text
stringlengths
3
252k
“Музыканың ұлы кітабы” (‘‘“Китаб әл-мусики әл-кабир”’’) – Әбу Наср әл-Фарабидің тарихи-теориялық трактаты. 1967 ж. Каирде Махмұд Ахмад Хафийдің редакциясымен жарық көрді. Кітап екі ірі бөлімнен тұрады: бірі – “Музыка іліміне кіріспе”, екіншісі – “Музыка туралы ілім”. Соңғы бөлімі үш тарауға жіктеледі: а) “Музыка теориясының негіздері”; ә) “Кең таралған аспаптар және оларға тән интервалдар”; б) “Музыкалық әуеннің құрылысы”. “Музыка іліміне кіріспе” бөлімі екі тараудан тұрады. Алғашқысында “музыка” сөзінің мән-мағынасы, әуеннің шығу тегі, оны орындау мен музыкалық аспап жасау, музыка теориясы мәселелері сөз болған. Мұнда музыканы тәжірибелік және теориялық деп жіктеп, аспаптардың музыкалық және ұрмалы болып бөлінетіні көрсетіледі. Екінші тарауда жағымды әуендер мен олардың түрлері, музыкалық тондардың орналасуы, дыбыстың табиғи ерекшеліктері, музыкалық әуенді кемелдендіру тәсілдері, сезім арқылы қабылдауға жататын интервалдар мөлшері, жалпы музыка теориясының негіздері туралы көптеген құнды мағлұматтар беріліп, ғылыми пікірлер айтылады. Автор музыка мен поэзия арасындағы табиғи бірлікті мойындайды. “Музыка өнерінің теориялық негіздері” – трактаттың екінші бөлімі. Музыкалық дыбыстар мен тондар, олардың пайда болуы, биік немесе төмен орналасуы, интервал, оның жағымды, жағымсыз түрлері, тондардың бірізділігі, музыкалық мақамдар, олардың құрылысы, ерекшеліктері туралы пікірлері осында қамтылған. Музыканы математика саласына үйлестіре келіп, әл-Фараби дыбыстардың шығуын екі дененің соқтығысуымен байланыстырады: қысым неғұрлым қатты болса, дыбыс анық әрі күштірек естілмек. Әл-Фараби музыкалық тонның анықтамасын берген: “Тон дегеніміз – екі дененің ішінде белгілі уақыт бойы созылып тұратын жалғыз дыбыс”. Ішекті тартып қойса – қатты, босатса – әлсіз, төмен дыбыс естілетінін анықтаған. Мұның бәрі физика заңдылықтарына негізделген тұжырымдар. Әл-Фараби квартадан кем аралықта пайда болатын интервалдар, өзгермейтін және өзгермелі жүйелер, ұқсас интервалдар туралы да теориялық пайымдаулар айтқан. Трактаттың үшінші бөлімі – “Музыкалық аспаптар”. Екі тараудан тұратын бұл бөлімнің алғашқы тармағы – “Кең таралған музыкалық аспаптардағы тондардың қалыптасу жолдары”. Уд аспабының құрылысы негізіндегі интервалдардың арақатынасы, саусақтардың орналасуы, 4 ішек бойында жасалатын дыбыс қатары, жағымды тондар, т. б. мәселелерді қозғай келіп, әл-Фараби орындаушылық өнерге мән берген. Бірін табиғи, адам дауысы арқылы естілетін кемел әуен, екіншісін музыкалық аспапта орындайтын дәстүр ретінде бағалаған. “Музыка композициясы” – трактаттың соңғы тармағы. Онда музыканың поэзиямен байланысы, жағымды, жағымсыз тондар кестесі, бір тоннан өзге тонға көшу жолдары қарастырылған. Үндестік – бірнеше дыбыстың бір мезгілде естілуі деген анықтамасы да ұғымды. Олар: а) композициямен бірге оны көркемдейтін не мәнін төмендететін үндестік; ә) уақыт үндестігі; б) нақты әуен құрайтын ноталарды топтастыру үндестігі; в) музыкалық әуен құрайтын басқыштарды топтастыру үндестігі; г) музыкалық әуен құру үшін ноталардың өзара алмасуының ерекше үндестігі; д) үндес ноталарды қосу гармониясы; е) музыкалық әуен құрайтын басқыштар үндестігі; ж) интервалдар үндестігі; з) әр түрлі тоналдықтар негізінде алынатын құрылымы ортақ үндестіктер; и) ноталардың биіктігі мен төмендігі туралы үндестік. “Музыканың ұлы кітабында” Таяу Шығыс, Орталық Азия халықтарының орта ғасырлардағы музыкалық мәдениеті, музыка-теориялық ой-санасы, түркі тайпаларының далалық мәдениетіне қатысты деректер де айтылған. Трактат туралы мәліметтер О.Матьякубов, М.Баркешли, А.Көбесов, Т.Қоңыратбаев, С.Дәукеева, т.б. еңбектерінде кездеседі. ## Пайдаланылған әдебиеттер * Матьякубов О., Фараби об основах музыки Востока, Ташкент, 1986 * Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т., Көне мәдениет жазбалары, А., 1991 ## Cілтемелер * Даукеева С., Философия музыки Абу Насыра Мухаммада аль-Фараби, А., 2002 * Музыка композициясы
Центральное — Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы ауыл, Центральный ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Ботақара кентінен солтүстік-батысқа қарай 69 км-дей жерде. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1931 жылы мал-мүлкінен айырылған кулактарға арналған ғ13 арнайы жер аударылғандар поселкесі (кенті) ретінде қаланған. 1946 жылдан Центральное деп аталып, ауылдық кеңес орталығы болды. 1965 жылы Самарқан ауылдық кеңесі болып өзгертілді. 1997 жылдан Центральное ауылдық округі. Ауылда 1943-60 жылдары аралығында Самарқан МТС-і жұмыс істеді. 1965 жылы округ аумағына Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы көшірілді. Ол 1999 жылы Орталық Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 2003 жылы Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Шаруашылықтың мамандандырылған негізгі бағыты — өсімдік шаруашылығы мен тұқым шаруашылығы селекциясы. Центральноеде және округте ғылыми-зерттеу институтынан басқа 6 шаруа қожалығы құрылған. Қарағанды (50 км), Теміртау (35 км) қалаларымен және аудан орталығымен автомобиль жолы арқылы байланысады. ## Дереккөздер
Мұқыш Боштаев (1897 жыл, бұрынғы Семей облысы Павлодар уезі — 1921 жыл) — Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер. А ## Өмірбаян Арғын тайпасы Айдабол бөлімінен шыққан. * Қазан университетінің заң факультетін бітірген (1917). * Уақытша үкімет тұсында Павлодар уезінде сот төрағасы болды. * Семей облысы қазақ комитетінің жұмыстарына белсенді түрде ат салысты. * 1-жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан депутаттыққа ұсынылды. * 2-жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі құрамына мүшелікке кандидат болып сайланған. ## Дереккөздер
Музыка фестивалі – музыка мейрамы. Ортақ тақырып, бірыңғай бағдарламаға біріктірілген, салтанатты түрде өткізілетін концерттер мен театр қойылымдарының жиынтығы. Алғашқы музыка фестивалі 1709 ж. Лондонда (Ұлыбритания) ұйымдастырылды. 20 ғасырдың 2-жартысында Еуропаның көпшілік елдерінде музыка өнерін насихаттау және халықаралық мәдени байланысты дамыту мақсатында музыка фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Музыкалық форма мазмұны мен өткізілетін мерзіміне қарай бірнеше түрге бөлінеді: дәстүрлі (жүйелі түрде, жыл сайын немесе 2 – 4 жылда бір рет), жекелеген (белгілі бір оқиғаға немесе атаулы күндерге байланысты), мемлекетаралық, халықаралық, тақырыптық, монографиялық (танымал композиторлардың шығармасына арналған), классикалық, жанрлық, т.б. Музыкалық форманің бір көрінісі байқау түрінде немесе шығармашылық сайыс ретінде ұйымдастырылады, ол үлкен қаржылық дайындықты қажет етеді. Сондықтан оны мемлекет пен жергілікті билік орындарының, филармония және музыка қоғамдарының, ірі фирмалар мен меценаттардың қолдауымен ұйымдастырады. Қоғамдық және мәдени өмірдің үлкен оқиғасы ретінде жүргізілетін музыкалық форма алдын-ала БАҚ-та насихатталады. Музыкалық форма тарихында: “Венаның музыка апталығы” (Австрия), “Берлиннің фестиваль күндері” (Германия), “Зальцбург фестивалі” (Австрия), “Флоренцияның музыкалы май айы” (Италия), “Мәскеу жұлдыздары”, “Орыс қысы” (Мәскеу) “Ақ түндер” (Санкт-Петербург), т.б. мәдени шаралар орын тепкен. Қазақстанда дәстүрлі түрде жыл сайын “Азия дауысы” танымал ән мен музыканың халықаралық фестивалі өткізіліп тұрады. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Айсұлу Абдрахманқызы Валитова (1913 жылы туған, Қазан) — түркітанушы. Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген (1945). Ресей ғылым академиясының Дүние жүзі әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкері болып қызмет істеген. Валитова есімі түркология саласынан жазған еңбектерімен белгілі. Әсіресе, оның түркі халықтарының ортақ әдеби және философия мұрасы — “Құтадғу білік” туралы зерттеулері құнды ғылыми еңбек болып саналады. ## Дереккөздер
Моғол әулеті, ұлы Моғолдар әулеті – 16 – 19 ғасырларда Үндістанды билеген әулет. Негізін салушы – Заһир әд-Дин Мұхаммед Бабыр. Темір әулетінен шыққан, әкесі Омар Шейх (1456 – 95) Әмір Темірге туажат, анасы Құтлұқ Нигар ханым Жүніс ханның үлкен қызы. Бабыр Ферғананың әмірі болды. 1504 жылы Мұхаммед Шайбани бастаған Дешті Қыпшақ тайпалары Бабырдан Ферғананы тартып алды. Ол өзіне берілген жауынгерлермен оңтүстікке жылжып, Кабулды иеленді. 1512 жылы Бабыр әскерлері Самарқандты басып алды. Бірақ келесі жылы жеңіліп, кейін қайтты. Содан кейін Бабыр түркі тайпалары мен ауғандықтарды бастап Үндістан жерін жаулауға кірісті (1518 – 19, 1524 – 25). Ол кезде Үндістан бытыраңқы ел болатын. Оның солтүстік аймақтарында мұсылмандар билеген бірнеше мемлекеттер өмір сүрді. Өзара қырқыстағы билеушілер Бабырға сүйенбек болып, оны көмекке шақырды. Бабыр қолы 1526 жылы Панипат жазығында Ибраһим ІІ-ні, 1527 жылы раджпуттарды жеңіп, Пенджаб, Лахор, Дели, Агра жерлеріне ие болды. Сөйтіп, Бабыр және оның ұрпақтары Ауғанстанның тең жартысын, Үндістанның солтүстігін, орталық аймақтарын біріктіріп, ірі империя құрды. Олар Моғолстаннан шыққандықтан Үндістанда және Еуропада ұлы моғолдар деген атпен аталды. Моғол әулеті билеген кезеңде Үндістан әлемге әйгілі болды. Оның белгілі сұлтандары: Бабыр (1526 – 30), Құмайын (1530 – 56), Акбар (1556 – 1605), Жаһангер (1605 – 27), Жаһан шаһ (1627 – 58), Аурангзеб (1658 – 1707), Баһадүр шаһ (1707 – 12), Жаһандар шаһ (1712 – 13), Фаррух Сий-Сийяр (1713 – 19), Насыр әд-Дин Мұхаммед (1719 – 48), Ахмад шаһ Баһадүр (1748 – 54), Әзиз әд-Дин Аламгир ІІ (1754 – 59), Жәлел әд-Дин Әли Жауһар шаһ Алам (1759 – 1806), Акбар ІІ (1806 – 37), Сираж әд-Дин Баһадүр ІІ (1837 – 58). 18 ғасырдың ортасында ұлы моғолдар империясы ыдырай бастады. Ақырғы сұлтан Баһадүр ІІ Үндістан халқының ағылшындар үстемдігіне бағытталған көтерілісін басқарды. Көтеріліс басылған соң оның ұлдары ағылшындар қолынан қаза тапты, ал Баһадүр ІІ Бирмаға айдалып, сонда қайтыс болды. Ұлы моғолдар империясы — Үндістан аумағында өмір сүрген ірі мемлекет (1526 — 1858) Дели сұлтандығы ыдырағаннан кейін құрылған. Негізін Темір әулетінен шыққан Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр қалады. Бабыр мен оның ұрпақтары Моғолстаннан шыққандықтан үнділіктер (оларды “мухгал” деп атаған) мен еуропалықтарға Ұлы Моғолдар деген атпен белгілі болды. Ұ. М. и. барынша ұлғайған кезінде аумағы оңт-ндегі шағын князьдіктер мен патшалықтардан басқа Үндістан түбегін түгелге дерлік қамтыды. ## Астанасы . Бастапқыда Агра, соңынан Дели қалалары болды. ## Сұлтандық билік Сұлтандық билік мұрагерлік жолмен жүзеге асырылып, сұлтандар (шаїтар) шексіз билікке қол жеткізді. Олар бағындырылған аумақтарды өздері қойған билеушілер арқылы басқарды. ## Аймақтық бөлуi Ұлы моғолдар империясының құрамына кірген жерлер — субтарға (провинцияларға) бөлінді. Субтардың билеушілері сұлтанның вассалдары болып есептелді. Бабыр ұрпақтары ислам дінінің үстемдігін қалыптастыруға күш салып, басқаруды орталықтандыру және үнді раджалары мен көпестерін өз жағына тарту жолымен мемлекетін күшейтуге тырысты. Бағындырылған князьдіктер мен патшалықтар сұлтан қазынасына көптеген алым-салықтар (жан басы салығы — джизья, жерден түскен өнімнен заттай салық, қолөнершілерден, саудадан түскен пайдаға салынатын ақшалай салықтар мен төлемдер, т.б.) төлеп отырды. 16 — 17 ғ-ларда Ұ. М. и. Үндістанның қайта гүлденуіне қолайлы жағдай туғызды. Сауда өркендеп, қалалар гүлденді. ## Архитектура Үнді архитектурасына Орт. Азиядан енген мұсылман сәулет өнері үлкен әсер етті. Тәж-Махал сияқты ғажайып сәулет ескерткіштері салынды. Дегенмен, 17 ғ-да Үндістанға еур. сауда капиталының ене бастауы (португалдар, француздар,ағылшындар мен голландықтардың Ост-Үндістан компаниясы) ішкі және сыртқы сауданың өсуіне әсер етті, сондай-ақ жат жерліктердің Үндістанды экон. жағынан отарлай бастауына жол ашты. Жергілікті халықтың жағдайы нашарлап, өсімқорлық күшейді. Өсімқорлар шаруаларға жоғары пайызға қарыз ақша беріп, кіріптарлыққа түсірді.Тұрмыстың нашарлауы жергілікті халықтың наразылығын күшейтті. Жеке аймақтарда Ұлы Моғолдар үстемдігі мен жергілікті шонжарларға қарсы халық көтерілістері басталды. ## Тарих 17 — 18 ғ-лардағы мұндай көтерілістердің ең ірілері сикх сектасы жетекшілік рөл атқарған Пенджабтағы қала кедейлері мен шаруалардың көтерілісі, Аграның оңт.-батысындағы қолөнершілердің ең кедей топтары мен “кесепатшылар” кастасының өкілдерін біріктірген джаттар мен сатнами сектасының көтерілістері, сондай-ақ Шиваджидің басшылығымен болған моратхилер көтерілісі (17 ғ-дың 2-жартысы) болды. Моратхилер өз мемлекетін құрып, Шиваджиді мемлекет басшысы етіп тағайындады. Бірақ Шиваджи қайтыс болғаннан кейін Аурангзеб шаї моратхилердің мемлекетіне күйрете соққы берді. Биджапур, Голконда мемлекеттерін басып алып, іс жүзінде бүкіл Үндістанның билеушісіне айналды. Алайда көтеріліске шыққан халықтар мен бүлік жасаушы вассалдарға қарсы жүргізілген үздіксіз соғыстар Ұ. М. и-н әлсірете бастады. 1739 ж. Ираннан Надир-шах Афшар баса көктеп кіріп, Делиді алды. Ол қаланы тонап, сұлтан қазынасында сақтаулы тұрған орасан мол байлықты өзімен бірге алып кетті. 1747 ж. Ауғанстан билеушісі Ахмад шаї Дуррани Ұ. М. и-на қарсы жорық жасап, Пенджабты тартып алды. 1720 — 40 жылдар аралығында Ұлы Моғолдар Рохилкхандтағы, Бенгалия мен Декандағы биліктерінен айрылды. Моғол державасының әлсіреуін моратхи билеушілері пайдаланып кетті. Олар моғолдар билеген аудандардан алым-салық алып отыруға рұқсат беретін жарлыққа ие болды. Баладжи Баджи Рао (1740 — 61) пешва тұсында моратхилер Делиді басып алып, Пенджабқа шабуыл жасады. Пенджабты алу моратхилерді Ахмад шаї Дурранимен қақтығысқа түсірді. Ауғандармен соғыста моратхилер талқандалып, бірнеше дербес князьдіктерге бөлініп кетті. Ұ. М. и-ндағы тақ үшін үздіксіз соғыстар ағылшын және француз Ост-Үндістан компанияларына Үндістанды жаулап алуға қолайлы жағдай туғызды. Әли Жауїар шаї Аламның (1759 — 1806) кезінде ағылшындар Делиді басып алғаннан кейін (1803) Ұ. М. и. Ост-Үндістан компаниясына тәуелді болып қалды. ## Ciлтемелер : "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том ## Сілтемелер * Мұхаммед Шайбани * Бабыр * Дешті Қыпшақ ## Дереккөздер
