text
stringlengths 3
252k
|
---|
Жүсіп Ақшора (Юсуф Акчурин) (2 желтоқсан 1876 жылы, Сімбір, Ресей империясы — 11 наурыз 1935 жылы, Ыстанбұл, Түркия) — татар жазушысы, журналист, тарихшы. XX ғасырдың басындағы жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа қатысқан көрнекті тұлға, Түркияның мемлекет қайраткері. Ауқатты татар фабрикантының отбасында дүниеге келген. Жастық шағын Түркияда өткізіп, сонда әскери училищеде оқыды. Осман империясындағы сол кездегі саяси тәртіпке қарсы “Жас түріктер” ұйымының қызметіне қатысқаны үшін 1896 жылы абақтыға жабылып, жер аударылған ол көп ұзамай қашып шығып, Францияға барды. Парижде “Саяси ғылымдар мектебін” бітірді. Ақшора 1904 жылы Ресейге оралып, Қазандағы татар мектептерінде ұстаздық етті, “Қазан мухбире” газетінде қызмет атқарды. Бірінші орыс революциясы жылдары бүкілресейлік мұсылман съездерін өткізуге тікелей қатысып, “Ресей мұсылмандар одағы” ұйымының ОК-не мүше болды. 1908 жылы Түркияға эмиграцияға кеткен Ақшора “Жас түріктер революциясына” белсене араласты. 1911 жылдан бастап “Тюрк юрду” аталатын журнал шығару ісін қолға алды. Журнал 1912 жылы құрылған “Түрік ошағы” атты ұйымның баспа органы қызметін атқарды. Түркияда республика орнағаннан кейін Ақшора мәжіліс депутаты болып сайланды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақшора халықаралық конференцияларға, Америка Құрама Штаттарының президенті Вильсонға Ресей мұсылмандары атынан мәлімдемелер берді. Онда соғыс аяқталысымен Ресей мұсылман халықтарының мемлекеттілігін қалпына келтіру мәселесін көтерді. Ақшора 1918 жылы Ресейге оралып, З. Урлиди, Ә. Бөкейханов секілді қайраткерлермен бірге Ресей мұсылмандарының мүддесін Сімбірдегі Құрылтай жиналысы мүшелерінің к-іне, Сібір Уақытша Үкіметіне, Уфа директориясына білдіріп, оны қорғау жолында әрекеттер жасады. Ақшора Ататүріктің жақын серіктерінің бірі болды. Түркияда ол КСРО-дан кетуге мәжбүр болған З. Уәлиди, Г. Исхаки, А. Топчибашев, М. Шоқай секілді қайраткерлермен тығыз қарым-қатынаста болды. Ақшора Анкара университетінің профессоры бола жүріп, 1931 жылы “Түрік тарихы қоғамын” құруға атсалысты. 1932 жылдан оның төрағасы болды. Ақшора “Еуропадағы идеологиялық ағымдар”, “Шығыс мәселесі”, “Саяси тарих сабақтары” т.б. бірқатар тарихи еңбектер қалдырды.
## Дереккөздер:
Қазақ энциклопедиясы I том |
Абыралы таулары – Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы мен Абай облысы Абай ауданы аумағында орналасқан.
## Жер бедері
Солтүстіктен оңтүстікке қарай қосарлана созылып жатыр. Батысындағы Жақсы (Үлкен) Абыралы тауларының ұзындығы 20 км, ені 10 км, биіктігі 1300 м. Шығысындағы Жаман (Кіші) Абыралы тауларының ұзындығы 20 км, ені 6 км, биіктігі 1111 м. Екі тауды Қарасу өзенінің аңғары бөлген.
## Геологиялық құрылымы
Абыралы таулары негізінен девон мен силур жыныстарынан тұрады.
## Климаты
Климаты тым континенттік. Қаңтар айындағы орташа температура -15°С, шілдеде 19°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 350 мм. Суға тапшы.
## Өсімдігі
Беткейлерінің қиыршық тасты қоңыр топырағында қараған, тобылғы, сұлыбас, қызғылт селеу, қылқан боз, бетеге, жусан т.б. өсімдіктер өседі. Беткейлері мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Абылай хан әулеті — қазақ халқының ханы Абылайдың 12 әйелінен тараған ұрпақтары. Белгілі деректер бойынша оның 40 қызы мен 30 ұлы болған. Ұлдарының бізге белгілілері: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім (Сағындық-Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан); Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә ( Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан); Қамбар мен Қасым (Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан); Тоқ, Қосым, Арық (Сарғалдақ қожаның қарындасынан); Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым (Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан); Шама (тұтқындағы орыс сұлудан); Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай (басқа әйелдерінен).
## Уәли
Абылай хан 1781 жылы қайтыс болғаннан кейін үлкен ұлы Уәли (1738 — 1819) орнына хан болып сайланды. Уәлидің тұлғасын оның Орынбор губернаторы генерал Рейнсдорпқа (1774 жылы, 2 маусым) жазған хаты аңғартады: "Жоғары мәртебелі сіздің Шынаят мырза арқылы жіберген хатыңызды алдық, тек әкем — Абылай хан орнында болмады, ол қалың қолмен сырттағы жауға аттанған еді, жауымыздың тас-талқаны шығарылғандығы жайлы хабар алып отырмыз. Ал мұндағы елді оның орнына мен басқарып отырмын. Сіздер де қандыбалақ қарақшыны ұстапсыздар (Е. Пугачевті. — редактор), бұл хабарды естіп мен қуанып қалдым. Себебі Ұлы мәртебелі императордың біз жауына жау, досына доспыз!”.
Орыс бақылаушысы Чучалов Уәли туралы: “Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы. Ол мені бір-ақ рет қабылдады. Бұл қылығын: “Әкем де Ресей жақтан келгендермен бір-ақ рет кездескен еді,” — деп дәлелдеді” — дейді.
1782 жылы 25 ақпанда ІІ-Екатерина Уәлиді Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы әмір еткен грамотаға қол қояды. Сол жылы 2 қарашада Петропавловск бекінісінде Уфа мен Симбирскінің генерал губернаторы Якобийдің қатысуымен Уәлидің таққа отыру және ант беру рәсімі өткізіледі. Уәли хан Ресейдің қазақ хандығында жүргізген империялық қитұрқы саясатына тосқауыл болуға тырысты. Деректер Ресей билеушілерінің ел ішінде ханға наразы күштер болса жасырын қолдап, керек болса ақша да беріп, ұшқынды өртке айналдырып отырғанын айғақтайды. Орта жүздің Кіші жүзбен, Ұлы жүзбен ағайындық, туыстық, мемлекеттік байланыстарын үзіп, араларын алшақтатуға тырысқан. 1781 жылы Ресейде Кіші жүздің ханы Нұралы мен Айшуақ сұлтан тұтқынға алынғанда Уәли хан бұған наразылық білдіреді. Ханның бұл әрекетіне Орынбордың генерал губернаторы барон О.Игельстром төмендегідей жауап береді: “Жоғары дәрежелі хан, Ұлы мәртебелі императрица Сізге тек қана Орта жүзді билікке берді, ал қазақтың Кіші жүзінің ісі, ондағы жағдай Сізге мүлдем тапсырылмаған болатын”. “Аңдыған жау алмай қоймайды” дегендей, Уәли ханның көзі тірісінде 1815 жылы Орта жүзде тағы бір хан сайланады. Ол — Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтанның ұрпағы Бөкей еді.
Уәли ханның 14 ұлы болған: Ғұбайдолла (Абайділдә), Есім, Тәуке, Ғаббас (Аббас), Жошы, Төрежан, Әбілмәмбет (Мәмке), Хамза, Шыңғыс, Абылай (Әбен), Шеген (Шепе), Әлі (Әлжан), Қанқожа, Бегалы. Ғұбайдолладан Болат, одан Сұлтанғазы (Шоқанның замандасы, Омбы кадет корпусын бітірген, генералмайор) туады.
Уәли хан өлген соң оның тұңғыш ұлы Ғұбайдолла хан сайланады, бірақ патша үкіметі бұл шешімді бекітпейді. 1823 жылы қытайлықтар Ғұбайдолланы хан деп таниды. Ресей қазақ хандығын тарату мақсатымен 1822 жылы Жарғы қабылдап, Қазақстанда сыртқы округтер ұйымдастыра бастаған тұста Ғұбайдолла Көкшетау округінің аға сұлтаны болып тағайындалады, оған медаль беріліп, шапан жабуға шешім қабылданады. Ғұбайдолла бәрінен де бас тартады. Туысы — Қасым сұлтанның баласы Саржанмен ойы бір жерден шығып, Ресей империясының қысымына қарсылық көрсетті. 1824 жылы Қытаймен байланыс орнатуға әрекеттеніп жүргенде, сотник Карбышевтің отряды Ғұбайдолланы Баянауылда (90-ға жуық сұлтан-билерімен бірге) ұстайды. Кейін ол Сібірге, Березовкаға жер аударылады.
Уәли ханның ұлы Шыңғыс (1815 — 1905) 40-жылдан астам уақыт аға сұлтан болған, полковник, ресми түрде орыс дворяндарының санатына қосылған. Әйелі — Шорман бидің қызы Зейнеп. Шыңғыс пен Зейнептің 7 ұлы, 6 қызы болды, оның атақтылары: Шоқан (Мұхаммед-Қанафия, 1835 — 65), Мақы (Әбіл-Мақыжан, 1845 — 1916), Махмед (Омбы кадет корпусын бітірген, 1849 — 1916), Қозыке (Сақыпкерей, 1854 — 96).
Шоқан небәрі 30 жыл өмір сүріп, қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырды. Оның ғылымның әр саласында жазған еңбектері ойының тереңдігімен, тарихи деректерді айшықты талдау-таразылауымен, ұшқыр түйінімен күні бүгінге дейін маңызын жоймай келеді.
Шоқанның інісі Мақы талантты өнер иесі — суретші болған. Ол француз суретшісі Лежемен бірге “Орнаменты всех времен и стилей” (СПб, 1890) атты зерттеу шығарған. 1876 жылы Санкт-Петербургте өткен ориенталистердің көрмесінде Мақының қолөнер бұйымдары алтын медаль алды. Ол Саумалкөл, Тораңғұл елді мекендері үшін қоғамдық үйлердің жобаларын жасады. Г.Н. Потаниннің айтуынша: “орыс қоғамында Мақыны құрмет көрсетіп қарсы алады екен, оны биік тәрбиелі жүріс-тұрысы әрі ақжарқын мінез-құлқы үшін жақсы көретін”.
Қозыке — нәзік сезімді сазгер, Ақан серінің досы болды. Оның шығарған “Керқұнажын”, “Көкшетаудың биігі” т.б. әндері әншілер репертуарынан түспей келеді. Қозыке туындыларының ішіндегі ең асқағы, саздысы әрі әсерлісі — “Топай көк” әні. Оны біздің заманымызға атақты әнші Жарылғапберді жеткізді. Бұл әннің тылсым қасиетін Мұхтар Омарханұлы Әуезов “Абай жолы” романында шабытпен суреттейді.
Махмед атты баласы 1916 жылы ұлт-азаттық соғыс кезінде ақтардың қолынан қаза тапты.
Тарихшы Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (1915—66). Ол Уәлиханның Тәуке деген баласының ұрпағы (Тәукеден Жанбөбек, одан Беген, одан Бекмахан, одан — Ермұхан). Бекмаханов 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында” атты монографиялық еңбегі үшін қуғынға ұшырап, түрмеге қамалды. Оның бар “кінәсі” — ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі Кенесарыға берген әділетті бағасы еді. Ермұханның қызы Нәйла Бекмаханова — тарих ғылым докторы, профессор, беделді ғалым.
Ғабит (1921), Гүлжанат (1938), Нэль (1940), Болат және Едіге (1945) Уәлихановтардың Қазақстан ғылымына қосқан өз үлестері бар.
Қазақстан Республикасы-ның еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Елтаңбасының, Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің және 20-ға жуық ескерткіштердің авторы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан (1932) — Шоқанның інісі Мақының немересі.
Ыдырыс Мақыұлы Уәлиханов (1884 —1960) — Троицкінің Расулия медресесін бітірген, 50 жылдан астам мұғалім болған.
### Қасым
Абылай ханның ұрпақтарынан аты әйгілісі — Қасым сұлтанның үрім-бұтағы. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, елін, жерін қорғауға бар күш-жігерін, ақыл-ойын жұмсаған, ақыры сол жолда жанын қиған Абылай ханның ұлы Қасым және оның балалары Саржан, Есенгелді, Кенесары һәм Наурызбай болды. Қасым сұлтанның батырлығы, ер-жүректігі, еліне деген шексіз махаббаты, тар жол, тайғақ кешудегі табандылығы әкесінен дарыған. Қасымның біртуар бейнесі оның Батыс-Сібір генерал-губернаторы Капцевичке (17.09.1824 жылы) қатаң талаптар қойып жазған хатынан айқын аңғарылады:
“... Сіз менің мына сұрақтарыма жауап берсеңіз екен: 1) Сіздер неге біздің халыққа қысымшылық жасап отырсыздар? 2) Біздің жерде неге бекіністер салынып жатыр? 3) Суымызға неге ау құрылған? 4) Орыстар иемденіп жатқан көлдерден неге қазақтарға тұз алуға болмайды? Осының бәрі кімнің бұйрығымен жасалып отыр? Менің әкем мен ағам Уәлидің мұрагері, хан болып сайланған Ғұбайдолла серіктерімен бірге зорлықпен ұсталды. Ғұбайдолла Ресейге қандай қиянат жасаған екен? Маған айтыңыздар! Ал, қазақтарға жамандық жасаса, анығын білу өзіміздің де қолымыздан келеді. Егер менің бауырымның не істегенін ашып айтпасаңыздар, бізге өкпелемейсіздер, сәті түскенде жауапқа тартамыз. Біздің қол астымыздағы, сіздерге бодан болмаған қазақтарға жамандық жасамаңыздар, себебі, әкем Абылай хан мен мемлекет басшысы императрица арасындағы бейбіт келісімде шекара көрсетілген. Егерде біздің жердегі салынған бекіністер жойылмаса, қазақтарға деген қастандық тоқталмаса — бұл жағдайда ренжімейтін боласыздар. Ресей жерін алатын болсақ, оған байланысты біздің арам ниетіміз жоқ. Ал, енді, сіздер бізге қарсы соғыс ашатын күнде, біз қарап отыра алмаймыз, Ресей тарапынан жасалған түрлі алдау, арбау және қастандыққа көнетін шамамыз жоқ. Сөз боп отырған мәселелер жайындағы ойларыңызды маған дереу хабарлаңыз”.
Қасым батыр балалары Саржан, Есенгелді, Әлжанмен бірге қару, оқ-дәрі жиып, келіссөз жүргізіп жүрген кезде қоқандықтардың сатқындығынан мерт болды. Одан кейін тарих сахнасына Қасымның батыр ұлдары Кенесары мен Наурызбай шықты, он жыл бойы Абылайдың ақ туын қолдарынан түсірмеді. Өздерінің үндеулерінде Абылай заманында “қазақтар еркін, бейбіт өмір сүргенін” үнемі еске салып отырды. “Кенесары өзі бастаған сарбаздар қолын, асықтай үйіріп, тыңдата білді. Олардың биік рухына Еуропа әскерінің кез келген қолбасшысы қызғанышпен қарар еді” — деп жазды Н.Середа.
Хан Кене әкесінің жолын қуды, қозғалысының басты арнасы азаттық пен тәуелсіздік болды. Патша үкіметінің өкіліне жазған наразылық хатында Кенесары: “Бабамыз марқұм Абылайдан мұраға қалған жерлер: Есіл-Нұра, Ақтау, Ұлытау, Қарқаралы, Қазалық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Аққайың, Тұзақтан бастап Оралға дейін, тақта отырған патша тұсында бізден тартып алынып бекіністер салынды. Қазір де, атамекен жеріміз күн сайын тартып алынуда, бекіністер салынып халық қан қақсауда. Бұл жай тек болашағымыз үшін емес, бүгінгі, күнбе күнгі тіршілігімізге де қауіпті”.
Кенесарының ұлы Сыздық (1839—1910) сұлтан да ата жолынан айнымай бар ғұмырын ел бостандығына арнады. Тарихшы Н. Павловтың айтуынша: “Тұрандағы аса ірі тұлғалардың бірі болып табылатын даланың осынау жаужүрек ұлының бойына бізге деген өшпенділік ана сүтімен сіңгендей еді. Сыздықтың сирек кездесер оқшау бір ерекшелігі — атақ, мансап, қадір-құрмет іздемегендігі”.
Кезінде Алашорданың өкіметі — Халық Кеңесінің мүшесі болған, саяси қуғынның құрбаны Әзімхан Ахметұлы Кенесариннің ұлы КСРО-ға еңбек сіңірген геолог, геология-минерология ғылымының докторы, гидрогеолог., Өзбекстан Ғылым Академиясының мүше-корроспондент Нәтай Әзімханұлы Кенесарин (1910 — 75) бабасының атын алып жүргені үшін жапа шекті, ғылымға сіңірген еңбегі еленбей, Қазақстаннан қуылды.
Әзімхан Кенесариннің отбасынан өрбіген Мұхамедхан (1912 — 80), Хамида (1914 — 78), Мадияр (1918 — 65), Тәуке (1927жылыт.) балаларының, биологтар Напуса (1930), Гаухар (1943), философтар Баян (1934), Раушан (1937), Анатолий (1947) Кенесариндердің Қазақстан ғылымына қосқан өз үлестері бар.
Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылым докторы, профессор Шәкір Ыбыраев (1950жылыт.) — Кенесарының ағасы Бопының немересі.
### Әділ
Абылай хан әулетінің шежіресінде Әділ сұлтанның үрім-бұтағының алатын орны бөлек. Хан Абылай баласы Әділді Қытай империясына аманат етіп жіберген. Қытайдан еліне қайтып келген Әділ Жетісуда тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанды. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болды. Әділдің Абылай (Құлан), Ғали, Ералы, Нұралы, Бегалы, Тінәлі, Төлек, Мамырхан, Тәуке, Қайып, Көшен және Сейілхан деген ұлдары Ұлы жүздің Дулат, Албан, Жалайыр, Шапырашты, Суан руларын биледі. 1823 жылы бұлардың бәрі Сүйін Абылайхановтың артынан Ресейдің билігіне көшті.
Әділ ұрпағының ең атақтысы Тезек төре (1821 — 79) болды. П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің айтуынша ол: “Ұлы жүз сұлтандарының ішіндегі ең ержүрек әрі алғыр адам, қазақтың кең даласына тегіс танымал кісі” болған.
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Шотаев Аман (1943) — Абылайдың ұлы Әділдің ұрпағы (Әділден — Төлек, одан — Сәтемір — Шота — Ілияс — Нұғыман — Аман) жануарлар генетикасы, селекциясы және морфологиясы саласындағы белгілі ғалым. Ол қазақтың мол етті кроссбред жүнді қойының авторы. Аманның ағасы Шернияз Нұғыманов (1941) агроном-экономист, інісі Арын Нұғыманов (1941) — танымал дәрігер-хирург.
Абылайдың ұлы Сығай, одан — Байғара, одан — Бексұлтан, одан — Иманғали, одан — Әнуарбек. Әнуарбекұлы Әбілқайыр Бексұлтанов (1943) — өндіріс жаңашылы, ауыл ш. ғылым кандидаты.
Ахметқазы Қазыкемелұлы Шотаев (1909 —92) — Абылайұлы Шегеннің ұрпағы, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген педагог әрі мүсінші Қаусыл Жәкіұлы (Қазан университетін бітірген), Жанғали мен Хайролла Құлышұлдары, Құжжат Нұрышұлы Уәлиханов (1916 — 89) — саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, 10 жылын айдауда өткізген математика пәнінің мұғалімі, Ажар Ешманқызы, Татухан Абылайханов сияқты ұстаздар, Әділ Маратұлы Шотаев Санкт-Петербург көркемсурет академиясын бітірген мүсінші, Арыстан Құжжатұлы Уәлиханов талантты сәулетші (1955), Кенесарының Әбубәкір атты ұлының шөбересі, ұстаз әрі домбырашы Файзолла Үрзімов сынды өнер қайраткерлері.
## Дереккөздер |
Ақаба — суы ағып жатқан арық-атыз бен тоғанды байлағанда қалған сарқынды су. Ақаба суын арық арқылы ағызып, аумағы шағын егістіктерді суарады. Егер бұл суды дер кезінде пайдаланбаса, жерге сіңіп, буланып зая кетеді, немесе борсып шалшыққа айналады. Бұл атау Қазақстанның суармалы егіншілікпен айналысатын Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында жиі қолданылады.
## Дереккөздер:
Қазақ энциклопедиясы I том |
Жалғызқарағай (2007 ж. дейін — Приозёрное) — Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы ауыл, Жалғызқарағай ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Ақкөл қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 40 км, Астана қаласынан солтүстік-батысқа қарай 147 км жерде, Итемген көлінің оңтүстік-шығысында орналасқан.
## Тарихы
2007 жылға дейін "Приозерное" деп аталып келген. Іргесі 1905 жылы қаланды.
## Халқы
## Инфрақұрылымы
Мектепке дейінгі мекеме, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, Екінші дүниежүзілік соғысының құрбандарына орнатылған ескерткіш бар. Ең жақын темір жол стансасы – Ақкөл (40 км).
## Дереккөздер |
Мүңкір-Нәңкірмұсылман – діни ұғымда адам өлген соң қабірде сұрақ-жауап алатын екі періштенің аты.
Исламдық түсінікте Аллаға шынайы сенім білдірген жаны таза, рухы биік мұсылмандарды саралап, дінсіздер мен күнәға батқандарды қабірде жазалайды. Бұл олардың жаһаннамда тартатын жазасының алды саналады. Мүңкір-Нәңкір Құран Кәрімде арнайы аталмағанымен, кей аяттар олардың есімдерімен байланыстырылады. Мыс., “Періштелер, олардың беттеріне, арқаларына ұрып, жандарын алғанда қалай болар еді?! (Мұхаммед сүре/27 аят). Сондай-ақ Әнфал сүресіндегі 50 – 52 аяттар да осымен мағыналас келеді.
## Дереккөздер |
Үзеңгі — ер-тұрман әбзелдерінің бірі. Ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылады. Екі қабырғасының жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады, ал аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді.
Археологиялық зерттеулерге қарағанда үзеңгі б.з.б. I-мыңжылдықтан бастап қолданылып келеді. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылады. Жауынгер шауып келе жатқан аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып найзасын сілтегенде, оның күші екі есе көбейген.
Қазір ғалымдар атты әскердің пайда болуын үзеңгіні ойлап табумен байланыстырады. Бұл қарапайым зат бүкіл көшпелі өркениеттің алға басуына өз ықпалын тигізген. Қазақ шеберлері үзеңгіні ағаштан, қоладан және темірден жасаған. Ағаш үзеңгілер (солтүстік аудандарда) қайыңнан иілген.
Темір үзеңгілердің сыртын күміспен әшекейлеген. Кейде ою-өрнектер де түсірілген. Дәстүрлі қазақ қоғамында үзеңгінің түрлері (жалпақ табан, торлама, ашамай, т.б.) көп.
## Дереккөздер |
Нәбижан Мұқаметханұлы (1954 жылы 12 сәуірде туған, ҚХР, Іле Қазақ автономиялық облысы Тоғызтарау ауданы Мұқыр ауылы) – ғалым, қытайтанушы, тарих ғылым докторы (2001). 1977 жылы Қытайдың Гуаньчжоу қаласындағы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Іле Қазақ автономиялық облысындағы үгіт-насихат бөлімінде бастады. ІХР Шыңжаң қоғамдық ҒА Орталық Азия зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары (1981 – 93) болды. 1993 жылы Қазақстанға оралып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында докторантурада (1993 – 97) оқыды. 1997 жылдан осы институттың жетекші ғылыми қызметкері, сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы. 18 – 20 ғасырлардағы қазақ-қытай қарым-қатынастарын, Қытайдағы қазақтар тарихын, мәдениетін зерттеу ісінде ғылымға елеулі үлес қосты.
## Шығармалары
* Тарихи зерттеулер, Ү., 1989;
* 18 – 20 ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары, А., 1996;
* Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы, Ү., 1998;
* Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860 – 1920), А., 2000
## Тағы қараңыз
* Шыңжаң
* Қытай
* Ш.Уалиханов
## Дереккөздер |
Өзкент, Өгізкент – ортағасырлық қала.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Ақжол ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 км жерде. Ортағасырлық араб деректерінде Сырдарияның сол жағалауындағы сауда орталықтарының бірі болған қала ретінде жазылған. Қалашықты алғаш 1900 жылы В.А. Каллаур, 1969 – 1970 жылдары Отырар археологиялық экспедиция (жетекші К.Ақышев), 2004 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Тұран археологияылық экспедиция (жетекші М.Елеуов) зерттеген. Қаланың жобасы көпбұрышты, мықты қорғаныс қабырғасымен қоршалған. Сол қабырғалардың бойында 15 күзет мұнара орындары сақталған. Қалашықтың өлшемі солтүстіктен оңтүстікке қарай 250 – 300 м. Қорғаныс қабырғасының сыртынан айналдыра қазылған ордың тереңдігі 2 м, ені 10 м шамасында. Қалаға кіретін қақпаның орны шығыс шетінде орналасқан, оның ені 8 – 10 м. Зерттеу барысында табылған заттар қаланың 8 – 12 ғасырларда өмір сүргендігін көрсетеді.
