text
stringlengths
3
252k
Әбдірейім Өміров (5 мамыр 1955 жыл) – әнші-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1998 ж.) 1972 ж. орта мектепті бітіріп, Республикалық эстрада студиясын (1977-79), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (1996) бітірген. Көп жылдар Жаңақорған аудандық мəдени бөлімінде əр түрлі қызметтер атқарды. 1999-2001 жылдары Жаңақорған ауданы мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Жаңақорған аудандық Əлшекей атындағы өнер мектебінің (2001-2009) директоры. Өміров Əбдірейім Бүкілармиялық, Бүкілодақтық, Республикалық байқаулардың лауреаты. Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры қойған «Қыз Жібек» операсында Бекежанның рөлін сомдаған. Ол көптеген əндердің авторы, атап айтқанда: * Қ.Аманжолов - «Ғашық едім қайтейін» * М.Мақатаев - «Сыр», «Соғыстың соңғы көктемі» * Қ.Асанов - «Махаббат жыры» * Ф.Оңғарсынова - «Сен барда» * Н.Исабаев «Əке туралы ой», «Сағыныш», «Сүйемін сені» * Д.Жолмұхаммедов «Махаббат жауңан түе». * өз сөзіне жазылған «Мəңгілік ел» т.б. көптеген əндері бар. М. Дулатовтың сөзіне жазылған «Қайда едің?» әнін «Қазақфильм» студиясы түсірген «Міржақыптың оралуы» деректі фильмінде өзі орындаған. 1993 жылы Алматы қаласында жеке концертін өткізді.
Минералды азық – малға қосымша азық ретінде берілетін табиғи және қолдан жасалынатын өнім. Жемшөпте натрий мен хлор аз болатындықтан, малды, көбіне ас тұзымен үстеме қоректендіреді. Кальцийлі үстеме қоректерге – бор, травертин, сүйек ұны, ағаш күлі, гипс, т.б. жатады. Жемшөп мөлшерінде кальций мен фосфор тапшы болса, азықтық фосфаттарды пайдаланады (фторсыз фосфат, преципитат, сүйек ұны, т.б.). Малға Минералды азықты ұнтақталған тамыржемісті өсімдіктерге, сүрлемге, жемге араластырып береді. Минералды азық құрама жемнің ішінде де болады. ## Сілтемелер * Кальций * Фосфор * Жем ## Дереккөздер
Базарбек Өсербайұлы (8.10.1924 жылы туған, қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылы - 1970 жылы) – ғалым, тарих ғылым кандидаты (1956). 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1947 жылдан Қызылорда облысы партия комитетінде хатшының көмекшісі, баяндамашылар тобының лекторы. Қызылорда педагогикалық институтының (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) тарих факултетін сырттай оқып бітірген (1950), 1956–60 жылдары Қызылорда педагогикадық институтының Марксизм-ленинизм кафедрасында доцент, 1961–63 жылдары Қарағанды политехникалық институтының СОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін зерттеген. 1963 жылдан өмірінің соңына дейін Қызылорда педагогикадық институтының ректоры. Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Сара Алпысқызы Назарбаева (туған тегі — Қонақаева; 12 ақпан 1941 жыл, Қызылжар, Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы) — қазақстандық қоғам қайраткері, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі, Қазақстанның тұңғыш бірінші ханымы. ## Өмірбаяны Білімі жоғары, мамандығы инженер-экономист. Арғын тайпасының Қуандық руының Мұрат бөлімінен шыққан. Сара Алпысқызы «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Қор көмекке зәру панасыз балаларды өз қамқорлығына алып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тұрғысына білім алып, тәрбиеленуіне мән береді. Қазақстанның бірінші ханымының бастамасымен елімізде жетім балаларды қорғау туралы Заң қабылданды. Осының нәтижесінде республиканың барлық өңірінде жетім балалар үшін отбасылық үлгідегі балалар қалашықтары құрылып, «Үміт», жасөскіндер үйлері ашылуда. Президент зайыбы республикамыздағы колледждер мен жоғары оқу орындары және училищелерде білім алып жүрген жатқан жетім балалардың жағдайларына ерекше назар ұстап келеді. Сара Алпысқызы осындай жастарға ай сайын «Бөбек» қоры арқылы қайырымдылық көмек көрсетеді. Президент зайыбы «Өзіңді өзің таны» атты балаларға рухани-адамгершілік білім беру және тәрбие беру идеясының авторы болып табылады. ### Сара Алпысқызының 70 жас толуына арналған шаралар Сара Алпысқызы Назарбаева 12 ақпан күні 70 жасқа толады. Сара Алпысқызы «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. «Өзіңді өзің таны» атты балаларға рухани-адамгершілік білім беру және тәрбие беру идеясының авторы болып табылады. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілігін дамыту, қоғам туралы және бақытты балалық шақ туралы тұжырымдама дайындаған. Назарбаева С.А. қайырымдылық қызметі үшін «Достық» орденімен, Философияда өзіңді - өзің таны және оқу мәдениетіне қосқан үлесі үшін Шыңғыс Айтматов атындағы І – дәрежелі алтын медалімен, «Юнити» халықаралақ сыйлықтың, СОС Киндердорф Халықаралық қорының алтын медалі, БҰҰ – ЮНИСЕФ халықаралық қорының ескерткіш медалі, Исхан Дограмачи Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйлығы, Халықаралық «Алтын жүрек» сыйлықтарымен марапатталған. Мемлекетіміздің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның туған күні қарсаңында өмірі мен шығармашылығы жайлы аудан орталығы мектептерінің оқушылары және ұстаздар қауымы аудандық кітапханадан мәліметтер алуда. Кітапханаың оқу залында кітап көрмесі ұсынылып, Интернет залда пресс – релиздер шығарылды және ақпараттық сағаттар мен шолулар өткізілді. ## Дереккөздер
Жаппархан Өтеген (18.5. 1938 жылы туған, Сырдария ауданы Коммунизм ұжымшары) – журналист. ҚазМУ-дың (ҚазҰУ) журналистика факултетін бітірген. 1957 – 60 жылдары аудан «Коммунизм таңы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1962 – 75 жылдары Қызылорда облыстық радиохабары және телевизия басқармасында редактор, бас редактор, 1975 – 77 жылдары облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде, 1977 – 2003 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің Жезқазған, Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Өтегеннің 3 сатиралық кітабы жарық көрген («Сол қалта», «Бір қора өсек», «Мінездер»). ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Орыс география қоғамының Түркістан бөлігі – ғылыми зерттеу мекемесi. 1896 жылы 20 мамырда ашылды. Бөлiмнiң алдына өлке ресурстарын зерттеу мақсаттары қойылды. Орыс география қоғамының Түркістан бөлігінiң ұйымдастыруы бойынша 1899–1902 ж. Л.С.Бергтiң басшылығымен Арал экспедициясын жүргiзiлдi. Экспедицияда теңiздi зерттеп, геология және зоология материалдар жинады. Бұл материалдарды өңдеуге көрнектi ғалымдар тартылды. 1903–1904 ж. Балқаш экспедицияларды ұйымдастырылды. Осы экспедициялар деректерiнiң негiзiнде Берг географияның жаңа саласы – лимнологияны негiздедi. 1902–1904 ж. В.В.Сапожников Жетiсуға саяхат жасап, Балқаш көлінен Ыстықкөл өңiрi мен Жоңғар (Жетісу) Алатауына дейiнгi аумақты зерттеп шықты. Ол Жетiсуға өсiмдiктер және жануарлар дүниесi бар жеке аудан ретiнде толық сипаттама бердi. 19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың басында экспедиция қызметi жоспарлы сипат алды, өз бағдарламалары болды, экспедициялар көбiнесе аз зерттелген немесе зерттелмеген аудандарға жiберiлдi. Жиналған материалдар негiзiнде, Н.Н.Пантусов, Н.А.Зарудный, В.Ф.Ошанин, Г.Д.Романовский, А.П.Федченко, т.б.Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның тарихы, әлеумет-экономикалық жағдайы жөнiнде мақалалар жариялады.. ## Дереккөздер ## Қосымша мәліметтер: * Шоқан Уәлиханов Мұрағатталған 28 шілденің 2011 жылы. * Орыс география қоғамы
Жеңіс Сағиұлы Өтемісов (11.9.1943 жылы туған, Түркістан облысы Отырар ауданы) – педагогикадық ғылым кандидаты(1988), профессор Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1996). Қызылорда қаласындағы балалар музыка мектебін, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы мәдени-ағарту институтын (1971) бітірген. 1959 жылдан Қызылорда қаласында балалар үйінде, педагогикалық институтта оқытушы және балалар музыка мектебінің директоры қызметтерін атқарды. 1983 жылдан М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі жанынан құрылған «Нұргүл» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қызылорда мемлекеттік университетінде музыкалық аспаптар кафедрасының меңгерушісі. 2000 жылдан «Дидар» фольклорлық-этнографикадық ансамблінің жетекшісі. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Минералды көлдер, тұзды көлдер – суының құрамы, көптеген минералды қоспалардан тұратын тұзды айдындар. Суда еріген заттардың құрамы мен сапасына қарай көлдер тұщы және минералды болып бөлінеді. Минералды көлдердің суы кермек, ащы және тұзды болады. Ауыз суға пайдаланылатын тұщы судың бір литрінде тұз 1 граммнан аспайды. Кермек сулы көлдерде 1 литрде 25 г тұз болады. Тұздылығы 25 г-нан жоғары көлдер – тұзды көлдер деп аталады. Дүниежүзілік мұхиттың орташа тұздылығы 35 грамм, яғни бір литр теңіз суында 35 г тұз болады. Тұзды көлдерде тұздылығы кейде 200 – 300-ге жетеді. Суының тұздылығы өте жоғары болғанда Минералды көлдердегі тұз кристалданып, көл түбіне шөге бастайды. Минералды көлдер жер шарының қуаң аймақтарында (шөл, шөлейт белдемінде) көбірек кездеседі. Олар ағынсыз, тұйық қазаншұңқырларда пайда болады. Минералды көлдердегі тұз шоғыры өзен, жер асты суларының, атмосфералық жауын-шашынның көлге көптеген ерітінді әкелуінің және мол буланудың нәтижесінде жиналады. Минералдылығы жоғары суда көлдің беткі тұзды қабатының температурасы жазда 40 – 500С-қа дейін қызады. Қыста кейбір көлдердің жоғарғы қабаты – 200С-та қатпайды. Суының химиялық құрамына қарай Минералды көлдер негізгі 3 топқа бөлінеді: карбонатты (содалық), сульфатты (өте ащы), хлорлы (тұзды). Көл суларында Менделеев кестесіндегі көптеген элементтер кездеседі. Минералды көлдердің тұздық құрамы географиялық белдемділікке тығыз байланысты. Тундра белдеміндегі көл суларында Sі, HCO3 иондары, орманды белдемде – HCO3, Ca иондары, дала белдемінде – SO4, HCO3, Na, K иондары, шөл және шөлейтте Cl, Na иондары кездеседі. Қазақстан көлдері суының минералдығы 0,075 г/л-ден 335 г/л-ге дейін ауытқып отырады. Көл суларының 87%-ы сульфат тобына кіреді (Балқаш, Алакөл, Теңіз, Сілетітеңіз, Құсмұрын, т.б.). Карбонатты (содалық) көлге – Құлынды даласындағы көлдер, хлорлы (тұзды) көлдерге – Каспий теңізі, Арал теңізі, Индер көлі, т.б. жатады. Минералды көлдер – көптеген шаруашылық салаларының (химия, тамақ өнеркәсібі т.б.) маңызды шикізат қоры. Минералды көлдерден ас тұзы, сода, мирабилит, хлорлы магний, бром қосылыстары, йод, бор, т.б. өндіріледі. Сульфатты Минералды көлдер балшығы медицинада қолданылады. ## Сілтемелер * Шөл * Шөлейт ## Дереккөздер
Байназар Өтепов (1.1.1903, Қазалы ауданы Жанкент ауылы – 14.11.1984, Қожабақы ауылы) – халық ақыны. Қазалыдағы мұғалімдер даярлайтын бір жылдық курсты бітірген (1920). 1920 – 40 жылдары бастауыш мектепте мұғалім, 1941 – 47 жылдары «Қызыл отау» мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарған. Облыстық – аудандық айтыстарға қатысып, Н.Молыбаевпен, М.Жүсіповпен, Т.Үркімбаевпен, М.Көкеновпен, т.б. ақындармен өнер сайысына түсті. Шығармалары мерзімді баспасөзде, «Пернедегі термелер» жинағында жарияланған (1965). Оның «Жаппасбай батыр» (1944), «Қашақбай елдің ері» (1948), «Ақмешітке 150 жыл» дастандары, ерлік пен елдікті, теңдік пен бірлікті жырлаған «Ұлы ұстазым», «Қаһарлан, халқым, қаһарлан», «Аттанған ерлерге», «Қос қыран» атты өлеңдері жарық көрген. ## Дереккөздер
Жарылқасын Өтесінов (20.12.1945 жылы туған, Қазалы ауданы Бозкөл ауылы) – ғалым, ауыл шаруашылық ғылым доктор (1993), профессор (1996). * 1969 Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын (ҚазҰАУ) бітірген. * 1970 – 1973 жылдары Қазақ мал ауыл шаруашылық ғылым-зерттеу институтында ғылым қызметкер. * 1974 – 1995 жылдары Қазақ қой шаруашылық ғылым-зерттеу технологиялық институтында басшы қызметте болды. * 1995 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, әдістемелік жұмыстардың жетекшісі қызметтерін атқарды. * 2004 жылыдан Қызылорда Гуманитарлық Университетінің профессоры. ## Ғылыми еңбектер Негізгі ғылым еңбектерін ауыл шаруашылық малдарының көбею, өніп-өсу биологиясына арналған. Өтесінов биотехнологиялық әдістерді жетілдіру мақсатында теориялық негіздер жасаған. 120-дан астам ғылым еңбек жазған.. ## Дереккөздер
Қазақстан Шығыс Еуропа платформасының оңт.-шығыс шетін (Каспий маңы синеклизасын) және Орал-Моңғол қатпарлы белдеуінің батыс бөлігін алып жатыр. Қатпарлы белдеу өзінің оңт.-батысында Тұран ойпатына (тақтасына) жалғасады. * Тақтаның (плитаның) мезокайнозойлық тысының астынан Мұғалжар мен Қаратаудың (Маңғыстауда) палеозойлық құрылымдары шығып жатады. Бұлардың шығысындағы Қазақстанның таулы-қатпарлы бөлігінде Орт. Қазақстан палеозойлық массиві – Сарыарқаны, бірнеше қатпарлы жүйелер мен облыстарды (Шыңғыс – Тарбағатай, Обь – Зайсан және Алтай – Саян қатпарлы облыстарының қазақстандық бөліктері), Солт. Тянь-Шань мен Жетісу Алатауының ендік бағытқа жуық альпілік белдеулерін ажыратуға болады. Каспий маңы синеклизасы (ойпаңы) үш бөлікке жіктелген шөгінділерден тұрады. Төм. бөлігі қалыңд. 13 км-ге дейінгі рифей мен төм. және орт. палеозойдың құмды-тақтатасты, сазды, карбонатты-терригендік қат-қабаттарынан, орт. бөлігі кунгур ярусының (қалыңд. 5 км-дей) тұзды сериясынан, беткі жағы жоғ. пермь-мезозойдың теңіздік, континенттік шөгінділерінен (4 – 6 км) құралған. * Тұран тақтасының үстіңгі тысы жоғ. триастан төрттік кезеңге дейінгі теңіздік, континенттік, терригендік, карбонаттық-терригендік шөгінділерден (4 – 5 км-ге дейін) түзілген. Оның іргетасы құрамы әр түрлі келген кембрийден триасқа дейінгі геосинклинальдік және квазиплатформалық геол. формациялардан түзілген және интрузиялар бойлаған жарылымдармен тілімденген. * Мұғалжар құрылымы өзімен көршілес Торғай ойпаңының батыс ернеуімен бірге Орал қатпарлы жүйесіне кіреді. Мұнда прекембрийдің (кембрийден бұрынғы) метаморфтық және төм. палеозойдың жанартаулық-шөгінді жыныстарының шығымдарынан тұратын антиклинорийлік жіңішке блоктар силурдың, девонның, карбонның негізгі вулканиттері мен шөгінді қат-қабаттарымен толған сннклинорийлік ойпаңдармен кезектесіп отырады. * Ультрабазиттердің, габбродиориттердің, гранитоидтердің интрузиялары кең тараған. Ал Қаратау өңірінде прекембрийдің метаморфтануға шалынған жыныстары, кембрий-ордовиктің кремнийлі-тақтатасты ванадийлі және фосфоритті карбонатты-терригендік шөгінділері, жоғ. девон – төм. карбонның карбонатты шөгінділері көптеп кездеседі, қатпарлану мен интрузиялар бірқалыпты орын алған. Сарыарқа түрлі жастағы және әр түрлі бағыттағы блокты-қатпарлы құрылымдардан түзілген, сондықтан да оның құрылымы күрделі. Ең көне (1,1 – 2,7 млрд. жыл) архей-протерозой түзілімдері ірі массивтер мен антиклинорийлік блоктарды (Көкшетау, Ұлытау, Ерейментау) құрайды. * Көкшетау – Солт. Тянь-Шань қатпарлы жүйесіне бірігетін каледонидтер Сарыарқа жерінің 50%-ын қамтыған. Батысында бұлар доға тәрізді, иіні оңт.-батысқа қараған және кембрийдің, ордовиктің, силурдың карбонатты-құмды-тақтатасты миогеосинклинальдік жыныстарынан түзілген, ал орт. және солт.-батыс бөліктерінде қарқынды қатпарлана тілімделген эвгеосинклинальдік қат-қабаттармен толған. Девонның мұндағы терригендік, қызыл түсті карбонатты шөгінділері мен қышқыл, негізді вулканиттерінің еңістігі жайпақ келеді. Карбон мен пермь жыныстары карбонатты-терригенді (кейде көмірлі) мульдаларды құраған. Сарыарқаның оңт. бөлігінен Жоңғар – Балқаш қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Бұл жүйедегі қышқыл және орташа құрамды беткі вулканидтер екі ірі интрузиялық-жанартаулық (девондық Орт. Қазақстан, жоғ. палеозойлық Балқаш маңы – Іле) белдеуді қалыптастырған. Антиклинорийлерде төм. палеозойдың кремнийлік-терригендік шөгінділері, негізгі вулканиттер мен ультрамафиттер, ал синклинальдарда девон мен карбонның жанартаулық және карбонаттық-терригендік жыныстары дамыған. * Сарыарқа мен оған іргелес жайласқан палеозойлық құрылымдар ауданының жартысына жуығын интрузиялық жыныстар алып жатыр, сонымен бірге орогендік каледон мен герцин гранитоидтері ерекше кеңінен тараған, гипербазиттер, базиттер, сілтіліге жуық және сілтілік жыныстар да ұшырайды. Сарыарқа мен Жетісу Алатауының палеозоидтарына шығыстан төм. палеозойдың кремнийлік-терригендік-жанартаулық эвгеосинклинальдік формацияларынан құралған Шыңғыс-Тарбағатай антиклинорийінің каледонидтері жанасып түйіседі. Мұндағы аздап қатпарлана тілімделген девон қабаттары қышқыл және орта құрамды беткі вулканиттерден, терригендік-шөгінділерден, ал карбон қабаттары әктасты-терригендік жыныстардан құралған. * Гранитоидтердің көптеген жеке массивтері бар, габбро-плагиограниттер, сілтілі интрузиялар кездеседі. Казақстанның шығыс бөлігінен Зайсан қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Мұнда силурдың, девонның төм. карбонның эвгеосинклинальдік кремнийлік-жанартаулық, әктасты-терригендік, т.б. шөгінділері басқан бірнеше ірі құрылымдық-формациялық белдемдер ажыратылған. Жоғ. палеозойлық шағын мульдаларда терригендік көмірлі және сілтіліге жуық жанартаулық жыныстар шоғырланған. Кенді Алтайда кварцты жеке массивтері бар, габбро-плагиограниттер, сілтілі интрузиялар кездеседі. Казақстанның шығыс бөлігінен Зайсан қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Мұнда силурдың, девонның төм. карбонның эвгеосинклинальдік кремнийлік-жанартаулық, әктасты-терригендік, т.б. шөгінділері басқан бірнеше ірі құрылымдық-формациялық белдемдер ажыратылған. Жоғ. палеозойлық шағын мульдаларда терригендік көмірлі және сілтіліге жуық жанартаулық жыныстар шоғырланған. Кенді Алтайда кварцты порфирдің интрузиялары мен жоғ. палеозойдың гранитоидтері, Қалба белдемінде – лейкократтық гранитоидтер мол. * Республиканың қиыр шеткі шығыс бөлігінен Алтай-Саян қатпарлы облысына жататын Таулы Алтайдың төм. палеозойлық құмды-тақтатасты белдемі орын алған. Тауаралық ірі Іле, Балқаш-Алакөл, Зайсан ойыстарының кей жерлері көмірлі, гипсті келетін мезо-кайнозойдың континенттік және көлдік шөгінділері басқан. ## Дереккөздер