Алмалы (1993 жылғы 7 қазанға дейін — Котельниково) — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы ауыл, Алмалы ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Чапаев ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 121 км-дей жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 1794 адам (888 ер адам және 906 әйел адам) болса, 2009 жылы 1571 адамды (788 ер адам және 783 әйел адам) құрады. ## Тарихы, инфрақұрылымы Бұрынғы кеңшар негізінде қайта құрылған Алмалы кооперативі жұмыс істейді. Ауылда орта мектеп, емхана, клуб т.б. мекемелер бар. Тұрғындары аудан орталығымен және елді мекендермен автомбиль жолы арқылы қатынасады. ## Ауыл көшелері * А. Иманов көшесі * Абай көшесі * Абылай хан көшесі * Ә. Молдағұлова көшесі * Бейбітшілік көшесі * Жамбыл көшесі * Жеңіс көшесі * Құрманғазы көшесі * М. Мәметова көшесі * М. Өтемісов көшесі * С. Датұлы көшесі * Т. Масин көшесі * Тың көтеру көшесі ## Дереккөздер
Баймен Алманов (1896, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы — 1943) — Қазақстандағы кеңес құрылысына белсене қатысушы. Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген (1916). 1917 жылы күзінде Торғай облысының комиссары тарапынан қуғынға ұшырады. 1918 — 20 жылдары қызыл партизандар отряды командирлерінің бірі, Ырғыз коммунистерінің жетекшісі, уездік ревком төрағасы болды. 1920 — 21 жылдары Қазақ АКСР Кеңестерінің 1 және 2-съездерінде Алманов ОАК-нің хатшысы болып сайланды, Қазақстанның Түркістан АКСР-і ОАК-дегі өкілетті өкілі болды. 1922 — 23 жылдары Адай ревкомының төрағасы қызметін атқарды. Адай — түрікпен дау-таластарын реттеуге, Қазақстан шекарасын межелеуге белсене араласты. Алманов Алашорда қайраткерлеріне қарсы жүргізілген саяси науқандарға қатысты. 1931 жылы бастап Қазақ педагогикалық институтының және ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры болды, ғылыми-педагогикалық және шаруашылық қызметтер атқарды. ## Дереккөздер
Арминий Вамбери немесе Германн Вамбергер (маж: Vámbéry Ármin; нем: Hermann Wamberger; 13 наурыз 1832 жыл – 15 қыркүйек 1913 жыл) — мажар ғалым, түркітанушысы, этнограф, саяхатшы. Прага университеті жанындағы Шығыс тілдері мен әдебиетінің профессоры. 20-дан астам Еуропа және шығыс тілдерін меңгерген. Вамбери 1863 ж. мұсылман қажы кейпінде Ираннан Орталық Азияға саяхат жасады. Бұл сапары туралы жазған еңбектерінде (“Орталық Азияға саяхат”, 1865; “Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі Бұхара немесе Транссаксония тарихы”, 1873, т.б.) Вамбери 19 ғ-дың 60-жылдарындағы Орталық Азия халықтарының тұрмысы, мәдениеті, тарихы, экономикасы, сол өңірдің география жағдайы жөнінде құнды мәліметтер берген. Вамберидің шағатай, ұйғыр тілдері, түрік-татар және финн-угор лексикографиясы жайында жазған шығармаларының ғылыми құндылығы жоғары бағаланады. ## Дереккөздер
Камал Бошаев (17.11.1910, Қарағанды облысы Шет ауданы) — әскери қайраткер, генерал-майор (1965). Қарқаралы педтехникумын (1931), КазПИ-ді (1940), Әскери-саяси академияны бітірген. Арғын тайпасы, Қаракесек руының Керней бұтағынан шыққан. 1940 — 42 жылдары Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, Шымкент облысы партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1942 жылы майданға жіберіліп, Курск доғасы, Днепр өзені бойындағы, Польша жеріндегі шайқастарға және Берлин операциясына қатынасты. Соғыстан кейін 7-гвардиялық атқыштар бригадасында насихат жөніндегі аға нұсқаушы, ал 1948 жылдан Қазақ КСР-і әскери комиссариатында басшы қызметтерде болды. 1951 — 71 жылы республикалық ДОСААФ комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1971 жылы құрметті демалысқа шықты. Бірнеше орден, медальдермен марапатталған. ## Дереккөздер
Бұрхан Шағиди (3 қазан 1894 жыл, Ақсу аулы, Тетеш ауданы, Қазан губерниясы — 1989, Бейжің, Қытай) — қоғам қайраткері, ғалым. Бұрхан 1912 жылы Үрімжі қаласына қоныс аударып, Қытай азаматтығын қабылдады (1914). 1929—1933 жылдары Берлин университетінің саяси экономика факультетінде оқыды. Найман тайпасының Қызай руынан шыққан. ## Өмірбаян 1934 жылы «Шыңжаңда империяға қарсы тұру» қоғамы бұқаралық басқармасы төрағасының орынбасары, 1937 жылы Қытайдың Зайсан қаласындағы консулы болды. 1938 жылы Шэн Ши Сай үкіметі тарапынан қамауға алынып, 1944 жылға дейін түрмеде отырды. 1945 жылы Үрімжі аймағының уәлиі, Шыңжаң өлкелік бірлескен үкімет төрағасының орынбасары, 1947 жылы қыркүйекте Гоминдан үкіметінің алқа мүшесі болып тағайындалды. 1949 жылы Шыңжаң өлкелік үкіметінің төрағасы, Шыңжаң университетінің ректоры болды. Бұрхан Чан Кайши тобының Ішкі Қытайдағы жеңілісіне байланысты өлкелік үкіметтің барлық алқа мүшелерін Қытай коммунистеріне бейбіт берілуге үндеді (1949, 26 қыркүйек). 1953 жылы Қытай Халық саяси мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары, Қытайдағы мұсылмандар қоғамының, Араб–Қытай достық қоғамының төрағасы, 1955 жылы ҚХР Ғылым Академиясының академигі, оның аз ұлттар тілін зерттеу ин-тының директоры болды. 1966 жылы Қытайдағы “мәдени революция” кезінде қуғынға ұшырап, 1978 жылы ақталды. Кейін Қытай Халық саяси мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, түркі тілдерін, ислам дінін зерттеу қоғамдарына төрағалық етті. Бұрхан орыс, араб, неміс, қытай, ұйғыр тілдерін жақсы меңгерген. Ұйғырша–қытайша — орысша сөздік шығарған. ## Дереккөздер
Бұршақбай тамы — сәулет өнері ескерткіші (1867). Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылының солтүстік-шығысына қарай 5 км жерде. Ескерткішті бірінші рет 1987 жылы Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтының Батыс Қазақстан этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.Е.Әжіғалиев) зерттеген. Кесене 9,50х9,50 шаршы метрлі төртқырлы пирамида тәрізді күмбезді ғимарат. Ішке енетін ойық батыстан оңтүстікке қарай 20 градус қиғаш доғалдана салынған. Бұл бөлік алғашында шағын портал-қалқамен безендіріліп, ғимарат бұрыштары мұнараға ұқсастырылып бекітілген. Кесене саман араластырылып саздан құйылған 7 — 8 х 17 — 18 х 34 — 35 см көлемдегі шикі кірпіштен тұрғызылған. Сақталған бөлігінің ең жоғары биіктігі 5,20 м. Ішкі жағында кесене қабырғаларының әрқайсысы жарты шар тектес үш-үштен тайыздау қуыстармен өрнектелген. Бөлменің ішінде шикі кірпіштен шығыстан батысқа қарай созылған “сағана” тәрізді баспалдақты қабіртастың қалдығы байқалады. Осы бойда батыс қабырғаның сыртына құлпытас қойылған. Қазір солтүстік-шығысқа қарай қисайып кеткен бұл құлпытас көпқатарлы қазақ құлпытастарының сәнді-мүсіндік түріне жатады. Бұршақбай тамы 19 ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың тұрғын үй құрылысының белгілері байқалатын және тас қашау өнерінің, эпиграфиканың іздері сақталған ескерткіш. ## Дереккөздер ## Сыртқы сілтемелер * Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы
Бұртас - Еділдің екі жағалауын (шамамен қазіргі Сызраньнан Волгоградқа дейін) 5 —11 ғасырларда қоныстанған тайпалық құрылым. Бұртастар туралы мәліметтер 10 ғасырда осы өңірге келген араб саяхатшыларының еңбектерінде, ал 13 ғасырдан бастап орыс тіліндегі жазбаларда кездеседі. Олар егін, мал шаруашылығымен, аң терілерін сатумен айналысқан. Бұртастың этникалық құрылымы әлі күнге дейін анықталмаған. 7 ғасырда Бұртас тайпасы Еділ бұлғарлары мен бесенелердің (печенегтердің) шапқыншылығына қарсы он мыңға жуық салт атты әскер шығарған. 7 ғасырдың аяғында Хазар қағанатының билігінде, ал 10 ғасырдың аяғында Киев Русіне тәуелді болған. 14 ғасырда қыпшақтар келгеннен кейін, өздерінің этникалық бейнесін жоғалтқан. Мешерлер мен мордвалар мәдениетінің қалыптасуына Бұртас мәдениеті ықпал етті деген жорамал бар. ## Дереккөздер
Шәркей, шақай, шоқай — көннен жасалынған қарабайыр аяқ киім. Оны тау шөгінділерімен жүргенде аңшы, құсшылар және шаруашылықпен айналысатын егіншілер етік сыртынан киген, нәтижесінде ол аяқ киімді тез тозудан сақтаған. Ол шала иленген көн “шылғи“ теріден жасалынады, өкшесі мен қонышы болмайды, табанына киіз ұлтарақ салынады. Теріні аяққа шақтап орап не бүре отырып, қалыптап байпақ басына тарылтып “науалап“ жасайды, бауын өкше жағынан шығарады. Аяқ киімге орналастыруды “Шәркей тарту“ деп атайды. Бұл киімді оңтүстік өңірлерде “шақай“, Арал аймағында “шарық“, Көкшетауда “шәрке“, Семейде “шәркей“, Қостанай мен Ақтөбеде “шабата“ (Орынбор қазақтары жөкеден тоқылған аяқ киімді осылай дейді) деп те атайды. Зерттеушілердің айтуынша жұмыс аяқ киіміне саналатын Ш-дің сұқпай (сәркей), көн шабата, сірі шоқай, қайыс етік, шөпшөр, шепік, мөкі кебіс, т.б. түрлері болған. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Бұрма — Қарағанды облысы Шет ауданындағы ауыл, Бұрма ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Бұғылы тауының етегiнде, аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылынан солтүстiк-батысқа қарай 64 км-дей жерде, темiр жол бойында орналасқан. ## Тарихы Іргесі 1957 жылы қаланған. Округ аумағында өткен ғасырдың 1940-57 жылдары аралығында «Карлаг»-тың бөлімшелері орналасты. 1957-90 жылдары Бұрма кеңшарының және ауылдық кеңестiң орталығы болды. Шаруашылығының мамандандырылған негiзгi бағыттары – көкөнiс өсiру, қосымша саласы – сүттi iрi қара өсiру. Жерiнiң жалпы аумағы 124 мың га. Кеңшар негiзiнде 57 шаруа қожалығы құрылған (2006). ## Халқы ## Инфрақұрылымы Округтің елді мекендерінде (Бұрма, Мұхтар ауылдары ) 2 мектеп, отбасылық дәрігерлік амбулатория, ФАП, клуб, кiтапхана бар. Ауыл басқа елдi мекендермен автомобиль жолдары арқылы байланысады. Ең жақын Сәкен Сейфуллин темір жол бекеті 12 км жерде. ## Дереккөздер
Бұрғылау мұнарасы - бұрғылау аспабын, кен орнындағы қозғалтқыштарды, сондай-ақ жалғастырма құбырларды түсіруге және көтеруге арналған ұңғыма үстінен орнатылған көтергіш құралым (әдетте, металл құралымнан тұрады). Бұрғылау мұнарасы көтеріп-түсіру операцияларын механикаландыруға арналған құралдармен (полиспаст) және бұрғылау құбырларын орнатуға арналған кассетамен жабдықталады. Бұрғылау мұнарасының биіктігі 9 м-ден 60 м-ге дейін болады. Бұрғылау мұнарасы қиық пирамида (мұнара тәрізді) не пішіні А тәрізді болып жасалады. Басқа орынға көшіру үшін бұрғылау мұнарасы трактормен сүйретіледі не ол жеке тораптарға бөлшектеліп, жаңа орында қайта құрастырылады. ## Дереккөздер
Ескі Иқан — Түркістан облысы Сауран ауданындағы ауыл, Ескі Иқан ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Шорнақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 45 км-дей жерде, Арыс-Түркістан каналының оң жағалауындағы эфемерлі жусаны басым, баялыш, күйреуік өскен сұр қоңыр және шалғынды сұр топырақты шөлейт белдемде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1963 жылы осы маңда мақта шаруашылығын дамытуға орай 23-партсъезі атындағы кеңшарды құруға байланысты қаланған. Оның негізінде 1997 жылдан Ескі Иқанда мақта шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары және бірнеше өндірістік кооперативтер мен серіктестіктер жұмыс істейді. ## Инфрақұрылымы 2 орта мектеп, кітапхана, клуб, стадион, аурухана, т.б. мекемелер бар. Ескі Иқан арқылы Шымкент-Түркістан автомобиль магистралі өтеді. ## Тағы қараңыз * Иқан шайқасы ## Дереккөздер
Исағали Шәріпов (15.1.1905, қазіргі Астрахан облысы Марфинск ауданы Долгое ауылы — 24.2. 1976, Мәскеу қаласы) — саяси қайраткер. Астрахан губерния кеңес-партия мектебін (1925), Шығыс халықтары еңбекшілерінің Коммунистік ун-тін (1932) бітірген. 1921 — 1924 ж. Астрахан губерния, Красноярск у-нде кеңес қызметкері, облыстық комсомол к-тінің хатшысы, 1926 — 1929 ж. Астрахан губ. партия к-ті жанындағы қазақ бөлімінің жауапты хатшысы, 1932 — 1934 ж. Оңтүстік Қазақстан облысындағы “Мақтаарал” кеңшарында насихатшылар тобының жетекшісі, 1934 — 1937 ж. Ақмола (қазіргі Астана) қаласындағы Жоғары ауыл шаруашылқ мектебінде бөлім, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерін атқарды. 1938 — 1939 ж. Семей облысы атқару к-тінің төрағасы, 1939 — 1953 ж. Қазақ КСР-і Мин. Кеңесі төрағасының орынбасары әрі 1941 — 1945 ж. және 1956 — 1961 ж. КСРО Мин. Кеңесі жанындағы Қазақ КСР-і Мин. Кеңесінің тұрақты өкілі болды. 1953 ж. Алматы қалалық атқару к-тінің төрағасы, 1954 — 1956 ж. Қазақ республикалық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы, 1961 — 1965 ж. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерінде болып, республиканың жан-жақты дамуында өзіндік рөл атқарды. Шәріпов 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том.
