text
stringlengths
3
252k
Ұлыбай-Тасмола мәдениеті – Қазақстанның солтүстік өлкелерінде тараған сақ дәуірі тайпаларының мәдениеті. Ескерткіштердің негізгі топтары Ақмола облысының солтүстік мен Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Көкшетау таулы өлкелері, Шағалалы, Есіл өзендерінің алқаптарында кеңінен тараған. Бұл ескерткіштерге байланысты алғашқы деректер К.Ақышев, М.П.Грязнов ізденістері барысында 1950 жылдардың ортасынан бастап жинақталды. 1970 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы жүргізген кешенді зерттеулерін қорытындылай келе, М.Хабдулина 1994 жылы Ұлыбай-тасмола мәдениетін бөліп шығарды және оның Орталық Қазақстанда өмір сүрген сақ дәуірі тайпаларының тасмола мәдениетінің солтүстік өлкелердегі жергілікті нұсқасы екендігін атап көрсетті. Түрлі көлемдегі бірнеше қоныстары, көптеген қорымдары зерттелген, тұрғындардың заттық мәдениеті кеңінен талданып, идеологиялық көзқарастары да біршама жақсы қарастырылған. Зерттелген тұрақты қоныс-мекендері қатарына Шағалалы өзенінің оң жағалауындағы Кеңөткел-10 қонысы, Есіл өзені бойындағы Қарлыға-1, Борқы-1,-2 қоныстары, сондай-ақ Есілдің оң жағалауында орналасқан күшейтілген Ақтау қалашығы жатады. Қазба деректеріне қарағанда, қоныстардағы нашар сақталған үйлердің қабырғалары ағаштан көтеріліп, төбесі шатырлап жабылған болуы керек. Жалпы саны 160-тан астам обадан жерлеу ғұрпына, архит. үрдістерге, қаружарақ, ат әбзелі мен шаруашылық-тұрмыстық бұйым түрлеріне байланысты көп мөлшердегі құнды деректер алынды. Мерзімдемелік ауқымы бойынша б.з.б. 8–7 ғасырларда басталып, б.з.б. 3 ғасырға дейін жетеді және ескерткіштері ерте (б.з.б. 8–5 ғасырлар), кейінгі (б.з.б. 4–3 ғасырлар) деп аталатын 2 сатыға бөлінеді. Топырақ, тастан тұрғызылған обаларының көбінде үйіндіні айналдыра өткізілген ор болған, неғұрлым күрделі архитекторлық-құрылымдық сипатқа, әсіресе, ерте сатыдағы обалар ие. Мұнда диаметрі 30–80 м, биіктігі 1,5–4 м болатын үлкен обалармен қатар, көлемі бұдан анағұрлым кіші, орташа және шағын обалар да бар. Үлкен, топырақ үйінділі обалардан маңызды архитекторлық деректер алынған. Мысалы, Бірлік, Кеңес, Қараоба, Покровка қорымдарындағы обаларды зерттеу барысында топырақ үйінділердің астында кезінде «Қима» үлгісімен тұрғызылған үлкен көлемді ағаш құрылыстар болғандығы дәлелденді. Кеңес қорымының 1-обасындағы ағаш құрылыстың аумағы 3×4 м, қабырғалары 5 қабат бөренемен көтерілген, үсті 2 қабат бөренемен жабылған. Кеңес қорымының 11-обасындағы қиманың аумағы 7×8 м, биіктігі 1 м, оның үстіне қиық пирамида тәріздес қалың жабын қойылып, оны ортадағы тігінен орнатылған 1 қатар жуан діңгектер көтеріп тұрған. Покровка қорымының 1-обасынан мұндай оба асты құрылысының тағы бір тәсілі анықталды. Бұл обада кезінде жер бетіне төртбұрыш түрінде 16 діңгек орнатылып, олардың аралары ағашпен өрілген. Зерттеушілердің пікірінше, орманды-далалы, ағашқа бай солтүстік өңірдің мұндай табиғи мүмкіндіктері қоныстарда үй тұрғызуға, ақсүйектерге арналған үлкен обалардың архитектурасына да кеңінен қолданылған. Жерлеу камерасының негізгі түрі – қарапайым шұңқыр қабірлер. Сиректеу жағдайда шұңқырдың бүйірінен арнайы ойық жасалған, яғни лақытты қабірлер кездеседі. Адам мүрделері тігінен созылған күйде арқасымен жатқызылып, бастары батысқа, солтүстік-батысқа қаратылған. 32 қорамсаққа бірігетін барлығы 250-ден астам садақ жебелерінің негізгі тобы қоладан құйылған (ұңғылы, шабақты болып 2 түрге ажыратылады), одан басқа сүйек, темір жебелер бар. Маңызды деректер қатарына қола қанжарлар, семсерлер, пышақтар, айналар, тас ыдыстар мен қыш ыдыстар, түрлі әшекейлер мен тұрмыстық заттар жатады. Ерекше ғұрыптық ескерткіштер түріне, әсіресе, Орталық Қазақстан сақтары мәдениетінде кең тараған «Мұртты обаларға» жатады. Ғалымдардың пікірінше, мал шаруашылығын, металлургияны басты бағыт ретінде өркендеткен, егіншілікпен шұғылданған Ұлыботай-тасмола мәдениетінің тайпалары этностық байланыстар тұрғысынан алдымен Орталық Қазақстан сақтарына етене жақын, сонымен қатар өз кезегінде Оңтүстік Орал сыртының бобров-тасмола мәдениетінің қалыптасуына әсер еткен. Кейінгі кезеңде Батыс Сібір өлкесінің сармат мәдениетімен, ал мәдениет дамуының соңына қарай батыс өлкелердің сармат мәдениетімен арадағы байланыстар неғұрлым күшейген. ## Дереккөздер
Әділсот — соттың іс жүргізу тәртібімен азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқылары мен мүдделерін қорғау мақсатында азаматтық және қылмыстық істерді, сондай-ақ экономикалық дау-дамайларды қарап, шешу жөніндегі құқық қолданушылық қызметі. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Әділсотты тек сот қана жүзеге асырады (75-бап). Сот билігі конституциялық, азаматтық, әкімшіліктік және қылмыстық сот өндірісі арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасының сот жүйесі Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентінің 1995 жылы 20 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының соттары және судьялардың статустары туралы” Жарлығында айқындалған. Ешбір органның, лауазымды немесе өзге адамның өзіне соттың қызметтік міндетін алуға қақы жоқ. Әділсот — заңдылық, соттардың сайланбалылығы мен тағайындалатындығы, судьялардың тәуелсіздігі, тараптардың заң мен сот алдында теңдігі, кінәсіздік презумпциясы, сотта іс қараудың жариялылығы, т.б. принциптердің негізінде салтанат құрады.
Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесі Талғат Бигелдинов атындағы — авиация мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны. 1974 ж. ашылған. Оқу мерзімі 4 жыл. 4 факультеті, 16 кафедрасы бар. Инженер-ұшқыш, инженер-психолог, жалпы инженер т.б. (барлығы 13) мамандықтар бойынша авиация кадрларын даярлайды. Училищеде 11 ғылым кандидат ұшқыштар, нұсқаушылар, инженер-оқытушылар дәріс береді. Кітапханасы, оқу-әдістемелік ғимараты, оқу залдары, жатақханасы, тренажер орталығы бар. 1996 жылдан Венгрия, Ауғанстан елдері үшін де ұшқыштар даярлайды. Сырттай оқытатын бөлім жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Халықтың қоныстануы — халықтың аумақ бойынша бөлінуі және қайта бөліну үдерісі мен оның нәтижесіндегі қоныстар желісі. Халықтың қоныстануы ұғымы халықтың орналасуын, елді мекендердің атқарымдық аумақтық өзара байланыстарын, халықтың көші-қонын (қоныс аударуын, маусымдық және қатынамалы көші-қонын) қамтиды. Халықтың қоныстануы — күрделі әлеуметтік-экономикалық үдеріс, сондықтан ол социологияның, демографияның, халық географиясының, этнографияның, қала құрылысының, басқа да ғылымдардың тақырыбы болып табылады. Социология Халықтың қоныстануын қоғамды ұйымдастырудың кеңістікті нысаны ретінде зерттейді. Демография халықтың тіршілік ету аумағы бойынша бөлінуі және қайта бөлінуі үдерісін зерделейді. География Халықтың қоныстануын табиғат ортасымен ықпалдастықта қарастырады; халық бұл орайда қоныстардың белгілі бір экон.-геогр. параметрлері бар желілерінің қалыптасуының аса маңызды факторы ретінде зерттеледі. Тарихи-геогр. көзқарас адамның қоныстарды игеру тарихын қадағалауға мүмкіндік береді. Халықтың қоныстануының халықтардың рухани және материалдық мәдениетінің қалыптасуына және бір-біріне дендеп енуіне ықпал етуін этнография зерделейді. Қала құрылысы тәсілі аумағы әр түрлі елді мекендердің орналасуын және өндіріс орындарына, көлік жолдарына, табиғат ортасына және бір-біріне қатынасы бойынша атқарымдық тұрпатын, халықтың елді мекендердің ішінде еңбек ететін жерлеріне, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына, демалыс аймақтарына және қала құрылысының басқа да элементтеріне қарай бөлінуін зерттеу кезінде қолданылады. Халықтың қоныстануының басты заңдылығы — қоныстану нысандарының экономиканың даму деңгейіне сай келуі. Алғашқы қауымдық қоғамға аумақтарға қоныс тебудің баяу жүруі тән. Бұл орайда қоғамның әрбір мүшесі үшін біршама көп жерді пайдалану қажет болды, мұның өзі өндіргіш күштердің төмен деңгейде дамуына сай келді. Осыған байланысты алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі Халықтың қоныстануы көбінесе көшпелі нысандардың басым болып келуімен сипатталады. Егіншілікке көшу нәтижесінде жер-жерге бекітілген қоныстардың желілері қалыптасты. Алғашқы мемл. құрылымдарда қоғамдық еңбек бөлінісінің дамып, тереңдеуіне байланысты қалалық қоныстардың желісі қалыптаса бастады. Халықтың көшіп-қонуының күшеюіне қарамастан бұл дәуірде Халықтың қоныстануы аумақтарда әркелкілі сипатта болды. Халық біршама жиі қоныстанған аймақтарға қарағанда тым сирек қоныстанған және қоныстанбаған ұлан-ғайыр кеңістіктер көп болды. Индустр. қазіргі қоғамға Халықтың қоныстануының урбанизацияланған тұрпаты тән: өндіргіш күштер (соның ішінде халық та) бұған дейін болып көрмеген дәрежеде қалаларға шоғырланды, қала агломерациялары, урбанизацияланған аудандар қалыптасты, халықтың аумақтарда, тіпті ұлттық деңгейде ғана емес, еларалық деңгейде де көшіп-қонуы күрт көбейді; ауыл халқының үлесі төмендеді. Ел аумағында Халықтың қоныстануы үдерісінің дамуын айқындайтын факторлардың жиынтығы үлкен үш топқа бөлінеді. 1) Әлеум.-экон. факторлар: даму деңгейі және өткен кезеңдерде қалыптасқан экономика салаларының орналасуы, халық табысының деңгейіндегі аймақтық айырмашылықтар, күрделі жұмсалымдарды бөлу, көлікпен қамтамасыз ету, т.б. 2) Табиғат факторлары: климат, жер бедері, топырақ, басқа да табиғат ресурстары. Экономиканың даму деңгейі жоғары болған сайын табиғат факторларына тәуелділік те азаяды. Алайда олар Халықтың қоныстануында үлкен рөл атқара береді. 3) Демогр. факторлар тобына ең алдымен миграц. үдерістердің аймақтық айырмашылықтары, сондай-ақ халықтың өсіп-өну үдерістерінің қарқындылығындағы айырмашылықтар жатады. Нақты өмір шындығында осы негізгі факторларды кешенді түрде алып қарағанда ғана Халықтың қоныстануының дамуы туралы жеткілікті дәрежеде толық түсінік алуға болады. Экономика құрылымындағы өзгерістерге байланысты Халықтың қоныстануының табиғат ресурстарына тәуелділігі азаяды. Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің халқы тез көбейіп келеді, оларды жер шары халқының 34 бөлігінен астамы тұрады. БҰҰ болжамы бойынша 2000 ж. қарсаңында бұл елдерде әлемдегі халықтың 81,6%-ы, Солт. Америка, Еуропа және ТМД елдерінде 18,4%-ы ғана тұрады. Қазақстан әлемдегі халық ең аз қоныстанған елдердің біріне жатады. 2006 жылдың басында республикада 1 км2 аумаққа халықтың тығызд. 5,2 адамнан келді. Халық ең көп шоғырланған аумақ Оңт. Қазақстан обл-нда 19,0 адамнан. Одан кейінгі орындар Алматы (7,2), Жамбыл (6,9), Солтүстік Қазақстан (6,8) облыстарының үлесінде. Халық ең аз шоғырланған аумақтарға Қызылорда (2,7), Ақтөбе (2,3), Маңғыстау (2,3) облыстары жатады. Қазақстандағы қала халқының саны 8,7 млн-ға жуықтады (57,1%), ал ауыл тұрғындарының саны 6,5 млн-нан асты (42,9%).
Қошқар – жыныстық қуаты жетілген еркек қой. 4 – 5 айлығында жетіледі. Осы кезден бастап ұрғашы тоқтылардан және саулықтардан бөлек, жеке бағылады. Олардың арасынан күйекке салуға жарамдылары іріктелініп, ерекше күтімге алынады да, 1,5 жасынан бастап саулықтарды ұрықтандыруға пайдаланылады. Асыл тұқымды Қошқардың тұқымдық сапасын анықтау 1 – 4 айлық немесе 1 жасар кезден бастап жүргізіледі. 1,5 – 3,5 жасар аралығындағы Қошқарды 80 – 100 саулыққа салуға болады. Ересек Қошқар күніне 2 – 3 рет ұрық береді. Саулықтарды қолдан ұрықтандыру кезінде (45 тәулікке жуық) бір қошқардың ұрығы 400 – 500 саулықты ұрықтандыруға жетеді. Тұқымдық Қошқар 7 – 8 жасқа дейін күйекке салынады.тұсақ-қошқар - 1,5-2 жас аралығындағы қошқар. Кестірілгеннен кейін "ісек" аталады. . ## Дереккөздер
Томарлы (2023 жылға дейін – Фёдоровка) — Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы ауыл, Томарлы ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Тереңкөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 38 км жерде, Ертіс маңы жазығында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1900 жылдың басында қаланған. XX ғасырдың 30-жылдарының басында ұжымшар орталық болды. 1961 жылы ұсақ ұжымшарларды біріктіру негізінде құрылған өзімен аттас сүт өндіру бағытындағы ірі қара мал өсіретін кеңшардың орталығына айналды. 1995 жылдан кейін кеңшар таратылып, оның негізінде шаруа қожалықтары құрылды. Фёдоровкада сондай-ақ машина-трактор жөндеу шеберханасы, май зауыты, сауда орталығы, т.б. мәдени-тұрмыстық мекемелер жұмыс істейді. ## Дереккөздер
Айқаат (араб — кесім, норма) — мұсылманшылық құқықта: өзара қарым-қатынас жасаушы тараптардың заң жүзінде жасалатын келісімдерін талап етпейтін міндеттемелерінің жиынтық атауы. Ол әркімнің ішкі сенімі арқылы пайда болып, ерікті түрде жүзеге асуға тиіс. Екі жақтың өзара келісімі талап етілмегенімен, айқаатқа міндетті түрде куәгерлер қатысады, сот жол-жоралғылары (яғни, сот процесі өткізіледі, іс қағаздары, құжаттамалары ресімделеді, т.б.) атқарылады.Айқаатқа енген міндеттемелер өз мәндеріне орай 4 бөлімнен тұрады. * Бірінші бөлім — отбасы тұрмысына қатысты міндеттемелер. Оған: 1) ажырасу;2) ғайбат, көңіл қаларлық сөз айту;3) ашына (ойнас) еместігі жайында ант ету;4) қарғыстар туралы тарау кіреді. * Екінші бөлім — құлдардың хал-ахуалдарына қатысты міндеттемелер. Оған: 1) жалпы құл жағдайы;2) құлдарды қожасының еркімен азат етуі;3) құлдарды заңды түрде азат ету;4) қожасы өлгеннен кейін азат ету;5) құлдарды сыйлық шарты бойынша азат қылу;6) қашқын құлдарды іздеп табу шаралары;7) күңдермен отасу және олардан туған балалар туралы тараулар кіреді. * Үшінші бөлім — сот ісін жүргізуге қатысты міндеттемелер. Оған: 1) мойындау;2) ант ішу тараулары кіреді. * Төртінші бөлім — діни серт беру және күнә мен қылмыс жасаушылардың өкіну (арылу) мәселелерін қамтиды. ## Дереккөздер
Қошқарата – Үлкен Борсық құмының батысындағы көл. ## Географиялық орны Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, Көкала қыстағының батыс жағында орналасқан. ## Гидрографикасы Ауданы 65,0 км2. Көлге көктемде қар суымен толығатын Кендірлі өзені құяды. Жазда кеуіп, сор болып жатады. Төңірегі – жайылым.