## Дереккөздер |
Мыңшұқыр – Ерейментау тауларының шығыс сілеміндегі тау. Бозайғыртау тауларының солтүстік жалғасы. Ақмола облысы Ерейментау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 556 м. Оңтүстіктен солтүстікке қарай 7-8 км-ге созылып жатыр, ені 1,5-2,5 км. Көптеген төбелері бар адырлы жер. Шығыс баурайлары тік, тастақ жерлері кездеседі, солтүстік беткейі жайпақтау болып келеді де Қарабұлақ өзенінің аңғарына айналады.
## Геологиялық құрылымы
Ірі тастақ шөгінділер мен тасынды қиыршық аралас таужыныстарынан түзілген.
## Өсімдігі
Таудың қара топырағында сұлыбас аралас өскен түрлі шөптерден тұратын өсімдік дүниесі дамыған.
## Дереккөздер |
Сауқымбек Қауысұлы Шәуенов (23.2.1949 ж. т., Бәйдібек ауданы Теректі аулы) – педагог-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылым докторы (2001), профессор (2004). Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, сол институтың аспирантурасын бітірген. 1985 – 2004 ж. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылым қызметкер, ассистент, доцент, кафедра профессоры, оқу бөлімінің бастығы, мал шаруашылық технологиясы факультетінің деканы. 2004 жылдан С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің (Астана қаласы) технологиялық факультетінің деканы. Ғылым ізденістері негізінен ҚР-ның оңтүстік-шығыс аймақтарында өсірілетін қой тұқымдарының төлін көбейту технологиясына арналған. 80 ғылым және оқу-әдістемелік еңбектері жарияланған. Қазақстанның мал шаруашылық, аңшылық және балық шаруашылық мамандарын дайындауға және қой шаруашылықның дамуына үлес қосып жүрген ғалым.
## Шығармалар
Қой шаруашылығын интенсивтендіру (монография), Астана, 1991 (телавтор); Қой шаруашылығы (оқулық), Алматы, 1993 (телавтор); Фермерское дело (учебник), Алматы, 1999 (телавтор); Техническое лекарственное сырье животного происхождения (уч. пособие), Алматы (телавтор).
## Cілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы" |
Қасым Әуезов (1897, қазіргі Қарақалпақстан, Шымбай ауданы, «Кеңес» с-зы — 13 қазан, 1938, Ташкент) — қарақалпақ ақыны, драматург, сыншы, қоғам қайраткері.
## Өмірбаяны
* Кедей шаруа семьясында туған. Ауыл мектебінде және Мақтым ақын медресесінде бiлiм алған.
* 1920 жылдан ауылды советтендiру және жаңа қоғам орнату ісіне белсене қатысты.
* 1921 жылдан бастап Шымбайда мектеп оқытушысы, директоры, округтық оқу бөлімінің меңгерушісі, Қарақалпақ автономомиялық облысының халық ағарту халкомы,
* 1925 — 29 жылдары Қарақалпақстан ОАК-нің төрағасы
* 1929 — 30 жылдары Қазақстан ОАК-і төрағасының орынбасары, Қазақ АКСР ішкі істер халкомы.
* 1930 — 31 жылдары Қарақалпақстанның РКФСР ОАК-дегі тұрақты өкілі
* 1932 — 34 жылдары Қарақалпақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы.
* 1937 жылдары Қарақалпақ АКСР Халком Кеңесі жанындағы өнер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
* 1938 —Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
## Шығармалары
* Тұңғыш қарақалпақ пьесасы — 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына арналған “Мақсат жолында” драмасын жазған.
* «Ульянов-Ленин»
* «Қайта сайлауда» т. б. өлеңдерi.
* “Шахта” поэмасы
* “Еңбек”
* “Көктем келді”
* “Намыс құлы”
* “Күн” т.б. шығармалары қарақалпақ әдебиетінің дамуына елеулі ықпал жасады.
* Пушкин, Мольер т.б. шығармаларын қарақалпақ тіліне аударды.
## Дереккөздер |
Мыңжапырақ (лат. Achillea) – астралылар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік.
## Ботаникалық сипаты
* Биіктігі 60 см-ге дейін жетеді.
* Сабақтары түзу, бұтақтары аз.
* Жапырақтары кезектесіп орналасқан, жіңішке бөліктерге бөлініп тілімделген.
* Тамыр жапырақтарының сағақтары ұзын, сабақ жапырақтары отырмалы. Сабақтары мен жапырақтарын түк басқан.
* Гүлдері майда, сабақтың жоғарғы жағында күрделі гүл тостағаншасын жасап шоғырланып тұрады. Гүл тостағаншасының шеткі гүлдері ақ түсті, ортадағылары түтікше тәрізді, олар ақ немесе сары түсті. Маусым айынан қыркүйек айына дейін гүлдейді.
## Өсетін жері мен таралу аймағы
Қазақстанның барлық облыстарында жазық жерлердегі шалғындарда, ашық ормандарда, жол жиегінде, сондай-ақ, егістік алқаптарда арамшөп ретінде өсетін 11 түрі бар. Соның ішінде жиі кездесетіні - кәдімгі мыңжапырақ (Achіllea mіllefolіum). Оның биіктігі 5 – 20, кейде 60 см-дей болады. Сабағы тік, жапырақтары қауырсын тәрізді, жиегі тілімденген, жатаған тамырлы. Ақ, қызғылт түсті гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Кәдімгі мыңжапырақ – дәрілік өсімдік.
## Дереккөздер |
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) – Өскемен қаласындағы техникалық және экономикалық бағыттағы мамандар даярлайтын жоғары оқу орны.
* 1958 ж. құрылды.
* 1996 ж. университет мәртебесі берілген.
* 1997 жылдан Д.Серікбаев есімімен аталады.
* Оқу орны 1958 жылдан бері еліміз үшін 50 мыңнан астам инженерлер, тау-кен мамандарын, ақпараттық технология мен энергетика салаларының жоғары білімді мамандарын даярлады.
* Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2020 жылғы 02 маусымдағы № 345 бұйрығымен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ КЕАҚ болып қайта құрылды.
Қазіргі күні университеттің 6 мектеп, 2 факультет, әскери кафедра және Жоғары ІТ колледжы бар. Университетте 11 мыңнан астам студент оқиды. Университет базасында Қазақстанда тұңғыш рет “университет-технопарк” аталатын инновациялық университет үлгісі құрылып, Алтай ғылыми-техникалық бағы жұмыс істейді. Оқу-ғылыми-инновация-өндірістік кешен жемісті жұмыс атқарып, студенттік технологиялық бизнес инкубатор құрылған. Университет қабырғасында Жоғары технологиялар аймағы бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда.
## Қазіргі университет
Университет 6 мектептен, 3 факультеттен, әскери кафедрадан және Жоғары IT-колледжден тұрады:
* Foundation
* Ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебі
* Базалық инженерлік дайындық факультеті
* Бизнес және кәсіпкерлік мектебі
* Гуманитарлық білім беру және дене шынықтыру мектебі
* Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жоғары IT колледж
* Дәстүрлі және балама энергетика мектебі
* Әскери кафедра
* Жер және қоршаған орта туралы ғылымдар мектебі
* Машина жасау мектебі
* Сәулет, құрылыс және дизайн мектебі
### Сәулет, құрылыс және дизайн мектебі
1988 жылы«Сәулет-құрылыс факультеті» құрылды, оны техника ғылымдарының кандидаты, доцент Гольцев Анатолий Григорьевич басқарды. 1989 жылы факультет ғылым кандидаты, доцент Анисимов Юрий Владиславович басшылық еткен сәулет және 1993 жылға дейін А.Г Гольцев жетекшілік еткен құрылыс факультеті болып қайта құрылды.Сәулет-құрылыс факультеті 2006жылы бұрынға сәулет және құрылыс екі факультетін біріктіру арқылы құрылды.
Қазіргі кезде факультетте 1700студент бакалавриаттың 9 және магистратураның 5 бағыты бойынша оқиды. Факультет құрамына 5 кафедра кіреді, оның 4-і сәулет, дизайн, құрылыс, су ресурсы, стандарттау және метрология, қайта өңдеу өндірісінің технологиясы, құрылыс материалдары мен бұйымдарының өндірісі, ағаш өңдеу технологиясы, орман шаруашылығы ісі бағыттары бойынша мамандарды даярлап шығарады. 13 профессор, 48 ғылым кандидаттары мен доценттер, барлығы: 123 адамнан тұратын жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы, оқу және ғылыми зертханалардың ірі материалдық-техникалық базасы мамандарды дайындаудың жоғары сапасының кепілі болып табылады.
Барлық мамандықтардағы оқу жоспарлары мен курстардың мазмұны дамудың «Унивеситет - Технопарк» инновациялық үлгісіне, заманауи нарықтық қатынас-кіші және орта бизнес, жоспарлау және құрылыс бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыруда білім алу мен дағдылануға, дизайн, ғимараттарды, үймереттерді, су-газ және жылу беру құрылымын қайта құру мен жөндеуге бағытталған. Факультетте барлық мамандықтардағы студенттердің математика, физика, информатика, шет тілдері, экономика, менеджмент және маркетинг бойынша базалық деңгейдегі дайындықтары да қарастырылған.Құрылғаннан бері факультет өңірдің, Қазақстан Республикасы мен одан тысқары жерлердің кәсіпорындары мен ұйымдарында сәтті еңбек етіп жатқан 10 мыңнан астам мамандарды даярлап шығарды.
### Тау-кен металлургиялық факультеті
Тау-кен металлургиялық факультеті 1995 жылы құрылған. Тау-кен металлургиялық факультетінің құрылуы заңды болып табылады және де аймақ ерекшелігімен байланысты, онда Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалар кенорындарының көп бөлігі, сол сияқты, ірі кен-металлургиялық кешеннің кен өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындары шоғырланған. Олардың қалыпты жұмыс істеуі көбінесе инженерлік кадрлардың біліктілігіне байланысты, бұларды оқыту мен дайындау аталған факультетте жүзеге асырылады.
Факультет аймақта өте қажет етілген мамандық алу мүмкіндігін береді, мұнда кен-металлургиялық кәсіпорындар базалық болып табылады.
Қазіргі кезде факультетте
* бакалавриаттың 8 мамандығы,
* магистратураның 8
* және докторантураның 2 бағыты бойынша 2000 студенттен артық адам оқиды.
### Машина жасау мектебі
Машинажасау және көлік факультеті университеттің ең алғаш ашылған әрі аймақтағы бірден бір факультеті. Оның түлектері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінің барлық аймақтарында жемісті еңбектенуде, олар жоғары беделге ие.
Студенттердің кәсіби дайындығын жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы жүзеге асырады – бұл 129-дан артық оқытушы, соның ішінде 65 оқытушының ғылыми дәрежесі мен атағы бар, олардың арасында: тоғызы – ғылым докторы, он екісі – профессор.
Кафедралар:Технологиялық машиналар мен жабдықтар.Машинажасау және құрылымдық материалдар технологиясы.Көлік және логистика.Техникалық физика.Философия және адамның даму проблемалары.
Оқу үдерісі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мемлекеттік лицензиялар барлық мамандықтарға берілген.
Машинажасау және көлік факультетінің кафедралары жақсы материалдық-техникалық негізге ие, олардың ғылыми-зерттеу және техникалық зертханалары, "Машиналар мен механизмдер сенімділігі проблемалары" (т.ғ.д., профессор Ж.О.Құлсейітов), «САТиМ» ғылыми-техникалық орталықтары, және де "ЭТОРА" автотехникалық сынау орталығы бар. Студенттерді өндірістегі кафедралар филиалдарында практикалық дайындау кең түрде қолданылады. Гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану пәндері бойынша барлық студенттер дайындығының базалық деңгейі ескерілген.
### Бизнес және кәсіпкерлік мектебі
Факультет дербес бөлімше ретінде 1993 жылдан бастап іс-әрекет етеді.
Факультетте 6 кафедра бар, соның ішінде 3-уі шығарушы болып табылады:
* Қазақ, орыс тілдері және ісқағаздарын жүргізу.
* Қазақстан тарихы және құқық.
* Экономикалық теория және нарық.
* Қаржы, есеп және салық салу.
* Кәсіпорын экономикасы.
* Инновациялық менеджмент.
Факультетте оқыту қазақ және орыс тілдерінде, күндізгі, сырттай және қашықтықтан оқу түрлері бойынша жүргізіледі.
### Ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебі
Факультет құрамына келесі кафедралар кіреді:
* «Ақпараттық жүйелер».
* «Аспаптар жасау және технологиялық үдерістерді автоматтандыру» .
* «Өнеркәсіптік энергетика» .
* «Математикалық және компьютерлік үлгілеу» .
* «Жоғары математика» .
* «Шетел тілдері» .
Оқытушылар – 2007 жылғы «ЖОО ең үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері:
* Е.М.Тұрғанбаев – АТЭФ деканы.
* Н.Г.Хисамиев – «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі.
* Д.Л.Алонцева – «Аспаптар жасау және технологиялық үдерістерді автоматтандыру» кафедрасының аға оқытушысы.
* М.Т.Ипалақова – «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы.
### Әскери кафедра
Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардағы студенттердің әскери дайындығы - жүйелі және мақсатты түрде жүргізілетін оқыту және тәрбиелеу үдерісі.Әскери кафедрадағы студенттердің әскери дайындығы Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі мен білім және ғылым Министрлігінің басқарушы құжаттарының негізінде жүргізіледі.
Әскери кафедрадағы әскери дайындықтың оқыту үдерісін ұйымдастыру мынадай жұмыстардан құралады: оқыту жұмысы; оқытушылар мен оқытушы көмекшілердің кәсібін жоғарлату; әдістемелік жұмыс; әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу жұмыстары; оқыту үдерісін техникалық құралдар және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары; студенттердің әскер-патриоттық тәрбиесіне қатысты және жалпылама қорғану жұмыстары; ішкі тәртіпке байланысты жұмыстар; студенттердің әскери бөлімдердегі жиналыстары; зачеттар, курстық жұмыстар, бітіру экзамендері.
Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ Қазақстан Республикасының қарулы күштері үшін төрт түрлі әскери мамандық дайындайды:
* ВУС 021001– «Жаяу әскердің соғыс машиналарында мотобағыттық бөлімшелер, бөлімдер мен қосылымдарды пайдалану»
* ВУС 310101– «Әскердің соғыстық және шаруашылық істерінің экономикасы және оларды қаржылық қамсыздандыру»
* ВУС 420201 –«Базалық танкы машиналарын қирату және жөндеу»
* ВУС 560201– «Көпқырлы қолданыстағы автомобильді техниканы қирату және жөндеу жұмыстары»
Әскери кафедра штаттық тізбек бойынша келесідей құрамнан тұрады:
* Профессорлық-оқытушылық құрамы – 17 адам;
* Инженерлік-техникалық құрамы – 4 адам;
* Оқыту-көмекшілік құрамы – 7 адам;
БАРЛЫҒЫ – 28 адам.Кафедрада оқитындар саны – 528 студент.
### IT-колледж
ШҚМТУ колледжі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 08.07.1999ж. №340 бұйрығы негізінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде «Мектеп – колледж – университет» жүйесіндегі үздіксіз кәсіптік білім беру тұжырымдамасын іске асыру мақсатында құрылды.
Оқытушылар құрамы тәжірибелі педагогтармен жиынтықталған. Колледждегі сабақтарды колледж оқытушылары ғана емес, сол сияқты университеттің тәжірибелі оқытушыдлары да – ғылым кандидаты, доцент және профессор ғылыми дәрежесі бар мамандар да жүргізеді. Оқушылардың пайдалануына университеттің зор материалдық-техникалық базасы берілген: кітапхана, спорт залдары, оқу кабинеттері және зертханалар, компьютерлік сыныптарда орналасқан жаңа деңгейдегі дербес ЭЕМ.Колледждің 1-ші курсына – 9- немесе 10-сыныпты, 2-ші курсына 11-сыныпты бітірген жастар қабылданады. Таңдап алынған мамандыққа байланысты колледжде 9-сынып негізінде оқу мерзімі 2 жыл 10 ай, 3 жыл 6 ай және 3 жыл 10 ай. 11-сынып негізінде – 1 жыл 10 ай, 2 жыл 6 ай және 2 жыл 10 ай.
Колледждегі сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Күндізгі оқі түрінің 1000-нан артық оқушысы компьютерлік, автомеханикалық, тау-кен металлургиялық, сәулет-құрылыс, жол және экономика-басқарушылық мамандықтар бойынша екі бөлімде оқиды: техникалық, ақпараттық технологиялар және басқару. 2004 жылдан бастап колледжде сырттай оқу бөлімі ашылды, онда 600-ден артық оқушы оқиды.
Колледж оқушылары үшін келешекте өз білімдерін күндізгі оқу түрінің, сол сияқты сырттай оқу түрінің тиісті немесе сабақтас мамандықтары бойынша ШҚМТУ-де жалғастырудың үлкен мүмкіндігі бар.
## Тарихы
1958 жыл. 5 тамызда КСРО Министрлерлер Кеңесі № 866 қаулысы және 30 тамыздағы Қазақ КСР Министрлерлер Кеңесі № 765 қаулысы негізінде Өскемен құрылыс жол институты құрылды. ӨҚЖИ-дің бірінші ректоры Д.М.Серікбаев болды. Шығыс Қазақстан облысында техникалық жоғарғы оқу орнының ашылуы бұл өңірдегі экономиканың қарыштап дамуы және оған деген инженерлі-техникалық мамандардың қажеттілігін толтырумен байланысты болды.
Оқу корпустарын, студенттер жатақханаларын, спорттық алаңдармен тұрғын үйлерді салу үшін қалалық Кеңестің депутаттары Ертіс өзенінің жағасынан 66 га жерді бөліп берді. Алғашқы жылдары ЖОО құрылыс техникумының оқу корпусында, жобалаушы институт «Казгипроцвет»-тің әкімшлің ғимаратына орналастырылды, ал студенттер Шығысмашзаводтың 400 орындық жатақханасында тұратын болды.
Өндірістік және азаматтық құрылыс, бетонды және темірбетонды заттар мен құрастырмаларды өндіру, құрылыс-жол машиналары мен құрал-жабдықтары, автомобиль жолдары мен автомобиль транспорты мамандықтарына 175 адам қабылданды, соның ішінде күндізгі оқу бөлімінеде - 100 адам, сырттай оқу бөлімінеде 75 адам болды. Институт құрамына 8 кафедра кірді: маркзим-ленинизм, химия, жоғарғы математика, физика, сызба геометриясы мен графикасы, теориялық механика, құрылыс механикасы, геодезия, онда 13 оқытушы жұмыс істеді, соның ішінде 3 ғылым кандидаты мен 10 лаборанттар. 1959 жылы құрылыс, автомеханикалық факультеттері құрылған соң, металдар технологиясы жене арнайы дайындық кафедралары мен бұрынғы құрылыс механикасы, теориялық механика, жоғарғы математика, марксизм-ленинизм кафедралары автомеханикалық факультетке қарайтын болды, ал қалғаны құрылыс факультетінің құрамына кірді.
1959 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Өскемен бүкіл кеңестік сырттай инженерлі-құрылыс институты негізінде сырттай оқу факультеті құрылды. 1960 жылы дене тәрбиесі мен спорт кафедрасы құрылды, оны Левченко Б.Ф. басқарды. 1961 жылы ӨҚЖИ-де профессорлар-оқытушылар мен студенттер құрамында бірінші ғылыми-техникалық конференция өтті. 45 оқытушы мен 10 студенттің ғылыми докладтары тыңдалып, талқыға түсті. 1962 жылдан бастап Зырян қаласында жалпытехникалық жұмыс істеді. 1962 жылы институтты сәулет өнерінің докторы, профессор Сидоров А.К. басқарды. 60 жылдардың басы есептеу орталығын құруға жатады. 1962 жылы Минск қаласына арнайы дайындықтан өту үшін Каханов А. А., Смирнов Б. П., Коровина А. В., Чернявский В. С., Макарцев М. И. жіберілді. 1963 жылы институт бірінші 79 жас мамандар, оның ішінде 8-і "ерекше диплом"-мен даярлап шығарды. 1965 жылы институттың 3000 кв. м бас корпусы мен 516 орынға арналған жатақхана мен 48 пәтерлі тұрғый пайдалануға берілді. 1966-1967 жылдар аралығында зертханалық корпус, мәдени шаралар залы мен спорт зал, кітапхана, 3-ші жатақхана пайдалануға берілді.
Материалдық-базаның үлкеюі студенттер санының көбеюі мен сәулет (1964 ж.), инженерлі-кономикалық (1965 ж.), суландыру және канализация (1967 ж.) факультеттерінің ашылуына әсер етті.
1967 жылдң 25 ақпанында институттық газет «За знание»-нің бірінші нөмірі жарыққа шықты. Оның редакторы болып КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі доцент Савостенко В бекітілді.
1967 жылдан бастап біліктілігін көтеру кафедрасы жұмыс істеді.
Өзінің 10 жылдық мерейтойы жылында институт 1550 адамды қабылдады, соның ішінде 725 адам іштей оқу бөліміне болды. Барлығы 35 кафедрада 340 оқытушы жұмыс істеп, оның 36-ы түрлі ғалымдар болды
1972 жылы Алматы қаласында ӨҚЖИ-дің кешке оқыту филиалы ашылды. Оның материалдық базасын республиканың автомобиль жолдары министрлігі қаржыландырды.
1972 жылы жалпы инженерлік факультет құрылып, 13 кафедра жалпы инженерлік мамандықтарды мен 1,2 курстың 54 тобын біріктірді. Деканы - техника ғылымдарының кандидаты, доцент Токмурзин О. Т. болды.
1974 жылы Халық шаруашылығы көрмесіне белсене қатысқаны үшін ӨҚЖИ Қазақ ССР-нің I дәрежелі ВДНХ дипломымен марапатталды.
1975 жылы 500 орындық клуб-асхана мен 5-ші студенттер жатақханасының негізі қаланды.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Шығыстағы жетекші орынды растай отырып, "Top regional univerties" номинациясында "Лидер Науки- Wed of Science Awards" -2020 беделді сыйлығының иегері атанды.
## Ректорлары
* 1958 - 1962 Серікбаев Даулет Мірқасімұлы
* 1962 - 1986 Сидоров Анатолий Константинович
* 1986 - 2000 Баталов Юрий Васильевич
* 2000 - 2003 Геннадий Николаевич Гамарник
* 2003 - 2010 Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы
* 2010 - Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы
* 2015 - 2022 Шаймарданов Жасулан Кудайбергенович
* 2022 - Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы
## Дереккөздер
## Әлеуметтік желілер
* Youtube
* Facebook
* Twitter
* Вконтакте
* Instagram
* Linkedin
* Tiktok(қолжетпейтін сілтеме)
* Telegram |
Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова (1948 жылы туған, Ерейментау ауданы Благодатное ауылы) – қоғам және мемлекет қайраткері. ҚР-на еңб. сің. қызметкер.
Қарағанды политех. институтын бітірген (1971). 1971 – 80 жылы «Целиноградсельмаш» з-тында комсомол комитетінің хатшысы, бөлім бас технигі, инженер-конструктор, конструкторлық бюро басшысы, 1980 – 82 жылы Целиноград қаласылық партия комитетінің нұсқаушысы, 1982 – 83 жылы Ленин ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1983 – 85 жылы «Целиноградсельмаш» з-тында партия комитетінің хатшысы, 1985 – 87 жылы Целиноград облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1987 – 89 жылы Совет ауданы партия комитетінің 1-хатшысы, 1989 – 91 жылы Целиноград облысы партия комитетінің бөлім бастығы, 1991 – 92 жылы сонда жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992 – 2003 жылы облысыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты (2003, 2008). «Құрмет», ТМД елдерінің «Достастық» ордендерімен марапатталған.
Қызы - Жанар Бирер (1979 жылы туған), заңгер. Немересі - Эмир Бирер (2007 жылы туған).
## Дереккөздер |
Жалманқұлақ, Жаманқұлақ — Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы ауыл, Жалманқұлақ ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы – Егіндікөл ауылының оңтүстік-батысында 30 км-дей жерде, Жалманқұлақ көлінің батысында, қылқан боз, көк шұнақ бетеге, жусан өскен қызыл қоңыр топырақты құрғақ дала белдемінде орналасқан.
## Халқы
## Тарихы
Іргесі 1954 жылы Калинин атындағы астық кеңшарының құрылуына байланысты қаланған. Оның негізінде Жалманқұлақта өндірістік кооператив және шаруа қожалықтары құрылды.
## Инфрақұрылымы
Орта мектеп, кітапхана, клуб, дәрігерлік амбулатория, т.б. мекемелер бар.
## Дереккөздер |
Мыңжанов Марат Тұрсынайұлы (1958 жылы туған, қазіргі Астана қаласы) – қоғам қызметкері. Целиноград ауданының әкімі (2007). Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген (1982). Андреевский кеңшарының №2 бөлімшесінде (1982 – 84), Шортанды ауданында (1984 – 92), 1992 жылдан Шортанды ауданындағы «АМГРЕН» акциондік кәсіпорнында аға мал дәрігері, 1993 жылы «Ақбөкен» шағын жеке кәсіпкерлігінің директоры болған. 1995 жылы облысы зооветеринар жабдықтау мекемесінде бөлім бастығы, 1996 жылы Целиноград ауданының Бас мал дәрігері, 1998 жылы облысы мал дәрігерлік комитетінің төрағасы, Ақмола мал дәрігерлік қадағалау басқармасының бастығы, 1999 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің облысы аумақтық инспекциясының бастығы қызметтерін атқарған.