Муратов (Малинский) Яков Яковлевич (17.12.1890, Одесса – 26.7.1979, Алматы) – орыс актері. Қазақстанның халық артисі. (1957), Башқұрт АКСР-інің еңбек сіңген артисі (1946). 1908 ж. Одесса қаласындағы театр студиясын бітірді. М.М. Радин және М.С. Нароков сынды өнер шеберлерінен сабақ алды. 1953 – 60 ж. Қазақстанның Балалар және жасөспірімдер театрының орыс труппасында қызмет етті. Драмалық және комедиялық рөлдерде бірдей өнер көрсетіп, көркемсөз оқумен де шұғылданды. 1930 жылдан киноға түсіп, спектакльдер қойды. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Буын жазуы — жазудың бір түрі. Буын жазуында таңба буынды белгілейді, яғни сөз құрамындағы әрбір буын графикалық таңбалармен беріледі. Бұған жапон, үнді жазулары жатады. Буын таңбалары әуелде бір буынды сөздерді белгілеген идеограммалардан жасалған. Буын жазуын таңбаларының фонетиклық мағынасы жағынан үш түрге бөліп қарауға болады: 1) ассиро-вавилон, элам, урарт, сына, майя, дыбыстық корей жазуы. Жазудың бұл жүйелерінде таңбалар кез келген буынды, буынның мына түрлерін белгілейтін болған А (дауысты) +С (дауыссыз), С+А, С+А+С; майя жазуында сөз соңындағы дауыссыздарды да белгілеген; 2) крит-микен, кипр, эфиопия және жапон Буын жазуылары. Мұнда таңбалар тек дара дауыстыларды және дауыссыздардың тіркесі мен белгілі бір дауыстының қосындысын белгілейді; 3) үнді жазуының әр түрлі жүйелері (кхарошти, брахми, т.б.). Бұларда таңбалар жеке-дара дауыстыларды (“а”), дауыссыз бен дауыстының қосындысын (“ка”) белгілейді. Жазудың буын жүйесі шығу тегі жағынан да үш топқа бөлінеді: а) логографиялық жазудың даму барысында жасалған крит, майя, кипр Буын жазуылары; ә) Эфиопия, үнді (брахми, кхарошти, т.б.) Буын жазуылары; б) жапон буын жазуы мен лигатуралы-дыбыстық жазу жүйесі (корейлік кунмун). Буын жазуы оқытуға, үйренуге, қолдануға ыңғайлы болды. Себебі таңбалардың саны аз, ықшам еді (35 — 40-тан бастап 200-ге дейін жетеді). Буын жазуы сөзді, тілді, әсіресе, оның фонетикалық дыбысталуын (фонетикалық транскрипцияға жақын) дәл көрсетуге әрі сөздің граммат. формаларын беруге қолайлы. Біртіндеп қоғамның даму барысында неше түрлі жазулар пайда болды: силлабикалық, әріптік, дыбыстық, финикий, арамей, грек, т.б. Римдіктер грек әліпбиін өз тіліне сәйкестендіріп өңдеді де, латын әліпбиін жасады. Бұл әліпби француз, ағылшын, неміс, швед, чех, поляк, испандықтарға, т.б. тарады. Славян халықтарының кейбіреулері грек әліпбиінің негізінде глаголица және кириллица әліпбиін жасады. Халықтың өсу, даму тарихына, мәдениетіне байланысты оның жазуы да өзгеріп, жетіліп отырады. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Айюб әулеті — Таяу Шығыстағы билеушілер әулеті. Мысырда Фатима әулеті биліктен кеткеннен кейін Айюб ибн Шадидің баласы Салах ад-Дин негізін салған (1170). Айюб әулетінің ұрпақтары Мысырды (1171 — 1250), Дамаскіні (1186 — 1260), Халебті (1186 — 1260), Хамды (1178 — 1341), Хомсты (1178 — 1262), Месопотамияны (1200 — 45), Оңтүстік Арабстанды (1173 — 1223) биледі. Салах ад-Дин өлген соң іштей бақталастық, мамлүктердің ереуілдері, ішкі экономика байланыстың әлсіздігі салдарынан мемлекет ахуалы бірте-бірте құлдырап, Айюб әулетінің билігі жойылды. ## Сілтемелер * Қазақ энциклопедиясы, 1-том
Мурзабекова (Мырзабекова) Тұрсын (30.12.1914, Алматы – 6.6.1996, сонда) – тарих ғылымының кандидаты (1956), доцент, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі. Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ректор, Қазақ қыздар педагогикалық институтының алғашқы ректоры. Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1933). 1933 – 43 ж. оқытушылық қызметте, 1943 – 45 ж. Шымкент қалалық атқару комитетінде, 1945 – 59 ж. Қазақ қыздар педагогикалық институтында (ректор), 1959 – 78 ж. ҚазМУ-де педагогтік қызмет атқарған. Қазақ қыздар педагогикалық институтында ректор бола жүріп, осында білім алатын қыз балалардың білім, тәрбиесімен қатар олардың тұрмыс-жағдайын реттеу мақсатында жатақхана мен оқу корпустарын салуды, тегін тамақтануды ұйымдастырған. Институтқа Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалаларынан көптеген кітаптар, энциклопедиялар алғызып, кітапхана, химиялық лаборатория ұйымдастыруға атсалысқан. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен және медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
1. d2-d4 d7-d5 2. c2-c4 e7-e6 3. 3.Кg1-f3 Кg8-f6 4.Кb1-c3 Bf8-b4 жүрістерімен басталатын Рагозин қорғанысы — дебют, жабық бастамалаға жатады. Әйгілі кеңестік шахматшы Вячеслав Рагозиннгың құрметіне аталған. Қорғаныстың негізгі ойы - e6-e5 босататын қозғалысты дайындап, өткізу және орталықпен патша жағындаға флангыде фигуралық ойынды ұйымдастыру. Григорий Серпердің, Варужан Акопянның, Алексей Александровтың, Татьяна Косинцеваның және басқа шахматистшылардың дебюттік репертуарына кіреді. ## Дереккөздер * Рагозин қорғанысы chess.com
Бұрғыбас, кен бұрғылауда — ұңғыма бұрғылау кезінде тау жыныстарын кесіп, опырып, үгіп, күйретіп бұзатын негізгі аспап. Бұрғылау тәсіліне, ұңғыма кенжарының қазылу түріне, тау жыныстарының қаттылығына қарай Бұрғыбас бірнеше түрге бөлінеді. Кенжарды әдетте жаппай және сақина тәрізді етіп бұрғылайды. Жаппай бұрғылауға арналған бұрғы қашау (долото), ал сақиналы кенжармен бұрғылауға қолданылатын аспап бұрғыбас (коронка) деп аталады. Олардың түрі, құрылысы, өлшемдері бұрғыланатын тау жыныстарының физикалық-механикалық қасиетіне байланысты. Кенжарды айналдыра бұрғылау үшін “балық құйрық” қашау, крест қашау, тісті доңғалақты (шарошкалы) қашау, найза бұрғы және арнаулы алмас Бұрғыбастар қолданылса, айналсоқ бұрғылауда сына тәрізді және табаны қырланған әр түрлі ұштары бар қашаулар қолданылады. Қашаулардың негізгі диаметрі 46 мм-ден 490 мм-ге, ал шахта оқпанын бұрғылағанда 2 — 5 м-ге жетеді. Материалына және бұрғылау тәсіліне қарай Бұрғыбастар алмасты, қатты қорытпалы, бытыралы болып бөлінеді. Алмас Бұрғыбастардың бір қабатты, қос қабатты, көп қабатты және импрегнирленген түрлері бар. Бір қабатты Бұрғыбастар сапалы әрі ірі алмастармен нақышталып, қаттылығы орташа тау жыныстарын бұрғылауға қолданылады, қатты тау жыныстарын көп қабатты немесе импрегнирленген Бұрғыбастармен бұрғылайды. Геологиялық барлау жұмыстарында диаметрі 36, 46, 59, 76, 93 мм алмас бұрғыбастар пайдаланылады. Қатты қорытпалы Бұрғыбастар ірі кескішті, ұсақ кескішті және өздігінен ұсақталатын болып бөлінеді. Бытыралы Бұрғыбас — бір жағында бұранда қазнаға, екінші жағында бытыра және кенжар жууға қажет сұйық өтетін тілігі бар цилиндр тәрізді аспап. Ол өте қатты тау жыныстарын бұрғылауға пайдаланылады. Бұрғыбастың диаметрі 75, 90, 110, 130, 150 мм, ұзындығы 500 мм, қалыңдығы 7 — 12 мм. ## Дереккөздер Қазақ энцклопедиясы II том
Бұғана (clavіcula) — иық белдеуін құрайтын сүйектің бірі. Адамда Бұғананың (ұзындығы 12 — 15 см) бір ұшы жауырын басымен жалғасады, оның сүйек болып қалыптасуы 16 — 20 жас аралығына келеді. Ал толықтай адам денесімен бітісіп кетуі 20 — 25 жаста аяқталады. Бұғана жануарлардың эволюциялық даму сатысында алғаш рет сүйекті балықтарда пайда болады. Тұяқты сүтқоректілерде және ет қоректі жануарларда Бұғана шала дамиды не мүлдем болмайды. Қазақ малдың бірінші кеуде қабырғасын Бұғана немесе Бұғана қабырға деп атайды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Бұғра — Орта Азияда, Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда және Шығыс Түркістанда билік құрған яғма тайпасынан тараған Қарахан әулеті билеушілерінің жалпы лауазымы. Яғма шігіл тайпаларының ұрпағы екен. Аңыз бойынша, оны түйе майымен тамақтандырыпты. Олар түйені қасиетті жануар деп біліп, осы тайпадан шыққан билеушілердің өз атына Бұғра лауазымын қосып айтатын болған. Қарахан әулетінің Бұғра хандар тармағының негізін салушы — Сатұқ Бұғра хан Абд әл-Керим. Ол ислам дінін қабылдап, оны өз мемлекетіне таратқан. Немересі Бұғра хан Харун ибн Мұса 10 ғасырдың аяғында Мауераннахрды жаулап алады. Тараз бен Испиджабты билеген Бұғра хан Мұхаммед ибн Жүсіптің және Қашғарды билеген Бұғра хан Харунның (Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білік” дастаны осыған арналып жазылды) есімдері де белгілі. Бұғра хандар астаналарының бірі Баласағұн болды. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Есқожа — қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, ұлы жүз құрамындағы шапырашты тайпасынан таратылады. Шапыраштыдан малды, екей, еміл рулары тарайды. Емілден таралатын Жайық пен Есқожа жасынан батырлығымен аты шыққан қолбасшы, көріпкел абыз болған. Есқожадан — Алысай, Алтынай, Шуаш аталары тарайды. Есқожа руынан Қарасай, Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек, Кәпике, Қараш, Кастек, Бәйтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Саурық, Сұраншы сияқты батырлар, атақты билер, шешендер шыққан. Ұраны — Қарасай, таңбасы — Ай, тұмар (Шапырашты таңбасымен бірдей). ## Тұлғалар * Нұрсұлтан Назарбаев * Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева * Динара Нұрсұлтанқызы Құлыбаева * Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева ## Сілтемелер «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, III том
Бұраубас (лат. Myospalax myospalax) — аламан тәрізділер тұқымдасына жататын тышқан. Қазақстанның солтүстік аймақтарында (Оңтүстік Алтайда, Тарбағатайда, Шыңғыстауда) кездеседі. Дене тұрқы 20 — 25 см-дей, көзі кішкентай, құлақ қалқаны жоқ, құйрығы қысқа (52 мм-дей). Алдыңғы аяқтары жер қазуға бейімделген, тырнақтары икемді келеді. Топырақ арасында ін қазып тіршілік етеді, жер бетіне сирек шығады. Қысқа қор жинап алады. Өсімдіктің тамырын, тамыр сабағын, баданасын жейді. Жылына 1 рет (2 — 5-тен) балалайды. Терісі үшін ауланады, бірақ кәсіптік маңызы жоқ. Кей жағдайда жерді қазып тастап, зиян да келтіреді. ## Дереккөздер
Шәріпова Нәдия Әбдірахманқызы (11.11.1931, Алматы — 11.2.2006, сонда) — әнші (меццо-сопрано), педагог, Қазақстанның халық артисі (1997). Ұлты — татар. 1957 ж. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Шәріпова ән орындауда өзінің жоғары кәсіби шеберлігімен ерекше көзге түсті. Оның репертуарынан қазақ әндерімен (“Ақдариға”, “Айттым сәлем, қаламқас”, “Алқоңыр”, “Ғашығым”, “Қараторғай”, “Майра”, “Назқоңыр”, т.б.) қатар орыс, итальян, т.б. елдердің ескілікті классик. музыкалық туындылары, сондай-ақ халық әндері де елеулі орын алды. Орындаған таңдаулы партиялары қатарында Евфросинья (Д.Б. Кабалевский, “Тарастың отбасы”), Ольга (П.И.Чайковский, “Евгений Онегин”), Орфей (К.В. Глюк, “Орфей мен Эвридика”), Лола (П.Масканьи, “Село намысы”), т.б. бар. Оның есімі республикада камералық-концерттік шығарм-тың үздік үлгілерін шебер орындаушы әрі насихаттаушы ретінде де кең танылды. Шәріпова кезінде радио мен телевизия арқылы Қазақстан композиторларының шығармаларын насихаттау ісіне белсене қатысты. 1958 жылдан педогогялық қызметпен шұғылданған: Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ән кафедрасы бойынша педагог, вокалдық-хор ф-тінің деканы (1976 — 1996), проф. (1981) болып, маман әншілерді тәрбиелеу ісінде аса елеулі еңбек сіңірді. Шәріпованың шәкірттері: Ә.Дінішев, Р.Жұбатұрова, П.К. Кесоглу, А.Yмбетәлиев, Е.Хасанғалиев, Л.В. Дороховская, В.В. Ли, А.Оспанова, Б.Сәмединова, Қ.Шойынбаев, т.б. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған. ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова (1931 жылы 31 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданында туған) — көрнекті театр актрисасы. Қазақ КСРнің xалық артисі (1966). Отан, Құрмет белгісі және Халықтар достығы ордендерінің иегері. ҚР мемлекеттік стипендиясының лауреаты. ## Өмірбаяны 1948 жылы Алматы театр училищесін бітірді. Сол жылдан бастап "Қазақфильм" студиясында және Қазақ радиосында қызмет етіп, дубляж бен радиоқойылымдарға қатысты. 1953ж. М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет ететін, актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады. ## Театрде ойнаған рольдері Қазақ мемлекеттік академия драма театрыда алғаш ойнаған рөлдерінің бірі — Ә.Әбішевтің “Кім менің әкем?” атты драмасындағы Лағыл (1957). Бұдан кейін Ақтоқты (Ғ.Мүсірепов, “Ақан Сері - Ақтоқты”), Айман (М.Әуезов, "Айман - Шолпан"), Айжан (С.Мұқанов, "Шоқан Уәлиханов"), Дездемона ([[Шекспир|У.Шекспир, "Отелло") сияқты арулар бейнесін жасап, лирикалық сезім-бояуы мол актриса екенін танытты. Әсіресе, Шәріпованың шығармалық өнер ғұмырнамасында Қарагөз (Әуезов, “Қарагөз”) рөлі үлкен орын алады. Бұл рөлі арқылы актриса жас ару Қарагөздің борыш пен сезім арасындағы аласұрған жан қайғысы мен трагедиялық тағдырын психологиялық-эмоциялық тұрғыдан зор шеберлікпен ашып, ұмытылмас толыққанды сахналық бейне жасады. Шәріпова драмалық, өткір мінезді, комедиялық рөлдерде де ойнап, өзінің сан қырлы сахна суреткері екенін байқатты: Қарлығаш (Әуезов пен Л.С. Соболев, "Абай"), Дәмеш (Ә.Тәжібаев, "Көңілдестер"; Ш.Хұсайынов, "Қилы-қилы тағдырлар"), Нұрсұлу (Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаев, "Беу қыздар-ай" мен "Ой, жігіттер-ой"), Пүліш (Б.Майлин, “Майдан”), Ажар, Валентина Николаевна (С.Жүнісов, “Ажар мен ажал” және “Кемеңгерлер мен көлеңкелер”), Айша (Т.Ахтанов, “Сәуле”), Назгүл, Гүлзар, Фариза (Әбішев, “Күншілдік”, “Белгісіз батыр” мен “Кәусар”), Бикеш (Қ.Мұқашев, “Парторг”), Айнаш (Ш.Құмарова, “Кімнің тойы?”), т.б. Ш. әрбір рөлімен өзіне тән әдемі де әрлі, баурап алар тартымды, ашық та айқын дикциясы, әсерлі де әуезді әншілік пен эмоц. тебіреніске толы дауыс үні мен пластик. қимыл-әрекеті арқылы көркем сахналық бейнелерді шынайы кескіндеді. ТМД және шет ел драматургиясының туындылары бойынша қойылған спектакльдерде де ерекше көзге түсті: Саттыхан, Бахри (С.Ахмад, “Келіндер көтерілісі” мен “Күйеу”), Үкібала (Ш.Айтматов, “Ғасырдан да ұзақ күн”), Эллен (И.П. Куприянов, “Вьетнам жұлдызы”), Каплан (А.Я. Каплер, “Ленин 1918 жылы”), Ганна (А.А. Дударев, “Кеш”), Елена (А.М. Горький, “Күннен туғандар”), Анита (В. Дельмар, “Өкінішті өмір”), Әкім әйел (Ф.Эрве, “Түлкі бикеш”), т.б. Кезінде ол көптеген дубляжға және радиоқойылымдарға қатысып, көркем сөз оқумен де (Әуезов, Мүсірепов, С.Сейфуллин, т.б. жазушылардың шығармалары) шұғылданды. ## Кино рөлдері Нұржамал (“Өжет қыз”, 1955), Дина (“Біз осында тұрамыз”, 1957), Хадиша (“Өмір жолы”, 1961), Прокурор (“Шыңдағы шынар”, 1965), Қарлығаш (“Абай” телефильмі, 1976), Бәлзия (“Заман-ай”, 1997), т.б. 1958 ж. Мәскеу қ-нда өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. ## Марапаттары * 1959 жылы "Қазақ ССРның еңбек сіңірген артисі" * 1966 жылы "Қазақ ССРның Халық артисі" құрметті атақтары берілді. * 1959 жылы "Құрмет белгісі" ордені * 1981 жылы "Халықтар достығы" ордені * 2005 жылы ҚР тұңғыш президентінің жарлығы бойынша ең жоғарғы «Отан ордені» мен марапатталған. * Бірнеше дүркін Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің "Құрмет" грамоталары мен марапатталған. * Көптеген медальдардың иегері. * 2016 жылы ҚР тұңғыш президенті - Елбасының мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері. ## Дереккөздер
Бұратана халық басқармасы - Шығыс Сібірдегі бурят, саха (якут), хакас халықтарын басқару үшін 1822 жылы 22 шілдеде құрылған әкімшілік-шаруашылық мекеме. Әрбір бұратана халық басқармасы бірнеше қонысты қамтыды. Ол округ бастығының бұйрық-жарлығы мен сот үкімін орындап, елден алым-салықтар жинады. Басқарма мүшелігіне жергілікті халық өкілдері де сайланып, оның құрамын генерал-губернатор түпкілікті бекітті. Негізінен Ресей өкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыруға қызмет етті. 1901 жылы бұратана халық басқармасы болыстық басқармамен алмастырылды. ## Дереккөздер Қазақ энцклопедиясы II Том
Ботқа — дәнді дақылдарды суда қайнатып жасалатын тағам. Ботқа жасалатын дәнді дақылдарға: күріш, бидай, жүгері, қарақұмық, лобия, ноқат, т.б. жатады. Ботқаның басқа тағамдардан ерекшелігі — оның бір немесе бірнеше дән түрлерінің қою қайнатындысынан дайындалатындығында. Қазақтың дәстүрлі тағамында кең қолданылатын Ботқа түрі — тары дәнінен жасалады. Ботқа дайындау үшін қазанға 2 л су құйып, қайнаған соң бір кесе сөк салады. Татымына қарай тұз қосылады.Нормалардың үлес салмағына қарай ботқаның сұйық, жабысқақ және сусымалы түрлері болады. * Сұйық және жабысқақ ботқаларды көбіне тары (сөк), күріш, сұлы жармасын, ұнтақ манный, өңделген қарақұмық, геркулес т. б. жармалардан суға, сүтке пісіреді. Бұл ботқаларды өз алдына жеке тамақ ретінде жеуге болады. Жабысқақ ботқаларды сонымен бірге жарма котлет, биточки, запеканка жасау үшін пайдаланады. * Сусымалы ботқаларды суға немесе сорпаға қайнатыл пісіреді, оны уатылмаған жармалардан (кесек жарма, күріш, тары т. б.) пісірген тиімді. Сусымалы ботқаны өз алдына тамақ ретінде жеуге де, сондай-ақ еттен жасалған тағамдарға гарнир ретінде қосып беруге де болады. Пісірілген балыққа сусымалы күріш ботқасын, қуырылған балыққа сусымалы қарақұмық ботқасын қосып береді. Қалған балық тағамдарына жармалан пісірілген гарнир сирек қолданылады. Сусымалы ботқаларды бәліш, самса, орама ет және зразыға қосады, үй құстарын, торайлы тұтастай пісіргенде ішіне салады. Палау бастыру үшін де күрішті сусымалы етіп пісіреді. ## Дереккөздер
Бұғұт жазба ескерткіші — 6 — 8 ғасырлардағы көне түркі жазба мәтіні. Моңғолияның Архангай аймағы, Бұғұт елді мекенінің батысына қарай 10 км жердегі Ханиугол өзенінің аңғарынан табылған. Бұғұт жазба ескерткіші көне түркі қорымындағы 270-тен астам балбал тастардың бірінде қашалған. 1956 жылы қорымды алғаш зерттеген моңғол археологы Дж. Доржсурэн бұл балбалды Архангай аймақтық музейіне тапсырған. 1968 жылы Б. Ринчен фотокөшірмелерді саралай отырып, балбалдың екі бетіндегі жазу ұйғыр жазуы деген пікір білдірді. Сол жылы С. Кляшторный Бұғұт жазба ескерткішінің фотокөшірмелерін жарыққа шығарды. Бұғұт жазба ескерткішіндегі кейбір сөздер сол кезде түркілер арасына буддизм ілімінің тарай бастағанын көрсетеді. Фотокөшірмені зерттеген В.А. Лившиц ескерткіштің сол, оң қапталдары мен бет жағында соғды жазуымен, ал арқа жағында брахми жазуымен берілген түркі мәтіндерін анықтады. Бұғұт жазба ескерткішінің мәтіні уақыт әсерінен біршама бүлінген. Мәні анықталған сөздерге қарағанда, Бұғұт жазба ескерткіші 691 — 742 жылы Екінші Түрік қағанаты тұсындағы тарихи оқиғаларға бағышталса керек. Балбал тастағы жазуда “Түрк їақаны Ниуар їақан.., Маїан Тегін тәңірі жеріне кеткеннен соң... Тышқан жылында” тәрізді жолдар кездеседі. Онда түркілердің байырғы сөздік қорына тән “таркан” — тархан, бек, “курт” — әскер, бөрі тәрізді лексемалардың молынан қолданылатындығы байқалған. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Бұғыбай (туған жылы белгісіз — 1847) — батыр, қолбасы. Ұлы жүздегі шапырашты тайпасының ыстық руынан. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күреске белсенді түрде қатысып, ерлігімен көзге түскен. 1847 жылы жазда қырғыздарға жасалған жорық кезінде қоршауда қалып, ерлікпен қаза тапқан. Бұғыбайдың ерлігін Нысанбай жырау “Кенесары — Наурызбай” дастанында, Доскей ақын “Кенесары” дастанында жырға қосқан. М.Әуезовтің “Хан Кене” атты пьесасында Бұғыбай бейнесі негізгі кейіпкердің бірі ретінде берілген. ## Дереккөздер
Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев , Шәріпхан төре (1900, ҚХР, Алтай ауданы — 1941, Үрімжі қаласы) — Қытай қазақтарының әлеуметтік теңдігі мен дамуы үшін күрескен саяси қайраткер. Төре әулетінен шыққан. 1922 — 1927 ж. Үрімжідегі Моңғол-қазақ училищесінде оқыған. 1927 — 1929 ж. Алтай аймағы Бурылтоғай ауд-ның әкімі болды. Бірақ Шыңжаң ген.-губернаторының қазақтарға қарсы саясатына қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. 1931 — 1932 ж. Ганьсу провинциясынан Үрімжіге, одан Алтайға келіп, аймақ орталығы Сарсүбені басып алған дүнген генералдары Ма Рулун және Ма Хыиндарға қарсы қазақ, моңғол әскерлеріне қолбасшылық жасап, оларды Алтай аймағынан қуып шықты. Осы қызметі үшін Алтай аймағының әкімі және Алтайдағы “Империализмге қарсы тұру қоғамы” төрағасы міндеттерін атқарды. Әкім ретінде аймақтағы мәдени оқу-ағарту істерін дамытуға күш салды. “Жаңа Алтай” журналын шығарып, демокр., ұлттық теңдік идеяларын насихаттап, халықтың санасын оятты. 1940 ж. Шыңжаң ген.-губернаторының бұйрығымен тұтқындалып, Үрімжі түрмесіне қамалды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны. ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том.
Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы (толық атауы – Алматы облысы әкімінің «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны) — Талдықорған қаласындағы концерттік ұйым. ## Тарихы Филармония 1973 жылы құрылды, оның іргетасын «Алматы әуендері» ансамблі қалады. Филармонияда «Майра» әйелдер вокалды-аспаптық ансамблі, «Әсем» эстрадалық ансамблі, цирк әртістері, домбырашылар тобы жұмыс істеді. 1980 жылдары филармония құрамында «Алтынай» би ансамблі (1985), «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі (1985), «Ария» және «Медеу» вокалды-аспаптық ансамбльдері (1985), «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі (1981) болды. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері М. Е. Ерәлиева, Н. Қ. Есқалиева, А.Е.Сембин, Т.О.Изимова және т.б. жұмыс істеді. 1990 жылы филармонияға ақын Сүйінбай Аронұлының есімі берілді. 2001 жылы облыс орталығы Алматыдан Талдықорғанға көшірілуімен филармония да көшті Қазіргі уақытта Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында жұмыс істейді.[1] ## Қызметі Филармония музыкалық-ағартушылық қызметпен айналысады, концерттер, лекциялар өткізеді. Өнерпаздар өз өнерлерін шетелде де көрсетеді. ## Дереккөздер
Шәугім — су қайнататын темір ыдыс. Қазақтың дәстүрлі тұрмысында шайдың кең таралуына байланысты пайда болған Шәугім жез, болыскей, мыс, қоладан жасалынды. Ауқатты адамдар Шәуігімді асыл металдардан да жасаттырған. Сыйымд. 2 — 4 л “қаз мойын” шүмекті қазақ Шәуігімдерінің көбі құмыраға ұқсас, ұстауға, мосыға ілуге арналған тұтқалы болып келеді. Қазба кезінде табылған материалдар мен этнографиялық мәліметтер қазақтардың шайды денсаулыққа пайда беретін түрлі шөптермен қоса пайдаланып келгендігін айғақтайды. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Шәуешек келісімі — патшалық Ресей мен Қытайдың Цинь империясы арасында 1864 ж. 7 қазанда Шәуешек қаласында қол қойылған мемлекеттік шекара келісімі. Ол “Қытай — Ресей солтүстік-батыс шекараны белгілеу келісімі” деп те аталады. Келісім 10 тараудан тұрады. Онда шекара сызығын белгілеудің принциптері белгіленген. Онда “Шекара сызығы тау шоқылары, үлкен өзендер және қазіргі Қытайдың тұрақты қарауылдарын жағалай тартылады” деп көрсетілген. Шекара сызығы қазақ жері арқылы өтетіндіктен онда отырған қазақтар жөнінде келісімінің 5 тарауында “Қазір шекараны ақылдасып белгіледік. Екі ел мәңгі тату болады. Осыдан кейін екі мемлекет осы белгіленген шекара маңындағы өңірлерде отырған малшыларға таласпау үшін, осы келісім құжаттар бір-біріне тапсырған (күшіне енген) күннен бастап, олар бұрыннан бері қай жерде мал бағып отырған болса, сол жерлерде малдарын бағып отыра берулері керек. Олар сол ежелгі қоныстарда орнығып отырып, шаруашылықтарымен шұғылдана берулері үшін, жер қай мемлекетке бөлінсе, онда отырған адамдар жерімен қоса сол мемлекеттің басқаруында болады” деп жазылған. Осы келісім негізінде Қытай — Ресей мемлекеттік шекара сызығының арғы бетінде қалған қазақтар Қытай азаматы болды да, бергі жағындағылар Ресей құрамындағы қазақтар болып саналды. Екі жақтық келісім бойынша Ертіс өзінен көлденеңдеп Памирге дейін тартылған бұл шекара сызығы қазақ жері мен елін алғаш рет екіге бөлді. Содан бастап “Қытай қазақтары” және “Ресей қазақтары” деген қоғамдық бөлініс пайда болды. ## Сілтемелер * «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том.
Батбаян, Ботбай, Баян (т.-690) — Ұлы Бұлғарияның билеушісі, Құбыраттың баласы, Аспарухтың інісі. Құбыраттың өлімінен кейін Батбаян Ұлы Бұлғария құрамындағы дулу (дулат) тайпасына билік еткен. Хазарлардың жаулап алуына байланысты Батбаян оларға тәуелді болған. Батбаян билік еткен дулу тайпасының біраз бөлігі кейін Дон өзендерінің төменгі ағысынан Шу — Талас өңіріне көшіп келген деген ғыл. пікір бар. Бұл пікірді жақтаушылар Ұлы жүз құрамындағы дулат тайпасының ботбай руын Ботбай есімімен байланыстырады, сондай-ақ, Аспара өзені Ботбайдың ағасы Аспарухтың есімімен аталған дейді. ## Дереккөздер
Түйелер (лат. Camelus) – сірітабандылар отряд тармағының түйетәрізділер тұқымдасына жататын сүтқоректі ірі жануарлардың бір туысы. Түйелер шөлге де, қатты аязға да төзімді, күшті көлік малы. Мұның екі түрі бар: қос өркешті түйе (Бактрия түйесі) — негізгі өсірілетін жерлері: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Астрахан, Сталинград, Саратов және Чита облыстары, бұрынғы КСРО-да мұның Астрахан түйесі, Қазақстан түйесі, моңғол түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі; бір өркешті түйе (дромедар), — Түрікменстанда, көбінесе Тәжікстанда, Өзбекстанның оңтүстік аудандарында және Қазақстанның кейбір жерлерінде өсіріледі. Ең көп өсірілетін жері — Қарақұм. Қоспақ түрлеріне, пайдалануына, қанына қарай: аруана, желмая, нар деп аталады. Түйенің еті мол, жүні биязы болады. Түйе ежелден шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына жақсы бейімделген, аптап ыстықтарда апта бойына сусыз тіршілік ете алатын бірден-бір түлік. Соған қарамастан оларды жазда күніне 2 рет, қыста 1 рет суару қажет, тұзды-кермек суды жақсы ішеді. Қолайсыз табиғат жағдайларында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жиналады. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады. Түйенің тағы бір биол. ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және жылы қораны керек етпейді. Бірақ Түйелер жүні қырқылған алғашқы аптада өкпек жел мен жоғары ылғалдылыққа төзімсіз, осы мезгілде олардың жауын-шашын мен суыққа ұрынбауын қамтамасыз ету керек. Қос өркешті қазақ Түйелері дене бітімдерінің ерекшеліктері, ірілігі, өнімділігі бойынша 3 тұқымдық типке бөлінеді: оралбөкей, Қызылорда және оңтүстік Қазақстан Түйелері. Орал-бөкей типінің басқаларынан тірілей салмағы мен жүн өнімділігі 5–10 %-ға жоғары болғандықтан, асылдандыру жұмыстарында тұқым жақсартушы ретінде пайдаланылып келеді. Дара және қос өркешті Түйелерді бір-бірімен будандастырудан алынған будандар дене бітімінің беріктігі, ірілігі, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайлары мен ауыр жұмысқа төзімділігі бойынша таза тұқымды Түйеден айтарлықтай ерекшеленеді. Тірілей салмағы бойынша артықшылығы 20–25 %-ға дейін жетеді. Будандардың үлектерін нар, інгендерін мая деп атайды. Нарлар тек жұмыс күші мен өнім алу үшін пайдаланылып, жұптастыруға жіберілмейді. Маялар әдетте қос өркешті үлектермен шағылыстырылып, аталық тұқымға ұқсас ұрпақ алынады. Түраралық будандастыру тек таза қанды дара және қос өркешті Түйелер пайдаланылғанда ғана жақсы нәтиже беретіндігі, будандардың асыл тұқымды мал ретінде маңыздылығы жоқ екендігі ескерілуі қажет. Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр, дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85%-ы таза, өте бағалы түбіт. ## Түйе атаулары * Ілөк * Інген * Айыр * Алмас * Аруана * Асау түйе * Атан * Божығай * Босалаң түйе * Босалаң түйе * Бура * Бұзбаша * Бір қырыққан түйе * Дөненше * Жабы түйе * Жайланған түйе * Жасық түйе * Жатаған түйе * Жөңшең * Көшек * Қағылжың түйе * Қайымал інген * Қара тіс * Қоспақ * Құнанша * Мая * Нар * Нартайлақ * Нарша * Сақа түйе * Соқтан * Тайлақ * Тұмса * Тығыршын * Шалағай түйе * Шаңырақ түйе * Шау түйе * Шырынсыз түйе ## Ерекшеліктері Түйелер мен таутайлақтардың башпайларында мүйізді тұяқтары болмайды. Тұяқтың орнында башпайларының ұшында ғана доғаланып, қисық біткен кішкене тырнақ өседі. Табаны жалпақ және астыңғы жағы сүйелді, жұмсақ көнмен қапталған, сондықтан бұл жануарларды көнтабандылар деп атайды. Түйенің кеудесінде, тізесі мен тілерсегінде сүйелді, сірілі, түксіз тықыр жерлері болады. Түйе шөккен кезде сүйелді жерлері ыстық құмның әсерін сезбейді. Осыған байланысты түйе ыстық құмда шыдай төгіп жата береді. Түйенің дене тұрқы ірі. Оның салмағы 700-800 кг, мойны иір және ұзын. Денесінің әр жерінде ұзын шудалы жүндері болады. Құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді аймақтарда тіршілік етуге бейімделген, сондықтан халық түйені «шөл дала кемесі» деп атайды. Қолда өсірілетін түйелердің арғы тегі — жабайы түйелер. Түйе бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Айыр өркешті түйенің қолға үйретілген жері — Орта Азия. Сыңар өркешті түйенің қолға үйретілген жері — Африка өңірі. Қазіргі кезде сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кеткен. Айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. Түйені — төрт түліктің төресі, киелі түліктің бірі деп есептеген. Түйенің пірін — «Ойсылқара», кей жерде «Қаусыл- қазы» деп атайды. ## Халық өміріндегі түйенің рөлі Ертеде түйелі көш «сахараның салтанатты» деп аталған. Ежелгі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. «Түйесі бардың - киесі бар», «Көтерем деп түйедей безбе — салтанатың емес пе? Тебеген деп биеден безбе - қос қанатың емес пе?». Түйе түлігін қастерлен «ұлық» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрдей орын берген. Кейбір аймақтарда түйені «кәуіс» деп атайды. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған. Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» және т. б. Түйені алғаш жүк тасымалдау мақсатында көш көлігі ретінде үйреткен. Ерте замандардағы ел мен елдің арасындағы сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Тарихи деректерде Самарқан саудагерлерінің сапарға Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен шыққандығы жазылған. Ертеде қазақ даласында түйесі көп адамдар аз болмаған. Ертеректе Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген кісінің 3 мың түйесі болған. ## Түйе қолтұқымдары ### Айыр өркешті түйе Қазақстанда қолға үйретілген айыр өркешті түйенің қолтұқымы көбірек кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» деп атайды. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын - «іңген», еркегін - «бура» дейді. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» деп аталады. Оның денесі ірі, салмағы 450-690 килоға дейін жетелі. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш қолтұқымы бар. Олар - қалмақ, қазақ және монгол қолтұқымдары. Қазақстанда көп өсірілетіні қазақтың айыр өркешті түйесі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында өсіріледі. ### Сыңар өркешті түйе Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын қолтұқымы өсіріледі. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты — «нар». Ұрғашысы — «мая» немесе «аруана», еркегі — «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Орта Азия мен Қазақстан жерінде ғасырлар бойы халықтық сұрыптау әдісімен өсіріліп келеді. Қазір түйені көлік ретінде пайдаланудан гөрі, еті, қымыраны және шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірі бойынша, бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең. ## Түйе өнімдері ### Сүті Түйе сүтінің майлылығы сиыр сүтінен әлдеқайда жоғары. Оның құрамында адам ағзасына қажетті нәруыз, витаминдер мол. Түйе сүттен шұбат дайындалады (қымыран деп те аталады). Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа, қанды толықтырады. Шұбаттың радиацияға қарсы әсері болатыны да анықталған. ### Шудасы Түйенің шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, құяң, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады. Түйе түлігі күй таңдамайды, басқа мал жемейтін қатты, тікенді өсімдіктермен қоректене береді. Түйе күндіз жайылып, түнде жатып, күйіс қайырады. Бірнеше тәулік су ішпеуге шыдайды. Бұл кезде өркеш майларынан бөлінген суды пайдаланады. ## Қазақстандағы қазіргі кездегі түйе шаруашылығы Қазір Қазақстанда түйе шаруашылығын дамытуға көптеген игі шаралар қолға алынуда. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Агромеркур» шаруа қожалығында 3 мыңдай түйе өсіріледі. Шаруашылықтағы мыңдай інген сауылып, өнімдері халық қажетін өтеуде. Түйе шаруашылығы - мал шаруашылығының өнімді мол беретін саласы. Қазір кейбір шет елдерде түйе шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанда түйе шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген ғалым — Асылбек Баймұқанұлы. * Түйенің ұрғашылары 3-4 жаста, буралары 5-6 жаста жыныстық жағынан толық жетіледі. Сыңар өркешті түйенің буаздық мерзімі - 1З, айыр өркешті түйенің буаздық мерзімі 14 айға созылады. Түйе екі жылда бір рет боталайды. Ботасы нәзік, ерекше күтімді қажет етеді, күніне 6-7 рет емеді. Бота анасын 18 айдай еміп жетіледі. Түйе 30-35 жыл жасайды. ## Қолға үйрету Түйелер көлік ретінде қолданылып, олардың сүтін, көңін, жүнін және қанын пайдалану үшін қолға үйретілген. Оларды б.з.д. 2000 жылдарға дейін-ақ қолға үйреткен. Дромедар түйелерін б.з.д. 3000 және 2500 жылдары Арабия түбегінде қолға үйретсе, бактриан түйелерін Иранда шамамен б.з.д. 2600 жылдары қолға үйреткен. ## Галерея * * * * * * * * * ## Тағы қараңыз * Ламалар ## Дереккөздер
Шәукер керей — қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре дерек көздеріне қарағанда, Орта жүздегі ашамайлы керейдің көшебесінен тарайды. Ол Қаратоқа, Жантоқа, Байтоқа, Жанұзақ, Жасұзақ, Байұзақ, Малдыбай, Барлыбай, Өтеміс, Бегімбет аталары болып бөлінеді. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде Петропавл у-н, Есілдің теріскейін, Есет өзен алаптарын, Петропавл қаласының аумағын, Ресейдің аудандарын мекендеп, мал ш-мен, егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Ұраны — Ошыбай, таңбасы — ашамай ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Академиялық орталық — Қазақ АКСР Халық ағарту халкоматы жанынан 1921 жылы тамызда құрылған ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырушы алғашқы мемлекеттік мекеме. Қызметінің негізгі бағыттары: халыққа білім беру ісін жолға қою және оны үйлестіру;сауатсыздықты жоюдың, бастауыш, орта және жоғарғы оқу орындарының жүйелі бағдарламаларын түзу;ғылым, әдебиет және өнер салаларына басшылық ету;оқу орындары, саяси-ағарту мекемелері, баспа ісі, архивтер, мұражайлар, ғылыми-зерттеу орындарының қызметіне теориялық және әдістемелік көмек көрсету. * халыққа білім беру ісін жолға қою және оны үйлестіру; * сауатсыздықты жоюдың, бастауыш, орта және жоғарғы оқу орындарының жүйелі бағдарламаларын түзу; * ғылым, әдебиет және өнер салаларына басшылық ету; * оқу орындары, саяси-ағарту мекемелері, баспа ісі, архивтер, мұражайлар, ғылыми-зерттеу орындарының қызметіне теориялық және әдістемелік көмек көрсету. Академиялық орталық Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақ өлкесін жан-жақты зерттеу ісін ұйымдастырды, баспалардан халыққа пайдалы кітаптардың жарық көруін реттеп отырды, қазақ мектептерінің оқу жоспарларының жасалуына, ана тіліміздегі оқулықтардың жазылуына жетекшілік етті, ғылыми-педагогикалық мамандардың көптеп даярлануына қамқорлық көрсетті. Академиялық орталықтың қызметіне М. Дулатов, М. Жолдыбаев, Қ. Жұбанов, Б. Майлин, Е. Омаров, Ш. Сарыбаев, С. Сейфуллин, Т. Шонанов, А.П. Чулошников т.б. белсене қатысты. 1926 жылы наурызда Қазақ АКСР Халық ағарту халкоматының ғылыми және ғылыми-әдістемелік кеңесі болып қайта құрылды. ## Сілтемелер * Қазақ энциклопедиясы, 1-том