Бабаш Әбілқасымов (2 қараша 1931 жылы туған, Атырау облысы Исатай ауданы - 29 шілде 2022 жыл, Алматы) — ғалым, филология ғылымдарының докторы (1983), профессор (1994). Қазақстан жаратылыстану академиясының академигі ## Өмірбаяны 1953 жылы Орал педагогикалық институтын бітірген. 1953-1958. Новобогат ауданың Амангельды атындағы орта мектептің директоры, Гурьев облыстық партия комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі. 1958-1961. Атырау педагогикалық институтында проректор. Қазақстан ғылым академиясының Тіл білімі институтында аспирант (1961-64), ғылыми қызметкер (1964-67), ғылыми хатшы (1967-75), аға, жетекші ғылыми қызметкер (1975-87) 1987-1991. Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары 1991-1996. "Түркология және қазақ тілі тарихы" бөлімінің меңгерушісі 1998 жылдан бас ғылыми қызметкер ## Ғылыми еңбектері Негізгі ғыл. еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге арналған. Оның 18 — 19 ғ-лардағы қазақ әдеби тілі, 19 ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тіл, алғашқы қазақ газеттерінің тілі жөніндегі монографиялары қазақ әдеби тілі тарихы үшін аса қажетті еңбектердің қатарына жатады. Онда “Түркістан уәлаяты” мен “Дала уәлаяты” газеттерінің, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы шығармаларының тілі талданып, олардың қазіргі әдеби тіліміздің бастау көзі болып саналатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденді.Әбілғазы баһадүрдің “Шежіре-И Түрік” кітабының зерттелу тарихына шолу жасап, ондағы тұрақты сөз тіркестерін тілдік тұрғыдан талдады. Шығарманы көне түркі тілінен қазіргі әдеби тілімізге аударып, жеке кітап етіп шығарды. ### Еңбектер тізімі * Қазақ жазбасында тыныс белгілерін қолдану тарихына қатысты соны деректер // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. 1963. N3. Б. 80-82. * Қазақ жазбасында тыныс белгілерін қолдану тарихына қатысты кейбір деректер // Коммунистік еңбек. 1963. 11 қыркүйек. * «Дала уәлаяты газеті» тіліндегі грамматикалық ерекшеліктер // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. 1964. N4. Б. 75-85. * Қазақ тіліндегі алғашқы газет // Мәдениет және тұрмыс. 1964. N1. Б. 20-21. * Ы.Алтынсарин «Дала уәлаяты газетінде» // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. 1967, N1. Б. 83-84. * Қазақ тілі тарихының зерттелуі жайында // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. 1967. N5. Б. 71-78. * Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. Алматы. 1971. 187б. * Ізденіс мұраты // Қазақстан мұғалімі. 1971. 15 июль [Р.Сыздықованың «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» атты кітабына рецензия] . (Ә.Құрышжановпен бірге). * Әдеби мұра – көптің мүлкі // Коммунистік еңбек. 1971, 2 мамыр [Ү.Сүбханбердинаның «Әдеби мұра» атты кітабына рецензия]. * Әдебиет мәселелеріне арналған айтыс // Қазақстан мектебі. 1972. N2. Б. 91-92. * Ұстаз өткен жол // Қазақстан мұғалімі. 1972. 2 ақпан (Ғ.Әбухановтың 60 жылдығына). * Орыс ғалымының қазақ тіліндегі хаты // Коммунистік еңбек. 1973, 17 наурыз. * Алғашқы қазақ календары // Торғай таңы. 1973, 31 мамыр. * Алғашқы қазақ газеттері тілінің алфавиттік-жиілік сөздігі // Қазақ тексінің статистикасы. Алматы. 1973. Б. 553-565. * Революцияға дейінгі жазба ескерткіштер тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің көрінісі // VII аймақтық диалектологиялық конференцияның тезистері. Алматы. 1973. Б. 59-62. ### Қоғамдық жұмыстары * Алматы мемлекеттік педагогикалық университетте сабақ берді (1983-86). * Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды университеттерінде, сондай-ақ Алматыдағы ҚазМУ, АлМУ, АлПУ, Қыздар педагогикалық университеттерінің мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды (1983-2001). * Алматыда өткен республикалық «Ана тілі» қоғамының құрылтайына қатысып, оның басқарма мүшесіне сайланды (1989). * Тіл білімі институты жанындағы «Түркі тілдері» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайтын арнайы кеңес төрағасының орынбасары (1987-92). * «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары. Тіл, әдебиет сериясының» редколлегия мүшесі (1987-1994). * Тіл білімі институтындағы докторлық диссертация қорғайтын кеңестің мүшесі (1992-2010). * Қыздар педагогикалық институтында, «Қайнар» және Алматы мемлекеттік университеттерінде әдеби тіл тарихынан дәріс оқыды (1980-2008). * Бішкек мемлекеттік университеті жанындағы филология бойынша диссертация қорғайтын кеңестің мүшесі (1993-1998). * Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссияның сараптау кеңесінің мүшесі (1994-1999). * Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі (1995). * Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі Ғылым академиясы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің мүшесі (1996). * А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті және Бішкек мемлекеттік университеті жанындағы филология саласынан докторлық диссертация қорғайтын кеңестердің мүшесі, сондай-ақ ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссияның сараптаушы кеңесінің мүшесі ретінде түркітанушы кадрлар даярлауға өз үлесін қосып келеді, көптеген докторлық, кандидаттық диссертациялардың ресми оппоненті. ## Шығармашылғы * Алғашқы қазақ газеттерінің тілі, А., 1971; * ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі, А., 1982, * XVІІІ — XІX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары. А., 1988. ## Марапаттары Сталин атындағы дербес стипендия иегері (1951-53 жж.) В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты «Ерен еңбегі үшін» медалі (1970) Қазақ ССР Ғылым академиясының Құрмет грамотасы (1971) «Социалисік жарыстың жеңімпазы» белгісімен (1972) «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен (1981) «Еңбек ардагері» медалі (1990) Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғысхаты» табыс етілді (2001) «Исатай ауданының құрметті азаматы» деген атақ берілді (2007) Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі мемлекеттік сыйлық (2008) «Ана тілі» төсбелгісі (2011) «Қырғыз тілі» төсбелгісі (2011) «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді (2015) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл медалі (2015) ## Дереккөздер
Қошқарата (2002 жылға дейін – Коммуна) — Түркістан облысы Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Абай ауылынан оңтүстікке қарай 2 км-дей жерде., Келес өзенінің жағалауында. ## Тарихы 1994 жылға дейін "Коммуна" деп аталған. 1967-1997 жылдары жеміс-жидек, жүзім өсіретін кеңшар орталығы болып келді. Оның негізінде 1997 жылы Қошқаратада ӨК және шаруа қожалықтары құрылды. ## Халқы ## Дереккөздер
Үстірт мұнайлы-газды алабы — Үстірттің Каспий және Арал теңіздері арасындағы бөлігін қамтыған мұнайлы-газды өңір. Жалпы ауданы 170 — 175 мың км2. Қазақстанға Үстірттің тек батыс бөлігі ғана енеді. Үстірт мұнайлы-газды алабы эпигерциндік Тұран плитасының батыс бөлігінен орын алған және 2 құрылымдық қабаттан тұрады. Нығаюы каледон-киммерийде өткен төменгі құрылымдық қабат геологиялық жастары әр түрлі және метаморфтануға ұшыраған шөгінді-эффуз., интруз., кристалдық тау жыныстарынан құралған. Метаморфтануға ұшыраған жоғары құрылымдық этаж литол. құрамы күрделі жоғары палеозой-антропогендік тау жыныстарынан тұрады. Мұнай мен газды іздеу бойынша терең бұрғылау жұмыстары 1961 жылы басталған. 1961 — 1976 жылдары антиклиналдық құрылымның 15 алаңы терең бұрғылауға ұшырады. Бүгінде палеоген, юра шөгінділерінен бірнеше мұнай-газ кендері ашылды. Үстірт мұнайлы-газды алабының ірі кендеріне Жетібай, Солтүстік Қарамандыбас, Батыс Ақтас, Бектұрлы, Тасболат, Тенге, т.б. жатады. Аудандағы мұнай мен газ кендерінің келешегі қалыңдығы бірнеше мың метірге жететін палеозой тау жыныстарымен байланысты. ## Дереккөздер
Қошқарата (1992 жылға дейін — Кантемировка) — Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ауыл, Қошқарата ауылдық округінің орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 43 км-дей жерде, Қаратау мен Боралдай жоталары аралығында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1939 жыл ұжымшар ретінде қаланды. 1994 жылға дейін "Кантемировка" деп аталған. Оның негізінде Қошқаратада 1997 жылдан “Қошқарата” ӨК және шаруа қожалықтары құрылды. Қаратау жоталарынан Қошқарата өзені басталып, оңтүстіктегі Бөген өзеніне барып құяды. Ауылдың және өзеннің "Қошқарата" атануы - осындағы Қошқар Ата әулиенің мекеніне байланысты. Бұл қой түлігінің пірі деп аталатын әулие. ## Дереккөздер
Шатбай мазары — сәулет өнері ескерткіші. Шатбай мазары Қызылорда қаласының оңтүстік-батысынан 115 км қашықтықтағы Жаңадария өзең арнасында орналасқан. С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедиция (1946, 1959) зерттеген. Ауд. 6,76,7 м, қабырғасының биіктігі 3 м. Мазардың төбесі күмбезделіп, күйдірілген кірпіштен жасалған. Биіктігі 6 м, оң жақ қақпасы әшекейленген. Қақпаның биіктігі 1,7 м, ені 60 см. Күмбездің жоғары жағына терезе орнатылған. Қабырғалары алебастрмен сыланып, бояумен өрнектеліп сырланған. Оң жақ кіре беріс қабырғада сәнді киінген салт атты 7 адамның бейнесі, ал сол жағында қоян аулаған аңшы мен түлкі алған тазының суреті салынған. Мазар 19 ғасырдағы сәулет өнері ескерткіштеріне жатады. ## Пайдаланған әдебиет
Мәдениет — Абай облысы Аягөз ауданындағы ауыл, Мәдениет ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Аягөз қаласынан батысқа қарай 142 км жерде. ## Тарихы Іргесі 1962 жылы “Көктал” қой кеңшарын құруға байланысты қаланды. Оның негізінде 20 ғасырдың 90-жылдарының соңында “Тойсары-Бейсенбай” ЖШС құрылды. ## Дереккөздер
Қошқар Ата кесенесі — ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылының маңында орналасқан шағын, бір бөлмелі күмбезді құрылыс. Ғимараттың аласалау шығыңқы бөлігіне сұпы қойылған. Ішкі жағы қос кірпішті қалау арқылы жасалған желкен тәрізденген қуыстармен безендірілген. Кейінгі уақытта Қошқар Ата кесенесі мен басқа ғимараттарды біртұтас композицияға айналдыру мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілген. ## Дереккөздер
Шатқал жотасы (қыр. Чаткал кырка тоосу, өзб. Chotqol toģ tizmasi) — солтүстік-батысынан Ферғана аңғарын шектейтін Батыс Тәңір тауындағы жота. Ұзындығы 200 шақырымдай, биіктігі 3000 метрден асады, Үлкен Шымған (3309 м), Қызылнұр (3267 м) және Охотничий шыңы (3099 м) сияқты шыңдары бар. қылтанақты-қылқан жапырақты ормандар, арша селдір тоғайлары және альпі шалғындарымен жабылған. Қырғызстанның Жалалабат облысы мен Өзбекстанның Ташкент облысы арасындағы аумақта орналасқан. ## Географиясы ## Дереккөздер ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Үсу — суықтың әсерінен денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де (ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда) болуы мүмкін. Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқ киім, қолғап немесе мастық, организмнің жалпы әлсіздігі әсер етеді. Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады. Үсудің 4 дәрежесі ажыратылады. Бірінші дәрежелі Үсу кезінде терінің сезімталдығы нашарлап бозарады, үсіген жер ісінеді, ауырып қышиды. Екінші дәрежелі Үсу біршама ауыр өтеді, терінің асты суланып күлдірейді. Үшінші дәрежелі Үсу түрінде терінің астына қанды су жиналып, күлдірейді, бірнеше күннен соң олардың орны жансызданып, жарылады да, тыртық пайда болады. Төртінші дәрежелі Үсу кезінде барлық жұмсақ тіндер, кейде тіпті сүйек тіндері де жансызданады. Бұл Үсудің ең ауыр түрі. Жансызданған жер тырысып кеуіп қалады, қара қоңыр түске боялады. Алғашқы көмек көрсеткенде үсіген адамды бірден жылы жерге кіргізіп, жылытып, ыстық шай не кофе беру керек. Жансызданған жерін жылы суға (температура 37 — 40°C) малып, денесі қызарып, жылынып, сырттан тиген қолды сезетін болғанша жайлап ысқылайды, содан соң таңып тастайды. ҚҚ — ҚV дәрежелі үсікке шалдыққан адамды алғашқы көмек көрсетіліп болғаннан кейін жылы орап, ауруханаға апару қажет. Үсік шалған жерді суық жерде тұрып қармен ысқылауға және суық суға түсіруге болмайды. Үсіген организм көп уақытқа дейін суыққа сезімтал келеді. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
Фурманово — Қостанай облысы Арқалық қалалық әкімдігіне бағынысты ауыл, Фурманов ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Арқалық қаласынан солтүстікке қарай 34 км жерде орналасқан. ## Халқы 1999 жылы ауыл тұрғындарының саны 1515 адам (748 ер адам және 767 әйел адам) болса, 2009 жылы 1530 адамды (742 ер адам және 788 әйел адам) құрады. ## Тарихы Ауыл 1978-1996 жылдары Торғай өндірістік бірлестігіне қарасты шошқа өсіретін кеңшардың орталығы болған. Оның негізінде Фурмановода өндірістік бірлестік құрылды. Ауыл арқылы Арқалық — Державинск — Есіл автомобиль және Арқалық — Есіл — Құсмұрын — Қостанай т. ж. өтеді. ## Дереккөздер
Фурманов каналы – Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесіндегі канал. ## Географиялық орны Бастауын Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы жеріндегі Дөңгелек бөгенінен алады. 1961 жылы іске қосылған. ## Гидрологиялық сипаты Арнасының ұзындығы 52,5 км. Казталов және Жаңақала аудандарының біршама елді мекендерін сумен қамтамасыз етеді ## Дереккөздер
Мәдениет — Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы ауыл, Мәдениет ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Балкашино ауылының оңтүстік-шығысына қарай 49 км-дей жерде, Ащылы өзені жағасында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1929 жылы ауыл шаруашылығынын ұжымдастыру кезінде қаланды. Бұрынғы Мәдениет ауылының орнына 1937 — 38 жылдары “Мәдениет” ұжымшары ұйымдастырылып, ол 1954 жылы “Мәдениет” астық кеңшары болды, 1996 жылдан “Мәдениет” ЖШС құрылды. ## Дереккөздер
Шатыр — далалық жағдайларда жеке құрамды, әскери техниканы, медициналық мекемелерді, шеберханаларды және қоймаларды орналастыруға арналған жиналмалы құрылыс. Жорық кезінде немесе әскери жаттығу жағдайларында Шатырды пайдалану ежелгі заманнан келе жатыр. Оларды даярлау үшін әуелде мал терісін, онан кейін әр түрлі маталарды қолданған. Көшпелі халықтар (түркілер, моңғолдар, т.б.) жорық барысында шатыр орнына киізді пайдалана отырып, күтпеген жау шабуылына төтеп беру үшін киіз үйлер мен арба-лашықтарды жазық далада шеңберлей орналастырған (қ. Күрен). Осы тәсілдің аздап өзгерген түрі Еділ қалмақтары мен орыс-казактарында 18 ғасырға дейін сақталған. Қазіргі кезде шатыр жасау үшін арнайы маталар қолданып, қаңқалар, тіреулер, шығырлар, арқан тартпалары арқылы құрастырылады. Шатыр жорықтық, лагерьлік және әмбебап болып бөлінеді. Жорықтық шатыр жаздық және қыстық болып бөлінеді. Қарапайым шатыр сарбаздар мен сержанттардың жабдық-тұрмандарының керек-жарақтары болып келетін бірнеше плащ-шатырлардан тұрады. Лагерьлік шатыр жазғы кезде қолданылады. Әмбебап шатыр жылдың барлық мезгілінде қолданыла береді. Әдетте олардың жылыту қабырғалары мен жылытатын аспаптарды орнатуға арналған құралдары болады. Әмбебап шатырды бөлшектеу арқылы жекелеген шатырлар жасауға болады. ## Шатыр жасауға қолданылатын материалдар Қазіргі уақытта шатыр жасау үшін материалдардың келесі түрлері қолданылады: * Полиэстер * Нейлон * Тарпаулинг - кейбір шатырлардың түбін жасау үшін пайдаланылды. Ол екі жағынан легирленген, оның балқытылған полиэтилен жолақтарынан жасалынған. Маталар түрлері * Рипстоп (R/S). * Тафта (Taffeta). * Оксфорд. ## Дереккөздер
Бірлік (2007 жылға дейін – Утера) — Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауыл, Бірлік ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы — Құрманғазы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 28 км, Каспий теңізінің солтүстік-батыс жағасында, теңіз арқылы салынған Игольный каналы бойында орналасқан. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 1640 адам (810 ер адам және 830 әйел адам) болса, 2009 жылы 1697 адамды (847 ер адам және 850 әйел адам) құрады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 1699 адамды (888 ер адам және 811 әйел адам) құрады. ## Шаруа қожалықтары және кәсіпкерлік Іргесі 1957 жылы балық аулайтын ұсақ кәсіпшілікті біріктіру негізінде “Қызылтаң” балық аулайтын ұжымшардың орталығы есебінде қаланған. Кеме жөндеу шеберханасы, балық тоңазытқыш, т.б. мекемелер бар. „Каспий - балық“ өндірістік кооперативі, „Балық өнімдері“ тұтынушылар кооперативі т.б.жұмыс жасайды. ## Әлеуметтік және мәдени нысандары * С.Имашев атындағы орта мектеп — 1918 жылы орыс бастауыш мектебі болып ашылды. 1934 жылы аралас бастауыш мектеп, 1938 жылы орталау болып, ол К.Маркс атындағы, ал 60 жылдардың басынан Утера 8 жылдық мектебі деп аталған. 1984 жылы С.Н.Имашев атағы берілді. 1989 жылы жаңа жобадағы 3-қатарлы мектеп үйі салынып пайдалануға берілді. * «Жұлдыз-ай» бөбекжай-балабақшасы * Бірлік ауылдық клубы ## Атақты тұлғалары Қасым Асанов (1931—2006) — ғалым, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі. ## Ауыл суреттері * * ## Елді мекендегі көшелер * Әмірғали Мұқашев көшесі * Балықшы көшесі * Болашақ көшесі * Бірінші мамыр көшесі * Василий Григорьев көшесі * Қаби Оқаев көшесі * Қиғаш көшесі * Мұхамбетшәріп Бекбаев көшесі * Сатыбалды Расбеков көшесі * Тәуелсіздік көшесі * Философ Котельников көшесі * Ынтымақ көшесі ## Дереккөздер
II Әбділхамит (осман. عبد الحميد ثانی‎ — Abd ül-Hamîd-i sânî; 22 қыркүйек 1842 — 10 ақпан 1918) — Османлы мемлекетінің 34-ші сұлтаны, Ислам халифатының 99-шы халифі. ## Өмірбаяны II Әбділхамит 1842 жылы османлы елордасы Константинопольде османлы сұлтаны I Әбділмәжит шаңырағында дүниеге келді. 93 күн билеген ағасы V Мұрат телілігіне байланысты 1876 жылдың 31 тамызында тақтан тайдырылды. Оның орнына таққа II Әбділхамит отырды. ### Билеген жылдары Түркиядағы осы қапылысты сәтті өз ықпалын жүргізуге пайдаланғысы келген Ресей 1877 жылдың 24 сәуірінде Османлы мемлекетіне соғыс ашты. Бұл соғыс тарихта "93 соғысы" (түр. 93 Harbі) деген атпен әйгілі. 1878 жылдың 31 қаңтарында Сан-Стефано бітім шарты жасалды. Соғыс ауыр зардаптармен аяқталды. Алайда ол өзінің саясатының арқасында сұлтан Ұлыбританияны шартты мойындаудан бас тартқызды.Артынан Берлин бітім шарты жасалынды. II Әбділхамит енді бүкіл әкімшілік істерін өз қолына алып, сыртқы саясат мәселелеріне ерекше ден қойды. 1878 жылдың 20 мамырында Ресеймен, 4 шілдесінде Ұлыбританиямен, тамызында Германиямен, 1881 жылдың 12 мамырында Франциямен, 2 тамызында Грекиямен бітім шарттарға қол жеткізді. II Әбділхамит ішкі саясатта мемлекеттік құрылымды жетілдіруде түрікшілдік бағытын ұстанды. Сыртқы саясатта ірі мемлекеттер мен кіші мемлекеттердің өзара теңдігі қағидасын сақтай отырып, жер көлемі 10 млн км²-тан асатын Османлы мемлекетінің тұтастығын қорғай алды. II Әбділхамит 1909 жылдың 27 сәуірінде тақтан түсіп, оның орнына 33 жыл бойы санжақбей болған інісі V Мехмет таққа отырды. ### Ажалы II Әбділхамит одан кейін тағы 9 жыл өмір сүріп, 75 жасында дүниеден өтті. Мәйіті II Махмұт мазарында жерленді. ## Суреттері * * * * * ## Садрағзамдары ## Қызықты деректер * II Әбділхамиттің тұсында османлы сұлтандарының ішінде ең көп садрағзамдық ауысты. Садрағзамдар 26 рет ауысты. ## Дереккөздер
Елді мекен: * Құлаайғыр – Қарағанды облысы Абай ауданындағы ауыл. Басқа мағыналар: * Құлаайғыр – Есіл алабындағы өзен. * Құлаайғыр – Салқынкөл көлінің солтүстік-шығысында орналасқан таулы шоқы.
Фурманов су құбыры Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы жерінде. 1973 жылы іске қосылған. Көршілес Ақжайық ауданы жеріндегі Дөңгелек бөгенінен басталады, сондықтан да Фурманов су құбырындағы ағын мөлшері Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесімен тығыз байланысты. Аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етеді және 163 мың га а. ш. жерді суландыра алады. Құбыр жүйесінің жалпы ұзындығы 596 км. Тәулігіне орта есеппен 13,4 мың м3 (кейде 15,7 мың м3-ге жетеді) су береді. ## Дереккөздер
Шатырбай (1993 жылға дейін — Весёлое) — Жетісу облысы Сарқан ауданындағы ауыл, Шатырбай ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Сарқан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 72 км-дей жерде, Теректі өзенінің оң жағалауында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы 1993 жылға дейін ауыл "Веселое" деп аталды. 1929-1997 жылы ұжымшар орталығы болды. Оның негізінде Шатырбайда “Сембаев және К” ұжымдық кәсіпорын және шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Абдурахим (Абдураим) Низари (1770, Қашқар, — 1849, Тұрфан) — ұйғыр ақыны. ## Өмірбаяны * “Хан медресесінде” оқып, дін ілімін, араб, парсы тілін үйренген. Шығыс әдебиетімен, әсіресе Рудаки, Фирдоуси, Низами, Хафиз, Омар Хайям, Сағди, Жәми, Әлішер Науаи шығармаларымен жете танысқан. * Оқуды бітірген соң, Қашқар әмірінің бас хатшысы болды. ## Шығармалары 1830 — 40 жылдары Низари Зияимен бірге * “Гәриплар хикаяты”, немесе “Махаббат дастандары” аталатын поэмалар топтамасын жазды“Фарһад-Шырын”“Ләйлі-Мәжнүн”“Рабийя-Саадин”“Мақсуд-Дилара”“Махзун-Гүлниса”“Вамук-Узра”“Шаһ-Бахрам” т.б. эпик. поэмалары осы топтамаға жатады). * “Фарһад-Шырын” * “Ләйлі-Мәжнүн” * “Рабийя-Саадин” * “Мақсуд-Дилара” * “Махзун-Гүлниса” * “Вамук-Узра” * “Шаһ-Бахрам” т.б. эпик. поэмалары осы топтамаға жатады). Әлішер Науаи үлгісінде көркемдік ерекшелігімен көзге түсетін көптеген лирик. туындылар қалды. Оның “Фарһад-Шырын”, “Ләйлі-Мәжнүн” поэмалары түріктің классикалық әдебиеті үлгісінде аруз өлшемімен жазылған. “Рабийя-Саадин” поэмасының негізіне 19 ғ-дың 30-жылдарында Қашқарда болған нақты оқиға алынады. Екі жастың адал махаббатын жырлай отырып, Абдурахим қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікке өз наразылығын білдірді. ## Дереккөздер
* Шатыркөл, Орталық Тянь-Шань * Шатыркөл - Жамбыл облысындағы өзен.