## Дереккөздер
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том |
Ақмарал Леубаева (1969 жылы 10 қазанда Түркістан облысы Бәйдібек ауданында туған) — айтыс ақыны. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013). Филология ғылымдарының кандидаты (2007). Бәйдібек ауданының құрметті азаматы (2006).
## Толығырақ
* Ақмарал Леубаева 1969 жылы 10 қазанда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында дүниеге келген.
* 1986 жылы Ақмешіт ауылындағы Қ. Спатаев атындағы орта мектебін бітірген.
* 1987 - 1992 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (бұрынғы М.Әуезов атындағы педогогикалық институтын)ның филология факултетін үздік бітірген.
* 1989 - 1990 жылдары Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық кеңесіне депутат болып сайланды.
* 1988 жылдан айтыс өнеріне қатыса бастады.
* Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті.
## Еңбек жолы
* 1988 жылдан айтыс өнерінде
* 1992 жылдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті
* 2005 - 2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында бас маман
* 2007 жылдан ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша басқармасында бас маманы.
## Шығармашылығы
* Ақмарал Леубаева айтысқа 1988 жылдан қатыса бастады. Ақиық ақын М.Мақатаевтың 60 жылдығына, қоғам қайраткерлері А.Байтұрсыновтың 100 жылдығына, С.Қожановтың 150 жылдығына, Т.Рысқұловтың 100 жылдығына, ұлы Абайдың 150 жылдығына, жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығына арналған және батыр Б.Бейсекбаевты еске алуға арналған айтыста, Қарасай батырдың 300 жылдық және көрнекті жазушы С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойларына орай өткен республикалық, халықаралық айтыстарда жүлделі орындарды иеленген.
* «Ақмарал» атты авторлық әндер жинағының аудиотаспасы жарыққа шықты (2004). «Қазіргі ақындар айтысының» 2 томдығына айтыстары енген (2004). Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен Түркия, Германия, Қытай мемлекеттерінде қазақ өнерінің насихатталуына кеңінен үлес қосты (2004).
* 2007 жылы «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты ғылыми диссертация қорғап, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді.
## Марапаттары
* 2001 жылы - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл медалі
* 2006 жылы - Бәйдібек ауданының құрметті азаматы
* 2007 жылы - Филология ғылымдарының кандидаты (құрметті ғылыми атағы)
* 2011 жылы - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл медалі
* 2012 жылы - ОҚО әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды
* 2013 жылы - ҚР Президентінің жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен марапатталған
* 2016 жылы - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл медалі. |
Әлібек Шегебаев (11.3.1974 жылы туған, Шардара ауданы Сүткент ауыл) – ақын, ҚР Жастар одағы сыйлығы лауреаты (2004). ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген (1999). 1997 жылы республика «Жалын» журналында жарияланған топтама жырлары үшін Т.Айбергенов атындағы сыйлықты алған 2000 жылы «Жас ақындар жырларының антологиясына» жырлары енген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Алакеуім» атты тұңғыш жыр жинағы, 2003 жылы «Әйнекке түскен сәуле» атты кезекті жыр жинағы жарық көрген. Қазір Қазақ радиосында қызмет істейді. Астана қаласында өткен жастардың 5-ші Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты (2002).
Әлібек Шегебай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. 1997 жылы М. Әуезовтың 100 жылдығына орай ҚазҰУ- де өткен республикалық студент жастардың жыр мүшайрасында бас жүлдені жеңіп алады.Содан бері де бірнеше жыр бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденді. 1998 жылы Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т. Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ақын 1997-1998 жылдары Сүткент ауылдық Т.Тәжібаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1998-1999 жылдары республикалық «Алматы ақшамы» газетінде журналист, 1999-2001 жылдары ҚР ІІМ-нің республикалық «Сақшы» газетінде бөлім меңгерушісі, 2002-2008 жылдары республикалық Қазақ радиосында жүргізуші-редактор, 2008-2009 жылдары Республикалық «Жұрағат» журналының Бас редакторы, 2009-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2013 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған.
## Дереккөздер
* http://alashainasy.kz/akyn/albek-shegebay-nege-gana-erte-tuyip-uakyittan-nege-gana-keshgp-bz-kezdestk-56433/
* http://adebiportal.kz/news/a-yn-l-bek-shegebaydy-elge-sa-ynysh-atty-shy-armashyly-kesh-ted/
"Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы" |
Шымыр батыр, Шымыр ата (туған-өлген жылы белнісіз) — Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан батыр, әулие.
Шежіре деректері бойынша Дулаттың кенже ұлы, шамамен Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген. Талас, Шу өзендері өңірлерінде, Ташкент, Сайрамда билік жүргізіп, ұлұғ-бек (ұлы бек) атағына ие болған. Шымырдан шынқожа, бекболат, темірболат рулары тарайды.Олардың ішінен ел мақтанышына айналған шешендер, билер, батырлар, датқалар, қоғам қайраткерлері (Қойгелді батыр, Байзақ датқа, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, тағы басқа) шықты. Шымыр батыр Ташкент қаласының маңында жерленген. Қабірінің басына 2000 жылы кесене тұрғызылды.
## Дереккөздер |
Абай — Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы ауыл, Абай ауылдық округі орталығы. Іргесі тың және тыңайған жерді игеруге байланысты 1954 жылы қаланған.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Егіндікөл ауылынан оңтүстікке қарай 37 км-дей, Теңіз көлінің солтүстік жағалауында орналасқан.
## Халқы
## Инфрақұрылымы
Мектепке дейінгі мекеме, орта мектеп, клуб, кітапхана, емдеу амбулаториясы халыққа қызмет көрсетеді. Абай ауылы арқылы облысқа маңызы бар Егіндікөл — Қорғалжын автомобиль жолы өтеді. Ең жақын темір жол станциясы — Жалтыр (166 км).
## Дереккөздер |
Ноғай Шымшырұлы (16.3. 1902, қазіргі Баян-Өлгий аймағы, Шегіртай ауылында – 18.2.1974, Өлгий қаласында) – Моңғолия қазақтарынан шыққан саяси, қоғам қайраткері. Өз бетімен мұсылманша, моңғолша хат танып, жастайынан жергілікті билік орындарында жұмыс істеген. 1939 – 40 ж. Қобда аймақтық партия к-тінің нұсқаушысы болды. МХРП-ның Х съезінде (1940) ОК-нің мүшелігіне сайланды. Қаби Бәжіұлымен бірге Кіші Құрылтайда (Парламент) ұлттық Қазақ аймағын құру туралы бастама көтерді. Бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болып, Кіші Құрылтай басқармасы “Қазақ, урианхайлардың жеке аймағын құру туралы” қаулы қабылдады. Осы қаулыдан кейін 1940 ж. тамызда Баян-Өлгий аймағы құрылып, аймақтың алғашқы әкімі Бәжіұлы, аймақтық партия к-тінің 1-хатшысы болып Шымшырұлы тағайындалды. 1943 – 46 ж. ол маршал Х.Чойбалсанның тікелей тапсырмасымен Қытайдағы гоминьдан өкіметіне қарсы Моңғолия қазақтарынан ұйымдастырылған партизан жасағын басқарып, Шыңжаң өлкесін азат етуге және Шығыс Түркістан үкіметін құруға белсене араласты. 1943 ж. Чойбалсан басқарған Моңғолияның әскери делегациясы құрамында Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, халық батыры Оспан Ісләмұлымен болған ресми келіссөздерге қатысты. Осы жылы Моңғолиядан Шыңжаңға асқан 70 қазақ жанұясын қайтарып әкеледі. 1946 – 57 ж. Кіші Құрылтай басқарма мүшелігіне, Ұлы Халық Хуралы депутаттығына үш мәрте (1951, 1954, 1957) сайланып, МХРП-ның ОК-нің мүшесі болды. МХР Министерство кеңесінің нұсқаушысы қызметін қоса атқарды. Шымшырұлы мұндай дәрежеге көтерілген Моңғолиядағы алғашқы қазақ. 1957 – 62 ж. Баян-Өлгий аймақтық ауыл шаруашылықтың басқармасында ұйымдастырушы қызметін атқарды. 1962 ж. дербес зейнеткерлікке шығып, өмірінің соңына дейін Моңғолия “Ардаргерлер қоғамының” аймақтық бөлімшесінің төрағасы болды. 1967 ж. Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Д.А. Қонаевтың шақыруымен Алматыда болып, жазушы С.Мұқановпен кездескен. Шымшырұлы ақындығымен де белгілі. Оның “Алтын бесік”, “Бұлдыр заман”, “Еңбек – бақыт”, “Жастарға”, тағы басқа өлеңдері жарық көрген. 95 жылдық мерейтойына орай (1997) Өлгий қаласының бір көшесіне, туған ауылындағы орта мектепке есімі беріліп, Өлгий қаласындағы Шымшырұлы атындағы көшеге ескерткіш мүсіні орнатылды. Шымшырұлы Моңғолияның “Соғыстағы ерен ерлігі үшін” (2 мәрте), Еңбек Қызыл Ту, Алтын жұлдыз ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
## Сілтемелер
Қинаятұлы З., Моңғолиядағы қазақтар, А., 2001. |
Шынжырқатар – дәстүрлі қазақ қоғамындағы биге қатысты ұғым. Қазақ тарихында билік атадан балаға жалғасып, бірнеше ұрпағы ел ішінде би атанған әулеттер болған. Осындай айрықша қасиет дарып, абырой қонған әулет билігін халық шынжырқатар деп атаған.
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы, 9 т. |
Петр Федорович Шевцов (1912 – 10.1.1944) – әскери қайраткер, Кеңес Одағының Батыры (22.10.1937). 1920 ж. отбасы Түлкібас стансасына көшіп келген. Жеті жылдықты бітіргеннен кейін Шевцов Орынбордағы ұшқыштар училищесінде оқыды. Оны бітірген соң Брянскіге дербес авиаэскадрильяға қызметке жіберілді. Ол 1935 ж. Испанияда фашизмге қарсы, 1939 ж. финдерге қарсы ұрыстарға, 2-дүниежүзілік соғысқа қатысты. Шевцов Ленин, 2 Қызыл Ту, т. б. ордендермен және медальдармен марапатталған.
## Cілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы" |
Есенсай — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы ауыл, Есенсай ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Чапаев ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 35 км жерде, Жайық өзенінің бетеге, қау, қамыс, құрақ өскен сұр қоңыр топырақты сол жағалауында орналасқан.
## Халқы
1999 жылы тұрғындар саны 1615 адам (809 ер адам және 806 әйел адам) болса, 2009 жылы 1390 адамды (709 ер адам және 681 әйел адам) құрады.
## Тарихы
Есенсай 1932 жылы Тайпақ мал шаруашылығы кеңшарынан бөлініп шығып, жеке шаруашылық құрды. Оның негізінде 1997 жылдан ауылда 17 шаруа қожалықтары мен бір серіктестік жұмыс істейді.
## Инфрақұрылымы
Электр станциясы, орта мектеп, дәрігерлік-амбулаторлық пункт, мәдениет үйі, кітапхана, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары елді мекендермен су жолы және автомобиль жолы арқылы қатынасады.
## Дереккөздер |
Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры — Өскемен қаласындағы мәдени-шығармашылық мекеме. Бұл театр — қала тұрғындарының келу көрсеткіші жоғары болып саналатын мәдени сәулет орталығы, бір ғасырдан астам тарихы бар мәдени ескерткіш.
## Тарихы
Жамбыл театры ғимаратының кірпіші 1902 жылы қаланған. Мұнда болған оқиғалар халықтың және толықтай өңірдің тағдырына үлкен маңыз берді. Алғашқы уақытта бұл ғимарат Халық Үйі деп аталған болатын. Осылайша, 1902 жылдың 26 қазанында Халық үйі ғимаратының алғашқы ашылуы болды. 2002 жылдың желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы Жамбыл атындағы драма театр ғимаратына 100 жыл толды. Халық үйі қаланың қоғамдық және мәдени өмірінің орталығына айналды. Сахнада қойылған бірінші пьесаның аты – «Жұмыстық слобода» болды. Тұрақты кәсіби театр болмағандықтан, 1935 жылы қалалықтар М.И. Калининге труппа қалыптастыруға көмек көрсеуге өтініш білдірді. Өтініш қабылданып, 1936 жылдың қаңтарында Н. Гогольдың үйлену спектаклімен бірінші театрлық маусым ашылды. Театрдың жанында 15 адамнан тұратын қазақ ұлттық драмма үйірмесі ұйымдастырылды. Оның труппасында Г. Гребенщиковтың «Сүйкімді жігіт», ұлттық эпос мативы бойынша Н. Анненкова-Бернардың «Қамал» драмасы сияқты спектакльдер болған. 1939 жылы Шығыс Қазақстан өз бетімен облыс болып бөлінді және Өскемен қалалық театры облыстық дәрежені иеленді. 1941 жылдың маусымында театр ғимараты фашистік Германияны жеңу үшін барлық күшті жұмылдыру орталығы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі онжылдық тарих бетіне жанкешті еңбек және театрлық ерлік ретінде кірді. Жылусыз, алайда көрерменге лық толы театр залында жеңіске сенімді нығайтуға күш-жігер беретін спектакльдер өтетін – «Орыс адамдары», «Шапқыншылық», «Ленинград қабырғасында» және т.б.
1946 жылдың шілдесінде Өскемен қалалық атқару комитетінің шешімімен қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, облыстық драма театрға қазақтың ұлы ақыны Жамбылдың аты берілді. Сол кездегі театр репертуарында орыс және шет ел классикасына үлкен көңіл бөлінетін. Көп жылдар бойы театрда сахна өнерпаздары, ҚР еңбегі сіңген артістері, мәдениет қызметкерлері жұмыс істеген және істеп келеді.
2000 жылдың ақпан айында Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрында қазақ труппасы ашылды. Труппа ең алғашқы маусымын Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» спектаклімен ашты.
2012 жылдың мамыр-маусым айлары кезінде Татарстандағы Қазан қаласында өткен 10 халықаралық түркітілдес халықтарының «Науруз» фестивалінде Татарстан Республикасының мәдениет министрі А.М.Сигабатуллиннің дипломымен және Татарстан Республикасының президентінен Алғыс хатпен марапатталды.
## Труппа
Қазақ труппасының әртістері: Кабдуллина Диляра, Аргынбекова Майра, Алпыспаев Сырым, Ниязбеков Қанатбек, Кумарова Мадина, Хамзин Аманжол, Бақтыбаева Гульбақыт, Хасенов Ертай, Серкетаев Жасулан, Калык Хамит, Копабаева Сайраш, Дузбаев Турсынбек, Салбанов Айдын, Маратбек Сырым, Масабекова Жанар, Бадыганов Төлеухан, Исина Мадина.
Орыс труппасының әртістері: Кошкин Валерий, Заворыкин Павел, Савин Юрий, Гремина Татьяна, Муравицкий Владимир, Латфи Алла, Коблова Тамара, Нохрина Анастасия, Ястребов Вадим, Егоров Алексей, Воронина Татьяна, Тюлюбаева Дина, Горбанев Максим, Соколова Марина, Коровина Надежда, Засорин Сергей, Красикова Ирина, Пятов Евгений, Снегирова Наталья, Волобуева Юлия, Степанова Светлана, Пак Варвара, Снегиров Игорь. |
Шынжыр мұнай кен орны — Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Өзен-Жетібай антиклин белдеміндегі мұнай кен орны, Маңғыстау облысында, Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында 104 км жерде орналасқан. 1982 жылы ашылған. Мұнай сыйыстырушы құрылым өлшемдері 4x2 км, амплитудасы 20 м брахиантиклин. Өнімділік ортаңғы юраның байос горизонтында анықталған.
## Жатыс сипаты
Мұнай жатыны литологиялық тұрғыдан қалқаланған. Кеуекті жинауышы құмтастар мен алевролиттерден құралған. Кеуектілігі 18%, өтімділігі 0,039 мкм2. Жинауыштарының жалпы қалыңдығы 11 м, тиімдісі 9,9 м, мұнайға қаныққаны 3,5 м, мұнайға қанығу коэффициенті 0,65. Су-мұнай жапсары -2120 м белгіде. Жатынның биіктігі 10 м. Бастапқы қойнауқаттық қысым 20,2 МПа, 7 мм-лік штуцердегі мұнай шығымы 45,5 м3/тәу. Газдық фактор 153,56 м3/м3.
## Құрамы
Мұнайы ауыр, тығыздығы 863 кг/м3, аз күкіртті (0,13%), парафинді (11,8%), шайырлы (12%), асфальтендер мөлшері 0,8%-тен артпайды. Қойнауқаттық сулары зерттелмеген. Кен орны барлануда.
## Дереккөздер |
Серғазы Опалқожаев (1882, қазіргі Сырдария ауданы – 22.10.1970, Қызылорда қаласы) – қайраткер, құрметті теміржолшы. 1917 – 19 жылдары Перовск (Қызылорда) қаласындағы темір жол бөлімшесінде ұйымдасқан астыртын партизан отрядына қатысқан. Азамат соғысы жылдары ақ гвардияшыларды талқандауға белсене араласты. Кейін темір жол жүйесінде ұзақ уақыт жұмыс істеді (1926 – 57). Ленин, Қызыл жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Қызылорда қаласының құрметті азаматы (1968).
## Отбасы
Ұлы: Алпысбай Серғазыұлы Опалқожаев
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы |
Шынжырлы тұқым – батыршылдыққа қатысты атау. Жаугершілік заманда батырлар үшін әскери кәсіп ата кәсіп саналып, әкеден балаға мұра болған. Батырлар әулетінде туған бала жастайынан ел үшін соғысқа араласып, әскери кәсіппен айналысуға міндетті болған. Батырлық жырлардағы Ер Қосай, Ер Тарғын, Қобыланды, 17–18 ғасырлардағы Қабанбай, Райымбек, Бөрібай батыр, Бөгенбай, 19 ғасырдағы Исатай, Жанқожа, 20 ғасырдағы Амангелді, Тәнеке Нұралы Дөсетұлы батыр тағы басқа батырлар бәрі де ата-бабаларынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Қазақта мұны шынжырлы тұқым деп атаған. Осылай ата кәсіптің батырлар әулетінде ұрпағына жалғасуын “шынжыры үзілмеу” деп атайды. Жаугершілік кезінде батырлар әулеті үшін ата кәсібін жалғастырмау масқаралық болып саналған. Сондықтан батырдың балаларының 13–15 жастан соғысқа қатынасып, жорыққа аттанғаны эпостарда, тарихи жырларда айтылады. Шынжырлы тұқым, “шынжырлы ер”, “шынжырлы туған”, “шынжыры үзілмеген” сияқты сөздердің ауыз әдебиетінде жиі кездесуі, бұл ұғымның тұрақты ұғым, қалыптасқан түсінік екенінің дәлелі. Қазақта 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде ірі байларға қатысты айтылатын “шынжыр балақ, шұбар төс” деген сөз тіркесі ертеде әйгілі батырлар әулетіне қатысты шыққан. Әр буынында бүкіл қазаққа әйгілі батырлар шыққан Шыжырлы тұқым қазақ халқында көп болған.
## Дереккөздер |
Мыңбас (Vaccarіa) – қалампыр тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық аймақтарында өсетін 1 түрі – пирамида тәрізді Мыңбас (Vaccarіa pyramіdata) белгілі. Оның биіктігі 30 – 70 см. Сабағы тік өсіп шығады. Оған ұзынша қауырсын пішінді жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Тостағанша жапырақшасының ұзындығы 13 – 15 мм, ені 5 – 9 мм-дей. Күлтесі қызғылт түсті. Ірі гүлдері сабағының ұшында жетіледі. Маусым – шілде айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – қауашақ, өте улы.
## Дереккөздер |
Василий Андреевич Ливенцов (16.1.1914 жылы туған, Сайрам ауданы Ақсу ауылы) – Социалистік Еңбек Ері (1981). Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын бітірген (1935). 1935–49 жылдары Алматы, Талдықорған облыстарында ауыл шаруашылығы саласында әр түрлі қызмет атқарды. 1949–54 жылдары Қазақстан КП Талдықорған және Батыс Қазақстан обкомдарының 2-хатшысы. 1954–57 жылы Қазақстан КП ОК кеңшарлар бөлімінің меңгерушісі. 1957–61 жылы Ақмола және Алматы облысы партия комитеттерінің 2-хатшысы. 1961–62 жылдары Жамбыл облысы аткомының төрағасы. 1962–72 жылдары Қазақстан КП Шымкент обкомының 1-хатшысы. 1972–85 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. Мәскеу қаласында тұрады. Ливенцов 3 Ленин, Октябрь революциясы, 2-дәрежелі Отан соғысы, 3 мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Шымкент қаласының (1995), облыстың құрметті азаматы (2002).
## Сілтемелер |
Мыңбаев Қайыр Ерденбайұлы (1930, Аршалы ауданы Қосқарағай ауылы) – заңгер. Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген (1951). Ақмола облысы прокуратурасы қылмыстық сот бөлімінің бастығы (1951 – 58), Семей облысы прокурорының орынбасары (1958 – 61), ҚазКСР Прокуратурасының соттағы қылмыстық істерді қарау бойынша қадағалау бөлімінің бастығы (1961 – 69); ҚазКСР Жоғары сотының төрағасы (1970 – 80) болып қызмет істеді. 1981 жылдан ҚР Әділет министрінің орынбасары болды. 8 – 10 шақырылған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты. КСРО орден, медальдарымен марапатталған.
## Дереккөздер
«Ақмола облысы» энциклопедиясы |
Су басу – 1) жер бетіндегі ағын сулардың немесе жер асты сулары деңгейінің көтерілуі; 2) өзен маңындағы жер аумағын су тасу немесе тасқын кезінде (табиғи cу басу), не өзен арнасы мен аңғарына жасанды түрде бөгет салу кезінде (жасанды су басу) судың қаптай жайылуы; 3) гидротех. ғимараттар салудан және жер беті суын тежеуден, сондай-ақ а. ш. жерлерін дұрыс суармаудан ыза деңгейінің көтерілуі. Негізінен белгілі бір алаптағы қар мен мұздың күрт еруінен және жауын-шашынның көп мөлшерде түсуінен болады. Су басу – қала, елді мекен аумақтарында және бөгендер мен суармалы жерлерге жақын жатқан телімдерде пайда болатын техногендік процесс.
## Пайдаланған сілтемелер |
Алпысбай Серғазыұлы Опалқожаев (1945 жылы туған, Қызылорда қаласы) – еңбек ардагері, құрметті теміржолшы. Қожа руынан шыққан. Қазақ КСР-інің халық депутаты (1990). Еңбек жолын 1962 жылы Қызылорда локомотив депосында слесарь-дизелші болып бастаған. 1976 жылдан бері аға слесарь-дизелші қызметінде жұмыс істеп келеді. Ол екі мәрте «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған.
## Семья
Әкесі: Серғазы Опалқожаев
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы
## Дереккөздер |
Хасен Ақаев (1860 жыл, Семей облысы Қарқаралы ауданы Қу болысы — 1931, Қызылжар) — қоғам қайраткері.
* 16 жыл Қу елінің болысы қызметін атқарып, ел арасында жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Ата қонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған.
Дүкен ұстап, қыр қазағының өнеркәсіп өнімдеріне сұранысын өтеуге тырысқан. Егін егіп, мал тұқымын жақсартумен айналысқан. Еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін ашып, оны бітіргендерді өз қаражатымен Қарқаралы, Семей, Омбы оқу орындарында оқытқан. Әнші, күйші, серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандарымен, жүйрік аттарымен даңқы жайылған.
* 1905 жылы Қарқаралы хұзырхатын (петиңиясын) ұйымдастырушылардың бірі болды.
* 1910 жылы қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келушілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімшілік жағынан жауапқа тартылды.
* 1917 жылы 16 наурызда Қарқаралы уезі қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды.
* 1918-1920 жылдары алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды.
* 1921-1922 жылдары Кеңес орындарына елге сыйлы азаматтардың сайлануына ықпал жасады. Семей өңірінен аштыққа ұшыраған Торғай еліне жәрдем малын жинастыруға атсалысты.
* Мал-мүлкі әлденеше рет төркіленді.
* 1927 жылы Қызылжарға, одан Башқұртстанға кетуге мәжбүр етілді.
* 1931 жылы Қызылжарда дүниеден өткен.
## Дереккөздер |
Әбдікәрім Оңалбаев (5.12. 1901, Жалағаш ауданы Мақпалкөл (қазіргі Темірбек Жүргенов) ауылы – 6.4.1964, Қызылорда қаласы) – ақын. Коммунистік журналистика институтын бітірген (1938). Өлең-жырлары баспасөз бетінде 1930 жылдан бастап жарық көрген. 1940 – 43 жылдары «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында жауапты хатшы, 1943 – 64 жылдары «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Ақынның «Сыр бойы» (1951), «Таң алдында» (1963), «Өсиет» (1969), «Атамекен» (1981), «Туған жер» (1992) атты жыр жинақтары жарық көрген. 1991 жылы Мақпалкөл ауылындағы орта мектепке Оңалбаевтың есімі берілді.