Ақандар (акан, акафо, камбоси, тон) — негізінен қазіргі Гана мен Кот-д’Ивуардағы этникалық топ. Жалпы саны шамамен 20-40 миллион адамды құрайды. ## Тілі Тілдері 3 топқа бөлінеді: гонжа (абуре, бетибе), того (топшалар: биа, акан). Акан ква тілдерінің тано тармағының орталық тобына жатады, мұнда аброн тілімен тығыз байланысты (оның ішінде васа), ол акан топшасын құрайды. Ақанның өзі - фанти (мфантсе) және чви (тви) диалектілік топтарынан тұратын диалектілер жиынтығы, олар көбінесе жеке тілдер ретінде қарастырылады.Жазуы латын әліпбиіне негізделген. 1978 жылы бірыңғай акан емлесін енгізу туралы шешім қабылданды, бірақ іс жүзінде үш негізгі диалектілер (аквапим, ашанте және фанти) әлі де өздерінің жазбаша стандарттарын қолданады. ## Діні Халықтың басым бөлігі (77%) жергілікті дәстүрлі наным-сенімдерді (ата-бабаға табыну,т.б.), бір бөлігі христиандар (протестанттар мен католиктер), екінші бөлігі мұсылман-сүнниттер. ## Кәсібі Негізгі дәстүрлі кәсібі – қолмен атқарылатын егіншілік (ямс, маниок, таро, тәтті картоп, жүгері, тары, күріш, жержаңғақ, банан, май пальмасы, кола ағашы, көкөністер, қазір негізінен какао мен кофе өсірумен айналысады). Олар қалалардағы ағаш кесу, тау-кен және өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істейді. Дәстүрлі қолөнер түрлерінен тоқымашылық, керамика, ұсталық, алтын және басқа металдарды өңдеу, ағаш ою өнері дамыған. ## Тұрмыс салты Ақандардың әлеуметтік құрылымы типтік матриархат болып табылады, олардың отбасындағы барлық нәрсе, оның ішінде тегі мен мүлкі аналық тегі арқылы анықталады, ал әйелдер жалпы қоғамның даму бағытын анықтайды. Басқару органдарындағы басшылық қызметтерді дәстүр бойынша ер адамдар атқарады, бірақ оларға құқық әйелдер туыстары – аналар, апалар және қыздар арқылы беріледі. Дәстүрлі киімі – кенте (тоганың бір түрі). Негізгі тағам – өсімдік тектес тағамдар (әртүрлі жармалар, бұқтырылған тағамдар, қайнатылған, қуырылған және пісірілген түйнектер және пальма майы мен ащы дәмдеуіштер қосылған көкөністер). ## Дереккөздер
Академиялық театр — жетекші және тарихы бай театрларға берілетін құрметті атақ. 1919 жылы енгізілген. Алғашқы академиялық театр атағы Ресейдің байырғы музей және драма театр ұжымдарына (мысалы, Мәскеудегі Үлкен, Кіші, Көркем театрлар мен Санкт-Петербургтегі Александрин, Мариин және Михайлов театрларына) берілді. 1920 жылы Мәскеу мен Санкт-Петербург театрлары академиялық театр ассоциациясына (1921 жылға дейін) бірікті. Оның “Культура театра” деген баспа органы болған. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында театр өнерінің дамуына байланысты орыс, украин, татар және өзбек театрлары да осы атаққа ие болды. Бұдан кейін қазақ (Қазақ драма театры, 1937; Қазақтың опера және балет театры, 1941), тәжік, түрікмен, қырғыз театрларына да осы атақ берілді. ## Дереккөздер
Бұғылы-2 — қола дәуірінде өмір сүрген тайпалардың қоныс орны. Қарағанды облысы Шет ауданы Бұғылы-1 қонысынан солтүстікке қарай 1,5 км жерде, Шопа өзенінің оң жақ жағалауында. 1961 — 63 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә.Марғұлан) зерттеген. Қарсы бетінде үлкен Бұғылы-2 қорымы орналасқан. Қоныста 30-ға жуық іргесін таспен қалап өрген төртбұрышты құрылыс орындары сақталған. Бір-біріне іргелес орналасқан екі үй орны зерттелді. Үйлердің пішімі төртбұрышты, іргесін тастан қалаған. Үй ішінен 1 — 2 тас ошақ, 1 — 3 шұңқырлар ашылды. Сонымен қатар көптеген қыш ыдыстар, тас түрен, т.б. құрал-саймандар, мал, аң сүйектері табылды. Бұл заттар қоныс тұрғындарының мал өсіріп, егін егіп, аң аулауды кәсіп еткенін, мыс балқытып, жүн, тері, саздан, сүйектен тұрмысқа қажет заттар жасағанын көрсетеді. Қоныс тұрғындары б.з.б. 14 — 11 ғасырларда тіршілік еткен. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Алматы Политехникалық Колледжі — кәсіптік білім беретін мемлекеттік арнаулы орта оқу орны. Алматы мемлекеттік кинотехникумы (1940) мен Алматы машина жасау техникумы (1989) негізінде 1995 ж. 28 қарашада Алматы Политехникалық Колледжі болып құрылған. Электронды есептегіш машиналар және оның құралдары, есеп және есептеу жұмыстарын механикаландыру, жылдам есептегіш машиналар үшін бағдарламалар жасау, аналитик. есептегіш машиналарды қолдану және жөндеу, металдарды кесу жолымен өңдеу, халық ш. саласы экономикасы және оны жоспарлау мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. 1940 — 98 жылдар аралығында колледж құрамындағы оқу орындарында 13540 орта буынды маман кадрлар (оның 2924-і сырттай оқу бөлімі арқылы) даярланды. 1998 жылдың қыркүйек айынан бастап Орта Азия кино және телевидение техникалық университеті болып қайта құрылды. ## Дереккөздер Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Алматы Педагогикалық Колледжі — бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекемелерге тәрбиеші мамандар даярлайтын мемлекеттік арнаулы орта оқу орны. 1980 ж. Алматы қалалық педагогикалық училищесі болып ашылған. Кейін №2 Алматы педагогикалық колледжі болып аталады. Колледждің күндізгі және сырттай оқытатын бөлімдері бар. ## Дереккөздер Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Бұғынай — ұлттық ойын. Бұл ойын жазда, көгалды тегіс алаңда ойналады. Ойынға қатынасушылардың саны 10—25, одан да артық бола береді. Бұл ойынды көбінесе балалар ойнайды. Ойынға қатынасушылар малдастарын құрып, дөңгелене отырысады. Орталарынан бірі ойын жүргізуші қызметін атқарады. Ол отырған ойыншыларды сынай бастайды. «Бірінші бұғынай, екінші бұғынай, үшінші бұғынай...» т. б. ең ақырғы ойыншыға дейін осы тәртіппен санап шығады да, кенеттен бір санды атайды. (Мысалы: «Алтыншы бұғынай»). Сол санның иесі орнынан жылдам тұрады да, бір санды айтып, тез өз орнына малдас құрып отыра қалады. Ол санның иесі де жылдам тұрып, кез келген бір санды айтып, өз орнына қайта отырады. Әрбір айтылған санның иесі осыны қайталаумен болады. Егерде айтылған санның иесі түра алмай қалса немесе оның орнына басңа біреу тұрса, онда ойынға белгіленген тәртіп бойынша жаза қолданылады. Ол жазасын орындап болған соң, бір санды айтып орнына отырады. Ойын жалғаса береді. Әркім өзіне берілген санды ұмытпауы керек. Ойын тез қимылдап, жедел шешім қабылдауға, ойда сақтау қабілетін дамытуға дағдыландырады. ## Тағы қараңыз * Қазақтың ұлттық ойындарының тізімі ## Дереккөздер
Алматы Сервис Колледжі — кәсіптік білім беретін мемлекеттік орта оқу орны. 1952 ж. Алматы кәсіптік кооперация техникумы болып ашылды. Техникум атауы бұдан кейін де бірнеше рет өзгерді. 1995 жылдан колледж 17 мамандық: өндіріс мекемелерінің бухгалтері, метал өңдеу технологиясы, мебель өндірісі, өндіріс құралдарын жөндеу, тігін өндірісінің технологы, халық тұтынатын өнімдердің конструктор-модельері, мақта иіру өндірісінің технологы, тон, тері өндірісі, тұрмыстық техниканы жөндеу технологы, мата тоқу өндірісі, киімдерді химиялық тазарту және бояу; жеңіл өнеркәсіп өндірісін жоспарлау, суретші-костюмші, шаштараз және сәндік косметика, өңдеу өндірісінің хим. технологиясы, мейманхана шаруашылығы мен туризм бойынша кадрлар даярлайды.Әлем және Еуропа чемпионы, 1980 ж. олимпианың Күміс жүлдегері Виктор Демьяненко осы оқу орнының түлегі. ## Дереккөздер Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Aлматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі - Орал Таңсықбаев атындағы — оқу орны. Суретші-безендіруші, мүсінші, театр суретшісі, қолданбалы өнер суретшісі мамандарын даярлайды. * 1938 жылы қазақ көркем сурет училищесі болып ашылған, мұнда алғашқы жылдары бір мамандық (орта мектептің сурет пәнінің мұғалімі) бойынша кадр даярлады. * 1941 жылы театр училищесімен қосылып, қазақ мемлекеттік театр-көркем-сурет училищесі болып қайта құрылды. * 1954 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесі болып өзгертілді. * 1992 жылы училищеге О.Таңсықбаев есімі берілді. * 1995 жылдан қазіргі атымен белгілі. Колледжде қазірде кескіндеме, театр безендірушісі, мүсінші, көркем-таңба, көркемдеп ағаш өңдеуші, қыш бұйымдарын көркемдеуші, көркемдеп металл өңдеуші, көркемдеп мата безендіруші, көркемдеуші-суретші мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. Жоғары білікті 42 оқытушы дәріс береді. Олардың 12-сі ҚР Суретшілер одағының мүшесі, екеуі ағарту ісінің озаты, біреуі Республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері (1998). Қазакстанға белгілі кескіндемешілер А.Ғалымбаева, М.Кенбаев, С.Мәмбеев, Н.Нұрмұхамедов, Қ.Телжанов, т.б. осы колледж түлектері. ## Дереккөздер
Аквакешендер – су молекулаларының қатысуымен түзілетін химиялық қосылыстар. Мұндай кешендік қосылыстарда су молекулалары лиганд ретінде болады. Көп зарядты катиондар сулы ерітінділерде әрдайым аквакешендер түзейді. Гидратталған иондармен салыстырғанда аквакешендер координаттанушы сандардың дәл мәнімен және орталық ионның айналасына лигандтардың орналасуымен сипатталады. Мысалы: [Ве(H2O)4] 2+ – құрылымы тетраэдрлік, ал [Со(H2O)6]2+ – октаэдрлік. Аквакешендердің кристалында тұздың кристалгидратына қарағанда су молекуласының металл ионымен байланысы берігірек келеді; кристалдық су тұздың ионымен де байланыса алады. Кейде координаттанған және кристалданған су қатар кездеседі, мысалы: [Fe(H2O)6]SO4H2O ашудасы. ## Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: Қазақ энциклопедиясы I том
Ұялы — Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы ауыл, Ұялы ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Талшық ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 63 км-дей жерде. ## Тарихы Іргесі 1954 жылы қаланған. 1957—1997 жылдары Көкшетау облысы Ленин ауданындағы астық кеңшарының орталығы болды. Кеңшар негізінде ауылда “Ұялы” ЖШС-і мен 20-дан астам шаруа қожалығы құрылды. ## Халқы 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 1099 адам (566 ер адам және 533 әйел адам) болса, 2009 жылы 593 адамды (296 ер адам және 297 әйел адам) құрады. ## Дереккөздер
Мешел. қазіргі түсінігімізде — сүйектердің дұрыс өспеуіне байланысты ауру; рахит. (Б. Соқпақбаев, Бастан кеш.). Сөз төркінін іздестіре келгенде түркі тілдері ішінен тек чуваш тілінен ғана кездестіре аламыз. Мұның өзі де заңды. Өйткені С. Е. Маловтың топтастыруынша чуваш, якут тілдері түркі тілдері ішіндёгі ең көнелері болып саналады. Чуваш тілінде «мешел» тұлғасындағы сөз «қозғала алмау» немесе «баяу, жай қозғалу» мағыналарын береді. Шықында да, жоғарыда керсетілген ауруға ұшыраған адамның қозғалысы, қимылы аз болатындығын ескерсек, «мешел» сәзінің төркіні — чуваш тілі деу орынды болмақ. Мешел рахит (rhachіtіs) – сәбилер мен жас балаларда кездесетін ауру.Оған бала 2 айлығынан 2 жасқа дейін, әсіресе анасының емшек сүтін ембеген жағдайда жиірек шалдығады. Бұл ауру негізінен кальций, фосфор, Д витаминінің (эргокальцийферол), минерал тұздарының жетіспеуінен және организмде зат алмасудың бұзылуынан болады. Бұл заттар организмде сәбидің қаңқа сүйектерінің дұрыс қалыптаспауына және жүйке жүйесінің қызметіне әсер етеді. Д витаминінің негізгі көздері емшек сүті, сары түсті көкөністер және олардың шырыны, балық майы, т.б. Адам организмінде, терісінде Д витамині күннің ультракүлгін сәулесінің әсерінен түзіледі. Мешел сәби тершең келеді, басын жастыққа үйкелеп мазасызданып жылай береді. өйқысы қашады. Бұлшық еттері босап, бала дәрменсіз болады. Бас сүйектері жұмсарып, еңбегі үлкейеді. Мезгілінде аяғына тұрып, жүре бастаудан кешігеді. Көбіне екі қолымен жер тіреп отырып қалғандықтан, қол жіліктері қисаяды. Жүре бастаған кезде аяқтары да қисаяды. Қабырғалары жұмсарып, олардың шеміршектері жуандап, кеудесінде бұдыр-бұдыр болып білінеді. Ауру асқынған кезде төс сүйегі алға бүкірленіп шығып тұрады немесе керісінше ішке қарай майысады. Басы үлкейіп, шүйде шашы сыпырылып, іші “қабақтай” болып, омыртқа жотасы бүкірейіп, екі иығынан дем алып, тыныс алуы қиындайды. Аурудың алдын алуда ең қажетті шарт: баланы 1 – 2 жасқа жеткенше, әсіресе, 6 айға дейін міндетті түрде емізу қажет. Сары түсті көкөністердің, жемістердің (сәбіз, асқабақ, сары өрік, т.б.) шырынын беру. Осы өнімдерді емшектегі сәбиі бар аналар да кеңінен пайдаланғаны жөн. Баланы таза ауаға жиі шығару қажет. Д витамині педиатрдың кеңесімен беріледі. Қисайған сүйекке ортопедиялық ем қолданылады. ## Дереккөздер
Бұдабай Қабылұлы (1842, Шиелі ауданы Жөлек ауылы – 1912, сонда) – айтыс ақыны. Қыпшақ тайпасының Торы руының Шашты бөлімінен шыққан.Бұдабай өткір сөзді ақын, терме, толғау, мақтау, сынау, сөзге шебер дарынды дүрдің бірі. Оның алғаш ақын ретінде танылуы Қарлығаш деген қызбен айтысынан басталады. Жастайынан өлең-жырға әуес Бұдабай шығармаларының біразын жазып қалдырған. Өлеңдерінің басым көпшілігі ел бірлігі мен татулықты жырлауға, араздасқандарды бітімге шақыруға арналған. Кейбір нысапсыз, парақор ел басшыларын сынай отырып, бұрынғы өткен әділ би, кемеңгер шешендердің үлгілі істерін көлденең тартады, сөйтіп, оларды дұрыс жолға салмақ болады («Әлмәмбетке», «Әжібай мен Торғайға», «Аппазға]», тағы да басқа). Оның есімі жоқтау жырлаумен де белгілі болған. «Әйекені жоқтау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Бұдабайның «Әшірдің баласы Сыздықты жоқтау», «Әлмәмбеттің жалғыз баласы өлгенде» атты туындылары да жұртқа мәлім. Ақынның «Өзім жайлы», «Көңіл туралы», «Өмір туралы», тағы да басқа өлеңдері белгілі.. Бұдабайдың бірнеше өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының екі, үш томдық антологиясының құрамына кірді (1984, 2–ші том; 1989, 1–ші том). ## Дереккөздер
Үлеспұл — 1) азаматтық құқықта — кооперативтің әрбір мүшесінің осы кооперативтің мүлкіне қатысуы мөлшерін көрсететін кооператив мүлкінің (бөлінбейтін қорлардан басқа) бір бөлігі. Үлеспұл кооператив мүшесінің үлеспұлдық жарнасынан және кооператив қызметінің барысында жасалған немесе сатып алынған мүліктің тиісті бөлігінен құралады; 2) жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі және олардың үлеспұлшылардың жалпы жиналысына қатысуына, салымпайда (дивиденд) алуына және компания таратылған кезде оның мүлкінің бір бөлігін алуына құқық беретін ақшалай жарна сомасы немесе компания капиталындағы үлесі. Үлеспұл белгіленген құжатта — үлеспұлдық куәлікте ресімделеді, оған салымпайда алуға арналған купондар тіркеледі. Үлеспұлдық жарна кооператив компаниясының үлеспұлдық қорын құрайды. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
Еспетұз – Сарыарқаның солтүстік-шығыс шетіндегі Ащысу өзені алабындағы көл. ## Географиялық орны Павлодар облысының Май ауданы жерінде. Баянауыл тауының солтүстік-шығысында, теңіз деңгейінен 213 м жоғары орналасқан. ## Гидрографикасы Аумағы 10,52 км2, ұзындығы 5,3 км, ені 3,2 км. Кезінде Баянауыл етегінен басталатын Еспе өзені құйған, қазір өзен Еспетұзға жетпей тартылып қалады. Қар және жер асты суымен толығады. Қараша — сәуір айларында мұз қатады. Жағасы жайпақ. Суы тұзды. Көктемде мал ішеді. ## Дереккөздер
Ботаникалық қорықша — Қазақстанда өсетін өсімдіктердің сирек кездесетін және бағалы түрлерін қорғау, байырғы қорын қалпына келтіру және экологиялық деңгейін сақтау үшін ұйымдастырылған шағын аумақтар; олар шаруашылыққа пайдаланылмайды, мемлекеттің қорғауында болады. ## Қорықшалар Қазақстанда жалпы аумағы 217 мың га болатын 16 ботаникалық қорықша бар (1991 жылы). ## Дереккөздер
Мешіт құмы – Каспий маңы ойпатының солтүстігіндегі құмды алқап. Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданында, Қақ сорының солтүстік-шығысында, батыстан шығысқа қарай 32 км-ге созылып жатыр. * Ені 4 км-дей. * Ауданы 90 км². Грунт суы мол (1 – 2 м тереңдікте). Құм төбешіктерінде жусан, құмаршық, құмсағыз, қияқ, бетеге, еркекшөп, боз, арпабас, сүттіген, ойыс жерлерінде терек, тал, жиде, итмұрын өседі. ## Пайдаланылған cілтемелер
