text
stringlengths 3
252k
|
---|
Золин Николай Емельянович (1913 жылы туған, Беларусь, Супиенск ауданы Серноводской стансасы) – еңбек ардагері. Социалистік еңбек ері (1957). 1933 жылы Горск ауыл шаруашылығы институтына түскен. 1937 жылы Буйнак МТС-нда лабароториялық меңгеруші, Краснодар өлкесі Стрелка кеңшарында аға агроном (1952), бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданы Урожайный кеңшарында директор (1954) болды. Кейін басқа жаққа көшіп кеткен.
## Пайдаланылған cілтемелер |
Рабат (1992 жылға дейін – Фогелево) — Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы ауыл, Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы – Қазығұрт ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 35 км жерде, Қазығұрт тауының баурайында орналасқан.
## Халқы
## Тарихы
Іргесі 1927 жылы артель болып қаланып, 1932 жылдан Күйік кеңшарының орталығы болып, Фогелево ауылы аталып келді. Оның негізінде Рабатта және округке қарасты Атбұлақ, Еңбекші, Жаңаталап, Амангелді, Қызылдала ауылдарында ӨК, ЖШС, шаруа қожалықтары ұйымдастырылған.
## Инфрақұрылымы
Рабат ауылдық округінде 7 мектеп, 7 мешіт, аурухана, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 кітапхана, 4 клуб жұмыс істейді.
## Дереккөздер |
Бақбақты — Алматы облысы Балқаш ауданындағы ауыл, Бақбақты ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Бақанас ауылының оңтүстік-шығысында 55 км-дей жерде, Іленің оң жағасында орналасқан.
## Инфрақұрылымы
Орта мектеп, клуб, аурухана, дәрігерлік пункт, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары Бақанаспен және басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.
## Дереккөздер |
Тұрар Байсариев (1922 жылы туған, Түлкібас ауданы, Жиынбай ауылы) – айтыскер ақын. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мамандығы – ұстаз. Ақындар айтысына 1960 жылдардан бастап қатысып келеді. 1991 жылы Семей қаласында өткен Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойында, оңтүстік өңірінің майталманы, халық ақыны Орынбай Таймановтың 125 жылдық тойында жүлделі орын алған. |
Арыстан – Іленің оң тармағы.
## Географиялық орны
Алматы облысы Балқаш ауданындағы өзен.
## Бастауы
Іле өзенінің оң жағасында орналасқан Көктал ауылының солтүстік-батысында 15 км жердегі батпақтан басталып, Қарабақанастың тармағы – Нарынға құяды.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 67 км. Суы желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде қатып, наурыздың аяғында ериді. Өзен бойына қыста мал жайылады.
## Дереккөздер |
Евгений Михайлович Золотарев (1936 жылы туған, Украина, Полтава облысы Карлов ауданы Халтурин кенті) – еңбек ардагері, қайраткер. Социалистік Еңбек Ері (1972).
## Өмірбаяны
* Полтава ауыл шаруашылығы институтын (1959),
* КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1968) бітірген.
* 1961 жылы Подлесный кеңшарында бас мал дәрігері,
* Шортанды ауданы Андреевский кеңшарында директор (1961 – 63),
* Шортанды ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (1963 – 66),
* Целиноград ауданы халық депутаттары кеңесінің төрағасы (1968 – 70),
* Целиноград ауданы партия комитетінің хатшысы, облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (1970 – 85),
* Қызылорда облысы партия комитетінің 2-хатшысы, облысы халық депутаттары кеңесінің төрағасы (1985 – 89),
* Ақтөбе облысы халық депутаттары кеңесінің төрағасы (1989 – 93) қызметтерін атқарған.
## Марапаттары
Орден, медальдармен марапатталған.
## Дереккөздер |
ТАРАЗ – ПАРСЫ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ТАРИХНАМАСЫНДА
## «Зафар-Нама»
Авторы Шарафиддин Әли Язди Иран жеріндегі Тәфті қ-нда туған. Туған жылы белгісіз. «Зафар-нама» сөзінің мағынасы «Жеңіс жыры» деген ұғымға жақын. Бұл еңбегін 1424 – 25 жылдар ішінде парсы, түрік тілдеріндегі деректер көзіне сүйене отырып жазған. Оны Фарсы аймағында әкімдік еткен Ибраһим сұлтанға арнаған. Себебі, ол билеуші ретінде әдебиет пен өнерге, тарихшы ғалымдарға қамқор, әрі өресі биік зерделі кісі болған. Кейін сұлтан өмірден өткен соң, Шарафиддин қуғынға түсіп, Герат қаласына жер аударылады. 1447 ж. туған жерге қайта оралып, 1454 жылы Тәфті қаласында қайтыс болған. «Зафар-нама» шығармасы Тұран өлкесіндегі 1334 – 1405 жылдары аралығында болып өткен тарихи оқиғаларды қамтиды. Осы тұстағы Тараз қаласы мен тұрғылықты халықтың өмірінен біршама хабардар етеді.
## «Бұхара тарихы»
Әбубәкір Мұхаммед ибн Жағфар ән-Наршаһи (899 – 956) Бұхара тарихы деп аталатын кітабын 944 жылы жазып аяқтайды да, Әбу Мухаммед Нух ибн Нәсір Самани патшаға сыйға тартады. Ирандық ғалым Мүдәррәс Рәзәуидің айтуынша, араб тілінде жазылған түпнұсқасы жойылып, екі ғасырдан кейін, 1128 – 1129 жылдары Әбунәсір Ахмед ибн Мухаммед ибн Нәсір әл-Қобауидің парсы тіліне аударған нұсқасы бізге жетіп отыр. Біздің заманымызда араб, ағылшын, орыс, өзбек тіліне аударылып, кеңінен танылды. Шығыста Душанбе, Ташкент, Стамбұл, Тегеран, Исфахан кітапханаларында сақталған. Осы еңбекте көне Тараз қаласының тағдыры баяндалады. «Уақыт өте келе Абырой ер жетті, қайтадан Түркістанға бет алды. Тараздай қала тұрғызып, оны һекумет деп атады. Өйткені, ол бір тайпаның басшысының аты еді. Өзі егінші екен. Бұхара тұрғындары ұлы адамға һемук деп ат берген, кей деректер Жәмук деп жазған», – дейді ол өз кітабында.
## «һодуд-ал-аләм» (982)
Парсы тілінде 982 жылы жазылып, «һодуд-ал-аләм» (Әлем шекарасы Батыстан Шығысқа дейін) деп аталатын әлемдегі ең алғашқы жағрафиялық кітап болып табылады. 1983 жылы Тегеран қаласында 252 бет көлемінде басылып шықты. Оны баспаға дайындаған, доктор Мәноучеһр Сотуде. Кітаптың авторы белгісіз, уақыт оны ұмыттырған. Бірақ автор заманында бұл еңбегін Ауғанстанның солтүстігінде екі жыл әмірлік еткен Әбу-л-һарес Мұхаммед ибн Ахмедке арнапты. Бұл еңбек жалпы әлем тарихы мен түрік халықтары жайлаған Тұран жерінде орын тепкен қалалар мен мекендерді, оны жайлаған ұлыстар мен патшаларды тұңғыш рет оныншы ғасырда сөз еткен және хатқа түсірген шежіре қолжазба болуымен де қымбат. Тараз шаһары, Меркі атауларымен бірге ғылымда беймәлім көптеген түрік кенттерінің аттары аталады.
## «Жеті климат» (1593)
Кітаптың авторы Әмин Ахмед Разидің әкесі Қожа Ахмед шаһ Таһмасып сол кездегі билік иесі Сәфәвидің сарайында беделді адамдардың біреуі болған және Рей қаласының бас қарауылы қызметін атқарған. Әмин ауқатты отбасында тәрбиеленіп, жастай білім алып, зерделі болып өскен. Жас кезінде Үндістанға саяхат жасап, көптеген деректер жинайды. Өз ең-бегін жазуға жеті жыл уақыт жұмсайды, яғни 1586 – 1593 жылдары аралығында «Жеті климат» еңбегін аяқтайды. Қазақ даласындағы қалалар жөнінде, әсіресе Таразға қатысты мынандай мәлімет берілген: «Тараз бұрынғы заманда әйгілі қала болған, оны Банки деп атаған. Алайда, өзбектердің таптап қиратуынан ойрандалған. Тараздың маңындағы үңгірді сол қаланың есімімен атайды екен. Тараз қаласының тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман, әрі ол өлкеден қадір тұтуға уәжіп деп саналатын айтулы ғалымдар көптеп шыққан» (494 бет). М. Мырзахметұлы
## Сілтемелер |
Мәлика Садыққызы Шабдарбаева (25.5.1940 жылы туған) – медицина ғылымдарының докторы (1996), профессор (1999).
Семей мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Семей мемлекеттік медицина академиясы) бітірген. Осы институтта, Алматы мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) ассистент, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтында аға ғылым қызметкер болып жұмыс істеді.
200-ден астам ғылыми жарияланым мен 1 монографияның авторы.
## Дереккөздер |
Бақи — уақытпен өлшенбейтін мәңгі рух атауы; адам рухының о дүниелік мекені. Бақи “мәңгі” сөзінің синонимі емес, оның ауқымына сиып тұрған о дүние туралы халықтың теология ұғымы. Мысалы, “мәңгі бақи” тіркесі қолданылғанда, “бұл дүниеде және ол дүниеде”, яғни, “екі дүниеде де” деген мағынаны береді. Абайдың терең ғақлияттық мағынасы бар “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” деген өлеңінен Бақидың — адам рухының уақыт өлшемінен тыс мәнділігін білдіретін атау екенін танимыз. “Мені мен менікінің айрылғанын, Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес” деген Абай, Бақи сөзі бұ дүниеден кетіп, о дүниеге ұласқан адам ғұмырының атауы деуімен қатар, рух мәңгілігін мағұлым етеді. “Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей” дегенде ғұлама жалған, өткінші дүниенің имандылық таразысы да, түпкі мәні де Бақи екенін аңғартады. Бұл сөз мұсылман діні арқылы араб тілінен енген деп кесіп айту да қиын. Себебі, “Кодекс Куманикус” (11—13 ғасырлар) кітабында “Бағұл-Бақұл” деген сөз бар. Осы сөздің күні бүгінге дейін сақталған мағынасы — қайтыс болар, яки, о дүниеге аттанар шақтағы адамның ақтық сөзі (бақиласып қалу). “Бақидың қызығынан үмітім көп, Фәнидің аз қызығын не қыламын” деген өлең жолдарынан (20 ғасыр қазақ ақындары) аңғаратынымыз тәубаға, таупиыққа келтірер басты ұғым — осы Бақи.
## Дереккөздер |
Шаған – ежелгі заманнан қалған тас және топырақ үйінділерінен тұратын 22 қорған. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Шаған обасынан 1,5 км жерде. 1909–1910 жылы Г.И.Бокий қорғандардың бірін қаза бастағанда діңге тіреліп, қабырғалары опырылып құлағандықтан жұмыс тоқтатылды. Зерттеу жұмыстарын 1949 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекші С.С.Черников) жалғастырған. Шағаның аумағы 6×60 м, биіктігі 0,3–5 м. Кейбір қорғандар ормен қоршалған. Олардың бірі тастан тұрғызылған, оның ірге тасының шығыс жағында тас бағана болған.
## Сілтемелер
* Аягөз
* Ақсуат
* Археология
## Дереккөздер |
Тонкопий Михаил Самсонович (1935 жылы туған, Алматы қаласы) – геология-минералогия ғылымының докторы (1989), профессор (1991). Халықаралық энергетика академиясының академигі.
## Қысқаша өмірбаяны:
1958 жылы Қазақ тау-кен және металлургия институтын (қазіргі Қазақ ұлттық техниналық университеті) бітірген. 1958–1978 жылдары Қазақ КСР-і Геология министрлігінде аға инженер, бас инженер, геологиялық партия басшысы. 1978–1983 жылдары Ресей Геология министрлігінде геологиялық партия басшысы.1983–1989 жылдары «Оңтүстікқазгеология» кәсіпорнында телім басшысы болды.1989 жылдан Қазақ экономикалық университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
120-дан астам ғылыми жарияланым мен 3 монографияның авторы.
## Дереккөздер |
Президент резиденциясы , Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы Ақ орда, Астана қаласында Есілдің сол жағалауында 2001 ж. қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 м2. Қазақстан Республикасы Президенті Ақ ордасының ресми тұсаукесері 2004 ж. 24 желтоқсан күні өтті. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегенде ғимараттың биіктігі 80 м. Қасбеттің қаптамасы қалыңдығы 20 — 40 см болатын италиялық мәрмәрден жасалған. Ғимарат жер бетіндегі 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады, жер бетіндегі 1-қабаттың биіктігі 10 м, қалған қабаттардың биіктігі 5 м. Жертөле қабаттарында техникалық қызмет, ас үй, асхана және гараж орналасқан. 1-қабатта жалпы ауданы 1800 м2-ты құрайтын, еденіне гранит төселген салтанатты хол орналасқан. 2-қабатта қызметтік орынжайлар орналасқан. 3-қабатта киіз үйге ұқсатып жасалған, мәрмәр және гранит таспен өңделген Шығыс залы; сыйлықтар мен сенім грамоталарын тапсыру залы; екі жақты кездесулерге арналған “Алтын зал”; камин залы; қызметтік орынжайлар мен мәжіліс залдары орналасқан. 4-қабатта қызметтік орынжайлар мен мәжіліс залдары; Саммиттің Үлкен залы; кітапхана; кіші Шығыс залы орналасқан. Барлық залдар ерекше мәнермен әрленген, люстралар мен жиһаздар бар. Едендерге түрлі сортты мәрмәр, гранит тастары және көркем паркетпен төселген. Резиденцияны салу барысында әлемдік ірі өндірушілердің озық инженерлік құрал-жабдықтары пайдаланылған.
Алматыдағы Республика алаңының оңтүстік жағын ала орналасқан. Президент резиденциясы 1995 ж. архитекторлар І.Монтақаев, С.Баймағамбетов, О.Е. Цой жобасымен (конструкторы Т.Алпысбаев, дизайншысы Де Шанель, француздың Буиг фирмасы) тұрғызылды. Президент резиденциясының бас кіре берісіндегі салтанатты холл — бас вестибюль, Алтын зал, Сенім грамоталары залы, ресми делегацияларды қабылдайтын Күміс залы, Президенттік мәжіліс залы, Камин залы мен қосалқы орынжайдан тұрады. Темір-бетонды қаңқадан тұратын ғимараттың 3 және 4-қабатының арқалықтары металдан жасалса, бұрыш пилондары сырғымалы монолитті керамзит-бетонмен бекемделіп шегенделген. Ғимарат қабырғасының жоғарғы сыртқы бетін ашық түсті жылтыр мәрмәр, төмен жағын гранитпен көмкерген. Терезелеріне қолданған бүктемелі шыны айна айналасындағы қоршаған айшықты әсем ортамен жарасым тауып, ғимараттың ғажайып көркін аша түседі. Республика алаңының құрылымдық элементі ретінде архитектуралық шешім тапқан Президент резиденциясы бұрынғы Президент сарайы және оның қос қапталындағы гүлзарлар мен хауыздары бар кең аллеялармен үйлесім тапқан.
## Дереккөздер
* Қазақ энциклопедиясы |
Су шаруашылығы және жерді мелиорациялау саласындағы жобалау, іздестіру және зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми-тәжірибелік мекеме.
Институт тарихы 1930 жылы 30-қазанда құрылған “Қазсуөндіру” (“Казводпроиз”) атты шағын жобалау-іздестіру мекемесінен басталды. Бірқатар қайта құрулардан соң 1966 жылы Қазақ мемлекеттік су шаруашылық құрылыстарын жобалау жөніндегі институт болып құрылды. Институттың облыс орталықтарында (Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау) орналасқан 7 бөлімшесі бар. 1993 жылға дейін институт Қазақстан су шаруашылық министрлігінің құрамындағы су шаруашылығының құрылыстарын жобалаумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын болды. Елдегі экономикалық қайта құрудан соң институт мемлекеттік емес су шаруашылық кәсіпорнына – өндірістік кооперативке айналды. Институт мелиорация және су шаруашылығын өркендету жолында қызмет етті, іздестіру жұмыстары кешенін, жобаларды инжинерлік-мелиоративтік негіздеу, дренаж (жер құрғату) бойынша тәжірибелік зерттеулер, лабороториялық және матемикалық модельдеу жұмыстарын жүргізді. Институттың жобалары бойынша Қазақстанда дәнді дақылдар, техникалық мал азығын және астық өндіретін аса маңызды суғару алаптары, ірі бөгендер, гидротораптар, каналдар, ауыл шаруашылығына арналған ірі су құбырлары, т.б. жасалды. Олардың ішінде аса ірі (сыйымдылығы 100 млн м3-ден 700 млн м3-ге, биікт. 70 м-ге дейін) су бөгендері (Бөген, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Бартоғай, Күрті, т.б.), суландыруға арналған, су ағымы 50 – 200 м³/с, ұзындығы 50 – 170 км магистральдік каналдар (Үлкен Алматы, Арыс – Түркістан, т.б.) бар. Институт 20 ғ-дың 90-жылдары Қазақстанның экологиялық апат аудандарында (Арал мен Балқаш өңірлерінде) халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларымен қарқынды шұғылданды. Жұмыстарының негізгі бағыттары: су қорын кешенді пайдалану және қорғау, жерді мелиорациялау (суландыру, кәріздеу және құрғату жүйелері мен құрылыстары), гидротехникалық құрылыстар [су қоймалары, бөгеттер, су тораптары, сорғы ст-лары, каналдар, тоннельдер, тарнаулар (акведуктар), дюкерлер], ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру, табиғатты қорғау шаралары, т.б. Институттың құрылуына және қалыптасуына В.Л. Цинацевич, К.С. Корнев, И.И. Денисенко, Д.Сарықұлов, Б.Ниязов, т.б. мамандар көп еңбек сіңірді. Институтта Қазақстан ғылым академиясының корр. мүшесі Р.Жолаев, техника ғылым докторы Л.Тәжібаев жұмыс істеген. Су шаруашылық нысандарын жобалау және жер мелиорациялауды дамытудағы табыстары үшін институт “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған (1980).