Жұрын — Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы ауыл, Жұрын ауылдық округі орталығы, темір жол бекеті. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Қандыағаш қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 29,3 км жерде. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 1912 адам (933 ер адам және 979 әйел адам) болса, 2009 жылы 1267 адамды (628 ер адам және 639 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1956 жылы Ақтөбе мал азығын дайындау тәжірибе стансасы ретінде қаланды. 1997 жылы оның негізінде Жұрын өндірістік кооперативі құрылды. ## Транспорты Үстінен Орынбор-Ташкент темір жолы және Ақтөбе-Шалқар тас жолы өтеді. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, тағы да басқа мекемелер бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль және темір жолдарымен қатынасады. ## Дереккөздер
Әніс Жақыпұлы Өтеулі (1.3.1924 жылы туған, Қармақшы ауданы Құмжарған ауылы) – ғалым, филология ғылым кандидаты (1984). Қазақ Мемлекеттік университетін (ҚазҰУ) бітірген (1950). 1943 жылы мұғалімдік курсты бітірген соң, ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет істеді. 1971 жылдан Қызылорда педагогикадық институтында (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) оқытушы, аға оқытушы, доцент (1988), профессор (1997). 100-ден астам ғылым және әдістемелік еңбектері жарық көрген. Олардың ішінде «Байырғы атаулар сыры» (1993), «Сыр өңірі» (телавтор, 1988), «Түйешінің түсіндірме сөздігі», «Қазақстан ономастикасының библиографиялық сөздігі» (1992), «Әлемге әйгілі Қорқыт Ата егеменді елімізде» (2001), «Қазақстан топонимикасы» (2002), «Түйе: тарихы, түрлері, пайдаланылуы, ономастикалық терминдер» (2003), «Қасиетті Марал ишан (туғанына 225 жыл)» (2005) монографиялары мен зерттеу еңбектері бар. Өтеулі «Қазақстан білім беру ісінің үздік қызметтері» (1968), «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» (1988) белгілерімен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Нұрмұханбет Сұлтанғалиұлы Өткелбаев (1895, қазіргі Сырдария ауданы – 10.3.1929, Қызылорда қаласы) – ішкі істер қызметкері. Перовскідегі орыс-түземдік училищесін бітірген (1913). 1913 – 18 жылдары Қазалы уезінде, Арал жағалауында су мөлшерін бақылаушы, орман-тоғай шаруашылығында жұмыс істеді. 1918 жылы Перовск большевиктер ұйымына кірді. 1919 жылы РКП (б)-ның Мұсбюроның, ал 1920 жылы РКП (б) угоркомның төралқа мүшесі, Түркістан майданының ерекше бөлімінің коменданты, угормилиция бастығының, Ташкенттегі Турциктің қырғыз бөлімінде қызмет істеді. 1928 жылға дейін Түркістан, Ақмешіт (Қызылорда), Қазалы уездері бойынша мемлекеттік жер шаруашылығының бастығы, угормилицияның қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, угорисполкомның жауапты хатшысы, Шымкент губерниясы қылмысты іздестіру бастығының орынбасары, республикасы Ішкі істер Халық комиссариатының коллегия мүшесі, Орталық Әкімшілік басқармасының бастығы және республика милиция бастығы қызметтерін атқарды. Тасбөгет кентіндегі бір көшеге Өткелбаев есімі берілген. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Болат Әбілқасымұлы Палымбетов (1961 жылы туған, Шиелі ауылы, Қызылорда облысы) – Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Маңғыстау облысының әкімі (2003 - 2006) ## Биография Найман тайпасынан шыққан. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (Қазақ ҰТУ) бітірген (1984). 1984 – 89 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде есептеу орталығында инженер, өндірістік бөлім меңгерушісі, жас құрылысшылар отрядының бастығы, 1990 – 92 жылдары Жастар қоры кеңесінің төрағасы, Алматы қалалық комитетінде жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері басқармасының бастығы, 1993 – 99 жылдары «Астана – инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының «Астана – холдинг» корпорациясының президенті, Халықтық банк төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіпкерлер Форумы Кеңесінің төрағасы, 2002 – 2006 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2006 жылы қаңтар айынан Қазақстан Республикасы экономика және бюджетті жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1999 – 2001 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2002 – 06 жылдары Маңғыстау облысының әкімі қызметтерін атқарды. 2006 жылдан ҚР-ның экономика және бюджетті жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары. * Әскери атағы - полковник. ## Дереккөздер
Тесіктас – Ерейментау тауларының шығыс сілемі, Қойтас тауының жалғасы. ## Географиялық орны Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы тау. Аудан орталығы – Ерейментау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 36 км, Өлеңтінің сол жақ жағалауында, Астана қаласынан шығысқа қарай 200 км жерде орналасқан. ## Жер бедері, геологиясы Абсолюттік биіктігі 560 м. Батыстан шығысқа қарай ұзындығы 5 км, ені 2 км-ге созыла орналасқан. Беткейі сай-салалармен тілімденген ордовиктің жыныстарымен жабылған. ## Өсімдігі Қара қоңыр топырағында қараған, тобылғы өседі. ## Дереккөздер
Чен Ер Пак (1904 жылы туған, Ресей, Приморье өлкесі, Ольгин ауданы) – еңбек ардагері. Социолистік Еңбек Ері (1950). Еңбек жолын 1918 жылы балық аулайтын кеменің жұмысшысы ретінде бастаған. 1932 жылы Қазақстанға еріксіз жер аударылған. Шиелі ауданындағы «Гигант» ұжымшарына кіріп, күріш өсіретін звеноның жетекшісі, 1937 жылы егіс бригадирі болды. 1947 жылы егіннен мол өнім алып, осы жоғары көрсеткіштерге жеткен. Ленин орденімен марапатталған. 1949 жылы әр га-дан 97,2 ц-ден күріш өсіріп, рекорд жасады. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғжанов (1900, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Жарқын ауылы– 1937) – қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист. Омбы гимназиясын (1917) бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия университетінде (1922– 23), Мәскеудегі В.Г. Плеханов атындағы халық ш. институтында (1923– 24) оқыған. Жас кезінде Омбы қаласында құрылған «Бірлік», «Жас азамат» қазақ жастарының ұйымдарына қатысқан. 1919 – 22 жылдары Ресей коммунистік жастар одағы Сібір бюросы жанындағы қазақтатар секциясының хатшысы, «Еңбекші жастар» газетінің редакторы, Ақмола губерниясы төтенше комиссиясының хатшысы, Ақмола жалпы білім комитетінің алқа мүшесі, 1922 – 23 жылдары Ташкентте шыққан «Жас алаш» газетінің жауапты хатшысы, 1923 – 24 жылдары КСРО ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Орталық Күншығыс баспасы қазақ секциясының хатшысы қызметтерін атқарды. 1924 – 26 жылдары БК(б)П ОК баспасөз бөлімінің нұсқаушысы, 1926 – 28 ж. Қазақстан өлкелік партия комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, 1926 – 32 ж. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, 1935 – 36 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1936 – 37 жылдары Қазақ КСР ХКК жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 1937 жылдары репрессияға ұшыраған. ## Абай туралы еңбектері Тоғжанов Абай туралы алғашқы ауқымды еңбегі - «Абай» атты моногр. очеркінен (1935) сол кезде үстем болған тұрпайы социологизмнің және соған байланысты туған «Абай үстем таптан шықты, сондықтан да ол - сол таптың өкілі» деген ағат пікірдің сілемі байқалады. Тоғжанов таптық тұрғыдан Абай «қазақтың капиталдасқан феодалдарының жоқшысы» деген тұжырым жасайды. «Абайдың тілейтін арманы жақсы бай, өнерлі, епті бай» кедей-бұқараның қамын ойламады, «орыстың дворяндар бастаған ультрасын үлгі қылады» деген солақай сын көрініс береді. Таптық тұрғыдан осылай дей тұрғанмен де, очеркте Абайдың ақындық шеберлігіне байланысты соны ойлар айтқан. Ол Абай реализмін жоғары бағалаған. Абай «қазақтың жазба ұлт әдебиетін жасауға бас болды», «орыс әдебиетінің үлгілерін алды», «жаңа әдебиет түрлерін жасады», «қазақтың тіл байлығын ұқсата білді», «Сөз патшасы - өлең тілін әдемілеп сырлап, құндызша құлпыртқан Абай болатын» (128-6.), - дей келіп, оның ақындығын «таусылмайтын бұлаққа» теңейді. Ақын туралы ойларын «Абай - самородок, қарадан оқымай шыққан талант» (137-6.), -деп түйіндейді. ## Дереккөздер
Тобылғы (Spіraea) – раушангүлдiлер тұқымдасына жататын көп жылдық бұта. Қазақстандағы далалы, таулы жерлерде өсетін 10 түрі бар. Биіктігі 15 – 200 см. Сабағы түзу. Жапырағы қауырсын тәрізденіп тілімделген, жиектері ара тісті иректелген немесе бүтін болады. Гүлі қос жынысты, аталығының саны 10, аналығы – 5, ақ түсті, хош иісті. Гүлдері қалқанша, шатырша, сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс салады. Жемісі – қабаттасқан жапырақша. Тобылғыны әсемдік үшін өсіреді. Балды өсімдік, жақсы мал азығы. Құм тоқтату үшін үй шаруашылығында пайдаланылады. ## Дереккөздер
Товтин Василий Иванович (1935 жылы туған, Закарпат облысы Макачин ауданы Великие Лучки селосы) – суретші-монументалист, КСРО Суретшілер одағының мүшесі (1964). Львов мемлекеттік қолданбалы өнер институтын бітірген (1961). 1961 жылдан Целиноград қаласында (Ақмола), Қазақстан Суретшілер қорыныңкөркем-өндірістік шеберханасында жұмыс жасаған. «Труд», «Октябрь» (облысы баспахана-сының фасады); «Праздник молодых» монументтік кескіндемелерін жасаған. «Белгородский» кеңшары, «Казахские сувениры», «Страда», тағыда басқа еңбектердің авторы. Респ., аймақтық, облысы көрмелерге қатысқан. ## Дереккөздер
Перовск уезі (1867) – Сырдария облысы құрамында құрылған әкімшілік аумақ. Орталық 1867 жылдан қала мәртебесіне ие болған Перовск (Қызылорда) қаласы болды. 1896 жылғы мәліметтер бойынша Перовск уезінің аумағы 105,725 км² жерді алып жатты. Халқының негізгі бөлігін қазақтар құрады. Олар көшпелі мал шаруашылығымен (ірі қара, қой, ешкі өсіру), Сырдария өзені бойында егіншілікпен және балық аулаумен айналысты. Балық аулау кәсіпшілігі, негізінен Көкарал түбегінде шоғырландырылды. 19 ғасырдың 60-жылдарында Сырдария өзенінің төменгі ағысында балық кәсіпшілігі ұйымдастырылды. 1861 жылы 3,000 пұт, 1862 жылы 2,600 пұт балық ауланды. 1879 жылы Перовскіге дейін телеграф желісі тартылып, ол Орынбор пошта жолында маңызды рөл атқарды. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Тоқтамыс би Жанұзақұлы (XIX ғасыр) — Атығай руынан шыққан би. Тоқтамыс бидің Атығай-Қарауыл, Керей-Уақ, Бағаналы, тағыда басқа болыстарға ықпалы бар, патша әкімшілігі алдында да беделді төбе би болған. 1820 жылы оған Коллежский Ассесор атағы берілген. Полковник шеніне ұсынылғаны туралы дерек бар. Атығай Ажар ақын Тоқтамыс би туралы былай деп жырлаған: Туған жоқ асып қазақ Тоқтамыстан, Хан болып Орта жүзге атағы ұшқан. Олжабай Нұралыұлы Саққұлақ бидің немересі: Қазақта жан туған жоқ Тоқтамыстай, Тоқтамыстың баласы – Маңдай, Жандай. Патшамен грамота хат алысқан, Жандайды қандай адам осал дейді-ай? Ер Жандайдың баласы Кәкен еді, Құнанбай тобықтыны қарына ілді, - деп жырлаған тұқым. Ақ Патшаға 1855 жылы барғандар туралы: Бәрінің болып көсемі, Тоқтамыс тілге шешені, Жақсылық іске бас болған, Жамандарға қас болған, Жаяуларға ат болып, Тарыққанға ас болған, - деп Тоқтамыс бидің де барғанын айтады. Тоқтамыс би – Маңдай – Ғафар ата-балалы-немере аға сұлтандықта болған атақты әулет. Оларға «Дворян әулеті» атағы берілген. ## Дереккөздер
Василий Алексеевич Перовский (20.2.1794, Ресей, Почеп қаласы, қазіргі Брянск облысы – 20.12.1857, Алупка) – Орынбор губерниясының әскери губернаторы (1833 – 42 және 1851 – 57), 1812 жылы Отан соғысына және 1828 – 29 жылдары орыс-түрік соғыстарына қатысқан. Перовский – патша өкіметінің шығыстағы отарлау саясатын дәйекті жүргізушілердің бірі. Орынбор губернаторы болып тұрған кезде оған Орта Азия хандықтарымен, Иранмен және Ауғанстанмен сыртқы саясат мәселесін өз бетінше шешуге құқық берілді. 1835 жылы Перовскийдің нұсқауымен жаңа шептер белгіленіп, бекіністер салынды. Жаңа шептерге Орынбор казактары қоныстандырылып, қазақтар жайылымдық жерлерінен қуылды. Перовскийдің басшылығымен Жоламан Тіленшин, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс басып жаншылды. 1839 – 40 жылдары Перовский патша әскерлерінің Хиуаға жорығын, 1853 жылы Ақмешітке жасаған жорығын басқарды. Перовский Кенесары Қасымұлымен жақсы қарым-қатынаста болған. Кенесарыға полковник шенін бергізген. Перовскийдің Ақмешітті алуына Сырдария қазақтары үлкен көмек көрсетті. Оның бұйрығымен кедей қазақтарға көмек ретінде ұн мен көктемгі егістікке тұқым берілді. Қазақтарға арнап емделетін лазарет ашқызып, оны керекті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп отырды. Өзін прогресшіл етіп көрсету мақсатында маңайына өнер және әдебиет қайраткерлерін топтастырды. Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы оған арнап, «Перовск маршын» шығарды. Ақмешіт (Қызылорда қаласы) 1853 – 67 жылдары Перовскийдің атымен Перовск форты, 1867 – 1922 жылдары Перовск қаласы аталды. ## Дереккөздер
Жылысу (2008 жылға дейін – Минеральные воды) — Түркістан облысы Жетісай ауданындағы ауыл, Жылысу ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Жетісай қаласынан батысқа қарай 14 км жерде, Достық каналының сол қапталында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Алғашында Алшынбай ауылы деп аталған. 1957-97 жылдары аралығында мақта өсіретін кеңшар орталығы болды. Оның негізінде бірнеше шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Шипалы минералды суы барланған. Ауылда білім беру, мәдени, дәрігерлік, т.б. мекемелер бар. ## Дереккөздер