Әбілқайыр әулеті — Кіші жүз бен Хиуаның хандары, билеушілері. Шыңғыс хан тұқымдарының дәстүріне сай Әбілқайыр да өз ұрпағын ел билеуге тәрбиелеп, қазақ хандарының жаңа әулетінің негізін қалады. Оның 3 ұлы, 9 немересі, 5 шөбересі хандық дәрежеге көтерілді. Әбілқайырдың қанша әйел алғаны белгісіз (кей деректерде төртеу). Бәйбішесі Бопай хан ақыл-парасатымен ханның кеңесшісі бола білді. Хан одан 5 ұл көрген. Олар — Нұралы хан, Ералы, Қожахмет, Айшуақ және Әділ. Кенже ұлы Шыңғыс — қалмақ күңінен туған. Тағы бір әйелі башқұрт. Бірнеше қыздары болған. Оның бірі — Қарашашты Абылай сұлтанға қосқан. Ә. ә-нің үлкені Нұралы әкесінің көзі тірісінде-ақ Хиуада хан болды. Әкесі қаза тапқан соң, Кіші жүздің тағын мұралады. Ералы 4.9.1791 ж. хан сайланып, оны Ресей императоры өз жарлығымен (29.1.1791) бекітті. Айшуақ — Кіші жүз ханы (1798 — 1805), хандар кеңесінің төрағасы болды. Шөбересі Жәңгір — Ресей императоры ресми бекіткен қазақтың соңғы ханы. Әбілқайырдың Тоқтамыс деген ағасының баласы Мамай (Сары айғыр хан деген атпен белгілі), немерелері Бөлекей мен Әкім әр жылдары Хиуа хандығының тағында отырды. Әбілқайыр Хиуа ханы Елбарыспен (1728 — 39), Арал өңірін билеуші Шаһ-Темірмен (1721 — 36), қалмақ ханы Дондық-Дашымен (1741 — 61), қазақтың Батыр және Абылай сұлтандарымен, кейбір башқұрт тархандарымен қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болды. Ә. ә. Қазақстан тарихында елеулі орын алды. ## Дереккөздер
Әбілқайыр Рабатұлы — (1892, Қытай, Іле аймағы, Нылқы ауданы — 1970, Құлжа қ.) — Қытай қазақтары арасынан шыққан қоғам және мемлекет қайраткері. Ауыл мектебінде білім алған. Ел ішіндегі мәселелерге араласып, әкесінің ісіне мұрагерлік етті. Елде мектеп аштырды. 1944 ж. Үш аймақ төңкерісіне қатысып, жаңадан құрылған Үш аймақ (Шығыс Түркістан Респ.) уақытша үкіметі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 1946 ж. өлкеде соғысты тоқтату жөнінде Гоминьдан үкіметімен жасалған бейбіт бітімге қол қойды. 1949 ж. Бүкілқытайлық Халық жиналысының мүшесі болып сайланды. ## Дереккөздер
Әілқайырдың Моғолстанға жорығы (1468 — 69) — көшпелі өзбектер мемлекеті билеушісінің ең соңғы жорығы. Жорық “моғол сұлтандарының билігіндегі Моғолстан жерлерін бағындыру”, яғни Моғолстанның батысында, Шу өзенінің бойы мен Қозыбасы тауы аралығында 1458 ж. құрылған Қазақ хандығын талқандау үшін жасалды. Әбілқайырға наразылар Керей мен Жәнібек хандардың қарамағына өтіп, Қазақ хандығы бұл кезде күшейіп келе жатты. Деректерде жарық 1469 ж. жаздың соңы мен қыстың басында Еділ бойы — Ала-Тақ — Қызыл-Нәдір — Жеті құдық бағыты арқылы өткен деп көрсетілген. 15 ғ-дың 60 жылдарында Еділ, Жайық, Жем өз-нің аралығы Ноғай ордасының иелігінде болды. Ал Тобыл бойы ежелден Шайбани әулетінің жері, Әбілқайыр ханның жайлауы. Ақ-Қышлақ деген жерге келгенде Әбілқайыр қатты ауырып қайтыс болған. Хан өлген соң әскері кері оралды. ## Дереккөздер
Айқайық (Malcolmіa) – орамжапырақтар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуразияның және Солтүстік Африканың қоңыржай белдеулерінде өсетін 30-дан астам түрі белгілі. Қазақстанның Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы тау беткейлерінде, өзен аңғарларында, құмды, сортаң жерлерде өседі. Елімізде айқайықтың 9 түрі бар, оның ішінде ең көп тарағандары: Түркістан айқайығы, түкті айқайық, жеміс айқайығы, Африка айқайығы. Олардың биіктігі 5 – 40 см, сабақтары түбінен тарамдалған. Жапырағы сопақша бүтін жиекті, кейде ойық, тісті келеді. Гүлдері күлгін қызғылт түсті, қалың гүлшоғырына топталған. Наурыз – мамыр айларында гүлдеп, шілдеде жеміс береді. Жемісі – қысқа, жуан сағақты бұршаққын. Тұқымы бір не қос қатарлы орналасады. Айқайық – құнарлы мал азығы. Оны халық медицинасында да пайдаланады. ## Сілтемелер
Әжек Мырзаұлы 1885 жылы қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1934 жылы Қытай Халық Республиксында өмірден өтеді. Қазақтың айтыс ақыны. 18 ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен Шағаман батырдың ұрпағы. Жетісу өлкесіне айтыс ақыны ретінде кеңінен танылған. 1932 жылы Қытайға еліне қоныс аударған. Әжектің Шәріпжамал мен айтысының үзіндісі “Айтыс” (1942; 1-т., 1965) жинағында жарияланды. Өзге туындылары баспа жүзін көрмеген. Бөлтірік Атыханұлы, Артық Жексенбайұлы, Әдия қызбен айтыстары, “Шопандарға арнау”, “Мұғалімдерге сәлем”, “Заманның бір әуреге салғаны-ай”, “Опасы жоқ дүниені жинағанмен” сияқты жыр, толғаулары ел аузында сақталған. Әжек пен Шәріпжамал айтысының толық нұсқасы ҚР ҒА Орталық ғылым кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. ## Дереккөздер
АЖУА, әжуа - астарлай сөйлеп қалжыңдау, мысқылдау, күлкі ету. Ажуалау - бір зат немесе бір кісі туралы шын ойға қарама-қарсы астарлап пікір айту арқылы сөзді кері мағынасында қолданатын стиль-тәсіл. Бірақ, ажуа кекесіннен жеңіл, әзілден өткірлеу болып келеді. Қазақ халқының аңыз, әңгіме, айтыс, шешендік сөздерінде ажуа жиі қолданылады. Жиренше шешен мен Аяз би туралы әңгімелердегі дана Қарашаш пен Меңдісұлу қатерін тіккен хан мен уәзірді әзіл, оспақ, өткір кекесін мен күлкіге айналдырады,ажуа етеді; ## Өлең-жырларда қолданылуы Біржанмен айтысында, Сара: Көрінсін Біржан салға Ай секілді, Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді, - деп, Жиенқұлды жорта мақтаған болып бар мінін жұрт алдына жайып салады. Ажуа адам мінезіндегі кейбір оқшау, өрескел жақтар мен ұнамсыз әрекеттерді ашып, тезге салып түзеу мақсатында қолданылады. Демек, ертеде дәстүрлі ортадағы моральдық-этикалық нормалардың сақталуы мен қадағалануына ажуаның атқаратын өзіндік тәрбиелік мәні және реттеуші функциясы болды. Қазіргі көркем әдеби туындыларда ажуа-сықақ ерекше жанр түрінде қалыптасқан. Ажуаны дәстүрлі қоғамдық қатынастардың мәнді элементтердің бірі ретінде қарастыруға болады. ## Дереккөздер
Әбілқайыр мен Сәмеке хандардың Еділ қалмақтарына қарсы жорықтары - орыс деректерінде екі ханның күш біріктіріп, Еділ бойындағы Кіші Қалмақ ордасына қарсы 2 дүркін жасаған жорығы. Алғашқысы 1723 жылдың 12 желтоқсанында басталды. Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан 40 мың адамдық жасақпен Аюке хан иелігіне басып кірді. Бұл туралы Қалмақ ордасына Ресей шекара үкіметі алдын-ала хабар берген. Соғыста олжаға түскен мал “ақтабанға...” ұшырап, аштық қысып жатқан елге үлестірілді. Бұдан кейінгі жорық 1726 жылдың жазында жасалды. Бұл жорықта Әбілқайыр мен Сәмеке қолына “найман ханы” Барақ сұлтан, Есім сұлтан қосылады. Кіші қалмақ ордасының бұл кездегі ханы Аюкенің ұлы Черен Дондук 30 мың әскерімен қазақтарға күшті қарсылық жасай алмайды. 4 күнгі шайқастан кейін Черен Дондук хан бітім шартын жасауға мәжбүр болады. Бұл бітім бойынша сол жылғы бесіктегі бала ат жалын тартып мінгенше (16—17-ге толғанша) соғыспауға келісіліп, екі жақ қанға қол матырысып, анттасады. Бұл екі жорықтың қазақ жерін қалмықтардан босатуда зор стратег. маңызы болды. Ресей шекара бекіністеріне, Сауран, Сығанаққа босып кеткен ел ата қонысына оралды. ## Дереккөздер
Айқас, әскери істе — соғысып жатқан екі жақтың бетпе-бет келген шақта қоян-қолтық шайқасқа түсуі. Айқас негізінен отты қару жаппай қолданылғанға дейінгі ұрыстардың, әсіресе атты әскерлер соғысының бір тәсілі болды. Жеке батырлардың жекпе-жегі де айқас түрінде өткен. Әскерлерде отты қару көбейген сайын, әсіресе атты әскер қарулы күш санатынан шығарылғаннан кейін айқас ұрыс тәсілі ретінде ығыстырыла түсті. Тарихтағы соңғы соғыстарда бетпе-бет айқас лажсыз, төтен жағдайларда болмаса, бұрынғыдай көп орын ала қоймаған. ## Дереккөздер
Абжад, ә б ж ә д, ә б ж ә т – (қазақтың сөйлеу тілінде айтылуы әбжәт) көне араб әліпбиінің өзгеше тізілу ретін көрсететін ойдан шығарылған мағынасыз сегіз сөздің аты: абжад, һаууаз, хұтти, каламан, сағфас, қарашат, саххаз, зазағ. Бұл сөздердегі әріптердің жалпы саны араб әліпбиіндегідей 28 болып, әрбір әріп белгілі бір санды білдірген: (а) — 1; (б) — 2; (ж) — 3; (д) — 4; (һи) — 5; (у) — 6; (зи) — 7; (ха) — 8; (тай) — 9; (иә) — 10; (к) — 20; (л) — 30; (м) — 40; (н) — 50; (с) — 60; (ғәйін) — 70; (ф) — 80; (сат) — 90; (қ) — 100; (р) — 200; (ш) — 300; (ти) — 400; (си) — 500; (хи) — 600; (зәл) — 700; (зат) — 800; (зай) — 900; (ғайын) — 1000. ## Пайдаланылуы мен қолданысы Абжад төрт амалмен есеп шығаруға (көбейту кестесіне), кез келген санды әріптермен беруге, сөзді цифрмен жазуға пайдаланылған. Абжад ертедегі мұсылманша мектептерде оқытылған. Классикалық поэзияда да пайдаланылып, кейбір маңызды оқиғалардың болған жылдарын әріптер арқылы белгілеуге жұмсалған. Мұсылманша сауат ашуда әптиек, иманшарт игеру, әбжәтті білу оқыту мазмұнында міндетті болған. Арша жазу (Хат сарви) немесе сәрбихат жазу жүйесі абжадқа негізделіп жасалған.Әліпбидегі 28 әріпті өлеңге қосу, жұмбақ жасыру айтыс өнерінде жиі кездескен. Мұндайға, әсіресе, айтыскер қыздар жүйрік болады. Ал сауаты шамалы болса, айтыскер жігіт айтыс алдында 2-3 ай болса да молдадан сабақ алады.Ел ішіндегі айтыстың бірінде зерек, зерделі қыз жігіттің қай айда туғанын өлеңмен сұрайды. Сонда жігіт өзінің туған айын абжад санымен жұмбақтап айтады: Сарыкөлдің бар екен алпыс қазы,Сол қаздардың екі жүз балапаны.Тоғыз үйрек, дәл елу қасқалдағы,Артық-кемсіз айтқаным абжад саны.Сонда зерек ақын қыз абжад бойынша қай сан қай әліпті білдіретінін түсіне қойып, жұмбақты былай шешеді: абжад қатары бойынша алты с, екі жүз – р, 9 саны – т, елу – н әріптерін білдіреді. Бұдан саратан айының оқылуы шығады.Жігіт абжад жұмбағын тез шешкен қызға риза болып, оның жасын сұрайды. Сонда қыз: Бір қызға жеті жігіт зар болады.Екі жаман қосылса сор болады.Жасымды артық-кемсіз мен айтайын,«Зальға» «дальды» қоссаңыз сол болады, – дейді.Жігіт те зеректік танытып, заль әрпінің абжадтық санын (тоғызды) даль әрпінің абжадтық санына (сегізге) қосып, қыздың он жеті жаста екенін таба қояды. ## Дереккөздер ## Әдебиеттер * Диваев А.А. Кипарисоподобные письмена. Год работы казахского высшего педагогического института. Ташкент: Изд. Казпедвуза, 1928. С.81-82; * Поппе А.Н. Карсакпайская надпись Тимура. Труды отдела истории культуры и искусствы Востока. Т. 2. Л., 1940. С.185-187; * Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. А., 1971; * Благова Г.Ф. О соотношениях прозаического вариантов среднеазиатко–тюркского литературно-письменного языка ХV в.. Turcologica. Л., 1976; * Хат Сарви. ҚСЭ. 11-т. Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакциясы, 1977. 618-б. * Тіл тағлымы. Алматы: Ана тілі, 1992; * Омарбеков С. Тұран топырағында туған арша жазу // АТ., 19.05.1994.
Шатырлысай – Жем алабындағы өзен. ## Географиялық орны Ақтөбе облысының Байғанин ауданында. Ұзындығы 92 км, су жиналатын алабы 1220 км2. ## Бастауы Мұғалжар тауының оңтүстік-батыс бөлігіндегі бұлақтардан басталып, Жарқамыс ауылынан 10 км-дей жоғары тұстан Жем өзеніне құяды. ## Гидрологиясы Аңғары кең, арнасы тік жарлы. Жауын-шашын, жер асты суымен толығады. Кішігірім (ұзындығы 10 км-ден қысқа) 64 саласы бар. Көктемгі қар еру кезінде ғана тұрақты ағын болады, жазда иірімдерге бөлініп қалады. Алабы жайылым. ## Дереккөздер
Әжі, Ажы, Әділғазы Көгедайұлы 1797 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Қалба тауында дүниеге келді. 1867 жылы Қытайда, қазіргі Алтай аймағы, Жеменей ауданында дүниеден өтті. 1823 - 1867 жылдары Қытай иелігіндегі ата қонысында отырып қалған қазақтардың абақ руының керей билеушісі болған. Пекинге барып, Чиян Лұңнан сұлтандық шен алған Көгедайдың мирасқоры. Әжі, Әділғазы ел басқарудың дәстүрлі үлгісін қалпына келтіріп, билікті ру басыларына тапсырды. Өзі сырттай бақылап отырды. “Дүниеде барлық нәрсе төртке тоқтайды, төрт тараптан (шығыс, батыс, түстік, терістік) тұрады. Алла тағалада төрт мұхаррап періште, Мұхаммед пайғамбарда төрт шахаржар, ислам дінінде төрт мазхабы бар, патшалар мен хандар төрт бас уәзір ұстаған. Сондықтан бидің саны да төртеу болсын” деп шешкен. Сайланатын адамдарға да төрт шарт белгілеген. Олар: 1) ел іргесін кеңейтіп, халыққа жер-қоныс әперсін; 2) құдай-әруақ қолдап, ел басқарып келе жатқан адам болсын; 3) топ жарып, сөз бастап, дауға түсіп, әділ билік айтқан адам болсын; 4) туысы көп белді рудан шыққан болсын. 1840 жылы Ұштас жайлауында өткен құрылтайда Құлыбек Жантеліұлы, Бейсенбі Дөненбайұлы, Көкен Мамытұлы, Топан Сатайұлы би болып сайланды. Осы құрылтайда “Төрт би, төренің” билік заңы белгіленді. Осы төрелік (ғұндық) билік тәртібі Алтайда 1949 жылға дейін сақталды.
Әбілмұхамбет Әбу Мұхаммед, Әбілғазы ҚҚ (18 ғ.) — Иранға тәуелді болған Хиуа ханы (1741—46), Елбарыс ханның ұлы. Мауераннахрды жаулап алған Иран шаһы Нәдір Елбарысты өлтіріп (1740), орнына Бұхар ханы Әбілфайыздың туысы Тагирді билеуші етті. 1741 ж. ирандықтарға қарсы көтерілген хиуалықтар таққа Нұралыны (Әбілқайырдың ұлы) отырғызады. Мұны естіген Нәдір шаһ Мервтегі ұлы Насруллаға Хиуада Иран билігін қалпына келтіруді бұйырды. Нұралыны қолдаған шонжарлар енді шаһ билігіне бас июге Мервке барды. Нәдір шаһ көтерілісшілерді кешіріп, олардың өтініші бойынша Ә-ті Хиуаға хан етіп тағайындады. Бірақ іс жүзінде билік өзбектің маңғыт тайпасы көсемдерінің тұқымы Артық инақ пен кейіннен оның інісі Қоразбектің қолында болды. Ә. Артық инақты өлтіріп, дербес билік құрғысы келгенімен көп ұзамай Қоразбектің қолынан қаза тапты. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Ақбұлақ (1993 жылға дейін – Самсоновка) — Түркістан облысы Сайрам ауданындағы ауыл, Ақбұлақ ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Облыс орталығы – Шымкент қаласымен шектеседі, аудан орталығы – Ақсукент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км-дей жерде, Ақсу өзенінің оң жағасында, әртүрлі астық тұқымдас шөп пен шоқ бұта өскен қоңыр топырақты дала белдемінде орналасқан. ## Тарихы Ертеректе "Төрт Күлтөбе", кей деректер бойынша "Төрткүлтөбе" болып аталған, 1930 – 95 жылдары "Ленинский путь" ұжымшарының құрамында болды. 1990 жылға дейін "Самсоновка" ауылы аталып келді. Бұрынғы кеңшар негізінде ұйымдасқан ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін өндірістік кооператив жұмыс істейді. ## Халқы ## Инфрақұрылымы Орта мектеп, мәдениет үйі, емхана, дәріхана, балабақша бар. Тұрғындары аудан орталығы мен елді мекендерге ауыларалық жолдар арқылы қатынасады. ## Дереккөздер
Айқұлақ — көктемнен бастап жаз бойы ойнайтын ойын. Айқұлақты ойнау үшін кешке таман жұрт аяғы басылған соң көп балалар жиналып өздерінің арасынан үш баланы шығарады: бірі—«қасқыр», бірі —«қойшы», бірі —«ит». Қасқыр болатын баланың екі шекесіне екі тақияны тікейтіп, орамалмен маңдайын байлап, арқасына киім-кешекті тығып томпайтып, белін астынан буып «қасқыр» қылып болған соң, балаларға жуытпай анадай бір бұтаның тасасына жатқызады. Қойшы болатын баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, қойлардың жанына жатқызады. Қалған бір топ баланы «қой» қылып көгендеп қояды. Біраздан соң «қойлар» дүр етіп үркеді сол уақытта «ит» те абалап, «қасқырменен» арсылдасып қалған кезде, «қойшы» да айтақтап, «лақ-қозыны» айырып қалады. Сөйтіп «қасқыр» бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп, ақырында сол «қойлардың» бәрін де тауысады. Міне, бұл ойын осылай бітіп, екінші басталғанда да сол бұрынғы тәртіппен өтетін болады. Бұл ойын жастарға таза ауада дем алуға, көңіл көтеруге, шынығуға, өмірді түсініп, білуге жәрдемдеседі. Айқұлақ - ертедегі қазақ балаларының жылы маусымда, көбіне,жазда ойналатып дәстүрлі ойынының атауы. Кешке балалар жиналып бірін қасқыр, бірін қойшы, бірін ит деп атап, араларынан үш баланы шығарады. «Қасқыр» болған баланың екі шекесіне екі тақияны орамалмен маңдайынан орай тікірейтіп байлап, арқасына киім-кешек тығып томпайтып, белiн астынан буып, қасқырға» айналдырған соң балаларға жақындатпай, бір бұтаның тасасына жасырады. «Қойшы» болатын балаға жыртық шапан, берік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, қойлардың жанына жатқызады. Бір топ бала «қой» болып топтасады, біраз бала «көгенделген қозы-лақ» болып қатарласып тұрады. Біраз уақыттан кейін «көгендегі қозы-лақтар» мен қорадағы «қойлар» дүр етіп үркеді, сол кезде «ит» үріп, қасқырмен» арсылдасып қалғанда, «қойшы» да айтақтап «қозы-лақты» айырып алады. Сөйтіп, «қасқыр» бірде алып кетіп, бірде құр кетіп жүріп, әйтеуір сол «қойлардың» бәрін тауысады. Бұл ойын екінші басталғанда да сол бұрынғы тәртіп бойынша жалғасады. Ойынның маңызы - балаларды малсақ етіп баулуға бағытталды. Ойын кезінде тыйым салынған атауларды айтуға болмайды. Айталық, ойыншылар қасқыр атауын атамай бөрі, итқұс деп айтулары қажет. Айқұлақ ойынының кейбір өңірде кездесетін атауы аюқұлақ. ## Тағы қараңыз * Қазақтың ұлттық ойындарының тізімі ## Дереккөздер
Шауқар түбегі – Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы түбек. ## Географиялық орны Жетісу облысы Алакөл ауданы жерінде. ## Сипаты Көлге 25 км сұғына еніп жатыр, енді жері 18 км-ге жетеді. Абсолюттік биіктігі 412 м. Девонның құмтас, конгломерат, тақтатасынан түзілген. Қорым тасты төбелер, тақыр және сор кездеседі. Жусан, баялыш өседі. Күзгі жайылым. ## Дереккөздер
Үйсін мемлекеті (б.з.д. VIII ғ. — б.з. V ғасырда) — Қазақстанды мекендеген тайпаларда мемлекеттіктің алғашқы белгілері болды. Бұлар сақтардың этномәдени мұрагерлері үйсіндер болатын. Қазақ мемлекеттігінің тағы бір қайнар көзі үйсіндер мемлекеті болып есептеледі. Үйсіндерде ежелгі өркениетке тән дамудың барлық белгілері байқалды. Бұл қалыпты даму белгілеріне мемлекеттік билік жүйесін, жазудың болғандығын, тұрақты әскерді, елшілік жоралғыларын және т.б. жатқызуға болады. Сақ дәуірінде болған малға, еңбек құралдарына және тұрмыс бұйымдарына деген жеке меншік үйсіндерде де кең қанат жайды. Қоғамның билеуші және бағынышты топтарға бөлінуі мейлінше айқын байқалды. Қоғам — ру ақсүйектері мен тәуелді ұсақ өндірушілер, жартылай тәуелді құлдарға бөлінді. Жерді жеке иеленумен қатар иерархиялық иелену түрі де дамыды (рулық, тайпалық, қауымдық). Ежелгі үйсіндерде әлеуметтік-экономикалық қатынастар өтпелі кезеңге тән сипатта болды. Дамудың мұндай ерекше түрінің болу себебі экономикалық кұрылысқа байланысты. Жартылай көшпелі және жартылай отырықшы үйсін коғамында өндірістің екі негізгі түрі болды: мал және жер. Мал түріндегі байлықтың жиналуы, мал-мүлік, жиһазға жеке меншіктің, тауар алмасудың дамуына әкелді. Әйтсе де көшпелі қоғам ерекшелігіне сай — әлеуметтік қатынастар аса ірі және шағын дәулетті мал иелерінің жеке меншік қатынастары түрінде дамыды. Рулық құрылыстың ыдырауы барысында туындаған таптық қатынастар құлиеленушілік сипатқа ие болды. Дегенмен ежелгі үйсін қоғамында құлдың еңбегін пайдалану өзіндік ерекше түрде дамыды; яғни, құл еңбегі өндірістің негізгі тірегіне айналған жоқ, ал құл иелену классикалық түрге жете алмады. Жазбаша және археологиялық деректерден ежелгі үйсін қоғамында б.з.д. II—I ғасырлардың өзінде-ақ жекелеген адамдардың қолында байлықтың шоғырланғандығы байқалды. Қытай деректерінде: «Үйсіндерде жылқы көп. Олардың ең бай адамдарында төрт-бес мың жылқы болады», — деп көрсетілген. Демек, малы көп дәулеттілер болса, малы аз немесе жоқ кедейлер тобының да болғандығы даусыз. Сонымен қатар үй малдарына салынған таңбалар, металдан, тастан және қыштан жасалған мөрлер де жеке меншіктің пайда болғандығын көрсетеді. Ертедегі жылнамашылардың мәліметіне қарағанда, үйсіндердің кейбір әскербасылары мен шенеуніктерінде, күнби сарайы жанындағы тағы да басқа лауазымды адамдардың алтын және мыс мөрлері болған. Үйсін мемлекетінің басында үлкен күнби тұрды. Кей зерттеушілер үйсін мемлекетінің ел-басын күнби деп те атап жүр. Қытай тілінде үйсін патшасын гуньмо деп атаған. Үлкен күнбиден кейінгі мемлекеттік лауазым күнби болды. Бұл — бас уәзір. Одан кейіңгі лауазым — тулы (дулы), бұл Қытай мемлекетіндегі үлкен уәзірмен дәрежелес болды. Әскер оң және сол қанатқа бөлінді, оларды екі қолбасы басқарды. Елдің жоғарғы сотының қызметін билер деп аталатын екі орынбасары атқарды, оларды даруға (дарту) деп атады. Абыз атанған лауазым діни басшылықты іске асырды. Бұдан кейінгі мемлекеттік лауазым — бүкіл ұлыстың шыбегі (биі) болды. Оның екі орынбасары болған. Ел билейтін лауазым иелерінің тапсырмаларын орындатып отыратын атқосшы мансаптары болды. Үйсін мемлекетінің астанасы Ыстықкөл жағалауындағы Чигучэн қаласы болды. ## Жағрапиясы Жетісу аймағында орналасты. Шекарасы батысында Шу, Талас өзендеріне, шығысында Тянь Шанның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін созылған. Үйсін бірлестігі жайындағы алғашқы мәліметтер б.з.д. 1 ғасырдағы қытай жылнамаларында кездеседі (Үйсін). 630 мың халқы болған. 189 мың адамдай жасақ құрған. Бірлестіктің бекіністі астанасы — Шығу қ. Батыс пен Шығыс елдері аралығындағы «Ұлы Жібек жолы» торабына орналасқан. Мұның өзі бірлестіктің көрші елдермен (қытаймен, ғұн, қаңлы, алан, ұйғыр, қырғыз тайпаларымен) саяси, экономикалық және мәдени байланысты дамытуына мүмкіндік жасады. Астанасы Чигучен (Қызыл алқап) Ыстықкөлдің жағасына орналасты. ## Тарихы Үйсіндер туралы жазба деректі қытайлар қалдырды. Б.з.д. 2 ғасырда Жетісуға Чжан Цянь бастаған елші келді. Ол көптеген мәліметтер әкелді. Үйсіндер туралы (усунь-го) «үйсін мемлекеті» деп айтты. Мемлекетте 630 мың адам, 188 мың әскер барын да көрсетті. Үйсін патшасы гуньмо деп аталды. Мықты ел болған. Орталық Азия аумағындағы ертедегі алғашқы таптық бірлестіктердің бірі. Егер VIII ғасырдағы жазушылардың Бесбалықты «Үйсін князінің шекарасы» деп атайтынын ескерсек, үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Бесбалық ауданы арқылы өткен деген қорытынды жасау керек. Үйсіндер иеліктерінің шекарасы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өткен. Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатса керек. Үйсіндер иеліктерінің орталығы — Іле аңғары, дегенмен олардың ордасы — «Қызыл Аңғар қаласы» Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты. Чжан Цянның (б. з. б. II ғ.) хабарлауына қарағанда, үйсіндердін «бұрын» мекендеген жері шығыстағы алыс бір жерде болған, мұның шындықка жанаспайтыны анық. «Үйсін» терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр. Ол қытайдың иероглифтік жазбаларынан ғана мәлім, оның қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі — Ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін атайтынындай «үйсін» сөзіне сәйкес келеді. Бірқатар зерттеушілер бұл транскрипцияны Орта Азия тарихынан мәлім асиан этнонимі деп білуге бейім. Алайда соңғы зерттеулерде асиан термині ятии этнонимінің диалектілік нұсқаларының бірі болуы мүмкін деген басқаша түсініктеме айтылады, ал оның транскрипциясының дәстүрлі ертедегі кытайша түрі казіргі қытай тілінде айтылатын (юечжи) иероглифтері болған. Үйсін терминінің транскрипциясын түсіндірудің тағы бір нұсқасы бар. Қазір үйсіен деп айтылатын екі иероглиф ертедегі қытай тілінде асман, яғни асман, «аспан» делініп айтылған деп жорамалданады. Бұл айтылғандарды үйсін гуньмосына күйеуге берілген қытай ханшасының хатындағы: «Менің үйім мені… Аспан Еліне… күйеуге берді» деген сөздер растауы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, «көк тіреген таулар» дегенді білдіретін тянь-шань деген сөздің өзі де жергілікті атаудың аудармасы сияқты екенін атап өту маңызды. Үйсіндердің ертедегі этникалық-саяси тарихына байланысты оқиғалар жеткілікті зерттелмеген. Үйсіндер туралы алғашқы хабарлар б. з. д. II ғасырдың аяғында пайда болады. Қытай императорының сарайындағылар ғұндарға қарсы күресте одақтас іздеп, Батыс өлкеге Чжан Цянь бастаған елшілік жіберген. Чжан Цяньды сюнну-ғұндар тұтқынға алып, олардың елінде он шақты жылдай болады. Алайда ол кейіннен қашып шығып, Жетісуға барады, үйсіндер туралы алғашқы хабарды еліне сол жақтан апарған. Оның кезінде үйсіндер арасында сэ (сақтар) «тармағы» мен юечжилер мекендеген. Юечжилер туралы хабарлар Чжанье ауданындағы сюннулерден алынғандықтан, Чжан Цянь үйсіндердің өзі де бұрын Цилянь- шань мен Дуньхуан аралығында мекендеген деген қорытынды жасаған. Қазіргі деректер бойынша, үйсіндер Жетісуды қосқанда неғұрлым байтақ аумақты алып жатқан. Қытай үйсіндердің сюннулерге Ордоста соққы беруін қалады. Бұл пікір үйсіндердің нақ сол Чжан Цянь жазып алып, кейіннен шежіреге енгізілген генеалогиялық аңызының редакциясында да әз көрінісін тапқан. Оның айтуынша, үйсіндердің билеушісің бір кезде көршілері юечжилер өлтірген де, оның қаншық қасқыр мен қарға күзетіп жалғыз қалған ұлы есейген шағына дейін шаньюй ордасында тәрбиеленген. Ер жеткен соң гуньмо әкесін өлтіргені үшін кек қайтаруға шаньюйден рұқсат сұрап, юечжилерді талқандапты. Өз кезегінде Орта Азия юечжилерінің аман қалған бөлігі басқа тайпалармен одақтасып, б. з. б. 140 жылы Грек-Бактрия мемлекетін талқандаған. Үйсіндерде үштік жүйе болса керек. Сюннулер сияқты, олар да үш бөлікке: сол қанат, орталық және оң қанат болып бөлінген (олардың әрқайсысында он мыңнан жауынгер болған). Үйсіндер бірсыпыра уақыт бойы сюнну-ғұндарға саяси жағынан тәуелді болғандықтан, соңғы этноним белгілі бір уақыт бойы үйсіндердің өзін де тасасында ұстап келген деп санауға болады. Мүны грек-рим жазушыларының ертедегі ғұндар туралы хабарлары дәлелдейді. Мәселен, ғұндар туралы хронологиялық жағынан алғаш рет Страбонның айтқандарында, Бактрия патшалары «өз иеліктерін серлер мен фаундарға дейін жайды» делінген. Тегінде, Грек-Бактриясының иеліктері бір кезде Тарым ойпатының батыс шегінен әріге созылып жатса керек, демек, бұлайша салыстыру тарихи-географиялық тұрғыдан даулы. Кейінгі уақыттағы үйсіндер тарихы сақтармен және юечжилермен байланысты. Грек-рим авторлары енді «ғұн-үйсіндар» жайында айтады. Ғұндар атауының үйсіндерге де таралғанына қарамастан, олардың этникалық туыстығы туралы айтуға берік негіз жоқ, дегенмен мұны толық, бекерге шығаруға болмайды. Сюннулердің тілі әзірше белгісіз. Зерттеушілер қазіргі уақытта сюннулер тілін ежелгі түрік тіліне бәрінен де жақын «алтай» тобының тіліне жатқызуға бейім. Үйсіндер қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында Үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Ғұндардың күшеюінен қорыққан Қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде Үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды (қ. Үйсін мемлекеті). Үйсіннің шығу тегі, таралуы, халықтардың тарихындағы рөлі жайында тарихи-генеалогиялық зерттеулерде талас пікірлер азды-кемді ұшырасады. Оған себеп — жазба дерек көздері. Оларда адамдардың есімі, лауазымы, қытай транскрипциясы бойынша жазылған. Атап айтқанда, 7 ғасырдағы Қытай жазушысы Чин-гу, «Батыс өлкенің өзге шетелдіктерінен Үйсіндердің едәуір айырмашылығы бар, олардың көзі көк, жирен сақалды» деп жазады (қ. Үйсін антропологиялық типі). Үйсіндердің шаруашылық жағдайы мен мәдениеті жайындағы деректер археол. қазбалардан анықталып отыр (қ. Үйсін дәуірінің ескерткіштері). Б.з.д. 105 жылдарда Үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен ораған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Жазба деректемелерде б.з.б. 1 ғасырда Үйсін халқының жалпы саны 630 мың адам (120 мың түтін) болғаны айтылады. Олар 188 мың 800 адамнан тұратын әскер ұстаған. Алғашында Бұлыңғыр өзеннің бойын мекендеген. Б.з.б. 2 ғасырдың орта шенінде Жетісуға, Іле бойына ығысқан. Дегенмен, олардың барлығы көшпеген деген ғылыми жорамал бар. Оны шығыстанушы С.Е. Малов Тоныкөк ескерткіштеріндегі Үйсін есімінің жазылуымен дәлелдейді. Жетісу Үйсіндерінің шығу тегін анықтау жолында А.Н. Бернштам, К.А. Ақышев, Г.А. Кушаевтар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Шығыстағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі деректер де осындай бұлтартпас қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бұл деректерге сүйенген Ресей ғалымдары Үйсіннің исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Б.з. 6 ғасырдан бастап Үйсін этнонимі тарихи әдебиетте кездеспейді. Бірақ одан тараған рулар дулат, албан, Шігіл (жікіл) Түрік қағандығы кезіндегі мемлекеттерді құруға қатысқан. 13 ғасырда Рашид әд-Диннің шығармасында Шағатай ұлысындағы Үйсін халқы туралы айтылады. Жетісу, Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз құрамындағы тайпалардың жалпы атауы ретінде халық арасында да, жазба әдебиетте де қолданылды. Қазақтың дәстүрлі шежіре деректері Үйсінді Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден таратады. Ботбай руынан шыққан Диқанбай батырдың шежіресінде (Н.Аристов жазбасында) Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз, Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ). Абақтан — Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары болып саналады. Олар: албан, дулат, суан, шапырашты, сарыүйсін, ошақты, ысты. Ш.Уәлихановтың жазбаларында Үйсін — бұл тайпалардың ғана емес, Ұлы жүздің барлық тайпасының түп атасы. Онда Төбейден — Үйсін, одан — Қойылдыр (Қатаған, Шанышқылы), Мекрейіл (Жалайыр), Майқы (Абақ), Қоғам (Қаңлы) тарайды. Үйсін қырғыз халқының құрамында да бар. Солты тайпасының бір тармағы Усон, Қаракесек тармағы Сарыүйсін, Бағышындағы Қалша аталары Үйсін деп аталады. Сол сияқты Үйсін қарақалпақтардың құрамына да енген. Б.з.д. 73 жылға дейін үйсіндердің жері үш бөлікке: сол (шығыс) бөлікке, оң (батыс) бөлікке және гуньмоның өзіне қарайтын орталыққа бөлінген. Бұлар өзара қақтығысқа толы болды. Қытай ханшалары үйсін гуньмоларына ұзатылған. Олар Қытайдың Орта Азия, Батыс Азия және Еуропамен сауда байланысында маңызды рөл атқарды. Б.з.д. 2 ғасырда пайда болған Ұлы Жібек жолын ұстап тұрған осы үйсіндер болды. Үйсіндер туралы қытай деректерінде б.з. 3 ғасырына дейін айтылады. ## Мәдениеті Үйсін ескерткіштерін зерттеу барысында бұл мәдениеттің үш кезеңнен өткені анықталды: алғашқы кезең — б.з.б. 3-1 ғасырлар; орта кезең — б.з. 1-2 ғасырлар; соңғы кезең — б.з. 3-5 ғасырлар. Бұл кезеңдердегі бейіттердің қазылуында, жобалануында, қару-жарақ, сәндік бұйымдар мен тұрмыстық заттардың түрінде, жасалуында ерекшеліктер бар. Мал, егін шарушылығымен қатар қолөнер, үй кәсіпшілігі өркендеді. Әсіресе қыштан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі өріс алды. Өндеу кәсібі дамыды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік бұйымдар, алтын мен күмістен алқа, сырға, түрлі әшекейлі заттар жасалды. Тоқыма кәсібі, тері илеу, тас қашау, сүйек өңдеу өнері дамыды. ## Үйсіндердің салт-дəстүрі Үйсіндердің салт-дəстүрі туралы ғылыми деректер аз. Ертедегі үйсіндердің түсінігінше, өлген адам тіріледі деп сенген. Сондықтан да адамды жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деген заттардың бəрін қосып көмген. Тірі кезінде пайдаланып жүрген заттардың бəрін қоса көмген. Көптеген бейіттерді қазғанда табылған заттар осыны дəлелдейді. Тамақ ішетін ыдыс-аяқтар, тұрмысқа қажетті басқа да бұйымдар жиі кездеседі. Ер адамдардың жанына сауыт-саймандар, қару-жарағы: садақ, жебелер, қанжар, найза, қамшы, пышақ секілді заттар қойылған. ## Діни нанымдары Табылған заттары мен əшекейлері, қару-жарағы жоғарғы көркемдігімен қатар үйсіндердің діни ұғымын, өмірге көзқарасын да көрсетеді. Диадемадағы жапырақтар əлемді тіршілік ағашының көзі, өмір нəрі, жан беруші əйел бейнесі болып табылады. Бұл ағаш жер ортасындағы тау шыңына өсіп, дүниенің төрт бұрышын жəне əлемнің үш бөлігін: тамыры тереңге кететін жер астын- о дүниені, адамдар мен жан-жануарлар өмір сүретін жер үстін- бұл дүниені, құдайлар мен құстар мекені- аспан əлемін жалғастырып тұр. ## Жерлеу орындары Бейіт басына тұрғызылған обаның үлкен-кішілігі марқұмның қоғамдағы алған орнының, байлығының қандай болғанын білдірген. Қазба жұмыстары кезінде үлкен обалардан үлкен əшекейлер, қару-жарақ, ыдыс-аяқ түрлері көп шығады. Теңлік қорымындағы қабірден киімге тігілген алтын қапсырмалар, алтын сырғалар, алтын сыммен оралған темір түйреуіш, қола айна табылды. Көлемі жағынан орташа обадан бірнеше қыш құмыралар, ағаш тостаған, қола сырға, түйреуіш, білезік шықты. Қару-жарақтан темір қанжар, пышақ, үш қырлы жалпақ жебе ұштары бар. Кішкентай обалардан бір-екі қыш ыдыс, темір пышақ, қола сырға, моншақ табылды. ## Археологиялық ескерткіштері Жетісу жерінде үйсіндердің обалары, қорымдары мекенжайлары зерттелді. Обалардың көбісі диаметрі 6-20 және биіктігі 0,5-1,5 м. Топырақ, тас қиыршық немесе топырақ-тас аралас үйінділер болып келеді. Қорымдары б.з.д. 3-2 ғғ. жататындары ерте кезеңі.-Қапшағай 3, Өтеген 3, Қызыл еспе. Оларға ортақ сипат қорымдар теріскейден түстікке қарай, әрқайсысында 5-6-дан обасы бар тізбек болып, созылып жататындай жоспарланған. Орта кезеңге жататындар б.з.д. 1 ғ-б.з. 1 ғ. деп есептеледі. Бұған Өтеген 1,2, Тайғақ 1, Қарлақ 1, Алтын Емел қорымдары. Олар жүйесіз түрде, үш обадан тізбектеліп орналасқан. Соңғы кезеңі 2-3 ғғ. деп саналатын кейінгі кезеңге Қапшағай 2, Шолақ Жиде 1, 2, Гүр қора 2, Қалқан 4 қорымдары жатады. Бұлардағы обалар жүйесіз, ретсіз жасалған, қабырлар жерден қазылған, үстері ағашпен бастырылмаған. Үйсіндердің алғашқы қонысы Шу алқабынан, Луговое аулынан табылды. Қабырғалары қам кірпіштен жасалған, едендері балшықпен сыланған, ортасында жер ошақ болған. ## Шаруашылығы Үйсін бірлестігінің халқы жартылай көшпелі ел болған. Мал бағып, жер өңдеуді кәсіп еткен. Археологиялық қазбалардан табылған материалдарға қарағанда, сол кездің өзінде-ақ жер өңдейтін тас тырма, тастан қашап жасалған қол диірменнің табылуы — сол замандағы тұрғындардың егіншілікпен айналысып, оның өнімдерін өндей білгендігінің бір дәлелі. Іле, Шу, Талас алабынан суландыру жүйесінің іздері табылды. Ежелгі үйсіндер б.з.д. 1 ғасырда, әсіресе б.з. 3-5 ғасырда егіншілікпен, бау-бақша, жеміс-жидек өсірумен шұғылданып, отырықшылыққа үйрене бастаған. Олар көшпелілер болғанымен, үй маңында егін де салған. Оған дән дақылдары салынған ыдыс-аяқтар, дәнүккіштер тас кетпендер табылуы дәлел. Байлар киімдерін жібек пен биязы жүн матадан, кедейлер жай қалың жүннен, былғары, қой терісінен тіктірген.Шу, Іле бойындағы елді мекендердің орнынан күйдірілмеген кірпіштен қаланың, таға тәрізді жасалған жер ошақтар, тік бұрышты тұрғын үйлер табылды. ### Мал шаруашылығы Үйсіндердің шаруашылығы аралас болған, яғни мал шаруашылығымен де, егіншілікпен де айналысқан. Дегенмен үйсіндердің негізгі шаруашылығы - жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Жетісудың жайлы табиғаты оларға көп мал ұстауға мүмкіндік берді. Үйсіндер қой, жылқы, сиыр, қос өркешті түйе, ешкі ұстаған. Көп өсіргені жылқы мен қой болды. Жылқының неше түрлі тұқымын өсірген. Оның ішінде асыл тұқымды арғымақтар да болған. Мысалы, Жетісудағы Теңлік қорымынан табылған алтын қапсырмада құйрық-жалы өрілген, омырауы шығыңқы, тұрқы ұзын нағыз сəйгүлік мінген салт атты бейнелеген. ### Егіншілік Үйсіндер суармалы егіншілікпен де, тəлімді егіншілікпен де айналысқан. Дəнді дақылдардан арпа, тары өсірген. Олардың егіншілікпен айналысқандығын қазба жұмысы кезінде тас кетпендер, орақтар мен дəнүккіштер табылуы дəлелдей түседі. Үйсіндер егіс алқабын өзен бойларына салған. Егісті суаруға арық суларын да қолданған. Ертедегі деректердің мəлімдеуінше, үйсіндер «ағаш егіп», «қалалар мен елді мекендер салған». Суармалы егістіктер, суландыру жүйесі, бау-бақшалар үйсіндердің астанасы Чигу қаласының айналасында орналасты. ## Қоғамы Үйсін қоғамында байлар, жасауылдар, абыздар, кедейлер болған. Әскер басылары мен шенеуніктердің қолында мөрі болған. Жеке меншік те өскен. Үйсін бірлестігінде малға жеке меншік болды. Ру-тайпаларының жайылымдары иелікке бөлініп, байлық тайпа көсемдерінің қолына жинақталды; тайпааралық қарым-қатынас өсті. Жеке меншіктің болғанын қыш ыдыстарға, сүйектен, металдан жасалған әр түрлі заттарға түсірілген таңбалардан байқаймыз. Қазылған обалардың аумағы әртүрлі. Кейбіреулерінің биіктігі 10-12 м, аумағы 40 м-ге дейін жетеді. Адам сүйегімен бірге көмілген заттардың санына, сапасына қарағанда, үлкен қорғандарға тайпа көсемдері, ақсүйектер, одан кішісіне қауымның қарапайым мүшелері жерленген. Билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға ауысып отырған. Оған «бек» аталған ру, тайпа көсемдері бағынған. Үйсін бірлестігінде басқарудың ондық жүйесі қолданылды. Билеуші өзіне қарайтын жұртын балаларына бөліп, әрқайсысына он мыңнан жасақ, көші-қон жерін еншілеген. Үйсін бірлестігінде мемлекетке тән белгілер болды. Бектер өздерінің жайылымдық жерлерін өзгелерден қарулы күшпен қорғағаны жайында деректер бар. Мұның өзі әлеуметтік топтардың қалыптаса бастағанын аңғартады. ## Дереккөздер
Мемлекеттік Шығыстарды Бағдарламалау – мемлекеттік бюджетті жасау тәсілі. Мұнда мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар бойынша тиісті құрылымдарға бөлінеді, сөйтіп, әрбір қаржыландыру бірлігіне қатысты шешілуге тиісті нақты міндеттер айқындалады. Мемлекеттік қаражатты жұмсау кезінде шешілетін міндеттерді үш топқа бөлуге болады. * Біріншіден, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ қоғамдастық әрбір рудың мүшелеріне әлеумеуметтік көмек көрсету. Мемлекеттік шығыстардың бұл санатына, мысалы, мүгедектерге төленетін жәрдемақы жатады. * Екіншіден, сырқаттанған, жұмыссыздық, т.б. жағдайларға орайлас міндетті сақтандыруды қамтамасыз ету. Мұнда сақтандыру оқиғасы басталған кезде кейіннен төлеу мақсатымен сақтандырылған қаражат, кейде жеке адамның қаражаты да алдын ала шоғырландырылады. * Үшіншіден, қажеттілігін мемлекет өз жауапкершілігіне алатын тауарларды өндіру және сатып алу, қызмет көрсету. Экономика теория тұрғысынан мұндай игіліктер тікелей қоғамдық игіліктер сипатында болуы керек, не осындай игіліктердің қалыптасу факторларының қатарына жатуы тиіс. Айталық, винтовканың жекелеген патроны қоғамдық игілік емес, бірақ патрондардың басы артық қорын жасау қорғанысты күшейту нышандарының бірі болып табылады, сондықтан қоғамдық шығындар жұмсауды қажет етеді. Қоғамдық шығындар үш нысанда жұмсалуы мүмкін: * Біріншіден, қоғамдық сектор ұйымдарының пайдаланылу шығындары қаржыландырылады; * Екіншіден, рынокқа өнім жеткізіп тұратын кәсіпорындар мен ұйымдарға жәрдем қаржы беріледі; * Үшіншіден, әлеум. көмек және сақтандыру бағдарламаларымен қамтылған адамдарға ақшалай төлем төленеді және заттай беріледі. Таза қоғамдық игіліктер жасау қоғамдық шығындардың нәтижесі болса, онда қоғамның барлық мүшелері осы игілікті мемлекет қолынан алушы рөлін атқарады. Көп жағдайда жеке меншік игіліктерді жасау немесе қайта бөлу бағдарламаның негізгі немесе жанама нәтижесі болып табылады. Мысалы, әңгіме жұмыссыздарға ақшалай төлем жасау жайында болса, онда жұмыссыздық жағдайында әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуін қоғамдық игілік ретінде қарастырған жөн, сонда әрбір төлем жеке-жеке алғанда сырттай оң нәтиже береді. Алайда жекелеген төлем өздігінен қоғамдық игілік сипатына ие болмайды. Төлемнің нақты, дара атаулы алушысы бар. Жұмыссыздар өздеріне берілетін қаражатты ішінара тамақ өнімдерін сатып алуға пайдаланады. Сөйтіп, жұмыссыздарға көмек бағдарламасын қабылдау нәтижесінде азық-түлік тауарларына деген сұраныс көбейеді. Егер бұл тауарларға ұсыныс біршама икемді болса, онда мұның салдарынан баға өседі, нәтижесінде бағдарлама бойынша қаражат алушылардың азық-түлік өндірушілер мен сатушыларға пайдасы тиеді. Жұмыссыздарға көмек қосымша жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге жәрдем қаржы бөлу нысанында берілсе, не жұмыссыздарды қайта даярлайтын кәсіптік білім беру мекемелеріне жәрдем қаржы бөлу нысанында берілсе, онда мұның өзі олардың жұмыспен қамтылудың жаңа аясын іздеп табуын оңайлатады. Екі жағдайда да бюджет қаражатын тікелей алушылар жұмыссыздардың өздері емес, басқалар. Алайда мұндағы діттелген түпкі мақсат сайып келгенде бағдарламаның қолданылуы аясында жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуы болмақ. ## Дереккөздер
Әбілпейіз (Әлпейіс) кесенесі — 18 ғасырдан] сақталған сәулет өнері ескерткіші. Шыңғыстаудың солтүстік беткейінде Әлпейіс (Әбілпейіз) өзенінің жоғарғы жағында, Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтан бейітінің басына салынған. Кесене тастан үйген шағын бейіттерден тұратын ескі қорымның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Шикі кірпіштен тұрғызылған (диаметрі 9 м). ## Дереккөздер
Әжібай Қарпықұлы (1791 — 1866) — би. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушы. Кенесары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының жеріне (Ұлытау — Ырғыз — Торғай) тұрақтай алмай, оңтүстікке қарай ойысқанда, Ресей үкіметінің қысымы мен қуғынына ұшыраған Әжібайдың елі де Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі қыстағының маңына көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен. Әжібай датқа Арқадағы ағайындарымен қатынасын үзбей, белгілі би ретінде олардың дауларына араласып, рулар арасын ежелгі қазақ заңымен реттестіріп отырған. Омбы облыс мемлекеттік архивінде сақталған құжаттарда 1862 жылы қазан айында Сарысу бойын жайлайтын Кіші жүз рулары мен Ұлытаудың батыс бөктерін мекендеген қыпшақтардың арасындағы мал дауын шешуге Әжібайдың ерекше ықпалы болғандығы атап көрсетілген. ## Дереккөздер
Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві — облыстың тарихына байланысты құжаттар сақталған арнаулы мекеме. 1923 жылы қыркүйекте ұйымдастырылған. Құрылған кезінде губерниялық, 1938 жылы округтік, 1931 жылы аудандық, ал 1932 жылы Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві аталды. Алғашқы құжаттары 1917 жылдан басталады. Архивте ревкомдардың, жергілікті кеңестер атқару комитеттерінің, ерекше әскери бөлімдердің, Ақтөбе өңіріндегі азамат соғысының барысын, армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұңғыш коммуналарды, ұжымшарлар мен МТС-тарды ұйымдастыру, қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру, өнеркәсіптің, құрылыс ісінің дамуы, электр станцияларының салынуы, халық ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салалары туралы құжаттар жинақталған. Құжаттар саны 520 мыңға жуық. Шалқар мен Қобдада бөлімшелері, 9 аудандық архив бар. Архив қорларынан қажетті деректер іздеп табу үшін арнайы ғылыми-анықтамалық жүйе жасалған. ## Дереккөздер: Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Қошқарбай Сағалайұлы (1710 ж.ш.т. – 1758 ж.ш.ө.) – батыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде батыр атанған. Қыпшақ тайпасының құлан руынан шыққан. Омбы архивіндегі Г.Н. Потанин мен П.П. Семенов-Тянь-Шанскийлер 1860 жылы жинаған мәліметтерде Қошқарбайдың жоңғарларды Омбы қаласының маңынан Обь өзеніне қарай ығыстырып тастағаны жайлы айтылады. Жаяу Мұсаның “Олжабай батыр” және О. Нұралыұлының “Сабалақ – Абылай хан” атты дастандарында Қошқарбай тұлғасы көркем бейнеленген. ## Пайдаланған әдебиетттер Қазақ энциклопедиясы
Шаушықұм, Шәушіқұмтөбе — көне дәуірлерден сақталған қорым. Түркістан облысы Шардара аудан Шаушықұмтөбе қалашығының жанында орналасқан. 1959 — 1963 жылы Шардара археологиялық экспедиция (жетекшісі А.Г. Максимова) зерттеді. Сырдарияның оң жағалауындағы биіктеу алаңқайда ұзындығы 4 км-ге созылған, барлығы 7 үлкенді-кішілі топтан тұратын үлкен қорым анықталған. Мұндағы ондаған топырақ обалардың диаметрі 26 — 40 м, биіктігі 3 — 5 м болатын ең ірілері негізінен қорымның ортасын алып жатқан топта. Қазбалар нәтижесінде қорымның 57 обасы қазылып, 37 катакомбалы, 12 лақытты қабір, 6 қарапайым шұңқыр түріндегі қабір ашылды (тағы 3 қабірдің формасы тоналу нәтижесінде қатты бүліну себебінен анықталмаған). Ақымы кіре беріс шұңқырға перпендикулярлы орналасқан 30 катакомбалы қабір 1-түрге жатқызылса, ақымы шұңқырдың жалғасы іспеттес 7-уі катакомбалы қабірлердің 2-түрін құрады. Ашылған мүрделер шалқасынан жатқызылып, бастары негізінен шығыс жағына қаратылған. Ерлердің қабірлерінде көбіне қару-жарақ (семсерлер, қанжарлар, жебелер, құранды садақ бөлшектері) пен тұрмыстық заттар (пышақтар, айылбастар, т.б.) кездессе, әйел қабірлеріне сырға, айна, жапсырмалар тәрізді сәндік-әшекей бұйымдары тән. Қыш ыдыс үлгілері барлық қабірлерге дерлік салынған. Мерзімі жағынан біздің заманымыз 3 — 5 ғасырлар ескерткіші болып табылатын Шаушықұм қорымы көне кангюйлер (қаңлы) негізін құраған археологиялық мәдениеттердің бірі — қауыншы мәдениетіне жатады. ## Дереккөздер:
Қорғас ыстық бұлақтары, Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік беткейіндегі Қорғас өзенінің оң саласы – Арасан өзені шатқалында 1750 м биіктікте орналасқан. Мұнда 10-нан астам қайнар, бұлақ бар. Олардың жалпы су шығымы 4 – 5 л/с. Су хлорлы-сульфатты-натрийлі, радиоактивті (радон 150 – 180 эман), сілтілі (рН – 9). Температурасы 37 – 52ӘС, жалпы минералдар 0,27 – 0,29 г/л. Суда 60 – 70 мг/л кремний қышқылы, күкіртсутек, қорғасын, күміс, молибден қоспалары бар. Қорғас ыстық бұлақтарын химиялық құрамына байланысты Алтайдағы Белокуриха курорт суымен теңестіруге болады. ## Пайдаланған әдебиетттер * Қазақ энциклопедиясы * (С. Құнанбаев)
Шаушықұмтөбе— ортағасырлық қаланың орны. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласының солтүстігінен 5 км жерде, Сырдария өзеннің оң жағасында орналасқан. Қалашықта 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан археололгиялық экспедиция (жетек. А.Г. Максимова), 1959 — 1963 жылы Шардара археололгиялық экспедиция (жетек. Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич) қазба жұмыстарын жүргізді. Қалашық үш бөліктен тұрады. Цитадель мен шаїаристан қорғаныс дуалдарымен қоршалған. Рабаттың қорғаныс құрылыстары жоқ. Шаїаристанның аум. 250250 м, 4 — 5 м. Оны қоршаған дуал қалдықтарының биікт. 1 м. Ортада орналасқан цитадельдің аум. 36,538 м. Қалашықтың жалпы биікт. 10 м. Шардара су қоймасының салынуына байланысты зерттелген қалашық бұл күнде су астында қалған. Қазба жұмыстарының нәтижесі Ш. өзінен едәуір бұрын болған елді мекеннің орнына салынған бекініс екендігін көрсетті. Қазба кезінде табылған заттар кешені ескерткіштің 1 — 8 ғасырлар аралығында өмір сүрген адамдар тұрағы екенін көрсетті. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Кенжебай Мәденов (19 ақпан 1925 жыл, Ақтай-Сай, БҚО — 26 желтоқсан 1974 жылы) — Ұлы Отан соғысы барысында «Берлин» операциясына қатысқан, фашизмнің ұясы, Берлиндегі Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартудағы ерен ерлігімен ел есінде қалған қас батыр. Ол жөнінде қолбасшы Г.К. Жуковтың, әскери тарихшы П.Беланның, орыс жазушылары М.Мержановтың, Ф.Боковтың, неміс жазушылары К.Похе мен Г.Олиганның, қазақ жазушысы ұ.Слановтың шығармаларында айтылған. Екі Қызыл жұлдыз орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. ## Соғысқа дейінгі өмірі 1942 жылы Орал облысының Қаратөбе кентінде Заготживсырья кеңсесіне бухгалтер ретінде жұмысқа орнаған. ## Қызыл әскердегі өмірі 1943 жылдың қаңтарында Қызыл Армияға шақырылды. 1943 жылдың қарашасынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін пулеметшілер бөлімінің командирі ретінде шепте, кейінірек офицерлер курстарын бітіріп атқыштар бөлімінің командирі ретінде үшінші Украина және бірінші Беларусь шептерінде соғысқан. Екі рет жарақатталған. Әскери іс-әрекеттер барысында өзін ержүрек әрі батыл командир ретінде көрсеткен. 1944 — 1945 жылдары Мәденов Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Берлин операциасында және Одер өзенінің сол жағалауындағы плацдармды кеңейту және нығайту үшін жүрген ұрыстарда атқыштар бөлімінің командирі ретінде ерекше танылған. 29 сәуірде Мәденовтың взводы бірінші болып немістердің Рейхстагтан кейінгі негізгі ұясы Ратуша үйіне басып кірді. Г. К. Жуковтың «Естеліктер мен ойтолғаулар» шығармасында (орысша «Воспоминания и размышления») Маденов басқарған бөлімнің Берлин ратушасын шабуылдап жаулап алғаны былай суреттелген: «Ұрыста танктер мен ауыр техникалық қарулар қолданылған. Берлин ратушасының қақпасы бірнеше рет атқаннан кейін қирады да, артынша лейтенант Маденов ратушаға басып кірді. Н. П. Кондрашев және К. В. Коротченко сияқты басқада қаһармандар лейтенантпен бірге күресті. Олар кіреберісті қол гранаталары арқылы атқылады, әрбір бөлме үшін күресті.» ## Марапаттары Ұлы Отан Соғысындағы ерліктері үшін бірнеше ордендермен марапатталған: * Екі рет «Қызыл жұлдыз» * Ұлы Отан Соғысының 2 дәрежелі ордені * Бірнеше медальдар ## Соғыстан кейінгі жылдар 1946 жылдан бастап Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде жұмыс атқарады. 26 жыл ішінде оперативті-ізденіс жұмыстарының қызметкерінен Гурьев облысының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің басқармасының төрағасына дейін көтерілген. Қызметте жүргенімен қатар Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып жүріп, оқуын сәтті аяқтаған. Жастармен Ұлы Отан Соғысының батыры және Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері ретінде жинаған өмірлік тәжірибесімен бөлісті, басқарманың қоғамдық өміріне белсенді қатысқан. Қызметтегі жағымды жетістіктері үшін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің басшылығы тарапынан көптеген мадақтамаларға ие болған.Жеңістің 30 жылдығына жетпей, соғыс барсында алған ауыржарақаттарының әсерінен 1974 жылы 26 желтоқсанда қайтыс болған. ## Ұрпағы Ол отбасылық адам болған. Жұбайы Ғазизамен бірге өмірге үш бала әкелген. Қазір Ғазиза өзінің тұғғышы Махамбетпен бірге Атырау қаласында өмір сүріп жатыр. ## Естеліктері Ұлы Отан Соғысындағы ерліктері және Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіндегі белсенді қызметі үшін Атырау облысында Кенжебай Маденовке мемориалды тақта орнатылған. Кенжебай Маденовтың естелігі үшін жыл сайын Атырау облысында спорт жарыстары өткізіледі. ## Дереккөздер * Биография * Майдангер Мәденов немесе маршал мақтаған қазақ Мұрағатталған 6 шілденің 2020 жылы. — Жас Алаш, 19.06.2020
Ақтөбе облыстық филармониясы — мәдени-концерттік мекеме. 1944 жылы 16 қыркүйекте ұйымдастырылған. 1997 жылы белгілі композитор Ғ.А. Жұбанованың аты берілді. Филармонияда тұрақты өнер көрсететін “Арайлы Ақтөбе”, “Көңіл ашар”, “Қарлығаштар” секілді концерттік бригадалары, 1987 жылдан музыкалық лектория тобы жұмыс істейді. Филармония құрамында: эстрадалық-үрмелі музука оркестрі, қазақ камералық хоры, “Домбыра-Дастан” фольклорлық ансамблі, шығыс билері ансамблі құрылған. Ақтөбе облыстық филармониясыда әр жылдарда Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Р.Ақжарова, Ғ.Қойшыбаева, Т.Оспанов, Ж.Сейілов т.б. қызмет істеді. ## Дереккөздер
Әжібай Найманбайұлы (шамамен 1699 — 1778) — батыр. Албан тайпасының қызылбөрік руынан шыққан (Қызылбөрік — Есен — Еламан — Найманбай — Әжібай). Жетісудың Таутүрген мен Таушелек өңірлерінде (қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы) өмір сүрді. Әжібай Өтеген, Хангелді, Райымбек, Тауасар, Есбол батырлармен тізе қосып, Жетісуды жаудан тазарту жолындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Есімі қызылбөрік руының ұранына айналды. Құба қалмақтар жөңкіле қашқан кезде Әжібай батыр Сарыарқаға, Қаратауға, Түлкібас пен Қазықұртқа бытырай ауып кеткен Ұлы жүз қазақтарын атамекені Алатауға қайта жинап, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, бау-бақша егумен айналысуға жөн сілтеп, жол көрсетті. Түрген өзенінен тоған салдырып, ұзындығы 15 шақырымдай арық қаздырды. “Әжібай тоғаны” аталған сол арна осы кезге дейін ел кәдесіне жарап келеді. Шоқан Уәлиханов Ұлы жүз туралы мақаласында Әжібай батырдың баласы Бердіқожаның, немересі Қожамқұлдың, шөбересі Атамқұлдың би болғанын жазады. Батыр өмірі Әжібай Мәлікеұлының “Ер Әжібай” деректі дастанына арқау болған. ## Дереккөздер
Молибден кентастары – табиғи минералдық түзілімдер. Ірі кендердегі молибденнің мөлшері 0,06 – 0,3%, кіші кендерде 0,5 – 1,0% шамасында болады. Молибден кентастары эндогендік және экзогендік жағдайларда түзіледі. Эндогендік Молибден кентастары скарндық,грейзендік, гидротермальдық кендермен байланысты келеді. Басты кентас минералы – молибденит (60% Мо), сондай-ақ молибдошеелит (зейрагит). Молибден минералдарының үлкен тобын табиғи молибдаттар түзеді. Басқа өндірістік мәні бар минералдардан повелитті СаМоО4 (45% Мо), вульфенитті РbМоО4 (25% Мо), ферромолибденитті Fе2[МоО4]3 (60% Мо), ильземанитті МоО3 ¦ SO3 •5H2O (6,9% Мо) атауға болады. Молибден кентастарында молибденмен бірге түрлі қатыста Сu, W, S (пирит), аздап Ві, Ве, Sn, Ag, Au, сонымен бірге молибденитте үнемі Re болады. Экзогендік Молибден кентастары көмірлерде, көмірлі-кремнийлі-сазды тақтатастарда, қатты мұнай битумдарында ұшырасады. Мұнда Мо органик. заттармен байланысты және V, U, Ge, Re, сирек жер элементтерімен бірге кездеседі. Қазақстанның молибден кендеріндегі Молибден кентастарының төмендегідей типтері бар: кварц-молибденді және кварц-молибден-вольфрамды желілер (Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Қараоба, Солтүстік Қоңырат, т.б.), кварц-молибденді және кварц-молибден-вольфрамды штокверктер (Көктіңкөлі, Аққайың, Байназар, Батыстау, Жәнет, Жоғарғы Қайрақты, т.б.), молибден-мыс порфирлі кентастар (Бозшакөл, Қоңырат,Қаратас, Бөрлі, т.б.), молибденді ванадийлі кентастары (Құрымсақ, Жабағылы), молибденді қорғасын-мырыш кентастары. Өзіндік құны арзан молибден алу үшін скарнды және штокверкті кендерді пайдаланудың мәні зор. Молибден кентастары флотац. әдіспен байытылады. Байытылудан алынған концентратта 51%-ға дейін Мо болады. ## Дереккөздер
Ақжайық (2009 жылға дейін - Херсон) — Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы, Велихов ауылдық округі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Бадамша ауылынан солтүстік-батысқа қарай 41 км-дей жерде. ## Халқы 1999 жылы тұрғындар саны 643 адам (313 ер адам және 330 әйел адам) болса, 2009 жылы 332 адамды (176 ер адам және 156 әйел адам) құрады. ## Тарихы Іргесі 1929 жылы астық өсіретін ұжымшар ретінде қаланған. 1996 жылы мұнда «Ақжайық» ЖШС құрылды. ## Дереккөздер
Ұнтақтық металлургия — ғылым мен техниканың металдар, қорытпалар және химиялық қосылыстардың ұнтақтарын алу және олардан бұйым не бейметалл ұнтақтары бар қоспалар өндіретін саласы. Ұнтақтық металлургия металдың бұйымға айналуының ең озық процесі болып табылады. Ұнтақтық металлургиясының мәні ұнтақты алу және оның бұйымға айналу процестерінің бірінен соң біріне жүйелі түрде өткізілуінде. Бұл бір жағынан жаңа сала болса, екінші жағынан ежелгі тәсіл болып табылады. Ұнтақтық металлургияның негізін салушы П.Г. Соболевский (1782 — 1841). Ол металдарды өңдеудің ежелгі тәсілдерін жаңартып, оларды ерекше технологиялық тәсіл етіп біріктірді. Металл өңдеудің түрлі тәсілдерінде ұнтақтық металлургия ерекше орын алады, өйткені ол түрлі пішінді бұйымдарды өңдіру және қолданумен қатар басқа тәсілдермен алынуы қиын, кейде мүмкін болмайтын жаңа материалдарды жасауда қолданылады. Дайындамалар мен бұйымдарды ұнтақтық металлургия әдісімен өндірудің технологиясы шикізаттың ұнтағын алу, алынған ұнтақ материалдан дайындаманы қалыптау, баспаланған дайындамаларды термиялық өңдеу, соңғы өңдеу (құрылымдық реттеу, мөлшерлеу, механикалық және химия-термиялық өңдеу) кезеңдерінен тұрады. Ұнтақтық металлургияның алғашқы технологиялық сатысы — ұнтақты өндіруде қолданылып жүрген бірнеше әдісі бар. Шартты түрде олар физика-химиялық және механикалық деп ажыратылады. Шикізаттың физика-химиялық өзгерістерінің терең өтуіне байланысты ұнтақтарды өндіру процестерінің бұл технологиясы физика-химиялық әдіске жатады. Нәтижесінде алынған ұнтақтың химиялық құрамы шикізаттың химиялық құрамынан өзгеше болады. Бұл әдіс бойынша темір, мыс, никель, кобальт, вольфрам, молибден, тантал, ниобий, цирконий, марганец, титан және оның қорытпаларының ұнтақтары алынады. Механикалық әдісте шикізат ұнтаққа айналғанда оның химиялық құрамы өзгеріссіз қалады. Механикалық әдіс бойынша темір, мыс, марганец, жез, қола, хром, алюминий, мырыш, қорғасын, қалайы, никель, шойын, күміс, т.б. ұнтақтар алынады. Қоспаларды дайындау процесі алдымен ұнтақтарды жасыту, мөлшеріне қарай бөлшектерін сұрыптау және араластырудан тұрады. Мөлшері 50 мкм және одан ірі ұнтақ бөлшектерін елеп топтайды, ал тым ұсақтарын айырғыштан өткізеді. Дайын болған ұнтақтарды шарлы, атанақты диірмендерде араластырады. Металл ұнтақтарын баспалағанда (суық, ыстық, гидростатикалық) және илегенде дайындамалар пішіні түзіледі. Баспалау күшінің қысымы артқан сайын дайындаманың беріктігі жоғарылай түседі. Мөлшері мен пішінінің күрделілігіне қарай дайындамаларды баспалау бір немесе екі жақты болып келеді. Ыстық баспалауда дайындамалардың пішінін қалыптастыру мен пісіру бірге өткізіледі. Гидростатикалық престеу дәлдігі төмен металкерамикалық дайындамаларды алуда қолданады. Сығу арқылы шыбықтар, құбырлар және әр түрлі қималы пішіндер алуға болады. Баспалау қалыбының қабырғаларына ұнтақтардың жабыспауы және оның бөлшектерінің жақсы бірігуі үшін ұнтақтың құрамына 12%-ға дейін пластефикатор қосады. Алынатын дайындаманың пішіні баспалау қалыбының мөлшерленген тесігі пішініне сәйкес болады. Жабдықтар ретінде механикалық және гидравликалық баспақтар қолданылады. Ұнтақ материалдарды өңдеудің өнімді тәсілі — илеу. Илеу арқылы әр түрлі материалдардан таспалар жасалады. Металл ұнтақтарын илеу арқылы қалыңдығы 0,02 — 3 мм-ден 300 мм-ге дейінгі таспалар жасалады. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
Әжібай Болпышұлы (XVII — XVIII ғ.) — Алшын тайпасының Әлімұлы рулар бірлестігінің Кете руынан шыққан би. 1749 жылы малды жұттан аман алып қалу үшін елін Жайықтың оң жақ бетіне (ішке) көшіруге Ресей әкімдерінен рұқсат алған. Әжібай Ресей отаршыларының шығысқа қарай жылжуына мейлінше кедергі жасап, қайткенде де халқының ата қонысын сақтап қалуға тырысты. Тевкелев, Левшин жазбаларында Әжібай есімі жиі аталады. Оны ел арасында әулие ретінде де қастерлейді. ## Дереккөздер
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті — Ақтөбе қаласында орналасқан жоғары оқу орны. ## Тарихы Негізі 1935 жылы қыздар мұғалімдер институты ретінде қаланды. 1954 жылы ол Н. Байғанин атындағы Ақтөбе педагогика институты деп аталды. 1958 жылы институт таратылып, 1966 жылы қайта ашылды.Қазақ КСР - і Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 23 ақпандағы № 72 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институтына қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, лингвист-ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімі берілді.Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1996 жылғы 7 мамырдағы № 573 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті болып қайта құрылды.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 163 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне мемлекеттік мәртебе берілді.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 ақпандағы №128 қаулысы бойынша құрамынан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бөлініп шығуына байланысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті қайта құрылды. ## Факультеттер * Физика-математикалық факультеті * Жаратылыстану факультеті * Филология факультеті * Техникалық факультет * Тарих факультеті * Экономика және құқық факультеті * Шет тілдер факультеті * Кәсіби-шығармашылық факультеті * Педагогика және білім берудегі менеджмент факультеті * Heriot-Watt халықаралық факультеті ## Дереккөздер
Құладындар (лат. Circus) – қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанда далалық аймақтарда, бұталы шалғындарда, өзен аңғарында, қалың қамыс арасында, шөл және шөлейт аймақтарда мекендейтін дала құладыны (Circus macrourus), шалғын құладыны (Circus pygargus), саз құладыны (Circus aerugіnosus) және түз құладыны (Circus суаneus) бар. Саусақтары қысқа, жіліншігі қауырсынсыз келеді. Қанаты жалпақ әрі ұзын (32,0 – 44,5 см). Мекиені қоразынан ірілеу. Дене тұрқы 41 – 60 см, салмағы 400 – 750 г., ұясын жерге салады, мекиені 3 – 6-дан жұмыртқалайды, ақшыл, кейде бозғылт не сепкілді жасылдау болады. Жұмыртқасын 30 – 35 күндей басады. Балапандары 40 – 45 күнде ұядан ұшады. Балапандарын қоразы қоректендіреді. Құладын – жыл құсы, кейде қар аз жауып, қыс жылы болса, қыстап та қалады. өсақ жәндіктер, ұсақ құстар, кемірушілер, кесірткелермен қоректенеді. Саз құладыны ондатр, қоян, қасқалдақ, үйрек аулап, қорек етеді. Кемірушілерді құртып, пайда келтіреді. ## Дереккөздер
Үтірлі төбе — ортағасырлық қала. Оңтүстік Қазақстан облылы Мақтаарал ауданы Үтіртөбе ауданан солтүстікке қарай 11 км, Сырдария өзеннің сол жағалауынан 5 км жерде орналасқан. Қаланы 1971 жылы Ю.Ф. Буряков, О.М. Ростовцев, 2004 жылы Сырдария археологиялық экспедиция (жетекші М.Қасенов) зерттеген. Қаланың сыртын 5 — 10 м-ге дейін су шайып кеткен. Сондықтан оның пішіні сақталмаған. Қазіргі аумағы 388×180 м, батыстан шығысқа созылып жатқан төбе. Жобасы үтірге ұқсайды. Қаланың шығыс бөлігі 3 — 3,5 м-ге дейін биік, бұл қала цитаделі болса керек. Оның сақталған аумағы 80×80 м. Ал батыс бөлігінің биктігі 1 м. Сумен шайылудың салдарынан биіктігі 1 — 2 м-лік жарқабақ пайда болған. Ол жерден табылған әр түрлі құрылыс пен үй қалдықтары, қыш ыдыс, кірпіш, тас, темір, т.б. заттардың сынықтарына қарағанда қаланы тұрғындар 7 — 12 ғ-ларда мекен еткен. ## Дереккөздер:
Құлажорға — көне зират. Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы Құлажорға ауылының шығыс жағында орналасқан.1937, 1948 жылдары Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.С. Черников) зерттеп, Құлажорға өзенінің Ертіске құяр сағасындағы 5 – 6 км аумақты қамтитын өңірден төрт қорым тапқан. Олар тас пен топырақ аралас үйінді, диаметрі 4,5 – 12 метр, биіктігі 0,3 – 0,5 метр аралығындағы дөңгелек обалардан тұрады. Қабірлердегі тас жәшік ішіне адамды шалқасынан жатқызып, кейде оң қырымен аздап аяғын бүгіп, басын шығысқа, кейде батысқа қаратып жерлеген. Алғашқы қазба жұмыстары жасалған жердің атауы бойынша аталған Құлажорға зиратына адам мәйітімен қоса қыш ыдыс, сүйектен жасалған жебенің ұштарын және әшекей бұйымдарды жерлеген. Қызыл бояу жағылған қыш ыдысты басына, ағаш ыдысты беліне таяу қойған. Ер адамдардың қасына қару-жарақтар қойылса, әйелдер жатқан жерден алмұрт тәрізді ілмекті алтын сырғалар, әйнек немесе пастадан жасалған моншақтар кездеседі. Сонымен қоса ыдысқа қой етінің бір мүшесі (көбінесе жамбасы мен құйымшағы) қойылса, ал тас жәшіктің үстіне құрбандыққа шалынған немесе өзі мінген атты ауыздықсыз, ерттемей жерлеген. Кейбір жағдайда тіпті жылқының терісін, бас сүйегін және тұяғын қойған. Табылған заттарға қарағанда Құлажорғаны б.з.б. ІІІ – І ғасырлардағы тайпалар мекендеген. ## Дереккөздер
Үтіртөбе — Түркістан облысы Жетісай ауданы, Жолдасбай Ералиев ауылдық округі құрамындағы ауыл. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Жетісай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 28 км жерде, Шардара бөгенінің оңтүстік жағалауында орналасқан. ## Халқы ## Тарихы 1957 жылы құрылған жеміс-жидек, жүзім өсіретін кеңшардың бөлімшесі болған. Кеңшар негізінде шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Ораз Әбішев (1 мамыр, 1916 жылы Абай облысы, Абай ауданы, Қайнар ауылы - 14 наурыз, 2013 жылы Алматы) — қазақтың деректі киносының негізін қалаушы кинорежиссер. Қазақ КСР халық артисі (1966). Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1979). Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1960). Арғын тайпасының Қаракесек руының Малай бөлімінен шыққан. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан» Орденімен марапатталған (2005). ## Толығырақ * Ораз Әбішұлы 1916 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. * 1938 ж. Алматы қазақ музықалық театрының (қазіргі Абай атынд. Қазақ опера және балет театры) жанындағы студияны бітірген. 1939 жылдан бастап деректі кино түсірумен айналысқан. * 2013 жылы 14 наурызда Алматыда дүниеден озды. ## Шығармашылығы * “Дина Нұрпейісова” (1947), “Шалғай жайылымдарда” (1950), “Абай” (1953), “Біздің қалада” (1956), “Мәскеуге сәлем” (1958), “Денсаулық аралы” (1961), “Апа”, “Қол құдіреті”, “Тастағы таңба” (бәрі де 1968), “Бір хаттың ізімен” (1971), “Тарихпен тілдесу” (1972), “Мәукен даласы” (1976), “Сынақ” (1977), “Талғаттың зеңгір аспаны” (1979), “Еліктер мекені” (1980), “Ертегішілер” (1983) т.б. фильмдер түсірген. “Арман аралы”, “Кеншілер әулеті”, “Мұқан Төлебаев”, “Желден жүйрік” деректі фильмдері үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1974 жылы). ## Мемлекеттік марапаттары * 1957 жылы КСРО Кинемотографистер Одағының мүшесі * 1959 жылы «Құрмет белгісі» Ордені * 1960 жылы Қазақ КСРнің Еңбегі сіңген өнер қайраткері құрметті атағы берілді. * 1966 жылы Қазақ КСРнің Халық артисі құрметті атағы берілді. * 1974 жылы Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының лауреатыатанды. * 1986 жылы «Еңбек Қызыл Ту» Ордені * КСРОның «Қазан төңкерісі» Ордені * КСРОның екінші рет «Құрмет белгісі» Ордені * КСРОның «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері», «Лениннің туғанына 100 жыл» т.б көптеген медалдарымен марапатталған. * 2001 жылы «Қазақстан тәуелсіздігне 10 жыл» медалі * 2005 жылы Қазақ кинематография саласындағы ерен еңбектері үшін Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан» Ордденімен марапатталды * Көптеген құрмет грамоталарымен медалдармен марапатталған. * Қазақстанның Мәдениет Қайраткері * Қазақстанның Экран шебері (құрметті атағы) * Қазақстанның Мәдениет саласының Үздігі * Елбасының мәдениет саласындағы Мемлекеттік және Президенттік степендияларының иегері.
Мәди — сақ-скифтердің патшасы (б.з.б. 660/59 — 625). Партатуаның ұлы. Ассирия, грек деректерінде Мадай, Матай, Мадиес деген аттармен де белгілі. Мәди Кіші Азиядағы трерлер мен кемерліктерді жеңген қолбасшы ретінде танылған. Мидия патшалығының әскерін талқандап, онда скифтердің үстемдігін орнатты. Ол Ассирия патшасы Ашшурбанипалдың қолдауымен бүкіл Таяу Шығысты жаулап алды. Палестина мен Сирияға барар жолда Египет патшасы Псамметих (М.Артамонов бойынша Нехо перғауын) скифтерді мол сыйлықпен қарсы алып, олардың бұдан әрі өтпеуін өтінген. Мәди келісіп, өз әскерін кері қайтарған. Мидия патшасы Фраорттың ұлы Киаксар скифтерді қонаққа шақырып, шарапқа әбден тойғызып, масайған кезде олардың бәрінің басын алған. Сөйтіп, Мидия патшалығында Киаксардың үстемдігі орнады. ## Дереккөздер
Мүбарак Ісләмұлы Әлиханов (шамамен 1884, Семей облысы Өскемен уезі Себе болысы — 1929, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы) —қазақ байы, болыс, шежіреші. Найман тайпасының Саржомарт руынан шыққан. Арғы атасы Тілеуберді Қозыбайұлы Көкпекті округінің аға сұлтаны болған. Бергі атасы Әлихан мен әкесі Ісләм көп жылдар бойы Саржомарт, Себе болысын билеген. Әлиханов жасында орысша сауат ашқан. Ол Тоқтамыс хан жаздырған қазақ шежірелерін жинастырып, “Мүбарак шежіресі” деген атпен құрастырып сақтаған. Әлиханов Қазақстандағы ірі байлардың қатарында отбасымен Қырғызстанға жер аударылды (1928). 1929 жылы еліне жасырын оралып, туған жерінде қайтыс болды. Ұрпақтары Қырғызстанда тұрады. ## Дереккөздер
Бекітпе - тау-кен бекітпесі — кеніштегі, шахтадағы кен қазбаларының төбесі мен қабырғалары опырылып құлап түспеу үшін, сондай-ақ, тау қысымын реттеу мақсатында қазба ішінде тұрғызылатын немесе тұтас орнатылатын тау-кен техника құрылысы. Кен қазбаларының түріне, оларда атқарылатын жұмыстың сипатына, пайдалану мерзіміне қарай бекітпелер уақытша және тұрақты болып бөлінеді. Тұрақты бекітпе — кеніш, шахта аймағындағы кенді түгел алып біткенше сақталады және олар өте берік, жоғары сапалы материалдардан (металл, бетон) жасалады. Уақытша бекітпе — кен қазу алдында дайындық үшін жүргізілетін, пайдалану мерзімі 2 — 3 жылдан аспайтын қазбаларда қолданылады. Пайдалану ерекшелігіне, түсетін қысымның сипатына байланысты бекітпе қайыспайтын, аздап иілетін, топсалы және құрастырмалы, түр-тұрпатына қарай — тік бұрышты, трапеция тәрізді, күмбез, сақина тәрізді болып бөлінеді. Тау-кен бекітпелерінің материалдарына ағаш, бетон, темір, темірбетон пайдаланылады. Көмір шахталарында бекітпелер құрылымдық ерекшелігіне байланысты механикалық-жылжымалы,қалқанды болып келеді, ал атқарар қызметіне қарай — кенжармалық және шөктіргіш болады. ## Дереккөздер
Үйсін Антропологиялық Типі — б.з.б. 3 — б.з. 4 ғасырларда Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың негізгі тұрпаты. Үйсін антропологиялық типі Балқаш көлінен бастап Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген тайпалар арасында жиі кездеседі. Бұған тән ерекшеліктер: бас сүйектері домалақ, маңдайы сәл тікшелеу, көз ұялары биіктеу, қыр мұрынды, жақ сүйектері ірі әрі шығыңқы. Үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Сақ антропологиялық типінде, сондай-ақ Үйсін антропологиялық типінде көшпелі шығыс тайпаларының антропологиялық әсері де айқын сезіледі. Өйткені кейбір бас сүйектерінен, бет-пішін құрылыстарынан моңғол тектес тайпалардың нәсілдік белгілерінің әсерлері анық байқалады. Осы күнгі қазақ халқының антропологиялық құрамының негізін қалауға Үйсін антропологиялық типінің үлкен әсері болған. Жетісу қазақтарының көптеген рулары Үйсін антропологиялық типінен. ## Дереккөздер
Мүсірәлі Жәдікұлы, Әжіқожа Мүсірәлі сопы әзиз, (17 ғасырдың екінші жартысы – 18 ғасырдың басы) – Үш жүздің пірі, діни қайраткер, әулие. Керейт руынан шыққан діндар, сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары керейт қожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін қазақ билері Мүсірәліні үш жүзге ортақ пір етіп жариялайды. Есіміне сопы әзиз атағы қосылады. Мүсірәлі қазақ халқының әдет-жосындарының жиынтығы "Жеті жарғыны" әзірлеуге қатысты деген деректер кездеседі. Мүсірәлінің 6 баласының бірі Қосымқожа да, оның ұлы Әбужәлел де пір болған. ## Сілтемелер "Сыр елі энциклопедиясы"
Еламан Шаханов (14 сәуір 1944 жылы туған, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылы) — ғалым, биология ғылымдарының докторы (1991), профессор (1992). Қазақстан ғылым академиясының академигі (2004). ## Қысқаша өмірбаяны: Арғын тайпасы Қуандық руының Мойын Рақпанғұл бөлімінен шыққан. * 1967 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. * 1967 — 1971 жылдары осы институтта аспирант, оқытушы. * 1971 — 1993 жылдары Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары. * 1993 — 2001 жылдары Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында директор. * 2001 — 2003 жылдары А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында директор қызметтерін атқарған. * 2003 жылдан Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметінде. ## Еңбектері: Негізгі ғылыми еңбектері шөл және шөлейт аймақтарда сирек кездесетін жемшөптік дақылдардың полиподиясы мен алшақ будандастыру мәселелеріне арналған. Ол дәнді және жемшөптік дақылдардың 14 жаңа сортын шығарған, олардың ішінде бидайдың Ертіс-97, жүгерінің Цунами-80 сорттары, еркекшөптің, эспарцеттің, бетегенің, түйежоңышқаның сорттары бар. Шаханов 110-нан астам ғылыми еңбектің авторы, медальдармен марапатталған. ## Дереккөздер
Бел — онша биік емес жонда, қырқада, жалда, адырда, т.б. болатын жадағай асу. Биік таулардағы асуға, орташа таулардағы кезеңге қарағанда салыстырмалы биіктігі аласа болады. ## Дереккөздер
Әлихан Төре Сағуни — (1885, Қырғызстан, Тоқмақ — 1976, Ташкент) — қоғам қайраткері, діни ғұлама, Шыңжаңның үш аймағында құрылғанШығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің төрағасы (1944 — 46). Ұлты — өзбек. Әкесі Әндіжан көтерілісі басшыларының бірі есебінде Ресей отаршылары тарапынан қуғынға ұшыраған. Әлихан Төре екі рет Меккеге қажылыққа барып, Сауд АрабиясыныңЖидда қаласында, Бұхарададіни және дәрігерлік білім алды. 1929 жылы Кеңес өкіметі діндарларды қуғындаған кезде Құлжа қаласына көшіп барып, діни насихат жүргізген, мұсылмандарды Шэн-Ши-Сай үкіметінің озбыр саясатына қарсы көтеруге әрекет еткен. 1937 — 41 жылдары Шэн-Ши-Сай үкіметі тұтқында ұстады. 1941 жылы түрмеден шыққан соң, Құлжадағы ең үлкен Байтулла мешітінің бас имамы болды. 1944 жылы 4 сәуірде Шыңжаңда “Құлжа азаттық ұйымы” құрылып, оның төрағасы міндетін атқарды. Сол жылы 12 қарашада Шығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің төрағалығына сайланды. Әлихан Төре ашық түрікшілдік және исламдық бағыттағы ой-пікірлерімен Шығыс Түркістанның жергілікті халықтарымен Орталық Азиядан келген эммигранттарға ықпал етті. Халықты дін және түрікшілдік идеясы арқылы оятуға тырысып, Шығыс Түркістанның түбегейлі тәуелсіздігін уағыздады. Бірақ Шыңжаңдағы оқиғаларға сырттан түрлі саяси күштердің араласуы ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-мүддесін күрделендіріп жіберді. Осындай жағдайда Әлихан Төре Кеңес Одағына кетуге мәжбүр болды (1946). ## Дереккөздер
Әз (арабша — ардақты, бағалы, құнды, жарқын) дәстүрлі қазақ қоғамында ең әділ, ең ардақты қайраткерге берілген атақ. (Әз Жәнібек, Әз Тәуке). Ел ішіндегі мейірімді, сыйлы адамдарды да ауызекі әңгімеде осылай атаған. ## Дереккөздер
Әдеби байланыс — белгілі бір ұлт әдебиетінің басқа да әлем халықтары әдебиетімен қарым-қатынасы. Әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар — көркемдік дамудың, әдеби процестің өзіндік заңдылығы. Бүтіндей алғанда, Әдеби байланыстың әлем әдебиеті тарихында алатын орны зор. Ұлттық әдебиеттердің даму деңгейі сол кезеңдегі Әдеби байланыстың да бағыты мен көркемдік рөлін анықтайды. Оның түрлері мен жолдары көп және бұл процесте аударманың алатын орны өзгеше. Әдеби байланыс жалпы ұлттық әдеби процеске, онда жаңа көркемдік ағымдардың пайда болуына ықпал етеді. Ұлттық әдебиеттердің өзара қарым-қатынасының негізгі түрі ретіндегі Әдеби байланысқа әдебиеттану ғылымы 18 ғ-дың ақыры мен 19 ғ-дың басында назар аудара бастады. Сөз өнері ғылымының Әдеби байланысты зерттейтін арнаулы саласы — салыстырмалы әдебиеттану қалыптасты (қ. Салыстырмалы-тарихи әдебиеттану). Бұл мәселеге И. Г. Гердер, И. В. Гете өз еңбектерінде назар аударған. Ұлттық әдебиеттердің бір-біріне әсерін, ықпалын тарихи-әдеби процестің бір бөлігі ретінде тарихи поэтикада қарастырылды (қ. Поэтика). Ресейде А. Н. Веселовский, В. М. Жирмунский, М. П. Алексеев, Н. И. Конрад еңбектерінде бұл құбылыс жан-жақты талданды. Ә. б. соңғы жылдары қазақ әдебиеттану ғылымының да назар аударған, арнайы зерттей бастаған саласы. Қазақ әдебиетінің басқа әлем халықтары әдебиеттерімен өзара байланыс жасау процесінің кезеңдері, өзгешеліктері бар. Мыс.: адамзат өркениетінің дамуына мол үлес қосқан Әбу Наср әл-Фараби Батыс пен Шығысты жалғастыра білді. Ол көптеген шығыс халықтарына ортақ қазына қалдырды. Қазақ әдебиеті көршілес шығыс, туысқан түркі халықтарының мәдениетімен, әдебиетімен ежелден жақын, тығыз байланыста болды. Қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен, Әзірбайжан, татар халықтарының ортақ ежелгі жазба ескерткіштері соның айғағы. Шығыстың классикалық поэзиясы, оның ірі өкілдері Фирдауси, Низами, Науаи, Хұсрау, Физули, Жәми, Сағди, Хафиз, Омар һәйям туындылары, араб халқының “Мың бір түн”, үнді елінің “Махабхарата”, “Рамаяна”, әсіресе “Қалила мен Димна”, “Тотынама” сияқты әлемге әйгілі үлгілерінің кейбір тараулары қазақ арасында кең тараған, олардың жекелеген сюжеттеріне өлең, қисса, дастандар шығарылған. 18 ғ-дан бастап қазақ халқының тыныс-тіршілігі, рухани өмірі орыс жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің назарына іліге бастады. В. А. Ушаковтың “Қырғыз-қайсақ” (1830), В. И. Дальдың “Бикей мен Мәулен” (1831) повестері жарық көрді. Е. И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі туралы материал жинау мақсатымен 1833 ж. Орал мен Орынборға сапар шеккен А. С. Пушкин “Қозы Көрпеш — Баян сұлудың” мазмұнын жазып алды, ақынның “Пугачев оқиғасы” мен “Капитан қызы” атты шығармаларында қазақтар жөнінде мәліметтер кездеседі. Пушкиннің ықпалымен Н. Н. Муравьевтің “Қырғыз тұтқыны” атты романтикалық поэмасы жарыққа (1828) шықты. Қазақстанда саяси қуғында Т. Г. Шевченко, Ф. М. Достоевский, С. Ф. Дуров т.б. болды, олар қазақ халқы туралы жылы лебіздер қалдырды. Л. Н. Толстой Ш. Құдайбердиевпен және қазақ мұғалімі Р.М. Елікбаевпен хат жазысқан. Мұндай әдеби құбылыстардың қазақ әдебиеті байланыстарының тарихында мәні зор. Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Ш. Уәлиханов Омбы, Семей, Санкт-Петербург мекемелерінде, Орыс геогр. қоғамында қызмет істеді, орыс зиялыларымен (П. П. Семенов-Тянь-Шанскиймен, Г. Н. Потанинмен, Достоевскиймен, Дуровпен, А. Н. Бекетовпен, Я. П. Полонскиймен т.б.) достық қарым-қатынаста болды. Уәлихановтың еңбектері орыс тілінде жазылып, алғаш рет Санкт-Петербургте жарық көрді, кекйбір еңбектері Батыс Еуропа елдерінде басылды. Уәлиханов әлемдік мәдениет пен ақыл-ой деңгейіне көтерілген ғалым ретінде, қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен, ұйғыр, сібір тайпалары, моңғол, қытай, орыс, украин, грек, неміс, француз, ағылшын т.б. халықтардың тарихы, этнографиясы, мәдениеті, әдебиеті туралы құнды ой-пікірлер қалдырды. Бұл тамаша дәстүрді мәдениетте, әдебиетте, халық ағарту саласында А. Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ш. Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Жұмабаев т.б. жалғастырды. Абай А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов, Ф. Шиллер, Джордж Байрон, И. В. Гете, А. Мицкеевичтің кейбір өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Шығыс аңыздарының сюжеті негізінде “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзім” дастандарын, “Сократ” трактатын жазды, Аристотель, Платон, Гомер туралы пікірлер айтты. Сондай-ақ, Алтынсарин, Құдайбердиев т.б. ірі аудармалар жасады. Жалпы қазақ даласының өзге алыс елдермен, оның ішінде Еуропа елдерімен, әдеби және мәдени байланысының тарихы тереңде жатыр. ибн Фадлан (10 ғ.), ибн Батута (14 ғ.), Марко Поло (13 ғ.), Р. Г. Клавихо (15 ғ.) т.б. шетелдік саяхатшылар қазақ жері, халқы жөнінде түрлі әдеби шығармалар, ғыл. еңбектер қалдырды. Г. Зелинский “Қазақ”, “Дала” поэмаларын, А. Янушкевич “Қазақ даласына саяхат кезіндегі күнделіктер мен хаттар”, суретші Б. Залесский “Қазақ даласының көріністері” атты альбом жазды. Француз жазушысы Жюль Верн “Клодиус Бомбарнак” романында қазақ жерін суреттейді. Американдық жазушы Дж. Кеннанның “Сібір және сүргін” кітабында Ертіс маңайының кейбір тіршілік жайы, Семей кітапханасының қоры туралы мәліметтер, деректер келтіреді. Ал, кейінгі кеңес дәуірінде әдеби байланыс аса қарқынды дамып, әлем әдебиетінің ең үздік шығармалары ана тілімізге, қазақ әдебиетінің үздік шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Аударма саласында қазақ сөз өнері шеберінің барлығы еңбек етті. Аударма арқылы келген ірі туындылардың ұлттық әдебиетке ықпалы мол болды. А. Құнанбаевтың шығармалары ағылшын, араб, болғар, моңғол, қытай, француз, орыс т.б. әлем тілдеріне аударылды. Ж. Жабаевтың шығармалары көптеген тілдерге аударылып, оның суырып салма өнері, айтулы айтыстары туысқан елдерді аралағанда өшпес әсер қалдырғаны туралы жазылды. М. Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясы әлемінің 116 тіліне аударылып, сондай-ақ “Әлем әдебиеті кітапханасында” (134, 135 томдары) ірі классикалық романдар қатарында жарық көрді. Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы, О. Сүлейменовтың поэзиясы және көптеген қазақ сөз зергерлерінің шығармалары, сондай-ақ, қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржандары эпостар, жырлар әлемінің көп тілдерінде аударылды. Ұлттық әдебиетіміздің әлем әдебиетімен тығыз байланыста дамуына ірі халықар. конференциялар (қ. Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясы; Ыстықкөл форумы; Ұлттық әдебиетіміздің онкүндіктері т.б.) мен қаламгерлердің және достық қарым-қатынастары да ықпал етеді. Қай халықтың болсын өнер жағынан дамуында әдеби байланыстар сол ұлт әдебиетінің өркен жая өсуіне, халықтың рухани байлығын, арман-мүддесін, өмір тарихын басқа халықтардың даму тарихымен ұштастыруға дәнекер болады. Қазірде қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттермен өзара байланыс жасау процесінің ерекшеліктері пайда болды. Бұл байланыстар жаңа мазмұн, жаңа түр, рең тауып, соны жолдар мен мүмкіндіктерге ұласты, әдебиетіміздің сыр-сипатын айқындай түсті. ## Дереккөздер
Мемориал Құрылыстар – белгілі бір халықтың, қалалардың тарихы мен жеке тұлғалардың еңбегін есте қалдыруға арналып салынған архитектуралық-мүсінді ескерткіштер ансамблі. Мемориал құрылыстар тарихы өте ертеден бастау алады. * Ежелгі Египетте (пирамидалар), * Грекияда (Салтанатты аркалар), * Рим империясында (колонналар) мемориал құрылыстардың классикалық түрлері кеңінен қолданылған. Қазіргі кезде мемориал құрылыстарының классикалық түрлері Еуропаның көптеген қалаларының (Рим, Париж, Ватикан) орталық алаңдарын безендіріп тұр. Мемориал құрылыстар мұсылман елдерінде де кеңінен тараған. 7 – 8 ғасырларда Бағдат халифатында мемориал құрылыстар кеңінен тұрғызыла бастады. Орталық Азияда қарапайым тас қоюдан бастап (қайрақ, балбал тас) орталық мұнаралы (Бұқара, 10 ғасыр, Мервтегі Сұлтан Санжар кесенесі, 12 ғасыр), сондай-ақ орталық және бұрыштық күмбезді (Қашқардағы Ж.Баласағұн және М.Қашқари кесенелері) ескерткіштер кеңінен тараған. Мемориал құрылыстар Қазақстан аумағында өте көп, олардың бірнеше түрлері кездеседі. Пішімі мен композициясының құрлымына қарай, ежелгі құрылыстар – қорғандар: * Беғазы мазары (б.з.б. 16 – 11 ғасырлар); * Дәндібай мазары (б.з.б. 11 – 9 ғасырлар Қарағанды облысы); * Шикі кірпіштен қаланған (Баланды – 2 кешені, б.з.б. 4 – 2 ғасырлар, Қызылорда облысы); * Күйдірілген кірпіштен өрілген (Абат-Байтақ кешені, 14 – 15 ғасырлар, Ақтөбе облысы) және табиғи тастардан қиып орнатқан (Жұбан күмбезі, 19 – 20 ғасырлар, Атырау облысы) кешендерден тұрады. Қазақстанның батыс облыстарында мемориал құрылыстар архитектура шағын пішімдерден (құлпытас, қойтас, сандықтас, ұштас, қошқар бейнелі тас, т.б.) тұрады. Мемориал құрылыстар тас қорымдар түрінде де (сағана тамдар) кездеседі. Соңғы кезеңде Қазақстанда архитектура мүсінді ірі-ірі мемориал құрылыстар салынды. Олар * белгілі тарихи оқиғаларға, (Ерлік даңқы мемориалы, 1970, мүсінші Н.Соболев; архитектор Т. Жәнібеков, Ақтөбе қаласы), * еңбек жолындағы адамдарға (“Шахтер даңқы” монументі, 1978, мүсінші А.П. Билык, архитектор А.Мальков, Қарағанды қаласы), т.б. орнатылды. ## Дереккөздер