## Дереккөздер |
Нәдіров Қазым Садықұлы (18.2.1957 жылы туған, Жамбыл облысы Талас ауданы Шолақтау кенті) – ғалым, техникалық ғылыми докторы (2001). Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педегогикалық институтын (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген (1978). 1978 – 83 жылдары орта мектепте мұғалім, Химиялық-фармацевтикалық зауытта (Шымкент қаласы) инженер, 1983 – 86 жылдары Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде аспирант болды. 1986 жылдан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық қызметте. 2004 жылдан университеттің мұнай және газ факультетінің деканы. Нәдіров Табиғи және техногендік қайталама шикізатты қайта өңдеудің инновациялық технологияларын құру және ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған (2005). 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
## Сілтемелер
* Мемлекеттік сыйлық
* Инновация
* Оңтүстік Қазақстан
## Дереккөздер |
Ораз Ахун (Оразмұхаммед) Бекетайұлы (1836, Қазалы уезі, Аққыр болысы –1894, қазіргі Сыр өңірі) – діни қайраткер. Әуелі ауыл молдасында сауат ашып, кейін Бұқарадағы Көкілташ медресесінде оқып, діни білім алған. Құран Кәрімді толық меңгеріп, осы медреседе көшірмеші, аудармашы болды. «Төрекей» атты екі томдық кітап жазған (хижра жыл санауы бойынша 1276 – 77 (1856 – 58)). Ораз Ахун шамамен 1860 – 61 жылдары өз ауылында молда болды. Қалдан батыр «Сарықұмнан» мешіт салдырып, оған Ораз Ахунды имам еткен. Ораз Ахунды ұстаз тұтады. Сыр сүлейлері ахунды жырға қосқан. 1912 – 13 жылдары қазіргі Тұрмағанбет ауылы мен Ақжар ауылының ортасында Ораз Ахун басына қос үйтам тұрғызылған.
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы |
## Географиялық орны
Шынжылы – Алакөл алабындағы өзен. Ұзындығы 110 км, су жиналатын алабы 1510 км2.
## Бастауы
Солтүстік Жетісу Алатауы ндағы Көктөбе тауының солтүстік беткейінен басталып, Үшарал қаласынан 5 км төменде Тентек өзеніне сол жағынан құяды.
## Гидрологиясы
Жоғары және орта ағыстарында аңғары тар, таулық сипатты, жағасы тік жарлы (5 – 12 м). Жайылмасы төменгі бөлігінде ғана айқын қалыптасқан, ені 50 – 120 м. Негізгі салалары: Байбол, Көктас, Қарғалы, Жыланды. Жауын-шашын, жер асты суымен толығады. Көктемде және жаздың басында тасиды. Көп жылдық орташа су ағымы сағасы тұсында 2,70 м3/с. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Бойында екі суару каналы салынған.
## Дереккөздер
## Географиялық орны
Шынжылы – Алакөл алабындағы өзен. Ұзындығы 110 км, су жиналатын алабы 1510 км2.
## Бастауы
Солтүстік Жетісу Алатауы ндағы Көктөбе тауының солтүстік беткейінен басталып, Үшарал қаласынан 5 км төменде Тентек өзеніне сол жағынан құяды.
## Гидрологиясы
Жоғары және орта ағыстарында аңғары тар, таулық сипатты, жағасы тік жарлы (5 – 12 м). Жайылмасы төменгі бөлігінде ғана айқын қалыптасқан, ені 50 – 120 м. Негізгі салалары: Байбол, Көктас, Қарғалы, Жыланды. Жауын-шашын, жер асты суымен толығады. Көктемде және жаздың басында тасиды. Көп жылдық орташа су ағымы сағасы тұсында 2,70 м3/с. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Бойында екі суару каналы салынған.
## Дереккөздер |
Балпық би Дәріпсалұлы (1696–1784) Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1696 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек.
## Өмірбаяны
Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған:Сырдарияның бойында, Қазалының ойында, Халқын түгел жинаған. Қараталдың бойына, Текелінің ойына, Қоныстанып тойлаған.
## Балпық би туралы жырлар
XIX ғасырда өмір сүрген өрен жүйрік ақын Бақтыбай "Қамау сапары" атты толғауында былай дейді:
Байұзақ, Мәмбет еді Абақтағы, Ескелді, Балпық еді Тарақтағы. Бар еді Жақсымбетте Асан, Сиық, Осылар кембағалды жылатпады. Асанда Қабылиса деген өтті, Жемітті өле-өлгенше ұнатпады. Ескелді, Балпық, Сиық, Қабылиса Жарлыны жарға итеріп құлатпады. Андаста аты шыққан Қарынбай би Бөлені маңайына жолатпады.
XX ғасырдың ақыны Қалқа Жапсарбайұлы:
Сүйсінді Балпық көрген соң,Іздеп тапқан жеріне,Жеріне сөйкес көліне,Жеріне шыққан шөбіне,Осы жер қоныс болар деп,Негізгі менің еліме...Ел орнығып толған соң,Меншікті жері болған соң,Балпық пенен ОрақтыЕскелді биді басшы ғып,
Алдынан жер шолады, — деп жырласа, "Жетісу" деген өлеңінде:
Жалайыр деген елімніңҮш жүз жылғы өткені,Ескелді мен БалпықтыңБастап келген мекені, — деп анық айтады.
Есенкелді Ӏлімдіұлы деген ақын былайша сөйлейді:
Қаратал, Көксу бойында Қатар жатқан ел едік. Үш әулие тұсында Ұзаққа қолды сермедік.Үш әулие тұсында Біз кімдерден кем едік?!Үш әулие тұсындаТалайға теңдік бермедік.Үш әулие тұсындаҚалмақ пенен Ойратты,Обыр менен озбырдыТабанға салып иледік,Үш әулие тұсындаҚаратал, Көксу өлкесінСодан бері жерледік.
Мұндағы қайталанып аталатын үш әулие — Қабылиса-Қабан ақын, Ескелді мен Балпық би екені өзінен-өзі түсінікті. Ал енді Қадырәлі ақынға сөз берейік:
Байтақ жатқан жерім бар, Айдын-шалқар көлім бар. Осы жердің иесі, Әулие шалған киелі Жалайыр деген елім бар, Сол жерімді корғайтын, Елім болып қолдайтын, Жоқтаушысы жерімнің, Қамқоршысы елімнің, Арқа тұтып ардақтар Балпық атты ерім бар!
Сейдахмет Қосжанұлы өзінің "Дана бабам" деген ұзақ толғауында былай дейді:
Балпық би Ескелдінің тете інісі, Тең болған көріпкелдік, нақ киесі. Зобалаң ойраттардан туған шақта, Қол бастап болған екен ел иесі. Арасы алыс емес екі-үш жастан Пір тұтқан Ескелдіні әуел бастан. Әзіл-қалжың арада болғанменен Есекеңсіз татпаған алдағы астан. Ескелді өтерінде Балпыққа айтқан: Ел ішін алауыздық, даудан сақтан. Біреуін алыстау деп сыртқа теуіп, Біреуін жақындау деп ішке тартқан. Соны айтып Ескелді би дүние салған, Ерлігі ел аралық содан қалған. Балпық би берген антын ағасына Өлгенше сөзден тайып бір бұзбаған.
"Балпық сынды бабамыз" деген өлеңінде Сейітқали Елтайұлы өзінше толғайды:
Қазағымның қолдан бермей құрығын,Ата-бабам сеуіп кеткен ұрығын.Даласына шарапат боп дарыған,Ескелді мен Балпық деген бір ұғым.Күнә болар өз ойыңды көрген деу,Қиын білем қиянатқа "көнем" деу.Есекеңді аға тұту үлгісіБапакеңнің жатқандығы төмендеу.Мен қалайша өздеріңді жат етем,Өкініштен туар сөзің "қап" екен.Аттарыңды тура айтып жатырмыз,Кешіре гөр, Есекең мен Бапеке!
Серікбай Тұрланов деген талапкер ақын былай дейді:
Майысқан ойпаң, беткейлі қайың мың бұрау,Талдырған жанар боз селеу шексіз жазықтар.Қыш құбыр құшқан қорған ба, әлде арықтар,Мүлгіген аруақ тастүйін мүсін қазықтар.Оянды алып қолбасшы батыр Қабанбай,Ескелді, Балпық билерім дана алаудай.Рухымен бабам дүркіреп кетті ел-жұртым,Қуаныш-теңіз толқынды шегін таба алмай.
## Шешендік сөздері
Балпық айтты деген шешендік сөздер 1993 жылы жарық көрген ғылым докторы Нысанбек Төреқұловтың "Қазақтың би-шешендері" деген кітабына енген. Әлі де ел аузында жүрген, жиналып-қатталмаған қаншама үлағатты сөздер бар десеңізші. Өйткені тоқсан жас жасаған әулие қарияның ұрпаққа қалдырған мұрасы үшан-теңіз екеніне күмән жоқ. Мен реті келген соң республикалық, облыстық баспасөзде жарияланған кейбір сөздерін келтіре кетуді жөн көрдім:
Бұл сөздердің көбісі бұрынғы Талдықорған облыстық "[Жерұйық газетіЖерұйық", Қаратал аудандық "Қаратал" газеттерінде жарияланған. Әулие баба ғибраттарын жинауда Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Көксу ауданында тұратын С.Тәнекеев мырза көп еңбек етіпті. Ол Алматыда тұратын Дәндібайұлы Байжомарт, Қызылтоған ауылында тұратын Әлдибекұлы Тәңірберген, Бесқайнар|Бесқайнардағы Алдиярұлы Қабсөлім жөне осы ауылда тұрған марқұм Оспанұлы Нұрқасым, аудан орталығы Балпық кентінде тұратын Смағұлұлы Жапарқұл, "Қарашоқы" ауылында тұратын Халимолла қарт, "Мұқыры" ауылында тұратын Атанбайұлы Рыскелді сияқты көнекөз, құйма құлақ қариялардан 1964 жылдың қыркүйегіне дейін қағазға түсіріп, "Жерұйықта" жарияланған екен.
Ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау ұлағатты сөздер айтқан адамды әулие емес деп кім айтады. Балпық — батагөй қария, ділмәр шешен ғана емес, ел басшысы — көсем болғаны айдай анық. Оның қарапайымдылығы мен данышпандығы қатар жүргенін мынадан да байқауға болады: дүниеден өзінен бұрын өткен екі-ақ жас үлкен Ескелдіні аға тұтып, өзін жерлегенде денесін екі шақырымдай жерге төменірек қоюды аманат еткен! Екеуінің туғанына да үш жүз жыл толуына байланысты өткен тойларына қатысқанда байқағаным, қайта көтерілген кесенелеріне ағайын-туыстары ғана емес, сол маңайдағы орыстар да, немістер де, корейлер де, барша қауымның аянбай ат салысқаны. Екі жүз жылдан бері бастарына түнегендер бала тауып, ауруынан жазылып, қырсығынан арылып келе жатқан қос әулиеге тұрғызылған зәулім ескерткіштер — ұрпақтар ұмытпайтын белгідей болып алыстан жарқырап көрініп тұр.
## Қосымша
Балпық би (1705 жылы, Көксу ауданында - 1780) би, батыр. Жалайыр руынан шыққан. Әкесі мол дәулетжан атағы шыққан бай, анасының есімі — Ақбалық. Сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр ретінде Балпықтың аты Ескелеңмен қатар айтылған, екеуін егіз би деп атаған. Балпық жоңғар шапқыншығы кезінде өзінің аға достары Ескелді, Қабан жыраумен бірге Іле мен Қаратал арасындағы жалайыр, оған көршілес найман, суан, ысты руларының біраз бөлігін шабуыл өтінен дер кезінде әкетіп, қьірылып кетуден сақтады. Хантау мен Қаратаудан әрі ауылы Нақысбеков, "Балпық би асып, Сыр бойында тұрақтаған соң бірқатар жорықтарды басынан кешірді. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласының маңындағы соғыстарға қатысқан. Әділ сөзімен жалайыр мен жаныс руларын табыстырған. Балпықтың ұлы Тіленші де беделді би болған. Әкелі-балалы билердің еліне сіңірген қызметі туралы Ш.Уәлиханов, Құнанбай Өскенбайұлы жазған, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Сара Тастамбекқызы, т.б. ақындар жыр еткен. Бейіті Үштөбе қаласының түбінде. Көксу ауданының орталығына Балпық би есімі беріліп, ескерткіш орнатылды. Әдебиеті:
## Дереккөздер |
Шынқожа Базарқұлұлы, Тума-Найман Шынқожа батыр (1706 жыл, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы – 1770 жыл, Қырғыз Республикасы, Нарын облысы) — атақты аға батыр, қолбасшы. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде ерекше ерлік көрсетіп, Қаракерей Қабанбай батыр әскерінде талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. Орта жүз Найман тайпасының Қаракерей руының Тума тармағынан, Тума Шынқожа батыр есімімен белгілі болған.
## Өмірбаяны
1727 жылы Бұланты-Білеуті шайқасында жеке ерлігімен көзге түсіп, жас батыр атанған. 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасына қатысып, тума, тоқпақ, байғана руларынан құралған жасаққа басшылық еткен. 1752–1754 жылдары Жетісу, Алтай, Тарбағатай өңірлерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында дарынды қолбасы ретінде ел құрметіне бөленді. Қазақ-қырғыз арасында болған қақтығыста Шынқожа қоршауда қалып, өз бармағын қылышпен шауып орайды да, сау қалған батырларға қазақ жерінде көмуге аманат ретінде тапсырады, өзі сол “Жайыл қырғыны” деп аталған шайқаста ерлікпен қаза табады. 1996 жылы Шынқожа батырдың 290 жылдығы осы Аягөз өңірінде кеңінен атап өтіліп, бармағы көмілген жерге жаңа кесене орнатылды. Аягөз қаласындағы үлкен бір көшеге Шынқожа есімі берілген. Шынқожа батыр ерлігі туралы І.Жұмаділовтың “Дарабоз” дилогиясында жақсы суреттеледі.
## Шынқожаның бармағы
Шынқожаның денесі қай жерде жерленгені белгісіз, ал бармағы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандағы Шынқожа есімімен аталған ауылда Нарын өзеннің бойындағы төбеге көмілген.
## Дереккөздер |
Қараадыр – Қазығұрт тауларының оңтүстік-батысындағы шоқылы тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысы Нұра ауданы Қарақасқа ауылының оңтүстік-шығысында 5 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 506 м. Ұзындығы 7 – 8 км, енді жері 6 км шамасында.
## Жер бедері
Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Жақсышат және Жаманшат өзендерінің салалары Қараадыр тауының баурайындағы бұлақтардан бастау алады. Таудың түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Етегінде Сайдалы, Әбілда қыстаулары орналасқан.
## Өсімдігі
Сортаңды қызғылт қоңыр топырағында жусан, бетеге, қоңырбас, итмұрын, тобылғы, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі.
## Дереккөздер |
Мықтыкөл (2006 жылға дейін - Барышевка) — Ақмола облысы Шортанды ауданы, Бектау ауылдық округі құрамындағы ауыл.
## Географиялық орны
Округ орталығы – Бектау ауылынан батысқа қарай 30 км, аудан орталығы – Шортанды кентінен 12 км жерде орналасқан.
## Халқы
Бастауыш мектеп, дәрігерлік пункт бар. Ауылдан 1 км жерден республикалық маңызы бар Алматы – Петропавл автомобиль жолы өтеді.
## Дереккөздер |
Ораз қажы (1299 – 1385ж.ж) – Әйтеке бидің бабасы. 1370 жылдан Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған.
Әмір Темір Ораз қажының кеңесімен Самарқандты өзінің астанасы еткен. Үш рет қажылыққа барған. Есімі Төртқара руына ұран болған. Өмірінің соңын Сыр бойында бала оқытумен өткізген. Ораз қажыға байланысты әңгіме, хикаялар өте көп. Оның Тоқпан деген баласы Әмір Темірдің батыры болған. Одан Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл би туған. Ораз қажы мен Тоқпанның қабірлері Өзбекстандағы Науаи облысы Нұрата ауданындағы Сейітқұл қорымында.
## Дереккөздер |
Жаманесіл – Есілдің оң саласы.
## Географиялық орны
Ақмола облысы Астрахан ауданы жерінде. Таволжанка ауылынан батысқа қарай 4 км жерде Есілдің негізгі арнасынан бөлініп шығып, Баршын көлінің шығыс тұсында 1 км жерде қайта қосылады.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 29 км тарамдардан, ескі арналардан тұратын жайылмасы су тасқыны кезінде су астында қалады. Оның кейбір телімдерінде шағын көлдер пайда болады. Арнасы ирелеңдеген, жағалаулары жайпақ келеді. Суы қарашада қатып, сәуірдің 1-онкүндігінде ериді. Қар, жер асты суларымен толығады. Жайылманың құнарлы шалғын топырағында әртүрлі астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Оларды ауданы ауыл шаруашылығы бірлестіктері пайдаланады. Суы мал суаруға жарамды.
## Дереккөздер |
Ақ айрауық, ақ өлең (лат. Calamagrostis pseudophragmites) – астық тұқымдасының айрауық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық жерінде — өзен, көл, арық жағаларында, құмды топырақты өңірлерде өседі. Биіктігі 50-120 см, тамыры төсемелі. Жапырағы жіңішке, таспа тәрізді келеді. Гүл шоғыры үлкен, сыпыртқы басты, масақшалары қоңыр, күлгін түсті болады. Маусым — шілдеде гүлдейді. Ақ айрауық — құнарлы мал азығы.
## Дереккөздер:
Қазақ энциклопедиясы I том |
Діни лауазымдар мен атақтар - әрбір діндегі ішкі құрылымдық ерекшеліктерге қарай сатыланатын қызметтер мен атақтар. Әр діндегі негізгі ұстанымдарға орай діни лауазымдар мен атақтар әр қилы. Ислам дініндегі діни лауазымдар мен атақтар:
## Ахун
Ахун(парсы: آخوند) — 1. мұсылмандық діни лауазым. 2. баулушы, ұстаз. # 18 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Орта Азияны билеген Бұхар хандығының тұсында ислам ғұламаларының ең жоғарғы лауазымы болды. 1860 жылы Л.Толстойдың қабылдауында болған қазақ мүфтиі Уәйіс ғұламаның екінші лауазымы — Ахун Мүфтидің шариғат негізінде айтылған фатуасы Ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Қазіргі кезде Ахун деген діни лауазымның орнына наиб мүфти лауазымы ендірілген.
* халықтың діни сауатын ашып, діни ғұрыптық қызметті атқаратын дін оқымыстысы, мұсылман ғұламасына берілетін атақ. Қазақ дәстүрлі қоғамында Ахун Алла разылығы үшін халықтың діни сұранысына лайықты қызмет атқарған, уағыз-насихат айтып, халыққа дін ақиқатын түсіндірген. Олар ауыл балаларының діни сауатын ашып, сондай-ақ шариғаттың шарттарын, құлшылық ғибадаттың жөн-жосығын үйреткен. Қоғам өміріндегі әр түрлі жиын-тойларда, жаназа, астарда діни ғұрыптық қызмет атқарған. Ахун әдетте белгілі бір діни ғұлама ұстаздардан, атақты медреселерден ілім алған оқымыстылар болған, халыққа діни ағартушылық қызмет жасағандықтан өзінің білімдерін үнемі жетілдіріп отырған.
## Аятолла
* Аятолла (араб.: آية الله,парсы: آیتالله Алланың белгісі, нышаны) — мұсылман дінінің шииттік саласында жолын қуған, артынан ерген шәкірттері бар ғалым-діндардың ең жоғары рухани лауазымы. Ұғым XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болған. Мысалы, Иранда бірнеше жүз аятолла бар. Оның ішінде бірнеше діни қызметкердің "ұлы" деген атағы бар. Алайда Иран тәртібінің көсемі Рухолла Хомейни бұл атақты беруге шектеу қойып, оны шешуді өз құзырына қалдырды.
## Дамолла
* Дамолла (араб. - билеуші, мырза) — Ислам дінін насихаттаушылардың, мешіт пен медресе оқытушыларының діни лауазымы. Дамолла Исламды насихаттауға сіңірген еңбегіне, діни білім дәрежесіне қарай діни қауымдастық сайлады. Қазақ аудандарында Кеңес үкіметі толық орнағанға дейін медресе ұстап, халыққа діни-рухани білім беріп, ұстаздық еткен Дамоллалар көп болған. Мысалы ел билеп, халыққа аса сыйлы болған, Кеңес үкіметінің жергілікті теріс саясатына қарсы қол бастап, қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде көтеріліс басшысы болған Қазақстандағы белгілі, беделді соңғы Дамолланың бірі — Ақмырза ишан. Ол соңына «Хадистер», сондай-ақ Исламның мәні, парыз-сүннеттері, әдет-әдеп, жолжорасы туралы таратылып жазылған қазақ тіліндегі «Түркі Иман» атты маңызы зор қолжазба мүра қалдырған білімдар, оқымысты адам болған.
## Қазы
* Қазы — мұсылмандық сот міндетін атқарушы, төреші. Оларды шариғаттық құқық негізінде азаматтық және қылмыстық істерді қарау үшін мұсылман елдерінің жоғарғы үкіметі тағайындаған. XX ғ-дың басына дейін Қазақстанның оңт. өңірінде «бас қазы» және жергілікті жерлерде оған бағынышты көмекші тергеушілер «әзім молдалар» болған. Олар шариғат заңдылығының сақталуын, әдет-ғұрыптың дәйекті орындалуын бақылауға, ал қажетті жағдайда тиісті шара қолдануға құқылы болды.
## Имам
* Имам — намаз кезінде алда тұратын адам, рухани жетекші, мұсылман қауымының басшысы. Күнделікті өмірде имам деп мешітте көпшілік болып намаз оқуды баскаратын жетекшіні атайды..
## Муаззин (азаншы)
* Муаззин — азан шақырушының лауазымы. Муаззиннің үш міндеті бар: діндарларды жиып, имамды шақырады, намаздың басталуы туралы хабар береді.
## Муджтаһид
* Муджтаһид — фиқһ (Ислам құқығы) ғылымының білгірі, үкім шығаруға хұқылы діни ғұлама. Ислам дәстүрінде муджтаһид ретінде сахабалар (Мұхаммед пайғамбарға ергендер) мен табиғиндер (сахабаларды көргендер) танылды. Сүнниттік исламда бұл дәрежеге 4 мазһабтың фақиһ-ғұламалары, олардың шәкірттері ие болды.
## Мухаддис
Мухаддис (араб.: محدث) — хадистерді терең зерттеп, баяндаған ғалым.
## Мухтасиб
* Мухтасиб (араб. - «хисбаны атқарушы») — мұсылмандықтың моральдік нормаларын ашықтан-ашық бүзушылыққа жол бермей, түзу жолға бағыттап отыратын діни лауазым иесі.
## Мүрид
* Мүрид — өз еркімен тариқат жолына түсуші шәкірт; мүршидке (ұстазына) «қол тапсырушы»; сопылық бауырластыққа немесе кәсіп бірлестігіне мүше болып, рухани жетілудің алғашқы сатысында тұрған адам. Сопылықта мүрид пен мүршид қарым-қатынасы, яғни рухани мектеп үлкен рөл атқарған. Тариқат жолына қадам басушы мүрид, алдымен, шариат шарттарын, исламның қарапайым ахлақтық, этикалық қағидаларын ұстануы, орындауы қажет. Шәкірттің сопылық жолға түсуі ішкі рухани ізденістер нәтижесінде болады. Мүридтікке қабылдау рәсімдері оған арнайы киім ұсыну, Хақ жолын еркімен қалап, тәубеге келуі жайлы ант беру, тағы басқа арқылы өткен. Мүршид мүридке арналған (жеке орындайтын) құпия зікірді белгілеп, оны бауырластықтың ішкі ережелерімен таныстырады. Мүрид ұстазымен рухани үндестікке жетуді қалайды, оған толықтай мойынсұнады. Мүридтің рухани кіріптарлығы ұстаздан тәлім-тәрбие алып, дербес жол табу алдындағы уақытша құбылыс саналады.
## Пірәдар
* Пірәдар — дінге беріліп, дін жолын қуған сопы. Кейбір түсіндірмелерде пірәдар деп пірге барып, қол беріп келген кісіні атайды. Киелі, қасиетті, Аллаһтың қамқорлығына ие болған адам деген ұғымды білдіреді.
## Қажы
* Қажы — Ислам дінінің бес парызының бірі қажылық парызын өтеген мұсылман.
## Фақиһ
* Фақиһ — (араб. - білімді) - дін заңгері, Құран сөзінің білгірі.
## Хазірет
* Хазірет (қазірет, әзірет) – діни лауазым. Жоғары дәрежелі дін иелеріне беріледі. Мұхаммед пайғамбардан ﷺ кейінгі 4 халифаның бірі Әли қазаққа «Хазіреті Әли» деген атпен мәлім. Хазірет лауазымы аймақтық діни басқарма өкіліне де берілген.
## Хәкім
* Хакім, хаким — даулы мәселені шешетін тәуелсіз төреші.
## Шейх
* Шейх (араб.: شيخ) — қария, ақсақал, қарт адам; тайпаның, рудың, әулеттің ақсақалы; Арабиядағы тайпа басшысының лауазымы. Шейх атауы діни қайраткерлерге, діни пәндер білімпаздарына, сопылық бауырластықтар мен сауда-қолөнер серіктестігі басшыларына, ұстаздарға қатысты айтылатын құрметті атақ.