## Дереккөздер |
Қаракөлдік – Шарын алабындағы өзен (тармақ).
## Географиялық орны
Алматы облысы Ұйғыр ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 39 км.
## Бастауы
Қаракөлдік Шарын ауылынан төменде өзеннен бөлініп шығып солтүстікке, одан кейін Іле өзенін бойлай батысқа қарай ағып, сол аңғарындағы құмға жетіп сіңіп кетеді.
## Гидрологиясы
Арнасы мен аңғары жазық, жайпақ. Орта ағысында құм төбелер аралығымен ағады. Арнасында жыл бойы су болады. Алабы шабындық және мал жайылымына, Шарын ауылы тұсында егістікке пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Шағырлы қалыптық құм кен орны – Көкшетау қаласынан солтүстікке қарай 60 км жерде орналасқан. 1932 жылы табылғын жардың астын толтыруға қажетті балласт құм алынатын кен орны ретінде ашылған. 1947 жыл ы Г.И.Крылов осы түзілімдердің арасынан кварц құмын ашып, 1949 жылы оны қалыптық материал мен шыны өндіруге қажетті шикізат үшін пайдалану мүмкіндігі анықталған.
## Жатыс сипаты
Кен орнының өнімді қат-қабаты ақ, ақшыл сұр, кейде ақшыл сары құмнан және 2,85 км2 алаңды алып жатқан олигоценнің майда түйірлі, слюдалы құмынан тұрады. Өнімді қат-қабат жартылай сулы, қалыңдығы 7 м, құмы 1,1–9 м тереңдікте жатыр.
## Құрамы
Құмының құрамында кварц (80–90%), дала шпаттар мен кремнийлі тау жыныстары бар. Барланған құмының түйірлік құрамы бірқалыпты, сығылу беріктігі 0,16 кг/см2, отқа төзімділігі 1695–1780°С. Құмынан шойын балқымаларын, қола мен жез құймаларын, құрғақ және ылғал күйіндегі алюминий құймаларын, тағы басқа қалыптауға жарамды қалыптар жасалады. Барланған қоры 7,2 млн. тонна шамасында.
## Дереккөздер |
Бақсай – Ырғыз алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Ақтөбе облысының Хромтау және Әйтеке би аудандары арқылы ағады.
## Бастауы
Жоса мен Шат өзендерінің қосылған жерінен бастап Бақсай деп аталады. Аралтөбе ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жерде Ырғыз өзеніне құяды.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 100 км (Жоса бастауынан), су жиналатын алабы 2060 км². Салалары: Ащысай, Жоса, Шат. Бақсай ағып өтетін жер бедері белесті, ал солтүстік-батыс бөлігі жазық, көптеген қысқа сайлармен тілімделген. Көктемде судың тұздылығы 0,4—0,85 г/л, жазда 2,0—3,0 г/л-ге дейін өседі. Суы мал суаруға, құс өсіруге, кейде ауыз суға да пайдаланылады.Жауын- шашын, жер асты суымен қоректенеді. Жазда арнасы құрғап, қарасулар пайда болады. Жылдық орташа су шығыны 1 км2-ге шаққанда 0,25-0,50 л/сек. Бақсай суат ретінде пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Жанат Михайлқызы Шаекина (01.03.1957 жыл, Қарағанды облысы) – экономика ғылымдарының докторы (2005), профессор (2008).
Қазіргі Қарағанды мемлекеттік университетін (1979) "Экономика және материалдық-техникалық жабдықтауды жоспарлау" мамандығы бойынша бітірген. Мамандығы: маркетинг, туризм, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету.Қарағандыоблауылшартехника" кәсіпорынының жоспарлау-экономика басқармасында инженер (1979–1981); 1981 жылдан Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, профессор қызметін атқарады.
2006 жылдың наурызынан 2010 жылдың қыркүйегі аралығында Ясауи атындағы ХҚТУ-ні жанындағы 080005 – Экономика және халық шаруашылығын басқару, 080012 – Бухгалтерлік есеп, аудит, статистика мамандықтары бойынша экономика ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөніндегі диссертация\ларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес мүшесі.2010 жылдың қазанынан - ҚР Білім министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитеттің экономикалық ғылымдар жөніндегі сараптамалық кеңес мүшесі.
100-ден астам ғылыми жарияланым мен 3 монографияның авторы.
Ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау: экономика ғылымдарының докторы - 1, экономика ғылымдарының кандидаты - 3, магистрлер - 15.
## Марапаттары мен атақтары
ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін төсбелігісі (2005), "2007 жылғы ЖОО-ның үздің оқытушысы", "Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 40 жылдығы" мерейтойлық медалі (2012).
## Негізгі ғылыми еңбектері
* Базарова С.К., Шаекина Ж.М., Набиев Е.Н. Маркетинг негіздері. Астана: «Парасат Әлемі», баспасы 2007.-242 б.
* Базарова С.К., Шаекина Ж.М., Набиев Е.Н. Халықаралық маркетинг. Қарағанды:ҚарМУ баспасы, 2007.-183 б.
* Шаекина Ж.М., Тлеубердинова А.Т., Садуов А.Ж. «Маркетинговые исследования туристского потенциала Карагандинского региона» (под. общ. ред. д.э.н. проф. Шаекиной Ж.М.) – Караганда: Изд-во КарГУ, 2008-204 с.
* Шаекина Ж.М., Тлеубердинова А.Т. «Consumer choice travel services». Nauka i studia. – Praha, № 8 (20). – 2009. – Р.34-39.12.
* «Логистический менеджмент в повышении конкурентоспособности экономики» - Вестник МКТУ им. А. Ясави. – 2010. - № 1-2 (67-68).- С. 122-127.
* Проблемы управления жизненным циклом горных машин (2002);
* Туристический бизнес и его правовое регулирование (2006).
## Дереккөздер |
Пресногорьковка — Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы ауыл, Пресногорьков ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Ұзынкөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 80 км-дей жерде.
## Халқы
1999 жылы ауыл тұрғындарының саны 1837 адам (874 ер адам және 963 әйел адам) болса, 2009 жылы 1873 адамды (906 ер адам және 967 әйел адам) құрады.
## Тарихы
Іргесі 1752 жылы халық арасында “Қасірет белдеуі” аталып кеткен “Пресногорьков” атты орыс бекіністері желісінің құрылуына байланысты қаланған. Жергілікті қазақтар оны “Стап” деп атаған. Ауыл 1928-36 жылдары Қарағанды облысының, одан 1963 жылға дейін Қостанай облысының құрамындағы Пресногорьков ауданының орталығы болып келді. 1957 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде кеңшардың орталығына айналды. Кеңшар негізінде мұнда 1996 жылы бірнеше шаруа қожалықтары мен ЖШС-тер құрылды. Пресногорьковкада 1910-14 жылдары көрнекті халық жазушысы, драматург, Социалисттік Еңбек Ері Ғ. Мүсірепов оқыған. Ауылда жазушыға арналған мұражай ашылған.
## Дереккөздер |
Қазақстан Үкіметінің аппараты (орыс. Аппарат Правительства Казахстана, 2023 жылдың 2 қаңтарына дейін Қазақстан Премьер-Министрінің Кеңсесі) — орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруші мемлекеттік орган.
## Қызметі
* Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен Үкіметінің қызметін ақпараттық талдамалық,ұйымдық-құқықтық, құжаттамалық және өзге де қамтамасыз ету;
* мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру және мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру;
* мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі құқықтық, әкімшілік, техникалық және өзге де шараларды әзірлеу, олардың іске асырылуын және сақталуын бақылау;
* мемлекеттік органдарды ақпараттық-телекоммуникациялық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін, оның ішінде ақпараттық дерекқор құру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру; Үкімет пен Премьер-Министрдің кесімдерін дайындау және атқару процесінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру; Мемлекет басшысының кесімдері мен Үкіметке берілген тапсырмаларының, Үкімет пен Премьер-Министр шешімдерінің, Премьер-Министр, оның орынбасарлары, Кеңсе Басшысы және оның орынбасарлары тапсырмаларының орындалу мерзімін бақылау;
* Премьер-Министр,оның орынбасарлары және Кеңсе Басшысы үшін олар тиісті құжаттарға қол қою не оларды келісу туралы шешім қабылдауы кезінде оның нәтижелері бойынша қорытындының ақпараттық-ұстанымдық сипаты болатын Үкімет пен Премьер-Министрдің шешімдері жобаларының қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілеріне сараптама жасау.
## Қарамағындағы ұйымдар
* "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесі
## Тарихы
Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының қайта ұйымдастырылуының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 ж. 4-наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 ж. 17 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымы бекітілді: басшылық; Премьер-Министрдің хатшылығы; үкіметтік ақпарат бөлімі; құжаттамалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету бөлімі; Үкіметтің Парламент|Парламенттегі өкілдігі]]; заң бөлімі; аймақтық дамыту бөлімі; экономикалық бөлім; өндірістік сала және инфрақұрылым бөлімі; қосымша талдау бөлімі; әлеуметтік-мәдени дамыту бөлімі; сыртқы байланыстар бөлімі; қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлім; кадрлық жұмыс бөлімі; бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі; қаржы-шаруашылық бөлімі; Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес хатшылығы; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның Төрағасы— Министр хатшылығы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 31-қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесінің құрылымындағы "Үкіметтік ақпарат бөлімі" жолы мынадай редакцияда мазмұндалды: "ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі".
Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 ж. 28-тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне қосу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 11-қыркүйектегі қаулысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі туралы ереже бекітілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді, бақылау функцияларын және заңнамада әрі осы Ережеде көзделген өзге де қызметтерді жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.
## Басшылар
## Дереккөздер |
Преображенка — Абай облысы Көкпекті ауданындағы ауыл, Қойгелді Аухадиев ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Көкпекті ауылынан шығысқа қарай 32 км жерде орналасқан.
## Тарихы
Іргесі 1960 жылы қаланған. 1966-96 жылдары сүтті ірі қара мал өсіретін ұжымшардың орталығы болды. Ұжымшар негізінде Преображенкада және округтегі ауылдарда өндіріс кешені және шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Ауыл арқылы Көкпекті — Самар — Өскемен автомобиль магистралі өтеді.
## Дереккөздер |
Қазақстан Журналистер Одағы — баспасөз құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы. Қазақстан журналистер одағының тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезі өткізілді. Онда “Баспасөз туралы” деген тақырыпта баяндама жасап, баспасөздің міндеттерін айқындап берді. Бұл кезде орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12, ұйғыр тілінде 1 газет шығып тұрады. Съезд баспасөз қызметкерлерінің ұйымын құрып, оның Бүкілқазақстандық Орталық бюросын сайлады, төрағалығына Т. Рысқұловты бекітті. 1959 жылы 12 – 14 қарашада өткен Қазақстан журналистерінің 1-съезінде Қазақстан журналистер одағы құрылды. 2001 жылы сәуірде қайта тіркелді. 2003 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 2 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдары, 44 республикалық және аймақтық телерадиокомпаниялар жұмыс істейді. Қазақстан Журналистер одағының 2500 мүшесі бар (2003).
## Басшылары
* Матаев Сейтқазы Бейсенғазыұлы 2001-дан бастап
* Матаев Сейтқазы Бейсенғазыұлы 2001-дан бастап
* Матаев Сейтқазы Бейсенғазыұлы 2001-дан бастап
## Дереккөздер |
Арыстанды – Сырдария алабындағы Шаян өзенінің оң саласы.
## Географиялық орны
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округі жерінен басталып, Түркістан облысы Бәйдібек ауданы арқылы ағады. Ұзындығы 108 км, су жиналатын алабы 423 км2.
## Бастауы
Қаратаудың солтүстік-батыс беткейінен басталады.
## Гидрологиясы
Бас жағында арнасы тар, әрі тік жарлы болып келеді. Таудан шыға берістегі орташа су ағымының мөлшері 0,64 м3/с-қа жетеді. Қар, жаңбыр және жер асты суларымен толығады. Суы желтоқсанның аяғында қатып, наурыздың басында ериді. Суы егін суғаруға пайдаланылады. Арыстанды өзенінің аңғарын бойлай, батысқа қарай Арыстанды-Қарабас желі соғады.
## Дереккөздер |
Бақсары Райжанұлы (1680, қазіргі Ресей Федерациясы, Қорған облысы, Манушин ауданы — 1779, сонда) — батыр.
Керей руының ашамайлы тармағынан шыққан. 1700–1760 жылдары Еділ және Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығынан мұсылман жұртшылығын (қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татарларды) қорғау жолында аты кең тарады. Бақсары батыр туралы Жанкісі Көшекұлы (1734–1817), Жанақ Жаңабатырұлы (1768–1850), Сегіз сері Шақшақұлының (1818–1854), т.б. 7 нұсқалы тарихи жыр, қиссалары, Балуан Шолақтың “ақсары ата” деген әні сақталған. Батырдың атында елді мекен, темір жол бекеті және көл бар.
## Дереккөздер |
Мақпир Құрбанұлы Бақиев (20.6.1915, Алматы — 7.2.1986, сонда) — актер, Қазақстанның халық артисі (1971).
Бақиев Ұйғыр музыкасын драма театрының негізін қалаған “Көк көйлектілердің” (ең алғаш сахнаға шыққандар көк көйлекпен жүргендіктен, халық сондай ат берген) бірі. 1935 жылдан бастап ол қоғам өміріне белсене араласып, табиғи дарынын халықтың өнерін дамытуға жұмсаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бақиев ойнаған Әмрэ, Лазым, Лауар (Д. Асимов пен А. Садыровтың “Анарханында”, осы спектакльмен ұйғыр театрының шымылдығы ашылды), Ғарип (И. Саттаров пен В.И. Дьяковтің “Ғарип пен Сәнәмінде”), Таһир (С.Абдулланың “Таһир мен Зуһрасында”), Полат (Ш. Сәлиевтің “Отанға деген махаббатында”), Садыр (А. Мақпировтың “Садыр палуанында”), Қазы (Ю. Мұхлисовтың “Нәсіретдин әпендесінде”), Құлмат (Қ. Хасанов пен С.Р. Башоянның “Назугумінде”), Дәуіт (Ж. Босақовтың “Иірімінде”), Аскер (Ү. Гаджибековтің “Аршин мал аланында”), Қазы, Ғафур (Х.Н. Хамзаның “Майсараның айласы” мен “Бай мен кедейінде”), Қозы (Ғ. Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлуында”), Есмұрза (М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде”) сияқты рөлдер шынайы бейнесімен, ұлттық характерімен көрермен назарын аударған. Бақиев өнеріне табиғи шынайылық пен жоғары сахналық мәдениет тән болды.
2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
## Дереккөздер |
Талжан Райымбердиев (1958 жылдары туған, Сайрам ауданы Қызылту ауылы) – ғалым, технология ғылым докторы (1998). Қазақ химия-технология институтын механика мамандығы бойынша бітірген (1981). Оқудан соң осы институтта оқытушы, стажер-зерттеуші, кейіннен М.И. Калинин атындағы Ленинград политехника институтында аспирант болған. Одан кейін ҚазХТИ-да оқытушы, кіші ғылым қызметкер, аға ғылым қызметкер болды. 70-тен астам ғылым мақаланың, 1 монографияның авторы.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Амантай Байтанаев (10.3. 1922 жылы туған, Түркістан қаласы) – жазушы. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жарақат алған, 1944 жылы көктемде елге оралған. ҚазМУ-дың филология факультетін (1949), Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын (1958) бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ақ желкен») газет-журналдарында әдеби қызметкер, бөлім бастығы, жауапты хатшы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазақстан Жазушылар Одағында қазақ прозасының әдеби кеңесшісі, «Жазушы» баспасы проза редакциясының аға редакторы, меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болған. Көптеген повесть, романдары жарық көріп, бірнеше шығармалары орыс тілінде жеке кітап болып шықты.
