесін ретке келтірді. Мемлекеттегі әр түрлі діни ағымдарға қарсы күрес жүргізді. Тақ мұрагері етіп баласы Шамс әл-Мүлік Насырды тағайындаған. ## Тағы қараңыз * Қарахан мемлекеті ## Дереккөздер
Серік Жұмағалиұлы Тілеулин (6 қантар 1926 жыл, Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы) — биология ғылымының докторы (1987), профессор (1989). Қазақ мемлекеттік медициналық институтын (1950, қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университеті Мұрағатталған 14 тамыздың 2008 жылы.) бітірген. Алматы қаласында дәрігер (1950–57), Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер (1957–66), 1966 жылдан Қазақстан ғылым академиясының Физиология институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болды. Ғылыми еңбектері негізінен нейрофизиология саласына арналған. 120-дан астам ғылыми жарияланым мен 1 монографияның авторы. ## Дереккөздер
Байқадамова Айсұлу (4.10.1927, Торғай — 3.7. 1992, Алматы) — әнші, Қазақстанның халық артисі (1961). Мәскеу консерваториясында оқыған (1949—1954). 1954 жылы Алматы консерваториясын бітіріп, Қазақ опера және балет театрында Жібек (Е.Г. Брусиловский, “Қыз Жібек”), Ажар (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайында”), Сара (М.Төлебаевтың “Біржан—Сарасында”), Шура (Н. Тілендиев пен Қ. Қожамияровтың “Алтын тауларында”), Қамар (Е. Рахмадиевтің “Қамар сұлуында”), Марфа (Н.А. Римский-Корсаковтың “Патша қалыңдығында”), Лакме (К.Ф. Делибтің “Лакмесінде”), Людмила (М.И. Глинканың “Руслан мен Людмиласында”), Чио-Чио-Cан (Дж. Пуччинидің “Чио-Чио-Cанында”) партияларын орындады. Композитор С.Мұхамеджанов “Айсұлу” операсын Байқадамова Айсұлуға арнап жазған. Мұнда ол Айсұлудың партиясын айтты. Байқадамова Айсұлуның шығармашылығына нәзік лирикаға бейім образдар тән еді. ## Дереккөздер
Клара Ғалымбекқызы Нәдірова (1933 жылында туған, Ресей, Новосибирск облысында Барабинск қаласында) – медицина ғылымдарының докторы (1988), профессор, ҚР Жаратылыстану ғылым академиясының корпорация мүшесі. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын (1958, қазіргі Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясы) және Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының аспирантурасын (1963, Мәскеу қаласында) бітірген. Теміртау қаласында цех дәрігері (1958–1960), Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтында (1963–1964, Қарағанды қаласында) ғылыми қызметкер болды. 1964 жылдан Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. «Эпидемиология и медико-социальный прогноз перинатальных поражений мозга детей» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 80-нен астам ғылыми жарияланым мен 4 монографияның авторы. ## Дереккөздер
Ибраһим ІІ (1128 – 1158) – Шығыс Қарахандар әулеті мемлекетінің билеушісі. Ахмад Арслан ханның баласы. Ибраһим ІІ туралы бір-біріне қарама-қайшы тарихи деректер сақталған. Деректердің бірінде оны “шаҺид”, яғни мұсылман емес қидандармен соғыста қаза тапты десе, енді бір мәліметтерде өзінің қол астындағы көшпелі қарлұқтар мен қаңлыларға қарсы шайқаста қидандардан көмек сұраған деп көрсетілген. Ибраһим ІІ салжұқ билеушісі Санжар сұлтанмен бірігіп, қидандарға қарсы Хорасандағы Катван шайқасында жеңіліс тауып, қашып кеткен ағасы Мұхаммедтің орнына билік басына келген. Ибраһим ІІ қидан әміршісі Елюй Дашиге тәуелді болған. Ибраһим ІІ Бұхарадағы Келлябад деген жерде “жөнсіз істері” үшін қарлұқтардың қолынан қаза тапқан. ## Тағы қараңыз * Қарахан мемлекеті ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
Тілеуов Асхат Халелұлы (1950 ж.т., Қостанай қ.) – техника ғылымының докторы (1996), профессор (1997). ҚР Жаратылыстану ғыллым академиясының корреспондент мүшесі. Целиноград ауыл шаруашылық институтын (1974, қазіргі Астана агротехнологиялық университеті Мұрағатталған 22 шілденің 2011 жылы.) бітірген. Осы оқу орнында ассистент (1974–77), Ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспиранты (1977–80), 1980 жылдан қазіргі Еуразия ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, қазіргі кезде кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. 80-нен астам ғылыми жарияланым мен 3 монографияның авторы. ## Дереккөздер
Ибраһим Ата, ИбраҺим шейһ (11 ғасырдың аяғы, Оңтүстік Қазақстан өңірі, Сайрам қаласы – 12 ғасырдың басы, сонда) – белгілі шейх, Қожа Ахмет Иасауидің әкесі. Сайрамда бүгінгі күнге дейін Ибраһим Ата мен оның зайыбы Айшаның мазарын құрмет тұтады. Ибраһим Ата – бізге жеткен аңызға қарағанда “төрт әділ халифтің” төртіншісі Әли Әбу Талибтің ұрпағы болып келетін Ысқақ бабтың 13-ші ұрпағы. Ибраһим Ата және оның баласы Қожа Ахмет Иасауи – қазақ жерінде исламды таратуда шешуші рөл атқарған. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз * Қарашаш Ана күмбезі * Ибраhим Ата күмбезі
Жас Бұхаралықтар — Бұхарада 1916 жылы құрылған жәдитшілдік бағытындағы ұлттық саяси ұйым. 1918 жылы әмірді тақта қалдыра отырып, елде ішінара демократиялық өзгерістер жасауға тырысқан бірнеше сәтсіз әрекеттері үшін әмірлік тарапынан бұл ұйымға қатаң тыйым салынып, көп ұзамай ол тарап кетті. Ұйымға қатысушылардың неғұрлым солшыл бөлігі 1920 жылы қаңтарда Ташкент қаласында Ф.Ходжаевтың басшылығымен “Жас бұқаралық революционерлердің түркістандық орталық бюросы” болып қайта құрылды. Олар Бұхарада әмір үкіметін құлатып, демократиялық республика құру мақсатын көздеді. Бюро Кеңес үкіметіне сүйене отырып, бұрынғы бүкіл “Жас Бұхаралықтарды” өз маңдарына топтастыруға тырысты. Қозғалыс жеңіске жетіп, Бұқар Халық Кеңестік Республикасы (БХКР) орнағаннан кейін, “Жас Бұхаралықтар” Түркістан коммунистерімен ресми түрде бірікті. Дегенмен олар жергілікті халықтың мүддесін көздеп, ұлтшылдық көзқарасты жақтады. Сондықтан Бұхарада басмашылар қозғалысы талқандалғаннан кейін БХКР-дегі Кеңестердің 4-съезінде (1923 жылы, қазан) олар орталықтан келген коммунистер тарапынан буржуазиялық ұлтшылдар ретінде айыпталып, билік басынан тайдырылды. Осыдан кейін “Жас Бұхаралықтардың” көпшілігі большевиктер партиясы қатарынан шығарылды. ## Дереккөздер
Жорабек Сыздықұлы Шүленбаев – (1930 жылы туған Қызылорда) - театр актері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1976). ## Өмірбаяны * 1952 жылы Н.Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр институтының актерлік бөлімін бітірген. * Жамбыл облыстық қазақ драма театрына актер болып орналасады. Ол, М. Әуезовтің «Қаракөз» спектакліндегі Сырым, «Абайында» Айдар, «Еңлік – Кебегінде» Еспенбет, Абыз, В. Шекспирдің, «Дуалы түнгі думанында» Эгей, «Отеллосында» Должь, «Гамлетінде» Полонский, Н. Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаков секілді күрделі де, басты образдарды сәтті шығаруымен танылды. Шүленбаев театрдың аса талантты актерлерімен иық теңестіре жүріп, биік деңгейде көрінуге үлес қосқан үлкен ойлы актерлердің бірі болды. Ол өзіндік өрнегімен, назды нақышымен, ширақ қимылымен, сезім қылын шерте білетін сыршылдығымен танылды. Сахнадағы тапқырлық, көпқырлылық, мәдениетті мәнер оған тән.Шүленбаев 60-тан аса рөлдерде ойнаған. ## Марапаттары * 1976 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисті».. ## Дереккөздер
Әуезовтану, Мұхтартану — қазақ жазушысы және ғалымы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнерін, қайраткерлік және ұстаздық қызметін, сондай-ақ, ұлы суреткердің әдеби және мәдени мұрасына қатысты басқа да мәселелерді зерттейтін әдебиеттану ғылымының бір саласы. Әуезов шығармашылығы туралы тұңғыш пікір — “Еңлік-Кебек” пьесасының қойылымы туралы “Сарыарқа” журналында (1917, №2) “Игілікті іс” деген атпен жарияланған хабар. ## Қалыптасы: Әуезовтанудың қалыптасу кезеңі 1917 — 1927 жылы аралығын қамтиды. Бұл Әуезовтің зерттеу мақалалары, алғашқы әңгімелері, драм. шығармалары жарық көріп, драматург, прозашы, публицист және қоғам қайраткері ретінде танылып, бірегей дарын екенін байқатқан кезі. Осы кезеңде “Еңлік — Кебек” пьесасы туралы С.Мұқановтың (“Тілші”, 2.10.1925), Мұстафаның (“Еңбекші қазақ”, 18.3.1928), “Бәйбіше — тоқал” хақында Даниалдың (“Ақ жол”, 23.12.1923; “Сана”, 1924, ғ 2—3), Ғ.Сағдидың (“Ақ жол”, 16.12.1923), Смағұлдың (“Еңбекші қазақ”, 31.1.1926), т.б. мақалалары жарияланды. Әуезов шығарм. жөнінде алғаш пікір білдіргендердің қатарында қаласының Кемеңгеров, Ы.Мұстанбаев, Ш.Тоқжігітов, т.б. бар. “Қорғансыздың күні” әңгімесі туралы жылы Аймауытовтың (“Қазақ тілі”, 22. 04. 1922) пікірі — Әуезовтанудың негізін қалаған мақалалардың бірі. Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасуымен тұстас келгендіктен Әуезовтанудың даму жолы қайшылықты да күрделі болды. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында Қазақ зиялыларын қаралаған мақалалар көбейді. Әуезов “қазақ ұлтшылдығының жас идеологтарының бірі”, “Алашорданың белсенді қайраткері”, “Қазақ байшылдығының ұлтшыл идеологы” деген сияқты саяси-идеол. қысымға түсіп, әр тараптан тұрпайы сынға ұшырады. Алайда, Әуезов шығарм-ның зерттелуі толастаған жоқ, соның негізінде Әуезовтану ғылымы да қалыптаса берді. Әсіресе, бұл кезеңде Әуезовтің драм. шығарм-ның қойылымдары туралы мақалалар көп жазылды. Мыс., 1917—1940 жылы Әуезов шығармаларына қатысты жазылған 140-тан астам мақалалардың бәрі дерлік оның драм. шығармаларын талдауға арналған. Қазақ әдебиеті тарихында өзге авторлар жазған драм. шығармалар жөнінде бірсыпыра сын мақалалар басылым көргенімен, олар сан және сапа жағынан жеке Әуезовтің драм. шығармаларына жазылған мақалалардың деңгейіне жете алмады. ## Әуезовтанудың екінші кезеңі Әуезовтанудың екінші кезеңі Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы мен Абайтану саласындағы еңбектеріне тікелей қатысты. “Абай” романының жарық көруіне орай (1942), бұл шығарманы Қазақ әдебиетінің зор табысы деп бағалаған Б.Кенжебаевтың, Е. Ысмайыловтың, Т. Нұртазиннің, Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің, т.б. пікірлері жарияланды. Романның 2-кітабы жарық көрген соң (1947), одақтық мерзімді басылымдарда В. Жирмунскийдің, Л. Климовичтің, З. Кедринаның, М. Фетисовтың, П. Скосыревтің, т.б. мақалалары басылды. Соғыстан кейінгі жылдары идеол. қысым қайтадан күшейе түсті де, Әуезовтің шығарм. тағы да сын нысанасына айналды. ## Сын Қазақстан К(б)П ОК-нің “әдебиет және өнер институтының өрескел саяси қателері туралы” қаулысында (1947) және Қазақстан Ғылым Академиясының төралқасы мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы бірігіп өткізген Абайтану жөніндегі конференция қаулысында (1951) ұлы жазушының көркем туындылары мен ғылыми зерттеу еңбектері қатты сынға ұшырады. Әуезов шығармасына қатысты мұндай әділетсіз сын-ескертпелер “Абай жолы” роман-эпопеясы толық жарық көріп, оған Лениндік сыйлық берілген соң (1959) ғана тоқтады. 1957 жылы “Абай жолына” арналған конференция өтіп, оның материалдары “Қазақтың тұңғыш эпопеясы” деген атпен жеке кітап болып шықты. ## Әуезовтанудың үшінші кезеңі Әуезовтанудың үшінші кезеңі Әуезовтің шығармалары әлемге танымал болып, жан-жақты зерттеу объектісіне айналған кезден басталады. Бұл кезеңде “Абай жолы” эпопеясы туралы М.Қаратаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, А. Нұрқатов, З.Кедрина, Ы. Дүйсенбаев, Е. Лизунова, Р. Бердібаев, Л. Әуезова, т.б. ғалымдар өз моногр. зерттеулерін жариялады. Қазақ және шет ел тілдерінде мыңдаған зерттеулер жарық көрді. Әуезов драматургиясынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, көлемді моногр. зерттеу жұмыстары жазылды (Р. Нұрғалиев, Б. Құндақбаев, А. Тоқпанов, С. Ордалиев). Әуезовтің дүниетанымы мен филос. көзқарасы (Ә. Нысанбаев, А. Тайжанов), Қазақ әдеби тілін байытудағы орасан зор еңбегі (Ж. Жанпейісов, М. Балақаев, Е. Бектұрғанов, Р. Сыздықова, т.б.), психол., пед., эстет. ойлары (Қ. Жарықбаев, Қ. Есбаев, А. Тайжанов), көсемсөзі (Қ. Сыздықов), құқықтық танымы (Т. Күлтелеев) жөнінде іргелі зерттеулер жарық көрді. М. Әуезов шығармаларының екі биік шыңы бар: ол көркем туындыларының асқары — “Абай жолы” эпопеясы мен ғылым зерттеу еңбектерінің шыңы — Абайтану . ## Басылым Әуезовтің Абайтану, фольклортану, Қазақ әдебиеті тарихы саласында жазған ғылыми еңбектері қайта басылып, зерттеушілер назарын өзіне аударумен келеді. Ғұлама ғалымның Қазақ ауыз әдебиеті, “Манас” эпосы, Абайтану жөніндегі ғылыми зерттеулері туралы моногр. еңбектер жазылды, жүздеген мақала, зерттеулер жарияланды. (М. Мырзахметұлы, т.б.). ## Әуезовтің мұрасы Әуезовтің әдеби мұрасын толық қамтып, әлем жұртшылығына таныту мақсатында күрделі ғыл.-зерттеу жұмыстары (естеліктер жариялау, Жазушының эпистолярлық мұрасын жинақтау, әр салалы библиогр. көрсеткіштер даярлау, шығармаларын шет ел тілдеріне аудару) жүргізіліп, көптеген игі істер тындырылды. “Мұхтар Әуезовтің қолжазба мұрасы” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1997), “Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармаларының шежіресі” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1997) деп аталатын ұжымдық еңбектер жарық көрді. Жазушының алты томдық (1957), он екі томдық (1967), жиырма томдық (1987) шығармалар жинағы жарияланып, елу томдық толық шығармалар жинағын шығару қолға алынды (1997). Қазақ Жазушыларының арасында әлем халықтары тілінде ең көп басылым көргені де, танымалысы да М.Әуезов шығармалары болып отыр. “Абай жолы” эпопеясын француз тіліне аударған Луи Арагонның: “Мен оның шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды үлкен абырой санаймын. Менің ойымша “Абай” эпикалық романы — 20 ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиял мен ерекше ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын”, — деп бағалауы Ә-дың әлемдік деңгейге көтерілгенін танытты. Одан кейін әр елдерде әр жылдардағы аудармаларына байланысты А. Зегерс, А. Стиль, А. Курилла, Б. Матип сияқты Жазушылардың пікірлері жалғаса келіп, 1997 жылы М. Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай ЮНЕСКО өткізген ғылыми конференцияға ұласты. А. Фишлердің “М. Әуезов — сайын дала жыршысы”, Жак Монньенің “М. Әуезовтің туған жеріндегі ядролық сынақтар”, Ш. Пужольдің “М. Әуезов — өз дәуірінің айнасы, келешекті кескіндеуші”, К. Лемерсье-Келкеженің “М. Әуезов — ұлттық рух бейнесі”, Л. Робельдің “Антуан Витез және “Абай” романы”, Р. Дордың “Қазақ әдебиеті” деген зерттеулері Ә-дың әлемдік өркениет тарихынан алатын орнын айқындай түсті. ## Дереккөздер
Тас Құрылымдар – ғимараттар мен үйлердің тастан қаланған (ірге тас, қабырға, бағана, арқалық,күмбез, т.б.) көтергіш және қоршау құрылымдары. Тас құрылымдар үшін кірпіш, керамика және құйматас тастар мен блоктар (тұтас және кеуек), ауыр не жеңіл тау жыныстары (әктас, туф, т.б.), ауыр және жеңіл құйматастан, силикаттан құрастырылған ірі блок түріндегі жасанды және табиғи тас материалдар, сондай-ақ құрылыстық ерітінділер пайдаланылады. Тас қа-лауға қажетті материалдар құрылыстың күрделілігіне, беріктілігі мен жылу оқшаулағыш қасиетіне және олардың жергілікті жердегі шикізатына, сондай-ақ экон. есепке байланысты таңдап алынады. Тас материалдар беріктілік, суыққа төзімділік, жылу өткізгіштік, су және ауаға төзімділік, су жұтылу, агрессивті ортадағы төзімділік, белгілі пішіні мен өлшемі болу және т.б. шарттарды қанағаттандыруы тиіс. Тас Құрылымдар – өте ертеден пайдаланылып келе жатқан құрылыс материалдарының бір түрі. Көптеген елде тастан қаланып жасалған ғажап ескерткіштер бар.Тас Құрылымдар ұзақ уақыт сақталады, отқа төзімді келеді әрі олар жергілікті жердің материалдарынан да құрастырылады. Тас Құрылымдардың кемшілігі: салмағы ауыр, жылуды жақсы өткізеді, тастарды қалауға байланысты болатын қол еңбегін көбірек қажет етеді. Осыған байланысты құрылысшылардың күштері жылу оқшаулағыш материалдардың қолданылуымен тиімді жеңілдетілген Тас Құрылымдарды өңдеуге бағытталды. Қазіргі құрылыста Тас Құрылымдар (әсіресе қабырғасы мен ірге тасы кірпіш пен тастан тұратын) кеңінен тараған құрылыс құрылымдарының бірі болып саналады. Тас Құрылымдарды жобалау кезінде тәжірибелік ережелер және ғылымі түрде негізделмеген есептеу тәсілдері қолданылды.Тас Құрылымдардың беріктілігі мен есептеу тәсілдері туралы ғылым 1932 – 39 ж. пайда болды. Тас Құрылымдарды есептеу кезінде тастан қаланған үйлерді: берік және серпімді құрылымдық сұлбалы үйлер деп екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа қабат аралық жабуы қозғалмайтын диафрагма ретінде қарастырылатын, көлденең және орталықтан тыс бойлық күштердің қабырғаларға әсері кезінде оларға қарсы мықты байланыс түзетін, көлденең қабырғалары жеке орналасқан ғимараттар жатады. Екінші топты көлденең қабырғаларының арақашықтығы едәуір болатын, үлкен ұзынбойлықты ғимараттар құрайды. Үйдің құрылымдық сұлбасына байланысты тас қабырғалар көтергіш (өз салмағын, арқалық пен аралық қабаттардың, құрылыс крандарының, т.б. салмағын көтеретін), өзі көтеретін (үйдің барлық қабаттарының салмағын көтеретін және жел әсерін қабылдайтын, т.б.) және аспалы (бір қабат үйдің салмағын көтеретін және жел әсерін қабылдайтын) қабырғалар болып ажыратылады.Тас Құрылымдардың қалану беріктілігін арттыру үшін болат арматура, арматуралы қалып (тасты темір-құйматас не металл қалып ішінде қалау) пайдаланылады. ## Дереккөздер
## Жорықбай Табынбайұлы Жорықбай Табынбайұлы (1864, бұрынғы Сырдария облысы, Перовскі уезі, Қабылкөл ауылы – 1932, сонда) – ақын, жырау. ## Шығармалары “Нақыл сөздер”, “Ошақты Садақбайға”, “Әліпбай милицияға”, “Қожамұраттың Жақыбына”, “Сапар құдаға”, “Мыңбайдың бағасы”, “Жорықбай деген шайырың”, “Қармақшыда”, “Ақназар ұстаға”, т.б. өлеңдері сақталған. Әсіресе, Қарабалық болысы Алдияров Қараға шығарған өлеңі ақынды көпшілікке танымал еткен. ## Сілтеме ## Жорықбай Табынбайұлы Жорықбай Табынбайұлы (1864, бұрынғы Сырдария облысы, Перовскі уезі, Қабылкөл ауылы – 1932, сонда) – ақын, жырау. ## Шығармалары “Нақыл сөздер”, “Ошақты Садақбайға”, “Әліпбай милицияға”, “Қожамұраттың Жақыбына”, “Сапар құдаға”, “Мыңбайдың бағасы”, “Жорықбай деген шайырың”, “Қармақшыда”, “Ақназар ұстаға”, т.б. өлеңдері сақталған. Әсіресе, Қарабалық болысы Алдияров Қараға шығарған өлеңі ақынды көпшілікке танымал еткен. ## Сілтеме
Нивальды белдеу, нивалдық белдеу, нивалдық-гляциалдық белдеу (лат. nіvalіs – қарлы, суық), көп жылдық қар белдеуі (мәңгі қар мен мұз белдеуі) – таудағы ең жоғарғы табиғи белдеу; мәңгі қарлар мен мұздықтар белдеуі; қар сызығынан жоғары орналасқан таулардағы, сондай-ақ полюс атыраптарындағы нивальдық климатты ең жоғары биіктік белдеу. Қар шекарасынан жоғары жатады. Нивальды белдеудің төменгі шекарасы полюстік аймақта: Антарктида мен Гренландияда теңіз деңгейіне ұштасады, Орталық Азияның Гималай, Гандисышань, Памир, тағы басқа тау жоталарында және Оңтүстік Америкадағы Анд тауларында 6500 м биіктіктен өтеді. Қатты түрде түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері олардың еру және булану мөлшерінен артық. Мұздықтар мен қар алаңы көбіне беткейдің көлеңкелі жағында пайда болады. Тау беткейінің тік жерлерінде қар көшкіні жиі болып, беткей жыныстарының физикалық үгілулері қарқынды жүреді. Өсімдік дүниесі өте кедей: Нивальды белдеуде мүк пен қына ғана өседі. ## Сілтемелер * Нивальды климат ## Дереккөздер