## Халифа
* Халифа — Аллаһ елшісінің ﷺ орнын басушы, мұсылман қауымының бас несі және сопылық бауырластық негізін салушыға немесе басшының тікелей орынбасарына берілетін атақ.
## Дереккөздер |
Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1939 ж. қазан айында құрылған.
Бұл мұрағатта Өскемен уездік революциодік комитеті, Қызыл Армия мен “Тарбағатайдың қызыл тау қырандары” партизан жасақтарының Азамат соғысы жылдарында колчакшылар мен анненковшыларға қарсы күресі, уездік атқару комитеті қорларында жаңа қоғам орнату, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына байланысты құжаттар кешені топтастырылған. Тау-кен, металлургия, машина жасау өнеркәсібінің даму тарихын баяндайтын құжаттар өте маңызды болып табылады. Шығыс Қазақстан облысының шаруашылықтарында Белогород тау-кен, Ертіс полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш, Зырян, Лениногор комбинаттарында өнім өндіру, еңбек өнімділігін арттыру, озық технологияны енгізу, социалистік жарысты ұйымдастыру туралы мәліметтер молынан кездеседі. Шығыс Қазақстан геологогиялық басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қорларында Өскемен, Семей өңірлерінің геологогиялық сипаттамалары, қазба байлықтары туралы, оларды өндіру тәсілдері туралы мол мәліметтер топтастырылған. Шығыс Қазақстан өңірінде электр қуатын өндіруге байланысты деректер “Алтайэнерго”, “Иртышгэсстрой” қорларында сақталған. Тарихшылардың, экономистердің назарын, әсіресе, Бұқтырма, Өскемен СЭС-терінің салынуы туралы құжаттар аударады. Ауыл шаруашылығының дамуына уездік, аудандық, облыстық деңгейдегі аграрлық мекемелермен ұжымдық және кеңестік шаруашылық қорларынан табуға болады. Бұл құжаттар кешенінде көшпелі қазақ халқын отырықшыландыру, жерге орналастыру, механикаландырылған ірі шаруашылықтарды ұйымдастыру туралы айтылады. Мәдени-ағарту ісінің деңгейі, мектептер мен кітапханалар жүйесінің, оқу орындарының дамуы әр түрлі халық ағарту мекемелерінің қорларында топтастырылған. “Шығыс Қазақстанның тарихы”, “Шығыс Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында”, т.б. тақырыптық коллекциялар да оқырмандардың назарын аударады. Облыс тарихына байланысты қызықты құжаттар жеке қорларда да сақталған. Мәселен, жазушы П.Васильевтің, медициналық ғылыми докторы Н.С. Пахотинаның, т.б. қорларында. Облыстың еңбек озаттары, Социалистік Еңбек Ерлері, Кеңес Одағының Батырлары, басқа да атақты адамдары туралы құжаттар мен фотосуреттер бар. Облыстық мұрағаттың Зырян (1963), Зайсан (1963), Лениногор (1966) бөлімшелері құрылған.
Кеңес өкіметі жылдарында мұрағат құжаттамалар саласының көптеген бағыттары бойынша Қазақстанда, КСРО-да алдыңғы қатарлы орындарға ие болып, игі бастамалар көтерді. Мәселен Зырян бөлімшесі 1976–80 жылдың қорытындысы бойынша одақ көлемінде бірінші орынға ие болды. Бұл ұжым КСРО-да тұңғыш рет жеке адамдар құрамы құжаттарының анықтамалығын жасады, Қазақстанда алғашқы болып жеке адамдар құжаттарының шаруашылық есептері мұрағатын ұйымдастырды. Алтай өңірінің индустрияландыру тарихына байланысты облыстық мұрағаттар арасында тұңғыш рет құжаттар көрсеткіштерін, “Кенді Алтай” атты құжаттар жинағын дайындап шығарды. Ш. І. о. м. м-ның 5 бөлімшесі, 15 қалалық-аудандық мұрағаттары бар.
Құжаттардың хронологиясы 1917 жылдан басталып, қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды. Семей облысының Шығыс Қазақстан облысына қосылуына байланысты Семей облысы мемлекеттіқ мұрағатының негізінде Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заманғы құжаттамалар орталығы құрылды. Мұнда 564 мың іс жинақталған. Бұл ұжым алғашқы кезде Семей губерниялық, округтік, аудандық, кейін облыстық мұрағат болып аталып, 20 ғасырдың соңына дейін жеке-дара жұмыс істеп келді. Мұнда жинақталған құжаттардың нысандары басқа мұрағаттардың деректерімен мазмұндас. Бұл мұрағатта М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, т.б. алаш зиялыларының шығыс бөлігі өкілдерінің алғашқы кезеңдегі қызметіне байланысты басқа мұрағаттарда жоқ деректер кездеседі. Сонымен қатар Семей полигонына байланысты деректер де бар. Облыстағы барлық мемл. мұрағат жүйесі Шығыс Қазақстан облысының құжаттамалар басқармасына қарайды. Жалпы мемл. сақталымдағы тұрақты істер саны 2 млн. 143 мың. Шығыс Қазақстан облысы м. м-ның ғыл.-анықтамалық аппараты: тізімдемелер, қорлардың қысқаша анықтамалығы, жолнама, жүйелік каталог, тақырыптық және қор бойынша шолулар, т.б. ғыл.-анықтамалық әдебиеттер қоры 2 мың данаға жуық.
## Дереккөздер |
Бетекин (қытай жазбаларында бе-ди-инь) — Найман хандығының бір ұлысының 12 — 14 ғасырлардағы жазба деректерде кездесетін атауы. Сол деректер бойынша, 13 ғасырдың басында Бетекин ұлысы тайпалық бірлестік болған. Ол Шыңғыс ханға Орталық Азияны мекендеген тайпалардың ішінде ең соңғылардың бірі болып бағынған. 1200 ж. шамасында Бетекин ұлысы Үлкен Алтайды қоныстанған; Бетекиндер солтүстікте Енисей мен Қобданың (Оңтүстік Алтай) жоғарғы сағасына дейінгі, оңтүстікте Урунгу және Қызылбас көліне дейінгі, батыс пен солтүстік-батыста Бұқтырма алабына дейінгі жерлерді иеленген. Шыңғыс ханның тұсында Бетекиндердің әмірі Қадыр Бұйрық (Буюурук) болған, Рашид әд-Диннің (14 ғасыр) айтуынша, Қадыр Бұйрық ханның және оның аталарының ұлысы өзінің қуаты мен аумағы жағынан Найман хандығының Таян хан билеген ұлысынан, сондай-ақ, Орталық Азиядағы басқа да мемлекеттік бірлестіктерден асып түскен. Шыңғыс хан Бетекиндерді оңғұттарға қосқан, содан кейін олар бірге көшпелі өмір сүрген.
## Дереккөздер |
“АВТОМОБИЛЬНЫЙ ТРАНСПОРТ КАЗАХСТАНА” — Республика автомобиль көлігі министрлігінің және салалық кәсіподақ комитетінің журналы. Көлемі — 32 бет, қалыбы А4. Журнал 1958 жылы қаңтар айынан шыға бастаған. Алғашқы редакторы — И.Г. Гаврилов. Негізгі тақырыбы — автомобиль көлігі қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту, кәсіби біліктері мен еңбек өнімділіктерін арттыру, т.б. мәселелер.
## Дереккөздер
* Қазақ ұлттық энциклопедиясы |
Ақ алмас — болаттан жасалған қару. Қанжар, семсер, қылышты кейде жасалынған болатының түріне, сапасына қатысты ақ алмас деп атаған. Бұл атау қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Сондай-ақ, алмастың түсіне қарай қарулардың қызыл алмас, көк алмас деген түрлері болған. Сапасы жағынан ең жақсысы қызыл алмас, одан кейін ақ алмас саналған. Шығыста асыл болаттардың (алмастардың) шам (дамаск), табан (қаратабан), хорасан деген түрлері кең танымал болған. Әр алмастың шынықтырылу, жасалу әдісі құпия сақталған.
## Дереккөздер:
Қазақ энциклопедиясы I том |
Бақтияр Мұстапаұлы Оразаев (16.7.1923, Қызылорда облысы Сырдария ауданы – 6.8.2001, Алматы) – геофизик, ғалым, геология-минерал ғылымдарының доктары (1970), профессор(1973).
## Толығырақ
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984), 2-дүниежүзүлік соғысқа қатысқан. Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтын бітірген (1950). 1950 – 60 жылдары Орта Азия политехникалық институтында аспирант, оқытушы, кафедра меңгерушісі.
* 1960 – 80 жылдары Қазақ КСР-і ғылым академиясының Геология ғылымдар ин-тында бөлім меңгерушісі.
* 1980 жылдан Қазақ политехникалық институтында (ҚазҰТУ) кафедра меңгерушісі болды. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тау жыныстарының физикалық қасиеттерін, жердің терең қабаттарының құрылысы мен сейсмикалығын зерттеуге арналған.
## Еңбектері
Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, 5 монографияның авторы. Бақтияр Мұстапаұлы Оразаев Қызыл жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
## Шығармалары:
* Физические свойства горных пород и геофизические поля, А.-А., 1971;
* Физические свойства горных пород в глубинных термодинамических условиях, А.-А., 1973 (соавт.);
* Сейсмические районирование Казахстана, А.-А., 1980.
## Сілтемелер
* Ғылым
* Монография
* Комитет
* Қазақстан
## Дереккөздер
<references> |
Балта Танашұлы — 14 ғасырда өмір сүрген сардар, батыр. Балта өз ауылдастарымен қазіргі Омбы қаласы маңындағы “Керей тоғайы” деген өңірді мекендеген. Көп жылдар бойы Алтын Орда хандарының әскербасы болған. Балта мен оның ағасы Балға батыр Әмір Темір мен Тоқтамыс хан соғысы кезінде Әмір Темірдің әскерін басқарған. Хисса, жырларда ислам дінін таратушы қайраткер ретінде суреттеледі. Балтаның елі “Ақтабан шұбырынды” жылдары Сарыарқадағы ата қонысынан көшпей, жоңғар әскерлерімен табан тіресе соғысып, көп қырғынға ұшырайды. Бүгінде оның ұрпақтары Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы, Ресейдің Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен өңірлерінде тұрады.
## Дереккөздер |
Хұсайын Сахубалиұлы Ишанов (1901 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы) – еңбек ардагері, 1942 – 1944 жылдары еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 2 кластық орман училищесін, Астрахан қаласындағыгуберниялық партия мектебін бітірген. 1925 – 1930 жылдары Батыс Қазақстан облысының уездік милиция басқармасының бастығы, тергеуші, халық соты, 1932 – 1937 жылдары Батыс Қазақстан облысының аудандық милиция бөлімшесінің бастығы, 1934 – 1939 ж. Солтүстік Қазақстан облысының милиция басқармасы бастығының орынбасары, саяси бөлімнің аға нұсқаушысы болды. 1939 – 1941 жылдары Алматы қаласының Ішкі істер халық комиссариаты облыстық милиция басқармасының саяси бөлімі бастығының орынбасары, Атырау облысының милиция басқармасының бастығы, 1941 – 1942 жылдары Қазақ КСР ішкі істер халық комиссарының орынбасары, Түркістан облысының басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
## Сілтемелер |
Заңғар - көне қала орны. Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Байқожа темір жолы бекетінен 12 шақырым жердегі Кеңтүп елді мекені маңында орналасқан. 1868 жылы құрылған Заңғар болысы 1920 жылға дейін осы атаумен аталған. Арнайы археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Кейбір деректерде Заңғар Зіңгіт қаласы деп те аталады. Тағы бір деректерде Заңғардың ертеректе қамал болғаны, қабырғаларының өте қалың болып, қорғанының биіктігі 5 сажынға жеткені айтылады. Қала 15 – 17 ғасырларларда болған деп жорамалданады.
## Дереккөздер |
Автомобиль өнеркәсібі — өнеркәсіптің автомобиль жасауға мамандандырылған саласы.
1892 жылы Генри Форд (АҚШ) өзі жүретін автомобиль жасап шығарғаннан кейін көліктің осы түрін өнеркәсіптік тәсілмен шығару Еуропа елдерінде тез дамыды. Франция, Англия, Швеция, Италия, Германия, Ресейде автомобиль жасайтын арнаулы кәсіпорындар көбейді. Автомобиль өнеркәсібіІн өркендетуде өндірістің желілік әдісін кеңінен қолданған АҚШ алға шықты. 1900 жылы мұнда 4192 автомобиль жасалды. Францияда 1895 жылы құрылған “Рено”, 1896 жылы құрылған “Пежо автомобиль” монополиялары аз уақыттың ішінде жылына екі мың автомобиль шығара алатын дәрежеге жетті. Автомобиль зауыттарында жүк және жолаушылар таситын автомобильдер, сұйық заттар (бензин, май, су, сүт т.б.) тасуға арналған автоцистерналар, автокүймелер (автофургондар), сусымалы және жабысқақ жүктерді таситын автоқотарғыштар, тіркемелер, жартылай тіркемелі сүйреткіштер, цемент, мал, мал азығын таситын арнайы қораптары бар автомобильдер, тез бұзылатын жүктерді таситын рефрижераторлар т.б. шығаратын болды. Автомобиль өндірісі бензин, керосин, металл, бояуларды көп талап еткендіктен Автомобиль өнеркәсібі мұнай, химия, металлургия өнеркәсібінің өркендеуіне жол ашты.
20 ғасырдың 30-жылдары бүкіл дүн. жүзінде қаулай өркендеген Автомобиль өнеркәсібі дүниежүзілік соғыстар тұсында қуатты әскери қару екенін танытты. Осыған орай ракета қондырғылары, радио, радиолокация станциялары, әскери жабдықтар орнатылған машиналар, ауыр ракеталарды, артилл. жүйелерін, мина атқыштарды, ұшақтарды, арнайы тіркемелерді алып жүретін автомобильдер көптеп шығарылды. Автомобиль өнеркәсібі жасаған жанар-жағармай мен оттегін құятын арнаулы жабдықталған машиналар, жүк көтергіштер, штаб автобустары, жөндеу шеберханалары, химия әскерлерінің, инженерлердің, санитарлардың, өрт сөндірушілердің арнаулы машиналары әскери бөлімшелердің майданда маневр жасауына, жауынгерлік тапсырмаларды жедел орындауына қыруар көмек көрсетті. Автомобиль зауыттары шығарған ұшақтардың энергетика, гидравлика, пневматика және басқа да жүйелерін тексеретін, ұшақтарды жетекке алатын, ұшу-қону алаңын тазартатын арнаулы машиналары әскери авиацияның қуатты қарқынмен өркендеуіне жол ашты.
2-дүние жүзілік соғыстан соңғы кезеңде Автомобиль өнеркәсібі зор қарқынмен дамып, өнеркәсіптің арнайы мамандандырылған тиімді салаларының біріне айналды. Автомобиль өндірісімен түбегейлі айналысатын ғылыми-зертеу және жобалау институтары технологиялық процестерді үздіксіз жетілдіру, энергетикалық және отын ресурстарын, шикізат пен материалдарды, еңбек шығындарын үнемдеу арқылы халық ш-ның талаптарына сай жаңа тұрпатты автомобильдер шығаруды қолға алды. Өнімді жұмыс істейтін жабдықтар мен жетілдірілген өндіріс технолгиясын қолданған Автомобиль өнеркәсібі жанармайды үнемдейтін шағын литражды жеңіл автомобильдермен қатар жайлы автобустар өндірісін игерді. Двигательдің қуатын арттырып, отын шығынын кемітетін, жол талғамайтын, жүкті көп көтеретін автомобиль кәсіпорындары көбейді. Ресей Автомобиль өнеркәсібінің 10-12 тонна жүк көтеретін ауыр автоқотарғыштарын, 12-14 тонна жүк көтеретін қорапты автомбильдерін, 25-40 тонна жүк тартатын карьер қотарғыштары осы тұста шығарылды. А.ө-бін өркендетуге, әсіресе, АҚШ, Англия, Германия, Франция, Италия, Жапония автомобиль монополиялары зор үлес қосты. 20 ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында ғана 3 американ, 7 батыс еуропалық автомбиль монополиясына дүние жүзілік автомбиль өндірісінің 80% үлесі келді. Осы тұста “Дженерал моторс” (General Motors), “Форд мотор” (Ford Motor) және “Крайслер” (Chrysler) компаниялары дүние жүзінде шығарылатын бүкіл атвомобильдердің 90%-тен астамын қолдарына алды. Германияның “Фольксвагенверк” (Volkswagenwerk), А. Опель (А. Opel), “Форд-верке” (Ford-Werke) және Даймлер-Бенц (Daіmler-Benz) фирмалары, Англияның “Бритиш мотор холдингс” (Brіtіsh Motor Holdіngs), “Форд мотор” (Ford Motor), “Воксколл моторс” (Vauxhall Motors), “Рутс моторс” (Rootes Motors) және “Лейленд мотор” (Leyland Motor) компаниялары, Францияның “Рено” (Renault), “Пежо автомобиль” (Pengeot Automobіles), “Ситроен” (Cіtroәn) және “СИМКА автомобиль” (SІMGA Atomobіles) фирмалары өз елдеріндегі бүкіл А.ө-н өздерінің монополиясына айналдырды. Италиядағы “Фиат”, Жапониядағы “Тойота моторс” және “Ниссан моторс” компаниялары автомобиль жасайтын және бұл көлікті шет елдерге көптеп сататын дүние жүзіндегі аса ірі монополиялар болып отыр.Қазақстанда Автомобиль өнеркәсібі болмағандықтан автомобиль құралдары негізінен Ресей, Венгрия, Польша, Чехословакия т.б. елдерден алынды. Қазақстанның Оңтүстік Корея автомобиль жасаушыларымен ынтымағы жақсы нәтиже берді. Алматыда бірлескен автомобиль зауыты ашылды. Бұл Қазақстанда Автомобиль өнеркәсібін өркендетудің алғашқы қадамы болды.
## Дереккөздер |
Майдантал, Шыңғыс, Шотаншат – Сырдария алабындағы биік тау өзені.
## Географиялық орны
Түркістан облысы Төле би ауданы және Өзбекстандағы Шарбақ ауданы жерінде. Өгем, Майдантал жоталарының аралығымен ағып өтеді. Ұзындығы 50 км, су жиналатын алабы 472 км2, жалпы ұзындығы 140 км болатын 60-тан астам саласы бар. Ірі салалары: Төрасу (Асутөр), Аютөр, т.б.
## Бастауы
Бастауын Талас Алатауындағы оңтүстік беткейіндегі мұздықтардан түзілген 2 мореналық көлдерден алып, Өзбекстан жерінде Піскем өзеніне оң жағынан құяды.
## Гидрологиясы
Жоғарғы арнасы тау шатқалымен өтеді. Ақтөр саласы қосылғаннан кейін орта ағысындағы жағалауы биіктігі 10-15 м болатын жартастардан тұрады. Мұздық және қар суларымен толығады. Орташа жылдық су ағымы 14,9 м3/с. Жаз айларында суы молайып, су ағымы 24 м2/с-тан 43,5 м2/с-қа дейін ұлғаяды. Өзен алабы жазғы тау жайлауы саналады. Қараша айында қатып, наурыз айында ериді.
## Дереккөздер |
Заңғар — Павлодар облысы Павлодар ауданындағы ауыл, Заңғар ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы – Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 28 км жерде, Құлынды жазығының оңтүстігіндегі бетеге, қылқан боз, селеу өскен құмайтты қызыл қоңыр топырақты дала белдемінде орналасқан.
## Халқы
## Тарихы
Іргесі 1976 жылы ірі қара мал бордақылау бірлестігі ретінде қаланған. Оның негізінде 1996 жылдан Заңғарда өндірістік кооператив пен бірнеше фермерлік шаруашылықтар құрылған.
## Инфрақұрылымы
Ауылда орталау мектеп, фельдшерлік пункт, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.
## Дереккөздер |
Нәзира нәзирагөйлік (араб тілінен – жауап, ұқсату мағынасында) – Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс. Бір ақын жырлаған тақырыпты кейін басқа ақынның қайта жырлауы немесе алғашқы шығармаға екіншінің “жауап” қатуы. Бұл орайда бастапқы туындының сюжеті, кейіпкерлері, өлең ырғағы, ұйқасы, көркемдеу құралдары пайдаланылады. Ол 11 ғасырдан бастап сарай поэзиясында әдебиет тартысы, ақындық талантты сынау құралы ретінде қолданылған. Фердоуси сарынымен Нәзира үлгісінде жыр жазған Низамидың “Хамсасын” бағдарға алған нәзирагөйлік дәстүрі 13 ғасырдан өрістей бастаған. “Хамсаға” (“Бес кітап”) “жауап” жазу үрдісі дамып, бір ғана “[[Ләйлі – Мәжнүн” дастанына жүзден астам Нәзира жазылған. Низами дастандарының желісінде Дехлеуи, Науаи, Жәми, Физули сынды шайырлар бай мұра қалдырды. Нәзирагөйлік дәстүрі қазақ поэзиясында да дамыды. Алғашқы мифтерден, “Құран” желілерінен, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама”, “Ләйлі – Мәжнүн”, “Жүсіп – Зылиха”, т.б. ізімен жазылған қисса, дастандар қазақ әдебиетінде көптеп саналады. Соның бірі – Шәкерімнің “Ләйлі – Мәжнүн” дастаны (1907). Ал Абайдың ортағасырлық шығыс дастандарынан тамыр алатын “Ескендір” поэмасында нәзиралық үлгіден гөрі “дара сипат” басым. Қазақ әдебиеттану ғылымында Нәзира әдеби үрдісін М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібай, Ш.Сәтбаева, А.Қыраубайқызы, Ө.Күмісбаевтар зерттеді.
## Сілтемелер
* Құран
* Ескендір
* Ләйлі – Мәжнүн
## Дереккөздер |
Автономияшылдар одағы — 20-ғасырдың басында Ресей империясының қол астындағы ұлттар мен ұлыстардың өзін-өзі билеуін қамтамасыз етуді көздеген қоғамдық-саяси ұйым.
Бұл ұйым саяси күрескер, поляк ғалымы, профессор И.А.Бодуэн де Куртенэнің жетекшілігімен 1905 жылы қарашада Санкт-Петербургте құрылды. Оның құрылуы империядағы түз халықтарын азаттық күресте бір-біріне жақындастыра түскен ірі саяси оқиға болып табылады. Одақтың құрылуы мен қызметіне жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыстың А.Ибрагимов, А.Топчибашев, С.Жантөрин сияқты көрнекті қайраткерлері де тікелей атсалысты. Жантөрин одақ бюросының мүшесі болды.
1905 жылы 19 қарашада Санкт-Петербургте өткен автономияшылдар съезіне М.Тынышбаев қатысты. Автономияшылдар одағының міндеттері белгіленген бұл съезге поляк, әзірбайжан, армян, грузин, белорус, украин, еврей, латыш, татар, қазақ халықтары атынан 83 өкіл қатысты. Автономияшылдар съезі “Ресей империясындағы барлық ұлттар орыс мемлекетін республикасы негізде құруға атсалыссын; Ресей мемлекеті бір орталыққа қатаң бағындырылмаған федеративтік түрде болып, әр ұлт өз істерін өздері басқаратын автономия алсын” деген қарар қабылдады. Автономияшылдар одағының мүшелері Столыпин өктемдігі тұсында қуғын-сүргінге ұшырап, Бодуэн де Куртенэ абақтыға жабылды. Сөйтіп, одақ өз жұмысын тоқтатты.
## Дереккөздер |
Абшаит Оразалиев (15.3. 1922 жылы туған, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылы) – ғалым, педагогикалық ғылими кандидат (1968), доцент (1976). КСРО және Қазақ КСР-і білім беру ісінің үздігі. 2-дүниежүзіліс соғысқа қатысқан. Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген (1952). 1952 – 65 жылдары осы оқу орнында аға оқытушы, декан, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері оқытудың жаңа технологиясын (номография элементтері) енгізу мәселелеріне арналған. 60-тан астам ғылыми-әдістемелік еңбектері бар. Медальдармен марапатталған.
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы |
Тұрсын хан (толық есімі Тұрсын-Мұхаммед хан, 1562 – 1627) – қазақ ханы, Ташкенттің 1613-1627 жж. билеушісі. Жәлім сұлтанның ұлы.
Хафиз Таныштың “Шаарф-наме-ий шахи” атты еңбегінде Жалым сұлтан мен оның екі ұлы Баба сұлтанның қолынан қаза тапқандығы айтылады. 1607 жылы Ұлы жүздің ханы Келді Мұхаммед хан қаза тапқаннан кейін, оның ұлы Шах Сәид хан Ұлы жүздің ханы болып сайланады. 1612 жылы Имамқұли ханның ұлы Ескендір Ташкентты басып алады да, Шах Сәидті өлтіріп. Ұлы жүзде билік құрады. 1613 жылы Есім хан Ескендірді өлтіреді. Ал Ұлы жүзде хан болып Тұрсын сайланады. Тұрсын 1620 мен 1622 жылдар аралығында бас қолбасшы болды. Аштархан (Жанилер) әулетінен шыққан Бұхар хандығының билеушісі Имамқұли ханның көмегіне сүйенген Тұрсын хан Есім ханмен күрес жүргізді. Есім хан Тұрсын ханнан жеңіліп, Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахымның ордасына кетуге мәжбүр болды. Ортағасырлық “Имамкули хан наме” атты шығарма авторының мәлімдеуінше Тұрсын ханның ордасы Ташкентте болған және ол сонда өз атынан теңге соқтырған. Оның билігі тұсында Ташкент, Түркістан, Сығанақ, Созақ, Сауран, Сайрам, Әндіжан, т.б. қалалар қазақтардың иелігінде болды. Есім хан оған қазақтар мен оған тәуелді қырғыздардан құралған жасағымен Тұрсын ханның Сырдария бойындағы ұлысына бірнеше рет жорық жасады. 1626 жылы Тұрсын хан мен Есім хан өзара бейбіт келісімге келді. Бірақ бұл бейбіт келісім ұзаққа созылмай, Тұрсын хан тарапынан бұзылды. 1627 жылы Есім хан қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда Тұрсын хан оның ордасына шабуыл жасады. Жорықтан оралған Есім хан Тұрсын ханның әскеріне Сайрам түбінде ойсырата соққы берді. Мұнан соң Тұрсын хан әскері Ташкент маңындағы шайқаста да Есім хан әскерінен жеңілді. Осы жағдайда Тұрсын хан әскерінің біраз бөлігі Есім хан жағына шығып кетті. Тұрсын хан өз нөкерлерінің қолынан қаза тапты. Тұрсын хан тұсында қазақтар Қазанмен және Батыс Сібір қалаларымен қызу сауда жүргізді.
## Дереккөздер |
Қалжан Оразалиева (1924 жылы туған, Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев ауылы – 1995) – еңбек ардагері, Социолистік Еңбек Ері (1949). Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығының озаты (1966). 1945 жылдан күріш өсірушілер звеносының жетекшісі. 1948 жылы оның звеносы күріш егістігінің әр га-нан 81 ц-ден астық алған. Ленин орденімен марапатталған (1950). 1951 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.
## Сілтемелер
* Оразалиева Калжан (қаз.) |
Қажым Мүсіпов (1912, бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Алабота ауылы – 1982) – Социалистiк Еңбек Ері (1957).
* Еңбек жолын 1931 жылы ұжымшарда есепші болып бастаған.
* Тұңғыш ауылдық кеңесінің хатшысы.
* 1937 жылдан Қызылту ауданы комсомол комитетінің хатшысы
* Қызылту ауданы жер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
* 1942 – 45 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, майдандағы ұрыстарға қатысқан.
* Армия қатарынан босатылғаннан кейін Қызылту ауданының кеңестік шаруашылықтарында басшылық жұмыстарда болды.
* 1954 жылы Ұялы ұжымшарының төрағасы
* 1957 жылы Чапаев кеңшарының директоры болып сайланған.
* Кейінгі уақыттарда К.Маркс кеңшарының бас зоотехнигі болған.
## Марапаттары
* Социалистiк Еңбек Ері (1957).
* Ленин ордені.
## Дереккөздер |
Тұрымбет Салқынбайұлы (1868, қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылы – 10.12.1946, сонда) – ақын, жырау. Кішкентайынан домбырамен өлең айтып, 13 жасында “бала жырау” атанған. Ескіше сауатты Тұрымбет Балқы Базар, Дүр Оңғарларды ұстаз тұтып, соларға еліктеп өлең шығарған. Шығыстық үлгідегі “Көроғлы”, “Жүсіп – Зылиқа”, “Әуезхан”, “Ақтам”, т.б. дастандарды жырлаған, өзі “Мәжит пен патша қызы” атты дастан шығарған. Кете Жүсіп, Жиенбай жыраулармен айтысқа түскен. Оның “Шырқау дауысы”, “Гөй-гөй”, “Күмісайжан” атты әндері бар. Шығармалары “Пернедегі термелер” (1965), “Айтыс” жинақтарында жарияланған. “Талайды таңырқатқан жырау едім” (1993) атты жеке жинағы жарық көрген.
## Дереккөздер |
Оразай Ишан Бұғыбайұлы (1809 – өлген жылы белгісіз) – әулие. Орта жүздін Найман тайпасының Тіней руынан шыққан. Ауыл молдасынан сауат ашып хат таниды. Түркістан уәлаятын билеген өзбек әмірі Оразай Ишанды қазақ елінен алым-салық жинайтын уәкіл (бек) етеді. Көп ұзамай ол бұл кәсіптен бас тартып, ишандыққа ден қояды. Оразай Ишан арқа елінде дін уағыздау, сауат ашу, намаз үйрету жолында көп еңбек сіңірген. Сырдарияның арғы бетінде (Сұлутөбе тұсында) «Зіңкетер» деген жерде молдалық құрып, мешіт ұстап, бала оқытқан. Кейін ізіне ерген елін бастап тұрақты мекен етпек оймен Қаратауға бет түзейді. Жолай сұлутөбелік би-датқалар: «бізге пір бол», – деп қолқа салып, «Көксу» бойындағы «Сарышығанақтан» қоныс береді. Оразай Ишан осы жерді мекендеп қалған.
## Кесенесі
Оразай ишан Бұғыбайұлы – Орта жүзге қарасты найман руынан шыққан үлкен діни ғұлама, әулие, ишан, ағартушы. Шамамен 1809 жылда "Зіңкетер" атты (Сұлутөбе тұсында) елдімекенде туған.Ол әуелі Қоқан хандығында әскер басыларының бірі болып, кейін жасы ұлғая келіп, әскери қызметін тастап, әйгілі Марал ишанның шәкірті Құлболды ишанға қол беріп, бата алып, біржола дін ісіне көңіл қойған.Көршілес ауылдағы Құлболды ишан оны көп шәкірттерінен бөліп, "ишан" атандырған. Оған оның бойындағы дара қасиеттері себеп болса керек. Ол бала кезінен ауыл молдасынан сауат ашып, хат таниды.Түркістан уәлаятын билеген өзбек әмірі Оразайды қазақ елінен алым-салық жинайтын уәкіл (бек) етеді. Көп ұзамай ол бұл кәсіптен бас тартып, ишандыққа ден қояды. Оразай ишан арқа елінде дін уағыздау, сауат ашу, намаз үйрету жолында көп еңбек сіңірген.
Сырдарияның арғы бетінде (Сұлутөбе тұсында) "Зіңкетер" деген жерде молдалық құрып, мешіт ұстап, бала оқытып елге қызмет жасаған. Кейін ізіне ерген елін бастап, тұрақты мекен етпек оймен Қаратауға бет түзейді. Жолай сұлутөбелік би-датқалар: "Бізге пір бол", - деп қолқа салып, "Көксу" бойындағы "Сарышығанақтан" қоныс береді. Сөйтіп, Оразай ишан осы жерді мекендеп қалып, "Сарышығанақта" 1898 жылы дүниеден өтеді.Кезінде қазақ даласын билеген Қыпшақты Досбол, Балаби, Торғай, Тұрсынбай атты төрт датқа осы Оразайды аса құрмет тұтқан. Оразай ишанның бір дара қасиетін оның алғырлығынан көруге болады.Ел ауызында мынандай әңгіме сақталған. Оразай әскер қызметінде жүрген кезде, Қоқан билігі әскер жіберіп, Ақмешіт маңын қыстап отырған Досбол датқаны тұтқынға алмақ болады. Мұны білген Оразай бір кісіден бір тал қауырсын мен бір шөкім шай беріп, "тез, датқаға жет" деп жұмсайды. Хабарды алған Досбол "шәй қайнатым уақытта құстай ұш дегені ғой" деп, табанда атқа мініп, қонысын тастап шығады. Артынша келген Қоқан әскері оны таппай, бос қайтыпты.Егер осы хабарды ауызша айтса қалай болар еді. Бәлкім, жолай біреу естіп қалар ма еді? Осыдан Оразай ишанның дара қасиетін, ойлылығы терең астарлығында жатқанын көреміз.Оразай ишан кесенесі (ХҮІІІ ғ.) – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Бұл кесене Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан.Кесене ішінде 2 мүрде бар, бірі – үлкен, екіншісі –кіші. Ескерткіш көлемі 8х10 м, биіктігі шамамен 6 метрді құрайды. Кесене ауыл қорымының ортасында орналасып, айналасы сыммен қоршалған.Кесене 2005-2006 жж., 2008-2011 жж. "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының барлау экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) кезінде зерттеліп, тізімге алынған."Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область" атты кітапқа енген.
## Дереккөздер |
Мұхаммед Риза Агехи (Мұхаммед Риза мираб ибн Ер Нийаз бек) (1809, Хиуа — 1874, Хиуа) — тарихшы, ақын, аудармашы.
## Өмірбаяны
* Атақты сарай тарихшысы Мунис (мираб Шир Мұхаммед) өлгеннен кейін оның аяқтай алмай кеткен “Бақыт жұмағы” аталатын тарихи шығармасын жазып бітірді.
Өзі 1825-75 жылдары Хорезмде өткен оқиғаларды қамтитын бірнеше еңбектер
* “Мемлекетті басқару”
* “Тарихтар қаймағы”
* “Бақыт құсы” жазды.
Агехи шығармаларында Хиуаның ішкі саяси тарихы, оның көршілес елдермен қарым-қатынасы туралы мәліметтер мол. Қазақтар мен қарақалпақтардың, түркмендердің, Иран мен Мауераннахрдың тарихынан құнды деректер берілген. 1870 жылы көктемде Орынбор қамалының маңында орыстармен болған ұрыста қазақтардың сәтті жеңісін баяндайды. Хиуада болған оқиғаларға қазақ хандары мен сұлтандарының араласуы, Хиуа билеушілерінің Сырдария, Каспий мен Арал теңізі арасын қоныстанған қазақтарға жасаған шапқыншылығы, қазақ — қарақалпақ қарым-қатынасы туралы мәліметтер бар.
* парсы тілінен Саадидың “Гүлстан”
* Жәмидің “Жүсіп - Зылиха”
* “Баһаристан”
* Низамидің “Хафт пейкар” (“Жеті сұлу”)
* Хилалидың “Шах уә геда” (“Патша мен кедей”)
* Кейкауустың “Кабуснама”
* Мирхондтың “Рәузат ас-сафа” (“Тазалық бағы”) т.б. еңбектерді аударды.
## Дереккөздер |
Шоманов Өрісбай (2.2.1948 жылы туған, Өзбекстан, Ташкент облысы Шұралысай ауылы) – техника ғылымының докторы (1990), профессор (1991). Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі (2003). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген педагогі (1993). Қазақ химия-технология институтын бітірген (1971). Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқытушы (1971–1979, қазіргі Тараз мемлекеттік университеті), Семей ет және сүт өндірісі институтында кафедра меңгерушісі, проректор (1980–1994), Қазақ тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтында директор (1995–2001), Алматы технологиялық институтында кафедра меңгерушісі (2001–2002) болды. 2003 жылдан Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-өндірістік орталық директорының орынбасары қызметін атқарады. Ғылыми еңбектері тағам және ет өнеркәсібіндегі жаңа техникалар мен технологияларды зерттеуге арналған. 250-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде 50-ден астам патент пен авторлық куәлік берілген.
## Дереккөздер: |
Марат Әбіләкімұлы Баймұханбетов (1940 жылы туған) – фармацевтика ғылым докторы (1997), профессор (1998). Алматы мемлекеттік медицина институтын (1968, қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент бөлімшесінде кафедра меңгерушісі (1981–2003) қызметтерін атқарды, ал 2004 жылдан Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында фармацевт курсының меңгерушісі болып қызмет етеді. Баймұханбетов 20-дан астам ғыл. еңбектің («Лекарственные растения в оториноларингологии и пульмонологии», 1998; «Фитотерапия сердечно-сосудистых заболеваний», 2000) авторы.
## Дереккөздер
"Қазақ Энциклопедиясы" |
Беткей экспозициясы — тау, жота, ойыс, сай-жыра, өзен аңғарлары, жер бедерінің, т.б. ірі пішіндерінің дүние тараптарына қарай орналасуы. Яғни Күн сәулесінің беткейге түсуі немесе беткейдің тұрақты ауа ағысына қарай бағытталуы. Беткей экспозициясы жергілікті жердің микроклиматына, топырағы мен өсімдік дүниесінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Мысалы, Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Алтай тауларының жоғарғы белдеуінің солтүстік беткейінде жаз айларында қар жамылғысы сақталса, оңтүстік беткейіндегі сондай биіктікте қар сақталмайды. Одан төмен белдеудегі солтүстік беткейде орман-тоғай және өсімдік жамылғысы оңтүстік беткейге қарағанда қалың өседі.
## Дереккөздер |
Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов (20.4.1873, бұрынғы Ішкі Орда, Талап бөлімі, 1-старшындық ауылы – 1940, Орал облысы Казталов ауданы) – обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы.
* Қазан университетінің медициналық факультетін бітірген (1899).
* 1899 – 1903 жылдары Орда оба стансасында дәрігер
* 1903 – 17 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болды.
* 1911 жылы И.И. Мечников басқарған экспедиция құрамында Қалмақ даласында оба індетін зерттеу жұмыстарына қатысты.
* Ол екі мәрте “Қырғыз даласының Нарын бөлігі мен оңтүстік округтердегі обамен күрестегі еңбегі үшін” арнайы күміс белгісімен марапатталған (1906, 1910).
* Азамат соғысының ауыр кезеңдеріне қарамастан, Бөкей губерниясында 370 төсектік, оның ішінде Ордада 100 төсектік аурухана ашты.
* 1923 – 29 жылдары Қазақстан денсаулық сақтау халкомының орынбасары, сонымен бірге Қырғыз АКСР Орталық Атқару комитетінің мүшесі және Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі болып тағайындалды.
* 1929 – 38 жылдары Қазақтың респ. дәріхана басқармасының бастығы, біраз уақыт Орал қаласында обаға қарсы сттансаның меңгерушісі болды.
* Алматы қаласындағы 4-дәріхана Шомбаловтың есімімен аталады.
## Дереккөздер |
Нәзір (араб тілінен аударғанда– ескерту, арнау, міндеттеп алу) – шариат ұғымында белгілі бір істің орайы келіп орындалса немесе тілеген тілеуі қабыл болса атқарамын деп ниет еткесін, Құдай разылығы үшін ерікті атқарылатын құлшылық. Нәзір малмен (садақа беру, мал сою, медресе не мешіт салу, т.б.) және жанмен (ораза ұстау, кітап жазу, қайырымдылық жасау) өтеледі. Дін тарихындағы Нәзірдің бір мысалы: Әли Ғымранның әйелі Хана көп жыл құрсақ көтермей жүріп, Мәрия анаға жүкті болады. Шүкірлігін өтемек үшін құрсақтағы баласын Құдайға нәзір еттім деп ниет қылады. Мәриям дүниеге келгеннен кейін Иерусалим мешітінде Зәкәрия пайғамбардың тәрбиесінде өсіп, Мәрия Нәзрәни деп аталады. Нәзір нәпіл амалдар сияқты ерікті орындалады, егер Нәзір ғибадат ниет етілсе орындалуы уәжіп болады.
## Сілтемелер
* Ислам
* Құран Кәрім
* Шариғат
## Дереккөздер |
Тәнеке Нұралы Дөсетұлы (1807 жылы туған, қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданы Арғанаты тауындағы Тасқара жайлауы – 1885 жылы өлген, сонда, Баянжүрек тауы) – белгілі би, батыр. Атақты Қыдыралы бидің немересі, найман тайпасының матай руынан шыққан. М.Тынышбаев “Материалы к истории киргиза-казахского народа” атты еңбегінде “Қыдыралы бидің немересі Тәнеке Дөсетұлы 1835 – 40 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты” деп жазған. Ш. Уәлиханов Қашғар жеріне саяхат жасау барысында жазған күнделігінде батырды үлкен мұрынды, жирен сақалды, кеудесін қалың түк басқан, келбетті адам кейпінде суреттейді. Тәнеке рубасы, елағасы ретінде атақонысы – Қапал (Қопалы) жерін келімсек казак-орыстар мен қарашекпендерден қорғап, тұрғылықты халықты егіншілікке баулыған. Жер дауына байланысты Ресей императорына арнайы хат (1857) жолдаған. Онда қол астына қараған Қаптағай елінің бұрыннан қоныс еткен жайлауы мен қыстауын Қапал казак-орыстарының атаманы Абакумовтың көмегімен орыстардың тартып алғаны, тұрғылықты халықты Балқаш маңындағы құмға қуғаны туралы мәлімдей келіп “…ұлық мансапты құзыретіңізден жоғарыда аталған жерлерді рудың өзіне қайтарып беруге бұйрық беруіңізді сұрап, Матай-Қаптағай елінің волостной хорунжиі Тәнеке Дөсетұлы мөрімді бастым. 1857” деп аяқтайды. Сол жылы жергілікті патша әкімшілігінің пәрменімен қарашекпендер мен казак-орыстардың пайдалануына бөлінген Қапал уезінің, сондай-ақ Жетісу өңіріндегі басқа да шұрайлы мекендер қазақ руларына қайтарылып берілген. Тәнеке әкесі Дөсет бастаған игілікті істі жалғастырып, Қамысмола, Екіағаш мекенінде “Танабай” тоғанын қаздырады, қарауындағы елді егіншілікпен айналысуға міндеттейді. Ақын Сара Біржан салмен айтысында “Таласпас Тәнекенің Жанбағына, жеңермін егер тартса іс ағына. Шетінен Қыдыр қонған өңшең құтым, мың-мыңдап құт қалдырған арт жағына” деп дәріптеген. Тәнекенің Ырыс есімді қарақалпақ бәйбішесінен Есімбек, Разбек, Қожабек, Әуелбек, Отарбек, Қасен, Мырзабек, Мұса деген балалар тараған. Есімбегі ерлік істері мен әділетсіздікке төзбейтін қайсар мінезімен елге сыйлы болған. Қазақ ауылдарына зорлық көрсетіп, тізе батырған патша әкімшілігіннің шенеунігі Эрентальға қаймықпай қарсы шыққан. Осы хақында Жамбыл ақын “Сыртанға” деген өлеңінде: “Қыдыралы Есімбек, Эрентальды сабаған, Ер туған ұл десін деп, бір кәдеге жараған” дейді. Кейін ол Қапал уезіне қарасты “Тәнеке болыстығын” (Көлдей Жұмай елін) басқарған. Меккеге барып, қажы атанып қайтқан. Кейінгі ұрпақтары батырдың басына ескерткіш орнатып, ас берді (2002).
## Сілтемелер |
Тұрымтай (лат. Falco columbarius) – сұңқартәрізділер отрядына жататын құс.
Еуразия мен Солтүстік Америкада, Орталық Азияда таралған. Қазақстанда дала және орманды дала аймақтарын, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығ-ндағы таулардың субальпілік белдеулерін мекендейді. Шәулісінің қанат ұзындығы 180 – 235 мм, салмағы 160 – 215 г, ал ұябасарында тиісінше 200 – 260 мм және 216 – 300 г.
Шәулісінің арқасы көкшіл сұр, мойнының артқы жағында қоңыр қызғылт дақтары бар, бауыры сарғыштау, құйрығының ұшында жалпақ қара жолағы болады. Ұябасарының арқасы қоңыр сұр, бауыры ақшыл түсті, денесінде жолағы бар. Жастары түс жағынан ұябасарына ұқсас, бірақ балсірісі – көкшіл (сары емес). Жағалтайдан айырмашылығы – “мұрты” жоқ, қанаты қырғидікінен ұзын әрі үшкір болады.
Жыл құсы. Наурыз – мамырда ұшып келіп, ағаш басына не жерге ұя салып, онда қызғылт сұр дағы бар 4 – 5 жұмыртқа салады. Жұмыртқасын бір айдай ұябасары басады. Мамыр- айында жартас, яғни ағаш басына 2-5 жұмыртқа салып екі ай ішінде жұмыртқаны басып, қанаттандырады. Тамыз – қарашада жылы жаққа ұшып кетеді. Оңтүстік Азия мен Африкада қыстайды (араларында Қазақстанның оңтүстік аудандарында қыстап қалатындары да бар). Ұсақ құстарды ұшып жүргенде қағып алып, қорек етеді. Кеміргіштер, кесірткелер, жәндіктерді жейді. Құсбегілер тұрымтайды қолға үйретіп, майда құстарға салады. Пайдалы жыртқыш.
## Дереккөздер |
Шынытұз, Шынтұз – Қабырға өзені алабындағы ағынсыз көл.
## Географиялық орны
Қостанай облысы Жангелді ауданы жерінде, Бабас тауынан шығыста 8 км жерде орналасқан.
## Гидрографикасы
Ауданы 9,40 км2, су жиналатын алабы 136 км2. Көл арналық қазаншұңқырда, беткейі көлбеу. Жауын-шашын суымен толығады. Көктемде қар ерігенде оңтүстігінен шағын жылға құяды. Суы тұзды. Алабы – жайылым.
## Дереккөздер |
Тайыр Көкешұлы Шомбалов (14.6.1906, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Құлпан ауылы – 15.1.1980, Алматы) – ғалым, химия ғылымдарының докторы (1966), профессор (1966). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1976).
## Өмірбаяны
* Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген (1930).
* 1930 – 1932 жылдары Ташкент қаласында инженер-химик.
* 1933 – 1934 жылдары бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқытушы.
* 1934 жылдан ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
## Ғылыми жұмыстары
* Шомбаловтың негізгі ғылыми еңбектері табиғи қосылыстар химиясына арналған. Ол [[органикалық химия]да] жаңа бағыт – өсімдіктер химиясын қалыптастырған.
* 300-ден аса өсімдіктің полифенолдық құрамын зерттеп, көптеген биологиялық активті заттар, жаңа емдік препараттар (лейкозфдин, хризарбин, т.б.) алып, оларды медицинаға енгізген.
* Оның 240-тан аса ғылыми еңбегі бар, 35 жұмысына авторлық куәлік алған.
## Шығармашылығы
* Некоторые итоги исследования дубильных растений Казахстана, А.-А., 1958 (соавт);
* Химия флавоноидов, в кн.: фенольные соединения и их биологические функции, М., 1968;
* Противоопухлевые свойства полифенолов растений и продуктов их модификации, в сб.: Химиотерапия опухлей в СССР, М., 1980 (соавт.).
## Дереккөздер |
Мұхамедин Сағат (1946, Көкшетау облысы Володар ауданы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы) Сарыөзек ауылы) – ғалым, техникалық ғылымдарының докторы (2005), профессор (2006). Көкшетау мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2007). 100-ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде сызықтық емес физика және хаос динамикасы жөніндегі 4 монографиясы жарық көрген.
## Дереккөздер
«Ақмола облысы» энциклопедиясы |
Бетқайнар — көне қорым. Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 215 км жерде, Қолғауыт өзенінің сол жағалауында.
1996 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.М. Байпақов) зерттеді. Қорым бір-бірінен 150 м қашықтықта орналасқан екі обалар тобынан тұрады. Обалардың ішіндегі ең үлкені — 12-оба, оның аумағы 22 м, биіктігі 2 м. Қалған обалар үйінділерінің аумағы 12 — 13 м, биіктігі 0,3 — 0,6 м аралығында. Барлығы да ертеде тоналған, тек 12-обадан ғана қызықты деректер табылды. Оның үстіне үйілген топырақтың астынан төртбұрышты қабір ашылды. Қабірдің ұзын қабырғаларының еденмен ұштасатын жақтауларынан үңгіп, ыдыс қоюға арналған қуыстар жасалған. Қабірдің еденіне бастары солтүстік-батысқа қарай бағытталған екі мәйіт қойылған. Солтүстік-шығыс қабырғасының орта тұсында адамның бет бейнесі ойып салынған. Өкінішке қарай, қабірді ашу кезінде ол айтарлықтай бүлінген. Қабірдің ішінен төрт қыш ыдыс, қоладан жасалған доға тәріздес екі зат және бет жағы алтынмен апталған күміс сақина табылды. Сақинаның беткі жағына басын оңға қарай бұрып, сауыт-сайман киіп, қару-жарақ асынып тұрған адамның кеудесіне дейінгі бейнесі бедерленіп салынған. Оның түсі сұсты, мұрны тік, астыңғы жақ сүйектері ірі, шықшыты шығыңқы, бұрыштанып келген. Бейненің оң қолында бір шоқ лотос гүлі, ал сол қолында аса-таяққа ұқсас зат бедерленген. Табылған деректерге сүйене отырып, бетқайнар зиратын б.з.б. XI ғасырға жатқызуға болады.
## Дереккөздер |
Тұрысбек Маманұлы (1844, бұрынғы Жетісу облысы Қапал уезі, Ақтасты мекені – 1904, сонда) – қазақ кәсіпкері, Алаш жақтаушысы, зиялысы. Маман Қалқабайұлы, байдың тұңғыш ұлы. Қапал қаласындағы Якобия медресесінде білім алған. Жастайынан татар, орыс тілдерін білген орыс-татар саудагерлерімен араласып, сауда-саттықпен айналысқан.
## Өмірбаяны
* Орта Азия қалаларындағы базарларға мал айдап апарып, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарға айырбастаған.
* Жетісу өңірінде – Қапал, Тасбөгет, Ақсу, Саркент, Лепсі елді мекендерінде дүкен ашып, байыған.
* 1873 жылы ол Арасан болысының басқарушылығына сайланған соң Қарасу мен Сүттіген өзендерінің аралығындағы жазыққа қала сала бастады.
* Көкқия тауының бұлақтарын бұрып, Қараағаш атанған қала ортасынан тоған байлатты, сортаң жазықты көк жасыл шұратқа айналдырды. Бұл жер Қытайға, Құлжа мен Үрімшіге баратын сауда жолы болғандықтан керуен сарайын салдырды.