## Шығармалары
* Болат. Повесть, А., ҚМ КӨБ, 1954;
* Ерденнің басынан кешкендері. Повесть. А., ҚМ КӨБ, 1957;
* Асан. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1959;
* Жаңбырлы дала. Роман. А.,»Жазушы», 1965;
* Қайнар бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1968;
* Таңсәрі. Роман. А., «Жазушы», 1969;
* Қансонар. Роман. А., «Жазушы», 1980;
* Қыран самғауы. Роман. А., «Жазушы», 1976;
* Дала сыры. Повестер. А., «Жазушы», 1982.
## Дереккөздер |
Дулатбек Рақымбергенов (1910 жыл, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақпай ауылы ) – Социалистік Еңбек Ері (9.6.1961).
1925 – 33 жылдары түсті металдар өнеркәсібі өндірісінде және темір жол көлігінде жұмыс істеді. 1933 – 63 жылдары Шымкент қорғасын зауытында жұмысшы, бригадир болды. 1963 жылдары зейнет демалысына шықты.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.
## Дереккөздер |
Тоныкөк жазба ескерткіші – Екінші Шығыс Түрік қағандығының (6 ғасыр) саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігерлік. Бұл жырдың мәтіні көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған. Құлпытасты 19 ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Селенга өзені бойынан Д.А.Клеменц тапқан. Тоныкөк Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. құрметіне қойылған бұл ескерткіш мәтінін оқу, басқа тілдерге аударма жасау және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне В.Томсен, В.В.Бартольд, С.Е.Малов, т.б. түркітанушы ғалымдар үлес қосты. Тоныкөк жазба ескерткішін қазақ әдебиеті тұрғысынан тұңғыш рет зерттеген М.Жолдасбеков болды. Тоныкөк жазба ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдағы жалпы оқиғалар желісін зерттеушілер оны он төрт циклға, яғни он төрт хикаяға бөліп қарастырады. Бұл жырда түркі елінің сан қырлы өмірінде Тоныкөкт Мұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. ің тарихи рөл атқарғаны ерекше айтылады. Тоныкөк жазба ескерткішіне дидактикалық сарын беріп тұрған қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер бертін келе қазақ ақын-жыраулары поэзиясында өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты.
## Дереккөздер: |
Сабыр Омарұлы Рахимов [1902, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылы — 26.3.1945, Польша, Данциг (қазіргі Гданьск қаласы), сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген] — әскери қайраткер, генерал-майор (1943), Кеңес Одағының Батыры (1965).
Суан тайпасының Бағыс руынан шыққан. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Рахимовты шешесі (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Бакудегі әскери уч-щені бітірісімен (1925), Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод, эскадрон командирі болды. 1925 — 27 жылдары Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен қарсы күрестегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған (1927). 1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рахимов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ол жөнінде “Генерал Рахимов” атты көркем фильм түсірілді. Өзбекстандағы ауылдар, мектептер, Ташкенттің бір ауданы, көшесі, метро бекеті, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы орта мектеп Рахимов есімімен аталады. Ташкент қаласында Рахимовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рахимов есімімен аталады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойында Жеңіс саябағында ескерткіші орнатылған.
## Дереккөздер
## Толықтыру |
Қаракүйе –
* 1) әдетте, толық жанбаған газ тәрізді және сұйық көмірсутектерден түзілетін біршама таза ұсақ дисперстік көміртек. Түсі қара, бөлшегінің ортақ мөлшері 100 – 3500 Е, ортақ тығыздығы 2 г/см2. Қаракүйе өндірісінің шикізаттарына газ, ацетилин, сұйық көмірсу, сондай-ақ құрамы ароматты қосылыстарға бай мұнай және тас көмір шайырларын айдағаннан кейінгі қалдықтар жатады. Қаракүйені өндірудің 3 жолы бар. Диффузиялық (каналдық), мұны арнайы жану камераларында табиғи газ немесе оның қосылыстарын толық жанбаған кезінде алады. Пеште арнайы реакторларда табиғи газ немесе оның қосылыстарын алау от (факел) ретінде толық жандырмай алады. Термикалық, бұл арнайы реакторларда табиғи газды ауа жібермей термикалық ыдырату арқылы алынады. Техникада Қаракүйені техникалық көмірсу деп атайды. Оны резина, пластмасс және бояғыш заттарға қосатын пигменттер алуда қолданылады. Қаракүйе – атмосфераны ластайтын заттектердің бірі;
* 2) Қаракүйе саңырауқұлақтары тарататын өсімдік аурулары. Ауруға көбінесе өсімдіктердің өнім беретін негізгі мүшесі – масақ немесе шашақ (собық), сабақ және жапырақ шалдығады.
## Дереккөздер |
Құпия Рақымбердиева (19.1.1948 жылдары туған, Алматы облысы Жамбыл ауданы Бірлік ауылы) – артист. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі (1983). М.Әуезов атындағы театр студиясын бітірген. 1970 жылдан Ж.Шанин атындағы сазды-драма театрында еңбек етеді. Сахнада Баян, Қаракөз, Әйгерім, Джульетта, т.б. бейнелерді сомдаған.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Бақсы сарыны — әдет-ғұрыптық әндердің бір түрі.
Көне заманнан келе жатқан бақсылыққа байланысты туып, ата-баба аруағын қастерлеу, Көк тәңірге табыну, болашақты болжау, ауруды жын-перілердің жәрдемімен айықтыру, т.б. байланысты қалыптасқан.
Оның негізгі сипаты — синкреттілігі. Бақсы сарынын орындаушы әрі ақын, әрі биші, әрі сазгер. Ол аруақтармен өлең-жыр арқылы тілдесіп, іс-әрекетін би қимылдары арқылы жүзеге асырған. Бақсы сарыны халық поэзиясына тән 7 — 8 буындық жыр немесе 11 буындық қара өлең өлшемінде құрылып, арнайы музыкалық сарынмен орындалған. Ерте кездерде бақсылар асатаяқ, кепшік секілді ұрмалы аспаптарды пайдаланса да, негізгі құралы — құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қасиетті қобыз. Бақсы сарыны ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктерін зерттеу үшін аса қажетті, маңызды мұра болып табылады. Оның фольклорлық-этнографиялық үлгілерін әдебиетші-ғалымдар Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, С. Қасқабасов, т.б. зерттеп, өнер саласында А. Затаевич, Б. Ерзакович, Б. Қарақұлов, Т. Бекхожиналар бірқатар үлгілерін жазып алып, нотаға түсірген. Бір-біріне ұқсай бермесе де, сол негізде Бақсы сарынының кейбір стильдік ерекшеліктерін саралауға болады. Олар: музыкалық-әуенді-сөздік құрылымы, октава көлемінен аспайтын шектеулі диапазоны, аралас метрикалық өлшемі және бірде диатоникалық, бірде хроматикалық жүйеге жуық әуендік негізі. Бақсылық үрдістің бірте-бірте жойылуына байланысты бақсы сарыныда сирек құбылысқа айналып, қазірде өмірден өшіп бара жатқан әдет-ғұрыптардың санатына қосылған.
## Дереккөздер |
ЕГІЗБАЕВ Ідіріс (1903, қазіргі Қармақшы ауданы – 19, сонда) – қайраткер. 1920 жылы Қармақшыдағы түземдік училищеге түскен. 1925 жылдан жастар қозғалысына араласты. 1928 жылы кеңес жұмысына тартылып, облыс милиция бастығы болды. 1929 жылы байларды тәркілеуге, 1930 жылы Қарақұм, Қызылқұмдағы (Қарақтағы) шаруалар көтерілісін басуға қатысқан. 1938 жылы Қарсақбай ауданы партия комитетінде хатшы, Қазақстан Орталық партия аппаратында жауапты қызметтер атқарды. 1940 жылдары «Шіркейлі» каналының құрылысын басқарды. 1950 жылдары Сырдария, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында партия,кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарып, аудан экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосты. |
Қаракүнгей – Қайрақкөл тауларының батысындағы тау сілемі.
## Географиялық орны
Жетісу облысы Ақсу ауданы Арасан ауылының солтүстігінде 2 км жерде орналасқан.
## Жер бедері
Абсолюттік биіктігі 1274 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 18 км-ге созылған, енді жері 11 км. Солтүстік беткейі тіктеу, оңтүстік жайпақталып жазыққа ұласады. Бүйен және Ақсу өзендерінің суайрығында жатыр. Оңтүстік-шығыс бөлігіндегі таудың түпкі жыныстары жалаңаштанған. Тік құламалы құздың бойында Гасфорд асуы өтеді.
## Геологиялық құрылымы
Ортаңғы және төменгі девон кезеңдерінің шөгінділерінен түзілген.
## Өсімдігі
Таудың қоңыр топырағында сирек дала өсімдіктерімен бірге, тал, терек, т.б. бұталы ағаштар өседі.
## Дереккөздер |
Бақсы күмбезі — 16 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Орталық Қазақстан, Торғай өңіріндегі Қайыңды кентінен батысқа қарай 4 км жердегі қорымда. Ел аузындағы деректер бойынша, белгілі ақын-бақсы қабірінің үстіне салынған. Бақсы күмбезі шикі кірпіштен тұрғызылып, іші-сырты күйдірілген кірпішпен (25х25х5 см) қапталған, күмбез шеңбер пішімінде. Қазір жартылай құлаған, шығысқа қараған есік жақ қапталы ғана сақталған. Ғимарат маңындағы тігінен қойылған биіктігі 30 — 40 см тақта тастар бетіне арғын, қыпшақ, найман руларының таңбалары қашалған.
Ескерткіш жөнінде мәлімет 1851 жылғы 13 желтоқсандағы Омбы кеңсесінің құжаттарында, сондай-ақ орыс офицері-геодозистерімен құрастырылған материалдарында бар, олар әр түрлі мұрағаттарда сақталған. Бақсы-мола тауы бұл жерде бақсының жерленгенін білдіреді. Ескерткіш - күмбезі шошақ киіз үй тәрізді ғимаратты құрайды. Сыртқы қабырғалар және ішкі қабырғалардың көбісі өлшемі 25x25x5 см және 28x28x6 см күйдірілген кірпіштен жасалғаны белгілі. Қабырғаның орта бөлігі ішкі жағынан өлшемі 25x25x5 см және 30x30x6 см шикі кірпіштен жасалған. Қалама саз балшық қоймалжыңымен бекітілген сурет.
Батыс қабырға, бетше босаға және күмбездің жоғарғы бөлігі бұзылған. Ғимараттың қабырғалары домалақ негізінен көтеріліп, шошақ күмбезге ауысады. Сақталған биіктігі 6 м, ішкі орам бойынша негізінің диаметрі - 4,1 м, негіздегі қабырғалардың қалындығы - 2,3 м. Шығыс жағында пішіні сүйір кіре беріс орны орналаскан. Оның биіктігі - 2 м, ені - 0,8 м. Еден, басқа діңдердікі сияқты төрт бұрыш тақталармен төселген, еденнің қалыңдығы - 1,8 м. Бақсы-молада тас мүсіннің болып оны ерекшелейді. Осындай тас мүсіндердің Ибн Фадланның (X ғ.) бойынша оғыздар үшін маңызы зор болған. Тас мүсін жерге 0,43 м тереңдікке шомып кеткен. Оның жоғарғы жағы қатты мұқалған, бірақ әлде де адамның бейнесі сақталған. Сақталған биіктігі - 0,45 м, ені - 0,42 м. Моланың сыртқы жағынан кіндігінде керамика ыдысы бар тастан жасалған қыпшақ әйелінің мүсіні тұрған. Бақсы-мола орналасқан ауданда қыпшақтардың, оғыздардың, арғындардың, қоңыраттардың, қаңлылардың және т.б. рулық таңбалары бар көптеген тас қабірлері бар некрополь орналасқан. XI ғасырда оғыздардың Торғай даласында болғандығын «Текенің діңі» ғимараты және Жалдама өзеніндегі (Торғай өзенінің тармағы) Қараоба пирамидасы дәлелдейді. Рашид-ад-дин бойынша Сарыарқаның ежелгі қаласы - Жубанч (Жубаныш) қаласы болған. Ол үш-оқ атты оғыз тайпасына тиісті Ортақ (Ортау) және Қазтақ жазғы жайылымдықтарға жақын орналасқан. Әдебиеттерде Жұбаныш қала атауы әр түрлі аталады. П.Рычков оны - Жубин, А.А. Семенов - Инандж261, И.Н.Березин - Анабайдж-деп атайды.
Профессор А.Тоган Ежелгі жазбалар сақталатын Стамбул кітапханасында сақтаулы тұрған Рашид-ад-дин жазбаларының негізінде: город находился на территории к северуот Аягуза» - деп жазады. М.Қашқари мен Джувейни қаланы деп атайды. Рашид-ад-динде парсы тіліне сай ол бугінгі қазақша Жұбаныш атауын береді. П.Рычковтың суреттеуінше, Жұбан-Ана ежелгі қала орны Кеңгір өзенінің Сарысу өзеніне құятын жерінде, Үлкен Жезқазғаннан 80 шакырым жерде орналасқан. Ол жайлы П.Рычков: «Джубан-Ана - признак немалого города на реке Кенгир, впадающей в Сарысу, от устья оной верст восемь. Тут и поныне видимо мечетей до пяти и палаты, кои немало опустились в землю» - деп жазады. Археологиялық зерттеулермен П.Рычковтың Жұбан-Ана қаласы орналасқан жері әлі дәлелденбеген. Кеңгір өзенінің Сарысу өзеніне құятын ауданда екі топ ежелгі қоныстар зерттелді, оларды біздің ойымызша, ежелгі Жұбан-Ана қаласына ұқсастыру өте қиын. Бұл жер шөлейтті, мұнда ірі қоныстың ізі байқалмайды.
Жайылма алқаптың аласа террасасында, Кеңгір өзенінің оң жағасынан алыс емес жерде оңтүстік-шығыстан солтустік-батысқа қарай үш төрт бұрыш алаң түрінде созылып жатқан, бүйір жақтарының өлшемі 24-тен 35 м-ге дейін кішкентай қоныстардың іздері табылды. Биіктігі 1,5 м төбенің ортасында тұрғызылған шурфтің көмегімен, егіншілікпен айналысатын қоныстарға тән құйма емес керамиканың фрагменттері түрінде материалдық өндірістің аздаған қалдықтары табылды. Керамика жақсы күйдірілген, қыш шеңберінде мықты саз балшықтан жасалған. Басқа төбенің ортасында тұрғызылған шурф үй жануарларының-жылқылар, қойлар, сиырлардың көптеген сүйектері табылды. Құрылыстардың қабырғалары ірі шикі кірпіштен салынғаны анықталды. Қамалдың болмауы осы шағын қоныстарда малшылықпен және егіншілікпен айналысқан жатақтар тұрғандығын дәлелдейді, ол ұзындығы 2-3 км ежелгі суару жүйесінің ізімен дәлелденеді.
## Дереккөздер |
Екпінді — Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ауыл, Екпінді ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 30 км-дей жерде.
## Тарихы
1930 жылы Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты «Екпінді» ұжымшары болды. 1962 жылы ірілендіру саясатымен «Красная звезда» ауылдық кеңесінің құрамына енді. 1965-2005 жылдар аралығында Сунақата ауылдық округінің бөлімшесі болып келді. 2005 жылы Екпінді ауылдық округі болып құрылды.
## Халқы
Тұрғыны 953 адам (2009 жылдың мәліметі). Код КАТО — 434040100.
## Дереккөздер
## Сыртқы сілтемелер
* Викимапияда |
Еламанов Әлі (1902 -20.3.1975) – күріш өсіруші, еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері (1949). 1902 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Жаңақорған ауданы, Елтай атындағы ұжымшарда (қазіргі Қожамберді ауылы) туған.
## Еңбек жолы мен жетістігі
* Төрт жылдық мектепті бітірген соң 1930–1958 жылдары Елтай атындағы ұжымшарда, кейін «Төменарық» кеңшарында еңбек етті.
* Ұлы Отан соғысы жылдары Сунақ Ата арнасын қазуға қатысқан.
* 1948–1949 жылдары күріштіктің әр гектарынан 80–85 центнерден астық жинап, жоғарғы көрсеткішке жеткен.
* 1955–1960 жылдары ұжымшарда түйе,қой бақты.