Әлмағамбет Оспанұлы (1886, қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы Шилі мекені — 1966, сонда) — ақын, ұстаз, молда. Торғай қаласындаЫ. Алтынсарин ашқан қолөнер мектебінде оқып, 1905 жылы бітірген. 1911 — 16 жылдары Троицкідегі “Расуля” медресесін тамамдаған. 1917 — 23 жылдары өз ауылында “Бостандық” мектебін ашып, А.Байтұрсынов емлесімен сабақ берген. 1925 жылы Торғай уезі мұсылмандары Әлмағамбетті дін басшысы — Мұхтасиб етіп сайлады. Осы қызметі үшін Әлмағамбетті Кеңес өкіметі қуғынға ұшыратып, екі рет тұтқындап (1929, 1931), екеуінде де 10 жылға соттады. Ақталып шыққан соң Ақтөбе облысының Ырғыз, Қостанай облысының Жангелдин, Қарабалық аудандарында мұғалім болып істеді. 1941 жылы “халық жауы” деген жаламен қайтадан 8 жылға сотталып, кейін Маринскіге жер аударылды. 1944 жылы босап шығып,1961 жылы туған ауылында қайтып оралды. Әлмағабеттің алғашқы өлеңдері “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарияланған. Оның “Қош, Торғай” деген көлемді толғауы, “Жастарға айтар сөз”, “Арақ туралы”, “Жазушыдан ақырғы сөз” деген өлеңдері халық арасына кең тараған өлеңмен жазған шежіресі бар. ## Дереккөздер
Белағаш – Ертіс өзенінің оң жағалауындағы дала. ## Географиялық орны Абай облысының солтүстігінде, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 100 км-ге созылып жатыр. ## Жер бедері, геологиялық құрылымы Ені 30 — 60 км. Абсолюттік биіктігі 225 — 240 м. Шет жағы орта және жоғарғы төрттік кезеңнің шөгінді жыныстарынан, ортасы пермь мен таскөмір кезеңінің интрузивті тау жыныстарынан түзілген. Оңтүстігі биік жарқабақты, солтүстік-шығысқа қарай біртіндеп аласарады. ## Өсімдігі Жері қызылқоңыр топырақты. Онда селеу, бетеге, шайқурай, тал, жан-жағын қоршай шоқ қарағай орманы өседі. ## Дереккөздер
Шахматов Виктор Федорович (20 Қазан 1903, Ресей, Удмурд Републикасы, Елабуга ауданы — 4 Тамыз 1964, Алматы) — тарих ғылымының кандидаты (1946). ## Қысқаша өмірбаяны: 1927 жылы Семейдегі педогогикалық техникумды бітірген.1934 жылы Қазақ педогогикалық институтының тарих фаукультетін бітірген. 1931 жылға дейін ұстаздық қызметте болып, аудан, облыс газеттерде тілші қызметтерін атқарды. 1935 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік Ұлттық мәдениетті зерттеу институтында, КСРО ғылым академиясының қазақ бөлімшесінің тарих секторында ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, кейін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі болды. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазақстан тарихының әр түрлі кезеңдері мәселелеріне арналған 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде бірнешe монографиялық зерттеулері де бар. Қызыл жұлдыз, “Құрмет белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. ## Шығармалары: * Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова,1946. * Казахская пастбищно — кочевая община (вопросы образования, эволюции и разложения), 1964. ## Дереккөздер:
Ақбұлым — Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы ауыл, Ақбұлым ауылдық округінің орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Аса ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 28 км-дей жерде, жазық дала белдемінде орналасқан. Жақын теміржол бекеті — Тараз қаласы (5 км жерде). ## Халқы Бұрынғы ұжымшар негізінде құрылған өндірістік кооперативтер жұмыс істейді. Ауылда мәдениет үйі, мектептер, емхана т.б. мекемелер бар. Ақбұлым арқылы ауыларалық автомобиль жолы өтеді. Ақбұлым аталуының себебі, Қырғыз Алатауының төменгі сілеміндегі Ақтаудың етегінен шыққан бұлақтан көктемдегі, күздегі будан ауылды ақ бу басып, бұлыңғыр тартып, соған байланысты ауыл "Ақбұлым" атанған. ## Дереккөздер
## Қошқармүйіз Қошқармүйіз (Unіo) – тұщы суларда тіршілік ететін қос жақтаулы моллюскілердің бір туысы. Бақалшағының тұрқы 14,5 сантиметрге дейін жетеді, ішкі жағында меруерт қабаты бар. өрықтануы пассивті, яғни, сифоны арқылы сумен ілесіп кірген сперматозоидтармен ұрықтанады. Аналығы ұрықтанған жұмыртқаларын (400 мыңға дейін) желбезектерінде өсіреді. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдері (глохидийлер) балықтардың желбезектеріне және тері эпителийінің астына еніп, біраз уақыт паразиттік өмір сүреді. Қошқармүйіздің Еуропада, Кіші Азияда, Африкада, Солтүстік Америкада 20-ға жуық түрі таралған. Қазақстанда Сырдария өзені мен Әмудария (Өзбекстан) өзендерінде, сондай-ақ, түбі, жиегі құмды, тұнық сулы өзендердің, көлдердің, бөгендердің табанындағы құм мен саз балшыққа жартылай көміліп тіршілік етеді. Қозғалысы өте баяу. Қыста тіршілігі бәсеңдейді. Суда оттектің жеткілікті болуын қалайды. Кейбір түрлерін мал азығына пайдалануға болады. Қошқармүйіз бақалшағының ішкі қабатының түсі сәуле түскенде құбылып тұрады. Сондықтан ол меруерт түймелер жасауға, қолөнер бұйымдарының бетін оюлап нақыштауға пайдаланылады. ## Пайдаланған әдебиетттер Қазақ энциклопедиясы ## Қошқармүйіз Қошқармүйіз (Unіo) – тұщы суларда тіршілік ететін қос жақтаулы моллюскілердің бір туысы. Бақалшағының тұрқы 14,5 сантиметрге дейін жетеді, ішкі жағында меруерт қабаты бар. өрықтануы пассивті, яғни, сифоны арқылы сумен ілесіп кірген сперматозоидтармен ұрықтанады. Аналығы ұрықтанған жұмыртқаларын (400 мыңға дейін) желбезектерінде өсіреді. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдері (глохидийлер) балықтардың желбезектеріне және тері эпителийінің астына еніп, біраз уақыт паразиттік өмір сүреді. Қошқармүйіздің Еуропада, Кіші Азияда, Африкада, Солтүстік Америкада 20-ға жуық түрі таралған. Қазақстанда Сырдария өзені мен Әмудария (Өзбекстан) өзендерінде, сондай-ақ, түбі, жиегі құмды, тұнық сулы өзендердің, көлдердің, бөгендердің табанындағы құм мен саз балшыққа жартылай көміліп тіршілік етеді. Қозғалысы өте баяу. Қыста тіршілігі бәсеңдейді. Суда оттектің жеткілікті болуын қалайды. Кейбір түрлерін мал азығына пайдалануға болады. Қошқармүйіз бақалшағының ішкі қабатының түсі сәуле түскенде құбылып тұрады. Сондықтан ол меруерт түймелер жасауға, қолөнер бұйымдарының бетін оюлап нақыштауға пайдаланылады. ## Пайдаланған әдебиетттер Қазақ энциклопедиясы
Үш аймақ төңкерісі — Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында 1944 — 1945 ж. болған қазақ, ұйғыр және басқа халықтардың ұлт-азаттық көтерілісі. Шыңжаң генерал-губернаторы Шың Шысай (Шэн Шицай) 1939 жылдан бастап жергілікті халықтарға, әсіресе, қазақ халқына қарсы қатаң саясат жүргізе бастады. Ол қазақ зиялыларын, ел басқарған беделді азаматтарды жазықсыз тұтқындап, түрмеге жапты. Қазақ шаруалары қолындағы аңшылық мылтықтарды зорлықпен тартып алып, үкіметке он мың бас сәйгүлік жинап беруді бұйырды. Осындай шектен асқан қорлық пен зорлыққа ызаланған халық стихиялы түрде үкіметке қарсы көтерілді. 1940 ж. ақпанда Алтай аймағының Көктоғай ауданында Рысхан Ноғайбайұлы, Есімқан Иманбайұлы бастаған жергілікті қазақтардың көтерілісі басталды. Оған Оспан Исламұлы қатарлы азаматтар қатысып, аудан әкімін және мылтық жинауға барған әскерлерді өлтірді. Көтеріліске Шіңгіл ауданындағы қазақтар да қосылды. 1941 ж. маусымда Көктоғайда Қалел тайжының басшылығымен тағы да бір мыңнан аса адам қарулы көтеріліске шықты. 1942 ж. Шың Шысай өкіметі кеңес өкіметі Германияға қарсы соғыста жеңіледі деп есептеп, КСРО мен Қытай коммунистік партиясына қарсы шықты және Гоминьдан үкіметін қолдау саясатына көшті. Осыған байланысты Гоминьдан үкіметінің шенеуніктері мен әскерлері және оларға ілесе АҚШ пен Ұлыбритания дипломаттары мен барлаушылары Шыңжаңға келіп, әрекет жасай бастады. Шыңжаңдағы Кеңес Одағының мамандары еліне қайтарылып,Қытай коммунистік партиясының мүшелері мен жергілікті ұлт қайраткерлері саяси қуғын-сүргін құрбандары болды. Шыңжаң үкіметінің жүргізген жауыздық саясаты жергілікті халықтардың ашу-ызасын тудырды. Осыны пайдаланған Кеңес Одағы жергілікті ұлттардың гоминьдандық Шыңжаң үкіметіне қарсылық күресін қолдау арқылы, Шың Шысайды биліктен тайдырып, АҚШ пен Ұлыбританияның Шығыс Түркістанға ықпалына шектеу қойып, буферлік аймақ етіп ұстауды жоспарлады. Кеңес Одағы аталған үш аймақтағы халықтың үкіметке қарсылығын пайдалана отырып, олардың төңкерістік ұйымдар құруына белсенді түрде ат салысты. 1943 ж. мамырда Алтайда “Ұлт-азаттық тобы” құрылды, оған Дәлелхан Сүгірбайұлы мен Оспан Исламұлы басшылық етті. Олар гоминьдан үкіметіне қарсы көтеріліске шықты. 1944 ж. 9 сәуірде Құлжада “Құлжа азаттық ұйымы” құрылды, оның төрағасы болып Әлихан төре сайланды. Осы жылдың сәуір айында Тарбағатай аймағының Қобық ауданында партизандар қосыны құрылып, оның басшысы болып Зұңғырып Шалқанұлы сайланды. Осы сияқты көптеген ұйымдар төңкерістік үгіт-насихат жұмысын жүргізді және болашақ әскерлер үшін қару-жарақ дайындаумен шұғылданды. 1944 ж. тамыз айында Іленің Нылқы ауданында Әкбар Есбосынұлы мен Сейіт батыр бастаған партизандар үкімет әскерлерінің шабуылын тойтарып, алғашқы жеңіске жетті. Үш аймақ төңкерісі. басталды. Қарашада партизандар Нылқы ауданын гоминьдандықтардан толық азат етіп, Құлжа қалана жорық жасады. 1944 ж. 7 — 12 қарашада олар Құлжадағы Әбдікәрім Аббасов бастаған ұйғыр партизандарымен бірлесе отырып, қаланы гоминьдандықтардан толық азат етті. “Құлжа азаттық ұйымы” ұйғыр, қазақ және қырғыз жастары қатысқан үлкен жиналыс өткізіп, “Шығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің” (ШТРУҮ) құрылғанын жариялады. Республика туы — ортасында сары түсті ай, жұлдыз салынған жасыл ту болып белгіленді. Әлихан төре үкімет төрағасы, Әшімбек қожа оның орынбасары болып сайланды. Қшінде қазақтан Әбілқайыр Рабатұлы бар 16 адамнан тұратын жергілікті үкімет құ-рылды. 1945 ж. 5 қаңтарда ШТРУҮ мүшелерінің мәжілісінде үкіметтің бас бағдарламасы қабылданды. Онда Шығыс Түркістан аумағында Қытай үстемдігін жою; аумақтағы жергілікті халықтардың тең дәрежелі болуы негізінде еркіндік алған дербес мемлекет құру; Шығыс Түркістанда өнеркәсіпті, егін ш-н, мал ш-н және жеке сауданы дамыту арқылы халықтың тұрмыстық дәрежесін жоғарылату жолында тоғыз түрлі мақсат қойылды. 1945 жылдың наурыз айына дейін Іле аймағының 11 ауданы тегіс гоминьдандықтардан азат етілді. 8 сәуірде ШТРУҮ-нің Ұлттық армиясы құрылды. Армия қосынын негізінен қазақтар құрады. Оның құрамында, сондай-ақ ұйғыр, татар, өзбек, қырғыз, моңғол, дүнген, сібе (сибо), дағұр, т.б. халықтардың жастары болды. Әскери басшылар ұйғыр, татар, қазақтардан қойылды. Кеңес Одағының әскери мамандары оларға кеңесші болды және тех. жәрдем берді. 1945 ж. мамыр айында Ұлттық армия Солтүстік, Орта және Оңтүстік бағыт бойынша гоминьдан әскерлеріне шабуыл жасады. Солтүстік бағыттағы армия 1945 жылдың мамыр, маусым айларында Толы және Дөрбілжін аудандарын, шілде — тамыз айларында Шәуешек, Шағантоғай және Қобықсары аудандарын азат етіп, Тарбағатай аймағындағы гоминьдан билігін толық жойды. Содан соң олар Тарбағатайдан Алтайға жорық жасап, 1945 ж. қыркүйек айында бүкіл Алтай аймағын азат етті. Орта бағыттағы Ұлттық армияның 4 мың жауынгері 5 — 12 қыркүйекте Шиху және Жың аудандарындағы жаудың негізгі күштерін жойды. Осы екі аудандағы шайқаста Гоминьданның 2 мыңнан аса әскері жойылып, 1 мыңнан аса әскері тұтқындалды және қыруар қару-жарақ олжаланды. 16 қыркүйекте Сауан ауданы шабуылмен алынды. Гоминьданның аман қалған әскерлері шығысқа шегіне қашып, Үрімжіге 140 км жердегі Манас өз-нің көпірін бұзып, Дихуа (Үрімжі) қ-н жанын сала қорғады. Екі жақ әскерлері Манас өз-мен шектесіп, теке тірес күйде тұрды. Үш аймақ (Іле, Тарбағатай және Алтай) біртұтас ШТРУҮ-нің басқаруына өтті. Оңтүстік бағыттағы Ұлттық армия Оңтүстік Шыңжаңдағы Бай (Байчэн), Күчар және Ақсу аудандарына шабуыл жасады. Осы бағыттағы бір жасақ Ташқорған, Қашқар және Хотандағы гоминьдандық күштерге соққы берді. Үш аймақ Ұлттық армиясы Шыңжаңдағы гоминьдан күштерін талқандауға бет алған кезде 1945 ж. қазан айында соғыс кенеттен тоқтатылып, ШТРУҮ мен Гоминьдан үкіметінің өкілдері Үрімжіде бейбіт келіссөзге отырды. Нәтижесінде Үш аймақтан Ахметжан Қасыми бастаған өкілдер гоминьданның Чжан Чжичжун бастаған өкілдерімен мәмілеге келіп, 1946 ж. қаңтарда “Он бір тармақты бітімге” қол қойды. Осы бітім негізінде 1946 ж. Шыңжаң өлкелік біріккен үкіметі құрылды. Үкімет құрамы 25 адамнан жасақталды, оның 8 адамы Үш аймақ өкілдері болды. Чжан Чжичжун үкімет төрағасы, Ахметжан Қасыми және Бұрхан Шаїиди оның орынбасарлары болды. Осы жылы ішкі Қытайда азамат соғысы басталды. 1947 ж. гоминьданның Шыңжаңдағы күштері бейбіт бітім шарттарын бұзып, Үрімжіде “25 ақпан қанды оқиғасын” жасады. Олар Шыңжаң өлкелік үкіметінің мүшесі, Алтай аймағының уәлиі болып тағайындалған Оспан Исламұлын өз жақтарына тартып, оны Үш аймақ үкіметіне қарсы күреске айдап салды. Оспан батыр Үш аймақ билігіне қарсы көтеріліп, Алтай аймағын өз бақылауында ұстады. Үш аймақ үкіметі оны Алтай аймағы уәлиі міндетінен босатып, орнына Дәлелхан Сүгірбайұлын тағайындады. Дәлелханның әскерлері соғыс барысында Оспан батырды Алтайдан ығыстырып шығарды. Оспан Үрімжінің шығысындағы Ганьсу провинциясына шегінді. Үш аймақ өкілдері тамыз айында өлкелік үкіметтегі қызметтерінен бас тартып, Құлжаға қайтып кетті. Үрімжі мен Құлжа арасындағы қатынас қайта шиеленісті. 1948 ж. 31 желтоқсанда Бұрхан Шаїиди өлкелік үкіметтің төрағасы болып тағайындалды. Ол Үш аймақ өкілдерімен байланысты реттеуге тырысты. Қшкі Қытайдағы азамат соғысы нәтижесінде 1949 ж. Қытай коммунистік партиясы жеңіске жетіп, осы жылдың қыркүйек айында Шыңжаңдағы гоминьдандық әскери және әкімшілігі басшылар коммунистер жағына шықты. Үш аймақ өкілдері де бұған қосылды. Жаңа өкімет Үш аймақ төңкерісін Қытайдың демократиялық революциясының құрамдас бөлігі деп қабылдады. Үш аймақ төңкерісінің нәтижесінде Құлжа қаланда құрылған ШТРУҮ 1947 жылдан Шыңжаң өлкелік коалиц. үкімет құрамына кіргенімен, салыстырмалы түрде үш аймақты дербес басқарып отырды. 1945 ж. 25 тамызда қабылданған 70-қаулыда олар үш аймақ бойынша біртұтас экон. жүйе қалыптастырып, қазына басқармасы мен мемл. банк құрды. 1945 ж. 2 қазанда гоминьдан үкіметі ақшасының Үш аймақ көлемінде айналымға түсуіне тыйым салды, өздерінің ақшасын айналымға енгізіп, егін және мал ш-н дамыту арқылы халықтың негізгі тұрмыстық қажетін қанағаттандырды. Оқу-ағарту, мәдениет және денсаулық сақтау істеріне баса назар аударылды. Білім беру мәселелерін шешудің нақты шаралары қабылданды, қалаларда 1 — 7 сыныптық, ауыл-қыстақтарда 1 — 4 сыныптық міндетті білім беруді үкімет қаржысымен жүзеге асыруды қолға алды. Әдебиет, көркемөнер ұйымдары, мәдени клубтар, ойын-сауық үйірмелері құрылды, жаңа газет-журналдар шығарылып, кітапханалар салынды. Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер дайындау мен жұқпалы аурулардың алдын алу істеріне баса назар аударылды. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
Үйсін дәуірінің ескерткіштері — ерте темір дәуірінің соңғы кезеңінде Жетісу мен оған жапсарлас өлкелерді мекендеген тайпалардан қалған мұра (б.з.б. 3 — б.з. 5 ғасырлар). Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу (Чигу) қаласы болғаны белгілі, бірақ бұл археологиялық тұрғыдан анықталмаған. Үйсін дәуіріне қарасты алғашқы бірнеше обаны 19 ғасырдың ортасында В.В. Радлов қазіргі Алматы облысы аумағынан зерттеген. 1920 жылы М.В. Воеводский мен М.П. Грязнов Қырғызстанның солтүстігінде зерттеулер жүргізіп, обалардың сипатын іс жүзінде нақтылады. 1930 жылы А.Н. Бернштамның, 1950 жылы Г.А. Кушаевтың зерттеулері барысында көне үйсіндер мәдениетіне жататын обалардың үлкен шоғыры ашылып, жерлеу ғұрпының, заттық мәдениеттің басты белгілері анықталды және алғашқы ғылыми-теория қорытындылар дүниеге келді. Е.А. Агеева, А.Г. Максимова, Л.Я. Маловицкая жүргізген жұмыстар нәтижесінде құнды деректер алынды. Үйсін дәуірінің ескерткіштерін талдап қорытындылау, ғылыми тұжырымдар ұсыну ісінде аса көрнекті сақ-үйсін зерттеушісі К.Ақышев еңбектерінің айрықша маңызы бар. Жалпы алғанда Үйсін дәуірінің ескерткіштерінің жерлеу үрдісі, шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, діни наным-сенімдерінен мол деректер беретін ескерткіштердің ең көп зерттелген түріне обалар жатады. Сонымен қатар қыстақ-қоныстар, қалалық отырықшы орындар тәрізді ескерткіштер де көптеп кездеседі. Ең аз зерттелген жәдігерлерге тастағы таңбалар, осы кезеңдегі металлургия орындары жатады. Металл бұйымдарынан тұратын археологиялық көмбелер де белгілі. Дөңгелек, сирек жағдайда сопақша пішіндегі обалар топырақтан үйіледі, ал мұның шағын тастардан түзілген сақина-қоршаулары бірнеше түрде орналасады: * үйіндінің шетін ала; * үйінді шетінен 1 — 2 м, не одан сәл көбірек қашықтықта; * үйіндінің астында, оның шетіне жақын; * үйіндінің бетінде. Кей жағдайда топырақ оба тұрғызылмай, тас қоршаудың өзі ғана кездеседі. Жерлеу камерасының басты түрі — беті ағашпен жабылатын шұңқыр қабірлер. Мүрде басымен күнбатысқа қаратыла, созылыңқы күйде арқасымен жатқызылады. Қабір ішінде заттардан қыш ыдыстар (әдетте, бір қабірде 1 — 2 ыдыс), бірен-саран қола, темір бұйымдар (пышақ, түйреуіш, т.б.), сырға, білезік сияқты түрлі әшекейлер, айналар, кейде қайрақ, дәнүккіш тәрізді тас құралдар кездеседі. Көп жағдайда қабірге мүрдемен бірге қойылатын арнайы ет тағамы болады. Бұл ең алдымен қойдың құйрық, ұша сияқты артқы жағы. Садақ жебелері, қанжарлар сияқты қару-жарақ тым аз кездеседі, бұл жалпы үйсін обаларына айрықша тән құбылыс. Ғылымда Үйсін дәуірінің ескерткіштерін 3 арнайы сатыға бөліп қарастыру қалыптасқан: 1. “Қаратал сатысы”б.з.б. 3 — 1 ғ-ларды қамтитын алғашқы саты (Қаратал, Қарғалы, Қапшағай-3, Бесшатыр-2, Үңгірқора-1, Қызылеспе, Бесшатыр-2, Өтеген-1, Қалқан-1, т.б. қорымдар) обалары осының алдындағы соңғы сақ кезеңі ескерткіштеріне ұқсас келеді. Қорымдарының саны 5 — 10, кейде одан көп болатын обалар бұл кезеңде көбіне солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасады. Бұл уақыттың аса көрнекті ескерткіштері қатарына Қарғалыдан табылған көне өнер бұйымдарының жиынтығы жатады (алтын тәті, жүзіктер, таутеке мүсіндері, сырға, көптеген жапсырмалар).2. “Жетісу сатысы”б.