Бұзаутаз (Trіchophytіa) — малдың барлық түлігінде кездесетін жұқпалы тері ауруы. Онымен адам да ауырады. Терінің жүні қырқылып түсіп, орынында іріңді-сулы қалың қабыршақтар пайда болып, үгітіліп тұрады. Аурудың қоздырғышы айыртұяқтыларда — Tr. verrucosum, жылқыда — Tr. equіnum, ал ит-мысықтарда, аңдарда, кеміргіштерде — Tr. gypseum атты саңырауқұлақтар. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаның әсеріне өте төзімді келеді, жүн-қылшықтың арасында 6 — 10 жыл, малдың қиында 3 — 8 ай, топырақта 140 күнге дейін сақталады. Ультракүлгін сәуле және қайнату процесі оларды 2 мин-та, күйдіргіш натрийдің, карбол қышқылының, формальдегидттің 1 — 3-тік ерітіндісі 15 — 30 мин-та өлтіреді. Бұзаутаз дені сау малға ауру малдан, сондай-ақ, құрал-сайман арқылы жұғады. Ауруға, әсіресе, жас мал тез шалдығады. Бұзаутаздың өршуіне малдың бағым-күтімінің нашарлығы, жем-шөптің құнарсыздығы, тұрған жерінің ластығы әсер етеді. Ауруды эпизоотологиялық мәліметтер мен клиникалық белгілеріне қарап ажыратады. Қажетті жағдайда терісінің зақымданған жерінен қырынды алып лабораториялық зерттеулер жүргізеді. Ауру малды бөлек қораға оқшаулап вакцина егеді. Зақымданған жерлерін 5 — 10-тік салицил майымен, 10-тік йод тұнбасымен, карбол қышқылымен, йодоформ препаратымен және “Үшвак”, ЛТФ-130, СП-1 вакциналарымен емдейді. ## Пайдаланылған әдебиет “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Ақшам соқыр (грекше hēmera — түн, іңір, al(aos) — соқыр, ōps— көз, hemeralopіa — түн соқыры, тауық соқыры) — көздің жарық жеткіліксіз жағдайда, ымырт жабылып, қараңғы түскен кезде және түнде нашар көруі. Оның симптомдық және эссенциялық түрлері бар. Ақшам соқырдың симптомдық түрі көзінің тор және тамырлы қабықтарында немесе көру жүйкесінде органикалық ауруы бар адамдарда (ветинит, хориоретинит, глаукома, көру жүйкесінің семуі, тор қабығының пигменттік әлсіреуі, өте жоғары миопиялық кемістік) байқалады. Эссенциялық ақшам соқыр — көздің қараңғыда көрмеуі. Ол ішкен астың құнарсыздығынан, әсіресе тамақ құрамында А және В2 (рибофлавин) витаминдерінің жоқтығынан көктем айларында жиірек болады. Ақшам соқыры тұқым қуалауы да мүмкін. Көздің көруін жақсарту үшін сырқатты уақтысында ұқыпты емдеу керек. Сондай-ақ құрамында А, В2 витаминдері мол тамақ ішкен жөн. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Бұздыған — басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Бұздыған Орта Азияда әскербасылық белгісі ретінде жоғарғы әскери дәрежеге ие болғандарға ту, байрақтармен бірге берілген. Мұндай шоқпарды түрік сұлтандары да қолданып, оны бұздырған деп атаған. Қарудың осы түрі түркі тілінен орыс тіліне ауысып, орыстар да осындай шоқпарды Бұздыған деп атайды. Запорожье казактары, гетмандардың билік белгілері ішінде де осындай шоқпар болған. Дәреже белгісі болғандықтан Бұздығандар алтындалып, асыл тастармен әшекейленіп, саптары металмен қапталып, сәнді етіп жасалынған. Кішкентай, жеңіл болса да, басы қырланып жасалғандықтан, бұл шоқпардың соққысы өте қатты болады. Қазақ батырлары қолданған Бұздығандардың бізге жеткен үлгісі жоқ. Дегенмен 1916 жылы көтеріліс кезінде Амангелді Иманов сарбаздары қолданған шоқпарлардың ішінде басы осындай бірнеше тілімді, жеңіл келген, бірақ қарапайым жасалған, темірден соғылған шоқпарлар кездесуі, оның қазақтарға таныс екенін және жасай білгенін көрсетеді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Ақшатай, құмағаш таспасы (Astragalus ammodendron) — бұршақ тұқымдасына, таспа туысына жататын бұта. Қазақстанның Батыс Қазақстан, Мұғаджар алқаптарында, Солтүстік Арал маңы мен Қызылқұм өңірінде өседі. Ақшатайдың сабағы ақшыл-қоңыр, биіктігі 30 см-ден 1 м-ге дейін жетеді. Қатар орналасқан жапырақтарының ұзындығы 3-9 см болады. Гүл күлтесі қызғылт көк түсті келеді. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, шілдеде тұқым береді. Ақшатай — құмда өсетін құнарлы мал азығы. Сабағы қатаймай тұрған кезде, мал жақсы жейді. Құмды жерлерде кейде қолдан да егеді. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Миғражнама – Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) жеті қат көкке барып қайтқаны жайлы шындық. “Наһжу л-фарадис” (“Жұмақ жолы”, 1358 ж., Хорезмде жазылған) атты шығарма ізімен 1436 жылы ұйғыр жазуы негізінде түзілген. Миғражнаманың Герат қолжазбасы Францияның ұлттық кітапханасында сақталған (“Шығыс тілдерінің жинағы” журналы // А.П. де Куртейиль, Париж, 1882). “Құран Кәрім” мен пайғамбар хадистеріндегі “Миғраж түні” туралы сюжетті негіз еткен туындыда Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Жәбірейіл періштенің бастауымен әл-Барақ (бурақ, пырақ-найзағай) атына мініп, бір түнде Меккеден Иерусалимге барғаны, атын сонда қалдырып, өзі көкке көтерілгені, аспанның 7-қабатында Алла алдына барғаны, т.б. бастан кешкендері жайлы әңгімеленеді (қ. Исра уа-л-Мираж ). Миғражнаманың үзінділері түрік тілінде басылды (А.Джафероғлу, 1943, Ш.Чағатай, 1950), оны тілдік тұрғыдан Я.Екман зерттеді (Виесбаден, 1959). ## Пайдаланылған cілтемелер
Бұзоқ, бузук — ежелгі түркі тайпасы. Б.з.б. 1 — 2 ғасырларда Оғыз тайпалары бірлестігінің құрамында болған. Махмұт Қашқаридың айтуынша, Бұзоқ атауы “бұзу”, “сындыру” (садақты) дегеннен шыққан. Рашид әд-Дин бұл турасында мынадай аңызды баяндайды: Оғыз ханның алты ұлы үш алтын оғы бар алтын садақ тауып алады. Олжаны өзара бөлісе алмай, әкесіне жүгінгенде, Оғыз хан садақты сындырып үшке бөледі де үш үлкен баласына, үш оқты үш кіші баласына береді. Осыдан кейін 3 үлкен ұлының ұрпағы үшоқ аталыпты. Бұл аңыздың Шыңғыс хан шапқыншылығы заманында туған нұсқасында Оғыз ұлдарының тауып алғаны алтын садақ пен 3 күміс оқ екен. Садақ пен оқтарды Оғыз хан түсінде ғана көрген. 12 ғасырларда оғыздар өздерінің 1118—57 жылдары билеушісі Санжар сұлтанға қарсы шығып, оны 1153 жылы тұтқынға алады. 1156 жылы тұтқыннан қашқан Санжар сұлтан әуелі Термезге, одан кейін Мервке келіп, 1157 жылы сонда қайтыс болған. Оғыздар Санжар сұлтанды жеңген кезде Мерв, Нишапурды, Хорасанның кейбір басқа қалаларын талайды. Тек Герат қ-н ғана ала алмай кейін шегінді. Осы шегініс кезінде оғыздар Бұзоқ және Үчоқ болып бөлініп, екі жаққа кеткен. Барлық оғыздар сияқты Бұзоқ та суармалы егіншілікпен, мал ш-мен айналысқан. Қосымша балық аулаумен, аңшылық кәсібімен шұғылданды. Тары, күріш дақылдарымен қатар, қауын, қарбыз, қияр өсірген. Сырдария бойындағы халық отырықшы өмір сүрген. Ал бір бөлігі көшпелі болған. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Бұзықтөбе — ортағасырлық қала. Түркістан облысы Шелек ауылының солтүстік-батысында. Ертедегі егіншілердің қонысы ретінде қалыптасып, VI — VIII ғасырларда қалаға айналған. X ғасыр шамасында Бурук деп аталған. Ортағасырлық автор әл-Мақдисидің жазбаларында қала ірі сауда орталығы болғаны айтылады. XIV ғасырдың соңы мен XV ғасыр деректерінде ол Шелек деген атпен белгілі. Қала тіршілігін 15 ғасырдың I-жартысында тоқтатқан. Бұзықтөбені алғаш 1951 жылы А.Н. Бернштам, 1970 жылы Отырар археологиялық экспедициясы зерттеген. Қазба жұмысы кезінде қаланың I — XI ғасырлар аралығында болғанын білдіретін көптеген археологиялық материалдар: қыш ыдыстар, шыныдан жасалған заттар, теңгелер табылды. Төбе үш бөліктен: цитадель, шахристан және рабадтан тұрады. Орталық бөлігінің құлаған орнының аумағы 300x190 м, биіктігі 7 — 8 м, оңтүстік бөлігінде орналасқан цитадельдің аумағы төменгі жағында 90 м, үстіңгі жағындағы тегіс алаңның аумағы 35 м, биіктігі 13 м. Қаланың жобасынан оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығысында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі қақпаның (жалпақтығы 10 — 15 м) іздері байқалады. Шахристанды қоршаған қорғаныс қабырғасының құлаған орындары сақталған. Оның сыртынан терең ор қазылған. Рабадтың территориясынан бір-біріне жалғастыра салынған қарапайым тұрғын үйлер мен оларды бөліп жатқан көшелердің іздерін көруге болады. ## Дереккөздер
Бұзыққала — ежелгі қала орны. Арал теңізінің шығысында, Қазалы қаласынан (қазіргі Әйтеке би кентінен) оңтүстік –батысқа қарай 55 км жерде. 1946 жылы Хорезм археология және этнография экспедициясы (жетек шаруа С.П. Толстов) зерттеген Қаланың жобасы төртбұрышты, аумағы 145х290 метр Қала сыртының ені 10 м ормен қоршалған. Қазба жұмыстары барысында әртүрлі өрнегі бар қыш құмыралар табылды. Деректер Бұзыққаланың 6 – 10 ғасырлар аралығында болғандығын көрсетеді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том
Алматы Халық Университеті, Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университеті — 1963 ж. М.Әуезов үйі, ғылыми-мәдени орталығында халыққа ғылыми-көпшілік білім тарату мақсатымен ашылған қоғамдық негіздегі оқу орны (ректоры Қазақстан ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор Рахманқұл Бердібай). Халық ун-тетінде қазақ халқының көрнекті мәдени, әдеби, фольклорлық, тарихи ескерткіштері, аса ірі қайраткерлері туралы 500-ден астам сабақ-дәріс өтті (1998). Ертедегі ғұндар, Түрік қағандығы, оғыз-қыпшақ бірлестігі, Қарахан мемлекеті, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы дәуірінің тарихи, мәдени, рухани өміріне қатысты тақырыптар қамтылды.Академик Ә.Марғұлан, Қазақстан ғылым академиясының коррының мүшесі А.Машанов, археолог Қ.Ақышев, тілші-ғалым Қ.Өмірәлиев, жазушы-ғалым М.Мағауиннің сабақтары жұртшылық назарын аударды. Домбырашылық өнердің бір арнасы- шертпе күй орындаушыларын тауып, олардың репертуарын халыққа кеңінен таныстыру ісіне еңбек сіңірлі. Ұмыт қалған немесе "жоғалдыға" саналған бірталай музыкалық аспаптар Б.Сарыбаевтың еңбегінің арқасында қайтадан қатарға қосылды. Жұртшылық шаңқобыз, шертер, жетіген, асатаяқ, сыбызғы, дабыл, т.б. аспаптармен танысты. Атилланың (Еділдің) Еуропа елдері әдебиетінде бейнеленуі, Күлтегін, Білге қаған жазулары, “Оғызнаманың” жанрлық ерекшелігі, Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Йасауи, Ахмет Иүгінеки еңбектері, ежелгі қыпшақ тіліндегі жазба әдеби ескерткіштер, 15-18 ғасырдағы жыраулар поэзиясы жайында сабақтар өткізілді. Абай, Ыбырай қалыптастырған қазақ классик. поэзиясы, кейінгі кезең әдебиетінің түрлі қырлары көпшілікке жүйелі таныстырылды. Халық университетінің сабақтарын жүргізуге таңдаулы мамандар шақырылды. Академик Ә.Марғұлан “Эпос және тарих”, “Эпос және оның айтушылары”, “Қорқыт туралы аңыздар”, “Эпос тудырған дәуір”, “Жырдың кезеңдігі мен типологиясы”, “Ш.Уәлиханов — қазақ, қырғыз фольклорын зерттеуші”, Қазақстан ғылым академиясының мүше-корреспонденті А.Машанов әл-Фарабидің өшпес мұрасы, археолог Қ.Ақышев ежелгі Түркістан, Отырар қалалары және олардың мәдениеті туралы баяндады; тілші, ғалым Қ.Өмірәлиев Орхон жазбаларының тарихи негіздері, көркемдік дәстүрі турасында әңгімеледі. Жүсіп Баласағұнидың “Құтты білігі” туралы А.Егеубаевтың, Қожа Ахмет Йасауидың “Ақыл кітабы” жөнінде М.Жармұхамедовтың, жыраулық поэзия жайында М.Мағауиннің толғамдары жұртшылық назарын аударды. Халық университетінде жыл сайын М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы сабақтар өтеді. 70 жылдарға дейін өз өлкесінен әріге көп таныла қоймаған Сыр бойының жыраулық терме дәстүрі халық университеті арқылы Қазақстан көлеміне мәлім болды. Арғы түбі ертедегі Қорқыт дәуірінен жалғасып келе жатқан жыршылық, термешілік дәстүрді қайтадан көтерген К.Рүстембеков, С.Қожағұлов, Б.Жүсіпов есімдері елге танылды. Қарақалпақстандық Х.Иманғалиев “Қарасай — Қазиды”, А.Тасқынбаев “Асау-Барақты” жырлады. Жыршылық дәстүрдің қайта жандануына Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысытарының өкілдері өз үлестерін қосты. Алматылық қарт ақын М.Байбатыровтың, оңтүстіктік М.Өтебаевтың орындауынан “Қыз Жібек”, “Қобыланды батыр” жырлары грампластинкаға жазылды. Қазақ телевидениесінің “Алатау” бағдарламасы шеңберінде оннан артық қисса-дастан орындалып, жұртшылыққа көрсетілді. Университеттің бастауымен айтыс дәстүрі қайта жанданды. Жыршылық, термешілік дәстүрдің жандануына ғалымдар М.Дүйсенов, М.Байділдаев көп еңбек сіңірді.Домбырашылық өнердің бір арнасы — шертпе күй орындаушыларын тауып, олардың репертуарын халыққа кеңінен таныстыру ісіне де халық университетінің сіңірген еңбегі үлкен. Бұрын шертпе күй шеберлері дегенде Тәттімбет, Тоқа сынды бірен-саран ғана халық композиторларының аты мәлім еді. Алпысыншы, жетпісінші жылдарда университет Байжігіт, Бапыш, Сүгір, Әлшекей, Қыздарбек, Раздық, Бағаналы секілді аса дарынды күйшілердің мұрасымен көпшілікті таныстырды. Жүзден артық шығарма грампластинкаға жазылды, радио, телевидение, филармония концерттерінің бағдарламасына сазы, мәнері өзгеше шертпе күйлер де қосылды; бұл мұралар орта және жоғары музыкалық оқу орындарының бағдарламасына енгізілді. Бір өзі елуге жуық күй шығарған Т.Момбеков сынды (1918 — 1997) аса көрнекті халық композиторының шығармалары жұртшылыққа кеңінен таратылды. Ұмыт қалған немесе “жоғалдыға” саналған бірталай музыкалық аспаптар өнертану ғылымының докторы Б.Сарыбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қайтадан қатарға қосылды. Жұртшылық шаңқобыз, шертер, жетіген, асатаяқ, сыбызғы, дабыл, ысқырақ т.б. аспаптармен танысты. Халық университетінің жұмысына еліміздің белгілі ақын, жазушылары белсене қатысты. Халық университетінің магнитофонға түсірілген дәріс мәтіндері архивтік қымбат қазынаға айналды. ## Дереккөздер
Ақшатау – Қызылорда облысы Арал ауданындағы Бекбауыл темір жол стансасынан батысқа қарай 24 км жерде орналасқан көл. ## Гидрографикасы Аумағы 25,5 км2. Ұзындығы 7,7 км, ені 5-7 км. Ең терең жері 2,5 м-ге жуық. Суы ащылау. Желтоқсанның аяғында мұзы қатып, сәуірдің бас кезінде ериді. ## Жағалау сипаты Ақшатау Сырдариямен арна арқылы жалғасады. Батыс жағалауында қалың қамыс өскен. Көлден сазан, көкбас, алабұға ауланады. ## Дереккөздер
Ақшелек (Anthrax) — жұқпалы ауру. Онымен барлық жануарлары, сондай-ақ, адамдар да ауырады. Ұсақ малдарда (қойда) топалаң, жылқыда жамандат, түйеде қарабез, адамда күйдіргі немесе түйнеме жара деп аталады. Қоздырушысы — Вacіllus anthracіs, спора түзетін таяқша тәрізді бацилла. Аурудың таралуына ауырған мал мен өлген малдың өлексесі себеп болады. Сондықтан ауырған малды тез оқшаулап, өлексені жедел жою керек. Ауырып өлген малдың микробтары тарап кетпеуі үшін жарып көруге тиым салынады. Табиғи жағдайда малға ақшелек қан сорғыш жәндіктер, тышқан тектес кемірушілер (топырақ астындағы микробтың жер бетіне шығуына байланысты) арқылы жұғады. Микроб тері арқылы денеге өткен жағдайда теріде күйдіргі жара пайда болады. Ал ауру ас қорыту жолы арқылы жұқса, сол ағзалар дертке шалдығады. Көбінесе ауыру сепсис түрінде байқалып, өте жіті түрде өтеді де, малдың тез арада өліп кетуіне әкеп соғады. Алдын алу үшін СТИ-1 вакцинасы, (орыс ғалымы Н.Н.Гинсбург ашқан) емдеу үшін иммунді сарысу мен антибиотиктер (пенициллин, стрептомицин) қолданылады. ## Дереккөздер
Ұялыжар — Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл, Бөріжар ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Темірлан ауылынан оңтүстікке қарай 25 км жерде, Бөріжар өзенінің оң жағалауында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы 1964 жылы құрылған Бөріжар қой кеңшарының орталығы болып келді. Оның негізінде егін, мал, құс өсіретін шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, клуб, фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Үлеспұлшы — 1) азаматтық құқықта — тұтынушылар қоғамының жарғысында көзделген тәртіппен тұтынушылар қоғамына қабылданатын кіру және үлеспұлдық жарналар төлеген және оның мүшелері болып табылатын азамат немесе заңды тұлға. Тұтынушылар қоғамына қабылданған және мүшелікке кіру жарнасы мен үлеспұлдық жарна төлеген тұлғалар олардың мүшелігін куәландыратын құжат алады; 2) жоспарланған нәтиже алу (табыс алу, әлеуметтік және табиғат қорғау объектілерін, т.б. іске қосу) мақсатымен ақшалай қаражат, мүлік немесе кез-келген бір құндылықтар сомасын жарғы капиталына енгізу арқылы қандай да болсын бірлескен жобаға қатысушы жеке немесе заңды тұлға. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
Бұйда пышақ — қарудың бір түрі. Бұйда пышақтың жүзі жалпақ, жетелі, ұзын болады. Сабын бөкеннің, тауешкінің мүйізінен немесе қатты ағаштан жасайды. Оны саптағанда сапсалғы деген құралды қолданады. Сабы жарылмас үшін сағақ тұсын мыс, жез, күміс тәрізді металмен құрсаулап мойнақтайды. Кейде сабының дүмін де металмен қаптап, шығыршық бекітеді. Бұйда пышаққа көннен, қайыстан немесе былғарыдан қын тігіп, сабының мойнағына жезден, мыстан, күмістен әшекей жүргізеді. Бұйда пышақты “сарымойнақ пышақ” деп те атайды. ## Дереккөздер