## Наградалары
* Ленин ордені
* "Орақ пен Балға" алтын медалі
* Социалистік Еңбек Ері (1949)
## Дереккөздер
* ЕЛАМАНОВ ӘЛИ// Кызылординская областная универсальная научная библиотека имени Абдильды Тажибаева |
Ізмұхамед Еділбайұлы Еділбаев (14.12. 1906 жылы туған, қазіргі Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Жың-ылды ауданы 9-а.) – мемлекет қайраткері. Мәскеу қаласындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген (1938). 1933 – 1934 ж. Жамбыл облысы Шу ауданы партия комитетінің 1-хатшысы, кейіннен Ақтөбе облысы оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1938 – 1940 ж. Қызылорда облысы жер басқармасының бастығы, 1940 – 1941 ж. Сырдария ауданы партия комитетінің 1-хатшысы, 1941 – 1943 ж. Қызылорда облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1943 – 1945 ж. Қостанай облысы партия комитетінің 2-хатшысы, 1945 – 1952 ж. Жамбыл облысы партия комитетінің 1-хатшысы болды. 1952 – 1953 ж. Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағасы, 1953 – 1954 ж. Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары, 1954 – 1959 ж. Қызылорда облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ал 1959 – 1961 ж. Қазақстан Министрлер кеңесі жанындағы машина сауда бас басқармасының бастығы, 1961 – 1969 ж. Қазақстан Автомобиль көлігі министрінің орынбасары қызметтерінде болды. Еділбаев облыс ауыл шаруашылығын механикаландыруда, технологияны пайдалануда, мал шаруашылығын өркендетуде көп еңбек етті. «Ленинң, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен, медальдармен марапатталған. |
Тарих-и Қашқар – авторы белгісіз тарихи шығарманың шартты атауы. «Тарих-и Қашқар» түркілердің ел аузындағы аңыздарын баяндаудан бастап Шыңғыс ханның, оның балаларының тарихы, негізінен, Моғолстандағы Шағатай әулетінің тарихына тоқталады.
Шығарманы жазуда Рашид әд-Диннің «Жами ат-тауарих», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Махмұт Ибн Уәлидің «Бахр Әл-Асрар», т.б. еңбектерге сүйенген.
1670 жылдан кейінгі оқиғалар жазбасы –автордың қолтума еңбегі әрі алғаш рет жазылған деректер жиынтығы. «Тарих-и Қашқар» 52 тараудан тұрады. Онда қазақтардың 18 ғасырға дейінгі тарихынан деректер мол. Түрік чиновнигі Мұхаммад Атиф бейдің «Қашқар тарих-и уә баис-и Хайрат ахуал-и гарибаси» (Стамбұл, 1882) шығармасының парсы тіліндегі аудармасы да «Тарих-и Қашқар» аталған. «Тарих-и Қашқар» 1892 ж. парсы тіліне аударылған.
## Дереккөздер |
Ошат Рақымов (1939 жылы 8 шілдеде ОҚО Сайрам ауданы - 2016 жылы 6 шілдеде ОҚО) — кеңестік және қазақстандық кино және театр актері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1991). "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері. Түркістан облысының құрметті азаматы.
## Толығырақ
* Ошат Рақымов 1939 жылы 8 шілдеде ОҚО Сайрам ауданында дүниеге келген.
* 1960 жылы Алматы опера және балет театры студиясын бітірген.
* 1960 - 1962 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер;
* 1962 жылдан өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрынада еңбек етті.
* Қазақтың қарашаңырақ театры, ондағы аттары аңызға айналған сахна майталмандары сол кездегі сахна табалдырығын енді ғана аттаған жас дарын өнер иесі Ошат Рахимовқа – бірімен сахналық жұптас болғандығы, енді бірінің актерлік шеберлігін өз бойына сіңіруіне, кәсіби деңгейін арттыруға үлкен септігін тигізді. Өмір мен өнер жолында тарықпас азық берген тап сол өнер ұжымында Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, С,Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантурин т.б сахна саңлақтары сол жылдары қызмет еткен болатын.
* Тіпті 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігіне бірге аталмыш сахна дүлділдерімен Ошат Рахимов оқып жүргеннің өзінде қатынасқан болатын.
* «Өмірім-өнерім» атты өлеңдер жинағы бар.
* Сахнада 200-ге тарта образдар жасаған: Нарша, Көбей, Еспембет, Қозы Көрпеш, Бекежан, Бірсімбай Люченсио, Капулетти, Әсет, т.б.
* Ошат Рахимовтың сазгерлігі тағы бар. Ол 20 шақты әннің авторы.
* 2016 жылы 6 шілдеде ОҚО дүниеден озды.
## Сомдаған рөлдері
Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» - Қозы, «Қыз Жібегінде» - Бекежан, «Ақан сері – Аққтоқтысында» - Ақан, Хазірет, М.Әуезовтың «Абайындағы» - Оразбай, Жиренше, Әбдірахман, «Еңлік – Кебегінде» - Көбей би, «Айман – Шолпанда» - Жарас, Балпық, «Қарагөзде» - Нарша, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Бүркіт, «Шохан Уалихановта» - Жақып, В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» - Люченцию, «Ромео мен Джульеттада» - Капулетти, «Юлий Цезарда» - Брут, Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатта» - Фердинанд, Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспізде» - Сәкен, «Жат елдесінде» - Асан, Жұман, Х.Бекхожиннің «Ұлан асуында» - Барақ т.б әр түрлі мінездегі бейнелер.
Ошат Рахимовтың еткен еңбегі елеусіз қалған емес. Әр нәтижелі бейнеттің жемісі, марапаты кезең-кезеңінде жоғары жақтан елеп, ескеріп, актер шабытының шырқауына қанат бітіріп келеді.
## Марапаттары
* 1980 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
* Республикалық және Халықаралық театрлар фестивальдерінің лауреаты.
* КСРО мәдениет министрі мен Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің медалі;
* 1988 жылы Өзбекстан мәдениет министрі мен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы;
* 1991 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" құрметті атағымен марапатталған.
* Сайрам ауданының «Құрметті азаматы»
* 2003 жылдың «Ең үздік актері» атағы;
* 2009 жылдың «Золотой лидер», «Театр өнерінің үздігі», «Сахна шебері» және т.б марапаттардың иегері.
* "Еңбек ардагері" медалінің иегері.
* Елбасының жарлығымен еліміздің жоғарғы мемлекеттік марапттары "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталған.
## Әндері
«Әпкелер», «Күлім көз қарындас-ай», «Соға кет», «Жан жарым», «Фрунзе кеші», «Немереме», т.б.
## Дереккөздер |
Топыраққала – көне қала жұрты. Арал теңізі маңында, Қарақалпақстанның Бируни ауданында орналасқан. Қала шамамен б.з. 1–2 ғасырларынан 6 ғасырға дейін өмір сүрген, 3–4 ғасырларда көне Хорезм мемлекетінің астанасы болған. 1938 жылы Хорезм археологиялық экспедиция (жетекшісі С.П.Толстов) ескерткіште бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қаланың жобасы тікбұрыш пішіндес, аумағы 500×300 м, әр жерде күзет мұнаралары бар, ішінен төбесі күмбезделе жабылған дәліз өтетін қалың қабырғамен тұтас қоршалған. Қаланың солтүстік-батыс бұрышын алып жатқан үлкен сарай жүйесі ескерткіштің ең басты құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндағы биіктетіліп, жасанды цоколь үстіне тұрғызылған сарайдың үш жағында, яғни солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік жағында 3 үлкен мұнара, ал солтүстік және шығыс жағында 2 аула орналасқан. Биіктігі 25 м-ге жуық, аумағы 40×40 м, ішінде көптеген бөлмелер шығарылған мұнаралар, сарай ғимараты балшықтан соғылған. Топыраққаланы қазу барысында барлығы 100-ден астам түрлі мақсаттағы бөлме, орындар ашылған. Сарайдың оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағында «гарем кешені» (көптеген сәнді әйел мүсіндеріне байланысты аталған), «қару-жарақ кешені» сияқты залдар, өте маңызды жазу үлгілері сақталған архив бөлмесі орналасқандығы анықталды. Сарайды зерттеу барысында табылған қыш ыдыстар, мәнеттер, қару-жарақ бұйымдары (арасында үлкен садақтардың бөлшектері бар) сияқты заттай деректердің ішінде жазба мәтіндер сақталған көне құжаттар ерекше орын алады. Барлық табылған 100-ге жуық құжаттың 18-і ағаш тақтайшаларға түсірілген болса, қалғандары теріге жазылған. Ғылыми маңызы бойынша көне дәуірдің аса көрнекті ескерткішіне жататын Топыраққала алып Кушан империясының құрамында болған Хорезм мемлекетінің алыс-жақын елдермен екі арадағы мәдени байланыстары жақсы болғандығын байқатады.
## Дереккөздер: |
Тарих-и Қыпшақи, «Тарих-и Кипчак-хани», «Тарих-и Кыпчак» – 15 – 18 ғасырларда қазақ даласында болған оқиғаларды баяндайтын тарихи шығарма. Оның авторы – Қыпшақ хан, әдетте оны Ходжамкули-бек Балхи деп атаған. Еңбек кіріспе мен 9 тараудан (кейбір деректерде 5 тараудан) және қорытындыдан тұрған. Онда бұған дейінгі деректерде қамтылмаған Қазақ хандығының ертедегі тарихы баяндалады. «Тарих-и Қыпшақи» тек қолжазба күйінде сақталған. Оның жекелеген үзінділері «15 – 18 ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы туралы материалдар» атты еңбекте жарияланды. «Тарих-и Қыпшақидың» В.Г. Тизенгаузен аударған тараулары жарық көрген жоқ. Ол қазір Шығыс зерттеушілерінің архивінде сақтаулы.Әдебиет: Тагирджанов А., Описание таджикских и персидских рукописей, Л., 1962; Материалы по истории казахских ханств XV – XVІІІ веков, А.-А., 1969.
## Сілтемелер |
Қаракөл шаруашылығы – қой шаруашылығының қаракөл қойын өсіретін саласы.
Қаракөл шаруашылығы 1928 ж. Оңтүстік Қазақстан өңірінде «Шымқорған» кеңшарын құрудан басталды. 1941 жылға дейін қаракөл қойын өсіретін 13 кеңшар құрылды. 1941 – 51 ж. 20 кеңшар ұйымдастырылды. 1951 – 60 ж. 25 кеңшар құрылып, 1959 ж. Қазақстан бойынша 1 млн. дана қаракөл елтірісі дайындалды. 1960 – 80 ж. Қазақстанның Оңтүстік және Батыс өңірінің көптеген ұжымшарлары қаракөл қойын өсіруге бағытталып, Гурьев (қазіргі Атырау), Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жаңадан 84 арнайы кеңшарлар құрылды. 1990 ж. қаракөл қойын өсіруге арналған шаруашылықтар саны 150-ден асып, жылына 2 млн. дана қаракөл елтірісі дайындалып, қаракөл қойының басы 6 млн. 200 мыңға жетті.
Қазақстанның Қаракөл шаруашылығының өркендеуін 5 кезеңге бөлуге болады:
* Бірінші кезең 1920 – 30 ж. Қазақстанда алғашқы мамандандырылған арнайы Қаракөл шаруашылығын құру жүргізілді.
* Екінші кезең 1930 – 40 ж. Қазақстанның шөл және шөлейт жайылымдарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы қаракөл шаруашылықтары ұйымдастырылды.
* Үшінші кезең 1960 – 90 ж. – Қаракөл шаруашылығының өркендеу кезеңі. Қаракөл шаруашылығының бас басқармасы құрылып, 6 облыстың ауыл шаруашылық басқармаларында Қаракөл шаруашылық бөлімдері ашылды. Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтыты мен Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының ғылми қызметкерлері қаракөл елтірісін өндіру процестерін жан-жақты зерттеп, соның нәтижесінде қаракөлше қозының терісін сыпыру конвеерлік жүйеге қойылды. Дербес асыл тұқымды мал қоры жинақталып мемлекеттік асыл тұқымды шаруашылықтар құрылды. Өсірілетін жеріне бейімделген, жоғары сапалы өнім беруге бағытталған 14 жаңа зауыттық типті мал түрі бекітіліп, дүние жүзінде теңдесі жоқ атыраулық құйрықты елтірі – ет, май өнімдерін өндіретін қой тұқымы шығарылды (1974 – 98).
* Төртінші кезең 1990 – 98 ж. Қаракөл шаруашылығында ондаған жылдар бойы жүргізілген сұрыптау, асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде пайда болған асыл тұқымды мал басы күрт төмендеді.
* Бесінші кезең 1999 жылдан басталады. Кейінгі жылдары қаракөл қойының саны жылдан-жылға көбеюде. Қазақстан ғалымдары мен мамандарының көп жылдар бойы, арнайы бағытта жүргізген мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Жамбыл облысында қара түсті қаракөл қойының түгіскендік зауыттық, көк түсті қаракөл қойының таластық типтері мемлекеттік сынақтан өтті. Бұхарлық сұр түсті қаракөл қой тобы Түркістан облысы «Сүткент» асыл тұқымды зауытында, «Шардара» асыл тұқымды шаруашылығында және Батыс Қазақстан облысы «Тайпақ» асыл тұқымды шаруашылығында шығарылды. 1995 – 2000 ж. қаракөл қойының қарақалпақ сұры шамшырақ реңді әлімтаулық зауыттық типі, «Байырқұм» асыл тұқымды зауытында – бұхарлық сұр зауыттық типі, «Темір» асыл тұқымды зауытында сырдариялық зауыттық типі, қола реңді сұрхандария сұрының тартоғайлық зауыттық типі, қара түсті қаракөл қойының өсімтал қожатоғайлық типі, созақтық жакеттік типі бекітілді.
## Дереккөздер |
Қарақ – Қызылқұм құмының Солтүстік бөлігіндегі төбе. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жаңақала ауылының Солтүстік-батысында 8 км жерде орналасқан. Қуаңдария өзенінің аңғарында. Абсолюттік Биіктігі 144 м. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бойлық бағытта 4 км-ге созылып жатыр, енді жері 2 км шамасында. Беткейлері бірнеше ұсақ жонды қырқалардан тұрады. Солтүстігінде Төлеген, Балшықбұлақ артезиан бұлақтары, оңтүстігінде өзімен аттас қыстау орналасқан. Құмды, құмайтты сұр топырақ жамылғысында боз жусан, еркек шөп, баялыш, бұйырғын, қара сексеуіл, сарсазан, т.б. өсімдіктер өседі. Мал жайылымына пайдаланылады.
## Сілтемелер |
ЕЛЕУСІН Қайназарұлы (1922, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қашқансу ауылы – 6.1.2004, Алматы) – ішкі істер қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты (1973). 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Еңбек жолын ауылдық мектепте мұғалім болып бастаған. 1946 – 1951 ж. Қызылорда облысы партия комитетінде нұсқаушы, Тереңөзек ауданындағы жетім балалар үйінің директоры, Қармақшы ауданында оқу бөлімінің меңгерушісі, облыстық милиция бөлімі бастығының орынбасары, 1951 – 1983 ж. Жамбыл облысы милиция басқармасы бастығының, Алматы милиция мектебі бастығының орынбасары, Алматы қаласы МАИ басқармасының бастығы, Ішкі істер министрінің аппаратында штаб бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1983 – 1992 ж. Алматының жоғары оқу орындарында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып істеді. КСРО ішкі істер министрінің еңбегі сіңген қызметкері, Ішкі істер министрінің үздігі. 1- 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған. |
Тұршыбек Жүсіпұлы Елеусінов (1935, Жалағаш ауданы Ақсу ауылы – 1983, сонда) – еңбек ардагері. Социалистік Еңбек Ері (1967).
Жастайынан еңбекке араласып, 1965 жылы күріш бригадасының бригадирі болып тағайындалып, гектарынан 75 – 80 центнерден өнім алды.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері және медальдармен марапатталған.
## Сыртқы сілтемелер
* Елеусинов Туршабек Жусипович, Ел қаһармандары (орыс.)
* ЕЛЕУСІНОВ ТҰРШАБЕК |
“Бақтиярдың қырық бұтағы”, Бақтияр-наме — парсы тілінде жазылып, шығыс елдеріне кең тараған тармақты қисса-дастандар топтамасы, көне әдеби ескерткіш. Ең ескі нұсқасы 1296 жылғы қолжазба болып есептеледі. “Бақтиярдың қырық бұтағы” — “Мың бір түн”, “Сандыбаднаме” сияқты ескерткіштермен тектес туынды. Бірқатар зерттеушілер “Бақтиярдың қырық бұтағын” Шығыс Түркістан өңірі қазақтарының қисса-дастаны, “қырық бұтағы” ретінде қарайды. Алайда, “Бақтиярдың қырық бұтағы” қырық қиссамен шектелмейді. Қазақ ұғымында жеті, тоғыз, қырық сандары киелі, көптікті білдіреді. “Бақтиярдың қырық бұтағы” — Шыңжаң өлкесіне тараған екі жүзден астам қисса-дастандар топтамасы. Сол топтамадағы “Шәкір-Шәкірат”, “Қасым жомарт” дастандарын Жүсіпбек Шайқысламұлы, “Шеризат”, “Нұғыман-Нағым”, “Ағаш ат” дастандарын Әсет Найманбайұлы шығыс сюжетінен алып жазған. “Бақтиярдың қырық бұтағында” елді мекен, кісі аттары көбіне арабша, парсыша болғанымен, оқиға қазақы дәстүрде айтылады. Қазақ ақындарының араб-парсы әдебиетінен келген сюжетті өңдеп, жырлауы нәтижесінде, қазақтың бай ауыз әдебиетімен ұштасып, төл туындыдай сіңісіп кеткен. “Бақтиярдың қырық бұтағы” — назиралық үлгіде жырланған.
## Дереккөздер |
Орынбай Рахманбердиев (20.10.1943 жылдары туған) – инженер-технолог Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технология институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Леңгір азық-түлік комбинатының басшысы, Леңгір қаласының «Ақмаржан» АҚ-ның президенті, облыстық мәслихат хатшысы болды. Сенатта Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің, «Достық» депутаттар тобының, «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастығы комитетінің, Қытай Халық Республикасының Жалпықытайлық халық жиналысымен ынтымақтас топтың мүшесі. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі.«Парасат» орденімен (2004); «Ерлік еңбегі үшін. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970), «Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.
Үйленген. Жұбайы - Бердәлиева Динара (1944 жылы туған), зейнеткер. Қыздары - Гүлмира (1966 жылы туған), Лаура (1968 жылы туған), Жанна (1972 жылы туған).
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы"
## Дереккөздер |
Мірхайдар Раманқұлов (25.3.1942 жылдары туған, Шымкент ) – әскери қайраткер, генерал-майор (1991). Шымкент политехникалық техникумын (1960), Қазақ химия-технология институтын (1964) бітірген.
1965 – 67 жылдары Қарағанды ет комбинатында механик, цех бастығы,
1967 – 68 жылдары Оңтүстік Қазақтан облыстық атқару комитетінің аппаратында аға инженер, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Мәскеу қаласы ндағы Жоғары мектебін бітірген (1970).
1970 – 76 жылдары МҚК Түркістан облысы басқармасында оперативтік қызметтерде.
1976 – 80 жылдары МҚК Маңғыстау облысы басқармасы бастығының көмекшісі,
1981 – 84 жылдары МҚК Ақмола облысы басқармасында бөлім бастығы,
1984 – 87 жылдары МҚК Шығыс Қазақcтан облысы басқармасы бастығының орынбасары.
1987 – 91 жылдары МҚК Ақмола облысы басқармасының бастығы,
1991 – 95 жылдары Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары,
1995 – 96 жылдары «Рахат» ЖК бас директорының орынбасары.
1996 – 98 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімі аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы
1998 жылдан «Group 4 Securіtas Kazakhstan» ЖАҚ филиалының директоры.
Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
ЕЛЕМЕСОВ Жәрмедет (11.2. 1918 жылы туған, Қазалы ауданы ғ3 ауылы) – заң қызметкері. Қазақ КСР прокуратурасының құрметті қызметкері (1972). ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері (1979). 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан.Қазалы малдәрігерлік техникумын (1939), Ташкент қаласындағы заң мектебін (1948) бітірген. 1939 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында зоотехник болды. 1944 – 1945 ж. Қазалы ауданы партия комитетінің жауапты қызметкері, аудандық прокуратурада тергеуші, 1948 – 1961 ж. Тереңөзек, Қазалы аудандарының (1953 – 1961) прокуроры, 1961 – 1993 ж. Талдықорған қалалық прокуроры, Талдықорған облысы прокурорының аға көмекшісі, Кербұлақ ауданының прокуроры, адвокаты қызметтерін атқарды. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. |
ЕМБЕРГЕНОВ Хамит (1.5. 1929 жылы туған, Сырдария ауданы) – қоғам қайраткері. 1951 жылы Қызылорда педагогикалық институтының (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унституті) тарих факультетін бітірген. 1956 жылдан қалалық, облыс партия комитеттерінде істеп, 1967 жылдан Сырдария ауданы партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ембергенов – 2-дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарға арналған «Зерде-Боздақтар» атты кітапты шығаруға белсене еңбек етті, кітаптың бас редакторы болды. Ембергеновтің идеология саласына белсене қатысқаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталды және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. |
Аманолла Ғабдолхайұлы Рамазанов (1928 жылдары туған, Павлодар облысы) – қоғам қайраткері. 1972 – 78 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1954 жылдан КОКП мүшесі. Алматы ауылы шаруашылық институтын бітірген. 1950 – 67 жылдары Павлодар облысында ауылы шаруашылық саласында әр түрлі қызметтер атқарды, 1967 – 70 жылдары Қазақ КСР ауылы шаруашылық министрінің бірінші орынбасары, 1970 – 72 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің екінші хатшысы.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Тарих-и Рашиди – Моғолстанда өмір сүрген тарихшы, əдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулаттың туындысы. Кітапта XIV–XVI ғасырлардағы Моғолстан тарихы баяндалады. Шығарма 1542–1546 жылдары Кашмирде парсы тілінде жазылған. Кітап екі дəптерден тұрады. Алғашқы дəптерде Моғолстанды билеген Шағатай əулеті хандарының тарихы суреттелсе, екінші естелік дəптерде Мұхаммед Хайдардың Кашмирді жаулап алғанға дейінгі тарихи оқиғалары сөз болады. «Тарих-и Рашиди» – Қазақ хандығының құрылуы туралы мəлімет беретін аса құнды еңбек. Онда Жəнібек пен Керейдің Қазақ хандығының негізін қалағандығы туралы айтылады. Сондай-ақ кітапта қазақ хандарының бір ғасырға жуық тарихы да қамтылған. Қазақ тарихына қатысты жерлерін парсы тілінен орыс тіліне алғаш В. В. Вельяминов-Зернов аударды. Ал қазақ тілінде 2003 жылы жарық көрді. Мұхаммед Хайдар Дулат өз еңбегіне моғолдар арасына кең тараған дулат əмірлерінің аңыз-əңгімелерін, құжаттарды, əсіресе, тарихшылардың жазбаларын кеңінен пайдаланған.
## Әдебиеттер
* «Сен білесің бе?» энциклопедиясы. / Құраст.: Қ. Ж. Райымбеков, Қ. Т. Байғабылова. – Алматы: «Аруна» баспасы. – 700 бет. ISBN 9965-26-407-4 |
Бақташылық — шаруашылықтың бір түрі, мал өсірудің жалпылама атауы. Бақташылық, егіншілік, балық аулау кәсібімен қатар, ертедегі неолит дәуірінен мәлім. Бұдан бұрын, мезолит дәуірінде ит қолға үйретілген болатын. Бақташылықтың маңызы энеолит дәуірінде арта түсті. Бұл дәуірде ұсақ мал мен ірі қараның, шошқаның қолда ұсталғаны дәлелденді. Жылқы мен түйе энеолит дәуірінің аяқ шенінде қолға үйретілді. Бірте-бірте Бақташылық аң аулау кәсібінен бөлініп шықты. Ол тамақ пен киім табудың аң аулаудан гөрі неғұрлым тиімді жолы болды, мал көлік ретінде, ал қола дәуірінде оның күші егіншілік жұмыстары үшін пайдаланыла бастады. Бақташылық пайда болғаннан кейін, малды күтуді еркектер өз міндетіне алды. Қола дәуірінде еркектер малдың күшімен жер айдайтын болды. Одан бұрын кетпенді егіншілікпен, негізінен, әйелдер шұғылданатын. Бақташылықты кәсіп еткен тайпалар басы артық азық-түлікті басқа тайпалармен айырбастауға мүмкіндік алды. Малмен сауда жасау байлық қорын молайтып, қоғамның мүліктік және әлеуметтік жікке бөлінуіне жағдай жасады. Жерорта теңізі бойында қола дәуірінің аяқ шенінде мыс құйманы өгіздің терісі іспеттес етіп жасаған, бұған дейін тері ақшаның орнына жүрген. Бақташылықтың тарихи даму жолы түрліше болған. Үй малын өсірудің негізгі ошағы ]]Таяу Шығыс]] пен Жерорта теңізі жағалауында пайда болды. Азия мен Шығыс Еуропаның далалық аймағында жайылымда қой өсіріле бастады. Неолит дәуіріндегі Еуропаның орманды жерлерінде Бақташылық жабайы шошқа мен жабайы өгізді қолға үйретуден басталды. Қола дәуірінің аяғынан бастап мұнда қой өсіру басты орын алды. Қиыр Шығыста тундралық бұғы үйретілді. Мал алғашқыда, ашық жерде, неолит дәуірінде кейде үңгірде, ал қола дәуірінен бастап қоршау мен жабық қорада ұсталды. Тұрақты егіншілік өріс алған тұста мал қолда ұсталып бағылды да, қиы жиналып, тыңайтқыш үшін пайдаланылды. Американың тұрғылықты халқы тек лама өсірді. Темір ғасырының бас кезінде далалық жерде Бақташылық өріс алған шақта бүкіл халық жайылым іздеп, көшіп-қона бастады (қ. Көшпелілік). Өрістік-жайылымдық Бақташылық кең тараған тұста малды тек бақташы бақты. Алғашқыда Бақташылық адамды етпен қамтамасыз ету мақсатын көздеді, қолға үйретілген малдың сүті аз болды. Малдың сүті көбейіп, адам сүттен түрлі азық (айран, ірімшік, май, т.б.) жасап үйренген кезде сүт малының маңызы күшейді. Терісі киім үшін пайдаланылды. Орта Азияның көшпелі халықтары бұл үшін киіз бен жүн матаны да қолданған, былғарыдан әбзел, ыдыс, қап, т.б. жасаған. Кейбір Шығыс елдерінде үрленген былғары торсық судан өту үшін де пайдаланылған. Мүйізден ішімдік құятын ыдыс, музыкалық аспаптар, түрлі заттар жасалған. Үй малы күш — көлік қажетіне де жаратылған. Экстенсивті Бақташылық кең көлемді жайылымға, интенсивті Бақташылық шабындыққа, шөп қорын жасап, малды қолда ұстап бағуға, түрлі зоотехникалық шараларды қолдануға негізделген. 19 ғасыр және 20 ғасырдың басында Бақташылық егіншілікпен байланысты өрістік — отырықшы, (Оңтүстік Африкада) отарлы жайылымдық (Кавказда, Альпіде, Солтүстік Африкада), көшпелі (Азияның көптеген облыстарында), қолда бағу болып бірнеше түрге бөлінеді. Жайылымдық жыртылып, егіншіліктің өріс алуына байланысты көшпелі малшылар отырықшылыққа ауысты. Қазақ даласындағы Бақташылық та неолит дәуірінен бастау алады. Мал шаруашығы дәстүрлі қазақ қоғамының экономикалық негізін құраған; қазіргі Мал шаруашылығы.
## Дереккөздер |
Тонконогов Марк Павлович (1924 жылы туған) – техника ғылымдарының докторы (1969), профессор (1970).
## Қысқаша өмірбаяны:
1943 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) политехника институтын бітірген. 1953–1954 жылдары Томск политехника институтында оқытушы.1954–1991 жылдары Қарағанды тау-кен институтында кафедра меңгерушісі.1991 жылдан Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
240-тан астам ғылыми жарияланым мен 2 монографияның авторы.
## Дереккөздер: |
Досымхан Рахымбек (30.4.1947 жыл, Төле би ауданы) – ғалым, педогогикалық ғылымдарының докторы (1998), профессор (2002).
* 1970 - Шымкент педагогикалық институтын бітірген соң орта мектепте мұғалім болды.
* 1973 – 98 жылдары Шымкент педогогикалық институтында ғылым педагогтық қызмет атқарды, кафедра меңгерушісі болды.
## Ғылыми еңбектер
Ғылым зерттеу бағыты: математиканы оқытуда оқушылардың логика-методологиялық білім деңгейін көтеру. ғылым еңбектерінің ішінде 1 монография, 15 оқу-әдістемелік құрал бар.
## Дереккөздер |
Тарих-и Хайдари – парсы тарихшысы Хайдар бен Хусайни Разидің шығармасы. Ол «Тарих-и Хайдариді» 1611 ж. бастап, 1619 ж. 35 жасында аяқтады.
Еңбек тарихи-географиялық сипатта жазылып, 5 тарауға бөлінген. Әр тарау белгілі бір аймаққа арналған. Шығармада тарихи деректер мол. Мысалы, Жошы әулеті тарихын баяндайтын Ақ орда мен қазақ хандары және сұлтандары жайлы мәліметтер қамтылған. «Тарих-и Хайдаридің» жалғыз нұсқасы Санкт-Петербургте, Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада сақтаулы. Мұның орыс тіліне аударылған үзіндісі Тизенгаузен жинағында жарияланған.
## Дереккөздер |
Төлеген Байтанов (1892, Қызылқұм ауданы, Ақынтоғай ауылы – 1981, сонда) – Социалистік Еңбек Ері (12.7.1949). 1936 – 1941 жылдары «Овцевод» ұжымшарында шопан болды. 1941 – 1945 жылдары 2-дүниежүз. соғысқа қатысты. 1946 – 1959 жылдары Қызылқұм ауданы, «Овцевод» кеңшарында аға шопан болып жұмыс істеді. Ленин орденімен, медальдармен марапатталған.
## Дереккөздер |
Қазақтардың 19-ғасырдың екінші жартысында орналасуы - 19 ғасырдың 60-жылдарының орта шенінен бастап Ресей империясының үкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу мақсатында бірқатар реформалар жүргізді.
Ұлыстарды бөлшектеді, оларды губернияларға, округтерге бөлді. 1868 жылғы “Ереже” бойынша Қазақстан жері үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Орынбор генерал-губернаторлығына Орал және Торғай облыстары, Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Ақмола және Семей облыстары, Түркістан генерал-губернаторлығына Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Бұрынғы Бөкей ордасының жері 1872 жылы Астрахан губерниясына қосылды. Маңғыстау приставтығы 1870 жылы Кавказ әскери округінің қарауына берілді, ал кейініректе Закаспий облысына енді.
Уезд бастықтарын генерал-губернаторлар тағайындап отырды. Бұл лауазымға облыстардың әскери губернаторларының ұсынуы бойынша офицерлер бекітілді. Әрбір уезд рулық негіз емес, аймақтық белгілері бойынша құрылған болыстардан тұрды. Ауылдар 100 – 200 шаңырақтан құралды. Ал болыстар 1000 шаңырақтан қамтылды. 1867 жылы заң барлық жерді мемлекеттік меншігі деп жариялап, қауымдарға пайдалануға ғана берді. Жер мәселесін бұлайша шешу қазақ жерлерін “заңды” жолмен одан әрі орыс мемлекетінің иелігіне айналдыруға заң жүзінде негіз жасады. 1886 жылы 2 маусымда “Түркістан өлкесін басқару туралы ереже”, 1891 жылы 25 наурызда “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” қабылданды.
Түркістан өлкесі жерінің құрамына Ферғана, Самарқанд және Сырдария облыстары кірді. Сырдария облысы Әмудария бөлімінен және Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата және Ташкент уездерінен құралды. Ал Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Дала генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетісу облыстары кірді. 1897 жылы Жетісу облысы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының қарауына берілді.
Ресей үкіметінің отарына айналған қазақтар оған ақшалай алым-салық төледі. Олардың мөлшері әр түрлі болып өзгеріп отырды. Мысалы, 1884 жылғы “Ереже” бойынша ол 4 сомға жетті. 19 ғасырдың 2-жартысында Кіші жүз қазақтары арасында көшіп-қонатын жер үшін Ресей үкіметіне қарсы наразылықтар күшейді.
Елдегі аграрлық дағдарысқа байланысты Ресей үкіметі 1889 жылы орыс шаруаларын Ресейден Қазақстанға көшіріп қоныстандырудың тәртібі мен жайлары жөнінде заң шығарды. Бұл Ресей шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Ресейден қоныс аударушылар санының көбеюіне байланысты қазақ жерлерін басып алу кең көлемде етек алды. Қазақтарды тонауды Ресей үкіметі “қоныстанушы”, “жер қоры” деп аталатын желі бойынша жүргізді. Бұл қорды жасау үшін жергілікті халықтың жайлы қоныстары тартып алынып, жергілікті тұрғындарды шөл және шөлейт аудандарға күштеп көшіру жиіледі. Бір ғана Жетісуда 30 мыңнан астам отырықшылық ошағы талқандалды. Қазақстанда шаруаларды қоныстандыру алдымен Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында жүргізілді. Тек 1885 жылдан 1893 жылға дейін Ақмола облысының жергілікті халқынан 251 779 десятина жер тартып алынып, 10940 халқы бар 24 жаңа село пайда болды. Семей облысында бұл кезде қазақ шаруаларынан 33064 десятина егістік жер тартып алынды. 1884 – 91 жылы мұнда 3324 отбасы қоныстанды. Ресей үкіметінің әскери-әкімшілік отарлау саясаты қазақтың елдік этн. ұйтқысын ірітіп, Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізді.