* 1878 жылы ол қажылық сапармен Меккеге барып келген соң Қараағашта мешіт және медресе салуға кірісті.
* 1899 жылы ашылған медреседе оқу араб тілінде жүргізіліп, жергілікті балалар мұсылмандық шарттарынан (әптиек, мұхтасар, аллаяр, т.б.) дәріс алды.
* 1895 жылы Тұрысбек екінші рет қажылық сапармен Меккеге барып келді.
* 1904 жылы науқастанып, қайтыс болған Тұрысбектің ісін інісі Сейітбаттал қажы жалғастырып, Қапал өңірінде оқу-ағарту жұмысын жандандырды; қ. “Мамания” мектебі.
## Дереккөздер
* Қазақ энциклопедиясы
* Мамания, тарихи деректер, естеліктер… (құраст. Ж.Қалиұлы), А., 1999. |
Бетқайнар — Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ауыл, Бетқайнар ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы — Қордай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 25 км-дей жерде, Шу өзенінің оң жағасында, Бішкек — Шу автомобиль жолы қиып өтетін тұста орналасқан. Ауыл жері бозғылт және қоңыр топырақты. Жусан, астық тұқымдас шөптер, эфемерлі өсімдіктер өседі.
## Халқы
## Тарихы
Іргесі 1901 жылы қаланған. 1996 жылға дейін "Көкқайнар" қант қызылшасын өсіретін кеңшар орталығы болды. Оның негізінде қазір шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер жұмыс істейді.
## Инфрақұрылымы
Мәдени-ағарту, денсаулық сақтау мекемелері бар.
## Дереккөздер |
Мұхамадеев Тахир Минниболатұлы (1953 жылы туған, Петропавл қаласы) – полковник, тарих ғылымының кандидаты (2006). ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Харьков жоғары әскери-командалық училищесін (1975), Мәскеудегі Ф.Э. Дзержинский атындағы Жоғары әскери академияны (1986) бітірген. КСРО және Қазақстан Қарулы Күштерінің стратег. мақсаттағы зымыран әскерлері құрамында 34 жыл қызмет атқарған, оның ішінде 7 жыл ядролық зымыран полкінің командирі болды. Ядролық қару жойылып, ракеталық полк таратылғаннан кейін ҚР-ның әскери білім беру жүйесінде қызмет етіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери кафедрасы меңгерушісінің 1-орынбасары, Ұлттық Қорғаныс университетінде факультет деканы болды. ҚР Қарулы Күштері қатарынан босатылғаннан кейін де Мұхамадеев Көкшетау қаласындағы білім беру жүйесінде жұмысын жалғастырып, «Арна» колледжінің директоры, Гуманит.-педагогикалық институттың ректоры болды. 2007 жылдан А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 1-проректоры. 3-дәрежелі «За службу Родине в Вооруженных Силах СССР» орденімен, КСРО және ҚР-ның 10 медалімен марапатталған.
## Дереккөздер
«Ақмола облысы» энциклопедиясы |
Мүсіреп Еркебұлан Саламатұлы (5.5.1946 жылы туған, Қостанай облысы Қарабалық ауданы Тастыөзек ауылы) – музыкант, мәдениет саласының білікті ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003). Мүсіреп Алматы қаласындағы П.И. Чайковский атындағы музыка училищесін (1972), Ленинградтағы (Санкт-Петербург) мәдениет-кәсіподағы мектебін (1980) бітірген. Шығарм. еңбек жолын Құрманғазы атынд. мемл. оркестр құрамында музыкант болып (1972 – 76) бастады. 1983 – 86 ж. ҚазКСР кәсіподақ білім беру мәдениет үйінің директоры, 1987 – 88 жылдары “Гүлдер” ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі, 1988 – 91 жылдары “Қазақконцерт” бірлестігінің нұсқаушы-директоры қызметтерін атқарды. 1994 жылдан Құрманғазы атындағы мемлекеттік академия халық аспаптары оркестрінің директоры. Ол оркестрдің ұлттық музыка өнерін өркендетудегі қызметіне мол үлес қосты. Мүсіреп басшылығымен оркестр ұжымы Қазақстанның облыстарын түгел аралап, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Үндістан, Италия, тағы басқа шет елдерде өнер сапарымен болды.
## Дереккөздер |
Балтабек қажы кесенесі — 20 ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ескерткіші.
* Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауданының оңтүстік-батысынан батысқа қарай 33 км жерде, Ай өзінінің оң жағалауындағы тегіс қыратта орналасқан. Балтабек Байсұлтанұлы - қажы, әрі белгілі бай болған.
* 1920 жылы Кеңес органдарының үкімімен атылған.
* Кесенені 1991 жылы Алматы архитектура және құрылыс институтының экспедициясы (жетекшісі Е. Бәйтенов) зерттеген. Шикі кірпіштен тұрғызылған зәулім кесене диаметрі 9,30 м, биікт. 16,1 м. 10 шақырым жерден анық көрінеді. Кесене бір бөлмелі, он алты қырлы тұғыры кірпіші ішке қарай шығарыла қаланған биік күмбезбен жабылған.
* Күмбезде алты қатар ағаш таяқшалар бірге өрілген. Күмбездің ішкі жағы нақты параболикалық пішінде көрінеді. Оңтүстік-шығыс бөліктегі кіретін ойық кірпіші сыналанып қаланған параболикалық аркамен жабылған, төбедегі темір жарты айдың тіреуі бұған қарама-қарсы қуыспен тұспа-тұс тұр. Елеусіздеу қырлары байқалғанмен, бөлме жобасын дөңгелек деуге болады. Құрылыс тас тұғырға салынған.
* Кесене негізі қасбетінде күрекше тәрізді, негіз бен күмбез арасындағы белдеу жұқа тақтаймен бөлінген, кіретін ойықтың жоғарғы жағы мен оның екі жақ қабырғасында мәнерлеп қалаудың ізі байқалады. Ішкі жағында кесененің тек төменгі бөлігі сыланған, кіретін ойықтың екі жағындағы сылақтың үстінен ірі әріпті арабша жазудың жұқанақтары көрінеді. Балтабек қажы кесенесі Қазақстанда шикі кірпіштен тұрғызылған кесенелердің ең биігі, көлемі мен формасы жағынан да ерекше. Кесененің оңтүстік-шығыс жағында шағын қорым, ал оңтүстік-батысында кезінде кірпіш дайындаған үлкен шұңқыр сақталған.
## Дереккөздер |
Шыңбұлақ, Шымбұлақ (1993 жылға дейін – Братское) — Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ауыл, Жетітөбе ауылдық округінің құрамында.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Бауыржан Момышұлы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 12 км-дей, округ орталығы - Кәріқорған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 6 км-дей жерде, Теріс өзені жағалауында, Қаратау сілемдерінің күнгей бетіне орналасқан.
## Халқы
## Тарихы
Ауыл 1961-96 жылдары сүт өндіретін ұжымшар бөлімшесінің орталығы болған. Оның негізінде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
## Атау тарихы
Переселендердің ықпалымен "Братск селосына" айналған. Кейін "Қызыл жұлдыз" ауылының тұрғындары көшіп келуіне байланысты елді мекеннің көлемі ұлғая түсті. Теріс өзенінің солтүстік жағына қоныстанған бұл ауыл іргесіндегі таза бастаудың ерекшелігіне орай "Шымбұлақ" аталып кеткен. Ауылға 1991 жылы тарихи атауы қайтарылды.
Бұл ауылдан бір үйдің атақты үш перзенті: ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының академигі Бауыржан Қойбақов, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Қойбақов, самбодан Азия чемпионы Сәркен Жартыбаев шыққан.
## Дереккөздер |
Жұмабай Мыңбайұлы Оразбақов (7.7.1913, қазіргі Сырдария ауданы – 27.8.1987, сонда) – еңбек ардагері. 1933 – 38 жылдары Сырдария ауданы «Сталин» ұжымшарының төрағасы, ауданы атқару комитетінің жауапты хатшысы, 1938 – 41 жылдары ауданы жер бөлімінің бастығы, 1941 – 42 жылдары ауданы атқару комитетінің нұсқаушысы, 1942 – 46 жылдары Шиелі ауданы жер бөлімінің бастығы қызметтерінде болған. 1946 – 73 жылдары Сырдария және Шиелі аудандарының ауыл шаруашылық салаларында қызмет істеген. Оразбақов «Құрмет белгісі» (1945, 1951) орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Есімі КСРО-ның Құрмет кітабына жазылған (1946).
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы |
ЦУМ (Орталық әмбебап дүкен) — Алматы қаласының орталығындағы сауда орталығы, Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында орналасқан, мекенжайы Абылай хан, 62 үй. 1961 жылы орталық әмбебап дүкен ретінде ашылған. Кейін “Заңғар” сауда орталығы болып қайта құрылды. 1994 жылдан “Заңғар” акционерлік қоғамы болып аталады. Сауда алаңы 10128 м², көмекші бөлмелерінің аум. 5830 м². 3 қабатта орналасқан 5 тұтыну кешені бар. Дүкен сатып алушыларға қосымша қызмет түрлерін көрсетеді, тігулі бұйымдарды шақтайды, несиеге берілетін тауарларды ресімдейді. Сатып алу сұранымын зерттеу үшін киім, аяқ киім, бас киім үлгілерінің сату көрмелері өткізіледі. Дүкен осы заманғы технология жабдықтармен жарақтандырылған.
## Дереккөздер |
Неметбай Мешіті – Тараз қаласындағы архитектуралық ескерткіш. 1887 ж. Әулиеата тұрғыны Неметбай салдырған, авторы белгісіз. Мешіт жалпы ауданы 26,908 м үш үлкен бөлмеден тұрады, бөлменің екеуіне бір есіктен кіреді, үшінші бөлме өзгелеріне қарағанда көлемдірек, есігі де бөлек. Мешіттің іргесі тастан қаланып, ортасына саз балшық толтырылған каркас қабырға тұрғызылған. Төбесі төрт қырлы әшекейлі бөренелермен жабылып, үстіне жіңішке ағаштар төселген, бөренелерді 4,25 м биік тіреулер ұстап тұр. Мешіттің ішкі еңсесі әр түрлі көгеріс және геометриялық өрнектермен әшекейленген.
## Дереккөздер |
Мұрат Бәкірұлы (27.12.1906, Ташкент облысы Янгиюль ауданы Рамадан кенті – 26.3.1992, Алматы) – мақта өсірудің білгір маманы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты (1957),Республиканың еңбек сіңірген агрономы. Ташкент мемлекеттік университетін (1926), Орта Азия мақта институтын бітірген (1933). 1933–36 ж. Мақтаарал тәжірибе стансасында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары болып еңбек етті. Осы жылдары тәжірибе стансасында шитті мақтадан мол өнім алынды (кейбір бөлімшелерде гектарынан 100 центнерден асты). Осындай жоғарғы көрсеткіштері үшін Мұрат Берікұлы 1939 жылы Егін шаруашылығы жөніндегі халық комиссариатына (Наркомземге) Мақта басқармасының бас агрономы қызметіне шақырылды. 1942 жылы Оңтүстік-батыс өндірістік басқармасының бастығы, Қазақ КСР Техникалық дақылдар министрлігі алқасының мүшесі болып тағайындалды. 1945–73 жылдары Қазақ КСР Министірлік Кеңесінің ауыл шаруашылығы тобының бастығы, ғылыми басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің бастығы, мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы экономика және ауыл шаруашылығы ұйымдастыру институтының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Мұрат Берікұлы мақтаның өнімділігін арттыруға көп еңбек сіңірді. Мысалы 50-жылдары ол ұсынған технология бойынша бірде бір рет суарылмай өсірілген мақтаның гектарынан 55 ц өнім алынды. Мұрат Берікұлы шитті мақта өсіруде ғылыми әдістерді кеңінен пайдаланған және топырақ, шөп алқабының мақта өніміне әсерін зерттеген ғалым-агроном.
## Марапаттаулары
* «Қызыл жұлдыз» орденімен (1944)
* «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен (1954)
* ХШЖК Кіші Алтын медалімен (1956)
* Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы
## Сілтемелер |
Шыңғали Орманұлы (т.-ө. ж. б.) – сұлтан, Жәңгір ханның немере ағасы. Ресей мемлекетінің қазақ елінің дәстүрлі хан билігін шектеу саясатына қарсы шыққаны үшін Уфаға жер аударылған. Таққа отырғаннан кейін Жәңгір 1825 ж. Шыңғали сұлтанды елге қайтарып, Қамыс-Самар, Қараөзен, Сарыөзен аралығынан 700 мың десятина жер беріп, жергілікті рулардың билеушісі етіп тағайындаған. Кейіннен байбақты руларынан түскен арыздарды тексерген шекаралық комиссия Шыңғали сұлтанның халық есебінен байып, наразылықты өршітіп отырғанын анықтады. Комиссия Жәңгір ханнан Шыңғалиға бөліп берген жерін халыққа қайтаруды талап етті. Осыдан кейін Шыңғали сұлтан өзіне қарсы бас көтерген рулардың көсемдеріне айналған Исатай және Махамбетпен өштесіп, арты бітіспес дауға айналды. Тастөбеде болған шайқаста Шыңғали сұлтанды “Исатай сарбаздарына қарсы хан әскерлерінің қолбасшысы ретінде жеке ерлік көрсетті” деп, полковник Геке атап көрсеткен. Кейінгі тағдыры жөнінде жазба деректер сақталмаған.
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы, 9 т. |
АҒАЙЫН — туыстық жақындықты білдіретін ұғым; Бауырлас адамдар. “Туысы бірдің — уысы бір” деп бірігіп, ынтымақтасып өмір сүреді, ұсақ-түйек дау-шар, өкпе-назды елемеуге тырысады. Қазақта “Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп” деген мақалдың философиялық мағынасы осыдан шыққан. АҒАЙЫНдықты сезінудің ел бірлігі мен ұлт тұтастығын сақтауда рөлі айрықша.
## Дереккөздер
* Қазақ ұлттық энциклопедиясы |
Шомыр (Raphanus satіvus) – орамжапырақ тұқымдасына жататын екі жылдық өсімдік; крестгүлділер тұқымдасына жататын, суыққа төзімді өсімдік.
Бірінші жылы жапырағы өсіп, тамыр жемісі жетіледі, екінші жылы гүлдеп, тұқым береді. Гүл шоғыры – шашақ, айқас тозаңданады. Жемісі – қауашақ. Шомыр шалғаммен және жабайы шомырмен жақсы будандасады. Шомыр – суыққа төзімді, ылғалды көп қажет ететін өсімдік. ТМД елдерінің барлық аймақтарында өсіріледі. Оның тамыржемісінде 1,58% қант, 1,92% белок, 1,55% клетчатка, 1,07% күл, сондай-ақ С витамині (8,3 – 29,0 мг%) және ферменттер болады. Тамыр жемісі жас күйінде тағамға, кейде дәрі жасауға пайдаланылады.
Шомырдың ерте және кеш (күзде) пісетін сорттары бар. Шомырдың ең жақсы сорттарына: грайворон (тамыржемісі сопақша, ақ), қысқы қара шомыр (тамыржемісі домалақ, сырты қара, іші ақ), қысқы ақ шомыр (тамыржемісі ақ, дәмі ащы), дүнгендік жергілікті сорт (тамыржемісі жұмыр немесе сопақшалау, дәмі ашқылтым), т.б. жатады. Шомыр егісінің 1 га-нан 200 – 300 ц (кейде 450 – 500 ц) өнім жиналады.
## Дереккөздер |
Байдүйсен Оразов (1911 жылы туған, қазіргі Шиелі ауданы – ...) – еңбек және соғыс ардагері.
Арғын тайпасының Тарақты руынан шыққан.
Еңбек жолын ауыл шаруашылығын ұйымдастыру кезінде бастаған. 1938 жылы Оразов Керделі ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1963 жылы ұжымшар, кейіннен ауылдық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1963 жылы Ы. Жақаевтың шақыруына үн қосып, Шиелі ауданындағы «Коммунизм» ұжымшарында күріш өсіретін звено жетекшісі болуға тілек білдірді. 1964 жылы 25 га күріш егістігінің әр гектарынан 45 ц-ден, кейінгі жылдары 55 ц-ден өнім алды. 1967 жылы 19 сәуірде Оразовқа Социологиялық Еңбек Ері атағы берілді.
## Сілтемелер
Қазақ энциклопедиясы |
Ақан сері Қорамсаұлы (1843 жылы, Үлкен Қоскөлдің маңы, Ақмола облысы, Ресей империясы – 1913 жылы, сонда) — қазақ ақын, әнші, және сазгер.
## Өмірбаян
Арғын тайпасы Қарауыл руының Есенбай тармағынан шыққан. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі – Жаңыл. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16 – 17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, “40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз” деп бағалайды.
Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым). Оған Ақан сері жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға Ақан серінің “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деген өлеңің арнаған. Ақан серінің тірідей айрылған сүйген қызы – Ақтоқты. Бұл – арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың”, “Ж-ға” – Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (80 жылдардың ортасы) да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.
Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: “Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң” дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. “Өнерді бойға біткен іркіп болмас” деп қарайды. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі – “Балқадиша”. Бұл – өз теңіне атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән.
90 жылдардағы Ақан сері шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақан серінің алғашқы айтыс-қағыс өлеңдерінің бірі – “Жүсіп төреге” (Тәкінің Жүсібіне қайтарған жауап өлеңі). Орынбай, Нүркей тағы басқа он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы – Нұрқожамен айтысы. Онда Ақан сері ел-жұртты тірек тұтады (“Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын”), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді.
Ақан серінің елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, Атығай-Қарауылдың болысы Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Осы өлеңдері мен “Замана адамында” сері ел билеген әкімдерді “Кей жаман мал бітті деп әкім болар”,- деп әшкерелейді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Мемлекет 2-думаға шағынады, әділдік, үміт күтеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған өлеңінің бірі – “Қаратай”. Ақан сері аулы қонысынан айрылып, орнына Комаровка ауылы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серінің мінген аты) егінге түсті деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Ат пен иесінің диалогы түрінде жазылған бұл өлеңде қуғыншы 4 орыстан қашып барғанда “бүбірнай” (выборнай) Көшербайдың рақым етпегені, судьяның әділ үкім шығармағаны айтылады. Соңында: “Орыс пенен қазақтың алдым несін?! Тәңір берген әркімнің несібесін. Ол түгіл жан салмаған Құлагердің, сөйлейді граммофонда әңгімесін”, – деп, “Құлагер” әнінің сол заманда пластинкаға түсірілгенін ескертеді. Өлер алдында шығарған “Мінажат” өлеңінде иман тілейді.
Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, “Ақан сері” атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің бәрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болған. Олардың бәрі Ақан серінің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік — Ақан сері шығармашылығына тән басты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық муз.-поэтик. мұрасы енген. Ақан сері шығармалары поэтик. тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтик. және муз. тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері – өмір шындығын боямасыз жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы.
Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістігі – кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонация суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы.
## Шығармалары
Ақан серінің “Ақтоқты”, “Алтыбасар”, “Тер қатқан”, “Мақпал”, “Балқадиша”, “Сырымбет”, “Майда қоңыр”, т.б. әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Кеңінен танымал бұл әндер әйелдер образының галереясын жасап, шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді. Ақан сері ақын-әнші ғана емес, саңлақ аңшы, атбегі де. Ақынның сүйікті досына, қимас өмірлік серігіне айналған сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған “Маңмаңгер”, “Қараторғай”, “Көкжендет”, “Құлагер” әндерінде Ақан серіның ішкі жан дүниесіндегі бұрқаныс, қан жылаған жүрек, телегей теңіз мұң мөймілдеп тұрғандай. Ақан сері басындағы трагедиялық күй кез келген жүректі толқытады. Әсіресе “Құлагердегі” экспрессивті интонация, толқыған мұңлы әуен, драмаға суарылған қайғылы оқиға шынайылығымен баурайды. Ән ақын өмірінің трагедиялық сәтін бейнелеумен қатар, сол қоғамдағы өнер адамдарының тағдырын қамти отырып, өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіз бет-бейнесін ашады. Ақан серінің музыка туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов т.б. ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларында кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров “Құлагер” поэмасын, Ғабит Мүсірепов “Ақан сері — Ақтоқты” драмасын, С.Мұхамеджанов осы аттас операсын, С.Жүнісов “Ақан сері” романын жазды.
Ақтоқты есімі Ақан шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» – Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (1880-жылдардың ортасы) да егде тартқан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Өмір соққысын көрген ол жайлауға көшпей, баласы Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Ақан Серінің «Ақтоқты», «Алтыбасар», «Тер қатқан», «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет», «Майда қоңыр», т.б. әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Кеңінен танымал бұл әндер әйелдер образының галереясын жасап, шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді. Ақан Сері ақын-әнші ғана емес, саңлақ аңшы, атбегі де. Ақынның сүйікті досына, қимас өмірлік серігіне айналған сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған «Маңмаңгер», «Қараторғай», «Көкжендет», «Құлагер» әндерінде Ақан Серіның ішкі жан дүниесіндегі бұрқаныс, қан жылаған жүрек, телегей теңіз мұң мөймілдеп тұрғандай. Бірақ Ақан өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі – «Балқадиша». 1890 жылдардағы шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақанның елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. 1913 ж. Ақан өзінің туған жерінде дүние салды.
Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Ол жас кезінде айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралады. Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақанның ең жақын достары болған.
## Музыка және әдебиеттегі үлесі
Ол қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, т.б. ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларына кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын, Сыдық Мұхамеджанов осы аттас операсын, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазды.Әуезов «Казак халкының эпосы мен фольклоры» атты зерттеу еңбегінде Ақан серінің ақындық өнерін жоғары бағалап, оның жел жетпес жүйрігіне арнаған «Құлагер», қыран бүркітіне арнаған «Көк жендет» әндерін жоқтау өлеңіне жатқызған
## Қосымша мәліметтер
* [1] — Ақан сері Қорамсаұлы
* Ақан сері(қолжетпейтін сілтеме)
## Дереккөздер |
Мұстафин Әбдіғапар Бижанұлы (1917, Сандықтау ауданы Амангелді ауылы – 1996) – ұстаз. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Харьков жаяу әскер училищесін бітірген. Днепр өзенінен өту кезіндегі шайқасқа қатысқан. Аудан мектебінде бастапқы әскери дайындық пә-нінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1-, 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту орденiордендерімен марапатталған.
## Дереккөздер
«Ақмола облысы» энциклопедиясы |
Аға Мұхаммед Шаһ Қажар (1741 — 14 маусым 1797, Шуша) — қажарлар әулетінің негізін салған Иран шахы (1796 — 97).
18 ғасырдың 80 жылдарынан бастап қажарлардың зендтерге қарсы күресін басқарды. Бұл күрес 1794 жылдың аяқ шенінде каджарлардың жеңісімен аяқталды. Аға Мұхаммед Шах Қажар өз қарсыластарын аяусыз басып-жаншып, кейде күшпен, кейде айламен бүкіл Иран жерін өзіне қаратып алды. Аға Мұхаммед Шах Қажар армиясы 1795 жылы Грузияға басып кіріп, Тбилисиді талқандады. Грузиядан оралған соң 1796 жылы Иран шахы болып сайланып, Грузияға қайта шабуыл жасау үшін дайындала бастады. Көп ұзамай Грузияға екінші рет аттанды. Бірақ бұл жорығы сәтсіз болып, 1797 жылы Шушада өз қызметшілерінің қолынан қаза табады.
## Дереккөздер |
Ағұлдар (агул. агъулар) — лезгиндер тобына жататын дағыстан халықтарының бірі, Дағыстанның оңтүстік-шығысының орталық бөлігінде тұратын Кавказдың байырғы халықтарының бірі.
Ағұлдар, лезгиндер тобының басқа халықтары сияқты, Дағыстанның басқа халықтарымен этномәдени жақын. Бұл халықтардың ата-бабалары тарихи тұрғыдан көп тайпалы мемлекеттік бірлестік – Кавказ Албаниясының құрамында болды және «лекс», «албандар (агвандар)» деген жалпы атаумен белгілі болды.
2020 жылғы халық санағы бойынша Ресейде – 34 576 ағұлдар тұрады.
## Автоэтнонимі (өз аты)
(өз атауы: Агъулар — көпше, Агъул, Агъул-шуй — жекеше)
## Субэтникалық топтары
Ағұлдар төрт топқа бөлінеді (олар төрт шатқалда тұрады): агулдер, курахдер, хушандер және хлюкдер.
## Этнонимы
Бұрынғы кезде агулдардың біріккен этнонимі болмаған, тарихи отанынан тыс жерде лезгиндер деген атпен белгілі болған.«Ағұлдар» этнонимі Агулдере аймағының географиялық атауынан шыққан. Алайда, бұрын агулдердің барлығы өздерін агъулар деп атамаған. Мысалы, Кошандере тұрғындары өздерін — къушанар, Керендере тұрғындары — кIеренар деп атаған.Тек кеңес заманында ғана үш қоғамның (Агулдере, Кушандере, Керендере) барлық тұрғындары ресми түрде ағұлдар деп атала бастады.
## Нәсілі
Олар үлкен европеоид нәсілінің балқан-кавказдық кіші нәсіліне жатады.