з. 1 — 3 ғ-лар обалары саны жағынан ең көбі болып табылады (Талғар-1, -3, Бастау-2, -3, Ақтас-7, Сарытау-1, -2, Ақшоқы-3, -4, Өтеген-2, -3, Бесшатыр-1, -3, -4, т.б. қорымдар). Бұл кезеңде обалардың тізбектеле орналасу үрдісі жойылып, ретсіз топтала орналасуы қалыптасқан. Қабірлердің лақыты бар жаңа түрі пайда болды. Мүрде жанына бұрынғыға қарағанда көптеп қойылатын (6 — 7 ыдысқа дейін) қыш ыдыстардың түбі көбіне дөңес емес, жайпақ келеді.3.“Іле сатысы”б.з. 3 — 5 ғасырларында обалар саны азая түседі де, көбіне олар қыстақ-қоныстар маңында орын тебеді (Ақтас-1, -3, -6, Үңгірқора-2, Шолақжиде-1 қорымдары). Үйсін қорымдары, әсіресе, Іле, Талас, Кеген, Шарын, Есік алқаптарында кеңінен тараған. Қырғызстан жерінде де түрлі деңгейде зерттелген қорымдар көптеп саналады. Ақышев басқарған Жетісу экспедиция жұмыстары барысында 1960 жылы Кеген өзені алқабында зерттелген Ақтас-2 қонысының аумағында тұрғын үй қызметін атқарған барлығы 5 құрылыс пен бірнеше шаруашылық орындардың болғандығы анықталды. Мұндағы ішінде тас ошағы бар “шаршы құрылыс” дәл ортада орналасса, оған жапсарлас салынған, ұзын жіңішке дәліз арқылы кіретін “үлкен құрылыстың” ауданы 126 м2. Жылуды сақтау мақсатында біріне-бірі жалғастыра, тіркей салынатын үй-жайлар тастан қаланып, тұрғын бөлмелердің едені балшықпен мұқият сыланып отырған. ## Шаруашылығы Қоныстан қыш ыдыс бөлшектерімен қатар, көптеген тас кетпендер мен дәнүккіштер, қола орақтың сынығы табылып, бұл деректер көне үйсін шаруашылығында егіншіліктің маңызды орын алғанын айғақтады. Сондай-ақ Ақтасты-2 маңынан егіншіліктің суармалы тәсілі қолданылғанын көрсететін көптеген арықтар мен ауданы 60 — 150 м2 болатын шағын өңделген танаптардың орындары кездескен. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл бау-бақша өсірген орындар. Дәнді дақылдарды өсіруге бағытталған мұндай суармалы егіншілік жүйелерінің іздері Шолақ, Шу-Іле таулары маңында, Талас алқабында да сақталған. Шу өлкесінде табылған қоныстарда үй-жай тұрғызуға балшық кірпішті пайдаланған. Кейінгі жылдары көптеп зерттеле бастаған жаңа қоныстар көне үйсіндердің тұрмыс-тіршілігіне, оның ішінде отырықшы-егіншілік дәстүрлеріне байланысты тың деректер беруде. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған бірнеше қоныстардың бір бөлігі сақ дәуірінде пайда болып, үстіңгі қабаты үйсін дәуіріне жатқызылса, қалғандары үйсін дәуіріне жатады. Түзусай-3, Серектас-1, Шарын, Өсербай-1, Цыганка-8 сияқты қоныстардан табылған заттар арасында қыш өндірісіне, егіншілікке байланысты қызықты деректер, мысалы, дәнді дақылдардың сақталып қалған қабық-үгінділеріне дейін бар. Есік пен Талғар қаласының арасында Рахат ауылы маңында орналасқан бір топ қоныстар жақсы сақталған жалдары мен орлары болуына байланысты күшейтілген бекіністер түріне жатқызылды. Археологиялық ескерткіштер деректері көне үйсін тайпалары шаруашылығында малшылық, егіншілік бағыттарының бірге дамығанын, сондай-ақ қыш өндірісінің, металлургияның, тоқымашылықтың, тас, сүйек өңдеудің жоғары дейгейде болғанын көрсетеді. Ескерткіштер нақты кезеңдерге ажыратылғанымен, мұндағы мәдени даму үрдістері ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келген. Үйсін дәуірінің обаларындағы жерлеу үрдісіне байланысты анықтауды қажет ететін мәселелер бар. Ең алдымен бұл “Жетісу сатысының” (б.з. 1 — 3 ғ-лар) обаларындағы мұның алдында кең тарамаған лақытты жерлеу дәстүрінің пайда болуына байланысты. Осыған назар аударған ғалымдар (Ю.А. Заднепровский, т.б.) ерте кезеңге тән лақытсыз, яғни қарапайым шұңқыр қабірлер мен лақытты қабірлер әр түрлі тайпалардікі болуы мүмкін деп жорамалдайды. Өз кезегінде, қабір құрылысының мұндай әркелкілігі Қытай жазбаларындағы Үйсін ұлысына кейіннен қосылған бұрынғы жергілікті “сэ” (сақ) халқының ұрпақтары да тұрады деген деректермен, сондай-ақ юечжи тайпаларының осы батыс өлкелерге жылжығандығы туралы мәліметтермен байланыстырылады. Б.з. 1-мыңжылдықтың 1-жартысына жататын ескерткіштерде ғұн мәдениетінің әсерлері біршама анық байқалады. Бұл әсіресе, полихромды нақышпен жасалған өнер бұйымдары көптеп табылған Теңлік, Ақтасты қо-рымдарынан нақтырақ көрінеді. Үйсін дәуірінің ескерткіштері жайлы ойларын қорытындылай келе, көрнекті ғалым К.Ақышев [1996] ж. арнайы зерттеулер неғұрлым кеңірек жүргізіліп және стратиграф. қабаттарды ажыратуға ерекше көңіл бөлінсе, Жетісудың Сүмбе, Лепсі, Суяб, Құлан, Батыс Ақтөбе сияқты көптеген ортағасырлық қалаларының астынан үйсін дәуірінің қабаттары ашылуы әбден мүмкін деген аса маңызды пікір айтты. ## Дереккөздер:
Үшарал — Қазақстандағы қала (1984 жылдан), Жетісу облысы Алакөл ауданының орталығы (1928). Іргесі 1871 жылы қаланған. ## Географиялық орны Облыс орталығы – Талдықорған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 281 км-дей жерде, Тентек өзенінің жағалауында орналасқан. ## Халқы Тұрғыны: * 15 991 адам (2009); * 16 234 адам (2010); * 16 292 адам (2011); * 16 396 адам (2012); * 17 620 адам (2013). ## Атауы Қаланың батыс жақ тұсынан Тентек өзені үш тарамға бөлініп ағатын болғандықтан «Үшарал» атанған. ## Кәсіпорындары 20 ғасырдың 90-жылдарының ортасына дейін қалада қызмет атқарған ауыл шаруашылығы техника бірлестігі, баспахана, нан, тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары, орман шаруашылығы, көлік, құрылыс кәсіпорындары, мал дәрігерлік стансасы, т.б. мекемелер мен кәсіпорындар нарықтық экономикаға өтуге байланысты жекешелендірілді. Олардың негізінде АҚ, ЖШС мен шаруа қожалықтары құрылды. ## Географиясы ### Климаты ## Инфрақұрылымы Аудандық аурухана, емхана, тубдиспансер, санэпидстанса, дәріханалар, 5 орта мектеп, гимназия, музыка, спорт мектептері, ауыл шаруашылық лицейі, 2 балабақша, мәдениет сарайы, халық театры, мешіт, т.б. мекемелер бар. Қала арқылы республикалық маңызы бар Алматы — Талдықорған — Семей автомобиль жолы өтеді. ## Дереккөздер
Үшарал — Жетісу облысы Панфилов ауданындағы ауыл, Үшарал ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы – Жаркент қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 14 км-дей жерде. ## Халқы ## Тарихы 1951-1997 жылдары өзімен аттас жүгері өсіретін ұжымшардың орталығы болды. Оның негізінде Үшаралда және округке қарасты Ақарал, Қызылжиде ауылдарында ӨК және шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Үшарал — Жамбыл облысы Талас ауданындағы ауыл, Үшарал ауылдық округі орталығы. ## Географиялық орны Аудан орталығы - Қаратау қаласынан солтүстікке қарай 76 км-дей жерде. ## Халқы ## Тарихы Іргесі 1930 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін “Талас” кеңшарының орталығы ретінде қаланған. Оның негізінде Үшаралда және округке қатысты Арал, Қайыр ауылдарында 1997 жылдан “Үшарал” АҚ және бірнеше шаруа қожалықтары құрылды. ## Дереккөздер
Үшарал мешіті, Абдулла Ишан мешіті – Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына жататын сәулет өнері ескерткіші. ## Орналасқан жері Жамбыл облысы Талас ауданындағы Yшарал ауылында орналасқан. ## Кезеңі Мешіт 1906 жылы тұрғызылған. ## Тарихи деректер, құрылыс сипаты ХІХ-ХХ ғасырларда мешіттердің құрылысы медреседе арнайы білім алған адамдарға ғана сеніп тапсырылды. Олардың бірі Абдулпа-ишан Саиди (1836-1914) болды, ол Бұхарада біліп алып, мұсылман дінін оқыту бойынша атақты білімпаз ретінде мойындалып, араб және парсы тілдерінде тақпақтар жазған.Бұл мешітті тағы да Үшарал медресе мешіті деп атайды, оның сәулетшісі – халық шебері Ислам 20 ғасырдың бас кезіндегі көп күмбезді мешіт үлгісінде салған.Құрылыстың өзінің жоспардағы өлшемдері 12,5x10,2 м, қабырғаларының биіктігі 3,5 м. Басты бөлмесінің барабанында диаметрі 8 м күмбез тағылған.15 кіші күмбез басқа бөлмелер мен айванды бірдей үлкен аркаларға сүйеніп тұратын үш жақтан жауып тұрады. Кіретін есігінің үстінде ақ сылақта жасаған Құраннан алынған үзінді орналасқан. Залдың оңтүстік батыс қабырғасында діни сентенциялары бар эпиграфтық картушы бар П-тектес көмкерілген михрабты текше қарастырылған.1948 жылы Қазақстан Министрлігі Кеңесі жанындағы Архитектура істері жөніндегі ресублика басқарма қызметкерлері мен 1977 жылы Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің “Қазақ жобалау-қалпына келтіру” институтының экспедициясы зерттеді. Үшарал мешіті 1982 жылы республика маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.Ескерткіштің реставрациялық жұмыстары 1985-1986 жылдары және 2003-2004 жылдары жүргізілді. ## Дереккөздер
Үшарал мешіті — сәулет өнері ескерткіші. Үшарал мешіті күйдірілген кірпіштен салынған көп күмбезді, тік бұрышты ғимарат. Қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласының жерінде 20 ғ-дың бас кезінде бой көтерген. 1945 ж. Қазақ КСР-і Мин. Кеңесі жанындағы Архитектура істері жөніндегі республика басқарманың экспедиуия (жетек. Г.И. Пацевич) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғимараттың іші жеке-жеке үш бөлмеден тұрады. Үшарал мешіті үш жағынан ашық галереялармен қоршалған. Күмбездердің бір жағы ішкі және сыртқы қабырғаларға, екінші жағы шаршы бағаналарға бекітілген. Үшарал мешітінің ғимараты мемлекет қорғауына алынған. ## Дереккөздер
Адели жері — Антарктида құрлығының шығыс бөлігіндегі мүйіс. Солтүстік жағалауларын Дюрвиль тауының суы шайып жатыр. Мұзының қалыңдығы 2000 м, жағалауға жақын жерлерін [[мұз]] баспаған. Адели жері 1840 жылы Франция экспедициясын бастаған Ж. Дюмон-Дюрвиль ашқан. Мүйістің атауы оның әйелінің атымен аталған. ## Дереккөздер
* Үшарал мешіті (Алматы облысы) * Үшарал мешіті (Жамбыл облысы) ## Дереккөздер
Үшбалық мыс балқыту орны— біздің заманымыздан 2-мыңжылдықтағы мыс балқыту орны. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Шығанақ кентінен солтустік-батысқа қарай 23 км жерде орналасқан. 1960 ж. В.И. Волобуев тапқан. Үшбалық мыс балқыту орны маңында 6 мыс кен орындары болған. Мыс балқытуда ертедегі адамдар күйдірілген қыш ыдыстар пайдаланғаны байқалады. Тас құралдарының сынықтары да ұшырасады. ## Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
Үшарал суару жүйесі, Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Тентек өзені негізінде салынып, 1975 ж. пайдалануға берілген. Үшарал қаласынан (15 км жерде) солтүстік-шығысқа қарай Тентек өзеннің таудан шығар маңында орналасқан. Бас су тарту каналы өзеннің оң жағында. Жүйе 40 мың га жерді сумен қамтиды. Бас каналдың Ынталы ауылы маңындағы су өткізу мүмкіндігі 30 м3/с. ## Дереккөздер
Шахта Алабы — кенді қазып алуға бөлінген кен орнының бір бөлігі. Кен орнының геологиялық құрылымына байланысты Шахта алабаның пішіні де әр түрлі болады. Егер кен орны жалпақ пішінде болса Шахта алабы ұзындығымен және енімен, ал жатысы көлбеу және тіктеу кен орындарында тек ұзындығымен сипатталады. Шахта алабаның ауданына кен орнының ашылу әдісі, қабаттың биіктігі, өнімнің мөлш., кенді ашуға және жер үсті ғимараттарын салуға жұмсалатын қаржы, т.б. әсер етеді. Шахта алабы кен денесінің ұзындық бойы бағытында бірнеше жүздеген метрден километрге, ал құлама бағыты бойынша ондаған метрден бірнеше километрге дейін жетеді. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Шахта сулары, жер асты қазбаларына үстіңгі немесе астыңғы су тұтқыш қабаттардан және жер үсті сулары мен су құрғатқыш қазбалардан ағып келеді. Шахта сулары техникаға және тау-кен жұмыстарына, кен сапасына зиянын тигізеді. Тым сулы кен орындарын қазу барысында бөгет қою, алдын ала құрғату, т.б. арнайы шаралар іске асырылады. Шахта сулары механикалық, химиялық және бактериялық ластанған болып келеді. Сол себепті жер үсті суларына Шахта суларын төгу алдында мұқият тазалау жұмыстары жүргізіледі. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Шаһристан, Шахристан — ортағасырлық қаланың қоғамдық ғимараттар мен сауда және мәдени мекемелер орналасатын бөлігі. Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер мен жергілікті ақсүйектердің тұрғын үйлері де әдетте қаланың осы бөлігінде болған. Ортағасырлық қала салу дәстүрі бойынша Шаһристан цитадельді қоршай немесе бір шетінен жалғаса салынады. Оның сыртынан міндетті түрде қорғаныс қабырғалары салынып, айнала ормен қоршалады. Қазақстан жеріндегі Шаһристан ортағасырлық қалалар: Отырар, Қараспан, Ақтөбе және Талғар қалашықтарында қазылып, зерттелген. Қазба нәтижелері мешіт, медресе, монша секілді діни-ағартушылық және тазалық ошақтары да қаланың осы бөлігінде болатындығын көрсетеді. Ауыз су мен санитарлық құбырлардың тораптары да көп табылған. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Әжәми ибн Әбубәкір Нахшывани (әз. Əcəmi Naxçıvani),12 ғасырдың 20 жылдары мен 13 ғасырдың басында Нахичевань қаласында өмір сүрген сәулетші, орта ғасырдағы Нахичевань архит. мектебінің өкілі. Кусейир ұлы Юсуф (1162 жылы) пен Момине хатун (1186 жылы) кесенелерін және Нахичевань қ-ндағы порталдары бір-бірімен жалғасқан минареттерді салды. Ғимараттарының монументті, әсем болып келуі әрі құрылысқа сол кездегі жаңа конструкцияны енгізе білу — Аджемидың сәулетшілік өнеріне тән қасиет. Бұл құрылыстарды көркемдеуде ою-өрнектің алуан түрлері мен ашық бояулар бір-бірімен үндестік тапқан. Аджемидің композициялық, сәндеу әдістері Әзербайжанның ғана емес, көршілес елдердің де сәулет өнеріне ықпал етті.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, I том
Шаһ немесе шах (парсы: شاه‎ – šâh) — Шығыстың кейбір елдеріндегі жоғары билеушінің лауазымы. Тұңғыш рет “Шаһ” термині Сасани мемлекетінде қолданылған. Орта ғасырларда Иран, Хорезм, Дели сұлтандығы секілді мемлекеттерді Шаһ басқарды. Оның билігі шексіз болған. Иранда шаїиншаї (патшалардың патшасы) термині Шаһ үкіметі құлатылғанға дейін (20 ғасыр) мемлекеттің ең жоғары лауазымы ретінде пайдаланылып келді. ## Сілтемелер * Қазақ Энциклопедиясы, 9 том.
Достан Тәңірбергенұлы (шамамен 1757, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы— 19 ғасырдың 30-жылдары) — би. Кіші жүзді құрайтын Алшын тайпасынан тараған Шекті руынан шыққан. Ноғайлының атақты әмірі Тілеу Айтұлының ұрпағы. Достан дәулетті, бай адам болған. И.Ф. Бларамбергтің 1852 жылы Санкт-Петербургте шыққан “Кіші жүздің жері” деген еңбегінде: деп жазған. Халық оны “отыз ұлды Достан” деп атаған. Достан Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан. Ол 1786 жылы Сырым батыр шекті еліне келгенде көтерілісшілердің қажетіне 400 сәйгүлік берген. 1787 жылы старшиналыққа ұсынылады. Сол жылдың қарашасында Орынбор генерал-губернаторы О.А. Игельстром Екатерина II-ге жазған хатында: деп көрсетілген. 1797 жылы Достан, Көтібар бастаған шекті руының 100 адамы Ресейдің отарлық саясатын жүргізуші Есімді өлтіріп, ордасын талқандаған. Достан — Арынғазы сұлтанды қолдап, оны айдаудан босату туралы және Кіші жүз ханы ретінде мойындау жөнінде Ресей патшасы Александр І-ге жолдаған хатқа 389 ел азаматтарының қатарында қол қойғандардың бірі. ## Дереккөздер
Шашақ — дәрежені білдіретін рәміздік белгі. Жылқының, аңның құйрықтары, түсті мата бау (лента), жібек Шашақ тағылған найзалар орта ғасырда хандардың, патшалардың, әскербасылардың, батырлардың дәрежесін білдірген. Шығыс халықтарында бұл заттарды аттың мойнына да таққанын бейнелеу өнері ескерткіштерінен көруге болады (қара Байырғы әскери рәміздер). Қабыланның құйрығы, мата баулар — хандардың, шахтардың, ал аттың, қодастың құйрығын тағу, жібектен жасалған Шашақтар әскербасылар мен батырлардың дәреже белгісі болған. Кейде дәрежесіне қарай бұл аталмыш белгілері қосарланып тағылды. Шығыс миниатюраларында хан-сұлтандар аттарының басына Ш. пен бау, немесе қабылан (барыс) құйрығы мен Шашақ, т.б. қосарланып тағылғанын көреміз. Ат мойнына тағылған бұл белгілерді орысша султан, түркі тілінде “їутаз”, “кутас” деп атайды. Бұл лауазым белгілері адамның дәрежесін, оның кім екенін көрсетті. Шығыс өнері материалдары, көшпелі халықтардың өз бейнелеу өнері, бұл рәміздік белгілерді хандар, батырлар, әскербасылар қарудың басқа түрлеріне де (қы-лышқа, жаққа, қылшанға, т.б.) және дулығаларына тағатынын көрсетеді. Мыс., көне Рим өнерінде сармат батырларының дулығаларында барыстың (қабылан) құйрығы тағылғаны бейнеленген. Музейлік экспонаттар қазақ, моңғолдардың аттың қылын (құйрығын) найзаға, дулығаға таққанын көрсетеді. Түркі петроглифтерінде, моңғол миниатюраларынан түркі, моңғол әскербасыларының, хандардың дулығаға, қаруға мата бау-лента таққанын көруге болады. Түрік, Иран, Әзірбайжан миниатюраларында атақты хан, батырлардың қылшандарына тағылған қабылан құйрығы бейнеленген. Қазақ батырлары, хандары атқа, дулығаға жібектен Шашақ таққан. ## Дереккөздер
Шахрух Би, Шахрух хан, Шахрух бек (шамамен 1691 — 1723) — Қоқан хандығының негізін салушы. 17 ғасырдың соңында Бұхар хандығындағы ішкі тартыстар орталық өкімет билігін әлсіретті. Хандық құрамына енген аумақтарда дербестікке ұмтылу күшейіп кетті. 18 ғасырдың бас кезінде Ферғана Бұхар хандығынан өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Ферғананы бастапқыда (1709 жылға дейін) Шадақ қожалары, кейіннен мың (ақ боғра) әулетінен шыққан хандар билей бастады. Бұл әулеттің негізін салушы Шахрух Би Чуст қаласындағы Шадақ қожаларының билігін құлатып, 1710 жылдан бастап Ферғана аймағының тәуелсіз билеушісіне айналды. Шахрух Би құрған ұлыс алғашында “Ферғана хандығы” деп аталды. Бұл хандық Шахрух Бидің үлкен ұлы Мұхаммед Рахым бидің 1721 — 1740 жылдары тұсынан бастап күшейе бастады. Қ ## Дереккөздер