## Дереккөздер |
“Бақтиярнаме” (“Бақтияр туралы кітап”) — көне парсы әдебиетінің ескерткіші. Парсы тілінде (пехлеуи) жазылған бұл еңбектің түпнұсқасы күні бүгінге дейін табылмай отыр. Дақаиқи Мәруази (12 ғасыр) шығармаға түзету енгізіп, “Рақат ул-арвах” деп атады. Шығарманың бұл нұсқасы Иранда (Тегеранда, 1967) жарық көрді. “Бақтиярнаме” беймәлім авторлардың көмегімен Лондонда (1801), Парижде (1829), Тебризде (1890), Ленинградта (1926), Тегеранда (1952), т.б. басылып шықты. “Бақтиярнамеде” Азадбахт патшаның баласы Бақтияр мен он уәзір арасында болған оқиғалар баяндалады. “Бақтиярнаме” композициясының құрылымы жағынан “Мың бір түн”, “Синдбаднамеге” ұқсас. “Бақтиярнаме” араб, хинди, түрік, Әзірбайжан, орыс, неміс, т.б. тілдерге аударылды. Қазақ ақындары да “Бақтиярнаме” сюжеті негізінде жырлар шығарып, дастандар жазған; қазіргі. “Бақтиярдың қырық бұтағы”.
## Дереккөздер |
Сыбанбаев Серікхан Құмариянұлы (28.11.1928, Қырғызстан, Бішкек – 6.11.1996, Алматы) – зоолог-ғалым, биология ғылымдарының докторы (1969), профессор (1970), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1993).
## Жетістіктері
Негізгі ғылыми еңбектері паразитология және протозоология мәселелеріне арналған. Сыбанбаев С.Қ. мал және үй құстары кокцидиоздары мен қан паразит ауруларынан арылу шараларының (емі, сақтық шаралары) ғылыми негіздерін жасады. Жабайы жануарларда болатын кокцидияны (клеткаішілік паразиттер) зерттеді. Оның басшылығымен республиканың ландшафтық-географиялық белдемдеріне арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. 4 монографиясы мен 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.
## Шығармалары
* Кокцидиозы сельскохозяйственных животных Казахстана, А.-А., 1977;
* Кокцидии диких животных Казахстана, А.-А., 1979;
* Лечение и профилактика кокцидиозов домашних птиц, А.-А.,1983.
## Дереккөздер
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, VIII том |
Қарақабық, әсия, угнерния (лат. Ungernia) – амариллистер тұқымдасына жататын көп жылдық жуашықты өсімдіктер туысы. Қазақстанда Қаратауда (Батыс Тянь-Шань) ғана кездесетін 1 түрі – Северцов қарақабығы (U. Severzovіі) өседі. Биіктігі 40 см-дей, ұзынша келген жуан жуашығының сырты қара қабықты келеді. Сүйірленген жапырақсыз сабағының ұшында себетгүл шоғыры орналасады. Жапырақтары таспа тәрізді, ұзындығы 20 см, ені 2 см-дей. Гүлдерінің түсі қызылдау кейде сарғыш қоңырлау болады. Тұқымынан көбейеді. Шілде – тамызда жапырақтары түскеннен кейін гүлдейді. Тамыз айында жеміс береді. Тұқымы – ұсақ, қоңыр түсті қорапша. Оның жуашығынан дәрі, желім алынады. Северцов қарақабығының аз ғана ареалы Ақсу-Жабағылы қорығында сақталып қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
## Түрлері
* Ungernia badghysi Botsch. – Түрікменстан
* Ungernia ferganica Vved. ex Artjush. – Қырғызстан
* Ungernia flava Boiss. & Hausskn. – Иран
* Ungernia oligostroma Popov & Vved. – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан
* Ungernia sewerzowii (Regel) B.Fedtsch. – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан
* Ungernia spiralis Proskor. – Түрікменстан
* Ungernia tadschicorum Vved. ex Artjushenko – Тәжікстан
* Ungernia trisphaera Bunge – Иран, Ауғанстан, Түрікменстан
* Ungernia victoris Vved. ex Artjush. – Қырғызстан, Тәжікстан
* Ungernia vvedenskyi Khamidch. – Қазақстан
## Сілтемелер |
Тарих-и шаһ Махмуд ибн Мырза Фазыл Чорас – қазақ даласындағы тарихи оқиғаларды баяндайтын шығарма. Еңбектің әуелгі аты белгісіз. Оны алғаш Зәки Уәлиди Тоған тауып, мұқабасындағы жазуға қарап шартты түрде “Тарих-и шаһ Махмуд ибн Мырза Фазыл Чорас” деп ат қойған. Арнаулы әдебиеттерде “Жылнама” деп те аталады. Жылнама шамамен 1673 – 76 жылдары аралығында Шығыс Түркістанда құрастырылған. Ол кіріспеден және 119 шағын тараудан тұрады. Шығарманың сипаты, мазмұны және құрастырылуы жағынан жергілікті әулеттер тарихын, Шағатай әулетінен шыққан Жүніс ханның билік құруынан бастап, Исмаил ханның (1670) таққа отыру жайын баяндайды. Еңбектің алғашқы бөлімі Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашидиін” негізге алған. Автор 55 тараудан бастап өзінің көргендері мен туыстарының естеліктерін, оқиға куәгерлерінің әңгімелерін пайдаланған. Жылнамада 16 – 17 ғасырлардағы Орта Азия, Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан және Жоңғар хандығы жөнінде деректер мол. Оның парсы және ұйғыр тіліндегі нұсқалары табылып отыр.
## Сілтемелер
* Сейітов
* Тарих-и Рашиди
* Мұхаммед Хайдар Дулат
## Дереккөздер |
Борис Александрович Рузанов (25.8.1939 жылдары туған, Шымкент қаласы ) – еңбек ардагері.
Шымкент кен-металлургия техникумын (1959), Қазақ химия-технология институтын (1968), Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін (1974) бітірген. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусов кенішінде бастаған. 1962 – 72 жылдары Шымкент қорғасын завотында аппаратшы, 1974 – 76 жылдары Пресс-автомат завотында партком хатшысы болды. 1976 – 97 жылдары қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Еңбекші ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық халық бақылау комитетінің төрағасы, халық депутаттары облыстық кеңесінің бақылау-тексеру комиссиясы төрағасы қызметтерін атқарды. Қазір облыстық славян мәдениеті орталығының төрағасы. Облыстық, қалалық кеңес депутаты болып сайланған. Қазақстан Республикасы Президентінің грамотасымен марапатталған.
## Дереккөздер |
ЕРГЕШБАЕВ Нәлқожа Ақбалаұлы (1.3.1931, Жаңақорған ауданы,Бірлік ауылы – 9.12. 1997, Қызылорда) – партия және шаруашылық қызметкері. Қазақ ауыл шаруашылық институтын (1954), СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1954 – 1961 ж. Арал, Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданында инженер-механик, Шаған МТС-інде инженер-механик, бас инженер, директор, Тереңөзек ауданы «Қазақ ауыл шаруашылық техникасы бірлестігінің» бастығы, 1974 жылы Тереңөзек ауаткомының төрағасы, 1975 – 1985 ж. осы аудан, 1985 – 1992 ж. Сырдария ауданы парткомының 1-хатшысы. 2 мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен,медальдармен марапатталған. «Күріш өндіруді мамандандыру және шоғырландыру» атты кітап жазған. |
Торыбаев Хиссаметдин Қалдыбайұлы – биология ғылымының докторы ,профессор.
## Қысқаша өмірбаяны
Торыбаев Хиссаметдин Қалдыбайұлы (27.9.1937 жылы туған, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қараарша ауылы) – ғалым-энтомолог, биология ғылымының докторы (1993), профессор (1996). Қазақ ұлттық университетін бітірген (1968). 1969 – 96 жылдары ҚР ғылым академиясының Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер болды. 1996 жылдан қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры. Негізгі ғылыми жұмысының бағыты энтомопатогенді вирустарды зерттеуге арналған. Торыбаев Еуразияда бірінші болып, Қазақстанның әр түрлі табиғи-климаттық белдеулерінде кездесетін үш түрлі қансорғыш масалардан энтомопатогенді иридовирустарды бөліп алған. Мұндай штамдар маса шағудан болатын аурулардың диагностикасын қоюда және қоздырғыштардың идентификациясын жасауда кеңінен пайдаланылады. Бұл штамдар Ресейдің Вирусология институтында сақтаулы тұр; сондай-ақ Шығыспалеарктикалық секциясының биология күресу халықаралық ұйымында және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында патенттелген. Торыбаев 84 ғылыми еңбектер мен оқулықтардың авторы.
## Шығармалары
* Энтомологический справочник, А., 2006;
* Өсімдік карантині, А., 2007.
## Сілтемелер
* Сейітов
* Вирусология
* Микробиология
## Дереккөздер |
«Тарих-и Шаһрухи» – Нияз Мұхаммед бен Ашур Мұхаммед Қоқандидің (әдеби бүркеншік аты – Нийаз) тәжік тілінде жазған тарихи шығармасы. Н. Пантусовтың басылымында да «Тарих-и Шаһрухи» деп көрсетілген. Бірақ, автордың еңбегінде: «Тарих-и Шаһрухийа» немесе «Тарих-и Саид Мұхаммад Худаяр хани» деп аталады.
Оның авторы Қоқан ханы әскерінің қатарында болған. «Тарих-и Шаһрухи» 1871 – 72 ж. Қоқан ханы Худаярдың тапсыруымен жазылды. Еңбекте Қоқанның алғашқы ханы Шахрухтан (1721/22 ж. қайтыс болған) бастап, шығарма аяқталғанға дейінгі кезең тарихы қамтылады. Сонымен қатар онда Қоқан хандығы мен қазақтардың қатынасы баяндалады. «Тарих-и Шаһрухиді» 1885 ж. Н.Н. Пантусов Қазанда бастырып шығарды. Оның қысқарған үзінді нұсқасын В.В. Бартольд орыс тіліне аударды. Хафиз-и Абрудың бір шығармасы да «Тарих-и Шаhрух» деп аталады. Онда Әмір Темір әулетінен шыққан Шаhрухтың 1413 жылға дейінгі тарихы әңгімеленеді.
## Дереккөздер |
Суқұзғындар, қарақаздар (лат. Phalacrocoracidae) – ескекаяқтылар отрядына жататын құстар.
Дене тұрқы ұзынша (ұзындығы 50-100 см) жүзу және тереңге сүңгуге бейімделген. Қанаттары қысқа құйрығы қатты, ұзын. 2 түрі: Nannopterum Галапагос аралында ұшу қабілетін жоғалтқан түр және Phalacrocorax . 29 түрі барлық құрлықтардың (С. Азиядан және Америкадан басқа) теңіз жағалауларымен ішкі су қоймаларында таралған. КСРО 6 түрі бар; одан басқа 19 ғасырдың ортасына дейін Беринг а. ұшпайтын стеллер немесе көзілдірікті суқұзғындары (P. perspicillatus) тіршілік еткен. Ыкшамсыз бірақ жылдам үшады. Қорегі балық, шаянтәрізділер. Суқұзғындары үлкен қолониялары Чили және Перу жағалауларында. Бір түрі және түр тармағы ХТҚО Қызыл кітабына енгізілген. Айдарлы суқұзғын (P. aristotelis) КСРО Қызыл кітабына еңгізілген.
Қазақстанның оңтүстік аймағында тұрақты, ал батысы мен Солтүстігінде сирек ұялайды. 2 түрі: үлкен суқұзғын (P. carbo) және кіші суқұзғын (P. pygmaeus) бар. Ұшып келіп-кету мерзімдерінде барлық жерде, тіпті Оңтүстік Алтай өңірінде де кездеседі. Балығы мол әр түрлі суқоймаларында мекендейді. Қанатының ұзындығы 32 – 35 см, салмағы 1,6 – 3 кг. Пішіні ерекше: қауырсыны жылтыр қара, денесі созылыңқы, құйрығы ұзын. Ұзын тұмсығының түсі қоңыр, ұшы ілмек. Басының екі жағындағы жалаңаш терісі сарғыш түсті болады. Көктемде желкесінде ұзын қауырсындар өседі. Осы белгілері арқылы оны су құстарының арасынан бірден тануға болады. Қарақаз жақсы жүзеді әрі сүңгиді. 10 м тереңдікке дейін сүңгіп, су астында 1 – 2 мин бола алады. Ұшуы – қаз тәрізді жылдам. Ұшқанда құйрығы, мойны мен тұмсығы бір сызықтың бойымен созылады. Жерде денесін тік ұстайды және жай жүреді. Жас су құзғындары ағаш бұтақтарына жақсы өрмелейді. Шоғыр құрып топталып ұялайды. Ұясын суға батқан ағаштарға, қамыс арасына, жағалаудағы жартастарға, ағаш басына салады. Қорегі – балықтар, оларды сүңгіп ұстайды. Көп жиналған жерінде балық шаруашылығынана зиян келтіреді. Қарақаз – жыл құсы. Наурызда ұшып келеді, сәуір – мамырда көкшіл не жасылдау реңді 3 – 5 жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені кезектесіп 28 – 30 күндей шайқайды. Балапандарын балықпен қоректендіреді. Қазан – қарашада жылы жаққа ұшып кетеді.
## Дереккөздер |
Лениншіл Рүстемов (8.8. 1932, Сарыағаш ауданы – 15.12. 1993)Оңтүстік Қазақстан облысы : энциклопедия. – Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2005. – ISBN 9965-9746-1-6 – ғалым, филология ғылым кандидат , профессор Орта Азия Мемлекеттік университетінде оқыған.
* 1953 – 56 жылдары Талдықорған облысында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.
* 1956 – 58 жылдары Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды.
* ҚазМУ-дың аспирантурасын бітірген (1962).
* 1962 – 69 жылдары ҚазМУ-дың жалпы тіл білімі кафедрасының доценті, аға оқытушысы қызметін атқарды.
* 1969 – 73 жылдары аға инспектор, Қазақстан Жоғары оқу орны министірлгінің жоғары оқу орны басқарма бастығының орынбасары болды.
* 1973 – 76 жылдары І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педогогикалық институтының ректоры.
* 1976 – 77 жылдары Қазақстан орталық партия комитетінің ғылым және техника бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
* 1989 – 91 жылдары ҚазМУ-дың оқу бөлімі жөніндегі проректоры, шығыстану факултетінің деканы, Иран және Tүрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі болды.
* Ол республиканың білім саласын ұйымдастыру ісіне орасан зор үлес қосты.
## Дереккөздер |
Жент — Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ортағасырлық қала орны.
Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Жент 10 — 12 ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы негізгі үлкен қала болған. Осы маңда орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас), Хувар (Жувар) қалалары бірігіп, Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Қала көркейіп, үлкен беделге ие болғаны сондай, кейбір деректерде Арал теңізін Жент көлі деп жазған. Мыс., Жаһаннамеде мынадай жолдар бар: Женттің маңында Жент көлі деп аталатын көл бар, оны кейде хорезмдік деп те атайды. Көлдің аумағы 100 фарсах, ені 32 фарсах, суы ащы. Сырдың төменгі ағысындағы басқа қалалар секілді Женттің де 14 ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз. Ол жайында жазба деректерде ештеңе айтылмайды. 13 ғасырдың 2-жартысында Сырдың бойындағы қалаларды аралаған Орта Азия ғалымы Жамал Қарши бір кездегі қаланың орнынан кішігірім елді мекенді көрген. В.В. Бартольд бұл өңірдегі қалалардың 15 ғасырдан бастап қаңырап бос қалуы Сырдарияның өз арнасын басқа жаққа өзгертуімен байланысты болар деп пайымдайды. 1967 жылы Сыр бойындағы қалалардың қираған орнын зерттеген П.И. Лерх Женттің орнын Қорқыт Ата мазарының маңынан іздеу керек деген болатын. Бұдан кейін Бартольд Жент орны Қызылордадан 25 км жердегі Қышқала деп болжаған. Тек 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П. Толстов Женттің негізгі орнын тапты. Ол Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946 — 48, 1957 — 58 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала 10 — 13 ғасырлар аралығында болған деп топшылады. Жанқаланың өзінде күрделі қазба жұмыстары жүргізілмегенімен, оның айналасындағы көне суғару жүйелері біршама зерттелген. Зерттеу қорытындысына қарағанда, қала тұрғындары егін шарушылығымен айналысқан деп айтуға болады.
## Дереккөздер |
Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов (31.1.1965 жылдары туған) – заңгер, экономика ғылым кандидат Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Алматы халықаралық тілдер институтын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақстан – Ресей университетін бітірген. Психология және менеджмент Халықаралық Академиясының корр. мүшесі. Мәжілісте аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Аса – Жамбыл облысы Талас, Сарысу, Жамбыл аудандарының жерімен өтетін өзен, Таластың сол саласы. Ұзындығы 253 км, су жиналатын алабы 6670 км².
## Бастауы
Аса Қаратаудың оңтүстік-шығыс беткейінен басталатын Теріс және Күркіреу өзендерінің қосылуынан құралады.
## Гидрологиясы
Арнасы жоғарғы ағысында тар, тік жарлы, орта ағысында Билікөл, Ақкөл көлдері арқылы ағып өтеді. Кей жылдары Талас өзеніне құяр жерінде құмға сіңіп кетеді. Жылдық орташа су ағымы 10,4 м³/с. Желтоқсанның басында суы қатып, ақпанның аяғында мұзы ериді. Аса өзенінің қызылша плантациялары мен бау-бақша, егінді суғаруда маңызы зор.
Оның кішігірім 30-ға жуық саласы бар. Жуалы ауданының жерінде ол Шақпақ, Теріс, Ақсай, Көксай, Күркіреусу өзендері қосылған соң Аса өзені аталады. Асаның әсіресе Күркіреусу өзенімен қосылған тұсы таулы аңғармен өтеді, ағысы өте жылдам.
Қаратөбе ауылдық округі маңында "Айырма" аталып, "Үлкен Аса" және "Кіші Аса" болып екіге бөлінеді. Өрнек ауылдық округі маңында екеуі бір арнаға қосылып "Құйған" атанады. Билікөл ауылы маңында тоғыз тарауға бөлініп, "Тоғызтарау" аталады. Сонымен қатар одан Қуат каналы бөлініп ағып өтеді. Жамбыл ауданының жерінде Аса өзені Ақкөл ауылының шығыс жағынан ағып өтеді.
## Атау тарихы
Өзеннің "Аса" деп аталуына байланысты ел аузында мынандай аңыз айтылады: "Тараздың жас батыры Қарахан ғашық болған Айша бибі сұлу сүйгеніне келе жатқан жолында, осы өзеннің жағасында Айшаны улы жылан шағып өлтіреді. Қос ғашық арманына жете алмай, қыз өзеннен аса алмай көз жұмады. Сондықтан жұрт өзенді "Аса алмаған" деп атап, кейіннен "Аса" атап кеткен дейді.
Ал, енді Геродоттың дерегі бойынша, қазақ даласын мекендеген сақ тайпасының ең үлкені Асы "Ассақтар" атымен байланысты. Асылар батысында Кіші Қаратау арқылы шектелсе, шығысында Талас, Шу, Іле, Тарбағатай мен Алтай аралығына дейін мекендеген, негізгі ата-мекені Жетісу болған. Тарихшы У. Шалекенов Асылардың Тұйық, Жайсан, Шатырқұл кен орындарын игергенін жазса, Ә. Марғұлан Асылардың Сарыарқадағы көптеген мәдениет ескерткіштерін ашып берді. "Ассақтар, яғни асы тайпасы б.д.д. 5-6 ғасырда құрылған Ұлы жүз отанының бірі болып, Үйсін мемлекетінің құрамына енген. Б.д.д. 2-ғасырда грек-бактриялықтарды тас-талқан етіп жеңген Үйсін мемлекетінің Асы, Арыс тайпаларыныан жасақталған жауынгерлер еді"- деп жазады Ю.Зуев.
Қысқасы, Аса өзенінің тарихы осы аймақты мекендеген Сақ тайпасының атымен аталғаны даусыз. Бүгінде Жамбыл ауданының орталығы, темір жол бекеті, бірқатар елді мекендер осы Асы тайпасының атымен аталады.
## Дереккөздер |
Нақып Ержанов (1887, Жаңақорған ауданы Талап ауылы – 1962) –Социалистік Еңбек Ері (23.7. 1948).
Еңбек жолын 1930 жылы ұйымдастырылған «Талап» ұжымшарында жылқышы болып бастады. Қызылқұм ішіне жасырынған бастамашылардың шабуылына тойтарыс баруге қатысты. 1937 жылы жылқы фермасына меңгеруші болып тағайындалды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Ержанов бастаған жылқы фермасының ұжымы атты әскерлерге бірнеше жүз сәйгүліктер жіберді. 1946 жылы 50 биеден 50 құлын, 1947 жылы 60 биеден 60 құлын, ал 1948 жылы 80 биеден 80 құлын алып, аман өсірді.
Мал шаруашылығын өркендетудегі еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды.
## Дереккөздер
* ЕРЖАНОВ НАҚЫП// Кызылординская областная универсальная научная библиотека имени Абдильды Тажибаева |
Тармашырын (Ала ад-дин, 1334 жылы қайтыс болған) – 1326–1334 жылдары Шағатай мемлекетінің 27-ші ханы. Шығу тегі мынадай: Шыңғыс хан – Шағатай хан – Мүтүген – Есен Дува – Барақ хан – Дува және Тармашырын.
Ол билікке 1326 ж. соңында келеді. Таққа отырысымен бірден ислам дінін қабылдап, мұсылманша Ала ад-дин деген есім алады. Ислам мемлекеттің ресми діні боп жарияланады. Исламды қабылдауы мен моңғолдық дәстүрді елемеуі Тармашырынға қарсы моңғол ақсүйектері мен нояндарының қарсылығын туғызады. Бұрынғы хандардың дәстүрінше жылына бір рет моңғол ақсүйектері бас қосып, Құрылтайға жиналатын. Тармашырын Құрылтай шақырмайды, Алмалыққа бармайды және Жетісу мен Шығыс Түркістан аймақтарына көңіл бөлмейді. Керісінше, Ауғанстан мен Үнді жеріне жорықтар жасап, уақытының көбін Шағатай мемлекетінің орталығы мен оңтүстігінде өткізеді. Моңғолдардың мұсылман мәдениетіне мойын бұрған Тармашырынға қарсы наразылықтары көшпелі тайпалар мен отырықшы тайпалар арасындағы күрестермен астасып жатты. 1334 ж. Тармашырынға қарсы Кебек ханның немересі Бузан көтеріліс ұйымдастырады. Бузанның өзі мұсылман болса да, Тармашырынды Ясының ережелерін сақтамады деп кінәлайды. Тармашырын көтерілісті баса алмай, Ғазна қаласына қарай қашады. Бірақ жолда Балх билеушісі – Кебек ханның ұлы Янгидің қолына тұтқынға түседі де, Бузанға беріледі.
1334 ж. Бузан Тармашырынды өлтіріп, тақты иеленеді.
## Дереккөздер |
ЕРЕКЕШОВ Оразғали (1927 жылы туған, Арал ауданы Сайғонды ауылы) – еңбек ардагері. Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері. Көп жылдар аудан атқару комитетінде нұсқаушы, аудан, кенттік кеңестерінде төраға, 30 жылдай Арал автобазасының директоры болған. 2 рет Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. |
Тілеуберді Рысбаев (1931 жылдары туған, Сарыағаш ауданы) – ғалым, ауылы шаруашылық ғылым докторы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын (1962), аспирантурасын (1967) бітірген. Еңбек жолын облыстық жануартану орталығында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 1967 жылдан ғылыми мекемелерде кіші, аға, бас ғылыми қызметкер, Қазақ қаракөл шаруашылығының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазір «Қаракөл» ғылыми өндірістік бірлестігі директорының орынбасары. 90 ғылыми еңбегі, 13 ұсынысы бар.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Сыбанбекова Бақыт Сауданбекқызы (25.12.1943 ж. туған, Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауыл) – әдіскер ұстаз.
## Жетістіктері
Педагогикалық жұмысымен қатар ғылыми еңбекпен шұғылданған. 1992 ж. тифлопедагогиканы отандық тарихымызда тұңғыш рет қазақ тіліне енгізіп, зағип қазақ балаларын ана тілінде оқыту әдістемесін әзірлеген. “Еңбек ардагері” медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.
## Шығармалары
* Бірінші рет қазақ тілінде нүктелі әріппен оқыту тәжірибесін енгізу мәселелері, А., 2005.
## Дереккөздер
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том |
Таштемір Рустамов (1906, Сайрам ауданы – 1944, Смоленск облысы) – соғыс ардагері. Кеңес Одағының Батыры (3.6.1944). Ұлты – өзбек 2-дүниежүзілік соғыста 312-Смоленск атқыштар дивизиясының 1083-полкі құрамында ұрыстарға қатысты. Смоленск облысының Борисовка селосы үшін болған ұрыста асқан ерлік пен батырлық көрсетті. Ол жаудың 19 солдаты мен офицерінің көзін құртып, 4 атыс ұясының үнін өшірді, пулемет ұясын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Алуа суару жүйесі, Нұра өзенінің жайылмасында, Ақмола облысының Целиноград ауданында. Қолданысқа 1965 жылы берілген. Аумағы 12,8 мың га.
Бастапқы күрделі қондырғысы Алуа елді мекеніндегі Еңбекші қонысы тұсында тұрғызылған; мұнда Нұраның тасыған жайылма ағыны және көктемгі қар суын толық бір шараға жинайтын бөгет (секундына 101 м3 су өткізіледі) салынған. Жүйедегі дамбалық топырақ үйіндісінің жалпы ұзындығы 108,2 км-ге жетеді. Аудан шаруашылықтарына 29 реттеуіш (әрқайсысы секундына 10 – 50 м3 су жібереді) арқылы су бөлінеді. Жүйе негізінен шабындықты суарады және суландырады.
## Дереккөздер |
Рүстембек кесенесі архитектуралық ескерткіш. Созақ ауданында орналасқан. Төртбұрышты етіп шикі кірпіштен (30х11х8) тұрғызылған. Рүстембек кесенесі биік төбеде салынған. Басқа ескерткіштен айырмашылығы кесенеде портал жоқ. Сондай-ақ алдыңғы беті басқа ескерткіштерде кездеспейтін арканың төменгі жағы секілді бедерленген. Бір камералы құрылыстың ішкі қабырғасы сегізбұрыш етіп салынған.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Шінетұлы Рысбек батыр (1709, Шығыс Қаратау, Шұбарағаш мекені, қазіргі Рысбек батыр ауылы – 18 ғ. соңы, Манкент ауылы ) – Оңтүстік Қазақстан, Талас, Жетісу өлкесін жоңғар басқыншыларынан азат ету жорықтарына белсене қатысқан батыр-қолбасы.
Әкесі Шінет батыр, атасы Қарабатыр қолбасымен бірге 1726 жылдары Ордабасы тауында өткен жиыннан кейін Қаратау, Талас жерін тазарту жорықтарында Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Қойгелді, Сеңкібай, Тойбек, Саңырық батырлармен бірге Ұзынбұлақ, Билікөл, Аңырақайда өткен ірі шайқастарға қатысқан. Бұл жорықтарда Сиқым мыңдығын бастап, есімі Сиқым руының ұранына айналған. Ол 1757 жылдары Сайрам мен Шымкент қ-ларын жоңғар басқыншыларынан азат ету соғысына да қатысып, ерлікке толы қимылдарымен көзге түскен.
Жамбыл облысы Жуалы ауданының Б.Момышұлы а-нда Р. б-ға ескерткіш орнатылған.
Ұрпақтары Жамбыл облысының Талас, Жуалы, Түркістан облысының Бәйдібек аудандарында тұрады.
## Сілтемелер
"Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы" |
Заһира Ержанова (1926, Шиелі кенті) – еңбек ардагері. Социалистік Еңбек Ері (1958), Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері (1974).
Зейнеткерлікке шыққанға дейін туған ауылында күріш звеносының жетекшісі болып еңбек етті. КСРО, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды (1962). Ленин орденімен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
## Дереккөздер |
Бақты — Абай облысының Мақаншы ауданындағы ауыл, Бақты ауылдық округінің орталығы.
## Географиялық орны
Аудан орталығы - Мақаншы ауылынан шығысқа қарай 57 км жерде, Арқалы тауының солтүстік-шығыс етегінде, Көктұма өзенінің бойындағы құрғақ дала белдемінде орналасқан.
## Тарихы
Іргесі 1870 жылы қаланған. Бақтыда бұрынғы қой кеңшары негізінде “Көктұма” серіктестігі, өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
## Инфрақұрылымы
Орта мектеп, аурухана, клуб, мемлекеттік кеден бар. Тұрғындары басқа елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.
## Дереккөздер |
Зият Шәкерімұлы - (1908, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы – 1938) – ақын, Абайдың немере інісі, Шәкерім Құдайбердіұлының баласы. Алғашында өз әкесінен ескіше оқып хат таниды. 1931 жылы КСРО-дағы саяси жағдайларға байланысты Қытайға көшіп кеткен. 1934 жылы Қытайдағы Сарысүмбе қаласында қысқа мерзімді оқытушылар даярлау курсын бітірген. 1934 жылы Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет істеді. Ел-жұртынан еріксіз айрылу Зият шығармаларының негізгі тақырыбына айналды. Қытай қазақтары арасында тұңғыш рет “Аюбай үкірдай” деген атпен пьеса жазып (1934), Сарысүмбе қаласында сахнаға шығарды. Пьесада құлқынын көздейтін надан байлардың дөрекі қылықтары, қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылықтары көрсетіледі. Оқу-білімге шақырып, ескі мен жаңаның тартысын бейнелеген “Шал мен баланың айтысы” пьесасы да сахнада қойылған (1935). 1935 – 36 жылы Үрімжі қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ойын-сауық бөлімінің меңгерушісі, “Шыңжаң” газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осында жүріп қазақстандық драматургтердің “Қаракөз”, “Шұғаның белгісі”, “Қалқаман-Мамыр”, “Жалбыр” пьесаларын сахнаға шығаруға себепші болды. Шыңжаңда қызмет еткен кезде (1934 – 37) Абай, Шәкерім шығармаларын жан-жақты насихаттап, қазақ жастарынан мұғалімдер даярлау ісіне үлес қосты.
## Дереккөздер |
Байылдыр – Сырдария алабындағы өзен.
## Географиялық орны
Түркістан облысы Түркістан, Кентау қалалық әкімдігі аумағы жерімен ағып өтеді.
## Бастауы
Қаратаудағы Бессаз тауынан бастау алады.
## Гидрологиясы
Ұзындығы 50 км, су жиналатын алабы 315 км2. Қар суымен, жер асты суымен толығады. Арнасы тар, тік жарлы. Салалары: Бозбұтақ, Балтабай. Қарашық ауылы тұсында Арыс-Түркістан каналына құйып, одан әрі қарай Қарашық тармағы екіге айырылады да, бірі Сырдарияға, екіншісі Қамыстықақ көліне құяды. Суы егін суаруға пайдаланылады.
## Дереккөздер |
Құрманбай (Құрбантай) Рысбеков (1922, Түркістан ауданы – 29.12.1943) – соғыс ардагері. Кеңес Одағының Батыры (10.1.1944). Соғысқа дейін Шорнақ мектебінде мұғалім болып істеді. 1942 жылдары өз еркімен майданға аттанды. 42-атқыштар полкі құрамындағы взвод командирі Рысбеков Днепр, Украина үшін болған ұрыстарда асқан ерлік көрсеткен.
## Дереккөздер |
Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы – қоғамдық мекеме. 1972 жылы 7 қаңтарда құрылған.
Мекеме халықты тарихи ескерткіштерді қорғау ісіне қатысуға тартып, ескерткіштерді қорғау мен пайдалану заңдарын көпшілікке жеткізумен шұғылданады. Мемлекеттік ескерткіш қорғау органдарының жұмысына жәрдемдеседі, ескерткіштердің сақталуына, пайдаланылуына, жөнделуіне және қалпына келтірілуіне қоғамдық бақылау жасайды, тарих және мәдениет ескерткіштері туралы ғылыми-танымдық деректерді халық арасында насихаттайды, соның негізінде Отанына, тарихына сүйіспеншілік, құрмет сезімін тәрбиелеу шараларын жүргізеді. Барлық облыстарда және Алматы қаласында қоғамның бөлімшелері құрылды. “Жалын”, “Жазушы”, “Өнер”, “Қазақстан” баспаларынан тарихи және мәдени ескерткіштер жөнінде шығармалар жарық көрді. Қоғам “Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштері” атты үш жинақты, “Атамекен”, “Мұр” атты тарихи публицистикалық альманахтарды әзірлеп, жарыққа шығарды. Жыл сайын өткізілетін өткізіліп тұратын “Марғұлан тағлымы” атты ғылыми конференция ұйымдастырып қаржыландырып келеді.
Әр түрлі археологиялық экспедицияларға қатысты. Қызылорда облысындағы Қорқыт Ата, Алматы облысындағы Черкасск қорған-мемориалы, Атырау облысындағы Исатай Тайманов ескерткішінің құрылысы, Ақтөбе облысындағы Есет Көкіұлы батыр бейіті, т.б. қоғам қаржысына орнатылды. Сол сияқты Астанадағы Кенесары ескерткішін, Семейдегі атом сынақтарының құрбандарына арналған монументті, Алматыдағы Тәуелсіздік Монументін жасауға қатысты.
## ҚазТМЕҚҚ құрамы
* Төраға - Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан
* Төраға орынбасары - Баян Шотақызы Уәлихан
* Төраға орынбасары - Асқар Ксрауович Әлмұхамбетов (1936-2011)
* Төраға орынбасары - Түлембаева Айгүл
* Аудармашы-референт - Тәттібаева Нұрбану.
## Дереккөздер |
Сыбырлақ аққу (лат. Cygnus olor) – қазтәрізділер отрядының үйрек тұқымдасына жататын құс.
Қазақстанның жазық аймақтарындағы су айдындарында кездеседі. Саны сұңқылдақ аққуға қарағанда көп. Денесінің ұзындығы 180 см, қанатын жайғанда ұзындығы 260, қанатының ұзындығы 70, құйрығының ұзындығы 18 см, салмағы 8 – 13 кг. Қоразы мекиенінен ірі. Қауырсыны аппақ, балапанында сұр түсті болады. Мойны жіңішке, қызыл түсті тұмсығында қара бұдыр анық көрінеді. Аяғы көбінесе қара түсті. Суда жүзгенде мойны иіліп, латын әліпбиіндегі S әрпіне ұқсайды. Ұшқан кезде дыбыс шығармайды, мазасызданған кезде кейде сыбырлағандай болады, құстың аты осы қасиетіне қарай қойылған. Жыл құсы. Көктемде ұшып келіп, ұясына 5 – 7 жұмыртқа салып, оны мекиені бір айдай басады. Қазан айының соңында жылы жаққа қайтады. Негізінен су астындағы өсімдіктермен, ішінара омыртқасыздармен де қоректенеді. Өте сымбатты және кәсіптік маңызы бар құс.
## Дереккөздер |
Елді мекендер:
* Қарақамыс – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы ауыл.
* Қарақамыс – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы ауыл.
* Қарақамыс – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы ауыл.
Көлдер:
* Қарақамыс – Өлкейек алабындағы көл, Қостанай облысы Жангелді ауданында орналасқан.
* Қарақамыс – Обаған алабындағы көл, Қостанай облысы Меңдіқара ауданында орналасқан.
* Қарақамыс – Жарман көлі алабындағы көл, Қостанай облысы Науырзым ауданында орналасқан.
* Қарақамыс – Обаған алабындағы көл, Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында орналасқан.
Басқа мағыналар:
* Қарақамыс – Балқаш көлінің батысындағы шығанақ. |
Бердіқұл Әбдіәзімұлы Рыскелдиев (1953 жылы туған, Шардара ауданы) – ғалым, техника ғылымдарының докторы (2002).
## Өмірбаяны
* Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтын (1974), осы институттың аспирантурасын бітірді.
* Еңбек жолын Көкшетау қаласындағы ет комбинатында мастер болып бастады.
* Содан 20 жыл бойы педогогикалық қызмет атқарды.
* 1996 жылдан Алматы технологиялық университетінде декан.
## Ғылыми еңбектері
* Ұлттық ет өнімдерінің технологиясын биотехникалық әдістер негізінде жетілдіру тақырыбын зерттеп, 160-тан астам ғылыми еңбегі, 5 кітапшасы, монографиясы жарық көрген, 9 авторлық куәлігі бар.
* Республикалық ғылыми бағдарлама бойынша зерттеулерге қатысуда, Қазақстан мен Қырғызстандағы докторлық диссертация қорғайтын арнайы ғылыми кеңестің мүшесі.
## Дереккөздер |
Қарақамыс – Обаған алабындағы көл.
## Географиялық орны
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Итсары қыстауынан солтүстік-батысқа қарай 6 км жерде, теңіз деңгейінен 93 м биіктікте жатыр.
## Гидрографикасы
Аумағы 5,9 км2, ұзындығы 4,1 км, енді жері 1,7 км, жағалау бойының ұзындығы 11,8 км.
## Жағалау сипаты
Жағалауы жазық, басым бөлігінде қамыс өскен. Алабының біршама жері жыртылған. Суы қараша айының басында қатып, сәуірдің 1-жартысында ериді. Суында балық бар.
## Дереккөздер |
Қарақамыс – Өлкейек алабындағы көл.
## Географиялық орны
Қостанай облысы Жангелді ауданы Тармақ ауылының солтүстік-шығыс шетінде, теңіз деңгейінен 115 м биіктікте жатыр.
## Гидрографикасы
Аумағы 5,7 км2, ұзындығы 4,5 км, енді жері 1,8 км, жағалау бойының ұзындығы 10,8 км. Көлге солтүстік-шығысынан Шортанды өзені құяды, оңтүстік-батысынан шағын өзен ағып шығады.
## Дереккөздер |
Төкеев Уәлшер Әнуарбекұлы (4 Қазан 1946 жылы туған, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылы) – техника ғылымының докторы (1992), профессор (1994).
## Қысқаша өмірбаяны:
1993 жылы Халықаралық ақпараттандыру академияcының мүшесі. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академияcының мүшесі. 1969 жылы Қазақ политехника институтын (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1976 жылы Мәскеу энергетика институтының аспирантурасын бітірген. 1969–1991 жылдары Қазақ ұлттық техника униерситетінде ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент. 1991–1993 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Информатика мәселелері және басқару институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1994–2003 жылдары ҚазҰУ-да орталық директоры, орталық бастығы болды. 2003 жылдан осы университетте кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
«Разработка и исследование моделей, методов, инструментальных средств технологии автоматизированного проектирования баз данных и программных комплексов АСУТП» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
## Дереккөздер: |
Бақтыбай батыр (1720, кейбір деректерде 1698 — 1780) — аға батыр, қолбасшы.
Қазақ-қалмақ соғысында Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған. Руы — шекті. Әкесі — Төлес би. Бақтыбай батыр 15 жасында Әбілқайыр жасағының құрамында шайқасқа қатысып, ерлігімен көзге түскен. Есет батырдың қолдауымен шекті жасақтарына қолбасшы болып тағайындалады. Есімі сарбаздардың жауынгерлік ұранына айналады. Бақтыбай батыр бастаған жасақтар Бұланты және Аңырақай шайқастарында жауды жеңуге үлкен үлес қосқан. М. Тевкелевтің Ресей сыртқы істер министрлігіне жазған құпия хатында (1732 жылы 20 маусым) полковник Гарбердің басшылығымен Ресейден Бұхара мен Хиуаға бет алған 500 түйелі керуенін Бақтыбай батыр басып алып, дүние-мүлкін жергілікті елге таратып бергені баяндалады. Бақтыбай батырды жергілікті халық “Әлім Қарасақал әулие” деп те атайды. Бақтыбай батыр майданда қаза тапты. Жем өзені бойындағы “Қарасақал әулие” зиратына (Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақжар ауылы) жерленген. Батырдың туғанына 200 жыл толуына байланысты бейітінде кесене тұрғызылды. Соңғы деректер бойынша, Бақтыбай батыр Ырғыз ауылы, Дүкен ауылынан 70 шақырым жерде, Өлкеаяқ өзенінің жағасында жерленген. Оның немересі Амалдық, шөбересі Кішкентайдың да осы өзеннің жағасында жерленгені анықталды. Әкесі Төлестің бейіті Торғай өзенінің жағасында екені белгілі болды. Ұлы Асан Ырғыз ауданында Бақтыбай құмында жерленген.
## Дереккөздер |
Бақты, Боқты – Сарыарқадағы тау.
## Географиялық орны
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 1176 м (Ақтау тауы). Солтүстіктен оңтүстікке қарай 30 км-ге созылған, ені 15—17 км.
## Жер бедері, геологиялық құрылымы
Көптеген аласа таулар мен шоқылар тобынан тұрады. Орта және жоғары тас көмір гранитоидтерінен түзілген. Шығысынан Түндік өзені, батысынан Сарыбұлақ, сондай-ақ, жазда тартылып қалатын бірқатар кішігірім өзендер бастау алады.
## Топырағы, өсімдігі
Беткейлері қызыл қоңыр топырақты. Онда қарағайлы сирек ормандар, арша, аңғарларында қайың, терек, жусан, бетеге, қылқан селеу, сұлыбас аралас қараған, тобылғы өседі.
## Дереккөздер |
Мұхтар Бақтыгереев (15 маусым, 1933, Атырау — 11 маусым, 1999, Алматы) — актер, Қазақстанның халық артисі (1991).
## Өмірбаяны
Байұлы тайпасының Есентемір руынан шыққан.
* Театрға деген құштарлық сезімі мектепте жүрген кезінен оянып, 15 жасында Атырау облысаралық драма театрына орналасады. Сонда жүріп Баймағамбет (Ғ. Мұстафиннің “Миллионерінде”), Қодар (Ғ. Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлуында”), Петруччо (У. Шекспирдің “Асауға–тұсауында”), Аңдамас (М. Ақынжанов пен Қ. Қуанышбаевтың “Майрасында”) рөлдерімен назарға ілінеді.
* Осы еңбектерінен актерге қажет еңбекқорлық, зеректік, әсершілдік қасиеттерді байқаған театр басшылары дарынды баланы Алматыға оқуға жібереді.
* 1956 жылы Алматы театр училищесін бітіреді.
* Сол жылдан бастап Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейді.
Мұнда Ақын (Ж. Жұмахановтың “Қарагөз қарындасымында”), Асанбай (Ш. Хұсайыновтың “Біздің Ғаниында”), Қарасай (Б.Майлиннің “Шұғасында”), Құдияр (И. Байзақовтың “Ақбөпесінде”), Нұри (Н. Хикметтің “Әпендесінде”), Құнанбай (“Жас Абай” инсценировкасында), Осман (Р.Ғамзатовтың “Тау қызында”), Дәруіш (М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде”), Клавдий (У. Шекспирдің “Гамлетінде”), Науан (Ғ.Мүсіреповтың “Ақан сері — Ақтоқтысында”), Ілияс (Ш. Айтматовтың “Арманым — Әселімінде”), Доғал (М. Әуезовтің “Алуасында” Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, 1984), Мамаев (А.Островскийдің “Адам аласы ішіндесінде”), т.б. рөлдерді ойнайды. Бақтыгереев сомдаған Құнанбай, Науан, Қарасай образдары терең психология астарымен, сараң қимыл, сарабдал мінезімен есте қалады.
* Бақтыгереев 60-тан астам киноға түсті, қазақ кинодубляжына белсене қатысты.
## Дереккөздер |
Аса – талас артезиан алабы – Жамбыл облысының оңтүстігіндегі Аса мен Талас өзендерінің аралығындағы жер асты суы бар өңір. Жалпы аумағы 6,5 мың км². Арыны күшті артезиан сулары палеоген-неоген жыныстарында 100 – 200 м тереңдікте кездеседі. Өзеннің жоғарғы саласында бұл жыныстардың суы тұщы (минералдылығы 0,5 – 1 г/л), төменде ащы (минералдылығы 3 – 5 г/л) болады. Қалыңдығы 10 – 98 м антропоген жүйесінің сулы қабаттарындағы грунт сулары негізінен тұщы (0,5 – 1 г/л), өзеннің төменгі салаларында олардың минералдылығы 7 – 12, ал кей жерлерінде 20 – 30 г/л. Палеоген-неоген қабаттарынан өтетін ұңғыма тәулігіне 40 – 1500 м3, антропоген қабаттарынан – 300 – 7000 м3 су береді. Бұл арада бұлақтар көп, тәуліктік өнімі 1000 – 50000 м3. Бұл алаптағы жер асты суының жалпы қоры 19 млрд. м3.
## Сілтемелер
* Аса
* Минерал
* Асаубалық
## Дереккөздер |
Мырзабек Мырзашұлы Рысбеков - Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Қызыл-Ащы ауылында 1958 жылы қазанның 15 жұлдызында дүниеге келген. 1965-1971 ж.ж. Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Жыланды орта мектебінде оқыды. 1971-1975 ж.ж. Алакөл ауданы, Үш-арал қаласы, Н.Крупская атындағы орта мектепті бітіріп шықты.
## Қызмет жолы мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық жұмыстары
* 1975-1977 жж. - Талдықорған облысы, Алакөл ауданының Киров атындағы совхозында жұмысшы болып істеді.
* 1977-1983 жж. - Алматы мемлекеттік медицина институты, емдеу факультетінің студенті.
* 1983-1984 жж. - Талдықорған облыстық ауруханасында хирургиядан бір жылдық интернатурадан өтті.
* 1984-1987 жж. - Алакөл орталық аудандық ауруханасында дәрігер-хирург, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі.
* 1987-1989 жж. - Мәскеу қаласы Бүкілодақтық Хирургия ғылыми орталығында мақсатты клиникалық ординатор.
* 1989-1999 жж. - С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің хирургиялық аурулар кафедрасында аға лаборант, одан әрі госпиталды хирургия кафедрасының ассистенті, доценті қызметін атқарды.
* 1993-1995 жж. - емдеу факультеті деканының орынбасары қызметін қосымша атқарды.
* 1996-1999 жж. - А.Н. Сызғанов атындағы Хирургиялық ғылыми орталығында трансплантология және жасанды мүшелер бөлімінің аға ғылыми қызметкерін қосымша атқарды.
* 1992 ж. медицина ғылымдарының кандитаты ғылыми дәрежесін алу үшін "Комплексная оценка функции трансплантанта поджелудочной железы в раннем послеоперационном периоде" тақырыбында Мәскеу қаласында кандитаттық диссертация қорғады.
* 1996 ж. ҚР Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен доцент ғылыми атағы берілді.
* 1997 жылдан бері хирургия мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатындағы дәрігер.
* 1998 ж. медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін "Хирургическая коррекция инсулинзависимого сахарного диабета" тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
* 1999-2009 жж. - ОҚММА-ның клиникалық және тәрбие жұмыстары бойынша, содан кейін ұйымдастыру-экономикалық жұмыстары жөніндегі проректоры (2007-2009), жалпы және факультеттік хирургия кафедрасының профессоры, госпиталды хирургия кафедрасының меңгерушісі.
* 2000 ж. ҚР Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.
* М.М. Рысбеков 326 ғылыми практикалық, оның ішінде 6 оқу-әдістемелік және оқу құралдарының, 20 ойлап табу жұмыстарының авторы.
* М.М. Рысбековтың ғылыми жетекшілігімен 8 кандидаттық дисертациялар қорғалды.
* 2002 ж. ҚР "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" белгісімен марапатталды.
* 2009 ж. қыркүйектен 2010 ж. сәуір айына дейін Астана медицина университетінде №1 хирургия аурулар кафедрасының профессоры.
* "Қазақстан хирургиясы" журналы (1993-1995) және "Қазақстан медицина журналы" (1996-1999) жауапты хатшысы қызметін атқарды. Алматы қаласы және Алматы облысының хирургтар қоғамының хатшысы (1993-1995).
* 2010 жылдың сәуір айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің(ДСМ) стратегиялық даму Департаменті директорының орынбасары, содан кейін директоры.
* 2010-2011 жж. - ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры.
* 2011-2016 жж. - Астана медицина университетінің жалпы хирургия кафедрасының профессоры.
* 2016-2018 жж. – «Қазақ инновациялық Университеті» ЖШС-ның директоры.
* 2018 ж. ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры. |
Байырқұм — Түркістан облысы Арыс қалалық әкімдігі аумағындағы ауыл, Байырқұм ауылдық округі орталығы.
## Географиялық орны
Арыс қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 70 км-дей жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында. Ауылдың оңтүстік-шығысында Байырқұм көлі бар.
## Халқы
## Тарихы
1989 жылға дейін Шардара ауданының Тақыркөл ауылдық кеңесінің орталығы болып келді. Іргесі ауыл шаруашылығын ұйымдастыру кезінде құрылған Микоян атындағы мал, егін өсіретін ұжымшар болып қаланып, 1940 жылы қаракөл қойын өсіретін «Байырқұм» кеңшары болып қайта құрылды. 1962 жылдан бұхарлық сұр түсті қаракөл қойын өсіреді. Кеңшар тарағаннан кейін оның негізінде ұйымдастырылған «Байырқұм» асыл тұқымды зауытында – қаракөл қойының бұхарлық сұр зауыттық түрі шығарылады. Кеңшар негізінде 8 ӨК, 153 шаруа қожалықтары құрылды.
## Инфрақұрылымы
Байқұрымда орта мектеп, клуб, аурухана, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар.
## Дереккөздер |
Қалы Байымбетов (1937 жылы туған, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Калинин атындағы кеңшар - 2008, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы) – ауыл шаруашылығының маманы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1967-1970).
Еңбек жолын Калинин атындағы ұжымшарда шопан болып бастады.
Есімі «Қазақ КСР-нің Алтын кітабына» жазылған (1964). 1987 – 1993 жылдары кеңшарда егін шаруашылығымен айналысып, зейнеткерлікке шықты. Мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері» құрметті атағы берілді. 2 Ленин (1964, 1975), Еңбек Қызыл Ту (1971, 1977) ордендерімен марапатталған.
## Дереккөздер |
Subsets and Splits
No community queries yet
The top public SQL queries from the community will appear here once available.