Перовскіде Кеңес өкіметінің орнауы - 1917 жылы Кеңес өкіметі алғаш Перовскіде орнады. * 1917 жылы 1 қазанда Түркістан өлкелік Кеңесінің мәжілісінде Перовск Кеңесі (1917 жылы наурыз айында құрылған) мен ондағы гарнизон Уақытша үкіметтің шараларына қарсы екенін және гарнизонның (бір мыңға жуық адамы бар) Кеңестер жағына шыққанын атап көрсетті. * 1917 жылы 29 қазанда большевиктердің төтенше кеңесі болып, онда бүкіл өкімет билігінің жұмысшы және солдат депутаттарының Перовск Кеңесінің қолына көшетіні туралы қаулы алынды. Петроградтағы қарулы көтерілістің жеңісін естіген және Ташкенттегі (ол кезде Түркістан өлкесінің және оған қарайтын Сырдария облысының орталық) Кеңес өкіметі үшін күрес барысынан хабардар жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесі Перовскіде өкіметті өз қолына алды. * 1917 жылы 30 қазанда Перовскіден Ташкент жұмысшыларына көмекке Қызыл гвардия жасағы жіберілді. Жұмысшы және солдат депутаттарының Перовск Кеңесі Уақытша үкіметтің өкілін, запастағы 3 – Сібір полкінің командирін, реакцияшыл офицерлерді тұтқындады. Кеңес қаулысымен Қызыл гвардияның командирі болып Н.Селиверстов тағайындалды. * Жұмысшылар мен солдат депутаттарының Кеңесі басқа да әкімшілік және шаруашылық Кеңестерін құрып, Қызыл гвардияны нығайтып, ескі мемлекеттік аппаратты жойды. ## Дереккөздер
Першин Александр Яковлевич (1874, Ресей, Уфа губерниясы – 1919, Ташкент қаласы) – революционер. 1903 жылы большевиктер қатарына енген. 1894 жылы Қазалыда теміржолшы болып, саяси жұмыстарға араласқан. 1917 жылы ақпан буржуазиялық төңкерісін Ташкентте қарсы алды. 1917 – 19 жылдары Ташкент атқару комитетінің мүшесі, 1-Бүкілресейлік Кеңестердің съезінің делегаты, Ташкент әскери-рев. кеңесінің мүшесі, Ташкент атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. Ақ гвардияшылардың көтерілісі кезінде қазаға ұшырады. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
## Қабашев Рақымжан ҚАБАШЕВ Рақымжан Әбілқасымұлы (17.11.1939 ж.т., Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл а.) – технолог ғылым доктотры (1988), профессор (1989). ҚР Білім беру ісінің үздігі. Томск мемлекеттік архитекторлық академиясын (1963) бітірген. Томск ғыл.-зерт. институтында инжинер (1962–63), «Казводоканалстрой» Жезқазған құрылыс бірлестігінде механик, топ жетекшісі, аға инж.-конструктор (1963–69), Қазақ политех. ин-тында (қазіргі Қазақ ұлттық тех. ун-ті) аға оқытушы, доцент, аға ғыл. қызметкер (1969–80), Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясында доцент, декан, кафедра меңгерушісі (1980–90), Қазақ көлік және коммуникация академиясының проректоры (1991–2001) қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Қазақ автомобиль жолдары университетінің ректоры. «Повышение эффективности землеройных машин на основе совершенствования рабочих органов» деген тақырыпта докторлық диссертыция қорғады. 300-ден астам ғыл. жарияланымның, 14 монографияның авторы. 25 өнертабыс пен патенттің иегері. ## Сілтемелер * Қазақ * коммуникация * патент ## Сыртқы сілтемелер http://www.alashainasy.kz/last_dates/15039/ Мұрағатталған 19 қарашаның 2010 жылы. Қабашев Рақымжан] ## Дереккөздер ## Толықтыру ## Қабашев Рақымжан ҚАБАШЕВ Рақымжан Әбілқасымұлы (17.11.1939 ж.т., Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл а.) – технолог ғылым доктотры (1988), профессор (1989). ҚР Білім беру ісінің үздігі. Томск мемлекеттік архитекторлық академиясын (1963) бітірген. Томск ғыл.-зерт. институтында инжинер (1962–63), «Казводоканалстрой» Жезқазған құрылыс бірлестігінде механик, топ жетекшісі, аға инж.-конструктор (1963–69), Қазақ политех. ин-тында (қазіргі Қазақ ұлттық тех. ун-ті) аға оқытушы, доцент, аға ғыл. қызметкер (1969–80), Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясында доцент, декан, кафедра меңгерушісі (1980–90), Қазақ көлік және коммуникация академиясының проректоры (1991–2001) қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Қазақ автомобиль жолдары университетінің ректоры. «Повышение эффективности землеройных машин на основе совершенствования рабочих органов» деген тақырыпта докторлық диссертыция қорғады. 300-ден астам ғыл. жарияланымның, 14 монографияның авторы. 25 өнертабыс пен патенттің иегері. ## Сілтемелер * Қазақ * коммуникация * патент ## Сыртқы сілтемелер http://www.alashainasy.kz/last_dates/15039/ Мұрағатталған 19 қарашаның 2010 жылы. Қабашев Рақымжан] ## Дереккөздер ## Толықтыру
Садақ — жебе атуға арналған қол қаруы. Ағаштан доғаша иіп немесе иілген іспетті екі бөлікті жалғастырып, екі ұшын қайыспен керіп, сол кермеге оқ (жебе) салып, тартып ататын, өте көне замандардан келе жатқан қару атауы. Алыс қашықтықтан ұрыс жүргізуге арналған. Садақты тас дәуірінен 20 ғасырға дейін дүние жүзінің барлық халықтары пайдаланған. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады (қ. Құрама садақ). Күрделі садақты ежелгі Шығыста, оның ішінде сақтар, кейінірек ғүндар мен Орталық Азия халықтары көп қолданған. Қазақ садағы көшпелілер садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады. Ауыз әдебиетінде садақтардың қолданылған материалдарына қарай “қайың садақ”, “қарағай садақ”, “үйеңкі садақ” деген атаулары кездеседі. Қайыңның қабығымен қапталған, сарғайған түсіне байланысты “сарыжа”, “сарсадақ” деген атаулары да бар. ## Садақ тарту Садақ тарту, спорттың ежелгі түрлерінің бірі. Мұны археологиялық қазбалар дәлелдеді. Адамзат дамуының басталуында садақ негізгі аңшылық қару болды, кейін оны әскери мақсаттарда пайдалана бастады. Еуразия халықтарында садақ ату ерте кезден бастап дами бастады. Қазір ол Қазақстанда, Қырғызстанда, Башқыртстанда және басқа да республикаларда көпшілікті тартатын ұлттық спорт түрі болып табылады, ал Бурятияда ешбір ұлттық мейрам садақ атусыз өтпейді, оған мыңдаған адамдар қатысады. Біздің уақытымызда Садақ тарту спорты кең тараған. Ол мергеннен жалпы жақсы дене дайындығын, дәл есептеуді және кездеу әдістерін меңгеруді талап етеді. Садақ атумен кез келген жас пен жыныстағы адамдар шұғылданды. Жарысқа жасы 14-ке жеткен мергендер қатыса алады. Садақ тартудан халықаралық бірлестік 1959 ж. құрылды. Оның жабдығына садақ пен жебеден бөтен: адырнадан киімді қорғайтын көкірекшеден адырнаның соғуынан сол қолдың сақтайтын биялай білезігінен; оң қол саусақтарының мүйізгестенуінен сақтау үшін қалқан немесе саусақ қаптан, жебені алып жүру үшін қорамсақтан, жебені ылғал мен лас заттардан тазарту үшін шашақтан (кистыдан); металл жебені түзейтін машинкеден және басқалардан тұрады. Садақ тарту өтетін орын атыс орны деп аталады. Оның үш жағына қауіпсіздік алабы (ені 20 м.-кем емес) жасауы тиіс және тиісті өлшемі болуы керек. Біздің елімізде садақ атудан жарыс: әйелдер үшін - 30,50 және 70 метрлік, ерлер үшін - 30, 50, 70 және 100 метрлік қашықтықта өткізіледі. Орындайтын жаттығуына байланысты әрбір мерген нысанаға 72 жебені атады, Мұнда байқау атуы болмайды. Садақ тарту командасы әдетте 4 мергеннен тұрады, есеп 3 тәуір нәтиже бойынша жүргізіледі. Садақ тарту әдісі күрделі емес, бірақ оны толық игеру ұзақ және көп еңбектенуді қажет етеді. Спорттық садақ тартудың екі түрі бар. ## Садақ тарту тәсілі Садақ тарту тәсілі (көне.) ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған. Садақ тарту тәсілі қазақ халқының жамбы ату, алтын хабар, теңге алу секілді ұлттық ойындарында кең тараған. Бұл ойындар жаугершілік кезеңіндегі әскери тәрбие секілді машықтану мектебі болған. ## Дереккөздер:
Ерғали Есжанов (1864, Атырау облысы Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы ауданы) – 1949, сонда) – домбырашы, күйші, Құрманғазының шәкірті. Ауыл мектебінде мұсылманша білім алғаннан кейін, Ерғали Есжанов Астрахан гимназиясында оқыды. Алайда, оқуды күнкөріс қамына байланысты бітіре алмай, Астраханда балық кәсіпшілігінде жұмыс істеді. Құрманғазыны Мақаш Бекмұханбетұлымен таныстырып, сол арқылы оның бостандыққа шығуына көмектеседі. Түрмеден қашқан Құрманғазыны үйіне паналатып, одан бірқатар күйлер үйренеді. Ал Құрманғазының түрмеде бірге бас сауғалаған досы қалмақ Саранжапты еліне жеткізуге қол ұшын берді. Құрманғазы Ерғалиға достықтың белгісі ретінде өз домбырасын сыйлаған. Есжанов ол домбыраны 1941 жылы Сталинград түбінде ұрысып жатырған сүйікті немересі, әрі шәкірті Ізбайырдың артынан барғанда ала барып, жауынгерлерге күй шерткен. Күйші Маңғыстау өңірінде (1905–1907 жылдары) болып, «Маңғыстау», «Бозашы» күйлерін шығарған. Оның «Қоштасу» күйі екі бірдей ержеткен ұлының қазасына арналған. Ерғали Есжанов мұралары кейінгі ұрпаққа оның шәкірттері (Ғ.Қайрошев, Ә.Бекешов) арқылы жетті. ## Дереккөздер
Сейітжан Полымбетов (25.5.1913 жылы туған, Шиелі ауданы Тартоғай ауылы) – мемлекеттік қызметкер. Найман тайпасынан шыққан. Алматы кен металлургия институтын (ҚазҰТУ) бітірген (1934). 1934 – 42 жылдары Қазақстан орталық партия комитетінде нұсқаушы, Қарағанды облысы партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1942 – 47 жылдары Жезқазған қалалық партия комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарған. 1947 – 50 жылдары Қазақстан орталық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1950 – 56 жылдары Гурьев (Атырау) облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1956 – 61 жылдары Қазақстан Жергілікті өнеркәсіп министрі, Алматы халық шаруашылық кеңесінің, техникалық комитеттің төрағасы қызметінде болған. 1961 – 68 жылдары Республикалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, 1968 –75 жылдары Қазақстан Министрлер кеңесінде бөлім меңгерушісі болды. КСРО, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Дүйсенхан Қабдиев (1926-2007) - ғалым-экономист. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. 1960 жылдардан бастап Абайдың әлеуметтік, экономикалық көзқарасы мәселелерін зерттеумен айналысып, ақын шығармаларын оның өзі өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік орта мен қоғамдық қатынастар тұрғысынан жан- жақты талдады. Ғалым «Абай Құнанбаевтың әлеуметтік-экономикалық көзқарастары мәселесі хақында» монографиясында ақынның еңбек, кәсіп, мешеуліктің себептері, егіншілік, отырықшылық, сауда, байлық, мүліктік теңсіздік жайлы пікірлерін саралап, қорытты. Оның «Қазақ ағартушы-демократтарының әлеуметтік-экономикалық көзқарастары» деген көлемді зерттеу еңбегінің 4-тарауы Абайдың экономикалық көзқарасын айқындауға арналған. Мұнда ақынның Қазақстандағы экономикалық- қоғамдық қатынастар, статистика, социология, ақшалай-товарлы қатынастар, сауда туралы тұжырымдары жан-жақты зерттеледі. Қабдиев «Қазақстанда экономикалық ойдың дамуы» еңбегінің 4-тарауында С. Торайғыровтың экономикалық көзқарасының қалыптасуындағы Абай шығармаларының елеулі ықпалын дәлелдеген. ## Дереккөздер
Пұсырман Қожағұлұлы (1774, қазіргі Қазалы ауданы – шамамен 1864) – би. Сырдарияның төменгі бойында елді диқаншылыққа, отырықшылыққа бастаған, арық қаздырып, су шығарып, жерді игеруге мұрындық болған. Әсіресе, Қазалы ауданның оңтүстік-батыс өңірін суландыруға күш салған. Осы аймақта Пұсырман қаздырған «Бесарық» жармасы бүгінге дейін халықтың қажетіне жарауда. Пұсырман тарихи деректерге қарағанда, Жанқожа батырмен құрдас, достас, сырлас, ниеттес болған. Батыр жауға аттанарда, жауды жеңіп қайтқанда Пұсырманның отбасына соқпай өтпеген. Бидің кесенесі Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсында (Арал ауданы Жаңақұрылыс елді мекені). ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Найзақара (Salsola folіosa) – алабұта тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық аймақтарындағы сор, сортаңды және тақыр жерлерде өседі. Биіктігі 15 – 80 см. Сабағы түп жағынан бұтақталып келеді. Жапырақтары толық, бармақ тәрізді, шырынды жоғарғы жағы имектеу. Гүлдері жапырақ қолтығында топтана шоғырланған. Гүлжапырақтары үлпек қабыршақты, жұмыртқа тәрізді, жемістенгенде түсі сарғыш, шеті бүтін және қанатшалары болады. Тамыз – қыркүйекте гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – сары немесе қызыл түсті жидек. Найзақара – аса құнды мал азығы. ## Сілтемелер * Табиғат * Өсімдіктер * Гүлдер ## Дереккөздер
Пірәлі Өтетілеуұлы (1810 жылы туған, қазіргі Қармақшы ауданы Қарақ маңы – 1860, сонда) – би. Кіші жүздің Шөмекей руы Бозғыл (Бозғұл) бұтағынан шыққан. 1840 жылдан ел билігіне араласқан. Ол Жанқожа батырдың Сыр бойындағы Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы күресіне қолдау көрсеткен. Жанқожа батыр Қазалы портын алу мақсатында Бұхар хандығынан әскери көмек сұрау үшін Пірәліні жіберген. Ол Қоқан және Хиуа хандықтарының қазақ ауылдарына өктемдік жасап, малдарын барымталау, адамдарын тұтқынға алып кету сияқты даулы мәселелерді шешуге араласып, орынсыз қантөгістерді болдырмауға тырысты. Базар жырау мен Т.Ізтілеуовтің жырларында Пірәлі туралы деректер келтіріледі. Шежіре: Пірәлі-Өтетілеу-Кетебай-Жолай-Ырсымбет-Бекет-Сейін (Желдер)-Келдібай-Бозғұл-Шомекей ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Тоқтамыс (2007 жылға дейін – Ерголка) — Ақмола облысы Бұланды ауданындағы ауыл, Еркөл ауылдық округі орталығы. Іргесі 1904 жылы қаланған. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Макинск қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 35 км-дей жерде. ## Халқы ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, пошта бөлімшесі, мәдениет үйі, сауда орындары бар. Ең жақын темір жол станциясы – Макинск. ## Дереккөздер
ПетроҚазақстан — тігінен интеграцияланған мұнай-газ тобы, оның акционерлері “Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы” және “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы болып табылады. “ПетроҚазақстан” компаниясының қызмет аясына кен орындарын геологиялық барлау, қазбалау, мұнай мен газды өндіру, сондай-ақ кен орындарын сатып алу, мұнайды және мұнай өнімдерін қайта өңдеу және сату кіреді. Интеграцияның нәтижесінде компанияның өз өнімінің сапасын жақсарту үшін және қызметінің тиімділігін арттыру үшін кең мүмкіндіктері бар. «ПетроҚазақстан» компаниялар тобының өндірістік құрылымының негізін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ (ПҚҚР) және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) құрайды. Қызылорда облысында орналасқан ПҚҚР компаниясы мұнай өндірумен шұғылданады, ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында орналасқан ПҚОП компаниясы мұнайды қайта өңдеу ісімен айналысады. «ПетроҚазақстан» сондай-ақ Оңтүстік Торғай мұнайлы алабында қызметін жүзеге асыратын екі бірлескен кәсіпорындағы 50%-дық үлесті иеленеді. «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ндегі компанияның серіктесі – «ҚазМұнайГаз БӨ» ҰК, ал «Торғай Петролеум» АҚ-ндағы серіктесі – «ЛУКойл Оверсиз Құмкөл Б.В.». «ПетроҚазақстан» компаниясының бизнесі – мұнайды геологиялық барлау мен өңдеуден бастап, оны жоғары сапалы мұнай өнімдеріне қайта өңдеу мен дамыған маркетинг пен тасымалдау жүйесіне дейінгі біртұтас технологиялық тізбек. Геологиялық барлау – компанияның болашағы, оның өсуінің қайнар көзі. Оңтүстік Торғай алабындағы геологиялық барлау жұмыстарына «ПетроҚазақстан» жыл сайын кем дегенде 50 миллион АҚШ долларын инвестициялайды. Мәселен, 2008 жылы компания 22 барлау және бағалау ұңғымасын бұрғылап, бұл орайда далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын, сейсмикалық материалдарды егжей-тегжейлі өңдеуді және түсіндірме беруді іске асырды. ## Акционерлер 2005 жылы 15 қазанда «ҚҰМК Интернешнл» (CNPCI) және «ҚазМұнайГаз» ҰК (ҚМГ) Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ол бойынша CNPCI компаниясы ҚМГ пайдасына «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясының шығарылған акцияларының жалпы көлемінің 33%-н табыстауға және Шымкент мұнай өңдеу зауытын ҚМГ компаниясымен бірлесіп басқаруға келісті. Мәміле 2006 жылғы 5 шілдеде аяқталды. CNPCI және ҚМГ арасындағы келісімдердің бір бөлігі ретінде 2006 жылғы 5 шілдеде CNPCI мен ҚМГ компаниялары ПҚОП-тың топшыланып отырған қайта ұйымдастырылуы турасында ПҚОП бойынша Уағдаластық туралы меморандум жасасты. Оған сәйкес 2007 жылғы 6 шілдеде ПҚҚР компаниясы ҚМГ компаниясына Valsera Holdings B.V. компаниясындағы (ПҚОП-тің негізгі қатысушысы) 50%-дық жанама үлесті аударды, ал қалған 50%-ы меморандумда көрсетілген шарттарда «CNPC Эксплорэйшн энд Девелопмент Компани Лтд» (CNPC E&D) компаниясына аударылды. «ПетроҚазақстан» компаниялар тобы одан кейін мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші активтерді интеграцияланған түрде басқаруды жалғастырды. Біздің акционерлеріміздің, мықты ұлттық компаниялардың тәжірибесі, технологиялары мен инвестициялық мүмкіндіктері «ПетроҚазақстан» тобының дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. ### Қысқаша анықтама * «ҚҰМК Интернешнл» (CNODC) – CNPC корпорациясының халықаралық жобалардан жауапты жүз пайыздық еншілес компанияcы. CNPC – Қытайдың аса ірі мемлекеттік мұнай-газ корпорациясы әрі әлемдегі жетекші интеграцияланған мұнай-газ компанияларының бірі. CNPC 1988 жылы бұрынғы ҚХР Мұнай өнеркәсібі министрлігінің негізінде құрылды. Бүгін оның құрамына мұнай мен газды барлау, өндіру, тасымалдау және сақтаумен, сондай-ақ мұнай өңдеумен және мұнай химиясымен, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын компаниялар кіреді. CNPC шикі мұнайды өндіруші әрі жеткізуші аса ірі кәсіпорын болып табылады және мұнай мен газды өндіру, қайта өңдеу мен сатып өткізу бойынша Қытайда жетекші орынды сақтап отыр. http://www.cnpc.com.cn * CNPC Эксплорэйшн энд Девелопмент Компани Лтд компаниясы «ПетроЧайна Компани Лтд.» мен «ПетроЧайна» және CNODC компанияларының бірлескен кәсіпорнының еншілес компаниясы болып табылады, онда компанияларға 50%-дан тиесілі. «ПетроЧайна» да, CNODC де CNPC корпорациясының 100%-дық еншілес компаниялары болып табылады. * «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша ұлттіқ оператор, ол Қазақстанның мұнай-газ саласында мемлекеттің мүдделерін білдіреді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның акцияларының 100%-ы «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қорына» тиесілі http://www.kmg.kz Мұрағатталған 4 сәуірдің 2018 жылы. ## Компанияның тарихы «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясы Канадада 1986 жылы «Харрикейн Хайдрокарбонз Лтд.» (2003 жылғы 2 маусымнан бастап Компания «Харрикейн Хайдрокарбонз Лтд» атауын «ПетроҚазақстан Инк.» етіп өзгерту мақсатында өзінің жарғысына өзгерту енгізді) құрды және 1991 жылға дейін қызметін негізінен батыс Канадада жүргізіп келді. 1996 жылы «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясы Қазақстан Республикасымен арада қол қойылған жекешелендіру туралы келісімге сәйкес Құмкөл кен орындары тобын иеленетін және басқаратын «Оңтүстікмұнайгаз» компаниясын сатып алады. Сол сәтте Құмкөлдегі өндіру деңгейі шамамен күніне 55000 баррель мұнайды құраған еді. Аталған сатып алу мәмілесінің шеңберінде «ПетроҚазақстан Инк.» «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» (ПҚҚР) АҚ-ндағы 100%-дық үлесті; «Құмкөл-ЛУКойл» ЖАҚ-ндағы (қазіргі «Торғай Петролеум» АҚ) 50%-дық үлесті және «Қазгермұнай» АҚ-ндағы 50%-дық үлесті сатып алды. 2000 жылы Топ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің (бұрынғы «Харрикейн Ойл Продактс» ААҚ, одан да бұрын «Шымкентмұнайоргсинтез» ААҚ) акцияларының 88,4%-ын сатып алуды аяқтады. ПҚОП компаниясы Шымкент қаласының жанында орналасқан Шымкент мұнай өңдеу зауытын иеленеді. Республикадағы ең алдыңғы қатарлы Шымкент мұнай өңдеу зауытын сатып алғаннан кейін «ПетроҚазақстан Инк.» (ол кезде әлі «Харрикейн») Қазақстандағы алғашқы тігінен интеграцияланған мұнай компаниясына айналады. Шымкент МӨЗ кеңес дәуірінің ең жаңа технологиялары бойынша тұрғызылып, іске пайдалануға 1985 жылы берілген болатын. Бастапқыда кәсіпорын «Оңтүстікмұнайгаздың» бір бөлігі болатын, алайда кейіннен оны бөлек жекешелендіру туралы шешім қабылданды. Зауыт 1996 жылы жекешелендірілді. Батыс Сібір мұнайын күніне 160 000 баррельге дейін қайта өңдеу үшін тұрғызылған зауыт қазір шикізат ретінде Құмкөл кен орнынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы өндіретін шикі мұнайды, сондай-ақ үшінші тараптардың мұнайын қабылдайды. 2006 жылғы 31 желтоқсанда Топ ПҚОП компаниясының жарғылық капиталының 99,43%-ын иеленеді. 2005 жылғы 21 тамызда барлау мен өндіру жөніндегі Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясы (бұдан әрі – CNODC), Қытай Ұлттық Мұнай Корпорациясының (бұдан әрі – «CNPC») 100%-дық еншілес компаниясы өзінің 100%-дық еншілес компаниясы СНПС Интернэшнл Лтд. (бұдан әрі – «CNPCI») арқылы «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясымен келісім жасасты да, оған сәйкес CNPCI компаниясы «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясының шығарылған жарғылық капиталының барлығын сатып алды. Мәміле 2005 жылғы 26 қазанда аяқталды. Оны CNPCI компаниясының сатып алуының нәтижесінде «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясы CNODC компаниясының 100%-дық еншілес компаниясына айналды. Қазақстан Республикасының «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына сәйкес 2005 жылғы 15 қазанда CNODC өзінің 100%-дық еншілес компаниясы CNPCI арқылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен (бұдан әрі – «ҚМГ») өзара түсіністік туралы меморандум жасасты, оған сәйкес ҚМГ АҚ «ПетроҚазақстан Инк.» акцияларының 33%-ын сатып алды. Мәміле 2006 жылғы 5 шілдеде аяқталды. CNPCI және ҚМГ арасындағы келісімдердің бір бөлігі ретінде 2007 жылғы 6 шілдеде ҚМГ тең дәрежелі шарттармен ПҚОП компаниясындағы 50%-дық иелену үлесін сатып алды. ### Негізгі күндер 1986 жыл – Орталық Қазақстанның оңтүстігіндегі Оңтүстік Торғай алабында Құмкөл кен орнының ашылуы. 1986 жыл – Калгари қаласында (Альберта провинциясы, Канада) «Харрикейн Хайдрокарбонз Лтд.» компаниясы құрылды және тіркелді. 1991 жыл – Компания Қызылқия, Арысқұм, Майбұлақ және Оңтүстік Құмкөл кен орындарын қазбалаумен айналысатын бірлескен кәсіпорындағы серіктес ретінде Қазақстанның нарығына шығады. 1996 жыл – Компания «Оңтүстікмұнайгаз» компаниясы бірлескен екі кәсіпорын – «Қазгермұнай» мен «Торғай Петролеумдегі» 50%-дық үлестерімен бірге сатып алады. 2000 жыл – Компания республикадағы үш МӨЗ-дің бірін иеленетін «Шымкентмұнайоргсинтез» (ШМОС) кәсіпорнын сатып алады. 2003 жыл – компанияның қызметінің түрін және компания жұмыс істейтін елдің бейнесін айқын көрсету мақсатында корпоративтік атауының «ПетроҚазақстан Инк.» болып өзгеруі. 2005 жыл – «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясын «Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясының» еншілес бөлімшесі CNPCI сатып алды. 2006 жыл – Компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясындағы 33%-дық үлесті табыстап, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды. 2007 жыл – Уағдаластық туралы меморандумға сәйкес «ПетроҚазақстан Ойл продактс» компаниясы ҚМГ және CNPC E&D компанияларының тең дәрежеде басқаруына ауысады. ## Сыртқы сілтемелер * Ресми торбеті
Әділхан Батырханұлы Пірманов (8.7.1955 жылы туған, Жалағаш ауданы) – баспагер, тарих ғылым кандидаты (1996), доцент. ҚазМУ-ды (ҚазҰУ) бітірген (1977). 1977 – 85 жылдары ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылым қызметкер болып қызмет істеді. 1986 – 91 жылдары Қазақ Кеңес энциклопедиясында редактор, 1992 – 94 жылдары «Атамұра» баспасында редактор, 1994 жылдан бас редактор. 40-тан астам ғылым, ғыл-танымдық мақалалар, 1 монография мен 1 повесть жазған. Төрт томдық қысқаша «Қазақ КСР», бір томдық «Шаңырақ» үй-тұрмыстық энциклопедиясын, «Абай», «Ақмола», «Атырау», «Маңғыстау» энциклопедияларын әзірлеуге қатысты. Х.Арғынбаев пен М.Мұқановтың «Қазақ шежіресі хақында» зерттеу еңбегін, академиясы М.Қозыбаев жайлы кітап құрастырып, жарыққа шығарды. «Атамұра кітапханасы» сериясымен шығып жатқан көне заманнан бүгінге дейінгі бес томдық «Қазақстан тарихының» томдарын баспаға дайындап, үшінші том авторларының бірі. Оның редакторлығымен «Сыр өңірі тарихы» (1998), «Сыр бойындағы әулиелер» (2000) атты еңбектер жарық көрді. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Мамай Пірманшаев (1.2. 1947 жылы туған, Жалағаш ауданы ) – ғалым, ауыл шаруашылық ғылыми доктор (1996), профессор (1994). Қытай экология, экономика университетінің профессор (1999). * 1969 Целиноград ауыл шаруашылық институтын (Ақмола аграрлық университеті) бітірген (1969). * 1969 – 1970 жылдары Жалағаш ауданы «Жаңадария» кеңшарында зоотехник-селекционер, * 1970 – 1971 жылдары Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігі Түркістан облысындағы мал асылдандыру мекемесінде аға зоотехник, * 1974 – 1980 жылдары Қазақ Қаракөл қой шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл бөлімшесінде ғалым хатшы, бөлім меңгерушісі болды. * 1980 – 2000 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында (ҚазҰАУ) оқытушы, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, факултет деканы қызметтерін атқарды. * 2000 – 2004 жылдары Халықаралық Қытай-Қазақ университетінің ректоры. * 2004 жылдан директорлар кеңесінің төрағасы. ## Ғылыми еңбектер Ғылыми еңбектері Қазақстан және ҚХР-нда қаракөл қойларын өсіру, тұқымын асылдандыру мәселелеріне арналған. 200-ге жуық ғылыми еңбектің, 1 оқулықтың, 10 өнертапқыштық куәліктің авторы. ## Марапаттар «Жоғары оқу орнының үздік мұғалімі» орденімен марапатталған (1987). ## Дереккөздер
Серік Пірмаханов (11.11. 1940 жылы туған, Жалағаш кенті) – суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (1991), ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері. 1940 жылы 11 қарашада Қызылорда қаласы Жалағаш ауданында дүниеге келген .Алматы көркемсурет училищесін бітірген (1964). Н. Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас суретшісі болып қызмет істейді. Негізгі жұмыстары «Ақан Сері-Ақтоқты» (1991), «Көтерілген тың» (1993), «Ант» (1997), «Айман – Шолпан» (1999) пьесаларын көркемдеген.77 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Дей тұрғанмен, қастерлі өнердің қадірін асырып, мерейін тасытқан арда азаматтың өнер көші өміршең.Серік Пірмахановтың қызметтік-шығармашылық ғұмыры Қызылорда театрының сахнасынан бастау алып, өмірінің соңына дейін осы театрдың жемісі мен жетістіктеріне ат салысып, куә болып өтіпті.  Ол тек қана біздің театр емес, көптеген республикалық, облыстық театрларда спектакльдер қойып, республикамызға, тіпті кезінде Одақ көлеміне танымал суретші болып қалыптасқан еді. Оның сахналық шешімін жасаған У.Шекспирдің «Король Лир», Г.Хухашвилидің «Өмір жолы», И.Эркеньнің «Сау басыма сақина», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен Махаббат» қойылымдары  Бүкілодақтық  фестивальдерде  лауреат болып, суретші С.Пірмаханов Одаққа танылды. Республикамызда өткен талай фестивальдерде «Ең үздік суретші» деген номинацияларға қол жеткізіп, қазақ театрының тарихында өзінің орнын ойып тұрып қалдырды. ## Марапаттары - "Қазақстан Республикасының Еңбек Сіңірген қызметкері " - "Ең үздік суретші" номинациясының иегері - " Венгерлік драмалық фестиваль " лауреаты - "Еңлікгүл" конкурсынын үздік сценографы ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Серік Қожамқұлұлы Пірназар (1.1.1954 жылы туған, Түркістан облысы Келес ауданы Ворошилов ауылы) – журналист, саясаткер. ҚазМУ-ды (ҚазҰУ, 1979), Алматы жоғары партия мектебін (1990) бітірген. 1979 – 80 жылдары «Өнер» баспасының редакторы, 1980 – 82 жылдары Жамбыл облысы Красногор ауданы. «Коммунизм жолы – Путь к коммунизму» газетінің бөлім меңгерушісі, 1982 – 84 жылдары Шиелі ауданы «Өскен өңір» газетінің жауапты хатшысы, 1985 – 88 жылдары редактордың орынбасары, 1990 – 91 жылдары Қызылорда облысы партия комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы, 1991 – 96 жылдары облыстық «Ленин жолы» (Сыр бойы) газеті бас редакторының орынбасары, 1-орынбасары, 1996 – 98 ж. облыстық телерадиокомпанияның төрағасы, 1998 – 2000 жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2000 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі. «Көлеңке» атты пародиялар жинағы жарық көрген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше медальмен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Қашақбай Пірімов (1909, Қазалы ауданы – 12.1.1957, сонда ) – еңбек ардагері. 1929 жылы «Қазақстанның 50 жылдығы» ұжымшарына (қазіргі Сырдария ауданы С.Ильясов атындағы ауыл) қабылданып, 1936 жылы егіс бригадасының бригадирі болып тағайындалады. Ол басқарған бригада 1937 жылы бидайдың әр га-нан 18 ц, күріштен 52 ц, ал 1938 жылы 56 ц өнім алды. 1939 жылдан «Қызыл Ту» ұжымшарының (қазіргі Сырдария ауданы Шіркейлі ауылы) төрағасы қызметін атқарған. Пірімов 2-дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-да Ф. Головатыйдан кейін екінші болып «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға 100 мың, колхозшылардан 120 мың сом ақша жинап берген. Сол үшін 1945 жылы Жоғарғы Кеңестің алғысын алды. 1946 жылы ұжымшар орталығынан жеті жылдық мектеп салдырып, оған 107 оқушы тартты. Пірімов Ленин (1941), «1-ші дәрежелі Отан соғысы» (1945) ордендерімен марапатталған. Қазалы ауданындағы «Қызыл Ту» ұжымшарына Пірімов есімі берілді Ауылда мемориалдық музей үйі ашылған. Онда ұжымшар өмірін суреттейтін 250-ден аса жәдігер қойылған, ішінде Н.Исаев, Т.Сандықбаев соққан шойын соқа, қолара, тырна, кетпен, орақ, тоғанақтың екі түрі, т.б. бар. Пірімовтың заттары да осында сақталған. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесіне үш рет (1941, 1946, 1950) депутат болып сайланған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Пірзада Баба, Пірзада Мәдіқожаұлы (туған-өлген жылы белгісгз) – діни қайраткер, әулие, ел басына қиын-қыстау күн туған кезеңде, керемет қасиетімен халыққа қорған болған әруақ иесі. Лақап аты «Көтімылтық». Пірзада Баба Мәдіқожаның Қожжан, Қылыш, Әбдірахманнан кейінгі төртінші баласы. Қапсағай денелі, отты көзді, жүзінен мейірім шашып тұратын көркем мінезді жан болған. Жақсыға жаны жомарт, ілім-білім қазынасынан нәр алған, атадан мұраланған қасиетімен талай адамға шапағатын тигізген. Жаугершілік кезеңде Қаратау бөктерін мекендеген екі елге парсылардан шабуыл қатері төнеді. Халық не істерін білмей дағдарады. Ақсақалдар ақылдаса келіп, Пірзада Бабаға жүгінеді. Ол 3 күн, 3 түн үзіліссіз құран аяттарын оқып, Алла тағаладан елдің аман қалуын тілейді. Дұғасы қабыл болып, төңіректі көзге түртсе, көрінгісіз қалың тұман басады. Бұл екі күн, екі түнге ұласып, жау бағытынан адасып, терістік беткейге кеткен деседі. ## Дереккөздер
Пошта бекеттері жазба хабарларды көлік арқылы таратуды қамтамасыз ететін байланыс орындары. 1858 – 59 жылдары Орынбор генерал-губернаторлығы Қазалы, Перовск уездері жеріндегі пошта қатынасын реттеу мақсатымен салған. Әрбір пошта бекеттерінің орналасқан орны, бір-бірімен арақашықтығы, оны ұстауға кететін бір жылдық шығындар, ұстайтындардың әр түрлі 41 талап-ережелері бекітілген. Сырдария желісінің бастығы – генерал-майор Дензелге жолдаған хаттар мен қатынастардан әр пошта бекеттерін ұстау үшін жылына 1278 сом 60 тиын қаржы бөлу көзделген. Әр пошта бекеттеріне ең кем дегенде үш пар жылқы болуы міндетті саналды. Перовск уезі бойынша 1863 – 64 жылдары қолға алынған бұл жұмыс 1868 жылдың 1-қаңтарынан жұмыс істей бастады. Перовск уезінде 11 пошта бекеттері, Қазалы уезінде 13 пошта бекеттері ашылып, олардың бастықтары белгіленді. Пошта бекеттері басшылығына ел мен жерді жақсы білетін, халық алдында беделді адамдар бекітілді және оларға 175 – 180 сом айлық қаражат төленді. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Дінмұхамед Қонаев (2018 жылға дейін — Юбилейное) — Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы ауыл, Ақниет ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Құлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 28 км-дей жерде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1954 жылы Жамбыл облысының астық тұқымын өсіретін ауыл шаруашылық тәжірибе стансасына қарасты кеңшардың орталығы болып қаланған. Оның негізінде Юбилейноеде ЖШС және 5 ірі шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Райым — Қызылорда облысы Арал ауданындағы ауыл, Жетес би ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Арал қаласынан оңтүстікке қарай 115 км жерде, Райымкөл көлінің солтүстік-батыс жағасында орналасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 292 адам (152 ер адам және 140 әйел адам) болса, 2009 жылы 306 адамды (159 ер адам және 147 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1932 жылы балық аулайтын ұжымшар ретінде қаланды. Кейіннен ұжымшар орталығы Қызылжар ауылына ауысты. 1996 жылы Райымда шаруа қожалықтары құрылды. Теңіз суының қайтуына байланысты ауылда балық кәсіпшілігі тоқтады. Тұрғындары негізінен мал бағады, балық аулайды. Елді мекен жанында ортағасырлық Райым қамалының орны сақталған. ## Дереккөздер
Райым бекінісі – әскери бекініс. 1847 жылы Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасына жақын жердегі Райым шатқалына патшалық Ресей салдырған. Райым бекінісі алғашқы кезде 954 адамнан құрылған гарнизоннан тұрды. Бекіністі салуға жергілікті халық мәжбүрлеу арқылы жұмылдырылды. Патша өкіметі Райым бекінісін салуда сауда керуендерін тонаушылардан қорғау дегенді желеу етті. Ал, шын мәнінде, Райым бекінісінің салынуы Ресейдің Хиуа хандығына қыр көрсетуі әрі Түркістан аймағын отарлауға жасаған алғашқы қадамы еді. Хиуа хандығы Сырдария бойында Райым бекінісі секілді орыс әскери бекіністерінің салынуына қарсылығын оның төңірегіндегі қазақтарды талап-тонаумен білдірді. Бірақ әскери күші басым Ресей империясы Райым бекінісінің негізін қалаған соң, Арал теңізі мен Сырдария өңіріне өз ықпалын жүргізе бастады, орыс көпестерінің хиуалықтарға баж салығын төлеуін тоқтатты. Райым бекінісі 1851 жылы Арал бекінісі деп аталды, ал 1855 жылы таратылып, онда қоныс тепкен казак-орыстар фортқа (кейін Қазалыға) көшірілді. ## Дереккөздер
Болат Омарұлы Райысов (13.6.1953 жылы туған, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауданы) – ғалым, ауыл шаруашылық ғылым доктор (2002). Қазақ ауыл шаруашылық институтын (ҚазҰАУ) бітірген (1976). 1970 – 71 жылдары Қызылорда облысы «Рисстросовхоз» трестінде жұмысшы, 1976 – 79 жылдары «Союзгипрорис» жобалау институтында инженер, 1979 – 92 жылдары Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында аға ғылым қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1992 – 95 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлері институтының доценті, 1995 – 2003 жылдары «Жерге орналастыру» кафедрасының меңгерушісі, 2003 жылдан «Ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиясы» кафедрасының профессоры. Ғылыми еңбектері Арал өңірінде күріш өсіру технологиясын жетілдіру жолдарын зерттеуге арналған. 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 1 монография бар. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Юбилейное — Ақмола облысы Есіл ауданындағы ауыл, Юбилейный ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Есіл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 53 км-дей жерде, Қарақол өзенінің сол жағалауында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты қаланып, астық кеңшарының орталығы болып келді. Оның негізінде “Приречное” ЖШС-і құрылды. ## Дереккөздер
Райымкөл – Сырдарияның оң жағалық аңғарындағы көл. ## Географиялық орны Қызылорда облысы Арал ауданы жерінде, Райым ауылының оңтүстігін ала орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 17,0 км 2, ұзындығы 3,7 км, ені 2,7 км, ең терең жері 4,5 м, суының көлемі 8,0 млн. м 3. ## Жағалау сипаты Көлдің оңтүстігінде бұрынғы Совет (Кеңес) каналының орны сақталған. Көл жағалауы жайпақ, саяз, оңтүстік, оңтүстік-батысын және батысын ну қамыс, қоға басқан. Суында сазан, көнбас, т.б. балықтар бар. ## Дереккөздер
Сексенәлі Раханов (5.2. 1945 жылы туған, Жаңақорған ауданы Бірлік ауылы) – оқу-ағарту саласының қызметкері. Қызылорда педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітірген. (1971). Еңбек жолын Жаңақорған ауданындағы 55-орта мектепте бастады. 1976 – 79 жылдары кәсіптік-техникалық училищесінің директоры, 1979 – 87 жылдары облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары, 1987 – 2005 жылдары Қызылорда қаласындағы кәсіптік-техникалық мектептердің директоры болды. 2005 жылдан 8-облыстық арнаулы санаториялық мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарып келеді. Раханов кәсіптік-техникалық білім беру саласында жеткен жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы кәсіптік-техникалық білім беру үздігі» (1983) және «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» (1993) белгісімен марапатталған. Раханов «Қызылорда облысының құрметті қайраткері» атағына ие болды. 2000 жылы «Ғасыр адамы» байқауында Қызылорда облысы бойынша «Шабыттың шыққан шыңында» номинациясының иегері болды. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Райхан Бекжанұлы (1892, Жаңақорған ауданы – 1970, сонда) – ақын. Парсы, түрік, араб тілдерін жетік меңгерген. Табан астында өлең шығарып айта беретін суырып салма ақын болған. Ақындық талантымен халыққа ерте танылып, Шығыс жұлдыздары Физули, Шамси, Сайхали, Новои, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиздің ғазалдарын жатқа білген. Нартай, Құтбай, Қалмахан, Қанағат жыраулардың өлең-жырларын таңдап, өлең шығарған, ән салып, күй тартқан. Райханның 1948 жылы өз баласына айтқан «Өсиет» атты жыр-толғаулары бар. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Сәтбай Зайырұлы Рахатов – ғалым, техникалық ғылыми доктор (2004). * 1990 Жамбыл (қазіргі Тараз қаласы) гидромелиорация институтын бітірген. * 1990-1995 жылдары Мәскеу ауыл шаруашылық инженер институтының Машина-трактор паркін пайдалану кафедрасының оқытушы-стажері, аспирант. * 1995 жылдан Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факултет деканы қызметтерін атқаруда. ## Ғылыми еңбектер Рахатовтың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыты ауыл шаруашылық технологиялары мен механикаландырылған құрал-жабдықтар тақырыбына арналған. 40-тан астам ғылыми еңбектер жариялады. Оның ішінде 2 монография, 6 авторлық куәлігі мен патенттері, 30-дан астам ғылыми мақаласы және 10-ға жуық оқу-әдістемелік нұсқауы жарық көрген. ## Дереккөздер
1945 жылы 18 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының орталығында туған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1979 жылдан бастап Қызылорда облысында Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде жауапты қызметтер атқарған. 1983—1985 жылдар да Алматы Жоғарғы Партия мектебінде оқыған. 1996 жылдан 2008 жылға дейін Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, біріккен кәсіпорында директор-редактор міндетін атқарған. 2009 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы филиалының директоры. Әдеби дүниелері (Бүркеншек аты — Қойлақы Сабылт) 1984 жылдан бері республикалық баспасөздерде жарияланып келеді. «Қолшатыр» (Хикая және әңгімелер. А., «Жалын», 1995), «Шырағың сөнбесін» («Сырдария» баспа кәсіпорны, 1995), «Сағым жылдар», «Кие», «Меңсүлу», т.б. кітаптары жарық көрген. 1996 жылы «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» топтамасында «Жанымның жарығы» хикаяты басылған.2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, 2005 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. 2008 жылы Қазақстанның Құрметті Журналисі атағын алған. Жаңақорған ауданының, Тасбөгет кентінің Құрметті азаматы. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері. Шығармалары: * Алыстай берген аяулым. Хикаят. А., «Қайнар», 1996; * Өмір самалы. Әңгімелер жинағы. А., «Жалын», 1996; * Болашаққа сенім. * Ғұмыр дария. Жібек жолындағы жұлдыздар. Хикаяттар. «Қайнар», «Өнер», «Астана», 1997-2001. * Тәуелсіздік толғауы. Деректі хикаят. А., Жедел баспа, 2002. ## Дереккөздер
Рүстембек Жиенбайұлы (1905, қазіргі Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылы – 1966, сонда) – жырау. Сыр бойының ақындары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Омарлардан тәлім алған. Сыр, Қаратау өңірі ақындарының шығармаларын халыққа кеңінен насихаттаған. «Көроғлы», «Алпамыс», «Қобыланды», т.б. дастандарды жатқа айтқан. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Рүстем-Дастан парсы ақыны Ә.Фирдаусидың «Шаһнама» эпопеясы негізінде Т.Ізтілеуов жырлаған дастан. Ақын мұнан бұрын «Шаһнама» тақырыбында «Самұрық», «Дарапнама», «Әшкәбус» дастандарын жазған. 1934 жылы Фирдаусидің 1000 жылдық мерейтойы тұсында «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару ісі халық ақыны Ізтілеуұлына жүктелген. Дастанның көлемі 24 мың жол, 30 тараудан тұрады, 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған, 7 – 8 буын жыр үлгісі де кездеседі. Дүниежүзілік әдебиетте жоғары бағаланатын «Рүстем-Дастан» қазақ танымына мейлінше жақын етіп жырланған, ол арғы-бергі ертегі-аңыз оқиғаларға толы. Шығарма қазақтың батырлық жырларына өте ұқсас, онда қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері, тұрақты сөз тіркестері, туыстық атаулар мол кездеседі. Дастанның үлкен бір бөлігі М.Әуезовтің алғы сөзімен 1961 жылы басылып шықты. «Жәмшитнама» (12 мың жол) және «Дарапнама» (4 мың жол) бөлімдерімен толықтырылған нұсқасы 2004 жылы «Шаһнама. Рүстем – Дастан» деген атпен жарық көрді. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Негидалдар (орочондар, шляктар, элькан бэйэнин (эвенк және ульча тілдерінде негда – “жағалық”, “шеткі” деген сөз, өз атаулары “осы жердікі”, “жергілікті”)) – Ресей Федерациясының Хабаров өлкесінде тұратын халық. Амур мен Амгунь өзендерінің жағалауын мекендейді. Жалпы саны 600-дей. ## Тілі Солтүстік-азиялық нәсілдің байкалдық типіне жатады. Алтай тіл шоғырының тұңғыс-маньчжур тобына жататын негидал тілінде сөйлейді, тілі екі диалектіге бөлінеді. Орыс тілі де тараған. ## Діні Негидалдар ресми түрде православиеправославие дінін қабылдағанымен, табиғат құбылыстарына табыну, бақсылық сақталған. ## Тарихы Негидалдарды Амгунь өзенінің жағасын мекендеп, нивхтар, ульчалармен араласып кеткен эвенкілердің ұрпақтары деген болжам бар.Зерттеушілердің пікірінше, ежелгі ата-бабалары ежелгі темір дәуірінен бастап Байкал аумағы арқылы көшіп келген көшпелі тунгус аңшыларының тобы болған. Уақыт өте келе эвенктер тобы Амур және Амгун өзендерінің бассейндеріне жетіп, Охот теңізіне барып, сонда қоныстанды. Территорияның шалғайлығы табиғи оқшаулануға әкелді, бұл көршілес нивхтар, нанай, улчи халықтарының ықпалымен бірге негидал этникалық тобының қалыптасуына мүмкіндік берді. Болжам бойынша, қытай және маньчжур көпестерімен байланыс орта ғасырлардың аяғында басталған.Орыс казактары шалғай аймақтарға тек 17 ғасырдың екінші жартысында жетті. Өлкені орыстардың белсенді игеруі, қыстақтарды, тұрақты қоныстарды салу 20 ғасырдың екінші жартысында басталды. орыс, корей, эвенк тектес мигранттардың келуі Амгуннан алтынның табылуымен байланысты болды. Кеңес өкіметінің орнауымен негидалдардың дәстүрлі өмір салтында өзгерістер болды: ұсақ елді мекендер таратылып, ірілендірілді, көшпелілікке тыйым салынды, бақсыларды қудалады. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын, діни мәдениетті, балық аулау культімен байланысты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жоғалтуға әкелді. ## Кәсібі Дәстүрлі шаруашылықтарының негізгілері – балық аулау мен аңшылық. Терісі бағалы аң, жабайы бұғы, бұлан, құс аулау кең тараған. Бұғыны мініс, жегіс көлігі ретінде пайдаланып, иттерді шанаға (нарта) жегеді. Қозғалыс құралы ретінде шаңғы қолданылады, тақтайлардан, қайыңнан қайық жасайды. Жазда ағаш қабықтарымен жабылған, екі жақты шатырлы шағын үйде, чум мен күркеде, қыста астынан жылытылатын үлкен ағаш қаңқалы үйлерде тұрады. ## Мәдениеті Негидалдардың дәстүрлі киімдері амурлық үлгіге жатады. Олар қоян жүнінен кеудеше (уйпун), аңшылық күртесінің үстіне алжапқыш (белгепун), ит терісінен тон (ненанди), бұлан мен бұғы терісінен тігілген күртеше (конго), сондай-ақ тон (сун), белдемше (хоскан) киген. Аяқ киімдері пішіміне, материалына, мақсатына, әшекейлеріне қарай (тэргэме, лобдирма, гемчира, олот, т.б.) көптеген атаулар болған. Балықты қайнатып, қуырып, пісіріп, ірімшікті (строганина) кептіріп жеген. Оны шашлыққа, ал етті сым торға қуырды. Балық сорпалары шөп дәмдеуіштерімен дайындалды. Барлық дерлік тағамдарға балық пен итбалық майы қосылды. ## Қазақстандағы негидалдар Мордвалар Қазақстанға негізінен өткен ғасырдың орта шенінен бастап бастап, нарықтық қарым-қатынастарға байланысты көші-қон үрдістеріне орай қоныстанған.Қазақстандағы негидальдар саны: 1999 жылғы мəлімет бойынша 1 адам, 2009 жылғы мəлімет бойынша 6 адам. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер Әдебиеттер:Смоляк А.В., Этнические процессы у народов Нижнего Амура и Сахалина. Сер. ХІХ – нач. XX вв., М., 1975; Народы мира, историко-этнографический справочник, М., 1988. ## Сілтемелер * Неварлар * Нгонилер * Нганасандар
Бидас Рүстембекұлы (1951 жылы туған, Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылы) – жырау. Әлімұлы тайпасының Кете руының Құлыс бөлімінен шыққан. Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың баласы. Білімі орта, жастайынан ата-баба жолына түсіп, өлең айту және жыр жаттаумен айналысқан. Аудандық электр жүйесі саласында жұмыс істейді. Қармақшыдағы «Жиенбай жырау» мектебінің жетекшісі. Оның күйтабақтарға жазылған репертуарында атасы мен әкесінің жырлары, «Көрғолы» дастанының 5 саласы, т.б. бар. Рүстембекұлы Сыр бойындағы дәстүрлі жыраулық өнердің мақамын бұзбай айтушылардың бірі. Рүстембекұлы ақындар айтысына қатысқан (1980 – 87), 2-Бүкілодақтық халық шығармашылық фестивалінің лауреаты. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Бақыт Рысқалов (1902, Арал ауданы Аманөткел ауылы – 1955, сонда) – еңбек ардагері. Социолистік Еңбек Ері (1948). Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты (1938). 1921 – 37 жылдары «Аманөткел» балық аулау ұжымшарында балықшы, кейіннен бригадир болып жұмыс істеген. 1938 – 41 жылдары «Бөген» балық зауытының директоры, 1941 – 53 жылдары «Тастүбек» балық аулау ұжымшарының төрағасы, 1953 – 55 жылдары Бөген ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ленин орденімен марапатталған.Қазақ энциклопедиясы
Юбилейное — Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы, Калинин ауылдық округі құрамындағы ауыл, 2019-жылға дейін қысқартылған "Юбилейный ауылдық округі" орталығы болған. ## Географиялық ауданы Аудан орталығы - Әйет ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 42 км-дей, Рудный қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км-дей жерде, Тобыл өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан. ## Халқы 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 990 адам (465 ер адам және 525 әйел адам) болса, 2009 жылы 994 адамды (476 ер адам және 518 әйел адам) құрады. ## Тарихы Ауыл 1982-96 жылдары картоп өсіретін кеңшардың орталығы болған. Оның негізінде Юбилейноеде ЖШС құрылды. Ауыл арқылы Лисаковск – Рудный автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер
Берікбай Сағындықұлы (24 мамыр 1939, Ақжар ауылы, Қызылорда облысы — 11 желтоқсан 2023, Алматы) — қазақстандық ғалым, журналист, филология ғылымдарының докторы (1994), профессор (1997). ## Еңбек жолы * ҚазМУ-дың (ҚазҰУ) филология факултетін (1962), Мәскеудегі КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын (1975) бітірген; * 1961–72 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, хатшы; * 1975–79 жылдары «Ғылым» баспасында редактор, редакция меңгерушісі; * 1979–97 жылдары ҚазМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы; * 1997 жылдан профессор. Сағындықұлының 2 монографиясы, 7 оқу құралы, 200-ден аса ғылыми және публицистикалық мақалалары бар; * Қармақшы ауданының құрметті азаматы (2005). ## Дереккөздер
1942 жылы 22 наурызда Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылында туған. Қызылорда пединститутының филология факультетін және Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде, Қызылорда облыстық телерадиокомитетінде және облыстық партия комитетінде қызмет еткен. 1970 жылдан бері облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінде қызмет істеп келеді. Бірнеше жыр жинақтарының авторы, «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің екі дүркін жүлдегер. Шығармалары: Тұсаукесер. А., «Жалын», 1979; Шығыс. А., «Жалын», 1978; Сыр дария әуендері. А., «Жалын», 1981; Тұлпар туралы дастан, А., «Жалын», 1984; Ғашық жүрек; Айдынынан айрылған Арал ым-ай; Алтын арай; Түлпарлар тағдыры; Жыраулар; Тағдырдастан; Ғұмырдария; Ақ махаббат адастырмайды. ## Дереккөздер
Садық Ахун, Садық Қодарұлы (1860, қазіргі Сырдария ауданы, Ақжарма ауыл – 1937) – діни қайраткер, тәуіп. Әкесі алаша Қодар батыр болған. 14 – 15 жасында Тапал ахуннан, 16 жасынан Қармақшы жеріндегі Ораз ахуннан дәріс алған. Қалдан батырдың ауылында 1884 жылға дейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелейді. Кейін Көкілташ медресесінде төрт жыл тәлім алып, «ахун» дәрежесін алған, сондай-ақ медресе жанындағы Иран дәрігерлік мектебінде оқып, діни біліммен қатар Әбу Әли Ибн Сина ілімін де игереді. Садық Ахун 1898 жылдан бастап мешітте имам болған. 1900 Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңына көшіп келіп, дәулеттілердің көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық еткен. Бұл мешіт ахунның есімімен аталады. Ол мұнда бала оқытумен бірге емшілікпен де айналысқан. 1930 жылдары Ақмырза ишанның ұжымдастыруға қарсы көтерілісіне тілектес болған. 1930 – 33 жылдары белсенділердің көрсетуімен қамауға алынған. Республикалық, облыстық медицина мұражайларда, аудандық музейде ақын өміріне арналған бөлімдер бар. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Сазды — Қызылорда облысы Арал ауданындағы ауыл, Сазды ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Арал қаласынан солтүстікке қарай 88 км, Баршақұм құмды алқабының оңтүстік шетінде, Арал теңізінің байырғы табанында орналасқан. Жері – саздауыт, сор, тақыр, құм аралас болып келеді. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 555 адам (270 ер адам және 285 әйел адам) болса, 2009 жылы 564 адамды (278 ер адам және 286 әйел адам) құрады. ## Тарихы Ауыл 1957 – 96 жылдары асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін «Арал» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Бөлімшеде негізінде мал шаруашылық қожалықтары жұмыс істейді. Осы ауылда жазушы Түменбаев Жақсылық, ғалым Өзденбаев Жанбай Шүйіншіәліұлы туып – өскен. ## Дереккөздер
Бақытжан Әбдіқалықұлы Сайлыбаев (15.10.1955 жылы, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылы –04.09.2021 жылы, Қызылорда қаласы) – ғалым, педагогика ғылымдарының докторы (2010 ж.), Педагогикалық білім беру халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Қызылорда педагогикалық институтының (Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) физика-математика факултетін (1976), Мәскеу КСРО педагогика ғылымдары академиясының білім берудің мазмұны мен әдістері ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (1990) бітірген. 1976 – 1981 жылдары Қызылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, 1981 жылы Қызылорда педагогикалық институтының бастауыш сыныптарға білім берудің педагогикасы мен әдістемесі кафедрасында оқытушы, 1991 жылдан Қызылорда гуманитарлық университетінде, 1998 жылдан Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, 2003–2011 жылдары осы университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, бірінші проректоры .Атырау мемл. ун-тінің 1-проректоры (2011–2012 жж.), Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары (2013–2015 жж.), басшысы (2015–2018 жж.), Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры (2018–2021 жж.) қызметтерін атқарды. Сайлыбаев 80-нен астам ғылыми-әдістемелік еңбек, 2 монография, 10 оқу, оқу-әдістемелік құрал жазған. «Құрмет» орденімен (2015 ж.), бірнеше салаық төсбелгімен марапатталған. Қазақ энциклопедиясы
Аманкелді Құрбанұлы Саданов (28 мамыр 1951 жыл, Талап ауылы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы) — жалпы микробиология, микроорганизмдер экологиясы және топырақ биотехнологиясы салалары бойынша ірі ғалым. Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры. ## Білімі, қызмет жолы мен еңбектері Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының (қазіргі Қызылорда Мемлекеттік университеті) биология факультетінің түлегі. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөліміне қарасты В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын және Мәскеу қаласындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің топырақ биологиясы кафедрасының докторантурасын бітірген. 1982 жылдан 1994 жылға дейін ҚазССР ҒА Микробиология және вирусология институтында еңбек етті. А.Қ. Саданов кандидаттық (1984) және докторлық (1995) диссертациялық жұмыстарының зерттелуі барысында Қазақстан үшін ең маңызды жаңа ғылыми бағыт – топырақ биотехнологиясын және топырақ микробиологиясын зерттейтін ғалымдарды біріктіре отырып, ғылыми өз мектебін қалыптастырды. 1994 жылдан бастап А.Қ. Саданов Қазақ ауыл шаруашылығы институтының экология кафедрасының профессоры (1994-1995) қызметіне ауысып, одан кейін аталған кафедраның меңгерушісі (1995-2001) болып қызмет етті (кейіннен – Қазақ Ұлттық аграрлық университеті). 2002 – 2004 жж. А.Қ. Саданов Астана қаласындағы «ҚР Ұлттық биотехнология орталығы» Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. А.Қ. Садановтың тікелей қатысуымен Микроорганизмдердің республикалық коллекциясы, Степногорск қаласындағы халықаралық мониторингтік зертханасы және Ұлттық биотехнология орталығының экологиялық биотехнология зертханасы құрылды. 2004 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен құрылған ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Биологиялық зерттеу орталығы» РМК Бас директоры болып тағайындалды. Орталықтың құрамына биология саласы бойынша 9 ғылыми институттар енді. Аталған орталық жоғары оқу орындары мен биологиялық ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестірумен айналысуды қамтамасыз етті. 1998 – 2010 жылдары аралықтарында А.Қ. Саданов Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Микробиология және вирусология институты жанындағы кандидаттық, кейіннен докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болып сайланды. 2010 жылы А.Қ. Саданов ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» РМК-на Бас директор болып тағайындалды, ал 2018 жылдың мамыр айынан бастап «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС (бұдан әрі – Орталық) құқықтық мұрагері болып табылады. А.Қ. Саданов жалпы микробиология, микроорганизмдер экологиясы және топырақ биотехнологиясы салаларының ірі маманы бола тұра, микробиология мен вирусологияның түрлі маңызды бағыттары бойынша да іргелі және қолданбалы зерттеулерін дамытуға ерекше назар аударды. Бұнымен қоса, А.Қ. Садановтың ғалым және Орталықтың Бас директоры ретінде басты ұстанымдарының бірі «ғылыми зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу және оларды коммерцияландырудың» толық циклін жүзеге асыру. Бұны толықтай жүзеге асыру үшін Орталық жанынан ең жоғары заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған биологиялық және медициналық препараттар шығаратын «Өнеркәсіптік микробиология» микробиологиялық зауыты ашылды. Республикамызда алғаш рет А.Қ. Садановтың тікелей жетекшілігімен ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, медицина және ветеринария салаларына арналған 8 жаңа отандық биопрепараттардың («Ризовит-АКС» биотыңайтқышы, «Фосфобацирин-АС», «Фитобацирин», «Казбиосил» биопрепараттары, «Полилактовит» пробиотигі, «Бентобак» пробиотикалық азықтық қоспасы, «Бакойл-KZ» препараты, «Розеофунгин-АС» антибиотигі) технологиялары әзірленіп, олардың өндірісі ұйымдастырылды. Жыл сайын аталған зауыттан 40-50 тонна әртүрлі биопрепараттар шығарылып, сатылымға жіберіліп отыр. Көп жылдық жүргізіп келген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне көз жүгіртсек, оның авторлығымен 1036 ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде 620 ғылыми мақалалары, 24 монография, жоғары оқу орындарына арналған 39 әдістемелік құралдары мен оқулықтары даярланып, 155 авторлық куәлік пен патент, тауар белгілері алынған. Оның жетекшілігімен 40 кандидаттық және 17 докторлық диссертация қорғалды. А.Қ. Саданов Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы президиумының мүшесі және академигі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі және ҚР Үкіметі жанындағы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі қеңестің мүшесі. ## Ғылыми атақтары * 1995 жылы - Биология ғылымдарының докторы (ғылыми атағы); * 1996 жылы профессор ғылыми атағы; * 2011 жылы академик ғылыми атағы. ## Мемлекеттік марапаттары * 1999 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» белгісі; * 2005 жылы «Құрмет ордені»; * 2011 жылы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; * 2011 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі; * 2011 «Әл-Фараби» атындағы күміс медалі; * 2012 жылы Елбасының жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы; * 2019 «Парасат ордені». ## Әдебиет * Аманкелді Құрбанұлы Саданов. — Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2011. — 196 б. — ISBN 978-601-7254-22-3.
Зұлқарнай Сақиұлы 1935 жылы 7 сәуірде Қарақалпақ АССР-ы Тақтакөпір ауданындағы Дәуқара өңірінде туған. Қарақалпақ мемлекеттік педагогика институтын бітірген соң, 1956 жылы мектептерде сабақ берді. «Совет Қарақалпақстаны» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1957—1960), Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Путь Ленина» газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі (1963-1965, 1967-1968), Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі (1965- 1967), осы облыстағы ҚазТАГ тілшісі (1968-1970), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің аға тілшісі, жауапты хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушісі (1974— 1987), «Ақиқат» (бұрынғы «Қазақстан коммунист») журналының аға әдеби қызметкері (1970—1974), бөлім меңгерушісі (1987—1991), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің аға референті (1992-1993), «Санат» баспасының аға редакторы, «Жеті жарғы» баспасы бас редакторының орынбасары, «Әділет министрлігінің хабаршысы» журналының бас редакторы (1993 -1996), «Қазақ энциклопедиясының» жетекші маманы (1998), «Денсаулық» жур-налының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Орыс, өзбек, қазақ тілдерден қарақалпақ тіліне С.Щипачевтің, Се Май Ирдің поэмаларын, A.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, М.Е.Салтыков-Щедрин, Г.Гейне, Ш.Петефи, Н.Хикмет, Го-Мо-жо, Эми Сияо, Чжу Бао-хуа, Буи хань, Р.Ғамзатов, А.Малышко, М.Исаковский, Э.Жүманбұлбүл, Х.Әлімжан, А. Мухтар, Т.Тула, Қ.Аманжолов, С.Жиенбаев шығармаларын аударды. Орыс тілінен қазақ тіліне Х.Байрақүмо-ваның, Г.Марковтың шығармалары Б.Брехтің, А.Володиннің, Э.Де Филиппонвің пьесаларын, B.Короленко, О.Гончар, Ю.Казаков, Ю.Рытхэу,Я. Кросс, Ц.Дамдинсурэн, И.Минэскурта, Р.Салури, В.Далан әңгімелерін, «Соттар мен судьялар туралы хикаялар» жинағын («Жеті жарғы», 1998); башқұрт тілінен М.Кәрімнің «Көкейден кетпес балғын шақ», «Үштаған» («Жазушы», 1978) повестерін, «Тастама отты, Прометей!» трагедиясын, мақалалары мен әңгімелері^ З.Биішеваның «Зәбірленгендер» романын («Жазушы», 1981), М.Хисматуллинаның әңгімелерін, татар тілінен Т.Миңнуллиннің «Диләфруздың төрт күйеуі» комедиясын, қарақалпақ тілінен Т.Қайыпбергеновтің «Перғауын Хеопстың мүнарасы» траги-комедиясын (1998), Т.Жүмамұратов, И.Юсупов өлеңдерін, түрікмен тілінен Б.Сейтаков пен Т.Жүмагелдиев әңгімелерін аударды. «Хакімжан Наурызбаев»(«Өнер», 1987), Б. Ривкиннің «Антик өнері» («Өнер», 1988; Зей-нолла Серікқалиевпен бірге аударған) монографиясын, «Бәти-ма Зәуірбекова» («Өнер», 1989), «Қазақтанның монументтік өнері» («Өнер», 1991), «Тоқболат Тоғысбаев» («Өнер», 1991), т.б. кітаптарды тәржімалады. ## Дереккөздер
Балтырлық — жауынгердің балтырын қорғайтын жарақ түрі. Сауыт пен шалбарша кигенде тізеден төмен қорғаусыз қалатындықтан, балтырға арнайы қалың былғары астарға жұқа металл (қола, жез, темір) таспаларды көбелеп, қайыспен тігіп не темір шегелермен бекітіп жасаған балтырлық киеді. Балтырлықтың кейбір үлгілері балтырмен бірге аяқтың үстін де жауып тұруы мүмкін. Кейбір балтырлықтар металдан тұтастай соғылып та, тақташалары шығыршықтармен өріліп те жасалады. Көшпелі халықтардың бейнелеу өнерінен аяғына балтырлық киген жауынгерлерді көруге болады. ## Дереккөздер
Таза ұлттық өнім – өндірілген өнімнің өнім шығару барысында тозған өндіріс құрал-жабдығын ауыстыру (амортизация) үшін қажет бөлігін шегеріп тастағандағы жалпы ұлттық өнім. Демек, жалпы ұлттық өнім – брутто болса, таза ұлттық өнім – нетто. Жалпы ұлттық өнім капиталдың тозымпұлын шегеріп тастағандағы жалпы ұлттық табысқа тең, ал таза ұлттық өнім таза ұлттық табысқа тең. Таза ұлттық өнім – өнім көлемінің неғұрлым жетілдірілген көрсеткіші, өндірістің осы жылғы таза көлемінің өлшеуіші. Таза ұлттық өнім жалпы ұлттық өнім сияқты жер, капитал, жұмыс күші, басқарушылық машық-дағды сияқты ресурстардың көмегімен жасалады. Ресурстардың ұлттық өнімді жасауға қосылған ағымдағы үлесі пайдаға салынатын жанама салықты шегергендегі Таза ұлттық өнімді көрсетеді. Пайдаға салынатын жанама салықтарды қоспағанда қоғамның ұлттық табысын құрайды. Ұлттық табыс - таза ұлттық өнімді жасаудың ресурстарды жұмсау тұрғысынан қаншаға түсетінін көрсетеді, өнімнің ағымдағы көлемінің оны жасауға пайдаланылған экономикалық ресурстардың нарықтық бағасын айқындайды. ## Дереккөздер
Зубовка — Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы кент, Зубовка кенттік әкімдігі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Алтай қаласынан солтүстікке қарай 5 км жерде, Бұқтырма өзенінің сол жағалық аңғарында, бұта аралас самырсын, балқарағай орманы өскен тау баурайында орналасқан. ## Тарихы Іргесі 1973 жылы қаланған. ## Кәсіпорындары Зубовкада “Зырянов сыра зауыты” акционерлік қоғамы, “Элеватор” серіктестігі және бірнеше шаруа қожалықтары құрылған. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен темір және автомобиль жолдары арқылы қатынасады. ## Халқы ## Дереккөздер
Сабыржалға – Қызылорда облысының Арал, Ақтөбе облысының Шалқар аудандары жеріндегі өзен, ұзындығы 72 км, су жинайтын алабы 1250 км2. ## Бастауы Арал теңізінің солтүстік батысындағы қыратты бұлағынан басталып, Шевченко шығанағына құяды. Арнасы сәл ғана байқалады, қар суымен толығады. Ағыны көктемде ғана болады. Алабы көктемде жайылымға пайдаланылады. ## Дереккөздер
Сайыпназар Ахун Өтепұлы (1810, Сырдария ауданы Амангелді ауылы – 1873, сонда) – діни қайраткер. Ауыл молдасынан дәріс алып, кейіннен Бұхарадағы Көкілташ медресесін, Стамбұл, Мысыр қалаларындағы ірі діни оқу орындарын бітірген. Сыр елінде көптеген мешіттердің салынуына басшылық жасаған. Қалғандарияда 300 балалық медресе ашып, бала оқытқан. Сайыпназар Ахун түрік, араб, парсы, тәжік тілдерін жетік білген. Көптеген шығыс халықтарының ертегі-қиссаларының ізімен өлең жазған. Мұхаммед-Ханафия, Абу-Арис, Абу-Сина, шығармаларын, Қияметқайым дастандарын қазақ тіліне аударған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Тазкира, ғұмырнама – жазушының өмірі мен шығармашылығынан мәлімет беріп, шығармаларынан үзінді келтіретін кітап. Түркі және парсы әдебиеттануында қалыптасқан үш үлгінің бірі. Материалдарды үлгілеу, реттеу жағрафиялық, ұлыстық хронологиялық принциптер бойынша жүзеге асырылған. Ең көне Тазкираға Мұхаммед Ауфу Самарқандидің ежелгі әдебиет үлгілерін қамтыған “Негіздер негізі” (1220 жыл шамасы), сондай-ақ Даулатшаї Самарқандидің “Тазкират ош-шора” (1487), Ә.Науаидың “Маджалис ан-Нафаис” (1491–92) атты еңбектері жатады. Ең толық және деректері нақты тазкира - 1877 жылы Резакулихан Хедаяттың жинақтауымен басылған "Ділмарлар мәжілісі" ("Маджма аль-фусаха") кітабы. Кейін парсы-түркі тілдес халықтарда Тазкира кең тараған. ## Дереккөздер
Қаратау – Тәңір тауы тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан тау жотасы. ## Географиялық орны Қаратау негізінен, Жамбыл облысының аумағында орналасқан. Тек солтүстік-батыс бөлігі Түркістан облысы аумағында. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 420 км-ге созылып жатыр, енді жері 60 – 80 км (оңтүстік-шығысындағы Боралдай жотасы). Ең биік жері Бессаз тауы (2175 м). Жота қатарласа жатқан Кіші Қаратау және оңтүстік-батыс Қаратау жоталарынан тұрады. Бұларды бір-бірінен тауаралық ойыстар бөліп жатыр. ## Геологиялық құрылымы Қаратаудың шығысы және Кіші Қаратау протерозойлық тақтатас және құмтастарынан оңтүстік-батыс Қаратау карбонның әктас, құмтас, конгломераттар және девонның жанартаутекті жыныстарынан түзілген. Қаратау қойнауында еліміздегі ірі полиметалл (Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай, т.б.), фосфорит (Ақсай, Жаңатас) кендері шоғырланған. ## Жер бедері Жоталардың тау бастары тегістеу келген жазық, беткейлері шатқалды, тік жартасты болып келген. Қаратаудың оңтүстік-батысын Сырдария, солтүстік-шығысын Талас өзендері алаптары алып жатыр. ## Климаты Қаратау төңірегіндегі өңірге климат тұрғысынан өз әсерін тигізеді. Сондықтан жотаның оңтүстік-батысы мен солтүстік-шығысының ауа райында біраз айырмашылықтар бар. Қаңтар айындағы орташа температура жотаның солтүстік беткейі мен баурайында –10°С, оңтүстік-батысында –6°С. Жазы ыстық және құрғақ, шілденің орташа температурасы 22 – 26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері бөктерінде 200 – 400 мм, тауда 400 – 600 мм. Қаратау өңірінде жер асты суларының мол қоры бар. ## Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Беткейлерінің топырағы қоңыр, қызғылт қоңыр. Тауаралық аңғарлар мен шатқалдарында бетеге, боз, көде, өзен аңғарларында тоғай өседі. Қазақстанның басқа жерінде жоқ, (35 – 40%) каучук ретінде қолдануға болатын тау сағызы осы Қаратау қойнауында мол кездеседі.Таутеке, борсық, түлкі, қасқыр, түрлі тышқан, сарышұнақ, т.б. мекендейді. 2004 жылы Қаратау қорығы құрылған. ## Дереккөздер
Күреңбел (1993 жылға дейін – Самсоновка) — Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ауыл, Күреңбел ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 км-дей жерде, Теріс өзені жағалауының бетеге, нарғия, т,б, шөптесін өскен шалғынды қоңыр, бозғылт қоңыр топырақты тауаралық құрғақ аңғарға орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1952 жылы Чапаев атындағы сүт өндіру ұжымшары ретінде құрылған. Ұжымшар негізінде Күреңбелде және округке қарасты Қаратас ауылында 2 өндірістік, 16 шаруа қожалықтары құрылған. Орта, орталау мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, 2 фельдшірлі-акушерлік, 2 фельдшірлі пункт бар. Бұрын "Самсоновка" деп аталған. Бұл ауыл еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи атауына қайта ие болды. Оның Күреңбел атануы сонау сағымды қырдан күреңітіп тұрған соң осылай аталған деседі, өйткені аудан орталығына бара жатқан оңтүстік беткейі биік асу, ал солтүстік жағы да биік жон немесе тау белдеулері. Бұл жердің шөбі ерте қуарады да жаз ортасында-ақ күреңітіп жатады. ## Дереккөздер
Найза қонысы – көне дәуір ескерткіші. Орталық Қазақстан облысы Қарқаралы ауданы Кент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км жерде, Кент тауының сайында, Қызылкеніш өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қола дәуіріне жатады. 1991 жылы ҚарМУ археологиялық экспедициясының барлау тобы ашты. Аумағында сопақша пішінді, орташа өлшемдері 86 м-ден 1510 м-ге дейін жететін барлығы 5 тұрғын үй орны анықталған, бұлардан сәл шеткерірек бұзылған қыстау қалдықтары байқалады. Көне үй орындарының тығыз шоғырлануы қоныстың қыс мезгілінде пайдаланылғанын көрсетеді. Зерттеу барысында табылған қыш үлгілері қонысты б.з.б. 12 – 8 ғ-лардағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің адамдары мекендегенін аңғартады. ## Сілтемелер * Қазақстан * Зерттеулер * Қола дәуірі * Ескеткіштер ## Дереккөздер
Тарышы – керей тайпасынан тараған рулар бірлестігі. Қазақ шежіресі бойынша керей ашамайлы керей, абақ керей болып екі тармаққа бөлінеді. Ашамайлыдан шимойын-танаш, одан сибан, балта, көшебе, Тарышы рулар бірлестігі қалыптасып, бұлардан ірілі-ұсақты бірнеше рулар тарайды. Тарышыдан ақсары, құлсары, тоқымбет, матақай, самай, еменалы (семеналы), нұралы, нұрымбет. Бұл ру, аталар 19 ғасырдың бас кезінде бүгінгі Орт., Солт. Қазақстан, Омбы жерін мекен еткен. 1824 ж. Көкшетау окр. ашылғанда мұнда құлсары – 870, балта, көшебе – 620, еменалы – 895, самай – 795 түтін болған. Ұраны – Ошыбай, Ашамай, таңбасы – +, Х. ## Тұлғалар * Әлдебек Сатайұлы ## Дереккөздер
Қалдарбек Найманбаев (16.3.1939, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Асықата ауылы – 22.9.2004, Алматы) – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2001). ## Өмірбаяны ҚазМУ-ды бітірген (1961). 1960 – 92 жылдары “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, “Білім және еңбек” (қазіргі “Зерде”) журналында бас редактор (1970 – 76), авторлық құқық жөніндегі агенттік басшысы (1986 – 87), “Ара – Шмель” журналының бас редакторы (1987 – 88), “Жазушы” баспасының директоры (1988 – 92), Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1991) болды. 1992 жылдан өмірінің соңына дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының 1-орынбасары қызметін атқарды. Алғашқы повестер мен әңгімелер жинағы 1965 ж. “Даңқ тұғырында” деген атпен жарияланды. “Біз сені күтеміз, Гүлзат” (1986), “Домалақ арыз” (1987), “Жаңа жыл алдында” (1988) атты пьсалары респ. және облысы театрлар сахнасында қойылды. Ол “Көктөбе”, “От пен ойын” романдарында жекелеген адамдар қарым-қатынасы арқылы қоғамдық қайшылықтар сырын ашуға әрекет жасайды. ## Шығармалары Шығармалары шет ел тілдеріне аударылған.Шығармалары: Қоштасқым келмейді, А., 1969 (орыс тілінде 1971); Үміт өткелі, А., 1971; Сол бір түн, А., 1972;Таңдаулы шығармашылық жинағы 2 т., А., 1991. ## Сілтемелер * Мәдениет * Өлең * Пьеса * Өнер ## Дереккөздер
Полтавка — Ақмола облысы, Атбасар ауданындағы ауыл, Полтава ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Атбасар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 41 км жерде. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1896 жылы қаланған. 1930 жылы ұжымшар болып құрылды. Ұжымшар негізінде 1996 жылдан ЖШС және бірнеше шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Ең жақын темір жол станциясы — Атбасар (41 км). ## Дереккөздер
Қаратау — Жамбыл облысындағы қала (1963 жылдан), Талас ауданының орталығы (1997 жылдан) және темір жол бекеті. ## Географиялық орны Облыстың оңтүстік бөлігінде, Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 82 км жерде, Қаратау тауының солтүстік-батыс сілемі – Шолақтау баурайында, Жетімшоқы және Ақтау тауаралық аңғарында, бұта аралас боз жусан, сұлыбас, баялыш, бетеге, т.б. астық тұқымдас шөптесін өскен сұр топырақты шөлді белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1946 жылы Шолақтау кенті болып қаланған. Қала өмірі Қаратау фосфоритті алабымен тығыз байланысты. Қаратау кеніші алғашқы өнімін 1946 жылы 5 желтоқсанда бере бастады. 1963 жылы флотациялық әдіспен байыту фабрикасы іске қосылды. Қаратау 20 ғасырдың 60 – 90-жылдары, КСРО және республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. Осы жылдары ауыл шаруашылығына қажет фосфорлы минералды тыңайтқыштарға сұраныс күшейді. Бұл Қаратауда фосфорит өндірісін қарқынды дамытуға жағдай туғызды. Оның негізінде Қаратау кен-химия комбинаты салынды. 1965 – 85 жылдары Қаратауда республика деңгейдегі құрылыс ұйымдарының сала аралық кәсіпорындары жұмыс істеді. Қалада өндірістің дамуы оның инфрақұрылымдарының санын жедел өсірді. Жартас бөгені салынды (1944, сыйымдылығы 6 млн. м³). 1948 жылы Кеншілер саябағы ашылды. 1970 – 80 жылдары қалалық кітапхана, балалар кітапханасы, спорт ғимараттары бой көтерді. 1964 жылы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Ұлттық технология университет) бөлімшесі ашылды. 1966 жылы құрылыс техникумы, кәсіби-технология училище құрылды (қазіргі кәсіптік бағдар беретін мектеп-лицей). Тәуелсіздік жылдары бұрынғы КСРО аумағындағы экономикалық байланыстардың жаппай үзілуі өндіріс орындарының тоқырауына әкелді, қала өмірінің ырғақты дамуы тежелді. Қаратау фосфорит кентасын пайдаланатын Самара, Волгоград, Пермь, Қоқан, Алмалық, Самарқан, Чарджев қалаларындағы химия кәсіпорындар фосфор шикізатын сатып алуды тоқтатты. Тек 90-жылдардың соңында ғана бұрынғы байланыстар қалпына келе бастады. ## Өнеркәсібі 1990 жылға дейін Қаратауда 40-тан астам өндіріс орындары болды. Бұрынғы фосфорит өндірістік құрылымдары «Қаратау» АҚ-на біріктірілді. Сонымен бірге қалада химия, құрылыс материалдары, тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары, ет, нан, сүт заттары, т.б. кәсіпорындар бар. Аудан тұтынушылар кооперативі, аудан телекоммуникация, пошта торабы, аудан электрлендіру жүйесінің мекемесі, Ақкөл су шаруашылық жүйесінің басқармасы, «Сарытас», «Қаратау» кен байыту басқармасы» акционерлік қоғамдары, «Мәрмәртас» кен орны, Сүлейменсай тері өңдеу фабрикасы, «ҚаратауНан», «Құрылыс-Жанар», «Жолаушы автокөлік кәсіпорны» акционерлік қоғамдары, 2 жол жөндеу басқармасы, т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы Бірнеше жалпы білім беретін мектептер, музыка, спорт мектебі, кәсіптік-технологиялық мектеп, Қаратау кен құрылысы колледжі, 2 аурухана, емхана, мәдениет сарайы, стадион, кітапхана, мешіт, т.б. мекемелер бар. Қаланың орталық алаңының өзіндік архитектура ансамблі қалыптасқан. Қаратау қаласының іргесінде ежелгі Тамды елді мекенінің орны (Тамдыкент немесе Пергант) сақталған. ## Дереккөздер
Әбдіхалық Сайлыбаев (1914, Қызылорда қалалық округі, Қызылжарма ауылы – 1983, сонда) – еңбек ардагері. Фин соғысына қатысқан. Ташкент су шаруашылық техникумын (1932), Мәскеу теміржол көлік инженерлері институтын (1937), Ленинград (Санкт-Петербург) жоғары әскери-теңіз инженерлері училищесін (1939) бітірген. 1939 – 40 жылдары Балтық теңізінде «Комсомол», Қара теңізіде «Красный Кавказ» әскери корабльдерінде соғысқа қатысқан. 1940 – 45 жылдары Түркістан облысы Арыс станциясындағы 21-мектепте мұғалім, Ащысай кенінің ФЗО мектебі директорының орынбасары, 1945 – 48 жылдары Қармақшы ауданы партия комитетінің 2-хатшысы қызметтерін атқарған. 1948 – 54 жылдары Жосалы механикалық зауытында инженер конструктор, 1954 – 61 жылдары Жаңақорған ауданы Төменарық кеңшарында партия ұйымының хатшысы болған. 1961 – 75 жылдары Сырдария ауданы «Комсомол» кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы, кадр бөлімінің бастығы қызметінде болды. Бірнеше медальмен марапатталған. ## Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы
Қаратау ақшешегі (лат. Botschantzevia karatavica, Arabis karatavica) – орамжапырақ тұқымдасы, ақшешек туысына жататын шала бұта. ## Өсу аймағы Қаратаудың тау беткейлері мен биік жартастарында өседі. ## Ботаникалық сипаты Биіктігі 2 – 8 см. Тамырдан өсетін жапырақтары жалпақ, ал сабақ бойындағы жапырақтары майда, қандауыр тәрізді. Тостағанша жапырақтарының ұзындығы 5 мм-дей, сопақша келген, сыртын жұлдызды түк басқан. Күлтесі ақ түсті. Тұқымымен және атпа тамырлары арқылы вегетативтік жолмен көбейеді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жемісі – бұршаққын піседі. Қ. а. – өте сирек кездесетін сәндік өсімдік. Таралу аймағының жылдан жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Кіші ассамблея, Қазақстан халықтарының Жамбыл облыстық Кіші ассамблеясы – облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметін үйлестіріп отыратын ұйым. 1995 ж. құрылды. Бастапқы кезде 9 ұлттық-мәдени орт-ды біріктірсе, қазіргі кезде олардың саны 20-ға жетті. Соңғы 3 жыл ішінде қырғыздардың «Манас Ата», еврейлердің «Шиват Цион», әзербайжандардың «Әзері», қытайлардың, поляктардың ұлттық-мәдени орт-тары және «Қазақстан корейлері Ассоциациясының» Тараз бөлімшесі құрылып, заң орындарынан тіркеуден өтті. Ассамблея құрамына 180 адам және барлық ұлттық-мәдени орт-тардың жетекшілері кіреді. Ассамблеяның ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы, Қазақстан халықтарының бірлігі күні және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні, сондай-ақ, облыстағы түрлі халықтардың ұлттық мейрамдары аталып өтіледі. Оған барлық ұлттық-мәдени орт-тары да тартылады. «Әулие Ата» қазақ ұлттық-мәдени орт-ның М.Әуезовтің 100 жылдығын, Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдығын, Орыс қауымдастығының А.С. Пушкиннің 200 жылдығын, С.Есениннің 105 жылдығын, Өзбек ұлттық-мәдени орт-ның өзбек халқының ағарту ісіне зор еңбек сіңірген М.Сұлтановтың 100 жылдығын, Р.Мамедованың творчествосының 40 жылдығын атап өтуіне Ассамблея ұйытқы болды. Ассамблея өскелең жас ұрпақтың тәрбиесі мәселесіне жіті көңіл бөліп, олардың өз салт-дәстүрін, тарихын, ана тілін білуі жолында көп істер атқаруда. Соның нәтижесінде облысы көлеміндегі орта мектептерде дүнген, ұйғыр, корей, неміс, татар, еврей тілдерін, олардың өнері мен мәдениетін оқытатын арнайы сыныптар мен жексенбілік мектептер ашылды. Сондай-ақ, облыста өзге ұлт өкілдерінің мемл-тік тіл – қазақ тілін меңгеруін дұрыс жолға қою мақсатында да көптеген іс-шараларды жүзеге асырылуда. облысыта ұлтаралық татулықты нығайта түсу ниетінде Ассамблеяның ұйымдастыруымен жыл сайын Халықтар достығы фестивалі өткізіліп тұрады. ## Дереккөздер
Шонанова Шахзада Аронқызы (1903, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы – 9.3.1938, Алматы) – педагог-әдіскер, 20 ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, сталиндік репрессия жылдарында атылған бірден-бір қазақ қызы. Шонанованың әкесі Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер, Б.Қаратаевтың туған інісі, оқыған адам болған. Осыған байланысты шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайы Шонанованың болашақ тағдырына көп қиындықтар келтірді. Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медикалық факультетіне (1920), кейіннен Алматы медикалық институтына (1931) түскен Шонановаға “тап жауының қызы” деген айып тағылып, екеуінде де оқудан шығарылады. Алғашқы оқуынан шығып қалғаннан кейін ол 1922 – 26 ж. Оралда губерниясы атқару комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеді. 1928 ж. Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. 1931 ж. Алматы медикалық институтына түсіп, алайда қатаң бақылауда болып, үздіксіз аңду мен қудалауға ұшыраған Шонанова 1933 ж. ақыры оқуды тастады. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Телжан Шонановқа тұрмысқа шыққан ол Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғалым-хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарды. 1936 ж. қызметтен еріксіз босаған Шонанова ҚазМУ-дың биологиялық факультетіне оқуға түсті. Бірақ оны аяқтай алмады. 1937 ж. қисынсыз жала жабылып, “халық жауы” атанған Шонанова саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. ## Дереккөздер
КІРБАЕВ Түзелбай (01.03.1930, Шу ауданы Ақтөбе а. – 15.04.1978, Көкшетау қ.) – қоғам қайраткері. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасы Шымыр руынан. Мәскеудегі Калинин атынд. түсті металдар ин-тын, Қазақ мемл. а. ш. ин-тын бітірген (1953). Шу ауданында Мойынты – Шу т. ж. құрылысындағы комсомол ұйымының жетекшісі болған. 1953 жылдан бастап Көкшетау облысы, Володар ауданындағы Грачев МТС-ның шеберхана меңгерушісі, бас инженері, директоры, «Заветы Ильича» кеңшарының директоры, Володар ауданы атқару к-тінің төрағасы. 1970 – 78 ж. Көкшетау облысы атқару к-ті төрағасының бірінші орынбасары. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Төрт рет Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы ордендерімен марапатталған. Шу қ-ндағы бір көше оның есімімен аталған. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, 9-том
Ораз-Мұхаммед сұлтан (орыс. Ураз-Магмет царевич, тат. Ураз-Мөхәммәт, 1573 – 1610) – қазақ сұлтаны, Қасым хандығының билеушісі, Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы, Шығай ханның немересі. Ораз Мұхаммед орыс жылнамаларында “қазақ ордасының ханзадасы” деп аталады. 1588 ж. Ораз Мұхаммед хан кеңесшісі (қарашысы) Қыдырғали Жалайыримен бірге Сібір хандығының астанасы Искерге (Қашлық) жергілікті билеуші Сейдахметке (Сейтек, Сейдақ) қонаққа барып, Сейтек ханмен бірге Ертіс бойында аңшылықта жүрген кезінде Тобыл воеводасы Данила Чулков жасағының қолына түсіп, Мәскеуге жөнелтілді. Федор Иванович патша оны жылы қабылдап, қызметке тартты. Ораз Мұхаммед патша сарайындағы салтанатты қабылдауларға, орыстардың шведтерге (1590), Қырым хандығына (1598) қарсы соғыстарына қатысты. 1594 жылдың соңында Тәуекел хан Мәскеуге аттандырған Құлмұхаммед елшілігі Ресеймен достық келісім жасау жөніндегі саяси ұсыныстармен қатар Ораз Мұхаммедті еліне қайтаруды өтінді. Тәуекел хан Ресеймен саяси келісімді бекіту мақсатымен Ораз Мұхаммедтің орнына өз балаларының біреуін аманатқа беруге міндеттенді. Бірақ бұл Тәуекелдің өліміне байланысты аяқсыз қалды. Орыс патшасы Борис Годунов 1600 ж. Ораз Мұхаммедті Ока өзенінің бойындағы Қасым (Касимово) хандығының ханы етіп тағайындады. 1605 – 13 ж. Ресейде болған бұлғақ жылдарында Ораз Мұхаммед Лжедмитрий ІІ жағына шығып, жалған патшаның сарайындағы атақты адамдардың бірі болды. Ораз Мұхаммедтің өзіне адал қызмет етпейтінін сезген Лжедмитрий ІІ оны Ока өзенінің жағасына аң аулауға ертіп барып, жалдамалыларына өлтіртті. ## Дереккөздер
Қараарша асуы – Іле Алатауындағы Қараш жотасының оңтүстік-шығысындағы асу. ## Географиялық орны Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылының оңтүстік-шығысында 33 км жерде орналасқан. ## Жер бедері Ең биік жері 3400 м шамасында. Мамыр – қыркүйек айларында салт атты адам өте алады. Қараарша асуының солтүстігінен Түрген, Асы, оңтүстігінен Жіңішке өзендерінің салалары таудың биік жоталарындағы мұздықтардан бастау алады. Жатық беткейлі кең өзен аңғарлары мен жайпақ жоталар жоғары қарай біртіндеп тар аңғар, құлама беткейлі шатқалдарға ұласады. ## Өсімдігі Солтүстік беткейінде қарағай, шырша, одан жоғары альпілік шалғындар өседі. ## Дереккөздер
Субеде (лат. Menyanthes) – субеделер тұқымдасына жататын көп жылдық шөп тектес, монотипті батпақ өсімдігі. ## Сипаты * Биіктігі -15 – 35 см. * Тамыры ұзын және жуан, ішінде ауа жүретін қуыстары бар. Тамырының сәл ғана көтерілген ұшына ұзын сағақты бірнеше ірі жапырақ өсіп шығады. * Сабағы жапырақсыз, биіктігі 30 см-ге дейін жетеді. Оның ұшар басындағы гүлдері масақ тәрізденіп шоғырланып тұрады. * Тамырдан өсіп шыққан жапырақтары теріс қаратып қойған жұмыртқа тәрізді, шеттері бүтін, үш-үштен қосақталған. * Гүл тостағаншасы бес қалақшадан тұрады. Гүлі ақ, ақшыл-қызыл. Мамыр – шілде айларында гүлдейді. * Шілде – тамызда жеміс салады. Шар тәрізді жемісінің ішінде көптеген тұқымдары болады. Қазақстанда Тобыл-Есіл атырабында, Мұғалжарда, Зайсан, Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауының мүкті және ылғалды-батпақты жерлерінде өсетін 1 түрі – үшжапырақты субеде (М. trіfolіata) бар. * Гүлдері – қызғылт реңді ақ түсті, олар тамырдан тікелей өсіп шығатын сабақшада шоғырланып, масақ құрайды. Маусым айының басында гүлдеп, көздің жауын алады. ## Емдік қасиеті Субеде жапырағының құрамында глюкозид-мениатин; сабағында – май, холин, шайыр, йодты заттар; тамырында – метионинглюкозиді, илік заттар болады. Халық медицинасында субедені туберкулезді, қызбаны, құрқұлақ, ішек ауруларын, безгекті емдеуге пайдаланады. Медицинада оны асқазан қышқылы азайғанда тәбет көтеретін және өт айдайтын дәрі ретінде қолданады. ## Қолданылуы. Мал дәрігерлігі практикасында туберркулезге шалдыққан жас малды емдеуге, сондай – ақ азыққа деген тәбетін арттыруға, асқазан – ішек жұмысы мен тыныс алу органдарының қызметін жақсартуға қолданылады. Сонымен қатар субеденің дәрілік шикізаты мал ішегіндегі түрлі гельминтті құрттарды түсіру үшін, сондай – ақ өт жүргізу үшін де қолданылады. Субеденің кептірілген жапырағы ірі қараға – 25 – 50 грамнан, жылқыға – 10 – 25 грамм, тауыққа – 0,2 – 1 грамнан беріледі. Дәрілік тұнба 1:10 қатынаста жасалып, малға күніне 2 -3 рет ішкізіледі.Ірі қараның өкпе туберкулезін емдеу үшінсубеде жапырағының, қызыл таспа шөбінің, сирень жапырағының, қара андыз тамырының әр қайсысы 30 грамнан алынып, араластырылады да, қайнап тұрған 1,5 литр суға салынып, 15 – 20 минут тұндырылады. Дайын тұнба тірілей салмағы 80 -100 кг бұзауға – 150 – 200 миллилитрден күніне 3 – 4 рет ішкізіледі. Емдеу мерзімі – 7 – 10 тәулік. Одан кейін 10 күн үзіліс жасап, қайтадан емдейді. Мал дәрігерлігі практикасында субеденің тұнбасымен мал денесіндегі жараларды жуып, тез жазылуына әсер етеді. Шілде – тамыз айларында 3 – 4 айлық қозылардың мониезиоз ауруын ( гельминтті ) субеденің жапырағымен емдеуге болады. ## Галерея ## Тағы қараңыз * Дәрілік өсімдіктер ## Дереккөздер Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Субеде — "Қайнар", 1988. — Б. 151-153. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.
Қаратау гуманитарлық техникалық колледжі - Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы орта кәсіптік білім беретін оқу орны. Ол 1964 жылы тау-кен-құрылыс техникумы болып ашылған. 1997 жылдан құрылыс техникумы, ал 2003 жылдан гуманитарлық техникалық колледж. Мұнда экономистер, есепшілер және аудиторлар, құрылыс мамандары және де басқа мамандық иелері даярланады. ## Дереккөздер
Он оқ тайпасы, Он оқ будун (будун – халық, ел, тайпа) – Батыс Түрік қағанатының негізгі этникалық-саяси ұйытқысы болған тайпалардың ортақ атауы. Оған әрқайсысы бес тайпадан тұратын дулу (тулу, түрік) және нушиби одақтары енген. ## Бектер Түрік қағандығында 7 ғасырға дейін-ақ таққа отыру мәселесі тек осы екі тайпа одақтарының қолдауымен жүзеге аса бастады. Батыс Түрік қағанатындағы билік үшін күрес ашиналықтардың саяси-құқықтық ықпалын кемітіп, оларды Он оқ тайпасына тәуелді етті. Бұл Он оқ тайпасынаның саяси беделін өсірді. Олар Ышбар Төліс шадты (634 – 39) Батыс Түрік қағанатында реформа жасауға көндірді. Реформа бойынша дулу мен нүшбе тайпасының әрқайсысынан бір-бірден он бек тағайындалды және ол бектер Ашина әулетінен емес, жергілікті ру-тайпа көсемдері арасынан шықты. Ол бектердің әрқайсысы Ашина әулетінің шадымен, яғни текті ханзада дәрежесімен теңестірілді. Әрбір тағайындалған бекке биліктің белгісі ретінде бір-бір жебеден берілгендіктен олар “Он оқ тайпасы” деген атауға ие болды. ## Орналасқан жері Негізгі аумағы “ежелгі усун жерін” яғни Қаратаудың шығысынан Жоңғарияға дейінгі жерді қамтыды. Олардың шекаралары Шу өзенінде болды. Шу өзенінің шығысын алып жатқан қағандық иелігін дулулар, ал Шудың батыс аймағын нүшбелер мекендеді. ## Сілтемелер * Батыс Түрік қағанаты * Түрік қағанаты * Шығыс Түрік қағанаты ## Дереккөздер
Хинин ағашы, цинхона (лат. Cinchona) – рияндар тұқымдасына жататын өсімдік. Хинин ағашы Оңтүстік Америкада, Анд тауларының (3300 м биіктікке дейін) баурайында өседі, 40-қа жуық түрі бар. Биіктігі 10 — 15 м, қарама-қарсы орналасқан, етжең жапырақтарының жиегі тілімденбеген. Ағаштың діңінде және т.б. бөліктерінде медицинада пайдаланатын хинин, цинхонин, т.б. алкалоидтар болады. 17 ғасырдан бастап, өзінің отанында хинин ағашын емдік мақсатта пайдалану үшін көп кескен. 19 ғасырда оның тұқымын жасырын Ява аралы мен Үндістан түбегіне әкеліп, сол жерлерде хинин ағашының плантациясы өсіріле бастаған. Қазіргі кезде хинин алудың әлемдік негізгі үлесі Индонезияға тиеді. Леджер хинин ағашы (С. offіcіnalіs), қызыл діңді хинин ағашы (С. succіrubra), т.б. түрлерінің будандары қолдан өсіріледі. Соңғы кезде хинин ағашын медицинада көп пайдалануға орай, олардың мәдени өсу орт-тары азая түсті. ## Дереккөздер
Шонжар — дәстүрлі қазақ қоғамындағы билік пен үстемдік жүргізген беделді адамдардың жалпы атауы. Қазан төңкерісінен кейін 1920–1930 жылдары еңбекші халықтан басқа кез келген билік иелері немесе ауқатты адамдар (би, болыс, байлар) Шонжар аталып, тап жауы ретінде қуғындалды. Бұл терминмен кеңестік тарихнама үстем тап өкілдерін белгіледі. Қазіргі таңда Шонжар сөзі тілдік қолданыста кездеспейді. ## Дереккөздер
Байнатов Жұмабай (1946 ж. қазіргі Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген) – техника ғылым докторы (1993), профессор (1994), ҚР Инженер академиясының академигі (1998). ## Өмірбаяны Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтын (1970) және Киев қаласындағы электронды ғылыми-зертханалық институтының аспирантурасын (1976) бітірген. Қазақ политехникалық институтында ассистент (1976–1980), Алматы архитектура-құрылыс институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент, профессор (1980–2000) қызметтерін атқарған. 2000 жылдан Қазақ көлік және коммуникация академиясында профессор «Защитные сооружения горных автомобильных дорог от селевых потоков» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Байнатов 270-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның авторы. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер
Зәуірбектөбе – ортағасырлық қоныс орны. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Абай ауылының шетінде, Кеңес су қоймасының оң жағалауында орналасқан. Зәуірбектөбе 1978 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы ашып, зерттеді. Қазіргі орны үшбұрышты келген төбешік. Көл. 110х120 м, биіктік. 2,5 м шамасында. Ол табандағы ені 10-15 м, биіктік 2 метрдей, бұрыштарында мұнара қалдықтары байқалатын үйінді жалмен қоршалған. Қоныстан сыры жоқ табақша, құмыра, көзе және басқа да ыдыстардың сынықтары жинастырылған. Табылған заттарға қарағанда Зәуірбектөбе халық 7 – 9 ғасырларда мекен еткен. Олар егін егіп, мал шамамен айналысқан. ## Дереккөздер
Мұхтар Жұмабекұлы Минглебаев (14 желтоқсан1954 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген) – физика-математика ғылымдарының докторы (2006), профессор (2008). ҚазМУ-ды (1976, қазіргі Қазақ ұлттық университеті), Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының астрофизика институтының аспирантурасын (1980) бітірген. Қазақ КСР-і Ғылым Академиясында кіші аға, ғылыми қызметкер (1980–91), әр түрлі мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде (1992–2003) қызмет істеді. 2003 жылдан Қазақ ұлттық техникалық университетінде және 2008 жылдан ҚазҰУ-да профессор қызметінде «Аналитическая динамика поступательно-вращательного движения гравитирующих тел с переменными массами и размерами» тақырыбында докторантуралық диссертация қорғады. 80-нен астам ғылыми жарияланымның, 1 монографияның авторы. ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Қазақ ұлттық университеті * Докторантуралық диссертация
Римма Георгиевна Акимочкина (29.1.1927, қазіргі Ресей, Тула облысы, Липицы қаласы) – дермато-венеролог,медицина ғылымының докторы (1984), профессор (1985). Томск медицина институтын бітірген (1950) соң осы институтта ассистент (1954–62), Қарағанды мемлекеттік медицина институтында доцент (1963–75) болды. 1976 жылдан осы институтта кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – псориаз, есекжем, нейродермит ауруларын родонды су және ауа бұлаулары арқылы емдеу мәселелері. Акимочкина 85-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 1 өнертабыстың авторы. ## Шығармалары: * Поздняя кожная порфирия (1966); * Методы родонотерапии больных дерматозами в условиях Центрального казахстана (1972). ## Дереккөздер
Байбақты Қармысұлы (1823–1916) — батыр, әулие адам болған. Жем өзенінің төменгі сағасы Айранкөл, Шатпакөл деген жерлерді жайлаған. Байбақты Бесқала, Қоңырат жаққа өткен кезінде Хиуа ханының жасағына алынып, қызылбастарға қарсы жорықтарға қатысқан. Бір ұрыста aдайдың Сүгір деген батырын жау қоршауынан алып шыққан. Осы ерлігі үшін Хиуа ханы оған бес қару мен ақалтеке тұқымды арғымақ сыйлаған. Байбақты 1853–1860 жылдары Маңғыстау, Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының патшалық Ресейге қарсы көтерілісінде ерекше белсенділік көрсеткен. Өмірінің соңғы кезеңінде молдалық (сопылық) жолға түсіп, тақуалықпен өткізген. Доссордан солтүстікке қарай он шақырым жердегі Тасқұдықта жерленген. Байбақты қорымындағы зиратына адамдар түнеп, әулиеге тағзым етеді. Басына ескерткіш кесене салынған. ## Дереккөздер
Қаратау кекіресі (лат. Oxytropіs karatavіca) – бұршақ тұқымдасы, кекіре туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. ## Ботаникалық сипаты Биіктігі 8 – 15 см, тамыры жуандау келген, жер астындағы тамырлары шашақталған, жер үстіндегілерінің сабақтары қысқа, ұзындығы 0,5 – 1,5 см-дей. Қандауыр тәрізді жапырақтарының ұзындығы 5 – 12 см, сыртын ақ түк жапқан. Гүлсидамы ақ, қара түкті. Тостағанша жапырақтары түтікше, қоңырау тәрізді, ұзындығы 7 – 9 мм. Күлтесі қарақошқыл-күлгін түсті, оның шеті ойық, біртіндеп созылып тырнақшаға айналған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр – маусымда гүлдеп, маусым – шілде айларында жемісі піседі. Тұқымы бүрлі, бұршағы жарғақты, домалақ, жұмыртқа пішінді, ұзындығы 15 – 25 мм, ені 15 мм-дей, сыртында теңбілді дағы бар, ақшыл жұмсақ түк жапқан. ## Өсетін аймағы, қорғалуы Қаратау кекіресі тек Қаратауда ғана кездеседі. Сирек кездесетін эндемик өсімдік. Жылдан жылға таралу аймағының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. ## Дереккөздер
Жолдыаяқ Тілеуұлы (1665, Ақтөбе облысы – 1684, Сайрам қаласы) – батыр, Кіші жүздің белгілі биі Тілеу Айтұлының баласы. Сайрам шайқасында ерлігімен көзге түскен. Сол шайқаста қаза тапқан. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленген. Түркістан қаласында әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ батырлар атында көше бар. Ұрпақтары Ақтөбе облысында тұрады.
Алтынемел, Көшентоған - Алматы облысының Кербұлақ ауданы жеріндегі тарихи мекен. ## Географиялық орны Жетісу Алатауының оңтүстік-батыс сілемінде, Алтынемел және Матай тауларынан басталатын Байғазы және Дос өзендерінің бастауында орналасқан. Оңтүстік-батысында Жүзасу (1474 м), оңтүстік-шығысында Алтынемел асуымен шектеледі. Алтынемел мекені Ш.Ш.Уәлихановтың өмірімен тығыз байланысты. Ол өмірінің соңғы жылдарын (1855–1865) Алтынемелде өткізді, сонда жерленді. Ғалымның Алтынемелдегі зираты басына 1985 жылы ескерткіш-белгі орнатылып, тарихи-мемориалдық мұражай ашылды. ## Дереккөздер
КЮЛЮГ-СІБІР ХАН , Мохэду, Баһадүр қаған– 630 – 631 ж. Батыс Түрік қағанатының үшінші ханы, Істеми ханның немересі, Қара Шор Түріктің ұлы. 7 ғ. басында КЮЛЮГ-СІБІР ХАН Батыс Түрік қағанатының Батыс Қазақстандағы ұлысын билеп тұрды. Оның «Батыр» деген лақап аты, кіші хан деген дәрежесі болған. 630 ж. КЮЛЮГ-СІБІР ХАН ресми билеуші Тон Жабғу ханды өлтіріп, билікке келеді де, тек Нушиби тайпаларының ғана емес, бүкіл түркі тайпаларының жаңа ханға қарсылығын туғызады. КЮЛЮГ-СІБІР ХАН сырттан одақтас табу мақсатымен қағанат құрамындағы Булгарияның бөлініп кеткендігін мойындайды. Нушиби тайпаларының көтерілісіне Тон жабғу ханның немере інісі Нишу Кана шад басшылық етеді. Сонымен бірге нушиби тайпаларына Тон жабғудың ұлы Шили Төлестегін қашып келеді. Бұдан кейін көтеріліс бүкіл халықтық сипат алады да, КЮЛЮГ-СІБІР ХАНның жақтастарының бәрі дерлік Тон жабғу ханның ұлына қолдау көрсетеді. 631 ж. ешкімнен қолдау көрмеген КЮЛЮГ-СІБІР ХАН Алтай таулары жағына қарай қашады. Бірақ көтерілісшілер оны қуып жетіп өлтіреді. Батыс Түрік қағанатының тағына Тон жабғудың ұлы Шили Төлестегін, Ирбис Болын жабғы хан деген титулмен отырғызылады. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, 9-том