Сүтбұлақ – Күнгей Алатауының шығыс бөлігіндегі асу. ## Жер бедері Биіктігі 3901 м. Күнгей Алатауының солтүстік беткейіндегі Сүтбұлақтың (Шілік алабы) арнасымен оңтүстік беткейдегі Ыстықкөл алабындағы Сүтбұлақ өзенінің бастауына қарай соқпақ жол өтеді. ## Дереккөздер
Тоқайтөбе – бекіністі мекен. Түркістан облысы Отырар ауданы Темір темір жол станциясының оңтүстікнен оңтүстік-батысқа қарай 6 км жерде орналасқан. 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедиция (жетекшісі А.Н.Бернштам) зерттеген. Оның жалпы көрінісі трапеция тәрізді, бір жақ қабырғасы ішіне иілген, оңтүстік жағы 280 м, солтүстік-батысы 260 м, батыс жағы 240 м, солтүстік-шығыс жағы 380 м. Тоқайтөбе айналдыра тереңдігі 2 м, ені 20 м ормен қоршалған. Бекіністі мекеннің батыс жағындағы бұрышында орталық қорғаны бар, оның биіктігі 5 м, ауданы 80×80 м. Тоқайтөбенің аймағында үш жерде осындай бекініспен салынған тұрақты мекендердің орны байқалады. Алайда олар жартылай бұзылып, егістік жерге айналдырылған. Қазба барысында табылған заттарға қарағанда мекен орны б.з. 1–8 ғасырларына жатады. ## Дереккөздер
Сүтбұлақ мұздығы – Күнгей Алатауының солтүстік беткейіндегі қазаншұңқыр пішінді мұздық. Мұздықтан Шіліктің оң саласы – Сүтбұлақ өзені басталады. ## Аумағы Мұздықтың ұзындығы 4,0 км, ашық жері 3,6 км. Жалпы ауданы 6,4 км2, мұзқар (фирн) алаңы 2,6 км2, ашық жатқан тілі 3,5 км2, борпылдақ жыныстар жапқан бөлігі 0,3 км2. Мұздықтың орташа қалыңдығы 70 м шамасында, көлемі 0,44 км3. ## Дереккөздер
Қызылжыңғыл — тарихи қоныс. Қызылорда облысының солтүстік-шығысында, Телікөл атырабында. Сарысу мен Шу өзендерінің Телікөлге құяр жеріндегі бұл алапты көшпелі тайпалар ерте заманнан-ақ қоныстанған. Кейбір тарихи деректерге қарағанда, Сыр бойын жайлаған көне оғыз-қыпшақ жұртының астанасы Жанкент (Янгикент) шаһары осы Қызылжыңғыл маңында болған. Сарыарқа мен Балқашты, Алатау мен Атырауды жайлаған орта ғасырдағы көшпелі түркі тайпалары осы маңда бас қосып, кеңес құрған. Осындай тарихи оқиғалардың айғағы ретінде ноғайлы дәуірінен қалған Байғана мазары мен кейінгі 17 – 18 ғасырларда Жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан бірқатар қазақ батырларының бейіттері (Тамғалының Нұрасында) әлі күнге дейін сақталған. Жоңғар шабуылы кезінде «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» оқиғасына ұшыраған қазақ рулары 18 ғ-дың алғашқы жартысында тарихта Алқакөл деген атпен қалған қазіргі Телікөл маңына келіп тоқтаған. Қызылжыңғыл осындай тарихи ауыр күндерде бүкіл қазақ руларының ес жиып, жоңғарларға қарсы күш біріктірген қасиетті жері ретінде мәлім. Қызылжыңғыл алабын 1917 жылға дейін Ұлытаудың 12 болысы мекендеді. Қоқан хандығына қарсы халық көтерілісін бастаушылар Тұрғанбай, Басықара батырлар өз жасақтарын алғашқыда Қызылжыңғыл алабында ұйымдастырған. 1916 жылғы Торғай көтерілісіне Қызылжыңғыл өңірінен көптеген сарбаздар қатысқан. ## Дереккөздер
Байқара – Шу-Іле тауларының қиыр солтүстік-батысындағы тау. ## Географиялық орны Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 665 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 12 км-ге созылып жатыр, ені 6 км. ## Геологиялық құрылымы Кембрийге дейінгі және палеозой эрасының эффузиялық шөгінді жыныстарынан түзілген. ## Жер бедері Көлбеу келген беткейі онша тілімденбеген, етегінде ысырынды малтатастар көп. ## Өсімдігі Тау баурайында шөлді белдемнің қиыршықты тасы басым сұр, сұрғылт құнарсыз топырағы қалыптасқан. Онда жусан, бұйырғын, күйреуік, баялыш өседі. ## Дереккөздер
Ибраhим Ата күмбезі – Түркістан облысы Сайрам ауданы маңындағы архитектуралық ескерткіш. Сайрамның солтүстік-батыс бөлігінің шетіндегі биік төбеде, Ақсу ауылына баратын жолдың бойында орналасқан. Күмбез шамамен 16 – 17 ғасырларға дейін, Қожа Ахмет Иасауидің әкесі Ибраһим атаның қабірі үстіне салынған. Ибраhим Ата күмбезі ортағасырлық сәулет өнеріндегі күмбезді мазарлардың сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады. Ішінара сылақ жүргізіліп, әктелген, әлденеше рет қайта салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бастапқы күмбезі бұзылған, оның орнына 20 ғасырдың басында табақ темірден төрт жағына тайқы шатыр орнатылып, ортасына шошақ күмбез салынған. Бір камералы құрылыс, жалпы жобасы шаршы келген. Өлшемі: 7,2x7,2 м. Солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қасбеттері сәл шығыңқы, таяз қуыстары бар бірыңғай порталдармен безендірілген. Оңтүстік-батыс порталдың қуысына кіреберіс, ал пилондардың қанатына – тік бұрышты қуыстар жасалған. Ішкі қабырғаларына сылақ жүргізілген, еденіне кірпіш төселіп, цемент қосылған лаймен сыланған. Ішінде қабір қалдығы сақталған. ## Дереккөздер ## Тағы қараңыз * Ибраһим Ата * Қарашаш Ана күмбезі ## Сыртқы сілтемелер * ИБРАҺИМ АТА КҮМБЕЗІ Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы.
Байқожа – Нұра алабындағы өзен. ## Географиялық орны Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы арқылы өтеді. Нұраның сол саласы. Ұзындығы 99 км, су жинайтын алабы 1154 км2. ## Бастауы Сораң, Отар тауларындағы бұлақтардан басталатын Керегетас пен Ұзынбұлақ өзендерінің қосылған арнасы. ## Гидрологиясы Негізінен қар, ішінара жер асты суымен толығады. Аңғарының беткейлері көлбеу, кең жайылмасы бар. Басты салалары: Керегетас, Ұзынбұлақ. Жылдық орташа ағыны 0,75 м3/с. Қараша — сәуір айларында мұз қатады. ## Өсімдігі Жайылмасының қызыл қоңыр, күңгірт топырағында селеу, сұлыбас, қылқан селеу, ал биіктеу жерінде бұта өседі. ## Дереккөздер
Сарбас Майкөтұлы (1846, Қордай ауданы Мәтібұлақ маңы – 1914, сонда) — қазақ айтыскер ақыны. Дулат тайпасының Жаныс руынан. Ол Ұлы жүз ақындарының ұстазы іспетті болған. Қабан жыраудың жиені, Жетісу атырабына аты мәшһүр Кебекбай шешеннің жақын туысы. Ақындық қуаты жағынан Сарбас өз тұсындағы майталман сөз шеберлерінің көбінен басым болған. Оның өлеңдері өткір, батылдығымен қатар өрнек-айшығымен де, тапқырлық-ұтқырлығымен де ерекшеленген. «Сарбас ақынның байларды мазақтауы», «Сарбастың сайлау туралы айтқаны», «Сарбастың өлердегі қоштасуы» сияқты шығармалары соны дәлелдейді. Бізге оның Қуандық ақынмен, қырғыз ақыны Қалмырзамен, Жамбылмен айтысы жеткен. қырғыз ақыны Қалмырза мен Сарбас айтысы жұмбақ айтыс түрінде өткен. Айтыс Сарбастың жеңісімен аяқталған. Оның Жамбылмен айтысы 1895 жылы Верныйда (Алматы) өткен. Сарбас ұрпақтары Отар бекетінде тұрады. ## Сілтемелер * Қордай * Жетісу * Отар ## Дереккөздер
Тілеуов Талғат Халелұлы (7.2.1948 ж.т., Астана қ.) – тарих ғылымының докторы (1990), профессор ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2005). Мәскеу энергетика институтын бітірген (1971). Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы партия тарихы институтында кіші, аға ғылыми қызметкер (1971–73), Қазақ КСР-і Оқу министрлігінде инспектор (1980–82), Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы нда доцент, профессор, кафедра меңгерушісі (1982–93); 1993 жылдан «Қайнар» университетінде кафедра меңгерушісі, профессор қызметін атқарады. «Основные тенденции развития энергетики Казахстана в 1971–1986 годах» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. ## Сілтемелер * Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы ## Дереккөздер
Жорық белбеуі – дәстүрлі қазақ қоғамында жауынгерге арнап жасалатын белбеу, белдік. Жорық белбеуі жібектен, жүннен тоқылған маталардан және былғары, қайыстан жасалған. Оны қоламен, мыспен, жезбен, алтынмен, күміспен оймыштап, әдемі доғабастармен, салпыншақтармен, бастырмалармен ажарлайтын болған. Жорық белбеуіне қынапты семсер немесе қылыш, қынды пышақ, оқ-дәрі, білте салатын, сіріден, былғарыдан жасалған құты, қалталар байланған. ## Сілтеме
Бәбіш Молда — б.з.б. 4-2 ғасырдардай сақталған археологиялық ескерткіштер кешені. Сырдарияның көке арнасында (Жаңадария) орналасқан. 1950 ж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедиция (жетекш. С.П.Толстов) зерттеген. Ескерткіштер тобына қала-бекіністер, жерлеу құрылыстары, бірнеше қоныстар және суландыру жүйелерінің қалдықтары жатады. Бәбіш Молда ескерткіштер кешеніңдегі бекікіс-қала қалашығы пахсалы қолдан үйілғен төбеле орналасқан, күйдірілмеген кірпіштен қаланған қамалмен (қалыңд. 5,3 м-ге жуық) қоршалған. Қаланың төртбұрышты қорғанының (100x100 м) өн бойында мұнаралары, ішінде төртбұрышты (44x44) сарай ғимараты болған. Батыс жағындағы күрделі құрамды пасхалы алаңдары (биікт. 3,5 м, аум. 30x30 м) төртбұрышты жерлеу ғимараты (21x21 м, биікт. 7 м) 4 бөліктен тұрады. Өзара қиылысқан екі дәлізбен бөлінген. Қабырғалары қүйдірілмеген үлкен (40x40x10 ем) кірпіштерден қаланған. Дәліз бен қабірхананың төбесі трапеция пішінді кірпіштерді қисайта қалау тәсілімен қүмбезделіп жабылған. Мүрделер қабірхананың еденіне жөне оссуарийларға (арнаулы қыш табыттарға) жерленғен. Бәбіш Молда кешенінің құрамындағы басқа да кішігірім ежелгі қоныстар тобы суландыру каналының бойына орналасқан. ## Дереккөздер Толстов С.П., Воробье-ва М.Г., Раппопорт Ю.А., Работы Хорезмской археолого-этнографической экс.педиции в 1957 г., Полевые исследо-вания Хорезмской экспедиции в 1957 ж., М„ 1960; Толстов С.П., Подрев-нпм дельтам Окса и Яксарта, М., 1962.