Үлеспұлдық Жарна, азаматтық құқықта — түрлі кооперативтердің мүшелері үлеспұлдық қорға енгізетін мүліктік жарна. Үлеспұлдық жарнаны кооператив мүшелері кооперативті құру және оның қызметі үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету мақсатымен жинайды. Үлеспұлдық жарнаның құрамы және оны кооператив мүшелерінің жинау тәртібі, олардың осы жарнаны төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі ӨК-нің де, тұтынушылар кооперативінің де жарғыларында міндетті түрде айқындалады. Үлеспұлдық жарна үлеспұлдық қорға заңнамада және тиісті кооперативтің жарғысында көзделген нысанда төленеді. Ол ақшалай сома нысанында да, кооперативке материалдық объектілерді (құрал-жабдық, тетіктер, үймереттер, т.б.) немесе мүліктік құқықтарды (табиғат ресурстарын пайдалану құқығын, үй-жайды жалға беру құқығын) беру жолымен де төленуі мүмкін. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
Ақши — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл, Ақши ауылдық округі орталығы. ## Географиялқы орны Аудан орталығы - Есік қаласының солтүстік-шығысында 35 км жерде, Алматы - Нарынқол автомобиль жолы бойында орналасқан. Ауыл Іле Алатауының солтүстігіндегі қоңыржай-ылғалды агроклиматтық белдемде жатыр. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, клуб, кітапхана т.б. мәдени орындар бар. Тұрғындары Есік қаласымен, елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Үлеспұлдық Қор — 1) азаматтық құқықта — өндірістік кооперативтің немесе тұтынушылар кооперативінің осы кооперативке мүшелердің үлеспұлдық жарналарынан құралатын қаржылық қоры. Ол кооператив несиегерлерінің мүдделеріне кепілдік беретін кооператив мүлкінің ең төм. мөлшерін айқындайды. Үлеспұлдық қор мөлшері — кооператив мүшелерінің ақшалай үлеспұлдарының сомасына байланысты. Үлеспұлдық қордың құралуы, оның мөлшерінің көбею және азаю тәртібі, осы аядағы басқа да қатынастардың тәртібі белгілі кооператив түрлері үшін тиісті заңнамалармен, кооперативтердің басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен және жарғыларымен реттеледі; 2) кері сатып алынатын бағалы қағаздар шығару нысанында ұсақ инвесторлардың қаражатын шоғырландыруға мамандандырылған инвестиц. қор. Үлеспұлдық қор ашық және аралық тұрпаттарға бөлінеді. Үлеспұлдық қор ашық тұрпатта болса, онда басқарушы компания өзі шығарған инвестиц. үлеспұлды инвестордың талап етуімен қор ережелерінде белгіленген мерзімде сатып алуға міндеттенеді. Аралық қорда инвестиц. үлеспұл инвестордың талап етуімен ережеде белгіленген мерзімде, бірақ әрі кеткенде жылына бір рет сатып алынады. Үлеспұлдық қор банкілердің бағалы қағаздар нарығындағы қызметі шектелген және банкілер мен Үлеспұлдық қор арасында тікелей бәсеке жоқ жерлерде кеңінен таралған. Мысалы, АҚШ-та инвестиц. банкілер жеке адамдармен жұмыс істемейді, ал басқа банкілер бағалы қағаздар нарығында тікелей жұмыс істей алмайды. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
Муюн, мужун (б.з. 337 – 410) – Қытайдың солтүстігінде сяньби тайпалары құрған мемлекеттік бірлестік. Көсемдері Мохуба бастаған мужундар Оңтүстік Манчжурия даласынан Пекин маңындағы Ляоси округіне 3 ғ-да қоныс аударды. 290 ж. билікке Мохубаның мұрагері Мужун Гуй келді. Ол мемлекетті әлеуметтік-экономикалық реформалармен нығайта отырып, 307 ж. өзін сяньбилердің “ұлы шаньюйі” деп жариялады. 337 ж. оның ұлы Мужун Хуан Янь-ван (“Янь иелігінің билеушісі”) деген атпен таққа отырды. Оның тұсында мемлекеттің құрамына солтүстік провинциялар: Ляонин, Хэбэй, Шаньдун, Хэнань және Шанси кірді. 370 ж. Мужун Хуанның ұлы Мужун Чуй билікке келді. 398 ж. Мужун Чуй сяньбилердің Солтүстік Вэй мемлекеттік құрылымынан жеңіліс тапты. Дегенмен оның кіші інісі Мужун Дэ Цинь мемлекеттілікті уақытша қалпына келтірді.Муюн мемлекеттік құрылысы далалық дәстүрлерге құрылған ұлыстық-тайпалық одақтың көшпелі кезеңінен қытай дәстүріндегі орталықтанған мемлекетке өту сатысында болды. Сяньбилердің құрамына жалпы саны 100 мың шаңырақтан асатын прототүркі тілдес сюнну тайпаларының қосылуы оларға елеулі ықпал етті. Бұл әсіресе сяньбилердің сюннулардың құрметті атақтары мен лауазымдарын қабылдауынан көрінді. Сяньби әулеттерінің барлық билеушілері сюннулардың шаньюй (“құрметті”, немесе “сыйлы үй”) құрметті атағын алды. Моңғол тілдес сяньби тайпалары (олардың ішінде мужундар да) өз мемлекеттілігінің бүкіл тарихында түркі тілдес сюнну тайпаларымен тікелей қарым-қатынаста болды. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы * Гумилев Л.Н., Хунну в Китае, М., 1974 * Материалы по истории кочевых народов в Китае ІІІ – V вв. Вып. З.-М., 1992
Мұбашир ат-Тарази, Әбу Насыр Мұбашир ат-Тарази (1896, Тараз қаласы – 1977, Мысыр қаласы) – діни ғұлама. Ташкент, Бұхара (1917, “Көкілташ”) медреселерінде араб әдебиеті, тәпсір, фикһ, логика бойынша маманданып, хадис негізінде куәлік алған. 1917 ж. туған жеріне оралып, 1918 ж. Түркістанды азат ету ұйымын құрды. “Идахул Әлмарам” журналының редакторы, Тараз қаласының қазысы (1923), діни басқарма басшысы болды. Кеңестік саясатқа қарсы діни қайраткер ретінде үш рет түрмеге жабылып, отбасымен Ауғанстанға (1930, сәуір) қашты. 1943 ж. Кеңес өкіметі Ауғанстаннан оны тұтқындауды талап етті. 5 жыл түрмеде болып, 1950 ж. Египетке көшті. Түркістан жұртының азаттығын сұрап БҰҰ-ға (1951), Азия-Африка конференциясына (1955, 29 наурыз) меморандум жолдады. Дінсіздікке қарсы күрес жүргізді. 40-тан астам еңбек жазған (“һайам рубаяттары астарындағы сыр”, 1967; “Пайғамбар өмірбаянының үзінділері”, 1968; “Қырық Тараз” 1975; “Рамазан оразасы” 1975; “Ислам-ақиқи мәңгілік дін”, 1984; “Әйел және оның исламдағы құқықтары”, 1977; “Исламдағы ахлақ”, 1978; “Исламның жалпылық тағлымдары”, 1979, т.б.). Омар һайам жайлы еңбегінде оған телініп жүрген “бөгде” рубаяттар жайлы, ағылшын аудармашысы Фитзжарад қателігі жөнінде пікір айтып, “дінсіз, шарапқор” атанған һайам өмірінде исламмен үйлеспейтін тұстардың кездеспейтіндігін дәлелдейді. Сопылықтың символикалық астарын түсіндіріп, кереғар пікірлерге тойтарыс береді. ## Дереккөздер * Қазақ энциклопедиясы
Бұйрат — төбелері дөңгеленіп келген, бір бағытта созылған аласа таулар тізбегі. Бұйрат өткен геологиялық кезеңдерде биік таулардың қатты бұзылуынан пайда болған қалдық (мысалы, Шошқакөл Бұйраты, Ақтолағай Бұйраты). Биіктігі ондаған, кейде жүздеген метр болады. Бұйрат - қырқалары доғалдана біткен, ұзына бойы созылып жаткан қырат. Әдетте, бұзылған байырғы тау жоталарының қалдықтары. Биіктігі ондаған, кейде жүздеген м-ге жетеді (мысалы, Дон және Тиман бұйраттары). Қоршаған жазықтар үстінде төбелер немесе тау тізбектерінің қыркалары түрінде көрінеді. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Ақшомшы - дәстүрлі қазақ 117 қоғамындағы кәсіптің бір түрі. 19 ғасырда егін екпейтін ауылдардың тұрғындары күзгі орақ кезінде егіншілерге барып көмек көрсетіп, малын айырбастап, шом салынған түйелеріне астық артып қайтатын болған. Осыдан бұл кәсіп Ақшомшы атанған. Орта ғасырларда Ақшомшыға баратын егіннің мол жері: Сырдария бойы, Талас, Шу, Бақанас (Іле), Тоқырау, Сарысу, Нұра, Торғай өзенінің саласы, Зайсан, Алакөл төңірегі болған. ## Дереккөздер
Үлкен Ақсу — Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ауыл, Ақсу ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Шонжы ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 27 км-дей жерде, Ұзынқара (Кетпен) жотасының солтүстік баурайында, Ақсу өзенінің жағалауында, жусан аралас әр түрлі астық тұқымдас шөптесін өскен сайлы-жыралы келген тауалды жазығының қоңыр, қызғылт қоңыр топырақты құрғақ белдемінде орналасқан. ## Халқы ## Тарихы 1930-1997 жылдары қой өсіретін “Еңбек” ұжымшарының орталығы болды. Оның негізінде 1997 жылы Үлкен Ақсуда және округке қарасты Долайты, Кіші Ақсу ауылдарында ӨК және шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Ақшоқы тауы – Абай облысындағы Абай ауданының солтүстігінде орналасқан тау. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 40 км-ге созылып жатыр, енді жері 10 км. Ең биік жері – Майлықара шоқысы (571 м). ## Геологиялық құрылымы, жер бедері Ақшоқы девон граниттері мен гранодиориттерінен және жоғарғы протерозойдың негізгі эффузивтерінен түзілген. Тау беткейлері сайлармен тілімденген. Етектерінде бұлақ көп. ## Өсімдігі Ақшоқының қара қоңыр топырағында бетеге, селеу, жусан, сайларында шалғындық өсімдіктер, тал, бұталар өседі. Жазғы мал жайылымы ретінде пайдаланылады. ## Қосымша деректер Осы таудың етегінде Абайдың қыстауы орналасқан. Ақшоқы тауының Ералы жазығымен жалғасатын ортаңғы бөлігіндегі шоқы - Үлкен Ақшоқы, Кіші Ақшоқы деп те аталады. Кейде мұны Шеткі Ақшоқы, Құнанбай Ақшоқысы деп бөлектейді. Шеткі Ақшоқының басында Тобықты мен Найман билері ортақ үкім шығарып, Еңлік пен Кебекті өлім жазасына бұйырып, осы Ақшоқыдан оларды асау аттың құйрығына байлап, азаптап өлтірген. Құнанбай мырза 1860 жылы Ұлжаннан туған үш баласын: үлкен ұлы Тәңірбердіні 19 жасында, Абайды 15 жасында, Ысқақты 14 жасында - бәрін бір мезгілде үйлендіріп, Абай мен Ысқаққа Ащысу өзенінің жағасындағы Ақшоқыны еншілеріне берген. Ақшоқы баурайында Абай мен Ділдәнің тұңғышы Ақылбай дүниеге келеді. Алғашқыда Абай мен Ысқақ қыстау қораны бірге салдырған. Абай қорасының іргетасы Ақшоқыдағы сай түкпірінде қазіргі күнге дейін сақтаулы. Ысқақ Үлкен Ақшоқыны мекен етеді де, Абай одан бір жарым шақырымдай солт.-бат. шеттегі Кіші Ақшоқыны таңдап алады. Абайдың өзі жобасын белгілеген қыстау үйді сегіз бөлме етіп салдырған. Абай қыстауының ішкі-сыртқы құрылысы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Еңісте», «Оқапта» атты тарауларында жете суреттелген. Кіші Ақшоқыда Абай А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанын тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, «Айттым сәлем, қалам қас», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін шығарған. Ұлы ақынның «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті» дейтін өлеңдері де осында дүниеге келген. Кіші Ақшоқыдағы қыстау үйдің сырт жағындағы тастақ төбенің басына Абай ертелі-кеш бір мезгіл шығып отырады екен. Осындағы төбе үстінде болымсыз қарайған жер - күзектегі қойға арнап тастан салынған ықтырманың қалдығы, Мағауия күзегінің орны. 1904 жылы Мағауия дүние салғанда қонақасысы Кіші Ақшоқыда берілсе, жетісі осы айтылған Мағауия күзегінде өткізілген ## Дереккөздер
Үлкен Ақтау, Үлкен Борлытау – Қаратаудың шығыс сілеміндегі тау. ## Географиялық орны Жамбыл облысының Сарысу ауданы жерінде орналасқан. ## Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 70-80 км-ге созылып жатыр, ені 15-20 км шамасында. Абсолюттік биіктігі 992 м (Көктал кентінің батысында). Беткейлерін сай-жыра тілімдеген. Үлкен Ақтаудан Үшбас, Бүркітті, Шабақты өзендері бастау алады. ## Геологиялық құрылымы Үлкен Ақтау жотасы кембрий геосинклиналінің карбонатты тау жыныстарынан, ал беткей етегі ордовиктің терригендік тау жыныстарынан түзілген. Фосфорит, уран кен орындары бар. ## Өсімдігі Өсімдіктерден жусан, бетеге, көде өседі. Атырабы мал жайылымына пайдаланылады. ## Дереккөздер
Бұқантау— Қызылқұмның солтүстігіндегі аласа таулы бұйрат, Өзбекстандағы Бұхар облысының солтүстігінде. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 130 — 150 км-ге созылған. Ең биік жері — Ирлир тауы (абсосютті биіктігі 764 м). Жер қыртысы кристалдық тақтатастан, әктастан, жанартаулық тау жыныстарынан түзілген. Климаты қоңыржай континенттік. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –5 — 7ӘС, шілдеде 29 — 31ӘС. Жауын-шашын жылдық орташа мөлшері 150 — 200 мм. Бұқантау беткейлерінде бұлақтар бар, олар егін мен мал суаруға пайдаланылады. Бұқантаудың оңтүстік етегінде Үшқұдық қаласы орналасқан. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Білге Бұқа — ежелгі түркі тайпалары мен ұлыстарындағы лауазым. Бұқа сөзі көне түркі ескерткіштерінде кездеседі. Ол көне ғұндар арқылы мажар (венгр) тілінде де сақталған. Көшпелілер ұғымында Бұқа алып күштің иесі, төл атасы. Сондықтан оған тотем ретінде табынған. Аңыз әңгімелер мен тарихи жырларда таңбалы тастарда бұқа бейнесі жиі кездеседі. Латын жазушысы Е. Соземнің естелігі бойынша, Бұқа көшпелілерге жаңа қоныс ашушы, сулы, нулы жерлерді табушы. Қазақ ертегілері де осыны меңзейді. Қытайдың Хань дәуіріндегі жазбалары бойынша, ескі ғұндар балаларының атын Бұқаға еліктеп “Өкір” деп қойған. Ә.Марғұланның пікірінше, Өкір (Өкіреш) наймандардың ескі дәуірдегі бір тайпасының аты болған. Кейбір ғалымдар наймандарды сегіз оғыз тайпасымен этн. байланыста болған деп есептейді. “Оғызнамада” ең әуелі Бұқаның суреті бейнеленеді. Осыған сабақтас, 12 — 13 ғасырларда Найман мемлекетінің билеушілері өз лауазымдарын Бұқаға байланысты атауды дәстүрге айналдырған. Мыс., наймандардың сол кездегі билеушісі Инаныш Білге Бұқа хан аталса, оның екі ұлы Таян мен Бұйрық хандар Тай Бұқа, Бай Бұқа деп аталған. Бұқаға байланысты лауазым атақтар керей Уән мен Шыңғыс әулеттерінің арасынан да жиі кездеседі. ## Дереккөздер “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том
Елеусіз Бұйрин (1874, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы — 1933, Тәжікстан Республикасы, Душанбе) — алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектептерінің бірінде оқыған. Осындағы мектепте алты кластық орысша білім алған ол Қазан қаласына оқуға барып, сондағы мұғалімдер семинариясын бітіреді (1896). Семинариядан кейін Астрахан қаласына келіп, мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп түрлі қоғамдық-саяси өмірдің қыр-сырына бойлайды, алғашқы қаламгерлік қабілетін сынап байқайды. Елді мәдениетке, өркениетке жеткізуге шақыратын көшбасшы құрал — баспасөз екендігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары — Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, М.Шомбалов, С.Меңдешовтермен бірігіп, 1911 ж. Ордада “Қазақстан” деген газет шығарды. 1911 — 13 жылдары газеттің редакторы болып тұрды. Ол “Қазақстан” сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді. 1920 жылдарға дейін Бұйрин туған жерінде түрлі қызметтер атқарған. 1921 жылы мамырда Кеңестердің Бөкей губерниялық бірінші съезіне делегат болып қатысқан. 1920 жылдардың орта шенінде адвокат, кейінірек Қазақ АКСР Ағарту халкомында қызмет істейді. 1930 — 32 жылдары Алматы қаласындағы орталық музейде ғылыми қызметкер болады. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң, Бұйрин күзге салым Тәжік АКСР-не, Душанбе қаласына қоныс аударады. Сонда Тәжік АКСР-нің Орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. Алайда Бұйрин НКВД-нің құрығынан құтыла алмайды. 1933 жылы 16 сәуірде қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан дүние салады. Бұйриннің артында қалған әдеби мұрасы — өзі шығарып тұрған “Қазақстан” газетіндегі мақалалары мен көсемсөздері және “Ызың” атты өлеңдер жинағы. Бұйрин жинаққа “Әу, қазақ!”, “Азаматқа” деген екі өлеңі мен аудармасына қоса “Қазақстан” газетінде жарияланған М.Жұмабаев, А.Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Исин, т.б. ақындар өлеңдерін топтастырып берген. Жинаққа қойылған символикалық “Ызың” атауынан көрініп тұрғандай кітаптағы өлеңдердің негізгі идеясы — елді еңбекке, өнерге үндеу, елдікке, бірлікке шақыру, халық қамын ойлау, ұйымшылдықты мұрат ету. 1998 жылы Орал қаласындағы бұрынғы типография үйінде (Чапаев, 39) Бұйринге арнап ескерткіш тақта қойылды. ## Дереккөздер
Ақшора баба (1660 — 1715-20 ж.ш.) — Тәуке ханның замандасы, көріпкел әулие, емші. Жас кезінен алыстағы құбылыстарды көріп-сезуімен “көріпкел әулие” бала атанған. Өсе келе бұл қасиеті дами түскен. Оның осы қасиеттері “жеті иірге қол берген, жеті өлікке жан берген, Ақшора бабам қолдай гөр” деп дәріптеледі. Сынық салу, сырқаттарды емдеумен Ақшора баба есімі халық арасына тараған. Оның көріпкелдігі жау шабуылын алдын-ала болжауға, қазақ жасақтарын жау қоршауына түсіп қалмауын қамтамасыз етуге көп көмектескен. Жорықтарда найман Жанай батырдың, шақшақ Жәнібектің, керей Бөгенбайдың т.б. жасақтарымен бірге жүрген. ## Дереккөздер