## Сырт келбеті
Ағұлдардың сыртқы келбеті Кавказдың басқа халықтарынан онша ерекшеленбейді. Ағұлдардың бойы орташа, шаштары, көздері және терісі қара болып келеді.
## Тілі
Ағұл тілі - ивер-кавказ тілдер тобы нах-дағыстан бұтағының лезгин бұтақшасына жатады. Диалектілері: тпиг (агул), керси (ричин), кошан, буркихан, фитиндік болып бөлінеді. Жазуы орыс графикасына негізделген. Көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. 1952 жылға дейін мектептерде оқу лезгин тілінде, кейін орыс тілінде жүргізілді. 1990 жылы орыс әліпбиі негізінде Агул жазу жүйесі жасалды. 1992 жылдан бастап мектептерде оқу ана тілінде жүргізілді.
## Жазуы
Ағұл әліпбиінің қазіргі таңда қабылданып жатқан нұсқасы аса көлемді, күрделі әрі ағұл тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейді. Ол 53 әріптен тұрады және тіпті басқа көлемді Дағыстан әліпбилерінің арасында ең күрделілерінің бірі болып табылады. Фонетика және орфография тұрғысынан, яғни ғылыми тұрғыдан алғанда өте терең қарама-қайшылықтарды қамтиды.
## Діні
Ағұлдардың көпшілігі мұсылмандар және сунниттік исламды ұстанады. Исламды халық XIV ғасырда қабылдап, олардың мәдениеті мен өмір салтына айналды. Ағұлдар ислам дінінің қағидаларын ұстануға және оның парызын орындауға, соның ішінде намаз, ораза, қажылыққа ұмтылады.Мешіт – ағұлдардардың киелі жері. Олар намаз оқитын, мүміндердің бас қосатын жері.
## Негізгі қоныстану аймағы
2010 жылғы халық санағы бойынша Ресейде 34,2 мың ағұл өмір сүрді, оның ішінде Дағыстанда — 28,1 мың (оның 10 мыңнан астамы — Ағұл ауданында), Ставрополь өлкесінде — 1,7 мың. Олар Оңтүстік-Шығыс Дағыстанның орталық бөлігіндегі Ағұл және Курах аудандарының шатқалдарында, сондай-ақ қалаларда тұрады. 2010 жылғы санақ бойынша Ағұл ауданы халқының 92,6% құрайды.1960 жылдардағы қоныс аударушылар Дербент ауданы мен Каякент ауданындағы Дружба ауылында тұрады.
Сонымен қатар ағұлдар Табасаран ауданында Гелинбатан (Ново-Фите) ауылында тұрады. Шырахчай мен Құрах өзендерінің жоғарғы ағысында орналасқан 21 тарихи ауылда ағұлдардың 67%-ы тұрады. Қалалық ағұлдар Шамхал (Махачкала қаласы округі), Түбе Құмторқала ауданында, Махачқала, Дербент және Дағыстан Жарықтары қалаларында тұрады.
## Тарихы
Ағұлдар туралы ең алғашқы мәліметтер VII ғасырдағы армян деректерінде, олар Агутакани деп аталады, VIII—IX ғасырлардағы Кушан-дер шатқалының тұрғындары туралы араб деректерінде айтылады.XIII ғасырда ағұлдар татар-моңғол жаулап алушыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Бұған татар-моңғолдардың Дағыстан тауларында болғаны туралы жазбаша жаңалықтар дәлел бола алады. Ағұлдар территориясы Темір әскерлерінің жойқын шабуылдарына ұшырады. Ағұлда Темір әскерлерінің болуы туралы аңыздар бар. Аңыз бойынша, Тимур әскерлері Рича, Тпиг, Хутхул және басқа ауылдарды толығымен қиратты.
XVIII ғасырда ағұлдар Надир шахтың шабуылын бастан өткерді. Магудере өткелдері арқылы Надир шахтың жүру жолында бірнеше ағұл ауылдары қирады.Аварияда жеңіліске ұшыраған парсылар таулықтардың отрядтары қуып, Кумух - Хосре - Чираг - Рич - Курах - Дербент жолымен кездейсоқ шегінді. Ағұлдар бұл жолы шегініп бара жатқан парсылардың шабуылына тойтарыс берді.
XIX ғасырдың 2-жартысында Дағыстан Ресейге қосылғаннан кейін ағұлдар тауар-ақша қатынастары жүйесіне араласты. 1921 жылдан бастап агулдар Дағыстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының (1991 жылдан Дағыстан Республикасы) құрамында болды.
## Кәсібі
Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Олар негізінен қой, ірі қара, жылқы өсіреді. Жазда малды таудың баурайында биіктеп жайып, қыста алыстағы жайлауларға айдаған.Қазіргі ағұлдардың тағы бір негізгі кәсібі – егіншілік, бұрын жер бедері қолайсыз болғандықтан нашар дамыған. Халық таудағы ұсақ жерлерді өңдеп, топырақтың тозып кетпеуін үнемі қадағалап отырды, бірақ көбінесе егінді аяз бен жауын-шашын зиянын тигізген. Негізгі өнімдері - қара бидай, арпа, қабықсыз арпа, бидай, бұршақ, бұршақ, 19 ғасырдың 2-жартысынан – картоп, сәбіз, пияз, сарымсақ.Жалпы Дағыстан типіндегі ауылшаруашылық құралдары: жеңіл соқа (дуруц), орақтар, бір қолға арналған қысқа орақ, ағаш тырма, айыр, күрек, елеуіш. Егістікте әйелдер арамшөптерді жұлып, егін тасыды, жүнді үйіп, өңдеп, одан түрлі бұйымдар жасады. Ер адамдар жер өңдеп, қой баққан, сауған, баққан, жүн қырқылған, сүт өңдеген, жылқы баққан, ет, жүн, ірімшік, май саудасымен айналысқан. Бастыру мен шөп шабу ұжымдық жұмыс болды.
Қазіргі шаруашылық әртараптандырылған. Жазыққа қоныс аударғандар жүзім, бау-бақша, көкөніс шаруашылығын дамытқан.
Қолөнерден ұсталық, тері, қой терісін, жүн өңдеу (иіру, мата, кілем, түксіз кілем тоқу, т.б.), ағаш және тас ою өнері дамыды.Ағұлдар тоқыма бұйымдарын, әсіресе жібек пен мақта жасаудың шеберлері. Олардың маталары бірнеше ұрпақ бойы шеберлердің қолынан шыққан кестелер мен шілтерлермен безендірілген. Ауылдар тері өңдеумен, кілем, керамика жасаумен де айналысады.
## Тұрмыс салты
Қоғамдық қатынастардың дәстүрлері феодалдық патриархтың қалдықтарымен тоғысқан. Ауыл қауымы дербес шаруашылық-аумақтық бірлік болды. Сот ісін жүргізу әдеттегі құқықтық ережелерге (адат) және ислам құқығының нормаларына (шариғат) негізделді. Қауымдастықтың ең жоғарғы органы – ауыл жиналысы, 19 ғасырдың 2-жартысынан старшын сайланады. Сотты қазы басқарады. Патриарх, қандас туыстар және негізінен эндогамдық бірлестіктер — тухумдар сақталды. Басым отбасы формасы шағын, бөлінбеген жанұялардың әртүрлі түрлері (15–20 адам) 20 ғасырдың басына дейін сақталды.Отбасы бірлігі барлық ересек мүшелердің ұжымдық меншігі мен еңбегіне негізделген, қарым-қатынастар патриархат пен нормалармен айқындалды. Қыздары тұрмысқа шыққанда жер үлесінің жартысы мен жылжымалы мүліктің бір бөлігін алды. Әйелдер отбасылық мәселелерде үлкен еркіндікке ие болды.
### Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары
Дәстүрлі қоныстарында 60 үйге жуық болған. Қамал қабырғалар, әскери мұнаралар, жол бойына күзет орындарын орнатқан.Ауылдары өзен жағасында, салыстырмалы түрде жазық жерде, екі-үш жағынан тік жартаспен шектелген, яғни тау баурайында, шыңдарда орналасқан. Ауылдар ішіндегі мұнаралар жерасты өткелдері арқылы жалғасқан. Ауыл (селолық қауым) тухум (мирас) кварталдарынан тұрды. Ауылдардың орналасуы: беткейлерде – сатылы-террассалы немесе ретсіз сатылы, тегіс жерде, тау жотасында – шоғырланған, әртүрлі типке тән. Көшелері тар, бұралған, тік, көбінесе баспалдақ түрінде.
Ауыл орталығында мешіт және оның алдындағы алаң (годекан) бар.
Қазіргі құрылыста жеке учаскелері бар ғимараттарды еркін орналастыру үрдісі басым. Жазықтағы қоныстандыру ауылдарында көшелер мен бірнеше көшелерді біріктіретін кварталдар схемасы болып табылады.Тұрғын үй тастан жасалған, жоспары төртбұрышты, төбесі жалпақ топырақты. Бір кіреберісі және төменгі қабаттарындағы саңылаулар сияқты тар жарық саңылаулары бар 2-3 қабатты тұрғын үй кешені (бекініс үйі) басым. Қабаттар арасында ішкі тас баспалдақ бар. Төменгі қабаттарда еңістің әртүрлі деңгейлерінде жеке кіреберістері бар, ал жоғарғы қабаттарға баспалдақ арқылы кіруге болады. Төменгі қабаттардың төбесі толығымен арка тәрізді құрылымнан немесе тас тіректерге тірелген тас тақталардан тұрды. Тұрғын үй екі немесе үш бөлмелі, бөлменің көлемі 30 м2. Отбасылық өмір бір бөлмеде (ошақта) өтті.Биік төбенің (3–3,5 м) астында қалың жапқышы бар шағын терезе болды, жиһазы аласа орындықтардан, ұзын орындық-диваннан тұрды, еденге түксіз кілем төселген, адамдар арнайы дөңгелек жастықтарға отырды.Екінші бөлме қонақ бөлмесі болды, ол мүмкіндігінше бай жиһаздалған, тағамдар арнайы сөрелерге орналастырылған, қабырғалық каминнің дизайнына ерекше назар аударылған.19 ғасырдың 2-жартысынан бастап ашық лоджиялар мен балкондар пайда болды, коммуналдық бөлмелер дербес ғимараттар ретінде бөлінді.Қазіргі заманғы тұрғын үй тастан салынған екі қабатты көп бөлмелі, шатырлы (темір, шифер), әйнектелген веранда, үлкен терезелер және ағаш едендер, интерьері дәстүрлі зауыт жиһаздарымен және техникалық жабдықтармен біріктіреді.
### Дәстүрлі киімдері
Ағұл ерлер киімі Дағыстанның басқа халықтарының киімдерімен бірдей. Киімі «бергьам» көйлегі мен шалбардан «шалвар» тұрды. ХХ ғасырдың басынан бастап 50-ші жылдарға дейін галифе шалбары ағұлаларда кеңінен қолданылады. Олардың кең танымалдылығын сыртқы түрі бойынша дәстүрлі шалбарға ұқсайтындығымен түсіндіруге болады және оларды аяқ киім мен етікке салу ыңғайлы болды.Ағұлдардың сыртқы киімдері бешмет — «валжагъ» және черкеска — «чохай» болды. Валжагъ күнделікті және дәстүрлі киімдері болды. Ол қара немесе қою көк, қою жасыл және басқа түсті маталардан тігілді. Ағұл валжагы тізеге дейін немесе сәл жоғарырақ болатын қаусырмалы киім.
Қысқы, сондай-ақ қарт адамдарға арналған валжаг, мақта немесе жүннің жұқа қабатымен қапталған. Күнделікті киімдерді әр отбасында әйелдер тіккен, оларды жастайынан үйреткен. Черкеска, сондай-ақ вальжаг, күміс жиынтығы бар былғары «чил» белбеуімен киілген. Жылы сырт киімі мал терісінен иігілген тон «кул» болды.Таулы Дағыстанның барлық халықтары сияқты, ағұлдардың негізгі сыртқы киімдері жергілікті жерде тігілген бурка «лит» болды.Ең жақсы сапалы буркаларды андийліктерден сатып алды. Оларды әдетте салт аттылар киетін. Агулдардың дәстүрлі аяқ киімдері шикі теріден жасалған «поршни», дәстүрлі бас киімі папаха - «бармак» болды. Оның екі түрі болды: «чиачиах бармак» және «бұхар бармак».Папаха ер адамның қадір-қасиетінің ажырамас аксессуары және символы болды. Папахасыз қоғам алдында ерлер шықпаған. Ағұлдардың шаш үлгісі қарапайым болды: барлық жастағы ер адамдар шаштарын қырып алып тастайды.Ағұл әйелдерінің дәстүрлі киімі де «бергьам» көйлегі мен шалбардан «шалвар» тұрды. Бергьам көбінесе қара түсті, көк, қара, жасыл түсті мақта матадан тігілген.Жас әйелдер мен қыздарда ол ақ түсті матадан тігілдің. Жейде туника тәрізді болды. Көйлектің үстіне киетін сырт киімі бешмет «валжаг» болды.Күнделікті киетін валжаг үшін ашық түсті қарапайым маталар пайдаланылды, көбінесе қыздар мен жас әйелдер үшін қызыл, ал егде әйелдер үшін қара түсті. Мерекелік валжаг жібек, барқыт сияқты қымбат маталардан тігілген. Дәстүрлі аяқ киімдері тоқылған - «гивянар», былғары аяқ киім - «таприс». Бұл аяқ киім табаны былғары бауларды тоқу арқылы былғарыдан жасалған. Ауылшаруашылық жұмыстары кезінде әйелдер шикі теріден тігілген «чурукьяр» атты шарық тәрізді аяқ киім киген. Бас киімі «къуч» деп аталды, ол екі бөліктен тұрды. Бұл бас киімнің барлық құрамдас бөліктері түрлі түсті маталардан тігілген.
### Дәстүрлі тағамдары
Ағұлдардың дәстүрлі тағамы өсімдік, сүт өнімдері және еттен тұрады. Күнделікті тағамдарға қара бидай мен бидай ұнынан жасалған хинкали, жарма ботқасы, бидай ұны, кеспе жатады. Бұршақ дақылдары дәнді дақылдармен араластырылып, ұн дайындалады. Нан – қара бидай, бидай, арпа, ашытқы, ашытқысыз пісірілген. Мереке күндері сүт пен жұмыртқа қосылған қатпарлы нан, түрлі салмасы бар пирогтар жасалады. Жабайы шөптерді тұтынып, кептіріп, қыста сақтайды. Ағұлдардың сүйікті тағамы - дәмдеуіштермен ет сорпасында пісірілген жұқа хинкал. Етпен толтырылған тұшпараларды сарымсақ соусы, қаймақ, май қосып жейді. Сұлы жармасынан ботқа жасап, нанның орнына ірімшік пен май қосып жейді. Бұрын басқа тамақ болмаған соң, қуырылған дәнді жейтін. Қыста бидай дәндерін бұршақпен және кептірілген етпен қайнататын. Сүттен ірімшіктің екі түрі, сүзбе, май, айран, сарысу жасалды. Сұлы жармасы мен уыттан төмен алкогольді сусын жасалды. Тәттілер халва ұннан, майдан, жаңғақ қосылған балдан және кендір дәнінен жасалады. Бірте-бірте ағұл асханасына еуропалық және шығыс асханасының тағамдары, консервілеу әдістері еніп, өнім түрлері кеңейді.
### Фольклоры
Ағұл фольклоры - этнос мәдениетінің ең қызықты және ерекше қырларының бірі. Ағұл фольклоры әр алуан жанрлар мен мәнерлеу формаларын қамтиды. Оларға ән, би, халық ертегілері, ырым-тыйымдар, халық музыкасы жатады. Бұл жанрлардың әрқайсысының этностың тарихын, дәстүрін, менталитетін көрсететін өзіндік ерекшеліктері мен ерекшеліктері бар.Ағұл фольклорының кең тараған жанрларының бірі – халық әндері. Олар әуезділігімен, бай ырғақтарымен, мәтіннің тереңдігімен ерекшеленеді. Ағұл жырларында махаббат, табиғат, өмірлік құндылықтар, тарихи оқиғалар туралы айтылады. Олар көбінесе мерекелерде, үйлену тойларында және басқа да ерекше іс-шараларда орындалады.Ағұл фольклорында би өнері де маңызды орын алады. Би композициялары энергиямен, пластиктен және жарықтықпен ерекшеленеді. Олар көбінесе ұлттық киімнің өзіне тән элементтерін және музыкалық сүйемелдеуді пайдаланады.Халық ертегілері мен аңыздар – ағұл фольклорының мәңгілік қазынасы. Олар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, тарихи-мәдени ақпараттың маңызды көзі болып табылады. Ертегілерде ғұламалардың мінез-құлқы мен ой-өрісі, жақсылық пен жамандық, әділдік пен шындыққа қарсы күрес туралы түсініктері бейнеленген.Ағұл фольклорында ырым-тыйымдар да маңызды орын алады. Олар өмірлік мерекелермен, үйлену тойларымен, жерлеу рәсімдерімен және басқа да маңызды оқиғалармен байланысты.Ағұлдардың ең көне және кең тараған музыкалық аспабы – қойшы сыбызғысы. Ол қамыстан жасалған. Басқа кең таралған аспаптар - зурна және барабан.
## Ағұл халқының қазіргі жағдайы
90-жылдардың басында ағұл жазуы пайда болды. Бірақ соңғы жиырма жыл ішінде, басқа әдебиеттерді айтпағанда, әліппеден басқа бірде-бір оқулық немесе басқа оқу құралы жарық көрген жоқ.Мектептерде ағұл тілінің орнына кез келген нәрсені үйретеді, бірақ ағұл тілінің өзін емес. Ал бұл таңқаларлық емес, өйткені мектептерде ағұл тілін оқытудың материалдық-техникалық базасы жоқ.
Ағұл аймағындағы демографиялық жағдай Дағыстанның өнеркәсіптік және мемлекеттік нысандары, сондай-ақ ірі шаруашылықтары жоқ таулы аймақтарына өте тән.Ағұл елді мекендеріндері бос қалуда, ауданда тұрудың негізгі қолайсыздықтары мыналар болып табылады: газдың толық болмауы; төмен электр кернеуі, әсіресе қыста; облыстағы елді мекендердің тіпті облыс орталығына дейін қолжетімсіздігі, салыстырмалы түрде әлсіз жол инфрақұрылымы және қиын көлік байланыстары.Жергілікті жастар жұмысқа немесе оқуға кетеді, мүмкіндігі барлар ауылға қайтып оралмайды.
Ағұл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – егін шаруашылығы мен бюджеттік жұмыстар, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар.
## Қазақстандағы ағұлдар
Қазақстанда ағұл диаспорасының пайда болуы соғыс алдындағы және соғыс жылдарындағы халықтарды күштеп қоныс аударумен байланысты. Қазақстанда жүргізілген санақ мәліметтері бойынша ағұлдардың саны:
* 1970 ж. - 7 адам;
* 1979 ж. - 142 адам;
* 1989 ж. - 235 адам;
* 1999 ж. - 126 адам;
* 2009 ж. - 94 адам.
## Танымал ағұлдар
* Хидир Хидирович Рамазанов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, РСФСР және Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері;
* Шабан Абдулқадырұлы Мазанаев – профессор, Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ағұл жазба тілін жасаушылардың бірі;
* Мұса Салихұлы Мұсаев – суретші, Ресей Суретшілер одағының мүшесі;
* Такибат Алаутдиновна Махмудова - Дағыстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;
## Бейнероликтер
* https://yandex.kz/video/preview/14568401126329673405
* https://yandex.kz/video/preview/14461885450868013830
* https://yandex.kz/video/preview/10575853256719303758
* https://yandex.kz/video/preview/11176923144910364358
* https://yandex.kz/video/preview/7539032135196978863
## Дереккөздер |
Оразымбет Есентайлақұлы (1870, қазіргі Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылы – 1933, Жалағаш ауданы) – халық ақыны. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан және дін жолын жақсы игерген. Жасынан өлең шығара бастаған. Өзінің аталасы Балқы Базардың шәкірті. Ол Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы сынды саңлақтармен үзеңгілес болып, Сыр сүлейі атанды. Оразымбет Есентайлақұлы шығармалары ел арасына ерте тарай бастаған. Оның қолжазбасынан ел аузында сақталған «Құдай-ау, болсам деймін ақылға бай», «Балқы Базар туралы толғау», «Бұл хатқа құлағың сал Берден інім», т.б. өлеңдері белгілі.
## Дереккөздер |
Тұрыш — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ауыл.
## Географиялық орналасуы
Аудан орталығы – Бейнеу ауылынан шығысқа қарай 80 км жерде, Сам құмының солтүстік шетінде орналасқан.
## Тарихы
Ауыл 1973–1996 жылдары қаракөл қойын өсіретін “Сам” кеңшарының бөлімшесі болған. Оның негізінде Тұрышта шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
## Халқы
## Тарихи ескерткіштер
Ауыл төңірегінде Асау-Барақ Дәулетбайұлы, Таумен – Қарағұл, Әжімұрат, Сәулебай, т.б. тарихи-археологиялық ескерткіштер орналасқан.
## Инфраструктурасы
Ауылда Тұрыш мектеп- балабақша кешені, Тұрыш селолық клубы, фельдшерлік – акушерлік пункті, «ТрансГазАймақ», «Обаға қарсы күрес» және «Ауа- райын бағдарлау станциясы», Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы, «Бейнеусусервис» КМК-ны қызмет көрсетеді, сонымен қатар ауыл табиғи газ, электр энергиясы, ауыз сумен қамтамасыз етілген.
## Транспорты
Ауылдан «Бейнеу - Жезқазған» теміржолы, «Бейнеу-Бозой» газ құбыры және «Сыңғырлау – Сам – Ноғайты – Тұрыш» грейдер автожолы өтеді.
## Ауыл шаруашылығы
Ауылда 13 шаруа қожалығы бар. Жалпы ауыл бойынша мал басы: сиыр – 113, қой мен ешкі – 9499, жылқы – 897, түйе – 1232 басты құрайды. Қысқы мал азығын ауылға «Астық – терминалы» компаниясы жеткізеді.
## Дереккөздер |
АҒА РЕЗА (16 ғасырдың 2-жартысы мен 17 ғасырдың басы — анық 1816 жылы кейін) — парсы миниатюрашысы. Ирандағы Қашанқаласынан шыққан Али Асғар Мавлянның ұлы. Алғашында Мешхед қаласында, 1858 — 1600 жылдары Исфаһанда Аббас І шаһтың сарайында тұрған. Сурет салудың графикалық үлгісін миниатюрада қолданды. АҒА РЕЗА әсіресе портрет жасау өнерінде шеберлік танытты. Оның шығармаларын Дублиндегі (Ирландия) Честер Бити кітапханасынан (“Шаһнамаға” жасаған иллюстрация, қолы қойылмаған), Париждегі Ұлттық кітапханадан (12 миниатюрасы бар, біреуіне қолы қойылған) және жеке коллекциялардан кездестіруге болады.
## Дереккөздер
* Қазақ ұлттық энциклопедиясы |
Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімшесі – 19 ғасырдың ортасында Санкт-Петербург қаласында құрылған ғылұйым.Оның құрамына негiзiнен орыстың белгiлi шығыстанушы ғалымдары ендi. Қоғам өзiнiң «Хабарлар» («Известия»), «Жазбалар» («Записки», 1887–1921), «Еңбектер» (1855–1898) сияқты ғыл. басылымдарын жариялап тұрды. Бұл басылымдарда жарық көрген орыс шығыстанушыларының Қазақстан тарихы жөнiндегi еңбектерi өз маңызын осы күнге шейiн жойған жоқ. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезiнде қоғамның ғыл. басылымдарының әрбiр санында қазақ халқының тарихы, этнологиясы, ауыз әдебиетi жөнiндегi сыни-библиография очерктер, мақалалар, хабарлар жарияланып тұрды. '''1885 ж.''' ақпанда Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімшесінiң меңгерушiсi болып В.Р.Розен сайланды. Ол қоғамның қызметiн жандандыру мақсатында жаңа баспа органы «Императорлық орыс археологиялық қоғамы шығыс бөлiмшесiнiң жазбаларын» («Записки восточного отделения императорского русского археологического общества») ашып, өмiрiнiң соңына дейiн осы басылымның редакторы болды. Онда жарияланған мақалалар тек қана археология емес, шығыстанудың барлық салаларын қамтыды. Қоғамның әр түрлi басылымдарында орыс шығыстанушы ғалымдары В.В.Бартольд, И.Н.Березин, В.В.Вельяминов-Зернов, Н.И.Веселовский, т.б. зерттеушiлердің Қазақстан тарихы жөнiндегi ондаған мақалалары жарық көрдi. 1908–1918 ж. аралығында Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімшесінiң меңгерушiсi белгiлi орыс археологы әрi шығыстанушысы Веселовский болды. Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімшесі Түркiстан археология әуесқойлары үйiрмесiнiң жұмысына көңiл бөлiп отырды. Үйiрме мүшелерiнiң археол. қазбалар нәтижесiнде тапқан ескерткiштерi мен жаңалықтары жөнiнде хабарлар жарияланып тұрды. Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімшесі Ресей шығыстанушыларының үлкен мектебiн қалыптастырды..
## Дереккөздер
## Қосымша мәлімет
* Орта ғасырлық Қазақстан тарихы мәселелері XIX ғ. Мұрағатталған 16 тамыздың 2016 жылы. |
Subsets and Splits
No community queries yet
The top public SQL queries from the community will appear here once available.