Тілеуова Тыныскүл Сүлейменқызы (1943 ж.т., Қызылорда облысы Сырдария ауданы) – медицина ғылымдарының докторы (1995). Алматы мемлекеттік медициналық институтын (1967, қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университетін) бітірген. Қызылорда облысы Сырдария ауданы ауруханасында дәрігер (1967–70), Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер (1970–96); 1996 жылдан бас ғылыми қызметкері. 160-тан астам ғылыми жарияланымның авторы. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Әлия Қажымұратқызы Әбішева(13.6.1963 жылы туған, Алматы қаласы) – философия ғылымның докторы (2005), профессор (2007). ҚазМУ-дың (1985, қазіргі ҚазҰУ) биология факультетін және аспирантурасын (1995) бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясының Молекулярлық биология институтында (1985–1987), ҚазПИ-де (1987–2006, қазіргі ҚазҰПУ) оқытушы, аға оқытушы, ал 2007 жылдан осы университтің профессоры қызметін атқарады. «Психоанализдің антропологиялық концепциясы және философиядағы құндылық мәнінің проблемасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – мәдениет философиясы, философия антропология, дінтану, ғылыми тарихы мен философиясы. Әбішева 44 ғылыми еңбектің авторы. ## Дереккөздер
Алтын Байдерқызы Әбішева (1947 жылы туған, Ақмола облысы Біржан сал ауданы Бұланды ауылы) – медицина ғылымның докторы (1993), профессор (1993). Қарағанды мемлекеттік медицина институтын (1971, қазіргі Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы) және Мәскеу қаласындағы КСРО Денсаулық сақтау министрилігі Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының аспирантурасын (1976) бітірген. 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтында стажер-зерттеуші, ассистент, доцент (1976–1991), аға ғылым қызметкер (1991–1993), профессор (1993–1995) қызметтерін атқарды. 1995 жылдан хирургия кафедрасының профессор 80-нен астам ғылыми еңбек пен 2 монографияның авторы. ## Шығамалар * Острые абсцессы легких, А., 1995. ## Дереккөздер
Виктор Алексеевич Радус-Зенькович (31.12.1877, Архангельск – 4.10.1976, Мәскеу қаласы) – кеңестік мемлекет қайраткері, Қазақ АКСР-інің алғашқы басшыларының бірі. ## Өмірбаяны * Мәскеу университетінде оқыған; * 1902 жылы – Иркутск губерниясына жер аударылып, шет елге қашады; * 1903 жылдан РСДЖП мүшесі ретінде партияның әскери ұйымдарында (Николаев, Баку, Мәскеу қалалары) жұмыс істейді; * 1908 жылы – каторгага жіберіліп, 1913 жылы Иркутск губерниясына жер аударылады; * 1917 жылы – Саратов атқару комитетінің мүшесі, “Социал-демократ”, “Известия Саратовского Совета” газеттерінің редакторы; * 1918 жылы – РКФСР еңбек халық комиссарының орынбасары; * 1920 жылы – Қырғыз (Қазақ) Революциялық комитетінің төрағасы, ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы; * 1921–22 жылдар – РК(б)П ОК Кирбюросының хатшысы; * 1925–27 жылдар – БК(б)П Орталық бақылау комиссиясының төрағасы (Минск қаласы); * 1930–33 жылдар – РКФСР еңбек халкомының орынбасары; * 1933–37 жылдар – байланыс қызметкерлері одағы ОК төрағасы; * 1940 жылдан КОКП ОК жанындағы марксизм-ленинизм институтында жұмыс істеді; * 1956 жылы зейнетке шықты. ## Марапаттары * "Ленин ордені". * “Құрмет белгісі” ордені. ## Дереккөздер
Перфокарта, перфорациялық карта (лат. perforo — тесемін және карта) — белгілі тәртіп бойынша тесіктер (перфорация) тесу арқылы әр түрлі ақпарат түсіруге арналған қалың қағаз (пластмасса). Перфокартаның бетіне вертикаль бағаналар мен горизонталь қатарларға бөлінетін цифрлық тор түсірілген. Перфокарта ЭЕМ-ларда, сандық (цифрлық) басқару пульті бар стандарда ақпарат енгізу үшін пайдаланылады. ## Дереккөздер
Байқоныс — Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы ауыл, Байқоныс ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Тереңкөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде, Ертістің оң жағасына таяу, Павлодар-Омбы автомобиль жолы бойында, бетеге мен селеу өскен қоңыр қызғылт топырақты дала белдемінде орналасқан. ## Тарихы Іргесі 1912 жылы қаланған. 1930 жылдан ет-сүт бағытындағы кеңшардың орталығы болды. Кеңшар негізінде кооператив шаруашылық, жөндеу шеберханасы, шаруа (фермер) қожалықтары ұйымдастырылған. ## Халқы ## Дереккөздер
Қызылмия (лат. Glycyrrhіza glabra) – бұршақ тұқымдасы, мия туысына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. ## Ботаникалық сипаты * Биіктігі 30 – 80 см. * Жапырақтарының көбі қауырсын пішінді. * Гүлі ақшыл күлгін түсті. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. * Жемісі бұршақ. ## Өсетін жері Қызылмия Қазақстанның далалы және шөлді аймақтарында, Жайық, Шу, Іле, Сырдария өзендерінің жағаларында өседі. ## Құрамы Тамырында глюкоза (0,6 – 15,2%); фруктоза (0,3 – 4,1%); сахароза (0,3 – 20,3%); мальтоза (0,1 – 0,6%); крахмал (34%) бар, сонымен қатар органикалық қышқылдар, эфир майлары, глицирризин қышқылы, фенолкарбон қышқылдары және олардың туындылары (кумарин, флавоноид, тері илегіш заттар, жоғарғы алифатты көмірсутектер және спирттер) болады. ## Емдік қасиеті және қолданысы Қызылмия дүниежүзілік және отандық фармакологияға енген. Медицинада қызылмия препараттарын эликсир, сығынды, ұнтақ және қою шырын түрінде қақырық түсіретін және іш өткізетін дәрі ретінде пайдаланады. Тибет медицинасында қызылмия препараттарын өкпе туберкулезін емдеуге, артериосклерозға, т.б. қарсы, ал Батыс Еуропа медицинасында семіздіктен арылу үшін қосынды жасап қолданады. ## Таралу аймағы Қызыл мия Іле өзендерінің аңғары, Түркістан облысының далалы аймақтарында көп кездеседі. ## Экологиясы Далалық аймақта, шөл және шөлейтте , тоғайда жақсы өсіп-өнеді. Тұқымынан және тамыр сабақ арқылы көбейеді. ## Қоры Республикамыздағы ең ірі өзендерінің бойындағы Орал, Қызылорда, Түркістан облысында қызыл мияның қоры зерттелген. ## Халық шаруашылығындағы маңызы Мия ертеден қолданылатын дәрілік өсімдік. Мия тамыры дәмінің ерекше тәтті болуына байланысты ерекше ат беріп, дәрі ретінде қолданған. Грецияда –«Тәтті тамыр», Қытайда "ганьцао" - «тәтті шөп», Моңғолияда хунчир – «тәтті тамыр» деп аталған. Мияның тамыры, тамырсабағы біздің дәуірімізге дейін 2800 жыл бұрын Қытай, Тибет, Индия, Жапония медицинасында пайдаланылған. Ертеде Грек дәрігері Гиппократтың еңбектерінде мияның тамырының емдік қасиеттерін жазылған. Гректің атақты дәрігері Диоскорид өзінің еңбектерінде мияның сөлі өкпе, бауыр ауруларына және шөлді басатын дәрі екенін сипаттап жазған. ## Дереккөздер
Зейнеш Садырқызы Әбішева (1947 жылы туған, Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кенті) – техника ғылымның докторы (1996), профессор (1997). Мәскеу Талшықты химика-технологиялық институтын (1971) және аспирантурасын (1974) бітірген. 1974–1987 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының кіші, аға ғылым қызметкері, лаборатория меңгерушісі (1987–1996) болды. 1996 жылдан гидрометаллургия бөлімінің меңгерушісі. 240-тан астам ғылыми еңбектің, 2 монографияның авторы. ## Шығармалары: * Металлургия осмия, А., 1981; * Процессы экстракции и сорбации в химической технологии галлия, А., 1985. ## Дереккөздер
Заң күші бар құжаттар. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің актілері жарлық, қаулы, өкім болып бөлінеді. Жарлықтар Қазақстан Республиасының конституциясы мен заңдары негізінде және соларды орындау үшін шығарылады; қаулылар Қазақстан Републикасының конституциясы мен заңдары және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары негізінде және соларды орындау үшін шығарылады; өкімдер Қазақстан Республикасының конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен қаулылары негізінде және соларды орындау үшін шығарылады. Өзге мемлекет органдар мен лауазымды адамдардың актілерінен айырмашылығы – Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне Қазақстан Республикасы конституциясы мен заңдарына сай келуі, заң ережелерінің сақталуы, олардың әлеуметтік-экономикалық және саяси жағынан негізделуі, тұрғысынан қойылатын талаптар өте жоғары болады. ## Дереккөздер ## Сілтемелер
Қорғанбек Ғалымтайұлы Аманжол (1953 ж.т., Зеренді ауданы Көктерек а.) — журналист, жазушы, ақын. ҚазМУ-ды бітірген. 1974 — 2007 ж. Зеренді ауданы «Коммунизм таңы», облысы «Көкшетау правдасы» газеттерінде, респ. басылымдарда — «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Дала дидары» газеті бас редакторының орынбасары, «Хабар» агенттігінде жұмыс істеген. Респ. «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімінде шолушы. А. өлең жазумен ерте айналысқан, ең алғашқы өлеңдері 1967 ж. ауданы, облысы газеттерде басылған. Кейіннен өлеңдері «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде және «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері» журналдарында басылып тұрды. 10 ақындық, әдеби-публицистик., аудармалық кітаптардың авторы. Сонымен қатар Г. Меллвилдің «Моби Дик или Белый кит» романын, О.Жанайдаровтың «Мифы древнего Казахстана», «Предания древнего Казахстана» және «Легенды древнего Казахстана» тарихи-танымдық кітаптарын қазақ тіліне аударған. ## Дереккөздер
Тәуелсіздік монументі — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген (2001 ж. 26 қыркүйектегі мәслихаттың 2-ші шақырылымының 12-ші сессиясының шешімі). ## Кешен жайлы Кешен ғылымның, мәдениет пен мемлекеттің танымал қайраткерлерінің сәулетін, мүсіндерін, сөздерін біріктіретін бірегей көркемдік шығарма болып табылады. Стеланы жақтаушалайтын көркемделіп құйылған торкөздер Қазақстан тарихындағы басты оқиғаларды, соның ішінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салтанатты сайлануын баяндайды. Ескерткіштің төмен жағында мемориалды тақтайға Президенттің ант беру кезінде Конституцияға қойған қолының таңбасы түсірілген. Құлпытастарға өткен мен бүгінгі күн тарихи тұлғаларының сөздері ойылып жазылған. Мұнда Президент Назарбаевтың келесі сөздерін оқуға болады: «Қоғамдағы татулық пен келісім әр адамның лайықты өмірі мен еңбегін қамтамасыз етеді. Еркіндік – бассыздық емес, әділдік пен құқықтың салтанаты. ## Тарихы 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған монументті құрылыстың авторлары: архитектор Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан (топ жетекшісі), мүсіншілері Нұрлан Далбай, Ә.Жұмабаев сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. бас конструкторы С.П. Каламкаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті Сүлеймен Демирел қатысты. Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 м-ге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) аса айбарлы кейіппен, тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады. Тәуелсіздік монументінің екі қапталын айнала қазақ халқының тарихи өткен өмір белестерінен сыр шертетін шағын архитектор-мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сонау сақтар дәуірінен тәуелсіздіктің жариялануына дейінгі тарихи кезеңдерді: Томирис заманынан бастап әл-Фараби, қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыстар, ұлт-азаттық қозғалыстары, екінші дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін ұтымды шешім тапқан көрініс-суреттер орналасып әрі олар бір-бірімен жымдаса жалғасып, көркем жарасым тапқан. Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де тәуелсіздік монументінің архитекторлық және мүсіндік шешімін дәл тапқандығымен ерекшеленеді. Дала данасы ақылгөй абыз ата мен жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер-ана және олардың алдыңғы жағындағы құлыншаққа мінген бала мен қыздың бейнесі ескерткіштің сәулетті символик. мазмұн-сипатын ашумен қатар, ұлттық рухы мен сыр-сымбатын айқындап асқақтата түседі. Ол 20 ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналды. ## Авторлық ұжым Жетекшілік жасаған Ш.Е.Уәлиханов; мүсіншілер – А.Жұмабаев, Н.Далбаев, А.Боярлин, М.Мансұров, Қ.Сұраншиев, Қ.Сатыбалдин; сәулетшілер – К.Жарылғапов, К.Монтахаев; құрастырушы – С.Қаламқаров; құрылысшы- А.Ермегияев. Монумент 1996-1998 жылдары тұрғызылды. Кешен көлденең 180 метрге созылып жатыр. Пластикалық стела композицияның ортасы болып табылады. Ол өздігінен биіктігі 28 метрге жететін маңғышлақ құлпытастарына ұқсас. Биіктігі 6 метр болатын «атын адам» немесе қанатты барсқа билік жүргізіп отырған дала басшысын бейнелеп, қазақ жеріндегі нақты мемлекеттік билікті сипаттайды. Стела диаметрі 46 метрді құрайтын домалақ алаңның ортасында орналасқан диаметрі 28 метр жартылай доғал стилобатқа орнатылған. Стеланың төменгі бөлігінде қазақ және орыс тілдерінде мынадай сөздер ойылып жазылған: «1990 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланды», «1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды». Стеланың аяқ жағында, стилобатта «Жер ана» және құлын үстінде отырған екі бала аллегориялық мүсіндер орнатылған. Мүсіндер дүниенің төрт бұрышына қарасты. ## Галерея * * * * * * ## Сілтемелер * Алматының назар аударарлық орындары(қолжетпейтін сілтеме) ## Дереккөздер
Сәуле Жүнісқызы Әбішева (27.3.1955 жылы туған, Алматы қаласы) – филология ғылымның докторы (2003), профессор (2005). ҚазПИ-ді (1976, қазіргі ҚазҰПУ) және аспирантурасын (1987) бітірген. Алматы қаласындағы орта мектепте мұғалім (1976–1983), 1987 жылдан ҚазПИ-де оқытушы, диссертациялық кеңестің ғалым-хатшысы (1993–1998, 2002–2005), ал 2006 жылдан осы университте кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. «Табиғат әлемінің» поэтикалық жүйесі: құрылымы мен семантикасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның ғылыми-зертеу жұмыстарының негізгі бағыты – 20 ғасырдағы қазақ және орыс поэзиясын қарастыру, өлеңтану, поэтикалық мәтін жүйелілігінің теориялық мәселелері. Әбішева 130 ғылыми жұмыстың, оның ішінде 1 монография авторы. ## Шығармалары: * «Табиғат әлемінің» поэтикалық жүйесі: құрылымы мен семантикасы», 2002; * «Табиғаттану жүйелері эстетикасы», 2004 ## Сыртқы сілтемелер * [1] ## Дереккөздер
Тінәсілі Мұхтар Дөңбайұлы (25.12.1944 ж.т., Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ынтымақ а.) – экономика ғылымының докторы (2000), профессор (2007). ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі (2008). Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты (1967, қазіргі Тараз мемлекеттік университеті Мұрағатталған 21 маусымның 2011 жылы.) және КСРО Халық шаруалар академиясын (1990, Мәскеу) бітірген. Тараз қаласындағы Су шаруашылығы институтында кіші ғылыми қызметкер, Арыс-Түркістан каналы және Бөген суқоймасы құрылыс басқармасында бас инженер (1967–75), Балқаш ауданы су жүйелерін пайдалану басқармасының бастығы (1975–79), «Бақбақты» кеңшарының директоры (1979–85), Алматы облысы күріш кеңшарлары басқармасының бастығы (1985–87), Қазақ КСР-і Су шаруашылығы министрлігінің бас басқармасының бастығы, Жоспарлау комитетінде бөлім меңгерушісі, Орта Азиялық даму және ынтымақтастық банкінде департамент директоры (1987–2002), Қазақ ұлттық аграрлық университеті Мұрағатталған 22 шілденің 2011 жылы. нде кафедра меңгерушісі (2002–08) болды. 2008 жылдан Қазақ ұлттық техникалық университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. 1999 ж. «Проблемы экономической интеграции стран Центральной Азии в условиях переходной экономики» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 120-дан астам ғылыми жарияланымның, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. ## Сілтемелер * Тараз мемлекеттік университеті Мұрағатталған 21 маусымның 2011 жылы. * Қазақ ұлттық аграрлық университеті Мұрағатталған 22 шілденің 2011 жылы. ## Дереккөздер
Жармыш — Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы ауыл, Жармыш ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орналасуы Аудан орталығы — Шетпе ауылынан шығысқа қарай 25 км жерде, Маңғыстау тауларының солтүстік-шығыс баурайында, боз жусан аралас астық тұқымдас шөптесін өскен сұр, сортаң сұр топырақты шөлдік белдемде орналасқан. ## Тарихы Іргесі 1930 жылдардың бас кезінде ауыл шаруашылығы ұжымдастыруға байланысты “Бозащы” ұжымшарының орталығы болып қаланды. 1969 жылдан қаракөл қой кеңшарының орталығы болды. 1997 жылдан кеңшар негізінде 19 шаруа қожалықтары құрылды. ## Халқы ## Ауыл шаруашылығы Ауыл бойынша құрылған 25 қожалықтың 8-і және «Жармыш» ЖШС мал шаруашылығымен айналысуда. Шаруа қожалықтарында 2015 жылғы қаңтардың 1-ндегі есеп бойынша 41 бас сиыр, 982 бас қой, 420 бас ешкі, 889 бас жылқы, 230 бас түйе малдары болса, сол жылы «Жармыш» ЖШС-нде 461 бас қой, 9 бас жылқы малдары бар. Ауылдағы жеке тұрғындар есебінде 1 қаңтар 2015 жылғы жағдай бойынша қой-ешкі 5273 бас, сиыр 520 бас, жылқы 1269 бас, түйе 1203 басты құрады. ## Инфрақұрылымы Жармыш орта мектебінде 2014-2015 оқу жылына 1-11 сыныптардағы оқушылар саны - 383 құрады. Маңғыстау ауданы әкімінің 2013 жылғы №181 қаулысына сәйкес селода 80 орындық «Еркетай балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылып, жұмысын бастады. 2013 жылы жаңа амбулатория пайдалануға берілді. Ауылдғы орта мектепте 1 спорт залы, 1 шағын спорт алаңы бар. Жанашыр кәсіпкерлер көмегімен күрес залы жасақталып, пайдалануға берілді ## Транспорты Ауылдың солтүстік жағынан Сайөтеш — Бозащы су құбыры өтеді. Одан Жармышқа су құбыры тартылған. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Ауыл суреттері * * * * * ## Дереккөздер
Анаркөл — Ақмола облысы Аршалы ауданындағы көл, Анар темір жол стансасынан және Анаркөл ауылынан батысқа қарай 2 км жерде орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 5,25 км2, көлемі 15,75 млн. м3, орташа тереңдігі 3 м. Көл табаны сазды-тұнбалы. Жағалауында қамыс өседі. Су құстарынан аққу, үйрек, қаз, қасқалдақ, т.б. құстар мекендейді. Суында оңғақ, мөңке балықтары тіршілік етеді.
Желеу Жақыпұлы (1904, Ащысай ауылы – 1970, Кентау қаласы) – ақын, әнші, жыршы. Қаратаудың теріскейі мен күнгейін, Сыр бойын көп аралап, ел аузындағы жыр-дастандарды жаттаған. Нұралы Нысанбайұлы, Мұса Байзақұлы (Молда Мұса), Сұлтанбек Аққожаевтан көптеген эпостық шығармалар үйренген, оны кейін қағазға түсіріп, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына өткізген. Ж. жинақтаған «Алпамыс батыр» жыры көптеген ғылыми жұмысқа негіз болды. Ақын өз өлеңдеріне Кентау, Ащысай еңбеккерлерінің өмірін, туған жер табиғатын арқау еткен. Облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысқан. ## Дереккөздер
Байқоңыр – Торғай алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы арқылы өтеді. Ұзындығы 235 км, алабының ауданы 4940 км². ## Бастауы Ұлытау жотасынан бастау алатын Құрамбай және Ақтас өзендері қосылған жерінен Байқоңыр деп аталады. Бас жағында төбелер арасымен, Қурайлы өзенінің құйылысынан төмен белесті жазықпен ағып, Шұбартеңіз көліне құяды. ## Гидрологиясы Аңғарының ені 50 м-ден 2 км-ге дейін жетеді, орташа су ағыны 0,85 м³/с. Байқоңырға ұзындығы 10 км-ден астам 77 сала құяды. Өзен жер асты және қар суымен толығады. Наурыз, сәуір айларында тасиды. Суы тұщы, ал жазда суы тартылған кезде сортаң тартып, ащыланады. ## Дереккөздер
Накисбаев Владимир Иванович (29.1.1951 жылы туған, Ресей, Примор өлкесі, Артемов ауданы Кневичи с.) – әскери қайраткер, генерал-майор. Қазақ химия-технология институтын (1973), Мәскеу гуманитарлық институтының филиалын (2002) бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Қаратау кен-химия комбинатында электр слесарьларының бригадирі болып бастаған. 1974–76 жылдары «Қазхимремстроймонтаж» тресінің 1-жөндеу-құрылыс монтаж басқармасының инженері, бөлім бастығы болып істеді. 1977–87 жылдары Қазақ КСР Министрлік Кабинеті жанындағы МҚК-нің Шымкент облысы басқармасының үкіметтік байланыс бөлімінің инженері, уәкілетті өкілі, аға уәкілетті өкілі, 1988–95 жылдары осы басқарманың Батыс Қазақстан облысындағы өкілі болды. 1999 жылдан ҚР ҰҚК-нің Оңтүстік Қазақстан облысы департаментінің бастығы. 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», т.б. көптеген медальдармен марапатталған. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері» (2003), «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» (2004). ## Сілтемелер
Уақатов Бекмұрат (29.11.1932, Павлодар облысы Лебяжье ауданы Қорт а. – 20.12.1984, Алматы қ.) – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы (1975). ## Өмірбаяны * ҚазМУ-ды (1954, қазіргі ҚазҰУ) және осы университеттің аспирантурасын (1957) бітірген. * «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында (1957–58) * Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер (1958–82), бөлім меңгерушісі (1982–84) қызметтерін атқарған. ## Ғылыми еңбектері * «Қазақтың халық өлеңдері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Уақатовтың ғылыми еңбектерінің негізгі тақырыбы қазақ фольклорының мәселелеріне («Жоғары кластарда көркем шығарманы талдау», 1965; «Таланттар, туындылар», 1969; «Қазақтың халық өлеңдері», 1974; «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы», 1983, т.б.) арналған. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Қазақ фольклорының тарихы және оның зерттелуі
Жемісті — Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауыл, Жемісті ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Сарыағаш қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 16 км-дей жерде, Ханарық өзенінің оң жағалауында. ## Халқы ## Тарихы 1959 жылы құрылған Сарыағаш жеміс, бау-бақша кеңшарының құрамында болды. Кеңшар негізінде шаруа қожалықтары құрылды. ## Инфрақұрылымы Орталау мектеп, дәрігерлік пункт, т.б. мекемелер жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Ақбикеш мұнарасы – Қаратаудың батыс сілемдеріндегі Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфар-намесінде» («Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389 – 90 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Осы күнге дейін жеткен әр түрлі аңыздарда мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады. Мұнара жартас арасын ірі қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. Мұнараның ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі солтүстік-шығыс жаққа қараған. Мұнара композициясы өзгеше. Шикі кірпіштен салынып, орта ғасырдан бүгінге дейін жеткен бұл мұнараның Қазақстан сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше. ## Дереккөздер
Оңалбек Налеев (1942 жылы туған, Созақ ауданы) – ғалым, техникалық ғылымдарының докторы (1993), Халықараралық энергоинформатика академиясының, ҚР ауыл шаруашылығы академиясының академигі, ҚР Жоғары мектеп академиясының корреспондент мүшесі. Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі (қазіргі Тараз мемлекеттік университеті) институтын бітірген (1964). 1965–66 жылдары Семей қаласында жұмыс істеді. 1966–71 жылдары Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында; 1971 жылдан аталмыш институттың Алматы бөлімінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор; 1974–86, 1994–95 жылдары технология факультетінің деканы, 1995 жылы бірінші проректор қызметтерін атқарды. Оңалбек Налеевтің 180 ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстары, 2 оқу құралы жарық көрген. «Өндірістік технология және сервис» ғылыми журналының ақылдастар алқасының мүшесі. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * ҚазИТУ-дің құрылымы Мұрағатталған 5 наурыздың 2016 жылы. * Энергоинформатика * Өндірістік технология және сервис
Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев (19.6.1855 жылы, Орынбор – 5.2. 1933 жылы, Ташкент) – фольклорист, этнограф. Орынбор кадет корпусын бітірген (1876). Түркістан әскери губернаторы қарамағында тілмәш болды. 1833 жылдан бастап Сыр бойын, Әмудария бойы мен Хиуа өлкесін, Оңтүстік Қазақстанды аралап, қазақ халқының ертегілерін, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын, жыр үлгілерін жинады, әдет-ғұрпымен, тұрмысымен танысты. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында және Орта Азия университетінің шығыс факультетінде дәріс бере жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырды. 1920 жылдан Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғылыми комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасаған экспедицияларды басқарды. Диваев ғылыммен шұғылданған елу жылдық (1883 – 1933) өмірінде қазақ халқының бесік жырын, беташарын, құдалық салтын, күлкі-сықақтарын, дастандарын, т.б. қамтитын 100-ден аса еңбек жариялады. Ол, әсіресе, қазақтың эпикалық жырларын («Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Ер Сайын», «Едіге», «Бекет батыр», «Шора», «Қамбар», т.б.) жинап, баспаға әзірледі. Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этнографиялық материалдар жинады. Диваевтың ғылымға сіңірген еңбегін П.М. Мелиоранский, В.А. Гордлевский, В.В. Бартольд, т.б. ғалымдар жоғары бағалады. ## Дереккөздер
Бұрхан Әметшаев (1908, Созақ ауданы, Қайнар ауылы – 1964). Социалистік Еңбек Ері (23.7.1948). Қоңырат тайпасының Құлшығаш руынан шыққан. Еңбек жолын 1930 жылы жұмысшы болып бастаған. 1935 жылдан «Қайнар», «Сызған» ауылдарында жылқышы болды. Ол жылқы шаруашылығын өркендету ісіне ерекше еңбек сіңірген жан. ## Дереккөздер
Әбіләш Нарбаев (1913, Түркістан ауданы Сауран ауылы – 1965) – Социалистік Еңбек Ері (1957). 1934 жылдан Талап ұшымшарында учаскелік агроном, Байырқұм кеңшарының, 1952–57 жылдары Абай атындағы кейін Красная звезда ұжымшарларының басшысы болды. Осы жылдарда Мәскеу қаласындағы халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне тұрақты қатысып, көрменің алтын, күміс және қола медальдарын жеңіп алды. 1954 жылы Ташкент қаласында өткен Ортатық Азия республикалары мен Қазақстан мақташыларының кеңесіне, 1958 жылы кеңшар басшыларының республикалық кеңесіне және Мәскеудегі Кремльде өткен мақташылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысты. ## Дереккөздер
Матвей Мойсеевич Розманов (1902, Канск – 23.5.1981, Алматы) – ғалым, экономика ғылымдарының докторы (1970), профессор (1971), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген экономисі (1967). Иркутск мемлекеттік университетін бітірген (1926). 1926 – 29 жылдары Алматы облыстық соты жанындағы қорғаушылар алқасының мүшесі, 1930 – 40 жылдары Қазақ КСР-і сауда минстрлігінде жауапты қызметкер, 1953 – 63 жылдары ҚазМУ-де, 1963 – 81 жылдары Алматы халық шаруашылық институтында оқытушы болды. 1960 жылы Розмановтың басшылығымен Қазақ КСР-і жоғары оқу орындары жүйесінде “Сауда экономикасы” атты тұңғыш кафедра ашылып, оның жетекшілігімен 30-дан астам кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. 100-ден астам еңбек, соның ішінде бірқатар монографиялар мен оқу құралдарының авторы. ## Дереккөздер
Илья Дмитриевич Жерносеков (1922 жылы туған, Литва, Швенченас қаласы) – Cоциалистік Еңбек Ері (1961). 1945 – 51 жылдары Швенченас өндіріс комбинатында жұмыс істеді. 1951 жылдан Ащысай полиметалл комбинатының Мырғалымсай кенішінде бұрғылаушы болды, кешенді бригаданы басқарды. ## Сілтемелер
Махан Нарымбаев (1923 жылы туған, Түркістан ауданы Атабай ауылы) – Социалистік Еңбек Ері (23.7.1948). 1942–43 жылдары Қызыл Армия қатарында 2-дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1944–52 жылдары Қызыл ту ұжымшарында басқарма хатшысы, ферма есепшісі, жылқы фермасының меңгерушісі, басқарма төрағасы, 1953–55 жылдары Бостандық ұжымшарында ферма меңгерушісі, 1956–62 жылдары Ұранғай ауылдық кооператив дүкенінің меңгерушісі, 1962–66 жылдары Түркістан ауданындағы ұжымшарда шопанның көмекшісі болып істеді. ## Дереккөздер
Жосалы халық театры, Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, мәдениет үйі жанынан құрылған. 1975 жылы халық театры атағына ие болған. Жосалы халық театрының репертуарында Қ.Жансүгіровтың “Кек”, О.Бодықовтың “Арман азабы”, Қ.Мұхамеджановтың “Қуырдақ дайын”, “Үйленгім келмейді”, Т.Ахтановтың “Қанжар мен домбыра”, С.Шаймерденовтың “Дөкей келе жатыр”, Н.В. Гогольдың “Ревизор”, С.Жүнісовтің “Ажар мен ажал”, т.б. спектакльдер бар. Соңғы жылдары театр сахнасында М.Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы”, З.Қыстаубайұлының “Аспиранттың ақ шымылдығы”, М.Хасеновтың “Пай-пай, жас жұбайлар”, Иран Ғайыптың “Қорқыттың көрі” спектакльдері қойылды. Сондай-ақ, Жосалы халық театрында қуыршақ үйірмесі құрылып, “Алдаркөсенің айласы”, “Қойшы, аю, түлкі”, “Сиқырлы мысық”, “Неміс ертегісі”, “Тышқандар тартысы”, А.С. Пушкиннің “Алтын балық” ертегілері жас көрермендердің назарына ұсынылды. Жосалы халық театры жанында әзіл-сықақ отауы жұмыс істейді. ## Сілтеме
Жер жаңғақ (Arachіs) – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Майлы дақыл. Ж. – ылғал және жылу сүйгіш, бір жылдық жаздық дақыл. Өсіп-өну кезеңі 120 – 150 күн. Биіктігі 25 – 75 см, түзу сабақты немесе төсемелі сабақты, бүйірінен өскен өркендері бар. Тамыр жүйесі мықты, тереңге (180 – 190 см) кетеді. Гүлі сары не сарғылт түсті, гүл шоғыры жапырақ қолтығында орналасқан. Жемісі 1 – 7 тұқымды бұршақ. Оның құрамында орта есеппен 42% май, 22% белок және 12% көмірсу бар. Әдетте, әр өсімдікте 600 – 700 жеміс болады. Гектарынан 9 ц-дей тұқым, 20 – 50 ц құрғақ шөп алынады. Жемісінен алынған майы тамаққа, кондитер өнеркәсібінде пайдаланылады. Сабағы мен жапырағы малға жемшөп. Ж. басқа бұршақ тұқымдастары сияқты жерді құнарландырады. Өсімдік ауруларымен және зиянкестерімен сирек зақымданады. Ж. Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы аудандарында өсіріледі. ## Сілтемелер
Қожамұрат Нарымбетов (1930 жылы туған, Шәуілдір ауданы Овцевод ұжымшары) – Социалистік Еңбек Ері (12.7.1949). 1944–53 жылдары Овцевод ұжымшарында аға шопан, 1953–58 жылдары қой фермасының меңгерушісі, 1958–62 жылдары Арыс кеңшарында жұмысшы, 1963 жылдан Қызылқұм ауданындағы Талапты кеңшарында жүгері өсірушілер бригадасының бригадирі болды. ## Дереккөздер
Андықожа батыр (2001 ж. дейін – Донское) — Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы ауыл, Донской ауылдық округі орталығы. Іргесі 1954 жылы қаланды. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Степняк қаласынан солтүстікке қарай 45 км жерде. ## Халқы ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, кафе, сауда орталығы, МТС, шаруа қожалықтары бар. Ең жақын темір жол стансасы 64 км жерде орналасқан. ## Дереккөздер
Үлебай Анетов (1886 жыл — 1966 жыл) — Қорғалжын өңірінде ақындық, әншілік, серілік өнерімен аты шыққан адам.Арғын Қуандық Тінәлі руынан шыққан. Қазақ жігіті Дүйсеннің орыс қызы Марияға ғашық болуының куәсі болып, атақты «Дударай» әнін шығарғандығы жөніндегі тарихи шындықтың беті кейінгі жылдары ашыла бастады. ## Дереккөздер
Базарбек Әмірбеков (1938 жылы туған, Сайрам ауданы, Құрлық ауылы) – еңбек ардагері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1975). Еңбек жолын 1955 жылы Сайрам ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшарда бастаған. 1972 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін «Қайнарбұлақ» кеңшарында жұмыс істеді.
Әміртай Дарушұлы Нәлібаев (2.5.1941 жылы туған, Отырар ауданы Темір станциясы) – жоғарғы дәрежелі дәрігер-психиатр. Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген (1967). 1958 жылы орта мектепті бітірген соң ауданы ауруханада 2 жыл жұмыс істеген. 1967–84 жылдары Қызылорда облысы Жаңақорған санаторийінде дәрігер, Алматы облысы рухани денсаулық диспансерінде дәрігер-психиатр, бөлім меңгерушісі болды. 1984–99 жылдары Алматы облысы наркология диспансерінің бас дәрігері. 1999 жылдан бері Алматы облысы рухани денсаулық және ішімдік-есірткі аурулары орталығыныңның бас дәрігері. Денсаулық сақтау ісінің үздігі (1982). ## Сілтемелер
Анар — Ақмола облысы Аршалы ауданындағы темір жол бекеті, Анар ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Аршалы кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 24 км, Анаркөл көліне жақын жерде орналасқан. ## Тарихы Іргесі 1932 жылы қаланды. ## Халқы ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, кітапхана, клуб, дәрігерлік амбулатория, «ХПП - Анар» ЖШС бар. Ауыл маңынан Алматы — Екатеринбург автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер
«Ақдала» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны 1964 ж. құрылған. Түркістан облысы Арыс ауданы Ақдала ауылдық округінде орналасқан. Мемлекеттік меншіктегі бұл кәсіпорын асыл тұқымды қаракөл қойын өсіреді. Мал шаруашылығымен қатар мақта, бидай, бақша, көкөніс өсірумен де айналысады. Кәсіпорында 265 адам жұмыс істейді. ## Сілтемелер
Мақсұт Елтайұлы Әгелменов(1958 жылы туған) – химик ғылымдарының докторы (2004), профессор (2004). Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген(1980). 1980–1983 жылы осы университте оқытушы, 1983–1985 жылы КСРО Ғылым Академиясының Физикалық институтының люминисценция лабораториясында стажер-зерттеуші, 1988 жылдан Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтында инженер, аға ғылым қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. 60 ғылыми еңбектің, оның ішінде 1 монографияның авторы. ## Сыртқы сілтемелер * Қарағанды Мемлекеттік Университеті Мұрағатталған 18 желтоқсанның 2010 жылы. ## Дереккөздер
Хара Бадырлары, харофиттер (Charophytae) — балдырлардың бір типі. Хара бадырларын жасыл балдырлардан шыққан деп есептейді. Силур кезеңінен белгілі. Барлық құрлықтарда (Антарктидадан басқа) кездеседі. 1 класы (Charophyceae), 1 қатары (Charales), 3 тұқымдасы: нителла (Nіtellaceae), нителлопсис (Nіtellopsіs) және хара (Characeae) бар. 314 түрі анықталған, соның 40 түрі, 2 түраралық формасы Қазақстан суларынан табылған. Хара бадырлары — биікт. 5 — 10 см-ден 1 — 2 м-ге жететін, тік өсетін, көп клеткалы, талломды тұщы су өсімдіктері, су түбінің топырағына бекініп, қалың ну түзіп өседі. Кейбір түрлері сыртқы құрылысы жағынан жоғары сатыдағы өсімдіктерге (қырықбуынға, мүйізжапыраққа) ұқсас. Түсі жасыл, ашық жасыл, кейде әктаспен қапталып, сұрғылт жасыл болып көрінеді. Олардың талломының сабаққа ұқсас бөлігі буынға және буын аралығына бөлінген. Буындарында 8 — 11 жапырақшалары болады. Тамырдың қызметін көптеген түссіз ризоидтері атқарады. Кейбір түрлерінің ризоидтерінде домалақ, жұлдызша тәрізді крахмалға бай “түйнекшелері” болады. Сабағы сыртынан көп клеткалы қабықпен қапталған. Хара бадырлары вегетативті (ризоидтеріндегі түйнекшелері, “сабақ” буындарының бөлінуі арқылы) және жынысты (оогамия) жолдарымен көбейеді. Аталығы (антеридий) 0,5 мм, домалақ, шар тәрізді, қызыл сары түсті, аналығы (оогоний) ұзындығы 0,5 — 1 мм, сопақша келген, жұмыртқа тәрізді. Хара бадырлары балықтар мен су құстарының негізгі азығы. Хара бадырларын буын аралығындағы ірі клеткаларды цитололгиялық зерттеу үшін пайдаланады.
Саржан сұлтанның көтерілісі (1825 — 36) — Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Хандық биліктің жойылуына байланысты окр. және шекаралық ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады. Көтерілістің шығуына Солт. Қазақстандағы суы мен жайылымы мол Есіл өз-нің бойындағы жерлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі де қатты әсер етті. Саржанның Қытайдағы Цинь үкіметімен қарым-қатынас орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Ол інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарында халықты ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 ж. Қарқаралы окр-не қарасты Қарпық болыстығы қазақтарының көтеріліске шығуына ұйытқы болды. Қарулы жасақтар Саржан сұлтанның басшылығымен окр. приказдарға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билік орындарын әбігерге түсірді. Жасақтар қатарында Саржанның інісі Кенесары да болды. 1826 ж. 31 қаңтарда Бат. Сібір ген.-губернаторы П.М. Капцевичтің бұйрығына сәйкес жіберілген 200 казактан жасақталған жазалаушы жасақпен Саржан бастаған көтерілісшілер арасында шайқас болып, көтерілісшілер жеңіліс тапты. Бірқатар көтерілісшілер тұтқынға түсті. Қудалаудан құтылу үшін Саржан өз қол астындағы көптеген ауылдармен Орынбор шебіне қарай көшіп, Кіші жүз қазақтарын өз жағына тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Соған орай Орынбор ген.-губернаторы Саржан сұлтанды Кіші жүздегі “барлық мазасыздыққа басты кінәлі” деп бағалап, оның мұндай әрекетіне тосқауыл қоюға әрекеттенді. Бұған қарамастан көтерілісшілер қатарына Кіші жүз қазақтарымен қоса қашқын орыс, татар, башқұрттар да қосылды. Саржан Қоқан, Хиуа хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатты. Саржан жасақтары барған сайын жаңа көтерілісшілермен толығып отырды. Оның жасақтарының бірін басқарған сұлтан Абылай Ғаббасов Қарқаралы окр-не жорықтар ұйымдастырды. Көкшетау окр-нде сұлтан Сартай Шыңғысов Саржанға қолдау білдіретіндігін танытып, ондағы халық көтерілісіне басшылық жасады. Отаршылдық әкімш-ке жағымпаздануымен ерекшеленген Қарқаралы окр-нің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілісшілердің талқандалуына ынталылық танытып, патша әскеріне көмектесті. Саржан 1832 ж. Қоқан хандығының Ташкент құсбегімен патша өкіметіне қарсы бірлесе күресу жөнінде келісім жасап, Ұлытауға, Сарысу өз. бойына келіп қоныстанды. Қоқандықтардың қолдауымен бірнеше рет Орта жүз жеріне жорық жасады. Ол Ташкент құсбегіне бағынышты Ұлы жүз қазақтарын да өз жағына тартуға тырысты. Бұл өз кезегінде Саржанның қоқандықтармен жанжалына негіз болды. Ташкент құсбегі 1836 ж. жазда Саржанды және оның інілері Ержан мен Есенгелдіні, сондай-ақ оны қолдаған бірқатар белгілі батырларды Ташкентке алдап шақырып зұлымдықпен өлтіртті. Саржанның өлімінен кейін Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрес оның інісі Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ұласты. ## Пайдаланылған cілтемелер
Аралтөбе – Елікті тауының оңтүстігінде орналасқан тау. Атауы - «Арал» мен «төбе» сөздерінің қосылуынан пайда болған. Атауының мағынасы: «Арал сияқты жазық жерде орналасқан шоқылар» - дегенді білдіреді. ## Географиялық орны Ақмола облысы Зеренді ауданында орналасқан. ## Дереккөздер
Бәдеуилер немесе Бәдеуиндер (араб.: بَدَوِيُّون‎ немесе араб.: بَدَوِي,‎) - шөл даланы мекендеушілер. Алдыңғы Азия мен Солтүстік Африкада көшпелі тұрмыс кешкен малшы арабтар. Араб тілінде сөйлейді, араб графикасымен жазады. Мұсылмандар (сүнниттер, абадиттер немесе ибадиттер), уақапшылдар). Ежелгі тайпалық байланыстары сақталған. Дәстүрлі кәсібі: көшпелі мал шаруашылығы (негізінен, түйе өсіру), суармалы егіншілікпен (бидай, қара бидай, арпа, дурра, сұлы, ірі бұршақ) айналысады. Мұнай, алтын (Медина ауданы) өндірісінде, порттарда жұмыс істейді. Көшпелі, жартылай көшпелі бәдәуилер төрт бұрышты киіз шатырларда, отырықшылары каркасты-бағаналы үйлерде тұрады. Кең ақ көйлек, түйе жүнінен тоқылған шекпен аба, аяқтарына ниаль киеді, бастарына орамал (куфия, сумада) салады. Материалдық жағдайына байланысты әйелдері шыныдан, темірден жасалған сақина, алқа, мұрындарына әшекей тағады. Қыздары маңдайларын, иектерін, кейде беттерін, еріндерін, кеуделерін, аяқтары мен табанын көк бояумен бояп жүреді. Қалалық жерлерде еуропалық киім үлгісі кең тараған. Ұлттық тағамы: бидай, қарабидай, арпа ұнынан илеп пешке пісірген таба нан, бургуль; сусындары - кофе. Тамақты қолмен жейді. Ауыз әдебиеті өте бай. Әнді раба (әрбаба) аспабының сүйемелдеуімен айтады. Еуропа әдебиетінде ірі қара өсіруді егіншілікпен ұштастыратын жартылай көшпелі арабтарды да Бәдеуилер деп атайды . ## Дереккөздер
Қордай ауыл шаруашылығы колледжі – мемлекеттік оқу орны Қордай ауданының Ырғақтыби ауылында орналасқан. 1957 ж. Аңырақай темір жол станциясының маңында Қордай жотасының солтүстік сілемінің шатқалында орман шаруашылығын механикаландыру жөнінде училище құрылады. 1964 ж. ол Ырғайты кеңшарының орталығына көшіріледі де Ырғайты кеңшар техникумы атанады. Мұнда техникумның оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік көп еді. Бұрын осы жерде уран өндіріліп келген кен орны жабылады да өндірістік және тұрғын үйлер босап қалады. Олар оқу орнына беріледі. Мұнда орта буын маман механиктер, зоотехниктер, ветеринарлық техниктер даярланып келді. Қазір оларға қоса нарықтық қатынастарға лайық мынадай мамандықтар даярлануда: агроном, ауыл шаруашылығын механикаландырудың инженерлері, сондай-ақ, аудит, кеден ісі, және т.с.с. Техникумның көптеген түлектері білімдерін жоғары оқу орындарында жалғастырып, білікті маман ретінде ауыл шаруашылығының түрлі саласында жемісті еңбек етуде. Кеңшар, ұжымшарларды басқарды, бірқатары нарықтық салада қызмет етіп, басқару органдарында жұмыс атқарып, өздерін қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсетіп жүр. Солардың ішінде бұрынғы кеңшар техникумының түлегі С.Ә. Үмбетов –Жамбыл облысының әкімі. Колледждің директоры – Б.Рысбеков ## Сілтемелер
Баяттар, баиттар (моңғ. Баяд) — халық. Моңғолияның Убсунур аймағын мекендейді. Жалпы саны – 45 мыңдай адам (1995 жыл). Моңғол тілінің баят-халка диалектісінде сөйлейді. Баяттар этнонимі XIII ғасырдан белгілі. XVII ғасырда баяттар дүрбіттермен бірге Жоңғар хандығының құрамына кіріп, хандық жойылғаннан кейін қазіргі қоныстанып отырған жерінде 10 хошуннан тұратын жеке әскери әкімшілік құрған. Негізгі кәсібі - мал шаруашылығы Көбіне қой мен жылқы өсіреді. Егіншілікпен де айналысады. Баяттар соңғы жылдарға дейін тілін, мәдени бірегейлігін сақтап келді. Діни сенімі мен тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарында моңғолдармен ұқсастық басым. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Саржауы (лат. Trichanthemis) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Қаратау, Жетісу (Жоңғар), Іле, Қырғыз Алатаулары, Батыс Тянь-Шань тауларының қиыршықтасты беткейлерінде өсетін 5 түрі бар. Олардың биікт. 5 — 44 см, сабағы тік, сыртын түк басқан. Қанат тәрізді тілімденген жапырақтары кезектесе орналасқан. Гүлдері қосжынысты. Гүлсебеті дара гүлді, күлтесі сары, ақ, ақшыл-қызыл түсті болады. Мамыр — шілде айларында гүлдеп, маусым — тамызда жеміс салады. Тұқымшалары біркелкі, сыртын түк басқан, онда ұзына бойына созылған жіктер (5 — 8) анық байқалады. Айдары тәж тәріздес, түбіне дейін тілімденген 4 — 12 ұзынша не дөңгелек қабыршақтардан тұрады. Саржауыдың 1 түрі — әулиеата саржауы қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. ## Пайдаланылған cілтемелер
Өлі жұрнақ – көне тілде белсенді қолданыс тапқан, қазір сөз тудыру қабілетінен айырылып, жеке-дара жұм-салмайтын тұлға. Өлі жұрнақ жылысу, сіңісу құбылыстарының нәтижесінде өзге жұрнақтардың құрамдас бөлшектеріне айналған, тұлғасы сақталғанымен, өзге грамматикалық мағына білдіретін қосымша саналады. Мысалы, -ыңқы (-ың+қы), -іңкі (-ің+к), басыңқы, көтеріңкі; -қылықты (-қы+лық+ты), -ғылықты (-ғы+лық+ты), тыңғылықты, қызғылықты; -қы (-қы+н), -кін (-кі+н), ұшқын, көшкін, т.б. Өлі қосымша -нч, -үнч көне түркі тілінде етістік түбірлерімен мағыналық жағынан үндесіп, зат есімдер туғызған: сақынч, қорқынч. Өлі жұрнақтың -т үлгісі іс-әрекеттің нәтижесін білдірген: сығыт (жылау), өлүт (әлім), ол қазіргі тілімізде кездесетін іркіт, сарқыт, бөгет, сырқат сөздерінің құрамында да кездеседі. -Қы, -кі, -қу, -кү, -гу, -гү, [тапынғу (табыну), йукүнгу (жүгіну), бынгу (пышақ), сүңгү (сүңгі), утурғу (отырғыш)] аффикстері ескерткіштер тілінде зат есім де, сын есім де жасаған. Қазіргі қазақ тіліндегі айғақ, ілгек, ескек (-қақ, -ғақ); кескін, қашқын (-ғұн, -гүн, -қын, -кін); қуырдақ, тастақ (-дақ), т.б. сөздердің құрамында Өлі жұрнақтар сақталып қалған. Кейбірінің фонетикалық өзгеріске ұшырағаны болмаса, Өлі жұрнақтардың көбі бұрынғы қолданылу заңдылығын сақтаған. ## Дереккөздер
Сабытай батыр (туған-өлген жылы белгісіз) – батыр. Кіші жүз Адай руынан шыққан. Кіші жүз қазақтарының “Сауран айналған” оқиғасы тұсында Ер Жәнібектің жоңғарларға қарсы қимылын белсене қолдады. Бұдан кейінгі кезеңде Бұланты-Білеуті, Сарысу, Шорға, Қандысу, Аңырақай, Шар, Баянауыл, т.б. соғыстарға қатысып, Әбілқайыр ханның сыртқы саясатын қолдады. Бірақ, 1740–1750 жылдары Кіші жүз хандығының іргесіне Орынбор бекінісі салына бастағанда оған алаңдаушылықпен қарады. Қазақ жерлерінің тұтастығы жолында түрікмен жасақтарымен болған бірнеше шайқастарда қазақ қолына басшылық жасаған. ## Сілтемелер * Ер Жәнібек * Сауран айналған * Кіші жүз ## Дереккөздер
Қарағанды – Қаракеңгір алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ұлытау облысы Ұлытау ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 54 км, су жиналатын алабы 721 км2. ## Бастауы Бастауын Құрманбай қыстауының шығысындағы бұта шоғырларындағы бұлақтардан алып, Бозтұмсық ауылынан төменде Мақат қыстауы маңында Қаракеңгір өзеніне оң жағынан құяды. ## Гидрологиясы Жоғарғы арнасы сайлы-жыралы өңірмен өтеді, орта және төменгі арнасы кеңейіп, жағалауы жайпақталады. Көктем айларында 15 – 20 күн ағын болады. Жылдың басқа мезгілінде құрғап, қарасуларға бөлініп қалады. Алабы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Саржомарт— Орта жүз Найман тайпасының руы. ## Шежіре Найманның тағы бір үлкен елі Сарыжомарт, Сары мырза еліне қаһарман, жомарт болғаннан кейін Сары атына Жомарт жұрнағы қосылып Сарыжомарт атанды Жоғарғы Сарыжомарттың бәйбішесінен - Қаратай және тоқалдың төрт баласы - Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз. Бұл төртеуі нағашысы Уақ ішіне кетіп, күні бүгін ергенекті уақ атанып кетті. Оның себебі, Саржомарттың нәсілі Ергенек таңба салып: Ергенекті Найман аталды. Сол себептен бұлар Ергенекті деді. Бірақ халықтың көбі оларды Уақ деп кетті. Саржомарттың інісі Сармантай батыр ерте қайтыс болып балалары Саржомарт бабаның қолында өскен олар - Бура және Көкжарлы. ## Бөлінетін рулары Ергенекті-Сарыжомарт: * Көкжарлы * Қаратай * Бура руы Сарыжомарт: * Бораншы * Сарғалдақ * Шоңмұрын * Қожас * Қожамберді * Беске * Дәулет * Шеруші * Тенеке ## Ұраны мен таңбасы Ұраны — Қаптағай, таңбасы - ай ## Тұлғалары * Фазылағзам Ақатайұлы Әлиханов * Мүбарак Ісләмұлы Әлиханов * Серікболсын Әбділдаұлы Әбділдин Бура руы * Күркебай Байдосұлы ## Пайдаланылған cілтемелер
Саржетім — Орта жүз арғын тайпасының құрамындағы ру. ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшыларының жазуына қарағанда саржетімдер көне қарлұқтардың саржетім руының бір сілемі. Бұл этноним Арғын тайпасының құрамына — саржетім, Жалайыр тайпасына — жетімек, Алшын тайпасына — саржетім, Тама тайпасына, — жетімсары, Қоңырат тайпасына — жетімдер түрінде енген. Шежіре деректері бойынша Арғын тайпасының құрамындағы Саржетім “тоқал арғын” деп аталатын бірлестігіне кіреді. Себебі шежіре бойынша Арғын атадан тараған ұрпақтары үшке бөлінеді. Ергүл анадан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек, Момын анадан Қанжығалы, Тобықты, Атығай, Қарауыл, Ақташы, Байтажы, Айнакөз анадан Тәңбісұпы (Өткірсұпы) туады. Тәңбісұпыдан Елемес, одан Есенбай, одан Ермен, одан Бөлтірік пен Шағыр. Саржетім Шағырдан шығады. Саржетімді кейде Саржігіт те деп атайды. Саржетімнен тарайтын руларды төмен шекті арғын деп санайды. Мұның себебі жылқыға Арғын руының жалпы таңбасы 00 "көз таңбасы" еңіне төмен қарай қосымша сызық тартуымен байланысты. Шежіре бойынша Саржетімнің әкесі Шағыр, ұлы атасы Ермен батыр. Саржетімнен Ағлан (Апай) мен Жолдыбай туады. Жолдыбайдан Сүгір мен Жиенбет рулары тарайды. Ағланнан: Ақымбет, Бегімбет, Шымболат және Жауғашты аталары тарайды. Ақымбеттен Құлқай руы, Бегімбеттен Өтей руы, Жауғаштыдан Мадияр, Алдияр (Таз), Шымболаттан Есіргеп, Байсары, Қойсары, Жансары, Бәйгелді деген рулар тарайды. Қоныстанған мекендері Қостанай облысына қарасты Обаған, Торғай өзендерінің бойында орналасқан жайылымдары. Саржетімнің кіндігінен шыққан атақты ру басы, батыр, билер: Жауғаштыұлы Мадияр би, Бегімбетұлы Өтей батыр, Алдиярұлы Қарабалуан батыр, Өтейұлы Бекбаулы би, Сүгірұлы Мешітбай, Балқанұлы Шоқай би, Қарабалуанұлы Барақ батыр, Жанұлы Жазы би (тарихта Язы Янов атымен белгілі), Сұлтанкелдіұлы Қалыбай батыр, сонымен қатар Міржақып Дулатұлы, Сейдазым Қадырбайұлы, Мырзағали Есполұлы, Таутан Арыстанбеков, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Абайділда Бекжанов, Едірес Сейілов, Ілияс Омаров, Асқар Закарин, Ерік Асанбаев, Нығметжан Есенғарин, Әлібек Қасымов, Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау Байзақов, Сәбит Байзақов, Абай Байтоғаев және тағы да басқалар. Таңбасы Арғынның "көз таңбалысы" дөңгелегінінің (ОО) жоғарғы жағынан сызық тартумен ерекшеленеді. Ұраны- Ақжол. ## Тұлғалар * Шоқай би Таз (Алдияр) * Ілияс Омаров * Мәлік Сабырұлы Фазылов * Салимжан Фазылұлы Ғалиев ## Дереккөздер
Бағдат Құлтайұлы Әміреев (1.3.1959 жылы туған, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы) – дипломат. ## Өмірбаяны * Душанбе мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітірген (1981). * 1981 – 1996 жылдары Йемен, Ливан мемлекеттерінде тілмаш * Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушы * Сыртқы істер министрінің басқарма бастығы * Ирак мемлекетінде тілмаштық қызметтер атқарған. * 1996 – 2002 жылдары Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн мемлекеттерінде Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі; * 2002 жылдан Қазақстан Республикасының Мысыр еліндегі төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет істейді. * 2003 жылдың мамыр айындан бастап 2008 жылдың 12 шілдесіне дейін — қосымша Қазақстан Республикасының Ливия мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі. * 2008 жылдың 12 маусымдан бастап 2010 жылдың 7-ші қазан айына дейін — Қазақстан Республикасының Түркия еліндегі төтенше және өкілетті елшісі. * 2008 жылдың 11 қарашадан бастап 2010 жылдың 7-ші қазан айына дейін — қосымша Қазақстан Республикасының Албания еліндегі төтенше және өкілетті елшісі. * 2011 жылдың 1 ақпандан бастап 2018 жылдың 10-ші қыркүйегіне дейін — Қазақстан Республикасының Иран еліндегі төтенше және өкілетті елшісі * 2018 жылдың 3 қыркүйектен бастап осы күнге дейін — Түркі кеңесінің Бас хатшысы. Қазақ, орыс, ағылшын, парс, тәжік тілдерін біледі. ## Марапаттары ## Дереккөздер