Үлкен Алап (ағылш. Great Basіn) - Солтүстік Америкадағы (АҚШ-тың батысында) Кордильера тауының ішкі белдеуіндегі аса ірі таулы қырат. Батысындағы Сьерра-Невада және Каскад таулары мен шығысындағы Сеңгір таулардың аралығында жатқан орасан зор ішкі тұйық алап. ## Жер бедері Меридиан бағытында созылған, биіктігі 3000 метрден асатын қысқа жоталардан (Уиллер тауы, 3982 м) және оларды бөліп тұрған қазаншұңқырлардан тұрады. Қазаншұңқырлар жайпақ, түбі шамамен 1200—1500 м биіктікте. Ең тереңі — Ажал аңғарының түбі 85 м биіктікте. ## Геологиялық құрылымы Жер бедері мезозойлық қатпарлы іргетастың кайнозойда жақпарлы дислокацияға ұшырауының нәтижесінде түзілген. Бұл қозғалыстар жанартаулық әрекеттерге ұласқан. Сондықтан, көптеген биік шыңдар сөнген жанартау конустарынан тұрады. Қазіргі құрғақ климат жағдайында механикалық үгілу күшті жүреді. Тұрақты ағыстың жоқтығынан үгілген материалдар шетке шығарылмайды да, қазаншұңқырларды толтырып, жоталардың етектерін басып жатады. ## Климаты Климаты тым континенттік, көпшілік бөлігінде субтропиктік, солтүстігінде — қоңыржай. Ауаның температурасы жазда тәулік ішінде күрт ауытқиды. Қазаншұңқырлар күндіз қатты ысиды да (Ажал аңғарында 56,7°С температура тіркелген), түнде ондаған градусқа салқындайды. Шілденің орташа температурасы 20 – 22°С. Қысы салқын, тұман жиі түседі. Қаңтардың орташа температурасы көп жерінде 0°С төңірегінде. Жылдық жауын-шашын мөлш. 200 мм шамасында, кейбір қазаншұңқырларда 100 мм-ге жетпейді, жоталардың батыс беткейінде 500 мм-ге дейін көбейеді. Үлкен Алап түгелдей дерлік тұйық алапқа жатады. Жер беті су ағысы мардымсыз, уақытша ағыстар және қалдық көлдер көп. Ең ірі көлдері: Үлкен тұзды көл, Пирамид, Сивир, Юта. ## Өсімдігі Қазаншұңқырларда қоңыр, сұр топырақ, сор мен сортаңдар, тауларда қышқыл қоңыр топырақ таралған. Көпшілік бөлігін шөлейт алып жатады. Өсімдігі солт-нде астық тұқымдасты — жусанды, оңтүстігінде кактус, юкка және агава аралас креозот бұтасы басым. Топырағы тұзды, тұйық көлдердің төңірегінде өсімдік өте жұтаң. Жоталардың беткейлерінде қарағай-арша орманы тараған. Жануарлар әлемінде жорғалаушылар негізгі орын алады (сылдырмақты жылан, кесіртке, т.б.). Өзен бойы алқаптарында бау-бақша, арпа-бидай егіледі. Тау беткейлері мал жайылымына пайдаланылады. Мысалы, полиметалл, алюминий, вольфрам, т.б. кен орындары бар. ## Дереккөздер
Үлкен Ақтөбе — орта ғасырдағы қаланың орны. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Қызылту ауылынан солтүстікке қарай 6 км жерде орналасқан. * Алғаш 1948 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция кезінде (жетекшісі Ә.Х. Марғұлан) анықтап, зерттелінді. * 1982, 1984, 1986 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) археология отряды (жетекшісі М.Е. Елеуов) жоспарын түсіріп, қазба жұмыстарын жүргізді. * 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археология экспедиция (жетекшісі К.Байпақов) қайта зерттеді. Қазіргі орны, бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған екі қабаттан тұратын төбе. Астыңғы төбешік орнының көлемі солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 м, батыстан шығысқа қарай 90 м, биіктігі 1 м. Төбешіктің ортасында тік төртбұрышты келген, көлемі 50 м, биіктігі 5 м екінші төбешік бар. Онда 8 мұнараның орны сақталған. Төрт мұнара алаңның төрт бұрышына, ал қалған төртеуі екі-екіден солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жақтарының ортасына орналасқан. Екінші алаңға кіру есігі шығыс қабырғасы жағында, оңтұстік-шығыс бұрыштағы мұнараға жақын. 1982 — 86 жылдары аралығында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ескерткіштің батыс, оңтүстік-шығыс бөліктерінде ұзындығы 16 м, ені 1 — 1,6 м, тереңд. 6,5 м жерді алатын қазба жүргізіліп, қалашықтың бекініс қабырғалары бес кезеңді қамтитындығы мәлім болды. Қазба барысында табылған құм, құмыра, тағы басқа қыш ыдыстар сынығына қарағанда қаланы тұрғындар 7 — 12 ғасырларда мекендеген. ## Сілтемелер: http://wikimediafoundation.org/wiki/Terms_of_Use ## Дереккөздер
Бозбала — он үш жас пен кәмелет жасы аралығындағы жас жігіт. Адамның өз айналасына балаң көзқараспен қараудан арылып, естияр адам ретінде қалыптасуға даярланатын кезең. Бозбаланы, әдетте, жаны таза, ары биік, ізетті жас етіп тәрбиелеуге мән берген. Өмірдің түрлі жағдайларында өз қабілеті мен мүмкіндігін сынауға ұмтылу — Бозбала ға тән қасиет. Сол себепті Бозбала өмірге құштарлығымен, қызығушылығымен, әсерленгіштігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, “бозбалалық” сөзі “жастық желік”, “албырттық”, “қызыққұмарлық” ұғымында қолданылады. Сондықтан әркім өз мінез-құлық ерекшелігіне сай Бозбала кезін абыроймен өткізуі үлкен сын болып табылады. Бозбала жігіттіктің жігерлілік, қайсарлық, намысқойлық, т.б. қасиеттеріне ие болуға талпынады. Адамның қандай Бозбала болғанының оның кейінгі өміріне ықпал-әсері мол. Есейген сайын Бозбала ның ой-санасы, қарым-қабілеті жетіліп, қиындықтарға шыңдала түседі. Қазақ халқы “он үште — отау иесі” деп, Бозбала ның мойнына отбасы жауапкершілігін артқан. Қазақ дәстүрінде әр әке өз баласының бейімділігін, ерекшелігін ерте аңғарып, оның бойындағы табиғи қасиеттерді Бозбала кезінде дамытуға тырысатын. Мысалы, өткен ғасырларда Бозбала сөз ұғарлық ойлы болса, әкесі оны ел адамы етуді көздеп, жақсыларға жанастыратын. Ән, күйге бейімділік нышаны болса, өнер қуған сал-серілерге ерткен. Шаруа қуарлық талабы болса, үй шаруашылығының тізгінін беріп, соған мегзеген. ## Дереккөздер
“Бозғұлан” — батырлық жыр. 7 — 8 буынды жыр және 11 буынды өлең үлгісімен жазылған. Шығарма оқиғасы ертегі мазмұнына құрылған. Жеті жасар хан баласы Бозғұланның өз елін шапқан қалмақ ханы Өмірханнан өш алып, олжалы оралған ерлік істері қызықты баяндалады. Жырдың толық нұсқасын тіл маманы Ә.Бөрібаев қызылордалық жыршы Б. Баймағамбетовтен жазып алған. Бұл нұсқа Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы. ## Дереккөздер
Бұқарбай батыр ауылы — Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы ауыл, Бұқарбай батыр ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Жалағаш кентінің оңтүстігінде 13 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында қуаң агроклиматтық белдемде орналасқан. Өсімдіктерден кекіре, жантақ, өлең, қызылмия, жыңғыл, шеңгелдер басым. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 2150 адам (1089 ер адам және 1061 әйел адам) болса, 2009 жылы 1983 адамды (998 ер адам және 985 әйел адам) құрады. ## Тарихы 1930 жылдан Калинин ұжымшары болып келген. 1993 жылдан "Бұқарбай" ауылы деп аталады. Бұқарбай ауылдық округ құрамына кіретін “Асықата”, “Тұланбай”, “Қарой”, “Арықбалықты” елді мекендерінде күріш егумен айналысатын 4 шаруа қожалықтары және бір акционерлік қоғам ұйымдастырылған. ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, клуб, учаскелік аурухана, мешіт, диірмен бар. Ауыл тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Үлкен Алматы өзені (орыс. Большая Алматинка) – Қаскелең өзенінің оң саласы. ## Географиялық орны Алматы қаласы және Алматы облысы жерімен ағады. ## Бастауы Іле Алатауындағы 3000-3500 м биіктіктегі екі қуатты мұздықтан басталады. ## Гидрологиясы, қоректенуі Ұзындығы - 96 км. Су жиналатын ауданы - 425 км2. Биік тау бөлігінде өзен арнасы тік, шатқалды, ені 5,0 - 7,0 м, тереңдігі 0,5 - 0,6 м, төменгі ағасында ені 8 м, тереңдігі 0,5 м. Жылдық орташа су ағымы Терісбұлақ сағасында секундына 5,0 м3-ге жуық. Мұздық, көп жылдық қар, жауын-шашын суымен толығады. Сел қаупі өте күшті өзендердің бірі. 1921 және 1950 жылы жойқын сел жүрді. Сел қаупіне қарсы осы өзен арнасы басып өтетін Үлкен Алматы көліне бөгет салынған. Қала ішіндегі арнасы бетондалған, Сайран демалыс бөгені жасалған. Өзенде сел қоймасымен 40-метрлiк темiрбетонды бөгет құрастырылған. Үлкен Алматы бойында бірнеше СЭС, санаторийлер, оқушылар демалатын лагерьлер бар. Өзеннiң негiзгi қоректенуi - жартастар, мұздықтар және мәңгi қарлардың облысы. Аршаның тоғайлары бар биiк тау шалғындары төменде көрiнiп қалады, қылқан жапырақ және жапырақты орманды белдiктер өтедi. ## Салалары Ірі салалары: Өткелді, Терісбұтақ (теңiз деңгейiнен 3200 м биiктiкте Іле Алатауының баурайынан басталады, ұзындығы -11 км, су жиналатын ауданы 32,3 км2), Қызылкүнгей, Серкебұлақ, Құмбел, Аюсай. ## Тағы қараңыз * Үлкен Алматы бөгеті * Үлкен Алматы каналы ## Дереккөздер
Мәңгілік— дүниенің, болмыстың, материяның шексіз өмір сүруін білдіретін философиялық категория. Діни ілімдер мен идеалистік философияда: Құдайдың, “абсолюттің”, “абсолюттік рухтың”, “идеяның”, “абсолюттік ақылдың”, “әлемдік үйлесімділіктің” шексіздік сипатын дәріптейтін ұғым. Материя уақыт жағынан да, кеңістікте өмір сүруімен де мәңгі болып есептеледі. Мәңгілік дүниенің материалды екендігін дәлелдеп, оның өзара бірлікте екенін көрсетеді. Мәңгілік материяның қалыптасып, дамуымен ғана анықталса, онда уақыт пен кеңістік арқылы шексіздік пен шетсіздік, сан мен сапа үнемі дамып, өзгереді, үздіксіз мағынасыз қозғалыс орын алады. Рухани дүние Мәңгіліктің негізін қалайды, соған мән береді. Мәңгілік өзі адамдардың рухани, материалдық байлығының өміршеңдігімен, олардың үнемі дамып, жетіліп, өркендеуімен тығыз байланысты. ## Дереккөздер
Бұйражапырақ , шандра (лат. Marrubium) – ерінгүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық кейде көп жылдық өсімдіктер. Қазақстанда Үстіртте, Маңғыстауда, Балқаш — Алакөл ойысында, Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей Алатауларында, Қаратауда кездеседі. Бұйражапырақтың тастақты жерлерде, жол бойларында өсетін кәдімгі Бұйражапырақ (vulgare) және ала түсті Бұйражапырақ (alterrіdens) деген түрлері бар. Олар — биіктігі 20 — 100 см, ақшыл қалың түкті өсімдік. Тік өсетін бір, кейде бірнеше сабақтары болады, оның жоғарғы жағы бұтақталып кетеді. Жапырақтары дөңгелек, шеті тісті, тілімденген. Ақ, ашық сары немесе қызғылт түсті гүлдері шоғырланып, жапырақ қолтығында орналасады. Маусым — тамыз айларында гүлдейді, қыркүйекте жемістенеді. Жемісі — үш қырлы, қара-қоңыр түсті жаңғақша. Бұйражапырақ — бал-шырынды және дәрілік өсімдік. ## Қосымша Бұйражапырақ — еріндігүлділер тұқымдасына жататын бір жылдық кейде көп жылдық өсімдік. Қазақстанда — Үстіртте, Маңғыстауда, Балқаш-Алакөл ойысында, Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей Алатауларында, Қаратауда кездеседі. Балтық тастақ жерлерде, жол бойларында есетін кәдімгі Бұражапырақ және ала түсті бұйражапырақ деген түрлері бар. Олар — биіктігі 20-100 см, ақшыл қалың түкті өсімдік. Тік өсетін бір, кейде бірнеше сабақтары болады, оның жоғары жағы бұтақталып кетеді. Жапырақтары дөңтелек, шеті тісті, тілімденген. Ақ, ашық сары немесе қызғылт түсті гүлдері шоғырланып, жапырақ қолтығында орналасады. Маусым-тамыз айларында гүлдейді, қыркүйекте жеміс береді. Жемісі — үш қырлы, қаракоңыр түсті жалпақша. Бұйражапырақ — балшырынды және дәрілік өсімдік. Июнь айынан бастап күзге дейін гүлдейді. Қырымда, Кавказда, Краснодар өлкесінде және Орта Азияда кездеседі. Шандра шөбінде эфир майы, сапонин, холин, ащы (маррубин), маррубиин және илік заттар болады. Халық медицинасында шандра тыныс жолының созылмалы катарында, өкпе туберкулезінде, бронх демікпесінде, бауырдағы ую құбылыстарында, сары ауруда, етеккірі бұзылғанда, безгеккте, шеменде, геморрой ауруында, қан аздықта, құраспада және ас дұрыс қорытылмаған жағыдайда қолданылады. ## Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том
Еркінбек Ақынбеков (1863 жыл, қазіргі Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Құшата ауылы — 1918 жыл, Түркістан қаласы) — ақын, ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы. * 1893 ж. Түркістандағы төрт кластық орыс мектебін бітірген. * Ферғана, Әулиеата, Шымкент уезі басқармаларында тілмаш болған. * Түркістан уезі атқару комитетінде әкімшілік жұмыс атқарған. ## Фольклор саласындағы еңбектері * Қысқа арнау, сықақ, насихат өлең-жырлар шығарған, қисса-дастандар, толғау-термелер жырлаған. * Қазақ халқының эпостық жырларын жинаумен шұғылданған. * Ә.Диваев Ақынбековтың айтуы бойынша “Алпамыс”, “Бекет батыр” дастандарын жазып алып, 1897, 1916, 1922 ж. жариялаған. ## Дереккөздер
Ақырап — Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы ауыл, Ақырап ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Қобда ауылынан солтүстік-батысқа қарай 55 км-дей жерде, Үлкен Қобда өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ең жақын темір жол стансасы - Мәртөк. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 1926 адам (948 ер адам және 978 әйел адам) болса, 2009 жылы 856 адамды (439 ер адам және 417 әйел адам) құрады. ## Инфрақұрылымы Ауылда астық қабылдау пункті, мәдениет үйі, кітапхана, аурухана, санитарлық-эпидемиялық станса, орта және музыка мектебі бар. Тұрғындар жақын елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Ақынқожа — қазақ халқының құрамындағы ру. Ұлы жүздегі Қаңлы тайпасынан таратылады. Ұраны — Бәйтерек, таңбасы — шылбыр, көсеу. Кейбір деректерде Ақынқожа Ақбарақ деп те айтылады. Ақынқожа — Жұман, Ағай, Айбас, Оразай болып бөлінеді. Ежелден Сыр бойын, Жетісуды мекендеген. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Ақынжанов Сержан (3.9. 1939, Алматы - 16.8.1991, Тараз) — ғалым-археолог, тарих ғылымдарының кандидаты (1973). М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1964) үздік бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында қызмет істеді. Ақынжанов “Қыпшақтар және олардың 11-13 ғ-дың басындағы Хорезммен өзара саяси қатынастары” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (1973). Отандық тарих, археология, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мәдениетіне арналған 50-ден астам ғылыми еңбек жазды. “Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар” атты қыпшақтардың қоғамдық құрылысы, мемлекеттік құрылымдары мен мал шаруашылығы түрлері жөніндегі көлемді монографиясы жарыққа шықты (1989, 1995). Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясына, Шульба археологиялық экспедициясы (1982 — 1986), Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясына (1985), сондай-ақ Қазақстан археологиясы тарихында тұңғыш құрылған қазақ-американ халықаралық археологиялық-этнографиялық экспедициясына жетекшілік етті. Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этногрия институтының археологиялық технология зертханасын басқарды. Ақынжанов Тараз қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде қаза тапты. ## Дереккөздер
Үлкен Алматы Бөгеті, Үлкен Алматы өзенінің аңғарында тұрғызылған. Алматы қаласына қауіп туғызатын сел тасқынын бөгейді. Бөгеттің жобасын С.Я. Жук атындағы “Гидропроект” институтының Қазақ бөлімшесі 1974 — 75 ж. жасады, құрылысы 1976 — 79 ж. жүргізілді. 1980 ж. пайдалануға берілді. Бөгеттің биіктігі 40 м, жалпы ұзындығы 422 м, оның ішінде бітеу бөлігі 282 м, сел ағызатын бөлігі 140 м. Бөгеттің бітеу бөлігі дөңбектас-малтатастан үйілген бөгеттен және оның ернеуінде тұрғызылған темір-бетонды тіреуші үстемеден тұрады. Сел тасқынының артық көлемін бөгет арқылы өткізіп жіберу үшін түрлі ағызушы қондырғылар жүйесі жасалған. Бөгеннің сыйымдығы 8,2 млн. м3. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том
Ақыртөбе — Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы ауыл, темір жол бекеті, Ақыртөбе ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Құлан ауылынан батысқа қарай 51 км-дей жерде, далалық белдемде орналасқан. ## Халқы Ауылда элеватор, өндірістік кооператив жұмыс істейді. Орта мектеп, емхана, тіс емдеу пункті, клуб бар. Ақыртөбе арқылы Алматы-Тараз автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер